1
2
Владимир Обручев 3
УДК 821.161 .1 = 03.512.122 ББК 84(Рус-Қаз) 7-44 О 19 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ТІЛ КОМИТЕТІ «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БАСҚА ДА ТІЛДЕРІН ДАМЫТУ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ Обручев Владимир. Жұмбақ жер. (Ғылыми-фантастикалық роман)/Владимир Обручев. О19 Орыс тілінен аударған С.Ақтаев. Астана: Аударма, 2011 – 344 бeт. Арктиканың ақшулан мұздары арасында беймәлім аралдар болуы мүмкін деген жорамалға көптеген зерттеушілер таяу күндерге дейін сеніп келді. Белгілі орыс геологы, академик В.А.Обручев өз романына осы жорамалды негіз етіп, «Санников жері» деп аталатын аралды іздеп табуға аттанған экспедицияның басынан кешкендерін қызғылықты суреттейді. Кітапта осынау жұмбақ жердің табиғаты, оны мекендейтін адамдардың тіршілік тынысы айшықты бейнеленген. Көркем қиял танымдық қасиеті мол мәліметтермен шебер үйлесім тапқан. ISBN 9965-18-358-9 УДК 821.161 .1 = 03.512.122 ББК 84(Рус-Қаз) 7-44 ISBN 9965-18-358-9 © «Аударма» баспасы, 2011 4
РОМАН БЕТАШАР Арктиканың жартысына жуығы, яғни Жердің Солтүстік полюсті орап тұрған жоғарғы бөлігі біздің Одақ территориясының терістік жағалауларымен қойындасып жатыр. Жердің Оңтүстік полюсін орап жатқан, әрі өз алдына бір телегей құрлық Антарктикаға керісінше Арктиканы теңіз десе де болғандай. Еуропа, Азия және Солтүстік Америка құрлықтарымен астасқан тұсында Мұзды мұхит ұлылы-кішілі аралдармен алашабырланады да, оларынан полюске тақаған орта деңгейінде ғана арылады. Ауа райының суықтығына орай бұл аралдар қалың мұз, сіреу қармен сіресіп жатады да, әудемге бармайтын поляр жазында ғана аздап арқа-жеңін кеңіткендей болады. Теңіздің аралдар төңірегіндегі тұсы көбіне бір орнынан міз бақпайтын мұздар құрсанған, ал қалған айдын ағыс пен желдің ырқында ерсілі-қарсылы жөңкіп жүретін санжылдық сіре сеңмен сықалған. Қиын-қыстау жүзу мен қытымыр ауа райына қарамай жиһангез теңізшілер аралдардың бірінен соң бірін ашып, зерттей отырып, кейде олардан қоныс та теуіп Арктикаға асты. Мұзды мұхиттың ашық суы атымен жоқ, аудандарын зерттеп, судың әр қабатының температурасын, тереңдігін, құрамын өлшеу үшін, ондағы жануарлар мен өсімдіктерді, 5
теңіз табанының қыртысын барлау, ағыстың бағытын білу үшін көшкін мұзбен (ерікті, еріксіз) бірге жүзуге бел байлағандар да болды. Арктикадан жаңа аралдар ашу осы күні кешеге дейін жалғасып келді. Мәселен, 1881 жылдың өзінде Новосибирь архипелагынан терістікке қарай Жаннетта, Генриетта, Беннетта тәрізді кішігірім аралдар, 1913 жылы Таймыр түбегінен теріскей үлкен архипелаг ашылды. Онан кейінірек Карск теңізінен де шағын аралдар табылды. Алайда Арктиканың барлық аралдары белгілі деп кесіп айтуға болмайды: мұхиттың сапырылысқан сеңдер аймағында ашық сумен де, көшкін мұзбен де жетудің ыңғайы жоқ аралдар жатуы әбден ықтимал. Сол сумен де, мұзбен де жетуге болмайтын Арктика аудандарын аспаннан зерттеуге самолет жаңа қолайлы құрал болды. Бар екені ауыздан-ауызға аңыз боп тарағалы да жүз елу жылдың жүзі болған екі аралдың құпиясы күні бүгінге дейін ашылған жоқ. Терісі бағалы аң мен терістіктің тағы бұғысын аулап, мамонт сүйегін іздеу үшін солтүстік-шығыс Сібірдің жағалауларына жақын аралдарда болған жаужүрек кәсіпшілер, сол сияқты бірен-саран зерттеушілер терістікте сирек кездесетін ашық күндері белгісіз бір аралдарды көріпті, бірақ оларға жете алмапты. Новосибирь архипелагының теріскейіндегі Санников жері және Қолыма өзенінің сағасынан теріскей Андреев жері солар болуы кәдік. Бұлардың біріншісі алыс көкжиекте оны сең арасынан алғаш көрген кәсіпші Яков Санниковтың, екіншісі сержант Андреевтің атымен аталған. Мына роман сол аралдардың бірі – Санников жерін іздеп тауып, зерттеуге жасалған әрекет жайын суреттейді. Шығарманың ғылыми-ғажайып роман атану себебі автор мұнда аралдың табиғаты мен халқы хақында оларды белгілі теориялық қағидаларға орай көз алдына келтіре отырып әңгімелейді. 6
Оқырман Арктиканың кейбір аралдары, сең арқылы саяхат жасаудың жағдайы, беймәлім жерлердің табиғаты, онда тұрар болса адамдардың автор топшылаған тіршілік-тынысы туралы мағлұмат алады. Осы кітаптың соңғы сөзінен оқырман Санников жері жайындағы болжамдарға байланысты кейбір күмәнді мәселелерге жауап табады. Сөйтіп, аз да болса Санников жерінің құпиясын ашатын, Арктикадан оқымыстылар тапқан тың жаңалықтармен танысады. СОНДАЙ БІР ЖҰМБАҚ ЖЕР ӘЙТЕУІР БАР Ізсіз-түзсіз кеткен барон Толль мен оның серіктерін іздеу үшін жасақталған экспедицияның хабарын тыңдауға арналған ғылыми қоғамның салтанатты мәжілісінің бастапқы бөлігі бітуге таяп та қалды. Қоғамның мәртебелі басшылары мен жебеп-желеушілерінің әйдік суреттері безендірген қабырғаға тақау кафедрада бір офицер тұр. Барон Толль барып түсіп, кері оралмай қалған Беннетта аралына Новосибирь архипелагынан Мұзды мұхит арқылы ескекті желқайықпен жүзіп барып қайтқан батыл теңізші осы. Оның поляр бұрқасынына тотыққан ер келбеті кафедрада жатқан баяндамасының қолжазбасы мен алтын түйме әм ордендер әшекейлеген теңізші мундиріне шағылған шамның жасыл қалпағының тасасында көмескі көрінеді. Кафедра алдындағы жасыл шұғамен жабылған ұзын үстелдің басында қоғам Советінің мүшелері – терістік астанада тұратын кілең көрнекті ғалымдар мен атышулы жиһангездер отыр. Ортада – председатель. Ол көзін жұмып баяндамашының біркелкі дауыс ырғағымен қалғып отырған тақылетті. Шағын зал аузы-мұрнынан шығады. Баяндамашы құтқару экспедициясының қиын-қыстау сапарын, құрлықтан Новосибирь аралдарына дейінгі сеңгір- 7
сеңгір мұз шоқылары арқылы желқайықты нартаға артып алып жүргендегі жол азабын, Қазандық аралының жиегінде теңіздің ашылуын күтіп жаздай жатқанын, жаға бойлап жүзгендегі сеңмен айқастарын және Беннеттаға теңіз арқылы қалай қаймықпай өткенін түгел айтып та берді. Жыл он екі ай мұз құрсанып жататын осынау қу медиен аралды сыпаттап алып, ол одан Толльдің лашығын тапқанын, онан қалған заттар мен арал бедерін суреттей келіп: «Бүгін түстікке қарай аттанамыз, бар мәзіріміз он бес-жиырма күндік. Дін аман тегіс саумыз» деген сөзбен тәмамдалған құжатты жайды. – Сонымен, – деді баяндамашы даусын көтеріп, – мың да тоғыз жүз екінші жылдың жиырма алтыншы қазанында барон Толль, астроном Зееберг және кәсіпкерлер якут Василий Горохов пен тұңғыс Николай Дьяконов Беннетта аралынан түстікке, Новосибирь аралдарына қарай мұз үстімен жолға шыққан. Алайда олар бұл көздеген жеріне жете алмаған – біздің экспедиция ондай ешбір белгі көре алған жоқ. Сонда осы жаужүрек жиһангездер қайда кетті? Олардың жол- жөнекей опат болғанында еш күмән жоқ. Қазанның аяғына таман бұл ендікте күн деген болмайды, түске тармаса ғана қылаңытатын алегеуімнің өзі екі-үш сағатқа ғана созылады. Аяз 40 градусқа дейін барып, ауық-ауық алай-дүлей боран соғады. Бірақ бұ кезде теңіз қатпайды, жылымнан аяқ алып жүру жоқ. Бәлкім, жиһангездер боранға тап болып, беті кілегейленіп жатқан жылымға түсіп кеткен шығар. Әлде арқадан қысқан аяз бен ішті жалаған аштықтан әбден әлі құрып, сеңнің сергелдеңінде өліп кетті ме екен, себебі оларда ит жоқ, желқайық пен мүліктері тиелген нарталарды өздері сүйреген. Тіпті көзге түртсе көргісіз поляр түнінде желқайықпен кілегей теңізге шьғып дүлей дауылда суға кетуі де кәдік. Қалай болғанда да олар Мұзды мұхиттың түбінде мәңгі тыныштық құшағына кірген тәрізді, ал барон Толль 8
сарсылып сонша іздеген Санников жері деген атымен жоқ, оған көздеріңізді жеткізуге мен де тырыстым. Баяндамашы кафедрадан түсіп кетті. Баяндаманың соңғы қорытынды сөзінен туған алакүлік әсерден тыңдаушылар ойын үрей билеп алды. Кенет ақырғы қатардан бір ащы дауыс шықты. – Сондай бір жұмбақ жер әйтеуір бар! Зал толқып кетті. – Бұл кім! Қай сәуегей өзі?.. – деген дауыстар шығып қалды. Председатель ызбарлы жүзбен отырғандарды бір шолып өтіп, қоңырауды шылдырлатты да, зал тыншыған тұста тіл қатты: – Қоғам мүшелерінің жалпы жиналысына және қонақтарға ғылым жолында құрбан болған жиһангездер: барон Толль, астроном Зееберг, кәсіпкерлер Горохов пен Дьяконовты еске түсіріп, орнынан тұруды ұсынамын. Барлығы орнынан тұрды. – Ширек сағатқа үзіліс жариялаймын. Есікке таман отырғандар сыртқа лап қойды. – Совет мүшелері баянда- машыны алқалап алды, ал олардың бірі академик Шенк, кәдімгі барон Толль экспедицияның кеңесшісі әрі ұйымдастырушысы болған зерттеуші алпамсадай денесімен сығылысып, соңғы қатарға қарай тартты. Ысырылған орындықтардын жұрттың дабыра-шуының арасынан оның даусы өткем шықты: – Санников жері бар деп сеніммен айтқан әлгі адам маған келсінші, сөйлеселік. Топырлаған тыңдаушылардың ортасынан оның шақыруына қара кеудешелі бір жас жігіт бері бөлініп шықты. Ұсақ әжім өрнектей бастаған қоңырқай жүзінен жазғы аптаптың, қысқы үскіріктің, ызғырық желдің табы байқалады. Шенкке таяу келген ол: 9
– Айтқан – мен, қажет болса тағы да қайталауға бармын! – деді. – Кітапханаға қарай баралық. Мынау ығы-жығыда әңгімелесу мүмкін емес, – деді Шенк батыл жігітке қалың қасты түксиген қабағының астымен сынай қарап. Жас жігітті қолтығынан алып Шенк бүйірдегі есікпен кітапхананың Қоғам кеңсесі орналасқан ақырғы бөлмесіне алып кірді. – Ал құлағым сізде. Қане, Санников жері жайында не білесіз? – Әуелі өзімнің кім екенімді баяндауға мұрсат беріңіз, – деп жауап қатты жігіт. – Саяси жер аударылушы ретінде мен бес жыл Яна өзенінің сағасындағы Казачье селосында тұрдым. Сол аюлы мекенде, анығырақ айтқанда, ақ аюлы түкпірде тұрып мен жергілікті кәсіпкер дегендермен таныстым, астаналық мәдениет тұрғысынан қарағанда олар – тұрпайы, топас адамдар, ал жақын білгенге ер көңілді, ізгі жанды, мейірбан кісілер. Жыл сайын көктемде күн ұзарған, бірақ мұз әлі берік кезде олар қорқу-үрку дегенді білмей, мамонт сүйегін әкелу үшін Новосибирь аралдарына жанкешті сапар шегеді. Ол арада мамонт сүйегі мол болса керек... Сол кәсіпкерлердің кейбіреуі Санников жерін анық көрген және оның бар екеніне сенімі де берік. – Мұныңыз сенімсіздеу! – деп сөзін бөлді Шенк. – Жаңа баяндамадан есіттіңіз ғой, Санников пен Толль көрген тау алып мұз шоқысына ұқсайды. Ендеше, Қазандық аралынан көріну үшін топшылап жүрген жердегі таудың биіктігі екі мың екі жүз елу метр болуы керек. Ондай заңғар таудың Мұзды мұхит ортасында болуы мүмкін емес. – Бұл да болжам, бірақ деректі дәлел емес. – Ол аз десеңіз, Толль Беннетта аралына түспей тұрып, жер болуы ықтимал деген төңіректе «Заря» яхтасымен ерсілі- қарсылы жүріп, оны әуре-сарсаң боп босқа іздеген. – Оны былай деп дәлелдеуге болады, жұмбақ жер теріскейге қарай жатыр, Санников және басқалар ойлағандай 10
ол Қазандық аралына жақын да жатқан жоқ, оның үстіне олар оны көргенімен де қашықтығын болжай алған жоқ, – деп жігіт те беріспеді. – Сөзіңіздің жаны бар! – деді Шенк. – Алайда осы аса дүдәмал деректен өзге қолда ештеңе жоқтығында болып тұр ғой мәселе. Оған өзіңіз де келісерсіз, әйтеуір құстардьң терістікке қарай ұшатынынан басқа қандай мағлұмат бар бізде. – Ал осыны неге толық айқын дерек демеске! – деп таңданған сыңай танытты жігіт. Оны Врангель-ақ айтқан Майдель құптаған, ал Солтүстік тұрғындары болса, Сібірдің терістік жағалауларындағы жазғы құс базары екі алқапқа бөлінетінін дәл көрсетіп берді: біріншісі – Хрома өзенінен Омолоя өзеніне дейін де, екіншісі – Якан мүйісінен батысқа қарай елу шақырым жерден Рыркайпий1 мүйісіне дейін. – Құстар батыс жақтан Новосибирь аралдарына, ал шығыстан – Врангель аралына қарай ұшады, – деп қарсыласты Шенк. – Бұрын осылай делініп келген, бірақ бұл дұрыс емес. Врангель аралы аса биік әрі құз-тасты, жаз бойы қар астында жатады. Қаз-үйрек сияқты құстардың ұя салуына жер тым тар. Бірақ бізді қызықтыратыны – батыс бөлек. – Иә, Новосибирь аралдарына құстар содан ұшады. – Бақсақ, бұл аралдарда жаз жайлап қалатын құстар шамалы, басым бөлегі тізбектеліп терістікке ұша беретін көрінеді. Мұны Устьянск, Орыс саға, Ожогинодағы аралдарға барып кеп жүретін кәсіпкерлер сан мәрте дәлелдеді, оны Санников та білген секілді. Ұшатындары балдырмен күн көретін, жәндіктерді және өсімдіктерді қорек қылатын ақ қаз, шіңкілдек, әр алуан үйректер, жылқышы, шымшық, тағы сол секілділер. Бұған қарағанда терістікте өсімдіктері мол және әжептәуір аумақты құрғақ жер бар екені кәміл. 1 Рыркайпий – қазір Шмидт мүйісі боп өзгерген Солтүстік мүйістің чукот тіліндегі аты. 11
– Иә, ол – Беннетта аралы, – деп сөз қосты Шенк. – Толль қалдырған құжаттардан біз бұл аралда суық торғай, қасқалдақтың екі түрі, жылқышының бір, шағаланың бес түрі жаз жайлап шығатынын білгенбіз. Жыл құстарының басым бөлегі осылар ғой. Бұны бір деп қойыңыз. Әлгі құжаттағы және бір сөзге көңіл аударғаныңыз бар ма? Толль түстіктен терістікке ұшқан қаршығаны, терістіктен түстікке ұшқан сұңқарды, солтүстіктен топталып ұшқан, яғни жаз аяғында жаңағы жұмбақ жерден құрлыққа көшкен қаздар керуенін де көрген ғой. – Дұп-дұрыс! – деп мақұлдады академик. – Толль тағы да былай дейді: Қалың тұманның қырсығынан өткен жолғы Санников жері сияқты әлгі құстар ұшып шыққан жерді көре алмадық. – Зердеңіз қандай зерек! – деп қайран қалды Шенк. – Баяндаманы зейін қоя тыңдадым, Толльдің құжаты да менің Санников жері бар, бұрын ойлағандай емес, ол терістікке қарай деген сенімімді бекіте түсті. Сондықтан да өз ойымды бүкпей айтуға тура келді. Ал Беннетта аралына келетін болсақ, өзіңіз де есіттіңіз, ол аядай ғана, әрі өзін мұз басып жатыр, яғни жаңағыдай жыртылып-айрылған құстарға тұрақ бола алмайды. Оны Толль де айқындай түседі: суық торғай, жылқышы, шағала, шіңкілдектің екі түрі – жазғы меймандарының бар болғаны осы. – Солтүстікке тым сұғынып, мәселен 80 градус ендікте жатқан аралдың мұзы әлгіден де қалың болмасына кім кепіл, демек, ол да көп құсты азықтандыра алмайды. – Сонда бұл есуас құстар қайда ұшып жатыр? – деп күлді жігіт. – Оны, шын сырым, білмеймін. Бәлкім, Солтүстік полюсты басып Гренландия асатын шығар, Бірақ бұ да онша нанымды емес, – деп иығын қозғап қойды Шенк. – Поляр мұхитының мәңгі мұздарының ортасында солтүстікке сұғынып жатқанымен де Санников жерінің ауа 12
райы ерен бір әсердің ықпалы тиіп, түстікке таман тұрған Беннетта мен Новосибирь аралдарына қарағанда жылырақ болуы ықтимал деп, неге осы болжам жасамасқа? – Ғафу өтінем, мұныңыз енді құрғақ қиял! – деді сәл шамданыңқырап қалған академик. Бұлай ойлауға құстардың ұшу бағытынан басқа ешбір негіз жоқ. – Бәлкім, онда жер қыртысын жылытып тұратын жанартау, я ыстық арасан бар шығар, – деп жігіт те болар емес. – Жанартаудың түтіні болса, сіздің кәсіпкерлеріңіз бен теңізшілеріңіз баяғыда-ақ аңдар еді ғой. «Фрамамен» жүзіп, сеңмен бірге аққанда Нансен де осы жұмбақ жер бар деген төңіректе біраз жүрген, бірақ ештеңе көрмеген. – Ал сізге Солтүстікте өмір сүрген онкилон деген халықтың аяқ астынан бірі қалмай түгел жоғалып кеткені белгілі ме? Чукчалар ығыстырған олар құрлықтан мал- мүлкімен кетіп қалыпты, қайтып ол жайында ешкім ештеңе есітпеген, қайда екені белгісіз. – Иә, олар жайында Врангель, Норденшельд пен Майдель мағлұмат жинағаны есімде. Бірақ мен этнографиямен шұғылданбаушы ем... Кітапханаға қатты естілген қоңырау үні академиктің сөзін үзіп кетті де, Шенк орнынан тұрды. – Келесі баяндаманы тыңдауға баруымыз керек. Ал сіздің ойларыңыз мені қызықтырайын деді, әлі де әңгімелесуіміз қажет. Бір жұмадан соң кешкілік маған үйге келіңізші. Міне, менің мекенжайым. Шенк әмиянынан визит карточкасын алып, жігітке ұсынып тұрып, тағы бір ой ұштығын шығарды. – Әлгі онкилондар жайында әдебиеттерден ақтарып қарармын. Және Толльді іздеу үшін жаңа экспедиция жасақтау жөнінде академияның тамырын басып, бірдеңе шығарына күмәнім күшті болса да, негіз қалай берейін. Қалай болғанда да, келіп кетіңіз. 13
ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН ХАЛЫҚ Шенк сүр бойдақ еді, жасында көп саяхат жасаған, тундрадан мамонттың қалдықтарын іздеп Енисейдің сағасында, Байкал сырты мен Амурда зерттеу жүргізіп, Россияға қосылған бетте Сахалиннің де жер бедері мен өсімдік дүниесін барлаған. Сонан астанаға оралған соң жинаған материалдарын өңдеуге отырған-ды. Ол жалғыз, әрі тым жұпыны тұратын, академиктік еңбекақысының басым бөлігі жас ғалымдарға көмекке жұмсалып, өзін ғұмыр бойы қызықтырып келген Сібір мен поляр елдеріне экспедиция жасақтауға ұсталатын. Қыруар ақшасы өзі зерттеуші ретінде жоғары бағалайтын Толльдің саяхатына, оны іздеушілерге кетті. Салтанатты мәжілістен келе сала Шенк таң-тамаша жұмбақ тайпа онкилондар туралы деректер оқуға кірісті. Ықылым ғасырлар бұрын олар Чукот түбегін түгел алып тұрыпты, кейін чукчалар Мұзды мұхиттың жағасына таман тықсырыпты. Түр-тұрпаты, киім киісі, тілі мен тұрмыс салты жөнінен чукчалардан тіптен бөлек олар туыстығы жағынан Кадьяк аралындағы алеуттерге жақын. Солтүстік Сібір жағалауында өзінің «Вега» кемесімен жүзген кезде Норденшельд Иркайпий1, Шелаг және Якан мүйістері ауданында онкилондардың көп жұртына тап болады. Баспаналары былайша жертөле тәрізді, жартысына дейін жерге кіріп жатыр, төбесіне кит қабырғалары салынып, топырақпен жабылған. Қазған кезде тас пен сүйектен жасалған балта, пышақ, найза мен жебенің ұшы сияқты әр алуан құралдар табылды. Сабы көбіне сүйек пен ағаштан болып келетін, қайыспен таңылған бұл қарулар мәңгі тоңның арасынан дін 1 Иркайпий – Норденшельдтің картасында Рыркайпий немесе орыс картасындағы Солтүстік мүйісіне келеді. 14
аман шықты. Онкилондар темір, тағы басқа металдарды қолдануды білмеген нағыз тас ғасырының адамдары болатын. Чукчалардың Врангель жинаған әңгімелерінің ауанына қарағанда, онкилондардың Мұзды мұхит жағалауынан аууына олардың көсемі Крэхой мен бұғылы чукчалар қолбасшысының арасындағы рулық кектен қозған қанды қырғын себеп болған сияқты. Ізіне түскен чукчалардан бас сауғалап, Крэхой өз тайпасының аман қалған азын-аулақ адамдарымен әуелі Солтүстік мүйістің жақпар тастарына бекініп, кейін Шалаур аралдарына өтеді, ақыр аяғында он бес байдаркаға отырып, Якан мүйісінен Мұзды мұхитта таулары бұлдырап көрінетін бір жерге (яғни Врангель аралына) көшіп кетеді. «Дерек тым таяз, әрі қарама-қайшы екен, – деп ойлады кітапты жауып жатып Шенк. – Дегенмен де қызық өзі: сонда әлгі тайпа қайда кеткен?» 15
Келесі күндері Шенк уағда бойынша «академияның тамырын басып, негіз қалағалы» поляр елдерін зерттеуге ынтық-ау деген академиктердің кейбіреулерімен кеңесіп көріп еді, Санников жері мен барон Толльдің із-тозын ашар жаңа экспедицияның жоспарын құптаушылар шықпады. Жаңа зерттеу жұмысын тапсыруға татырлық салиқалы оқымысты көзге көрініп тұрған жоқ, ал ақшаны қайдағы бір қиялшылға ұстата салу бейқамдық болмақ және оны іздеп жату да ыңғайсыз. Не керек, енді Шенктің өз қаржысын есепшотқа салуына тура келді. Ол осы бір кәсіпке бірер мыңды бөлмек еді, бірақ онысы жетіңкіремейтіндей көрінді. «Жарайды, – деп түйді ол ойын, – құрал-жабдықтарды әртекті ведомстволардан тегін түсіреміз, ал бұл экспедиция жылдан артық созылмасқа тиіс. Осы уақыттың бағдарында не бұл жұмбақ жер табылып, істің беті оңғарылады да, қаржы өз аяғымен келеді, не ондай жер жоқ екеніне көз жетіп, көңіліміз суиды». ІС ОҢҒАРЫЛЫП КЕЛЕДІ Жігіт келіскен күні сол сағатта келді. Шенк оны күтіп отыр еді. – Онкилондар жайында бар деректі ақтарып шықтым, – деді ол. – Меніңше, мағлұматтар қарама-қайшы сияқты. Бұл халықтың болғанына, чукчалармен соғысқанына күмән жок, артында жұрты, тас пен сүйектен домбалдаған қару- жарақтары да қалған. Бірақ қайда ғайып болып кеткені белгісіз. Былай деп ойлауға болатын сияқты, онкилондар аралдардың бірінде азық-түлік жетіспей, иә қатыгез табиғатқа төзбей 16
қырылып қалды, не құрлықтың бір түкпірінде тығылып жүріп індетке ұшырап өліп бітті. – Аралдардың бірінде өлген болса, олардың сүйегі көптеп ұшырасар еді ғой, – деп қарсы дау айтты жігіт. – Адамдар із-түзсіз құрып кетпейді. Тіпті олар құрлықта тұрып өліп бітсе, жаңа көршілері – якут, тұңғыс, ламуттардың арасында аңыздар жүрер еді ғой. Ондай аңыз атымен жоқ. – Ал сонда бұлар қайда? – деп дауыстап жіберді Шенк. – Шыбын жанын шырқыратып көкке көтеріп әкеткен жоқ қой оларды! – Зайыры, олар Санников жерінде, әлгі жыл құстары ұшып баратын жақта, бәлкім, жолбасшы да сол қанаттылар болуы. – Адамдар да ұша алатын болса, бұған шүбәсіз-ақ иланар едім. Ал онкилондар ұша білмеген, демек, ол жерге не жүзіп, не мұзбен жүріп баруы керек қой. – Сумен бармаған, себебі олар малын ала кеткен, бұл байдаркаға ауыр да алапат жүк. – Ендеше, мұзбен де өте алмаған. Қолда бар мағлұматқа қарағанда, Мұзды мұхит өн бойымен қатпайды, жағадан біраз жер ұзағанша әжептеуір ашық айдын су жатады. Сондығынан да батыл деген жұрттың бірі чукчалардың ешқайсысы да Врангель аралында болмаған, оны бірде-бір кәсіпкер және баспаған. Қорқақ халық деп айтуға ауыз бармайтын олар, тіпті Беннетта аралын да басып көрмеген. Барон Толльдің опат болуы – мұзбен жүру мүмкін емесінің дәлелі. – Жалпы, бұның бәрі де жөн, – деді жігіт алақызып алған академикті баспақ боп. – Бірақ есіңізде болсын, ауа райы ылғи біркелкі емес, күннің көрінуіне орай суық жылыға ауысып тұруы әбден мүмкін... – Оған дау бар ма, оны мен де білем, – деді Шенк. 17
– Біз онкилондардың Новосибирь аралдарына өткенін білеміз, одан олардың баспаналары мен басқа да белгі іздері табылған. – Ал жақсы! – Олар жерді табуын тапқан, алайда ол тұрмысқа қолайсыз болған, аң мен құсы аз. Бұл жылдан-жылға аңшылық аяқсырайды деген сөз. Аранын ашып тұрған аштық оларды ары қарай қуып, тізбек-тізбегімен терістікке ұшқан құстар бұдан да басқа жер барын, оның құсқа әлдеқайда бай екенін аңғартса керек. Тап сол тұста қыс қатал болып, үскірік суықтан теңіз түгел қатты деп топшылауға болмас па. Ерте көктемде күн ұзарған кезде онкилондардың аман-есен Санников жеріне жетуі кәміл. – Жетсе де аштық пен суықтан бірі қалмай қырылды, өйткені 80 градус ендікте адам өмір сүруі үшін қолайлы жер болады деп тіпті ойлаудың өзі ағат, Үйрек, қаздар, бәлкім, жіпсісе тундрадан талғажаулық бірдеңе табар, ал адам... – Адам сол құстарды, морждарды, итбалықтарды, ақ аюларды аулап, балықты азық қып Гренландияда, Американың терістігіндегі аралдарда, Шпицберген мен Жаңа Жерде де тұрып жатқан жоқ па және тұрғанда қандай, өз мекенін жанындай сүйеді, түстікте жүріп қалса сағынып өле жаздайды. – Байқап отырмын, сіз Санников жерінің барлығына, онкилондардың сонда тұрғанына қалтқысыз сенесіз. – Сену – бір, екіншіден, олардың ұшты-күйлі жоқ болып кетуінің сыры да осында деп санаймын. – Өкінішке орай, академия бұл пікірді қоштамады. Сұрастырып та көрдім, әріптестерім мұндай жер жоқ, Толль опат болған деген тұжырымға түгел тоқталған. – Олай ойласа, әрине, өкінішті. Санников жері Толльдің жанын сақтап қалған бірден-бір орын болуы керек. Оған мен бәс тіге алмаймын, бірақ оны іздейтін жалғыз-ақ жер сол. 18
– Ақша табылған күннің өзінде өткендегі құр әурешіліктен кейін оны және әлгі айтқан жерді іздейтін талапкерлердің табылуы да екіталай. – Мен-ақ іздестіруге ынтамен шығар едім және Якут облысындағы жер аударылғандардың арасынан, терістік жағындағы кәсіпкерлердің арасынан сенімді серіктер де табар едім. – Ақша табылса, экспедицияны қалай ұйымдастырар едіңіз? – Казачьеде менің назарымда жүрген, жер ауып келген екі кісі бар. Олармен осындай экспедицияның жобасын жиі- жиі талқылаушы едік. Әрине, онымыз әншейін далбаса, әйтпесе бізге патша үкіметінің тұтқындарға анда-санда бір беретін жарытымсыз жәрдемінен басқа ақша қайдан келсін. Онда біз дәп жергілікті тұрғындардай аң қуып, балық аулап күнелтеміз. Екі жолдастың екеуі де жас, айдауда мойнына су кеткен жандар емес, жұмыстан әбден қатып-пісіп, шыңдалып алғанбыз. Олардан басқа Новосибирь аралдарында талай рет болған тағы екі кәсіпкер бар. Мұз үстімен саяхат жасауға төселген, әрі өз иттері, құрал- саймандары бар. – Дұрыс, оларсыз бұра баса алмайсыз. Ал онан арғысын айтыңызшы. – Ерте көктемде мұз үстімен Қазандық аралына жетіп алып, онан өзімізге қойма салып, көп кідірмей, мұздың қатты кезінде әрі терістікке қарай тартар едік. – Ал жазатайым теңіз қатпай қалды дейік. – Ондай жағдайда нартаға тиелген екі жеңіл байдаркамыз болады. Сонымен жүзіп ашық айдыннан өтеміз. Айдын онша шалқар болмасқа керек, жерге жақын тұста мұз жатуы шәксіз. Әрі қарай жаңағы жерге дейін қайта нартамен кетеміз, зерттеп болған соң жаздың аяғын ала сол жолмен кері қайтамыз. 19
– Ол жерде теңіз айдыны кеңейіп, байдарқаларың ауыр жүкті көтере алмай апатқа ұшырауларың сөзсіз. Және жаз аяғына таман бұрқасын боран да төпелей кетеді. – Жүзіп өтуге мүмкіндік болмаса Санников жерінде қыстап қалып, ерте көктемде кері қайтамыз. – Сіз осы иттерге жыл он екі ай қанша азық кететінін білесіз бе? Міне, осы жүк сіздерді құртатын. – Оған сөз бар ма! Ал мен итке азық алып жүрмек ойдан аулақпын, ол жерде аң-құс көп екеніне кәміл сенемін. Жаз бойы қысқа қам жасап, базамызға қайтып оралғанша жететіндей азық әзірлеп аламыз. – Ал сіздер ешқандай Жер таппады делік. – Онда дереу Қазандыққа қайтып оралып, жаз жайлап шығамыз да, күзде көк теңіз қатысымен құрлыққа тартамыз. Ондай күнге тап келсек, жазда аң аулау мүмкіндігі жоқ болған жағдайда, меніңше, Қазандықтан азық-түлік қоймасын ұстағанымыз жөн. – Мұндай экспедицияның қаншаға түсетінін есептеп көрдіңіз бе? – Менің ойымша, қымбатқа түсе қоймас. Біз үшеуміз еңбекақы аламыз деп ойламаймыз, қарнымыз аш болмаса, жетіп жатыр. Екі кәсіпкерге бірдеңе төлеуге тура келер, бірақ олар да ынсапсыз адамдар емес. Басты шығын – иттер, олардың асы, нарта, байдарка, қару-жарақ, оқ-дәрі, киім- кешек. Казачьеде де, осында да есептеп көрдім, екі-екі жарым мың сом бізге жетеді. – Иә, сомасы онша көп емес екен. – Терістікте оңған нарта жоқ, ағашы да берік емес. Сондықтан жөндеуге уақытты босқа кетірмес үшін нартамыз сақадай-сай болуы керек. Оны осы арадан жасатып ала кеткеніміз абзал. Сол сияқты, меніңше, мылтық пен оқ- дәріні де осыннан сайлап алуымыз керек, олар мұнда жақсы және әлдеқайда арзан. Ал қалғанын сонда-ақ қамдармыз. 20
– Сіздің жоспарыңыз маған ұнап отыр, – деді Шенк, – мен де сіздерге екі жарым мың сом тауып берермін деп ойлаймын, Шартым мынау: Санников жерінен гербарий мен тау жыныстары коллекциясын, мүмкін болса, ұсақ жануарларын, өсімдігі мен жануарлар дүниесі, ауа райы жөнінде жазбалар әкеп берерсіз. Табылса, әрине, онкилондардың сипаттамасын тастамассыздар. Жолдас- тарыңызбен оны атқару сіздің қолыңыздан келе ме? – Қолымыздан келер деп сенемін. Әрине, біз айтулы оқымысты емеспіз, бірақ дайындығымыз бар, біріміз – геолог, екіншіміз – ботаник, мен көбінесе жануарлар дүниесімен, адамдар тіршілігімен айналысамын. – Тамаша! Ғылыми барлауларға қажет құралдар – барометр, термометр, компас және тағы басқаларын академиядан тауып берермін. Біле білсеңдер, бәрінен маңыздысы ол жердің әр тұсынан ені мен ұзындығын анықтау, оның жалпы жобасын, барар жолын, жобалап болса да, қағазға түсіріп алу, жерді тапсаңыздар осы естен шықпасын. – Әлбетте! Суретке түсіруді мен мойныма алайын. Ал ендігі мен бойлығын білмеймін. Оны бізге үйретпеген-ді. – Бұл өзі онша қиын да емес. Сізді онымен Бас физика обсерваториясында таныстырар, директорына мен қағаз жазып берейін. Оны үйреніп шығу үшін екі-үш апта керек. Уақытыңыз бола ма? Бұл жерден қашан жүрмек ойыңыз бар? – Қазір бізде қарашаның аяғы. Казачьеде ақпанның соңына қарай болып, наурыздың ортасында аралдарға жылжу үшін бір айдан соң аттану қажет. – Әдетте онда сәуірден аттанушы еді. – Дұрыс айтасыз, бірақ сәуірдің басында теңіз арқылы Санников жеріне өтуіміз үшін онда мұз берік кезінде ерте баруымыз керек. – Бір айда керек-жарақты түгел әзірлеп, сатып ап үлгересіздер ме? 21
– Үлгеруге тиіспіз, шеберханалардан білген едім, нарталар екі аптаның ішінде жасалып бітеді екен, оған дейін мен басқа бірдеңелерді сатып ала берем және обсерваторияның сабағына да барып тұрам. – Сонымен, бұл арадағы іс оңғарылып келеді, әлі Казачьеде де қыруар қам-қарекет керек болады ғой. – Мәселе шешілген болса, қазірден бастап Олекминскіге телеграфпен, Казачьеге почтамен хабарлап қояйын, жолдастар қамдана берсін, киім-кешек, ит, оларға қажет азық сатып алсын. – Сатып алар ақшасы жоқ қой олардың. – Мен барғанша қарызға да береді, Казачьеде бізді жақсы біледі. – Ол-пұл сатып ап, тапсырыс беруге әзір қанша ақша керек? – Әзірше бес жүз сом жетер... – Оны мен өз ақшамнан берейін, қалғанын және құрал- жабдықтарды екі-үш аптада табамын. Банкке чек, обсерватория директорына кепілдеме жазып, жігіттің қолына беріп тұрып Шенк: – Екі аптадан кейін жолығып кеткейсіз, – деді, – әзірліктің қалай жүріп жатқанын сонда айтарсыз. – Мәселені мұнша шапшаң шешкеніңіз үшін таңданып тұрғанымды білдіруге рұқсат етіңіз, – деп терең тебіренген жігіт дауыстап жіберді – Сізге келе жатып арманымның жүзеге асуына қатты шүбәланған едім. Ал мына арада бәрі де аяқ астынан болды. Сөзіне сеніп, атымен білмейтін адамға қыруар қаржыны ұстата салдыңыз. – Шашымның ағына қарамай мен әлі жұртқа сенімімді жоғалтқаным жоқ, – деп Шенк көңілдене жауап қатты. – Бұрын да талай-талай ғылыми барлауларға қол ұшын бергенмін, сенімімнің алданған сәті аз. Оның үстіне мен 22
адамдарды алғашқы көргеннен-ақ айыра тани білемін. Сіз есіме жақсы салдыңыз, сіздің де, жолдастарыңыздың да аты-жөнін мен әлі білмейді екенмін. Өлке әкімшілігі үшін сіздерге керек, қазір мен алып бергелі тұрған қағаздарға аты-жөндеріңіз қажет. Сонымен, сіздің атыңыз? Ал жаза бастадым. – Матвей Иванович Горюнов, Петербург университетінің бұрынғы студенті, Якут облысына әкімшілік жолымен жер аударылған. Менің жолдастарым – Семен Петрович Ордин мен Павел Николаевич Костяков, олар да бұрынғы студенттер, біріншісі – университеттен, екіншісі – технолог. Біз бәріміз студенттер бүлігіне қатысқанымыз үшін 1899 жылы бес жылға жер аударылғанбыз. – Қатерлі қылмыскер сияқты ит арқасы қиянға айдағандай не жазып едіңдер? – Біз басқосулар ұйымдастырғанбыз, бүлікбасылар қатарына қосып жүргені содан. Солдатқа да бермек болды, – есіңізде ме, осындай жарлық болған – бірақ біз онан бас тарттық. Сол үшін бізді ақ аюларға айдады. – Кесікті күндерің әлі ұзақ па? – Менің мерзімім бітіп, полиция бақылауымен туған жерім Вологда губерниясында тұруға рұқсат берген. Әрине, астанаға рұқсатсыз келіп жүрміз. Жолдастарым бір жылдан соң босайды. – Байқап отырмын, сізге Якут облысына баруға губернатордың рұқсатын алуым керек екен. – Әрине, бұған қарсылық білдіре қоймас. ЖОЛСАПАР Ақша мен құжаттарын түгендеп алып бір айдан кейін Горюнов шығысқа жол тартты, ғылыми барлау құралдарымен және басқа жарақтарын өзімен бірге ала жүрді, олардың 23
ішінде су жаңа үш мықты нарта мен бір үлкен байдарка бар. Байдарка бөлек-бөлек болғанымен, жарты сағаттың ішінде құрастырып, жүзіп жүре берерлік. Оған төрт адам, үш нарта жүгімен және он ит еркін сияды, ал бұл дегенің – экспедиция мүшелерінің екі жағдайда да теңізден өтуіне мүмкіндік беретін дүние. Иркутскіден Качуг арқылы Ленаны бойлай төмен құлдилайтын ат-шана жолы, кәдімгі әкімшілік жер аударылғандар өлкесінің жадау астанасы – Якутскіге шейін шеті де, шегі де жоқ оппа қарды қақ тіліп, мұз құрсанған өзендерінің жақпар тасты жарқабақтарының астынан өтетін келеңсіз де көңілсіз ұзақ жол басталды. Одан әрі жол Алдан өзенінің сағасымен, Верхоян жотасының түксиген шың- құздарының арасымен кетті. Сонан соң жол өлкенің бір пұшпағында, сағасына шатырына шейін қарға көмілген Казачье селосы орнаған Яна өзенінің кең арнасы мен кемер- қырқаларын басып тартады. Якутскіден әрі күннің көзі тіпті көрінген жоқ, қырқалардан асқан соң қысқы поляр түні басталды, боран болмаған тынық күні жолды тек жұлдыз жарығымен, ай сәулесімен, терістік шапағымен ғана ажыратасың. Ақпанның аяғында артынып-тартынып Горюнов Казачьеге келді. Онда экспедицияға не қажеттін бәрін қамдап, отыз ит тауып, оларға қақтаған балық (юкола), адамдар үшін азық-түлік, киім-кешек, шаңғы әзірлеп жолдастары да күтініп отыр еді. Екі кәнігі кәсіпкер – барон Толльмен бірге хабар- ошарсыз кеткен серігінің інісі якут Никита Горохов пен казак Капитон Абрамович Никифоров те экспедицияға қатысуға келісті. Новосибирь аралдарына екеуі де әлденеше мәрте болып, соңғы рет Толльді іздеп бүкіл жағалауды шарлап шыққан. Санников жерінің бар екеніне екеуінің де сенімі кәміл және ашық күндері Қазандық аралындағы биіктен оны көргендерін айтып иландыратын. Осынау жұмбақ жер 24
оларды біздің үш жолдастан кем желіктірген жоқ, сол аралды алғашқы болып ашу арманы қуаныштарын қойнына сиғызбады. Казачье селосы Яна өзенінің атырау басынан жоғарырақ оң жағада біртегіс төбешікке, терістік ендіктің 71 градусы мен орманды алқаптың теріскей бетіне орналасқан. Шатырларына шейін қар көміп кеткен бірнеше казак тамдары мен көпес үйлері, бірнеше якут жаппалары мен шағын шіркеу адырды бойлай бей-берекет созылып жатыр. Жеркепелердің мұржасынан өрілген түтін мен тандыр жаққан жаппа түндігінен ұшқан ұшқын, қар басқан қоңырау мұнарасы ғана өзінің күйкі көлеміне қарамай, Приянск өлкесінің бүкіл терістігі үшін аса мәнді – адам тұрағы барын аңғартады. Терістікті шығыс пен батысты түгелдей тундра алып жатыр, қыс қайда көз тастасаң да – аппақ айдын, мидай жазықта емін-еркін ұйтқыған жел, бұрқыраған боран шиырлап тастаған касат қардан тұрған қалың күртік. Түстіктен көз ұшында тырбиған селдір тоғай қарауытады да, ашық күндері Янаның сағасын басқа дүниеден бөліп тастағандай Кулар қырқасының шыңдары шеңберленіп көз алдына тұра қалады. Екі аптада дайындық тегіс аяқталды да, наурыздың ортасында күн бір сағат болып ұзарғанда экспедиция жолға шықты. Саяхатшыларды үш нартасымен Новосибирь аралдарына дейін каюрларымен (ит күтушілер) бес нарта шығарып салды. Олар өздерімен бірге аралдардағы қоймаға қоюға және жолда ауқаттануға деген адамдардың ас-суы мен иттердің азығын ала жүрді. Терістік батысқа жол Яна атырабының бір қолтығынан шығып, ылғи тасыған судың астында қала берген соң, тұрғындары тастап кеткен Устьянскінің жұрты жанынан өтеді. Жолдың біртегіс болуы арқасында олар екі күнде сағаға да жетті. Ақ жазық енді өзіндей аппақ, теп-тегіс теңіз бетімен ұласты. Алайда онда ана жерден бір, мына жерден бір белес- 25
белес белдей бұлдырап аралдар, оң жақтан көз ұшында терістікке барып сүңгіген құрлықтың мүйістері қарауытады. Бір түні болса да Яна өзені түстіктен ағызып әкеп, теңіз теуіп тастаған ағашты жағып жағада қонып шығу үшін олар бұғазды кесіп өтіп, жолды осы бағытқа бұрды. Осылай олар Ярок аралын, жалғыз жаппалы Манико мүйісін, атшаптырым Селях бұғазын, Туруктак, Ванька, Дарычан мүйістерінен асты. Дарычаннан Чуркин мүйісіне дейін жағалауды бойлай келіп, онан Аббелях бұғазын кесіп өтіп, құрлық кеп шумақталатын Киелі Тұмсық мүйісінің түстік бетін ала Горохов қосына келіп аялдады. Сағадан екі жүз шақырымдай осы жолға табаны күректей төрт күн кетті, себебі олар иттерді ә дегеннен қалжыратып алмас үшін асықпай жүріп отырды. Теңізбен жүргенде адым аштырмайтын іркіс-тіркіс мұз шоқылар Лена өзенінің атырауы мен Киелі Тұмсықтың омырауына келіп сұғынған үлкен бұғазда онша қалың да, ұзын да емес еді, сондықтан оны айналып өтуге де болатын. Күн бұлыңғыр, бірақ тымық- тұғын. Горохов қосы дегені – сусіңді сырғауылдан салынған не терезесі, не пеші жоқ, от жанып тұрғанда ғана жылитын жалғыз ошағы бар екі қоржын там. Оларда ара-тұра көктемде итбалық пен морж, күзде жабайы бұғы мен ақ аю аулаған кәсіпкерлер тұрып кетеді. Қосқа келген күні кешке таман аспан айыққан шақта үш жиһангез ашық теңізді көзден көлегейлеп тұрған, құм кемері бағзы бір замандағы жанартау жарылысынан балқып, қап- қара бағана болып құйылған Киелі Тұмсықтың биік жарына қарай тартты. Бір сеңнен бір сеңге тырмысып, олар мүйістің ұшар басына да шықты. Қарсы алда ақ қарды айқара жамылып көсіліп жатқан шалқар теңіз, тек ана тұста бір, мына тұста бір қарға көміліп қарауытқан мұз шоқылар. 26
Айдынның көкжиекпен астасқан тұсында, тұп-тура терістікте төрт шоқылы жалпақ жота – Үлкен Ляховский аралы бұлдырап тұр, аппақ дүниедегі қара ноқаттар құз- жартастарды аңғартқандай. Бұл – кәсіпкерлер жиі баратын мамонт сүйегі мол Новосибирь аралдарының ең жақыны. Тура жүрсе, ол алпыс-жетпіс шақырымдай ғана. Зерттеуші жиһангездеріміздің жолы соны жанай өтеді. Күн ұясына қонды. Мұз айдынынан ызғырық жел есіп, барлаушылар көз байланбай қосқа жетіп алуға асықты, онда ошақта от лаулап, мосыда бұрқылдап ас пісіп жатыр. Үстел кәдесіне жарап кеткен жол жәшіктерінің үстінде тәрелкелер тізіліп қалған. Шағын жәшіктерді орындыққа ұқсатып, қорқорын тісіне басқан Горохов пен Никифоров ошаққа итіне мініп, келсе-ақ асқа бас қойғалы жолдастарын күтіп отыр. Олар иттерді доғарып, төсек-қаптарды жайып, басқа шаруаны бағана тындырған. Жапсарлас лашықтан әзіл-қалжың, күлкі естіліп тұр, онда экспедицияны аралдарға шейін шығарып салмақшы бес нарталы каюрлар жатыр. Ертеңіне күн шыға әрқайсысына сегіз-тоғыз ит жегілген сегіз нарталы керуен құрлықпен қош айтысып, Киелі Тұмсықтың үшкір құздарын орай өтіп, теңіз арқылы терістікке қарай шұбап жөней берді. Алақаншықтап қар жүріп кеткенімен, біртегіс жерде иттердің жүрісі де өнік, шаңғышылар әрең еріп отыр. Ал жолда сеңгір-сеңгір сеңдер басып қалған жерде қарға адым жер мұң, нарталардың өтуіне еңіс іздеп, әрқайсысын жеке-жеке өткізуге тура келді. Нарталарды біреуі артынан итеріп, біреуі бүйірінен сүйеп, шаңғы таяғымен демеп, кісілер иттерге көмек беріп отырды. Сеңдердің арасынан өтуге ыңғайлы жол табылмаған жағдайда олар беліндегі балталарын іске қосады. 30-40 градус аязда әбден шыңылтырланып алған мұз балта тисе-ақ шыныдай шытынап, шытырлай ұшады. Балта даусы шыққан кезде күллі нартаның иттері аялдаманы пайдалануға уәделесіп қойғандай, 27
қарға бауырын төсеп жата-жата қалысады, бәзбір осыдан соң ширек сағат жол азабын тартатындарын алдын ала сезгендей. Осылайша бірде баяу, бірде шапшаң, жалпы сағатына жеті шақырым жүріп, олар түс әлетінде аралдың жарты жолына да келді. Иттерін доғармай, өздері шалып алғалы тоқтап, олар салқын ет, кепкен нан, ыстық шаймен түстік жасады. Шай қайнату үшін олар от жағып әлектенген жоқ. Түсте тоқтаған жерде от жағып, су қайнатып уақыт алдырмас үшін Горюнов астанадан термос ала келген-ді. Отқа қоймай-ақ ып-ыстық болып тұрған шайды мейірі қана сораптап ішкен сайын каюрлар осынау ғажайып ыдысқа қайран қалады. Отыз градус суықта сырты қол қарыған ыдыстың ішінен ауыз күйдірерлік ыстық шайдың шығуы сиқырсыз мүмкін емес деп ойлайды олар. Казачьеден шыққан күні түстік жасағалы алғаш тоқтағанда от тұтатуға оңтайланған каюрларға Горюновтың қалжыңдап, шайды мен қарға да қайнатып, сендерден бұрын ішемін дегені бар. Олар құманын отқа қойғанда, бұл термосты алып ортан белінен қарға тығып, бес минуттан соң айран-асыр болып отырған якуттарға ыстық шай құйып берген. Оның құпиясын білетін Горохов пен Никифоров каюрлардың таң-тамаша қалғанына қыран-топан күліп, ішек-сілесі қатқан. Түскі астан соң олар бағанағы тәртіппен тағы да ілгері тартты. Арал көкжиекті көзден тасалап, аппақ айдынның үстіне ұстай қойған шымылдық сияқты тұтас бір денеге айналып, қарлы көрпеден жеке қарауытқан құздар мен жаға жарының қошқыл таңбалары ғана көрінеді. Күн батар алдында соңғы сең шоқыдан асқан иттер жер иісін сезгендей бар пәрменімен зымырай жөнелді. Жерге табан тисе тыным да, тағам да болатынын жақсы білетін олар жарқабақтың етегінде қарайған лашықты көргенде ұлып, жын қаққандай жұла- жұла тартты. 28
Алайда жаға олардың аптығын әп-сәтте басты, теңіз қайта басталған тұстағы күзгі дауыл сеңдерді ерсілі-қарсылы сапырып үйіп тастапты да, олардың арасынаи нарталарды Кіші Қыстақ аталатынға дейін бір-бірлеп апаруға тура келді, бұл үйшікті он тоғызыншы ғасырдың басында осы аралды алғаш ыспаттап берген Геденштромның серігі және жолбасшысы болған белгілі кәсіпкер Санников салған-ды. Жүз жыл тұрса да мынау суықтан үйшік көп жапа шекпеген тәрізді. Теңіз тұзын бойына тартып тіреулердің сырты қарайып, кей тұсы бопалай бастағаны болмаса, іші тәп-тәуір. Аралға бара жатып я қайтар жолда талай кәсіпкер осы лашықта жан шақырған сияқты, бәрі де тері ілгекпен ұсталған үйшік есігі мен төбесінің түзу болуына көбірек көңіл бөлгенге ұқсайды, шатырға әредік-әредік топырақ тасталып тұрған. Үйдің жанында сумен ағып келген ағаштар үюлі жатыр, мұның өзі жаға бойлап зыр жүгіріп, қар астынан отын қазып алмауға өте жақсы болған. Ұзамай қыстақтың алдындағы алаңқайда от тұтатылып, оның қып-қызыл жарығы екі жақтан да қапталдай созылып жатқан мұз қабырғаларға түсті. МАМОНТТАР ҚОРЫМЫ Үлкен Ляховский немесе Таяу арал геологиялық құрылымы жағынан керемет. Оның төрт тайпақ, бірақ құзтасты шың, анығырақ айтқанда, шыңдар сілемі түп-түгел гранит, ал қалған жері жұмсақ құм-қайраң. Сондығынан да әлгі шыңдардан шапшып шығып жатқан сансыз бұлақтар мен жылғалар жұмсақ қыртысты оңды-солды тілімдеп, шетене өспейтін тақыр төбешіктерге бөлген де тастаған. Әудемге бармайтын қысқа жазда беткейі мүк батпақты тундраны көз алдыңа келтіріп, терістікке қараған ылдилар мен терең сайларында қар жатады. 29
Астын қулаған толқынның қырсығынан теңізге төнген жеке- жеке жарқабаққа ұқсаған арал жағасы да әлгі жұмсақ құм- қайраңнан құрылған және ол өзек пен бұлақ жылғаларынан бөлек-бөлек танаптар түзген. Атам заманда қалыптасқан бұл қабат сірескен тон, тек жазда ғана болар-болмас жібіген сыңай танытады. Жібіген жердің дені суға құлайды не толқын шайып кетеді, соның салдарынан арал бірте-бірте мүжіліп шөгіп барады. Тіпті судың шаюына сәл тосқауыл болып тұрған мынау мәңгі тоң болмаса, арал баяғыда-ақ құрып кетіп, жалғыз гранит діңгегі қалар еді. Жаңағы жұмсақ қабатта мамонт сүйегінен аяқ алып жүре алмайсың, тіпті сол көне жануардың тұтас денесін де жиі ұшыратасың. Оның тұстастары жүні ұзын мүйіз тұмсық, зеңгі бабаның түпкі атасы, канада бұғысы, жылқы және басқа жануарлардың денесі мәңгі тоңның арқасында бүлінбей, жүн- жұрқа, мүйізімен, ішек-қарынымен түп-түгел сақталған. Жазда тоң жібіген шақта көп тұсты өзендер шайып, жеке сүйек- саяқ пен азу тістерді ағызып сағаға, теңіз жағасына шығарып тастайды. Осылайша жаға жарынан да толқын шайып, тоң жібіп шығып қалған көне жануарлардың өлі денесін теңіз қағып алып, құм-қайраңның астына тағы да тығып жібереді. Кейде бұл өлексені мың сан жыл тоң болып қатып жатқан еттен тайынбайтын жыртқыш құстар мен азулы аңдар тік көтеріп жеп кетеді. Үлкен Ляховский аралының осындай ерен құрылымы жылда көктемде кәсіпкерлердің құлқынын құртады да тұрады; олар біртегіс теңіз жағасынан, өзен алқабы мен өзен сағасынан өткен жылы тоңнан бөлініп жібіген жердің бетіне шығып қалған мамонт сүйегін жинайды. Тоңда тамаша сақталған бұл мамонт тістерінің бағасы қазіргі піл сүйегінен бір де кем емес. Оны кәсіпкерлердің қолынан жергілікті жердегі, сырттан келген саудагерлер сатып алып, Якутскінің жәрмеңкесіне апарады, одан о сүйектер әрі қарай Сібірге, 30
Россияға шығарылып, тарақ, запөнке, қобдиша, бильярд шары сияқты әр алуан бұйымдар жасауға ұсталынады. Қазып алынған жануарлар сүйегі кәсіпкер үшін пайдасыз, соған қарап жануарлар әлеміне баға беретін ғылымға ғана қажет олар. Ара-тұра мұз еріп жер бетіне шығып қалған жануарлар денесіне ғана ие кәсіпкерлердің басқа да шаруасы жоқ, оны өлшемейді де, сипаттап жазбайды да, тіпті тағы қайда не жатқанын да білмейді. Горюнов пен оның екі жолдасы кәсіпкерлерге еріп мамонт тісін жинағалы осы аралда бір рет болғаны бар, олар олжаның молдығына таңғалысты, бірақ бірі де Казачьеде бұл құбылыстың құпиясын түсіндіре алмады, өйткені қолында сүйенетіндей арнаулы әдебиеті болмады. Астанада Горюнов осы жағын да ойлап, бұл жөніндегі әдебиеттермен де танысып, бірен-саранын өзімен ала келген- ді. Сондықтан жиһангездер жаға жарларын жітірек барламақ болып, әрі кісілер мен иттерді тынықтырып алмақ ойымен аралда бір қонуға келісті. Келесі күні таңертең Гороховтың жол көрсетуімен үшеуі де теңіз жағасын бойлап жүріп кетті. Күн көзі шыраланып теңіздің жазғы жойқын шаруасы әлі бастала қоймаған кез, алайда шұғыласы жарға асылған еңкек күн біраз істі тындырып та тастағандай. Жаға жарларының биіктігі жиырма-жиырма бес метрдей, ұшар басына қатты бораннан соң үй шатырына тұратын қасат қардай асылған күртік сіресіп сіреу болып қатып қалған. Қысқы жауын-шашын, бораны жиі бұл араның мұз әдіптерінің кей тұсының ені төрт-алты метр, ұзындығы жиырма-қырық метрге жақындап, қалыңдығы бір-екі метрден асады. Осылардың астын қуалай жоғары жағы бірөткей мұздан, кейде қатып қалған салынды – құм-қайраңнан тұратын жаға-жары басталады. Жар астындағы мұз қалыңдығы әр түрлі тұтас бір дүние, бейне арал түкпірін 31
үңгіп бара жатқан мұз қабырға іспетті. Қабырғалардың ара- арасы жұқа балшық, ұсақ құм мен мұз қабаттары болып алмасады да отырады. Жардың жоғарғы жағынан бәзбір сіреу мұз құлап түссе, салынды мен мұздың сырты құмбалшық немесе шымтезекпен көмкерілгенін көруге болады, ал омбы қардың астында жатқан тундраның үстіңгі қабаты да осы жыныс. Жардың төменгі жағының басым бөлегін қыс бойы жағадан үріп тыққан күртік жауып жатыр. Биіктігі сегіз-тоғыз метрге жететін осынау құлама күртікпен жардың тура ернеуіне дейін барсаң, теңіз деңгейінен он екі – он бес метрдей биіктікте тұрған аралдың құрылымына көзің әбден жетеді. Жағаны барлау барысында жиһангездер жануарлар сүйегінің мұзда емес, салынды қабатында жатқанын білді. Мұны аралда бұрын көп болған Горохов та растады, ол тіпті салынды қабатынан бітеу өлі жануарлар да тапқан. Жаға бойлап он шақырымдай жүріп, жер құрылымы түгел біркелкі екеніне көзі әбден жеткен жиһангездер түске қарай Кіші Қыстаққа қайтып, тапқан сүйек-саяғын ала келді, оның ішінде мүйізтұмсықтың бас сүйегі мен мамонттың тісі де бар. Жардың мұзды бөлегінен олар күн көзінің кей тұсты үңги тесіп, сүңгілер тізе бастаған бүлдіру әрекетін де көріп қайтты. Ас үстінде Горюнов жолдастарына Толльдің осы бір ғажайып аралдың құрылымын, мұнда жойылып кеткен жануарлар өлігінің неліктен молдығын қалай баяндағанын айтты. Оқымыстының ойынша, аралдың мұзы – алапат мұз басу дәуіріне дейін болған үлкен бір мұзарттың қалдығы. Мұз дәуірінің аяғына қарай азайған мұзарттың үстіңгі қабаты мүжіліп, еріп, аралдың жоғары жағынан тұщы су қайнарлары құлауынан тілімденіп, жылғаларда құм-қайраң түзілген. Салындылардан табылған өсімдік қалдықтарына қарағанда, қазіргідей қына мен мүк, тырбиған гүлсымақ емес, аралдың 32
өсімдік дүниесі аса бай болған сияқты, бұрын бұл арада биіктігі төрт-алты метрлік қызыл қайың шоғы, үйеңкі-тал мұзартқа жақын жатқанына қарамай, әр алуан дақыл өссе керек. Шамасы, мұз дәуірінен кейінгі кезде бұл жердің ауа райы жұмсақ болған тәрізді, өйткені мұндай өсімдіктер құрлықта тек ендіктен бірнеше градус түстікке қарай ғана кездеседі. Өлі мамонттардың тісінен, ұлтабарынан табылған азық қалдықтары әлгі жануарлардың осы өсімдіктермен қоректенгеніне куә. Ал өлі жануарлардың мұз бен салынды қабатында жатысының өзі олардың осы жерде өмір сүріп, осы жерде өлгенін аңғартады. Ал Үлкен Ляховский аралынын мұз дәуірден кейінгі кездің әр алуан сүтқоректілерінің сүйікті орны болу себебі неде? Мұны былайша болжауға болады: жер дамуының төртінші дәуірінің басында Сібір құрлығы қазіргіден гөрі терістікке қарай сұғыныңқырап жатқан да, Новосибирь аралдары сол құрлыққа кірген. Соңғы мұз басу дәуірінің аяғында, Сібірде әлгі мамонттар, ұзын қылшықты мүйізтұмсықтар, зәңгі бабаның түпкі аталарымен алғашқы қауымның адамдары бар кезде, құрлықтың осы қиян шеті жіктеле жарылып, кейбір тұсы төмен түсіп теңізге батып кеткен. Биігірек жерлері бірте- бірте мұздан арылып, өсімдік өсе бастаған. Қазіргіден күн әлдеқайда жылы болғанын жануарлар сүйегімен бірге табылған өсімдіктерден де көруге болады. Әрине, қаптап келе жатқан топан судан жануарлар қыраң жерлерге қашып шығып, аман қалғаны анық.. Сондай жердің бірі Новосибирь архипелагының басқа аралдары сияқты осы Үлкен Ляховский аралы болса керек. Аралдардың тап түстігіндегісі болған соң ба, оңтүстікке ауған жануарлардың дені осыған жиналыпты. Алайда ол айдынды бұғаз арқылы құрлықтан бөлініп қалып, аралға айналған да, жеткен жануарлар әлі кете алмаған. Жануарлардың көп жиналғаны сондай, азығы жетпей, арал олардың қырылғанда құлар қорымына айналған. 33
Онда қанша мамонт мекендегенін кәсіпкерлер ерте кезде алып келіп, Якут жәрмеңкесіне салған мамонт тісінен де аңғаруға болады. Санаққа қарағанда, олар жыл сайын мың – мың төрт жүз пұт, орташа – мың екі жүз пұт сүйек әкеп тұрған. Ірі мамонттың екі азу тісі сексен килограмм, яғни бес пұт тартады. Демек, жәрмеңкеге жыл сайын екі жүз қырық мамонттың тісі әкелінген. Олардың дені Үлкен Ляховский аралынан алынған, себебі оны жоғарыда суреттелгеніндей, теңіз толқыны шайып, мұз қабатында жатқан мамонт тістерін жағаға шығарып тастап отырған. Кәсіпкерлер де оларды көбіне осы арадан жинап алған, бұл мұз қабатын үңгіп, тоң қопарып жатқаннан, әрине, әлдеқайда оңай. Сөйтіп, бағзы заманда құрлықтың осы бір бөлегі өз пұшпағынан жырылып, аралға айналған соңғы мұз дәуірінің ақырында бұл арада мың сан мамонт босып жүріп бірте-бірте өліп біткен. Бірі жазда мұз ерігенде лай тасқынға қарық болған, екіншісі азын-аулақ шөбіне алдаусырап, мибатпақка батып кеткен, үшіншісі сары маса, сәйгел-бөгелектен қашып, жарылған мұздың арасына құлап, кейін құм-қайраңның астында қалған. Мұз басқаннан кейін тоң арасында осылай өлген жануарлардың ғана денесі сақталған. Ал жер үстінде өлгендердің етін жыртқыш аңдар мен құстар жұлмалап, тек саусылдаған сүйектерін ғана тастаған. Берік мамонт тістері болмаса, бара- бара басқа сүйектер бүлініп, күл боп біткен. Міне, бұл аралдың күллі терістік жағалаудан кәсіпкерлерді қызықтырған мамонт сүйегінің басты қоймасына айналу себебі содан. – Ляховский аралындағы қазбалы мұздың шығу тегіне деген Толльдің көзқарасын оқымыстылардың бәрі бірдей құптай бермейтінін ескере кеткен абзал, – деді сөзінің соңына қарай Горюнов. – Мәселен, Толльмен бір мезетте зерттеген Бунге бұл мұз бағзы мұзарттың қалдығы емес, кейін пайда болды деген пікір сабақтайды. Мұндай мұздар су қата солтүстік Сібірде күні осы уақытқа дейін түзіледі. 34
Күзгі аяздан жарылып, қыс қар толған мұз жарығынан көктемде тоң топыраққа құйылған судың қатуынан пайда болады ол. Олай болса, бұл мұздар мамонттар өмір сүрген дәуірден көп бері. – Мұз бертінгі болса, жануарлар қалай оның арасында қалған? – деп сұрақ қойды Костяков. – Мәселенің өзі де жануарлар қаңқасының мұзда емес, тундра қыртысы мен мұз қабатының арасында жатқанында болып тұр ғой. Толль осыны аңдап, атап айтқан. – Демек, олар қорыс-қопалы тундрада жайылып жүріп, ұшып өлген де! Сонда тундра олардың тұсында мибатпақты болғаны ғой. Біз мұнда әжептәуір ағаш, шүйгін шөп өскен деп естіп едік, – деп сөз қосты Ордин. – Бунгенің пікіріне баксақ, солайы солай, – деп жауап берді Горюнов. – Бірақ менің көбіне Толльдін болжамына ден қоятыным мынадан. Біз бүгін жарқабақтардан тундра топырағының арасындағы қабаттардың мұздан құрылмай, қайта мұз арасындағы жарықшақтарды топырақ толтырғанын көрдік. – Сібірдің солтүстігінің мұзданып бара жатқанына Ляховский аралынан басқа дәлел бар ма? – деп сұрады Ордин. – Мәселе оның бар екенінде болып тұр ғой. Толль мұз көшкіні кері шегінген кезде қалған көне мореналарды, яғни балшық пен құм жентектелген қойтастарды Таймыр түбегінен де, Анабар өзенінен де, Қазандық пен Жаңа Сібір аралдарынан да тапқан. Миддендорф эррат қойтастарын, яғни мұз әлдеқайдан домалатып әкеп Таймыр түбегінің ана жеріне бір, мына жеріне бір тастаған қойтастарды көрген1. – Қазбалы мұздың басқа да түзілу тәсілдері туралы менің бір оқығаным бар, – деді Ордин. – Тундрадағы көлшіктер көбіне түбіне дейін қатады, егер ол көктемде еруіне ерік 1 Тың деректерге қарағанда Сібірдің терістігі тегіс 60-62 градус Солтүстік ендікке дейін күшті мұздануға ұшыраған. 35
бермейтін лай-топырақпен көмкерілсе, қазбалы мұзға айналады. Қырқа баурайындағы тау-төбе күртік қарлар да құм-қайраң мен лай басса, біртіндеп мұзға айналады және оның сыртқы қабаты кездейсоқ бұзылмаса, ол міз бақпайды. – Дұп-дұрыс! – деп қостады Горюнов. – Олардың түзілетін тағы бір тәсілін айтайын. Бұлар – Сібір өзектерінің жағасында кейде қалыңдығы да, ені мен көлденеңі де тұп- тұтас болып жататын тоң мұздар. Оларды да көктемде құм мен лай басуы кәдік. Ондай қазбалы тоң мұздардан мамонтпен бір мезгілде жасаған жануарлардың денесі шыққаны бар. Алайда қазбалы мұздар мәселесінің көлеңкелі жақтары әлі көп екенін мойындау керек, олар өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Күні бүгінге дейін бұл мәселемен ешкім де арнайы, жан-жақты шұғылданған жоқ. – Маған мамонттар мен оның тұстастарының тіршілігі мен құрып кетуі туралы мәселе де жеріне жеткізе баяндалмай, әлі де тереңірек зерттеуді қажет етіп жатқандай көрінеді де тұрады, – деді Ордин. – Ал мысалға, олар не үшін көшкінмен жүрген немесе өзендердегі тоң мұздарға неліктен шыққан? – Бұл түсінікті емес пе: олар маса мен бөгелектен, басқа да шағатын жәндіктерден бас сауғалаған, бәлкім, ол кезде әлгіндей шыбын-шіркейлер тіпті көп болған шығар. Күні бүгін де солтүстік бұғылары жазда сүйтеді, сәйгелден бас сауғалап ерімей қалған күртікке, тоң мұздарға, теңіз жағасындағы мұзарттарға шығып кетеді, мүкке тойған олар жусап иә күйіс қайырып сол салқын жерде сағаттап тұрады. Әрине, мамонт мәселесінде мұнан басқа да түсінік керек ететін тұстар жетіп жатыр. Аталмыш жануарлардың құрып кетуі ауа райының нашарлауынан деседі. Бірақ ауа райы бірден нашарламаған, тұтас ғасырларға созылған сияқты, олай болса құрып кетер алдында ол жануарлардың тұқымы азып, ұсақталуы керек еді. Бұл жағы әлі қараңғы, сондықтан сүйектерді қайткенмен көп жинап, осы мәселенің бетін ашу керек. 36
– Әлде осы мәселемен шұғылдансақ па екен? – деп қалды Костяков. – Бір жылдан соң Россияға оралып, университетті бітіріп алайық, арғы жағын көре жатармыз... ЖАҢА СІБІР АРАЛДАРЫНЫҢ АРАСЫНДА Ертеңгісін елең-алаңда керуен қайта жолға шықты. Аралдың түстік жағасын бойлап батысқа қарай бес шақырым жүріп, олар мұз жарларды осының алдындағыдай тағы да барлауға мүмкіндік алды. Онан әрі теңізге дейін көсіліп, аралдың төрт шыңының бірі – Кигилях құзды тауымен көмкерілетін ұзыннан-ұзақ батыс түбек арқылы созылған асуға тап болды. Таудың состиып тұрған себебі бұрын айнала белдеулеп жататын аралдың бір бөлегі опырылып, ұзынша, тар қылта ғана қалған. Жолды отыз шақырымдай қысқарту үшін қылта басталысымен-ақ онан асып түсу керек еді. Кигилях таулары өз атын аспанға тік шаншылған діңгек сияқты жел мүжіген ғажайып шыңдарының көптігінен алған. Кәсіпкерлер бұл діңгектерден қиялында адам мүсінін табады да, тауды киелі деп қастерлейді (киги-адам, кигилях-адам сияқты). Мәселен, олар Бунге балғамен шекіп, жартастан тау жынысын алып көргенде, бұл батылдығы басына бір тиеді деп қатты наразылық білдірді. Сондай-ақ олар мына шыңға шығуға болмайды, бейәдеп жолаушы өркөкіректеніп шықса- ақ бітті, қою тұман орап алып, ол құздан құлап өледі дейді. Шынында да, тұман бұл араны қас-қаққанша тұмшалай қояды, сондықтан соқыр сенімділердің сандырағы аяқ астынан ақиқат болып кетеді. Шыңға қалай әлектенсе де шыға алмаған Бунгенің серіктері тауға бақыр мен күміс теңгелерден садақа тастап құтылған. Қылтадан өткенде жиһангездердің тәуір-ақ терлеуіне тура келді: әуелі нарталарды жағаның құлама жарына сұғынған 37
терең сайдан сүйреп шығарды, одан бірнеше шақырымнан кейін адырдың келесі бетіне тік жардан тағы құлдилады. Асудан асқан соң каюрлар Кигиляхқа бетін беріп, сәт сапар, табысты кәсіп тілеп, тағзым етті. Түксиген шыңдары түнере түсіп, қарға бөгіп дөңкиіп жатқан тау асудан жиырма шақырымдай қашық болғандықтан, каюрлар садақаға тиын- тебен тастамай, бірер шөкім темекі шашумен ғана құтылды. Қараңғы руластарына қарағанда көкірегінің саңылауы бар, саналы Гороховтың өзі садақа беруге араласпағанмен: – Қап, мына соқыр сенімділер қыруар темекіні рәсуа қылды- ау! – деп мырс еткен Никифоровқа ала көзімен ата қарады. Еңіске түскен соң олар аралдың терістік-батыс беткейін жағалай отырып терістік-шығысқа бет алды, бұл беткей айналасы жүз шақырымға жуық, сүйір басы солтүстікке бағытталып қисық сызылған үшбұрыш сияқты. Жол оншалық ауыр болған жоқ, мұз шоқылар көбінесе жағамен жарыса жатқандықтан, арадағы ашық айдынмен, аракідік ұшырасқан белестерді басып жүре беруге жағдай туды. Каюрлар аспанға қарап қойып, иттерін қыса айдады. Казачьеден шыққанда тып-тынық, ап-ашық ауа райы бұзыла бастады: күн түтін түстес ұлпа бұлт шымылдығының ішінде буалдырланып тұрды да, терістік-батыстан ауық-ауық ызғырық жел соқты. Қоналқаға қолайсыз жерде боранға ілікпес үшін асығу керек болды. Жағалаудан табылатын салынды ағашқа сеніп, отын да ала шықпаған еді. Қылтадан жиырма шақырым жерде тар да құлама мұзарт тап болды. Оның бір жерінен Горохов жиһангездерге көзге түсе бермейтін аңғарды көрсетті, бір кезде әжептәуір айдынды Жекекөл осы арадан теңізге қотарылыпты. Түлеген кезінде аралда жаз жайлап қалатын жабайы қаздардың сүйікті орны да осы көл еді. Оған кәсіпкерлер де көп келіп, түлеп жүрген қаздарды1 жүздеп таяқпен ұрып ала беретін. Көл құрып кеткен соң қаздар 1 Қаздар түлеген кезде қауырсының жүні түсіп, ұша алмайды. 38
басқа жаққа ауып, кәсіпкерлер өздеріне де, иттеріне де нәпақа болып тұрған олжасынан құрамай қапты. Үлкен Қыстақ өзенінен асқан соң арал жағасы тегістеніп, қиырынан орталық Хаптағай тауы көрініп тұратын тұсқа қарай біртіндеп биіктейді. Осы өзеннің сағасынан бастап алыстан әрең көрінген Кіші Ляховский аралының терістік пұшпағына шығу үшін бірте-бірте жағадан жырылып, оңтүстікке қарай ойыса беру керек еді. Алайда каюрлар батыс көкжиекті көзбен шалып алды да, жағаның тура өзін бойлай жүрген жөн деп, иттерін бұрынғыдан да қыса айдады. – Күн бұзылғанша бұлардың Ванька мүйісіне жетіп алғысы келді, – деп түсіндірді олардың ойын каюрлармен бірер сөз қатысқан Горохов. – Мүйістің арғы жағында бораннан қорғануға да, отындық ағаш табуға да болады. Түс ауа Адасқақ өзенінің сағасынан аса-ақ батыс желі жебей соғып, сеңгір-сеңгір сеңдер басындағы ұлпа қарды ұйтқытып, алақұйындатып айналаны шаңыттырып жіберді. Еңкейген күн осы алақұйынның арасынан зорға сығалайды. Күн суытып кетті. Тегіс жерде иттер бар пәрменімен жүгіріп, шаңғылы адамдар әрең ілесіп келеді, мұз шоқыларға тап болып, нарталарды сүйреп шығару үшін қолмен жұмыс істегенде ғана сәл табан суытып алады. Жел сәл саябырланып, көз көріне бастағанда алдан Ванька мүйісінің қарауытқан тұлғасы шалынды. Тир өзенінің сағасынан асқан соң теңізге дендей сұғынып мүйісті айнала берді олар. Бұл тұста батыс жақтан аспан қорғасындай сұрланып алып, ұйтқып-ұйтқып кеткен жел жығып кете жаздайды, қар көз аштырмай, өткір инесін бетке қадайды, иттер басын оңға бұрып, тұмсығын жерге төсей жүгіреді. Мүйісті әупіріммен орап өтіп еді, тыныс та кеңіп сала берді, тасада жел онша ексімдей алған жоқ. Тас төбеде қар бұлтын іріккен аспан да сүттей аппақ, төменде сол бұлттан үзілген бірер қар қапалағы ғана қалқиды. 39
Күн әлі ерте болғанымен, бұдан әрі жылжу жайын тіпті ойлаудың өзі артық, мүйістен әрі ақтүтек боран қойнына сүңгимін десең де қия бастырмайды. Мүйістен шығысқа таман көсілген терең бұғаз да ақтүтек арасында ғайып болған. Мүйістің панасы өз төңірегіне ғана жетіп тұр. Бұл жерде қашаннан да баспана жоқ, сондықтан жаз жардан құлап тоң болып қатқан қыртыстылау жер тауып, құламаның етегіне шатыр тігуге тура келеді. Каюрлар болса, өздеріне басқа орын сайлап алды, балтамен шауып, тік жапсарлас күртік қардан үңгіп үйшік жасады олар. Горохов жиһангездерге де солардан қалмай қардан күрке жасап алыңдар деп ақыл берді, себебі жел терісыңғай шығып, мүйістің пана болмай қалуы мүмкін. Боран бір басталса, тәулік бойы, тіпті екі күн соғуы да ғажап емес. Балта тиісімен тақта-тақта болып түсіп жатқан қасат қардан апан қазу қиындық келтірген жоқ. Жел бағыты өзгерсе қалқа болсын деп олар қар тақтасын дестелеп, апан аузына үйді. Сосын жағалаудағы мұз шоқылар мен күртік қарды қазып, отынға салынды ағаш тауып алған соң ғана нарталарының жүгін түсіріп, тар болса да жайлы үйшіктеріне жайғасты. Нарталар мен сирек мұз тасасында байжарақ арасында ас берер кезді күтіп, қалаштай бұратылып иттер жатыр. Отты олар қар күркенің ішіне емес, жар қабырғасының тасасына жақты, өйтпегенде жылудан үйшіктің іші еріп, кісілердің төбесінен тамшы ағатын еді. Боран түні бойы соғып, тек келесі күні түсте ғана тынды. Жел саябырлап, аспан сәл ашылғанда ғана олар жолға жиналды. Ванька мүйісінен он шақырымдай тұрған терістік- батыстағы Кіші Ляховский аралының тура тұмсығына бағыт ұстады олар. Бұл арал Үлкен Ляховскийден көп кіші, терістіктен түстікке қарай қырық-елу шақырым созылып жатқан айта қалардай құзар биігі жоқ, адырлы жота. Жағаны бойлай отырып, аралды айнала орап олар терістік тұмсыққа жетпей қоналқаға тоқтады. Жауын-шашыннан жалғыз-ақ пана 40
– сеңгір-сеңгір сең шоқылар, бірақ бұлардың бақытына қарай тымық болды. Келесі күні жолдың ең қиыны – Кіші Ляховский мен Қазандық аралдары арасындағы жетпіс шақырым жерді жүріп өтуге тура келді. Қиын-қыстаулығы сол, бұл арадан шығыстан батысқа қарай теңіз ағымы өтеді де, күзде көпке дейін қатпай жатады, қатқан күннің өзінде де дауыл болса, мұзы ашылып кетеді. Соның салдарынан көшкін мұздар жиі қозғалып, сеңдер тау-төбе болып көп тізіледі. Теңізде қонса қажет отын, ол-пұлын артып олар Қазандық аралындағы ең түстікте тұрған Аю мүйісін бетке алып терістік- батысқа жылжыды. Қазандық аралы көкжиекте төңкерген қазан сияқты дөңкиіп көзге шалынады, аты да осы көрінісінен алынса керек. Аралдың ең биік нүктесі Молақатын тауының шағын шыңы сол қазанға шығып тұрған тәрізді. Бастапқы жиырма шақырым жол тіпті жеңіл болды, сеңдер сирек әрі аз. Алайда ағым мен күзгі жылым алқабында бірінен-бірі сұсты сеңдер басталды. Кейбір мұз шоқылар шоғыры мен жеке сеңдердің биіктігі жиырма метрге жетеді. Балта қолданып жолды қиып салуға, әбден титықтаған иттерге көмек беріп, нарталарды арқанмен (өрме қайыс арқан) сүйреп шығаруға тура келді. Кей сеңдерге бір, иә жарым сағат кетті. Сондықтан күн батқанша жолдың жарымы ғана және бір жақсысы, ең қиыны артта қалды. Асу бермеген бір сеңгір сеңнің түбіне түнеуге мәжбүр болды олар. Бірнеше мұз шоқыны ықтап шатыр құрды да, апыл-құпыл ауқаттанып алып жатып қалды. Күні бойы қалжыраған олар қатты ұйықтады. Түн ортасында төбесінде шатырдың қатты сықырлағанынан оянған Горохов: – Тағы да ұйтқып кеткені ме? – деп міңгірлеген қалпы келесі жамбасына аунап жатпақ еді, шатыр быт-шыты шығып жыртылардай, шайқалып-шайқалып кетті. 41
«Шамасы, жайшылық емес» деп ойлаған Горохов төсек қаптан шығып ауызға барып, қалың матаны әрең ысырып, басын сыртқа шығарды. Мұздақ қар бетін сабалап, көзді аштырмайды. Шатыр ұшқалы қомданған құстай желпілдеп бір орында тұрар емес. «Не лаж бар, бәрін де оятып, беркіне беру керек, – деп ойлады кәсіпкер, – әйтпесе жазым болуымыз кәдік». Ұйықтап жатқандарды ол шайқап оятып, бесеуі де төрт тағандай еңбектеп сыртқа шығып, шатыр іргесін ұстап тұрған темір қазықтарды мұзға тереңдете қағуға кірісті. Сонан соң үшеуі де еңбектеп жүріп жүк тиелген нарталарды сүйреп әкеп, үшеуін шатырдың үш жағына қойып, арқанмен матастырып байлап тастады. Осының өзіне көп қайрат-күш жұмсауға тура келді: жел аяқтан шалып, тынысты тарылтып, қар көзді аштырмады; төңірек түгел қап-қараңғы, үш адым жерден біріңді бірің тани алмайсың. Сеңгір-сеңгір сеңдердің саңылауынан өкіріп, өксіп, ұлыған, ысқырған желдің арасынан он қадам жерде тұрған каюрлар шатырынан балта тоқылы келді. Олар да оянып, бекініп жатқанға ұқсайды. Қолдан келген амалдың бәрін жасап болып, ұйықтағалы қайта қисайғанда олар ұзақ уақыт жылына алмады, әбден жел өтіп, қойны-қонышына, тіпті жеңіне дейін қар толып қалыпты. Таң ағара бірінші болып оянған Горюновтың боран басылмасына көзі жетті. Бірақ шатыр қозғалмай, үстін қар басып бүйірі тысырайып, ауыр салмақтан үрген қарындай жарылғалы шақ тұрды. Тағы да сыртқа шығып қарды аршуға тура келді. Горюнов жолдастарын оятпай, бұл жұмысты күрекпен өзі-ақ жайғап тастады. Буалдыр мұнар арасынан маңайдағы мұз шоқылар көріне бастады, жел бәсеңдеген сияқты, оның есесіне жылбысқы ұлпа қарды үйіпті де салыпты. Қырылдаған айқай мен қатты ыңқыл Горюновты каюрлар шатыры жаққа жалт қаратты. Шатыр әлгінде ғана қарауытып 42
тұр еді, енді көрінбей кетті. Бір пәленің болғанын іштей сезген ол адым сайын қарға көміліп қалған иттерге сүрініп жүгіріп келді. Бақса, бұлардың шатыры ескі екен, ауыр салмаққа шыдамай жыртылып кетіп, ұйқыда жатқандарды қар басып қалыпты. Олар қар басқан көрпесінің астында тырп ете алмай, ауа жетпегеннен тұншығып, ыңырсып, барлығып жатыр екен. Горюнов шатырына қайта кеп жолдастарын оятып, өзі күрекпен қар көмген каюрларды аршып алуға кірісті. Іле жеткен Горохов пен Ордин де оған көмектесіп, шатырды қарымен басқа жерге көтеріп қойып, кісілерді құтқарып алды, біреуі талықсып қалған екен, оның есін енгізуге тура келді. Өстіп әуреленіп жүргенде жарық болып, боран басылып, күн ашылды, қар жаууы сиреп, жел аракідік қана ұйтқып кетіп тұрды, шығыстан өлеусіреп күннің көзі көрінді. Иттерді, нарталарды аршып алып, шай ішіп олар қайта жолға шықты. Жаңа түскен қар жабысқақтанып аяққа едәуір тұсау болды, ол ойлы-қырлы жердің бәрін тегістеп жіберіп, иттер де, нарталар да оппаларға түсіп кетіп отырды. Иттерге жол төсеп отыру үшін екі адам алда шаңғымен жүрді. Қазандық аралының жотасы алда көкжиектің ширек бөлегін алып жатты, енді онан менмұндалаған шыңдар мен жаға жарын айыруға болатындай, қар көрпенің арасынан жеке-жеке ноқат құсап құзтастар қарауытады. Одан оңға қарай арасы онша қашық емес Фадеев аралы көкжиектен болар-болмас қана көзге шалынып жатыр. Күн батқанша қыруар мұз шоқылар шоғырын артқа тастап, олар Аю мүйісіне жетіп, одан соң оңтүстік-шығыс жағалаудағы лашыққа дейін жеделдетіп бес шақырым және жүрді. Бұл жаға Үлкен Ляховский аралының жағасындағыдай мұз құрсанған емес, қатты тау жыныстарынан тұрады екен, ол жыныстар кейде мұз үстіне қабырға боп қаланып, кейде күртік қармен қалқаланып теңізге шымылдық боп ұсталғандай. 43
ҚАЗАНДЫҚ АРАЛЫН ЖАҒАЛАЙ Жағадағы лашық жартылай құлап қалған екен. Олжа онша болмағандықтан бұл аралға кәсіпкерлер онша келмейді және жетуі де оңай емес. Сондықтан аралдарға ғылыми-зерттеу жүргізген кезде жөнделетін лашыққа жылдап адам қолы тимейді, сонан шатырынан тамшы ағып, төбесі опырылып, қабырғалары құлайды. Бірақ түнеп шығу үшін жөндеудің ретін таппай, күн жақсы болған соң олар мұзға қонды. Елең-алаңда бәрі иттердің абалағанынан оянды. – Аю болып жүрмесін! – деп Горохов шала-шарпы киінген бойы мылтығын алып шатырдан ата шықты. Қалғандары да оған ілесе шығып ғажап бір көріністен аңтарылып қалды. Иттердің арғы жағында он қадамдай жерде батылсыздана қарап үш ақ аю тұр. Байлаулы сексен иттің бәрі қарғысында шапшып, артқы аяғынан тік тұрып, шаптыға шабаланады. Ырылдаған, қырылдаған ызы-шуынан тірі тұрсын, өлі адам оянғандай. Зады, аюлар екі жақ бүйірден ешбіріне жұлмалатпай қай итті тарпа бас сап бүктеп тастауды ойлап тұрса керек. Байлауы матасып бір жерге топырлап, сонда да шабаланып жатқан иттердің шеткі жегініне аюлар бұрыла беріп еді, сол сәт екі шатырдан да мылтық гүрс етті. Ординнің атқан оғы тиген бір аю мұзға мұрттай ұшты да, қалған екеуі қан-жоса із тастап тұра қашты. Каюрлар бар, Горохов пен Горюнов бар, шамасы, қатты жараланған бір аюды қуып жетіп, соғып алды. Үшінші аю сеңдердің арасына кіріп жан сауғалады. Аяқ астынан түскен олжа кісілерді де, иттерді де етке кәре ғып тастады және аралдың теріскей шалғайынан салынбақ қоймаға қыруар сақтық сүр қалдыруға жағдай жасады. Етті мүшелеп бөлу аз-ақ уақыт алды да, ұзамай керуен терістікті бетке ап ілгері жылжыды. Арал жағалай саяхат жасауға табаны күректей төрт күн кетті, себебі ол ұзынынан 44
жүз сексен шақырым болғанымен, жаға бойлай жүргенде екі жүзден асушы еді. Іштей қарағанда арал түгел таулы, тастақты тундраға ұқсайды. Арал жағалай ақырғы асудан асарда түс ауа Решетникова өзенінің сағасынан өтер тұста күн кенеттен тағы да бұзылды. Аспанды әудемде бұлт торлап, оңтүстік-батыстан жел тұрды да, қар төпеді. Аяз күшті болмағасын қарға қарамай олар ілгері тарта берді, ойға алған Қазандық аралының терістік тұмсығы таяу еді. Аралдың бұл тұмсығы біртегіс мүйіс тәрізді. Қыстап қалсақ қажет болар деп Толль экспедициясы қойманы соған тақау салған. Құрлыққа қайтар жолда қыстауға тура келе ме деп Горюнов та қоймасын сол лашықтан сайламақ болды. Лашық тәп-тәуір екен, онан іздестіру аяқталған соң қажеті болмай қалдырып кеткен біраз азық-түлік табылды; оның ішінде әжептәуір сүр, бірнеше жәшік консерві мен кепкен нан, бір теген аю майы, тіпті қатып жатқан тұтас бұғы еті бар. Аралды жаз көп бұғы жайлайды, олар ерте көктемде мұз үстімен келіп, күзде су қатқан соң құрлыққа қайта оралады. Олар осынау қиын сапарға ата жауы адамнан сақтанып бас тігеді, әйтпесе күз терістіктен қайтқанда жел құлап, жұқа мұздың ойылып кетуі кәдік. Оның үстіне арал емін-еркін жайлауына жақсы және құрлықтағыдай адамды да, хайуанды да мезі қылатын маса-сона жоқ. Бұғылардың аралға өтуі басталғанға ұқсайды, Кіші Ляховский маңында ара-тұра олардың ізі көзге шалынды. Каюрлар болса келуі енді жиілеуге тиіс бұғыларды қайтар жолда ауламақ. Сондықтан олар нарталарындағы жүкті түсіріп, жиһангездермен қош айтысып, қалған күнді пайдаланып бұғы аулау үшін қоналқаға қолайлы жер іздеп, Қазандық аралының шығыс жақ жиегін бойлай тартты. Олардан экспедиция барысын баяндап, Горюнов Шенкке хат жазып жіберді. Бұл Горюновтьң жіберіп үлгерген ақтық хабары еді, оның өзі астанаға тек күзде ғана жетуі керек. 45
Жиһангездер каюрлармен көңілі құлази қоштасып, қашан олар қылтадан бұрылып көзден ғайып болғанша ту сыртынан қарап тұрды. Өзге әлеммен бұларды жалғастырып тұрған ақырғы жіп те үзілді. Олар енді өздеріне өздері ғана сүйеніп, басқа бір көмек жайын тіпті қаперіне де алмай, беймәлім тірліктің табалдырығында жападан-жалғыз қалды. Ауыр ойдан арылу үшін олар қоймаға қалдырмақ мүліктері мен азық-түліктерін реттеп сұрыптай бастады, ертеңіне күн жақсы болса, терістікке қарай жедел жол тартпақ. Мезгіл наурыздың аяғы, күннің ұзақтығы он үш сағаттан асады, ашық болса жер жіпсіп, жол бұзылуы ықтимал. Олар жәшіктерді сұрыптап белгі салып, дестелеп лашықтың түкпіріне тықты, соның өзінде оларға қонып шығар орын қалды. Кешкісін басылған жел түн ортасында қайта күшейіп, аяз 40 градустан асты, онымен қоймай боран көтерілді. Таң ата иттерге ас құйғалы тысқа шыққан Горохов пен Никифоров тоңып жаурап келіп, жол жүру мүмкін емес екенін хабарлады. Мұндайда тырп етпей тек жату керек, жатпаса тандырдан түтін шалқыған күңгірт лашықта отырып барқадар таппайсың. Олар тек ас әзірлегенде ғана тұрып, қалған уақытта жамбастап жатты да қойды. Бораннан амалсыз отырып қалған күннің ертеңіне Никифоров тандырға от тұтатып жүріп, лашықтың бір бұрышына үйілген отынның арасынан сырты бұдырмақты, сәл иілген, бір ұшы істік ап-ауыр әлдене тауып алды. Оны қолында аударыстырып тұрып, жанатынына шүбәланған ол Гороховқа көрсетті. – Бұл эксекю құстың тырнағы болса керек, – деді якут. – Тырнақ? Қой, бұл менің қолымнан сәл ғана қысқа ғой, – деп таңданды казак. – Тырнағы мынадай құс біздің лашығымыздан да үлкен болуы керек қой онда. Бұл құс қайда мекендейді? – Қариялар ол Қазандық аралында болған дейтін. Алғашқы кәсіпкерлер оны көрсе керек. Осы дұрыс деп ойлайсыз ба, қалай, Матвей Иванович? 46
Горюнов олжаны аудара қарап мырс етті де, Ординге ұсынып жатып былай деді: – Бұл – мамонттьң тұстасы, ұзын қылшықты мүйізтұмсықтың мүйізі. Мұндай мүйіздерді мен Якут музейінде де, Петербургта Ғылым академиясының музейінде де көргенмін. – Онда мұны неге алып құстың тырнағы санайды? – Себебі бұл түрімен де, бетіндегі бұдырмағымен де тырнаққа ұқсайды. Біздің өлкедегі юкагир, ламут, тұңғыстың бәрі де осылай ойлайды. Оны айтасың, кейбір оқымыстылар да осы пікірге тоқтаған. Новосибирь аралдарын алғаш зерттеуші Геденшторм «Сібір туралы үзік ойлар» кітабында әлгі тырнақтар жайында құстікі екеніне еш күмән келтірмей- ақ айтады. Қазандық аралында Толль Қымбат өзегіне таяу Эксекю қырқасына шыққан, сонда оны да жолбастаушылары әлгі құстың осы арада тіршілік ететініне иландырған. Олар құстың үлкендігі сонша, ол ұшқанда күннің көзі көрінбей қалушы еді дейді. Қазандыққа бірінші келген кәсіпкерлер қырқаға шыққанда жаңағы құс «маук», «маук» деп шаңқылдап ұша жөнелген. Төбеден олар жұмыртқа қабығы мен үлкен- үлкен қауырсындар тапқан. Бірақ содан қайтып құстың өзін көрген тірі пенде жоқ. – Айтуға қарағанда оның екі басы болған, – деп сөз қыстырды Горохов. – Иә, иә. Бәрінен де біздің бақыр теңгелердегі екі басты бүркіттің юкагирлердің ойынша, эксекю құсы болуы ғажап. Врангельдің айтуынша, оларда құс туралы таңғажайып аңыздар көп. Кейде мүйіздердің қасынан табылатын мүйізтұмсық бассүйегін олар эксекюдікі деп те салады. – Сібірдің тұрғын халқы мамонт туралы да неше түрлі ертегі, соғады, – деді Ордин. Бұл күні жиһангездер Горохов пен Никифоровтан мамонт және басқа жойылып кеткен жануарлар жайында сұрап, өздерінің кітаптан оқығандарын айтып уақыт қысқартты. 47
МҰЗДЫ ТЕҢІЗ АРҚЫЛЫ Жиһангездерді үш тәулік бойы тұтқынында ұстаған боран да ақыры басылды-ау. Көктемгі күн шұғыласы Қазандық аралының терістігіндегі мүйісінен басталып, батысқа да, шығысқа да, солтүстікке де кең жайылып кеткен Мұзды теңіздің шалқар айдынын кіреукелеген ақ қарға шағылып, сәскеден-ақ айнадай жалтырады да жатты. Көзді қарықтырып алмас үшін барлығының да көзілдірік киюіне тура келді. Әйтпесе Қиыр Солтүстікте көктемде көп болатын көз ауруына шалдығуы кәдік. Күн әлі аласа тұр, әсіресе соңғы жауыннан кейін жалтырап кеткен айдын қары құйтақандай мың сан айнаны шұғылаға шағылыстырып бетке ұстағандай, өткір нұр жарқ-жұрқ етіп көзді қарықтырады. Ондайда кісі бірнеше күн түк көрмей қалады да, оның ақыры жанарды шағып шымшылаған ауруға ұласып, жаныңды жай тапқызбайды. Ең күңгірт көзілдіріктің өзі, екі жаны қалың тормен қапталып бетке жабысып тұрмаса, көмек бере алмайды. Тұрғылықты жұрт ортасынан сәл ғана саңылау шығарып көзілдірікті тақтайдан жасайды, алайда ол да ұдайы пана бола бермейді. Горохов пен Никифоров күртік астынан нарталарды қазып алып, иттерді жегіп, жүктерді артып болғанша үш жиһангез маңайды барлап, теңіз арқылы жүрер бағытты болжағалы мүйістің ту сыртында тұрған жатаған төбеге көтерілді, ашық күн алыстың өзін алға жайып тұр. Қыс боран білгенін істеген теңіздің қарлы айдыны әр жерден бұзылып, сеңдер үздік-создық созылып ана тұстан бір, мына тұстан бір состиып, қар қаптаған жылтыр ұшы жасыл тартып, айнадай жарқыраған басқа мұз шоқылардан оғаш көрінеді. Кейде ақ киіздің арасынан қоңыр жолақтар шалынады, бұл – жылым емес, қарын жел сыпырып, жалтыратып тастаған мұз. Төменде қырық шақырымдай қиырда ғана бозамық тұман арасынан ашық теңіз – көкжиекті тұтас алып жылым жатыр, оны тіпті айналып өтуге де 48
болмастай. Аспан бұлыңғыр болғанда ашық су қара дақ құсап көрінеді, себебі оған сұр бұлттың көлеңкесі түседі. Жылымнан әрі жатқан алқапты тұман басып терістік көкжиектің тап түкпірінен мұнардан қылтиып бір қара бұлдырайды. – Дәу де болса Беннетта аралы анау, – деп оған бірінші болып көзі түскен Ордин дауыстап жіберді. Ол нұсқаған жаққа Горюнов пен Костяков жалт қарады. Горюнов бірден компасқа жармасты. – Беннетта аралы бұл емес, – деді Горюнов. – Ол арал шығысқа қарай бұрыс және Қазандықтан көрінбейді де. Зәуде бір сағым болмаса, біздің көріп тұрғанымыз – Санников жері. Толльдің айтуына қарағанда, ол осы жақта болуға тиіс. Жалма-жан екеуі дүрбісін суырып, біреуі «Санников жерін іздеу үшін» Шенк берген көне қарауыл тұрбаны қолға алды. Жылым тұманының ар жағынан әлгі қара бірде қылаң етеді, бірде көрінбей кетеді. Соған қарамастан оның басында қар жатқан сүп-сүйір шыңдар тізбегі екенін, бөлек-бөлек болып көрінгенімен, тұтас қарлы дала екенін көріп білді олар. Жаңағы сілем біраз жерге дейін жалғасып барады да, екі жақ еңіске қарай сіңіп жоқ боп кетеді. Тура жүрсе, оған дейін жүз жиырма-жүз отыз шақырым жер. – Анау, сөз жоқ, жер! – Жер болғанда да жоғары, таулы жер! – Қалайша, оны қар тұтас басып жатқан жоқ? – Сірә, тау баурайы бар тұсы бірдей қар ұстамайтын тік жар болуға тиіс. – Ондай құзар биік тауларда қаз-үйрекке де, онкилондарға да орын болмасқа керек. – Таулардың ортасында жазық жер бар. – Қайткенмен де бұл сағым емес, Санников жері, – деп мәлімдеді Горюнов. – Ол көкжиектің Толль мен Санниковтың өзі көрген тұсында тұр. Сағым болса ұдайы бір орында тұруы 49
тиіс емес, ол жылымның үстінде іркіліп, жылымның орын ауыстыруына қарай түр көрінісін де өзгертіп тұрады. Жақсы дүрбіден қарауыл тұрба тәуір боп шықты, оны ұстап тұрған Костюков екі тау сілемін көріп, алдыңғысының аласа әрі бастан-аяқ аппақ екенін, аржағындағы биігінің қара құз, шың екенін ажыратып та берді. – Екі жотаның арасы жазық екенінде шек жоқ, бәлкім, кең де жазық болуы. – Оны мекендеген онкилондарға адам аяғы жетпеген десеңші, – деп сөз қосты Ордин. – Ал біз барып қой, олардың тыныш тіршілігінің шырқын бұзамыз, – деп қосарланды Костюков. – Былайғы дүниеден бірнеше ғасыр бөлініп қалған адамдарды көз алдыңа келтірудің өзі қиын. Иттердің үргені, ұлығаны, қыңсылағаны қырқаға да жетіп, әңгімені үзді де, жолға шығу керек екенін еске салғандай болды. Боран иә қатты аяз болмаса ғой, бұл ит бейшаралар шапшаң жүргенді қалап, бәрі дайын болған кезде, осылай үріп, ұлып өздерінше қуанышын білдіріп жатады. Горюнов компасын жаңағы жұмбақ дүниеге қарай тағы бір бағыттап алды да, үшеуі де еңістегі, үйшікке беттеді. – Дегенмен жер бүгін көрінді ме? – деп Горохов оларды сауалмен қарсы алды. – Тамаша көрініп тұр, ешқандай күмән енді болуы да тиіс емес, – деді Горюнов. – Көру керек екен өзін. Сіздер шай ішкенше қырқаға жүгіріп шығып та келемін. Мен бір-ақ рет көрдім, оның өзі де шала-шарпы. Жиһангездердің дүрбісін алып, екі кәсіпкер қырқаға жөнелді. Біреулер лашыққа, біреулер төбеге қарай тартқанын көріп тыншыққан иттер жегілген қалпы жата-жата кетті. Төбеден түскен Горохов пен Никифоров та Санников жері өте жақсы көрінетінін өздері оны бұрын да сол бағдардан байқағанын айтты. 50
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344