Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Василий Радлов "Алтын сандық"

Василий Радлов "Алтын сандық"

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-11-23 18:06:39

Description: Василий Радлов "Алтын сандық"

Search

Read the Text Version

беріп едім, сол тоқтының еті тиген бе екен, соны біл. Əкем жақсы ма екен, жаман ба екен соны біліп кел\", — деді. Жігіт айтты: \"Жарайды, барайын\". Хан айтты: \"Бармасаң, мен сені сексен арба сексеуіл əкеліп өртеймін\", — деді. Жігіт үйіне келді. Қатыны айтты: \"Хан сені неге шақырған екен?\", — деп сұрады. Байы жылады. \"Неге жылайсың?\" — деді қатыны. Байы бəрін де айтты. \"Бар, — деді қатыны, — үш күн мұрсат сұра!\". Жігіт жүгіріп ханға келді. \"Тақсыр! — деді,— кішкене айтатұғын дəтім бар, үш күн мұрсат беріңіз\", — деді. Хан: \"Жарайды\", — деді. Үш күн мұрсат берді. Жігіт үйіне келді. Қатыны хат сызды, əкесінен тілек қылып жазды. \"Балам, əлі жетпегенге зорлық қылма. Қара тоқтының еті маған тиді, сол тоқтының етіменен күн көріп жатқаным. Мен де бір күнде зорлық қылушы едім, қылған зорлығымның қынасын тарттым. Жалған дүниеге екі күнде нанбасын. Шын дүние мында екен. Балам келсін қасыма. Үйдің оң жағындағы алтын бағананың түбінде алтын ақша бар. Сонда көмгенмін, алсын балам! Сол жағындағы күміс бағананың түбінде күміс ақша бар, сонда көмгенмін, алсын балам\", — деген қағаз сызды. Қатыны айтты жігітке: \"Сен, жігітім, бар, сексен арба сексеуіл алып келіңіз деп айт\", — деді. Жігіт барды, айтты. Хан сексен арба сексеуіл алып келгізді, бір жерге үйді. Қатыны жігітке айтты: \"Астына от жағар, төңіректің төрт бұрышын тұман қылар, сен сексеуілдің үстіне шығып тұр. Сонда мен көк кептер болып сені көтеріп əкетермін\". Сексеуілді хан үйді, жігіт үстіне шықты. Сексеуілді хан өртеді, төңіректің төрт бұрышы тұман болды. Қатыны көк кептер болып келді де, жігітті көтеріп əкетті. Қатыны байын алып келді үйіне, үш күн, үш түн сақтады. Үш күн өткен соң: \"Таңертең күлдің ортасына еніп жата қал\", — деді. Қағазды қойнына салды. \"Хан келсе, қағазды бере ғой\", — деді. Байы ерте тұрып, күлге келіп, күлдің ортасына жатты. Таңертең хан келді. Жігіт түрегелді ішінен. \"Ассалаумағалайкум, алдияр!\" — деді. \"Уағалайкумассалам, жігітім!\" \"Бардым, алдияр\". \"Барсаң не айтты!\" Айтқан сөзге нанбайсың деп, қағаз жаздырып алдым, мə деп қағазды берді. Хан қағазды оқыды: \"Балам, əлі жетпегенге зорлық қылма. Қара тоқтының еті маған тиді, сол тоқтының етімен күн көріп жатқаным. Мен де бір

күнде зорлық қылушы едім, қылған зорлығымның қынасын тарттым. Жалған дүниеге екі күнде нанбасын. Шын дүние мында екен. Балам келсін қасыма. Үйдің оң жағындағы алтын бағананың түбінде ақша бар, сонда көмгенмін, алсын балам! Сол жағындағы күміс бағананың түбінде күміс ақша бар, сонда көмгенмін, алсын балам!\". Хан сызған қағазды оқып, үйіне келді. Жұртын жиып алып айтты: \"Мені өртеңіз, сексен арба сексеуіл əкелсін. Əкемнің қасына барамын. Жақсымын деген қағаз жіберіпті маған, үш күнде əкемнің қасы жақсы болса келмен, жаман болса үш күнде барып қайтып келермін. Үш күнде келмесем, артымда қалған төлеңгіттерім келіңдер!\". Сексен арба сексеуілді əкелгізді, бір жерге үйгізді, ханды өртепті, хан күйіп кетіпті. Үш күн өтіпті, артында қалған төлеңгіттері, елінің игі жақсылары өртенді. Шаһарға тəуірі манағы жігіт қалыпты. Жігіт ханның қызын қатын қылыпты, шаһарын билепті. Өзі хан болып тұрыпты. Бастапқы қатынынан бір ұл туыпты. Ұлды төсіне мінгізіп жатыпты. Жігіт солай жатып күліпті. Бастапқы қатыны: \"Неге күлдің, мырзам?\" — деп сұрайды. \"Əшейін күлдім. Жоқ, айт, ойыңа бірдеме түскен соң шығар\". Жігіт айтты. Айтайын саған. Сен сөзімді тыңда. Жас күнімде əкеден, шешеден жетім қалған екенмін, сөйтіп жүргенімде бір байдың сиырын жайдым, жалшы болып сиыр жайып жүргенімде күндердің бір күнінде бір қатын келді. Қатынға амандастым, есендестім. \"Қайда бара жатырсың?\" — дедім. Қатын: \"Бір түс көрдім\", — деді. \"Не түс, айтшы?\" — деп сұрадым. \"Ұйықтап жатыр едім, түсімде басымнан ай туыпты, аяғымнан күн туыпты, жүрегімнің басынан жұлдыз туыпты, осы түсімді іздеп келемін\", — деді. \"Түсіңді сат\", — дедім. Ол қатын түсін сатты маған, бір құнан өгіз бердім. Үйге келіп кешке темірден етік соқтырдым, темірден таяқ соқтырдым. Темір етіктен теңгедей қалғанша, темір таяқтан тебендей қалғанша жүрдім, жүріп келіп сізге душар болдым, соған күлдім. Үлкен қатыны айтты: \"Оның несі бар. Басыңнан ай туғаны — мені алдың, аяғыңнан күн туғаны — ханның қызын алдың. Жүрегіңнің басынан жұлдыз туса мынау балаң. Түсіңді іздеп келсең, қабыл болды\", — деді.

ЖЕЛКІЛДЕК Бұрынғы заманда Нарманбет деген хан болды. Хан жүз тоқсан екі жыл жасады. Өзтемір деген інісі болды. Өзтемір қырық екі кісіге бас болып кетті. Нарманбеттің екі қызы болды, біреуінің аты — Күнікей, екіншісінің аты — Тінікей еді. Екі қыз ұйықтағанда түс көрді. Тəңертең жеңгесіне келді, бір шапанды жамылды, екеуі бір жағадан бастарын шығарды. \"Жеңге, — деді.— Мен бір түс көрдім, От жағалай іс көрдім. Екі де қара тең көрдім, Сорғалап аққан қан көрдім. Жоры, жеңге, түсімді\". Жеңгесі қайын ағасына келді. \"Айтайын, — деді,— қайын аға, Мен бір түс көрдім От жағалай іс көрдім Екіде қара тең көрдім, Сорғалап аққан қан көрдім. Жоры, ағам түсімді!\" Қайын ағасы айтты: \"Бұл түсті кім көрді?\" — деді. \"Менмін\", — деді қатын. Қайын ағасы айтты: \"Мұны көрген сен емес. Мұны көрген екі қызым екен, қызым келсін\", — деді. \"Тұсыма келіп айтсын\", — деді. Екі қызы — Тінікей мен Күнікей келді тұсына. \"Жамағат, — деді,— Құлақтарыңды бері сал! Кеңестеріңді ары сал! Бүгін түнде түс көрдім, От жағалай іс көрдім, Екі де қара тең көрдім, Сорғалап аққан қан көрдім, Жоры, жамағат, бұл түсті. Қыздар бұл түсін айтқан соң, жамағат бұ түсті есіткен соң, Жамағаттың жақсылар, Мағынасын білген бақсылар, Ақсақалды ағалар,

Бас шалмалы бабалар: \"Ағаң бүгін келер\", — деді \"Үйге олжалы енер\", — деді. Нарманбеттің қыздары— Тінікей мен Күнікей Бұ сөзіне нанбады. \"Өзтемір үйде жоқ болды, Жоқ болғанда боқ болдық\". Нарманбет хан айтты: Жүз тоқсан екі жасағам, Қаздың да етін асағам, Өзтемір үйде жоқ болды, Жоқ болғанда боқ болдық\". Нарманбеттің сақалынан жас төгілді, жылады, өлеміз деп жылады. Нарманбеттің жеті жасар Жастүлек деген баласы бар екен. Жеті қырдың астында алпыс баламен асық ойнап жатыр екен. Жылаған Нарманбеттің даусын баласы естіп келді. Келді де: \"Хан ием, неге жылайсыз\"? — деді. Хан айтты: \"Жыламай қайтейін? Өзтемір үйде жоқ болғанда, боқ болдық!\" — деді. Баласы айтты: \"Жылама, əкем!\" — деді,— \"Оң батаңды бер\", — деді, \"Дүлділіңді бер\", — деді. \"Семсеріңді бер\", — деді. \"Жауға мен барайын. Бір ауыз жолға барайын, Бір келгенін бір қырайын, Екі келгенін екі қырайын, Біріне бірін қоспайын!\" Əкесі айтты балаға: \"Сенің алар жауың жоқ, Бойың сенің өскен жоқ, Бұғанаң сенің қатқан жоқ, Балақ та жүнің жеткен жоқ\". Баласы сөзін алмады, батасын сұрады. Əкесі оң батасын берді. \"Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын! Аллаһы акпар!\" — деді. Дүлдүлін берді, семсерін берді. \"Бар, балам\", — деді.

\"Дүлдүлің оң аяғымен жер тепсе, сол аяғын көкке көтерсе, келме, — деді,— сол аяғыменен жер тепсе, оң аяғын көкке көтерсе, қайт, балам!\" Жеті жасты Жастүлек дүлдүліне мінді, семсерін қолына алды. \"Аман, есен болыңдар\", — деп кетті. Келе жатып бір белдің үстіне шықты, алысты шола қарады, жау келе жатыр екен. Дүлдүлден түсті бала, алдыңғы айылын бос тартты, артқы айылын берік тартты, онан соң дүлдүліне мінді. Бір келгенін бір қырды, екі келгенін екі қырды, бірін біріне қоспады. Көп жауды қырды. Жаудың ең артында кəпір басы Телегей алып бар екен. Телегей: \"Жамағаттар, тұра тұрыңыз. Бұ жерге от жағыңыз, құмалақ ашайық! Қой жауырынын қарайық!\" Құмалақ ашты дейді, қойдың жауырынын жақты дейді. Бізді алып жатқан жау екен. Жеті жасар жас бала екен. Атсақ, оны ата алмаймыз. Шапсақ оны шаба алмаймыз. Атсақ, мылтық тимейді. Шапсақ, қылыш өтпейді\". Кəпір басы Телегей күнді боран соқтырды, аяз қылдырды. Бала тоңды тоңған соң атасының айтқан сөзі бар екен, дүлдүлін аяғымен жер тарпыса, сол аяғын көкке көтерсе, қайтпа деген екен. Дүлдүлін сол аяғымен жер тарпыса, оң аяғын көкке көтерсе қайт деген екен. Күн борады, бала мұздады, тоңды. Дүлдүл сол аяғымен жер тарпыды, оң аяғын көкке көтерді, бала дүлдүліне мінді, қайтты. Жас бала тоңыпты, Атқа мініп қайтыпты. Қамшысын бастырып, Дүлділін жүгіртіп, Əкесіне жетіпті. Үлкен апасы Тінікей, Кіші апасы Күнікей Алдынан шығыпты. Тоңдың ба, қарағым-ай? Мұздадың ба, шырағым-ай? Дүлдүлінен түсірді дейді, Үйіне енгізді дейді, Бір апасы басын алды, Басын қойнына салды. Бір апасы аяғын алды, Аяғын қойнына салды. \"Тоңған басы жылынсын,

Мұздаған аяғы жылынсын\". Екі апасы — Тінікей, Күнікей артына қарады, жау келіп қалған екен. Үлкен жеті құлақты қазанды төңкерді, інісін астына жасырды. Кəпір жау келіп қалды, шаһарды шапты, жүз тоқсан екі жасаған Нарманбеттің басын алды, етін сыртынан жарды. Күнікей, Тінікей қызды күнінде айттырса, Нарманбет бермейді екен. Оларды тегін олжа қылды, аттың көтіне салды. Өзге малын да, жанын да алып бара жатыр екен. Сонда кəпір басы Телегей айтты: \"Бізді алған жау мұнда жоқ екен. Жалғыз жеті жасар баланы таба алмадық. Іздерге керек\", — деді. Сонда қу аяқ кемпір айтты: \"Мен ол баланы тауып берейін. Жасырған жерін көрдім, менің жанымды, менің малымды, бəрін берсең айтайын\", — деді. Телегей айтты: \"Бəрін танысаң, ал!\" — деді. Манағы малын, жанын берді. Кемпір айтты: \"Қазанның астында жатыр\", — деді. Кəпір басы Телегей қазанға келді, қазанды көтеріп еді, бала жатыр екен. Сол жерде баланың басын алды, басын қанжығасына байлады. Қан ақты сорғалап. Кəпір басы Телегей жесір, жəбір қылып қайтты еліне. Бір уақыт күнде Өзтемір келді. Келсе əкесі жоқ, інісі жоқ, шешесі жоқ, қатыны жоқ, екі қарындасы жоқ екен. Өзінің астында мініп жүрген бедеу биесі бар екен. Аттан түсті, жылады. \"Жүз тоқсан екі жасаған, Қаздың да етін асаған, Нарманбетсің, хан ием, Дұшпанға басыңды алдырдым, Кəуірге өтіңді жардырдым. Мен өзім үйде жоқ болдым, Жоқ болдым да боқ болдым. Шұғадай түскен қиындым, Мақпалдан түскен ойындым, Күнікейдей көріктімді Тінікейдей тектімді, Өзім барда айттыра Келген кісіге бермедім. Күнінде біреуге тегіннен Тегін олжа қылдырдым. Ат бір көтіне салдырдым, Əсіресе, сол кекті қайтейін?

Үйде жүрсем, мұңдасым, Жолда жүрсем, жолдасым, Жеті де жасар, Жастүлек, Қауырсының сенің қатқан жоқ, Балақ та жүнің шыққан жоқ, Бойың сенің өскен жоқ, Ақылың сенің толған жоқ, Қапыда айрылып қалдым жалғызымнан. Жеті күн жылайды, Жеті түн жылайды, Жылағанда Өзтемір Жер бауырлап сұлайды. Жылап, жылап, ұйықтайды. Сүйтіп ұйықтап жатқанда, Келді бір адам қасына, Тұрды оның басында. \"Е, түрегел, Өзтемір Сен басыңды көтер!\" Өзтемір басын көтерді. Жатқан жерде отырды. Келген адам сөйлепті: \"Сен ол жауға барма\", — дейді. \"Алар жауың ол емес, Сарыбай деген хан бар, Соның бір баласы бар. Атса, мылтық тимейді, Шапса, — қылыш өтпейді, Отқа салса, күймейді, Суға салса, батпайды, Қарғаса, қарғыс жетпейді. Сарыбайдың баласы екен, Жеті жасқа биыл жеткен, Атын қойған жоқ екен\". \"Сол балаға бар, сол балаға барсаң, кегіңді сол алып берер\". Манағы Өзтемір тұрды, беті-қолын жуды, бір қойды сойды, бір қасық ет жеді. Манағы түсінде көрген адам Қыдыр екен. Қара бедеу биесін ерттеп мінді. Сарыбайды іздеп кетті.

Сарыбай деген бай екен, бала жоқ екен. Бір уақытта жиын-тойга төрт биемен, төрт сабамен барады екен. Қодар өтірік той қылды. \"Бұл Сарыбайдың баласы жоқ, құдайдан бір бала тілетейік\", — деді. Манағы өтірік тойға Сарыбайды шақырды. Сарыбай қатынымен, төрт биемен, төрт саба қымызбен шақырған ауылға келді. Келсе, ауылда ат байланған жоқ. Сарыбай ашуланды, кісілерді боқтайды. \"Мында кісі жоқ екен, бізді мазақ қылды\", — деді. Өзге кісілер Сарыбайға жауап бере алмайды, кісілердің ішінде бір тазша бала бар екен, со бала айтты: \"Мен Сарыбайға жауап берейін\". Тазша тысқары шықты. Сəлем берді. Сарыбай сəлемін боқтады. Бала айтты: \"Сəлемімді боқтама, бұл той баласы бардың келетұғын тойы, баласы жоқтың келмейтұғын тойы, ұлы барға орын бар, ұлы жоққа орын жоқ\". Сарыбай қатынымен төрт биені бауыздады, төрт саба қымызды жарып тастады, екеуі үйіне қайтты. Астында мінген бозжорға аты бар екен, бозжорға атты белдеуге байлады. Өзі қатынымен құдайдан бір бала сұрады. Етегін беліне қыстырып ел кезіп кетеді. Келе жатқан күнінде Сарыбай арықтады, қатыны арқалады. Қатыны шаршады, отырды, Сарыбай ұйықтап қалды, қатыны ұйықтаған жоқ екен. Аспаннан күмісті табақ балмен түсті, табақтың ішінде күміс қасық бар екен. \"Түрегел, байым, — деді,— аспаннан табақ түсті\". Сарыбай түрегелді. \"Бысмылда!\", — деп бір қасық бал жеді. Қатыныңа байы айтты: \"Сен же!\" — деді. \"Құдай бала берер\", — деді. Қатын бəрін жеді. Сонан сон қайтты үйіне, қатыны буаз болды. Бір уақытта қатын бала тапты, бір ұл тапты, бір қыз тапты. Олар енді той қылды, Арақ-шарап берді. Он бие сойды байлап, Он қой сойды тойлап, Он сиыр сойды айдап, Жоғары елін шақырды, Төменгі елін шақырды, Аямай малынқырды. Жұрт жиылып келгенде, Табақ тартып бергенде, Келген кісіге сыйлады Мінер атын мінгізді, Киер шапан кигізді.

Ат жоққа ат берген соң, Киімі жоққа киім берген соң, Сойған малды жеген соң, Жиылған жұрты тойған соң, Келген елі тарқады. Шалқар көлдің басына шатыр тікті. Бала ойнап жүрді, тобылғыдан жақ қылды, шиден оқ қылды, кəрі кемпірді атты, кəрі шалды атты. Көп кемпірді, көп шалды өлтірді. Кемпірі бардың, кемпірі келді, шалы бардың шалы келді. \"Сарыбай, мырза! — деді,— балаңыз біздің шалдарымызды, кемпірлерімізді өлтірді, балаңызды тыйыңыз\". Сарыбай айтты: \"Жарайды\", — деді. Баланы шақырды: \"Балам, жылқыға бар\", — деді. Сарыбайдың бір құлы бар екен, тоқсан қойдың терісі телпегей тымақ шықпайды. Манағы Сарыбайдың баласы жылқыға кетті, Топай құлға келді. Ақ сақалы бар екен, қайың болады екен, қара сақалы бар екен, қарағай болады екен. Күн ыстық болғанда тоқсан торала айғырдың үйірі сақалына жусап тұрады екен. Сол күнде Өзтемір жылқыға келді, қарағайдың ішіне еніп келді. Топай құл айтты: \"Сақалымның ішінде бит жүреді\", — деді. Бит жүр дегенге қараса, Өзтемір хан жүр екен, мінгені қара бедеу бие екен. Сарыбайдың баласы Өзтемір ханды Топай құлға ұстап алып келді. \"Сен, — деді,— менің сақалымның ішінде неғып жүрдің, ұрымысың?\" Өзтемір айтты: \"Жоқ, мен ұры емеспін, бейшара адаммын\". \"Олай болса, неге келдің? Қайда барасың?\". \"Балаға келдім, — деді — елімді жау алды\". Сарыбайдың баласы айтты: \"Тиме, — деді,— Аға, сенің ақ сақалың қайың болғанын, қара сақалың қарағай болғанын біз білеміз, басқа кісі білмес. Сен, аға, қайда барасың?\" Өзтемір айтты: \"Сарыбай деген бай бар екен, соған барамын\", — деді.— Өзі мырза екен. Аты жоққа ат береді, киімі жоққа киім береді, сондай мырзаға барамын. Сарыбайдың баласы бар, жеті жасар ұлы бар. мылтық атса оқ тимейді, қылыш шапса қылыш өтпейді. Сол баласын сұраймын\". Бала айтты: \"Барсаң анау белдің астында біздің ауылымыз бар. Сарыбайдың баласы менмін\". Өзтемір кетті, бір уақытта Сарыбайдікіне келді. Өзтемір ханды аттан көтерді, үйге алып кірді, амандасты, есендесті. \"Қайда барасыз?\", — деді. \"Сіздікіне келдім\", — деді. \"Біздікінде не бар?\", — деді. \"Сіздің бір балаңыз бар екен, соның атын қойған жоқ екен, соның атын қойғалы келдім\". Сарыбай айтты: \"Бəрекелді! Сенен басқа кісіге қойғызған жоқ едім\". Өзтемір баланың

атын қойды: \"Аты — жеті жасар Желкілдек болсын\", — деді. Əкесі: \"Жақсы, жарайды\", — деді. Хан: \"Ат аламысың, ат берейін, киім аламысың киім берейін\", — деді. Өзтемір: \"Алмаймын, берсең маған балаңды бер, балаң керек маған, — деді — мен əкемді, шешемді, інімді, екі қарындасымды, бəрін жауға алдырдым. Өзім үйде жоқ болдым, жоқ болдым да боқ болдым\", — деді. Сарыбай: \"Бермеймін баламды, жөнел!\", — деді. Боқтады Өзтемірді. Өзтемір жылап кетті. Сарыбайдың қатыны келді. \"Не сұрай келген екен?\" — деді. \"Қатын, біздің жалғыз баланы сұрай келген екен, мен бермедім\". Қатыны айтты: \"Ақылың жоқ екен, шақыр, бері келсін\", — деді. Сарыбай тұмағын қолына алды, тұмағын былғап шақырды. Өзтемір шақырған соң келді. Қатын айтты: \"Мен баламның қайтерін білмеймін, балам өзі айтсын, сен жылқыға бар, онда балам бар, баламнан сұра. Барса да, бармаса да өзі білсін\". Өзтемір кетті, жылқыға келген соң амандасты, есендесті. Топайқұл айтты: \"Ініме не деп ат қойдың?\" Өзтемір айтты: \"Жеті жасар Желкілдек болсын деп ат қойдым\". Топайқұл айтты: \"Жап- жаман ат екен\". Бала айтты: \"Аға, ақылың жоқ екен, бізге осы қойған ат ұнайды\". Өзтемір айтты: \"Інім, саған келдім, сен маған қатты керексің\". Бала айтты: \"Керек болсам əкемнен сұрадың ба мені?\" Өзтемір айтты: \"Сұрадым, — деді,— əкең мен білмеймін, баламның өзі білсін деді\". Бала айтты: \"Жарайды аға, мен барайын!\" Топайға айтты бала: \"Аға, маған бір ат бер, өліп кетсем малым, жаным сенде тұрсын! Ақыретте колыңнан алайын! Тірі болып келсем, малымның жарымы сенікі болсын! Сен аға бол, мен іні болайын! Анау əке- шешемді сен күт, маған бір ат бер!\" Бес шақырым болыпты, Топай құл жүріпті. Бір дарияның суынан Топай құл Ары бері жылқысын Аңды келіп лақтырыпты. Топайқұл көп жүріп, Құйрығынан ұстап алып, Ары-бері лақтырыпты. Бір қотыр күреңше, тайды Лақтыра алмайды ар жаққа. Ол қотыр күреңше тай

Ары жаққа жетпеді, Көлдің ішіне түседі. Көлдің ішінде жүзіп жүреді. Топай құл шалма тастады, Күреңше тайды алалмады. Осы тай қашыпты Топай құлдың сақалы Енді талқан болыпты. Желкілдек айтыпты: \"Тоқта, тоқта Топай құл. Бер шалманы Топай құл Осы тайды қуып жетейін Мойнына шалма тастайын. Осы тайға жетпесем, Мойнына шалма тастамасам, Осы тайды тоқтатпасам, Ер салып мінбесем, Астыма алып жүрмесем. Желкілдек атым жоғалсын!\" Желкілдек шалма тастады, Күреңше тайды тоқтатты Жүгенді алып жүгендейді, Тай енді құнан болады. Ер салып ерттейді, Құнан дөнен болады, Екі айылын тартады, Дөнен бесті ат болады. Алып келіп мінеді, Алты жасар ат болады. \"Есен бол, ағам Топай! Аман бол, ағам Топай! Мен енді жауға барамын, Тірі болсам қайтамын, Өліп қалсам қайтпаймын\" Кетті енді Желкілдек, Өзтемір қасында. Желкілдек: \"Мен жүре берейін. Сен менің атама бар, оң батасын берсін, қара қоржын берсін,

семсерін берсін! Мені мында кетіп бара жатыр десең жүрегі айныр, кеше кетіп қалған деп айт\", — деді. Өзтемір Сарыбайға келді. \"Балаң сəлем айтты. Атам қара қоржынын берсін, семсерін берсін, ақ батасын берсін, Атама сəлем деп айт, шешеме сəлем айт, туысыма сəлем айт деді\", — дейді. Сарыбай келіседі, қоржынын беріпті, семсерін беріпті, оң батасын беріпті. \"Баламның жортқанда жолы болсын, жолдасы Қыдыр болсын!\" Өзтемір бəрін алып қайтты. Жеті жасар Желкілдекті қуып жетті, еліне келді, өзінің қырық жолдасына жетті. Жау жаулаймыз деп жауға кетті. Өзтемір қырық бір кісі бірге жүрді, манағы жеті жасар Желкілдек бөлек жүрді. Бəрі: \"Қашып кетсек, құдай тапсын\", — деп серттесті. Жер ортасына келді. Жеті жасар Желкілдек Өзтемірге айтты: \"Шық тауға! Жауды қара, көріне ме екен?\" Өзтемір тауға шықты, қарады, төңіректің төрт бұрышын қарады. \"Ойбай\" деп жүгірді, келді де атқа мінді. \"Қашыңыз, — деді,— қайтыңыз, жау көп екен, біздің алар жау емес\". Өзтемір жолдасымен қашты. Жеті жасар Желкілдек асын ішті, күреңше атқа мінді, қашқан кісіге қуып жетті. \"Тұра тұр\", — деді. \"Өзтемір, айтысқан серт осылай ма?\" Өзтемір айтты: \"Қайтыңыз, біз қорқамыз жаудан, жау көп\", — деді. \"Біз аз\", — деді. Бала айтты: \"Жоқ, аға, қайтпаймын, сен қайтсаң, жүре бер, маған құдай жақ болсын, мен жауға барайын\". Бала жауға қайтты. Бір обаның басына шыққаңда жау келіп қалған екен, күрең атқа тіл бітті: \"Е, ием, түс менен. Айылың баурыма батып барады. Жүгенің кеңсірігіме батып барады. Менен ер тоқымды, құйысқанды, жүгенді, бəрін сен сыпырып ал! Мен аунайын бұл жерде. Бір оң жағыма аунайын. Бір сол жағыма аунайын. Оң, сол аунап шөп жейін. Құдай маған ер бітірер, құдай маған жүген бітірер\". Айылды ағытты Желкілдек, жүгенін алды, қоя берді. Ат аунады, оң жағына аунады, сол жағына аунады, шөп асады. Түрегелді ат, күміс ер тоқым болды, күміс құйысқан болды, күміс жүген болды. Атқа мінді Желкілдек. Ат айтты: \"Артқы айылымды берік тарт, алдыңғы айылымды бос тарт, көзіңді жұм, мен тоқтағанда, көзіңді сонда аш! Шаба алмасам маған серт!\" Көзін жұмды, шу деп жөнелді жауға, жауды қырды, келер уақытта ат тұра қалды, бала көзін ашты. Қараса аттың тізесінен қан екен. Келді бала бір обаның басына, бала аттан түсті, желпінді. Кəпір басы Телегей деген алып екен. Күншілік жерді болжайды екен. \"Тұра тұрыңыз\", — деді,— Біздің алар жау емес. Атса, мылтық тимейді. Шапса, қылыш өтпейді. Қарғаса,

қарғыс жетпейді. Отқа салса, күймейді. Суға салса, батпайды. Құдайымның шыныменен жараткан жаны екен. Жігіттер ор қазыңыз, сонда алмасақ, алмаспыз\". Жігіттер ор қазды. Жеті жасар Желкілдек желпініп отыр екен. Кəпір басы Телегей дұға қылыпты, түйені аспанға шығарыпты. Жеті жасар Желкілдек атына мініп, құдайды аузына алмай, түйеге қарап шауыпты, көзін жұмыпты. Келе орға түсіп кетіпті, аты қашып шығып кетіпті. Атын кəпір басы ұстап алыпты, бала орда жатып қалыпты. Телегей атты жетектеп үйіне əкеле жатыр екен. Алдынан жалғыз қызы шығыпты. \"Əкеке, атыңызды маған беріңізші!\" — депті. Телегей: \"Неғыласың, сен еркек емессің, сен қызсың\", — деп атын бермепті. Қыз: \"Беріңіз, мейрамда жегіп, сейілге шығамын\", — депті. Телегей қызға айтты: \"Жүзі қара, тұрмасыңды біліп едім\". Атты берді. Жеті қабат темір үйге əкелді, атты да енгізді, қызды да енгізді, атты, қызды — екеуін, күтетұғын жеті жасар бала берді. \"Күт\", — деді. Жеті жасар Желкілдек орда жатыр екен, аспаннан бір қоңыр қаз келді, тілін біледі екен. \"Қайда барасың?\" — деді Желкілдек. \"Қайда барайын, ел жаққа барамын.\" Желкілдек айтты: \"Мен сəлем айтамын, сəлемімді апарамысың?\" Қаз: \"Апарамын\", — деді. Алақандай қағазға хат жазды. \"Əкем Сарыбайға сəлем айтамын, шешеме сəлем айтамын, қарындасым Қарашашқа сəлем айтамын, туысым Қара Топайға сəлем айтамын! Маған қырық бие əкелсін, қырық саба қымыз əкелсін! Менің мында жатқанымды білмес. Пəленше күні үйде болсын! Мен сыбызғы тартайын, сонда сыбызғының дауысын есіткенде тауып келер\", — деді. Онан соң қазға айтты: \"Əкем үйден тысқа шығар, сонда əкемнің қасына қон, əкем сені ұстар, қызына берер, сонда қарындасым қанатыңның астынан қағазды көріп оқыр, сонда білер, сені қоя берер\". Желкілдек қағазды қанаттың астына жапсырды. \"Бар, — деді,— есен бол\". Қоңыр қазұшты, Сарыбайдікіне таңертең келді. Сарыбай тысқа құман алып шықты, дəрет алды. Қасына қоңыр қаз келіп қонды. Балама берейінші деп ұстап алды. Қызын шақырды, қызына бұл қазды берді. Бала қазды үйіне алып келіп сипады, қанатының астын қарады, қағазды алды, алып оқыды, жылады. Сарыбай келді, шешесі келді, досы келді. \"Не екен?\", — деді. Қыз айтты: \"Жалғыз ағам хат жазыпты, сізге сəлем айтады. Қырық бие əкелсін депті. Қырық саба қымыз əкелсін депті. Пəленше орда жатамыз депті\".

Əкесі Сарыбай жоғарғы елді шақырып, жорға бие сойыпты. Төменгі елді шақырып, төбел бие сойыпты. Қырық саба алып келіп, бəрін қымызға толтырып, ел жұртын жиыпты. \"Жамағат, құлақ сал. Бозбалалар сөзімді есті. Жас балам Желкілдек пəленше орда жатыр. Барамысың балама? Орда жатқан ұлыма?\" — депті. Бозбалалар: \"Барамыз, — депті,— бейсембі күні барамыз\". Таң атты, бейсембі болды. Сарыбай айтты: \"Баратындарың жүріңдер\". Бозбалалар: \"Жоқ, біздер бармаймыз\", — деді. Сарыбай ашуланды. Қатынын, қызын, туысын қасына ертті, қырық бие алды, қырық саба қымыз алды, жүріп қетті. Бір күнде балаға келді, баласын таба алмады. Сыбызғы тартқанда тапты баласын. Қырық құлаш жібек арқан алып, түсірді етін баласына. Бір биенің етін бала бір-ақ асады. Сүйегін мұрнынан шығарды. Қырық биенің етін, қырық-ақ асады бала. Сүйегін мұрнынан шығарды. Сүйегін қасына тастады. Сүйегі таудай болды. Қырық саба қымыз жарып, баланың аузына ағызды. Қырық саба қымызды түгесті. Туысы айтты: \"Тойдың ба?\" \"Жоқ тоймадым, қырық биенің ішінде өзім көрген боз ат бар ма?\" \"Бар\", — деді. \"Сойыңыз\", — деді. Сойды, бір жапырақ етке тойды. \"Енді қайтыңыз, — деді.— Сендер мені шығара алмайсыңдар. Əкем шығара алмағанда, сендерге шығару қайда?\" Кетті. Əкесі, шешесі, бəрі жылады. Желкілдек жатып қалды. Бір уақытта Желкілдек айтты: \"Е, құдай! Мені осы ордан шығарасыз ба? Шығармайсыз ба?\" Құдай, адам болып айтты: \"Құдай атын бұрын неге ауызға алмадың? Басыңды көтер! Ақымақ! Ұмтыл! Шық ордан!\" Желкілдек айтты: \"Қалай шығамын!\" Құдай айтты: \"Мен шығарамын!\" Бала шықты ордан. Қолтығынан демеп еді, шығып кетті. \"Қашанда болсын, құдайды аузыңнан тастама\". Бала кетті. Келе жатса жердің астынан түтін шығады. Келсе, үй тұр. Үйге енді. \"Ассалаумағалайкум\", — деді. Бір қу аяқ кемпір бар екен. \"Уағалайкумассалам! Қайда бара жатқан адамсың?\" — деді кемпір. Бала айтты: \"Ұлсызға ұл боламын, қызсызға қыз боламын\". Кемпір айтты: \"Мен бала қылайын\". Бір аяқ боза құйып берді, бала ішті. Бала кемпірдің үйінде жүрді. Бір күні кемпір баладан: \"Қайдан жүрген баласың, шыныңды айт маған?\" — деп сұрады. Бала айтарын да білмейді, айтпасын да білмеді. \"Шешеке, шынымды айтайын. Сарыбай дегеннің баласы едім, солай бір жауға шығып едім. Кəпір басы Телегей Нарманбет деген ханымызды өлтірді, Тінікей, Күнікей деген екі

апамды алып кетті. Жеті жасар Жастүлек деген інімді өлтірді. Сол жаудан кегімді алайын деп шығып едім. Құдай ол тілеуімді бермеді. Кəпір басы Телегей мені алдап орға түсірді. Астымдағы мінген атым дүлдүл еді, сол атымның қайда кеткенін білмеймін. Сонан бір уақытта құдай маған жақ болып, ордан шығарды. Сол менің жүрген жайым\".. Кемпір айтты: \"Жақсы, бұл сөзің шын екен. Сен маған бала болсаң, отынға бар. Отынымды боқтама\", — деді. Бала отынға кетті, өзі жаяу, байлауға жіп алды, шаршап, отынды боқтады. \"Балам, отынды неге боқтадың? Ертең боқтамасаң, тоғайға бар\", — деді. \"Тоғайымның бəрін қопар, жалғызын қалдырма, жалғызын қалдырсаң басыңды аламын\", — деді. Бала жатты, ұйықтады, ертесіне тұрды, беті қолын жуды, сосын тоғайға кетті. Тоғайды қопарды, жалғыз да ағаш қалдырмады. Əбден терледі, кемпірді боқтады. Бала үйіне келді. Кемпір: \"Неге боқтадың?\", — деді. — Бала айтты: \"Е, шешем, шаршаған соң боқтадым, сені емес ағашты боқтадым\". \"Саған мен жақсылық қылайын, сенің боқтағаныңды құдай кешсе мен кешейін. Мен кəпір Телегейдің қызына барып сөйлесейін, не айтар екен? Сені сүйе ме екен? Көк кептер болып ұшып барайын. Терезесіне қонайын, мен барып қайтып келгенше сен үйде отыра тұр\". Бала айтты: \"Жарайды, шешеке, бір жақсылық қыла көр!\". Кемпір көк кептер болып ұшып кетті. Қыздың үйінің терезесіне барып қонды, қызбен сөйлесті. \"Күрең аттың иесі менің үйімде жатыр. Қалай көңілің? Сүйемісің, сүймеймісің?\" Қыз: \"Сүйемін, ол маған қай жерде жолығар\", — деді. Кемпір айтты: \"О баланы осы жерге əкеліп, байға жалдатайын. Сонда сен есіктен төрге домала. Əкеңе айт: \"Құса болып өліп барамын, сейілге шығайын\" де. Əкең сені шығармас, сенің амал ойлағаныңды білер. Шешең сені аяр. Шешең келгенде жыла. Шешең əкеңе: \"Сейілге шығарсаңшы, екеуіміздің құдай берген баламыз ғой\", — дегенде, шығарар сені. Сонда сен күрең атқа мінерсің. Əкең ел-жұртты шақырар, той қылар, арақ берер жұртқа. Сонда бала Желкілдек келер: \"Телегейдің қызының емшегін ұстаса қайтеді\", — дер. Саған келер, жабысар, сенің артыңа мінер. Сонда екеуің қашыңдар, мен тұман түсірейін, сонда құдай құтқарса, құтыларсыңдар\". Кемпір үйіне кетті. Балаға келді. \"Балам, сені қыз сүйеді екен, сені апарып жалдатайын бір байға. Айына бір қой ал\", — деді. Бала айтты:

\"Жарайды, шеше, қош есен бол, мен барып жалданайын байға\". Шешесі айтты: \"Есен бол, балам\". Бала шаһарға келді, бір бай қазаққа жалданды. Айына бір қойдан алды. Қызыл өгізге мініп, қойын жайды. Телегейдің қызы ауру болды, есіктен төрге домалады. \"Ауру болдым\", — деді, əкесіне кісі жіберді. \"Əкем келсін, мен аурумын, құса болып өліп барамын, сейілге шықсам жақсы болар еді\". Жіберген кісі келді, айтты: \"Қызың ауру болды, құса болып өліп барамын, сейілге шықсам болар еді деп айтты қызың\", — деді. Əкесі айтты: \"Жатсын, сейілге шығармаймын, сейілге шығарсам қызым қашып кетер\". Шешесі байына айтты: \"Баламыз ауру болды ғой, серуенге шығарсаңыз қайтеді\". Əкесі: \"Жарайды, сенің тіліңді алайын, осыдан қыз қашып кетсе, басыңды аламын\", — деді. Қызды сейілге шығарды. Ел-жұртын, жамағатын жиды, той қылып, арақ берді. Қызы манағы күрең атқа салт мініп, сейілге шықты. Сөйтіп жүргенде Желкілдек келді. \"Мына күрең атқа мініп жүрген кімнің қызы?\", — деді. Көп жамағат айтты: \"Телегейдің қызы\", — деді. Желкілдек айтты: \"Ол қыздың емшегін ұстамай несі бар?\" — деді. Көп жамағат айтты: \"Ер болсаң, ұсташы\", — деді. Астындағы қызыл өгізін жүгіртіп қызға жетіп келді, қыздың артына мініп алды. Күн тұман болды, Желкілдек қыз бен екеуі қашып құтылды. Шешесінікіне келді, қызды алып келді. Өзі күрең атқа мінді, қайтып желді. Күнікей мен Тінікейді тапты, Тінікей өлген екен. Желкілдік айтты: \"Апеке, бері кел!\" Күнікей айтты: \"Бармаймын, киімім жоқ\". Желкілдек айтты: \"Киімің жоқ болса, мə \", — деп бір киім тастады. Қыз киімді алды, киді. Желкілдек: \"Менмін, кел\", — деді. Қыз келді қасына. \"Қайдан жүрген жансың?\", — деп сұрады. Желкілдек айтты: \"Мен Сарыбайдың баласымын! Сені іздеп келдім\". Қыз айтты: \"Құдайға шүкір, құдай мені өлтірмес, сені кез келтірді. Біз екеу едік, апам Тінікей өлді\". Желкілдек айтты: \"Қашан өлді?\" Қыз айтты: \"Өлгеніне үш күн болды, қойылған жоқ\". Жігіт айтты: \"Маған көрсет\". Көрсетті, таза жуды, көрін қазды, көріне салды. Күнікейді шешесінікіне əкелді. Өзі күрең атқа қайта мінді, семсерін қолына алды, Телегейдің шаһарына барды. Шаһарды шапты, бір жан тастаған жоқ, бəрін қырды, Кəпір басы Телегейді ұстап алды. Мұрнын тесті, тесікке жіп байлап, алып келді жетектеп. Телегейдің қызын қатын етті. Шешесі, апасы,

төртеуі еліне келді. Өзтемірге келіп, амандасты. \"Е, құдай, көрсететұғын күнің бар екен, інім келді, қарындасымды əкелді, жауды мұқатты, кəпір басы Телегейді жеңіп келді\", — деп қуанды Өзтемір. Той қылды. Өзтемір айтты: \"Айтқан сөзімде тұрмай мен қаштым! Сол үшін төбемізден оқ атысайық\". \"Құдай кешсе мен кештім, атыспайық\", — деді Желкілдек. Өзтемір тыңдамады. Атысты, оқ төбесіне жақындап келе жатыр еді, Желкілдек оқты қағып жіберді, оқ барып жерге түсті. Енді Желкілдек өзінің төбесінен өзі атты, оқ келді де жерге түсті. Өзтемір айтты: \"Кел, тағы атысайық!\" Желкілдек айтты: \"Қой, осы атқанымыз болар. Екеуміз де ақ екенбіз\". Өзтемір: \"Жоқ, атысамыз\", деді. Желкілдек: \"Əлгіде мен болмасам оқ төбеңе тиетін еді, мен оқты қағып жібердім\", — деді. Өзтемір оқты атты төбесіне, оқ тиді. Өзтемір өлді. Желкілдек жылады, Өзтемірді жерге көмді. Кəпір басы Телегейді өлтірді, Телегейдің қызын қатын қылды, некесін қыйдырды, Күнікей апасын төренің баласына берді. Өз еліне қайтты. Сарыбай атасы тірі екен, шешесі тірі екен. Жағыз қарындасын Топайқұл алған екен. Той қылып жатыр екен. Əкесі, шешесі қартайыпты. Желкілдек Топайқұлға ашуланды. \"Құл болып менің қарындасымды неге алдың?\" — деп Топайқұлдың басын алды. Өзі хан болып ел-жұртын биледі. Барша мұрат басына жетті.

ХАН ШЕНТЕЙ Бұрынғы заманда Қарыс Қара деген батыр болыпты, өзінің тоқсан бесте жасы бар екен. Сексен бес жаста қатыны бар екен. Он мың жылқысы бар екен. Жəне бір жерде Дөнен Қара Бағыс, Құнан Қара Бағыс, жақсы жирен атты Кенже Қара Бағыс бар екен. Бұл үшеуі келіп, Қарыс Қара батырдың жылқысын алып кетіпті. Қарыс Қара батыр оны білмей қалыпты. Жылқысын алып кеткенін үш күннен соң ғана білген. Өзінің қолында таусары деген ат қалды. Қатынына батыр: \"Менің жылқымды үш Қара Бағыс алып кетті, қуамын артынан\", — деді. Қатыны айтты: \"Қума. Сені өлтірер\". Батыр айтты: \"Өлсем өлейін\", — деді. Батыр таусары атын ұстап алып келіп, мініп жөнелді. Үш күн бұрын алып кеткен жылқысын үш сағатта қуып жетті. Үш Қара Бағыс оны ұстап алды. Үйіне алып барып, қырық құлаш шыңырау қазып, соның ішіне Қарыс Қара батырды тастады. Құдықтың аузын тақтайменен жапты, оның сыртынан кірпіш соқтырды, тағы оның сыртынан бір дария əкеліп ағызды. Дарияның сыртынан қырық кісі қарауыл қойды. Оның өзі кеткенде үйде қалған сексен бестегі қатыны екіқабат еді. Онан бір бала туды. Баласы он жасқа келгенде шешесінен: \"Əкем қайда\", — деп сұрады. Шешесі: \"Əкең сенің жоқ\", — деді. Бала: \"Мен қайдан тудым?\" — деді. Шешесі əкесін айтпайды, айтсам əкесін іздеп кетер деп ойлады. Бала асық ойнап жүрді. Бір кемпір айтты: \"Е, балам, сен өзің жақсы баласың, мұнда неғып жүрсің əкеңді іздемей\", Бала айтты: \"Сіз əкемді білесіз бе?\" Кемпір айтты: \"Білемін, əкең Қарыс Қара деген батыр бар еді, он мың жылқысы бар еді, сол жылқысын жау алып кеткен. Əкең соның артынан кеткен. Сол əкеңнің өлі екенін, тірі екенін білмеймін. Сен сол əкеңді іздеп тауып алсаңшы\". Бала қайтып келіп, шешесіне айтты: \"Шеше, сен əкең жоқ деп едің, əкем бар екен, сол əкемді іздеймін\". Сол сағатта жаудың қолынан таусары ат қашып келді. Бала оны ұстап алды. Таусары ат балаға: \"Балам, сенің əкең жау қолында тұтқында жатыр. Ер болсаң іздеп табарсың. Ол əлі тірі. Мен əкеңнің атымын\", — деді.

Баласы əкесін іздеп жүрмек болды. Таусары атты ұстап мінді. Таусары ат баланы көтере алмады. Бала түсе қалып, атты қолтығына қысып, желіп кетті. Бір заманда бір дария көлге жетті. Келе жатқанда сол дарияның сыртындағы қарауылда тұрған қырық кісі бір-біріне соқтығысыпты. Бала жеткен соң: \"Ассалаумағалейкум\", — деді бəрі. \"Неткен жансыңдар?\", — деп сұрады бала. Ол кісілер айтты: \"Сен көз көрген жерден бізге қарап желгеніңде бір бірімізге соқтығысып, қырылып жатырмыз\". Бала: \"Кімсіңдер?\", — деп сұрады. Олар: \"Біз үш Қара Бағыстың нөкерлеріміз. Қарыс Қара батыр деген алыпты күзетіп жүрміз\". Бала: \"Қарыс Қара батыр менің əкем болар\", — деп сол жерде қырық кісінің басын алды. Сол дарияны жырып бір жаққа ағызды. Сонан соң құдықты ашып, əкесін шақырды, əкесі жауап бермеді. Бағанағы дарияны қайта жырып алып келіп, сол құдыққа құйды. Жəне əкесін шақырды, əкесі кішкене жауап берді. Жəне екінші жерден бір дарияны жырып əкеп құйды. Əкесі судың бетіне қалқып шыға келді. \"Ассалаумағалейкум\", — деп бала сəлем берді. Əкесі: \"Уағалайкумассалам, балам\", — деді. Сол жерде: \"Бала, сен кімнің баласысың?\" — деді. \"Мен Қарыс Қара батырдың баласымын\". \"Олай болса, мен сенің əкең боламын. Иə, мен мұнда келіп осындай күйге түстім. Енді екеуміз үйге қайтайық\". Бала: \"Мен қайтпаймын, анадағы əкеткен он мың жылқының артынан іздеп барамын\", — дейді. \"Қой, балам, сен түгіл сенің əкең, менің де халым келмеді, мен мында жатқанымда сен іздеп келіп мені шығардың, сен тұтқынға түскен соң сені кім іздеп алады. Мен қартайдым, осы есенімізде қайтайық үйге\". Бала айтты: \"Əке, мен қайтпаймын, түнеугі əкеткен он мың жылқымның артынан іздеп барармын\", — деді. Əкесін таусары атына мінгізіп үйіне қайтарды. \"Аман бол, əке\", — деді. Екеуі қоштасып, айрылысты. Бала жылқысын іздеп кетті. Бір заманда бір тауға келді. Таудың үңгірі бар екен, енді. Үңгірдің ішінде бір кемпір жатыр. \"Сəлем бердік, шеше\", — деді. \"Уағалайкумассалам, балам\", — деді. Кемпір айтты: \"Түсің қалай суық?\" — деді. Бала: \"Мен мүсəпір адаммын\", — деді. Кемпір балаға айтты: \"Кел, балам, емшегімді берейін, емші\". Бала келіп еме берді, кемпір көгеріп талып қалды. Бала емшегін қоя беріп: \"Е, кемпір, айтқан сөзің осылай ма еді? Емшегіңді емгенде талып қалдың, көзіңді ашып, басыңды көтер, шеше!\" Кемпір басын көтеріп: \"Е, балам, маған бала бол, — деді,— сендей үш балам бар еді\". Бала айтты: \"Е, шешеке

үш балаңыз қайда кетті?\" \"Қайда кетсін, жауға кетті. Сен маған бала бол! Балам үшеу еді, төртінші сен боларсың\". Бала: \"Жарайды\", — деді. Кемпір айтты: \"Маған бала болсаң, сен жасырынып жүре тұр аз күнге шейін. Баламның мінезі теріс еді, көзіне сен көрінсең сені өлтірер\". Бала айтты: \"Мінезі теріс болса да қорқушы емеспін тентектерден!\" Кемпірге бала болып тұрды. Бір күндері үлкен баласы келді. \"Шеше, үйде кім бар?\" — деді. Шешесі айтты: \"Ешкім жоқ\", — деді. \"Жоқ, шеше, кісі бар, бір кісінің исі шығады\", — деді. Сонда бала тұрдыдағы: \"Мен бармын\", — деп шыға келді. Үлкен ұлы айтты: \"Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?\" Бала айтты: \"Атыспақ əкеңнің басына, алыспақ керек\", — деді. Екеуі сол жерде алысады, бала бұл кісіні бір қолтығына қысып жібермейді. Бір уақытта ортаншы баласы келді. Ағасын көріп дауыстады: \"Бұл баланы неге өлтірмедің\", — деді. Ағасы айтты: \"Халым келмеді, сен келе көр, інім!\" Ортаншы ұл айтты: \"Е, бала, ағамды жібер\". Бала айтты: \"Ағаң түгіл өзіңді өлтірермін\", — деді. Атынан түсе қалып ортаншы ұл балаға келді. Бір бала екеуімен алысады. Екеуін екі қолтығына қысып тұрады. Екі қолтығының арасы жиырма шақырым жер екен, бір біріне сөйлесе алмай қалды. Тағы бір уақытта жақсы жирен аты бар Кенже Қара Бағыс келді. Ол онан жаман ақырып келді. \"Е, бала, ағамды жібер! Өлтіремін сені\", — деді. Бала күлді: \"Кел бері, сенен де қорықпаймын, бірін түгіл үшеуіңді өлтірермін\". Кенже інісі атынан түсе қалып алысты, үшеуін иіп құшақтап алып, қысып еді, ауыздарынан қара қан кетті. Бағанағы шешесі келді. \"Е, балам, — деді, — менің айтқан сөзім солай ма?\" Бала айтты: \"Е, шешем, құп болады, үш балаңды қоя берейін, сенің емшегіңнің сүтін ембеген болсам мен сенің үш балаңды қоймас едім, үшеуін өлтірер едім\". Бала солай деп үш баласын қоя берді. Шешесі үш баласымен ақылдасты. \"Е, балам, енді қайтеміз? Осы баланы бала қылып алайық\". Үш баласы айтты: \"Жарайды\", — деді. Сол арада баламенен ант ішеді, сонан соң бала болып жүреді. Төртеуі қосылып, алмаған жауды қоймайды. Сонан соң бір күндерде бала айтты: \"Шешеке, мен алғандай бір жақсы қыз бар ма?\", — деді. Кемпір айтты: \"Саған жарайтұғын қыз жоқ \", — деді. Бала айтты: \"Сіз мұнша жасқа келген кəрі шешемсіз. Сіз жақсы қызды білесіз, бірақ оны маған айтпайсыз\". Кемпір айтты: \"Балам, саған жарайтұғын қыз жоқ\".

Тағы да төртеуі бірігіп алды. Бір жерде Алтын Сары алып деген бір алып бар екен, соған төртеуміз жиылып барайық деді. Соның бір үш қарындасы бар еді, соны үш ұлға алып бермек болды. Төртеуі Алтын Сары алыпқа барды, үш күн төбелесіп соғысады. Алтын Сары алыптың күші жетпеді, үш қарындасын үш Қара Бағысқа берді, олар бұл қыздарды қатын қылып, өз үйлеріне қайтып келді. Бала кемпірге айтты. \"Е, шешеке, маған бір қызды таптың ба?\" Кемпір айтты: \"Жоқ, балам, саған лайық қыз таба алмадым\". Бала айтты: \"Өз балаларыңа қыз таптың, біз оларға үш қыз əкелдік, өзіңнен тумағаным үшін маған таба алмайсың\". Кемпір айтты: \"Енді, балам, мен саған айтайын. Бір қыз бар, бұл қыз саған жарар еді. Бірақ ол қыз тұрған жерге бара алмайсың, барсаң да, қайтып мында келе алмайсың. Айнахан деген хан бар екен, оның бір сұлу қызы бар екен деп естимін. Оның жолы қиын, — деді,— оның бер жағында қырық күншілік жер бар екен, жанып тұрған от дейді, құс ұшса, қанаты күйеді, ат жүрсе, тұяғы күйеді. Оның аржағында от дария бар екен, о да қырық күншілік жол екен, құс ұшса қанаты күйеді, ат жүрсе тұяғы күйеді\". Бала айтты: \"Оған мен іздеп барамын, құдай сақтаса мен онан есен сау өтермін\". Шешесі айтады: \"Өзім қарап жүрейін, сүйген қызың болса алып берейін, бұл жолға барма, балам\". \"Е, шеше, соған өлсемдағы барамын\", — деді бала. Бала енді жақсы жирен атын сұрағалы Кенже Қара Бағысқа барады. \"Е, ағам, — деді,— маған жақсы жирен атыңды бер, алыс жолға барамын\". Кенже Қара Бағыс айтты: \"Мен екі ағаммен сөйлесейін, екі ағам жаратса берейін, жаратпаса бере алмаймын\". Кенже Қара Бағыс ағасына келді, үшеуі сөйлеседі: \"Берсек өзімізге жаман болады, мұндай ат табылмас жəне бермесек тағы жаман болады, бізден тартып алып кетер, берейік\", — деді. Атқа келіп: \"Алысқа барған соң тулап жығып қайтып кел\", — деді. Солай айтқан соң — жирен атты балаға берді. Бала атты алды, таусылмас азық алды, тозбас киім алды. Атқа мініп жөнелді. Біраз жол жүрген соң есіне түсті. Менің атым жоқ, жоғалсам кім деп іздейді. Шешесіне қайтып келеді: \"Е, шеше, маған ат қойыңыз!\" Шешесі айтты: \"Қолыңды жай, балам, Қарыс Қара батырдың баласы, қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ, Хан Шентей деген батыр бол! Атса мылтық өтпесін, шапса қылыш өтпесін, жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр ғалайіссалам пайғамбар болсын! Əзірет əлі пайғамбар қуатын

берсін!\" — деп кемпір баласына қара дəрі деген дəрі берді. \"Өзіне жаман болса осы дəрі жаныңа жақсы болар\". Амандасып, бала жөнеліп кетті. Бір замана күндер болды, келе жатыр еді, алдынан бір алып шығады. Бала айтты: \"Ассалаумағалейкум, ақ шұбар атың астында, Ақкірпіш батыр амансыз ба?\" \"Уағалайкумассалам, Қарыс Қара батырдың баласы, қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ Хан Шентей батыр, атыңды қатын қойған, өзіңіздағы амансыз ба? Бəрекелді, өзің сен жарайсың, астыңдағы атың жарамайды, атың өзіңе дұшпан екен, ондайлығы жоқ екен сенің атыңның. Е, Хан Шентей батыр, қайда барасың?\" Хан Шентей айтты: \"Қайда барайын! Айнаханның қызын алайын деп іздеп барамын\". Ақкірпіш айтты: \"Ойбай, сен түгіл мендағы іздеп барып, маңдайым тасқа тиіп, табаным жерге тиіп, ала алмай қайттым. Сен қандай кісісің, барам дейсің? Сен қайт, ала алмассың қызды\". Хан Шентей айтты: \"Е, Кірпіш батыр, үйден еркек боп шығып едім, ұрғашы боп қайтіп қайтамын енді. Не де болса барамын\". — Ақкірпіш айтты: \"Барсаң, есен бол, атыңа сенбегейсің\". Хан Шентей: \"Менің атым жамандық қылмас маған, сендағы аман бол\", — деп жүре берді. Сол жүргеннен жүріп бір замана күндер болды, алдынан тағы да бір алып шығады. Хан Шентей айтты: \"Ассалаймағалейкум, майысқақ жирен атың бар астыңда, солқылдақ қызыл найзаң бар қолыңда Ерке Сары алып батыр өзің дағы амансыз ба?\" \"Уағалайкумассалам, Қарыс Қара батырдың баласы, қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ, атыңды қатын қойған, Хан Шентей батыр амансыз ба? Е, бəрекелді, өзің жарасаң да атың жарамсыз екен ғой\". Хан Шентей сұрады: \"Менің атымның несі бар?\" Ерке Сары айтты: \"Атың сенің бір жерде дұшпандық қылар\". Хан Шентей айтты: \"Атым менің жаман болмас\", — деп амандасып жөнелді. Тағы бір қауым күн болғанда тағы да алдынан бір адам жолығады. \"Ассалаумағалайкум, қара құла атың астыңда, қара шашың басыңда, ақ ашамайдың үстінде, жас Бала батыр амансыз ба?\" \"Уағалайкумассалам, Қарыс Қара батырдың баласы, қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ, атыңды қатын қойған, Хан Шентей батыр амансыз ба?\" Тағы жөнелді. Бұл бала айтты: \"Мен де бірге барамын, қатыныңды алсаң көремін, қылсаң ерлігіңді көремін. Хан Шентей

батыр деп алыста естуші едік\". Екеуі бірге жүрді. Жас бала айтты: \"Е, Хан Шентей, өзің кішкенесің, сенің не қайратың бар? Мұны бір байқайыншы\", — деді. Хан Шентей баланы қолтығынан көтеріп алды, алдына мінгізді, қайтып атына мінгізді. Онан соң бала айтты: \"Е, батыр, сіздің де күшіңізді байқайықшы\". Жас бала батыр Хан Шентейді қолтығынан жалғыз шынашағымен көтеріп алып, қайтып атына мінгізді. Хан Шентей: \"Бұл баланың күші менен зор екен, барып сол қызды алсамдағы бұл бала менен тартып алар\", — деп қорқады, үйіне қайтпақшы болады. Бала айтты: \"Е, Хан Шентей, үйге қалай құр қайтып барамыз. Бір асық бойлы Алтынсары алып деген бар еді, соның үш сұлу қарындасы бар еді, соны алайын деп едім, менің күшім жетпеді, екеуміз барып күшіміз жетсе, алсақ қайтеді? Күшіміз жетпесе ұрдырып, ұрдырып жаралы қайтсақ қайтеді?\" Хан Шентей: \"Жарайды, барайық\", — деді. Екеуі іздеп келіп жеті күн, жеті түн соғыс қылды. Дөң жерді ой қылды, тұман қылды. Алтынсары алыпты өлтірді, үш сұлу қарындасын балаға алып берді. Сол елге баланы хан қылды. Сонаң соң Хан Шентей Айнаханның қызын іздеп кетті. Бір заман күндер болғанда бағанағы қырық күншілік жанып тұрған отқа келді. Жүре алмады беті күйіп. Енді Хан Шентей уайым қылды, сол жерде атын байлап ұйықтады. Жирен ат: \"Е, Хан Шентей түрегел, уайым қылма, мен сендік болдым. Менің байым саған бергенде: \"Қашып кел!\" — деп еді, мен сені тастап кетпедім. Менің ерімді ал, аунайын, жүгенімді ал қунайын\", — деді. Хан Шентей ерін, жүгенін алды, ат аунады, түрегелді, үйден шыққан жаңа қалпына түсті. Маған, екі жағыма екі қапшық тас арт, мен ойдан ойға шауып, қырдан қырға шауып қызармын. Сонда маған мініп, қызыл отқа түс. Сол оттан мен жүрермін, жүргенде менің үстімде саған салқын жел болар. Онан алып шығармын сені. Хан Шентей сол атқа тағы мінді, қырық күншілік от жолына түсті, бірнеше уақыттан соң шықты оттан. Шыққанда аттың төрт аяғы күйіп түсті. Ат айтты: \"Е, Хан Шентей, енді мен өлемін, аман бол!\" Сол жерде ат өлді, басында отырып Хан Шентей үш күн жылады. Ас ішпей жатса ұйықтап қалыпты. Түсінде шешесі келіп: \"Хан Шентей, неге жылайсың? — деді,— мен берген қотырдың кара дəрісі қайда?\"

Хан Шентей шошып оянды, қара дəрі есіне түсті. Қара дəрісін алды. \"Бісмілле рахыман рахым, менің қолым емес, шешемнің қолы\", — деп дəріні атқа жақты, ат дүр-дүр сілкініп ұшып түрегелді. Хан Шентей қуанғаннан үйден шыққан қалпына түсті, атына мініп тағы жүрді. Бір күндерде алдынан бір қауым қара көрді, жирен ат айтты: \"Осы көрінген қара Айнахан елінің жандары шығар. Біз бұл қалпымызбенен бармалық! Біздерден қорқар, ақырын, ептеп жүріп алалық қызын! Мен түрімді өзгертіп, жаман күрең тай болайын! Сен түрленіп, бір таз бол!\" Екеуі де түрленді. Сол күрең тайға мініп, тазша бала болып, бағанағы қарайған шаңға келді. Сонда бір адам басы ала алпыс атан жайып жатыр. Бала келіп, амандасты. Ол кісі айтты: \"Неғылған баласың?\" Бала айтты: \"Елімнен адасып жүрмін\". Ол кісі айтты: \"Адасып жүрсең, біздің ауылға бар\". Бала айтты: \"Қарыным ашып келеді, маған бір ас беріңіз\". Ол кісі айтты: \"Менің асым жоқ\". Бала айтты: \"Мына түйеңнің бірін бер, мен сойып жейін\", — деді. Бір түйені берді, бала көтеріп жығып, бауыздап сойып, от жағып, отқа пісіріп жеді. Бір түйені бір өзі жеп қойды. Ол кісі айтты: \"Тойдың ба?\" Бала айтты: \"Бір түйенің несіне тояйын?\" Ол кісі айтты: \"Тоймасаң, тағы да екінші түйені же!\" Оны да бала жеді. \"Енді тойдың ба?\" — деді. Бала айтты: \"Құрсағым аз ғана тəуір болды, əбден тойғаным жоқ\". Ол кісі айтты: \"Бұл түйе менің өз түйем емес, ұят болар\". Бала айтты: \"Бұл кімнің түйесі?\". Ол кісі айтты: \"Біздің елімізде Айнахан деген ханымыз бар. Соның жалғыз қызы бар еді, сол қызды күйеуге берген, соның бүгін тойы бар, сол тойдан барып ет жерсің\". Тазша сұрады: \"Қызын кімге береді?\" — деді. Ол кісі айтты: \"Ешкімге берген жоқ. Шайырқай, Шарқай, Қақтырқай деген үш алып бар еді, сол зорлық қылып, қорқытып, қызын алғалы жатыр\". Бала асығып жүрді, тойға келді. Тойға келсе, кермеде үш арғымақ байлаулы тұр, сол үш арғымақтың қасына келіп аттан түсті. Жаман күрең тайын үш арғымақтың қасына байлады. Бір ақ үйге өзі енді. Сол үйде құда, күйеу отыр еді. Тазша жаман қылышын құда мен күйеудің қылыштарының арасына ілді. Өзі шығып кетті. Тойға келді, жаман ас берсе ішпеді, жақсы асқа тоймады, қолынан берген асқа разы болмады. Бергендерін қолынан жеді, бермегендерін тартып жеді, сол тойға сойған етті тартып жеп тауысты.

Бір кісі ханға келіп: \"Бір тазша келіп етімізді тартып жеп тауысты, сол тазшаны қайтеміз?\" деді. Хан айтты: \"Ешкімге жаман сөз айтпа, менің малым көп, сойып бере бер\". Сонан соң тазша бұрынғысынан жаман болды, тағы да, етін жеп, кісілерін ұра бастады. Бағанағы жаман қылышы құда мен күйеудің қылышын түрткілеп шыдатпады. Құда мен күйеу айтты: \"Тазша тайын алсын, қылышын алсын!\" Айтқан кісінің сөзін тазша есітпеді. Күйеу мен құда: \"Хан жаман хан екен, жаман кісілерді тыймады, бізге оңды ас бермейді, бəрін тазша тартып жеді\", — деп ашуланды. Хан айтты кісілерге: \"Бар! Күйеу мен құдаға үш ту бие сой, үш саба қымыз апар!\" Үш ту биені сояды, жақсы қылып пісіреді, үш астауға салып, алып жүреді. Тазша құда мен күйеудің асын мен де жеймін деп бірге ере барады. Үйге ене бергенде тазша басын қасып, астаудағы еттен бір асайды. Құда мен күйеу ашуланып: \"Етті арамдадың тазша, мында кел, мына арамдаған етіңді жеп тауыс. Тауыса алмасаң, басыңды алармыз\", — деді. Тазша жүгіріп келді, үш астау етті үш-ақ асады, астауын төңкеріп тастап, шығып кетті. Бағанағы Айнаханның қызы отыр екен, оның қасында бір қыз, сыншының Сарықызы деген қыз отыр екен. Тазша шығып кеткеннен соң бұл қыз: \"Апырмай, жігіт екен\", — деді. Айнаханның қызы: \"Сен кімді жігіт дедің\", — деп сұрады. Қыз: \"Əшейін\", — деді. Айнаханның кызы айтты: \"Жоқ, нанбаймын сөзіңе, сен бір нəрсе білесің\". Қыз айтты: \"Айтайын саған, бірақ сен ешкімге айтпа. Сені мына отырған Қақтырқай алмайды, мына жүрген тазша алады\". Ол айтты: \"Бұл жаман тазша мені қайтіп алады?\" Қыз айтты: \"Бұл жаман емес. Ертең Айнахан саған кісі жіберер, сенен қызым бұл күйеуге, бұл тойға разы ма, наразы ма деп сұрар. Сонда сен айт: \"Күйеуге разы емен, тойға да разы емен де\". Əкең: \"Неге?\" — деп сұрар. Сонда сен айт: \"Мені не балуан күрестіріп жыққанға бермедің, не ат жарыстырып аты озғанға бермедің?\" Сонда əкең айтар: \"Балуан күрестіріп жыққанын ал, ат жарыстырып озғанын ал!\" Атаң: \"Баяғы күйеуін жығатығұн кім бар? Өзі жығар, өзі алар\", — деп ойлар. Сонда оны осы тазша бала жығар. Ат жарыстырса, осы Тазшаның күрең тайы озып келер, сонан сені ол тазша алар. Сен мені айтты деп ешкімге сыр ашпа\". Ертесінде қыздың əкесі қызынан: \"Қылған той, берген еріңе разымысың, наразымысың?\" — деп сұрады. Қыз айтты: \"Разы емеспін, наразымын. Неге балуан жыққанға бермедің, жарыстырып аты озғанға

неге бермедің? Қорыққаныңнан біреуге бердің\". Айнахан айтты: \"Олай болса, балуан тұрғызыңыз, қызымды қай жыққанына беремін, ат жарыстырыңыз, кімнің аты озып келгенге беремін\", — деді. Құда мен күйеу айтты: \"Жақсы, ат жарыстырамыз! Біздің атымыздан кімнің аты озады, қызық ойын болсын!\" — деді. Хан қызын беремін деген соң жұрттың бəрі де ат жарыстырмақшы болды, жеті мың ат жиылды. Сонда тазша күрең тайын қоспақшы болады, мінгізейін десе бала таба алмайды, сасып жүреді. Өзі мініп кетейін десе мұнда Айнаханның қызын алып кетер деп қорқады. Сөйтіп жүргенде бір қатын келді, бір жеті жасар баласы бар. Бұл қатын айтты: \"Е, тазша, бері кел! Сенің келгеніңді мен білемін, сенің атыңа шапса менің балам шабар, өзге кісі шаба алмас. Мен сіздің елдің қызы едім. Айнаханның елі мені алып келген еді, мынау сендерден шыққан жұрағат\". Хан Шентей айтты: \"Е, балам, қане, менің атыма шаба алатындығыңды білейін, қамшымды көтерші\", — деді. Қамшысы тоқсан өгіздің терісінен өрілген екен. Бала қамшыны көтеріп алып жерге салып қалады, қамшы екіге үзіліп кетеді. \"Е, балам, менің атыма шабуға жарайды екенсің\", — деп баланы атқа мінгізіп, жібереді. Жеті мың атты жеті айшылық жерге айдайды. Сонан соң ат қосқан көп жамағаттар тосып отырады. Тазша мұнда енді жеті қабат жібектен арқан еседі, күмістен діңгек орнатады. Халық оған күледі: \"Бұл тазша құтырған ба?\" Тазша оны ойына алмайды. Сол жіберген жеті мың аттың жеті күн дегенде шаңы көрінеді, жұрт аттар келеді деп қарасады. Жеті күннің бір күні қалғанда бір қара көрінеді, сол қара жақындап келеді. Күйеу мен құда айтты: \"Біздің атымыз сол\", — деді. Тазша қуанып елдің шетіне жүгіреді, өзін өзі санына шапалақтап қарғып- секіріп жүреді қуанып. Бір күндерде ат жетеді, бұрынғы үйінен шыққан жақсы жирен ат қалыбына түсіп алыпты. Əркім қосқан атын таниды, бұл жирен атты ешкім танымайды. Тазша шетте тұрып айғайлайды. Сол жирен ат тазшаға қарай шауып келеді. Аттың басын бала тартып тоқтата алмайды. Бала тұсына келгенде жібек арқанды балаға тастай берді. Бала аттың сулығынан іліп алып, қайта тастайды. Тазша табанын тасқа қоя тартады, тасты жұлып кетеді, табанын тауға қоя тартады, тауды жұлып кетеді, тауға біткен бір сексеуілге табанын қоя тартқан екен, жеті қабат жібек арқанның алты қабаты үзіледі, бір қабаты қалғанда азар-азар тоқтайды. Тазша атын алып келіп, күміс діңгекке байлайды.

Құда мен күйеу енді қорықты. \"Аты озған, енді күрессек, өзі жығар. Біздің үйіміздегі Сасыққара алыпты алып келіңіз! Он кісі барыңыз! Он арба көмір апарып төгіңіз! Он кісі көрік басып қыздырып оятыңыз! Жеті күн, жеті түн ұйықтайды. Он арбаға салып алып келіңіз\", — деді. Он кісі барып сол алыбын алып келді. \"Е, тазша, — деді,— мынаны жық! Жыға алмасаң, басыңды аламын!\" Тазша келіп, сол Сасыққара батырмен күреседі, екеуі жеті күн, жеті түн алысады. Дөң жерді ой қылды, ой жерді дөң қылды. Екеуі бір-бірін жыға алмады, дем алайық деп сөйлеседі. Байлаулы тұрған жирен ат шылбырын үзіп тазшаға жетіп келді: \"Сен тазша, неғып отырсың? Сен жіңішке болсаң да күшің қалың, анау жуан. Жуан болса да күші аз\", — деді. \"Сен екі қолтығыңа екі тас қыстырып ала күрес, сол тастың салмағымен қызарсың. Сонан сон Сасыққараны жығарсың\", — деді. Тазша тұра салып бір үлкен үйдей екі тасты екі қолтығына тыға күреседі. Сол Сасыққара алыпты алып соқты, жығып, кеудесіне мініп алды. Құда мен күйеу алыптың жығылғанын көріп, тазшадан қорқып қашып кетіпті. Тазшаны шақырып хан үйіне алып кетті. Халық айтты: \"Бəрекелді, берсең, қызыңды хан осыған бер! Бек жақсы кісі екен\". Хан соған қызын бермекші болды, халқын жиып үш күндей той қылды. Жұртын жиып той болғаннан соң хан: \"Осы күйеудің кім екенін білемісің?\" — деп сұрайды. Хан күйеудің өзінен сұрауға ұялады, жұртын жиып сұрайды. Сонда бір кісі де білмейді. Сыншының Сары қызы айтады: \"Білсем, мен айтайын кім екенін, білмесем, мені сөкпессіңдер!\" Хан бұл қызды шақырды. Сыншының Сары қызы келіп айтты: \"Апырмай, бұл кім болды, жер астында Қаратүн деген, ол емес. Қара құла ат астында, қара шашы басында Жас батыр десем. ол емес. Майысқак жирен ат астында, солқылдақ қызыл найза қолыңда Ерке Сары десем, ол емес, Асық бойлы Алтын Сары десем ол емес. Ақ шұбар ат астында Кірпіш батыр десем ол емес. Құнан Қара Бағыс, Дөнен Қара Бағыс, жақсы жирен атты Кенже Қара Бағыс десем аты ұқсасадағы ері ұқсамайды, Қарыс Қара батыр деген батырдың баласы қабырғасында қаяу жоқ, омыртқасында буын жоқ, Хан Шентей батыр десем сол болмаса. Ол болса, ол түрленіп келген шығар. Сен Хан Шентей болсаң, түрлен\", — дейді. Тазша сілкінді, бір көккептер ұшты. Қыз тағы айтты: \"Тағы да түрлен, батыр!\" Тазша тағы

сілкінді, көк қаршыға болып ұшты. Қыз айтты: \"Е, батыр, тағы түрлен, өз қалыбыңа түс!\" Тағы да сілкінген екен, онбесінде туған айдай болып Хан Шентей қалыбына түседі. Оның көркіне жұрт есінен жаңылып, талып қалды. Қыз тұра салып торғын орамалын суға малып, талып қалған кісілердің бетіне суды себеді. Кісілер есін жиып алды. Айнаханның қызы айтты: \"Е, адам, берсең, осындай ерге бер! Берген еріңе болайын! Қылған тойыңа болайын!\" Сонан соң хан қуанды, той қылды, қызына алпыс ала бас атан бермекші болды, қырық қыз, қырық жігіт берді, жөнелтпекші болды. Жирен ат айтты: \"Мен бұрынғыдай сені алып өте алман, атаңның үш алтынды кілемі бар, сол кілемін сұра, сол кілемді жайып өтерсің\". Хан Шентей кілемді сұрайды, бірін берсе де екіншісін бермейді. Хан Шентей айтты: \"Үшеуін бермесең, еліме бара алмаймын. Қызыңның да маған керегі жоқ, мен бұл жерде жүре алман\". Сонан хан үш кілемін бермек болды, кілемді бергеннен соң алпыс атанға қазына артып берді. Амандасып жөнеледі, бір күні дарияға келіп жетеді. Шағырқай, Шарқай, Қақтырқай үш алып: \"Айнахан қызын бізге бермейді\", — деп халқын жиып жатыр екен. Хан Шентей кеткеннен соң Айнаханның елін шауып кетеді. Айнахан бір уəзірін Хан Шентейге жібереді. \"Келе көрсін, елімді шауып кетті\", — дейді. Ол кісі Хан Шентейге барды. Хан Шентей үш алыптың елін іздеп барып жеті күн, жеті түн алысады, жесір-жебір қылып шабысады. Айнаханның елін бұрынғы жирен атқа шапқан балаға берді. Бұл бала ол еліне хан болып тұрды. Балаға айтты: \"Тағы да не керек саған?\" Бала айтты: \"Маған көп нəрсенің керегі жоқ. Сыншының Сары қызын алып берсеңіз жақсы болар еді\". Сыншының Сары қызының көңілі болады екен, баланың көңілі қызда екен. Хан Шентей балаға сыншының Сары қызын алып берді. Амандасып, есендесіп, қайтып кетті. Бір күндерде қатынына келіп жетті. Сол қырық күншілік от дариясына кілемнің бірін көпір қылып өтті. Онан соң қырық күншілік от шөлге келді. Оған екінші кілемді көпір қылып өтті. Үшінші кілемді құм дариясынан жайып өтеді. Бұл құм дарияның арғы жағында Ақкірпіш батыр, Ерке Сары алып батыр, Жас Бала батыр тосып жатады. \"Хан Шентейдің қылған ерлігін есіттік, алған қатынын көрейік\", — деп жатады. Хан Шентей келіп амандасып, есендесіп көріседі. Сонан соң еліне қарап жүріседі. Хан Шентей кісілеріне айтты: \"Мен озып кетейін, сен үшеуін алып

келіңдер! Менің дөңгелек сызған жеріме қон\", — дейді. \"Ұзын сызған жеріме жүріңдер\", — дейді. \"Аман, есендіктеріңді білермін\", — дейді. Оларды тастап Хан Шентей озып кетті. Озып кеткеннен сон түнеугі айтқан сыншының Сары қызының жер астындағы Қаратүн деген алыптың Айнаханның қызын алсам деген ойында бар екен. Ол бұрын Айнаханнан қорқып жүрген екен. Хан Шентей алып жүргенде көтінен бірге қуып келе жатыр екен. Хан Шентей кеткеннен соң жердің жүзіне шығып Хан Шентейдің қатынын, алпыс ала бас атан, қырық қыз, қырық жігітті, дүние-мүлкін, малын, бəрін асап-жалмап жердің астына түсіп кетті. Бағанағы үш алып жердің тесігіне бірге түсейін деп еді. Аяғын тықса аяғы жермен кесіліп шолақ болып қалды. Қолын тығып еді, қолы шолақ болып қалды. Аяқ- қолынан айырылып сол жерде отырып қалды. Хан Шентей бір күндерде келе жатып ұйықтағанда бір жаман түс көрді. Оянды: Бір нəрсе болар ма деп кері қайтты. Қайтып келсе оларға, бəрі де жоқ екен, үш алып отыр екен. \"Бұл не болды?\" деп сұрайды. Үш алып айтады: \"Бір жалмауыз жалмап кетті\" Хан Шентей жылайды-жылайды. Атын сол арада мықтап байлады арқандап. Бір арқанды өзінің беліне байлайды. \"Мен жердің тесігіне түсемін. Сіз арқанның бір жағын ұстап алыңыз. Қашан осы арқанның ұшын қимылдатқан болсам тарт\", — дейді. Хан Шентей жердің астына түсті. Жердің астында осындай бір дүние бар екен. Сол жерде арқанын тастап күннің батысына қарап кетті. Бір күндерде күн болғанда, жатқан көп малға келді. Малдың ортасына келіп жатса, бір таудай үй тұрады. Үйдің ішіне кірді. Сол жеті басты жалмауыздың үйі екен, ішінде өзі жатыр екен. Жеті күн, жеті түн ұйықтайды екен. Сол күні ұйықтаған екен. Хан Шентейдің қатыны қасында жылап отыр екен. Хан Шентей қатынымен амандасып-есендесіп бір-біріне сəлем берді. Қатыны айтты: \"Е, ерім, өлерсің\", — деді. Хан Шентей айтты: \"Оны өлтірмесем, сені апара алмаймын, өлтірмей апарсам бізді тағы қуар, өлсем өлейін, бір алысармын\". Қатыны айтты: \"Сенің күшің жетпес\", — деді. Хан Шентей қылышын суырып алды. Жалмауыздың басын бір шабады. Жалмауыз түрегелді. Екеуі сол жерде алысады. Үйдің ішінде ойран- ботқа қылысады. Жеті күн, жеті түн алысады. \"Демімізді алысайық\", — деп уəде қылысады. Хан Шентей қорықты: \"Күшім жетпес, ол мені өлтірер\" деп. Сол уақытта бір ақсақалды адам жетіп

келді. Жеті басты жалмауызға ұрсады. \"Е, жалмауыз, бұл дүниені бұнда жалмап біттің, сенің екінші дүниеге не қақың бар? Сенің жылатқан жандарыңның көзінің жасы, қаны көл дария болды, жердін жүзін алды, сен ешбір тек жүрмедің\", — деп темір таяқпенен салып қалды. Жеті басы талқан болды. Сол адам Қыдыр екен, шешесінің батасымен Қыдыр келген екен, жеті басты жалмауыздың жанын алған екен. Хан Шентей тұрды, жалмауыздың ішін жарды, жалмаған жанның бəрі ішінде тірі жүр екен. \"Ой, тəңірі, көзіңді ашсын\", — деп шулап шығып жатыр. Сол жанның бəрін де алып жүрді. Малын, жанын бағанағы тесікке айдап келді. Арқанды əрі-бері қимылдатады. Ол үшеуі тартып малын, жанын, қатынын шығара алмайды бұл дүниеге. Хан Шентей бүкіл малымен жердің астында қалды. Хан Шентей жылап-жылап айтты: \"Сендерді көріп, бөтен дүниеде жүргенше, көрмей адасып өлейін\", — деді жылап. Екі етегін беліне түріп алып кетті Хан Шентей. Бір күндерде келе жатыр еді, алдында бір бəйтерек тұрады. Бəйтеректің қасына келіп жатады. Жатса, ұйықтап қалады. Ұйықтап жатса бір қатты дауыс шығады. Сол дауыстан оянады. Оянса сол дауыс бəйтеректің басынан шығады. Бəйтеректе, қараса бір ұя бар екен. Ұяда үш балапан бар екен. Дауыстап жылаған сол екен. Бір айдаһар асағалы сол терекке шығып бара жатады. Сол жыланнан балапан қорқып дауыстайды екен. Хан Шентей: \"Осы балапанды асағалы бара жатыр ғой. Менің қатынымды жалмаған жалмауыз сықылды бұл жыланды мен өлтірейін\", — деп қылышын суырып алды. Қылышыменен шауып, айдаһарды қақ бөлді. Сол жерден тағы да жөнелді. Үш балапан шақырады. \"Неткен жан едің, бермен келші\", — дейді. Қайтып келіп сəлем берді. \"Не қылған адамсың?\", — деді. Хан Шентей бəрін де айтты. Қатынын жалмап кеткенін де айтты. Жалмауызды өлтіргенін де айтты. Жердің тесігінен шыға алмай қалғанын да айтты. Онан соң бəрін тастап өзі кетіп бара жатқанын да айтты. Балапан айтты: \"Біздің анамыз алып қара құс деген құс еді. Онан да үлкен жан жоқ еді. Біздің анамыз екі дүниеге бірдей ұшушы еді. Жасынан жылында үш бала табады екен. Үшеуін де жылда осы айдаһар асап кетеді екен. Жерге, інге еніп кетеді екен. Ең соңғы тапқан үш баласы біз екенбіз. Бізден соң бала таппайды екен. Біздің жанымызды сен алып қалдың. Қартаймаса, менің шешем алып қара құс тілеген жеріңе шығарар. Бізге көп жақсылық қылдың\". Хан

Шентей айтты: \"Шешең қайда кеткен\". Балапан айтты: \"Шешеміз бізге тамақ əкелгелі кеткен. Шешеміз келгенше бізге, ағаштың басына келіп жата тұр.\" Хан Шентейді ағаштың басына шығарып алып қанатының астына жауып жатты. \"Көрсе, шешем асап қояды сені\", — деді. Бір күндерде шешесі жылап келеді. Баламды тағы да жылан асап қойды ма деп келіп бəйтеректің басына қонады. Бəйтерек майысып жерге үш тиіп, үш түзетіледі. Балапан айтты: \"Е, шеше, жақсылыққа жақсылық бар ма? Жамандыққа жамандық бар ма?\" Шешесінен үш сұрайды. Шешесі айтады: \"Жақсылыққа — жақсылық бар\", — дейді. \"Жамандыққа жамандық бар\", — дейді. Балапан айтты: \"Жақсылыққа жақсылық болса, бізге жақсылық қылған мынау\", — деді. Шешесі айтты Хан Шентейге: \"Маған сен көп жақсылық қылдың, қартаймасам сені жер жүзіне шығарар едім. Маған осы үш баланы сен бердің. Сенің хақыңды бұл дүниеде өтей алман. Сен маған құлан менен бұланнан алпыс айғыр алып кел. Мені жемде. Сонымен мен сені алып ұшып көрейін\". Хан Шентей мылтығын мойнына салып ертеменен жүгіріп кетті. Құлан менен бұланнан алпыс айғыр алып келді. Қарақұс соның отызын жеді, отызын артып алды. Хан Шентейді мінгізіп алып жүрді. Бағанағы қатынын тастаған жерге келді. Үстіне сол малын, жанын артады. Бəрін де артып алып ұшады көкке қарап. \"Бұлай қарағанымда бір айғырдың етін сал аузыма, бұлай қарағанымда екі айғырдың етін сал аузыма\". Хан Шентей айтқанын қылды, бұлай қарағанда бір айғырдың етін аузына салды, бұлай қарағанда екі айғырдың етін аузына салды. Алып ұшып жүргенде бір күншілік жер қалғанда айғырдың еті таусылды. Хан Шентей сасқанынан қоң етін кесіп алып аузына тастай береді, адам етінің күшіменен Қара құс жер жүзіне жетіп келді. Алып келсе бұрынғы тастап кеткен үш алып боғын жеп, сідігін ішіп, киімінің жамауын пісіріп, етігінің қонышын пісіріп жеген екен. Сол күнде əмбесі таусылған екен. Сол күнде келмесе үшеуі де өледі екен. Қара құс айтты: \"Бұл неғылған жан\", — деді. Хан Шентей айтты: \"Бұл үш кісі менің жолдасым еді\", — деді. Қара құс айтты: \"Жақсылыққа-жақсылық\", — деп үшеуін үш асап, үш тастады, үшеуі үйден шыққан қалыбына түседі. Қара құс айтты: \"Е, Хан Шентей, маған адам етін бердің, бұл өзіңнің коң етің болған, ал!\" — деп етін қайтып құсып тастады. \"Бұл етті қоңыңа жапсыр\", — деді. Хан Шентей жапсырды, бұрынғы қалыбына түсті. Қара құс енді: \"Қош- есен бол!\" — деп кетіп қалды.

Хан Шентей енді бəрін де үйіне алып барады. Бір күндер болғанда жас Бала батыр жеріне келді. Жас Бала батыр айтты: \"Үйірін сағынбас ер болмас. Хан Шентей мырза, ойнап-күліп көп жүрдік, еліме барамын, есен бол!\" — деді. Елге келсе, елі жоқ. Бір жау елін шауып кетіпті. Хан Шентейге жылап қайтіп келді. Хан Шентей барып Жас Бала батырға бір елді шауып келді. Тағы да Хан Шентей жөнелді, бір замандар болғанда Ерке Сары алыптың жеріне жетті. Ол да елінде қалайын десе елі жоқ екен. Əлдеқашан бір жау шауып кеткен екен. Хан Шентей тағы барып бір елді шауып берді. Тағы да бір замандар болғанда Ақ Кірпіш батырдың жеріне жетті, оның елін тағы да бір жау алып кеткен екен, оған Хан Шентей тағы да бір ел шауып əкелді. Сонан бір замандар болғанда үш Қара Бағыстың жеріне келді. Жақсы жирен атты кенже Қара Бағысқа алып берді. Сол үш ағасы, шешесі, жұрт жиып отыз күн ойын қылды, қырық күн тойын қылды. Сонан соң шешесі айтты: \"Енді біз разымыз\", — деді. \"Сен де разы бол. Көптен көп жүрдің, жақсылық пен жамандықты білдің, енді өз əке-шешеңді іздеп тап!\" Малын қақ жарып, жартысын үш баласына, жартысын Хан Шентейге берді. Амандасып құдай алдында табысалық деп жыласып айрылысты Хан Шентей. Сонан жүріп бір замандар болғанда өз елін іздеп тауыпты. Əке- шешесін іздеп таба алмады. Елден сұраса біреу айтады: \"Пəлен ауылда тіленші болып жүр\". Ол ауылға келсе, тағы да бір ауылға кетті дейді. Іздеп-іздеп жүріп елдің бір шетінен тапты. Келіп тапса əкесі мүлде қартайып кеткен, үстінде киім жоқ, бетінде өң жоқ, балаң келді деп айтса да білмейді, есі жоқ. Біреу қатты айтқан екен, сонда кішкене есіне түсіріп, білді. \"Мынау сенің балаң\", — деп көрсеткен екен. Сол баласын көргеннен соң əкесі қуанғаннан жиырма бестегі жасына келді, шешесі он бестегі жасына келді. Хан Шентей сол елде патша болып, елі жұртын билеп, таққа отырды. Алмаған жау болмады, жер қалмады, шаппаған ел болмады. Сөйтіп дəурен сүріп, бір күнде дүниеден өтті дейді.

ЕРКЕМ АЙДАР Бұрынғы заманда Еркем Айдар деген жас бала батыр болған. Ұзын Сары алып деген алып болған. Еркем Айдардың Наран сұлу деген қарындасы болған, сол сұлу қарындасын аламын деп Ұзын Сары алып қызыққан. Сол елді келіп шапқан. Еркем Айдар келе жатқанын есітіп, қарындасын алып бір құдыққа түсіп, жасырынған. Ұзын Сары Алып келіп елді шапқан, Еркем Айдарды қарындасымен таба алмаған. Ол елді шауып кетеді, кеткен соң құдықтан Еркем Айдар шығады. Құдықтан шықса, бір қотыр күрең тай қалады. Қотыр күрең тайды барып ұстап алады, ұстаған екен құнан болады, жүгендеген екен дөнен болады, ерттеп мінген екен бесті ат болады. Айшылық жерді алты аттайды, күншілік жерді жеті аттайды. Сол ат айтты Еркем Айдарға: \"Менің үстімде жүргенде сені жауға алдырсам мен ат болмайын, менің үстімде жүргенде сен жауға алдырсаң сен жігіт болма\". Сонан соң сол атқа мініп, алмаған жау болмады, шаппаған ел болмады. Сол Еркем Айдардың жалғыз қарындасы дуагер екен, сол: \"Атса мылтық өтпесін, шапса қылыш өтпесін, адамның күші саған жетпесін\", — деп дұға қылды. Бір күнде Еркем Айдар үйден сапарға кеткен екен. Ұзын Сары алып іздеп келді. Наран сұлу отырған үйіне кірді. Қызды көріп айтты: \"Сен кімсің?\" — деді. Қыз айтты: \"Кім болайын, Еркем Айдардың қарындасымын\". Ұзын Сары айтты: \"Сені неше жылдан бері іздеп келдім, құдайға шүкір, енді таптым сені. Енді маған тиемісің?\" Қыз айтты: \"Жоқ, мен саған бармаймын, менің ағам бек балуан, сені қайда барсаң да өлтіреді, мені де өлтіреді\". Ұзын Сары айтты: \"Қорықпа, мен сені алармын, сен шыныңды айт, сен мені сүйемісің?\" Қыз айтты: \"Неге сүймеймін, сүйемін, барармын саған. Сен мені алып кетпесең, өзім амал тауып барайын\". Сол Ұзын Сары алыпты бір жерде ор қазып, соған салып қояды. Онда асырады, күндіз ағасы кеткенде екеуі ойнап бірге жатады, кешкі уақытта жасырады. Бір күндерде қыз айтты: \"Ағамды бір алысқа жұмсайын, қиын іске барса, келместей жұмсайын. Егер келер болса, жүдеп келер, сонда сен ағамды өлтірерсің\". Қыз бір күндерде ауру болды, ауру болып дөңбекшіді. Еркем Айдар келіп: \"Е, тар құрсақта жатысқан, таласа емшек еміскен

қарағым, саған не болды?\", — деді. \"Саған, шырағым, не ем керек\", — деді. Қыз айтты: \"Е, ағам, ауру болдым, бір ем алу қиын\", — деді. \"Мына жақта бір жеті басты жалмауыз бар деп естуші едім, соның маған бір қасық қаны керек. Соны ішсем жазылар едім\". Ағасы айтты: \"Қиын болса да алармын. Қарындасымның жолында өлсем, шейітпін\". Еркем Айдар сол жеті басты жалмауызды іздеп кетті, бір күндер болғанда, бір далада тұрған үйге жетті. Бұл үйге: \"Ассалаумағалейкум\", — деп кіріп келді. Ол үйде бір қыз отыр екен. Ол қыз айтты: \"Уаликумассалам, неқылған жансың?\" — деді. Еркем Айдар айтты: \"Еркем Айдар деген алыппын\". Қыз: \"Қайда барасың?\" — деді. Жігіт айтты: \"Қайда барайын? Менің жалғыз қарындасым ауру еді, оған жеті басты жалмауыздың қанын іздеп бара жатырмын\", — деді. Қыз айтты: \"Батыр да болсаңыз ақылыңыз аз екен ғой. Сені қарындасың өлсін, қайтып келмесін деп алдап жіберген екен. Ол жеті басты жалмауызға адам күші жетпейді, ол көрінген жанды жеті күндік жерден жалмайды. Біз үшеуіміз қыз едік, үшеуімізді аламын деп санайды, қашаннан біз сонымен соғысып жүрміз. Ол бізді ала алмайды, оны біз ала алмаймыз, жеті күн, жеті түн соғысамыз. Мұнан былай жолында екі апам бар, олар саған бір амал тауып бермесе, сен аласың деп айта алмаймын. Сен қайтқанда қонақ бол бізге\", — деді. Сонан бір күндерде əлгі айтқан ортаншы апасына келді, үйіне сəлем беріп кірді. Қыз сəлемін алып: \"Кімсің?\" — деді. \"Еркем Айдар деген палуан менмін\", — деді. Қыз айтты: \"Сен қайда бара жатырсың?\" Батыр айтты: \"Менің жалғыз қарындасым бар, сол ауру болды, жеті басты жалмауыздың қанын іздеп барамын\", — деді. Қыз айтты: \"Ақылды болсаң да ақымақ екенсің, қарындасың сені өлімге алдап жіберген екен, сен түгілі үш балуан Қыз — біз де бірнеше жылдай соғыстық. Үлкен апамыздың күші болмаса бізді де алар еді. Сен үлкен апамызға бар, сол бір амал тауып берер\". Еркем Айдар үлкен апасынікіне келеді. Кіріп келсе апасы сұрамай оны біледі екен. Қыз айтты: \"Е, Еркем Айдар, ақылды болсаң да, ақымақ болған екенсің батыр да болсаң, тентек болған екенсің. Қарындасың саған қас қылған екен, сен жүгіңнің астын неге қарамай шықтың?\" Еркем Айдар айтты: \"Наранжан маған қас қылмас\", — деді. Қыз айтты: \"Сол жеті басты жалмауызбен жеті жылдан бері соғыс қылып тұрамыз. Ол көп ұйықтайды, біз аз ұйықтаймыз, ұйықтап жатқан жерінде біз оны

өлтірер едік, ол біздің əкемізді өлтірген еді. Əкеміз айтып еді бізге, ұйықтап жатқан адамға тиме, ұйқы менен өлу тең. Əкеміздің тілін тастамаймыз. Осы күнде барсаң ұйықтап жатыр. Ұйықтаған жерінде өлтірген соң, қайтарыңда бізге қонақ бол!\". Сол жеті басты жалмауызға барды, ұйықтап жатқан жалмауыздың қылышымен бір басын алды. Алты басымен ақыра түрегелді. Алты басымен алты күн, алты түн алысады, ой жерді дөң қылады, дөң жерді ой қылады. Алты күнде алты басын алады, сол жерде өлтіріп салады. Қолқа жүрегін кесіп алады. Бір күндерде бағанағы қыздыкіне қайтып келді. \"Өлтіріп, қолқа жүрегін алып келдім\", — деді. Қыз айтты: 'Саған да жақсы болды, бізге де жақсы болды, бəрекелді, ерім. Біз оны ала алмай жүруші едік, ол бізді алады ғой деп қорқушы едік\", — деді. Үйінде қондырып жатқызып, түнде ұйықтап қалған соң жалмауыздың қолқа жүрегін қыз алып қояды, бір өгіздің қолқа жүрегін қоржынына салып қояды. Ерте тұрып, алғанын білмей, кетіп қалды. Айдан ай өтіп, жылдан жыл өтіп, бір күндерде үйіне келді, Үйіне жетіп келе қалса қарындасы Наран сұлу тысқа шығып тұр екен. Келе жатқанын көрді, жеті басты жалмауыздың қолқа жүрегін алып келгенін білді, есен келе жатқанын көрді. Қайта жүгіріп үйіне енді. \"Е, Ұзын Сары алып батыр! — деді,— менің ағам келе жатыр, сенің оған əлің жетпес, бұл жолда жүдеген жоқ екен, қимылдамай жат, тағы да бір қиын іске жұмсайын\", — деді. Ағасы келді, амандасып көрісті. \"Шырағым, Наранжан ауруың қалай?\", — деді. Қыз айтты: \"Жазылған ауруым жоқ\", — деді. Жалмауыздың жүрегін қызға берді, қыз емделіп жүрді. Еркем Айдар қуанып, тағы бір жау жаулағалы кетті, сол жауды алып үш күннен соң үйге жетті. Келсе қарындасы есіктен төрге, төрден есікке дөңбекшіп, ойбай салып жылап жатыр. \"Еркем Айдар, менің ауруым бұрынғыдан жаман болды\". Еркем Айдар айтты: \"Е, шырағым Наранжан, сен өлсең мен жалғыз қайда барармын? Құдай сені жалғыз алғанша біз екеуімізді бірге алсын. Наранжан шырағым, ұрғашы адам кəрі құлақты болушы еді, саған не ем керек болар?\" \"Маған алла тағаланың ақ түйесінің сүті керек, — деді,— соны ішсем мен жазылар едім. Алла тағаланың ақ түйесінің бурасы бар екен, сол бура көзі көрінген жанның бəрін алады екен, соған барсаң сол бураны өлтірерсің\".

Еркем Айдар кетеді іздеп. Бір заман күндер болғанда бағанағы қыздыкіне келіп жетті. Қызбен амандасты, қыз айтты: \"Қайда барасың?\" Еркем Айдар айтты: \"Құдай тағаланың ақ түйесінің сүтін іздеп барамын\". Қыз айтты: \"Е, Еркем Айдар, ақылды болсаң да ақымақ екенсің, батыр да болсаң тентек екенсің, қарыңдасың сені өлімге жұмсаған екен. Ол алла-тағаланың ақ түйесінің сүтін адам ала алмайды. Сен ортаншы апама бар, ол білсе білер\". Бір күндерде ортаншы апасінікіне келді жетіп. Үйіне кіргенде қыз айтты: \"Қайда барасың?\" Еркем Айдар айтты: \"Жалғыз қарындасым ауру екен, соған алла-тағаланың ақ түйесінің сүтін іздеп барамын\". Қыз айтты: \"Е, Еркем Айдар, ақылды болсаң да, ақымақ екенсің, батыр да болсаң, тентек екенсің, сені өлімге жұмсаған екен. Бұл алла-тағаланың ақ сүті бұлақ болып ағып жатады, ол өлген кісіні тірілтеді, оның бурасы бар, көрінген кісіні қуып жетіп өлтірер. Біз дағы оның сүтін керек қыламыз, бурасынан қорқып бара алмаймыз. Менің үлкен апама бар!\" Бір күндерде сол үлкен апасінікіне келді. Қыз айтты: \"Қайда барасың?\" Еркем Айдар айтты: \"Қарындасым ауру еді, аллатағала ақ түйесінің сүтін іздеп барамын.\" Қыз айтты: \"Күшің көп те болса, ақылың жоқ екен, қарындасың сені өлсін деп жіберген екен. Ол алла-тағаланың ақ түйесінің сүтін біз де алайық десек бурасынан қорқып бара алмаймыз, бір алсаң бурасы ұйықтап жатқанда аларсың, атың жүйрік болса. Алып қашып жеткізбей кетсең, құтыларсың, егер қуып жетсе, сені өлтірер\". Еркем Айдар: \"Ажал жетпесе, өлмен\", — деді. Бір заман күндерде барып жетті, ағып жатқан сүтінен торсығына құйып қашты. Сол қашып бара жатқан атының дүбірімен ұйықтап жатқан бура оянды, көріп, оны қуды, бір заманда қуып жетті. Қуып жетіп, ішінен тістеп алып жерге соқты. Еркем Айдар бураны көтере түрегеліп соқты, бура жəне алып соқты. Бір-бірін екеуі үш-үштен алып соғысты. Төртіншіде бураның жағын сындырып, өлтіріп, құтылып кетті. Бағанағы қыздыкіне келіп қонды. \"Есен сау келдің бе?\" — деді. \"Бураны өлтіріп, сүтті алып келдім\", — деді. Түнде жатқызып қойып ұйықтаған соң, əкеле жатқан сүтін алып қалды, бір түйенің сүтін торсығына құйды. Ерте тұрып Еркем Айдар оны білмей қайтып кетті. Бір заман күндер болғанда үйіне жетті. Қарындасы ағамның келетұғын уақыты болар деп тысқары шықты, ағасын көрді. Қайта үйіне енді. Айтты: \"Е, Ұзын Сары алып, ағам келе жатыр, сенің күшің оған жетпес, үндемей жата тұр\". Ағасы келді, қарындасына амандасты,

сүтін берді. Бұл қыз алып келген сүтпенен беті қолын жуды, жазылды, ойнап күліп жүрді. Еркем Айдар тағы жаулағалы кетті. Үш күннен соң үйге келсе, қарындасы бұрынғыдан жаман ауырып қалыпты. Ыңыранып төрден есікке, есіктен төрге домалайды. Еркем Айдар жылады: \"Сен өлсең, мен де өлейін, тағы саған бір ем керек пе?\" Қыз айтты: \"Маған аллатағаланың шолақ қасқырынын өті керек\", — деді. Еркем Айдар атын ерттеді, жұмсаған жеріне жөнелді. Бір заман күндер болғанда бағанағы қыздікіне келді. Қыз айтты: \"Қайда барасың?\" Жігіт айтты:'\"Қарындасым тағы ауру, алла-тағаланың көк шолақ қасқырының өтін іздеп барамын\". Қыз айтты: \"Сені өлсін деп қарындасын жұмсаған екен. Өзге жолдан келсең дағы, мұнан келе алмассың деп, сол көк шолақ қасқырға адам күші жетпейді. Оған сен барма, барсаң келмейсің\". Еркем Айдар айтты: \"Қарындасым үшін шейітпін, барамын\". Кетті Еркем Айдар. Бір заман күндерде үлкен апасінікіне келді. Сəлем беріп, үйге кіріп келді. Қыз айтты: \"Қайда барасың?\" Еркем Айдар айтты: \"Жалғыз қарындасым ауру болды, соған аллатағаланың көк шолақ қасқырының етін іздеп барайын.\" Қыз айтты: \"Е, Еркем Айдар, қарындасың сені өлімге жіберген. Ол көк шолақ қасқырға адам күші жетпейді, өзінен басқаның бəрін де асайды, оған сен барсаң ол сені тағы асап қояр. Оған сен барма. Барсаң сонау көгеріп көрінген төбе сол жатқан қасқыр. Ұйықтап жатқан жерінде алмасаң ала алмассың\", — деді. Еркем Айдар атқа мінді, кетті. Бір уақытта көк шолақ қасқырға жетті, қасқыр ұйықтап жатқан екен, белге барып қырық құлаш семсермен шапты, белі екі үзіліп кетті. Кеудесіменен алыса кетті, үш күн, үш түн алысады, ол қасқырды өлтіріп, өтін алады. Қасқыр оның əр жерін тістеп, жаралапты. Қайтып қыздікіне келеді. Қыз түнде жатқызып бағанағы алып келе жатқан етін алып қойып, бір қасқырдың өтін білдіртпей салып қояды. Ерте тұрып Еркем Айдар оны білмей кетіп қалды. Бір заман күндер болғанда үйіне келді. Қарындасы ағамның келетұғын уақыты болды деп қарап тұрса керек. Қыз ағасын көреді дағы қайтып үйіне кіреді қуанып. \"Менің ағам Еркем Айдар жүдеп келе жатыр екен, тұрып бір алысып бақ, Ұзын Сарып алып!\" Еркем Айдар үйіне кіріп келді. \"Е, қарағым, қарындасым, сенің үшін жүдеп болдым, маған бір жақсы ас бере көр!\" Қарындасы бір аяқ асты құйып берген екен. Аузына тиер тиместе Ұзын Сары алып ақыра түре келді. Екеуі сол

жерде алыса кетті. Еркем Айдардың тақымы құрысып қалған екен, орнынан тұра алмайды, екеуі сол жерде отырып жеті күн, жеті түн алысыпты. Еркем Айдар айтты: \"Е, қарағым, Наранжан, тар құрсақта жатысқан, таласа емшек еміскен, мынаның астына бұршақ сал, менің астыма үн сал!\" Қарындасы астына бұршақ салды, Ұзын Сары алыптың астына үн салды. Еркем Айдарды бұршаққа тайғанақтатып алып соқты. Өлтірейін десе шапса қылыш өтпейді, атса мылтық өтпейді. \"Мұны қайтеміз?\", — деді. Қыз айтты: \"Бір қырық қатынның сідігімен суғарған бір алмас пышақ бар, бір өтсе сол өтер\", — деді. Сөйтіп пышақты алып берді. Сол пышақты тамағына шаншып қалса, сол пышақ тамағына еніп кетеді. Ұзын Сары алып Еркем Айдарды өлтіріп, қарындасын, малы жанын алып кетті. Бағанағы Еркем Айдардың күрең аты Еркем Айдарды өлтіргенін білген соң қашып кетті. Қашып ол бағанағы үш қызға барды: \"Е, қыздар, Еркем Айдар өлді\". Күрең ат үш қызды мінгізіп алып келді. Бағанағы жеті басты жалмауыздың қолқа жүрегін, аллатағаланың ақ түйесінің сүтін, аллатағаланың көк шолақ қасқырының өтін алып келді, өлгенді тірілтетін дəрі екен. Соны жағып, емдеп тірілтті, бағанағы пышағын суыра алмады. Күрең ат айтты: \"Жеті қабат жібектен арқан есіп, бір жағын пышаққа байла, бір жағын менің беліме байла. Сонда шықса пышақ шығар, шықпаса өлгені\". Байлады, күрең ат үш алып көкке шықты, үш алып жерге түсті, сонда пышақ шығып кетті. Еркем Айдар: \"А, қатты ұйықтап кеткен екем\", — деп тұра келді. Қарындасының қас қылғанын жаңа білді. Тұра келсе бағанағы үш қыз қасында отыр. Үш қыздың тірілткенін жаңа білді, сол жерде үш қызды өзі алыпты. Үш қатыны айтты: \"Біз ешқайда бармаймыз, кешегі қарындасыңды əкеткен жауыңа барып, алсаңшы\". Еркем Айдар таусылмас азық алды, тозбас киім киді, күрең атын мініп, іздеп кетіпті. Бір заман күндер болғанда бір елге жетті, бір тезек теріп жүрген кемпірге келді. Еркем Айдар айтты: \"Е, кемпір, бұл қай ел?\" — деді. Кемпір айтты: \"Бұл Ұзын Сары алып деген алыптың елі\". Еркем Айдар айтты: \"Бұл Ұзын Сары алып Еркем Айдар деген алыптың қарындасын алған еді, сол қарындасы бар ма?'' Кемпір айтты: \"Ұзын Сары алып Еркем Айдардан қорқып, некесін қыйдырмаған еді. Тірілсе, бізді өлтірер деп қорқушы еді. Еркем Айдар тірілмейді, оның үшін некесін қидырып, алғалы жатыр. Соның үлкен тойы бар\", — деді.

Еркем Айдар сол үлкен тойға барарға өзі түрленді. Жаман тазша болып, атын қотыр күрең тай қылыпты. Сол тойға келіпті. Келіп бір қызбенен айтысады. Қызды жеңіп кетіпті. Тағы да екіншімен айтысады. Сонда Еркем Айдардың қарындасы айтты: \"Бұл кімнің даусы, менің қарағым Еркем Айдардың даусы сықылды екен\". Кісілер айтты: \"Бұл бір тазша\", — деді. Қыз айтты: \"Мұнда шақырып келтірші\". Тазшаны үйге кіргізді. Қыз айтты: \"Сен тазша, кімсің?\" — деді. \"Мен бір бейшара мүсəпірмін\", — деді. \"Сен Еркем Айдарды көрдің бе?\" Тазша айтты: \"Жоқ, көргенім жоқ\", — деді. Наран сұлу бұл тазшаға бір жақсы ат, шапан берді. Сонан соң бір күндерде Ұзын Сары Алып жамағаттарын жиып алып, оқ атуға серуенге шықты. Сонда Еркем Айдар бірге барды көп кісіменен. Өзінің оғы жоқ екен, біреудің оғын сұрап алып атады, тартуына жарамай сынып қалады, тағы да екінші оғын сұрап алып, тағы да сындырады. Сонан соң сол жамағаттары бір балуан тазша бар деп Ұзын Сары Алыпқа айтады. Ұзын Сары Алып: \"Е, тазша, менің жағымды көтеріп атшы, деді. Көтеріп атсаң алтын, ата алмасан басыңды алармын\". Еркем Айдар бұл Ұзын Сары Алыптың оғын қолына алды, тартса тартуына жарамай сынып қалады. Ұзын Сары Алып ашуланады. \"Бұл тазша бір балуан тазша екен. Еркем Айдардың үйдегі оқ жағын əкпел, соны көтеріп атса жарайды, ата алмаса сонда басын алармын\", — дейді. Алып келіп сол оқ жақты берді, оқ жағын қолына алып: \"Əттеген- ай, — деді — жаман болып қалған, түзетерге керек екен\". \"Мұны неменен түзетер?\" \"Ту бие тауып берсең, соны сойып қазысына ораса түзелер еді, сонан соң қөтеріп атсам атайын, ата алмасам басымды берейін!\" Сол биені сойып қазысына жағын орап үш күн сылады. Төртінші күнде жағын қолға алды, бір оқты жағына салды, бір оғының басы он пұт екен. Бір атқан екен, бес жүз кісі өледі. Содан соң бұл Ұзын Сары Алып қашты. Ұзын Сары Алыпты қуып жетіп, екеуі үш күн соғысады. Ұзын Сары Алыпты өлтірді, елін жесір-жебір қылып шауып алды. Наран сұлу қарындасына келіпті. Қыз келгенін көріп: \"Е, ағам Еркем Айдар, шырағым-ай!\" — деп алдынан шығып жүгіріпті. Еркем Айдар қарындасын ұстап алды, атқа байлады. Шауып кеткен еліне қайтады. Үйге қайтқан соң қарындасынан күнінде бір жапырақ ет кесіп алып, өзі асады. Үш жылдай сақтады сөйтіп, үш жылдан соң еті

таусылып, өлді. Еркем Айдар, сөйтіп, кегін алды. Үш қатыныменен жүріп, барша мұратына жетті.

ƏЖІГЕЛДІ Ертеде бір бай болыпты, байдың бір жалғыз баласы болыпты, аты Əжігелді екен. Əкесі баласына қалың беріпті, баласын қайнына жіберіпті. Баласы барып, қалыңдық ойнапты. Əжігелді үйіне қайтты. Келе жатқанда ұры тонапты, жанында екі күміс теңге қалыпты. Үйіне жаяу келді, келсе елін жау шауып кетіпті. Əжігелді кім екенін білмейді. Жұртында бір қотыр торы тай қалыпты, тайды алдына салып айдапты. Алдынан үш кісі көрініпті. Сол кісі жақындапты. Əжігелді екі күміс теңгесін манағы қотыр тайдың құйрығының астына тығыпты. Бағанағы үш кісі келді, келіп сөйлесті. Үшеуі байдың балалары екен. Олар келген соң Əжігелді тайды қамшыменен салды, соққан соң тай тышты, бағанағы теңгені Əжігелді алды. Бағанағы үш кісі айтты: \"Е, сен тайды сат!\" — деді. Əжігелді: \"Сатпаймын\", — деді. \"Неге сатпайсың?\" — деді. \"Тайым күнде теңге тышат\", — деді. \"Біз екі жүз сом берейік!\" — деді. \"Сатпаймын\", — деді. \"Байлық қылсаң, үш жүз теңге берсең, сатамын\", — деді. Үш жүз теңге берді, тайды алды. \"Мынаны қайтеміз\", — деді. Əжігелді айтты: \"Үйіңе апар!\" — деді. \"Жоңышқа, пішенге байла! Түн ортасында суғар, таң атып келе жатқанда соны бір суғар! Күн шыға келгенде үйіңнің ішіне ақ кигіз жай! Тайды алып келіп ішіне қоя бер. Құйрығынан ұстап қамшыменен сабасаң үйіңнің ішін күміс теңгеге толтырар\", — деді. Үй ішіне торы тай теңге тышпады, боқ тышты. Үш ағасы інілерін шақырды, олар келді. \"Əжігелді алдапты\", — деді. \"Тай теңге тышпады, боқ тышты. Əжігелдіні іздейік\", — деді. Олар барды, іздеді, тапты, сөйлесті. Əжігелдінің қасында қазан ет асулы тұрды. Байдың балалары: \"Қазанды сат\", — деді. Əжігелді: \"Сатпаймын\", — деді. \"Несі бар\", — деді. \"Мұны сатсам өзім өліп қаламын\", — деді. \"Бұл қазаным өзі асылады, өзі қуырылады, өзі салынады, отын өзі жағылады, су өзі қайнайды, өзі піседі\". Балалар айтты: \"Сат, үш жүз теңге береміз\", — деді. Сатты қазанды. Олар айтты; \"Əжігелді, мынаны қайтеміз?\" \"Менің өзім алысқа кетпей асылмайды, менің өзім алысқа кеткен соң асылады\", — деді.

Əжігелді қашты. Қазан асылмайды, от жағылмайды, ет салынбайды, су құйылмайды. \"Алдады бізді\", — деді. \"Қуалық\", — деді. Қуды, қуып жетті, ұстап алды. Бір судың басына əкпелді. Қолын, аяғын байлады. \"Суға тастаймыз\", — деді. Суға бізді алып кетер деп қорықты. \"Ағашпенен итеріп жібереміз, ағаш əкелеміз, сен жат\", — деді. Үшеуі қалаға кетті. Бір кісі Əжігелдінің қасына келді. Əжігелді жылады, ойбай салды. Келген кісі: \"Неқылған жансың?\" — деді. Оны сұраған кісінің астында қара жорға аты, басында қара түлкі тымағы, үстінде қара мақпал шапаны бар екен. Əжігелді оны көріп айтты: \"Бері жақын кел. Мен саған айтайын!\" — деді. Кісі жақын келді Əжігелді айтты: \"Мына шəрдің патшасы өлген екен, маған сен соған патша бол! — деді.— Мен болмадым. Сонан соң қол аяғымды буды, суға итереміз деді\", — деді. Қара жорға атты кісі айтты: \"Ақылың жоқ екен, — деді.— патша болсаң не қылады\". Əжігелді айтты: \"Патша болуға жарамаймын\", — деді. Қара жорға атты кісі айтты: \"Мен патша болайын\", — деді. Əжігелді айтты: \"Патша балайын десең, шеш мені!\", — деді. Шешті. Қара жорға атты кісі киімін шешіп, оған берді. Əжігелді: \"Суға итергенде сен патша боламын десең, олар сені шешеді\", — деді. Əжігелді қара жорға атқа мінді, қара мақпал шапанды киді, қара түлкі бөрікті киді. Əжігелді кетті, кеткен соң манағы үшеу қайтысты, байланған кісіні итерді. Байланған кісі айтты: \"Мені итерме, патша боламын!\" Үшеу айтты: \"Сен мені алдадың. Қанша ақшамызды алдап кеттің. Сен патша боламын десең сені суға жіберейін, сонда патша бол!\" — деді. Оны суға итеріп жіберді, енді үшеуі қалаға қайтты. \"Келді қалаға, келсе алдынан Əжігелді шықты. Үшеуі айтты: \"Е, Əжігелді, біз сені суға жібердік\". Əжігелді айтты: \"Е, ағалар, суға жібергенің маған жақсы болды, судың түбінде осындай қара жорға ат бар екен, Жалгыз ат, мен ұстадым\". Үшеу Əжігелдіге айтты: \"Е, ағам, бізге көрсет!\" — деді. Əжігелді: \"Жүр!\" — деді. Бағанағы өзін суға итерген жерге əкелді. Біреуінің қойнын тасқа толтырды, қонышын тасқа толтырды, беліне бір шыбық байлады. \"Суға түс!\" — деді. Біреуі түсіп кетті. Қалған екеуін де шыбыққа байлап, суға түс деді. Екеуі суға түсіп кетті. Əжігелді атқа мінді, арғы жаққа өтті. Атты қайтара судан өткізіп, өзі жаяу кетті. Қазақтың үйіне келді. Сол үйде алты қыз бар екен, алты басты бір жалмауыз кемпір бар екен. Əжігелді келе кемпірді

қамшыменен сабады, алты қызды сабады. Үйінен кемпір менен бес қыз қашып кетті. Бір қызды Əжігелді үйінде алып қалды, қатын қылды. Əжігелді қыдырып кетті. Бір күн үйіне кемпір келді. Кемпір сұрады: \"Əжігелді келгенде қайтесің?'— деді. Қыз айтты: \"Есік ашып Əжігелдіні кіргіземін\", — деді. Кемпір айтты: \"Түнде жатқанда қайтесің\", — деді. Қыз: \"Құшақтасып жатамын\". Кемпір айтты: \"Бүгін есікті ашып кіргізбе, түнде жатқанда теріс қарап жат\". Əжігелді үйіне келді, қыз есікті ашпады. Түнде жатып еді, теріс қарап жатты. Əжігелді айтты: \"Қатын, неге теріс қарап жатырсың?\" Қатыны айтты: \"Өзің далаға кетесің, мен үйде жалғыз отырамын, бала менде жоқ\", — деді. Əжігелді айтты: \"Баланы бермесе құдай бермейді\". Қатыны айтты: \"Менде сəукеле жоқ\", — деді. \"Бір Дауғар алып маржан сатады, сонан маған маржан сатып алып бер!\" — деді. Əжігелді айтты: \"Жаяу бармаймын\", — деді. Қатын айтты: \"Шешемде ала өгіз бар, соны əкеп берейін, соған мін\", — деді. Əжігелді: \"Əкел\" — деді. Əкелді өгізін, өгізін мінді, кетті маржан сатып алуға. Дауғар алып түстік жерден көреді екен, күндік жерден естиді екен. Дауғар алып сейілге шықты, бағанағы Əжігелдіні көрді. Қырық нөкер шақырды: \"Анау ала өгізді бала келеді, екі теңгеге өгізін сатар ма, сатса егізін алып кел. Сатпаймын десе өгізін де, өзін де алып кел\", — деді. \"Өгізін сойып алайын, өзін қақтап, пісіріп жеймін\", — деді. Əжігелді де түстік жерден көреді екен, күндік жерден естиді екен. Əжігелді Дауғар алыптың сөзін есітті. Əжігелдіге екі кісі келді. \"Өгізіңді сат!\" — деді. \"Неге?\" — деді. \"Екі теңгеге\", — деді. \"Сатамын\", — деді. Екі кісі өгізін алды. Екі теңгеге. Əжігелді жаяу қалды. Бір кемпірге келді. \"Саған бала боламын!\" — деді. Бала қылды кемпір, қойын жайды, кешке қойын айдап үйге келді, жатты. Ерте тұрды, түн болды, бір келіншектің сəукелесін ұрлап алды, қайтып үйіне келді. Жатты, ертең тұрды, қойын жайды, сəукелені басына киді. Дауғар алыптың ауылына беттеді. Оны алып келе жатқанын көрді, қырық нөкерді шақырды. \"Анау бір келіншек келе жатыр. Мен ет ас деп айтайын, сендер аспаңдар, мен пісті ме дегенде жоқ деп айтыңдар. Түнде соның қойнында жатамын, зорлық қыламын, сол қатын түнде ойбайласа сендер келмеңдер\", — деді.

Əжігелді қатын болып Дауғар алыптың үйіне келді. Алып оны білмейді, ұрғашы екен деп ойлады. Есендесті, сөйлесті. Алып айтты: \"Ет асыңдар!\" — деді. Нөкері ет аспады. Күн кеш болды, енді қайтсем екен деді келіншек: Алып сұрады: \"Ас пісті ме?\" \"Нөкері: Жоқ\", — деді. Күн батты, етті əкелді, жеді. Əжігелді айтты: \"Түн болды\", — деді. \"Қон\" — деді. Əжігелді: \"Қонсам қонайын!\" — деді. Қонды, тысқа шықты, тысқа шыққан соң бір қылмыстыны асып өлтіретұғын аспа бар екен. Дауғар алып оны келіншекке көрсетті. келіншек оны көріп айтты: \"Бұнымен қайтып ойнайсың?\" — деді. Дауғар алып айтты: \"Мына темір таяқпенен түртіп жіберсем асылып кетеді\"- деді. Келіншек айтты: \"Жүрші!\" деді. \"Мен керейін! Темір таяқпенен түртейін\", — деді. Алып жүрді, түртіп жіберді келіншек, Дауғар алып асылып кетті. Келіншектің қолында қамшы бар екен, келіншек жуан алыптың аяғынан, қолынан ұстады, қамшыменен сабады. Дауғар алып ойбай салды. Келіншек: \"Ала өгізімнің еті тати ма екен?\" — деп сабап жатыр. Алып ойбайлады, келіншек алыпты боқтады. Дауғар алыптың ойбай салғанын қырық нөкері есітті, алып келіншекке зорлық қылып жатыр екен деп ойлады. Енді Əжігелді үйіне қайтты, ерте тұрды, қойын жайды. Жайып тұрса бір екі кісі келе жатыр, амандасты. \"Ассалаумағалайкум\", — деді. \"Уағалайкумассалам\", — деді. Əжігелді екенін білмеді. Əжігелді: \"Қайда барасыңдар?\" — деді. Кісі айтты: \"Бір баладан өгіз сатып алып едік, сол бала келіншек болып келіп Дауғар алыпты аспаға асып, қамшыменен сабап кетіпті. Енді алып қатты ауру болып жатыр. Мында дəрігер бар ма?\" — деп сұрады. Əжігелді айтты: \"Мен өзім дəрігермін, мен өзім тамыр ұстаушы едім\". Екі кісі айтты: \"Жүр алыпқа!\" Əжігелдіні алыпқа алып келді. Тамырын ұстап көрді. Ұстаған соң айтты: \"Қырық құлаш жібек арқан алып кел, төрт темір қазық алып кел, бір табақ қара тікен тұз алып кел, өткір пышақ алып кел!\", — деді. Қырық құлаш жібек арқан, төрт темір қазық əкелді, бір табақ тұз əкелді, өткір пышақ əкелді. \"Төрт темір қазықты жерге қақ \", — деді. Жерге қазықты қақты: \"Алыпты кер\", — деді. Керді алыпты, байлады алыпты, төрт қазыққа байлады. Əжігелді жалшыларына айтты: \"Алып ойбайласа да келмеңдер, — деді.— Менің еміме шыдамас\". Жалшылары кетті. Əжігелді пышақ алды. Пышақпенен Дауғар

алыптың терісін тілді, тұзды құйды. Қамшыменен сабады. \"Ала өгізімнің еті тəтті ме екен?\", — деп сұрады. Дауғара алып ойбай салды. Қырық нөкер ойбай салғанын естіді. Əжігелдінің айтқан сөзіменен келмеді. Əжігелді қашты. Алдынан бір түйелі кісі келе жатты, келіп амандасты, сөйлесті. Əжігелді сұрады: \"Қайда барасың?\" \"Дауғар алыптың аулына барамын\", — деді. Əжігелді айтты: \"Түйеңді маған бер!\" — , деді. \"Неге?\" — деді. \"Дауғар алыптан ақша əперейін\". \"Не деп ақша алып бересің?\" — деді. Əжігелді айтты: \"Ауылының тұсынан өте беріп ала өгіздің иесі менмін десем ақша береді\", — деді. Бағанағы кісі: \"Оны мен өзім айтып аламын\", — деді. Түйелі кісі ауылдың тұсына келді де: \"Ала өгіздің иесі менмін!\" — деді. \"Аспанға асқан менмін!\" — , деді. \"Жоныңды тіліп, тұзды салған менмін!\" — деді. \"Қамшыменен соққан менмін\". Дауғар алып айтты: \"Сол кісіні ұстаңыз\". Ұстады сол кісіні, ұстап алып сұрады: \"Ол сөзге сені кім үйретті?\", — деді. Түйелі кісі айтты: \"Бір қашып бара жатқан бала үйретті\". Алып сұрады: \"Сол бала қайда кетті?\" — деді. \"Қалаға таман кетіп барады\", — деді. Енді екі кісі Əжігелдіні қуды, қуып жетті балаға. Бала да қалаға жеткен екен. Бала қуған кісіні көрді, бір жаман үйге кіріп кетті. Кіріп келсе бір таз бала бар екен, — диірмен тартып тұр екен. Əжігелді айтты: \"О, тазым!\" — деді. \"Ештеме білдің бе?\" — деді. \" Жоқ!\", — деді. \"Дауғар алыптың қаршығасының торы жыртылып қалып соған таздың басы керек деп, екі кісі келеді\", — деді. Таз қашты. Екі кісі келді де жаман үйге кірді. Бағанағы Əжігелді бетіне ұнды жағып, диірмен тартып отырды; Əлгі кісі сұрады: \"Бала қайда кетті?\" — деді. Əжігелді сөйлесем даусымнан таныр деп \"М! М!\" деді, сақау болды. Екі кісі шығып бір үйге келсе, бір таз бала тақтаға басын соғып қызыл ала қан қылыпты. Кісі келді деп сұрады: \"Не қылдың?\" деді. Бала айтты: \"Басым торға жарамайды\", — деді. Кісі айтты: \"Оны кім үйретті?\" — деді. \"Əлгібір бала, сол үйретті\", — деді. \"Ол бала қайда?\" — деді. Бала айтты: \"Сол кісі Əжігелді екен\". Бағанағы үйге қайтты, қайтып келсе, Əжігелді қашып кетіп қалыпты. Кісілер кері кайтты. Алыпқа: \"Ұстай алмадық\", — деді. Дауғар алып қағаз сызды: \"Қала қалаға Əжігелді атты кісі барса ұстасын\", — деді: Əжігелді хат жетпеген бір қалаға барып тұрды. Бір

кемпірдің үйінде тұрды, бала боламын деп тұрды. Кемпірдің баласы жоқ екен, кемлір Əжігелдіні бала қылып алды. Ертең Əжігелді қойын жайып кетті. Сол қалаға тағы да хат келді. Сол қаланың билері, хандары кеңес қылды. \"Көшеге ақша төгелік\", — деді, \"Кісінің бəрін де жүргізелік\", — деді. \"Сол ақшаны кім алса, сол Əжігелді, соны ұсталық\", — деді. Көшеге ақша салды, кісінің бəрін жүргізді. Əжігелді жүрді, табанына желім жағып алып, көшедегі ақшаның бəрін түгесті, бір теректің түбіне апарып ақшасын тастады. Қаланың билері, хандары кеңес қылды. \"Бізге көрінбеді. Бір түйеге қазына артып жүргізелік, соны алғанда ұстап алалық\", — деді. Жетелетті. Кешке таман Əжігелді түйе жетелеген балаға арақ алып келді. \"Іш, шөлдедің\", — деді. Ішті, ішіп мас болып, жығылып қалды. Түйені жетелеп Əжігелді кетті. Үйіне əкелді түйені. Сойды, сойып шешесіне берді. Түн болған соң теректің түбіне келді, ақшасын алып отыр еді. Ханның уəзірі келіп, Əжігелдіні көріп ұстап алды, терекке байлап тастады. Уəзірдің өзі ханға кетті. Ханға барып айтты: \"Əжігелдіні ұстап алып, терекке байлап қойдым\", — деді. Əжігелді таңулы тұр. Бір қатын суға келе жатыр, екі шелегі бар. \"Əй, қатын, бері кел!\", — деді. Қатын келді. \"Таңылып тұрған неғылған жансың?\" — деп сұрады. \"Қатынымның ойнасы бар екен, соны ұстап алып едім\", — деді. \"Ол кім екен?\" \"Уəзір екен. Қатыныңды аламын деп мені терекке таңып қойды. Ханға айтып басыңды алдырамын, сен Əжігелді екенсің деді\". Ол қатын Əжігелдіні шешіп қоя берді. Шелегін тастап, қатын ханға барды. \"Бұған нанбаңыз, — деді.— Ол кісіні шешіп қоя бердім. Бір бейшара екен. Қатынымен мына жүзіқара ойнас екен. Өлтіріп қатынын алайын деп сізге шағыстырып өтірік айтып отыр. Мен қоя бердім.\" Əжігелді үйіне барды, шешесіне: \"Бір қырық құлаш арқан есіп бер\", — деді. Ертең қойын жайып кетті, Хан кеңес қылды, елін жиды, кісіге айтты: \"Түйенің етін тауып əкелген кісіге басынан төмен ақша құямын\" — деді. Бір кемпір:. \"Мен тауып əкелемін\", — деді. Əжігелдінің үйіне кемпір келді. \"Бір түйенің майы бар ма?\" деді. \"Баламның басының қотыры бар, соған керек\" деді. Əжігелді алдынан шықты. \"Кемпір, қайдан келесің?\", — деді. \"Шешеңнен түйенің майын əкелемін, баламның басының қотыры бар еді\", — деді. Əжігелді айтты:

\"Түйенің басын саған берейін\", — деді. \"Үйге жүр\". Кемпірді үйіне əкелді, өлтірді, бір қолын кесіп алды, түн болды. \"Ханның жалғыз қызы бар екен, соған барамын\", — деді. Түйенің қуығын алды, толтырып су алды, бір біз алды, кемпірдің қолын алды, арқанын алды, ханның қызының үйіне келді. Жеті қабат үйі болды, жеті қабат арқанмен үйдің төбесінен түсті. Қыздың қасына келді, қыз ұстап алды. \"Сен Əжігелді екенсің\", — деді. \"Мен Əжігелдімін\", — деді. \"Əкеме айтып, басыңды алдырайын\", — деді. \"Əкеңе айтып басымды алдыр, бүгін мені қойныңа жатқыз\", — деді. Қыз: \"Жат\", — деді. Əжігелді қыздың қойнына жатты. Таң атып келеді. \"Сигім келді\", — деді: Қыз айтты: \"Сен қашып кетесің\", — деді. Əжігелді айтты: \"Қашады десең, қолымнан ұстап тұр!\" Кемпірдің қолын ұстатты, қуықты бізбен шаншып алды, қашып кетті. Қыз қолын тартып қалса құр қол. Тұрды, беті-қолын жуды, əкесіне барды, \"Əжігелді келіп, менімен ойнап кетті\", — деді. Əкесі ашуланды. Хан құса болды. Түйесін ұрлатқанын, ақшасын ұрлатқанын, қызыменен ойнап-күлгенін бір басқа хан естіді. Қағаз сызды, жіберді. \"Ақшасын ұрлатқанша, түйесін ұрлатқанша, қызын ойнатқанша, дамбал бауына буынып өлсін\", — деді. Дамбал бау жіберді. Хан ашуланып, елін жиып алып айтты: \"Бір хан маған зорлық қылды, сол ханды өзімдей қылып келген кісіге кім де болса, қызымды беремін\", — деді. Əжігелді ханға келді. \"Мен Əжігелдімін, — деді,— сол ханды саған əкелемін қызыңды маған беремісің\", — деді. \"Беремін\", — деді хан. Сосын Əжігелді айтты: \"Маған алпыс ала сауысқан атып бер\", — деді. Атып берді. Əжігелді бір абдыра алды, арқалап кетті. Хандыкіне барды. Хан қатынымен шай ішіп отыр екен. Əжігелді алпыс сауысқанның терісін тайтері қылып киген екен. Үйге кірсе ханмен қатыны шошып кетті. Əжігелді абдыраның аузын ашты, аузын ашып: \"Жалаңаш түс\", — деді. Қатынымен қорқып түсті. Əжігелді абдыраның аузын жауып, арқалап ханның үйіне əкелді. \"Əкелдің бе?\", — деді хан. \"Əкелдім\", — деді. Абдыраның аузын ашты, жалаңаш қатын мен хан түрегелді. Екеуі жылады. \"Не болды?\", — деді. \"Əзірейлі екенін, не екенін білмейміз, абдыраға түс дегенін ғана білеміз\", — деді. Хан айтты: \"Буынып өлсін!\" Дамбалдың

бауын өзіне қайта берді. Хан қайтты үйіне, үш күннен соң өлді. Əжігелді ханның қызын алды.

ХАННЫҢ ҚЫЗЫ Бұрынғы заманда бір хан, ханның бір қызы, төрт уəзірі, қыздың қырық қыз нөкері болыпты. Хан сейілге шығыпты, қасында бір уəзірі бар. Ханның алдынан екі қоңыр қаз ұшып барады екен. Хан айтты уəзіріне: \"Осы екі қоңыр қаздың тілін маған айт! Не деп кетіп барады?\" — деді. Уəзір айтты: \"Тақсыр, мен білмеймін\". Хан айтты: \"Айт! Айтпасаң басыңды аламын!\" — деді. Уəзір айтты: \"Тақсыр! Үш күн мұрсат бер!\", — деді. Хан: \"Жарайды\", — деді. Ханның өзі қаздың тілін біледі екен. Хан үндемей үйіне келді, атынан түсті, үйіне келіп отырды. Уəзірі өз үйіне келді. \"А, қатын, сен маған жоқ. Мен саған жоқ!\" — деді. Қатыны айтты: \"Неден қорықтың?\" — деді. Уəзір айтты: \"Хан маған қаздың тілін тауып айт!\" — деді. \"Айтпасаң басыңды аламын!\" — деді. \"Үш күн мұрсат сұрадым, үш күн мұрсат берді\", — деді. Уəзір таза суға шомылды, ақіретін қойнына салды. Күннің батыс жағына кетті. Алдында ханның қызы жүр екен, қырық қыз нөкері бар екен. Кетіп бара жатқан жігітті ханның қызы көрді, бір қызға айтты: \"Анау кетіп бара жатқан əкемнің уəзірі екен, шақыршы\" — деді. Айтқан қыз жүгіріп кетті, келді жігітке. \"Сені ханның қызы шақырады\", — деді. Жігіт ханның қызына келді. Ханның қызы айтты: \"Е, уəзірім! Қайда бара жатырсың жаяу?\" — деді. \"Солай, кеше ханмен сейілге шықтық, алдымыздан екі қоңыр қаз ұшты. Хан айтты: \"Сол ұшып бара жатқан қоңыр қаздың тілін маған айт, айтпасаң басыңды аламын\", — деді. Сонан қорыққан сон үш күн мұрсат сұрадым, мұрсатымды берді. Үш күнде тауып айтсам, басымды алмайды. Сонан қорыққаннан кетіп барамын, қаздың тілін білмеймін. Əкеңіздің қылған жарлығы сол!\" — деді. Қыз айтты: \"Е, уəзірім, мен саған жақсылық қылар едім, қорыққан соң əкеме айтасың ғой\", — деді. \"Жоқ, ханша, айтпаймын, өлсем өліп кетемін, жақсылық қылған кісіні неге айтайын\", — деді. \"Жарайды, уəзірім, мен сені аядым, мен айтайын, сен тыңда! Қаздың тілін кім айтты деп сұрар, сонда мені айтпа, айтсаң менің обалым сенде болар!\" — деді. Онан соң қыз айтты: \"Алдыңғы ұшқан еркегі екен,

соңғы ұшқан ұрғашысы екен. Осылайша еркегі айтты: \"Жылда екеуміз құстың соңынан ұшады екенбіз, биыл неге құстың алдынан ұшып барамыз\", — деді. Ұрғашысы айтты: \"Жылда құстың соңында қалатұғымыз, сен ақсақ болған соң!\" — деді. \"Мен сені асырадым, күттім, жаман еркекті жақсы ұрғашы асырайды екен\", — деді. \"Ұқтың ба, уəзірім?\" — деді. \"Ұқтым\", — деді. \"Ертең барып айт!\". Əкем менің айтқанымды білер, білсе де айтпағайсың!\" — деді. Жігіт қуанды, күліп үйіне келді. Қатыны сұрады: \"А, қарағым, неге қуандың?\" — деді. \"А, бір жақсылық бар, енді қорықпаймын!\" — деп уəзір айтты. Ертең тұрды уəзір, беті-қолын жуып, ханға келді. \"Ассалаумағалейкум, алдияр\", — деді. \"Уағалайкумассалам, уəзірім\", — деді хан. \"Кешегі тауып айт деген сөзіңізді айтқалы келдім\", — деді. \"Жарайды, уəзірім, айт!\" — деді. \"Айтайын! Құлағыңызды салып тыңдаңыз!\" — деді. \"Алдыңғы ұшқаны еркек екен, соңғы ұшқаны ұрғашы екен. Еркегі айтты: \"Біз жылда құстың соңында қалады екенбіз, биыл неге тамам құстың алдында кетіп барамыз?\" Ұрғашысы айтты: \"Жылда біз құстың соңында қалсақ, сенің аяғың ақсақ еді, сондықтан бұрын ұша алмадық. Сені мен сақтадым, күттім сені, тастап кетпедім. Жаман еркекті жақсы ұрғашы асырайды екен. Жаман ұрғашыны жақсы еркек асырайды екен деп кетіп барады екен\", — деді. \"Осы тақсыр, білгеніміз, білдім бе, білмедім бе?\" — деді. \"Білдің, уəзірім! Бұл сөзді саған кім үйретті, айт шыныңды, айтпасаң шыныңды басыңды аламын\", — деді. Жігіт айтты: \"Адам үйреткен жоқ, құдай аузыма салды\", — деді. Хан: \"Өлтіремін айтпасаң\", — деді. Жігіт қорыққан соң: \"Айтайын!\", — деді. \"Мұны айтқан қызың\", — деді. Хан айтты: \"Өзім де біліп едім\", — деді. Елін, жұртын жиды, жоғарғы елін шақырды, жорға бие сойды, той қылды. \"Кім де кім жаман болса, қызымды соған беремін, — деді,— жаман еркекті қайтып жақсы қылады екен\". Жаман балаларды алып келді. Бір жаманға қызын бермек болды, басынан қотырдың қаны аққан, мұрнынан боғы аққан, аяғынан шуаш аққан жаман тазшаға хан қызын берді. Ханның өзі көшті орнынан. Тазшамен қыз жүрді, тазша бай болды, қыздың өзі қатын болды, өзі шебер болды. Бау орды, үйінің қасынан құдық қазып алды, құдықтың суы алтын болды. Тазша бай қатынының тілін алды. Қатыны күнде бау орып, киім тігіп, апарғызып саттырды.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook