ЖОҚТАҒАН ЖЫР Алты атасы бай өткен, Алты атанға жүк артқан. Жеті атасы бай өткен, Жеті атанға жүк артқан. Ұяда сұңқар түлеткен, Қиядан сұңқар тілеткен. Алтай қызыл түлкі атқан, Қиядан барып теке атқан. Баршаны бөздей жырттырған, Жібекті жүндей түттірген. Қонақ келсе қон деген, Қой семізін сой деген. Тойға қазан астырған, Жақсылыққа көзін жеткізген. Шылаушын салып, ат мінген, Шыңыраудан алып, су ішкен, Шынжырлы қауға тақтырған, Қайыңнан астау шаптырған, Қаптатып жылқы жаптырған. Айдалаға айдатқан, Тұлымдыға байлатқан. Қалмақтан жылқы қудырған. Құлынын қолда тудырған. Жанбасынан отырған, Санама жұлдыз баттырған. Бес тақа баршадан тон киген, Жеті рудан қол жиған, Əуелі құдай қалаған, Асылы нұрдан жаралған. Ақ сұңқардай түлеген, Тояты оның қанған соң. Алыстан тоят тілеген. Алыстан дұшпан аттанса,
Қар жаңбырдай бораған. Жақыннан дұшпан аттанса, Қарт бурадай жараған. Барғанда төре таныған, Қайтқанда қара қамаған. Қарасы мен төресі Қамап ақыл сұраған, Тобықтының биі еді. Сексенге келген Кеңгірбай Ішің толды параға. Парадан алған көп мақпал Өлгенде жайылсын қараңа. Екі жұртқа жем қылып Ілажың не-дір аллаға? Айдының Алатаудай бар еді, Қайратың Қаратаудай бар еді, Кəріп пенен қасарға Сауып тұрған бие едің. Жетім менен жесірдің Айттырмай мұңын біледі. Толарсақтан саз кешсе, Қажымай оған күледі. Қабырғадан қан кешсе, Қажымай оған күледі. Арғын, найман, орта жүз Қылыш жанай жүреді. Тұғырда қалған сұңқары, Суытып қойған тұлпары, Алпыс басты ақ орда. Ақ сұңқар үйде тұрғанда, Күні де, түні базарым Алдадан қайтты назарым, Бетімнен кетті ажарым. Хан иеміз кеткенде, Бір күнде кетті базарым. Жаздыгүні болғанда, Күннің көзі байланған,
Ақ сұңқар ұшып айналған. *** Батырбек деген төренің қызы Балғын өлгенде шешесінің жоқтағаны: Басыңда қу ағаштың тақияң тұр, Ақ күміс адыра қалғыр жарқырап тұр. Келмесең со барғаннан, артыңдағы Бауырың жалғызсырап шырқырап тұр. Жеткенде жеті жасқа, құран бердім, Молдаға оқысын деп қоя бердім. Артыңда апасы жоқ, сіңлісі жоқ Қалыңды жалғызыма неге бердім. Айтамын айт дегенін, атым тұсап, Тұсап қойған жерінде тұрсын жусап. Келгенде елу беске сұмырай Бетең Туар ма енді бала Балғынға ұқсап? Қарағым айналайын қандай еді. Бауырсақ майға піскен нандай еді. Мақтасам өзімді өзім болар ұят, Баланың өз қатарлас маңдайы еді. Қарағым айналайын ұлы кентім, Сарғайды санаменен ақша бетім. Болғанда қыс ортасы, сығыр ойбай, Бұзылды жалғызыма қорған кентім. Ақ ешкі келе жатыр лағына Сүт берген ақ үрпінен шырағына. Қосылып кел екеуміз зарланайық Алданың жетер ме екен құлағына. Тапқаны ақ ешкіден екі лақ, Біреуі лағының салпаң құлақ. Ақ ешкі, көкке қарап көдеңді же, Табарсың есен болсаң тағы лақ. Ақ ешкі, сен де мұңды, мен де мұңды, Жаратты бір жаратқан бесеу сұмды.
Ақ ешкі, көкке қарап көдеңді же Құдайым берер ме екен бізге тұяқ. Бойынан Доскененің ел өтеді, Шапаннан жалаң қабат жел өтеді Сығыр-ай, мен зарланбай кім зарлансын? Балғынның енді маған айы өтеді. Доскененің бауыры жылғыз там-ды Аямаған бір құдай жалғызды алды. Елу беске келгенде сұмырай Бетең, Жалғызынан айырылып аңырап қалды. *** Бөпе теренің қарындасы күйеуі елгенде жоктаганы: Күдəрі белбеу белімде, Азалы болдым елімде. Бөпекем жарлық берген соң Жүре бердім жөніме. Бас, бас елім, бас елім, Басынан келген осы өлім. Жапырағын жалпайтып, Жарлыны алған осы өлім Мұхамбет құдай досын Оны да алған осы елім. Қылышынан қан тамған Əліні алған осы өлім. Өлімнің несін айтайын Бұл істі салған құдайым, Қара бір шашым жаяйын Жаяйын да жияйын! Қыналы бармақ, жез тырнақ Күнінде қанға бояйым. Албыраған ақша бет Сүйегіне тақайын. Моймылдаған қара көз Жаспенен оны ояйын.
Алшаңдап жүрген жас төрем Орнына кімді қояйын. Орқаш та, орқаш, орқаш тау Бауры толған көк бас тау. Топ ішінде қиын да екен Жаңғыз енді сөз бастау. Бастамасқа шарам не? Басыма салған қарам не? Мен жыламай кім жылар? Бетімдегі жарам не? Боғастың бойын өрт алды, Жүректің басын дерт алды. Он жеті жасар Əбімді, Қорасан деген дерт алды. Асыл да гауһар болатым Ұшайын десем қанатым Əкекем қосқан қосақтан Айырды шебер құдайым. Алты атанға жүк тарттым, Ала арқанмен бек тарттым. Алдынан жүрмес атекем, Құшақтап тұрып сөз қаттым. Арғымақ үйірін сағынса, Артқы аяғын қағынар Алғанын бейбақ сағынса Ханнан ендік жағынар. *** Тəті Алтайдың баласы өлген соң молданың жоқтағаны: Қара бір таудың жылғасы, Халқына бағлан құлжасы, Сүйіндіктің ағасы, Алтыннан салған сырғасы. Алаштан дұшпан сөз келсе, Алдында жүрер жорғасы.
Қара бір таудың үлгісі, Аты Алтайдың серкесі. Жарлығы жалған болмаған Хан, қараның еркесі. Базардан келген бөз еді, Жақсыдан қалған кез еді, Еділдің қызыл желіндей Саулап бір тұрған сөз еді. Айдыны таудан зор еді, Дəулеті көлден мол еді, Өзім бір деген алашқа Аласы бір жоқ түр еді. Айғыр бір қуған құлындай, Адам ұлын жақтаған, Əділдікке салғанда, Кəпір, қазақ мақтаған. Құрама жиып ел қылып, Құсын таза сақтаған. Тілі шайпау тентегін Ақылымен тоқтатқан. Көлдегі аққу дауысты, Ақ сұңқар құстай дауысты. Ерегіскен дұшпанға Айдаһардай шалышты. Қанға-ай түскен асылдай Қалшайғанмен қарысты. Екі де тізгін бір айыл Бір өзім деп салысты. Толқын топқа барғанда Топ ішінде шығып сөйлеген. Сүйіндіктің баласын Өз ұлындан билеген. Елім Алтай екен деп, Еркіне зорлық қылмаған. Ертегі өткен азаңдай Елдің қамын ойлаған. Асылық айтып аллаға,
Күнəкəр, сірə, болмаған. Адалдығы əлімдей, Дін сөзіне тоймаған. Ақылы дана, данышпан, Кеудесіне сыймаған. Мұнарадан жол алған, Бұқарадан қол алған, Жалғыз қылдан нəл алған, Аруақты ердің күші еді, Адал пірдің мұрты еді. Нияз алар мұрыннан Мұртты барар жұртынан. Қожалар оқыр құранды, Құраннан басқа пайда жоқ, Ажалдыға қайла жоқ, Сарғайғанмен өлмек жоқ, Уайымнан өнбек жоқ Əсіре қылыш жүзіндей, Қалайы сандық ішіндей, Алтын ділда алпыс мың, Қос қонысын сұрасаң Қоянды мен Жыланды Өзен аққан бойында Мекен қылды Нұраны. Тірісінде көп берді, Зекетім деп қуанды. Жесір қатын, жас бала Қайырымен жұбанды. Көшкенде мың жылқы айдаған, Тай, қысырақ қалмаған, Сегіз руға мал берген, Сексен қысырақ байлаған. Бетегелі кең тарлау Беткейге біткен райдай. Тəтті өтті деп Алтайдан Қайрат кетті деп қожалар Қағазға сызған сыядай
Дұшпанның көңілі тынды ғой, Барсаң сəлем дегейсің Ақжолдың баласы Арғынға. Атпен желі тарттырды, Кереге бойы шалғынға. Дұғай сəлем дегейсің. Қошқар ұлы Құрамға. Қорам орта болды деп, Қоңсыны күндеп қазбасын Бір аллаға жазбасын. Ішсін, кисін, бұласын Сұм дүние өтерін Осынауменен ойласын. Мың мылиан кетсе де Төре алдына бармасын. Сұм дүние өтерін Осынауменен ойласын. Ұжмақтың төрі он тарау, Ойнай, күле жүргейсің. Бейістің төрі бес тарау Белгілі болып жүргейсің. Аллаға ісің ақ болса, Ақ сарайға кіргейсің. Нұрдың қызын сүйгейсің. Торқадан көйлек кигейсің. Шері мен тауып шербетін Сусынынан ішкейсің. Уа, Мұхамбет қолдағай! Көп айтқан үмбетің, Көп тілеуі көл болғай. Көпсінгенде дəулетің, Аян болсын əулетің. Барша менен мəулімді Бөз бояқтай жұмсаған. Жорға менен жүйрікті Тай, құнандай жайлаған. Қожалардың айтқаны
О дүниенің сөзі еді. Ақ кіреуке сыймаған Алып бір жоталы мырза еді. Алладан бұйрық келген соң, Бұ дүниені қыйғаны. Шаңырағын идірген Шынар деген ағаштан. Мал байлығы бір асты Біткен қазақ-алаштан. Бетіне жан келмеген Майқыменен таласқан. Үш мейрамның ұлында Қуандық пен Сүйіндік Жан болмаған таласқан. Ексе де елге бітер ме Мырзадай мұндай жарасқан? Бесіңде мектеп оқыған Алтысында ақыл тоқыған Жетісіне шыққанда, Жетпіс пірден сөз сұрап, Құдықтай көзін шұқыған. Сегізіне келгенде, Сүйіндікке бас болған, Аққан сеңдей толқыған. Тоғызына келгенде, Туған айдай балқыған. Енді онына шыққанда, Дəулеті көлдей шалқыған. Он біріне шыққанда, Аруағы асты халқынан. Он екіге шыққанда, Құр қайтпады нарқынан. Жиырмадан өткен соң, Енді отызға жеткен соң, Салиқалы би болды, Жесір менен жетімге Тігіп бір қойған үй болды.
Жесір менен жетімнің Болып өтті азығы. Азғана ауыл Сүйіндік Аз күн болды қазығы. Өз бауырым деп жан тартпай, Тіл жаздырып дəт айтпай, Əділдікке салғанда, Еш бар ма еді жазығы? Ат басына соқтырып, Ақ айтпаған дұғайы Аузына күпір көп түспей, Алласын күткен ұдайы. Сексен үшке келтірмей, Ажал берді құдайы. Өткен істе салауат Артықшылығын сұрайды. Самарқанда сайлатты, Сар алтыннан түймесін, Əзіретті соқтырды Ақиретте күймесін. Аруақ ата қалап, Аруақ баба жебесін. Жуап таман жар болып, Иініңе шайтан мінбесін Əлем білген Тəтіні Жоқтаусыз қалды демесін!
ҚАЛМАҚТЫҢ ЖЕРІН АЙТЫП ЖЫЛАҒАНЫ Қайран да қайран, қайран тау. Байдан маған тиген тау, Үш атамыз өткен тау, Үш мың қара біткен тау. Баян бір ауылы Қазылық, Жолың жатыр жазылып, Жазғытұры көшкенде, Қалушы едің қара жол Қабырғадан қазылып. Күзгітұры қонғанда, Жатушы едің жазылып. Он екі қазылы ой түлік, Бауырым жатқан бай түлік, Қазынамның қақпағы Жеті соғар тоқпағым, Ат ұстауға құрығым, Үй тіреген сырығым. Қайран да, қайран, қайран тау. Маған күйеу болған тау, Енем келін болған тау, Кетейін деген ойым жоқ, Айналасы толған тау Ащының бойы ай татыр, Алалы жылқы жусатыр. Қожыр, қожыр тастарым, Көзімнен ағар жастарым. Шыбышым лақ салмаған, Тоқтым қысыр қалмаған. Бай төбетім маңқылдап, Қотаныма үрген тау. Бір барармыз, Барсақ бадал табармыз,
Егін де жайын білмейміз, Аштан өліп қалармыз.
БАҚСЫНЫҢ СӨЗІ Əуелі құдай сен оңда! Сен ондасан, біз мында. Тілеген тілек жəне бер! Қас бедеуге бала бер! Жақсы құдай! Жай құдай! Мырза құдай! Би құдай! Əуелі, құдайым көк жасаған, Онан кейін жер жасаған. Сыйынайын бірінші құдай, Екінші сыйынатын Мұхамбед. Біріңе біз құл болдық, Біріңе үмбет болдық, Үшінші тəңірім, Төртінші төрт жар, Сексен сегіз машайық, Жүз жиырма төрт пайғамбар, Меккеде əулие, Мəдинада əулие, Хан Шыңғыста əулие, Қызыл таудың басында Қыз əулие, Өгіз таудың басында Өгіз əулие, Қошқар таудың басында Қоңырбас əулие, Таудағы бұланың, Іштен шыққан айдаһар жыланың, Бекпеу ата Бек Əзіл, Өлі десем, өлі емес. Тірі десем, тірі емес, Ата, Қорқыт əулие! Уақ атасы Ер Көкше, Ерлігінің белгісі
Садағына келген сан кісі. Мылтығына келген мың кісі. Сарыбай, Сарыш, Өтеулі, Үш жүз сексен ат Бəйгеге қосқан Көрпебай, Арғын атасы Қарақожа Ханда Абылай, қарада Қазыбек, Жалаңаяқ Əзіз, Дуана жырық, Төрт ұлды Торайғыр, Нағашы Тұрдыбек, Өзім нағашы атам Жағалбайлы Тұңғат, Қаракерей Қабанбай, Қу дауысты Қазыбек. Қара керей Мұрынды Қандыбай Шақшақ ұлы Жəнібек Тобықтыда Дөненбай Ішіндегі Доғалбай Өте шықты Құнанбай заманында. Таздың арғы атасы Шойынқара Қарасары, Қондыбай, Əулие қасиетті өткен. Терстен бала, арғы атасы Кетбұға Көкей Көшек Өте шықты ішінде, Аманқұл бақсы. Басентиін арғы атасы Барлыбай Ішінде Тасыбай, Тұрлыбек дуан басында. Əуелі құдай жын жасаған, Бірінен бірін мол жасаған, Жынның арғы атасы Кетбұға, Жын атасы — Сары азбан, Əуре қылма сен Азбан, Жын атасы Бердібай Жын ұраны Екеу! Екеу!
Аспандағы менің бес перім, Қырық пышақ салдырып, Қырық ине маған түйретіп, Төбеме айдар қойдырып, Жынға мойын қойдырып, Көнбегенге көндірген, Қу ағашқа төндірген, Ақ сақалдыдан бата алдырған, Ақ сарыбас қойды сойдырған Бес бала, бес асау тай үйге кіргізген. Ерегіскен жерге дерт салған, Жын болып байланған, Кірне болып айналған. Ойдан келген он Қожа, Қырдан келген қырық Қожа Ол Қожаның ішінде Əзірет Қожа, Жат өлікке жан берген, Жамағат жанды тең көрген, Белсізге бел берген, Перзентін тең берген. Оң қолымды ораймын, Сол қолымды сұраймын, Шежіреге басын сүйеген, Күнге шашын тараған, Ата қадірін білмеген, Ана сүтін ембеген, Желден жеті-қоян айдаған, Дұғаменен байлаған, Жеті кетпен шот басқандай болдым, Жеті қазанға түскендей болдым. Он екі ақ боз ат Ойнағандай күн қайда? Жын шақырдым Қамбардан, Қыяда жатқан жандардан, Темір жанға сəлем-ді! Хабар бер!
Ауыр қол жисын! Темірден тон тіксін! Ойдан келген он бөрі, Со бөрінің ішінде Алты ауызды көк бөрі. Көк жендет Қондыбай елінде Жұмабайдың баласы, Қосыр Құда көк қабан, Жын ішінде сен жаман. Маңдай терісі құрысып, Жын біткенмен ұрысып, Жөргегімде жабысып, Он бір жаста табысып. Қара Керей Мұрыннан келген Жиенім туған жиен бар. Тоғыз ұлдың кенжесі, Мырзабай Қабыл Сарыала қамқа тонын киген, Сары арғымақ ат мінген, Қылышын қынға қынаған Келдің біл бұ жылда? Қисаң қатынның ағасы Қаралып жатқан шаңырақ басында, Тоқыма жоқ кісіде, Тобықтыдан келді Қара жігіт Қойқап, Алтайдан келген алтауым, Шабдар атты Кемеңгер. Елден келген екеу, Желден келген жетеу, Елден келген екі Азыл Шаңдуыт басынан келген Шандыаяқ. Қайдан келген ентелеп, Бəйгі атындай ентелеп! Көк ала сақал Қозымбет! Алпыс атты қырық жаяу; Меңгей Жүзей
Сен жарқыным жолдасы! Жоғартын келген төрт ат, Төментін келген бөрте ат, Кейінде айыл жетпес сары ат, Адым-адым басқан, Адымы жерді қуырған Тұяғы құмды суырған, Тозаң, тозаң жүгірген, Тозаңды жерге суырған. Жол, жол жатыр Жол жоғалай қол жатыр, Сонша қолдың ішінде Қарабек атты сұлтан жатыр, Хан Тілеуберді сұлтаным! Арымқазы ұлтаным, Ойдан кірген ойпатым, Қырдан келген бекзатым, Дəуіт пайғамбар, ер Дəуіт.
ҚАРШЫҒАНЫ МАҚТАҒАНЫ Бір кісінің қаршығасын ит өлтіреді, өлтіргенде бұ кісі кеп жылайды, жылап бұ өлеңді айтады: Айтамын құдайдан соң Мұхамбетті, Сібірде көкжал салды көкжендетті. Тоғыз түлек болғанда топ қазды алып, Қазасы онан соң иттен жетті. Көкжендет алты қаштың бауыңды үзіп, Шыдамай өнеріме кеттің үзіп. Сенімен он сегіз жыл болдым жолдас, Кеттің бе шыныменен күдер үзіп. Көкжендет ұшушы еді желдей есіп, Тұрады қазды ұстап, жаннан кешіп. Қара көт қақшымақтап ілгеніне, Бұ шіркін қодырайды көкжендетсіп. Көкжендет үйде кеңес, дүзде кеңес, Жасымнан салған құсым сендей емес. Аралас шүрегейі топ үйректің, Басқаны кезектерден алушы емес. Көкжендет мойның ұзын, шалғың қысқа, Салармын əлі де болса талай құсқа. Алты қаз, он бес үйрек бірдей алып, Дуадақ көрінбеді сен байғұсқа. Көкжендет сен де кəрі, мен де кəрі. Көкжендеттей болмайды құстың бəрі. Алты қазды бір жерде алып ұрып, Баяғысынан танбайды байғұс кəрі. Көкжендет құс ұшады төмен өрлеп, Шабытында тілейді үйрек бер деп, Кешке таман болғанда дабыл тиіп Екпінімен іледі \"мені көр\" деп. Көкжендет бүгін біздің түсті еске, Қайратын танушы емес ертең кешке Сұқсырлар кезектермен толып қалды,
Жүгірдім сасқанымнан Қозы көшке.
ӨТІРІК ӨЛЕҢ Өтірік өлең айттым да жұртқа жақтым, Құмырсқаны қайырып қойдай бақтым. Ел қыдырған кешегі есер кезде Бөгелек басына тана тақтым. Бір қоянды міндім де аспанға ұштым, Екпініне шыдамай жерге түстім. Алты күндей ақ боран соғып еді. Жалғыз қурай ығына ас қылып іштім. Дүниенің ауыры үрген қарын, Жалғыз өзім көтердім соның бəрін. Атандарға үш төстеп артып едім, Көтере алмай жығылды атандарым. Дүниенің ауыры үрген қуық, Жалғыз өзім көтердім аузын буып, Үлкеніне серкенің арба салдым, Ондай мықты көрмедім өзім туып. Бес қарсақты күнінде баса міндім, Жүргізе алмай шіркінді азар міндім. Екі сымбал үстіне теңдеп алып, Қара жолдың үстіне борт, борт желдім. Үлкен серкеге арба салдым, Басқа көзге төпелеп зорға салдым. Мені мықты дегенге жұрт нанбайды Қойдай битті көтеріп отқа салдым. Өтірік өлең айтамын ер басынан, Арқан естім бозторғай шудасынан. Алты инелік, бес сона той қылыпты, Киіт кидік солардың құдасынан. Өтірік өлең айтамын ер басынан, Шылым қылдым шыбышық қу басынан. Қара шіркей етіне қазан толып Астау-астау ет жедік ер басынан. Маса деген бір талай бақыр екен,
Сона деген имансыз кəпір екен. Бөгелектің үйіне кіріп барсам, Əкесіне ас беріп жатыр екен. Бөгелектің терісі ер тұрманым, Қоян мініп мен өзім жау қуамын. Шегірткенің айғырын ұстап мініп, Тұра қашқан түлкіні бұлтартпаймын. Көлбақаның көнектей сүйегі бар, Көртышқанның қырық құлаш үйегі бар, Өзім барып жерінен алып келдім. Бір түлкінің қырық арба сүйегі бар. Өтірік өлең айтайын ердің басы, Жау қияқтың түбі ердің қасы. Өзім барып жерінен алып келдім, Бір түлкінің қырық арба омыртқасы.
ЕРТЕГІЛЕР ТҮЛКІНІҢ АЛДАҒАНЫ Бір қасқыр мен бір жолбарыс, түлкі үшеуі жолдас болды. Жолдас болып үшеуі келе жатқанда бір шелек май тауып алды. Бір жерге үшеуі келіп жатты. Түлкі айтты: \"Мына жерде үлкен ағамдікі бар еді, сол үлкен ағамның қатыны буаз еді, сол ағамның қатыны бала тапқан екен, соның баласына барып атын қойып келейін\", — деді. Қасқыр мен жолбарыс: \"Барсаң, бар!\" — деді. Түлкі кетті жүгіріп. Бағанағы үшеу тауып алған шелектегі майды бір жерге көміп кеткен үшеуі. Түлкі қасқыр мен жолбарысты алдап тастап, жүгіріп шелектегі майға келді, бір елі түсіріп жеді. Қайтып қасқыр мен жолбарысқа келді. \"Ағаңның баласының атын қойдың ба?\" — деді. \"Қойдым\", — деді. \"Атын кім қойдың?\" — деді. \"Атын бір елі қойдым\", — деді. Ол күні үшеуі жатты, ертең тұрған соң, түлкі қасқыр мен жолбарысқа айтты: \"Мына жерде ортаншы ағамның үйі бар, сол ағамның қатыны буаз еді, ағамның қатыны баласын тапқан екен, соның баласына барып атын қойып келейін\" — деді. Қасқыр мен жолбарыс айтты: \"Бар, қойып кел\", — деді. Түлкі жүгіріп кетті, жүгіріп бағанағы шелектегі майға келді. Шелектегі майдың жарымын жеді, жүгіріп қасқыр мен жолбарысқа қайтып келді. Жолдастары айтты: \"Ағаңның баласының атын қойдың ба?\" — деді. \"Қойдым\" — деді. \"Атын кім қойдың?\" — деді. \"Ортабел\", — деп қойдым. Жатты үшеуі, ертең тұрған соң түлкі айтты: \"Кенже ағамның үйі бар еді,— деді,— сол ағамның қатыны буаз еді, ағамның қатыны баласын тапқан екен, сол ағамның баласының атын қойып келейін\". Қасқыр мен жолбарыс айтты: \"Бар, қойып келе ғой\", — деді: Түлкі жүгіріп кетті, жүгіріп майға келді, майдың бəрін де жалап-жалап жеп қойған соң қайтып келді жүгіріп. Жолдастары: \"Ағаңның баласының атын кім қойдың?\" — деп сұрады. Түлкі айтты: \"Жалап, жалап қойдым\", — деді. Үшеуі бір түйешіге келді: \"Е, түйеші,— деді,— бір түйе сат бізге\". \"Не бересің?\" — деді. \"Не берейін, бес жүз сом ақша берейін\", — деді. Түйеші айтты: \"Қашан бересің?\" — деді. \"Ендігі жылы берейік\", — деді. \"Жарайды бір түйе ал!\" — деді. Бір түйені алды үшеуі, алып
келіп бір жерге сойды. Үшеуі түйені сойып жатқанда бір қарсақ келді. Қарсақ айтты: \"Сендерге мен жолдас боламын\", — деді. Жолдастары айтты: \"Бол! Мына түйені сатып алып сойып жатырмыз, сол түйені ендігі жыл бес жүз сом ақша берейік деп алдық\" — деді. \"Сол түйенің ақшасына қосыламысың? Қосылсаң, төртеуіміз түйені сояйық. Сойып болмай жемейік\", — деді. Төртеуі сойып жатты. Түлкі айтты: \"Қарсақ аузына бірдемені қағып салды\", — деді. Қасқыр тап берді. Тап бергенде қарсақ жалт беріп қашты. Қашқан соң қасқыр жолбарыспен екеуі тап қойып қуды, түлкі орнында қалды. Қасқыр мен жолбарыс келгенше түлкі түйені бұзып жерге тығып қойды. Көміп қойған соң кетіп қалды. Бір уақытта қасқыр мен жолбарыс келді. Келсе, түлкі де жоқ, əлгі жерде түйе де жоқ. Солай тұрғанында түлкі келді. Жолбарыс пен қасқыр айтты: \"Түйе қайда?\" — деп. \"Түйені мен білмеймін — деді түлкі,— сендер қарсақты қуғанда, мен де қуып кетіп едім. Мен қайдан білейін, өздеріңменен бірге қарсақты қуып кеткенмін.\" Үшеуі жатты, түнде түлкі көмген жерден алып, түйенің етінің бəрін жеп қойды. Кішкене терісі қалғанда жолбарыс пен қасқыр білді, айтты: \"Е, түлкім, қыршылдатып не жеп жатырсың?\" \"Өзімнің көтенімді ойып жеп жатырмын\", — деді. \"Түлкім, өз көтеніңді өзің жеп өлемісің?\" — деді. \"Өлмеймін\", — деді. Қасқыр айтты: \"Өлмейтұғын болсам, өз көтенімді өзіме ойып берші\", — деді. Қасқырдың қасына түлкі: \"Көтеніңді ойып беремін\", — деп келді. Келді де қасқырдың көтенін ойып жеді түлкі. Қасқырды алдап өлтіргелі жүр. Қасқырдың ішіне еніп кетті. Ішек-қарынын жеді, қасқырды өлтірді, өлтірген соң қасқырдың көтенінен түлкі шықты. Шыққан соң, қаша жөнелді. Жолбарыс түлкіні қуды, қуып жетіп ұстап алды. Түлкіні жұтамын деп аузына салып жіберді. Түлкі айтты: \"Жолбарысым, маңғыт деп жұтсаңшы!\", — деді. Жолбарыс: \"Маңғыт\", — деп аузын аша бергенде, түлкі: \"Саңғыт\", — деп аузынан шыға берді. Түлкі қашып кетті, жолбарыс қуып-қуып жете алмай қалды. Түлкі бір жерге келді, бір бөденемен жолдас болды, екеуі жолдас болып келе жатты. \"Түлкім, — деді бөдене, — сені мен көп тамаққа апарайын. Көзіңді жұм, құйрығымнан тісте!\" Түлкі: \"Жарайды\", — деді, көзін жұмды да бөдененің құйрығынан тістеді. Бөдене айтты: \"Түлкім, мен көзіңді аш дегенде аш, мен аш демей ашпа\".
Бөдене жүріп келеді, жүріп келеді, түлкіні ертіп жетектеп келе жатыр. Осындай бір көреттің ішіне келді. Көреттің ортасында бір көп кісі тұр екен, бөдене түлкіні жетелеп кеп кісінің ортасына келді. \"Аш көзіңді түлкім\", — деді. Түлкі көзін ашып жіберсе, көп кісінің ортасында тұр, бөдененің алдап əкелгенін білді. Бөдене күліп \"дыр\" етіп ұшып кетті. Əлгі жерде кісілер түлкіні соғып алды.
ДУДАР ҚЫЗ Ертеде бір бай болыпты, ұлы да жоқ, қызы да жоқ, жылқысы көп болыпты. Бай жылқысын бақпайды, жылқысын қасқыр жемейді, жылқысын ұры алмайды. Өңге жерде бір хан бар екен, хан айтады: \"Оның жылқысын қасқыр неге жемейді, ұры неге алмайды, менің жылқымды қасқыр да жейді, ұры да алады?\" Кісілер ханға айтты: \"Баласы жоқ байдың жалғыз бурыл аты бар, сол қасқырға жегізбейді екен, ұрыға бергізбейді екен\". Хан енді байдан бурыл атты маған берсін деп сұрата кісі жіберіпті, бай бурыл атты бермейді. Хан той қылармын деп жұртқа хабар айтты: \"Ұлы жоққа отыратұғын орын жоқ, қызы жоққа қымыз жоқ бұ тойға келмесін\". Ел жұрт тойға жиылды, бəрі барды, сонан соң ұлы жоқ қатын байына айтты: \"Тойға барайық!\" — деді. Бай айтты: \"Бізге келмесін деп хан айтқан қатын, сен болмадың, барсақ, барайық\", — деді. Бір саба қымызды түйеге артты, қатыны жетектеді, түйені бай айдады, келді тойға. Бай келді деп адам шықпады алдынан, қатынымен екеуі келіп тұрды үйдің сыртына. Бай ашуланды, жанындағы пышағын суырып алды, сабаны пышақпен тіліп жіберді, қатынын үйіне жеткенше сабап келді. \"Тойға бармайық деп айтып едім, айтқан тілімді алмадың\". Үйіне келді, жылқыдан айғыр алды, сиырдан бұа алды, қойдан қошқар алды, ешкіден теке алды. Айғырды, бұқаны, қошқарды, текені, төртеуін алып мидай далаға кетіп, үлкен шалқар көлдің басында төртеуін сойды құдайға. Құдайдан бала тілеп шырағын жақты, көлдің басында екеуі қатынымен жатты. \"Е, құдай, ұл бер, е, құдай қыз бер, малды не бер, малды не берме!\" — деді. Түнде бай түс көрді. \"Бурыл атты сойып берсең қыз берейін!\" — депті. Бай үйінде бурыл атты бауыздаймын деп жылқыдан əкеліп жығыпты, аяғын буыпты. Қатыны: \"Сойма, сойма\", — деп жылайды, байы тілін алмайды. Бауыздап атты өлтірген соң түнде жатады екеуі, ертең қатыны буаз болады. Туатұғын уақыт болды, көп қатындар жылады, о қатындар айтады: \"Баланың кіндігін мен кесемін\", — деді. Бала іште жатып жауап берді: \"Үйдегі қатындарды қуып жібер, өзім жақсы туамын\", — деді. \"Əкем үйге келсін, қатынның маған керегі жоқ \", — деді. Əкесі үйіне келді.
\"Əке! Əке! Туайын ба?\" — деді. \"Шырағым, туа ғой\", — деді. \"Өзімді өзім билесем туамын\", — деді. \"Өзімде билік болмаса, тумаймын\", — деді. Əкесі: \"Өзіңді биле\". Бала туды, шешесінің ішінен жерге түсті, қатындар жиылып келді, таңырқап келді. \"Не қылған жан екен бұл, ұл ма екен, қыз ба екен, білейінші\", — деп келді. Əкесі айтты: \"О, қыз екен\", — деді. Əкесі бір қой сойыпты, той қылыпты, қымызынан ішіпті, етін жеп қатындар үйіне қайтыпты. Қыз ер жетіпті, күнде байдың қызын айттырамын деп мырзалардың балалары келіпті, қыздың өзі көркем екен. Əкесі келген жігіттерге айтыпты: \"Мен білмеймін, қызымның өзі біледі, өз билігі өзінде\", — деп. Жігіттер қызға келді, амандасты, сөйлесті. \"Сен маған барамысың?\", — деді. \"Атымды тапсаң, саған барамын\", — деді. \"Атымды таба алмасаң мен саған бармаймын\", — деді. Жігіт атын таба алмады, өзінің əкесі де, шешесі де атын білмейді екен. Бір күн болғанда шешесі қыздың атын сұрайды. \"Сені біз не деп шақырамыз?\", — деп. \"Атыңды біз білмейміз\". Қыз айтты: \"Атым менің Дудар қыз. Менің атымды адамға айтпаңыз\", — деді. Ертесіне тағы жігіт келді, əкесі: \"Мен білмеймін\" деді. \"Қызымның өзі біледі\", — деді. \"Күйеуге барса да, бармаса да өзі білсін\". Жігіттер қызға келді. Амандасты, есендесті, сөйлесті. \"Сені мен аламын, сен тисең \", — деді. Қыз айтты: \"Атымды тапсаң тиемін, таппасаң, тимеймін\", — деді. Атын адам таба алмады. Ауылы көшті далаға, қыз жүгін артты түйеге, түйенің басын үйінде жүрген күңіне жетектетті. Қыз жұртта қалды, қыз қара жорға атына мінді, жүгінің көтінен қуып келді, қуып келсе, күңінің жетектеп бара жатқан түйесінің жүгі бір жағына қарай ауып қалыпты. Оны қыз көрмейді, күң оны айқайлай шақырды, есітпеді. Сонан соң: \"Дудар қыз, мұнда кел, түйе ауып қалды, кел мұнда!\" — деді: Қыз күңге қайтып келді. \"Сен менің атымды атадың ба?\" — деді. \"Атағаным жоқ, қыз деп сені шақырдым\", — деді. Жүгін қайта артып, қонатұғын жеріне түйені алып келіп, жүгін түсірді, үйін тікті, қыз желпініп төрінің алдына отырды. Бір жігіт келді. \"Бай, қызыңды мен алғалы келдім\", — деді. Бай айтты: \"Қызым өзі біледі\", — деп. Қызына келді жігіт: \"Е, қыз, амансың ба, сені айттырғалы келдім\", — деді. \"Атымды тауып ал!\" — деді. Жігіт айтты: \"Атың Байланатұғын болмасын!\". \"Жоқ, атым ол емес\". \"Атың сенің Дудар қыз\", — деді. \"Атымды таптың\", — деді.
Той қылды, құда түсірді, қыз бен жігіт қол ұстасты, əкесі ұзатқалы жатып қызына: \"Жылқының бəрін бөліп беремін, алып кет\", — деді. Қыз малдың ішіне келді. Келіп жылқыны көріп жүрсе бір кішкене құла тайдың үстіне тер қатып тұр екен. Құла тайдың түгін алақанымен сипады. Құла тайға тіл бітті: \"Е, Дудар қыз, — деді,— сені ұзатады ма?\" Қыз айтты: \"Мені ұзатады\". Құла тай айтты: \"Не аласың?\" — деді. \"Əкем малдың бəрін де беремін деп айтады\". \"Сен малды алып не қыласың? Малды алма! Бұйым да берсе, бұйым да алма! Күйеуің өзіңе тəуір ме, жаман ба?\" — деді. Қыз айтты: \"Жақсы екенін, жаман екенін білмеймін\" — деді. \"Сен білмесең мен айтайын! Күйеуің сенің қасқырдың алыбы, құбылып келген, адам болып келген. Анау күн сіздің үй көшіп келе жатқанда күңнің жетектеген түйесі ауғанда сені шақырған, шақырғанда сен келмегенде атыңды атап сені Дудар қыз деп шақырған. Сонда осы қасқыр өлген кісіні көрден суырып жеп жатқанда сонда сенің атыңды есіткен\", — деді. Қыз онан шошыды, құла тай айтты: \"Əкең мал берсе де алма, бұл берсе де алма! Берсе əкеңнің жағы менен оғын ал, қара күңді ал, мені ал, қара түйені ал!\" Үйіне келді қыз, төсекке келе құлап, қорқып жылап жатты. Əкесі айтты: \"Жылама, ұзатамын, басыңды көтер!\" — деді. Қыз басын көтергенде əкесі: \"Балам, не аласың?\" — деді. \"Əке, жағың менен оғыңды берсең аламын, қара күңді берсең, аламын, қара түйені берсең, қара түйені аламын, құла тайды берсең, құла тайды аламын\", — деді. Əкесі айтты: \"Қара күңді, қара түйені, мен саған беремін, жағымды, оғымды бермеймін\", — деді. Қыз жылады, сонан соң шешесі байына ұрысты. \"Қызыңнан сенің жағың менен оғың артық па, бала сұраса бер!\" — деді. Бермек болды. \"Ал, балам\", — деді. Қыз жылқыдан құла тайға құрық салды — құнан болды, жүгендеді — дөнен болды, ерттеді — бесті болды, мінгізді — алты жасар ат болды. Қара түйені ұстап алып келіп берді. Қара күңді сол түйеге отырғызды. Қыз бəрін де алды. Құла атқа мінді, жағын мойнына салды. Күйеуге ұзатып алып кетіп барады. Күйеу қызға айтты: \"Мен алдымен озып кетемін. Ұзыннан сызылған жер болса, жүр, дөңгелек сызған жер болса, қон\", — деді. Күйеуі кетті, қатын кейін қалды. Құла ат айтты: \"А, Дудар қыз, күйеуің неге озып кетті, білдің бе?\" Дудар қыз айтты: \"Білгенім жоқ\". Құла ат айтты: \"Мен білдім, — деді,— күйеуің қасқыр болып қайтып
келіп, қара түйені жейді, қара күңді жейді\", — деді. Азырақ жерге барып еді, үлкен бір қасқыр келе жатыр. Қасқыр келді де қара түйені жұтты, күңді жеді. Сосын қашып кетіп қалды. Бір уақытта жігіт болып құбылып артынан келді, келіп қараса күйеуі екен. \"А, Дудар қыз, қара түйе қайда, қара күң қайда?\", — деді. \"Бір қасқыр келіп жеп кетті\", — деді. Күйеуі айтты: \"Жесе жесін\". Дудар қызға айтты: \"Анау көрінген таудың арасында ағарған менің үйім, соған кел. Мен озайын\", — деді. Ат айтты: \"Е, Дудар қыз, не ойлап келесің\", — деді. Дудар қыз айтты: \"Мен не ойлайын\", — деді. Ат айтты: \"Жеті жұртты жалмаған жалмауыз қасқырдың қатыны жүгіріп алдыңнан шығар, жүгіріп келіп менің тізгінімнен ұстар, сен тізгінімнен ұстатпа!\" — деді. Қасқырдың қатыны жүгіріп келді. \"Дудар қыздың тізгінінен ұстаймын\", — деді. Дудар қыз айтты: \"Атымның тізгінінен ұстама! Сен — үлкен, мен — кіші, атымды өзім байлаймын!\" — деді. Дудар қыз үйдің жанына атты байлады, үйге еніп есіктің алдына келіп отырды. Байы үйдің ішінде төсекте жатты, үлкен қатыны төсектің жанында отырды. Бай ұйықтап жатыр екен, оянды. \"Е, Дудар қыз, мұнда қасыма кел!\" — деді. Дудар қыз бармады. \"Менің үлкен апам жатқан төсекке бармаймын\", — деді. \"Ұят\", — деді. Келмеген соң байы ақырды, ашуланды, ашуланса да келмеді. Үлкен қатыны жүгіріп қасына келді, байының басын қасыды, арқасын қасыды, байы ұйықтады, жеті күн ұйықтады, жеті түн ұйықтады. Бай ұйықтап жатып ойбайлады, бір уақытта бақырды, бір уақытта шыңғырды. Сонда ат үйге сүйкенді. Бір уақытта атты бір жерге байлаймын деп Дудар қыз үйден шығып кетті. Шықты да атқа мінді, садағын, оғын алды. Ат айтты: \"Көзіңді жұм, үш күн, үш түн көзіңді ашпа!\" — деді. Құла ат үш күн, үш түн ұшып барып түсті. Қыз көзін ашты, ат айтты: \"Ерімді, тоқымымды ала көр\". Ер тоқымды Дудар қыз алды, аттың бір қабат терісі тоқыммен бірге алынды. Ат аунады, əрі-бері оттады, бұрынғы қалыбына түсті. Жүгіріп ат кетті. Кетсе бір далада бір адам тұр екен. Ат қайтып Дудар қызға келді. \"Ертте, мін маған\", — деді. Ер тоқымды ерттеді, манағы көрінген кісіге келді. \"Ассалаумағалайкум\", — деді. \"Уағалайкумассалам\", — деді. Жігіт айтты: \"Кімсің?\" — деді. Қыз айтты: \"Мен бір ермін, аң атқалы жүрген жанмын\", — деді. Жігіт айтты: \"Сен ер болсаң, мен де ермін. Мен аға болайын саған, сен маған іні бол!\", — деді. Келісті, біреуі аға болды, біреуі іні болды. Екеуі бір арқанды болды. Екеуі аң атты, қыз бір
атқанда екі құлан атты, анау жігіт — Төстік батыр біреуін атты. Екеуі кешке үйіне келді, үш құланды алып келді. Төстік батырдың шешесі бар екен. \"Балам Төстік, қасыңдағы ертіп келгенің кім?\" — деді. \"Шеше, ертіп келгенім бұл бір ер, бұ менен артық батыр\", — деді. \"Мен бір құланды аттым, бұл екі құланды атты\", — деді. Шешесі айтты: \"Балам, шыққыр көзім шықпаса, мұның өзі ер емес, қыз\", — деді. Інісі ұш құланды сойды, суды əкелді, етін асты, əлім қылып пісірді, арса қылып түсірді. Етті жеді, тойды. Ертең таң атқанда атына мінді екеуі, аң атқалы кетті. Қыз екі құлан атты, Төстік батыр бір құлан атты. Екеуі далада сойып жатыр еді, бір кісі келді, жетектеген аты бар екен. \"Төстікті іздеп келдім\", — деп Төстік батырға сəлем берді. Төстік сəлемін алды. \"Қайда барасың?\", — деді. О кісі айтты: \"Сені іздеп келдім\", — деді. \"Мені нағыласың?\" — деді. \"Елімізде патша той қылып жатыр, теректің басына бір ділдə қояды, соны атып түсірген кісіге қызымды беремін\", — деді. \"Ол ділдəні ататұғын кісі табылмады. Қанша кісі жиылып барып атып еді, ділдəсін жерге түсіре алмады. Соны сен атып жерге түсірсең қызын аларсың\", — деді. Дудар қызды алып үшеуі бірге кетті, патшаға келді. Келсе қанша жамағат қатар тұрып атып жатыр. Дəл тигізе алмайды. Келді де Төстік батыр атты, жанына жақын жетті. Сонан соң Дудар қыз атты, ділдə шылдырлап жерге түсті. \"Патшанын күйеу баласы бол\" деп кілемге салып, көтеріп патшаға апарды, қызды əкеліп жігіттің қойнына салды. Үш күннен соң ұзатпақ болды. Үш күн өтті, қызды ұзатты, қыздың інісі ерді. Қыз інісіне айтты: \"Мені бұған неге бердіңдер, бұл да қыз, мен де қыз\", — деді. Құла ат Дудар қызға келді, айтты: \"Е, Дудар қыз, алып келе жатқан қатын інісіне айтты: \"Мен де қыз, ол да қыз\", — деп. Дудар қыз айтты: \"Енді қайтемін?\" Құла ат айтты: \"Сен қайныңа айт, екеуіміз жарысайық деп сонда ол жарысар\", — деді. Жігітке қыз келді: \"Жарысайық\", — деді. Екеуі жарысты. Құла ат озып кетті. Бір құлан атты, құланның бұтын кесіп алды. Бір көлдің басына келді. \"Е, балдызым, суға шомылайық!\" — деді. \"Жарайды\", — деді. Екеуі шешінді, қыз құланның бұтын өзінің бұтына қолымен ұстап суға түсті, қайнысы қасына келді. Балдызына шүметейін көрсетті, балдызы көрді, балдызы қуанды. Судан шығып киіміне келді.
Балдызының көзін алдап, құланның шүметейін жерге тастады, өзі киімін киіп алды. Екеуі атына мінді, патшаның қызына келді. Інісі айтты: \"Апа! Сен қыз деп едің, еркек екен. Бұтын көрдім, бұтында шүметейі бар екен\", — деді. Қыз қуанды. Төстіктің шешесінің үйіне алып келді, үш күн жатты, балдызы төртінші күні үйіне қайтып кетті. Ертеңінде Дудар қыз жалғыз аң атамын деп шықты. \"Аға, сен үйде жат! Кешке мен келермін!\" — деді. Дудар қыз атына мінді, далаға кетті, ат тұрып айтты: \"Е, Дудар қыз, енді қайтесің?\" \"Енді мен кетейін\", — деді. Ат айтты: \"Қасқыр байыңнан хабар жоқ. Ертең сен Төстікпен далаға шық. Төстікке өзің ти\", — деді. Кешке үйіне екі құлан алып келді. Жатты, ерте тұрды, беті қолын жуды. \"Аға, екеуіміз құлан атайық!\", — деді: \"Жарайды, барсақ барайық\" — деді. Екеуі кетті, мидай далаға келді. \"Е, аға, кешегі əкелген патшаның қызын кім алады?\", — деді. \"Е, шырағым, өзің ал!\" — деді. \"Мені кім алады?\" — деді. \"Сені кім алсын?\" — деді. \"Аға! Мен қыз едім\", — деді. Қыз белгісін, емшегін шешіп көрсетті. Жігіт қуанды сонан соң үйіне қайтып келді, алды қызды. Екеуін де алды, қатын қылды. Шешесі: \"Қыз\" деп айтқан соң: \"Уф!\" — деді. \"Уф!\" деген лебізі от болды, үйі жанып кетті. Сонан соң Дудар қыз екі қабат болды. Еліне жау келді, жұрт жиылды, соның артынан қуып кетті. Төстік батырдың қатыны Дудар қыз: \"Барма\", — деді. Айтқан сөзін тыңдамады: \"Жауға барамын\", — деді. Қатын болмаған соң айтты: \"Барсаң бар! Құла атты сен мінбе! Сені тастап маған келер\", — деді. Атты байы мінді, айтқан сөзге көнбеді. Қыз шідерді бермеді, бұтының арасына қысты, күйеуі өзін итеріп тастады, шідерді жұлып алды. Жігіт аттанып жөнелді: \"Шеше, аман бол! Мына қатыным бала тапса мені қудырт, баланың атын Алтынбай қой\", — деді. Сөйтіп, айтты да кетті. Бір ай жүрді, бір ай өткен соң қатыны бала тапты. Басы алтын, көті күміс бір ұл тапқаннан соң, шешесі: \"Төстік баламды шақырып кел! Дудар қыз келінім ұл тапқан, басы алтын, көті күміс\", — деп қағаз жазды. Баласына ол қағазды кісіменен жіберді. Қара дүлдүлге кісіні мінгізді. Айшылық жерді алты күнде басып жетті. Жүректей жерден жұлындай түтін шығады, түтін шыққан жерге жетсе, есік көрінеді, есікті ашып еніп келсе, қу аяқ кемпір отыр. \"Балам, қайда барасың?\" — деді. \"Мен көрдім, осында қонып кетті, шаршап келеді екенсің, атыңнан түс, атыңды байлай тұр, ас берейін саған\", — деді. Атынан түсті жігіт, атын байлады, үйге кірді, отырды, кемпір бір
аяқ боза құйып берді. Ішті жігіт, ас ішкен соң демімді алайыншы деп жатып еді, ұйықтап қалды. Ұйықтап жатқан жігіттің қалтасына кемпір қолын салып жіберді, алақаңдай қағазын суырып алды. Жігіт мас болып, ұйықтап қалып білмейді. Кемпір қағазды оқып Дудар қыздың басы алтын, көті күміс ұл тапқанын білді. Дудар қыздың Төстік батырдың үйінде екенін білді. Ол кемпір алып қасқырдың шешесі екен. Қағазды қайтып жігіттің қойнына білгізбей салды. Жігіт бір уақытта оянды, түрегелді. \"Ойбай күн кеш болып барады екен. Мен жүрейін\", — деді. \"Жүрсең жүр жігітім. Қайтарыңда біздікіне соға кет\" — деді. Жігіт атына мінді, Төстік батырды қуып кетті. Бір уақытта жетті, амандасты. \"Қайда барасың, жігітім? — деді. \"Сізге келдім, — деді,— Қатының ұл тапты, шешеңнің беріп жіберген қағазы мінекей\", — деп, берді. Қағазды оқып ұл тапқанын білді. \"Қайтамын\", — деді. Төстік батырдың қасындағы жолдастары: \"Енді жауға жеттік, ішіміздегі батырымыз сіз, қайтпаңыз. Жауды мұқатып кетейік\", — деді. Төстікті жолдастары жібермеді. Шешесіне Төстік хат сызды. \"Шешеме сəлем. Той қылсын! Көп жұртты шақырсын! Баламның атын Алтынбай қой\", — деп. Сонан соң манағы келген жігіт қайтты үйіне. Қайтып жолындағы кемпірдікіне түсті. Демімді алайын деп жатты. Ұйықтағанын кемпір білді. Қалтасындағы қағазын суырып алды, отқа тастап жағып жіберді. Кемпір қайтадан қағаз сызды. \"Атты қинап шешең маған неменеге жіберген. Шешеме сəлем. Отыз арба отын əкеліп Дудар қызды баласымен екеуін отқа салып өртесін!\" — деп кемпір сызды. Қағазды жігіттің қойнына салды. Жігіт оянды, түрегелді, жүрейінші деді. Атына мінді, үйіне келді, қағазды шешесіне берді. Шешесі оқыды, отыз арбамен отынға жіберіп, баласының айтқан сөзін екі қылмады. Дудар қыз жылап жатыр, түн ортасы болғанда Құла ат келді. \"Дудар қыз жатырмысың?\" — деді. \"Жатырмын, жатпай қайтейін\", — деді. \"Шық, Алтынбайды ала шық\", — деді. Дудар қыз түрегелді, киімін киді, белін буды, баласын қойнына салды, үйден шықты. Шығып қараса құла ат келіп тұрған. Құла атты көріп жылады. Үш аяғында шідер, аяғын қиып тастапты. Аяғының ақ сүйегі көрінеді. Шідерін алды, жанына байлады. Құла атқа мінді, қашып жөнелді, артынан біреу қуып келеді. Ұшайын десе ұша алмады, жүгірейін десе жүгіре алмады, жақындап қалды.
Дудар қыздың қалың тарағы бар екен. Тарағын лақтырды: \"Қалың тоғай бол\", — деп тастады. Қалың тоғай болды. Қу аяқ кемпір адасты. Дудар қыз кетті, кемпір тоғайдан шығып тағы қуды. Қолында Дудар қыздың айнасы бар еді. Айнасын: \"Үлкен дария көл бол\", — деп лақтырды. Үлкен дария көл болды. Дудар қыз көлде құла атымен жүзіп келеді, артынан кемпір су ішінде қуып жетті, келіп қыздың білегінен ұстады. Ұстағанда қараса Дудар қыздың қолында пышағы бар екен, кемпір пышақты жұлып алды. Аттың ішін пышақпенен жарып жіберді. Құла ат кемпірді қос аяқтай тепті. Кемпірдің мойны үзіліп, өлді. Судың жиегіне шыққан соң, қарыны ақтарылып жерге түсті, құла ат жағылды, өлгелі жатыр. Дудар қыз құла аттың басын құшақтап жылап отыр. \"Дудар қыз жылама! Төрт аяғымды кесіп, төрт жаққа таста!\" \"Төрт үйір жылқы бол\", — деді. Құла ат өлді. Қыз басын құшақтап үш күн, үш түн жылады, жылаған соң тірілмеді, төрт аяғын кесіп төрт жаққа тастады: \"Төрт үйір жылқы бол\", — деді. Кеудесін кесіп жатқан жеріне тастады: \"Алты қанат ақ үй бол!\" — деді. Кеудесін кесіп жатқан жеріне тастады. \"Алты қанат ақ үй бол!\" — деді. Төрт аяғы төрт үйір жылқы болды, кеудесі ақ үй болды, бай болды, бие сауды. Алтынбай ер жетті. Жылқы бағады. Жылқы бағып жүрсе, бір аяғы жоқ адам киік атады, киікті Алтынбай алып қашады, шешесіне алып келеді. Ертеңінде тағы Алтынбай аяғы жоққа кезігеді. \"Алтынбай, мұнда кел\", — деп шақырады, қасына келеді, басындағы тақиясын береді Алтынбайға. Алтынбай тақияны алады, үйіне келеді, биенің қасына тақияны қойып кетеді. Шешесі бие сауғалы келеді. Алтынбай үйде ұйықтап жатады. Биенің қасына келсе, тақияны көреді. Тақияны алады да, жылап үйіне келеді. Алтынбайды құшақтап жылайды. \"Мұны қайдан тауып алдың?\" — деді. \"Бір аяғы жоқ кісіден алдым\", — деді. \"Сол кісі менің байым — Төстік батыр, сенің əкең. Оны алып кел\", — деді. Алтынбай əкесін қолынан көтеріп, атының артына мінгізді, үйіне қайтты. Алтынбайдың шешесі жылап, алдынан жүгірді. Алтынбай əкесін қолынан ұстап жерге лақтырып тастады, өзі жылқысына шауып кетті, жылқыдан кешке келді. Келсе Дудар қыз Төстік батырды биенің сүтіне шомылдырып, жақсы киім кигізіп, жақсы ас ішкізген, семірткен. Баласын бала қылды.
Қатыны байынан сұрады: \"Е, байым, қайдан жүрсің? деді. \"Мен қайдан жүрейін. Мен жауды қуып жеткен емес пе едім. Сонда сен буаз қалған емес пе едің; сонда мен шешеме: \"Қатыным ұл тапса, мені қудыра жібер\", — деп айтып едім. Сол күнде шешем мені қудыра жіберіпті, сол жігіт келіп маған қатының ұл тапты деп айтқан еді; шешеңнің берген қағазы міне деп. Қағазды оқысам, Дудар қыз ұл тауыпты, басы алтын, көті күміс. Қасымдағы жолдастарымнан сұрап едім, қайтайын деп. Жолдастарым: \"Қайтпа\", — деді. Ішіміздегі батырымыз сенсің, сен кеткен соң біз не боламыз? Хат жібер.\" Шешеме хат жібердім: \"Той қылсын! Атын Алтынбай қойсын!\" — деп қағазды жігіттің қойнына салдым. Өзге жерге қонба, түспе, тігінен өзіміздің үйге бар! — дедім. Сен Дудар қыз бұл жерге не қылып келдің? Біреуден қысым көрдің бе? Зорлық көрдің бе?\" — деді. Қатын айтты: \"Мен үйдің ішінде жатыр едім, жіберген жігіт келді, енем сұрады. \"Төстік балам келді ме?\" деп. \"Төстік батыр келмеді, сізге берген қағазы мінеки\", — деп берді. Енем қағазды алып оқытты, оқыса: \"Отыз арба отын əкелсін, қызды, Алтынбай екеуін өртесін\", — деген қағаз беріпсің. Сөйтіп, жылап, өлемін деп жатыр едім, түн ортасында құла ат келді, мені алып қашты. Артымнан біреу қуды, не екенін білмедім, жетіп келді. Құла атты пышақпен жарды, ат қос аяқтап тепті, мойны үзіліп өлді. Құла ат өлерінде маған айтты: \"Төрт аяғымды кесіп төрт жаққа таста. Кеудемді кесіп осы араға таста\", — деп айтты. Тастадым, үй болды, жылқы болды. Сені алғызған менмін, — деді — Алтынбайды жібердім. Сенің аяғың неліктен тозды?\" \"Құла ат кеткен күні мен де іздеп кеттім, сонан іздеп, іздеп жүріп таба алмадым. Атым жоқ болған соң жаяу жүрдім, етігім тозды, жыртылды, жалаң аяқ жүрдім, сондықтан табаным тесілді, сондықтан ақсақ болдым, өз тамағымды өзім асырадым\". Үйін көтерді, жеріне келді, амандасты, есендесті. \"Қайдан келдіңдер?\", — деді шешесі. Төстік батыр барған жерін айтты. Шешесі: \"Балам, келінім ұл тапқанда, мен қудыра жібергенімде өзің келмей Дудар қызды баласымен өртесін деп неге қағаз бердің?\" — деді. \"Жоқ, шешеке, өйтіп бергем жоқ!\", — деді Төстік. Жігітті шақыртты. \"Е, жігітім, — деді,— қайда түстің? Қайда қондың?\" — деп сұрады. Жігіт: \"Айтсам да өлемін, айтпасам да өлемін! Айтайын!\" — деді. \"Бара жатқанда жүректей жерден жұлындай түтін шықты. Сол түтінге бардым, бір кемпір сөйлесті.
\"Қайда бара жатқан жігітсің?\", — деді. Жөнімді айттым. \"Атыңнан түс, деміңді ал!\" — деді. Бір аяқ боза берді, ішіппін, жатыппын, ұйықтап кетіппін, бір уақытта оянып түре келдім. Атыма міндім, бардым, қайтып сол үйге түстім. Бір аяқ боза құйып іштім, соны ішіп, мас болып ұйықтап қалыппын. Сонда сол кемпір бірдеме қылмаса, өзге жанның үйіне түскенім жоқ\", — деді. \"Тігінен осы үйге келдім, өзім хат танымаймын. Не қылсаңыз да өзіңіз біліңіз\", — деп Төстік батырдың аяғына жығылды. Төстік батыр оны кешті. Өзі бай болды, баласына бір ханның қызын алып берді. Баласы өзінен артық батыр болып, барша мұрат басына жетті.
ҚАРМАҚ САЛҒАН ЖІГІТ Бір жігіт бұрынғы заманда суға қармақ салып жүреді. Қармақ салып жүргенде күнде бір балықтан артық түспейді. Бір күн қармағын салды, екі балық түсті. \"Е, құдай-ай\", — деді,— күнінде біреуден артық түспеуші еді, маған бүгін екі балық түсті, мұны берген құдай тағы бірдеме берер. Қармағын күнде-күнде салып жүрді, күнінде екі балықтан түсіп жүрді. Бір күнде жігіт жатқан жерінен түрегелді. Беті- қолын жуып тұрса, қармағын салайын дегенде бір сары ит жүгіріп жігітке келді. Жігіт айтты: \"Е, құдай-ай, қанша жылдан бері мен қармақ салып бір балықтан алып жиып жатушы едім, енді маған екі балық түсіп жүргені біреуі иттің несібесі екен\", — деді. Бір балықты итке берді, бір балықты өзі жеді. Итті жолдас қылды. Екеуі жолдас болды, құдай екеуіне екі балықтан қанағат беріп жүрді. Бір күні үш балық түсті қармағына. \"Е, құдай-ай! — деді,— Ит пен екеуімізге тағы бір серікті берер\". Күнінде үш балықтан түсті, бірін ит жеді, бірін өзі жеді, бірін алып қояды. Ертең екеуі түрегеліп беті қолын жуып тұрғанда, бір ала мысық жүгіріп келді. Ит пен жігіт айтты: \"Бір тəуір мысық екен, мұны берген құдай тағы бірдеме берер\", — деді. Түнде үшеуі жатты, ертең тұрды, қармағын салды, үш балық түсті, үшеуі үш балықты жеді. Үшеуі бір күн ақылдасты. \"Біз бүйтіп жүрмейік. Мал табайық\", — деді. Жігіт айтты: \"Ит пен мысығым, мен ел-жұртты білмеймін, мал табатұғын жерлерің болса, мал табыңдар!\" — деді. Мысық айтты: \"Мына жақта бір бай бар, мына итті маған қосып бер, мен мына судан өте алмаймын, ит мені арқасына мінгізіп, ары жаққа алып шықсын. Ары жақтағы байдың бір зымырық тасы бар, соны алып келсем, құдай бізге мал да берер, бас та берер\". Ит пен мысық кетті. Итті арқасына мінгізіп, ары жаққа алып етті. Мысық итке айтты: \"Итім, сен осы арада жата тұр, мен ауылға барып келейін\". Мысық ауылға жүгіріп келді, ауылға келсе, ауыл ас беріп жатыр екен. Мысык келді деп əркім ет береді, мысық етке тойды, бір қауым ет жиып алды, жүгіріп қайтты, итке келді. \"Итім, — деді,— мына етті жеп, сен осы арада жата тұр. Ауылға барсаң иттер таласа берер, мен саған тамақ əкеп берейін. Мен ауылға барсам мысығым, деп əркім ет берер\", — деді. Мысық жүгіріп ауылға барды, əркім ет берді.
Мысық бір қауым етті жиып, итке əкеліп берді. \"Сен осы етті жеп жат! Мен барып зымырық тасты алып келейін\". Жүгіріп келді байдікіне. Бай айтты: \"Ұры мысық келді, зымырық тасты ұрлап кетер!\" Күңдер оны қуып жіберді, мысықты үйге жолатпай. Мысық есітті де, кетіп қалды. Бай айтты: \"Зымырық тасты алып бер, мысық оны ұрлап кетер, аузыма салып жатайын\". Мысық байдың айтқанын білді. Бай зымырық тасты аузына салып ұйықтады. Мысық түнде жүгіріп қайтып келді. Бай шалқасынан жатыр, мысық келіп кеудесіне шығып отырды, мысық қайтып түсті жерге. Құмандағы суға құйрығын малып алды, жүгіріп байдың кеудесіне шықты. Суға малған құйрығын ұйықтап жатқан байдың танауына тығып алды. Бай түшкіріп қойды, аузынан зымырық тас ұшып жерге түсті. Мысық зымырық тасты алып қашты. Бай қуып, қуып жете алмай қалды. Мысық жүгіріп итке келді. Мысық айтты: \"Зымырық тасты алып келдім\". Ит айтты. \"Жүрейік!\" — деді. Иттің арқасына мінді мысық. Ит жүзіп кетті. Судың ортасында мысыққа айтты ит: \"Зымырық тасты маған бер, мысығым, алып келген жақсы атын сен ал, апаратұғын жақсы атын мен алайын\". Мысық итке айтты. \"Итім, мен зымырық тасты саған берер едім, сен суға жүзіп келесің, сен аузыңды ашып отырасың, аузыңнан суға түсіп кетер\". Ит айтты: \"Бермесең, мен сені суға тастаймын\", — деді. Мысық қорықты, итке тасын берді. Судың шетіне жетіп келгенде иттің аузынан зымырық тас суға түсіп кетті. Судан шығып ит пен мысық жылап, жігітке келді. Мысық айтты жігітке: \"Зымырық тасты алуын алып едім, ит иттілігін қылды, — деді,— судың ортасына келгенде зымырық тасты маған бер деп ит айтты. Судан шыққан соң берейін деп едім оған болмады, айтқан сөзге көнбеді, судың ортасында бер деді, бермесең суға тастаймын — деді. Қорыққан соң зымырық тасты бердім. Иттің аузынан суға түсіп кетті\". Жігіт итке ұрысты. Мысық айтты: \"Ұрыспа! Құдай берсе, зымырық тас табылар\", — деді. Үшеуі қармақ салып жүрді. Үшеуі бір балықтан алып жеп жүрді. Бір күні жігіт суға қармақ салды, бір соқыр шабақ түсті қармағына. Жігіт айтты: \"Соқыр шабақ түсті\", — деді. Мысық айтты: \"Көзін нағып шығарды?\" Құдайдың құдіретімен шабаққа тіл бітті. Жігіт айтты шабаққа: \"Көзің неғылып шықты?\" \"Бір ит пен мысық зымырық тасты алып келе жатқанда, судың шетінде жусап тұрғанымды иттің аузындағы тас түсіп кетті, сонда зымырық
тас тиіп, көзім шықты\", — деді. Жігіт айтты: \"Зымырық тас көзіне түскенде қай жерде болдың?\" Балық қай жерде екенін көрсетті. Жігіт айтты: \"Сол жерден зымырық тасты табармысың, балығым?\" Балық: \"Табармын, — деді,— мені қоя бер, мен тауып əкеліп берейін\". Балықты қоя берді жігіт, балық шолп етіп суға түсіп кетті. Мысық жүгіріп барып балықтың түскен жеріне қарап тұрды. Мысық балықтың барған жерін көрді, балық барып зымырық тасқа тигенін көрді. Мысық айтты жігітке: \"Зымырық тас жатыр екен\". Жігіт айтты: \"Қанікей?\" Мысық айтты: \"Міне жатыр\", — деді. Мысыққа жігіт айтты: \"Қайтып оны алармыз?\" Мысық айтты: \"Ит алмаса, біз ала алмаспыз\". Мысық итке тастың жатқан жерін көрсетті. Ит: \"Мен алайын\", — деп суға сүңгіп түсіп кетті, зымырық тасты алып келді. Жігіт кешке таза шомылды, зымырық тасты қойнына салып жатты: \"Е, құдай мал бер, бас бер, өмір ұзақ жас бер!\" — деп тілеу тіледі құдайдан. Жатты, ұйықтады, ертең тұрды. Жақсы қатын қойнында жатты, үстіне үй тігілген, астына төсек салынған, мың жылқы біткен, мың сиыр біткен, мың түйе біткен, мың ешкі біткен. Күмісті ер-тоқымы бар, күмісті жүгені бар, күмісті құйысқаны бар бір қара жорға ат үйінің жанында байлаулы тұрды. Ердің қасында күмісті мылтық тұрды. Қара жорға атқа мініп, аң аулағалы кетеді. Малын адам бақпайды, өзі келіп, өзі кетіп жүреді. Бір күні тағы да аң атқалы кетті. Үйінде қатыны жалғыз отыр еді. Бір кемпір келді. Қатын айтты: \"Неғылып жүрген кемпірсің?\"деп. Кемпір айтты: \"Бір бейшара кемпірмін\", — деді: Қатын айтты: \"Енді қайда барасыз?\" Кемпір айтты: Барар жерім, жүрер жолым жоқ, сіз жалғыз екенсіз, серік болып тұрайын\", — деді. Кемпір тұрды, кешке бай келді. \"Бұ неғылған кемпір?\" — деді. Қатын айтты: \"Бұ бейшара кемпір, мен серікке алдым\". Кемпір қатынмен үйде отырды. Бір күнде бай аң аулап кетсе, бір адам қашып келеді. Артынан шаң шығады. Бұ адам қашып жігітке келді. Жігіт сұрады: \"Неғылған адамсың?\" — деді. \"Неғылған адам болайын? Артымнан өрт келеді, өрттің алдынан бір айдаһар келеді, сол айдаһардан қорқып қашып келемін\", — деді. Жігіт айтты: \"Қорықпа, айдаһарды мен атайын!\" Жігіт аттан түсті, мылтығын құрып отырды. Айдаһар жетіп келгенде жігіт атып жіберді, айдаһар екі үзіліп өліп қалды. Қасына келген кісі айтты: \"Сенімен құдай дескен тамыр боламын, саған бір пəле жолықса мені іздеп тап, атым менің Жылан
баба. Аман бол енді\", — деп айрылып кетті. Жігіт кешке үйіне келді, ертең тұрып қатынына айтты: \"Е, қатыным, — деді,— осы кемпір неғылған кемпір? Зымырық тасты ұрлап кетпесін\". Жігіт тағы да аң аулай кетті. Кемпір айтты қатынға: \"Балам, мен сенен кетемін, құдай десіп тұрып едік, мен көңілімді аққа санап едім. Біреудің көңілі біреудікіндей болмайды екен, енді мен кетейін\". Жігіттің қатыны айтты: \"Неге өкпеледің?\" Кемпір айтты: \"Мен өкпеледім, сендердің менен жасырғандарың бар екен\". Кемпір үйден шығып кетті. Қатын да шықты. \"Кетпе\", — деді,— сізден көп жасырған кішкентай нəрсем бар екен, сонымды көрсетейін\". Зымырық тасты сандықтан алды, кемпірге көрсетті. Кемпір көрейін деп қолына алды, онан сон аузына қағып салып, кемпір жоғалып кетті. Кешке жігіт келді, қатын жігітке айтпады. Ертең жігіт тұрып келсе, мал да жоқ, үй де жоқ, қатын да жоқ, жігіттің жалғыз өзі қалған. Жігіт ертесіне тұрып, беті-қолын жуып, құдайға налыс қылып жылады. \"Менің бір тамырым бар еді, соны іздесем бе екен!\". Іздеп кетті, бір заман болғанда іздеп тапты. Бір жылқышыға келді. \"Бұ кімнің жылқысы?\", — деді. Жылан бабаның жылқысы. \"Сен Жылан бабаның несі едің?\" \"Жылан бабаның досы едім\". Жылқышы айтты: \"Енді қайда барасың?\" \"Жылан бабанікіне барамын\". \"Барғанда тамырыңнан не сұрайсың?\" \"Не сұрарымды білмеймін, қайдан білейін несі барын?\" Жылқышы айтты: \"Айтайын, тамырдікіне барарсың, барғанда тамырың жылқымның жарымын алып кет деп айтар. Сен оны алмағайсың. Бір ермек тасы бар, оны сен сұра, өзге нəрсе берсе алма, ол тасты саған берсе мал да бітер, бас та бітер\". Жылқышыдан шықты, барып-барып Жылан бабаның үйіне келді, үйінің артына келіп еді, екі жылан шықты. Атынан түсті. Жылан бабаның үйіне кірді, екі жылан қойнына енді, қонышынан шықты, төсек үстінде екі жылан жатыр екен. Жыландардың бірі сілкінді, құбылып жатып тұрып кісі болды. Жылан баба болды, амандасты, есендесті. Бұл үйдің ішіндегі жыландар бəрі кісі болды. Бірі қатыны болды, бірі келіні болды, бірі ұлы болды, бірі қызы болды. Той қылды, жақсы ас берді. Ертемен тұрып Жылан баба сұрады: \"Тамырым, не сұрай келдің? Жылқымның жарымын берейін, ал\", — деді. Жігіт айтты: \"Жоқ, жылқы өзімде де көп, берсең ермек тасыңды бер маған\". Жылан баба ермек тасын алып берді. \"Бұл ермек тасым сандықтың ішінде. Сен үйіңе барған соң ғана аш. Үйіңе бармай сандықтың аузын
ашпа\", — деді. Жігіт үйге кетті, үйге жеткенде аузын ашты. Сандықтың ішінен мал да шықты, бас та шықты, бай болды. Мың жылқы, мың түйе, мың сиыр, мың қой бітті. Бай болып барша мұратына жетті.
ҚАРАКӨЗ СҰЛУ Бір хан болыпты, ханның бір уəзірі болды, мына үйде айтқан сөзді ана үйде отырып біледі екен. Ханның бір баласы болды. Баласы келіп суға шомылса, бір кемемен қырық қыз кетіп барады екен. Бір қыз ішінде түрегелді. Сол қызға əлгі бала ғашық болды. Бала қызды: \"Кімсің?\" — деп шақырды. Қыздың қолында бір алтын тарақ бар екен, бала сұраса, бұл қыз алтын тарақпен шашын тарады, онан соң шашын сипады. Бала тағы атын сұраса, қыз көзін сипады. Бала қыздың кім екенін білмей үйге қайтты. Келді де уəзірге айтты: \"Мен сондай бір қыз көрдім, соны алсам дүниеде армансыз болар едім. Мен бұ қыздан сұрадым: \"Қай елдің қызы болдың?\", — деп, сонда қыз басын сипады, тағы атын сұрағанымда көзін сипады\". Уəзір айтты: \"Ол қыз Қаракөз сұлу екен. Басын сипаса жоғары шаһардың қызы екен\". Бала айтты: \"Мен оны қайтсем аламын?\" — деді. Уəзір айтты: \"Сен ауру болып жат, əкең келсе қай жерің ауыратынын айтпа, шешең келсе де солай ет\". Бала үйіне қайтты ауру болып, жатып алды, əкесі келсе де, шешесі келсе де қай жерінің ауыратынын айтпады. Хан уəзірін шақыртты: \"Балам неге жатады, ойыңда не бар?\" — деп сұрады. Уəзір айтты: \"Балаң бір қызды көріпті, сол қызды мен алсам армансыз болар едім\", — дейді. Хан айтты: \"Оны қайтсе алады?\". Уəзір айтты: \"Алпыс қыз бер, алпыс жігіт бер, алпыс нарға жүк артып бер, оныменен мені де жібер!\" — деді. Хан: \"Сені бермеймін, — деді,— балам барсын!\" Баласын жөнелтпекші болды. Бала айтты: \"Жоқ, əкем, алпыс қыз, алпыс жігіт, алпыс нарды ал, жалғыз уəзіріңді бер, уəзіріңді берсең барамын, бермесең бармаймын\". Əкесі айтты: \"Бармасаң да уəзірімді бермеймін\". Жігіт жатып қалды, бірнеше күннен соң əкесі уəзірін берді. Алпыс жігітімен, қызымен хан қалды. Жалғыз уəзірді алып, жігіт кетті. Барып-барып ханның баласы Қаракөз сұлудың шаһарына жетті. Бір қараша үйге келді. Бір кемпір шықты сол үйден. \"Үйге түсіңдер\", — деді кемпір. Түсіріп алып, үйге енгізді. Кемпірге бір ділдə беріп, тамақ сатып алуға жіберді. Кемпір барып тамақ алып келді.
Уəзір кемпірге айтты: \"Қаракөз сұлуға барамысың?\". Кемпір: \"Барамын\", — деді. \"Бір сөз айтамысың?\". \"Жоқ,— деді,— айтпаймын, айтсам басымды алады\". \"Бір ділдə берейін саған\". Кемпір: \"Не деп айтайын?\" деді Уəзір: \"Біздікінде бір саудашы жатыр, бүтін саудасын қылып ертең қайтады деп айтшы. Сонан соң қыздың не дегенін маған айта кел\", — деді. Кемпір қызға барды, барып күтіп тұрды, тамағын берді ішуге. Кемпір есікке барып тұрды: \"Біздікінде бір саудашы жатыр, бүгін саудасын қып ертең қайтады\", — деді. Қыз қасындағы көп қыздарға: \"Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба!\" — деді. Кемпір оны естіп қаша жөнелді. Уəзір: \"Не депті?\", — деді. Кемпір айтты: \"Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба деп айтты\", — деді. Уəзір: \"Жарайды\", — деді. Сонан сон ханның баласы Қаракөз сұлудікіне барды, есігіне отырды, отырып-отырып ұйықтап қалды. Қыз келді, бұл жігітті көріп, ғашық жайын біледі екен, жігіттің қолына бір асық салды. Таң атқан соң бала шошып оянды, қайтып жүгіріп келді. Уəзір айтты; \"Қыз келді ме қасыңа?\" Бала айтты: \"Жоқ, келген жоқ\". Уəзір айтты: \"Өтірік айтпа, келген шығар, шешінші!\" Бала шешінсе асық қойнынан түсті. Уəзір: \"Бұ не? — деді,— ұйықтаған шығарсың\". Тағы кемпірге айтты уəзір: \"Екі ділдə берейін, айтқан сөзімді айтамысың қызға?\" Кемпір: \"Айтсам, айтайын\", — деді. Уəзір айтты: \"Біздікіне бір саудашы жатыр, бүгін сауда қып, ертең қайтады деп айтқайсың\". Кемпір барды, бардыдағы уəзірдің сөзін айтты. Қыз тағы да қыздарға: \"Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба\", — деді. Кемпір тағы қашты, үйге келіп уəзірге қыздың сөзін айтты. Уəзір айтты: \"Бəрекелді тəуір болған. Кеш болғанда ханның баласы қызға тағы келді. Отырарда қыз келді, бала қызды ұстап алып бір жерге апарды. Онда қыз баламен бір төсекте жатып ойнады. Зындан күзеткен екі солдат келді. Қызды баламен ұстап алып, апарып зынданға тастады\". Хан құс салуға кеткен екен, солдат патшаны іздеп барды. \"Е, ханым, қызыңыз бір жігітпен ойнас қылған, біз екеуін зынданға тастадық\", — деді. Хан айтты: \"Тоқтаңыз, оны мен қайтсем де көремін қім екенін\". Солдат зынданға қайтты. Қыз айтты солдатқа: \"Құлағымдағы сырғамды берейін: \"Өгіз иесі, өгізің шарбаққа түсіп қалды\", — деп айтып, осы жерді айналып келе ғой. Солдат
\"Жарайды\", — деп кетті. Уəзірдің үйінің тұсына келіп: \"Өгіз иесі, өгізің шарбаққа түсіп, шарбақ иесі өлтіремін деп жатыр\", — деді. Уəзір бұл сөзін білді. Бір ділдə алды, қолына тағы бір қап алды, базардан нан сатып алды. Сосын зынданға келді. Солдат айтты: \"Бұл нанды сатамысың?\" \"Сатамын\", — деді. Сатып алды солдат нанды бір жарым ділдаға. Солдат айтты: \"Қал мында, мен нанымды үйге алып барайын, қапты қайта əкелемін\". Уəзір: \"Жарайды\", — деп, қалды. Солдат кеткеннен соң, уəзір қызға жігіттің киімін кигізді, ханның ұлына қыздың киімін кигізді. Қызға айтты: \"Солдаттың бетіне қарамай, қапты алып, жүре бер\", — деді. Солдат келді, қызға қабын берді, қыз үйге жүре берді. Хан үйіне келгеңде: \"Солдат тұтқын қызымды алып келсін\", — деді. Солдат уəзір мен ханның ұлын алып келді. Ханның ашуы келді. \"Ол қызым емес, — деді.— Қызым ойнас қылды дейтұғын сен бе?\", — деп, солдаттың басын шаптырды. Уəзір айтты: \"Тақсыр хан! Елімді жау шауып еді. Жаңғыз қарындасым бар еді, оны күйеуге беріп едім. Күйеуім жаудың қолына түсті, қарындасыммен қашып келіп сіздің қызыңыздың үйіне кірдік. Ана солдат біз екеумізді ұстап зынданға салды. Менің мінім сол еді.\" Хан айтты: \"Енді бұл қарындасыңды қызымның үйіне апар. Қаракөз сұлудың қасында бірге тұрсын!\" Жігіт қыз болып Қаракөз сұлумен бірге тұрды. Қаракөз сұлудың бір күйеуі бар екен, ол бұл шаһарға келді, далаға шатыр тікті. Ертең қыздар күйеуге ас апармақ болды. Қаракөз сұлу қыз болған жігітке айтты: \"Сен күйеуіме барып айт: \"Беті жақсы болса суменен жусын, беті жаман болса қымызбенен жусын\". Қыз болған бала келді күйеуге, сəлем берді. \"Е, жігіт, — деді,— бетің жақсы болса сумен жуарсың, бетің жаман болса қымызбен жуарсың. Қаракөз сұлудың айтқаны сол болды\". Күйеу айтты: \"Жарайды, қыздың айтқанын екі қылмаймыз\". Екеуі суға барды, күйеу суға бетін жуайын десе, қыз болған жігіт оны суға итеріп жіберді. Ол күйеуі өлген соң қыздың үйіне қайтты. Уəзір атын ерттеп, əзірленіп қыздың үйіне келді. Анда қыз болып тұрған жігітке ханның жақсы киімін кигізіпті. Атқа мінгізіп ханға алып барды көрсетуге. Уəзір жігітпен ханға кірді, сəлем берді. Уəзір айтты: \"Е, ханым, бұл жігіт күйеуіміз екен, жау қолынан қашқан. Рұқсат болса сіздің қыздың үйінде тұрған қарындасымды қайтарыңыз!\" Хан айтты: \"Жарайды\". Қызды əкелуге кісі жіберді. Жіберген кісі қайтып келді:
\"Бұл қыз анда жоқ екен, күйеуге ас алып барған екен, сол барғаннан қайтпаған\". Хан айтты: \"Солай болса күйеуден барып қызды алып келіңіз!' \"Жіберген кісі тағы қайтып келді\". \"Күйеу де жоқ, барған қыз да жоқ, құр тігулі шатыр тұр\", — деді. Хан айтты: \"Апырмай, мұнымыз ұят екен, күйеуіміз бұл қызды алып қашқан болар\". Уəзір айтты: \"Енді неғылдық?\" Хан айтты: \"Қаракөз сұлуды мына жігітке берейік\", — деді. Отыз күн ойын қылды, қырық күн той қылды, алпыс нарға жүк артты, үйіне жөнелтті. Бір талай күн өтті арасында, үйіне жетті. Əкесі, шешесі өлгеннен соң əкесінің орнына, тағына мінді. Халқына, жұртына бас болды.
МОЛДАНЫҢ ҮЙІНДЕ ОҚЫҒАН БАЛА Ертеде бір молда болыпты, молданың оқытқан отыз тоғыз баласы болыпты, отыз сегізінің əкесі де, шешесі де бар болыпты, біреуінің əкесі де жоқ, шешесі де жоқ жетім болыпты. Отыз сегіз бала бірін бірі қонаққа шақырады екен, бір күнде манағы жетім баланың шақыратұғын күні екен, жетім бала шақырайын десе үйі жоқ, берейін десе асы жоқ. Бала ойланды, етегін түрді, қолына таяғын алды, күннің батыс жағына қарай кетті. Бір уақытта бір шаһарға келді, қайыр сұрады, нан жиып алды бір бөлек, қайтты үйіне. Алдынан қыз келді. Қыз көркем екен, бала да көркем екен. Бала қыздың көркіне қарап тұрды, қыз баланың көркіне таңқалды. Қыз баланың етегіндегі нанын жеп қойды. Жеген соң баладан қашты. Бала қуып жетіп, қыздың басында алтынды тақиясы бар екен, тақиясын бала жұлып алды. Тақияны алып үйіне, молдасына келді. \"Молдам, — деді,— отыз сегіз балаға бір күн ішкендей тамақ берсең осы тақияны ал\", — деді. Молда айтты: \"Бұл тақияны қайдан алдың?\" Бала айтты: \"Солай, шаһарға барып едім, қайыр сұрап нан алып едім, нанды алып келе жатыр едім, алдымнан бір қыз келді, нанымды жеп қойды, қашып кетті менен, мен қуып жетіп тақиясын алып қалдым\", — деді. Молда айтты: \"Бұл тақияға менің əлім келмейді, ала алмаймын. Бұл тақияны апарып бір ханға сат!\" — деді. \"Сол ханның əлі келмесе өзге кісінің əлі келмес'— деді. Бала кетті, хандікіне келді. \"Ассалаумағалейкум, алдияр!\" — деді. \"Уағалайкумассалам!\" \"Қайда барасың, балам?\" — деді хан. \"Алдияр, жұмысым азғана, сізге сатайын деп бір тақия алып келдім\", — деді. \"Əпкел, балам, көрейін!\" — деді хан. Бала қойнынан суырып алып берді. Хан көрді. \"Балам, сен мұны қайдан алдың?\" — деді. \"Алдияр, менің əкем жоқ, шешем жоқ, жетім едім. Молдаға оқу оқып едім, отыз тоғыз бала едік, қонаққа бірімізді біріміз шақырушы едік, менің шақыруға үйім жоқ болды, ішерге асым жоқ болды. Сонан бір шаһарға кеттім, қайыр сұрап нан алдым, нанымды алып үйіме келе жатыр едім, алдымнан бір қыз келді, қыз менің етегімдегі нанды жеп қойды, қашып кетіп, мен қуып жетіп, барып басындағы тақиясын жұлып алдым\".
Хан айтты: \"О қызды маған тауып беремісің? Тауып бермесең басыңды аламын\", — деді. Бала жылап ауылына келді, отыз сегіз балаға айтты: \"Хан менің тақиямды тартып алып қалды, сол қызды тауып бер деді, таппасаң басыңды аламын деді\". Отыз сегіз бала хандікіне жетім баламен бірге келді, бəрі бір сəлем берді: \"А, алдияр, — деді,— осы балаға зорлық қылма, бұл баланың өзі жетім, əке мұнда жоқ, шешесі мұнда жоқ, ішерге асы жоқ, киерге киімі жоқ. Бұған зорлық қылма; бұған зорлық қылғанша отыз сегіз баламыз, бізге қыл. Біздің əкеміз де бар, шешеміз де бар, ішерге асымыз бар, киірге киіміміз бар!\" Хан: \"Жоқ, тақия киген қызды тауып əкелмесе, басын аламын\", — деді. Отыз сегіз бала айтты: \"Бізді отыз тоғыз күнге кепілдікке ал, отыз тоғыз күнде қызды алып келсін. Таппаса, өзі келмесе отыз сегіз баланың басымызды ал!\" деді. Хан: \"Жарайды\", — деді. Отыз сегіз бала үйіне келді, жетім бала отыз сегіз балаға амандасып, есендесіп, қызды іздеймін деп шаһарға кетті. Бір күндерде бір шаһарға келді, бір кемпірдікіне тап болды. Кемпірге амандасты, есендесті, кемпір ас берді, асын бала ішті. Кемпір: \"Қайда барасың балам? — деп сұрады. \"Шешеке, — деді,— менің қайда бара жатқаным не керек? Мен бір бейшара, əкем жоқ, шешем жоқ, ішерге асым жоқ, киерге киімім жоқ, оқу оқып едім, үйреніп жүр едім. Отыз тоғыз бала едік, бірімізді біріміз қонаққа шақырушы едік. Менің шақыратұғын күнімде бір шаһарға келдім. Қайырға нан сұрап алдым, нанды алып келе жатыр едім, алдымнан бір қыз кез келді. Кез келген соң сөйлесіп, амандасып тұрғанда етегімдегі нанды жеп қойды, қыз қашып, қызды мен қуып жеттім. Басындағы тақиясын алып қалдым, сол тақияны хан менен зорлық қылып алды, тақияның иесін, қызды тауып кел, таппасаң басыңды аламын деді. Сол қызды іздеп келемін, отыз сегіз бала маған кепіл болып қалды. Қызды тауып апарсам өлтірмейді бізді, тауып апармасам отыз тоғыз баланың басын алады\", — деді. Кемпір айтты: \"Мен оны табамын\", — деді. Бала қуанды. \"О, шешеке, қызды тауып берсең маған, мен саған бала болайын\", — деді. \"Боламысың, бала маған, рас айт\". \"Рас айтамын шеше, бала боламын\", — деді. \"Жарайды\", — деді. Енді кемпір айтты: \"Бала, жат осы үйде. Төрт күнде келемін, төрт күнде келмесем ізде мені!\".
Баланың қолынан: \"Баламын\" деген қағаз алып, кемпір кетті. Бала жатып қалды үйде. Төрт күн жатқан соң ерте тұрып беті-қолын жуды, далаға шығып қараса, шешесі қызды алып келіп тұр екен. ''Амансың ба, шешеке?\" — деді. \"Есенбісің, балам, құдайға шүкір\", — деді. Қызға амандасты бала, қызды оң қолынан ұстады, қыз жігітті таныды, жігіт қызды таныды, екеуі үйге еніп сөйлесті. \"Е, жігітім, қайда барасың?\" — деді қыз. Жігіт айтты: \"Сізді іздеп келемін\". \"Мен неге керекпін?\" Жігіт айтты: \"Түнеугіде алып қалған тақияны хан зорлық қылып алды, сені тауып алып кел деп, алып келмесең басыңды аламын, деді. Отыз сегіз бала маған кепіл болды\". Қыз айтты: \"Жарайды, мен саған тиемін\", — деді. Жігіт айтты: \"Сенің күйеуің бар шығар\". Қыз айтты: \"Күйеуім бар еді, жаман болды. Мен сені сүйемін, мен кетсем саған, артымдағы сіңілімді алар\", — деді. \"Жарайды\", — деді. Жігіт қызды алды, некесін қиды, кемпірдікінде жатты, кемпірге бала болды. Отыз сегіз күн жатты. Қатын айтты: \"Е, күйеуім, əуелде жеріңнен кімді іздеп шығып едің. Отыз сегіз баланы кепілде тастап шыққаның қалай? Сол отыз сегіз баланы ертеңгі күні өлтіреді ғой\". Жігіт түрегелді. \"Сен ақылды екенсің, мен ақымақ екенмін, барайық\", — деді. Қатынын алып жүрмек болды. \"Шеше, есен бол, біз жүреміз, өлмесем, тірі болсам, келемін\", — деді. \"Бар, балам, есен болсаң, бір таппай қоймағайсың\". \"Жарайды!\" — деп, кетті. Қызды алып келді, отыз сегіз балаға келді, амандасты, есендесті. \"Бəрекелді, жігіт, бүгін келмесең бəрімізді хан өлтіріп еді\". Отыз тоғыз бала қызды алып келді ханға. \"Алдияр, — деді,— əкелдік біз, кепілден шықтық па, шықпадық па?\" Хан айтты: \"Шықтыңдар кепілден\". Хан қызын алды, отыз тоғыз баланы қайтарды. Қыз күйеуіне айтты: \"Ертең таңертең хан өлді деп есітерсің, сонда жаназаға шақырар, сен жаназаға келме, үйде қал. Хан өлген соң мен кетермін, мені екі айрық жолдың үстінде тос, сонда екеуіміз кетерміз жерімізге\", — деді. \"Жарайды\", — деді. Кетті жігіт, ауылына келді. Ертең тұрып, хан өлді деген хабар таңертең келді. Хан өлді деген хабар келсе өзге жамағат жаназаға кетті, жігіт үйде тұрып бармады. Жігіт екі айырық жолға кетті. Қызды тапқан соң екеуі шешесінікіне қайтты, бірге жүріп шешесінікіне келді. Мал малданды, жан жанданды, бай болып тұрды.
ТҮС САТҚАН ТАЗША Ертеде бір бай болыпты, байдың үйінде жүрген бір күңі болыпты. Күңі жатса, түс көріпті. Басынан ай туыпты, аяғынан күн туыпты, жүрегінің басынан жұлдыз туыпты. Ерте тұрыпты, беті-қолын жуыпты. \"Сол түсімді іздейін\", — депті. Іздеп кетіпті. Бір байдың сиырын баққан тазша балаға келіпті. Бала айтыпты: \"Е, жеңеше, қайда барасың?\" — депті. Күң айтты: \"Қайда барайын, сенің байыңа жалданғалы келдім\". Сиыр баққан бала айтты: \"Өтірік айтасың, сен бірдеме іздеп барасың\". Күң айтты: \"Түсімді іздеп барамын\". Бала: \"Неғылған түс, айтшы?\" Күң айтты: \"Айтайын, ұйықтап жатыр едім, түсімде басымнан ай туыпты, аяғымнан күн туыпты, жүрегімнің басынан жұлдыз туыпты, сол түсімді іздеп келемін!\", — деді. Бала айтты: \"Осы түсіңді маған сатшы\". Күң айтты: \"Не бересің\", — деді. \"Құнан шығар өгізім бар, сол өгізімді берейін\", — деді. Күң: \"Жарайды, түсімді берейін!\" — деді. Бала құнан өгізді берді. Күң алып, үйіне қайтты. Бала кешке сиырын айдап үйіне келді. Сиырын қорасына қамады. Темірден етік соқтырды, темір таяқ соқтырды. Ерте тұрды, беті-қолын жуды. Сиырын жайлады, темір етікті аяғына киді, темір таяқты қолына алды, кетті. Бір уақытта темір етіктен теңгедей қалды, темір таяқтан тебендей қалды. Бір шаһарға келді, шаһарға келіп, бір ханның есігінің алдында жатты. Түн ортасы болғанда екі арғымаққа алтынды пəуеске жеккен бір ханның баласы, бұл ханның қызын алып қашамын деп келген. Екеуі терезеден сөйлесіпті. Қыз айтыпты: \"Тұра тұр, əкем ұйықтасын\", — депті. Түсін іздеп келген бала айтқан сөзінің бəрін естіпті. Ханның баласы тазша балаға сүйеніп жатып ұйықтайды. Бір уақытта тазша бала түрегелді, терезеге келді. Қыз айтты: \"Келдің бе?\", — деді. Бала айтты: \"Келдім\", — деді. \"Қоржынды əпер\";— деді. Бала пəуескеден əперді. Қыз ішін толтырды, қыз жігітке айтты: \"Екі арғымақты ертте!\" — деді. Жігіт ерттеді, екі қоржынды алды, артына
бөктерді. Қыз үйінен шықты, екеуі екі арғымаққа мінді, кетті, манағы ханның баласы ұйықтап қалды. Қыз жігітті таң атқан соң таныды. Ханның баласы емес екен. Қызға ой түсті, қыз қашайын деп еді, қаша алмады. \"Қашсам мені бұл еркек қуып жетсе, мені тірі қоймайды ғой, қашпайын! Мені қосқан құдай шығар, тиейін!\" — деді. Кетті, бір уақытта бір шаһарға келді. \"Е, жігітім, жерің бар ма? Əкең бар ма? Бауырың бар ма?\" — деді. Жігіт айтты: \"Елім де жоқ, əкем де жоқ, бауырым да жоқ, қайдан келіп, қайдан тұрғанымды білмеймін\", — деді. Қыз айтты: \"Енді осы шаһарға тұрайық\", — деді. \"Патшаға мəлімденейік\", — деді. Қыз айтты: \"Бір үй сатып ал. Үйіңнің сырты жаман болсын. Үйіңнің іші жақсы болсын. Ішінен аққан бұлақ болсын. Суының ақтығы сүттей болсын. Ішінде бəйтерек болсын. Бəйтеректің басында өрік-мейіз тұрсын. Өрік мейіз тамшылап тұрсын. Бірден ауызға түсіп тұрсын. Осы орамалға салып берейін. Осыған берсе, алып кел, мен тұра тұрайын! Мен кетеді екен деп ойлама!\" — деді. Екі арғымақты алып қыз қалды. Жігіт шаһарға жүгіріп келді. Таңертең шығып, шаһарға бесінде жетті, бір үй тапты. Үйдің ішіне жігіт кірді. Кіріп келсе, бір жігіт, бір ұрғашы отыр екен. \"Ағаеке, үйіңді сатамысың?\" — деді. Үйдің иесі айтты: \"Сатамын. Аққан су мынау, сүттен аппақ. Бəйтерегім мынау, өрік-мейіз басындағы анау, ауызға тамшылап бір- бірден түсіп тұрады\", — деді. Жігіт: \"Не аласың?\" — деді. \"Сенің əлің келмес\", — деді үй иесі. Жігіт айтты: \"Осы орамалдағымды берейін, аламысың?\" — деді. \"Орамалыңменен бер, алайын\", — деді. Жігіт берді, үй иесі айтты: \"Біз қатын екеуміз шығамыз. Аяқ-табақ, төсек-орын сенде қалсын, маған керегі жоқ\", — деді. Жігіт: \"Жарайды\", — деді. Қатын екеуі үйден шығып кетті. Жігіт манағы қатынына келді, келсе отыр екен. \"Жігітім, үй таптың ба?\" — деді. \"Таптым\". \"Жарайды\". Екеуі арғымағын жетектеп, салып үйіне келді. Қатыны көрді: \"Бəрекелді, жарайды\", — деді. О күні жатты, ертең тұрды, беті-қолын жуды. Қатыны айтты: \"Мен тамақ пісірейін, сен барып шаһардың десатнигіне хабар бер, патшаны шақырсаң, біздің үйімізге келсін деп айт\". Байы десантникке хабар берді. \"Патшаны шақыр, патшаны, осы шаһардың жақсыларының бəрін де шақырды\". Жігіт үйіне келді. \"Шақырдың ба?\" \"Десантникке айттым, асыңды пісір!\", — деді жігіт.
Бір уақытта десантник патшаны, бəрін ертіп келді. Бала үстелін қондырды, дастарханын жайды, ас əкеліп патшаның алдына қойды. Патша айтты: \"Апырмай асының тəттісін-ай!\" — деді. Қасындағы уəзірлер айтты: \"Мен көріп келейін жігіттің қатынын\", — деді. Хан айтты: \"Тоқтай тұр, ұят болар\", — деді. \"Не ұяты бар\", — деп уəзір көріп келуге кетті. Көріп, қайтып ханға келді. \"Апырмай, хан-ай, — деді.— Айтса, айтқандай көркем екен, сіздің қатыныңыз қолына су құюға жарамайды екен\". Хан айтты: \"Апырмай, нағыз көркем менің алғаным ба деуші едім\", — деді. Хан жұртын жиды, ақыл сұрады. \"Бұл жігіттің қатынын қайтып аламын? — деді. Жұрт айтты: \"Алмай несі бар, — деді,— сіз шақырып, шешем менің ауру, жолбарыстан екі шелек сүт сауып бер деңіз. Сонда ол барар, барғанда келмес. Сонда сіз қатынын аларсыз\", — деді. \"Жарайды, жұртым\". Хан жігітті шақырды. Жігіт келді. Хан айтты: \"Е, жігітім, неғылып жүрген жансың? Қайдан келдің, қайдан тұрдың, елің бар ма, жұртың бар ма?\" — деді. Жігіт айтты: \"Алдияр тақсыр! Елім де жоқ, жұртым да жоқ, қайдан келіп, қайдан тұрғанымды білмеймін\", — деді. Патша айтты: \"Білмесең менің шаһарымда тұр, адам саған зорлық қылмас. Менің шешем ауру, бір жұмысқа сені жұмсаймын\", — деді. Жігіт: \"Барайын\", — деді. \"Барсаң аю менен жолбарыстың екеуінен екі шелек сүт сауып əкел, əкелмесең басыңды аламын!\" — деді. Жігіт: \"Жарайды\", — деп үйіне жылап келді. \"Неге жылайсың?\" — деді қатыны. \"Жыламай қайтейін, хан бір қатты жұмысқа жұмсады. Аю менен жолбарыстан екі шелек сүт сауып əкелмесең, басыңды аламын деді.\" Қатын айтты: \"Қорықпай ханға барып, ханнан қырық күн мұрсат сұра!\" — деді. Жігіт жүгіріп патшаға келді: \"Алдияр, жұмсаған жұмысынызға барайын, қырық күн мұрсат бер!\", — деді. \"Жарайды, ал!\" — деді. Жігіт жүгіріп үйіне келді. \"Мұрсат берді ме?\" — деп қатыны сұрады. \"Берді\", — деді жігіт. Қатыны айтты: \"Бұл шаһарға бар, бір шабдар ат сатып ал. Мойнында ағашы бар, өзінің арқасы жауыр\", — деді. Кетті жігіт, шаһардың басына келді. Бір шабдар атты бір жігіт сатамын деп жетектеп жүр екен. \"Сатамысың атыңды, ағаеке\", — деді. \"Сатамын, не бересің?\" \"Қайдан білейін, өзің сұра\". \"Екі жүз сом бер\". \"Жүз елу берейін!\"
Жүз елу сом беріп арқасы жауыр шабдар атты алып үйіне келді жігіт. Қатыны айтты: \"Сен қырық күн үйде отыр, оразаңды ұста, бес уақыт намазыңды оқы\", — деді. \"Мен шабдар атты алып кетейін, семіртіп əкелейін\", — деді. \"Жарайды\", — деп байы қалды. Оразасын ұстады, бес уақыт намазын оқыды. Қатыны шабдар атты жетектеп кетті. Қырық күн болды дегенде шабдар атты жетектеп қатыны келді. Шабдар атты семіртіпті. Байына айтты: \"Ер менен тоқым əкел. Шабдар атты ерттеп кел. Алдыңғы айылын бос тарт. Артқы айылын берік тарт. Шабдар атқа мін. Тоғайдағы аюды айдап кел. Тоғайдағы жолбарысты айдап кел. Шабдар атты тоғайға барғанда борбайға салып қал. Аттың даусын естіген соң аю мен жолбарыс бір жерге жиылар. Сонда алдыңа салып айдап кел. Алдыңнан хан кісі жіберер. Қойсын! Айдамасын, шешем жазылды\", — деп айтар. Сонда сен болмай үйіне айдап кел,\" — деді. Жігіт атты ерттеді, алдыңғы айылын бос тартты, артқы айылын берік тартты. Шабдар атқа мінді, бір тоғайға келді. Шабдар атты борбайға салып қалды. Шабдар аттың шыңғырған даусын жолбарыс пен аю естіді, бір жерге жиылды, жігіт алдына салып айдады. Жолда көрінген малды да, жанды да жайпады. Алдынан хан кісі жіберді: \"Шешем жазылды, айдап келмесін!\" — деп жіберді. Жігіт тілін алмады, үйіне айдап келді, екі темір шелек қолына алды. Аюдан бір шелек сүт сауды, жолбарыстан бір шелек сүт сауды, ханның үйіне керек болса \"мə\" деп əкелді. \"Керегі жоқ, төгіп таста\", — деді хан. Жігіт төгіп тастады. Аю мен жолбарысты жолға салып қуып жіберді. Жігіт үйіне келді. Хан елін, жұртын жиды. \"Ақыл тауып бер\", — деді. \"Қайтіп мен жігітті өлтіріп, қатынын аламын\", — деді. Жұрт айтты: \"Өлтірмеңіз, бір қатты жұмысқа жұмсаңыз! Соны барып əкелсін, əкелмесе қатынын аларсың\", — деді. \"Əкем өлгенде бай болған екен, мен жас болған екенмін, — деп айт! Əкем алтын менен күмісті қай жерге көмген екен. Əкем өлгенде мен бір қара тоқты сойып беріп едім, сол тиген бе екен, тимеген бе екен? Сол жұмысқа жібер\", — деді. Жігітті хан шақырды. \"А, жігітім! — деді,— бір жұмысқа жұмсаймын, барамысың, бармаймысың\", — деді. \"Барамын\", — деді жігіт. \"Менің əкем тірісінде бай екен, алтыны мен күмісі көп болған екен, сол өлгенде алтыны мен күмісін қай жерге көмген екен. Əкем өлгенде бір қара тоқты сойып
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406