Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Василий Радлов "Алтын сандық"

Василий Радлов "Алтын сандық"

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-11-23 18:06:39

Description: Василий Радлов "Алтын сандық"

Search

Read the Text Version

№ 9 1947 г.). Кейінгі солақай саясатқа байланысты бұл жырлар еш жерде жарияланған емес. Тəтінің өлерінде еліне айтқан арызы. Жырдың басындағы түсініктемеге қарағанда Тəті XIX ғасырда өмір сүрген, беделді адамдардың бірі болғанға ұқсайды. Тəті Құсбек төренің қолынан (шапанға у жағып жібереді) қаза болады. Осы кітаптағы \"Тəті өлгенде молда жоқтаған\" деген текст те біздіңше осы қазаға байланысты жыр тəрізді. Өйткені екі жырдағы ру, жер аттары мен көп мағлұматтар сəйкес келеді. Егер бұған қол қойсақ, онда Тəтінің əкесінің аты Алтай немесе Алтай руынан екені, Қоянды, Жыланды, Нұраны мекен еткен \"салиқалы би болғандығын\" көреміз. Тəтінің арнау сөзі оның ақын екендігін де танытады. Шоң биге қожа айтты. В. Радлов бұл тексті қара өлең үлгісі ретінде берген. Өлең Шоң бидің атына айтылған ұзақ жырдың келте үзіндісі ғана. Жырдың негізгі идеясы биді марапаттау. Қожамберді қазақ жігіт… Бұл өлеңді де В. Радлов қара өлең үлгісі ретінде берген. Өлеңде Қожамберді деген жігіттің Өскенбай ауылының жылқысын ұрлап, қолға түсіп, түрмеге жабылғандығы жырланады. Жігіттің жалбарынған сөзіне қарағанда оқиға Құнанбай заманында болғанға ұқсайды. Өлең бұдан басқа басылымдарда жарияланбаған. Қойгелді. В. Радлов кітабында алғаш жарияланған, кейінгі жинақтарға енгізілмей келеді. Жырдың басы мен соңындағы түсініктеме болмаса текстің жалпы мазмұнында жүйе жоқ, көлемді бір жырдың ортасынан ойып алынған үзінді тəрізді əсер етеді. Жырдың өлең өрнегі келісті, көркем жыраулық поэзия үлгісінде жазылған. Қырғызға барған батыр. В. Радлов кітабында алғаш жарияланған, басқа жинақтарда кездеспейді. Текстің біраз жері қара сөзбен баяндалады, соған қарағанда жігіттің ерлік жорығын баяндайтын жырдың ұзын-ырғасын жыршы ұмытып, қысқарта айтқан ба екен деген ой келеді. Дастандар \"Бозжігіт\". Жырдың сюжеттік желісі барша шығыс халықтарының барлығына ортақ. Қазақ халқы арасында əр түрлі нұсқада кең таралған. Бұл жырды алғаш рет тасқа басып шығарған В. Радлов. Бұдан соң \"Бозжігіт\" белгілі төңкеріске дейін оннан астам рет жарық көрді. А. Бобровников пен Н. Катановтың* жəне Н. Сəбитовтың** көрсеткіштерінде жырдың 1874, 1889, 1890, 1903, 1910 жылдары

жарияланған нұсқалары жөнінде мəліметтер бар. * Опись к книгам и рукописям, хранящимся в архиве Императорского Казанского университета на арабском, персидском, турецком, татарском, киргизском, дажагатайском и монгольском языках. Сост. архивариусом А. А. Б Бобровниковым под рук. Н. Ф. Катанова. Казань, Типо-лит. Императ. ун-та 1840. стр. 30. Жырдың 1881, 1893, 1896, 1901, 1906, 1911 жылғы басылымдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы. \"Бозжігіттің\" 1881 жылғы басылымын Фəтхулла Бекбауұлы Катиев деген адам қазандағы университет баспаханасында, 1893, 1896 жылғы басылымдарын да Шəмсуддин Кусаинов сол баспадан шығарған. 1900, 1901 жылы жыр \"Дала уалаятының газеті\" мен \"Тургайская газетада\" А. В. Васильевтің ұсынуымен жарияланған. А. В. Васильев бұл нұсқаны 1901 жылы Орынбор қаласынан орыс, қазақ тілдерінде бастырды. \"Бозжігіттің\" Ақылбек Сабалұлы жырлаған бір нұсқасы 1911 жылы Қазандағы Кəримия баспасынан басылып шыққан. В. В. Радлов нұсқасы 1979 жылы шыққан \"Ғашық-наме\" кітабына бірсыпыра өзгерістермен енген. Жинақты өндіріске дайындау барысында осы нұсқадағы өзгерістер де ескерілді. Алтынбас, Күмісаяқ ашық болған. Радлов \"өлеңмен шығарған қысқа қиссалар\" қатарында жіктеген төрт шығарманың бірі. Шындығында да жырдың сюжеті қарапайым, көлемі шағын. Текст В. Радловтан бұрын да, кейінгі кезеңде де жарияланбаған. Жырда негізінен ғашықтық мəселесі қозғалады, бұл жағынан ол лиро-эпосқа ұқсағанмен, текстегі оқиғалар тізбегінен ертегінің əсері, шығыстық мотивтер де мол аңғарылады. Ақсақ Темір хан. Жырдың сюжеттік желісінде Əмір Темірге қатысты ешқандай оқиға жоқ. Тек Ақсақ Темірдің аты ғана алынып, жырға хан мен əйелі, баласы арасындағы шытырман оқиға негіз болған. Жыр табиғатында ертегілік сюжеттің ізі бар, бірақ эпикалық деңгейге көтеріле алмаған, көркемдігі де шамалы, қарабайырлау өлеңмен жазылған. Жыр В. Радлов кітабында алғаш жарияланған, кейінгі кезде де жарық көрген жоқ. Сақыпжамал. \"Айтамын бісмылла деп сөздің басы, Бісмылла айтса кетер көздің жасы\",—

деп басталғанмен де сюжеттік желісі негізінен діни мистиканы, надандықты əшкерелейтін жыр. Балық қаласын билеген патшаның Сақыпжамал деген қызы өліп, арулап қояды. Бірақ қыз тірі болып шығып, өзін көрден қазып алған Адам деген жігітке күйеуге шығып, ұл табады да ақыры, ата-анасымен табысады. Жыр В. Радлов кітабынан басқа жерде жарияланбаған. Айтыстар Жанақ пен Түбектің айтысы. Бұл айтыс В. Радлов жинағында алғаш жарияланған. Айтыстың кейбір үзінділері Ы. Алтынсариннің 1879 жылғы шыққан \"Киргизская хрестоматия\", С. Сейфуллиннің 1931 жылы басылған \"Қазақтың ескі əдебиеті нұсқалары\" кітаптарында басылған. 1965 жылғы \"Айтыс\" жинағының I томында, 1986 жылғы \"Айтыс\" кітабыныц ІІ томында толық жарияланған. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында айтыстың бірнеше нұсқасы сақтаулы. Жанақ Қамбарұлы (1780–1850). Бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезінде туып, өскен руы Қаракесек. Түбек, Орынбай, Сарыбай сияқты ақындармен айтысқан. Түбек XIX ғасырда өмір сүрген. Жетісу өңіріне аты шыққан ақын, руы Найман. Оның Тезекпен, Құлмамбетпен, Қорқаботпен, Айым, Жекей сияқты ақындармен айтысы сақталған. Шортанбай мен Орынбайдың айтысы. Айтыстың дəл қай жерде, қай кезде болғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Тек айтыстың басында берілген түсінік пен айтыс мазмұнына сүйенсек айтыс Шортанбай елінде, Құсбек төренің ауылында болған. Айтыс тексін В. В. Радлов алғаш қағазға түсіріп, жариялаған. М. О. Əуезов атындағы əдебиет жəне өнер институтының қолжазба қорында айтыстың бірнеше жазба нұсқасы сақталған. Айтыстың бұл тексі С. Сейфулиннің \"Қазақтың ескі əдебиет нұсқалары\" (1931) атты кітабына енгізілген, кейінгі айтыс жинақтарында да жарияланып жүр. Шортанбай Қанайұлы (1818–1881) қазіргі Шымкент облысы Түркістан ауданында дүниеге келген. Қазақ даласына аты кең тараған ақын. Өлеңдері төңкеріске дейін-ақ баспа бетін көрген. Ірі-ірі ақындармен сөз сайысына түскен үлкен айтыс ақыны. Орынбай Бертағыұлы көпке дейін Кертағыұлы деп жазылып келген. Көкшетау баурайында өмір сүрген атақты айтыс ақыны, руы

қарауыл. Ұлбике мен Күдері Қожаның айтысы. Ол В. Радлов кітабында алғаш рет жарияланған, кейін 1942 жылы шыққан айтыс өлеңдері жинағында \"Айтыс\" кітабының 1 томында жарияланды (1986 ж.). Қолжазба нұсқасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақтаулы (2396-іс, 256-бума). Күдері Көшекұлы қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған, XIX ғасырдағы белгілі айтыс ақындарының бірі. Ұлбике Жанкелқызы (1815–1849) — Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған, кейіннен əке-шешесімен бірге Əулиеата төңірегіне көшіп келген. Ол Күдеріқожа, Мəделіқожа, Таспақожа, Ізтілеу сияқты айтыс ақындарымен сөз сайысына түскен ақын қыз. Ақбала мен Боздақтың айтысы. Айтыс В. Радлов тексінде алғаш рет жарияланған. Бұдан соң 1923 жылы Мəскеуде \"Темір қазық\" журналының № 2, 3 сандарында, \"Айтыс\" кітабының бірінші томында (А., 1964. 72–76 б.) басылған. Ақбала мен Боздақтың қолжазба нұсқасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы М.О.Əуезов атындағы əдебиет жəне өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы. Айтысты таратушы — Ілияс Баймағамбетов, жинаушысы — Мəди Жұматаев. Ақбала мен Боздақтың өмірбаяны жөнінде толық мəлімет жоқ. Мөнек пен Опан қыздың айтысы. Айтыс В. Радлов кітабында алғаш жарияланған, соңғы жинақтарға енгізілмей келді. Мөнек пен Опан қыздың өмірбаяны, басқа айтыстары жөнінде дерек жоқ. Тек Радлов жариялаған текстің алдында: \"Найманда Мөнек жігіт ұрлыққа шықты, қолға түсті, той болды. Опан қыз Мөнек деген жігіт екеуі өлең айтысты. Тұтқын жігіт аяғына кісен салған, кісенменен тойға келген\" деген түсініктеме ғана бар. Жұмбақ айтыс. Бұл жұмбақ өлеңді В. Радлов ертегілердің қатарына қосқан. Оның себебі де бар. Қыз бен жігіттің жұмбақ айтысына ұқсас текстің басында шартын баяндайтын кіріспе бар, қыздың жұмбағын шешкен жігіт оған үйленіп тынады. Бұл эпизод ертегілердегі немесе эпостардағы жігіттің жар іздеу кезіндегі сынақтан өту жолын еске түсіреді. Бірақ баяндау шолақ, ертегілік сипат мүлде аз, керісінше, жұмбақ айтысына тəн өрнектер мол болғандықтан айтыстар қатарына қостық.

Ақын, жыраулар шығармаларынан Бұқар жыраудан. Бұл өлеңдер В. В. Радлов кітабында \"Үлгілі сөз\" деп топтастырылған жырлардың қатарына енгізілген. Біз соңғы кезеңде жарияланып жүрген текстер мен ғылыми дəлелдерге сүйене отырып, Бұқар жыраудың өлеңі ретінде бөліп бердік. Шортанбай Қанайұлы. 1818 жылы қазіргі Шымкент облысындағы Түркістан ауданы Қарнақ қыстағында туған. Кейіннен Шортанбай Арқаға ауып келген. Ол жөнінде ақын: …Қара тауда халық едім… Көк есекті мінуші ем. Масақ теріп жүруші ем. Сарыарқаның наны үшін, Шалқып жатқан наны үшін, Бері таман ауып ем…— деп жазады. Өмірінің соңын Арғын руының ішіндегі Қара Үсен, Кеней ауылдарында өткізеді. Шортанбай XIX ғасырдың екінші жартысында исі қазақ даласына кең тараған ақындардың бірі. Оның Орынбай, Шөже сияқты ірі ақындармен айтысы сақталған. \"Бала зары\" атты кітабы 1880 жылы Қазанда басылып шыққан. Бұл шығарма кейін де əлденеше рет жарық көрді. Оның шығармасы қайшылықты, күрделі мұра. Ол бір жағынан кедейлердің мұң-мұқтажын ұғынып, олардың ауыр тұрмысын, бай мен болыстардың озбырлығын, отарлық езгіні реалистік тұрғыдан суреттесе, екінші жағынан заман өтті, заң туды, ауыр заман таяды деген сияқты пессимизмге де салынады, шығармаларында діни сарын да жоқ емес. В. В. Радлов Шортанбай шығармаларын ең алғаш жариялаушы, бірақ өз кітабында оның авторын келтірмеген. Шортанбайдың \"Зар заман\" шығармасын 1883 жылы Ташкентте шыққан \"Қырғыз хрестоматиясына\" енгізген. \"Зар заманның\" тағы бір нұсқасы М. Əуезов атындағы əдебиет жəне өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы. Үш нұсқаның бір-бірінен көп айырмашылығы жоқ. Тек кейбір шумақтары ғана ауысқан. Мəселен Лютш жариялаған нұсқа Шортанбайдың \"Бала зарының\" басқы сөзімен басталады, одан əрі өзгерістер жоқ.

Радлов жариялаған \"Ақыр заман\" өлеңін Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы шыққан \"Қырғыз хрестоматиясына\" енгізген. Бірақ Ыбырай бұл өлеңдегі \"заман ақыр\" тіркесінің орнын \"Азған елдің молдасы; азған елдің билері, байлары\" деп өзгерткен. Жиналған деректер мен материалдарға, зерттеушілер еңбектеріне сүйене отырып, біз бұл екі шығарманы Шортанбай Қанайұлынікі деп анықтап; жеке бөліп бердік (Əдеби мұра жəне оны зерттеу. Ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. Алматы. 1961.).


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook