Өздері бай болыпты, астары өзі пісіріліп, өзі түсірілетін дастарханы жайылады екен. Үстелдің үстінде төрт шамшырақ жағылады екен. Сөйтіп жүріпті. Қатын ертеңінде тұрыпты, беті-қолын жуыпты, байына айтыпты: \"Сен бүгін шəрға бар, онда бір адам қаракөк ат сатар, сонысын сатып алып кел!\" — депті. Ақ орамалға ділдə түйіп беріпті. Байы орамалды алып қойнына салыпты, шəрға жаяу келіпті. Базардың басында бір адам бір қаракөк ат жетектеп жүр екен. Тазша тұрып айтты: \"Ағаеке, атыңды сатамысың?\" — деді. Анау: \"Сатамын, не бересің?\" — деді. \"Екі ділдə берейін\". \"Үш ділдə бер\". \"Орамалдағымды берейін\". \"Орамалыңмен бер\", — деді. Тазша берді. Қаракөк атты жетектеп үйіне келді. Қаракөк атты байлады, үйіне енді. Қатыны сұрады: \"Келдің бе?\" \"Келдім\", — деді. \"Əкелдің бе атты?\" \"Əкелдім\". \"Мықтап байладың ба?\" \"Мықтап байладым\", — деді. Қатынымен екеуі жатты, ұйықтады, ертең тұрды, беті-қолын жуды, намазын оқыды. \"Е, тазшам, қаракөк атты ертте, — деді,— алдыңғы айылын бос тарт, артқы айылын берік тарт, бүгін менің əкем сол бір киікті қуып келеді. Киіктің басы алтын, көті күміс, екі күн, екі түн қуды, жете алмады. Сен көк атқа мін, құрықты қарыңа іл, сен барып жетерсің, құрықпенен ұстарсың. Бауыздаймын деп атыңнан түсе қал, артыңнан əкем келер. \"Е, жігітім, осы киікті маған бер, дүниеде тілегіңді берейін\", — деп айтар. Сонда сен киікті бер де үйге қайтып кел!\", — деді. Тазша көк атқа мінді, құрықты қарына ілді. Кетті. Бір таудың басына шықты. Шығып қараса бір адам бір киікті қуып келе жатыр екен, жете алмай келеді екен. Алдынан тазша шығып, киікті қуып жетті, құрықты мойнына салды. Аттан түсе қалды, бауыздайын деп пышағын қанынан суырды, артынан хан шауып келді: \"Е, жігітім, осы киігіңді маған бер\", — деді. \"Бермеймін\", — деді. \"Дүниеде тілеген тілегіңді берейін\", — деді. \"Жарайды, ал\", — деді. Хан киікті алып, үйіне кетті. Тазша үйіне барған соң қатыны алдынан шықты. \"Келдің бе, тазшам?\" \"Келдім\" \"Ұстадың ба?\" \"Ұстадым. Ханға бердім\". \"Бəрекелді\". Жатты, ұйықтады, ерте тұрды. Қатыны айтты: \"Е, тазшам, ханнан не тілек сұрайсың?\" — деді. Тазша айтты: \"Не тілек сұрайын, мал сұраймын, бас сұраймын\". Қатыны айтты: \"Е, тазшам, ақылың жоқ, мал неге керек, жан неге керек. Жан да бар, мал да бар. Сен барарсың хандыкіне. \"Не сұрай келдің\", — деп хан айтар. Сонда сен айт:
\"Əнеукүнде берем деген тілегіңізге келдім\", — деп айт. Сонда: \"Не тілейсің?\" — дер. Сонда сен: \"Өз үйімнен басқа өзіңізге қараған жандар үш күн, үш түн от жақпасын, бір өзіңнен басқа адам тысқа шықпасын деп айт\", — деді. \"Жарайды, қатын!\" — деді. Қатын байына құрымнан шапан тікті, құрымнан тымақ тікті, көзіне шиден тіреуіш салды, көзін қызартты. Тазша кетіп, хандыкіне келді, үйге енді. \"Ассалаумағалайкум, хан!\" — деді. Хан алтын тағында отыр екен. Хан шошып төсегінің үстіне барып отырды. Тазша ханның тағына отырды. \"Е, ханым, қайда барасың?\" — деді. \"Алдияр, сізге келдік\", — деді. \"Не жұмысың бар?\" Тазша айтты: \"Жұмысым бар. Беремін деген тілегіңізге келдім\", — деді. Хан айтты: \"Берейін, жігітім, не тілегің бар\", — деді. \"Алдияр, мен не тілейін, маған берсеңіз өз үйімнен басқа өзіңізге қараған жандар үш күн, үш түн от жақпасын. Берсеңіз, осы тілекті тілеймін\", — деді. Хан: \"Жарайды\", — деді. Уəзірін хан атқа мінгізді, жұртына хабар берді. \"Үш күн, үш түн от жақпасын. Бүгін отты жақсын, асын пісірсін, үш күн, үш түн от жаққандай болса, басын аламын!\" — деді. Уəзірі жұртына хабар берді. Қайтып үйіне келді. Хан тазшаны үйіне қайтарды. Үйіне келді, қатыны сұрады: \"Айттың ба, тазша?\", — деді. \"Үш күн, үш түн тірі жан от жақпайды. Бір өзімнің үйімнен басқа\". Өз үйі үш күн, үш түн отын сөндірмеді. Бақ келді, ырыс келді, қыдыр келді, жарыққа жиылды. Жігіт ерте тұрып қараса, төңірегі малға толып қалыпты. Өзі бай болыпты. Бай енді маңғаз болды. Қатыны айтты: \"Бүгінгі күн көк атқа мін, сейілге шық. Хан жолығар. Ол да сейілдеп, аң аулап жүрер, соған сен бар. Мына азықты қанжығаңа байла, түс болғанда ас ішеміз деп, түс атыңнан. Хан да түсер атынан. \"Ас ішейік\", — деп хан сені шақырар, сен барма. Хан асынан берсе, сен жеме, сен берсең, асыңнан ол жер. Енді бар\", — деді. Тазша көк атты ерттеді, мінді, кетті, сейілге келді. Алдынан хан жолықты, амандасты, есендесті, аң аулап жүрді. Түс болды. Хан тазшаны асқа шақырды, тазша келмеді, асынан беріп еді, жемеді. Тазша асынан беріп еді, хан жеді. \"Апырмай, тəттісін-ай\", — деді. \"Менің бір қатыным болған, сол осындай пісіруші еді, сонан туған қызым осылай пісіруші еді. Сол қызым кеткен соң көрген тəтті дəмім осы\". Астарын жесті, аттарына мінді. Тазша: \"Алдияр, — деді — біздікіне қонаққа жүріңіз\". \"Жарайды\", — деді хан.
Тазшаның үйіне келді, үйіне келсе, ханның өзінің үйінен артық екен. Хан сенерін де білмеді, сенбесін де білмеді. \"Жоғары шық\", деді қыз. Хан жоғары шықты, отырды, қыз дастархан жайды, алдына асты алып келіп қойды, хан жеді де айтты: \"Апырмай, астың тəттісін-ай, менің кеткен қызым осылай пісіруші еді\". Қыз айтты: \"Қызыңызды кімге беріп едіңіз?\" Хан айтты: \"Қызымды бір жаман тазшаға беріп едім\". Қыз айтты: \"Сол қызың мен емес пе, күйеуің сол емес пе?\" — деп өзінің байын көрсетті. Қалай көрінді көзіне, əкесі жылады. Қызы айтты: \"Жаманды жақсы қылдым, жаман еркекті жақсы қатын асырайды деген мынау, солай ма əкем? Сіз мені жаманға беріп едіңіз. Сіз басы алтын, көті күміс киікті қудыңыз, ұстай алмадыныз. Менің күйеуім ұстады. Ол сізден артық болғаны емес пе? Үйіңе барды байым, сонда сіз алтын тағыңыздан түрегеліп, төсегіңізге барып отырдыңыз. Ол артық болғаны емес пе?\", Хан айтты: \"Рас, менің тағымды күйеуің алсын\". Хан құса болып айтты: \"Е, қызым, сен ақылды екенсің, мен ақымақ екенмін, менің еліме кел, менің шəрімді биле!\" Хан үйіне келді. Хан өзі өлді. Күйеуі хан болды. Қызы ханша болды.
ҮШ ҰЛ Бұрынғы заманда бір бай болыпты, байдың үш ұлы болыпты: Байдың өзі өліпті, үш баласында үш жүз сом ақша қалыпты. Мал өліпті, үшеуі ақылдасты. \"Үш жүз сомды тығайық. Үшеуіміз бір байға жалданайық\". \"Жарайды\", — десті. Бір байға барып үшеуі жалданды, үш жыл қызмет қылып шықты. Үйіне қайтып келді, манағы үш жүз сом ақшаны қарап еді, тыққан жерінде жоқ болды, кім алғанын білмеді. Үшеуі бірінен бірі көрді: \"Ақшаны сен ұрламай кім ұрлады?\" — деді. \"Айтыңдар шындарыңды!\" — деді. Үлкен аға айтты: \"Жоқ! Мен алғаным жоқ!\" — деді. \"Ақшаны тыққанда сендер көрдіңдер, сендерден басқа ешкім көрген жоқ\", — деді. \"Көрмеген кісі қайтып алар. Сендер алдыңдар. Енді не қылайын. Бір патшаға барайық. Патша кімнің ұрлағанын айтар\", — деді. Екеуі: \"Жарайды, патшаға барайық\", — деп келісті. Патшаға барды, алдынан бір адам шықты. \"Ассалаумағалайкум\", — деді. \"Уағалайкумассалам\", — деді. Үшеуі айтты: \"Қайда барасыз?\" — деді. О кісі айтты: \"Бір түйе жоғалтып, іздеп жүрмін\", — деді. Үлкен аға тұрып айтты: \"Түйең соқыр ма еді, көзі сау ма еді?\". Кішісі айтты: \"Түйең ақсақ па, ақсақ емес пе?\" Со кісімен төртеуі патшаға келді. Патшаға амандасты, есендесті: \"Қайда барасыңдар?\" — деді. \"Қайда барайық, алдияр тақсыр, сізге келдік\", — деді. Ол кісі айтты: \"Бір түйе жоғалтып жүр едім, алдымнан осы үш жігіт шықты, амандастық, есендестік. \"Қайда бара жатырсың?\" — деп еді\". Бір түйе жоғалтып жүрмін деп айттым. Мына үлкен жігіт: \"Түйең қандай?\", — деді. \"Қоңыр ма?\" — деді. \"Қоңыр\", — дедім. Ортаншы айтты: \"Түйең ақсақ па, ақсақ емес пе?\", — деді. Кішісі айтты: \"Көзі соқыр ма, сау ма?\", — деді. Түйемді осылар алған болар, соны бітіріңіз\", — деді. Патша сұрады үлкенінен: \"Сен түйенің қоңыр екенін қайдан білдің?\", — деді. \"Тақсыр, аунағанда жүні қалыпты\", — деді. Патша ортаншысынан сұрады: \"Түйенің ақсақ екенін қайдан білдің?\", — деді. Алдияр кетіп бара жатқан ізі бір жағы сүйретілгенінен білдім\". Патша кішісінен сұрады: \"Түйенің соқыр екенін қайдан білдің?\" — деді. \"Жеген шөбінен білдім. Бір жағынан жепті таза, бір жағынан шөп
қалып отырыпты, сондықтан айтамын\", — деді. Патша түйенің иесіне айтты: \"Түйең аяғынан жүр екен, түйеңді іздеп тауып ал!\" — деді. Түйенің иесі атына мінді, кетті. Үшеуінің алдына ет əкелді, нан əкелді, патша өзі шығып бара жатыр еді. Үлкені айтты: \"Патша құл екен\", — деді. Ортаншы айтты: \"Иттің еті екен\", — деді. Кішісі айтты: \"Мына нан өлген кісінің сүйегінің үстіне шыққан екен\", — деді. Патша естіді, шығып кетті, қолына пышақ алды, шешесіне жүгіріп келді. \"Айт шыныңды! — деді, əкем жоқта ойнас қылыпсың, мені мына үйдегі кісі құл деп айтты\", — деді. \"Балам, айтайын, айтпасам да өледі екем. Айтсам да өледі екем, — деді,— Əкең үйде жоқта жалшыны қойныма алып едім\". Патша шешесін тастады, қой жайған қойшыға жүгіріп келді. \"Бүгінгі асқан ет ненің еті? — деді,— Айт шыныңды, айтпасаң басыңды аламын\", — деді. \"Тақсыр, — деді,— айтсам да өлемін, айтпасам да өлемін, шынымды айтайын. Тоқты қоздаған қойдың қозысы еді, енесінің сүті жоқ болды, туған күні бір итке еміздім, — деді,— со қойдың тоқтысы еді\". Патша сол қойшыны тастады. Жүгіріп егіншісіне келді. \"Айт шыныңды, — деді,— айтпасаң, басыңды аламын!\" \"Біздің үйге үш жігіт келді, нан апарып едім, нан өлген кісінің сүйегінің үстіне шыққан екен\", — деді. \"Айтайын, тақсыр, шынымды, соқамен жыртып жүр едім, сонда бір адамның сүйегі жатыр екен, сонда білмей бидай шашып жібердім\", — деді. \"Со бидай шыққан\", — деді. Патша жалшыны тастап кетті, үш жігіттің отырған үйіне келді. Үлкен ағаға айтты: \"Е, жігітім, менің құл екенімді қайдан білдің?\" — деді. Үлкені айтты: \"Е, патшам! Сіздің құл екеніңізді ас əкелгеніңізден білдім\", — деді. Енді патша ортаншысынан сұрады: \"Е, жігітім, бүгін берген иттің еті екенін қайдан білдің?\" — деді. Ортаншы айтты: \"Иттің етіндей сасиды\". Кенжесінен сұрады: \"Бұ нан өлген кісінің сүйегінің үстіне шыққанын қайдан білдің?\" — деді. Кенжесі айтты: \"Қайдан білейін? Иісі кісінің иісі сасиды, сонан білдім. Нанбасаң жалшыңнан сұра, айтқан сөзім шын болды деп айтар\", — деді. Патша айтты: \"Жə, жігіттерім, қайда бара жатырсыңдар?\" — деп сұрады. Үлкені айтты: \"Біздің үшеуіміздің əкеміз бар еді, бұл уақытта біздің əкеміз өлген, — деді — Үш жүз сом ақша қалды бізге, біз малымыз өлгенде сол ақшаны үшеуіміз бір жерге тығып едік. Көрген үшеуіміз едік, үшеуімізден басқа көрген кісі жоқ еді. Бір-бір байдан
жалға кірдік, жалдан шыққан соң сол ақшаны ұрлаттық. Үшеуіміздің біріміз сол ақшаны ұрладық, тыққанымызды үшеуімізден басқа кісі көрген жоқ, енді сізге келдік, бітіріңіз\", — деді. Патша айтты: \"Тұра тұрыңыз! Мен сізге бір сөз айтайын! Сендер тыңдаңдар! Содан соң сіздің ісіңізді бітірейін!\" — деді. Бұрынғы заманда екі жігіт болыпты. Біреуі бір ұл, біреуі бір қыз тауыпты. Екеуі баласын оқуға беріпті. Оқу оқып жүріпті. Қыз бен ұл айтыпты: \"Екеуімізді айттырса жақсы болар еді\". Қыздың əкесі мен ұл баланың əкесі екеуі құда болады. \"Мен қызымды балаңа берейін!\" — деді. Ұл баланың əкесі өлді. Қыз айтады балаға: \"Мені əкем зəуде саған бермесе, асылымды саған берейін!\" — деді. Сөйтіп жүріпті, қыз үйіне келіпті. Қызды əкесі өзге жігітке бергелі жатыр екен. Қыздың күйеуі төсек салдырды, жеңгесі күйеуге қызды алып келіп берді. Қыз айтты: \"Е, мырза, мен сендік, сен мендік болсаң мен бір сөз сұрайын, бересің бе?\" — деді. Күйеу айтты: \"Сұра сөзіңді. Берейін тілегіңді\", — деді. \"Берсең, айтайын!\" — деді. \"Мен оқу оқып едім, қасымда бір бала бар еді, екеуіміз оқу оқып едік, сонда айтысқан сөзіміз бар еді, сол айтқан сөзде мен тұрмасам сен құдайға сал! — дедім, — сен уəдеде тұрмасаң мен оны құдайға салып едім\", — деді. Күйеуі айтты: \"Бар!\" — деді. Күйеуінің киімін киді, бөрігін киді, белбеуін буды, атына мінді, жігіттің үйіне келді. \"Тұр! Тұр!\" — деп оятты. Жігіт айтты: \"Не бар?\", — деді. Қыз айтты: \"Айтқан сөз бар еді, соған келдім\", — деді. Мені біреуге əкем бергелі жатыр, берген соң мен күйеуімнен сұрадым. \"Бір тамыр бала бар еді, соған мені жібер\", — дедім. Күйеуім мені жіберді. Асылымды аламысың, алмаймысың, бергелі келдім\", — деді. Жігіт айтты: \"Менің бір барғаным не болады? Күйеуің кеңшілік қылып, сені маған жіберген екен, мен де кеңшілік қылайын!\" — деді. \"Бұрынғыдан ойнас екен деп айтар, көңіліне келер. Сен бердің, мен алдым, есен бол!\" — деді. Қыз ол сөзін естіп, қайтып кетті. Түн ішінде қыз келе жатыр еді, алдынан қырық қарақшы жолықты, жолда қызды ұстады. \"Не қылған жансың?\" — деп сұрады. \"Шыныңды айт, үйіңе жіберемін!\" — деді. Қыз айтты: \"Шынымды айтайын! Үйіме жібермесең де айтайын! Сен тыңда! Мен бір күнде оқу оқыдым, бір баламен оқыдым. Бала тəуір болды, баламенен бір сөз айтыстым. \"Əкем мені саған бермесе
асылымды саған берейін, бермесем құдайға сал!\" — дедім. Əкем мені ол балаға бермеді, бөтен бір жігітке берді. Ол жігітке берген соң, мен күйеуімнен сұрадым: \"Жібер мені\", — дедім. \"Бір балаға барайын?\" — дедім, \"Айтысқан сөзім бар еді!\" — дедім. Күйеуім мені жіберді. Сол балаға бардым, асылымды ал дедім, алмады. Бұрыннан ойнас болған екен деп көңіліңе келер. Күйеуің кеңшілік қылса мен де кеңшілік қылайын. Менің бір барғаным не болады? — деді. Үйіме келе жатыр едім, сіздер жолықтыңдар. Осы менің шын сөзім,\" — деді. Қырық қарақшы ақылдасты. Біреуі айтты: \"Қырқымыз қойнына қырық рет барайық\", — деді. Ең кішісі айтты: \"Қойыңдар, біздің бір- бір барғанымыз не болады?\" — деді. Бұл қыздың көңілі ақ екен, мұны берген күйеуінің көңілі ақ екен, мұның тамыр жігітінің көңілі ақ екен, мұны жіберейік үйіне. Бұ қызға құдай тағала жақсы мінез берген екен. Үйіне барсын! Есен бол!\" Қырық қарақшы ол сөзін құп көрді. \"Жарайды, — үйіне барсын\", — деп қызды қайтарды. Қыз үйіне келіпті, күйеу қызды алыпты, алып еліне кетіпті. Енді патша үлкеніне айтты: \"Е, жігітім, үшеуінің қайсы ақ, қайсы қара екен тап, жігітім!\" — деді. Үлкені айтты: \"Өзінің күйеуінің көңілі ақ екен\". \"Патша жарайды\", — деді. Ортаншысына айтты: \"Үшеуінің қайсысының көңілі ақ, қайсысының көңілі қара?\" — деді. Ортаншы айтты: \"Айтайын! Бірге өскен сол баланың көңілі ақ екен\", — деді. Енді патша кенжесінен сұрады. \"Айтшы жігітім, үшеуінің қайсының көңілі ақ, қайсысының көңілі қара?\" — деді. Жігіт айтты: \"Айтайын патшам, өзінің күйеуінің көңілі ақ емес, бірге оқыған баланың көңілі екен. Мен қырық қарақшы болсам қырық рет барар едім\" — деді. Патша тұрып айтты: \"Мына екеуіңнің ақшасын сен ұрлаған екенсің, ақшасын тауып бер! Көңілің сенің қара екен\", — деді. Екеуі түрегелді: \"Алдияр, төреге құлдық\", — деді. Үшеуі кетті, үйіне келді, екі ағасының ақшасын кенжесі берді.
ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ ЖОЛДАС БОЛҒАН Бұрынғы заманда Жақсылық пен Жамандық жолдас болыпты. Екеуінің де ат, тон азығы болыпты. Екеуі Жақсылықтың азығымен жүріпті. Жеп жүргенде Жақсылықтың азығы таусылыпты. Жамандық айтыпты: \"Жақсылығым, азығың таусылды, енді қайтесің?\" депті. \"Жамандығым, өзің біл\", — депті. \"Өзім білсем, атыңды сояйық\", — депті. Жақсылықтың атын сойып, етін екеуі бөліп жепті, азық тағы таусылыпты. \"Жақсылығым, енді қайтесің, атыңның еті таусылды\", — деді. \"Жамандығым, əлі де болса, өзіңіз біліңіз\", — депті. \"Өзім білсем, Жақсылығым, бір құлағыңды пісіріп өзіңе берейін, жеймісің?\" \"Жеймін, Жамандығым\", — депті. Бір құлағын кесті, бір күнге азық болды. Жамандық айтты: \"Бір құлағыңды бір күнге тағы да асып берейін\", — депті. \"Тағы азық таусылды, Жақсылығым, енді қайтесің?\" — депті. \"Əлі де болса Жамандығым, өзің біл\", — депті. \"Жақсылығым, өзім білсем, бір көзіңді ойып бір күнге азық қылып берейін\", — депті. Жақсылықтың ат, тоны, азығы, құлағы, көзі бітті. Жамандық Жақсылықтың азығын бірге жеп түгесті. Жақсылықтың азығы таусылған соң, Жамандық азығын бермеді. \"Жақсылығым, атыңды сойып жедік. Екі көзіңді ойып, құлағыңды кесіп, төрт күн азық бердім\", — деді, \"Жақсылығым, енді қайтесің? Енді құлағың жоқ, көзің жоқ, Жақсылық, сені тастап кетемін\", — деді. \"Жамандығым, тастап кетсең бір қалың қара тоғайдың ішіне таста\", — деді. Жамандық қалың қара тоғайдың ішіне Жақсылықты əкеліп тастап кетті. Тоғайдың ішінде Жақсылық отырса, бір жолбарыс, бір түлкі, бір қасқыр үшеуі кеңеседі. Қасқыр айтады: \"Жолбарысым, сен осы тоғайдан шықпайсың, тоғайда не істеп жүресің?\" — деді. \"Бұл тоғайда екі бəйтерек бар, — деді,— көзсізге көз береді, құлақсызға құлақ береді. Мен соны аңдып жүремін, қасқырым!\" Жолбарыс айтты: \"Сен, қасқырым, осы жерден шықпайсың, неғылып жүресің\"— деді.
\"Мына жерде бір мың қойлы бай бар. Ол байдың бір қара төбеті бар, осы қара төбеттің сүйегі өлген кісіге жан береді. Мен соны алайын деп жүрмін\". Қасқыр айтты: \"Сен, түлкім, қара обаның түбінен шықпайсың, не қылып жүрсің?\" — деді. \"Қара обаның түбінде ат басындай алтын бар, соны аңдып жүрмін\", — деді. Бағанағы Жақсылық үшеуінің сөзін естіді, тоғайдың ішін аралады. Аралап жүргенде екі бəйтерек қолына түсті. Көзін үйкеді, көзі бітті, құлағын үйкеді, екі құлақ бітті. Тоғайдан Жақсылық шықты, бағанағы қара обаның түбіне келді, түлкі қарап жүрген ат басындай алтынды алды. Ат басындай алтынды алып, мың қойлы байдікіне келді. \"Бай, — деді,— қара төбетіңді сатамысың?\" \"Не бересің?\" — деді бай. \"Ат басындай алтын берейін\", — деді. \"Ат басындай алтын берсең, ал\", — деді. Қара төбетті ат басындай алтын беріп алды. Қара төбетті ертіп далаға алып шықты. Қара төбетті бір жерге келіп ұрып өлтірді. Жақсылық шақпағын шақты, от жақты, қара төбетті өртеді, қара төбеттің құр сүйегі қалды. Сүйегін Жақсылық алды, сүйегін алып түйді. Түйіп екі шонтайға салып алды, жүріп бір хандыкіне келді. \"Неғып жүрген адамсың?\" — деді. \"Ұлсызға ұл болайын деп жүрмін, қызсызға қыз болайын деп жүрмін\". Ханның ханшасы айтты: \"Ұлсызға ұл болсаң, маған ұл бол! Менің ұлым жоқ, хан ауырып жатыр\", — деді. \"Ұл болайын саған\", — деді. Ұл болды, ұл болып жылқыға кетті. Кешке Жақсылық жылқыдан келсе, хан өліп қалыпты. Ханша жылап отыр екен. Жақсылық жылқыдан кеп: \"Жылама\", — деді. \"Тірілер\", — деді. Қаратөбеттің сүйегінен Жақсылық ханшаға берді. \"Апарып ханның аузына сал!\" — деді. Ханша барып ханның аузына салып еді, хан: \"Қатты ұйықтап кеткенмін\", — деп түрегелді. Ертең хан елі-жұртын жиды. Жақсылық ханшаға айтты: \"Хан елі жұртын жинап алып: \"Маған жақсылық қылған кісі бар ма?\" — деп сұрар, мені айтпа\", — деп Жақсылық жылқыға кетті. Ертең хан елі-жұртынан: \"Маған жақсылық қылған кісі бар ма?\" — деп сұрады. \"Ешкім жақсылық қылған жоқ\", — деді. Ел-жұрты тарқап кетті. \"Енді кім қалды?\" — деді. Ханша айтты: \"Ханым, — деді,
— сен ауырып жатқанда мен бір жігітті бала қылып алып едім. Жылқыда бір сол-ақ қалды, шақыр соны\", — деді. Хан Жақсылықты шақыртып алды. \"Сен маған жақсылық қылдың ба?\" — деді. \"Мен сізге көп жақсылық қылғаным жоқ\", — деді. Ханшаға бір кішкене ақ дəрі беріп едім, ханша апарып сіздің аузыңызға салды. Сіз: \"Қатты ұйықтап кеткен екенмін\" деп түрегелдіңіз. Мен сонан басқа жақсылық қылғаным жоқ,\" — деді. \"Ханша, дəрі бергені шын ба?\", — деп хан сұрады. \"Шын\", — деді ханша. Хан алтын тағынан түсті, алтын тағын Жақсылыққа берді. Ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу қызы бар екен. \"Маған жақсылық қылсаң, қызымды саған берейін\", — деді. Жалғыз қызын берді, қара қылдай қақ жарып малын берді, күйеу қылып алды. Жақсылық байып жүрді. Жақсылық бір күндері жылқыда жүрсе баяғы жолдас болған Жамандық кез келді. \"Жақсылық сен не қылып адам болдың?\", — деді. Мен сөйтіп, сөйтіп жүрдім деп Жақсылық шынын айтты. Жамандық айтты: \"Жақсылығым, мені қалың қара тоғайдың ішіне апарып тасташы, мен де сендей адам болар ма екенмін\", — деді. \"Мен сенің екі көзіңді, екі құлағыңды алып, сені тоғайдың ішіне тастап кетейін. Сен де адам боласың\", — деді. \"Менің екі көзімді ойып, екі құлағымды кесіп тастап, өзің адам болған тоғайға мені де апарып тасташы\", — деді. Жақсылық апарып тоғайдың ішіне Жамандықты тастады. Түлкі, қасқыр, жолбарыс үшеуі тоғайдың ішін қарап жүріп, бір жерде Жамандықты тауып алды да, жеп қойды. \"Жақсылыққа-жақсылық, жамандыққа — жамандық \", — деген осы екен.
БАТЫРЛЫҚ ЖЫРЛАР ЕР КӨКШЕ Уақ ұлы Қамбар екен, Қамбар ұлы Ер Көкше. Ер Көкше жас екен, Жас та болса бас екен. Он сан ноғай бүлгенде, Орманбет хан өлгенде, Ол барып жатыпты, Манан деген суына, Балқан деген тауына. Үлесерге мал таппай, Атысуға жау таппай, Сол кісінің ішінен Бөлініп шықты қырық кісі, Қарауыл кеткен төрт кісі, Шындауыл кеткен бес кісі. Сан жылқыны алыпты. Мың кісі оны қуыпты. Күн астынан шаң шықты, Шаң астынан ту шықты. Қайтпас қара болат іреңті, Балалы батыр Жаңбыршы Қуып кетті мың кісі. Сөйлей берді Жаңбыршы: — Мылтығыма мың кісі Садағыма сан кісі. Қылышыма қырық кісі Төсенерге төсек жоқ, Төсек болар төрт кісі. Жастанарға жастық жоқ, Жастық болар бес кісі. Мəмбеттің ұлы Тілеген Азуын тасқа білеген.
Бал ішкенге мақтанған Бір өзін сан кісіге теңеген, Оған да болсын екі сексен, жүз кісі Сенің жақсыңа дара бір кісі, Жаманыңа екеуара бір кісі, Енді де қалды не кісі? Со кісінің ішінде Төрт жігіт ағайынды бар екен. Бір кісі бір атқанда Ұш атады екен. Сан жылқыны алыпты, Мың кісі оны қуыпты. Жан жолдасы Манаша Аршын басты ақ құламен Бөгей, бөгей келеді, Əлі жетпей келеді, Табаны жазық, тарлан бозға мініп, Бір оғын аузына тістеп, Бір оғын жағына кезеп, Жауға келіп еніпті. Жаудың маңдайынан еніп, Көтінен шығып келді. Оң бүйірінен енгеннен Сол бүйірінен шығып келді. Жүрген жері кезең болды, Жеті күн соғысып, Жеті түн соғысып, Қырық кісінің бəрі өліпті Қырық кісіден жалғыз қалыпты Ер Көкше тірі қалыпты. Мың кісі бəрі өліпті Мың кісіден жалғыз қалыпты, Жаңбыршы батыр қалыпты. Аттың қолаңсасынан қан келді. Сонда Жаңбыршы айтты: \"Екеуміз соғыспайық\". Көкше айтты: \"Соғыспасақ соғыспайық, қояйық\". Мың кісінің атын Жаңбыршы алды. Алып келген жылқыны Ер Көкше алды. Қайтып кетті Жаңбыршы. Ер Көкше, кісілерін қарап жүрсе, жан
жолдасы Манашаның маңдайына қасалы оқ кіріп, басын көтеріп соғып жатыр екен. Оғын суырып алды, қара дəріні құйып еді, түрегелді Манаша. Өзінің қырық кісісінің бəрі түрегелді. Бұлар манағы мың жылқыны айдап келе жатыр. Ер Көкше жүре алмайды. — Е, жігіттер, жігіттер! Е, Манашым, Манашым! Жаурын жағын қарашы, Тезектің отын қалашы. Омыртқамда он жара, Оңғарыла алмай келемін. Толарсақта тоқсан екі жара, Толғана алмай келемін. Қақ жаурында бір жара, Сом жүректе бір жара, Қарға жүнді қамыс оқ Шаш етектен тиіпті, Көк желкеден шығыпты, Бəрінен де сол жара. Олар енді жүріп кетті. Қараса Ер Көкше жоқ, Манаша да жоқ. Манаша Ер Көкшеге айтты: \"Ер Көкше, бүйтіп жатар ер ме едің? Бар да, жау жетті деп шап,\" — деді. Ер Көкше сонан жау жетті деп шапты. Бір оқты жағына кезеп, атына жайдақ мініп: \"Жау қайда?\" — деп олай бір шапты, бұлай бір шапты, жау көрінбеді. Онан соң келіп жығылды, жолдасы сонан соң айбалтамен жер қазып көмді. Қайтты сонан соң Манаша, манағы кісілерді қуып жетті. Олар екеуі де өлді деп малдарын үлесіп алып қойған. Манаша келгеннен соң бірін-біріне соғып, малды қайтып алды. Сонан соң Ер Көкшенің сыбағасын бөлек алды, мылтығының сыбағасын алды, қылышының сыбағасын алды, өзінің сыбағасын алды, сонан соң өзгелерге берді. Ер Көкшенің үйінде жалғыз баласы бар екен, аты Қосай екен. Ол үйінде қырық құлаш саты қылған екен, соған шығып көрді жорықшыны. Қосай үйден шығыпты, Келген кісіні көріпті. Əкем Ер Көкше келсе, Əкем жорға əкелсе, Əкем торқа əкелсе
Жорғаны мен мінемін, Торқаны мен киемін деп Алдынан шығып айтыпты. Манаша енді келіпті. Кісілерге айтыпты: — Көкшенің ұлы Ер Қосай, Əкесінің халін сұраса, Сендер жауап бермеңдер. Ешбір сөз айтпаңдар Оған жауап мен берейін. Бала алдынан шығыпты: — Ассалаумағалайкум, ағалар! Ақсақалды бабалар! Менің əкемді көрдің бе? Манаша сонда сөйлейді: — Жаным дейін, Ер Қосай, Тыным дейін, Ер Қосай, Сенің атаңды мен көрдім. Табаны жазық тарлан боз, Табаны тиіп келеді, Оны қаға келеді. Садақ толған сар жебе Жүні ұшып кетіпті, Оны жөндей келеді. Солқылдаған ақ найза Қисайып кетіпті, Оны түзетіп келеді. Өңгеге өгіз олжа тигенде Əкеңе тана олжа тиді. Қосай сонда сөйледі: — Е, ағалар, ағалар, Ақсақалды бабалар! Табаны жазық тарлан боз Табаны тиер ат па еді? Садақ толған сар жебе Жүні ұшар оқ па еді? Солқылдаған ақ найза
Қисаяр ағаш па еді? Өңгеге егіз олжа тигенде, Əкеме тана тиер ме еді? Ай, ағалар, ағалар! Азаматтар, шоралар! Олай демей, бұлай де, Сіздің əке өлді де, Бізді құдай ұрды де О көрге қылмасам, Ағытқан қойдай маңыратып, Аш күзендей шулатып, Арқа ауылдың сары жон, Тізеден соқпақ салмасам, Керегесін кертпесем, Кертіп отқа жақпасам, Қосай атым құрысын! Бала үйіне қайтты. Манаша айтты: \"Е, Қосай, мынадан сауға алыңыз!\" \"Өзім кісіге сауға бергендей болғанда алармын\", — деді Ер Қосай. Қосай сонан соң өз үйіне қайтып келді: — Е шешеке, шешеке! Біздің əке өліпті. Бізді құдай ұрыпты, О көрге қылмасам Аш күзендей шулатып, Ағытқан қойдай маңыратып, Арқа ауылдың сары жон Тізеден соқпақ салмасам, Қосай атым құрысын! Əкемнің сүйтіп кегін алармын! Əкемнің елі бар ма? Əкемнің жұрты бар ма? Құдасы əкемнің бар ма? Құрбысы əкемнің бар ма? Досы бар ма, шешеке? \"Жоқ, — деді шешесі.— Бойың өсіп, бұғанаң қатпай, балам, жауда өлерсің\".
Бір Жепекбай деген құлы бар екен, бала келді соған. \"Мен мінгендей ат бар ма?\" — деп сұрады. \"Сен мінгендей ат жоқ\", — деді. Айтпады Жепекбай. \"Сен шыныңды айт\", — деді. Айтпады Жепекбай. \"Сен шыныңды айт\", — деді. Айтпады Жепекбай. \"Сен шыныңды айтпадың\", — деп жағасынан ұстап, ұрды жерге. Жепекбай: \"Айтайын\", — деді. — Орай қақтың басында Ай маңдайлы алаша ат, Күн маңдайлы құлаша ат, Салпаң құлақ сарғылша ат, Еменнің ең түбіне Мінісіне сол жарар. Əкесінен қалған қырық құлаш жібек арқан бар екен, оны аттың су ішетұғын жеріне алып келіп, өзін көрсетпей жер қазып, жатты. Əуелі күн маңдайлы құлаша ат келе жатыр, артында ай маңдайлы алаша ат келе жатыр. Күн маңдайлы құлаша ат су ішті, суды ішіп тамсанып еді, маңдайы бүлкілдеді, күндік өнері бар екен. Ай маңдайлы алаша ат суға келді, су ішті, маңдайы бүлк-бүлк етті, айлық өнері бар екен. Сары ат су ішпей қайтып кетті. Ертеңіне келді, сары ат су ішті. Шалманның басын мойнына тастады, ұстап алды. Жүгендеп мініп шешесіне келді. Шешесіне айтты: \"Мені ер тоқымды қыл, мен ханнан барып қол сұрайын\", — деді. Ханға келді. \"Е, хан тақсыр\" — деді. Хан есітпеді, хан тойда отыр екен. Сонан хан шыққаннан соң сөйлесерміз деді де, бір төбенің астына барып, ұйықтап жатты. Хан асын жеген соң тысқа шықты. Манағы жарғағы бар сары бала қайда?\" — деді. \"Табыңдар оны!\" деді. Бір бала айтты: \"Мына төбенің астында жатыр\", — деді. \"Он жігіт он найза алып сол балаға барыңдар, жаман болса қорқар, жақсы болса қорықпас\", — деді. Он жігіт барып айғай салып: \"Неғып жатырсың, хан басыңды аламын деді\", — дейді. \"Хан басымды алса даярмын\", — деді. Келді бала ханға. \"Бері кел\", — деп шақырды. Ханның қасына келіп отырды бала. Хан: \"Кімнің баласысың?\" — деді: \"Ер Көкшенің баласымын\" — деді. \"Неге келдің бала?\" \"Əкемді кəуір өлтірген, сізден қол сұрағалы келдім\". Хан: \"Жас екенсің, бала барма! Қыз айттырып берейін\", — деді. \"Қосайға айттырғандай қыз бар ма?\" — деп сұрады. Арғынның Ақсары би айтты: \"Менде қыз бар, аты Бота\", — деді. Қосай айтты: \"Қалың малы не?\" — деді. Айтпады би. \"Арғын Ақсары би,
Бермен бақ Сары би! Бота қыздың қалың малын Айт, Сары би! Қалың малын айтпасаң, Арман қарап тұр, Сары би!\" Хан тақсыр! Қатын болса жай алармыз, əкемнің кегін алған соң, маған қол бер əуелі\", — деді. Хан айтты: \"Бұған баратұғын ерлер бар ма?\" Арғын Ақсары бидің алты ұлы бар екен. \"Барармыз\" — деді. Онан соң жұрт: \"Барамыз\", — деді. Ақсары бидің балалары үйіне келді, сонан соң: \"Бармаймыз\", — деді. Қосайдың өзі аттанды. Бес асық дос баласы бар екен, бесеуін ертіп жүрді. \"Бота қыздың аулын баса жүрейік\", — деді. Бота қыз сұлу жеңгесіне жүгіріп келіп айтты: \"Анау кісіге бар, сөйлесейік\", — деді. \"Құда түспей, құйрық-бауыр жемей, неге көрінесің оған\". Сонан қыз жүгіріп, кіші жеңгесіне келді. \"Ана кісіге бар, сөйлесейік\", — деді. \"Қайтіп барамыз оған\", — деді. \"Қарға көнек ілейік, бие сауған болайық, сүйтіп сөйлесейік\". Қарына көнек ілді, бие сауған боп барды. Қосайды түсірді аттан. Ойын күлкі қып өткізді. Бір уақытта жеңгесі: \"Қайтыңыз\", — деді. Қосай атқа барды. Қыз айтты: \"Атқа мініп шыққан соң, еркек қайтып түсер ме екен, ұрғашы қайтып түседі\". Қосай аттанды, қыз қолтығынан тартты, түсіруге болмады. Қолтығынан жігіт жібек шапан ап берді. Қыз айтты: \"Қашан келер екесіз?\" Жігіт айтты: \"Шапаның жағасынан оймақтай қалғанда келермін\". Жүріп кетті Қосай, Қосайдың бес асық досы бар- ды. Арғынның Ақсары биінің ұлдары: \"Қосайдың ауыр қолы жорыққа бара жатыр\", — деп келемеж қылды. Айдан-ай өтіп кетіпті, Жылдан жыл өтіп кетіпті, Қосай алған қолменен Барып-барып жетіпті. Неше ай барған соң Неше жыл барған соң, Қасындағы бес бала айтыпты: — Жаным дейін, Ер Қосай, Шыным деймін, Ер Қосай, Көп біз шөлдеп барамыз Көп біз пəле көреміз. Оған амал не болады?
Қарынымыз ашып барады, Судан шөлдеп барған соң, Астан аш болған соң, Қайдан амал табармыз? Бес бала оны айтқан соң, Қосай сөзін есіткен соң: — Шөлдеп барған кісіге, Қарыны ашқан кісіге Сусағанға су берейін Қарны ашқанға ас берейін! Садағымның қорамсағында Бес бауырсағым бар екен. Салпаң құлақ сары аттың Бауырының астында Жайдың тасы бар екен. Садағының қорамсағындағы Бес бауырсағын алды дейді. Бесеуіне алып берді дейді. Бесеуі өңгеріп жүріп Бес бауырсақты жеді дейді. Салпаң құлақ сары аттың Бауырының астынан Жайдың тасын алыпты, Бұлғап-бұлғап жерге қойыпты. Əуеден жаңбыр жауыпты. Мына судан ішіпті Ер Қосай атқа мініпті, Қарауыл қарап кетіпті. Жеті тауға шыққан соң, Жеті таудан түскен соң, Жеті қырды асқан соң, Сары аты жүрмей қалады. — Қамшыласам да жүрмедің, Қарбансам да жүрмедің, Тебінсем де жүрмедің, Тербелсем де жүрмедің, Маған неден көңілің қалды?
— Ойбай ием, Ер Қосай! Жүгенімді алып құлатпадың, Ерімді алып аунатпадың, Саған неден разы болайын? Ер Қосай аттан түсе қалыпты, Ерін енді алыпты, Арқа терісі бірге түсіпті. Жүгенін енді алыпты, Бас терісі бірге түсіпті. Салпаң құлақ сары ат арқаның ақ жусанынан алты оттап, алты аунап түсті. Құйрығын сыртына салып үйден шыққан қалыбына түсті. Құйрығын сыртына салып, құлашы бар құлан болып күннің батысына таман кетті. Бала айтты: \"Ат аяған жерге қарайды, құс аяған көкке қарайды\" деген осы екен. Бала жылап, жылап ер тоқымын жастанып жатып қалды. Сары ат барып, баяғы батыр Жаңбыршының шаһарын үш айналып қашты. Қарға тұмсықты, қазық аяқты кемпір бар екен. Сол кемпір айтты: \"Жарғағы бар сары бала бар екен, семіз сары ат бар екен. Сол шаһарыңды үш айналып шапты. Мұны ұстаңыз қуып.\" Шаһардың жігіттері қуды сары атты, жетпеді. Сары ат қайтып барды. Жетсе Қосай ұйықтап жатыр екен. Ат басқа тепті, оянды. \"Неге жыладың?\" — депті. \"Сені кетіп қала ма деп жыладым.\" \"Мен неге кетейін, мен батыр Жаңбыршының шаһарын үш айналып шықтым, маған жетер ат жоқ екен. Мен сол ат сапарға бардым. Бір соқыр қара бие не жетті, не жетпеді, ішіндегі құлыны тұлпар екен. Сол шаһарда бір күрең арғымақ бар екен, бір сары бала бар екен, тоқсан сиырдың сүтін ішеді екен. Соны тастама, екеуін өлтір! Менің түгімнің түбі сайын бір оқ, жеті күн шаба алмасам, маған серт. Бір өзімнің дүбірімді мың жылқының дүбіріндей қылайын, сауырымның ортасына екі бəйтерек орнатайын\". Қосай айтты: \"Мен бір өзімнің даусымды мың кісінің даусындай қылайын, басымды таудай қылайын, көзімді шаңырақтай қылайын. Жеті күн, жеті түн шабалмасаң саған серт, шабыса алмасам маған серт\". Атына мінді, келді шаһарға, жеті күн, жеті түн соғысты. Аттың тізесінен қан келді, бəрін қырды. Бір жүз кісі қалды. Баланың алмасының сағағына май қатты, өзі шаршады. Сары ат айтты: \"Түсе қап, бауырыма ен\", Түсе қап бауырына енді. Ат сілкінді: \"Тұр\", — деді. \"Үстіме мін\", — деді. Үстіне мінді, жүз кісіні жесір-жебір қылып,
алып жөнелді. Екі дөң асып түсті. Баяғы желмая мінген кемпір көтінен қуып келді. \"Е, Қосай, — деді,— мұның артынан жоқтайтұғын кісі барар\". Қосай айтты: \"Е, кемпір, бір тайпа ел алып қал\". Кемпір бір тайпа ел алып қалды. Онан соң сары ат жүрмеді. \"Неге жүрмейсің?\" — деді. Ат айтты: \"Ұмыттың\", — деді. \"Нені?\", — деді. \"Темірлі үй қалды, күрең арғымақ қалды, сары бала қалды\". Қосай қайта жүрді. Келді қайтып. \"Енді оны қайтіп бұзамыз\", — деді. Мені тепкілеп, өкпемді шығар, сауырымнан сабап саптыаяқтай ет шығар, сөйтіп қоя бер!\" Сары ат ақты, бозды жерге барып қайтадан жүгірді, келіп үйді теуіп кеп кетті. Темір үйдің екі қабаты үзілді. Тағы кетті жүгіріп, қайтып айналып кеп теуіпті, темір үй ашылып кетті. Ішінде сары бала жатыр екен, күрең арғымақ тұр екен. Күрең арғымақтың аяғында темір шідері бар, темірден ноқтасы бар. Сары баланың қолында бір жағы бар екен, бір төбені атса, төбе аударылып түсер еді. Сары бала айтты: \"Е; Қосай, тірі болсам, елімнің кегін алармын сенен\". Қосай басқа кеп шапты, ішін жарды, ішін қараса тоқсан бөлек қарыны бар екен, тоқсан сиырдың сүтін ішеді екен. Бір кемпір сонда отырады екен. \"Тəңірі көзіңді ашсын\", — деді. Сары ат айтты: \"Қайырыла кет!\" Сонан соң Қосай манағы көшіне келді, көшке айтты: \"Мен озып барайын, ұзын сызған жермен жүр, дөңгелек сызған жерге қон\". Сонан соң Ер Қосай озып барды жеріне, бір төбенің басына шықты, күндік жерден естиді екен, түстік жерден болжайды екен. Түстік жерде Жаңбыршы батыр кетіп бара жатыр екен, қасында ұлы Темірбай алып бар екен, бір сəуегей бар екен. Жаңбыршы айтты: \"Е, сəуегейім, не көрдің бүгін?\" Сəуегей айтты: \"Бүгін біздің шəрді бір бала шапты, астында семіз сары ат бар. Жеті қабат темір үйді бұзды, сары баланы өлтірді, қасындағы күрең арғымақты өлтірді\". Жаңбыршы айтты: \"О баланы біз көрдік, бізді о бала көрді, біз оған барсақ, ол бізді өлтіреді. Ол бізге келсе, оны біз өлтіреміз\". Сонан соң Қосай жөніне жүріп кетті. Сары ат айтты: \"Е, Қосай, елің енді жақын, бір таудың ар жағында Ертістің суы бар, оның ар жағында Арғынның Ақсары биінің аулы бар. Мына тауға желіп шық, суға келіп түс, желіп мен ар жағына өтейін. Судың ар жағына мен жығылайын, сен сонда, атым өлді деп айғай сал. Сонан соң ауылдың кісісі келер. Арғынның Ақсары биінің алты ұлы құйрығымнан тартар.
Өзімді қозғалтпас, Арғынның Ақсары биі өзі тартар, сонан соң түрегелейін, көңілі тəуір болып қалсын\", — деді. Қосай кетті, тауға желіп шықты, желіп түсті, судан желіп өтті, судың жиегіне келіп жығылды. Айғай салды, ауылдан кісі келді. Қосай айтты: \"Жолаушы едім, менің атым жығылып жатыр\". Арғынның Ақсары биінің алты баласы кеп тартты, қозғалта алмады, ол тағы айғай салды. Арғынның Ақсары биі өзі келді, келіп тартты, ат түрегелді тартқан соң \"Е, балаларым, — деді,— қартайсам да \"бір бөрінің бір қойлық əлі бар екен\" деген осы\", — деді. \"Жаным, кім едің?\" — деді. \"Қосайдың жолдасымын\", — деді. \"Қосай əкесінің кегін алды ма?\" — деді. \"Кегін алды\". \"Ойбай, үйге жүр, сусын іш!\" Үйге келді Қосай, сусын ішті. Бота қыз сұлу аяқшы болды. Үйінде жатқан сартпен ойнар екен қыз. Қосай оны білді. Қосайға қыз айтты: — Қолымдағы қарағай садақ Қайыра тартқан бар ма екен? Сүріңнің үсті сары жон Тізеден соқпақ салған бар ма екен? Əкесінің кегін алған бар ма екен? Сонда Қосай айтты: — Əкеңе бердің толы аяқ, Шешеңе бердің жарты аяқ, Маған бердің орта аяқ. Көңіліңді беріп қойыпсың. Телегей қара бөрікті Жатыр екен үйіңде Қалай ойнасаң да ерікті. Бір күнде басыңа тиер тал таяқ. Сонан соң жұртына кетті. Қосай Арғынның Ақсары биінің балаларына айтты. \"Ертең менің көшім өтер-дүр, малдарыңа ие болмай қалмаңдар\". Сөйтіп жүріп кетті, қолына келді. Судың арғы жиегінде қонды, ертеңіне малды айдады. Арғынның Ақсары биінің ауылын бастыра айдады, сиыры сиырына қосылып кетті, қойы қойына қосылып кетті. Сары бидің алты баласы алтауы алты тайға мініп, жайдақ, шаңның ішінде қалды. Алтауы айтты: \"Қосай мырзаға айтыңыз! Малымызды бөліп алайық, тоқтасын!\" — деді. \"Оған тоқтамаймын\", — деді. Қойындай қойын бөліп тастады, жылқысындай жылқысын бөліп тастады, жүріп үйіне келді.
Үйіне келді, қаршыға салды. \"Бота қыз сұлуға үй тіксін\", — деді. Бота қыз сұлуды алып келді, кешке жаңа тіккен үйге барып жатты. Аты байлаулы екен, аты үйді сындырып бара жатыр. Бота қыз сұлу айтты: \"Атыңыздың мінезі осылай ма еді?\" Қосай айтты: \"Күнде қаз, дуадақ қанжығасында жүруші еді, соны кексеп тұр, шығып қара\", — деді. Шығып қараса, жау жеті қабат құрсап алыпты. Қосай айтты: \"Кейін тұр, атыма мініп шығайын!\" Атына мініп шықты, қолдан қарсы келді біреу. Манағы жел-маяға мінген кемпірдің баласы Темірбай алып екен. Найзамен шанышты Қосайды, жоғары, жоғары көтерді. \"Қосай, қалайсың?\" — деді. Қосай айтты: \"Бұрын да үстіңде едім, əлі де болса үстіңдемін.\" Қосайды жерге тастап кетті, найзаның қарыстай жері ішінде қалды. Қосай өлді. Темірбай алып онан соң елін шапты. Қатынын міңгестіріп алайын деп еді, Темірбай алып алдырмады. Шешеме қылған жақсылығы бар деп, манағы желмаяға мінген кемпірге бір тайпа ел беріп кеткен еді, соның үшін қатынын алдырмады. Сары атты ұстайын деп еді, ұстатпады, қырық кісіні өлтірді, қашып кетті сары ат. Сары ат Қосайға қайтып келді, қайтып келсе Бота қыз сұлу өлгелі жатыр екен. Ат айтты: \"Өлме\", — деді. \"Мына өлген кісінін өтін алып, Қосайдың мұрнына құй\" — деді. Өлген кісілердің өтін қатын алды, мұрнына құйды. Қосай: \"Қатты ұйықтадым\", — деп түрегелді. \"Жау қайда кетті?\" — деді. Қатын айтты: \"Ұйықта бүгін, əкең түсіңе енер\", — деді. Үйіне қайтты Ер Қосай. Əкесі түсіне енді. Əкесі айтты: \"Ол кемпірдің баласы Темірбай алыптың сырты болат, іші құрыш. Оған мылтық өтпейді, шапса қылыш өтпейді. Түнде жатса, мойнына шайтан үйелеп жатады. Сонда түнде барып шап.\" Таң атты, түнде Қосай барды, Темірбай алыптың басын шапты. Таудың аржағына барып жатты. Таң атты, келіп қолға араласты, бəрін қырды. Бəрінің ат-тонын алып қайтты. Жеті жүз ұста жыйдырды, жетпіс арба көмір алдырды, өзі көмірдің ортасына отырды. Ұсталарға бастырды, өзі қорғасындай балқыды, көтінен найзаның сынығы түсіп қалды. Жазылып кетті өзі. Малын малданып, жанын жанданып, еліне хан болып, сондай əділ болып, барша мұратына жетті.
САЙЫН БАТЫР Бұрынғы елдің барында, Өткен елдің заңында, Сол елдердің тұсында Ноғайлы деген халық өтті, Үш шарбақты кент етті. Ноғайлының үш кенті, Заманында жарлы өтті. Ел дəулеті мал кетті Жарлылықтың зары өтті. Халқы жарлы болған соң, Əжептəуір жігіттің Ақ бетінен қан кетті. Жап-жалаңаш болған соң, Əйелінен ар кетті. Үш шарбақты ол кентте Кірлі киім кимеген, Жортақы атқа мінбеген, Аллаға тілі тимеген, Түстік жерге жүрмеген, Бес уақытта ақ намаз Біреуін қаза қоймаған, Бір құдайды ойлаған. Ноғайлының халқында Сондай бір бай болған Өз алдына сар болған Қара басы хан болған Байлығы жұртқа заң болған. Байлығының белгісі Малы алашқа таң болған Байлығының белгісі Тоқсан қара құлы бар, Тоқсан тоғай малы бар. Дүниеқор сол байдың
Дүниеден жалғыз мұңы бар, Дүниеқор Бозмонай Өз алдына сар болған, Алпыс жастан өткенше, Құдай қосқан қосағы Елу жастан өткенше, Бір перзентке зар болған. Айы күнге келеді Өкшесі сірі қанамай, Еміреніп сүймейді, Жаңа иісті баланы. Елде тəуіп қоймайды, Тəуіптің, бəрі жиылып, Кенісарыдай орнады, Сөйтсе де перзент болмады. Бір уақыт болғанда Жылқыда жүрген тоқсан құл Қымыз ішіп мас болды, Мастығымен тек тұрмай, Үйдегі баймен қас болды. Мында құлдар кеңесті. Төбеде тұрып сөйлесті, Сөйлескенде не десті? — Қызыл шапан кимедік, Қырыншыл ат мінбедік. Ноғайлының керме қас, Жігіттей дəурен сүрмедік. Өтерін дүние білмедік. Мына жүрген Бозмонай Бізді ұлындай көрмеді, Бөлініп жатқан малынан Бізге қалың бермеді. Ертеменен бай келсе, Екі қолын байлайық. Кірерге көрін сайлайық Бозмонайды өлтірсек, Біз сəтіне келтірсек
Тоқсан тоғай жылқыны Тоқсан бөліп алалық. Бұл сықылды тегін мал Қайдан да іздеп табалық? Қарағай найза сықылды Қарсы шабар ұлы жоқ, Артынан іздеп келер Қатарланған халқы жоқ. Құл кеңесіп жатыр деп Байға айтқан кісі жоқ, Онымен байдың ісі жоқ. Бір замандар болғанда Ертеменен бай тұрды, Арқаннан атын алдыртты, Алтынды ер жүген Тоқымменен салдыртты. Қара тонын белсеніп, Қас патшадай теңселіп, Боз жорға аты найқалып, Жылқының алдынан шықты шайқалып Қара басы хан болған, Өз алдына сар болған Тоқсан құлдың біреуі Бүгіліп сəлем бермеді, Байды көзі көрмеді. Сонда бай тұрып бұрқанды, Мұздай темір құрсанды, Тоқсан құлдың бəрінің Атын атап шақырды. Ашуменен Бозмонай Қырармын деп ақырды. Шетте жүрген бір құлын Бай да ұстап алады, Қолға түскен сол құлды Ашумен бай сабады. Біреуін сабап жатқанда, Тоқсан құл байды қамады,
Жаңбырдай құрық жауады. Басына таяқ тиген соң, Жалғыздығын білген соң, Өзінің қолы кірген соң, Боз аттың басын бұрмалап, Сарайға қашты аллалап. Ойбай салған даусына Жер күңіреніп барады, Үйде тұрған бəйбіше Құлағы естіп шалады. Сарайдан шықса жүгіріп, Келеді екен Бозмонай Өз-өзінен бүлініп. Атынан келіп Бозмонай Теріс жағынан құлайды, Жер бауырлап сұлайды, Қосағыменен екеуі Ойбай салған даусына Үш шарбақты ноғайдың Жамағаты жиналды. Жұрт келсе де тұрмады. Көтеріп басын алмады Сол ойбайынан танбады. Бозмонай бай жылады. Жат айтады құдайды, Жылағанда Бозмонай: — Ашамайға мінгізіп, Көш алдында жүргізіп, Əжептəуір құрбынын Алдына алып сүйгізіп, Алашқа атын білгізіп, Ұл қызығын көрмедім. Астына жорға мінгізіп, Үстіне қамқа кигізіп. Орынды жерге бергізіп, Алаштан бегзат келтіріп, Қыз қызығын көрмедім.
Еркімен түскен дұшпаннан Жау қорлығын көрмедім. Алыстан келген сол жауға Малым үшін өлмедім. Құлдан қорлық көргенше, Күнде бүйтіп өлгенше, Сүймес пендең мен бе едім? Құлдан қорлық көргенше, Тезінен өлім бермедің. Кең сарайға бармады, Көтеріп басын алмады, Сол жылаудан танбады. Жылауменен бай жатты Қызарып барып күн батты. Түніменен бай жатты. Сарғайып барып таң атты. Алымдар азан айтқанда, Бей-намаз ұйықтап жатқанда, Ақ шалмалы бір адам Жетіп келді қасына, Таянып тұрды басына. Екі қойны толыпты, Бозмонайдың сүйгенде Көзінен аққан жасына. — Ə, Бозмонай, Бозмонай! Не тілегің бар? — деді,— Тілегің болса ал, — деді. Сол уақытта Бозмонай Ұшып тұра келеді, Көзінен жасын төгеді — Дүниеқор бай болдым, Ен дəулет тұсында Қара басым хан болдым, Бір перзентке зар болдым, Сол перзенттің зарынан Жиын тойға кірмедім Өтерін дүние білмедім,
Құлдан көрдім қорлықты, Жалшыдан көрдім зорлықты, Өз малыма бара алмай, Белден мамық сала алмай, Тыныштық ұйқы ала алмай, Өз жанымды қия алмай, Өлейін десем өле алмай, Сол құлдардың қорлығынан Өз малымды көре алмай. — Тілегенің ол болса. Бар тілегенің сол болса, Бабай Омар бабасы Қабыл болған дұғасы, Тілегенің ол болса, Бар тілегенің сол болса, От жағалай өлтіріп, Оттың басын толтырып, Көп аламысың сен деді. Бірін мыңға балаймын деп, Бірді аламысың сен — деді. Қалағаныңды ал! — деді. — Ер ортасы болғанда, Пайғамбар жасқа толғанда, Жігіттік күн озғанда Оттың басын боқ қылып, Қырға шығар ішінде Бір оңдысы жоқ қылып, Мен нетейін көбіңді? Бір де болса сол маған Бірін мыңға балап бер! Өмір жасын ұзақ қып Берсең маған, қалап бер! — Бердім бірді мен деді, Күтіп алсаң сен деді. Жаста құдай демейін, Қылған ісі жөндеген, Өзге жұрттың тілегін,
Бұл сықылды бермеген. Мұның көрген қызығын Еш пендесі көрмеген, Белін шешіп жатпаған, Еңсемей саумал ішпеген, Ертең мінген атынан Кешке дейін түспеген Сансыз дұшпан батпаған, Бет алғаннан қайтпаған. Дұшпаннан алла сақтаған Жұрттың сөзін сөйлеген, Алар жауын көздеген, Батыр Сайын болсын! — деп, Үстіне аруақ қонсын! — деп Көңілі разы болсын! — деп Ала есегі қайқалап, Ала қоржын арқалап, Шер кітабы қойнында, Аса таяқ қолында, Жүрген ақтың жолында Жаны алланың қолында Жөнеле берді бұ адам. Екі етегін түрініп, Бозмонай үйге келді жүгіріп. Жатыр екен бəйбіше Етбетінен бүгіліп. — А, бəйбіше, тұр! — деді, Беті қолыңды жу! — деді Əулиең жарды жүректі, Құдайың берді тілекті, Арылтар болғай бейнетті, Есен болсаң көрерсің, Сайын атты перзентті. А, бəйбіше тұр! — деді.— Қойдан қошқар ал, — деді,— Құдай жолына шал, — деді. — А, Бозмонай, Бозмонай,
Дəулетті берген бір құдай. Ертеменен кеткен ол қойға Жете алмаймын жүрсем де, Сен алпысқа жеткенде, Мен елуден өткенде, Жігіттік күн кеткенде, Кəрілік қарсы жеткенде, Енді берсін не құдай? — Бермесе құдай қайтесің, Қошқарды аяп не етесің? Аяғанмен малдарды Қай түбіне жетесің? Бермесе де бар! — деді, Қасқыр жеген бір қошқар Алып келіп, шал! — деді. Сонда бəйбіше барады, Алып келіп шалады, Жұртын жиып алады. Жұрты тарқап кеткен соң, Бір бірінен сұрайды, Қашан болар екен деп, Екі мүскін жылайды. Бір күндері болғанда, Елуге келген буаз кемпір Қарны шықты қампиып, Құрсағы шықты шампиып, Біраз заман өткенде, Жаңа жылға толғанда, Уəдесі болғанда, Бейсембінің күнінде, Ұлы жұма түнінде, Буаз кемпір келіп толғанда, Ноғайлының үш кентін Түгеліменен орнатты. Бет біткенде сұлу жоқ Ол сықылды сымбатты. Таң сарғайып атқанда
Сайын сынды қасқаның Желкесі жерге тақ етті. Маңдайы күнге жарқ етті. Дүниеқор Бозмонай Екі етегін түрініп, Өріске таман жүгірді. — Оң қолымды жаярмын, Мұнан немді аярмын. Бүгін өліп кетсем де, Аманатқа даярмын. Төрт түлік саған қыламын, Елі жұртым жиямын. Аямай малын қырады, Ат жетер жерді жияды. Жұрт жиылып болған соң, Табақ тартып берген соң, Алтын тақта хан отыр, Қас жақсының ұлы отыр. — Өлгенде көрген перзенттің Атын жөндеп қойыңыз! Түсімде көрген аты бар Соны тауып қойғаның Тоқсан торқа киесің, Тоғыз жорға мінесің. Хан мен билер отырып, Ақылменен ойлап білерсің Хан менен билер отырып, Жорға менен торқаға Қоймай жатып таласты. Қымыз ішіп мəз болып, Билер есінен адасты. Адасқанның белгісі, Бірін бірі өлтіріп, Жағасына жармасты. Жұмырықтасып жүргенде, Мұрындары қанасты. Хан мен билер ұрысты.
Сол заманда аз екен Хан да билер қуанысты. Сонда келді Бозмонай: — Хан мен билер ұрыспа! Ұрысқаның дұрыс па? Тəңірі өзіңе бермесе Маңдайыңа ырыс па? Тоқсан торқа кигенмін, Тоғыз жорға мінгенмін, Бұл айтқаным дұрыс па? Екі күн жатсаң сақтаймын, Бəріңе де қайт деп айтпаймын. Бар дəулеттің тұсында Қалай тамақ таппаймын? Екі күн жатты таппады, Шұбырған кедей қайтпады, Ондай-мұндай қойған ат Бай көңіліне жақпады. Соған дейін сол жұртты Дəулетпенен сақтады. Сонша адам жиылып, Сайын атын таппады. Сол уақытта бір адам Жүз отызға келіпті, Талай мақұл көріпті, Ноғайлының жұртында Онан үлкен адам жоқ. Өзі жарлы болған соң, Оныменен жұрттың ісі жоқ Хан мен билер қасына Шал байғұс келді таянып: — Бəрекелді хан мен би Жарасады жатқаның! Байлығыңда Бозмонай. Мыстай табақ тартқаның, Қамалып жатып хан мен би Жаңа туған жас түлек
Қанекей атың тапқаның? Хан мен билер отырып, Шалға қарап ұрысты. Таппаған соң хан мен би Намысына тырысты. — Əгер атын таппасаң, Он екі қақпа сарайға Сені байлап қоймасам, Шал да аңырап тұрмады: — Мұның атын сұрасаң Беліңдегі бес қару Тал бойына жарасқан Ерлік еткен алаштан, Батыр Сайын болмас па? Үстіне аруақ қонбас па? Хан мен билер қамалып, Соны тауып қоймас па? Хандар қайтты томсарып, Билер қайтты құмсарып, Тоғыз жорға жетектеп, Тоқсан торқа алысып, Шал жөнелді заңсалып. Тойы тарқап кеткен соң Күмістен бесік ойдырды, Алтыннан бесік күйдірді, Қара кісте қатты деп Бала кіске бөлетті. Жаңа туған жас бала Емшек берсе ембеді, Етті берсе жемеді, Анасының кəрісін Егіз екі көрмеді, Бозмонай бай сасады, Шəріге таман барады. Үлкеніне құлағын салады: — Кеше туған жас бала Емшек берсе ембеді,
Ет берсе де жемеді, Анасының кəрісін Егіз-екі көрмеді. Дағдардым жұртым мен деді, Айласын тапшы сіз деді. Ноғайлы жұрт кеңесіп, Сайын сынды мырзаға Үш күнде бір бие сойғызды, Ортан жілік майымен Үш күнде бір тойғызды. Бір жасына келгенде, Біліктіден би болды, Екі жасқа келгенде, Еліменен тең болды, Үш жасына келгенде, Ерттеп мінген атынан, Кешке дейін түспеді, Шақыртпай асын ішпеді. Төрт жасына келгенде, Қарағай найза толғайды, Жүрсем екен дейді екен. Бес жасына келгенде, Қадір түнін күзетті, Ноғайлының үш кентін, Түгелімен өзгертті. Езу тартпай ұл өтті, Абырлы қыздай ұл өтті, Халқы жақсы болған соң Қарып пенен мүскіндер Сайынның арқасында күнелтті. Алты жасқа келгенде, Атын таңдап мінгенде, Алты қырлы аң сүңгі, Оң қолына алғанда, Қындағы алтын ақ болат, Аш беліне салғанда, Момыннан сондай туғанда,
Алланың артық қылғаны. Айында бала туған соң, Қарабай қорқып, қыз болды; Қайыршақ қорқып, сөз болды, Сайын келді дегенде Тоқсандағы кемпірлер Қысылғаннан қыз болды. Ақпан менен алты ай қыс, Атқа мінсе жаз болды Сайын келді дегенде Тоқсандағы шалдардың Қырық күн шілде болғанда, Төсектен басын көтермей, Төбесі жидіп таз болды. Бір күндері болғанда, Тоқсан құл тұрып кеңесті. — Мына жүрген Ер Сайын, Баяғыда əкесін Алдыға салып қуғанды, Құрық ұстап ұрғанды Əлі күнге білген жоқ, Бұ да бір күн білгенде, Құлағына тигенде Бəрімізді қырады, Бұған адам шыдар ма? Жорға менен жүйрікті Түн ішінде алалық! Сусыз шөлге бас қосып, Біз де қаша берейік! Жорға менен жүйрікті Сүйтіп олар алады. Сусыз жерге бас қосып, Құлдар қашып барады. Ертең келді ер Сайын Қарала атты ойнатып, Жылқыдағы құлдың бəрі жоқ, Қашты деген көңілінде
Ер Сайынның кірі жоқ. Құл кеткенін білген соң, Батыр бала тұлданды. — Тоқсан құл саған не қылдым? Атама қылдың зорлықты Шешеме қылдың қорлықты Соны есіме алмадым. Ат терлетіп келсең де, Етіңе қамшы салмадым Өз обалым мойныңа Түлен сені қойды ма? Қардан жаман түспесем, Қарадай сенің ізіңе, Əзір болса қашқансың Сусыз шөлдің дүзіне, Келтірсе құдай кезіме Болармын деп жүргенмін Дұшпанның жалғыз маңына. Шу деп еді қара ала ат Қырдан асып қылт етті, Жұлдыздай ағып жылт етті, Шауып тоқтап барлатып. Ұлы сəске болғанда Аңырап шықты Ер Сайын. Қара төбе басына Тоқсан құл кетіп барады, Аяғының астында. Қосылып өлең айтысып, Сырнай керней тартысып. Сол төбенің басында Ер Сайын тұрып тұлданды Жалғыздығын ойланды — Ай, жаратқан жалғыз құдайым, Өлемін деп қалмаймын, Бұған нағып шыдайын? Тоқсан құлмен тоғассам, Əбүйір еді ту ұстасам,
Егер жазатайым іс болса. Жалғызға түсер күн болса, Қартайғанда атамнан Енді бір зейнет туар ма? Сараң ием болмаса Қанатсыз мені қылар ма? Тоқсан құлдан құр қайтсам, Құл кетті деп елге айтсам, Жиын тойға кіре алман. Бармайын-ай барайын, Бармай нағып қалайын? Қынынан шықпас ақ алмас Суырып қыннан алайын! Көтерсе құдай тілейін! Екі тісі сақылдап, Езуден көбік бұрқылдап, Жау көрмеген жас бала Құлға ұмтылды қалшылдап. Ойын емес шыныдан, Шу деп еді қара ала ат Жұмырланды қарыннан, Түнеріп бала келген соң, Енді өлетұғынын білген соң Құл қорқысып барысты, Аттан түсіп қалысты, Жылағанға болмайды, Жалынғанға қоймайды. Əкесіне өшті жас бала Құлдарменен ойнады Өзгесін қырып салды да, Отызын жиып алды да, Қара төбе басына Жаяу айдап барады. Сол төбенің басында Ту сыртынан жарады, Қармап етін алады. Қасқаның көңілі тынған соң,
Тоқсан құлды қырған соң, Сайгүлігін қуалап, Қонар жерге келеді, Құл қырдым деп айтпайды. Бұрынғыдай сол мырза Шіреніп үйде жатпады, Мал көтінен қалмады. ал баққаны құрысын Жақын жатқан жылқыны Айшылыққа айдайды, Айшылыққа барады, Елдің шиыр шетінде, Дұшпанның жүрер бетінде Қарауыл да салады, Күні түні алладан Жауды тілей береді. Қайда кеткен алаштың Найза ұстаған батыры? Тап менің тұсымда Еркек мұнда таусылып, Қалған ба жұрттың қатыны? Бір күндері болғанда Алысы менен жуықты Ат үстінде барлаған, Дүниенің төрт бұрышын Ыңғай жүріп шарлаған, Қамалды бұзып жылқы алған, Күймені бұзып қыз алған, Дұшпанды көрсе бір күнде Отыз екі түрленген. Он жасына келгенде Жау атысын үйренген, Қара қыпшақ Қобыланды Ноғайлыдан ер туды. — Ер Сайынға барайын — деді,— Сол батырды қолға алып, Алыста жатқан қалмаққа
Бір соғысты салайын, — деді. Мың кісіні қолға алып Ер Сайынмен жолықпаққа ойланып. Қарауылда жүрген Ер Сайын Жау екен деп қашпады, Жалғызбын деп саспады, Ақ алмасын суырып, Тасқа егеп қайрады. Найзасының басына Алтынды туын байлады. Қобыландының қасында Найзагері қорқады, Аттың басын тартады, Қашпасақ-та болмас деп, Тоқта десе тұрар ма? Аттың басын бұрар ма? Қашпай адам шыдар ма? Сонда Қобыланды тұрып айтады: — Жамандар мұнан қашпаңыз, Өлемін деп саспаңыз! Өзім жауап берермін. Ақ боз атпен аңқылдап. Ер қалпағы солқылдап, Батыр Сайын сен болсаң, Қобыланды аға мен болсам. Ел шетінде кез болсаң, Жарқылдатпа қылышың! Мың кісілік тұсында Бұл дұшпанға Ер Сайын, Қылышыңды суырсаң Кімге қайрат қыларсың? Жаушылыққа келмеймін, Сені көрерге келем. Атадан артық туған ерсің, Қол тізгінің берермін, Іздеп шыққан жауым бар, Қызығын сонда көремін.
— Олай болса, Қобыланды, Мына жатқан жылқының Кел қарасын көрмей жүр! Ұйықтап жатқан құлынның Кел ұйқысын бұзбай жүр. Қонағасын беремін, Жүретұғын жағына, Мен соңыңнан еремін Ерлігің жауда көремін. Мың кісі алып келеді, Қонағасын береді, Тоқсан асау береді, Көріп түзей барады. Əке шеше жылайды: — Өлгенде көрген жалғызым, Аттанып кетсе жорыққа Қалады басым қорлықта! Таянып келді Бозмонай, Қобыландының қасына, — А, Қобыланды, Қобыланды, Тентектігің қоймадың, Жұрт тіліне болмадың, Бұрынғылар алмаған Адам жүрмес бір жауға Жүремін деп ойландың Мына жүрген Ер Сайын, Он жасына жеткен жоқ, Жеті жастан өткен жоқ, Үш наурызды берсеңші! Сайын онға жеткенде, Қызығын сонда көрсеңші! Бұл тілегімді берсеңші! — Құдай деген бай едік, Өз алдына сары едің, Кəріңе сенің қалмаймын, Сонда естен алмаймын. Үш наурызды берейін,
Сол үш наурыз өткен соң, Уəдеге келейін. Соған дейін Ер Сайын, Жау жарағын сайласын, Мінер атын байласын! Біз келерміз сау болсақ, Уəдеден таймасын! Мың кісі дүлдей қайтады, Тілегін алып қуанып. Бай үйінде жатады, Белден төсек салған соң, Бай ұйқысы қанған соң, Бəйбіше тұрып толғайды; Байды еркіне қоймайды: — Толып жатқан малың бар, Сарайыңның саны бар, Осынша көп малың бар, Бір Сайыннан тағы да Қанша артық жаның бар. Үш-ақ наурыз өткенде, Жалғызың кетер жорыққа, Есен қалған бұл малын, Кедейге түсер зорлыққа, Толып жатқан малыңнан, Сұрап қалың берсеңші, Үш шарбақты ноғайдан Лайық қыз көрсеңші, Сөйтіп келінді болсаңшы! Сонымен Бозмонай, Боз жорға атқа ер салды, Үш шəрлі ноғайға, Қыздарына көз салды Лайық қыз таппады, Көрген қыздың бəрі де Бай көңіліне жақпады. Сайынның көрген қыздары, Шықты анда таласып,
Үш шəрдың қызынан Жиылған қыздың көптігі, Жол тимеді бір көпірге таласып. Бай көңіліне жақпады, Сонан бір сұлу таппады. — Мен бармаған ел бар ма, Есіткен жерге Сайынға Лайық туған қыз бар ма? Ноғайлының халқы айтты: — Өзің теңді адамда Қырды жайлап шет қонған, Дұшпанына бек болған Айттырғанға бермеген Мұндай теңі келмеген Айтқанына ол берсе, Сені адам ол десе, Көбікбайдың үйінде, Екі жеңге тимеген, Езу тартып күлмеген, Бөтен үйге енбеген, Айбикесі сұлуы Қолаң қара шашы бар, Қырғауылдай керілген, Тамағынан ішкен асы көрінген, Тақалып күнге қараса, Бетінен күн сəулесі білінген. Лайық сұлу сұра, — депті. Қорықпай жүріп барсаңыз, Шамаң келіп алсаңыз. Соған кетті Бозмонай, Судың бойын көбелеп, Қартайғанша боз жорға ат, Өзі мінген жебелеп. Сарайдың келді қасына, Шəрдің келді басына. Он екі қақпа сарайы Көтерілген талайы.
Есігінің қасында, Қақпасының басында, Тұрады екен күзетіп, Екі қара малайы. Екі тісі кетілген, Оң танауы шетілген. Құл да болса сол өзі, Тілге шешен жетілген. — Ноғайлыда Бозмонай, Сен де неге зар едің, Ноғайлы жұрттың басы едің, Таң сəріден жүресің, Ашулы болған кісідей. Қабағыңды түйесің, Жолың болып ə, байым. Не естіп білесің? — Байың есен саулық па, Қатты сөйлеп мұңдар құл, Жүрегімді жарып даурықпа. Көбікті үйде бар болса, Жетектеп шықсын қызын. Лайық болса балама, Енді айттырып беремін. Айтқаныма бермесе, Шақырғанға келмесе, Əлі заман қайтамын, Тентек туған Сайынға, Бара сала айтамын. Шетік құл келді, Көбікбайдың қасына, — Əй, Көбік, тұр, — деді,— Əзірейіл тажал ма? Мұнан жаның қалар ма? Ноғайлының Бозмонай, Сарайыңа келіп тұр, Айттырса бермес адамға, Келмес еді қасыңа
Сарайдың бүйтіп басына, Ер Сайынға сеніп тұр, Көбік жатып бұрқанды, Мұздай темір құрсанды. Шауып алса мал да көп, Үйден алса қыз да көп. Сайындай тентек ұл да көп. Бүгін келсін сол Сайын, Ұрыссуға даярмын. Жалғыз қыздың тұсында, Кімнен жаным аярмын. Адам екен демеңіз, Еңсеп келген Бозмонай, Үйден сусын бермеңіз. Бозмонай естіп біледі, Аттың басын бұрады. Бай бір ашу қылады. — Бұл барғаннан бармасам, Үш шəрдің адамын, Мінгізіп атқа алмасам, Бұл бермеген қызыңды, Ат көтіне салмасам Бозмонай боп жүрмеймін, Боз жорға атқа мінбеймін. Еркегіңді қырмасам, Жұрт күлгендей қылмасам. Шəріме есен кірмеймін. Бозмонай үйге қайтады. Білген хабарын айтады. Алтын тақты хан келді, Жиылып түгел шəр келді. — Көбік, неге қызың бермедің, Сол сықылды Сайынды, Неғып күйеу көрмедің. Бұл қызды егер бермесең, Сайынды күйеу демесең, Аттанып Сайын келген соң,
Оған елді бүлдіріп, Сенің қызың құрысын. Залалын шəрге тигізіп, Бұ қызыңды бермесең, Сайынды күйеу көрмесең, Ноғайлыға көшкенім. — Бермесе де болмас-ты. Еркіне Сайын қоймас-ты: Бермегенмен бұл қызым, Қанша маған жолдас-ты. Шақырып кел Шетік құл, Мінейін десе о құлға, Ерттеулі тұрған аты жоқ, Тақа жаяу жүрерге, Шетіктің жүйрік аты жоқ. Қара түйедей еңкілдеп, Жалғыз танау желпілдеп. Табан терісі түріліп, Жөнелді Шетік жүгіріп. Көз көрім жерден өткенде, Бозмонай байды шақырды — Атыңның басын бұра тұр, Ашуланбай тұра тұр. Жұрт қауымға енді ғой Өзі жаяу демесең, Құл шақыра келді ғой. Қалаған қызын берді ғой, — Шақырса да бармаймын, Малға берсе сол қызды, Бір тоқтыға алмаймын. — Сенен малды алмайды Саған кісі бермеді, Тілеген қызды береді, Аты болар Айбике Деген қызды алмасаң, Ұлық болар аллаға Шақырған Көбікке бармасаң.
Қолды артыңа салады, Қайта кетіп барады Жетіп келсе Көбікке, Келмей тойын қылады, Төрге көрпе салғызды, Шақыртып үйге алғызды Ашуланбай табысты, Қалаған қызын алысты Еліне қайтып келді де, Ноғайлының үш шəрін Сегіз жерге орнатты. Сайын сынды батырдың, Ер тоқымын оңдайды, Үш шəрілі ноғайдан, Қосшылыққа отыз кісі сайлайды. Отыз жігіт қолға алып, Соған таман түн қатты. Сайын келді деген соң, Көремін деп сайланды. Қимылдаған жан келді, Мұнара басып шаң келді Көрген жұрттың бəрі де, Жас баланы таң көрді. Көрмеген жанның бəрі де, Көрген жаннан сұрасты, Көркіне жұрт таласты. Сайын келді деген соң, Қыз бен жігіт дуласып, Кеңесерінде шуласып. Сол сықылды батырға, Қылған тойы мынасып. Нақ отыз күн ойын қылып Қырық күн тойын қылып, Уəдесі болған соң Жұрт жақсысы жиылды, Əлімдерді алғызып, Ақ некесін қиады,
Ақ некесін қиғанда, Ақ ордаға барғанда, Ойнап ойыны қанғанда, Қатты ұйықтап қалғанда, Таң сарғайып атқанда, Үйде жүрген ағасы, Бабай Омар бабасы, Тұсына жетіп келді. — Сайын батыр сен болсаң, Некеңді қиғанда, Сəтті күні кез болсаң, Қолыңды жай сен, — деді, Берейін саған мен, — деді. Ұшып түрегеледі, Қолын жайып береді. Екі перзент көресің, Ең үлкені Бөкенбай, Ең кішісі Күйікбай, Сол Күйікбай туғанда, Дұшпанға салар бүлікті, Аруағы соның биік-ті. Ала есекке қайқалап, Ала қосып арқалап, Жөнеле берді бір адам. Бай сұлуды ұзатты, Шаралы құдай аңыратып, Жарылған мұздай күңіретіп, Тал шыбықтай бұралтып Тоты құстай таратып, Қас патшадай найқалтып, Қаса байдай шайқалтып. Түйесіне күң берді, Ат ерттеуге құл берді, Бəйшешектей түрленіп, Ұзатты сұлу жөнелтіп. Сұлуды алып кеткен соң, Шəр тамаша көрген соң.
Жаңа түскен со сұлу, Ай күніне ман болды, Қыздай жүкті келді деп, Ноғайлыға заң болды. Ноғайлының шəрі, Өсек айтып күледі, Бір алланың бергенін, Жалғыз Сайын біледі. Уəдесі болғанда, Сəтке сұлу толғатты. Қыз-келіншек те орын апты. Бет біткенде сұлу жоқ, О сықылды сұлу-сымбатты. Толғатып сұлу ұл тапты, Өріске таман бай шапты. — Оң қолымды жаярмын, Мұнан немді аярмын, Бүгін өліп кетсем де, Аманатқа даярмын. Аямай малым қырайын, Ноғайлыны жияйын. Есіркеген құдайым, Қызықка неге тояйын? Тоғай жиып келеді. Жиылып тұрған ноғайлы, Арылып тұр бейнетім. Бірер аттан үлкенін мініңіз, Кейінің бірер тоннан киіңіз, Атын жөндеп қойыңыз, Ат қоярға келгенде, Айдалада түсе салып, Жүрегі жүрген жарылып, Мына туған перзенттің, Қолында бар дəулетің, Не қылсаң да жарасар, Мынаның атын сұрасаң, Мұның аты — Бөкенбай,
Ек кішісі Күйікбай, Бөкенбай деп ат қойды. Бөкенбай со бала, Бір жасына толғанда, Сонда келді Қобыланды. Үш жылдың уəдесі толғанда, Ел шетіне келген соң Сайынға хабар берген соң, Ақ боз атқа ер салды Байлаулы тұрған қара атқа, Қосын тартып алады. Үш шарбақты ноғайдан, Қырық жігіт таңдап алады. Қобыландыға қосылып, Аттанып кетіп барады. Құлан жүрмес жер қалды, Адам ішпес шөл қалды Алтыншы ай өтеді, Ат мойнынан жал кетеді. Олар сонда ер жоқта, Ерікпей жортқан келіпті. Нақ он екі ай болғанда, Қалмақтың ең шетіне қол жетті, Аттың ерін алысады, Түстенісе қалысады, Қалмақ жақын екен деп, Батырға хабар салысады. Жағалбайлы атасы, Сөзінде болмас қатасы. Жауырынмен сөйлескен, Жауырын жағын қарады, Батыр Қобыланды сұрады: — Бұ жауыңа бармаймын, Жылқысы жолда тұрса алмаймын, Жылқы аламын деп бұ жолда, Қасқа менен жайсанның Обалына қалмаймын,
Тілімді алған мұсылман, Бəріңе де айтқанмын, Бəрін тілің алмасаң, Алпыс кісі қосшымен, Өзім елге қайтамын. Қобыланды батыр отырып, Ер Сайынды шақырды: — Сайын сынды батырым, Бұзылмасын ақылын! Екпінің күшті қырғаның, Маңдайың сұлу, жарқыным Алар болсаң мал да көп, Тоғысарға жан да көп, Жайсаңдық пен саулықты, Жұрт аманда бардық та, Жау тосқаулы бар деді, Кел, есенде қайталық. Бозбаладан айрылсақ, Жұртқа не айталық? Ер Сайын сонда илікпей Қайт дегенге тұлданды: — Аттанған жаудан қайта алмаймын, Бұл көрген жаудан қорғалап, Алғанымның қойнында, Күлкі болып жата алмаймын. Бұ қамалға келген соң, Жалғыз да болсам қайта алман Айғырдайын алыспай, Қызыл қанға батыспай Сары жақтың кірісі Үзілгенше тартыспай. Қобыландының мың кісі Елге тегі тартады Ноғайлының қырық жігіті Қалмаққа тегі тартады. Қалмақ естіп біледі, Құлағына тиеді.
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406