Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-12-28 10:01:54

Description: Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Search

Read the Text Version

Біреулер өзін-өзі өшіктірді: Ербиген екі пагон, бір жағаға Барлық бас құлақтарын тосып тұрды. Қазекең айтушы еді қызбай нені, Етекке ерді өмірдің мұздай желі. Жас орыс төрге шықты, Деді əжелер: «Япыр-ай, сақ болыңдар, қыз қайда еді!» Халық үшін үрей мен қорқыныштан өткен, адалын былғатып, абыройын бүлдіртіп алғаннан асқан азап бар ма? Одан өткен де, одан асқан да қорлық жоқ қой. Бірақ, азап арқалап, қорлықтың қамытын киіп жүрген халықтың құрсағынан да Намыс пен Жігердей боп, наркескендер мен алдаспандар туыпты. Бір жақтан Құрманғазы, Дəулеткерей, Махамбет шықса, екінші жақтан Абай, Біржан, Ақан серілер шығыпты, үшінші жақтан Жамбыл мен Бауыржан туыпты. Яғни, əр кезеңдегі əр толқыннан келер ұрпақтың алдында тұлғаланып тұратын рухани Əкелер өсіп шықпақ. Рухани Əкелерге лайық Рухани Перзенттер дүниеге келмек. Жүкеңнің «Бұл жолы ол шынын айтты» дастаны сонау «жылымық жылдары, дəлірек айтсақ. 1961 жылы жазылған екен. Адамдардың айналасын күмəн мен күдік қара шегірткедей қаптап кеткен заманнан енді арыла бастаған тұсы. Ақын бұдан сəл ертерек пойызда танысқан – Секілді ме, именуге Үйренген жан бала жастан, – Қорқақтық пен батылдық ой Бір бойында араласқан. Басам десе бір аяғы

Қоя тұр деп екіншісі; Мейірімін əлдекімнің Келер ме екен өтінгісі? Жоқ-жоқ оған ұқсамайды Өткір еді жүзі қандай! – Қазір жаз боп жарқыраса, Қазір қыс боп бұзылардай, – екі ұдай сезімде, жанын бірде күдік жеген, бірде үміт жетектеген адаммен кездеспек. Бұл жан – қысас заманның қыл арқанына мойнынан тым ерте іліккен жан. Мектепте оқып жүргенінде əкесін «халық жауы» деп айдап алып кеткен. Содан кейін-ақ басынан сор арылып көрмепті. Соңынан қырсық деген бəле тілін салақтатып ерген де отырған. Түнде жатқызбаған, күндіз отырғызбаған. Оны, басқа- басқа, өз ауылында көзге шыққан сүйелдей, тонға түскен күйедей еткен. Шыдатпаған. Ақырында өз ауылынан безіп тынады. Жер үстінде жүрмей-ақ қояйыншы деп шахтаға, жер астына түседі. Бірақ, оған жер астында да тыныштық бермейді. Ақырында тоңған елінің денесін жылытатын, қазанын қайнататын Отанының ошағына көмір төгіп жатқан оны жер астынан қатыгез қолдар желкесінен бүріп, сопаң еткізіп суырып алып, далаға лақтырып тастайды. Лақтырып тастап қана қоймайды, əлдеқандай сүртсең де, жусаң да кетпейтін, күйелеш бір жаланы жабады да, он жылға айдатып жібереді. Сұмдықтың сұрқия көзінен үміті мерт болып, зымияндықтың зұлым сөзінен арманы ту-талақай болған ол жанның, дегенмен өзегі берік, жігері темір екен. Бəріне көніп, бəріне төзіп жүріп, бүгілмей тіктеліп кетеді. Мерт болған үміті қайта гүлдеп, ту-талақай арманы қайтадан қанат байлап шыға келеді... Ақынның үшінші дастаны «Ақ қайраң» – аса күрделі дастан. Ол дастан ну жыныстай қалың, қорғасын бұлттай ауыр. Ну жыныстай ол қалыңға ендеп кіру үшін, қорғасындай ауыр ол бұлтты аударыстырып қарау үшін ұзақ уақыт жəне үлкен көлем керек.

*** Қазір бауырымнан өрген балаларым – тіпə-тіпə, зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер болса да, немерелерім тағы да, тіпə-тіпə – жамырап кеп құшағымды толтырып жатса да, сақал-шаштарын баяғыда-ақ қырау шалған талай-талай азаматтарға аға боп кетсем де, мен бəрібір, қамығып, торыққан сəттерімде Жұмекен ағамды аңсаймын.

АҢСАР САҒЫНЫШ ПЕН КƏУСАР СЕЗІМ АҚЫНЫ Біз əдетте бəріне уақыт төреші, бəрін де уақыт көрсетеді деген сөздерді жиі қолданамыз. Бұл сөздерді біз өзіміз құрмет тұтатын құндылықтардың көзден таса, көңілден тыс қалып, есесі кетіп бара жатқандай сəтті сезінгенде, өзімізді жұбатқандай боп айтатынымыз бар.Əрине, несін жасырамыз, көбіне-көп солай екені де рас. Бірақ, тереңірек үңіліп, əрірек бажайлап қарасаң, өмірде кілең солай бола бермейтініне де көзің жетеді. Өйткені, қара қылды қақ жарар əділ деп ойлайтын уақыт дегеніңіздің өзі кейде опасыз. Оның кейде бадырайып тұрған бар нəрсенің өзін көзапара көмескілендіріп, бұлдырландырып, алыстатып жіберетіні бар.Тіпті, мүлде өшіріп жіберуі де кəдік. Менің мұны айтып отырған себебім, арғы замандарға бармай-ақ, күні кеше ғана азаматтығын да, шығармашылығын да өзіміз ерекше қадірлеп, құрмет тұтқан ағаларымыз бен замандастарымыздың есімдері бүгінгі таңда мүлде айтылмай, айтылса да сирек айтылатынын көріп, біліп отырғандықтан. Мəселен, аңсар, іңкар сезімнің ақыны, төгіліп тұрған мөп-мөлдір кəусар талант, қайталанбайтын ғажап лирик Сағи Жиенбаев, өлеңдерінің өн бойынан туған жер топырағының демі есіп қоя беретін Құдаш Мұқашев, өлең өрісін кеңейтемін деп басын тауға да тасқа да соғып, жанталасып өткен Жүсіп Қыдыров, қызғыш құстай шарқ ұрып ұшатын шымыр жырлар əкелген Меңдекеш Сатыбалдиев, сөздері от бүркіп, шоқ түкіріп жататын Өмірзақ Қожамұратов, өзі де, сөзі де Оқжетпестей асқақ боп өткен Еркеш Ибраһим жəне де басқа қаншама ақындарымыздың есімдері тек мерейтойларда болмаса, айтылудан қалып бара жатқаны бəріміз білетін шындық қой. Олардың шығармалары күнделікті рухани айналыстан шығып барады. Өкінішті- ақ!.. Сол ақындардың ішінде, сөз жоқ, Сабырхан Асановтың да есімі бар. Ал, Сабырхан Асанов, біз жақсы білеміз, алпысыншы жылдары əдебиетке келген толқынның кеудежарды таланттарының бірі болатын. Сабырхан Асанов əдебиетке, ең алдымен, айнала тіршіліктен үйлесім мен жарасымдылық, əсемдік пен сұлулық іздеп келген ақын. Сондықтан да ол өз өлеңдеріне, көбіне-көп, ізгілік пен инабаттылықты,

қуаныш пен шаттықты арқау етті. Ол қайғы мен қасіретті, мұң мен наланы қаузағанннан гөрі, жалт ете қалған үміт пен жалт ете қалған арманды қалт жібермей, қаз-қалпында сөз-суретке түсіргенді қалады. Алатаудай болсын мейлі айбыны, Жетістіріп жаза алмайтын қайғыны. Жырлары да бітті оның дей беріңдер, Қуанышым бітсе менің қай күні! Бұл – оның сол жылдардағы басты кредосы. Ол тек сұлулыққа, əсемдікке ұмтылады. Оның “бақытымды сезінемін, достарым, гүл ұстаған саусағымның ұшынан” дейтіні де содан болса керек. Сондықтан да ол табиғат əлеміндегі ғажап, сұлу құбылыстарды сөздің суретіне түсірудің хас шеберлерінің біріне айналды. Сенбесеңіз, қараңыз: Ағаштың бұтағында əрең отыр, Қанатсыз балапандай қалтылдап қар. Немесе: Қарайлайтын өткенді, Қаулап өсер көк те енді. Қалқиған əлсіз құлақтар, Көтеріп тұрды көктемді. Немесе: Қуғын көрген ала бұлт тыным таппас, Айдың шамын бір жағып, бір өшіріп.

Немесе бота туралы: Сыр бойынан үзбей өткір қияқты, Балпаңдатып тастайды кеп аяқты. Жалғыз өзі сахнаға шыға кеп, Би билеген балерина сияқты. Қозы-лаққа тиісіп не жаусынбай, Жүреді ылғи шыдам еркі таусылмай... Бөлек шығып боздағанда дауысы, Кішігірім паровоздың даусындай. Немесе: Жел жапырған таудың дудар бастары, Бұлаңдайды құйрығындай балықтың. Сөзбен салынған тұнып тұрған табиғат пейзаждары. Тағы да бəрі де жанды тербелісте, қимыл-əрекетте. Оқисың да тұтас бір табиғат пейзаждарына арналған галереяны аралап шыққандай боласың. Сұлулықтың тұнығынан су ішіп, сұлулықтың сəулесіне шомылып шыққандай лəззат аласың. Жаның жаңбырдан кейінгі даладай жадырап, көңілің тауға шыққандай марқаяды. Сабырхан Асанов табиғат көріністерін фотоға түсіргендей, сөзге түсіріп қана қоймайды, кейде оларды адам жанындағы мың санат құбылыстармен астастыра қарастырады. “Қобалжыған көңілдей боп қозғалып, қою бұлттар қопарылып көшеді”. Бұл– тек сəтті теңеу ғана емес. Бұл – салмағы ауыр, айтары мол метафора. Оның өн бойын толтырып кернеп бaра жататын өлең табиғатын осы топырақтан іздеген жөн

Бөлісе алмай бұл дəуірдің дүрмегін, Бір жақсы өлең жүрегімде жүр менің. Шыға алмаған жандай бейне қамалып, Таба алмастан тас есігін түрменің. Атқан таң ба, алаулаған арай ма, Жақсылықты жаны қалап қарай ма? Күрсінгенде көзден ұшқан мұң болып Көрінбестен көкжиекке тарай ма? Көктем бе əлде, Он екі айда бір келген, Нөсер болса тіпті несін іркем мен. Шаттық па екен шайқатылған ауада, Сезім станцияларына тіркелген. Сергек сезім станциялары ғұмыр бойы толассыз жұмыс істеп өткен ақынның сөз, махаббат тақырыбына жазылған өлеңдері аз болмаса керек. Иə, дəл солай. Өз қолымен баспаға дайындап кеткен таңдамалысының атын жан-жары Шолпанның есімімен атауының өзі тектен-тек емес. Ол өзінің өлеңдерінде көктемге қалай қайта-қайта орала берсе, махаббат тақырыбына да дəл солай айналып соға береді, тағы да ол өлеңдерінің бəрі дерлік кенересіне келіп, шүпілдеп толып тұрған сезім. Алатаудың бауырына қонған ақша бұлттай үлпілдеп тұрған аңсар арман. Сабырхан Асанов махаббатты белгілі бір кезеңнің, яғни жастық шақтың ғана тақырыбы деп қарамайды. Ақын үшін ол– мəңгілік тақырып. Құдайдан қалап алған, құлай жығылған тақырыбы. Жырлаған сайын шөлі бір қанбай, кенезесі кезерген үстіне кезеріп өткен тақырыбы. Тіпті оны махаббатқа табынып өткен ақын деуге болады. Оны бейне бір махаббат қана билеп-төстеп, оған тек махаббат қана əмірін жүргізгендей. Сенсің менің билеушім, əміршім де,

Тырп еткізбей қоятын Тəңірсің де. Саған ғана табынам жер бетінде Күш-қуатын жүректің танысын деп. Сен биіксің барлық бар биіктерден, Бар биікті алдына иіп берген. Сен тазасың, сен таза мөп-мөлдірсің, Құраған көз жасы мен құйып терден. Кім бар, кəне, бір саған тең келетін?! Не данышпан сен десе сенделетін. Əнші біткен бір сен деп əн салатын, Ару біткен сенімен емделетін. Сен өткірсің отты сөз, отты ісіңмен, Қыз бен менің шықпаушы ең көп түсімнен. Жарым болып жатырсың жаныма кеп, Сенде ғана қиянат жоқ деп түсінем. Махаббатты ғана билеушісі мен əміршісі деп көретін ақын, əрине, оның алдында пұтқа табынғандай тізесін бүгіп, басын иіп, көз жасын пора- пора ағызып, езіліп, егіліп отырмайды. Оны жанының шұғыла- шуағына орап, лүпілдеп соғып тұрған жүрегінің үстіне салып, бəйек боп тербетеді. Содан күш алады, алапат қуатқа ие болады. Ұлғайып, іріленіп, “айналасына от таратып жататын сөнбеген планетаға” айналып бара жатады. Сол бір сөнбеген планета қызуына сенің де жаныңның өртенбеуі, сенің де жүрегіңнің қарылып, қақталмауы мүмкін емес. Сен де сол махаббат деген ғажайып сұлу əлемнің ішіне еніп, оның ажары мен базарына сұғыңды қадап, сұқтанып, арбалып бара жатасың. Бақыт боп қонсаң басыма, Тау болсаң да көтерем.

Даңғыл жол болсаң таусылмас, Бойыңда қаңғып өтер ем. Өрт-жалын болсаң өршіген, Кетсем де жанып құшар ем. Кең жазық болсаң, төсіңнен, Сағымың болып ұшар ем. Болар ма, сірə, жеңгенің, Еркімді алдың еңсеріп. Өзенім болсаң сен менің, Өсер ем бойлап теңселіп. Шығысым болсаң сен менің, Таң болып сенде атар ем. Батысым болсаң сен менің, Күн болып барып батар ем. Қиын-ау енді сенбегім, Күнəң да болса, өсекке. Аруым болсаң сен менің, Жатар ем тартып төсекте. Сен құдай болсаң, пендеңмін. Не десең де көнер ем. Ажалым болсаң сен менің, Қарсыласпай өлер ем. Егер бар болса, махаббат гимніңіздің өзі дəл осындай-ақ болар-ау!

Сабырхан Асанов өлеңдерінің тағы бір өлең өрісі – қазақ даласы, туған ел мен туған жер. Ол бұл өлеңдерінде де кең байтақ даласы хақында, елі мен жері туралы үзіліп кетердей үздіге сөйлеп, оларға деген аңсар сағынышы мен кəусар сүйінішін қотара төгіп, қопарыла ақтарады. “Төсіңдегі түйе боп түрегелер, Менің сен деп боздаған сағынышым” деп емірене тебіренеді. О, дала, дала, сенің кеңдігіңді, Ер жетіп тентек балаң енді білді! Көз салсам, қуанғаннан кеудем менің, Түндіктей желпілдеймін желді күнгі. Жалықпай кезіп алқап алабыңды, Ізімді тауып алдым бала күнгі. Жүгіріп кең төсіңде кеттім жалғыз, Түруге үлгере алмай балағымды. Бір қарағанда қарапайым ғана жолдар, қатардағы ғана шумақтар. Алып бара жатқан ештеңесі де жоқ сияқты. Солай бола тұра, өн бойына бір тылсым қуат жинаған бұл шумақтар жады өте нашар адамның өзінің есіне жатталып қалады. Неге? Оның себебі, бұл хал– қаладан ауылы мен даласын аңсап барған бүкіл қазақ баласының басынан өткен хал. Бəріміздің басымыздан өткен далаға деген сағыныш. Сабырханның туған ел мен туған жер туралы жүрекжарды жырларының өзін тұтас бір үлкен мақалаға арқау етуге болады. Ол жырлардың бəрі дерлік оңтүстіктің аптапты керімсалындай аптапты ыстық. Алатаудың ақар- шақар биіктігіндей асқақ, Сарыарқаның даласындай кең жазира. Бұл жерде біз ақынның қатал дертке шалдығып, төсек тартып өткенін ойша шолып, қамыға құныққан сəттеріне аз да болса тоқталмай өтсек, ең алдымен, өзімізге сын болар еді. Күндер зулап, түндер зулап өтуде,

Талайлардың түбіне ол жетуде. Бұл тірлікке бір келуін келген соң, Кім еркімен көнер дейсің кетуге. Бірақ мезгіл өз дегенін істетер, Қаптап көктем, қаптап күз де, қыс та өтер. Бірте-бірте кеміп жүрек жалыны, Бірте-бірте бойдан қуат, күш кетер. Бірте-бірте тілек, арман тиылар, Үлбіреген үміт жібі қиылар. Бар өмірім бірақ түйір тамшы боп, Жанарыма жақұттай боп жиылар. Сабыр тілеп, сонда іштей тынармын, Тынармын да тұңғиықтай тұнармын, Сол бір тамшы кетпесін деп домалап, Кірпігімді қаға алмастан тұрармын. Дертті ақынның жан-жүрегінен алғаусыз ақтарып салған осы бір шер мен мұңға толы өлеңін оқып отырып, сен де бір аса қимас сезіммен, іштей бордай үгітіліп, күн шуағы түскен тоңдай езіліп бара жатасың. Бар өмірі бір-ақ тамшыға айналған ақын тағдыры қандай ауыр. Кірпігін қағып қалса, өмір мөлт етіп үзіліп түспек. Сондықтан ол кірпігін қағуға қорқады. Сенің де көзіңе мөлт-мөлт жас тығылып, мына өмірдің соншалықты баянсыз, соншалықты тұрлаусыз екенін бұрынғыдан да жіті сезініп, бұрынғыдан құмбыл ұғына түсесің. Құдай-ау, бəріміздің де ғұмырымыз қас пен көздің арасында мөлтілдеп ілініп тұрған бір-ақ тамшы жас екен ғой. Егер кірпік бар болғаны жалғыз-ақ рет қағылып кетсе... бітті! Арғы жағы тұңғиық. Бір-ақ тамшы өмір!.. Өзінің осы бір дертті ауыр халін бар жан-тəнімен сезінген ақын бəрібір өзінің о бастағы болмыс-бітімінен, Алла-тағала берген табиғатынан

танбайды. Пəни өмірден бақилыққа кететініне анық көзі жеткен ақынның соңғы өсиеттей мына бір екі шумағын оқыңызшы. Ғұмыр бойы қыз бен көктемді сүйіп өткен сабырхандық мінез бен сабырхандық болмысты аумай танисыз. Қойнында қызықтарым өткен бар, Қойнында алаулаған көп таңдар. Мені егер де алмақ болсаң, тағдырым, Қыз кезіндей күлімдеген көктемде ал. Кетпей тұрған кезінде өлкем қатайып, Батсам, барып жұмсақ жерге батайын. Бар мезгілден көктемді артық көруші ем, Гүлге оранып, күнге оранып жатайын. Міне, ақын өсиеті.Тірлігінде қалай өмір сүрсе, өліміне де соны тілепті. Гүл мен күнге оранған Сабырхан Асанов өлеңдері біздерді əлі талай рет қызуымен де, қызығымен де өзіне құштар ете берері сөзсіз! “ҚЫЗЫЛ МЫЛТЫҚ” Бұлтық-бұрылыстары да, кедір-бұдыры да, асу-белі де көп мына өмірдің біршама кезеңін бірге өткізген Сəкеңнің, Сайымжан ағамның ең жиі қолданатын мəтелдерінің бірі: “Жақтырмасаң– қойыңды бақтырма”, – еді. Ол бұл сөздерді шамырқанып шарт кеткенде айтатын. Ал оның шамырқанып шарт кететін тұстары жиі боп тұратын Міне, дəл осы мəтелде оның бүкіл мінезі, бүкіл болмысы, тіпті бүкіл өмірлік принципі жататын деуге болады. Ол біреуге жағыну дегенді, біреудің көңілінен шыға қою дегенді, біреудің қас-қабағына қарай қояйын дегенді, біреудің көзіне түсе қояйын дегенді білмей өтті. Кіммен болса да– мейлі ол өзінен кіші болсын, мейлі ол өзінен үлкен болсын–

лауызымына да, атақ-даңқына да қарамай терезесін тең ұстап сөйлесетін. Ешкімнің алдында да бұғып аласарып, ешкімге де жылтырап мəймөңкелемейтін. Ешкімнің де мұрнын шүйіріп, тұмсығын көтеріп сөйлескенін көтере алмайтын. Біреудің өтірік əрекетін көріп, жалған сөзін естісе – өзіне мүлде қатысы жоқ болса да – бейне бір шындықтың жалғыз өкілі сияқты отқа түсіп күйіп кететін. Ондайда қақ бөлініп, “тарс” атылатын. Мен оның сондай-сондай сəттерінде: “Ой, менің қызыл мылтық Сəкем-ай”, – дейтінмін. Шынында да, ол қызыл мылтық еді. Мылтық болғанда да шүріппесі үнемі қайырулы тұратын мылтық еді... Мен Сəкеңмен, Сайымжан Еркебаев ағаммен сонау өткен ғасырдың алпыс жетінші жылында танысып едім. Сол кездесу, суретке түсіріп алғандай, əлі көз алдымда. Жазушылар одағына жиі барып тұратын кезіміз ғой. Атақты бір ақынның ықыласты алақаны мен белді бір жазушының пейілді бір сөзіне марқайып қаламыз. Əйтеуір сол маңды төңіректеп жүретінбіз... Бір күні сол қасиетті ғимараттың басқышымен көтеріліп бара жатқан мені төмен түсіп келе жатқан қып-қызыл кісі қолымнан ұстап тоқтатты. Мен алдында ішіп келе жатқан кісі шығар деп, тез сытылып кетпек боп бұрыла беріп ем, қолымды жібере қоймады. “Сен Темірхансың ба?”– қызара бөртіп тұрған жүзі ішіп алған адамның жүзі болғанмен, сөзі сау адамның сөзі. Нық, таза. “Иə, Темірханмын...” Не керек, сұрақтан жауап, жауаптан жөн сұрасу басталып, сөйлестік те кеттік. Менің, соның алдында ғана Қазақ телевидениесіне орналасқан кезім. Ал, ол «Қазақ радиосына» жұмысқа жаңа ғана қабылданыпты. Содан бастап ол кісі дүниеден қайтқанша, біздің арамыз ажырап, жұбымыз жазылмады деуге болады. Жас алшақтығымыз он жыл бола тұра тең-құрбыдай қатар жүрдік. Көп ұзамай ол кісіні өзіммен бірге істейтін, менен лауазымы бір саты жоғары, сақа ақын болып қалған Дүйсекеңмен, Дүйсенбек Қанатбаевпен таныстырдым. Сол-сол екен қалт еткен бос уақытымызда үшеуміз бір жерден табыла кететін болдық. “Бір жеріміз”, көбіне-көп, телевидениенің жоғарғы жағындағы, көлеңкелі саялы ағаштар өскен алаңқайдағы доңғалықты цистернадан сатылатын сырахана. Кейіннен ол сырахана “Сайымжанның сары сиыры” атанып кетті. Сондағы бір байқағаным, Сəкеңнің өте көп білетіндігі, өте көп оқитындығы еді. Батыс пен шығыс классиктерінің шығармаларын

бірінен соң бірін айтып, ауызымызды аштырып, көзімізді жұмдырып қоятын. Əр есік, əр босағаны паналап, пəтер жалдап жүрген оның сол кезде-ақ кітапханасы болатын. Қай жерге көшсе де сол кітапханасын, бір кітабын да тастамастан, буып-түйіп машинаға тиеп ап таситын да жүретін. Мен сол кітапхананың талай рет тұрақты жүкшісі болдым дей аламын. Сонымен бірге ол кітапхананың тұрақты жүкшісі ғана емес, тұрақты оқушысы да болып алдым. Айрықша айта кетер бір нəрсе, менің кітапқа деген құштарлығымды бұрынғыдан да күшейтіп жіберген осы Сəкең еді. Алматыдағы шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген соң Сəкең Атырау облысы Доссор кентіндегі мектеп-интернатта, кейін Батыс Қазақстан облысы Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданындағы Талап мектебінде неміс тілінен дəріс берген. Сол жылдары көп ізденген, көп оқыған, көп жазған. Өзінің болашақ кейіпкерлерінің арасында жүрген. Солармен талас-тартысқа түскен. Біліскен, күрескен, шыңдалып шыныққан. Ол Алматыға көптеген əңгімелер, бірқатар хикаяттар, яғни бірнеше кітаптың қолжазбаларын арқалап жеткен ғой. Бірақ, солардың ішінен тек “Алғашқы адымы” ғана жарық көрді. “Алғашқы адым” хикаяты – өмір есігін алғашқы ашқан жас жігіттің алғашқы қателігін, алғашқы күрсінісі мен алғашқы сүйіспеншілігін, алғашқы қиындығы мен сол қиындыққа қарсы күресін көрсететін шығарма. Сайымжан Еркебаев мойып жасуды білмейтін оптимист қана емес, нағыз барып тұрған романтик те еді. Бұл туралы Əбекең, Əбіш Кекілбаев жақсы айтқан: “Иə, Сайымжанды білем. Өзі де, өнері де желге қарап шапшитын қиқар жігіт. Бірақ, нағыз талант. Романтик. Дүниедегінің бəрін өз қолымен ұстап, өз тұмсығымен иіскеп, өз тісіне салып шайнап, өз тілін тигізіп талмап көргісі келеді”. Оның барып тұрған сол романтиктігі ғой қырыққа жақындағанында Маңғыстауға тартып кеткендігі... Ол кезде Сəкеңнің жағдайы тіпті де жаман емес еді. Жұмысы да бар, айлығы да, қаламақысы да жақсы. Жалғызілікті. Не кием, не ішем демейді. Солай бола тұра, бір күні ол біздің үйге нілдей бұзылып келді. “Мен Маңғыстауға кетем” дегені. “Неге?” деймін ғой мен. “Бұл жердегі сұрқай тірлік, сүреңсіз өмір мені жалықтырып жіберді. Маңғыстауға

баруым керек. Өмірді қақ ортасынан қайта бастаймын”. “Кеш емес пе?” “Жоқ кеш емес, қайта дер кезі. Жүрем десең, менімен бірге жүр. Көлшіктен балық ұстап, балық қорыған тіршілік бола ма?” – дейді ол. Өзімнің де мұңайып жүрген кезім. Не керек, əрі ойлап, бері ойлап, ақырында мен де баратын боп келістім. Сəкең Рахмет Өтесінов деген жақын жездесінің кең сарайдай екі қабатты үйінде жатады екен. Ал Рахмет Өтесінов ағамыздың Маңғыстаудағы ең беделді, ең абыройлы адам екенін кейіннен білдім. Ол кісі – Өзен аймағындағы мұнай көздерін ашып, оны игеруге де, Жаңа Өзен қаласының ірге тасының қаланып, шаңырақ көтеруіне де өлшеусіз үлес қосқан адам. Тек біз барардан бірер жыл бұрын ғана жол апатына ұшырап, екі аяғы сал боп жатып қалған екен. Бірақ нағыз қайтпас қайсар жан екен. Мұнайшылар өмірінен қаншама кітаптар жазып шықты. Міне, сол кісі Сəкең екеумізге қаланың қақ ортасынан бір бөлмелі үй алып берді. Жасадық та қалдық. Мен бұл жерде Сайымжан Еркебаевтың Маңғыстауда жазылған сүйекті екі шығармасына – “Жолдар мен шақырымдар” жəне “Жел өті” романдарына аздап болсын тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. “Жолдар мен шақырымдар” – атының өзі айтып отырғандай, өмір жолын енді бастаған, əлі балапан мұрты да алынып үлгермеген бозбала жігіттің мына қым-қуыт тіршіліктен, аспан асты, жер үстінен өз орнын табу үшін алыс сапарға аттанғанын, сол сапар үстінде көрген қиындықтары мен ауыртпалықтарын, жаман мен жақсының арасы қандай алыс болса, кейде сондай жақын екенін, сондай-ақ аралас- құралас жүретінін, жаны да бірде шуақ төгіп тұрса, енді бірде ызғар шашып тұратынын суреттейтін шығарма. Бұл кітаптағы оқиғалар қандай шапшаң дамып, қандай шұғыл əрекеттерден тұрса, оның жазылу стилі де сондай шапшаң, сондай шұғыл. Айналаның бəрі дамылсыз қозғалыс, тіршіліктің бəрі дегбірсіз қимыл. Сол қозғалыстар мен қимылдар бейне бір шығарма сөйлемдерін ширатып, шиыршық аттырып жібергендей əсер аласың. Сайымжан Еркебаев Хэмингуэйдің диалогтарына аса бір қызығушылық танытып отырушы еді. Сөйтсем, жай ғана қызығып

қоймаған екен. Ол оны өзіне мектеп етіп алған екен. Ол диалогтарды адам образын ашатын құрал, əдіс етіп ала біліпті. Мірдің оғындай ұшқыр, түскен тастай нық. “Жел өті” романы – менің жаныма соншалықты жақын, менің көзіме соншалықты ыстық көрінетін шығарма. Өйткені, Сайымжан көрген ортаны мен де көргем. Сол бір қиын да күрделі ортаның ыстық-суығын өз басымнан өткізгем. Маңғыстау – тек қызған еңбек майданы емес, шайқасып жатқан, шарпысып жатқан адамдар тағдырының да майданы болды. Маңғыстауды, бəрі болмаса да, көп жұрт қалта толтыратын қойма, шетінен қарпып асайтын майшелпек көрді. Олардың арасында, əрине, бұрынғы жүрген жерінде қарау жолға түсіп, енді адамшылық жолға түсейін дегендер де, барар бағытынан адасып, панасыз қалып, енді осы Маңғыстаудан пана табайыншы дегендер де, оннан-мұннан қашқан алаяқтар да, адал еңбегімен ел қатарына қосылайын дегендер де болды. Бəрі, бəрі болды! Шынын айту керек, талантты жазушы Сайымжан Еркебаевтың шығармалары кезінде өз деңгейінде дұрыс бағаланбады. Көбіне-көп уəлі сөздерден де, дуалы ауыздардан да тыс қалып келді. Ал оның шығармалары талдап-талқылауға да, сараптап салиқалы сөз айтуға да тұратын салмақты шығармалар еді. Бірақ, ештен кеш жақсы дейміз де. Олай дейтініміз, міне, оның үш томдық жинағы жақында жарық көрмек. МЕЙІРІМ МЕН ҚАЙЫРЫМНЫҢ АҚЫНЫ Жиырмасыншы ғасырдағы əдебиетіміздің алтын өзегіндей болған қайран алпысыншы жылдар-ай... Қаншама жылдар бойы қатал да қатыгез қыспақта қусырылып тұрған бұла күш бұлқынып шыққан вулкандай лап етіп аспанға атылып шығып еді-ау... Əдебиеттің қай жанрында да қайта түлеу мен қайта жаңғыру процестері соншалықты шапшаңдықпен шұғыл жүріп жатты. Əсіресе, кенезесі кеуіп, шөлдеп, өзегі талып сусырап жатқан өлең өлкесі ағыл-тегіл, толассыз жауған

нөсер жауыннан кейінгі түздей ту көтеріліп құлпырып шыға келген-ді. Поэзия атырабына Қадыр Мырзалиев ойлы орманын алып келсе, Жұмекен Нəжімеденов тылсым тереңнен шыңырау көзін ашып, ал Мұқағали Мақатаев оның кеңістік көкжиегін бұрынғыдан да кеңейтіп жіберді. Əрине, əдебиетке олардан сəл ертерек келген Тұманбай Молдағалиев пен Сағи Жиенбаевтар көшкен тұманнан қалған шықтай мөлдір жырларымен жұрттың мейірін мейлінше қандыра бастаған-ды. Ол жылдары тіпті ақ бурыл, көк бурыл тартқан ақындарымыз да бұрынғы тұяқкешті өрістерін тастап, əдеттегі таптаурын жолдарынан жерініп, жаңа атырапқа түрен сап, жаңа соқпаққа түсуге əрекет ете бастаған-ды. Яғни, олардың да шығармашылық əлемдерінде түлеу мен жаңғырулар толассыз жүріп жатты. Шынында да, сол жылдары поэзия жамырасқан жаңалық пен жадырасқан жаңғырықтарға толып кетіп еді. Жарықтық өлең сол тұста даланың еркін желіндей есіп те, қаншама уақыт бойы күрмеліп жатқан түйінді шешіп те, шешілмегендерін алдаспандай жарқылдап кесіп те сөйлеп жатты. Сол бір жылдары поэзияның тың өлкесі түгелімен дерлік жаңа қонысқа айналып, түгелімен дерлік біржола игеріліп біткендей еді.Енді ешкімге де қоныс та, игерілетін атырап та қалмағандай көрінетін. Ендігі өлең сөйлейтіндердің солардың тасасында қалып, солардың көлеңкесінде жүретіндей еді. Бірақ, өлең кеңістігі дегеніміз географияның кеңістігі емес екен. Күш-қайратың, талант-табиғатың, ерік-жігерің жетсе, өлең деген əлемнің көкжиегі кеңіген сайын кеңи түсетін сиқырлы қасиетке ие болып шықты. Алпысыншы жылдардың екінші жартысында-ақ, бес-алты жыл өтпей- ақ поэзияға жаңа леп əкелген жаңа лек келіп үлгерді. Солардың ішінде сонау қиянда жатқан Атырау өңірінен қызғыш құстың даусындай естілген Меңдекеш Сатыбалдиевтың сергек те шымыр үніне де құлағымызды тіге қалғанбыз. Ол үннің тілегі де, ниеті де сəуірдің ақша бұлтындай қылаусыз аппақ болып шықты. Арман үшін!

Аяман жанды мына, Жамандықтың көнбеймін даң-дұңына, Жақсылықты ақ жібек ауаға орап Үлестірем дүниенің барлығына. Ақын жанының жомарттығына, ақын жүрегінің кеңдігіне, ақын мейірімінің көл-көсір молдығына тəнті болғанбыз. Жалпы, өлең деген алып атыраптың рельефі де алып жердің рельефі сияқты сан түрге, сан құбылысқа түсіп отыратын құбылмалы ғой. Оның да жер бедері сияқты, бір тұсын сортаң мен тұз басып жатса, енді бір жері көкорай шалғынды, жасыл жайлаулы мамық, ал басқа бір өңірі орман-тоғайлы көркем, одан əрірек көзді де, көңілді де, құлазытар кең дала, онан кейін сулы да нулы алқап, сонан кейін... осылай жалғаса береді. Осынау сан құбылып, сан түр мен сан түске ауысып тұрған өлеңнің əр алқап, əр өңірінің өз климаты, өз температурасы, өз демі мен лебі бар, яғни өз табиғатына сай өзінің өмірі мен тағдыры бар. Оған ол өңір мен өрістерде еңбек етіп жатқан ақындардың болмыс-бітімі мен мінезін қосыңыз. Шын талантты ақын ғана сол болмыс-бітімі мен мінезіне сай өлеңдерді дүниеге келтірмек. Яғни, шын ақын о баста құдірет құйып жіберген талант қуаты арқылы өз болмыс-бітімі мен мінезін көрсетсе керек. Сондықтан олардың біреуінің ақ бұрқақ ашулы, біреуінің қақпанға түскен қасқырдай ызалы, енді біреуінің тарыдай нəрседен таудай ой іздеп отыратын пəлсапашылдығы, үшінші біреуінің қара қылды қақ жаратын турашылдығы, сонан кейінгі біреуінің мамық мақта үстінде отырғандай мамыражайлығы, əйтеуір, осылай да осылай жалғаса беретін мінезге, сол мінез тудыратын сан түрлі харекетке ие болмақ. Егер осы талап тұрғысынан келіп қарастырсақ, онда біз Меңдекеш Сатыбалдиевті мейірім мен қайырымның ақыны дер едік. Ал, мейірім мен қайырымның ақыны өмірге тек жақсылық қана тілейді. Сондай ақын ғана атар таңға қарап: Тұрмын қарап қырық бірінші жыл құсап Атпаса деп қара бұлтты жамылып, –

десе керек. Меңдекеш Сатыбалдиев сондай адам болатын. Қашан көрсең де оның тұла бойынан мейірімнің шуағы құйылып, қайырымның сəулесі төгіліп тұратын. ... Мен Меңдекеш ағаны сол айтулы алпысыншы жылдардың соңына таман көрдім. Ол кезде мен көп жұрт сияқты “Горный Гигант” дейтін жерде пəтер жалдап тұратынмын. Ол жерде менен басқа, бүгінгі таңда есімдері барша оқырман қауымға кеңінен танымал Əнес Сараев пен Дүйсенбек Қанатбаевтар да тұрып жатты. Екеуінің отбасы бір ауладағы бір үйдің екі қапталын қоныс еткен. Мен оларға жиі барып тұратынмын. Сол жылдары ол үйлерге, құдай-ау, кімдер келіп, кімдер кетпейтін десеңізші?! Əбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Төлен Əбдіков, Сайымжан Еркебаев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Есенжол Домбаев, Ахат Жақсыбаев, Төлен Қаупынбаев, Шəміл Əбілтаев тағы басқа толып жатқан азаматтар үйме- жүйме болып топырласатын да жататын. Есік алдында қапталдасып қатар тұрып, дастархан басында қауқылдасып əңгіме соғушы еді. Бүгінде қарап отырсақ, көңілімізден де, көзімізден де бұл-бұл ұшқан ол да бір заман екен-ау?! Бір күні Дүйсекеңнен Меңдекеш Сатыбалдиев көшіп келіпті дегенді естідім. Көп ұзамай Əнекең мен Дүйсекеңнің үйінде ол кісімен кездестім де. Жалдап тұратын пəтері Əнекең мен Дүйсекеңдердің үйлерінен алыс емес екен. Меңдекеш аға шыбықтай талдырмаш, рең-ажары қағаздай жұп-жұқа, аққұба, толқынды қара шашты, сөйлегенде ернін шүйіріңкіреп сөйлейтін, күлгенде балаша мəз болып күлетін, ақжарқын əдемі кісі екен. Сыртымнан мені де жақсы білетін болып шықты. Бірден шүйіркелесіп сөйлесіп кеттік. Көп ұзамай жұмысқа кірді. Мен ол кезде телевидениеден кетіп, бала-шағамды асырау үшін кездескен қара жұмысқа жегіліп жүргем-ді. Ақыры Маңғыстауға кетіп тындым да, Мəкеңмен байланысымыз шорт үзілді. Маңғыстау облысы ашылғаннан кейін барлау экспедициясынан босап, облыстық газетке ауыстым да келесі демалысымда Алматыға соқтым. Ойда жоқ жерден көшеде Мəкеңмен кездесе қалғаным. Туған бауырын

көргендей құшағына тартып, жік-жапар болып жағдайымды сұрап жатыр. Мен жағдайымның жаман емес екенін, тек бір тұрмыстық тұсаудың ғана бар екенін айттым. “Ол қандай тұсау?” – деді Меңдекеш аға. Қолымдағы екі баланы балабақшаға орналастыра алмай жүргенімді, сонан əйелімнің үйде отырып қалғанын қысылып- қымтырыла жеткіздім. “Ойбай-ау, оны шешейік те, – деді Меңдекеш аға. – Сендердегі обдыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Есентаев деген кісі емес пе, мен ол кісіні жақсы білем, өзі бір жаны жайсаң жан. Сол кісіге хат жазып жіберем. Көмектесетін шығар”, – деді. Мен хат жаза қояр ма екен деген екіұштылау ойда болсам да, ақ адал ниетіне риза боп, рахметімді айтып, қоштасып жүріп кеттім. Демалыстан оралып жұмысқа кірісіп кеткем, бір күні газет редакторы: “Сені Есентаев іздеп жатыр, тез жет”, – дегені. Бардым. Төртбақ толық денелі, бірақ жүріс-тұрысы шұғыл Есентаев мені емен- жарқын қарсы алып, Меңдекеш Сатыбалдиевтен хат алғанын, ол хатты алған бойда тиісті орындарға тапсырма бергенін, сол тапсырмасының жаңа ғана орындалғанын, енді балаларымды ертеңнен бастап орналастыру керек екенін айтты. Жаным жадырап сала берді. Жаным жадырамай қайтсын ол кезде екі бала түгілі, бір баланың өзін бала- бақшаға орналастыру деген қиямет-қайым іс болатын. Сөйтіп, Мəкеңнің бір хатының арқасында арқам кеңіп, алдым даңғайыр болып еді. ... Бүкіл болмыс–бітімі мейірім мен қайырымнан тұратын, жаны жайсаң ақын əмəнда сергек, əмəнда бəйек. Ондай ақын еш уақытта да өмір мен тірлік алдындағы, заман мен қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершілігін ұмытпақ емес. Тілегіміз– енді қайта төгілмесін көз жасы мен қан саулап. Оу, тірілер, бізге қалды, бізге қалды дүниедегі бар салмақ.

Ақын енді қандай бір дүлей күшке де қарсы тұруға, қандай бір ауырлыққа да иығын тосуға əзір. Белі буулы, білегі түрулі. Жарты өкпесі мен алты қабырғасын алдырып тастаса да! Бəрібір даяр! Ал ондай жан қашанда ірі сөйлейді, ірі турайды. Қан құйлы жауыздыққа да, қатыгез жамандыққа да шыдамақ емес. Өлсе де жағаласып өлмек. Ондай ақынның поэтикалық кредосы, азаматтық принципі еш уақта да өзгермейді. Ондай ақын туған жер, туған ел туралы толғағанда Бақыт емес бақытым Егер сені түк уайымсыз күнде де жоқтамасам, – деп сөйлесе керек. Уайымсыз күнде де туған жер мен туған елін іздеп, жоқтап отыратын ақыннан кім-кім де айналып кетпес пе?! КЕҢІСТІКТІҢ КЕМЕЛ ЖЫРШЫСЫ Əдебиетімізді түлетіп-жаңғыртқан, өрісін кеңейткен, өркешін биіктеткен алтын кезеңдердің бірі – алпысыншы жылдар екенін бүгінде ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол жылдары тау суындай екпінді, даланың желіндей тегеурінді əдебиетке келген қуатты жаңа толқын ғана емес, солармен бірге олардың алдыңғы аға ұрпақ өкілдері де дүр сілкініп түлеп, қоғам мен адамның бұрын айтылмай, ашылмай келген терең қабаттарын қопарып, əлеуметтік өміріміздің тоң боп сіресіп жатқан қыртыстарын үңгіп, мүлде жаңа ізденістер мен үрдістер алып келгені баршаға аян. Рухани өміріміз болмыс-бітімі ерен, мүмкіндік қарымы кең, таланттары зор, ілім-білімі бар ірі тұлғалармен толықты. Осыншалықты айбарлы, ауызын айға білген қуатты əдеби күш жинақталған тұста жас ақын мен жазушының дауысы жұртты елең еткізуі қиынның қиыны болатын. Ол үшін əдебиетке жаңа сөз, жаңа тыныс алып келе алатындай талант иесі болу керек еді. Құдайға шүкір, ондай талант иелері, аз да болса, бар боп шықты. Солардың бірі, сөз жоқ, Дүйсенбек Қанатбаев дер едік. Ол ақын əйгілі «Адыраспанымен» жұрттың бəрін жалт қаратты:

Дала – аңызақ қаптаған Алтыннан қазір су сыйлы. Өмірде тыным таппаған Қып-қызыл шағыл сусиды. Жалбарын, жалын, өл мейлі Татырмайды аспан нəр. Тек оған көңіл бөлмейді Шөлдегі адыраспандар, – деп басталып, Исі мен кермек дəмі үшін Оны ешкім көзге ілмейді. Сонда да бұзбай болмысын Өзінше ол да гүлдейді. Даланың долы желі де Жұлқиды адыраспанды. Сонда да ол өнген жерінен Екі ел ажыраспайды... – деп аяқталатын жолдар, шын мəнінде, барша оқырманды тəнті қалдырғаны рас. Өйткені, қарапайым ғана орындалған бұл өлеңнің өзегінде үлкен мəн мен мағына жатыр. Ол мəн мен мағына туған жерге деген, далаға деген махаббат пен ұлы сүйіспеншілік. «Жарбайы ғана жұлып, торғайы ғана қонатын» тұла бойы өттей ащы адыраспан екеш адыраспанның өскен жерінен екі ел ажыраспайтын қайсар мінезі, сөз жоқ, көп адамды ойландырып толғандырары сөзсіз.

Осы өлеңнен кейін-ақ Дүйсенбек Қанатбаевтың поэзиядағы жұлдызы жанып жүре берді. Дүниеге «Ақ пышақ бірін шауып, бірін үзіп жатқан» «Адай» мен бұрын-соңды бізге беймəлім, тың əуен мен тосын сазға толы «Дутар саздары» келді. Бұл жырлар да өлең сүйер қауымның есіне тасқа қашағандай болып сіңіп қалған жырлар. Енді сол дутар саздарына құлақ түрейік. Қандай гəп, қандай сыр шертер екен. Қалауын таппай қасқая тосқан қырғыннан Алапат жаулар атының басын мың бұрған. Ұлдарым менің жанымен үнсіз қоштасып, Намысы үшін шыңғырған! Айтулы батыр айықпай кеткен айбардан Арынды бұлақ атқылай шапқан қайнардан. Жарқ ете қалған қайқы бел алмас қылыштар Қараңғы түнге ай болған! Осы бір шумақтың өзінен-ақ түркмен жұртының қайтпас қайсар өр мінезі мен асқақ рухын тануға болады. Көз алдыңа ауыздығын қарш- қарш шайнап тыпыршып бір орнында тұра алмайтын кілең бір ақалтеке мінген, елі мен жерінің намысы үшін “жанымен үнсіз қоштасуға” даяр ақберен атпал азаматтар тізіліп тұра қалады. Олардың қолындағы жарқылдаған алмас қылыштар қараңғы түнге ай болғандай. Тұла бойың жел кернегендей дуылдап, өз-өзіңнен қуаттанып, қайраттанып бара жатасың. Дүйсенбек Түркменстанда дүниеге келген. Түркмендермен ең бір сүйектес, тілектес ағайын-туыстай боп қоян-қолтық алғаусыз араласқан. Ол елдің мінез-құлқын да, салт-дəстүрін де, əдебиеті мен мəдениетін де, тарихы мен аңыз əңгімелерін де бойына жас кезінен молынан сіңіріп өскен. Содан болса керек, ол түркмен халқының ұлы классик ақыны Мақтымқұлыны жеріне жеткізе аударып шықты. Ол енді бөлек əңгіме. Дутар сазын тағы бір тыңдап көрейікші. Не дер екен.

Ойы-қыры оймақтай-ақ осы аймақ, Көрмеді-ау бір шаттығына масайрап. Ту даламды тулақ етті қайтейін Мынау қырғын, мынау соғыс, ат ойнақ. Тауды төбе, қайраң қылған көлшікті Бұл ойранға шыдар емес жер тіпті. Ал қайрат қыл, қайран бахшым, серігім Астыңдағы ақ табаның мертікті. Қансыраcаң намысыңды тірек ет! Ақ алмаспен жау жүрегін іреп өт! Не боп қалды? Жер құштың ба, ант атқыр Көтер басты! Отырма олай жүрелеп. Бұдан дағы тұл болғаным көп жақсы. Көкірегімді бабауратпай кел, бахшы. Еркек болып жаудан қорғай алмадың Енді əйел боп туған жерге төк жасты. Бұл өлең – ту даласын тулақ етіп, тауын төбе, көлшігін қайраң қылған, ойран соңынан ойран салған лағынет атқыр отаршыларға қарсы айтылған өлең. Ерлікке, өрлікке үндеу. Бірақ, өлең өкінішпен, наламен аяқталады. Қайран ерлер қаптаған қалың жаудан жеңіліп тынады. Сол кезде дутар да сұңғағын созып жіберіп сыңарынан айрылған аққудай сұңқылдап қоя береді: “еркек болып жаудан қорғай алмадың, енді əйел боп туған жерге төк жасты.” Неткен қатал үкім, неткен аяусыз жазғыру! Нағыз түркмендік рух! Мен балаң, жас кезімде Дүйсенбек Қанатбаевтың қасында ең көп жүрген, бірге болған адамдардың бірімін. Оның тұрмыстық

тіршіліктегі басынан өткізген тауқыметтері мен қуаныштарын да, өмірге деген, өнерге деген көзқарастарын да бір кісідей жақсы білем. Қаламынан туған бүкіл шығармаларымен түгелдей жете таныспын. Бірден айтайын, насихатының аздығына қарамай, мен оны қазақтың бүгінгі таңдағы үлкен ақындарының бірі деп бар даусыммен айта алам. Олай болса, маған Дүйсенбек Қанатбаевтың негізгі тақырыбы – қандай тақырып, ұстанар ұстанымы не, тамыр салған топырағы қайда жатыр, оның өнердегі концепсиясын не деп білесің деген сауалдар қойылып жатса, мен оларды заңды сауалдар дер едім. Менің ойымша, Дүйсенбек Қанатбаевтың ең негізгі тақырыбы да, шығармашылық тағдыры да – сахара кеңістік, ұлы Дала. Ол ондаған жылдар бойы бүкіл саналы өмірін қалада өткізіп келе жатса да, өзінің адыраспаны сияқты даласынан екі елі ажырасып көрген емес. Оның жырларындағы қайғы мен қасірет те, дүрмек пен дүбір де, сор мен зобалаң да, мейірім мен қайырым да сол ұлан-ғайыр кеңістік үстінде, ұлы дала төсінде өтеді. Ол тіпті асқар Алатауға мақтаныш сезіммен қараса да кеңістікте тұрып мақтанады. Бірақ, ол еш уақта да сол асқар таулардың иығына шығып ап, өзінің байтақ даласына биіктеп қараған емес. Құдайға шүкір, қазақ поэзиясында шексіз кеңістік – Дала бейнесі аз жасалынған жоқ. Даланың шөлі мен көлін, қыстауы мен жайлауын, жолы мен жотасын, сортаңы мен майсасын, тағдыры мен тауқыметін, жаны мен малын, құсы мен аңын көрсететін поэтикалық полотнолар дүниеге келді. Яғни, əлемдік поэзияда болып көрмеген өлең тілімен жырлап тұрған тұтас галерея жасақталды. Мен бұл жерде «Əлемдік поэзияда болып көрмеген» деген сөзді бостан бос айтып отырғам жоқ. Асырып та айтып отыр деп ойламаңыздар. Шыны солай. Ал енді бұл сөзіме күмəн келтірсеңіздер, қане, айтыңыздаршы, қай ел, қай ұлттың поэзиясынан, қазақ ақындарындай Дала образын жасаған, Дала бейнесін асқақтатқан жырларды табар екенсіз. Таба алмайсыз. Тек біз өзіміз таныта алмай жатырмыз. Міне, осы алып галереядан Дүйсенбек Қанатбаевтың дала туралы шығармалары да ортадан ойып тұрып орын алғанына ешкім де пəк келтірмесе керек. Ол өз шығармалары арқылы Дала образын тың теңеу, ажарлы бояу, тосын суреттермен толықтырды. Дала төсінде болып жатқан сан түрлі, сан қилы құбылыстарды мүлде жаңаша, мүлде бөлек, ешкімге ұқсамайтын қалыпта қағазға түсіре білді. Өзінше көре алды

жəне өзінше көрсетті. «Киіз үй» өлеңіне көз жүгіртіңізші. Дала өзгеріп, жаңғырып жатыр. Оның төсіне басқа қарекет келіп, өзге тіршілік орнығуда. Əрине, ғасырлар бойы қанға сіңген салт-дəстүрлерден, қастерлі қасиеттерден арыла қою, олардан қол үзіп, мүлде енші алып кете қою оңай емес. Бірақ, өмір өз дегенін істемей қоймайды. Күні өткеннің көкірегінен итереді, күші қайтқанның төбесінен басады. Əрине, мұндай кезде ақын да ауытқымалы аласапыран күй кешеді. Ол өзінің осы бір аумалы-төкпелі көңіл күйін бір кезде кеңістікті ақ жұмыртқадай боп мекендеп тұрған киіз үй тағдыры арқылы береді. Жаңа өмірдің екпінін бойына сіңірген «өзі шайқап өсірген түлектері» киіз үй – ақ жұмыртқаны келмеске жіберді. Ақын қамығулы. Ақын қимас сезімнің құшағында. Бірақ, ол дəл осы жерде күрт өзгереді. Өйткені, ақын салт-дəстүрді қорғаушы ғана емес, сонымен бірге жаңа өмірді қолдаушы да: Біз оның ескі жұртын сызып тұрып, Орнына сарай салдық қызық қылып. Осылай ер жеткенде қанаттылар Самғайтын жұмыртқасын бұзып шығып. Бұл тек жұбату емес, əрине. Бұл жолдардың астарында талай-талай сыр, талай-талай гəп жатыр. Меніңше, Дүйсенбек даланы өзі көтеріп, өзі арқалап жүрген сияқты. Олай демеске амалым жоқ. Өйткені ол: Мен сені жүрем ылғи думандатып Керек жерде алдыма жайып тастап, – дейді ол. Оның дала төсінен тапқан теңеулерін, образдарын, метафорасын, штрихтары мен детальдарын айтып тауыса алмайсыз. Айтпай тағы тұра алмайсыз.

Дала сері, дала сал Мекені ғой ерке елдің. Шыр айналып қарасам Ұшындаймын циркульдің. Бұл суретке əсерленбеу, тапқырлығына таңданбау мүмкін бе? Қыр үстінде айқыш-ұйқыш жол жатыр Батырлардың найзасындай айқасып. Тұтас бір дала драмасы. Ойланасың, толғанасың. Бағзы бір замандармен еріксіз сырласып, еріксіз мұңданасың. Дүйсенбек суретті əйтеуір бір сурет үшін салмайды. Ол суреттер, сөз жоқ, тағдыр- талайымды болып келеді. Анадайда қарнын сипап балбал тұр Бір тостаған қалған сынды ішілмей. Бұған енді не дерсін. Бедірейген балбал тасқа да жан бітіп кетті. Оның үстіне, ол балбал таста, шын мəніндегі, кең етек, кең құрсақ далалықтың мінезі жатқан жоқ па? Ал киіз үйдің орнын айтса – Тек жұрты жатыр дөңгелеп Қоп-қоңыр пластинкадай. Көрдің бе, көшіп кеткен иесіз үйдің дөп-дөңгелек жұрты да, қоп-қоңыр пластинкаға айналып əн салып кетті. Дүйсенбек ақын үшін «торғайлар – қанатты қоңыраулар», «сартікен – алтын ине», «жетіқарақшы – жеті күлше», «күзгі киіз үйлер – малақайын басына баса киіп алған шаруа», «сортаңы – сорғыш қағаз»,

«жылт-жылт етіп іннен інге сүңгіген тышқандар – жанды сынаптар», асығып жүгіріп бара жатқан «бұлақтар – жерді тепшіп тігіп бара жатқан инелер», «зу атылған оқ жылан – электроспираль», т.т. Əрине, Дала образын жасауға бар талант қуатын, бар мүмкіндік қажыр- қайратын сарқа жұмсап келе жатқан Дүйсенбек Қанатбаев оның тек жоғарыдағыдай деталь-суреттерін ғана салып қойса, көп нəрсенің орыны толмай орта тартып қалғандай болар еді. Өйткені, Дала, ең алдымен, тағдыр, өмір. Адам тіршілігі. Заман мен Уақыт кеңістігі. Ал ол кеңістік қаншама қан жұтып, қайғы ішкен. Қаншама қасірет көріп, мұң арқалаған. Сондықтан да «қайғылы күймен тек қана, оянады əлі сол ауыл». Ол кеңістікті мекендеген елді де адамзат, ұлт басынан өткен тауқыметті оқиғалар айналып өткен емес. Ұлы кеңістік үстіндегі талас пен тартысты, келісім мен кетісуді, кісілік пен кісəпірлікті, имандылық пен имансыздықты, мəрттік пен нəмəрттікті шынашақтай кезінен көріп, танып өскен ақын сол кеңістіктей кең философиялық ой айтады. Құдайыңа адал болу – сол қиын, – дейді. Шынында да құдай алдында адал болудан өткен қиын, одан өткен азапты жол бар ма?! Адал болу – кісінің кісісінің, адамның адамының қолынан келмек. Ол үшін сен қаншама қорлыққа төзіп, қаншама зорлықты көріп, қаншама зомбылықты басыңнан өткізуің керек. Ол жолда сен қаншама мехнат шегіп, қаншама бейнет арқалайсың. Тағы да сен мехнат пен бейнеттің зейнетін еш уақытта көрмеуің мүмкін. Міне, ақынның бір жол өлеңі ғана қаншама жүк арқалап тұр. Өзінің кеңістігіндегі шыңыраудай терең мұндай жолдар Дүйсенбек Қанатбаев шығармаларында аз емес. Оларды ондап, жүздеп келтіре беруге болады. Бірақ, оның бəрін тізіп шығу мүмкін емес. Сан түсті, сан бояулы ол жолдарды бір-бірімен жымдастырып, бір-бірімен үйлестіріп, тұтас бір мозаика, ақынның өз тілімен айтқанда, «құрау көрпе» жасауға болар еді де, сонан кейін: Аман болсын əсем əлем бүп-бүтін

Аман болсын құрау-құрау дүние, – деп бəріміз қосылып тілек айтар ек. Дүйсенбектің өзінің даласына деген мейірім мен қайырымның орасан молдығы соншалықты, ол қозының көгенделіп, ботасының ноқталанғанына да күйінеді. Қаулап шыққан қойнаудың қолтығына Жіберейін раң мен мортығына. Қақпақтының тұсына қақпан құрып Жол бермеспін бөрінің жортуына. Ақын енді ұлы даласының кеңістігіне азулы ажал, аузы қан жыртқышты кіргізбек емес. Жыртқыштықтың алдында қақпан боп жатып алмақ. Дүйсенбек бұл өлеңінде тағы да дала туралы: Жете алмаған еш қыран шырқауына Шыңырауын еш қауға сарқа алмаған, – деп толғанады. Біз бүгін Дүйсенбекке шырқауына жете алмасаң да, қыран боп самғап, шыңыраудан сарқа алмасаң да, мейір қандырар жырлар алып шыға бер демекпіз. ҚИМАС АСЫЛ ДОСЫМ-АЙ... Түн жарымы ауып қалған кез еді. Үйдегі бала-шағалар жатып, ересектері енді жатуға жиналап жатқан-ды. Ал, мен керекті бір қағаздарымды таба алмай көне бір папкілерімді қопарыстырып, өз- өзімнен əбігерге түсіп отырғам. Кенет телефон безілдеп қоя берді. Беймезгіл уақытта телефон шалып тұрған кім екен, шамасы бір шұғыл

шаруасы болған-ау деп, тұтқаны құлағыма тостым. – Темірхан, бұл Төлеген ағаң ғой, – дейді. Дауысы бір түрлі қарлығып, құмығып естілетіндей. – Қай Төлеген? – Төлеген Жұмабеков. Сайлаубектің ағасы. Көңілімде ештеңе жоқ мен: «Ассалаумағалейкүм, Төке. Қалдарыңыз қалай? Жайшылық па? – деп жатырмын. Төлеген ағаның даусы қатты қамығып естілді: – Жайшылық болмай тұр ғой. Əлгінде ғана есіттік. Сайлаубек пен Санжарбек авариядан қайтыс болды. – Құдай-ау, не дейді!? Төке-ау, не айтып тұрсыз?! Қалай?.. Тұла бойым қорғасындай ауырлап, буын-буынымнан əл кетіп, қапелімде орнымнан тұра алмай, отырдым да қалдым... ... Сонан кейін Сайлаубектің үйіне бардық. Қос арысынан айрылған Зибагүл естіген жұрттың төбе құйқасын шымырлатып аңырап отыр. Қанша өзін-өзі ұстайын десе де, Төлеген ағаның көзінен де ыстық жас ыршып-ыршып кетеді. Барлас, Жалғас, Қайраттарда өң-түс жоқ. Сең соққандай сергелдең халде. Олардың əрқайсысын бауырыма басып, ұзақ егілдім. Олар да бүкіл шері мен шеменін ақтарғандай еңкілдеп жылайды. Келесі күні үйінде бір түнетіп, екеуін де Жазушылар одағынан ақтық сапарға шығарып салдық. Жазушылар одағының алдында өткен қаралы жиынға халық көп жиналды. Ол қаралы жиында маған да сөз берілді. Бұл жерде сол сөзімді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. Қайран, асыл досым Сайлаубек! Сен де, міне, бəрімізді ойда жоқта опындырып, өмірден озып барасың! Құдай-ау, мына тірлікте сен туралы қоштасу сөз айтамын деп ойлаппын ба?! Мұз шайнап, от жалағандай болып тұрмын! Сен екеуміз осыдан 42 жыл бұрын, яғни 1965 жылы, күздің осындай бір сарыала мезгілінде танысып-табысып едік. Содан бері, тіпті, бір- бірімізден алыста жүрген шақтарда да, жан-жұбымыз ажыраған емес. 42 жыл бойы арамыздан қыл өтпейтін дос болдық. 42 жыл бойы бізді жалғастырып тұрған мың тініміздің бірі де үзілмепті.Үзілмек түгілі не сетінеп, селкеу тартпапты. Тіпті, кейбір жағдайларға деген

көзқарасымыз əртүрлі бола тұра, бір-бірімізді кінəраттап, бір-бірімізге ренжіп көрмеппіз. Аумалы-төкпелі мына заманда жамандық көрсем де, жақсылық көрсем де, алдымен сен жететін едің. Алған бетіңнен қайтпайтын бірбеткей едің. Ешкімнің артынан бықсып сөз айтпайтынсың. Айтатыныңды бетіне шыжғырып тұрып айтатынсың. Қаншама аңқылдап, ақтарылып жүрсең де, сыр шашпайтын берік болатынсың. Сенің осы мінезіңе риза болған мен: «Құлыптаулы қара сейфім-ай» дейтін едім. Сен өз ғұмырыңда қыруар еңбек бітірдің. Қазақ сынының айбарын асырып, мəртебесін көтеруге үлкен үлес қостың. Қазақ сынының көкейкесті, ең түйткілді, түйінді мəселелеріне батыл барып, іргелі- іргелі қаламгерлер, аса ірі тұлғалар Тəкен Əлімқұлов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Əбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменовтердің шығармашылығына тұтас кітаптар, қомақты эсселер, салиқалы сын мақалалар арнадың. Ол еңбектердің қай-қайсы да əдебиетіміздің айшықты беттерінде ұзақ өмір сүретініне біз кəміл сенімдіміз. Қайран, Сайлаубек досым-ай! Сенің енді арқа-жарқа боп, аңқылдап-жарқылдап, дүбіліс, дүбір тудырып, айналаңды дүйім бір жұрт көшіп жатқандай етіп жіберетін саңқылдаған даусыңның енді естілмейтіні өкінішті. Сенің енді тігілген үйдей боп отыратын мол денеңді көре алмайтынымыз өкінішті. Əлі айтамын, жазамын деген қаншама жоспарларың бар еді. Солардың орындалмай қалғаны өкінішті. Қайран Сайлаубек! Мен үшін сенің мына өмірдегі орның опырайып, үңірейіп қалды. Ол орынды енді ешкім толтыра алмайды. Ең өкініштісі, Сайлаубек айналайыным-ау,

өзің жаныңдай жақсы көретін кенжең, бəріміз де болашағынан үлкен үміт күтетін Санжарбектің де о дүниеге өзіңмен бірге кеткені болып тұр. Олай дейтінім, біздер, оның ішінде сен де, мен де бармыз, не болғанда да, мына өмірдің ащысын да, тұщысын да, қызығын да, шыжығын да азды-көпті көріп үлгердік қой. Ал, Санжарбекжанның он екіде бір гүлі ашылмаған еді ғой. Көктей солды ғой жас түлек! Қайтесің, осындай ауыр қаза үстінде де Алла Тағала пендесінің шүкіршілік етуін қалайды. Олай болса, шүкір, ғұмыр бойы сенің қасың мен қабағыңа қарап, айтқан сөздеріңнің бəрін бұйрық пен жарлықтай қабылдап, бұлжытпай орындаған адал да асыл жарың Зибагүл, алтын асықтай ұлдарың Барлас, Жалғас, Қайрат пен немерелерің, бірге тумаса да, саған туған ағаңдай қамқор болғанТөлеген ағаң бастаған аға, іні, қарындастарың қалды. Шүкір! Жабыққанда жан-жүрегінің лебімен дем берген достарың қалды. Шүкір! Басқа не айтамыз. Бақұл болыңдар, асыл дос Сайлаубек, қимас перзент Санжарбек! Қаралы жиында менен басқа да Сайлаубектің ұстаздары, үзеңгілес достары, жүректері күйреп-күйзелгендей боп, егіліп тұрып сөз сөйледі. Сонан кейін мəңгілік мекен Кеңсайға апарып, екеуін Жер-ананың құшағына бердік. «Жатқан жерлерің жəннатта болсын», – деп топырақ салдық. Аруақтарына бағыштап аят оқылды. Егіліп, үзіліп тұрып қош айтыстық. Бірақ сол кезде біз əлі ол аварияның қалай болғанын білмейтін едік. Əркім əртүрлі айтады, əр түрлі қисын келтіреді. Тіпті, мен өзім алғашқыда Сайлаубектің аяқ астынан Астанаға жол тартқанын түсінбей дал болдым. Өйткені, біз бір күн бұрын ғана жұмыста бірге болдық. Əншейінде бірер сағатқа сұранып немесе айтып кететін ол Астана жайында бір ауыз сөз қозғамаған. Сөйтсем, Зибагүлдің айтуынша, жолға шығу мəселесі шұғыл түрде шешіліпті. Осында, Алматыда іссапармен жүрген Санжарбек қайтар кезі жақындағанда, машина сатып алады. Ал, Сайлаубек баласын ұзақ жолға жалғыз жібергісі келмей, онымен бірге Астанаға дейін барып,

келесі күні кері қайтпақ болады. Əйтеуір, не керек, келесі күні жолға шығады. Сонымен... Алматы-Астана трассасының 270-ші шақырымында машина апатқа ұшырайды. Қалай апат болды? Неден болды? Міне, осы сұрақтарға əлі күнге жауап жоқ. Тағы да машина өзі жүріп келе жатқан жағына емес, трассаның қарсы бет жағына аударылған. Оған не себеп? Екеуі де аударылған жерде ұзақ жатып қалған. Құдай-ау трасса үсті ағылып жатқан машина ғой. Ол машинадағы адамдардың бəрі жол жиегінде жайрап жатқан жандарды, қирап жатқан машинаны сөз жоқ көрді ғой. Солардың қай-қайсысы да тиісті орындарға дер кезінде хабар беруге болады ғой. Əлде, хабар берілсе де, тиісті орындар не шабандық, не салғырттық танытты ма? Əлде... Əлде... Əйтеуір, ойлансаң-ақ самсап шыға келетін сан сұрақтың түбіне жете алмайсың. Ең сұмдығы, Санжарбектің қалтасындағы ұялы телефоны мен сексен мыңдай теңгесін əлдекімдер алып кетіпті. Кімнің алғаны белгісіз. Анық білмегеннен кейін, мынау шығар деп болжам айтудың өзі де күнə. Өліп жатқан адамды да тонайтын қандай зұлым, қандай қаскөй, қандай қатыгез заманда өмір сүріп жатырмыз, Құдай-ау! Осындай сұмдықтарды көре-көре немесе ести-ести кейде мына өмірден мүлде шығынып, қос қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді. *** Сайлаубек пен мені, əлгінде айтып өткенімдей, сарыала күздің тамылжып тұрған бір күнінде, маған əрі ағайын, əрі ауылдас болып келетін Балтакесті Өтебеков деген жігіт таныстырып еді. Мен ол кезде республикадағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы болып саналатын Абай атындағы педагогикалық институттың екінші курсында оқып жүргем. Ал, Сайлаубектердің КазМУ-дың бірінші курсына енді түскен беттері. Ол кезде бəріміздің де сымға тартқандай талдырмаш, тарамыс кездеріміз. Сайлаубек пен мен екеуміз танысқан бойда табысып кеттік деуге болады. Бірден-ақ ежелгі сыралғы достардай емен-жарқын əңгіме- дүкен құрып, өзіміз де, сөзіміз де жарасқандай боп, ешқандай тосырқамай да, бір-бірімізге тосын мінез көрсетпей де, тізе қосып, қатар жүріп кеттік. Ə дегеннен бір-бірімізді жақын тартып, бір-

бірімізге құлай жығылғанымыз сонша, енді ол маған жерлес десе жерлес, ағайын десе ағайын, Балтакестіден де жиі келетін болды. Мен де жиі-жиі іздеп барамын. Сол кездесулерде əңгімеміз махаббат, қыз-қырқыннан гөрі, əдебиетке көбірек ойысып кете беретін. О бастан-ақ қазақ əдебиетін жақсы оқып- біліп келген ол көп ұзамай, орыс, шет ел əдебиеті туралы да жиі-жиі айтатын болды. Əсіресе, оған бұл тұста жақын нағашы боп келетін Асқар Сүлейменовтың əсер-ықпалы көп тиді деуге болады. Ол кезде Асқар Сүлейменовтың есімі зиялы қауым арасында үлкен құрметпен аталатын. Оның білімпаздығы, шешендігі, қайтпас қайсарлығы ауыздан-ауызға аңыз болып тарайтын. Əлі есімде, Сайлаубек екеуміз 1966 жылы Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына қатыстық. Əрине, оған біз сияқтыларды кіргізе салмайды. Өйткені, Жазушылар одағының мүшесі емеспіз. Мен Жұмекен ағадан, ал, ол Асқар ағасынан бір-бір шақыру қағазын қолға түсіргенбіз. Сонымен кірдік. Құрылтай жүріп жатыр. Төрде Мəскеуден, одақтас республикалардан атақтары жер жаратын небір жақсылар мен жайсаңдар отыр. Жазушылардың бірінен соң бірі шығып сөйлеуде. Байқаймыз көбісі бірін-бірі қайталайды. Алдымен, коммунистік партияның көрегендігі мен кемеңгерлігін мақтайды. Социалистік реализмді əспеттейді.Буржуазиялық қоғамды түкке алғысыз етіп, бужуазиялық реализмнің итсілікпесін шығарады. Социализмнің мəртебесі мен мерейін асыратын жарқын шығармалар беру керектігін айтады. Жаттанды. Əуелде желпініп кірген Сайлаубек екеуміз əрі-беріден кейін жалыға бастадық. Бір кезде сөз Асқар Сүлейменовке берілді. Мен Асқар ағамыздың терең білімді, аузымен құс тістеген шешен екенін сонда көрдім. Ол ондаған жылдар бойы сананы сартап, талғамды таптаурын етіп келген, қатып-семіп қалған сірескен схемалар мен қасаң стандарттардың быт-шытын шығарып сөйледі. Ол мінбеден түскеннен кейін жиналысты жүргізіп отырған төраға оған қатқыл дауыспен зекігендей болып, ескерту жасады. Асекеңнің таймас қайсар мінезді адам екенін сонда көрдік. Жөнсіз жасалынған ескертуге қарсылық ретінде Асекең жəне Əбіш Кекілбаев, Алтыншаш Жағанова үшеуі құрылтайды тастап шығып кетті. Сол күні нағашысы үшін

Сайлаубектің мақтанғанын көрсеңіз. Шынында да, ол мақтанса мақтанатындай-ақ оқиға еді. Міне, сол Асекең Сайлаубекті көп баулыды. Ол тəрбиенің ықпал-əсері Сайлаубек арқылы маған да тиіп жатты. Асекеңнің айтуымен ол мынадай-мынадай жазушылардың мынадай-мынадай шығармаларын оқып жатырмын дейді. Жалпы менің бойымда, ол қаншалықты жақсы, қаншалықты жаман, оны білмеймін, біреуден қалмайын деген ұмтылушылық, бүгінгі тілмен айтқанда, бəсекелестік қабілет қатты дамыған. Содан ба, мен де Сайлаубектен қалмайын деп іргеміздегі Пушкин кітапханасына жиі-жиі барып, кітап дүкендерін жиі-жиі аралайтын болдым. Жалпы мен өз өмірімде, бағыма орай, көп оқитын, көп ізденетін адамдарға жақын жүрдім. Бұл тұрғыда маған Жұмекен, Əбіш ағаларымның, кейінірек Сайымжан ағамның ықпалдары көп тиді. Олардың қай-қайсысы да білімдері ауқымды азаматтар болды. Бұл қатарға мен Сайлаубекті де қосар едім. Сайлаубек, сөз жоқ, Асқар Сүлейменов ағасына көп еліктеді, тек еліктеп қана қоймай, одан бойына көп қасиеттерді сіңіре де білді. Ең алдымен, оның Асекеңнен алғаны, қай нəрсеге де, белгілі бір шығармаға болсын, айнала болып жатқан құбылыстарға болсын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға болсын, жұрттың айтуымен жығыла кетпей, өз көзқарасы болу керектігін қалыптастырды дер едім. Алғашқы жылдары, басқаны былай қойғанда, оның күнделікті өмір сүру жүйесінен де, тіпті сөйлеу мəнерінен де Асқар Сүлейменовтің əдеті мен салты көрініп тұрушы еді. Мəселен, ол да күйлердің пластинкаларын жинап, соларды ұзақ уақыт бойы тыңдап отыратын. Шахматты да жақсы меңгеріп алды. Небір күрделі дебюттерді жатқа білетін. Əрине, о бастағы бұл балаң еліктеулер, жалаң еліктеу ғана болып қалған жоқ. Олардың бəрі Сайлаубек бойына терең тамыр салып, бара-бара оның да əдеті мен салтына айналып, оны бұрынғыдан да байыта түсті деп ойлаймын. Жаныңда жүрген адамның жан- дүниесінің бай болуы, дүние-танымының кең болуы, біле білсең, ол да бір Алла тағаланың басыңа берген бағы ғой. Кезінде мектепті күміс медальмен үздік бітірген Сайлаубек университетті де жақсы тамамдады. Жақсы тамамдап қана қоймай

аспирантурасына түсті. Қорғайтын тақырыбын да бекітіп алды. Бірақ, ол бір күні нілдей бұзылды да, ғылыми жұмыспен айналысқысы келмейтінін айтып, аспирантураны тастады да кетті. Содан кейін, ол таза сыншылық жолға түсті. Əрине, сыншы болу үшін талант-таралғы, қабілет–қарыммен бірге, жан жақты үлкен білім керектігі бесенеден белгілі болса керек. Ғылым деген, не болғанда да, белгілі бір тақырып аясында қалып қояды. Оны біз қазіргі таңда да жиі көріп жүрміз. Əсілі, Сайлаубек осыны ерте түсінген болуы керек. Оның бастамай жатып, ғылыммен тез қоштасуына осы жағдай себеп болды ма деп ойлаймын. Оның үстіне, Сайлаубек те, бəріміз сияқты тұрмыс тапшылығын көрудей-ақ көрді. Пəтерден соң пəтер жалдап, əркімге бір тəуелді болып, күркешіктерде де отырды. Бірақ, құдай оңдап, күндердің күнінде қазіргі əкімдік тұрған жердің маңынан туған-туыстарының көмегімен, құрқылтайдың ұясындай ғана жер үй сатып алды. Үш төрт адам ғана зорға сыятын тап-тар үй. Бірақ, өз үйі! Дүниеге балалар да келе бастады. Ал, оларды аспиранттың стипендиясымен асырай алмайсың ғой. Оларды тек қызмет істеп жүріп қана дұрыс жетілдіруің мүмкін. Міне, бұл тұрмыстық фактор да Сайлаубектің ғылымнан қол үзуіне себепкер болса керек. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейін, Сайлаубек пен Зибагүл екеуі төрт ұл сүйді. Екеуі де бала тəрбиесіне аса мұқият, аса тыңғылықты қарады. Екеуі де оларға талап қойғыш болып шықты. Балаларының жүріп тұруын, қандай кітап оқу керек, қай уақытта сабақ оқу керек, əйтеуір, бəрін-бəрін белгілеп, солардың орындалуын қатаң қадағалайтын. Ал бұлардың бəрі адамнан қаншама күш қуатты, қаншама қайрат жігерді қажет ететіні кім-кімге де белгілі болса керек. Сайлаубек пен Зибагүл бойынан сол ерік жігер мен қайрат қуат табыла білді. Олар сол төккен тер мен берген қуаттың жемісін де көрді. Барлық баласы мектепті алтын, күміс медальдармен бітіріп, жоғарғы оқу орындарына еш қиналмастан өз күштерімен түсіп кетті. Сайлаубек оларды оқуға түсіру үшін адам да іздеген жоқ, ол адамға беретін қаржы да іздеген жоқ. Балалары оқуға түскенде, жууға ғана шығынданғаны болмаса, басқаға басын ауыртпады, жүгіріп табанын тоздырмады. Қазір сол балаларының бəрі сан салада қызмет істеп жүр. Сайлаубекке құдай Зибагүлдей асыл жар берді. Зибагүл Сайлаубектің қас–қабағына қарап, келімді-кетімді қонақтарға да қызметін көрсетіп,

төрт баланың да жағдайын жасап, оның үстіне, өзі де ғұмыр бойы жұмыс істеп, бір тыным таппайтын. Бұл үймен қаншама қарым- қатынаста жүрген біз Зибагүлдің бір рет те ренжіп, не қабақ шытып, тымырайып отырғанын көрмеппіз. Ол с Сайлаубектің шын мəніндегі жан жары, Құдай қосқан қосағы болды! Достың достығы басына іс түскенде білінеді деген тап рас. Ол кезде Сайлаубектің қай жерде жұмыс істеп жүргені дəл қазір есімде жоқ, əйтеуір мен Қазақ телевидениесінде жүргем. Бір күні əкең қатаң жатыр дегеннен кейін буынып түйініп, əйел, бала шағаларыммен ауылға кеткем. Анам бір жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Төсек тартып қалған əкеме қарайтын жан жоқ. Содан əкемді төрт ай күтіп, ақтық сапарға шығарып сап, Алматыға қайта келсем, мені жұмысқа кешікті деп қызметімнен босатып жіберіпті. Бұл өмірдің əкең өліп қалса да қайрылып қарамайтын қайырымсыз қаталдығын сонда алғаш білдім! Содан далада қалдым. Вокзалға барып жүк түсірдім, ет комбинатының тоңазытқыш цехында жүкші болдым. Малая станица деген мекенде ақ амур деген балық өсіретін көлшіктер бар екен, сонда жұмысшы болдым. Қолым қалт еткенде редакцияларды аралап, жұмыс іздеймін. Бəрін дерлік əлденеше адақтап шықтым деуге болады. Бірақ, бірде біреуі табалдырығынан аттатпақ түгілі, маңынан жүргізбейді. Міне, осындай моральдық жағынан күйзелтіп, тұрмыс жағынан жаншып жіберетін қиындықта жүрген кезімде менімен бірер адам ғана қатысты. Мені бірер адам ғана іздеді. Соның бірі, тіпті бірегейі Сайлаубек, айналайын, болды. Қай жерге көшіп кетсем де, қай жерде қолымды күс, иығымды жара етіп, қан сорпам шығып, жұмыс істеп жүрсем де, əйтеуір, ол мені тауып алатын. Əңгімесін айтатын, қабаржып жүрген көңілімді көтеретін, əдебиетте болып жатқан қалт еткен жаңалықты жеткізетін, кейде ол кезде Зибагүлдің елінен келіп тұратын майы сорғалаған қаяз деген балықты қағазға орап алып кеп, сыраханаға алып кететін. Əйтеуір, Сайлаубек сол бір жаным жүдеу тартып, шаршап жүрген жылдары қасымнан табылды. Күндердің күнінде бірде-бір редакция мені табалдырығынан аттатпай қойғаннан кейін, бала-шағамды шұбыртып, Маңғыстау қайдасың деп тартып отырдым. Ол кезде Маңғыстаудың атағы жер жарып, дүниені дүңкілдетіп тұрған кезі. Тек барсаң болды, ақшаны күреп тауып,

қапшыққа сала беретіндей сөздер айтылады. Жаспын ғой, сол сөздерге қатты еліккен болуым керек. Əбден тұрмыс қажытып, діңкелеп жүрген адам ондай сөздерге елікпей қайтсін! Жиған-терген аз-мұз кітабымды Сайлаубек пен Дүйсенбектің үйіне теңдей бөліп, аманат етіп қалдырдым да, жолға шықтым. Иіні келіп тұрғанда, айта кетейін, мені Маңғыстауға ешқандай романтика емес, тұрмыс айдап барды. Сол кеткеннен мен ол жақта 25 жыл жүрдім... Бұл жерде менің айтайын дегенім, алыста қиян шет, қиыр өлкеде жүрсем де, айналайын Сайлаубек тағы да жанымнан табылды. Яғни, үздіксіз хабарласып тұрды. Бірде – бір хабарын үзген жоқ. Біршама уақыттан кейін, ол «Қазақ əдебиеті» газетіне ауысты да, менімен хабарласуын бұрынғысынан да үдетіп жіберді. Сөйтіп жүргенде, күндердің бір күнінде аса бір құрмет тұтып, сыйлайтын ақын ағам менің шығармашылығым туралы «Қазақ əдебиетінің» бетінде қатал мақала жариялады. Əрине, ол мақаланың, білген адамға пайдалы, құлақ қояр жақтары да аз емес. Бірақ, ол мақаладағы құрылған жүйе, яғни, менің кемшілігімді тым қазбалап, жерге тыққандай етіп тұқыртып сөйлегені жаныма қатты батты. Мен ол мақала шыққанға дейін көлемді сын мақала түгілі, рецензия жазып көрмеген екем. Амал жоқ, өз позициямды қорғауым керек болды. Сайлаубекке хабарластым. Ол: «Жазам десең өзің біл, Шер ағаңа (Шерхан ағамыз – бас редактор) ұсынып көрейін», – деді. Қарсы мақаламды жаздым да жібердім. Əдеби сындағы тұңғыш мақалам болса да, жаман шықпаған сияқты. Көп ұзамай, ол мақала жарқ ете қалсын. Сол мақаладан кейін-ақ өлеңмен бірге сын жанрын да қатар алып жүретін болдым. Сын мақалалар кітабым жарық көріп те үлгерді. Бүгінде ойлаймын, егер сол тұста Сайлаубек «Қазақ əдебиетінде» жұмыс істеп жүрмегенде, ол мақала жарық көрер ме еді, көрмес пе еді деп. Ал, ол мақала жарық көрмесе, менің одан əрі қарай сын жанрына бара қоюым екіталай еді. Яғни, менің сынға баруыма, əдебиеттің қыры мен сырына одан сайын қанығып, оның проблемаларын талқылауға қатысуыма Сайлаубек бірден-бір ықпал етті деп ойлаймын.

Сайлаубектің сыншы болып əбден қалыптасқан кезі де, жұртқа кеңінен танылған тұсы да сол «Қазақ əдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүрген жылдары деп білемін. Ол жылдар «Қазақ əдебиеті» газетінің сын жанры өркендеуіне айрықша көңіл бөлген жылдар еді. Əрине, ең алдымен, басшыға байланысты ғой. Дəлірек айтсақ, қай жерде редактор болса да, сол жердің бағын ашатын Шер ағаңның іскерлігінің арқасы. Солай бола тұра, сол газет бетінде қазақ сынының беделі мен мерейін көтеруде бел буып, білек сыбанып жұмыс істеген Сайлаубектің де еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Сол жылдары «Қазақ əдебиеті» газетінің бетінде, əсіресе, қазақ сынының маңдайы жарқырап ашылуына Сайлаубектің де еңбегі зор деп білемін. Жаныңды түсінетін, не нəрсені де айтқызбай-ақ, қасы-қабағыңнан ұғатын жақын доспен бірге жұмыс істеген қандай жақсы! Жұмыста не болмайды. Бірде күн шыққандай қуансаң, енді бірде бұлт басқандай ренжисің. Ондайда жақын досың ренішіңмен де, қуанышыңмен де бөлісіп отырады. Бір-біріңді жебейсің, бір-біріңе демеу боласың. Несін айтасың біз бұрынғыдан да жақындаса түстік. Бəріміз жақсы білеміз, 2ОО2 жылы Қазақстан жазушыларыныңкезектіқұрылтайыболды.Жазушылар одағының хатшылығына біраз жұрт қолдау көрсетеміз дегеннен кейін, мен де кандидатурамды ұсындым. Өтпей қалдым. Несін жасырам, құлап қалған оңай ма, күйреп, күйзеліп кетпесем де, жанымның жабырқап қалғаны рас. Сегіз ай, сегіз күн үйде жаттым. Жұмыссыз ұзақ жатып қалдың ғой дегендерге: – Құлағанда да қатты құлаған екенмін, жамбасымды əлі ала алмай жатырмын, – деп əзілдейтінмін. Кейіннен «Ақиқат» журналына бас редактор болып тағайындалдым. Көп ұзамай, неге екені белгісіз, Сайлаубек те Жазушылар одағынан кетіп, «Қазақ əдебиетінде» жұмыс істеп жүрген. Бір күні ол: – Темке, бұрынғыдай емес, мына жер маған, жас келіп қалғаннан кейін бе, ауырлау болып жүр, егер, мүмкіндік болып жатса, сен жаққа ойыссам қайтеді, – деді. Көп ұзамай, күтпеген жерде бір орынның да орайы келе қалғаны. Əрине, бұл əңгіменің бəрін тəптіштеп айтып отырған себебім, негізгі айтылар сөзім жұртқа неғұрлым түсінікті болсын деген ниеттен туып отыр. Менің туған күніме, жыл сайын, бала-шағамнан басқа, тек Сайлаубек пен Зибагүл ғана келетін. Алматыға көшіп келгелі олардың келмей

қалған күні болған емес. Сол дəстүрмен екеуі əдеттегідей гүлдерін құшақтап келе қалды. Дастархан басына жайғастық. Өткен-кеткенді айтып əңгіме дүкен құрдық. Несін жасырам, ащы судан да алып қойып отырмыз. Бой қызды, ой кеңіді, тіл шешілді. Бір кезде неге екенін білмеймін, төтесінен: – Сен, осы өткен сайлауда кімге дауыс бердің, маған ба, Нұрланға ма? – дегенім. Сайлаубек ешқандай мүдірместен: – Нұрланға дауыс бердім, – деді. Сайлаубек өзін де, өзгені де алдау дегенді білмейтін. Досты алдау, қанша ауыр болса да ол үшін күнə болып саналатын. Əрине, шындығын айтты. Мен ренжіп қалдым. Пендешілікпен артықтау сөздер де айтып жіберген болуым керек. Ол сөздерім Сайлаубектің көңіліне тиді ме, тимеді ме білмеймін, өйткені, ол ештеңе дей қойған жоқ, тек Зибагүлдің қабағын шытып отырып қалғаны есімде. Ертеңіне екеуміз де жұмысқа бардық, бірақ арамызда түк болмағандай, кешегі əңгімені қайта қозғап бықсытқан жоқпыз. Біраз уақыт өткеннен кейін, тілімнің тағы да қыши қойғаны бар емес пе: – Сайлаубек, байқаймын, осы Нұрлан екеуіңнің араларың салқын тартып қалғандай. Не боп қалып еді? – дедім. Ол: – Ештеңе де болған жоқ. Ол тек мені өзіне емес, Сізге дауыс берді деп, іштей өкпелеп, күдіктеніп жүруі мүмкін. Ал мен кімге дауыс бергенімді өткен жолы өзіңізге айтқам. Құдайды да, өзімді де, өзгені де алдай алмаймын ғой. Шыным сол. Басқаша, Нұрланмен сөзге келген емеспіз, – деді. Мен бұл əңгімені бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып отырған себебім, Нұрлан мен туралы не десе о десін, о дүниелік болып кеткен адамның соңынан пендешілік жасап, ғайбат сөз айтпасын деп айтып отырмын... Сайлаубек, əдетте сырт көзге салдыр-салақтау болып көрінгенмен, жұмысқа келгенде аса мұқият еді. Бір ісінен де шашау таппайтынсың. Бəрі орын орнында хатталып, қатарласып тұра қалатын. Мен оның бірде-бір рет қойын қалтасына телефон, блокнот салып жүргенін көрген емеспін. Жады өте берік еді. Бейне бір анықтама бюросы сияқты еді. Қаншама автобустардың нөмірі мен маршруттарын сұрасам болды, жатқа айтатын. Бұдан үш төрт жыл бұрын, бірер рет қана телефон шалған адамның телефон нөмірін ойланбастан айтып беретін. Шет елдің болсын, өзіміздің болсын, жазушылар шығармашылығындағы

өзіне ұнаған абзацтарды түйдек-түйдегімен соғатын. Бірақ, ол қабілетін көрсетіп, білгішсініп көзге түсе бермейін дейтін болуы керек, кез келген жерге киліктіре бермейтін. Орайы мен оңтайы келгенде ғана айтатын. Бұл жерде тағы да айтпауға болмайтын нəрсе, Сайлаубектің кітапханасы дер едім. Сайлаубектің кітапханасы – мен білетін кітапханалардың ішіндегі бай кітапханалардың бірі. Тағы да бір текті емес, əр текті: музыка, өнер, философия, архитектура, тарих, əдебиет боса болмасын, əйтеуір бəрі қамтылған. Сайлаубектің дүниетануының кеңдігі содан болса керек. Ол ғұмыр бойы кітап жинап өтті. Кітапханасын кез келген адамға көрсетпек түгілі, табалдырығынан аттатпайтын. Тіпті, балаларының өзіне рұқсатты сирек беретін. Ал, бірақ маған келгенде кең жайлау еді. Маңғыстаудан келген сайын, кітапханасында жататынмын. Көңілі жақын біреулер керек кітабын таба алмай, ақырында Сайлаубекке кеп: – Сенде ол кітап бар ғой, шамалы уақытқа бере тұршы, қарап шыққан бойда кері қайтарып берем, – деп қиылып сұрап қоймаса, кітапты берсе де, қолхат жаздырып алып қана беретін. Бірде оның осы мінезін айтып күліп отырғанбыз. «Ойбай, Темке-ау, несіне күлесіз, ондай қолхатты сіз де жазғансыз», – дегені. «Қой, Сайлаубек, мен сенен ешқандай кітап алған емеспін», – дедім. «Бұдан жиырма бес жыл бұрын француз ақыны Аполлинерді алғансыз, қолхатыңыз үйде тұр, сенбесеңіз ертең əкеп көрсетейін», – деді. Ертеңіне əбден сарғайып кеткен бір қағазды əкеп тұр. «Міне, қолхатыңыз». Бүктеуін жазып, ашып қарасам, шынында да, менің қолхатым. «Түу, саған дауа жоқ екен», – дедім.. Сайлаубек туралы айта берсем, сөз көп. Құбылып тұрған бұл өмірде қуансам да, ренжісем де алдымен көз алдыма Сайлаубек келеді. Ондайда сырлас та мұңдас досымды аңсап, жападан жалғыз қалғандай боп, іштей мүжіліп, іштей егіліп, үн-түнсіз отырып қалам. Қимас асыл досым-ай, орның бөлек екен ғой. ЖҰЛДЫЗЫНАН ЖАҢЫЛМАҒАН АҚЫН

Туған жердің қар, мұзы, Аязыңмен жуындыр. Туған жердің бал қызы, Бұрымыңмен буындыр. Туған жердің бұлағы, Толқыныңмен ат мені. Туған жердің жыланы, Шырылдатып шақ мені. Туған жердің шеңгелі, Тырна аямай бетімді. Туған жердің ермені, Аузыма құй өтімді. Туған жердің доңызы, Қан жоса қып жарып кет. Туған жердің қоңызы, Домалатып алып кет. Туған жердің қасқыры, Кемір, ақын сүйегін. Туған жердің тас, құмы, Сені осылай сүйемін, – дейді арқалы ақын Жəркен Бөдешұлы. Бұл өлең, сөз жоқ, ақылы кем аусар немесе “тіпəй, кəпір” дегізетін əумесер болмаса, елім деп еміреніп, жерім деп тебірене алатын кім-кімнің де алпыс екі тамырын тарпаңның қыл құйрығынан ескен шылбырдай шиыршық аттырып, шыңнан құлаған тау суындай бұлқан-талқан еткізіп жібере алатын өлең. Бұл өлең – жаныңның мүлгіп кеткен алыс бір түкпірінде астан- кестен дауыл тұрғызып, санаңның қалғып кеткен қиян бір қатпарында алай-дүлей бұрқақ соқтырып, жүрегіңнің ең бір сезімтал, ең бір сергек алқабында алапат сілкініс тудыратын өлең. Мұндай өлең, əдетте ыстық ықылас, ынтық көңіл, аста төк аңсар сезіммен бірге, туған жерге деген

ұлы махаббаттан туады. Ұлы махаббаттан! Мен осы өлеңнен Махамбеттің “Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, ел қорыған мен едім, мен де айрылдым елімнен, көл қорыған сен едің, сен де айрылдың көліңнен, Аспанда ұшқан қызғыш құс, сені көлден айырған, лашын құстың тепкіні, мені елден айырған, хан Жəңгірдің екпіні” деп қайтара соғып, қайырыла сөйлейтін, ғасырлар астынан естілетін “Қызғыш құсының” қанатының суылын; Мағжанның “Сағымы сайран құрады, бораны ұлып тұрады, Қыс – ақ кебін, Жаз – сары. Орманы жоқ, шуы жоқ,Тауы да жоқ, суы жоқ, Мəңгі өлік сахарасы. Сарыарқа деген жерім бар, Неге екенін білмеймін – Сол Арқамды сүйемін” деп туған жері үшін ет- жүрегі елжіреп, сүйегі үгітіліп тұрған “Сүйемін” өлеңінің оттай ыстық лебі мен демін; Төлеген Айбергеновтің “Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп. Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп, жеріне тартып отырады екен, моншақтап жасы боздаумен, омырауын жасқа толтырып” деген əрі қайсар, əрі қасіретті жолдарындағы ерек екпінді ағысты сезгендей боласың. Өйткені, бұл өлең – оқыған сайын өзегіңде лапылдаған өрт тудырып, жан- жүрегіңнің астан-кестенін шығаратын жоғарыда келтірген даңқты өлеңдермен тағдырлас, тамырлас өлең. Түк те асырып айтып отырған жоқпыз. Дəл солай! Тағдыр талайымы таңқы, түсінігі тайыз біреулер миығынан мырс етіп Жəркеннің өлеңін ұлы тұлғалардың атақты өлеңдерімен тағдырлас, тамырлас деуі қалай болар екен деп күмəн- күдікпен қарап, шəк келтіруі əбден мүмкін. Ондай жандарға Жəркеннің өлеңін тағы бір оқыңыз, қайта-қайта оқыңыз дер едік. Оның үстіне Жəркен бір өлеңінде “Мен ақын емеспін, Тағдырым – ақын” дейді. Яғни, мұндай өлеңді жазу үшін Жəркеннің басынан өткен тағдыр сенің де басыңнан өтуі керек. Ең алдымен, бұл өлеңді Тағдыр туындысы деп қараған жөн. Тар жол тайғақ кешулі, тауқыметті ол Тағдырға сəлден кейін тағы да бір оралып соға жатармыз... Сондықтан ақынның туған жерге деген сағынышы мен сүйіспеншілігін əлі де аша түсетін бірер жырларын одан əрі оқып көрейікші. Туған жерден кеткелі Сағынышым көп менің. Айға қарап ұлыған Мен бір жалғыз көкбөрі.

Айға қарап ұлысам – Ай сарғайып батады. Күнге қарап ұлысам – Күн сарғайып батады. Таңға қарап ұлысам – Таң сарғайып атады. Тауға қарап ұлысам – Тас сарғайып қалады. Суға қарап ұлысам – Су сарғайып ағады. Сарғайтпайтын заман жоқ, Адам аз да, арам көп, Ұрлығы көп заманда Ұлымасқа амал жоқ. Жаны да, жүрегі де, жыры да, сыры да, мұңы да – бүкіл ішкі дүние, болмыс-бітімі түгелімен туған жерге деген сағыныштан күзгі жапырақтай боп сарғайып, шемен боп қатқан шерін ақтарып, көбесі сөгілмей көк мұз боп қатып қалған қасіретін еріту үшін алып кеңістікке шығып, қасқыр боп ұлыған ақын көзіне мына дүниенің бəрі сарғайып көрінеді. Ақын сағынышынан ай да сарғайып кеткен, күн де сарғайып кеткен, тау мен тас та... сарғайып кеткен. Бейне бір ақын бойын кернеп бара жатқан сағыныштың сары жалқыны ақтарыла төгіліп бəрін де сарғайтып жібергендей. Сағыныштың сол бір сары жалқынды жалыны барша дүниені шарпи жалап күйдіріп бара жатқандай. Онсыз да осылай күйдіріп, өртеп бара жатқан сағынышы қыспаққа түсіп, қысастық көрген кезінде, айналаңды ұрлық пен қорлық, зорлық пен зомбылық торлап алған сəтте бұрынғыдан да күшейіп, бұрынғыдан да артып, ақырында дертке айналып кетері сөзсіз ғой. Мұндайда айтылар сөз де жетпей, ақын байғұс қасқыр боп ұлымай қайтсін. Ондай сəтте ол:

Бірде сөзім – шырын бал, Бірде сөзім – қан жылым. Көп қарадым қабаққа, Аз қосылдым санатқа. Бір көзімнен сор ағар, Бір көзімнен қан ақса. Тұла бойым сыз, қайғы, Салқын жүрек қызбайды. Бір бүйірім жылыса, Бір бүйірім мұздайды. Бұл – жапа шеккен жанның шырылы ғана емес, жат жұрттың иелігіндегі алыста қалған туған жерін аңсаған əрі қапалы, əрі налалы жүректің ұлуы! Былай жүрсең шөңге, былай жүрсең шоқ басып, бірде отқа кіріп, бірде суға түсіп, аласапыран күй кешкен ақын жаны соншама неге дегбірсіз?! Неге, ең болмаса, бір мезет, бір сəт байыз тауып дамыл етпейді. Неге? Сол кезде саған ол: Ана жақта Анам бар, Мына жақта балам бар. Мен Анама алаңдап, Анам маған алаңдар, – деп өзегін өртеп, кеудесін керіп бара жатқан күйініш-күйзелісін ақтарып салады. Ақын тағдыры лапылдап жанып жатқан екі оттың ортасында қалған. Енді, міне, мақаламыздың бас жағында айтқан ақынның тауқыметті тағдырынан аз-маз хабар бермек болған уəдеміздің үдесінен шығатын сəт те келген сияқты. Жəркен Бөдешұлы өзінің ең ыстық, ең аялы, ең қимас туған жерін тастап, 1969 жылдың сəуір айында Жоңғар Алатауының “арқар аспас

қиын асуын” асып, Атажұртты бетке алып арғы беттен бергі бетке қашып шыққан ғой. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боранға тап болған олардың көрген азабы адам айтқысыз. Бірде қалың қарға қамалып, бірде аш бөрілердің талауына түсе жаздап, əбден арып-ашып, итсілікпелері шығып жүріп, əйтеуір, шекараға ілігеді-ау. Бірақ, олардың шекарадан өткеннен соң да көрген құқайлары аз болмайды. Жəркеннің өзін сөйлетіп көрейікші: “Шекарадан өтпей жатып-ақ тергеушім сол кездегі Совет өкіметі басшысының атына қаратып, осы елден баспана сұрап өтініш жазып беруді талап етті.Мен қуана-қуана өтініш жаздым. Қара сөзбен емес, өлең сөзбен жаздым, есімде қалғаны мынау: Кері қайтара көрмеңіз! Кері қайтара көрмеңіз! Тілегім осы сіздей көсемге Өлсем өлейін осы елде. Өлейін түрмеңде, Өлейін көшеңде. Өлейін атажұртым – Қазақстанда. Өлейін, Өлмесем осы топыраққа Дəн болып өнейін. Бұл тілегімді қабыл етсеңіз, Патша ағзам, Не айтсаңыз да көнейін! Не айтсаңыз да көнейін! Арада үш күн өткен соң мұрты қияқтай бір қазақ офицер қасыма келіп отырып, əлгі өлеңді жолма-жол орысшалады. Бұл менің бөтен тілге тұңғыш аударылуым еді”, – дейді.

Өлейін түрмеңде, Өлейін көшеңде! Атажұрт үшін өзін құрбандыққа шалып, басын азап пен тозаққа салуға бар не деген жанкешті жан айқайы бұл! Апыр-ай, атажұрт дегеніңіз “жыланының шырылдатып шаққанына” да құмбыл болып, тіпті содан рахат табуға да дайын туған жерден де қастерлі, туған жерден де қасиетті екен ғой. Өйткені, ол тарихтың қатпар-қатпарларынан тамыр тартып сені қоректендіріп, бойыңа қуат, ойыңа суат беріп тұрған асыл діңгегің ғой. Мұндай халді тек өз басынан өткізген тағдырлы жан ғана сезіне алса керек. Бəлкім, біз айта беретін патриотизміңіз де, біз қайталай беретін ұлттық рухыңыз да осындай қуатты сезімдерден бастау алғанда ғана қайырлы болатын шығар-ау. Атажұрт үшін туған жердің бауыры сая, сауыры салқын, бір жағы жақпар-жақпар жартасты биік, бір жағы ұлы кеңістікпен ұласып жатқан құнары асыл туған жерін де, құшағы ыстық туған елін де, алақанына сап аялап өсірген əкесі мен шешесін де, іні-қарындастарын да қиып кеткен ақын жанында күн сайын, сəт сайын жүріп жататын арпалыс – жауыңа да тілемейтін алапат арпалыс болса керек... ...Міне, ақын жиырма екі жылдан кейін балаларын ертіп туған жердің қасиетті топырағын басты. Əке-шеше баяғыда о дүниелік болған. Іні- қарындастарының да бірі болса бірі жоқ. Өмірден өткен ең жақын, ең асыл жақын-жуықтарына бір уыс топырақ сала алмаған ақынның жан- жүрегін өкініштің күйігі өртеп, көкірегін күйзелістің отты жасыны қақ айырып тұр... Өкініштен өзегі өрт-жалын боп тұрса да, əйтеуір тəңір жарылқап туған жеріне оралды ғой. Тəуба! Шүкір! Туған жердің майда самалы желпіп, ыстық күні аймалап, топырағы майдай жағып, ақынның қамыққан шерлі көңілін елжіретіп, тоң болып торыққан жанын ерітіп жібергендей болды. Аз күнде-ақ көңіл көтерілді, жан жадырады. Ең бастысы, туған жердің дидар келбетіне қарап өзінің алыста қалған балалық шағымен қауышты. Балдай тəтті балалық шағымен қауышқан ақында не ес қалсын?! Бірде құстай ұшып, бірде құйындай жүйткіп тартты да жөнелді!

Қараған, бұтаның түбінен, Ұйқысы қанып түнімен Ойнап шыққан қояндай Орғып-орғып жүгірем. Орғыған сайын алқындым. Алқынған сайын шарқ ұрдым. Соңымнан қалмай жүгірген Тасбұлақ, Өзен, Самалды Болдыртып артқа қалдырдым. Ойдан қырға орғыдым. Қырдан нуға орғыдым. Нудан суға орғыдым. Табанға қатты батса да Орғыдым таудан тасқа да... Қаншама жылдардан кейін туған жерімен табысып, оның мамықтай жұмсақ құшағына күмп беріп, ауасын құшырлана жұтып, суын мейірлене ішкен ақын жаны бəрібір алаң, бəрібір мазасыз. Жанының бір жағы Атажұрт, бір жағы Туған жер. Содан да ол “Құдайым шырылдаттың аямай-ақ, екі оттың ортасына тастадың да”, – деп налиды. Бұл ақынның мəңгілік тағдыры. Өйткені, ол тіпті ертеректе-ақ “шекара жүрегімді бөлді екіге, анамның құрсағында жатқан шақта-ақ” деген болатын. Күрделі тағдыр! Содан ба екен, Жəркен ақын кілең екі айырылып, қақ бөлініп сөйлеумен келеді. Тауға шықсам – ұлармын, шөлге түссем – құланмын. Ұлар құсап тау жайлап, құлан құсап мойнымды Тарғыл құмға бұрармын. Екі жарылу, екі бөліну. Бір теріскейге, бір түстікке қарап, бір шығысқа, бір батысқа қарап екі дай күн кешкен ақынның ішкі əлемі алай-дүлей. Түп тамырын іздеп келген ақынның кіндік қаны тамған туған мекенді

қия қоюы да қиын. Сана-сезімі, ақыл-есі, қай кезде де жол айрығында тұрғандай қақ айырылады да тұрады. Ақын туған жерінен қайбір жетіскеннен ауды дейсің?! Ол жердің түптің-түбінде айдаһар құлқынды алып елге жұтылып кете ме деген қауіп оған амалсыз ата тек, атажұртты іздетті ғой. Туған жерім Жайыр тау, Екі өркешті айыр тау. Айыр таудан сұм тағдыр Тірідей мені айырды-ау, Тірідей мені айырды-ау!, – деп күйзеле тұра, ол туған жердің күні ертең-ақ жат ел, жат жұрт боп кетерін бүкіл болмыс-бітімімен, бүкіл тамыр-талшығымен сезіне білді. Ақырында Жоңғария ойпатынан – өлі құм, Сарыарқаға дейін жортқан бөрімін. Төртқұбылалы тұрған темір құрсауда Анау Шығыс Түркістанда тусам да Атажұртқа жетті менің өмірім... – деп іштегі шемен боп қатқан шерін алғаусыз ақтарып өксігі мен солығын басады. Шындығын айту керек, елім, жұртым деп өліп-өшіп келгенақынды Атажұртемешегіүзілееміреніп, құшағын құшырлана ашып қарсы ала қойған жоқ. Талай-талай топсасы берік емен есіктерді күзеттіріп, талай-талай қатал босағаларға телміртіп қойды. Қойын бақтырып, қотанын күзеттірді. Сандалтты. Сергелдеңге салды. Ол бəріне төзіп бақты. Өйткені, ақын мақаламыздың бас жағында айтып өткендей атажұрттың “түрмесінде өлуге” де, “көшесінде өлуге” де құмбыл болатын. Аңсап келген ағайыннан не естімеді дейсің?

Жалғанда жаман бар ма бөлінгеннен, Бөлінген емес екен өлімнен кем. “Жансыз”, – деп “Қос жүрек”, – деп, “Ауған ел”, – деп Естіген сөзім аз ба көрінгеннен, – деп қамығып, торыққан сəттері аз болмапты. Бірақ, ол бейəдеп, былапыт жандардың ондай-ондай оспадар сөздеріне налыса да, жасыған жоқ. Қайта шыңдалып, ширыға түсті. Шамырқанса да шарт сынған жоқ! Қайралып, қайраттанып кетті. Ол бүгінде туған жердің тау-тасын, өзен-көлін, жайлауы мен құмын, аязы мен аптабын, қысы мен жазын, күзі мен көктемін, құсы мен аңын, гүлі мен тамшысына дейін қалдырмай, жүрегін қақтап сауғандай етіп жырлаудан бір танбай келеді. Жəркен Бөдешұлы – бүгінгі қазақ поэзиясындағы ең белсенді, ең белді, шоқтығы биік, орны берік, саусақпен санап аларлықтай санаттағы ақындарымыздың бірі. Мен мақаламда Жəркеннің, айтқызбай-ақ, өздеріңіз байқап отырғандай, қырық қырының бір қырына ғана тоқталдым. Тағдырлы қырына! Ол бірде: Жер көгерді, Мен қашан көгеремін, Көгермей ішімде өлді көп өлеңім. Қарақұмның семіртіп сексеуілін, Қара нөсер жаудырсам деген едім. Сыңсыған нуға айналып төңірегім, Гүлдерді тозаңдатып көбелегім,


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook