Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-12-28 10:01:54

Description: Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Search

Read the Text Version

аталатын тұңғыш кітабы да – Өлең кітабы болатын. Яғни, ол əдебиет есігін Ақын боп ашты. ...Менің Əбіш Кекілбайұлы өлеңдерімен таныстығым, Алматыға келмей тұрғанымда, “Жұлдыз” журналында жарияланған “Қара талқан”, “Оппенгеймер” жəне де басқа жырларынан бастау алған еді. Таным-түсінігім əлі балаң,танып-білгенім əлі шектеулі бола тұра, бəрібір, ол өлеңдердегі тақырып сонылығы, қарымыныңкеңдігі, ауқымыныңмолдығы бірденбаурап алған-ды. Ол тұс, мүмкіндігімізше, республикалық баспасөздерде жарияланып жататын өлеңдердің бір де біреуін қалт жібермей қадағалап оқитын кезіміз ғой. Оның үстіне алпысыншы жылдар, ең алдымен, Өлең дүниесінің көкжиегін кеңейтіп, көсегесін көгерткен, оны жаңа биік, жаңа өреге көтерген жылдар болатын. Шығармашылық бəсекелестіктің бас бермей əбден ширығып, қызып тұрған кезі еді. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын ондай бəсекелестік ішінен тізгін үзді жүйріктердің бірі болып көзге түсе қою оңай емес-ті. Солай бола тұра Əбіш Кекілбайұлы өлеңдері бірден-ақ ауызға ілікті. Іліккенде де... – өткенді аңсайды деп сыналып ілікті. Бірақ, белгілі идеялогияның сойылын соғатын ондай ұр да жық солақай сынға шын өлеңнің қадірі мен қасиетін біліп қалған қауым елге қоймады, қайта Əбіш Кекілбайұлы поэзиясына деген ынтазарлық пен ықыласты күшейте түсті... Көп ұзамай қойын қалтаға салып жүретіндей ғана шап-шағын “Алтын шуақ” жинағы қолымызға тиді. Күлшедей шап-шағын бола тұра сөзі салмақты, құшағы кең, шынында да шуағы мол кітап екен. Не нəрсеге де алдымен елең ете түсетін, не нəрсеге де сергектік танытатын студенттер қауымы ол кітапты бірімізден-біріміз қақшып алып таласа- тармаса оқығанымыз əлі есімде. Бізге, əсіресе, балалық шағы соғыс жылдарында өткен, түсіне көкесі мен күрең қызыл бауырсақ қоса қабат енетін ақынның сол бір ашқұрсақ ауыр кезеңге арналған өлеңдері қатты əсер еткен-ді. Мəселен, мен өз басым, қарапайым ғана жазыла тұра адам жанын алағай да бұлағай етіп жіберердей, “Қарындасым Нұрайша” атты өлеңін күні бүгінге дейін, сол заман туралы жазылған шоқтықты өлеңдердің бірі деп білемін. Жылдарға ерді Нұрайша.

Жылдар алға зулайды. Көз көргендер шын айтса Көкесінен аумайды. Аумайды ма менен деп Мазалап жүр талайды. Көкешімді көрем деп Айнаға көп қарайды. Жауқазындай желкілдеп өсіп келе жатқан қыз баланың, өзін емес, көкешімді көрем деп айнаға қарауы кім-кімнің де тамағына тас кептелтіп толқытпауы, кім-кімнің де көзіне жас үйрілтіп тебірентпеуі мүмкін емес. Осы жолдарда қаншама сағыныш, қаншама аңсар жатыр. Бұл өлең – əкесіз өскен тұтас бір ұрпақтың трагедиялық портреті! Алайда, Əбіш сол жылдары өзінің арнасына сыймай тасып-төгілген арынды шығармашылық қуат-күшін тек поэзияға жұмсаған жоқ. Сын жанрында да білек сыбанып, белсене жұмыс істеді. Ол мақалалар əдебиетіміздің ең өзекті, ең көкейкесті мəселелерін қозғауымен, жан- жақты сараптамалық қарымдылығымен, көтерілген тақырыпқа мүлде тың, мүлде тосын көзқараспен қарауымен көзі қарақты жұртшылықты өзіне бірден аударып алып еді. Несін жасырамыз, сол мақалалардан сусындаған көбіміздің қасаң түсінігіміз басқаша байып, дүниетанымымыз кеңейіп, дəлірек айтқанда, əдебиетке деген көзқарасымыз өзгеше қалыптаса бастады. Одақтық əдебиеттің шын мəніндегі үздік үлгілеріне үңіліп, əлемдік əдебиеттің қиырларына көз сала бастадық. Бұл – шындық. Өйткені, Əбіш Кекілбайұлы сол кезеңде, жап-жас бола тұра, өзінің төсегі де бөлек, өрісі де өзге, тосын мақалаларымен күн астында қалған терідей əбден қаудырлап, қатып- семіп қасаң тартып кеткен схемалар мен əбден суалып-семіп қалған стреотиптердің быт-шытын шығарған реформатор-сыншы деңгейіне көтерілді. Оның “Дəстүр мен дəуір”, “Гамлеттің монологі”, ““Өлі жандарды” Пушкин неге жазбаған?”, “Романдағы адам” жəне тағы да басқа интеллектуалды мақалалары əлі күнге дейін өзінің құндылығы мен бəсін жойған жоқ десек, тіпті де асырып айтқандық емес. Мəселен, “Дəстүр мен дəуір” мақаласындағы “Өнер тарихына, қоғам тарихына үңіліп алмай тұрып өнердегі соны құбылысты дəл танып, дəл бағалау

еш мүмкін емес. Əйтпесе, құт мейманның өзін жүзтаныс еместігін желеу етіп, бекерден-бекер жауға жоруымыз мүмкін. Нені бағаласақ та, өнердің, əдебиеттің даму тенденциясынан келіп бағалайық. Өйтпесек, əдеби ойды, оқушыны, тіпті əдеби тіршілігімізді текке алжастырып, қиянат етуіміз де кəдік”. Бұл жолдар əдебиеттің де, қоғамның да даму тенденцияларынан бейхабар, ілім-білімі тайыз, дүниетанымы тар, арғы-бергіні салыстыра да, сабақтастыра да алмайтын, сəл нəрсеге қомпиып, сəл нəрсеге қампиып шыға келетін, өз бұтына өзі толып, дүниенің тірегіндей сезінетін желбуаз дүмшелерге айтылған сөз ғой бұл. Ал, ондай желкенсіз желбуаздар бүгін де жетіп артылады. Сондықтан да Əбіштің, сол тұстың өзінде-ақ, мұндай астамшыл мінез- құлыққа, кеудесіне нан пісіп ісіп-кепкен эгоизмге “Романдағы адам” мақаласындағы “Əдебиеттегі жаңалық өзінен бұрынғыны біржолата мансұқтау, біржолата құрту жолымен емес, адамзаттың суреткер өнерін реальді болмыстың барша əрі мен нəрін жеткізе алатын соны түр, соны əдістермен байыту жолымен өрістейді” деген сөздері əдейі арнап айтылған ғой. Ал,оныңкезінде“Жұлдыз”журналындажарияланған “Өлең көкжиегі” деп аталатын, қазақ поэзиясының арғы-бергі өткелектері мен өріс- кеңістіктерін жан-жақты қамтып, олардың ажар-келбеттерін аша отырып, алпысыншы жылдар поэзиясының ең үздік, ең тегеурінді, ең жаңашыл ақындары, бүгінде классиктеріміз деп аталатын Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нəжімеденов, Төлеген Айбергенов шығармаларын биік бағалаған, олардың қыры мен сырына үңіліп, дəнін аршып, мəйегін ашып көрсете білген көлемді мақаласы кезінде біз сияқты жастардың таным көкжиегін əлдеқайда кеңейтіп жіберген-ді. Ол мақала сол тұста өлеңнің ғана мəртебе-мерейін емес, сынның да мəртебе-мерейін асқақтатып еді. Иə, ол жылдар Əбіш Кекілбайұлының əдебиетке ет пен терінің арасындағы қызба қызыл желдің желігімен келіп, лап етіп жанып, жалп етіп сөне қалатын біреулер сияқты емес, болмысы бөлек, кең арналы, терең ағысты, тылсым құпиялы, тосын өрісті, шұрайлы алқапты, құнарлы топырақты, ең бастысы, əдебиетке үлкен дайындықпен келгенін, күні ертең-ақ оның қаламынан сүбелі-сүбелі шығармалар, сом-сом ойлар, кесек-кесек бейнелер дүниеге келетінін дəлелдеп берген жылдар еді. Оны жұрттың бəрі дерлік айрықша дарын, ерекше

талант, əдеби құбылыс деп қабылдағанын айту лазым. Сол тұстарда жиі-жиі болып тұратын əдеби айтыс-тартыстарда да ол оқшау көзге түсетін. Мол ілім-біліммен мұздай боп жарақтанып алған ол, шешіліп сөйлесе шешен, көсіліп сөйлесе көсем бола білді. Ол өзін ғұмыр бойы қоғам өмірінен тыс қойып көрген емес. Сол тұстарда алдымен “Қазақ əдебиетінде”, соңынан “Лениншіл жас” газетінде қызмет істеп жүрген кездерінде əдебиеттің мерейін, өнердің мəртебесін көтерер қыруар шараларды атқара жүріп, иненің жасуындай болып жылтырап көрінген қаншама бұлақ көздерін ашты. Сондай-ақ Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті жанынан əдеби клуб ашып, қаншама таланттардың шығармаларын талқылауға мұрындық болды. Олардың шығармаларын Шерхан Мұртаза басқарып отырған “Лениншіл жаста” бет-бет етіп жариялатты. Əдебиетіміздің өсуіне, қанатын кеңге жайып өркендеуіне, жастардың пісіп-жетілуіне ұлан- асыр тер төкті. Біздің бұл сөзімізді сол бір əдеби жылдарға куə болған бірде-бір адам, анық бір пиғылы басқа біреу болмаса, жоққа шығара алмайды. Əттең, адам жадындағы сөз бен сурет сол сəтінде қара тақтаға жазылған бордай боп айқайлап тұрады да, көп ұзамай сүртіліп кететіні бар. Сол өкінішті. Олай дейтініміз, бүгінде Əбіш Кекілбайұлының сол кездің өзінде-ақ қыруар шаруаның басы-қасында болғанын біреулер айтады да, біреулер біле тұра айтпайды. Не болғанда да, ол өзінің білгір-білімдарлығымен, қай мəселенің де түп-тамырын қопара сөйлеуімен, əлемдік əдебиеттің үздік үлгілерін жан-жақты меңгеріп игеруімен қазақ əдебиетінің өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал еткенін қадап айтқымыз келеді. Осы орайда сол жылдары Əбіш Кекілбайұлын бізден жақынырақ білетін, не нəрсеге де бұлтақтатпай, əділ баға, дəл жауап бере алатын Герольд Бельгердің: “Кейбір өрекпіме тұрғыластарымыз өзгені тыңдаудан гөрі өзінің ішіне сыймай жүрген ойларын жариялауға асығып жар салып жатса, бұл ерекше байсалды мінезбен бұрын біз естіп білмеген кейбір кітаптар мен авторларды алдымызға көлденең тарта бастаушы еді, сонда біздің арамыздағы небір даукес-білгіштеріміз де бəсеңсіп қалатын”, – деген сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік. Енді Əбіш Кекілбайұлының шығармашылық өміріндегі ең басты кезең, жазушылық кезеңі басталды. Мен өз басым Əбіштің прозасымен алғаш рет 1964 жылы “Жұлдыз” журналында жарияланған “Ажар” триптихы

арқылы танысқан ем. Əдебиеттегі өзінің орнын əрі ақын, əрі сыншы ретінде белгілеп алған ағамыздың аяқ астынан жазушылыққа ауысып кеткенін көрген біз, алғашында абдырап қалғанымыз рас. Əсіресе, бұл өлең жазатын, жазғандарын сиясы кебер-кеппестен, екі күннің бірінде, алдына апарып қаратып жүрген мен сияқты бозөкпеге тіпті де тосын оқиға еді. Алғашқыда жақын ағам, ақын ағам деп жүрген адамым ойда жоқ жерден ірге көтеріп басқа жаққа көшіп кеткендей халде болғаным рас. Ол кезде мен Əбіш Кекілбайұлының өзінің ең құнарлы топырағына тамыр салғанын қайдан білейін. Шағын-шағын үш əңгімеден құралған “Ажарды” бас алмай оқып шықтым. Əрине, авторлық кіріспедегі “Бəрінің де басты қаһарманы – Ажар, тіршілік ажары – əйел. Бомбадан бастап, бейбастақ қалжыңға дейін адамның адамға істейтін қиянатының қай-қайсысына да тəнімен, жанымен, бүкіл болмысымен күйзелетін тек əйел ғана” деген сөздерді шолып шықтық. Үш əңгімені оқып бітіргенде кіріспедегі осы бір шағын пікірдің растығына одан сайын көзің жете түседі. Əсіресе, маған триптихтағы алғашқы əңгіме “Көз жасы” қатты əсер етті. “Таң əлдеқашан атқан. Тор-тор керегенің көзінен ескен тау бойының шық-шыламды салқын лебі жылы көрпеден тұра берген Нұртайдың денесін дір еткізді,” – деп басталатын ол əңгімеден əп дегеннен əлдебір ызғар лебін сезініп, əрі қызыға, əрі құныға оқып шыққаным есімде. Бұл əңгіме – соғыс салған лаңның құрбаны болған əйел тағдыры, ана тағдыры туралы, сондай-ақ қаперсіз өсіп келе жатқан балауса балғынның сүйегіне ғұмыр бойы таңба боп түсер қасіреті жайлы əңгіме. Əңгіме кейіпкері Ажар Құдай қосқан қосағынан өлідей бір айрылып, аз күн болса да, жанына медеу болған жаннан тірідей екі айрылып, солардың күйініші мен өкінішінің орнын толтырғандай боп қылтиып өсіп келе жатқан көз қуанышы құйтақандай ұлының əлдеқандай оспадар біреудің сұрқия, сұмпайы сөзінен жəбір-жапа шеккенін көріп, мүлде жасып, орнынан тұра алмастай болып омалып отырып қалады. Үміті қырқылып, жарығы сөнгендей болады. Ал, бала тағдыры одан да ауыр. Жанқожаның баласымын деп жүрсе, тіпті де олай емес екен. Жанқожа опат болғаннан кейін туыпты. Оны ожар Сəбиттен есітті. Мына бір үзіндіге көз тоқтата кетейік. «Үн қата

алмай сазарып қалған анасының Сəбиттен өшін қайтармайтынын Нартай түсінді. Ертесіне ол тағы мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп келді. Класқа кіре бергенде мұғалім: – Неге кешіктің?– деп сұрады. Өңі жылы. Нұртай үндеген жоқ. Мұғалім журналды алды. – Жарайды, атың кім? – Нұртай. – Фамилияң? Нұртай үнсіз. – Фамилияң кім? Көкеңнің атын айта қойсаң болады. Бала жалт бұрылып есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң-таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дəптерінің бетінде екі тамшы жас мөлдірейді”. Көз жасы! Бұл көз жасы, енді оның ғұмыр бойы жанын жегідей жеп, тамағына кептеліп өтетін құса жасына айналмақ. Қандай аянышты тағдыр! Əбіш Кекілбайұлы прозадағы өзінің тұңғыш туындылары осы “Ажар” триптихы мен Құрманғазының түрмеден құтылып, еліне жол тартып келе жатқан көңіл-күйін суреттеген “Аш бөрі” арқылы-ақ қазақ əдебиетіне жаңа леп, соны серпін əкелген-ді. Көп ұзамай жаңа əңгімелер мен жаңа хикаяттар дүниеге келді. Ол шығармаларында сексен сеңгір, қырық қатпардан тұратын адам жанының ұңғыл- шұңғылына үңіліп, оны бүкіл болмыс-бітімімен əрі бояулы, əрі ажарлы көркемдікпен көрсете білген жас жазушыға деген ілтипат бұрынғыдан да арта түсті. Əсіресе, оның қыртысына түрен түспеген тың жердің құйқасы аударылған қара топырақтай құнарлы тілі кім-кімді де тəнті еткені сөзсіз. ... Дəл осы жерде шамалы аял етіп, аз ғана шегініс жасағанды жөн көріп отырмын. Өйткені, жазушы деген өзінің шығармаларында тек заман мен уақыт бейнесін жасайтын, сол заман мен уақыт тынысын бойына сіңірген кейіпкерлер сомдайтын ұста ғана емес, сонымен бірге оның өзі де маңдайына жазылған мына тіршіліктің тауқыметін арқалап,

қиындығын белшесінен кешіп, оның небір құйтырқы əрекеттері мен амалы көп айла-шарғыларын басынан өткізетін, талай-талай тар жол, тайғақ кешулерін, сан-сапат аласапыранды кезеңдерін көретін Өмір деп аталатын ұлы шығарманың кейіпкері ғой. Яғни, Əбіш Кекілбайұлы онсыз да сіңір создырып, жұлын тоздыратын шығармашылықтың азапты бейнетінен басқа, Алла тағаланың пендесі, қоғамның азаматы ретінде мына өмірдің тəлкегін де, тəптішін де аз көрген жоқ... Бір күні “Əбішті армияға алатын болыпты” деген сөз қара күзде теріскейден соққан суық желдей қала ішін сумаңдап аралап кетті. Аң- таңбыз. Бұл қалай болғаны? Жасы болса отызды иектеп қалды. Салт басты, сабау қамшылы адам емес, үйінде балапандай боп аузын ашып отырған шиеттей бала-шағасы, құдай қосқан қосағы, сонау жер түбі Маңғыстаудан ел-жұрттан айырғандай боп алып келген қарт анасы бар. Əп-əжептəуір белді қызметте. Оның үстіне денсаулығы да анау айтқандай керемет емес. Жүрегінде кінəрат бар. Содан да кейінгі кезде денесі толысып кеткен. Оның қара жұмысқа қолапайсыз, дене еңбегіне мүлде жоқ екенін, мылтық түгілі кетпен мен күpекті қалай ұстауды жөнді меңгермеген адам екенін жұрттың бəрі біледі. Əйтеуір қай жағынан алып қарасаң да, ертеден кешке дейін темір тағаның өзін тоздыратын сартылдаған жүріс пен тарсылдаған атысқа жарайтын жан емес. Ондай кісіге күні түсетіндей Кеңес Одағының басына не күн туды екен?! Тепсе темір үзетін, құрыштай берік, қылыштай өткір жігіттер жетерлік емес пе?! Біз бұл жерде таусылғандай болып сөйлемес те едік, егер жұрттың бəрін жаппай алып жатса... Бірақ, олай емес қой. Сол жылдары Кеңес Одағы мен Қытай арасы əлденеден шиеленісіп, бір-біріне оқ атып, бір-біріне бомба лақтырып жатқан-ды. Ең сұмдығы, Əбішті сол қып-қызыл өрттің, яғни Жоңғар Алатауындағы Жалаңаш көлде болып жатқан қып-қызыл соғыстың ішіне алып кетпек. Енді ғана кемеліне келіп, пісіп-толысып келе жатқан, бергенінен берері мол, ел боп, жұрт боп ертеңінен үлкен үміт күтіп отырған, барған сайын жоталанып, тұлғаланып келе жатқан жасты көзапара өлімге айдағанмен бірдей ғой бұл. Сол бір күндері іші қан жылап тұрса да сыртына шығара бермейтін ділі қатты Жұмекен ағамның: “Бұл – Əбіштің өскенін көре алмайтын іші тар біреулердің əдейі жасап отырған қысастығы. Əйтпесе, Əбіштен қандай солдат шығады. Көрмей, білмей отырған жоқ. Отқа, оққа əдейі айдап отыр,” – деп, көзі жасаурап

кіжініп, тістеніп сөйлегені əлі көз алдымда. Мұндай күдік-күмəн бəріміздің де көкейімізде болған еді. Əсілі, не болғанда да, өзгелерден оқшау көрініп келе жатқан, кеудесі көмбе, талант-дарыны таудай азаматты не жасытып, не мерт етіп жіберудің амалы емес пе екен деген ой біздің ойымыздан əлі де сейіле қойған жоқ... Құдай жарылқап, Əбіш ағамыз оқ астынан аман-есен оралды. Қайраттанып, жалданып оралды. Келе сала бірден жұмысқа араласып кетті. Киностудияға бас редактор болып орналасты. Ол істе де абыройсыз болған жоқ... Бірақ ол, неге екенін білмейміз, əскерге неге алғаны туралы да, əскерде болған жылдары жайлы да ақтарылып көп айта бермейтін. Біз де сұрап, шұқшиған емеспіз. Бейне бір, ол əскерде өткерген екі жылында қолына қалам алмағандай, ештеңе жазбағандай болып көрінетін. Сөйтсек, тіпті олай емес екен. Оны біз тек 1999 жылы “Дүниеғапыл” деп аталатын өлеңдер жинағын оқығанда бір-ақ білдік. Оқығаннан–ақ ұққанымыз, сонау бір жылдары біздің көкейімізді жегідей жеп, құрттай кемірген күдік-күмəн Əбіштің өзінде де болыпты. Шығандап шыға шауып əп дегеннен Барады дəурен өтіп əттегенмен, Əуелден əуселеңді білгенімде Жүрмес пе ем өзгелердей əктеп өлең. Өйтпедім, айтқыш деген атаққа аздым, Атақты қияды ма шатақты азғын. Ақиқат іздегіш ең, көріп кел, – деп Жөнелтті жер түбіне, окоп қаздым, – деп күйіне отырып, оны əскерге алудың арғы астарында бір қара ниетті бəлеліктің, сұр жыландай сумаңдаған сұрқиялықтың жатқанынан хабар бергендей болады да, тағы бір өлеңінде: Бұл заман бұл шаңыраққа неге өш болды,

Ындыны тоймайтын бір өңеш болды. Отыз жыл ойрандалып келген ордам Оңалып кете алмайтын елес болды. Обыр жыл аударыпты атамды аттан, Қан қасап қақ кеудеден əкемді атқан, Қытайдың қылғып салар бір шабағын Жасамақ жауыз сұмдар мен ақымақтан. Желбеңдеп жел өтінде нем бар еді, Өжеңдеп өсиетіме кім зар еді? Қырқылып қылтасынан келген тұқым Жер басып жүргеніме ділгар еді. Зар илеп ел шетінде шешем қалды, Еңіреп екі бірдей бөпем қалды. Қажаған қағаз, қалам қай саппастың Мен талап алдым екен мүкəммалын! Қиқулап қисыны жоқ мақтан қуған, Есердің мен қайсысын тақтан қуғам? Аузымнан жаздым ба əлде, айтпай кетіп Шатпағын бір дөкейдің шатқан-буған?! Білмедім бұл жаланың түбі қайдан,– Қуалап шықпақ жері қызыл ойран. Жер қазып, ой сапырып жете алмадым, Тоқтайтын медет сұрап бір құдайдан,–

деп налиды. Аттың жалы, түйенің қомында жүргенде жазылғандықтан да орындалу жағы олпы-солпылау бұл өлеңді оқыған жан Əбіштің сол кезеңдегі шер-мұңын, зар күйін бүкіл тұла бой, жан-жүрегімен зерделеп сезінері сөзсіз. Оның қаншама аласұрып аласапыранды күй кешкенін, қаншама азапты ауыртпалық арқалағанын бүгінгі қауым, əсіресе, жас ұрпақ, біле жүрсін деп бұл өлеңді тұтастай келтіріп отырмыз. Əрине, Əбіш кіл осылай, тіпті “Жыра мен жықпылы көп Жоңғар таудың, Шұрқ-шұрқ тесік қып омырауын, Жаппай қазып шығамыз түн атаулы, Ал күн бойы төпейді қоңыр жауын” десе де мүлде сағы сынып, түңіле мұңайып, дүниеден баз кешкендей біржола қаусап-қажып қалмайды. Ішін алай-дүлей етіп кернеген ашу-ызадан, намыс пен жігерден қайрат пен қуат алып: Ирек ойлар күйреткен күйзеліспен Жан-жағыма жақ ашпай күйгем іштен. Ел шетінде өлсем де биік түсем Тұзақ құрған ізіме сол нəйістен. деп дүр сілкінгендей болады да, Бұлғаңдауды қоямын бұла жастай, Арзымсызға аузымды тұрам ашпай. Зымырандай зырқырап шығам көкке Ракетамен атпаса құламастай, – деп өзіне-өзі анттай берік сөз береді. Əрине, ол Отан басына күн туып, оған жұрттың бəрі бір кісідей болып аттанып жатса бұлай тістеніп, бұлай апшып, ашынып сөйлемес еді. Əңгіме, қаламнан басқа қару ұстап көрмеген адамды біреулердің қасақана қысастықтың қысталаң жолына салып жібергенінде болып тұр ғой... Əлгінде айтып өткендей, ол əскерден қайраттанып, жоталанып келді. Біреулерден кек қайтарам, өшімді алам, кеткен есемнің орнын толтырам деп емес, əрине. Өзі айтқандай, “арзымсыздарға” сөзін қор

қылмай, түкке алғысыздарға уақытын босқа сарп етпей, жылмаңдаған жылпостарға ойын да, бойын да алдырмай, бар күш-қуатын ел мен жер алдындағы парызы мен борышын өтеуге, шығармашылыққа сарқып жұмсау үшін. Белін буып, білегін сыбанып, бесті айғырдың қылынан ескен шылбырдай ширатыла ширығып келген ол көп ұзамай-ақ жаңа дүниелерін бере бастады. Сол шығармаларымен ол қазақ əдебиетінің жаңа ендік-бойлықтарын, бұрын-соңды түрен түспеген тың өрістерін, бізге белгісіз тосын параметрлерін ашты. Яғни, атақты “Дала балладалары” дүниеге келді. Біздің пайымдауымызша, Əбіш Кекілбайұлының прозасы, шартты түрде тақырыптап жіктесек, кесек-кесек үш кезеңнен тұрады. Олар: аңыз-əңгімелер, бүгінгі заман жəне нақты тарихи тақырыптар. Сөз жоқ, Əбіш Кекілбайұлын қазақ əдебиетіндегі бітім-болмысы ерек, тамыр салған топырағы өзгелерден бөлек жазушы етіп танытқан да, алдымен Кеңес Одағы оқырмандарының назарына, одан əрі əлемдік аренаға алып шыққан да аңыз-əңгімелер негізінде туындаған осы “Дала балладалары” дер едік. Қандай бір аңыздың болмасын өзегінде тіндей созылып лүпілдеп соғып тұрған шындық жататыны сөзсіз. Бір кездегі белгілі бір шын оқиғаның ауыздан ауызға, елден елге көшіп, ғасырдан ғасыр қуалап, сол ұзақ сапарда жол-жөнекей қырық құбылып, сексен сыланып тұрған талай қиял əлемінің алқасын тағынып, жасауына малынып шыға келгенде, оның туған жері көмескіленіп, шыққан тегі бұлдыр тартып кететіні, бара-бара аңызға айналатыны рас. Əбіш Кекілбайұлы, міне, осы аңыз-əңгімелердің өзегіндегі қан тамырдай лүпілдеп соғып тұрған тіндей шындықты ұстайды да, оны тұмшалап, тұмандандырып тұрған артық элементтерден ажыратып, аршып алады. Яғни, қиял əлемінің алқасын тағынып, жасауына малынып тұрған шындықты шешіндіріп, оның басына реализмнің тер сіңген, күн жеген малма тұмағын, иығына реализмнің шекпенін жабады. Яғни, оның өзегіндегі тіндей созылған шындықты қиялдың қанатты атынан түсіріп, өзінің тортөбеліне қайта отырғызады. Енді оның Əбіш қаламының құдіретімен қалыпты, қарапайым, бірақ көркем өмірі басталады. Мұның бəрі, əрине, айтуға ғана жеңіл болғанымен, үлкен талант қуаты мен табандылықты, мол зерде мен білімпаздықты талап ететін шығармашылық процесс.

Əрине, Əбіш Кекілбайұлының жазушылық ерекшелігі – қиял қанатына мініп, аспандап кеткен шындықты қалыпты өмірге қайта түсіруінде ғана емес, оның жазушылық сипатының басты ерекшелігін, ең алдымен, өткен заманның əдет-ғұрпын, тіршілік-қарекетін, философиясын, психологиясын, ой-санасын, болмыс-бітімін бүгінгі осы заманның ортақ моралі мен этикасы негізінде қарастырып, бүкіл адамзат баласын толғандырып отырған ортақ мəселелер көтеруінен іздеген дұрыс. Оның шығармаларының өн бойындағы тайталас- тартысқа түсіп жатқан жамандық пен жақсылық, сүйіспеншілік пен зұлымдық ғасырлар қойнауындағы тарих сахнасында емес, бүгінгі күн сахнасында жүріп жатқандай əсер қалдырады. Əбіш Кекілбайұлының бұл кезеңдегі жұрттың бəрін өзіне жалт қаратқан туындысы алғаш рет “Жұлдыз” журналында жарияланған “Күй” хикаясы болды. Ол хикаяға қанаттас, қандас екі ел арасындағы өліспей беріспейтін өшпенділік арқау болған. Ол өшпенділіктің неден тұтанып, неден басталғанын ешкім де дəл атап, ешкім де дəл түстеп бере алмайды. Улы тамыры тереңге жайылып кеткен қатал да қаныпезер ондай өшпенділік құрсағынан кегім бар, есем кетті деп, шеңбелімен қан уыстап жауыздық қана тумақ. Сол өшпенділік уытын қанына сіңірген, өз елін қорғауды, ең алдымен, өзге елді қорлау деп ұғатын Жөнейт, Дүйімқаралар дүниедегі не нəрсені болсын қылыштың жүзі, найзаның ұшымен сөйлесетін Жауыздық қана шеше алады деп ойлайды. Олар өз елін ықтырып, өзгені бұқтырып тұратын күш тек Озбырлық пен Өктемдік деп біледі. Сөйтсе, жауыздық тек өзге елді қырып, тек өзге елдің шаңырағын ортасына түсіріп қоймайды екен. Ол сонымен бірге өз елін де обып, өз елін де жалмап, өз елінің де шаңырағын ортасына түсіретін аранды аждаһа екен. Мұны Жөнейт көрер көзге қораш қаршығадай ғана домбырашының бітім мен бірлікке шақырған күйін тыңдағанда барып сезінгендей болады. Сол тартылған күй көкірегін өшпенділік пен кек жайлаған Жөнейттің бүкіл ішкі əлемін астан-кестен етті. Бірақ, ол күй əсерінен пайда болған өз бойындағы ол құбылысты бірден елеп, екшей алмады. Кесім айтылды, үкім орындалды. Күйшіні айдалаға апарып басын ғана қылтитып тірідей көміп тастады. Бірақ Жөнейт күйшіден құтылғанмен күй рухынан құтыла алмады. Енді күй рухы Жөнейтпен жекпе-жек

қалды. Ақыры сол күй рухы Жөнейтті опат етті де, оның ұрпағы Құрбанға қару емес, дутар ұстатты. Жалаңдаған Жауыздық пен өршіген Өшпенділік адам айтқысыз, жантүршігерлік қатыгездікті ғана тудырады. Дүйімқараның Көкбөріні опырылып құлаған көне көрге аяқ-қолын байлап тірідей лақтырып жіберуі, Жөнейттің күйшіні айдалаға басын ғана қылтитып көміп тастауы... Сондай-ақ қолға түскен тұтқындарды мəңгүртке айналдыру процесі – кім-кімнің болсын төбе құйқасын шымырлатар, етін езіп, сүйегін сырқыратар ауыр эпизод. Енді ол мəңгүрттер шыққан тегін де, түп-тамырын да, туған жер,туған елін де білмейді. Естен, санадан, ақылынан айырылып, мəңгіп қалған құр сұлбалар. Жалпы, бүгінгі таңда бүкіл əлемдік рухани айналысқа түсіп кеткен мəңгүртизмді ең алғаш дүниеге келтірген, сөз жоқ, Əбіш Кекілбайұлы. Оған ешкімнің де дауы болмаса керек. Кезінде “Күй” хикаясы қазақ əдебиетінде құбылыс ретінде танылды да, іле-шала əлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Қадірлі деген əдеби орталарда үлкен резонанс тудырды. Мəселен, көрнекті сыншы Л. Теракопян былай деп жазды: “Өткен өмірдің көне беттерін аша отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да, Əбіш Кекілбаевтың бұл повесі бүгінгі күннің көкейтесті мəселелеріне жауап береді. Бұл шығарма адам бойындағы творчестволық бастау көзін, өзінше ойлау құқын əспеттейді”, – десе, белгілі неміс сыншысы Герберт Кремпиен: “Адайлар мен түркмендер арасында жүздеген жылдарға созылған алауыздықтан хабардар ететін осы оқиғалар көшпенді халықтарда бұрын тарих болмады деген қауесетті жоққа шығарады, мұндай қауесет бұрын қазақтарға да таңылып келген еді... Сонымен қатар, Орта Азия даласында өткен кішігірім қақтығысты суреттеу арқылы үлкен қоғамдық мəні бар, гуманистік мəні бар хикая жазуға болатынын дəлелдейді. Қазақ жазушысы ертедегі ұлттық тарихқа үңілсе де, бүгінгі заманда, мысалы, Африка халықтары үшін айрықша мəні бар өте көкейтесті мəселелерді қозғайды”. Екі сыншы да осы сөздерімен-ақ “Күйді” əлемдік, адамзаттық деңгейдегі мəселелерді қозғаған қарымды шығарма екенін көрсетіп беріп отырған жоқ па?!

Сондай-ақ көлемі жағынан шап-шағын, ал көтерер мəселесі қара нарды қайыстырардай, “Шыңырау” хикаясындағы астарлы, ауқымды ой қандай! Жалпы, Ə.Кекілбайұлы шығармаларының қуаты мен күші астарында жатады. Сондықтан Əбіш туындыларындағы айтылар ой мен көтерілер мəселені астарынан іздеген дұрыс. Амал не, көбіміз-ақ Əбіш шығармаларының сыртқы мəтінін оқимыз да, оның астары мен тереңін оқи бермейміз. Содан барып өз тайыздығымызды көрмей “ауыр жазады” деп авторды орынсыз күстаналап жататынымыз бар. Ал, шынында, Əбіш шығармаларын оқу үшін, оны қорыту үшін біраз дайындық керек. Сонымен бірге оның шығармалары өз оқушыларынан үстірт қызығып оқуды емес, зерттеп үңіліп, таратып-танып оқуды талап етеді. Сонымен “Шыңыраудағы” бейнетқор құдықшы Еңсеп ес біліп, етек жиғалы бері жапан дала, шөлді аймақты мекен еткен елде жер қазып, су шығарып еңбек етті.Талғап жұтар бір тамшы суға зар болып, таңдайы кеуіп отырған елдің мейірін қандыратын талай-талай күмпілдеген шыңыраулар қазып берді. Сол аймақтағы теңдессіз құдықшы атанды. Бірақ, оның азап пен бейнетке толы өмірі ескеріліп, еленіп, бағаланды ма? Жоқ. Қайта мазақ пен келекеге айналды. Аяққа басылды. Бірақ, сонда да ол өз өмірін құрбан етіп, аса бір жанқияр жанкештілікпен сол өңірде жоқ, ғұмыры сарқылу дегенді білмейтін ең терең шыңырау қазып, өз Өнерін асқақ етіп кетті.Сол үшін де аяй отырып, оны мақтан тұтасың! Өйткені, оның өзі өлсе де, өнері өлген жоқ. Өнері ертеңге таусылмас қазына, мəңгілік мұра боп қалды. Ол көтерген бүгінгі күннің көкейкесті мəселелері сол біз айтып отырған астарлы ой мен сол астарлы қуаттан танылып, таралады. “Бəсеке” хикаясында асылын аяқ асты етіп тынған қызғаныш қарастырылса, “Ханша дария хикаясында” өзінің елі мен жерінің кеткен кегі үшін, намысы үшін қанқұйлы қаныпезердің алдында да иілуді білмейтін адам жанының асқақтығы жырланады... “Дала балладаларының” заңды жалғасы болып табылатын “Аңыздың ақыры” романы да өзінің тұтас кесектігімен, масштабтылығымен, əрі терең, əрі биіктігімен айрықша орын алады. Бұл роман – аса күрделі, қатпар-қатпарлардан тұратын философиялық, психологиялық шығарма. Ол тартысты ішкі монологтармен, сана ағымы əдісімен жазылған. Адам жанының түкпір-түкпірінде болып жататын небір

құпия құбылыстарын, ағысты иірімдерін жан-жақты ашып көрсетуге тиімді бұл тəсілді Əбіш өте сəтті пайдалана білген. Роман кейіпкері ұлы Əмірші де күні кеше ғана қатардағы қарапайым жан болған. Ол да мына өмірдегі жұмыр басты пенденің бəрі сияқты талай-талай кезең, талай-талай асулардан өткен. Қиналған, құқай көрген, қуғын-сүргінге түскен. Бірақ, ол аса айлалы, аса ақылды еді. Содан да ол өзгелерден ақылын да, айласын да асыра білді. Аңдысқандардың бəрін торға да түсіре білді, орға да құлата білді. Бəрін жеңді. Ақыры жарты əлемді алдына жығып, аузына қаратқан Əміршіге айналды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын, аузын айға білеген шексіз биліктің делбесін қолына ұстады. Асты, тасыды. Бара- бара ол қол астындағы бүкіл елді өзінің құлақ кесті құлындай көретін болды. Қорқыныштың құшағында, үрейдің құрсауында ұстады. Əділдік деген менің жарлығым, менің үкімім деп білді. Жорықтан жорыққа барып, жеңістен-жеңіске жеткен сайын ол бұрынғыдан да айбарлана, бұрынғыдан да қаһарлана түсті. Қанағат дегенді де, шүкіршілік дегенді де мүлде естен шығарды. Араны барған сайын ашылып, құлқыны тойымсыз құрдымға айналды. Көкірегін менмендік пен тəкаппар астамшылық жайлады. Əрине, Əбіш өз кейіпкерін тек қана қанқұйлы қаныпезер етіп, оған қара бояуды баттастырып жаға бермейді. Оның да ет пен сүйектен жаралған жан екенін, оның да опық жеп опынып қалатын сəттері болып тұратынын, əрі нақты, əрі нанымды детальдармен сəтті көрсетіп отырады. Оның жаны аса күрделі. Оның кезекті қаһарлы қатыгездігі тағы да қандай азап пен сор əкелетінін білмей бір дал болсаңыз, оның зұлымдығы мен қулығының да сондай түпсіз тұңғиық екеніне, оған құрық та, сырық та бойламайтынын көріп, тағы да таңғаласыз. Бұл дүниенің ұңғыл-шұңғылына əбден қанық, оның түкпір-түкпірін пайымымен адақтап шыққан ол, ненің не екенін біле тұра, мейірімді жан қалауын емес, өктем де қатал билік қалауын жасайды. «Кісіге ісің түскеннен артық қорлық бар ма? Өзі де сол дүниеде кіріптарлықтан асқан қорлық жоғын біліп, қаршадайынан билікке таласпап па еді? Сол үшін талай рет ажалдың алдына барып қайтпап па еді. Оның ешқайсысын осы кезге дейін ұмытқан жоқ. Əлі күнге дейін сол есіне түскенде шор боп біткен əлдебір ескі жарасы сыздап, сүйек-сүйегінің

бəрі сырқырап қоя береді. Бірақ, кіріптарлықтан, құлдық ұрғаннан өз басы аза бойы қаза бола тұра, алдына келген қайсы монтаны бастың мүддесін түсініп көрген еді, қайсысына шындап көңілі құлап еді”. Оның шын болмыс-бітімі осы жолдардан анық көрініп тұрған жоқ па?! Өзі кіріптарлық пен құлдық табиғатын терең түсіне тұрып, оның қорлық екенін ұға отырып, бірақ басқаларды құл-құтан, кіріптар етіп ұстауды жаны қалайды. Өйткені, оның өзі – өктем биліктің құлы. Енді Əміршінің шексіз билік құлдығынан құтылуға дəрмені де, пəрмені де жетпейді. Бұл– тағымнан айрылсам бағымнан да, барымнан да айрылам деп ойлайтын бүкіл билікқұмарлардың трагедиясы! Əміршіалысжорыққааттанғанкездежасханымоның қайтар кезіне дейін көңіл мен көзді қатар арбайтын, аңсар сағыныштың куəсіндей, зеңгір көкке қол созып тұрған ғажайып сұлу мұнара салдырмақ болады да, іске кірісіп кетеді. Күндердің күнінде көк мұнараны қалап жатқан жас шебердің жас ханымға көзі түсіп, оған өлердей ғашық боп қалады. Мұның бұл сезімі аса қауіпті, қатерлі екенін, түптің түбінде басын жалмап, жұтып қоюы кəдік екенін біле тұра, ол өз сезімінен бас тарта алмайды. Қайта, күн өткен сайын желді күнгі өрттей өршіп, ерік- жігерін алып, бұрынғыдан да күшейе түседі. Жас ханым оны бұл оспадар қылығынан арылтпақ болып оған ең сұлу, ең ажарлы күңін сыйға тартпақ болады. Бірақ, одан да ештеңе өнбейді. Енді оның қалап жатқан мұнарасы алыстан қол созып шақырып тұрған сағыныш мұнарасы емес, хас шебердің жас ханымға деген аңсар сезімінен өрілген Махаббат мұнарасына айналып бара жатады. Ақыры көгілжім аспанға тік өрлеп көтеріліп бара жатқан мұнара өруді тоқтатып, өзінің жүрек қалауын табандап талап етіп тұрып алған ұлы махаббат тегеурініне шыдай алмаған жас ханымның көкірегіне де құрт түседі. Ол құрт ақыр соңында Үлкен ханымның Əміршіге ишаралап көрсеткен алма ішіндегі, сонан кейін Əміршінің бүкіл ақыл-ойын, есі мен санасын күні-түні кемірген құртқа айналады. Жарты əлемді жатқызып-өргізіп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған қаһарлы Əмірші ұстасаң үгітіліп кетердей үлбіреген гүлдей əлсіз, тисең үзіліп кетердей дірілдеген тіндей нəзік жас ханымның жүрегіне билігін жүргізе алмай, бір оң жақтан, бір сол жақтан ұйтқып соғатын желдей алағай да бұлағай күй кешеді. Енді ол үшін мына дүние – “құлыпсыз түрме”, ал өзі – сол дүниенің “кісенсіз

тұтқыны”. Одан құтылар, одан шығар жол бар ма?.. Əмірші қаншама айлалы, қаншама ақылды, қаншама сұңғыла болғанымен жанын жегідей жеп, жебірдей кемірген дəл осы сұрақтарға жауап таба алмай ойы он саққа, санасы сан саққа жүгіріп сансыраған хал кешеді. Əр қимыл, əр сөзін бағып отырған анталаған көз бен сəл қияс басса қураған қауға тигендей лау еткелі тұрған сөздің алдын алу үшін бас сəулетшіні өзі салған зынданға (одан басқа оның өнер туындысы жоқ) тастап, жас шебердің көзін ойып, тілін қырқады. Санасын сарсылтып, жанын обырдай обып жатқан ойлардан құтылам деп ойлағандықтан осылай істейді. Бірақ, құтыла алмайды. Өрмекшінің торындай шым- шытырық өз ойына өзі бұрынғыдан бетер шырматыла түседі. Əмірші өзінің күн өткен сайын іргесі қақырап, басынан бағы тайып бара жатқанын сезе тұра, махаббатқа ешқандай əмір жүрмейтінін, өнерді қандай бір қатыгездік те жеңе алмайтынын ұға алмады. Махаббат пен Өнерге қол көтерген жан түптің түбінде сол Махаббат пен Өнердің зауалын тартып, киесіне ұшырайтынын сезбеді. Өйткені, Махаббат пен Өнерде халық рухы ұя салған. Ал, халық рухын қандай бір қаһарлы, қандай бір қанқұйлы күш те құлатып, күйрете алмақ емес. Оларды күйретіп құрдымға жіберем дегендердің бəрі де, өздері күйреп, өздері құрдымға кетпек. Бұл жазылмаған заңдылық. Осы заңдылық тағы даүстемдікетті.Яғни,төрткүлдүниенітабаныныңастына басқан Əміршінің қаһарынан Махаббат пен Өнердің рухты киесі, қаншама қорлықтың қанды шеңгеліне түсіп, зорлықтың табанына тапталса да, əлдеқайда зор, əлдеқайда қуатты болып шықты. Махаббат пен Өнерге, яғни халықтың рухына жасалынған ол қорлық пен зорлық, ақырында оны есінен шатастырып, ақылынан айырды... Бірде көзін ашып жан- жағына қараса, “күллі дүниені “Барар жерің бəрібір жердің асты” деген шимай жазу қаптап кетіпті... Ол тағы көзін ашты. Төбесінен қарақоңыр күңгірт бірдеңе төніп тұрды. Бірақ, Əмірші бұл жолы өзінің үйреншікті алтын, атлас шатырында жатқанын, əлде баяғыда өзі салдырған тас зынданда жатқанын анық ажырата алмады”. Қаһарлы өктем деспот пен қатыгез диктатордың өмірі осылай аяқталмақ. Қанқұйлы ісінің зауалын тартып, халық рухының киесіне ұшырамақ. Əбіш Кекілбайұлы өзінің айтар ой, көтерер мəселесіне материал етіп аңыз-əңгімелерді неге таңдап алды деген сұрау тууы əбден мүмкін.

Біздің пайымдауымызша, автор аңыз-əпсаналарды есіліп те, көсіліп те жазуыңа көне беретін, бір жерін алып, екінші жеріне қосып сөйлесең де ешкім келіп барын барлап, жоғын жоқтап жатпайтын қызықты хикаялар деп емес, керісінше, ол аңыз-əпсаналарда халықтың арман- ойы, үміті, тілегі ұялаған, халықтың тарихи тəжірибелері жинақталған, ең бастысы, оның өн бойында сол белгілі халықтың ғасырлар бойы қадірлеп, қастерлеп келген Рухы жатыр деп біледі. Сол “көне” Рух лебімен бүгінгі оқырман жанына мəңгі өлмес намыс пен жігер, парасат пен пайым шоғын үрлеп тұтандырғысы келеді. Сол арқылы уақыт байланысы мен ұрпақ сабақтастығын орнықтыруды қалайды. Əбіш Кекілбайұлының аңыз-əңгімелерге барудағы көп мақсатының бір мақсаты осында жатыр деп білеміз. Ешқандай асырып та, жасырып та сөйлемей, шындығын айтар болсақ, Əбіш Кекілбайұлының тарихи тақырыпқа жазылған бұл шығармалары тек қазақ əдебиетінде ғана емес, кезіндегі Одақ көлемінде де, шет ел əдебиеті деңгейінде де елеулі оқиға болды деп айта аламыз. Бұл ретте заманымыздың ұлы суреткері Шыңғыс Айтматовтың: “Талантты қазақ прозаигі Əбіш Kекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгіннің маңызды мəселелерін қозғай білген. Бұл кітап ойшылдықтың жоғары сатысынан қарағанда да, аңыз-əңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күн тəжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (əрине, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше, бұл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймай оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен”, – деген сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік. Ал, классик жазушымыз Əбдіжəміл Нұрпейісов осы “Дала балладалары” туралы ойын былай түйеді: “Ол өзінің шығармаларында атақты тұлғалар есімін саудаға салмайды. Ол халқының өткен тұрмысын əспеттеу, əйтпесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің əлеуметтік сыр-сипаттарын философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсетуі бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көтере түскен”. Осы дүниелерден кейін Ə. Кекілбайұлы арқауы бүгінгі күн тақырыптарынан өрілген, мүсінді де келісті бірқатар, негізінен, жеке адамдардың жан-дүниесіне бойлап, жан-жақты үңіле отырып, қоғамдық мəн мен əлеуметтік сипатқа ие мəселелерді қозғауды мұрат

еткен туындылар жазды. Ол шығармаларында Əбіш, ең алдымен, адам бойындағы игі жақсылық пен келеңсіз, кесірлі құбылыстардың тегін қарастырып, оны тудыратын қозғаушы құбылыстардың түп-тамырын танып-табуға күш салған. Адамның қоғам, ел алдындағы, өзінің отбасы алдындағы, ары мен ожданы алдындағы жауапкершілігін барынша терең сезіну керектігін дəйекті көркем сүзгіден өткізген. Кім де кім өзінің жер үстіндегі адамдық миссиясын адал атқарса, əмəнда сол адамның мерейі үстем, мəртебесі биік, кім де кім өзінің қарапайым ғана қағидаларға құрылған адамдық миссиясын естен шығарып, адамдықтың адал жібін аттап кетті ме, онда ол ел, жер алдында, бүкіл тіршілік атаулының алдында кінəлі. Жазушының бұл топтама шығармалары да көп мəнді ашып, көп гəпті тарқатады. Ол топтаманы айтқанда, сөз жоқ, алдымен ауызға ілігері бірінен соң бірі дүниеге келген “Көлденең көк атты”, “Тасбақаның шөбі”, “Керек адам”, “Міне, керемет”, “Ақырғы аялдама” əңгімелері мен “Бір шөкім бұлт”, “Бəйгеторы”, “Құс қанаты”, “Шеткері үй”, “Бір шоқ жиде” хикаялары дер едік. Бұл əңгіме-хикаялардағы кейіпкерлердің дені дерлік қарапайым, өзіміз өмірде күнде көріп жүрген қатардағы жандар. Əрине, олардың өскен əлеуметтік орталары да, мінез-құлықтары да, болмыс-бітімдері де, қоғаммен жəне адаммен қарым-қатынастары да əр қилы, əр түрлі. Міне, жазушы осындай сан қилы, сан түрлі тағдырлардың ішкі жан- дүниесіне зер сала үңіліп, оларды харекет үстінде, ісі мен күнделікті тіршілігінде болып жататын процесс арқылы адамдық бітімін, кісілік болмысын ашады. Мəселен “Тасбақаның шөбі” деп аталатын əңгімесін алайықшы. Əңгімедегі Қарабала мен Оңбай екеуі бір жерде кіндік қандары тамған, бір ауылда тай-құлындай тебісіп өскен, құрдас десең құрдас, ағайын десең ағайын. Бірақ, солай бола тұра, екеуі екі басқа. Мақсат- мұраттары да, өмірге деген көзқарастары да екі бөлек. Соғысқа барып бір аяғын беріп қайтқан, туғаннан екі иінін жұлып жеп, айқасқанмен айқасып, шайқасқанмен шайқасып, ел ісіне ерте араласып, соның арқасында билікке де тезірек қол жеткізіп, біршама уақыт тіпті абырой- беделге де ие боп, ал одан шеттеп қалғанда бəрінің апшысын қуырып, дүниеге өзі де сыймай, жұртты да сыйғызбай, анамен бір тартысып, мынамен екі тартысып, тек өзі ғана аппақ, қалғанының бəрін қара

көретін шəлкес мінезді жан. Оның бұл өңірде ұстаспаған, шатаспаған адамы жоқ. Оңбайдың, əсіресе, бастықтармен жаны қас. Өйткені, ол өзінің жолының болмай қалғанын да, шегеріліп шеттеп қалғанын да солардан көреді. Ал Қарабала болса, кезінде сабақты да мандытып оқымаған, ғұмыр бойы Оңбайдың көлеңкесіндей болып қасына еріп, оны арқа тұтатын, оның айтқанының бəрі жөн, істегенінің бəрін дұрыс деп білетін, басқа жұртпен жұмысы жоқ, біреуге жақсылық жасаса да жақсылық жасадым-ау деп ойламайтын, еткен еңбегін еш уақытта бұлдап көрмеген, аудан орталығына да бір-ақ рет барған, жарамсыз боп соғысқа алынбаған, бар өмірі қара төс пен қара балғаның солқылы мен шыңылы астында өткен қарапайым жан. Күндердің күнінде Оңбайдың соғыстан алған ескі жарасықозып,төсектартыпжатыпқаладыда,Қарабалаға құрдастығын бір, ағайындығын екі салып жоғарыдағы бастықтарға барып, соғыс мүгедегі ретінде маған машина сұра деп қолқа салады. Əрине, ол машинаны өзі де талай-талай сұраған, бірақ ала алмаған. Ол жұмысқа Қарабаланы жегіп отырғаны – жоғарыда қандай кісəпір адамдардың жүргеніне оның да көзін жеткізіп масаттану, екіншіден, алдын ала біліп отырғанындай, жұмыс тындыра алмай келетін Қарабаланы кекетіп, мұқатып масайрау. Бірақ, Оңбайдың жымысқы екі мақсаты да орындалмады. Қарабала өзінің бір кездегі ел адындағы бейнетқорлығы мен адамдарға жасаған қайырымдылығының арқасында бар шаруаны оп-оңай шешіп қайтты. Ол, тіпті, бұл шаруаның шаршатып- шалдықтырмай оп-оңай оңтайына келе қалғанын өзінің бір кездегі жасаған жақсылықтарының арқасы деп ойламайды да. Жолының болғанын ауданға бара жатқанда шалқасынан үйелеп жатқан тасбақаны аударып сап, аузындағы шөпті ырым етіп алғанынан көреді. Қайран, ырымшыл қазақы қарапайымдылық-ай! Бұл əңгімеде автор жасаған жақсылығы үшін титімдей де не алғыс, не қолпаш тілемейтін адам жанының жомарттығын паш етеді. “Көлденең көк атты” əңгімесі Самат деген жауынгердің өзінің командирі Ахаттың майданда қалай опат болғанын үйіне естірту үшін алыс жолға аттанғанынан басталады.

Оның қандай тапсырманы да тапжылтпай орындайтын қатаң тəртіптің адамы екенін “Көлік күтіп бір күн жатыпты – кезiкпепті, екі күн жатыпты – кезікпепті, үш күн жатыпты– кезікпепті. Төртінші күн – жаяулатып тартып кетіпті” деген сөздерден-ақ байқауға болады. Командирінің қазасын естіртуге барған Самат сол үйде қалып қояды. Тұла бойы тəртіп пен тазалықтан тұратын ол бел шешіп, білек сыбанып жүріп жұмыс істейді. Бірақ, кеше ғана қан майданда қайтпас қайсарлық көрсете білген, мейірімі мен қайырымы мол, кеше ғана жауды жеңіп қайтқан жан, енді бүгін ғұмырын ауырдың асты, жеңілдің үстімен өткізген Жаныс зымиянның айласы мен амалынан жеңіліс табады. Əбіш Кекілбайұлы келесі əңгімелерінің бір парасында қоғам мен адам бойын жайлап бара жатқан мерезді құбылыстар мен кеселді дерттерді арқау еткен. Ол əңгімелер, негізінен, əлеуметтік-психологиялық əңгімелер болып табылады. Мəселен, “Міне, кереметті” қараңыз. Екі жақтан бір-біріне қарсы шыққан ұшқыр пойыз бір үлкен тораптық станцияға келіп түйіседі де, екі орынды жұмсақ вагонда келе жатқан екі азамат перронға шығады. Қасына ерткен жұбайлары, бала- шағаларымен қауын қарап келе жатып, бір-бірімен ойда, жоқта кездесе қалады да: “Міне, керемет!”– деп қуана құшақтарын ашып мəре-сəре болады. Шынында да, сырт қараған жанға бір-біріне деген ынта- ықыласы керемет-ақ. Солай болуға тиісті де! Өйткені, жастық шағын, студент кездерін бірге өткізген, бірге тұрған. Содан да бір-біріне өліп- өшкен пейіл-ниеттерінде титімдей де кінəрат жоқ. Жарасымды-ақ. Бірақ... Екеуі бала-шағаларымен өз вагондарына қайта жайғасып, бір- бірі туралы ойлағаннан-ақ əлгі ақ пейіл, ақ ниеттен жұрнақ та қалмайды. “Өзі олай боп еткен екен, бұлай боп кеткен екен, қалай өсіп кеткен, шамасы жоғарыда бір тірегі болды-ау деп, дүние-мүлік те жинап үлгеріпті, анаусы бар екен, мынаусы бар екен, аузының салымы бар екен, əйелді де соққан екен деп” бір-бірін іштей күстаналай бастайды. Екеуінің қызметтері екі бөлек, бір-бірімен ешқандай қарым- қатынастары да жоқ, солай бола тұра бір-бірін күндеп, қызғаныштың қызыл итіне таланып бара жатады. Сол баяғы бақастық, сол баяғы іштарлық, сол баяғы көреалмаушылық, сол баяғы бақталастық! Автор осы бір сұрқия, зымиян мінез-құлықтарды шағын ішкі монологтар арқылы шебер бере білген.

Сондай-ақ “Керек адамда” ə дегенде аңқылдаған жайдары, жарқылдаған жайсаң жан болып көрінетін Ержановтың жағымпаздық пен жарамсақтықтың небір айла-тəсілдерін меңгерген, əрі құбылмалы, əрі жытқыр бола тұра “керек адамның” көңілін табам деп жүріп рухани құлдырап, өзінің адал төсегін де арамдатып, кісілік келбет пен адамдық болмыстан жұрдай болған жанның болмыс-бітімін ашып көрсетсе, “Ақырғы аялдамада” алған ілім-білімі де, қабілет-қарымы да, мүмкіндігі де көп адамнан ілгері бола тұра, бірақ ол ілім-білімін, қабілет-қарымы мен мүмкіндігін ойына алған мақсат жолына пайдалана алмайтын, белді бекем буып нар тəуекел ете алмайтын жалтақ, үргелек, содан барып иненің көзінен өтіп кететін жылпос біреулерге жем боп, ғұмырын өзінен əлдеқайда төмен адамдарға қызмет көрсетумен өткізіп келе жатқан, тіпті махаббат үшін күресуге қажыр-қайраты жоқ дəрменсіз адам туралы сыр шертеді. Осы екі əңгімені оқып отырып бір-біріне қарама-қайшы, кереғар, екі ұдай аяушылық сезімде қалатының анық. Біреуін мүсіркеп, екіншісін есіркеп аяйсың. Осы жəне басқа да əңгімелерін парақтап қарап отырып Əбіш Кекілбайұлының əрі қысқалықты, əрі нұсқалықты талап ететін əңгіме жанрының хас шебері екенін байқап, бағалауға əбден болады. Оның “Құс қанаты”, “Бір шоқ жиде”, “Шеткері үй” хикаялары да адам болмысының терең қатпарларына үңілуімен, олардың тағдыр- талайымының соншалықты күрделі, соншалықты күрмеулі екенін көрсете білуімен жұртшылық көңілін жаулап алған шығармалар деп білеміз. Бұл үш шығарманың үшеуінің кейіпкерлері де соғыстың өртіне шарпылып, ызғарына тоңған кейіпкерлер. Бұл жағынан ұқсас. Бірақ, ол кейіпкерлердің тағдырлары бір-біріне мүлде ұқсамайтын үш тарапқа тартылған жолмен дамиды. “Шеткері үйдегі” ажарлы, көрікті қыз Зуһра ғұмыр бойы есеп-қисаппен өмір сүрген саудагердің үйінде дүниеге келген. Содан да олар тал шыбықтай таралып желкілдеп өсіп келе жатқан қызының да тағдырын есеп-қисаппен шешеміз деп ойлайды. Ешқандай, не құлқы, не ынтасы болмаса да олардың Зуһраны комсомол жиналыстарына қайта-қайта жіберулері, сол құрғыр құр есептен туған. Олар бірде келісіп, бірде керілдесіп қызылкеңірдек боп жататын бүгінгі комсомол жетекшілерінен күні ертең-ақ жұртты аузына қаратар, жалғанды

жалпағынан басар ортаң қолдай бір-бір лауазым иелері болып шыға келетінін жақсы біледі. Шынында да, бұл тұрғыдан келгенде, тіпті де жаңылысып тұрған жоқ: ертең-ақ мен деген дыңдай бір жігіттің етегінен ұстайды. Бірақ, бұл қу тағдыр сенің сартылдатып салған есеп- шотыңа көнсін бе?! Оның өз есебі, өз жолы бар... Көп ұзамай енді ғана көзге түсіп, ауызға іліге бастаған күйеуі бауырына бір бала құшақтатып соғысқа кетеді. Ол бала əке-шешесінің қолында қалады да, ал өзі олардан бөлек, шеткері бір үйде сыбай-салтаң өмір сүреді. Бара-бара ол көзі түскен жанның көзін қарықтырар сыланып-таранған тоты құстай келіншекке айналады. Енді (тағы да!) шешесінің есеп-қисапқа толы ақылымен бағы озық еркек іздеп, аяғына оралғы болмас үшін жалғыз баласын қиыр алыстағы əскери оқуға жібереді. Сол сол-ақ екен, енді ол тағат та таппайды, тоят та таппайды. Бір қызықтан соң бір қызық, бір еркектен соң бір еркек. Мұны еркек ермек қылса, бұл еркекті ермек етеді. Енді бұған алыста жүрген жар дегенде жалғыз баласынан гөрі үй күзететін ит жақын. Ол тек өзінің көркі мен ажарын ғана қызықтайды. Көрік-ажарыммен кез келген еркекті ерттеп мініп, құрдай жорғалатып қоям деп ойлайды. Көбіне, солай болады да! Мақсатсыз, мəнсіз, мағынасыз өмір! Бірақ ол, ең өкініштісі, ғұмырының соңына дейін өзінің мақсатсыз, мəнсіз, мағынасыз өмір сүріп жүргенін білмей өтеді... Сонымен мына жер үстіне жел қуалаған бір ебелек келді де, бір ебелек кетті... Адамның өзін-өзі осыншалықты тəлкек етіп, өзін-өзі осыншалықты ойыншыққа айналдырып, өзін-өзі осыншалықты талан- таражға салғанына əрі күйінесің, əрі налисың. Ал, “Құс қанатындағы” бүгінде үлкен кейуанаға айналған қара кемпірдің бүкіл өмір жолы, бүкіл болмыс-бітімі Зуһраға мүлде қарама- қайшы. Ол да күйеуін соғысқа аттандырған. Ол да еркек кіндіктен жалғыз тұяқ – ұлмен қалған. Бірақ, ол сол ұлды қашан жеткізем деп, қайтсем қалқитып адам қатарына қосам деп отқа да түседі, суға да түседі. Қаншама қиындықтың қиямет көпірінен, қанашама азаптың тозақты жолынан өтеді. Бірақ, ол бірде-бір рет арына да, жанына да дақ та, тозаң да түсірмейді. Мұқалмас жігер, қайтпас қайсарлық танытады. Арпалысады. Күреседі. Ақыры баласы оқу бітіріп, ел сыйлар азамат боп, анасын астанаға ап келеді. Əрине, есігіне құлып түгіл, жіп байлап көрмеген ауылдан келіп, қай уақта да есік-терезелерін тастай ғып жауып, мұнтаздай болып қымтанып отыратын қалаға үйрене қою оңай емес. Тіпті бір кезде абысын-ажындары айтқан, “асты тақтай, үсті

тақтай, ортасы шылдырмақтай” ақ пəтерде отырса да! Жалғыз бала үшін не көрмеген қара кемпір бұл! Бұған да көнеді, бұған да көндігеді. Сол баланың жолында жадау тұрмыс, жүдеу тіршілік кешсе де, ғұмыры мақсатты, мəнді, мағыналы. Тамырын тереңнен тартқан бəйтерек ғұмыр. Мақсатына жету үшін оның күреспен өткен ғұмырына қарап отырып əрі тəнті боласың, əрі қайраттанасың! Өмірдің мəні мен мағынасына бұрыннан да тереңдеп бойлай түсесің! Сондай-ақ бұл шығарма – Əбіштің өз анасы Айсəуле бейнесін сомдап соққан ескерткіш-шығарма. “Бір шоқ жиде” хикаясында құла түздегі ата-баба қонысын тастамай, жападан-жалғыз отырған Тілеу қарт пен Зейнеп кемпірдің тағдыры баян етіледі. Олар да соғыс зұлматтың зорлығын көріп, зомбылығын тартқан жандар. Жаратқаннан жалбарынып сұрап алған жалғыз перзентінен айрылып қалған мұңлық пен зарлықтар. О бастан-ақ бұл əулет құрама əулет еді. Баласының бəрінен айрылып тұл боп қалған кесірлі, кесапатты кезеңдерде, жақын бір ағайынның немесе жекжат- жұрағаттың нəрестелерін бауырларына басып, соларды алданыш етіп, əйтеуір Өтеу əулетінің отын сөндірмей, шаңырағын құлатпай тіктеліп кететін. Бұл бір арғы аталары Өтеудің өзінен басталған қайырсыз үрдіс. Бірақ, ол үрдістен де өткен үрдіс бар: қара шаңырақ қалай да құламау керек! Бірақ оған тап қазір не амал, не қайрат бар?! Екеуінің отырысы мынау... Енді олар осылай қу тізелерін құшақтап, Өтеу атасынан қалған “Бебеу күйді” ғана мирас етіп қалатындай күй кешіп отыр. Бірақ, жалғыздарынан айрылып жер жастанып қалған екеуінің де құдайы бар екен. Күндердің күнінде алыс бір қиян шеттегі Зейнептің жеңгесі Жаңыл кебежеге қырқынан əлі шықпыған баласын салып, салдыртып жетіп келеді. Бұл Құдайдың көктен сұрағанын, жерден бергенін қарашы... “Отыз күн омырауымды сорғызып ем, ол бұған да, сендерге де салық емес”, – деп тырсиған қос емшегінің сүтін ошақтарына сауып, баласын екеулерінің бауырларына салады. Керегесі қақырап, уығы саудырап, шаңырағы шайқалып тұрған үйдің іргесі сол бір құйтақандай шаранадан қайтадан қатайып кеткендей болады. Құрдымға кеттік пе деп баз кешкендей боп отырған олар, сол бір бала үшін дүр сілкініп, қайта түлеп шыға келеді. Оны белінен үзіліп, құрсағынан шыққан баладан кем етпей аялап өсіріп, жұрт қатарына қосады. Енді олардың төрт құбыласы түгел: о дүниелік боп өмірден озғанда бастарына кеп аят

оқитын, ең бастысы, əулеттің қара шаңырағын ұстап қалатын тұяқтары бар. Адам баласының бұл тірлікте бұдан өткен мақсат-мұраты бар ма екен, сірə?! “Автомобиль” хикаясында алыс бір түкпірге жаңа өркениеттің келгені, оны ауыл адамдарының қалай қабылдағаны түрлі жағдаят, түрлі оқиғалар арқылы сипатталады. Заман да өзгерді, заманмен бірге ауыл да өзгерді. Ауыл өзгерген соң адам психологиясы да өзгерді. Адам мен адам арасындағы қарым-қатынастар да өзгерді. Сол өзгерістердің бəрін автор нақты да, көркем суреттермен сəтті көрсете білген. Əбіш Кекілбайұлының аударма саласындағы еңбегінің өзі жеке бір үлкен əңгімеге жүк боларлық. Оның қаламынан қыруар аудармалар дүниеге келді. Ол сонау студент кезінде-ақ Г.Мопассанның “Өмір”, “Пъер мен Жан” романдарын, сонан кейін іле-шала Л.Толстойдың “Соғыс жəне бейбітшілік” романының тарауларын аударуға қатысты. Əсіресе, оның аудармадағы нағыз шеберлігі У. Шекспирдің “Ромео мен Джульетта”, “Kориолан”, “Король Лир”, К. Гоццидің “Туранбике ханшайым”, А. Чеховтың “Ваня ағай”, В. Буероның “Бүгін мейрам, бүгін той”, Г. Ибсеннің “Үрей”, Л. Дарионың “Сүйіктім менің Электра”, М. Фриштің “Ғылым қуған Дон Жуан” пьесаларын тəржімалаған кезде жарқырап көрінді. Ə. Кекілбайұлы қаламының қуаты арқасында шұрайлы да құнарлы қазақ тілі əлемді мойындатқан бұл қаламгерлердің шығармаларын ешқандай тосырқамай, кібіртіктеп- қыбыжықтамай, бейне бір өз жері, өз өрісінде жүргендей еркін құйылып, еркін көсіледі. Бұл жерде біз көріктен шыққан көркем дүниедей жазылған, таным мен тағылымнан, үлгі мен өнегеден тұратын қаншама сапарнамаларына тоқтала кетуге ешқандай мүмкіндік таппай отырмыз. Ə. Кекілбайұлы “Дала балладаларын” тамамдап, бүгінгі күн тақырыбын бірқатар жылдар бойы зерттеп-зерделегеннен кейін, масштабтылығы жағынан да, көтерер жүгі мен айтар ойы жағынан да аса ауқымды нақты тарихи тақырыпқа жазылған романдарға ауысты. Біз қазақ халқы тарихының, жалпы қазақ халқының ауыр да азапты, тартыс пен таласқа толы, тар жол, тайғақ кешулі ерек те айрықша кезеңдерінің бірін арқау еткен “Үркер” мен “Елең-алаң” романдарындағы тарихи фактінің игерілуі мен оның көркем көрініс

табуы оқырман тарапынан болсын, сыншылар тарапынан болсын бірқыдыру лайықты бағасын алды деп ойлаймыз. Ол романдар, сөз жоқ, тұтас бір халықтың тарихи, саяси, əлеуметтік кескін-келбетін, сол факторлардан туындайтын психологиясы мен моралін жан-жақты қарастырып, көркем мүсіндеп бере білген үлкен панорамалы шығармалар. Оған сол шығармалар өзегінде жатқан қорғасындай ауыр бүгінгі күннің ең көкейкесті проблемаларын қосыңыз. Онда ол шығармалар салмағы бұрынғыдан да ауырлап, ол проблемалар шоқтығы бұрынғыдан да айдарлана түсетіні сөзсіз. Əлем əдебиетінің ең гуманистік, ең текті үлгілерінен үйрене отырып, халқымыздың аса бай рухани қазыналарын шығарма қанына барынша сіңіріп, тарихи фактіні көркем қорыта білген жазушының олжалы табысы шынында орасан зор. Бұл романдардағы бір мəтіннен үш мəтін (кеше, бүгін, ертең) қатар оқылатынын кезінде айтқан болатынбыз. Соны бүгін де қайталап айтамыз. Оған біздің қосарымыз, жазушының тағы бір ерекшелігі – тарихи факт арқылы белгілі бір кезеңнің əлеуметтік болмыс-бітімін, саяси жағдайын, психологиясы мен моралін, трагедиясы мен драмасын жан-жақты көрсетумен бірге, сол белгілі фактінің философиясын ашатындығы, біздің ойымызша, бұл ілуде біреудің ғана қолынан келетін іс. Сондықтан да бұл шығармаларға пайдаланылған тарихи материалдар – мұрағаттық, кеңселік іс қағаздары, басқа да əртүрлі құжаттар Əбіш қаламы арқылы қанымызға сіңіп, рухани құжаттарымызға айналып кетеді. Шынын айту керек, бір қуаныштысы қазақ əдебиетінде тарихи тақырыпқа бару, оны жан-жақты игеру қанатын кең жайып келеді. Бірақ, белгілі бір тарихи тұлғаны немесе бір тарихи кезеңді көркем шығармаға айналдыруда жұрттың бəрі діттеген жеріне жетіп, жұрттың бəрі біз күткен деңгейден көрініп жүр деп айта алмаймыз. Əрине, олардың ішінде талантты авторлар да жоқ емес. Сонымен бірге, авторлардың өз тақырыбын зерттеуіне де күмəн келтіре алмайсың. Ол шығарма авторлары, бəрі болмаса да, сол белгілі тарихи кезең материалдарын, мүмкіндігінше, дұрыс меңгерген болып шығады. Олардың, тіпті, кейбіреулерінің көркем орындалуы да тап-тұйнақтай, шып-ширақ. Бірақ, ол шығармаларды – талантты деген шығармалардың өзін де – белгілі кезеңге ғана қамалып, тынысың

тарылып, тұншығып оқисың. Салқарлық, кеңістік жетіспейді. Мұны, ең алдымен, автор дүниетанымының шектеулігінен, яғни тарихтың бір қуыс мекенін ғана игеріп, оның басқа дəуір, басқа кезеңдерін жете білмеуінен, біле қалған жағдайда да, ол кезеңдер мен дəуірлердің тəжірибе мен дəрістерін сол өзі зерттеген кезеңмен жанды түрде сабақтастыра, салаластыра алмауынан деп білген жөн. Жалпы, біздің ойымызша, белгілі бір халықтың, белгілі бір кезеңнің, тіпті оның бір шағын алқабын жазу үшін де бүкіл адамзат тарихынан хабардар болу шарт. Яғни, сол тарихи алқапты бүкіл адамзат тарихының фонында қарастыра білген жөн. Жəне сол бүкіл адамзат тарихын, мəдениетін, эстетикасын, философиясын, олардың даму, құлдырау, шарықтау кезеңдерін терең түсіне білетін интеллектуалдық қуатқа ие болу қажет. Сонда ғана автор өзі зерттеген сол тарихи кезеңнің саяси-əлеуметтік ахуалына, моралі мен психологиясына дəл баға беріп, оларды көркем де терең сараптамалық талдаулардан өткізбек. Сонда ғана ол шығарма бүгін мен ертеңге рухани қызмет көрсету хұқына ие бола алмақ. Бұл тұрғыдан алғанда Əбіш Кекілбайұлының “Үркер”, “Елең-алаң” шығармаларынан пішімі мол талант, үлкен жауапкершілікпен бірге, өрелі интеллектуалдық қуаттың тайға таңба басқандай болып көрініп тұратынын баса айтуымыз керек. Сондықтан да шығарма тынысы өте кең, қарымы өте ауқымды. Романдарда қазақ халқының белгілі бір тарихи кезеңі көршілес отырған басқа халықтардың тарихымен бірге өріліп, жанды байланыста қарастырылады. Жəне ол белгілі бір тарихи кезең қабатында ғана емес арғы-бергі кезең қабаттарымен де салаласып, сабақтасып жатыр... Біздің пайымдауымызша, көркем əдебиеттегі Тарих деген ұғымның өзі екі мəнге ие. Біріншісі – факт-тарих, екіншісі – рух-тарих. Факт-тарих – құрғақ деректер мен нақты құжаттар. Онда жан мен қан, леп пен дем бола бермейді. Ал, рух – сол факт-тарихтан тамыр ала тұра, адам жанын жаңғыртып, жаңарта алар, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік рухын егіп, адам жанының түкпір-түкпірінде сілкіністер мен соқтығыстар тудыра алатын аса зор қуатқа ие. Шынын айту керек, көптеген жазушылар тек факт-тарихпен жұмыс істеп жүр. Олар тек фактінің сыртын ғана бояп, оған əртүрлі қызылды-жасылды əлеміш өрнектер салып, оқырман қауымды алдарқатпақ болады. Ал рух-тарих, əдетте, факт-тарихтың ішінде, өзегінде жатады. Оны өндіріп алу оңай шаруа емес. Өйткені, факт-тарих орасан зор қарсылыққа ие. Оны

қақыратып, қақ жарып өндіріп алу үшін автор таланты шығармашылық қарулармен мұздай қаруланған, халықтың рухани күш-қуатын бойына молынан сіңіріп алған болуы керек. Əбіш Кекілбайұлының романдары, сөз жоқ, сол факт-тарихтың өзегінен өндіріліп алынған рух-тарих тілімен сөйлейтін шығармалар. Бұл романдардағы тағы бір байқалар ерекшелік – ондағы қандай бір кейіпкерді алсаңыз да, белгілі бір дəрежеде қоғамдық ой, белгілі бір дəрежеде əлеуметтік жүк арқалап тұр. Əйтеуір қызық үшін, əйтеуір таңсық үшін жасалынған бірде-бір бейне жоқ. Кейіпкерлерінің бəрі дерлік өз заманының омырауын еміп, өз уақытының топырағына тамыр сап өскендер. Олардың қимыл-қарекеті, моралі мен психологиясы, ең алдымен, сол заманның қимыл мен қарекеті, сол заманның моралі мен психологиясы. Мəселен, Əбілқайыр бойындағы қайшылықтар – уақыт пен заман бойындағы қайшылықтар ғой. Ол халық қамын ойлаған тұста қайраткер деңгейіне көтеріледі де, өзінің жеке басының қамын күйттеп кеткен тұстарда жай пенде болып қалады. Батыр, Барақ секілді сұлтандар бейнелерінде сол кездегі қазақ көшбасшыларының əрі тартқанды бері тартып отырған – тек тарихи ғана емес!– типтік бейнелері де, ал Тевкелев, Кириллов бейнелерінде патшалық самодержавияның ашқарақ, тойымсыз көзқарасы мен қорқау, обыр психологиясы қатар өрілген емес пе?! Сондықтан болса керек, жазушы кейіпкер болмысында жүріп жатқан сана ағымын замана ағымымен өзектес етіп, біртұтас өріп жіберген. Бұл романдарды талдап-талқылап, оның композициялық құрылымы мен архитектоникалық түзілімін, образдар галереясын, фактілерді тірілтуін, олардан алар тағылым мен тəлімді жіктеп, саралап, терең сараптамалық зерттеулерден өткізу үшін арнайы көлемді мақала, мақала емес-ау, тұтас бір еңбек жазуға тура келеді. Сондықтан біз бұл жерде оның рухты тұстарын ғана тезистеп беруге ұмтылдық. Бұл жерде тағы да қадала, қадап айтарымыз, бұл романдар, біреулер айтып жүргендей, тек Əбілқайыр туралы ғана романдар емес. Бұл романдар, ең алдымен, аса күрмеулі, күрделі кезеңдегі халық тағдыры туралы романдар. Дей тұрғанмен, сөз жоқ, басты кейіпкер – Əбілқайыр хан. Ал, Əбілқайыр – тарихи тұлға. Ол туралы айтылып жүрген дəйексіз сөздердің бəрі, ең алдымен, тарихқа қиянат.

Агрессияның ең үлкені – тарихқа жасалынатын агрессия. Өйткені, тарихың құрыса– болашағың да құриды. Бой көтеріп келе жатқандарды отап, омыртқа түзеп келе жатқандарды омырып жіберетін отаршыл жүйенің қанқұйлы машинасы осы мақсатта жұмыс істеген. Енді, міне, өз алдымызға елміз. Бойымыз тіктеле бастады. Осы кезде біздің қай жағымызға болсын, əсіресе, тарихымызға сабыр- салиқалықпен үңіліп, сарабдалдық танытуымыз керек-ақ еді. Кеңес өкіметі тұсындағы бойымызға сіңген науқаншылдық пен бір жақтан екінші жаққа құлай жығылушылыққа өзіміздің өңеші ұзын шамшылдығымыз қосылып, тағы да тарихқа тас лақтыра бастадық. Оның кей тұстарын қорс қып қопарып, кей жерлерін көмуге кірістік. Біздің бұл пікіріміз Əбіш Кекілбайұлының бас кейіпкері Əбілқайыр ханға да тікелей қатынасты болғандықтан əдейі тоқталып отырмыз. Біреулер оны тарихтан мүлде шығарып тастағысы кеп жанталасып жүр. Олай демеске амалың жоқ. Өйткені, ол қатысқан қазақ халқы үшін теңдесі жоқ тарихи оқиғаларда оның аты бірде аталса, бірде аталмайтын болды. Аталса да жағымсыз ретте. Бейне бір біреулер тарих доңғалағын кері айналдырып, сол тарихи оқиғаларды өзінің қалауымен мүлдем қайта жасап, қайта тудырғандай. Біз 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Итжеместе қазақтардың жоңғарларды ту-талақай етіп жеңгенін жақсы білеміз. Аңырақай деген атқа ие болған бұл жеңіс – қазақ халқы үшін – тарихи жеңіс! Ол жеңістіқандайбіртарихшыңызда айналыпөтеалмайды. Сол жеңіске қол жеткізген қазақ сарбаздарының Бас сардары, басқа емес, Əбілқайыр ғой. Оны Бас сардар етіп əйтеуір пəленше-түгеншелер емес, сол кездегі ағаш шаңырақты, киіз туырлықты қазақтың игі-жақсылары тағайындаған жоқ па?! Қазақ халқының басына түскен ең қысталаң, ең қатерлі шақта оқшау жота Ордабасыда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек би бастап (Əйтеке би ол кезде дүние салған) басқаны емес, Əбілқайырды Бас сардар етіп еді ғой. Өйткені, сол кезде ол өзінің алымдылығымен де, алғырлығымен де ерекше көзге түскен болатын. Бұл фактіні тарихтың шойындай ауыр есігін айқара ашып кіре алатындарды былай қойғанда, оның саңлауынан сығалап қарай алатындарға дейін жақсы біледі.

Мейлі, сіз қалаңыз, мейлі, сіз қаламаңыз, Қаракерей Қабанбай да, Қанжығалы Бөгенбай да, қазақтың басқа қалқандары мен семсерлері де сол Бас сардар Əбілқайырдың қол астында соғысты. Сол соғыстың бүкіл тізгіні Əбілқайырдың қолында болды. Бұл – тарихи факт! Ал, біз біле тұра, осы бір ақиқатты неге айналып кете береміз?! Сөйтсек, Əбілқайыр хан Ресейге бодан боламыз деп ант берген, содан да оған деген таудай ренішіміз бар боп шықты. Бұл, əрине, тарихи балаңдық! Біріншіден, бодан болам деген сөз, мен саған бүкіл еркімді бердім, енді сен кел де, мені отарлай бер деген сөз емес. Отарлау саясаты көп жылдан кейін басталды. Екіншіден, сол кез үшін қазақ елінің Ресейге бодан болам деуі соншалықты күнə ма еді? Ол кез – күні кеше Жоңғар шапқыншылығынан босып кеткен ақтабан қазақтың ойылып қалған өкшесінің жарасы əлі бітпеген, маңдайынан сорғалаған сордың əлі кеппеген кезі емес пе еді?! Бір жағында қылышын жалаңдатып Жоңғар, бір жағында дар ағашын даярлап Хиуа мен Қоқан, тағы бір жағында зеңбірегін гүрсілдетіп орыс, тағы да басқа анталаған қалың жау тұрған жоқ па еді?! Ол кез – Ұлы Даланың бойынан дəрмен, қанынан қуаты кетіп қансырап жатқан кезі еді ғой. Осы жағдайды біле тұра, Ресейге қосылмасақ, бізге ешкім де тимейтін еді, өз бетімізше-ақ іргелі ел болып кете алатын ек деп, қане, кім кепілдік бере алар екен?! Ресейге бодандыққа, ең алдымен, сол кездегі қазақ даласындағы аумалы-төкпелі, қым-қуыт заманның өзі толғатып туған тарихи процесс итермеледі. Сондықтан пісіп-жетіліп тұрған тарихи процесті есепке алмауға болмайды. Оны есептен алып тастаймын деу – барып тұрған тайыздық болады. Тағы бір айта кететін тарихи факті, Ресейге бодан болу процесі Əбілқайыр кезеңінен бұрын, сонау он алтыншы ғасырда Тəуекел ханның тұсында-ақ басталған. Тəуекел хан Ресеймен тіл табысу үшін үлкен əрекеттерге барған жоқ па?! Соның нəтижесінде 1594 жылдың қаңтарында патша өкіметі Тəуекелге əскери көмек көрсеткен еді ғой. Тəуекел, өз кезегінде, Мəскеуге өзінің ұлы Хұсайынды аманатқа беруге келіскені қайда? Патша өкіметі осының қарымтасы ретінде Тəуекелдің немере інісі Ораз Мұхаммедті қайтармақшы болғанын қайда қоямыз?

РесейгебоданболамдегенсаясиəрекетƏбілқайырдан кейін де тоқтап қалған жоқ. Ұлы Абылай хан екі рет 1740 жəне 1771 жылдары патшаға бодан боламыз деп ант берген. Өйткені, Абылай да Əбілқайыр сияқты сол кездегі тарихи жағдайды жіті пайымдап, зерек сезіне білді. Сондай-ақ тек Ұлы жүзді ғана емес, бар қазақты аузына қаратып отырған Төле би 1734 жылы Ресей патшасы Анна Ивановнаға, ал 1749 жылы Орынбор губернаторы И.Неплюевке жиені Айтбай бастаған елшілік жіберіп, бодандықты қабылдауға ризашылдығын танытып еді ғой. Əрине, Əбілқайыр Абылай деңгейіне көтеріле алмады. (Өкінішке орай, Абылайға да “шабуыл” жасаушылар бір толастар емес). Абылай үш жүздің басын қосты. Ал, Əбілқайыр өмірінің соңғы жылдарында тышқаншылап кетті. Сол бір күрмеуі қатты күрделі заманды тарихи фактілерден қыл елі ауытқымай барынша көркем шындықпен көрсете білген Əбіш Кекілбайұлы “Қазақ əдебиеті” газетінде берген сұхбатында Əбілқайыр ханды “трагедиялық тұлға’’ деді. Ал үлкен тарихшы, академик Манаш Қозыбаев “Халық кеңесі” газетінде жарияланған “Сырым батыр жəне Хан Кене” мақаласында былай дейді: «Кейбір ғалымдар Əбілқайыр хан Ресейге өз бетімен бодан болды дегенді бетке басады. Шын мəнінде бұл іс қанды Жармақ (Ермак) жорығынан бастап бағдарланды. Ерте ме, кеш пе қазақ елінің Ресейге қосылуы ақиқат болатын». Осы сөз – сөз ғой! Біз бұл мəселеге, сөз реті келіп тұрған соң арнайы тоқтала кеткенді жөн көрдік. Тарихты əркім өз қалауымен қақпақыл етуге болмайтынын тағы бір еске салғымыз келді... ... Жалпы алғанда, Əбіш Кекілбайұлы дегенде біздің көзалдымызғаетек-жеңімолпішілгенсахаралықкеңдік, арғы мен бергіні, өткен мен бүгінді қатар қамтып жатқан парасаттылық, ең бір түпсіз шыңырау-шүңеттерден сөйлеп тұратын тереңдік, күрделі өмірдің күрмеулі тұстарына көрегендік жасай алатын пайымдылық, далалық дарқан болмыс, ірі философиялық бітім, əлемдік деңгейдегі үлкен білімпаз-білгірлік, тарихи сарабдал саналылық пен құлашты ойлылық, кең дүниетаным, келісті кісілік пен көрнекті қайраткерлік келіп тұра қалатыны сөзсіз.

Мен бұл жерде əйтеуір айтып қалу үшін марапатшыл əсіре қызылдыққа, қолпашшыл асыра сілтеушілікке салынып отырғам жоқ. Бұл сөздерді Əбіш Кекілбайұлының қадірін білетін, қасиетін ұғатын, оның тұлғасын көз алдына елестете алатын замандастарымыздың бірқатары айтып қана қоймай, оны біздің тілімізге ілінбеген, аузымызға түспеген басқа қырларымен де толықтыра түсетініне, мен өз басым титтей де күмəнданбаймын. Талай-талай белестерден өткен Əбіш Кекілбайұлының шығармашылық пен қоғамдық өмірдегі тыныс-тіршілігін бөліп, əрқайсысын жеке-жеке қарастыру мүмкін емес. Ол тұтас жаратылыс, тұтас болмыс. Сондықтан Ə. Кекілбайұлының шығармашылық жолын айтқанда оның рухани бастау көздеріне, ал қайраткерлігін айтқанда оның қозғаушы қуатына тоқталмау мүмкін емес. Рухани өміріміздің табалдырығын əп деп аттағаннан-ақ Əбіш Кекілбайұлы қоғам мен адам арасындағы қарама-қайшылықты, қоғамның адам санасы мен психологиясына əсер-ықпалын, адамның қоғамда алатын орнын, болмысы мен табиғатын, драмасы мен трагедиясын барынша қазып көрсетіп, қазымырлана сөйлеп келді. Оның ішкі ағымдары мен қат-қат боп жатқан терең қабаттарына үңілді. Əбіш Кекілбайұлы– шығармашылық ісінде болсын, қоғамдық- қайраткерлік жұмыстарында болсын халықтық мəн-маңызы бар үлкен қағидалар мен мұраттарға қызмет етіп келе жатқан ұлы тұлға. Ол қандай үлкен қағидалар, ол қандай үлкен мұраттар? Ол халық халық боп қатарға қосылу үшін, ұлт ұлт болып рухтану үшін, ең алдымен, оның тарихи жадын оятып, тарихи санасын жаңғырту керек деп ұқты. Халық үшін де, ұлт үшін де тарихи жад пен тарихи санаға жасалынған қастандықтан өткен жауыздық жоқ деп білді. Өйткені, тарихи жад өшіріліп, тарихи сана жойылған тұста шыққан тек оталып, тартылған тамыр қырқылмақ. Өткен – құрдымға кетіп, ал ертең– беймəлім болып қалмақ. Ондай кезде ұлт ұлт болудан қалып, жетектегеннің жетегінде, иектегеннің иегінің астында кетпек. Міне, осыны бар жан-жүрегімен, бар болмыс-бітімімен терең сезіне білген Əбіш Кекілбайұлы, тағы да қайталап айтамыз, əлемдік əдебиеттің контексінде тұңғыш рет – түйенің жас терісін басына қаптап, адамдарды естерінен адастырып, туған жері мен шыққан тегін

ұмыттырып жіберген – мəңгүрттік метафорасын дүниеге алып келді. Яғни, сол бір жазған-сызғанына бір шоқытып, екі қаратып қойған Кеңес өкіметі тұсындағы қиын да қысталаң тұста-ақ ұлт пен ұлыстың тарихи жады мен тарихи санасына жасалынып жатқан жауыздықтарға қарсы осы мəңгүрттік метафорасы арқылы күрес ашты. Бұл метафора бүгінде, несін жасырамыз, бұрынғыдан да тағылымды, бұрынғыдан да көкейкесті. Өйткені, бүгінгі таңда біздің рухани тұтастығымызға аса қатерлі қауіп төнуде. Киіз туырлықты, ағаш уықты шаңырақ астынан өрген бір қазақтың баласы – бірі шығысқа, бірі батысқа қарап тұр. Бірі өз тілінде, бірі бөгде тілде сөйлеп барады. Біздің кешегі кесапат идеологиядан есін жия алмай тұрған əлі де жас тарихи жадымыз бен балаң санамызға қазір шприц-телемұнаралар бұзақы идеологияның уын егіп, алақанат сауысқан сияқты сұқақтаған газет-журналдар жанымыздың жарасын шоқып, қан-жоса етуде. .. Мұндай əрекеттер тəуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында тіпті бел алып, қазіргі таңда сəл бəсеңсігенімен бүтіндей толастай қойған жоқ. Міне, осындай тұста Əбіш Кекілбайұлы тəуелсіздік хақында, оның алдындағы мемлекеттің, қоғамның, əр адамның міндеттері мен жауапкершілігі хакында байламы берік, қайрауы жетік көптеген мақалалар жариялады. Сөз жоқ, бүгінгі таңда тіл мəселесі ең өзекті мəселелердің бірі боп тұрғаны белгілі. Бұл ретте, осыдан бірер жыл бұрын “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде жарияланған “Тіл жəне Təуелсіздік” деп аталатын терең зерттеулерден туып, үлкен тебіреніспен жазылған сараптамалық мақаласын айрықша атауға болады. Өз тілдерінен айрылып қалған Латын Америкасы мен Африка елдерінің басынан өткен ауыр халді алға тарта отырып, тілін жоғалтқан елдің бəрін де жоғалтатынын нақты дəлелдер мен дəйектемелер арқылы ескерту жасайды. Кейде сол мақаланы, шіркін, қоғамның əр мүшесі, басшысы да, қосшысы да тағы бір зерделеп оқып, парасат-пайымынан өткізіп алса ғой деп ойлаймын. Əбіш Кекілбайұлының Махамбет, Абай, Құрманғазы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Əуезов, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев секілді жəне тағы да басқа халқымыздың алып тұлғалары туралы толқыған теңіздей толғаныстары мен желді күнгі шалқыған сар даладай тебіреністері, сондай-ақ, өз замандастары, өзінен кейінгі

буындар жайында жазылған мақалалары мен пікірлері қаншама! Тағы да ол сол еңбектерінің бəрінде де сөз болып отырған объектінің тамырын тап басып, мəні мен мəйегін ашып айтады, көсіліп айтады, шешіліп айтады, бағасы мен бəсін дəл қойып, жеріне жеткізіп айтады. Бірде бір жылтыр сөз, бірде бір сылдыр сөз көрмейсің. Ол эсселер мен мақалалардан автордың қанының қызуын, жанының жылуын бүкіл тұла бой болмысыңмен сезініп отырасың. Соларды парақтап қарап отырып, оның өз əдебиеті мен өнерінің көсегесінің көгеруі үшін, өрісінің кеңеюі үшін ешкімнен де ақ ниет, ақ тілеуін аямайтын жүрегінің кеңдігіне, жанының жомарттығына таңғаласың. Мұндай рухани атымтай жомарттық қазақ əдебиеті мен өнерінде бұрын-соңды болды ма екен, сірə! Сөз орайы кеп тұрғанда айта кетер мəселе, Əбіш Кекілбайұлының қызметке қандай өкпесі болмаса, қызметтің де Əбіш Кекілбайұлына сондай өкпесі жоқ. Бəрін тізбей-ақ, оның Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік хатшы болғанын айтсақ та жеткілікті. Əбіш Кекілбайұлы зорлық тек зорлық, жауыздық тек жауыздық, өшпенділік тек өшпенділік тудыратынын терең біледі. Яғни, кімде-кім жауыздық жасаса, жауыздықтың қолынан опат болмақ. Егер ол дер кезінде жазасын алмаса, бəрібір түптің-түбінде зауалын тартпақ. Өзі тартпаса ұрпақтары тартады. Бұл – қолға ұстауға келмейтін, көзге көрінбейтін, Құдіреттің өзі жұмыр басты пендесін жаратқаннан бері үйретіп келе жатқан дəрісі. Құдайлық заңдылық. Оның шығармаларынан тарайтын тағылымдар да, қайраткерлік тірлігіндегі өсиет-пікірлер де осыған саяды. Бұл ретте ол бүкіл адамзат баласы басынан өткізген тарихи тауқыметтерді, тарихи азап пен сорды алға тартады. Əбіш Кекілбайұлы егер ел ішінде алауыздықтың ала құйыны, ашкөздік пен дүниеқоңыздықтың ақ түтегі кірсе, онда ол үлкен қауіп пен қатердің астында қалатынын барынша қазып, барынша қадап айтумен келеді. Іргені тек ынтымақ бекітіп, шаңырақты тек бірлік ұстап қалады деп ұғады. Сондықтан да ол адам мен адам арасында жарасым, ұлт пен ұлт арасында үйлесім, мемлекет пен мемлекет арасында ықпалдастық орнатуға бар күш-жігерін, ілім-білімін, парасат-пайымын арнап жүр деп айтсақ артық емес.

Əрине, Ə. Кекілбайұлы ол жарасым мен үйлесім, ол бірлік пен ынтымақ күні кеше зорлық пен зомбылықты, жəбір мен жапаны көп көрген белгілі бір ұлттың, яғни, қазақтардың есебінен жасалынуына жан-тəнімен қарсы. Сондықтан Əбіш ол үйлесім мен жарасымға, ол ынтымақ пен бірлікке жұрттың бəрі тең тұрғыда, заңдық аяда мүдделі болуға тиіс деп біледі. Ол бұл мəселеге əр адамның аса сақ, аса сергек, аса ыждаһатты болуын қалайды. Ол қазір де енді ғана қабырғасы қатып, енді ғана буыны бекіп келе жатқан тəуелсіз мемлекетіміздің өміріндегі бүкіл дерлік саяси, əлеуметтік шаруаларының басы-қасында жүр. Жалпы, қорыта айтқанда, Əбіш Кекілбайұлы – еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-əлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс. Ол – феномен. Ол – тұтас əлем. Ол тұтас əлемді қамтып сөйлеуге бір мақала түгілі, үлкен бір кітаптың қауқары жетпейді. Ол əлем – айтқан сайын биіктеп, қадалған сайын тереңдей түсетін əлем. Ол əлемнен əлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз. Қазірдің өзінде-ақ оның туындылары мен қайраткерлік ой-толғамдары ұлттық құндылықтарға айналды. Ол – рухани ұлы тұлға.

ЖҰМЕКЕН АҒАМДЫ АҢСАЙМЫН Кешегі бір құлашты кең жаздырмаған құрсаулы өмірде ар-ожданын таза сақтап, мансап-мүкəмалыңа пысқырып та қарамай, бар ғұмырын поэзияға арнаған есіл дарындардың бірі – Жұмекен Нəжімеденов еді. Ол тумысынан Бейімбет тағдырлас, қақ-соқпен шаруасы жоқ, тірліктегі бүкіл өкініш-назын, өшін-кегін тек қана өлеңнен ала білген хас талант өнерпаз болатын. Несін жасырайық, көкжасық шатпақтар, кермек дүниелер қаптап, шын өлеңге шөл қата болған мына заманда таңғы шықтай мөп-мөлдір, ақтұма Жұмекен жырларын оқып, мейіріміміз бір қанатыны ақиқат. Алайда, Жұмекен жырлары сөз бола қалған жерде таңданыстан ішегімізді тартып, басымызды шайқағанымызбен, биік мінберлерде, алқалы жиындарда ақын есімінің сирек аталуы неліктен? Кейінгі жылдары кезінде бағалай алмай қалған арамызда жоқ үздіктеріміздің асыл мұраларын Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну тəрізді жақсы дəстүр қанат жайды. Ендеше, қара өлең жазирасындағы жеке дара тұрған Жұмекеннің өз орнын өзіне салтанатты түрде табыстап, ұлы ақынымызды ұлықтайтын кезең енді келген сияқты. Сонда ғана сұлулықтың туындай мен мұндалап тұратын ақық жырларға ажал жоқ екендігіне анық көзіңіз жетер еді. 1964 жылдың ми қайнатқан шілдесі. Түркістаннан екі жігіт боп, оқуға түсеміз деген ниетпен Алматыға жолға жиналдық. Вокзалға келсек, пойызға билет жоқ. Амал не, трассаға шығып, жолай кетіп бара жатқан бір машиналарға ілігіп Шымкентке, одан Алматыға тарттық. Менің жолға шыққаннан, жолға шыққаннан емес-ау, одан да ертерек, ішіме түйіп алған бір құпия мақсатым бар. Ол – Алматыға барған бойда, қалайда, қазақ өлеңінің ақсақалдарының бірі Əбу Сəрсенбаевқа жолығу. Оған себеп, сол жылдары газет-журналдарда Əбу Сəрсенбаевтың кісілік құшағының кеңдігі туралы, жастарға деген қамқорлығының молдығы жайлы көп жазылатын. Жұмекен Нəжімеденов, Сайын Мұратбеков, Дүйсенбек Қанатбаев, Қанипа Бұғыбаеваларды жəне басқаларды əдебиет табалдырығынан алғаш аттатқан екенінен хабардар едім. Сондықтан өлеңдерімді көрсетіп, алдынан өткім келді.

Сонымен Жазушылародағынакеліп, Əбуақсақалдың адресін алдым. Сұрастырып жүріп үйіне де жеттім-ау. Жүрексіне қоңырау түймені бастым. Есікті толқынды шашы дудырап Əбу ақсақалдың өзі ашты. Суреттерден талай көрген таныс бейне. – Кім керек еді, балам? – деді Əбекең жұмсақ үнмен. – Сіз керексіз... – Мен кіммін? – жүзінде қызығушылықтың нышаны пайда болды. – Сіз – Əбу Сəрсенбаевсыз. – Е, онда танып тұр екенсің. Кіре ғой. Дəл түскі астың үстіне келген екем. Дастарқан басында үш-төрт адам отыр. – Мына бала мені іздеп келіпті, – деді мені бірден дастарқан басына жайғастырып жатып айналасына қарап. – Мынау Лəзиза апайың, мына кісіні де танитын шығарсың. – Иə, танып отырмын. Ғабдол Сланов күлімсіреп қана отыратын, ашаң денелі, көзілдірікті көзі мейірімге толы, инабатты кісі екен. Жайлап қана басын изеді. – Ал, шаруаңды айт, – деді Əбекең, мен əбден жайғасып болғаннан кейін. – Оқуға түсейін деп келіп ем... Сізге өлеңдерімді көрсетейін деп... Сөзімнің не басы жоқ, не аяғы жоқ, бытыраңқы шыққанын біліп тұрмын. Оның үстіне даусым қарлығып, бұрынғыдан да абыржи түстім. – Қайдан келдің? – Түркістаннан. – Түркістаннан? Қасиетті жерден келген екенсің ғой, – деді шай құйып отырған Лəзиза апай, – Шай іш, палаудан ал. Түркістаннан болсаң, палауды жақсы көретін шығарсың. Мұндайда қалай шай ішіп, қалай палау аласың. Тұла бойымды темір құрсап алғандай, сірескем де қалғам.

– Атың кім? – Темірхан. – Ал, балам, былай болсын. Өзің Түркістаннан келіпсің. Атың Темірхан екен. Олай болса, мына отырысың не? Егер жөндеп тамақ жеп, шай ішпесең, өлеңіңді тыңдамаймыз. Соны біліп ал. Ғабдол, солай ма? – деп Əбекең маған тіктеңкіреп қарап алды да, Ғабдол Слановқа бұрылып, қуақы күлімдеп, көзін қысқандай болды. Лəзиза апай да «іш, алдың» астына алып барады. Мына көл-көсір қонақжайлылық пен мейірімнен менің де сіресіп қалған қол-аяғым босап, тағамға қол созып, шай ұрттай бастадым... Сəлден кейін дастарқан жиналды. Əбекең мен Ғабекең мені кабинетке бастады. Кабинетінің екі қабырғасы түгел кітап екен. Осыншалықты кітабы көп үйді тұңғыш көруім. Аузымды ашып тұрып қалыппын. – Ал, Темірхан балам, өлең оқы, – деген Əбекеңнің жұмсақ үнінен бойымды жиып алдым. Орындыққа жайғасып, қолтығымдағы дəптерлерімді қолыма алдым. – Өлеңдер оқиын ба, поэмалар оқиын ба? Ғабекең мен Əбекең бір- біріне жалт қарады. – Поэмалар? – деді Ғабекең, осы үйге келгелі бір маған тұңғыш рет тіл қатып. Жүзінде таңданыс бар. – Поэмаларың көп пе? – деді Əбекең де қызыға қарап. – Екеу. – Сен алдымен өлеңдеріңді оқып көрші, поэмаларыңды соңынан көре жатармыз. Қане, балам, бастай ғой. Дəптерімді ашып жіберіп, оқуға кірістім. Бірінен соң бірін түйдектетіп, төрт-бес өлеңді лезде-ақ оқып тастадым. Жүздеріне қарап отырмын, өлеңдерім ұнаған сияқты. – Темірхан, сен мына дəптерлеріңді маған тастап кет. Ертең сағат ондарда кел. Оқуға түсу мəселесін де сонда сөйлесерміз. Көп ұзамай оқуға түстім де, Əбу ақсақал таныстырған Жұмекен ағамен қоян-қолтық араласып кеттім. Ол кісі де мені бауырындай бауырына

тартты. Жиі барып тұрам. Барған сайын: «Иə, Балабас, келдің бе?» – дейді мені Тайыр Жароковтың бір дастанының кейіпкерінің атымен атап. Мені Жұмекен аға неге бұлай атайды екен деп ойлаймын. Бəлкім, Балабас деген сөздің құлаққа ойнақы естілетінінен бе, əлде дастандағы: Қарапайым адамның Біреуі еді Балабас, – Еңбек етіп күн көрген Тамағы аш, үсті жалаңаш, – деген жолдардың үнемі ашқұрсақ боп жүретін студентпен балама тапқанынан ба, білмедім. Себебін мен де сұраған емеспін. Бірақ, уақыт өте келе мені олай атауды өз-өзінен қойып кетті. Бара қалған кезімде, қолы бос болса, «жүр, кеттік» дейді Жүкең. Жақын маңдағы асханаларға апарып тамақ алып береді. Оқуымды сұрайды. Не жазып жүргенімді біледі. Өлең жайлы өз пікірлерін айтады. Сол жылдары «лирикалық кейіпкер» туралы қызу айтыстар болып жататын. Ол айтыстар туралы мен де өз ойымды білдірмек болам. Жүкең менің ол балаң пікірлерімнің біреулерін құптаған болып, біреулерін – тым дүмбілез шикі боп көрінсе – мысқыл аралас мырс еткен күлкісімен «өлтіре» салады. «Лирикалық кейіпкер деген аспаннан түскен адам емес. Ол ақынның өзі ғой, соның көруі, тануы, қорытуы, сезінуі. Сыншылардың да, сыншы еместердің де соншалықты қызылкеңірдек болып айтысатындарына таңғалам. Ужас!» – деп ащы папиросын желкесінен бір шертіп, басын көтеріңкіреп бір шайқап, шалқасынан қайырылып желкесіне жиналған толқынды қалың шашын бір сипап қоятын. «Осы пікіріңізді газет бетінде неге айтпайсыз?» – деймін мен. «Мен айтысқа жоқпын ғой», – дейді ол жымиып. Жүкең өзіне етене жақын адамдардың арасында болмаса, жалпы көпшіліктің ортасында өзін томаға-тұйық, тіпті тоңтеріс ұстайтын. Айтыс-тартысқа бара бермейтін. Бес-алты адамның басы қосылып, əңгіменің ажары бұзылып бара жатса, «ужас!» деп, қобыраған желке шашын бір қозғап, қалтасынан ащы темекісін суырып, сырт айналып кетуші еді. «Бұзау емізер бос сөз не керек! Жұмыс істеу керек, оқу керек», – дейтін ол. Оның не нəрсені де

айқайлап айтуды жаны қаламайтын. Мен ол кісінің, тіпті, сахнаға шығып өлең оқығанын бірде-бір рет көрмеппін. Айтатынын оңаша отырып, қағазға төгетін еді ғой. Оңаша отырып, тылсым тереңнен сыр тартатын. Жүкеңнің мына өлеңі дəл бір сондай көңіл-күй кезінде жазылғандай. Сен ексең жер бетіне бір шыбықты, Ол өсіп бір бұлбұлды жыршы ғыпты. Əр бұта тамырлары жер астынан Сүйрелеп шығып жатыр тіршілікті. Ей, досым, ойлан, ойлан! Ерлегенің Уақытты құм мақтанға бермегенің. Ұяң бол – гүлін көріп бұл өлкенің, Қайсар бол – дауыл күнгі көр де еменін. Сүгіреттер тұрсын солай көңіліңде Кетпесін табаныңның көні мүлде. Теріңмен жібіт жерді, сонда ғана Хақың бар туған жерге көмілуге. Шынында да, жұрттың бəрі айтып жүргендей, Жұмекен Нəжімеденов – аса ойлы, аса терең ақын. Оның тереңдігін барынша ашып көрсету мүмкін емес. Өйткені, ол ашқан тереңдікті тұтас қамту үшін өзің де сондай тереңдікке сүңги алатын қасиетке ие болуың керек. Тіпті, Алла тағаланың құдіретімен сондай тереңдікке сүңги алғанның өзінде, өзі айтқандай, оның көруі, сезінуі, қорытуы, қабылдауы мүлде бөлек қой. Бір кезде мен Жұмекен Нəжімеденов поэзиясы туралы былай деген ем: «Мен үшін Жұмекен поэзиясы əлдеқайда күрделі, мүлде жаңа, тосын поэзия. Оны түсіну үшін белгілі бір деңгейде дайындық керек. Жұмекен поэзиясы мені өзіндік шүңет тереңдігімен баурайды. Қай уақытта да тереңдікті игеру қиын. Адам баласының жердің тартылыс

күшін жеңіп, көктің жеті қабатын қақ жарып, космосқа шыққанына ондаған жылдар өтті. Биіктік алынды. Ал тереңдік əлі алына қойған жоқ. Мұхиттың ең терең тұсы он бір мың метр. Оған эхолокация болмаса, ішінде адамы бар барокамера жете қойған жоқ. Өйткені, тереңдіктің қысымы қандай бір болмасын барокамераларыңызды сығып, қабыстырып жібереді. Шыдатпайды. Қай тереңдік те, соның ішінде адам жанының тереңдіктері де осындай «мінезге» ие. Жұмекен, міне, осындай қысымы аласат тереңдіктерде жұмыс істеген ақын. Яғни, тереңдікке жету де, онда жұмыс істеу де, ол жерде жазылған жыр да күрделі, тылсым». Иə, ұлы ақын Жұмекен Нəжімеденовтің тамыры тереңдікте. Ол – Биіктік пен Кеңістік туралы жазса да терең. Əрине, ол тереңдіктің тылсымынан сыр мен гəп іздеу, одан інжу- маржан сүзу мəңгілік тоқтамақ емес. Болмаса да көп өзенім гүрлеген, Көп өзенмен бірге ағамын, бірге мен. Ой түбінен ойнап туған жырменен Тыныш таппай – тірі болып жүр денем. Ойнай алман, ойнай алман сөзбен мен, Жаси алман жақтырмаған көздерден. Тағдырымды өлшей алмас безбенмен Өз басының безбені жоқ кез келген. Шынында да солай. «Өз басының безбені жоқ кез келген» адам Жұмекен əлемін безбендей алмасы хақ. Ол əлемді ұғып, тану үшін үлкен пайым мен білім керек. Содан болса керек, Жұмекен поэзиясы туралы пікірлер тым сирек дүниеге келеді. Өйткені, күрделі Жұмекен шығармаларының орасан қарсылығы «кез келген» сыншыға алдыра бермейді. Қазақ өлеңінің алыптарының бірі Əбділдə Тəжібаев кезінде: «Жұмекен поэзиясы – біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді

ашылар алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның əрбір шумағы тың қазыналар. Мен поэзияны жақсы түсінетін талантты сыншыларды осы алтын сандықтағы асыл байлықтарды ашуға шақырамын», – деген болатын. Əрі талғампаз, əрі асқақ ақын Əбділда Тəжібаев мұндай сөздерді текке айтпайды. Классик жазушымыз Əбіш Кекілбаев: «Мен өз басым қазақ поэзиясының керуенін көптен көз жазбай байқап, қадағалап, оқып отыратындардың бірімін. Ондағы əр «түйенің» аяқ алысы мен əр «теңнің» ішінде не жатқаны көп ретте маған айтқызбай-ақ белгілі болып тұратын да жайы бар. Бір қатарының жырын оқып: «Апыр-ай, бұдан бұндайды күте қойған жоқ едім», – дейсің. Үшінші біреулеріне: «Бұдан артық не күтуге болады», – дейсің. Ал, Жұмекен Нəжімеденов бұндай үш топтың үшеуіне де жатпайды. Ол кітаптан кітапқа ауысқан сайын, аренаға əр шыққан сайын снарядына қосымша гир қосып отыратын штангист сынды: апыр-ай, осы жолы қайтер екен деп, қарадай қыпылықтатып отырады. Оның қолындағы снаряд – кəдімгі сіз бен біз бастан кешіріп отырған, сіз бен бізге дейін де мың-мың талайлардың ұйқысын бұзатын күнделікті қарабайыр тіршіліктің қашан да қарапайым, қашан да елеусіз, сондықтан да үйреншікті, сондықтан да шытырман, сондықтан да күрделі шындықтары», – деп жазды. Əбіш Кекілбаев айтпайды, айтса дəл осылай ақтарылып дəл айтады. Жұмекен Нəжімеденовтің жазғаны бір жұмбақ болса, ендігі жазатыны екі жұмбақ болатын. Жұрт күтпеген, мүлде тосын дүние алып келетін. Кейде Жұмекеннің өзі өзіне жұмбақ боп өтті ме деп ойлайсың. Ол тіпті шамырқанып, шабыттанып тұрған кезде де: Менің жолым екі тарау болып тұр, Сырбаз досым, сыншыларға соны ұқтыр. Маған, маған көңіл-күй бер, Ортайсам. Мені, мені денсаулықпен толықтыр.

Жолым – екеу, Екі айырылды бір мақсат. Бір жақтан сөз, Бір жағымнан жыр қақсап. Бірді жырлап, Жасаймын деп мың кейпін, Отыз тістен шығады ойнап тіл бейпіл. Араласып кетсе менде күлкі, мұң – Мен де бейне күздің қоңыр бұлтымын Жел қысқанда не жауарын білмейтін, – дейді. *** Кейіннен, бара-бара Жүкең мені үйіне ертіп баратын болды. Шағын ғана үш бөлмелі үйде тұрады екен. Бұрын бір бөлмелі үйде тұрыпты. Айкен, Қарлығаш, Мағжан, Тоғжан, Саидалардың алды мектеп балалары да, соңғылары бесіктегі бөбектер. Нəсіп апай бəйек болып біздерді күтуге кіріседі. Бір айта кететін жай, Нəсіп апай Жүкеңнің бар жағдайын жасайтын. Айтқанын екі етпей орындайтын. Бəрін де шын ықылас, шын пейілмен атқаратын. Ақынның нағыз жары бола білді. Жүкеңнің кітапханасы едəуір бай еді. Əлі де сол қалпында тұр. «Оқымай ақын болам деу – əумесерлік. Оқу жан байлығы ғой. Жаны кедей адамнан қандай қазына шығады. Жақында, – деп сөзін жалғастыратын ол, – бір жолдасымның үйіне бардым. Есімінің саған қажеті жоқ. Кабинетіне кірдім, кітапханасын көрдім. Оның кітапханасының қасында менің кітапханам əлдеқайда жұпыны. Қолға түспейтін небір кітаптар бар. Амал не, том-том кітаптар кірпіштей қалаңған қалпында тұр. Дүкендегі товар секілді. Қолға ұсталынбаған. Оқылмаған. Ол жігіттің кейінгі жылдары өлеңде неге өспей қалғанын сонда білдім», – дейтін ол. Ол өте көп оқушы еді. Бірақ, мынаны оқыдым, ананы қатырып тастадым деп еш уақытта да жалаулатып сөйлемейтін. Оқығандарын ішіне үнсіз сіңіріп алатын. Мен Уолт Уитмен, Верхарн, Апполинер, Блэз Сандрар,

Лорка, тағы басқалардың кітаптарын сол кісінің кітапханасынан алып таныстым. Ол нағыз интеллектуалдық поэзияның бірегейлерінің бірі бола білді. Шын мəніндегі əлемдік деңгейге көтерілді. Бұл қасиетті оның өлеңдерінің, – мейлі ол ел мен жер тағдыры туралы болсын, мейлі ол табиғат жайында болсын, мейлі ол махаббат хақында болсын – бəрінен дүниетаным кеңдігін, ой-өрісінің байтақтығын бірден-ақ көруге болады. Сол ілім-білім мен таланттың қосылған қуаттылығы арқасында болса керек, ол тіпті темірдей қатты терминдеріңіздің өзін терідей илеп жіберетін. Əлдене бір ендіктерде, белдеуде Экваторға айналам-ау, мен демде, Жердің шарын құшақтасам, бір ғана Қарым менің шақырым боп мыңдаған. Кетсе ұзарып: Саусақтарым бұл мықты Сипап көріп мұхиттарды, құрлықты Көшелерді, каналдарды Аккордеон тіліндей қып басқанда Ғажап бір күй шапшыр еді-ау аспанға! Экватор боп он есе, Шеңбер болып немесе Бөшке-жерді құшағында тұр ұстап. Ал анау жақ сөз гулетіп бір қауым. Сай-саланың салыстырып ыңғайын Бензин-бөшкеге от қоюға тұр дайын. Енді оны планетарлық масштабтағы ақын демей гөр. Мен өз басым, Жұмекенді оқыған сайын таңданудан жазбай келем. Оқыған сайын белгілі Жұмекеннен кейін, бұрын белгісіз Жұмекен ашылады да жатады. Міне, Жұмекен феномені осында.

*** 1969 жылы республикалық телевидениеде қатардағы қызметкер болып жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Көкең қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды деген хабарды есітіп, Шолпанды, бала-шағаларымды алып суыт елге кеттім. Біз барғаннан кейін, қолдан келген күтімімізді біршама көріп, ризашылығын білдіріп, көкем дүние салды... Алматыға қайтып келсем, мені күтпей, сыртымнан-ақ «кешікті» деп жұмыстан шығарып жіберіпті. Əкең өлсе де қайырылып қарамайтын дүние қаталдығын сонда көрдім. Бірқатар иманды жігіттер қайта орналастырамыз деп, анда-мұнда шапқылап көріп еді, оларынан түк шықпады. Мен бала-шағамды құшақтап, далада қалдым. Сергелдең тіршілік басталды. Вокзалға барып, өзім сияқты сандалып жүрген адамдарға қосылып, вагондардан картоп, ұн, цемент, т. б. түсіріп, жан бақтым. Ет комбинатының тоңазытқыш цехына уақытша жұмысшы болып қабылдандым. Ауыр-ақ жұмыс. Ауырлығы ештеңе емес-ау, жастайымнан ауырлық көтеріп, əбден піскен адаммын ғой. Ең жаманы, тоңазытқыштың іші отыз градус суық, ал далада отыз градус аптап. Ет тасып суықтан аптапқа, аптаптан суыққа кіресің. Оның үстіне, жұмысқа уақытша кірген адамға қай бір жөнді киімін береді дейсің. Əркімнің иығынан түскен жалба-жұлба киімдер мен əркім бір сүйретіп тастаған шұрқ тесік резіңке етік. Сүйек сырқыратар суық пен ми қайнатар аптаптың арасында жүріп денсаулығыма біраз зиян да келтіріп адым. «Мен» деген бір жігіттей қайратым бар еді, сол жылдары қайрат-көзім едəуір тартылып қалды. Ол жерде де уақытша мерзімім бітіп, қайтадан өзіме таныс вокзалға, одан «Малая станица» дейтін жерде орналасқан жасанды көлшіктерде сазан сияқты ақ амур деген балықтың түрін өсіріп, Қапшағайға жөнелтетін жұмысшылардың бірі болдым. Мұның бəрін неге айтып отырмын? Аяушылық сезімін тудыру үшін емес, əрине. Осы бір қиналысқа толы сергелдең тұсымның бəрін ол кезде үш-төрт-ақ адам біледі. Соның бірі Жұмекен ағам болатын. Кездескен сайын менен бетер қиналатын еді. Əр жер, əр жермен сөйлеседі. Бірақ, тұяқ тірейтін бір жер табылмай-ақ қойды. Мен дегенде бар жердің есігі тарс бекітулі болып шықты.

Қатарластарымның бəрі жұмыста. Тіпті баз біреулері бір жұмыстан екінші жұмысқа емін-еркін ауысып кете береді. Көкелері мен жəкелері көп. Ал менің көкелерім – Жұмекен мен Əбіш ғұмыр бойы қолында жұмысқа ала қоятындай билігі жоқ, төрге бір шықпай есік көзінде отырып қызмет етті ғой. Ал, Əбекең сол кезде бүкіл Қазақстанда мылтық ұстайтын басқа адам құрып қалғандай, армияға алынып, Жоңғар қақпасының аузында окоп қазып, қытай оғының астында жатты. Рас, тағы да бірер көкем болды. Бірақ, олардың біреуі шын ауру, екіншісі «жын» ауру болып жүрді. Əрине, бұлардың бəрі болашақтағы үлкен əңгіменің сыртқы сұлбасы ғана. Жоғарыда айтып өткенімдей, кейін бір реті келгенде өмірімнің бүкіл дерлік ол жүлгелерін қуалап айтатын болам. Сонда талай-талай əңгімелер шертіледі. Басқалардың қолынан келетін жазу, құдайға шүкір, біздің де қолымыздан келеді. Сонымен, сыйлас ағаларымның бірі Сайымжан Еркебаевтың шақыруымен Маңғыстауға кететін болдым. Осыны естігенде Жұмекен ағам, менің екі жыл бойы жұмысқа тұра алмағаныма бейне бір өзі айыптыдай, қатты қиналды. Пойызға бізді басқа жігіттермен бірге Нəсіп апай екеуі шығарып салды. Жүкеңнің сол кездегі маған қимай, қинала қараған көзі əлі жүрегімде! Маңғыстаудан жыл аралатып келіп тұрғанымда алдымен Жұмекен ағама соғатын едім. Ол кісі де жалғыз бауырын көргендей мəз болып қалатын еді. МенмұныЖүкеңніңкісіліккелбетініңажарлылығын, жанының кеңдігін, ең бастысы, біреудің қиналғанына қинала білетін ізгілікке толы имандылығын көрсету үшін айтып отырмын. Менің сонда сенің қиналғаныңа біреудің қиналғанынан өткен демеу жоқ екеніне көзім жетті. *** Аспанның бұлттан ауырлап, Алматы үстін бұлыңғыр мұнар бүркеген қарашаның алғашқы жартысындағы күндердің бірінде Жұмекен ағамның үйіне келдім. Жүкеңнің жақында ғана ауруханадан шыққанын Маңғыстауда жүргенде-ақ естігем. Оның алдында инфаркт болып

ауруханаға түскен хабары бізге жеткеннен-ақ хал-жағдайын сұрап, үйімен, жігіттермен хабарласып тұрғам-ды. Енді, міне, көңілін сұрауға үйіне келіп тұрған бетім. Жүкең, əдеттегідей ақжарқын қарсы алды. Демалып жатқан бөлмесіне өттік. Терезе алдына кушетка, оның қасына шағын үстел қойылыпты. Үстел үсті бұрқырап жатқан көп қағаз. Менің сол жаққа көзімнің түсе бергенін байқап қалды ма: «Дайындап жатқан жинақ қой. Үстінен қарап, қағып-сілкер жұмысы ғана қалып тұр. Əрі-бері отырып, қолыма қалам алам да, жүрек бүлк ете қалса болды, мына кушеткаға қисая кетем», – деді Жүкең. Бұл сөздердің бəрін ол кірбіңсіз, жайдары қалыппен айтқанмен, жағдайының онша емес екенін сездім. Бірақ, шынын айтсам, соншалықты қауіп-қатер бола қояр деген ой қаперіме де кіріп шыққан жоқ. Қатты құлап тұрғандікі ғой, əлсіздік болар дегем де қойғам. Ол кезде мен осында, Шығармашылық үйде демалып жатқан ем. Көп ұзамай Жүкеңнің мəңгілік сапарға аттанып кеткенін естідім. Естіген сəтте үстіме біреу мұп-мұздай су құйып жібергендей болды. Шұғыл үйіне жеттім. Шығарып салу рəсімін басынан аяғына дейін Əбіш ағам басқарды. Мен қаралы шерудің алдында портретін көтеріп, қабір басында інілерінің атынан сөз сөйледім... Артынан, біраз уақыт өткеннен кейін, ойымызға өзегіңді от боп қарып түсер ақынның мына жолдары түсті. Күз күндері, не суық қыс күндері, Істеп жүргенде, əйтеуір, іс мүдделі, Ажал шіркін аяңдап жетсе-ау маған, Кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп. Сыншылдардың ұрсуын, тамсануын Алдан күтіп қалса-ау бір қанша жырым. Бір жинағым басылып үлгере алмай, Машинкаға басылмай қалса бірі. Не бір түнде құйылып, қара көріп,

Көп ұйқас отырғанда қамап еріп, Кетсем өліп нүктеге жете беріп, Жан таппаған бір теңеу таба беріп. Əлденеше жыл бұрын айтқан бұл ауыр тілеу қалай дəл келді десеңізші! Шынында да, ол күздің қысқа ауысар тұсында, мүдделі іс атқарып отырған жұмыс үстінде, онысын машинкаға беріп үлгермей, соңғы нүктесіне жете бере жүріп кетті. Осы өлеңнен-ақ ақын мінезі, ақынның бітім-болмысы көрініп тұрған жоқ па? Ол, не болғанда да, өлетін болғаннан кейін қалай өлсең де бəрібір емес пе дей алмапты. Ақын жүрегі ажал келер күні де азаматтық жүк көтеріп кетуді қалапты. Көп ұзамай Жүкең қазасына арналған «Ақын жүрегіндегі жарылыс» деген өлеңім дүниеге келді. Жарылды ақын жүрегі! – Осынау ұлы заманға Жандарды көріп дақ салған, – Адамды айдап адамға Араға бүлік от салған; Қап-қара бұлттай түйіліп Не істерін білмей бұзыққа; Өртеніп, жанып, күйініп Пысықай менен пысыққа: Өмірем қап та өл дейтін. Қызғаныш көріп жылады-ай! Жанының жасын көрмейтін Безбүйректерге шыдамай – Жарылды ақын жүрегі. Жарылды жүрек! Ғаламат Демімен бізді шарпыды.

Даламды кетті аралап Бұрқ еткен бұрқақ солқылы. Бір аунап түсті сол кезде Қошалақ құмның қырқасы, Домалап кетті сол кезде Алатау – шыңның бір тасы. Солқылдан сол бір қуатты Теңселіп кетті жамиғат. Солқылдан сол бір қуатты Теңселіп кетті табиғат. Сол солқыл бір сəт күшке енді Қуатын жиып даланың, Күркесі құлап түсті енді Өтірік, өсек, жаланың. Өткен боп басқа жасымай Болды ма, əлде, тілеуі – Бұрқ етіп кенет осылай Жарылды ақын жүрегі. Осынау ұлы заманға Дақ салар жандар бар əлі. Адамды айдап адамға От салар жандар бар əлі. Түбіне соның жетерміз Деуменен біздер сабылып – Күресіп енді өтерміз Кеткенше жүрек жарылып. *** Міне, Жұмекен ағаммен тағы да кездесіп, тағы да сырласып отырмын. Бұл жолы жаңа кітабымен. Дастандарымен.

Бұл кітап – рухани тарихымызға «Иманғали Тасмағамбетовтың жүз кітабы» деген атпен кіретін «Отырар кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптардың бірі. Оған Жүкеңнің басқа дастандарымен бірге бұрын- соңды жарияланбаған «Менің əкем», «Бұл жолы ол шынын айтты», «Ақ қайраң» сияқты үш дастаны да еніпті. «Менің əкем» дастаны – публицистикалық-философиялық дастан. Көлемі жағынан шағын ғана бұл дастан қамтыр мəселесі жағынан ауқымды. Атамзаманнан бүгінгі күнге дейінгі аралықты алып жатыр. Ақын менің əкем дегенде, өз əкесін емес, қазақ халқының қадау-қадау тұлғаларын – рухани əкелердің тікелей ұрпағы, төл перзенті боп сыр толғайды. Ел басынан өткен бүкіл азап пен қасіретті сол əкелердің азабы мен қасіреті арқылы қарастырады. Қинала күбірлеген Асан бабам Өз жанын өзі жырлап баса алмаған. «Жақсылық қашан?» – деген сұрақ қойса, Құлағы қу заманның тосаңдаған. Көлеңке болды жерге көлеңдеген, Көп қайғы араласып өлеңменен. Жақсылық жат естілді сол ғасырға Тек қана «өлем» десең, «көмем» деген. Арқыраған аттан түсіп, жаяу қалған, табанына шөңге кіріп, маңдайы тасқа ұрылған кесірлі де, кесапатты заман. Атадан қалған мұра – қой бағатын таяқ қана. Көзі кіреукелі, көкірегі тұмшалаулы. Бірақ, сол дəуірде де, мойнына қанша қамыт іліп, үстіне қанша азап мінгізіп, «арқасын қанша құзғын шоқыса да, сар дала сары атандай төзімді» болып шықты. Бірақ, қазақ үшін қашан да бір азаптың есігі жабылса, екінші азаптың есігі ашық тұрған ғой. Біреулер төсегінен шошып тұрды,


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook