Атыңды мен аяттайын жаттадым, Көз моншағым, кəусар ауам, ақ таңым. Гүл қауызды ерiнiңнен əдемi Қиялымда өбуге де батпадым... Бақиға хас бақытыма мас болам, Сен ерекше жаралған соң басқадан... Өзiме де қимаған соң, қорқамын Қадiрiңе жетпейдi-ау деп басқа адам. Сүйгенiн «қиялында да өбуге батпайтын» мұндай ақынның жүрегi таңғы шықтай таза, ақ бұлттай аппақ болса керек. Ал ондай таза, ондай аппақ жүректен, не айтса да, аңғардан соққан желдей боп бүкпесiз аңқылдап айтылатын, кiнəратсыз талай-талай сыр мен гəп тыңдай берерiмiз сөзсiз. «КӨҢIЛДI МҰҢМЕН КӨКТЕППIН» Мен қазақ поэзиясындағы Төлеген Айбергеновтен кейiн көл-көсiр мол сағынышқа Əлiбек Шегебай өлеңдерi арқылы кездестiм. Əрине, екеуiнiң сағыныш тамыры бiр болғанымен орындалуы, адам жанына əсер етуi екi түрлi. Төлеген сағынышы тұлпар тұяқтың тастақ жерге түскенiндей дүбiрлi, дүрмектi, қуатты сағыныш болса, Əлiбек сағынышы егiлiп тұрып, есiлiп айтылатын мұңлы сағыныш. Бiрақ, мұңлы сағыныш дегенде, оны түнекке түскендей түнерiп, қалың қорысқа кiргендей тұнжырап қалатын сағыныш деп қабылдауға болмайды. Оның сағынышы туған жердiң сары ала белдерi мен ақ адырларын, баталарын берiп жататын аталарын аңсайтын, тiлеулес бауырлары мен қарлығаш қарындастарын iздейтiн, сөйтiп сенiң жаныңда да өз ауылыңа деген үлбiреп тұрған аңсар сезiмдi оятып, жүрегiнiң дəл басынан өсiп шыққан шидей жiп-жiңiшке үмiт сабағына шырақ iлiп кететiн нəзiк сағыныш.
Сабырым қанша дем бердi Əлi де талай шыдармын. Сағыну үшiн сендердi Алыстап кеткен шығармын, – дейдi. Бұл, əрине, ауылдан алыстап кеткенi үшiн ақталу емес. Бұл, ең алдымен, өзiнiң де, өзгелердiң де көңiлiн аулап, жұбату. Əсiлi, сағыныш деген де дерт. Ол дерт сенiң ойың мен бойыңды, жаның мен санаңды əбден меңдеп алған кезде ес-түстен айрылғандай боп мəңгiрiп қалар сəттерiң аз болмаса керек. Ондай халдi Əлiбек мына төменгi жолдармен əдемi жеткiзе бiлген. Соққылап жүректегi тасқын ағын, Көлдеттi көңiлiмнiң жас құрағын, Менде бiр түрi жаман ауру бар Осылай анда-санда асқынатын. Əрине, Əлiбек өлеңдерiндегi туған жерге, туған ауылға деген сағынышты тек аңсаудан, аңсар сезiмнен ғана туған сағыныш десек, қатты қателесемiз. Оның өлеңдерiндегi мұң – ақ дəкедей, жұп-жұқа шарбы бұлт астынан немесе ауада жеп-жеңiл буалдыр iшiнен сүзiлiп түсiп, нұрын себезгiлеп құятын күн сəулесiндей, жұп-жұмсақ марғау мұң да емес. Тағдыр-талайымы бар мұң. Өйткенi, күнi кеше ғана мына заманның қабағынан қар жауып, дүниенi алағай да бұлағай етiп əуре- сарсаңға түсiрген қатал кезеңде тəлкекке түскен туған ауылының тағдырына, мүшкiл халiне бейтарап қарай алмайды. Ағаштар тұр тыр жалаңаш тоналған, Өткен күздi ендi қалай сөгерсiң. Қырман қаш-а-а-н бұл ауылдан жоғалған Итаяққа көз тiгедi көгершiн.
Ақ ниеттiң символындай көрiнетiн көгершiннiң өзi итаяққа телмеңдеп көз тiккен соң-ақ бұл ақынның ауыр халiн бүкiл болмыс-бiтiмiңiзбен ұғарыңыз хақ. Туған ауылының жыртық шекпен кигендей жадау, жағы суалып, бiлегi талып қалған жүдеу кескiнiн көрген ақын жаны жабығып, ойы онға, санасы санға кетiп, сергелдеңге түсерi сөзсiз. Қайран күндер, қайтейiн, көп сенделген, Көп сенделдiм көңiлге көп сенгеннен. Жалғыздықты көзiме шұқығандай Топ шымшықтар ұшады топ шеңгелден. Топ шымшықтар ұшады жазбай жұбын, Майшамдағы бiлтедей маздайды күн. Азаптады-ау бұлар да жан-жарамды Азапталған аяусыз аздай мұңым. Жетегiнде қиялдың жүрек самғап, Арманыма жетуге жүрем сан қап. Алсам деп ем аунап бiр төскейiне Бұл даланың шөбi де кiлең жантақ. Жыр тұтатып жүректiң шоғыменен Шыққан ақын бұл жерден соңы мен ем. Топ боп ұшқан шымшықтар, Топ шеңгелден Топ жыңғылға қонады тобыменен. Ақын болып не таптым соныменен?! «Топ боп ұшқан шымшықтардың топ шеңгелден топ жыңғылға қонатыны» ана жерден де, мына жерден де не барақат, не байыз таппай сансырап сандалған ақын жанының бейнелi көрiнiстерi ғой.
Тұралап жатқан ауылының бүгiнгi халiн көрiп, көңiлi құлазыған қалалық ақынның күнi күн емес. Заманның екi өкпесi қысылып, жан- жағының қуырылып, қысылып бара жатқаны мынау. Уақыт салмағы да екi иiнiнен басып, жаншып барады. Ақын жаны да ауыл сияқты əрi жадау, əрi жүдеу. Ауыл да, қала да əбден дiңкелеп, қалжырап қалған. Ашқұрсақ. Ашқұрсақ жан – ашкөз. Сондай халдi Əлiбек тайға таңба басқандай етiп көрсете бiлiптi. Кей кездерi дөңбекшумен түнiмдi əр Ұйықтай алмай өткiземiн, ұғыңдар. Қайыршының алдындағы жиналған Ақшаға да көздi тiккен күнiм бар. Бұл – күнi кеше ғана тек ақын басынан ғана өткен жай-жағдай емес, бұл – сол кездегi заман кескiнi, уақыт портретi. Көз алдында жүндей түтiлiп, бордай үгiтiлiп тозып бара жатқан мына заманның кейпiн көре- көре, жан-тəнiмен сезе-сезе «өмiрi сары уайымға айналған» ақынның: Бəрi бар, таңым да бар, көлiм де бар, Бұлт сүзген шыңым да бар, шөлiм де бар. Өң мен түстiң арасын өмiр дейдi, Өң мен түстiң арасы өлiм болар, – дегенiне ерiксiз иланасыз. Ондай кезде ақынның «өл-е-е-ең деп ем айқайлап, мең-зең дала қайталады өл-е-е-ем деп жаңғырығып» дегенiне де сенесiз. Əрине, Əлiбек, ең алдымен жас. Тiптi жастық шағы, жастық дəуренi əлгiндей əуре мен сарсаңға, сананы сандалтып, сезiмiн сергелдеңге түсiрген уақытқа тап келсе де, Абайша айтқанда: «Махаббат қызық мол жылдарын» талақ етуi мүмкiн емес. Жаны қанша жабырқау тартып, жүрегi қанша езiлiп тұрса да оны селт еткiзiп, айналаға басқаша көзбен қарайтын құдiреттi күшке ерiксiз мойынсынбауға оның əддi жоқ.
Күндерiм сырғып əттеңмен, Көңiлдi мұңмен көктеппiн, – дей тұра, сол бiр қызды көрген кезде ол: Өзiңдi көрген сəттен мен Өмiрге ғашық боп кеттiм, – деп салады. Бейне бiр жабыққан ақын жанында төңкерiс болғандай. Əбден жабығып тарыққан ақын сол бiр аяулы жанды көргеннен-ақ басқаша қам-қарекетке кiрiп, басқа кейiпке енедi. Əлiбектiң осы кезеңдерде жазған өлеңдерiн оқып отырып, «əлемдi сұлулық құтқарады» деген даналық сөзге ерiксiз ден қоясыз. Қасың қандай қиғаш едi, Көрген көз де қимас едi. Аллам өзi жiбергендей Жер бетiне сыйға сенi. Кiрпiк қандай қайырылған Бiр талына қайың құрбан. Жiгiттi ендi түсiндiм мен Жүрегiнен айырылған. Шашың қандай тарқатылған, Шолпан ба едiң таңда туған. Талай жандар жүр-ау жерде Өзiңдi ойлап таңды атырған.
Бiтiм қандай, күтiм қандай Көз де сенен ұтылғандай. Шаршап тұрған шалдың өзi Шарасыздан жұтынғандай. Алқым қандай, алтындалған, Алтыныңмен жарқылдар маң. Сендей қызды туа бiлген Жоқ та шығар халқымда арман. Мiне, бұл сұлулыққа ода. Əрине, арудың қасы мен көзiн, кiрпiгi мен шашын Əлiбекке дейiн де талай-талай ақындар таң-тамаша болып тамылжытып жырлаған. Ол өлеңдерден бұл өлеңдi бөлек етiп көрсетiп тұрған соңғы екi жол: «Сендей қызды туа бiлген жоқ та шығар халқымда арман!» Халық тудырған сұлулыққа қандай сұлулық тең келмек. Ал, ондай сұлулыққа ғашық жанның хал-күйi қандай болмақ. Əрине, беймаза күй кешпек. Намыссыз деп санама, Момынға да балама. Аймен бiрге тентiреп Күтiп жүрмiн далада, – дейдi. Ондай сұлулыққа ғашық жан тентiресе де Аймен бiрге тентiрейдi. Бұл – махаббат iрiлiгi! Қалай болғанда да, адам жаны қатпар-қатпар, сан салалы, сан жықпылды, тарау-тарау тұтас бiр əлем ғой. Бүгiн опырылып, опынып қалсаң, ертең жадырап қайта сiлкiнесiң. Бүгiн қуанышқа кенелiп құлпырып тұрсаң, күнi ертең итсiлiкпең шығып шаршап-шалдығып, бейшара халге түсесiң. Сондай бiр сəтте ақын: Өлiмдi келедi екен өмiр айтып, Жалған-ай! Бiлмегенбiз соны қайтiп.
Жоқтау айтып жылаған сезiмiме Келiп тұр қайғы мен мұң көңiл айтып. Құдай-ау, басқа емес, қайғы мен мұңның өзi көңiл айтып келетiн ол неткен ұлы қасiрет. Ондай қасiреттiң аумағы теңiздей көлемдi, ондай қасiреттiң салмағы таудай ауыр болу керек қой! Мұндай сөздi тек «жаны тəнiн жылатып, тəнi жанын жұбататын» ақындар ғана айта алса керек. Айнала қараса, өзiн қойшы, бəрiнен бұрын, жанына бататыны, əлдекiмдер елi мен жерiне бəлесiн үйiп-төгiп, жаланың қара күйесiн жағып, ту-талақай етiп тоздырғысы кеп, бүлiк кiргiзiп бұзғысы кеп жатыр. Бұдан өткен қасiрет болар ма?! Əсiлi, адам баласы мына өмiрдiң қысастығын көрiп опынып, мына өмiрдiң кiсəпiрлiгiн көрiп өкiнiп, «əттең-ай» деп бармақ шайнаумен өтсе керек. Əттең-ай, əттең, əттеңiм, Əттеңiм неткен көп менiң. Күлiп келгенмен көктемiм, Жылап барады өткенiм. Түк көрмеген боп тұр күнiм. Жасатып жерге құлдығын. Тəп-тəттi едi-ау тiрлiгiм, У қосып кеттi кiм бүгiн? Жанымды жейдi кей-кейде Күткенiң тура келмей де. Тiрлiкте мынау байқасаң Адамның бəрi шынында Гөй-гөйлеп жүрiп өлмей ме?! Əттең-ай, əттең, əттең-ай!
Дəл солай деп бiз де бұл өлеңнiң соңына жамыраса қол қоямыз. «ЗАРЫҢДЫ АЙТЫП КӨККЕ ҰШАДЫ ТЫРНАЛАР» «Көкемарал – тамыр қошы аңқыған иiрдейiн иелi, киiк-отындай киелi дəру шөп. Үйiрiн жауға бермейтiн кербез де кесек кер бұғылар жыртшықтардан жазатайым жарақат ала қалса, көкемарал дəруiне аунап-қунап сақаяды. Кералаң замандардың талайын бастан өткерiп, ендi-ендi ғана еркiн тыныстай бастаған Елiмiздiң де Жан жарасы мен Тəн жарасы жетерлiк, Менiң «Көкемаралым» соған шипа болса екен», – дептi Бақыт Беделханұлы өзiнiң жыр жинағы жайында. Сөз жоқ, ықылас толы iзгi ниет. Қаншама ғасырлар бойы зорлық пен зомбылықтың өзегiне қорғасын құйылған тоқпақтай жуан дойырының астынан, босағасында бұралқы иттей сүмеңдетiп қойған кемсiту мен қорлаудың тепкiсiнен, жыртқыш, қорқау азулылардың аяусыз талауынан өлiп-талып, қансырап зорға құтылған байғұс халқымыздың, несiн айтасыз, тағдыры да, жаны да, жұлым-жұлым, жара-жара. Оны емдеу үшiн халқым деп қамыға бiлетiн қайсымыз да дəру табуға, шипа iздеуге мiндеттiмiз. Кезiнде абыз ағамыз Əбiш Кекiлбаевтың дуалы аузымен үнi де, уiлi де ешкiмге ұқсамайтындығынан, айрықша тосындығынан «бiртүрлi ақын» атанып кеткен Тыныштықбек Əбдiкəкiмұлы осы жинаққа жазған алғы сөзiнде былай тебiренiптi: «Түпкi Жаратушыны да байырғы бабалар дəстүрiмен «Жұпар ие » (Жұпар Алла) айтатын Бақыттың «Көкемаралының» iшi толы өлеңшөптей құлпыра қаулаған. Өлең – сөз! Бiреуi оның шашыратқыдай ащы, екiншiсi – қызамықтай жасыл, үшiншiсi – барқытшөптей бояуға бай, төртiншiсi – қызанақтай əтiр иiстi, бесiншiсi – бес саусақтай тəттi, алтыншысы – қарғакөздей бек уытты, жетiншiсi – кəдiмгi ... гу-гу гүлдеу үстiнде! Қалай десек те, соның бəрi, өз уағында, өз кезегiнде, қазiргi мына жатбауыр қоғамнан да өгейлiктi көп көрiп, өксiп жүрген өзектерге, автордың өзi тiлегендей, өзiнше ем болып қонады деп ойлаймын», – деп əдемi тiлек айтыпты. Көкемарал шөбi неге соншалықты дəрулi, неге соншалықты шипалы? Ең алдымен, ол өсiп тұрған топырақ – қасиеттi топырақ. Өйткенi, ол
топырақты аралап мына халықтың «сан ғасырлық қаны жүр». Яғни, көкемаралдың бойына да ғасырлар бойы төгiлген қанның ыстығы мен қуаты сiңген. Ол қан ыстығы мен қан қуаты дəру мен шипаға айналған. Сонымен бiрге, туған жердiң топырақ, тас, шөбiне дейiн ақынмен тамырлас. Тiптi тағдырлас. Мен осы алтынкөпiрлiктердiң шығармаларын оқып отырып бiр сүйсiнгенiм – тамырларын да, тағдырларын да өткеннен iздейтiндерi болды. Бейне бiр олар өткенсiз өмiр сүре алмайтындай. Яғни, олар өткенiң тұлдыр болса, ертеңiң бұлдыр деп бiледi. Олардың өлеңдерiндегi өткен мен бүгiннiң, бүгiн мен ертеңнiң тiзе қосып бiрге өмiр сүрiп жататыны қандай жарасымды. Тiптi Бақыт Беделханұлы өткенге бүгiннiң көзiмен ғана қарап қоймайды, өткеннiң көзiмен бүгiнге де қарай алады. Күнi кеше ғана алқам-салқам боп ашылып, қора-қопсылары шашылып, есiк-терезелерi үңiрейiп қалған ауылға кiмдер қарап тұр дейсiз ғой. Күйкi тiрлiкпен мүжiлген аядай ғана Ауылға қара, қорымдар қарап тұр, əне... Бiз, əдетте, бүгiнсiз өткен де, ертең де жоқ деп жатамыз ғой. Сөйтсек, өткен де бүгiн мен ертеңсiз өмiр сүре алмайды екен. Өткен де кiлең бiр өлi төмпешiктерден тұрмайды екен. Ол да тiрi əлем екен. Ол да бiзге, бүгiн мен ертеңге алаң екен. Бүгiн түгiлi, өткеннiң бiзге алаң көңiлiн аңғара бiлген сергек ақын бұл жалған дүниенiң түп-тамырын кемiрiп, iшiнен үңгiп, етiн езiп, сүйегiн үгiп бара жатқан небiр əлеуметтiк зардаптарды көрiп қапаланып, налып сөйлейдi. Не нəрсеге де əрiрек, тереңiрек қарауға шақырады. Əрине, ұран тастамайды. Атамзаманнан берi келе жатқан əрi қадiрлi, əрi кəделi сөздiң байыбына баруға, байламын аңғаруға, түпкi түйiнiн ұстауға шақырады. Ондай кезде Бақыт үшiн тақырып болуға халықтың «қарға тамырлы қазақпыз» деген дана тiркесi жетiп жатыр. Қарғаның жарық дүниесi-ай, Айналасы түгел аппақ пар.
Алақұстың айтқан əңгiмесi-ай, Тақылдап тұрған тақпақтар. Тақпақты қойшы, қарғаны айтам да, Қарға тамырлы қазақ-ау! Əлде бiр құстай зарламай таңға «Қарқ» еткен үнi ғажап-ау, – деп сүйсiнедi. Құдай-ау, əдетте, бiз үшiн қарғадан өткен сұмпайы, қарғадан өткен жексұрын құс бар ма едi?! Бұл ұғым – заңдылыққа айналған ұғым едi ғой. Қазақтың қарға тамырына құрт түсе бастағанда ол ұғымымыздың да тас-талқаны шығады. Бiреуi олай, бiреуi былай қарап бара жатқан қалың қазақ баласы тамырына қайта бiр қайырылып қарағанын қалайды. Жалына тақтың жармасып өлген, Көкесi, қарғаны жазғыра көрмешi! Қарға тамырлы қазақпыз ғой Үмiтiмдi үшке бөлмешi. Тас керең боп қалғыр құлағымыз талай-талай есiтiп, ағып түскiр көзiмiз талай-талай көрiп жүргендей қазiр көп-көп азаматтарымыздың бойын кесапатты кеселге, ойын жазылмас дертке шалдықтырып бара жатқан рушылдық пен жүзшiлдiктi Бақыт та аз көрмегендей. Соларға ол «үмiтiмдi үшке бөлмешi» деп ызалана жалбарынады. Жалпы, Бақыт Беделханұлы – тынық ауаны ысқыртып тiлiп түсетiн өлең жолдарының жылан бауыр бишiгiн сiлтей алатын ызалы ақын. Туа бiттi табиғаты солай ма, жоқ, əлде, мына өмiрдегi аттаған сайын андағайлап шыға келетiн келеңсiздiктер мен оспадарлықтарды көре- көре солай болған ба, бiлмедiм. Көп ақын күйiнiп сөйлесе болды күйреп шыға келедi ғой, ал Бақыт олай емес, күйiнiп сөйлесе-ақ қақпанға түскен қасқырдай өз аяғын өзi шайнап, ызаға толып, өршеленiп, аласұрып кетедi екен.
Арман жолынан тайқып кеттi. Жалған жанымнан тартып кеттi. Қалған көңiлiм қамығып, Ардан кебiнiн жамылып Аппақ əлемге қайтып кеттi. Уақыт санамды қырқып кеттi Бақыт жағамды жыртып кеттi. Кiмнен көрерiн бiлмей, Кiмге сенерiн бiлмей Үмiттерiм үркiп кеттi. ...Адам да, қоғам да бəрi əдемi ғой деп Анау көкем Немененi қыртып кеттi?! Мен осы жолдардан, дəл қазiр, əбден ызаға булыққан жанның, бiрақ басқа қылар амалы қалмай отыз екi тiсiн шақұр-шұқыр еткiзiп қайрағанын естiп тұрғандаймын. Мен бұл жерде болмашы нəрсе үшiн өн бойынан боран тұрғызып, түкке тұрмайтын нəрсе үшiн тұландай түтiгiп шыға келетiн бейшара пендешiлiк, ашу мен ызаны айтып отырғам жоқ, халқының қамын ойлап булығатын азаматтық ашу мен ызаны айтып отырмын. Сондай адам ғана «тiрiмде – сiрiмiн, өлгенде – тiрiмiн» дей алса керек. Тағы да Беделханұлының ызасы – мұңды ыза. Мұңды ыза! Былайша тiршiлiкте бiр-бiрiмен қабысып-табыспақ түгiлi, мүлде жанаспайтын кереғар ұғымдар ғой. Ақынның ақындығы сонда, кейде ол кереғар ұғымдарды да қабыстырып, табыстырып жiбере алады. Сондықтандаоған«мұңдымын, кейде, жындылығыммен құндымын» деген сөздердi де сол табиғи болмысы айтқызып тұр.
Кейде Бақыттың да аласұрған ашу-ызасын ақылға жеңдiрiп, барақат тауып аялдап, салиқалыққа бой алдырып, сабырмен сөйлер тұстары болады. Ондайда ол: Ол жақтағы өлерменiң Өмiр сынды қияли. Оу, ақыным, бөгелмегiн Қаламыңа сия құй. Қақтап сауып қаныңды құй Аппақ арың сөйлесiн! Ал, ол үшiн жаныңды қи Тоқтамасын ой-көшiң. ...Қанбадың ба əлi ұйқыңа, Алдыңда азап тұр бүкiл. Тасқа айналған тағдырыңа Тағдырыңмен тiл бiтiр. Бiрақ, мұндай салиқалық пен сабырлылық бiр сəттiк қана хал. Айналада болып жатқан кiсəпiрлiктер мен мүсəпiрлiктердi, зорлық пен зомбылықтарды көре тұрып, төбесiнен жаңғақ шағып жатса да түк болмағандай, етегi егiс, жағасы жайлау боп отыра беретiн, тiптi, тойдан-той өткiзiп жататын мына қалың қауымды көрiп назаланған ақын қайтадан қыл шылбырдай ширатылып, шиыршық атып шыға келедi. Ұлыңды құрбан шалып, Күңiңдi думан салып Көргенiм үшiн, Күн үшiн тiлдi сатып
Бiрiне-бiрiн шатып ...Келгенiң үшiн, – дейдi ол аузымен от бүркiп жiбергендей. Ендi ол олай сөйлемей қалай сөйлесiн. Қарап тұрса, халқының мұңы мың батпан, халқының зары мың қатпар. Пенделiкке қарамайтын пысқырып, Сұр заманға қайтедi ақын сұс қылып. Өз кеудесi, өз бөлмесi – кең сарай, Табанында қоғам жатыр ысқырып. Арасында жанның зары тыңдалар... Тау басында мұнарланып мұң қалар. Мұңыңды айтып жерге сiңер жылғалар, Зарыңды айтып көкке ұшады тырналар. Бұл қатыгез дүлей дүние ендi тырналар үнiмен аспаннан айтылар ол мұң мен зарды естiр ме екен?! Əй, қайдам-ау...
«УЛАҒАН САЙЫН ЖАНАРЫҢ ҰЛЫ АҚЫН БОЛЫП БАРАМЫН» Дəурен Берiкқожаұлының 1996 жылы жарық көрген жыр жинағы қолға түспедi. Қолға тигенi – биттiң қабығындай ғана соңғы жинағы. Содан да мен Дəуреннiң толық мүмкiндiгiн қамтып сөйлей алмайтын сияқтымын. Бiрақ, оның ақын екендiгi анық. Бұл сөзiмiзге осы жинақтың алғашқы бетiн ашып қалғанда-ақ, жанып тұрған пештiң ауызын ашып қалған кездегi жалын қызуындай лап ете түсетiн екпiндi леп куə. Есiре соққан Ебi жел, Екiлен тағы, екiлен! Ез туған елге егесiп, Егiзiң болып кетiп ем... Бөлтiрiк елiм шығарып Бөрiлiгiн есiнен Қанымды менiң қарайтса Қан майдан шығар, несiбем! Осындай құрыштай берiк, арқар мүйiздi, атан жiлiктi сөздер жонын күдiрейтiп алдыңнан анталап шыға келген кезде, оны ақын емес деуге кiм-кiмнiң де əддi бара қоймас. Əсiлi, өлеңнiң өлеңдiгi, ең алдымен, өзегiне рух құйылған сөзде ғой. Майы таусылған шамдай бiлтесi бықсып өлеусiреген өлеңнен, тiптi образы бар, теңеуi орнында, ұйқасы мiнсiз бола тұра, бiрақ рухы жоқ болса, яғни қайратсыз болса, не үмiт, не қайыр. Өлеңнiң жан бiтiретiн тамыры – рух. Оны Дəуреннiң «Найзақарамен тiлдесуiнен» де танып- бiлуге болады. Ей, ажары талақ – көкбет шың! Намысты туған нар қайда? Өртенбей жатып өкпек мұң,
Өкiртiп бiздi алмай ма?! Маңдайда не тұр, маңдайда. Еңсесi биiк ер бiткен Айылын тартса болмай ма?! Аруағы биiк қай-қайда – Абылайдай Ар қайда? Наурызбайдай нар қайда? Алаңсыз, арсыз айқайға Шаңқ етпей шерiм тарқай ма?! Ей, қатулы қабақ – найза шың! Дауылды күнгi арқырап, шулап көтерiлетiн теңiз толқындарындай жал- жал боп көтерiлген сөздердiң орамдарысенiңжүзiңедымбүркiп, сусiлкiпжiбергендей сен де тiктенiп, ширығып бара жатасың. Тағы да оның асқақтығын, iрiлiгiн айтсаңшы. «Ей, ажары талақ – көкбет шың» деп тұр ғой. Ақын бейне бiр Найзақара шыңнан да биiкте тұрып сөйлеп тұрғандай. Өзегiнде оты бар ақын, кезегiнде ешкiмге де есесiн жiбермейдi. Айтатынын айтып қалады. Ондай ақынның тақырыбы да, қадап сөйлер нүктесi де əйтеуiр бiр қауқар-салмағы жоқ кəкiр-шүкiр, ұсақ-түйек болмаса керек. Кеше ғана Найзақарамен кеудесiн керiп сөйлесiп тұрған ақын, бүгiн ендi неге төменшiктей қалсын. Ендi ол өр Алматымен тiл қатысып тұр. Əрине, Алматыға кiру де, оған сiңу де оңай емес. Ол орасан қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшiн үлкен күш керек, қайтпас жiгер керек. Əлбетте, Алматыға етiгiңнiң жыртығынан шұлғауыңды сүйретiп, сүмелектенiп сүмiрейiп кiруiңе де болады. Солай кiрдiң бе, онда сен сол сүмелек қалпыңда қалдым дей бер. Сен Алматыдан өз орныңды сүйменмен мұз ойғандай ойып тұрып алмағаннан кейiн, бəрi бекер. Сондықтан да ол Алматы табалдырығын атой сап аттайды. Ханың бар ма əдiлеттi?! Бар датым!
Мен болайын ең ақырғы Зарлы ақын. Өз емiңе жарап қалар Ұлыңды Өзегiне теппешi ендi, Алматым! Тағы да ол Алматыға жүк артайын деп, салмақ салайын деп немесе бəлсiнiп, бұлданып келiп тұрған жоқ. Дерттi Алматыны емдейiн деп келiп тұр. Бұл – азаматтық iрiлiк! Жалпы, Дəурен – кесек турап, iрi сөйлейтiн ақын. Жан-жүрегi iрiлiктi қалайтын ақын. Жаратылысы ондай ақынға мына қу тiршiлiк, жалған өмiрдiң қыбыр-жыбырын көру ауырдың ауыры. Сондықтан да ол: Тамам болып сал-серiлеу ғұмырым, Арғы бетте адасады ақыл да. Жер бетiнде жəндiктердiң жыбырын Көру қандай қиын едi ақынға! – деп, басқа емес, тура Тəңiрiнiң өзiне шағынады. Бұл өлең одан əрi өрби кеп: Менiң бейнем өмiрiңiзде бар күнi Маған бекер жымиясыз, Тəңiр, сiз. Қаралы күн ақындардың барлығы Қара жерге жерленедi қабiрсiз! Мiне, тосындық! Əрi кермек демiмен кеудеңдi қақ жарып жiберердей ащы шындық. Халқының басынан өткен немесе күнделiктi болып жатқан небiр нəубеттер мен толайым тауқыметтердi көрiп жүрген ақын
бiткеннiң бəрi күн сайын, сəт сайын жер тоқпақтап опынып, күнде бiр өлiп, қара жерге қабiрсiз жерленiп жатқан жоқ па?! Соны дөп басқан, дəл айтқан. Өрттей өкiнiшке орап, дерттей күйiнiшке буып тұрып айтқан. Дəурен өлеңдерiн оқып отырып, тағы бiр ұққаным, ол өлеңдi тек шер тарқатар, сыр ағытар, адам жанын емдер дəрi мен дəруiм деп емес, керек кезiнде айналаға айбар көрсетiп тұла бойына тағынып алатын қару-жарағым деп бiледi. Жалғыз өзiм қап, жабырқап тұрмын... Қайдасың, менiң өлеңiм? Бəрiңе бүгiн таңырқап тұрмын... Қайдасың, менiң өлеңiм? Елдерге тағы егесiп тұрмын... Қайдасың, менiң өлеңiм? Ертөстiктермен кеңесiп тұрмын... Қайдасың, менiң өлеңiм? Өлеңдi қару-жарақ етiп мұздай құрсанып алған мұндай ақын кiм-кiмге де есесiн жiбере қоймас. Биiк азаматтық iрiлiкпен сөйлей алатын Дəуреннiң көп өлеңдерi махаббат тақырыбына арналыпты. Бiрақ, ол нəзiк сол тақырыпта да iрi сөйлеуден бiр танбайды-ау, бiр танбайды. Тулаған сайын анарың Бұла түн болып қарадым. Улаған сайын жанарың Ұлы ақын болып барамын.
Қыз алдында қысылып-қымтырылу, инабаттық көрсету деген болмас па?! Жоқ, қайта бұрынғыдан да қайраттанып, «ұлы ақынға» айналып бара жатады. Əрине, махаббат болған соң, оның айналасында шыбындай құжынаған гу-гу сөз де, ерiнi-ерiнiне жұқпайтын сымпылдаған өсек те көп болуы мүмкiн. Ондай кезде де Дəурен өз мiнезiне əбден берiк. Əлгiндей пасық, бықсық сөздердiң ешқайсысына пысқырып та қарамайды. Ондай сөздердiң бəрiне қолын бiр-ақ сiлтейдi. Өсек болып, Төсек болып керегi, Мейлi, жағы талғанынша толғасын. Бұл ел солай «аңыз» айта бередi, Мен сияқты сүйе алмайтын болғасын. Ақын тəкаппар. Ақын биiкте тұр. «ТАМҰҚТАМЫН КҮНДIЗ, ТАБЫТТАМЫН ТҮНДЕ» Мен жоғарыда жазған сөздерiмнiң бiрiнде жас ақындардың өлеңдерi туралы осы уақытқа дейiн пiкiрлер жоқтың қасы, олардың шығармашылығы мүлде дерлiк насихатталмайды дегендей сөз айтқан едiм. Əрине, мен бұл пiкiрдi жастар шығармашылығына деген бұқаралық ақпарат құралдарының қатысынан шығарып айтқан болатынмын. Əрине, осылай екенiне ешқандай күмəн болмаса керек. Дейтұрғанмен, олардың шығармалары мүлде ескерiлмей, көңiлден аулақ, көзден таса қалды деуге болмайды. Ара-тұра, ауызекi болсын, олардың шығармашылығы туралы əңгiме бiржола суалып, тартылып қалған емес. Оның үстiне, ол ақындардың жыр жинақтарын ақтарып отырып оларға жазылған бiрқатар алғы сөздердi оқыдым. Ол алғы сөздердiң бəрi дерлiк шын ниет, жақсы тiлекпен жазылған алғы сөздер.
Мəселен, Бақытжан Алдиярдың «Құбыла» атты жинағына өз басым аса қадiр тұтатын үлкен көркемсөз шеберi Мархабат Байғұтов «Қазығұртқұнар қаламгер, Өгемөрiстi өлеңдер» деген тақырыппен салмақты да, салиқалы алғы сөз жазған екен. Мархабат өзiнiң Бақытжан iнiсiнiң шығармаларына жан-жақты тоқталып, терең талдау жасапты. Бағыт-бағдарын анықтап, бағасын берiптi. «Бақытжан Алдиярдың мұңы да, сыры да тереңде. Ол күнделiктi күйбең тiрлiкте де, өзiнiң өзгеше өлеңдерiнде де iшкi рухани еркiндiгiне залал келтiргiсi жоқ күйде қинала тiршiлiк кешедi. Халықтың, қазақы ұлттық көркемдiк уыздың қайнарларынан бастау алатын Бақытжандық тiл, Алдиярлық дiл – бiз сөз етiп отырған ақынның айрықшалығы», – дейдi Мархабат. Бұл орнықты пiкiрге Бақытжан өлеңдерiн оқыған кiм-кiмде бiр сөзге келмей келiсетiнiне мен кепiлдiк бере алам. Əсiресе, маған осы пiкiрдiң iшiнде «iшкi рухани еркiндiк» деген тiркес қатты ұнайды. Ақынды ақын ететiн ең басты қасиет – осы. Iшкi рухани еркiндiгiң жоқ па, анаған бiр жалтақтап, мынаған екi жалтақтап, өзiңнiң қара басыңа өз билiгiң жүрмей өмiр сүрдiң бе, онда, əсiлi, қолға қалам алмай-ақ қойған абзал. Шынында да, Бақытжан өлеңдерiн оқып отырып, оның iшкi рухани еркiндiгiне тəнтi болмасқа шараң жоқ. О баста-ақ «Алла менi жаратарда маңдайыма өлең жазған бiр шумақ» деп өзiнiң ия бағы, ия соры екенi белгiсiз парыз-борышты, рухани мiндет-жауапкершiлiктi мойындаған ақын ештеңеден де тайынбақ емес. Сөз жоқ, маңдайына өлең жазылған ақынның бұл өмiрден көрер құқайы да, бұл тiршiлiктен көрер тəшпiшi де аз болмаса керек. Тiптi Алла тағала өлеңдi де тек сондай жанның ғана маңдайына жазатын болар. Иен дала, ерен дүз, Иесi бiз дегенбiз. Алаң сүтiн iшкенбiз, Аю етiн жегенбiз, –
деп желпiнiп жүрген ақынның күндердiң-күнiнде аңшы əкесi қансонардан қайтпай қалады. Сонан кейiн-ақ қоңторғай тiршiлiк қана емес, иiнi түскен жадау, иығы жамау, жүдеу тiршiлiк басталады. Бiр кезде «қабыланмен қағысып, қанын жұттық қасқырдың» деп кеудесiн керiп жүрген бала қабағы күреңiтетiн де тұратын сұрықсыз сұрқай өмiрге тап келедi. Ендi ол «пiсте сатты шешемiз... пiсiрдi ғой бiздi өмiр» дейтiн болды. Бiрақ, ол жабығып жасып, қамығып арып қалмайды. Қайта кетiлген үстiне жетiлiп бара жатады. Көлге-көзге жас тұнбай, Кеуденi өзге бастырмай Жанымыздың жарасын Жалап жаздық қасқырдай. Өлтiрем деп өпремдеп келген тағдырдың болат тырнағынан қаймықпастан, өршiл өжеттiгiн көрсетедi. Ондай жанға бұл өмiрден өз орнын, орнын болғанда да, бiреудiң ығында немесе тасасында жүретiн емес, қайта бiреуге пана болатын, жердiң шетiнде, желдiң өтiнде жүретiн орын белгiлеп алу оңай емес. Сонда ғана Мархабат айтқандай, «iшкi рухани еркiндiкке» ие бола алмақсың. Ондай жанның тар қауызға, тар қауыз емес-ау, мына жалпақ дүниенiң өзiне сыя қоюы қиын. Ондай жанның өмiрден алар еншiсi – сергелдең өмiр, сансыраған сана. Жарытпастан жыр түлеп Көзiмдi ашсам кiл түнек. Əлемiңе сыймадым Əр пəтерге бiр түнеп. Ақын өстi. Ақын ержеттi. Ендi ол өз қарақан басының қиындығын ғана емес, уақыт пен заман үстiнен өтiп жатқан ауыртпалық өз басынан өтiп
жатқан ауыртпалықтан да ауыр, зiлмауыр екенiн бiлдi. Байқаса, мына қу өмiр зымиян жүрiс, сұрқия əрекетке де, жын-жыбыр, қыл-қыбырға да, құдай-ау, қаптап кеткен екен ғой. Көнергеннiң есте тұтпас көбiн ел, Көрем деген көзге бiрақ көрiнер, – Жер үстiнде – ыбырсыған тiрiлер, Жер астында – ыңырсыған өлiлер. Неткен күйiнiш, неткен ашыну десеңiзшi?! Дүниенiң қорқау құлқынын көре-көре жаны түршiгiп шошынып, дүниенiң сұмпайы сұрқын бiле- бiле жаны күйреп безiнген жан ғана осылай сөйлесе керек. Мына күйкi тiршiлiкте өмiр сүрiп жатқан «ыбырсыған тiрiлерге» назалы болған «ыңырсыған өлiлердi» жан-дүниесiмен ұғып отырған ақын бұлай сөйлемей, ендi қалай сөйлемек. Бұл өлең: Бақ – иесiз, бап киесiз қалмақ па? Ей, ағайын, аруағыңды ардақта! ... Арқа сүйеп темiр қоршау шарбаққа Айналарын түсiндi ме аруаққа Бiр қария жылап тұрды аулақта, – деп аяқталады. Кiмге қалай екенiн қайдам, мен үшiн айтар ойын ашып айтқан ақыннан гөрi, айтар ойын тұспалдап, астарлап айтқан ақын əлдеқайда жақын. Өйткенi, астарлы ой оқырманның өзiн көбiрек ойландырып, көбiрек толғандырады. Қазақшалап айтқанда, оқырман үшiн шайнап бергеннен гөрi, өзi шайнаған əлдеқайда дəмдi, əлдеқайда құнарлы. Олай болса, темiр шарбаққа сүйенiп жылап тұрған қарияның iшкi иiрiмiне көз салып көрiңiз. Күнi ертең ол қария да аруаққа айналмақ, яғни жер астында, дəлiрек айтқанда, ыбырсыған тiрiлердiң аяғының астында күңiренiп, ыңырсып жатпақ. Ол сол үшiн жылайды. Мiне, ақынның
тұспалдап айтып отырған ойы. Ерiксiз, сол қарияға деген, оның аруаққа айналатын фəнилiк тағдырына деген күйiнiштi сезiм сенiң бүкiл алпыс екi тамырыңды құтырта қуалап есеңгiретiп, сансыратып жiбергендей болады. Мына дүниеден осы сияқты мүсəпiр құбылыстарды көп көрген ақын «тамұқтамын күндiз, табыттамын түнде» деуге əбден хақы бар. Бiрақ, ол еңсесiн түсiрiп, қысастықтың құрсауына қамалып, күйрей жығылып, орнынан тұра алмастай халге түсiп, опынып тұралап қалмайды. Ақын бəрiбiр əрекетте, бəрiбiр жолда. Өйткенi, өмiрдi бұрынғыдан да тани, бұрынғыдан да бiле түсуi керек. Əрине, қатыгез заман мен қатыбас уақытпен келiсу үшiн де емес, кетiсу үшiн де емес. Күресу үшiн! Жалпы, мықты ақын еш уақта да өзi өмiр сүрiп жатқан заманмен келiспек емес. Тек күреспек! Жеңiлсе де күреспек! Сондықтан да ол жолда, сондықтан да ол əрекетте. Асағандарға қасасып, Қашағандарға төс ашып, Көргiсiз көрден қос асып, Белгiсiз белден бас асып, Оралмас жерге жол алдым, Бола алмас жерде боп алдым. Моламның өттiм жанынан Оған да бiр күн соғармын. Ендi оның моласының да жанына аялдауға мұршасы жоқ. Бəрiн бiлу керек, бəрiн көру керек. Ендi ол «нəн өтiрiк – мiнбеде, нағыз шындық – төменде» екенiн ұғу үшiн де, «ит жетектеп барады əлдебiреу, жетегiнде бiз жүрмiз ит-өмiрдiң» деп апшу үшiн де, «iшқұсалық зарпымен iшкен уы басқа екенiн Абайдың» деп тереңiрек үңiлу үшiн де өмiр сүруi керек. Бақытжан – өткен мен бүгiннiң, бүгiн мен ертеңнiң əрi салалас, əрi құрамдас екенiн бүкiл болмыс-бiтiмiмен, бүкiл тамыр-талшығымен
сергек сезiнетiн ақын. Осы сөздерiмiздiң куəсi ретiнде оның бiр өлеңiн сəл ұзақтау болса да тұтас келтiргiм келiп тұр. Бəз-баяғы келер күн мен өткен күн, Таныс маған гүлi əнебiр көктемнiң. Мен осыдан екi жүз жыл бұрын да Жер бетiнде өмiр сүрiп кеткенмiн. Мұным, сiрə, боп көрiнер, сiрə, аңыз, Сенбесеңiз табиғаттан сұраңыз. Дəл осыдан екi ғасыр бұрын да Маған өле ғашық болған мына қыз. Ауық-ауық күрсiнетiн ана аспан, Анау таулар көк аспанмен таласқан. Баяғыда-ақ кейiпкер боп жырыма Содан берi мəңгiлiкке жол ашқан. Тау мен тасты өлең еткен сол ақын, Бүгiнде де əйгiлеген жоқ атын. Баяғыдай жұрт та... Бiрақ, ол кезде Ездерiнен ерлерi көп болатын. Тəңiрiнен тiрiлiгiн тiлеген, Жұрт сөзiнен таппаған соң тiрек, ем, Күлтегiндей күллi жаһан бiлсiн деп Жартасқа ойып жазғам сосын бiр өлең. Сол өлеңнен əлi күнге жоқ дерек, Көркем сөздi етпеген соң көп керек.
Жер бетiнде жүрiп-жүрiп бiр күнi Ғарыш жаққа кетiп қалғам өкпелеп. Едi, мендегi мұңға ғашық кəрi өлке, Таңғалғыштау жүрегiмдi тағы өрте. Үлгермеген жырларымды жалғасам Деген едiм, келдiм бiлем сəл ерте. Жұлдыздардың аржағынан жобалап Уақытыңнан жаңылысқан жаман-ақ. Талай жылдан таныс болған қара жер, Тəнiм саған аманат, Қайтып келгенше... Əттең, жадың берiк болса, жаттап-ақ алатын өлең. Бақытжанның көп өлеңдерi махаббат тақырыбына арналыпты. Ол өлеңдерге бiз бұл жолы аялдай алмадық. Бiрақ, ол өлеңдердегi тұнып тұрған сезiмге бiр сүңгiп шықтық. Бақытжанның ол махаббат əлемi бiрде тып-тынық күндегi көлдей мөлдiреп, бiрде құтырған дауылды күнгi құмдай бұрқырап, бiрде сыңарынан айрылған аққудай сұңғағын созып сұңқылдап, бiрде бұлттай көшiп, ендi бiрде арнасынан асып- тасыған өзендей сарқырап... жатқан əлем екен. Бiз бұл мақалада оның тек өз ыңғайымыз бен өзiмiздiң оңтайлы тұсымызға келетiн өлеңдерiне ғана тоқталдық. «КҮРСIНУМЕН КҮН ӨТIП, ӨКIНУМЕН ӨТТI ТҮН» Айым туып солымнан Адасайын жолымнан. Жетi басты жалмауыз Жетелесiн қолымнан
Қу жиылсын қасыма, У бұйырсын асыма! Бұлдырықтай оқ жаусын Жұдырықтай басыма. Маңдай терiм құрысып, Самай терiм тырысып! – Жат жерiнде жатайын Өз-өзiммен ұрысып! Тақтан тайсын тақымым, Жатқа айналсын жақыным. Өмiрем қап өлеңiм Адыра қап ақылым! Жүйкем жүндей бұрқыра, Шыбын жаным шырқыра! Итiм өлiп iшiмде Иiсi шықсын сыртыма! Отыз омыртқам үзiлiп Қырық қабырғам қақыра! Iбiлiстiң iлiмiне қызығып, Кiр тигiзсем, Тiл тигiзсем Ақын деген атыма! – дейдi тегеурiндi талант иесi Алмас Темiрбай. Шiреп тартылып қозыжауырын жебе ұшырған адырнадай аңырап немесе атылар кездегi жыландай ширатыла бүктетiлiп, шиыршық атып немесе тастақ жерде тұлпар тұяғындай дүбiрлеп немесе тау домалаған
тастардай сатырлап естiлетiн бұл өлең, сөз жоқ, кез келген анатологияның райын кiргiзiп, шырайын келтiретiн, ажарын асыратын мықты-ақ өлең. Бiз өз өмiрiмiзде талай-талай серт те, талай-талай ант та естiп келе жатырмыз. Əсiресе, кейiнгi кезде алтынмен аптап, күмiспен күптеген ертегiдей ғажайып орда-сарайларда кекiрейiп кердеңдеген əлдекiмдер пəпкiсiн жайып, көзiлдiрiгiн жөндеп, халыққа қамқор болам, елге қызмет етем деп ант-су iшiп жатады. Бiрақ, олар берген анттарының үдесiнен шыға алмайды. Олардан берген анттарыңның үдесiнен неге шықпадыңдар деп сұрап жатқан ешкiм жоқ. Сөйтiп, қасиеттi ант сөзiнiң де құтын қашырып, қадiрiн ұшырып бiткендей ек. Тағы да ол ант пен серттердiң сөздерi де қандай жадағай, қандай құрғақ едi десеңiзшi! Сүйек жұтқандай өңешiңдi орып жiберетiн. Алмастың мына өлеңiн оқи отырып қадiрi ұшып, құты қашып кеткен, үлкен əрiппен жазылуға тиiс Антпен құштарлана қайта қауышқандай болдық. Құдай алдында тұрғандай қарғанып тұрып, айтылған дұғадай естiлетiн үлкен ақындық тегеурiнмен, ақындық шабытпен айтылған мұндай Ант пен серттi бұрын-соңды естiмеген екенбiз. Шығарып салу үшiн айтыла салған жай сөз емес, көктiң төсiнен үзiлiп ұшқан жай оғындай сөз екенiн бiрден-ақ ұғасыз. Алмас Темiрбай – сөздiң иiнiн де, иiрiмiн де, екпiнiн де, тепкiнiн де, құрылысын да, құбылысын да жете меңгерген ақын. Ол тiптi кез-келген сөздiң өмiрден алатын үлес салмағын ғана бiлiп қоймайды, кейде сол сөздердiң құрамын жаңа элементтермен байытып, оны бұрынғыдан да салмақтандырып, бұрынғыдан да сəн-салтанатын келтiрiп құбылтып жiбере алады. Алмастың екi жыр жинағына алғы сөз жазған қазақ поэзиясының үлкен өкiлдерi болып саналатын, iрi талант иелерi Серiк Ақсұңқарұлы мен Есенғали Раушановтар да оның поэзиясына тəнтi екендiктерiн жасыра алмапты. Серiк айтады: «Адамзаттың алтын рухани бекетi – ұлы Мəртебелi поэзияға ақын атаулы екi жолмен келiп ат шалдырған. Бiреулер өлеңге өлеңнен келедi. Бiреулер өмiрден келедi. Алмас Темiрбай өлеңге өмiрден келген ақын. Ойы – ордалы, сезiмiнде селкеу жоқ. Шығармашылығы – өмiрдiң өзiндей шынайы. Жаттандылықтан ада. Өмiрдiң өзiндей қайнаған қайшылықтарға толы. Тақпақ оқымай,
өлең оқып отырғаныңды бiрден сезесiң». Ендi Есенғали айтады: –«Көкшетау бiр таза жер перi жүрген, мұнда жоқ жын мен сайтан өрiп жүрген», – деушi едi ғой Iлияс Жансүгiров. Алмастың өлеңдерiн оқығанда осы жолдар ойымызға орала бередi. Жаны таза, рухы биiк, дүниеауи заттарға алданбаған, былғанбаған жас жүректiң лүпiлi сезiледi бұл өлеңдерден. Кейде таң-тамаша қалдырып, кейде көзiңе жас үйiрiп, кейде ерiксiз езу тарттыратын таза жырлар бұл. Оның үстiне, Алмас Алматыдан шалғай жүрсе де, бəлкiм, ұстаздары тəуiр болды, əлде өзiнiң алғырлығы болар, техникасы жəне содан туындайтын барлық шартты жəне шартты емес мiндеттердi шебер меңгерiп алыпты. Бəрекелдi, деймiз оған!» Осылайша екi ағасы да Алмасқа өздерiнiң жүрекжарды пiкiрлерiн бiлдiрiптi. Алмастың өмiрдi танып-бiлуi де тосын. Тосындығы – айналадағы құбылыстарды тосын образ, тосын метафора, тосын тiркестер арқылы ашатындығы. Деп ойлап ем: «дүниенi iзгi етем». Сорлылықтың сорақысы бiзде екен. Еркекшораң ер болам деп еркiнсiп, Қыздан бетер қылымсиды қызтекең. Ит тiрлiк-ай, ала көздi ақшиттың, Мен – өлiгiн көрсетпейтiн жақсы итпiн. Апырмай, ə, ақыл тiсiм шыққалы Ақылсызға азуымды ақситтым. Əсiлi ақын өлеңiн оқығанда оның астарына үңiлiп оқыған жақсы ғой. Мұндағы ақын айтып отырған «еркекшораң» мен «қызтекең» тек табиғи кеселдi кесапатқа ұшыраған кемтар, мiскiн жан иелерi емес. Мəселе төркiнi – əрiде. Ақынның айтып отырғаны рухани «еркекшоралар» мен рухани «қызтекелер». Дəл қазiр мына дүниеде мəрт сөзi де жоқ, шалт iсi де жоқ кiлең бiр аяр жүздi, əлемiш тiлдi қылымсыған қызтекелер мен тəйтiк еркекшоралар қаптап бара жатқан жоқ па? Ондай сəтте «ақыл тiлi шыққан» ақын «ақылсызға азу тiсiн ақситпай» тұра ала ма?!
Шын ақын, əдетте, қолына қалам ұстап, алдына қағаз жайған күннен бастап өзiн-өзi iздеуi керек. Болдым-бiттiм деп бұтына толып iзденiстен қол үзген күнi ақынның да күнi бiтедi. Ақын үшiн «айы солынан туған» күн – сол күн. Алмас, сөз жоқ, iзденiстiң ақыны, яғни өзiн-өзi iздеп жүрген ақын. Оның iзденiсi де өзгешелеу болып шықты. Байқасаңыз, ол өзiн «өлiлер мен тiрiлерден» сыр тартып iздейдi екен. Əлдеқайда қомақты, тамырлы, тəлiмдi iзденiс. Өзiн-өзi iздеп жүрген ақында аса ұлы жауапкершiлiк болуға тиiс. Алмаста сондай жауапкершiлiк бар. «Қолыма қалам алсам, ұғады iшiм, үстiнде қылкөпiрдiң тұрғанымды», – дейдi ол. Əдетте, Алла тағала алдындағы ақиқат – қылкөпiрдiң үстiнде ғана айтылмақ. Алмаста иманды жырлар, мұсылманшылыққа уағыздайтын жырлар молынан кездеседi. Бiрақ, ол уағыз өлеңдер – таңдайы тақылдап тұрған құрғақ ақыл мен нақыл емес, тереңнен ырғап сөйлейтiн, қолыңмен ұстағандай немесе көзiңмен көрiп тұрғандай əсер ететiн бейнелi сөздер. Шақырғанын шалып қалды құлағым, Бұрын қайдан естiп едiм бұл үндi? ...Мен құдайға жақындап ем бiр адым, Құдай маған құшақ жая жүгiрдi. Құдайды кiм көрiптi дейсiң?! Бұл жердегi əңгiме Құдайдыкөру, көрмеудеемес. Бұлжердегiəңгiме– Алла тағаланың өзiнiң құл- пенделерiне деген ықыласында. Бiз Құдайға өз iс, өз əрекетiмiзбен бiр адым жақындай аламыз ба!? Жақындасаң, онда Алла тағала ықыласы да сен жаққа аумақ. Бiрақ, бұл уағызды дəл осылай айтсаң не болады. Қуаты жоқ құрғақ сөз боп қана шығады. Ал оны қимыл-қаракетке түсiрiп, көз алдыңа келтiрiп сөйлесең, оның əсер-ықпалы əлдеқайда зор болмақ. Алмастың тағы бiр ерекшелiгi, ол – əрi сиқырлы, əрi құпия дүние тылсымына ден қоя бiлетiн, құлақ тiге бiлетiн ақын. Оның бүкiл болмыс-бiтiмi, жан-жүрегi аса бiр сезiмтал мембрана секiлдi сəл нəрсеге де селт ете түсетiн өте сергек.
Түнгi дыбыстар, Түрлi дыбыстар, Өлi үндер мен Тiрi тыныстар. Үннiң мұңы бар, Бұны кiм ұғар?! Жаның оянып, Тəнiң тынығар. Бiреу бұлқынар, Бiреу жұлқынар. Жансыз ыңылдар, Арсыз ыңқылдар. Түнгi дыбыстар, Түрлi дыбыстар, Ащы қорылдар, Тəттi сыбыстар... Бiрдеүйлесiмменжарасымнан, ендiбiрдекереғарлық пен қайшылықтан тұратын осынау дыбыстар мен сыбыстарды тыңдап, сол дыбыстар мен сыбыстардан сенiң де сонау жан түкпiрiңде жатқан əлдеқандай бiр аңсар мұң мен кəусар жырлар самал шайқаған шөптей сiлкiнiп қап, содан айналаңды дiрiл мен гуiлге толтырып жiберетiн, тiлмен айтып жеткiзе алмайтын құпия сыр мен гəп оянып кеткендей. Бұл – Алмастың дүние дыбыстарын поэтикалық болмыспен есiте бiлуi. Рухани саққұлақтығы. Ол сонымен бiрге, айнала ортаны поэтикалық құлақпен есiтiп қана қоймайды, поэтикалық көзбен көре де бiледi.
Яғни, айналадағы қарапайым тiршiлiк, тiптi, жансыз заттарыңыздың өзi жанды поэтикалық кейiпкерге айналып шыға келедi. Əлдекiмнiң жетi атасын тiлдедi. Əлдеқайдан əңгүдiк, мас жел келiп. Қайда қашып құтыларын бiлмедi Қыз Қайың мен кəрi Терек сенделiп. Бiр-ақ шумақ осы жолдарда қаншама қимыл-қозғалыс, қаншама драма жатыр. «Əңгүдiк, мас жел» келiп, əлек салып, жүндей түтiп жiбергiсi кеп жұлқылап жатқанда қорғансыз «қыз Қайың мен кəрi Теректiң» теңселiп, сенделiп кеткенiн көрiп, сенiң жан-жүрегiңнiң түкпiрiнде аяушылық сезiмi аласұрары хақ. Бұл тек табиғат драмасы ғана емес, өмiр драмасы да! Бұл түнгi драма əлi бiткен жоқ. Ендi ақын «терезесiнен телмiрiп қарап тұрған түндi» аңғарады. Қап-қара түннiң де тыныштығы қашып, берекесi кеткен. Сонан кейiн ол «шақырайған шамды түгел сөндiрiп, түндi сосын алдым үйге шақырып» дейдi. Ақын ендi Түнмен бiрге жатыр. Бiрақ, оның жаны бəрiбiр дегбiрсiз. Амалы таусылған. Өйткенi, ол жел өтiнде қалып, «дiр-дiр еткен Дүниенi бiр бөлмеге сыйғыза алмай» қауқарсыз халге түскен. Алмас заман арқылы адамның, адам арқылы заманның бейнесiн нақты бiр штрих, дəйектi бiр детальдар арқылы салуға құмар-ақ. Онысы көбiне сəттi шығады. Туған ауылында он жыл бойы болмаған бiр азамат, күндердiң күнiнде «Тайотасын» мiнiп құйғытып келе жатады. Көз алдында баяғы ауылдың дарқан да қонақжай мiнезi. Топырағына мейiрi қанғанша аунап-қунап, «жал мен жая жемекшi. Мiне, жақындап та қалды. Қараса, туған жерi ит тартып кеткен тулаққа айналыпты. Ал ауыл ше?» Көшi қайда ауылымның мақпалдай, Көршi қайда қыз қылықты, ақ маңдай?.. Сол бiр сəтте сезiндi өзiн, үйге емес
Зиратқа бiр кiрiп келе жатқандай... Ащы шындық. Мына көрiнiстi көрiп сенiң де тамағың құрғап, алқымыңа əлдене кептелiп қалғандай... Өйткенi, бұл көрiнiс – кеше ғана бəрiмiз көрген көрiнiс. Алмастың, бəлкiм, кейде «күрсiнумен күн өттi, өкiнумен өттi түн» деуi содан ба?! Кiм бiлсiн... «ҰЙЫҚТАП КЕТ, ҚАЙҒЫ, СЕН ДЕ ЕНДI» Нағыз ақын, сөз жоқ, ең алдымен, əдiлдiктiң жоқтаушысы, шындықтың ту көтерушiсi. Олай болмады ма, онда ол, жүрегi жарылып кетсе де айту керек, ақын емес! Солай бола тұра, бiз кейде жақсы бiр теңеуi үшiн, сəттi бiр образы үшiн «па, шiркiн, мына бала құйылып тұрған ақын ғой» деп таңдайымызды қағып тамсанып, тiптi, бұрын-соңды басқа өлең оқымағандай тебiренiп, емiренiп кететiнiмiз өтiрiк емес. Əрине, жақсы теңеусiз, жақсы образсыз, тосын сөз тiркестерiнсiз жақсы өлең болмайды. Бiрақ ол өлеңдерде шындық пен рух болмаса, əлгi айтқан жақсы теңеуiңiз де, сəттi образыңыз да, тосын тiркестерiңiз де жай ғана əлемiш, жансыз иллюстрациялар ғана болып шықпақ. Сондықтан əдебиеттiң табалдырығын аттаған əрбiр жас, алдымен ақынның сол мiндетi мен парызын бiлiп алуы тиiс. Танакөз Толқынқызы əдебиетке ақынның сол парызы мен борышын бiлiп келген екен. Ақын деген кiм дейдi? Махамбетпiз бiз деген Жəңгiрлердi жылатқан. Бұхар жырау боламыз бұқараны жұбатқан. Ойхой, бiздер Абаймыз, абайлаңыз ендеше, Рысқұлбеков Қайратпыз ұлы Одақты құлатқан. Ақын деген кiм дейдi? Қасымбыз ғой бiз деген Алматыға сыймаған.
Төлегенбiз бiз деген тəңiр тегiн сыйлаған. «Мен – қазақ» деп жар салған Жұбан да бiз боламыз. Тағдырменен тартысып, тайталасын тыймаған. Ақын деген кiм дейдi? Танытады көкесiн талайлардың ол əлi. Мұқағали секiлдi поэзиямыз шоң əлi. Танымасаң, танып қой, дəл Құдайдың қонағы. Ақын деген, қарағым, мiне, осылар болады. Рас қой. Ақын деген, мiне, осылай болу керек. Елдiң көзi, Елдiң сөзi! Ол ешқашан да əлдекiмдердiң қолына су құйып, ешкiмнiң де майлық- сулығы бола алмайды. Ешкiмнiң де алдында бүгежектемей, ешкiмнен де тайсалмай, айтатынын айтып тынбақ. Сонда ғана оның көңiлi тыншып, сонда ғана оның жан сарайы ашылады. Сонда ғана ол өзiне-өзi риза болады. Əрине, шындықты айту оңай емес. Оның өтеуi ауыр болуы мүмкiн. Оны айтам деп азапқа да, тұзаққа да түсуiң кəдiк. Солай бола тұра нағыз ақын шындықты айтып қана опа табады. Танакөздiң «шындықты айту – ол үлкен бақыттылық» деуi сондықтан. Шындықты айта алатын адам, əдетте, өр, өршiл, өжет болып келедi. Танакөз өлеңдерi де өршiлдiк пен өжеттiктен туып жатады екен. «Бiз таулықпыз!» деп шың үстiнде тұрғандай асқақ сөйлеуi, мына жалпақ дүниеге биiктен қарауы содан болса керек. «Ей, Таулар! Құдай бiзге берген сенi, бiр күнi кетпесiн деп аласарып» деуi бiздiң бұл сөзiмiзге куə. Мағынасын аша алмай аяттардың Тағы да бiр ғасыр аяқталды. Бостандықта қаңғырған, босқындар-ау, Тағдырымыз нелiктен таяқталды?! Мағынасын аша алмай сүрелердiң
Iбiлiстiң ғасыры жүре бердiң. Ұрандардан тапталып бiттi жүрек Құранменен келедi түрегелгiм. Мiнеки, кешегi, бүгiнгi күн суреттерi. Басқа-басқа, «бостандықта қаңғырып босқын» болудан аянышты хал бола ма?! Не аяттың, не сүренiң мағынасын аша алмай, не бостандықты танып-бiле алмай дəлдүрiш болудан өткен сорлылық бар ма екен?! Шындық па? Шындық. Бетiмiзге шыжғырып басу ма? Шыжғырып басу. Танакөз, əлгiнде айтып өткендей, қайта-қайта өзiнiң таулық екенiн еске салумен болады. Ол таудан қайрат пен күш, өрлiк пен асқақтық алғанын, сондықтан да аласарып өмiр сүре алмайтынын, жақсы əннiң қайырмасындай қайталап отырумен бiрге, таудың мен дегенде түйткiлi немесе күмəн-күдiгi жоқ па екен дегендей кейде именiп, кейде тартынып сөйлеуге мəжбүр. Өйткенi, ол Тау ғой! Қанша өршiл болсаң да қиясына шығарып ұясында өсiрген Тауға өжектей беруге болмайды. Ей, таулар, басы бұлттан арылмас көп, Сенiмен ақын жыры сарындас деп Өзiңдi құшақтаймын жүрегiммен Сен маған қарайсың ба, қарындас деп. Өзiңе не басты қаратам деп, Құйынын құлшыныстың боратам деп, Мен сенi əке көрiп масаттанам Сен маған қарайсың ба, балапан деп. Паң көркiң балаң тiлдi керi күрмеп, Айтуға дəт жетпейдi серiгiм деп. Мен сенi шеше көрiп еркелеймiн Сен маған қарайсың ба, елiгiм деп.
Бетiңнен сүйгiм келдi ақырын кеп Бұлтыңа жантаймақпын жақыным деп. Мен сенi Муза көрiп таңырқаймын Сен маған қарайсың ба, ақыным деп. Апыр-ау, əншейiнде адамның жанын жегiдей жеп жiберетiн күмəн- күдiгiңiз соншалықты кесапатты, кеселдi құбылыс емес екен ғой. Күдiк пен күмəн дегенiңiз – кейде осы мен алақанына сап елбiретiп өсiрген туған ел мен желбiретiп төбесiне көтерген туған жердiң сенiмiнен шығып, ниетiн ақтап жүрмiн бе деп өзiне сын көзiмен қарататын сарабдал да құбылыс екен ғой. «Таудың бетiнен ақырын кеп» сүйе алатын, оны əкесi мен шешесiндей көре алатын Танакөздiң мақсаты да үлкен, мұраты да биiк. Ендi оның өзi де тауға айналғысы келедi. Мен тау болам, Жараланса жүрегiм, Ақ тұманнан табам оның бiр емiн. Аппақ бұлтты дəке етiп ораймын Жүрегiмнiң қанға бөккен сiлемiн. Мен тау болам, Үнсiз жиям күйiктi. Күн бiрiншi содан менi сүйiптi. Ескерткiш боп тұрам мəңгi мұнартып Ажыратып аласа мен биiктi. Осындай өрлiк пен биiктiкке қол созған ақын басынан талай-талай тағдырлы сəттердiң өтуi заңды болса керек. Ол да қамығырылып қамыққан, омырылып тарыққан. Тапқанын жоғалтқан, барынан айырылған. Бiрақ, оның бəрiн ол өмiр берген сабақ, тағдыр берген дəрiс деп қабылдаған. Сондықтан ол «жаныма батса жеке мiн, жабырқап, жүдеп кетемiн. Қайғы ғой бiрақ танытқан – бақыттың қандай екенiн» деп философиялық мəн мен мағына табады. Ал мұндай мəн мен
мағыналы қорытынды жасау үшiн ақын қаншама тар жол, тайғақ кешулерден өту керек десеңiзшi! Қайғының қаншалықты ауыр екенiн сезiне бiлген жан, оны ешкiмге тiлемейтiн адам тосын əрекеттерге, тiптi, қиял жете бермейтiн құбылысқа айналады. Əрине, ол тек шын ақынның ғана қолынан келмек. Сөзiмiз құр сөз боп қалмас үшiн Танакөздiң мына бiр өлеңiн тұтас оқиықшы. Ренжiтпес үшiн тұл құзды Күшiмдi барлық жұмсағам. Мойныма тағып жұлдызды, Тұрмысқа шықтым, түн, саған. Игерiп түннiң сиқырын, Ұйықтаттым барлық жандарды. Керегiн сонда ұйқының Бұл əлем сонда аңғарды. Кеудемде менiң қалғыды, Ауылдар, алып қалалар. Тыныштығымды аңдыды Өзендi құшқан сағалар. Əнiмнен дала мүлгiдi Барлығын ұйқы жеңген-дi. Даладан алып үлгiнi Ұйықтап кет, қайғы, сен де ендi. Күнге де емес, жұлдызға да емес, түнге тұрмысқа шыққан арудың тiлегi қандай ауқымды, ниетi қандай iрi?! Алып анаға айналып дүниенi бауырына алып, оны тыныштық құшағына енгiзiп жiберiп, қайғыны да ұйықтатпақ боп тербетiп отырғандай. Осындай ақ адал тiлекпен, осындай сүттей аппақ ниетпен өмiр сүретiн ақынның арамызда жүргенi қандай жақсы!
«СЕРГЕЛДЕҢ ЕТПЕЙ СЕРТIМДI НЕ ЖОЛҒА БАСТА, НЕ СОРҒА» Айнұр Əбдiрасылқызының «Мезгiлсiз дəурен» атты шағын жыр жинағына алғы сөз жазған кескектi ердiң сойындай тегеурiндi ақынымыз Фариза Оңғарсынова былай дептi: «Александр Пушкин жазған екен: «...егер мұңы болмаса, ол поэзия болмайды деп. Айнұр ақынның өлеңдерiнде мұң көп, яғни ол – Ақын, өйткенi мұңсыз ақын болмайды». Əрине, Пушкин соқтықпалы заманның қай-қайсысында да солқ еткiзiп соғып өтетiн ауыртпалыққа қайрат көрсете алмай ұнжырғасы түсiп, мойнына су кетiп, мұңның мұнарына кiрiп, қайғының қалың тұманында адасып кететiн əрекетсiз ақын туралы айтып отырған жоқ. Қандай бiр ауыртпалық заманда да бел шешiп, бiлек сыбанып күреске кiрiсiп кететiн əрекетi бар ақын туралы айтып отыр. Яғни, Пушкин мұңды ақын жанын қозғалысқа түсiретiн күш деп бiлген. Фариза ақын айтса айтқандай, Айнұр өлеңдерiнде мұңды өлеңдер, уайымды жырлар жетерлiк-ақ екен. Айнұр, бейне бiр, мұңмен кiндiктес, тiптi мұңмен егiз туғандай. Одан да дəлiрек айтсақ, көңiлдi де, көздi де қатар арбайтын қызылды-жасылды көп гүлдердiң iшiнде күңгiрттеу қоңырқай бояуын iшiне тартып өзiнен-өзi тұмшаланып алған Мұңлықгүл секiлдi. Əлгiнде айттық қой, мұң мен уайым деген кейбiр ақын үшiн қозғаушы күш деп. Бұл сөз Айнұр үшiн де айтылған. Əрине, ол өзiне-өзi қаншама тұмшаланып алып тұнжырап тұрса да, бəрiбiр айналасына мұңын да шашпай, сырын да ашпай тұра алмайды. Тағы да ол мұң өзiнiң қарақан басының қамын қамдап, жайын жайғаудан туған мұң емес қой. Оның мұңы – халық қамын жеуден, ұлтының ертеңiн ойлаудан, елдiң иығына түскен зiл батпан ауыртпалықты қайтсем жеңiлдетем деген кiсiлiктен туған үлкен Азаматтық мұң. Таусылып бiтпес толғауым, Тарқалып бiтпес шеменiм! Түнектiң көрдiң торлауын
Есiңдi жишы, ер елiм!!! Тұсалар тұсқа таядың: Тегiне тартар түрiң жоқ. Аңдасаң еттi, аяулым, Мiнезсiз ұлттың мұңы көп. Бұл жолдар, сөз жоқ, бəрiмiздiң өзегiмiздi өртеп, бəрiмiздiң жанымызды жеп, етiмiздi езiп, сүйегiмiздi кемiрiп жатқан ойлармен жымдас, үндес қой. Жанымызды жеп жүрген ол ойлар осы өлең жолдарын оқыған кезде тағы да сенiң бойыңнан көл бетiнен əлденеден дүрлiге үрiккен қаз-үйректердей ду етiп көтерiлiп шыға келмей ме?! Мiне, дəл осы тұста ақын мiнезi, ақын позициясы айқын танылуға тиiс. Ол, не күлталқаны шығып күйреп, бас көтермей құмығып бүк түсiп жатып алу керек, на қайрат көрсетiп, дүр сiлкiнiп орнынан тұрып кетуi керек. Екiнiң бiрi. Басқа жол жоқ. Сүйсiнгенiмiз, Айнұр мiнезi – қайратты мiнез екен. Сондықтан да əлгi өлең: Сезiмнiң сеншiл шегi жоқ: Тұғырым, тiнiм, теңi жоқ! Сен барда маған сему жоқ, Мен барда саған өлiм жоқ! – деп аяқталады. Бұл – нағыз ақын мiнезi. Ақын қызып тұрған табаға түскендей шыжғырылып, күйiп-пiсiп тұрса да күйгелек емес. Биiк, еңселi! Мiнезсiз елiнен түңiлу де, безiну де жоқ! Қайта ол өз елiнiң тамырын семдiрмейтiн де, өз елiнiң жарығын сөндiрмейтiн де күш- қуат көзi. Əсiресе, Айнұрдың өзiне деген, өзiнiң бойындағы қайратына деген сенiмiне тəнтi боласың. «Мен барда саған өлiм жоқ» деп тұр ғой ол. Неткен асқақ, iрi сөз! Мұндай асқақ, iрi сөздi iрi мiнездi ақындар ғана айта алса керек.
Айнұр секiлдi iрi мiнездi ақындардың, сөз жоқ, айнала қауымнан да ел алдында ту боп желбiрер, ел аузында ұран боп айтылар iрi мiнездi ұлан iздеуi заңды. Құндылықтарың құнсыздап, Құрдымның жайлап жиегiн, Құмыққан кегi құр сыздап, Есiл де елге кiм ие?! Үлгiме тұтар үрдiс жат, Тұғырсыз туған тұл емен. Тектiден қалған туды ұстап Бұрар ма көштi бiр ерен?! ...Тағдырдың таңы бозармай, Таптырмай түнек жоғымды. Көкжиек жақтан көз алмай Күтумен келем жолыңды... Парасатты ерiм, пiр тұлғам! Ер салсаң атқа елтiнжал, Ұл ермес болса ұлтымнан Сабыңда тұрар сертiм бар! Белгiңдi бiлдiр, бекем ер! Жарағын жұртың сайласын. Ғаламның рухын көтерер Ғасырдың ұлы қайдасың?! Көбiмiз айта алмай, бiрақ көкейiмiзде хатталып, көмейiмiзде жатталып жүрген сөз ғой бұл. Дəл қазiр бiздiң мына өмiрiмiзге қанында қазақтың
рухшыл қаны атқақтаған, жанында қазақтың рухшыл жаны лапылдап тұрған, қарағайға қарсы бiткен, артық та туған бiр ұлан керек-ақ. Мұндай жiлiк майы толық, жұлыны берiк, алмастай өткiр сөздi «толықсып тұрған заманның аш өзегiнен жаралған» ақын ғана айта алса керек. Сондықтан ол мына заманның бүкiл ауыртпалығын мойнына алуға, оны бүкiл тұла бойымен көтеруге əзiр. Тағы да ол жүктi қатар тұрып көтерiсуге өз замандастарын, өз буынын шақырады. Үндеп те, ұрандап та емес, əрине. Мiндеттеп, салмақ сала отырып! Талқы-тағдыр тектiсiн тұлымдайды. Көңiлiне көп түнеп ұрын-қайғы. Қан кеш мейлi, қаза кеш, ей, замандас, Бiздей буын ешқашан туылмайды!!! Қайрай түссiн кегiңдi құйын-заман, Сүйгенiне сақтаған сыйын далам: Бiзден бұрын өткеннiң бəрiне де Бiздей ауыр аманат бұйырмаған! Мұндай емендей еңселi сөз айта алатын буынға сенбегенде, Құдай-ау, ендi кiмге сенесiз! Сондай аманатты арқалауға бел шешiп, бiлек сыбанып дайын тұрған буынның анттай адал, серттей берiк сөзiн естiгенде iштей шүкiршiлiк етiп, ерiксiз «Тəубə, тəубе!» дейсiң. Айнұр жалт-жұлт еткен əлемiш бояулы, жарқ-жұрқ еткен əсiреқызыл ойын-сауыққа алданып, оларға бой алдыра қоятын жан емес. Əйтпесе ол: «Шаттығым шығар тым таяз, ал мұңым менiң – тереңде», – демес едi ғой. Қыл шылбырдай əбден ширығып, шиыршық атып алған мұндай жан, сөз жоқ, дауылды күнi астаң-кестең боп жатқан теңiзге де қойып кететiн тəуекелшiл жан. Алған бағыты, таңдаған жолы қайда апарады? Алдында не күтiп тұр? Қазiр оның бəрiн есепшотқа сап есептеуге, маршрутын сызып белгiлеп отыруға уақыты да жоқ, пейiл-зауқы да жоқ. Не болса да, айтқан бетiнен қайтпақ емес.
Тiрiден таппас тiректi Өлiден iздеп өксiген, Жұбатып жырау-жүректi Жебеушiм болып жетшi, дем! Естаңды болған еркiмнiң Күрмеулi күйiн шеш, онда! Сергелдең етпей сертiмдi Не жолға баста, не сорға... Мұндай кескектi ой мен кесiмдi сөздi əр адымын өлшеп, əр қимылын алдын ала пiшiп отыратын, өзiнiң қамын ғана күйттеп, өзiнiң жанын ғана ойлайтын мүсəпiр мiскiн, бейшара бейбақ айта алмайды. Елi мен жерi үшiн бəрiне де əзiр, тəуекелi зор, жiгерi серпiндi, намысы найзалы, өзегiнде өртi бар iрi мiнездi ақын ғана айта алмақ. Бiр сөзбен айтқанда, Айнұр Əбдiрасылқызын бiз, қаншама ол «жолсыздықтан жаратылған екен мұң» деп тосылып қалса да, «азабым менiң ай-толғақ емес, жыл-толғақ» деп қиналса да, бəрiбiр мұңнан да қайрат табатын, шемен боп қатқан шерден де күш-қуат алатын қажырлы ақын ретiнде қабылдадық. «КҮЗДIҢ СУЫҚ ЖОЛЫ ЕДIМ МЕН ЕГIЛГЕН» Шынтуайтын айтқанда, əсiресе, тəуелсiздiк алғаннан кейiнгi жылдары əдебиетiмiзге үлкен олжалы көш келiп кiрдi. Тағы да ол тең-тең қазына арқалаған құтты керуен боп шықты. Құдай сəтiн салып, жолын оңғара берсе, ол керуен көшi үзiлмес, əлi де жалғаса берер деген ниеттемiз. Керуендi олжа деп отырғанымыз сыртта жүрген қандастарымыздың елге оралуымен бiрге, бiздiң əдебиетiмiз бен мəдениетiмiзге құйылып жатқан ақын-жазушылардың шығармалары. Əрине, бұл үрдiс алпысыншы жылдары басталған болатын. Сол жылдары келген
қаламгерлердiң бiрқатары қазiргi қазақ əдебиетiнiң қадау-қадау iрi тұлғаларына айналып үлгердi. Қазiргi толассыз келiп жатқан жастардың iшiнен де күнi ертең-ақ iргелi қаламгерлер шығатынына өз басым еш шүбə келтiрмеймiн. Бiрден айтарым, ол жастардың шығармаларын түгел қамтып сөйлеу мүмкiн емес. Сондықтан мен бұл жерде тек ел аузына iлiгiп, жұрт көзiне түсе бастаған үш-төрт ақын шығармаларына ғана тоқталмақпын. Менiң олардың əрқайсысына жеке-жеке мақала арнамай отырған себебiм, сөзiме арқау болып отырған ол ақындардың шығармаларының бəрi «Жапыраққа тұнған тамшылар» деп аталатын, едəуiр көлемдi жинаққа топтастырылған екен. Сондықтан мен де олардың өлеңдерiн бiр мақалада бiрге қарастырғанды жөн көрдiм. Бiрден айтарымыз, олардың өлеңдерi де, негiзiнен, қазақ жерiнiң, қазақ елiнiң мұңымен мұңдас, сырымен сырлас болып келедi. Сырттан келгенбiз деген сырғақтық та, тосырқау да жоқ. Олардың бəрi де осы ел мен жердiң төл перзентiмiн, туа бiттi ұланымын деп сөйлейдi. Бiр дiңгектен шыққан бұтақтар секiлдi. Сөзiмiз дəйектi болу үшiн Ұларбек Дəлелдiң «Емханада» деген өлеңiндегi мына бiр жолдарын оқып көрейiк. Бiреу жүр көтерiп анасын, Бiреу жүр көтерiп баласын, Кiм солай көтерiп емдетер Қазақтың жаралы даласын. Қарапайым ғана жолдар. Ит тартып кеткен бөстектей жұлым-жұлым, жырым-жырым боп жалбырап жатқан Қазақ даласының бүгiнгi таңдағы мүшкiл халiн күнделiктi бiлiп, көрiп отырған қай-қайсымыз да Ұларбектiң осы өлең жолдарын жанымыз күйзеле отырып қайталап айтқымыз-ақ келедi. Ұларбектiң ата-баба топырағына деген сағынышы да аса зор, аса үлкен. Қуанышым құм астына көмiлген
Ақын ем мен аянбаған өмiрден. Күздiң сары жапырағы ем төгiлген, Күздiң суық жасы едiм мен егiлген. Бейуақта қарсы алдыңды кес-кестеп, Бейуаз шақта жұлқыласа кешкi өкпек, Саған деген махаббатым деп ойла Жылап жатқан жапырақты етпеттеп. Езiлiп, егiлiп тұрып айтылған, осы бiр алғаусыз айтылған жүрекжарды махаббатқа қай-қайсымыздың сенбеуiмiз мүмкiн емес қой. Қаншама мұң мен сырды арқалап тұрған бұл жолдар тамыр-тамырыңды қуалап, жан-жүрегiңдi толқытып жiберерi хақ. Жалпы, Ұларбек құлыптаулы жатқан құпиясы да, құйындай үйiрiлген құйтырқысы да көп мына өмiрдiң жұрт күтпеген тұсынан кеп тосын əрекеттер жасап, тосын сөздер айтуға құмар. Онысы көбiне-көп, өзiн- өзi ақтап та тұр: Түн келдi. Тəттi шағын кiмге бердi? Мен тұрмын жоғалтқандай бiрдеңемдi. Сырлы өмiрдiң сыртынан бұғып барып Бастап кеп жiберер ем дүрбелеңдi. Бұл жолдардың сиқырлы қуаты сонда, сен де Ұларбекпен қосылып бұйығып жатқан мына өмiрдi бiр сiлкiп, бiр жұлқып оятып алу үшiн дүрбелеңдi бастап-ақ жiбергiң келедi. Енжар тартып, еңсесi түсiп бара жатқан елдiң бойында ереуiл тұрғызғың келедi. Ұларбек жырларының тағы бiр менi сүйсiнткенi – астарлы сыршылдығы. Ол өзiнiң сыры мен мұңын, зары мен шерiн жалаңаш, қасаң қалпында бере салмайды. Егер олай етсе, ол сыр мен мұң да, зар мен шер де бiздiң жүрегiмiзге сiңбес едi, жанымызға бойламас едi.
Қасаң нəрсе қалай сiңiп, қалай бойласын! Мəселен, ол өз бойындағы мұң мен шердi қаһарлы қыстың қыспағында, боранды желдiң өтiнде қалған бақ арқылы бередi. О, зарлы бақ, зарлы бақ! Ояндың ба, өз қайғыңмен қалжырап. Қарт теректiң қабағында қарыс мұң, Қаусап бiткен иықтары салбырап. О, зарлы бақ, жетiм бақ! Сүркей күннен ояндыңдар не тыңдап? Желiктi ме қыстың суық бораны Сəби талдың аяқ-қолын отындап. Өзiңдегi қасiреттi, қайғыны, Түсiне алар адамдардың қай бiрi?! Өлiп-өшiп құлады ма үстiне Ақ кебiндi албастыдай Ай нұры. Дүниеге тiрлiк отын маздатқан, Көктем келер шуақ шашып жан-жақтан. Жаудан қашқан жалғыз кемпiр секiлдi Шашын жайып жоғалады қарлы ақпан. Бұл тек қысқы бақ iшiнде болып жатқан драма ғана емес. Ақын жанында болып жатқан драма. Осы жинаққа енген Тоқтарəлi Таңжарық та төгiлiп тұрған ақын екен. Болған шығар болмашы еркелiгiм, Еркелiгiм – екен ол келте күнiм. Мен ендi кешегiге ертегiмiн,
Мен ендi бүгiнгiнiң ертеңiмiн. Тегiн бiлiп келедi тентек ұлың, – дептi ол өнердiң үлкен жолына шығарда əкесiнен бата сұрап. Əлбетте, жас жiгiттiң махаббат тақырыбын айналып өтуi мүмкiн емес. Оның сүйгенiне деген ынтық пен ынтызарлыққа толы сезiмi таудың бөктерiнен көшкен тұманнан қалған шықтай мөп-мөлдiр, тап-таза. Мөп-мөлдiр, тап-таза ол шықтар ақырын ғана соққан самал желден, мөлтең-мөлтең еткен самал желден үзiлiп кетердей дiр-дiр етедi. Өзiңе бұйырғым келедi, сыр болып. Көзiңе құйылғым келедi, нұр болып. Шашыңды тарағым келедi, жел болып. Өзiңе қарағым келедi, сен болып. Өзiңе жеткiм келедi, үш аттап, Өзiңдi өпкiм келедi құшақтап. Мойныңа асылғым келедi, бiлек боп. Кеудеңе бас ұрғым келедi, жүрек боп. Сенiң күйгiм келедi, отыңа, Сенi сүйгiм келедi, шошыма... Жүректiң ең бiр алыс түкпiрiнен лақ етiп төгiлiп, сол қалпында құйыла салған жыр ғой бұл. Дəл осындай ынтызар халдi, Құдай бiледi, бəрiмiз де жас кезiмiзде басымыздан өткердiк қой. Сол ынтызар ыстық халдi Тоқтарəлi тап-тұйнақтай етiп тамылжытып-ақ қағазға түсiрген екен. Тоқтарəлiнiң айнала құбылыстарға құлағы түрiк, көзi жiтi. Не нəрсенi де қалт жiбермей қағып алады. Тағы да сол көргенiн оқалы образбен орап, бедерлi бейнелi сөзге бөлеп көрсете алады. Оқушылар қайтқандай мектебiнен
Құстар қайтып барады лек-легiмен. Əжем менiң көз тiктi көк аспанға Айырылғандай көңiлдiң көктемiнен. Тоқтарəлiнiң құстардың қайтқанын мектебiнен қайтқан оқушыларға теңеуi қандай əдемi болса, сол құстарға қарап тұрып көңiлдiң көктемiнен айырылған қарт əженiң бейнесi қандай аянышты. Тiршiлiктен озып бара жатқан қарт əженiң көңiл-күйiн құстардың қайтқанымен астастыра айтылуы жаныңа мұң ұялатар жарасымды шыққан. Бұл өлең: Күйзелумен батты да күрсiнiп күн, Жапты өлкенi жабырқау түршiгiп түн. Мысы қайтып барады қарт əжемнiң, Құсы қайтып барады тiршiлiктiң. Ендi бұл өлең бiз ойлағаннан да əрiрек, яғни жан-жүрегiмiздiң қалтарыс-түкпiрлерiн аралап кететiн мəн мен мағынаға ие болды. Қарт əже көңiлiнiң көктемiнен ғана айырылып қоймай, күшi де, құсы да қайтқан тiршiлiк иесiне айналды. Образ тұтас сомдалып шықты. Бiз сөзiмiздiң бас жағында Тоқтарəлiнiң құлағы түрiк, көзi жiтi деп айтқан болатынбыз. Сол сөзiмiзге тағы бiр дəлелдей оның əдемi бiр өлеңi бар. Ол өлеңге талдау жасап, түсiнiктеме берiп жатудың тiптi де қажетi жоқ. Оны тек оқып шығып, тұла бойыңмен сезiнуiң керек. Жатырмын ұйқым келмей, Бойымды билеп алды сиқыр нендей! ...Беймаза шақтарыма жартыкеш ай Əйнектен сығалайды сүйсiнгендей. Қадайды өңменiмен сұғын қайғы, Жұлдыздар да үн-түнсiз жымыңдайды.
Қос құлағым нелiктен шыңылдайды, Сыбырлайды, Əлдене сыбырлайды. Бұл түннiң сұсы қандай? Бəйекпiн өзiме-өзiм түсiне алмай. Жұп-жұмыр жұдырықтай жүрегiмде Ғаламның ғаламат бiр күшi бардай. Мұң деген сары күшiк, Санамда сарпалдаң боп сабылысып. Көз алдыма бiр бейне елестейдi Ақ жүзi ай нұрымен шағылысып. Жатырмын ұйқым келмей, Көкiрегiм кей сəтте күрсiнгендей. Менiң нəзiк жанымда, Ой, тəйiр-ай, Бар екен тылсым нендей?! Жатырмын ұйқым келмей. Ұларбек пен Тоқтарəлiнiң замандас құрбысы болып саналатын Нұрбəтима Байтұрсынқызының да өлең мен өмiр жайлы айтатыны көп екен. Тiптi, əлi жап-жас бола тұра. Əсiлi, өмiр жайлы сөйлеу тек өмiрлiк тəжiрибесi мол, көрген-түйгенi көп жандардың ғана еншiсiнде болмаса керек. Өйткенi, кейде өмiр тəжiрибесi мол жандардың iшiнде де өмiр жайлы жарытып ештеңе айта алмайтындары болады. Ал, кейде өрiмдей жас, əлi оң-солын танып-бiлмеген дейтiн өскелең ұрпақтың сарабдал сақа адамдардан да бетер бəрiн көрiп, бəрiн бiлiп қойғандай сөйлейтiндерi аз емес. Тағы да ол сөздерi сенi сендiрiп, баурап алатындарын қайтерсiң?! Бұл да бiр ақын бойындағы таланттың құпия бiр құбылысы болса керек.
Өмiрдiң мынау соқпақтарымен, Келемiн кейде от қапталымен, – дептi бiр өлеңiнде Нұрбəтима. Нұрбəтиманың алдына қойған мақсаты да үлкен, арманы да биiк. Қазiр ол сол мақсаттың үдесiнен шығуға, арман биiгiнен табылуға құштар. Зор əрекет үстiнде. Оған мына төмендегi жолдар куə. Күндер күңгiр, Өмiр мынау бұлыңғыр. Қайтсiн жүрек сол елестi қуып жүр. Ұмыт болмай, үмiт болып үлбiреп, Қолға түспей торға түскен сезiм бұл. Құс ұшпады. Қарлығаш та келмедi. Сағынышты түсiнбедi-ау мендегi. Көктем болып, Қар жауғаны жаман-ақ, Жас бүршiктiң жайы менi тербедi. Аңсағаным жұлдыз да емес, ай да емес. Бiрақ оған жарық бiткен сай келмес. Нұрға ғашық, жырға ғашық жаныма Кез болады – Қайсы биiк, қай белес? Нұрбəтима осы өлеңiнде айтып отырғанындай үлкен асу алдында тұр. Ол асуды алуға оның қуаты да, қажыр-қайраты да толық жетедi деп бiлемiз.
Отар Шауханұлының өзiндiк бiр ерекшiлiгi – ол алдындағы қатар- құрбылары секiлдi айтарын ашық айтқаннан гөрi, өз iшiне өзi кiрiп, өзiне-өзi тығылып айтқанды жақсы көредi екен. Кейде сол өзiне-өзi тығылып айтқаны түңiлiп айтқандай естiледi екен. Маңдайымнан сүйедi жел еркелеп, Дегендейiн, Аяулым менi ерте кет! Жалыққандай жалғаннан кiрiп барам Құшағына үрейдiң көлеңке боп. Əрине, Отардың үрейдiң құшағына көлеңке боп бара жатқанынан қорықпау да, үрiкпеу де керек. Өйткенi, ол үрей құшағында да дүниенi көре бiлу керек, тек көрiп қана қоймай, оның қыры мен сырын адақтап ақтаруы тиiс. Бұл өмiрдi жан-жақты тану үшiн кейде осындай бiр жұрт күтпеген сəттер де керек. Отар ақын өзiне-өзi тығылып, жападан жалғыз жүрiп-ақ, көп нəрсенi аңғарып, көп нəрсенi алдымызға жайып салады. Мен жылап отырмын. Күңiренемiн жалғызбын. Терезеден телмiрiп түнге қарап барамын, Жалғыздықтан жабыққан үнiн естiп байғыздың. Мен қиялдап жатамын Жүрегiме ем iздеп, Арман арытып сағым қуған кезiм көп. Жартастарға тiл қатам жалығып мынау өмiрден, Амал нешiк, мылқау маң, үн қатады өзiм боп.
Айнала тiршiлiктiң бəрi мұңлы. Өйткенi, олар да Отар секiлдi өзiне-өзi тығылып, жалғыздықтан аңылжып жапа шегiп тұр. Тiршiлiктiң мұндай қапалы құбылыстарымен тiл табыса бiлу үшiн сенiң де табиғатың, болмыс-бiтiмiң соларға тартып тууы керек. Отар өлеңдерiнiң табиғатынан мен соны ұқтым. III. СҰХБАТТАР
“АҚЫН ТАҒДЫРЫ– АЗАПТЫ ТАҒДЫР” (Темірхан Медетбекпен сұхбат) – Темке, сізбен болатын əңгімені мына сұрақтан бастағым келеді: ақындық пен өлеңшілдіктің айырмашылығы қандай жəне ұқсастығы қандай? Мұның анық-қанығын білгіміз келіп отырған себебі – ол оқырман талғамының өсуіне ықпал ете ме деп ойлаймыз. – Ақындық пен өлеңшілдіктің айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ, оны танып білу үшін үлкен талғам керек. Ал, талғам жұрттың бəрінде бірдей бола бермейді. Қай заман, қай кезде де ақындар да, өлеңшілер де болған. Мəселен, Бұқар заманында басқа жыраулар болмады деп ойлайсыз ба?! Болғанда қандай! Бірақ, олардың көбі ауыл-аймақ, қора- қопсы төңірегінде ғана қалған ғой. Ірі тұлғалық мінезге ие болмаған. Жеке бас немесе күйкі тірліктің күйкілігінен аспаған. Қоғамдық, əлеуметтік мəселелерді көрсете алмаған.Уақыт, заман талабына жауап бермек түгілі, сол уақыт пен заман талабын түсінуге, оларды зерделеуге күш-қуаттары жетпеген. Дүниетанулары тар болған. Соған қарамастан олардың кейбіреулері жұрт арасында белгілі бір дəрежеде беделге ие болған. Бəрібір олар бізге жетпеген. Құмға сіңіп, құрдымға жұтылып жоғалған. Өкінішке орай, қазір де солай. Ертең де солай болады. “Ерінбеген етікші болады” дегендей көп-көп адам өлең жазып кетті. Кейбіреулер, тіпті зейнеткерлікке шыққаннан кейін ақын болды. Том-том кітап шығарып жатыр. Оқып отырып жаның жылайды. Өлең деген қасиетті сөздің қор болғанына күйінесің. Оларды саралап, елеп-екшеп отыратын сын дегеніңіздің ерік-күші де, қайрат-жігері де жетпейді. Жетсе де оны тоқтату мүмкін емес. Өйткені, олар демеушілікпен, яғни өз қаржыларымен шығарып жатыр. Ал, баспалардың ақшаға қарсы тұрар қауқарлары жоқ. Өйткені, олар күндерін əзер көріп отыр. Міне, осындай сұрқай тасқын астында қалған оқырман талғамы əбден бүлініп, күйреуге ұшырауда. Ең өкініштісі, осы! – «Сөз саптамы жақсы», «тақырыбы жақсы», «көтерген мəселесі жақсы» деген қолпаштарды қазақ ешкімнен аямайды. Бірақ, сол «жақсылардың» уақыт талқысынан өтпей қалатыны қалай? Осы туралы қандай пікір айтар едіңіз?
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 489
Pages: