Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-12-28 10:01:54

Description: Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Search

Read the Text Version

түкпіріне көз салып қараса қайтеді деп ойлаймын. Испанның тереодорлары қызыл шүберек ұстап бұқалармен шайқасады, американдықтар мөңкіген бұқалардың үстінде жүреді, француздар əтеш таластырады, тағы да əтеш – олардың ұлттық символы, ал іргеміздегі өзбектер бөдене таластырады. Сол елдердің зиялы қауымдары ол ойындарды кінəлап, сөкпейді. Қайта оларды ұлттық өнеріміз деп мақтан тұтады. Соларды күнделікті көріп, біліп отырған зиялы қауымдарымыздың өзінің ең үздік ұлттық өнеріне əлгіндей менсінбеушілік танытуы ұят-ақ. Құдай-ау, бұл сөз жарысы ғой, сөз айқасы ғой. Ал, сөз – бар өнердің бастауы! Оны, ол өнерді біз бағалауымыз керек. Əрине, оның да жетпей тұрған олқы тұстары бар болуы мүмкін. Соларды жетілдіре түсуге атсалысуымыз керек. – Иран-Ғайып дау жоқ мықты ақын. Кезінде сол ағамды бес рет сыбағасынан қағып, мемлекеттік сыйлықты бермей қойды. Ол: «Атағы маған керек, ақшасы бала-шағама керек», – деп жүріп, алтыншы рет ұсынғанда зордан алды-ау əйтеуір. Сарапшылар неге сонша қиянат жасады? Əлде сыйлықты өлеңіне емес, адамына қарап бере ме? – Басқа бір күдік қалмас үшін бірден айтайын: Иранбек – бұл сыйлыққа толық лайықты адам. Бұл сұраққа жауабымды осылай бастап отырған себебім, бұл сыйлыққа лайықсыз біреулер ұсынылып та жатады, тіпті солардың, бірен-сараны болса да, кейбіреулері алып та жатады. Бірақ мен сенің осы сыйлық жолында Иранбектің «өзегі талып, іштей мүжіліп, жүйкесін тоздырды» деген сөздеріңе онша қосыла қоймаймын. Оның «өзегін талдырып, іштей мүжіліп, жүйкесін тоздыратын» мəселелері басқа деп білем. Ұлт тағдыры, имансыздық, қоғамдағы келеңсіздіктер. Оның жүйкесі тозса, осы мəселелерге тозады. Əрине, бес рет ұсынылып, ала алмай қалу адамды шаршатса, шаршататын шығар. Бірақ, оған басқа-басқа, дəл Иранбек мойып, жасып қалмайды. Жалпы ол, мен оны жақсы білем, оп-оңай мойи қоятын жігіт емес. Оған парасат-пайымы да, жігері де жетеді. Жалпы сыйлық біреуге ерте, біреуге кеш келе береді. Ол да бір картаның ойыны. Күні ертең-ақ ол сыйлыққа кімнің қанша рет ұсынылғаны да, кімнің кімнен ерте, кімнің кімнен кеш алғаны да ұмытылады. Тек факт қана қалады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

– Мемлекеттік сыйлық тағайындаудың қажеті бар ма? Осы күні оның қажеті жоқ дейтін пікірлер де айтылып жүр. – Мемлекет болғаннан кейін Мемлекеттік сыйлық болғаны дұрыс деп білем. Бұл дəстүрге айналып кеткен үрдіс. Пəленбай деген елде ешқандай мұндай үрдіс жоқ екен, төленбай деген елде мынадай нəрсе жоқ екен деуден-ақ шаршадық. Сөйтіп жүріп қаншама нəрселерден айрылып барамыз. Оларда жоқ болса, жоқ болсын, бірақ бізде бар болсын. Ал əлгіндей сөздерді бықсытатындар, негізінен, ұсынылып сыйлық ала алмай қалғандар немесе ғұмыры сыйлық алуға шығармашылық күш-қуаты жетпейтіндер. Солардың біреуі егер ғайыптан тайып, сыйлық ала қалса, сыйлықтың керегі жоқ деп айтуды бірден доғарады. «Жоғарыдағы таныстарын арқаланып, сол атақ үшін жазатындарды» білмеймін де, жоғарыдағы таныстарын пайдаланып, ортан қол шығармаларымен-ақ атақ алып кеткендерді білем. Жалпы, шығармашылық адамы үшін мемлекеттік сыйлық мақсат болмау керек те, ал сенің талантыңды, шыққан биігіңді бағалап жатса, одан бас тартудың қажеті жоқ. – «Жас Алашқа» Қадыр Мырзалиевтің «Иірімі» үздік-созық жарияланып жатыр. Шынын айтсақ, осы «эссеге» ел ішінде кереғар пікірлер көп. «Иірімнің» «Өз ұлтыңды жақсы көрмей ағайын...» деген соңғы бөлігінде «Жəдігөй» деп атаған өлеңін қоса беріпті. Ұлтшыл болсам, Бірінші ғып үйіме. Муром қызын түсірем бе келін ғып?! Қадыр ағам, неге өзге ұлттың қызын келін етіп түсіргенімен ақталады. Қазір ұлт тазалығына қолымыз жетпей жатқан жоқ па. Сол келіннен өрбіген ұрпақ шынайы қазақ бола алады ма? Күмəнім бар. Ұлтшыл болсам, Жүрер ме едім,

Əдемі Тақиямды айырбастап қалпаққа?! Құнанбай да, Абай да, Шəкəрім де тақия киген. Тақия да, қалпақ та қазақтың киелі бас киімдері емес пе? Менің қаным талай қаннан құралған. Бірақ əсте пайда іздемеген ұраннан! Сендей жандар «ұлтшыл» дейді екен деп, Мен халқымды жақсы көрмей тұра алман! Шумақтың соңғы үш тармағы түсінікті. Ал бірінші жолын қалай түсінуге болады. Жалпы атақты ақын əлдекімнің ұлтшылсың дегеніне неге осыншама ақталған. Əлде сақтанғаны ма? – Қазір, өзің айтқандай. «Иірім» туралы əртүрлі кереғар пікірлердің бары рас. Біреулер қоштайды, біреулер мошқайды дегендей... Мен де «Иірімді» оқып отырып, ол шығарманың бір жерлерін қабылдаймын, бір жерлерін қабылдамаймын. Ол енді менің, оқырман ретіндегі, өз құқым. Қадыр Мырзалиевтің де авторлық құқы бар. Яғни, қалай жазғысы келсе, солай жазады. Ал, шығарманың болашақ тағдырын уақыт шешеді. Ал уақыттың атынан сөйлеуге менің азаматтық құқым жоқ. Бірақ, талқылап талдауға əркім ерікті. Сұрағыңанақтыжауапбермесбұрынайтарым,Қадыр Мырзалиев – өз ұлтын бар жан-тəнімен, шын ниет, бар болмыс-бітімімен сүйетін ақын. Оның бұл қасиетін үлкен де, кіші де, қасы да, досы да мойындайды. Бар нəрсені бар, жоқ нəрсені жоқ, таласты нəрсені таласты, талассыз нəрсені талассыз деп үйренгеніміз дұрыс. Не болғанда да, Қадыр Мырзалиевтің «Иірімі» – таласты нəрсе. Оны өзі де біліп, ұғып отырған шығар. Ал оның «Дала дидары» талас тудырмайтын талантты шығарма болатын. Ол шығарма ұлтына деген зор махаббат, үлкен сүйіспеншіліктен тұратын өлеңдерден құралған еді. Егер Қадыр Мырзалиев сол шығармасынан кейін ештеңе жазбай қойса да əдебиетте мəңгі қалар еді. Қадыр ағамыз сол шығармасынан кейін де кесек-кесек

туындылар берді. Тағы да олардың көбі ұлттық мүддеге, ұлттық санаға қызмет етіп тұр... Енді сенің сұрағыңа нақтырақ келейін. Сен Қадыр ағамыз «ұлтшылсың» деген сөзден неге сонша қорқады дегендей ой айтасың. Алдымен бұл өлең менің пайымдауымша, Кеңес заманында жазылған. Ал, Кеңес заманында оның қай кезеңінде болсын, «ұлтшылсың» деген сөзден өткен қаралау болмайтын. Ол тұста «ұлтшыл» дегенсөз«нацист»,«фашист» дегенсөздердей естілетін. Яғни, ол қарғыс таңбасындай қабылданатын. Кезінде отызыншы, қырқыншы, тіпті беріректегі елуінші жылдар осы сөз қара жарқанаттай боп бойына жабысқан адамдар атылды, жер аударылды, түрмеге жабылды. Яғни, ол сөз – ең үрейлі, ең қорқынышты сөз болды. Оны сен өте жақсы білесің. Қуғын-сүргінге түскен, атылған, асылған адамдар туралы көп, əрі келістіріп жазып жүрсің. Кейіннен, Кеңес заманының қыраулы, қатал қабағы жібіді-ау дегеннің өзінде, бұл сөзбен айыпталған адам моральдік қуғын-сүргінге түсетін: қызметтен қуылатын, партия қатарынан шығарылатын, жалпы адамдық, кісілік қатарынан аластатылатын. Қадыр ағамыздың шығармашылық өрлеу кезеңін көре алмаған бір замандасы оны осы «ұлтшыл» деген сөзбен қаралап жоғары жаққа арыз жазып жіберген ғой. Жалғыз Қадыр Мырзалиев емес, оның талай-талай талантты замандастарының үстінен осындай арыздар жазылған. Тіпті ол кісілердің тізімі жасалған. Оларға қауіпті, күдікті адамдар деп қараған. Егер ол арыз айналысқа түсіп кетсе, Қадыр Мырзалиев сотталып кетер еді. Бала-шағасы қаңғып далада қалар еді. Өзін осы жолмен қорғамаса, енді қайтіп қорғайды. Қалай шырылдамайды. Саған, бұл жерде, тағы бір ескерте кететін мəселе, Қадырдың айтып отырған қалпағы, қазақы қалпақ емес, «шляпа» ғой. Сонан кейін, сен, ақынның «Менің қаным талай қаннан құралған» – деген сөзіне күмəн-күдікпен қарайсың. Сенің өз ойың өзіңше, ал менің ойымша, бұл жолдарға күмəнмен де, күдікпен де қарауға болмайды. Ең мөлдір деген шынының өзі шыны қалпында жаралмайды ғой. Талай- талай қоспалар қосылып, қорытылып барып дүниеге келеді. Қытайдың да, орыстың да, француздың да, тіпті алыс аралда жатқан жапонның да қандары талай қаннан құралған. Бұл баяғыда ғылыми да, тарихи да дəлелденген нəрсе. Оған бола дау шығарудың қажеті жоқ.

Оның үстіне, Қадыр Мырзалиевтің баласы ғана емес, бүгінде маңдайымызға басып тəу ететін қаншама арыстарымыз да орыс қыздарына үйленген ғой. Енді соларды да айыптаймыз ба? Бұл «ұлтшыл» деген сөзді ауызға алғаннан кейін ол сөз туралы ойдағымды айтып кетейін. Бұл сөз негізінен кейіннен Кеңес заманында шыққан сөз. Оған дейінгі ауыз əдебиетімізде де, жазба əдебиетімізде де бұл сөз жоқ. Бұл сөз – ішіне үрей мен қорқыныш кіргізіп алғаннан кейін жасалынған сөз. Енді бұл сөз – мəні мен мағынасындағы үрей мен қорқыныштан арылып, жақсы мағыналы сөзге айналуы тиіс. – «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетіне ара-тұра бір өлеңіңіз жарияланып келеді. Солардың бірін руно жазуларына арнапсыз. Оның бір əрпін найзаға, бір əрпін жебеге, бір əрпін қамшыға ұқсатып, əр беріп, оқырман ойын түркілер тарихына қарай тартасыз. Сөз жоқ өлең рухты көтереді. Менің Тараздағы Мекемтас ағам: «Жүз жыл өтер, екі жүз жыл өтер, мейлі үш жүз жыл өтер. Бəрібір кейінгі ұрпақ сол түркілердің руно жазуларына қайта оралады», – дейді. Өлеңіңізге қарағанда сіз де сол ойда секілдісіз. Ал, қазіргі қоғамдық пікір латын əрпіне көшсек дейді. – Мен, лайым, Мекемтас ағамыздың айтқаны келсе екен деймін. Ол кісі де «Жүз, екі жүз, үш жүз» деген сөздерді тектен-тек айтып отырған жоқ. Өйткені, дəл қазір біздің оған ұлттық санамыз да, құлқымыз да дайын емес. Бұл мəселені қазір екі-үш-ақ адам көтеріп жүр. Яғни, жалпы ұлттық рухани деңгейге көтеріле қойған жоқ. Тек армандауға ғана болады. Менің ойымша, бүгінде латын əрпіне көшкен дұрыс. Неге? Біз саяси тəуелсіз мемлекет болғанмен, несін жасырамыз, рухани тəуелсіз мемлекет бола алмай жатырмыз. Көп-көп мəселеде əлі де тəуелдіміз. Латын əрпіне көшу, ең алдымен, сол рухани тəуелділіктен құтылудың бір жолы, бір адымы. Біреулер ол үшін асықпау керек дейді. Мен ол пікірге қосылмаймын. Бұл іс неғұрлым тез атқарылса, соғұрлым жақсы болар еді. Ұлтымыздың рухани еркіндігі үшін жақсы болар еді. – Темір аға, осы бізде шын мəніндегі оппозиция бар ма? Жұрт «Ақ жол» партиясына солай қараушы еді. Енді олардың бірлігі қожырап қалған секілді. Кеше Республика Президенті Н. Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында оппозицияның да жақсы ойларын пайдаланайық

деді. Жалпы, Сіз оппозиция туралы қандай пікірдесіз? Түбінде оппозициялық бағыт ұстанғыңыз келмей ме? – Соңғы сұрағыңнан бастайын. Оппозицияда болу деген сөз – белгілі бір оппозициялық партияға кіру деген сөз. Мен, бірден айтайын, еш уақытта да ешқандай партияға кірмеймін. Неге? Өйткені, қандай бір партияның болмасын өзінің идеологиясы болады. Партияға кіргеннен кейін сол идеологияға қызмет етуің керек. Яғни, қай партияға кірсең де еркің шектеледі. Қарсы жақтың жақсы жағын да жақтырмауға тура келеді. Алмағанұлттықидеологияданүлкен,ұлттықмүддеден үлкен идеология жоқ. Қазір ұлттық мүдде мəселесі өз деңгейінде жөнді көтерілмей жатыр. Көтерілсе де, жеткіліксіз. Ал ұлттық мүдде мəселесін ешқандай партияға кірмей-ақ, айтып та, жазып та жүрмін. Жалпы қоғамдағы келеңсіз жағдайларды айту үшін қалай да бір оппозициялық болсын, оппозициялық емес болсын, бір партияға кіру міндетті емес. Сондай партияға кіріп алып та ештеңе бітірмейтіндер көп. Қоғамдағы келеңсіздіктермен күрескеннің бəрін оппозиция дейтін болсақ, онда Абай да, Махамбет те, Пушкин де, Байрон да өз замандарының оппозиционерлері боп шығады. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей осы ұлы адамдардың ұстанған жолында болғым келеді. Бұдан да түсінікті болу үшін айтайын, егер ғайыптан-тайып қазіргі оппозициялық күш билік басына бара қалса, мен оларға да оппозиция болам. Мен тіпті қазірдің өзінде оппозицияға оппозициямын. Өйткені, олардың бағдарламасында да, Конституция жобаларында да ұлттық мүдде аз қамтылған. Нақты, жұрттың дəлірек айтқанда, ұлттың рухын көтеретіндей ештеңе таба алмадым. Жалпы қазақ халқынсыз, оның мүддесін алға шығармай бірдеңе бітірем деу – əурешілік. Енді бұдан былай билік басындағылар болсын, оппозицияда болсын ұлттық мүддені «көзір» етіп ұстамаса, жеңіліске ұшырайды. Қазақ халқын көзге ілмей саясат жасаймын деу – үлкен қателік. Əрине, бəрі де заң аясында болу керек. Мұны мен тектен-тек айтып отырғам жоқ. Конституциямызда орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады деп жазылған ғой. «Қатар» деген сөзге назар аударыңыз. Яғни, Конституция талабы бойынша, орыс тілін қазақ тілімен деңгейлес қолдану керек. Одан аспау керек. Міне, бізде осы талап орындалмай отыр ғой. Қазақ тілі орыс тілінің шаңына ілесе алмай қалды. Бұл – Конституцияны таза

бұрмалау. Қазақ тілі, тек көз бен көңілді аулайтын декортивті тілге айналып барады, айналып барады емес-ау, айналып кетті. Бұл – қатер. Ал оппозиция керек пе, керек емес пе деген мəселеге келсек, ол керек. Оппозициясыз демократиялық қоғам болмайды. Демократияның ең басты белгісі – оппозиция. – Алдағы сайлауда оппозиция жеңіске жетеді деп ойлайсыз ба? – Біреулердің көңіліне келсе де айтайын, жеңіске жете алмайды. Неге? Соған тоқталайын. Əрине, көп адам Грузия мен Украинаны алға тартады. Грузияның экономикасы нашар дамығандықтан оппозиция бел алып кеткен болсын, ал Украинаның экономикасы дамып келе жатса да билік жеңіліске ұшырады ғой, сондықтан да ол факторды алға тартпай-ақ қояйық дейді. Солай-ақ болсын. Бірақ, мəселенің үшінші жағы бар ғой. Көп адам соны ескермейді. Дəл бүгінгі таңда, қазіргі билік басындағылар өте оралымды, өте шалымды, өте икемді болып тұр. Яғни, өздерінің əрекеттерімен оппозицияның қай жағынан болсыналдынорапкетеді. Көріпотырсызғой, оппозиция көтере бастаған істің бəрін билік басындағылар бірінен соң бірін іске қосып жіберді. Əлеуметтік жағдайлар да, саяси реформалар да жүзеге асырылып жатыр. Бұл – не деген сөз? Бұл – билік басындағылар да демократиялық ұстанымдармен жұмыс істеп жатыр деген сөз. Кезінде Грузия мен Украинада бұлай болған жоқ. Ол елдердің бұрынғы басшылары қатып- семген, сірескен жүйемен жұмыс істеді. Икемділік таныта алмады. Ал, біздегі билік дəл қазір өте икемді. Демократиялық үрдіске лайықты жақсы идеяны не ойлап табады немесе айтылған жақсы идеяны пайдалана қояды. Сөйтіп, оппозициялық күштердің қолындағы «қару- жарақтарды» бірінен соң бірін сыпырып жинап алып жатыр. Жаңа өзің айтқан, Нұрсұлтан Назарбаевтыңхалыққаарнаған Жолдауында оппозицияның да жақсы ойларын пайдаланайық деуі, жай көңіл үшін айтыла салған сөз емес екеніне қазіргі көп жұрттың көзі жетті. Ал, мұндай биліктің ғұмыры келте деуге ауыз бармайды. – Соңғы кездері «космополит» деген термин сөзі жиі айтылып жүр. Жуырда ақын Мұхтар Шахановтың «Космополит қазақтар» деген өлеңі біраз басылымға шықты. Космополиттер шынымен-ақ біз ойлағандай өз ұлтын, тілін, салт-дəстүрін жек көретіндер ме?

– Сөз жоқ, космополит ұғымы біз үшін – өте жексұрын, сұмпайы ұғым. Естіген кезде еріксіз тыжырынып қаласың. Ал, американдықтар үшін тіпті де олай емес. Əрбір американдық өзін космополит санайды. Өйткені, олар сол космополит сөзіне американдық рухты, американдық идеяны сіңіріп жіберген. Əрбір американдық, ең алдымен Американы асқақ тұтады, сол өз елі үшін мақтанады. Кез келген мерекеде кішкентай баласына дейін Американың жалауын көтеріп жүреді. Олар өз ұлтының тілін, салт- дəстүрін аспанға көтеріп мадақтайды. Сонан кейін барып бүкіл планетаның баласымын деп жар салады. Əрине, бүкіл планетаның жартысы солардың тілінде сөйлеп тұрса, космополит болу – олар үшін мақтаныш. Қалған елдер де менің тілімде сөйлесін деп ойлайды. Ойлап қана қоймайды, сол үшін бар күш-қуатын жұмсайды. Сондықтан да олар космополитизмді ұран етіп көтереді. Егер бүкіл планетаның тең жартысы қазақ тілінде сөйлеп тұрса, мен де космополит болар ем. Бірақ, жағдай олай емес қой. Біз сол космополитизмге жұтылып кетпес үшін күресіп жатырмыз. Біздің космополиттер американдық космополиттерден мүлде бөлек. Американдық космополиттер өз елін асқақ тұтып барып, бүкіл планетаның перзенті болғысы келсе, ал біздің космополиттер өз ұлтын аяқ асты етіп, түкке алғысыз етіп барып, бүкіл планетаның перзенті болғысы келеді. Яғни, американдық космополит үшін космополитизм басқа елдерге жүргізетін үстемдік құралы да, ал біздің космополит үшін космополитизм өз ұлтының мойнына құлдық қамытын кигізу құралы. Міне, айырма қайда! Кезінде интерноционализм де орыс шовинизміне қызмет етті. Өз ұлтынан безген, өз ұлтының тілін білмеген, орысша оқыған, орысша сөйлеген интерноционалист болды ғой. Міне, космополит те сондай. Енді космополитизмнен біз түгілі, сол орыстардың өзі қорқып отыр... – Əңгімеңізге рахмет. Əңгімелескен Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ «Түркістан» газеті, 3 наурыз, 2005 ж.

ЕҢ АЛАЯҚТЫҚ ТІРШІЛІК, ЕҢ ОПАСЫЗДЫҚ – «САЯСАТПЕН ЖҰМЫСЫМ ЖОҚ» ДЕГЕН АДАМДАРДАН ШЫҒАДЫ – Темірхан аға, əріптестеріңіздің көбісі, ақындарды айтам, «өлең жаза алмай жүрміз» дейді. Сіз керісінше соңғы уақытта өз поэзияңызды мүлдем жаңа бір биікке, тың сапаға көтердіңіз. Сізді түртіп оятқан қандай күш? – Бұл сөзді баспасөз бетінде болмағанмен, былайша көп адам айтады. Əсіресе, жастар: ««Көк түріктер сарыны» біз жазатын дүние еді, алпысты алқымдаған кезде сіз жазып, бізді далаға тастап кеткендей болдыңыз», – деп. Бұған айтатыным, бұл өзі – менің ертерек қолға алған шаруам. Жалпы, əдебиетте өзіңнің бір даусың, өзіңнің үнің, өзіңнің жолың болмаса, еш уақытта шыға алмайтыныңды, онан кейін біреудің көлеңкесінде қалып қоятыныңды мен ертерек сезген адаммын. Жан-жағымды көбірек қарап, тексеріп, зерттеп жүрдім дағы, онан кейін эксперименттерге, оның ішінде ешқандай тамыры жоқ, шыққан топырағы жоқ эксперименттерге де бардым. Бірақ, бүкіл үлкен, мықты ақындарды зерттеп қарап отырсам, еш уақытта да жалаң эксперименттің ешқайда алып бармайтынын сезіндім. Өйткені, қандай жаңалық болсын, өзінің дəстүрлі тамыры болуы керек. Оның күретамыры дəстүр болуы керек. Онан кейін ағаш күретамырымен ғана қоректенбейді ғой, оның тарам-тарам сала-сала тамырлары болады, сол тамырлары əлемдік əдебиеттен сусындап отыруы керек. Осыған ден қойып, жыраулық поэзияны меңгеріп, оны рухани айналысқа түсіріп жатқан ақындар, құдайға шүкір, бар. Күндердің күнінде, Маңғыстауда жүрген кезім, ертеректе қайтыс болып кеткен Құлмат (Өмірəлиев) ағамыз, сосын Мырзатай мен Айдаров ағаларымыздың «Күлтегін», «Тоныкөктен» аудармалары бар ғой, соларды қарап отырсам, «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қара терімді төктім, қызыл қанымды сорғалаттым» деген жолдар, ұйқасы жоқ шығар, бəлкім, бірақ тура өлең ғой. Ары қарай ізденсем, «Күлтегін» эпикалық ұлы шығарма екен. Сол кезден бастап əрі іздендім, бері іздендім. Былай қарасаң қарапайым, бірақ оған келудің жолы өте ауыр болды маған. Үнемі ішімде жатты да қойды. Біраз уақыт өтіп, Алматыға келгеннен кейін де, тағы да сол қайта-қайта, анда-санда соғылған қоңырау сияқты, ішімде жатып алды. Күндердің күнінде... бір

сілкініс... келді! Көк түріктер сарынынан. Бұл форманың кереметтігі сонда – өзіңді шектемейсің, ұйқасқа тықпайсың. Өзіңді белгілі бір жерге байлап-матамайсың. Буын санамайсың. Бунақ іздемейсің. Бірақ, оның да өзінің музыкасы бар. Сондай керемет елітіп кеткендей болмаса да, мұнда қашаудың, ұста дүкенінің даусы шығып тұрады, симфонияның даусы жоқ мұнда. Ұста дүкенінің даусы шығады: қашап жатқандай, немесе темір жонып жатқандай, немесе шеге қағып жатқандай. Білдіңіз бе? Сондықтан осы форма дəл осы кез, осы уақытқа лайық, жалпы. Қашап, ойып түсіретіндей жазу керек болды да, жаздым. Бірақ, бұл – өзінің тамыры бар жаңалық. Сондықтан да мұны жұрт ерсі көрген жоқ. Өйткені, ерсі көрмейтін себебі, өзінің қанында бар ғой, өзінің табиғатында бар нəрсе. Сондықтан да көп адам мұны бірден қабылдады. Алдында қауіп те, күдік те болды: «осы қалай болар екен?» деген, бірақ қабылдады. Сондықтан да бұл –алдымен Алла Тағаланың, сосын ата-бабамның аруағы арқасында, ежелгі сарынның мен арқылы қайталанғаны. – Жаңа экспериментке көп бардым дедіңіз. Сол өлеңдеріңіз эксперимент күйінде қалып қойған жоқ па? – Эксперимент жасаған өлеңдерімнің көбісі жарамайды. Былтыр екі томдығым шықты, соған көп эксперименттерімді құрбандыққа шалып жібердім, қосқам жоқ. Əрине, оның ішінде бірен-саран енгендері бар, ал қалғанын өз қолыммен алып тастадым. – Ғалым Мекемтас Мырзахметовтің «Егер əліпбиді өзгертер болсақ, онда көне түрік əліпбиіне – руна жазуына көшейік» дегені белгілі. Оның сыртында «ескі тəңір дініне оралайық» деп мақала жазып жүргендер бірқыдыру. Осы түрікшілдік, тəңіршілдік идеясы бізге қаншалықты қажет? Жалпы, бұл өзі қазақты, жалғыз қазақ емес, жалпы түркі əлемін араб-ислам əлемінен бөлшектегісі кеп жүргендердің əрекетімен белгілі бір дəрежеде ұштасып жатқандай көрінеді. Бір жағынан, бұл сұрақты қойып отырған себебім, ерсілеу болса да айтайын, сіздің «Көк түріктер сарынында» жоғарыдағы пікірлермен сырттай байқалмаса да, іштей жалғасып, жымдасып жатқан қандай да бір байланыс бар ма дегенім ғой? – Бұл айтылған екі пікірге де мен үзілді-кесілді қосылмаймын. Мекемтас ағам – менің ұстазым, абайтанушылардың ішіндегі алдыңғы

қатарлы азамат. Мен оқуға түскен кезімде, ол кісі аспирант болған, сол кезде қамқорлығын да көргенмін. Ол кісіні қатты қадірлеймін. Бірақ солай бола тұра, ол кісі айтты екен деп, бұрынғы руна жазуына көшудің қажеті жоқ. Ол үлкен машақат тудырады. Мен өзім қалай да орыс ықпалынан шығу үшін кириллицадан кетуді, сөйтіп, латын əліпбиіне көшуді қалаймын. Қазір дүниежүзілік ықпалдастық жүріп жатыр, латын əліпбиі соған кірігуіміз үшін, ағылшын тілін меңгеру керек. Жаңа тəңір діні дегенді айтыппе сонда? Ислам дінін жатырсың. Баяғыдай отқа,қазір таза еуропалықтар суға табынуымыз керекқабылдап жатыр. Ислам дінінен ажырасақ, қазақ болудан да қалғанымыз емес пе? Ал, енді мен жазып жүрген көк түріктер сарынында ешқандай бір діни, басқа да қайшылыққа алып баратындай сөз жоқ. Менің ұлықтап жазып жүргенім – ол біздің кəдімгі өткен тарихымыз, өміріміз ғой. Онан еш уақытта бас тартуға болмайды. Біздің қанымыз ол, жанымыз. – «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналын басқарып отырсыз. Атынан да көрініп тұрғандай, журналдың басты мұратының бірі – тарихтың, қоғамның ақтаңдақтарын, жабулы жатқан ақиқаттарды ашу ғой. Осы орайда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатында əлі күнге ашылмай, жарық көрмей, сарғайып жатқан құнды құжаттар, құпия мұралар, мəліметтер көп деп естиміз. Осылардан хабар алып көрдіңіз бе? – Ондай əрекет жасаған жоқпын, шынымды айтайын. Ұлттық Қауіпсіздік комитетімен ешқандай байланысымыз жоқ. Шынында да, бұл ой салатын мəселе екен. Бірақ, олар бізге мұрағатын бере қоя ма? Ол үшін де рұқсат болу керек шығар. Бірақ, сол ашылмай жатқан мəселелер бар екенін сен де білесің, мен де білемін, жұрттың бəрі де біледі, сезеді. Əсіресе Желтоқсан оқиғасына байланысты көптеген мəселелер сол жылы жабылған күйінде жатыр. Қаншама азаматтардың қуғын-сүргіндері, ұсталған-ұсталмағаны бар, қандай бəлекеттер жасалды, біздің білетініміз – қалқып жүрген бер жағы, беті ғана. Аттың басының бəрі сонда. Əсіресе, бізге бүкіл қасірет, қайғы, нағыз жауыздық алып келген құжаттардың бəрі Мəскеудің мұрағатында жатыр. Оны енді алуға қолымыз жете ме, жетпей ме? Ол үшін енді ұзақ өмір сүру керек шығар. Біз болмасақ, оны басқа ұрпақ алып келетін

шығар. Ал, бірақ жаңағы өте бір жақсы сұрағыңмен маған ой салып отырсың. Соған баруға мен енді əрекет жасауым керек шығар. – Қаламгерлер «жазушылар қоғамға керек болмай қалды» десе, қарапайым жұрт «зиялы қауымның белсенділігі жоқ» деп кінəлайды... – Осы бір нəрсеге мен түсінбеймін. Жазушы байғұстың қолында не қалды?! Баяғыдағы Жазушылар одағын аңсайды. Ол Жазушылар одағы басқа еді ғой. Ол Жазушылар одағын басқарып отырған адам Орталық Комитеттің бір төртінші хатшысы сияқты еді. Бүкіл ақшасын беретін, қаржыдан ешқандай тапшылық көрсетпейтін, қалтасын томпайтып қоятын. Үлкен-үлкен лауазым иелерімен қатар отыратын. Депутат болатын. Əзір не? Əзір көк тиын бермейді. Жазушылардың бəрі демей- ақ қояйын, біразы күнін қалтақтап, əрең көріп жүр. Олардың қолында ешқандай механизм қалған жоқ. Ал, бірақ тіл мəселесіне келгенде, өзің білесің, кезінде осы жазушылар еді ғой шырылдап көтерген. Қазір де көтеріп жатыр. Мұхтар Шаханов жазушы емес пе екен? Қоғамдық қолдау комитетін қайбір жетіскеннен құрып жатыр? Бірақ, соның айналасына топтасу мəселесіне келгенде, əрине, жазушылардың өздері сыңаржақ болып, бір-бірімен алакөз, алауыз болып, айтысып- тартысып, тек соның зиянын көріп жатыр. Өз басым Мұхтар Шахановтың тым екпіндей беретінін де жақтырмаймын. Бірақ, жеке бастың мүддесіне қарамастан, оны осынадай елдік, халықтық мəселеде бəріміз бірігіп қолдауымыз керек. Соны қолдау, айналасына топтасу мəселесі қиын. Дəл осы жерде Жазушылар одағының қолын байлап, аяғын тұсап қойып отырған ешкім жоқ. Жазушылар одағы қалай болғанда да, алдымен Тілді көтеру керек еді. Біз осы кезде жиналыстың үстіне жиналыс жасап, тіпті керек болса, рұқсат алып тұрып шеруге шығып, сондай мəселелерді ұйымдастыруымыз керек еді. Тек жазушы, ақындардың кештерін өткізумен шектеліп отырмыз. Саясатта белсенділік көрсетуіміз керек еді, əсіресе Тіл мəселесіне келгенде. Іш қазандай қайнайды, қолдан келер қайран жоқ. Жазушылардың тағы бір беті қайтып қалғаны – қанша айтса да жоғары жақ бір былқ етпейді ғой. Журналистер, сендер де аямай айтып жатырсыңдар. Соған селт етіп жатқан нəрсені көресіңдер ме, анда-санда ғана бір реакция болады, болды. Сондықтан тіптен көңілі қалып, титықтап қалатын кезі жоқ емес жазушылардың. Əрине, көлеңкесінен қорқатын жазушылар толып жатыр ғой. Бірақ, қалғандары күресіп жатыр. Күресе де береді.

– Сіз үшін қазақ қоғамындағы ең бір өткір мəселе? – Ол – білім. Білім беру реформасы. Білім беру реформасын əлі аяқтай алмай отыр. Мен таяуда аяқтай қояды деп ойламаймын. Реформаның бəрі əйтеуір реформа үшін жасалынбау керек. Ұлттық сананы, ар- намысты оятатындай етіп жасалу керек. Мəселен, қараңызшы, Қытайда қазақ, ұйғыр мектептері бар. Сонда, мұғалімдерге қытай тілін білу керек деген міндет қойылған. Білдіңіз бе? Пекинге барып немесе Пекиннен келіп, олардың қытай тілін қандай дəрежеде меңгергенін тексереді. Олар қытай тілінен емес, қазақ тілінен, ұйғыр тілінен сабақ береді, бірақ қытай тілін білуі керек. Ал бізде қалай? Бізде ағылшын тілін білу керек, басқаны білу керек, бірақ қазақ тілін білу керек деген сөзді білесің бе? Ресей – біз үшін шет ел. Орыс тілін орыс мектептеріндегі диаспора қанша оқыса, оқи берсін, бірақ қазақ мектептерінде оқытып керегі жоқ, оқытсақ, халықаралық ағылшын тілін оқыту керек. Дүние жүзінде солай. Мəселен, Малайзия мен Сингапурды біз керемет санаймыз ғой, солар дəл Қытайдың іргесінде отырған елдер. Малайзия халқының отыз пайызы қытай бола тұра, олар қытай тілін оқымайды. Ағылшынша оқиды. Ал бізде орыс тілінен шыға алмайды. «Орыс тілін үйрен» дегенде Абай өз тіліңді ұмыт деген жоқ қой. Дəл қазір ана тілінен безіп кеткен адамдарды көргенде, Абайдың аруағы қалай күңіренер еді. Біз қалай болғанда да əлемдік ықпалдастыққа ену үшін ағылшын тілін үйренуіміз керек. Орыс тілі – біз үшін шет ел тілі. Балалардың ол тілді үйреніп, босқа уақыты кетеді. Ресейдің өзінің балалары түгел ағылшын тілін үйреніп жатыр. Əсіресе, зиялы қауымның балалары. – «Ақын адам, жалпы өнер адамы саясаттан тыс тұру керек» деген пікірмен келісесіз бе? Келіспесеңіз, онда поэзияны саясатпен қалай ұштастырасыз? – Саясатсыз өмір жоқ. Саясат деген бір сайқал дүние деп, одан безіп кетуге болмайды. Өйткені, дүниенің бəрін жасап жатқан саясат. Біздің тəуелсіздігімізді алып келгендесаясат.Біздіотарландыруға,отарсыздандыруға алып барған да саясат. Біреулер: «Менің саясатпен еш жұмысым жоқ», – дейді. Ең алаяқтық тіршілік, ең опасыздық сол «саясатпен жұмысым жоқ», – деген адамдардан шығады. Саясат деген сенің бүкіл тағдырыңды жасапжатыр. Болмаса, сені жоғарыкөтеріп жатыр. Сені илеп жатыр.

Болмаса, оған қалай жетесің? Саясаткер болмай-ақ қой, бірақ өзіңнің ішкі, сыртқы саясатың болуы керек. Қыл аяғы адам мен адамның сөйлесуі де саясат, дипломатия. Халқың сын тезіне түсіп жатқан кезде, «мен саясаттан бөлек едім» деу, шалқаю – барып тұрған нағыз оңбағандық, сатқындық. Өмір бойы саясатпен тыныс алып, саясатпен өмір сүруің керек. «Саясатты мен ғана жасаймын» деу – ол халықты бұғауда ұстау, халықты топас ету, надандыққа алып бару деген сөз. «Саясатта жұмысың болмасын» деген кезінде жазушыларды саясатқа араластырмас үшін Кеңес Одағының миға сіңірген пікірі. «Саясатпен тек Сыртқы істер министрлігі айналысу керек» деп кім айтты? Дамыған елдерді алыңыз. Бүкіл француздың студенттері ереуілдеп, көшеге шыққан жоқ па? Америкада, əне, бүкіл мигранттар шулап, көшеге шығып жатыр. Əрбір ел, əрбір азамат саясаттан көз жазбай, қадағалап отыруы керек. Ол деген жоғары жақ не айтты, соны тура қабылдау емес, соны қорытып, өз пікіріңмен салғастыру. Саясат – сенің тағдырың. Саясаттан еш уақытта кетуге болмайды. Саясатпен жүру керек дегенде, мен жалаң, құрғақ саясат емес, ішкі терең саясатты айтып отырмын. Поэзия да тұнып тұрған саясат. Кезінде кеңестік ақын-жазушылар саяси тақырыптағы роман, өлең-жыр жазса, тек қана мақтау, мадақтау керек болды. Көсемдерді мақтап өлең жазу – ол саясат емес, дүмбілездік, жағымпаздық. Білдіңіз бе? Сол кезіндегі қызыл саясат ақын-жазушыларды саясаттан сұмдық жиіркендіріп жіберді. Əйтпесе Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігі» тұнып тұрған саясат емес пе? Əлем таңдай қағатын Достоевкийдің бүкіл шығармасы – қарап отырсаңыз, саясат. Байрон да, Пушкин де, Гете де бастан-аяқ саясатпен айналысқан. Əуезовтің «Қаралы сұлуы» сұмдық саясат емес пе? Бүкіл теңсіздікті, əлеуметтік қайшылықты, қараңғылық пен надандықты, бейшаралықты көрсетіп, сол арқылы қоғамдық жүйемен күресіп отыр. Мен «Егемен Қазақстанның» бірінші бетіне өлеңдер шығарып тұрам. Əдейі шығарам. Оның ішінде мақтау, мадақтау жоқ, қоғамдағы əлеуметтік қайшылықтар, теңсіздіктер, келеңсіздіктер, мен соларды жазам. Газеттің бірінші бетіне шыққаннан кейін, кейбір ойы таяздар баяғы түсінікпен «саясатты мақтап жырлап отыр» дейді. Ішкі мəніне қарамайды. Əрине, өлеңді саясаттандырып жібермеу керек. Ол қорытылуы керек. Поэзия көркем шығарма ғой.

Шынайы өмірді өлеңде шынайы өмірден де асырып көрсету керек. – Қазір аға буын ақын-жазушыларымыздың арасында мемуар жазу етек алды. Онда елге белгілі тұлғалардың қоғамдағы орны, жеке өмірі болсын артық-кем айтылатыны бар. Оны біреулер мақтайды, біреулер даттайды. Сіз осыған қалай қарайсыз? Жəне болашақта мемуар жазсам деген ойыңыз бар ма? – Шындықты ашудың да ашуы бар. Бір ағаларымыз Сəкен Сейфуллинді ұлтқа қарсы жау етіп көрсетеді. Олай деп айту енді артық қой. Сəкенде де қазаққа болсын деген ниет болды. Құдай жалғыз, оған баратын жол көп дейді ғой. Сол сияқты халықтың болашағы үшін Алаш қайраткерлерінің əрқайсысын жоққа шығаруға болмайды. Ал енді серілігі болса, несі бар, серілігін жазсын, егер біреулер кəдімгідей көзімен көріп тұрған болса. Өз басым біреудің серілігін күнделікті көріп жүрсем де, оның көрпесін көтеріп сығалап қараудың маған қажеті жоқ. Ал енді соған ұяты барып жазып жүргендер өздері біледі. Əрине, ондай-ондай жазылғандар дүниежүзілік əдебиетте ежелден бар нəрсе, бірақ біздің менталитетіміз басқа, өз басым ондайды қабылдай алмаймын. Мəселен, қатты ішкен ағаларымыз бар, көргем. Солардың ішкенін, төбелескенін айту, жазу керек те шығар, бірақ соны алдыңғы планға шығарудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен мемуар жазбаймын. Бірақ, өзіме қатысты күнделік жазып жүрмін. – Көптеген ақындарымыз қазір прозаға барып жүр. Ал, сіздің аудармамен айналысып жүргеніңізді білеміз. Проза жазуға барар ма едіңіз? – Мен көптеген романдар аудардым. Тапсырыспен. Айтушылардың сөзіне қарағанда, жаман аударылмаған сияқты. Сол сияқты Батыстың көптеген ақындарын аудардым. Бірақроман, повесть, драмажазамындеп айта алмаймын. Жазсам, публицистикалық, сын мақалалар жазамын. Ондай кітаптарым да шығып жатыр. Кезінде публицистиканың дəуірлеген кезінде шама-шарқымша ат салыстым. Қазақ публицистикасы тəуелсіздіктің алдында, тəуелсіздіктің алғашқы кезеңінде əлемдік деңгейге көтерілді. Оған журналистер де, жазушылар да қызу қатысты. Сол кездегі бір түйір мақалаларды қайыра оқысам, бір повесть оқығандай боламын немесе қаншама ақпарат алып, өзімді-өзім байытамын. Қазір кішкене саябырсыды. Мұның себебі жазушылар

өзінің үстелдеріне оралып жатқан болуы, ал журналистер өздерінің күнделікті үйреншікті тақырыптарына ойысып, сонымен жүрген болуы керек. – Мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар арасында «айтыс ақындарына айрықша көңіл бөлініп, жазба ақындар далада қалды» немесе «айтыс өткізу дегенді мүлдем доғару керек» деп жүргендер аз емес. Сіз осы, айтысқа қалай қарайсыз? – Айтатыным, айтыспен айтыспау керек қой. Айтыс жүре беру керек. Айтыссыз қалай болады? Өзбектер бөдене таластырады, француздар қораз төбелестіреді, испандықтар мөңкіген бұқаны қызықтайды. Ал біздікі, Құдай-ау, сөз өнері ғой. Тек шектен шықпау керек, болымсыз ақындарды сахнаға беталды шығара бермеу керек. Кейбір айтыс ақындарымыз дүниетанымнан жұрдай, былапыт, жұғымсыз сөздері айтады, жұрт соған мəз болады. Міне, осы ақындарды сұрыптап шығару жағы болса, онда сөз басқа. Əйтпесе айтыспен айтысуға болмайды. Мен бір сөз айтайын. Айтыс ақындары елге өте танымал болады. Жазба ақындар, қаталдау болса да айтайын, өлгеннен кейін мықты. Тірі кезінде олар бəрібір бірін-бірі жібермейді. Сондықтан «аналар машина алып қойды» деп қызғанудың қажеті жоқ, ол да қазақтың баласы ғой. –Ірілік дегенді қалай түсінесіз? – Ірілік дегенді мен ұлттың қамы, ел мүддесі үшін өзіне қатер төніп тұрған кезде немесе соны сезе, көре, біле тұра, сахнаға немесе ел алдына жасқанбай шығып, халқының ар-ұятын қорғап, сол жолға басын тігіп, жанын пида ете отырып, сөз сөйлеу деп түсінемін. – Сіздің тастың сынығын, ағаштың тамырын жинайтын əдетіңіз бар екен... – Кезінде көп жинағам. Бірақ, соңғы кезде сəл ауырыңқырап қалдым да, тоқтап қалды. Бірақ оны түбі жалғастырамын. Əлі күнге тас не тамыр көрсем, бір қарамай өте алмаймын. Неге екенін білмеймін, қызық. Əлдебір персонаждарға ұқсап тұратын ағаш тамырларын, мүсінге ұқсайтын тастарды жинаймын. Қазір соған қайтадан қызығып жүрмін. – Адамдық, ақындық тағдырыңызға өкпеңіз бар ма?

– Жоқ. Өкпем жоқ. Өкініштер бар, болған. Өкінішсіз өмір бола ма? Тым болмағанда, біреуге артық айтып қоясың дегендей. Немесе қаншама уақытымды бос жіберіп алдым деп. Далада да жүрдім, қиындық та көрдім. Туған жерім Түркістан болса да, талай жыл Маңғыстауға барып, қара жұмыс та істедім. Бірақ, бəрін қорытып келгенде, өміріме ешқандай өкпем жоқ. – «Ақындар екіге: өлең жазу үшін өмір сүретіндер мен өмір сүру үшін өлең жазатындар болып бөлінеді» дейді білгіштер... – Қасым Аманжоловтың сөзі бар ғой, «мені жаман өлеңдерім асыраған» деген. Сол сияқты, қазір жаман өлең жазсаң да, жақсы өлең жазсаң да, ол сені асырай алмайды. Қайта Қасым бақытты екен. Өлеңге қазір ешқандай қаламақы берілмейді. Менің екі томдығым шықты. Соған алғаным жақсылап достарыңа бір жуғаннан, əй, артылмайды-ау. Қайта қасыңа еріп барғандардан қарыз алып құтылуың мүмкін. Мені өмір бақи асырап келе жатқан – осы журналистика. Мен жазушылар мен журналистердің арасындағы бір қарама-қайшылыққа таңғаламын. Бір адамдар ғой, олар. Бірін-бірі кемітіп, «анау журналист, күнделікті өмірден аса алмайды» деуге де немесе «өй, анау жазушы, кабинетіне тығылып алып, оны қай уақытта жазып бітіреді, ол бітіргенше, мына шаруаның бəрі бітіп кетеді ғой» деп, бір-бірін нұсқап көрсететін адамдар – жақсы адамдар емес. Мені асыраған – журналистика. Өмір бақи асырап келе жатыр. Міне, қазір осы жерде бас редактормын. Журналиспін. «Егемен Қазақстанның» тілшісі болдым, Маңғыстау облыстық газетінде істедім. Журналистикадағы жолымды Түркістан аудандық газетінде корректорлықтан бастадым. Мені асырап келе жатқан – журналистика. Өлең емес. Өлеңнен алған кезіндегі қаламақыларымның бəрі Алматының мейрамханаларында қалды. Үйіме, Маңғыстауға одан бір тиын апарған емеспін. Одан үстіме бір көйлек алдым ба, алмадым ба, білмеймін. Мені еш уақытта Өлең асыраған емес. Мен де Өлеңді күнелту үшін жазған емеспін. –Əңгімеңіз үшін рақмет! Əңгімелескен Төреғали ТƏШЕНОВ «Айқын». 27 мамыр, 2006 ж.

ҚАЗАҚТАР ӨЗ ЖЕРІНДЕ ДИАСПОРА СИЯҚТЫ – Тем-аға, сіздің соңғы жылдардағы жазып жүрген поэтикалық- көркемдік жағынан болсын, қоғамдық-əлеуметтік жағынан болсын əрі өткір, əрі тегеурінді өлеңдеріңізге, сондай-ақ əртүрлі басылымдарда жарияланып жүрген сұхбаттарыңыз бен публицистикалық мақалаларыңызға қарап, көп жұрт сізді оппозицияда жүрген шығар деп ойлайды... – Бірден айтайын, мен оппозицияда емеспін. Ешқандай партияға да мүше емеспін. Əрине, мен бұл сөздерді биліктің түйілген қабағы мен қырын көзіне ілігіп қалам-ау деген қорқыныштан айтып отырғам жоқ. Оның себебі мынау: Бұдан бірер жыл бұрын «Түркістан» газетінің тілшісіне берген сұхбатымда айтқам: «Егер сен бір партияға мүше болсаң, онда сен мейлі қала, мейлі қалама, сол партияның шоқпарын көтеріп, сойылын соғып кетесің де, басқа бəсекелес немесе қарсылас партияның дұрыс ісін де бұрыс деуге ыңғай тұрасың, объективтіліктен айырыласың», – деп, сондықтан мен ешқандай партияға мүше болғам жоқ. Болмаймын да! Мен қазір кейбір мəселелер жөнінде, əсіресе қазақ халқының ұлттық мүдде мəселелері жөнінде билікке де, оппозицияға да оппозициямын. Зиялы қауым өкілдерінің бірер-жарымы болмаса, көбіне-көп билік партиясына да, оппозициялық партияларға да мүше болмайтыны сондықтан. Мұндай позиция дұрысты бұрыс деп, бұрысты бұрыс деп, атын атап, түсін түстеп отыру үшін қажет. – Яғни, екі жақтың да даттайтын жақтарымен бірге мақтайтын жақтары да бар деп білесіз ғой? – Дəл солай. ...Ешқандай бұра тартпай, турасын айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаев, сөз жоқ, мемлекетіміздің аяғынан тік тұрып кетуіне аса зор еңбек сіңіріп, көптеген ауқымды жұмыстар атқарды. Тəуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ол реформа жасап жүріп республиканы экономикалық, əлеуметтік тығырықтар мен дағдарыстардан алып шықты. Əлгі айтқандарға сол тұстағы саяси сапырылыстарды, саяси дүрбелең- дүбілістерді қосыңыз. Несін жасырамыз, Қазақстанның тағдыры, яғни əупірімдеп жүріп қол жеткізген тəуелсіздігіміз қыл үстінде тұрды. Бырт етіп үзіліп кетсе, құрдымға кетуіміз кəдік еді. Сол тұстағы президенттің

еңбегі жойқын болды. Ұстасып жүріп, тістесіп жүріп Қазақстанды сол дағдарыстардан да, сапырылыстардан да аман-есен алып шықты. Жалпы, адамның жады тақтаға жазылған бор сияқты, тез сүртіліп қалатын болса керек. Əсіресе, тойынған кезде. Қазақстан қазір, не болғанда да, тоғайды. Ұмытшақтығымыз содан болса керек. Мен өткен президенттік сайлау тұсында ол кісі туралы «Егемен Қазақстанға» «Ер жігіттің ішінде ат басындай шер өсер» деген көлемді мақала жазғам. Сол мақаламда президентіміздің елімізді экономикалық дағдарыстардан, саяси сапырылыстардан алып шығудағы ерен еңбегін айта келіп, қазақ мемлекеті үшін, қазақтың ұлттық мүддесі үшін атқарған төрт еңбегіне айрықша тоқталғам. Біріншісі, астананың Ақмолаға көшірілуі. Бұл оқиғаны мен стратегиялық тарихи ұлы оқиға деп білем. Кез келген уақытта қолды болып кетуі немесе дау-дамай, алақұйын объектіге айналуы кəдік аймақты ың-шыңсыз бауырымызға кіргізіп алдық. Екіншісі, шекара мəселесі. Біреу олай, біреу былай десін, бəрібір шекарамызды бекітіп алдық. Бұл да – үлкен жеңіс. Өйткені, қазір біз шекара бөлісе алмай бір-біріне алакөз болып отырған елдерді көріп отырмыз ғой. Ол дау-дамайлардың түбі немен тынарын құдайым білсін. Үшіншісі, «Мəдени мұра» бағдарламасы. Ол да ұлтымыз үшін жасалынған игілікті іс болды. Тарихыңды, мұраңды танымасаң, болашағыңды тану мүмкін емес. Бірақ, бұл игілікті істің, əттең, насихаты да, жұртқа таралымы да кемшін соғып тұр. Тек көңілге демеу болары, жиналған дүниелерді қайта басып шығару ісі үздіксіз жүре беретін процесс қой. Төртіншісі, оралмандардың елге келуіне жол ашуы. Квотаның аз бөлінуіне, келген ағайындарға жөнді жағдай жасалмауына, тағы да басқа проблемаларына қарамастан, бұл да президенттің айта қаларлықтай еңбегі деп білем. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл көш те бара-бара түзу жолға түсіп кетер деген үміттеміз. – Əрине, бұл атқарылған істерді жоққа шығару қиын. Сөзімізді басқа арнаға бұрып алмай тұрғанда, бір сұрақты індетіп бітіріп алайық. Енді оппозицияның мақтайтын тұстарына да тоқтала кетсеңіз...

– Біздегі оппозиция жас. Оның əлі буыны бекіп, сүйегі қатып кете қойған жоқ. Оппозицияның шын мəнінде жарқырап көрінген кезі «Ақ жол» партиясының шаңырақ көтерген тұсы еді. Бəріміз де ол партияны үлкен күшке айналар деп ойлағанбыз. Бірақ, өз араларынан жік шығып, өкінішке қарай, екіге жарылып кетті. Содан жұдырықтай жұмылған күштерін əлсіретіп алды. ...Əрине, қазір де оппозиция қарап отырған жоқ. Биліктің саяси болсын, əлеуметтік болсын, қазіргі жүргізіп отырған жұмыстарын үздіксіз сынға алуда. Майлап-сайлап, сылап-сипап жұртты алдарқатпай, түбегейлі саяси реформалар жүргізу керек екенін толассыз сөз етуде. Бүкіл Қазақстан денесін өрмекшінің торындай сыбайлас жемқорлықтың орап алғанын, ол тордан құтылмасақ еліміздің мүлде талан-таражға түсіп, тоналып, содан кейін əлдекімдердің артына жұтылып кететінін бүкіл дəлел-дəйектер келтіріп, айтудай-ақ айтуда. Қараңғы жағы да, көлеңкелі жағы да жоқ ашық демократиялық мемлекет құрайық деп жатыр. Қазіргі жүйе тұсында ешқандай бағдарлама, соның ішінде бүкіл қоғам аса ділгір болып отырған инновациялық-индустриялық бағдарлама да ешқашан жүзеге аспайды деп дабыл қағуда. Олардың білім, денсаулық салаларын дамыту жөнінде құнды пікірлері бар деп білем. Мен өз басым осы талаптардың көбісіне қосылам. – Онда неге оппозицияға өтпейсіз? – Бұл енді пластинканың екінші беті. Тағы да ол бет – мен үшін, тек мен үшін ғана емес, көп жұртшылық үшін де ең басты беті. Яғни, оппозициялық күштер бүкіл қазақ халқы үшін ең өзекті, ең көкейкесті мəселені – ұлт мүддесін мүлде жылы жауып қойған. Бейне бір ондай мəселе жоқ сияқты. Қарап отырсаң, бəрі де қабілетті, қайсар, білімді əрі білікті азаматтар. Қазақтар. Бірақ, қазақ халқының ұлттық мүдделерін ауыздарына алғылары келмейді. Əрине, ондай оппозицияға, дəлірек айтқанда, ұлттық рухтан жұрдай ондай оппозицияға жалпы қазақ, бірлі-жарымы болмаса, ермейді. Міне, біздегі оппозициялық күштердің ең осал тұсы, жазылуы қиын дертті тұсы – осы. Олар түптің-түбінде тарап кете ме, тарап кетпей ме, оны білмеймін. Білетінім, бұдан былай да олардың қатарының молая қоюы екіталай.

– Түсінікті. Енді биліктің осал тұсы, яғни даттайтын тұсы деп қандай мəселелерді атар едіңіз? – Əрине, билік кейбіреулер айтып жүргендей, көзін тарс жұмып алған көрсоқыр, құлағын тарс бекітіп алған таскерең емес. Бірден сергектік танытпаса да, оппозиция айтқан кейбір мəселелерді кешеуілдеп болсын, біртіндеп енгізіп келеді. Оны оппозициялық күштердің өздері де айтып жүр. Жұрт та көріп отыр. Сондықтан əлгінде жоғарыда айтып өткеніміздей, оппозицияның қойып жүрген талаптарының біразы біртіндеп орындалуы да мүмкін. Біразы орындалмауы да мүмкін. Бұл заманда бəрі мүмкін ғой... Бірақ, бұл жерде менің айтпағым басқа. Қарап отырсақ, билік пен опозицияның бір-бірінен аумайтын, бейне бір сол мəселе жөнінде бір- бірімен келісімге келгендей ұқсас жері де бар. Ұқсас жері – тағы да сол ұлттық мүдде мəселесі. Ұлттық мүддеге келгенде, яғни ұлттың омыртқасының ішіндегі жұлыны, өзегі болып саналатын тілге келгенде, екі жақтың да соншалықты салғырт, соншалықты немкетті бола қалатындары. Тіл – рухани анамыз. Ал анаңа, құдай-ау, салғырт, немкетті қарауға бола ма? Онда сенің қатыгез, жатбауыр болғаның ғой. Өйтіп сенің бар болғаныңнан не үміт, не қайыр? Жоғарыда, билікте жүргендердің бəрі дерлік казақ халқының перзенттері. Бəрі де қазақтың аялы алақанында, қазақтың омырауын еміп өскендер. Өз тілін, яғни өз анасын телмеңдетіп, телміртіп қоятындай, оларға соншама не болды? Не көрінді? Ең болмаса, олар осы елдің жерін қорғап, жандарын пида еткен аруақтардың, ата-бабаларының рухтарынан именсе қайтеді? Жоқ, шімірікпейді. – Қаттырақ айтып қалып отырған жоқсыз ба? Президентіміз «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп жатқан жоқ па? – Деуін деп жатыр. Мен өз басым бұл сөзді алғаш рет естігенде сұмдық əсерлендім. Жалғыз мен бе, жұрттың бəрі сондай əсерде болды. Ертеңнен бастап Қазақстандағы бүкіл қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесіп кететіндей көрдік. Бірақ, олай болған жоқ қой. Қазір ол сөзді біз титімдей де заңдық қуаты жоқ, жай бір көңіл аулау үшін айтыла салған сөз ретінде қабылдаймыз. Неге? Өйткені, біз жоғарыға қарап үйренген халықпыз. Яғни, президенттің аузынан шыққан сөздің бəрін қақшып ап, сол сəтінде оны іске қосуға ұмтыла кірісетін үлкенді-кішілі

шенділерге қараймыз. Сол жоғары жаққа көз тігіп, құлақ тосыңыз. Ондағы қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесіп жатыр ма? Сөйлесіп жатқан жоқ! Қазақшаны шала-шарпы білетін премьер-министр Мəсімов мырза мен оның қарауындағы министрлердің бəрі қазақша сөйлеседі екен дегенге кім сенеді?! Немесе, Жақсыбеков пен Қарақұсова бір-бірімен қазақша сөйлеседі екен дегенге сіз өзіңіз иланасыз ба? ...Сонда «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген «қанатты» сөзіңізде не қасиет, не қадір қалды? Соларды көріп, біліп отырған бер жақтағы қазақша білмейтін қазақтар бір-бірімен қалай қазақша сөйлеспек?! Сондықтан бұл сөз қазір рухани айналыстан шығып қалды деуге болады. Шықпаса, тек желөкпелер мен желбуаздардың аузымен айтылады. Желөкпелер мен жел-буаздарға қазір кім сенеді? – Мемлекеттік мекемелерге қазақша білетін қазақтар алынсын деген де сөз айтылды ғой... – Əлденеше айтылды. Бірақ, ол орындалып жатыр ма? Егер орындалып жатса, орындайық деген шын ниет болатын болса, онда қазақша білмейтін Мəсімов мырза премьер-министр болып тағайындалмас еді ғой. Оны айтасыз, Үкімет аппаратына барып көріңізші. Бəрі дерлік орысша сөйлейді. Қазақша сөйлеп жүргендер ілуде біреу. Бейне бір сен Қазақстанның емес, Ресейдің билік орындарында жүргендейсің. Құдай біледі, сол Ресейіңіздің субъектілері болып саналатын Татарстан мен Саха елінің билік органдарында да бұлай емес шығар. Сонда деймін-ау, айтылған сөз атқарылмаса, халықты алдап не керек? – Көптеген облыстар мен министрліктер іс қағаздарын қазақша жүргізуге көшкен жоқ па? – Бұл əрекетке алғашқыда мен де сендім, сен де сендің, жұртшылық та сенді. Бажайлап қараған адамға бұл мəселе де «бақсам бақа екен» болып шықты. Өйткені, қазақшаға көшті деген облыстардың бəрі де жоғары жаққа іс-қағаздарын екі тілде жібереді. Ал əлгіндей орысша сөйлеп отырған жоғары жақтағы аппараттардың қызметкерлері сенің жіберген қазақшаңды оқып отырады дейсің бе, əлбетте қасына қосақтап жіберген орысшасын оқиды. Сондықтан бұл мəселеде көңіл аулау ғана емес, көзбояушылық орын алған. Яғни, мұндай көңіл аулау, көзбояушылық тамыр салған жерде қазақ тілі еш уақытта

өркендемейді, өрісін жаймайды. Бір жерді шиырлап жүреміз де қоямыз. Ал бір жерді шиырлап жүре берсең, ол жер алдымен таптаурын болады да, сонан кейін ол жерден тозаң мен шаң көтеріліп тозып бітеді. Құру деген сол. Өзіңіз қараңызшы, біз қазір бірде былай, бірде олай жүгіріп, бір жерді айналып жүріп жатқанымыз өтірік пе? Жоғары жақтың бірде былай дегеніне де, бірде олай дегеніне де сеніп қаламыз. Оның бəрі əншейін алдарқату екенін кейіннен барып білеміз. Енді қазір сенуден де қалып барамыз. Тағы бір мысал. Мəдениет жəне ақпарат министрі Ертісбаев мырза биылғы жылды өз министрлігінде «қазақ тілінің жылы» деп жариялады. Соны естігенде жерге кіріп кете жаздадым. Сонда не, олар келесі жылы қайтадан орыс тіліне көше ме?! Осыдан кейін қалай сенеміз? – Сонда не істеу керек деп ойлайсыз? – Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік, мəжбүрлік тудыру керек. Онсыз бəрі бекер. Ол үшін, ең алдымен Конституциядағы ресми тіл деген тармақты алып тастау керек. Өзін-өзі сыйлайтын мемлекетте диаспораның тілі мемлекеттік жүйеде үстемдік құрмайды. Билеп- төстемейді. Əрине, Швейцария, Бельгия сияқты елдерде мемлекеттік тіл бірнешеу. Бірақ, ондағы халықтар өздерінің ежелден келе жатқан атақоныстарында отыр ғой. Ал біздегі халықтардың қазақтардан басқаларының бəрі – диаспоралар. Диаспора деген ешқандай қорлық та сөз емес, шеттететін де сөз емес. Тек не нəрсені де өзінің атауымен атау керек. Олардың диаспора болатын себебі, олардың ата-бабалары біздің ата-бабаларымызбен тізе қосып, осы ел мен жердің тəуелсіздігі үшін күрескен жоқ. Қанын беріп, жанын берген жоқ. Қазақ жерін қазақ қана қорғады. Яғни, ел иесі де, жер иесі де – қазақ! Əрине, бізге келген халықтардың біразы зорлық-зомбылықпен келгендер. Оларғаеңалдыменқазақтарқамқорболған. Паналатқан. Қолындағысын бөліп берген. Қазір де оларға ешкім кет деп жатқан жоқ. – Көп ұлтты, көп дінді мемлекетпіз деп жатырмыз ғой... – Міне, осы дұрыс сөз емес. Мəселен, Түркияда 13 миллион күрд бар. Олар атақоныстарында отыр. Басқа да ұлт өкілдері толып жатыр. Бірақ, түріктер біз көпұлтты мемлекетпіз деп еш уақытта айтпайды. Олай десе, Түрік мемлекетінің мəртебесі төмендейді. Францияда да,

Германияда да, Англияда да диаспоралар толып жатыр. Сонда олар ақымақ та, біз ақылдымыз ба? – Керісінше сияқты... – Біз өзімізді қазақ еліміз, қазақ мемлекетіміз дейміз. Кеуде ұрғанда жер дүниені дүңкілдетіп жібереміз. Шыққан биігіміз мынадай-мынадай деп айқайлағанда дауысымыз Алатаудан асып кетеді. Ал рухани шыққан биігіміз соншама пəкене, соншама пəс. Əйтпесе, рухани биік, рухани асқақ ел диаспораның тілінде сөйлеуші ме еді?! Қазір қазақ халқы өз жерінде(!), өз елінде(!) диаспора сияқты. Олай демей не дейін, қалалардағы көше аттарын сұрасақ та біреулерден жалынып-жалпайып жүріп сұрап аламыз. Қазақша мектеп ашып беріңдер, қазақша балабақша керек деп иіліп-бүгілетіндер де – қазақтар. Диаспора ғана осылай етеді. Кейбір елдерде диаспора ештеңе сұрай да алмайды. Бүйте берсек, күндердің күнінде біздің де ештеңе сұрай алмай қалуымыз мүмкін. Бүгінде қазақ тілі декоративті тілге айналды. Өзіміз күнде көріп отырмыз ғой, президентіміз бастап, қалғандарықоштапжиынбіткенніңбəріндебасжағында 5-6 минут, соңында 3-4 минут қазақша сөйлейді. Яғни, мемлекеттік тілде мемлекеттік мəселелер шешілмейді. Бұл – қорлау. Қазір мен өз жерімізде өзіміздің диаспора деңгейіне түсіп кеткенімізге таңғалам. Орыстар республика халқының 25-26 пайызы ғана. Қалған ұлттар мен ұлыстар 3 пен 1 пайыздан аспайды. «АиФ» газетінен мынадай ақпаратпен танысқаным бар: Ресей ең жақын тұтатын Арменияның өзі жəне бірқатар ТМД елдері орыс тілін шет тілі, қалған бірқатары оны шағын халықтар тілі деңгейіне ысырып тастапты. Белгілі орыс режиссері, қоғам қайраткері Говорухин «Известия» газетіндегі сөзінде ресейлік жəне орыс деген сөздерді синоним ретінде қарастырыпты. Яғни, ол үшін өздерін ресейлікпіз дейтіндердің, яғни татарыңыз да, башқұртыңыз да, қалмағыңыз да – орыс. Енді мен саған мынадай бір мысал келтірейін. Көктерек деген ағаш бар. Сұлу ағаш. Біз көріп жүрген теректердің қай-қайсысынан да əдемі. Жапырақтары алақандай-алақандай. Діңгектері де жұп-жуан.

Бұтақтары да, бір қарағанда, қайратты. Жасыл бояуы сыртқа теуіп тұратын тоқ. Айналасындағы қай ағаштан да əрі айбарлы, əрі қуатты көрінеді. Бірақ, сол ағаш қатты дауыл соққанда бірінші боп құлайды. Оның қасында бұта сияқты жарбиып көрінетін жиде, қарағаштар құламайды. Неге? Өйткені, көктеректе күретамыр жоқ, сол күретамырмен жалғанып жататын өзек жоқ. Түсініп отырсыз ба, өзек! Біз де қазір сол көктерек сияқтымыз. Мемлекетімізде өзек жоқ. Қазақ халқы Қазақстан мемлекетінің өзегіне айналмай тұр. Бұл қауіп пе? Қауіп. Құдай бетін əрі қылсын, егер дауыл соға қалса, əрине, көзге қораш көрінетін жиде, қарағаштар аман қалады. Ал, көктеректей сəн- салтанатымыз келісіп тұрған, бірақ өзегі жоқ біздің күніміз не болмақ? Өлең жазатын адаммын ғой, тағы бір метафора келтіре кетейін. Біз мемлекет құрылысын енді салып жатқан елміз. Ал кез келген құрылыс арматурасыз салынбайды. Іргетасында да, ұстап тұратын ұстындарында да арматура болуы керек. Онсыз қай құрылыс та жай бір сілкіністен құлап қалады. Мемлекеттік құрылыстағы арматура – ұлттық рух. Кез келген мемлекетті ұстап тұратын бір ұлт. Яғни, Ресейді ұстап тұратын арматура – орыс, Германиянікі – неміс, Франциянікі – француз. Ал біздікі кім? Белгісіз. Өйткені, біз «көпұлтты мемлекетпіз». Біз қазір Кеңес одағының түбіне жеткен интернационализм идеясын ұстанып отырмыз. Өткеннен сабақ алмайтынымыз қалай? Түсінбеймін. – Мемлекеттің көпұлттылығы еліміздегі тұрақтылықтың кепілі деп жатқан жоқпыз ба? – Тұрақтылықты қаламайтын адам түп-тамырымен жойылып кетсін. Кім тұрақтылықты қаламайды? Бірақ, тұрақтылық тек бүгін ғана емес, ертең де болуы керек қой. Біз үшін, тіпті барлық халық үшін де, ертеңгі тұрақтылық бүгінгі тұрақтылықтан да қымбат. Өйткені, ертеңгі күні біздің ұрпағымыз өмір сүреді ғой. Бірақ, ол тұрақтылық мемлекетті құраушы халықтың есебінен жүргізілмеуі керек. Бірден айтайын, өзінің мемлекетінде өзінің тілін шын мəнінде мемлекеттік тілде сөйлете алмай отырған халықтың ішінде қордаланып қалған бүгінгі өкпе-наз бұрқ етіп түтеп шыға келетін ашу-ызаға айналуы мүмкін. Оны бүгіннен бастап ойламау – ертеңгі тұрақтылыққа қатер. Қазір бүгежектемей турасын айтатын болсақ, қазақ халқының ұлттық мүддесі өте мүшкіл халде. Алдарқатқанға халық сенуден қалып барады.

Бір газеттен оқыдым, белгілі бір қадірлі депутатымыз қазақ тілі құрып барады, оны құтқаруға қол ұшын беріңіздер деп ОБСЕ-ге хат жазыпты. Қайтсін, амалы таусылған ғой. Қазір біздің жанымыз нала, тəніміз жара... – Алдымен неден бастау керек деп ойлайсыз? – Жаңа айттым ғой, Ресейде орыс тілін білмесең өмір сүре алмайтының сияқты, Қазақстанда да жұрттың қазақ тіліне деген қажеттілігі мен мəжбүрлілігін тудыру керек. Орыс тіліне деген кіріптарлықтан сонда ғана құтыламыз. Ол үшін алдымен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қазақтар болсын, қазақ еместер болсын, оларға қазақ тілін білу керек деген қатаң талап қойылсын. Ол талап əйтеуір айтыла салған сөз болмай, толық іске асуы керек. Осы жерде орыс газеттерінен оқыған бір ақпаратты келтіре кетейін. Былтыр Ресейдің Ульяновск қаласының əкімшілігінде істейтін қызметкерлерді тестіден өткізген. Бүкіл шенеуніктер орыс тілінен диктант, шығарма жазған. Қате жіберген шенеуніктердің бəрі жұмыстан шығарылған. Міне, өз тіліне деген қамқорлық. Ал біз болсақ, айтамыз да, ол айтқан сөзіміздің үдесінен шыға алмаймыз. Əрине, президентті сыйлау керек, құрметтеу керек. Бірақ, ұлттық мəселе сияқты аса үлкен мəселеге келгенде қателігі болса, айтуға міндеттіміз. Өйткені, ол да мен, сен сияқты қазақтың баласы. Бұл мемлекет қазақтың арқасында мемлекет болып отыр. Олай болатын болса, президент басқа ұлт өкілдеріне түсіндіре отырып, ең алдымен, қазақ халқының мүддесіне, оның тілінің мəртебесі мен мерейін өсіруге қызмет етсін. Əрі-беріден кейін бұл жұмыс – ол кісінің президенттігімен бірге, перзенттік те борышы. Алдарқатудың, көңіл аулаудың түк те қажеті жоқ. Табанды, нақты іс керек. Несін жасырамыз, бізді қазір орыстілділер билеп-төстеп отыр. Ең алдымен осы бір жағымсыз құбылыстан арылған жөн. Қазір, Құдайға шүкір, қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін маман азаматтар жеткілікті. – Солай бола тұра, қазақтың ұлттық мүддесі деген мəселеге келгенде басқа ұлт өкілдерінің тек бірен-сараны болмаса, көбісінің қырын қарайтыны несі?Солар кезінде қазақ халқынан қайырым мен мейірімнен басқа жат қылық көрген жоқ. Бұл неліктен деп ойлайсыз?

– Бұл ең алдымен Кеңес одағы кезіндегі бізге қарсы жүргізілген сұмпайы идеологиядан. Сол сұмпайы идеология қалыптастырған психологиядан. Бізді де, басқаларды да ол кезеңде қазақтар ғасырлар бойы сауатсыз болған, тарихы да, мəдениеті де жоқ көшпелі тірлікте, яғни тұрпайы, жабайы деңгейде өмір сүрген деп оқытты ғой. Оған өзімізді де, өзгелерді де иландырып бақты. Ең сұмдығы, бұл сөздерді тағы да өз аузымызбен айтқызды. Ал өзің «мен осындай сорлы, бейшара едім» деп сарнап тұрсаң, басқа жұрт сені қалай ғана сыйлай қоймақ? Сорлы, бейшараны кім сыйлаушы еді?! Ал тəуелсіздік алғаннан кейін де оларға өзімізді танытатындай ештеңе жасай алмай жатырмыз. Рас, тарихымыздағы ақтаңдақтар біршама ашылды, мəдени, рухани мұраларымыз айналысқа түсе бастады. Бірақ, оларды негізінен өзіміз ғана оқып-біліп жатырмыз. Яғни, өз бидайымызды өзіміз қуырып жеп жатырмыз. Бізді танып-білсем деген басқа халықтардың ынта-ықыласы жоқтың қасы. Басқа жұрт түгілі, космополиттік санамен өмір сүріп жүрген орыстілді қазақтардың өздері де қазақ тілінің мəртебесі биіктеп, мерейінің өсуіне мүлде ынталы емес. Олардың ішіндегі қазақтың тарихын, мəдениетін біледі деген азаматтардың өздері қазақ тілін, мүмкіндігі болса, шеттетіп тастауға даяр жүр. – Атап айта аласыз ба? – Атап айтқанда, солардың үлгісі, эталоны – бүкіл халық алақанына салып ардақ тұтатын Олжас Сүлейменов. Ол кісіге ұстанып отырған позициясының дұрыс емес екенін жұрттың бəрі айтудай-ақ айтып жатыр. Мен де айтқам. Былтыр 70 жылдығына орай ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында кездесу өтті. Соның алдында ғана сіздердің газеттеріңізде болу керек, «мен қазақ тіліне қарсы емеспін, бірақ оның əлі көптеген проблемалары бар, алдымен соларды шешіп алайық» деген іспетті мақаласы шыққан. Маған сөз бергенде мен Олжас Сүлейменов деген есімнің тек əдеби ғана емес, тарихи тұлға екенін айта келіп: «Құрметті Олжеке, сіз алдымен қазақ тілінің проблемаларын шешіп алайық дейсіз, бірақ барша тірі дүние сияқты тірі тілдің де проблемалары еш уақытта таусылмайды, тек өлі тілде ғана проблема болмайды», – дегем-ді. Басқа жұрт та толассыз айтып жатыр. Дей тұрғанмен, менің көзімнің бір жеткені, қазіргі таңда ол – қазақтың

пікірін құлағына ілуден қалған адам. Оның өткен жолын, атақ- абыройын құрметтей отырып айтар болсақ, дəл осы кезеңде Олжас Сүлейменов – қазаққа, өкінішке қарай, жат, бөгде. Ол – қазір ешқандай қауіп төніп тұрмаса да, орыс тілінің қорғаушысы, қолдаушысы. Міне, содан болса керек, ол Путиннің жарлығымен Ресей орденімен марапатталды. Енді ол бұл бағытынан мүлде қайтпайды. Міне, қазақ халқының қазіргі ұлттық мүддесінің хал-күйі. Ашығын айту керек, бүгінгі таңда қазақ тілі қазақ халқы алақанына сап көтеріп отырған азаматтарының өзінен теперіш, шет қақпай көріп отыр. Олай демей не дейін, Олжас Сүлейменов сияқты азаматтарды былай қойғанда, қазақ тілін бір кісідей білетін президентіміздің өзі шет елдерден келіп-кететін қонақтармен немесе өзі шет елдерге шыққанда жəне басқа да ресми кездесулерін тек қана орыс тілінде өткізеді ғой. Апыр-ау, жапон, ағылшын, неміс, француз, арабтар ол кісіге «жоқ сіз бізбен тек қана орыс тілінде сөйлесіңіз» деп талап қоймайды ғой. Əйтпесе, дəл қазір, құдайға шүкір, сол тілдердің бəрін меңгеріп алған қазақ тілді аудармашылар жетеді. Бұл жерде əңгіме ниетте... Дипломатиялық корпустарымыз да солай. Дені орысша. Осылардың бəрін күнделікті көріп отырған өзін сыйлайтын əрбір қазақ, сөз жоқ, өз ана тілінің болашағына қатты алаңдаулы. – Оның есесіне халқымыздың əлеуметтік жағдайы жақсарып келеді ғой. Экономикамыздың қарқыны жаман емес. Жалпы ішкі өнім барған сайын артып келеді. Бір сөзбен айтқанда, көйлек көк, тамақ тоқ... – Бəрі рас. Мынадай байлық үстінде отырып, олай болмауы мүмкін емес. Қаншама байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті, дегенмен, əйтеуір дастарқанымыз нансыз, қалтамыз тиын- тебенсіз емес. Бірақ, бұл жерде де қазақ халқының мүддесі дұрыс қорғалып жатыр деп айта алмаймыз. Қорғалмақ түгілі, аяқасты болып жатыр. Əлеуметтік əділетсіздік пен теңсіздіктің құрбаны болуда. Құрбаны болуда демей не дейін, егер олар сол əлеуметтік теңсіздікке қарсы əрекет етсе, бірден солар айыпты боп шығады. Бұған Теңіздегі, Ақтаудағы, Байқоңырдағы оқиғалар мен мəселелерді қосыңыз. Бұл оқиғалар мен мəселелердің арғы астарына үңіліп қарасаңыз, олардың

бəрі қазақ халқының ұлттық мүддесінің мүлде ұмыт қалуынан, елеп- ескерілмеуінен туындап жатыр. Таяу арада бір газет жазды, Қарашығанақтағы жергілікті жұмысшылар сырттан келетін жұмысшылардан жеті есе аз айлық алады екен. Яғни, қазақ өз жерінде құл болып жүр деген сөз. Неткен масқара! Басқа мемлекеттер өз халқының əлеуметтік жағдайына осылай қарай ма? Қарамайды! Алдымен өз халқының жағдайын жасайды. Мұндай қорлыққа жол бермейді. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Қарап отырып күйінемін, ашынамын. Күйінбей, ашынбай қайтесің! Қазақтар қазір өз жерінде өгөйлік көріп отыр. Кез келгеннен теперіш көруде. Мен саған бір оқиға айтайын. Ертеректе болған оқиға. Қыстың көктемге ауысатын аласапыран тұсы болса керек. Аяқ астынан қатты боран соғады. Жылқылар өкпек желден ықтап жөңки жөнеледі. Жылқышылар қапталдасып, қалмай жүріп, иесіз қалып қойған көне бір қораның қалқасына жөңкіген жылқыларды əупірімдеп жүріп əрең кіргізеді. Сонан кейін қорадағы көңді қопарып жіберіп, от жағып жылынуға кіріседі. Біраздан кейін бір жылқышы жанындағы көңнің арасынан, сабынан үзілген қамшыдай боп созылып жатқан жыланды суырып алады. Əлгінде көң аударыстырып жүргенде сыртқа шығып қалған жылан суықтан мұп-мұздай боп қата бастаған екен. Əлгі жылқышы жыланның сауабын алғысы кеп, оны отқа жақындатып жылыта бастайды. Шамалыдан кейін оттың қызуынан жыланға жан кіреді... Енді тағы бір шамалы уақыт өткенде жылан тіпті əлденіп кетеді. Оны ұстап отырған əлгі жылқышы жыланның бұлғақтап, шиыршық ата бастағанын қызықтап, жолдастарына көрсетпек боп, оны тағы көтере бергенде, жылан... жылқышының қолын шағып алады. Жыланның тіліндегі қыс бойы пісіп, əбден құтырып тұрған у жігітті сеспей қатырады. Мен осы оқиғаны есіме алған сайын өз халқымды есіме алам. Ол да тоңғанды, жаурағанды жылытам деп құшағына алып, бауырына басып, пана болып, ақырында сонысынан өзі опық жеп, уланып, қаншама рет өлім аузынан қалған жоқ па?!Əсілі, жыланға мейірім жүрмейді-ау. Біз осы ащы сабақтан тағылым алар ма екенбіз?!Экономикамыз асып жатыр, байлығымыз тасып жатыр деп күмпілдей бергенше, ең алдымен, осындай мəселелерге көңіл бөлу керек.

Осының бəрі өз байлығымызға өзіміздің ие бола алмай қалғанымыздан. Кезінде келісім-шарттардың дұрыс жасалмағанынан. Ресейдің энергетикалық ресурстарының 27 пайызын ғана шетелдіктер иелік етеді. Осы жылдың басында Мюнхенде болған халықаралық конференцияда Путин осының өзін көп деп ескертіп өтті. Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда қазақ халқы əлеуметтік əділетсіздіктің зардабын тартудай-ақ тартып отыр. Біз кереметпіз деп дүңкілдетіп кеуде соға бергеннен гөрі, осы бір көкейкесті мəселелермен дұрыстап айналыспаймыз ба? Бар нəрсені ешкім де қолымыздан тартып алмайды, ең алдымен, жоқ нəрсемен шұғылдану керек. – Қазір біз баймыз деп жатырмыз ғой. Миллиардерлеріміз де жыл санап көбейіп келеді... – Бай екеніне баймыз. Ұлттық қордағы қаржымыздың өзі 17 миллиард долларға жақындады. Бірақ, ол ақша қазір біздің мүддемізге қызмет етіп жатқан жоқ. Болашақта қызмет ете ме, етпей ме, оны бір құдайдың өзі біледі. Ресейде де «Тұрақтылық қоры» дейтін қор бар. Путин өзінің жолдауында оның бір бөлігі елдің əлеуметтік мəселелерін шешуге жұмсалатынын айтты. Егер біз де ұлттық қордың бір бөлігін сыртта жүрген қандастарымызды көбірек алып келуге, оларға жағдай жасауға жұмсасақ, болашағымыз үшін қаншама игілікті іс тындырған болар едік. Байлар мен кедейлер арасы барған сайын алшақтап барады. Байлар одан сайын байып, ал кедейлер өлместің күнін көруде. Елдің байлығы байларының санымен өлшенбейді. Елдің байлығы елдің тұтас əл- ауқатымен өлшенеді. Жапонияны бай еткен не? Орта бизнес. Ал бізде орта бизнес өлімші халде. Газеттен оқыдық, Жак Ширак президенттіктен кетер кезде өз мүлкіне Франция заңы бойынша декларациясын жариялады. Бұдан 3-4 жыл бұрын жарияланған декларация бойынша оның байлығы 1 миллион 720 мың еуро болған екен. Ал, президенттіктен кетер кезде оның байлығы 1 миллион 400 мыңға азайып қалған. Азайып қалған себебі – қала ортасындағы өзінің жеке меншік үйін қызына сыйға тартыпты. Францияны он екі жыл бойы билеген кезінде Жак Ширак қызына жібі түзу жөнді бір үй алып бере алмаған.

Басқа жақтан мысал іздемей-ақ, Қонаевты мысалға алайықшы. Бəріміз жақсы білеміз, Колбин келген бойда бірден Қонаевты тексерудің астына алды. Бірақ, тырнақ ілінерліктей ештеңе тапқан жоқ. Неткен таза, неткен адал адам еді десеңші! Кезінде жарық көрген шығармаларына алған қаламақыларына дейін балабақшаларға аударып отырыпты. Түбіртектерін сақтап, тігіп қойыпты. Жалпы қоғам құнығып барады. Қазір «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам» деген психология берік орнықты. Ондай жерде халық қамы, ұлттық мүддені түбегейлі шешу мəселесі ұмыт қалады да, оның орнын алдарқату, алдау, көзбояушылық басады. Біз дəл қазір, өкінішке қарай, осындай кезеңді бастан кешіп отырмыз. Мен саған «Көк түрік қағанына қарт абыздың айтқаны» атты өлеңімді оқып берейінші: Уа, аспанның суына, Тəңірінің нұрына Шомылып отырған Ұлы Қағаным, Алдыңа кеп Белімді бүгіп, Басымды иіп тұрмын. Аяғыңа жығылып, Сүйрік саусақтарыңды Сүйіп тұрмын. Мен сені бүгін Мақтайын деп те тұрғаным жоқ. Ақиқатты аттап Бəле-жаладан Ақтайын деп те тұрғаным жоқ. Тəңірінің дəргейі мен Пəрмені арқасында

Мұртыңнан май, Сақалыңнан бал ағып тұр ғой. Ал, халқыңа қарашы, Жаман-жəутікке айналып Жан бағып тұр ғой. Қатын, балалары Зар қағып тұр ғой. Соларға көз салсаң қайтеді. Əлде күндей көзіңді Шел басып қалды ма?! Көлдей көңіліңді Шөл басып қалды ма?! Ел басына күн туса Шоқпыт киген Кілең жаман-жəутіктер Сермеп қылыш сілтеп, Шіреп найза ұра ала ма?! Сенің алтын тағың мен Алтын шатырыңды Қорғап тұра ала ма?! Ойлансаң қайтеді! Сен сенген Уəзірлер мен бектерің Шексіз қазынаңның Алтынын дорбалап, Күмісін арбалап Тасып жатыр. Қырық күн ойын, Қырық күн тойын жасап Асып-тасып жатыр.

Тыйым болмай ма?! Нұр дидарлы Ханым, Ай дидарлы Ханшалар мен Нұр дидарлы Ханзадалар Елді ит құрлы көрмей, Сөзін бит құрлы көрмей Басынып барады. Уа, Ұлы Қағаным, Халқың ыза мен намыстан Жарылардай боп Ашынып барады. Мойындарына қыл шылбырлы Құрық салмайсың ба?! Ауыздарына қара тастай ауыр Құлып салмайсың ба?! Цин елінен келгендердің де, Сұм елінен келгендердің де Көңілін табамын деп Біреуіне иіліп, Біреуіне бүгіліп барасың. Неге сен бірақ Өзіңді ақ киізге орап, Ақ сүтке шомылдырып, Ақ түйені сойып Қаған еткен еліңнен Түңіліп барасың?!

Шалқайғанға шалқайып, Еңкейгенге еңкейіп, Тік келгенге Тік келсең қайтеді?! Шік келгенге – шік, Бүк келгенге Бүк келсең қайтеді?! Бəрі де – Жел сияқты! – Келеді, кетеді. Уа, Ұлы Қағаным, Суы мен ауасын жұтқызып Саған қуат берген Жеріңмен бірге бол! Сені қаған етіп Алтын таққа отырғызған Еліңмен бірге бол! – Тағы бір сұрақ. Ертең жазушылардың кезекті Құрылтайы ашылады. Бұл Құрылтайдан не күтесіз? – Өткен-кеткеннің бəрін теріп, Қазақстан Жазушылар одағының қоғамдық рөлін айтпай-ақ қояйын. Бір-ақ оқиғаны еске түсірейін. Кезінде Жазушылар одағы Колбиннің тізесін дірілдеткен еді. Сондықтан мен жазушы қауым ұлт мүддесін өз мүддесінен биік қоятын ірі мінезді, жігерлі бір азаматты сайлап алады деп ойлаймын. Күтетінім осы. – Əңгімеңізге рахмет! Əңгімелескен Əмірхан МЕҢДЕКЕ «Жас алаш», 5 маусым, 2007 жыл

IV. БАҒДАРЛАР МЕН БАЙЛАМДАР

АДАМДЫ ҚОРҒАЙЫҚ! (Эссе) Біз қазір ауаның, жердің, судың əбден ластанып, əбден бүлінгені туралы сөйлесек-ақ сүйегіміз сырқырап, жанымыз шырқырап қоя береді. Шынында да, олардың бүлініп, ластанғанына енжар қарау мүмкін емес. Дегенмен, менің ойымша, ең көп бүлінуге ұшыраған, барынша ластанған адамның табиғаты, адамның ішкі əлемі сияқты. Адам табиғатының осыншалықты ластануына, осыншалықты бүлінуіне не себеп? Оған əлеуметтік-психологиялық екі фактор себеп болғандай. Біріншісі – озбыр, үстемдік психология. Екіншісі – құлақкесті көнбістік психология. Міне, осы бір-біріне кереғар, бір-біріне мүлде қарама-қайшы екі психология, екі мораль адам табиғатын, оны ішкі əлемін орасан бүліншілікке ұшыратты. Біз енді осылардың болмыс-бітіміне аздап тоқтала кетейік. Адам неге озбыр, неге үстем? Əлде адам табиғаты əуелденсолаймаеді? Жоқолайемес. Адамдатабиғаттың бел баласы, табиғаттың төл перзенті. Сондықтан оның, ең алдымен, табиғатқа қызмет етуі қажет еді. Өз табиғатын сол ұлы Табиғатпен жарасымдылықта тəрбиелеу керек болатын. Бірақ, өкінішке орай, олай болмады... ... Негізінде, адам жаратылысы өзі туған табиғат секілді. Ал табиғаттың суығы да, шуағы да бар. Онда бəрі тепе-тең. Егер осылардың дүлей күші бел алып кетті ме, онда тіршілік тіні сетіней бастайды. Міне, адам жаны да осы секілді. Оның бойына о баста жақсылық пен жамандық қатар ұя салған. Бұл – табиғи заңдылық. Осы жақсылық пен жамандықтың қайсысы жеңсе, адам еркі соның айтқанын істейді. Меніңше, адамды марапаттап, адамды əспеттеп көкке көтереміз деп жүріп, сол адам бойындағы үстем пиғылға шоқпар көтертіп қойғандаймыз. Біз, өйткені, күні кешеге дейін – тіпті қазірде де адамды табиғаттан артық қойып келдік. Адамды табиғаттың баласы емес, қожасы етіп көрсеттік. Адам дүниеге келер–келместен оған табиғаттың бермегенін тартып ал деп үйреттік. Тартып та алды. Міне, адам жанында үстем пиғылдар осылай қалыптасты. Адам жаны үлкен

табиғатпен өзінің үйлесімділігін осылай үзіп, адам болмысы үлкен табиғатпен өзінің жарасымдылығын осылай жойып алды. Ал адам жанына ұя салған, азуын қарш-қарш шайнаған үстем пиғыл алдымен сол адам жанындағы ізгі қасиеттердің іргесін бұзып, уығын сындырады. Өзіміз əбден қолтығына су бүркіп, өзіміз əбден желіктіріп алған ол шұбартөс шонжар пиғыл адам бойындағы сол ізгі қасиеттерді үркітіп, үрейлендіріп, бұқтырып ұстайды. Өйткені, біз өзіміз сол шұбартөс шонжар пиғылдың солай етуіне жағдай жасап қойғанбыз! Сөйтіп, адам бойындағы ізгі қасиеттер сол үстем пиғылдың тасасында қалып қойды. Сонымен бірге, үстем пиғыл – барып тұрған қомағай, барып тұрған қорқау пиғыл. Ол тек қана өз қарынының қампиып, өз құлқынының тойғанын ғана қалайды. Əдетте, біздің тірлік қарекетіміз, сыртқы тіршілікпен қарым- қатынасымыз, істеп жүрген ісіміз – біздің ішкі жанымыздың, біздің ішкі болмыс-бітіміміздің тікелей көрінісі. Олай болса, мынау ауа мен судың ластануы, жердің бүлінуі сол адам табиғатының ластануынан, адам табиғатының бүлінуінен болып жатқан сорақы құбылыстар деп қараған жөн. Көл мен өзендердің тартылуы – ең алдымен – адам бойындағы қайырымдылық қайнарларының тартылуынан. Орман, тоғайлардың оталуы – адам бойындағы аяушылық сезімдердің оталуынан. Адам мен адамның бір-біріне салқын тартуы – олардың бойындағы мейірімділік шуағының салқындауынан. Бұл үстем психология – адамды табиғаттан жоғары қоюдан кеткен, яғни біздің тəрбиемізден кеткен қателік. Ал, енді құлақкесті көнбестік пиғыл қайдан шықты дейсіз ғой. Ол – обыр өңеш отарлау саясаты, сталиндік репрессия, одан қала берді əкімшілік билік кезеңі алып келген психология. Яғни, бұл – қоғамдық құрылыстың өзі тудырған оны адам жанына өзі еккен психология. Қоғамдық құрылыс еккен бұл психология адам бойындағы ерік күшті қоғадай жапырып, оның жігерін құм қылып, жанын жүндей түтіп жіберген психология. Адамның қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарған бұл өктем кезеңдердің алапат ойранын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Əсіресе, сталиндік репрессия кезеңі жүрегінде жалыны, санасында жарығы бар, өз сөзі, өз ойы бар адамдарды қынадай қырып жіберді.

Салқар білім, биік өре шелтеңдеген топас дүмшеліктен таяқ жеп, творчестволық белсенділік шолтаңдаған шолақ белсендінің қамшысының астында қалды. Ғасырлар бойы тірнектеп жиналған асыл рухани қазынамыз генофонд адам айтқысыз талан-таражға түсті. Жоғарыдан айтылған жарлыққа бір ауыз сөз айтуға жарамай қалған адам ақыры құлақкесті көнбіс болып тынды. Ал, құлақкесті көнбістік механикалық заңдылықпен ғана жұмыс істейді. Ол тұтқа мен тежегіштерге бағынышты. Ол – ат десең атады, жат десең жатады. Міне, содан барып күні кешеге дейін жоғарыдан айтылған кез келген қаулының алдында қалтырап, жоғарыдан айтылған кез келген шешімнің алдында тіземіз дірілдеп тұратын жағдайға жеттік. Тіпті ол қаулылар мен шешімдер жерімізге былық, елімізге шылық алып келіп жатса да орындадық. Басыбайлылық, құлақкестілік бізді осындай бейшара халге жеткізіп тынды! Сөйтіп, біз адам табиғатына екі рет қиянат жасадық. Біріншісі – адам жанын табиғатпен жарасыммен, үйлесіммен тəрбиелеудің орнына, оны табиғатқа озбырлық көрсетіп, өктемдік жасайтын үстем пиғылда тəрбиелегеніміз, екіншісі – қоғам механизмін адам табиғатымен үйлесім, жарасымдылықпен құрудың орнына, адамды жаншып, қамырша илейтін механизм етіп құрғанымыз, яғни адамды айтқанына көндіріп, айдауына жүргізетін қоғамның сол өктем механизмнің «винтигіне» айналдырып жібергеніміз. Міне, енді қайта құру кезеңі келді де адамды томаға-тұйықтықтан, бұқпантай-бұқпалықтан – ең бастысы құлақкесті көнбістіліктен аршып ала бастады. Сіреу боп жатқан сең сөгілді. Ал сең сөгілген кезде жолындағысын сыпырып кететін көшкіннің де, арнасын бұзып кететін тасқынның да бола беретіні табиғи заңдылық. Біздің еліміз дəл қазір сондай хал кешуде. Қоғамымыз ұлы дүрбелең үстінде. Демократия мен жариялылықтың қуаты біз күткендегіден əлденеше есе қуатты болып шықты. Бірақ, адамдар неге осыншалықты өшігіп, осыншалықты ширығып, осыншалықты ашу-ызаға мініп алды. Төскейде малы, төсекте басы қосылып жатқан екі көрші халық неге бір-біріне мылтық ала жүгіріп, оты мен суы араласып жатқан екі қоңсы неге бір-біріне пышақ ала ұмтылған қантөгіске барды?

Мұны бірқатар дуалы ауыздар ұзақ жылдар бойы адамның ызаланып, ішінен тынып келіп, мынау демократия мен жариялылық берген еркіндікте сол булыққан ыза мен ашудың лақ етіп ақтарылуы деп түсіндіреді. Құлақ қоятын сөз. Солай екені солай. Бірақ, меніңше бəрін де осы анықтамаға телуге болмайды. Бірін-бірі тыңдамай, бірінің сөзіне бірі құлақ қоймай бір-біріне тап берісіп, бірімен-бірі алысқан қалпында қантөгіске дейін барып жатқан адамдардың əрекетіне басқа да қозғаушы күш бар сияқты. Ол қозғаушы күш – өзіміз əбден адамның құлағына құйып, қанына сіңіріп жіберген «сен бəріне қожасың, бəрінен күштісің», «табиғат та, басқа да сенің иелігіңде» деген əлгі үстем психология. Өзін қоршаған ортаға, үлкен əріппен жазылар табиғатқа иелік етіп үйреніп қалған адам сол озбыр пиғыл мен психологияны еміп өскен жан, сөз жоқ, басқа жанға да үстемдік еткісі кеп тұрады. Бұл – өзіміз күнде көріп жүрген пиғыл. Мұны жасырып, жаба тоқудың қажеті жоқ. Сондықтан, қазір бір- бірімен жағаласып, жауласып жатқан адамдардың қимылынан құлақкесті көнбістік кезеңінде қордаланып жиналған ашу мен ызаның лақ етіп ақтарылуын ғана емес, өзіміз əбден миына құйып қойған «сен бəрінен де мықтысың» деген моральдің мінезін жазбай танимыз. Содан барып «ананыкі дұрыс», «мынаныкі дұрыс» дегеннен гөрі, «менікі дұрыс» деген сөз əлдеқайда жиі, əлдеқайда өктем естіледі. Біреудің жағдайымен санасу, біреудің тағдырын ойлау сияқты адамгершілік қасиеттерді көбіне көп кеудесін «мен-мен» деп соғып, өңмеңдеп алға ұмтылған үстем пиғыл – эгоизм жұтып қоюда. Тілімізге мемлекеттік статус аларда да өзіме ғана болсын деген осы үстем пиғылмен бетпе-бет кездескен жоқпыз ба?! Рас, жағдайымызды түсініп, жаны шырылдаған қазақтармен бірге қазақ тілін қорғаған азаматтар болды. Ал түсінбегендері, түсінгісі келмегендері қаншама! Соның бəрі неден? Меніңше – бұған қоғамдық саяси, əлеуметтік жағдайларды былай ысырып қойып таза адамгершілік тұрғыдан қарасақ – сол адам бойына «сен бəрінен де мықтысың» деген менмендік, өркөкіректің ұрығын егіп жібергендігімізден, адамды табиғаттан бөліп алып əспеттеп көкке көтергендігімізден. Егер біз адамға о баста сен табиғаттың перзентісің, табиғат сенің анаң, оған қол көтеруге болмайды деп үйретсек, тек үйретіп қоймай біздің бүкіл жүріс-тұрысымыз, сөзіміз бен ісіміз сол табиғатпен үйлесіп

жатқан болса осындай сорақылықтар болар ма еді. Болмас еді. Егер адамды осылай үйретіп өсірсек, онда ешкім де басқа тілге көз алартып қарамас еді, қайта ол басқа тілге қамқор көңілмен ұмтылар еді. Өйткені, ол ондай кезде тілді табиғаттың үні, табиғаттың бір құпия құбылысы деп ұғары сөзсіз. Өйткені, ол табиғаттың бір көбелек түрінің жөнсіз құрып кетуі тек сол табиғатқа ғана емес, адам жанының бір қалтарыс түкпірлеріндегі қасиеттердің талшық-тамырларына зардабын тигізетінін жақсы біледі. Егер ол осы тұрғыдан тəрбиеленген болса, онда ол бір тілдің құрып кетуі бір ұлтқа, тіпті адамзат баласына ғана емес, ең алдымен сол табиғаттың өзіне, яғни өзінің анасына зиян екенін ұғып, оған жол бермес еді. Егер ол осы тұрғыдан тəрбиеленген болса, басқа бір халықтың бір қарағанда тосындау көрінетін дəстүріне жыртаңдап күлмеген болар еді. Өйткені, ешқандай дəстүр аспаннан аяғы салбырап түсе қоймайды. Ол да белгілі табиғи аяда өнеді. Яғни, оны белгілі бір халық табиғатпен жанды байланыста өндіріп алады. Дəлірек айтсақ, дəстүр де табиғаттың төл перзенті. Ал, есі бар адам табиғат анасы толғатып дүниеге əкелген перзентке күлер ме?! Міне, біз адамды шектен тыс көтеріп, шектен тыс əспеттейміз деп сол адамның өзіне қаншама қиянат жасағанбыз! Қазіргі революциялық жаңару заманында, қоғамдық саяси өмірімізде ұлы өзгерістер болып жатқан кезеңде адам тəрбиелеу ісі жаңа бағыт, жаңа бағдарға ие болды ма?! Рас, қазір табиғатқа көзқарас мүлде өзгерді. Табиғат тағдыры – адам тағдыры екені ұғынылды. Бірақ, табиғатты қорғау үшін алдымен адамды қорғау керек екені айтылмайды, айтыла қалғанның өзінде үстірт айтылады. Біз егер шынымен табиғатты қорғауды қолға алатын болсақ, онда біз алдымен бүлініп, ластанған адам табиғатын, оның ішкі əлемін қалпына келтіруге шұғыл кірісуіміз керек. Егер біз адам жанын тазартуға шын ниетімізбен кірісіп, оның ішкі əлеміндегі көзі бітеліп қалған қайырымдылық қайнарларын қалпына келтірсек, оның жанындағы жапырылып қалған аяушылық сезімдерін қайтадан көктетсек, оның жүрегіндегі мейірімді қайтадан жаймашуақ қалпына түсірсек, онда, сөз жоқ, көл-суларымыз да арнасын керіп шыға келері, селдіреп кеткен орман-тоғайларымыз нуға айналары, суысып бара жатқан адамдар бір-біріне жылы қабақ көрсетері сөзсіз. Ал, бүлінген адам табиғатын не бір дана қаулы да, не

бір көсем шешім де қалпына келтіре алмайды. Ол тек дұрыс тəрбиенің, дұрыс қарым-қатынастың ғана қолынан келеді. Ал, тəрбие жұмысы баладан басталады. Бірақ, өз басым бала тəрбиесінен оң бағыттарды көріп тұрғаным жоқ. Басқасын былай қойғанда, бала тəрбиесіндегі патриотизмді ғана алайықшы. Біз балаларға патриотизмді көбіне тек бір жақты ғана түсіндіріп келеміз. Яғни, патриотизм дегеніміз қолына қару алып елі мен жеріңді қорғау деп ұғындырамыз. Содан барып біздің балаларымыздың қолынан таңертеңнен кешке дейін ойыншық қару түспейді. Содан барып олар таңертеңнен кешке дейін «соғыс ойынын» ойнайды. Қазір біздің елімізде балалардың «ойыншық соғыс – қару-жарақ өнеркəсібі» керемет дамып кеткен. Ал патриотизм тек қолыңа қару-жарақ ұстау ғана ма?! Патриотизм – еліне еңбек ету, еліңнің көсегесін көгерту де ғой. Патриотизм – біле білсеңіз – табиғатқа қызмет ету, оның қатарын бір шыбыққа көбейту, тоңып қалған бір торғайын паналатып жылыту. Менің ойымша, табиғаттың торғайын паналатқан бала елін, жерін қорғауға əрқашан да дайын. Патриотизмнің жөні осы екен деп таңертеңнен кешке дейін баланың қолына ойыншық қару ұстатып қою, оны қасаңдыққа, тіпті қатыгездікке алып баруы мүмкін. ... Былтыр Алматыға барғанымда бір күні көшеде келе жатып ағаш бұтақтарына, телеграф сымдарына қона алмай ұшып жүрген көгершінді көрдім. Қонбақ болады, бірақ аунап кетеді де ұша жөнеледі. Себебін қасымнан өтіп бара жатқан адамнан сұрадым. Сөйтсем, балалар əлгі көгершіннің саусағын қырқып тастаған екен... Мысық асып өлтіру деген сұмдық іс бүкіл ауыл, қалада балаларға тəн болып алды. Ал жастарымыз, əсіресе, қаладағы жастарымыз дəстүрден мүлде қол үзіп кетті. Олар қазір дəстүрлі өнерлерімізге жат, бөгде көзбен қарайды. Оның есесіне олар тамырсыз, тексіз «өнерсымақтардың» қолына су құйып, солардың қолжаулығына айналып бара жатқандай. Біз де бостандықтың жөні осы екен деп оларды бажылдауық сұрқайылықтың, видеофильм деп аталынатын ессіздіктің бодауына беріп жібергендейміз. Шын мəніндегі өркениетті елдер өнердің мұндай түрлерінен баяғыда іргесін аулақ салған. Мəселен, Америкада

симфониялық оркестр бізге қарағанда жиырма есе көп екен! Жиырма есе! Ал Еуропаның бірқатар елдерінде жасырын жолмен видеофильмдерді көрсетуге қатаң тыйым салынған. Мамандардың айтуынша, біздегі кез келген бұрышта көрсетіліп жатқан видеофильмдердің көбі, сол мəдениетті елдерде тыйым салынған видеофильмдер көрінеді. Ал біз болсақ, сол видеофильмдермен, яғни Еуропа ауласынан баяғыда сыпырылып тасталынған рухани қоқыстармен балаларымызды қоректендіріп тəрбиелейміз. Қазір ол жастарымыз нағашысының, жиенінің, бөлелерінің аттарынан гөрі кинобоевиктер мен рок жұлдыздарының аттарын жақсырақ біледі. Дəстүрден, тілден айырылу – тек ұлтыңнан ғана емес, ең алдымен, табиғаттан қол үзу. Табиғаттан қол үзу – тамырсыз қаңбақ болу деген сөз. Ал ол адамдық, имандық қасиеттерден жұрдай болу ғой. Сондықтан адамды өзінің табиғи болмысына қарай бағдарлайық. Оны табиғатпен үйлесім, жарасымдылықта тəрбиелейік. Əйтпесе кешігеміз... ... Жақында бір адамды кездестірдім. Сөйлесіп келе жатып ол қазір жылаудың не екенін білмейтінін айтты. Жай сөзі ме деп бетіне қарап ем, ол сол сөзі үшін масаттанып тұр екен... Арқам аяз қарығандай мұздап қоя берді. ОМЫРТҚАМНЫҢ ІШІНДЕГІ ЖҰЛЫНЫМ Кейінгі кездері ынтымағымыз бен бірлігіміздің қамын жеп, қабаржып сөйлеген əңгімелерді есітіп те, оқып та жүрміз. Бірақ, бұл мəселенің сол əңгімелермен қабырғасы көтеріліп, күмбезі шошайып шыға келмесі хақ. Біз бұл мəселені халықты қаракетке бастайтын жаңғыру, түлеу деңгейіне жеткізгенше сөз ете беруіміз керек. Қай халық үшін де, менің ойымша, ынтымақ дегеніңіз – омыртқасының ішіндегі жұлыны. Жұлынсыз қимыл жоқ, қаракет жоқ. Жұлының зақымданса, еңсең көтерілмейді, онда салсың. Ал жұлының үзілсе, бақилыққа біржола кеткенің. Сондықтан ынтымағымызға соншалықты сақ, соншалықты қырағы болуымыз керек. Біз оны солай деп ұғып, оған

сондай сергектік танытып жүрміз бе? Солай етіп жүрміз деуге, басқаны қайдам, менің ауызым бармай тұр. Көргенді, мəдениетті ел, ортақ мүддеге келгенде, сен ана партиядансың, мен мына партияданмын деп алысып-жұлысып жатпайды. Халық қамы үшін, қандай бір идеяңызды да былай ысырып қойып, бір-бірімен ынтымақтасып, бірігіп кетеді. Қазір халық мүддесінен өз идеясының мүддесін жоғары қойғысы келетін қандай бір партияның құны көк тиын екендігін жұрттың бəрі біледі. Не болғанда да, бізге, қазақтарға екі жарылуға еш уақытта болмайды. Оның соңы ұлттық трагедияға алып барады. Біз осы ойымызды айтсақ болды, біреулер бəле де болмайды, Мəскеу мен Санкт-Петербургте түрлі партия, түрлі топ болып, қақ жарылып тартысып жатыр ғой деп шыға келетіндері бар. Бұлай деу – əлі күнге біздің санамыз бен психологиямыз сол жоғары жақтың, яғни Мəскеу мен С. Петербургтің тұтқыны екенін көрсетсе керек. Өз халқының ішкі жағдайымен есептеспей, өз мүддесімен санаспай, өздерін тəуелсізбіз деп жариялаған қоғамдық ұйымдардың өздері Мəскеу мен С. Петербург не істесе соны істегісі кеп тұратыны содан. Олар Мəскеудің өктемдігінен құтылу керек деп жар салады да, өздері солар жүргізіп отырған саяси ағымдардың аясында жұмыс істейді. Парадокс. Əйтпесе, олар жоғары жақта жүріп жатқан, екі жікке бөлінген саяси тартыстар бізге мүлде жат екендігін, оны бізге көшіру ұлттық бірлігімізге қатерлі екендігін, біздің саяси айтыстар мен тартыстарымыз ұлттық ынтымақ платформасының үстінде, олардан мүлде басқа бойлықтар мен ендіктерде өту керектігін бағамдаса керек еді. Бірақ мен мұны айтқанда, бір партияның аузына қарап, соның айтқанына көніп, айдауына жүру керек деген ойдан аулақпын. Тіпті керек десеңіз, ондай ойға қарсымын. Бізге əр текті қоғамдар, ұйымдар, қозғалыстар ауадай қажет. Онсыз өспейміз. Ақиқатты ақи-тақи айту үшін, пікірсайысы мен пікір-таласы үшін, бір-бірімізді толықтырып, бір-бірімізді түзету үшін, ең бастысы, халық санасын шұғыл көтеру үшін қажет. Бірақ, қалай да, халық мүддесіне келгенде бір жағадан басымыз, бір жеңнен қолымыз шығып тұруы керек.

1914 жылы «Айқап» журналының 13 санында жарияланған «Қазаққа алалық қайдан келді?! деген мақаладабылайдейді:«Петропавловскаяимператорская библиотека» деген Бүкілресейлік закондар жинағы кітаптарын ақтарғанда, оқып қарағанда Екінші Екатерина патшаның шығарған құпия Указ қағаздары ұшырайды. Сол Указ көшіріліп алынса да, бұл күндері қағаздар арасынан табылмай жүр... Сөзі ойдан шығып, ұмытылмаса, мазмұны мынадай еді: 1. Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын, екінші ру басшыларына арыз етіп, бірімен – бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуіне себеп болыңыз. 2. Сұлтандарын бірімен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей таластырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз. 3. Қырғыз-қазақтыңбастыадамдарынсұлтандарымен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы «ақсақал» адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен кезде, жанып кетердей ұсақ-түйек даулар тудыра беріңіз, осылайша арасына от тастап, береке-бірлігін алсақ, өзара азып- тозғандықтан, қазақ-қырғыз жұрты бөтен патшаның қол астына көшіп кетуге дəрменсіз қалмақ. Өзді-өзі қырық пышақ болып қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алар үшін, Ресей патшалығына жақындар, ол патшалыққа қозғалар». Бізді байлап-матап ұстау үшін осындай сұмпайы айла-тəсілдер қолданғанын көбіміз жақсы білеміз. Біле тұра, əлі күнге, орталықта болып жатқан құбылыстарды қайталағымыз келеді де тұрады. Асылы, бізге экономикалық, саяси егемендік алғаннан гөрі, өзіміз жеке ойлауға мүмкіндік беретін, сана құлдығыңнан мүлде босап шыққан, толық рухани егемендік алу əлдеқайда қиын-ау деп ойлаймын. Біз – тым еліктегіш халықпыз. Не болса соған еліктейміз. Бұл да сол біздің жөндеп жетіле алмай жатқандығымыздың салдары. Содан болу керек, бізді жайлап алған бір дерт бар. Ол дерт – мемлекет басында кім отырса, соған еліктеген адамдардың бүкіл елімізде қаптап кететіндері. Мəселен, Сталиннің тұсында əрбір аудан, əрбір ауылда китель киген кішкентай қатыгез сталиндер қаптап кеткен. Адамдарға қырғидай тиіп, оларды аттырған да, астырған да, айдатып жіберген де сол китель киген

кішкентай қатыгез сталиндер. Хрущевтің кезінде сортаңға дейін жүгері егіп, аяқ киімдерімен мінбер сабалаған кішкентай хрущевтардың нөпір сөздерінің астында қалған жоқпыз ба?! Брежневтің тұсында орденге деген қомағайлық, лауазымға деген құнығушылық өркен жайғанын кім өтірікке шығара алады. Орден үшін, лауазым үшін өлуге бар талай- талай кішкентай брежневтермен, құдайдың рақымы түсіп, табақтас болу дəрежесіне ие болғанымыз рас. Күні кеше ғана елімізде кішкентай горбачевтар мен олармен тартысып жатқан кішкентай ельциндер қаптап кеткен жоқ па! Міне, осындай еліктегіш қасиетіміз де біздің басымызды біріктіріп, бауырымызды бүтіндеуге кесапатты кеселін тигізуде. Халықтың басын қосатын – тілден кейінгі құдіретті күш – дəстүр. Тіпті дəстүр жоғалса, тіл де жоғалады. Сондықтан дəстүр – қай халықтың да жан медеті, рухани сүйеніші. Құдайға шүкір, кейінгі кезде, құрдымға кеткендей болған, қаншама дəстүрлерімізбен қауышып, ұлттық болмысымыз бен бет-бейнемізді қайта тапқандай күй кешудеміз. Содан біз қазір азып-тозған жерден құнарлы топыраққа көшірілген көшеттей күн сайын қуаттанып, қайраттанып барамыз. Өйткені, жанымыз дəстүр арқылы халық рухымен қоректенуде. Сонан кейін бізді қатты ойдандыратын тағы бір нəрсе, өзімізді көп нəрседен сырт ұстайтын салғырттығымыз, қалғып- мүлгіген бойкүйездігіміз. Бұл – қауіпті құбылыс. Егер осылай жүре беретін болсақ, онда ынтымағымыз селкеу, бірлігіміз созалаң қалпында қала береді. Ширау, ширығу болмай, ұлттық шымырлық қайдан болсын! Реті келгенде тағы бір айта кететін мəселе, тіпті арақтың осындай қат кезінде, біздің ішіп бара жатқан ұлтқа айналып бара жатқанымыз. Ішкен халықта ынтымақ бола ма? Ішкен халықтың сөзі біреуге өте ме? Ал бүгінде бүкіл қазақ даласы арақ ішуде. Ең жаманы құнығып ішеді. Қазақстанның кез келген қаласындағы ресторандар мен кафелерге кіріңізші. Көшелерде зауыттар мен фабрикаларда анда-санда кездесетін қазақтар ресторандар мен кафелерде қаптап отырады. Жағаңды ұстайсың. Ертеңіңнен қорқасың!

Арақ деген, бүгінде, ынтымаққа түскен жұлынқұрт болды. Одан арылмасақ, мертігеміз. Егер біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың іргесі тап-тұйнақтай боп бүтінделмесе, кез-келген уақытта іріп, кез келген уақытта ыдырап кететін болса, онда біздің бар тірлігіміз мансұқталып, ертеңіміз мақұрым болады. Бірлігің мен ынтымағың болмаса, өзге жұрт сенің мүддеңді қорғап бір де сөз айтпайды. Өз арасында достығы жоқ жұртпен, басқа жұрт достаспайды. Бірімен-бірі айтысып, бірін-бірі талап жатқан ондай елдің мүддесі өзге жұрт үшін түк те емес. Оған көз жетті. Ал бірлігі берік, ынтымағы тас түйін елдің мүддесін, өзге жұрт күндердің бір күнінде түсініп, сыйлайтын болады. Оған да көз жетті. Шевченко қаласының атауын Ақтау етіп өзгерту жөнінде үлкен тартыс, дау-дамай болғаны белгілі. Міне, осы мəселеде, бүкіл қазақ дерлік бірауыз болды. Ешкім солқылдақтық танытқан жоқ. Барлық жерде де сөздері бір жерден шығып тұрды. Осы мəселе төңірегіндегі бірлігіміз өзге ұлт өкілдерін бері қаратуға мəжбүр етті. Облыстық сессияда осы мəселені дауысқа қойғанда, төрт-ақ адам қалыс, бір-ақ адам қарсы шықты да, қалғандарының бəрі қуаттап қол көтерді. Əрине, бұл үлкен проблемалармен салыстырғанда кішкентай ғана мысал. Ынтымақ – омыртқа ішіндегі жұлын. Мен мұны поэтикалық метафора үшін айтып отырғам жоқ. Шыны солай. Жұлынның бір ғана талшығы, ғайыптан тайып, омыртқаның көп буынының бір буынына қыстырылып қалса, онда тұтас дене қарекеттен айырылады, мүгедек болады, төсек тартып жататын салға айналады. Олай болса, ынтымақтың бір жібін де сетінетпеу – халқым деп қан жылай алатын əрбір қазақ баласының қасиетті борышы. “Егемен Қазақстан”, 18 қыркүйек, 1991 ж. КЕЛІМСЕКТЕР

Рас, кейінгі кезде, келімсектер туралы, сөз арасында болса да, айтыла бастады. Бірақ, сөз арасындағы əңгіме – сөз арасындағы əңгіме ғой. Сөз арасындағы əңгімеден оның толыққанды бітім-болмысы, тұтас бейнесі көрінбесі хақ. Ал, ондай əлеуметтік мəні, саяси маңызы бар құбылыстардың арғы астарын танып-білмей, өзімізді танып-білмес едік. Ал, өзімізді танып-білмей жатып, өзің туралы үлкен өлшемдермен сөз сөйлеу, алты жасар балаға алпамсадай палуанның киімін кигізгендей ерсі болып шығары сөзсіз. Біз оларды осы уақытқа дейін өз атымен атай алған жоқпыз. Олай етуге жымын білдірмеген отарлау саясатыныңидеологиясымүмкіндікбермеді. Өйткені, ол идеология келімсектердің шын бейнесін «тың игеруші», «екпінді құрылыс», «комсомолдық жолдама» т. б. толып жатқан əсіреңкі сөздермен əспеттеп, көлегейлеп бақты. Біз де сол əсіреңкі сөздерге есіміз кеткенше елтіп, аспаннан да, жерден де төгіліп жатқан оларды, күні ертең «нұрлы болашағымыз – коммунизмді» қыр астында қақпанға түсіп жатқан түлкідей етіп қолымызға ұстата салатын күш деп ұқтық. Біз оларды жерімізді тонаушы, елімізді қанаушы деп əсте де ойлаған жоқпыз. Тіпті біз ғана емес, сол идеологияның құралына айналған əлгі келімсектердің өздері де бұлай ойлаған жоқ. Олар да өздерін «тың игеруші», «екпінді құрылыстың ерлері», «маң даланы бағындырушы» деп ұқты. Сөйтіп, олардың өздері де зұлым ойы əріде жатқан идеологияның қолжаулығына, яғни сол идеология «аттан» десе құлашы жеткенше гармонын созып, өкшесі түскенше би билеп, тамағы жыртылғанша əн айтып жөңкіле жөнелетін желбастарға, «игер» десе танкілердей шынжыр табанды тракторлерге қарғып мініп, сор демей, сортаң демей, соқаларын тереңнен салып, тіпті қорымдарға дейін жыртып тастайтын жетесіздерге, «бағындыр» десе байлықты аламыз деп, қасиетті жердің қарынын ақтарып, үстіндегісін астына түсіріп, астындағысын үстіне шығарған жүгенсіздерге айналғандарын білмей қалды. Сонда ол идеологияның зұлым ойы не еді? Зұлым ойы қазақ жерін отарлау үстіне отарлай түсу болатын. Сөйтіп, ол жерді елімен қоса жұтып, «қорытып» жіберу еді. Ол идеология сойылын соққан ұлы империяның құлқыны қандай кең, асқазаны қандай қуатты болғанын бəріміз жақсы білеміз. Өйткені, ол құлқынның қаншама жерді орман- көлімен, дала-тауымен қалай жұтып жібергенін, ол асқазанның

қаншама ұлт пен ұлыстарды мидай араластырып қалай «қорытқанын» көргенбіз. Ал ол үшін қазақ жерін түгелімен, орыстандырып жіберу керек болды. Оны іске асыру үшін, əрине, ешкім сөге алмайтын сірескен себеп, ешкім құлата алмайтын желбіреген желеу қажет еді. Ол себеп те, ол желеу де табыла кетті. «Отан байлығын еселеп арттырып, коммунизм іргесін шұғыл көтеру үшін, еселенген қимыл-жігер, шұғыл əрекеттер керек» деген ұрда жық ұрандар тасталып, шет-шегі жоқ үгіттер жүргізілді. «Отан байлығын еселеп арттыру мен коммунизм іргесін шұғыл көтеруге» кім қарсы тұрмақ. Содан кейін-ақ, бүкіл қазақ даласы төмпештеген ұрандардың жұдырығы мен сауылдап құйылған заржақ үгіттердің шаңының астында қалды. Жан-жағын қарауға да, барлауға да мұрша бермеді. Сол ұрандар мен үгіттердің иегінің астында қазақ жеріне қарай «аттан» салынып, қазақ жері «игеріліп», қазақ жері «бағындырылып» жатты. Ол келіп жатқандарға достық құшағыңды барынша кең ашуың керек болды. Олар да достық құшағын айқара ашып келді. Бірақ, олардың құшағы біздің құшағымыздан əлдеқайда кең, əлдеқайда қуаттырақ болатын... Осы жерде менің есіме 1988 жылы Маңғыстауда өткен Тарас Шевченко күндеріне келген ірі украин ақыны, əйгілі «Рух» қозғалысының көшбасшысы Иван Драчпен əңгімелескенім түсіп отыр. И. Драч əңгімеден əңгіме өргізіп отырып: «О баста, империя доспыз деп құшақтайды, сонан кейін құрсау құшағынан шығармай тұншықтырады», – деген болатын. Шынында да солай емес пе? Сол «дос құшақта» тұрып біздің дініміз де, тіліміз де, дəстүріміз де бəрі- бəрі де тұншыққан жоқ па? Əлі де сол құшақтан арылып кете қойғанымыз шамалы... Мен ол «игерушілер» мен «бағындырушыларды» сырттай ғана білетін адам емеспін. Мен солардың ортасында жұмыс істедім. Сонда мен, олардың бойына қазақ деген халықтың қолынан қой баққаннан басқа ештеңе келмейтін халық деген ұғымның əбден сіңірілгенін байқадым. Тіпті көйлегін теріс киіп, көжесін сұрап ішетіндеріне дейін қазақты қор санайтындарына көзім жетті. Ол пиғыл, өкінішке орай, əлі де бар. Міне көрдіңіз бе, сенің қолыңдағыны алу үшін доспыз деп, бұлбұлша сайрап тұрған идеология, былай айнала беріп өзінің жымысқы саясатын орындататын

келімсектердің бойына өктем пиғылды қайтып шықпастай етіп сіңіріп жіберген. Кезінде келімсектерге барлық жағдай жасалынды. Олар үйден де, күйден де таршылық көрген жоқ. Алдарынан бəрі де күтіп тұрды. Маңғыстауды «бағындырғанда» да солай болды. Байлық табылған жерде де ел бар ғой, алдымен солардың балаларын оқытып, солардың күші арқылы игерейік деген жоқ. «Отан байлығын еселеп арттыру» деген желеу-ұран тағы да іске қосылды да, аса қажетті мамандар деп оларды қашан жайлы үй алғанға дейін, миллиондаған сом арнайы қаржы бөліп, ұшақтармен Астраханнан, Грозныйдан, Ростовтан тасып тұрды. Ал олардың ішінде үй сыпырушылар да болатын. Мен сол сорақылықты өз көзіммен көрдім. Сонда үй сыпырушы да аса қажетті, мамандық болғаны-ау?! Мұның бəрі, əрине, сол империялық құлқын мен қомағайлық тудырған өрескелдіктер. Сонан кейінгі бір байқағаным, келімсектердің дені туған жерлерінен, ата-баба қонысынан мүлде қол үзіп кеткендер болып шығатындығы. Əдетте, туған жерлерінен қол үзіп кеткендер мен ата-баба қонысынан көз жазып қалғандарда туған жерге деген махаббат, ата-баба қонысына деген құрмет болмайды ғой. Ал туған жерге деген махаббаты, ата-баба қонысына деген құрметі жоқ адам басқа біреудің туған жерін сыйлап, атақонысын құрметтеуші ме еді?! Содан болса керек, ол «игерушілер» мен «бағындырушылар» жерімізді бордай үгіп, жүндей түтіп жіберді. Сол сорақы идеологиямен ойы мен санасын əбден улап алған көп адам, соның ішінде өз қандастарым да, менің бұл сөздеріммен келіспеуі мүмкін. Жерімізді игерген, жарқыратып қалалар салған солар, егер солар болмаса, біз байғұс қой соңында салпаңдап жүре берер едік дері сөзсіз. Бұл ой, əрине таңқы, тайыз ой. Біз «салпаңдап» қой соңында жүрген кезімізде, сонау Оңтүстік Кореяның да, тіпті қазір əлемнің ауызын аштырып, көзін жұмдырып отырған Жапонияның да, шекесі шылқып тұрғаны шамалы болатын. Заман мен уақыттың қуатты желдері есік-терезелерін ашып тастаған оларды ұлы көшке ілестіріп жіберді. Егер біз Ресейдің алып жауырынының ығында қалмағанда, заман мен уақыттың ол қуатты желдері бізді де сол ұлы көшке қосып жіберуі мүмкін емес пе еді? Бұл

жағын неге ойламаймыз? Сондықтан Ресей мен Ұлы Қазан төңкерісінің арқасында ғана көзіміз ашылды деген сөзді, бұдан былай арғы-бергіні ойлап барып айтқан жөн. Өйткені, осыншалықты байлықты бауырына басып жатқан қазақтың кеңістігін ұлы цивилизация ешқандай төңкеріссіз-ақ, мезгілі жеткенде, оятып алар еді... Оның үстіне, біз тіпті де тек қой соңында жүрген халық емес болатынбыз. Біздің ұлттық жұмысшы табымыз Қазан төңкерісіне дейін-ақ қалыптаса бастаған-ды. Тарихшылардың айтуынша, қазақ жұмысшы табының қалыптасуы ХХ ғасырдың басында Орынбор – Ташкент темір жолын салу құрылысында басталған. 1901жылы Екібастұз көмір кенінде бес мың қазақ жұмыс істеген. 1912 жылы арнайы мамандықты керек ететін Спасск мыс қорыту зауытындағы 979 жұмысшының 662-сі, қол еңбегін қажет ететін Қарағанды көмір кенінде 930 жұмысшының 819-ы қазақ болатын. Енді осы цифрларды жəне Қарағандыда бүгін істейтін қазақ жұмысшыларының санын процентке шағып көріңізші. Жаныңыз күйзеледі. Тағы да сол кездегі жұмысшылардың санасы қандай жоғары болған десеңізші?! Аз жылдардың ішінде-ақ ұйымдастырушылық қабілеті аса жоғары қазақ жұмысшылары өсіп шыққан. Мəселен, Қарағанды кеншілерінің 1903 жылғы 20-24 желтоқсанда өткізген экономикалық ереуілін Б. Сиқымбаев, 1908 жылы өткізілген ереуілді С. Қисықов басқарған. Сондай-ақ даңқты кенші Т. Күзембаевтың басқаруымен Қарағанды шахтерларының 1910 жылы ереуіл жасағанын көбіміз жақсы білеміз. Амал не, қалыптасқан сол жұмысшы табы темір жолдармен күндіз-түні төгілген келімсектерге жұтылып кетті. Ал жұтылмағандары ысырылып тасталынды. Сонан кейін-ақ қазақта жұмысшы табы жоқ, оның байлығын біз барып игеруіміз керек, ұлы Отанымыздың экономикалық қуатын шұғыл арттыруымыз қажет деп даурығысты. Бұлай ету не үшін керек еді? Əрине, жеріңді тезірек, яғни «щұғыл» тартып алу үшін керек еді. Отарлау саясаты дегеніміз, міне, осы. Мен бұл жерде Қазан төңкерісіне де, өткенге де топырақ шашып, оларға қарама-қайшы идеологияның сөзін сөйлей қояйын деп отырғам


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook