Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-12-28 10:01:54

Description: Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Search

Read the Text Version

жоқ. Мен мұны шындықты айту парызым деп айтып отырмын. Бұдан былай, не айтсақ та, бұрынғы шектеулі ұғымнан шығып, əрірек қарап айтқан жөн болады. Сондықтан біз, не нəрсеге де кешегі өлшеммен емес, жаңаша өлшеммен қарап үйренуіміз керек. Біздің де күні кеше ғана «игеруші», «бағындырушы» деп аспанға көтеріп əлпештегендеріміздің шын аты – келімсек екенін қайта-қайта қайталап жатқанымыз содан. Ең сорақысы сол, келімсектік психология жеріміздің ғана ту-талақайын шығарып қойған жоқ, сонымен бірге жанымыздың да ту-талақайын шығарып жіберді. Арақ ішу, шаңырақтардың бұзылуы, қасиетсіздік, тілден-діннен безу – бəрі-бəрі солар алып келген індеттер. Ол індеттерден жанымызды тазарта аламыз ба, жоқ па? Ендігі əңгіме, міне, осында. Бүгінде келімсектердің кететіндері кетуде, қалатындары қалуда. Əлі де кетіп жатса, жолы болсын. Ал қалатындары келімсектік психологиядан тезірек арылғандары жөн. Аспандауды қойып, жерге түсулері керек. Елдің жанын, жердің нанын сыйлаулары тиіс. Тілін, дінін құрметтеулері қажет. Сонда ғана олар осы жердің шын мəніндегі адамына, шын мəніндегі азаматына айналмақ. Онсыз олар келімсек қалпында қала бермек. Бұл деген сөз – келімсектік психология өмір сүре береді деген сөз. Ал, келімсектік психология – ел үшін де, жер үшін де кесапат психология. “Егемен Қазақстан”, 7 наурыз, 1992 ж. СЕНІМ ТУРАЛЫ СӨЗ Сенім – ұлы күш! Дүниеде оның қуатына тең келетін қуат, оның қайратына қарсы тұратын қайрат болмаса керек. Ол туралы ежелден келе жатқан, құлаққа таныс көне сарынмен айтылатын мынадай аңыз бар. Ерте, ерте, ертеде айбары асып, байлығы тасыған бір патша болыпты. Оның ісіне дүниенің төрт бұрышы түгел көз салып, оның сөзіне

дүниенің төрт бұрышы түгел құлақ түреді екен. Күндердің бір күнінде сол патша жеті шөл мен жеті таудың ар жағындағы бір патшалықта сайраса қартайғанды жасартатын, қанатымен желпісе, қуат беретін алтын торда отырған алтын тұмсықты, күміс қанатты бір ғажап құс бар екенін есітеді. Қайраты қайта бастаған патшаның сол ғажап құс ұйықтаса түсіне еніп, оянса, ойынан шықпай қояды. Содан бір күні патша дүниенің төрт бұрышына былай деп жар салады: «Сайраса, қартайғанды жасартатын, қанатымен желпісе, қуат беретін сол ғажап құсты кім де кім маған əкеп берсе, жарты патшалығым мен күн десе көзі, ай десе ауызы бар қызымды беремін», – дейді. Кім жарты патшалыққа ие болғысы, кім патшаның қызын алғысы келмесін?! Небір жүрек жұтқан батырлар бес қаруын беліне байлап, сəйгүліктерін жаратып, сый-сияпат пен азығын артқан керуендерін сайлап жеті шөл мен жеті таудың ар жағындағы елге аттанып жатады. Солардың соңын ала, қару дейтін қаруы жоқ, сый-сияпат пен жол азығы дегеннен мүлде жұрдай, ең болмаса, астына жаман торы да мінбеген жалақ ерін, күс табан бір жарлы-жақыбай жігіт те кетіп бара жатады. Оған жұрт: «Бейшара, дəметпейтіннен дəметем деп, ажалынан бұрын өлуге бара жатыр ғой», – деп күледі... Жылдар өтеді. Сайраса, қартайғанды жасартып, қанатымен желпісе, қуат беретін ғажап құсты іздеп кеткендерден хабар күтіп, жұрт зарыға- зарыға, олардан енді күдер үзе бастайды. Сол уақыттарда белінде бес қаруы, жетегінде керуені, астында ауыздығын қарш-қарш шайнаған жүрек жұтқан батырлар емес, баяғы жалақ ерін, күс табан жігіт оралады. Тағы да олжамен оралады. Алтын тордың ішінде отырған, сайраса, қартайғанды жасартып, қанатымен желпісе, қуат беретін алтын тұмсықты, күміс қанатты құсты алып кеп, патшаға сыйға тартады. Патша таңғалғанын жасыра алмай, əлгі жарлы жігітке былай деп сұрақ қойған екен: «О, менің бейшара пендем, сен жеті шөл мен жеті таудың ар жағында жатқан патшалыққа ешқандай қарусыз аттандың. Жол-жөнекей қаншама қағынған жауға, қаншама шабынған аңға кездестің, соның бəрін қарусыз қалай жеңіп шықтың?» – депті. Сонда жігіт: «Жоқ, алдияр тақсыр, менің қаруым болмады дегеніңіз қате. Менің қаруым болды. Ол қаруым – сенім!» – деп жауап беріпті. Сонан кейін патша: «О, менің бейшара пендем, сен ұшқан құс, жүгірген аң жете

алмайтын жеті шөл мен жеті таудың ар жағында жатқан елге жаяу аттандың. Ол жақтан ауыздығын қарш-қарш шайнаған сəйгүлік мінгендер де орала алмады. Сен ол елге қалай жетіп, қалай оралдың?» – депті. Сонда жігіт: «Жоқ, алдияр тақсыр, менің сəйгүлігім болмады дегеніңіз қате. Менің сəйгүлігім болды. Ол сəйгүлігім – сенім», – деп жауап беріпті. О баста тұнжырап отырған патшаның қабағы бұрынғыдан ашыла түсіп: «О, менің бейшара пендем, сен жеті шөл мен жеті таудың ар жағында жатқан патшалыққа ешқандай азықсыз аттандың. Не жеп, қалай күнелттің?» – депті. Сонда жігіт: «О, алдияр тақсыр, азығың болмады дегеніңіз қате. Менің азығым болды. Ол азығым – сенім», – деп жауап берген екен. Сенім – ұлы күш! Ол өтпейтін мұхит, ол шықпайтын биік, ол түспейтін терең, ол жеңбейтін күрес жоқ. Оған мысал келтіру үшін уақыттың терең қатпарларында қабат-қабат болып шөгіп жатқан тарихымызды қопарыстырмай-ақ төңкеріс кезеңін алайықшы. Коммунистік идеяға деген сенім, сол сенімнен қуат алған ел патшалық самодержавиенің темір құрсауын тас-талқан еткен жоқ па?! Аз жылдың ішінде халықтың жаппай сауаттанып алуын да сол идеяға деген сенімнің күші деп білемін. Бүкіл елді дүрліктіріп, қозғалысқа келтірген де, серпіліске түсірген де сол сенім. «Нұрлы болашақ» деген ұжмақ сөз сол кезде қалыптасқан. Жұрттың бəріне – арқа еті арша, борбай еті борша болып жүрсе де – кетпенмен канал қаздырған да, өзегі талып, өңеші кеуіп жүрсе де өгіз, түйе арбамен темір жол салдыртқан да, жердің жеті қат түбіне түсіріп, қайламен көмір өндірткен де сол болашаққа деген сенімнің құдіретті тегеуріні. Шынын айтайық, идеяға деген мұндай тек біржақты жалаң сенім, əрине, кіл жасампаздық қасиетке ие болды десек, қатты қателесеміз. Ол идеяға есі шыққанша құлай жығылып сену, адамдарды ақырында оған құл болғанша құлай жығылып қызмет етуге алып келді. Адамгершілік пен имандылық, кісілік пен ақыл таразысынан өтпеген, солардың сұрыптауынан еленіп, сүзілмеген сенім, сөз жоқ, бара-бара көзсіз сенімге айналды. Көзсіз сенім – əрқашанда қатерлі. Оның бір қолы жасампаз болса, екінші қолы күйретуші. Оның бір қолы гүл ексе, екінші қолы күл етеді. Шексіз биліктің астамшыл топырағына көшіріп, содан қоректеніп, өзінің о бастағы иманды, қайырымды болмысын бүлдіріп алған бұл идея – белгілі бір кезеңде озбыр, өктем идеяға

айналғанын жасыра алмаймыз. Ал қандай бір озбырлық та, қандай бір өктемдік те мұрынын шүйірген кердең, көкірегін керген эгоист. Ол өзінен басқаны көргісі, өзінен басқаны танығысы келмейді. Ол мен ғана үстем, мен ғана мəртебелі болсам дейді. Менің ғана маңдайым жарқырып, менің ғана таңдайымнан бал таму керек деп біледі. Ондай өктем, озбыр пиғыл жұрт мені ғана қолпаштап қол соғып, мені ғана əлпештеп бағу керек деп ұғады. Ол өзінен озғанға да, өзінен асырып сөйлегенге де төзбейді. Ал ондай көзсіз сенімділік түптің түбінде қандасты бір-бірімен қырқыстырып қояры сөзсіз. Солай болды да. Тап болып тартысқан ағайындылар бір-бірін сол идеяның ұңғысының ауызына қойып аттырып, сол идеяның дойыр қамшысының астына беріп, айдатып жіберді. Сенім – ұлы күш! Халықтың жеңіске, бостандыққа деген сенімінің адам айтқысыз орасан зор қуатпен көрінген тұсы Ұлы Отан соғысы болды. Тұла бойынан от пен оқ шашқан темір тасқынға жұртты жалаң аяқ, жалаң қол ұмтылдырған сенімнің күшіне таңғалмай қарау мүмкін емес. Əрине, ол сенімді көзсіз сенім деп қарауға болмайды. Ол сенім – елге, жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің Отанға деген шексіз махаббаттың сенімі. Ол сенімнің азаттықтың өзі кіндігін кесіп, бостандықтың өзі бесігін тербеткен. Əрине, ол сенімге əлгі аталмыш идея қатысқан жоқ деуден аулақпыз. Қатысты. Бірақ, ол идея сол тұста адамдарға өктемдік жасаумен емес, адам бойындағы əлгі қасиеттерді, яғни, елге, жерге деген сүйіспеншілікті ұштау үшін, соларды қанаттандыруға, қуаттандыруға қызмет етті. Бірақ, соғыс аяқталғаннан кейін көп ұзамай-ақ, өзінің ғылыми жүйеленген о бастағы болмысынан мүлде басқаша боп құрылған сол идея омыраулап кете беретін өктем атына қайта мініп, өзегіне қорғасын құйылған зорлық-зомбылықтың қамшысын қолына қайта алды. Жұрттан сол идея үшін сеніп, сол идея үшін өлуге, сол идея үшін суға батып, сол идея үшін отқа күю талап етілді. Сол идеяға құйтақандай сенімсіздік немесе титтей күмəн келтіргендердің бəрі опасыз, сатқын, ұлтшыл, қаскүнем, халық жауы боп танылды. Адам ұлттық рух, ұлттық дəстүр-салттың топырағында емес, сол идеяның топырағында өсіп- өнуге, халықтық қасиеттің омырауын емес, сол идеяның омырауын еміп қуаттануға тиіс болды. Тарихи процестер мен оның түзілімді қасиеті ұмыт қалып, ақырында ұлтты ұлт етіп ұйытқан да, халықты

халық етіп қалыптастырған да сол идея болып шықты. Мұның бəрі тарих алдында қылмыс екенімен біздің жұмысымыз да болған жоқ. Сөйтіп, идея халыққа емес, халық идеяға қызмет етіп жалбаң қақты. Бүкіл елде жеке адамға табынушылықтың, соған деген сорақы соқыр сенімнің жексұрын тұлғасы үстемдік етті. Сорақы, жексұрын сенім де арамшөп сияқты. Ал арамшөптің арсыз тамыры əрқашанда терең. Сондықтан оны отап тастау оңай емес. Сталинге деген сенімнің əлі күнге дейін өлмейтіндігі – сол арсыз тамырдың тереңге сүңгіп кеткендігінен. Əлі күнге сол тамырға шырматылып жатқандығымыздан. Басқаны былай қойғанда, сталиндік репрессия аранына жақынын берген кейбір адамдардың өзі Сталин десе əлі күнге ішкен асын жерге қояды. Сталинге деген құдіретті сенімге біз де куəміз. Мен үшін оның анық жарқырап, астарының айқара ашылып, алғаш көрінген тұсы – Сталин өлген күні болды... Кішкентай бала кезім. Таңертең əлденеден оянып кетсем, қасымда əкем отыр. Оның сақалынан жас сорғалап тұр екен. Шошып кеттім. Сөйтсем, Сталин өліпті. Мен сол күні жыламаған адамды көргем жоқ. Бəріміз, бауырында өскен сахи Ниязбек атамыз да, колхоз бастығы Мəрайым көкеміз де, ауданнан келіп жүретін, бұрын қатал болып көрінетін өкілдер де – бəрі-бəрі жылады. Ал біз сол күні ойнаған жоқпыз! Тіпті мынадай да оқиға болды. Жаңа ғана шаңырақ көтерген Қожан деген мұғалім ағамыз бар еді. Қас қылғанда, сол ағамыз Сталин өлетін күннен бір күн бұрын қалаға кеткен ғой. Барған шаруасын бітіргеннен кейін қаланың шетінде тұратын бір досының үйіне барған. Екеуі түнімен ішкен. Ішкен адам радио тыңдай ма?! Екеуі де Сталиннің өліп қалғанынан бейхабар. Ертеңіне досы үйінде қалады да, Қожан ағамыз ауылға қайтпақ боп, масаң қалпында көшеге шығып кетеді. Оның тəлтіректеп келе жатқанын бір милиционер көре қалады. Ұлы Сталин өлген күні адамның мас боп жүруі ол үшін сұмдық бір оқиға, ауыр бір қылмыс болып көрінеді. Сол «қылмысы» үшін Қожан ағамыз жиырма жылға сотталып кетті. Мен кейінірек дəл Сталин өлген кезде сталиндік репрессияға ұшырап, түрмеде жатқан, артынан ақталып шыққан бірқатар көкірегі ояу, көзі

ашық зиялы деген азаматтармен кездесіп, сөйлестім. Солар айтады: «Сталин өлген күні түрмеде жатқан біз ендігі күніміз не болады деп жылағанбыз. Біз оның бүкіл елге, халыққа жасаған қастандығын ол кезде сезінген жоқпыз. Көкірегіміз ояу, көзіміз ашық болса да идея тұтып қалған темір шымылдықтың ар жағын көруге көзсіз соқыр сенім мүмкіндік бермепті. Тек кейіннен барып сезіндік», – дейді. Не болғанда да, сенім – құдіретті тылсым күш! Олай демей не дерсің! Əліпті таяқ деп білмейтін қараңғы адам емес, көкірегі ояу, көзі ашық адамдардың өздерін – елінен, бала-шағасынан айырып, қуғын-сүргінге түсірген, азапты тозақтың тас қапшығының ішіне апарып тығып тастаған – қанқұйлы зұлым күшке сонда да сеніп тұр-ау. Парасат, ақыл-ой жəне имандылық қасиеттерден жұрдай «таза» идеология да бір, бүкіл табиғи элементтерінен ажыратылған, дистиляцияланған су да бір. Дистиляцияланған су кез келген ішкен адамның өңешін орып, кенезесін кесіп жіберсе, ақыл-ой, имандық қасиеттерден жұрдай идеология адам жанын жүндей түтіп жұтатып, тулақтай қағып кептіріп жібереді. Көзсіз сенімнің қауіптілігі, міне, сонда! Ол кез келген адамды, кейде саналы деген адамдардың өздерін алдында құрдай жорғалатып қояды. Ол керек кезінде – адамды өзін-өзі опат етуге алып баруы мүмкін. Менің есіме қазір ертеректе болған мынадай оқиға түсіп отыр. Құтылғысы келген бе, əлде, басқа нəрсе себеп болған ба, əйтеуір біреу өзінің итін айдаладағы жолдың бойына тастап кетіпті. Ол ит – қолда əбден үйретілген, иесінің айтқанын екі етпей орындайтын, оған шексіз сенетін ит болса керек. Қатыгездіктен бе, əлде үйге қайтып оралмасын деген үстірт шешімнен бе немесе басқа біреуге еріп кетпесін деген көр қызғаныштан ба, əйтеуір, неге екені белгісіз, иесі итіне осы жерде қозғалмай отыр деп кеткен ғой. Қолда үйретіліп, тілге түсінетін ит айдаладағы жолдың бойында ескерткіш құсап шоқиып отырған да қалған. Бір күн отырған. Екі күн отырған. Үш күн отырған... Отыра берген. Аласапыран кез екен. Жаңбыр да, қар да жауған. Түнде суық түскен. Ит бірақ қалшылдап тоңып, қыңсылап үріп сол орынында тапжылмай отыра берген. Əрі-бері өткен жолаушылар оны аяп тамақ берген. Иесі тапсырып кеткен тəртіп солай болса керек, бірақ ит ол тамақтарды жемек түгілі, иіскемейтін де көрінеді. Ол жолаушылардың ішінде, əрине, иттің тегін танитындар да болған. Олар ол иттің текті,

дегдар тұқымнан екенін біліп, алып та кеткісі келген. Бірақ, иесіне деген шексіз сенім итті олардың соңынан жібермеген. Ақыры ол ит иесін күте-күте сол жерде өлген. Ол ит, əрине, иттік көзсіз сенімнің құрбаны! Көз алдын тұмшалап тастаған заман тудырған көзсіз сенімнің құрбандары болған адамдар қаншама! Қазір біздің жанымыз ұлы өзгерістерден жаңарып, жаңғырып жатыр. Сан қилы əлеуметтік, экономикалық келеңсіздіктерге, таршылыққа қарамай көкірегіміздің есік-терезелері айқара ашылып, уақыт көкжиегіміз кеңіп, көзіміз көп нəрсеге қайта ашылды. Бүгінгі таңда соқыр сенімнің құлы болып жүрген ешкім жоқ. Қайта бізді оған мүлде қарама-қайшы мəселе – сенім атаулының көзі бітеліп, көлі тартылып бара жатқаны алаңдатып отыр. Тіпті оны жоғалтып аламыз ба деген қауіп те жоқ емес. Ал, сенімнің біржола жоғалып кетуі – адам үшін де, қоғам үшін де – көзсіз соқыр сенім, не болғанда да, сенімнен де қатерлі. Өйткені, көзсіз соқыр сенім, не болғанда да сенім. Қандай бір сенім – ол мейлі соқыр сенім болса да – адамды белгілі бір мақсатқа жетелеп, ұмтылдырады. Адам санасын, оның жан-жүрегін қозғалысқа түсіреді. Ал ештеңеге сенбеу деген адам жанын бүлдіріп, бұзып, оны тұмшалап, тұншықтырып, бітеп тастайды. Леп пен дем кірмей ауасы ауыр тартқан климатта небір адам айтқысыз сорақылықтар мен сұмдықтар, зымияндықтар мен сұрқиялықтар өсіп- өнері сөзсіз. Мұны айтып отырған себебіміз, əртүрлі экономикалық, саяси, əлеуметтік келеңсіздіктердің салдарынан онсыз да сенімі азайып бара жатқан адамдардың жаны мен санасына «ештеңеге сенбеу керек» деген сумаңдаған суық сөздер əр жерден сығалап қарауларын көбейтіп барады. Ондай сөздер тек сығалап қана қоймай, улы ұрығын да сеуіп кетуде. Меніңше, «ештеңеге сенбеу керек» дегеннен өткен жаман сөз жоқ. Ең алдымен, сенбесек «ештеңеге сенбеу керек» деген сөзге сенбейік. Өйткені, «ештеңеге сенбеу» түптің түбінде тек өзіңді ғана опат етіп, қоймайды ертеңіңді қоса жалмап кетеді. Соны ұмытпайық!

“Егемен Қазақстан“ 9 мамыр,1991 ж. ƏКЕ МЕН БАЛА ТӨҢІРЕГІНДЕ ТУЫНДАҒАН ОЙЛАР Менің қазір есіме өткен жылдың көктемінде болған бір оқиға түсіп отыр. Бір топ əріптес інілеріммен бірге студент ақындардың мүшəйрасына қазылық етіп отырғанбыз. Жыр жарысы, шын мəнінде, биік деңгейде өтті. Маған, əсіресе, жастардың бойындағы бұла еркіндік қатты ұнады. Таудан құлаған өзендей немесе жер астынан шапшып шыққан фонтандай бұрқақ. Ешкімнен айылын жимайтын арда, ешкімге жалын сипатпайтын тарпаң. Бəріміз еркін де ерке мінездерге риза болыстық. Жыр сайысын қорытындылар алдында, есімі енді белгілі бола бастаған бір жас жазушы жігіт сахнаға шықты да, жоқ жерден шамырқанып, шамданып сөз сөйледі, сөзінің соңын «менің сендерге айтарым, студенттер, бір қолдарың қалам мен қағазда болса, екінші қолдарың кешегі коммунистердің жағасы мен алқымында болсын» деп аяқтағаны. Басқаларды қайдам, менің жүрегіме ине сұғып алғандай болды. Өйткені, ол сөздің астарында, əсіресе, соңғы жылдары мүлде солақай біржақтылыққа ұрынып, «коммунист» деген ұғымды барынша сұмпайы, барынша құбыжық етіп көрсетіп, санамызға орныға бастаған сол түсінікті пайдаланып, балаларын əкелеріне айдап салатын арандату жатқан еді. Əрине, ол сөзді айтқан жазушы жігіт осыншалықты бəлелік ойлады дей алмаймын. Ол да мəселенің арғы астарына үңілмей, əлгіндей санамызға сіңе бастаған коммунистке деген жеккөрінішті ұғым əсерімен сөйлегені сөзсіз. Мен оны сол жерде айттым да. Ол түсінген сыңай танытты. Шынында да, зал ішінде отырған жастардың кез келгенінің əке-шешесі, атасы мен əжесі, немесе аға-жеңгесі, одан қала берді туған-туысқаны, ағайын-жұрағаттарының біразы, немесе қимас біреуі күні кеше «коммунист» болған ғой. Сонда бүгінгі балалар, «сендер күні кеше коммунист болғансыңдар» деп өз əкесі мен шешесінің немесе атасы мен əжесінің жағасынан алып, оларды алқымдап жатса не болғаны. Онда дүниенің харап болғаны да! Рас, əсіресе, қазақ халқының большевиктік коммунистік қоғамнан көрген қасіреті мен азабын Қаратау көтеріп, Алатау арқалап кете алмайды. Ол көрген қасірет пен азапты бүкіл қазақ халқы есіне ап, бəрі бірдей бір мезгіл, бір сəтте күрсінсе қара тас та қақ айырылып, өзен-

көлдер қайнап, ормандардың шашы ағарып кетер еді! Ұлан-ғайыр қасірет, ғаламат азап! Ол қасірет пен азаптың дені əлгіндей қиялдан құбыжық, ойдан сұмпайы ұғымдар жасап, баланы əкеге, туғанды туысқа алакөз еткен əдіс пен айладан туған. Енді күні кеше ғана отарлау саясатының қолында желкілдеп жетіліп келе жатқанның бəрін түбінен отап келген ол əдіс-айланы бүгін майлап-сайлап, əлекедай жалаңдатып тағы да іске қоссақ, онда құрығанымыз, біткеніміз. Əрине, құдайғашүкір, бізгеондайқауіптөніптұрғанжоқ. Дегенмен, сіздер күні кеше коммунист болғансыздар, сондықтан құдайсызсыздар, яғни ар- ожданнан айырылғансыздар. Сіздер күні кеше коммунист болғансыздар, сондықтан интернационализмнің иегінің астында кетіп ұлттық рухты құртқансыздар. Сіздер күні кеше коммунист болғансыздар, сондықтан мүлде орыстанып, саналарыңызды бүлдіріп, сапаларыңызды жоғалтқансыздар... Міне, жастардың əке, аға ұрпаққа артар, яғни кешегі коммунистерге артар кінəсі. Мұндай-мұндай кінə тағу кейінгі кезде кейбір баспасөз беттерінде көбейіп барады. Əрине, бұл кінəларды мүлде жоққа шығаруға болмайды. Оларды жоққа шығарсақ, онда белшемізден күнəға батар ек. Дейтұрғанмен, мына ақиқатты есімізге мықтап тұтып алғанымыз жөн. Францияның монархиялық мемлекетін сол француз монархиясының ең текті тəлім-тəрбиесінің бесігінде тербеліп, күймесінде өсіп-жетілген перзенттері қалай құлатса, патшалық Ресей мемлекетін, сол мемлекеттің өзі жеткізіп, өзі оқытып-тоқытқан ұлдары қалай төңкеріп тастаса, дүниенің үрейін ұшырып тізесін дірілдетіп келген коммунистік қоғам – ұлы держава Кеңес өкіметін де басқа емес, ең алдымен, коммунистердің өздері құлатты. Бұл – факт. Мұны жоққа шығарам деп жанталасу – бос əурешілік. Коммунистердің бəрі шетінен түк білмейтін топас, түк көрмейтін надан, жандары тозған, қандары азған, ат десе ататын, жат десе жататын құлағы құнтиған құл, мұрыны шұнтиған күң болатын дегенді дені дұрыс адам айтпасы анық. Ол қоғамның əр кезеңін тарихи сүзгіден өткізіп барып баға беру керек. Мəселен, отызыншы жылдардың «ұр да жық» кезеңін Сталин өлгеннен кейінгі, əсіресе «жылымық» деп аталынатын алпысыншы жылдар кезеңімен тіпті де салыстыруға болмайды. Əрқайсысы – əр қилы. Бəрін бір қалыпқа салып қарастыру – тарихи қателік, тарихи обал.

Бəріміз жақсы білеміз, санасының шамы сөніп, бойындағы қаны семіп қалған халық өледі. Жер бетінен ұлт ретінде жойылады. Құдайға шүкір, санамыздағы шам да, бойымыздағы қан да алпысыншы жылдардағы жылымық сəулесімен қайта тұтап, қайта тірілді. Елдің көңілі оянып, көзі ашылды. Жұрттың көбі оңы мен солына қарап, алды мен артын ойлай бастады. Ой-пікірге жан кіріп, сөздердің бойына қан жүгірді. Тегін тауып, тамырын тани бастады. Сонан кейін-ақ тегін тауып марқайған, тамырын танып шалқайған атаның құтынан жаратылып, ананың сүтінен нəр алған ұлттық рух дүр сілкініп оянды. Сол алпысыншы жылдардан күні кешеге дейін, көкірегі тас түнек, құлағы тас кереңнің өзін не селк еткізіп шошытатын, не селт еткізіп жалт қарататын – қазақ – қазақ боп тұрғанда өлмейтін де өшпейтін шығармалардың ұлы рухани кезеңі пайда болды. Ол рухани кезең жұртты жеті қабат жердің астында қалған кешегімізге де, жеті қабат көктің ар жағындағы ертеңімізге де алып кетіп, алып кеп жатты. Сана түледі! Рух сілкінді! Содан кейін-ақ жабылып қалған қазақ мектептері қайта ашыла бастады. Əрине, олар «коммунистік партияның əкелік қамқорлығының арқасында» ашылған жоқ. Сана тегеурінінің, рух қысымының арқасында ашыла бастады. Ал, ол Сана мен ол Рухтың иелері – құдайдың бұл құдіретіне қараңыз! – бүгінде ерінбеген екі пенденің бірі не түртіп, не нұқып кететін коммунистік партияның мүшелері, яғни коммунистер болатын. Олардың сөзі мен əрекетінің елге тигізген ықпал-əсері орасан зор болды. Ұрпақ ұлттық дəстүр топырағында тəрбиелене бастады. Олардың жанына қазақтық қуат кіріп, олардың бойына қазақтық қан құйылды. Бұрын да айтқам, қазір де қайталап айтам, Желтоқсан оқиғасына қатысқан он алты мен жиырма алты жас аралығындағы жастардың бəрі-аспаннан түскен жоқ – сол алпысыншы жылдардағы еркектердің белінен, əйелдердің құрсағынан шыққандар. Ешнəрсе де өздігінен болмайды, тіпті кездейсоқтық та өздігінен болмайды. Кездейсоқтықтың да біз біле бермейтін өз жүйесі, өз заңдылығы бар. Ұрпақтардың рухани сабақтастығы дегеніміз осы! Реті келіп тұрғанда айта кеткен жөн, өлмес-өшпес туындылар берген сол ұрпақ, аға ұрпақ қазір елдің сөзіне, мемлекеттің ойы мен пікіріне, ұлттың намысына айналған тұлғалар десек, ақиқаттан титтей де ауытқымас едім. Əлдеқандай біреулердің тезірек көзге түсе қалуы үшін немесе коммунистік қоғам дегенді желеу етіп, өткеннің бəрін көміп тастап, жаңа дəуірді өздерінен бастау үшін

оларға тіл тигізіп, күмəн келтіру əбестік. Өсер ұрпақ – өткеннің жаманын қалдырып, жақсысын алып өседі. Олай етпейді ме, онда оның ертеңі қараң. Ол, ең алдымен, ұлт үшін қасірет болар еді. Кейбіреулердің айтып жүргеніндей, Желтоқсан оқиғасы кезінде аға ұрпақ үндемей қалған жоқ. Жұбан Молдағалиев, Сейдахмет Бердіқұлов, Мұхтар Шахановтар өздерін оққа байлағандай етіп қан жұтып, қасірет ішіп тұрып сөз айтқан жоқ па?! Бұлар аз деуі мүмкін. Əрине, аз. Бірақ, батырлар əрқашан да аз, дара болады. Олар көп болмайды. Сол тұстарда Семей полигоны мен Арал қасіреті туралы да қазақтың біртуар перзенттері Олжас Сүлейменов, Əбдіжəміл Нұрпейісов, Əнуар Əлімжановтар қақыратып сөйлеп, тұтулы тұрған темір шымылдықты түсіріп берді ғой. Жұрттың көзін ашты. Билеуші таптың үрейін алды. Сондай-ақ, Тіл жөніндегі тайталас кезіндегі Шерхан Мұртаза, Əбіш Кекілбаевтардың табанды күресін қайда қоясыз?! Міне, осы азаматтардың бəрі сол кезде коммунистер еді. Бірақ олар, ең алдымен, ұлттың перзенттері бола білді. Өзектерінде ұлттың ұлы Рухы жатты. Сол сөйлетті. Сол күреске шақырды. Қайта, қаншама қуғын мен қырғын көрген халықтың бойында рухтың өлмей аман қалғанына шүкіршілік, тəуба етуіміз керек шығар! Өйткені, кезінде күні өткен империя сол рухты құртам деп жанталасты ғой. Əрине, коммунистердіңішіндехалқынқаптапжүрген мал деп қарайтын оңбағандар аз болған жоқ. Ондай оңбағандар коммунист еместердің ішінде де жеткілікті еді. Ал бүгінгі демократтармыз деп жүргендеріміздің бəрі сүттен ақ, судан таза ма? Елдің байлығын талан- таражға түсіріп жүргендер де, ауылды бейшара күйге жеткізгендер де, Ресей «есігінен кіргізбесе, тесігінен түсем» дейтіндер де, конфедерация болайық деп көкитіндер де солардың ішінен шығып жатқан жоқ па? Ұлттық рух, ұлттық намыс қайда? Тіпті бұл жерде сөздің реті келіп тұрғанда айта кететін мəселе, қоғамды біртіндеп, сатылап емес, біржола демократияландырып жіберейік деп өңмең қағып ұмтылатындар, ең алдымен, дүние жүзінің бас демократы Кіші Буштың ісі мен əрекетіне бір қарап алса керек еді. Ол атом бомбасын жасауға қам қылып жатыр деген жолмен Иракқа бомба лақтырып, қаншама жазықсыз жандарды қырғынға ұшыратып, дербес ел Ирак президенті

Саддам Хусейнді дараға асқан жоқ па?! Нені айтсақ та кеңірек, жан- жақты қарайық, ағайын. Əрине, біздің демократияға тіпті де қарсылығымыз жоқ. Бірақ, ол ұлттық рухтың ұрығына дейін жойып жіберетін космополитизммен ұштасып кетпеу керек. Біздің демократиямыздың өзегінде ұлттық рух жату қажет. Ұлттық рух үшін коммунистік қоғамда интернационализмқандайқауіптіболса,демократиялық қоғамда космополитизм сондай қатерлі! Осыны есімізде мықтап тұтқанымыз жөн. Оның зардапты əсерлерін қазірдің өзінде көре бастадық. Эфиріміз бен экранымыздан жасалынып жатқан толассыз шабуыл – біздің сол рухымызды жойып жіберу үшін жасалынып жатқан шабуыл. Сондықтан біздің өтіп кеткен кешегі күнмен емес, бүгінгі күннің – ұлт үшін қауіпті осындай проблемаларымен күрескеніміз абзал. Əрине, əке мен бала арасындағы проблема – атамзаманнан келе жатқан, əлі де бола беретін проблема. Бір дəуір құлап, жаңа дəуір келіп жатқан тұста аға ұрпақ пен жаңа ұрпақтың бір-біріне тоңтеріс мінез көрсетуі əбден заңды. Бірақ, ол тым тереңдеп, етек алып кетпегені жөн. Мен бұл жерде жастардың атына бірқатар сын айтып, аға ұрпақтың сөзін көбірек сөйлеп кеткендеймін. Бірақ, ол аға ұрпақтың бойына мін жоқ дегенім емес. Олардың бойында мін де, кемшілік те жетеді. Көріп жүрміз. Біліп жүрміз. Ауруын жасырған адам өледі! Олай болса, несін жасырамыз, олардың бірқатары /бəрі десек күнə болады/ тым жершіл, топшыл, жүзшіл. Көз алдыңда ақиқат жылап, əділдік құлап жатады. Көріп отырып күйінесің, біліп отырып қан жылайсың. Ал оларды тыңдап отырсаң, солардан өткен турашыл, күрескер жоқ. Бірер мысал. Биыл Аңырақай шайқасының 270 жылдығы аталып өтіп жатыр. Қандай шайқас та қолбасшысыз болмайды. Ол шайқастың қолбасшысы Əбілхайыр хан болатын. Ол ұлы шайқастың – біреу қаласын, біреу қаламасын – стратегиясын да, тактикасын да жасаған сол. Біздің ұлы батырларымыз Қабанбай да, Бөгенбай да, Наурызбай да, сол кездегі бозбала батыр Сабалақ та – бəрі де Əбілхайыр ханның қол астында соғысқан. Оның кейінгі іс-əрекетіне кім қалай баға берсе, олай баға берсін, ол əркімнің өз еркі. Бірақ тарихи шындықты аттап өтуге болмайды. Егер біз Аңырақай жеңісін – ұлы жеңіс дейтін болсақ, онда Əбілхайыр хан – ұлы қолбасшы. Бұл туралы тарихи тақырып

жазушылары Əбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиндер аз айтқан жоқ. Бірақ, кейбір қадірлі деп жүрген ағайындарымыз Əбілхайыр хан атын – айналып өтуін, тоқталса да жал-құйрығы күзелген бірер сөйлеммен ғана тоқталуын қоймайды. Бұл тарихқа қиянат қой. Тағы бір мысал. Ұлт-азаттық қозғалысының теңдессіз тұлғаларының бірі Кенесары ханның үзеңгілес серігі болған Сыпатай батыр туралы да қырғыздарды шабуға қатыспаған, сырт қалған деп ұшқары пікірлер айтылады. Шындығында, Сыпатай батыр елінің ірге бүтіндігін ойлады. Бүгінгі ғана емес, ертеңгі күнінің де іргесінің қамын жеді. Сондықтан Сыпатай батырдың əрекетін сол оқиға контексінде ғана емес, болашақ күндердің контексінде де қарастырған жөн болады. Сонда шындыққа жақындай түсеміз. Одан Кенесарының атына қылау да түспейді, тозаң да қонбайды. Міне, осындай елдің басын қоспайтын, алакөздікті өршітіп, алауыздықты қоздыратын əңгімелердің айналасында кейбір қадірлі ағаларымыздың жүргеніне қайран қаласың. Біз үшін бүгінгі таңда ынтымақтан үлкен нəрсе жоқ. Мемлекетіміздің өзі сол ынтымақ деп аталатын іргетастың үстіне құрылған. Оны шайқап алмауымыз қажет. Сондықтан бір ұрпақ екінші ұрпаққа шапшып, шапшымай-ақ, бірінің шау тартқан шабандығын екіншісініңалғырлығыменшалтқимылықуаттандырып, екіншісінің балалығы мен шалалығын біріншісінің даналығы толтырып, қанаттаса əрекет еткен абзал шығар. «ОҚЫҒАН АЗАМАТ». ОЛ КІМ? Мұхтар Əуезовтің «Оқыған азамат» əңгімесін оқығаннан кейінгі ойлар Мұхтар Əуезовтің «Оқыған азамат» əңгімесі 1923 жылы жазылған. Яғни, Əуезовтің көк өрім жас кезі. Əрине, одан екі жыл бұрын ол тұла бойыңды тітіретіп, қалтыратып жіберетін «Қорғансыздың күнін» дүниеге келтірген. Содан кейін сол тұста іле-шала жазылған сүйекті шығармаларының бірі – «Оқыған азаматы».

«Оқыған азаматты» көзі қарақты, көңілі ояу көп-көп адам білсе де Əуезовтің басқа шығармаларының көлеңке тасасында қалып, ауызға ілуде ғана бір ілініп, ұзақ уақыт бойы өз деңгейінде рухани айналысқа түспей келді. Əйтпесе, бұл əңгіменің көтерер жүгі де, қопарар тақырыбы да, ашынып айтар ойы да аса салмақты, аса қуатты. Тіпті, керек десеңіз, ол əңгіме – тек кешегі күннің ғана емес, бүгінгі күннің де өзек өртер, кеудеңе өксік толтырар көкейкесті мəселесін қозғап, біздің ұлттық қасіретімізге айналып бара жатқан сорақылықты ақтара төгіп, өн бойынан қан сорғалатып тұрған əңгіме. Əңгіме желісі мынадай. Оқиға «тұрған халқының көбі қазақ болған Сібірдің кішілеу қаласында» өтеді. Сол қаланың еңселі «көк шатырлы» бір үйінде қазақ балаларына дəріс беретін, тұрмысы тоқ, тіпті кеуде қатарлы байлығы да бар болған Мақсұт деген жас жігіт ақырғы сапар алдындағы арпалысты ауыр хал үстінде жатады. Артында жалғыз шешесі, келіншегі мен жас нəресте қалып барады. Қайта-қайта сандырақтап кетіп, ара-арасында есін жиғанда соны ойлап қамығады, торығады. Əсіресе, шешесінің жағдайы жанына қатты батып: «Өзгенікі – өзге-ау, сенің күнің не болады? Сені кімге тастаймын?.. Алдымда өлмедің-ау», – деп қамығып, қан жұтады. Осындай айықпас дерт үстінде жатқан достарына қатар өсіп-жетілген бір топ құрбы-құрдастары да келеді. Солардың көз алдында Мақсұт көз жұмады. Аңырап ана, жылап жары қалады... Қайықтай сырғып күн соңынан күн өтеді. Қыстың қытымыр қыспағынан шығып, жасыл дүниеге оранып, көктем де жетеді. Бірақ қабағы қалың, кірпігі ауыр қайғы астында отырған үйдің еңсесі көтерілер емес. Мақсұттың құрбы-құрдастары келіп-кеткен боп жүреді. Біреулері сирек, біреулері жиі. Сол жиі келетіндердің ішінде, əсіресе, Жұмағұл деген пысық жігіт елден ерек көзге түседі. Мақсұттың досы. Оқыған азамат. Сөйтсе, оның жиі келісінде ішіне сұрқиялықпен түйіп, зымияндықпен тыққан есебі бар екен. Ол тіпті де бұл үйге қаралы шаңырақтың қайғысын жеңілдетейін, қорғасындай ауыр мұң басқан қабағын ашайын деп келмейді екен. Ол бұл үйге Мақсұттан қалған дүние– мүлікті бауырына басып, оның жесірі, байдың қызы Қадишаны иемденіп кету үшін келеді екен. Сол арам мақсатына жету үшін құрық бойламайтын қулыққа, ібіліс болмаса, адам ойлап таппайтын айла-

шарғыға барады. Яғни, көкейін байлық тескен Жұмағұлдың əкесі Əміренің сөзімен айтқанда «сыбағаңнан құр қалып жүрме, арсыз болмай – абыройлы болмайсың» деген доңыздай арам принциппен əрекет етеді. Арынмайлап, жанынжалдапжүріп,«жаратылысында қу, сөзінде шынынан өтірігі көп Жұмағұл» ақыры Хадишаны торына түсіреді. Əлі есін білмейтін қуыршақтай кішкентай нəрестені, əржер-əржерден айлалы қағаздар жинап, қалған дүние-мүлікке заңды мұрагер етіп ап, не қорғаны, не қорғаушысы жоқ, қаңырап қалған бір үйде шүйкедей боп омалып отырып қалған кемпірдің үйіне қанды тырнағын сала бастайды. Мұндай арсыз, сұмдық зорлыққа шыдай алмаған байғұс кемпір есінен шатасып кетеді. Қауқар көрсете алмай бүрісіп-бұғып қалған жемтігін көргенде одан сайын құтырынып, көзіне қан толып кететін жыртқыш мінезді Жұмағұл оған да селт етпейді. Қайта, қомағайлана ұмтылады. Есінен шатасып кеткен панасыз жалғыз кемпірдің үйіне – мұздай қаруланған! – солдаттар əкеледі. Оларды көрген кемпір бұрынғыдан да шатаса түсіп, тəлтіректеп барып, əлі кеткен қолдарымен төсектің басын ұстап: – «Бермеймін... Өлтір... Өлтіріп кет... Өлдім... Мақсұт... Құтқар!» – деп сылқ етіп шалқасынан жығылып қалды. Жұмағұлдар төрге шығып, мұның қасына келгенде: кемпір бойы сіресіп, көзі жұмылып, жақтары тістесіп үзіліп барады екен. Тағы бірер секөнт өткенде кемпір демі бітіп үзілді. Жұмағұл, Хадишаның мұраты орнына келді...» Əңгіме осылай аяқталады. Əңгіменің жалпы фабуласы осы. *** Мұхтар Əуезов бұл шығармасының тақырыбын тырнақша ішіне алып жазады: «Оқыған азамат». Яғни, Əуезов тырнақша арқылы мұндай «оқыған азаматқа» деген өзінің бүкіл күмəн-күдігімен бірге жүрегі лоблыған жиіркенішті сезімін көрсетіп тұр деп ұққан жөн. *** Мұндай-мұндай жүрек лобылтып, жиіркеніш тудыратын тырнақша ішіндегі «оқыған азаматтар» қазір аз ба? Тіпті көбейіп кеткен сияқты...

Ғалымдардың айтуынша, аш егеуқұйрықтарға қарағанда тоқ, семіз егеуқұйрықтар əлдеқайда мешкей, əлдеқайда тойымсыз, əлдеқайда обыр, əлдеқайда төзімсіз болады екен. Тіпті семіз егеуқұйрықтар қорек табаалмайсəлғанаашығабастаса, ашегеуқұйрықтардай басқа жақтан жем іздеп жатпай, бірден бірін-бірі жеп қоятын көрінеді. Қорек іздеп барған талай айлаға, Қорек іздеп түскен ойға, сайға да, Бір топ обыр егеуқұйрық ақыры Тап болды ғой іші толы қоймаға. Діңкелеген қанша уақыт «құт» қонбай, Болды сонда үдесінен шыққандай! – Ішіп жатты ішкен сайын құнығып, Жұтып жатты жұтқан сайын жұқ қонбай. Неткен мынау өңмен қаққан содырлық, Неткен мынау жалмауыздық, тобырлық. Неткен мынау тойымы жоқ мешкейлік, Неткен мынау қойымы жоқ обырлық. Жұтқан сайын тартынбастан құлқыны Сол қойманы түк қалдырмай тінтіді. ... Таусылды ғой талаған соң дамылсыз Қоймадағы молшылық та бір күні. Еті үйренген масайраған мастыққа, Еті үйренген аста-төкке, астыққа Семіз, күйлі егеуқұйрық – Ешқашан! – Төзе алмайды, төзе алмайды аштыққа! Сонан кейін «қиын-қыстау» шақ келіп, Бірін-бірі дұшпан көріп, жат көріп,

Бірін-бірі жегісі кеп – Ақыры – Жатты сонсоң бір-біріне тап беріп. Тойдырам деп тойымы жоқ құлқынын Қанша уақыт бірге өткізген күн-түнін, – Мешкей бір топ егеуқұйрық – осылай Жалмап жатты, обып жатты бір-бірін... Əрине, менің ондай-ондай бір-бірін жалмап, бір-бірін обып жатқан «оқыған егеуқұйрықтарға» жаным ашып, жүрегім сыздап, сүйегім сырқырап тұрған ештеңесі жоқ. Не болса, о болсын! Елдің көзін бақырайтып қойып, өлмелі кемпірді тонап алған Мақсұт сілімтіктей, олардың ішкен-жегендері іштерінен ірің боп аға ма, желкесінен шодырайып шыға ма, маған бəрібір! Тек солардың байлыққа таласқан, енді бірін-бірі жалмап жеуге кіріскен алыс-жұлыс, тартыс-таласынан елдің ішін азан-қазан алатопалаң етіп жіберетін алатай-бүлік кіріп кете ме деп қорқам. Бұл – тек менің ғана қорқынышым емес, талай-талай адамның қорқынышы! *** Елді тонаудың ең қауіптісі де, ең қатерлісі де – оның Рухын тонау. Тоналған материалдық байлықтың орны, жеріміздің желінін қазымыр əйелдей мүлде қақтап сауып, қатыбас еркектей оны біржола қаптап- қанарлап сатып жібермесек, орны толар. Толмаса да, қалғанымен елбесіп-селбесіп, үзілген жібімізді қайта жалғап, сөгілген жерімізді қайта тігіп, тесілген жерімізге жамау сап, қоңторғай болса да, тіршілік керуеніне ілесіп кетуіміз əбден мүмкін. Ал тоналған Рухтың орнын толтыру мүмкін бе? Оған көз жеткізу – қиынның қиыны. Рухтан тоналу деген, қанша тоқ, қанша қуатты болсаң да (экономикалық қуатты айтып отырмын), тəттіге телмеңдеп кез келгеннің алдында қорбаңдап билей жөнелетін цирктегі шынжырлы аюға айналасың. Біржола құрдымға кету деген сол болады.

Қазір де қолындағы тəттісімен бізді билетіп қойғысы кеп жүргендер аз емес. Алдымен жерімізге адамның басын соққы тигендей, əңкі-тəңкі етіп жіберетін даңғырап-қаңғырлаған, уылдақ-шуылдақтармен шашбауын көтерген албасты түсті, сайтан жүрісті жабайы демократия лап қойды. (Əлі де олардың күл шашып, тас лақтырып, лаң салып жатқан əлегі жетіп артылады!) Жабайының аты жабайы! Бүтінімізді бүлдірді, тігісімізді сөкті. Ақырында, басқаны былай қойғанда, арымыз бен абыройымыздың бұтындағы лыпасына дейін сыпырып алып, тұттай қалпында «лайлы газет-жорналдардың» бетіне тыржалаңаш шығарып қойды. Шығарып та жатыр. Қазір, ең жаманы, мұндай арсыздыққа етіміз үйреніп барады. Бетіміз былш етпейді. Сол бір суреттерге мəз болып, жылтыңдап қарап, жырқылдап күлетіндеріміз де бар. Көмгенде күлгірлер-ай! – деп айтатын адам да қалмай барады. Ұлттық менталитет деген тірегіміз өзегіне құрт түскен діңгектей, ішінен үгітіліп, жойылудың сəл-ақ алдында. Ал ұлттық менталитет – көкірек тұсыңды қос қапталынан қатар қамтып тұрған, рухыңның қара қабырғасы. Ол қара қабырға омырылып түсті дегенше, рухани мүгедекке айналдым дей бер. Бойыңды тіктеп жүре алмайсың. Шөбі ауып бара жатқан арба құсап қисаясың да қаласың. Ондай арбаны итеріп құлата салу оп-оңай. Тіпті итеріп жаманатты болмай-ақ, ондай арба қиялау бір тұста өз-өзінен-ақ жантая салады. Рас, кейінгі кезде, көп-көп телеарналардағы қазақ тіліндегі хабарлардың көлемін елу пайызға əупірімдеп жүріп зорға жеткіздік. Бірақ солай бола тұра, қазақ тіліндегі хабарлар əлі де ешкім көрмейтін уақыттарға – «жер аударылып», «қуғын-сүргінде» жүр. Өз жерінде! Өзінің тəуелсіз Отанында! Өз еліңде тілдің репрессияға ұшырауы деген не сұмдық! Бұлай кете беретін болса, тілдің көсегесі еш уақта көгермейді. «Жер аударылып», «қуғын-сүргінде» жүрген тілімізді дер кезінде құтқарып қала алмасақ, онда біздің ұлт ретінде біткеніміз! Мен бұл жерде тілімізді жойып жіберуге бағытталған жойқын арандатулар мен авантюраларды, экспансияны айтып отырғам жоқ. Ол бəрімізге белгілі. Ең өкініштісі, солардың қалың ортасында, айқай- сүрең салып, өзіміздің «оқыған азаматтарымыз» жүр.

Енді, міне, ғаламдастыру деген азу тістері Кордильер тауының шыңдарындай сойдақ-сойдақ, араны Атлант мұхитының тұңғиық тереңіндей алып алпауыт келе жатыр. Егер біз тіліміздің діңгегін мықтап, бекітіп алмасақ, оның «қашыр» еткізіп бір шайнағанына келмей, жұғынына жұқ та бола алмай жұтыламыз да кетеміз. Эстонияда Нарва деген қала бар. Ресей шекарасының дəл түбінде. Ол қаладағы тұрғындардың бес-ақ пайызы – эстондар. Қалғанының бəрі, негізінен, орыстар. Жақында сол қаладағы орысша оқытатын университет те, мектептер де жабылды. Тек эстон тілінде ғана оқытылатын болды. Ал Эстониядағы жергілікті тұрғындарының саны біздің Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының жартысынан сəл-ақ асады! Жартысынан! Алақандай ғана болса да, не деген қайсар, не деген шымыр, не деген рухты ел десеңші! Біз болсақ, Павлодар қаласындағы Дзержинский атындағы көшені қайталанбас ұлы ғалымымыз Сəтбаевтың атына жалынғандай боп зорға ауыстырдық. Эстондар аттөбеліндей ұлт болғанымен, олардың қолдаушылары да, қорғаушылары да жетіп жатыр, ал қазақтың қандай қорғаушысы мен қолдаушысы бар? Қолдаушымыз бен қорғаушымыз жоқ екен, онда өзімізді-өзіміз неге қорғамаймыз? Басымызға қамшы тиген жауыр аттай неге бүгежектей береміз? Қазір Ресей азаматы болу үшін сырттан келген адамның орыс тілін білуі міндетті. Солай деп заң қабылдады. Ал бізде бүлк еткен қимыл білінбейді. Бейне бір қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ бола қалғандай. Дəл осы кезде алдымен Аллатағаланың, сонан кейін уақыттың өзі тарихи мүмкіндік беріп тұр. Бізге не ала-көзімен қараған, не сұқ саусағын текешіктің құйрығындай шошайтып көрсеткен қай елге де, əсіресе, көрші үлкен елге, сіздерде де солай ғой деп уəж айта алатын кезең туды ғой. Осы бір тарихи мүмкіндікті қолдан шығып кетпей тұрғанда пайдалануымыз керек. Ертең кеш болады! Бұл мəселеде «ештен кеш жақсы» деген сөзіңіздің құны көк тиын! Тіпті болмаса, одан гөрі майлы табан, жұмсақ варинатқа барайық. Қазір, оны бəріміз жақсы білеміз, жазылмаған бір заң бар. Ол жазылмаған заң, несін жасырамыз, талай-талай жазылған заңдарыңыздан əлдеқайда тегеурінді, əлдеқайда үстем. Ол жазылмаған

заң – орыс тілін білмесең, əсіресе, қалаларда, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істей алмайсың. Істеткізбейді! Істеткізбейді емес-ау, жанына жолатпайды. Ең болмаса, мемлекеттік тілді білмейтін қазақ баласы (орыс баласын қоя тұрайық) мемлекеттік мекемелерге жұмысқа қабылданбайды деген қаулы шығаруға болады ғой. Орыстарды əзірше қоя тұрайық. Олар соншалықты ақылсыз халық емес. Осыдан кейін-ақ олар өздеріне де бір тықыр таянғанын, күні ертең олардан да сұрау болатынын сезеді. Қазақша үйрене бастайды. Сонан кейін үш-төрт жыл өткізіп «мемлекеттік мекемелерге жұмысқа қос тілді – қазақ тілі мен орыс тілін қатар меңгерген азаматтар ғана қабылданады» деп заң шығарайықшы. Тіпті қазақ тілін айырып жазбай-ақ қояйық. Апыр-ау, ең болмаса, осыны істеуге болады ғой. Əйтеуір, бұл – миллиметрлеп, сантиметрлеп, ұлулық «жылдамдықпен» болсын алға жылжу əрекеті. Əйтпесе, несіне жауырды жаба тоқимыз, тіл тағдыры тығырыққа тіреліп тұр. Бір жерді шиырлауға айналдық. Оны жасырып жарамсақтанудың да, күлбектетіп көлкілдетудің де қажеті жоқ. Тығырыққа тірелу – дағдарыс. Ал дағдарыстың бəрі де жақсылыққа апармайды. Тіліміз өсіп-өркендеп жатыр деп дүңкілдету күпіршілік. Рас, тіл туралы ділмəрсіп бəріміз де айтып жатырмыз. Егер нақты əрекет болмаса, оның бəрі улыған-шулыған құр сөз боп қала береді. Осы жерде ертеректегі бір əңгіме есіме түсіп отыр. Бір ағамыз ауласына шөп түсіріп, сонан кейін оны айырына шетінен іліп ап, қорасының ішіне үйіп жатқан ғой. Əр шаншыған шөбін көтеріп ап, оны шөмелеге нықтап салған сайын «мə, Бейсенбай, осымен жат», «мə, Сейсенбай осымен қата қал», «маған əншейінде күш көрсетіп жүргізбейсіңдер, сендердің көкелеріңді көрсетейін» деп ауылдағы құрдастарын бір айыр шөпке балап лақтырып жатады. Ту сыртынан білдірмей келіп қарап тұрған əйелі: «Отағасы-ай, ол байғұстарды аясаң қайтеді, мүлде қор қылдың ғой», – депті. Сонда ағамыз: «Түу, құдай-ай, оларды қор қылайын деп қор қылып жатырмын ба?! Өздері ғой тыныш жүрмейтін», – деп шат- шəлекей ашуланған екен. Қазір де біздің тіл жөніндегі көрсетіп жүрген қайратымыз дəл сол ағамыздың сырттан қоқаңдаған қайраты сияқты.

Міне, осы мəселелердің бəрінің басы-қасында біреуі тырнақшаның ішіне кіріп бүктетіліп жатқан, біреуі тырнақшаның ішіне сыймай қорбиған оқыған азаматтар жүр. Тағы да тырнақшаның ішіне сыймайтын оқыған азаматтарды тырнақшаның ішіндегі «оқыған азаматтар» өкшесінен басып аттатпай, ауыздан қағып сөйлейтпей байбалам салып жүргенін көріп те, біліп те отырмыз. Ал олардан байбалам салады екен деп ыға берсең, біздерін бүйірден сұға береді. Байқап отырсақ, біздің бойымызды да, ойымызды да «соңы не боп кетер?» деген бір шоқып, екі қарайтын жалтақтық жайлап алған. Ақкөз батыр болмай-ақ қояйық. Бірақ, көзі бақырайған пақыр да болмауымыз керек қой. Əрине, сақтық, тағы да сақтық керек. Бірақ ғұмыр бойы əркімнің бетіне бір жаутаңдап, жалтақ боп өмір сүруге де болмайды. Ондай елді ешкім құрметтеп, қадірлемейді. Күні кеше ғана, Кеңес өкіметі кезінде жалтақ болудың классикалық үлгісін көрсеткенбіз. Сонда жақтық па? Өзгені айтсам – Қол жетпейтін Аспан мен таудай еттім. Өзімді айтсам – Өңменінен итеріп, Өзегінен теуіп Жаудай еттім. «Ағамыз» ақырса, Бақшадағы Шоқпыт қарақшыдай Жалбаң қақтым. Шақырса, Боқтық көрген қарғадай Қалбаң қақтым. Арқамнан қақса,

Туысымды ұстап бердім. Кеудеме Темірін тақса, Қойнына қыз сап бердім. Жасыл жайлауым Сортаң мен сораң болды. Қазғаным – Өзімнің көрім, Көмгенім – Өзімнің молам болды. Сонда да жақпадым! Жалтақ болсаң, қанша жалпылдап жалбырасаң да жақпайсың. Қайта, жалбыраған сайын жалбыратып қояды. Еңсеңді биік ұстамасаң, еңкейген үстіне еңкейте береді. Бұл жөнінде Америка елінің Атасы атанған Вашингтонның мынадай сөзі бар: «Өзгелермен қанға сіңген қаскөйлікпен немесе қанға сіңген ықыласты ниетпен қатынас орнатқан ұлт – белгілі бір дəрежеде құлға айналады». Байқап отырсыз ба, тіпті ықыласты ниетпен қатынас орнатқан ұлттың өзі құлға айналады екен. Бұл жерде қазақтың «əркім сыйлағанның құлы» деген сөзі де əдірə қалған жоқ па?! Əрине, ол сөз адам мен адам арасындағы қарым- қатынасқа əлі де қызмет ете берер, бірақ мемлекет пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа, Вашингтонға құлақ асар болсақ, тіпті де жарамсыз болып шығады. Бұл жерде Вашингтон, кім-кіммен болса да, ара қашықтығыңды сақтай біл деп ескертіп тұр ғой. Жалбырама да, жалтақтама да! Ал, жалтақтық бар жерде жағымпаздық та, өтірік пен өсек те, бəле- жала да құрт-құмырсқадай өріп кететіні тағы бар. Еңсесі биік елде олардың бəрі қуыс-қуысқа жасырынып, індері мен індікештеріне тығылып жым болады. ***

Кейінгі кезде, əсіресе, жергілікті əкімдерді сайлау керек пе, əлде тағайындау керек пе деген мəселеге келгенде оқыған азаматтар тағы да қақ жарылып тұр. Өз ойымызды бірден айтайық: облыс пен аудан əкімдерін сайлауға жіберу – əлі ерте. Бұл – піспеген шикі мəселе. Ресейдің өзі Краснояр өлкесіндегі айқай-сүреңмен өткен соңғы сайлау кезінде бұл мəселе жөнінде қатты ойланып қалды. Көптеген саясаттанушылар, ғалымдар, мəдениет өкілдері жергілікті губернаторларды Президенттің Үкімімен тағайындау керек деп жамырап ұсыныс айтуда. Ресей – қырық ұлт пен ұлыстан құралған Федеративтік республика. Оның қасында бізге не жорық? Тыныш жатқан елді дүрліктіретін айқай-сүреңнің не қажеті бар?! Бұл мəселе жөнінен Абай заманындағы болыс сайлауынан алыс кете қойған жоқпыз. Өйткені, кезінде, тəуелсіздік алғаннан кейін, ата тегімізді танып білуіміз керек деп, соншалықты қасиетті де қастерлі салтымызды даңғаза науқанға айналдырып алдық та, бойымызда бұғып жатқан, тұла бойын түк басқан құбыжық рушылдықты оятып алдық. Олай емес деп ешкім де айта алмайды. Бұл – шындық. Əйтеуір, трайбализм келе қойған жоқ. Оған да шүкір. Абай болыс сайлау жүйесін қазақ даласына лаң мен əлек əкелген отаршылдық салған ойран ретінде қабылдайды. Ол өзінің үшінші қара сөзінде: «...малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, əуелде ішімізбен қас санадық. Əрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын жəне де ептеп мал жиюға күшім жетімді блсын деп, қызметке, болыстық билікке таластық. Ол болыс болғандар өзі қулық- арамдықпен болыстыққа жеткен соң момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді» деген ғой. Сөз жоқ, əрі қауіпті, əрі кеселді құбылыс. Осы сөздерден-ақ Абайдың отаршылдықтың қазақ даласына орнатқан билік жүйесіне деген жиіркенішті көзқарасы көрініп тұрған жоқ па?! Елдің ынтымағын бұзып, бірлігін бүлдіріп, ырысын шашып, құтын қашырып кететін бұл билік жүйесінің рушылдыққа уланып қалған қазақ халқы үшін аса қатерлі, аса қауіпті екенін бүкіл жан- тəнімен, бар болмыс-бітімімен сезінген Абай: «Үш жылға болыс

сайланады. Əуелгі жылы «сені біз сайламадық па» деп елдің бұлданғанымен күні өтеді. Екінші жылы кандидаттықпен алысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлау жақындап қалып, «тағы болыс болып қалуға болар ма екен?» деп күні өтеді. Енді несі қалды?» – деп күйінеді. Шынында да, қарақан басының қамын ойлап кеткен жан елдің жайын не қылсын. Елдің бірлігінің тоз-тозын шығарып, татулығының туыр- лығын кесіп, ынтымағының ырысын төгіп, ауызбірлігінің шаңырағын ортасына түсіріп кететін болыстық сайлау сияқты құбыжық құбылыстан қатты түршігіп, шошыған Абай билік басына келетін адамның одан да «уездный начальник пен военный губернатордың назначениесімен» болғанын қалайды. Амалсыздықтан қалайды! Өйткені, ол мұны, сол тұста, елді болыстыққа екі жар етіп таластырмай, бөлінуден, бүлінуден аман алып қалар бірден-бір амал деп ойлаған. Аудан, облыс əкімдерін сайлау жөніндегі мəселеге біз де дəл осы тұрғыдан қараймыз. Абайдан ақылды емеспіз. Президент бұл мəселе жөніндегі пікірін əлденеше рет қадап тұрып қайталап айтты. Əйтпесе, сайлауға жіберілген екі «оқыған азамат» бүгінде – Елін де ойламай, Жерін де ойламай. Опыратын Жемін ойлайды. Отыратын Төрін ойлайды. Біреуі танкідей болып Шынжыр табандарымен «Кірш» еткізіп, Басып жібереді. Біреуінің араны Зеңбіректің аузындай Ашылып «Гүрс» еткізіп

Атып жібереді. Содан кейін-ақ, ел іші топалаң тартысқа, алақұйын айтысқа толады да кетеді. Ол тартыс пен айтыстың салдары бітіспейтін өштесу мен келіспейтін кектесуді тудырса, қайтесің?! Оның үстіне айналамызда Абай заманынан да көп анталап қарап тұрған жұрт сондай бір айтыс пен тартыс, апалаң мен топалаң болса екен деп алақандарын қысқа күнде қырық ысқылап отырған жоқ па?! *** Бүгінгі таңда жерді сату, сатпау мəселесі де жүрегіңмен байланып, ішегіңмен оратылып жатқан мəселе. Əрине, мен жерді əзірше сатпау жағындамын. Менен бұрын да талай-талай адам айтты: жерді сатып алуға ел дайын емес. Күнделікті нанын зорға сатып ап жеп отырған ел жерді қалай сатып алмақ?! Қанша арзан болса да, жердің аты жер ғой. Оның үстіне, қолындағы қотыр лағына дейін салып жерді сатып алғанның өзінде, ол жерді техникасыз қалай өңдемек?! Сатып алуға қабілеті жететіндер сатып ала берсін дегендерге де мен күдікпен қараймын. Олар кімдер? Бұл мəселеде «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» деген де аз. Жетпіс рет өлшеп, жетпіс жеті рет үңілген жөн. Сату деген – сауда. Онда достық та, жанашырлық та жоқ. Сауда ғұмыры таза болмайды. Оның айналасында балға үймелеген шыбындай алдау мен арбау да, қулық пен сұмдық та қарақұрым боп қаптап кетеді. Көзіңді аша алмай, құлағыңды баса алмай қаласың. Бұл жерде тағы да айта кететін нəрсе, бұл саудада, ол қалай жүргізілсе де, бəрібір қазақтар ұтылады. Өйткені, қазақтар кезінде отаршылық тұсында құнарлы, қоңды жерлерден ығыстырыла-ығыстырыла шөл мен шөлейтті жерлерге шығандап кеткен. Алдымен қазақтар өздерінің атақоныстары боп саналатын сол құнарлы жерлерге сыналап емес, көптеп, тіпті қаптап кіріп алу керек. Сол жерлерге көптігімен иелік етсін, билігін жүргізсін. Ол үшін біз сан жағымыздан өсуіміз керек. Өсу үшін де бізге ондаған жылдар қажет. «Асыққан – шайтанның ісі». Бірақ жерді сату керек деп жалаулатып жүрген желбас, желбуаз «оқыған азаматтар» аз емес...

*** Топырағың торқа болғыр, ұлы Мұха! Сіз безініп, тырнақшаға алған «оқыған азаматтар» қазір де көбейіп тұр. Тым көбірек!.. “Жас Алаш”, 12 қазан, 2002 ж. БІР ҰЛТ НЕГЕ ЕКІ ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙДІ немесе мəңгірттікке зомбилық келіп қосылмай ма? Бəріміз жақсы білеміз, қазақта «тірі өлік» деген ұғым бар. Бұл тіркес, əдетте, ұзаққа созылған ауыр дерттен əбден қалжырап, еті сүйегіне жабысып қалған, кеудесінде шығар-шықпас жаны бар, төсек тартып жатқан адамды көргенде пайым-түсінігі доғалдау, сөзі дөрекілеу жанның аузынан шығады. Сондай-ақ ол тіркестің басқа да мағынасы бар. Жанына тиетін сөз естісе де салбыраған басын көтеріп бетіңе қарай алмайтын, не айтсаң да айтқанға көніп, айдауға жүре беретін, ас ішіп, аяқ босатуға ғана қауқары бар, намыстан мақұрым, жігерден жұрдай адамды да тірі өлік деп жатамыз. Мұны біз не үшін айтып отырмыз? Қазір біраз уақыт болды, əлемдік сөз қолданыс қорына «зомби» деген қатерлі термин кіріп, орнығып алды. Қиыр түкпірдегі Гаити аралын мекендейтін бір тайпа қолданатын ол сөз «тірі өлік» деген мағына береді екен. Жады жойылған, ерік- күшінен айырылған, тұла бойын немкеттілік пен салғырттық жайлап алған ондай жандар туралы өзінің тақырыптық жəне айтар идеясының сонылығымен байытқан бірқатар фильмдер түсіріліп, ал осы тақырыпқа жазылған Джордж Ромероның «Тірі өліктердің бір түні» триологиясы мен жапон жазушысы Харуки Муракамидің «Зомби» романы көптеген тілдерге аударылып кетті. Зомбилықтың аса қатерлі, аса қауіпті əлеуметтік құбылысқа айналып кеткені сонша, Гаити мемлекеті ол туралы өзінің Қылмыстық кодексіне арнайы тармақ та енгізген. Өйткені, зұлымдықтан тамыр тартқан қара ниетті емдомшылар мен сұрқия пиғылды бақсы-балгерлер əлдеқандай құйтырқы əрекеттер арқылы улы дəрілер беріп, оларды бас көтере алмайтын бейшара, су сұрап ішуге жарамайтын сорлы ғып, сонан кейін

ертеден кешке дейін плантацияларда салпаңдатып жұмыс істеткізіп қояды екен. Əрине, əдетте, соқыр сенім мен иланымға құлай жығылған қарапайым халық мұндай қасіретті құбылыстың төркінін əлгіндей қараниетті, сұрқия тілекті бақсы-балгерлерден іздестірмейді. Олар, ең алдымен, ақылға сыя бермейтін, көңілге қона бермейтін, сол бақсы-балгерлер таратқан аңыз-əпсəналарға сенеді. Ол аңыз-əпсаналардың айтуынша, көзге бірде көрініп, бірде көріне бермейтін құбыжық күштер тіпті көрде жатқан өліктерді де орындарынан тұрғызып, сыртқа шығарып алады екен де, оларды қара жұмысқа жегіп қояды-мыс. Қарапайым халықтың сол бір көзсіз наным, соқыр сенімге беріліп кеткендері сондай, қайтыс болған өз жақындарын, құбыжық диюлар шақырған кезде орындарынан тұрып кетпесін деп, оларды етпеттерінен салып, аяқ-қолдарын шынжырлармен мықтап шандып, кеуделерін ауыр тастармен бастырып жерлейді екен. Сонан кейін тіпті сол өлі денелердің аузына топырақ толтырып, олардың еріндерін бүріп тігіп тастайтын көрінеді. Егер ғайыптан тайып тұрып кеткендей болса, ұрпақ қалмасын деп олардың жыныстық мүшелеріне дейін бүлдіріп тастайды екен. Неткен вандализм! Неткен тұрпайы қатыгездік! Көрмек түгілі, естіген жанның құйқасы шымырлап, жаны түршігетін көріністер! Əрине, мұндай тұрпайы қатыгездіктің бəрі, мына жер бетінде тірім түгілі, өлген адамым да орындарынан тұрып кетер болса, «тірі өлік» боп өмір сүрмесін деген қорқыныштан туып отыр. Біз өзіміз де тек сұлбасын сүйретіп, құр елес, құр көлеңке болып жүрген жандарды көргенде күйініп тұрып: «Бүйтіп қор болып жүргенше өмір сүрмей-ақ қойған жақсы ғой» демейтін бе едік?! Өткен жылы ғана «Известия» газетінде жарияланған «тірі өлік» – зомби туралы осы мақала мынадай сөйлемдермен аяқталады: «...Құжаттық нақты дəлел-дəйектемелермен бекітілмеген кейбір куəлердің айтуынша, 1980 жылдары КСРО мен АҚШ-тың əскери лабораторияларында адам психикасын «роботтандыратын» дəрі- дəрмектер жасалынған. Бірақ, ондай нəтижеге тобырлық мəдениет пен телевизия анағұрлым тез жеткізетіні белгілі болды». Оған бүгін біздің де көзіміз əбден жетіп отыр. Жабайы демократияның жал-жал боп көтерілген лайлы толқынды тасқындарымен бірге талғам-

түйсіктен жұрдай, иман мен адамгершіліктен мақұрым, ұятсыздық пен арсыздықтан тұратын тобырлық мəдениет үйіміздің төрінде тұрған көгілдір экрандардан, радиолардан, кез келген бұрышта тұрған дүңгіршектердегі кірпіш-кірпіш боп қаланған бейнетаспалардан күні- түні толассыз ақтарылып, есімізді есеңгіретіп, санамызды сарсылтып, ойымыз бен бойымызды қатар улаған жоқ па?! Несін жасырамыз, əлі де улауда. Əсіресе, алғашқы кезде ол уға қарсы тұратын біздің ойымыз бен бойымызда иммунитет те қалыптасып үлгермеген еді. Содан барып даңғыраған даңғазалықтан, имансыз көріністер мен ұятсыз əрекеттерден шақшадай басымыз шарадай боп, тамырынан айырылған қаңбақтай ібілісті желмен бірге домалап бара жатты ғой... Тамырдан айрылған соң-ақ не болсын! Тамырдан айырылған бəрінен айырылады. Ондай жанда кісілік те, имандылық та, ұлттық намыс та, жігер мен қуат та болмайды. Ондай жан жел қалай соқса, солай қарай домалап бара жататын қаңбаққа айналады. Ақырында бір сайдың түбінде қурап- семіп, жүріп өткен тұяқтардың астында ұнтақталып, үгітіліп құриды. Теледидар экранынан, радиолардан, «қоқысты» газеттерден, бейнетаспалардан ақтарылып-төгіліп жататын жанымызға жат тобырлық мəдениеттің де мақсаты – осы. Яғни, адамды ес-түсінен айырып есеңгіретіп, көзін де, сөзін де, ойын да, бойын да əбден улап, тамырынан айырып, қаңбақтай домалатып, ебелектей ұшырып, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп қою. Ұлттық жадтан айыру, ұлттық мүддеден кесіп тастау. Бір сөзбен айтқанда, зомби ету, тірі өлікке айналдыру. Бірақ, бір шүкіршілік етеріміз, ол бір сұмпайы құбылыс бəрімізді бірдей еліктіріп, бəрімізді бірдей ес-түсімізден мүлде айырып кете алмапты. (Өкінішке орай, ес-түсінен айырылып, қайта оралмастай боп еліріп кеткендер қаншама!) Құмның жусаны сияқты тамырларын тереңге жібергендер, құдайға шүкір, бар екен. Селдей жөңкіліп, топан судай қаптаған сол бір тобырлы мəдениетке біртіндеп болсын тосқауыл қойыла бастады. Ол тосқауыл бұдан əрі де қойыла бере ме деген үміт те, сенім де бар. Экрандарымыз да, радиоларымыз да, баспасөз беттері де, тұтастай болмаса да, сол бір қаптаған рухани қоқыстардан ақырындап болса да аршылып келеді. Дей тұрғанмен, кезінде еселеп кетіп қалған есеміздің орнын толтыру үшін, қайтадан ұлттық рух тамырын тереңдетіп, ұлттық мүдде аясын кеңейту үшін қаншама қайрат жұмсап, қаншама тер төгуге тура келеді.

Не болғанда да, біз қазір ұлттық рухани қауіпсіздігіміз нығайып, одан əрі беки бере ме деген үміт жібінің ұшын ұстағандаймыз. Тек сол үміт жібі қолымыздан сусып шығып кетпесе екен деп тілейік. Зомби ету, яғни тірі өлікке айналдыру сияқты қатерлі құбылыс өзінің шыққан тегі мен болмыс-бітімі жағынан бəрімізге етене таныс мəңгүрттік ұғымымен табиғаттас, құрсақтас деуге болады. Мəңгүрттік сияқты қауіпті құбылыс жайында кезінде заманымыздың аса көрнекті жазушылары Əбіш Кекілбаев пен Шыңғыс Айтматов өздерінің шығармаларында айрықша тоқталып, оны метафоралық деңгейге көтеріп, оған əлеуметтік жүк арқалатып, сан қырын ашып, жан-жақты көрсете білді. Ол екі шығармада да суреттелетін мəңгүртке айналдыру процесі бірдей: шашы тап-тақыр етіп алынған адам басына жаңа сойылған тайлақтың терісі кигізіледі. Сəлден кейін кепкен тері тырысып жиырылып, шекені қысып зар илетеді. Бірер аптадан кейін өскен шаш кепкен теріден өте алмай, кері өсіп бастың жұқа құйқасын тесіп өтіп миына жетеді. Сонан кейін адам жадтан да, тілден де айырылады. Қолға үйретілген екі аяқты мақұлықтық кейіпке түседі. Əбіш Кекілбаев өз хикаясында қатыгездік пен қаскөйліктің, адамды қорлау мен аяқ асты етудің ең бір зұлым, ең бір тағы табиғатын ашып көрсетсе, Шыңғыс Айтматов оны өз анасын да атып өлтіруден тайынбайтын топас қаруға айналдырады. Адамды мəңгүртке айналдырудың басқа да сорақы түрлері болған. Ол тарихтан белгілі. Осман империясы тұсында «янычарлар» деп аталатын айрықша дəрежеге ие жазалаушы топтар болған. Олар кімдерден құралған дейсіз ғой. Ол топтар, негізінен, кезінде жаулап алған елдердің ішінен емшектен енді шыққан немесе енді ғана апыл-тапыл жүре бастаған, əйтеуір əлі есі кіре қоймаған нəрестелерді ұрлап болмаса тартып алып, оларды ер жеткенше арнайы орындарда бойларына əскери қаталдықты, тіпті қатыгездікті сіңіріп тəрбиелеген жауынгерлерден құралған. Ал, ол жауынгерлерді бір кезде өздері дүниеге келген елдерде Осман империясына қарсы бас көтерер болса, соларға жіберіп отырған. Яғни, шыққан тегінен мүлде бейхабар ол жауынгерлер бір кездегі өзінің елін, өзінің ағасын, өзінің інісін, тіпті əкесі мен шешесін аяусыз жазалаған. Көрдіңіз бе, шыққан тегің мен өскен тамырыңнан айырылып, жадың жойылса-ақ өзіңнің құрсақтас

бауырыңа, өзіңнің қандасыңа, өзіңнің ұлтыңа қарсы қолданылатын қаскөй қаруға айналу оп-оңай. Біз бұл жолдарды да тектен-тек жазып отырған жоқпыз. Адам бойындағы жад та, дəстүр де, ұлттық рух та, ең алдымен, ұлы мəртебелі Тіл арқылы қалыптасады. Тілсіз жад та, дəстүр де, толыққанды ұлттық рух та қалыптасуы мүлде мүмкін емес. Мүмкін десе, өтірік айтады. Қазақ тілінің өркендеп-өсіп, өрісінің кеңіп, аясының ауқымдана түсуіне, тіпті оған күл шашып, тас лақтырып жүргендер, ол тілдің адресіне бет-ауыздары шылп етпей, бейəдеп бейпіл сөз айтатындар, яғни тұтас бір ұлттың, одан қала берді өзінің ата-бабасының аруағын қорлайтындар кімдер? Өз топырағын жоғалтқандар, өз тіліне өгей болғандар, басқа тілдің нəрін сорып, басқа тілде тəрбиеленгендер. Ана тілін жақсы білетін адамның – тіпті ол қаншама имансыз оңбаған болса да! – өз тіліне қарсы албаты бір сөз айтқанын көрдіңіз бе? Көрген жоқсыз. Көрмейсіз де! Əрине, өзге тілде тəрбиеленгендердің бəрі шетінен осындай көздері тарс жабық көрсоқыр, көкіректері тас бітеу көрмəдік десек, қатты қателескен болар ек. Олардың ішінде, аракідік болса да, өз тілін білмегендері үшін опынатындар да, өкінетіндер де бар. Бəрін былай қойғанда, өткен жылдың соңына таман Парламентте сөйлеген орыс тілді депутат Уəлихан Қайсаровтың қазақ тілі туралы сөйлеген сөзі оның жан айқайындай естілген жоқ па?! Ол, əрине, жалғыз емес. Дей тұрғанмен, олардың қатары əлі де болса аздау боп тұр-ау, аздау боп тұр! Сондай-ақ белгілі бір идеологияның қыспақ-құрсауында қалу да ұлттың ойлау жүйесін ойран етіп, ұлттық сананы жапырып күйретіп кететінін Кеңес өкіметі тұсында көре алдық. Қаншама ұлттар мен ұлыстар өз топырағынан безініп, өз тамырын өзі қырқып, идеологиялық құлақкесті құлға айналды. Басқаны былай қойғанда, əке мен баланы, аға мен ініні бір-бірімен атыстырып-шабыстырып қойған жоқ па?! Ол идеологиядан көрген құқайдың бəрін бұл жерде тізбелемей-ақ қояйық. Тек сол идеологиялық құлдықтың бет-бейнесін боямасыз көрсететін бір мысал келтіре кетейін.

Сексенінші жылдардың ішінде Жазушылар одағының шығармашылық үйінде демалып жаттым. Белгілі ғалым, сыншы ақсақал Мұхаметжан Қаратаев та сонда екен. Бір күні кешке қарай сол кісімен есік алдындағы ұзынша орындықта қатар отырып қалдық. Тек екеуміз ғанамыз. Мен, əрине, ол кісінің басынан өткен əр түрлі оқиғалардан, өзінің де қуғын-сүргінге түсіп, көп жылдар бойы айдауда болғанынан үстірттеу болса да хабардармын. Сол жайлар ойыма түсіп кетті де мен ол кісіден: – Аға, егер қателеспесем, сіздің айдауда жүрген кезіңіз Сталиннің қайтыс болған мерзіміне сай сияқты. Солай ма? – деп сұрадым. – Иə. –Сталинөлдідепестігендеріңіздеқуаныштарыңызда шек болмаған шығар. Мұхаң басын төмен салбыратып біршама отырып қалды да, бір кезде жүзіме қарап: – Шынымды атайын, айдауда жүргендердің дені сол күні «Сталин өлді, ендігі күніміз не болады» де қатты қайғырып, ебіл-дебілдері шығып жылады, – дегені. Сəлден кейін: – Бəріміз құл болдық қой, – деп орнынан тұрып кетті. Мінеки, идеологиялық құлдық деген адамды адамдық болмыстан айырып, қалай құлдыратып, қалай құрдымға тығып жібереді. Олай демей, не дерсің?! Сталиннің адам айтқысыз қатыгез пəрменімен елінен, жерінен, туған-туыстарынан, бала-шағаларынан айырылып, тағы да маңдайларына «Халық жауы» деп аталатын қарғыс таңбасы басылған, тозақтай азап пен қорлықтың небір сұмдығын көріп жүрген жандар «Сталин өлді, ендігі күніміз не болады» деп ебіл-дебілдері шығып жылаған. Мұнан өткен құлақкесті құлдық болар ма?! Орасан қуатты тетіктермен жұмыс істеген идеологиялық індет адамдардың еттерінен өтіп, сүйектеріне сіңіп кеткен ғой. Əлбетте, бұл жерде ұлттық мүдде, ұлттық рух хақында сөз қозғап жатудың өзі артық. Осы əңгімені естігеннен кейін менің есіме өзім білетін ертеректегі бір оқиға түсті. Кейіннен сол оқиғаға байланысты «Сталин өлген күні»

деген өлең дүниеге келді. Бұл күнді мен, Бұл күнді мен білемін. Есіме алсам бұлқынады жүрегім. Жылдар бойы алданғанын білмеген Ағыл-тегіл жылап тұрды ұлы елім. Көз алдымда жұрттың өксік, солқылы, Көз алдымда жұрттың қара толқыны. ... Кім біледі қандай шайтан түрткенін Қожан ағам ішіп апты сол күні. Жұмыс істеп, сөз сөйлейтін белсеніп, Қожан ағам жан-тын қарар ел сеніп. Сталин сол өлген күні жүріпті Түркістанның көшесінде теңселіп. Оның бəрін білмейді өзі бірақ та. Сөздер айтқан жағымсыздау құлаққа. Келе жатып кедір-бұдыр көшемен Бір-екі рет тұрған сонсоң құлап та. Оның бəрін білмейді өзі бірақ та. Құлап тұрған... қолтығы да сөгілген Ұстаймын деп əлдеқандай темірден... Милицияға – шаш орнына бас алған – Мынау сұмдық қылмыс болып көрінген. Біреулерге жетіп келген кимелеп Сөздер айтқан Қожан ағам: тиме! – деп

Басқа айыбы жоқ қой оның Бірақ та Алып кеткен оны соғып, сүйрелеп. Алданған жұрт шер, қайғысын ақтарып, Сталинді жоқтап жатты топтанып. ... Сонан кейін бірер күннің ішінде Кетті Қожан жиырма жылға сотталып! Бір сөзбен түйіп айтсақ, ол заманда түрменің арғы жағы да түрме, бергі жағы да түрме болды ғой. Шүкір, құлдық пен қылкөпірлерден өтіп жүріп тəуелсіздікке де əупірімдеп тұяқ іліктірдік. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болды. Бірақ, тəуелсіздік алғаннан кейін де əрі қарай аттап өтуге мүмкіндік бергісі келмейтін айқұш-ұйқыш боп керіліп жатқан шынжырлы кедергілер мен қар астына көмілген қақпандар аз болмай шықты. Тайып кетсең тарпа бас салғысы кеп, ту сыртыңнан қадалып тұрғандары қаншама! Əрине, біз қазір зомби-тірі өліктер де, жады мен есін жоғалтқан мəңгүрттер де, намыссыз найсап текті құлақкесті құлдар да емеспіз. Дегенмен, ... иə, дегенмен... Осы бір «дегенмен» деген күдік пен күмəн арқалаған сөз көсіліп сөйлейік десек, тілімізді тұтқыштай тұтып, алшайып аттайық десек тұсау боп оратылып, адымымызды аштырмай тұр. Өйткені, əлі күнге біздің ұлттық рухымыз бетегедей пəс, ажырықтай аласа. Оны олай емес еді деп, жасырып жаба тоқудың қажеті жоқ. Ұлттық рухтың Темірқазығы тіл десек, онымыз борпылдақ жұмсақ жерге қағылған қазықтай былқылдап тұр. Қайратты тілсіз ұлттық рух болуы мүмкін емес. Ал тіліміз – төтесінен айтайық – кіріптарлық күн кешуде. Əрине, оның Конституциямен бекітілген «мемлекеттік» деген алтын айдары бар. Бірақ, ол алтын айдар сом алтынның өзінен құйылмағандай, тек алтынның буымен ғана жалатылғандай əсер қалдырады. Сондықтан да ол айдарда жұртты айбынтатындай айбар жоқ. Ол шын мəніндегі мемлекеттік дəреже- деңгейге көтерілмеген. Өйткені тіліміз орыс тіліне кіріптар. Яғни, ол

орыс тілінің тасасында қалып қойды. Мұны жұрттың бəрі, əсіресе қазақтар, көріп те, біліп те отыр. Бұл жерде орыс тілінің тіпті де кінəсі жоқ. Бəрі өзімізден. Көзі ашық адамның бəрі көріп, көңілі ояу адамның бəрі біліп отырғандай, бүгінгі таңда толық мəніндегі мемлекеттік тіл міндетін орыс тілі атқарып отыр. Ол құдайға да, адамға да аян шындық. Олай емес деп ешкім де айта алмайды. Өйткені, мемлекетіміздің бүкіл дипломатиялық, саяси, экономикалық, əлеуметтік қызметтері, тіпті мəдени шараларына дейін, негізінен, орыс тілінде жүргізіледі. Қазақ тілі тек жанама ғана қызмет атқарады. Бұл жерде тіпті де ойдан шығарып отырған ештеңеміз жоқ. Өздеріңіз қараңыздар, шет елдердегі елшіліктердің бəрі дерлік өздерінің қызмет аясында тек орыс тілін тұтынатыны, басқа елдермен саяси, экономикалық қарым- қатынасымыз тек орыс тілінде атқарылатыны, үкіметіміздің үлкенді- кішілі отырыстарының бəрі тек орыс тілінде өткізілетіні өтірік емес қой. Оны бəріміз күнде көріп, біліп отырмыз. Сонда біз қалайша қазақ тілін шын мəніндегі мемлекеттік тіл дей аламыз? Ащы болса да ашығын айтайық, егер ол мемлекеттік тіл болса да – декаративті мемлекеттік тіл. Бұлай ету кімге керек? Өзімізді-өзіміз алдарқату үшін бе? Ғұмыр бойы қаншама рет алданып, қаншама рет жер соғып қалған халықты қашанғы алдай береміз. Алдаудың да, алдарқатудың да шеті мен шегі болмас па?! Ол халықтың арманы мен үмітінің де Алладан болсын, адамнан болсын түбінде бір сұрауы болады-ау деп ойласақ қайтеді? Қазақстан – унитарлы мемлекет. Яғни, ол ежелден тек қазақ деген ұлт қана мекендеген территорияда шаңырақ көтерген мемлекет. Қалған ұлттар мен ұлыстардың бəрі тағдыр тəлкегімен болсын, уақыт қалауымен болсын, замана желінің айдауымен болсын сол ежелгі қазақ жеріне келіп қоныс тепкен диаспоралар. Ал орыс тілі – солардың ішіндегі үлкен бір диаспораның тілі. Біз оған ресми тіл дəрежесін бердік. Дүние жүзінде диаспораның тілін осындай дəрежеге көтеріп отырған ел де, жұрт та жоқ. Бұл біздің шектен тыс жалпақшешейлігімізден, қазақшалап айтқанда, ақ көйлек, ақ дамбалдығымыздан болып отырған іс. Əйтпесе, қазір дүниеде диаспорасыз ел жоқ. Ол елдердің бірқатарында диаспора өкілдерін тіпті мемлекеттік жүйедегі қызметке де алмайды.

Бірақ сол үшін, əншейінде қит етсек біздің екі аяғымызды бір етікке тығып жіберетін Демократия деп аталатын құдіретті күш сол елдердің басына əңгіртаяқ ойнатып жатыр деп естіген жоқпыз. Бұл жерде базбіреулер дау айтып, Швейцария мен Белгияны қайтесіз, олардың біреуінде үш тіл, екіншісінде екі тіл мемлекеттік тіл ғой деп шыға келуі мүмкін. Ондай дау айтушыларға жауабымыз: ол елдердегі тілдері мемлекеттік тіл дəрежесіне ие болған ұлттар сырттан келген диаспоралар емес қой. Олар өздерінің ежелгі тарихи отандарында, ата- бабаларының қоныстарында отыр. Ал жақсы, диаспораның тілін Конституцияға ресми тілдепжазғанекенбіз. Қалайболғандада, Конституцияға бағынуымыз керек. Ол – біздің азаматтық міндетіміз. Бірақ сол Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп тайға таңба басқандай жазулы тұр ғой. Ол сонда қашан, сөз жүзінде емес, шын мəніндегі өзінің мемлекеттік мəртебесі деңгейіне көтеріледі. Шынын айтайық, осындай немкетті, салғырт көзқарас белең алып тұрғанда ол еш уақытта да мемлекеттік дəреже деңгейіне көтерілмейді. Кіріптар қалпында кіріптар болып қала береді. Біртіндеп бəрі өз орнына барады дегенге мен өз басым сене бермеймін. Рас, президентіміз «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп айтудай-ақ айтып жүр. Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетов қазақ тілінің тағдыры жөнінде арнайы үлкен жиын шақырып, оның айналасында қордаланып қалған қадау-қадау мəселелерді саусақпен нұқығандай етіп қадап-қадап тұрып көрсетіп берді. Бəрі жақсы, көріп отырып та, естіп отырып та жаның сүйсінеді. Бірақ, амал не, нақты іс, қоян-қолтық əрекет көрінер емес. Парламент, Үкімет, дипломатиялық корпустар, мемлекеттік мекемелер қысылып-қымтырылмай, жүзін төмен салып иманшектенбей, емін-еркін қазақша сөйлеп кетпей, қазақ тілінің маңдайы жарқырап кете қоюы екіталай. Қазақ ұлты үшін, мемлекетіміз үшін ең қасиетті, ең көкейкесті бұл мəселе осылай қараусыз қала беретін болса, онда басқа жұрт түгілі, өзіміздің қаракөз қазақтарымыздың өзі ана тілінен біртіндеп алшақтай бермек. Мемлекетке керегі жоқ тіл күндердің күнінде өз-өзінен айналыстан шығып қалады. Ол бар болғаны той-томалақтың, үй ішінің, ауыл-аймақтың ғана тіліне айналады. Өкінішті-ақ! Олай дейтініміз,

қазір қазақ мектептерінде оқып жүрген балалардың өздері көшеге шыға бере орысшаға ауысады. Өйткені, бүгінде біздің бүкіл қоғам башпайынан басына дейін орысшаланып барады. Бəрін былай қойып, көшедегі жарнамаға қараңызшы. Бірінші жазыла тұра мемлекеттік тіл орыс тілінің тəржімə тілі қызметін атқарып тұр. Яғни, орыс тіліне кіріптар тіл! Тəуелсіздік алып, парламенттеріміз жұмыс істеп жатқалы бері бір-ақ заң жобасы қазақ тілінде жазылыпты. Кіріптар емес деп дəлелдеп көр. Мұндай мысалдарды ондап, жүздеп келтіруге болады. Оның үстіне орыс тілі – бізге ұзақ уақыт бойы билік айтуға үйреніп қалған тіл. Кешегі алып империяның тілі. Мұны да естен шығармаған жөн. Қазақ ұлтының ұлт болып сақталып қалуы үшін бір-ақ сүйеніш, бір-ақ тірек бар. Ол – Тіл. Егер тіл əлсіресе немесе жоғалса, онда ұлтқа да, сонан кейін мемлекетке де қатер. Өйткені, патриотизм де, рух та тек тілмен қоректенеді, тілден нəр алады, содан қуаттанады. Тілді сақтау – ұлтты сақтау, мемлекетті сақтау. Тілді дамыту – ұлтты дамыту, мемлекетті дамыту. Тіліміз құласа – сүйеніш, тірексіз қаламыз. Бəрі, əдіре қалады. Байлығың да, басқаң да! Өйткені, басқа ұлттарды былай қойғанда, бір ұлттың өзі екі тілде сөйлеп бара жатқанда оның түбі жақсылыққа апарып соқпайды. Не істеу керек? Əрине, тілді дамытайық, тілді өрістетейік, оның аясын кеңітейік деп айқай сала бергеннен, құлақты сарсылтқаннан басқа, ештеңе өнбейтініне көз жетті. Оны бір-ақ нəрсе өркендетіп, өсіре алады. Ол – тілге деген мұқтаждық, қажеттілік туғызу. Оған деген мұқтаждық, қажеттілік тумаса, ол еш уақытта өспейді де, өркендемейді де! Басқа ұлт өкілдерінебіздіңтіліміздіүйреніңіздердепжалынғандай боп өтініш айту да немесе тіл үйренем деушілерге бюджеттен арнайы қаржы бөліп оқытайық деу де, тіпті оларды сахналарға шығарып, қазақ тілінен қайта-қайта жарыстар өткізу де, ешқайсысы да жөнді нəтиже бермейді. Қазір кез келген жас өзінің қалтасынан ақша төлеп ағылшын тілін өліп-өшіп үйреніп жүр ғой. Қажет болғаннан кейін солай етіп жүр. Əйтпесе, ағылшын тілін неғылсын. Қазақ тілі де солай. Өмірлік сұраныс тусыншы, ол тілді қалай үйренбес екен?! Тілі тіліне жұқпай сусылдап-ақ кетсін.

Бір мысал келтірейін. Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында шет елдерде, əсіресе Түркияда оқу үшін, қазақ мектебін бітіргендер де, орыс мектебін бітіргендер де лап қойды ғой. Сол тұста біз де жолымыз түсіп, Түркияға бара қалдық. Көретін жерімізді көріп, болатын жерімізде болып, елге қайтпақ боп, əуежайға келдік. Келсек, біз мінетін ұшақпен ұшқалы бір топ қазақ жастары тұр екен. Байқасам, бір-бірімен түрікше сөйлесіп тұр. Тілдерін жетілдіре түсу үшін солай сөйлесіп тұр ғой деп ойлағам. Сəлден кейін əлгі балаларға жақындап, оларды қазақша əңгімеге тартпақ болдым. Сөйтсем, əлгі балаларым қазақша құқ етпейді. Сонан кейін біреуі қысыла тұрып өздерінің орыс мектебін бітіргендерін, қазақша білмейтіндіктерін айтты. «Айналайындар-ау, түрікше ағып тұрсыңдар. Ол тілдің бізге туыстас тіл екенін жақсы білесіңдер. Өздеріңнің ана тілдеріңді білмейсіңдер, ал түрікшені қалай үйрендіңдер», – деймін ғой. Олар: «Түрікше білмесең, бұл жерде өмір сүре алмайсың», – дейді. Міне, қажеттіліктің күші мен қуаты. Сондықтан қажеттілік болмаса, бəрі бекер. Ол жоқ болса, тіпті жақсы ниеттің өзі ниет қалпында ғана қалып қояды. Мəселен, Алматы қаласының əкімі Храпунов мырзаны алып қарайық. Байқап жүрдік, алғашқы кезде қазақ тілін меңгеруге құлшына кірісті. Бірақ, көріп жүрміз, сол азаматтың тілі алғашқы кездегіден əрі қарай дамымай-ақ қойды. Өйткені, қажеттілік жоқ. Тек мұқтаждық пен қажеттілік қана ойымыз бен бойымызды буып тұрған кіріптарлықтан құтқара алады. Кіріптарлық еш уақытта елдің де, ұлттың да еңсесін көтертпейді, мəртебесін биіктетпейді. Өйткені, сен – кіріптарсың. Кіріптарлық ғұмыр бойы жалтақтықпен, ғұмыр бойы көнтерлі көнбістікпен өмір сүргізіп қояды. Оның орны түптің түбінде босағаның айналасы боп қалады. Ақырында басқа тілдің қолына су құйып кетеді. Сондықтан тілге деген қажеттілік тумай бұл бағыттағы ісіміз алға баспақ емес. Қажеттілік болса, кім болса да амалсыз тіл үйренуге мəжбүр болады. Жастық шағында Қырым мен Қап тауында əскери борышын атқарған Толстойдың өзі татар тілінде едəуір сөйлесе алған. Оған оның шығармаларын оқып отырып-ақ көз жеткізуге болады. Ал татар тілі бізге ең жақын туыстас тілдердің бірі ғой. Татар тілін Пушкин де біліпті. Оның «Арзрумғасапар» атты еңбегін оқып отырып мынадай жолдарға жолықтым: «... Ешқандай тіршілік белгісін кездестірмей ұзақ жүрдім. Ақырында оқшау тұрған

сакляны көрдім. Есік қақтым. Үй иесі сыртқа шықты. Мен одан алдымен орыс тілінде, сонан кейін татар тілінде су сұрадым. Ол мені түсінген жоқ. Неткен бейжайлық десеңші! Парсы елі мен Түркияға баратын жол үстінде, Тифлистен отыз-ақ шақырым жерде тұрып, ол не орысша, не татарша білмейтін болып шықты». Байқайсыз ба, Пушкин ол грузиннің орысшаны былай қойғанда, татарша білмеуінің өзін айып санап тұр ғой. Пушкин бұл жолдарды 1829 жылы жазған. Бірде алдын, бірде артын беріп құбылып тұратын заман-ай! Пушкин мен Толстой сияқты алыптардың өзін мəжбүр етіп сөйлетіп қойған, бүкіл Қырым мен Қап таулары елдерінің қажетті ортақ тілі болған сол кездегі татар тілі мен бүгінгі татар тілінің арасы қаншама алшақ жатыр. Тіл тағдыры – ел тағдыры дегеніміз осы-ау! Менің бұл мақалада айтқандарымның бір ұшы жоғары жақта отырған азаматтарға тиетінін де біліп отырмын.Солайынасолай.Бірақ,жоғарыжақтакілеңбір ұлттық мүддені ойламайтын, ұлттық рух идеясын жылы жауып жиыстырып қойған адамдар отыр деуден мүлде аулақпын. Олардың арасында, бəрі болмаса да, ұлттық мүддені қызғыш құстай шырылдап қорғайтындар, құдайға шүкір, баршылық. Бұл істе президентіміздің өзі бас болып, ешқандай бұлтақ-жалтақсыз, астананы Ақмолаға көшіргенін тəуелсіздігімізден кейінгі ұлы оқиғаға балаймын. Бұрын ол жақта талай болғанбыз. Кезінде, несін жасырамыз, ол аймақ – күні ертең не болар дегізетін, күдік пен күмəн белдеуінде жатқан аймақ еді ғой. Көшелерден анда-санда бір қаракөзді көрсең көрдің, көрмесең ол да жоқ болатын. Қазір ше? Шүкір, құдай көпсінбесін, бүгінде ол жақтағы қатар-қарамыз барған сайын қалыңдап келеді. Президентіміз тағы бір сөзінде: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – деген еді. Қазір біздің бүгінгі тілегіміз бен ертеңгі үмітіміз осы сөздің үстінде. “Егемен Қазақстан”, 5 наурыз, 2004 ж. https://t.me/kzkitap

Notes [←1] ЕСКЕРТУ: Автор көзқарасының баспа ұстанымымен дөп келуі шарт емес.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook