Араларым мұртына май жалатып, Масаларым мертіксе қанға батып, Ойлағаным болса осы не дер едім?! Ауырмай, сырқамай-ақ өлер едім, – деп бəріміздің көкейімізде жүрген тілегімізді алғаусыз ақтарып-ақ салған екен. Тілегі қабыл болғай! Жəркеннің бір өлеңінде “жұлдызымнан жаңылған жоқпын” деген жолдар бар. Шынында да, ол – жұлдызынан жаңылмаған ақын! ТАУЫ ШАҒЫЛЫП, ТАУАНЫ ҚАЙТҚАНДАР Менің ойымша, есімі қалың жұртшылыққа кеңінен танымал Қуандық Түменбай – қазіргі қазақ жазушыларының ішіндегі ең өнімді жазушы. Ол тіпті қолындағы қаламы бірде-бір суалып, алдындағы қағаздары бірде-бір құрғап көрмеген менің қадірлі құрдастарым, үлкен талант иелері Тынымбай Нұрмағамбетов пен Мархабат Байғұтовтан да өнімді. Қаптап шығып жатқан газет-журналдардың беттерінен бір түспейді. Яғни, ол өнімді ғана емес, өтімді де. Əрине, көп жазу үшін көп жазуға болмайды. Олай етті ме, онда ол жазушы көпірме көбік сөздер мен дəні жоқ кебек сөздерге ұрынар еді. Бірақ, əркімнің талант табиғаты əрқилы ғой. Бір жазушылар бар оқырманын ұзақ күттіріп, аңсатып барып анда-санда бір көрінеді. Тағы да қалай көрінеді дейсің?! Қаталаған аңқаңды басып, мейіріңді қандырып, тіліңді жұтып қоярдай тамсантып көрінеді. Дей тұрғанмен, сараң жазушының бəрі сарабдал жазушы емес қой. Ұзақ жылдар бойы өзін-өзі қазыққа байлап сарсылып жұмыс істеген кей жазушының шығармасын оқып отырып, ішінен іліп аларлық ештеңе таба алмай, босқа сарп болған уақытты аяп қапа боласың. Сондықтан біреуді көп жазады деп күстəнəлауға да, енді біреуді сараң жазады деп əспеттеуге де болмайды. Өйткені, көп жазады, сараң жазады деген ұғымдардың бəрі – шартты ұғымдар.
Мəселен, жұрттың бəрі біледі, Төлен Əбдіков – сараң жазушы. Оның пəленбай жыл бұрын жазылған шығармасынан кейін, келесі шығармасын күте-күте көзің талып, ішегің үзілердей болады. Əбден күдер үзе бастағанда жұрттың бəрін жалт қаратқан, құбылыс деуге лайықты тосын бір шығарманы ұсына қояды. Қазақ əдебиетінің алтын қорына баяғыда енген сүйекті-сүйекті бірқатар шығармалар берген, енді прозадан қол үзгендей боп, драматургия жанрына мүлдем ауысып алған Дулат Исабековті алыңыз. Жанр ауыстырып жаңа қырынан көріне бастады. Соның арқасында өз бидайына өзі қуырылып, бұйығы боп келген қазақ драматургиясы шетел сахналарына қайта-қайта шыға бастады. Сондай-ақ бір шығармадан кейін бір шығарма беріп келген, енді ұзақ күттіріп қойған Оразбек Сəрсенбаев, Марал Сқақбаев, Əнес Сараев, Софы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеев, Қадірбек Сегізбаев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Смағұл Елубаев жəне басқалар күні ертең-ақ құлжаның асығындай салмақты дүниелер бермесіне кім кепіл? Мұның бəрін біз сол талант табиғатынан шығарып əдейі айтып отырмыз. Бұл ретте əлемдік əдебиеттен мысал іздеп тінтіп кетсек, мүлде шығандап ұзап кетер едік. Ең басты байлам – шығарма қалай жазылған, автор не айтпақ болған, көркемдік болмыс-бітімі қай деңгейде, көтерген тақырыбын қалай меңгерген, қолданған əдісі мен тəсілі өзін-өзі ақтап тұр ма, өрісі қалай, өресі ше? Міне, осы жəне басқа да көкейкесті сұрақтарға жауап бере алатын шығарма ғана– нағыз шығарма. Ол шұғыл түрде шапшаң жазылып бітті ме, жоқ əлде ұзақ жылдар бойы жазылды ма, онда жұрттың шаруасы жоқ. Сондықтан, мен өз басым, шапшаң жазатын адамдардың бəрінен дүмбілез дүниелер, бір қайнауы ішінде немесе иі қанбаған шығармалар шығады, ал сараң жазатын жазушылардың бəрі дерлік əр сөзін қадағалап бағып отырған керемет стилист, ғажап сұңғыла болады дегенге оншалықты ден қоя бермеймін. Сараң жазатын адамдардан да көп-көп кемшілік тұстар кетуі əбден мүмкін. Тіпті қайта-қайта қарап, қайта-қайта қағып-сілкетін кей шығарма табиғи болмысынан, қан-сөлінен айырылып қалуы əбден мүмкін... Енді өзіміздің сөз еткелі отырған объектімізге қайта оралайық.
Ең алдымен айтарымыз, Қуандық Түменбай – үгінгі қоғаммен қоян- қолтық араласып, бүгінгі уақыт тынысымен бірге дем алып, бүгінгі заман құбылыстарын зер сала зерттеп жүрген жазушы. Мен бұл мақаламда оның қаламы мен қағазынан шыққан барлық дүниелеріне тоқталып жатпаймын. Ол мүмкін де емес. Олай етсем, мақаламыз қайыру бермейтін ұзақ əңгімеге ұласып кетер еді. Сондықтан мен оның, соңғы жылдары, яғни тəуелсіздік жылдары жазылған, өзімнің табиғатыма да, жаныма да жақын, ең бастысы, шығармашылықта алған бағыт-бағдары мен ұстанымын анық көрсетіп беретін екі-үш хикаятына ғана тоқталмақпын. Қуандық Түменбайдың “Түрмедегі торғай” деп аталатын етек-жеңі дөңгеленген ып-ықшам хикаяты – аярлық пен опасыздықтың, өтірік пен жаланың адалдықты қалай қорлап, имандылықты қалай аяқ асты еткенін қарастырған шынайы шығарма. Оқиға ауруханада өрбиді. Нейрохирург Есенбай Қойбағарұлы ауру Барболсын Əйтшуовтың миындағы қатерлі ісікті соңғы рет компьютермен ақи-тақи тексеруден өткізіп болғаннан кейін, онымен бетпе-бет жеке отырып, күні ертең болатын операция алдында сəл де болса көңілі көтерілсін деп емен-жарқын əңгімелесіп, қысылтаяң мына заманда ауруханада, əдеттегідей, дəрінің қат боп тұрғанын, бірақ меңгерушіден қоярда қоймай жүріп екі құты дəріні сұрап алғанын, қалған екі құты дəріні өзінің сатып алуы керектігін, тағы да басқа дəрігерлік ескертпелерін айтып шығарып салады. Сонан кейін аса жауапты да қатерлі операция алдында дұрыстап демалу үшін, жақында ғана үйленген келіншегіне телефон соғып үйіне қайтады. Қаперінде басқа ештеңе жоқ. Бірақ, бұл дүниеде жақсылығыңнан да сұмдық бір жамандық іздеп, адал ниетіңнен де бəлелік пен арамдық көретін, айнала тіршіліктің бəріне күмəнмен қарап, күдікпен үңілетін жаны күйкі адамдар бар ғой. Əйтшуов те дəл сондай сұмпайы сілімтік боп шықты. Есенбай оның сондай жан екенін қайдан білсін. Соныменертеңінеол,əдеттегідей,жұмысынаертерек келіп, ақ желеңін енді ғана іле бергенде бөлмесіне өз-өзінен бүрісіп, мойнын ішіне тыққан сырқат Əйтшуов кіріп келсін. Екі сағаттан кейін басталатын операцияға ештеңеге көңіл бөлмей, асықпай өзін-өзі дайындаудың
орнына бұл неғып жүр деп Есенбай ойланғанша, Əйтшуов: “Мен дəрі іздеп таба алмаймын. Ақысын берсем, бəлкім, өзіңіз тауып берерсіз”, – деп, рецепт қағазы мен 500 теңгені үстел үстіне қойып, екі иығы қушиып, арқасы дөңкиіп есіктен шыға береді. Бəленің бəрі дəл осы жерден басталады. Милиция формасын киген екі жігіт кіріп келеді де «Қозғалмаңыз!” – деп əй-шайға қаратпай, жаңа ғана салған қалтасындағы 500 теңгені суырып алады... Сонымен пара алды деген жаламен Есенбай Қойбағарұлы қолы кісенге түсіп, ұсталып кете барады... Сөйтсе (кейіннен білді!), екі сағаттан кейін басына операция жасалатын сырқат Əйтшуов мұны нағыз алаяқтың өзі деп ойлаған екен. Яғни оның ойынша, рецепт əйтеуір көз алдау үшін жазыла салған, қоймадағы бар, бұған тиісті екі құты дəріні өздері қымқырып қалып, кейіннен əжеттеріне жаратпақ. Осының алдын кесу үшін, ол айғақ ретінде 500 теңгені дəрігердің қолына салған. Міне, осы бір арам ойға əбден арбалған ол шұғыл түрде тиісті орынға хабарлаған ғой. Осы бір қаскөй ойдың торына əбден шырмалған ол басындағы қатерлі ісікке жасалынатын операцияны да тəрк еткен. Сонымен нейрохирург Есенбай Қойбағарұлы ажалдан арашалап қалмақ болған өз клиентінің көрсетуімен түрмеге қамалды. Жазықсыз. Жаламен. Бірақ, енді ол өзінің таза, адал екенін қалай дəлелдемек?! Жарайды, мұның бəрін аурухана меңгерушісі Анастасия Федоровна, одан қала берді ұжымдағы қызметтес əріптестері жақсы біледі, солар араша түседі-ақ дейік. Бірақ, оларға тексеруші сене қояр ма?! Ендігі арғы тіршілігі не болмақ? Құдай-ау, үйленгеніне де бір-ақ апта болған еді. Ол қосағының бетіне енді қалай қарамақ? Дос-жарандарына, таныс-білістеріне не демек? Əйтеуір жан-жағын анталап қамаған сұрақтар. Бірақ, жазушы өз кейіпкерін жанын жеген осы сұрақтарға біржола талатып, оны отқа да, суға да салып, абдырап асып-сасқан шыжбалаң күйгелектікке де, өзегін өртеген күйінішке де түсірмейді. Қанша қиналса да, оған сабырын серік еткізеді. Айнала тіршілікке байыппен, байсалмен қараудан айырмайды. Тергеуші келіп жауаптасқанда да сол пайымды байып, сол парасатты байсал. Жауабы – нық, дəйегі – берік. Бірақ, оған қарап жатқан, мəселенің түбіне үңілетін, сөз төркінін ұғайын деген тергеуші жоқ. Тап бір Есенбайда жеті атасының құны кеткендей, əп, бəлем, қолыма түстің
бе дегендей, алақанын ысқылап құшырлана шүйлігеді. Ол үшін алдында отырған адам – адам емес, əйтеуір кеудесінде жаны бар сұлба! Адам өмірі, адам тағдыры деген ол үшін пішту. Оны қалай бүгем, қалай ием, қалай бұраймын десе де өз еркінде. Сондықтан да оның дауысы – өктем. Сондықтан да оның қимылы – озбыр. Сондықтан да айтқан сөзі жетіп, атқан оғы өтіп тұр. Сондықтан да ол Есенбайдың өзін де көзге ілмейді, сөзін құлаққа қыстырмайды. Ол үшін адамды жерден ап, жерге сап қорлаудан, алқымынан ап қысып, аяққа сап таптаудан өткен рахат пен лəззат жоқ. Ол үшін адамды құлдай кемсітіп, құрдай жорғалатып қойғаннан өткен мақсат-мүдде болмаса керек. Мейлі, ол жоғары немесе төмен болсын, бəрібір, біздегі билік табиғаты осындай. Ол үшін адамды жаншып-жəбірлеуден өткен ірілік жоқ. Оның алдында адам деп аталатын мақұлығыңыз қаншалықты тапталып қорланса, ол соншалықты тоғайып, соншалықты семіріп кетеді. Сол тергеуші ғана емес, бойы мен ойына өктемдік пен озбырлық, зорлық пен зомбылық кіргізіп алғандардың бəрі осындай. Бойы мен ойына өктемдік пен озбырлық, зорлық пен зомбылық енгізіп алғандардың бəрі адамға үстемдік етсем деп ойлайды. Ондайлардың қай-қайсысы да жаншып жібергісі, таптап тастағысы келіп тұрады. Сенбесеңіз, дəл қазір айнала жайлаған тіршілікке бір сəтке көз салыңызшы. Сол мораль, сол психология. Қорланасың, мүсəпір күй кешесің. Қарап тұрып құйқаң шымырлайды, жаның түршігеді. Нейрохирург Есенбай Қойбағарұлын тергеу астына алған тергеуші де осындай өктемдік дертіне шалдыққан жан. Ол Есенбайды қалаған уақытында шақырып алады да дəлел-дəйектен де, логикадан да жұрдай “тисе терекке, тимесе бұтаққа” саятын əйтеуір бір далбаса сұрақтар қояды да, жауабына құлақ та салмастан камерасына қайтарып жібереді. Оған қарсы тұруға Есенбай дəрменсіз. Онда енді екі көзін төбеге қадап, келесі сұрақ-жауапты сарсылып күтуден басқа амал жоқ... Тек жанына демеу болатыны... ұшып шығып, ұшып кеп терезенің маңдайшасына ұя сап жатқан құйтақандай торғай. Ол байғұс түрмені түрме деп ұқпайды. Ол үшін бұл жер – ұя салатын, жұмыртқа төгетін, оны шайқап басып балапан өргізетін құтты мекен. Əне, қарашы, ол тағы да ұшып кеп тұмсығындағы бір шымшым балшықты ұясына қалап қойды... Тіршілік. Түрмедегі тіршілік. Осы бір құйтақандай
тіршілік иесі оның көз алданышы. Көз алданышы ғана емес, үміті. Ол үміт барда Есенбай, қанша қиналса да, беті қайтып жасып, жүзі қайтып мұқалмақ емес. Апыр-ай, адам жаны неткен нəзік, неткен сезімтал. Кейде үзіліп кетердей боп дірілдеген тіндей нəзіктіктен да алапат қуат алып, басына төнген таудай пəледен де тайсалмай өжеттеніп, өршеленіп кетеді. Есенбай да түрмеге ұя салып жатқан сол бір торғайға қарап жатып тап осындай гəпті басынан кешірді. Пыр етіп ұшып кеп, пыр етіп ұшып кететін сол бір торғайдан жан дауасын тапты... Есенбай, тіпті, қазақ тергеушінің алдында қазақша сөйлей алмай қор болады. Өзінің азаматтық құқын пайдалана алмай жапа шегеді. Өйткені, о баста құрылған жүйе солай. Ол жүйенің өрмекші торы солай тоқылған. Ол торды қақ айырып бұзып шығардай шырпыдай да қауқары жоқ Есенбай дегенің кім болыпты?! Кімнің шікірасы! Қарсылассаң, сол тордың сілекей тіндеріне шырматылған шыбындай боп арбаң-арбаң еткен өрмекшілерге жем боп кетесің. Есенбай осыны ұқты. Оларға қанша түсіндіргісі келсе де, түсіндіре алмай əбден пұшайман болды. Солай бола тұра, айдан астам уақыт түрмеде жатқан Есенбай қаншама жан қиналысы мен сана сарсаңына түссе де өзінің кісілік келбетін, адамдық кейпін жоғалтпады. Келесі бір тергеуде отырғанда тергеушіден өзіне опасыздық, тіпті зұлымдық жасаған Əйтшуовтың басындағы ісікке операция жасалды ма, жасалған жоқ па деп сұрайды. Жаны ашып сұрайды. Сөз жоқ, бұл – Есенбайдың кісілік ірілігі. Имандылық ірілігі. Тағы бір мысал. Екі күндік демалыс күндерінде түрмедегі бір сырқатқа шұғыл түрде операция жасау керек болады да қапелімде хирург табылмай, түрме қызметкерлері Есенбайға қолқа салады. Есенбай ешқандай бұлданып жатпастан шын ықылас-ниетімен, бар ынты-шынтысымен операцияны сəтті аяқтап шығады. Бұл детальдар Есенбайдың кісілік келбетін бұрынғыдан да ажарландырып жіберген... Ақыры, Есенбай Қойбағарұлы ақталып шықты. Өйткені тағылған айыптың бəрі дəлелсіз, дəйексіз еді. Өйткені айғақтың бəрі Есенбай жағында болатын. Жазушының сот залынан далаға атып шыққан Есенбай “аулада қып-қызыл боп ұйыса өскен раушан гүліне қарай атылып барып, иіле ұзақ иіскеп, бір сəт бір уыс шөпті жұлып ап, аузына сап ашырқанбастан шайнай бастады” дегеніне де еріксіз сенесің. Бұл
көріністе тек еркін өмір мен бостан тіршілікті аңсағандық қана емес, сонымен бірге өзегін оттай өртеп, ішін жалап бара жатқан күйіктің зəрдей ащы уытын қайтару да жатса керек. Хикаят сəтті жолдармен аяқталыпты. Сондықтан біз де бұл хикаят туралы қорытынды əңгімемізді сол сөйлемдермен аяқтағанды жөн көрдік. “Жылт еткен қиялы енді торлы терезенің ар жағында ұя басып қалған торғайды ойлады... Түрме бұзыла қалса, біздің үйдің терезесінің маңдайшасына келіп қонақтайсың”, – деді əлі де өзіне-өзі келе алмай күбірлеп тұрып, түрмені қалқа ғып алған тар жердегі серігін есіне ап. Сол сəт көкірегінен бір қараторғай пыр етіп ұшқандай жан дүниесі тосын дір етіп, өзіне бақырая қараған бір топ адамға қарай құшағын аша жүгірді.” Қуандық Түменбайұлының келесі “Қой мен қойшы” хикаяты да сол бір дүниенің асты үстіне шығып, үсті астына түсіп кеткендей, астан-кестен уақыттағы асығыс-үсігістіктен парасат-пайымы мен сабырынан айырылып қалған тоқсаныншы жылдардың аласапыран кезеңіндегі ауыл адамының, дəлірек айтсақ, қарапайым ғана қойшының иығына түскен ауыртпалыққа арналыпты. Аспан ашық, ай жарықта, бұрылып қарауға шама келтірмейтіндей қас пен көздің арасында, алдындағы бір отар қойдан айырылып қалса, оны ауыртпалық демей не дерсің? Иə, бір күннің ішінде папка құшақтаған бір топ басшылар көктен түскендей сау ете түсті де, жердің құты, елдің ырысы дерліктей бір отар қойды айырбас деп, бартер деп Құмкөл жаққа айдайтын боп шешті... Сонымен не керек, қойшы байғұс қу таяғын қолына ұстап, бұтағы қырқылып, тамыры қиылған қу ағаштай айдалада, жападан жалғыз сопайып қала берді... ... Енді, міне, оның жол-жөнекей бір жерден, іштегі қыжыл мен ызаны басу үшін, ақ арақты қырлы стақанмен тартып-тартып жіберіп атымен үйіне келе жатқан беті. “Маңырап қалды-ау, маңырап қалды-ау момын мал. Құлағына өзі айшылық жерден танитын қара қойдың даусы естілді. Қошақан боп көзін ашқалы алдына сап айдаған малы еді, енді мүйізі шығып, құйрық байлағанда өзгелерге өз қолымен етке бергені өзегін өртеп барады... Артына бұрылып бір қарады. Дəл бір мүйізді қара тоқты ілесіп келе жатқандай елестеді... Қойшы артына тағы бір қарады. Сол тұқыл мүйізді, жүні тықыр қырқылып, құйрығы
салақтаған қара тоқты елес боп артынан еріп келеді.” Ел аман, жұрт тынышта алдындағы қойынан айрылып қалған қойшының қазіргі халі осындай?! Құдай-ау, айырбасқа жанармай аламыз дейді. Онысын қайда құймақ? Ауылдағы қыбырлаған трактор мен машина біткеннің бəрі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеп пе еді... Енді ол үшін санасы санға, ойы онға бөлініп сансыраған сергелдең тіршілік басталды. Аспан асты, жер үсті қанша кең болса да сияр емес. Жұмыр басын тау мен тасқа соқса да бұл тіршіліктен жанына керек боларлықтай тұтқа, көңілі көншірліктей байыз таба алмастан əрі жатып, бері жатып, Алматыдағы үлкен ұлына барып қайтпақ боп пойызға шықты. Салып ұрып станцияға келсе билет жоқ. Сөйтсе, жұрт біткен ешқандай билетсіз-ақ жолсеріктермен жең ұшынан жалғасып міне береді екен. Бетімен кеткен дүние... Бұл да ілінді-ау. Ілінгені бар болсын, ол орналасқан жолсеріктердің өздері жататын шағын купеге қой жетектеген бір жігіт кіріп келсін. «Мұның не?» – десе, «Бизнес», – дейді. Бизнесінің түрін! Қойды тірілей сатса, өлі еттен гөрі əлдеқайда қымбатқа өтетін көрінеді... Сонымен ол қоймен бірге пойызда бір түнеп Алматысына да келіп жетті-ау. Баласы күтіп алды. Үйге келді. Немересін иіскеп мауқын басты. Келіні алдында бəйек боп құрақ ұшып жүр. Бірақ, бəрібірқойшыныңжаныжайтабаремес. Мына дүние мұны бейне бір керексіз зат сияқты қоқысқа лақтырып тастағандай. Бəрі бөгде, бəрі жат. Енді оның Алматыда да байыз таппай еліне қайтқысы келді... Ертеректе бəйбішесін ертіп келген Алматысы бүгінде мүлде басқа боп кеткен. Сол келісінде үй жанындағы баққа шыққаны, жастар жағы алқа-қотан отырып ап əн шырқап, дабұр-дұбыр əңгіме соғып, кəуəп пісіріп, ал кемпірі алма ағашынан қып-қызыл апортты үзіп алып: “Мынау жұмақтың өзі ғой”, – деп тамсанатыны көзден бұлбұл ұшқан. Бақ та, жасыл желек те жоқ. Олардың орнын сопайған-сопайған сұп- сұр үйлер басыпты. Түбірімен отап тастау. Жаншып-таптау. Талан-тараж. Қай жаққа қараса да көретіні осы. Адам деген неткен тойымсыз. Неткен қанағатсыз. Араны ашылған үстіне ашылып, құныққан үстіне құнығып, жолындағысының бəрін бұрап сындырып, бұралақтап асап, құныға қылқытып, жалмап жұтып барады. Елді де, жерді де ойлап жатқан бірі
жоқ. Ойлайтындары – бос қауғадай қаңғырлаған қарақан бастары. Міне, қарашы, күні кеше ғана, сол атаукересін ішкірлер, ауыл-аймақты тұттай жалаңаштап шешіндіріп алып еді, енді, міне, бір кездегі кең қолтық қаланы да абақтыдан бес бетер етіп қуықтай тарылтып қамап тастапты... Баласы қоймаған соң өтіп жатқан айтысқа барып, көкірегін жегі құрттай кеміріп жатқан шері мен мұңын ақтарып салған ақынға риза боп қайтқандай болса да көңілі орнына түсіп көнши қоймады. Сергелдең өмір. Қалаға келген ауыл адамының аңсары – базар. Ол енді мал көрмесе тұра алмайтын сіңісті əдетімен мал базарына тартсын. Барса, о, тоба, өз көзіне өзі сенсін бе, сенбесін бе, қарсы алдында пойыздағы купелес қойын ұстап өзімен бірге келген жігіт тұр. Қасында – қойын саудалаған бір əйел. Ақыры не керек, қойшы малды да, ең болмаса “бізде азық жоқ, сенде жазық жоқ” деп жөн-жоралғысымен бауыздауды да білмейтін орашалақ жандарға ызасы кеп, өз-өзінен əбден қапа болды. Қапа болды да, олар үшін емес, ғұмыр бойы өзіне серік болған, ешқандай кінəсі жоқ байғұс қойды, қолдарына жөндеп пышақ та ұстай алмайтын адамдарға қиналтпайын деп, қалған істің бəрін өзі тындырып, қойды өз қолымен бауыздап берді. Қойды өз қолымен бауыздап тұрып, қызығы да, шыжығы да көп болған өзінің бүкіл өмірін бауыздағандай болды. Сонымен күдері үзіліп, үміті қырқылғандай еді... Қойшы базардан келген бойда шұғыл жиналып, ауылына қайтып кетті. Қойшыбейнесі– солбірешқандайжүйесіз,ешқандай бағыт-бағдарсыз басталып, тіпті бағыт-бағдар болса да оның бəрі шикі, дүмбілез қалыпта жүргізіліп, ақырында сергелдең күйге түсіп қаңғып қалған мың-мыңдаған адамдардың жиынтық бейнесі. Əрине, ол сергелдең кезең өз-өзінен келе қойған жоқ. Тізеге басып, қолын қайырып, қабырғасын қаусатып, омыртқасын үзген əпербақан биліктің озбыр пəрменімен болды. Өйткені, ол билік капитализм талаптарын желеу етіп, тіпті жалаулатып жүріп жаны ашымайтын, иманнан жұрдай, адамды бит құрлы да, ит құрлы да көрмейтін қатыгез қоғам орнатты. Ал оның зардабын қарапайым халық тартты. Жазушының бұл хикаятынан біздің ұққанымыз осы.
Біздің байқағанымыз, Қуандық Түменбай өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесіндегі күйініш пен сүйінішті, нала мен өкінішті, қақтығыстар мен соқтығыстарды, күдік пен үмітті, сезім шарпылыстары мен ойлы толғаныстарды, ишаралы меңзеулер мен философиялық толғамдармен де, психологиялық сана ағымдармен де емес, құйылған қорғасындай салмақты детальдармен жəне шағын диалогтармен бергенді қалайды. Сол нақты детальдар мен шағын диалогтардан кейіпкердің бүкіл болмыс-бітімі, мінез-құлқы, пайым өресі мен парасат мөлшері анық көрінеді. Сондай–ақ оның кейіпкерлері, қандай бір жағдайда да, отқа бір түсіп, суға екі түсіп, айқайға аттан қосып, бір анда жүгіріп, бір мұнда жүгіріп, өз-өзінен өртеніп, күйініп шыжбалақтаудан да, жыртылған матадай дарылдап, от алған мотордай парылдап кететін даңғаза дарақылықтан да ада. Олардың бəрі дерлік өн бойында болып жатқан тартыс- талқысын, реніші мен күйзелісін, айналада өтіп жатқан ситуациялармен келісуі мен келіспеушілігін ішіне бүгіп ұстайтын, қандай ауыртпалық болса да қайыспай қарсы тұруға даяр, тіршіліктің ыстық-суығын көп көрген көңтерлі қарапайым жандар. Салиқалы сабыр иелері. Олар еш уақта да, “ойбай мына бір пəле келіп қалды” деп ала қанат сауысқандай шықылық қағып сұқақтап та, сұр жыландай басын қақшитып сумаңдап та кетпейді. Оның “Депутат Аязби” хикаясындағы Аязби де осындай жан. Ол өзінің бүкіл ғұмырын – бақытын да, баянын да тек жерден іздеп, жерден тапқан адам. Агроном. Өмірі атыз бен арықтың, топырақ пен судың арасында өткен, осы уақытқа дейін табан ақы, маңдай терімен өз ырыздығын өзі теріп келеді. Анау бола қояйын, мынау бола қояйын деп бас қатырмапты. Мансап іздемепті. Лауазым қумапты. Енді, міне, аяқ астынан астан-кестен болды да, бүп-бүтін жерден бүлік басталып колхоз тарады. Əркім-əркімдер өздерінше ұжымдасып жеке- жеке отау тіге бастады. Біреулердің айтуымен Аязби де сол науқанның үйірілген иіріміне күмп берді. Сол кезде алдындағы асқар таудай ағасы, айтқанын екі етпей орындататын Мылтықбай мұның қалыпты өмірін басқа арнаға салмақ боп киліксін. Ойы – Аязбиді депутат ету.
Аязби айықпас дерт– қояншық ауруымен ауырады. Ал, ондай сырқаты бар адам депутаттыққа ұсынылмауға тиіс. Бірақ, аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, қолы ұзын Мылтықбай үшін ол мəселені шешу түк те емес. Денсаулығында ешқандай кінəрат жоқ деген анықтаманы бір пəсте ала салады. Сонымен не керек, өзінің де, шешесінің де қарсылығына қарамай, ел алдында еңбегімен де, кісілігімен де абыройлы, ешкімнің ала жібін аттамай адал өмір сүрген Аязби ағасы Мылтықбайдың пəрменімен депутаттық талас-тартысқа түсті де кетті. Қарсыласы– ақын. Ол да депутат болам деп ақ тер, көк тер боп жүр. Бəсекенің аты – бəсеке. Бірақ, Аязбидің ол ақыннан екі артықшылығы бар. Біріншіден, ол – осы жердің түлегі. Екіншіден, оның Мылтықбай ағасы бастаған сүйеушілері де, демеушілері де көп. Алғашқыда, Аязби не үшін депутат болу керек екенін, басқа емес, мұны не үшін итермелей беретінін түсіне қоймайды. Ақырында, басынан бір шықпай алаңкөңіл қылған бұл сұрақты ағасына қойып тынады. Сөйтсе, осы осы əулеттен бір депутат шығу керек екен. Басқа дəлел де, дəйек те жоқ. Əрине, Аязбидің көп адамнан, оқып-тоқыған жағынан болсын, дүниетаным жағынан болсын шоқтығы əлдеқайда биік. Бірақ, оның сол қасиеттерін дəлел етіп, соларды алға тартып отырған бір ағайынды көрмеді. Ел мен жер мүддесі үшін депутат болуың керек деген сөзді де естімеді. Мақсат біреу-ақ, ол – Мылтықбай мен соның айналасындағылардың “бізден де біреу шықсын” деген жалған намыс пен рушылдықтан туған бейшара ұстанымдарын тояттандыру. Аңғал Аязби сол бейшара ұстаным мен жалған намыстың құрбаны боп кеткенін қапелімде өзі де байқамай қалды. Енді бəрі де кеш. Ауыр маховик айналып кеткен. Енді оны тоқтатуға мінезі жұмсақ Аязбидің күш-қуаты да, дəрмені де жетпейді. Ақыры сол ағайындарының күні-түні құлағын сарсылтып, біреулерінің аяқ-қолынан тартып сүйрелеуімен, енді біреулерінің ту сыртынан итермелеуімен, көңілі құлап тұрмаса да, Аязби депутат болып шыға келді. Осы процесс тұсында ол билікте отырғандардың өз мақсаттарына жету үшін ешқандай шімірікпестен тізеге салып опырып жіберетін озбырлықтарын да, жықпыл-жықпылы көп небір құйтырқы қулық-сұмдықтарын да өз көзімен көрді. Көрді де жаны шошып, жүрегі
түршіккен оның қояншық ауруы қайта-қайта ұстап, талай рет талып та қалды... Жан шошырлық ондай сөзді бəсекелесі ақын туралы айтқан ағасы Мылтықбайдың аузынан естіген. “Адалдар” партиясының атынан түскен əйгілі ақын бір кездесуде: “Америкада алты жазушы бар, бізде де солай болсын дейді биліктегілер. Бұл – дұрыс емес. Бұл – əдебиетті тұқырту. Осы отырған бəріміз де əдебиетпен адам болдық емес пе? Тіпті анау тапаншасын сипалап отырған майор мырза да “Əліппемен” тілін сындырып, “Ана тілінен” өлең жаттап, мектеп бітіргенде əдебиеттен шығарма жазды. Əдебиетсіз өмір жоқ”, – деді. Бар айтқаны осы. Қанша қадалсаң да артық айтқан ештеңе жоқ. Бəрі рас. Бірақ, Мылтықбайдың жанына осы сөз шаншудай қадалды. Өйткені, ол əдебиеттен мүлде мақұрым жан ғой. Содан да ақынның бұл сөзі оған мысқыл мен кекесіннен бес бетер естілді. Шамына тиді. Ашуын келтірді. Көп ұзамай Мылтықбай ағасы түйіліп отырып Аязбиге: “Анау “Адалмын” деп жүрген ақының кім өзі, қайдан шыққан дəу еді? Мені əдебиетті түсінбейді деп мысалға келтіретін кім өзі, əкеңнің... Өзі іше ме екен? Гəстиницада өлтіріп ішкізіп, бар абыройынан айырайық... Қойнына қатын сап... Осы жағын ойлаңдаршы”... Міне, осы сөздерден-ақ өздерінің шамшыл тоятын басу үшін кім-кімді де обып жіберуден тайынбайтын, ар-ұятты аттап, ожданды өртеп, кісіліктің күлін көкке ұшырудан жүзі жанбайтын билік тізгінін ұстап отырғандардың бүкіл бет-пердесі ашылып отырған жоқ па?! Сонымен Аязби ағасының көңіліне бір қарап, жандайшаптардың көңіліне екі қарап, ең сұмдығы, дені-қарны сау деген жалған анықтама ап, депутаттықтың жайлы орнына барып жайғасты. Жайғасқаны бар болсын, өз көзімен көрген құйтырқы қулық-сұмдықтың бəрі оның жанына батты. Жүрегі лоблыды. Басы айналды. Сырқаты қозды... Ақыры, мəжілістің алғашқы отырысының бірінде-ақ “басы шым ете түсті де”, қояншығы ұстап құлап қалды... Бірер күнде-ақ одан “депутаттық мандаты денсаулығына байланысты қайтарылып алынды”. Əлдекімдердің жалған намысы мен рушылдығының қуыршағы боп кеткен есіл азамат осылайша қор болды... Сонымен біз Қуандықтың үш хикаятына аз-кем тоқталып өттік. Үш хикаятта да əр түрлі ситуация, əртүрлі ортадағы қарапайым адамдардың өмір жолы суреттелген. Олар
– тіршілік-тынысы бір-біріне мүлде ұқсамаса да, иманнан жұрдай, адамгершіліктен мақұрым қатыгез қоғамның илеуіне түсіп, ертеңі не болары белгісіз боп қалған, тауы шағылып, тауаны қайтқандар. Тағдырластар. Түйіндеп айтарымыз, əдебиетімізде өндіре еңбек етіп келе жатқан тегеурінді талант иесі Қуандық Түменбайұлы дəл қазір кемел шағында. Яғни, одан күтеріміз əлі алда.
ӨЗЕГІНДЕ БАР ҚАЗАҚТЫҢ ЗАРЫ БАР Шүкір, кейінгі кездері “қоғам бір формациядан екінші формацияғы өтер тұста əдебиетіміз не істерін білмей абыржып қалды”, “өтпелі кезең тұсында əдебиет тұйыққа тіреліп, дағдарысқа ұшырады” деген мұңы ауыр, уайымы қалың сөздер сирексіп, дүниеге келіп жатқан жаңа шығармалар туралы əңгімелер, жиі болмаса да, естіле бастады. Əрине, мен өз басым, кешеуілдеп болса да, сол өтпелі кезең тұсында да поэзия жанрының ешқандай да дағдарысқа ұшырамағанын, тұйыққа тіреліп қалмағанын сөзім жеткенше дəлелдеп баққам-ды. Көңіліме бір демеу болатыны, менің ол пікіріме ешкім де, жоқ олай емес деп қарсы дау айта қойған жоқ. Демек, ақыл ақылдан артық емес, көп адамның көкейінде де сол ой жүрсе керек. Рас, асты-үстіне шығып, үсті астына түсіп жатқан аласапыран дүниемен əп дегеннен қоян-қолтық кеп, шаппа-шап ұстаса кететін поэзия сияқты емес, əдебиеттің қатепті қара нары боп саналатын проза жанры біршама уақыт дағдарып қалған-ды. Əр ай түгілі əр күні бір-бір жылнамаға татитын жылдар өтті. Дүниені дүрліктіріп жіберген құйынды дүбілістің ақ шаңы басылып, көзді де, көңілді де көлегейлеп, алды-артыңды бірдей тұмшалап, ертеңіңді болжатпай қойған қалың ақ тұман да сейіліп, жазушыларымыз сол бір қым-қуыт кезеңнің шым- шытырық оқиғаларын өн бойынан өткізіп, оны көңілінің көрігінде қыздырып, жан-жүрегінде қорытып, ой-санасы мен талғамының таразысына салып, сұрыптап, саралап, сол өткен уақыттың кескін келбеті мен ажарын дүниеге алып келе бастағаны шындық. Ондай кезеңде ақылын ішіне жасырған астарлы пікірдің де, тағаттан жұрдай ұстамсыз ұшқары пікірдің де айтыла беретіні заңды. “Дағдарысқа түсті”, “тоқырауға ұрынды” деген сөздерді сын жанры да аз естіген жоқ. Əлі де естіп жатыр. Тіпті кейде “сын өлді” деген қатал сөз де таңғы ауада мылтық атылғандай гүрс ете қалатыны бар. Бірақ, бағамдап қарасаңыз, “сын өлді” деген сөздің өзі де – сын ғой. Яғни, қанша жаназасын шығардым десең де, бəрібір сынның өлмегені ғой. Бұл жерде бір айта кететін мəселе, мен өз басым, өлең жазатын адам болғандықтан, ұзақ жылдардан бері, қазіргі қазақ поэзиясы, оның талантты өкілдері туралы сыни ой-пікірлерімді бірде-бір үзген
емеспін. Тағы да осылай жұмыс істеп жүрген жалғыз мен емес. Бəрі десем күпіршілік болар, ақын-жазушылардың бірқатары дəл осылай еңбек етіп жүр. Бізде бір тас қамалдай қатып қалыптасып қалған жаман түсінік бар: əдебиет туралы сөзді тек сыншы айту керек. Шынымды айтайын, мен кейбір сыншылардың еңбектерін (əрине, бəрін емес) мүлде бағаламаймын. Неге? Өйткені, ол дүниелер, ең алдымен, көркемдіктен жұрдай. Таптаурын. Схема. Сылдыр сөз. Қатып қалған қасаң. Қасаңдығы сондай, оларды оқып отырып ең болмаса түйіні де жоқ кендір жіп жұтып немесе тоң боп қатып қалған кесек кеміріп отырғандай болам. Шабыттана алмайсың. Шарықтай алмайсың. Шалқи алмайсың. Хайуанаттар паркіндегі шарбақта қалғандай пұшайман, мүсəпір күй кешесің. Ал, сын деген де əдебиеттің басқа жанрлары сияқты көркем дүние, көркем əлем ғой. Яғни, ең алдымен ол көркемдік талаптарға жауап беруге тиіс. Əрине, көркемдік талаптарға толығымен жауап беретін шығармалар жаза алатын сыншылар бар. Бірақ, олар өте аз. Сондықтан мен кей ретте кендір жіп есіп, тоң кесек теріп кеткен қалың сыншылардан гөрі ақын-жазушылардың өздері жазған сыни ой- пікірлеріне көбірек ден қоям. Өйткені, олардың ой-пікірлерінің бойында қан бар, жан бар. Тақырыпқа ендеп кіру бар. Қаламдас əріптесінің лабораториясының тыныс-тіршілігін, демі мен лебін көрсету бар. Кейбір “паспортты” сыншысымақтар сияқты шығарманың оқиғасын ғана айтып, тысын ғана шолып шығу емес, автордың айтар ойының астарын ашып тастайтыны бар. Осы барлардың бəрінен де бұрын ол мақалаларда көркемдік бар! Тағы да бұл жерде айта кетер бір мəселе, əдебиетте шаш ал десе бас алатын əпербақан шолақ белсенділер ойлайтындай, сын деген кілең бір өлімші етіп дүрелеп сойып салу мен қорқыратып бауыздап тастаудан тұрмайды. Шолтаңдаған ол шолақ белсенділердің селебесі арқасы жауыр, кирелеңдеген көтерем хальтуршиктерге емес, ең алдымен, белі берік, сүбесі қалың, сауыры жалпақ жарамдыларымызды жайратып салады. Бейне бір олар сын жанрын қан сасыған қасапхана деп ұғатындай. Бүгінгі таңда сын жанрында не жетпей жатыр дейтін болсақ, онда оған əлі күнге дейін барымызды базарлай алмай жатқанымыз жетпей жатыр дер ек. Яғни, қарымды, қабырғалы қаламгерлеріміз күні бүгінге дейін
өздерінің тиісті бағаларын ала алмай жүр дер ек. Қайта қайдағы- жайдағы көлденең келіп киліккен көк аттылар кимелеп, олардың аяғының астынан ұшқан шаң, көп-көп көркемсөз шеберлерінің кескін- келбетін көлегейлеп көрсетпей барады дер ек. Мұндай келеңсіз құбылысқа басқа ешкім емес, алдымен өзіміз кінəліміз. Несін жасырамыз, бір-бірімізге деген ниетіміз жұтаң, тілегіміз тапшы. Рас, өтпелі кезең тұсында əдебиетке келген жастар поэзиясы туралы “Алтынкөпірліктер” деп аталатын мақала жаздым. Одан бұрынырақта Тоқаш Бердияров, Өтежан Нұрғалиев, Сабырхан Асанов, Меңдекеш Сатыбалдиев,Сəкен Иманасов, Дүйсенбек Қанатбаев сияқты ағаларым жайында, сонан кейін қатарлас құрбылар мен қанаттас інілерім Жəркен Бөдеш, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегман, Нұрлан Мəукенұлы, Болат Шарахымбайлардың (Құдай қаласа, бұл тізім жалғасын табады) шығармашылықтарына жеке-жеке тоқталдым. Əрине, осы уақытқа дейін əлгі аты аталған ақын азаматтардың замандасы, ерен де ерек ақын Есенғали Раушановтың өлең əлемі туралы қалам тартпағаным ұят. Кезінде Есенғали екеуміздің, алауыз болмасақ та, алакөз болып қалғанымыз рас. Қазір де екеуміздің ауыз жаласып, қауышып кеткеніміз шамалы. Сондықтан Есенғалидың өзін былай қойғанда, өзгелер де неге ол туралы жазбайсың деп кінəлап, күстаналай алмайды. Мен жазбағаннан Есенғалидың бəсі тіпті де түсіп қалмайды. Бірақ, ол туралы жазбау, ең алдымен, өзімнің азаматтығыма, адамдығыма сын деп білем. Ал, Есенғали Раушанов – əдебиеттегі кəмлеттік кезеңнен əлдеқашан өтіп, əбден толысып, кемеліне келген, шығармашылығы қалың-қалың қатпарлардан тұратын, ешқандай асырмай да, жасырмай да айтар болсақ, ұлттық үлкен ақындарымыздың ішіндегі санаулыларымыздың бірі. Мен үшін сан тарап, сан тақырып, сан сала, сан өріс-белеңде жұмыс істеп жатқан алуан мінезді, алуан ауа-райлы ақындардың ішінде ұлттық ақын деген өлшем бəрінендебиікұғымғаие. Өйткеніұлттықақындыбелгілі бір ұлттың рухани мұқтаждығы тудырады. Тағы да ол сол ұлттың қатерлі, қиын кезеңдерінде дүниеге келеді. Ондай ақын ұлтының алдында үлкен жауапкершілік пен міндет
арқалайды. Ондай жауапкершілік пен міндет кез келген ақынның пешенесіне жазыла бермейді. Бұл дүниеде ұлттың рухани мұқтаждығын өтеуден үлкен іс бар ма?! Бірақ, бұл жерде рухани мұқтаждық деген ұғымның қатып қалған қасаң формуласы жоқтығын, оның аса кең ұғым екендігін, ол ұғым заман желімен, уақыт лебімен өзгеріп тұратын қоғамның əр саты, əр баспалдақтары мен əр иірім, əр иінінде басқаша реңк пен түске, басқаша мазмұн мен мəнге ие боп түрлене құбылып отыратынын ұмытпағанымыз лазым. Мəселен, Махамбет ұлты үшін ақырып теңдік сұраса, Абай халқын қараңғылық қамауынан алып шығамын деп қайғы жұтып, у ішті. Пушкин жуылып-шайылмаған Ресейдегі құлдық пен зорлықты көріп зар илесе, Байрон Англиядағы ұлтына жасалынып жатқан əділетсіздікті көріп, өз елінен өзі безіп кетті; француз Беранже ұлтын қан қақсатқан діни дүмшелік пен корольдің озбырлығын көздеріне шұқып тұрып көрсеткені үшін қуғын-сүргінге ұшырады... Мұндай мысалдарды көптеп тізе беруге болады. Қасіретті ұлтының қамын ойлап көкірегі қарс айырылған Мағжанды, өз шығармаларында ұлттық қасиетті бар бояу-нақышымен суреттей білген Ілиясты, сұм заманның сұмпайы сықпытынан шошынған Сұлтанмахмұтты, өлеңдерінен ұлттық өрлік пен адуындылық атойлап тұратын Қасымды айтпағанда, Кеңестік дəуірдің қышқаштай қыспағының азуы сəл босаңсыған тұста “мен қазақпын” деп əлемге жар салған Жұбан Молдағалиевті, туған жерге кіндігінен байланып қалған Ғафу Қайырбековті, ұлы даланың рухани дидарын, яғни ұлттық мінез- құлқын айқара ашып көрсеткен Қадыр Мырзалиевті, өз ұлтының бойындағы күйдей тылсым, күйдей жұмбақ болмыс-бітімінің философиялық мəні мен психологиялық мəйегіне үңілген Жұмекен Нəжімеденовті, ұлтының рухани кескін-келбетін кеңістіктің алып сахнасына шығарып сомдаған Мұқағали Мақатаевты, ғасырлардың құмы мен қыры астында қалып қойған сарын мен əуенді қайта оятып, оларды құлағыңның дəл түбінен естілетін ұлы дүбірге айналдырып жіберген Төлеген Айбергеновті, əрі тартқанды бері тартам деп əуре болмайтын, қайта əрі тартқанды одан да əріге итеріп жіберетін мінезге ие Фариза Оңғарсынованы, ұлтым деп сөйлесе ұрты басқан көріктей ісініп, тілі үшін тап қазір жүрегін суырып, тілін кесіп беруге дайын Мұхтар Шахановты, Лениннің туған күні аталып өтіп жатқан ресми кең
залға арбасын шиқылдатып, өгізін аяңдатып кіріп келген Кеңшілік Мырзабековті, “дала сенің ұлыңмын” деген сөзі бірде шексіз мақтаныш, енді бірде жан айқайындай естілетін Əбдірəштің Жарасқанын, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай Иранғайыпты, “заманайлап” шерін ақтарған Ұлықбекті, “қасқыр баба” деп қасқайып сөйлейтін Серік Ақсұңқарұлын қайда қоясың?! Осы ақындардың қай- қайсы да ұлт ақыны. Олардың қай-қайсы да ұлттың рухани мұқтаждығы мен қажеттілігіне өз деңгей, өз дəрежесінде жауап берген ақындар. Əрине, бұл мақалада, өздеріңіз байқап отырғандай, талай-талай тамаша ақындардың аттары аталмай жатыр. Бірақ, мен бұл жерде нағыз ұлттың бояу-нақыштары бірден көзге түсетін ақындарды ғана атап отырмын. Сондықтан басқа жұрт мұныма түсіністікпен қарар деген ойдамын. Есенғали Раушановтың поэзиядағы орыны, сөз жоқ, жоғарыда аты аталған ақындардың қатарында. Ол ақындар бір-біріне қалай ұқсамаса, Есенғали да оларға дəл солай ұқсамайды. Қазақта “илегеніміз бір терінің пұшпағы” деген сөз бар ғой. Ол сөз басқа бір ортақ мəселелерге келсе де, алдына қағаз жайып, қолына қалам ұстаған жандарға келмейді. Əр ақын-жазушы, мейлі ол қотыр лақтың терісі болса да, оны өзі жеке илейді. Олай болмады ма, онда оның бəлду-бəлдуінің бəрі өтірік. Əр ақын – жеке индивидум. Ақын өз мінезімен туады, яғни, жаратылыс табиғаты қалай болса, өлеңі де сондай. Əдетте, ұлттық рухы биік ақындардың мінездері бір-бірінің көшірмелері болмаса да ұқсас болып келеді. Бəрі де бір беткей, бəрі де қайсар. Қалыпқа сыймайды, қамытқа басын кіргізбейді. Есенғали бұл ретте былай дейді: Тасырқағанда тас жауған Тау болды ұйықтар айлағым. Қасқырдан анау қас жаудан Тартып ап апан жайладым. Жетіп бір құлан қайырып, Желкеден алдым жеміт деп.
Тағыдан олжа айырып Тарпаңды міндім көлік деп. Батырша күліп түрегеп, Отырдым жылап ақынша. Жонымды тостым “міне” деп Жолбарыс-тағдыр атылса... Міне, еркектік мінез! Міне, ақындық тарпаң болмыс! Дүниені алағай да бұлағай етіп астан-кестенін шығарып жіберуге əзір, сұмдығы мен зымияндығы ібіліс пен шайтанның өзін шатастырып, айласы мен қулығы албасты мен перінің өзін адастыратын, қырсықтығы мен қыңырлығы қырық есекке жүк болатын мына сұмпайы заманға осылай күш пен сес көрсетпесең, онда ол сенің бұтыңды бұт, қолыңды қол етіп, терідей айырып, матадай жыртып тастары сөзсіз. Апан аранын айдаһардай ашып, жұтқан сайын жұлынып, қылғытқан сайын құнығып бара жатқан, обыр өңеш пен озбыр пиғыл əбден иектеп, халықтың қасиетін де, қасіретін де аяғына сап таптап, мүлде басынып, басқа шығып алған мына жыртқыш, кісəпір заманды енді жалынан сипап жуасытам, мойнынан қасып сабасына түсірем деу бос əңгіме. Оны тоқтатса осындай қаһарлы еркектік мінез ғана тоқтата алмақ! Бұл енді бүгінгі хал. Не болғанда да, қазір ептеп болса да, бойымызға ұлттық қан, ойымызға ұлттық жан кіре бастады. Ондай тұста осындай еркектік мінез көрсетуіміз заңды. Əрине, тұтастай алғанда, қазір де оңып тұрғанымыз шамалы. Орнымыздан дүрк көтеріліп кете алмай жатырмыз. Дей тұрғанмен, күні кеше ғана, анда-санда болса да, мұндай мінез көрсету мүмкін емес еді ғой. Өйткені, біздің санамыз да, ой өрісіміз де, тіпті ақыл-есімізге дейін алапат күйзеліс пен апатты күйреуге ұшыраған болатын. Ұлттық болмысымыз бен рухымыз тамыр талшығына дейін оталып қырқылып жатты. Ауызы кере қарыс, азуы алмастай өткір бір-ақ идеология үстемдік етті. Орыстану идеологиясы. Білім де орыста, ілім де орыста, мəдениет те орыста, өнер де орыста, өлең де орыста... Бəрі де орыста. Ер жүрек те сол, кең жүрек те сол. Кемеңгер де сол. Қалған ұлттардың
бəрі де болар-болмас бірдеме немесе түкке алғысыз. Ол идеология бойынша жалғыз Кеңес одағындағы ұлттар ғана емес, жер жүзін жайлаған басқа елдердің де оңғаны жоққа тəн. Батыс Еуропаң да, Америкаң да солай. Өйткені, олар дұрыс жол таңдай алмаған. Шетінен тонаушы, шетінен жыртқыш. Бір сөзбен айтқанда орыс бола алмасаң, күнің қараң. Орыс болмасаң мəдениеттен де, əдебиеттен де жұрдай боп жұртта қаласың. Міне, осындай сұмдық сұмпайы идеология ақырында дегеніне жетті. Ойымызды да, бойымызды да улап алды. Санамызда оған қарсы тұратын иммунитет жойылды. Əлбетте, орыс халқы – ұлы халық. Оған ешкімнің де дауы жоқ. Үйренгеніміз де аз емес. Бірақ, өзгенің еңсесін езіп, тіпті жерге тығып, оны осыншалықты дабырайту, осыншалықты шырқау биікке көтеру, алдына тізе бүгіп табынуға дейін бару не үшін керек еді. (Бұл үрдіс, өкінішке орай, əлі де жүріп жатыр). Əрине, бізді ұлт ретінде мүлде жойып, біржола орыс етіп жіберу үшін керек еді. Содан барып біздің санамыз да, атымыз да, ақыл-есіміз де, орыс рухымен отарланып, бүкіл болмыс-пішінімізді құлдық психология меңдеп алды. Мəңгүрттендік. Сол идеологиядан бəріміздің уланғанымыз сонша, қиыр шет, қиян түкпірде, мəселен Қызылқұмданемесе Қатонқарағайдажүргенқарапайым тракторшы не шопан, ешқандай алты аласы, бес бересісі болмаса да, “атаңа ғана лағынет американдық пен француз, көріңде өкіргір неміс пен испан” деп, жеті атасынан бері түк қалдырмай сыбайтын, оларды иттің етінен бес бетер жек көретін “дəрежеге” жетті. Не үшін? Өйткені, олар бізбен, яғни орыспен қас. Кеңес өкіметімен, яғни орыс идеологиясымен жау. Тек орыс қана əдемі əйей, тек орыс қана ғажап, керемет. Қалғандардың бəрі не анайы, не жабайы. Міне, осы бір орыс идеологиясынан туындаған аса қатерлі психологиялық ауытқу процесін Есенғали қандай тапқырлықпен айта білген десеңізші?! Француздар келіп жатыр полкке, Еңлік көктем еркелейді шашып нұр. Жақсы болды біз үшін, Офицерлер асханасы ашық тұр.
Француздар, Қызық, тегі, мінезі, Зеңбіректі айналшақтап көреді: “Қанша адамды жайпайды екен бұл өзі”. Білмейді екем мен оны. Комбат айтқан: “Шылым берсе алмаңдар!” Неге алмаймыз? Түсінбеймін мұны да. Дала – рахат. Сай-салада қалған қар Барады өрлеп қарт Кавказдың шыңына. Шіңкілдеген жетеді үні құлаққа, Майор Бурцов қонақтарды тілдейді: – Мəдениетті-ақ халық сынды, Бірақ та Бұлар неге орыс тілін білмейді? Көрдің бе, сол бір сұмпайы идеология орыс тілін білмеу барып тұрған бейшаралық деген қасқой ұғымды, басқаны былай қойғанда, орыстың өзіне сіңіріп жіберген. Шіңкілдеген майор Бурцовқа дейін империалистік эгоизммен, отаршылдық өркөкіректікпен дерттеніп, айықпас рухани кеселге ұшыраған. (Ол кеселдің вирусы бізді əлі де буып тұр). Əлемдегі ең қадірлі мəдени алтын ошақтардың бірінен саналатын француздардың өздерін шіңкілдеген жəутік Бурцовтың өзі зорға көзге іліп тұрғанда, басқаларға не жорық. Қарапайым ғана, жай ғана айтыла салғандай боп көрінетін бұл өлең жолдарында қаншама ащы мысқыл, қаншама уытты сарказм жатыр
десеңізші?! Көлемі шап-шағын, ал көтерер жүгі зіл батпан. Оқисың да, Есенғали шеберлігіне тəнті боласың. Əсілі шеберлік – қарапайымдылықта. Құдай-ау, түп-тамырларымызды түгел отап жіберуге кіріскен осы бір кесірлі де кесапатты идеология басталмай тұрған, сонау тарихи кезеңдерде не болып еді өзі?! Оған да бір үңіліп көрейікші. Ақын енді бізді тағы бір жыры арқылы алағай да бұлағайлы төңкеріс заманына ап кетіп, ақ пен қызылдардың кезек-кезек кеп, қазақ ауылына салған əлегі мен лаңын суреттейді. Жалпы, шын ұлт ақыны – ұлт тағдырымен қандас, тамырлас. Яғни, ұлт тағдырын жан-жақты көрсете білген ақын ғана ұлт ақыны бола алмақ. Өлеңге қайта оралайық. Қысқа күнде қырық құбылып тұратын заман-ай. Ыспа құм ішінде отырған шағын ғана қазақ ауылы. Ол да қатыгез заманның сұрапыл дауылы астында қалған. Кеше ғана моп-момақан, тып-тыныш жатқан дүние асты үстіне түскендей əбігер. Айнала дүбіліс. Айнала алашапқын. Ағы кім, қызылы кім, айтып болар емес. Əйтеуір қызыл танау аптығу, дал болып абдырау... Міне, Кепкен шал “Алла-ай” дегенше болған жоқ “Құйылып келіп қалды кіл аттылар”, Шетінен өпірем, шетінен өктем. Жөн сұрап жауаптасып сөзге келмек түгіл, мынау да адам екен-ау деп көзге ілмейді. Олар үшін мына алдындағы адамдар адам емес, ербиген-сербиген əйтеуір бір сұлбалар секілді. Одан əрі не болды дейсіз ғой. Ел емес, Көктен түсіп “Құдай” келді, Құдекең атаман боп сыбай келді. – Мұның не, Орысжан-ау, – дегенінше Кепкен шал – кескен терек құлай берді. – Уа, батыр, Жөніңе кет жылқыңды ал да,
Жылқыдан басқа менің мүлкім бар ма? Бишік бір ыс-с ете қап, өшірді үнін Би-аға сауға сұрап ұмтылғанда. Ыспа құм ішінде моп-момақан боп монтиып қана отырған қазақ ауылы əп-сəтте ойран-ботқасы шығып, қып-қызыл қанға боялып, зорлық пен зомбылықтың тарғыл ізді табанының астында қалды. Шектен əбден шығандап шығып, есіре еліріп кеткен сол зорлық пен зомбылық айналаның бəрін ту-талақай етіп, жүндей түтіп, жұмыртқадай жарып, мал біткенді алдына сап тайып тұрғаннан кейінгі ауыл көрінісіне қараңыз. Жігіттер үнсіз-түнсіз тұрды ұғысқан, Не пайда, шаппаған соң, құр қылыштан. Басына төңкерулі қазан киіп Бас баққан қорқақ шықты бір бұрыштан. Бармысың, тірімісің, жарығым-ай, Не жаздық, неден жаздық тағы, Құдай. – Болғанда ағы мұндай, бұл итіңнің Қызылы қандай болмақ, Тəңірім-ай?.. Ғұмыр бойы “ақ” деген сөз бен ұғымды қасиет тұтып келген жұрттың сол “ақтан” көрген құқайы мынадай болса, қан түстес “қызыл” деген сөз бен ұғымнан осылай шошымай қайтсін?! Бұл ауылдың басына тиер таяқ осымен бітпепті. Оның көрер көресісі əлі де алда екен. Көп ұзамай қыр астынан тағы да аттылардың қарасы көрінді. Бірақ, бұл қазақ өткеннен дəріс, тарихтан сабақ алып көрген бе? Таспен ұрғанды аспен ұрып үйренген халық қой. Аузы күйген үрлеп ішеді дегенді айта тұрып, оны өзіміз істейміз. Ұмытып кетеміз.
Ыссылай қауып, аузымызды тағы да күйдіріп аламыз. Ең болмаса, алды-артымызға қарап бір пəске аял етпейміз. Өткеннен тəлім мен дəріс алмайтынымызды қараңызшы, сəскеде ғана асты үстіне түсіп, ойран-ботқасы шыққан ауыл қыр астынан көрінген əлгі аттыларды қонақ деп қабылдайды. Қазақы аңғалдық! “Сəске”, “Кешке”, “Азанда” деген тақырыптарды мезгілдің көркем шарттылықтары деп қабылдасақ та олардың шындықтан ауылы алыс емес. Сол-сол-ақ екен, лезде-ақ “Жылмаңдап ұры көсеу отқа кірді, Аққұман томпаң қағып шоққа мінді”. Барын ауыздарына тосып, құрмет көрсеткен мына жұртқа қарап жатқан командир кенет нілдей бұзылады. Оның ішіне “Питерде пролетариат ашығуда, Бұлардың не құқы бар тасынуға? Əдейі құм ішінде бөлек отыр, Астығын мал-дүниесін жасыруға” деген арам пікір кіреді. Содан кейін-ақ алатай бүлік басталады да кетеді. Сақылдап қайнап жатқан қазан төңкеріліп, түңлігі түріліп шалқайып ашық жатқан шаңырақ ортасына түседі. Маңдайының соры бес елі жазықсыз жазған ауылдың тағы да ойран- ботқасы шығып қала береді. Еркек кіндіктілердің бəрін ыза қысып, кек буып алған. Бірақ, қылар айла жоқ, қолдан келер шара жоқ. Сонымен бұл озбыр қиянат қалай аяқталады дейсіз ғой. Оқиық. Жара ғой ем-дауасы табылмас бұл. Алғандай төңіректің бəрін қасқыр Көйлегі алау-далау, өңірі ашық Қобырап қара шашы қарындас тұр. Қарындас жыламайды, қарғанбайды. Қарындас – тас боп қатып қалған қайғы. – Жаба гөр абыройыңды, айналайын. Қасында кəрі анасы қалбаңдайды.
Бұл тікен кіргендей тұла бойыңды ду еткізіп, төбе шашыңды тік тұрғызатын, алпыс екі тамырыңа сумаңдаған қып-қызыл от қуалап, жаныңа ыза мен кектің құтырып тұрған зəрлі уытын құйып жіберетін сөз-сурет. Трагедиялық сөз-сурет! Бір айналдырғанды шыр айналдыратын бұл қу тағдырдың тəлкегі осымен тамамдалып қалсын ба, енді бұл трагедия одан əрі таргокомедияға ұласады. Қалай? Енді соған келейік. Алдымен бір күнде, сəске мен кеште, төбесіне қатарынан екі рет əңгіртаяқ ойнап, жай түскендей опырылып омалып, есеңгіреп қалған ауылдың енді азанғы, яғни таңертеңгі кескін-келбетіне көз салайық. Кең дала шет-шегі жоқ паң көсіліп, Сəріден жел бебеуге салды есіріп. ... Көзі ісіп, Қаны қашып Күн де шықты Құм жатыр есік алды мəңгі есіліп. Айнала тып-тыныш. Сүзектен тұрған жандай боп ауылға да созалаңдаған харекет кіре бастады. Кенет... Тып-тыныш, Үріккен ауыл жат қонақтан, Не болды шалды кенет жалт қаратқан. Белдеуде бөтен ат тұр, Кімнің аты? Кепкен шал басты айқайға: – Аттан! Аттан! Əп-сəтте алақандай ғана ауыл айқай сүреңге, алқын-жұлқын жүгіріске толды да кетті. Əне-міне дегенше біруді тауып алып “Басына қап кигізіп, байлап-матап, əлгіні алып шықты сереңдетіп”. Сонан кейін...
Əй, ұрды-ау, ұрды, ұрды, Тағы да ұрды. Кемпір-шал, бала-шаға жабыла ұрды. Тепкілеп, Мама ағашқа таңып ұрды, Бəрінің ұрған сайын жаны кірді. Сонымен əбден ыза мен кектен, ашу мен өшпенділіктен өртенердей болып отырған ауылдың қолына ғайыптан-тайып, біреу болса да, əйтеуір, жаудың түсе қалғанын қарашы?! Құдай, сұрасаң, бүйтіп қараспас. Əлгіні биттей сығып, иттей тепкілеп, өткендегі өші, берідегі кегі түгел қайтпаса да, айыздары бір қанғандай болды-ау. Бір кезде... Құдай-ау не боп кетті өзі. Кенет (тағы да кенет!). Басты кептеп алған қап сөйлей жөнелсін: Жау көріп өзгені де, өзіңді де. Уа, иттер, Не көрінді көздеріңе? Қазақпын, Қазақпын мен, Пəленшемін. Гəп осы, құлақ ассаң сөзге, міне. Сөйтсе ол кешегі отряд “жол көрсет” деп қосып ап, сонан кейін жол- жөнекей тастап кеткен, өздеріне етене таныс көрші ауылдың адамы екен. Бүкіл ауылдың жабылып сабаған адамы өзінің қазағы болып шықты. Апыр-ай, десейші, бізде кілең осылай ғой! Жауға тапталып иленеміз, сонан кейін бірде біліп, бірде білместен, өзімізді-өзіміз өлімші етіп сабаймыз. Бұл өлең тек қана трагокомедия емес. Бұл өлең – өлең-метафора!
Бес-алты-ақ беттік, үш-ақ тақырыптан (“Сəскеде”, “Кешке”, “Азанда”) тұратын бұл “Қазақ ауылы” өлеңін оқып шыққанда үлкен шабытты талантпен жазылған драмалық һəм трагедиялық үш кітап оқып шыққандай əсер аласың. Осы бір шап-шағын дүниеден-ақ Есенғалидың кең масштабтылығы мен эпикалық тыныстылығын жазбай танисың. Есенғали Раушановтың эпикалық зор ауқымдылығының түп-тамыры оның туа бітті табиғи болмыс-бітімінде жатыр деп ұққан жөн. Яғни, оның əу бастағы талант табиғаты солай жаратылған. Содан да болса керек, ол бірқатар тынысы кең, тамыры терең, биік өрелі, айтар ойының аясы ауқымды, көтерер жүгі салмақты, өткеннің өкініш-күйініші бүгіннің өкініш-күйінішімен бірге өрілген “Сары өзен”, “Ғайша бибі” сияқты кесек дастандарды дүниеге əкелді. Бұл дастандар, əсіресе, “Ғайша бибі” поэмасы өзінің композициялық жəне архитектоникалық құрылымы жағынан болсын, əрі көне, əрі жаңа сарындардың ұласа үндесулері жағынан болсын, қарама-қайшылыққа толы драмалық, трагедиялық күрделі сценаларды үлкен шеберлікпен көрсете білу жағынан болсын, адам мен адам, идеялар мен идеялар арасындағы бітіспес шарпысуларды терең ұғыну жағынан болсын, күрмеуі қиын психологиялық сəттерді тарқату жағынан болсын, сөз жоқ, шоқтығы биік шығарма. Бұл поэманы тек Есенғалидың ғана емес, жалпы қазақ əдебиетінің зор табысы десек артық айтқандық емес. Мұндай дүниені қарымы кең, интеллектуалдық қуаты зор талант иесі ғана дүниеге келтіре алса керек. Əрине, қандай тақырып та қарсылыққа ие. Ал ғасырлар қойнауында жатқан, шырмауы бытысып, шырғалаңы шатысып кеткен тарихи тақырыпты жүйелеп, мейлі, өз пайымымен болса да, тарқатып шығу, оған жан беріп тірілтіп қана қоймай, оның бойына қуатты қарекет кіргізіп, бүгінгі күннің рухани айналысына түсіру – аса қиын міндет, аса қиын шаруа. Яғни, тарихи тақырып қарсылығы алапат! Оны жеңу үшін үлкен жан-жақты ілімділік пен үлкен талантты ірілік керек. Бұл талап Есенғали бойынан табыла біліпті. Дей тұрғанмен, біз бұл мақалада Есенғали поэмаларына тоқтала алмаймыз. Өйткені, ол біздің бүгінгі міндетімізге жатпайды. Əлгі жоғарыдағы сөзімізді тек Есенғалидың ұлттық ақындығы мен
эпикалық тыныстылығын дəйектей түсу үшін ықшамдап қана шолып айтылған шағын мінездеме деп қараған жөн. Бүгінгі əңгімеміз Есенғалидың өлеңдері, оның ішінде ұлттық болмыс- бітімі жайлы. Əрине, халық болып қалыптасып, ұлт болып ұйысу үшін, ол халық пен ұлт адам айтқысыз аласапырандарды, сұмдық сұрапылдарды басынан өткізуі заңды. Бір отқа, бір суға түсіп, төс пен балғаның арасында шыңдалмаған халық ұлт болып тамыр тарта алмайды. Қорлық та көреді, зорлық та көреді. Күйініші де болады, сүйініші де болады. Қай халықтың тарихын ақтарып, тағдырын іздесең де дəл солай. Біз əлі де сол гəпті, сол процесті басымыздан өткізіп жатқандаймыз. Өйткені дəл қазір бəріміз біліп, ұғып отырғандай, сын сағат, сын кезең үстіндеміз. Бірде отқа сап, бірде суға сап жатқан бұл кезеңнен Алла жазса құрыштай шынығып, шарболаттай шыңдалып шығамыз ба деген үміт те жоқ емес. Ол үшін қайтпас қайсар Күрес керек. Рухани қуатты күрес! Сондықтан “Қазақ ауылының” (автор меңзеп отырғандай бұл тіркес үлкен мағынаға ие) көрген құқайын айтып, қақырап сөгіліп, күйзеле сөйлесең де күйрей жығылуға болмайтынын басқа-басқа Есенғали жақсы біледі. Халқыңның зарын айт, көрген қорлығын айт, бірақ ішкі рухыңды өлтірме! Күйзелсең де өзегіңе құрт түсірме. Тіпті тұрмыстық, шаруа харекетімен жүрген қарапайым қатардағы адамның бойы мен ойынан да, оның өзі мен сөзінен де ірілік сезіліп тұратын болсын. Олай болса үлегін іздеп жүрген түйекештің сөзіне құлақ түріп көрейікші. Тілім-тілім, Бұжыр-бұжыр денесі, Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі, Борбас үлек – атасы, Бопық мама – енесі, Төс табаны отты басса күймеген, Тасты басса қамырдайын илеген. Қатар қойып отыз інген қайытқан,
Қатар қойып отыз шана сүйреген. Үлек жоғалттым. Кім көрді? Құдай-ау, не деген жоталы, не деген ірі, не деген палуан сөздер бұл?! Түйешінің аузынан осындай қайратты, осындай қуатты сөздер шығатын халықтың рухы қалай төмен болмақ?! Сонда ол халықтың қалғандары қандай? Уысына түскенін үгіп, ұстағанын жыртып, тартқанын айырып, таптағанын илеп, қысқанын күтірлетіп сындырып жіберетін өңкей бір алыптар болып шықпасын! Құдайға шүкір, Есенғалида еңсеңді көтеретін, жігеріңді жанып, қуатыңды қайрап, күшіңді еселеп, кеудеңді көріктей етіп жіберетін бұл сияқты поэтикалық қуатты, температурасы жоғары, тіпті кейде пері соққандай бой бермей арқаланып кететін өлеңдер жетіп артылады. Біз бұл мақаламызда Есеғалидың, əлгінде айтып өткеніміздей, бір-ақ қырын, яғни оның шығармашылығындағы ұлттық болмыс-бітімді ғана сөз еттік. Соның өзін ақи-тақи айтып шықтық дей алмаймыз. Өз ұлтының зарын да, қайғы-қасіретін де, сонымен бірге биік рухын да бүкіл жан-жүрек, қарым-қайратымен жырлап келе жатқан Есенғали Раушанов шығармалары əлі талай кемел де өрелі əңгімелерге арқау болары сөзсіз. Есенғали бір өлеңінде: “Əр қазақта он қазақтың зары бар”, – депті. Осы сөзді мен сəл өзгертіп, Есенғалидың өзіне қаратып: “Өзегінде бар қазақтың зары бар”, – дегім келеді. “ҚҰЛАҒЫҢ ШАЛСЫН ДАУСЫМДЫ!” Қолымда – мына жарық дүниеден жоқ іздеген жандай асығыс аттанып кеткен талантты бауырым Нұрлан Мəукенұлының “Жоғалды жыл. Жоғалды ай. Жоғалды күн.” деп аталатын жыр кітабы. Кітапты ашып қалғанда, оның алғашқы бетінің маңдайшасында қазақ халқының асыл
да батыл перзенттерінің бірі, өтірік пен жалғандық белең алып бара жатқан мына өмірде ешкімнен қаймықпастан əділдік пен ақиқаттың ақ туын көтерген қайсар азамат, сол үшін де қатыгез қаскөйлікпен өлтірілген Алтынбек Сəрсенбайұлының “Нұрлан! Соңыңнан қалған шығармаларыңды жарыққа шығаруды парызым деп санадым” деген бір ауыз сөзі жазылыпты. Қайран Алтынбек, өзінің малта құртты бөліп жескен курстасы, тілектес, ниеттес досы Нұрланның артында қалған жыр мұрасына қамқор болып, оны жарыққа шығаруды өзінің парызы санапты. Дос алдындағы борышым деп біліпті. Көп ұзамай Алтынбектің өзі де қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып мəңгілік сапарға кетіп еді-ау... Осы кітапқа шағын ғана алғы сөз жазған тағы бір талантты інім Ғалым Жайлыбай “Сен өмірді сонша сүйюші едің. Жанарыңнан нұр шашып жымиып бір тұратын бейкүнə көңілдің иесі едің. Сайқалдық пен сатқындықты көрсең найзағайдың отындай жарқылдап кететінсің”, – деп аһ ұрыпты. Кезінде мен бұл кітаптың тұсаукесеріне де қатысқан ем. М. Əуезов атындағы академиялық театрда өткен ол тұсаукесерге де жатқан жері жарық, ауыр топырағы жеңіл болғыр Алтынбектің өзі бас-көз болған- ды. Онда Нұрланның замандас ағалары, құрбы-құрдастары мен інілері жан толқытып, жүрек тебірентетін қиналыс пен қимастыққа толы сөздерін айтқан-ды. Нұрлан Мəукенұлы əдебиетке үзеңгі қағыстырып қатар келген өз тұстастарының ішінде ерте көзге түсіп, ерте танылған ақындардың бірі болатын. Келгенде де, еліктеу-солықтаудан мүлде ада, өз бедері, өз ою- өрнегімен, образдар жүйесімен, ешкімге ұқсамайтын ырғақ-мəнерімен, əр-бояуымен келген еді. Содан да қай кезде де тосын үн, тың үрдіске сергектік танытатын жыр сүйер қауым бірден-ақ қабылдап, бірден-ақ ұққан болатын. Əсіресе, өз өлеңдерінде абстракты ұғымдардың өзін иірімді үйірімдерге түсіріп, қарама-қайшы түсініктердің өзінен үйлесім мен жарасымдылық таба қоятыны оқыған жанды тəнті етуші еді. Нұрлан əдебиетке келген кезде мен Маңғыстауда болатынмын. Өлеңдерін білгенмен өзін көрмеген едім. Алғаш рет оны қазақ əдебиетіндегі шоқтықты көркемсөз шеберлерінің бірі Оралхан Бөкеевті ақырғы сапарға аттандырған азалы жиында кездестіріп ем. Шашы
тікірейген ашаң келген қара торы келісті жігіт екен. Ағасының қазасына қатты қиналған оның қоңырқай жүзі қуарып, көзінің аласы молайып, айналасына абдырай қарап, қабағы ауырлап күйзеліп жүргені əлі көз алдымда. Мен Маңғыстаудан Алматыға қызмет ауыстырып келгеннен кейін маған ол жиі болмаса да, ауық-ауық ат ізінсалыптұрды. Əрине, олалғашқыжүздесулер, шынын айту керек, амандық-саулық пен хал- күй сұраудан əрі аса алған жоқ. Бірақ, өмірінің соңғы жылдарында ол менің кабинетіме жиі-жиі бас сұғатын болды. Бұрынғыдай емес, əңгімеміздің тақырыбы да, аясы да кеңи түсті. Бір қараған сырт көзге біртоға, тұйықтау көрінетін Нұрлан сөйлесе келе ақкөңіл, ақжарқын жігіт боп шықты. Бара-бара екеуміз көшеге шығып сусындап та қайтатын болдық. Ондайда əңгіме көрігі бұрынғыдан да қыза түсетіні белгілі ғой. Бір-бірімізді тереңірек түсініп, бір-бірімізді жақын тұта түстік. Бір-бірімізге деген ықылас-пейіліміз, сый-құрметіміз арта түсті... ...Бір күні Нұрланым салы суға кеткендей, қабағына кірбің қонып тұнжырап келді. Себебін сұрап ем, бауырының басына түскен бір жайт қабырғасына қатты батып, соған алаң боп жүргенін айтты. “Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді”, ертең-ақ бəрі орнына келеді деп көңілін көтермек болдым... Бірақ, Нұрланның қабағына қонған сол бір кірбің, жүрегіне түскен сол бір ауыртпалық ұзақ уақыт кетпей қойды. “Бір айналдырғанды шыр айналдырады” дегендей, бір келеңсіз оқиғадан кейін екінші бір келеңсіз оқиғаға тап болып, төбесінде шырқ айналды да жүрді. Жан-жүрегін ауыртып, бүкіл ішкі дүниесін əңкі-тəңкі етіп əбігер мен əлекке түсірген сол бір кезеңнен өту оған оңайға соққан жоқ. Қатты қиналды. Қатты жүдеді. Бүгінде мен оның сезімтал, нəзік жүрегін сол бір батпандай түскен жайттар үзіп жіберді ме деп те ойлаймын... Енді, міне, Нұрлан бауырымның жыр жинағын қолыма алып қарап отырмын. Əр өлеңін оқыған сайын оның айналасында болып жатқан аласапыранды қарбалас тіршілікке бей-жай қарай алмағандығы, сол тіршілікпен біте қайнасып, суығына тоңып, ыстығына күйгеніне, күнделікті болып жататын сан текті, əр қилы құбылыстармен бірге өріліп, бірге өскен шын мəніндегі нағыз ақын екндігіне көзім жете түседі. Өмір бойы, мен үшін аксиомаға айналған бір шындық – нағыз
ақын қоғам мен заманнан өзін тыс қоя алмайды. Қоғам мен заман бойында жүріп жататын дүбіліс пен дүрбелең де, жаңғыру мен жаңарулар да, серпілістер мен сілкіністер де, қақтығыстар мен шарпылыстар да нағыз ақын жүрегінде тартылыстар мен соқтығыстар тудырмауы мүмкін емес. Сол заман мен қоғамның бірде өрттей ыстық, бірде аяздай суық лебі мен демінен ақын жаны бірде ашынады, бірде күйінеді, бірде толқиды, енді бірде тебіренеді... қым-қуыт құбылыстар, сан-сапат сапырылыстар тудырады. Сондықтан да оның Қоғам кедей, Қайда барам мен асып... Шидем шекпен шилі ауылға жарасып, Үлкендерім үйде отырып бал ашып, – Қоғамымнан қайда барам мен асып, – деген сөзіне қалтқысыз сенесің. Өйткені, қандай бір қоғамның да алдыра қоюы да, шалдыра қоюы да қиын. Алам десең алып ұруы, шалам десең шалқаңнан түсіруі əбден мүмкін. Бірақ, солай екен деп бұта-бұтаны паналап, бас бағып бұғып қалуға да, аяқ асты боп, құм- топырақта тапталып қалуға да болмайды. Оның бойын барған сайын күш алып жайлап бара жатқан түкті құбыжықтардай аранды бəлекеттермен, жыландай сумаңдап ысылдаған зымияндықтармен сен алыспасаң, кім алыспақ. Олармен сен ұстаспасаң, кім ұстаспақ. Əрине, олармен жел диірменмен соғысқан Дон Кихот құсап жалғыз алыса алмайсың. Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас. Олай еттің бе, онда ол сені алмастай өткір тістерімен шайнап-шайнап бір-ақ түкіруі немесе қанды шеңбелімен бір-ақ бүруі мүмкін. Онымен тек ел болып, жұрт болып қана күресу керек. Табаным жерге тиген күн Тəй-тəй басуды үйрендім. Маңдайым тасқа тиген күн Байқай басуды үйрендім.
Қабырғада қаяу жоқ– Қалың жұртқа сүйендім. Омыртқада буын жоқ– Ояу жұртқа сүйендім. Бірақ, ояу жұрт дегенің көп пе, аз ба? Арқа тірер сүйенішім, қорғанар қалқаным, сілтенер семсерім деп жүрген ояу жұртыңыз ат төбеліндей аз боп шықса қайтпексің? Сол бір ат төбеліндей ғана ояу жұртпен қай бір аранды бəлекеттің бетін қайтарып, қай бір сумаңдаған зымиян жыланның тісін опырып, улы тілін жұлып алмақсың. Бірақ, бəрібір ояу жұрт аз екен деп бармақ шайнап, бас шайқап отыра беруге болмайды ғой. Бел шешіп, білек сыбанып күресу керек. Күрес қана күрестің көкжиегін кеңейтеді. Бүгін ат төбеліндей ғана аз қозғалса, күні ертең селдей боп көп қозғалады. Таудың төбесінен бір тас домалатсаң, түу төменге жеткенше соқтығыстар мен қақтығыстарды тудыратын қаншама тастарды домалатады. Үлкен бір сатыр-сұтырлы жөңкіліс тудырады. Солайы, солай ғой. Бірақ, оның бұл жолда қанаты қайырылып, қайраты майырылып, сағы сынғандай боп, опынып қалған тұстары аз болмапты. Содан да оның: Жапырағымнан жаз ұшты, Қанатымнан қаз ұшты. Ирек те ирек су беті Сұлулық сырын жазысты. Көкірегімнен күн ұшты, Көздерімнен түн ұшты. Мен тата алмаған тұманың Балдайын талғап кім ішті. Бақыр басымнан бақ ұшты, Тапталып қалды тақ үсті.
Уыты қайтқан уақыт Кеудемнің отын жағысты. Жылысып өткен жазым-ай, Қаңқылдап ұшқан қазым-ай. Қолымның қысқалығын-ай, Қайрылмас күннің азын-ай, – деп сөйлегенінде талай сыр, талай гəп бар. Көлденең жатқан көк тасты қамырдай илеп жібере алатындай арындаған тұлпар болмысының тұяғы кетіліп, сарқыраған тасқынды ағысының құрдымға жұтылып, жүрер жолының алдын амалсыздық бір, шарасыздық екі орап жатса, осылай өкінбей, қалай өкінбексің?! Нұрлан Мəукенұлы – өз өлеңдерімен мына өмірдің қыры мен сырына, қыбы мен жымына, оның ақар-шақарлы қатпарлары мен шырқау шыңыраулы ұңғыл-шұңғылдарына терең үңілген ақын. Оның бойында толассыз жүріп жатқан қарама-қайшылықтарды да, көмейінен от шашып шаптыққан шарпылыстарды да, көзімен ата қарайтын алакөздік пен жүгенсіз кеткен алауыздықты да, аяқ асты ететін аярлықты да, құрық пен сырық бойламайтын қулық пен сұмдықты да, қара суықтай қаталдық пен ішіне қан қатқан қатыгездікті де, қайырылудегендібілмейтінқаскөйлікпенқолынатүссең маңдайыңды қақ айырып жіберетін қаскүнемдікті де молынан зерттеп, зерделепті. Табиғатын таныпты, болмысын пайымдапты. Содан да оның зерделегені зілдей ауыр ойға, пайымдағаны батпандаған мұңға ұласып кетеді. Тағы да олардың өзегінде көктемгі жыланның уындай өткір ащы шындық жатады. Тірінің қамын тірі жер, Тірілер бірін-бірі жер. Тірлікте қашқан қадірің Өлгенде ғана білінер. Өлінің қамын тірі жер,
Жоқтауын салып жүгінер. Жоғалтып алған асылы Айрылғанда білінер. Атан ғана көтере алар сөз ғой бұл. Əсілі, мұндай сөзді тұрлаусыз мына тірліктің қойын-қолашын, шым-шытырық шырғалаң жолдарын, ойпаң мен өрін, ащысы мен тұщысын молынан көрген адам ғана айта алса керек. Тірілері бірін-бірі жеп жатқан мына өмірде тіршілік ету қандай ауыр, қандай қиын. Қандай қатал, қандай қатыгез өмір! Бұл өмірді жайдары, жақсы-ақ өмір еткің келеді, бірақ амал не, əлдекімдердің пəрмені мен дəргейі сені қылшаңнан қиып, алқымыңнан үзіп жібереді... Нұрлан Мəукенұлы – өз ғұмырында, осы кітаптағы жырлар куə боп отырғандай, үзбей ізденіп өткен ақын. Əрине, ізденістің де, ізденісі бар. Дүниені танып-біліп, арғы-бергі əлем əдебиетінің ең үздік інжу- маржандарымен өзіңді үздіксіз байыту, оның бастау қайнарларынан мейірің қанғанша сусындау қоғам мен заманға ауқымдырақ қарауға, уақыт пен өмірге тереңірек үңілуге молынан мүмкіндік берері сөзсіз. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Өз ұлтының топырағынан жүлге-жүлге, тарам-тарам тамыр талшықтарымен мейірі қанғанша нəр сорып, кепкен кенезесі мелдектегенше тоғайуы керек. Сонда ғана ол ақырып теңдік сұрайтын арқалы ақынға айналмақ. Олай болмады ма, онда ол ақын ешуақта да ұлттық ақын деңгейіне көтеріле алмайды. Өз ұлтының топырағының сөлі мен нəрінен, шері мен шеменінен кеңірдегінен келгенше мол қоректене алмаған ақын, əлем əдебиетінің қайнар бұлақтарынан қанша үйреніп, олардан қанша сусындаса да, бəрібір, өз халқының қасиеті мен қасіретін, асылы мен қастерін, мұңы мен зарын, қуанышы мен шаттығын, назы мен наласын, болмыс-бітімі мен тіршілік қарекетін барынша ашып, барынша жарқыратып көрсету мүмкін емес. Қайталап айтамыз, əлем əдебиетінің түртіп қалсаң сүт саулап қоя беретін шертіп тұрған желінін қақтап сау, оның үлгі-өнегелерінен өле-өлгенше үйрен, бірақ сенің күре тамырың дəстүр топырағынан нəр тартып, қуат алып қоректенсін. Тіпті əлем əдебиетінің, атпен шауып жүріп сырық қадағандай қадау-қадау ірі тұлғаларынан алатын ең бірінші тəлім мен дəріс те осы болу керек. Өйткені, əлемдік деңгейге көтерілген қандай
бір ақының да, ең алдымен, өзінің ұлттық дəстүр топырағынан өніп, сол топырақтан өсіп шыққандар. Бір сүйсінерлігі, Нұрлан да осыны қатты ұстаныпты. Бұл сөзіміздің дəлелі мен дəйегі ретінде оның мына бір өлеңін тұтастай оқып көрейік. – Терезеден Ай көрдім, апа, Шоқша сақал шал көрдім, апа, Қараң-құраң мал көрдім, апа, Түнеріңкі тал көрдім, апа. Қадалып қарадым, апа, Шошынып барамын, апа, Тіл-жақсыз қаламын, апа. – Ай көрсең аман көр, қозым, Тұсыңа таман көр, қозым. “Ескі айда есірке” дегін, “Жаңа айда жарылқа” дегін. Таңдайың басайын, қозым, Тылсымнан қашайын, қозым. Түймеңді ағытшы, қозым, Жерұшық жасайын өзім. – Ай жүзін жасырды, апа, Ұйқымды қашырды, апа. – Періштең қолдайды, қозым, Ұйықтамай болмайды, қозым, “Бисмилланы” айта ғой, қозым, Жоламас сайтан ғой, қозым. – Бисмилла, бисмилла... Қазақы болмыс-бітімімізге, тіршілік-қарекетімізге, жан-жүрегімізге қандай жақын өлең. Оқыған сайын апа, апалап, қозым, қозымдап еміне еміренген сөздер ет-сүйегің мен өкпе бауырыңды елжіретіп бара
жатады. Бұл өлеңді оқығанда дүние тылсымы мен табиғат бойында жүріп жатқан құпиялы құбылыстарды көрген сайын тұла бойын үрей билеп, шошына үн қатып жатқан титімдей ғана бала жанындағы тербелістер мен толқыныстар, сенің де сонау бір қиырда қалған балалық шақтарыңның қызығы да, шыжығы да мол кезеңдерімен қайта табыстырғандай болары сөзсіз. Əдетте, бала деген мына дүниені кіл сүйсініп, кіл рахаттанып қана танымайды. Оны ол үрке үрейленіп, шошына қарап та таниды. Сонымен бірге бұл өлеңнің арғы астарында, өзіңіз де түйсігіңізбен сезініп, байқап-біліп отырғаныңыздай, өн бойыңызды түршіктіріп, тоңазытып жіберер қатал заман мен уақыттың да қорқынышы мен үрейі жатыр. Солай бола тұра бұл өлеңнің біздің құлағымызға соншалықты жағымды, жанымызға етене жақын болып естілетіні, сөз жоқ, оның сонау бесік жырларынан бастау алатын сарын-əуенмен орындалғандығында. Егер сен дəстүр жалғастығының жолы осы екен деп көне сарын мен ескі əуеннің тек сыртқы сұлба-түрін ғана көшіріп, оны жаңа мазмұн, жаңа мəнмен байытпасаң, онда ол əлеміш бояулы, іші қуыс сылдырмақ ойыншық қана болып қалады. Осыны жақсы ұғып, терең түсіне білген Нұрлан қызуы көтеріліп, табиғат құбылыстарынан əлдеқандай бір елестер көріп жатқан баланың үрейі мен қорқынышының арғы астарына уақыт пен заманның да үрейлі уілін қосып жібере алыпты. Дəстүрді игеру осылай болса керек! Жалпы, Нұрлан Мəукенұлы өмірінің соңғы жылдарында, дəл қазір оқып-біліп отырғанымыздай, өзінің өлең-тамырын дəстүрлі құндылықтарымыздың құнарлы топырағына тереңнен салып алған екен. Оның көп-көп өлеңдерінен сол үрдісті тап басып, дəл табу қиын емес. Бұл сөзімізді одан сайын бекіте түсу үшін оның тағы бір өлеңін оқып көрейікші. Бір аяғы – сегіз, Бір аяғы – тоғыз. Бір атасы – сақ, Бір атасы – оғыз. Күмбірлесе – домбыра, Күңіренсе – қобыз, Созылғанда – сағыз,
Сазарғанда – нағыз, Қызарғанда – қымыз, Сыздағанда – нығыз, Долданғанда – дойыр, Сілтенгенде – сойыл. Ақын бұл өлеңінде алуан түрлі реңк бояуға түсіп, райы да, шырайы да сан қилы, сан түсті, тамыры да, табиғаты да тарам-тарам, тіпті қарама- қайшылықтардан тұратын, бірде көл, бірде шөл, бірде жел, бірде шер, сəтте ашылып, сəтте қабынып шыға келетін қазақтың мінез-құлқын сипаттаған. Тағы бұл өлеңнен сен ерте-ертеден құлағымызға жақын, бала күнімізден жаттап өскен “бір дегенім– білеу, екі дегенім– егеу” деп басталатын кəдімгі санамақтың сарынын бірден танисың ғой.Тек ақын ойын үшін айтылатын ойнақы тақпақтың кəнігі түріне жаңаша мəн мен жаңаша мазмұн арқалатқан. Бұл да шеберлік! Нұрлан Мəукенұлы жырларында бүкіл ішкі дүниеңді аласапыран етіп, бірде аумалы-төкпелі, бірде алағай да бұлағай күйге түсіретін қамығып торыққан, налып қамыққан күйзелісті өлеңдер көп кездеседі. Ол сол өлеңдерде көрініс табатын өзінің жеке басының жан күйзелісін көбіне- көп қоғам мен уақыт бойында жүріп жатқан күйзелістермен салаластырып, сабақтастырып жібереді.Ақын тіпті өзінің жан күйзелісін де қоғам мен уақыттан тыс қоя алмапты. Жылау да жылау, Зар жылау... Қотандай болып қалдым-ау– Жылаудан басым қаңғырды, Зарлаудан шашым ағарды, Көре де көзім ағарды, Сөйлей де сөзім жоғалды. Таба алмай қалдым қоғамды.
Бұл жерде ақын тек өз басынан өткен ауыртпалықты ғана айтып, өз жанын жеген шер мен шеменді қотарып, сол үшін зар илеп отырған жоқ, əрине. Оның мынау айнала тіршіліктен көргені көбінесе зымияндық пен сұрқиялылық, қулық пен сұмдық, алдау мен арбау ғана болса, соларды нысанаға оқ қадағандай етіп атап-атап көрсеткен сөйлеген сөзің беталды желге ұшып, құрдымға жұтылып кетіп жатса, жыламағанда қайтпексің?! Ондайда амал жоқ “күңнен бетер күңіренесің, желден бетер жынданасың!” Ол бірақ ішіне шемен боп қатқан шері мен мұңын, беріш боп түйілген наласы мен зарын ақтару үшін жылап күңіренбейді. Жанымды қояр жер таппай Жеті түнде желдеп кетіп барамын. Жасымды құяр көл таппай Жеті белден селдеп кетіп барамын. Будақ-будақ бұлттай Боз аспанда боздап кетіп барамын. Боздағымды ұмытпай Баста мұңын қозғап кетіп барамын. Яғни, ол жыласа, өзгелердің де “мұңын қозғап” жылайды. Нағыз ақын миссиясы, атқарар міндеті осында жатса керек: өзгелерді де бей-жай, бейтарап қалдырмау! Не болғанда да ол өзін мына өмір мен тіршіліктен, қоғам мен уақыттан бөлек қойып сөйлей алмапты. Олай болуы мүмкін де емес.Өйткені оның бүкіл болмыс-бітімі, тіршілік-қарекеті, тамыр мен талшығы сол қоғам мен уақытпен салаласа бірігіп, тұтасып кірігіп, жамыраса жалғасып кеткен. Ол кешенің де келбетін көрген, енді бүгіннің де бейнесін көріп отыр... Бақалы көлге түскенмін,
Балдырлы суын ішкенмін. Бойлаулығын жұлғанмын, Балығына ау құрғанмын. Тарғыл бір тауға шыққанмын, Тасының сырын ұққанмын. Қынасын жиып жүргенмін, Жаңғырық болып күлгенмін. Сары даланы кезгенмін, Белең боп белде безгенмін. Ерменнің дəмін алғанмын, Елжіреп жүрек қалғанмын. Бұл Нұрланның туған жерінің кешегі көрінісі. Көркі көңілді де, көзді де қатар арбап, жұмақтай боп жұтынып тұрған, қайран туған жер, енді бүгін қандай? Бағыма көлім бар-тұғын,– Балдырлы суы бал-тұғын, Көлім де бүгін таусылды. Жасынның алған жарқылын Тарғыл да тасым бар-тұғын Тасым да бүгін таусылды. Алмайтын бейне нар тыным, Сайын бір далам бар-тұғын Далам да бүгін таусылды. Құлағың шалсын даусымды!
Сонымен “балдырлы көлі де”, “тарғыл тасты” тауы да, “ерменнің иісі бұрқыраған сардаласы” да тойымды да білмейтін, қойымды да білмейтін ашкөз, ашқарақ құлқынды айдаһар арандарға жұтылып кетті. Бұған ақын жаны қалай күйзеліп, қалай зар илемесін. Қазір, өкінішке орай, “бізде бəрі жақсы”, “бəрі керемет” дейтін, кіл бір жүрек лоблытар мақтау мен мадақтан, жарамсақтық пен жалбақайлықтан тұратын, күпсіп сөйлегенде күптей боп ісініп, күмпілдеп сөйлегенде құлағыңның жарғағын жарып жіберетін өңеші шланга, кеңірдегі керней өлеңдер аз емес. Ондай өлеңдерді жазатын жазғыштар бейне бір “менің жағдайым жақсы, төрт құбылам түгел, яғни елдің де, жердің де жағдайы жақсы, төрт құбыласы түгел” деп ойлайтын болса керек. Олар елінің де, жерінің де ту-талақай боп тоналып, талан-таражға түсіп жатқанын көрмейтіндей. Тағы да оларды өздері сияқты тайыз, таңқы əлдебіреулер “ұлы ақын” деп,”керемет ақын” деп аяқтарын жерге тигізбей əспеттейтіндерін қайтерсің?! Ондай-ондай əупілдеп əңкілдеген əлдебіреулер сол қылығымен біреуі шерленіп, біреуі кəрленіп өткен Абай мен Махамбеттің де аруақтарын аяқ асты етіп жатқандарын білер ме екен? Əй, қайдам... Жалпы, өз елі мен жерінің мұңын мұңламаған, жоғын жоқтамаған, тағдыр-талайына алаң болмаған, сол үшін нала-мұңға батып күйзеліп, күйінбеген ақын ақын боп жарыта ма?! Ондайларға Нұрлан Мəукенұлының жауабы даяр. Көк су көлге айналды: не шара? Көп шу селге айналды: не шара? Ақ бу желге айналды: не шара? “Гəкку” шерге айналды: не шара? Айналмаған сен ғанасың, бейшара! Ойланбаған сен ғанасың, бейшара! Басқа не десін? Бейшараның аты бейшара.
Нұрлан да, пенде деп аталатын, Құдайдың құлақ кесті құлдары біз секілді, бірде алысып, бірде шабысып, бірде келісіп, бірде кетісіп, бірде шарпысып, бірде шабысып жатқан алақұйынды аласапыранды мына дүниені көрудей-ақ көрсе керек. Ол да біреулермен құшақ аша келісіп, енді біреулермен ат құйрығын кесісіп кетіскен шығар. Өмір ғой! Біреулерге құлай жығылып, біреулерден көрместей боп безінуі əбден мүмкін... Қалай дегенде де, бұл өмір қандай тайғақ, қандай тұрлаусыз. Қандай опасыз! Ойдым-ойдым ойпаттың Ой жағына бір қондым. Қожыр-қожыр таулардың Қыр жағына бір қондым. Былдыр-былдыр бұлақтың Бас жағына бір қондым. Сылдыр-сылдыр құрақтың Мас жағына бір қондым. Сонымен күндердің күнінде не болды дейсіз ғой. Бəрімен үйлесім мен жарасым тапқан тіршілік күндердің күнінде безбүйректік танытып шыға келді. Ойдым-ойдым ойпатым Ой қаратты бір күні. Қожыр-қожыр тауларым Қой қаратты бір күні. Былдыр-былдыр бұлағым Бастықтырды бір күні. Сылдыр-сылдыр құрағым Қастық қылды бір күні!..
Көбіміздің-ақ басымыздан өткен жағдай ғой бұл. Бүгін ғана құшақтасып қауышып тұрғаның күні ертең-ақ көкірегіңнен итеріп, итжемеге қалдырып кетпеуші ме еді. Сондай-сондай жағдайды Нұрлан бейнелі сөздермен астарлап айту арқылы философиялық деңгейге көтере біліпті. Нұрлан Мəукенұлы бұл өмірдің отына түсіп жанып, суына түсіп тұншығып, “балын да ішіп, уын да ішіп”, «аялдамастан айы, кідірместен күні қашатынын» біліпті. Пəни өмірден бақилыққа ерте жиналыпты. “Басынан күннің озғанын” көріпті. Жанымды жеген мына күн Құлдилай ұшқан құладын. Қанатын қақты қайрылмай Баса алмай қалдым бір адым. Қолымнан түсті құрағым, Ұстатпай кетті ұры күн. Тірінің істеп тірлігін Өте де шығар ғұмырым. Жүрегім тозар, жүйкем де, Тіршілік, мені икемде. Өле алмай жүрген, ей, өлең, Өлетін жанға сүйкенбе, – деп өмірден де, өлеңнен де сырт бергендей болыпты. Бірақ, оның өлеңдері, қазақтың қабырғалы ақындарының деңгейіне көтерілген Нұрлан Мəукенұлының өмірін жалғастыра бермек. Оған біз кəміл сенімдіміз!
ӨТКЕННІҢ ӨКІНІШІНЕН ДЕ РУХ ІЗДЕГЕН Бүгілген тізесін жазып, иілген еңсесін көтерген ел, ең алдымен, қаншама жылдар, тіпті қаншама ғасырлар бойы көз жазып қалған өткеніне ден қойып, сол өткеніне өткел салып, ондағы жасалынған жəдігерлер мен құндылықтарды қатал да қатыгез заманалар көміп тастаған уақыт құмының астынан қазып, аршып алуға бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетсе керек. Əрине, жүздеген жылдар бойы зорлық пен зомбылықта өмір сүрген, маңдайының соры бес елі болған біз сияқты елдің өткенде кеткен есесі де, өзекті өртер өкініші де көп. Тым, аса көп. Алдымен, бүгінгі күннің төбесінде тұрып, шет-шегі жоқ мыңжылдықтардың қиыр алыс түпкірлеріне дейін тарам-тарам боп созылып жатқан тарихыңның жолдарын, тарихыңның тамырларын тауып алуың керек. Əрине, тарих деген алдымен ғылым. Ал, ғылым көбіне-көп нақты фактілермен, қасаң дəлел-дəйектермен ғана сөйлейді. Сондай-ақ, тарих жолдары мен тарих тамырын табу бір бөлек те, оларды тану бір бөлек. Екеуі екі басқа. Сонымен бірге ол тарих тамыры рухани нəр, рухани құнармен байытылмаса, онда ол, мүлде қатып- семіп қалмаса да, тым əлсіз, тым сылбыр соғары сөзсіз. Ол тамырды буырқандырып, толтырып соқтыратын тек қана сол рух. Рух деген құдіретті сөзді де, біз кейде, біржақты түсінеміз. Оны біз көбіне-көп ұдайы жеңіске шақырып, жалауын желбіретіп, семсерін оңды-солды сермеп тұрған кілең бір атойлаған сөздер деп ұғатынымыз бар. Ал, шын мəнінде, ел мен жердің қамын ойлап қамығып сөйлейтін қынжылысыңызда да, оның өткенін ойлап опынып сөйлейтін өкінішіңізде де рух бар. Өйткені, халық неғұрлым қатты қамықса, ертеңінің қамын соғұрлым көбірек ойлайды, өткеніне неғұрлым көбірек өкінсе, соғұрлым өжеттеніп, өршелене ұмтылады, неғұрлым қайғы-қасіретті болса, соғұрлым қайраттанып кетеді. Əрине, ол халық намысты, жігерлі болса. Ал, намысты, жігерлі халықтың сөзі де, тілі де ақындар ғой. Халықтың қаншалықты намысты, қаншалықты жігерлі екені, бəрінен бұрын ақындарынан білінеді. Шынын айту керек, əсіресе, тəуелсіздік алар алдында да, тəуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да ежелгі арқар мүйізді, арыстан дауысты «ақырып теңдік сұраған» жыраулардың бұла болмысын бойына сіңіріп
алған біздің ақындарымыз бес қаруын түгел беліне тағынған нағыз сардарлық та, сарбаздық та мінез көрсете білді. Қатыгез заманның қабат-қабат темір қақпасы қақырап қаусап, темір шымылдығы сыпырылып түскен соң-ақ ол ақындар уақыт топырағының астында қалып қойған тарихи тақырып қамалдарын «жаулап алу» үшін лап қойды да, ұлт бойында өткен күндердің асқақ рухын оятуға кірісті. Міне, сол қадірлі қатардан қайратты ақын Қасымхан Бегманов та табыла білді. Оның «Ташкентпен қоштасу» атты өлеңін оқысаңыз өзегіңізді өрт боп жалар өкініш пен омыртқаңызды опырып жіберердей опыну құшағында қаласыз. Шулы шаһардың самаладай боп шамдары жанды жарқырап, Көшелерінде даладай дарқан қазақтың көне салты қап. Алшаңдай басып алашордашыл осында жүрді-ау асылдар, Асылдарымды біздерден бөліп түбіне тартты ғасырлар. Қалай өкінбейсің?! Қалай опынбайсың?!Қалай күйінбейсің?! Күні кешегі біздің ұлт көсемдеріміз бен алып арыстарымыздың осынау тас қаланың тас көшелерінде əлі күнге ізі сайрап, тас алаңдары мен тас сарайларында үндері сайрап тұрса! Енді ол іздер бірте-бірте суырып соғып тұрған уақыт құмынан көмескі тартып, ол үндер бірте-бірте қашықтаған сайын қашыртып, алыстан естілер сарынға айналмақ. Еңсемді езген күн болды, Жарық күнім түн болды, Қала жаққа қарасам, көзіме жас толасың. Қалай қиып кетермін Төле бидің моласын!
Ақын жатбауыр-тасбауыр болып бара жатқан тасқала – Ташкентін қия алмай қиналып тұр. Бұл қоштасу ғана емес, айырылысу. Амалсыз айырылысу. Қайта оралмастай хал кешу! Өйткені, қазіргі Ташкент «Алаштың тілін ұмытқан». Енді мүлде күдер үзуден басқа амал жоқ. Осымен арғы-бергі тарихымыздың тағы бір ауыр қақпасы сықырлап ашылды да, көкірегімізді қақ айырып, қайта ашылмастай боп сықырлап біржола жабылды... Рухсыз тарих – құлықсыз тарих. Құлықсыз тарих, əлбетте, фактілер жиынтығы ғана. Оның бойына бүлкілдеп соққан рухты қан жүгіргенде ғана ол тарих бүгінге, ертеңге, арғы алыс күндерге қызмет етпек. Ол үшін рухтың басты-басты бастау көздерінен мейірің қанғанша сусындап, оның оқшау-оқшау асқақ кезеңдерінен мерейіңді өсірер, мəртебеңді асырар қастер тауып, өршіл мінез бен өжет қайсарлықты бойыңа барынша сіңіре білуің керек. Міне, ақын енді Махамбет қабірінің басында тұр. Тарихқа найзаменен атын жазған, жан бабам, Мəңгілікке асау жыр мен хатын жазған, жан бабам. От шашырап, жалын атқан сөзіңе, Бостандықтың жолында бассыз қалған өзіңе, Бас июді парызым ғой деп білдім... Өткеннің рухты тұстары мен рухты тұлғаларының алдында бас ие алмаған адам, ертеңгі күннің алдында кеудесін керіп, басын шалқақ ұстап жүре алмайды. Өткеннің қаны мен жанын бойына сіңіре алмаған адам бостекі бос елес, солбырайған сұлба! Тіпті, өткеніңді тани алмасаң, ертеңіңді таба да алмайсың. Бірінсіз бірі жоқ. Қасымхан осы бір аксиоманы бар болмыс-бітімімен, бүкіл тамыр-талшығымен сезіне біліпті. Адам жанының рухтануы, қайта-қайта айтып отырғанымыздай, елі мен жері үшін жан берісіп, жан алысқан өткен аруақтарға шын ниет, шын пейілмен құлай жығылып, мінəжат етуден басталады. Өткенімізді
танып-білмей жатып «ертең! ертең!» деген сөзді өңешің жыртылып, өндіршегің үзіліп кеткенше қанша айқайлап қайталап айтсаң да рухтана алмайсың. Өйткені, «ертең» тұлғасы тұлдыр абстракция! Бос қиял! Оның келбетін тек қана өткеніңді танып, өткеніңмен табысып қана көз алдыңа нақты елестетуің мүмкін! Басқаша болуы мүмкін емес! О, Түркістан, шапағат бер, сабыр бер, Сары даладан бақыт іздеп сабылды ел. Сағым басқан қырда жатқан елеусіз Мені мұңға батырады қабірлер. Қабірлерім, өткен ғасыр, өткен күн, Тарихы ол кеше өмірден өткеннің, Мен қайғысын болмысыммен сезінем, Иесінің сандықтағы шекпеннің. Бəйіт арна, құрбандық шал, дұға қыл, Дұға қыл да, жүрегіңмен жыла бір. Қабірлерге қамқор ана секілді, Аруағымды қымтап жатқан мына қыр. Осы жолдардан-ақ сен қыр үстінде жатқан қабірлер арқылы ақын бойына тылсым бір қайратты күш пен айбатты сестің сіңіп кеткенін бірден сезіп, бірден аңғарасың. Өйткені, ол күш пен сес сенің де бойыңдағы қалғып бара жатқан қайрат пен жігерді дүр сілкіндіріп, қаның мен жаныңды дүбір мен дүрбелеңге толтырып бара жатады. Ойыңда от тұтанып, санаңда шақпақ шағылып жатқандай хал кешесің! Рух сабақтастығы, рух табиғаты деген осы! Өйткені, рух – жанды құбылыс. Рух – əдеттегі жай күндері ұлт бойында жайбарақат дамылдап жататын, көзге көрінбейтін тылсым сілкініс, найзағай, көк сүңгі. Егер біз еліміздің əйтеуір бір түкпірінде бір қазақ əлдебіреулерден жапа шегіпті, əлдекімдерден жəбір көріпті деген сөзді есітсек-ақ, əлгі біздің
бойымызда дамылдап, жайбарақат жатқан сілкініс қопарыла жарылып, найзағай біткен қып-қызыл боп шатырлап, көк сүңгілеріміздің алмас ұшы көкке шаншылып шыға келері сөзсіз. Сондықтан қай ұлтты да рухтай ешнəрсе біріктіре алмайды. Рухынан айырылған ел, ырқынан да, тұғыр-тұрқынан да айырылады. Біздің барлық жерде де «рух, рух» деп жағымыз талғанша қақсап, деміміз өшкенше өзеурейтініміз содан ғой. Бірақ, амал не, ол сөзімізді құлағының дəл түбіне зеңбірек қойып атсаң да селт етіп естімейтін тас керең заманға тап болып отырмыз. Содан да рухымыз жасып, жігеріміз құм болып қала ма деп қорқасың. Өйткені, рухы жасып қалған елдің құты қашып, жігері құм болған елдің тілегі түтілген жүн болады. Ондай елдің еңсесі еш уақытта көтерілмек емес. Сондықтан да Қасымхан ақын жүрген жолдары мен барған тұстарының бəрінен, алдымен, рухты тұлғалар мен рухты нышандар іздейді. Іздейді де табады. Табады да көкірегі қарс айырылып аһ ұрады, өңешін өрт жалап өкінеді, кеудесі көріктей керіліп күрсінеді. Оның «Ыстықкөл жаққа жол түскен кейбір шақтарда, Хан Кенені ойлап көзіме ыстық жас келді» дейтіні сондықтан. Содан да ол «Ағыл да тегіл жастығым су боп ояндым, Жаныңа сенің Наурызбай болып жеткім кеп» деп күйзеледі. Содан да ол «Айналып көкті жүргендей кекті жебе бір» деп кесекті ойға батады. Содан да ол: Ноғайлы болып аңырадым, Отырар болып қаңырадым, Ақтабан болып шұбырып, Далада қалды саңлағым. Семей де болып сенделдім, Ертіс те болып емделдім. Қасіретіңмен қайысып, Қызығыңды кем көрдім. Нарын да болып ұлыдым,
Арал да болып құрыдым. Желтоқсан болып борадым, Лақтырып тағдыр құрығын, – деп бірде шамырқанып шарт сынып, бірде далада қалғандай сандалып сансырап, бірде қабырғалары күтір-күтір етіп біртіндеп сөгіліп, енді бірде борандай бұрқырап түтеп, əйтеуір сан-сапалақ халге түсіп, сан- сапат күй кешеді. Өткенмен сырласу кім-кімге де оңай болмаса керек. Өйткені, өткеннің өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысы аса ауыр. Қасымхан ақын өткеннің сол өкінішті қасіреті мен өзекті өртер қайғысын тұла бойынан өткізе біліпті. Менің бір жіті байқағаным, Қасымхан Бегманов көбіне-көп өткенмен өмір сүреді екен. Бейне бір оның бүкіл тіршілік мазмұны мен мəні өткенде қалғандай. Өйткені, ол қайғысын да, уайымын да, тіпті қуанышын да өткеннен іздейді. Бұл сөздерді мен тектен-тек айтып отырғам жоқ. Ол бұл мінезін елі мен жерінің тағдырлы тарихын тану тұстарда ғана емес, аласұрған жастық шақтағы махаббатын жырлағанда да анық танытады. Жастық шағын есіне алса-ақ болды, оның жыр-шанағынан əбден сартап болған сағыныштың сары уайымы сарнап, перне-пернелерінің астынан емешегі езіле үздіккен саздар мен əуендер безілдеп, қыл ішегінен шері тарқатылмай ішқұса болған əуендер мен сарындар уілдеп қоя береді. Жиырма жыл көрмегенмiн, көрмегенмiн, Қалайша тiрi қалғам, өлмегенмiн. Көзiңе, ерiнiңе, əуезiңе, Өлердей болып, жаным, шөлдегенмiн, Алдыңда тұрмын, мiне, өлмегенмiн, – деп сол бір қызсыз осыншалықты өмір сүргеніне, өзге емес, өзіне-өзі таңқалып қараған ақын: «Сені жырлап өту үшін жалғаннан, аяулым-ау,
мұңын алғам Мағжанның...» – деп өзінің мұңының да ет пен терінің арасындағы қызба жел емес, оның тамыры əріде, аруақты текте жатқанынан хабар береді. Махаббат мұңы Мағжан мұңымен мұңдас ақынның көкірегі қарс айырылып сөйлемеске əдді жоқ. Ондай ақын, ең алдымен, махаббатқа адал. Ондай ақын ғана: «Махаббат жоқ – деген сөзді естісем, көз алдыма сен келесің, аяулым», – дей алады. «Сенсіз өткен жиырма жылым өтірік, сенсіз менің өткен емес бір күнім», – деген сөздер де сондай ақынның ғана аузынан шыға алса керек. Сондай ақын ғана: «Ең соңғы сөз айта алатын хал болса, жаным, Сенің есіміңді атармын», – деп өліп-өшеді. Сонау көктем, аңсатты ғой, аңсатты, Жүректен жыр, көңілден күй қанша ақты. Сенсіз өткен жылдар мені мұңайтып, Сенсіз өткен айлар мені шаршатты. Тұнжырайды аспан жалын жыймаған, Жүрек бердің махаббатын қимаған. Елеусіздеу осы ауылдың қызы ғой Маған мəңгі жалғыздықты сыйлаған. Мəңгі-бақи жалғыздықты сыйлаған махаббатқа да соншалықты еміреніп, соншалықты тебіреніп сөйлеуге де болады екен-ау! Есі кеткен, ынтығы құрыған неткен көзсіз махаббат бұл?! Олай демей, енді бұған не дерсің?!.. «Жалғыздықты сыйлаған» қатал махаббаттан да лəззат тауып тұрса! Қасымхан өзінің соңғы кітабының атын «Ол көктем оралмайды» деп атағанда да, сол қайтып оралмайтын, мəңгілік жалғыздыққа тастап кеткен өктем махаббатты тұспалдап, ишаралап қойса керек. Оның бұрқылдап қайнап, тасып-төгіліп жататын асау сезімдерге толы ғашықтық жырлары тұнып тұрған драма. Үзіліп кетердей боп үздігіп сөйлеп тұрған ол, кенет көп ұзамай амалы жоқ шарасыздыққа ұрынып, күйзеле күдер үзеді. Бірақ, ол күдер үзгенде ат құйрығын кесісіп,
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 489
Pages: