Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Василий Радлов "Алтын сандық"

Василий Радлов "Алтын сандық"

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-11-23 18:06:39

Description: Василий Радлов "Алтын сандық"

Search

Read the Text Version

Annotation Бұл кітап академик В.В. Радловтың \"Түркі халықтарының халық əдебиеті үлгілері\" атты он томдық еңбегінің қазақ фольклорына арналған үшінші томы бойынша дайындалған. Жинаққа В.В. Радловтың өз қолымен жинаған қазақ фольклорының тұрмыс-салт жырлары, эпос, ертегі, аңыздар, қиссалар сияқты жанрлық түрлері топтастырылған. Олардың ішінде \"Абылай\", \"Кенесары\" жырлары, діни қиссалар сияқты бұрын тыйым салынған шығармалар бар. Құрастырып, алғы сөзі мен түсініктемелерін жазғандар — филология ғылымының докторы Сейіт Қасқабасов, филология ғылымының кандидаты Кенжехан Іслəмжанұлы. 1993 ж. \"АЛТЫН САНДЫҚТЫҢ\" КІЛТІН АШҚАН АЛҒЫ СӨЗ ХАЛЫҚ ӨЛЕҢДЕРІ БАТА СӨЗ ҰЗАТҚАН ҚЫЗДЫҢ ӨЛЕҢІ ЖОҚТАҒАН ЖЫР ҚАЛМАҚТЫҢ ЖЕРІН АЙТЫП ЖЫЛАҒАНЫ БАҚСЫНЫҢ СӨЗІ ҚАРШЫҒАНЫ МАҚТАҒАНЫ ӨТІРІК ӨЛЕҢ ЕРТЕГІЛЕР ДУДАР ҚЫЗ ҚАРМАҚ САЛҒАН ЖІГІТ ҚАРАКӨЗ СҰЛУ МОЛДАНЫҢ ҮЙІНДЕ ОҚЫҒАН БАЛА ТҮС САТҚАН ТАЗША ЖЕЛКІЛДЕК ХАН ШЕНТЕЙ ЕРКЕМ АЙДАР ƏЖІГЕЛДІ ХАННЫҢ ҚЫЗЫ ҮШ ҰЛ

ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ ЖОЛДАС БОЛҒАН БАТЫРЛЫҚ ЖЫРЛАР САЙЫН БАТЫР АҢЫЗДАР, ТАРИХИ ЖЫРЛАР АБЫЛАЙ ХАН АБЫЛАЙ ХАН АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ЖЫРЫНЫҢ БАСЫ КЕНЕСАРЫНЫҢ ӨЛЕҢІ КЕНЕСАРЫ ЖЫРЫНЫҢ БІРНЕШЕ АУЫЗЫ ТƏТІНІҢ ӨЛЕРІНДЕ ЕЛІНЕ АЙТҚАН АРЫЗЫ ШОҢ БИГЕ КЕЛІП ҚОЖА АЙТТЫ ҚОЖАМБЕРДІ ҚОЙГЕЛДІ ҚЫРҒЫЗҒА БАРҒАН БАТЫР ДАСТАНДАР АЛТЫНБАС, КҮМІСАЯҚ АШЫҚ БОЛҒАН АҚСАҚ ТЕМІР ХАН САҚЫПЖАМАЛ АЙТЫСТАР ШОРТАНБАЙ МЕН ОРЫНБАЙДЫҢ АЙТЫСЫ ҰЛБИКЕ МЕН КҮДЕРІ ҚОЖАНЫҢ АЙТЫСЫ АҚБАЛА МЕН БОЗДАҚТЫҢ АЙТЫСЫ ЖҰМБАҚ АЙТЫС АҚЫН-ЖЫРАУЛАР ШЫҒАРМАЛАРЫ ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

\"АЛТЫН САНДЫҚТЫҢ\" КІЛТІН АШҚАН \"Ақиқатты ту етіп, əділін айтсақ, түркологияның пайда болған сəтінен біздің заманымызға дейін В. В. Радловтай үлкен қайраткер болған емес\"*.[*Самойлович А.Н. В.В. Радлов как тюрколог. // Труды Троицскосовского Кяхтинского отделения Приамурского отдела РГО. СПб. 1912, XV. I. с. 23.] А. Н.Самойлович Қай халықтың болмасын заттық, рухани мəдениетінің жиналу, жариялану, зерттелу тарихын дəл мына уақыттан басталады деп тап басып айту қиын. Халықтық мəдениет қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге тартады. Сол сияқты қазақ халқы рухани мұрасының да жиналу, жариялану, насихатталу, саралану жолының түп негізі де тым тереңге тамыр созады. Оның тасқа қашалған көне іздерін V–VIII ғасыр ескерткіштері Орхон-Енесей жазбаларынан тапсақ, одан бергі орта ғасырлық жазба деректердің барлығында да халық мұрасы өз желісін үзбей əртүрлі деңгейде бой көрсетіп отырады. Ал жүйелі түрде, толығырақ, ғылыми мақсатта хатқа түсіп жариялана бастауы XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Оның себебі Ресей империясының құрамына толық еніп, қоғамдық- экономикалық, саяси-əлеуметтік жағдайын түбегейлі өзгертуінде жатыр. М. О. Əуезов сөзімен айтсақ, \"Бұл дəуірдің ең зор жаңалығы — қазақ халқының жəне барлық Қазақстан өлкесінің экономикалық- мəдениеттік, қоғамдық болмысына қосылуында. Ал, Ресейдегі 60-шы жылдардың басынан басталған жаңа тарихтың, қоғамдық, экономикалық дəуір капитализмнің дамып өсу кезеңі болды. Сол Ресейдегі үдеп өсе бастаған капитализмнің арнаулы əсері қазақ мекендеген өлкелердің бəріне де көп салалармен ықпалын жүргізе бастады\"**. [** Əуезов М. Əр жылдар ойлары. А., 1959. 252-б.] Бұл ықпалды біз рухани саладан да анық көреміз. Өз құрамына отар немесе жартылай отар болып толық енген елдің жер байлығы мен шикізат көзін, халқының шаруашылық жайын, тұрмыс-тіршілігін, мəдениетін, əдет-ғұрпын, салт-санасын, діні мен тілін жете зерттеуге

Рсссй мүдделі болды. Соның нəтижесінде қазақ халқының рухани мұрасы да молынан хатқа түсе бастады. Бұл кезеңде қазақ фольклоры мен этнографиясын зерттеу жұмысы бірнеше бағытта жəне түрлі əдіспен жүзеге асырылды. Арнайы тапсырмамен келген əскери адамдар, саяхатшылар Қазақстанның топографиясын жасаумен қатар жер-су, тау-тас, мекен-жайына байланысты əңгіме, аңыздарды хатқа түсірсе, шенеуніктер мен миссионерлер қазақ тілін зерттеп, қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер жасады, орыс əрпінде жазылған оқулықтар дайындады. Олар ауыз əдебиеті шығармаларын да өз мақсаттарына пайдаланды. Қазақ фольклорын, тілін, этнографиясын таза ғылыми мақсатта академиялық түрде зерттегендер де бар. Бұл топтағы адамдар фольклорлық жəне əдеби шығармаларды барынша дұрыс жазып алуға, сұрыптап, жүйеге келтіруге жəне соларды жарыққа шығаруға, ғылыми түрде талдап, зерттеуге күш салды. Сөйтіп, 80 жылдардан бастап, əсіресе, 1890–1900 жылдар аралығында қазақ ауыз əдебиеті жөнінде ғылыми еңбектер мен библиографиялық көрсеткіштер жиі шыға бастады. В. В. Григорьев, В. В. Вельяминов-Зернов, Н. Ф. Костылецкий, И. К. Березин, Н. И. Ильминский, А. Е. Алекторов, А. В. Васильев, П. М. Мелиоранский, А. П. Харузин, Р. А. Колпаковский, Н. И. Гродеков, Н. Ф. Катанов, Я. Я. Лютш, Г. Н. Потанин, В. В. Радлов сияқты т. б. толып жатқан адамдардың қазақ фольклоры мен этнографиясын жинауға ат салысуы осындай тарихи кезеңнің жемісі еді. Бұл кезең Шоқан, Абай, Ыбырай тəрізді ұлы тұлғалармен қоса, қазақ мəдениетінің дамуына қомақты үлес қосқан Т. Сейдалин, Т. Дауылбаев, С. А. Жантурин, О. Əлжанов, М. Көпеев, Д. Сұлтанғазин, С. Шорманов т. б. тəрізді қазақ зиялыларын өмірге əкелді. XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыс фольклористикасында сол кездегі Ресей ғылымы мен мəдениетіндегі керітартпа словянофильдік, либералдық жəне демократтық сипаттың қатар өрістегені белгілі. Бұл құбылыстың əсер табы жоғарыдағы адамдар көзқарасынан да байқалмай қалмайды. Өйткені, фольклористік зерттеулер тек академиялық мақсатпен шектелмей, кең қоғамдық саяси-əлеуметтік мəселелермен байланысты жүргізіліп отырады. Қалай дегенде де, қазақ фольклорының хатқа түсіп, кейінгі ұрпаққа жетуіне елеулі еңбек сіңірген XIX ғасырдың екінші

жартысындағы орыс ориенталист ғалымдарының ішіндегі екі есім ерекше бөлініп айтылады. Оның бірі — қазақ халқының тұңғыш ағартушысы, ғалым Шоқанның досы Г. Н. Потанин болса, екіншісі —\"отандық тюркологияда филологиялық бағытты түбегейлі орнықтырған\"* [*Кононов А. Н. Тюркское языкознание в Лснинградс 1817—18677/ Тюрко-логический сборник. М. 1970. с. б.], өз есімімен тюркология ғылымының бүкіл бір дəуірін байланыстырған, теңдессіз ғалым В. В. Радлов. Артына қоғамдық ғылымдардың əлденеше саласының басын қосатын мол ғылыми мұра қалдырған Василий Васильевич (Фридрих Вильгельм) Радлов 1837 жылы 5 қаңтарда, Берлин қалалық полиция комиссары, офицер семьясында дүниеге келді** [**Ғұмырнамалық материалдар Л. Штернбергтік \"Из жизни и деятельности Василия Васильевича Радлова\" (Берлинский, алтайский и казанский периоды) атты еңбегінен алынды. \"Живая старина\". СПб, 1909, вып. 2–3.]. Гимназияны тəмамдасымен ол Берлин университетінің философия факультетіне түседі, ондағы теология мəселесін зерттейтін дəрістерден көңілі қалған соң ынтасы филология ғылымына ауады. Бұған XIX ғасырдың орта шенінде Германияда тіл білімінің, əсіресе, тілдегі тарихи-салыстырмалы əдістік жоғары дəрежеде дамуы ықпал еткен еді. Сөйтіп, В.В. Радлов Берлин университетінде сол кездегі Франц Бопп, Г. Штейнталь, Гренденбург, Ж. Мишел сияқты əйгілі лингвистерден дəріс тыңдау бақытына ие болады. Білікті ұстаздарының тағылымымен тіл білімінің қызығына əбден берілген Фридрих Вильгельм Берлин маңындағы Галле деген шағын қалада тұрған өз кезінің тамаша фонетисті Август Поттқа барып келіп лекция тындаудан жалықпайды. Тіл сырына жан-тəнімен құныққан ол еврей, араб, парсы, түрік тілін қатар үйренеді. Берлин университетінде сол кезде монғол, татар, маньчжур, қытай тілі бойынша дəріс оқитын əйгілі полиглот — шығыстанушы В. Шоттан сабақ алған В. В. Радлов келе-келе лингвистика əлеміндегі ақтаңдақ тұстың бірі — ориенталистика ғой деген түйінге тоқтап, өз ғұмырын осы салаға түбегейлі бағыштауға бел буады. Бірақ бұл істі жүзеге асыру үшін Ресей топырағына табан тигізу керек еді. Тюркология ілімі бойынша сол кезеңдегі ең сүбелі зерттеу болып саналатын \"Якут тілінің грамматикасы\" атты еңбегімен студент кезден-ақ таныс О. Бетлингк

жұмыс істейтін Петербург университетінде жаңа ұйымдасқан Шығыс факультетіне жетуді алдына мақсат етіп қойып, В. В. Радлов өз бетімен орыс тілін үйрене бастайды. Сөйтіп, университетті бітірген кезде ол орыс тілінде еркін түсінісіп, жіті оқитын дəрежеге жетеді. Биік мақсат, ұлы арман қуалаған ол осылайша 1858 жылы Петербургке келеді. Бұл кезеңде Ресейде іргетасы қаланып, өрістей дамып келе жатқан тюркология ғылымы өз жемісін беріп те үлгірген болатын. А. К. Казамбектің \"Түркі — татар тілінің грамматикасы\" (Казан, 1839), О. Н. Бетлингтің \"Якут тілінің грамматикасы\" (С- Петербург, 1851) М. Я. Глухарев, В. И. Верибицкий, Н. И. Ильминскийлердің \"Алтай тілінің грамматикасы\" (Казан, 1869), Л. З. Будаговтың \"Түркі — татар тілінің салыстырмалы сөздігі\" (СПб, 1869– 1871), В.В. Бельяминов-Зерновтың \"Шағатайша-түркіше сөздігі\" (СПб, 1868–1869) сияқты іргелі ғылыми еңбектері жарық көрген еді. В. В. Радлов алғашқыда өз білімін жетілдіре түсуді ойлап Шығыс факультетінде оқымақшы болады да, кейін ол ойынан айнып тілді өз бетімен үйренуге бел буады. Тіл үйренудің таптырмас мектебі — ел арасына бару екендігін жақсы түсінген ол Барнауылға неміс тілі мен латын тілінің мұғалімі болып бару жөніндегі ұсынысқа қуана келіседі. Осылайша Василий Васильевич 1859 жылдың мамырынан бастап, əсірелей айтқанда асыл қазынасын ешкімге толық аша қоймаған жиһаз толы алтын сандықтың кілтін қолына алады. Ұлы ғалымның ғылыми-шығармашылығында Алтай кезеңі деп аталған бұл сапар он екі жылға (1859–1871) созылған еді. Ғалымның бұдан кейінгі Қазандағы (1871–1884), Петербургтегі (1884–1918) қызмет кезеңдерінің ғылыми негізі, бүкіл тюркология ғылымының қалыптасып, өріс ала дамуына үлес болып қосылған айтулы еңбектерінің алғышарты осы Алтай өлкесінде жасалды. Барнауылға келісімен В. В. Радлов бар күшті түркі тілі жөніндегі білімін көтеруге салады. Алдымен қалмақ, кейіннен төлеуіт (бұл тіл қазақ тілінің бір бұтағы іспеттес, өте жақын диалекті) тілін еркін меңгеріп, бірте-бірте түркі тілдерінің баршасын толық түсінетін дəрежеге жетеді. В. В. Радловтың Қазақстанға жасаған алғашқы сапары 1862 жылдан басталады. Бұл жолы ол Шығыс Қазақстаннан бастап Іле алқабын баса, Ыстық көл бойына дейін барып қайтады. Экспедиция нəтижесінде қазақ, қырғыз халқының тарихы мен этнографиясы,

археологиясы мен фольклоры, тілі жөнінде қомақты материал жинастырады. Сонымен бірге ғалым жүріп өткен жерлерінің географиялық бедерін де картаға түсіріп отырады. Бұдан кейінгі бес жыл бойына негізгі ғылыми жұмысын Алтайдағы түркі тектес халықтар өмірін зерттеуге бағыштаған ғалым Қазақстан даласына 1868 жылы арнайы үлкен экспедиция ұйымдастырады. Ол бұл жолы сахараны бүкіл жаз бойы аралап, Сырдария облысына дейін барады. Бұл кезеңде Түркістан өлкесін Ресей құрамына бағындыру ісі қолға алына бастаған болатын. Орыс Географиялық қоғамының ұсынысымен жасалған бұл экспедиция материалдарының ғылым үшін ғана емес, патша саясаты үшін де үлкен мəні болғандығын айтқан жөн. Ғалымның экспедиция кезінде жазған хаттарынан* [*Радлов В. В. Письма Радлова в Географическое общество во время поездки его в Туркестанский край. Известия РГО, 1888, т. 5. отд. 2 с. 342–357.], оның əсіресе, Түркістан өлкесін беріле зерттеп, географиялық, этнографиялық ерекшеліктері туралы мол материал жинағандығы байқалады. Оған сол экспедиция нəтижесінде жазылған \"Орталық Зеравшан өлкесі\"** [**Радлов В. В. Средняя Зеравшанская долина// Записка РГО. Отд. этн. 1880. т. 6. с. 70.] атты очеркіндегі келтірілген мағлұматтар дəлел. 1869 жылдың жазын да ғалым қазақ даласында өткізеді. Бұл жолы экспедиция Қапал, Алтынемелді басып Жетісуда болады: Шу даласы мен тағы да Ыстық көл жағасындағы елдерді аралайды. \"Халықтың бай эпикалық поэзиясы мені ұлан асыр үлкен олжаға кенелтті, бұл тек лингвистер үшін ғана емес, миф пен халық поэзиясын зерттеушілер үшін де аса бағалы материал\"*** [***Радлов В. В. Краткий отчет о поездке в Семиречинскую обл. на Ыссык-Куль летом 1869 г. Известия РГО — т. 6. № 3. с. 99.], деп жазды, ғалым осы сапары жөніндегі есебінде. Экспедиция жұмысын В. В. Радлов 1870 жылы да жалғастырады. Сөйтіп, ғалым Барнауылда өткізген жылдарының əрбір жазын құр жібермей түркі халықтарының рухани мұрасын жалықпай жинаумен болды. \"1869 жылдан, Алтайдағы түркі тілдерін зерттеуге кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ тек халық творчествосын жинауға ғана көңіл бөліп қойғам жоқ, мүмкіндігіне қарай мол сөз қорын жинауға да күш салдым\"**** [****Радлов В. В. \"Опыт словаря тюркских наречий\". СПб. 1888. вып. I (Предисловие)],— деп жазады. Əрине,

ғалым тек фольклор мен тіл ғана емес Алтай халықтарының этнографиясы, тарихы мен археологиясы жөнінде де ұшан-теңіз материалдар жинады. Бұл іске жергілікті тұрғындарды да кеңінен пайдаланды. Əсіресе, экспедицияны жабдықтауға мол қаржы керек еді. Бұл орайда Василий Васильевич патша үкіметінің өзіне бағынышты ел мен жер барынша мол мағлұмат алуға тырысқан отарлау саясатына арқа сүйеді. Бұл сол кездегі ғылымның қашып құтыла алмайтын жолы еді. Алтайдағы жылдарында ғалым көп уақытын материал жинауға жібергенмен де жинақталған материалдарды саралап, зерттеп, басып шығаруға да көп күш жұмсады. Ғалымның бұл кезеңдегі еңбекқорлығы мен қажыр-қайраты кімді болса да таң қалдырарлықтай. В. В. Радловтың түркі халықтары жөніндегі ғылыми көзқарастары 1860 жылы жазған экспедициялық есептерінен бастап-ақ көрініс береді. Тюркология ілімінің негізін қалаудағы Радловтың алғашқы іргелі зерттеулер сериясы* [* Самойлович А. Н. Радлов как тюрколог. (Новый Восток, 1922, № 2. с.708.).] болып табылатын \"Түркі тайпаларының халық əдебиеті үлгілері\" (СПб — 1866–1907) атты он томдық əлемге əйгілі еңбектің алғашқы үш кітабын білікті ғалым осы алтайда жүрген кезінде жариялады. Оның алтай, телеуіт, құманды татарлары, шор мен саян тілдік топтарына арналған бірінші кітабы 1866 жылы, чұлым түріктері, хакас тілдік топтарына арналған екінші кітабы 1868 жылы жарық көрген болатын. Үшінші кітабы — біз төменде кеңірек сөз ететін, осы кітаптың түп қазығы болып отырған əйгілі кітабы 1870 жылы жарық көрді. Осылайша В. В. Радлов Алтайда болған жылдарында Батыс Сібір, Алтай мен Орта Азиядағы түркі тектес халықтардың лингвистикасы, этнографиясы, географиясы мен археологиясы жөніндегі тың мəліметтердің энциклопедиясы** [** Штернберг Л. Из жизни и деятельности В. В. Радлова. \"Живая старина\", СПб, 1909, т. XVIII, вып, II — Ш. с. XVI.] болып табылатын айтулы зерттеулеріне деректер жинап қана қоймай, олардың алғашқы кітаптарын шығарып та үлгерді. В. В. Радлов 1872 жылы Қазан оқу округы бойынша татар, башқұрт, қазақ мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Бұл кезде Қазанда И. А. Бодуэн де Куртене, Н. И. Ильминский, Н. В. Крушевский, В. А. Богородицкий сияқты тілші ғалымдар қызмет істейтін. Осындай ғылыми орта болып тұрғанмен де, патша үкіметінің

аз халықтар жөніндегі отаршылдық саясаты ғалым жұмысына аз кедергі жасаған жоқ. Ол өзінің көп уақытын, күш-жігерін ағартушылық ісін дамытуға, мұсылман мектептеріне оқулықтар жазуға жұмсады. \"Салыстыра қарағанда кезең жеміссіздеу болды\"*** [***Кононов А. Н. Радлов В. В. и отечественная тюркология // Тюркологический сборник. 1971. М. 1972. с. 9.] — деп жазады, ол туралы А. Н. Кононов. Шындығында да Алтай мен Петербургтегі жылдарға қарағанда бұл жылдардағы ғылыми еңбектер мөлшері аздау, бұл ғалымның көп уақытын оқу-ағарту ісіне жұмсағандығынан болса керек. 1872 жылы \"Түркі тайпаларының халық əдебиеті үлгілері\" еңбегінің барабы, тар, тобыл, түмен татарлары тіліне арналған төртінші томы басылып шығады. Бұл еңбек негізі де Алтайда жүрген кезіңде қаланған еді. Қазандағы жылдарында жазылған В. В. Радловтың үлкен еңбегі \"Батыс түркі тілінің фонетикасы\" болды. Түркі тілдерінің алғашқы салыстырмалы фонетикасы болған бұл бағалы еңбекті кезінде ғылыми əлемде өте жоғары бағалады жəне ол бағасын қазір де жоғалтқан жоқ. Радловтың қазақ тілі жөніндегі зерттеулері К. Ш. Хусаинов еңбегінде егжей-тегжейлі айтылған. Бұл кезеңдегі екінші үлкен еңбек \"Aus Sibirien\" (1834). Мұнда Оңтүстік Сібір, Шығыс Қазақстан, Алтай өлкелері бойынша жинаған тарихи, археологиялық, этнографиялық материалдары топтастырылған. Ғалым Алтай өлкесіндегі халықтар тарихын терең зерттей жүріп, бұрын тіпті ғылымда аттары аталмай келген түркі тектес халықтардың, шағын тайпалары жөнінде алғаш мағлұматтар келтіреді. Бұл еңбек тек Сібірдегі түркі тайпалары жөнінде мол этнографиялық материалдар топтастырумен ғана құнды емес, түрлі ғылыми тұжырымдарымен де қызғылықты. Əсіресе, түркі тайпаларының этнографиялық тегі жөнінде батыл барлаулар жасайды. Ол бұл орайда тілдік, топонимикалық, этнонимдік, археологиялық, фольклорлық мол материалдарды кеңінен қамтып, тамаша салыстыруларға да барады. \"Aus Sibirien\" атты еңбегінде түркі тектес халықтардың діни сенімі туралы да мол мағлұмат жинақталған. Радловтың мұнда шаман діні жөнінде арнайы тарау енгізіп, мол материалдар жиынтығын салыстыра береді.

Алтайда жүрген жылдары ғалым археологиялық қазба жұмыстарына да беріле араласқан. Соның нəтижесінде ол жүзден астам бағалы есткерткіштерді жария етті. Оның тек жетпіске жуығын ғана алтайда Минусин қазан шұңқырынан кезіктірсе, жиырма алтысын Барабы даласынан тапқан. Радловтың археологиялық жаңалықтарының ішіндегі əлемге танылған атақтысы үлкен Қатын Қорғаны болды. Ол көне ескерткіштерге бай мұндай қорғандар Радловтың кейін өзі басқарған антропология жəне этнография музейін аса бағалы жаңа экспонаттармен толықтырды. Өз кезеңі үшін ғалым жаңалығы мол \"Құман тілі жөнінде\" (О языке куманов по поводу издания куманского словаря. СПб, 1884 ЗАН, ХIVIІІ, прил. № 53 стр.) атты еңбегі де осы кезеңнің жемісі. Бұл еңбек қыпшақ сөздігі жөніндегі келешек зерттеулерге көшбасшы болды. 1884 жылы В. В. Радлов Ресей Ғылым Академиясының Азия халықтарының тарихы жөніндегі толық мүшесі (\"Ординарный академик\") болып сайланады да, Петербургке қызметке ауысады. Бұл — Радлов өміріндегі ең жемісті кезең. Бұл жылдары ол елуге жуық ғылыми еңбек жариялайды. Ол өзінің ақтық демі таусылғанға дейінгі қалған 35 жыл өмірінде тюркология ғылымының барлық саласын тіл білімінің диалектография мен диалектология, лексикография мен лексикология, салыстырмалы фонетика мен грамматика, текстология сияқты сан тарау жүйелерінің, көне түркі жазба ескерткіштерін шығару, түркі халықтарының фольклоры, этнографиясы, тарихы мен археологиясын зерттеу мəселелерін өзінің кең ғылыми қарымына еркін сыйғызып алды. Бұл жылдарда ғалым Алтай, Қазанда жинақтаған материалдарын жүйелеп, саралап, бастырып шығаруды жəне тереңдей зерттеуді басты нысана етіп ұстанды. \"Түркі тайпаларының халық əдебиеті үлгілерінің он томдығының (соңғы үш томы Кунош, Катанов, Мошковтардың жинаған материалдары бойынша) орыс, неміс тілдерінде жарық көруі, тағы да сегіз кітапқа (4 том) жүк болған. Түркі тілдері сөздігінің толық тəмамдалуы бүкіл ғұмырын арнаған істің белес-белеңдері еді. Тарих пен этнография, археология жөніндегі деректерді топтастырған неміс, орыс тілдерінде шыққан \"Aus Sibirien\" жəне \"Сибирские древности\" кітаптары \"Сібір энциклопедиясы\" деген əділ бағаға ие болды.

Орхон өзені бойында жұмбақ жазулы тастар табылғаны жөніндегі Н. М. Ядринцев хабарынан кейін В. В. Радловтың осы сырды ашуға ерекше ынтасы ауады. 1891 жылы В. В. Радловтың басшылығымен Ресей Академиясынан Орхон өзені бойына ғылыми экспедиция аттанады. Бұл экспедиция жұмыстарының қорытындысы 1892 жылы* [* Радлов В. В. Труды орхонской экспедиций: Атлас древностей Монголии.// Вып. I. СПб. 1892.] жарияланды. Таса жазуының алфавитін оқып, сырын ашуға В. В. Радлов аянбай тер төгеді. Дат ғалымы Томсен бұл жазу таңбаларын толық ашқан кезде Радлов та оннан астам əріпті ажыратып үлгерген болатын. Ескерткішті оқу мүмкіндігі ашылған соң В. В. Радлов енді оны аударуға кіріседі. 1894 жылы Могилян мен Күлтегінге қойылған ескерткіштер тексін немісшеге аударып бастырады. Əлденеше рет басылған \"Монғолиядағы көне түркі жазулары\" атты еңбегі — бұл саладағы алғашқы күрделі зерттеу. Бұл еңбектің кейінгі басылымдарында ғалым өз зерттеу объектісіне Елтеріс қаған, Тоныкөк, Білге қаған, Айыртам мен Кеңқол, Əулиеатадағы т. б. ірілі- ұсақты ескерткіштерді қосып, еңбек ауқымын кеңейте түседі. В. В. Радловтың көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу ісі мұнымен ғана тоқтамайды, оның тюркология тарихында жасаған үлкен еңбектерінің бірі Жүсіп Баласағұнның \"Құдатғу біліг\" (\"Құтты біліг\") еңбегін аударып, басып шығарушы болды. Ол бұл еңбекті жиырма жылдам астам зерттеді. Ғылым əлеміне бұралаңы мол түрлі жолдар арқылы жазбаша күйінде жеткен бұл еңбек туралы алғашқы мəлімет 1825 жылы «Iornal asiatig» деген басылымдағы П. А. Жобердің \"Заметка о турецкой рукописи уйгурскими буквами\" деген көлемді мақаласы арқылы жетті. Бұл бүкіл түркі тектес халықтарға ортақ ұлы мұраның алғашқы басылымы еді. Кейіннен 1857 жылы И. Н. Березин өзінің əйгілі \"Түрік хрестоматиясына\" (\"Турецкая хрестоматия\") осы басылымнан үзінді енгізді. 1870 жылы Венгер ориенталисі Герман Вамбери \"Құдатғу білігтің\" Вена нұсқасын жариялайды. Бұл алғашқы толығырақ ғылыми басылым еді.

Тюркология əлемін елеңдеткен бұл еңбекті жан-жақты зерттеуге көңілі біржола ауған В. В. Радлов 1884 жылы Венаға арнайы барып, қолжазбаның көшірмесін алып, 1890 жылы оның факсимилді басылымын жасайды. 1897 жылы бұл еңбекті транскрипциясымен неміс тіліне аударып бастыра бастайды, бірақ \"Құдатғу білігтің\" Каирдегі нұсқасы жөнінде хабар жетуіне байланысты жұмыс тоқтап қалады. Ол үлкен қиыншылықпен кейбір нұсқасының көшірмесін салыстыра зерттейді. Сөйтіп \"Құдатғу білігтің\" В. В. Радловтың жасаған транскрипциясы мен аудармасы 1900 жылы жарық көре бастады. Бұл басылым 1910 жылға дейін созылды. Мұндай күрделі де, аса бағалы, үлкен еңбектің ғылыми басылымын даярлау ғалымның ғана қол жеткен жетістігі емес, бүкіл отандық тюркологиядағы ірі қадам болады. Оның 1889 жылы жазылған \"Тоқтамыс пен Темір-Құтылығ хан жарлықтары\" (ЗБ ОРАО, т. 3) атты мақаласы да түркі тарихы жөніндегі аса маңызды зерттеулердің бірі. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында В. В. Радлов көне түркі жəне будда жазба ескерткіштерінің бұған дейін ғылымға беймəлім болып келген əлденеше тексін жариялады. Бұл еңбектердің көпшілігі негізінен неміс тілдерінде жазылды. Əрине, шағын шолу мақалада В. В. Радловтың алпыс жылдан астам уақыт бойғы жемісті еңбегінің бүкіл қорытындысын егжей-тегжейлі санамалап айтып шығу мүмкін емес. «Ұшан-теңіз білім мен таңқаларлықтай іскерлігі Радловқа ешқандай көмекшісіз-ақ тəжірибелі мамандардың бүткіл бір тобының бірлесіп істейтін жұмысын жеке-дара атқаруға мүмкіндік жасады десек асыра айтқандық болмас еді» * [* Кононов А. Радлов В. В. и отечественная тюркология.//Тюркологичский сборник. 1971. М., 1972. С.14.] — деп əділ жазады А.Н.Кононов ол туралы. Оның түркі тілдес халықтар мұрасына жасаған қамқорлығы ғылыми жұмыстарымен ғана өлшенбейді, қоғамдық, əкімшілік, ұйымдастырушылық жұмыстарымен де бағаланады. Петербургте ол біраз жыл (1885–1890) бойына Азиялық музейдің, кейіннен (1894–1918) ұлы Петр атындағы этнография жəне археология музейінің директоры болып қызмет атқарды.

Ол отандық тюркологияның дамуына көп үлес қосқан «Орта жəне Шығыс Азияны зерттейтін комитетін (1903–1918) ұйымдастырушылардың жəне басқарушылардың бірі болды: өмірінің соңғы он жыл бойына “Сібірді зерттеу жəне оның тұрмысын жақсарту қоғамының» (1908–1918) басқарма бастығы. Түйіндей айтқанда, В. В. Радловтың ұзақ жылдар бойы үлкен күш қайратпен істеген жұмыстары белгілі теңкеріске дейінгі тюркологияның қалыптасуы мен дамуындағы үлкен белес. Бұл кезеңдегі шығыстану ғылымында жасалған ірі қадамдардың барлығы да Радлов есімімен тікелей байланысты. Ол артына түркі тектес халықтардың тілі мен фольклоры, тарихы мен этнографиясы жөнінде өлшеусіз мұра қалдырды. Жəне тюркология ғылымында өз есімімен байланысты бүкіл бір мектеп қалыптастырып, оның келешек дамуына үлкен өріс ашты. *** В. В. Радловтың осы кітапқа негіз болып отырған айтулы еңбегі тек көлемі жағынан ғана емес, ғылыми мəнділігі жағынан да қазақ фольклорына арналған ең алғашқы толыққанды жинақ. Біріншіден, бұл қазақ ауыз əдебиетінің барлық дерлік жанрын толығырақ қамтыса, екіншіден, жинақта халық тілінің, əсіресе ауызша сөйлеу тілінің ерекшелігі толық сақталған. Аталған басылымның тағы бір құнды жағы қазақ фольклорын жанрларға бөліп орналастыруы, түптеп келгенде, осы бөлудің өзі — қазақ фольклорын жанр бойынша тұтастай саралаудың алғашқы тəжірибесі еді. Қазақ фольклоры жөніндегі өзінің ғылыми барлаулары мен ұстанған принциптерін В.В.Радлов осы еңбектің алғысөзінде баяндайды. «Терістік Алтайдан Орал өзеніне, Омбыдан Зеравшан өлкесінің батыс аймағына дейінгі ұлан ғайыр даланы өздерін «қазақ» деп, орыстар мен басқа батыс елдері қателесіп, «киргиз» немесе «киргиз — кайсак» деп атайтын халық мекендейтіндігін» жаза келіп В.В.Радлов алғашқылардың бірі болып қазақ халқын өз атымен атайды. «Қазақтардың арғы тегі туралы біз өте аз білеміз. Олардағы атаулар қазақтардың түркі халықтардан құралғандығын көрсетеді. Мүны:

мəселен, қыпшақ, арғын, найман (соңғысының моңғол тектес екендігі даусыз) деген ру атаулары айқын дəлелдейді. Бірақ бұл əртектес элементтер өте ертеде-ақ, өзара сіңісіп кеткен тəрізді, өйткені қытайлықтар осыдан жүздеген жылдар бұрын-ақ «ха-сақ-қи» деген халық болғандығын айтады», — деп ғылымда əлі де толық шешімін таба қоймаған қазақ тарихына байланысты қызық мəлімет келтіреді. Мəселен, қытай жазбаларындағы «хасаки» деген халықтар жөніндегі мəліметтің қайдан алынғаны əлі белгісіз. Ғалым бұдан əрі қазақ халқының кəсіптік, тұрмыстық əдет- ғұрыптық ерекшеліктері туралы айта келіп, оның басқа түркі тектес халықтар тіршілігінен өзгеше ерек сипаттарын да дəл айқындайды. Қазақ халқы жүздеген жылдар бойы ислам дінін тұтынып келе жатқанмен, бұл діннің жұртшылық санасына толық сіңбегендігін де ғалым жіті аңғарған. «Дін шарттарын бұлайша сырттай ғана атқару дəстүрлі мəдениетті ірітіп жіберер исламның əсер күшін тежеп, алғашқы таза түркілік сипатын толық сақтауына мүмкіндік жасағанын айтуға міндеттіміз», — деп жазады ол. Бұл қазақ тілінің байырғы таза сипатын сақтауға да жағдай туғызады деп таниды. Қазақ халқының мұндай тазалығы мен төлтумалығы, сондай-ақ оның кең таралғандығы бұл бөлім бойынша мүмкіндігінше толық материал жинап, əдебиет үлгілерінің бүкіл бір томын арнауға мəжбүр етті. Мені бұған итермелеген тағы бір жай қазақтардың басқа тайпаларынан суырып салып айтуға ұста, тамаша шешендігімен ерекшеленетіндігі болды», — деп ағынан жарылды. В.В.Радлов өзі жинаған материалдарын халық шығармалары (қарасөз) жəне кітаби өлең деп екі жікке бөлген. Бұл саралау В.В.Радловтың материал жинау принципіне де əсер еткен. Ол халықтық шығармалардың рухы таза, ойы анық, тілі көркем деп есептейді. Ал кітаби өлеңдердің сөз оралымдарында исламның, кітаби тілдің əсер табы сезілетіндігін айтады. «Бұл кітаби өлеңдерді мен қазақ тілінің табиғатына жат грамматикалық формалары мен сөздерден сақтана отырып сауатсыз қазақтардың көмегімен көшірдім, араб жəне парсы тілдерінен енген сөздерді қолжазбада өте дұрыс жазғанына қарамастан, сол қарапайым халықтың ауызша айту формасында беруге тырыстым. Осылайша бұл өлеңдер түпнұсқадағыға қарағанда əлдеқайда қазақы сипат алды», — деп жазады одан əрі ғалым. Жалпы, Радлов өзі жинаған материалдардың таза халықтық нұсқада қағаз

бетіне түсуіне аса күш салған. Ол қазақ халқының сөйлеу мəнеріндегі артикуляциялық ерекшеліктерді қағазға бұлжытпай түсіру үшін орыс алфавитін пайдалана отырып оны қазақ дыбыстарына қарай икемдеген, яғни «өзінің жұмысының ғылым бағасын білген»* [* Журнал министерства народного просвещения. 1884. Ч. 236. отд. 2 с, 777], ғалым халық мұрасына ерекше ілтипат, үлкен ыждағатпен қараған. Оның себебі де бар еді. Академик В.Радлов үшін қазақ фольклоры негізінен тілді тереңдей зерттеуге материал болды. Ол фольклорлық текстер арқылы қазақ тілінің сырлы əлеміне үңілуді басты мақсат тұтты. Сондықтан да фольклорлық материалдарды жазып алған кезде, ол жыршы мен ертегішілердің ауызекі тілінде кездесетін ерекшеліктерді барынша кең қамтып, өзгеріссіз түсіруге тырысқан. Тілші-ғалым болғандықтан В.В.Радлов қазақ ауыз əдебиеті шығармалары тіліндегі лексикалық байлықты, көркемдік нəрін жіті аңғарып, бағалай білген. Таза халық тілі мен кітаби тілдің жігін ашып, фольклорлық шығармалар тілінің айшықты өрнегін тап басып таныған. Бұл оның ғылыми көзқарасы мен методикалық принципін айқындап, басқа ғалымдардан даралай көрсетеді. Мəселен, сол кезеңдегі қазақ фольклорын жинауға ат салысқан ірі тұлғалардың бірі Г.Н.Потаниннің ұстанған принциптерінен біз басқа сипат танимыз. Г.Н.Потанин өзі естіген ертегі мен аңызды қолма-қол қазақ тілінде жазып алмай, оның орысша аудармасын (тілмаштары арқылы) хатқа жазып отырған* [*Д. Сұлтанғазин, Ш. Уəлиханов туыстары, Ə. Ермеков сияқты азаматтар тілмаштық қызмет атқарған.]. Себебі оның ғылыми зерттеулеріне керегі көркем шығарма емес, фольклорлық мотивтер мен сюжеттер болды. Бұл оның фольклорға деген компаратистік көзқарасынан туындаған еді. Ол өз еңбектерінде мотивтер мен сюжеттердің төркінін іздеп, олардың əр халықтағы ұқсастықтарын тауып, салыстыра зерттеді. Г.Н.Потанин өзі жазып алған шығармаларды айтушылардың аты-жөнін көрсетіп отырса, В.В.Радловта ондай дағды жоқ. В.В.Радлов қазақ халық поэзиясын негізінен өлең жəне жыр деп екі түрге бөліп қарайды. «Өлең бірінші, екінші жəне төртінші жолы ұйқасып келетін төрт жолдан тұрады» дей келіп, қазақтың қара өлеңіне тəн біраз қасиеттерге тоқталады. «Өлеңдердің алғашқы екі жолының көп жағдайда үндестік үшін алынатындығын ескерткен жөн, көпшілік жағдайда оның өлең мағынасымен ешқандай байланысы

болмайды», — деген тұжырым айтады. Қара өлең туралы айтылған бұл ойды Шоқанна бастап, қазақ зерттеушілерінің біразы қолдап келгенмен де алдыңғы екі жолдың «өлең мағынасымен ешқандай байланысы болмайды» деу үстіттеу айтылған, өйткені алдыңғы екі жолда соңғы екі жолда айтылатын оймен астарласа байланысып жатқан ішкі байланыс, емеуірін мен ишара болады*[*Сейдімбеков. А. Мың бір маржан. А… 1989.]. Радлов жырға «өлшем» жағынан… өлеңге қарағанда белгілі заңдылыққа аз бағынады. Көпшілік жағдайда ол екі буыннан төрт буынға дейін мүлде еркін араласып келіп отыратын үш бунақтан (көбінесе екі бунақтан) құралады. Ұйқасы соңына келуі қажет, бірақ қалай ұйқастыру ақынның еркінде. Жетілген бунақ құрамымен ерекшеленетін поэтикалық шығармаларда сол бір ұйқастар көптеген өлеңдерде қатар жалғасып келеді. Одан басқа қайталанып келіп отыратын қайырмалар жиі кездеседі. Кейде жырда егіз ұйқастар немесе түрлі ұйқасты жасанды тіркестер де ұшырасады», — деген сипаттама береді. Əрине, қазақ өлеңі жөніндегі алғашқы топшылаулар болғандықтан да В.В.Радлов пікірінде ұшқары тұстар да жоқ емес. Мəселен, Радловтың «…қазақ өлеңдерінің ұйқас заңдылығына келсек, одан парсы поэзиясының əсері айқын аңғарылады», — деген пікіріне академик З.Ахметов сенімді уəж айтады. Яғни, Радлов парсы поэзиясынан келді деген өлең үлгілері көне түркі жазба ескерткіштерінде, нақтылай айтқанда, Махмұд Қашқари сөздігінде кезігеді екен. Солай дей келіп: «Наблюдение Радлова над казахским стихосложением, сделанные и им наряду с общим замечаниями о народно-позтическом творчестве и явно нуждающиеся в уточнениях, содержат в то же время ценные мысли»* [*Ахметов З. Казахское стихосложение. А-Ата. 1964. с. 27. 28.], — деп ғалым Радлов еңбегіне лайықты баға береді. Радлов бастыруында кітаптың алғашқы бөлімі «Қара сөз» деп аталады. Бұл тіркесті ол «халық шығармалары», былайша айтқанда қазіргі «фольклор» деген ұғымда қолданады да поэзиялық, прозалық шығармаларды бірге топтастырады. Жинақтың бастамасын Радлов «Үлгілі сөз» деп аталатын топтама өлеңдермен ашады (ІІ өлең). Бұл өлеңдердің табиғаты негізінен жыраулық поэзия үлгісіндегі дидактикалық сарындағы шығармаларға өте жақын. Олардың біразы:

«Көп нені айтады? Азға қылған зорлығын айтады. Аз нені айтады? Көптен көрген қорлығын айтады», – деген тəрізді ел аузында нақыл-тақпаққа айналып кеткен жолдар. Бұл өлең жолдары түрлі өзгерістермен XV-ХІХ ғасырда жасаған жыраулар шығармаларының ішінде жиі қайталанып келіп отырады. Олардың ішінде кейінгі кезде зерттеушілер Бұқар өлеңі деп танып жүрген: «Жал құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз…», – деп басталатын 21 жолдық өлең де жүр. Бұл өлең «Таудан аққа тас бұлақ» деген жолдан екіге ажыратылып авторсыз жарияланған. Бұдан кейін С.Сейфуллин* [* Сейфуллин С. Шығармалары. А. 1964 ж. VІ т. 278–279 б.б.], С.Мұқанов, Қ.Бекхожин* [*Мұқанов С… Бекхожии Қ. «Қазақ əдебиеті», хрестоматия. А… 1942.211 бет] кітаптарында жəне кейінгі жинақтарда Бұхар жырау өлеңі ретінде жарияланып жүр. Бұл өлеңнің нұсқалары Г.Н.Потанин жинағында* [* Казахский фольклор и собраний Г. Н. Потанина. А-Ата. 1972. с. 278–279.], Мəшһүр Жүсіп қолжазбаларында да кездеседі. Алдыңғы екі жинаққа енген текстің өзгеріссіз дəлме-дəл келуіне қарағанда Радлов жинағынан алынғанға ұқсайды. Ал Г.Н.Потаниннің Бұқардың немересі Құрекеден жазылып алынды дейтін өлеңі сəл басқаша. «Бата сөз», «Ұзатқан қыздың өлеңі», «Жоқтаған жыр» деп аталатын бөлімдерге енген бата, жар-жар, бет ашар, сыңсу, жоқтау сияқты тұрмыс-салт жырларының тамаша үлгілері ерте хатқа түскен көне үлгі. Зерттеушілерге таптырмайтын материал ретінде қызмет атқарып келеді. «Қайым өлең» деген топтамамен берілген Ұлбике мен Күдеріқожаның, Мөнек пен Опан қыздың, Шортанбай мен Орынбай айтыстары да аса бағалы мұра. Бұл айтыстар кейінгі жинақтарда өзгеріссіз жарияланып келеді. Бір қызығы В.В.Радлов кезіндегі ірі айтыстарды жазуға ден қоймаған. Мұндағы қайым айтыстарды тек үлгі ретінде ғана кіргізгенге ұқсайды. Осы бөлімнің соңында берілген «Бақсының сөзі» деп аталатын өлең де ерекше қызғылықты. Бұрын сонда хазылып алынған бақсы сарындарының ішіндегі көлемділерінің бірі. Сарында ата аруағына сыйыну дəстүріне байланысты көптеген

тарихи адамдар аты да тізбеленеді. Мұның өзі бақсы сарындарының тағы бір жаңа қырын танытқандай. «Қара өлең» деп аталатын бөлімге топтастырылған өлеңдерді қазіргі талап тұрғысынан келгенде түрлі жанрларға таратуға болар еді. Əсілі, бұл жерде Радлов өлеңдерді топтастыруда берік ғылыми принцип ұстанбаған. Мəселен, осындағы «Қалмақтың жерін айтып жылағаны» деп аталатын шығарманы жыр ағымымен келетін тарихи өлең деуге келеді. «Шоң биге келіп Қожа айтты» дейтін өлең де жыраулық поэзия үлгісіндегі шығарма. «Ақбала» атты шығарма қазақ шығармаларында кездесетін өлі мен тірінің айтысының бір үлгісі. Мұндағы таза қара өлең табиғатына сай келетін шығарма 12 шумақтан тұратын өтірік өлең үлгісі деуге болады. «Қазақтың бұрынғы батырлары туралы өлең мен мəселе сөз» деп аталатын тарау да өте қызғылықты. Бұл қатарда «Қазақтың түбі», «Абылай хан», «Абылай хан жырының басы», «Тəтінің сөзі», «Қойгелді», «Қырғызға баратын батыр», «Ер Көкше», «Желкілдек», «Ер Тарғын», «Сайын батыр», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» секілді шығармалар бар. Бүгінгі тұрғыдан қарағанда, əрине, бұл шығармалар əр жанрға жататыны даусыз. Осылардың ішінде В.В.Радлов қазақ батырлық жырларын зерттеуге баса назар аударған. Ол жөніндегі пікірлері басқа еңбектерде де көрініс береді. Осы жайды саралай келіп Е.Ысмайылов былай деп жазады. «Академик В.В.Радлов нағыз батылық жырлардың туып, дамуының үш түрлі заңдылығын айтады: Бірінші, ұлы тарихи оқиғаларды кең қамтып жырлап кете алатын халық ортасынан шыққан үздік талантты ақын-жыршы болуы қажет. Екінші, батырлық жырға негіз болатын халықтың тарихында талай ұлы оқиғалар, тұрмысын шайқалтқан арпалыстар (эпические потрясение) болуы керек. Үшінші, батырлық жыр дамып, тұтастыққа, ұлғаюға айналған дəуірінде мəдениетке ұмтылған зор толқын басталады* [*Ысмайылов Е. Ақындар. Алматы, 1956. 174–175 б. б.]. В.В.Радлов жинап, жүйелеп жариялаған ғашықтық жырлардың бір қызықтысы — «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының нұсқасы. Бұл жырда мифтік сарын басым, сюжеттік желісі шымыр, басқа нұсқаларынан ерекше сипат танытатын тұстары көп, тілі де көркем. Жалпы, бұл жырға Радлов көп көңіл аударған. Аякөз маңындағы «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» кешенін де зерттеген.

Түркі тектес халықтардың біразына ортақ бұл жыр ғылым əлеміне Радловтан да бұрын мəлім болатын. Мысалы, «Куз Курпячь» деген атпен башқұрт нұсқасының орысша аудармасы (Т.Беляев) 1812 жылы Қазанда басылып шыққан. Жырдың қазақ арасындағы нұсқаларының да ерте хатқа түскендігі қазір мəлім болып отыр* [* Қозы Көрпеш — Баян сұлу. Омбы архивынан жазып алған Ə. Х. Марғұлан; Ғ.Дербісалиннің нұсқасы (1834), А.Фролов жазып алған нұсқа (1841), Шөже нұсқалары (1864, 1878). Бұрынғы ССРО ҒА Шығыстану институтының қолжазба қоры.]. Радловтан соң бұл жырдың əртүрлі нұсқаларын Н.И.Березин (1876) М.О.Əуезовтер (1936) əлденеше рет жариялады. Радлов басылымы түгелдей дерлік он бір буынды қара өлеңмен жазылған. Көп жағдайда алдыңғы шумақтың екі жолы қайталанып келіп отырады, тілі таза, кітаби əдебиеттің əсері жоққа тəн. Шығарманың екі жерінде қара сөзбен берілген тұс кезігеді. Мұнда басқа нұсқаларда кезіге бермейтін Манапхан, Жаңыл, Ысты, Төлеу сияқты кейіпкерлер бар. В.В.Радлов өзінің он томдық еңбегінің VІ томында «Қозы Көрпеш» атты ұйғыр ертегісін де жариялаған. Бірақ мұны «Қозы Көрпеш — Баян сұлудың» ұйғыр версиясы деуге келмейді, бұл шығармалардың аттары ғана ұқсас. Қазақтың «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырымен тамырлас шығармалар башқұрт, татар, алтай, ноғай, қалмақ халықтарының ауыз əдебиетінде кезігеді* [* Дүйсенбаев Ы. Қазақтың лиро-эпосы А. 1973. 40–90 бб.]. В.В.Радлов өз жинағына енгізген ертегілерді «Батыр ертегі», «Ертек» деп екі жікке бөліп, алғашқысына екі, соңғысына ІІ шығарма топтастырған. Біздің пайымдауымызша «Ертегі» тарауындағы «Жұмбақ» деп аталатын шығарманы ертегіге жатқызу қиын. Ертегілерге қойылатын талап тұрғысынан қарағанда оның композициясының құрылысы да, көркемдігі де жұпыны. Табиғаты жағынан ол ертегіден гөрі жұмбақ айтысына жақын келетіндей. Ғалым ертегілерді жанрлық тұрғыдан іштей саралағанмен, жинаққа негізінен қиыл ғажайып ертегілерін мол топтастырған. Олардың ішінде «Хан Шентей», «Еркем Айдар» сияқты аса кқркемдері бар. Жалпы Радлов жинаған ертектер қоспасы жоқ, «өңдеуден» өтпеген, халықтың ауызекі сөйлеу тілінің сипатын таза

сақтағандығымен ерекшеленеді. Мұны кезінде М.О.Əуезов те атап көрсеткен*[*Əуезов М. Əр жылдар ойлары. А., 1959. 16-б.]. «Кітаби өлеңдер» деп аталатын екінші бөлімді ғалым төрт тарауға бөліп, «Бозжігіт», «Һамра», «Сейфүл — Мəлік» жырларын үлкен қиссалар, «Алтынбас — Күмісаяқ ғашық болған», «Ақсақ темір хан», «Сақыпжамал», «Киік» жырларын қысқа қиссалар, «Шарияр», «Қу бас», «Бозторғай» т.б. сияқты қиссаларды дін үйрететін қиссалар деп атайды. В.В.Радлов — «…кітаби өлең халық арасына там-тұмдап болса да берік ірге тебе бастаған исламның өкілі, ислам ілімін таратуды мақсат тұтқан жəне бірте-бірте халық рухын ығыстырып келе жатқан діннің ұрығы. Шындығында да ол баяу əсер ететін у тəрізді бірден-бірге күшейіп келеді», — деп қынжыла жазады. «Бозжігіт», «Һамра», «Сейфүл — Мəлік», «Сақыпжамал», «Киік», «Шарияр» сияқты үлкенді-кішілі аңыздар халық рухына жақындастырылған, онда діни сарын аздау», — дей отырып жырлардың əрқайсысындағы діни ықпалдың күштілігін де нақты анықтайды: Бұлардың ішіндегі ең қауіптісі — «ислам дінінің қаһармандары жөніндегі өлеңдер…..сондай өлеңдердің үлгісіне мен Хұсайын туралы өлеңді жатқызамын… мұндай өлеңдердің біреуін ғана келтірумен шектелемін, өйткені оларда қызығарлықтай ештеңе жоқ», — деп кесіп айтады. Бұлардың ішінде халық арасына кең тарап соңғы кезеңге дейін қайтара басылып, көркемдік бағасын жоғалтпай келе жатқандары «Бозжігіт» пен «Сейфүлмəлік». Радлов жинағындағы «Бозжігіт» дастанында автор атынан кіріспе ретінде шағын қара сөз келтірілген. Ондағы «…бұ «Бозжігітті» кітапқа 1842 жылды жазып едік», — деген сөзге қарап бұл дастан қазақ арасына қолжазба күйінде көп тараған деуге келетіндей. Өйткені В.В.Радловтың қазақ даласын аралай бастауы 1862 жылдан басталады. Ғалым 1842 жылы хатқа түскен қолжазбаны пайдаланған тəрізді. «Бозжігіт» дастанының уақыт жағынан ерте жарық көргені — 1869 жығы нұсқасы. Одан кейін 1874, 1881, 1889, 1896, 1903, 1906 жылдары Қазан қаласынан басылып шыққан. Ал 1910 жылы Ақылбек Сабалұлы өзінше жырлап, жариялаған. Зерттеушілердің пайымдауынша «Бозжігіттің» екі нұсқасы бар. Оның бірі — Радлов нұсқасы болса, екіншісі — 1881 жылы шыққан басылым. Ғалымдар екі нұсқаның мынадай өзгешеліктерін көрсетеді:

1. Нұсқаларда Бозжігіт досының бейнесін екі түрлі көрсету бар. 2. Саяхаттар мен сапарлар əртүрлі баяндалады, сондай-ақ кейіпкерлердің көрген түстері, маймұн елінің өмірі, ұрыс-соғыстар əр түрлі көрсетіледі. 3. Нұсқалардың басталуы екі басқа. 4. Кейіпкерлердің өлеңдерінде де айырма бар. Радлов нұсқаларында өлең көбірек жəне көркемдеу, сонымен бірге өлең жолдарында, сөздерінде, шумақтарында өзгерістер кездеседі* [*Қазақ фольклоры мен əдебиет шығармаларының текстологиялыұ зерттелуі. А., 1983. 203 б.]. Əуелі «Мың бір түн ертегісінің» Сейфүлмəлік-Бəдіғұлжамал хикаясының негізінде дастанға айналып, қазақ арасына өте кең тараған Сейфүлмəлік жыры Радлов жинағынан көп бұрын хатқа түсіп басылып шыққан (1807). Радловтан кейін де бұл дастан əлденеше рет басылды. Олар екі нұсқа негізінде қайыра басылып келді. Оның бірі 103, 1908 жылдары университет баспаханасында Жүсіпбек Шайхулислам ұлының атынан шыққан жыр да, екіншісі — 1895, 1909, 1914 жылдары «Қисса и Ғабдулмəлік» деген атпен университет баспасынан жарық көрген нұсқа. Бірінші басылым Ж.Шайхулислам ұлына телінгенмен де, ол негізінен Радлов нұсқасынан көп алшақ кетпейді, тек жыршы жырдың біраз жерлерін өңдеп, өз атын қоса жырлаған. Ал екінші нұсқада Сейіткерей, Ақыт атты екі жыршының аты ұшырасады жəне бұл нұсқа Радлов тексінің композициялық құрылымы, көркемдік тіл кестесі, стилі жағынан да өзгешерек. Сондықтан қазақ арасында Сейфүлмəліктің екі нұсқасы бар деуге болады. В.В.Радлов қазақ фольклорына қатысты ойларын салыстырмалы түрде басқа томдарға жазған алғысөздерінде де айтып отырады. Жəне ол томдарда кейіннен қамтылған жылпы түркі тектес халықтарға ортақ мұралар фольклорлық мұраның тегі мен дамуын, ортақтастығы мен өзіншік ерекшеліктерін анықтауға мол мүмкіншілік ашты. Қазақ фольклорының ортақ желілерін Радлов томдарының қай қайсысынан болса да табуға болады. Əсіресе, 5,7, томдағы материалдар ерене жақын. Мəселен, қырғыз фольклорына арналған 5 томдағы «Манас», «Иолай хан», «Қошақтарды» айтпағанда, онда «Ер Төстік» ертегісінің

қырғызша нұсқасы жарияланған. Ол үзінді күйінде Ер Төстіктің жер асты патшалығындағы əрекетін баян етеді. Қырымдағы түркі тектес халықтарының ауыз əдебиетінің арналған 7 томға жазған алғысөзінде ғалым: «Қырым халықтарын тіліне қарай: 1) Шегер-гем; тау халқы, қала жəне тау тұрғындары, яғни Симферополь, Бақшасарай, Қарасу-базар, Феодосия, Евпатория жəне таулы оңтүстік пен Қырымның оңтүстік жағалауындағы татарлар; 2) Шел халқы, дала тұрғындары; 3) Ноғай халқы, ноғайлар, Перекөп бұғазына қарай көшіп кеткен тайпалар»* [*Радлов В. В. Образцы народной литературы тюркских племен. СПб.1896. с.12] — деп үш топқа бөледі. Бұл топқа «Орақ-Мамай», «Доспанбет», «Орақ», «Мамай мен Күлке», «Едіге», «Ер Тарғын», «Жиренше шешен», «Шора батыр», «Қобыланды» сияқты шығармалар қазақ ноғай халқының тегі бір, түбірлес тарихының айғағы. Ноғайлардан жазылып алынған Шалкиіз шығармалары да қазақша нұсқаларға өте жақын. Томдағы тұрмыс-салт жырларының үлгілері де қазақ халық өлеңдерімен туысып жатыр. Сөз соңында айтарымыз, «Ертегі — соңғы қазақ ескілігін жинаушы адамдар арасында бұл жөнінде В.В.Радловтан ерекше ынталы, ұқыптылық көрсеткен оқымысты жоқ деуге болады»* [*Əуезов М. Əр жылдар ойлары. А., 1959. 16-б.] — деп М.О.Əуезов жоғары бағалағандай, белгілі төңкеріске дейінгі қазақ фольклорына арналған жинақтардың ішіндегі ең толыққанды, жүйелі, озық үлгісі болып табылатын еңбектің қайта басылымы көпшілік қауыммен жылы қауышады деген ниеттеміз. С.Қасқабасов, филология ғылымының докторы. К.Іслəмжанұлы, филология ғылымының кандидаты.

АЛҒЫ СӨЗ Бұл басылымның I жəне II томдарында жарияланған халық əдебиетінің үлгілері басқа көпшілік тайпаластары тəрізді ислам əсеріне беріле қоймаған, көне шаман дінін əлі де берік ұстанған Оңтүстік Сібірдегі түркі тайпаларының рухани мұрасын құрайды Ал мына ұсынылып отырған том Алтайдың терістігін жайлаған, қазіргі кезеңде ислам дінін тұтынатын түркі тайпаларына арналған. Ол тайпалардың ретін біз территориялық жағынан да, қоғамдық жəне рухани жағдайымен де Мұхаммед дінінде жоқ түркілерге бір табан жақын тұратын қазақтардан* [* Радлов (сол кездегі үрдіске орай) \"киргидар\" деп жазған, біз қазақтар деп өзгерттік, бұдан былайғы жерлерде де солай беріледі (ауд.).] бастаймыз. Алтай тұрғындары мен олардың шығыстағы көршілері (I жəне II томға енген олардың əдебиет үлгілері айқын дəлелдеп отырғандай) бірнеше жүздеген жылдар бойы осынау асқар таулардың тасасында қалып келген сан алуан ұсақ тайпалардан құралады. Бұл ірілі-ұсақты тайпалар сан жағынан өте аз, бірақ сол аздығына қарамастан аса маңызды өзгеше тілдік ерекшеліктерді танытады, өйткені олардың көпшілігі мұнда кеше ғана келіп қоныстанған. Оларда біртұтас халықтық сезім қалыптаспаған, əрқайсысы тек өздерінің рулық атауларын ғана біледі немесе өздерін жергілікті тау, су аттарымен атайды. Ал қазақтардан біз басқа көріністі байқаймыз. Терістік Алтайдан Орал өзеніне, Омбыдан Зерафшан өлкесінің батыс аймағына дейінгі ұлан-ғасыр даланы өздерін \"қазақ\" деп, орыстар мен басқа батыс халықтары қателеспей \"киргиз\" немесе \"қырғыз-қайсақ\" деп атайтын тайпаның, тіпті біртұтас халықтың деуге тұрарлық, құрамдас бөліктері қоныстанған Қазақтардың арғы тегі туралы біз өте аз білеміз. Олардағы рулық атаулар қазақтардың түрлі халықтардан құралғандығын көрсетеді, мұны мəселен, қыпшақ, арғын, найман (соңғысының моңгол тектес екендігі даусыз) деген ру атаулары айқын дəлелдейді. Бірақ бұл əр тектес элементтер өте ертеде-ақ, өзара сіңісіп кеткен тəрізді, өйткені қытайлықтар осыдан жүздеген жылдар бұрын-ақ \"ха-сақ-ки\" деген халық болғандығын айтады. Қазіргі уақытта олардың барлық жағынан бір халық болып қалыптасқан тұтастық сипат танытатыны күмəнсіз. Қазақтар өздерін

\"қазақпыз\" дейді, сол арқылы басқа түркі тайпаларынан ерекшеленеді жəне бөгде халықтарға да өздерінше жалпылама атаулар таңады, мысалы, Орта Азиялық татарларды \"сарт\", ал орыс татарларын \"ноғай\" деп атайды. Мен жариялап отырған бұл томдағы əдебиет үлгілері осы халық дүниетанымының жан-жақты көрінісі бола алады. Қазақтар əдет-ғұрып, салт-сана, тіл жағынан біртұтас үлгі. Қараған, бұталар аралас келіп отыратын бұйра қыраттар арқылы керіліп жатқан ұланғайыр кең дала алып келбетін ешқандай өзгеріссіз қалай сақтаса, оның тұрғындары да тіл мен салт-сана жағынан сондай біртектес, тіпті шет жайлап, ең шалғай шығып кеткен тайпаластар да өзінің ерекше халықтық сипатын берік ұстанады. Қазақтардың барлығы да — көшпенді малшылар, олардың əр бөліктері өздері иемденген жерлері бойынша, жыл сайын белгілі тəртіппен уақытылы қоныс аударып, жазды биік тау баурайында, қысты етекте өзен жағаларында өткізеді. Олардың барлығы үйілген қара шоқылардай шашылып жатқан 5—15 киіз үйлі ауылдарда тұрады. Киіз үйлер барлық жерде бір тектес сұр киізбен жабылып, қабырғасы иілген ағаш тор көздерден құралады да, қызыл бояумен боялады, төбесі сырықтармен бекітіліп, ұшар басында түтін шығатын кең дөңгелек тесік қалдырылады. Қырғыздардың киімі де негізінен бір тектес. Барлығында да — иіні кең, білезік жағы тарлау ұзын жеңді, кең-мол шапан, теріден тігілген тымақ немесе малақай, киімге байланысты кейбір өзгешеліктерді біз солтүстік пен оңтүстікке жақын жатқан жерлерден байқаймыз. Мұндағы тымақ татарлардікіне, көйлек-тері орыстардікіне ұқсас, сонымен қатар орта далалық қазақтар тəрізді малақай (құлақшын) мен алды ашық көйлек те киеді. Қазақтардың кəсіптері бірыңғай, қай жерде болмасын күндіз жайып, кешке үй маңайына иіретін бір тектес мал. Ішетін тамақтары да, тойлары мен жерлеу рəсімдері де бірыңғай бағынатын басқармасы мен заңдары да біреу-ақ. Қазақтар əдетте, орда деп аталатын үш бөлікке бөлінеді. Жалпы рулық аты \"үйсін\" деп аталатын үлкен орда —\"ұлы-жүз\" (ұлы жүздік) шығыстық даланың оңтүстік бөлігін жайласа, басты рулары арғын, найман болып келетін орта орда —\"орта-жүз\" (орта жүздік) шығыстық даланың солтүстігін, ал басты рулары Алшын, Жаппас болып келетін кіші орда —\"кіші жүз\" (кіші жүздік) даланың батысын жайлайды. Бұл

ордалар тайпаларға; тайпалар руларға бөлінеді. Көршілес отырған үлкен бөліктердегі рулар жиналып біртұтас ел құрайды. Бұрынғы хандардың ұрпақтары қазір дворяндар (сұлтандар, ақсүйектер) тəрізді үлкен артықшылықтармен пайдаланады, бірақ елдің міндетті түрдегі басшысы болып саналмайды. Жеке адамдардың қорғаны, сол үшін жауап беретін — ауыл, ауылдікі — ру, рудыкі — тайпа. Дау-шар мəселелері екі жақ та дұрыс деп табатын билер соты арқылы шешіледі. Егер даугерлер ауылдың өкілдері болса, сот үкімін орындау ауыл міндетіне, қарсыластар түрлі ру өкілдері болса, ру міндетіне жатады. Сот үкімін бұлай орындау барымта (жау) т. б. деп аталатын жауынгерлік шапқыншылықтарға басты себеп болады. Яғни, бір ауыл (ру) өз қарсыласына айып төлеуден бас тартады, ал бұл айыпты қарсыластары сол ауылдың малын күшпен айдап алу арқылы өндіреді, өш алу кезегін екінші ауыл да жібермейді. Əрине, мұндай тəртіп халық əдебиеті үлгілерінде, əсіресе, айтыс өлеңдерінде айқын көрініс бергендей, түрлі рулар арасына жаулық отын тұтатады. Ауылдар мен рулардың ішкі басқару жұмысына байланысты істер белгілі т. б. дəулетті адамдардың жиынында шешіледі. Ауылдар отбасыларға бөлінеді, ал отағасы отбасындағы адам санының мөлшеріне қарай белгіленеді, өйткені олардың əрқайсысы ісі теріс болса да туысқанын қорғауды өз міндетім деп біледі. Тайпа ішінде сан жағынан ең көп ру басты міндет атқарады. Бұл тəртіптің жаңғырығын біз халық əдебиетінен де табамыз. Қазақтар, жоғарыда айтқанымыздай, бірнеше жүздеген жылдар ислам дінін тұтып келеді. Бұл дін далада ерте таралса да, оларға Мұхаммед діні өркениетінің негізгі сипаттары əлі толық енген жоқ, оқымысты кастаның, діншілдіктің басым болып, соның əсерінен құдайшылдыққа, əулиешілдікке қарай жалған ұмтылыс мұнда өріс алған жоқ. Жалпы, қазақтарда оқымыстылар (діншіл) халықтық əдет- ғұрыптан ауытқығандар деп саналып, оларға сырттай құрмет көрсеткенмен, шындығында іштей жек көріп, мүмкіндігінше аулақ жүруге тырысады. Халықтың көп бөлігі ислам əдет-ғұрыптарына сырттай ғана бой ұсынады: шашты, сақал-мұртты алып отыруды қатты қадағалайды. Ораза тұту, намаз оқуды отырықшы мұсылмандармен көрші тұратын қазақтарды есептемегенде, халықтың көпшілігі сақтай бермейді. Дəрет алуды да дұрыс атқармайды жəне оны сүртінумен ауыстыруды (ташбых дəрет) ұнатады. Мал сою кезінде құран

шарттары қатаң сақталады. Жалпы қазақтар (əсіресе, қарт адамдар) құраннан аят оқуға əуес. Діннің, ішкі мазмұны жөніндегі егжейлі- тегжейлі білім олардың арасына аз тараған. Жаза білетін адамдарды оқымысты деп есептейді, бірақ ондай оқымыстылар, кейбір жерлерде болмаса, негізінен өте аз. Дін шарттарын бұлайша сырттай ғана атқару дəстүрлі мəдениетті ірітіп жіберер исламның əсер күшін тежеп халықтың алғашқы таза түркілік сипатын толық сақтауына мүмкіндік жасағанын айтуға міндеттіміз. Шындығында, оған кейбір жат элементтер ептеп ене бастады, бірақ олар басқа Мұхаммед дініндегі түркілер тіліндегі тəрізді өз ерекшеліктерін сақтап қала алмай, қазақ тілінің дыбыс заңдылығына бағынып, халық игілігіне жарап кетті. Қазақ тілінің мұндай тазалығы мен төлтумалылығы, сондай-ақ оның кең таралғандығы бұл бөлім бойынша мүмкіндігінше толық материал жинап, əдебиет үлгілерінің бүкіл бір томын арнауға мəжбур етті. Мені бұған итермелеген тағы бір жай қазақтардың басқа тайпаластарынан суырып салып айтуға ұста, тамаша шешендігімен ерекшеленетіндігі болды. Мен жинаған материалдар қазақ тілі жөнінде айқын мағлұмат береді жəне психологиялық тұрғыдан да өте қызғылықты халықтық ақыл-ой, рухани дүниесінің сенімді бейнесін алады деп сенемін. Қазақтардың тілі туралы айтсақ, ол төлеуіт тіліне көп жақын келеді, басқа тілдік ерекшеліктерге жақындығы алғашқы екі томда айтылған. Төлеуіт тілі мен қазақ тілінің аралығынан орын алатын бір тілдік ерекшелік бар, ол Барабы татарларының тілі. Ал Тобыл татарларының тілі одан да жақын, Барабы тілінің үлгілерін мен IV томда келтіремін. Қазақтар құрамындағы түрлі тайпалардың арасында тілдік айқын айырмашылық жоқ, бар болған күнде де даланың өзім болған Омбы мен Семей аралығында, Бұқтырма маңайы Алатау дуаны, Шу өзені мен ташкент төңірегінде мен оны байқай алмадым, сөздік қоры жағынан қазақ тілінен, əрине, солтүстігінде орыстардың, оңтүстігінде сарттардың əсері байқалады. Сондай-ақ даланың Орынборға таяу батыс бөлігіне Ильминский жинаған материалдар тілдік жағынан Шығыс қазақтары тілімен дəлме-дəл келеді. Сондықтан да мен қазақ əдебиеті үлгілерін I жəне II томдардағыдай жергілікті диалектілік айырмашылықтарға қарай топтап шығаруды қажет деп таппадым да, өз материалдарымды мазмұнына қарай жіктеп беруді жөн көрдім.

Менің бұл материалдарым даланың шығыс бөлігінен, əсіресе, Семей, Сергиополь, Қапал, Верный бекінісі маңайы мен Бұқтырма өзені жағасынан жиналды. Қозы-Көрпеш ертегісін мен сол қаһармандар ескерткіші делініп жүрген моладан алыс емес, Сергиопольге таяу жерден жазып алдым. Батыс даланың кейбір тілдік ерекшеліктерін беру мақсатымен мен араб əрпімен Ильминский шығарған Ер Тарғын ертегісі мен Ильминский маған қолжазба күйінде берген Сайын Батыр аңызын сауатсыз Семей қазағының көмегімен қайта қарап, соның айтуы бойынша жазып шықтым. Яғни бұл екі аңыз батыс даладан алынған, қалған басқа мақалалар, сауатсыз қазақтардың айтуы бойынша, менің мүмкіндігіме қарай жиналып жазылып алынған. Қазақ əдебиеті шығармаларын қазақтардың өздері екі бөлімге бөледі: халық шығармалары (қара сөз) жəне кітаби өлең. Халық шығармаларын қарапайым халықтың ауызша таралған өлеңдері мен əңгімелері құрайды, сондықтан да оған қазақ халқының ислам діні əсері тие қоймаған шығармалары жатады. Оларды тек сауатсыз адамдар ғана біледі, өйткені сауатты моллалар т.б. оған менсінбей қарайды. Бұл жазылған шығармаларды бұрын біреудің қағазға түсіргенін мен көрген де, естіген де емеспін. Кітаби өлеңдердің мұндай атқа ие болу себебі, оны жыршы жатқа айтпайды, жазылған кітаптан оқиды. Мұндай кітап өлеңді шығарушылар — моллалар, сауатты қазақтар. Олардың сөз оралымдарында исламның, кітаби тілдің əсері-табы айқын сезіледі. Бұзылған кітаби тілмен жазылған бұл өлеңдердің көп бөлігі халықтың ауыз екі тіліне де араласа бастады. Бұл кітаби өлеңдерді мен қазақ тілінің табиғатына жат грамматикалық формалар мен сөздерден сақтана отырып сауатсыз қырғыздардың көмегімен көшірдім, араб жəне парсы тілдерінен енген сөздерді қолжазбада өте дұрыс жазылғанына қарамастан, сол қарапайым халықтық формасында беруге тырыстым. Осылайша бұл өлеңдер түпнұсқадағыға қарағанда əлдеқайда қазақы сипат алды. Қазақтардың таза жазба тілі жоқ, олардың оқытушылары түгелге жуық татарлар, сауатты қазақтардың барлығы татар тілінде жазады (тіпті болмағанда білгенінше тырысады) яғни олардың жазба тілі əдетте екі тілдің қойыртпағы болып келеді. Халық шығармалары — халық рухының көрінісі мен жетістігі, сондықтан да ол өте кең таралған жəне халық арасында үлкен

құрметке ие, ал кітаби өлең — халық арасына там-тұмдап болса да берік ірге тебе бастаған исламның өкілі, ислам ілімін таратуды мақсат тұтқан жəне бірте-бірте халық рухын ығыстырып келе жатқан діннің ұрығы. Шындығында да ол баяу əсер ететін у тəрізді, бірден-бірге күшейіп келеді. Халықтың мұндай сауатты бөлігі, шынында да, əлі өте аз, соның өзі оларды халық рухынан аулақтатып үлгерді жəне олар осы кітаби өлеңдер арқылы қарапайым халық санасына ислам ілімін таратып, сіңіруге тырысуда. \"Бозжігіт\", \"һамра\", \"Сейфул-Мəлік\", \"Сақыпжамал\", \"Киік\", \"Шарияр\" сияқты үлкенді-кішілі аңыздар халық рухына жақындастырылған, онда діни сарын аздау, сондықтан да халыққа кең таралған, ол қалың жұртшылықты исламның басты көзқарастарын қабылдауға дайындайды. \"Бозторғай\", \"Зар-заман\", \"Заман ақыр\" сияқты ғибрат өлеңдер де қарапайым халыққа көне өсиет тəрізді діннің басты негіздерін сіңіреді. Ғибрат өлеңдердің ішінде \"Жұм-жұма\" мен \"Бозторғай\" басқаларға қарағанда өте кең таралған, оларды тіпті кейбір сауатсыз қазақтар да жатқа біледі. Семей облысында кітаби өлеңдер халықтың көпшілігіне таралған. Мұнда халық батырлары жөніндегі өлеңдер ислам дінінің қаһармандары жөніндегі өлеңдерге орын беріп, біртіндеп жойылып барады. Сондай өлеңдердің үлгісіне мен Хұсайын туралы өлеңді жатқызамын. Мұндай өлеңдердің біреуін ғана келтірумен ғана шектелемін, өйткені оларда қызығарлықтай ештеңе жоқ. Олар тарихи кітаптар бойынша шығарылған жəне көркемдік сипаттан жұрдай. Хұсайын туралы өлеңдерден басқа менде, сол сипатты \"Сейітбаттал\" жəне \"Əли\" деген екі көлемді аңыз жыр бар. Өлең формасындағы халық шығармаларынан мақал-мəтелдер, бата сөз, тойға, мұң-шерге, айтысқа қатысты өлеңдер, бақсы өлеңдері, ұсақ өлеңдер мен батырлар жөніндегі жырлар назарға ілінді. Прозада өзінің мазмұны жағынан минусиндік татарлардың қаһармандық аңызына жақын келетін батырлар жөніндегі аңыздар жəне кəдімгі ертектер əңгімеленеді. Мұндай таза халық əдебиетінің шалқары өте кең, яғни оған қатысты материалды маған таңдап жазуға мүмкіндік болды, сондықтан да алуан түрлі шығармаларды қамтуға тырыстым. Олардың барлығы да таза халықтың тілімен ерекшеленеді. Тек қана Ильминский шығарған Ер Тарғын аңыздарынан ғана жазба тілдің айқын ізін байқауға болады, шамасы ол бір молланың жазбасынан немесе айтуынан алынса керек. Қазақтардың батырлық жырларының II томға топтастырылған

Оңтүстік Сібірдегі түркі тектес шығыс тайпаларының жырларынан айқын айырмашылығы бар, оларда лирикалық əуен басым болса, соңғыларында (қазақтарда) эпикалық сипат басым тұрады. Кітаби өлеңдерге келсек, көлемді əңгіме \"Сейфүлмəлік\" Мир- Али-Шира жырының үлгісімен жазылған немесе кітаби тілден қазақ тіліне көшіріліп жырланған деуге болады, өйткені түпнұсқаға өте жақын келеді. \"Һамра\" мен \"Бозжігіт\" түпнұсқада бір бөлігі қара сөзбен, бір бөлігі өлеңмен жазылған Орта Азияның өзіндік халық аңыздары. Олардың, əсіресе, \"Бозжігіттің\" көлемі өте үлкен. Соңғы жырды шығарушы таза халықтық əуенді қабыстыра алған. Ол көп өлеңдерін халық жырларының негізіне құрған, шағын əңгімелер негізі хикаялардан алынған, \"Алтынбас жəне Күмісаяқ\" сияқты өлеңдер халық ертегілеріне өте ұқсас. Басқаларға қарағанда олардың арасына \"Сақыпжамал\", \"Киік\", \"Шарияр\" да кең таралған. Ғибрат өлеңдердің ішінде көп айтылатыны осы аттас кітаптың атымен аталатын \"Жұм-жұма\". Үлкен жиындарда айтылған осы жырды маған бірнеше рет тыңдауға тура келді. Жыршы сөзін бар ынтасымен тыңдаған жұртшылық тірі күнінде дін шарттарын орындамаған мұсылманның өлгеннен кейінгі азабын сипаттаған кезде қорқынышты үрей пайда болады. Тыңдаушылардың үнсіз тыныштығын тек қана \"о, құдіретті тəңірім\", \"қайырымы көп құдайым\" деген тəрізді лебіздер ғана бұзып отырды. Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір \"Жұм-жұманың\" əсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тəрізді. \"Зар заман\" мен \"Заман ақыр\" тəрізді ғибрат өлеңдер Ертістің шығысындағы дала қазақтарының моллалары шығарған қолтума туындылар. Қазақтардың өлең шығарудағы ұйқас заңдылығына келсек, одан парсы поэзиясының əсері айқын аңғарылады. Менің Оңтүстік Сібір татарларының өлең өлшемі туралы мақаламда көрсетілген алғашқы түрік өлшемі мүлде жоғалған. Көне (ахростихических стихов) өлеңдер орнына, ұйқасы соңына түсіп отыратын өлеңдер қолданылады. Қазақтардың бүкіл өлеңінің түп негізі ретінде қазақтар өздері \"өлең\" жəне \"жыр\" деп атайтын екі түрлі өлең түрін қабылдауға болады. 1) Өлең бірінші, екінші жəне төртінші жолы ұйқасып келетін төрт жолдан тұрады. Əрбір өлең үш бунақтан тұрады, əрбір бунақтың басқы жəне соңғы буындарына екпін түседі. Бунақтардың арасындағы цезура əрқашанда екі сөздің арасында келуге тиіс. Ұйқастың көбінесе соңғы

үш буынға түсіп отыруы, көп таралған, бірақ дауысты дыбыстардың үндестігімен шектеліп отырады. Өлеңнің дұрыс шумағы, əдетте, мына сипатта болып келеді Бунақтардың қысқаруы да аз болмайды, мысалы, бірінші бунақ үш буыннан тұрады. Сатқаны саудагердің бояқ тағы немесе екінші бунақ екі буынды: Қарқарамның ұшы айда-сайда. Тіпті, кейде бірінші бунақ екі буынды болады, тек мұндай жағдайда, буындардың бірі табиғи созылыңқы келеді, мұндай буын екі буынға есеп. Руымды сұрасаң Бағаналы. Мына сипатты өлеңдер мүлде дұрыс емес: Е, жігіттер, майда, майда Өлеңді төртінші бунақ қосу арқылы созу өте сирек ұшырасады. Қарқараңды басыңа қойғызайын күйік қылып. немесе: Құлағы есітпейтұғын əкекеме бек айтқайсың Өлең негізінен суырып салып айту кезінде қолданылады. Бұл жағдайда жыршының бірінші, екінші өлеңдерге пайдаланатын дайын ұйқасты қос тағандары болады, негізгі ойды ол үшінші, төртінші жолдар арқылы айтады. Осылайша оған тек төртінші жол үшін ғана ұйқас ойластыруға тура келеді. Жалпы табан астында шығарылмаған өлеңдердің алғашқы екі жолының көп жағдайда үндестік үшін алынатындығын ескерткен жөн, көпшілік жағдайда оның өлең мағынасымен ешқандай байланысы болмайды. 2) Жыр өлшем жағынан минусин татарларының батырлық жырларына ұқсас, өлеңге қарағанда белгілі заңдылыққа аз бағынады. Көпшілік жағдайда ол екі буыннан төрт буынға дейін мүлде еркін араласып келіп отыратын үш бунақтан (көбінесе екі бунақтан) құралады. Ұйқас соңына келуі қажет, бірақ қалай ұйқастыру ақынның еркінде. Жетілген бунақ құрамымен ерекшеленетін поэтикалық шығармаларда сол бір ұйқастар көптеген өлеңдерде қатар жалғасып келеді. Одан басқа қайталанып келіп отыратын қайырмаларда жиі кездеседі. Кейде жырда егіз ұйқастар немесе түрлі ұйқасты жасанды тіркестер кезігеді. Оның дəлелі ретінде 21 беттегі 4 мұң-шер өлеңнің алғашқы өлшемдерін айтуға болады:

Жырда кейде алғашқы рулық құрылыс дəуіріндегі түркілік ұйқас заңдылықтарының айқын ізі аллитерация, көне өлең (акростих) жəне ішкі ұйқас (менің мақаламды қараңыз Zeitschriti tuk volkerpsychologie) кезігеді, бұл көбінесе көне шығармаларға тəн. Мысал үшін І беттегі N1 өлеңді келтіремін. Мендегі а аллитерацияны сөз соңындағы ұйқасты, ортаңғы ұйқасты білдіреді: Өлеңнің бұл екеуінен басқа өте сирек қолданылатын басқа түрлері де бар. Бұлардың көпшілігі шумақтарға бөлінген жыр өлшемімен келеді, ұйқас үнемі өлең жолының соңына түсіп қайырма ретінде келеді. Мұның айқын үлгісі ретінде жар-жарды (свадебные песни) келтіруге болады. Байқап отырғанымыздай, қазақ тілінің дыбыс заңдылығы көпшілік жағдайларда, мен құрастырып шығарған басқа тілдік дыбыстарының тасқа түсудегі ерекшеліктеріне байланысты сөз айтуым шарт. Минусин (татарлары) тіліндегі тəрізді қазақ тілінде де алғашқы буында а дыбысының орнына е кезігеді. Бірақ бұл бізге абақан татарлары тілінен кездесетін дыбыс емес, бұл олардағы сияқты дыбыстану жағынан і дыбысына жақын келмейді, француздардағы е дыбысы тəрізді өткір айтылады. Созылыңқы дыбыстарға і, у, уа, и жатады, бұлардың ішінде соңғысы көп жағдайда тек басқа тілдерден енген сөздерде қолданылады. Қос дауысты əріптер аі, а’і, оі, о’і, ыі, ауі, уі, ау, a’у, уа, уа’, іа’, уо, ал үш дауысты əріптер уаі, уа’і, ауа, а’yа’ бірақ соңғылары екі буын ретінде айтылады. Кейбір адамдарда сөздің басында е-нің алдынан и дыбысы анық естіледі, яғни екі — іекі, ер-іер болып естіледі, бірақ бұл елдің бəрінде бұлай емес, сондықтан мен сөздің басында е жазамын. Мен і жазатын сөздер əрқашанда осы қос əріптен басталады. Кейбір басқа сөздерде і дыбысы өте қысқа естіліп, а' дыбысына ұқсап келеді. Бұл ерекшелікті мен қулаққа өте айқын тигенде ғана и і əрпімен белгіледім. Əдетте мен тек и ғана жазамыз. Байқауымша батыс далада і осындай қысқа дыбысталады. Ильминский көпшілік жағдайда е-нің орнына и (і) жазады, мысалы: бер — бір. Бірақ ол е дыбысын қалған буындарда е (а) дыбысының орнына қолданатын е əрпімен береді. Мен тыңдаған қазақтар е дыбысын тек бірінші буында ғана айтады. Басқа жағдайларда Ильминскийдің дауысты дыбыстарды

беруі менің белгілеуіммен сəйкес келеді. Тек созылыңқы у, у, і əріптерін, ол уу, Уу, іі деп жазады. Дауыссыз дыбыстарды жазбаша түрде беруге қатысты жаңа ештеңе қоспаймын, өйткені қазақ тілінен жаңа дауыссыз кезіктіргем жоқ. Сондықтан да менің жазу тəсіліммен Ильминский тəсілі арасындағы шамалы айырмашылықтарды көрсетумен ғана тоқталамын. Егер созылыңқы У, у (Ильминский уу, Уу деп жазады) дыбыстарынан кейін дауысты дыбыс келсе, онда Ильминский екінші у-дың орнына ағылшын w тəрізді айтылатын жартылай дауысты w əрпін қояды. Даланың мен өз материалдарымды жинаған жерлерінде у дыбысының мұндай қосындысын өте сирек байқадым, сол себепті жалпы созылыңқы у дыбысын ұстанып, ку ар, деудің орнына куар деп жаздым. Алтай тілінде j дыбысынан басталатын сөз Сағойларда ч-дан, ал Қойболдарда j-дан басталса, даланың шығысындағы қазақтарда алдынан d дыбысы айқын естілетін іі (ж) дыбысынан басталады. Ильминский n-ның орнына ж-жазады; бұдан байқайтынымыз алдынан айтылатын д даланың батысында жоғалған тəрізді. Шығыс қазақтарында ж шеттен кірген сөздердің ортасында ч дыбысының орнына қолданылады. Сөздің басындағы қатаң қ, к дыбыстарының алдыңғы сөз дауысты дыбысқа аяқталғанда ғ, г болып ұяңдануын мен мүлде кезіктірмедім, бұған мен — (сызықша) арқылы біріктірген сөздер кірмейді. Кейінгі сөз дауысты дыбыстан басталғанда, алдыңғы сөздің соңындағы дауысты дыбыстың түсіп қалуы əдетте маған байқалған жоқ, негізінен ол өлеңде кезігеді. Көбінесе мен сөз д, т, б, п и дыбыстарынан басталып жəне ш, е дыбыстарына аяқталған кезде төл дауысты əріптердің (іу, у, ы) түсіп қалуын көрсетемін. Соған сəйкес мен тусум деудің орнына т'сум, бышақтың орнына п'шақ, бісаді-нің орнына саді деп жаздым. Барнауыл, I мамыр, 1869 жыл. В. Радлов

ХАЛЫҚ ӨЛЕҢДЕРІ ЖЕКЕ ШУМАҚТАР Үлкен керсең қалды да, Ас құйылды тегешке. Үлкен билер қалғанда Құлдар кірді кеңеске. Кеңескенде не десті? Тырнадай мойнын теңесті. Теңескенде не десті? Біріне бірі серт қылды: Үйге кедей келгенде, Бір аяқ ас бермеске. *** Өлеңтіні жағалай Тал шығады деп едім. Тал шыбықтай бұралып, Сал шығады деп едім. Соққан бейіт сықылды Үй шығады деп едім. Қырыққан серке бұттанып, Би шығады деп едім. *** Ақ дариядан үлкен дария болмас, Тасыса қалыбынан аспас. Тұрымтайдан ұшқыр құс болмас, Торғайдан басқа нəрсе алмас. Ақ патшадан үлкен патша болмас, Оның жарлығы екі болмас.

*** Бұзау, тайынша жиылып, Бота болған заман-ды. Жаман, жақсы жиылып, Адам болған заман-ды. Тамам молда жиылып, Қожа болған заман-ды. Тамам төре жиылып, Қара болған заман-ды. *** Оралдан қашқан ор түлкі Аралап қашса, ит жетпес. Тегеуріні төрт елі, Аспаннан түскен тас түлек, Жерге түссе, тек етпес. Қас патша қарашын Ертең келдің деп кек етпес. *** Ұлы ханның ұлы едің, Асыл ханның сідігі едің, Шыны аяқтың сынығы едің, Қас патшаның өзі едің, Мінезіңнен дəметпеймін, Сүйегіңнен дəметемін. *** Алыстан қара көрінсе, Жүйрік озар созылып.

Қаба, қаба қар жауса, Атан тартар бүгіліп. Ендігінің жақсысы Есіктен төрге қарап, Отырарсың түңіліп. *** Борай, борай қар жауса, Боранына келтірер. Аз кісіге көп кісі Орамына келтірер. *** Көп нені айтады? Азға қылған зорлығын айтады. Аз нені айтады? Көптен көрген қорлығын айтады.

БАТА СӨЗ Е, құдайым, жарылқа! Жарылқасаң малды қыл! Біткен жұрттың алды қыл! Бұған қас жақыныңның Малын алып, жарлы қыл! Аллаһы акпар! *** Е, құдайым, бала берсін! Мал мен басты жəне берсін! Саған қас қылған дұшпанды Табаныңның астына сала берсін! Аллаһы акпар! *** Е, құдайым, оңдасын! Мың саулығың қоздасын! Сегіз түйең боталап, Сегіз келін қомдасын! Тіленшінің* биесін берсін! Үйсін, Қоңыраттың түйесін берсін! Біткен аруақ бəріне тие берсін! Аллаһы акпар! * Тіленшінің əкесі Қазыбек, Тіленшінің баласы — Алшынбай, Алшын баласы — Жүсіп. Қаз дауысты Қазыбск Қаракесектің ұраны. ***

Құдайым жарылқасын! Бай қылсын! Төрт түлігің сай қылсын Кетпес дəулет берсін! Кең бейіл берсін! Құрмалдығың қабыл болсын! Тілегің дұрыс болсын! Мұрадың асыл болсын! Тілеген тілегіңізді берсін! Аллаһы акпар! *** Асың, асың, асыңа Берекет берсін басыңа! Бөденедей жорғалап, Қырғауылдай қорғалап, Қыдыр келсін қасыңа! Осы тұрған боз үйге Қыдыр ата дарысын! Бəйбішесі бұл үйдің Он екі құрсақ көтеріп, Ұлға көзі жарысын! Желінің о шетінен бұ шетіне Оқ шаптырса жетпесін! Тəңірі берген несібең Тепкілесе кетпесін! Əр кезде байлық кетпесін Кешке келіп шулатқан Қошақанның атасы Қошқар бассын үйіңді. Бақайлары шыртылдап, Мүйіздері жылтылдап, Үй арасын боқ еткен, Ішсе, айранға тоқ еткен, Бұзаулардың атасы

Бұқа бассын үйіңді! Шудаларын шаң басқан, Артқы өркешін қом басқан, Ботақанның атасы Бура бассын үйіңді! Шыңыр, шыңыр кісінескен, Тышып боғын иіскескен, Құлыншақтын атасы Айғыр бассын үйіңді! Саған қас қылған кісінің Базарға барып аты өлсін! Ерте кетіп, қайтқанда, Үйіне келсе, қатыны өлсін! Көтіне тышқақ тисін, Қолына пышақ тисін! Тышқағы тиылмасын! Төсегі жиылмасын! Шаңырағы шартылдап, Шандырына қадалсын! Босағасы бортылдап, Борбайына қадалсын! Күлдіреуші күрт сынып, Көтіне қадалсын! Аллаһы акпар!

ҰЗАТҚАН ҚЫЗДЫҢ ӨЛЕҢІ Қызды əкесінің үйіне апарса ауылдың жігіттері үйде жиылып, осы өлеңді айтады: *** Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар! Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар! Əкем-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар! Əкең үшін қайын атаң онда болар, жар-жар! Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда, жар-жар! Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар! Азар жақсы болса да, қайын атамыз, жар-жар! Айналайын əкемдей болмақ қайда, жар-жар! Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар! Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар! Шешем-ай деп жылама байғұс қыздар, жар-жар! Шешең үшін қайын енең онда болар, жар-жар! Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда, жар-жар?! Құлын тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар?! Азар жақсы болса да қайын енеміз, жар-жар! Айналайын шешемдей болмақ қайда, жар-жар! Бір толарсақ бір тобық санда болар, жар-жар Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар! Ағам-ай деп жылама байғұс қыздар, жар-жар! Ағаң үшін қайын ағаң онда болар, жар-жар! Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда, жар-жар! Құлын тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар! Азар жақсы болса да қайын ағамыз, жар-жар! Айналайын ағамдай болмақ қайда, жар-жар! Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар! Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар! Жеңгем-ай деп жылама байғұс қыздар, жар-жар!

Жеңгең үшін абысын онда болар, жар-жар! Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда, жар-жар! Құлын тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар! Азар жақсы болса да абысыным жар-жар! Айналайын жеңгемдей болмақ қайда, жар-жар! Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар! Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар! Інім-ай деп жылама байғұс қыздар, жар-жар! Інің үшін қайын інің онда болар, жар-жар! Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда, жар-жар! Құлын тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар?! Азар жақсы болса да қайын ініміз, жар-жар! Айналайын інімдей болмақ қайда, жар-жар! Бір толарсақ бір тобық санда болар, жар-жар! Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар! Сіңілім-ай деп жылама байғұс қыздар, жар-жар! Сіңлің үшін қайын сінлің онда болар, жар-жар! Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда, жар-жар! Құлын тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар! Азар жақсы болса да қайын сіңліміз жар-жар! Айналайын өз сіңлімдей болмақ қайда, жар-жар?! Шымылдығың серпе сал, көрсін əкең, жар-жар! Көздің жасын көл қылып төксін əкең, жар-жар! Жылда-жылда ноғайдан бұл аламын, жар-жар! Бір міндеттен құтылдым десін əкең, жар-жар! Шымылдығың серпе сал, көрсін шешең, жар-жар! Көздің жасын көл қылып төксін шешең, жар-жар! Жылда-жылда боғжама боядым деп, жар-жар! Бір міндеттен құтылдым, десін шешең, жар-жар! Шымылдығың серпе сал, көрсін ағаң, жар-жар! Көздің жасын көл қылып төксін ағаң, жар-жар! Жылда-жылда базарға бардым дейді, жар-жар! Бір міндеттен құтылдым десін ағаң, жар-жар! Шымылдығың серпе сал, көрсін жеңгең, жар-жар! Көздің жасын көл қылып төксін жеңгең, жар-жар! Жылда-жылда күйеуге бардым дейді, жар-жар! Бір міндеттен құтылдым десін жеңгең, жар-жар!

Шымылдығың серпе сал, көрсін інің, жар-жар! Көздің жасын көл қылып төксін інің, жар-жар! Жылда-жылда жездеме бардым дейді, жар-жар! Бір міндеттен құтылдым десін інің, жар-жар! Шымылдығың серпе сал, көрсін сіңілің, жар-жар! Көздің жасын көл қылып, көрсін сіңлің, жар-жар! Жылда-жылда жездеме бардым дейді, жар-жар! Бір міндеттен құтылдым десін сіңлің жар-жар! *** Алып келген базардан қара насар, жар-жар! Қара құйрық сəукеле шашың басар, жар-жар! Əкем-ай деп жылама, қыздар байғұс, жар-жар! Əкең үшін қайын атаң орнын басар, жар-жар! Алып келген базардан қара насар, жар-жар! Қара құйрық сəукеле шашың басар, жар-жар! Шешем-ай деп жылама, қыздар байғұс, жар-жар! Шешең үшін қайын енең орнын басар, жар-жар! Алып келген базардан қара насар, жар-жар! Қара құйрық сəукеле шашың басар, жар-жар! Ағам-ай деп жылама қыздар байғұс, жар-жар! Ағаң үшін қайын ағаң орнын басар, жар-жар! Алып келген базардан қара насар, жар-жар! Қара құйрық сəукеле шашың басар, жар-жар! Жеңгем-ай деп жылама қыздар байғұс, жар-жар! Жеңгең үшін абысын орнын басар, жар-жар! Алып келген базардан қара насар, жар-жар! Қара құйрық сəукелең шашың басар, жар-жар! Інім-ай деп жылама, қыздар байғұс, жар-жар! Інің үшін қайын інің орнын басар, жар-жар! Алып келген базардан қара насар, жар-жар! Қара құйрық сəукелең шашың басар, жар-жар! Сіңілім-ай деп жылама, қыздар байғұс, жар-жар! Сіңлің үшін қайын сіңлі орнын басар, жар-жар!

*** Келін күйеуінің үйіне келгенде сəлем беріп отырады. Күйеуінің туғандары, ағайындары бəрі отырады. Онан соң бір кісі келіннің жаулығын көтеріп, бетін ашып, өлең айтады: Айт келін, айт келін! Аттың басын тарт, келін! Сауысқаннан сақ келін! Жұмыртқадан ақ келін! Келін, келін, келіншек Кер биенің құлыншақ, Алдыңғы түйең итіншек, Артқы түйең тартыншақ. Алдыңғы түйең итіншек деп, Көтке соқпа келіншек. Артқы түйең тартыншақ деп, Басқа соқпа келіншек. Таң ертең тұрып, келіншек, Қақаңдама, келіншек. Үй артына мал келсе, Бақаңдама, келіншек! Таңертең тұрып, келіншек, Құрт ұрлама, келіншек. Өзің жатып, байыңа Тұр тұрлама, келіншек. Аузың-мұрның сүйреңдеп Өсек айтпа, келіншек. Қайын ағаның алдынан Кесіп өтпе, келіншек! Сауыр етігің шоңқаңдап, Тоғай кезбе, келіншек. Көн етігің қорпылдап, Ауыл кезбе, келіншек! Келін, келін келіңіз Көрімдігін беріңіз. Ала-құла демеңіз, Түсін айтып қойыңыз.

Жылқы берсең, көктен бер! Өзі жорға, беріктен бер! Қайын атаға бір сəлем! Түйе берсең, атан бер Өсеріне бақтан бер! Қайын енеге бір сəлем! Сиыр берсең қарадан, Сірə да өлмес жарадан. Қайын ағаға бір сəлем! Қойды берсең қоңырдан, Өсеріне оңынан! Абысынға бір сəлем! Ешкі берсең сарыдан, Даусы шыдалмас зарынан! Қайын ініге бір сəлем! Мүйізі пышаққа сап болар, Терісі бұтқа қап болар. Бұты толған бұлақ болар, Іші толған лақ болар! Ақты қойды айдаған, Алалы жылқы байлаған. Осы жанның үлкені Атасы, саған бір сəлем! *** Мінгенде атың боз ғана, Жорғасы бар азғана. Таналы моншақ таққалы, Тұңғышы болсын қыз ғана. Есіктің алды терек-ті Қатындар тоқыр өрмек-ті, Барған жылы ұл тапсаң, Құдайдың берген ермек-ті. Мінген де атың жиренше, Ойнақтап тұрар мінгенше.

Сірə мауқың басылмас, Əлдилеп бала сүйгенше. Ақ түйең жатыр татрауында, Ақ тайлақ жатыр матауда. Қыз екеніңде қысылдың, Мейлінше ойна отауда. Есіктің алды ақ балық, Ақ балық етін қақтайық. Орамал берсең, барша бер, Елге барып мақтайық. Есіктің алды ақ балық, Ақ балық етін қақтайық. Орамал берсең, бөзден бер, Шыға беріп боқтайық. *** Қара суды жағалай қаз барады, Анасынан айрылып қыз барады. Қара суға қан құйсаң ағар, кетер, Жат кісіге қыз берсең алар, кетер. *** Жылама, бикем жылама! Көзіңнің жасын бұлама! Ұл боп тусаң əуелден, Сені мұндай қыла ма. Бүркендіріп қоя ма, Көздің жасын бояма, Біз бермейік десек те Мал бергенің қоя ма? Ол кеңеске кірмессің, Тұр десе де тұрмассың. Өзің бөлек туған соң,

Жұртына тұлға болмассың. Сен жылайсың үйім деп, Жиғаным қызыл бұйым деп, Əкең сенің ойлайды, Отырған балама қиын деп. Сен де ойлайсың барсам деп, Үйге тұлға болсам деп, Өз алдыма мал салып, Адамшылық құрсам деп. Ақша отауға кірсем деп, Барша, манат кисем деп, Тілеуің, бикем, алдыңда Əлдилеп бала сүйсем деп. Сəрсембі күнгі жасаған Құтты болсын тойыңыз, Тілеулі, құтты тойыңда Көп жылауды қойыныз! Жыламай, құлақ салыңыз! Бұ сөзіме наныңыз! Мен айтамын өсиет Тыңдап ұғып алыңыз! Мұнан көшіп кетерсің Шын еліне жетерсің Тең құрбың шықса алдыңнан Ойнап, ойлап өтерсің. Тең-құрбың келіп сөйлесер, Қалжыңдасып ойнасар. Жақсы, жаман екеніңді Ойнаған болып барласар. Құрбың келсе күлгейсің, Əдеппенен жүргейсің. Салмақпенен сөз сөйлеп, Жақсы жауап бергейсің. Бұ барғаннан барарсың, Ата-енене барарсың. Дүниесін құрметтеп, Қабағына қарарсың.

Шашылғанын жиғайсың, Құлдай малын баққайсың. Күңдей жұмысын қылғайсың, Ата-енеңе жаққайсың. Ата-енең айтар келінім деп, Келінім жақсы елім деп. Бөтен жекжат жұртыңа Жақсылығың білінер деп. Қораңа бөліп мал берер, Алдына келіп дəм берер. Арқан есіп, жүн түтіп, Адамшылық құра бер. Адам болсаң өлмейсің, Еш жамандық көрмейсің, Жақсы болсаң білерсің, Жаман болсаң білмейсің. Күйеуіңді күткейсің, Өз басын құрмет еткейсің. Қанша көңілің қалса да, Бір біріңді түтпейсің. Жыртық қылма киімін, Шашпа жиған бұйымын. Күйеуің келсе бір жақтан, Оңай қылып тұр қиынын! Біріңді бірің құрметтеп Қызықпенен күнелтсең, Келістіріп дүниесін, Ақ сұңқардай түлетсең. Шариғаттың белгісін, Білсең жақсы үлгісін. Сөзге сынық қылдырмай, Күтсең жақсы құрбысын. Аз асыңды көп етсең, Көп асыңды көл етсең, Бар асыңды дайра қып, Қонағын сыйлап жөнелтсең. Мұнша қызмет қылды деп,

Алғаным тапты жолды деп, Күйеуің көңілі жай болар, Малым адал болды деп. Күң жұмсасаң қорлама, Тіл алмаса зорлама. Тəтті дəмді асыңды Онан бөлек ұрлама. Құл жұмсасаң ұрмаңыз, Оған қорлық қылмаңыз! Жетім қақын ойлаңыз, Бұ сөзіме наныңыз! Өзің сараң болмаңыз, Сараңдық атақ алмаңыз! Қонақ қонса үйіңе, Табағына ішек-қарын салмаңыз! Жаман қатынның белгісі: Əр неден жоқ үлгісі, Қатты болса да ұйқысы. Шірік болады терісі. Жаман қатынның белгісі: Əр неден жоқ үлгісі, Сасық болады иісі, Еш келмейді келісі. Талқан түйіп, кеп берер, Қарыны тойсын деп берер. Төр алдына бұлғанса, Отының басына өкпелер. Аяқ болар құманы Қолын малып жуғаны. Үсті басы боқ болып, Қас құдайдың ұрғаны. Шұлғауы жүрер жалбаңдап, Балағы жүрер салбаңдап. Маңдай шашы бұрқырап, Екі емшегі салақтап. Ол адамнан ұялмас, Өзінің дүниелігін жия алмас.

Өзінің малын танымас. Қатын болса да дəнемеге жарамас. Заманы оның азғаны, Аттан байтал озғаны, Некесізден хан туып, Қайран қазақ тозғаны. *** Сарғайып атқан сары таң Сағынайын бикем түсіңді. Оқыра жүрген бурыл ат Тұсыңда сенің бүгілді. Мінген де атың боз ғана, Күйеуің жап жас бозбала. Пайғамбар қызын ұзатқан, Соның бір салған жол ғана. Кесте бір тіктің күлпара, Айтарым жар-жар, сыңсыма! Əкеңнің тəуір баласы, Обалың қырық бір жылқыға. Қайтып бір келген жылқысы Келіннің шайпау тілдісі. Зылиқа, Зəуре екі қыз Апаңның салған үлгісі. Мінгенде атың жиренше, Тықыршып, тұрмас мінгенше. Сен ақылың кіргенше, Ақ тайлақ шығар інгенше. Мінгенде атың боз ғана Күйеуің жап жас бозбала. Тана бір моншақ таққалы Тұңғышың болсын қыз ғана. Сəрсембі күн той өтер, Дүрілдеп, желдеп, қой кетер, Сен кетсең, шешең жүдейді,

Келіні келіп күнелтер. Əуеден ұшқан сона-ды Саялы жерге қонады. Артында бой жеткен сіңлің жоқ болса, Шешеңе қиын болады. Мінгенде атың ала еді, Тон сен кидің баршадан Жыламай аттан, бикем, Апарып шешең салады. Мінгенде атың ала-ды Тең құрбың мыңда қалады. Жыламай аттан, бикем, Жазы бір, күзі бір барады. Мінгенде атың теңбіл көк, Тең құрбың қалды мыңда көп. Орамал берсең барша бер, Мақтайды сені мынау көп. Есіктің алды құмдақ-ты Құмдақтан қоян зымдапты, Атасы басқа жау жеңге Отауға салып тыңдапты. Есіктің алды тастақ-ты, Тастақтан қоян бас бақты. Атасы басқа жау жеңге Отауға салып тастапты. Есіктің алды шашуын, Шешекең шашар шашуын. Қалыңға берген қырық жылқы Кешке де алар ашуын. Жайықтан ұшқан жаңғыз қаз, Еділден ұшқан екі қаз. Біреуі шаңқан, біреу боз Сандығың толған сары бөз. Əуеден ұшқан көбелек, Күйеуің жаман сүмелек. Келіншек болып түскен соң, Күн көрсетпес төпелеп.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook