Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-11-24 12:25:35

Description: Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Search

Read the Text Version

тамырларыма барып, біраз паналайын. Ол жақта тағы Əлімбай мен Керімбай байбатшалар да бар. Сол кісілерге барайын. Арғы жағын көре жатармын», – деп ойлаған Сүлеймен атының басын Қазығұрт асуына қарай бұрды. Сүлеймен Бадам бастауының тұсындағы Келеске асатын Қазығұрт белінің үстіне шыққанда күн батып, ымырт үйірілді. Топыш пен Қасқабай ауылына əлі жарты күндік жол бар. Егер желе жортып қаттырақ жүрсе, діттеген жеріне бес сағаттай уақытта жетіп те қалар еді. Бірақ бірде сайлы, бірде қырлы болып келетін елсіз даладағы соқпақты жолда үнемі желіп жүруге астындағы аттың жарамасы анық. Оның үстіне жер бетін тастай қараңғылығымен тұмшалай бастаған түнде ой-шұңқырды бағамдау да қиын. Осы жасына дейін талай айсыз түндерде дала кезіп, кəнігі баукеспе атанып үлгерсе де, дəл мынау жолмен бұрын-соңды жүріп көрген емес. Сонда да болса, бағана жарық кезде «осылай тура кете берсем, межелі жерімнің үстінен түсермін» деп атының басын бұрып алған бағыттан айнымай жай аяңмен тоқтаусыз жүре берді. Екі сағаттай жүрістен соң ой мен жотасы кезек-кезек алмасып жатқан жолдың кедір-бұдырын өзі аңдап, бірқалыпты баяу жүріспен келе жатқан қарагер ат осқырынып, қалт тұра қалды. Содан соң екі аяғын жоғары көтере тебініп, ащы дауыспен қатты кісінеді. Сүлеймен бұл аттың өзіне бір қауіп төнгенде осылайша осқырынып, тебініп белгі беретін мінезіне əбден үйренген- тін. Сондықтан да тебiне, жер тарпи жөнелген қарагердің мына қылығынан кейін «не пəле жақындап келе жатыр бізге» деп, жан- жағына алақтай қарады. Алайда тесіле қарап, төңірекке қаншама үңілсе де, көрдей боп тұтасқан қараңғылықтан ешнəрсе көре алмады. Қарагер болса, одан бетер жұлқынып, бір орнында шыр айнала бастады. Сүлеймен жүгенді тартып, оны тоқтатпаққа қанша əрекеттенсе де, ауыздығын қарс-қарс шайнаған ол, бір сəт тыншымады. Қолындағы қамшысын бағана орысты өлтірген жерде қалдырып кеткен. Сүлеймен шылбырдың бір ұшымен оның сауырын сабалады. Дегенмен ат сауырына тиген соққыны елемей, алға қарай бір аттам да баспай, шыр көбелек айналуын тоқтатпай аласұрды. Əлден соң «бізге төнген қауіптің қандай екенін өзің байқа» дегендей, қарагер біраз тыншыды. Ер үстінде жайбарақат отырған Сүлеймен айналасына тағы да үңілді. Жаңа аттың жерді дүрсілдеткенінен естімепті. Енді байқаса, тура алдынан қорқынышты бір ырыл естіліп

тұр. «Бұл ненің дауысы?» деп ат үстінде еңкейіп, ырыл шыққан жаққа тесірейе қарады. Қарсы алдында əлдененің екі көзі шоқтай жанып тұр. Қараңғылықты жарып тұрған сол екі шоқ біресе оң жаққа, біресе сол жаққа қозғалып-қозғалып қояды. «Қасқыр! Бұл пəле жалғыз ба, əлде екі-үшеу ме?» – деп айналасына бір-бір қарап қойды. Сөйтсе, əлгіндей шоқты көздердің бірнешеуі жан-жағын қоршап тұр. Құдай ұрғанда, мұның қолында не сойыл, не қылыш жоқ. Адам болса, жалаң қолмен- ақ айқасуға болар еді. Ал мына айдаладағы азулы бөрілерге қарусыз не қайран қылмақ? Осылайша, аз мезет шарасыз халде тұрғанда, есіне қонышындағы екі жүзді қанжары түсті. Бірақ ат үстінде отырып, қысқа қанжармен жердегі желаяқ бөрілерге не істей аласың. Қапелімде олар бəрі бірден атқа жабыла кетсе, халі мүшкіл болатынын сезген ол, жалма-жан қонышындағы қанжарын суырып, ат үстінен түсті. Егер қасқырлар өздеріне қарай атылатындай болса, қанжарымен қарсы алмақ. Бөрілер бұның жерге түскенін көріп, «енді бұған ауыз салу оңай» дегендей, бəрі қосыла ұли жөнелді. Қарагер ат Сүлейменнің иығына басын тақап, тырп етпей, қорс-қорс етіп тұр. Аздан кейін қасқырлар ұлуын сап доғарды да, шоқ көздерін жылтыратып, бұларды айнала жүре бастады. Олар Сүлейменді мазақ еткендей, ұзақ айналашықтады. Одан соң бəрі қаз-қатар тұра қалды. Оттай жарқырап тұрған кездердің саны оннан асады. Нақ осы сəтте: «Қорықпа, балам, бұлар аңның бөрісі болса, сен адамның арыстанысың. Біреуін жарақаттасаң болды, қалғандары тым-тырақай қашады», – деп тура құлақ түбінен біреу сыбырлады. Сүлеймен сыбыр шыққан жаққа жалт бұрылды. Қарагер аттың арғы шетінде қараңғы түнде сұлбасы анық көрініп, бір атты кісі тұр. Осы жасқа дейін жүрегі дір етіп, бір рет қорқып көрмеген Сүлеймен оған көзі түсіп кеткенде тұла-бойы мұздап қоя берді. «A, а, сен кімсің?» – деді сасқалақтап, дауысын көтере. Алайда анау кісі бұған жауап қатпады. Айнала қараңғы болса да, қап-қара сақалы анық көрінген ол, күлгендей сыңай танытты да қара түнекке бірте-бірте сіңіп, ұзап кетті. Сүлеймен «бұл кім?» деп ойлағанша, алдындағы қасқырлар қайтадан үрейлі дауыстарын шығара ырылдады. Содан əлгі кісі жайында ойлауға да мұршасы келмей, басын қасқырлар жаққа бұра бергені сол еді, олардың бірі арс етіп бұған атылды. Екі отты көзінен басқа денесі тұтас қаптай болып көрініп келе жатқан оны сол қолымен қағып жіберді де, оң қолындағы қанжарды тіктей жұмсады.

Қанжар оның денесіне кірш етті. Анау пəле қыңсылағандай ащы бір дауыс шығарды да, жерге топ етіп құлап түсті. Ол атылғанда кейін шегіншектеп кеткен қарагер осы сəтте шыңғыра кісінеп, алдыңғы екі аяғын көтеріп тұрып, жерде жатқан оны жанши тепті. Қасқыр дыбыс шығаруға шамасы келмеді. Оны оңай жайратқан Сүлеймен олардың тағы бірі келіп қала ма деп шегiншектей бергенде, екінші қасқыр сұмдық жылдамдықпен атылып кеп, мұны кеудесімен бір соқты. Сəтін салғанда, Сүлеймен құламады. Қайта шап етiп, қасқырдың алқымынан ұстай алды. Сүлейменнен мұншалықты ептілікті күтпеген қасқыр, артқы екі аяғымен жер тіреп, тыпырлады да қалды. Дем шығарар мезгіл кешіксе, өзіне тағы бір қасқырдың жабыса кететінін білген Сүлеймен, оң қолындағы қанжарын оның қарын тұсына екі рет сұғып-сұғып жіберді. Бөрі жерге сылқ етті. Оны тастай салып: «Тағы қай жағымнан келеді екен?» деп айналасына алақтай қараса, қарагер ат үш-төрт қасқырдың ортасында алақұйын болып тебініп жүр екен. Мұны көрген Сүлеймен жер-дүниені көшіре, бар даусымен ақырып, оларға ұмтылды. Қасқырлар түнгі даланы дірілдетіп жіберген сұмдық дауыстан шошынды ма, жоқ əлде, екі серігінен айырылған соң бұлармен арпалысуға батпады ма, əйтеуір, əп-сəтте жылыстап, қараңғылыққа сіңіп, жоқ болды. Сүлеймен атының жанына жүгіре барып: «Жарадың, қарагерім! Сен болмағанда бұлардың бəрі маған бірден жабылып, жүндей түтіп тастар еді», – деп күбірлей оның мойнынан құшақтады. (Алайда дəл қазір Сүлеймен қарагердің тек бүгін ғана емес, алдағы уақыттарда да талай рет небір үрейлі қауіптерді алдын-ала ескертіп, олардан өзін құтқарып алатынын білген жоқ. Тіпті бұл аттың жылқы ішінде сирек кездесетін ерекше мінезді жануар екеніне де көзі жеткенше əлі талай уақыт бар-тын...) Қарагер ат та аман қалғандарына шаттанғандай, Сүлейменнің иығын тұмсығымен сипап-сипап қойды. – Ал, қарагерім. Бүгін түнде екеуміз үшін ең қауіпті жаулардан құтылдық. Енді таң атқанша, осы жапан далада түнеп шығайық. Сөйтті де оның тартпасын босатып, ауыздығын алды. Бірақ шідерлеген жоқ. Себебі қарагердің өзін тастап кетпейтінін біледі. Ауыздығынан босанған қарагер бірден жер иіскеп, шөпке бас қойды. Сүлеймен ердегі қоржынды алып жерге төседі де, үстіне жатты. Жата бергенде: «Айтпақшы, жаңағы қасқырлар шынымен өлді ме? Өлмей, жəй жарақаттанып қалса, кек қайтармай тынбайтын азулы

немелер жорғалап келіп, мені жарып тастап жүрмесін», – деп орнынан тұрып, анадай жерде теңкейіп-теңкейіп жатқан екі қасқырға таяды. Таяуын таянғанымен, тура қастарына бармады. Қасқырдың өлгенсіп, жанына барып қалған адам мен малға бірден бас салатынын Сүлеймен жақсы біледі. Сол үшін де кейін бұрылып атының жанына келді. Ердің үзеңгісімен қоса таралғысын шешіп, оң білегіне орап, қанжарын сол қолына ұстап, жатқан қасқырға жақындады. Еппен басып бергі жақтағысына таяп, үзеңгімен оның басына бар күшпен бір соқты. Соққының тарс еткен дыбысы шыққанымен, қасқыр тырс етіп, қимыл көрсетпеді. «Демек, мұнысы өліп қалған екен» деп, екіншісіне жақындай бергенде, ол арс етіп, өзіне таяған Сүлейменге атылмақ болып əрекеттенді. Дегенмен қарнынан сұғылған қанжар жарақаты бойын түзеуге шамасын келтірмей, бүктелген күйі бір аунады да, ырылдап айбат ішекті. Сүлеймен оны үзеңгімен аямай екі рет ұрды. Қасқыр қорылдап барып, жан тəсілім қылды. Олардың енді анық өлгеніне көзі жеткен Сүлеймен атының жанына барып, оның ерін шешті де тоқымдарын жерге жайды. Ерді жастанып жата кеткенімен, алғаш рет жапан далада жалғыз қалғандықтан ба, тез ұйықтай алмады. Есіне бағана өзі өлтірген орыстың попы түсті. «Ит, кəпір-ай, жанындағы арсалаңдаған ит секілді мас жігіттерінің сөзін сөйлеп, өзіме тиіспегенде, ажал таппас еді-ау. Өзінен болды. Нeсі бар, жынымды қоздырып. Титтей да обал жоқ өліміне. Бұдан былай қалғандары қазақтарға тиіспей жүретін болады. Соның кесірінен Ордабекке бара алмай, екі өлі қасқырдың жанында жатысым мынау айдалады. Осыдан поптың адамдары ауылыма барып, лаң салатын болсыншы, Топыш пен Қасқабайды ертіп келіп, түн ішінде ойрандарын шығарып кетейін. Айтпақшы, мына қасқырлардың қоршауында тұрғанда көзіме көрінген кісі кім болды? Шайтан болса да, əйтеуір бейне-сұлбасы маған таныс сияқты. Бұрын да бір жерден көрдім ғой оны. Астындағы ақбоз арғымақты да көргем. Құдай-ау, қай жерде көрдім... Иə, иə, енді есіме түсті. Билікөлдегі Керімбай болыстың тойында орыспен күресіп жатқанымда, ол маған бір көрініп, дем беріп кеткен жоқ па еді? Япыр- ау, ол қайбір жылы Шыршыққа бара жатқанда «Əулиетас» үңгірінде шешеммен бірге түсіме кірген кісі емес пе? Бірде түсімде, бірде өңімде көрінетін оның кім болғаны? Ауылдағы Сұлтан атаның інісі Достай қария: «Баяғыда Төле бабаның жаны қысылған шағында

қасына келіп, дем беріп, желеп-жебеп жүретін ақбоз атты, қара сақалды əруақ-кісісі болған екен. Ылғи аттан түспей жүретін жарықтық сол əруақ кісі Төле өлген соң, одан тараған ұрпақтарды айналшықтап жүрген тəрізді. Кезінде ол Қожамжар мен Шойбек датқаға да ауық-ауық көрініпті. Шойбек датқадан соң біреуге көрініпті дегенді əзірше естігенім жоқ. Бірақ қай уақытта болса да, түбі Төледен өрбігендердің ішінде елден ерек шыққан біреуге оның көрінуі бек мүмкін», – деп айтып отырушы еді. Бір рет күресте, бір рет жаңа қасқырлар қоршауында қалып, жаным қатты қысылғанда, өзіме демеу көрсетіп кеткен ол, Достай қария айтатын баяғы Төле бабамның əруақ-кісісі ме екен? Бірақ мен күллі қазақты бір ауыз сөзбен тоқтатқан Төле де, өмір бойы Қоқан ханына дес бермей, қалың қаңлы, сондай-ақ сіргелі мен дулаттың қақ жарым жұртын Шыршық пен Дүрменнен бері қарай көшіріп əкеткен Қожамжар мен Шойбек те емеспін ғой. Бар болғаны Досалы мен Көбектің ұрысы атанып, өзіме тиіскендерді жер жастандырған бұзық қанамын...» Сүлеймен осылай ойланып жатып, ұйықтап кетті. ІІІ Көзі бір ілінсе, Сүлейменнің тырп етпей, қатты ұйықтайтын əдеті бар. Əдетте, жылқы басында болсын, үйінде болсын, таңертең оны серіктері əзер оятатын. Айдалада екені есінен шыққан ол, осы жолы да əлдекімнің иығынан қатты түртіп жатқанына қарамай, қолын бір сілтеп қойып, тұрмай жата берді. Бірақ əлгі біреу біресе иегінен, біресе иығынан қайта-қайта түртіп, маза бермеген соң, ақырын көзін ашты. Алғашқыда маңдай бетінен шақырайып шығып тұрған күнді, сосын өзін тұмсығымен оятып тұрған атын көрді. Қай жерде жатқанын енді бағамдаған ол, орнынан атып тұрды. Күн ұлы сəскеге көтеріліп қапты. Түнімен қалың бозға тойған қарагер шөлдесе керек. Екі бүйірі солқ кіріп, бұған «жүрейік» дегендей, басын шұлғып- шұғып қояды. Есінде түндегі қасқырлар түсіп, олар жаққа қараса, жиырма қадамдай жерде теңкиіп-теңкиіп жатыр. Бұрын қасқырды алыстан көргенімен мынадай жақындықта көрген емес. «Түрі қандай болады екен» деп орнынан тұра сала, оларға қарай беттеді. Бергі жақта жатқанының басы есектің басындай, ұзындығы есік пен төрдей нəн арлан қасқыр екен. Аяқтары жуан. Тырнақтары сояудай, кеудесі кішігірім тананың кеудесіндей. Ал екіншісі қаншық болса керек, одан кішілеу. Сүлеймен екі қасқырға қарап, оларды түнде өзінен қалай

жеңіліп қалғанына таң қалды. Бұл арлан кеудесімен соқса, адам түгілі онша-мұнша жылқының өзі ұшып түсері хақ. Түнде ұялас қасқырлардың осы басшысы мерт болған соң, басқалары қаша жөнелген. Əйтпесе, бұл тірі болғанда, Сүлейменнің қазір аман тұруы неғайбыл еді. Сүлеймен олардың терісін сыпырып алуға оңтайланып тұрды да, ол ойынан бас тартты. Кері бұрылып атына барды. Оны ерттеп, сонау пəсте, көз ұшында көрінген Жылыбұлаққа қарай жолға түсті. Сүлеймен Жылыбұлаққа жеткенде, Топыш бір топ жігіттерімен Қасқабайдың үйінде бозаға бөгіп отыр еді. Қасқабайдың үйі ауыл шетінде болғандықтан Сүлеймен тура осында ат басын тіреген-ді. Есік алдында шотпен ер қашап отырған бір бозбала үй маңына келген мұны көріп, орнынан ұшып тұрды. Бозбала «мынау адам ба, əлде дию ма?» дегендей, Сүлейменге таңырқай сəл абдырап тұрып: – Ассалаумағалейкум, – деп даусы шығар-шықпас дыбыспен сəлем берді. – Аман ба, бала? Мен жаза бастасам, Қасқабайдың үйі осы ғой, ə? Оның гүжілдеп шыққан үнінен бозбала одан сайын үрейленгендей, артқа қарай шегіншектеді. – Осы, осы. – Қасқабай үйде ме? – Үйде. Қазір, көке, – деген ол «шақыр» деген сөзді күтпей, үйге қарай жүгірді. Үйге үрейлі реңмен жүгіріп кірген інісіне Қасқабай: – Əй, жаудан қашқандай, не болды, соншама тапырақтап?! Біреу келді ме?! – деді. – Иə, – деді бала ентіге, Сүлеймен өзін өкшелеп қуып келгендей артына бір қарап қойып, – Бір дə-ə-əу, өзі қап-қара, көздері құтырған бұқаның көзіндей қып-қызыл, саусақтары мына шоттың сабынан жуан, еңгезердей бейтаныс кісі келіп тұр. Мінген аты да əйдік. Сізді «үйде ме?» деп сұрады. – Бұл өңірде түрінен адам шошитын дəу жоқ еді ғой. Кім болды екен ол? Құдай ұрып, біз барымта жасайтын Сырдағы қоңыраттардан бір қарақшы келіп тұрған жоқ па? Нұржан болыстың өлімінен кейін өз үйіңнің алдында-ақ талай нəрсені күтуге тура келеді-ау. Жүріңдер, көрейікші кім екенін. Топыш, Елеусін, бəрің қанжарларыңды

белдеріңе қыстырып алыңдар. Кім біледі, қазір не болатынын... – деп Қасқабай боза басында отырған бар жігітін ертіп тысқа шықты. Бұл кезде Сүлеймен аттан түсіп, шылбырын ағашқа байлап жатқан. Есіктен топырлап шыққан жігіттерді көрген ол: – Əй, Қасқабай, жалғыз шығуға қорқып, жайдақтың бар бетке ұстар жігіттерін артыңа шұбыртып келе жатқаның қалай? Əлде болыс атаңды атқан қарақшы «маған да келіп қалды ма?» деп зəрең кетті ме? – деді ыржия күліп. – Уа, пəлі-і. Ойбай, ойда-жоқта келген дос ақылыңды ойран етер» дегендей, атан бурадай күдірейіп, арыстандай күжірейіп қайдан сап ете қалдың мұнда? – деп Қасқабай жүгіріп барып, Сүлейменді құшақтады. Қасқабайдан кейін Топыш жабысты оған. Өз ауылдарының дəулері есептелінетін ол екеуі Сүлейменнің жанында баладай ғана болып қалғандарына таңданысқан басқа жігіттер: «Мына бір диюдай адам бұлардың қандай таныстары екен?» десіп, есік алдында топырлап тұр. Топыш пен Қасқабай кезек-кезек сөйлеп, жағдай сұрасты. Топыш жігіттеріне бұрылды: – Ей, келіңдер мұнда. Біздің айтып жүрген Сүлеймен дегеніміз осы. Амандассаңдаршы келіп! Hеге қақшиып қалдыңдар? – Ə, Сүлеймен деген осы екен ғой, – дескен олар шетінен оған жақындап, амандасты. Амандасып болғасын, Топыш пен Қасқабай Сүлейменнің екі қолтығынан ала үйге қарай жүрді. «Алыстан келген қонақсың ғой», – деп оны төрге жайғастырды. Содан бір-бірінің елдерінің амандығын сұрастырып, тағы басқа əңгімелер айтып, бірқыдыру уақыт отырды. Сүлеймен жылы бозаның бір кесесінен соң бір кесесін ішіп, ара- арасында нан мен етті де қарпып жеп, тойынып қалды. Күн бесінге таянғанда басқа жігіттер тарай бастады. – Иə, Сүлеймен, бұрындары ылғи жорық үстінде жолығып жүрсек те, əлі бір рет дастархан басында жайланып кең отырмаппыз. Дала кезген бөрідей айдалада оқтын-оқтын кездесіп, хал-жағдайдан артық ахуалды сұрастырмасақ та, бір-біріміздің сырымызды айтыспай-ақ ұғысатын сыралғы жандармыз ғой. «Жол болсын» айту бізден, «əлей болсын» сенен. Көздеріңе қарасам, келісің тегін емес-ау. Сырың болса, ішіңде бықсытпай, көсеу сап, түрте отыр, – деді сөзге шешен Қасқабай.

– Біздің ауылдағы сөйлеп кеп берсе, ағын судай тоқтауды білмейтін, жөн мен жосыққа, шежіре мен нақылға жүйрік, көкірегі дария Достай деген атам: «Басыңа іс түскенде өзіңмен көңілі теңдес, жүрегі шендес адам ғана саған қорған болуға лайық», – деп айтып отырушы еді. Менің тегін келмегенімді сен дұрыс байқадың, Қасқабай. Басына қауіп төнбеген адам тау-тасты жолды түнде кезіп, қасқырлардың қоршауында қалып, елсіз айдалада түнеуші ме еді. Бір орыстың попын өлтіріп, ағайынға ауырлық, туысыма дау салдырмайын, қазірше елден жырақта бола тұрайын деген оймен екеуіңді паналап келіп отырмын. Бұдан кейін попты қалай өлтіргені, түндегі қасқырлармен қалай алысқаны туралы тəптіштей əңгімелеп берді. Топыш пен Қасқабай оның сөзін бөлмей, үнсіз тыңдады. – Кəпірге көр құштырғаның өкініш емес. Сонда да болса, бұрынғы да, мынау орнап жатқан жаңа өкімет те, сол орыстарға бір бүйрегі бұрып тұратыны ақиқат. Қашан да кісі өлімі ауыр айып. Солай бола тұра, «оны мен өлтірмесем, ол мені өлтіретін еді» деп ғаділдік пен хақтықты айтып, ешкімді иландыра алмайсың, бəрібір. Сол үшін де ол жақтан кеше кетіп қалғаның тəуір болған. Мұнда сені паналатуға біз жараймыз. – Онда тағы арыз-тілегім бар сендерге. Осы екеуіңнің бірің біздің елге барып, ауыл ауанын, Досалы мен Ордабектің ахуалын біліп қайтыңдаршы. Орыстар мені іздестіріп жатқан жоқ па екен? Егер кəпірлер ауылыма барып лаң салатындай болса, оларды кім басқарып жүргенін анықтасаңдар. Кейін бір түнде барып, белсендісінің белін сындырып қайтайық. – Ол жаққа Топыш барып қайтсын. – Барайын, – деді Топыш сөзге келмей. – Онда жаныңа біреуді ертіп, ертең аттан. – Жарайды, жаныма Елеусінді ертем. Ертесіне Топыш пен Елеусін аттанып кетті. Содан оныншы күн дегенде қайта келді. – Қалай, ат-көліктерің аман келдіңдер ме? – деп қарсы алды ол екеуін Сүлеймен мен Қасқабай. – О, Сүлеймен, жаңа мансабың құтты болсын, – деді Топыш ыржия аттан түсіп жатып. – Мансабы несі?

– Саған еліңдегілер «қарақшы» деп ат қойып алыпты. – Əй, əй, түсіндіріп айтшы. Кім мені бұлай атап жүрген? – Мен ұзақ жолдан атсоқты боп, шаршап келіп тұрмын. Талған тіземді ауырсына басып, қаздиып тұрып əңгімемді айтпайтын шығармын. Үйге кірейік те. Əмбе хабар, дұғай сəлем-сауқат содан кейін-ақ айтыла берер. Қымыз ішіп, көңілі жайланған Топыш əңгіме айтуға кірісті. Оның айтуынша, поптың өлімі кəпірлерді қатты дүрліктіріпті. Бұлар Ордабектің ауылына жеткен күні орыстың да бір топ адамдары болысқа келіп, «Сүлейменді тауып бер» деп дау салыпты. Орысшаға жүйрік шодыр мінез Ноғай, мілисалығын пайдаланып: «Сүлеймен мұнда келген жоқ. Оған тиіссеңдер, тағы біреуіңді өлтіреді», – деп оларға ұрсып-ұрсып қайтарып жіберіпті. Қайтарғанда жəй қайтармапты. Қасындағы өзі секілді қызыл киімді сарбазды жұмсап, орыстардың иықтарына асынған мылтықтарын тартып алыпты. Орыстар болса: «Шымқаладағы жаңа өкіметтің ұлығына барып арыз айтамыз», – десіп кетіпті. Сенің бұл жерде екендігінді естіген Ноғай: «Ол бала сендерге қарай бек жақсы кеткен екен. Əзірше мына доңыз етін жегіш кісəпір кəпірлердің шуы тиылғанша, сол жақта жүре тұрсын. Кейін өзім хабар айтып, елге алдырамын», – деді. Одан соң Досекеңе бардық. Би де сенің қылығынан хабардар екен. Ол да Ноғайдың сөзін жөн көріп отыр. Өзі мына өкіметтің аяқ алысынан секемді тəрізді. Керегетас маңындағы Айтас үстінде Кендір мен Əріпбайға да жолықтық. Саған көп сəлем айтты. – Сен бір нəрсені айтпай кеттің ғой. Жаңағы мені «қарақшы» деп жүрген кімдер екен? – Сенің кім екеніңді əбден біліп алған орыстар ғой, бұл атты саған берген. Өзіңдей атағы бар жігітке берілген ат дереу ел ішіне тарап кетеді де. Əзірдің өзінде-ақ, сені «Сүлеймен қарақшы» деп атап жүрген талай қазақты кездестірдік. Сүлеймен бұған іштей намыстанды. «Тау тесер ғаділдік айтсам да, тас кесер жауыздық жасасам да, бұл жұртқа жақпадым», – деуші еді Досалы би. Сол айтпақшы, маған қарақшы деген лауазымды бергендердің, Құдай біледі, көбісі мені танымайды да. Соны айтқан адамды көзіммен көрсем ғой, буындырып өлтірер едім. Ал содан кейін «қарақшы» деп атай берсін. О, несі ей, мен өлтірсем, өзіме қол қатқан дұшпанды, намысымды таптаған попты өлтірдім. Күйігі

іштеріне сыймаған орыстар айтты деп, мені əмбе жұрт «қарақшы» атай бастағаны қалай...» – Соншама неге қабағыңа қар жауып кетті, Сүлеймен? Жұрт өзіңді «қарақшы» десе, дей берсін. Бұған қатулатып, налыма. Ел айтса, сенің елден ерекшелігіңді, түр-тұлғаң мен батырлығыңды дəріптеп, өз бағасын осындай шолақ атау арқылы білдіргені де. Мұндай атаққа біздің өлкеде баяғыда өткен Тұрап пен Сеңгiрден басқа ешкім жеткен емес. Біле білсең «қарақшы» деген ат екінің біріне берілмейді, – деді Қасқабай мұның тұнжырап қалғанын көріп. «Батыр аңғал келеді» дегендей, Сүлеймен осы сөзден кейін лезде жадырап сала берді. – Иə, басқа қандай жаңалықтар бар екен? Айта отыр. Топыш тағы əлдеңелерді айтып, ұзақ сөйледі. Оған Елеусін қосылып, əңгіме түннің бір уағына дейін өрбіді. Жігіттер тарқар алдында Сүлеймен бүй деді: – Əй, Топыш, Қасқабай. Менің сендерге масыл болып жата бергенім жараспас. Өз тамағымды өзім табуға əрекет жасайын. Сондықтан да сендерге бір нəрсе айтайын. Өздерің де қысқы суықта мұз шайнап, жазғы аптапта шөп сауып, қараңғылықты жолдас, қапасты дос қылып, түн жортқан жансыңдар ғой. Осы жолы маған ілессеңдер де, ілеспесеңдер де ықтияр өздеріңде. Еркілеріңнен тыс қинау жоқ. Мен сонау Шыршықтағы Елсапаға кетсем бе деймін. Ақыры қазірше елге қайтпаймын. Бұған қалай қарайсыңдар? – Сені жалғыз жіберіп, жын ұрып па бізді? Бүйтсек, саған деген ақ жүрегіміз қайда? Елсапа барымташыны көрмесек те, сырттай білеміз. Біз сенімен біргеміз, Сүлеймен, – деді Қасқабай. – Олай болса, ертең кешке аттанайық. Тобымызға басқа ешкімді қоспай-ақ қоялық. Осы төртеуміз де жетеміз. Бəрі осыған келісіп тарасты. Топыш пен Елеусін кеткен соң Сүлеймен дейтін атына «қарақшы» деген жаңа лақапты қосып алған ол, Қасқабайдың əйелі салып берген қалың төсектің жастығына басы тиісімен-ақ қор етіп, ұйқыға батты. Ертесіне қасына жаңа серіктер ерткен Сүлеймен бесін ауа Жылыбұлақтан Шыршыққа қарай аттанды. Олар Қақпақ пен Қосмоланы айналып өтіп, Aюбас жолын баса, екі күнде Шыршық жағасындағы Қайыршақты жырасына жетті. Ары қарай Өлеңтi ойпатындағы Елсапа ауылына түсті. Елсапа ауылында жоқ екен.

Өкімет ауысқалы бері көлденең көк аттыдан секемденетін Елсапаның туыстары «бұлар қайдан келген адамдар?» дегендей, оның қайда екендігін ашып айта қоймады. Тек Елсапаның інісі Нұрсапа ғана Сүлейменнің кім екенін білген соң: – Баяғыдай бес қаруларыңды сайланып, асу-асу белдерден өтіп келе беретін əдеттеріңді əлі тастамапсыңдар-ау, ə. Əлде сендердің елдеріңде жаңа өкімет əлі орнай қоймаған ба? Бізде ол əбден күшіне мініп, Тəшкеннен бері қарай дүркін-дүркін əскерін аттандырып, жұрттың зəресін алып бітті. Сол құрғыр əскер «кім бай, кім ұры» десе болды, бəрін қамап, соттап, құртып тынды. Тықырдың өзіне де таянғанын білген Елсапа көкем ауылдан қашып кетті. Жарты жылдан бері ол сонау Құрама асуында тығылып, жаңа өкіметпен соғысып жатқан өзбектермен бірге. Мына қызыл киімділер оларды «басмашы» деп жүр ғой, – деді. – «Басмаш» дейсің бе, «басмашы» дейсің бе, əлгі қызылдармен соғысып жүргендер тек өзбектер ғана ма екен? Елекең оларды онша жақтыра қоймаушы еді, енді келіп, өзбектерге қалайша қосыла қалды? – деді Сүлеймен. – Олардың арасында қазағы да, тəжiгi де, қырғызы да барға ұқсайды. Бірақ басмашыларды басқарып жүрген түбі – қыпшақ, қазір өзбек болып кеткен Қоратай деген адам екен. Оны «құрбашы» деп атайды екен. – Сен маған енді нақтырақ айтшы. Елeкeңді таудың қай қуысынан табуыма болады? – Олардың тау қуысының қай жерінде тығылғанын итім біліп пе? Атты адамға үш-төрт күндік жол болатын Құрама асуында не көп – үңгір мен шатқал көп. Бəлкім олар қырғыз асуында жатқан болар. Естуімізше, басмашылар топ-топқа бөлінеді екен. Əрқайсысында Қоратай секілді бір-бір құрбашылары бар дейді. Іздесең, алдымен Қоратайды ізде. Одан соң Елсапаны оңай табасың. Сен, немене, шынымен-ақ сол жаққа бармақсың ба? Жол-жолдың бəрін қызыл киімділер торып жүр. Ұсталсаң, сөзге келмей ата салады. – Барам, ердей тау асып келгенде, Елекеңді бір көрмей қайтпаймын. – Ол жақта не бар саған, Сүлеймен? «Көрмеген жердің ой- шұңқыры көп» деген. Əрі мынау Нұрсапа айтпақшы, жол торып

жүрген қызылдардың көзіне түсіп қалсаң, айтқан жерден аулақ, басыңа құран оқитын кісі де табылмай қалар. – Шынында, өзің бұрын көрмеген жерге барудың не қажеті бар? Бұған қоса, ол жақ елі көп, тегіс дала да емес. Елсапаны қай құздан, қай шатқалдан іздеп əуреленесің? Қой, бізбен бірге қайта елге жүр. Бір қыс біздің ауылда қыстасаң болды, көктемге салым еліңе қайтарсың, – деді Топыш та Қасқабайды қостап. – Жоқ, əзірше Сүлеймен алған бетінен қайтқан емес. Алдымнан кездесер қиындық мен үшін қатер емес. Барам деген соң барам, Елекеңе. Оны таппай қоймаспын. Қасқабай мен Топыш қайта сөйлемеді. Сүлейменнің алған бетінен қайтпайтынын олар біледі. – «Серігін жарты жолда тастамас болар» дегені. Осыншa жерге бірге келдік қой. Елекең жаққа да бірге барайық. Не көрсек те, бірге көрейік. – Əй, Қасқабай-ай, «қыран жеке ұшады, сырттан жалғыз жортады» дегенді білмеуші ме едің? Өздеріңді зорлап, маған ермей-ақ қойыңдар. Көп болсақ, көзге түсуіміз оңай. Кей сапарда жалғыз ат, сабау қамшылы жүріс пайда əкелетінін сен менен гөрі жақсы білесің. Осы жерге дейін менімен бірге келгендеріңе бек разымын. Сендерге қайтуға ұрықсат. Жолдарың болсын! Бірбеткей Сүлейменге қарсы уəж айта алмаған үшеуі аттарының басын кейін бұрды. Сүлеймен болса, Нұрсапаның үйіне бір күн қонып, ертесіне жолға шықты. Былай қарай тура жүре берсең, Қызылбелдегі үңгірге тап боласың. Үңгір маңындағы қызылдардың əскері тұруы мүмкін. Олардың көзіне түспей, таң атқанға дейін сол маңда аялда. Ары қарай құлама жарлы, терең шатқалды тау ішіне бір кіріп кетсең, олардан қауіп жоқ. Одан соңғы қауіп, сонда тығылған басмашылардан келуі мүмкін. Егер Қоратайдың жігіттерінен басқа басмашыларға кездесіп қалсаң, ерегісе берме. Адам өлтіруді мал бауыздаған құрлы көрмейді олар. Ал, енді, Құдай алдыңнан жарылқасын. Сенің нені мақсат тұтып бара жатқаныңды білмесем де, əйтеуір діттеген жеріңе есен жет. Елекеңе біздің амандығымызды жеткізіп, сəлем айтарсың, – деді Нұрсапа оны шығарып саларда. Шынында, алдынан кездесер қаншама қауіп-қатердің барын біле тұра, өзіне беймəлім жолға, болашағы көмескі сапарға – Елсапаны

табудан басқа нені көксеп, нені мақсат тұтып бара жатқанын Сүлейменнің өзі де білмеді. Ат жалын тартып мінгелі бір жерде ұзақ уақыт тұра алмайтын дағдысы шығар, мұны мұндай сапарға итермелеген. Бəлкім Қасқабай ауылында да, Нұрсапа елінде де тыныш жата алмайтынын білген соң жолдан адасып, не пəлеге ұшырасам да, əйтеуір күнім ат үстінде өтсін дегені ме. Бұл жағын да ажырата алмады. Өмірінде бірінші рет жалғыз өзі сонау ықылым заманнан бері тек ұрылар мен қарақшылардың мекені, қазір де ылғи қандары қарайған баскесерлер жайлаған Құрама мен Шатқал тауларын бетке алып ұзақ жүрді. Алғашқы күн түн ауғанша жүріп, бір тастың түбіне қонып шықты. Ертесіне жан-жағын қына-түксіз жалаңаш жартас қоршаған сайлы жолмен өрлей отырып, күн бесiнге таянғанда тегіс ойпаңға тұяқ іліктірді. Мұнда келгенде «тау ендігі біткен шығар» деп ойлап еді. Қайдан. Қарсы алдында өркеш-өркеш шыңдары бірімен-бірі жалғасып, созылған тау жатты. Кешегі Нұрсапаның «əр шатқалдың түбінен қару асынған басмашылар шыға келуі мүмкін» деген сөзі қайда? Қанша уақыт жүрсе де, ұшқан құстан басқа тірі пенде кездеспеді. Сүлеймен енді қайда қарап жүрерін білмей, жан-жағына алақтап тұрғанда, тегіс ойпаңның шет жағындағы үшкір тастың тасасынан бір адамның басы көрініп, артынша жоқ болды. – Ей, бұл кім? Бері шықсайшы! – деп айқайлады Сүлеймен үшкір тастан көз алмай. Көрінген, не жауап қатқан ешкім болмады. Есесіне, қарагер ат жер тарпып, күркірей кісінеп, тулап қоя берді. Қарагердің бекерден- бекерге бұлайша мазасызданбайтынын білетін Сүлеймен, өздеріне бір қауіптің төнгенін сезді. Сезді де тақымындағы сойылды сығымдай ұстап, үшкір тасқа қарай жүрді. Бес-алты қадамнан соң қарагер кілт тоқтап, Сүлеймен қанша қамшыласа да, алға жүрмеді. Атының бұл қылығынан кейін ол жаңағы көзіме көрінген адам емес, сірə, бір аң болды-ау» деп ойлап үлгергенше, тас тасасынан қолдарында кезенген мылтықтары бар төрт кісі шыға келді. Оларды көрген қарагер ышқына тебініп, артқа айналды. Арт жақтан да сондай төрт кісі қоршап келеді екен. – Ей, ей, кімсіңдер сендер?! – Аттан түс! – деп ақырды олардың бірі. – Əйтпесе қақ маңдайыңнан бір атып, домалатып түсіремін.

– Өй, мен Қоратай мен Елсапаны іздеп келе жатқан адаммын. – Сенің кім екеніңді кейiн бiлерміз. Аюға ұқсап қонжимай, түс атыңнан! Жайшылықта өз аулында болса, ананың бұлай сөйлегені үшін ат сауырына алып, өлiмшi етiп тастайтын еді. Ат шабар кең жазығы жоқ, оның үстіне кілең мылтық кезенген адамдардан аз да болса сескенген Сүлеймен, айтқандарын істеп, аттан түсті. Жерге аяғы тигенде əлгі кісілердің бірі жүгіріп келді де қарагерді шылауына жармасып, оны əрірек сүйреп əкетті. Сүлеймен өңкей сақал-мұрты өскен, түрлері қорқынышты мылтықты адамдардың қоршауында қалды. Олар өздерінен əлдеқайда биік, зор денелі мұны бірден байлап тастауға жүрексінгендей, біраз тұрды. – Қайдан келе жатырсың? – Жаңа айттым ғой. Қоратай құрбашы мен Елсапа деген кісіні іздеп жүрмін. – Қоратай бізбен басы бірікпейтін адам. Оның досы – бізге жау. Қолыңдағы сойылды таста! – деді жалпақ бет, шүңірек көз, пұшық біреуі. Сосын жанындағыларға ақырды: – Сендер неғып тұрсыңдар?! Қол-аяғын байлаңдар мұның! Үңгірге апарған соң кім екенін анықтармыз. Оның қатарында тұрған жіңішке біреуі мылтығын арқасына асына салды да, беліндегі ораулы арқанды шешіп, Сүлейменге беттеді. Оның соңынан қалғандары ілесті. Осы күнге дейін қол-аяқтарын біреуге байлатпақ түгілі басынан сөз асырмайтын Сүлеймен, мыналардың əрекеттерін көріп, сойылын оңтайлай көлденең ұстап, тістене сөйледі: – Жақындап көріңдер. Шеттеріңнен қырып саламын, түге. Атпақ түгілі денемді паршалап шауып тастасаңдар да, өзімді байлатпаспын сендерге. – Арқасына қамшы тимеген асау айғырдай құтырынған екен бұл қазақ. Жабылыңдар да жерге жығып, байлап тастаңдар! Жүдə болмаса, иттей қылып атып тастап кетеміз, – деді пұшық тағы. Алайда ол қанша ақырса да, жігіттері Сүлейменге бата алмай, оны айналшықтап жүрді де алды. Бір кезде қолындағы арқанның бір ұшын салбырата айналдырып жүрген жіңішке жігіт айқайлап тұрып, жібін Сүлейменге қарай лақтырды. Нақ осы сəтте пұшық мылтығын аспанға қарай бір атты. Мылтық даусы шыққан жаққа жалт қараған

Сүлеймен, мойнына анау лақтырған арқанның қалайша орала кеткенін сезбей де қалды. Мұның мойнына орала кеткен арқанды көрген басмашылар бəрі бірдей оған жабыла кетті. Демде өзіне үйме-жүйме болып жабысқан үш-төртеуді заматта лақтырып үлгерген Сүлеймен, енді мойнындағы арқанды сыпырып тастауға əрекеттенді. Бірақ аналар қайта жабылып, ойындағысын істеп үлгере алмады. Бірі аяқтан, бірі қолына жармасып, қалғандары Сүлейменнің мойнындағы арқанның екінші ұшын тарта бастады. Ойлары – қалайда мұны құлатып салу. Бірақ олар арқанды бар күшпен тартқыласа да, Сүлеймен тырысып, құлай қоймады. Дегенмен екі қолымен өзіне жабысқандармен алысып, мойнындағы арқаннан босауға мұршасы келмеген ол, ақыры жерге етпеттей құлады. Сол мезет басмашылардың бірі мылтықтың дүмімен қарақұстан аямай бір ұрды. Сүлеймен сонда да тыпырлап, қарсыласа түсті. Соққы екінші рет тигенде, көз алды қарауытып, есеңгіреді. Осыны пайдаланған аналар қаруларымен мұны бас-көз демей төмпештеп берді. Аяусыз соққыдан Сүлеймен бірте-бірте есін жоғалтты... Қанша уақыт өткені белгісіз, бір уақытта көзін ашса, қол-аяғы байлаулы. Анадайда жерде біреулер күбірлесіп сөйлесіп тұрған сияқты. Ісіп кеткен көздерін əрең ашып, дауыс шыққан жаққа көз салса, жаңағы өзін ұрып құлатқан басмашылар өзара сөйлесіп тұр екен. Сүлейменнің қозғалақтап, өздеріне қарағанын байқаған бiреуі айқайлады: – Өй, мынау есін жиды-ей. Бəрі Сүлейменге таяды. Жанындағыларға басшы болып жүрген пұшық бүй деді: – Аяғын шешіңдер. Біреуің мұның атына мініп, өзін сүйрете жетектеп жүріңдер. Ауылында əркімді жеңіп, тым есіріп кеткен дəу екен бұл. Қазір үңгірге жеткен соң, тағы жуасытып қояйық. Срайыл паруанашы бұған аяғын жалатып қойсын. Үш-төрттеуі Сүлейменді басып тұрып, аяғындағы байлаулы арқанды шешті де, орнынан тұрғызды. Қарагер атқа мініп алған біреуі арқанның екінші ұшын тақымына басып, үшкір тасқа қарай желдірді. Алғашында Сүлеймен құлап қала жаздады. Содан соң аяқтарын қаттырақ басып, ат соңына ілесті.

– Ей, жəй жүр. Біз арттарыңнан ілесе алмай қаламыз, – деп айқайлады пұшық ат үстіндегі жігітіне. Ол жүрісін баяулатқан кезде осыншама қырсыққа тап болғанына іштей нала болып, жарыла жаздаған Сүлеймен отыра кетті. Арт жақта келе жатқандар: «Ой, неге отырасың? Тұр, тұр!» – деп мылтық ұңғысымен арқасынан түйгiштеді. Соққы жанына батқан ол орнынан тұрды: – Қанша қинасаңдар да, маған ешкімнің аяғын жалаттыра алмайсыңдар. Қазірше оның бұдан басқа амалы да жоқ-тын. «Не істер екен? Бара көрейін» деп ойлады ол. Бұлар үшкір тасты айналып, шың етегіндегі жалғыз аяқ қуыс жолмен біраз жүрген соң шығыс жаққа бұрылды. Жан-жағын көгерген қурай мен сасыр басқан тағы сондай жолмен əудем жер өткеннен кейін бір үлкен жартастың түбіндегі үңгірге келіп тоқтады. Үңгірдің алды буалдыр, іштен түтін шығып жатқан сияқты. Алдағы басмашы аттан түскенде, үңгір ішінен қарулы екі адам шықты. Бəрі де қазақ емес. Бірақ қазақша таза сөйлейді. Қалың қабақтары мен ойнақшыған көздеріне, қоңқиған мұрындарына қарағанда таулық сияқты. Жаңағы үңгір ішінен шыққан екеу мұның жанындағыларға бірдеңе деп шүлдірледі. Пұшық оларға жауап қатып, бəрі қарқылдай күлді. Күлісіп болған басмашылар Сүлейменді итеріп, үңгір ішіне кіргізді. Үңгір дегені – арғы жағы ашық, кең алаңқайлы шатқал екен. Шатқал ішінде адам көп. Əр жерге тастан қалап, үстін қамыспен жапқан бірнеше тамдар тұр. Тамдар алдындағы ошақ басында пəрəнжі жамылған бес-алты əйел күйбеңдеп жүр. Сүлейменді жетектеп алып келгендер, қолындағы байлауды шешпеген күйі үңгірдің оң жағындағы бір үлкен тамға кіргізді. Там ішінде бес-алты кісі отыр. Қақ төрде қара бурыл сақалы кеудесіне түскен бір қария жантайып жатыр. Оның бер жағында сұрғылт жүзі зəрдей суық, шегір көздері от шашқан еңгезердей жігіт жайғасыпты. Қалғандарының да түстері, рең-əлпеттері адам шошырлықтай. Бəрі «мынау қандай алып адам» дегендей, үнсіз Сүлейменге қарады. Əсіресе, анау еңгезердейі отты көздерімен Сүлейменнің тұла бойын тіміскелеп, алақ-жұлақ етеді. Əлден соң төрдегі қария орнынан көтерілді: – Қазақпысың? Ныспың кім? Бұл жақта қайдан адасып жүрсің? Даусы қатынның даусындай жіп-жіңішке екен. Сүлеймен жөнiн

айтты, Қария біраз ойланып отырды. – Біз сенің сөзіңе сенеді деп тұрмысың? Бүкіл Шыршық, Ғалабасай, Піскент пен Бөкі, Қыбырайда һəм күллі Құрама өңірінде сен сияқты дəу жігітті кездестірген емеспін. Кездестірмесем де, есітер едім ғой. Сен, сірə, Тəшкеннен қызылдар жұмсаған тыңшысың-ау. Түрің басмашыға ұқсайды деп, олар сені əдейі жіберген ғой, ə? Одан да жөнiңдi айт. Сонда тірі қалдырамыз. Əйтпесе «батыр бір оқтық» деген, қанша дəу болсаң да, сені бір атып өлтіре салу бізге түк емес. – Қасарыспай, шыныңды айт. Əйтпесе, тура қазір осы жерде атып тастаймын, – деді шалдың жанында отырған əлгі суық жүзді еңгезердей кісі наганын бұған қаратып. – Қоя тұр, Ибрагим. «Аюға əліп үйреткен таяқ». Бір жұма зынданда жатып, біздің жігіттердің таяғын əбден жесін. Одан кейін өзі-ақ аяғымызға жығылады, – деп шал оның қолын төмен түсірді. Содан соң пұшыққа қарады: – Апарып, зынданға таста. Мұның еркін саған бердім. Бір аптадан кейін шынын айтпаса, анау алаңдағы аш қасқырлардың ортасына тастаймыз. Көптен бері олар кісі етін жемей, тістері қышыған болар. Өзі үш қасқыр тоятындай етті, сүйекті екен. Тамға сүйреп кіргізген əлгіндегі басмашы – Сүлейменді жабыла итермелеп, тысқа қайта шығарды. Сол күйлері есік алдындағы қаз- қатар тұрған ошақтарды айналып өтіп, дуалы таспен қаланған, кішкене үйшікке келді. Тас дуалға арқасын сүйеп отырған екі мылтықты қарауыл бұларды көріп, орындарынан ұшып тұрды: – Ə, тағы біреуді əкелдіңдер ме? Бұл үйшік зынданға кіре беріс дəліз екен. Дəліздің аузында есік жоқ. Əлгі екеу бұлардан жауап күтпестен үйшік бұрышындағы дуалға жабысқан бір дəу тасты итеріп, сырғытты. Оларға Сүлейменің жанындағы тұрған бір басмашы жəрдемдесіп, дəу тасты үшеулеп əзер дегенде орнынан қозғады. Дəу тастың арғы жағы қап-қараңғы қуыс. Қарауылдың бірі үйшік басында үйіле, умаждалып жатқан арқан- сатыны жазып, қуыс iшiне қарай лақтырды. – Ал, мырзам, енді сатымен төменге түс. – Алдымен мұның қолын шешейік те. Дəулік көрсетіп, алысатын болса, атып тастауға дайын тұрыңдар. Пұшық Сүлейменiң қолын шешіп жатқанда, басмашылар қаруларын оңтайлап, мұны көздеп, айнала қоршап тұрды. Сүлеймен шешуден босаған қолдарын сілкіл-сілкіп жіберіп, көрініп тұрған

қараңғы қуысқа жақындады. «Алысқанмен пайда жоқ. Жазатайым атып тастаса, өлігім шың-құздың басында көмусіз қалар. Не болса да, қазірше айтқандарына көніп, ақырын күте тұрайын», Сөйтті де арқан-сатымен төменге түсті. Зындан түбі терең екен. Үш кісі бойындай тереңге түскенде, табаны жерге тиді. Жоғарыдағы тесіктен түскен жарықтан байқады, апан түбінде үрпиісіп бес-алты кісі отыр. Зындан қабырғасы таспен қаланғанын да байқады. Осы кезде: – Əй, түсіп болсаң жiбер арқанды, – деп айқайлады төбеден түсіп тұрған жарықты көлегейлей қуысқа басын тығып алған біреу. Сүлеймен қолын əлі арқаннан алған жоқ еді. Ананың айқайынан кейін қырсығып, арқанды екі қолымен бірдей ұстады. Анау арқанды жоғары тартқылап, əуреге түсіп-ақ жатыр. – Ей, сатыны жабылып тартайықшы. Жаңағы қазақ бір шетін ұстап жібермей тұр, – деді ол жанындағыларға. Арқан-сатыға олардың нешеуі жабылғаны белгісіз, бірақ қаншама тартқыласа да, ештеңе өндіре алмады. Бұған ашуланған басмашылар Сүлейменді балағаттап, «жібер, жібер» деп ауыздарына келгендерін оттап жатыр. – Ағайын, арқанды жібере сал. Əйтпесе төбемізден тас жаудырып, бəрімізді быт-шыт қылады, – деді апан түбінде отырғандардың бірі. Осыны айтуы мұң екен, шынында төбеден қойдың басындай бір тас алан түбіне дүңк етті. Артынша екінші тас түсті. – Əкеңнің көрін... қазақ. Жiбер арқанды! Көнбесең, тас боран қылып өлтіреміз... Сүлеймен арқанды жіберді. Сырттағылар оны тартып алған соң, манағы тасты жабыла итеріп, орнына қойды. Лезде зындан ішін тас түнек жайлады. Бір орнынан қозғалмаған Сүлеймен қайда жүрерін, не істерін білмей қалшиды. – Ағайын, бері жылжып, қасымызға кел, – деді жаңағы дауыс түкпір жақтан. – «Кемедегінің жаны бір» деген. Біз кемеде емеспіз, əрі оны көрген де жоқпыз. Дегенмен зынданда жанымыз бір. Бір түссе, бұл жерден тышқан да жорғалап шыға алмайды. Құдайдың басқа салғанын көріп, отыра беруден басқа хайыл жоқ, қазір. – Мына жер қап-қараңғы ғой. Қалай жетем сендерге? – Көзіңіз ештеңе көрмей тұр-ау, əлі. Оқасы жоқ. Ал мұндағы мұндарлардың бұл жерге көздері үйреніп қалғандары қашан. Сіз де

үйренерсіз. Құдай көзді қара қылып бергені – қараңғылықты жат санамасын дегені де. Бері, сол жағыңызға қарай жылжып, шеткі кісінің жанына отыра қалыңыз. Бəрібір, бəріміз құмбыл болып отырған жарыққа таяу күндері шығу жоқ, – деді екінші кісі. Сүлеймен солай қарай жылжыды. Дуал жағалай, бес-алты қадам жүргенде сол аяғы біреудің денесіне тиді. – Ақырын, езіп жіберерсің, – деп шаңқ етті анау. Көзі түк көрмесе де адамдардың қатарына жеткенін білген ол, арқасын дуалға сүйей, жүрелеп отырады, – Қайдан жүрген жігітсің? Мыналардың қолына қалай тап болдың? – Сүлеймен басмашыларға айтқан жауабын бұларға да айтты. Бұлар басмашыларға ұқсап, мұның сөзін бөлген де, сенбестік танытып мысқылдаған да жоқ. Сөзін аяқтап болғанда, бұдан атын, руын, ауылын сұрады. Осы кезде ғана Сүлейменнің көздері қараңғылыққа үйреніп, отырғандардың сұлбасын аңғара бастады. Отырғандардың саны жетеу екен. Бірақ түрлерін анықтап көре алмағандықтан, олардың жастары шамалай алмады. – Иə, өздеріңді тағдырдың қай желі айдап тықты бұл зынданға? Шыршықтың қазағымысыңдар, əлде маған ұқсап, алыстағы ауылдардан келдіңдер ме? – Сыр бойындағы – Қатағантөбеденбiз. Менің атым – Төрекелді. Мынау Салықбай деген бауырым. Екеуміз де қоңыраттың оразкелдiсiмiз. Ал бізден кейін отырған мына кісілердің ныспылары – Аязбек, Сиязбек. Бұлар да бізге туыс. Сырдағы алғи руынан. Өзің жақта отырғандар Жызақ жеріндегі Құмшағыл деген елден. Аттары – Дөңбай, Түрке, Көкен. Сенікі сияқты біздің де өміріміз құм кешіп, сексеуіл паналап, қазақтың байларының малдарын, сарттың саудагерлерінің кіресін тонап, қарақшылықпен өтіп жатқан жайы бар- тын. Мына бір жаңа өкімет келіп, құмның қай жотасына, даланың қай сайына тығылсақ та, тышқанды қуалаған мысықтай ізімізге түсіп алып, саналайтын апан қалдырмай, сансыратып жіберді. Содан соң тауға қарай қашқанбыз. Шыршық үстіндегі Түлкіжортқанның сайында қытай асып, қашып бара жатқан бір сарт тектес тəжік байының дүние- мүлкін тартып алып, Қоқанға қарай өтіп кетпек болғанымызда, мыналардың қолына түсіп қалдық. Өзіміз тонаған тəжік осы басмашылардың басшысы – Срайыл паруанашының туған ағасы екен. Малын тонаған бізді бірден ата салмай, мұнда неге қамап қойғанына

таңым бар. Əлде, осылай жадатып-жүдетіп барып, өлтірейік деді ме, қайдам. – Жатқандарыңа қанша мезгіл болды? – Күн санап, түнді түгендеуге бұл жерде мұрша бар деймісің. Күніне бір мезгіл аштан өліп қалмасын дегендей, жуынды сияқты сорпа мен мүжілген етсіз сүйекті лақтырып тұрады. Соған қарап санасам. Зынданға түскенімізге екі жұмадан көп уақыт болып қалды- ау. – Ендігі күніміз не болсын?... – деді Сүлеймен күмілжіп, шын шарасыз жағдайға тап болғанын енді аңғарғандай. – Алдағы күніміздің не болатынын білсем, айтар едім ғой. Құдай басқа не салса, сол болар. Ең назалығы – мыналардың қолынан өлу ғой. Бүйткенше, далада кіммен болса да атысып өлген жақсы еді. – Қызылдар келіп, мыналарды қырып салып, бізді құтқарып алса ғой, – деді Сүлейменнің жанында отырған кісі. – Үмітінің зорын. Қызылдар келсе, бізді де аямас. Басымашылар сияқты біз де оларға жаумыз ғой, – деп басып тастады оны Төрекелді. Бұдан кейін əркім өз ойымен болып, зындан ішін меңіреу тыныштық жайлады. Аналардың не ойлағанын кім білсін, ғұмырында алғаш рет қамауға түскен Сүлейменнің көңіл-күйі əлем-жəлем болып, қатты торықты. Қауқарсыз халге түскеніне енді ғана көзі жеткендей, жан-дүниесінің бұлқан-талқанын шығарған ызалы ой жүрегін қарып, орнынан тұра сап, тар апан ішін ары-бері кезе берді. «Қап, Құдай-ай, тордағы арыстандай бұлайша тулағанша, бағана басмашылармен алысып неге өле салмадым?» деп кіжінді іштей. Жайшылықта тұла бойына сыймайтын ерен күшін енді қайда жұмсарын білмей, мына тас қамалды қашан күн беті көрінгенше жалаң қолмен соққылап, бұзып- жарып тастағысы келді. Алайда қара жер, жылтыр тас жалаң қолдан əлдеқайда берік екенін, бойындағы арындаған бар күшін оған жұмсап, қаншалықты аласұрса да, түк бітіре алмайтынын, қайта кеудесін кернегені тау селіндей тасқынды ашудың құр бекершілік қиялға итермелеп тұрғандығын, мың жерден туласа да, мына тас дуал зынданды қиратып шығудың мүмкін еместігін ұғып, мысы құрыды. Мысы құрыды да, қайтадан отыра қалды. – Ау, Төрекелді. Бұл жерден құтылудың еш амалы жоқ па? – Екі жұмадан бері амал таппай отырған жоқпыз ба. Бар үміт... – деп Төрекелді тағы бірдеңені айта бастағанда, төбеден біреулердің

дабырласа сөйлескен дауыстары естілді. Іле-шала зындан аузына қойылған дəу тас орнынан қозғалды. – Тағы біреуді əкелді ме, жоқ, бізге ішер атауымызды беретін уақыттары болды ма? – деді Салықбай басын шалқайтып. Оған ешкім жауап қатпай, бəрі төбеге қарады. Дəу тас ашылғанда зындан iшіне бағанағыдай жарық түскен жоқ. Демек, мезгіл кешкі уақыт. Төбеден арқанмен мес секілді бірдеңе салбырап түсті. – Ей, қазақтар, атауларыңды алыңдар да, жіпті шешіп жіберіңдер. Шетте отырған Түрке мес аузындағы жіпті шешті. – Бүгін бізге не берді екен? Күндегідей қатықсыз сорпасын тағы тастаған ба, иттер. – Не берсе де іше берейік. Ішегіміз жабысып қалмаса болды, əйтеуір, – деді Төрекелді местi өзіне қарай жылжытты. Бұлар мес аузын сорып, тамақтануға кіріскенде дəу тас қайта жабылып, төбе жақ тым-тырыс болды. Сүлеймен местегі сорпадан ішпеді. – Жиіркенбей іше бер, Сүлеймен. Əйтпесе аштан қатарсың, – деді Көкен. – Мына жерден шығудың бір амалын табайық, – деді Сүлеймен оған басқаша жауап қатып. – Айттық қой саған. Еш амал жоқ. – Бар. Мен бағана зынданға түсіп келе жатқанда байқадым, зындан аузындағы тас доғалдау ернеулі тесікке кигізіледі екен. Егер ішкі жақтан сəл ғана итере алсақ, тас ары қарай домалап кетері хақ. Иə, қатты домалап кетпесе де, адам сиярлықтай орын ашылуы мүмкін. Содан біреуіміз шығып, арқан-сатыны бері қарай лақтырып жіберсек... – Сен, болмайтынды айтады екенсің. Ол тасқа дейін қалай жетеміз? – Біріміздің иығымызға біріміз мінеміз, Салықбай. – Сен болмасаң, басқамыз бір-бірімізді көтере алмаймыз. – Тоқта, Салықбай. Шынында мынау жақсы ой айтып отыр. Осы жайын неге ойламағанбыз, ə? Бірақ төбедегі қарауылдарды қайтеміз? – Əттең, Төрекелді, Шолпан туатын таңғы мезгілді білмей қаламыз да мына қапаста отырып. Əйтпесе олар таңғы ұйқыға бөгіп жатқанда, іске кірісуімізге болатын еді. Мен ғой, осы зындан түгілі,

айдалада жатсам да бір ұйықтасам, өліктей болып ұйықтаймын. Ұйқысы сергек біреулерің бар ма араларыңда? – Мен осында отырып күн мен түннің қай мезгілі болғанын ұйқымнан білемін. Жастайымнан аш бөрідей дала кезіп жүргеннен қалған дағды ғой. Түн жарым ауа, жеті қарақшы сəл көмескі тартқан мезетте ұйқыға бас қоямын да, таңертең құстан бұрын оянамын. Сол дағдым бұл жерде де бұзылған жоқ. Байқап жатамын ғой, мен оянған соң, екі-үш сағаттай уақыт өткенде төбедегілер дүрсілдетіп, ары-бері жүре бастайды. Соған қарағанда мұндағылардың таң азанымен тұрып істейтін тірліктері жоқ-ау, – деді Төрекелді. Сөйтіп, Сүлейменнің бастауымен əрқайсысы əр түрлі ой айтып, біраз уақыт қызына сөйлеп отырды да, ақыры қиялдарын іске асырмақ боп бекiндi. Құс ұйқысы бар Төрекелдіге сенген бəрі, енді қашып шығудың қамына кірісіп, кім-кімнің иығына мініп əрекет істейтінін ақылдасты. Бəрінен дəу, əрі мықты Сүлейменнің иығына ұзын Көкен мінді. Оның иығына басқалардың көмегімен зорға шыққан Түркенің қолдары оп-оңай есік аузындағы тасқа жетті. Түрке тасты итеріп көріп еді, оның жылжитындай сыңайы бар екен. Осылайша, үш-төрт мəрте жаттығу жасап алған бұлар, енді ерте таңды күтіп, орындарына жайғасты. – Құдай ісімізді оңдап, сыртқа шыға қалатындай болсақ, таспен ұрасың ба, əлде буындырасың ба, əйтеуір алдымен қарауылдардың көзін құрт. Оны істеу саған оңай. Бізді қашып шығады деген ой қаперлеріне де кіріп-шықпай, олар ешбір секемсіз ұйықтайды. Содан соң арқан-сатыны бері қарай тастап жіберсең болды. Арғы жағыда Құдайдың басқа салғанын көрерміз. Айтпақшы, қарауылдарды жайғаған соң, мылтықтарын алып, дайын отыр. Kiм біледі, қандай жағдайдың боларын. Түркені Төрекелді осылай қайта-қайта пысықтағаннан, зынданнан тап қазір қашып шыққандай əсерде болған тұтқын қазақтар бойлары бір сəт жеңілдеп, уайымсыз ұйқыға батты. Ақиқатында, олардың ойлары сол түні оңай-ақ іске асты. Онша- мұнша түрткіге ояна бермейтін Сүлейменнің өзі басқалардан бұрын тұрып кетті. Ешқайсысы бір-біріне тіл қатпаған күйлері, етігін шешіп жалаң аяқтанған Көкен жүрелеп отырған Сүлейменнің иығына отырды. Екі қолын дуалға сүйей еңкейіп отырған оның иығына Түрке шықты. Сүлеймен болса екеуінің салмағын шыбын құрлы көрмей,

орнынан тұрғанда, Түркенің қолы тасқа тиді. Ол бірден тасты сыртқа қарай итерді. Сəтін салғанда, сырттан оңайлықпен ашыла қоймайтын тас, ішкі жақтан оп-оңай ашылды. Оны кісі сиярлықтай етіп, орнынан жылжытып қойған ол, төбе жақтан біраз тың-тыңдап тұрды да зындан түбіне қарай еңкейіп сыбырлады: – Мен мына жерден қарманып шыға алмаспын, сірə. Сүлеймен тағы бір кісіні көтере алса, арамыздағы салмағы жеңіз Дөңбай менің иығыма мініп, сыртқа шықсын. Мұны естіген Сүлеймен қайтадан жүрелеп отырды. Көкен мен Түрке жерге түспеді. Денесі шағын, қағылез қимылды Дөңбай тез-тез тырмысып, Түркенің иығына лезде-ақ мінді де өрмелеп, сыртқа кетті. Əлден соң дүңк еткен дыбыс естіліп, арқан-саты ішке қарай шұбатыла түсті. Дөңбайдың ісін іштей ұққан тұтқындар дыбыс шығармастан, жоғары көтерілді. Алдымен Түрке, одан соң Көкет мен Сүлеймен зындан сыртына шығып, тас дуалды жағалай отырды. Содан соң Аязбек пен Сиязбек, Төрекелді мен Салықбай қатарға қосылды. Зынданнан бəрі шыққан кезде қолына мылтық ұстаған Дөңбай еңбектей жылжып бұларға жақындады. – Қарауыл біреу-ақ екен. Таспен ұрып, сілесін қатырып тастадым. Енді анау шатқал аузына қарай жылжиық. Тұтқындар сол жаққа еңбектей жөнелді. Əп-сəтте шатқал аузына да келді. Тура шыға берісте арқаларын тасқа сүйеп алған екі кісі ұйықтап отыр. Дөңбай біреуін құлаштай соқты. Ол оны соққан кезде Сүлеймен екіншісінің қақ маңдайынан қолының қырымен бір ұрды. Сорлы үн шығарып та үлгермеді. Тасқа жабысқан күйі қатты да қалды. Төрекелді екеуінің үсті-басын тез-тез тінтіп, жарамды заттарын қойнына тықты. Мылтықтардың бірін Сүлеймен, бірін Салықбай алып, бəрі дереу шатқалдан жүгіріп-жүгіріп шықты. Ешқайсысы айнала қоршаған таудың ой-шұқырын жөнді білмесе де, əйтеуір, осы басмашылар үңгірінен алыстап кетуді ойлап, алға ентелесті. Тау ішін таң жарығы енді ғана бозамыққа орап, құз-жар тастар көзге айқын шалынарлықтай мезгіл еді бұл кез. – Жаудан қашып құтылғанымыз тəуір-ақ. Бірақ қарагер атымның солардың қолында қалып бара жатқаны ішімді өртеп тұр. – Аты құрысын, Сүлеймен. Амандық болса, əлі талай ат мінерсің. Одан да ендігі күніміз не болмақ, соны ойлайық. Бізді қамаған басмашыларға бұл таудың əр тас, əр сайы жақсы таныс. Күн сəскеге

көтерілмей жатып-ақ олар бізді іздеуге шығады. Ал біз осы жаяу түрімізбен алысқа ұзап кете алмасымыз анық. Күн шығысты бетке ала жүрсек, қырғызға қарай кетіп қаламыз. Ойпаңға қарай кетсек, жазықта қызылдардың қолына түсу оңай. Сол себепті құбылаға қарай ойыса бергеніміз жөн-ау. Құбыла бізді Қоқанға апаратын үлкен жолға тап қылады. Менің ойым – осы. Ал басқаларында, кəне, қандай ой бар? Төрекелдінің сөзіне ешкім үн қатпады. Олардың үнсіздіктерін өзінің сөзіне көндіге балаған ол, тағы сөйледі: – Қоқаннан басқа барар жеріміз жоқ. Тіпті ол жаққа жете алмағанның өзінде, мына Сүлеймен айтқан Елсапа мен Қоратайды осы таудың бір жерінен кездестіріп қалуымыз кəдік. Жə, енді салыларың суға кетпесін. Бастысы – зынданнан құтылдық. Олжамыз – үш мылтық. Бұл маңнан аман-есен ұзап кетсек, өле қоймаспыз. Жол таппай, теңселіп тұрып қалған сапарымыз бұл бір емес. Бұдан да қиын-қыстау күндері лаж талқанбыз. Мына шоқыны айналып жүре берейік. Артымыздан қуғыншы түссе, мылтық атып, тас лақтыратын ыңғайлы жер табармыз. Уақытты созбай, кетейік. Басқалары жақ ашпай, оның соңынан ерді. Табаны қатпар-қатпар жайпақ тасты шоқыны айналып өткендерінде арт жақтан тасырлата шапқан аттың дүбірі естілді. Қашқындар шоқы етегіндегi оқшау- оқшау болып тұрған үшкір тастардың панасына тығылды. – Салықбай, атқанды құры жібермеуші едің ғой. Оқта мылтығыңды! Түрке, сен мұнда келіп, менің жаныма қатарласа отыр! Көкен мен Сүлеймен екеуің бір мылтыққа ие болыңдар! Қап, Құдай- ай, бір биіктеу жерге шығып, үлгере алмай қалғанымызды қараңдаршы, – деді Төрекелді бұйрықты сөзіне өкініш араластыра. Бұлардың бақытына орай, арттағы аттың дүрсілі қуғыншылардың шабысы емес екен. Мылтық кезеніп, жау күтіп жатқан қашқындардың көзіне ер-тоқымы алынбаған, жүгені мен шылбыры сүйретілген жалғыз қарагер ат көрінді. Жануар Сүлеймен тасасына тығылып жатқан тасқа жақындап келді де оқыранып-оқыранып қойды. – О, айналайын, қарагерім, «Бəсе, менен қалай ғана қалады» деп ойлап едім, – деп Сүлеймен қуанып орнынан тұра бергенде: – Ойбай, жат! Бұл басмашылардың əдейі істеп жатқан қулығы шығар, – деп Көкен Сүлейменнің иығына жармасты.

Қатардағы тастың ығында отырған Төрекелді мен Түрке де «жат, жат» деп сыбырлады. Лаж жоқ, Сүлеймен тас панасына қайта тығылды. Қарагер болса, бұлардан айналып өтіп, Сүлейменге жақындап келіп, оның желкесінен иіскеледі. Сүлеймен оның тұмсығынан сипалады. Осылайша, қашқындар қуғыншылардан секемденіп, біраз уақыт жатқанымен, қарагер аттың артынан келген ешкім болмады. Ақыры, оның артынан ешкім еріп келмегеніне көздері жеткен соң бұлар: – Ойпырмай, Сүлеймен, қарагер біздің қашқанымызды қалай білді, ə? – Нағыз ақылды ат деп осыны айт. Егесін тастамайтын дарабоз тұяқтың өзі екен. – Бəрінен бұрын, бұл жануар үңгірден қалай шықты десейші. Ізімізден қалай жаңылыспай келді? – деп бəрі қарагердің қылығына таңырқай даурығысып, орындарынан көтерілді. Олардың қарагерге риза болғанына Сүлеймен іштей мəз. Əрқайсысына қарап, ыржиып күліп қояды. – Сүлеймен, басқаларымыздың атымыз осы қарагер секілді жемсек мал емес. Бізді іздеп келмейді. Сен жаңа өкініп едің. Енді қарагердің өзі-ақ келді. Тұқымы айрықша, бітім-тұлғасы да өзге тұяқтан асыл екені көрініп тұр. «Ат жақсысы иесінің исінен жаңылмайды» деген осы. Жетексіз келген аттың тұяғы – құт. Ал енді бұлай алаңсыз тұра бермейік. Тау қуысының кез-келген жерінен қаскөй мергеннің шыға келетінін ұмытпайық. Қауіптің өтінде, қылыштың жүзінде тұрғанымыз тағы бар. Жүрейік. Төрекелді тағы алға түсті. Сүлеймен атына мінбей, жетекке алды. Бірінің соңынан бiрi шұбырған сегіз адам, бірде ылдилап, бірде өрлеп ұзақ жүрді. Күн сəскеден ауғанда алдарынан созылып жасқан асу шықты. Асу болғанда, тұтас бір жалаңаш тау сілемі. Оның ар жағында тіршілік болмаса, дəл мына жерде адам күнелтуге тұрарлық не су, не жанға сая бір бұта болсайшы. Осыны ұққан Төрекелді айтты: – Мына асу онша биік емес екен. Не болса да осыдан асып бірақ тоқтайық. Еш болмаса, шылжырап аққан бір бұлақ табылар. ІV Қашқындар асу басына қиналмай көтерілді. Асудың үсті ойпаң екен. Біраз жүрген соң асудың арғы жиегіне жетті. Асудың бұл жақ етегі қалың тоғай. Тоғайдың ортасы ашық алаңқай. Алаңқайда

бірнеше күрке тұр. Күркенің маңайында ары-бері жүрген адамдар көп. Бəрі мылтық асынған. Оларды көрген Төрекелдінің тобы дереу кейін шегініп, тоғайдағы жүрген адамдар көрмейтіндей жерге келіп тоқтады. – Бұлар кімдер болды екен? – Бұлар да тау ықтаған басмашылар шығар, Салықбай. Əнеукүні Нұрсапа айтып еді, «таудың əр қуысында басмашылардың тобы бар» деп. Солардың бір тобы болмаса нетті? – Тұқымы құрысын, Сүлеймен. Осы сілемнен ассақ, алдымыздан Қоқан шыға келетіндей болып көрініп еді маған. Мына таудың бітетін түрі жоқ қой. – Түрке, Қоқанға жақын жерге басмашылар тығылушы ма еді, – деп сөзге Көкен араласты. – Бұлай тұра берсек, жаудың жан-жағымыздан қоршауы оңай. Əне бір қарайып көрінген үңгірдің аузы ма? Сол жаққа барып паналайықшы. Не істерімізді сонда кесіп-пішерміз. Бағаналы бері жолбасшылықты қолына алған Төрекелді бəрін ертіп, үңгірге қарай жүрді. Үңгір деп келгендері жаппа тастардың қуысы екен. Қуыс оншақты адам сиярлықтай кең. Соның ішіне тығылған қашқындар алма-кезек қарауылға тұрып, кешке дейін демалды. Кеш батып, айналаны қараңғылық басқан кезде бəрі ойласып, өздері күндіз көрген, сонау сай түбіндегі күркедегі адамдарға шабуыл жасамаққа бекiндi. Олар да біз секілді қашқындар болмасын. Біреу-міреуін нақақтан- нақақ өлтіріп қойып, обалына қалып жүрмейік. – Дөңбай, елден жырақ түз тағысы ғана жүретін мұндай тау ішінде тегін адамдар күрке тігіп, мылтық асынып жүре ме? Қашқындар болса кетер еді, беттерімен лағып. Құдай біледі, бұлар да басмашылар. Əй, құрысыншы... Олар кім болса, ол болсын. Қаннен- қаперсіз отырған жерлерінде бассаламыз. Шұрылдаған ішек пен арсыз атауға сеп болар бірдеңе үшін олардың кім екендіктерін анықтап жатуға хал жоқ. Аштан өлеміз бе? Қарсыласатын болса, атып өлтіруден тайынбаңдар. Əлгінде айтқанымдай, ең бастысы – бəрімізге жетерлік мылтық пен біраз ас-суды олжалап қайтсақ болды. Дегенмен сақ болып, жұмыла қимылдайық. Төрекелді осылай қызулана сөйледі.

Үш мылтықты Салықбай, Аязбек, Сиязбек үшеуі алып, азанда шатқал аузындағы қарауылдардан олжалаған артық оқ-дəрі салынған белдемшелерді белдеріне байлады. Басқалары ұстайтын қарулары болмағандықтан қарагер аттың еріндегі үзеңгілерді шешіп, бірін Төрекелді, бірін Сүлеймен алды. «Бір кəдеге жарар» деп шылбырын Түрке беліне байлады. Бес қаруы сай болмаса да, осылай қолда барларымен сайланған сегіз қазақ тас қуысынан шығып, асу шетіне келгенде, сонау төменде, бағана өздері көрген тоғай ішінен əлі сөне қоймай, жылтырап жанған шоқтарды көрді. Бəрі бірден сол жақты бетке ала ылдилады. Онша көп уақыт өтпей-ақ, тоғай шетіне ілікті. Күндіз жоғарыдан тұтасып көрінетін тоғай іші анау айтқандай қалың емес екен. Одан қиындықсыз өткен сегізі қараңғыда қарайып көрінген күркелерге жақындады. Күркелер маңы тып-тыныш. Tiпті тіршілік белгісін білдіретін бір дыбыс болсайшы. Түн кезіп, алар жемтігін оңай қарпып кететін нысанаға жақындағанда бірін-бірі тілсіз ұғатын бөрілердей, əбден ұрлық пен сұмдықтың небір түрлерін бастарынан өткізіп, шетінен тісқаққан қарақшылар атанған Төрекелдінің тобы аз-кем уақыт тың тыңдап тұрды да, шеткі күркені қоршады. Күркеден еш болмаса ұйықтап жатқан адамның дыбысы да шықпады. Бəрінен жылдам Дөңбай мысық жүріспен еңбектеп барып, күрке ішіне кіріп, артынша қайта шықты. Содан «бері жақындаңдар» дегендей, қолын сермеді. Көздері қараңғылыққа əбден үйренген қалғандары оның белгісін байқап, оған жақындады. – Мына күркенің ішінде бес-алты қап жатыр. Сірə, ұн-ау деймін. Осыны алып кете береміз бе? – Атаңның көрін... Құры ұн бізге не болады? Бұл жерде басқа тағы бес шайла тұр. Қаруы бар бесеуміз бесеуіне барып, бір мезгілде шайланы жығып жіберейік. Егер іштен біреулер атып шықса, ұрып құлата берейік. – Өй, Сүлеймен күрке-шайланы бір соғып, қалай жығамыз? – деді Салықбай тілін тістей. – Өңкей қураған шыбықпен тұрғызылған бұл күрке-шайлалардың қазақтың киіз үйі секілді берік уығы, бір-біріне байланған керегесі бар деймісің. Итерiп қалсаң, құлайды да. Сүлеймен дұрыс айтады. Бұларды алудың оңай тəсілі – осы.

Бір күннен бері Төрекелдінің айтқанына тақ тұратын бұл топтың ішінен осы жолы да оған қарсы дау айтар ешкім болмады. Бəрі аяқтарын еппен басып, жапатармағай тарасты да, бір-бір күркенің қасына барып тұрды. Сүлеймен ең шеткі күркенің жанына жете бергенде: «Ал, бастаңдар!» деген Төрекелдінің ащы айқайы тоғай ішін жаңғырықтырып жіберді. Айқайдың артынша, кебу ағаштардың сықырлай құлаған дыбысы шықты. Лезде екінші шайла құлады. Бір сəт кешіксе, өзінің жанындағы күрке ішінен бір қауіптің бас көтеріп шыға келетінін сезген Сүлеймен, оны бар күшпен қос қолдап итерді. Шайла бір жаққа қарай отырылып түсті де, шатыр-сұтыр сынған шыбықтардың астынан адамдардың шошынып, өкірген дауыстары шықты. Бір бұл жерде емес, ондай дауыстар құлаған барлық күркелердің астынан шығып жатыр. Дауыстармен бірге дүрс-дүрс соғылған соққылардың да үндері шықты. Сүлеймен аналардың не істеп жатқандарында шаруасы болмай, өзі құлатқан күркеден көз алмай тұр. Əлден соң шыбық астындағы дауыстар тына қалып, сынған бұтақтар қозғалақтап, астындағылар сыртқа шығуға талпына бастады. шыбықтардың қай жері қозғалса, Сүлеймен дəл сол тұсты қолындағы үзеңгімен аямай соқты. Алғашқы қозғалған жері бірден тына қалды. Екінші жерден бұтақтарды сындыра-сындыра шыққан біреудің басы көрінді. Сүлеймен оны да үзеңгімен бір ұрып, қимылсыз қалдырды. Оның қасынан шыққан біреу: «Үйбəй, өлтірмə, өлтірмə», – деп айқайлап, үстіне жабысқан шыбықтарды ары-бері лақтырып, тыпырлап тұрып келе жатыр еді, оны да бір перді. Ол шыбық үстіне жалп етіп құлап, қайта тұруға шамасы келмеді. «Енді тағы біреуі бар ма екен?» деп үзеңгісін оңтайлай, шыбық үстіне көз тастап, біраз тұрды. Алайда анау үшеуінен басқа дыбыс шығарған да, қозғалған да ешкім болмады. «Мұнда осы үшеуінен басқа адам болмады ғой» деп, айқай-шуға толы, ойраны шығып жатқан ана жақтағы күркелерге бұрыла бергенде, қара түнді дірілдетіп жіберген мылтық даусы естілді. – Ойбай, мына біреуі Көкенді атып кетті. Салықбай, қайдасың? Ат, ат тезірек! – деген Төрекелдінің жандаусы шықты. Сүлеймен не болғанын аңғармай жатып-ақ, екінші рет мылтық даусы тағы да шаңқ етті. Осыдан кейін кімді кім атып жатқаны белгісіз, мылтық даусы жиілеп, атыс басталды да кетті.

– Біреу-міреуіңе оқ тиіп жүрмесін. Аман қалғандарың болса жатыңдар, – деп айқайлады Салықбай. – Төрекелді, Сүлеймен, Түрке, тоғайдың келген жағымыздағы шетіне қарай жылжыңдар. Мыналар көп қой. Сүлеймен еңкейе салып, дауыс шыққан жаққа жүгірді. Айналасынан зу-зу етіп өтіп жатқан оқтардың дыбысы шығады. Жүгіріп келе жатып, құлаған бір күркенің ағаштарына сүрініп кетіп, етпетінен түсті. Тура бұл құлаған жерде біреу жатыр екен. «Ə, əнəңниң... мə синге» деп, ол қараңғыда не екенін ажыратуға болмайтын бір затпен дəл бетіне бір ұрды. Құдай сақтағанда, ол ұрған кезде басын тартып үлгерді. Əлгінің ұрған заты пышақ екен. Пышақ тура бетке қадалмай, сол көзінің астыңғы шетін осып өтті. Ол екінші рет ұра бергенде, шап беріп білегінен ұстап алды да мытып қалды. Қолынан əлі кеткен оның пышағы жерге түсті. Пышақ тиген жерінен сорғалаған қанға қарамай, Сүлеймен оның қолын жібермеген күйі орнынан сəл көтерілді де, екінші қолымен алқымына жармасты. Сол бойда бар күшімен алқымнан сығып-сығып, мойнын бұрап-бұрап жібергенде, ол сорлының мойын омыртқасы күтір-күтір етіп сынғаннан басқа дыбысы шықпай, сілейді. Оны осылай жайғап тастаған Сүлеймен пышақ осқан сол көзінен аққан қанды алақанымен жауып, Салықбайдың даусы шыққан жаққа ентелей басты. Етпеттей түсіп, қарсы бетке қарай оқ боратқан Салықбайдың жанына жеткенде, ол: – Серейіп, бұл тұрысың қалай? Жатсайшы. Бір оқ басыңды жұлып түссін деп тұрсың ба?! – деп айқайлап берді. – Атылған оқ емес, шыбық астында жатқан бір жауыздың пышағы көзiмдi ойып түсіре жаздады. – Отырма мұнда? Еңкейген күйінде тоғай ішіне кіре бер. Сүлеймен тоғай ішіне кіргенде, арттағы атыс бірте-бірте саябырсып, басылды. Осы кезде: – Жігіттер, қайдасыңдар? – деген айқай шықты бір бүйірден. Сүлеймен бірден таныды. Төрекелдінің айқайы. Бұл енді бұта астынан еңкейе жүріп, солай қарай беттеді. Аздан кейін бір ағаштың түбінде тұрған үш-төрт кісіні байқады. – Сүлеймен, сенбісің? – Мен, мен.

– Қалай, оқ-шоқтан аманбысың? – Оқтан аманмын. Бірақ ойда-жоқта құлаған күркенің астындағы біреу пышақ ұрып, көзімнің алдын жарақаттады. Пышақ тиген жерден аққан қан тиылайын демейді. Көзімді баса-баса екі алақаным да қан болып кетті. – Көзің аман ба, əйтеуір? – Көз аман сияқты. Астыңғы қабақ тiлiндi-ау, шамасы. – Онда ештеңе емес. Аққан қанды тоқтатуға болар. Ал қазір аман қалған басқа жігіттерді жиып алайық. Бізден қашқан басмашылар тоғайдың анау шетіне тығылды. Өздерінің қанша екені де белгісіз. Ай да туып келеді. Тоғайдан енді шығатын болсақ, олар бізді оқпен оп- оңай қағып тастап отыруы кəдік. Сол үшін де осы тоғайдың бір шетіне жетіп, таң атқанша тасалай тұрайық. Ол осыны айтып болғанда, алқынып Салықбай келді. – Қалай, түгелмісіңдер? – Көкен, Дөңбай, Түрке жоқ. Ал мына Сиязбектің оң аяғына оқ тиіпті, Сүлейменнің көзі... – деді Аязбек. – Сүлейменнің көзін білем. Ал анау үшеуі қайда? – Кім біледі, бізді таппай адасып жүрген болар. Аттарын атап, тағы айқайлайық. Аязбек «Дөңбай, Түрке!» – деп бірнеше мəрте айқайлады. Дыбыс қатқан олар болмады. Аязбек тағы айқайлады. – Болды, айқайлама енді. Анау тірі қалған басмашылар сыртымыздан дауысты бағыттап келіп, ойран-тасырымызды шығармасын. Адамдарымыз тірі болса, келер артымыздан. Ал өзіміз таңға дейін паналайтын жер табайық, – деді Төрекелді. Ай жарығында асуға шығып, бағанағы қуысқа жетуге болмайтынын бəрі сезіп, тоғайдың екінші шетіне қарай жылжыды. Біраз жүрген соң жартас етегіне барып тірелген тоғайдың қалың шетіне келді. Бір ағаштың түбінен шылжырап аққан судың сарылы естілді. – Осы жерде түнейміз. Сүлеймен, көзіңнің қаны тоқтады ма? Сиязбек, аяғың қалай? – деп сұрады Төрекелді. – Əкеңнің аузын... Бар қаным осы қабақтан ағып, ада болады білем ғой. – Оқтың тірсекке тимегеніне де шүкір. Тек балтырды жалап өткен бе, қалай, əйтеуір жүргенде онша ауырмайды.

– Сендердің жарақаттарыңа күйдіріп басатын киіз де жоқ. Мына жерде кебу топырақ болса, себіңдерші жараның орнына. Басқа амал жоқ. Таңға дейін қансырап қалмаңдар, əйтеуір. Сүлеймен отыра қалып, жерді тырналады. Жылымшып аққан қаннан əп-сəтте зəрезəп болғаны сондай, Төрекелдінің айтқанын бағаналы бері неге еске алмағанына өкініп, қолына іліккен кебу топырақты пышақ тиген жеріне басты. Баяғыда, бала кезінде тікенек кіріп, іріңге айналған ісікті жарып жіберіп, болмаса тасқа ұрылып, терісі аршылған аяқтарының саусақтарына топырақ сеуіп жүре беруші еді. Құданың құдіреті, сондайда жараға таза топырақтан артық ем болмайтын. Қазір де сол көзінің астын оңбай тіліп, терісін салбыратқан жарақаттың орнына топырақ басуы мұң екен, аққан қан заматта тиылды. Бірақ шым-шым етіп ашып, ауруын қояр емес. Сиязбек болса, «ойбай, ойбай» деп қойып, ол да балтырына топырақ сеуіп жатты. – Төрекелді, сен дұрыс айтыпсың. Топырақтан кейін қан тоқтады- ей. – Мен білмейтінді айтпаймын ғой, Сиязбек. Топырақ сыртқы жарақатқа кез-келген тəуібіңнің дəрісінен жақсы ем. Тоғай ішіндегі күркелерден ауқат олжалаймыз деген қашқын қазақтар сол түнді жартас етегіндегі нудың тасасында отырып, ұйқысыз өткерді. Басқалары қауіптен ұйықтай алмаса, Сүлеймен жанына батқан жарақаттан көз іле алмады. Таң сызаттанып атқанда: – Қырғын ұрыс, бас-көз демей сілтескен сойылды төбелестің қаншасын өткеріп жүрсем де, бір жерім зақымданған жоқ еді. Енді келіп, жерде жатқан қайдағы бір найсаптың пышағынан түнімен азап тартқанымды қараңдаршы. Жанға батқан жараның сырқаты қиын екен. Əй, қойшы, қанжар кескен тері болса, бітер. Қазір анау үшеуінің не өлі, не тірісін білетін бір амал қылайық. Одан соң тас шайнап, ағаш кемірейік демесеңдер, қу қарынның да жайын ойлайық. Күркелерде қалған ас-ауқатты басмашылар түнімен тасып əкеткен жоқ шығар, – деді. Мұндай ой, бір Сүлейменде емес, бəрінде де бар екен. Не істеуге болатынын аз-кем кеңесіп, отырған жерлерінде Сиязбектің жалғыз өзін қалдырып, басқалары түндегі ойран салған жерлеріне бет алды. Көп кешікпей тоғай ортасындағы күркелер қасына маңдай тіреді. Мұнда келгенде бұл топ өз көздеріне өздері сенбей, алаңқайдағы

қираған күркелерге қарап, тұрып қалысты. Қираған күркелер түк емес-ау, олардың жанында, шыбықтар астында серейіп-серейіп жатқан өліктерді көргенде, басқаларды қайдам, Сүлейменнің жүрегі дүрсілдеп кетті. Əне біреуінің басы мылжа-мылжа. Жалғандықта өзі өлтірген поптың басындай миы жан-жаққа шашырапты. Ал шеткі жақта етпеттей сілейген қара шапанды бiреудің басы анадай жерде төңкеріліп жатыр. Оның ар жағында бір топ болып үйілген күрке шыбықтарына сүйенген күйінде қатып қалған адамның арқасынан қадалған найза тақылеттес ұзын ағаш, кеудесін тесіп шығыпты. Ал əр жерде домаланып, қалай құласа, солай жан тəсілім еткендердің де түр-тұрпатына адам қарап болар емес. Сүлеймен əрі шошынғандай, əрі жиіркенгендей, тыжырына теріс қарады. Оның мұнысын байқаған Салықбай бүй деді: – Қан кешуді бұрын бастан өткізбепсің-ау, сен. Біз болсақ, мұндайдың талайын көрген адамдармыз. Ештеңе емес, осылай-осылай қан иісі мен адам өліміне бойың үйреніп те кетеді. Төрекелді болса кеңк-кеңк күлді: – Ойбай, көзіңнің алды не болып кеткен? Түнде тiлiнген жеріңе топырақты əдеп кеп баса беріпсің-ау. Бетің мен көзіңнің арасына қан мен топырақ араласып, жұдырықтай жара пайда болыпты. – Жұдырықтай болмаса да, оның кішкене түйнектей болып тұрғанын сендер түгілі, өзім де білемін. Менің жай-күйі мен жарамды сөз ете бергенше, не істейтіндігімізді айтсаңдаршы. Мына өліктермен араласып жатқан нан мен етті алып жейміз бе, енді? – Несі бар, бөрі жемтігін батпаққа аунатып та жей береді. Солай болғанмен де бұл жердегі нан мен етке адам қаны тамған жоқ шығар. – Нан мен етте бастарың қалғырлар, қоя тұрыңдаршы, қазір ол жайын. Одан да мына өліктердің ішінде біздің серіктеріміз жоқ па екен, соны білейік те. Ол үшін алдымен тоғайдың арғы шетін бір аралап қайтайық, – деді Төрекелді. – Түнде қалып кеткен мынау күркелердің иелері бір шетте тығылып жатпасын. Соны білмейінше, алаңқайға шығуға болмайды. – Онда тоғай ішін екеу-екеуден аралап шығайық, – деді оның сөзін құп көрген Сүлеймен. – Біз Аязбек екеуміз бір бөлек, сендер екеуің бір бөлек барыңдар. Бəрі бөліністі. Сүлеймен мен Аязбек құбыла жақты бетке алды. Біраз жүргенде тоғай ағаштары жиілеп, қалыңдай бастады. Тағы біраз

жүргенде жапырақтары селдіре долана мен кəтіpеңке басқан сайлы тұсқа тұмсық тіреді. – Мына жер ит тұмсығы батпас ну екен, Аязбек. Айналып өтеміз бе? – «Түйенің ұзыны көпірден таяқ жейді» деген. Ұзын бойыңды иіп жүруден қашып тұрсың ба? Білсең бар ғой, жау деген осындай жерге тығылмай ма? Жауға сыртыңнан от атқызғаннан гөрі онымен бетпе- бет келіп, алысқан жақсы. Оңайға салып, айналма жолмен өтеміз деп қапыда қалып жүрмейік. Не болса да, осы қалыңды аралап өтейік. Бір-біріне діңгегі жақын ағаштардың айқасып кеткен бұтақтарының астымен бірде еңкейіп, бірде тоңқайып жүру, шынында да, алпамсадай денелі Сүлейменге қиын тиді. Денесі мығым болғанымен, бойы ортадан төмен Аязбек онша қиналмай, жолындағы тұтасқан бұталарды бөгет көрмей, алда жүріп келеді. Мұндай жолмен бірінші рет жүрмегенін білдірейін деді ме, кім білсін, сөйлеп келеді: – Аяққа ілінетін шөңгесі мен тізе жыртар тікені, кеудеге тірелер қарсы бұтағы бар мұндай нудың ішімен жүруiм бiр бұл дейсің бе? Сырдың жағасындағы бұдан да қалың жыңғыл арасымен жаяу жүрмек түгілі, мал да айдап өткенбіз. Бұдан соң олар тоғайдың қалың жерінен өтіп, селдір, сиректеу келген шетіне шыға бергенде, тұтаса өскен пəкене долананың тасасынан ала шапан киген біреу ақырып шыға келіп, мылтығын бұларға қарата бір атты. Аязбек етпеттей жата қалды. Ал анау мылтығының бүйір құлағын сарт-сұрт тартып алып, ұңғысымен Сүлейменді дəлдей, шүріппені тағы басты. Құдай сақтағанда, шүріппенің шіңк еткен даусынан басқа дыбыс шықпады. Оғы таусылғанын сезген ол, Сүлейменге тесіле қарады да өз-өзінен селкілдей жөнелді. Сірə, алдынан ойда-жоқта шыға келген мұның аюдай қонжиған денесінен, онсыз да біреудің тіктеп қарауға дəтін шыдатпас зəрлі жүзінен, сол көзінің астындағы үрейлі де жиіркенішті қап-қара жұдырықтай жарасынан шошып кеткен болуы керек, əйтеуір оғы болмаса да, сойыл етіп ұруға жарайтын мылтығына да ие бола алмай, дірілдеп тұрып, оны қолынан түсіріп алды. Осы арада оны алып ұрудан басқаны ойламаған Сүлеймен, көкжалмен бетпе-бет келіп, қорқыныштан аяғын басуға да шамасы келмеген текедей боп тұрған əлгіге жетіп барды да, екі қолтығынан ұстай алып, бала құрлы көрмей, жоғары көтеріп тұрып, жерге бір-ақ ұрды.

– Тоқта, ойбай, өлтіріп қойма, – деп шар етті осы кезде Аязбек жерден тұра беріп. – Өлтірме, өлтірме! Қасында серіктері бар ма екен, соны білейік. – Өй, сен тірі екенсің ғой. Мынау атқанда жалп ете қалғаныңды көріп, сеспей қатты ғой деп ойлаған едім. Құдайдың мұнысына да шүкір, – Менің оққағарым бар. Бұрын да біреу мынаған ұқсап, екі-үш қадамнан оқ атып, маған тигізе алмаған. Жерге оңбай сылқ етіп түскен басмашы шынымен талықсып қалды ма, жоқ əдейі істеді ме, Аязбектің «өлтірме» деген сөзінен кейін ыңырсып, басын көтерді. Аязбек шап етіп, онын сақалынан ұстады: – Ей, сұмырай, шыныңды айтпасаң, осы жерге бауыздап кетемін. Алдымен кімсіңдер һəм бұл жерде неғып жүрген адамсыңдар? Бұдан соң түнде қаншауың тірі қалдыңдар? Олар қайда кетті? Осыны айтсаң, тірі жіберемін. Оның «тірі жіберемін» деген сөзінен кейін анау ақтарыла кетті. Оның айтуынша, бұлар Тəшкен түбіндегі Қорасан қышлақтан қызылдардан қашып, осында тығылып жүрген адамдар екен. Басшылары – Сайфул. Кезінде ол Қорасан қышлақтың бегі болыпты. Қызылдар келіп, қышлақты тəркілей бастағанда олардың топ сарбаздарын қырып тастап, бір түнде осы тауға келіпті. Өзінің бұрын Сайфулдың атқосшысы болғанын, қышлақтан кеткенде, тек қорыққанынан ғана оған ергендігін айтты. Ал түнде атыс басталғанда ешкімге қарамай, бір өзі қаша жөнелгенін, басқа серіктерінің қаншасы тірі қалып, қайда кеткендерін білмейтіндігін айтып, ант-су ішті. – Мұнда келіп орныққандарыңа қанша күн болды? – Көкек кезінде келгенбіз. Қазір саратан айы болса, келгенімізге екі өліара өтіпті. – Сол екі өліарадан бері ауқатты қайдан алып жүрсіңдер? – Алғашқыда өзімізбен айдап келген біраз малымызды азық еттік. Одан соң жақын маңдағы ауылдарға түнде-түнде барып, ұрлық істеп қайтамыз. Бұдан басқа мына таудың арғы жағында Ботай паруанашының, Шураб бастауының үстіндегі үңгірде Əрипхон хоқимнің жасақтары бар. Азықтан жүдаям қысылатын болсақ, бір- бірімізге қарасып тұрамыз.

– Ботай, Əріпхан дегендеріңнің бəрі сарт па? – Басмашылардың ішінде бəрі аралас. Қазақ, сарт, тəжік деп бөлінбейді. Бірақта көпшілігі өзбектер мен тəжіктер. – Əрқайсысың əр топқа бөлінгенше, неге бəрің бірігіп алмайсыздар? – Бірігуге болмайды. «Осылай əр жерде топ-топ болып қызылдармен соғысқан пайдалы» дейді құрбашылар. Хəр үңгір мен хəр шатқалда тығылған бірталай жасақ-жасақ топтар бар. Менің білуімше, Тарам, Шымған осы Құрама мен Қоқан тауларындағы басмашыларға төрт құрбашы басшылық жасайды. Ал, хəр бір жасаққа бір-бір паруанашы, болмаса бір-бір хоким басшы. – Əй, сен, Қоратай деген құрбашыны естуің бар ма? – Қайсы, қыпшақ Қоратай ма? Баяғы қоқан беглербегі Мұсылманқұлдың немересі ғой, айтып тұрғаның. Сайфул бектің айтуынша, ол анада Бегабад жотасында орыстың төңкерісшіл қызыл сарбаздарымен атыс үстінде өліпті. Оның қаңлы Елсапа деген «оң қолы» бар екен. Сол бірталай жігіттермен қоршауда қатып, қолға түсіпті. Сен оларды танитын ба едің? – Алда, Құдай-ай, – деді Сүлеймен санын шапалақпен бір ұрып. – Өй, сен бұл жайын нақты естіп пе едің? Атың кім өзіңнің? – деді осы кезде Аязбек. – Тохимжон. Өзбектің Лоқай руынанмын. – Өзбектің өз руын айтқанын бірінші рет көріп тұрмын. Сен лоқайсың ба, ноғайсың ба, жұмысым жоқ. Осы сендер қару-жарақты қайдан аласыңдар? Оқ-дəрілерің де мол, – деп Аязбек оның беліндегі оққа тола оқшантайды шешіп алды. – Боштай мен Əрипхон құрбашылар мына таудың ар жағында Каннибодам тəжіктерімен, махрибтағы Ош қырғыздарымен жақсы қарым-қатынаста екен. Сол жақтан бізге арнап, арнайы қару таситын жасақ бар. Олар қаруларды құрбашыларға əкеледі. Ал олар бізге тартады. Біздің бəрімізде мынау секілді он оқтық ағылшын беншестері бар. Ал Сайфул бекте атса адамдарды шөптей жусатып салатын пүлімет бар еді. Түнде неге екені белгісіз, соны қолданбады ғой. – Ал енді, тұр. Алдымызға түсіп, өздерің тұрған күркелеріңе баста. Қашатын болсаң, тура желкеңнең атамын. Сүлеймен, мына мылтықты оқшантайымен сен ал. Мұны қалай атуды, оқтауды кейін үйретемін.

Тоқымжанды желкелеген екеуі əлден соң күркелері қираған алаңқайға жетті. Арғы маңдағы бір топ бадамшаның түбінде Салықбайлар отыр екен. Бұларды көріп орындарынан атып тұрды. Аязбек Тоқымжаннан басқа тоғай ішінде ешкімнің жоқтығын айтты. Салықбайлардың да көзіне ешкім түспепті. – Күркелер жанында он екі адам өліп жатыр. Оның үшеуі өзіміздің жігіттер. Жаңа сендер келгенше, оларды шетке шығарып қойдық. Амал нешік, енді соларды осы жерге жерлейміз, – деді Төрекелді. Қазақтар күрке маңдарынан табылған кетпен-күректермен үш қабір қазып, Түркені, Дөңбайды, Көкенді жерледі. Төрекелді құран оқыды. Оны біткесін, басмашылардан қалған біраз азық-түлікті, қазан-шəугімді, қыш кеселерді қаптарға салып, оларды бір-бірден иықтарына алып, Сиязбек отырған жерге келді. Осында отырып, қаптағы құрғақ нандармен жүрек жалғады. – Тоқымжан, – деді бір кезде Төрекелді. – Жасақтарыңда қанша адам бар еді? – Жиырма екі адам едік. Оның тоғызы өлсе, менімен қосқанда, он үші қашып кеткен екен. – Олар қашқанда қайда барады деп ойлайсың? – Боштайға, не Əрипхонға барады да. – Олай болса, – деп атып тұрды Төрекелді. – Бұлар өздерін «басмашы» деп атайды екен, ал біз өзімізді қызылдармен де, басмашылармен де соғыса беретін, тек өзіміз үшін ғана күресетін «қарақшылар тобы» деп атаймыз. Ақыры бəрімізді ауылымызда қарақшы деп атайтын еді ғой. Басшымыз етіп, бəрімізден жас болса да, Сүлейменді сайлайық. Бұған ешқайсың қарсы емес шығарсыңдар. Сен, Тоқымжан, осы тауды жақсы білесің-ə. Бізге жақсы пана болатын үңгір ме, шатқал ма, əйтеуір бір қуысты тап. Төрекелдінің сөзіне ешкім қарсы уəж айтпады. V Өздеріне жаңа басшы сайлап, топ құрып алған қарақшылар, тоғайдан шыққан соң асу үстіндегі тас қуысына жетіп, иықтарындағы қаптардың бəрін қарагер атқа артты. Тоғай ішінде отырғанда Тоқымжан: «Осы асудың бас жағына таман «Суықбастау» деп аталатын бұлақ бар. Бастаудың шығыс жақ бетіндегі үлкен шатқалға кіретін жалғыз аяқ жолды тауып алсақ, бізге сол жерден артық пана

болмас еді», – деген-ді. Сонда тезірек жеткісі келген бұлар көп аялдамай жүріп кетті. Тоқымжанның «мынау тұрған» деген «Суықбастауына» дейін жарты күн жүрді. Бұлақтың суы басқа бастауларға қарағанда тым мұздай екен. Əлгі атауды бұған осы қасиетіне байланысты берсе керек. Ал бастау үстінде тіп-тік құлама құз тұр. Бұлақ басында біраз уақыт аяқ суытып алған қарақшылар құзды айналып, шатқал ішіне кіретін жалғыз аяқ жолды іздеп, əбден сарсаңға түсті. – Сен, eнeңдi ұрайын, жауыз, бізді алдап, өз басмашыларыңның тосқауылына тап қылайын деп ойлап жүрген шығарсын. Қане, айтқан жолың? – деп Салықбай Тоқымжаның жағасынан ала жерге алып ұрып, тоқпақтай берді. Анау сорлы бет-аузын қолымен жауып, өзінің алдамағанын, өзі көрмесе де осы шатқалға кірер жалғыз аяқ жолдың бар екенін айтып, жалынып жатыр. – Тоқтат, Салықбай! – деп ақырды бір кезде Сүлеймен. – Ол жазғанның алдауға шамасы қайда? Қорыққанынан бізге иттен бетер қызмет етіп, жаны шығар-шықпас халмен өз ісіне мүттəхəм болып жүргенін байқамаймысың? Сен білмесең, тау арасын көп адақтаған мен білемін, мұндай көк құзды шатқалдарға кіретін бір жолдың барын. Жiбер деймін оны. – Кім біледі, бізді əдейі мазаққа айналдырып жүр ме дегенім ғой. Қарақшылар бұдан кейін де жолды көп іздеді. Кішігірім тау шоқысы секілді дөңгеленген шыңды жартасты бірнеше мəрте айналып өтсе де, бітеу тас секілді құздың ішіне кіретін жолды таппай-ақ қойды. Тіпті əрбірден кейін осы жартастың ішкі жағы ашық алаңқайлы һəм соған кіретін жол бар екеніне бұлардың иланымы да азайды. – Қой, жігіттер, бұл жартасты қашанғы айнала береміз. Одан да баспана болар басқа үңгір іздейік те, – деді Аязбек бұлақ басына қайта келгенде. – Басқа шың-құздарға жалғанбай, Құдайдың өзі қолымен қалап шыққандай тастақты жартас екен. Былай қарасaң, алып киіз үй секілді. – Ehe, Төке, дұрыс айттың-ау. «Жақсы ырым айттың» дегенім ғой. Бұл шоқыны киіз үйге ұқсатсаң, онда сол киіз үйге кірер есік болуы керек, – деді Сүлеймен.

– Уə-ə, жигитлəр, бағаналы бері неге байқамағанбыз. Мынаны қараңдаршы, Құдай біледі, біздің іздеген жолымыз осы, əсті, – деп Тоқымжан биік жалбыз бен қурайлар көмкерген жіңішке жолды нұсқап. Бəрі сол нұсқаған жерге қараса, шынында, бұлақ басынан жалбыз бен қурай ішіне қарай бір жол жатыр. Тоқымжан қалың нуды жапыра алға түсті. Оның соңынан ерген қарақшылар елу қадамдай жүргенде, тұтас көрінген жартастың етегінде үңірейген үлкен тесікке тақалды. Атты адам сияр тесіктен өткенде, Құданың құдіреті, арғы жағынан ат шаптырымдай кең алқап шыға келді. – Мынay нағыз ұрылар мен қарақшылар тығылатын жер екен. – Аязбек, мұнда біз алтаумыз түгілі, бір түмен қол сиып кететінге ұқсайды, – деді Сүлеймен де оны қостап. Қарақшылар жартастың түкпір-түкпіріне дейін аралап көрді. Əр жерде құр мен шілдің ұялары көп екен. Кекілік те мол. Кіре берісте ожаулап болмаса да қасықтап алуға жарайтын сулы кішкене бұлақ бар. Алаңқай етегіндегі қалың қамыс пен жалбыз осы бұлақтың суынан нəр алып тұрса керек. Сүлеймен соларды көріп қуанып кетті. – Бəрекелді, Тоқымжан, бізге жақсы пана тауып бердің. Мына қамыс пен жалбыздарды кесіп, құрғақтау жерге лашық тұрғызып аламыз. Су бар, құр мен шілді, тауешкі мен кекілікті атып, азық етеміз. Сол түні ашық аспан астында түнеп шыққан қарақшылар ертеңіне өздеріне баспана тұрғызуға кірісті. Қамыс пен жалбызды кесіп, екі-үш күн келтіріп, бірнеше лашық тұрғызды. Салықбай Сүлейменге мылтық атуды үйретті. Біраз күннен соң Сүлеймен мылтық атуға машықтанғаны сондай, құз басында ойнақшып жүрген таутекені дəл атып түсіре беретін дəрежеге жетті. «Ылғи аң етін жей беруге болмайды» деп бұлар кепкен долана мен бүлдірген, жабайы алманы да қорек етті. Өздерінің тұрған жерлерінің алыс-жақын маңайына барлау жасап, төңіректің ой-шұқырын əбден біліп алды. ...Ешқайсысына тыныш өмір жақпайтын қарақшыларды бес айдан кейін бір орында жата беру мезі етті. Өздерінше, мұндай жүріс пен тағдырды бастарына Құдай салған деп ойлайтын олар, енді қалайда бір ермек табуды көздеді. Ақыры бəрі елдеріне бара алмайды. Барса, қызылдардың жаңа үкіметі не қамап, не кетпен шаптырып, су суғартып, жұмысқа жегіп қояды екен. Бұларға

салсаң, кетпен ұстап, күрек қазганша өлген жақсы. Біреудің «барып кел, шауып кел» дегенін естігенше, анау таутеке секілді шың жағалап, құз қиялап, еркін жүргендері, мың есе тəуір. Бұлар тек Құдайдан басқа барлық нəрседен азат болуды қалайды. Бірақ кедейдің көз жасын көргіш, ал сараң бай мен менменсіген бекті жылатуға құмар. Бірі емес, тағы бəрі солай. Анау Тоқымжанды кім білген, ал басқаларын «түз тағыларының ойы мен ойыны бірдей» дегендей, Құдай бастарын құп қосқан. Қайбір күні Төрекелді Сүлейменге: «Біреуді Құдай қаңғыртады, енді біреу Құдайдың бұйрығына көнбей өзі қаңғырады» дейді қазақ. Осы біз қайсысына жатамыз, өзі? Мен ғой, осы жиырма тоғызға келгенше бір жерде үш айдан артық тұрақтап тұрмаппын. Қатардағы елді көзге ілмей, мойнына күдірейген жал біткен біреуді көрсем болды, соны ботадай боздатып, аруанадай аңыратып, иттей қыңсылатып кеткенше, байыз таппаймын. Сондайлардан «өзімнің кегімді болмаса да одан жапа шетіп жылап жүрген басқа бейбақтардың кегін алдым ғой» деп ойлап, өш алып кетсем де, жұрт мені «бұзылған», «қарақшы» санап, орталарына косқысы келмейді. Сонан соң жүрем, өзімді жақтыратын жаңа жұрт іздеп. Дегенмен мені кедейлер сыйлайды. Ал байлар, бір жерден мал ұрлатып, артынша өзіңді əшкере қылады. Еңбегіңді пайдаланып, зейнетіңді бермейді. Маған өлместің күніне жететін пұлын беріп қойып, өзі байыған үстіне байи берсем дейді. Ауылда мен көп жыл өзіне қызмет еткен Шонақ деген бай болды. Қорасына қора-қора жылқы, келе-келе түйе айдап əкеп бердім. Қайтарымы бір жылқы, бір ботадан асқан жоқ. Сол маған басыма үй, құшағыма бір қатын əперіп қойса, артымды қысып, соның айтқанына көніп, айдағанына жүріп, жауының бетінде, желінің өтінде жатпас па едім. Содан оның түбі жарытпайтынын білдім де «ақыры Шонақтың қол астында нан үшін ғана жүрген кедей екенмін. Бір үзім нанды жортып жүріп те табам. Өз күшімді біреуге емес, өзіме жұмсаймын» деп оны өлтіріп сабадым да, бар малын айдап кетіп қалдым. Бірақ Құдай ырысымды сəл кем қылып жаратқан ба, ойлағаныма жетем деп жүргенде, мына жаңа өкімет келіп қалды да, жалғыз атты ұры мені де жау санап, тыныштық бермеді. Мұндай күй бiр менде ғана емес, мына Салықбайда да, Аязбек пен Сиязбекте де бар. Ақыр

түбі, өзіңде де бар. Əйтпесе, Досалы биің өзіңді жарылқап тастамады ма?»– деген-ді. Содан бері Сүлеймен де: «Расында біреудің жұмсауымен күні- түні шапқылап, барымта істегеннен тапқан пайдам қайсы? Ат төбеліндей байлар шалқып өмір сүріп, «арқа еті – арша, борбай еті – борша» болған мына біз неге жоқтықпен күнелтуге тиіспіз. Байлардың көбісіне байлық ата-бабаларынан мұра болып қалады. Ал маған ата-бабадан не қалды? Қалың қазақтағы түгел билікке жеткен Төле бабамнан, жиырма мың қой, он мың жылқы біткен Қожамжар мен бес мың жылқысын бір жұтта қырғызып, екі жылда қайтадан екі мың жылқы жиып алған Дауылбай атамнан маған бір нəрсе жұқпағаны қалай? Рас, маған Құдай ерен күш берді. Бірақ осы күшті де біреулердің пайдасына жаратып келіппін ғой. Енді, Төрекелді айтқандай, осы күшімді мен өз-өзіме пайдаланып көрейін» деп ойлаған-ды. ...Бірақ Сүлейменнің осы біржақты ойы оған болашақта бақтан гөрі сор көп əкелді. Өмірінде айқасқан адамдардың ешқайсысынан жеңіліс көрмеген ол, өзін қоршаған адамдардың ішіндегі ең алыбымын деп санап, үлкен-үлкен қателіктер жіберіп алды. Кейде оның пендешілігі де басым болды... Қарақшылар өздері «қазақтар ұясы» деп атап алған шатқал ішінде бес айдай бейтарап бейбіт уақыт өткізген соң бір күні кеңес құрды. – Алтауымыздың ішінде жастары үлкеніміз – Аязбек екеуміз ғой. Биыл Құдай қаласа, жиырма тоғызға келіп отырмыз. Бірақ «бəрімізден күшті, бəрімізден дəу» деп, Сүлейменді басшы сайлағанбыз. Қалғанымыз оған тіреу, əрі ақылшымыз. Үрме жасап, тауда үй тұрғызып, аңдар ортасында екі аяқтылардың кішкене бір ауылын тұрғызып та қойдық. Енді аң сияқты тағы болайық демесек, айналадағы өзіміз сияқты басмашылармен байланысқа шығып көрейік, – деді Төрекелді. – Олармен бейбіт байланыс ретсіз-ау деймін. Осы, анау, Тоқымжанның бізден қашып кеткен серіктері басмашылардың бəріне барып, бізді ендігі жау қылып көрсетіп қойған да шығар. – Аязбек, түнде өздеріне шабуылдаған біздер екенін олар қайдан білсін. Сен не дейсің, Тоқымжан? Олар бізді танып қоюы мүмкін бе? – деп сұрады Сүлеймен. – Егер ылғи қазақ – сендерді көрсе, əлбетте, танып қоюы мүмкін.

– Мəмілеге шақырсақ көнеді деп ойлайсың ба? – Мен білетін Сайфул бек болса, ол өз адамдарын өлтіргендерді ешуақытта кешпейді. – Кешпесе, кешпей-ақ қойсын. Олармен мəмілеге келер болсақ, бізді өздеріне бағынышты етіп алары хақ. Ал біз ешкімге бағынуға тиіс емеспіз. Қайта, олардың өздерін бағындырып алайық. Тоқымжан, Боштайдың ба, Əріпханның ба, қайсының бандасы бізге жақын орналасқан?. – Боштайдiкi жақындау, Сүлеймен. Бірақ оның адамдары көп. Мен көргенде отызшақты-тұғын. – Əріпханда ше? – Ой, ең үлкен топ соныкі ғой. Оның елу-алпыс адамы бар. – Онда кеттік, сол Боштайыңа. Қарагер атты осында қалдырып, мұздай қаруланған бес қарақшы жолға шықты. Жол көрсетуші Тоқымжанға қару бермеді. Себебі алда- жалда атыс бола қалса, өздеріне қаратып, оның оқ атуы да мүмкін. «Қазақтар ұясынан» түс əлетінде шыққан алтау ылди-өрлі тау арасымен кешке дейін жүріп, бір жыраға келгенде Тоқымжан айтты: – Анау көрінген төбенiң арғы жағы екі жақтамалы құз. Құздың түбінде Боштай сарбаздарының қосыны бар. Төбені айналып, алды жақтарынан шықсақ, сарбазы көп ол тoпты ала алар ма екенсіңдер. – Алдыңғы жағынан баруға болмайды. Өйткені Боштай жауды ылғи сол жақтан күтіп отырады. Əрі қарауылдары да сонда тұруы ықтимал. Не де болса оларды желкесінен басайық. – Адамдарың азғантай-ақ, Сүлеймен. Оларды шабуылдауға қорықпайсыздар ма? – деді Тоқымжан Сүлейменге сығырая қарап. – Неге қорқамыз? Анадағыдай түнде шабуылдаймыз. Айтпақшы, осы басмашылар ит ұстай ма? – Үріп, алыстағы жауға белгі беріп қояды деп, ит ұстамайды олар. – Онда жақсы болды. Қосынға жақындап барып, түн ауғанша бір панаға тығылып жатайық. Арғы жағын көрерміз. Топ алға біраз жүріп, ылдиға түсті. Төбесі жайпақ тау жотасының батыс жақ сілемі шынында құзды екен. Етекке қосын тіккен басмашылар бұл жақтан «жау келіп қалар» деп əсте ойламас-ты. Олардың сескенетiн жауы – қызылдар. Ал қызылдар келетін болса батыс жақтан, яғни Тəшкен немесе Бегабад жақтан келуі тиіс. Сүлейменнің əлгіндегі бағамы дұрыс шықты. Құзды жотаның

баспалдақты тасты жерлерімен жүріп, орта тұсқа келгенде, сонадай жерден біраз адамдардың сұлбасы көрінді. Қарақшылар тас панасына тығылды. – Міне, Боштайдың мекені осы, – деді Тоқымжан. – Тым ашық жерде отыр ғой бұл басмашыларың. Əрі күрке- лашықтары да көрінбейді, – деп таңырқады Аязбек. – Біз төбеде тұрған соң олар ашық жерде орналасқан сияқты болып көрініп тұр да. Егер алдыңғы жақпен баратын болсақ, өрге шығатын едік. Бұл жердің де арты жағы сай. Ал бұлар бізге ұқсап, күрке-лашық тікпеген. Əне, қараңдаршы, біреулері құз етегіндегі тесікке кіріп-шығып жүр ғой. Сол тесіктер ескі заманнан бар кішкене- кішкене үңгір қуыстар. Бұлар соларды жатын орын қылып алған. Болмаса, құзға жапсарлас етіп, тас үйшік салған. – Иə, – деді Төрекелді. – Бұларды түнде шапсақ та, алу қиын екен. Таудың жəйпең ортасында жүрміз бе десем, біз ең биік жеріне шығып кеткен екенбіз-ау. – Амал жоқ, бəрібір келген мақсатымызды орындамай кері қайтпаймыз. Қазірше осында демала тұрайық. Түн əбден түскен соң жақындап көреміз. – Менде бір ой болып тұр. Түнде қарауылдарын өлтіріп, əр үңгірдің аузына əрқайсымыз тұрып алып, іштегілерді атып қыра бермейміз бе? – Сенің ойың тек қыра беру екен де, Аязбек. Не боларын көрерміз кейін. Күні бойы жүрістен аяқтарым ауырлап қалыпты. Демалайықшы сəл. Бір-екеуің күндегі əдет бойынша Тоқымжанның аяқ-қолдарын байлап тастаңдар. Қашып кетіп жүрмесін. Бір кезде Сүлейменді Төрекелді жұлқылап оятты. Бұған бір нəрсе қиын болса – ол түнде беймезгіл тұру. Тау ішінде тас жастанып, жер бауырлап жата кететін жайсыз өмір кешіп жүрсе де жамбасы тиген жерге тұяқ серіппей ұйықтай береді. Қарақшыға тəн сыбырға оянып кететін құс ұйқыға үйрене алмай-ақ қойды. Жаңа Төрекелді оятқанда да, көздерін аша алмай, тұрмай біраз жатты. – Талыстай боп жатпай, тұрсайшы енді. Төбеде Шолпан туып келеді. Анау басмашылар да саған ұқсап, өліктей ұйықтап жатқан шығар. Орталарына барып, ойран салайық. Алдарында не күтіп тұрғанын білмесе де, Боштайдың тобын тас- талқанын шығаруға бекінген қарақшылар діттеген жерлеріне əп-

сəтте-ақ жетті. Тоқымжан айқайлап белгі беріп қоймасын деп, Салықбай оның бүйрегіне мылтық ұңғысын қадап тұр. Қосын маңында қарауыл да көрінбейді. Жым-жырт. – Қарауылдары қай тұста тұрушы еді? – деп сыбырлады Төрекелді Тоқымжанға. – Білуімше, екі-үш жерде тұруы тиіс. – Əй, сарт, жай сөйле. Сен бізді əлден-ақ сатайын деп тұрсың ғой. – Салықбай, Тоқымжанды алдыңа салған күйі бірауықтан соң қосынға қарай жақында. Біз екеу-екеуден жан-жақты сүзіп өтейік. Қарауылдарды атпай, қолмен-ақ ұрып, талдырып тастаңдар, – деді Сүлеймен. Бұдан кейін біраз кеңесіп, Аязбек пен Сиязбек қосынның шығыс жағынан, ал Төрекелді мен Сүлеймен түстік жағынан шабуылдауға келісіп, тарасты. Айсыз түн құшағындағы құз етегінен бұлардың аяқ дыбысынан басқа бір бөгде тырсыл естілмей, айнала манаурап тұр. Енді-енді бозамық тарта бастаған таң шапағы тау ішіне баяу ғана еніп келе жатқан мезгіл еді бұл. Төрекелді мен Сүлеймен шеткі үңгір үйге жақындағанда, одан қараңғыда сұлбасы көлбеңдеп, бір адам атып шықты. Сүлеймендер тізерлеп отыра қалды. Əлгі адам жан-жағына алақтай қарады да, тура осы екеуі отырған жаққа жылжыды. Үш-төрт қадам жүріп, тың тыңдағандай мелшиіп аз-кем тұрды. Содан соң ешкімнің жоғына көзі жеткендей, қайта бұрылып, қосынға беттеді. Осы мезет Төрекелді орнынан атып тұрып, шапшаң қимылмен оның басына мылтық дүмімен бір ұрды. Басмашы етпеттей құлады. Оның гүрс етіп құлаған дыбысын есігіп қойса керек, бұл шыққан қосыннан тағы біреу жүгіре шықты да: «Уа, Юлдаш, қəйдасəң?» – деп айқайлады. Ешкім жауап қатпаған соң: «Уа, кəйткə иоқəлдің?» – деп тағы да дауыстап, ол да бұлар жаққа адымдады. Тым жақын келсе, өзінің кім екенін біліп қоятынын ойлаған Төрекелді: «Нимə булду?» – деп өзбекше сөйлеп оған жақындады. Ол сорлы мұны өз серігі деп ойлады білем, тағы бір нəрселерді айтып келе бергенде, Төрекелді қанжарын оның ішіне сұғып жіберді. Қанжар дəл асқазан тұсынан сұғылса да анау жанкешті екен, айқайлап үлгерді. Онсыз да секемшіл басмашылар осы айқайдан соң үңгірлерінен атып-атып шықты да, абыр-сабыр болысты. Ойлағандары болмай қалған Төрекелді мен Сүлеймен үңгір алдында қараңдап, жүгіріскен оларға қарсы оқ атуға

кірісті. Сол-ақ екен, құз етегін бей-берекет айқай-шуға толтырған басмашылар кімнің атып жатқанын білмей, үңгір алдында жата-жата қалысты. Құры жатпай, олар да мылтық атуды бастады. Осы кезде бұлардың қасына ентелеп, Тоқымжанды алдына салған Салықбай жетті. – Менің бір ойым бар. Қазірше басмашылар осылай абыр-сабыр болып жатқанда, мен тез-тез құздың басына шығайын да, олардың төбелеріне тас домалатайын. Ал сендер екеуің бір жерде жатпай, араларыңды алшақтау етiп жатсаңдаршы. Жаулар бізді аз деп ойламасын да. – Бұл ойың дұрыс екен. Бар, бар тезірек. Салықбай төбеге қарай өрмелей жөнелгенде Тоқымжан: – Боштай, Əбдірохмон! Бу қозоқлəр бар-йоғы бештə-яқ одом. Қорықмəстəн атə беріңлəр! – деп айқайлап жіберді. Сүлеймен оның аузын басам дегенше, төбеге өрмелеген Салықбай сусып пəске түсті де, Тоқымжанның басынан бір атты. – Ай, бекер-ақ аттың-ау. – Сатқынға обал жоқ. Салықбай кете салысымен, басмашылар кенет мылтық атуын сап тиды. – Анау басмашылар мына сұмның жаңағы айқайын естіп қойған жоқ па екен? – Бұл айқайлаған кезде олар тарсылдатып мылтық атып жатқан. Шамада, есіткен жоқ-ау. – Не болса да мен шеткерірек барып жатайын. Үңгір алдында біреу-міреу қараңдап көрінсе болды, дəлдеп ата берейік. Сүлеймен жылжып бір топ жайыла өскен тау шиесінің ығына барып жасырынды. Мылтығының оқпанын оққа толтырып алып, үңгір тұсқа көз қадады. Басмашылар тым-тырыс. Ол жақтан тек сыбырласып қана сөйлескен дауыстар естіледі. Не ойласқандарын кім білсін, əлден уақытта басмашылар өре түрегелді де айқайлай ұрандатып, бұлар жатқан тегіске лап қойды. Өздері бірталай. Өзіне қарай жүгірген басмашыларды көріп Сүлеймен алғашқыда сасып қалды. Алайда лезде ес жиып, алға ентелеген оларды бір-бірлеп ата бастады. Бұған анау шеттен Аязбек пен Сиязбек, мынау шеттен Төрекелді қосылды. Басмашылардың алдыңғы шебі шөптей жапырылды. Қалғандары бағанағыдай жата қалысып, бұларға қарата

ок боратты. Мылтық дүрсіліне олардың түсініксіз айқайлары қосылып, шатқал алды бей-берекет шуға толды. Сүлеймен бір орында жатпай, ары-бері сусып, мылтығын көздемей-ақ атып жатты. Бір кезде қарсыластар жақтан себезгіленген, бозамық таңның селкеу қараңғылығын жарқ-жұрқ еткен оқтарымен тілгілеп, бір бейтаныс от-қару тоқтаусыз зеркілдеп, гүрсілдей атылды. Сүлеймен «бұл не пəле?» деп ойлағанша, отты оқтар оң жағындағы қалың шиені шалғымен орғандай қиып-қиып түсірді. Сəл болмағанда отты оқтар мұның басын денесімен қоса қырқып түсер еді. Содан ығып, артқа шегіне бастағанда, тау басынан шатқал-құзды гүрсілімен көшіре, тастар домалап кеп берді. Тастар құз бетін жалай сусып түсіп жатқанымен кейбірі қатты екпінмен секіре домалап, Сүлейменнің жанынан төменге қарай зулап өтті. Жаңағы шулары түк емес, Боштайдың адамдары осы кезде күңірене айқайға басты. Таң тыныштығы астындағы соншама мылтық дүрсілі мен қырғын адамның айқайы шатқалды дірілдетіп жібергендей еді. Құлама жартасқа жабысқан тайғанақ құмды майда қиыршықтарды Салықбай домалатқан жарғақ тастар қозғап жіберді ме, əлде құз бетін жаңғырықтырған қатты дауыстардың толқынды екпіні оларды көшіре жөнелді ме, кім білген, əйтеуір төбеден төменге қарай құлаған тау жыныстары толас таппай, селдей ақты. Бұлай тұра берсе тас астында көміліп қалатынын білген басмашылар бас-көз жоқ еңiске қарай жүгірісті. Енді алдарында атып жатқан жауларының оғынан емес, таудың тас көшкінінен ығып, беталды лаққан олардың бірталайы қалың шиенің ішінде жасырынған Сүлейменді байқауға да шамалары келмей, жанынан зу-зу етіп өте шықты. Басмашылардың дəрменсіз, дегбірсіз халдерін көрген Сүлеймен оларды атпады. Құлағын тоса тыңдаса, Төрекелді де атып жатқан жоқ сияқты. Аздан соң үңгір тұстан біресе дүңкілдей, біресе сусылдап, сырғып домалаған тастардың даусынан басқа адам үні естілмей де қалды. – Төрекелді, бармысың? – деп айқай салды Сүлеймен осы кезде. Жауап болмады. Басына бір жаман ой келген Сүлеймен, ол жасырынған бетке еңбектей жүрді. Келсе, Төрекелді орнында жоқ. Осы мезет құбыла тұстан Төрекелдінің таныс ысқырығы естілді. Басын көтерді. Анадай жердегі пəс аршаның тасасында тұрған Төрекелдіні көрді. Ол «еңбектеген күйі бері жақында» дегендей,

қолымен белгі берді. Арша түбінде Төрекелді мен Салықбай отыр екен. Төрекелді сол иығын оң алақанымен басып алыпты. Иықтан аққан қан шекпенінің сыртына шығып кетіпті. – Немене, оқ тиді ме? – Тиюін тигенімен, сүйегім аман сияқты. Боштайдың қолы еңіске қашып жатқанда Салықбай оқ жырып кеткен терiме топырақ сеуіп, таңып тастады. Өзің қалай, Құдай оқтан қақты ма? – Тұқымы құрысын. Əлгінде найзағайдай жарқылдап атылған не пəле? Сəл болмағанда, шиемен бірге мені де қиып түсіре жаздады. – Тоқымжан айтқан пүлімөт деген сол. Алла оңдап, дер шағында мынау Салықбай тас домалатып үлгерді. Əйтпесе бəрімізді сол пүлімет баудай жапырар еді. – Анау екі ағайынды қайтты екен? Аман болса екен əйтеуір. – Кім біледі, қазірше оларды іздеуге шама жоқ. Таң да атып қалды. Мына басмашылар еңіске барып, бір жерге тығылды-ау деймін. Олар бас-аяғы жиылып кеңесіп алса, бізге шабуылдауы кəдік. Тас үйлердің бəрін қиыршық басып қалды. Енді кетейік бұл жерден, – деді Салықбай. – Сонда қайда жүреміз? Төрекелді, сенің жүруге шамаң бар ма? – Мені уайымдама. Екі аяғым сау ғой. – Бұлар аттарын қайда ұстайды? Сірə, сол еңіс жақта ат қоралары бар-ау, – деді Салықбай жан-жағына алаңдай қарап. – Е, мен «таң неге ұзап кетті» деп ойласам, аспан бұлттанып қалыпты ғой. Бұлт тұтасып тұр. Қар жауады-ау, əсті. – Желтоқсан айының ортасы болды. Биылғы қыста қар жаумай тұрғаны біз үшін оңтайлы. Тек, қыстық қамымызды ұқсатып алмағанымыз өкініш болды. Боштайдың артында қалған жұртынан қолға түскеннің бəрін теріп алар едік, қарашы, үйдің бəрін тас басып қалғанын. Бүгін талай оғымызды шығындадық. Егер келесі жолы əлдекімдермен осылай соғыссақ, оқ-дəріміз аз, халіміз мүшкіл болмақ-ты, – деді Сүлеймен. – Мейлі, қармаққа бірде ештеңе, бірде бірдеңе ілінетін сапарда жүрміз ғой. Бастысы – аманбыз. Қалғаны бір нəрсе болар. Амандықтарына шүкіршілік етіп, тағы бірқыдыру мезгіл отырған қарақшылар өз «ұяларына» жетіп алмақ боп, орындарынан тұрды. Өздері отырған жерінен батысқа беттеп, Боштай паналаған шатқалды

айнала, мекендеріне жеткенше кеш түстi. Ұя аузында бұларды Сиязбек қарсы алды: – «Манағы атылған пүлімөт барлығыңды қырып салды ма» деп ойлап едім. Жаратқан ием жар болып, Төрекелді болмаса, басқаларың бек сау екенсіңдер. Тəубə. Əйтеуір төбеден тас домалап, басмашылардың шат-шəлекейі шығып жатқанда, оң тізесі мен сол шынтағынан жараланған Аязбекті көтеріп, төменге түсіп едім, олардың ат қораларына тап бола кеткенім. Қарауылы екеу екен, Біреуін атып өлтіріп, біреуін ұрып жығып, байлап алдым. Оны бір атқа өңгеріп, Аязбекке бір ат жетектетіп, өзім бір ат жетектеп, бес айғыр олжалап əкелдім. – Пəлі, олжаның үлкені сенде болған екен ғой, – деді Сүлеймен. – Салықбай құз төбесіне шығып, тас домалатқанда еңіске қарай жөңкіле қашқан басмашылар сол ат қораларын бетке алды-ау деймін. Сендер барда олар онда жетіп үлгерген жоқ па еді? – Біз бір шоқы бері асып өткенде, олар сол маңға жеткен-ді. Бірақ басмашылардың аттарына қолдары жетпеді. Мен қалған аттардың бəрін тас қорадан шығарып, қамшылап-қамшылап, жан-жаққа бытыратып жібергем. – Мұның да оң болған. Əй, айтпақшы, Аязбекті қай күркеге жатқыздың? Барып, жағдайын сұрайық. Одан соң жаңағы айтқан тұтқының қай жақта? Оны ортаға алайық. Сиязбек Аязбекті өздері жататын шеткі лашыққа жатқызыпты. Ол жарақатын ауырсына қиналып жатыр екен. – Сиязбек жарақат орнын дер кезінде таңды. Бірақ оқ сүйекке қадалып тұр ма білмеймін, аяқ пен қолым зырқырап алып барады. Оған көрсетер көмек-амалдары жоқ қарақшылар тұнжырап отырды. Бұлар осылай отырғанда, Сиязбек қолы артына байлаулы тұтқынды алып келді. Байғұс қорыққанынан дір-дір етіп, əсіресе Сүлейменді көргенде көзі атыздай болды. – Қане, жөніңді айт, жігітім. Басмашы сарнай жөнелді. Өзінің Боштайға қалай қосылғанын, оның тобында қанша адам бар екенін, өздерінің шатқал түбінде қалай күн кешетінін, қандай жолмен азық табатынын, бəрін-бəрін жайып салды. Сосын Төрекелдіге қарады: – Мына кісіге Бешташтағы Ергешқожа тəуіпті əкелсеңдер ғой. – Бешташың қай жерде?

– Осыдан бір күншілік жер. Ханқорғанның үстінде. – Онда бүгін бізді сол қышлаққа ертіп барасың, – деді Сүлеймен. Түн түсе Сиязбекті жаралы Төрекелдi мен Аязбектің жанына қалдырып, Сүлеймен мен Салықбай атқа қонды. Тұтқынның аяқ- қолдарын ат бауырына шандып байлап, жолбасшылық үшін өздерімен бірге ертті. Мақсаттары – тəуіп Ергешқожаны қалайда осында алып келу. Басмашыны бір күншілік деген Бешташына ертесіне кешке бір-ақ жетті. Бешташ тау етегіндегі үлкен аңғарлы сайдың табанына орналасқан шағын қышлақ екен. Қарақшылар аңғар басындағы қамысты сай ішінде түн жарымға дейін тығылып отырды да, қышлақ ішіне кірді. Бас жақтағы орналасқан үйлердің арасына кіре бергенде- ақ, қапталдаса соғылған тоқал тамдардың тасаларынан иттер шəуілдеп қоя берді. Олардың кейбірі ауладан атып шығып, бұлардың жолына кесе-көлденеңдеп тұрып, үрулерін одан сайын күшейтті. Түн ішінде қышлақтың барлық иттерінің үдере үргендерінен сескенген Салықбай: – Қап, тамақтарың жарылғырлар-ай, ауыл адамдарының бəрін оятып жіберетін болды-ау, – деп күйінді. – Сен, жігіт, айтшы, «қазір қызылдар осындай ауылдарға топ-топ сарбаздарын жасырып қояды» деуші еді, сол рас па? – Қызылдар əзірше бұл жерге келе қойған жоқ. Келсе де, күндіз келіп-кетеді. Түнге қалуға оларға да жан керек. Бұл қышлақтың адамдары ит үргеннен түнде далаға шыға қоймайды. Біресе басмашылар, біресе қызылдар əбден үрейлерін алып біткен. Мұндай кезде тұрғындар есіктерін іштен байлап алып, «Құдай өзің сақтай көр» деп көрпелерін бүркеніп жата береді. – Өй, мына нəлəтілер арпылдап миымды шағып бітті-ау. Ақыры үйлерінен шығып, бізге қарсы тұрар ешкім жоқ екен. Иттің біреуін атып, зəре-құтын алайыншы. Мылтық даусынан кейін біреуі үрер ме екен, – деп Сүлеймен венчестерін оңтайлап, қарсысындағы итті көздеп бір атты. Түнгі қышлақ үстін гүрс етіп жаңғырықтырған мылтық даусы мен иттің қаңқ еткен дыбысы бірдей шығып, артынша айнала тып-тыныш болды. Адамға ғана емес, қыбырлаған барлық жан иесіне тажал төндіретін мылтықтан иттер де сескеніп, тесік-тесікке кіріп, үндері лезде-ақ өшті. Оған Сүлеймен мəз болды:

– Бағаналы бері неге осылай істемедік, ə. Əй, атың кім еді сенің? Қанша айтсаң да, ұмытып қала берем. Кім еді?.. Əбділарқанат дедің бе? Мейлі, кім болсаң, ол бол. Əлгі Ергешқожа тəyiптiң үйі қайсы? – Ə, міне, келіп қалдық, – деді ол қарауытып көрінген бір биік үйді көрсетіп. – Тəуіпті дауыстап далаға шақырайық. Əйтпесе, қатын, бала-шағасы улап-шулап қышлақты басына көтеріп жүрер. – Сен айқайлап шақыр. Біздің қазақ екенімізді білсе, шықпай қоюы мүмкін. Далаға бір шықса болды, қорқытсақ та алып кетеміз. Үшеуі Ергешқожаның үйіне жақындап келді. – Ергеш-əка, Ергеш-əка, бері шығып кетіңізші, – деп айқайлады тұтқын. Аздан соң шиқылдап есік ашылғандай болды. Ашық дала болса, адам сұлбасын байқауға болар еді, тұтасып тұрған қараңғылықта түнере көрінген үй есігінен сығалап қараған адамды байқау əсте мүмкін емес. Жаңа есік сықырлағаннан кейін бұлар «біреу үйден шығатын шығар» деп біраз тұрды. Алайда есік алдына ешкім шықпады. Тұтқын тағы да тəуіптің атын екі-үш мəрте атап айқайлады. Сонда ғана: – Ей, кім бұл? – деген еркектің дауысы шықты үй жақтан. – Өзіміз ғой. Боштай құрбашы жіберді мені сізге. «Дереу келіп кетсін» деп сəлем айтты ол кісі. Керек-жарағыңызды алып, тезірек шығыңызшы. – Атың кім сенің? – Əбдулəрхамит. – Тоқтай тұр онда. «Тəуіп болмай қатып қалғыр, тезірек шықса екен» деп ойлаған Сүлеймен Салықбайға қарап бірдеңе айтуға оқталғанда, үй жақтан: – E-е, Əбдулəрхамит, сатқын! Мен мұндамын ғой, сен кімдерді ертіп келіп тұрсың?! – деген өктем дауыс шықты. – Уа, Боштaй-əка, мына қозақлар... – деп тұтқын сөйлей беріп еді, тарс етіп мылтық даусы шықты да, ол атының артына қарай шалқалай түсті. Осы сəт қарагер ат осқырынып, екі аяғын алға көтере секіріп, Сүлейменді оқтан сақтағандай, солға қарай ырғып кетті. Оның шалт қимылынан ерден ауып кетуге шақ қалып, қолындағы мылтығын түсіріп ала жаздаған Сүлеймен қайта оңтайланамын дегенше, үй жақтан атылған мылтық даусы үдеп кетті. Бұл жандəрмен мылтығын үйге қарата басып-басып қалды. Атып жатқандар есік алдына шықпай,

терезеден атып жатыр-ау, сірə. Себебі қиыстау тұрғaн Сүлеймен оқ ызыңын есітпеді. Аяқ астынан пайда болған жаулардың кімдер екенін бағамдауға мұршасы келмеген оның жанына Салықбай алқынып жүгіріп келді: – Атыма оқ тиіп, ұшып түсті. Өзім де сау емеспін. Сен қаш, қаш! Менің атқа мінуге халім жоқ. – Денің сау ма? Не деп тұрсың? Сені осында тастап кетіп, мені жын ұрып па? – деп Сүлеймен оның екі иығынан ала көтеріп алдына отырғызып алды да, шаба жөнелді. – Ойбай, Сүлеймен, таста мені. Ат солқылына шыдай алар емеспін. Кеудем... кеудем қысылып, демім тарылып барады. Сүлеймен оның өтінішін орындап аттан түсірді де, еппен жерге жатқызды. Жарақаты шынында ауыр екен. Оқ тура кеудесіне тиіпті. Жерге жатқызғаннан-ақ дем алысы ауырлап сөйлеуі қиындай берді. – Су... су бар ма? Сүлеймен ердің қасында ілулі кішкене местегі суды əкеп, аузына тосты. Салықбай зорға дегенде екі жұтым су ішті. – Сен қалайда Төрекелділерді тауып ал. Ал мен... мен адам... болмайтын шығармын. Əт-тең-ай, Сырды-ың жаға-сын-да өл-сем ар- ман-ым жо-оқ еді. Өлі-гім тау-та-ста қала-ты-ын бол-ды-ау. – Қой, айтпа ондайды. Сəл демалшы. Одан соң атқа салып, «Ұяға» алып кетемін. Салықбайдың қайта сөйлеуге əлі келмеді. Алақанымен Сүлейменің қолын қатты-қатты қысып жатты да, қорылдай демалып барып, үзілді. Оз тізесінде жатып, өлген адамды бірінші рет көрген Сүлеймен «Салықбай, Салықбай» деп күңірене айқайлады. Содан көзіне жас алып, жаны жабырқай, мына тас қараңғы түн ішінде дос өлімінің қайғысына ортақтасар жанның жоқтығына налып, ұзақ отырды. Бəрінен бұрын «Ұяға» барғанда серіктерінің алдына тəуіп орнына Салықбайдың өлігін өңгеріп апаратыны жанына қатты батты. Осыған намыстанған ол жаңағы тəуіптің үйіне қайта барып, Салықбайды атқан адамдарды қырып тастағысы келді. Бала кезден ойына бірнəрсе алса, бітірмей қоймайтын бірбеткей қатқыл мінезі осы жолы тағы бас көтерiп, Салықбайды биіктеу тастың үстіне жатқызып қойды да, қайта қышлаққа кірді. Тарсылдап атылған мылтық дауыстарынан шошып қалған ба, манағы алдынан шəуілдеп, арсылдап шыққан бір ит


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook