Оның мұндай кейпін көрген соң оны ренжітіп алдым ба деп іштей қатты састым. Көңілін не айтып жібітсем екен деп ойлап отырғанымда, Сүкең терең күрсініп, сөйлеп кетті. Даусында ызғар жоқ. Үні тым мұңды жанның даусындай боп, жұмсақ естілді. – «Құлан құдыққа құласа, құлағында көлбақа ойнайды» деген сөз бар-ə, Дүйсенбек? «Арыстан қартайса тышқанға күлкі» деген тағы бар. Баяғыда қауқарым мол кезде ешкiм бетіме ойнап болса да, шын болса да «қарақшысың» деп айта алмайтын. Қазір құрдасым да, замандасым да, үлкен де, кіші де ойнағансып, осы бір тұрпайы, естісем аза бойым қаза болатын сөзді бетіме былш еткізіп айта беретін болды. Дегенмен, мен өзімді қарақшы санаған емеспін. Ілкіде, жастық кезімде аласапыран күндерді бастан өткеріп жүргенімде адамға жақпайтын талай қылықты жасаған шығарамын. Иə, жасағаным анық қой. Бірақ оларды – өзімді, қала берді өзге əлсіздер мен момындарды қорғау үшін жасадым. Жасамасам болмады. Қайтейін, тағдырыма əу баста сондай істер жазылған шығар. Сүкеңнің сөзіне зейін қоя тыңдаған мен, ол тоқтаған кезде əңгімені ары қарай жалғастыру үшін не айтарымды білмей, тағы дағдардым. Ол да бірауық үнсіз отырды. Бір кезде тамағын кенеп алды да сөйлей жөнелді: – Білсең, Дүйсенбек, маған қарақшы деген ат жиырма үш жасымда жабысты. Жалғандықта көп нөкерін маған қарсы айтақтатып, мені келемежге айналдырған орыс попының басын тамға салынған паруаз ағашпен ұрып, қақ жарып кеткен соң жұрт өзімді қарақшы атап кетті. Расында, содан кейін қырық бес жасқа дейінгі өмірім ылғи дала тағысындай түзде өтті. Тауда басмашылармен, шаһарда адам жегіш жөйіттермен, опасыз қаскөйлермен алысқа түстім. Бір жерде жұртқа бекерден-бекерге зəбір көрсетіп жүрген мықтысымақтың атын естісем болды, соны тізерлетпейінше, тыныштық таппайтынмын. Жайлы тұрмыс, жұмсақ көрпе маған жақпайтын. Əлі де сондаймын ғой. Қартайсам да, қыранға ұқсап биікке самғағым, көкжалға ұқсап дала кезіп кеткім келіп тұрады. Осы мінезімді əлі күнге дейін өзім де ұқпай келемін. Сенсең, інім, мынау кең дүние маған тар болады да тұрады. Соғыс басталған қырық бірінші жылы мен қырық үште едім. Онда Тəшкенде тұрғаныммен, ешқандай жеке документім болмайтын. Документім болмағасын, еш жерде тіркеуде де жоқпын да. Соның
кесірінен Тəшкен военкоматына «Мені соғысқа жібер» деп қанша өтінсем де, майданға жібермей қойды. Бір жағы – менің түріме қарап, «Сіз елуге таяп қалғансыз-ау. Елу жастағыларды соғысқа жібере алмаймыз. Одан да соғыстағы майдангерлер үшін осында еңбек етіңіз» деп дəл жасыма сенбеді. Сөйтіп, қан кешуге əбден үйренген мен, жат жерде өліктері қалған талай қандастарымен бірге соғысқа бара алмадым. Алай мен Тəшкендегі баскесерлер мен жөйіттерді басып-жаншып, қаһарман атанғанша, сол соғысқа барып, жаумен аянбай ашық айқасып, батыр атанған мың есе тəуір ме еді. Амал не, Ұлы Отан соғысының нəсібін Құдай маған таттырмады. Егер де сол соғыста сондағы ұран – «Ел үшін», «Сталин үшін» деген аттанмен жауға шауып, мерт болсам, менің күрделі ғұмырымды жете түсінбегендіктен, ой-саналары ауыл қырынан аспайтын надан жел сөзділер мен қорқақ бейпіл ауыздылар айтып жүрген «қарақшы» деген ныспым жоғалып, жұрт мені «Ел үшін жанын қиған ер Сүлеймен» дер ме еді... Осы сəт ол туралы көптен бері бағамдап жүрген ойымды айтудың сəті келді. Сүкең сөзін тоқтатып, кеседегі шайға қолын созғанда сол ойымды жайып салдым: – Сіз тегін адам емессіз. Сүке. Арғы бабаңыз Төле биден бастап бергі аталарыңыздың барлығы əруақты кісілер болған. Бірі шешен, бірі би, бірі батыр, бірі бай еді. Солардан қалған рух пен қасиет жиылып кеп, бір байлықтан басқасының бəрі өзіңізге қонған-ау. Сонша қатерлі өмір кешіп жүргеніңізде, сізді неге бір тентек тасада тұрып атып кетпеді. Ұйықтап жатқаныңызда бір бұзық неге басыңызды шауып кетпеді? Осындай-осындай қауіптерден сізді үнемі қорғап жүрген бір киенің болғаны да. Ондай кие əруақты жандарда ғана болатыны аян. Бүгін Сүке, тым көңілсізсіз ғой. Бөтен жерде емес, ініңіздің үйінде отырсыз. Бұрын үнемі қабағыңыз ашық жүретін еді. Ашық- жарқын отырыңызшы. Өзіңіз шақырып келтіре алмайтын қонақсыз. Келгеніңізге қуанып отырмын. Жадырап, өткен-кеткеннен сыр шертсеңіз тəуір болар еді. – «Балықшы балығын, қойшы қойын айтады» дегендей, менде адам қызығарлық өткен шақ бар деймісің. Мен айтсам, кейбір əңгімелерiме төбе шашың тік тұрады. Қарақшының айтатыны қарақшылық жортуылдан басқа не болсын.
– Сіз, Сүке, жұрт жек көретін қарақшы емессіз. Біле білсеңіз, сіз күллі халықтың сүйікті тұлғасысыз. Ісі лас, тiрлiгi нас, жаман қарақшыны жұрт сыйламас-ты. Ал, сіз, қарақшы деген атпен зор даңққа бөленіп, сол атақпен қошаметті өмір сүрдіңіз. Елдің өзіңізге деген ілтипаты өзгеше. Осыған шүкір деңіз. – Е-е, Дүйсенбек, жұрттың бəрінің түсінігі сенікіндей деймісің. Жасым ұлғайған сайын өткеніме көп көз жіберіп, өмірімнің бірталай кезеңіне өкініш білдіріп, түн ұйқымның төрт бөлінетіні бар. Неге сонша сергелдең өмірге құмар болғаныма таңмын. Таң бола тұрып, «басқаша өмір сүре алмас едім-ау бəрібір» деген ой туады тағы. Мені қынжылтатын, ылғи маза бермейтін бір ой бар. Мына жалғанда кім мəңгілік дейсің. Мен де кетермін бір күні. Бір күні емес-ау, сол ажал қап-қара болып, кешелі бері жаныма таяп-таяп келіп жүргендей... Иə, құрғыр ажалдан кім құтылған? Ол тап келсе, артымда не қалды, соны ойлап мазаланам. Ел не айтады мен жайында. Ұрпақтарым кім болды дейді? Менің ешкімнің басынғанын көтере алмайтын биік көкірегімді, ешкімге намысымды жібермейтін өршіл жүрегімнің сырын кейінгілер ұға ала ма? Əлде майда-шүйде ұры-қарыларға бас болған, талайдың түбіне жеткен қанішердің нағыз өзі болған дер ме? Мен Сүкеңнің мұң торлаған көңілін серпілткім келді. Ол үшін оның қуанышпен еске алатын естеліктерін қозғайын дедім: – Осы, Сүке, сіз сотталғанда, болмаса ұсталғанда, өмiрi мiлисалардың алдында жүрмейтін еді деген қауесет бар. Сол рас па? Ол менің ойымды сезгендей: – Сен көңілімді көтерейін деп отырсың-ау деймін, – деді. Сосын сəл жымиды. – Оның рас. Қай кезде де мілисалар менің алдымда жүретін. Мен қашпай, олардың соңынан еріп, баратын жерге ілесіп баратынмын. – Сізде алтын көп болған дейді... – Болды. 1930-40 жылдары Тəшкенде не нəрсе болмайтын. Ондағы өмір біздің дала мен тау қазақтарының өмірінен тым басқаша еді. Алтыны көп байлар да мол-ды. Талай бай, алдымызда кінəлі болған талай белсенді кей кезде бізге алтын беріп құтылатын. Бірақ сол алтындардың қызығын өз басым көрген емеспін. Кейін Бекаба деген жөйітті өлтірген кезімде де бес-алты қадақ алтын олжалағам. Тағай деген досым оны Тəшкен саудагерлеріне сатып, көп ақша жинап берді. Ал ақшаны кембағалдарға тараттым.
– Кейбір ұрылардың Өзбекстаннан, Қырғызстаннан айдап келген жылқыларын тартып алып, ауыл-ауылдарға таратқаныңыз да шындық қой. – Иə. – Кавказдықтардың өзіңізбен аттас бір дəуін ұрып-жығып, келімсектердің екі аяқтарын бір етікке тығып қойғаныңыз жайында да есітіп еді. Сол оқиға қай жылы жəне қалай болған еді? – Мен елу жетінші жылға дейін Тəшкенде тұрдым. Бірақ ауық- ауық елге соғып тұратынмын. Елу төртінші жылы жазда ауылға келсем, елдегі біраз жұрт маған олардан көріп жүрген зəбірлерін айтты. Сөйтсем, олар жиылып алып, қазақтарға тыныштық бермейді екен. Малдарын ұрлағандары былай тұрсын, базарлар мен көшелерде ашық түрде əлімжеттік жасап, онша-мұнша зат-бұйымдарын тартып алады екен. Мұндайды естіген мен, сірə, шыдап тұрам ба? Жексенбі күні Ленгірдің мал базарына сондай зорлықшылардың белсенділері түгел жиналатынын білген соң сонда бардым. Бір мықтысынан бастап, оншақтысын жайратып салдым. «Бұдан былай бір қазаққа тигендеріңді естиiн, бəріңді бүгінгіден бетер етемін» дедім. Алайда олар жүдə кекшіл ғой. Тағы топтанып алса, бас бермейтін бұзық. Менен жеңілгеннен кейін тыныш жүрмей, сонау Қарағандыдан өздері пір тұтатын бір дəуін шақыртыпты. Соны құлағым шалғасын, Тəшкенге қайтпай, əлгіні күттім. Арада он бес күндей өткенде, біреуі келіп: «Біздің Қарағандыдан келген дəуіміз саған екі күннен соң Ленгірдегі базарға келсін» – деп айтты», – деді. «Батыр болса, қарусыз, пышақсыз болсын» депті тағы. Бардым. Базар ортасында шешендер топырлап тұр. Ортасындағы біреудің тұлғасы бөлек. Құдды Сібірдегі қара Ибан сияқты. Өздерінің күткен адамы мен екенімді білгесін, қолын беріп танысты. Оның да аты – Сүлеймен екен. Бірден қалай төбелесетінімізді жəне жасымды сұрады. Менен екі жас үлкен екенін білгесін: «Бір- бірден ғана ұрысайық. Кім орнынан тұрмай қалса, сол жеңілген болады. Жеңілген адам жеңгеннің уəжінде тұрсын», – дедім. «Жарайды, бірінші болып қайсымыз ұрамыз?», – деді ол. «Сенің жасың үлкен екені, əрі қонақсың. Сондықтан да бірінші кезекті саған бердім», – дедім. Екеуміз топтан бөлініп, базар ортасына шықтық. Ол оң қолын ары-бері айналдырып, біраз дайындалып алды да, құлақшекемнен
қойып қалды. Көптен бері мұндай дүлей соққыны көрген жоқ едім. Көзім тұманданып, талықсыған күй кештім. Бір жағыма қарай үш- төрт қадам тəлтіректедім-ау деймін. Бірақ құламадым. Аздан соң өз- өзіме келдім. Қатты соққы тисе қатты көтерілетін ашуым басыма шықты. «Əй, нəлеті! Енді сен тұр! Қазақ қаһармандары, əсіресе мына мен сияқты қаһарман ешкімге əруағын таптаттырған емес!» – деп құлақ үстінен аямай бір ұрдым. Ол цементтелген жалпақ базар лавкасынан ары асып, жерге бүк түсті. Қайтып тұра алмады. Жанындағыларын да тағы қырып салар едім. Бірақ мен өздеріне бұрыла бергенімде, олар қаша жөнелді. Қанша дегенмен елу беске келіп, шау тартып қалған шағым ғой, қуып жете алмайтынымды білгесін, соңдарынан түспедім. Кейін есіттім, жаңағы Сүлеймен сол құлағанынан адам қатарына қайта қосылмапты. Сірə, миына қан құйылып кетсе керек, бір қолы мен бір аяғы істемей, тілі де сөзге жөнді келмей, көп жыл төсек тартып жатыпты. Жалпы, Сүлеймен деген атты иеленгендер мықты бола ма, қайдам, Қырғызстанда да бір Сүлеймен деген дəумен алысуыма тура келген. Бұл осыдан жеті-сегіз жыл бұрын болған-ды. Жас та болса, «Қабылан қарақшы» атанып жүрген Көкiбелдегі бағыс Алпыс бір күні маған келіп: «Бүршімyллада бір қыпшақ ортағым бар еді, соны жəне інісін Ош жақтан келген қырғыздың Сүлеймен деген шоңы өлімші етіп ұрыпты да, он жеті жасар қарындасын тартып əкетіпті. Сүлейменге дау сала баруға жалғыз болып тұрмын. Бірге барып, əлгіден құн алып қайтайық та», – деді. Алпысқа келсем де, біреудің біреуге көрсеткен зорлығына шыдамайтын əдетім əлі қалған емес-ті. Оның үстіне Алпыс қарақшыны туған інімдей көріп, қатты сыйлайтынмын. Ол өзі алған бетінен қайтпайтын нағыз жаужүрек нарқасқа-тын. Сөзін жерге тастамай, атпен тау асып, Ошқа бардық. Іздеп жүріп, əлгі Сүлейменді таптық. Анықтап айтқанда, бір көкпардың үстінде кездестік. Жасы менен он жастай кiшi екен. Неге келгенімізді білген соң, бірден шаптығып шыға келді. Нойыстың мінезі жаман екен. «Сен екеуің өліктерің қырғыз тастарының астында қалсын деп келдіңдер ме? Бүкіл елді шулатып, əркімнің жоғын жоқтаушы атанған Сүлеймен дегенің мынау ма? Алдымен осыны ат тұяғына таптаттырайын, одан соң сенің өлігіңді көмусіз қалдырамын» – деп Алпысқа дiк-дік етті. Дікілдегені аздай, маған тура шауып, ат
үстінде бос отырған маған шапшаң қимылмен шап беріп, əп-сəтте оң қолымды тақымына басып алмасы бар ма. Өзі сияқты дəу аты оның тақым қағысына үйреніп қалған ба, менің қолым үзеңгі астына қалай түсті, солай алға қарай шаба кетті. Мен атыммен бірге сүйретіліп кете бардым. Сол қолыммен ананың бір жерінен ұстап алайын десем, найсап, қамшысымен бас-көз демей төбелеп, басымды көтертпеді. «Ой, еркек болсаң, бұлай қатындық іс қылма. Ашық күреске шық» деп айқайлап келемін. Ол тыңдар емес. Тақым астындағы оң қолым зырқылдап, сынар халге жеткенде, бар даусыммен «жібер» деп айқай салдым. Қатты даусымнан ол селк етті де, тақымын бір сəт босаңсытып алды. Осыны пайдаланып, тақымынан қолымды суырып алдым да, тура желкесіне жабыстым. Сол күйі атынан аунатып түсірдім. Құдай салмасын, сонда екеуміз жарты сағаттай алыстық. Ақырында қан-жоса етіп, таяқтап тастадым. Екі күннен соң Алпыстың ортағын ұрғаны жəне қызды зорлап алып кеткені үшін он жылқы айып төлеп, бізден əзер құтылды. – Сізді Қажымұқанмен белдесті дей ме?.. – Қырық алтыншы жылы Қаратауда жүргенімде Қажымұқан Шаянға келіп, өнер көрсетеді екен дегенді есітіп, арнайы іздеп бардым. Жарықтық, жетпіс беске келсе де, тұғырдан таймаған саңлақ екен. Мені белдесуге шақырды. Жарты сағаттай бір-бірімізді ырғасып тұрдық. Ол айтты: «Əттең-ай, жас кезіңде маған неге кездеседің? Мен сені өзімнен күшті балуан етер едім-ау», – деп. Екі күн бірге болдық. Менің тау-тас кезген сергелдең өмірімді есітіп, құдды бір туған əкемдей қатты торықты. «Мен өмір бойы өзіммен күшi теңдес келетін қазақ жігітін іздеп таппап едім. Сондай жігіт – сен, тау-тас кезіп, башмашылармен айқасып жүрісің-ау. Əттең- ай, əттең, екінің біріне қона бермейтін бұла қара күш өзіңді тапқан-ақ екен-ау. Бірақ, қап, соны балуандыққа жұмсағаныңда ғой», – деп күрсінді. – Қанша рет ажалдан қалдыңыз? – Ой, мені өлтірем деушілер көп болды. Мана сен айтқандай, үнемі бір əруақтың арқасында аман қалып жүрдім. Саған бір құпиямды айтайын. Бұрындары басыма аса қатерлі қауіп төнген кезде көзіме көрінетін ақбоз атты, қара киімді шал бір көрінетін. Сол көрінсе болды, ылғи жеңіске жететінмін. Көрінбегеніне талай жыл өтіп еді... Бағана осында келе жатқанымда, ол маған тағы да көрінді.
Сонау Қазығұрттың басынан ұшып шықты да, тура қарсы алдыма келіп, біраз тұрды. Сосын аспанға тік көтеріліп, тым биікке самғап кетті. Соның кім екенін күні бүгінге дейін түсіне алмадым. Бүгін көрінгенде көңiлiм бiрден пəс тартты. Содан əлі серпіле алмай отырмын. Оның көңілін басқа нəрсеге аударайын деген оймен тағы сұрақ қойдым: – Тəшкендегі шайханада молданы сойғаныңызды айтып беріңізші. – Ол мақтаныш ететін əңгіме емес. Менде бір үлкен күнə болса, сол ісім маңдайыма аса үлкен күнə болып жазылып қалған шығар. Ол дəйісті өлтірем деп өлтірді дейсің бе. Өзінен болды. Отыз сегізінші жылы, яки тура қырық жасқа толған шағымда Қоңырбөріктен он жеті жасар қыз алдым. Арада үш ай өткенде Жайқынбайдың Құлтаны кəлхүздан ұрланған малдарды менен көріп, жаламен үш жылға соттатып жіберді. Сотталып бара жатып Құлтанға айттым: «Үш жыл емес, мен үш-ақ ай отырамын. Келген күні сенің басыңды аламын», – дедім. Алатын едім. Егер сол молданың қылығы болмағанда... – Сөзіңізді бөлейін, Сүке. Сіз қанша рет сотталсаңыз да жəне қанша жылға кесілсеңіз де, үш айдан артық отырмағанға ұқсайсыз. Осының сыры неде? – Бұл да хақиқат нəрсе. Əйтеуір бір амалын тауып шығып кететінмін. Оның үстіне артымда мені жоқтайтын адамдарым көп еді. Түрме бастықтарының бəрі ақшаға сатылатын. – Енді жаңағы əңгімеңізді жалғастырсаңыз. – Содан айтқанымдай, үш айдан кейін ауылға оралдым. Келсем, жас қатыным жоқ. Ауылда сол кезде Тəшкен жақтан келген бір сарт молда имамдық жасап жүретін. Сол молда мен түрмеге кеткен соң əйелімді: «Байың енді келмейді. Өкімет оны атып тастайды. Сен жас кезінде теңіңді тауып ал» деп əбден айналдырып, қапалдағы қатыны өлген біреуге бір бұзаулы сиырға сатып жіберіпті. Молда айтқан соң жазғанда шара бар ма? Айтқанына көніп, кете барған ғой. Ол кəззəп, молданы айтам да, ауылға келе жатқанымды есітіп, үйі мен бала-шағаларын тастай сап, қашып кетiпті. Жаңағы оқиғаны ағайындардан естіген мен, қапалдағы қатынымды іздеп бардым. Байы да, өзі де қорыққандарынан сөйлеуге тілдері шықпай, отырып қалды. Мен хақиқатты білген соң оларға жақсылық тіледім де, əлгі молданы
іздеуге шықтым. Ой, сондағы ашуланғанымды көрсең. Ондай кезде мені ешкім ұстай алмайды. Содан молданың соңынан Тəшкен бардым. Танитындардан сұрастырып жүріп, оның Xoжeнтке кеткенін есіттім. Хожентке барсам, ол Ошқа қашыпты. Найсап, өзін іздеп келе жатқанымды күні бұрын біліп қоя ма, қай жерге барсам да, орнын сипап қаламын. Қойшы, сонымен, бүкіл Өзбекстан мен Тəжікстанды бес ай адақтап, молданы қолға түсіре алмадым. Арада бір жыл өткенде оған деген ашуым басылып, ол уақиғаны ұмытқандай едім. Бір күні жазға салым Тəшкендегі Əсті имам мешітінің шайханасына барып қалсам, əлгі сабаз қақ төрдегі нар үстінде шəй ішіп отыр. Мені көріп, тіл- ауыздан айырылды. Ал менің басылып қалған ашуым бұрқ етіп қайта көтеріліп кетпесі бар ма? Шынымды айтсам, ол ашу – анау жас қатынымды қызғанғаннан көтерілетін... Көрген сəтте-ақ əлгі молдаға жетіп бардым да, сол жағын ала малдас құрдым. «Қалай, пірім, амансың ба?» деп едім, тілі жұтылғырдың сөйлеуге шамасы келмей, басын изеген болды. Мен шайханашыны шақырып, екі табақ палау мен екі бөтелке арақ əкелуін өтіндім. Ол аталған нəрселерді заматта əкелді. «Же!» – дедім молдаға палауды көрсетіп, Қатты əбіржіген ол екі табақ палауды да апыл- ғұпыл жеп қойды. Оны жеп болғанда бөтелкенің бірін ашып, кесеге толтыра құйдым да, «іш!» – дедім. Сорлы қорыққанынан кесе тола арақты сіміріп салды. Екіншісін де сөйтті. Содан маған бір, жанын солар сақтап қаласындай айналада толып отырған жұртқа бір, алақ- жұлақ қарады. «Болдың ба?» – деп сұрадым мен. Ол басын изедi. «Болсаң, иманыңды үйір», – дедім де, қонышымдағы ұзын екі жүзді қанжарымды суырып алып, əлгінің басын тіземе бастым да, тамағынан орып-орып жібердім. Орғаным былай тұрсын, қой бауыздағандай тамағын осып, басын кесіп алдым да, шайхананың ортасына лақтырып жібердім. Мойнынан қаны атқылаған бассыз дене орнынан ұшып тұрды да, екі-үш қадам жасап, нардан аунап түсті. Ой, сондағы шайханадағы жұрттың дүрліккенін көрсең. Біреулері тесікке, біреулері есікке қарай қашты. Лап етіп, бірден қашқандары сондай, есік пен тесікке біразы кeптеліп, сыртқа шығып кетуге мұршалары болмай, бірінің үстін бірі басты. «Ей, сендердің ешқайсыларыңа тимеймін. Неге қашасыңдар?!» – деп айқайласам да, құлақ асар бірі жоқ. Екі шайханшық сарт көмір салатын үлкен
жəшiкке кіріп тығылып жатыр. Оларға да «қорықпаңдар», – деп айқайладым. Есі кеткен екеуі жəшікке түсіп алып, үстерінен қақпағын жауып алды. Бұл уақиға осылай болған. Көп кешікпей он бесшақты мілиса келді. Соңдарынан еріп, мілисаханаға бардым. Сол жолы тағы да үш жылға сотталдым. Бірақ тағы үш-ақ ай отырдым. Иə, Дүйсенбек, жұрт аңыз қылып айтатын бұл қылығым ерлік емес. Осы үшін өмір бойы өкініп келемін. Жалпы, атыс-шабыспен өткен бар өміріме өкінемін. Десем де, момынның мүддесі үшін күрескенімді ойлап, сəл жеңілденем. – Соншама қауіп-қатерді бастан өткеріп жүргеніңізде, қорыққан кезіңіз болды ма? – Қорқу, үрку деген – маған жат нəрсе. Тіпті оның не екенін осы жасыма дейін білмеймін. Ешнəрседен қобалжып, сескенген емен. Дегенмен бір рет қатты абыржығам. Бекаба жөйітті көрген кезде. Өйткені ол маған адам емес, мақұлық тектес болып көрінген. Əрі қарусыз едім. – Елге қылған жақсылығыңыз да аз болмады-ау... – Жақсы адам жасаған жақсылығын айтпайды. Ондайым болса, оны көргендер айта жүрер. – Ашығын айтсам, сізді біреулер шын қаһарман ретінде сыйлайды, ал кейбіреу қорыққанынан асты-үстіңізге түседі. Сайып айтқанда, қай жерге барсаңыз да, төр сiздiкi. Ал енді сіз өзіңіз бұрынғы өткен кісілердің қайсыларын құрметтедіңіз. Қазіргі қариялар мен жастар арасында сыйлайтындарыңыз бар ма? – Ілгергі қариялардан айтсам, Ордабек болыс пен Естемес, Досалы билерді қатты құрметтедім. Ондай текті жаратылған адамдарды қанша жерлерді шарласам да көрген емеспін. Сиқымдағы Құлажан мен Нұржандай, шегірдегі Сыдықтай шабандоздар енді қайтып туылмайды. Парманқұл мен Қараман сияқты ержүректер өмірге келмейді енді. Бауыржан Момышұлымен де талай табақтас болдым. Ол да қазақ маңдайына біткен ерен тұлға. Қазіргі қариялардан өзіңнiң туысың, Көсемсөзді Аманкелдінің Салығы мен Ұлтанбектің Бекмырзасы, өз жақыным Шаңбай дəу, Нарымбеттің Тұрғанбегі, ауылдағы Жолдықара балуан, сіргелі қайшылыдағы суырып салма ақын Ырыспанбеттің Ыбрайы жаныма жақын адамдар. Жастардан өзіңнен бастап інімдей жақсы көретін біраз жігіттер бар...
Бұдан кейін де мен көп сұрақ бердім. Сүкең бəріне қысқа, əрі нақты жауап берді. Түнгі сағат он екіден асқанда көсіле сөйлей бастады. Содан таңғы сағат төртке дейін тоқтамады. Сонда өткен өмірінің бəрін-бəрін айтып өтті десем де болады. Əр əңгімесін өкінішпен аяқтап, қайта-қайта күрсінді. Торығып отырып, сыр айтты. Сібір түрмесінде қаза болған жас кезіндегі достары – Төрекелді, Аязбек, Ажандарды еске алып, аһ ұрды. Оның сол түні неге сонша іштей ауыр күйзелісті бастан кешіріп отырғанының мəнісін ұқпаппын. Сағат таңғы беске таяғанда жатуға ыңғайландық. Сүкең тысқа шығып келді. Реңі күреңітіп, біртүрлі қобалжыған кейіппен кірді үйге. Кіре сала: – Дүйсенбек, жаңа далаға шықсам, ақбоз атты, қара киімді елес – шалым тура сенің есік алдында тұр. Бұрын көрінгенде ылғи күлуші еді. Ал бүгін қабаты қатулы. Маған қолымен аспанды көрсетті де, өзі көкке көтеріліп, зым-зия болды. Бүгіндікке осылай екі рет көрінді. Дұшпан арасында, жау ішінде отырған жоқпын... Неге қайта-қайта келе берді екен ол? – деді. Мен ештеңе дей алмадым. Салынған қатар төсекке қисайдық. Ұйықтай алмадым. Сүкең де ояу жатты. Қайта-қайта Алланы аузына алып, жиі-жиі күрсінді. Таңертең сағат жетіде колхоздың таңғы нарядына баруым керек болғасын, үйден алты жарымда шығып кеттім. Мен кеткенде Сүкең де тұрып, киініп жатқан-ды. Содан нарядты өткізіп, колхоздағы басқарма мүшелеріне қажетті тапсырмалар беріп, сағат тоғыздан аса үйге келдім. Сүкең есік алдында отыр екен. – Ерте келгенің жақсы болды. Маған машина тауып берсең болар еді. Шыршықтағы екінші жеңгеңді көріп қайтсам деп едім. – Сіз үшін бəрі дайын, Сүке. Шайланып алайық та. Қырқыншы жылдардан кейін еш жерде жұмыс істемесе де, Сүкең атақ-даңқының арқасында өз несібесін өзі тапқан. Ал, соңғы кездері оны ел асырап жүргенін білетінмін. Оның түрлі деңгейдегі хатшылар мен бастықтардың, сот төрағалары мен прокурорлардың, совхоз директорларының үйлеріне қонаққа баратынын да білем. Даңқты Сүкеңнің үйлеріне неге келгенін əлгі кісілер айтқызбай-ақ сезеді. Əлбетте, Сүкең өзі ешқашан ештеңе сұрамайды. Əлгіндей кісілер оны разы етуге өздері ықыластанады.
Біршама уақыттан соң Сүкеңе шапан-шаттығын жауып, колхоздың «ЗИС» маркалы жүк машинасын арнайы бөлдіріп, шопырға оны баратын жеріне дейін апарып тастауды тапсырдым. Машина кабинасына зорға сыйған Сүкең кетерде: – Дүйсенбек, биыл алпыс тоғызға келдім. Он алты жасқа дейінгі өмірімді есептемегенде, қалған ғұмырымның барлығы дала мен тау арасында қыран сияқты қалықтаумен өтті. Осыған орай кейде ойлаймын, ажал маған үйде емес, далада тап болады-ау деп. Қош болғайсың. Бұрындары кездескен кездерімізде артық-кем қылық көрсетіп, ағат сөйлеген жерім болса кешкейсің, інім, – деді. – Сіз маған ешқашан əбестік көрсеткен емессіз, Сүке, – деппiн аузыма басқа сөз түспей. Ол аттанып кетті. Мен кеңсеге келдім. Кабинетке кіріп жайғаса бергенімде, мана Сүкеңді алып кеткен машинаның шопыры кірді алқынып. Жүрегім бір жаманшылықты сезгендей: – Не болды? Сүкең қайда? – дедім абдырап. – Ол кісі жолда... Анау қыр басына шыға бергенімізде бірден жүрегі тоқтап.... «жүріп кетті»... – деді ол ентігін баса алмай. Асып-сасқан мен кеңсенің бірталай қызметкерін алып, «ЗИС» тұрған қырға бардым. Сүкең кабинада шалқайып отыр. Реңі боп-боз. Демі жоқ. Сол қолы рөл үстінде жатыр. Рөлдің бір шеті майысып қалыпты. Жарықтық, жүрегі тоқтап бара жатқанда соңғы рет ышқынып, рөлді бір ұрса керек. Рөл құрыш темірден жасалған ғой. Оны дəу балғамен ұрып əзер майыстырасың. Ал Сүкеңнің соққысы... Міне, Сүкең осылай дүниеден өтіп еді... ...Бұл күндері ел арасында Сүлеймен туралы естеліктер жылдар саңлауынан сығалап жеткен аңыздардай жаңғырып тұр. Бірақ сол аңызға айналған қаһарман бейне туралы естеліктер жыл өткен сайын көмескіленгендей ме, қалай, бүгінгі ұрпақ оның қарақшы деген атынан басқа нақты кім болғанынан бейхабар болып барады. Осы еңбек оның қандай тұлға болғанын сіздерге, құрметті оқырман, айқындап берген де болар. ...Көзі кетсе де, атқарған ісі ауыздан кетпеген, біртуар қаһарман текті ер Сүлеймен, сенің де есімің тарихта жүрсін!..
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 490
- 491
- 492
- 493
- 494
- 495
- 496
- 497
- 498
- 499
- 500
- 501
- 502
- 503
- 504
- 505
- 506
- 507
- 508
- 509
- 510
- 511
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 500
- 501 - 511
Pages: