Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-11-24 12:25:35

Description: Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Search

Read the Text Version

орыс балуанын жеңген. Одан соң Тұрлыбайдың қолына түсіп, үш күн суық жертөледе қамалғанда да бір көрінген. Онда да ажал аузынан құтылып кеткен-ді. Бұдан кейін Алайда басмашы болып жүргенде талай рет өлім тырнағына іліккен сəттерде де осы шал көз алдына бір жарқ ететін. Сондайда қапиядан аман шығатын. Сібірде Қара Иванмен төбелесіп жатқанда да елестеген. Қарап тұрса, сол шал бір жебеушісі сияқты... Бір кезде есік сыртында дүңк-дүңк деп басылған аяқ дыбысы ойын бөліп жіберді. Артынша бұлар жатқан бөлменің есігі ашылды. – Кешегі қамалған кісі, атың кім еді сенің, Сүлеймен бе, шық бері! Сүлеймен басын көтерді. Есік алдында екі мілиса тұр. – Азанымен тергейiн дедіңдер ме? – Тергеуге емес. Бір кісілер күтіп отыр сені. Талыстай болмай, тұрсаңшы тезірек. Ақсаңдай басып, мілисалардың соңынан ерді. Сыртқа шығар есіктің жанындағы бөлме тұсына келгенде аналар тоқтады. – Мына жаққа кіріңіз. Сүлеймен олар нұсқаған бөлмеге кірсе, үстел басында бір-біріне қарама-қарсы қарап, екі кісі отыр екен. Бірі кешегі өзін алып келген мілиса бастығы да, екіншісі – қарасұр жүзді, тікірейген мұртты, төртбақ келген бір қазақ. Екеуі де орындарынан тұрып, қолын алды. Бастық кешегідей қаһарлы емес, түсі жылы, күлімсіреп тұр. Соған қарағанда, мына қазақ одан үлкен дөкей болса керек. – Сүлеймен деген сен бе? Паһ, паh, біздің қазақтың осындай пілдей жігіттері бар-ау. Қалай сен, Кəтжар, осындай нар тұлғалы жігітті көзің қиып, қамауға жатпақсың? Кел отыр, Сүлеймен, қасымызға. Əңгімеңді тыңдайықшы. Мұнда қалай түскеніңді өз аузыңнан естиiн, – деді қазақ. – Айтпақшы, менің атым – Мамажан. – Атыңды бір жерден естіген сияқтымын. – Естісең, естіген шығарсың. Мені күллі Тəшкен таниды. Иə, əңгіме онда емес. Одан да менің сауалыма жауап бер. Сүлеймен базарда болған жайттың бəрін айтты. Мамажан бəрін үнсіз тыңдап, бастыққа бұрылды: – Менің естігенімнің бəрі рас екен. Сен алдымен базардағы бандылардың бұзақылығын тиып алсайшы. Түсінуімше, мұның түк

кінəсі жоқ. Қайта бұл – жапа шегуші. Дəл қазір босат мұны. Өзіммен бірге ертіп кетемін. – Құп, Мамажан əка, құп. Сіз айтсаңыз болды, – деп бастық иілді. Мамажан екеуіне жалтақ-жалтақ қарап, түкке түсінбей отырған Сүлейменге көзiн қысты: – Көрдің бе? Сенің түк кінəң жоқ болса да, мыналар сені қамап қойыпты. Шеттен келген қазақ деп басынған да. Солай ма, Кəтжар? – Е, жоға, əка. Төбелесті осы шығарған екен деп қателесіп қалдық та. Fапу еткейсіз енді, Мамажан əка, – деп анау жағымпазданып өліп барады. – Аяғыңның пышақ кірген жері ауыра ма? – Жүрген кезде қатты ашиды. – Сен, Кəтжар, «ауыра ма» дегенің не? Доқтырыңды шақырып, жарақатын тазалатып, таңдырып бер. Содан кейін күймеңді шақырт. Бізді үйге апарып тастасын. Далаға шығып, Сүлеймен Мамажанмен қатар жайғасқанда, күйме бір шетіне қисайды. – Туһ, салмағың қанша өзіңнің? – Оны кім өлшепті дейсің? Одан да мені қайда апаратынынды айтсаңшы. – Біздің үйге барамыз. Үйде сен секілді біраз мықтылар отыр. Солармен таныстырамын. – Мені олармен төбелестірмекпісің? Жөніңді айта отырсайшы. Мілисадан не үшін босатып алдың? Екеуміз бір-бірімізді танымаймыз да. – Сен жайында Төребек пен Қарынтайдан естідім. Батыр екеніңді білген соң босатып алайын дедім. Жалпы, мен сен туралы көп білем. Бəрекелді, базардағы бұзықтардың шат-шəлекейін шығарыпсың. Өзіңді көрмесем де, сыртыңнан сол тірлігіңе риза болып қалдым. Біле білсең, қазақта сен сияқты жігіттер аз. Ал мұндай жігіттерді сақтау лəзім. – Ниетіңе рахмет. Бірақ атыңды білгенім ғана болмаса, өзі жайында бейхабармын. Өкіметтің қандай шен-шекпенді адамысың? – Оған біраз қызмет еткенмін. Əлі де етемін. Ашығын айтқанда, осында кеңестің сауда-саттық басқармасы бар. Сонда іс атқарамын. Ал мына мілисалармен жақсы қарым-қатынаста едім. Соның арқасында ғой, өзіңді ол тамұқтан алып шыққаным.

Сүлейменнің есіне Төребектің əнеукүні осы Мамажан туралы айтқаны түсті. Сол мұны күллі Тəшкеннің жарым патшасындай етіп, əңгімелеп еді. Оның сөзі Тəшкеннің ең басты ұлығынан бастап, төменгі кішігіне дейін өтеді» деп еді. Төребектің сөзi рас-ау. Мамажанның мына маңғаз һəм сұп-сұр суық жүзі екпіндеп- екніндеп шығатын дауылдай үні соны айқындап тұрғандай. – Мен жайында кеңірек білгің келсе, үйдегі кісілерден есітерсің, – деді Мамажан күйме лайсаң бір көшеге түскен кезде. – Ал тегімді сұрайтын болсаң – қоңырат деген елденмін. Сыр жағасындағы «Жалғыз көде» деген жерде тұрғанмын. Жасым – отыз сегізде. – Менен төрт жас үлкен екенсің. Мен «өзіммен қатар ма» деп келе жатыр едім, «Сен» дегеніме айып етпе. Енді мені қайда орналастырмақ ойың бар? Мен дегенің, үйсіз-күйсіз жүрген жанмын. – Ол жайын үйге барған соң қозғайық. Қос ат жегілген күйме табаны былжырап жатқан көшені бойлай жүріп, қам қышпен соғылған ұзын дуалды үйге келіп тоқтады. Қосарлана күймеден түсті. – Мына үй ілкіде сарттың бір байпатшасынікі болған екен. Кеңес ортағаннан кейін өкімет алып берді. Жо-жоқ, менен бұрын рабкомның төрағасы тұрған. Төрағадан кейін кеңестің талай ұлықтары бұл үйге таласты. Алайда олардан басым түсіп, мен иелендім. Сүлеймен ішке енгенде көзіне зəулім сарайдай үй түсті. Үй болғанда сыртының бəрі күйдірілген қызыл кірпіштен салынған əсем там. Есік алдындағы бастырмасының ұстындары мен паруаз ағаштары оюлап жасалынған. Терезелері де үлкен. Бір бұрышта қара былғарымен қапталған пəуеске тұр. Оның ар жағында төрт ат байлаулы. Мұндай сəн-салтанаты келіскен үйді Сүлеймен өмірінде көрген емес. Үйге жақындағанда иығына шашық iлгeн, қолында құманы мен шылапшыны бар ілмеген бір сарт алдарынан шықты. – Кісілер үйде отыр ма? – деді Мамажан қолын жуып жатып. – Иə, қожайын, үйде, үйде. Сүлеймен қолын жуып болғанда, үйден үш кісі шықты. Екеуі орта бойлы. Бірақ иықтары жалпақ. Бастары қазандай. Ал біреуінің бойы ұзын, əрі сүйекті. Көздері от шашып тұр. От шашқаны былай түрсын, тіпті зəрдей екен. Екі жаққа ширатылған мұртының ұштары жоғары көтерілген. Алдымен Сүлейменмен сол амандасты. Саусақтары ұзын,

салалы болғанымен тастай қатты. Жалпақ алақандары күс-күс пе, əйтеуір бұдыр-бұдыр темiр сияқты. Одан кейін қол берген екеу де осал адамдар емес. Жүздерінде қан-сөл жоқ, қатқыл. – Амандасып болсаңдар, ішке кірейік. Сосын танысарсыңдар. Бəрі кіре беріс айуаннан өтіп, кең бөлмеге кірді. Бөлме іші жасаулы. Төрт бұрышта қалың-қалың көрпешелер жаюлы. – Қонақ, төрге шық! Қатарласа жайғасқан соң манағы сарт дастархан жасап, шəй əкелді. Шай құюды Мамажан өз қолына алды. – Ал, Сүлеймен. Мына жігіттерді саған таныстырайын. Өзіңнің жаныңа отырғанның аты – Қараман. Келестегі шанышқылы. Қазір сонау Аралдағы Барсакелмес деген жерде айдауда жүр. Бірақ оқтын- оқтын жасырын түрде елге соғып тұрады. Дегенмен əр келісі онша жасырын да емес. Жə, бұл жөнінде кейінірек. Естуімше, жұрт өзіңді «Сүлеймен қарақшы» дейді екен ғой. Ал мұны Тəшкен жұрты «Қараман қарақшы» дейді. Анау көздерін көрмейсіңбе, ашулы бөрінің көздеріндей шоқ шашып тұр: Ал мынау – Абдан. Шын аты – Пархад. Солай ма еді, Пархад. Ол өзіңнің туысың. Тау жақтан. Баяғыда семіздіктен жүре алмай жатып қалса да, он үш жыл ел билеген – оймауыт Тұрта деген датқаны естуің бар шығар. Содан Ағабек туған. Ағабек те көп жыл болыс болған. Пархад сол Ағабектің екінші баласы. Мұны тау барысына да, қамыс жолбарысына да, тоғай қабанына да теңесең болады. Жаужүрек. Қанша таяқ жесе де, қайтуды білмейді. Қалжыңмен айтсам, бұл тұрғыда ол денесіне таяқ тиген сайын ісіне беретін борсық сияқты. Соққы дарымайды. Көп мақтап қойдым ба-ей сені, Пархад? Онда сені қойып, Парманқұлға көшейін. Парманқұл батырымыз – қоңырат. Ілкіде Алай тауында өзіңмен бірге басмашы болып, кейін Сібірге айдалған Аязбек пен Төрекелдінің бұрынғы досы. Ілгеріде бəрі байлардың малдарын тонап, қарақшылықты бірге бастаған. Мұны да жұрт «қарақшы» дейді. Əлі күнге дейін өкіметтен қорықпай, көшеге шықса, мылтығы мен қылышын асынып жүреді. Осындай адамды көрген бе едің?.. – Тоқтай тұр, Мамажан, тоқтай тұр. Осы Парманқұлды күні кеше ғана «абақтыда жатыр» деп есітіп едім. – Кеше шығарып алғам. Бұл түрмеге түсуден жалықпайды, мен шығарып алудан шаршамаймын. Мамажан осыны айтып күлді. Оған

қосыла бəрі күлісті. Одан кейінгі əңгімелері тіпті жарасып, төртеуі түн ауғанша отырды. Ойлары да, сөздері де бір жерден шықты. Жарыса сөйлесіп, бір-бірлерінің өткен өмірлері жайында əбден қанығысты. – Өкіметке құл болмай-ақ, нанымды тауып жеймін, – деді Парманқұл. – Мені ешкім өзіне тəуелді ете алмайды, – деді Пархад. – Қалыпқа сыймайтын адамдармыз-ау. Бірақ кесілген жазамды өтемей, маған тыныштық жоқ. Еркіндік бір қолыма тисе ғой, – деді Қараман. – Тұрлыбай мен басыма үзеңгімен ұрған қаскөйдің сазайын бермей еш тынбаймын, – деді Сүлеймен. – Сен, Парманқұл, құл болмай нан тапқың келсе, жөн-жосықсыз зорлыққа бара берме. Пархад, сен болсаң, ұрлық атаулыға жолама. Онсыз да несібең мол адамсың. Ал, Қараман, сені «жер аударды» дегені болмаса, өз еркің өзіңде. Артыққа кетіп, тағы күйіп қалма. Сүлейменге келсем, білмеймін, бұған не айтарымды. Алдымен жарақатыңды жазып ал. Осында жатып жазыл. Үй кең. Бар жағдай бар. Қарап тұрсам, өштескен адамыңнан кек алмай қоймайтын жан екенсің. Мен «тиіспе» десем де, тиісесің оларға. Ол сұмдарға да бір зауал керек... Жə, бүгінгі əңгімемізді осымен бітірейік. Қараман ертең Аралға қайтуы керек, Парманқұлға əзірше жұрт көзіне көрінуге болмайды. Сүлейменнің жағдайы белгілі. Сондықтан да жатып дем алайық. Қалғанын кейін көрерміз. – Жарайды, Мамажан. Əзірше сенің айтқаның болсын. Бағаналы бері сенен бір нəрсені сұраудың реті келмеді. Енді сұрайын. Осында барлық бұзықтар мен баскесерлерді ашса–алақанында, жұмса– жұдырығында ұстап отыратын Бекаба деген жөйіт бар екен ғой. Ол жайында не білесің? – Оның бары рас. Бірақ соған өкіметтің де, мен деген мықты жігіттің де əлі жетпей қойды. Өзім оны көрген емеспін. Айтушылардың сөзіне қарағанда, сұмдық адам дейді. – Сол сұмдық адамның ажалына мен жетемін! – Қайдам? Мамажан бір күрсініп, басын төмен салды. Тəшкендегі қазақтардың ең атақты қарақшыларымен танысқан Сүлеймен, бір апта бойы Мамажанның үйінде қонақтап, Тұрлыбай

мен өзін үзеңгімен ұрған сартты қалай қолға түсіруді əбден жоспарлады. Жоспарының көмекшісі – Пархад. Күнде көшеге шығып жүрген ол, бір күні кешке Қаратайды ертіп келді. – Тəшкенге келе сала, екі рет оңбай таяқ жедің. Бұл сені сорға батыратын шаһар болды-ау деймін, – деді ол амандасып болған соң, – О, Парманқұл да осында екен ғой. Мамажан бəріңнің бастарыңды қосып, жүдə, бағып жатыр екен-ау. – Бір қарақшымызды Аралына аттандырып, үшеуміз жатырмыз ішіміз пысып. Мына Сүлейменді таяқтап кеткендерді таптың ба? Көрсетші тезірек. Іш пысқанға қолдың қышығаны қосылып, Мамажанның үйіне сыймай отырмыз. – Сен, Парманқұл, өзіңе лайықты жанды енді таптың. Қашқарлықтардан кек алғыларың келсе, дайындалыңдар. Үзеңгімен ұрғыш қаскөйдің, Тұрлыбайдың, қойшы, не керек, Сүлейменге қастандық жасағандардың бəрінің қай жерде тұратындықтарын əбден біліп алдым. Өш алуды қайсысынан бастайсыңдар? – Үзеңгімен ұрғанның атын Жəлелдин деп пе едің? Алдымен соны тұзаққа түсірейік. Ал өткен базарда маған жабылып, пышақ ұрғандардың кімдер екенін біліп алдың ба? – Жəлелдинді көрсеткен Мұзапар оларды да білетін болып шықты. Бəрін жұмсап отырған – Тұрлыбай. – Онда бұл не отырысымыз? Уақыт болса, кеш түсті. Кеттік, Жəлелдиннің үйіне. Айтпақшы, ол қай жерде тұрады екен? – Қарақамыстың бойындағы махаллада. Тұрлыбай да сол жақта тұрады. Жалпы, оның көп бандысы бір-бірімен ауылдас. Мұзапар да солардың іргесінде отыр. – Мұзапардың бізге қажеті шамалы. Сен Жəлелдинді алдап, сыртқа шақырып шық. Оған бір сылтау табарсың. Махалланың маңында қалтарыс-бұлтарыс жер бар ма? – деді Сүлеймен Мамажан сыйлаған екі жүзді қанжарды қонышына сұғып жатып. – Махалла жағасын ну қамыс басқан өзенді бойлай орналасқан. Орылмаған, мал араламаған қамыс тығылғанды көлденең көзден жүдə əдемі жасырады. Соның арасына бір кіргізіп алсаңдар, ар жағын өздерің білесіңдер. Бұдан кейін біраз істерді тағы пысықтап алған төртеуі шаһардың батыс жағындағы Қарақамыс махалласына жол тартты. Көліктері – қос ат жегілген үлкен дөңгелекті қоқанарба. Ат айдаушының қызметін

атқарған Пархад бұларды демнің арасында межелі жерге жеткізді. Арбаны махалланың бас жағына орналасқан Мұзапардың үйінің ауласына тықты. Сүлеймен мен Парманқұлды көргенде, Мұзапар қорқыныштан дірілдеп, əзер үн қатты: – Уа, үкалар, кімді таяқтасаңыздар да мені араластырмаңыздаршы. Бала-шағам бар. Оларды мен көрсеткенімді Бекаба есітіп қойса, үй-ішімізбен бауыздап кетеді. – Қорықпа, сені бұл іске араластырмаймыз, – деді Пархад. – Жəлелдиндікі сенікінен кейін нешінші үй? Мұзапар үйлерді іштей санап, күбірледі: – Тоғызыншы үй. – Бұл айтпаса да білем ғой, – деді Қаратай. – Жақсы, біз келгенше аттар мен арбаға қарай тұр. Жағасын қамыс басқан өзен мен ұзыннан-ұзақ созылған махалла арасын бір-ақ көше бөліп жатыр. Мұзапардың үйінен шыққан төртеу бір-біріне жабыса салынған тамдарды санап келіп, тоғызыншыға келгенде тоқтады. Дуалдың ар жағынан шəуілдеп иттер үре бастады. – Біз дуал жағалай тұрайық. Жəлелдин шыққанда, бізді бірден байқап қоймасын. Ал, Қаратай, шақыр оны. Қаратай аласа дарбазаны қамшы сабымен дүңкілдетіп ұрды. Ар жақтан: – А, кім-ə дүр бұ? – деген дауыс шықты. – Жəлелдин, бір сəтке бері шығып кетші. Тұрлыбай жіберді, – деді Қаратай. Тұрлыбайдың атын естіген анау атып шықты. – Нe, жайшылық па? – Жай тірлік болмай тұр ғой. Былайырақ жүріп, анау кісілермен сөйлесші. Ойында ештеңе жоқ Жəлелдин Қаратайдың соңынан ерді. – Қараңғыдан анық көрмей тұрмын. Бұрын екеуміз таныс па едік өзі? Жəлелдин осылай дегені сол еді, дуал түбінен шыға келген Сүлеймен, оның басынан бір қойып, жерге былш еткізді. Одан соң бір аяғынан ұстап, қамыс арасына сүйреледі. Қамыстың қалыңдау тұсына келгенде сілкіп-сілкіп, есін жидырды. Есін əрең жинаған Жəлелдин басын қысып, біраз отырды. Айқайлайын деп əрекеттеніп еді, бірақ

жан-жағындағы төртеудің бəрібір өлтіріп қоятынын білді ме, Сүлейменнің аяғын құша құлады. – Кешіріңіз, əка. Айып менде. Сіз базардағы мен ұрған дəу емессіз бе? Құдай ақы, ұрам деп ұрғаным жоқ... Тұрлыбай əкам қоймады. Ойбай, өлтіре көрмеңізші. Басын Сүлейменнің тобық тұсына тіреп, етпеттей жатқан ол еңкілдеп жылады. – Жылама, хайуан! Сырттан келіп ұруға батыр едің ғой. Осы үшін қазір мына басыңдағы миды анау өзенге ағызып кетем. Сүлеймен басына бір тепті. Тепкі қатты болмаса да, оңай тимеді білем, Жəлелдин тағы талықсып қалғандай, үн шығаруға əлі жетпеді. Аздан coң жан бітіп, қозғалақтады. Сүлеймен оның желкесінен бүре ұстап тұрғызды да, қалай қинасам екен дегендей қолдарын жəй бұрай бастады. – Сүлеймен, қоя тұр. Бұл бізге Тұрлыбайды шығарып берсін. – Ə, үкам дұрыс айтады. Бəрін бастаған – сол. Шығар десеңдер, шығарып берейін. Тек өзімді аман қалдырыңдаршы, – деп Жəлелдин төртеуінің аяқтарына кезек-кезек жығылды. – Сен өйтіп бізді алдама. Оған бір жетіп алсаң, бір қулықты ойлап қаша жөнелерсің. Айт, Тұрлыбайдың үйінде мылтық бар ма? – Мылтығын білмеймін. Бірақ міне – иманым, міне – шыным, алдарыңызға əкеп берем. Керек десеңіздер, оны өзім-ақ ұрып берейін. – Бүйтіп жəдігөйлік жасама. Мені сендей опасызға сенеді деймісің? Одан да қалай шақыратыныңды айт! – Сіздер бергі жақта тұрасыздар. Мен шақырып келем. – Оттапсың. Біз сені ұстап тұрамыз. Сен айқайлап шақырасың. Басқа бірдеңе деп жүрсең, жон арқаңа қанжарды қадай саламын. – Бопты, үка, бопты. Төрт қарақшы алдарына Жəлелдинді салып, қамыс арасынан шықты. Азғантай жер жүрген соң: «Тұрлыбайдың үйі осы», – деп Жəлелдин таспен қоршалған бір тамның тұсына тоқтады. – Расымен осы ма? – деп Сүлеймен Қаратайға қарады. – Осы. – Біз ешкімді аямаймыз. Сатқындық жасағандарды айтам. Егер сөз арасында оған белгі беріп қойсаң, бала-шағаларыңнан түк қалдырмаймыз, – деді Пархад əдейі ананы одан бетер қорқытып.

– Қам жемеңіз, үка, қам жемеңіз. Айтқанымда тұрам. Белгі бермеймін. Жəлелдин Тұрлыбайдың қақпасын өздеріне белгілі соққымен төрт-бес мəрте тарсылдата ұрды. Қақпаның ар жағынан қатқыл үн естілді. – Қайсың бұл?! – Тұрлыбай, əш-ү дарбазаны! Шаруа бар-үу. – Жəлелдинбісің? Əй, түннің жарымында сенің де ісің бітпейді екен. Бекаба жəкемнен бір хабар келіп қалды ма? – Шықсаңшы-ə. Əйтəм ғуй. Шиқылдап қақпа ашылды. Сүлеймен еңкейіңкіреп, Жəлелдинді паналап тұрған. Анау үшеуі сыртқа ашылған қақпаның тасасына тығылды. – Айт, не болды? – Əкеңнің... болды. Мə, сұмырай! Қақпадан жайбарақат шыққан Тұрлыбайды Сүлеймен осылай деп бір соқты. Анау қақпаға жабысып барып, сырғып жер құшты. – Пархад, Жəлелдинді ұста. Мен мұны сүйреп қамыс арасына апарайын. Сəл мезгілден соң Тұрлыбай мен Жəлелдин ну қамыстың арасында төртеуінің қоршауында отырды. – Сөйле, Тұрлыбай. Баяғыда аязды түнде су ішінде қатып қалмай қалай аман шықтың? Бəрінен бұрын қасқырлар қалайша саған тиіспеді? Əй, бірақ, сауал-жауап алып отыратын менде уақыт жоқ. Тек мынаны түсіндір. Маған өзің тиіспей, неге адамдарыңды жібересің? Тасадан тас ататын қорқақтың нақ өзі екенсің сен. Егер менімен өзің төбелеске шығып, жеңсең, яки жеңілсе, бəрін кешірер едім. Ал мен ешуақытта араға адам салып, қапияда бас салдыратын қорқақтарды кешірмеймін. Енді өлдім дей бер. Баяғыда аязды түнде мұздай өзенге батырып кеткенімде сау қалыпсың. Бүгін тағы суға батырам. Бірақ сол кездегідей аяз болмаса да қазір өлесің. Жоқ, əлде, Бекабаның алдына өзің ертіп барасың ба? Сұрашы менен. Қандай айламен өлу оңай? Суға батып па, əлде басың қырқылып па? Əй, жауап бер маған! Əлі есіңді жинай алмай отырмысың? Тұрлыбайдың бет-əлпетінде қандай өзгеріс бар екені қараңғылықтан көрінбейді. Бірақ іштей аһ ұрып, өкініп отырғаны

даусыз. Сүлеймен бір нұқығанда жанындағы Жəлелдинге бассалды. – Аһ, сатқын! Сен мақұлыққа баяғыдан сенбеуші едім, – деп оны төмпештей берді. «Ит ашуын тырнадан аладының» керіне салынған оның басына Сүлеймен гүрс-гүрс еткізіп екі рет ұрды. Тұрлыбайдың миы аузына түсті. Оның шалқалай сұлағанын көрген Жəлелдин: – Өліп қалды ма, өліп қалды ма? Ə-ə-ə, енді мені өлтірмеңіздерші, – деп зарлана жылды. Пархад Тұрлыбайды ары-бері аударыстырып көрді. – Қазiрше өлмепті. Талып қалыпты. Парманқұл Тұрлыбайдың білегін ұстап, тамыр соғысын байқады: – Жалаң қолыңның өзі сойылдай екен. – Қап, Құдай-ай!.. Жəй ғана ұрған сияқты едім... – Сүлеймен қатты күрсінді. – Мұны естісе, Мамажан тамырымыз «бекер бопты- ау» деп ренжитін шығар. – Кім ренжісе де, болар іс болды. Əй, Жəлелдин неге сонша дірілдейсің? Тұрлыбайды сүйретіп бар да, анау өзенге таста. Көрген жұрт «суға батып өліпті» десін. Пархад осыны айтуы мұң екен, Жəлелдин Тұрлыбайдың аяқтарынан сүйреп, суға күмп еткізді. Су жағасынан бері қарай бұрыла бергенінде, Парманқұл артынан бір теуіп, өзін өзенге батырды. Содан шашала жөтеліп, жағаға тырбанып шығайын деп еді, Пархад қамшымен бастан салып жіберді. – Арғы бетке жүзіп жете алсаң, аман жібереміз. – Ойбай, əка. Судың ортасы терең. Жүзе алмаймын. Су мұздай. Суық тиіп, өліп қалам ғой. Жəлелдин су ортасында дір-дір етіп, осылайша қақсап тұр. – Онда, шық жағаға. Жəлелдин жағаға ұмтылды. Осы сəт Пархад маңдайынан бір теуіп, суға тағы шалқасынан түсірді. «Мыналар судан шығармайды» деп ойлады ма, ол қақала-мақала ары қарай жүрді. Өзеннің қараңғы бетінен оның жəй басып кетіп бара жатқаны бұларға анық көрініп тұрды. Бір кезде: «Ойбай, мына жер терең екен. Өте алмаймын, өте алмаймын», – деп бақырып, кері бұрылды. – Бақырыма, сұмырай. Біреу естіп қояды. Сөйлей бермей, кел бері!

Ол жиекке жақындап келген кезде: – Тоқта сол жерде, – деді Парманқұл. – Судан шыққың келсе, бізге «Бекабаның отырған жеріне ертіп барам» деп уəде бер. – Оның отырған жеріне кірген емеспін. Мені онда кіргізбейді. Беймарал кіретін Тұрлыбай еді ғой. – Өтірікті соқпа. – Оллаһи, шыным. – Тұрлыбайдан басқа кім кіре алады? – Достұр кіреді. – Ол кім? – Базардағы мілисада істейді. – Мілисаның керегі жоқ бізге. Басқа адамды айт. – Пархад, Бекабаны қоя тұр. Қаратай, Сүлейменге пышақ ұрғанның атын кім деп еді? Кəрімхан дейсің бе? Жəлелдин, бізге қазір Кəрімханды Тұрлыбайға ұқсатып, далаға шақырып берсең, судан шығарамыз, – деді Парманқұл. – Мақұл, мақұл. Кімді айтсаңдар да шақырып беремін. Төртеуі Жəлелдиннің киімдерінің суын сорғалатып, дірдектеткен күйі Кəрімханның үйінің алдына айдап келді. Тістері тістеріне тимей қалшылдап, əзер сөйлеп тұрса да, Жəлелдин Кəрімханды көшеге шығарды. Кəрімхан сорлы да оның қандай жұмыспен келгенін біліп үлгергенше, арт жақтан тиген соққыдан есі ауып түсті. Қамыс арасында өз-өзіне зорға келді. – Мен ұрсам, бұл да өліп қалатын шығар. Сендер ұрып-ұрып, менің кегімді қайтарыңдар. Анау үшеуі оны əбден қинады. Жəлелдинге ұқсатып, əбден суға тоғытты. Айқайлайын десе, Парманқұлдың қолындағы маузерден қорықты. Пархат Кəрімханмен қатар Жəлелдинді де өлгенше таяқтады. Ол аздай, Кəрімханның аяқтарына пышақ сұққылап, жаралап тастады. – Осы таяқ жегендеріңді мілисаға айтсаңдар, болмаса базарда, көшеде бізге тосыннан шабуыл жасасаңдар, бұдан бетер азаптаймыз, – деп екеуін қосақтап байлап, қамыс ішіне тастап кетті. – Бұл иттер ашуым басылғанда кездесті. Базарда қолға түскенде аямас едім. Жаңа олардан сұрамаппыз ғой, Бекабаның адамдарына жейтін адамдарды осылар тасып жүрген жоқ па екен? – деді Сүлеймен қамыс шетіне шыққанда.

– Ə, ондайға бұлардың да қатысы бар, – деді Қаратай. – Онда кері бұрылып, екеуін де байланған күйлері суға тастай салайық. Өлсе – өлер, өлмесе – жағаға шығар. Талай пəк сəбидің қанын шашып жүргендерді несіне аяймыз. Төртеуі осыған келісті де, ішшайлап жатқан екеуін домалатып, өзенге тастады. Қол-аяқтары байлаулы екі сорлы су ағысымен ағып кете барды... VІІ Содан бері алты айдай уақыт өтті. Сол, 1932-ші, мешін жылының күзі жаңбырлы болды. Əдетте Тəшкенде қараша айының өзі де ыстық болатын. Ал осы жылы күн құрғатпай шелектеп құйған жаңбыр бір ашылмай-ақ қойды. Əр он-он бес жылда бір болатын мұндай жаңбырлы күз Тəшкен жұртын əбден мезі етiп-ақ тастады. Диқанның жұмысы, саудагердің базары оңды болмаған соң, көбіне осы екі нəрсені кəсіп ететін өзбек халқының көңілі қайдан көтеріле қойсын. Дегенмен Тəшкендегі əр жеті сайын болатын базар тоқтап қалмайды. Бірақ жайма-шуақ мамырлы күндерге қарағанда, жаңбырлы уақытта мұнда қызу сауда-саттық, қарбалас тіршілік бола қоймайды. Сүлейменге Мамажан «Əсті имам» мешітінің жанынан бір үй əперген. Ауласы тар, төбесі пəс демесең, бөлмелері кең. Пархад та, Парманқұл да осында. Соңғы кезде үшеуінің жұбы жазылмады. Қайда барса да бірге. Үшеуінің үнемі бірге жүргенінен сескенді ме, əйтеуір базарда да, көшеде де ешкім тиіспеді. Тұрлыбайдың, Кəрімхан мен Жəлелдиннің таяқ жегеніне Бекаба жөйіт кек алғысы келмегендей жым-жырт. Алты ай ішінде үшеуі қарап жатпады. Тəшкенге Қазақстандағы аштық зобалаңынан ауып келген, əлі де келіп жатқан ашқұрсақ қазақтар көп. Үшеуі алты ай бойы сол қазақтарды тойындырамыз деп, тыным таппады. Оларға базар саудагерлерінен, көше-көшелердегі шайхана-асханалардың қожайындарынан тартып алған малдар мен ас-ауқаттарды таратып беріп, қолдарынан келгенше көмектесіп бақты. Осылайша, басы ауған талай қазақ осы үшеуінің арқасында жат жерде аштан қатпай, аман қалды. Кеше Пархад пен Парманқұл «Қатағантөбе» жаққа кеткен. Сүлеймен үйде жалғыз отырып, көрші өзбек қатын дайындап берген ауқатын енді алдына алғаны сол еді, қақпаны біреу қатты тоқылдатты. Кебісін сүйрете шыққан Сүлеймен қақпаны ашса, көздері ойнақшыған орта бойлы біреу тұр екен.

– Сүлеймен дəу сіз боларсыз? – Иə, мен. Өзің кімсің? – Менің атым – Қойсал. Шорабазардағы Өдімəт дəдəмді білесіз ғой. Сол кісі бүгін бейсенбі болғасын, базарда делдалы бар, қасапшысы бар, сондағы жұмыс істейтіндердің барлығын һəм тамыр- таныс кісілерін шақырып, тамақ беріп, құран оқытпақшы. Сізді де «келсін» деп мені жіберді. – Өкімет Құран оқып, құдайы беруге тыйым салды деп еді. Өдімəт қорықпай, қалай құдайы өткізбек? – Ол жағын кім біледі. Бір есебі бар шығар. – Сен сəл кідіре тұр. Мен киініп шығайын. Үстіне жеңіл шапанын іле салып, сыртқа шықса, Қойсал көшеде тұрған өгіз арбасын кері бұрып қойыпты. – Бүгін күндегідей емес, ауа ала бұлтты болып тұр. Жаңбыр жауа қоймас, сірə. – Қайдам, Сүлеймен əка. Жаңбырдың өстіп тұрып-ақ жауа салатын əдеті бар ғой. – Мен байқай алмай отырмын. Тəжіксің бе, өзбексің бе? – Түбіміз сонау Созақтағы Тама екен. Атамыз бай болыпты. Орыс келген кезде бар малымнан айырылып қалам деп, Xoжeнт жаққа қашыпты. Атамның да, əкемнің де өлігі сол Xoжeнтте қалды. Жаңа өкімет орнаған соң мен қуғынға түстім. Содан тау асып, Тəшкен келіп тұрақтадым. – Осы жердің қазақтары неге бірің өзбек, бірің тəжік болып бара жатырсыңдар өзі? Сенің түрің мен тіліңе қарап, түбіңнің қазақ екеніне ешкім сене қоймас. – Кім біледі, ортамызға қарай бейімделген шығармыз. – Қандай ортаны айтып отырсың? – деп гүж етті Сүлеймен. – Əркім ортасына қарай өз ұлтын жоғалта берсе, біздің елдің Сұлтанрабат, Сайрам жеріндегі өзбектер неге қазақ болып кетпейді. Қайта соларға жақын отырған кейбір қазақтap өзбек болып кеткен. Неге қазақтың намысын ұстамайсыңдар өздерің? Мысалға, менің осында келгеніме алты ай болды. Əлі бір ауыз сөзді өзбекше айтпаймын. Қоқанда екі жыл жүргенімде де өзбектің арасында жүр екенмін деп тілімді шұбарлағаным жоқ.

Екпіндей сөйлеген Сүлеймен өзін бір ұрып жіберер ме екен деп қорыққан Қойсал өгізді тоқтата сап, жерге секіріп түсті. Ойнақшыған көздері енді мөлиiп, бұған жасқана қарап, арба шарабасына сүйенді. – Неге түстің? – Ойбай, сізден қорқып кеттім. Түріңіз əшейіннің өзінде қорқынышты көрінеді. Жаңа екпіндеп сөйлегеніңізде бір қойып қала ма деп... – Сені ұрып нем бар. Тек сен сияқты қазақтардың намыссыздығын айтам да. Ата-бабаңның тілін неге бөгде тілге алмастырасың? – Бір мен деймісіз? Əкем де тəжікше, өзбекше сөйлеп өтті. Жалпы, Əнгреннің арғы жағындағы қазақтардың бəрі сондай ғой. – Қорқақ пен сатқындар өз ұлтының намысына тұрақсыз келеді. Ондайлар басқа ұлтқа айналғанда да батыр болмайды. Өзіңді-ақ алайықшы. Мен сəл қатты сөйлегенге сонша қорықтың. Жеті айдың ішінде осында маған қаскөйлік жасағандар да сартқа айналған тəжік пен қазақ. Анау Өдімəттің де, жалпы осы Тəшкендегі сарттардың жарымынан астамының түптері – өзбек емес, басқа ұлттар. Неге бұлай болатынына қайранмын. Неге тұрсың қақиып?! Мін, арбаға! Кеттік! Содан Шорабазарға жеткенше екеуі лəм деспеді. Базар ортасындағы керуенсарай алдында ала шапан, ала топы киген адам көп. Сүлеймен арбадан түскенде танитыны бар, танымайтыны бар, бəрі жапырылып келіп, сəлем берді. Өдімəт қолтықтап ішке кіргізді. Керуен сарайдың төргі кең бөлмесінде үлкен етіп дастархан жасалыныпты. Бірақ Өдімəт Сүлейменді онда отырғызбай, төргі жақтағы кішкене бөлмеге алып келді. Мұндағы дастархан шағындау. Бес-алты кісіге ғана арналып жайылыпты. – Сен Тəшкеннің құрметті адамысың. Балуан, батыр жігіттер құрметті болады да. Ендеше, көппен бірге отырмай, сыйлы қонақтар отыратын осы жерге жайғас. Қазір мұнда өкіметтің емес, Тəшкендегі базар мен шайханалардың кəттə ұлықтары келеді. Солармен танысып, дастархандас болсын деп, өзіңді əдейі шақырттым, – деп Өдімəт мұны төрге шығарды. Сүлейменнің артынан төрт-бес адам кірді. Бəрінің жастары Сүлейменнен үлкендеу болса да, бұған ілтипатпен сəлем беріп, дастархан басына жағалай жайғасты. Қызметші отырғандардың бас- басына бір-бір табақ палаудан, жеке-жеке шəйнекпен шай əкелді.

Қонақтар «биемилда» деп тамаққа бас қойды. Өдімəт болса, отырғандарды шетінен Сүлейменмен таныстырып шықты. Шынында олар Тəшкеннің ұлық саудагерлері, кəтта базар басшылары екен. Сүлейменмен танысып болған əлгілер мұның сырт парқын мақтай сөз етісіп, ұзақ қауқылдасты. Саудагерлердің мадақ сөздерін есіте отырып, бұл бір табақ палау мен бір шəйнек шайды тауысып та қойды. Бір кезде басы айналып, маужырай бастады. Денесінің бəрін зіл-батпан күш басып, қайта-қайта мүлги берді. – Уа, Сүлейман əка. Ыстық палау мен шайдан кейін ұйқыңыз келе бастады ма? Жүдаям, көзіңіз жұмылып барады ғой, – деді жанындағы бір кісі. – Өдімəт, қонаққа ащы етіп тағы ыстық шəй əкелдір. Ұйқысын ашсын, – деді тағы бірі. – Ұйқының бұлайша неге басып бара жатқанына таңмын. Түнде жап-жақсы ұйықтаған сияқты едім, – деп Сүлеймен екінші шəйнектегі шайды пияласына құйды. – Шайдан басып-басып ішіңіз. – Иə, кейде адамды ұйқы айналдырып алады... Бұдан арғы сөздер құлағына күмбірлеп, анық естілмеді. Бір жамбасына қисайып, құлап бара жатты. Содан қанша ұйықтағаны беймəлім, көзін ашса, қараңғы бір жерде жатыр. Басын біреулер сойылмен соққылап тастағандай ауыр. Тілі аузына сыймай, қурап кетіпті. «Қай жерде жатырмын» тұруға ыңғайланып еді, тұра алмады. Қол-аяқтары байлаулы екен. Іштей таңырқап, бұл жағдайға қалай түскенін қанша ойланса да, есіне Шорабазардағы керуен сарайда шай ішіп, палау жеп отырғанынан басқа ештеңе түспеді. Жалпы, Сүлеймен өмірде болатын қулық-сұмдықтарды екшеп, ой таразысына салуға дəрменсіз болатын. Иə, ол мынау өмірде ылғи итжығыс түсіп жататын қаскүнемдік пен мейірімділік, сатқындық пен достық атаулының қандай жолдармен келіп жататындығын пайымдай бермейтін. Оған нағыз дос адам – өзіне сенім көрсеткен адам. Сол сенім көрсеткен адамның арғы-бергісіне көз жүгіртіп, «шынында осы кім?» деген ой төңірегінде əсте ойланбайтын. Ал жау деп өзіне қарсы шыққандарды ғана есептейтін. Қысқасын айтқанда, ол өмірдегі қыбырлаған пенделердің ішкі дүниесіне үңілуді білмеймін. Бəрін бар күйінде

қабылдайтын. «Батыр аңғал келеді» дегендей, осы аңғадығынан ол талай рет опық жеген. Дəл қазір осы жатысының түп мəнісі неде екенін ойлаудан гөрі «Мені осындай күйге түсірген бұзақының енді басын алмай қоймаспын» деп кіжіне: – Ей, кім бар? Ей, бұл қай жер? Мен неге жатырмын мұнда?! – деп айқайға басты. Айқайлап жатып, ары-бері аунады. Екі жаққа аунағанда да қабырғаларға тез соғылды. Осыған қарап, бір тар қапаста жатқанын пайымдады. Содан қанша тепсiне тыпырлап, қанша бұлқынса да, жіпті үзе алмады. Сірə, қаскөйлер қол-аяқты бекем жіппен шандып тастаса керек. Бір кезде оң жақтан шиқылдап есік ашылды да, қолына шам ұстаған біреу кірді. – Кімсіңдер-ей? Мен мұнда неғып жатырмын? – Неге айқайлайсың сонша?! Өлігіңе асығып жатырсың ба? Оған еш асықпа. Қазір біраз нəрселерді көресің. Содан кейін аяқ- қолдарыңды бір-бірлеп шауып, қансыратып өлтіреміз. Сөйлеген адамның даусы жіп-жіңішке екен. Құлағына жағымсыз естілді. – Қатынның даусындай үн шығарып, оттап тұрған бұл қай сұмырай?! Босат мені тезірек! – Сені босатып, бізді ақымақ дейсің бе? Жұрт сені «жүдə күшті» дейді. Күшті болсаң өзіңді матаған арқанды үзіп көрші. Ə, айтпақшы, бізді «қорқақ, опасыз» деп айтады екенсің. Қорқақ пен опасыздықты көрсетем саған. Мə, ал сыбағаңды, – деп əлгі Сүлейменді екі-үш тепті. – Біз қорқақ, опасыз емеспіз. Сен сияқты баладай аңқау, түйедей қопал немелерді қалай қолға түсіруді білеміз. Өдімəт əкам саусағының ұшын тигізбей-ақ сенi сiлейтiп түсірген жоқ па? – Өдімəтқа не істеппін? Оған еш жамандық қылмаған едім... – Өдімəтке қылмасаң, бізге қылдың. Өдімəт те біздің адам. Ай, осы атан бурадай болған қазақпен мен несіне сөйлесіп тұрмын. «Адам жегіштерді қырам» депсің ғой. Көрейік, қырғаныңды. Жоқ, алдымен біздің қалай адам жейтінімізді көр. Əйда, жігіттер, апарыңдар қасапханаға! – деп бұйырды əлгі адам артына бұрылып. Сүлеймен байқамапты, оның артында төрт-бес жігіт тұр екен. Бəрі бассалып, мұны есіктің сыртына дедектете сүйреді. Сүйреп əкеп,

жан-жағында бірнеше шырақ жанған, жап-жарық кең бөлмеге жатқызды. – Пəленің сонша ауырын-ай! – Осының өзін сойып жей салсақ қайтеді? Еті көп шығар. – Түк еті жоқ. Денесінің бəрі сүйек. Біз ит емеспіз, сүйек кеміретін. Сүлеймен нағыз адам жейтін жөйіттердің ортасында жатқанын енді білді. Білді де, «адам жейтіндер қандай болады екен» деп, оларға бажайлай қарады. Олардың кəдімгі адамнан еш айырмашылығы жоқ. Бəрі кəдімгі екі аяқты пенде. Тек белдеріне түскен сақалдары ғана қораштау көрінеді. Көздері жанып тұрған анау шырақтар секілді жылт-жылт етеді. – Əй, сендер адам жейтін жөйітсіңдер ме? – Сенбей жатырмысың? Қазір көресің онда. Бөлме ішіне қолдарында ақ қойдың терісінен иленіп жасалған екі-екіден сыпыра ұстаған үш əйел кірді. Əйелдер сыпыраларын жерге жайып-жайып тастады. Содан соң сыпыра үстіне ұн шашты. Осыларды көріп жатып, Сүлейменнің есіне Қарынтай айтқан əңгіме түсті. Енді соны өз көзімен көріп жатыр. Көрді дегені болмаса, бойы ыза мен кекке толып, іштей назаланып, өртеніп-ақ жатыр. Бірақ байлаудан босана алмай, мысы құрып, амалсыз шыдауда. Əлден соң сыпыра айналасына адамдар толды. Əйел-еркегі бар жиырма қаралы адам ұн себілген сыпыраны қоршай тұрды. Олар айнала тұрғанда Сүлейменнің бас жағынан əлдеқандай əйелдің сыңси жылаған үні шықты. Бірақ сыңсу ұзаққа созылмады. Екі жігіт біреуді сүйреп əкеп, сыпыра үстіне лақтырып тастады. Сүлеймен қараса, тура көз алдында жап-жас қыз жатыр. Қарсы алдындағы беті ары қараған қыздың қай ұлттан екенін ажырата алмады. Өзін тырдай жалаңаш етіп, шешіндіріп тастапты. Байғұста үн жоқ. Тіпті демалысы да білінбейді. Сірə, қорыққанынан талықсып кеткен тəрізді. Сүлеймен қызға қарағысы келмей, көзін жұмды. Артынша селт етіп, қайта ашты. Себебі нақ осы сəтте жөйіттер түсініксіз тілмен өлең айта бастады. Қандай өлең екені белгісіз, əйтеуір бəрі қосылып қой маңырап, есек ақырғандай дауыс шығарып, сыпыраны айнала секіріп биледі. Өлеңдерін біраз уақыт айтты. Сонша уақыт секірді. Əлден уақытта өлеңдерін де, секірулерін де сап тиып, қайта

дөңгелектеніп тұра қалысты. Жалаң аяқ біреуі сыпыра үстіндегі ұнды басып келді де, қырынан сұлаған қызды шалқасынан жатқызды. Сөйтті де оның есін жидырмақ боп, жағынан шапалақпен бір-екі рет ұрды. Қыз ыңырси көзін ашты. Қайқы кірпік, қасы-көзі қап-қара сұлу жан екен. Жас шамасы он бес-он алтыларда. Шапалақтың əсерінен көзін ашқан ол, айналаға жалтақ-жалтақ қарады да «аһ» деп қайта талықсыды. Жанындағы жөйіт аяғымен ішінен басы-басып жіберді. – Түнде Бекаба жəкем мұны қатын қылғанда да талып қалған. Енді мен зорлап, есін жиғызайын ба? Мұндай əдемі қыздың алдымен тірі жанын иеленіп алу керек-ə? Қалай қарайсыңдар? Мына дəу қазақтың алдында осының үстіне қона кетейін бе? – деп ол серіктеріне қарап, жағымсыз күлкімен ха-ха-халады. – Ей, сен, еркектігіңді көрсетіп, мейрамды бұзба! Тұрғыз оны орнынан! Егер тұрғыза алмасаң, екі-үш жігіт жабылып қолтығынан көтеріңдер де бізге жақындатып, сүйреп жүріңдер. Ұнды қандайық та, – деді біреу тұрғандардың ішінен. Қыздың жанына тағы біреу келді. Екеуі жабылып, қызды қолтығынан көтеріп жағалай тұрғандарға сүйреді. Сыпыра шетіндегі кішкене бойлы бір қатын қыздың санына істік темірді сұғып алды. Ес- түссіз қыз осы кезде жан даусы шыға бұлқынып-бұлқынып кетті. Шіркін, жан беру оңай ма? Жандəрмен бұлқынып қалғанда, анау екеуінің қолынан сытылып шықты да, кері қашты. Көлденең жатқан Сүлейменнің аяғынан секіріп өткенде, бұл жақтағы бір жөйіт əлгіндей iстiк темiрiн оның қарнына кірш сұқты. Жандалбасалаған қыз енді бері жүгірді. Бірақ айнала топталған жəйттер шетке жіберсін бе, біреуі біз, біреуі пышақ ұрып, қызды қандала етті. Аққан қан сыпырадағы ұнға тамшылап жатыр. Қыз əрі-бері жүгірген сайын қан араласқан ұн қанданып, илене берді. Дəл мынадай жауыздықты көрмеген Сүлейменнің тұла-бойы түршігіп, жүрегі аузына тығылды. – Тоқтатыңдар! – деп ол үйді басына көтере айқайлады. – Тоқтатыңдар, өңкей кəпірлер! Адам баласын бұлайша қорлау не деген жауыздық... Ақырған арыстанның үніндей болып шыққан дауыстан селк еткен жөйіттер бір сəт іркілді. Күндей күркіреген дауыстың шеттен емес, байлаулы Сүлейменнен шыққанын іле-шала ұққан олардың бірі:

– Үйелеген бұқадай боп жатқан сорлы неме. Қызға жаның ашып жатыр ма? Қазір өзің де өлесің. Бақырмай жата тұр, – деп мұның ішіне бір тепті. Тепкі тура асқазанның үстінен тиді. Қанша мықты болсаң да, ол тұс қатты соққыға төтеп бере алмайтын осал жер емес пе? Сүлейменнің ішегі түйіліп, демі тарылды. Ал жөйіттер бұған қайта қарамады. Қызды шырқыратып, сыпыраның ана шеті мен мына шетіне қуып жүр. Аздан кейін бақыру мен қалбалақтап жүгіруден, оған қосылған тəн ауыртпалығына шыдас бере алмаған қыз ортаға құлап түсті. Құлап түсті де, тістері-тістеріне тимей қалшылдап, дір-дір етіп, дөңбекши бастады. Жөйіттер оның енді тұра алмайтынын білді ме, бірі оған жақын келіп: – Қаны түк аққан жоқ. Қан жөнді араласпаған ұнның мантысы тəтті болмайды, – деді де қыздың мойын күре тамырының екеуін де пышақпен осып-осып жіберді. Ол аздай, екі тірсекті де қиып тастады. Күре тамырдан атқылаған қан ұн үстiн қып-қызыл түске бояды. Ішіне тепкі тигеннен, əрі мына қыздың аянышты халіне қатты назаланған Сүлеймен екі қолын бар күштен екі жаққа тартып жібергенде, жіп үзіліп кетті. Мықты байлау қиған қолдары əп-сəтте қызынып, төмен тартты. Соған қарамай, тұра берді де, қайта жатты. «Енді аяқтарымды босатып алайын» деп, тізе тұсындағы жіптің байлауын ақырын шешті. Бұл кезде жөйіттердің əйелдері қан араласқан ұнды қамыр етіп домалақтап жатқан. Ал еркектері қыздың етін боршалауға кіріскен. Олардың іске жан-тəндерімен кіріскендері сондай, Сүлеймен аяғындағы байлауды шешіп тастағанын байқамады. Аяғындағы жіптің ең соңғы орауын сыпырған Сүлеймен ыршып тұрды. Ыршып тұрып, қызды қаумалай қоршап, сойып жатқан жөйіттерге жетіп барды да, шеттегі біреуінің бүйрек тұсынан бір соқты. Ол артына қарап та үлгермей, сыпыраны сүзе құрады. Одан соң екіншісін, үшіншісі... Əп- сəтте жеті жөйіт өлген қызбен қатар жатты. Сүлейменнің жылдам қимылдағаны сондай, жеті жөйіт жер құшқанша, мұның босанып кеткенін ешқайсысы байқамады. – Ойбай, көтек. Мына дəу қазақ босанып кетіпті ғой, – деп баж етті сыпыра үстіндегі ұнды домалақтап жатқан бір əйел осы кезде. Сүлеймен оны ұстай алды. Қалған жөйіттер секіріп-секіріп шетке ығысты да, пышақтарын жалаңдатып, бұған қарсы тұра қалысты. Бəрі

мұның қалай босанып кеткеніне таң қалысқандай, аз-маз сəт таңырқасып тұрды. Ішіндегі тез ес жиған бірі: – Жабылайық! – деп айқайлады. Сүлеймен олардың жабылғанын күтпеді. Қолындағы əйелді зат секілді көтеріп алды да, соларға қарап лақтырып жіберді. Əйел көлденеңінен ұшып барып, аналарға тигенде, қатарласқан жөйіттердің үш-төртеуі шалқасынан түсті. Қалғандары есікке қарай қашты. Бұл құлағандарға жетіп барып, тұра сап қашуға əрекеттенген біреуінің желкесінен бүре ұстап, екінші қолымен басынан періп қалды. Жөйіт бірден сылқ етті. Бірақ оны жібермеген күйі көтеріп алып, жерде жатқандарды бір ұрды. Жатқандар өлмесе де, өлердей болды. Бағаналы бері тұла-бойындағы жиналған ашудың əсерінен оларды бір-бір соғып алды. Жатқандардың бірі əйел екен. Оны ұрмады. – Сен, қатын, бері кел, – деп оның шашынан тартып тұрғызды. Əйел сорлы қалш-қалш етеді. – Қорықпа, сені өлтірмеймін. Маған шығар есікті көрсет. Сүлеймен əйелдің шашын жібермеген күйі алға итермеледі. Жаңа ғана жөйіттер адам сойған кең бөлменің бір шетінде киізбен жабылған есік бар екен. Əйел үн-түнсіз солай жүрді. Ол жерден өткесін, қап-қараңғы қуыспен біраз жүрді. Одан соң жоғары көтерілді. Бір кезде қуыс тарыла түсті де алдағы əйел қолымен сипаланып, бірдеңені ысырып қалғанда жарқырап дала көрінді. Əйелдің əлгі сыпырып ашқаны да киіз екен. Кіре беріс тесікті сонымен тұмшалап қойыпты. – Бұл қай жер? – деді Сүлеймен сыртқа шыққасын. – Ескі қорғанның орны ғой. – Шаһар алыста ма? – Анау өзенді жағалап жүрсеңіз, демде жетесіз. – Ол қай өзен? – Салар. – Жаңағы қашқан жөйіттер қайда кетті? – Бір жерге тығылып қалған шығар. – Бекаба осында ма? – Жоқ, ол кісінің үңгірі Бозсудың бойында. Сүлеймен айналаға көз тастады. Жан-жақтың бəрі төбешік- төбешік болып үйілген ескі тамдардың орны. Шетте айнала ескі

қорғанның үйілген қалдығы көрінеді. Табан астында ескі қыштардың сынықтары шашылып жатыр. «Сұм жөйіттер адам жейтін орынды құп тапқан екен». – Жүр, маған шаһарға баратын жолды көрсет. Əйел алда, Сүлеймен артта жүріп, жиырма қадамдай өткенде, алдыңғы үйіндінің тасасынан бір еркек шыға келіп, оң жаққа қашты. Сүлеймен əйелді тастай салып, қуып берді. Анау желаяқ екен. Бұл оған жете алмасын білді де, бір қыштың сынығын ала сап, лақтыра ұрды. Қыш қашқынның тура жон арқасына тиіп, етпетінен түсірді. Сүлеймен жүгіріп барып, шап берді. – Өлтірмең, өлтірмең. Қызды əкелген мен емес, – деп жалынды ол. – Ə, өлімнен қорқасың ғой тағы. Жаңағы қыз өлімнен қорықпады деймісің. Басыңды жұлып алайын сені, – деп ұрайын деген оймен қолын көтеріп тұрып, сабыр сақтады. – Айтқанымның бəріне жауап берсең, өлтірмеймін. – Сұраңыз, сұраңыз. Білетінімнің бəрін айтайын. – Мені шаһарға қарай алып жүр. Сұрайтынымды жолай сұраймын. Сүлеймен оның артқы етегінен ұстап алды. Екеуі ескі қорғанның үйіндісінен асып түсіп, өзен жағасындағы жалғыз аяқ жолға шықты. – Бұл жерде қашаннан бері адам жейсіңдер? – Мен бұлардың қатарында бала кезден бері бармын. Сол уақыттан бері осында адам əкеп жейміз. Осы сөзі үшін Сүлеймен оны мыжғылап тастағысы келді. Бірақ бəрін біліп алайын деген оймен өзін-өзі тежеді. – Адам жеу сендерге кəсіп пе? Қай ұлтсыңдар өздерің? Бəрің осы жердің адамдарына ұқсайсыңдар ғой? – Біздің түбіміз Бұхара жақтан. Осыдан қанша жыл бұрын екенін білмеймін, бір кездері Бұхара ханы біздің адам жейтін қауымды қырып салған екен. Содан аман қалған бір топ аталарымыз бас сауғалап, осында қашып келіпті. Солардан өрбіген біздер де адам жеуді жалғастырып келеміз. – Өкімет білмей ме бұларыңды? – Білуін біледі ғой. Бірақ бізді ұстауы қиын. Қайбір жылы біраз туыстарымыз ұсталып қалған. – Оларды қайтті?

– Көбісі ату жазасына кетті. Ал қалғандарын итжеккенге айдап жіберді. – Сендерді ата салу – аз. Өздерің адамды қалай сойсаңдар, сендерді де солай сойып, қинап өлтіру керек. Осы келе жатқан жерінде қазықтай қаға салайын ба?! – деп Сүлеймен тістене қолын көтерді. Жөйіт қолдарымен басын қорғаштап, төмен бұқты. – Сұмның жанының тəттісін қара тағы... Адам жеу сендерге не үшін кəсіп болып жүр? Күнде жесеңдер, бір күні Тəшкендегі əйелдер мен жас балалардан түк қоймайтын шығарсыңдар. Өзіне əзірше таяқ тимейтінін білген жөйіт бойын тіктеді. – Біз адамдарды күнде жей бермейміз. Əр ай жаңарғанда, біздің қауымның құрбандық мерекесі болады. Құрбандыққа адам шалып, етін жейміз... Сүлейменнің жыны тағы қозды. «Етін жейміз» дегенін есiткенде, жөйітті қалай бір ұрғанын өзі де білмеді. Eтпеттей құлап түскен оны көтеріп тұрғызды да, сілкіп-сілкіп жіберді. Реңі құп-қу болған ананың аздап жаны кірді. Содан бір-екі рет зорға дегенде терең тыныстады: – Ұрмаңызшы енді... – Мерекелеріңді адам жемей өткізсеңдер болмай ма? – Адам еті тəтті болады. Əсіресе семіз əйелдер мен жас қыздардың. Білмеймін, үйреніп қалғандығымыздан ба, əйтеуір соған аңсарымыз ауып тұрады. – Адам етіне аңсарыңды аудырған тəбетіңді біраздан кейін өз қаныңды ішіп басатын боласың. Əзірше əңгімеңді айта бер. Жейтін адамдарыңды қай жақтан ұрлап əкелесіздер? – Кейде шаһарға таяу ауыл-ауылдардан ұрлаймыз. Ал көбіне Тəшкендегі базарлардан əкелеміз. – Қайтіп? – Үлкендерінен сəл көз жазып қалған балаларды жылы сөзбен, болмаса тəтті мəмпəси берiп алдап, үлкендеулерін аңдып жүріп, оңашада қапыда бас салып, ұрып талдырамыз да арбаға артып аламыз. Ұрлаудың түрі көп қой. Көктемде, жазда шаһарға қаңғып кеп қалатын долылар да кейде бізге көмектеседі. Тіпті олардың кейбір уақыттарда өз балаларын да сатып жіберетін кездері болады. Қазір Шымкент жақтан ауып кеп жатқан аш қазақтар да, бізге жүдə, оңай олжа боп жүр. – Адамдарды дəл сол мерекелерінің алдында ұрлайсыңдар ма?

– Қай кезде болса да ұрлай береміз. Жаңа өзіңіз болған үңгірдің ішінде қуыс-қуыс бөлмелер көп. Мерекеге дейін ұрланғандарды сол жерде бағамыз. – Оларды қашырмай, қайтіп ұстайсыңдар? – Қол-аяқтарын байлап қоямыз да. Содан соң оларға көбінесе қан көбейтетін шөптің қайнатпа суын береміз. Соятын адамның қаны көп болса, соғұрлым жақсы. – Қазір сені тура мілисаға апарып өткізем. Бəріңнің көздеріңді құртсын. Əй, жоқ, мілиса сендерді жеңіл-желпі жазамен соттап жіберуі мүмкін. Абақтыдан келген соң кəсіптеріңді тағы жалғастырып, талай адамның түбіне жетесіңдер. Одан да барлықтарыңның көздеріңді өзім құстам. Бірінші сенен бастаймын. Жоқ, бұл да болмайды екен. Егер сені өлтіріп қойсам, басқа жөйіттерді таба алмай қалам. Осыдан өлмей, тірі қалғың келсе, соларды көрсет маған. Уай, айтпақшы, басты нəрсені ұмытып барады екенмін. Шорадағы керуен сарайда Өдімəт маған не ішкізіп есімнен тандырып тастады? – Сізге меңдуана мен көкнəрдің қайнатпасы қосылған судан арнайы палау пiсiрiлдi. Шəйді де сол қайнатпадан демдеп, өзіңізге беріп отырды. Ондайдан пісірілген тамақ пен демдеген шəйді ішкен адам түк білмей ұйықтап кетеді. – Мені үңгірге қалай жеткіздіңдер? – Түнді күттік. Жеті-сегiзiмiз жабылып, арбаға зорға салдық. Біз сізді қанша көтеріп, қанша сүйрелеп жатсақ та, тұп-тура бір күн тұяқ серіппей ұйықтадыңыз. – Пайымдауымша, Өдімəт сендердің адамдарың-ау деймін. Ол да адам жей ме? Менімен бірге отырған базардың ұлықтары да жөйіт болғаны ма? – Өдімəт жөйіт емес. Оған сізді «ұстап бер» деп бұйырған Бекаба. Ал сізбен бірге отырғандардың да ешқайсысы ұлықтар емес. Сізге сырттай кектеніп жүрген біздің адамдар. – Өдімəт Бекабадан қорқа ма? – Қорықпай көрсіншi. Бір күнде түп-тамырымен құртып жіберсін. Өзіңізбен отырғандар Бекабаның ең сенімді адамдары. Бүгін кешірек олар сізді союға келуі керек еді. Осыдан біраз жыл бұрын Тəшкенде Қараман деген қарақшы қазақ болатын. Оны да бір рет жей жаздағанбыз. Бірақ ол да құтылып кеткен. Ол сіз секілді дəу, əрі күшті

болмаса да сұмдық айлакер, оқ жылан сияқты шапшаң екен. Шетімізден ұрып, қашып кетті... – Қараман бұл жайын айтқан жоқ еді. Кейін сендерден кек алды ма? – Көбімізді танымай қалды-ау деймін. Сонда да болса, үш-төрт бауырымыздың көзін құртты. Қалай құртқанын білмейміз. Əйтеуір олар зым-зия жоқ болып кетті. Сөзіңізге қарасам, оны танитынға ұқсайсыз ғой. – Онда шаруаң болмасын. Қараман содан кейін неге үңгірлеріңнің тас-талқанын шығармады? – Оны басқа жерге апарғанбыз. Қараман құтылып кеткеннен кейін ол жерге бармай қойдық. Біздің тəсіл солай. Егер ішімізден бір адам сытылып кетсе, ол інге қайта бармаймыз. Шаһар төңірегінде өзімізге лайық жерлер көп. – Бекаба қай жерде отырады? Алдымен соған ертіп бар! – Ой, ол байпатшаның отыратын жерін мен білмеймін. Керек десеңіз, өзін көрген де емеспін. Оған ең жақын серіктері ғана бара алады. Біз секілді майда-пашақты байпатша не қылсын. – Қанішерді «байпатша» деп ұлықтайсыңдар ма? Осыдан қолыма түссін... Сен жаңа «бүгін кешірек сізді союға бір жөйіттер келуі керек еді» дедің. Мені қалай соймақшы едіңдер? – Сізді бағанағы қыз секілді соя алмас едік. Байлаулы күйіңізде ұн үстіне қансыратын тастар едік те. – Енді шеттеріңнен өздерің қансырайсыңдар. Сенің əңгімеңді тыңдаймын деп, шаһарға да келіп қаппыз. Ойпырай, əкеңнің аузын...дер. Үңгірлеріңді қаладан əжептеуір алыс жерден таңдағандарыңды қараңдар. Күн енді кешкірді. Біз екеуміз түн болғанша, анау жаман тамның ішіне тығыла тұрамыз. Əйтпесе мені көрген жөйіттер үйлерінен қашып кетер. Ал түн болысымен серіктеріңнің үйлеріне бір-бірлеп ертіп барасың. Түсіндің бе-ей. қанқұмар жөйіт! – деп Сүлеймен оны нұқып қалды. Бағаналы бері иманы ұшып, бар шынын айтқан жөйіт: – Лəппай, лəппай, – деп басын иді. Шаһар шетіндегі жаман там ішінде Сүлеймен қашан түн болғанша, жөйіттің етегінен тас қып ұстады да отырды. Жөйіт сорлыда лəм деуге шама қайда? Сүлеймені оны анда-санда ермек

үшін мыжғылап-мыжғылап қойса да, ол қорыққанынан түн түсіп, қашан орындарынан тұрғанша мыңқ етпеді. – Ал, айт, кімнен бастаймыз? – Мен білсем енді олардың барлығы сіздің қашып кеткеніңізді естіп, дүрлігіп жатқан болар. Қазір үйді-үйлерінде отырмаған шығар дегенім ғой... – Əй, мені қашып кетті деп намысыма тиме. Мен ешуақытта қашпаймын! – деп Сүлеймен оны тағы бір ұрды. Жерге жатп етіп құлаған жөйіт тұруға қорыққандай тым-тырыс жатты. Құлды бір қыран тырнағына іліккен түлкідей дыбыссыз. – Тұр орныңнан! Мұндайда серіктеріңнің қайда болуы мүмкін? – Олар қазірше Бекабаға бармайды. Бекаба сіздің аман кеткеніңізді есітсе, шетінен қырып салады. Ə, таптым! Егер ол жерге ертіп барсам, бір өзіңізге қиын болмай ма? – Кегімді қайтармай тынши алман. Апар, апаратын жеріңе. – Жаяу ұзақ жүреміз. Шаһардың арғы шетіне бару керек. – Нақты қай жерге? – Шағатай қақпасы жаққа. Сонда еcкі зындан бар. Қиын-қыстау, көлденең бір жағдайлар болған кезде сонда жиналатынбыз. Сүлеймен ойланып біраз тұрды. Шынында, бір өзіне қауіпті емес пе? Алайда қасына ерте қояр бəрібір ешкім жоқ. Парманқұл мен Абдан келгенше күтейін десе, іштегі қайнаған кек маза бермей тұр. Əрі олардың қашан келері белгісіз. Бірақ қашанда Сүлеймен өзіне сенген. Бұл жолы да солай болды. – Шағатай қақпаға дейін көп болса екі сағат жүреміз. Түн ішінде біреу бізге ат берер деймісің. Түс алға! Жөйітті алдына салған Сүлеймен түн ішінде Тəшкеннің қиқы- жиқы көшелерінің бірінен соң бірінен өтіп, шаһардың батыс жағындағы кең алапқа шықты. Бұл алап көне шаһардың орны. Мұнда да үйінді-үйінді болып, кішкене-кішкене төбешікке айналып жатқан ескі тамдардың орны көп. Сол төбешіктердің шетін ала ұзыннан-ұзақ созылған қорғанның құландысы бар. Құландының орта тұсы ертеректе қақпа болған. Сүлейменнің естуінше, ілкіде Тəшкен шаһарының айналасы түгел қорған болыпты. Қорғаны он екі жерінде қақпа болыпты. Əр қақпаның – өз аты, өз билеушісі болады екен. Осы тұстағы қақпа – «Шағатай қақпасы» деп аталған. Қараман: «Менің – Қошық атам датқа болып тұрған кезінде «Шағатай қақпаны» билеген»

деп айтып еді. «Қақпаның астында ұзыннан-ұзақ созылған жертөлесі көп» дегенді де сонда айтқан. Сол əңгіме есіне түскен Сүлеймен жанындағы жөйіттен сұрады: – Серіктерің тығылатын жер ескі қақпа астындағы жертөле ме? – Онда жертөле бар екенін қайдан білдіңіз? Əлде мұнда бұрын болған ба едіңіз? – Сен қарсы сұрақ қоймай, айтқаныма жауап бер. Əйтпесе... – Ə-ə-ə. Иə, мекеніміз сол жертөле ғой. Оған кірер есікте қарауыл тұра ма? – Əлбетте. Онсыз болмайды емес пе? – Бағаналы бері сенің атыңды да сұрамаппын. Ныспың кім өзіңнің? – Уақит. – Əке-шешең өзіңдi уақ, ұсақ итке ұқсатып, атыңды да құп қойған екен. Қап, кеше «Өдімəт Құдайыға шақырып жатыр» дегенде ештеңені ойламай, қонышымнан үнемі тастамай жүретін дəу қанжарымды да ұмытып жүре беріппін. Бағана ана жерде сендердің біреулеріңнің де пышақтарынды іле шықпағанымды қарашы. Ай, өкінгенмен пайда жоқ енді. Қазір жертөледе қанша адам отыруы мүмкін? – Бүгінгі мерекеміздің быт-шытын шығардыңыз. Ендеше, тобымыздағы бас көтереріміздің бəрі сонда болса керек. – Оларда пышақтан басқа қару бола ма? – Басқа қаруды не қыламыз біз. – Жүр. Кіре беріс есікті көрест, Уақит кішкене төмпешіктерді айнала жүріп, жартылай құлаған қорғанның қасына тоқтады. – Мына қорғанның басына шығып, одан соң төменге түсуіміз керек. – Баста. Жартылай құлаған қорғанның төбесі жайпақ екен. Біраз жүргеннен кейін ескі қыш баспалдақпен төмен түсті. Төмендегі көне дуалдың түбі үлкен тесік. Уақит зып беріп, тесіктен өтіп кетті. Сүлеймен одан айрылып қалмайын деп, жалма-жан оны артынан тесікке ұмтылды. Тесіктен өте бергенде, қақ шүйдесінен ауыр соққы тиді. Бір қолымен шүйдесін ұстап, екінші қолымен жер тіреп, жандəрмен ышқынып, тесіктен өте шықты. Осы кезде соққы тағы бір тиді. Ұрып жатқанның кім болса да, оң жағында тұрғанын сезген бұл,

аса шапшаңдықпен тұра сап, сол жаққа атылды. Сəтін салғанда, дуал түбінде жасырынған қасқой қолына оңай іліге кетті. Ұрып тұрған Уақит екен. Жыны қозған Сүлеймен оны бір ұрып, жазым етті. Осы мезетте артқы тұстан өзара сөйлескен кісілердің дауыстары естілді. Дауыстар бірте-бірте жақындап келеді. Сүлеймен жанындағы үлкен үйіндінің тасасына тығылды. – Рахман да айта береді. Дəу қазақ ол жерден бағана-ақ құрып кеткен шығар. Үңгірге барғанда не қыламыз енді? – деді келе жатқандардың бірі. Бағана алды-артымызға қарамай қаша беріппіз ғой. Қанша адамымыздың майып болғанын да білмейміз. Кеше айттым сендерге «сол пəлені ұйықтап жатқанында сойып тастайық» деп, – деді екіншісі. Сүлеймен жөйіттердің əңгімелері өзі туралы екенін білді. Қаннен-қаперсіз сөйлескен екеу тесік тұсына жақындады. Олардың бірі тесіктен өту үшін еңкейе бергенде, Сүлеймен артындағысының шекесінен бір қойды. «Ah» деуге шамасы болмай, жерге гүрс еткен оның дыбысынан тесіктен өтпек болғаны бұрылып қараған сəтте, оны да бір соққымен жерге жабыстыра салды. Бірақ кейінгісін өліп қалмасын деп қатты ұрмады. Сонда да болса, ол есін бірауықтан кейін жиды. – Сендердің əрқайсыңды тергеп жататын менде уақыт жоқ. Қазір тұр да, шыққан індеріңе мені ертіп бар! Анау сорлының таңданысында шек жоқ. Дегенмен Сүлеймен оны сөйлетпеді. Содан жөйіт бір ауыз сөз айтпаған күйі Сүлейменді жертөленің кіре берісіне ертіп келді. – Іште қанша адам бар? – Он шақты. – Қалғандарың қайда? – Барымыз осы ғой мұндағы. Қалғандарымыз Бозсу үңгіріндегі Бекабаның маңында. Ал қатындарымыз қазір мұнда жоқ. – Бұл жердегі басшы кім? – Рахман. – Қандай мəселені кеңесіп отырсыңдар? – Сіздің көзіңізді жою хақында. – Менен бұрын өздерің жойыласыңдар. Рахмандар отырған жерге дейін қанша есік?

– Қазір тіке он бес қадамдай төмен түсеміз. Одан алға сəл жүрген соң оңға қарай бұрылып, кішкене баспалдақпен жоғары көтерілеміз. Содан сол жаққа кететін ұзақтау айналма дəлізбен біраз жүріп, тағы төменге түсетін баспалдаққа жетеміз. Сол баспалдақ мереке өтетін, яғни біз адам жейтін үлкен бөлмеге апарады. – Оған жеткен ше қап-қараңғы жерлермен жүреміз бе? – Өзіміз жиналған кезде жүрер жолдың əр тұсына шам жағып қоямыз. Себебі жолдан жаңылысып қалмауымыз керек. Неге десеңіз, тіке түсіп, алға жүрген соң жертөле үш бөлікке бөлінеді. Оның екі бөлігінде қанша қуыс бар екені белгісіз. Əрі онда ордалы жылан көп. Бірақ бері қарай шықпайды. Баратын жерімізге жету үшін оңға қарай бұрылғанымызда, тек сол жақтағы дуалды жағалай жүру лəзім. Өйткені оң жақпен жүрсеңіз, көз алдау үшін бетін қамыс баумен жауып, аздап топырақ сеуіп қойған ұраға түсіп кетесіз. Бір түссеңіз, ол жерден шығу жоқ. Бізді аңдып келген талай милиция сол жермен жүремін деп, қолымызға оп-оңай түскен. Кішкене баспалдақпен жоғары көтеріліп, айналма дəлізбен өткенде, оң жақтағы дуалға денені немесе қолды тигізбеу қажет. Онда төбеден сарт етіп түсіп, адам денесіне қадалып қалатын ағаш қадаларға байланған жіптердің ұштары ілінген қазықтар бар. Қазықтардың біреуін түртіп кетсеңіз, өмірмен қош айтыса беріңіз. Ал ең қиыны – мереке өтетін үлкен бөлмеге кіре беріс есіктен өту. Есік жақтауында екі тіреуіш тұр. Тіреуішке байқамай тиіп қалсаңыз, жоғарыдағы сол тіреуіштердің үстіндегі салмағы жиырма-жиырма екі пұттық кəтта тас құлап, кім болсаңыз да мыжып тастайды. – Осының барлығын ойдан құрап айтып тұрған жоқсың ба? – Өзіміз құрбандыққа шалатын адамдардың талайын сол өткелдерден өткізіп, көп сынап көргенбіз. – Осынша пəлені қалай ойлап тауып жүрсіңдер? – Ойлап тапқан біз емес. Олар Қоқан хандығы кезінен бар. – Ал, жүрейік, Рахман отырған бөлмеге. Егер мені алдайтын болсаң, менімен бірге сен де өлесің. Айтқан тілімді алсаң, екеуміз де қайта аман шығамыз. Одан кейін өзіңді қалаған жағыңа жіберемін. Жөйіт алға түсті. Тура жаңа өзі айтқан жерлермен жүріп, кең бөлменің аузына таяды. Бөлменің ағаш есігі бар екен. Арғы жақтан күбірлескен дауыстар естіледі. – Рахмандарда мылтық бар ма?

– Жоқ. Қаруымыз – пышақ. Кіре берістегі есік жақтауында екі шоқпар дуалға сүйеулі тұр. Сүлеймен оның желкесінен ұстады. – Есікті ашып, ішке кір! Жөйіт есікті ашқанда, ар жақтан жап-жарық кең бөлме көрінді. Бөлменің төрінде оншақты адам отыр. Алғашқыда өздерінің адамымен келгеннің кім екенін ешқайсысы байқамады. Тек Сүлеймен жарық бөлмеге жөйіттің соңынан еңгезердей болып кіріп келгенде: – Əй, сен, неге тез оралып қалдың? – деп айқайлай берген біреуімен қоса бəрі өре түрегелді де, белдеріндегі қанжарларын суырып-суырып алып, қатарласа қалысты. Сүлеймен жанындағыны итеріп жіберіп, есік жақтауында сүйлеулі тұрған екі сойылды қолдарына алды. – Мені өлтіруді жоспарлап отыр ма едіңдер? Міне, өзім келдім. Қане, қайсың шығасыңдар жекпе-жекке?! Онсыз да үрейленген жөйіттер Сүлеймен екі сойылды қолдарына алғанда, кейін шегініп, төргi дуалға жабысты. – Ей, жөйіттер! – деп ақырды Сүлеймен тағы. – Мен сендердің біріңді де өз қолыммен өлтірмеймін. Сендер біріңді-бірің өздерің өлтіресіңдер. Рахман деген қайсың? Рахманға пышақ ұрып өлтірген адамды аман қалдырамын. Қане, қайсың барасың сондай батырлыққа?! Жөйіттерде үн жоқ. Қозғалмады да, Сүлеймен сол қолындағы сойылды тастай сап, жанында тұрған жөйітті есік жақтауына қарай итеріп жіберді. Ол тіреуішке сарт тиді. Құдай салмасын, дəл осы кезде төбеден жалпақ дəу тас жерге құлап түсті. Ана жөйіт тас астына мыжылды да қалды. Сүлеймен екінші қолындағы сойылды қоя салып, əлгі тастың екі шетінен ұстады да «ayп» деп көтеріп, жөйіттерге қарай лақтырды. Салмағы екі жүз келіден асатын дəу тас онша алысқа ұзамаса да, жеті-сегіз қадамдай жерге ұшып барды. – Болыңдар, тез! Айтқанымды істеңдер! Мынадай салмақты тасты көтеріп, лақтырып жіберген Сүлейменнен зəрелері одан бетер ұшқан жөйіттер бір-біріне алақтап қарап, отыра-отыра кетісті. Олардың бұл қылықтарына ызасы үдеген Сүлеймен сойылдарды қолдарына ала салып, жөйіттерге ақыра ұмтылды. Ақырып келе жатқан одан аман қалудың амалы осы деді ме, шетте отырған бір жөйіт жанындағысының қарнына пышағын сұғып

алды. Анау да жанкешті екен. Пышағымен қарсыласының мойын күре тамырын осып үлгерді. Қан көрсе, арқалары қозып кететін жөйіттер емес пе, жоқ, əлде, қайсысы болса да аман қалуды ойлады ма, əйтеуір содан кейін адам жегіштер бір-бірін пышақтауды бастап кеп берді. Бірі ақырып, бірі – өкiрiп, оншақты адам қан майданға түсті де кетті. Жөйіттердің бір-бірімен пышақтасып қырылыса кеткендеріне риза болған Сүлеймен: – Осылай, осылай, ұрыңдар бір-біріңді! Ой, сен, қопалдау екенсің ғой. Пышағыңды қаттырақ серме! Əйтпесе, өлiп қаласың, – деп шаттана айқайлады. Шаттанғаны сондай, бағаналы бері ішіне толған ыза-кек лезде тарап, құдды бір ауыл балаларын төбелестіріп, рахат алатын ересек бозбаладай, риясыз күлкіге батты. Бұл күлкіге батып тұрғанда, өз серіктерімен жекпе-жек пышақтасқан бес жөйіт шаһит болды. Қалған бесеуі де сау емес. Əр жерлерінен қан тамып, «енді не істейміз?» дегендей, қан-қан пышақтарын жалаңдатып, Сүлейменге қарап тұр. Сүлеймен күлкісін сап тиды. – Жарайсыңдар! Бұл жолы бесеуің ер шықтыңдар. Шартым бойынша, осы жерден біреуің-ақ менімен бірге аман шығуларың керек. Айтпақшы, жаңа сұрап едім, жауап бермедіңдер. Рахман қайсың? Ол əлi тiрi ме? – Мынау, – деді шеттегі жөйіт жанындағы ұзын бойлыны көрсетіп. – Өлтір! Анау бір сəт кідірмеді. Ұзын бойлының бүйрек тұсына пышақ сұқты да, ар жағында тұрғанға ұмтылды. Лезде оны да сойып тастады. Үшіншісіне жақындай бергенде, ол мұны бір теуіп сілейтіп түсірді. Құлаған жөйіт қазірше өзіне еш қауіп қылмайды деп ойлады ма, үшінші тұрған өз жанындағысына бассалды. Екеуі алыса кетті. Бірін- бірі ала алмай, тіресс алысып біраз тұрды. Осы кезде əлгі сілейіп түскен жөйіт тұра келді. Бір-бірінің қолдарынан ұстап, тіресе алысқан аналарға жетіп барып, екеуін де пышақтап тастады. Өзара жұлысып, əлек болған екі сорлы жерге өкіре құлады. Ал анау олардың үндері өшкенше пышақтай берді. Тек олар жансыз қалғанда Сүлейменге қарады: – Енді мені тірі қалдыратын шығарсыз?! – Тірі қалдырам. Тек мені тап қазір Бекабаға ертіп барсаң болды.

– Ой, көке. Оның отырған жеріне біздің топтан Рахманнан басқа ешкімді кіргізбейді. Тіпті ол маңға мен жолаған да емеспін. – Шын айтасың ба? – Оллаһи, шыным. – Мейлі. Жоламасаң, жоламаған шығарсың. Бірақ ол жерді сырттай білесің ғой. – Сырттай емес, үңгіріне апаратын жолды да білемін. Тек үңгірге кірген емеспін. – Бекабаны көргенсің бе? – Көрген емеспін. Əйтеуір «дəу» дейді. Бізге Рахман «Бекаба өйт деді, Бекаба бүйт деді» деп, ол айтқан небір бұйрықтарды алып келеді. Біз оны орындауға мəжбүрміз. – Сендердің бəрің оны көрмесеңдер, ол отырған жерге кірмесеңдер, сонда оның сыртпен байланысын кім жүргізеді? Кімдер күзетеді оны? – Кімдер күзететінін де, Рахманнан басқа оған кімдер кіріп шығатынын да білмеймін. – Қалай ойлайсың, Өдімəттің онымен қатынасы бар ма? – Ол жағын да білмедім, көке. – Өдімəттің үйін де білмейсің бе? – Оны да білмедім. – Сен сонда не білесің? Адам жеуден басқаны білмейтін болғаның ба?! Жүр, далаға шығайық. Жөйіт қуанып, қолының қандарын дуалдағы ілгішке ілінген орамалға сүрте сап, Сүлейменге жақындады. Пышағын тастамай, белбауына қыстырды. – Таста пышағыңды! Сасқан жөйіт, пышағын лақтырды. – Алға түс! Кең бөлмеден шығып, айналма дəлізбен жүргенде, Сүлейменге «бағанағы жөйіттің айтқандарын тексеріп көрейінші» деген ой келді. – Сен оң жақтағы дуалды жағалай жүр, – деді жөйітке. – Ойбай, көке. Ол жақпен жүруге болмайды. Төбедегі қадалма ағаштарға жалғасып тұрған жіптердің қазығына тиіп кетуім мүмкін. – Сондай қазықтардың мен бірін де көре алмай келемін. Қайда олар?

– Қазір көрсетем. Жөйіт дуалға ілінген шамды алып, жарықты оң жаққа түсірді. – Міне, көрдіңіз бе? Бір қазық, екі қазық, үш қазық... Бұл жер қаракөлеңке болған соң қазықтар көзге онша көрінбейді. Сүлеймен дуалдың ең пəсіне қағылған жуандау ағаш қазықтарды енді көрді. Оларға байланған жіптер де дуалға жабысып тұр. – Осы қазықтарға байланған жіптердің ұштары жоғарыдағы қадалма ағаштарға қалай жалғасатыны белгісіз. Оны Рахманнан басқа ешкім білмейді. Бірде бір əйелді осы жақпен əдейі жүргізіп, төбедегі қадалма ағаштардың қалай жұмыс істейтінін көргенбіз. Сонда Рахман бізге көрсетпей, қадалма ағаштарды қайта орнына қойып, жібін қазыққа жалғаған. Не құдіреті бар екенін білмеймін, мынау қазықтарға сəл тисеңіз болды, төбеден істік ағаштар сарт етеді. – Тиіп көрсең, бері қашып үлгересің бе? – Жоқ. Екеуміз де өлеміз. Себебі қадалма ағаштар осы дəліздің (екі шетін тұтастай ала құлайды. Айналма дəліз біткен кезде жөйіт оң жақтағы дуал түбіндегі қазықтардың бірін түртіп қалды да бері қарай секіріп кетті. Қанша жылдам секірсе де, сорлы зорға үлгерді. Өйткені қалай қазықты түртті, солай төбеден көлденең қатарласа бекітілген, екі ұштары істік білектей-білектей темір торға ұқсас қадалма ағаштар сарт етіп, əткеншекше ары-бері тербеліп тұрды. Егер бұл біреуге қадалса, оның тірі қалмасы анық. – Ойпырмай, нəлетiлер. Қалай ойлап тапқан? – деді Сүлеймен таңқалып. – Мұның сырын Рахман қалай біліп жүр? – Əкесі үйреткен. Əкесіне атасы айтқан. Білуімше, Рахманның арғы аталары Қоқан ханы кезінде осы қорғанда қызмет еткен көрінеді. Қоқандықтар қолға түскен жауларын жаңа біз шыққан бөлмеге қамайды екен. Солар қашып кетпесін деп, олар осындай пəлені ойлап тапқан да. Екеуі тағы бір баспалдақпен төмен түсіп, жертөленің үш бөлікке бөлінетін тұсына келді. – Сыртқа шығу үшін қалай жүруіміз керек? – Бұл тұста ішке кіргенде, тек сол жақпен, ал сыртқа шыққанда, тек оң жақпен жүру керек. Сол жақта терең ұра бар. Сіз осы жертөледегі жолдарды жақсы білесіз-ау деймін. Əлде біреу айтты ма? Сүлеймен жауап бермеді. Оң жақпен келе жатты да, жөйітті сол жаққа итеріп қалды. Жөйіт сорлы айқайлап та үлгере алмады. Табан

астындағы топырақ опырылып түсті де өзі төменге күмп берді. – А-а-а, неге итердіңіз? Дауыс сонау алыстан естіліп, ұра ішінде жаңғырып біраз тұрды. Соған қарағанда, ұра өте кең, əрі ұзын болса керек. Жөйіттердің айтқандарының бəрі дəл екеніне көзі жеткен Сүлеймен неге екені белгісіз, ұраға құлаған ана сорлыға жаны ашып кетті. – Əй, өзің тiрiмiсiң? Майып болған жоқсың ба? – деп айқайлады опырылған тесікке үңіліп. Жөйіт қолындағы шаммен құлап еді. Сол шам он құлаштай тереңдікте жалтырап жатыр. – Тірімін, тірімін. Тек мені шығарып алыңызшы. Əйтпесе өзім шыға алмаймын. Біреудің көмегінсіз бұл жерден ешкім шыға алмаған. – Қазір. Күте тұр. Сүлеймен жаңа баспалдақ тұсында дуалға ілінген арқанды байқап еді. Неғылған арқан екенінде жұмысы болған жоқ-ты. Тағы да ештеңе ойламай, соны алып келді. – Мына арқанның ұшын беліңе байла. Өзім тартып аламын. Сөйтіп, оны тартып сыртқа шығарды. – Бір жерің сынған жоқ па? – Жоқ. Ұра табанына қамыс төселген екен. Қосарланып далаға шықты. Қорғаннан асып, шаһарға жеткен соң: – Көрдің бе? – деді Сүлеймен. – Мен сөзімде тұрдым. Сен серіктеріңнің ішіндегі ең мықтысы болып, қарсыласқандарды жеңген соң, өзіңді тірі қалдырдым. Енді қалған жөйіттеріңе сəлем айт. Əсіресе, анау Бекабаңа. Бір күні оның да көзін құртам. Жалпы, бəріңді, адам жегіштердің бəрін құртпайынша, тынши алман. Серіктеріңе осылай дегейсің. Кет енді! Аман кететініне шынымен сенген жөйіт: – Мақұл, мақұл, айтам. Бірақ бұдан кейін өзім адам жемеймін, – деді де қараңғы көшелердің біріне түсіп, қарасын батырды. Ендігі кекті Өдімəттан алмақ боп бекінген Сүлеймен, ертесіне əдеттегіден ерте тұрып, Шорабазарға келді. Күн сенбі болатын. Бүгін жəне ертең мұнда базар əбден қызады-ақ. Жолай бiр сарттың жүн артқан арбасына мініп, базарға жетті. Базардың кіре берісінде Парманқұл жолықты. – Қашан келіп қалдың? Пархат қайда? – Кеше кешкісін келдік. Саған барайық деп едік, «сені үйде бола ма, болмай ма» деп ойладық. Пархат ағасының үйіне кеткен. Өзіңді

бүгін осы жерде кездестіретін шығармын деп едім. Құдай ондап, оңай жолықтың. Біз кеткелі жалғызсырап, ішің пысқан жоқ па? – Қайдағы іш пысқан. Бір ажалдан қалдым. – Не дейді? Тағы да біреулер тиісті ме? Сүлеймен болған оқиғаның бəрін айтты. Үнсіз тыңдаған Парманқұл Сүлейменнің əңгімесіндегі оқиғалардың ішінде өзі жүргендей боп, біресе тістеніп, біресе жұдырықтарын түйе күшеніп, қатты дегбірсізденді. Əңгіменің аяғына дейін əзер шыдады. – Жүр, Өдімəт жаманның басын кесіп алайық. – Өзім де соны діттеп келгем. Бірақ бүгін базарда мілиса көп. Бəлкім алдымен Мамажанға хабар берерміз. – Ұсталып бара жатсақ көрерміз. Екеуі базар ортасын кесіп, керуен сарайдағы шайханаға жеткенше, біраз уақыт өтті. Өтпегенде қайтсін. Базардағы күллі жұрт екеуіне иіліп сəлем беріп, бір ауыз хал-жағдай сұрауға ынтығып, жолдарын бөгей берді. Екеуі қанша мықты болса да, біреудің сəлемін алмай кететін көкіректіктері жоқ. Шайханаға жеткенде алдарынан қызметші жүгіріп шықты. – Қожайының қайда? – Өдімəт дəдəмді айтасыз ба? – Енді кімді айтам? – Tөpгi тамда бір қонақтармен отыр. Төргi тамға кіріп барды. Мұнда бес-алты кісі қарқылдаса күліп, ауқаттанып отыр екен. Əсіресе аяқ жақта отырған Өдімəт мəз. Дастархан үстінде ас-сумен бірге буда-буда ақша жатыр. Сірə, отырғандар бір сауданы бітіріп, енді ақша бөліс жайын əңгімелеп жатса керек. Қазақтың қос қарақшысын көргенде, бəрінің күлкілері сап тиылды. Өдімəттің зəре құты қалмай, ішіп отырған шайына қақaлып, реңі қашты. Парманқұл беліндегі қылышын суырып алып, Өдімəтқа ұмтыла беріп еді, Сүлеймен оны жібермеді. – Тоқтай тұр, Парманқұл. Мен бұдан алдымен бір нəрселерді сұрап алайын. Сосын Өдімəтқа қарады: – Сен мынаған жауап бер. Мені жөйіттерге не үшін саттың? Ананың тіл-аузы байланғандай, жауап беруге шамасы келмеді. Реңі құп-қу, екі көзі ойнақшып, дір-дір етеді. – Айт, айт деймін!

Тамдағылардың бірінде үн жоқ. Осы кезде ішке бір қолына үш- төрт жасар баланы жетектеп, бір қолына жылаған сəбиді көтеріп, үсті- басы əлем-жəлем, кір-қожалақ əлдеқандай долы қатын кірді. Отырғандардың қасында түрегеп тұрған Сүлеймен мен Парманқұлды Өдімəттің адамдары деп ойласа керек бірден сөйлей бастады: – Міне, сіздерге екі бала əкелдім. Əрқайсысын елу сомнан сатам. Өдiмəт жəке, кеше осылай уағдаласып едік қой-ə. Балаларды алып кететін жөйіттеріңіз келді ме? Түкке түсінбеген Парманқұл Сүлейменге бір, отырғандарға бір қарады. Ал, Сүлеймен бұл долы қатынның кім екенін түсінді. Күні кеше жөйіт Уақит: «Кейде долылар жас балаларын сатып жібереді. Біз ондай балаларды бағып-қағып, əбден семіртіп жейміз» деген. Енді, міне, сондай долыны өз көзімен көріп тұр. – Өй, мынау не айтып тұр? – деді түкке түсінбеген Парманқұл. Сүлейменнің тұла-бойын ашу биледі. Сол ашумен долы қатынды да, отырғандарды да мыжғылап өлтіргісі келді. Өлтіріп қояр ма еді, ұмтылып барып, еш уақытта əйелге қол көтермейтін əдеті тосқауыл боп, кілт тоқтады. – Түсінбей тұрмысың, Парманқұл? Долы қатын балаларын жөйіттерге, жөйіттерге емес, мына отырған делдалдарға сатып тұр. Ал мыналар балаларды жөйіттерге үстеме бағасымен сатады. Əй, қатын, құры көзіме көрінбей! Ендiгəрі балаңды сататын болсаң, шашыңмен дарға асамын. Сүлейменнің қаһарланған түрінен ыққан долы қатын бұрыла сап, шығып кетті. – Ойпырмай, Сүлеймен. Тəшкенде қанша жүрсем де жөйіттермен жолым қиылыспапты. Сөйтсем, олардың кісі таңқаларлық істері көп екен-ау. Əй, Өдімəт! Сенің жөйіттермен құпия қатынасыңның бар екенін бұрын білген болсам, басыңды шауып тастар едім. Өй, нəлеті... – Ол хайуанға сөзіңді қор қылып неғыласың? Осы күнге дейін шабылмаған басы қазір шабылады. Бір бұл емес, отырғандардың барлығы да осы жерден тірі шықпайды. Өдімəт шапшаң жылжып кеп, Сүлейменнің аяғына жығылды: – Ойбай, Сүке. Рахым ете көріңіз, рахым ете көріңіз. Бекабаның адамдары қорқытып, «өзіңізді қолға түсіріп бер» деген соң амал жоқ, айтқандарын істеп едім.

Парманқұл оның басынан бір тепті. Өдімəт тепкіні елемей, Сүлейменнің аяғынан ажырар емес. – Біреу қорқытты деп, əркімнің обалына қала бересің бе? – Қайтем, енді. «Айтқанымызды істемесең, бала-шағаңмен қоса, құртып жібереміз» деген соң, меңдуана мен көкнардың қайнатпа суынан дайындалған палау мен шəйді беріп едім сізге. – Опасыздық жасадың ба, жасадың. Енді қанша ақталсаң да, мені кешіреді деп ойлама. Сөзіңе сеніп мүсіркейді деп жəне үміттенбе, «Бекабаның адамдары саған қастандық жасайын деп жүр» десең болмай ма, сонда. Сені олардан өзім-ақ құтқарып алар едім. – Сіздерде, қазақтарда, «Аяғыңа жығылса, бауырыңды өлтіргенді де кеш» деген мақал бар емес пе? Басын иіп, табаныңызды жалап жатыр ғой. Енді бір жолға кешіре салыңызшы, – деді төрде отырған тақиялы біреу. – «Араша түсіп, арамыздағы дауды шеш» деген жоқ ешкім саған. Менің ұстанған жолым бойынша, опасыз əр кезде өз ісі үшін жауап беруге тиісті. – Сонда немене, осы жерде басын кесіп алмақсыңдар ма? Тақиялы біреу қорқатын емес. Осылай өктем-өктем сөйлеп қояды. Өктемсінгенді еш уақытта көтермейтін Сүлеймен шарт кетті: – Басын кессем, қолымды қағайын деп пе едің? – Қолыңды қағуға менің əлім келмесе, өкіметтің əлі келеді. – Не оттап отырсың?! Мына сұм мені жөйіттерге талауға бергенде, сол жөйіттер күнəсіз балалар мен əйелдерді жеп жатқанда, айтып тұрған өкіметің қайда қарап калды? – Барып, соған шағымыңды айт. Сонда ол қарап қалмайды. – Мен біреуге шағым айтатын қатын емеспін. Сен осы, неге сөзден қалыспай отырсың? Əлде бірдеңе көргің келіп отыр ма? – Шағым айтқанның бəрі қатын емес. Одан соң мен неге сенен бірдеңе көруім керек. Тамырым Өдімəтқа болысу – парызым шығар. Сүлеймен бұдан ары шыдай алмады. Əлгіге жетіп барды. – «Басқа пəле тілден» дейді біздің қазақ. Тамырың үшін араша емес, пəле тілеп алдың, – деп тістеніп тұрып, оны мытып жіберді. Заматта ес-түсінен айырылған ол, дастархан үстіне құлап түскенде, қалғандары өре түрегелді. Бұл ай-шайға қарамай, түрегелгендердің шетінен қиратты. Біреуі зып беріп, далаға қашып

үлгерді. Парманқұл оны қылышымен бір ұрды. Анау тигізбей кетті. Өз-өзінен шығып кеткен Сүлеймен: – Парманқұл, Өдімəттің басын шаба сал! – деп айқайлады. Парманқұл сөзге келмеді. Жерде опасыз тірлігі үшін өкiрiп жатқан Өдімəттің басын қылышпен бір шапты. Сатқынның басы кесіліп түсті. Ал бассыз қалған дене орнынан ұшып тұрды да, мойнынан қаны шапшып, үш-төрт қадам басып барып, гүрс етті. – Хайуанның жүрегінің мықтысын қара. Дірілдеп барып, тыншыған бассыз дене мен сұлап жатқандарға көз салған Сүлеймен: – Həлеті Өдімəтті өлтіреміз деп ойлаған жоқ едім. Бəрі мынаның кесірі болды, – деп өзі бірінші ұрып құлатқанды бір тепті. – Болар іс болды. Сатқындарға осы керек. Жүр, бұл жерден шығып кетейік, – деді Парманқұл қылышындағы қанды дастархан шетіндегі орамалға сүртіп тұрып. – Өдімəттің өлгеніне өкінбе. Өзің жөйіттерге таланып, о дүниелік болғаныңда қайтер едің. Өздеріне зияндық істеген опасыздарды əр уақытта қатал жазалайтын қос қаһарман далаға шыққан кезде алдарынан мылтықтарын кезеніп бес-алты мілиса шықты. Жандарында мана қашып құтылып кеткен кісі бар. – Міне, осы баскесерлер қылышымен қорқытып, бəріміздің үрейімізді ұшырды. Мына бір дəуі шетімізден ұрып, қандаламызды шығарды. Ұстаңыздар екеуін де, – деп аналарға жалпаңдап өліп барады. – Таста, қылышыңды! – деп бұйырды мілисалардың бірі. – Қару асынып жүретін баяғы заман өткен. Қазір – кеңес заманы. – Бұған қылыш асынып жүруге кім рұқсат берген? – деді екіншісі. – Өткен жолы саған «бұдан былай қылышыңды көрмейтін болайын» деп ескертіп едім ғой. Мынаусы анада осында төбелес шығарып жүрген дəу болса керек. Қолыма түспей жүр еді, тəуір болды. Түрмеге қамап, көресіні керсетейін енді, – деп үшіншісі Сүлейменге шүйіле қарады. Осы кезде мана ішке кіріп кеткен мiлиса шықты. Өңі құп-қу. – Анда, анда, – деп қолымен ішкі жақты нұсқап, сөйлей алмай біраз тұрды да: – Өдімəттің басын кесіп тастапты. Қалғандары да жайрап жатыр.

– Не дейді? – деп таңырқаған екі мілиса шайханаға қойып-қойып кетті. Артынша, жүгіріп қайта шықты: – Масқара, масқара... Шынымен біреуінің басын шауып тастапты. Ей, сен, бөлімшеге жүгір! Командирге хабарла. Оған дейін біз хаттама жасап, мыналардан жауап ала берейік. Дүрліккен мiлисалардың бірі бөлімшеге жүгірді. Қалғандары мылтықтарын оқтап, Сүлеймендерді ертіп, шайханаға кірді. Біреуі болған жайдың мəн-жайын сұрап, қағазға жаза бастады. Бір-екеуі Өдімəттің өлігін көрпешемен жапты. Сүлеймен ұрғандардың бəрі тірі екен. Мілисалардың сүйеуімен əзер тұрып, бергі бөлмеге барып отырды. Шайханадағы жұрт та дүрлігіп, бір-бірімен күбірлесіп, қос қарақшыға қарап-қарап қояды. Біраздан соң жағасында екі жұлдызы бар бір мілиса келді. Қасында бағанағы шабарман. – Не болып жатыр? Қағаз жазып отырғаны қолын шекесіне апарып, оған бар жағдайды түсіндірді. Келген мiлисалардың бастығы болса керек. Өліп жатқан мен оңбай таяқ жеген кісілерге қарады. – Мынау кісі өлтіргендердің қолдарын байлап, арбаға салыңдар! Үш мілиса кеп, қолдарын байлап жатқанда: – Сен бе, осылардың дөкейі? – деді Сүлеймен. – Əзірше – мен. Анда менен де зор дөкейлер бар. Не айтпақ едің? – Айтатынымды сенен зор дөкейлерге айтам. Апар соларыңа. Мілисалар қос ат жегілген үлкен арбасына Сүлеймендерді отырғызды. Ат айдайтын бір мілиса ғана арбаға мінді де, қалғандары оны қоршай жүрді. Мілисаханаға келгенде, екеуін камераға қамады. Бұл мілисаханада Сүлеймен өткен жолы болған. Онда Мамажан құтқарып əкеткен еді. Сол есіне түсті. – Енді Мамажанға қалай хабар береміз? – Бір мəнісі болар. Сыртқа кіріп, шығатын «құлақтар» бар. Солардан хабар айтармыз. – Мұнда бұрын қанша рет түстің? – Есебін өзім де білмеймін. Оншақты рет түсіп қойдым-ау. Жататын жері, отыратын орындығы жоқ мұздай камерада бір күн отырды. Ертеңіне Сүлейменді тергеушіге апарды. Бұрын сотталған

емес пе, Сүлейменге мұндағы жағдайлардың бəрі белгілі. Тергеуші қартаң келген өзбек екен. Бірден сұрақтың астына алды. «Тəшкенде неғып жүрген жансың?» «Өдімəтті не үшін сойдың?» Сүлеймен оған бұрын сотталғанын айтпады. «Қыдырып келген қыр қазағымын» деді. Одан соң Өдімəттің не істегенін, жөйіттердің қылықтарын айтып берді. – Адам жегендері үшін оларды қырып салсам, несі бар? Сендер, мені ұстағанша, солардың көздерін неге құртпайсыңдар? – Кеңес одағының заңымен өмір сүріп жатқан біздің қоғамда «адам жейтіндер бар» деп айтуға қалай аузың барады? Тəшкенде жөйіттер патша заманында болған. Қазір жоқ. Түсіндің бе? Жалпы, сен маған сұрақ беруге тиісті емессің. – Мен сұрақ беріп жатқаным жоқ. «Жөйіттерді неге құртпайсыңдар?» деп отырмын. – Ондай жоқ дедім ғой, Тəшкенде. Қылмысыңды ақтауға басқа себеп таба алмадың ба? Одан да істеген ісіңе жауап бер. ...Не керек, бұлар он бір күн тергеуде жатты. Сүлеймен мен Парманқұл өздерін ақтап ала алмады. Ақтап ала алмады емес, тергеушілер дегеніне жетті. Ертең сот деген күні: – Осы мілисалардың Тəшкендегі жөйіттерді білмейтініне таңым бар, – деді Сүлеймен. – Біледі. Бəрін біледі. Тіпті олармен сыбайластықтары да бар. Керек десең, жөйіттерден өздері қорқады. Иə, қадірлі оқырман! Тəшкен мен оның төңірегінде өткен ғасырдың отызыншы жылдары «жөйіт» деп атаған адам жейтін қауым болды дегенге кейбіреулер сенбейтін де шығар. Бірақ бұл – ақиқат нəрсе. Қоқан хандығы кезінен бар жөйіттерді, кеңес өкіметі тек отызыншы жылдардың аяғына таман ғана ауыздықтай алған. Десек те, олардың біраз қауымы өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарға дейін жасырын жұмыс істеген...

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ І Он екінші күні сот болды. Бес-ақ адам қатысқан сот Сүлеймен мен Парманқұлды он жылға кесті. «Жазаларын Табақсай түрмесінде өтесін» деген шешім шығарды сот. – Ойпырмай, Парманқұл. Біздің ісіміздің ақ-қарасын да тексермей жатып, он жылға кесе салғандары несі? Тергеушіге «жөйіттердің апандарын көрсетейін» деп қанша айтсам да, құлақ аспады. Əділ деген өкіметтерінің сиқы осы ма? – Көп нəрсені түсінбейсің, Сүлеймен. Олар жөйіттердің апандарын сен айтпасаң да біледі. Тергеушінің де, соттың да шикілігін көрмейсің бе? «Бай-құлақтар мен ұры-қарыны аяусыз қырамыз деп кəріне мінген өкімет, адам өлтіргенге ату жазасын, болмаса жиырма бес жыл беруі керек. Ал бізге он жыл берді. Жалпы, сот үкімі бізге Өдімəттің өлімін ғана танды. Басқа жөйіттер жайында жұмған аузын ашпады. Демек, соттың ісі шикілікке толы. Біз қайта оның он жыл бергеніне қуанайық. Ату жазасын бергенде қайтер едік? Ешкімге хабар беріп үлгертпей, ертең-ақ атып тастар еді. Ал түрмеге барған соң Мамажанға хабар береміз. Арғы жағын ол өзі ептейді. – Екеуміздің жағдайымыз оның құлағына тимей қалды-ау деймін. Əйтпесе, осы жерден құтқарып əкетер ме еді... – Енді есіткен күнде де ештеңе істей алмайды. Тек біз түрмеде біраз жатқаннан кейін ғана əрекет жасайды. – Taбaқсай деген қай жер? – Тəшкеннен онша алыс емес. Ондағы түрме – менің үйреншікті жерім. Сол түрмеде маған қастасып жүрген біраз адамдар жатыр. Барған соң солармен кейбір дауларды шешуге тура келеді. Өткен жолы мен ерте шығып кетіп, ерегісуіміз аяқталмай қалған. – Түрмеде жатқандардың арасындағы дау – мілисалармен арадағы дау емес қой. Оны шешуге болады Сібірде небір пəлелерді бастан өткергенбіз. – Иə, енді қасымда өзің барсың. Маған қыр көрсетіп жүргендерге оңайлықпен беріле қоймаспыз. – Олар кімдер еді? – Ол жердегі баскесерлер – таулықтар. Таласымыз – «түрмені кім билейді?» деген даудан басталған.

– Бір басшысы бар шығар өздерінің. – Бар. Ахмад деген билеуші бар онда. – Денесі үлкен бе? – Бойы онша ұзын емес. Бірақ жуан. Түрі зəрдей. Қолына ұстаған адамын мытып, бір жерін сындырып жібереді. Өткенде екеуміз жекпе-жекті белгілеп қойған едік. Сол күнге жетпей, мен кетіп қалғанмын. Енді барсам, ол сол ерегісті қайта қозғайды. – Осы жолы жекпе-жекке шықсаң, бетін қайтарып таста. – Бара көрерміз. Ертесіне мілисалар екеуінің қолдарын байлап, камерадан шығарып, қос өгіз жегілген биік шарабалы арбаға салды. Қолдарын байлағандары аздай, ұзын арқандарымен бүкіл денелерін арбаға тағы шандып матады. Аяң жүрісті өгіз арбаға мылтықты төрт мілиса ілесіп, түстік жақты бетке алды. Содан діттеген жерлеріне кешке бір-ақ жетті. Жолда Сүлеймен Табақсай түрмесін «Сібір абақтысы секілді биік қорғаны бар, жан-жағы тікенекті сымтемірмен қоршалған шығар» деп ойлаған. Бірақ мұндағы түрменің сыртқы көрінісі Сібірдегіден бөлектеу екен. Бөлектеу болғанда, түрменің сыртқы қорғаны түгелімен таспен соғылған. Қорғанда үлкен бір-ақ дарбаза бар. Соған қарап: – Бұл түрме шағын ғана екен-ау, – деді Парманқұлға. – Саған бұл бір жағынан қарағанда ғана кішкентай көрініп тұр ғой. Əйтпесе, іші ат шаптырымдай, ой, ат шаптырымдай демін-ау, құла дүз. Бұнда мыңнан аса адам жатыр. – Сібірде ғой, ағаш кесетін едік. Ал мұнда түрмедегілерге не істетеді? – Шəниіп жатқызып қоймайды. Бірақ білектілер жақсы өмір сүреді... – Ай, тоқтатыңдар сөзді! Іштерің жарылып өліп бара жатсаңдар, қазір түрмеге жайғасқан соң айтарсындар айтатындарыңды, – деп мілисаның бірі бұлардың сөздерін бөлді. Онымен айтысуға арланған қос қаһарман сөздерін тыйды. Өгіз арба түрме қақпасына жеткенде, бесатар карабин асынған екі солдат бұларды тоқтатты. Мілисаның бірі оған əлдеқандай қағаз көрсетті. Əлгі солдаттар қақпаны ашты. Өгіз арба қақпаға таяу барып тоқтады. Іш жақтан бес-алты қарулы солдат шықты. Олар Сүлеймен мен Парманқұлды босатып, ішке алып кірді. Содан екеуін біраз

тексерістен өткізген соң, түрменің кіре берісіндегі үлкен тамға кіргізді. Үлкен тамның іші бірнеше камераларға бөлінеді екен. Солдаттар екеуін солардың біріне қамады. Қаракөлеңкелеу камера ішінде оншақты адам жатыр. Қазақтың қос қарақшысы кіріп келгенде, олардың біразы орындарынан тұрды. Төрде жатқан екеу тұрмады. – Уа, Парманқұл əкə, амансыз ба? Уа, əкə, хош келдіңіз! – деп тұрғандар Парманқұлдың қолын алып жатыр. Одан кейін Сүлейменмен амандасты. Парманқұл өзiне сəлем бергендермен шүйіркелесiп, хал-жағдай сұрастырып жатыр. Сөз арасында өздерінің не үшін түскендерін де айтып өттi. Сүлейменнің байқауынша, мұндағылардың бəрі бұрын түрме көргендер секілді. Барлығы жайбарақат, тура өз үйлерінде жатқандай, еркін əңгіме айтып отыр. – Сүлеймен, осы жігіттердің бəрімен бұрындары осы түрмеде дəмдес болғанмын. Шеттерінен сенімен таныстырып өтейін, – деп Парманқұл отырғандардың аттарын атап шықты. Сүлеймен сегіз адамның аттарының бəрін бірден жадында сақтап қала алмады. Тек Кəрімбек, Пəрімбек деген ағайындылардың, Адамбай атты кісінің аттарын санасына бірден құйып алды. Парманқұл олардың аттарын атап қана қоймай кім екендіктерін де айтып жатыр. – Мынау Кəрімбек пен Пəрімбек қаңлының миям атасынан. Елдері – жоғары Шыршықтағы Қияңқыдан. Бүкіл Шыршық, Қамшық, Алай тауларының төңірегінде бұлардан асқан баукеспе жоқ. Арғы жағы – қырғыз, бергі жағы – тəжік ауылдарының бай-манаптары бұлардан көресіні əбден көрген. Сонау Ош жақтан үш-төрт үйір жылқыны екеуі-ақ бір түнде тау асырып, айдап келе береді. Ал, Жалалабад пен Ходжент маңынан айдаған малдарды екі-үш күнде қырғызға бір-ақ асырып тастайды. Əлі де сол кəсіптерін тастамай келеді. Ұрлық үшін қанша рет сотталдың, Кəрімбек? – «Сол кəсіпті əлі тастамай келеді» деп артық айтып қойдың, Парманқұл. Баяғыда байдың малдарына ұрлық жасаушы едік. Онда біздікі ұрлық емес, барымта болушы еді. Ал, қазір ұрлайтын ондай малдар жоқ. Өкімет кедей. Кəлхүз, əртілдердің малдары өңкей арық- тұрық бірдеңелер. Ұрлауға тұрмайды. Ірі-ірі барымта болмаған соң айналдырғанымыз – базар. Базарда əртүрлі істерге араласамыз.

Ондайда ешкімге билік бергіміз келмейді. Осы жолы екі қоқандықты сойып тастадық. Сөйтіп жетінші рет осы – Табақсай түрмесіне келдік. – Келгендеріңе қанша күн болды? – Ертең бір жетіге толады. – Ендігі жетіде бəрімізді арғы түрмеге бірге кіргізеді екен ғой. – Осы, мен таңмын. Анада Сібірде де бізді бірден түрмеге кіргізбей, бір айдай осындай камераға қамап қойып еді. Бұл қандай тəртіп өзі? – деді Сүлеймен. – Сібірді білмеймін, мұндағы тəртіп осылай. Сотталушыларды алдымен осы жерде біраз ұстайды да, одан соң барып, іш жақтағыларға қосады. Ал, бұрын сотталғандарды алдымен осы өзіміз отырған камераға қамайды. Бірінші түскендер басқа камераларда. Мілисалардың мұнысы – сотталған адам осында біршама уақыт жатып, түрме өміріне үйренсін дегені-ау. – Ал мынау Адамбай не үшін жатыр мұнда? Бұл да барымташы ма? Адамбай «мені таныстыр» дегендей, Парманқұлға қарады. – Е, бұл сабаз да оңай адам емес. Төрт кісіні сойған. Ал, бұл жолы не үшін түскенін əлі сұрап үлгермедік. – Қойлықта біреумен ерегісіп қалып, қамшымен басына екі рет ұрып едім, осал екен дəйіс. Өліп қалды. Сол себеппен осында бесінші рет келіп отырмын. Адамбайдан кейін отырған қазақтардың бəрі өздерінің не үшін сотталғандарын айтып өтті. Тек əңгімеге араласпай, төрде шалқайып жатқан екеу лəм демеді. Сүлеймен оларға қарап еді, екеуі де таулық сияқты. Қаба сақалдары бет-ауыздарын түгел басқан. Осы камерада Сүлеймендер бір жеті жатты. Сегізінші күні бəрін түрме ішіне кіргізді. Сібір түрмесінде темір кереуеттер бар еді. Мұндағы барактың еденіне ши төселген. Сотталғандар сол ши үстіне жатады екен. Көрпе, жастық атымен жоқ. Əркім сырт киімдерінің бірін жастық, бірін көрпе етіп жата береді. Барак саны – он бір. Бір топ солдат бұларды ортаңғы баракқа əкеп кіргізгенде, орын бөліп берген жоқ-ты. «Жататын жерлеріңді өздерің тауып алыңдар», – деп олар бұрылып жүре берген. Парманқұл бастаған топ кірген барактағы қазақтардан гөрі бөгде ұлттар басым екен. Бірлі-жарым қазақтар болмаса, бұларға көпшiлiгi

сəлем де бермеді. Дегенмен, отырғандардың бəрінің көздері Сүлейменде. «Бұл не деген дəу адам» деп таңданған сыңайлы. Парманқұл отырғандарды жағалай «қай жер бос, қай жер бос?» деп көп жүрді. Бір кезде: – Сүлеймен, мұнда келіңдер. Мына жер бос екен, – деп айқалады. Барак басында топтанған бұлар солай қарай барды. Алайда Сүлемендер онда жеткенде, арғы жақта отырған бір топ таулық орындарынан тұрды да, Парманқұл діттеген бос орынға келді. – Өй, сендердің өз орындары бар емес пе? Бұл жерге неге келдіңдер? – Мұнда ешқандай бос орын жоқ. Жататын жер іздесеңдер кіре беріс есіктің алды бос, сонда барып жайғасыңдар, – деді төртпақ келген біреуі Парманқұлға көздерін алартып. – Менің келе салып ешкіммен ерегіскім келмейді. Мүмкін өз орындарыңа қайта барарсыңдар. – Сен қай жерге жайғасу керектігін алдымен менен сұрауың керек еді. Бұл баракта менің рұқсатымсыз шыбын да ұшпайды. Енді мен қай жерді көрсетсем, сонда жайғасыңдар. Əйдə, барыңдар, кіре беріске! – Атың кім сенің? – Уа, жігіттер, – деп шаңқ еткен əлгі жанындағыларға бұрылды. – Мынау тікелей менен атымды сұрайды. Айтыңдаршы, осында өзіме тіке келіп, атымды сұрайтын адам бар ма еді? Жоқ, бұл қазақтар түкке түсінбей тұр екен. Өздерін есік алдына қуып, бұл жердің тəртібін үйретіп қойыңдар! Осы кезде сотталушы бір қазақ жүгіріп келді: – Ойбай, көкелер, үндемей айтқан жеріне бара беріңіздер. Атын сұрағандарыңыз не одан? Бұл атақты Шурхат қой. Барыңыздар енді, тезірек ана жаққа. Əйтпесе, бəріңізді оңдырмай қояды. – Сен араға түспей-ақ қой, бауырым. Шурхатың пірін танымай жүр екен, – деді Парманқұл əлгі қазаққа. Шурхаттың серіктерінің бəрі ірі-ірі денелі. Əсіресе, алдындағысы Сүлеймен секілді алып. Ол шеттегі Парманқұлды салып жіберді. Парманқұл тəлтіректеп кеткенімен құламады. Бірақ оған қалған таулықтар жабылып кетті. Ал, дəу таулық Кəрімбек пен Пəрімбекті, Адамбайды, сондай-ақ басқа қазақтарды пұшпақ құрлы көрмей, бір- бір ұрып құлатып түсірді. Сосын ыржиып Сүлейменге жақындады. Сірə, «мұны бір періп, сілейтіп салайын» деп ойласа керек. Сүлеймен ол қазақтарды ұрып құлатып жатқанда əдейі араласпай, сабыр сақтап,

оның өзіне келуін күткен. Анау таяй бергенде «шоқпар тимей жүрген асау бұқа екенсің өзің» деп тістеніп тұрып, маңдайынан бір соқты. Таулық төрт-бес қадам артқа теңселіп, шалқасынан гүрс етті. Ол гүрс еткенде құлаған қазақтар тұра сап, басқа таулықтармен төбелесіп жатқан. Парманқұл біреуін қылқындырып, жанын көзіне көрсетіп тұр еді. Сүлеймен қарсыласын шалқасынан түсіргенде, олардың бəрі төбелестерін тия сап, шетке ығысты. Барлығы шешуші төбелес осылардікі деген сияқты. Бір олар емес, баракта жатқандар түгел орындарынан көтеріліп, осы жаққа қараған. Құлаған дəу əп-сəтте тұрды. Тұрды да, екі қолын жұдырықтап, алға соза Сүлейменге жақындады. – Қаныңды судай ағызамын қазір. Сүлеймен жайбарақат тұр. Аюдай болған анау неме секіріп келіп, мұны бір соғып үлгерді. Сүлеймен бір жағына қарай қисайып барып, əзер құламады. Бағаналы бері ашуы көтерілмеген Сүлеймен өзіне соққы тигенде, қаны басына шапшып шыға келді. Ақырып тұрып, өзін екінші рет ұруға ыңғайланған ананың дəл тұмсық түбінен қойып жіберді. Ашуланған кезде мұның күрзідей жұдырығының соққысына өзі секілді алыптар шыдай алмаса, басқаның төтеп беруі мүмкін емес. Бірақ таулық осал адам емес. Дегенмен Сүлейменнің жаңағы соққысынан есінен танып, бүк түсті. Сүлеймен оны қоя салды да, қатар тұрған таулықтарды бір-бір соққымен баудай түсірді. Қашып бара жатқан біреуін шап ұстап, қап сияқты жоғары көтерді де, төрдe манағы басынып сөйлеп отырғанға жетіп барды. Өзінің сенген дəуін бір-ақ соққымен талдырып түсірген Сүлейменнен зəре-құты қалмаған ол, өзбектер жаққа қанша бергенде бұл қолындағы көтерген адамымен оны бір ұрды. Лақтырылған адам көлденең ұшқан күйі қашқынның желкесіне барып тиді. Жер құшқан екеуін қырандай бүрген Сүлеймен сілкіп-сілкіп орындарынан тұрғызды. – Əй, нəлеті, – деді Сүлеймен Шурхатқа шүйіліп. – Осы түрмені өзің тұрғызып, баяғыдан өзің билеп келе жатыр ма едің? Неге бірінші келгендерге адамға ұқсап сөйлеспейсің? – деп оның желкесінен мытып-мытып жіберді. Шурхат талып қалды ма, əйтеуір былқ-сылқ. Оған қараған Сүлеймен болмады. Жағына шапалақтап-шапалақтап жіберді. Анау есін жиғандай, көзін ашты. – Бүгіннен бастап маған бағынатын боласыңдар. Бағынбайтындарың өлдім дей беріңдер. Естідіңдер ме-ей?!

Таулықтар бастарын изедi. Шурхаттың басынан Сүлеймен тағы бір ұрып, етпетінен жалп еткізді. Қатты ашуланғанда Сүлеймен ентігіп кетуші еді. Осы жолы ентігін зорға басты. – Құп қираттың-ау, бəрін. Жаман айғырдай кісінеген сұмдарға осы керек еді. Жүр, енді біз бұлардың төрдегі орындарына барып, жайғасып алайық, – деді Парманқұл. Екеуі тобын ертіп төрге беттегенде, қастарына бір жағымпаз жүгіріп келді. – Уа, əкə. Бүгіннен бастап, бұл барактың қожайыны – сізсіз. Ал, қожайын ең төрдегі жұмсақ орынға жату керек. Жүріңіз, сол орныңызды көрсетейін, – деп ол жағымпаздана иіліп, алға жорғалай жөнелді. Сібір түрмесінде мұндайларды «шестерка» дейтін. «Шестеркалар» кім мықты болса, соның аяғын жалап күн көреді. Түрмеде болған оқиғалардың бəрін билеушіге жеткізіп тұрады. Сондай-ақ билеушінің кір-қоңын жуып, жататын жерін тазартады. Бір сөзбен айтқанда – қатынша жұмыс істейді. Сүлеймен əлгіннің сондай адам екенін бірден білді. Тағы бір білетіні – билеуші «шестеркалардың» аттарын атауға тиіс емес. Басқа, қорлау аттармен атай беруге болады. Бірақ Сүлеймен біреуді мазаққа айналдыруды жек көреді. Дегенмен бұл жер – түрме. Қанша мықты болсаң да, түрме заңын ұстау керек. Жағымпаз төрдегі жаюлы үш-төрт көрпешені қағып-қағып, қайта салды. – Бүкіл баракта бар көрпеше осылар-ақ. Бұрын бұларға Шурхаттар жатушы еді. Енді бұлар – сіздердікі. Жақсылап жайғасып алыңыздар. Бұдан былай бір нəрсе керек болса, қызметтеріңізге дайынмын. – Сен мынаны айт, – деді Парманқұл оған қарап. – Пияз бен Ахмад қай баракта жатыр? – Уа, Паяз бен Ахмад əкəмдар екінші баракта. Ол кісілер бүкіл түрменің билеушілері ғой. Шурхат солардың адамы. Оның сіздерден таяқ жеп қалғанын қазір-ақ есітеді. Сосын... Иə, ол жағын өздеріңіз шеше бересіздер ғой. Сіз Парманқұл əкəм емессіз бе? Сізді білем. Ахмад əкəмен ерегістеріңізді де білем. Бірақ мен үлкен кісілердің істеріне араласпаймын ғой.

Бұл уақытта таяқ жегендер үсті-бастарын қағып, шетінен далаға шығып жатты. Дəуі бұл жаққа бір қарады да сүйреттіліп барып, таулықтардың ортасына жатты. Сірə, қатты соққының əсерінен əлі өз- өзiне келе алмаған-ау. – Сенің үлкен кісілердің ісінде, əлбетте, шаруаң болмайды. Бірақ үлкен кісілердің айтқанын істеуге міндеттісің. Қазір далаға шық та, анау таулықтарды аңды. Олар Паяз бен Ахмадқа бара ма, барса, не жайлы əңгімелеседі, нендей істі ойластырады, соның бəрін біліп кел. – Мені өз қорғауларыңызға аласыздар ма? Əйтпесе, аналар өлтіріп қояды. – Қорықпа. Айтқанымды істей бер. Қолын қусырып, басын қайта-қайта изеген жағымпаз ары кеткенде: – Ахмадты айттың. Ал, Паяз дегенің кім еді? – деді Сүлеймен. – Əнеукүні саған «түрмеде біреулермен ерегісім бар еді» деп едім ғой. Паяз, Ахмад деген билеушілермен өткенде ерегісіп қалғанмын. Жаңа Шyрхат мені танып, бізге əдейі тиісті. Бірақ сенің арқаңда жеңіске жеттік. «Жеңіске жеттік» дегеніммен, олар осымен тыныш қалмайды. Сондықтан да айқастың бəрі алда. Түрме ішінде ары-бері жүргенде, дүзге шыққанда сақ болу керек. Бұлардың тығылып тұрып, тасадан пышақтап кететін əдеттері бар. Бəрінің пəпектерін басып, жуасытып қоймайынша, далада жалғыз-жарым жүрмеңдер. – Иə, ойламаған жерден пышақ ұрып кететін сатқындықтары бар бұл пəтшағарлардың, – деді Кəрімбек. – Олар түгілі қаруға біз де сүйенеміз ғой. Біз қарусыз болсақ, тым қауқарсыз екенбіз. Жаңа Сүлеймен болмағанда быт-шытымыз шығар еді. – Оның рас, Парманқұл. Шурхат бастаған топ далаға шығып кеткенде, барактағылардың бəрі Сүлейменге келіп, сəлем бере бастады. Бəрінің жүздерінде жағымпаздықтың табы бар. Сүлейменге қошемет көрсетіп, өліп барады. – Парманқұл, мен Сібірде қара Ибанды ұрып жыққанда, ондағылар маған бұлай қошемет көрсеткен жоқ еді. Ал, мыналар бір таулықты сілейтіп салғаным үшін мені қаһарманға балап жіберді-ау. – Е, ол жақта бұл жердегідей жəдігөйлер жоқ та.

– Осы мен барған, жүрген жерлеріміздегі адамдардың мінез- құлықтарына назар аудара бермеймін. Шынында таулықтардың басқаға, əсіресе өзінен күштілерге деген көзқарастары мен қарым- қатынастары өзгеше болады-ə. – Иə. Бірақ өздері əлі келетіндерге, ой, күн бермейді-ау, пəлелер. Бұдан кейін əркім опасыз таулықтар туралы өз пікірлерін айтып отырды. Сүлеймен Шурхаттың орнына жайғасқан соң, қалған жігіттері де оның айналасындағы орындарды иемденді. – Біз таулықтардың орындары алдық. Енді ол сорлылар қайда жайғасады? – Туһ, Сүлеймен, оларға жанашырлық сөз айтпай-ақ қойшы. Кім бізге тиіссін деген. Енді қайда жайғасса, онда жайғассын. Өз обалдары өздеріне. Мүмкін бəрін жаңа өздері бізге айтқан кіре беріске жатқызып қоярмыз. – Шынында, Парманқұл, солай зорлық көрсетеміз бе?.. – Біздікі – зəбір емес. Біздікі шайқас үстіндегі – таза жеңіс, – деді Кəрімбек. Бір кезде бағанағы «шестерка» келді. – Сіздерге жақындауға бола ма? – деді ол анадай жерде тұрып. – Кел. Ахмад пен Паяз жақтан не хабар бар? – деді Сүлеймен дауыстап. – Ойбай, қожайын, жай сөйлеңіз. Мені сіздерге не айтатынымды бөтендер естуге тиіс емес. – Атың кім сенің? – деп сұрады Кəрімбек. – Рахматолла. – Айт əңгімеңді. Не көріп, білдің? – Айтсам былай: Шурхат осы жерден шыққаннан кейін тура Ахмад пен Паязға барды. Бірақ қастарына жақындай алмадым. Сондықтан не айтқандарын естімедім. Дегенмен Шурхат болған оқиғаның бəрін айтты-ау деймін. Ахмад ашуланып кетіп, Шурхатты да, жанындағыларын да ұрып тастады. Ұрып-ұрып алды да: «Сол қазақтарды енді мен барып төбелеуге тиіспін бе? Өздерің қатырыңдар. Ертең солардың бірінің басы менің алдымда жататын болсын», – деп айқайлады. Шурхаттар бастарын изеп, тұра бергендерінде мені көріп қоймасын деп сыртқа шығып кеттім. Бар көріп, білгенім – осы.

– Оттапты хайуандар. Біздің басымызды кесіп үлгергенше, өздерінің бастары кесілер. – Əзірше ашуланба, Парманқұл. Бар нəрсені уақытында көреміз. Шурхаттар бізге қайтіп тиісуге беттей қоймас. Бірақ Ахмад пен Паяздың айтқанын орындайтын болса, олар біздің біреуімізге қапыда бір зияндық жасап қалуы кəміл. Сондықтан да олар мақсаттарына жету үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланып бағады. – Менің қауіптенетінім, Сүлеймен, түн мезгілі. Сол үшін де бүгін, бүгін ғана емес, алдағы түндерде де сергеқ ұйықтауымыз керек. – Бұлар кəнігі баскесерлер. Қанша сергек ұйықтасаң да, бауыздап кетудің бір амалын табары хақ, – деді Адамбай Парманқұлдың сөзіне қосылмайтынын білдіріп. – Одан да əр түні əрқайсымыз кезектесіп қарауылдыққа тұрайық. – Е, мұның жөн. Біз бүгін Сүлеймен екеуміз қарауыл болайық. Басшы əрқашанда тобының міндетін бірінші атқаруға тиіс қой. Сүлеймен оны қостағандай ишара білдірді. – Мына Парманқұл біледі, мені біреу сөзге айналдырып отырмаса, ұйықтап қаламын. Ал, бір ұйықтасам, Құдай салмасын, бір жерімді кесіп əкетсе де, түк білмей қатамын. Ал, енді, мені дереу оятып жіберетін бір тəсіл бар. Соны сендерге айтып қояйын. Ұйықтап жатқанымда алқымынан сəл қысып қалсаңдар болды, атып тұрамын. Кешке жақын Шурхаттар келіп, орты тұстағы бос орынға жайғасты. Олардың бəрінің жүздерінде «қайтсек те сендерден кек аламыз» дегенді білдіріп тұрған өшпенділіктің табы бар. Қазақтарға қарап-қарап қойып, өзара күбірлесіп жатыр. ІІ Бір уақытта казармаға тексеруші солдаттар кіріп, сотталушыларды түгендеп шықты. Жұмыстарын тындырғасын, қабырғаларға ілінген шырақтарды сөндiрiп шығып кетті. – Сен енді мені əңгімеге айналдырып жат, – деді Сүлеймен Парманқұлға. Парманқұл не жайында айтсам екен дегендей біраз уақыт үнсіз жатты. – Не айтарыңды білмесең, өзім аузыңа əңгіме салып берейін. Анада Тəшкенде бір кісілер сендер туралы бірдеңе айтып еді. Сендер дегенім – Сыр бойында сенен басқа тағы бір Парманқұл бар екен ғой. Айтушылар сені – «батыр Парманқұл», а оны «осал Парманқұл» деді.

Соны есітіп, «анау Парманқұл не сенің құрдасың, не қастасың шығар» деп ойладым. Өйткені, халық бір нəрсенің себебінсіз аттас адамдарды екі бөлек атаумен атамайды. – Дұрыс пайымдаған екенсің. Жұрттың сол Парманқұл екеумізді басқа Парманқұлдардан бөле-жара атауында бір себеп бар. Ел ішінде Парманқұлдар көп қой. Бірақ Сыр бойының əмбе жұртына біз екеуміз белгілі Парманқұлдармыз. Ол Парманқұл шынында да менің құрдасым. Өзі сен сияқты дəу. Алайда сенен жұқалау. Түсі зəрдей. Қолдары күректей. Бұрындары жорыққа бірлесіп шығатынбыз. Бірде екеумізге бір бай қатты қысастық жасады. Бай деп отырғаным – оразгелді, жандардың Əкімбай деген болысы. Парманқұл екеуміз қысастығы үшін Əкімбайдан кек алуды ойладық. Дегенмен болыққа жету оңай емес. Жанынан үнемі жандайшаптары мен шабармандарын тастамайды. Бір күні оның үйін аңдуға кірістік. Үшінші күні болыс тоқалының үйінде жалғыз қонып қалды. Тоқалымен жатқан жерінде бассалуға арландық та, далаға шығатын мезгілін күттік. Қас қылғанда, қуығы бекітіліп қалды ма, сол түні болыс далаға шықпады. Ал, біз үйінің сыртындағы ағаш түбінде күтіп жата бердік. Таң атты. Жалшы-малайлар болыстың малын өріске айдап, тірлікке кіріскен уақытта ол үйден шықты. Үстінде ақ дамбал, ақ көйлек. Зəрi қатты қыстап жіберді ме, болыс аулағырақ бармай, үй артына тұра сап, шаптыра берді. Сəл кешіксек, ол ісін бітіріп ішке кіріп кетуі мүмкін. Мен қылышымды қынабынан суырып алдым да: «Мə, жүгіріп барып, мына қылышпен болыстың басын шауып таста» – дедім Парманқұлға. Ол қылышты ала сап, тұра жүгірді. Оның жүгіріп келе жатқанын болыс байқап қалды да, малайларын шақыра бастады. Өзі сиіп болмаса да, асығыс-үсігіс дамбалын кие сап, анадай жердегі арбаға жетті. Арба үстінде бесaқа жатыр екен. Ол соны ала сап, Парманқұлға қарсы ұмтылды. Ол бір жақтан ұмтылғанда, қолдарында сойылдары бар екі жалшы екінші жақтан ұмтылды. Сəл шапшаңдық, болмаса батылдық көрсеткенде Парманқұл болысты шауып тастар еді. Бірақ ол қылышын тастай салып, кері қашты. Бəлкім үш жақтан қарсы тұрған аналардан қаймыққан шығар. Бəлкім кісі өлтіргісі келмеген шығар. Осыдан кейін мен оны «осал» деп ат қойып едім, аузым дуалы ма, білмеймін, ел де оны солай атап кетті.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook