– Ол шынымен «осал» болса, бұрындары сенімен қалай жорыққа шығып жүрді? – Ол осал емес, нағыз қаһарманның өзі. Сол жолы неге бұндай қылық көрсеткенін білмеймін. – Ол байдан қашып кетті. Сен кейін не істедің? – Парманқұл маған қарамай қашып кеткесін, қарусыз қалған мен, анадай жерде жатқан ұзын таяқты алып, оларға жүгірдім. Болыс өзін аңдыған тағы біреудің бар екенін ойламаса керек. Парманқұл қашқасын, өзара жайбарақат сөйлескен олар мені көргенде, сасып қалды. «Бір Парманқұл қашып еді, екіншісі де осы жерде екен ғой. Əйдə, жабылайық бұған үшеулеп», – деп айқайлады. Шынымды айтсам, сонда «қашып кеткен Парманқұл артына бір бұрылып қараса, оларға жүгірген мені көріп, көмекке келер деп ойлағанмын. Ол көрінбеді. Мен сол жүгіргеннен қолдарындағы сойылдарын ары-бері сермеген жалшылармен айқасқа түсе кеттім. Бірінші кездескен жалшы сойылын маған сілтей бергенде, таяғымды көлденең тосып қалдым. Сойыл таяққа тиді. Ол екінші рет ұрмаққа əрекеттенгенде, таяқтың ұшымен ішіне қойып жібердім. Жазған ішін басып, отыра кетті. Арт жағынан келген екінші жалшы мені ұрып үлгерді. Оның сойылы тура жауырыныма тиді. Ұруы қатты болмады ма, əлде бары сол ма, əйтеуір соққы аса қатты тимеді. Дегенмен сойылдың аты сойыл емес пе, ауырсынып қалдым. Бірақ ашуым қатты қозып кетті. Айқайлап жібердім де, таяғымды олай- бұлай сермеп, оған ұмтылдым. Ол пəле де жанкешті екен. Сойылымен тура басыма ұруға əрекеттеніп, тікесінен ұрды. Мен жалт бердім. Жалшының сойылы ауа құшып, жерге сарт етті. Осы сəтте оны таяқпен бір пердім. Сорлы жалп етті. Бұл кезде Парманқұл тастап кеткен менің қылышымды алып алған болыс: «Екеуің жабылып, осыған түк істей алмадыңдар-ə, нəлетілер. Қане, тұрыңдар, тез орындарыңнан!» деп ақырып, өзіме шапты. Семіз адам қайбір тез қимылдап оңдырсын. Қорбаңдап келе бергенде, таяқты лақтыра жіберіп ұрдым. Таяқ бетіне тиді. Болыс қылышты тастай сап, бетін басып, тұрып қалды. Жүгіріп бардым да қылышыма жармастым. Оны алып үлгергенім сол еді, жалшының бірі келіп қилікті. Киліккенде, сойылымен мені ұрып қалды. Қас қылғанда, сойыл қылыш ұстаған оң қолыма сарт етті. Жаңағыдай емес, бұл жолғы соққы күшті болды. Қолымнан қылышым түсіп кетті. Құдайдың қалай маған
көмектескенін, əрі не ойлағанымды білмеймін, қолымның ауырғанына қарамай, жандəрмен болысқа атылып барып, бетін басып тұрған оны құшақтай алдым. Құшақтай aлдым да, жалшының екінші рет ұрған соққысына болысты тоса қойдым. Осының бəрі көз ілеспес жылдамдықпен болғаны соншалық, жалшы сілтеген сойыл болыстың басына тақ етті. Ол заматта құлап түсті. Оны көрген жалшылар не істерлерін білмей, жан-жақтарына алақ-жұлақ қарап, шарасыз хал кешті. Мен еңкейіп қылышымды көтердім. Екі жалшы сойылдарын тастай салып, болысқа да қарамай, қаша жөнелді. Мен жерде ес-түссіз жатқан оның басын шауып кетейін деп тұрдым да райымнан қайттым. Себебі ол қорғансыз, қарусыз жатты. Əйтсе де «менің кегімнің белгісі болып жүрсін» деп бір аяғының тірсегін қиып жібердім. Талып жатқан ол осы сəт селк етіп, ес жиды, да бақырғандай дыбыс шығарды. Мен қылышыма жұққан қанды оның үстіне сүртіп-сүртіп, сай жақтағы байлаулы атыма беттедім... – Аяғының тірсегін қиып жіберсең, бай сорлы кейін ақсақ болып қалған шығар. – Сөзімді бекер бөлдің. Мейлі, бөліп қойдың ғой. Сұрағыңа жауап бере салайын. Болыс сол құлағаннан қайта тұрмапты. «Сол құлағаннан» дегенім, жатқан жерінде өлген емес. Басына тиген соққыдан он-он бес күн өз-өзiне келе алмай, жүріп кетіпті. Əйтпесе, тірсегі қиылғаннан адам өлуші ме еді, тəйірі. – Өлгенін сенен көрген жоқ па? – Əрине, көрді. Ағайындары Шымқала мен Тəшкеннен қайта- қайта жасауыл шығарып, мені əбден іздетіпті. Ал, мен, ол оқиғадан кейін Жызаққа кетіп қалғам. – Жызақта осы Тəшкен сияқты шаһар ма? – Жызақтың өзі кішігірім елді мекен. Ал оның маңындағы құс ұшып жетпес, ат айналып өтпес ұланғайыр даланың бəрін Жызақ жері дей береді. Ол жақтың түпкілікті халқы – қоңыраттар. Мен сол ағайындардың арасында көп жүрдім. Айтпақшы, сенен сұраймын деп үнемі ұмытып кетемін. Сен Төле бидің нешінші ұрпағысың? – Төле бидің бесінші əйелінен Қожамжар, Алдамжар деген екеу туған. Алдамжардан тұқым жоқ. Ал Қожамжар Төле бидің шаңырағын ұстаған кісі. Қожамжардан – Дербісəлі. Мұратəлі, Сүгір, Дауылбай атты төрт бала, Бұлардың Дербісəлісінен тарағандардың көпшілігі датқалықты ұстаған атақты кісілер болған. Біз Дауылбайдан тараймыз.
Одан – Олжабай, Құлжабай, Кенжебай атты үш бала. Құлжабайдан – Сұлтан, Сұлтаннан – Мəмен, одан – мен. Сонда Төле би менің алтыншы атам болады. Бұдан кейін екеуі түрме жайындағы əңгімеге ауысты. Ахмад пен Паяздың кімдер екенін жəне олар осы Taбaқсaй түрмесінің қалай бастысы болып жүргендіктері жайында əңгіме бөлісті. – Мен мұнда алғаш рет жиырма екі жасымда келдім. Онда кеңестің орнағанына төрт-бес жыл болған. Тəшкен маңындағы басмашылардың бəрінің тоз-тозы шығып, көп бөлігі тау асып кеткен кез. Мен келгенде, мұнда бұрын сол басмашылардың қатарында болған баскесерлер жүдə көп еді. Расул деген сондайлардың бірі осы түрмеге билігін жүргізеді екен. Түрме басшылары мен қызыл солдаттар онда жатыналардағы сотталушылардың ішкі тəртiптерін көп тексере бермейтін. Күнде тексермейді дегенім ғой. Тіпті тексергенің өзінде де түрмедегілер өз-өздеріне дегендерін істейді. Былайша айтқанда, түрме зəкүнімен күн кешеді. Ал зəкүн дегеннің бəрі Расулдың қолында. Өзі еңгезердей, жүзі қап-қара еді. Ал көздері тұздай көкпеңбек. Сақалы кеудесіне түседі. Жалпы, рəпəті жаман еді, сұмның. «Cұм» депті-ау. Мейлі, Құдай өзі кешірсін. Өлген адамға қаратып жаман сөз айтпайды деуші еді. Əй, бірақ ол менің туысым дейсің бе. Одан да əңгімемді айта берейін. Сол Расул еркектерді кəдімгі қатынша зорлауға сондай құмар-ды. Түрме ішінде аяғын сəл шалыс басқанды немесе байқамай өтірік сөйлеп қойғанды көтек қылып жіберетін. Талай адамның ажалына да жетті. Бірақ өзiме зияндық істеген емес. Мен сол жолы үш жыл жатқам. Шығуға екі-үш ай қалғанда түрмеге елушақты таулық келді. Құрғырлар, топтасып алса, жүдə, жаман. Келе сала, бұл жердегілерді адам құрлы көрмей, əркімді басынып, қоқаңдай бастады. Мұны Расул тірі көтерсін бе. Дереу оларды жөнге салып қоюға кірісті. Бірақ жеңе алмады. Өзі ажал тапты. Ол былай болған-ды: Жаңағы Ахмад пен Паяз дегендер сол уақытта келген. Расулдың адамдары таулықтың бірсыпырасын ұрып-соғып, түрме заңына үйретіп қоймақ болды. Алайда елушақты таулық ұйымдасып, əлгі өздерін ұрып-соққандарды қиратып тастады. Содан бұзықтарды қалайда жусатып салуды ойлаған Расул, олардың топ басшысымен жекпе-жекке шығуды ойластырды. Таулықтарды Ахмад пен Паяз
басқарып жүрген. Ол екеуінің жастары біз құралпы. Сол кезде жиырма алты-жиырма жеті жастағы жігіттер еді. Расул болса, қырық беске таяған. Ахмад Расулдың ұсынысын бірден қабылдап, былай деді. «Сен осындағы ең кəттə бастық екенсің. Сенен кейін Рахымжан дегенің тағы бар екен. Мен – сенімен, ал менің Паяз бауырым – сенің Рахымжаныңмен шықсын. Егер сен жақтан – біреу, мен жақтан – біреу жеңсе, жеңгендер жекпе-жекке қайта шықсын. Сонда кім жеңсе, түрмені сол билейтін болсын. Егер Паяз екеумізді сендер бірдей жеңсеңдер, біз сендерге бағынамыз. Ал біз жеңсек, сендер бағынасыңдар», – деді. Расулдың оған көнбеуге амалы қалмады. Сөйтіп бір күні кешке анау шеткі барактың артындағы тегіске Паяз бен Рахымжан жекпе- жекке шықты. Төбелесті түрмедегі қатын еркектерден басқаларының бəрі тамашалап тұрды. Төбелес шарты – өлімге дейін еді. Жарты сағаттай төбелесте Паяз анадан басым түсті. Басмашы болып жүргенде, əбден көкнар ішіп, қорқор тартқан Рахымжан алдында əжептеуір қарсылық көрсеткенімен, соңынан шаршап қалды. Паяз мұны сұлатып түсіріп, тепкінің астына алды дейсің. Ананың бет- аузын қан жуып кетті. Бірақ Паяз сонда да тоқтамай, басына тепкілей берді, тепкілей берді. Қарап тұрғандардың ешқайсысы да, тіпті Расул да ара түсейін демеді. Ал менің Рахымжанға жаным ашып кеткені соншалық, ортаға жүгіріп шықтым да, теуіп тұрған Паязды ары итеріп жібердім. «Ой, нəлеті-ау. Жатқан адамды тепкенді қай мұсылмандықтан көріп едің. Жеңілгенін бағана мойындап қойды ғой», – деп ақырдым. Құданың құдіреті, сонда маған таулықтар тиіспеді. Тек Ахмад: «Расул, бүгінгі жеңіс – біздікі болды. Осыны мойындайсың ғой-ə», – деді. Расул басын изеді. Ахмад тобын ертіп, шетке шықты. Шығып бара жатып: «Ей, қазақ, бүгін біз өзбектермен төбелестік. Сондықтан саған əзірше тиіспейміз. Ертең мен Расулды жеңсем, одан кейін жұмысым сенімен болады», – деді. Мен одан қорықпадым. «Жұмысыңды көріп алдым сенiң». – дедім мен де. Сосын Рахымжанды түрттім. Əлі жаны бар екен. Ыңырсып көзін ашты. Өзбектер оны көтеріп баракқа алып кетті. Екі күннен кейін ол қайтыс болды. – Ал Ахмад пен Расул төбелеспеді ме?
– Қызықтың бəрі ертесіне болды. Кешке Паяз бен Рахымжан төбелескен жерде екеуі жекпе-жекке шықты. Төбелестің бас жағында Расул Ахмадты қаңбақша үйірді. Дегенмен Ахмад пəле жылдамдық қылып, ананың қатты соққыларын тигізбей жүрді. Қанша дегенмен жасы қырықтан асқан адамның шамасы белгілі емес пе. Ахмадты қуа- қуа шаршап қалды. Содан шабуылға Ахмад шықты. Расулдың сақалынан ұстап еңкейтіп, əбден тепкіледі. Сосын тізелерінен тепкілеп, тізерлетті. Тізерлеткен соң жығу оңай ғой. Жығып алып, бас-көз демей ұрып-соқты. Расул да жанкешті екен. Ананың ұрғанын елемей, тұрып кетуге қайта-қайта əрекеттенді. Бірақ тұра берсе, Ахмад желкесінен, болмаса арқасынан тартып, ойлағанына жеткізбеді. Ол да кешегі Паязға ұқсап, оны тепкілеп өлтірмек болды- ау деймін. Алайда Расул тепкіге төтеп беріп, сұлай қоймады. Қайта бір-екі рет Ахмадты ұстап қап, құлатып тастағысы келді. Ал Ахмад жығыла қоймады. Ары секіріп, бері секіріп, Расулға дес бермеді. Eгер Расул сонда тұрып кетіп, ананы бір ұстап алғанда, жеңіс сонікі болар еді. Еңгезердей болған пəле қопал екен. Құлаған соң тұрудың амалын таппады. Оның не сұлап түспей, болмаса талып қалмай, өзімен алыса бергеніне жыны келген Ахмад төбелес шартын бұзды. Бағаны – мынау: төбелесте қару қолданылмайтын болып келісілген. Ал Ахмад төбелесті қызықтап тұрған өз серіктерінің біріне жүгіріп барды да, одан пышақ алды. Бұл кезде Расул тұрып үлгерген еді. Бірақ кеш қалды. Ахмад оған айқайлап жүгіріп келіп, ішіне пышақ сұғып алды. Расул екі бүктеліп отыра кетті. Ахмад оны желкесінен тартып шалқасынан құлатты да тамағын осып жіберді. Содан соң: «Енді біреуің бізге, жоқ, маған қарсы шығатын болсаңдар, бəріңді осылайша бауыздаймын!» – деп бақырды. Қараймын, ешкiмде үн жоқ. Бұған жыным келген мен: «Ахмад, сен төбелестің шартын бұздың. Hеге пышаққа жүгінесің?!» – деп айқайладым. «Сен қазақ кеше де бізге қарап айқайлап едің. Бүгін де соныңды қайталап тұрсың. Осы үшін сені де сойып тастайын ба?» – деп бақшиды ол маған. Мен тайсалмай, оның істегені еркектік еместігін қайталап айттым. «Бүгін екі адамды соймай-ақ қояйын. Бірақ келесі кезек сенікі», – деген ол тобының алдына түсіп, барагына беттеді. – Расулды өлтіргеніне түрме бастықтары еш шара қолданбады мa?
– Ахмад пен Паязды біраз күн жертөлесіне қамады. Бар болғаны – сол. Сірə, мілисалар да Расулдан құтылғандарына куанса керек. Əрі онда түрме қожайындары сотталушылардың бас араздығына көп араласа бермейтін. – Таулықтар жертөледегі қамаудан шыққан соң өзіңе тиісті ме? – Мен онда бұлардың соншама кекшіл болатынын білмеуші едім. Оның үстіне шығатын мерзімім де таяп, «бір пəлеге ілігіп қалмасам екен» деп ойлап та жүргем. Бір күні кешке əлдеқандай таулық келіп: «Сені сыртта Ахмад шақырып жатыр», – деді. «Керек болса, Ахмадыңның өзі келсін», – дедім мен. Ол кетті. Аздан соң қасына үш таулықты ертіп, қайта келді. Бұл жолы ол сөйлемеді. Қасындағы сидиған арық біреуі: «Сен неге Ахмадтың тілін алмайсың? Əлде өлгің келіп жүр ме?» – деп діңкілдеді. «Мен Ахмадтың тілін атағын оның құлы емеспін. Керек екенмін, өзі келсін», – дедім тағы. Арық таулық басқа сөз айтпады. Жанындағыларға қарап, «жабылыңдар бұған» дегендей, басымен белгі жасады. Сол-ақ екен, аналар жабыла кетті. Үшеуіне де бой бермей, шашып тастадым. Одан кейін арықты алып ұрдым да, табаныммен аузын езгiледiм. Сөйтіп тұрғанда, баракқа оншақты таулық кіріп келді. Кіре сала мені тоқпақтай жөнелді. Қайсыбіріне төтеп берейін. Сандаған соққыдан құлап түстім... біраздан соң талып қалыппын. Есімді жисам, жанымда жататын Олжабай деген қазақ бетіме су бүркіп тұр екен, сүйретіле орнымнан тұрдым. Таулықтар кетіп қалыпты. «Құдай сақтады, Парманқұл сені. Олар өзіңді өлтірдік деп кетіп еді, əйтеуір тірі қалдың», – деді Олжабай. «Сендер маған неге болыспадыңдар?» – дедім оған. Бір ол емес, баракта жиырмашақты қазақ бар едік. Сөзімді естіген олар бастарын төмен салып, үнсіз тұр. Бірақ ешқайсына ұрыспадым. Денемді ауырсынып, жатып қалдым. Содан үш-төрт күн тұра алмадым. Денемнің ауырғаны басылып, жүріп-тұруға жараған соң Ахмадты іздеп, барагына бардым. Ол бес- алты серіктерімен көкнар ішіп, мəз болып отыр екен. Мен қастарына барғанда жанындағылар ұшып-ұшып тұрды. Ахмад пен Паяз тұрмады. «Сонша тепкіден тірі қалған мына қазақ шынында ер екен. Тағы бір өзі келіп тұрғанын қара. Айт, неге келдің? Келуіңді ойлапсың, бірақ қалай кетуіңді ойламапсың-ə. Осы жерде басыңды кесіп алайын ба?» – деді. «Кімнің басы кесілетінін көреміз. Шық далаға!» – дедім. «Жүр» – деді ол да.
Қатарласа далаға беттедік. Есіктен сыртқа аттай бергенде, ол мені құлаштап бір ұрды. Еңкейіп үлгердім. Қолы басымнан асып барып, есік жақтауына сарт етті. «Ойбай, қолым, қолым», – деп тыжыранды ол қолын сілкілеп. Осы кезде тұмсығының астынан періп жібердім. Мықты екен, құламады. Тағы бір соқтым. Теңселіп кеткенімен, тағы құламады. Үшiншi рет ұрғанда оған еріп шыққан серіктері өзіме бассалды. Аянбай соққыласып жатырмыз. Осы кезде ысқырықтарын шырылдатып, бес-алты солдат келіп қалды. Олардың келгені мен үшін тəуір болды. Əйтпесе тағы таяқ жеп қалар ма едім... – Солдаттар бəріңді жертөлеге апарып қамаған шығар? – Жоқ. Қолдарындағы таяқтарымен бəрімізді сабалап, таратып жіберді. Мені жəне біраз таулықтарды ұрғандарымен, найсаптар Ахмад пен Паязға тимеді. Қайта Ахмадтың айтуымен мені көбірек сабады. – Демек, Ахмадтың түрме бастықтарымен қарым-қатынасы жақсы болғаны да. – Солай екен. Мұны кейін білдім. – Со күйі оған ештеңе істей алмадың ба? – Мені ертесіне түрмеден босатты. Неге екенін қайдам, сол жолы мерзімімнен сəл ертерек босандым. Екі жылдан кейін бір сартты ұрып тастағаным үшiн iсті болып, осында қайтым келдім. Сонда үш ай отырдым. Үш ай ішінде қалайда Ахмадтан кек алуды ойладым. Неге екенін қайдам, ол да үш ай бойы маған қарсы ештеңе істемеді. Сөйтіп, бір нəрсе тындыра алмай, түрмеден шықтым. Үшінші рет келгенде де оны сілейтудің реті келмеді. Төртінші рет осы түрменің табалдырығын аттағанымда таулықтардың саны бұрынғыдан көбейіп қалыпты. Мен де қазақтардың басын қосып, бір ортаға ұйымдастырдым. Үш-төрт мəрте олармен топтасып төбелестік. Ол жақтан да, біз жақтан да таяқ жегендер көп болды. Бірақ Ахмад та, Паяз да менімен жекпе-жекке шығудан ылғи тартынып жүрді. Бір күні бұл жерге бағана сенен таяқ жеген дəу таулық келді. Алғашқыда бұл жазған момындау еді. Ешкіммен жұмысы болмай, өзімен-өзі жүретін. Кейін мыналар миын əбден айналдырып қойды ма, қазақ-өзбектерге басымдық көрсететінді шығарды. Екеуміз талай ерегістік. Бұл да біздің ауылдағы осал Парманқұл сияқты күшті болса да, батылдығы жоқ жүрексіздеу ме, əйтеуір менімен төбелеске түсе қоймады. Бірақ шындап төбелессе, мені жеңіп кетуі əбден мүмкін.
Күндер өте Ахмад ол екеумізді жекпе-жекке шығармақ болды. Бір төбелесетін күні қатты боран соқты да, ұрысымыз болма қалды. Екінші жолы түрмеден біреулер қашып, солдаттар барактардағы тəртіпті қатты нығайтқандықтан, жекпе-жегіміз тағы болмады. Көп ұзамай мен шығып кеттім де, сол жоспарымыз аяқсыз қалған-ды. Міне, енді бесінші рет Ахмадпен кездесуге тура келіп отыр. – Содан бері осы түрменің билігі Ахмадтың қолында ма? – Иə, осыған дейін одан өтер ешкім болмай тұр. – Өзінің денесі дəу ме? – Бойы онша ұзын емес. Менімен қатарлас. Бірақ кең иықты, жалпақ. Паяз да сондай. Сүйектері ірі. Екеуінің де түстері суық. Бақырайып қарағанда, зəрлі жүздеріне адам қарап тұра алмастай. Ертең-ақ көресің, олардың қандай екендіктерін. Туһ, уақыт қанша болды? Мені ұйқы қыстап бара жатқанын қарашы. – Мен де əзер шыдап жатырмын. – Онда, Сүлеймен, сен ұйықтай бер. Таң қылаң бергенше, мен ұйықтамауға тырысамын. Таң сəл атса болды, қауіп жоқ, – деді Парманқұл даусын көтеріп. Сосын Сүлейменің құлағына сыбырлады. – Əдейі қатты сөйледім. Таулықтар да ұйықтамай жатыр. Өтірік ұйықтағансып қалайық. Не істер екен. Бірақ қара басып, ұйықтап қалма. Екеуі ұзақ уақыт өз ойларымен болып, ояу жатты. Парманқұлды кім білген, Сүлеймен ұзақ ойлана алмайды. Ояу жата беруге шыдамы жетпеді. Көзі ілініп кетті. Əлі қатты ұйықтамаған еді. Басынан тиген қатты соққыдан оянып кетті. Бəлкім ажалы жоқтығынан осылай болды ма, кім білсін, көзін ашса, Парманқұлдың бас жағында біреу төніп тұр. Біреу емес, екі адам тұр. Сүлеймен сəл кешіксе, бір қатердің төнетінін сезді де: «Ой, Парманқұл, мыналар кімдер?» – деп атып тұрды. Тұра бергенде, бас жақтағы біреу өзін бір ұрды. Қолын тосып үлгерді. Қолы оның қолына тигенде, алақаны шым етті. Ананың пышағы бар екенін бірден сезді. Ойлануға шамасы болмады. Екінші қолымен оны құлаштай соқты. Анау «ойбай» деп жатқан қазақтардың үстіне гүрс құлады. Осы кезде Парманқұл да тұра берді. Ал бас жақта тұрған екіншісі ары қашты. Сүлеймен үш аттап, оны желкесінен бүрді. Сосын басынан аямай соққылап, жер жастандыра салды.
Бұл уақытта өздерінің үстіне құлаған адамның бақырғанынан оянып кеткен қазақтар: «Əй, кім бұл? Əй, не болды өзі?» – деп дабырласып жатқан. Қараңғылыққа əбден көзі үйренген Сүлеймен қолындағы адамды тартып тұрғызды да, періп қалды. Соққысы сəл қиыстау кетіп, дəл тимеді. Осыны пайдаланған анау пышағын бұған қарата сілтеп кеп жіберді. Абырой болғанда, ол да мүлт кетті. Сүлеймен тағы ұрды. Бұл жолы соққы діттеген жерге тиді. Тура басына күрзідей жұдырық тиген қаскөй дыбыс шығаруға мұршасы келмей, жер қапты. Осының бəрі жарты минуттың ішінде болды. – Ей, қайсыңда кеуірт бар? Жағыңдаршы. Мыналардың кімдер екенін көрейік, – деді Парманқұл дауыстап. – Маған «ұйықтай бер» деп, өзің ұйықтап қалғаның қалай? Сəл болмағанда сен де, мен де сойыла жаздадық. – Ойпырмай, Сүлеймен. Бір Құдай сақтап қалыпты-ау. Япырау, қалай көзім ілініп кетті? Ой, өзі, маубаспын ғой мен маубаспын, – деп Парманқұл өзін-өзі кінəлəп сөйледі. Қазақтардың бірі кеуірт жағып, құлап жатқандарға жарық түсірді. Екеуі де таулық. Бұларды көрген Сүлеймен: – Əйдə, жігіттер, еріңдер соңымнан. Түн жамылып келіп, бас кеспек болған бұлардың қалған серіктерін талқандап шығайық – деп таулықтар жатқан жерге қарай жүрді. Таулықтардың бəрі ояу ма, əйтеуір шетінен тұра сап, есікке қашты. – Тоқтаңдар, хайуандар, тоқтаңдар! – деп айқай салды Сүлеймен. Қайдан. Олардың қараңғы барак iшiн дүрсілдетіп қашқан дыбыстарынан ұйықтап жатқандар тегіс оянды. – Ой, кімдер-ей, жүгіріп жүрген? – Нe болып қалды, өзі? – Тағы төбелес басталды ма? – Ойбай, мына біреу аяғымды мыжып кетті. – Аяғың ешнəрсе емес қой. Біреу менің тура ішімнен басып өтті, – деп сотталғандар бірінен соң бірі дабырласты. – Бұл баракта шырақ бар ма? – деді Сүлеймен дауыстап. – Шырақты солдаттар əкетiп қалған, – деп жауап берді көпшілік ішінен біреу.
– Əй, Парманқұл, Адамбай, Кəрімбек... бəрің жиналыңдар жатқан жерімізге. Тастай қараңғылықта қашқандардың қайсыбірін ұстаймыз. Таң атсын. Содан соң дау салармыз оларға. ІІІ Сол түні қазақтар таңға дейін ұйықтамай шықты. Таңға дейін қашқан таулықтар да келмеді. Тек солдаттар келіп, сотталушыларды тұрғыза бастағанда, олар баракқа кірді. Солдаттардың көзінше өздеріне ешкім тиісе алмайтындарын біледі. Бір сағаттан кейін солдаттар бəрін сапқа тұрғызып, асханаға əкелді. Асханаға бірден кіргізбей, топырлатып тұрғызып қойды. Əлден соң басқа барактардағы сотталушылар да тізіліп кеп, асхана алдына тұрды. Сүлеймен жан-жағына қарап, «тұрғандардың саны мыңнан асады-ау» деп ойлады. Олардың біреуінің бойлары бұған жетпейді екен. Тек кешегі өзінен таяқ жеген таулық қана серейіп, мұнымен тұрғылас болып тұр. – Бүкіл түрмеде ең ұзын адам мен болғаным ба. – Ұзының не? Ең дəуі де сен. Өзін дəумін деп жүргендер сенің жаныңда мысықтай екен, – деді Адамбай. – «Мысықтай» деп тіпті кішірейтіп жібердің-ау. – Мысықтай болмаса да, өзін дəумін дегендер сенен бес қарыс кем. – Иə, Парманқұл. Мына сөзің қатып кетті. Тамақтан соң солдаттардың қоршауымен баракқа қайта келді. Сосын топ-топ етіп, бұларды жұмысқа бөлді. Кешегі келген қазақтарға тағы екі-үш адамды қосып, түрме шетіндегі зауыт секілді бір үлкен үйге кіргізді. Үйдің ішінде неше түрлі темір кесетін станоктар бар екен. Сүлеймен мен Парманқұлды бір станоктың басына қойды. Станоктың тілін білетін бір адам бар. Бұл екеуі оған көмекші. Станок темір жонып, əртүрлі құрал-сайман істейді. Сүлеймендер станок басындағы адамға темір тасып, дайын болған құралдарды бір шетке жиыстырады. Бар міндеттері – осы. Бұл жердегі жұмыс кестесі Сібір түрмесіндегідей екен. Түскі тамақ кезінде бір сағат демалыс. Бірақ бір сағат тамаққа барып, келгенше өтіп кетеді. Ал кешкі сағат сегізде жұмыс тоқтатылып, сотталушылар баракқа қайтады.
Екі-үш күн өтті. Сүлеймендер жұмыстың кезінде де, түнде де ешқандай оқыс оқиғаға кезікпеді. Таулықтар моп-момақан күйлері тыныш жүр. Олар тыныш жүргесін, бұлар да оларға тиіспеді. Төртінші күні жұмыстан қайтып келе жатқанда Сүлеймен Парманқұлға айтты: – Анау таулықтар сабасына түсті-ау деймін. Жүдə, тыныш қой, Саған қастасқан Ахмад пен Паяздан да бір хабар жоқ. – Мен олардың бұлай тыныш жүре беретініне сенбеймін. Көресің, бір күні бізге қарап бір лаңды салары кəдік. Парманқұл дұрыс айтқан екен. Сол түні жатар алдында бұларға Шурхат келді. Қасында анау дəуі бар. Келе салып: – Уа, Сүлеймен, Парманқұл əкəлар. Біздің анадағы тірлігімізге қапа болып жүрсіздер ме? Ол үшін сіздерден кешірім сұраймыз. Бұдан былай тату болайық, – деді. Сүлеймен аңғал ғой. Олардың кешірім сұрап келгендеріне шын сенді. – Ə, біздің қазақта «ер шекiспей бекiспейді» деген сөз бар. Кешірім сұрап келсеңдер, кештім. Бірақ енді құтырушы болмаңдар. Мына дəуіңнің аты кім? – Аты – Низам. Мұны күшті ме деп жүрсек, сіз одан да күшті екенсіз. – Кешірімді шын көңілдеріңмен сұрап келдіңдер ме? – деп сұрады Парманқұл. – Əрине, əкə. – Біз кешіргенімізбен, Ахмад пен Паяз бізге бас игендеріңді кешіреді деп ойлайсыңдар ма? – Біз бұдан былай оны тыңдамаймыз. Қайта сіздермен дос болып, оларға қарсы тұрсақ па дейміз. Себебі, Ахмад пен Паяз бізді адам құрлы көрмей барады. Ит секілді жұмсағысы келеді. Мықты болса, сізбен өзі төбелеспей ме? – Маған тек адалдық керек. Өзіме арамдық істегендерді, болмаса басынғандарды ешқашан аямаймын. – Оны көрдік, Сүке. Енді біз сіздермен біргеміз. Олар Ахмад пен Паязды тағы біраз жамандап, бұдан былай қазақтармен дос болатындықтарына ант-су ішісіп, орындарына кетті. – Сен, Сүлеймен, осылардың сөзіне сеніп отырсың ба? – Иə, Парманқұл. Мен жігіттің еркектік сөзіне сенемін. Алда- жалда сөздерінен тайып кетсе, өз обалдары өздеріне.
Екеуі осылай сөйлесіп отырғанда, Шурхаттың жанында жататын екі таулық сыртқа шығып кетті. Бұған Сүлеймен де, Парманқұл да назар аудармады. Жатқанша сотталушылардың казармадан бірі шығып, бірі кіріп жатады. Біраз уақыттан соң олар қайта оралды. Оралған екеу Шурхатқа бірдеңе айтты да, сыртқа ертіп кетті. Сүлеймендер оған да мəн бермеді. Түн түсіп, солдаттардың сотталушыларды түгендеп, жатқызатын кезі де болды. Бірақ солдаттар келе қоймады. Сағат он екіге таяды. Олар əлі жоқ. Шурхаттар да оралмады. – Солдаттар бүгін міндеттерін ұмытып кеткен бе? – Білмеймін ғой, Сүлеймен. Білетінім – бұл тегін нəрсе емес... Парманқұл сөзін аяқтап, үлгермеді. Даладан бес-алты сотталушы жүгіріп келді. – Ахмад пен Паяз осында келе жатыр. Қолдарында біреудің кесілген басы бар. Ал Шурхаттың дамбалын шешіп, жалаңаш артына теуіп, алдарына салып алыпты, – деді олар. Сол-ақ екен, əр жерде күбірлесіп, əңгімелескен сотталушылардың дымдары өшіп, əркім өз орындарына жата-жата кетті. Сөйтіп лезде барак iшiнде өлі тыныштық орнады. – Не дейді? «Біреудің басын кесіп, қолына ұстап алыпты» дей ме? – деді Сүлеймен. – Жаңа айттым ғой, «Солдаттардың кешігіп жатқандары тегін емес» деп. Демек, Ахмад пен Паяз түрме қожайынымен келісім қойған. Түрмеге бүгінгі тəртіпті өздері орнатпақ болған да. Кешікпей баракқа оншақты таулық сау етті. Алдарында – Шурхат. Ол сорлының бұты жалаңаш. Бет-аузының бəрі қан-қан. Оның желкесінен бүріп келген таулықтың екінші қолында адамның басы бар. Кесілген бастың құлағынан ұстап алыпты. Тамағынан қан əлі сорғалап тұр. Ал арттағы таулықтың бəрінің қолдарында сойыл іспеттес бір-бір қысқа таяқ. – Həлетiлер, ойламаған жерден басқандарын қарашы, – деді – Парманқұл күрсініп. Сүлеймен кесілген басқа қараса – Низамның басы. Сорлының көздері бақырайып, жұмылмай да қалыпты. Тілі сыртқа шығып кетіпті. Сірə, өлгенде тілін тістеп қалған-ау. – Сүлеймен деген қайсың? Бері шық! Парманқұл, сен де шық? – деп айқайлады басты салбыратып ұстағаны.
– Бұл кім? – деді Сүлеймен. – Ахмад деген – осы. – Шақырды ғой, шығайық. – Қап, қолымызда ештеңе болмай қалғанын қарашы. – Менің қолдарым олардың таяқтарынан мықты, – деп Сүлеймен Ахмадтың алдына жетіп барды. Сүлейменді көргенде Ахмад селк етіп, қолындағы басты түсіріп алды. Артынша есін тез жинады. Тіксініп қалғанын басқаларға білдіргісі келмеді ме, кіжіне сөйледі: – Менің бұл түрмені билегеніме он жылға таяды. Содан бері ешкім де айтқанымды екі еткен емес. Жолымды да ешкім кеспейді. Кесе алмайды. Сен де кесе алмайсың. Бүгін мына көтек Шурхат пен басы кесілген Низам сенімен дос болмаққа сөз беріпті. Маған осындай хабар жетті. Мен бұл түрмеде адам түгілі, қай тышқан қай жерде жорғалап бара жатқанын да есітіп отырамын. Алдымен мына екі сатқынның бірінің басын кесіп, бірін көтек қылдым. Ендігі кезек – сендердікі. Бүгін Парманқұл екеуіңнен бастап бар қазақтың басы кесіледі. Болмаса, көтектер қатарына қосылады. – Не дейсің-ей?! – деп ақырды Сүлеймен мұны естігенде. Не дeп оттадың, сен хайуан?! Кімді көтектер қатарына қосқалы тұрсың?! Шыдай алмай кеткен ол, Ахмадтың бетінен аямай бір соқты. Ахмад шалқалай құлап, өз адамдарына тірелді. Таулықтар аяқтарын оңтайлап ұмтыла берді. Сүлеймен саспады. Ахмадты тағы бір ұрып, сұлатып түсірді де қалғандарына шүйлікті. Олардың таяқтарының соққыларын елең де қылмай, жайпап шықты. Осы кезде Парманқұлдар да таулықтарға жабылды. Лезде қоқаңдап келгендер тепкінің астында қалды. Біреулері бақырып, жалынып жатыр. Сүлеймен Ахмадты басынан асыра көтеріп алды да жерге бір ұрды. Ахмад сонда да есін жоғалтпай тұруға əрекеттеніп, көтеріле берген. Сүлеймен оның сақалынан тартып тұрғызды. Сосын шекесінен қойып қалды. Ахмадтың тілі салақтап, мұрнынан боғы ақты. Сақалынан жібермеген күйі Сүлеймен тағы бір ұрды. Сосын көтеріп, анадай жерге лақтырып жіберді. Қабырғаға барып соғылған Ахмад дуал түбіне көлденең құлады. Бұл уақытта қазақтар оның адамдарын əлі төбелеп жатқан. Бір кезде Адамбайдың: «Ойбай, мынау маған пышақ сұғып алды» деген ащы даусы шықты. Сүлеймен сол жаққа бұрылды. Қолында пышағы
бар Паяз оны екінші рет ұрмаққа дайындалып тұр екен. Бес-алты қадамдай тұрған Сүлеймен оған бір сəтте жетіп барды. Барды да пышақ ұстаған қолына шап берді. Паяздың қолынан əл кетіп, пышағын түсіріп алды. Ал өзі бұлқынып, босанбақ болды. Ашуы тарамаған Сүлеймен оның қақ төбесінен бір ұрып, кескен ағаштай жалп еткізді. Бұрындары мұның құлаған адамды ұратын əдеті жоқ еді. Осы жолы көзіне түк көрінбей кеткен ол, жерде жатқан Паяз бен оның пышағын бірдей көтерді. – Əбден дандайсып кеткен екенсіңдер. Сəл нəрсеге бола адам өлтіруге əдеттенген сен найсапты да қатыра салайын, – оны да көтеріп алып, лақтыра салды. Парманқұлдар да қалған таулықтарды өлгенше таяқтады. Бір де бір дұшпан тұруға жарамады. Сүлеймен болса, оларды шетінен қолына іліп ап, лақтырып жатыр. Бұлай ете берсе, олардың бір де бірін тірі қалдырмайтынын сезген Парманқұл оның алдына келіп тұра қалды: – Болды, Сүлеймен, болды. Шетінен қиратып тастадық. Уай, болды деймін. Сүлеймен əзер тоқтады. Таулықтардың бəрі қирап жатыр. Ахмад та, Паяз да қанға бөгiптi. Қалғандары да шалажансар. Қимылдап- қимылдап қояды. Ал барактағылардың жүздерін үрей басқан. Дымдарын іштеріне тартып, тынып қалған. Осы сəтте баракқа оншақты солдат жүгіріп кірді. Оң қолының қарына қызыл мата байлаған алдыңғысы: – Мыналардың бəрін өлтіріп қойғансыңдар ма? Қане, сап түзеп тұра қалыңдар! Кім төбелесті бастаған? Кезекші қайдасың?! Шақыр, қосымша күштерді! – деп бұйырды. Барактағылар сапқа тұрғанша, мұнда тағы отыз солдат келді. Бəрінің қолдарында мылтық. Бірақ олар сотталушыларға жоламай, алысырақ жерде тұрды. Олармен қоса қатырма жағасына үлкен бір жұлдыз қадаған солдаттардың ұлығы да келді. – Түрменің екінші бастығы, – деді Парманқұл оны көргенде. – Бұның не қазаққа, не өзбекке ұқсамайды ғой. – Татар ол. Не керек, сол түні таң атқанша барактағылардың бəрінен жауап алынды. Қатты жараланған таулықтар мен Адамбайды, шалажансар
Ахмад пен Паязды зембілге салып, лəзіретке əкетті. Таң ата Сүлеймен мен Парманқұлды түрме ортасындағы бір кішкене үйге айдап келді. Татар бастық «бəріне кінəлі осы екеуі» деп шешті. – Бұл не үй? – деп сұрады Сүлеймен Парманқұлдан. – Бұл үйдің астында дуалдары таспен қаланған ұра бар. Түрмеде тəртіпке бағынбағандарды осында қамайды. Бізді де осында қамамақ. – Солдаттар істің ақ-қарасына қарамай ма? Олар да Тəшкендегі сот сияқты екен де. – Бір-екі күн осында жатамыз. Одан кейін жауапқа тағы шақырады. Сонда ақталып көрерміз. Екеуі тас дуалды ұра ішінде екі күн жатты. Үшінші күні алдымен Парманқұлды, сосын Сүлейменді сыртқа шығарды. Сүлейменнің қолын артына байлаған төрт солдат оны түрме қақпасы маңындағы ұзынша тамға əкелді. Там ішіндегі бір солдат бөлмеге ішіне кіріп шықты да Сүлейменді кіргізді. Бөлме ортасында үстел тұр. Үстел басында бір тал шашы жоқ əскери киім киген кісі отыр. Мұны көргенде Сүлейменнің есіне баяғы Сібір түрмесі түсті. Онда да осындай бөлмелер, бөлмелердегі үстел басында дəл мынау сияқты бір əскери адам отыратын. Түрме мен ондағы да, мұндағы да əскери адамдар бір-біріне қатты ұқсайды. Тіпті терезедегі темір торлар да бір-бірінен аумайды. Осыған қарап, сонау қиялдағы Сібір түрмесі мен осы Taбaқсaй түрмесін бір адам салған ба деп қаласың. Бұл Сүлейменнің ойы. Ал үстел басындағы əскеридің ойы бөлек. Оның ойы – барактағы төбелестің себебін ашу. – Аты-жөнің кім? Сүлеймен нақты жауап берді. – Төбелесті кім бастады? – Таулықтар. – Не үшін? – Бізді бағындырғысы келді. – Осы үшін оларды өлтіре соқтың ба? – Жоқ. Басқа себебі болды. – Қандай? Сүлеймен болған оқиғаны бастан-аяқ айтып берді. – Таулықтар «Низамның басын кескен Ахмад емес – сен» дейді ғой. – Бұған барактағы күллі жұрт куə.
– Егер олар сендерді басынып жүрсе, бізге, яғни түрме бастықтарына неге шағым айтпадыңдар? – Бастық, баланың сөзін айтпашы. Түрме заңын менен жақсы білесің ғой, – деді Сүлеймен бойын қысқан ашуды əзер тежеп. Мұның бұлай сөйлегеніне тергеуші ашуланып шыға келді. – Не деп отырсың, сен маған? Аһ, албастыдай болған неме. Мұрныңа шынжыр өткізген бұқадай қып, «одиночкаға» қамап, көзіңе көк шыбын үймелетермін қазір. Қара мұны. Мені «балаша сөйлеме» деп мазақтауын. Жауап бер сөзіме. Ахмад пен Паязды не үшін ұрдың? – Жаңа айттым ғой, саған, – деп Сүлеймен орнынан ұшып тұрды. Ол қатты ашуланғанда көзіне түк көрінбегенімен қатар, жүзіне адам қарай алмастай сұстанып, қаһарланып кететін. Қазір де сондай боп кетсе керек, тергеушінің екі көзі бақырайып, артқа қарай шалқасынан түсті. Сосын тыпырлап, орнынан тұра беріп: «Қарауыл, қарауыл», – деп айқайлады. Екі солдат ішке жүгіріп кірді. Сүлеймен бұл уақытта орнына отырып қойған. Ал тергеуші түрегеп, үстерінің шаңдарын қағып жатқан. – Жолдас бастық, не болды? – деді анау екеуі қолдарын шекелеріне апарып. – Шақыруыңызбен келіп тұрмыз. Тергеуші өз ісіне өзі ұялып қалды. – А-а, ештеңе емес. Бара беріңдер, бара беріңдер. Солдаттар кері бұрылды. Олар кеткесін, орнына жайғасқан тергеуші, қолына қаламын алып, əлдене жаза бастады. Сүлеймен байқап отыр. Ол заты қорқақ адам екен. Жазу жазған қолдары дір-дір етіп, ырқына көнбеді. Тек біраз уақыттан соң ғана басылды. – Сөйтіп сен, Низамның басын кескен де, бізге келiп тиіскен де Ахмадтың өзі дейсің ғой. Бұл жолғы үні бəсең шықты. Манағы əкіреңдеген қарқыны басылғандай. – Тап солай. – Ал Ахмад пен Паязды мүгедек еткеніңді мойындайсың ба? – Оларды мүгедек етем деп ойлағам жоқ. Ашумен қаттырақ ұрыппын... Егер мен ұрмағанда олар мені, бір мені ғана емес, бəрімізді өлтірер еді. Менiкi қорғану ғана болды. – Қорғанған адам сен секілді болмайтын шығар. Пышаққа қарсы пышақ жұмсау – совет заңына қайшы.
– Сонда «iсiмiз заңға қайшы» деп өле беруіміз керек пе. Зандарың мықты болса, неге Ахмад пен Паязды бұрын ауыздықтап қоймадыңдар? – Cұрақты сен емес, мен беруге тиіспін. Содан тергеуші біраз уақыт жазумен болып, тіл қатпады. Үш-төрт бетті толтырып жазған соң: – Сауатың бар ма? Оқып, жаза аласың ба? – деді. – Аздап арапша жаза аламын. – Арапша жазу – молдалардың ісі. Біз жаңа жазуы бар жаңа өкіметтің адамдарымыз. Жарайды. Мына сияны бармағыңа жақ та, қағаздың шетіне бас. – Не деп жаздың мұнда? – – Сенің жауаптарыңды жаздым. – Мұнша жазатындай менен көп сұрақ алған жоқсың ғой. – Не жазылғанды сұрай беру шарт емес. Бас деймін бармағыңды! – Неге басамын. Не жазғаныңды оқып бер. Одан соң көремін. – Жаңағы солдаттарды қайта шақырайын ба? Олар келсе, өзіңе – не көрсететінін білесің бе? – Олар не көрсетсе, соны көрсете берсін. Бірақ сен оқымай, мен қағазға бармағымды баспаймын. Кім біледі, сен онда бар пəлені маған үйіп-төгіп жазған шығарсың. – Қарауыл! – деп айқайлады тергеуші. Ішке қолдарында мылтықтары бар бағанағы екі солдат кіріп келді. – Шақыруыңызбен келіп тұрмыз. – Мынау қағазға қол қоймай жатыр. Қол қоюды үйретіңдерші. Алдындағы солдат жанындағысына мылтығын ұстата сап, Сүлейменге жақындады. – Мұндай қабандардың терісі қалыңдау келеді. Бірақ жанды жерін оп-оңай табуға болады, – деп ол Сүлейменнің құлақ астынан бір ұрды. Қапысыз отырған бұған соққы қатты батты. Мұндай кезде Сүлейменді ешкім тоқтата алмайды. – Уай, атаңа нəлет. Көрсетейін саған ұрғанды, – деп opнынан атып тұрды да əлгі солдатты басымен қойып жіберді. Солдат еденге гүрс құлады. Сосын тергеушіге бұрылды: – Хайуан сені де өлтіре салайын. Шошып кеткен тергеуші үстелді айнала қашты. – Ат, атып таста! – деп бақырды ол солдатқа.
Солдат мылтығын оқтады. Сүлеймен сұсты жүзбен оған қарап еді, солдат қолынан мылтығын түсіріп алды. Сірə, ол да Сүлейменнің ашулы бет-жүзінен зəре-құты қалмаса керек. Түсіп кеткен мылтығын алуға да жарамай, есіктен атып шықты. Артынан тергеуші де зу етті. Сүлеймен солдаттың түсіп кеткен мылтығын есікке қарай бір тепті. – Хайуан, сужүректер. Қолым байлаулы болмағанда екеуіңді де есіктен шығармас едім. Осылай кіжініп кеп, үстеліне отырды. Жерде жатқан солдат қозғалып, есін жиды. Бұның оған жаны ашып кетті. Жиырма екі- жиырма үштердегі жас жігіт. – Heң бар еді мені ұрып? Солдат басын көтеріп, сілкіп-сілкіп алды. – Мыналар қайда? – Қашып кетті. Орнынан тұрған ол, үн-түнсіз есікке беттеді. Есікке жете бергенде арғы жақтан топырлап бес-алты қарулы солдат кірді. Олар Сүлейменге мылтықтарын кезеніп, дуалды жағалай тұрды. Артынан кірген тергеуші таяқ жеген солдатқа қарады. – Ей, сені тағы ұрған жоқ па? Солдат басын шайқады. – Қалай ұрамын. Қолым байлаулы емес пе. – Сен, өгіз, жап аузыңды. Айда, солдаттар, мұны жеке жертөлеге қамаңдар! Бес күн бойы сонда жатсын. – Орныңыздан тұрыңыз! – деді бір солдат. – Тұрамын. Бірақ артымда жүрсеңдер, атып тастасаңдар да жүрмеймін. Ал алдымда жүрсеңдер, қайда апарсаңдар да ілесіп жүре беремін. Тергеуші мұның сырын білсе керек. – Мейлі, алда жүріп-ақ апарыңдаршы апаратын жерге. Солдаттар оны бағана өзі шыққан кішкене үйге алып келді. Бірақ күнде жатқан жеріне емес, басқа қап-қараңғы тар камераға кіргізді. Сүлеймен мұнда кіргенде бір-ақ байқады. Камера іші өте тар екен. Табаны да, дуалы да тас. Дуалға арқа сүйеп отырмасаң, жатуға болмайды. Былайша айтқанда, Сүлеймен жатса бұл жерге сыймайды. Еш болмаса ары-бері жүретін кең болсайшы. Бұрындары түрмелерде осындай камералар бар деп көп еститін. Енді мұны да көзі көрді.
Біресе тұрып, біресе жүрелей отырып, бір түнді зорға өткізді. Қанша қиналса да дуалға сүйене отырып, ұйықтай да алмады. Тек бостандықты ғана жаны сүйетін бұл жарылып кетердей күй кешті. Бірақ адам неге болса да шыдайды емес пе. Шыдап бақты. Бар ермегі – ой ғана. Осы бір түннің ішінде ойына нелер келіп, нелер кетпеді десейші. Қанша мықтынын десе де, тағдыр алдында осал екендігін енді мойындады. Бірақ Сүлейменнің осал болғысы келмейді ешқашан... Алайда мынадай шарасыз халде тұрғанда тау қопарып, тас жаратын мықтылық туралы ойлау да əбес екенін біледі. Дегенмен, бəрібір, Сүлеймен жасуды сүймейді... Камера іші қап-қараңғы. Сыртта күндіз бе, түн бе, уақыттың қай мезгіл екенін білу де қиын. Камераның бір жерінен жылт етіп сəуле түспейді. Құдды көр дерсің. Бір кезде сықырлап есік ашылды. Ашылған сыртқы есік. Одан соң бұл жатқан камераның есігі ашылды. Камера iшi жарыққа толды. Есіктің бергі жағында темір торлы тағы бір есік бар. Келген солдаттар оны ашпай тұрып: – Мəменов, екі қолыңды артыңа ұстап, торға жақында, – деді. Бұл олардың айтқандарын істеді. Екі солдат темір торлы есіктің арғы жағында тұрып, мұның қолын байлады. Содан соң темір торды ашты. – Ер соңымыздан! Сыртта тағы төрт солдат тұр екен. Олар артына ере беріп еді, Сүлеймен тоқтай қалды. – Неге тұрып қалдың? – деді бір солдат. Сосын есіне бірдеңе түсті ме: – Ə, мұны артынан айдауға болмайды. Екеуің жанында, қалғандарың алдында жүріңдер, – деп өзі бірінші боп алға түсті. Бұл жолы да тергеушінің бөлмесіне келді. Қасында əскери киімді тағы екі адам отыр. Əдетте сотталушы кіргенде тергеушіннің бет- əлпеттерінен сұстары төгіліп, қаһарланып отырушы еді. Ал мыналар бүгін жайдарлы секілді. – Отыр, ə, жоқ, отырыңыз, – деді олардың бірі үстелді нұсқап. Сүлеймен отырды. «Бүгін не сұрар екен? Тағы да Ахмад пен Паяз туралы əңгіме айтылатын шығар». – Мамажан əкə сізге кім болады? – деді жаңа үстелді нұсқаған тергеуші.
Тергеушілердің кейде əлденені алдап сұрайтыны Сүлеймен жақсы біледі. «Мамажанды да түрмеге тарту үшін менен əдейі сұрап отырған шығар» деп топшылады. – Ондай кісіні танымаймын. – Оны танымасаңыз, ол сізді таниды екен. – Мені танитындар көп қой. – Қысқасы, сол кісінің көмегімен бізге жоғары жақтан сізді босатуға үкім келді. Бүгіннен бастап азатсыз. Сендер бұл кісінің қағаздарын толтырып, шығарып салыңдар, – деп манадан бері сөйлеп отырған тергеуші орнынан тұрып, жанындағыларға қарады да, Сүлейменге жақындады: – Мамажандай танысыңыз бар сіз, жолы болғыш адам екенсіз. Тек бұдан былай тыныш жүріңіз. Анау шыға берісте сізді Парманқұл күтіп отыр. Бірге кетесіздер. Сүлеймен іштей қатты қуанды. Онысын сыртқа білдірмеді. Тергеуші қағазын жазып толтырып біткенше, мызғымай отыра берді. Əлден соң жазып бітті. – Баракта қандай заттарың бар еді? – Ешқандай затым жоқ. Бұдан соң ол қарауыл солдаттарды шақырып, Сүлейменнің қолын шештірді. – Сыртқа дейін шығарып салыңдар. Солдатқа ілесіп, асыға басып, сыртқа шықты. Шыға берісте Парманқұл отыр екен. – Мамажан бізге күйме жіберіпті. Мұндай күймеге мініп көргенің бар ма еді? – Анада Мамажанмен бірге осындай күймеге мінгем. Екеуі күймеге отырды. Божы ұстаған айдаушы аттарға «шу» деп қамшы басты. Күйме шаһарға қарай зулай жөнелді. Күйме бір сағатқа жетпей-ақ Мамажанның үйіне жетті. Екеуін есік алдында Мамажанның өзі күтіп тұр екен. Құшағын жайып қарсы алды. – Бұзықтықты бір жаныс пен бір құлығаш істейді. Ал оларды бір алғи құтқарып алады. Бұрындары бір құлшығашты құтқарам деп шаршаушы едім. Бұл жолы «біреу еді – маям, екеу болды – қаям» дегеннің кері келді. Жə, мейлі, қалай, аман-саусыңдар ма, əйтеуір? Сол күні үшеуі түн ауғанша əңгімелесті. Жатар кезде Мамажан:
– Сендерді құтқару маған оңай болған жоқ. Сол үшін қазірше сендерге Тəшкенде жүруге болмайды. Қоқандағы қатыныңды сағынған шығарсың, Сүлеймен. Екеуің де ертең сол жаққа аттанып, сонда бір жылдай тұрып келіңдер, – деді. – Қоқанға емес, өзімнің ел жағыма барсам қалай болады екен? Бір-екі белсендіден алатын кегім бар еді. Əлі кедейлерді шулатып, басынып жүрген шығар. Айтпақшы, сен білесің ғой, Мамажан. Елде аштық əлі жүріп жатыр ма екен? Жоқ əлде жағдай жақсарайын деп не? – Жалғыз өзіңнің қолыңнан күллі елді тойдыру келе қоймас, Сүлеймен. Дегенмен естуім бойынша, Қазақстанға жаңа басшы келіп, жұрт тойына бастаған сыңайлы. – Сен не десең, о де. Менің бір өкінішім – елімді аштық жайлаған кезде нəр таппай қырылған жұртқа титтей де көмек бере алмағаным. Орта шаруаның соңғы лағына дейін тартып алған белсенділердің көзіне көк шыбын үймелете алмаған болсам, менің күштілігім қайда. Өмірдің бəрі кілең баскесерлерден алысумен өтіп барады. Əй, Парманқұл, айтшы. Сен екеуміз қазақ игілігі үшін қашан тірлік қыламыз? – Е-е, Сүлеймен, біле білсең, қазақ намысы үшін аз тірлік істеген жоқсың. Жөйіттерді жайратып, басынған бұзықтарды сабасына түсіріп жүргенің, Тəшкендегі ауғынды аш қазақтарға көмектескенің – халқыңды биікке көтергенің емес пе? Қай қазақтың қаһарманы саған ұқсап, оларға қарсы тұра алды. Рас, сен бір ұлттың аузына іліккен, бетке ұстар батыры да, ел бастаған көсемі де емессің. Бірақ бəрібір, баскесерлер арасында əділдік орнатсам деп, ылғи күресіп жүретін қаһармансың. Заманыңа қарай пешенеңе жазылғаны осы болса, қылар амалың бар ма? Əттең, қалың жауға қарсы найза білеп, атойлап қол бастайтын дəуірде тумаған екенсің. Сол кезде қаһарыңнан қалың жау ығатын хас баһадүрдың нағыз өзі болар едің. Ал мына заман сенің ерен күшіңе тұсау салған кер кезең болып тұр. Сендегі бұла күштің тасқыны бөгесін таппай арқыраған сел ғой. Құдай өзіңе осындай қасиет берген. Оның берген тағы бір жақсы қасиеті – сені ақылды тентек қылып жаратқаны. Өздігінен ешкімге тиіспейсің. Біреуді біреу басынғанын жек көресің. Бір есерсоқ сəл шамыңа тисе, басын кесіп алуға дайынсың. Иə, қайсыбірін айтайын. Дегенмен кейде артық кетіп
қалатын жерің де бар. Иə, бірақ, қалай айтсам да, сенде бір құдіреттің бары рас... – Мұның құдіреттілігі қара күшiнде ғой, – деді Парманқұл. – Бір ғана қара күшінде емес, жүректілігінде де бар. Əйтпесе, қазақта бұдан да мықты жігіттердің болуы кəміл. Тек оларда жаужүректілік, содан соң бұл сияқты бір ұрғанын қатыра салатын соққы жоқ. Ең ақыры ондайлардың көбінде бұндағы сияқты сұстылық жоқ. Түріне қарашы, дəулігін былай қойғанда, көзiне адам тіктеп қарай алмайды. Сүлейменнің жанында сенің, Парманқұл, жүзің əншейін шақар баланың беті-əлпеті сияқты. – Шақар баланың бет-əлпеті секілді болса да, бұдан да талай адам ығады. – Жай айтып жатқаным да, Сүлеймен. Əйтпесе, екеуің қатар келе жатсаңдар, айналаның бəрін қара бұлт басып тұрғандай болады. Жүрістерің ауыр, түрлерің суық, жүздерің зəрлі. – Жə, Мамажан. Бізді түрмеден шығаруыңды шығарып алып, енді бой тұрқымыз бен дене пішімімізді сынайын дедің бе, – деп күлді Парманқұл. – Бұрындары менi түрмеден мезгілінен бұрын шығарып алғаныңда, «Бір жаққа кетіп, бас сауғалай тұр» демеуші едің. Бұл жолы басқа шешімге келгеніңнің төркінін аңдамай отырмын. – Мені өкімет басқа жұмысқа ауыстырып жатыр. Сендер үшін ол қызметті құпия етпей-ақ қояйын. Тəшкендегі милициялардың бастығы болмақшымын. Менің де досым бар, дұшпаным бар дегендей, артымнан көп сөздің ере бергені де жөн емес. Сол үшін уақытша бұл жерден кете тұрыңдар. Ертең екеуіңді біреулер Тəшкеннен көрсе, өздеріңді түрмеден мен шығарғанымды бірден біледі. Жан-жағымыз күйіп тұр. Бəріміз бірдей жанып кетпейік. Орайлы іс болса, жең астынан жалғаса берерміз. Сүлеймен де, Парманқұл да үнсіз. Тек біраздан соң екеуі: – Е, жаңа орынтағың құтты болсын! – десті. – Орынтағымның құтты болуы сендерге байланысты болып тұр. Сондықтан да тілімді алып, Тəшкеннен кетіңдер. Сүлеймен, сен «еліме барсам» дегенді қой. Екі-үш жылға дейін ол жақты ұмыт. Қоқанға барғыларың келмесе, Самарқан жаққа кетіңдер. – Ол жақта не қыламыз? Барсақ, Қоқанға барамыз, – деді Сүлеймен. IV
Мамажан дайындап берген екі атқа мінген Сүлеймен мен Парманқұл ертесіне Қоқанды бетке алды. Қоқанға жету оңай емес. Алда ұзақ жол. – Ал Құдай алдарыңнан жарылқасын. Тек жол-жөнекей абай болыңдар. Заманның тынышы кетіп тұр. Жол торыған ұры-қары да көп. Жə, сендерге оны үйретіп қажеті не. Əйтеуір аман оралғайсыңдар. – Рахмет, Мамажан саған. Түрмеде жатқаннан гөрі көкжал бөрідей дала кезіп жүрген мың есе артық. Алла жазса, кешікпей діттеген жерімізге жетіп қалармыз. Біз үшін алаң болма, – деді Парманқұл. Сол күні кеш бата екеуi Toйтөбеге жетті. Парманқұлдың бір танысының үйіне бір қонып, Əнгрен асты. Əнгренде Парманқұлды танитындар көп екен. Соларға кезек-кезек екі-үш қонды. Соңғы қонғандары Бектемір деген кісінің үйі еді. Бұлардың Қоқанға кетіп бара жатқанын білген ол: – Қыс ауасында олай қарай жол жүру қиын. Ең қиыны – мына асудан өту ғой. Мұнда қар жұқа болғанымен тауда қалың, əрі тап қазір аң-құс та құтырып тұр. Осында қыстай салсаңдар қайтеді? – деді. – Сенің ас-суыңа ортақтасып, талыстай боп жатып алу – біз үшін ұят. Ниетіңе рахмет. Асудан төрт-бес күнде өтіп кетерміз. Шамаң келсе, бізге біраз азық дайындап бер. Бектемір басқа ештеңе демей, Парманқұлдың айтқандарын дайындап, қоржынына салып берді. Онымен қоштасқан қарақшылар Құрама асуына қарай жолға түсті. – Бұрын сен, Қоқанға қай жолдармен жүріп, барып едің? – деп сұрады Парманқұл жолай. – Барғанда Түлкіжортқанның үстімен өтіп, Тарақорған арқылы жетіп едік-ау. Ал қайтарда Наманганның батыс бетімен өтіп, Шыршық тауымен асып түскенбіз. – Осы жолы да Тарақорғаннан өтеміз. Бергі жақтағы тəжік ауылдарға екі-үш түнесек, Құрмантөбенi басып, Сырдарияға құлаймыз. Сырдарияны көктей жүріп, Қоқанға жетеміз. Жолаушылар тоқтамастан үш-төрт сағат жүрді. Бір кезде Сүлейменнің астындағы ат шаршағандай, артқы екі аяғы қайта-қайта бір-біріне шалынысып, қисалаңдай берді.
– Мына жануар мені ауырсынып келеді-ау. Иə, маған алыс жолға төтеп бере алатын ат сирек. Аттың бəрі баяғы өзімнің қарагерімдей болар ма еді, шіркін. Осы, Парманқұл, жақын маңда ауыл болмаса да бір жерге түсіп, аттарды демалдырып алмасақ болмас. Əйтпесе мына аттың құлап түсері кəдік. – Оның шаршағанын бағана-ақ сезгем. Өй, өзіңді де шешең өгіздей етіп туғанын қарашы. Əй, өгіздей болғаныңның пайдасын да талай көрдік-ау, – деп Парманқұл əзілдеп, жан-жағына қарап тұрды: – Əне бір жартастың түбінде бізге пана болар қуыс табылар. Сонда ат шалдырайық. Жартас түбінің табанына қар тимеген қуыстау екен. Қоржындарын астыларына төсеніп, отыра кетісті. Айналада аттар да оттай алатын боздар мен жас тал шыбықтары қылтиып тұр. Бұл жақтың тауларын қар онша көп баса бермейді. Əлде тау тұтас емес, əр-жер – əр-жерде шоқиған құз-шыңдардан ғана құралған жоталы болғаннан соң ба, əйтеуір, қыста ойдағы қар қандай болса, мұнда да сондай болады. Бірақ бұл жер елсіз. Елсіз болған соң небір қауіп- қатерді күтуге болады. Оның үстіне бұл жерде жыртқыш аңдардың неше түрі кездеседі. Əсіресе, тау қабыланы мен жолбарысы өте қауіпті. Парманқұл соны сезгендей, мылтығын жанына ала отырды. – Бүгін осында түнеп шығамыз. – Əлбетте. Енді кеш болғанда, жол жүрмейтініміз хақиқат қой. Қарақшылар Тəшкеннен шыққанда, біраз артық-ауыс сыртқы киімдер де алып шыққан-ды. Солардың бірін төсеніп, бірін жамылып, жартас түбіне жайғасты. Қоржындағы ауқаттарының біразын жеді. – Ал, Парманқұл, əңгіме айт. Сен менен гөрі əңгімешілдеусің ғой. – Алдымен аттардың шідерін қысқартып келейін. Əйтпесе алысқа ұзап кетер, – деген Парманқұл аттарды қайта шідерлеп, орнына келді. Содан екеуі əрдеңенің басын бір шалып, ұзақ отырды. Одан соң жатты. – Ертеректе біздің елдегі алғи руының Қонас деген байының бір жүйрік биесі бар еді. Биеден туған жылқылар да еркек-ұрғашысына қарамай, аламан бəйгеге түсетін сəйгүліктер болып шығатын. Қонас сол биені он үшке толғанда, Шыршық маңындағы дулаттардың ішіндегі бір құдасына сыйлапты. Дəл сол ауылда ертеректе тай кезінде Қонастан сатып алынған Ақжал деген атақты бір жүйрік бар екен. Тай кезінде кетіп қалған жылқыны бес-алты жылдан кейін кім танысын.
Бірақ Қонастың дулаттағы құдасы Ақжалдың өз құдасы берген биеден туған жүйрік екенін біледі. Алайда Ақжалдың иесіне ол жайын айтпайды. Жүйрік бие өз қолына тиген соң бір күні ол жануар күйлейді. Ол биеге ешбір айғырды жолатпай, Ақжалдың иесіне барады. Олар ағайынды адамдар екен. Бара сала, «Осылай да осылай, Сырдағы қоңыраттардан құдалық мініске келген бір жүйрік бием бар еді. Соны күйек шалып тұр. Соған Ақжалды салайық. Жүйрік бие – тұлпар Ақжалдан тоқтаса, екеуінен желден озар сəйгүлік туар» – деп ананы айналдырып, Ақжалды биеге алып келеді. Əдетте күйлеген бие мен шабар айғыр кісінесіп, бір-біріне тебісе жақындайды ғой. Ал Ақжал мен əлгі бие бір-біріне оқырана, мұрындарымен иіскесіп, құдды бір көптен көрiспеген ағайын адамдардай, шұрқырай кісінесіп, қасынасып табысады. Ақжал оған шаппайды. Олардың мұндай сырларын түсінбеген адамдар таң қалысады. Бұл сырды ұққан биенің иесі ғана: «Мен білсем, Ақжал мынаған шабуға намыстанып тұр. Оны биеге көзін байлап салайық» дейді. Содан Ақжалды аулағырақ кетіп көзін байлайды да, биеге қайта əкеледі. Бұл жолы айғырлығын көрсетіп, биеге шабады. Түк ұқпаған Ақжалдың иесі ол ісін бітіріп болған кезде көзіндегі байлауды шешіп жібереді. Осы сəт өзінің не істегенін білген Ақжал екі аяғын аспанға көтере тебініп, күңірене кісінейді де тауға қарай шаба жөнеледі. Ұзақ шапқан Ақжал содан бір құздың басына шығып, жартастан өзін-өзі тастап жібереді. – Ойпырмай, жануар, арада талай жыл өтсе де, өз анасын танып, оған шауып қойғанына қайсар адамдай қатты намыстанған текті жануар екен-ау. Пай-пай, «жылқының ақылдысында намыссыз адамнан артық ес, арлы өжеттік болады» деген рас-ау. – Иə, жылқының тектісі ғана мұндайға ақылы жетеді. Дегенмен, мен бұл əңгімені неге айтып отырмын де? Сөзімнің төркінін түсінген жоқсың ба? – Бір нəрсенің шетін шығарғалы тұрғаныңды сезіп жатырмын. Сірə, сол жүйрік биеден туылған бір жылқыға ауыз салайын деп отырсың-ау. – Дəл таптың. Əнеукүні Əнгренде болғанымызда осы нəрсенің есімде болмағанын қарашы. Енді кері жүруге тура келеді. – Кері жүргенде, қайда барамыз? Ойыңды жұмбақтамай, ашып айта берсейші.
– Қонастың құдасына берген жүйрік биеден қазір жасы үшке толған Желтимес деген атақты тұлпар бар. Желтимес бұл күндері Шымған маңындағы Ақсай кəлхөзінің бастығының астында жүр. Егер оны қолды қылсақ, екеумізге Құдайдың бергені дей бер. – Бұл аса қиын шаруа емес шығар. – Сен солай айтасың. Əлгі бастық түнде Желтиместің тура жанына жатып қарауылдайды екен. Кей кездері өзі бір жаққа кететін болса, оны күзетшілер күзететін кəлхөздің мал базасының ішіне байлап қояды екен. – Егер мен шындап кіріссем, Желтиместі алты қорғанның астынан, жеті жотаның жырасынан да алып шығармын. – Иə, қалай күзетсе де, тұлпарды қолды етуіміз керек. Бұл ертеңгі амал. Ал қазіргі амал – жатып ұйықтау. Сен жаурайын деген жоқсың ба? – Далада түнегенім бір осы деймісің. Маған тақалыңқырап жат. Бораннан ыққан түз бөрісіндей бұйығып жатсақ, жылы жатамыз. Бұдан кейін қарақшылар бірдей қор етіп, ұйқыға кетті. Сүлеймен Парманқұл оятқанша, тұяқ серіппей ұйықтады. – Саған қай жерде жатсаң да, бəрібір ме деймін? Мен ғой, түн баласы мың оянып, мазасызданып шықтым. Ауық-ауық аттарды да қарап тұрдым. Сүлеймен орнынан тұрып, қармен бетін ысқылап-ысқылап алды. Сосын екеуі қоржындағы еттен біраз жеп, атқа қонды. Əудем жер жүрген соң Парманқұл, Сүлейменге бұрылды: – Бұрын Шыршықта болғансың ғой, ə? – Уа-ха, Шыршық менің сергелдең өмірімді бастатқан жер емес пе? Мен Шыршыққа алғаш рет үлкен ұрлыққа аттанғам. Сонда бізді Көбек нағашым жорыққа бастап келген еді. Құраманың бір байының елу қаралы жылқысын ұрлаған едік. Кейіннен мені талай қауіп- қатерден құтқарған баяғы қарагерім сонда жол бойында туған құлын еді. Қайран, қарагер-ай! Ондай қазанат жоқ енді өмірде. Сүлеймен терең күрсінді. Дегенмен, Сүлеймен қандай қиындықтарды көрсе де, басына қаншама істер түссе де көп күрсінбейтін. Оның жасуды білмейтін жаны нəзік ойларға да көп берілмейтін. Бірақ сол қарагер есіне түссе болды, күрсініп сала
беретін. Сүлейменнің қарагерді айтқанда біртүрі беймаза күй кеше қалатынын білетін Парманқұл бұл жолы үндемеді. Екеуі үш күндей жүріп, Түлкіжортқан тауының беткейіне ілікті. Бұл жер Шыршықтың етегі. Енді тағы екі-үш сағаттай жүрсе, Шымғандағы Ақсайдың тура үстінен түспек. – Ат шалдырып аламыз ба, Сүлеймен? – Осыны айтуды мен де ойлап келе жатыр едім. Бие сауымдай демалыстан соң аттарына қайта қонып, Ақсайға беттеді. – Ақсай кəлхүзін білетін бе едің? – деп сұрады Сүлеймен. – Е, білмегенде ше? Ол жердің əрбір жотасы мен тас-құмына дейін маған таныс. Мал базасының да қай сайда екенін білемін. – Бұрындары мынау етекте шоғыр-шоғыр боп отыратын ел көп болушы еді. Қазір бəрі бір жаққа көшіп кеткен бе? – Елдің бəрі былтыр Тəшкен ауып кеткен жоқ па. Қалғандарын өкімет кəлхүздандырамыз деп, бір орталыққа жиған. Қазір сол өкімет бұл жерге Бостандық ауданы деп ат қойыпты. Нəлеті белсенділер өз халқын өздері қырып алып, жұртты тамұқтан азат еткендей, бұл жерді «Бостандық» деп атағандарын қарасайшы. Кім кімнен бостан? Құдайым білсін. – Жалаң ұранды белсенділердің ығында жүрген осы қазақ əлі тойынған да жоқ шығар. Бір ғана Желтиместі емес, базадағы малдарды да айдап кетіп, жұртқа таратып жіберсек қалай болады? – Ай, Сүлеймен. Ленгірде осылай істеймін деп қармаққа ілінген жоқ па едің. Жарайды, малдарды жұртқа таратуға əрекеттеніп көрейік. Бірақ екеуміз бұған үлгере аламыз ба? – Үлгергенімізше тырысып бағайық. – Мейлі, алдағы істі жағдайға қарап көреміз. Кеш бата екеуі Ақсайдың іргесіндегі жыраға келіп, ат ауыздығын тартты. Бұл жерде əлі қар жаумапты. Жыра іші жапырақсыз сидам- сидам долана ағаштарға толы. Қарсы беткейде қалың арша. Еңіс жақ жазық дала. Жазықтың төр тұсында жүз елудей қаралы үй тұр. – Ақсай кəлхүзі – осы, – деді Парманқұл сол үйлерді нұсқап. – Ал мына беткейдің астында мал базасы бар. Сен осында қал. Менің Ақсайда жақсы танысым бар. Соны іздегенсіп барып, Желтиместің қай жерде екенін біліп қайтайын. Екеулеп барсақ, көзге түсіп қалармыз.
Парманқұл кетті. Содан түн ауа бір-ақ оралды. Қасында өзі секілді төртбақ денелі біреу бар. – Неге кешіктің сонша? Енді болмағанда ұйықтап қалатын едім. – Е, мына досым қой сойып күтті. Бас піскенше бұған сырымды ақтардым. Бас жеп болғанша осынша уақыт болды. Мə, жас еттен сен де жеп ал. Желтиместің амалын содан соң айтармыз. Сүлеймен Парманқұл əкелген етті асап-асап жіберді. Оның бірталай етті екі-үш-ақ асағанына Парманқұлдың досы таңқалып тұр. – Мына жігіттің аты – Айдабол. Қазір Желтиместі ұрлауға үшеуміз бірдей барамыз. – Ол қайда екен? – Мал базасында. – Базада қанша күзетші бар екенін білдің бе? – Онда қанша күзетші бар екенін айтшы, Айдабол. – Базада төрт күзетші бар. Олардың екеуі мылтықпен қаруланған. – Олай болса, алуымыз тез екен оларды. Үшеуі беткейден асып, таспен қаланған ұзын дуалға келіп тірелді. Дуалды жағалай біраз жүрген соң солға бұрылды. Бұл жерде де тағы дуалды қуалап, көп жүрді. – Мұнша дуалды қашан тұрғызып үлгерген? – Дап-дайын тасты қалап шығу қиын деймісің. Мұны тұрғызуға он емес, жиырма емес, жүздеген адам жабылған. – Əй, Парманқұл, жай сөйлесеңдерші. Түнгі дауыс алысқа кететінін өздерің білесіңдер ғой, – деді Айдабол. Сол жақтағы дуал біткенде қорған оңға қарай тағы созылған екен. – Енді сəл жүрсек, қақпаға тірелеміз, – деп Айдабол атының басын тежеді. – Ары қарай жаяу барайық. Аттарды ана ағаштарға байлап кетейік. Үшеуі дыбыссыз басып, база қақпасының маңына келді. Осы жерде, Сүлейменнің есіне Ленгірдегі базадағы малдарды босатып, ауылға қарай айдап жібергендері түсті. Сол база мен мына база ұқсас тəрізді. Онда күндіз, ал қазір түні болса да қарайып көрінген мына дуалдар Ленгірдің базасындағы дуалдар сияқты. Айдаболдың қақпа дегенi ұзын шарбақ есік екен. Шарбақ есіктің ар жағында кішкене үйшік тұр. Үйшік терезесінен жылтыраған жарық көрінеді.
– Анау үйшік қарауылдар отыратын жер, – деп сыбырлады Айдабол. – Ал Желтимес базаның сонау түкпіріндегі қамба қорада. Оған жету үшін сиыр қорадан өтіп, қойлар қамалған тұсқа жетуіміз керек. Желтимес тұрған жерде мылтығы бар тағы бір күзетші отырады. – Базада қанша жылқы бар? – Жүзге тарта бар-ау деймін. – Бекерге сыбырласа бергенше, мына күзетшілерді қалай байлап тастаймыз? Соны айтсаңдаршы. Сүлеймен мен Айдабол тым-тырыс қалды. – Бұларды улатпай-шулатпай байлау керек. Əйтпесе Желтиместің жанында отырған күзетші есітіп қоюы мүмкін. Қанша дегенмен оның мылтығы бар ғой. – Үйшікке баса-көктеп кіріп барайық. Айдабол, сен сойылыңды, Парманқұл, сен, мылтығыңды оңтайла. Бұлай тұра берсек, бекерге таңды атырамыз. Сүлеймен шарбақ есіктен асып түсті. Артынан аналар ілесті. Үйшік есігіне келгенде тұра қап, тың тыңдады. Іштегілер күбірлесіп сөйлесіп отыр. Кейде қарқылдасып күлісіп қояды. Бəрі қаннен- қаперсіз. Сүлеймен есіктің тұтқасын бар күшпен тартты. Есік іштен байланбапты. Шалқалай ашылды. Осы кезде бірінші боп, өзі ішке кіріп барды. Үйшікте жанып тұрған шамды айнала төрт кісі отыр екен. Түрі адам шошырлық еңгезердей Сүлейменді көргенде олар сасып қап, аңтарыла қалысты. Екінші боп кірген Парманқұл оларға мылтығын кезенді: – Біреуің қит етсеңдер, атып саламын. Айдабол, мыналардың мылтықтарын тез жиып ал. Күзетшілердің мылтықтары төр жақта болуы керек деп ойлаған Айдабол, оларды айналып өте берген. Осы сəт күзетшінің бірі орнынан қарғып тұрып, Айдаболға бассады. Оның шапшаңдығы сондай, əп-сəтте Айдаболдың арт жағынан құшақтай алып, бір қолымен оның тамағын қысып, тырп еткізбеді. – Həлеті ұрылар. Енді атып көріңдерші. Мыналарының желкесін үзіп жіберейін. Парманқұл не істерін білмей, Сүлейменге бір, аналарға бір, алақ- жұлақ қарады. Осы кезде күзетшілердің бірі төр жаққа еңбектей жөнелді. Сірə, қаруына ұмтылып бара жатыр-ау. Сəл кешіксе,
өздерінің опық жеп қалатындарын білген Сүлеймен атылып барып, оның желкесінен бүре, шап берді. Екінші қолымен ауына жармасты. Сол күйі оны қаңбақ құрлы көрмей көтеріп, отырған екеудің үстіне былш еткізді. «Ойбай» деген үні шықты біреуінің. Қирап түскен үшеуі де тұрмады. Тұруға да шамалары болмады. Сүлеймен оларда ісі де болмады. Екі аттап, Айдаболды құшақтағанға жетті. Ол сорлы Айдаболды ары айналдырып, бері айналдырып, Сүлейменнің алдына тоса берді. Сүлеймен қолын Айдаболдың басынан асыра созып жіберіп, ананың иығынан ұстай алды. Сосын шетке қарай тартып қап еді, ол жазған құлаған теректей қиралаң етті. – Менен айлаңды асырайын дедің бе, – деп тістене сөйлеген Сүлеймен оны жатқан жерінде дүңк еткізіп бір қойды. Ана жазғанның бірден аяқ-қолдары жансызданды. Оны жайғаған соң: – Сендерді де қырып тастайын ба, осы, – деп анау үшеуіне ұмтылған еді, ол сорлылар қолдарымен бастарын жауып, жата-жата кетісті. Осыған қарамай, «күзетшілерді төмпештеп тастар» деп ойлаған Парманқұл: – Əй, əй, тоқта, Сүлеймен! Ашуыңды бас, ашуыңды бас. Біреуін өлтіріп қоярсың, – деп жолын кес-кестеді. Содан соң жатқан күзетшілерге қарады: – Бəрің байынан таяқ жеген қатындарға ұқсап, етпеттеп жатып алмай, ана бұрышқа барып отырыңдар. Егер қарсылық көрсетпесеңдер, сендерге тимейміз. Жатқан үшеуі тұруға қорқып, Парманқұл көрсеткен бұрышқа еңбектеп жетті. Жеті де бір-біріне тақаса отырды. Жүздерін үрей жайлапты. – Мылтықтарың қайда? – Анау бұрыштағы киіздің астында. Айдабол күзетші көрсеткен бұрыштағы киіздің астындағы екі мылтықты шығарды. Мылтықтар кəдімгі аңшы мылтықтары екен. Мылтықтарда бір-бір оқ бар. – Басқа оқтарың жоқ па? – Барымыз – осы. – Арқандарың бар ма? – Арқан деген көп. Анау кіре берісте ілулі тұр. – Айдабол, арқандарды əкел де, мыналарды байла! Əп-сəтте Айдабол үш күзетшіні бір-біріне қосақтап, матап тастады. Оларды матап болғанда, Сүлеймен ұрған күзетші ес жиып, қозғалақтай бастады. Айдабол оны сүйретіп əкеп, аналарға қосақтады.
«Айқайлап жүрмесін» деп, жіңішке арқанмен ауыздарын да керіп байлады. Күзетшілерді осылай жайғаған соң Сүлеймен мен Айдабол олардан олжалаған мылтықтарды арқаларына ілді. – Есікті сыртынан бір нəрсемен тіреп кетейік, – деді Парманқұл далаға шыққандарында. – Тіреп кететін сол нəрсе табылса де, – деп Айдабол жан-жағына қарады. Анадай жерде бірдеңе дүңкиіп қарайып жатыр. Жақындап барып еді, дəу тас екен. – Сүлеймен, мынаны көтере аласың ба? – Не нəрсе екен? Алдымен көрейік те, – деп Сүлеймен Айдаболға жақындады. – Тас па, немене жатқан? Иə, тас екен ғой. Ары тұршы, көтеріп көрейін, – деген ол тасты сəл қозғап көрді. Сосын «ауп» деп көтерді де, оны үйшіктің есігіне тіреп қоя салды. – Парманқұл, мынауың шынымен алып қой. – Бізбен бірге жүре берсең, мұның алыптығын əлі талай көресің. Сен, бізді енді Желтимес тұрған жаққа баста. База іші атшаптырымдай кең екен. Қарақшылар сиырлар тұрған қорадан өтіп, қойлар қамалған шарбаққа жетті. Алда келе жатқан Айдабол тоқтап, қолымен оң жақта тұрған төбесі жабулы, атхананы көрсетті. – Желтимес осы атхананың ішінде. Бір нəрсеге соқтығысып қалмай, абайлап жүріңдер. Аздан кейін үшеуі атхананың ауыз есігіне жетті. – Əй, Байкелді, бері шық! Іштен біреу күркілдей жөтелді. – Ай, қайсың бұл? Омат сенбісің? Не болып қалды? Тағы бір қойды жасырып қойып, бас пісіріп жатырсыңдар ма? Омат сенбісің деймін. Даусыңды ажырата алмай тұрмын. – Мен, мен ғой. – Бері кіре берсейші. Есік байланбаған. Айдабол бірінші кірді. Оның артынан күзетші байқап қоймасын дегендей, Сүлеймен мен Парманқұл бұқпантайлап ерді. Бұқпантайлап келе жатып, сол жақта жылқылардың көп екенін байқады. – Келе бер, келе бер. Мен қазір шырақты жағып жіберейін, – деді күзетші тағы сөйлеп. – Жақпай қоя тұр, – деді Айдабол.
– Неге жақпаймын. Жоқ, бірден үйшікке барамыз ба? Айдаболды өз адамы деп ойлаған ол сорлы орнынан көтеріле берген. Осы сəт Айдабол оған бассалды. – Əй, əй, кімсің, кімсің? – Кім екенімізді кейін танисың. Кеуіртіңді əкел бері! – деді Парманқұл, Бұл кезде оған Сүлеймен де жабыла кеткен. Қараңғыда өзін əзірейілдей боп басқан Сүлейменнен зəресі ұшып кетті ме, күзетші: «Астапыралла, астапыралла, Ағузи биллаһи мин аш шайтани ражим» деп күбірлей жөнелді. – Дұғаны қор қылмай-ақ қой. Біз шайтан емеспіз, – деп Парманқұл оның өн-бойын тінткілеп, кеуiртiн тауып алды. Шырақты жаққанда көргендері – күзетшінің жатқан жері қораның тура шеті екен. Бас жағындағы ақырда бір ат байлаулы тұр. Оның Желтимес екенін Сүлеймен бірден білді. Шырақ жарығы əлсіз болса да оның сұлу мүсінді жылқы екені білініп тұр. – Ей, қайдан келген ұрысыңдар? – деді осы кезде өз-өзіне келген күзетші. – Біз ұры емеспіз, – деп бір ұрды Парманқұл оны. – Біз ел жұртты тонаған сендер сияқты харам ұрылардан өш алатын қаһармандармыз. Айдабол, жiбер оны. Сен, Сүлеймен, бұған бізді «ұры» дегені үшін көресіні көрсетші. – Өй, мынау Айдабол ма? О, баукеспе неме. Ертең Мырзатай белсендіге айтып, итжеккенге айдатып жіберемін сені, – деп шаңқ етті күзетші. – Мына күзетші, Парманқұл, қырсық па деймін. Қырсықтығын қазір-ақ сығып алайын, – деді де Сүлеймен оның тамағын мытып жіберді. Күзетші өлгеннен ары болды. Сол сұлап жатқан жерінен Айдабол оны байлап тастады. Сосын Желтиместі ақырдан босатып, жетектеп Сүлеймендердің алдына əкелді: – Жылқының қандай екенін түр-тұрқынан танисың ба? Қарашы, жануар қандай өзі? Пай-пай, аяқтарын көрші. Жалы мен жамбасын қара. Тұлпар ғой жануар, тұлпар. Сүлеймен Желтиместен көзін ала алмай тұр. Шынында, келісті ат екен. Жал-құйрығы төгілген. Мұндай атты күнделікті мініске салу обал-ақ.
Желтимеске салатын ер-тоқым да осында екен. Айдабол Желтиместi ерттеп болғанша, бұл аттан көз алмады. – Ал, Сүлеймен ойымызды іске асырдық. Енді не істейміз? Желтиместі жетекке алайық та, қорадағы жылқылардың біразын айдап кетейік. Ал Айдабол, сен атқа мін де, анау қойларды шығарып, ауылдың ішіне кіргізіп жібер. Жұрт шетінен ұстап жей берсін. – Бұл да бізбен бірге кетеді ғой. – Бала-шағасын қайтпек? – Мұның үйінде шешесінен басқа ешкім жоқ. – Белсенділер ертең оған зияндық істеп жүрмей ме? – Олар өлмелі кемпірді не қылсын. – Мейлі, онда далаға шығып, аттарымызға мінейік те, жылқыларды айдайық тауға қарай. – Мен қойларды ауыл шетіне кіргізіп келгенше, сендер ұзап кетпейсіңдер ме?– деді Айдабол. – Біз жайлап Аршасаймен жоғары өрлей береміз. Сен қуып жетерсің. Үшеуі Желтимеске мінбей, сыртқа жетектеп шығарды. Өз аттарына мінген соң базаға қайта кіріп, Айдабол қойларды, Сүлеймен мен Парманқұл елу шақты жылқыны айдап шықты. «Жылқыларды не істейміз? Қай жерге дейін айдап барамыз?» деп бір-бірінен сұрамады. Қарақшылар мұндайда бір-біріне сұрақ қоймайды. Елу шақты жылқыны айдаған қарақшылар сол түні Шыршық тауынан асып, Шатқал жоталарына жетті. Бұл бір де таулы жер. Қырғыз бен Қоқанға асатын төте жолдың үсті. Таң ата терең шатқалға жылқыларды қамап, өздері аттан түсті. – Біз түнде жүріп өткен тау аңғарын ақсайлықтар жақсы біледі. Егер қазір ол жақтан артымызға қуғыншы түссе, олар түс мезгілінде осы маңға жетіп қалары хақ. Сол үшін де үш сағаттан артық мұнда аялдап қалуға болмайды. – Айдабол, бұл өңірі Парманқұл екеуің білмесеңдер, мен жақсы білмеймін. Енді айтыңдаршы, Желтимес пен мына жылқыларды не қыламыз? – Анау қар басып жатқан шыңдарды көрдің бе? – деді Айдабол күнгей беттегі тауларды нұсқап. – Таудың осы бөлігін Faрaмты дейді жергілікті халық. Ал Ғарамтының ар жағындағы жазық Беcтоғай деп аталады. Бестоғайда қаңлылар мен біраз сейіт қожалар тұратын үш
қазақ ауылы бар. Былтырлар қазақ даласын ашаршылық жайлаған кезде Қаратау мен Сарысу жақтан ауып келген көптеген қазақтар сол ауылдарға келіп тұрақтады. Ата қоныстан ауған жұрттың жай-күйі бірден оңала қойсын ба? Мына жылқыларды соларға таратып берейік. – Е, мұның жөн. Ал Желтиместі қайтеміз? – Беcтоғайда Бейісқожа деген тамырым бар. Соны тауып алсақ. Желтиместің жайын содан кейін ойластырамыз. Ал қазір бір сəт мызғып алайық. Түс қайта аттарына қайта қонып, шатқалдан жылқыларды айдап шығарғанша, бірталай уақыт өтті. Содан Ғарамты тауларына қарай барымта жылқыларды айдаған үшеу, кеш батқанша аттан түспеді. Ғарамтыға тек қараңғы түсе жетті. – Бағана бұл таулар жақын көрінген сияқты еді. Ұзақ екен-ау. – Сен байқамапсың, Сүлеймен. Біз төте жолмен жүрмей, көптеген қия-беткейлерді айналып өттік. «Себебі артымыздан қуғыншы түскендей болса, ізімізден адастырайық» деп ойладық мына Парманқұл екеуміз. – Бестоғай əлі алыс па? – Жолдың қиыны енді басталады. Дегенмен үш күнде жетіп қалармыз. V Шынында сол түні Ғарамты етегіне ат шалдырған бұлар үш күн бойы небір құз-жартастардың арасындағы қиын өткелдерден өтіп, Бестоғай жазығына тұяқ iлiктiрдi. Бестоғай деген жан-жағын тау қоршаған кең алап екен. Таудан өтіп, жазыққа тірелген қарақшылар, тағы да аттан түсті. Осы жерде жатып, біраз көз шырымдарын алған соң Айдабол Парманқұлды сонадайдан көрінген ауылға жұмсады. – Бұл ауыл қырғыз өкіметіне қарайды. Менің естуімше, қырғыз өкіметінің ауыл-ауылдарға əлі онша көп белсенділігі жоқ. «Бұл маңда осы күнге дейін басмашылар жұрттың мазасын алып тұр» деп естігенмін. Мейлі, қалай болса да, мұнда Қазақстандағы сияқты зіркіл қаққан шолақ белсенділер жоқ. Қобалжымай ауылға бара бер. Ауылдың бас жағында қаңлы Мұрсат деген кісі тұрады. Соны тауып ал да, Бейісқожаны шақырт. Содан соң екеуін осында ертіп кел. Парманқұл кеш түсе бір-ақ оралды. Қасында екі кісі бар. Олар аттарынан түсе сап, Айдаболмен құшақтасып көрісті. Бірауық амандық-саулық сұрасып болған соң оларды Сүлейменге таныстырды:
– Мынау ұзынтұра – Бейісқожа. Ал мынау тəпелтек – Мұрсат. Екеуі қай жағынан болса да, осы өңірге белгілі адамдар. Батыр десең – батыр. Қаһарман десең – қаһарман. Ал енді, Мұрсат, жағдайларыңды айтыңдар. Елдерінде не гəп? Мұрсат пен Бейісқожа елдеріндегі жағдайды айта бастады. Олардың айтуынша, қазақтардың үш ауылы үш кəлхүз боп құрылыпты. Бірақ үшеуінің де бастықтары сырт жақтан келген адамдар екен. Олар елге жайлы болғанымен, ауылдарға түн мезгілінде ауық-ауық шабуыл жасап, жұрттың барын тонап кететін басмашылар мен бандыларға болысып кетеді екен. Басмашылардың дені таулықтар болғасын, жергілікті қазақтарға қырғидай тиіп, кей кездері жас қыз- келіншектерді əкетіп қалады екен. Сондайда жергілікті жұрт Шұстыдағы, Терексайдағы мілисаларға хабар берейін десе, əлгі қорқақ бастықтар қазақтардың жолына тұрып, ол жаққа жібермейді екен... Бейісқожа бұдан басқа да көп жайттарды айтты. Бірақ қандай əңгіме айтса да, қазақтардың таулық басмашыларынан көріп жүрген зəбірлері жайына қайта-қайта тоқтала берді. – Қырғыз, өзбек мiлисалары басмашылардың зомбылығы жұрт айтпаса білмей ме? – Білмеуші ме еді, Айдабол. Бірақ көздерін құрта алмайды. Осыдан бес-алты жыл бұрын Хоженттен, Тəшкеннен көп отряд келіп, оларды тас-талқан еткен еді. Алайда басмашылардың тас-талқандары шыққанымен, солардан қалған азғантай-азғантай топтар тау шатқалдарына тығылып алып, өкіметке қарсы əлі күресуде. Олардың «өкіметке қарсы күресеміз» дегендері жəй далбаса. Олай болатұғын болса, анау үш кəлхүз бастықты өлтіріп кетпей ме. Бастықтарды өлтірмейтін себебі – олар өздерін асырап отыр. Бастықтар бандыларды немен асырайды дейсің. Жұрттың жиған-тергенімен асырайды. Қит етсең, сол түні басмашылар келіп, жаныңды шығарады. Осыдан запы болдық. Қазір мына жылқыларды жұртқа таратып берсек, ертең-ақ басмашылар келіп, бəрін сыпырып əкетер. – Олар бір келгенде қаншау болып келеді? – Əртүрлі. Кейде он шақты, кейде он бес шақты. – Үш ауылдың адамдары он-он бес басмашыдан қорқып жүр ме? – Жұртта қару жоқ. Ал бандылардың бəрінде мылтық, пүлімет бар. Былтыр тал түсте бір басмашының өзі ауыл үстіне пүліметпен оқ
жаудырып, күллі халықты жерге жатқызып қойған. – Басмашыларды кім басқарып жүргенін білмейсің бе? – деп сұрады Сүлеймен Бейісқожадан. – Бұрын тəжік жеріндегі Жылыкөл жақта өкіметпен əбден шайқасып, ақырында ауған қашып кеткен Отанбек құрбашының оң қолы болған Озғар деген таулық басқарады оларды. Озғардың өзі мейірімсіз, қатал, əрі қатынқұмар адам. Ауылға келген сайын бір қызды сүйремей кетпейді. – Баяғыда өзім басмашылық қылып жүргенде Отанбек жайында талай естігенмін. Кор Шермет, Егемберді батыр, Махмұтбек, Есенжарты дегендер де болушы еді. – Не дейсіз?! Сіз де басмашы болып па едіңіз?! Бейісқожаның таңырқай берген сұрағына Сүлеймен күліп, өзі жайында аз-кем айтты. – Біз тауда жүргенде кедей-кепшікке, жазығы жоқ ауылдарға шабуыл жасаған емеспіз. Кімге тиісуді білетін едік. Арамызда əлгінде сен айтқан Озғар секілді озбырлар болса, бір пəсте жөнге салып қоюшы едік. Озғардың өзі мен бандысы қай таудың қай шатқалында тығылғанын білесіңдер ме? – Ойбай, Сүлеймен-ау, олар сені бір-ақ оқпен жайрата салар, – деп шап етті Мұрсат. – Озғар деген қорқу-үркуді һəм адамды аяу дегенді білмейтін жауыз. Одан соң оның дəулігі де сенен кем емес. – Реті келсе, ондай жауыздарға олардың өздерінен өткен жауызбын мен. Ал оның дəулігі мені қорқыта аламайды. – Мұрсат, – деп сөзге араласты Парманқұл. – Сүлейменнің не ойлап қойғанын мен біліп қойдым. Мұны ешқандай жауызбен қорқыта алмайсың. Біз сендерге жылқы таратып бір көмектессек, сол Озғарыңды ауыздықтап, екі көмектесейік. Сендер бізге Озғардың тұрағын көрсетіңдер. – Мен сені сыйлаймын, Парманқұл. Бірақ жаңағы айтқандарыңды іске асыра алмайсындар-ау деп қорқам. – Сен осыны іске асырудың амалын ойлан. Басмашыларға қыздарыңды күң, ұлдарыңды құл етіп, ал өздерің қашанғы қорқумен күн кешіп жүре бермексіңдер? – Сен, Парманқұл, дұрыс айтасың, – деді Бейісқожа Мұрсат үшін жауап беріп. – Əттең, ауылда Озғарға қарсы бас көтерер бір ердің болмай жүргені жанымызға батады. Өзім бастайын десем, мына
Мұрсат қолдамайды. Мұрсат қолдаса, басқалар соңымыздан ермейді. Содан жүрміз, ішіміз күйіп, сыртымыз жанып. Мына Сүлеймен досың ештеңедей тайынбайтын батырға ұқсайды екен. Ұқсайды емес, хас батырдың өзі. Осындай хас батыр біздің кегімізді қайтарып берем деп тұрса, Мұрсат, неге көнбейміз? Егер осы отырған бəріміз Озғарға қарсы тұрайықшы, қаны қарайса да мəжбүрліктен бұғып жүрген жұрт соңымызға еріп, ду көтеріледі. Қане, Озғардан кек алудың жолын ойластырып көрейікші. Анамыз бізді «жиырмашақты басмашыдан өмір бойы үрейлері ұшып өтсін» деп туған жоқ шығар. – Əп, бəрекелді, – деді Парманқұл. – Осы жол нағыз еркектің сөзін айттың. Ал енді, ел сендердікі, ауыл өздеріңдікі, тауларың да өздеріңе таныс. Озғардан қалай кек алуға болатынын болжамдап көріңдер. Парманқұлдың сөзінен кейін Бейісқожа əртүрлі болжамды айтты. Алғашқыда көңіліне күдік ұялатқан Мұрсат та бірте-бірте ашылып, Бейісқожамен бірге сөйлей бастады. Бір кезде Бейісқожа былай деп байлам айтты: – Былай етейік: Тап қазір сендердің айдап келген жылқыларыңды кембағал отбасыларға таратып берейік. Сөйтіп өзіміз ауылдан ұзақтау кетіп, жасырына тұрайық. Елге таратылған жылқылар жайлы кəлхүз бастықтары заматта-ақ есітеді. Əлбетте, оларға жылқы бермейміз. Олар жылқылардың қай жақтан келгенін сан-саққа жүгіртіп, іштері əбден күйеді. Бəрін жұрттан тартып алуға дəттері бармайды. Терекcайдан мілиса шақыртып əуреге де түсе қоймас. Олай етсе, өздеріне бір де бір жылқы тимейді. Ал жұртқа таратылған жылқылардың бір-екеуіне еге болып қалулары үшін олар Озғарға хабар берері анық. Өйткені Озғар өздеріне қалаған жылқыларын қалдырып кетуі əбден мүмкін... – Бастықтар басынып, жұрттан жылқыларды өздері-ақ тартып алып қоймай ма? – деп Бейісқожаның сөзін бөлді Айдабол. – Ондайға шамалары жетпейді. Сендердің Қазақстандарыңда бастықтардан жұрттың жүрегі ұшып кетеді білем ғой. Бұл жерде олар халыққа ашық түрде тізе батыруға қорқады. Біреуден өш алу керек болса, басмашылар арқылы істейді. Бейісқожа өз болжамына серіктерін көндіріп, бəрі орындарынан тұрды. Отырған жерлеріне Желтимеспен бірге Айдаболды қалдырды.
Жылқыларды елге таратып болған соң, бəрі осында қайта оралып, Желтиместің жайын одан кейін ойласпақ болды. Ертесіне барлық нəрсе Бейісқожаның болжамдағанындай болды. Жылқыларды үй-үйге таратып болған соң ауылға Мұрсатты қалдырып, қалғандары Айдабол мен Желтимес қалған жерге келіп түнеген. Түс ауа атын қамшылап Мұрсат жетті. – Не болды? – деп сұрады Бейісқожа. – Сенің кешегі айтқаның тура келді. Əлгінде ғана ауылға Озғар он шақты бандысымен келіп кірді. Жұрттың басына қамшы үйіріп, аспанға мылтық атып, таратылған жылқыларды тартып алмақ боп, дүрбелең салып жатыр. Пұштай бастық оларға мені ұстап бермек еді, зорға қашып үлгердім. Озғар «Бейісқожа қайда?» деп саған сұрау салуда. Түрі қай кездегіден де жаман нəлетінің. – Пүліметтері бар ма? – Ол жағын байқай алмадым. – Мен білсем, қазір бандылар екі-үшеуден бөлініп, үй-үйден жылқыларды жинауға əрекеттеніп жатқан шығар. Біз олардың əр жер- əр жерде бөлініп жүрген кездерін пайдаланып, шетінен қиратып салайық, – деді Сүлеймен. Қарақшылар тоғай ішімен ауылға беттеді. Сүлеймен кеше көп жылқының ішінен өзіне лайық бір дəу атты таңдап, мініп алған. Дəу аттың жүрісі жайсыздау болғанымен, Сүлейменнің салмағына шыдамды. Тіпті мұны ауырсынбай шаба да алады. Шапқанда да төрт аяғын кең тастап, көсіле шабады. Дəу ат бірінші болып, ауыл шегіне жетті. Сүлеймен атының басын тартып, артындағыларды күтті. – Үйлерді тасалап жүрейік, – деді оған бірінші жеткен Бейісқожа. – Ауылда қанша үй бар? Үйлер көше-көше болып орналасқан ба? – Жүз елудей үй бар. Бірақ шаһардағыдай көше бар деймісің мұнда. Үйлер қалай болса солай орналасқан. Бір жерлерде тамдар бір- біріне жақын, ал бір жерлерде алыс орналасқан. Бірақ ауыл арасы тегіс. Ұрыс жүргізуге жеңіл. Осы кезде жақындау тұрған үй жақтан бір əйелдің сыңсуы естілді. Артынша бір еркектің əлдекімді балағаттап, боқтаған даусы шықты. Сүлеймендер шеткі тамды тасалап, дауыс шыққан жаққа барды. Тамды айнала бергенде, алдарынан бір əйелдің бұрымын тақымына басып, сүйрелеп бара жатқан аттылыны көрді. Аттылы жалғыз емес.
Жанында өзі сияқты торы атқа мінген, арқасына мылтық асынған қаба сақалды біреу бар. Онысы əйелді қамшысымен сабап-сабап қояды. – Əй, қаншық, өлейін демесең айт! Жылқы қайда? Мұны көргенде Сүлеймен шыдамады. Атына қамшысын басып, ол екеуінің жанына жетіп барды. Аналар əйелдің сыңсуынан мұның атының дүбірін есіткен жоқ-ты. Тек Сүлеймен жандарына жеткен кезде ғана байқады. Артта келе жатқаны қамшысын тақымына тыға сап, арқасындағы мылтығын ала берген. Бірақ үлгермеді. Үлгермеген себебі Сүлеймен оның желкесінен шап берді де атынан жұлып алды. Аттан жұлынғанның аяқтары жерге тие бергенде Сүлеймен оның басын тақымына басты. Ал екіншісі əйелді жібере сап, ары қашпақ болған-ды. Алайда қасына жеткен Парманқұл мылтықтың дүмiмен оның бетінен бір соғып, жерге жалп еткізді. Бейісқожа аттан түсе сап, оны шоқпарымен екі-үш мəрте періп-періп жіберді де мылтығын алды. Демде басы қан-жоса болған басмашының демі бітті. Сүлеймен де тақымына басқан басмашыны өлтіріп қояр ма еді, егер: – Оны өлтірме, Сүлеймен, оны өлтірме. Ауылда Озғардың қанша адамы бар екенін біліп алайық, – деп Бейісқожа жүгіріп кеп, араша түспегенде. – Алдымен мылтығын алсайшы, одан соң жіберемін бұл найсапты. Бейісқожа оның мылтығын алғанша, тақымындағы басмашыны жібермей тұрды. Бейісқожа оны қарусыздандырғанда, тақымын көтеріп қап еді, анау сорлы екі құлағын басып, шалқасынан түсті. Сүлейменнің бір қысқанынан тіл-аузынан айрылып қалғаны былай тұрсын, екі мұрнынан қан сорғалап, екі көзі төңкеріліп қалыпты. – Шамаң келсе, сөйлет оны. Бейісқожа басмашының екі бетін шапалақтап, ары-бері сілкілеп, есін жидыруға қанша əрекеттенсе де, анау өзіне-өзі келмеді. Былқ- сылқ күйі қорылдап жатты. – Сен тақымыңа бір қысқанда, сорлының миына қан құйылып кеткен-ау, шамасы. Енді қалсын осылай. Жұртқа бекерден-бекерге зəбір көрсеткеннің қандай болатынын ұғып, қиналып жатсын. Ой, жаңағы əйел қайда? Мұрсат, сен байқамадың ба, оның қайда кеткенін? – Үйіне қашып кетті. Бізді таныса да, мына Парманқұлды басмашы деп ойлады-ау, деймін. Жə, не қыласың оны. Мына екеуінің денесін анау арыққа сүйреп, тастай салайық. Басқалары байқамасын.
Екі басмашыны оңай жайғаған қарақшылар ауыл ішін аралап, бес- алты үйден өткенде, оншақты жылқыны қуып келе жатқан үш басмашыны көрді. Бір тамның тұсына олар жылқыларды иіріп, біреуі тамның ауласына кірді. Басмашылар үй-үйдегі жылқыларды шетінен жиып, айдап келе жатқан сияқты. Сүлеймен тобы тағы да бір тамның тасасына жасырынды. – Басмашылардан басқа жан адам көрінбейді ғой. Ауыл тұрғындары қайда кеткен? – Сүлеймен, тұрғындардың бəрі үйді-үйіне тығылып алған да. Бұлар келгенде сыртта бір адам жүрмейді, – деді Мұрсат. – Жаңағыларды оп-оңай алдық. Мыналарды қалай алсақ екен? Əркім «не істесек болады?» дегендей үнсіз. Қиыннан жол табатын Парманқұл да жуық арада ештеңе айта қоймады. Осы кезде басмашы кірген үйден айқай-шу шықты. Айқай-шумен бірге тарс етіп атылған мылтықтың даусы бірге естілді. Бергі жақта жылқыларды иіріп, бетін қайтарып тұрған екі басмашының бірі мылтық даусы шыққан сəтте қаруын оңтайлады да, атын тебінтіп, үй жаққа шапты. Ал айқай-шу басылар емес. – Əй, осылай шарасыз тұра береміз бе. Жақындайық та аналарға, – деген Сүлеймен жылқы иірген басмашыға қарай құйғыта жөнелді. Айқай-шу шыққан үйге мойнын созып, атын ары-бері ойқастатып тұрған басмашы Сүлейменді өзіне жақындаған кезде ғана байқады. Дəу аттың үстінде алпамсадай болып отырған Сүлейменге көзі түскенде, ол сорлы сасып қалды ма, атын бұра беріп, қамшысын қолынан түсіріп алды. Тізгін ұстаған қос қолымен атының мойнын ұра бастады. Алайда астындағы аты иіріліп тұрған жылқылардан ұзағысы келмегендей, табандап жүрмеді. Басмашы қорыққанынан мылтығын алып, кезенуді де ұмытты. Аты ыңғайына көнбеген соң жерге секіріп түсті. Ойы – серіктеріне қарай қашпақ еді. Онысы орындалмады. Өйткені бұл кезде Сүлеймен жанына жетіп қалған. Басмашының қап-қара сақал-мұрты болғанымен жас жігіт екен. Атын өңмеңдетіп қасына жетіп келген Сүлейменнен жүрегі ұшып кетті ме «Ə-ə-ə» деп біртүрлі үн шығарып, аттың тура алдына жата кетті. Шауып келген Сүлейменнің аты оны басып қалуға шақ қалды. Зады ат адамды баспайды. Дəу ат екпінімен келсе де, шетке бұрылып үлгерді.
Ат шалт бұрылғанда, тақымын бос ұстаған Сүлеймен ерден ауып түсті. Ерден ауғанда тура жерде жатқан басмашының үстіне түсті. Басмашы бұның салмағынан жаншылып қалғандай, «уə-ə» деген бір дыбыс шығарды да, талып қалды. Енді оның қауіпсіз екенін көрген Сүлеймен орнынан тұрды. Бұл сəтте Парманқұлдар да жетіп үлгерген. Ал аула жақтағы басмашылар жұртты əлі шулатып жатқан. Бейісқожа жерде демсіз сұлаған басмашыға қарады: – Қалғандарының бері шығуын күтейік те, келе бергенде тарпа бас салайық. Үй жақтан мылтық тарс етіп, тағы бір рет атылды. – Ойбай, хайуан. Өлтірдің ғой, өлтірдің, – деген əйелдің ащы даусы естілді артынша. Мұрсат жердегі басмашының мылтығын алды. – Мен білсем, мыналар біреуді атып өлтірген тəрізді. Тасалап барып, өз мылтықтарымен өздерін жайратып салайық. Осы кезде тағы да мылтықтың даусы шықты. Əлгінде ғана ойбайлаған əйелдің үні бірден өшті. Сірə, басмашылар оны да атып тастаған секілді. – Бұл кімнің үйі еді? Отағасын танитын ба едіңдер? – Сен де болмайтын сұрақты береді екенсің, Парманқұл. Мұның кімнің үйі екенін білмеуші ме еді, бұлар. Кім болса да бұл жердің тұрғындары қазақтар ғой. Оларды улатып-шулатып қоямыз ба? Сүлейменнің артынан серіктері ілесті. Бірақ бұлар үйдің бұрышына жеткенде, аула жақтан үш жылқы шауып шықты. Жылқылардың артынан екі басмашы көрінді. Мұрсат мылтығын жылдам оқтап, екеуін екі оқпен жайратып салды. – Ойпырмай, Мұрсат, мерген екенсің-ау. – Уа-а, Сүлеймен, құралайдың көзін ататын мерген ғой бұл. – Осыларға қашаннан бері қаным қарайып жүр еді. Көргенде шыдай алмай кеттім, – деді Мұрсат аттан ауып түскен екі басмашыны аяғымен кезек-кезек түртіп. – Оқты тура шекелерінен тигізген екенмін. Сүлеймен үйді айналып, аула жаққа барды. Есік алдында бір еркек, бір əйел өліп жатыр. – Алда, жазғандар-ай! Бұ байғұстар осы ауылға былтыр ғана келген кісілер еді. Мына кісінің аты – Оңғарбай, «Сарысу жақтың
ыстысымын» деуші еді, бейшара. Нəлеті басмашылар, өзін де, əйелін де атқан екен ғой. – Қап, Бейісқожа. Араша түсуге үлгере алмағанымызды қарашы. – Қойыңдар, бұлай тұра беруге болмас. Басмашылардың ерттеулі аттарын осында əкеп, панаға байлап қояйық та, қалғандарын ауыздықтауға əрекеттенейік. – Менің де, жоқ, бəріміздің де ойымыз сол ғой, Парманқұл, – деген Бейісқожа ауладағы қораны нұсқады: – Аттардың барлығын анау қораға қамайық. Басмашыларды бір жақты қылсақ, бəрін қайтадан елге таратып береміз. – Мына өліктерді осылай ашық күйлерінде тастап кете береміз бе? – Сүлеймен, оларды жерлеуге қазір мүмкіндігіміздің жоқ екенін білесің. Жаңағы айтқанымыздай, басмашыларды бір жақты қылайықшы. Бесеуі жылқыларды қораға айдап кіргізді. – Бағана сен мұндағы басмашыларды он шақты деп пе едің? Бесеуін жайғадық. Енді бесеуі қалды ма? – деді Парманқұл Мұрсатқа үйден шыға бере. – Нақты санын кім білген. Маған солай көрінген. Бəлкім одан да көп шығар. Əр жерге шашыла салынған тамдардың бірталайын айналып өткен Сүлеймен тобына басқа басмашылар кездесе қоймады. Тіпті ауыл адамдарының бір де бірі ұшыраспады. Ойнап жүрген бала атаулы да көрінбейді. Ит екеш иттер де ұяларына тығылып алғандай ма, қалай, алдарынан шықпады. Осындай тыныштыққа таңырқаған Сүлеймен қатты таңырқады: – Бейісқожа, Мұрсат, ауылдарының балалары мен иттері де басмашылардан ығып, үйлері мен үйшіктеріне тығылып алған ба? – Мылтық даусынан алдымен бала мен ит қорықтаушы ма еді. Басмашылар бүкіл ауылдың үрейін ұшырып қойған. Мұны мана айттым ғой. – Əне бір үйдің бұрышынан сығалап тұрған кім? Бейісқожа Сүлеймен нұсқаған үйге қарады. Сығалап тұрған кісіні көрген соң: – Ей, Елемес, бері кел! – деп қол бұлғады.
Алау жігіт бұрыштан атып шықты да бері жақындады. Жүзінде үрей бар сияқты. – Беке, «сізді Озғардың адамдарына қосылып кеткен бе» десем, жаныңыздағылар өзіміздің қазақтар екен ғой. Мұрсат көкем де сізбен бірге екен. Жол болсын. Озғармен атысуға бара жатырсыздар ма? – Олар көрінбейді ғой. Қайда өздері? – Екі-үш басмашы қазір ғана кеше сіздер бізге берген жылқыларды айдап əкетті. «Біз ауылдан шығып кеткенше, бір де біреуін үйлеріңнен шығушы болмаңдар» деп кетті. Мен зəр қыстап далаға шығып едім, сіздерді көріп қалдым. Олар сіздермен кездескен жоқ па? – Жоқ, əлі кездеспеді. Озғардың өзі қайда екенін білмейсің бе? – Ол Пұштай бастықтың үйінде-ау деймін. – Басмашылар жылқыларды қайда айдап кетті? – Пұштайдың үй жағына. Сірə, оларды кəлхүздың қорасына жинап жатыр-ау деймін. Айтпақшы, бағана бір басмашы «сізді тап» деп Əнесқожаны əбден сабады. Жеңешемді де аямады. – Əйтеуір өлтіріп қойған жоқ па? – деп шап етті Мұрсат Бейісқожадан бұрын. Бейісқожа ерінің қасын қолымен сығымдай ұстап, тістеніп отырды. – Əнесқожа деген кім? – Бейісқожаның інісі ғой, – деді Елемес Мұрсат үшін жауап беріп. – Бірақ Бəке, басмашы оны қатты ұрмады. Қамшымен екі рет салып жіберді. Ал жеңешемді бір-ақ рет ұрды. Мен «əбден сабады» деп қатты айтып жіберіппін. Шынын айтқанда, оларға ештеңе де болған жоқ. Бейісқожа əлі үнсіз. Түнерген қалпынан айнымай отыр. Мұрсат та сөз айтпады. Оның да бетінен ашудың табы байқалады. Болмашы нəрсені айтып қойғаны үшін өзін мына екеуі таяқтап тастай ма деп ойлаған Елемес: – Атаңа нəлет ит басмашылар. Адамды сөзінен де жаңылыстырып қояды ғой. Одан соң сіздің жаныңыздағы мына бір дəу кісіні көріп, жүрегімнің ойнап кеткені. Жалған айтсам, кешіресіз, – деп қипақтады екі көзін Сүлейменнен алмай. – Əнесқожа басмашыларға не деді?
– «Көкемді кешеден бері көргенім жоқ» деді. Басқа ештеңе айтпады. – Сен жұрттың бəріне хабарла. Қорықпай үйлерінен шығып, Пұштайдың там жағына келсін. Біз қазір сол жерде Озғардың басын кесеміз. – Е, мейлі, көке. Мен айтуын айтам ғой. Бірақ олар барса деңіз. Бейісқожа қайтып оған сөйлемеді. Өз серіктеріне бұрылды: – Есіттіңдер ғой, басмашылар Пұштайдың үй жағына кетіпті. Олар біз жайратқан сарбаздарын күтіп отырған болар. Сəл кешіксек, басмашылар оларды іздеп шығуы мүмкін. Ал біз бұрын қимылдап, Озғарды бандысымен қоса, өзін де қолға түсіруге ұмтылайық. – Сонда Пұштайдың үйіне қарай осылай ашық жүре береміз бе? – Саған «ашық жүрейік» деген ешкім жоқ, Мұрсат. Сақтық амалдарын жасап жүретініміз хақиқат қой. Пұштайдың үйі еңістеу жерде екен. Еңіске түсе бере жердегі бір үйдің жанына келгенде Бейісқожа атын тоқтатты. Төменгі еңістегі бес-алты үй алақандағыдай көрінеді. Арғы жақтағы таспен қоршалған колхоз қорасы да көзге айқын шалынады. Қора іші жылқыға толы. Ал оның маңында мылтық асынған үш-төрт кісі жүр. Олар жылқыларды қарауылдап жүрген басмашылар екенін бұлар бірден сезді. – Алдымен соларды қолға түсірейік. – Мұның жөн, Сүлеймен. Бейісқожа, Пұштайыңның үйі қайсы? – деді Парманқұл. – Бес үйдің ортасындағы үлкені соныкі. Үй алдында бес-алты aт байлаулы тұр ғой. Көрдіңдер ме? – Көрдік. – Көрсеңдер, «құрбашымын» деп, өз көкірегін өзі қағып, өзін осы өлкенің қожайыны санайтын Озғар сол үйде отыр. Біз осы жерге аттарымызды қалдырайық та, қораға жаяу жақындайық. Аттарын Бейісқожа көрсеткен жерге байлаған қазақ қарақшылары, бұқпантайлап қораға жетті. Осы жерде біраз ойласып алды да, қораның дуалынан асып, ішке түсті. Ойлары – қораның iшiндегi жылқыларды тасалап, ауызда отырған басмашыларға жету. Мылтықтарын оңтайлап алған бесеуі діттеген жерлеріне тез келді. Қора аузында ағаш есік бар екен. Ар жағында үш басмашы мылтықтарын алдарына қойып, беймарал сөйлесіп отыр. Бейісқожа мен Парманқұл шарбақ есікке асылып тұрып:
– Қолдарыңды көтеріңдер! – деп айқайлады оларға. – Кім де кім мылтығына қол созса, атып саламын. Үш басмашы сасқалақтап, не қолдарын көтермей, не мылтықтарына жармасарларын білмей, бір-біріне қарады. Мұрсат шарбақ есіктен жылдам асып, отырғандардың мылтықтарын жинап алды. – Қолдарыңды көтеріңдер дедік ғой сендерге, – деп біреуінің ішіне мылтықтың ұңғысымен бір ұрды. Анау екі бүктетілді. Қалған екеуі қолдарын көтерді. Мұрсат оларды да бір-бір тепті. Ішін басып, бүктетілген бойын тіктеуге шамасы болмаса да, екі қолын басынан асыра көтерді. Басмашылардың енді қауқарсыз екенін білген Бейісқожа мен Парманқұл да шарбақтан бері өтті. Одан кейін Сүлеймен келді. Бұл кезде мылтықтың ұңғысы ішіне тиген басмашы бойын жазып, бұларға қарады: – Уай, Бейісқожа əкамбісіз? Сізді бағаналы бері Озғар əкам іздетіп жатыр. – Іздесе қайтем. Мені тапқанда атып тастамақ па едіңдер? Енді өздеріңді атамын! Озғар қайда? – Пұштайдың үйінде. – Онда тағы кім бар? – Ерсін мен Ордаш бастықтар да келген анау ауылдардан. Қазір бəрі көкнəр ішіп, кəйіп қылып отыр. – Озғарда мылтық бар ма? – Пүлiмөт бар. – Сүлеймен, бұларды не істейміз? – Үшеуін де атып тастайық, – деді Мұрсат Сүлеймен аузын ашып үлгергенше. – Уай, Бейісқожа əка. Ататындай сіздерге не жаздық? Жібере салыңыздаршы. Тура қазір Озғарға да қарамай, тау жаққа кетіп қалайық. Білесіз ғой, Озғар бізді зорлықпен қарамағына қосып алған. Содан құтылсақ, мылтығымызды тастап, қышлақтарымызға тарап кетер едік. – «Озғар өзіне зорлап қаратып алды бізді» дейсің-ə? Қолдарыңда – мылтық. Қышлақтарыңды сағынып жүрсеңдер, оны атып өлтіріп, тарап кетпейсіңдер ме? Сен, қатынның сөзін айтпа. «Өзімде билік жоқ итаршымын» десейші, одан да. Айтшы, қанша қазақты, бір ғана
қазақты емес-ау, қанша жазығы жоқ адамды өлтірдің? Қанша адамның қатынын тартып алдың? – Уə, əка, мен өздігімнен күнə іс істегенім жоқ. Бəрі Озғардың айтуымен болған. – Міне, көрдің бе, сен біреу айтақтаса шаба беретін нағыз иттің өзісің. Қожайының жұмсаса – адам өлтіресің, қыз зорлайсың. Бірақ осының бəріне біреуді кінəлі санайсың. Ай, сенімен неге айтысып тұрмын мен. Əйда, анау қораның дуалына қаз-қатар тұра қалыңдар. Тізіп қойып, атып тастайын. Бейісқожаның сөзіне басмашылар не айтарларын білмей, ahiлел- үһілеп күрсінді. Аздан соң жаңағы сөйлегені Бейісқожаның аяғына жығыла кетті. – Ойбай, əка, біз сізге жаманшылық қылған жоқ едік қой. Рахым қыла көріңізші. Керек болса, қазір барып, Озғарды атып келейін. Басын кесіп, алдыңызға əкеп тастасам, күнəмді кешесіз бе? Бейісқожа оның басына бір тепті. Бір тепкенімен тоқтап қалмады. Онымен қоса, анау екеуін де оңдырмай тастады. Сүлеймен Мұрсатқа қарады: – Мынау бағаналы бері қақсап жатқанның аты кім өзі? – Бейісқожа, осы сұмның аты кім? Ол біраз ойланып тұрды. Жауапты басмашының өзі берді. – Ə, менің атымды сұрап тұрсыз ба? Құрбан – менің атым. Мені осындағылардың бəрі біледі. – Онда, Құрбан..., əй, Бейісқожа, қоя тұршы тепкілей бермей. Сен, Құрбан, жаңа не дедің? Озғардың «басын кесіп əкелейін» дедің бе? – Иə, иə, əка. Егер мені өлтірмей тірі қалдырсаңыздар, қазір барып, Озғарды атып саламын. Оның онсыз да күні бітіп барады. – Осы сөзінде тұрасың ба? – Ой, Сүлеймен, сенбе бұған. Ит иесін қабушы ма еді? – Жоқ, жоқ, мына əкам «сөзіңде тұрасың ба» деп дұрыс айтады. Əлбетте, тұрам. Тек жіберіңіздерші. – Онда, тұр орныңнан! Құрбан орнынан көтеріліп, үсті-басын қақты. Оған ілесіп, анау екеуі де тұра беріп еді, Бейісқожа оларды тепкілеп-тепкілеп, қайта жатқызып қойды. – Сендерге əлі ешкім тұр деген жоқ. Содан кейін қазақ қарақшылары өзара айтысып біраз тұрды.
Бейісқожа мен Мұрсат Құрбанды Озғарға жіберуге қарсы болды. Екеуінің ойынша, бұл сатып кетеді. Ең жақсысы – бұларды атып тастап, Озғарға өздері шабуылдауы керек. Сүлеймен болса, өз айтқанынан қайтар емес. – Сен екеуің мынаны ойлаңдаршы. Мақұл, үшеуін де атып тастайық. Сосын Озғарды өлтірейік те, жылқыларды жұртқа қайта таратайық. Ал сонда, кəлхүз бастықтарына не істейсіңдер? Біз Парманқұл, Айдабол үшеуміз ертең бұл жерден кетеміз. Сендер қаласыңдар. Сол кезде кəлхүз бастықтары өздеріңе тыныштық береді деп ойлайсыңдар ма? Бұл – бір. Екінші, Озғардың тауда қалған сарбаздары келіп, шауып жүрсе, не істемексіңдер? Екеуің-ақ оларға қарсы тұра аласыңдар ма? Бейісқожа мен Мұрсат үндемеді. Шынында Сүлеймен айтқан жəйттерді ойламаған сияқты. – Сонда не істе дейсің? Бірақ бұларға қарсы ақыры бас көтердік пе, енді оны аяғына дейін апарамыз. Дегенмен, расында, кəлхүз бастықтары туралы қаперімізге кірмепті. – Күні ертең iс насырға шауып бара жатса, колхоз бастықтарын қарабет қылатын бір амал бар. Ол амалды қазір жасап алуларың керек. Ал қазір Озғарды бір жақты етіп алайық. Менің əдетім бар, өзіме жалынған қауқарсыз адамға қол көтере алмаймын. Егер шектен шығып, жынымды бір қоздырып жіберсе, онда оның өлгеніне қарамаймын. Мына сорлыларға қазір жаным ашып тұр. Бəлкім бұлардың қылмысын көрмеген соң солай боп тұрған шығар. – Осылар жасаған күнəһарлықты көрсең, болмаса естісең, төбе шашың тік тұрады. Қазір ғой, сұмдар моп-момақан болып тұрғаны. – Сонда да қолымызды қанға мала берген жақсы емес. Одан да басмашылар бір-бірін өлтірсін. Сүлейменнің сөзінен өзінің аман қалатынын білген Құрбан, екі қолын қусырып, тізерлеп отыра кетті. – Жөн айтасыз, əка, жөн айтасыз. Өз кінəмді мен Озғарды өлтіріп қана жуа аламын. Жіберіңіздерші мені оған тезірек, Тура барамын да, ай-шай жоқ, қақ шекесінен атып саламын. Сөйтіп басын кесіп аламын да, дəл сіздің аяғыңыздың астына тастаймын. – Сүлеймен, сенбе оған. – Қоя тұршы, Бейісқожа, бір сөзді қайталай бермей. Алдаса, өз обалы өзіне, Құрбан «сөзімде тұрамын» деп Құдай атымен ант-су
ішші. – Ант етем, ант етем, – деп Құрбан бетін қайта-қайта сипады. Ол аздай жерді алақанымен қайта-қайта сабалады: – Aнттан тайсам, қызығымды қара жер көрсін, қызығымды қара жер көрсін. – Енді орныңнан тұр! Қолыңа мылтық пен бір-ақ оқ беремін. Мылтықты қолыңа, оқты қалтаңа саласың. Үйге жеткенде мылтықты оқтап ал. Мынау Мұрсат құралайды көзге ататын мерген. Сен үйге кіргенше, бұл сені қарауылға алып тұрады. Антыңнан тайып, шалт кетсең, о дүниелік болдым дей бер. Парманқұл, мылтығыңдағы оқтарды шығар. Бір оқты қалтасына сал. Сен, Мұрсат, іліп тұр мұны қарауылыңа. Құрбан қуанып кетіп, Парманқұл берген мылтықты иығына ілді. Оқты қалтасына салды. – Аз уақыттан кейін Озғардың басы аяғыңыздың астында жататын болады. – Мен сені сөзіңде тұратын еркек деп жіберіп отырмын. Ал мына екі серігің бізде кепілде болады. Осыларды аясаң, айтқаныңды істе. Құрбан Пұштайдың үйіне қарай жүгірді. Бейісқожа мен Айдабол екі басмашыны дуал түбіне отырғызды. Сүлеймен мен Парманқұл жүгіріп бара жатқан Құрбанның артынан қарап, ал Мұрсат оны мылтығымен қарауылға алып тұр. Құрбан үйге жақындағанда, алдынан иығына мылтық iлген бір кісі шықты. Ол сол кісімен азырақ сөйлесті де, Сүлеймендерге қаратып, қолдарын сермеп-сермеп қойды. Сосын екеуі үйді айналып кетті... – Ой, анау басмашы мылтығын оқтаған да жоқ қой. Қасындағысына біз туралы айтты-ау. Үйді айнала бергенде бекер ата салмаппын да. Бұлай ашық тұрмай, қалтарысқа паналайықшы. Кім біледі, не боларын. Құрбан бізді сатып қойса, Озғар бəрімізді пүліметпен жайпап салар. Бəрі Мұрсаттың сөзін жөн көріп, дуал түбіне жасырынды. Бірақ көздерін үй жақтан алмады. Ал үй жақ тым-тырыс. Атылған мылтықтың даусы да естілмеді. Ешкім бері шықпады да. – Қызық, Құрбан серіктеріне не айтып жатыр екен? – деді Бейісқожа. – Соның өзін бекер жібердік. Сен, Сүлеймен, сенбейтін адамға сенеді екенсің.
– Қазірше бүлініп бара жатқан ештеңе жоқ, Мұрсат. Сəл сабыр сақтайық та. Сөзінде тұрмаса, өзінің анты ұрады. – Бұлар антқа тұратын адамдар деймісің. Ей, айтыңдаршы, сендер антқа беріксіңдер ме? Мұрсат екі басмашыға қарады. Басмашылар қазақтарға жауап бермек түгілі, тура қарауға да қорқатын сияқты. Жүректері ұшып отырған сорлылар не десін? Осы кезде Құрбан кірген үйден төрт кісі шықты. Алдында – Құрбан. Бəрінің қолдарында мылтық. Үй артына қаз-қатар тұра қалған олар Сүлеймендерге қаратып оқ ата бастады. Бұлар жата-жата қалысты. – Қап, жаңа айттым ғой, «сенбеңдер Құрбанға», – деп кіжінді Мұрсат. – Жə, болды. Қазір айтысатын уақыт емес. Одан да шын мерген екеніңді көрсетіп, аналарды бір-бірлеп жер жастандыршы. Бейісқожаның сөзінен кейін Мұрсат мылтығын алға кезеніп, басмашыларды көздей бастады. Үш-төрт рет оқ атқан басмашылар бері қарай ентелей жүрді. Қорықпайтын сияқты. Ашық келе жатыр. – Нəлеті таулық, жаңа «антымды бұзсам қызығымды жер көрсін» деп пе еді. Көрсін, енді, жер қызығыңды. Алдағы Құрбан шалқасынан түсті. Оны көрген қасындағылар бір сəт тоқтап қалысты. Осы мезет Мұрсат екінші біреуін жер құштырды. Оның өкіре құлағаны сондай, даусы бұларға анық жетті. Тік тұрған екі басмашы ол сұлап түскенде, оған қарауға да шамалары келмей, артқа қашты. Мұрсат тағы бір рет атты. Енді қашқанның бірі етпетінен түсті. Сол-ақ екені төртінші басмашы жата қап, алға еңбектей бастады. Ал жаңағы құлағаны əлі тірі екен. Ол да жер бауырлай алға жылжыды. – Həлетiлердi еңбектеген күйлерінде жерге қадай салайын. Мұрсат мылтығын тағы оқтай бергені сол еді, үй бұрышынан үлкен жүн қалпақ киген біреу шыға келді. Еңбектеген басмашы оған бірдеңе деп айқайлады. Жүн қалпақгы зып беріп, үй бұрышына тығылды. Бұл кезде Мұрсат мылтығын оқтап үлгерген-ді. Жараланса да, жандəрмен алға жылжығанды бір атып, қозғалтпай тастады. Оның алдындағыны да бір атып, сеспей қатырды. – Мынау шынымен-ақ мерген ғой. – Ə, мені бекерге айтады деймісің, Сүлеймен.
Бейісқожа сөзін аяқтағанша, үй бұрышынан манағы дəу қалпақты қайта шықты. Қолында жуандау бірдеңе бар. Сонысын қазақтарға қаратты. – Пүлімет, пүлімет. Кейін шегініп, дуалдың арғы жағына өтіңдер, – деп айқайлады Мұрсат. Дүрсілдеген пүлімет даусы жер-көкті жарып жіберді. Артқа еңбектей шегінген қазақтардың үстілерінен ысылдап оқтар өтіп жатыр. Денесі ауыр Сүлеймен серіктерінің соңында қалып қойды. Ең алдағы Айдабол дуал бұрышына бірінші жетіп, ары бұрылып, көрінбей кетті. Сүлейменге сол бұрышқа жету үшін əлі біраз жер. Өмірінде қанша қауіп-қатерді көрсе де, дəл бұлай қашпаған бұл, тоқтай қалды да, артына қарады. Тура үй бұрышында тұрып алған дəу қалпақты пүліметінен оқты бір жаудырып, бір тоқтатып тұр. Сүлеймен артына қарағанда, ол атуын тоқтатып тұр еді. Артынша қайта атты. Бірнеше оқ ысылдап мұның тура құлақ үстінен өтті. Не істеуді ойлауға мұршасы келмеген ол, басын төмен бұғып, дуалға қарай аунап түсті. Сонда байқады. Бағана өздері отырғызып қойған екі басмашының жанына келіп қалған екен. Дуат түбінде қатар отырған екеуі бір жаққа бірдей қисайыпты. Біреуінің басы мылжа-мылжа. Сорлыға пүліметтің оғы тиіпті. Ал біреуі тірі. Соны паналап жатыр. Сүлеймен жатқан күйі тірісін өзіне қарай тулақша тартып алып, жанына жатқызды. Оққа қалқан болсын дегені ғой. Бірақ осы сəтте пүлімет атуын тағы тоқтатты. – Атып тұрған кім? – деді Сүлеймен басмашыға. – Озғар ғой, – деді анау үнін əзер шығарып. – Ойбай, ол қазір жүгіріп келсе, мені де атып тастайды. – Несіне жылайсың? Бəрібір өлетін адамсың. Алайда Озғар жүгіріп келмеді. Қайта оқ та атпады. Сүлеймен басмашының белінен басын асырып, үй жаққа қараса, Озғар жоқ. «Пəле бiр шeттен келе жатқан жоқ па» деп жан-жаққа көз салды, Озғар еш жерден көрінбеді. Бірдеңені тасалап келетіндей, алдыңғы жақта сай-сала, ор-жар да жоқ. – Əй, сенің Озғарың қайда кетті? – Оғы таусылған шығар. Бағана белдемшесіндегі пүліметтің оғы азғантай-ақ еді. – Шынында солай ма еді?
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 490
- 491
- 492
- 493
- 494
- 495
- 496
- 497
- 498
- 499
- 500
- 501
- 502
- 503
- 504
- 505
- 506
- 507
- 508
- 509
- 510
- 511
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 500
- 501 - 511
Pages: