Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-11-24 12:25:35

Description: Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Search

Read the Text Version

қаша жөнеледі. Бірақ аналар мұның соңынан қумайды.. Бəрі қатарласа тұрып, мылтықпен көздеп ата бастайды. Ешқандай оқты денесіне дарытпаған əкем сол шапқан күйі Бадамнан өтіп, қыр басына шығады. Осы кезде орыстардың басшысы: «Қашып бара жатқан осы жабайы қазақты кім бір оқпен атып құлатса, осы ауылдың аты соның атымен аталатын болады», – деп айқайлапты. Арасында Əліксəндіріп деген мерген біреуі бар екен. Сол қыр басында атпен шауып шыққан əкемді бір атып құлатыпты. Қайран əкем, сол жерде мерт болады. Ал əлгі орыстар осы маңдағы жер-судың, ауыл-аймақтың аттарын тізіп, қағазға түсіріп жүрген үкіметтің адамдары екен. Сондықтан да ауыл атын жаңалау қолдарында болған да. Жаңағы басшы сөзінде тұрып, əкемді атып өлтірген ауылдың атын жаңағы мергеннің атымен – «Əлiксəндіріпка» деп атап кетеді. Ол ауылды өзің де білесің. Сендер отырған жердің төменгі жағында. Ал бұрын ол ауыл – Қосшоқы деп аталатын. Біздің жерге қоқандықтардың орнына келген орыстар датқа деген атты жойып, əр руға бір-бір болыс сайлауды шығарды. Болыс болған адамды ел бұрынғы қоқаннан қалған атпен атап, датқа дей береді. – Менің жақыным Қасымбекте бұрын датқа болған ба? – Жоқ. Ел сиқым Қасымбек, жаныс Қасымбек деп екіге бөліп айтатын Қасымбектің екеуі де болыс болған. Жұрт кейде екеуін де ескі ұғыммен датқа дейді. Сиқым Қасымбектен кейін оларда Жандарбек болыс болды. Біздегі Қасымбектен соң, болыстыққа Абылай сайланды. Бірақ қанша дегенмен бұлардың ешқайсысы сиқым Қасымбек сияқты елге билік жүргізіп, төрелік айта алмады. Жарықтық, сиқымдағы Қасекең – сенің бабаң Төле биге ұқсап туған нардың өзі еді... Бұлар осылайша əңгімелесіп келе жатып, Досалы бидің ауылына жақындап қалғандарын да сезбей қалды. Көбек ауыл шетіндегi орыс үлгісімен салынған дəутамды көрсетті. – Əне бір қызыл түнікелі үйді көрдің бе? Досалы бидің үйі – сол. Осы жерде аттан түсіп, оған жаяулата жақындайық. Тура үй маңына дейін атпен ойқастатып барған адамды Досекең аямайды. Малайларына айтып, дүре соқтырып жүруі мүмкін. Атан түсіңдер! Бəрі Досалының үйіне қарай жаяу беттеді. Бұлар үй маңындағы төбесі қамыспен жабылған ұзын қораның жанына келгенде, алдарынан екі қызметші жігіт шықты.

– Би үйде ме? – Үйде, Көбеке, үйде. Кеше ғана Қазығұрт жақтан келіп еді. Қалай, өздеріңіз аман-сау жеттіңіздер ме?– деді ұзынша келген бірі. – Қасында кім бар? – Шегip Естемес би мен Сүгірəлі болыс, Елтай төре бар. – Елтай төре деймісің? Ол хан тұқымының биде қандай шаруасы бар екен? – Қандай іспен келгенін бізге айтады деймісіз. Естуімше, Қарабұлақ үстіндегі сарттар мен қазақ төрелері жерге таласып қалғанға ұқсайды. Сол шаруамен келіп отыр-ау, шамасы. – Оншақты үй төре осында ауып келгелі бері жер дауымен-ақ өмірлерін өткізетін болды-ау. Қайбір жылы да Ақсудағы қусирақтармен жер дауына түсіп жүруші еді... Сендер осында қалыңдар. Менімен Сүлеймен жүрсін, Би үйі аса сəнді екен. Алдында ұзыннан бастырмасы бар. Көбек пен Сүлеймен сол бастырмадан өтіп, есігі оюланған төргі бөлмеге кірді. Кең бөлменің төрінде шоқша сақалды екі кісі отыр. Екеудің оң жағындағы дөңгелек жүзді, қоңқақ мұрынды кісінің жанында жалпақ бет, дүрдиген ерінді, екі көзі тұздай көкпеңбек, түсі суық, қақпақтай жауырынды тағы біреу бар. Олардың бергі шетінде бір əйел қымыз құйып отыр. – Ассалаумағалейкум, – деп дауыстай кірді Көбек. – Уағалейкумассалам. Əй, Көбекпісің? Қалай, ат-көлік аман жеттіңдер ме? – деді жаңағы түсі суық кісі бірінші жауап қатып. Екеуі дастархан шетіне отырды. – Қымыз құй балдарға, – деді əлгі кісі əйелге бұрылып. Сосын жүзін Көбекке бұрды: – Мынау қай бала? – Өз баламыз ғой. Қожамжардың ұрпағы. – Қожамжардың ұрпағы дейді. Біркөліктің етегін ендеген Қаракөк жаныстанмын десейші. Қожамжардың төрт қатынынан он екі бала туылған ғой. Қай баласынансың? Датқа əулетінен емеспісің? – Жоқ. Бұлар Дауылбай балдарынан, – деді Көбек Сүлейменнің орнына жауап беріп. – Кімнің баласы? Өзі айтсын да. – Мəменнің баласымын. – Қай Мəмен? Сұлтаннан туған Мəмен бе? – Иə.

– Ə, жөн. Үш ата өрбіген Дауылбайдың ұрпақтарының ішінде атан түйеге тартып туған ешқайсысы болмаушы еді, Сірə, сен Төле бабаңа тартқансың-ау. Нағашың қай ел? – Менің жиеншарым ғой, биеке. Аты – Сүлеймен, – деді Көбек лепіре сөйлеп Досалының бірден Сүлейменге көңілі толғанына масаттанғандай. – Ой, қызталақ. Ат үстінде мықтылығы болмаса, сенің əулетіңнің қайсысы мұндай дəу еді. Бұл баланың жасы қаншада? Түйе балуандай пішімі бар екен. Күреске салып көрейік те. Жүрегі бар бала ма, жоқ бала ма? – Денесі қандай болса, жүрегі де сондай мықты. «Əулиетаста» қабыланды, Аюқұлағанның сайында қабанды жалаң қолмен ұрып алды. Ал жасы он жетіде. – Пəлі дерсің. Қабылан мен қабанды жеңгені былай тұрсын, он жеті жасында талай бала атқа мінуге де жарамай жүр емес пе. Құдай тіл-көзден сақтаса, болайын-ақ деп тұрған бала екен де бұл, – деп төрде отырған шоқша сақалды кісі сөзге араласты. – Болса болсыншы, биеке, Талай уақыттан бері арамыздан бір мықты түйе балуан шықпай, той-жиындардың бəрінде масқара болып жүрміз. Дəл қазір Құдай бізге көкпардан бергенімен, балуандық жағын бермей-ақ қойды. Көбек, сен мұны күреске дайында. Жақында Билікөлдегі Керімбай болыс үш жүзге сауын айтып, немересіне үлкен той бергелі жатыр. Мына жағы – Сыр мен Шыршық, мына жағы – Арқа мен Жетісуден ылғи игі жақсылардың бəрі жиналады. Ояздың өзі де қатыспақ. Əр елдің бетке ұстар би-болыстары өздерімен бірге бəйге аттарын, балуан-шабандоздарын, сал-серілерін алып келмекші. Бəйге мен көкпарға дайынбыз ғой. «Балуан жағы қалай болар екен, анау Құлажан мен Нұржанға айтсам ба» деп ойлап жүр едім. Олардың күреске жүдə ебі жоқ бірақ. Осы баланы күреске жақсылап тəрбиелейік те. Арамыздан бір жақсы балуан шықсын. Мұныма қалай қарайсыздар, би, болыс пен төре? Ойламаған жерден Көбек алдымызға сау еткізіп ертіп келген мынадан, қараңыздар, мықты балуан шығайын деп тұрған жоқ па? – Дене тұрқына қарасаң, дүлей күштің иесі екені көрініп тұр. Күрес тəсіліне біраз үйрету керек, – деді Елтай төре. – Анау Арқа мен Жетісу жақтан той жиынға келген кісілердің арасында балуандар да бірге жүреді ылғи. Олар балуандарын күреске

жас кезінен үйрететін көрінеді. Біздің елде осы жағы түк қолға алынбаған. Өзіңіз айтқандай, балуанды жастайынан тəрбиелегеніміз абзал, – деді Естемес би. – Мəменнен қанша бала бар? – деп сұрады Досалы би енді Сүлейменге бұрылып. – Үшеуміз. Ең үлкені – мен. – Ə, шаңырақ иесі өзім десейші. Жеті ата Жоланның Жанабайынан өрбіген Досмұраттан туғандардың залымы мен болсам, Қожамжар – Дауылбайдан елдегі алымы боп сен туған екенсің. Алымы дегенім – күштісі дегенім ғой. Байқаймын, мына отырған Естемес би де, Елтай төре де, Сүгірəлі болыс та «сенен балуан шығады» деп отыр. Көңілдері түспесе, бұлай сөйлемес-ті. Ал, Көбек, маған айтатының болса, мына кісілер аттанып кеткесін айтарсың. Мына бала бүгіннен бастап осында қалсын. Жатар орны, ас-ауқаты, бəрі өзімнен. Тойға баратын уақытқа дейін ауылда жүріп, тас көтеріп, асау үйретіп, дайындалсын. Əй, кемпір, сыртқа шығып, қызметші жігіттердің бірін шақыр! Сен, Көбек, сырттағы жігіттеріңді ауылына қайтар? Өзің бір-екі күн осында бол. Қымыз құйып отырған əйел орнынан тұрып, сыртқа беттеді. Оның соңынан Көбек ілесті. Сүлеймен де тұра беріп еді: – Əй, əй, сен қайда? Отыра тұр қазірше, – деп би оны қайта отырғызды. Сосын анау екеуіне қарап, басқа əңгімеге көшті. Оның əңгімесінің не жайында екенін Сүлеймен ұға алмады. Би əлдекімдерді сырттай сыбап, тез-тез сөйлеп жатты. Аздан соң арықтау келген жігіт кірді: – Шақырып па едіңіз, биеке? – Жаңағы Көбек сыртта жүр ме? Мына бала екеуін қонақжайға апарып жайғастыр. Жатып, əбден демалсын. Көбекке айт, ұйқыларын қандырып болған соң келсін. Ал, Сүлеймен, барып демала қой. Кейін кең отырып əңгімелесерміз. Көбек пен Сүлеймен қызметші жігітке ілесіп би үйінің қарсысындағы қонақжайға келді. Қонақжайдың іші бірнеше бөлме екен. Қызметші бұл екеуін төргі бөлмеге жайғастырды. – Осында демала беріңіздер. Ұйқыдан тұрғасын мені шақырарсыздар. – Ал, жиен, төрт-бес күннен бері тоқым төсеніп, ер жастанып, далада ұйықтап жүр едің. Енді бидің қонақжайының көрпесіне

оранып жататын болдың. Өзің, жүдə, жолың болатын бала екенсің. Бірден би көзіне түстің. Досекеңнің онша-мұнша адамға көңілі түсе бермейді. Сенсең, мұнда қанша келіп жүріп, осы қонақжайға кіріп көрген емеспін. Сенің арқаңда бидің көңілі маған да түсті. Неғып тұрсың, мелшиіп? Сен ана жерге, мен мына жерге жатайық. Сүлеймен неше күннен бері далада ұйықтап, демалған сықылды боп жүрген жоқ еді. Мамық көрпешеге жамбасы тигенде сіресіп, құрысып қалған өн-бойы жазылып жүре бергендей рахат күй кетті. – Сен өзі бидің айтқанына «мақұл» деймісің? – Ол кісі менің жауабымды қажетсінбеді де ғой. «Бір тойда болатын күреске дайындал» деді. Ол қандай күрес, кіммен күрес, ол жағын айтқан да жоқ. Өзіңіз айтыңызшы. Не дегенім дұрыс? – Құдай саған бойыңа лайық етіп, күш те берді. Сол күшті орынды пайдалана алғаның жақсы. Күресте жығып жүрсең, елге таныласың. Атың шығады. Атың шықса, абыройлы боласың. Би- болыстармен бірге жүресің. Бір дастарханнан дəм татасың. Ондайда бақ-дəулет саған өзі-ақ келеді. – Күресетін адамдарым кімдер екен? Соны білмей жатқан жоқпын ба. – Кім екенін тойға барғанда өзің көресің. Қазір ұйықта. ...Сүлейменді бір көргеннен-ақ нағыз балуан болатынын сезген Досалы би оның осы кəсіпті өмір бойы игеруіне жол ашқанда ғой. Бəлкім сонда ол Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді жарты əлемге аты мəшһүр балуанның дəл өзі болар ма еді, кім білсін. Бірақ Досалының сол кезде Тəшкенде, Верныйда балуандар мектебінің бар екенін білмегені анық. Білген болса, ол Сүлейменді сонда жіберер ме еді... Ол Сүлейменге өз əкесіндей көп қамқорлық жасады. Алайда сол қамқорлықтың түбі – Сүлейменді болашақта балуандыққа емес, басқа жолға түсіріп жіберді... VIII Қараша айы жаңбырлы болып басталған-ды. Екі-үш күннен бері аспан ашық. Қара күздің жанға жайлы қоңырқай жылуы бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдан əбден езіліп, батпағы шыққан жерді кебірсітіп қойды. Тағы да бір-екі күн өткенде дала төсі ат тұяғы таймайтындай болып, кеуіп те қалды. Досалы би аулына кешеден бері келіп жатқан қонақтарда есеп жоқ. Бəрінің үстінде жаңа киім.

Жетектерінде қос-қос ат. Кейбір жетекке артық-ауыс заттары толған қоржындарын теңдеп қойған. Ал кейбірі ер-тоқымсыз жайдақ. Келіп жатқандардың ішінде табын-табын сиыр, қора-қора қой айдағандары да бар. Ондайлар айдаудағы малдарын Сайрамсудың жоғарғы жағасына бір күндей жайлатты да, ертесіне ары қарай айдап кете барды. Бұл жерге жиналып жатқандардың бəрі Керімбай болыстың тойына баратындар. Осы өлкедегі тойға шақырылған игі жақсылардың барлығы алдымен осында жиналмақ болып уағдаласқан. Кешеден бері солардың дені жиналып қалса да, би үйіндегі ығай мен сығай əлі атқа қонған жоқ. Мынадай сəн-салтанатты қауыммен бірге жолға шыққанша асығып, дегбірі қашқан Сүлеймен «Бұлар неге атқа қонбай отыр» деп іштей күбірлеп, үйден жүз шығып, жүз кірді. Əнеукүннен бері Досалы мінгізген шауқар атты əбден суытып, алыс сапарға дайындап та қойған. Өзі атты жүріске дайындаса, Досалы мен Көбек мұны күреске дайындаған. Мұнда жатқалы бері бір ай ішінде Досалының ұйғарымы бойынша, Сүлеймен күнде азанда ұйқыдан тұра сала, Сайрамсудың мұздай суына бір түсіп алып, мойнына əрқайсысы төрт пұттан келетін дəу тасты байлап, бес шақырымдай жер жүріп отырды. Қанша күштімін дегенімен алғашында қатты қиналды. Келе- келе əлгі тастарды бұйым құрлы көрмей, мойнына салып, бес шақырымды бір сағаттай уақытта жүріп өтетін болды. Оншақты күннен кейін Досалы бұған екінші жаттығуды бастатты. Ол жаттығудың түрі – өзі күнде азанда мойнымен жаяу көтеріп жүрген тастарды серпіп көтеру болды. Оны көтеріп болған соң өзен жағасымен тай шаптырым жерді еңбектеп жүргізді. Осылайша, Досалы оған жиырма күндей тыныштық таптырмады. Соңғы күндері би мұны асау өгіздермен алыстырды. Иығымен дəу-дəу тай мен есекті көтерткізді. Шалқалай жатқызып қойып, кеудесі мен ішін жас балаларға тепкізді. Екі аяғы мен екі қолына жіп байлатқызып, сол балаларға жан-жағына қарай кере тартқызды. Беліне арқан байлап, етпеттей жатқызып, атқа сүйретті. Əйтеуір осы бір айдың ішінде істемегені жоқ. Тек алдыңғы күні ғана жаттығуын тоқтатты. «Дəл осылай тағы бір ай жаттыққаныңда ғой. Амал не, тойға баратын уақыт болып қалды. Енді күресте бағыңа сен», – деді Досалы. Енді сол тойға аттанып кетуге қанша асығып тұрса да, би де, келген адамдар да асығар емес.

Сəске мезгілінде күнбатыс жақтағы қыр үстінен тағы бір топ атты көрінді. Бір топ аттының алдында екі ат жегілген тарантас зулап келеді. Би үйінің алдында тұрған адамдар: «Ордабек, Ордабек болыс келе жатыр», – деп шу ете қалысты. Біреулер биге хабарламақ болып үйге қарай жүгірді. Əп-сəтте үй ішінен би бастаған топ сыртқа шықты. Бұлар тобымен есік алдындағы алаңқайға жеткенде тарантас та келді. Тарантас ішінде екі адам отыр. Бірі ақ шапан, айырқалпақ киген. Жас шамасы алпыстан асып қалғаны көрініп тұр. Екіншісі жез түймелі ұзын күртеше, басына орыс тымағын киіп алыпты. Онысы жанындағысына қарағанда жастау сияқты. Екеуі де маңғаздана тарантастан түсіп, жиылғандарға қарай жүрді. Көп ішінен Досалы би бөлініп, оларға қарсы беттеді. – Ассалаумағалейкум, болыс-еке! Досалыдан соң басқа кісілер де келіп екеуімен жапырлай амандасты. Сүлеймен мен Көбек шеткі тамның алдында тұрған. – Бұл екеуінің Ордабегi қайсысы? Əне біреуінің киім киісінің жөні бөлек қой. – Анау ақ шапанды – Ордабек. Қасындағысы Ташқазақ оязы ұлығының оң қолы – Есенқұлдың Тəжібайы. Би-болыстар сəлемдесіп болғасын əрдеңені сөйлесіп, біраз тұрды. Бір кезде топ ортасындағы Досалы бұларға қарап, «бері келіңдер» дегендей, қолын бұлғады. Көбек пен Сүлеймен тез-тез басып соларға жақындады. – Баратындардың бəрі жиылып та қойды. Жүріп кетуге тек сіздерді ғана күтіп отыр едік, – деп Досалы Ордабекке қарап сөйлеп тұр. – Ұзын-ырғасы қанша адам болдық? Керімбай болыстың босағасына байлайтын малдың есебі қанша? Бəйгеге қосатын аттар мен шабандоз жігіттер де тегіс жиналды ма? – Тойға Қазығұрт жаныстарының атынан екі үйір жылқы, бес тоғыз қара, жүз елу қойды айдатып жібердік. Құнан бəйгеге төрт құнан, аламан бəйгеге бес сəйгүлікті дайындадық. Ал көкпаршы жігіттердің Шаңбайдан басқасының бəрі түгел. Айтпақшы, бұл жолы балуанымызды да даярлап алдық. Ол, міне, алдыңызда тұр. – Əй, Досалы-ай. Сен қашанда өз қулығыңмен адамның алдын орап жүресің-ау. Мен былтыр бұл балаға «жылқышы болсайшы» деп қолқа салып едім. Жылқы баққысы келмеді ме, қайтіп келмеді. Енді

өз қанатыңның астына алыпсың. Жөн. Қалай, өзінен балуан шығатындай ма? – Жас болса да күші сіздің Шаңбайыңыздан кем емес. Құдай қаласа, осы тойда əруағымызды аспанға бір шығарса, осы шығарады деген ойдамын. Өзін бір ай бойы баптадық. – Жə, оны кейін көрерміз. «Бап шаппайды, бақ шабады» деген бар. Енді дайын отырсаңдар аттанайық, – деді Ордабек болыс. – Билікөлге дейін үш қонып жетсек, тура той басталардан бір күн бұрын, межелі жерде боламыз да. – Қонатын ауылдарымыздың бəріне алдын-ала хабар жіберілген. Бүгін Түлкібастың Кемербастауындағы шілменбет Бекен бидің үйіне түсеміз. Арғы күні Шақпақтағы шаңышқылыларға қонақ боламыз. Одан Жуалыдағы қаңлыларға бір түнесек, əрі қарай Билікөл таяқ тастам жер. – Тігілетін үйлерді де жіберіп пе едіңдер? – Олардың жіберілгеніне екі күн болды. – Ал онда жолға шығайық. Сапарымызды Құдай қолдап, əруақ жар бола көрсін, – деп Ордабек тарантасқа қарай жүрді. Ордабектің осыны айтуы мұң екен, лезде Досалы би ауылының үсті у-шуға толды. Жүздеген кісінің бір мезгілде атқа қонуы у-шусыз бола ма? Би-болыстар қызметшілеріне айқайлап, бір-біріне жанаса қалған жылқылар тебінісіп, кісінесіп, ауыл үсті абыр-сабырға толды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген Сүлейменнің кеудесі қызып, көңілі алып-ұшып, атына секіріп мінді де, беталды шаба жөнелді. Жолай атының тартпасын тартып тұрған бір жігітті қағып та кетті. – Өй, мына бір атын өңмеңдетіп, алқынып жүрген кім өзі? Өзін ат үстінен аударып тастасам ба екен, – деді қағылған жігіт. Оның бұл сөзін есіткен Сүлеймен біраз жерге шауып барды да, оның қасына қайта келді. Əлгі жігіт екі иығына екі кісі мінгендей төртпақ жауырынды, қап-қара жүзді дəу біреу екен. – Ей, атқа мінген жалғыз сен бе? Тура қазір анау бұқа мойныңды тақымға басып, үзіп жіберейін бе, осы?! Денесі аюдай болғанымен дауысы жіп-жіңішке екен. Қамшысын тістей салып, мұны аттан жұлып алардай, қолдарын ербеңдете, Сүлейменге шапты. Сол екпінімен келіп, ай-шай жоқ Сүлейменнің екі иығынан шап беріп, ат үстінен жұтып алуға əрекеттенді. Егер денесін бостау ұстап отырғанда, ол əп-сəтте Сүлейменді ер үстінен жұлып

алар еді. Сəтін салғанда, оның қолдары иығына тие бергенде-ақ, бұл денесін тырыстырып, айқаса кетті. Екі дəудің дүлей күшіне шыдас бере алмаған аттар төрт тағандап тұруға шыдамай, теңселіп-теңселіп кетті. Осылайша тіресіп тұрғанда: – Ай, кімсің сен өзің? – деп айқайлады Сүлеймен. – Сен өзің кімсің, мені атпен қағатын?! – деп анау да айқайлады. Бірақ бір-бірінен қолдарын босатпады. Ат үстінде өзара тартқыласып, бірін-бірі ала алмай, біраз жұлысты. Аздан соң ана жігіт Сүлейменді өзіне қарай тартып тұрды да, кері қарай итеріп қалды. Сүлеймен оны алға қарай тартты. Осы сəт дүлей күшке шыдамаған екі ат бірдей жерге гүрс етіп жамбастай құлады. Сүлеймен мен ананың бір-бір аяқтары ат қабырғасының астында қалып қойса да жағаларынан қолдарын босатпаған күйлері тартысы жатыр. Бұл шақта бұлардың қасына басқа кісілер жиналыпта қалған. – Əй, əй, не болды сендерге? Дереу босатыңдар қолдарыңды! О несі-ей, құласа да бір-бірін босатпай жатқандары. Ей, Құлажан, қой деймін саған! Сүлеймен, сен де қой! – деген Көбектiң даусы естілді. Осыны естіген екеуі қолдарын босатты. Алдымен аттары, одан соң өздері тұрды. – Тойға кетіп бара жатқанда, қай қылықтарың бұл? Ерегiстi бiрінші кім бастады? – Атымның тартпасын тартып тұрсам, мені атымен қағып кетіп бара жатыр да бұл, – деді Құлажан, – Өзін аттан жұлып алайын десем, мықты ғой бұл пəлеңіз, Көбеке. – Болды, енді жарасыңдар. Құлажан, бұл Сүлеймен деген жігіт. Сендер дос болудың орнына алысып жатқандарың қалай? Аттарың мертігіп қалған жоқ па? – Аттар да, өзіміз де аман сияқтымыз. Жұрттың бəрі аузынан тастамай айтып жүретін Құлажан деген осы екен ғой. – Осы, осы. Бір-біріңді жақсылап танып алыңдар. «Ер шекіспей, бекiспейді» деген. Қол алысып татуласыңдар да, аттарыңа мініңдер. Бірге жүрейік. IX ...Қаратаудың Шығыс жақ сілеміндегі ұшы-қиырсыз кең жазық далада тігілген ақбоз үйлерде есеп жоқ. Сол үйлерге қарай аттылысы бар, жаяуы бар ағылған адамдар да қисапсыз. Жан-жақтан айдалып келіп, үйлердің сыртын ала тартылған шарбақтарға қамалып жатқан

малдардың саны да есепсіз. Бұл малдар – Керімбай болыстың тойына «тойана» ретінде түскен малдар. Ауыл үсті айқай-шу. Бір шетте əлдекімдер домбыра, қобыз тартып, əн салып жатса, бір шетте жастар жиналып, алтыбақан тебуде. Əр ақбоз үйдің алдында қойылған үлкен- үлкен ошақтағы қазандарға толтыра ет салып, ас дайындап жатқан аспаздар да өзара айқайласа сөйлеседі. «Əй, жай сөйлесеңдерші. Іштегі кісілерден ұят-ты» – деп ақбоз үйлердің есігінен сығалай қараған қызметші жігіттер бақырып-бақырып қояды. Сүлеймен, Құлажан, Нұржан үшеуі Досалы би ауылынан шыққалы бері жұптарын жазбады. Бүгін де солай. Таң азанымен тұрып алып, қай үй қай елден əкеліп тігілгенін қызықтап, үйлер арасын аралай ұзақ жүрді. Түс əлетіне таман өздері қонған үйге қайта келді. Ордабек болыс Қазығұрт маңындағы жаныстар үшін жиырма бес үй тіктірген. Соның бірі шабандоздарға арналған. Сүлеймен осы шабандоздармен бірге. Өз үйлерінің алдына келгенде: – Қанша үй санадық? – деді Құлажан. – Біздің үйлерді қосқанда, тігілген киіз үйдің барлық саны сегіз жүз жиырма сегіз болды, – деді Нұржан. – Түһ, бір тойға екі рулы елдің үйі тігіліпті-ау. Мұндай жиынды бұрын-соңды кім көрген, – деді Сүлеймен. Осы сəт ар жақтағы би-болыстар отырған үйден Көбек шықты: – Қайда жүрсіңдер? Билер іздетіп жатыр сендерді. Келіңдер. кіріңдер үйге! Үшеуі Көбектің соңынан ере, он екі қанатты ақбоз үйге кірді. Үй iшi тола адам. Төрде Ордабек болыс пен Тəжібай ұлық қатар жайғасыпты. Беріректе Досалы, Сүгірəлі, Естемес, Бекен сияқты билер отыр. Бəрі Тəжібайдың оң жағында малдас құрып отырған бір кісінің аузына қарап қалыпты. Дастархан шетіне тізе бүккен бұлар да соның əңгімесіне құлақ түрді. – ...Сол асқа екі мыңдай үй тігілді. Отыз шақырымдық бəйгеге бес жүз ат қатысты. Бəйгеге қырғыз сарыбағыш Телібайдың атына шақ келер жүйрік болмады. Біздің үйсіндердің апарған аттары төртінші- бесінші болып қалып қойды. Есесіне, біздің ақындар ешкімге бет қаратпады. Əсіресе Үмбетəлі мен Өмірзақ ерледі. Анау қасқарау жаныстағы Кенен де сөзден тосылмайды екен. Бірақ неге екенін қайдам, аста Жамбыл көрінбеді...

– Бүкіл қазақ-қырғыз болып асын өткізген сол қырғыз Шəбден манаптың өзі көзі тірісінде бүйрегі орыстарға бұрып тұрған дей ме, қалай? Одан соң оны түк дүние жимаған кісі болған дейді. Сол рас па, Нұралы? – деді Тəжібай сөйлеп отырған кісінің сөзін бөліп. – Шəбден түгілі, оның əкесі Жантай да орыстарға сатылып, кеткен жоқ па. Шəбденге олар сый берді, атақ берді. Иығына жалтылдақ пəгүн, беліне алты қылыш тақты. Бұрын да Шəбденнің айтқанынан шыға алмайтын қырық рулы аз ғана қырғыз оған орыстың ақ патшасы сəлем хат жазып, сый-сияпат бергенін көргенде, оны өз Құдайларындай көріп кетті де. Сондықтан да қырғыздар арасында оған тең келер манап, иық тірестірер би, сөз таластырар шешен болмады. Бір елдің сүтінің қаймағы, айран пісер күбісінің піспегі сол болды. Алайда Шəбден сонысына қарамай, дүние-дəулет жинамағаны рас. «Ол өлгенде артында үш əйелімен қатар үш жылқысы, тоғыз торпағы ғана қалды» деп күліседі қырғыздар. – Аста бəйгенің неше түрі болды? – Қазақ-қырғызға ортақ бəйгенің барлық түрі болды, Аламан бəйгеге – бір үйір жылқы, бес жүз сом, құнан бəйгеге – бес жылқы, үш жүз сом тігілді. Балуандар күресіне – үш жылқы, екі жүз сом. Ақындар айтысына да екі жүз сом мен үш жылқы. Көкпардың əр салымына – бір құнаннан. Бас салымға бір айғыр, екі ту бие жəне жүз сом. Айтып-айтпай не керек, сол Шəбденнің асы өткелі төрт жылдан бері Талас қырғыздары мен Жетісу, осы Қаратау өңірінде ондай жиын əлі болған жоқ. Мынау Керекеңнің тойы Шəбденнің асына жетпесе де оған жетеғабыл болып тұр. – Ал енді, Нұралы, айтшы, – деді Ордабек сөзге араласып. – Кеше түндегі қонақасыда Керімбай болыстың өзінен сұрауға мұршамыз болмады. Анығын айтқанда, көп адамның ортасында екшелеп сұрай алмадық. Сен біздің елдікі болсаң да, Керімбайдың жақынысың. Тегің – шымыр ғой. Əрі ақынсың, əрі осы тойдағы тойбасылардың бірісің. Осы үйде тек Қазығұрт жақтан емес, сонау Шыршық, анау Сарысу, мынау Шу бойынан келіп отырған игі жақсылар да бар. Солар да естісін Бұл тойдағы бəйге түрлері мен шарттары қандай болмақ? – Мұның бəрін тойдан бір жеті бұрын белгілеп қойғанбыз. Егер келген қонақтар бəйге үстіне үстеме салым қосамыз десе, ерік өздерінде. Керімбай болыс пен оның ағайындары бұл тойға тігіп отырған бəйгесінің ең қомақтысы – аламан бəйгеге беріледі. Оған үш

жүз ат қатысады. Шабыстың ұзақтығы – отыз бес шақырым. Аттардың басы Жуантөбе маңынан жіберіліп, Шақпақтың Батырөлген жырасынан айналып өтіп, жіберілген жерге қайтып келеді. Мұның бас бəйгесі – он бес жылқы, жүз сом. Екінші, үшінші келген аттарға бес- бес жылқы мен елу сомнан. Төртінші мен бесіншіге – бір-бір айғыр, жиырма бес сомнан пұл. Қалған он бес орынға қой-тоқты, шапан- шаттықтай сыйлық беріледі. Құнан бəйгеге де үш жүз ат қатысады. Оның бас бəйгесі – бес жылқы, бес қара, жүз сом. Қалған он орынға бiр-бiр тайдан, Ақындар айтысының жеңімпазына – екі жылқы, бір қадақ күміс пен елу сом. Аударыспаққа да сондай. Балуан күреске он бес жұп шығады. Он бес жұптың төртеуінен басқасы бір-бірден-ақ күреседі. Салмағы жеңіл, кішкентай балуандарға берілетін жүлде – бір қой. Орта салмақтыларға – бір тайдан. Ең мықты тігіс – түйе балуандарға беріледі. Түйе балуандар екі жұп болуы тиіс. Екі жұп бір- бірімен күресіп болған соң, олардың екі жеңімпазы өзара қайта күреседі. Осы күресте жеңген балуан тойдың «бас балуаны» болып табылады. Оның жүлдесі – үш жылқы, үш өгіз, жүз сом. Екінші орынға – екі жылқы, бір өгіз, елу сом. Айтпақшы, сіздерді өздерімен бірге түйе балуандыққа түсетін бір жігітті ертіп келді деді ме, қалай? – деп Нұралы Ордабекке қарады. – Бұл сырды қазірше айтпаймын. Кезінде бір-ақ көресіңдер. – Бүгін кешке ақындар сайысы болады. Ал ертең азанымен құнан жарыс пен балуандар күресі басталады. – Көкпарды тойдың соңына қарай қалдырған ба? – деді Естемес би. – Аламан бəйге мен көкпар бір күнде болады. Есенқұлдың тоғызын тағы да дайындап келіп отырсыңдар ма? – деді Нұралы ақын Естемеске қуақылана қарап. Нұралының «Есенқұлдың тоғызы» деп отырғаны шегір руынан шыққан бір үйдің тоғыз ұлы. Үлкені – осы жиындағы ұлық Тəжібай. Тəжібайдан бастап, қалған сегізі де шабандоз. Бұлардың ішіндегі ең мықтысы Сыдық дегенімен, қалғандары да одан бір мысқал кем түспейтін ат үстіндегі ойындардың дүлей шеберлері. Тоғызы ентелеп додаға түскенде, бұларға қарсы тұрар ешкім болмай қалушы еді. Ортада жатқан көкпарға отыз-қырық атты шабандоз бірден лап қойғанда, жігіттің – жігіті, аттың – аты ғана шыдайтын тартыста делебесі қозып, арқасы көтеріліп кететін Сыдық: «А, Құдай, а, əруақ!

Я пірім, қолдай көр!» – деп айқайлап бірінші болып түсер еді. Өзінің тарамыс денесі мен ұзын бойы сымтемірдей иіліп, жерден көкпарды көтеріп алуға жүдə икемді. Мұндайда оған жан-жағында анталап тұрған өзі секілді темір тақым, құрыш білекті мықты көкпаршылар жабыла кетіп, атымен қоса түтіп жіберердей қыспаққа алатын. Сыдық олардың ешқайсына дес бермей, қолындағы қырық келідей нəн текені тақымға бірден баспай, екі қолымен жоғары көтеріп алатын да; «Уа, атаңа нəлет, Байсейіт? Уа, тумай кеткiр, Нұрымбет, Жорабек! Қайда тұрсыңдар?!» – деп інілерінің аттарын атап айқайлар-ды. Өңкей жарау аттарға мініп, додашылардың ортасына кірмей, шетте айналшықтап жүрген інілері: «Мұндамыз, Сыдық. Көкпарды лақтыр бері», – деп шуласатын. Олардың дауыстарын естісімен, Сыдық көкпарды қаумалаған көкпаршылардың бастарынан асыра соларға қарай лақтырып жіберетін. Қандай мықты шабандоздармен бірге додаға түссе де, көкпарға бірінші болып қолы тиетін Сыдық теңдесі жоқ көкпаршы бұл күнде. Қайбір жылы Шымқаладағы сейілде оның мынау отырған ағасы Тəжібай өзі мен сол Сыдық бастаған шетінен көкжал атанған сегіз інісіне сенді ме, бір жарым мың ат қатысқан көкпардың шешуші салымында: «Уа, жарандар! Енді Есенқұлдың тоғызы – бір жақ, күллі қара қазақ бір жақ болып шабысайық», – деп астамсыған. Оның сөзіне елірген Сүгірəлі болыс сонда: «Тəжібай дұрыс айтады. Есенқұлдың тоғызы – бір жақ, күллі қара қазақ – бір жақ болып додаға түсіңдерші. Қызық болсын», – дейді. Мұны естіген Естемес би: «Уа, болыс, Тəжібай айтса, бұл сөзін ол желіккенiнен айтып тұрған шығар. Ал болмайтын уəжді дақпырттап, саған не жоқ. Сен де Тəжібай тоқтат, күллі қара қазаққа тоғызымыз қарсы шабамыз деген пиғылыңды. Тоғызың шетінен қайыспас қара нар, шөкпес атан болсаңдар да, нардың тұмсығын қайырар көп дойыр қамшы, атанның тізесін бүктірер қалың қол бар мұнда. Есіріп, ентіге бермей, тарт жүгеніңді, бас екпініңді!» – деп екеуін де басып тастапты. Осы сөзден кейін Тəжібай райынан қайтыпты. Бірақ манағы айтқан сөзі шын асылық болды ма, кім білген, сол сейілдегі көкпарда Тəжібай аттан құлап, тобығы шығыпты. Інісі Жорабектің аяғы сыныпты. Мұның бəрін Сүлеймен Көбектен есіткен. Бұл оқиға осында отырғандардың бəріне де белгілі. Нұралының есіне сол түсіп, жаңағы сөзін Естемеске қарай əдейі айтты.

– Əй, Нұралы-ай, – деді Естемес оның қытымырлана сөйлегеніне лезде жауап қатып, – Есенқұлдың тоғызының атын Қазығұрт маңы мен Арыс, Шаян бойында отырып ауызға алсаң жарасар еді. Енді Қаратау асып, елден жырақ, кісі еліне келіп отырғанымызда баяғы бір істі көңіліне оралтқаның тым сөлекет болып кеткен жоқ па? Арамызда Есенқұлдың тоғызы түгел болмаса да анау қасыңдағы Тəжібай бастаған төрттеуін ерте келдік. Оған қоса атқа қонса, əруақтары тасып кететін Құлажан мен Нұржан, Дүйсен мен Сəт деген перілеріміз тағы бар... – Жə, Естемес, қоя тұр қызбаланбай, – деп Ордабек болыс оның сөзін бөліп, бар денесімен Нұралыға бұрылды: – Бізге көкпардан бұрын жаңа өзің айтқан балуан күрес қызық болып тұр. Неге десең, көкпарға, оған қоса бəйгеге түсудің əдіс-тəсілдері мен жөн-жобасын біз əбден білеміз. Сен əлгінде түсіндіріңкіреп айтпадың. Түйе балуандарды күрестен бұрын бір-бірімен таныстырып қоясыңдар ма? – Болыс-еке, өзіңіз білесіз, қазақтың ас-тойларында өтетін күресте кілем үстіне шығатын балуандар ертерек бір-бірін білулері шарт емес. Ортадағы қазы жан-жақтағы жұрт ішінен күреске деген талапкерлерді айқайлап шақырады. Өзін мықтымын деп есептеген жігіттер ешкімнің зорлығынсыз-ақ ортаға шыға береді. Оның шартын мана айттым. Күрес он бес жұптан аспайды. Сайыс тəсілі – кəдімгі қазақша күрес болғанымен, балуандар бір-бірін қандай əдіспен болса да – лақтырып жығуына да, көтеріп жығуына да, жамбасқа салып алып ұруына да болады. Егер жазатайым балуанның бірі жарақат алса, оған той берушілер кінəлі болмайды. Айтпақшы, Берной ұлығы тойға өзі келмегенімен, бəйгеге шабатын аттарымен қосып, екі күрескерін де жіберіпті. Екеуінің де бетауыздарын сап-сары жүн басқан, аюдай денелі екен. – Орыс па олар? – Екеуі де орыс. Қастарында жылмаңдаған бір қазақ тілмəш бар. Соның айтуынша, əлгі екеу бірден түйе балуандыққа түспек көрінеді. Осыны естігенде, «осы тойда оларға төтеп берер бір қазақ табыла қояр ма екен» деп қобалжып қалдым. Тұқымың құрғырлардың денесі ірі-ау, ірі. Осы кезде сырттан қызметші жігіт кірді: – Сіздерге Керімбай болыстың өзі келе жатыр. Қасын да қырғыз Əскен манап пен Əулиеатаның ұлығы Микай орыс бар.

– Ə, Керімбай болыс ұлық пен манапқа тойына жиналған қонақтарын таныстырып жүр екен ғой. Сендер, шетте отырған балалар, сыртқа шыға тұрыңдар, – деді Нұралы. Көбек Сүлеймен мен Құлажанға қарап «тұрыңдар» дегендей ымдады да, тысқа беттеді. Дастархан шетінде отырған жастардың бəрі оған ілесе шықты. Бұларға тура үй алдында соңына бірталай нөкер ерткен Керімбай мен орыс ұлығы қарсы кездесті. Керімбай болыстың үстінде оқалы зерлі шапан. Басында құндыз бөрік. Қасындағы орыстың бүкіл денесіне жабысқан жылтыр киімінің омырау тұсында жалт-жұлт етіп жылтыраған моншақ тəріздес бірдеңелер ілінген. Қос иығында көзге қарай көрінетін шашақты тақия секілді кигізіліп қойған погондары бар. Белінде салбыраған қылыш. Көбек бастаған топ шыға берісте олармен қарама-қарсы кездесіп, шетке ығысып кетуге үлгере алмай қалғандықтан, ұлық пен болысқа қол беріп амандасуға мəжбүр болды. Ұлық бірінен-бірі өткен, еңгезердей- еңгезердей Сүлеймен, Құлажан, Нұржан үшеуіне аңтарылып қарап тұрды да, бұлардың ұсынған қолдарын алды. Құлажан мен Нұржанды қайдам, Сүлеймен ұлықтың қолын алғанда алақанына құдды бір жұп- жұмсақ əйелдің қолы тигендей болды. Мұнымен күлімсірей, құшырлана амандасқан оның қолын Сүлеймен де ықыласпен алайын деген ниетпен сал ғана қысып қалды. Ұлық «ой» деп дауыстап жіберді де дереу қолын тартып алды. Содан соң: «Ох, какой сильный казах. Ох, какой здоровый казах», – деп қолын ауырсына сілтеп, басын шайқай, Керімбайдың соңынан ішке кіріп кетті. – Мына орыс не айтты? – деді Құлажан Көбекке қарап. – Сүлейменді жақтырмай, кəпірше бірдеңе деді ғой. – Мені түсінді дейсің бе? Одан да кеттiк өзіміздің үйге. Сол жерде ет жеп, қымыз ішейік. Ордабектің бəйгешілері мен шабандоздарына арналып тігілген үйдің ішінде ешкім жоқ. Жігіттер той қызығын қызықтап кетсе керек. Бұлар үйге кіріп, енді жайғаса бергенде: «Ас-ауқат керек пе?» – ден аспаздың бірі есіктен сығалады. «Қазірше осы бесеумізге арнап əкеле бер», – деді Нұржан. Көп кешікпей орталарына дастархан жайылып, буы бұрқыраған табақ-табақ ет келді. Көбектен басқалары ашығып қалған екен. Лəм деспей бірден тамаққа бас қойды. – Сүлеймен, бағанағы Нұралының сөзінен кейін ертеңгі күрестен қорқып отырған жоқпысың? Сен белдесер балуандар аюдай орыстар

екен, – деді Көбек. – Өзімен ұстасқан қазақтың бəрін жеңіп бітті ғой. Енді орыспен де бір күресіп көрсін де, – деп күлді Нұржан Сүлеймен жауап қатпай, иығын қомдады. Аналар болса əрдеңені айтып, мұны келемеждеп біраз күлісіп отырды. Араларындағы қу тілді Битбай жұртты тағы күлдірейін деді ме: – Мен білсем, осы Сүлейменнен балуан шықпайды. Неге дейсіңдер ме? Шын балуан болатын адам аз жеп, көп қимылдаушы еді. Мынау аз қимылдап, көп жейді ғой. Алдындағы ауқаттан түк қойған жоқ. Біз бір табақ палау мен бір жілік ет жегенде, бұл екі табақ ас жеп, сүйектердің майына дейін шағып, жаланып өліп барады. Менің ағамның үйінде дəу өгіз бар. Жем-шөпті қанша берсең де жайпап тастайды. Ал арбаға жексең, мəстектей күші жоқ... Əзiлге онша жоқ, алаңғасарлау, ұр да жық мінезді Сүлеймен Битбайдың сөзінің аяғын күтпей: – Өй, сен, мені сонда жаман мəстекке теңеп отырсың ба? Көрсетейін саған мəстекті, – деп Битбайдың желкесінен бір ұрды. Битбай жазған қас қылғанда, тура соның оң жағында отырар ма. Ұзын тілі демесең, сидиған арық денелі, бостау кісі. Сүлейменнің жəй ғана ұрғанынан дастархан үстіне етпетінен құлап түсті. Сорлының беті тура алдындағы табақтағы палауға былш етті. Əлгінде оның сөзіне күлмей отырған жігіттер, осы кезде ду күлді. Битбай болса: – Əй, ұратындай не жаздым? Неге ұрасың сонша? – деп орнынан көтеріле сала, бетіне жабысқан майлы күріштерді сүртіп жатты. Бұдан былай оған абайлап сөйлейтін болдың, – деді Көбек күлкісін тиып. – Əншейін жəй ұрғанымның өзіне бүктетіле қалдың. Егер қатты ұрғанымда желкең үзіліп кетер екен-ау. – Сенің шоқпардай қолыңның ұрғанда жəйі қайсы, қаттысы қайсы екенін итім біліп пе? Мені бұлай ұрғаныңнан гөрі, бір боқтап алғаның тəуір ғой. – Бұдан былай, Битбай, бұл қара диюдың жынымен ойнама. Ал қазір қарын тойдырып болсаңдар, сыртқа шығып, той қызығын тамашалайық. ...Сол күні бұлар кешке дейін той салтанатын қызықтап жүрді. Кешке ақындар айтысы басталды. Сүлеймен ақындар айтысына қызықпады. Күн бата қонақ үйге келіп жатып қалды.

Ертесіне ол күн шықпай оянды. Түннің қай мезгілінде келгендері белгісіз, серіктері қалың ұйқы құшағында жатыр. Сүлеймен оларды оятып алмайын деп, орнынан жайлап тұрды да дыбысын білдірмей тысқа шықты. Тойлы ауыл да енді ғана ұйқыдан тұрып, қыбырлай бастапты. Есік алдындағы дəу самауырынға шай қойып жатқан бір қызметші: – Ə, балуан жігіт. Кеше түнде болған қызықтардың бəрінен қалып, ерте жатып қалғаның қалай? Əлде бүгін түсетін күресіңе шаршап қалмайын дедің бе? – деді. – Менің күреске түсетінімді қайдан білдің? – Осы жердегіледің бəрі «Түйе балуандыққа түсетін жігіт осы» деп сені сыртыңнан сөз етіп жүр. Естуімше, сен жаныстың жігітіне ұқсайсың. Мен де – жаныспын. Саған, бауырым, күресте жеңіс тілеймін. Қəзір сəске əлетінде күрес басталады. Сүлеймен оған жауап қатпады. Құманды алып жуынды. Осы кезде оның қасына Көбек пен Құлажан келді. – Қалай, батыр? Азанымен тұрып алып, ауылдағыдай жаттығу жасап алдың ба? – Мұның түнімен ұйықтатпай, Қаратауды айналдыра жүгіртіп шығу керек еді. – Сендер менің қамымды ойламай-ақ, бүгін жарысқа түсетін өз аттарың жайында ойласаңдар нетті, – деп гүжілдеді Сүлеймен. – Неге əрдеңені айтып мылжыңдай бересіңдер?! – Сөзіміз саған жақпайтын болса, қойдық онда. Расында, Көбеке, Сүлейменнің шамына тиетін сөзді айта бермейік. Күреске түсетін жігіттің көңілі жақсы болмағы лазым, – деді Құлажан Көбекке су құйып тұрып. Аздан соң бұлардың жанына басқа жігіттер де жиналды. Олaрдың бірі жуынып, бірі əңгіме айтып, шай дайын болғанша дабырласып тұрды. Х Сəске əлетінде құнан жарыс басталды. Он бес шақырымға созылған жарысқа үш жүздей құнан сап түзеп, Қаратаудың етегіндегi далиған тегіс дала лезде ат тұяғының дүбіріне толды. Ордабек болыс қосқан сегіз құнанның ешқайсысы бəйгеге іліне алмады. Бұған намыстанған болыс ат баттаушы жігіттерге:

– Баптаған құнандарыңның бірде бірі еш болмаса үшінші- төртінші орынға да іліге алмауы не сұмдық?! Өңкей буаз байталдарды жиып əкелгеннен саусыңдар ма, түге, – деп бұтқан-талқан болды. Оның жанындағы билер мен атбегілер болыстың сөзіне жауап қата алмай, жерге қарасты. Осы кезде үстеріне қызыл шапан, ақ белбеу таққан екі жігіт келді: – Болыс-еке, анау жайма шатырлы үйдің жанында күрес басталғалы жатыр. Балуандарыңыз болса, сонда алып барыңыздар. – Жаңағы Досалы қайда кетті? Күресетін баламыз осында ма? Алып жүрсеңдерші. – Күресетін баламыз дайын тұр. Ол – мынау, – деп Тəжібай ұлық Ордабекке Сүлейменді көрсетті. – Ал, Құдай мен əруақ қолдай көрсін өзіңді, балам. Төле бабаңның рухы жебесін. Ордабек бастаған топ күрес алаңына келсе, мұнда көп халық жиналып қалыпты. Той басшылар күресетін жерді əдемі таңдапты. Киіз үйлер тігілген ауылдың ортасында кішкене шошақ төбе бар екен. Биіктігі атты кісідей сол шошақ төбенің үсті ат айналардай жайпақ. Сол жерге шығып күресетін балуандар сайысын төмендегі адамдардың бəрі айқын көріп тұруға мүмкіндіктері бар. Əлгінде ғана құнан бəйгені тамашалап келген қалың жұрт енді осылай ойысып, төбені айнала жиылып жатыр. Күреске баға беретін қадірлі меймандар отыратын жерге арнайы шатыр тігіліпті. Қызметші жігіттер көлденең жұртты сол шатырға жақындатпай, оны қоршап тұр. Ордабек, Естемес, Тəжібай, Досалы төртеуі топтан бөлініп, солай кетті. Бір кезде төбе үстінде тұрған күрестің бас қазысы: – Ортаға бірінші жұп шығады. Қане, қандай балуан бар? Шығатын балуанның жасы он бестен аспайтын болсын, – деп айқайлады. Сол-ақ екен, жиылған жұрт өз балуандарының аттарын атай айқайлап, гуілдесіп кетті. Əлден соң шығыс жақта тұрған топ арасынан бір бала төбе басына шықты. Артынша екінші талапкер де көрінді. Бас қазы олардың аты-жөнін сұрап алды да, оны бар даусымен жұртқа жария етті. Күрес басталды. Бірақ бірінші жұптың сайысы ұзаққа созылмады. Сарысу жақтан келген тəпелтек бала Таластан келген ұзын бойлы баланың жауырынын оп-оңай жерге тигізді. Содан екінші жұп шықты.

Бұлардың күресі де жұрт айызын қандыра алмады. Үшінші, төртінші жұптар да ұзақ күреспеді. Тек сегізінші жəне тоғызыншы жұпқа шыққан балуандар ғана біраз уақытқа дейін бірін-бірі ала алмай, ұзақтау аралысты. Кезек оныншы жұпқа келгенде: – Əй, қазы. Мұндай күресті өз ауылымызда да көріп жүрміз ғой. Өңкей iлмиген біреулердің алыс-жұлысын қызықтап қашанғы тұрамыз. Ортаға нағыз балуандарды шақыртсайшы! – деп айқай салды жұрт ішінен біреу. – Шынында, мықтылар шықсын да! – деп іліп əкетті екіншісі. Артынша: «Иə, дұрыс. Мықты балуандарды шығарыңдар!», «Кезекті түйе балуандарға беріңдер!» «Қазақтың атан жігіттері қайда?!» – деп жұрт шуласа түсті. Төбе басында тұрған бас қазы «шуламаңдар» дегендей екі қолын жоғары көтерді. – Алдымен мына ұлық пен болыс-билерден ұлықсат сұрайық, – деп олар отырған жаққа бұрылды. – Ардақты ұлық һəм болыс-билер, ортаға түйе балуандарды шығара берейік пе? Арнайы шатырдың қақ төрінде отырған Əулиеата ұлығы мен Керімбай болыс өзара сыбырласты да, қазыға қарап «бастай бер» деп бас изесті. – Уа, халайық. Енді ұлық пен Керімбай болыстың ықтияры бойынша, түйе балуандыққа түсетін күрескерлердің сайысын бастаймыз. Тойбасылар арасында келісілген шарт бойынша, оған төрт балуан шығуы тиіс. Араларыңызда салмағы алты пұттан, яки тоқсан келіден асатын жігіттеріңіз болса, онда да күресемін деген ниеті болса, ортаға шығарыңыздар! Кəнеки, төбе басына бірінші болып кім шығады?! Мыңдаған адам тағы да гуілдесіп кетті. Бірақ қанша гуілдесе де, төбеге шыққан бірде бір балуан болмады. Сірə, ортаға шығуға ешкімнің жүрегі дауаламай тұр-ау. Əлден соң қадірлі қонақтар отырған шатыр жақтан белуардан жалаңаштанған екі орыс төбеге қарай жүрді. Топырлап тұрған жұрт оларға жарыла жол берді. Бермегенде қайтсін, екеуінің жалаңаш ұсқыны тіптен қорқынышты. Екеуі де апай төс кеуделі, жалпақ иықты. Бұртыңдап ойнаған қолдарының бұлшық еттері олардың орасан қара күштің иелері екенін айқындап тұрғандай. Бастарының да үлкендігін қайтерсің. Жүздері сұсты. Кез-келген адам олармен күреспек түгілі, тура қарауға да именетіндей. Екеуі алшаңдай басып төбе басына шықты..

– Мынау тұрғандар Берной ұлығының түйе балуандары. Енді қазақ арасынан шығатындар бар ма?! – деп айқайлады қазы. Жаңа ғана гуілдескен жұрттың үндері шықпай, сілтідей тынды. Ойпырмай, еш болмаса күрк деп жөтелген бір кісі болсайшы. Мыңдаған қаракөз анау екеуіне тесіліп, мыңқ демей тұр. – Уа, күшіміз кеміп, қуатымыз азаяйын дегені ме бұл? Осынша қазақ арасынан мыналарға иық тірестірер, күш сынасар біреудің болмағаны ма?! – деп саңқ етті қазы. Жұрт дүр етіп, бір қозғалды да, қайтадан жым-жырт болды. – Шық, Сүлеймен! – деді Көбек тістене сыбырлап. – Шеш шапаныңды! Мына екі кəпір қабан мен қабыланнан күшті емес шығар. – Мен қорқып тұрғаным жоқ, нағашы. Менің алдымда бір қазақ шыға ма деп тұрғаным ғой. – Уа, болсаңдаршы! Бар ма, біреу? Жоқ əлде, бəйгені мына қос орысқа шаппай береміз бе? – деді қазы тағы жандаусы шыға. – Бар! Бар, балуанымыз! Қазір жетеді жаныңа! – деп айқайлады Көбек. – Қане, жібер ортаға! – О, əруақ! Бар екенсің-ау, арысым! – Бəсе, осынша қазақ тұрып, екі кəпірге шаппай бəйге бергеніміз ұят-ты. – Жеңілсең жер көтереді. Шық, бауырым! – Қажымұқаннан басқа бұл қазақ балуан ұл тумап па?! Көрсет ерлігіңді! – деп əлгінде ғана тып-тыныш тұрған жұрт дабырласып кетті. Бағаналы бері ортаға бір қазақтың шықпағанына іштей намыстанған Сүлеймен, жұрттың мынадай дабырынан кейін бар елдің үміті енді тек өзінде ғана екеніне көзі жеткендей арқаланып, топ жауға жалғыз аттанған батырдай түксие қаһарланып, жеңіл шапанын тез шешті де, Көбекке ұстатты. Содан өзін қошеметтей дем беріп, шуласқан халық арасын жарып өтіп, күрес алаңы – шошақ төбенің үстіне көтерілді. Бірден екі қолдарын кеуделеріне айқастыра қойып, жиылған жұртқа маңғаздана қараған екі орыстың қатарына тұрды. Анау екеуінің бойлары Сүлейменмен тұрғылас. Бірақ дене бітімдері жалпақ. Əсіресе қарны шыққан əне біреуі тіпті жуан. Жалпақ иығының үстіндегі мойны мен қазандай басы бірігіп кеткендей.

Еріндері жұқа болғанымен, танауы сиырдың танауындай кең. Көкпеңбек көздері зəр шашып тұр. – Бір қазақ шықты. Екінші біреу бар ма? – деп дауыстады қазы. – Мен шығамын! – деп айқайлады топ ішінен біреу. Көпшілік «Шық, шық!» – деп шуласты. Бір жігіт адамдардың арасын кимелей жарып, балуандардың қатарына келіп тұрды. Оның бойы Сүлейменнен тапaлдaу екен. Алайда мығым денелі. Бірақ қанша дегенмен, ол мына үшеуінің қасында кішкене бала сияқты. – Ал, көпшілік, енді менің сөзіме құлақ сал! Айтпақшы, тілмəш қайда? Кел бері! Айтқандарымды мына орыстарға түсіндір. Күрес шарты былай: Мынау тұрған төрт жігіт қазір екеу-екеу болып, бір- бірімен күреседі. Осылардың жеңгені біраз демалып алған соң, өзара тағы күреске түседі. Соның қайсысы жеңсе, осы тойдың «түйе балуан» атағын сол алады. Егер де күрес үстінде біреу-міреуі мертігіп қалатындай болса, оған біз жауапты болмаймыз. Бұл – бір. Екінші, өздерінен сұралық, бірінші болып қайсысы қайсысымен шығар екен? Қазының сөзін тілмəш арқылы түсінген орыстар бір-бірімен аз- кем сөйлесті де: «барлық шартқа көнеміз» дегендей, бас изесті. Содан соң жіңішкелеуі алға бір қадам шықты. Мұнысы – алғашқы болып мен шығамын дегенінің белгісі. Анау бұқадай болған екіншіден ықты ма, тапал қазақ: «Мұнымен мен күресейін», – деп алға озып етті. – Міне, бірінші жұп дайын. Ал сендер, қазірше пəске түсе тұрыңдар, – деді қазы Сүлеймен мен екінші орысқа. Екеуі ылдиға түсіп, жұрт қатарына тұрды. Төбедегі қазы екі балуанды екі шетке тұрғызып қойып, белбауларын, етіктерінің табанын тексерді. Егер етіктің табанында темір нəл болса, балуан күреске жіберілмейді. Резіңке белбауы бар шалбармен де мұндай күреске түсуге тыйым салынады. Күреске киетін киімдердің осындай тəртібін білетін Досалы, анада Сүлейменді ауылында баттап жүргенде оған арнап, ауы мен тізесін кеңдеу етіп, сүр кенептен шалбар, матасы бекем ақ шыттан көйлек, шымқай патсайыдан қамзол, жеңіл шапан тіктіріп берген. Аяғына киетін жеңілдеу таза былғары етікті Тəшкеннен арнайы алдырған. Бүгін азанда соларды киіп алған-ды. – Бірінші жұп күресті бастайды, – деген қазы көтеріп тұрған оң қолын анау екеуінің отасына қарай сермеді. Оң жақтағы орыс екі қолын соза балпаңдай басып, тура алаң ортасына келді. Ал тапал қазақ төселген кілемдердің шетін баса,

жемтігін аңдыған мысықтай бұқпантайлап, орысты бір айналып өтті. Ол қалай айналса, орыс та солай айналып, оның шабуылын күтті. Кілемді бір айналып өткен қазақ сəл тыныстады да, «уап» деп орысқа қарай сұмдық жылдамдықпен атылды. Сол атылғаннан ананың белінен қапсыра құшақтап алып, тіке көтеріп, лақтырып жіберуге талпынды. Жұрт «лақтыр, лақтыр!» деп шу етті. Алайда орыс, басы иегінің астынан ғана келіп тұрған қарсыласының бұл ойын дереу сезіп, оның жауырынын екі қолымен орай құшақтап, мытып-мытып қалды. Ерен күштің мықтылығына шыдай алмаған қазақ балуаны орыстың белінен қолдарын лезде босатты да еңкейіп барып, аяқтарына жармасты. Жазғанның қолдары тізе сыртын дөп қысқанымен, басы орыстың екі бұтының арасына кеттеле кетті. Орыс өзі ойлаған бір тəсілмен оны жерге бұрқ еткіземін деп ойлады ма, кім білсін, сəл еңкейіп барып, қос білегін ананың қарнына сала бергенде, қазақ «ауп» деп оны көтеріп алды. «Уа, жарадың! Лақтыр енді жерге!» деп халық тағы дуылдады. Дегенмен оның орысты лақтырып жіберуге шамасы келмеді. Əйтсе де, көтерген күйі оны үш-төрт мəрте айналдырып-айналдырып алды да, кілем үстіне былш еткізді. Орыстың бұрын күреске түсіп жүргені осы жерде анық көрінді. Анау жігіт бар пəрменімен алып ұрғанда, жамбасымен құлап бара жатып, айналып үлгерді. Сондықтан да кілемге жауырынымен емес, етпеттей құлады. Қазақ жігіт енді оның белінің сыртынан қапсыра құшақтап, өз үстінен ауната жығам деп ойлады ма, өзі де жата қалып, бар күшпен тарта бергенде, анау пəле жылдамдық қылып мұны басып қалды. Бұдан кейін орыс оны сол басып-жаншыған күйі екі иығын кілемге қадап бір-ақ тынды. – Бұл күресте Берной ұрлығының балуаны жеңді, – деп жар салды қазы. – Өз қазақтарының жеңілісіне намыстанған халықтың үні шықпай, демдерін ішіне тартты. – Келесі жұп төбе басына шықсын! Сүлеймен мен дəу орыс төбе үстіндегі қазының қасына қатарласты. Қазы бұлардың да киімдерін тексерді. Орыстың аяғында Сүлеймендікі сияқты етік емес. Қонышы тобығынан сəл ғана асатын қысқа бəтеңке. Бұтында екі жағында көк жолағы бар қыжым шалбар. Қазы оны жетектеп, кілемнің арғы бұрышына апарды. Сөйтіп, бер жақта қалған Сүлеймен екеуі екі шетте бір-біріне бетпе бет қарап тұрды. Қазы төбе жиегіне барып, оң қолымен ортаны нұсқады: – Екінші жұп күресін бастайды. Ал жігіттер, бастаңдар?

Сүлеймен екі адым алға жылжыды. Орыс тарп-тарп басып, бұған үш-төрт қадамдай жерге келіп тоқтады. Күреске түскенде əдеті ме, кім білген, екі алақанымен екі құлағын жауын алып, əзірейілдей кейіпте түксиіп тұр. Мынадай түсі зəрлі, жирен сақалды, қызыл шашты, жүзі қарулы кəпірді бұрын кім көрген. Сүлеймен одан бір сəт іштей ығайын деді. «Намысты берме, бауырым!», «Анау шарадай қарнын жарып, ішек-қарнын ақтарып жібер!»«Қорықпа, семіз адам қопал болады», – деп жан-жақтан айқайлаған көпшіліктің дауыстары дем берді ме, Сүлеймен аз сəттен кейін ішкі қобалжуын басып, білектерін сəл алға соза, қарсыласына жақындады. Бұл жақындағанда анау «yah» деп ақырып, екі қолын бұған қарата сермеді. Дауысы жер жарардай жуан екен. Сүлеймен артқа қарай шегінді. Тырс еткен дыбыс шығармай, тынып тұрған топтың ішінен: «Селт етпе, жігітім, жақындай бер! Ақырғанның бəрі арыстан емес», – деп біреу айқайлады. Бірақ Сүлеймен алға баспады. Есесіне, анау əзірейілдей орыс жан-жағына қолдарын жазып жіберіп, бұған қарай жүрді. Сол жүргеннен тоқтамай, Сүлейменді бассалды. Екеуі ұстаса қалғанда, жұрт гу етті. Орыс бар күшімен Сүлейменді бірден лақтырып тастайын деді ме, мұны құшақтаған күйі ырғап-ырғап алды. Алайда ойлағаны бола қоймады. Ол құшақтаған кезде Сүлеймен бар күшін жиып, тырыса қалды. Анау үшінші мəрте ырғай бергенде, Сүлеймен оны аяғынан шалып тұрып, жамбасқа алуға тырысты. Бірақ өгіздей болған пəленің ауыр денесі оңайлықпен қозғалмады. Қайта Сүлейменнің өзін мытып, сол жаққа қарай еңкейтіп барады. Оң жақ мойнынан орап алған қолы құдды бір шойын темірдей мықты екен. Сүлеймен сəл босаңсыса мойны жұлынып, жерге бір-ақ түсердей. Тегеуірінді күштен жаны қиналып, маңдайынан шып-шып тер шықты. Сонда да қарсыласына оңайлықпен бой бермей, тырыса түсіп, бір сəт көзін жұмды. Көзін аз- маз сəт жұмды ма, жоқ, ұзақ уақыт жұмды ма, білмеді, ашып қалса, еңкейген басы жердегі кілемге жақындап қалыпты. Тура құлақ түбінен орыстың ырс-ырс етіп демалғаны бірте-бірте күшейіп, Сүлейменнің мойнына оралған қолдары бір сəт босаңсыр емес. Дəл осы кезде: «Балам, оң қолыңмен тізеге жармас», – деп құлақ түбінен сыбырлаған біреудің дауысын есітті. Оның кімнің даусы екенін саралауға да мұршасы болмады. Мойнын қатып ұстаған қолдaры бұлқынып қап, оң жағына көз салды. Өзін басып бара жатқан орыстың

бір тізесі тура тұмсық алдында тұр. Орыстың бөксесінен қатып ұстаған қолдарын зып еткізіп босатты да, тізеге жабысты. Лезде бар күшпен тізені жоғары көтеріп, бойын тіктеді. Бұдан мұндай оқыс қимылды күтпеген орыс бір аяғымен селтеңдеп тұрып, мойынға қайта шап берді. Сүлеймен ышқына тізені өзіне тартты. Келесі сəтте ананың бар денесін ұстап тұрған бір аяғын шалып жіберіп, шалқасынан түсірді. Анау сүрініп құлаған атан нардай, жерді ойып жіберердей салмақпен оңбай құлады. Денесі сонша ауыр болса да, ептілігін қара. Кілем үстіне екі иықпен емес, бір иықпен құлады. Ол жерге құлағанда, Сүлейменнің тілеуін тілеген қалың көпшілік жер-көкті бастарына көтеріп, шулап кетті. Сол шудан екіленген Сүлеймен орыстың үстінен баса қалып, мыти түсті. Анау оңайлықпен берілер емес. Бұл кеудесіне отыра қалып бар күшпен қанша мыжғылап басса да біраз уақыт берілмей, екінші иығын кілемге тигіздірмеді. Аздан соң Сүлеймен оны бұлай ала алмайтынын білді де, қолдарын иықтарынан босатып, орыстың екі аяғының ортасына тізерлеп отыра қалды. Орыс кеудесін көтеріп тұра бергенде, оның екі аяғының тізе тұстарын бүйіріне ала құшақтап, лып етіп орнынан тұрды. Содан анау бұлқынып үлгергенше, аяқтарын екі қолтығына қысып алған Сүлеймен оны арбаша сүйрей жөнелді. Кілем шетіне дейін сүйреп барды да айналдырып-айналдырып жіберді. Орыс бар денесін босаңсытып жата қалды. Сүлейменге де керегі осы еді. Үстіне құлай кетіп екі иығын кілемге жанши қойды. Қазы «күрес бітті» дегендей қол көтерді. Айналадағы жұрттың қуанышында шек жоқ. Біреулер жүгіріп келіп, Сүлейменнің үстіне шапан жатты. Терге малынып, ырсылдап əрең демалған Сүлеймен алғашқыда қасындағылардың кімдер екенін байқай да алмады. Маңдайын алақанымен сүртіп, алдына қараса, қарсысында ақ боз ат мінген, қара сақалды қара киімді кісі тұр. Ол бұған қарап, езу тартып күлгендей боп тұрды да, зым-зия ғайып болды. Өз-өзіне сеніңкіремей, басын бір шайқап алып тағы қараса, əлгі кісінің орнынан халықты көрді. Жаңағы кісіні қай жерде көргенін есіне түсіре алмады. Есіне түспеді. Есіне түсер ме еді, егер алқынып Көбектер жетіп келмегенде. – Əй, жарайсың, жиен! Бұл дəу орысты жер қаптыратыныңды əу баста-ақ білгем. Əй, айналайын, жүр ана жаққа. Біраз демал, – деп ол мұны шетке сүйреді.

Сөйтіп Көбек бір қолтығынан, Нұржан мен Құлажан бір қолтығынан демеп шетке шыққанда алдарынан Ордабек пен Досалы шықты. – Уа, пəлі. Дию орысқа дес бере алмайды ғой деп, қауіптеніп едім алғашқыда. Төле бабаңның əруағы қолдады сені, балам. Енді ана біреуін жеңсең, бар атақ пен мансап сенікі, айналайын, – деді Ордабек екiтiндей сөйлеп. – Қазірше бір ғана балуанды жыққан жігітті тым асыра мақтау ертерек. Қауіпті сайыс əлі алда. Енді мұны соған қамдайық, – деді Досалы бар кездегідей қатал мінезін көрсетіп. – Көбек, Сүлейменді жақсылап тынықтыр. Қол-аяғын уқала. Қайта күреске түскенше көп тамақ беріп қойма. Əсіресе, қымыз, айран, сүт беруші болма. Олар буынды босатып, ішектерді осалдатады. – Керімбай сіздерге айтты ма? Екінші күрес қай уақытта басталады екен? – Оны кім білген. Біз ұлықтар жаққа қайта барайық. Ал, айналайын, келесі күреске дайындал. – Жүріңдер, мына үйдің ішіне кіріп отырайық. – деді Көбек. Ордабектер кеткесін: – Əйтпесе, еріккен кім көрінген келіп, Сүлейменнің мазасын алар. Бəрі балуандарға арнап тігілген киіз үйге кірді. – Əйтеуір, бір жерің ауырып қалған жоқ па? – деп сұрады Құлажан. – Қазірше аман сияқтымын. – Келесі күресетін адамың мен білсем, жаңағыдан күшті емес сияқты. Қалай дегенмен де, оның айласы мол-ау деймін. Бағана анау орыс сені мойныңнан ұстап төмен тұқыртқанда, өзіңді «əй, жеңілді- ау» деп ойлап едім. Құлап бара жатып аяғынан шап бергенің мұндай жақсы болар ма. – Оның аяғынан қалай ұстай алғанымды өзім де білмей қалдым. Олар өткен күрес жайында сөйлесіп біраз отырды. Көбек пен Құлажан Сүлейменнің аяқтарын, қолдарын əбден уқалап ширатты. Шалқалай жатқызып iшiн, етпеттей жатқызып мойны мен білегін умаждады. Мұның бəрі балуан адамға өте қажетті-ақ нəрселер. Жарты сағаттан аса жуық уақыт өткенде қазы жақтан «күрес алаңына жетсін» деген хабар жетті. Жігіттер Сүлейменді ортаға ала сыртқа шықты. Төбе маңындағы адамдарда есеп жоқ. Бəрі ентелей,

Сүлейменді бір көріп қалуға құмартып, бұларға лап қойды. Көбек пен Құлажан оларды өздеріне жақындатпай кері итере жүріп, əзер дегенде төбе жанына жетті. Төбе үстінде маңқиып бағанағы бірінші орыс балуаны тұр. Жаңағы досының есесін тап қазір-ақ қайтаратындай сыңаймен Сүлейменге бір шүйлігіп қойды. Қазы «сабыр сақтай тұр» дегендей, оның көкірегінен итеріп, кілем шетіне тұрғызды. – Уа, халайық. Қазір Керімбай болыстың тойындағы түйе балуан күресінің ең ақырғы сайысын бастаймыз. Осы күресте жеңген адам бүкіл Жетісу, Сырдария облысының ең мықты балуаны болып есептеледі. Соған байланысты мына екі балуанның аты-жөндерін атап, сіздерге мағлұм етпекпін. Бірінші тұрған мына орыс балуанның аты – Некелай, Берной ұлығының күрескері. Жасы жиырма төртте. Бұдан бұрын осындай күреске сегіз рет түсіп, сегізінде де жеңіске жеткен. Салмағы жүз бес келі. Ал мынау жас балуанымыздың аты – Сүлеймен. Қазығұрттағы Ордабек болыстың ауылынан келген. Руы – жаныс. Жасы он жетіде. Бұрын ешқандай күреске түсіп көрмеген. Сондықтан да мұның салмағын білмейміз. Сірə, тоқсан келіден асса керек. Сүйегі ірі, денесі дəу ғой. Бағанағы күресімізде балуандардың ешқайсысы жарақат алған жоқ. Ендігі күресте де, Құдай ондай жазымнан сақтасын. Қане, енді тынышталыңыздар. Ал балуандар, күреске кірісіңіздер, – деп қазы қалыптасқан əдет бойынша, оң қолын жоғары көтеріп, ортаға қарай сермеді. Қазының қолы сермелгеннен-ақ Нeкəлай балуан кілем ортасына атылып шықты да, жемтігін андыған жолбарыстай қатуланып, екі аяғын екі жаққа соза, еңкейіп тұрды. Сүлеймен де қарап тұрмай, бірден оған жақындады. Екеуінің арасы екі қадамдай қалғанда Некелай бойын түзеп, Сүлейменнің бір жерінен шап етіп ұстап алуға ұмтылды. Сүлеймен оның созған қолын қағып жіберді. Содан біраз уақыт бір-біріне батпай, кілем үстінде айналшықтап жүрді де қойды. Айналадағы халық болса, Сүлейменге дем беріп, шуласып жатыр. Алайда Сүлеймен бірінші болып шабуылдамады. Бағана тапал қазақпен күрескенде орыс оған бірден атылған еді. Енді күрес тəсілін өзгерткен сыңайлы. Екі көзін Сүлейменнің көзіне қадап, біресе шегініп, біресе жақындап, мұның аяқ алысын аңдыды. «Бірінші болып сен шаппасаң, мен де шаппаймын» дегендей, бұл да ол қалай айналса, солай айналып жүрді. Осылайша, екі балуан

бір-біріне бата алмай, біршама уақыт өткізді. Бір кезде орыс айқайлап жіберіп, еңкейген күйі Сүлейменге жүгірді. Өзі ұзын болса да жолбарыстай ширақ екен. Əп-сəтте қарсыласының екі аяғын құшақтай алып, алға қарай тартып жіберді. Құдай қолдағанда, Сүлеймен жығылмады. Қайта жылдамдық қылып, ананың бөксесінің сыртынан қапсыра құшақтап, оны тырп еткізбеді. Ойлаған тəсілі болмаған Некелай Сүлейменнің екі аяғының сан тұсынан құшақтаған күйі, екі жаққа қарай итергілеп, босанбаққа əрекеттенді. Бұл қимылынан да түк шықпады. Содан соң артқа қарай шегіне бастады. Екі балуан ұстасқан күйлері кілем шетіне жетті. Осы сəтте Сүлеймен сəл босаңсып қалды ма, Некелай қарсыласын оңға қарай лақтырып жіберуге талпынды. Бірақ Сүлеймен одан ажырамады. Ал Некелай жаңағы тəсілін тағы қайталады. Қанша дегенмен мығым да күшті денесінің серпіні қатты емес пе. Ұстасып тұрған балуанын лақтырып жібермегенімен, өз екпініне өзі де, Сүлеймен де аяқ тіреп тұра алмай, қосарлана оңға қарай жылжыды. Жылжып келіп, екеуі шошақ төбенің тура шетіне келгенде тұра қалысты. Мұны көрген қазы: – Тоқтаңдар! Тоқтатыңдар күресті! Кілем шетіне шығып кеттіңдер, – деп айқай салды. Сүлеймен қолдарын орыстан босата бергенде, қазының қазақша сөзін түсінбеген Некелай мұны шетке қарай лақтырып жіберді. Мұндай оқыс қимылды күтпеген Сүлеймен шошақ төбенің жиегінен төмен қарай құлап бара жатып, оның беліне жармаса кетті. Сөйтіп екеуі бірдей төбе үстінен төменге қарай сүйретіле құлады. – Орыстыкі жөн емес! – Осы қылығы үшін оны жеңілдіге санау керек! – Қазы, орысты күрестен қуып жібер! – Мұндай кезде лақтыруға болмайды, – деп топырлап тұрған жұрт шу-шу етісті. Ал біреулер балуандардың төбе басынан қосақтала домалап түскеніне ха-ха-лап күліп жатты. Қазы төбе шетіне келіп, пəсте жатқан балуандарды тұрғызды. Содан соң: – Тілмəш қайда? Тілмəшті шақырыңдар, – деп ұлықтар отырған жаққа қарады. Жүгіріп келген тілмəш Нeкeлaйға əлгіндегі қылығының дұрыс еместігін түсіндіріп жатыр. Ол «түсіндім» дегендей, екі қолын кеудесіне қойып, басын изеп-изеп қойып, төбе басына шықты. Күрес

қайта басталды. Бұл жолы екі балуан бірінші айқастағыдай аңдысып, ұзақ жүрмеді. Қазы белгі берiсiмен-ақ, алыса кетті. Орыс тағы да жылдамдық танытып, Сүлейменнің аш беліне тап берген. Ал Сүлеймен оның жауырынының сыртынан құшақтай қапсырып алған. Екеуі осылайша, бір-бірін жыға алмай, жұлқыласып көп тұрды. Əлден уақытта Некелай Сүлейменді шалқалай ішімен көтеріп алды да, кілемге топ еткізбек болып серпи бергенде, өзі шалқасына түсті. Шалқасымен түскенімен кілемге жауырынмен құламады. Қырынан түсті. Енді екеуі жатқан күйлері алыса бастады. Дегенмен орыс кілем үстiн бұрын талай көрген кəззəп емес пе, алысып жатып, Сүлейменнің үстіне шығып үлгерді. Абырой болғанда, Сүлеймен бір қырынан жатыр еді. Анау үстіне шығып алып, қанша тартқыласа да, беріспей қойды. Енді Некелай басқа əдіске көшіп, мұның бір аяғын қос қолымен ұстап, қайыруға кірісті. Сүлеймен екінші аяғымен оның қолдарын итеріп, кеудесін сəл көтерді де екі қолымен ананың білектеріне шап берді. Ол босанбақ болып тартыншақтай бергенде, оны бар күшімен еңкейе тартып, аяқтарын оның ішіне тірей қойып, өзінен асыра лақтырып жіберді. Некелай сорлы кілем шетіне баспен барып қадалды. Мыңдаған адам тағы шу етті. Бірақ Некелай орнынан атып тұрды да, жайлап көтеріле берген Сүлейменге бассалды. Сəтін салғанда орыс Сүлейменнің иығына тура қарын тұсымен келіп жабысқан еді. Сірə, екпінімен мұны құлатып салам деп ойласа керек. Енді Сүлеймен шапшаңдық қылып, оны көтере орнынан тұрып кетті. Содан қаһарланған ол, бар күшін жиып тұрып иығында жатқан орысты кілемге алып ұрды. Əрі өзі де бар салмағы оның үстіне шаншыла құлады. Шаншыла құлағанда, оны майып қылайын деген ойы жоқ-ты. Бағанағыдай аунап үлгертпей, орыстың екі жауырынын кілемге бірден тигізу еді. Орыс осы жолы онсыз да кілемге қос жауырынымен қадалған-тын. Сүлеймен үстіне құрағанда, «Ой, мама» деп шыңғырып жіберді. Одан соң тырп етуге шамасы келмей, бір қолымен кек астын, бір қолымен көкірек тұсын ұстап, ырс-ырс етіп, серейді де қалды. – Тағы да Сүлеймен жеңді! – деп айқайлады қазы қос қолын жоғары көтеріп. – Жеңіс – қазақтікі! Сол-ақ екен, айнала қым-қуыт айқай шуға толды да кетті. Сүлейменді көтермелеп айқайлаған мыңдаған адамның шулы дауысынан құладын дүз – Билікөл даласы толқып, кəрі Қаратаудың

көк шыңдары мен жалтыр құздары дір-дір еткендей еді. Тіпті айғыр кісінеп, тұлпар жер тартып, бура ақырғандай болды. – Уа, жаса, Сүлеймен! – Уа, қыраным! Анаң сені мұзбалық етіп туған екен! – Арыстан екенсің, айналайын! – Қайратың мен бабың бірдей екен, батырым! – деп айқай салған жұрттың қуанышында шек болмады. Бірақ жұрттың өзіні бұлайша қошеметтеп, құрметке бөлеп, айқайлап жатқаны Сүлейменге титтей де əсер етпеді. Қайта өзінен жеңіліп, жерде тұруға шамасы келмей, ыңырсып жатқан Некелайды айналшықтап, «Осы жазғанға бірдеңе болып қалды ма?» деп оның қасынан ұзaп кетпей тұр. «Не болды?» – деп сұрайын десе, орысша тіл білмейді. Орыс болса «ананы шақыршы» дегендей, қазыны қолымен нұсқап-нұсқап қояды. Күреске қазылық еткен кісі Некелайды «жеңілгеніне намыстанып, тұрмай жатыр» деп ойлады ма, оған назар да аудармай, төбе шетінде болыстар мен ұлық отырған жаққа қарап тұр. – Мына орысқа бірдеңе болып қалды-ау деймін. Барып көріңізші. – Бұл неге тұрмай жатыр өзі? – дел қазы оның қасына барды. Онымен бірге тілмəш та жетті оған. Тілмəш орыспен аз-маз сөйлесті де: – Біраз қабырғалары мен бұғанасы сынып кеткенге ұқсайды. Өзі тұра алмайды. Кілемге салып көтеріп кетпесек болмас, – деді ол қазыға қарап. Осы кезде төбе басына жүгіріп Көбек пен Құлажан келді. Екеуі келе сала Сүлейменді құшақтай алды. – Неғып тұрсың бұл жерде? Сен жеңдiң! Болды, жүр! Енді түсейік пəске. Болыстар жаққа барайық. – Тұра тұрыңызшы. Мына орыстың бір жері сынып кеткенге ұқсайды. – Құрысын, кəпірің. Бір жері сынбаса, қирап қалсын, Əйтеуір өзің амансың. Осыған шүкір де. Кеттік, бол! Ана жақта ұлық пен Керімбай болыс сені күтіп отыр. Саған разылығын білдірмек. Етекке түскен соң Құлажан қолындағы шапанын Сүлейменнің иығына жапты. Ол шапанды желбегей жамылған күйі Көбекке еріп, игі жақсылар отырған шатырға келді. Қатарласа жайғасқан би- болыстардың қақ ортасында кешегі өзі амандасқан ұлық отыр.

Сүлейменді көрген ол орнынан жайлап тұрды. Оған ілесе би-болыстар да өрe түрегелді. Ұлық Сүлейменнің қолын алмады. «Кешегідей қолымды қысып ауыртып жіберер» деп ойлады-ау, сірə. Тек: – Молодец, Сулайман. Ты хорош! Ты сильный! – деді езу тартып. – Жеңісің құтты болсын, балам! Бұдан да мықты балуан бола бер, – деді Керімбай болыс. Ұлық пен Керімбай болыстың мадағын естіген соң бұлар өз үйлеріне келді. Сүлейменді көруге құмартып, құттықтауға келген адамдардар да есеп жоқ. Бірақ оларды Көбек ішке кіргізбеді... Ертесіне үш жүз ат сап түзеп, отыз бес шақырымдық аламан бəйге басталды. Аламан бəйгеде сиқым Мақұлбектің қарагеріне жетер ат болмады. Ордабектің атбегісі баптаған ақжал ат екінші болып келіп, бес жылқы, елу сомды қанжығасына байлады. Ал мыңнан аса ат қатысып, үлкен Қаратаудың арғы жағы бір бөлек, бергі жағы бір бөлек болып шабысқан шабандоздар сайысы – көкпарда атышулы шегір Сыдыққа тең келер ешкім болмай, бас салым бəйгесін сол алды. Бір күннен кейін күрес пен көкпардан ешкімге дес бермеген жігіттеріне разы болып, көңілі масаттанған Ордабек байбатша Билікөл жерімен қош айтысып, би-болыстарын, шабандоз-атбегілерін, атқосшы-қызметшілерін, жалпы, өзімен бірге тойға келген үш жүздей қалың нөкерін ергіп, елге, Қазығұртқа қарай бет түзеді.

ЕКІНШІ БӨЛІМ І Сол тойдан кейін төрт жыл өтті. Қазығұрт пен Қаратау алабын алапат жұт пен қуаңшылықтың жайлап тұрғанына екінші жыл. Бұл жұт бір ғана бұл өлкелерде емес, сонау Бернойдан бастап, Талас пен Шудың күллі өңірін, күнгейі Сарысу, батысы Сырдарияның бойындағы ен даланы қамтып тұр. Былтырғы 1917-ші, жылан жылынан бері қыста бір түйір мұздақ қар, көктемде бір тамшы жаңбыр жаумай, қыр үсті, дала төсі қурап кетті. Қаратаудың екі жақ қапталындағы, Қазығұртың тірескейi мен батысындағы шөлейтті даланы мекен еткен қазақтардың тігерге тұяғы қалмай, үйір-үйір жылқылары мен отар-отар қойлары жерден бір тiстем шөп таппай, қырылып қалды. Ол жақтың елі тозып, беті ауған жаққа лақты. Əлі келгендер тышқан, бақа-шаянға дейін ұстап жеді. Əлі келмегендер жолда өліп, көмусіз қалды. Бұл жұтты жергілікті жұрт – «жылантақыр» деп атады. Осы жұтта тау паналап, өзен жағалаған ел онша көп қырғынға ұшырамады. Су бар жерде ел өз нəпақасын тауып жейді емес пе. Досалы би былтырдан бері Сайрамсудың екі жағындағы тегіске тары мен бидайды көптеп ектіріп, өз елін тарықтыра қоймады. Керегетас пен Қырыққыздың үстіндегі биік шатқалды тау қорғандарының ішінде тығулы жылқыларды ашыққан жұртқа таратып беріп, əзірше өз құзырына қарасты елді бағып отырған. Бірақ Билікөл мен Сарысу атырабынан лек-лек келіп жатқан аш адамдардың құрсағын тойдыруға бидің шамасы келмеді. Қай жерде нан бар десе, солай қарай ағылған оларды бір-екі жылқының етімен, екі-үш қап ұнмен тойдыра алмасы анық. Осыны сезген Досалы ауғынды жұрт көп өтетін жол бойынан өз жұртын тауға қарай көшіріп əкетті. Дегенмен көп уақыт өтпей жатып-ақ былтырғы жиған азығы таусыла бастаған бұл ауылдың да халқы тарыға бастады. Жұттың екінші жылының бас шеніне қарай Шымқаладағы да, оған таяу Сайрам мен Арыс кенттерінің де жұртының тоз-тозы шығып, ашаршылыққа ұшырады. Бұрынғы ұлықтардың бəрін орнынан тайдырып, кедей-кепшікті зор етеміз деп келген жаңа өкімет жұтқа қарсы түк істей алмай, қауқарсыз қалды. Бай-болыстардың барлығын құртамыз деген сол өкіметтің заң- зəкүні қырдағы елге, таудағы жұртқа əзірше тізесін батыра алмаған-

ды. Сондықтан би-болыстар облыс пен ояздық ұлықтарынан айырылғанымен, өздеріне қарасты ру мен ауылдарды билеу құқығынан əлі де ажырамаған. Қазығұрт пен Сайрамсу, Арыстың жоғарғы сағасы мен Түлкібас елінің билігі əлі солардың қолында. Би- болыстар əзірше жаңа өкіметтен шошымай отыр. Олардың шошынғаны – мына жұт. Ата-бабадан келе жатқан үлгі бойынша ел тізгінін ұстаған игі-жақсылар халқын жаттан да, жаудан аман алып қалуы тиіс. Осыны ойлаған Досалы би бір күні Көбек бастаған барымташы жігіттерін жиып алды: – Ал, Көбек, «бұрын тойып секіруші едік, енді тоңып секіретін» күн туды басымызға. Мына жұттан ашыққандарды аман алып қаламыз деп қамбада астық, қорада мал таусылды. Жаңағы «тоңып секіретін» деп айтып отырғанымның мəнісі – аш бөрідей қыр кезіп, бөгде малға құрық салу керек болып тұр дегенім. Ұрының кейде бір елге зияны болғанымен, бір елге пайдасы тиеді. Мына таудың аржағындағы қырғыз елінің нəпақасын Құдай аспаннан да, жерден де тарықтырмай, ауыздарын аққа бөктіріп отыр. Енді сол жаққа аттанып, Күреңті мен Бозғыл шатқалы төңірегіндегі қырғыз би-манаптарының сай-салада жайылып жүрген жылқыларын бері қуып қайтыңдар. Қанша жылқы айдап əкелсеңдер де, олардың барлығын мына аштан сілесі қатып отырған жұртқа таратып береміз. Ырзығымыз елмен бірге болсын. Аттаныңдар! Құдай жолдарыңды оңдасын! Досалының бұларды ұрлыққа жұмсағаны бір бұл емес. Сондықтан да барымташы жігіттер биге ешқандай сауал бермей, орындарынан тұрды. Бұрындары ұрлықты ермек үшін істейтін бұлар, енді өз елінің азығы мен нəпақасы үшін ерлікке бара жатқан сарбаздардай сапарға тас-түйін дайын. Сонау Билікөлдeгі болыстың тойынан «түйе палуан» атанып келген Сүлеймен бұл күндері жанындағы серіктеріне ұқсап, əбден кəнігі барымташы болған. Мына шеті Сарысу, мына шеті Талас таулары мен қырғыз Алатауының тек қарақшылар ғана жортатын сайлы жолдары мен құзды шатқалдарын теп-тегіс біліп алған. Басқа серіктерінен гөрі күш пен айласы мол бұл, алпысқа таяса да кəрі арландай саптан таймай жүрген Көбектің орнын басуға лайық-ақ еді. Алайда əзірше селкеуі шықпаған Досалы барымташыларының топ басшысы Көбек «дала кезіп, түнгі жортудан қажыдым» деп айта қойған жоқ-ты. Əрі тек барымтамен таң атырып, күн батырып жүрген Əріпбай мен Тастан да, Кендір мен Əмір де, жалпы, барлығы да

жорық үстінде дию күш, қабылан жүректі Сүлейменнің бетін қағып жүретін Көбекті қатардан қалдыруға ынтық емес-ті. Былайша айтқанда, олар Сүлейменнен қатты қорқатын. Əрине, ол өзінше ешкімге тиіспейтін. Бірақ əзіл мен қалжыңды онша суқаны сүйе бермейтін Сүлеймен, біреудің ойнақы сөзін шын көріп, оған ашулы бұқадай тарпа бас салатын. Ондайда оның тегеурінді күшіне екінің бірі қарсы тұра алмайды. Былтырғы жылы қыр мен шаһардың арасына ары-бері базаршылап қатынаған қазақтардың аткөлігін тонап, болмаса ұрып-соғып, тыныштық бермей жүретін мықтысынған сайрамдықтардың көздеріне көк шыбын үймелетіп, жуасытып қойған да осы Сүлеймен-тін. Қазақтардың шағымын естіген Досалы би Сайрам хəкіміне «тентегіңді тый» деп қанша ескерту жасаса да, бозаға тойып елiрген Сайрамның ылғи жас жігіттері қазақтарды басынуын қоя қоймайды. Былтыр жазда Сүлеймен Төрехан мен Байтұр деген інілерін ертіп Шымқалаға барған. Содан екі інісіне бірсыпыра киім əперіп, өз ауылдарына емес, Досалы ауылына келе жатқан. Бидің ауылына апаратын жол Сайрам маңынан өтеді. Сүлеймен атта, анау екеуі бір есекке мінгескен. Үшеуі Сайрам тұсынан өте бергенде, су жағасындағы қамысты паналап отырған бір топ сайрамдық жігіттер бұларды қоршап алды. Əрқайсысының қолында бір-бір сойылдай таяқ. Сол таяқтарын ербеңдетіп: – Уа, мал баққан қазақтар, аттарың мен есектеріңді, қоржындарыңды тастап, таяқ жемей тұрғандарыңда тайып тұрыңдар! – деп доқ көрсетті. – Мына екі бала кішкентай, төбелесуге жарамайды. Ал менімен қайсың жекпе-жекке шығасыңдар? Егер мен жеңсем, біз сендерге ештеңе бермей, кете береміз. Ал сендердің мықтыларың жеңсе, онда айтқандарыңды береміз. Келісесіңдер ме? – деді Сүлеймен. Бірақ өзбек жігіттері Сүлейменнің сөзін елең қылмады. Қайта: – Сен сияқты арам қазақпен жекпе-жекке шығу біз үшін ұят, – деп бəрі бірдей Сүлейменге жабыла кетті. Алғаш ұрған сайрамдықтың таяғы тура тобығына тиді. Ат үстінде отырған адамның ең осал тұсын ол да біледі екен. Алайда соққы қатты дарымады. Сонда да соққы жанына батқан Сүлеймен ақырып жіберіп, аттан секіріп түсті де, жан-жағын қаумалаған олармен айқаса кетті. Өздерін дəуміз деп есептеген өзбектердің бойлары Сүлейменнің иығынан ғана келеді екен. Бірақ қолдарында қара ағаштан жасалған

шоқпары бар олар, бұдан ықпай, лезде сілейтіп саламыз деп ойлады- ау, əсті. Сүлеймен аттан түсе бергенде жақындау тұрған біреуі шоқпармен мұның арқасынан аямай салып қалды. Шоқпар оңбай тиді. Ауыр соққыдан жаны одан бетер шыққан Сүлеймен тағы да бір ақырып, оған бұрылғанда, екінші біреуі бастан ұрды. Құдай сақтағанда, сойылдың ұшы басқа тимей, иыққа сарт етті. Сүлеймен лезде ес жиып, əлгігің сойылынан шап беріп ұстай ап, өзіне тартып қалды. Жігіт өз екпінімен Сүлейменге қарай қисалаң етті. Осы кезде оның желкесінен тап берген Сүлеймен екінші қолымен басынан періп жіберді. Анау құламағанымен тіл-ауыздан айырылып, көздері алақ-жұлақ етіп теңселіп кетті. Қаны қарайған бұл оны сол тұрысында жағасынан алып лақтырып жіберді. Ол сорлы ұшып барды да Сүлейменнің атының сауырына сарт тиді. Үркіп кеткен ат ары қарай шошып түсіп, аяғын сілтеп қалды. Аттың тепкісі əлгінің басына тақ етті. Сүлейменнің бір жігітті көзді ашып-жұмғанша қаңбақтай домалатқанын көрген сайрамдықтар бір сəт аңтарылды. Ал Сүлеймен жолбарыстай атылып барып, жанына таяу тұрған екіншіні ұрып құлатты. Ол да дауыс шығаруға шамасы келмей, талып түсті. Одан соң өзіне таяғын оңтайлап жүгірген үшіншіні шалып құлатты да, оны қап көтергендей жоғары көтеріп тұрып, жерге кіргізіп жіберердей бар күшпен алып ұрды. Үш жігітінің сілейіп қалғанын көрген басқалар қаша жөнелді. Ашудан өзін-өзі билеуден қалған Сүлеймен оларды қуып жүріп ұрды. Не керек, əп сəтте сегіз сайрамдық өзен жағасында сілейіп жатты. Жылдам жүгіретін қағылездеу төртеуі қашып үлгерді. Сүлейменнің жеңісіне масаттанған Төрехан мен Байтұр есектен домалап түсе қала: «Біздің түйе балуанмен төбелесетін сендер кімсіңдер», – деп сілейіп жатқандардың арттарынан теуіп жүр. Ұрудан айызы қанбаған Сүлеймен де оларға қосылып, анау сорлыларды бір-бірлеп тағы тоқпақтады. Ал жаңағы ат тепкен жігітте қимыл жоқ. Бет-аузының бəрі қан. ...Екі-үш күннен кейін Сайрамнан даугерлер келді. «Не дейсің, əнеукүнгі төбелесте бір жігіт өліп қалыпты. Оны ұрып өлтірген Сүлеймен деген дəу екен», – дейді олар. Мұндайда қарсыласқа дес беретін Досалы ма. Қайта, екі жақ айтыста сайрамдықтардың өздерін кінəлі етіп, ал өлгенді ат тепкісінен өлген адам деп тауып, оларға құн да төлемеді. Осылайша, əп-сəтте сегіз адамды жайпаған Сүлейменнен

енді кім ықпасын. Шамына тиген сəл сөзден бір көтерілсе оңайлықпен басыла қоймайтын бұған, Көбектен басқа серіктері абайлап сөйлейтін. Сүлейменнің осы мінезін білетін Досалы барымташылар далаға шыға бергенде: – Əй, Сүлеймен! – деп дауыстап тоқтатты оны. Бидің сөзіне Сүлеймен ғана емес, барлық жігіттер де тоқтады. – Арлан бөрі ұяласына кектенбейтіні бар. Сен арлан болсаң, жанындағылардың бəрі бір-бір сырттан екенін естен шығарма. Естуімше, біреудің сөзі басыңнан сəл асса, асау айғырдай тартып, кəрленген арыстандай ақырып, бассалатынға ұқсайсың. Қайратты жігітке шырт етпе шəлкес мінез жарасқан емес. Қауіпті сапарда бір қалжың сөзіне бола досыңды қасқа санама. Болмайтын жерде күшіңді бұлдай берсең, досыңа қадірің кетер. Ұстамды бол. Бидің нені меңзеп отырғанын Сүлеймен бірден ұқты. Бір би емес, Көбек те осы тақылеттес ақылды көп айтатын. Бірақ Көбекке дауыс көтеріп қатты сөйлемесе де, оны оңай қайтарып тастайтын. Ал Досалының бетін қалай қайтарасың. «Құп, биеке» – деп қолын кеудесіне қоя, басын бір иіп, үйден шыға берді. – Қанша мықтымын дегеніңмен биге қарсы уəж айта алмайсың, ə, – деп қағытты Кендір шыға берісте. – Қара жын мен пері де патшасын тыңдаған ғой, – деп қостап қойды оны Əмір. – Өшіріңдер үндеріңді! – деп ақырды Көбек оларға. – Осы сендер кесірленіп сөйлеп қалмасаңдар, іштерің кебе ме, түге. Осылай ғой сендер, бұл қара диюды ашуландыратындарың. Жолға шығып бара жатқанда кер мінез көрсетпеңдерші, тегі. Қалжыңның да өз жөні бар ғой. Бұл сөзден кейін бəрі жым болып, ерттеулі аттарына қоржындарын артты, Сүлеймен Кендір мен Əмірдің де, Көбектің де сөзін елең қылмай, өз атының тартпасын қайта мықтап тартты. Бұл мініп жүрген қарагер ат, баяғы Шыршықтан жылқы айдап келе жатқанда жолда туған биенің құлыны еді. Биыл төрт жасар айғыр болды. Жануар тура Сүлейменге лайық болып, əрі биік, əрі ұзын болып өсті. Мұнымен жасты кейбір айғырлар Сүлеймен мінгенде белі қисайып қалады. Ал қарагер мұны жүк көрмейтіндей, былқ етпейді. Үш жылдай шатқалдағы жылқылар арасында жүрді. Былтыр Сүлеймен оны ұстап, мініске өзі үйретті. Мұның меншігінде бір бұл қарагер

емес, баяғы Керімбайдың тойында «түйе балуан» бəйгесінде алған үш жылқы мен үш танадан көбейген біраз мал бар-ды. Олардың бəрі би малдарымен бірге жұртқа тарқатылып кетті. Бəріне кінəлі мына кесапат жұт қой. Бірақ Сүлеймен сол малдары үшін өкінбеді. Тітті бидің өзі де мініс аттардан басқа төрт түліктерінің бəрін ашыққан жұртқа таратып берген жоқ па. Өзі аман болса, əлі-ақ талай мал жинап алар. Барымташылар Досалы би ауылынан аттанғанда түс ауып қалған шақ еді. Бет алыстары шығыс жақ – қырғыз елі. Жетекке екі ат алған алты салтатты шоқытып желе отырып, Ақсу бойындағы аз ғана көкірек пен бір қауым қоңырбай сиқымдар қоныстанған Дарбаза маңына кеш бата жетті. Айналасы тұтас биік құзды тау ішіне осы тұста жалғыз ат қана кіріп жүре алатын жол бастауын ел – Дарбаза деп атайтын. Дарбазадан еніп, ары қарай жүре берсең, тар шатқалдарды ирелеңдеп кесіп өтетін жол біреу-ақ. Жан-жағын шыңды құздар қоршап тұрған бұл өткел ежелден-ақ ұрылар мен қарақшылардың жолы. Дарбазадан басталатын сол жол қырғыздардың Күреңті жайлауына барып бір-ақ шығады. Əлбетте, қасқыры мен аюы, тау барысы мен қабыланы, төбеден жазатайым домалап кететін үйдей тасы көп аса қауіпті бұл жолмен кез-келген бөрікті сапарға шықпас- ты. Алайда бір Көбек бастаған топ қана емес, бұл жолмен атам заманнан-ақ түнді пана, тəуекелді байлам еткен талай жанкешті барымташылар ары-бері ойқастап өткен. Бұл жол – арысы қалмақ, берісі орыс басқыншылары кезінде Ақсу мен Күреңті бойын жайлаған дүйім қазақ пен қырғызға ықтауға пана, қашуға таса, тығылуға қалқан іспеттес маңыз атқарған. Көбек бастаған топ ат тұяғын кетiлдiрер біресе құзды, біресе шыңды жолмен үш күндей жүріп, Күреңті жайлауының қақ төріне аяқ iлiктiрдi. Күреңті даласы жайқалып тұр. Қазақтар тартқан жұт зардабын қырғыздар тіпті сезбеген де. Елі тоқ, өрісі малға толы. Бұған іші қызған Көбектер бұл жолы барымталайтын жылқыларын ұзақ аңдымады. Бір күн Ойтас маңында жақсылап тынығып алды да, кеш бата Ақшы өзенінің бойында жайылған жүз қаралы жылқыға тап берді. Қас қылғанда, жылқы күзетшілері дереу атқа қонып, бұлардың ізіне түсті.

Жылқыларды алтауы алты жақтан қыса айдап, Күреңті шатқалына жақындай бергенде, үйірбасы дəу қара айғыр айдауға көнбей, кері қарай қашты. Əмір оны ұзын құрығымен сабалап, қайтарам деп қанша тырысса да ол ары ойқастап, бері ойқастап, шатқалға кірер жолға жолар емес. Жол басшыларының кері қашуға əрекет жасағанын көрген басқа жылқылар да ілгері баспай, бір орнында иіріліп тұрды да қалды. – Тастан, Кендір, анау айғырға барып, үшеулеп айдауға ұмтылыңдар! Біз мына жылқыларды шашау шығармай ұстай тұрайық, – деді Көбек. Əмірге бой бермей ары-бері қашқақтаған дəу айғырға енді үшеулеп жабылды. Бірақ қара айғыр бəрібір бұлар айдаған жаққа жүре қоймады. Айғырдың айдауға көнбесін білген Көбек: – Əріпбай, атып тастай сал оны! Басқа амал жоқ. Ол тірі тұрғанда жылқылар шатқалға əсте кіре қоймас. Бол тез. Оқта мылтығыңды! – деп бұйырды. Бұйрықты екі етпеген Əріпбай бердеңкесін оқтап, үш ұрының алдынан қашып кете алмай, жанталаса шапқылаған қара айғырдың жанына шауып барды. Қара айғыр өзіне төнген ажалды сезді ме, басын төмен тұқырта, бір орнында айнала аласұрды. Оған үш-төрт қадамдай тұрған Əріпбай мылтығын оның басына көздеп тұрып, басып қалды. Айғыр жануар гүрс етіп жерге жаншыла құлады. Артынша, тұрамын деп, төрт аяғымен жер тіреді. Бірақ тұруға шамасы келмей, тағы құлады. – Болды, тастаңдар оны! – деп айқайлады бергі жақтан Көбек. – Кендір, сен, шатқалға кір! Сенің артыңнан біз жылқыларды қуайық. Төрт аяғымен жер тарпып, қорс-қорс, қинала демалған қара айғырды айналған төртеуі Көбектің айқайынан кейін бері қарай шапты. Кендір сол шапқаннан жылқылардың алдына түсіп, шатқалға кірді. Қалғандары қиқу салып жылқыларды сабалай, ол кірген жолға қарай айдады. Үйірбасынан айрылған жылқылар енді бір-бірлеп, Кендірдің соңынан шатқалға кіре бастады. Осы кезде арт жақтан біреулердің аттан салып, дүбірлетіп шапқан дауыстары естілді. Сүлеймен артына бұрылса, қолдарындағы сойылдарын оңды-солды сермеп, оншақты атты шауып келеді екен. – Қуғыншылар келе жатыр. Не істейміз? – Қап, атаңа нəлеттер-ай. Шатқалға кіріп үлгермегенімізді қараңдаршы. Сендер, Тастан мен Əріпбай, жылқыларды шатқалға

қуып кіргізе беріңдер. Сүлеймен, Əмір сойылдарыңды дайындаңдар. Қуғыншылардың жолын тосайық. Əмір мен Сүлеймен сөзге келмей Көбектің артынан шапты. Біраз шауып барған соң, Көбек атының басын тежеді: – Осы жерде қырғыздарды бөгейміз. Қас қылғанда, бұл жолы бір- ақ мылтық алып шыққанымызды қарашы. Əмір, ат мылтығыңды аналарға қаратып! Лəжі болса адамдарын емес, аттарын дəлде! – Бұл кезде қуғыншылар таяп қалған-ды. Əмір алдында шауып келе жатқанның атын дəлдеп бір атты. Бірақ оқ атқа да, адамға да тимеді. Мылтық даусынан ықпаған қырғыздар Əмір қаруын екінші рет оқтап үлгергенше құйғытып, бұлардың жанына жетіп те қалды. – Тезірек мылтығыңды оқтасайшы! Неге ыбылжып қалды?! Əмір сипалапып қоржынынан оқшантайын аламын дегенше, бұларға алғаш жеткен алдағы қуғыншы Көбекті сойылымен бір соғып өтті. Бірақ сойыл оған дарымай, атының жамбасына тиді. Əмірден қазірше қайран болмасын білген Көбек, сойылын оңтайлап, əлгі қырғызға қарай шапты. Қырғыз артқа бұрыла қашты. Бұл уақытта тобымен шауып келген басқа қырғыздар Сүлейменге жабыла кетті. Бұл алғашқыда оларға сойылын сілтеп те үлгермеді. Өзіне қарай сілтенген бірнеше сойылдан басын қорғаштай, ат жалына жабыса еңкейді. Соққылар басына тимегенімен арқасында тиді. Құдай сақтағанда, олардың ешбірі зақым келтірмеді. Сойылдарымен бір-бір ұрып өткен қырғыздар қайта бұрылып келгенше, бұл ес жиып, ат үстіне тіктеп отырып алды. «Уа, атаңа қоқи, ұры қашақ. Басыңды мыжғылап тастайын», – деп шоқпарын қос қолдай ұстап өзіне қайта шапқан бір қырғызды сойылымен құлаштай соқты. Анау сорлы аттан ұшып түсті. Артынша шоқпарын басынан асыра көтеріп, атын өңмендете ойқастатып екінші қырғыз келді. Ол бұрын қимылдап, Сүлейменді шоқпармен бір ұрды. Бұл да шапшаңдық танытып, сойылын оған қарата сілтеп кеп жіберді. Сойылдар ешқайсысының денесіне тимей, бір-біріне сақ етті. Қырғыздың шоқпары қолынан түсіп кетіп, қарусыз қалған ол, атының басын бұрып, ұзап кетті. Нақ осы сəтте оң қапталдан келген тағы бір қырғыз Сүлейменді ұрып үлгерді. Бастан тиген соққыдан көзі қарауытып кеткен бұл, жан- дəрмен оған сойылын сілтеді. Анау атының сауырына сылқ ете түсті. Сəл қапы қалса жəне бір соққы өзіне тиетіндігін бағамдаған Сүлеймен қисайып қалған тымағын тез жөндеп алып, «тағы қайсысы бар екен»

деп артына қарай бергенде, өзіне таяу тұрған аттылының шоқпары төбесінен төніп келе жатқанын байқап үлгерді. Лезде ат жамбасына қарай шалқайды. Ауа құшқан шоқпар ердің қасына тиді. Бұл бойы тіктеп алуға шамасы келмеген күйі, сойылдың ұшымен оның ішіне бір ұрды. Қырғыз ат үстінде екі бүктеліп, ары қашты. Қас қағым сəтте үш қырғыздың бетін қайтарған Сүлеймен айқасудан сəл босап жан-жағына қараса, оншақты қадамдай жерде Көбек екі қолын ат мойнының екі жағына салбыратып, тұлпарының жалын құшып жатыр. Оны екі қырғыз шоқпармен аямай сабалап тұр. Ал анадай жерде Əмір үш-төрт аттыдан далбаңдап жаяу қашып жүр. Шамасы, аттан құлап қалған-ау. Қолында сойылы да, мылтығы да жоқ. Бұларды көріп, одан бетер қаны қызған Сүлеймен ақырып, Көбекті ұрып жатқандарға тұра шапты. Келе сала, Көбекті сабап тұрғандардың бірін бір ұрып, аттан құлатты. Атымен аты қапталдасқан екіншісінің жағасынан жұлып, жерге түсірді. Содан Көбектің қандай халде екенін қарауға да мұршасы болмай, Əмірді қуып жүргендерге жетіп барып, шеттегі бірімен айқаса кетті. Ат үстіндегі жалғыз қазақты тағы тез сілейте салайық деп ойлады ма, əйтеуір басқа қырғыздар да Əмірді тастай салып бұған жабылды. Алайда Сүлеймен сойылын басына шыр көбелек айналдырып тұрып, олардың бірде-бірін өзіне маңайлатпады. Сүлейменнің қимылын тақым қағысынан сезетін қарагер ат та, бір орнында шыр айналып, əлсін-əлсін алдыңғы екі аяғын тебіне жоғары көтеріп, секіріп-секіріп қояды. Жануардың бұл қылығы Сүлейменді алдыңғы жақтан төнетін қауіптен сақтандырғандай. Осылайша, Сүлеймен қорғанып, қырғыздар ауыздықтарымен алысқан аттарын қаншаға ойқастатса да, ұрымтал сəтті таба алмай тұрғанда, гүрс еткен мылтық даусы шықты. Іле-шала топырлап тұрған қырғыздардың бірі аттан ұшып түсті. Бағана мылтық даусын елең қылмаған қырғыздар енді ғана шошынғандай жерге құлаған серіктеріне де қарамай, келген жақтарына қарай қаша жөнелді. Сүлеймен тықыршып тұрған атын тоқтатып мылтық даусы шыққан жаққа қараса, сонадай тұста қаруын ұстап Əмір тұр екен. Оқ тиіп аттан құлаған əлгі қырғыз ойбайлап жерде аунап жатыр. – Қап, иттің балаларының бəрін жайпап салар едім. Қашып кеткендерін қарашы. Ойбай, анау Көбекке не болған? Басын көтермейді ғой өзі, – деп айқайлады Əмір.

Сүлейменнің есіне Көбек енді түскендей, бұрыла сап, оның жанына жетіп барды. Ол бағанағыдай ат жалын құшып, əлі жатыр. Иесінің жағдайының ауыр екенін сезген торы ат та Көбек сусып, жерге түсіп кетпесін дегендей, мойнын жоғары көтеріп, жүріп кетпей, бір орнында тұр. Көбектің аузынан аққан қан торы аттың жалына жабысып, жерге тырс-тырс тамуда. Қан ауыздан ғана емес, бастан да ағып жатқан сияқты. Оның бұл сиқын көрген Сүлейменнің жүрегі дір етіп, секіріп жерге түсті: – Нағашы, не болды сізге? Əйтеуір амансыз ба? Көбекте үн жоқ. Екі көзі жұмулы. Сүлейменнің даусынан кейін бірдеңе деп тіл қатайын деп еді, тілі икемге келмеді. Содан зорлана ыңыранды да, көтерілмек болып əрекеттенді. Бірақ одан да түк шықпады. Тіпті салбыраған қолдарын да жиюға əлі келмеді. Сүлеймен оның басын көтермек болып, маңдайынан ұстағанда, Көбек көзін сəл ашты. – Тиме. Тезірек елге... – деп арты жағын айта алмай, тағы да ыңырсыды. – Əмір, мұнда кел! Көбекең... Көбекең сөйлей алмай жатыр. Атын əзер ұстап, бір жақта қалған сойылын зорға тауып алған Əмір, Сүлейменнің айқайынан кейін бұлардың жанына жетті. – Не боған Көбекеңе? Шынымен қатты жарақат алған ба? – деді реңі бұзылып, – Енді қайттік? – Тілі күрмеліп, сөйлеуге шамасы келмейді. – Мұны атқа əзірше тіктеп отырғызуға болмайды. Тура осы күйінде атты жетектеп, тезірек адамдарымызға жетейік. Жаңағы қашқан қырғыздар қастарына басқа серіктерін алып, тағы келіп қалуы мүмкін. Мiн атыңа! Уақыт өткізбей шатқалға кірейік. Сүлеймен Көбектің атын жетекке алды. Атына мінген кезде шүйде тұсы зырқ етіп қатты ауырды да, желкесінен жылымшы бірдеңе ағып өткендей болды. Бөркін шешіп, ауырған жерін қолымен сипап көрсе, қан ағып тұр. Бағаналы бері байқамапты. Əлгіндегі ұрыста өзінің де басы жарылған екен. Алайда Көбектің жарақатына қарағанда, мұныкі түк те емес сияқты. «Ұрған қырғыздың шоқпары əйтеуір дөп тимегеніне де шүкір» деп ойлады бөркін қайта киіп жатып. Бағанағы құлаған жерінде оқ тиген қырғыз əлі бақырып, аунақшып жатыр. Оның бер жағында басының мылжа-мылжасы шыққан біреу сұлапты. Сүлейменнің оған көзі түсіп кеткенде, тұрла-

бойы дірілдеп, жүрегі суылдады. «Ойпырмай, сорлының басының пара-паршасы шыққан екен ғой», – деп тіксінді. – Анау бақырып жатқанын тағы бір атып, үнін өшіріп кетейін бе? – деді Əмір. – Керегі жоқ. Атпа оны. Əлі келсе, еліне жетсін. Əлі келмесе, қайтесің атып. Бірақ бұл жазғандардың түк кінəсі жоқ жалшылар ғой. Қап, Құдай-ай. Қайдан ғана бізді қуып келе қалды екен, бұл бейбақтар. – Əй, қайдағы бір қырғыздарға бола бауыр етің езіле бермесінші. Саған əлдері келмегендерімен, мынау нағашыңды тастады ғой, өлiмшi қылып, – деп кейіді Əмір. Сүлеймен өзінің ауыр ойларымен алысып кетті. «Бұрындары ғой, қаншама барымтаға барсам да дəл мынадай қуғыншыларды, дəл жаңағыдай ұрысты көрмеуші едім. Жылқы айдағандағы жол қиындығы болмаса, кіммен сойыл сілтесіп көріппін. Көбек мұндай ұрыстарды бастан көп өткергендерін жыр қылып айтушы еді. Енді ат үстінде жатысы мынау. Əй, нағашы-ай, сен де талайды өмірден ажалынан бұрын кетіріп, талайды мүгедек етіп едің-ау. Бүгін зауал өзіңе келгені ме? 3əуімде аман қалсаң болар еді, əйтеуір. Тұқымың құрғыр, қырғыздар-ай. Əлдері келмейтін болған соң, арттарын қысып, айқасқа түспей-ақ қойса қайтер еді. Мынау нағашым қалай таяқ жеп қалды өзі? Мұны қойшы, əзірше тірі ғой. Бəрінен бұрын жаңағы басы мыжғыланған əне біреуді айтсайшы». Өлген адамның қандай болатынын бірінші рет көрген Сүлеймен осылайша, іштей беймаза ой кешіп, қатты торықты. Бұлар шатқал маңына келгенде Тастандар жылқыларды қуысқа түгел кіргізіп болмаған екен. Шатқал аузына кіретін жалғыз аяқ жолға аттар бір- бірлеп қана сиятын болғандықтан жүз жылқыны оған айдап кіру машақат тірлік. Олар айдауға көнiп, құз қақпасына тез-тез кіре қойса жақсы. Араларында асауы бар, тарпаңы бар дегендей, кілең құрық көрмей тағы болып кеткен жануарлар ұрылардың дегеніне көнбей, кері қашып, жабайы қылық көрсететіні көп уақытты зая кетіреді. Қазір де сондай қиындыққа тап болған Тастанның тобы қиқудан шаршап, аттарын да болдырып, əлектеніп-ақ жатыр екен. Əмір мен Сүлейменнің өздеріне таяп қалғанын бірінші байқаған ол: – Жылқылардың жартысын шатқалға енді ғана кіргізіп болдық. Өздерің қалай? Қуғыншылардың бетін қайтара алдыңдар ма? – дедi

ентігіп, – Үйбай-ау, мына Көбекеңе не болған? Аман ба, əйтеуір? – Қазірше аман сияқты. Бірақ жағдайы қиын. Тезірек елге жеткізбесек болмас. Мына қалған жылқыларды шатқалға айдап кіргізгенімізше талай уақыт өтеді. Сондықтан да бұларды қалдырып кетейік. Елу жылқы да бізге аз олжа емес, – деді Əмір. – «Жолда досың өлмесін» деген. Қиын болыпты-ау, ə? Қай жерінен жарақат алыпты, – деп сөзге араласты Əріпбай. Содан соң атынан түсіп, Көбекке жақындады, – Көбеке. Ау, Көбеке. Көбек тілге келмей, тағы ыңыранды. – Қой, шынында, тезірек кетпесек болмас. Бұл кісіні қалай алып жүреміз енді? Бас сүйегіне қатты зақым келіпті. – Онда мұны қозғауға болмайды, Əріпбай. Қазірше ат үстінде осылай жата берсін. Атын жетектеп жүреміз. Əмірдің сөзін басқалары құп көрмегендей, орындарынан жылжи қоймады. – Уай, болсаңдаршы! Əлгі бізден сытылып кеткен қырғыздар қосымша күш жинап, тағы кеп қалуы бек мүмкін. «Не қыламыз?» деп уайымдап тұруға уақыт қане? Əмірдің сөзіне ешқайсысы қарсы уəж айтпай, үнсіз атқа қонды. Төртеуі шатқал аузында иірулі тұрған жылқыларды аралай өтіп, қуыс жолға кірді. – Шатқал ішіндегі алаңқайға жеткенге дейін əлі жарты күн бар. Біреуіміз артта қалайық. Қырғыздар қуатындай болса, төбеден тас домалатып жолды бөгейтін болсын. Ал, қане қайсысымыз қаламыз? – деді Əріпбай. – Мен қалайын, – деді Тастан. – Сендер жылқыны айдап кете беріңдер. Көбектің атын Сүлеймен жетектеп алған. Жалғыз ғана ат сиятын құз жолының біресе төмен, біресе жоғары өрлеп кететін қияс өткелдері көп-ақ. Бірақ та, жылқы жануар басқа малдарға ұқсап, мұндай жолдарда бір орында тізбектеліп, тұрып қалмайды. Алдыңғысы жүрсе болды, арттағылары соның соңынан өздері-ақ шұбырып кете береді. Кей-кейде барымташының ниетіне жылқы жарықтықтың осындай көнбіс мінезі көп көмектесетіні бар. Сүлеймен мен серіктері үшін енді жылқыдан келер қауіп жоқ. Тек мынау Көбектің жайы ғой, бəрін қинап келе жатқан.

Ұзақ жүрістен соң жылқылар да, олардың соңындағы адамдар да тау ішіндегі алаңқайға жетті. Ол жерде бұларды Кендір күтіп тұр екен. Құз түбінен шылжырап аққан бұлақ басында бəрі аттан түсті. Аз-маз уақыт демалып алған соң, өзара тағы да Көбек жайлы сөз, етісіп, оны аттан түсіріп алмақ болды. Сөйтіп, төртеуі Көбекке жақындап, оны ат үстінен еппен көтеріп ала бергенде: – Үйбай-ау, мына кісінің демі жоқ қой, – деп Əріпбай шыңғырып жіберді. Кендір дереу Көбектің басын көтерді: – Көбеке, Көбеке... Көбекте үн жоқ. Еш болмаса бағанағыдай ыңыранып, өзінде тірлік нышаны бар екенін де білдірмеді. Ешқайсысы байқамапты-ау, жазған құз табанындағы жол үстінде үзіліп кетіпті. Жол басшыларынан айырылып қалса да қатыгез жүректі ұрылардың ешбірі «бауырымайлап» азаланбады. Қабақтары түксие бір-бір күрсініп, біразға дейін жақ ашпады. Тек манағы Күреңті жайлауындағы қырғыздың өліміне іші ашып, онсыз да жан-дүниесі езілген Сүлеймен ғана Көбек қазасына шыдай алмай, өкіріп жіберді. Қасындағы серіктерінің ешқайсысы басу айтпады. Қайта, алғашында міз бақпай тұрған олар, Сүлейменнің еңкілдеп жылап жібергенінен кейін көздеріне жас алып, қазаға қайғырғандай сыңай танытты. – Қойыңдар, енді. Бұлай жылап тұра бергеннен табар пайдамыз қайсы? Одан да Көбекеңді елге жеткізудің қамын қылайық, – деді іштеріндегі жасы үлкені Əріпбай мұрнын бір тартып қойып. – Алдымен бұл кісіні аттан түсіріп, бас-көзінің қанын жуып тазартайықта, – деді Кендір. Көбектi аттан түсірді. Құз түбіндегі бұлақтың суына оның қан болған басы-көзін жуып, шапанына орап, атқа өңгеріп артты. – Енді, сендер, Сүлеймен мен Əмір екеуің бұл кісіні алып, елге жеткізіңдер. Ал қалғанымыз жылқыларды айдап барамыз, – деді Əріпбай. ...Екі күннен кейін бұлар Көбектің өлiгiн Досалының ауылына жеткізді. Бар сырға қаныққан би шекесін қысып, ұзақ уақыт үнсіз отырып қалды. – Бір жақтан жұт, бір жақтан азаматтың өлігі қинады-ау, бізді. Амал не, Көбектің өлігі біз үшін орны толмас өкініш болса да, тірі адам тіршілігін жасайды. Жеткізейік мұны еліне. Сен, Сүлеймен,

бізден бұрын жет, Қоңырбөрiкке! Көбектің өлігін хабарла, туған- туыстарына! II Қаратау мен Қазығұрт, Шу мен Сыр арасындағы сайын дала төсіндегі жұртты сансыратып жіберген алапат жұт – жылан мен жылқы қатар келген «жылантақырдың» өткеніне үшінші жыл. Бұл 1921 жыл еді. Қыбырлаған тіршілік атаулыға қырын қараған тəңір соңғы үш жылда қыста бұрқасын қарын, көктемде нөсерін аямай төгіп, қара жер қайта түлеп-ақ кетті. Қонысын қайта тапқан ауғынды ел, тойынған қара халық – өткен жұтты құдіреті шексіз Алланың сəл қабақ шытқан пейіліне балап, одан аман қалғандарына тəуба келтiрiсiп, «өліге иман, тіріге салауат» дескен. Көбек өлгелі бері Сүлеймен Досалы би аулынан ұзап шыққан жоқ-ты. Би мұны бұдан кейін ешқайда жұмсамады. Қырғыздардан айдап келген баяғы елу жеті жылқының ішінен Досалы ту семіз он бес бие мен үш айғырды бөлек алып қалып, қалғандарын ашыққан жұртқа таратып берген-ді. Қазір сол он бес биеден қырық шақты тай-құнан бар. Сүлейменнің басты жұмысы сол жылқыларды күзету. Қасында Кендір мен Əріпбай бар. Бұлар зауза ауып, саратан туа Сайрамсу бойындағы ауыл маңынан жылқыларды Керегетас етегіндегі жайлауға айдап келген. Содан бері бір жеті өтті. Кеше кешкісін би ауылынан шабарман келді. – Сүлеймен, – деді ол келген бойда, – Саған би «ертең түске дейін ауылға жетсін» деп сəлем айтты. – Е, бидің сені не себепті шақыртып жатқанын білем. Досекең саған «Жылақ Атадағы» қапалдардан бір қыз айттырып жүрмін деп еді. Нақ осы жолы би өзіңе қатын əперу үшін шақыртып жатыр. Солай ма, Қаратай? Ауылда осы жайында əңгіме болған жоқ па? – Қайдам, Əріпбай көке. Ол жағын өзім естімедім. – Айтпақшы, Қаратай, жұрт сені «жаңа өкіметтің старшыны болды» деген еді. Сол хабардың аяғы не болып кетті? Жеті ата Жоланның игі жақсылары өзіңе ештеңе демеді ме? Досекеңнің ойы қандай екен? – Қазірше «старшын болдың» деп өзімді сайлай қойған ешкім жоқ. Бірақ сайласа қашпаспыз, – деп бір көтеріліп қойды Қаратай. – Біз кеткен күннің ертеңіне ауылға Ордабектің Ноғайы келді десiп едi. Келді ме, ол кісі?

– Келді. Болыстың тарантасына мініп келді. Өзі əйдік байбатша болыпты. Үсті-басының бəріне қып-қызыл киім киген. Қасында Естеместің Мəулені бар. Екеуінің де киімдері оттай қызыл-ау, оттай қызыл. Белдерінде қылыш. Қастарында мылтық асынған бес-алты нөкерлері бар. Бəрі бидің үйіне бір қонды да, ертесіне аттанып кетті. Мен білсем, Ноғай биден Сүлеймен жайын сұрады-ау деймін. Екеуінің осы туралы əңгімелесіп отырғандарын құлағым шалып қалды. Бұл жолы би Сүлейменге қатын əперу үшін емес, сол Ноғайдың аманатымен шақыртты-ау, сірə. Сүлейменнің Ноғай секілді үлкен байбатшаның аузына түскені жайындағы хабар Кендір мен Əріпбайға жайсыз тиді ме, əйтеуір, Қаратай сөзінен кейін екеуі де үнсіз қалды. Жүздерінде бір түрлі қызғаныштың табы байқалып шыға келді. – Ə, солай ма еді... – деді аздан соң Кендір тамағын кенеп. – Бірақ жиырма үшке келген Сүлейменге биыл қалайда қатын əперу керек. Ертесіне Қаратай мен Сүлеймен түске ауа ауылға жетті. Би үйіне əудем жер қалғанда екеуі аттан түсті. Би жеңіл шапанын желбегей жамылып, есік алдында тұр екен. Оған бұлар қосарлана сəлем берді. – Мал-жан аман ба? – деді Досалы Сүлейменге қарап. – Аманшылық. Сіз шақыртқан соң, жайлаудан ерте аттанған едік... – Келгенің тəуір болды. Үйге жүр. Əңгімемді шəй үстінде айтайын. Жетпістен асқан би əбден шөгейін дегені ме, екі иығы қушиып, төмен тартыпты. Денесі қапсағай болғанымен жүрісі қалтаңдай бастапты. Қимылы сылбыр. Бойы бұрын Сүлейменнің иығынан келетін сияқты еді. Тап қазір басы мұның кеудесіне əрең жетіп тұр. Бірақ көкшілдеу келген зəрлі көздерінің оты басылмаған. Үйге кіріп, дастархан басына жайғасқан соң сол отты көздерін Сүлейменге қадады: – Сендер жылқыны тауға айдап кеткен күннің ертесіне осында Ордабектің Ноғайы келген. Тəшкендегі оқуын бітіріп, Шымқаладағы жаңа өкіметтің жұмысына тұрыпты. Жаңа өкімет жерімізді болыстық кеңестерге бөліп билейтінге ұқсайды. Біз мына шеті Сайрам, батысы Қазығұрт, шығысы Ақсу болып, Көксəйек пен Бадам болыстығына кіретін болыппыз. Мына, тұқымың құрғыр, орыстар Көксəйекті Кейіргобка деп атап алған ғой. Ноғай осы Кейіргобка, Бадам

болыстығына сарбаз бастығы болыпты. Оны мілиса деді ме, əйтеуір орысша аты бар. Оның айтуынша, жаңа өкімет би мен болысты, бай мен барымташыны құртады екен. «Бар малыңды ана жылғы жұттың кезіндегідей жұртқа таратып жібер. Кейін өзіңізге жеңіл болады, биеке» дейді маған ол. «Алдымен өз əкеңнің малын кедей-кепшікке таратып берсейші. Содан соң көрерміз. Менде қайбір мал бар дейсің. Өкіметің менің елу жылқым мен жүз қойыма қарап қалған жоқ шығар» деп шығарып салдым. Ол кетерінде сен жайында сұрады. «Сол баланы маған жіберсеңіз, өз қанатымның астына алар едім» деп өтінді. Қалай, барасың ба оған? Түбі мынау заманның өзгерер түрі бар. Басың əрі бос, əрі жас кезіңде сондай ұлықтың етегіне жармасып құралып кетсең, өзіңе де тəуір болар еді-ау. Селкілдеген сексеннің сеңгіріне аяқ басқан менен болашақта саған қайран аз. Талай жыл қасымда болған өзіңе бір парызым бар. Ол – сенің басыңды екеу ету. Мына іргедегі қапалдан бір қыз дайындап қойғам саған. Сүмбіледе ме, жоқ мизам айында ма, оған құда түсеміз. Бірақ соның алдында Ноғайға барып, жолығып қайтшы. Баяғыда сен маған келерден бұрын, оның өзіңе берген уəдесі бар екен ғой. Тектіден текті туар дегендей, бітім-пошымы елден ерек болыпты өзінің. Келер күніңнің нəпақасын күні еңкейгені кəрі шалдың көлеңкесінен емес, соның маңайынан іздегенің жөн ғой деймін. Сол үшін шақыртқан едім сені. Оны қазір болыстың ауылынан табасың. «Осы саратан өткенше əкемнің үйінде боламын» деген. Əрі жолда өз ауылыңа да соғып кетерсің. Түс қайта аттан, солай қарай. Ноғай не дейді, не қояды. Кейін хабарын өзіме айтарсың. Сүлеймен биге жауап қатпай, ойланып қалды. Шынында би айтқан жаңа өкімет жайын соңғы кездері жұрт көбірек айтып жүр. «Бұдан былай жерге де, елге де, малға да кедейлер ие болады екен» деген біреулердің күңкілі көбейген. Оның үстіне қолынан құрық, тақымынан ер кетпей, жылқы соңында қашанғы жүрер. Басқаларға ұқсап, қатын алып, там салатын кезге де жетті. Ата-бабасы кəсіп етпеген барымта бұған өмір бойы ырзық бола ма? Оның үстіне жастықтың желiгiмен барымтаға араласқанына қазір көп өкiнетiн. Одан жеріп, запы болған. Жаңағы би айтқандай, баяғыда Ноғайдың өзі: «Оқу бітіріп келсем, сені қолыма аламын» деп уəде еткен. Қыр кезіп, дала шарлағанша, барайын оған. Қандай шаруа тапсырар екен?» – Мақұл, биеке. Барып көрейін Ноғайға.

– Болысқа, Ноғайға менен сəлем айт. Үн-түнсіз қалмай, жаңа өкіметтің аяқ алысын бізге хабарлап отырсын. Сүлеймен көп отырмады. Бір-екі кесе қымызды сіміріп, орнынап тұрды. Кеш батқанша ауылына жетіп алу үшін атқа қонды. – Егер Ноғай сені жанына атқосшы етіп алса, бізді ұмытып кетпей, есіңе ала жүр, – деді Қаратай қоштасарда. – Сен де қайдағыны айтады екенсің. Алдымен оның не айтпағын естиiк те, Ноғайдың ықтияры қандай екен? Соны білейік. – Құдай біледі, ол сені бекерге шақыртқан жоқ. Көр де тұр. Осыдан сен де Ноғайға ұқсап, қып-қызыл киім киіп, оттай жанып жүресің. Сүлеймен Қаратайға сөз айтпаған күйі батыс жақтағы жонды бетке алды. Бұл беталыс – Сүлейменді жұрт қарақшы атайтын алдағы күндерге қарай құйғытқан алғашқы беті тыс еді... Сүлеймен біресе шауып, біресе желе жортып, əп-сəтте Ленгірді айналып өтті. Бесін ауа Ниязбек ауылының үстіне ілікті. Жолда бірінші өз ауылына соқпай, Қазығұрттың шығыс қапталындағы жазықта орын тепкен Ордабектің қонысына барайын деген ойға келген. Доңызтау өзенінің бойына жеткенде Сүлеймен аттан түсіп, аяғын біраз жазып алайын деп, су жағалап біраз жаяу жүрді. Доңызтаудың орта тұсындағы үстінде көне моласы бар Төрткүл төбе маңына келгенде қайтадан атына мінді. Енді қазір орыстар қоныстанып алған Есім, Тəуке балаларының бұрынғы қыстағы – «Жалғандықтан» өтіп, Өзбек, Сүйіндік ұрпақтары отырған зағамбардың төменгі жағындағы сарт қышлағынан бір асса, арғы жағында Ордабек бауы таяқ тастам жер. Ордабек пен Ноғайды тезірек көргісі келіп асыққан Сүлеймен атына қайта қамшы басты. Бірақ болыс ауылына атының қан сорпасын шығарып барғысы келмей, біраз шапқан соң оның басын тежеп, жай бүлкілге көшті. Алдынан қаз-қатар болып тiзiлiп, ылғи қызыл кірпіштен соғылатын орыстардың тамдары көрінген кезде осы кəпірлер бұл жаққа қашан келген өзі?» деп ойлады. Көбекең рахметтік бұлардың осы маңға келгеніне əлі елу жыл болған жоқ» дейтін. «Шошқа етін нəсіп еткен көк көздер мұнда келгенде мылтықтарымен қазақтарды үркітіп, өңкей жақсы жерлерге орнығып алды», – деуші еді ол

бейшара тағы. «Біздің қазақ сорлы момын-ау. Түлкібасқа барсаң да, Бадамның төменгі жағасын көрсең де ылғи жақсы жерлердің бəрін ауғындыларға беріп қойған. Əй, бір, өздерінің көздеріне көк шыбын үймелетіп, ат сауырына алып, тырқыратып қуып жүріп, сабар ма еді. Ал мына сарттар қазақтың қақ ортасына қайдан келіп, орныға қалған десейші. Ауылдағы Есенгелді атам: «Бұл сарттарды баяғы Қожамжар би Шырықтан бері ауғанда өзімен бірге ала келген», – деуші еді. Еркектері Қожамжар бидің құлы, əйелдері күңі болса керек. Солардан қалған сарттар ғой бұлар. Өздері қазір көбейді. Елу түтінге таяп қалды-ау, шамасы. Əй, сартты қойшы, өзіміздің мұсылман ғой. Бəрінен бұрын мынау шегір көз, жирен сақалды, имансыз сары орысты айт. Ноғайға еріп, сарбаз болсам, пəлелерге көрсетер едім көргілікті». Сүлеймен орыс ауылының шетіндегі аса сəнімен салынған шіркеуге жеткенде, алдынан қисалаңдап төрт орыс жігіті шыға келді. Өздері қайнатпа арақ ішіп, мас болып тұр. Ауыздарында орама шылым. Олар Сүлейменді көре сала: – Ей, казах, кил мунда. Оставь нам свою лошадь! – деп айқайлады. Сүлеймен алдыңғы сөзін түсінгенімен, кейінгісін түсінбеді. Оларға мойнын бұрып бір қарады да, тоқтамай жүре берді. Мас орыстар Сүлейменнің өздерін тыңдамай кетіп бара жатқанына бір жағы намыстанып, бір жағы ашуланып, тағы əлденелерді орысша айтып, айқайға басты. Тіпті болмағасын, төртеуі бірдей жүгіріп келіп, атының шылауына жармасты. Бұған ашуланған Сүлеймен: – Өй, əкеңнің... Жiбер деймін аттың басын, – деп шылауына алғашқы болып жармасқан денелі біреуінің басына қамшымен салып қалды. Қамшы қатты тимеді ме, əйтеуір сегіз өрiм қайыстың соққысын орыс елеген де жоқ. Қайта атты шіркеу алдындағы жаман тамға қарай сүйреп барады. Сүлеймен қамшымен оны құлаштап тұрып тағы ұрды. Бұл жолы ол аттың тұмсығының астына басын тығып үлгерді де, соққы дарымады. Қайдан келгені белгісіз, тура осы кезде жуан дауыспен күркілдей үрген бір ит келіп, аттың құйрығына жармасты. Ат одан үркіп, алға қарай секіріп-секіріп кетті. Ал анау орыс шылаудан айырылар емес. Алға қарай секірген атпен бірге ол да секіріп, əлгі жаман тамға жақындай түсті. Арттағы орыстар болса, иттерін тағы айтақтап, Сүлейменді кесекпен ұрып жатыр. Сүлеймен

лақтырылған кесектерден қорғанып, ат жалына жабыса еңкейді. Осы сəт: – Шо такое? – деген біреудің жуан дауысы шықты. Құтырына айқайлаған орыстар мен үрген иттің дауыстары сап тиылды. Сүлеймен алдына қараса, өзінен екі-үш қадамдай жерде ұзын сақалды, ат жақты, көздері үлкен, таз басы жалаңбас бір орыс тұр екен. Тобығына дейін ұзын шапан киген, мойнына қара крест тағын алыпты. Сүлеймен мұндайлардың талайын көрген. Орыстың молдасы ғой. Мұны қуған орыстар оған қарап бірдеңелерді айтты. Ол болса күлімсіреп тұрды да, Сүлейменге сөйледі: – Биздин хлопцылар дурс айтады. Сен атинди бизге бер. Ал озин жаяу кит. – Мұндайда қазақтың молдасы тентегін жөнге салушы еді. Сіздікі не? – Ой, бакирма. Айтқанимди исте, – деді поп енді түсін суытып. Сүлейменнің өздерінің айтқандарына көне қоймайтынын білген олар, енді бəрі жабылып, мұны аттан аударып тастамаққа əрекеттенді. Манағы шылауға жармасқан дəу орыс қолдарын ербеңдетін жақындай бергенде, үзеңгіден аяғын шығарып, оның кеудесіне бір тептi. Ол кеудесін ауырсына кері шегінді. Артынша екінші орыс келіп, сол жақтағы үзеңгідегі аяғына жармасты. Жаңа ат иттен үркіп секіріп кеткенде, қолындағы қамшысы түсіп кеткенді. Аяққа жарасқан орысты ұратын бірнəрсе таппай, сасқалақтап жан-жағына қарады. Қас қылғанда, маңайда қолға ілігер ешнəрсе жоқ. Өзі төбесіне көлденең қойылған паруаз ағаштарының ұштары боғаттан шығып тұрған тоқал тамның жанында тұр еді. Мыналардың өзін басынып, атын тартып алмақ болғандарына қатты ашуланып, қаһарланған Сүлеймен əлгі паруаз ағаштың бірінің шетінеп ұстай алып, бар күшпен өзіне тартты. Үстінде ши байланып, қамыс пен қалың топырақ төселген паруаз ағаш, дүлей күшке шыдас бермей, суырылып шыға келді. Сүлейменнің мұншалықты күштілігіне қас-қағым сəт аңтарылысқан орыстар, бір-біріне таңырқаса қарасты. Ызадан бар дүниені ұмытқан Сүлеймен тамнан суырып алған əлгі ұзын паруаз ағашпен қарсы алдында ыржиып тұрған поттың басына салып қалды. Ол сорлының басы қақ айырылып, кескен томардай жерге жаншыла құлады. Оны жайғаған мезет атын бірден оңға қарай бұрып жіберіп, жанында тұрған екіншісіне ұмтылды. Ол кəпірдің ажалы жоқ екен. Сүлеймен

əлгі ағашпен оны құлаштай ұрғанда, орыс тоқал тамның бұрышына тығылып үлгерді. Таяқ тоқал тамның басына сарт тиіп, топырақпен жабылған шатырдың шаңы бұрқ етті. Артта тұрған басқа орыстар лезде мастықтарынан айығып кеткендей, анадай жердегі шіркеуге қашып кірді. Сүлеймен оларды қумады. Қолындағы төрт метрдей жуан паруаз ағашты миы шашылып, қаны жерге жайылған əлгі поптың жанына лақтырып жіберіп, Бадам өзеніне қарай шатты. Жиырма-отыз қадамдай жер шауып өткенде артынан шуылдаған орыс қатындарының, өкiрген еркектердің дауыстары шықты. Іле-шала гүрсілдеген мылтық даусы шығып, тура құлақ түбінен зу етіп өткен оқтың шыңылын сезді. Сүлеймен ат жалына жабыса еңкейіп алды. Шабысын сəл баяулатса, бір сұмдықтың болатынын сезгендей, жануар қарагер ат та қыр төсін қақырата шауып, төрт аяғын көсілте тең тастап, екпінін одан сайын үдетті. Үш-төрт дөңес төбе мен бес-алты жалпақ сайдан шауып өткен соң Сүлеймен атының басын тежеп, артына қарады. Артта ешкім жоқ. Жаңа тұла бойын кернеген ашу енді басылып, «мен қалай қарай шауып кеттім өзі?» деп іштей күбірлеп, айналаға бажайлай көз тастады. Қарсы алдында «Иректас» жоны созылып жатыр. «Япырау, болыс ауылынан тым қияс кетіп қалыппын-ау», – деді сыбырлап. Содан жаңағы оқиға есіне түсіп, абыржып біраз тұрды. «Ноғайға барсам, орысты өлтіргенім үшін ренжіп жүрсе қайтем? Анау- мынауыңды емес, білдей попты өлтіріп тұрмын. Мұның аяғы жанжалсыз бітпес. Орыстар Ордабек пен Ноғайға келіп, құн сұрап жүрсе не еттім? Бұрынғым бар, кейінгім бар, Ордабек болыс: «Ей, бала, сені тəп-тəуір жігіт пе десем, қолың қанға малынып кетті-ау. Қанішер болмасаң нетті», – деп жүрсе, Ноғай да өзіме қырын беріп қалар. Ауылыма баруға тағы болмайды. Орыстар менің кім екенімді біліп алса, иə, иə, білмей қалмасы анық, ауылыма келіп, туыстарыма тыныштық бермей жүрер. Одан да ешкімге салмағымды салмай, пəлемді жуытпай, кетейін алысқа. Сонда қайда барамын? Қайтадан Досалы биге барсам ба екен? Иə, бар пəледен бір құтқарса, сол кісі құтқарады. Əй, бірақ, қойшы. Жылқы соңында салпақтап жүруден-ақ жалықтым. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деуші еді ғой, Көбек нағашым. Ең жақсысы – мынау белдің ар жағындағы сіргелідегі Топыш пен Қасқабай


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook