алатындарыңның бəрің келіңдер мұнда! – деп айқайға басты. Айқайлап-айқайлап алды да Сүлеймендерге қарады: – Айтқан сөздерің рас болса, маған тап қазір осы үйден нан алып шығып беріңдерші. Өзіме емес, үйдегі екі кішкентайыма, «Haн, нан» деп шырылдағандарына неше күннің жүзі болды. Ажан жүгіріп үйге кірді. Аздан соң оншақты таба нан оралған үлкен дастарханды көтеріп шықты. – Алыңыз, апа. Бұлар байқамапты. Кемпірдің жаңағы айқайынан кейін үйлерінен жүгіріп-жүгіріп шыққан ауыл адамдары анық көрінуге қаймығып, əр тамның тасасынан сығалап тұр екен. Ажан дастарханды далаға шығарып, жерге қойғанда, бəрі тұс-тұстан атып шықты. Əсіресе балалар дастархан үстіне құлай кетіп, таласа-тармаса нандарды қойындарына тығып жатыр. Кейін жеткен үш-төрт шал мен кемпірлерге дым да тимей қалды. – Балалар, тоқтаңдар, – деп айқайлады Сүлеймен. – Нандарды аталарың мен апаларыңа бөліп беріңдер. Онсыз да бүгін қарындарың жақсылап тояды. Көптен бері нан көрмеген байғұс балалар жаутаң-жаутаң етісіп, қойындарындағы нандарды шығарып, кəрілерге ұсынды. Бірақ ұсынардан бұрын өздері наннан қарпып-қарпып, асап алысты. Қолдарына нан тиген кəрілер де олардан қалысар емес. Ауыздарына түскенді шайнамай-ақ жұтып жатыр. Бір кемпір тіпті түйіліп, дем жетпей етпетінен түсті. Төрекелді оны арқасынан қағып, əзер епке келтірді. Ал шеткі екі əйел бір нанға таласып, жұлыса кетісті. Олар жұлысып жатқанда, бір бала жүгіріп барып, жерде жатқан нанды ала қашты. – О, көктей солғыр, жүгəрмек. Сол нан тамағыңнан өтпей, қақалып өле қал, – деді бірі. – Сен сайқал болмағанда, нан өзімізге бұйыратын еді ғой, – деп шаптықты екіншісі оған. Бір жаман тымақты, жыртық шапан киген шал жанындағы баланың ерніне саусағын тығып, аузындағы нанды тартып алмақ боп, əуреге түсіп жатыр. Бала басын ары алып та, бері алып та қашып, берілмейін-ақ дейді. Бірақ аштықтан көзі қарайған шал қояр емес. «Əкел деймін-ə, əкел! Сен, пəтшағар, мендей болғаныңша не жемейсің», – деп қояды. Бұлардың жанындағылардың кімдер
екендіктеріне де қарамай, нан үшін өзара алысып-жұлысқан тірліктеріне қарап, Сүлейменнің күлкісі келді. Келді емес-ау, күліп те жіберді. Бір жағы осыншама халге түскен адамдарға қарап, жүрегі езіліп, көңілі жасыды. Алайда мұнысын жанындағыларға білдірмей, дереу өзінің қатал кейпіне енді. – Жə, нан үшін таласып, алысып-жұлыспай-ақ қойыңдар. Құлтанның үйінде не бар болса, соның бəрі сендердікі болады. Ал əзірге өздеріңді осындай күйге түсірген Құлтан мен Тəңкіден еселеріңді алыңдар. Осылай тұрған жерінде сабаңдар. Осы сөзден кейін жым-жырт болған жұрт жалт етісіп, Құлтан мен Тəңкіге қарады. – – Екеуінің де əкелері момын жандар еді. Əсіресе Тоғанбай қария жақсы адам-тын. Тəңкінің əкесін айтам да. Ал жұрттың қанын ағызбай ішетін, тамызбай соратын бұл екеуі қайдан туылды екен, ə? Шешелерің де ел теріс айналмас адамдар еді. Соларға сөз тигізесіңдер-ау, сендер. Екеуіңнің қылықтарыңды еске алсам, сол кісілерді жадыма алмай-ақ, сойып тастағым келеді өздеріңді, – деді бір шал. – Бала үшін əке жауапты емес. Сондай жақсы жандарға сөз келтіріп жүрген бұларды несіне аяйсыңдар. Қазір бұл екеуінің аяқтарынан керіп, бастарын төмен салбырата, өрікке байлап қоям. Ал сендер қолдарыңа не түссе, сонымен сабаңдар екеуін, – деді Сүлеймен. – Байла, бaйла, балам... – Бұларға обал жоқ... – Кесірі кімге тимеді сұмырайлардың. – Тезірек аяқтарынан асып қойыңдаршы. Айызымыз қанғанша, шыбықтап тастайық, – десiп шуласты жиналғандар. Төрекелдi мен Аязбек қосақтала байланған екеуін ажыратты да, жеке-жеке байлады. Аяқ-қолдарын денесімен бірге шандып, өріктің көлденең ағашына бастарын төмен қарата асып қойды. – Нанға көзіміз қызып кетіп, етқызумен сендердің кім екендіктеріңді де сұрамаппыз. Екі белсендіні əдейі байлап, бізді алдап тұрған жоқсыңдар ма? Ертең осы күнімізге де зар болып қалмайық, – деді бағанағы шал. – Мен – датқа ауылдағы Мəменің Сүлейменімін. Жұрт мені «карақшы» деп жүр екен ғой. Бірақ мен қарақшылығымды кімге
істейтінімді білемін. Қашан да момын жұртқа жақпын, озбырға өшпін. Егер осы екеуін сабағандарың үшін біреу сендерге көз алартатын болса, онымен алдымен өзім есеп айырысамын. Ал енді сабаңдар екеуін. Бұл сəтте Құлтан мен Тəңкі: «Ойбай, басым айналып кетті». «Ішек-қарным ақтарылып, аузыма келді». «Аяғымды арқан қиып барады», – деп зарлап тұрған. Осы кезде қобыраған шашы қураған шөптей əппақ болып кеткен тарамыс бір кемпір Құлтанға жақындап барды: – Əй, менің Абылайымды ату жазасына кестіретіндей не жазып еді саған? – Сосын екі көзінен аққан жасты сүртті: – Қарғыс атсын сені, оңбаған, – деп бетіне бір түкірді. Одан соң бір бала жүгіріп барып: – Менің көкемді қайда айдатып жібердіңіз? – деп сұрады. – Бірақ ол кемпірге ұқсап, бір түкірумен шектелмеді. – Қайда, қайда деймін көкем? – деп зар етіп жылады да, қолындағы талдың жас шыбығымен Құлтанның басына сабай жөнелді. Зарлаған бала сабауын біраздан соң əзер тоқтатты. Бұл кезде басқа бір-екі бала қызық үшін бе, əлде оған деген ішкі есептері бар ма, əйтеуір Тəңкіні таяқтап жатты. Оларға қосылып шеттегі əйелдер де екі белсендіні жұла бастады. – Өле қал осы күйіңде! – Сендерден кек алатын күнге жеткізген Құдайға ризамын. Өлə, мынау ыңырсиды ғой, тағы. Баяғыда менің шалымды ат құйрығына байлатып, сүйреткеніңде оның жанайқайына құлақ та асқан жоқ едің ғой. Мə саған, залым! Мə, саған! – десіп, екі əйел Құлтан мен Тəңкінің шаштарын жұлды. Беттерін шапалақтап соқты. Одан кейін екеуін əткеншектей ары-бері шайқалтып, жандарын көздеріне көрсетті. Күйеуінің көріп жатқан азабына шыдамаған Нəзия үйден атып шықты: – Үйбай, шешейлер-ау, өлтірдіңдер ғой. Қойсаңдаршы, – деп сыңси жылап, Құлтанды қорғаштап, құшақтай алды. Екі əйел енді: – Ə, салдақы! Бұл албастың біздің байымызды өлтіргенде жаның ашыған жоқ емес пе? – деп Нəзияға жабыла кетісті. Бар ашулары бойларынан шығып, қаһарланған екі əйел Нəзияны жерге құлатып, тепкінің астына алды. Лезде Нəзияның бетін қан
жуды. – Мына қатындарды ажыратшы, – деді Сүлеймен Ажанға. – Нəзияны үйге апарып тық. Əйтпесе байына кектенген мыналар сорлыны өлтіріп қояр. Ажан Нəзияны сабаған əйелдердің екеуін екі жаққа итеріп-итеріп тастады. Сөйтті де Нəзияны қолтықтап, үйіне жеткізді. – Неге əкетесіңдер оны? Ол да байымен бірдей қорлық көруі керек еді. Оның да бізге көрсетпегені жоқ. – Зорлықтың бəрін Құлтан бастап жүр де. Сондықтан о байғұсты ұрудың қажеті не. Енді мен сендерге бір қызық нəрсе көрсетейін. Асулы тұрған екі белсендінің арттарын жалаңаштап берейін. Солқылдақ шыбықпен сол жерлерін сабап-сабап алыңдар, – деп Ажан қонышынан екі жүзді ұзын қанжарын шығарып, Құлтан мен Тəңкінің шалбарларын тілгілеп-тілгілеп тастады. Жоқ, тілгілемеді. Майлы жерлерінің тұстарын ойып кесіп тастады. Бұл көрініске балалар күлісіп, мəз болысты. Ал əйелдер жағы: – Үйбай, бетім-ау, екеуінің де арттары тура қатындардікі сияқты əппақ, əрі жал-жалпақ екен-ау, – деп беттерін шымшып, теріс қарасты. Балалар болса қолдарындағы шыбықтарымен Құлтан мен Тəңкінің сол жалаңаш жерлерін соға бастады. – Қара, құйрығы тiлiнiп, қанат кетті, – деді бірі. – Ал мынанiкi қатты ма, шыбықтың ізі баттайды, – деді екінші бала. – Ойбай, Сүке, өлдім! Қой деңізші мыналарға. Жүрегім сығылып кетті. Өкпем тандайыма кептелді, – деп байлаулы екеу қарлығыңқы дауыспен айқайлады. Көздерінен парлап жас ақты. – Бұлар қазірше осылай тұра берсін, – деді Сүлеймен ауыл адамдарына қарап. – Балдар, сендер ұруды қоя тұрыңдар. Енді бəрің Құлтанның үйіне кіріп, жарамды заттардың барлығын қолды қылыңдар. Одан кейін анау ақырдағы байлаулы семіз мініс атын сойып алыңдар. Жиналғандар үйге лап қойды. Əп-сəтте олар қолдарына ілінгендерін көтеріп, тарасып жатты. – Əй, киіз бен кілем, ыдыс пен мата сендерге азық бола ма? Көрпе-төсекті не қыласыңдар? Одан да анау айғырды союға əрекет етпейсіңдер ме? О, жылтырағанның бəрі көздеріне таңсық көрінген, жұтаған немелер.
– Бұл жазғандарды бұлай кінəлап не қыласың, Төрекелді? Есі ауып, күйініштің шегіне жеткен сорлы адамдарға қазір не болса да – олжа. Айғырды өзің сойып бер. Оны союға бұларда қандай қауқар болсын. – Сүлеймен жөн айтады. Екеулеп торы айғырды бауыздап тасталық, – деді Аязбек. Қарақшылардың осы сөзін естіген ауыл адамдары қолтықтарындағы заттарын жерге қоя салып, тұра қалысты. Манағы Нəзияны төбелеген екі əйел: «бізге Құлтанның үйінен алған өлі ет те жетеді. Еттері сүрленіп, майы бетіне шығып, бабына келіп қалған екен», – деп ақ қапқа ораған ескі етті қолдаса көтерісіп, шеттей берді. Бірақ оларға ешкім назар аудармады. Жұрттың бəрінің назары Аязбек ақырдан шешіп əкелген атқа ауды. Құлтанның мініс етіп жүрген торысы қарагер секілді аттың төресі екен. Еті қоңды. Сырт терісі жылтырап тұр. Аязбек оны əдеттегідей төрт аяғынан бір-ақ өзі байлады да, жерге гүрс еткізіп құлатты. Содан соң аз уақыттың ішінде етін боршалап, жиналғандарға таратып жіберді. – Əр ауылдың аш адамдарына бір-бір жылқыдан сойып бере берсек, бəрін тышқақ қылармыз, – деп күлді Аязбек ісін бітіргесін. – Қайта өзіміз жас еттен қуырдақ жеп, күпті болып, тоқ жүреміз де. Төрекелді, Нəзияға айт, іш май мен жал-жаядан дереу қуырдақ жасасын. Соны жеп, басқа жаққа аттанайық. Беттері тырналып, көздері көгерген Нəзия Төрекелдінің айтқанын тез орындады. Мол қуырдақ пен шайға тойынып алған төртеуі өз аттарын ерттеп, жолға жиналды. – Ендігі бағытымыз қайда? – деді Ажан. – Бір күнде бір ауылды емес, кемінде үш-төрт ауылды тойдырайықта. Алдымен Ленгірдегі өкіметтің мал жинап қойған қотанын шабайық. Қорадағы малды босатып, Ленгірдің көше- көшелеріне айдап жіберейік. Аштықтан тышқан теріп жеп жүрген адамдар оларды өздері-ақ ұстап алсын. Бəрі аттарын ерттеп, ерге қонды. – Белсендінің үйіндегі жарма жем мен шөпке тойып, аттарымыз да қоңданып қалыпты. Жануарлар жем жемегелі қа-а-шан, – деді Аязбек атының жалын сипалап тұрып. – Аттарымыз да біз сияқты. Бірде тоқтыққа, бірде аштыққа əбден үйренген. Ай, Ажан, кешеден
бері боз жорғаға тақымың əбден үйреніп қалды ма? Өз атыңа мінгің келмей қалыпты ғой. – Құдай қаласа, осы жорға өзімдікі бола ма деп жүрмін. – И-и-иа, – деп қинала айқайлады осы сəт Құлтан. – Бізді шешіп кетсеңіздерші. Өлетін болдық қой. – Көке... көкелер, босатып кетіңіздерші, Құдай үшiн, – деп оған Тəңкі қосылды. – Осындай күйде болсаңдар да, тірі қалғандарыңа қуаныңдар. Өлтіріп кетсек, қайтер едіңдер? Аяқтарынан асылып тұрса да, тірі қалғандары үлкен қуаныш екені енді саналарына жетті ме, əлгі сөзден кейін екеуі де жым болды. Тек көздерінен бырт-бырт аққан жастарын тыйған жоқ. – Осы, Сүлеймен, біз мына ауылдың адамдарының обалына қалып бара жатқан жоқпыз ба? Байлаудан босаған соң бұлар өздерін сабаған бала-шаға мен қатын-қалашты қырып жүрмесін. – Иə, Ажан. Оның үстіне мініс атын да сойып бердік, – деп оны қостай сөйледі Төрекелді. – Ол құртатын адамдардың бəрін құртып болған. Енді кəрі мен балаға тізе батыра қоймас. Екі-үш күннен соң осында қайта соғамыз. Біреуден шағым естісем, тура басын кесіп кетемін. Ой, жаңа осы жайын оған ескертіп кетпеппін-ау. – Ленгірге дейін қанша уақыт жүреміз, Сүлеймен? – деп сұрады Төрекелді. – Əне, анау өркеш-өркеш екі жотадан ассақ болды. Ары кетсе, жарты сағатта Ленгірдің дəл төбесінен түсеміз. Ленгірге төте жолмен тартқан Сүлеймен тобы бесін ауа Момынай асуына ілікті. Осы асудың етегіндегі өзен бойындағы сайдың екі жақ шетіне Ленгір орналасқан. Осыдан он алты-он жеті жылдай бұрын орыстар осы Ленгірдің Көксəйек жағындағы төбелер астынан көмір қаза бастаған-ды. Сүлейменнің естуінше, оны «шахта» деп атайды екен. Шахта жұмысы əлі жүріп жатыр ма, етектегі дəу жоталардың табанына үлкен-үлкен төбе болып үйілген қап-қара көмір қалдықтары сіресе қалыпты. Қала да бұрынғыдай емес. Шет-шетіне үйлер қосылып үлкейген. Ирелеңдеген қисық көшелерде машиналар пайда болыпты. Шымқаладан келетін темір жолдың үстінде бірнеше вагонды пойыздар қара түтіндерін будақтатып, ерсілі-қарсылы жүр.
– Мен көргенде Ленгірде пойыз жол жоқ еді. Қашан салып үлгерген десеңші. Қала халқы ауылдардағы сияқты аш емес-ау, тегі. Бірақ қалалықтардың да құрсақтары қайбір тоқ дейсің. Анау қоршаулы қотандағы малдарды шығарып, жартысын қалаға, жартысын Момынай мен жоғары Қапалдарға қарай айдап жібереміз, – деді Ленгірдің Алатау жақ бетіндегі төбенің үстінде тұрған Сүлеймен. – Тəңкі айтқан аудандық мілиса осы жерде ме? – деді Аязбек. – Аудан орталығы он шақырымдай жердегі Көксəйекте. Оны «Кеөргіп» деп атап алыпты ғой қазір. – Жаңа өзің қала деп атаған мынау Ленгірің шынында да үлкен екен. Сонысына қарағанда, мұнда да бір шоғыр мілиса əтрəді болуы керек. Қотанды шабуылдап болған соң сол мілисахананы тарпа бас салайық та, əтрəдті қарусыздандырып тастайық. Əйтпесе түбі олар соңымызға түсуі мүмкін. – Кеше қашып кеткен бір малшы біз жайлы ендігі біраз жерге хабар таратып та үлгерген шығар. Қай жерге шабуыл жасасақ та, бұдан былай шалт қимылдап əрекет етейік те, дереу орын ауыстырып тұрайық. – Олай болса, уақытты текке өткізбей, қимылдайық. Кешегідей қотанға екі жақтан бөлініп жақындайық. Ажан, сен менімен жүр. Төрекелдi мен Аязбек бірге жүрсе үнемі жолдары болады. Біз қотан ішіне бірінші кіреміз. Сендер арт жағынан келіңдер. Қарсыласатындар табылса, аспанға мылтық атып, үрейлендірейік. Шектен шыққан қаһармандар болса, оны да көреміз. Төбенің үсті жазық. Күнгей жағы егістік дала да, Момынайға құлар қия ойпатта аумағы ат шаптырым қотан тұр. Аттарына қамшы басқан Сүлеймендер аз ғана уақыттың ішінде қотан қақпасына таяды. Қақпа ұзын-ұзын екі терекпен көлденең жабылып қойылыпты. Оның жанындағы тастан қаланған науа жанында үш жүздей сиыр тұр. Сиырлардың ар жағындағы жағалай бастырмаларда бірнеше жылқылар байлаулы. Ал майда ағашпен қоршалған қора ішінде есепсіз қой-ешкілер қамалыпты. Малшылар бұларды бірден байқамады. Осы сəтті пайдаланып қалайын дегендей, Сүлеймен айтты: – Аспанға бірнеше рет оқ атып, үрейлерін ұшырайық. Сөйтіп дереу-дереу малдарды тысқа қарай қуып шығайық.
Ажан «венчестерін» аспанға қарата басып-басып қалды. Мылтықтың жан шошытарлық үнінен қора ішіндегі жылқылар осқырынып, қойлар маңырап, адамдар шулап, демде азан-қазан болды. – Ойбай, бандылар келіп қалды! – Ойбай, қайда біздің сарбаздар?! – Кімдер-ей бұлар? – десіп, кіреберісте тұрғандар қотан шетіндегі үйге қарай қашты. Сүлеймендер үйге лап қойған адамдардың алдына кесе-көлденең тұрды. – Сіздер кімсіздер? – деді ұзын бойлы бір малшы Сүлейменнің шылауына жармасып. – Біз тек малшылармыз ғой. Не қыл дейсіздер? Не істе дейсіздер? – деуден басқа сөз айтуға шамасы келмей, тыпырлады да қалды. – Мына малдардың бəрін босат та, айда, жартысын Ленгірге, жартысын Момынайға қарай! Бəрін бір-бірлеп, өз қолдарыңмен жұртқа таратып бересіңдер! Шығар, анау үйде отырған басқаларды! Айтқанымды істемесеңдер, шеттеріңнен жайратып саламыз! Сол-ақ екен, малшылардың бəрі сыртқа шығып, Сүлейменнің айтқанын істеуге кірісті. Алдымен сиырларды шығарды, одан соң қойларды босатты. – Əрқайсысың бір-бір атқа мініп алыңдар! – деп айқайлады Сүлеймен. – Малдарды қатты, қуа айдаңдар! Ұсақ мал мен жылқы айдауға оңай көнді. Ал сиыр жануар жайтабандау ғой. Мыңғырған мал қора шетіне шыққанда, қойлар далаға қарай лап қойды. Талай уақыттан бері байланып, іштері пысқан жылқылар да ары-бері шапқылап, беталды ойқастап кеп берді. Сиырлар болса, марғау қалыптарынан жазбаған күйі танауларын көкке еріне көтеріп, баяу қимылдайды. Жас тана-торпақтар ғана бір-бірімен сүзіcе ойнақ салды. Жеті-сегіз атқа мінген малшылар енді не істейміз?» дегендей, жан-жаққа жайылған малдарға қарап, бір жағы Сүлеймендерге жаутаң-жаутаң етісіп, анадай жерде шоғырлана қалыпты. – Ау, неғып онда иіріліп тұрсыңдар?! Үш-төртеуден бөлініп, айдаңдар қой мен жылқыны көрінген ауылдарға қарай! – Сиырларды айдамай ма сонда?
– Қойшы, Төрекелді, табандап қалғырлардың жүдə жүруі қиын, – деді Сүлеймен қолын бір сілтеп. Сосын манағы ұзын бойлы малшыны шақырып алды: – Осы екпіндеріңмен қойларды қуалап, Момынайға жеткіз! Əр үйге екі-үш қойдан үлестіріп бер! Мен осында қалып, сенің не істеп жатқаныңды бақылап тұрам. – Болды, көке, болды. Айтқаныңызды істейміз. Ал бірақ өкімет... – Сендер сеніп жүрген өкіметтің құлағанына екі күн болды. Қазіргі өкімет – бізбіз. Əйдə, орында айтқанымды! Малшы анда-санда жердегі қураған шөптен бір тістеп қойып, самал ығымен зуылдап, жан-жаққа бытырай жайылған қойларға қарай серіктерімен шаба жөнелді. Лезде бытыраған қойларды жиып, Момынайға түсетін ылдиға бұрды. Олардың қойларды қуа айдағаны соншалық, əп-сəтте екі-үш отарды ауыл арасына кіргізіп те үлгерді. – Əне бір салтаттылар кімдер? – деді осы сəт Ленгір жаққа мойнын бұрған Аязбек. – Жүрістері суыт. Ой, мыналар қарулы мілисалар ғой. Сірə, біз жайында оларға біреулер хабар берген-ау. Бəрі солай жалт қарасты. – Екі күннен бері елдің ішінде қылған қылықтарымыз бұлардың құлағына тимей қойсын ба? Қап, əттең-ай, аналар жұртқа қойларды таратып үлгерер ме екен? – Олар тарата берсін. Біз мілисалардың жолын тосайық. – Қалай тосамыз? Мілисалар оқ ата бастаса ше? – Олар атса, біз де атайық. – Былай етелік, – деді Сүлеймен. – Анау қалың жиденiң ығына барып тұрайық та, аттарын дəлдеп атайық. Аттарын жарақаттап болған соң тауға кетеміз. Əйтпесе бұлардың беттері қайтпайтыны хақ. Төртеуі батыс тұстағы қалың жидеге шашты. Мұны көрген пəстегi мiлисалар да бағыттарын өзгертіп, сол бетке бұрылды. Жиде тасасына ертерек жеткен қарақшылар аттарын ағашқа байлай сап, мілисаларды нысанаға ала бастады. Олардың саны – оншақты. Алда есік пен төрдей кертөбел мінген біреу. Бəрінің иықтарында мылтық. Сүлеймен бұйырды: – Арамызды жиырма-отыз қадамдай етіп, шеп құрып алайық. Сосын аттарды көздеп ата беріңдер. Алдағы кертөбел – менікі. Сүлейменнен басқалары жүгіре басып, жан-жаққа тарасты. Мілисалар елу қадамдай жақындап қалған кезде Сүлеймен кертөбелдің қақ шекесінен дəлдеп тұрып бір атты. Ат омақаса құлап,
үстіндегі мілиса жерге екі-үш аунап түсті. Осы замат ана жақтан Ажандар да ата бастады. Олар мінген аттар бұрын мылтық даусына үйренбеген ашқұлақ болса керек. Үстеріндегі иелеріне бой бермей, тулап, тебіне тоңқып, шат-шəлекейлері шықты. Осы себепті мілисаларды алғашқыда мылтық атпақ түгілі, қаруларын қолдарына алулары да мұң болды. Оның үстіне үстін-үстiн атылған оқтан мiлисалардың өздері де қорқып кетті ме, аттарынан секіріп-секіріп түсіп, жерге жата-жата қатысты. Оқ тимеген жылқылары Ленгірді беттеп, беталды шапты. Əлден соң ес жиған мiлисалар өлген аттардың тасасына тығылып, Сүлеймендерге оқ жаудырды. Тұтасқан жиденің селдір бұтақтары арасынан зу-зу етіп өтіп жатқан оқтардан басқа аттар сескенбесе де, Тəңкіден тартып алған бозжорға тебіне үркіп-тулап, ақыры жібін үзіп, айдалаға құйғыта шауып кетті. Ол да оқ дауысына үйренбеген жануар да. – Қап, бозжорғадан айырылып қалдық-ау, ə, – деді Ажан жерге бір түкіріп, – Қан майдан көрген біздің аттар сияқты деймісің оны? Сен амалдап аттарды ойға қарай түсір. Жазатайым оқ тиіп жүрмесін, – деп дауыстады Сүлеймен. Осыны айтып, аузын жапқанша болмады, бергі шеттегі байлаулы қарагер гүрс етіп жерге құлады. Құлағанмен жануар жандəрмен қайта атып тұрды. Бірақ төрт аяғына іліге алмай, қайта жантайды. Дір-дір етіп, аяқтарын ары-бері төрт-бес мəрте сермеді де, тынши қалды. – А-а-а! – деп бүкіл дүниені басына көтере айқайлады мұны көрген Сүлеймен. – Қарагерім, Қарагерім! Ол қарагерге жүгіре бергенде, оқ Төрекелдінің атын сұлатты. – Жат, жат, Сүлеймен! Бұлар аттарды дəлдеп ата бастады. Кейін қайтып, еңіске жет. Біз қалған аттарды сонда жеткіземіз, – деді Төрекелді. Сүлеймен тыңдамады. Бар екпінімен алға жүгіре берді. Жиде қанша қалың болғанымен жапырақсыз ғой, бергі беті арғы бетіне жақсы көрінеді. Сүлейменнің тұра сап жүгіргенін байқаған мiлисалар енді аттарды емес, мұны дəлдеп, оқ боратты. Қара санның алдыңғы етін жұлып əкеткен бір оқ оны ақыры тоқтатты. Жүруге шамасын келтірмей, етпетінен түсірді. – Аяқ... аяғыма оқ тиді.
Аязбек еңбектей жылжып келді. Шалбарының сан тұсын пышақпен кесіп көрді. – Қан қатты ағып жатыр. Əйтеуір сүйегің сау сияқты. Оқ етті көбірек жұлып əкетіпті. – Қап, Құдайдың ұрғаны-ай... Қарагерге оқ тиген соң ет қызумен жүгіре беріппін. – Ай, мыналар аттарды шетінен қырып бара жатыр ғой. Аязбектің атына оқ тиді енді, – деп айқайлады Ажан. – Атқа мініпте үлгере алмадық-ау! – Басымызға бұдан да қиын іс түскенде мұнша таусылмаушы едік. Анау атты əкеліңдер. Сүлейменді артып, тауға таман жылжиық. Алайда Аязбек ол атқа да жетіп үлгермеді. Жаңбырша жауған оқтың бірі оны да тапты. – Бізді жаяу қалдырып, қаумалап ұстаймыз дей ме екен, иттер! Енді өліспей беріспейміз! – деп ақырды Аязбек. Бұл кезде Ажан Сүлейменнің жарасын таңып болған еді. – Енді қалай? Жүре аласың ба? – Қайдам... Жарақат жүргізбейді-ау. – Қараңғы болғанша амалдайық. Қараңғы болған соң сытылып кетерміз. Оқ-дəрілеріміз біраз бар ма?. – Шамалы-ақ қалды. – Анда-санда бір атып қойып, олардың басын көтеруге шамасын келтірмей отырсаңдар болды. Енді тағы да жан-жаққа тарап, аналарды əр жерден нысанаға алыңдар. Бастарындағы қарбаласпен жүріп байқамапты, Аязбек бағанағы орнына барайын деп жылжи беріп еді, көзі батыс жақтағы тегісте тізіліп келе жатқан мiлисаларға түсті. Қарулы жиырма-шақты сарбаз жаяулата жан-жақтан қоршап келеді екен. – Аналарды қараңдар, – деді ол аузына басқа сөз түспей. – Əттеген-ай! Аттарымыз сау болғанда ғой... Төрекелді оларға қарата мылтығын екі рет басып-басып жіберді. Қаз-қатар тізіліп келе жатқан мiлисалар жерге жата-жата кетті. – Шеттерінен жүректерінің жоқтығын қара тағы. – Жүректерінің жоғын қайдам, қызыл сарбаздар бізді айнала қоршамақ боп, шашырай бастады. Əлден соң толық қоршауда қалмақпыз.
Бірге болғалы бері ешқашан дəл мұндай шарасыз халге түсіп көрген емес-ті бұлар. Осы себепті ме, əйтеуір, əркім өз ойымен болып, біразға дейін ешқайсысы сөйлемеді. – Амал не? – деді əлден соң Сүлеймен. – Қаша жүріп, атысып құтылып кетулеріңе мен кедергі болдым-ау. Енді əлде де болса, сытылып кетуге əрекет жасаңдар. Анау Алатаудың қойнауына бір кірсеңдер, сендерді ешкім ұстай алмайды. Ал мен бір өзім қолға түсейін. Бəріміз қамалғанша, осыным жөн болар. – Не айтып тұрсың, Сүлеймен? Сені жалғыз тастап, бізді жын ұрып па? Қолға түссек, бірдей түсеміз. Өлсек те, бірдей өлеміз. Серігін жау ортасына тастап кететін əдет бізде болған ба? – Біздің арамызда қалыптасқан тəртіптің де, байлаулы серттің де кейде өзара келісушілікпен бұзылатын кезі бар, Төрекелді. Сондай кездің бірі бүгін келді деп ойлаңдар. Қолға мен-ақ түсейін. Сендер бас амандық амалдарыңды қылыңдар. Сай-саймен қаша атысып, тау етегіне бір іліксеңдер болды. – Олай етсек, біздікі достық емес, Сүлеймен. Əуелден басымыз бір қазанда. Бұдай былай да не көрсек, бірге көреміз. – Əй, бандылар! – деген дауыс естілді осы кезде мілисалар жақтан. – Қаруларыңды тастап, қолдарыңды көтеріп, бір-бірлеп орындарыңнан тұрыңдар. Əйтпесе анау аттарыңа ұқсатып, өздеріңді де теңкитіп-теңкитіп тастаймыз. – Бұлар бізді қанатымыздан айырып алып, енді жанымыздан айырып тастамақ па? Неге кeш батпай кетті? Орнымызды сипатып кетер едік! – деп тістенді Аязбек. Мілисалар айқайын тыяр емес. Тіпті бұларға бағыттап төрт-бес мəрте мылтық та атты. Бірақ қарақшылар олардың шарттарын орындай қоймады. – Беріл, Сүлеймен! Өз еркіңмен берілсең, жазаң да жеңіл болады, – деді тағы бір дауыс. – Мілисалар менің атымды да біліп алған ба? – Сірə, олар кешегі біз барған Жалғандық пен «Алғабас» жақтан келген болар. – Өкініш өзегімді өртеп барады. Қарагерімнен бір айырылып, бостандығымнан тағы айырылсам, Сүлеймен атым қайсы?! Санаңдаршы, қанша оғымыз қалыпты? Соңғысы таусылғанша атысып, жастығымызды ала өлейік!
Əрқайсысы оқшантайларындағы оқтарын санап шықты. Төртеуінде бар-жоғы оншақты ғана оқ қалыпты. Ал анау жақтан мілисалар əлі айқайлап жатыр. – Соңғы рет ескертеміз! Егер бес минуттың ішінде қолдарыңды көтеріп шықпасаңдар, біз шабуылды бастаймыз! – Бастай берсін. Қол көтеріп шығатын біз оларға қорқақ қарсылас емеспіз. Айтқандарындай бес минуттай уақыттан кейін мiлисалар жан- жақтан оқ атып, жақындай түсті. Төртеуі төрт бағытқа қарай жатып алған бұлар да жауап оқ ата бастады. Мілисалар қарақшылар оқтарын əбден босқа шығындасын дегендей, анда-санда əр жерден бас қылтитып, болмаса қалпақтарын мылтықтарына іле жоғары көтеріп, қулыққа көшті. «Құралайды көзге атқан мерген» дейтін Аязбектің өзі бір де бір рет нысанаға дөп тигізе алмай, мүлт кетіп жатты. Ақыры бұлардың оқтары таусылды. Мілисалар сақтық жасап, ана жерден, мына жерден бір көрініп, аңысын аңдып ұзақ торуылдады. Соңында қарақшылардың шынымен оқтарының біткеніне көздері жеткен соң, айнала тұра қалып, бір мезгілде атойлап лап қойды. Өңкей қарулы мiлисаларға қарақшылар қолма-қол төбелес те сала алмады. Олар келе сала əрқайсысына бес-алтаудан жабыла кетіп, аяқ- қолдарын байлап тастады. Араларында кешегі Сабаш бар. – Осылар! Осылар ғой, колхоздың бар малын жұртқа таратқан. Осылар ғой, біздің зəремізді ұшырып, аттарымызды тартып алған. Мəгəзiндi де елге тонатқан осылар! Уһ, қаны бұзылған бандылар! Кеңес өкіметінің тұзағынан құтылып кетем деп ойладыңдар ма?! Желкелеріңді үзіп алар өкімет. Əсіресе мына дəуді аямаңдар! Бəрін бастап жүрген – осы, – деп тақылдап сөйлеп жүр. Мілисалар өзара біраз ақылдасып, қарақшылардың аяқтарын шешіп, Ленгірге қарай айдады. Жарақаттанған Сүлейменді атқа өңгеріп алды. Аса бір қауіпті бандыларды қолға түсіргендей масаттанған мiлисалар төртеуі қауқылдаса айдап, Ленгірдегі мілисахананың алдына келіп бір-ақ тоқтады. Мілисахана – темір торлы терезелері көп, ұзын там екен. Есік алдында бірталай мілиса тұр. Айдап келушілердің біреуі жүгіріп барып, олардың біріне қолын шекесіне қоя, əлденелерді баяндады. Оны тыңдап болған əлгі:
– Əрқайсысын əр камераға, бір-бірлеп қамаңдар. Анау жаралысына фельдшер көмек көрсетсін. Сотқа дейін қансырап, өліп қап жүрмесін. Төрт-бес күн ешқайсысына ас та, су да бермеңдер. Жатсын қаталап. Өкіметке қарсы шығудың қандай екені саналарына сіңсін. Ой, мынау біреуі сұмдық дəу ғой! Адам ба өзі? Бұрын мұндай денелі адамды көрсем, көзім шықсын. Əй, мейлі, қама апарып! Арыстан қанша дəу болғанымен, ақымақ келеді. Мұндайлардың ой- өрісі он жасар баланың есі сияқты болады. Жанындағылар мұны алдап жұмсап жүрген ғой, – деді. Қолы бос болса, Сүлеймен осы сөзі үшін оның аузын айырып жіберер еді. Бұғаулы болып, мысы құрыды. – Қолым бос болғанда көрер едім əуселеңді! – деді оған алара қaрaп. – Туһ, найсаптың түсінің суығын-ай! Ашуланса əзірейілдей болып кетеді екен, – деді əлгі жүзін төмен тайсақтатып. Ұзын тамның дəлізі де ұзын екен. Коридорда жағалай орналасқан есіктердің бəрі темір торлы. Қарақшылардың əрқайсысын əр бөлек қамады. Сүлеймен кірген камерада екі кісі отыр. Олар мұны көріп, ұшып тұрды. «Сүке, Сүке» деп жағдай сұрап, іші-бауырына кіріп барады. Сүлеймен оларды танымады. Осыны сезгендей: – Бізді танымадың ба, Сүлеймен? – деді біреуі. – Көрген адамдарым емес сияқтысыңдар. – Қосағаш ауылынанбыз ғой. Баяғыда, бала кезде Бадам жағасында сен Көбек екеуің бізбен төбелесіп, шетімізден аттан құлатып кеткенсің. – Одан бері қанша заман өтті. Шынымды айтсам, онда кімдермен төбелескенім есімде қалмапты. Үшеуі қайта танысып, өткен-кеткенді əңгіме қып отырғанда, камераға үш мілиса жəне жəй киінген бір адам кірді. Жəй киінгені – доқтыр екен. Келе сала, Сүлейменнің жарасын қарап, жуып, тазалап, дəрі жағып, таңып тастады. – Сүйегі аман. Оқ қара санның етін жұлып əкеткен. Екі күннің бірінде дəрі жағып, жаңалап таңып тұрсақ, он бес-жиырма күнде жазылып кетеді. Жарасын таңғанымен, Сүлейменге төрт күнге дейін не су, не тамақ бермеді. Бесінші күні жауапқа алып барды. Жауап алған – сұп- сұр жүзді, қатқыл, жіңішке келген татар. Өзін «Шымкенттен келген
ОГПУ-дің қызметкерімін» деп таныстырды да, бірден бастырмалатып, сұрақтың астына алды. Сұрағымен бірге небір жалаларды жауып жатыр. Оның айтуынша, бұл төрт мілисаны атып өлтіріпті. Жалғандық пен «Алғабастағы» қойманы өртепті. Құлтан мен Тəңкінің құлақтарын кесіп алыпты. Қотандағы малдарды қырыпты... – Болған нəрсені айтсайшы, оттай бермей! – деп бақырып кеп берді Сүлеймен. – Өтірігіңмен мезі қып жібердің ғой адамды! Сүлейменнің бақырғанынан татар тергеуші шошып кетіп, үстелінен құлап қала жаздады. Бірақ есін тез жиды. – Қарауыл! Қарауыл! – деп айқайлады сосын. Иықтарына мылтық асынған екі мілиса жетіп келді. – Əкетіңдер мынаны камераға! Мұны тергеусіз, сотсыз ату жазасына кесе саламыз! Содан Сүлейменді қайта жауапқа апармады. Ол көрші камерадағы достарынан да хабарсыз күйде бір айдай жатты. Бір айдан кейін сотқа шақырылды. Сот дегені үш-ақ адам. Ортада былшиған бетті, қарынды келген бір орыс отыр. Қазақшаға судай. Алдымен кімдер екендіктері жəне не істегендері туралы Сүлейменнен сұрады. Ол ашыққан халыққа болысқанын айтты. Бірақ сот: «Сен халықшыл емес, нағыз баскесердің өзісің», – деді. Бұл тағы бірдеңе айтуға ұмтылғанда сот сөйлетпей тастады. Ол басқаларды да солай қаралады. Қаралап болғасын, өздері де, бұларды да орындарынан тұрғызып қойып, үкім оқыды. Үкім бойынша төрт қарақшының əрқайсысы жиырма бес жылға кесіліп, өтеу жазасы Сібір қалаларының біріндегі түрмеде өткізілсін деп шешілді. Сүлейменмен бір камерада отырған екі кісі колхоз қоймасынан бір килə бидай ұрлағандары үшін он жылға кесілді. Соттан кейін сол жерде тағы екі күн жатты. Үшінші күні қарулы мілисалар бəрін айдап тысқа шығарды. Далада қалың қар жауып қалыпты. Үскірік жел соғып тұр. Мілисалар алтауын есік алдындағы төрт ат жегілген биік шарабалы шанаға отырғызды. Бəрінің қолдарын бір-біріне қосақтап байлады. Шана алдына жəй киімді кісі жайғасып, божыны қолына алды. Атшана орнынан қозғалған кезде екі жақ қапталдан екі, арт жақтан үш мілиса ерді. Олар атта, əрі қарулы. – Бізді қайда апара жатырсыңдар? – деп сұрады жолай Сүлеймен олардан.
– Қайда апара жатқанымызда шаруаң қанша? Барған соң көресіңде, – деп шаңқ етті аттыдағылардың бірі. Екі сағаттай өткенде атшана Шымкентке келді. Аздан соң қала шетіндегі вокзалға жетті. Вокзалда бұларды басқа мілисалар күтіп алды. Бəрін шанадан түсіріп, қолдарының байлауын шешіп, бір биік мұнаралы тамға қамады. Там ішінде адам тола. Бəрі сотталғандарға ұқсайды. Шана үстінде əбден жаурап келген Сүлеймендер мұнда да жылу таппай əбден тоңды. – Бізді мұнда неге қамап қойды екен? – деді Аязбек жанындағы бұрыннан отырған біреуге бұрылып. – Түрмеге əкететін пойызды жасақтап жатқанға ұқсайды ғой мілисалар. Сол дайын болғанша, осында отырсақ керек. Қамалғандар сол жерде үш күн отырды. Үш күнде үш-ақ мəрте бiр-бip желім кесемен жылы су, екі-екі үзімнен нан берді. Төртінші күні таң ата там есігі айқара ашылды. Ар жақтан топырлаған қарулы сарбаздар көрінді. Сырт киімінің тіп-тік екі қатырма жағасында бір- бір жұлдыз қадалған біреуі қолындағы қағазға қарап, отырғандардың барлығының аты-жөндерін айқайлап атай бастады. Бəрінің түгел екеніне көзі жеткен соң: – Бір-бірлеп шығып, анау тұрған вагонға мiнiңдер. Қарсыласатын болсаңдар, қашуға əрекет етсеңдер, ешбір ескертусіз ата саламыз. Айда, шығыңдар кезекпен! – деп айқайлады. Мына жерде отырып, əбден мезі болған тұтқын байғұстар вагонға кірсе, тура бір жұмаққа тап болатындай сыртқа лап қойды. Сыртқа лап қойған соттаушыларды қолындағы таяғымен ұрып-соғып: «Мақұлықтар, құлақсыз хайуандар, бір-бірлеп шық дедім ғой сендерге», – деп бағанағы мілиса сыбап жатыр. Осыдан кейін қамалғандар сабаға түсіп, бірінің соңынан бірі шыға бастады. Адамдардың ортасын ала Сүлеймендер де шықты. Далада аяздың беті əлі сынбапты. Қақап тұр. Там мен вагон арасын екі жақтама қоршап, қару кезенген солдаттар тұр. Кейбір терезелерінде əйнек те жоқ, бірақ жуан темірлермен құрсауланған вагон іші де суық. Сотталғандар жағалай отырысып жатыр. Сүлеймен де өз серіктерімен бір бұрышқа жайғасты. – Ал, туған ел, əзірше қош, – деді əлдекім. – Тірі оралсақ игі еді, – деді екінші біреу.
– Құдай алдымыздан жазсын, – деп күбірледі тағы бірі. Қамалғандар жайғасқан кезде вагонның темір есігі сарт жабылды. Бес минуттан кейін пойыз орнынан жылжыды. Өмірі тек еркіндік пен бостандықта, өз дегенімен жүріп үйренген Сүлеймен осы сəт өзінің шын қапасқа түскенін сезгендей болды. Сезгендей болды да, қыран жүрегі, қырғи көңілі мынау тас қапаста ішқұса күйге түсіп, запылықтан жарылып кетпесе екен деп қауіптенді. Сол қауіппен вагон қабырғаларын быт-шыты шыққанша тепкілеп тесіп, жерге түсе беталды қаңғып кеткісі келді. Бірақ бұл ойы – тек əурешілік болатынын тез ұқты. Сөйтіп, іштегі өкініш қаншалықты өзекті жара аһ ұрғызғанымен, басқа түскенге көне тұруға тура келетінін аңғарды. Аңғарды да, мына отырғандардың ешқайсысымен қатты сөзге барып қалмауға, ешкіммен ерегіспей бейбіт күн кешуге бел буды. Бірақ... Пойыз мимырт жүрісімен жарты күннен аса жүріп, Əулиеатаға жетті. Бұл жерде ұзақ аялдады. Бір кезде темір есік ашылып, солдаттар ішке ірі-ірі денелі жеті орысты айдап кіргізді. Ішіндегі біреуі тіптен дəу екен. Олар кіре салды да, вагонның ық жағында отырған оншақты қазақты орындарынан жұлып-жұлып алып, бері қарай тулақша лақтырып, өздері жайғасып алды. Сорлы қазақтардың оларға қарсы тұрар бірі табылмады. Аналар бір-біріне айқайлай сөйлесіп, жайлы орынға жайғасып жатқанда, мілисалар «каждому по три куска» деп, нан тарта бастады. Вагон iшiндегілердің таласа- тармаса нан алып жатқанын көрген дəу орыс жағындағыларға бірдеңе деп күбірледі. Сол-ақ екен, екі орыс тұрып, қазақтардың нандарын тартып ала бастады. Өздері аш болса да, тағы да оларға дау айта алмаған байғұстар нандарын орыстарға ұстата берді. Орыстар нанмен қатар қазақтардың үстіндегі жылы киімдерін де шешіп алды. Киімдерді үшінші біреу жинап жүр. – Əй, мыналар тым басынып барады ғой, – деді Аязбек. – Үндемей отыра бер. Бізге жақындасын, – деп Сүлеймен үш үзім нанын жемей, етегіне қойды. – Нандарыңды əзірше сендер де жемеңдер. Бұл уақытта орыстар өздеріне жақындап қалған. Сүлеймен нанын жемей, етегіне қойып отырғанын басқаша ойласа керек: «Ох, какой хороший здоровый казах. Хлеб для нас сохранил. Бык хороший», – деп біреуі Сүлейменнің алдындағы нанды ала бергенде, бұл оның білегінен шап беріп ұстай алды. Қапелімде мұндайды күтпеген орыс
екі көзін бажырайта: «Ой, что ты?» – деп қолын тартып алмақ еді, алайда тырп етуге шамасы келмеді. Ашуланып кеткен ол екінші қолымен Сүлейменнің қақ төбесінен құлаштай періп қалды. Сүлеймен қолын тосып үлгерді. Білегі мұның көлденең тосқан қолына сарт ете қалғанда, анау бақырып жіберді. Осы сəт атып тұрған Сүлеймен, оның бетіне басымен қойып қалды. Орыс вагон ортасына шалқасынан түсті. Сөзге келместен Сүлеймен екіншісін құлаштай соқты. Ол жағалай отырғандардың аяқтарын құша, етпеттей құлады. Қолына жылы киімдерді жиып алып, сəл арырақ тұрған үшіншісі төрдегі серіктеріне қарай қаша жөнелді. Екі серігін Сүлеймен көзді ашып-жұмғанша сілейтіп салғанын көрген төрдегі дəу орыс орнынан атып тұрды. Орысша əлденені айтып айқайлап-айқайлап алды да, үстіндегі қалың шекпенін шешіп, бұрышқа лақтырып, ортаға атып шықты. Ортада отырғандар шетке ысырылды. Бəрінің əлгіден үрейлері ұшып кеткен сияқты. Шынында, ананың түрі жаман. Қараңғыда қарсы кездесіп қалса, жүрегі нашар онша-мұншаның сол заматта өліп кетері хақ. Əрі, дəулігін айт. Əрбір білектері орта жігіттің балтырындай. Мойны семіз бұқаның желкесіне пара-пар. Жалпиған бетін анау- мынау жігіттің екі алақаны жаба алмастай. Ауызы, танауы, Құдай салмасын, кішігірім тананыкіндей. Бойы да көк тіреп тұр. – Кел бері! – деді ол Сүлейменге саусағымен белгі жасап. – Желкеңді үзіп тастайын. Сүлеймен де шекпенін сыпырып, ортаға шықты. Вагон іші тым- тырыс. Екі алыптың қайсысы жеңер екен дегендей, жұрттың көзі ортаға қадалған. Сүлеймен жақындағанда құтырынып, аласұрған орыс құлаштай соқты. Соққы дарымады. Сүлеймен еңкейіп қалған. Орыс өз екпінімен өзі теңселіп, айналып кетті. Ол қайта түзелемін дегенше, Сүлеймен қақ желкеден бір қойды. Анау шетте отырғандардың үстіне құлап түсті. Сонша салмақтың үстеріне құлап түскеніне шыдай алмаған бір-екі адам бақырып жіберді. Тұрмаққа əрекеттенгенде, Сүлеймен жетіп барды да, жаңағы желке тұсынан аямай екі ұрды. Қарсыласы да мықты екен. Сонша соққыны елемей, тағы тұруға əрекеттенді. Сүлеймен үшінші жолы құлақшекеден дəлдеп ұрды. Орыс басын бұғып үлгерді де, соққы қақ төбесіне тиді. Мұндай ауыр соққыны бұрын көрмесе керек, ол екі қолымен төбесін ұстап, отыра кетті. Сосын: «Подожди, подожди», – деді үні əрең шыға, өздерінің дəулерінің таяқ жеп қалғаны жандарына батып кетсе керек, «Ой,
откуда взялся такой хулиган» деп төрде отырған екі орыс өре түрегелді. Олар да осал емес екен. Дене бітімдері Сүлейменмен тұрғылас. Олардың бірі кіжіне тістеніп, таяп келгенде Сүлеймен ішінен бар күшпен тіке ұрды. Анау екі бүктетілді. Мұны оңай жайғаған соң Сүлеймен екіншісін жағасынан ала кетіп, еңкейтіп алды да, тізесімен бетіне оңбай тепкіледі. Онысы шарасыз халде екі мұрнынан қан сорғалай, серігінің үстіне гүрс етті. Бұл үшеуі осылайша алысып жатқанда, ес жиып қалған ортадағы дəу орыс ақырып, тағы тұра келді. Сол бойда Сүлейменді құлаштай қойып жіберді. Сүлеймен екі-үш рет айнала теңселді. Осы соққыдан кеудесінің терең түкпірінде онша- мұншаға бас көтере бермейтін ашу-ызасы көтеріліп кетті. Сол ашу- ыза тұла бойындағы бар күшті сыртқа тептіріп, Сүлейменді енді ешкім ұстап тұра алмастай халге жеткізді. Өзіне екінші рет төнген ананың тура бетінен ышқына ұрды. Дəу кейін қарай тəлтіректеді. Сүлеймен екінші рет ұрды. Анау тағы да кейін теңселіп кеткенімен құламады. Диюдай болып теңселіп тұрған неменің ақыры құлайтынын білді ме, оның артында отырғандар орындарынан тұра-тұра сап, шетке ысырылды. Сүлеймен үшінші рет ұрғанда дəу орыс бос қалған вагонның қабырғасына соғылып, кесілген теректей еденге сылқ етті. Өзінен шығып, жынданған Сүлеймен оның өлі-тiрісінде жұмысы болмай, қасына жетіп барып, сақалынан ұстай алды да, басын вагон еденіне төрт-бес мəрте оңбай соққылады. Тек анау талып қалған кезде ғана сақалынан қолын босатып, бері айналды. Ол айналғанда, бағанағы таяқтан енді ғана ес жиған басқалары: «Болды, болды, биз женилдик», – деп бəрі бір ортаға жиналып, қолдарын көтере жүрелей отырысты. Əлі де ашуы басылмаған Сүлеймен: – Шетінен буындырып өлтірейін бе? – деп тістеніп келе беріп еді: – Жетер, Сүке, жетер. Енді бұлар біздің айтқанымызды істейтін болады, – деп Төрекелді жолына кесе-көлденең тұрды. Төрекелді Сүлейменді тоқтатқанда жан-жақтағы қазақтар: «Həлетілер пірін танымай жүрген екен», «Е, айналайын, арысым, бар екенсің ғой», «Е, бəсе, бұларға қарсы тұрар, қазақта ер тумап па?!», «Кəпірлерді біз де біраз сабап алайық», – деп өре тұра келді де, қолдарын көтеріп, жүрелей отырғандарға жабыла кетті. Ұрғандары былай тұрсын, үстеріндегі шекпендерін де шешіп алып, жалаңаш қалдырды. Бұлай ете берсе, оларды өлтіріп қояр деді ме:
– Тоқтатыңдар дереу! Асау өгізге бір-екі рет дүре тисе, жуасып қалатынын білмеуші ме едіңдер? Жеңілгендерін мойындап, қол көтеріп отыр емес пе. Болды, жетер. Тоқтат деймін сендерге! – деп Төрекелді айқайлап берді. Қазақтар ұруын сап тиып, өз орындарына отырды. Сүлейменнен оңбай таяқ жеген дəу жайлап көтерілді де, бет-аузының қанын да сүртуге шамасы болмай, басын ауырсына қысып біраз отырды. Сөйтті де еңбектеген күйі өз серіктеріне жақындады. Серіктері оның қанын сүртісіп, киімін жөндеп, көмектесуге қазақтардан қаймықты ма, ешқайсысы жақындамады. – Хайуанның қанын судай шашып жібергенімде болар ма еді, Төрекелді. – Онсыз-ақ əбден сазайын тартты ғой. Серіктерінің жанына жақындаған дəу етпеттей жатқаннан көпке дейін қимылдамады. Аналар оны көтеріп, жарақатын сүртісіп, көмектесуге ұмтыла қоймады. Əрқайсысы өз денелеріне тиген соққыларды ауырсына ыңыранысты. Ал қазақтардың бəрі «өздеріне осы керек» дегендей, оларға кекесінмен қарап отыр. Əлден соң дəу қимылға келіп, əзер дегенде вагонға арқа сүйеді де жанындағы төбелеске араласпаған сау серігіне Сүлейменді иегімен тұсқап, əлдене айтты. Онысы басын изеп, Сүлейменге қарады. Қазақша жетік біледі екен: – Туысқан, сіздің атыңыз кім болады? – Оның саған не қажеті бар? – Cұрауымның себебі, біздің Аркаша атаманымыз «Бұдан былай осы вагонға сізді атамандық қылсың» дейді. «Мен жеңілдім?» дейді. – Жеңгеннің бəрі атаман бола беру керек пе? Вагонда оның керегі не? Маған тиіспесе, мен ешкімге тимеймін. – Жоқ, сіз түсінбедіңіз. Сіздер бұрын түрмеге түсіп көрмегенсіздер. Ал Аркаша атаман сонау патшаның кезінде де екі-үш рет түрмеде отырған. Біздің бəріміз де отырғанбыз. Сондықтан түрменің, лагерьдің жағдайын жақсы білеміз. Түрме мен лагерьдің өз заңы бар. Мұнда өңкей бұзықтар жиналғандықтан... – Əй, қоя тұр бұзықтарыңды... Лəгір дегенің не пəле? – Лагерь деп сотталғандар жататын жерді айтады. Онда бізді жұмысқа салады. Уақтылы жатқызып, уақтылы тұрғызады. Тамағы жартымсыз. Қит етіп, артық тірлік істей алмайсың. Онда жағдай өте
қиын. Əлі жеткендер əлсіздерді түтіп жеп қоюы мүмкін. Сотталғандар бəрі бір жерде өмір сүргендіктен, олардың арасында небір қилы оқиғалар болады. Осыған байланысты лагерьдегі тұтқындардың өзара талас-тартысын реттеп отыратын бір адам керек. Оны бұрындары «атаман» деуші еді, қазір «пахан» дейді. Пахан өте күшті, əрі ақылды болуы керек. Енді түсіндің бе, атаманның не екенін? Аркаша бұрындары барлық жерде атаман болып келген. Енді жасы қырық беске келіп қалды. «Сені менен күшті екен, енді атаман сол болсын» деді. Аркаша айтқандай, бүгіннен бастап бəріміз лагерь-зонаға жеткенше вагондағы атаман – сенсің. Қарап тұрсақ, мына қазақтардың ішінде де сенен мықты жоқ сияқты. Енді сен не айтсаң да, біз үшін заң. – Сонда қалай? – деді ананың əңгімесінің астарын толық ұқпаған Сүлеймен. Атамансыз-ақ бəріміз тату-тəтті қарым-қатынас жасап, жететін жерімізге дейін тыныш барсақ болмай ма? – Атыңды кім дедің жаңа? Сулейман дедің бе? Вот, Сулейман, слушай енді мені... – Қазақшаға судай ағып тұрып, мені Сулейман дегенің не? Сүлеймен десейші. – Ə, Сүлеймен дейсің бе? Онда тыңда, Сүлеймен. Бізді Сібірдің қай жеріне апаратыны белгісіз. Жолда қанша жүреміз, еще неизвестно. Осы отырған бəрімізді бір қалаға, не бір зонаға апармасы анық. Біразімізді жол-жолдағы түрмелерге тастап кетуі де мүмкін. Ал олардың орнына жолай басқа сотталғандарды мінгізеді. Ондайлардың арасында да настоящий головорездер болады. Олар вагонға кіре сала, бəрімізді бірден билеп, нанымызды, киімдерімізді тартып алмаққа əрекеттенеді. Сондайда оларға қарсы тұра алатын достойный мужик керек. Əйтпесе ол бұзақылар бізге күн бермейді. – Ондай бұзықтарға бəріміз бірдей қарсы тұрсақ ше? – деді Төрекелді. – Баланың сөзін айтпа. Сүлеймен болмағанда, Аркашаға біреуiң қарсы тұра алмайтын едіңдер ғой. Ал Аркаша сияқты қанша атамандар бар. Зонада, то есть лагерьде ондайлардың əлі талайын көресіңдер. Тіпті лагерьге дейін де көрулерің мүмкін. Естуімізше, Шамалғанда Осман конокрад сотын күтіп жатыр екен. Егер оны Шуда осы вагонға тығатын болса, ай, білмеймін, бəрімізге конец болатын
шығар. Аркаша, жоқ, біз бəріміз де сол Османмен бір вагон, бiр зонаға түспесек екен деп тілеп едік. Осман конокрадты есітіп пе едіңдер? – Конокрад дегені не екен? – деді Сүлеймен жанындағы бір қазаққа бұрылып. – Атақты ұры мен барымташыны бұлар солай атайды, – деді ол. Сосын орысқа қарады: – Ай, мұжық, Осман дегенің тіпті мықты адам ба? – Уай, уай, уай. Ол бүкіл Семиречьені шулатып жүрген баскесер. Өкіметіңе, партияңа пысқырмайды да. Одан мiлисалардың өздері қорқады. Нағыз бас алғыш. Бірақ ол Сүлеймен сияқты дəу емес. Но өте шапшаң. Қолдары темірдей. Бір атылса, кез келген дəудің алқымын жұлып түсіреді. – Қазақ па өзі? – Ұйғыр. – Өздерің осынша дəу бола тұра, одан қорқасыңдар ма? – Осман дəу болмаса да сондай құдіретті адам. Одан сескенбейтін атaман жоқ. Бір жолы сегіз адамды жалғыз өзі-ақ бауыздап кеткен. – Е, Құдай, сондай жауыздардан өзің сақтай гөр, – деп күрсінді шетте отырған бір қазақ. – Атаңа нəлет өкімет-ай! Бір тоқтыға бола мені жеті жылға кесіп... О, Алла-ай, қандай ортаға тап болдық десейші, – деп аh ұрды екіншісі. Осман туралы орыс айтқан əңгіменің өзі-ақ олардың үрейін ұшырып жібергендей. Осыған іштей намыстанды ма, Аязбек сөйледі: – Ой, бауырлар-ай! Түрін көрмей жатып, əлдекімнің атынан үрейленіп не көрінді сонша сендерге? Нағыз сужүректің өзі екенсіңдер де. Одан өткен қарақшылар орталарында келе жатыр ғой. Мына Сүлейменнің өткен тарихын айтсам, жүректерің бірден тоқтап қалатын шығар. – Е, қайтеміз енді. Бұрын-соңды адам өлтіргіш кісілерді кім көріпті. Осы бауырымыздың ортамызда болғанына да шүкір, – деп міңгірледі аһ ұрған қазақ. Бұдан кейін ешкім сөйлемеді. Далада қараңғы түсе бастады. Вагон iшi де алакеуім тартты. Пойыз тау етегін ала тақылдап, шабан жүрісін үдетер емес. Аздан соң айналаны көрдей қараңғылық тұмшалады. Вагон iшіндегі тыныштықты орыстардың бағанағы Сүлейменнен алған соққыдан қиналып, анда-санда ыңырси шығарған
дауыстары ғана бұзып келеді. Бір-біріне жақындаса, тығылысып отырған Сүлеймендер қалғи бастады. Бір кезде Төрекелді айтты: – Біз еш қауіпсіз қалғып келеміз. Мынадай қараңғылықта аналар білдірмей келіп, шетімізден бауыздап жүрмесін. Бағана Сүлейменге «атаман болдың» дегені де жəй алдау болмасын. – Бауыздай қоятын қоныштарында қанжарлары дайын деймісің. – Кім біледі, Сүлеймен. Бір ұйықтасаң үстіңнен арба өтсе де білмей ұйықтайсың. Шын қастық ойлаған адамға біреуге ажал құштырудың амалы көп емес пе? – Онда құс ұйқылы Аязбек бəрімізге қарауыл болсын. Есіттің бе, Аязбек? Жан-жақтың ау-жайын байқап отыр... – Жарайды, Сүке. Вагон тақылынан естімей қалмасам, əудем жердегі құс қанатының сусылын құлағым шалушы еді. Мен білсем, бұлар енді тырп ете алмайды. – Тағы бірдеңені шығаратын болса, жұлындарын жұлып, миларын шашып тастаймын. Бір айдан аса уақыттан бері қапас өмірге көндіге бастаған Сүлеймен, ештеңе айтпай, беймарал ұйқыға кірісті. Ертеректе қыр мен сайдың төсінде бауырына тоқым жайып, басына ер қоя салып, ұйықтап жүрген жан емес пе. Сондай шыңдаудан өтіп, бөрі мен қырандай тағы өмір сүріп үйренген оған вагон ішінде қабырғаға арқа сүйеп, аяғын жаза отырып ұйықтау мамық төсектен кем соқпады. Осылай отырып-ақ ұзақ ұйықтады. Ешкім оятпады. Бір кезде көзін ашып қалса, вагон іші жап-жарық. Пойыз тоқтап тұр. Айналадағылардың біразы əлі ұйықтап, ал біреулері өзара күбірлесіп, жəй сөйлесіп отыр. Кешегі қазақша білгіш орыс мұның оянғанын көрді: – Қалай, атаман? Жақсы демалдың ба? Міне, кешегі айтқан Шуға да келіп тұрмыз. Осы жерде үстімізге тағы біреулерді кіргізбесе болғаны. Сүлеймен оның жанындағы серіктеріне қараса, кешегі өзі ұрған орыстардың бет-аузынан түк жоқ. Мұның басы тиген əне біреуінің жалпақ бетіне бет қосылып кеткендей, мұрны мен көздері ісіктен көрінбейді. Біреуінің қастары айырылып кеткен бе, көзінің үстінде кішкене-кішкене алмадай екі ісік іліне қалыпты. Үшіншісінің ернінің домбығып кеткені соншалық, мұрын астына үлкен басты айғырдың аузын тігіп қойған секілді. Ал дəу орыстың ұзын шаштарының ұштары
мен жағасына қатқан қан ірі-ірі жара сияқты, көзге қораш көрінеді. Өзі басын қос қолдап сығып, қиналып отыр. Соққыдан миы шайқалған-ау байғұстың, аракідік «ой, голова» деп қояды. Ойбайламай қайтсін? Темiр еденге соққыланған бастың мылжасы шығып кетпей, аман қалғанын қарасайшы тағы. Сүлеймен оларды аяп кетті. «Нем бар еді сонша ұрып? Ай, бірақ бұлай етпесем, бұлар мені осындай күйге түсірер еді-ау. Сорлылар, арттарына қарамай тиісіп несі бар?» Сақырлап вагонның ауыр темір есігі ашылды. Есік алдында топырлаған қарулы солдаттар көрінді. Бастықтары болса керек, ұзын бойлы арық біреуі қолындағы қағазға қарап, отырғандардың біразының аты-жөндерін атап шықты. – Аталған сотталушылар, бір-бірлеп сыртқа шығыңдар! – деді сосын. Аттары аталғандар аһылап-уһілеп, кезек-кезекпен далаға шықты. – Бұларды қайда апарар екен? – деді Төрекелді дауыстап. – Алматы маңындағы түрмеде қалатындар ғой. Жолдары болғыш екен. Бізге ұқсап Сібірге бармайтын болды, – деді оны естіген қазақша білгіш орыс. Солдаттар он бес шақты кісіні алып кетті де, қалғандарына екі үзімнен нан таратты. Үлкен шелекпен су берді. Шелекпен қоса ұстағышы бар кішкене ыдыс ұсынды. Оны орыстар «кружка» дейді екен. Нандарын апыл-ғұпыл ауыздарына тығып, сол кружкамен бір- бірлеп су ішті. Су қайнатылған ба, қайнатылмаған ба, белгісіз. Жылымшы. «Əйтеуір мұздай болмағанына шүкір» деп біреулер шүкіршілік қылып жатыр. Солдаттар шелек пен кружка босаған соң қайта алып қойды. – Күніне екі үзім нан жеп, бір күрішке су берсе, жететін жерімізге дейін аштан қатып қалармыз, – деді Ажан. – Бəрінен де ауқатты қасқырша жеп үйренгені дəу Сүлейменге қиын болды-ау. – Қиыны – қиын. Амал не, шыдармыз. – Зорлық пен төбелестің басы осы аштықтан басталады, – деді əлгі орыс. – Əзірге жақсы, екі-үш кусок болса да, күніне нан беріп тұр. Кейде екі-үш күн бойы түк бермей қояды. – Кешеден бері сенің атыңды да сұрамаппыз. Ныспың кім өзіңнің?. – Мені Микай деп атай беріңдер.
– Өзің бұрын сотталған екенсің, Микай. Айтшы, бізді діттеген жерлеріне апарған соң не істетеді? – Кеше айтып едім ғой. Азаннан кешке дейін қара жұмыс істетеді. Сібірге барсақ, ағаш кесеміз. Темір жол саламыз. Əр он сотталушыға бір қарулы солдаттан қарауыл болады. Командирдің айтқанын орындамасаң, табанда атыласың. Болмаса, орындығы мен кереуеті жоқ сыз жертөлеге қамап қояды. Жалпы, ол жерде сотталғандар көп қырылады. Біреуі – аштықтан, біреуі – аурудан, – деп Микай лагерь жайын ұзақ əңгімеледі. Сотталушылардың арасындағы тəртіп туралы да ұзақ айтты. Айыпты болғандарды паханның шешімімен өлтіріп тастайтынын да сөз етті. – Кімде-кім қорқақ болса, оған күн жоқ. Күшті жігіттер жанына өз жерлестерін жиып алып, екінші бір топтан қорғанады. Жеке-жеке жүргендер ол жерде күн көре алмайды, – деп аяқтады ол сөзін. – Жекпе-жек төбелес көп бола ма? – Бір мықты бір мықтыны мойындамаса, төбелеске шығады. Жеңген адамның абыройы көтеріліп, жеңілгені соның айтқанын істеуге тиіс. Жеңілген мықты көпшіліктің көзінше жеңгенге қол беріп, оны мойындауы керек. Егер мойындағанын бұзып, қалтарыс сəтте, болмаса қапелімде оған опасыздық жасап, зиянын тигізсе, ол кешірілмейтін күнə болып саналады. Кейде мықтылар төбелес үстінде бірін-бірі өлтіріп те қоюы мүмкін. Ондайда өлтірілген адамның сұрауы жоқ... Микайға қазақтар əр түрлі сұрақтар жаудырып жатты. Сұрақтардың бəрі сол лагерь төңірегінде. Микай да білгіш екен. Барлық сұраққа жауап береді. Азанда Шамалғанға тоқтаған пойыз жүрмей көп тұрды. Қанша тұрғанын қамалғандар дəл білмеді. Ешкімде сағат жоқ. Уақытты күнге қарап бағдарлайын десе, аспан бұлтты. Қамалушылар кешегідей тұнжыраулы емес. Бəрі басқа салғанға көнген сыңайлы. Сол сыңаймен кеуделеріндегі уайым мен күдікті ұмытып, Микайдың əңгімесін қызыға тыңдап отырды. Əрі өзара қауқылдаса сөйлесіп, əңгіме көрігін қыздыра түсті. Бір уақытта вагон есігі сақырлап, қайта ашылды. Есік алдында топырлап солдаттар тұр. Бұл жолы олар нан тарататын кездегідей есік түбіндегі тепкішекке шықпады. Вагонға тақала қойылған атшанадан оншақты адамды түсіріп, вагонға айдап кіргізді. Ішке алдымен орта
бойлы болғанымен сүйектері ірі, төртбақ денелі, басы қазандай біреу кірді. Түсі суық. Вагонға қабағын түйген күйі кірді де, отырғандарға жағалай көз тастап аз-кем тұрды. Кейін кіргендер оның артында топырлап тұр. Ешқайсысы оның алдын орап, бері өтпеді. – Ой, Усман, привет, – деді Аркаша орнынан əрең қозғалып, басын көтере. Қалған серіктері ұшып-ұшып тұрды да, шеттерінен барып қолын алды. – Анау неге тұрмай жатыр? – деді төртбақ Аркашаны нұсқап. – Тұра алмайды. Қатты таяқ жеп қалған, – деді Микай. – Кімнен? Мілисалардан ба? Микай басын шайқады. Сосын орысша сөйлеп, оны өздері отырған жаққа қолтықтап əкетті. Осман Аркашаға жақындаған кезде оның тізесін екі алақанымен қысып тұрып, бірдеңе айтты да, санына бір теуіп, ар жақтағы бос орынға жайғасты. Содан кейін вагон ортасында əлі тұрған өзінің серіктеріне «отырыңдар» деп, қолымен белгі жасады. Олардың бəрі оның жанына барып жайғасты. Өз орындарын оларға беріп қойған орыстар төртбaқтың алдын орай, ортаға отырды. Сүлеймен қарап отыр. Кіргендер орыстармен орысша сөйлескенімен, мұсылман сияқты. Араларында үш-төрт қазағы да бар. Ал анау төртбақтан бастап, басқалары сартқа ұқсайды. Микайдың кешегі айтқан Османы осы-ау деп шамалады. Расында, орыстар оған жалынышты кейіпте бір əңгімелер айтып отыр. Ол болса, қабағын түйген күйі Сүлеймендер жаққа əлсін-əлсін көз тастап қояды. Микай оған əлденелер жайында ұзақ айтты. Не айтып жатқанын Сүлеймендер түсінбеді. Орысша екі ауыз сөз білмейтін бұлар оны қайдан түсінсін? Бірақ Сүлеймен Микайдың өздерін жамандап отырғанын ұқты. Жамандамаса да, шағымданып отыр-ау деп топшылады. Мұның осы ойын дəлелдегендей, төртбақ Аркашаға бұрылып, қызу сөйлей бастады. Аракідік қолдарын сермеп-сермеп қояды. Аркаша бір нəрсені дəлелдегісі келіп, қиналса да жауап қатып жатыр. Оған шекесінде екі алмадай ісігі бар кісі қосылды. Төртбақ оны бір ұрды. Ол бірден үнін өшіріп, кейін жылыстады. – Орыстарға мынаның алдында құрдай жорғалап не көрінді? – деді Аязбек.
– Кешегі айтқан Османы осы білем ғой. – Мұның адам қорқатындай ештеңесі жоқ сияқты. – Кейбіреулер аса дəу болмағанмен, жаужүрек болады. Сондайдың бірі шығар бұл. – Бізге тиісетін болса, сен емес, мен-ақ шығайыншы төбелеске, – Өзімізше тимейік. Алда-жалда тиіссе, көре жатармыз. Бірақ Осман да, серіктері де бейбіт отырды. Кеш батты. Осман екі орыстың шекпенін шешіп алып, бірін төсеніш, бірін жамылғы етті. Анау сорлылар дірдектеп, шапаны барлардың қолтығына тығылды. Түн түсті. Екі күннен, екі күннен емес-ау, нешеме тəуліктен бері қамауда жатып, ұйқыдан басқаны білмейтін сотталушылар бірден ұйықтай қоймайды. Əркім жанындағысымен күбірлесіп, уақыт өткізеді. Бүгін түнде де солай болған. Түн түсісімен əр бұрыштан өзара сөйлескен дауыстар тағы шыға бастады. – Өшіріңдер дауыстарыңды! Ұйқы беріңдер! – деген катқыл үн шықты Осман жақтан. – Егер енді кімде-кім сөйлесе, өлдім дей берсін. Ақырған Осман ба, жоқ бір жандайшабы ма, ешкім білмеді. Бір анығы – Микайдың даусы емес. Бірақ осыдан кейін əр жерден шыққан дауыстар сап тиылды. Ал көп сөйлемейтін Сүлейменге бəрібір. Алайда қасақана сөйлегісі келді. – Аязбек, анау жақтан бір айғыр кісінегендей болды ма? – Қайдам. Менің құлағыма биенің даусы келгендей болды. – А, мен айғыр ма десем, бие ме еді... Бұл сөзге Османдар тарапынан жауап болмады. – Heгe тым-тырыс? – деді Аязбек. – Білмедім. Бір ойлағандары бар шығар. Əлде қазақша түсінбей ме? «Кім сөйлесе, өлтірем» деушілер тағы үнсіз. – Жарайды. Енді үндемей-ақ қоялық. Мен ұйықтаймын. Ал, сен, сақ жат. – Жақсы. Сүлеймен оянса, пойыз тағы тоқтап тұр. Терезеден күн сəулесі құйылып, вагон іші жап-жарық боп кетіпті. Күн ашық болғанымен, аяздың беті сынбаған тəрізді. Вагон сыртында жүргендердің қарды қырт-қырт басқандары осыны аңғартады. – Қай жерге келдік? – деп сұрады Ажаннан.
– Итім біліп пе, мұның қай жер екенін. Тұрғанымызға бір сағаттай болды. Сүлеймен сыртқа көз тастады. Терезеге қарама-қарсы тұрған бір үйге əскери киінген адамдар кіріп-шығуда. Əскерилердің дені орыс. Əлден уақытта үш солдат қолы байлаулы бір ұзын бойлы арық қазақты вагон жаққа алып келді. Олардың артынан қап көтерген бір солдат та келді. Солдаттар вагон есігін ашты да, əлгі қазақтың қолын шешіп, ішке кіргізді. Ол кіре салысымен жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Бір кезде көзі Османға түсті: – О, Осман байпатша отыр ғой мұнда. Ассалаумағалейкум, Осман-еке! Аман-сау барсыз ба? – деп жүгіріп барып, қолын ұсынды. Вагон қабырғасына сүйеніп отырған Осман, оған қол берудің орнына аяғын ұсынды. Бұрын Османның алдында кінəлі болған ба, əлде одан шын қорқа ма, кім білген, ұзын қазақ оның аяғын қос қолдай ұстады да, маңдайын тізесіне тигізді. – Сізді сау көргеніме бек ризамын, батыр-еке. Өткен жолғы сотталудан тез құтылып едіңіз. Енді мына иттер тағы ұстаған ба?.. – «Сау көргеніме ризамын» деймісің. Немене, мені біреу өлтірді деп есітіп пе едің? – деп Осман оның сөзін бөліп жіберді. – Сені Құдай қолыма жүдə əдемі түсірді. Өткендегі сатқындығың үшін көресіні енді көресің. Аяғымды сүйіп, артымды жаламасаң, не болатыныңды өзің білесің. Сол үшін де жететін жерімізге дейін маған қатынша қызмет етіп барасың. Бірақ оған дейін əлі талай күн жүрерміз. Сондықтан да маған қалай жағымпазданып, қалай қызмет ететініңе вагон ішіндегілер неше куə болады. Ал қазір шекпеніңді шеш те, аяғыма жап. О, мақта шалбарың бар екен ғой. Түнге қарай оны да шешіп берерсің. Қатынның жұмысын істейтін еркекке шалбар киіп керегі не? Əй, шапаныңмен аяғымды қымтап жапсайшы. Тымағыңды да əкел, астыма басып отырайын. Ұзын қазақ намыссыз екен. Османның айтқандарын лезде орындады. Ол киімдерін шешіп, Османға жауып жатқанында, есік алдындағы бір солдат күндегідей нан таратып болған еді. Бұл жолы əр сотталушыға екі-ақ тiлiмнен нан тиген. – Енді бар да, анау дəу қазақтан бастап, мына орыстарға тақасып отырғандарға дейін түгел нандарын жиып əкел! – деп бұйырды Осман
Сүлейменді саусағымен нұсқап. – Біреуі бірдеңе десе, тура аузына теп. Ал орыстарға тимей-ақ қой. Өзіміздің адамдар ғой. Ұзынтұра «құп» деп қос қолын кеудесіне қоя иіліп бұрыла сап, жанындағы қазақтың қолынан нанын тартып алды. Ол сорлы түк істей алмаған күйі Сүлейменге жалтақ-жалтақ қарады. – Бұлардың бəрі мықтылықтарын нан тартып алудан бастайды екен де, – деді Ажан. – Барып, ұзынның дап-даласын шығарайын ба? – Бар, – деді Сүлеймен. Ажан атып тұрып, жағалай отырғандардың нанын тартып ала бастаған əлгі ұзынға жетіп барды. Сол бойда оның белінен құшақтап алып, вагон еденіне сылқ еткізді. Күтпеген жерден өзін бассалған Ажанға түк істей алмаған ол, жерде жатқан күйі аяқ-қолдарын тыпырлатып, тұрып кетуге əрекеттенді. Алайда Ажан оны бас-көз демей, сабай жөнелді. Ажанға нанынан алғаш айырылған қазақ та қосыла кетті. Мұны көрген Осман серіктерінің бірі ұшып тұрып, Ажанға жабысты. Ажан оны да жықты. Дегенмен Османның үшiншi серiгi келiп, Ажанды бір ұрып, ұшырып түсірді. Өз досының құлағанын көрген Төрекелдi мен Аязбек тұра сап, оған жабыла кетті. Сол-ақ екен, Османның барлық жігіттері, оның ішінде орыстар да өре түрегеліп, Төрекелдi мен Аязбекке атылды. Осы сəт Сүлеймен жақта отырған қазақтардың бірі: – Ай, бауырлар! Жаңа келгендердің бəрі осылай басына бере ме?! Тұрыңдар орындарыңнан! Мына пəлелерді сабасына түсіріп қояйық, – деп айқайлап, тұра келді. Оған бірталай қазақ қосылып, Османның жігіттеріне бассалды. Сөйтіп кімді кім ұрып жатқаны белгісіз, вагон ішінде лезде қызу төбелес басталды. Төбелеске қатыспай шеттеп қалғандарға да жұдырық тиіп жатты. Сүлеймен орнынан тұрмаған-ды. Біреу шекесінен бір қойды. Алдында ығы-жығы төбелесте кімнің кімнен басым түсіп жатқанын байқап отырған оған мына соққы оңбай тиді. Тіпті көзінен от жарқ етті. Жоғары қараса, Микай екінші рет ұруға оқталып тұр екен. Тұра салуға мұршасы болмаған бұл аяғымен оның тобығынан қаға тептi. Микай мұз үстінде құлаған адамдай бір қырына жамбастай сұлады да, төрт аяқтап, жан-дəрмен ары қашты. Сүлеймен періп қалғанда соққы оның сегізкөз тұсынан сақ етті. Микай сорлы қиралаң етіп, еденге жабысты да қалды.
Осы кезде біреудің вагон қабырғасын гүрс-гүрс етіп соққан дауысы шықты. Сүлеймен қараса, Осман қолына іліккен адамдарды ұрып құлатып, шетке лақтырып жатыр. – Тоқтатыңдар! – деп ақырды Сүлеймен тұра кеп. – Тоқтатыңдар! Ең мықтымын дегенің менімен төбелеске шығыңдар! Оның вагон ішін кернеген даусынан төбелесушілер жанжалдарын сап тиып, шетке қарай ығысты. Ортада орындарынан тұра алмай Микай жəне үш-төрт қазақ жатты. Іштерінде Ажан да бар. Төрекелдi мен Аязбек оны сүйреп, орнына əкелді. Қалғандарын басқа жігіттер əкетті. Орта босаған кезде: – Атаман боламын деп ойлаған сен бе? – деді Осман Сүлейменге саусағын қадап. – Оның саған бұйыруы қайда?! Шық бері, ортаға! Кеудесін намыс буған Сүлеймен Ажанға қарауға да мұршасы жетпей, ортаға жетіп барды. Осы жолы ашуланғаны соншалық, көзіне Османнан басқа ешкім көрінбеді. Осман да оңай жау емес екен. Əйтпесе мұны жекпе-жекке шақыра ма? Сүлеймен өзіне таяй бергенде, атылып кеп, алқымнан ала түсті. Жоқ алқымға жабыспады. Өңешті жұлып түспек боп, бір қолымен қыса шетке тартып жіберді. Бұл оның əрі соққысы, əрі қарсыласын оңай жайратудың жолы болса керек. Алайда Сүлеймен сəл кейін шегініп үлгерді. Осман қапы кетті. Соның өзінде Сүлейменнің бір сəт тынысы тарылып, жұтқыншағы қатты ауырды. Мұның аз-маз сəт тұрып қалғанын пайдаланған Осман екінші рет арт жақтан секіріп кеп, мойнынан қапсыра құшақтап, қылғындырмаққа əрекеттенді. Сүлеймен мойнына орала кеткен оның қос білегін ұстай алғанда, анау аса шапшаңдықпен босап кетті. Содан артына бұрыла салып, оны ұрайын дегенінде, Осман тағы да жылдам қимылмен мұның арт жағынан бір-ақ шықты да, екі қолымен қос бүйірден бірден ұрды. Пəле қандай жылдам болса, соққысы да сондай қатты екен. Сүлеймен еңкейіп барып, құлап қала жаздады. Осындай қапылысты тағы да пайдаланған Осман Сүлейменнің желкесінен ұстай алып, солға қарай игеріп жіберді. Желкедегі қолды қағып жіберіп, бойын түзеп, көтеріле бергенде, Осман қолын екі бұттың ортасына жүгіртті. Ойы белгілі, жанды жерден шап бермек. Тəңір қолдағанда, Сүлеймен оның шынтақ тұсынан бір перді. Соққы қатты тисе керек, Осман «ойбай» деп бақырып, артқа шегінді. Найсапты қабылан дерсің. Шегініп барды да, көз ілеспес жылдамдықпен тағы секіріп, Сүлейменді бар денесімен соқты. Оның
басы мұның тура мұрнына тиді де, қан сорғалай жөнелді. Одан кейін Осман басымен іштен соқты. Өмірінде мұндай соққыны көрсеші. Ішегі түйіліп, көзі қарауытып, теңселіп кетті. Осыны байқаған Осман, «жеңіс менікі» деп ойласа керек: «Қанша дəу болсаң да, шөккен түйедей сұлатып саламын!» – деп бақыра тағы ұмтылды. Бағананы ашуы ашу ма, енді бар дүниені ұмыта, өз-өзінен шыққан Сүлеймен оған қарсы шапты. Сəтін салғанда, қолдары Османның жағасына іліге кетті. Содан ай-шайға қарамай оны тік көтеріп алды да, еденге мыжғылай ұрды. Көтеріп алып, тағы ұрды. Содан соң бастан бір періп, шетке лақтырып жіберді. Ес-түссіз Осман қабырғаға барып сарт етті. Сүлеймен енді оны тастай салды да, бір бұрышта тұрған Османның серіктеріне атылды. Олардың бір де бірі бұған қарсылық көрсете алмады. Шетінен ұрып құлатты. Аналардың бірі бақырып, бірі «қой-қойлап» Аязбектер жаққа қашты. Сүлеймен сонда да қоймай, қарсыластарын қуалай жүріп сабады. Басын көтере бергендерді теуіп, қайта сілейтті. Осы бойда бəрін о дүниелік қылып тастар ма еді, егер «Төрекелдi мен Аязбек қолына жармасып, əзер баспағанда. Екеуінің тілін алып, зорға дегенде өз-өзіне келген Сүлеймен жан-жағына көз тастаса, Құдай салмасын, вагонның бір жағында отырған Османның серіктері мен орыстар түгел қирап жатыр. Микай сорлы əлгіндегі орнынан əлі қимылдамапты. Османда тыныс та, дыбыс та жоқ. Аркаша біреудің артына басын тығып алыпты. Бағанағы жағымпаз қазақтың бет-аузы қан-жоса. Етектерімен беттерін сүртіп, тағы бір топ отыр анадай жерде. – Сүлеймен, отыр енді. Осы қиратқаның да жетер, – деді Аязбек. – Таяқ жеп қалған Ажаның есесін қайтардың. Ажанға қараса, əзер демалып жатыр. – Сүйектерің аман ба, əйтеуір? – деді оған үңіліп. – Осман пəленің қолдары болаттай екен. Үш-төрт қабырғамды сындырып жіберді-ау деймін. Ал басқа сүйектерім аман сияқты. – Қабырға болса, ештеңе емес. Сүлеймен болмағанда, мыналар бізді тірідей түтіп жіберер еді. Ашуы əлі тарқамай, сызданған Сүлеймен оған əлдене айтайын деп басын бұрып еді, көзі құйрығынан айырылған жаралы жылан сияқты төрге қарай ирелеңдей еңбектеген Микайға түсті. Қанша қан майдан мен алыс-жұлысты көріп жүрсе де, оқыстан əлдекімнің таяғын жемеген бұл Микайдың əлгі қылығына тағы жыны шығып, өзі тұруға
шамасы келмей жатқан сорлының жанына жетiп барып, желкесінен бүре тік көтерді. – Ойбай, Сүлеймен, өлдім. Өлдім деймін, Ойбай, белім! Жіберші мені. Рахым ете көр. Ай-ай-ай, жаным! – Кеше сен «түрмеде атаманға опасыздық жасаған адам кешірілмейді» деп едің ғой. Осы тұрысында сүйектеріңді бөлшектеп, еттеріңді үзіп тастайын ба? Ай, сен əлі ешкім менің бетіме жұдырығын тигізбегенін білесің бе?! Кеше ғана маған бағынғандығың қайда?! Сатқын сүмелек, мə, саған, – деп ақыра оны Аркашаның үстіне қаңбақша лақтырды. Сосын орыстарға бұрылды: – Микай ғана емес, сендер де сатқын екенсіңдер. Анау Османға ұқсатып тастайын ба бəріңді?! Айып өздерінде болғасын орыстар сөз айта алмай, денелерінің жарақат жерлерін сипалап, көздерін төмен тұқыртты. Бір нəрсені ойласа, дегеніне жетпей қоймайтын Сүлеймен: – Тілдерің байланып қалды ма? Неге үндемейсіңдер?! – деп одан бетер шүйлікті. Бастарын төмен салбыратқан аналарда əлі үн жоқ. Олар үндемеген сайын бойын ашу бұрынғыдан да керней түскен Сүлеймен шетте отырғанның бірін нұқып қалды. Анау «ой» деп иығын ауырсына бір қырына жантайды. – Екі-үш күннен бері бір тыныштық бермедіңдер ғой бізге. Енді мен сендерге маза бермеймін. Осыны айтты да, басы біреудің артында, ал денесі серіктерінің ортасында қалып, талыстай боп жатқан Арқашаға таяп барды. – Əй, Аркаша, тұр! – деді. Аркаша тұрмады. Сүлеймен Османның жанында ыңқылдап жатқан Микайға қарады. – Микай, айт мынауыңа! Тұрсын! Əйтпесе мұның да аяқ- қолдарын сындырып тастаймын. Микай қиналып жатса да, Аркашаға Сүлейменнің сөзін аударып берді. Аркаша сонда да тұрмады. Есесіне оның бетін арқасымен жауып отырған серігі бері жылжыды. Бас-көзінен түк жоқ Аркаша қинала əзер демалып жатыр. Қинала, тілі күрмеле бірдеңелерді зорға айтты. – Оның қимылдауға шамасы жоқ. «Кешір, енді тынышталсайшы. Біз толық жеңілдік» деп жатыр саған, – деді Османмен бірге келген қазақ.
– Ə, əкеңнің... Мен мыналармен əуре боп, сендер жайында ұмытып кетіппін ғой. Бағана осыларға болысып, неге бізге қарсы шығасыңдар? Өздеріңді де бір тəубеге келтіріп қояйын. Бұдан былай қайдағы біреулерге жақтаспайтын боласыңдар, – деп əлгі қазақты бір қолымен, жанында отырған біреуді тағы бір қолымен ұстап тұрғызды да екеуін бір-біріне соғып, сілейте салды. Одан соң қан-жосаға бөккен жағымпаз, ұзын қазақтың жағасынан ала тік көтерді: – Османның аяғын жалап, сен хайуанға не көрінді? Сендей намыссыз жер басып жүргенше, қара жердің астында жатқаны абзал. Буындырып өлтіре салайын ба, осы?! Қорыққанынан қалпылдап кеткен анау сорлы Сүлейменнің аяғына жабысты: – Көкежан, құлың болайын. Тек өлтіре көрме. Осман мені жанындағы баскесерлерімен қосылып, əбден корқытып қойған. Бір рет ұрлыққа бірге қатысып, ұрланған жылқылардың үшеуін жоғалтып алып едім, мойныма соларды өмір бойы қарыз етіп іліп қойды. Қатынымды да тартып алды. Жо-жоқ, тартып алмады. Көзімше зорлады. Қит етсем, «өлтірем» деді. «Ұрланған малдарды саған артып соттатып жіберемін» деді. «Бала-шағаңды қырам» деді. Жаңа көрдіңіз ғой, өзінің қандай қабылан екенін. Сізден де қорықпай, төбелеске шықты. Ал біздерді ол оп-оңай жайғай салады. – Ой, жетесіз. Осынша қорлыққа шыдағанна, оған пышақ салып өлтіре салмайсың ба? Османға қосылып, саған əңгі есектей ақырып жүрген мыналардың қайсысы?! Тап қазір кегіңді алып берейін. – Олардың көбісі мұнда жоқ. Екеуі бар. Бірақ ол екеуінің жаңа ғана дап-даласын шығарып тастадыңыз. Енді жіберіңізші жағамды, көкежан. Бүгіннен бастап сізге қызмет етейін. – «Сізге қызмет етейін» деп өз намысыңды өзің аяққа таттама. Кіммен болса да, кеудеңді тең ұста. Бері кел, Осман мен жаңағы екеуін аяғыңа жығып, кешірім сұратайын. Сүлеймен оның жағасынан сүйреп, бір-біріне соғысып, есеңгіреп отырған екі қазақтың жанына алып келді. – Сен екеуі мынаның... əй, атың кім еді? Жаманбай дейсің бе? Осы Жаманбайдың аяғына жығылып, рақымшылық сұраңдар! Бол деймін сендерге! Маған қарап неге бажырайсыңдар? Ақыры əлсізге əлімжеттік көп жасайды екенсіңдер. Енді мен сендерге күштілік
көрсетейін. Əй, жығылыңдар аяғына! – деп екеуін қойып-қойып жіберді. Зіл батпандай қол бастарына тигенде, екеуі соққыны ауырсына көздерін жұмып, Жаманбайдың аяғына құлады. – Қатем болса кешір! – деді бірі. – Сенің мұндай қамқоршыңның барын білмеппіз. Өткен зорлық- зомбылығыма рахым еткейсің, – деп міңгірледі екіншісі. Екеуін Жаманбайдың аяғына жығып берген соң Османға келді. Ол əлі ес-түссіз жатыр. – Қозғап көрші. Тірі ме өзі? – деді Сүлеймен. Жаманбай Османды ары-бері қозғады. Осман ыңырси көзін ашты да, қайта жұмды. Сосын ыңқылдай, басы мен денесін сипап, «уһ» деп бір күрсінді. – Тірі екен, – деді Жаманбай. – Онда көзін ашқыз да, бетіне бір түкір. Сөйт те, табаныңмен бетін басып, кегіңді ал. – Көкежан-ау, бұл Осман ғой... – Қайтем, Осман болса! Мұны айтып тұрған менің кім болғаным сонда?! – Ə, көкежан, дұрыс, дұрыс. Ендігі мықтымыз – сіз екенсіз-ау, – деп Жаманбай сұқ саусағымен Османның көзін ашты. Ашып тұрып: «Тіфə, қарабет жүзіңе», – деп бетіне былш еткізіп бір түкірді. Түкіріп болған соң етігінің табанымен бетін мыжғылап-мыжғылап алды. – Енді Аркашаның адамдарын аяғыңа жығылтам. Жүр! – Ойбай, көкежан, олар маған ештеңе істеген жоқ қой. – Бұлар сенің жауың – Османның достары. Ал жауыңның досы – сенің де жауың. Жаңа айтқанымды істеймін деп едің, ə? Олай болса, істе айтқанымды. Əйтпесе сені де осылардың қатарына жатқызып тастаймын. Алдымен мынау алдымыздағы Микайдан бастайық... Жаманбай вагон дуалына сүйеніп отырған Микайдың кеудесіне бір тепті. Микай сорлы үн шығармаған күйі бір жамбасына сылқ түсті. Жаманбай оны қоя сап, жанындағысының басына қойып қалды. Осы кезде вагон есігі ашылды да, арғы жағынан бір топ солдат көрінді. – Өй, мыналар неге қирап жатыр? – деді олардың алдарындағы қазақ офицер.
– Ей, бір-біріңді өлтіріп тастағаннан саусыңдар ма? Ойбай, мынау жатқан Аркаша ма? Осман бұзық та сілейіп қалыпты ғой. Бұларды кім жайратты? Қазақ офицер осыны айтып, вагон ішіне кірді. Аркаша мен Османды түртіп-түртіп көрді де сырттағы солдаттарға: – Бастыққа хабар беріңдер. Мұнда сұмдық төбелес болыпты. Содан соң зембіл əкеліңдер. Мына екеуін түсіріп алмасақ болмас, – деп айқайлады. Солдаттар зембіл əкелді. Бірнешеуі жабылып, Аркаша мен Османды оған салып, сыртқа əкетті. – Кім төбелесті бастаған? – деп ақырды əлгі офицер. Сосын Сүлейменге қарады. – Сен-ау деймін бəрін қырып тастаған. Жүр, бастықтың алдына барамыз. Бұл кезде вагон есігінің алдына басқа бір қазақ офицер келіп, ішке қарап тұрған. Сірə, ол бастық болса керек. Сүлейменге сөйлеген қазақ офицер оған орысша тілмен əлденелерді айтып берді. Сосын: – Жүр! Түс алдыма! – деді Сүлейменге наганын соза. – Алдымда сен жүр. Мен артынан жүремін. Əскери қазақ бастығына бір, Сүлейменге бір жалтақ-жалтақ етті. – Қасымов, бір рет осының айтқанын істесейші. Сен түсші алдына. Артыңнан жүрмесе, бұрыла сап ата саласың. Мұндай дəу қазақтың еш болмаса, денесін сыйлайық. Күллі Жетісуды шулатқан Осман мен ешкімге дес те, бас та бермейтін Аркашаны кемтар қылып тастаған мұның дегеніне бүгінше көнейікші. Қане, Қасымов, түс алға! – деп бастық қазақ бұйыра сөйледі. Үлкен кісі айтқан соң Қасымовтың Сүлейменнің алдына түсуден басқа амалы қалмады. Оның соңынан Сүлеймен ерді. Қызыл кірпішті үйдің алдына келгенде бастық қазақ: – Баяғы батыр ата-бабаларымыздан неге аса ірі жігіттер қалмады деп кейде ойлаушы едім. Бар екен-ау, сондай жігіттер. Бірақ аз. Олардың өзі қарақшылық, болмаса ұрлық жасап, үкіметке қарсы шығып, сотталып кетеді. Eh, қазақтың бəрі Қабанбай мен Бөгенбайдай немесе Қажымұқан мен осы жігіттей болса ғой, – деді күрсініп, – Содан төмен қарап біраз ойланып тұрды: – Неғып қалшиып қалдың? Ішке кірейік. Сенен вагондағы төбелестің мəн-жайын сұрайын. Артынан Сүлеймен кірді. Кіре берістегі темір торлы есігі бар үлкен бөлмеде бағана вагоннан түскен сотталушылар отыр. Аркаша
мен Осман зембілде жатыр. Оларға қарап тұрған Сүлейменге солдаттар: – Бұл жерде тұрмай, ары қарай өтіңіз, – деді. Дəліз бойымен жүрген Сүлеймен ашық есікке тірелді. Есік аржағындағы үстел басында жаңағы кісі тұр. – Бері кір, Сүлеймен, – деді ол. Сосын солдаттарға бұйырды: – Ұзaп кетпей, есік алдында тұрыңдар! Сүлеймен оның қарсысына келіп отырды. Бастық қазақ бұдан не үшін сотталғанын жəне вагон ішінде неліктен төбелескенін сұрады. Сөзге сараң Сүлеймен болған жайттарды қысқа-қысқа қайырып айтты. – Иə, бір бұлар емес, зонаға барғаныңда, мұндайлардың талайы кездеседі əлі саған. Қазақсың ғой, қазақ болғанда қандай мықты жігітсің. Сол үшін де сені сыйлап отырмын. Əйтпесе, осы тірлігің үшін артыңнан қағаз жазып, жазаңды одан бетер ауырлатып тастар едім. Ал мен ондайға бармаймын. Сен – сотталушы, мен – милиционер болсам да айтайын. Ешқашан ешкімге есеңді жіберме. Содан соң мынау есіңде болсын. Барған түрмеңнің паханын ұрып жықсаң, сол жердегі қожайын өзің боласың. Бірақ ешкімге өздігіңнен тиіспе. Ал өздері тиіссе, мынау Аркаша мен Османға ұқсатып, аямай сілікпесін шығарып таста. – Маған жаны ашып, сыр айтып отырған мiлисаны бірінші рет көріп отырмын. Ақыры сыр айтып қалдың ғой, анау Аркаша мен Османның жағдайы не болады енді? – Бір сарбазды көрші стансадағы доқтырды алып келуге жұмсадым. Екеуінің жағдайы – сол келгеннен кейін белгілі болады. Оны неге сұрадың? Саған бəрібір емес пе. – Тегі сұрап жатқаным да. – Иттер қанша сотталса да, босанып кететін еді... Жатсын енді осылай. Қазір пойыз жүреді. Ешкіммен ерегіспей вагонға кір. Мен саған адамгершілік жасадым. Сен де маған жаса. Қолымда билік болса, сені босатып-ақ жіберер едім. Бірақ амалым жоқ. – Ниетіңе рахмет, бауырым. Айтшы, бізді қандай жерге апара жатыр? – Сібірде Новосібір деген қала бар. Соның түбіндегі орманда үш лагерь бар. Сені жəне достарыңды сол лагерлердің біріне апарады. – Ұзақ жүреміз бе?
– Жиырма күндей. Ал, Сүлеймен, бар енді. Жаңағы айтқан сөзімді ұмытпа. Қарауыл, əкетіңдер мынаны! Шығып бара жатқанда Сүлеймен оған бұрылды: – Айтпақшы, менің бір досымның қабырғалары сынып, орнынан тұра алмай жатыр. Соны... – Əй, оған менің көмектесер шамам жоқ. Оны алып қалып, лазеретке жатқызатын пəрмен де жоқ менде. Жететін жерлеріңе дейін амалдаңдар. Одан соңғысын көрерсіңдер. Сүлеймен вагонға келгенше оны «қазақ үшін жаны күйетін жігіт екен-ау. Əйтпесе, мілисалардың талайын көріп жүрмін ғой. Біреуі қамалғандарды адам орнына санамайды. Əсіресе, мынау Қасымов сияқты жаман текедей бақылдағыш əумесерлер мiлиса боп жүргендеріне мəз. Адамшылық сана, бір мейірім болсайшы бұларда» деп ойлап, есіктен аттай бергенде, оған ала көзімен бір қарап еді, ол: – Енді доқ қылсаң, атып тастай салам. Кір, кір тезірек! – деп тағы наганына жармасты. Сүлеймен оған сөйлегісі де келмеді. Вагонға лып етіп кіріп кетті. – Дəу болса да, мысық сияқты жылдам-ə, – деді анау есікті жауып жатып. – Қызыл үйдің ішіне кіргізіп алып, не деді мілисалар? – деді Төрекелді бұл орнына отырғанда. – Бастығы жақсы адам екен. Біраз ақыл айтты. «Дəулерге есеңді жіберме», – деді. – Ой, шіркін, нағыз қазақ екен-ау! Аз уақыттан соң пойыз жылжыды. Содан бір түн тоқтамай жүрді. Таң ата бір жерге тоқтады. Одан соң тағы жүріс. Не керек бір тоқтап, бір жүрген пойыз əнеукүнгi мiлиса бастығы айтқандай, жиырма күндей жүріп, орман ішіне келіп тоқтады. Сүлеймен терезеден сыртқа көз тастап еді, қырғын қарулы солдаттар мен қос аттан жегілген бірнеше үлкен-үлкен шана-арбаларды көрді. Бірнеше күн бойы вагон ішінде отырып, əбден ығыр болғандардың бəрі мұнымен таласа терезеге жармасып: «Қай жерге келдік? Туу, орман деген осы екен ғой!» – десіп таңырқасып жатыр. Жүруге жарап қалған Микай терезеден бір қарады: – О-о, жетгік-ау əйтеуір жететін жерімізге. Қазір бəрімізді анау шаналарға мінгізіп, түрмеге апарады. Бұрын бұл жерді көрмегенсіңдер ғой, ə? Біздің елдің суығы бұл жердің суығына
қарағанда түк емес. Қазір март айы ғой-ə, Біз жақта көктем шығып қалды. Ал мұнда күн əлі суық. Түрмедегі казармаларға жеткенше біразыңның мұрын, құлақтарың үсіп кетпесе болғаны. Аздан соң адам құлағына жайсыз тиетін дыбыспен шиқылдап, вагон есігі ашылды. Бұрын стансаларда тоқтап, мілисалар нан таратқанда, қарауыл солдаттар онша көп болмайтын. Ал мына жерде олар өте көп. Елушақты бар-ау. Оған оншақты офицерлерді қосыңыз. Вагон есігінің тура алдында тұрған офицер бір қолындағы қағазға қарап, сотталушылардың аты-жөнін атай бастады. Аты аталғандардың бəрінің түгел екеніне көзі жеткен соң ол бірдеңе деп айқайлады. Сүлеймендер оның орысшасын түсінбегендіктен Микайға қарады. Микай бұлардың көзқарасын бірден түсінді: – Бір-бірлеп түсіңдер деп жатыр. Вагондағылар түсе бастады. Түскенін түскендей солдаттар қолдарын артына қараға байлап, шанаға мінгізді. Сүлеймен түскенде, қолында қағазы бар жаңағы айқайлаған əскери адам бір сəт аңтарылды. Сосын басын бір шайқады да, жанындағыларға күбір етті. Бойлары Сүлейменнің иығынан ғана келетін екеуі Сүлейменнің қолын байлап, шанаға отырғызды. Сүлеймен енді байқады. Айнала қоршап тұрған қарулы солдаттардан басқа атты солдаттар да көп екен. Олар анадай жерде қаз-қатар тізіліп тұр. Бəрін шанаға мінгізіп болғанда, аттылы солдаттар жақындап келіп, көліктерді қарай тұрды. Төрт-бес шананың əрқайсының алдына бір-бір қарулы солдаттан отырды. Бағанағы əскери адам «Марш!» деп бұйрық бергенде, алдында отырған солдаттар божыны қақты. Шаналар сырғи жөнелді. Шаналардың жан-жағы мен соңынан атты солдаттар ілесті. Суыт жүрген шаналар лезде қалың орманның ішіне кірді. Жаңа вагоннан шыққанда байқамапты, күн шынында аса аязды, суық екен. Орман ішіне кіргенде соттаушылар қалтырап, бір-біріне тығылды. Қолдары артына байлаулы олар біраздан кейін тіпті шыдай алмай, қозғалақтай бастады. Бірақ қылар айла, істер амал жоқ. Микай айтқандай, лагерьдегі казармаға жеткенше шыдау керек. ІV Жолай Сүлеймен жан-жағына көз тастады. Айналаны бір-біріне жанаса өскен биік ағаштар қоршап тұр. Ағаштар ауылдағы сияқты емес. Аса жуан да емес. Бұтақтары басына шыққан, түп-түзу қоңыр,
ақ түсті ағаштар. Ал қар онша қалың емес сияқты көрінді. Шана да, жан-жақтағы аттардың тұяқтары да, оған батпай келеді. «Итжеккен деген осы-ау» деп ойлады Сүлеймен. Баяғыда ауылда бір кісіні өлтіріп қойып, итжеккенге барып келген бір кісі бар еді. Онда Сүлеймен жастау болатын. Ол кісі итжеккен туралы небір қорқынышты əңгімелер айтатын. Сол əңгіме есіне түскен Сүлейменге мынау орман түк қорқынышты көрінбеді. Қайта бұдан əр жырасы мен əр құзы қауіпке толы тау он есе қорқынышты. Солдаттар орман ішіндегі ұзыннан-ұзақ созылған дəліз секілді тар жолмен бір сағаттай жүрді. Бұрын мынадай қытымыр, сары аязды көрмеген қазақтардың беттері мен құлақтары үсуге айналды. Егер шана үстінде қозғалыссыз отырған оларды тағы бір сағаттай айдағанда, Құдай біледі, бəрі құлақтарынан айрылар еді. Бетауызды қарыған аязға шыдамай, тістері тістеріне тимей қалтырай бастаған кездерінде сырғып келе жатқан шаналар кілт тоқтады. Бурыл атқа мінген алдыдағы қылыш таққан бір əскери арттағыларға бұйыра, қысқа ғана сөз айтты. – Не деді анау? – деп Микайға қарады. Микай мана бұлармен бір шанаға отырғызылған-ды. – «Шанадан түсіңдер» деп жатыр. – Айналада ештеңе жоқ қой. Əлгі айтқан лəгірлері қайда? – Лагерьге əлі ұзақ. Ары қарай шана жүре алмайтындықтан, бізді енді жаяу айдайды. Бұл уақытта алдыңғы шанадағылар жерге түсе бастаған. Оларға қарап отырған Сүлеймендер не отыра берерлерін, не жерге түсерлерін білмеді. Тапжылмай отырған оларды көрген бір солдат атын ойқастата шауып келді: – А ну, слезьте все из саньки! – деп ұзын қамшысымен отырғандарды салып-салып жіберді. Қамшы тиген Микай мен үш-төрт қазақ аунап-аунап шанадан түсті. Олардың арттарынан басқалар да асығыс-үсігіс түсе бастады. Қабырғаларын əлі ауырсынатын Ажан да заматта жерге секіріп кетті. Ал Сүлеймен асыққан жоқ. Шана артына қарай құйрығымен жайлап жылжыды да шетіне ілініп, аяқтарын жерге салбырата түсе бергенде, жаңағы қамшы сілтеген солдат мұның жайбарақаттығына жыны келіп кетті ме:
– Почему ты так медленно шевелишься? – деп қолындағы дойырмен Сүлейменнің басына тартып-тартып қалды. Соққы қалың тымағынан өтпегенімен, аяз қарыған бетіне ұшты сарт етті. Аяздың əсерінен қамшы ұшы түгілі сəл нəрсе тиіп кетсе үзiлердей боп жаураған беттің етіне ол сарт еткенде, жаны шыққан Сүлеймен ақырып жіберіп, атты солдатқа ұмтылды. Ат тұяғын көтеріп тұрған қалың қар мұны көтере алмай, екі аяғы оған тізеден батты. Алайда Сүлеймен қардың қалыңдығын елемей, анаған қарай ентеледі. Өзіне орманның қара аюындай атылған Сүлейменге солдат тағы қамшысын сілтеді. Бірақ онысы мұны тоқтата алмады. Екі қолы бос болса ғой, оны аттан жұлып, бірақ мыжа салуы кəдік-ті. Бірақ бойын ашу кернеген кезде қандай жағдай болса да, тоқтауды білмейтін Сүлеймен емес пе? Атының ауыздығын тарта кейін шегінген солдаттан өш алмай қоймайтындай тағы да ақырып, алға ентеледі. Кейін шегіншектеген солдаттың атының құйрығы бір ағашқа тірелді. Солдат сасқанынан бір қолымен атының басын бұрып, бір қолымен иығындағы мылтығын алуға əрекеттенді. Ат оңға бұрыла бергенде Сүлеймен басымен аттың бұғана тұсын бір соқты. Ат жамбастай құлады. Атпен бірге сілейген солдатты тепкілеп тастайын деген оймен құлаған атты айналып өткенде, екі атты шауып келді. Не болғанын лезде түсінген олар Сүлейменге мылтықтарын кезеді. – Назад! Назад! Екі солдаттың айтқанынан ес жиған бұл аттыларға бiр, құлаған атқа бір қарады да кейін бұрылды. Сол кезде алдағы бурыл ат мінген кісі де шауып кетті. Ат астында қалып, қарға малтыққан анау солдат оған болған оқиғаны түсіндіре бастады. Бурыл атты бір сөз айтып, қолын сілтеді. – Сүлеймен, біздің жанымызға кел, – деді Микай. – Анау бастық: «Лагерге барған соң көрерміз мұны» деді. Енді ерегіспе. Əйтпесе сұраусыз атып тастай салады. Өзін ашуландырған біреуді бір сілейтсе, райынан қайта қоятын Сүлеймен екпіні басылып, серіктерінің жанына келді. Солдат орнынан көтеріліп, үсті-басын қағып, атына қайта мінгенде, солдаттар соттаушыларды қоршай алға айдады. Бағана шана үстінде келе жатқанда қардың қалыңдығы онша білінгені жоқ еді. Сотталушылар жаяу жүргенде байқады, қар тізеден асады екен. Мана
жолай солдаттардың аттары да қарға батпаған еді. Енді аттар да қарға батып, əзер жүріп келеді. – Жаяу жүргеннен өлмеспіз. Ал шана үстінде отыра бергенімізде, сөз жоқ, құлақ-мұрыннан айырылар едік, ə, – деді Төрекелді. – Солдаттар сені «шана үстінде отыра берсе, үсіп қалады» деп əдейі жаяу айдады деймісің. Бұдан ары қарай шана жүре алмайтын болғандықтан түсірді бізді. – деді Микай. – Бағаналы бері қар үстінде сырғып келе жатқан шаналар енді неге жүре алмай қалды екен? – Орманның табиғатын түсінбейсің ғой, Төрекелді. Айналаңа қарашы, ну орман енді басталды. Ал ну орманның іші ағашы аздау жердегіден жылылау болады. Сондықтан қар қатты қатпайды. Шананың табаны батып кетеді. Енді түсіндің бе, неге бізді жаяу айдағанын? – Шынында, Микай, бұл жер жылы сияқты. Бұрын орман деген пəленді кім көрген. Мұнда да күн райы біздегі тау мен жазықтағыдай əр түрлі болады екен-ау. Бірақ мен түсінбеймін, лəгірді бұлар неге сонша ну орманның ішіне салған? Пойыздан түскен жерімізге сала салса болмай ма? – Елге, пойыз жүретін жолға жақын салса, сотталғандар қашып кетеді деп қорқады өкiмет. Ал мынадай жерде қашып көр. – Микай, анау бурыл аттағы бастық лəгірге барғанда маған не көрсетпекші? – Жолда «солдатқа шабуыл жасады» деп лагерь начальнигіне жалоба айтады да. Ол қылығың үшiн сені бара салып подвалға қамап қоймаса болғаны. Бірақ сенің қандай құдіретің бар екенін білмеймін. Қанша нарушение жасасаң да, біреуі бірдеңе демейді. Бұрындары біреу қит етсе, атып тастай салатын. Ой, боже, ондай сұмдықтардың талайын көрдім ғой. Ал сені білмеймін, Құдай қағады-ау деймін бар пəледен. Əйтеуір сенде бір нəрсе бар. Сенен қанша таяқ жесем де, қасыңнан бір елі қалмай келе жатқаным жоқ па? Сен тек өзіңді ғана емес, бізді де талай сұмдықтан қорғауға шамаң келеді... – Сен бүйтіп былжырама. Түрмеде менен мықты біреу шықса, соның артын жалай кететін сатқынсың ғой. – Жо-жоқ, Сүлеймен. Сендердің қазақтарыңда «ер шекiспей бекiспейді» деген сөз бар ғой. Алдымен шекістік. Енді бекісейік.
Барған соң түрме жайының бəрін түсіндіремін. Адал дос боламын бұдан былай. Тек сен бізді қорғасаң болды. – Мұнда саған қас біреулер бар ма? – Именно маған емес. Аркашаға қастар толып жатыр мұнда. Ал менің Аркашаның тобында болғанымды білсе, мен біттім. – Шын дос бола алсаң, қорғауға бармын. – Ризамын саған, Сүлеймен. Кеудең қандай кең болса, мінезің де сондай кең. Онша-мұншаны кек тұта бермейді екенсің. Нағыз батыр осындай болады. Бұл шын сөзім. Жағымпаздығым емес. – Сен түлкіге сену қиын, – деді Төрекелді. – Бірақ енді сөзіңде тұрмасаң, басыңды кесемін. – Ендігəрі сендерге сатқындық жасасам, не істесеңдер де еріктеріңде. Мен білсем, бізді төртінші зонаға əкеле жатыр. Егер ойым дұрыс болса, біз қара Иванның қолына түсеміз. Тфу, нем бар еді, Аркашаның тілін алып, ұрлық жасап. Соның айдауымен небір қылмыс істеп, сотталамын да кетемін. Содан соң жүремін əр атаманнан бір қорқып. – Ибан деген де атаман ба? – Уай-ай, Сүлеймен, ол дегенің бүкіл Сібір түрмелерінің қожайыны ғой. Оған мiлисалар да бата алмайды. Небір мықтыларды заматта ата салатын совет өкіметі оларды неге жоқ қыла салмайтынын білмеймін. Олар дегенім – Иван жəне сондай тағы екеу. Совет түрмесі басқаларды құл қылып жұмсап, ең соңғы адамдай қорлап, итше тепкілеп, қара жұмысқа салса, оларды семіртіп, бағып отыр. – Сен Ибанды көріп пе едің? Түрменің оны бағып отырғаны қалай? – Мен төртінші лагерьде болған емеспін. Бірақ олар туралы есіткенмін. Ондағы пахан-атамандардың өмірін қазір айтсам, сенбейсіңдер. Қысқасы, оны барғанда көресіңдер... – Прекратить разговоры! – деп айқайлады осы кезде қапталдағы атты солдат. – Идите тихо! Микай жым болды. Сүлеймен оның сөзіне түсінбесе де не айтқанын ұғып, ашуы келді. – Немене, Микай. Бізге сөйлеме дей ме? Қолымызды байлағанымен, тілімізді байлаған жоқ қой. О несі-ай, кəпірдің... – Шамалары келсе, тілімізді де байлап қоймақшы. Жарайды, сөйлемей-ақ қояйықшы.
Əр күн сайын айдаудың нешеме қиыншылықтарымен енді-енді таныса бастаған Сүлеймен солдаттар «сөйлеуге тиым салады» деп ешуақытта ойлаған емес-ті. «Құдай-ау, адамды азаттық пен ерік- бостандықтан айырғаны былай тұрсын, сөйлесуіне де кедергі келтіреді екен-ау. Тіпті түзге де уақтылы шығармайды. Айдау мен қамаудың азабы – тар торға қамап қойғанында емес, осылайша адамның қалыпты нəрсесіне тежеу салуда екен. Иə, мен сияқты түз бөрісі мен тау қыраны іспеттес еш тəртіп пен қалыпқа сыймайтын тежеусіз адамның да мойнына қамыт киілетін уақыты болады екен де. Амал не? Қол байлаулы. Желкеде мылтық кезенген көп айдаушының дегеніне əзірше көнбеуден басқа шара жоқ...» Сотталушылар орман табанын жапқан жұмсақ қарға малтығып, үш сағаттай жүрді. Бір кезде алдарынан тікенекті сымдармен қоршалған лагерь де көрінді. Лагерьге кіре беріс қақпада мылтық асынған бес-алты солдат тұр. Бурыл атты қақпаның алдына тұтқындарды тұрғызып қойды. Өзі күзетшілермен сөйлесті. Онымен сөйлесіп болған күзетшінің бірі қақпаны ашты. Бурыл атты сотталушыларға «Марш!» – деп бұйырды да, өзі алға түсті. Айдалушылар соңынан ерді. Қақпадан өтіп, лагерь ішіне кіргенде айдалғандар тізеден келген қалың қардан құтылғандай болды. Өйткені лагерь ішінде адам жүретін жолдардағы қар күреліп тасталыпты. Күрелген қар екі жақта да тау болып үйіліпті. Үйілген қардан жан- жақтағы ағаштар да көрінбейді. – Құдай сақтай көр. Мына қарды кім үйдірген сонша? Төбеге қарай қалай лақтырған өзі? – деді Төрекелді таңқала. – Осындағы жатқандардың біразына қар күретеді. Біразына ағаш қырыққызады. Одан басқа не жұмыс бар дейсің мұнда. – Қары бар болсын, Микай. Ал мен тура таудағы тар шатқалда келе жатқан сияқтымын. Күрелген қар ішіндегі ойма жол солға бұрылғандарында алдарынан ағаштан соғылған ұзын үй шықты. Үйдің екі шетінде биік ағаш мұнара тұрғызылыпты. Олардың бастарында мылтықтарын көлденең ұстаған солдаттар тұр. Үй алдында да бірнеше қарулы əскерилер бар екен. – Уһ, жеттік-ау əйтеуір. Бізді ар жаққа жібермей мына баракта біраз ұстайды. Осында он шақты күн «адаптироваться» етуіміз керек.
– Түсінбедім, не етуіміз керек дейсің, Микай? Одан соң мына үйді барақ дедің бе?– деп сұрады Аязбек. – Барақ емес – барак. Сотталушылар жататын үйлерді мұнда барак деп атайды. Осында біраз жатқызып, келгендерді түрме өміріне үйретеді. Содан соң арғы жақтағы барактарға орналастырады. Нағыз лагерьге кіргеніміз жоқ əлі. Ол анау шарбақтың арғы жағында. Қазақтар енді байқады. Алдарындағы ұзын казарманың екі шеті жаңағы өздері кірген қақпаның жанындағы торлы шарбақ сияқты тағы қоршалған екен. – Өкімет те қызық, шарбақ iшiне шарбақ жасап... – Қызықты əлі көрген жоқсың. Бұл шарбақтың ішінде тағы шарбақ бар. Жалпы, бұл лагерь үш-төрт айналма шарбақтан тұрады. – Қашатын адам мына казарманың ағаш дуалдарын бұзып-ақ қаша бермей ме? – Қашып бопты. Дуалдардың арасының бəрі темірмен торланған. Осы кезде барак маңындағы солдаттар бір-бірінен бес-алты қадамдай алшақтап, қаруларын оңтайлай ұстап, тізіліп тұра бастады. – О, аналарға команда берілді. Қазір бізді солардың алдына тізіп қояды да қолдарымызды босатып, ішке кіргізеді. Туһ, тезірек кірсек екен баракқа. Бел жазып, беймарал жатар едік. Микайдың айтқаны дұрыс шықты. Əскерилер сотталушылардың аттарын атап тексеріп алды да, қолдарын шешіп, ішке кіргізді. Барак іші қуыс-қуыс бөлме екен. Əр бөлменің есігі торлы темір. Сүлеймен, Микай, Төрекелді үшеуі сегіз адаммен бір камераға қамалды. Аязбек пен Ажан бөлек кетті. Камерада оннан аса ағаш кереуеттер қойылыпты. Көрпе-жастығы да бар. Бірақ ескі. Жыртылып, мақталары шығып кеткен. – Ал, Сүлеймен, сен атамансың. Көрпе-жастығы бүтіндеу кереуетті өзің таңда. Бұл жерде ендігі қожайын өзіңсің. – Мен анау шеттегі кереуетке жайғасайын. Бергі жаныма Төрекелді жатсын. Ал, қалғандарың қалаған жерлеріңе жата беріңдер. – Жарайды, атаман. Бірақ ол кереуеттің көрпесін тексерейік те. Аталманның жыртық матрацқа жатқаны ұят. Ұят емес-ау, бүтін матрацқа жатып, қалыңдау көрпе жамылу положено, – деп Микай төрдегі кереуеттiң көрпе-жастығын тексере бастады. Сөйтті де тағы да сөйлеп жүріп, оның матрацын басқа кереуеттің матрацына
ауыстырды. Жастықты да алмастырды. Тура бір Сүлейменнің қатынындай қызмет етіп жүр. – Əй, болды. Несіне бəрін ауыстырып жатырсың? Кім қандай төсекке тап болады, оны талқысынан көреді де. Маған салсаң, қу ағашқа да жата беремін. – Болмайды, Сүке, болмайды. Атаманға жайлы жағдай жасауға осы тұрған бəріміз міндеттіміз. Кейін лагерьдің ішіне кіргенде көресің, қара Иванға тюремщиктер қалай жағымпазданып жүретінін. Неше күннен бері бел жазып жатпаған Сүлеймен, аяқ-қолдарын көсілте бір жатуға асықты. Сыртқы қабы сау болғанымен ішіндегі мақтасының ұйпа-тұйпасы шығып, бір-ақ уыс болған жастықтың үстіне шекпенін орап қойды да, жата кетті. Жатқанымен ұйқысы келмеді. Басқалар қорылға басқанда бұл ары аунап, бері аунап, көз іліндіре алмады. Жаңа осында кіргенде ұзақ жол жүріп, денесі қызып келген соң байқамапты, камера іші суық екен. Жаурай бастады. Жамылғы көрпенің түк жылуы жоқ. жұқа. Басындағы шекпенін алып, үстіне жамылды. Содан денесі біраз жылынды. Бəрібір ұйқы келмеді. Сөйлесер адам болмаған кезде кісі ойына нелер келіп, кетпейді десейші. Сүлейменнің есіне сонау Қоқанда қалған Дилда түсті. Қамалғалы бері ол жайында көп ойланған. Бірақ дəл бүгінгідей қатты ойлаған жоқ-ты. «Байғұс-ай, қалай күн көріп жүр екен? Бəрінен бұрын не туды екен? Маған кектенгендер бір зияндық істеп жүрмесе игі еді оған. Пұсырманқұл бас-көз боп жүрсе жарар еді. Ауылдағы Балдықызымның, Құлажанның жағдайы нешік? Елге келгенде Тəңкі мен Құлтаннан, жұртты аштыққа ұшыратқан өкіметпен алысам деп жүріп, қолға түсіп, оларға жолыға да алмай қалдым. Əттең-ай, азаттықтың бағасы биік екен-ау. Енді жатысы мынау, бірі – ер, бірі – кер, бірі – төр, бірі – көр сотталушылардың арасында. Енді елімді, балаларымды қашан көрермін?!» Əсілі, Сүлеймен өз тағдыры жайында көп ойламайтын. Оның қатал мінезі пендешілік ойларға аса сирек жол беретін. Езіле сағынуды, елжірей аңсауды ол жек көретін. Бүгін де елі мен Балдықызды, Дилданы біраз ойлап жатты да, оларды лезде жадынан шығарды. Осы баракта бұлар жиырма күндей жатты. Əжетханасы да, жуынатын жері де ішінде. Жуынатын жері дегенде, кең бөлмелі монша емес. Бұрышта – күндіз-түні бір тоқтамай ағып тұратын
кішкене құбырлы су. Үнемі кең дала төсі мен тау-қыраттардың етегінде бұрқырап ағатын өзен-суларға жуынып, адам көзінен сəл қашықтау тұсқа дəрет сындырып үйренген қазақтарға мына тар қапас қамаудан бұрын – осы екі нəрсе жүдə қиын соқты. Дегенмен «адамға үш күннен соң, көр де жат емес». Бұған да бойлары үйренді. Алғашқы күннің ертесіне қамалушылардың барлығын бір-бірлеп түрме бастығы шақыртқан. Орысша білмейтін қазақтарға Микай перəyəдшік. Алғашында: «Сендерді түрме бастығы шақырып, сөйлесетін болса, мен переводчик болам», – деген Микайдың сөзінен кейін, əрі қазақтар орыстармен сол арқылы сөйлескен күннен соң бəрі оны «перəyəдшік» деп атай бастаған. Сүлеймен түрме бастығының алдында Микаймен бірге бірнеше мəрте болғанды. Алдында өздерін күніге неге шақырта беретіндігін ұқпаған бұлар кейінгі күндері оның көңілінде бір пиғылдың жасырынып тұрғанын сезе бастаған. Ол сонысын кеше анық білдірді. – Так, Маменов, садись, – деді бастық бұл кіргенде түсін жылытып. Сөйтті де, жүн басқан саусақтарын алдындағы үстел үстіне жайып салып, күндегі əдетінше шалқая отырды. Тура орман аюына ұқсас, апайтөс, төртпақ денелі бастықтың бетінде қанша күлімсіресе де, залымдықтың табы кетпейтін. Кеше де солай болған. Микай екеуі алдына жайғасып болғанша, шалқая күлімсіреген ол, лезде қайта тіктеліп отырды. Папирос алып, тұтатты. «Осы пəле менен күнде не сұрай бермекші екен? Онсыз да басымнан өткен оқиғалардың барлығын айтып біттім ғой. Бұл жақтың орыстары қазақтарға қарағанда тым ірі болады екен. Бəрі біздің таудағы қабандар сияқты. Жүздері де суық». Түрме бастығы гүж етті. Сүлейменнің қазіргі тілі – Микай. Бастық гүж еткенде, Микай: «Халдерің қалай?» деп жатыр, – деді. Бұл – күндегі алғашқы сұрақ. Бірақ əңгіме ары қарай басқа арнаға ауысты. – Сүлеймен, мен сенің ел жағыңнан өзің туралы көп дерек алдым. Мықты жігіт болғансың. Əлі де мықтысың...– деген бастық шылымын бұрқырата сорып отырып үнсіз қалды. Сосын қалың ойға шомғандай кейіп танытып, тағы біраз отырды. – Саған мына Микай ана түрменің ішіндегі бар хал-жағдайларды ендігі түсіндіріп те қойған болар-а? Иə, иə, түсіндірсе, ондағы өмір қиын. Ай, қиын. Ондағы барлық тəртіпті
біз үнемі қадағалап отыра алмаймыз. Ерегіскен тюремщиктер бір- бірлерін өлтіріп жатады. Ал кімді кім өлтірді, ол жағын бізге олар айтпайды. Олардың өз заңдары бар. Сорлы еркектер көтек болып күн көреді. Бұл патша заманынан бері бар нəрсе. Онда жақсы өмір сүру үшін мықты атаман болуың керек... Осында, сен əлі табалдырығынан аттамаған ана шарбақтың ішінде үш мыңдай адам отыр. Сол үш мыңның қожайыны – үш алып адам. Бірақ олар біз үшін алып та, қожайын да емес. Көздерін бір-бір оқпен жайрата саламыз. Оларды өлтіргенімізбен, сондайлар тағы шыға береді, шыға береді. Өңкей баскесерлер мен қарақшылар отырған жерде қандай тəртіп болсын. Олар өздеріне-өздері тəртіп орнатады. Қысқасы, көп сөйлей бермей түсіндіріп айтсам, былай: Сен мына жаңа келгендердің ішіндегі ең дəуісің. Ал жаңағы іште жатқан қожайындар бірден сенің сағыңды сындырып тастауға тырысады. Бұның себебін өзің түсінесің. Бəлкім, олар сенің жолдағы екі атаманды сілейтіп салғаныңды ендігі естіп те қойған болар. Мысалы, мен ол оқиғаны сен мұнда жетпей тұрып естіп отырдым емес пе? Ендеше маған да, оларға да бар нəрсені жеткізіп тұратын «құлақ» көп жол-жолда. Қожайындардың құлағына сенің күштілігің туралы жетіп қалса, олар өзіңді міндетті түрде сұраққа алады. Егер оларға мықтылық көрсетем деп ойласаң, онда өлдім дей бер. Өлмей қалсаң, үшеуінің шұғауын жуып, аяқтарын сүртіп жүресің... Жалпы, қалай ойлайсың? Оларға басымдық қыла аласың ба? – Өзі тиіспесе, мен өзімше ешкімге тиіспейтін жанмын. – Ох, Сүлеймен! Əлі көп нəрсені түсінбейді екенсің-ау. Жарайды, ертең ішке кірген соң түсінерсің. Алайда менің не айтпақ болғанымды ұғып ал. Егер ол үшеуін жеңе алсаң, сені еліңе қайтарамын. Бұл – түрме бастығының сөзі. Сүлеймен аңтарылып қалды. Түкке түсінбей, Микайға бір, бастыққа бір қарады. Бастық басқа сөз айтпай, есіктің арғы жағында тұрғандарға: «Алып кетіңдер мыналарды!» – деп айқайлады. Өзі үшін жаңағы сөздің тосын əрі таңқаларлық болып естілгені сондай, Сүлеймен қамау бөлмеге жеткенше асықты. Жоқ, асықпады. Ойының əңкі-тəңкісі шығып, басына əртүрлі қиял келіп, коридор бойымен ентелей жүріп, қамау бөлмедегі кереуетіне келіп, бір-ақ құлады.
– Ох, Ох, Сүлеймен, – деп Микай қолымен басын қыса қасына отыра кетті. – Түрме бастығы бекер айтпайды. Бірақ... бірақ ол қиын жұмыс. Күллі Сібірді шулатқан қара Иванды жеңу... О, боже мой, оны жеңбек түгілі, адам бетіне қарай алмайтын айбат қой. Ойбай, сен онымен дос болуың керек еді. Əлгі сөзден еш болмаса ойша нəтиже шығаруға мұршасы болмаған Сүлеймен оның мына зарына күйініп кетті. – Кетші əрі-əй, зарламай! Османды да Құдай етіп көрсетіп едің ғой. Одан да бастық маған ол сөзін неге айтты? Соны түсіндірші. – Ей богу, не ойы барын білмедім бастықтың. Тұра тұршы, жаман ақылыммен бір нəрселерді шамалап көрейін, – деп Микай қолдарын басынан жібермеген күйі төмен қарап, ойланып қалды. Бөлмеде жатқандардың Төрекелдіден басқасы бұл екеуінің не айтқандарын ұқпады. Себебі, қазақша түсінбейді. Сондықтан болар, жандарына бірінші болып Төрекелді жетті. – Не болды? Түрме бастығы не айтты? Сүлеймен оған болған əңгіменің бəрін айтып берді: – Енді сен ой тeзiне салшы. Бұл оның қай сөзі? Əлде мені ана жаққа кірген кезде-ақ оларға тиіссін деп əдейі жаманшылыққа итеріп отыр ма? Айтысы жаман, дəулер мен секілді үлкендерді кірген сəтте- ақ басып тастамақ боп, əрекет етеді екен. Егер айтқандарына көнбесең, басым алынуы тиіс екен. Əйтпесе көтек болмақпын. Мен ондай болсам қара аспан қақырап жерге түсер. Жеңген күнімде түрме бастығы мені елге қайтара ма? Мəселе сонда боп тұр ғой. Күндегі əңгімесінде осы тақылеттес əр нəрселерді айтып отырушы еді. Бүгін лақ еткізді. Санам сан-саққа шашырап жатқаны ендігі. Төрекелді де eштеңе айта алмады. Осы кезде Микай ұшып тұрды: – О, мен жобалап тұрмын оның ойын. Түрме бастығы қара Иваннан құтылғысы келіпті. Мұны дəл қазір емес, бұрыннан ойлап жүрген. – Құтылғысы келсе, ата салмай ма? – Жоқ. Бастықтар кейде түрме iшіндегілердің өзара қарым- қатынастарын басқа жолмен де реттеп отырғылары келеді. Сүлеймен мен Төрекелді Микайдың сөзінің астарынан түк те ұқпады. – Сонда қалай?
– Қысқасы, ертең ішке кіргенде көреміз, – деді Микай бұларға ішіне бұққан сырын білдіргісі келмегендей. Сосын дереу Сүлейменді көңілдендірейін деді ме, күндегі жағымпаздықпен: – Түрме бастығының сөзіне несіне қобалжисың? Сенің басың не көрмеген бас, – деді күліп. «Иə, мына кəпір дұрыс айтады. Шынында да, бұл бас не көрмей келе жатыр. Енді басқа не түссе де көреміз». Ертесіне мұнда жатқандардың бəрін ішкі зонаға кіргізді. Зона іші кішігірім шаһардай. Тұтқындар жататын отыз шақты барактармен қатар қырық-елудей қосалқы үйлер бар. Бұларды тұратын баракқа айдап келгенде, əрқайсысына етегі қысқа бір-бір шапан үлестірген. Сүлейменге шапан тарлық қылды. Бірақ басқа амал жоқ. Тырыстырып киіп алды. Əнеукүнгі пойызбен келгендердің бəрін бір баракқа жайғастырды. Енді Ажан да, Аязбек те топқа қайта қосылды. Төртеуі барактың орта шеніне орналасты. Төр жақтағы бұрынғы жатқандардың ішінде оншақты қазақ бар екен. Сүлеймендер барған күні-ақ солармен шүйіркелесіп, табыса кетті. Олардың арасында Сүлеймен секілді қапcағай денелі бір кісі өзін «Қаппармын» деп таныстырып, қалғандарының да аттарын атап шықты. Өзі Сүлейменді сырттай жақсы біледі екен. – Мен жайлы қайдан естіп еді? – Өзіңді көрмесек те, сыртыңнан талай естігенбіз, Сүлеймен. Əкем рахметтік сен жайында көп айтатын. – Əкең кім еді? – Мен Қазығұрттағы шегip Естемес бидің баласымын. Мынау – Бекмырза, Ұлтанбек байдың баласы. Ал анау жаныс Қосшыұлдың Айтбайы... – Əй, əй, тоқта! Естемес бидің қолынан талай дəм таттық қой. Баяғыда Билікөлдегі Шымыр Керімбай болыстың тойына да бірге барған едік. О кісі қашан қайтты өмірден? – Алты жылдай болды. Елге бəлшебектер кəнпіс жасағанда, бəрімізді бай-құлақтың баласы» деп жазықсыздан-жазықсыз соттап жіберді. Алдында екі жылдай Оралда болып едік, былтыр осында айдап келді. – Естуімше, Естеместе мал көп болмайтын дейтін...
– Бай баласы ретінде сотталған мынау – Бекмырза. Мені би- болыстың баласы деп соттады. Содан сонау қиыр Сібірдегі орман ішінде өз жерлестерімен жолыққан Сүлейменнің көңілі бір сəт көтеріліп қалды. Сол күні өткен-кеткенді əңгіме етісіп, жерлестер ұзақ сөйлесті. Əсіресе Бекмырза əңгімешіл адам екен. Басына түскенге мойып, жүнжіп кетпепті. Қайта жан-жақтағылардың бəрін күлдіріп, небір қалжың əңгімелердің тиегін агытты. Бір күн өткен соң Сүлеймендер барлық сотталушылар сияқты жұмысқа шықты. Микай дəл айтқан екен. Солдаттар сотталушыларға күн ұзақ ағаш кескізеді. Мұнда кешке тамақ бермейді екен. Азанда жұмысқа айдар кезде бір жəне түсте бір рет екі-үш тілім нанмен қоса қара сорпа мен шай береді. Ал кешке аштан өлсең де, ештеңе жоқ. Талайлар суықтан, аштықтан өліп жатыр. Сүлеймен екі күннің ішінде үш-төрт өлікті көрді. Солдаттар сотталғандарға бір шеттен жер қаздырады да өлген адамдарды көмдіре салады. Қыңқ етсең, сен де солардың кебін киесің. Күні бойы тізеден қар кешіп, ағаш кесу де оңай емес. Кешке қоныштан қар құйылып, əбден су болған етікті кептіріп алатын да жер жоқ. Баракта от жағылмайды. Арада төрт-бес күн өтті. Бір күні жұмыстан қайтып келе жатқанда Бекмырза: – Сүлеймен, саған жолда ешкім Қара Ибан туралы айтқан жоқ па? – деп сұрады. – Е, айтқанда қандай. Бірақ сол Қара Ибандарыңды қанша күн өтсе де көрмеймін ғой өзі? – Мана орыстардан естіп қалдым. Қара Ибан сен туралы сұрастырғанға ұқсайды. Егер осы сөз рас болса, ертең, тіпті бүгін кешке сені шақыртуы мүмкін. – Шақырғанда не қылмақ? Сен алдымен оның қай баракта тұратынын айтшы. Қара Ибан, Қара Ибан дейсіңдер. Мына орыстардың қайсысы Қара Ибан? Бəрі дəу ғой бұлардың. – Анау шеткі баракты көріп тұрсың ба? Сол барактың ішіндегі бұрыштан Қара Ибан өзіне кішкене етіп бөлме жасатып алған. Бөлмесінің ішінде пеші бар. Кереуеті біздікі сияқты жалаң ағаш емес. Көрпе-жастығы жаюлы. Жанында өзі секілді тағы екі адам бар. Кейбір сотталғандар оларға кəдімгі қатындарша қызмет қылады. Ауқаттарын да алдарына апарып береді. Ал енді «мені неге шақыртпақ?» дейсің
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 490
- 491
- 492
- 493
- 494
- 495
- 496
- 497
- 498
- 499
- 500
- 501
- 502
- 503
- 504
- 505
- 506
- 507
- 508
- 509
- 510
- 511
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 500
- 501 - 511
Pages: