болмады. Ортадағы жолмен тура жүре отырып, тəуіптің үйіне жақындағанда тоқтап, бірауық тың тыңдады. Айнала манаураған тыныштық. «Неде болса үйге жаяу барайын» деген оймен қарагерді осында қалдырып, ақырын-ақырын басып, тəуіптің есік алдына келді. Біраздан бұрынғы атыс үстінде өлген басмашы да, ол мінген ат та көрінбейді. Шарбақ түбінде теңкиіп бір ат жатыр. Оның Салықбайдың аты екенін бірден білді. Тəуіп үйінің кішкене терезесінен шамның жарығы көрініп тұр. «Айналада тосқауыл жоқ па екен?» деп өлген аттың жанында жарты сағаттай отырды. Содан соң шам жанып тұрған терезеге жақындайын деген оймен тұра беріп еді, үй ішінен қараңдап екеу шықты. Екеу үйден ұзаған жоқ. Есік алдына тұра салып, шаптырып алып, ішке қайта кірді. «Салықбай да өлді ғой. Содан жаным артық емес» деп күбірлеген Сүлеймен, олар ішке кірісімен орнынан тұрды. Мылтығын дайындап, ақырын жылжи терезе алдына келіп, ішке үңілді. Шам басында екі кісі отыр. Ар жақтарында біреу жатқан кісіні жалаңаштап алып, денесін бірнəрсемен сылап жатыр. Оның жараланған біреуді емдеп жатқан тəуіп екенін білді. Мана осылардың бірі «Боштай мен ғой» деп айқайлаған еді. «Сірə, алдыңғы түнгі соғыста Боштай, болмаса соның жараланған адамдары осында жетіп, мына тəуіпке қаралып жатыр екен ғой. Көрсетейін мен сендерге емделгенді» деп кіжінген Сүлеймен мылтығын жарық жаққа кезеп тұрып, шам басында отырғанның бірін атып салды. Артынша екіншісін де сұлатып түсірді. Төбеден жай түскендей əсер еткен мылтық үнінен шошып кеткен тəуіп, айқайлап жіберіп, шамның үстіне құлады. Жарық лып етіп өшті. Сүлеймен шам үстіне құлағанды емес, «жатқан жерің осы-ау» деп, əлгі жалаңаштың тұсына мылтық ұңғысын бұрып, тағы атты. Оған оқ тиді ме, тимеді ме, əйтеуір үй ішінен өкірген дауыс шықты. Арғы бөлмеде олардың тағы біреулері жатса керек, əп-сəтте көп адамдардың үндері естіліп, терезеге қарай оқ атылды. Сүлеймен дуал жағалай кейін шегініп, шарбақтан өтті де, атына жетті. «Ал, қарагерім, Салықбайдың кегін алдым. Енді тауға қарай құстай ұш» деп, оған қарғып мінді. VI Сол шапқаннан Салықбайды тастап кеткен тас жанына бір-ақ жетті. Оны ерге өңгеріп, өзі атын жаяу жетекке алған Сүлеймен шығысты бетке ала таң атқанша жүрді. Бір-біріне ұқсас жоталар мен
шың-шоқыларды артқа тастап, түске дейін де тоқтамады. Бір бұлақтың басына келгенде аздап демалып, тағы жолға түсті. Осы кезде қылаулап қар жауа бастады. Алдында жатқан үлкен бір асуды асып өткенше қар тобықтан келіп, айналаны қараңғылық басты. Сонда ғана барып, ол жолдан адасқанын білді. Іштей аласұрып, қанша күйіп-піскенімен басқа істер амалы болмаған соң, қалың аршаның арасына кірді. Желтоқсанның ортасына дейін жаумаған қар, енді тізе бойы бір-ақ жауып тастайын дегендей, дамылсыз төгіп тұрғанымен, бір-бірімен иіле тұтасқан аршалардың табандарына өте алмапты. Түптері құп-құрғақ. Осында бір түнеп шыққан ол, ертесіне қар басқан тау ішінде ұзақ сандалды. Ақыры болмаған соң Салықбайдың өлігін бір құздың қуысына көмді. Сөйтті де атына мініп, «енді аттың басын еш жаққа бұрмаймын. Елді бір тапса, осы табады» деп, қарагердің басын жіберді. Қарагер Сүлейменнің ойын сезді ме, машырық жаққа бұрылып, түні бойы жүрді. Одан соң теріскейге қарай бет бұрды. Бірі малдың, бірі адамның мықтысы атанған екеу, осылайша аялдамастан, ертесіне екiндi түсе жазыққа аяқ iлiктiрдi. Сүлеймен сонда ғана байқады, келе жатқан жері – Шыршықтың Ғалабасай жақ бетіндегі Түлкіжортқан етегі екен. «Уһ, енді өлмеспін», – деп бір күрсінді. Тізесінен жоғары батып қалатын омбы қардың қай жерде бар екенін біліп, қары жұқа дөңес-дөңесті айналып жүріп келе жатқан қарагер бір кезде құлақтарын қайшылатып, қалт тұрды. Оның бұл қылығынан бір қатердің таянғанын білген Сүлеймен, дереу арқасына ілген мылтығын қолына ала сап, айналаны көзбен шолды. Аппақ болып манаураған далада да, қар басып міз бақпай жатқан қия- дөңесте де секем алардай ешнəрсе көзіне түспеді. «Қарагердің сезгені қасқыр ма екен? Қарлы күндері қатты ашығатын бөрілер қар астымен жылжып келіп, бассалатын əдеттері болатын еді. Кеше ғана жауып, əлі қата қоймаған ұлпа астынан «арс» етіп шыға келмесін найсаптар» деп, жан-жағындағы қалың қарға көз тастап тұрғаны сол еді, машырық жақтағы дөңес үстіне қарулы үш атты шыға келді. Дəл осындай үш аттылы маңдай алдындағы белестен де бой көрсетті. Олар аздай бүйір тұстан да тағы үшеу пайда болды. – Таста мылтығыңды! – деп айқайлады алдағы тұрғандардың бірі. – Сендер кімсіңдер?
– Онда сенің шаруаң қанша?! Айтқаныма көнбейді екенсің, ат- патыңмен қоса атып, анау еңістегі омбы қарға бір-ақ тығамыз. – Əй, айтсаңдаршы. Доссыңдар ма, қассыңдар ма? – Өй, мынау бізді тергеуін доғарар емес қой. Жұман, атының маңдайынан бір атып, омақастыра салшы. Бұйрық беріп тұрғанның жанындағы түлкі тымақты біреуі дереу мылтығын көздеп, атуға дайындалды. «Шын ататын болса, көрейін» дегендей, Сүлеймен оларға қасқая қарап, мылтығын тастай қоймады. – Қалай, Тұреке, ата салайын ба? – деді көздеп тұрған кісі. – Мынадай дəу атты ата салу обал. Одан да өзін атып, атын олжалайық. Түлкі тымақты мылтық ұңғысын жоғары көтеріп, Сүлейменнің кеуде тұсын көздеді. Дəл мынадай елсіз далада көкжалдардай омбы қар кешіп жүрген мыналардың тегін адамдар еместігін жəне мұндайлардың адам өлтіруді шыбын өлтіргендей көретінін білетін Сүлеймен: – Əй, əй, бауырлар, тұра тұрыңдар. Алдымен бiлiсейік те. Бəрің де сарт емес, өзбек емес, тəжік емес – қазақ екенсіңдер. Қай туған боласыңдар? Тоғызыңа бір кісіні өлтіру – ерлік емес шығар. Мен өзім тау ішінен адасып келе жатқан жанмын, – деді. «Алдымен бір ырыққа көндіріп алайын. Ары қарай көре жатармын» деп ойлап қойды тағы. Үшеуі бір-бірімен күбірлесіп сөйлесті де, біреуі айтты: – Аман қалғың келсе, мылтығыңды тастап, бері жақында. Хал- жайды содан соң сұрасармыз. Сүлеймен амал жоқ, мылтығын тастап, оларға жақындады. Қастарына келгенде жаңа алыстан мықтысынған үшеудің бет-жүздері біртүрлі қуарып, мылтықтарын бұған қарата қайта көздеді. Бірінші болып сөйлеген кісі көздерін жыпылықтатты. – Түрің неткен сұсты еді. Адамсың ба, жынсың ба? Құдай-ау, адам да мұнша дəу болады екен-ау. Сол көзіңнің астындағы тыртық орны ма, əлде солай туылғансың ба? Бұл жауап қатам дегенше, жан-жақтағы басқалары да келді. Бір жерде қаралары көбейген соң қайта батылданып кеткен олар, Сүлейменнің сөзін тындағылары да келмей, мылтықтарын тақап тұрып, ат үстінде екі қолын денесіне қатыстыра байлады. Содан атынан түсіріп, жаяу жетектеді. Екі-үш күннен бері нəр сызбай, қалжырап келе жатқан Сүлеймен қалың қарға біресе батып, біресе
сүрініп, сан құлап, сан тұрды. Əудем жер сүйрелеген соң аттылардың бұйрықшы кісісі сөйледі: – Қазір ағаны – iнiге, қазақты – қазаққа танытпайтын заман болып тұр. Туыс – жау, бауыр – сатқын, қатын – дұшпан болған ақырзаман деген осы шығар. Бұ күнде жан пендеге сенуге болмайды. Мына біз ғой, екі-үш жылдан бері тау-тасты паналап, тағы таутекедей күн кештік. Басымызға жұмақ орнатамыз деген құрбашымыз бір түнде өзімізді шабуылдаған əлдебіреулерден қорқып, бізді тастай қашты. Содан бір жетідей болды, біз тобымызбен жеке күнелтіп жүрміз. Қыс кезінде елге жақын түсіп күнелтпесек, шың-құз арасында күнелту қиын. Егер көнсең, бізге қосыл. Ал көнбесең, өзіңді осылай əбден мазақ етіп, өлтіреміз де тастаймыз. – Алдымен жөндерінді айтсаңдаршы. – Айтсам, менің атым – Тұрлыбай. Мынау – Жұман, анау – Телғара, мына шеткі – Байтас... – деп ол біразының атын атап шықты да өздерінің кім екендіктерін қапаланып, өкініп, ашына айтып берді. Сүлейменнің ұғуынша, бұлар Боштайдың адамдары екен. Тұрлыбайдың сөз саптасы солай. Əнеукүні құз түбінде дəл осылардың быт-шытын шығарған өздері екенін Сүлеймен айтпады. Қанша дегенмен, сыралғы адамдар емес. – Өз жайыңды айт, – деді Тұрлыбай. – Сонау Ханқорғанда бір жекжаттарымның айтуымен қыз көріп келе жатып, адасып кеттім. – «Қыз көріп келе жатқан адаммын» деймісің. Онда сенде мылтық қайдан жүр? Жоқ, сен тегін адам емессің. Содан ештеңе айтпаған күйлері мұны тағы сүйрей жөнелді. Бір қыр асқанда, оның арғы шетінен қазып қойған жертөлелеріне келді. Жертөле бірнешеу. Біреуі зындан секілді тереңдеу екен. Соған байлаулы Сүлейменді итеріп түсірген Тұрлыбай: – Таң атқанша кім екеніңді есіңе түсір. Əйтпесе етіңді паршалап, далаға тастаймыз. Əй, сендер, бүгін қайсыларың қарауыл едіңдер? – деп жанындағыларға қарады: – Кезекке түскен қарауылдар əр бие сауым мезгілде мынаны өзінің кім екені есіне түскенше тоқпақтап тұрыңдар. «Шынымды айтам» дейтін болса, мені оятарсыңдар. Қанша қалжырап қалса да, мына қазақтардың өзін атпен сүйрелегеніне намыстанған Сүлеймен, ашуға булығып, жертөле табанында ары-бері дөңбекшіп, аласұрды. Тісін шықырлата қайрап,
іштегі күш қанша буырқанса да, қылар айласы болмаған ол, көп уақытқа дейін тыншымады. Бірақ бойын əлі уайым жеңбеген жас емес пе, бір кезде жертөленің сызын да елемей, кірпіктері қамасып, ұйқыға бата бергені сол еді, төбе жақтан біреу дүңк етіп түсті: «Əй, үңгір шетінде аюдай болып жатып алған неме, атың, затың есіңе түсті ме? Қай ауылдағы қызылдардың тыңшысысың? – деп тепкілей бастады. Тепкіден соң қамшымен сабады. Ғұмырында байлаулы жатып, дəл бұлай таяқ жемеген ол, іштегі ыза-кегін жан шошытарлық дауыспен білдіріп, анаған: «Кет, қазір тура соямын», – деп ақыра айқайлады. Анау мұнша жүрексіз бола ма? Əлде Сүлейменнің жер жарардай қатты шыққан даусынан құлағы тұнып қалды ма, қалай, əйтеуір сабауын сап тиып, далаға атып шықты. Сүлеймен болса қамшы тиіп, білеуленген беті мен басын жерге үйкей, тордағы арыстандай екіленіп, жарылуға шақ қалған ашулы аюдай ырс-ырс етіп, күшене дем алып жатты. Əлден уақытта наза көңілі бірте-бірте басылып, тағы да ұйықтай бергенде, екінші біреу келіп, сабап берді. Өзін ермекке айналдырған мына жаудың қылығына бағанағыдан бетер ызаланған Сүлеймен, ол ұрған сайын ары аунап, бері аунап, оның соққысын денесіне дарытпауға жанталасты. Алайда аяқ-қолы бос жау домаланған мұны қуалай жүріп ұрды. Бірауықтан кейін айызы қанды білем: – Жүдə, үнің шықпайды ғой. Мейлі, сəлден соң көрерміз, – деп сыртқа кетті. Тұрлыбайдың жандайшаптары сол түні таң атқанша тыныштық бермеді. Төрт рет өлгенше таяқ жеді. Күн жарықтана Тұрлыбай келді. – Бір түнгі соққыға шыдадың. Бірақ екінші түнге шыдауың неғайбыл. Бұлай қиналғанша, өзіңді кім жібергенін айта салсайшы. Шыныңды айтсаң, жаныңды сақтаймын. – Мені ешкім де жіберген жоқ. Өзіммен-өзім жүрген адаммын. – Қасарысып пайда тапқан адамды көрген емеспін. Ендеше, өз обалың өзіңе. Түбі, өлер алдыңда кім екеніңді бəрібір мойындайсың. Жұман, Байтас, мұны далаға шығарып қардың үстіне тастаңдар. Қашан жөнге келгенше, жатсын сонда. Үш-төртеуі далаға сүйретіп шығарды да, жертөле алдындағы қар үстіне жатқызды. Шығыс жақтан соғып тұрған суық, өкпек жел жалаң басы мен қолдарын қарып кетті. Олардың əр қылығы ішіне өшпестей кек болып қатқан Сүлеймен «əттең, əттең» деп іштей күбірлеп, басы
мен қолдарын қар астына тығып жата беруден басқа амалы қалмады. Əлденуақытта біреу келіп, үстіне мұздай су құйып жіберді. Су шекпенінің ашық жағасының астынан өтіп, көкірегі мен арқасына дейін жетті. Онсыз да дірдектеген денесін қарып жіберген мұздай судан тітіркеніп, бұлқынып-бұлқынып қалғаннан басқаға шамасы жетпеді. – Мынадай аязды күнде мұздай су жаныңа таяқтан бетер өтеді, ə, – деп қарқылдай күлді су құйған кісі месiсiн ары-бері айналдырып. – Қазір басыңнан ғана құйып, саған ескерту жасап жатырмыз. Біраздан кейін шекпенiң мен дамбалыңды шешіп, суды жалаңаш денеңе құямыз. Тұрекең айтады: «Үстіне суды тамшылатып құйыңдар» деп. Тамшылаған су адам түгілі тасты да тесетінін білесің бе, сен ақымақ? Тамшы су денеңді мұзға айналдырып, қатырып қояды. Сол кезде тілің шығып, қай қызылдың тыңшысы екеніңді өзің-ақ айтарсың. Өзін соншама бекерден-бекерге қаралап, жөнсіз қинағандарына қатуланған Сүлеймен тістене сөйледі: – Əттең, қол-аяқтарым бос болғанда ғой, тоғызыңды тоғыз санауға жеткізбей, о дүниелік етер едім. Сендердің бұлай, қатын тірлікке баратындарыңды білгенде, кеше атысып өлер едім... Сен итаршыға бірақ мұның несін айтайын. Кім еді, əлгі, піштіруге құмбыл болып жүрген айғырдай жөнсіз кісінейтін басшың? Тұрлыбай ма? Шақыршы соныңды. – Ə, міне, енді жөнге келдің, – деді анау құдды бір Сүлеймен бір нəрсені мойындайтындай. – Қазір шақырып келемін. Аздан соң Тұрлыбай келді. «Не айтар екен, тыңдайық», – деп басқа жігіттері де жиналды. – Айтатыныңды осынша азап көрмей-ақ, кеше айта салатын адамсың ғой. «Ақымақ басқа адырайған көз бітеді» дегендей, қазандай басты, адырайған көзді сенің кеше-ақ ақылың кем адам екеніңді біліп едім. Сөйле, құлағымыз сенде. – Сен шынымен мені біреудің тыңшысы деп ойлайсың ба? Сүлейменнен басқа сөзді күткен Тұрлыбай езуіндегі күлкісін сап тыйды. Үміті орындалмаған адамдай, жан-жағына алақ-жұлақ қарады да бір күрсінді: – Ақылың əлі кірмеген екен. Онда менің кім екенімді есітші. Мен Боштайға қосылардан бұрын үш-төрт жыл Тəжікстандағы Күлəбі, Бақыш жазығында, Ғарауты мен Айқамар деген жерлерде атақты
Ыбрахымбектің, Егемберді батырдың, Шолы, Есенжарты құрбашылардың сапында мына қызыл кəпірлерге қарсы соғыстым. Сол кісілерден мен адамды, адам болғанда, сен сияқты тыңшылар мен сатқындарды қалай қинау, оларды қалай мойындату керектігін үйрендім. Мына жігіттер де сондай. Бізге адам өлтіру деген түк емес. Алайда сені бірден өлтіре салсам, айызым қанбай, кегім қайтпай қалады. Ал менде кек болғанда қандай де? Қызыл иттер менің барымнан, бектігімнен, мал-мүлкімнен, үш қатынымнан айырды. Қайбір жылы Ыбрахымбектер ауған асып кеткенде, мен елге қайтқам. Елге келсем, баяғы табанымды сүйіп, отымды жағып жүрген Юлдаш сapт белсенді болыпты. «Сенің көзіңді құртам» деп, мені итжеккенге айдатпақшы. Оған өмір бойы шөнтегіне шөңге бітпеген жалаңаяқ, қубас Ерсібай қосылып алыпты. Осылардың қысымына қапа болып, тауға тағы кеттім. «Боштайға қосылып, оларды қанға бөктірем ғой» деген едім. Амал не, Боштай сарт маған тірек болмады. Енді кегімді өзім аламын. Қар түскесін, елге жақындағанымның себебі де осы. Екі- үш күннен бері қар жауатын түнді күтіп жүрмін. Енді мына тұрған Қыбырайға əп-сəтте-ақ жетіп барып, Юлдаш пен Ерсібайдың басын кесемін. Мұның бəрін саған не үшін айтып тұрмын десейші. Сол Қыбырайда бұл күндері бір орыс нəшəндiк мiлиса болып, əлгі Юлдаш пен Ерсібайдың айтуымен мені іздетіп, тау жаққа тыңшыларын жөңкілтіп жатқанға ұқсайды. Сен солардың бірісің ғой. Мойындасайшы. Əйтпесе, жалаңаш үстіңе су құйып, ет пен жіліктеріңді көк мұзға айналдырып, азаптап өлтіремін. – Ей, Тұрлыбай, сені жұрт «басмашы» дей ме, жоқ əлде «қарақшы» дей ме, кім білсін. Мен бірақ сенің тағы аңдай қуыс паналап, шатқалды мекен еткен қарақшы болғанына сенбеймін. «Балықтың тілін бақа түсінеді» дейтін бе еді? Егер атышулы басмашылардан тəрбие алған тарлан болсаң, менің кім екенімді түрі мен тілімнен-ақ түсінетін едің. Айтшы, мен біреудің айдауына жүретін намыссыз тыңшыға ұқсаймын ба? – Естуімше, қызылдар қу болатын сияқты. Кімді қайда жіберсе де, жіберетін ортаға лайықты адамдарды тауып, жөнелтеді екен. Əрине, сенің түр-тұлғаң жансыздардан гөрі қарақшыға көбірек келіңкірейді. Солай десек те, «ұзында ес, дəуде ақыл болмайды» деп аталардың айтқаны бар емес пе. Өзің сияқты дəу болғанымен, ақылы аздау
немелерді түлкідей жылмаңдаған қызылдар оп-оңай айналдырып алатынына шүбəм жоқ. – Сенсең де, сенбесең де, мен де сен сияқты қарақшымын. Алайда сенің алдыңда өзімді ақтап жалынбаймын. Кім екенімді көрсетейін, бір шартымды орындайсың ба? – Мен қолыма түскендердің шартын орындамайтын кісімін. Ал мейлі, айта қойшы шартыңды. – Мені байлаудан босатып, осы тұрғандардың бесеуімен, жə, жарайды, өзінінен басқа сегізімен бірдей қарусыз жалаң қолмен жекпе-жекке шығарасың ба? Мен жеңілсем, қидым басымды қылышыңа. Ал сегізіне бой бермей, сұлатып салсам, қатарларыңа қосылып, дос боламын. – Қанша дəу болса да, сегізіне бірдей сенің əлің келмес. Мұның – тезірек өле салудың жолы. Ал біз сенің əбден қиналып, есіңе бірдеңе түсіргеніңді қалаймыз, – деп Тұрлыбай теріс бұрылды. – Тұрлыбай! – деп айқайлады Сүлеймен оның артынан. – Құдай біледі, менен бұрын өзің ажал табасың. Осы сөзім есіңде болсын. – Қолыңды байлағаныммен, тіліңді байлағаным жоқ. Ойыңа не келсе, соны айтып қал, – деді ол ұзап бара жатып. Содан соң жігіттеріне бұрылды: – Мұны күндіз қар үстіне жатқызып не қыламыз? Кеш батып, аяз үдеген кезде далаға тастайық. Ал қазір жертөлеге қайта лақтыра салыңдаршы. Оның бұйрығын екі етпеген жігіттері түнде жатып шыққан жертөлесіне Сүлейменді тағы сүйреп əкелді. Қанша дегенмен жертөле іші ық. Қар үстінен мұнда əкеліп жатқызған кезде ол өзін бір жылы там ішіне кіргендей сезінді. «Қап, ит-ай, – деп күбірледі Сүлеймен. – Əбден басынғанын қарашы мұның. Түктің мəнісін түсінбейтін осындай боекеуделер де болады-ау, пенделер ішінде. Сатқындық менен емес, дəл осындайлардан шығады... Байлауда жатып өлу не деген өкініш! Не істесем екен? Əлде өтірік айтып, босанудың амалын қылайын ба? Бір босансам, екі-үшеуін өлтірсем де, арманда кетпес едім. Кеше неге атыса бермедім. Жөн сұрасқан соң келісерміз дедім де. Бəлем, Тұрлыбай, жайшылықта жолығып, маған бүгінгідей өктемдік көрсетсең ғой, өкпеңді суырып алар едім. Осыны басшы тұтқан мына жігіттерде де ес жоқ екен...» Кешке дейін өкініші ішіне сыймай, жаралы арыстандай дөңбекшiдi. Жертөле ішін қараңғылық басқан кезде қасына екі кісі
келді. «Далаға шығарып тағы қинайтын болды-ау» деп ойлаған бұл. Олай болмады. Қайта келген екеу бас жағына жүрелей отыра қалып, əңгіме айтуға кірісті: – Сүлеймен, біз сені танымасақ та, сыртыңнан жақсы білеміз. Баяғыда Керімбай болыстың жиынында орысты жеңіп, түйе балуан атанған дəу сен емессің бе? Одан кейінгі даңқың да біздің елге көп жетіп жататын. Кешеден бері Тұрлыбайға өзіңнің кім екеніңді айтайын десек, «бəрібір сенбейді ғой» деп тілімізді тістеп жүрміз. Бұл өзі ешкімге сенбейтін нəкiс адам. – Сендер өздерің кімсіңдер? – Мен Түлкібастағы дəубабалық Өскен деген болам. Руым – бoтбай. Мынау – Жұмабай. Масаттағы – шуылдық. Осыдан жеті жылдай бұрын Балықты бойындағы қоралас Еңсеп бaйдың жүз жылқысын барымталап, Шыршық асып кеткен едік. Содан бері мыналарға қосылып, басмашы атанып жүрміз. Қазір білуімше, мына өкімет жер-жердегі байлардың бəрінің көзін құртып жатқанға ұқсайды. Ендігі Еңсеп байға да зауал келіп, бізді қудалауға шамасы болмай қалған шығар. Елді сағындық, кетсек пе деп жүрміз. Көнсең, сені босатып, ала кетейік. Үшеуі ұзақ əңгімелесті. Бұлардың алдап отырмағандарына ақыры көзі жеткен Сүлеймен: – Менің атым, мылтығым қайда? – деп сұрады. – Атың біздің аттармен бірге ықта байлаулы тұр. Аш қалған жоқ. – Онда босатсаңдаршы мені. Уақытты ұстап, отыра береміз бе? – Сəл сабыр сақтай тұр. Біз барып аналардың не істеп отырғандарын байқайық. Аттарды дайындайық. Ең тəуірі, олар ұйқыға бас қойсын. Содан кейін еркін қимылдаймыз. Бүгін түнде саған қарауыл болатын ақыры біз екеуміз. Сондықтан қазірше осылай байлаулы жата беруіңе тура келеді. Олар шығып кетті. Қолына байлаған қыл шылбыр білектерін əбден қиып, қажап тастаса керек. Сыздап ауыра бастады. Қосақтала маталған аяқтары да ұйи берді. «Е, Құдай, өзің қолдай көр, – деп күбірледі. – Босануға бір көмек қылшы. Одан кейін көрейін, мыналардың əуселесін». Бір кезде Өскен мен Жұмабай келді. – Етке тыңқиын тойған Тұрлыбайлар қорқор тартуға кірісті. Əзірге əбден кəйіп болғанша, орындарынан тұра қоймайды. Осыны
пайдаланып, зытып қалайық, – деп олар екеулеп Сүлейменнің қол- аяқтарындағы жіпті шешті. Бір тəуліктен аса байлауда болған қол-аяқтары жансызданып қалыпты. Сүлеймен олардың ары-бері сермеп, уқалап біраз отырды: – Мылтықтарыңды алдыңдар ма? – Өзіміздікін алдық. Сенікі – Тұрлыбайда. Оны алып шыға алмаймыз. Əй, құрысыншы, сол мылтық. Ақыры елге кетеміз. Оның қажеті не? – Сен екеуің аттарды дайындап тұрыңдар. Ал мен Тұрлыбаймен есеп айырысып кетейін. – Ойбай, қой! Онымен қалай есеп айырыспақсың? Əрі ол жалғыз емес. – Сүлеймен осы жасқа келгенше ешкімнен таяқ жеп көрген емес. Енді таяқ жедім екен, кегімді алмай қойман. Сен екеуің маған жақтаспай-ақ қойыңдар. Тұрлыбайлардың қай жертөледе отырғанын көрсетсеңдер болды. Қапыда бассалам. Ешқайсысы мылтықтарына жетіп үлгермейді. Өскен мен Жұмабай оны райынан қайтармақ боп, тағы бірдеңелер айтты. Алайда қайсар Сүлеймен екеуінің сөзін тыңдағысы да келмей, сыртқа атып шықты. Кеудесі ашу-ызаға толып, кек алмай тынбайтын көкжалдай қаһарланып, ауызғы есігі киізбен жабылған жертөле маңына жетіп барды. Жертөле босағасы алдындағы қарға жуандау келген кептек ағаш шаншулы тұр екен. Соны ала салды да, ха-ха-халаған күлкі шыққан жеркепенің ішіне кірді. Əлсіз жарықты ешкі майының балауызы жанында қаннен-қаперсіз отырған Тұрлыбайдың тобы кіріп келгенді өз адамдары деп ойлады-ау шамасы, бұған бұрылып та қарамай, ұзын түтікшені жармаса сорып жатты. Бəрін бірдей сілейтіп салуды ғана ойлап, дүлей екпінмен кірген Сүлеймен: – Ей, Тұрлыбай, көрдің бе, мен босап кеп тұрмын. Кеше саған «Менен бұрын өзің ажал табасың» деп айтпап па едім, – деді де олар ес жиғанша келтек ағашты айналдырып тұрып, шетте отырған екеуді жон арқаларынан құлаштай бір соқты. Одан соң көзді ашып- жұмғанша қалғандарын да сілейтіп салды. Жігіттерінің əп-сəтте қирап қалғанын көрген Тұрлыбай кейін қарай аунап түсіп, қолдарымен жерді сипалап, əлденені іздей бастады.
– Немене, мылтығыңды іздеп жатырмысың? Ажалынды іздегенің жөн одан да. Сүлеймен оған ақыра ұмтылды да желкесінен бүрді. Сол бүргеннен далаға сүйреп бір-ақ шығарды. Тұрлыбай жəн-дəрмен Сүлейменмен алыспақ болып əрекеттеніп еді, қайдан, қыран тырнағына ілінген түлкідей, құры тыпырлаудан басқаға əлі келмеді. – Өскен, аттарды əкеліңдер бері! – деп айқайлады Сүлеймен Тұрлыбайды бір қолтығына қысып тұрып. Олар дайын тұр екен. Yш атты жетектеп келді. Өскеннің жетегіндегі қарагер Сүлейменді көргенде бір оқыранып, тұмсығымен иығынан түртіп-түртіп қойды. – Жұмабай, сен ішке кір де, мыналардың мылтықтарын жинап шық. Маған бас киім алуды ұмытпа. Ал, сен, Өскен, тағы бір ат əкел. Мынаны өзімізбен бірге ала кетеміз. Бұл жолы екеуі де бір қарсы сөз айтпай, мұның айтқанын лезде орындады. Сүлеймен Тұрлыбайдың басынан аямай бір соқты да, көтеріп, бос тұрған аттың біріне өңгере салды. Өзі қарагерге мініп, Тұрлыбай өңгерілген атты жетекке алды. – Сендер артта жүріп, байқап отырыңдар. Мына сұмырай бір жерде сусып түсіп қалмасын. Аспан ашық, бірақ аяз қатты қысып тұр. Əлдеқайдан ұлыған қасқырлардың дауыстары естіледі. Жертөледен əбден қашықтап кеткен кезде бұлар ат тізесінен келетін бір өзеншені кешіп өтті. Өзеншені өте салысымен Сүлеймен тоқтады. Арттағы атта етпеттей өңгерілген Тұрлыбайды жерге түсірді. Əбден жаурап қалған ол қалш- қалш етіп, сөз айтуға шамасы келер емес. – Сені қолға түсіруім үшін жаныңдағы жiгiтеріңді сойылдап тастағанымды Құдай кешірер. Əйтпесе, саған итаршы болып дағдыланған олар өзіме қарсы шығар еді. Ал бағана айтқан сөзіме көнбеген сен, енді азапты өліммен өлесің. Өзімді сонша азаптаған сені өлтірмей кетсем, кеудемде қатып қалған кек мазалап, тыныштық бермейтінін білем. Нағыз қарақшы біреудің көрсеткен қорлығын өзіне көресететінін сен біліп қой. Қазір анау суға батырып кетем. Мына аязда мұз болып қатып өлсең, өлiмiңдi өзіңнен көр. Егер құтылатын болсаң, жертөлеңе еңбектен жетіп ал. Əй, бірақ анау ұлыған бөрілер сені аман қоймас.
Оны құлақшекеден бір періп, жамбастай құлатты. Сөйтті де көтеріп алып, ағып жатқан суға лақтырып жіберіп, өздері атқа қонды. Дəл сонда Сүлеймен оны «судан аман шықпайды, шықса да қатып өледі, болмаса қасқырларға жем болады» деп ойлаған-ды. Бірақ Тұрлыбай аман қалып, көп жыл өткен соң екеуі Тəшкенде қайта кездесіп, ол өзіне тағы да шектен тыс өшпенділік көрсететінін білген жоқ... VІІ Содан бері жеті жыл өткен. Бұл елге келген жылы Досалы би қайтыс болды. Оның қырқы өткен соң Ордабек болыс қайбір заманда арқадан ауып келіп, бүгінде Бадам жағасында бір ауыл болып отырған Арғынның Алтай тармағына жататын Мөңке деген кісінің Балдықыз атты қызын Сүлейменге əйелдікке алып берген. Балдықыз былтыр ұл туды. Оның атын атақты шабандоз досының құрметіне Құлажан деп қойған. Сол Құлажан туған жылы елде кəнпіс басталып, Ордабектің малы тəркіленіп, өзі Оралға жер аударылды. Жаңа өкіметтің белсенділері онымен қоймай, мілиса нəшəндігі болып жүрген оның баласы Ноғайды да қудалай бастады. Міне, екі жыл болды, Ноғай жоқ. Қайда кеткенін ешкім білмейді. Сөйтіп сонау Шойбек датқадан бастап Қазығұрт өңіріндегі елге жүз жылдан бері «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болған атақты əулеттің тоз-тозы шығып жүре берген. Бір бұлар емес, Қазығұрт, бадам болыстықтарын билеген Сүгірəлі, Жүндібай, Құрбанəлі болыстар да, Естемес, Баймұса. Тоқбай билер де ел билеуден шеттетіліп, аттары да шықпай қалды. Ел өзгерді. Жұрттың бəрі «бірдей тұрмыс құрамыз» деп кəлхүз дегенді ұйымдастырып жатыр. Биыл жасы отыз екіге шыққан Сүлеймен кəлхүзға қосылмады. Былтыр арғы аталас туысы – Жайқынбайдың Құлтаны белсенді шығып, өзі бас болып, Ордабектің малын кəнпіскелеп, кəлхүзға өткізгенде, Сүлеймен баяғы серіктері – Кендір мен Əріпбай үшеуі сол малдың біразын жымқырып, Біркөліктің арғы жағындағы шатқалға апарып тыққан. Қазіргі күнкөрістері – сол жылқылардың үстінде. Еттен тарықса, түнде барып, біреуін сойып əкеледі. Пұлдан тарықса бірлі-жарымын Қарабұлақтың, Оймауыттың базарына салады. Көзге көрінетін тірлік жасамай, күн көріп жүрген Сүлейменге жұрттың көзі түсті. Бұл жайында əр түрлі əңгіме айтатынды шығарды. Айтқанда, сырттай айтады. Көзінше айтуға қорқады. Жəне мұны жəй
ғана Сүлеймен демейді. Баяғы атымен «қарақшы Сүлеймен» дейді. Ал жаңа өкіметтің ұр да жық белсенділеріне «қарақшы» деген ат ұнамайды. Əсіресе, Жайқынбайдың Құлтанына. Құлтан мұнымен оңаша кездессе жаны қалмай, қолын қусырады. Ал сырттай: «Досалының қол шоқпары болған аюдай неме, ақыры түбіңе жетем» деп кіжінеді екен. Бірде екеуі Əулиебастаудың жанында кездесіп қалды. Құлтанның жанында үш кісі бар. Бəрі келіп, жалпылдап Сүлейменнің қолын алып, жағдай сұрасып, өліп барады. Бұл қарагердің үстінде отырған. – Құлтан, – деген Сүлеймен сонда. – Естуімше, сен мен жайында жайсыз əңгімелер айтып жүргенге ұқсайсың ғой. – Қой, Сүке. Менің белсенді болғанымды көре алмаған жұрт өзіңді əдейі маған айдап салу үшін айтқан өсегі болар, – деді де артынша: – Ал бірақ, айтсам несі бар? Білсең бар ғой, сенің қарақшылық уақытың өткен. Енді жұрт қатарлы жұмыс қып, еңбек тап. Бұдан былай бұл жердегі жұртқа тұтқа – мен, – деп шарт ете қалмасы бар ма бетпақтанып. – О, əкеңнің... елге тұтқа болған сенің... Сен, сен, қашаннан бері маған бұлай сөйлеуді үйренгенсің... Ашудан қалшылдай ақырған Сүлеймен атын өңмеңдетіп, оның жанына жетіп барды да, желкесінен шап берген күйі сүйрей кетті. Оншақты қадамдай сүйреген соң Құлтанның екі иығынан көтере, кеуде тұсын көкпарға ұқсатып, тақымға басты. Екі қол, екі аяғы жерге қарай салбырап, өлі лақтай күйге түскен Құлтан «ажалымның жеткен жері осы-ау» деп бір ойлаған болса, сонда ойлаған шығар. Шынымен- ақ сол жерде ашулы Сүлеймен оны өлтіріп, болмаса оңбай жарақаттап тастар ма еді, егер Құлтанның жанындағы Жұрқынбай мен Шаңбай келіп, ажыратып алмағанда. Аналар «қой, қойлап» ашуын басқанда, бұл оны мəреге лақтырған көкпардай етіп, ат аяғына тастай салған. Қалған сонда Құлтан, аузы-мұрнынан қан ағып. Сол оқиғадан бері сыртынан сөз айтпай, көріп қалса, елу қадамнан қашып жүретін Құлтан, кеше кешкісін қасына мылтық асынған төрт мілиса ертіп келіп, Сүлейменді үйінде жатқан жерінде бассалған. Мілисалар қатыны мен екі жасар баласының көзінше, мұның қолына темір кісен салып, Шошқабұлақтың түрмесіне əкеп бір-ақ жапты.
Мілисахана, түрме дегендері ілкіде өзі талай көріп жүрген ауыл ортасындағы орыстардың бұрынғы шіркеуі. Ертеректе бұған кім кірген дейсің? Шіркеу іші там-тамға бөлінеді екен. Есіктерінің бəрі темір. Төрт мілисаның айдауымен түн жарымында мұнда жеткенде алдарынан өңі құп-қу, екі көзі көкпеңбек, жалтыр бас бір орыс қарсы шықты. Мыналардың нəшəндігі болса керек, өктем дауыспен бұйыра сөйлеп, Сүлейменді ішке кіргіздірді. Кіре беріс дəліздің оң жағында кішкене бөлме бар екен. Əлгі орыс пен Сүлеймен сол бөлмедегі үстелге жайғасты. Қазақшаға судай нəшəндік орыс сығырайған шамның арғы жағына отырып, мұның аты-жөнін сұрастырып, қағазға əлдене жаза бастады. – Так, Сүлеймен. Сені ел «ұры, конокрад, байларға жұмыс істеген, ауылнайды ұрған» дейді ғой. Совет өкіметінің өкілі – ауылнайға қол жұмсағаның үшін біз сені атып тастайтынымызды білесің бе? Айтпақшы, 1921-22-ші жылдары сен Өзбекстан тауларындағы басмашыларға қосылып, бейбіт халықты тонапсың, қырыпсың... Сонау дальный жердегі басмашыларға қалай қосылып жүрсің? Қанша қызыл командирлерді өлтірдің? Осының бəрін айтсаң, жазаң жеңілдейді, – деді көздерін бұған қадап. – Оның бəрін саған кім айтты? – Саған емес, «сізге» деп сөйле! Кім айтқанында қандай ісің бар?! Сұрақты сен емес, мен қоямын. Ал сен, тек қана жауап бер! Бірақ Сүлеймен ештеңені мойындамады. Ешнəрсені мойындамаса да, бұлардың жіберетін түрі жоқ. Бүгін тағы тергеді. Тіпті қолын артына байлап қойып, əбден төпеледі де. Жанына таяқ тисе болды, одан бетер қасарысып, сөйлемей қоятын əдетін ол осында тағы көрсетті. Осылайша екі жеті отырды. Күнде «Құлтаннан басқа мені кім сатты?» деп ойлайды. Басмашы болғанын Құлтанның өзіне айтқан емес. Ол жайын тек Ноғай мен Кендірге, Əріпбай мен Көбектің баласы Ермекке ғана айтқан. «Солардың бірі Құлтанға сыбырлап қойған-ау» деп топшылады. Ноғай жоғалған. Кендір мен Əріпбай Құлтанды жек көреді. Сірə, Ермек былжырап, бірдеңені бүлдірген-ау. Түрмеде жатқанына жиырмасыншы күнге қараған түні мұны мілисалар қамаудағы бөлмеден алып шықты да, нəшəндіктің алдына əкелді. Нəшəндік жалғыз емес, қасында төрт-бес адам бар. Төрт-
бесеудің ішінде Досалы ауылының екі кісісі отыр. Олар да жаңа өкіметтің белсенділері болып алыпты. Өзін күнде тергеп жүрген орыс əлдене жазылған үш-төрт парақ қағазды Сүлейменнің алдына əкелді: – Мына жерге қолыңды қой. – Қол қоюды білмеймін. Сауатым жоқ. – Ə, онда былай етеміз, – деді де мұның бас бармағына сия жағып, əлгі парақтардың шетіне басты. Сосын: – Орныңнан тұр, – деп бұйырды. Сүлейменмен бірге тергеушінің жанындағылардың бəрі тұрды. Орыс қағаздағы жазуды тез-тез оқыды: – Мəменов Сүлеймен, сен он жылға сотталдың. Не үшін бұлай болғанын түсінбеген ол, бірдеңе сұрамақ болып аузын аша бергенде, төрт мiлиса сүйрелеп сыртқа шығарды. Есік алдында пар ат жегілген үлкен арба тұр. Сүлейменді сол арбаға отырғызып, шарабаға таңып, байлап тастады. – Əй, айтсаңдаршы, қайда барамыз? – деді бір мілисаға. – Қайдасы несі? Əлі түсінбей тұрсың ба? Шымқалаға жеткіземіз сені. Одан соң отарбамен туу алысқа, үлкен түрмеге кетесің, – деген ол божы мен қамшыны қолына алып, алдыңғы жаққа отырды. Иығына мылтық iлген екінші мілиса Сүлейменнің аяқ жағына жайғасты. Арба орнынан сықырлай қозғалып, шығысқа қарай созылған күре жолға түсті. Шошқабұлақтан күн батуға таяп қалғанда шыққан арба мимырт жүріспен Сайрам тұсына жеткенде түн де түсті. Божы ұстаған мілиса көңілді. Айқайлап əн айтып келеді. Ал екіншісі аузын буған өгіздей жақ ашпайды. Сүлеймен бір-екі рет əлденелер жайында сұрап еді, жауап қатады. Оның есесіне, əн салғыш мілиса ондай кезде өлеңін тия қойып, мұны сықпырта балағаттайды: – Сен сияқты қарақшыға жөн сұрап, жол біліп керегі не? Одан да «мені жол-жөнекей атып тастамаңдаршы» деп жалынсайшы. Уəй, менің қолыма билік тисе ғой, өзің секілді байлардың қолшоқпары болған малғұндарды сөзге келместен атып тастай салар едім. Шөже қораздай қоқиланған ол содан айызы қанғандай: Басты көтер кедей, Кеңес келді елей. Құтырған ұры мен байдың
Басын кесіп сендей... – деп əнін бұған тиістіре, əрмен қарай жалғастыра түседі. Олардан сұрағанына жөнді жауап ала алмайтынын білген Сүлеймен, басын арба шарабасына сүйеп үнсіз отырды. Сонау алыстан шыңдарын қар басқан Алатау қарауытып көрінді. Сол жақ беттен қарт Қазығұрттың қос шоқысы көзге шалынды. «Құдай-ай, қанша қауіп- қатерде жүрсем де, тау арасында ор киіктей секіріп жүргенім артық екен-ау, мына қорлықтан. Иттердің қол-аяқтарымды арбаға таңып, матап тастағандарын қарашы. Е, Алла-ай, бір құдірет келіп, еш болмаса бір қолымды босатсашы...» Жан-жағына көз тастады. Келе жатқан жерлері өзіне таныс жер екен. Дəл осы арықтың жағасында, дəл мына талдардың қасында баяғыда өзбектің сегіз жігітін сілейтіп салған еді. Қайран, еркіндік- ай... Осылай ой үстінде отырғанда арба қалың талдардың жанынан өтіп бара жатқан еді. Бір кезде алдында отырған мiлиса: – Əй, əй, шу! Неге тұрап қалды бұл аяғың сыңғырлар? Ай, шу! – деп тоқтап тұрған аттарды ұзын қамшысымен сабай бастады. Сөйтті де: – Ойбай, Оңлас, аттарды біреу алқымдап тоқтатып тұр, – деді де орнынан ұшып тұрып, иығындағы мылтығын қолына ала бергенде, арба тасасынан шыға келген біреу оны итеріп жіберіп, құлатып түсірді. Арт жақта отырған мiлиса да қозғалақтай беріп еді, оны да біреу арбадан жұлып түсірді. Əп-сəтте жерге құлап түскен екеуін біреулер жабыла тепкілеп тастап, мылтықтарын тартып алды. Сүлеймен не болғанын түсінбей, біресе алдыға, біресе артқа кезек- кезек қарады. Беттерін тұмшалап алғандар мiлисаларды жайғап болған соң бұған қарай бұрылды. – Қалай, мұндайды күтпеп пе едің? – деді бетіндегі орамалды жұлып алған əлгілердің бірі. – Ой, Кендір! Уай, айналайын бар екенсің ғой. Бəсе, «сендерді қалай ғана мені тамұққа аттандырып жіберіп, қарап отырады» деп ойлаған едім. – Тыныш, атымды ақырын айт. Мыналар есітіп жүрмесін, – деп Кендір Сүлейменнің қол-аяқтарындағы жіптерді пышағымен қиып тастады. – Естісе, естиді де. Бəрібір, қазір бұлар о дүниелік болады емес пе? .
– Қой, қайдағы бір ит секілді жандайшаптарға қол былғап не қыласың. Одан да ұрып-соғып, өлiмшi қып тастап кетейік. Сауыққан соң ендігəрі мілиса болмайтын болады. – Жанындағылар кімдер? – Бəрін танисың. Өзіміздің жігіттер ғой. Əзірше, мына екеуін бір жақты қылмайынша, беттерін ашпай-ақ қойсын. Байлаудан босанған Сүлеймен арбадан секіріп түсіп, бағанадан бері жанына тиіп, боқтаған мiлисаға жақындап, жағасынан көтеріп, тұрғызды: – Қане, жаңағы сөзіңдi енді айтшы. Ол сорлыда үн жоқ. Екі беті қуарып, сөйлеуге шамасы келмеді. Қорыққанынан бұтына жіберіп қойыпты. Зəрі шалбарының баласынан сорғалап тұр. – Жаңа ғана батыр едің, қояннан бетер қорқақ екенсің ғой, сүмелек, – деп Сүлеймен оны арбаға қарай тулақ лақтырғандай лақтырып жіберді. Арба дөңгелегіне оңбай соғылған ол, етпетінен сұлап түсті. Одан соң бəрі жабылып, екеуін арбаның екі дөңгелегіне шандып, байлап тастады. Қос атты арбадан босатып, жетекке алды. Қалың талдың ішіне қарай жүрген бұлар, арық жағасында тұрған өз аттарына жетті. Осы жерге келгенде қалған жігіттер беттеріндегі орамалдарын сыпырды. Кендірдің сөзінен кейін олардың сұлбаларын таныса да аттарын атамаған Сүлеймен, бəрімен құшақтасып, қайта көрісті. Бəрі өз жігіттері. – Сені мілисаханадан шығарғаннан арттарыңнан аңдып келдік, – деді Əріпбай, – «Ұрымтал тұс осы» деп, тəуекел етістік, – деді Тастан. – Бұларыңа рахмет. Босануын босандым. Енді не істейміз? – Біз парызымызды орындадық. Сені босатқан біз екенін ешкім білмес. Ал енді өз жайыңды өзің ойлан. Сірə, елден біраз уақыт кетуің керек шығар. – Сонда маған тағы «тауға барып, басмашы бол» дейсіңдер ме? Ой, бірақ, басқа амал жоқ екен ғой. Əлде Түлкібасқа, Жұмабайдың ауылына кетсем бе екен? – Оның болмайды-ау. Түлкібас дегенің мынау тұрған жер. Сыбысың жетсе, мына мілисалар іздеп тауып алады. Шыршыққа кет.
Үйреніп қалған жерің. Əрі таныстарың да көп. – Айтпақшы, менің қарагерім қайда? – Оны «жүріске шыдамды, белі мықты қазанат екен» деп Құлтан мініп алған. Қарагерді қайтесің? Қос атты ал да, бүгін түннен қалмай жүріп кет. Бүгін түнде Қазығұрттан, ертең Келестен бір ассаң, ешкімге ұстатпай кетесің. – Жоқ, мен Құлтанның басын кеспей кетпеймін. Басқа-басқа, менің кім екенімді Кендір мен Əріпбай, сен екеуің жақсы білесіңдер. Өзімді талай қатерден аман алып қалған қарагерді Құлтан жақыбайдың тақымында жүргенін ойлап, ішім күйіп өлермін. Жүрейік. Ауылға біз жеткенше түн ортасы болар. Одан арғы істі жалғыз өзім істеймін. Ауылға жете, үй-үйлеріңе тараңдар. Осы жақсылықтарыңды бек ұмытпаспын. Сүлейменнің алған бетінен қайтпайтынын білетін Кендірлер үндемей, аттарына міністі. Жылдам жүрген бұлар Бадам жағасындағы қырқаның үстіне шыққанда: – Айтпақшы, Кендір, Ордабек болыстың ақбоз жорғасы қайда қазір? – деп сұрады Сүлеймен. – Ə, оны мынау Тоғыс пен «Маятас» кəлхүзіне бастық болған Көшкінбай мініп жүр. Бірақ ол Құлтандай емес, ағайынға онша тізе батыра бермейді. Түсінігі бар ол кісінің. – Алдында «əртіл» деді, қазір «кəлхүз» дейді. Ойпырмай, заман не болып барады өзі? – Жаңа өкіметтің білгіштерінің айтуларына қарағанда, «келешекте жұрттың қазаны да ортақ болады» дейді ғой. Кəлхүз сол ортақ қазанның иесі болса керек... Төте жолмен жүрген Сүлеймендер ұзамай өз ауылдарына да жетті. Ауыл шетінде бəрі тарасты. Серіктерімен қош айтысқан Сүлеймен алдымен өз үйіне келді. Балдықыз жатып қалған екен. Сүлейменді көріп: – Балуаным-ау, ендігі күніміз не болмақ? – деп біраз жылап алды. – «Мені келді» деп ешкімге айтушы болма. Мен алысқа кетем. Əйтпесе, мына өкімет маған тыныштық бермес. Мені уайымдамай, Құлажанға бас-көз бола бер, – деп Сүлеймен ұйықтап жатқан баласының басынан бір сипаты да тысқа шықты. Мілисалардан олжаға алған аттың біріне қайтадан қонған ол, Құлтанның ауылына бет түзеді. Оның ауылы алыс емес. Бір қыр асса
болды. Суыт жүріп, діттеген жеріне тез жетті. Иттер арсылдап үріп, белгі беріп қоймасын деп, атын ауыл шетіндегі ағаштардың біріне байлап, өзі Құлтан үйіне жаяу келді. Үйге таяп келгенде мылтығын оңтайлап алып, есік алдында аз-кем аялдады. Іште жарық та, тырс еткен дыбыс та жоқ. Есікті жайлап тартып еді, іш жағынан байлаулы екен. Жұлқи тартқанда, есік ашылып, қоржын тамның айуан бөлмесіне кіріп барды. – Құлтан, шық бері! Қап-қараңғы екі жақтағы бөлменің бірінен: – Кім-əй бұл? Құлтан үйде жоқ, – деген əйел даусы шықты. – Сен, қатын, тұр да шам жақ. Оның үйде еместігін одан соң көрерміз. – Кімсің өзі? Есікті байлап қойып едім ғой. Қалай кіріп кеттің? – деп əлгі əйел сипалана орнынан көтеріліп, шам жақты. – Ойбай, көтек, Сүлейменбісің? Сен жер айдалып кеткен жоқ па едің?... – Иə, иə, жер айдалып кеткенмін. Бірақ сенің баланың басын алып кетейін деп қайта келіп қалдым, – деді Сүлеймен əйелдің Құлтанның шешесі екенін көріп. – Балаң қайда? – Қайдан білейін. Бағана түс қайта «Шoшқaбұлаққа барамын» деп кеткен. Содан жоқ, – деді кемпір дір-дір етіп. – Менің қарагерімді мініп кетті ме? – Жоқ, қарагерің там артындағы ақырда байлаулы тұр. – Ертең келсе, айт балаңа, – деді Сүлеймен қарсы бөлмені қарап шыққан соң. – Жақында қайта келемін. Өлгісі келмесе, онда жұрттың көзінше менің аяғыма жығылып, кешірім сұрасын. Оған көнбесе, қанын судай шашамын. Бұдан соң тағы айт, елдегі басқа адамдарға да тыныштық берсін. Осы айтқандарымды орындамайды екен, өз обалы өзіне. Сүлеймен үйден шыға қарагеріне барды. Оның мойнынан құшақтап біраз тұрды да, ерттеп, үстіне қонды. Сөйтіп баяғыда, орыс попын өлтірген кезде өзі Келеске қарай асқан Қазығұрт асуына қарай ат басын бұрды. Сүлеймен бұл жолы Шыршыққа баратын бағытын өзгертіп, Қазығұртты айнала өтiп, Сырлы даласына тартты. Сонда оның өз алдына қандай мақсат қойғаны белгісіз. Əйтеуір жолай кездескен елдерге «Құдайы қонақпын» деп үш қонып, Жылғаға тұяқ iлiктiрдi.
Көзін ашқалы бергі ғұмырында «қазақ жерінің бəрі тау-тасты болып келеді» деп ойлап жүрген ол, Бағаналы тауын бөктерлей батысқа жүрген сайын көде мен жусан, тарғыл мен құмшөп қана өсетін мидай жазық даланы көргенде таң қалды. Ел де сирек. Ілгеріде ауыл қариялары: «Сырдың бергі жағы мен Əлімтау маңын жайлайтын сіргелі мен қоңырат елдері құмдауыт даланы жайлайды. Адамдары жазда етті құдық ішінде ұстайды. Малдары жусан жеп семіреді» деп отырушы еді. Ол кезде бұл əңгімеге онша мəн бермейтін. Кешеден бермен сол əңгіме есіне түсіп, дəл мынадай, көз жетер жерде бір шоқы жоқ мидай сайын даланы мекен еткен адамдардың тіршілік нышандары тау жақтыкіне қарағанда біршама бөлектеу болатынын ұқты. Кеше түнде арық сиырдың ырcиған қабырғаларына ұқсайтын сайлы-жонды белдер мен далиған құмдауыт атыраптың нақ түйісер тұсында орналасқан Бақабұлақ ауылындағы сіргелі елібай Жошы дегендікіне қонып еді. Жошы көргені көп, есті кісі екен. Сүлейменнің ауылындағы бұрынғы атқамінерлердің бірсыпырасын танитын болып шықты. Сол кісіден шөл даладағы адамдардың тұрмысы туралы əжептеуір əңгімелер есіткен. Кетерінде Жошы: «Қандай ауылға тап болсаң да, бір күннен артық қонба. Қазір баяғыдай мамыражай заман емес. Құдайы қонақ түгілі, Құдайды да көзге ілмейтін жаңа өкімет құтырып тұр. Жапан далада да абай болғайсың. Бірте-бірте малынан айрылып бара жатқан кейбіреулер қу тамаққа сеп болатын атау іздеп, ой-қырды кезіп жүр. Естуімше, Жылға жақта ма, жоқ Қатағантөбе жақта ма, əйтеуір сол төңіректе жолаушыны ұстап, өзін жеп қоятын көрқау қарақшылар пайда болғанға ұқсайды. Елдің ұйыған айран секілді мамырлы тірлігіне іріткі салып ашытып жіберген мына кеңестің заманында бар пəле шығып жатыр. Өзің ертегінің батырына ұқсаған нəн жігіт екенсің. Дегенмен де сақ болғайсың», – деген. Сүлеймен жолда келе жатып, сол əңгімені есіне түсірді. «Суыр мен сарышұнақ мекен ететін мынау шағыл топырақты далада қарақшылар не қылсын, – деп іштей күлді. – Жауыннан қорғар үңгірі, желден қорғар ағашы жоқ қу мекиенде өзі секілді қашқын біреу болмаса, жөні түзу пенде жүруші ме еді, тəйірі». Түс ауғанда сонау көз ұшында ұзыннан-ұзақ созылған бір ну көрінді. Қамыс дейін десе, мына сусыз далада ол өспейді. Ал оны ағаш деп ойлаудың өзі əбес. Кеше Жошы бір əңгімесінде «құм ішінде
сексеуіл ормандары болады» деген еді. «Бəлкім сондай ормандардың бірі ме екен?» Тегіс жерде алыстағы қарайғанның өзі жақын көрінеді емес пе. Сүлеймен сол нуға жеткенше күн де ұясына таяды. Не екен деп ынтызар еткен ну – қалың қамыс болып шықты. Нудың бұл барған жақ шетінде қос қолдап батыруға жарарлық кішкене арықша жиегінен бұлақ шығып жатыр. Су шығыс беттегі еңістеу тегіске жайылып кетеді екен. Еңістің жан-жағы ит мұрны батпас қамыс. Ұшы-қиырсыз, созылған қу мекиеннің қақ ортасында бұлақ ағып жатқанына таңданған Сүлеймен атынан түсіп, суға еңкейді. Бұлақ суы жылымшы. Ішіп еді, біртүрлі тұзды дəмі бар екен. Сонда да біраз ішті. Тері шығып тұрған қарагерді суға жақындатпады. Оны жетектей бұлақ басынан сəл ұзап «енді қайда жүрсем екен?» деп тұрғанда, арт жағынан біреу дауыстағандай болды. Дауыспен бірге қарагер де ерекше бір үнмен күркірей кісінеп, тебініп-тебініп жіберді. Сүлеймен дереу мойнын артқа бұрды. Көзі бірден ну қамыстың шетінде тұрған үш кісіге түсті. Үшеуі де бірдей беттерін қара орамалмен тұмшалап, байлап алған. Бірінің қолында ұзын сойыл, беліне арқан орап алыпты. Ал анау шибарқыттан тігілген жеңіл шапан киген екеуінің қолдарында қысқа қайқы қылыш. Елсіз жердегі қамыс арасынан шыға келген үшеуге таңдана қараған Сүлейменнің аузына қапелімде: – Уай, адамсыңдар ма, əлде жынсыңдар ма? – дегеннен басқа сөз түспеді. Үшеуі жауап қатпады. Тек «бері кел» дегендей қол бұлғады. Сүлеймен жүрмеді. «Қап, əнеукүні ауылдан шығып бара жатқанда мылтығымды лақтырып кеткенімді қарашы. Бейтаныс елдің көзіне мылтықпен көрінбей-ақ қояйын деп едім. Мейлі, мыналардың мылтығы жоқ екен. Тиіссе, бір сойыл мен екі қылышқа бірдеңе қылармын. Алдымен атыма мінейін. Сосын қоржындағы кеше Жошы берген келте шоқпарды қолға алайын. Қамыс ішінде тағы біреулер болмаса, бұл үшеуіне бой бермеспін» деген Сүлеймен жалт бұрылды да, үзеңгіге аяғын сала бергенде ер ауып түсті. Жаңа бұлақ басына келгенде, аз-кем демалып аламын ғой деп, қарагердің тартпасын босатып қойғанын есіне алмапты. Ауып қалған ермен бірге өзі де шалқалай құлаған оның бір аяғы ат сауырына түскен ердің үзеңгісінде қалып қойды. «Ой, əкеңнің...» деп айқайлап жіберген ол, одан тыпырлап аяғын шығарам дегенше, анау үшеуі жүгіріп, бұған таяп
келді. Бағына қарай, олар қасына келіп қалғанда, аяғы үзеңгіден ажырады. Содан төңкерулі қоржындағы келте шоқпарды ала салып, атып тұрды. Мұны құлаған жерінде бас саламыз деп дəмеленген аналар енді бата алмай, үшеуі үш жақтан қоршай бастады. Шоқпарын сығымдай ұстаған Сүлеймен олардың əрқайсысына барлай қарады. – Оу, неғылған жансыңдар? Бетін тұмшалағандар жауап берудің орнына мұның «қай жерінен ұрып құлатсақ екен?» дегендей, қаруларын оңтайлай, бірте-бірте жақындай түсті. Қарсы алдындағының көзі құтырынған иттің көзіндей қып-қызыл екен. Тіпті жанарында адамдық сезім де жоқ секілді. Біртүрлі өлі көзқарас. Түймесіз шибарқыт шапанының ашық омырау тұсы мен етегінің астынан көрінген денесінің арықтығы сондай, көзге тіпті қораш шалынады. Қалған екеуі де мəз емес. Жел шайқаса құлап қалатындай əлжуаз. Бірақ соларына қарамай, мұны түтіп тастамайынша қайтатын беттері жоқ тəрізді. Түрлеріне қарап, олардың қатты ашығып жүрген адамдар екенін білген Сүлеймен: – Ей, бауырлар, тастаңтар сойыл мен қылыштарыңды. Жөн сөзге келіп, ымыра жасайық. Қарындарың ашса, менде нан бар, талқан бар... – дей бергенде бүйір тұстағы атылып кеп, қылышын сермеп жіберді. Сүлеймен шоқпарын одан бұрын сілтеп үлгерді. Иек тұсынан тиген шоқпардың соққысынан ол кескен теректей жалп етті. Содан кейін артта тұрғаны ақыра ұмтылды. Бірақ ақырысы да, ұмтылысы да оңды болмады. Сүлеймен мен оның арасында тұрған қарагер, ол ақырып ұмтылған кезде несіне болысайын деді ме, болмаса үрейлі дауыстан шошынды ма, кім білсін, бір тоңқып, айналып кетті. Осы мезет анау қарагердің жамбасына соғылып қап, кері ұшты. Сүлеймен оны ұшып түскен жерінен тұрғыза ма? Шоқпармен бір ұрып, талдырып тастады. Екі серігінің жер құшқанын көрген үшiншiсi камысты беттей қаша жөнелді. Сүлеймен оның артына түсті. Анау сорлы арық болғанымен түк жүгіре алмайды екен. Əлде аш болған соң əлі жоқ па, əйтеуір, қамыс шетіне жетпей-ақ. Сүлейменнің қолына ілікті. Тура желкеден тап берген Сүлеймен оны ағаш сүйрегендей сүйреп, төбелес болған жерге əкелді де, бетіндегі орамалын сыпырды. Екі жағы қушиған, қан-сөлсіз реңді адам екен ол. – Жаныңның барында айт, кімсіңдер? Əйтпесе мына екеуіне ұқсатып, сілейтіп салам.
– Қарақшымыз. Елден кеткеніміз қашан. Жейтін ештеңеміз жоқ болғандықтан, ары-бері өткен адамдарды ұстап жеп жүрміз, – деді анау қырылдай сөйлеп. – Не дейді? О заманда бұ заман адам адамды жеуші ме еді? О, ата-бабаның... Əй, сендер, адам емес, шайтан шығарсыңдар? Сені де өлтіре салайын, – деп Сүлеймен қонышындағы пышағын ала бергенде: – Ойбай, көке, өлтірмеңізші. Қасықтай қанымды қия көріңіз. Ендігəрі сізге тиіспеймін, – деп шыңғырды ол. – Не?! Ендігəрі тиісетіндей маған тағы жолықпақ ойың бар ма? – Жо-жоқ, көке. Қайта сізге жол көрсетіп жіберейін. Оның шарасыз, əрі жалынышты түрін көрген Сүлеймен ашуы басылып, бұлардың кімдер екенін білмек болды. – Қай елденсіндер? Бұл жерде неғып жүрсіңдер? – О, ол ұзақ тарих қой, көке. Оны бірауыз сөзбен айта алмаспын. Жарайды, сіз жеңдіңіз ғой. Жіберіңізші енді, желкемді бүрмей. Сізге бағынғанымның белгісі болсын, бұдан былай алдыңызда құрдай жорғалап, құлыңыз болуға бармын. Жаңа «наным бар» дедіңіз бе?... Жүріңіз онда, қамыс ішіндегі лашыққа барайық. – Сен мені алдап тұрған шығарсың. Қамыс ішінде тағы басқа адамдарың тығылып жатқан жоқ па? – Оллаһи, алдамаймын, көке. Мұнда екі жылдан бері үшеумізден басқа пенде болмаған. Сүлеймен сақтық үшін оның қолын артына байлады. Одан соң атын ерттеп мінді. – Қане, түс алдыма! Көрсет лашығыңды! Жендет айдаған тұтқындай күйге енген қарақшының белбаусыз шапанының екі етегі тізелеріне соғылып, алға түсті. Қалың қамыс ортасына қарай созылған жылан ізіндей тар, жалғыз аяқ жолмен сəл жүрген соң олар ну ішіндегі лашыққа келді. Жанындағысының «бұл жерде бізден басқа ешкім жоқ» деген сөзіне əлі сеніңкіремеген Сүлеймен айналасына сақтана қарады. – «Екі жылдан бері осында тұрып жатырмыз» деп жазған сөйлейсің-ə, маған. Жазда мейлі, күн көруге болар. Қыста қалай күнкөріп жүрсіңдер? – Қыста елге таман жылжимыз ғой. Ол жақта қыстап шығатын апанымыз бар, – деді анау екі көзін Сүлейменнің тақымындағы қоржыннан алмай.
– Атың кім? – Зүндін. Енді қорықпай аттан түсе берсеңізші. Қолымды шешіп, нан беріңізші. Екі-үш күн болды, мына қамыс ортасындағы шалшық судан бақа аулап, қақтап жегеннен басқа нəр сызбадық. – Мен тірі пендеден қорқатын жан емеспін. Бірақ сөзбен алдап тұрып, ту сыртымнан бас салатын қаскөйлерді суқаным сүймейді. Судан бақа аулап жесең, аш емес екенсің ғой. Тфу, нəлеті, нəр сызбадым дейді-ау, тағы. Қарагер тыныш тұр. Егер қамыс арасында тағы біреулер тұрса, ол осқырынып белгі берер еді. Оның осылай жайбарақат тұрысынан көңілі жайланған Сүлеймен атынан түсті. Оң қолына сойылын ұстап, өзінің кеудесінен келетін лашық ішіне үңілді. Eшкім жоқ. Лашық артын айналды. Қарақшылар тұрақтарының күнгей бетіндегі қамысты орып, ол тұсқа жер ошақ орнатып қойыпты. Ошақ маңында сүйектер шашылып жатыр. Қырнала мүжілген сүйектер малдікі емес сияқты. Арғы жағына көзі түсіп еді, денесі дір ете қалды. Қорыққанынан емес, мынадай тосын жайды бірінші рет көріп тұрғандықтан селк еткен. Құдай-ау, көздері мен кеңірдектеріне дейін түк қалмай шұқылана желінген кəдімгі адамның бес-алты жалаңаш қу бастары жатыр. Жаңа мынаның «адам жеп жүрміз» дегеніне онша илана қойған жоқ-тын. Бекер айтпаған екен найсап. – Əй, Зүндін, бері кел, – деп айқайлады олардан көзін əкете алмаған күйі. – Ол келгесін: – Сен жаңа «адам жеп жүрміз» дегеніңе сенген жоқ едім. Шынымен-ақ аш қасқырдай адам жеп жүргендеріңе енді сеніп тұрмын. Бұзылған қорқау неме. Осыдан кейін саған нан беріп, адам еті мен қанына бөккен құрсағыңды тойдырады деймісің мені. О, тоба! Өмірімде қанша пəлені көріп жүрсем де, дəл сендердей жабайыға айналған екі аяқтыларды көрмеппін. Уай, осы тұрған жеріңде ішiңдi тiлiп, ішек-қарныңды өзіңе жегізіп, өз қаныңды өзіңе ішкізейін бе, осы?! Тосын көріністен жүрегі лоблып, беймаза күйге түскен ол, кеудесі мен жандүниесін қарып өткен жаман сезімнің əсерімен Зүндінді сол бойда жарып-ақ тастар ма еді, кім білсін, егер анау: – Ойбай, көке, өлтірмең, өлтірмең... Жаңа ғана «өлтірмеймін» деп едіңіз ғой, – деп аяғына жығылмағанда. Аяғына жығылғанды ұру Сүлейменнің əдетінде жоқ. Зүндін басымен мұның аяғын сүзе, етпетінен түскенде оған тимеді.
– Қай жетіскенімізден адам жеуді үйрендік дейсіз, көке. Мына құла түзде қаңғып жүргендер, біз жемесек те, ит-құсқа жем болатын еді ғой, бəрібір. Қайтеміз енді, елге барсақ, итжеккенге айдатып жіберетін белсенділерден қорқамыз. Қоқаннан өтіп, тəжік асып кетуге амалымыз болмаған соң жүр едік, осылай бақа шайнап, адам жеп. Райынан қайтқан Сүлеймен оның желкесінен көтеріп тұрғызды. – Сенің мұң-зарыңды тыңдайыншы. Жүр лашығыңа. Зүндін қуанып кетті ме, суық жымиыспен бір езу тартып, лашыққа беттеді. Сүлеймен қарагердің үстіндегі қоржынды алып, оның соңынан лашыққа кірді. – Қолымды шешпейсіз бе? – деді Зүндін Сүлеймен қасына отырғанда. – Сен алдымен өздерiң кім екендеріңді айт. Тіліңе қарасам, қазақ сияқтысың. Ал түрің сартқа келеді. Тумысың кім? – Əзірде өзіңіз ұрып тастаған анау екеуі жəне мен – тумысымыздан Арнасай үстіндегі Шиырлықұмнанбыз. Шиырлықұмды естуіңіз бар ма? Дызақтың теріскей бетінде ғой. Руымыз – қырықпанжүз. Бізді біреулер шалақазақ дейді. Негізі, біз ертеректе Бұқар жақтан келіп, қазақтарға сіңісіп кеткенге ұқсаймыз. Жаңа өкімет келместен бұрын үшеуміздің де əкелеріміз əмбе Дызақ өңіріне аты шыққан саудагерлер еді. Құл ұстап, күң жұмсайтынбыз. Кейін қызылдар келіп, шат-шəлекейімізді шығарды. Əкелеріміз айдалып кетті. Ал біз болсақ, Тəшкен астық. Бірақ жастайымыздан дайын ауқат, көл-көсір асқа үйреніп қалған біз, онда еңбек таба алмай, əбден қиналдық. Шаһарда ұрлыққа үйрендік. Кісі тонап, үйлерге түстік. Сонда жүргенде анау, сіз жаңа бірінші құлатқан Тұтқыш бір қашқарлық ұрылармен танысып алыпты. Тəшкенде Алай базарының маңын қоныстанғандарды «қашқарлықтар» дейді. Тұтқыш əжептеуір шежіре білетін. Ата-тек сұрастыра келіп, сол қашқарлықтармен туыс болып алды. Ол туыс болған соң, қашқарлықтарға біз де туыспыз ғой. Менің ұғынуымша, Тəшкендегі қашқарлықтар қайбір заманда сонау Қашқардан Бұқарға ауып барған екен. Кейіннен Бұқар хандығы құлаған кезде олардың біразы Тəшкенге қоныс аударыпты. Ал біз олар Тəшкенге келерден əлдеқайда бұрын Дызаққа келген екенбіз. Тұтқыш солай дейтін. Сол Тəшкеннің ортасын кесіп өтетін Бозсудың бойындағы қаңлылар мекендейтін махəллəның маңында орыс жандаралының
кезінен келе жатқан қыш құятын үлкен қора бар. Осы тұста Бозсудың төменге қарай тіп-тік құлайтын сарқырамасының ең табанындағы иірімнің жағасында көлденең көз байқай бермейтін кəттə үңгір бар. Біз Тəшкенде жүргенде сол үңгір сондағы ұрылар мен қарақшылардың мекені болатын. Біз қашқарлық ұрылармен бірге сол үңгірде көп уақыт тұрдық. Бұқардан келген қашқарлықтарды сарттар кейде «жөйіттер» дейді. Жөйіттерден өздері жаман қорқады. Қорықпағанда қайтсін, жөйіттердің ай сайын адам етін жейтін бір мейрамы бар. Адамды қалай жеуге болатынын бірінші рет сонда көргем. Біз аштықтан адам жеуді үйрендік. Ал олар мейрам уақытысында тоқ болса да жей береді. Бір күні бізді, осы үшеумізді қашқарлық ұрылардың һəм адам жегіштердің басшысы бір адамды, онда да жастау, əрі семіз қызды ұрлап келуге жұмсады. Өмірімізде адам ұрлап көрмеген біз бұған қалай барайық. Бірақ оған «бармаймыз» деген жоқпыз. Олай айтсақ, өлтіріп қоятынын білдік. «Жарайды» деп үңгірден шығып кеттік те, сол күні Тəшкеннен кетіп қалдық. Өйткені онда жүре берсек, олар бізді тауып алатынын білдік. Сөйтіп, міне, қаңғи-қаңғи осында тап болдық. Өкімет ұстап алса, «жөйіттермен сыбайлас» деп атып тастайды. Содан Тəшкенде жемеген адамды аштықтың кесірінен осында жеп үйрендік. Біздің тағдырымыз – осы. – Сен əңгімені əдемі айтады екенсің. Мен баяғыда, тауда басмашылармен бірге жүргенімде «Тəшкенде адам жейтін жөйіттер бар» деп естуші едім. Сол жөйіттердің ұрпағы екенсің ғой-ə. Енді айтшы сол жөйіттерің кəдімгі адам сияқты ма? – Əлбетте олар да адам ғой. Бірақ неге екенін қайдам, иттің балалары жүдə, ірі, кəттə болады. Мына сіз сияқты. Ал Бекаба деген басшысы сізден де дəу. – Тəшкенде оларға қарсы тұрарлық не қазақтың, не сарттың бір дəуі болмағаны ма? – Қайдан. Дəу дегендердің өздері олардың алдында үн шығара алмайды. – Өкімет ше? Ол да жөйіттерді тезге сала алмады ма? – Біз онда жүргенде жөйіттер оларды құйрығына қыстырмайтын. Қазір қайдам. Менің білуімше, Тəшкен бұрыннан-ақ баскесерлер мен қарақшылардың шаһары сияқты.
– Жарайды. Бір ғана адам жеген айыбың болмаса, сен де мен секілді тентіреп қалған адам екенсің. Қолыңды босатып нан берейін. Содан соң екеуміз жатып демалайық. Мен өзіме тимеген адамға ешқашан да тимеймін. Ал тисе... Жаңа көрдің ғой қалай болатынын. Күні бойы атсоқты болып шаршап қалдым. Мына қамыс төселген лашығың ұйықтауға ыңғайлы екен. Сен де жатып демал. Ертең не істейтінімізді оянған соң кесіп-пішерміз. Қай заманның да батыры аңғал ғой. Зүндіннің мүлəйімси айтқан əңгімесіне сеніп, оның қолын босатып, нанын берген Сүлеймен қамыс үстіне алаңсыз жата кетті. Иə, бір бұл жер емес, талай жерде дəл осылай аңғал сенгіштігінен көп мəрте ажал таба жаздаған. Ал қазірше, нанды қомағайлана қарпып жеп жатқан Зүндінге есіней қарады: – Осы жерге ең жақын ауыл қайсы тұста? – Қыбыладан оң жақты бетке алып жүрсе, аттылы адамға күншiлiк жерде Құлшығаш ауылы бар. Одан əрі Сыр өзені мен Арнасай таяқ тастам жер... – деп Зүндін тағы бірдеңелерді айтты. Бірақ Сүлеймен оларын естіген жоқ. Қалың ұйқыға батып кетті... Əдетінше қатты ұйықтаған. Бір кезде құлағына қарагердің күркірей кісінеген даусы келді. Сонда да дыбысқа бірден тұра қоймайтын дағдысына басып, бас көтермей жата берді. Бірақ қарагер кісінеуін қоймады. Тіпті лашық қабырғасын соққылап, оны құлатып жіберердей тулай түсті. Оның бостан-босқа бұлай тепсінбейтіні ұйқылы санасына сəлден кейін ғана жеткен Сүлеймен: «Уа, не болды?» – деп айқайлай атып тұрды. Қарагер лашық есігінен сығалай қарап тұр екен. Сүлейменнің оянғанын көріп, «мына жақтан біреу келе жатыр» дегендей, басын арғы жаққа қаратып шұлғып-шұлғып қойды. Сүлеймен күректей алақанымен бетін уқалап-уқалап жіберіп, айналасына қараса, лашық ішінде ешкім жоқ. Жанына қойған шоқпары да, бас жағындағы пышағы да көрінбейді. Бұрышта қоржыны ғана жатыр. «Қап, анау жексұрын бар қаруымды алып, тайып тұрған ба?» деп ойлап, лашықтан еңкейіп шыға беріп еді, қарсы алдындағы қамыс арасында жалғыз аяқ жолмен пышақ пен шоқпарды оңтайлана ұстап келе жатқан Зүндінді көрді. Осы кезде қарагер ат кері жылжып кетті. Сүлейменге «шық» дегенінің белгісі шығар бұл. Алайда Сүлеймен сыртқа шықпай, «Зүндін не істер екен, көрейін» деп ойлады да орнына қайта жатты.
Мұның оянғанынан бейхабар Зүндін еппен лашыққа кірді де, сол қолындағы шоқпарды жерге қойып, сəл тұрды. Көзін сəл ғана сығырайта ашып, өзін көріп жатқан Сүлейменді əлі ұйқыда деп ойласа керек. «Өзің жүдаям кəттə екенсəн, Етин мингə үштə күнгə жетади», – деп күбірлеп, оң қолындағы пышақты көтеріп мұның қарын тұсына ұра бергенде Сүлеймен бар жылдамдықпен тізелерін жиып, қос табанымен оның кеудесінен бір тепті. Тепкінің күшті болғаны соншалық, Зүндін артқа қарай ұшып бара жатып, лашық үстіне жабылған қамысты өзімен бірге ала-мала, сыртқа түсті. Шалқалай құлағанда үстін лашық қамыстары жартылай жауып түскен оны тырп етуге шамасы келмеді. Біреудің сатқындығын ешуақытта кешпейтін Сүлеймен орнынан тұра сала оны қамыс арасынан суырып алды. – Ай, кеше мен саған «тату болайық» деп айтып едім ғой, – деп ақырды да, онсыз да демі шықпай тұрған оның мойнын күтір еткізіп бұрап жіберіп, лақтыра салды. – Жақсылықты түсінбеген ит жөйіт. Содан қарагерге қайта қонды. Жалғыз аяқ жолмен қамыс шегіне шыға бергенде кешегі екеудің тілім-тілімі шығып жатқанын көрді. Қансыз еттерін біреудің пышақпен тілгілегені көрініп тұр. «Зүндін Пəленің қылығы ғой. Тоба, кеше нан жеп тойса да, үйреніп қалған адам етіне аңсарлары ауып тұрады екен-ау бұлардың. Кеше не деп еді өзі? «Қансыз адам етінің онша дəмі болмайды» деп пе еді бір сөзінде. Мыналардың етінен қанағат таппаған соң мені жарып жемек болған екен ғой... Əй, осы мені ажалдан Құдай қағады. Түнде ұйықтап жатқан жерімде соя салса, не істер едім. Бəрінен бұрын мына қарагеріме ырзамын. Жануар, талай жерде қауiптен сақтандырып жүр. Осы болмағанда баяғыда-ақ қасқырға жем, болмаса басмашылар оғының құрбаны болып кетер ме едім?» Небір қатерлі сəттерде өзіне адамнан бетер көмек көрсеткен қарагерінің жалын риза көңілмен қос қолдап сипап-сипап қойды. VІІІ Сүлеймен елден кеткенде «мілисадан қашып кеттім» деп ойламады. Ол ес біліп, етек жапқалы бері, біреудің басынғанын жек көрумен бірге кез келген заң-зəкүнгеде басыбайлы болғысы келмейтін. Мұзарт шыңдарды мекендейтін қыран құсқа, сайын сахарада жосып жүретін бөpіге ұқсағысы келетін. Келетін емес-ау,
сондай-тын. Өзін-өзі сергелдеңге салып қойған өмiрiне, əмəнда қауіп- қатермен бетпе-бет келіп, өтіп жатқан ғұмырына əсте налымайтын. Жұрт бұл туралы не ойласа, оны ойласын. Ол өз өміріне ырза. Оған «үрлеп ішіп, шайқап төгер» ас-ауқаттың да, мамық төсек, құс жастықтың да керегі жоқ. Оның бар салтанаты – еркіндік. Оған тек желкеден түртіп, маңдайдан нұқып бұйрық беретін біреу болмаса болғаны. Құдайдан басқаның бəрінен азат. Ел-елдің басын біріктіріп, бір заңға бағындырып қойған бəлшебектің өкіметіне де түкіргені бар. Оның қосын сүйретіп, соқасын жыртқанша, тау кезіп, тағы аңдай күн көргені жақсы. Бірақ өздерін дəл осылайша сезінетіндер бір Сүлеймен ғана емес. Шыршықтың ар жағындағы қалың қазақ əлдеқашан жаңа өкіметтің айдауына көніп, тұмсықтарына көнбістік ноқтасын ілдіргенімен, Алай тауының терістігі мен Ферғана жазығындағылар əлі құтырып тұр. Құтырып тұрған халық емес, əрине. Мұндағы ел де бəлшебекке бас иген. Бірақ сол бəлшебекке бағынбай жүрген басмашылар мен қарақшылар əлі көп. Міне, екі жылға аяқ басты, Сүлеймен солармен тағдыр тоқайластырып, Қоқан жерінде жүргеніне. Екі жылдай бұрын «Жылға» маңындағы адам жегіштерді сілейтіп кеткен соң Тəшкен асқан. Онда көп тұрақтамай, елбесіп-селбесіп отырған Тойтөбе мен Қыбырай жұртын біраз паналаған. Ол жерде де тұрақ таппай, Бөкi мен Көкаралды басып, Xoжeнтке өтіп кетпек болған-ды. Бегабадта баяғы таудағы үңгірде қалып, өзі қайта таба алмай қалған Төрекелді мен Аязбек кездесіп, мəре-сəре болысқан. Содан қайталап табысқан үш «арлан» бірден Қоқанға тартқан. Қоқанда қазақтар мол. Бірақ көбісі өзбектеніп қалыпты. Сонда да əлі руларын ұмытпаған. Қыпшақтар мен қоңыраттар ішінде Төрекелдінің ескі таныстары көп екен. Осылардың арқасында жат елде үшеуі ешкімнен шет қақпай көрмеді. Аз уақыттың ішінде қоқандықтармен аралас-құралас болып кетті. Сүлеймен мұндағы жұртқа да бірден танымал болды. Ол кезде оқығаны аздау елге тез танымал болу үшін дала заңына лайық батыр болсаң жеткілікті еді. Сүлейменнің өн бойынан осындай батырлықтың нышанын аңғарды ма, əлде қырым артық еті жоқ, тұтас құйыла салынған шойындай ірі сүйекті денесіне, үнемі от шашып тұратын алақандай көздері мен адам тіктеп қарай алмас қарақошқыл, суық жүзінен ыға
ма, кім білген, əйтеуір əншейінде бір-біріне батырсынып қырық пышақ болып жататын Қоқан жұрты мен қарақшылары мұның алдында мыстары құрып, момақанси қалатын. Алайда нағыз ерді мойындағысы келмейтін кеудемсоқ, көзсіз батырсымақтардың қай жерде де болатыны бар. Өзіңді жалпы жұрт ойлағандай тұлға етіп көрсетуің үшін алдымен солардың мысын басқан жөн. Əрине, Сүлеймен өз бетінше ешкімге тиіспейді. Бірақ «əлін білмеген əлектер» бұған тиіседі. Осы екі жылдың ішінде ондайлардың талайымен күш сынасуға тура келді. Былтырғы жылы Шығыс Бұқардың Лоқай деген жерінен қызылдардың бір белсенді қатынын отбасымен қоса түгел бауыздап, осында қашып келіп, атын өзгертіп, жасырынып жүрген Шалпар деген таулық баскесермен айқасып қалғаны бар-ды. Ерегістің басы бір татар əйелден басталған. Аязбек, Төрекелді үшеуі мұнда келгелі бері Пұсырманқұл деген Қыпшақты сағалап жүрген. Сол Пұсырманқұл бір күні бұл үшеуіне: – Сыңайларыңа қарасам, əзірше елдеріңе қайтатын ойларың жоқ сияқты. Атан бурадай өңкиіп жүрген үшеуіңнің кір-қоқыстарыңды қашанға менің қатыным жуып береді. Əрі отыздан асқан еркектің əйелсіз күні бола ма? Жат елде жүрміз дегендеріңмен, əйтеуір бірдеңе қып, ырзық-несібелеріңді тауып жүрсіңдер. Сол несібені жиып, үйде ас-ауқастарыңды дайындап отыратын өздеріңе лайық əйел іздейік, – деген. – Жөн айтасың, Пұсырманқұл. Əсіресе өміріміз қатынсыз өтіп бара жатқан мына Аязбек екеумізге обал болды. Ал Сүлейменнің елде əйелі бар ғой. Əй, бірақ табылса, бұл да ала салсын. Бұған екеу емес, он қатын алса да аздық етпейді, – деп Төрекелді елп ете қалған. Сүлеймен де бұған қарсы болмады. Сөйтіп үшеуі əйел іздеуге кіріскен. Қоқан шаһарының түстік жағындағы үлкен төбенің үстінде Құдияр хан салдырған үлкен сарай бар. Сол сарай қазіргі жаңа өкіметтің кеңсесі еді. Кеңсе бергі бөлмелеріне орналасқан. Ал сарайдың басқа қаптаған бөлмелері астық пен мақта жинайтын қоймаларға айналған. Осы қоймаларда ерлері басымашылармен соғыста шейіт болған көптеген жесір əйелдер істейтін. Əсіресе мақта түтетін орында ондайлар мол-ақ. Пұсырманқұл үшеуін күнде осы жерге ертіп келіп жүріп, ақыры бұларға лайық үш əйел тапты. Төрекелдi мен Аязбекке екі өзбек əйел бұйырды. Əйелдердің
туысқандарына біраз пұл беріп, ықтиярларын алған соң Төрекелді мен Аязбек олардың үйлеріне кіріп алды. Ал Сүлейменнің көңілі бөксесіне анау-мынау еркектің құлашы жете бермейтін дəу татар əйелге ауды. Оның аты – Дилда екен. Құрғыр Дилда кез келген əйелдің көңілін жібітіп жіберетін Пұсырманқұлдың жаушылық сөзіне де, «Əй, саған бай, маған қатын керек. Бұлдана бермей айтқаныма көнсейші», – деп айтарын төбеден жай түсіргендей зілді дауыспен бір- ақ жеткізген Сүлейменге де көнбей, біраз қиғылық салып жүрді. Бірақ тілімен «түлкіні күлдіріп, қасқырды үргізетін» Пұсырманқұл қойсын ба, ақыры оны бір икемге келтірді. Сөйтсе Дилда өз қарсылығын Сүлейменді жақтырмағанынан білдірмепті. Күллі Қоқанның ұры мен қарақшыларын бір шыбықпен айдайтын Исламқұл бектен қорқыпты. Исламқұл бұрынғы Қоқанның айтулы хандарының бірі – Əлімнің ұрпағы екен, Қоқан орысқа қараған кезде бектік лауазымды иеленген. Қызылдармен соғыс уақытында тəжік жеріне қарай өтіп, Жылыкөлдегі Отанбек пен Жұмамұрат паруанашылардың қолдарын біріктіріп, үлкен басмашылық топқа құрбашылық жасапты. Кейін басмашылардың тоз-тозы шығып, бірі ауған, бірі қытай асып кеткенде, бұл Қоқанға қайта оралып, жаңа өкіметтің белсенділерімен тіл табысып, бейбіт өмір сүруге байлам етіпті. Алайда «бейбіт өмір» дегені сырт көзге ғана. Қоқан мен оның айналасындағы болып жататын қилы-қилы ұрлықтар мен қарақшылық істерге, жаңа өкіметтің адамдарын өлтіруге, бидай мен мақта керуендерін тонауға өзі басшылық етеді екен. Былайша айтқанда, қызылдар мен қоқандық қарақшылардың əлі жүріп жатқан майданының көрінбейтін басшысы. Қарамағында баскесерлері қырғын. Олардың бірі мілиса болса, бірі кəлхүзші, бірі белсенді... əйтеуір өзінің тілімен айтқанда, жаңа өкіметтің жалшылары. Ал енді біразы «барып кел, шауып кел» – жұмсаушы сарбаздары. Исламқұлдың сондай сарбаздарының бірі – Шалпар Дилданы иемденіп жүреді екен. Иемденгенде, ешқандай байланысы болмаған, тек көңілдес ретінде ұстауға талпыныс жасап жүреді екен. Сол бірде Пұсырманқұл мен Сүлейменнің Дилдaмен сөйлесіп тұрғанын көріпті. Бұлар кеткесін Дилдаға келіпті де: «Егер анау қазақтармен сөйлескеніңді енді көрсем, өлдім дей бер. Мен өлтірмесем де, Исламқұл өлтіреді. Ал Исламқұлдың кім екенін білесің ғой», – деп қорқытып кетіпті.
Пұсырманқұл төртінші барғанда Дилда осыны айтыпты. Пұсырманқұл оның сөзін Сүлейменге жеткізді. – Көңілім ауған қатыннан қайдағы бір қарақшыдан қорқып бас тартамын ба? Өзі не дейді? Көнетін сыңайы бар ма? – Сенен ат-тонын ала қашып тұрған ол жоқ. Тек «жаңағылардан қорқамын» дегенді қайта-қайта айтады. – Онда оны бүгін кешке сенің үйіңе əкелеміз. Исламқұл ма, Шалпар ма, мейлі, қайсысы болса да, одан соң мені іздеп келе берсін. Кешке екеуі барып, Дилданы алып келді. Пұсырманқұл əйеліне дастархан жасап, молда шақырып қоюды тапсырып кеткен еді. Үйге келсе, бəрі дайын. Сəлдесi салбырап молда да отыр. Дереу Сүлеймен мен Дилданың некесін қиюға кірісті. Неке рəсімі бітер сəтте сыртқы дарбазаны біреулер тарсылдатып ұра бастады. Есік ашуға шығып кеткен Пұсырманқұлдың əйелі аздан соң ебіл-дебілі шығып, қайта жүгіріп келді. Өңі құп-қу. Екі көзі бақырайып кеткен. – Не болды-ей, сонша дүрлігіп?! – деді Пұсырманқұл. – Байеке, анау жақта... дарбаза сыртында... қолдарында сойыл ма, мылтық па, əйтеуір бірдеңелері бар үш-төрт кісі тұр. Сіздерді «шақыр» деді. «Егер шықпаса, тура отырған жерлерінде бастарын аламыз» деді. Қорыққанымнан дарбазаны жабуға да шамам келмей, бері қаштым. Сүлеймен мен Пұсырманқұл бір-біріне қарасты. Дилда болса: – Ойбай, Шалпарлар ғой келіп тұрған. Айттым ғой сіздерге, «олар бəрімізді қырып кетеді деп». Үйбай-ау, енді қайттік? – деді де Сүлейменнің артына тығылды. – Не дейді? Шалпар дей ме? Астапыралла! Қой, мен кетейін. Келін, мына тамның арт жағындағы дуалдың асып түсетін тұсы бар ма? – деп Дилдаға қосыла үрейі ұшқан молда орнынан атып тұрды да, кебісін кие сала, сөзіне жауап күтпестен сыртқа атып шықты. – Жə, қорықпа, – деді Сүлеймен Дилдаға қарап. Сосын Пұсырманқұлға бұрылды: – Жүр, шығайық сыртқа. Көрейік те, кімдердің келіп тұрғанын. Келіп тұрған шынымен анау қаңғыбас қарақшы болса, көрсетейін мен оған басынғанды. – Сен барып, сөзге айналдыра тұр. Мен ұраға тығып қойған мылтығымды тауып алайын. Ол қарақшыларға сенім жоқ. Ата салудан тайынбайды.
Пұсырманқұл айуан тамның бұрышындағы ұраға түсіп кетті де, Сүлеймен дарбазаның сыртына шықты. Дарбазамен шектес дуалды жағалап бір топ кісі тұр. Қараңғылыққа сəл көзі үйренген Сүлеймен бажайлап қараса, тұрғандар төртеу екен. – Бері жақында! – деп дауыстады біреуі. – «Бері жақында» деп бұйыратындай кімсің сен?! Керек болса, өзің жақында! – Бұқа тəрізді неме. Менің кім екенімді білмей жүр екенсің. Əйдə, жігіттер, қоршаңдар жан-жағынан! – деді біреуі айқайлап. Сосын бəрі қолдарындағы таяқтарын сүйретіп, бұған таяй түсті. – Ей, сойылдасу қашпас. Алдымен жөндеріңді айтсаңдаршы. – Біреудің қатынын алып қашып кеткен саған жөн сұраудың керегі не? Дəл қазір өлiгiң осы жерде қалсын демесең, Дилданы маған алып шығып бер! – деді айнала қараңғы болса да қаба сақалы байқалып тұрған бірі. – Дилданы сен қашаннан бері қатын қылып жүр едің? Менің ашуым көтерілмей тұрғанда, батырыңдар қараларыңды өздерің. – Уа-ха, не дейді мынау. Жабылыңдар, жігіттер! Сол-ақ екен, бойлары мен дене тұрқылары өзінен сəл-ақ кішірек келген үшеу сойылдарымен мұны сабай жөнелді. Сүлеймен екі қолымен басын қорғаштап, кейін шегінді. Бірақ аналар қуалай жүріп ұруларын тоқтатар емес. Бір кезде жон арқасынан тиген соққының қатты болғаны соншалық, бір сəт есеңгіреп барып, құлай жаздады. Осы сəт іштегі бар ашуы сыртқа шығып, «а-а-а-а» деп айналаны күркірете бір айқайлады да, алдында тұрғанның шоқпарына жабыса кетті. Заматта оны сілкіп тартып қалғанда, анау мұның аяғына қарай етпетінен түсті. Өзі қолына іліккен шоқпармен жан-жағындағы екеуді айналып тұрып, құлаштай соқты. Бірінен өтіп, біріне тигені шоқпар соққысынан ол екеуі жерге жалп-жалп етті. Оларды жатқан жерлерінде бастарынан тағы да бір-бір рет аямай ұрып, дарбазаға бұрылғанда, жаңағы етпетінен түскені тұра сап, қашуға ыңғайланды. Оны да шоқпармен бір ұрып, жерге қайта топ еткізді. Лезде үш серігінің топырақ құшқанын көрген қаба сақал не бұған шабарын, не қаша жөнелерін білмей, аңтарылды. Сүлеймен оның жанына жетіп барып, жағасынан алған күйі дуалға бір соқты. Одан соң екінші қолымен ышқырына жармасып, қап сияқты көтеріп алып келе жатқанда, алдынан Пұсырманқұл кездесті.
– Не болды, Сүлеймен? Дəулік көрсетіп жатыр ма? Мына құрғыр мылтықты көп іздеп, жүріп қалғаным... – Мылтықтың керегі жоқ енді. Мына сүмелек кеткен қатынының артынан қуып келіпті. Қазір сол қатынының астын жалатайын бұған, – деп Шалпарды көтерген бойда үйге кіргізді. Сүлеймен оны үйге көтеріп кіргенде екі əйелдің үрейі ұшып, бұрышқа тығылды. – Дилда, айт қане. Сені қорқытып жүрген Шалпар деген осы ма? – Осы, осы, – деді Дилда үнін зорға шығарып. – Енді сен айт. Дилданы қашан қатын қылып едің? Жаңа ғана далада батырсынып əкіреңдеген, енді түкке қауқары келмей, шабандоз сүйреткен өлі текедей кейіпке түскен Шалпар мұрнынан аққан қанды демімен бірге бірде жұтып, бірде қақала түкіріп, дыбыс шығармай біраз отырды. – Ой, жіберші, сақалымды. Мені əлі ешкім бұлай табанының астына салған жоқ еді... Еркек болсаң, жібер деймін. – Табанына салатын адамға кездеспей жүргенсің де. Жiбер деп шарт қояды тағы. Шартты мен қоямын. Одан да жаңағы сөзіңе жауап бер. – «Қатын қылдым» деп кім айтты саған? Ойнас қылайын деп едім. Қанша дəу болсаң да Қоқанда Исламқұл тұрғанда, менің дегенім болады... – Ой, сорлы. Сен алдымен осы жерден аман шығып алсайшы. Исламқұлыңның да, сенің де əкеңнің... Уай, сенімен неге сөз таластырып тұруым керек менің, – деп көп сөзділiкке салына бермейтін Сүлеймен қонышынан пышағын суырып алып, Шалпардың алқымынан осып жіберуге ұмтыла берді: – Ой, Сүке, тоқта, тоқта! Сойсаң, үй ішінде сойма. Жə, жə, қоя тұр деймін, батыр. Сəл сабыр сақтай тұршы, – деп Пұсырманқұл пышақ ұстаған қолына жармасты. – Ə-ə, қойыңыздаршы, байекелер, – деп бір бұрыштан əйелдер сұңқылдады. Пұсырманқұлдың ажыратқанын басқаға жорыды ма, кім білсін, осы кезде Шалпар: – «Соямын» деп əкіреңдегенімен сою қайда бұған мені. Сойып көрсінші. Ертең Исламқұл сүйегін өртеп, етін күл қылып шашсын, – деді тағы батырсына.
– Мынау тілін тартпайтын пəле екен. Онда қазір көресің соя алмайтынымды, – деген Сүлеймен оны үйден сүйреп сыртқа шығара беріп: – Айтпақшы, өлер алдыңда іздеп келген қатыныңның бұтын иіскеп қал. Ақыры тірі кезіңде сол жеріне жете алмап едің. Ей, Дилда, қайдасың? Бері кел. Етегіңді көтер. Ауыңа мұрнын бір тығайын. Өлер алдында арманда кетпесін. Сосын қалт етуге шамасы келмей, бұрыштағы Дилданы сүйреп əкелді де етегінің астына Шалпардың басын тықты. Аяқтарына иегін үйкелетті. – «Еш еркек бұрын кеудемді бұлай басқан жоқ еді» дедің ғой. Енді сенің кеудеңді əйел басты. Жо-жоқ, əйел аяғына басың жығылды. Бұдан былай саған жер бетінде еркек болып жүрудің қажеті жоқ. Сендей намыссыз еркекті мен өлтіруге де арланамын, – деп дарбаза сыртына сүйреп шығарды. Мұнда келгесін: – Кет енді. Осы масқаралығыңды ертең елге жаямыз. Одан кейін «еркекпін» деп айтып көрші. Шалпар намыссыз екен. Əлгі тірліктен кейін өзі-ақ, болмаса Сүлейменмен алысып өлуі керек еді. Өзін «тау халқының арыстанымын» деп есептеген ер қуғанға кетпей, солай етер еді. Қарақшылар арасындағы заң да сондай. Ал Шалпар: – Көремін, ертең көремін сендерді, – деп босана салысымен қараңғыға батып жоғалды. Сүлеймен мен Пұсырманқұл Шалпар құрығасын, дарбаза маңындағы үш жаралыны арбаға тиеп, шаһар ортасына апарып тастады. Үйге келсе, əйелдердің əлі үрейлері ұшып отыр екен. – Болды, енді қорқатын дəнеңе жоқ. Сен бүгіннен бастап мендіксің. Ертең мақта түтуге бармай-ақ қой. Бірер ай осында шыдай тұралық. Одан əрі көрерміз... Жүдə болмаса елге таяу жерге барып тұрармыз. Шыршыққа орнығып алсақ, тіптен жақсы, – деп оны Пұсырманқұлдың ауласындағы өзі тұрып жатқан тамға жетектеп кіргізді. Дилданы жар еткен сол күні əдетінше сəскеге дейін ұйықтаған. Дəл сол күні түсте шаһар ортасындағы жұрттың сейілі басталатын еді. Жаңа өкімет əрбір біткен еңбегін мейрамға балап, жұртты жиып мереке өткізіп жататын. Мұндай мерекені «сейіл» дейтін. Сүлеймен сондай сейілдерде күреске қатысып, кір тас, дəу өгіз бен түйе көтеріп, көп пұл тауып қалушы еді. Бұл жолы сейілде балуан күрестен де, тас
пен түйе көтеруден де басқа бір жарыс ұйымдастырғалы жатыр екен. Күніге шаһардың қандай көшесіне қанша торғай қонып, қанша шымшық ұшып кетіп жататынына дейін білетін Пұсырманқұл əнeукүні: – Қарашаның жетісінде жаңа өкімет өз күні мен «сабан тойды» һəм мақталықтың біткеніне арнап, сейіл жасайды екен биыл тағы да. Палуан жарысында жаңадан бір ойын ойналатын болыпты. Жуандығы адамдай ағаштың бір ұшын жерге терең етіп көмеді екен де, қазық болып қатып қалған жоғарғы ұшын шоқпармен, яки сол сияқты жуан ағашпен бір ұрып құлатқанға, түйе балуаннан да көп пұл береді екен. Ол ойынды да бір ойнап көрсең болар еді, ə, – деген-ді. Ұйқыдан тұрғасын, Дилданың қолынан шəй ішіп алып, Пұсырманқұл екеуі шаһар ортасында болатын сейілге бармақ боп, үйден шықты. Тамдары бір-бірімен жапсарлас соғылған Қоқанның тар көшелерін аралап, Құсайын ата мешітінің жанынан өте бергенде, мешіт төбесінен адам басынан да үлкен бір тас дүңк етіп жерге түсті. Егер Сүлеймен тағы бір жарты қадам алға басқанда тас мұның қақ төбесін ойып түсер еді. – Ойбай, абайла Сүлеймен. Мешіт үстінде мұндай тас жатушы ма еді. Саған біреу əдейілеп тастады-ау деймін, – деп дауыстап жіберді Пұсырманқұл. – Ə-ə, атаңның көрін... Кім-ей, кім-ей?! Расында, мынау бір қаскөйдің ісі ғой. – Абдыраған Сүлеймен биіктігі жеті-сегіз кісінің бойындай келетін мешіт төбесіне алақ-жұлақ қарады: – Жүрші, мешіттің алдыңғы жағына барайық. Екеуі ұзындығы қырық қадамдай мешітті айналып, алдыңғы жағына келді. Мешіт жаңа өкіметтің азық сақтайтын қоймасы еді. Есік алдында төрт-бес кісі жүр. – Ет өткізуге келдіңдер ме, жоқ бір нəрсе сатып алуға келдіңдер ме? – деді олардың бірі. Бұлар жөнін айтты. Бірақ ешқайсысы мешіт үстіне шыққан адамды көрмеген болып шықты. Тіпті Пұсырманқұл алдыңғы дəліздегі баспалдақ арқылы мешіт үстіне шығып та көрді. Төбеде бөгде ешкім жоқ. Содан мешіт төбесінен құлаған үлкен тастың сырын түсінбеген екеуі əрнені айтысып, орталыққа келді. Мұнда халық көп жиналыпты. Бірақ əлі сейіл ойындары да, жарыстары да басталмапты. Орталықтың
қақ ортасында атам заманнан бері келе жатқан кірпіштен өріліп жасалған əйдік қорған бар. Қорған үсті жазық. Ілгеріде хандар осы жерде өлім жазасына кескен адамдарды жұрттың көзінше дарға асып, болмаса текеметке буып тұншықтырып өлтіреді екен. Пұсырманқұл айтады: «Кеңестен бұрын қайбір жылы осында қазақтан шыққан Мұстафа, Нəзір, Мұхаммеджан дегендер көсем болып, Түркістан өкіметін құрғанды. Сонда осы қорған басында үшеуінің де жалындап сөйлегендерін көріп едім. Қазір олар қайда кетті екен?» деп. Ол осында əр келген сайын қорған басына қарап тұрып, сол үш кісіні еске алатын. Осы жылы да қорған үстінде сейіл ұйымдастырып ары- бері шапқылап жүрген кісілерге қарап тұрды да: – Менің Мұстафа туралы тағы бірдеңе айтайын деген ойым бар еді. Бірақ анау беттеріне қысқа пəренжі жамылған екі əйелге көңілім қайта-қайта ауа береді. Жаңа өкімет «пəренжіні беттеріңнен лақтырыңдар» деп біраздан бері зарлап келе жатса да, өзбек пен тəжіктің көптеген егде қатындары оны əлі тастамай жүр. Əй, мен айыған, бірді айтып, бірге кетем. Айтпағым ол емес қой. Осы пəрəніжі жамылған екі қатын біз қайда бұрылсақ та, соңымыздан бір елі қалмай, мешіттен бері бізге ілесіп келеді. Денелеріне қарасаң, əйелдер емес сияқты. Ұзын етектерінен аяқтарына не кигендерін де байқау қиын. Ойелдер қолдарына қап па, себет пе, бір нəрсе ұстап жүрер еді. Ал мына екеуінің қолдары бос. Байқашы өзің де, əне, анау бізге қырын қарап тұрған пəренжіліні, – деді арт жақты иегімен нұсқап. – Расы, бұрын Қоқанда мұндай ұзын бойлы əйелдерді көрмейтінмін. Əлде бұлар əйелше киініп, бізді аңдып жүрген ІІІалпардың адамдары ма екен? Бірақ мұнысымен не айла қылмақ? – Не айла қыларын Құдайым біліп пе? Бір анығы – түнгі оқиғадан кейін Шалпардың үнсіз қалмасы хақ. Сақ болайық. – Күдікті деп, пəренжі жамылған кім көрінгеннен үрке береміз бе? Зияндық жасап көрсінші, көптiң көзінше қандарын судай шашармын. Жүр, одан да күрес өтетін жаққа барып, балуандар тізіміне тұрайық. Алаң ортасындағы қорғанның батыс жақ шетіндегі бұрышта сейілді ұйымдастырушылар күреске қатысатындардың есебін алып жатқан. Екеуі сол жерге келіп, Сүлеймен тізімге жазылды.
– Сен биыл тағы келдің бе? – деді қағаз жазып отырған өзбек Сүлейменге жымиып. – Күресте жылда ұта бермей, бұл жолы біздің жігіттерге ұтыла салсайшы. Əйтпесе, Қоқанда ер тумағандай болып жүрміз. – Бұлай айтқанша, өз іштеріңнен бұған тең келетін мықты жігіттерді сайлап алуға ұмтылсаңдар нетті, – деді Пұсырманқұл оған. Біраз уақыт өткенде балуандар да белгілі болды. Олардың көбісі былтырғы күреске қатысқандар. Ортадағы қазы кімнің кіммен күрсетiнiн балуандардың өздерінен сұрастырып, жұптап шыққанда, Сүлейменге қарсы түсер ешкім табылмады. Өйткені бұдан жығылып қалатындарын балуандардың бəрі біледі. Сондықтан мұнымен күресуден өздері бас тартты. Сөйтіп белдесуге жұп табылмаған Сүлейменге қазы: – Сен онда бірден түйе көтеруге қатысасың. Одан соң «қазық ұру» деген ойын бар. Соған да жазып қояйын сені, – деп қағазын ала бергенде, топ ішінен ұзын бойлы, тарамыс келген бір таулық: – Мен күресемін мұнымен. Сендер, қабандай-қабандай болып тұрған өңкей сужүрек немелер, осы қазаққа шаппай бəйге беріп тұрғандарыңа намыстанбайсыңдар ма? – деп қатар тұрған балуандарға айқайлай, алға суырылып шықты. – Өй, əліңе қарасайшы... – Қоя берсейші, жамбасы сынып, белі шойырылайын деген біреу де... – Түріне қарамай, жүректісін-ай өзінің... – десіп айнала тұрған балуандар күңк-күңк етісті. Ал құжынап тұрған халық: «Əп, бəрекелді», «Ойпырмай, ер екен ғой мынау», «Иə, бəсе, бізден батыр шықпайды деп кім айтты сендерге?», «Қазы, оған күреске рұқсат бер!», – деп шуласты. Қазы əлгіні жанына шақырып, əлдене жайында сұрады. – Болды, шуламаңдар, түге. Келісімін алдым. Бұл Сүлеймен екеуі ең соңғы жұп болып күреседі. Балуандар алдымен түйе көтерісті. Түйе көтерісу деген қызық. Бір жастан бес жасқа дейінгі шөгеріліп, аяқтары екі-екіден қосақталып байланған түйелерді балуандар иықтарына салып, жүз қадам жүрулері керек. Əрине, əркім шамасына қарай. Сүлеймен бес жасар түйені көтеріп, жүз қадамдай жерді айналып шықты. Басқа балуандар үш жасар түйені көтеруден аса алмады. Сүлеймен қазық
ұрудан да алдына жан салмады. Сөйтіп, екі бас бəйгеге тігілген сексен сомды иеленді. Кезек күреске келгенде жиырма шақты балуан күресіп болғанша, күн кешке таяды. Бірақ жаяуы бар, аттылы-есектілісі бар, қызыққа жиналған қалың нөпірдің қатары селдіремеді. Ақыры Сүлеймен ортаға шығатын уақыт та келді. Сейілдегі күресте баяғы Билікөлдегі күрестегідей арнайы киім болмайтын. Былайша айтқанда, бұл ермек үшін, азын-аулақ ақша үшін күресетін – жабайы күрес. Қазының белгісінен кейін Сүлеймен сыртқы шибарқыт камзолын Пұсырманқұлға ұстатып, көйлекшең ортаға шықты. Таулық қарсыласы да көйлекшең. Ұзын бойы болмаса, оның онша қауқары жоқ екенін бұл білді. Алайда оны қандай намыс алып бара жатқанын білмеді. «Мейлі, өз көңілі өзінен қалсын. Бұл жерде құр жүректіліктің түк пайдасы жоқ. Мүмкін бұр жылдам шығар. Кейбіреулер күшіне емес, өзінің мысықша ептілігіне сенеді». Сүлеймен ойлағандай, таулық жүдə жылдам екен. Кілемнің ана шеті мен мына шетіне лып-лып етіп секіріп, ұстатпай-ақ қойды. Тіпті мұны бір-екі рет жұдырықтап та өтті. Оның бұл қылығын елеген қазы болмады. Ал халық: «Яшаң, яшаң» деп шу-шу етіседі. Аздан соң намыстанған Сүлеймен оны ұстай алайын деген оймен оған тура шапты. Таулық жалт етіп бұрылып, басымен мұның бетіне бір соқты да артқа қарай өтіп кетті. Иттің басы сонша қатты болар ма, Сүлейменнің көзі қарауытып, кеңсірігі сынып кеткендей дың-дың етіп, мұрнынан қан сорғалай жөнелді. Қанын сүрпек болып, алақанын мұрнына апарғанда, таулық тағы мазақ етейін дегендей, желкесінен бір ұрды. Осы замат қаны басына шапқан Сүлеймен: «Өй, əкеңнің көрін...» деп тістене тіл қатты да бұрыла сап, оған жүгірді. Таулық бұл жолы шетке атылып үлгере алмады. Арыстандай болып төніп қалған Сүлейменге істер айласы болмаған ол, секіріп келіп, мұның мойнына жармасты. Құшағына оп-оңай iлiккен оны бұл ашумен мыта салмақ боп, беліне қолын орай бергенде, анау құлағын қырши тістеп алды. «А-а-а» деп дауысы шығып кеткен Сүлеймен енді оның алқымына жармасам дегенде анау тағы сытылып кетті. Өмірінде қанша күресті, қанша төбелесті көріп жүрсе де, дəл мынадай шапшаң қимылды адамды кездестірмеген бұл бар ашуына ендi мiнiп: «Уа, атаңа нəлет, ит. Енді өлдім дей бер», – деп ақыра тағы ұмтылды. Жүрісі ауыр, денесі білеу-білеу темір іспетті ірі сүйекті Сүлеймен қанша алып болса да, кейде керекті сəтте қабыландай епті қимылдайтыны бар-
тын. Осы жолы да ананың жып етіп бұрылып кетуіне мүмкіндік бермей, атылып барып, оны тарпа бассалды. Мынадай денесімен мұның осыншалықты шапшаң қимыл көрсете алатындығын көрген халық таңырқасып, гу етті. Қарсыласын екі иығынан алған бойда тік көтеріп, жамбасқа салып, жерге бір-ақ соқты. Мұндай алып ұрудан ешкім аман қалмасы анық еді. Талайлар бірден-ақ жантəсілім ететін. Бірақ ананың қандай əдіспен жерге қатты соғылмай қалғаны белгісіз, əйтеуір денесі кілемге тие бере, ары қарай сусып, аунап кетті де орнынан тұра қалып, қонышындағы ұзын қанжарын суырып алды. – Қанжар, қанжар! Ойбай, мынау не қылмақшы?! – деп айқайлады топ ішінен біреу. Сүлейменнің құлағы осы сөзді-ақ шалды. Бəлкім кеудесін буған намыстың сыртқа тепкен кернеу күшінің толқыны ма, əлде ашудан өзін-өзі билей алмай, көзіне таулықтан басқа түк көрінбеген себепті ме, сол сəт жан-жақта не болып, не қойып жатқанын ұқпады. Бар көргені – екі көзі шарасынан шыға бақырайған таулықтың секіріп тұрып қанжарын сілтеп жібергені. Одан қалай қорғанғаны, оны қалай қолына іліктіріп алғаны есінде жоқ. Содан оның мойнын ба, белін бе, жоқ қол-аяқтарын ба, əйтеуір сүйектерін күтір-күтір еткізіп сындырып, денесін топ ішіне қарай лақтырып тастаған. Бұдан соң көптің ішінен бетіне пəренжі жамылған біреу атын өңмендете ойқастатып келді де, өзін ұзын қылышпен бір шауып өткен. Құдай қаққанда, қылыш басқа тимей, тосып қалған оң қолының шынтақ тұсына сарт еткен. Бұдан кейін жандəрмен аттылының соңынан қумақ боп, ақыра жүгіргенінде, бірталай адам қаумалап ұстай алған... Есін жиса, айнала азан-қазан. Қарсы алдында мұның кесілген білегін танып Пұсырманқұл тұр. Қазының да, басқа балуандардың да, жиналған жұрттың да түрлері шошыңқы. Анадай жерде бір топ адам сұлап жатқан біреуді көтеріп əлек. Сұлап жатқанды бірден таныды. Жаңағы өзімен алысқан жiгiт. Өзінің шынтағынан ғана емес, сол аяғының қара санынан да қан сорғалап тұр. Шалбарының сол тұсы бір кездей тілініпті. – Hе болды, Пұсырманқұл? Əлгінде қанжар, қылыш ала ұмтылғандар кімдер? – деді өз-өзіне келген соң. – Кімдер екенін қайдан білейін. Аман қалғаныңа тəуба де. Осы күреске түспей-ақ қойғаныңда болар еді. Мана ішім бірнəрсені сезіп еді...
– Иə, иə, аман қалғаның бек жақсы болды. Ойбай-ау, бірақ балуандардың біреуі біреуін пышнақтап, ал біреуі біреуін жазым етті деген не сұмдық. Шетімізден итжеккенге айдалып кетпесек болғаны, – деп зарланды қазы. Оған қосыла тағы біреулер де қара аспанды бастарына төндіріп, бірдеңелерді айтып жатты. – Саныма пышақты кім ұрды? – Өзіңмен күрескен жігіт қой. Əй, өзің де шапшаң екенсің. Əйтпесе, пышақ тура қарныңа қадалар еді. – Қалай болды өзі? – Қалай дерің бар ма? Ол сенімен күресуге емес, сені пышақтап кетуге шыққан екен. Өстіп тұрғанда тарантасымен аппақ форма киген үш мілиса жұртты кие жарып, жетіп келді. Белдерінде қылыш, наган. Қазы олардың алдынан жүгіріп шықты да, болған оқиғаны дірілдей, шатып- бұтып айтып берді: – Бастық жолдас, сұмдық, сұмдық... Не болғанын өзіміз де білмей қалдық... Мілиса жерде сұлап, зорға демалып жатқан таулыққа бір, Сүлейменге бір қарады: – Мына кісіні дереу шаһар ортасындағы лазаретке жеткiз. Жарасын таңсын. Сұрақты сол жерде аламыз. Ал анау жаралыны басқа күймеге салып, казармаға апарыңдар. Одан соң жұртқа бұрылды: – Ал сендер неғып тұрсыңдар қақиып?! Тараңдар бəрің! Осымен сейіл бітті! Жұрт жапатармағай тараса бастады. Бір мілиса өздері мініп келген тарантасты Сүлейменнің алдына көлденең қойды: – Мініңіз, лазаретке тезірек жетпесек, қансырап қаларсыз. – Лəзірет дегенің не пəле? Бармаймын еш жаққа. Үйге барып, жарақатыма киіз күйдіріп басып-ақ жазыламын. – Бармағаның қалай? Қарашы, саныңның етi салбырап кетіпті. Етті орнына апарып тігу керек. Ой, оқымаған қазақ-ай, «киіз күйдіріп басамын» дейді-ау. Анау үзіліп кеткен аяқтың тамырларын орнына келтіру қажет. Əйтпесе өмір бойы ақсақ болып қалуың мүмкін. Мін енді, тарантасқа! Біз саған жақсылық ойлап тұрмыз. – Иə, иə, осылардың айтқанын орындайық, Сүлеймен. Етің сүйекке дейін кесіліп кеткен. Доқтырға көрінген жақсы ғой, – деп Пұсырманқұл оны тарантасқа итермеледі.
– Е, лəзірет-пəзірет дегенше, «доқтырға апарамыз» демей ме. Мейлі, барайықшы доқтырына, – деп Сүлеймен тарантасқа қарай қозғала бергенде, санының тілінген жері зырқ етіп, аяғы басуға көнбеді. Қан одан бетер сауылдай жөнелді. – Ей, Пұсырманқұл? Қан бұлай аға берсе, мілиса айтпақшы, расында қансырап қалармын. Байла, мынау санды бірдеңемен қысып. Пұсырманқұл иығындағы қоржынынан екі əйел орамалымен оның санын қатты қысып байлады. Сүлеймен тістенген күйі қыңқ етпеді. Сосын бір мілиса екеуі оны қолтығынан демеп, тарантасқа мінгізді. Қоқанның Ферғанаға шыға беріс жолының жағасында айналасы ат шаптырымдай, сырты қышпен қоршалған қорғанның ішінде мілисахана мен əскерхана бар-тын. Əлгі лазарет дегендері де сонын ішінде екен. Тарантас қорған iшіне кірген соң ұзын етіп салынған тоқал тамның алдына келіп тоқтады. Екі мілиса мен Пұсырманқұл жабыла сүйеп, Сүлейменді тарантастан əзер түсірді. Есік алдына бұларды əппақ жамылғысы бар екі кісі карсы алды. Мілисаның бірі болған жағдайды айтты. Олар Сүлейменді тамға кіргізіп, ағаш кереует үстіне жатқызды. – Енді сіздер шыға беріңіздер, – деді ақ киімді кісі Пұсырынқұлға. Ақ киімді кісі үлкен қайшымен Сүлейменнің жарақат үстінде таңылған шүберектерді қиып-қиып тастады. Қан қайтадан саулап ақты. Осы кезде бұл жатқан жерге қолдарына темір қобиша ұстаған екі өзбек əйел кірді. Ақ киімді кісі қобдишадан түтікке ұқсас бірдеңе шығарды. – Не істемексіңдер? – Сізге укол салып, мынау тiлiнген еттеріңізді орнына тігеміз. Өзіңіз дəу адам екенсіз, ауырғанға шыдайтын шығарсыз. Сəтін салса, бес-алты күнде орныңыздан тұрып кетесіз. – Жұрт «доқтыр» дейді, «укол» дейді. Ал мен мұның бəрін бірінші рет көріп тұрмын. Доқтырлар сөз айтпаған күйлері күлді де қойды. Сосын укол салып, кесілген етке жуан ине сұғып тіге бастады. Ауру жанына қанша батса да, Сүлеймен тістеніп жата берді. – Шынымен-ақ батыр екенсіз. Кей кісілер мұндайда ақырып- шақырып, тамды басына көтереді. Иə, бек шыдамды екенсіз бек
шыдамды. Енді қозғалмай үш күн жатуыңызға тура келеді. Ал шыдай алмай тұрып кетсеңіз, жара жазылмай, өзіңізді қинайды. Бұдан кейін сізден көп қан кетіп қалған. Ол үшін күшті-күшті тамақ ішіп, кеткен қанның орнын толтыруыңыз керек, – деді доқтыр ісін бітіргесін. – Əй, «үш күн қозғалмай жат» дейсің маған. Дəретке қалай шығамын? – Оның бір жөні болар. ІХ Сүлеймен ол жерде бес-алты күн емес, он бір күн жатты. Осы күндердің ішінде күнде мiлисаның бастығы келіп, анау таулықты не үшін оңдырмай тастағаны жөнінде сұрап, мазасын қашырды. «Пышақ ұрған соң ашумен түк білмей қалыппын» десе, «Алдымен сен оны өлтіремін» деп қорқытыпсың ғой. Осының рас па?» дей ме, əйтеуір қайдағы бір сұрақтарды беріп, зықысын шығарды. Кеше келгенінде: «Екі-үш күннен соң сені бұл жерден шығарып, қамауға апарамыз. Сəбет өкіметінің заңы бойынша, адамды майып қылған кісі тиісті жазасын алуы керек», – деген. «Оны майып қылам деп ойлаған жоқпын. Бірақ оны ұрмасам, ол мені өлтіретін еді ғой», – деді бұл. «Мұның уəж емес. Біздің зəкүн бойынша, ешкім өзінше біреуден кек алуға тиісті емес, азамат қылмыскер Мəменов», – деп шығып кетті ол. «Енді не істесем екен? Мына мілисалардың өзіме шабуылдаған таулықты кінəламай, мен жазғырғаны несі?» деп ойлап жатқанда Пұсырманқұл келді. Сүлеймен оған мiлиса айтқан əңгімені айтты. Пұсырманқұл ойланып отырып, былай деді: – Бұл жердiң мiлисаларының бəрі Исламқұл құрбашыны тыңдайды. Мен білсем, бұл Исламқұлдың тірлігі. Қалайда, сенен Шалпардың кегін қайтармақ. Мына жерден қамауға апарып бір тықса, көзіңді құрта салудан тайынбайды бұлар. Сол үшін бүгін түнде бұл жерден қашып шығуың керек. – Қашуды жек көрсем де, біреудің өзіме еткен озбырлығын өзіне қайтару үшін қашуыма тура келеді кейде. Бірақ Исламқұл мен Шалпардан кек қайтаруға қазірше халім жоқ. Əбден жазылғанша, қайда тығыла тұрамын? Сенің үйіңе барып тұруға болмайды. Мілисалар ертең-ақ ол жерге жетіп барады. – Ол жағын уайымдама. Мен қазір шығып, сен Дилда екеуің уақытша бас сауғалайтын үй табуға тырысайын. Сен тура түннің
жарымында қорған бұрышындағы қойманың жанына кел. Сені сол жерде күтіп тұрамын. – Иə, сөйт. Мынау мiлисаларға өштесіп не қылайын. Өкіметтің қай старшысына қапаланып, ашулана берейін. Алайда Исламқұл мен Шалпардың басын алмай тынбан. Қарап жүрген маған тиісті ме, енді мен оларды текке қалдырмаймын. Түн жарымы болған кезде Сүлеймен «Я, Құдай, өзің қолдай көр», – деп орнынан тұрды. Шынтақ икемге келгенімен, тілінген аяқ əлі онша бастырмайды. Ақсаңдай басып, лазарет ішінен шықты да, қоймаға беттеді. Айнала көзге түрткісіз қараңғы. Шамалап келіп, қойма маңына жетті. Көп тұрған жоқ, қорған сыртынан Пұсырманқұлдың: «Келдің бе, Сүлеймен?» – деген даусы шықты. «Иə, келдім», – деп дыбыстады бұл. «Мə, мына арқан сатымен амалдап, бері шық», – деген Пұсырманқұл арқанды қорғаннан асыра лақтырып жіберді. Сүлеймен əзер дегенде сатымен қорған басына шықты. Ар жағынан Пұсырманқұл мен бір кісі сүйемелдеп түсіріп алды. – Енді қайда барамыз? Ыңғайлы жатақ таптың ба? – Таптым, Қалақишан мəхəлласында тұратын бір сарттанған адайға жиырма сом пұл беріп, тамын жалға алдым. Ол сенімді кісі. Қашан жазылып шыққаныңша, Дилда екеуің сонда тұрасыңдар. Қазір Дилда сені сонда күтіп отыр. Пұсырманқұл қос есек жегілген жеңіл арба əкеліпті. Сүлейменді соған мінгізіп, өзі есектерді жетекке алды. Оның «Қалақишан мəхəлласы» дегені Тəшкен жолына шығар бағыттағы ойпаңда орналасқан адайлар мекені. Сүлейменнің естуінше, қайбір заманда кіші жүз жеріндегі Ырғыз деген жақта Арғынғазы деген батыр шығып, орыстарға қарсы көтеріліпті. Кейін ол орыстардан жеңілген соң оның жасағында болған бір топ адайлар осы қалаға ауып келіп, орныққан екен. Мұнда келе сала өзбектерге еліктеп, қоқан шетінен бір-біріне жапсарлас там салып, түбегейлі отырып қалған. Кезінде оларды Қалақ деген ишан басқарып келіпті. Содан олардың мəхəлласы «Қалақишан» деп аталады. Бұл күндері сол адайлар үш жүз түтінге жуық. Қазір олардың түрлері де, тілдері де өзбектенген, ілуде біреулері болмаса, қалғандары қазақша сөйлемейді. Қалақишан мəхəлласының көшелері қысқа-қысқа, əрі қисық, тар. Оның үстіне тамдардың арасы бір-біріне жақын салынғандары сондай, кімнің қай үйде тұратынын ажырату да
қиын. Пұсырманқұл Сүлеймен үшін сырт көзден жасырынатын жерді дұрыс-ақ тапқан екен. Пұсырманқұл жетектеген есекті арба діттеген жерге келген соң төрт-бес көшені аралай өтіп, бір кішкене дарбазалы үйдің алдына тоқтады. Арба соңында келген кісі дарбазаны ұрып, белгі берді. – Пұсырманқұл, сенбісің-ей? – деген дауыс шықты іштен. – Мен, мен. Ағаш дарбаза ашылып, ар жақтан орта бойлы келген кісінің сұлбасы көрінді: – Тезірек кіріңдер. Қоңсылар байқап қоймасын. Үй иесі үшеуін бір түпкі тамға əкеліп кіргізді. Шам жанып тұрған аядай бөлменің ішінде Дилда жалғыз отыр екен. Бұларды көріп орнынан ұшып тұрды да: «Аман-сау келдіңіздер ме?» – деп сəлем салды. – Міне, Сүлеймен, қазірше тұрағың – осы. Мына үй иесінің аты – Бойтан. Сен осы жерден жазылып шыққанша, бұл кісінің көзі – көр, құлағы – керең. Бірақ өзара сырласа берулеріңе болады. Ал мынау өзімізбен бірге жүріп келген серігіміз – Ажан. Мен мұнда жиі келе алмаспын. Исламқұл мен мiлисаның адамдары мені аңдуы мүмкін. Бір-біріміздің хабарымызды осы Ажан арқылы біліп отырамыз. Ас- ауқаттарыңды да Ажан тасып тұрады. Қазірше басқа əңгіме жоқ қой. Ажан үш күннен кейін бір келіп кетеді. Арада бір айдан аса уақыт өтті. Бір күні Ажан екеуі əңгімелесіп отырғанда, сыртқы қақпаны біреу тарсылдата ұрды. Аздан кейін ішке Бойтан мен Пұсырманқұл, Аязбек пен Төрекелді кірді. Бəрі Сүлейменмен құшақтасып көрісті. – Ойпырмай, жұрт түрмеде қалай шыдап жатар екен? Құдай салмасын, осы бір айдың ішінде мына тар үйшік, қапас аулада ішім жарылып кете жаздады. – Сенікі ештеңе емес. Қолың бұғаулы, аяғың тұсаулы емес. Қатының – жаныңда. Ілкіде көп азамат жылдап зынданда да жатқан ғой, – деді Аязбек қуақыланып. – Ер жігітке бəрін көрген жақсы, – деп қостап қойды оны Төрекелді. – Иə, өзің қалай? Жаудың пышағы тиген жерің жазылып, адам қатарына қосылайын дедің бе? – деді үшінші болып сөйлеген Пұсырманқұл.
– Иə, жара орны қарақотырғанып, өткен жетіде-ақ төгілген. «Күшім орнында ма, орнында емес пе?» деп бір ауыр зат көтерейін десем, мына Бойтанның үйінде көтеретін түк жоқ. Түк таппаған соң қысқа жиып қойған екі-үш қап ұны мен төрт-бес қап бидайын көтеріп, ермек қылдым. Мені қоя беріңдерші. Келдім ғой епке. Өздеріңде, анау сыртқы дүниеде не гəп бар? – Гəп сол, мiлиса тыншыды. Сонда істейтін бір танысымның айтуынша, олар сені Қоқаннан қашып кетті деп, күдерін үзіпті. Өздері де біразға дейін іздеді-ау. Мілисадан бұрын біреулер бірнеше түн бойы менің үйімді торуылдап жүрді. Кейін торуылдағандардың кімдер екенін білдім. Шалпардың адамдары екен. Айтпақшы, анадағы күресте саған пышақ ұрған адам соныкі, ал пəренжі жамылып атпен шауып келіп, қылыш сілтеген сол Шалпардың өзі екен. Енді «мұның бəрін қайдан білдің?» де. Бір таныс тəжіктер арқылы қашқарлықтарға шығып жүріп, ақыры Исламқұл мен Шалпардың жандайшаптарымен танысып алдым. Сөйтіп осы уақыт ішінде қарап жатпай, əлгі екеуінің қай жерде тұратындығын да білдім... – Қай жерде екен? – деп сабырсызданған Сүлеймен оның сөзін бөліп жіберді. – Тура осы түннен қалдырмай, екеуінің де басын алайын. – Жə, аздап сабыр ет. Дəу адамға шошаңдаған жараспайды. Алдымен тыңдасайшы. Сірə, олардың басын алу оңайға соқпас-ау. Өйткені күндіз ол жерге бара алмаймыз. Ал түнде олардың биік қорғандарынан асып, үйлеріне кіру де оңай емес. Оның үстіне қарауылдары, адам жейтіндей иттері тағы бар. – Ай, айтсаңшы, өздері осы Қоқанның ішінде ме, жоқ, шеткі қышлақтарда ма? – Қоқанда. «Қоқанбазардың» маңындағы Алтынбесік ата сағанасын білуші едің ғой. Базар мен сағана ортасында тəжік қышлағы бар емес пе. Міне, екеуі де сол жерде. Шалпар ауық-ауық көшеге шығып тұрады. Ал Исламқұл сондағы ұясында жатып-ақ, барлық зұлымдығын жасап отырады. – Үй-жайын, қорған-порғанын, қора-қопсысын өзің көрдің бе? Ешкім кіре алмастай тас қамал ма екен? – Мен ол жаққа барсам, қашқарлықтар күдіктеніп қалмай ма? Сондықтан сырттай ғана шолуыма тура келді. Ебін тауып, мына
Ажанды сонда жұмсағанбыз. Екеуінің де тұрағын осы көзімен көріп қайтқан. Ендiгiсiн Ажан айтсын. – Ой, сен бағаналы бері мұны неге айтпайсың? – Əңгімені Пұсырманқұлдың өзі бастасын дедім де. Айтсам былай, Шалпардың үйіне түнде түсуге болады. Тек есік алдындағы итінің көзін құртсақ болды. Ал анау Исламқұлдікіне... ай, қиын-ау. Оның отыратын, жататын жеріне дейін кемі бес есік бар. Түнде олардың бəрі іштен құлыптанатын секілді. Бұған қоса, ауызғы бөлмеде қарулы екі қарауыл жатады. Бұлармен қатар ауласындағы үйлерде қатыны бар, еркегі бар, бірталай малайлары тұрады. Егер «Исламқұлды отырған жерінде жайпап кетемін» десең, оған амалын тауып, күндіз барған жөн. Қарауылдары да, малайлары да күндіз ешнəрседен күдіктенбейді. – Ой, мынау дұрыс ақыл айтып отыр-ей, – деп гүж етті Аязбек. – Дұрысы, дұрыс делік. Бірақ алдымен оның амалын ойлап алғанымыз жөн. Бұдан соң олардың екеуін бір күнде, болмаса бір түнде жайғау керек. Əйтпесе, «кезек-кезек көздерін құртамыз» деп, араға күн салып алсақ, тірі қалған қайсысы болса да, етек-жеңін жиып алады. Тағы бір миымызда болатыны – Қоқанның күллі мілисасы Исламқұлдың жағында. Егер біз ойымызды іске асырсақ, мілисаның бəрі аяғынан тік көтеріледі. – Пұсырманқұл, егер мен мына өкіметке де пысқырмай, бүкіл Қоқанды үрейде ұстап отырған Исламқұл мен итаршы Шалпардың жүректерін суырсам, саған келер зиян жоқ па? Сені біреулер мазалап жүрмей ме дегенім ғой. Екеуін өлтірген соң, Қоқанның əмбе мiлисасы сеңдей қозғалып, көшкіндей тап берсе, құрыққа сен ілініп қалып жүрмеймісің? – Менің сендерге жақ екенімді осы отырғандардан басқа ешкім білмейді. – Сол қашқарлықтардан бəріміз күйіп біттік, – деді Ажан, – Бір Қоқанда емес, бүкіл Ферғана даласында оған қарсы тұрар бір ердің табылмай жүргеніне күйінуші едім. Енді сол ер табылған сыңайлы. Ол – мынау Сүлеймен. Кедейді жылатып, шаруаны қан қақсататын Исламқұлға ақыры өкімет түк істей алмады ма, енді мен Сүлеймен жағындамын. Осы үшін де «Қоқанбазар» мен Алтынбесік ата сағанасы айналасындағы көп жұрттың бір де біреуінің көзіне түсірмей, тал түсте осы Сүлеймейді Исламқұлдың алдына апарамын.
– Осы үнемі бұғаудың кілтін қашан ашудың, жіп түйінін қалай шешудің мəнісін біліп жүретін жігіт-ей. Өткен жолы сені лəзіреттен қалай шығарудың да жолын осы тапқан-ды. Қане, қандай жолмен мұны Исламқұлға апармақсың? Айтшы. Ажай шарт жүгіне, қолдарын сермей, қазір ғана басына келген жоспары туралы айта бастады. Бəрі соның сөзін мақұлдағандай, бастарын шұлғып отырды. – Бізге жаңа айтқаныңдай, ең жақсы уақыт – күн шығар мезгіл. Бірақ дəл осы уақытта көшенің бас жағындағы қалың тұттың панасында Аязбек пен Төрекелді бізді аттарымен күтіп тұруы керек. Артымыздан біреулер оқ атып, қиын-қыстау шақ туа қалса, дереу қышлақтан кетуіміз қажет. – Оны қашан іске асырамыз? – Ертең болмайды. Ең жақсысы – бүрсiкүні. Ертең Аязбектер аттарды дайындасын. Ал өзім кешке сол жақты бір шолып қайтайын. Исламқұлдың да, Шалпардың да үйінде екеніне көз жеткізейін. Бəрі де ойдағыдай болса, Аязбек, Төрекелді үшеуміз саған келеміз. – Сонда мен ештеңеге араласпаймын ба? – Жоқ, Пұсырманқұл. Бала-шағаң бар адамсың. Оларды қатерге тікпей-ақ қой. Сүлеймен Бойтанның үйінде тағы бір күнді зорға өткізді. Ертесіне түс ауа қос есек жегілген арбасына мініп, Ажан келді. – Бүгін Исламқұлды да, Шалпарды да көрдім. Екеуі де үйлeрінде. Аязбек пен Төрекелді аттарымен уəделі жерде күтетін болды. Ал, енді, жатып демалайық. Құдай қаласа, азанда «Қоқанбазарға» қарай жолға шығамыз. Азанда күн шықпай, екеуін Бойтан оятты. Асығыс-үсігіс бір-екі кеседен шəй ішті де, жолға жиналды. Жолдары алыс емес. Бірақ қауіпті. Сүлеймен арбаның үстіндегі шөп астына жасырынды. Ажан қос есектің шылбырын ұстап, арба алдына отырды. – Ыһы, жануарлар. Егер бүгін екеуіңді арбамен қосып, тəжік қышлақтың ортасына тастап кетсем, мені кешіріңдер, – деп ұзын қамшысымен олардың арқаларын сабалай, қақпадан шықты. Бүгін жаңа өкімет бекіткен жаңа жылдың бiрiншi күнi. Сол өкіметтің өкімімен бұл күн он екі-он үш жылдан бері қалың бұқара үшін демалыс. Сондықтан болар, Ажан айдаған есек арба күн ұясынан шыға бере тəжік қышлақтың шетіне іліккенше, көшеде əшейін
күндері бұл мезгілде іске асығып бара жататын адамдарың бірі де көрінбеді. Қышлақ арасы тым-тырыс. Осыны пайдаланған Ажан: – Құдай біздің ниетімізге демалыс күнін тап қылғанын қарашы. Көшеде жан жоқ. Аздан соң Шалпардың есік алдына барып тоқтаймын. Өзім хабар берген ыңғайлы сəтте атып шығарсың. Қанжарыңды ұмытқан жоқпысың? – деді шөп астында жатқан Сүлейменге жəй ғана сөйлеп. – Белгі берсең болды, атып шығамын. Сен алдымен оның итін бір жақты қылуды ойластыр. – Жарайды, ит – менікі. Шалпар – сенікі. Айтпақшы, қатын, бала- шағасының да үнін өшіру менің мойнымда. Жұқа қары мұздаққа айналған айқыш-ұйқыш қотыр жолдармен біраз жүргеннен кейін Ажан «ышша» деп есектерін тоқтатып, арбадан түсті. «Келдік-ау» деп ойлады Сүлеймен. Ажан: «Шалпар, оу, Шалпар!» – деп айқайлады дарбазаны ұра. Ар жақтан қандай жауаптың шыққанын естіген жоқ, тек аздан соң: «Бері шығып кетші» деген Ажанның даусын естіді. Артынша шиқылдап дарбаза ашылды. Ажанмен шыққан адам күбір-күбір сөйлесіп, арбаға жақындады. – Не бар дедің шөптің астында? – Біраз мылтықтар мен оқ-дəрілер. Бұқардың қайқы қылыштары да бар. Көшеде арбаны ешкім көрмей тұрғанда ішке кіргізіп, содан соң саудаласайық, Шалпар, – деді Ажан. – Сонда əр мылтықты қанша пұлға бағалайсың? Кəне, көрейінші, қандай мылтықтар өзі? Орыстардікі ме, ағылшындардікі ме? – деп Шалпар арба үстінде Сүлейменді сəл ғана жауып жатқан шөптің шетін қолымен аударыстыра бастады. – Ойбай, Шалпар, ашпа шөпті! – деп шаңқ етті Ажан. – Біреу- міреу байқап қалар. – Бұл жерде мен тұрғанда, көшеге қарап ешкім мойнын созбайды. Шалпар шөпті одан бетер арши түсті. – Шалпаржан-ау, арбаны ішке кіргізейік те. Одан соң өзім-ақ шөпті аударып тастаймын. Шалпар тоқтар емес. «Қане, қайда мылтық, оқ-дəрiлерiң?» – деп арбаның ана шетіне бір, мына шетіне бір шығып, шөпті арасына қолын сұғып-сұгып қояды. Бір кезде қолы Сүлейменнің денесіне тиіп кетті.
– Жұп-жұмсақ бірдеңе жатыр ғой мұнда, – деп сол тұстың шөбін аудара бергенде, Сүлеймен оның екі қолынан шап беріп өзіне қарай тартып қалды. Шалпардың кіндік тұсы арбаның шарабасына оңбай соғылды да, бетімен шөпке етпеттей құлады. Үстіндегі шөпті басымен сілкіп-сілкіп тұра келген Сүлеймен оның қолдарын босата салып, алқымына жармасты. Ажан қарап тұрмай, қанжарын Шалпардың жауырын астына кірш еткізіп сұқты да, аяқтарын көтеріп, арба үстіне лақтырып жіберді. Сүлеймен оның қаба сақалы мен сықсиған көзін көргенде бар ашуы сыртқа атып, алақанында тұрған жуан мойынды тістене мытып-мытып жіберді. Не болғанын түсінбей де қалған Шалпар сорлы аяқтарын бір-екі рет тыпырлатуға ғана шамасы келді. – Жап үстіме шөпті. Енді Исламқұлға тарт! – Ə-ə, мұның жөні жүдə оңай келді. Жатсайшы өзің. Мұны қатарыңа жатқыз. Ажан шөптi екеуінің үстіне үйді. Арба шиқылдай орнынан қозғалды. Сүлеймен ол қашан тоқтағанша, шөп астында қырынан жатып алып, Шалпардың мойнынан қолын босатпады. Шалпардың алқымын қайта-қайта мытты. «Иттің Ажанның қанжарынан тез өле қалғанын қарашы. Біраз алысып, айызымды қандырғанымда болар еді». Көп өтпей арба тағы тоқтады. – Сүлеймен, əзірше жан-жақта ешкім жоқ. Шөп астынан тез шық та, қатарыма отыр. Исламқұлдың үйіне қатар кіреміз. – Келдік пе? Қайсы үйі? Сұмырай, үйін хан қорғанындай қып қоршапты ғой. Үйіне кіру үшін не сылтау табамыз? – Кешегі келіскен сөзімізді айтамыз да. Жүр, малай-құлдары малдарымен əуре болып жатқанда, Исламқұлдың отырған бөлмесіне кіріп алайық. Екеуі арбадан түсіп, қақпаға жақындады. Оны бір-екі рет ұрғанда іш жақтан беліне ұзын қылыш таққан бір жігіт есік ашты. – Кім керек? – Исламқұл əка оянды ма? Оянса айт, «Алайдағы Рахман бектен кісілер келіп тұр» деп. Екі қазақ кісі дегейсің. Қылышты жігіт екеуіне сүзіле қарады: – Құрбашы жаңа ғана шайға отырып еді. Рахман бектен келсеңіздер, жүріңіздер. Тіке кіргізіп жіберейін.
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 490
- 491
- 492
- 493
- 494
- 495
- 496
- 497
- 498
- 499
- 500
- 501
- 502
- 503
- 504
- 505
- 506
- 507
- 508
- 509
- 510
- 511
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 500
- 501 - 511
Pages: