Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-11-24 12:25:35

Description: Момбек Әбдәкімұлы «Сүлеймен Қарақшы»

Search

Read the Text Version

ғой. Пойыз үстіндегі атамандарды неліктен ұрғаның жайында, өзің жайында сұрайды. Ол осында жаңа келгендердің бəрін өзіне шақырта бермейді. Тек сен сияқтыларды... – Мынау Қаппардың да денесі менен кем емес. Мұны да шақырды ма? – Мен дəу болғаныммен сен секілді атым шықпаған. Сондықтан ол мені не қылсын. Өзің орысша білмегендіктен байқамайсың да. Əйтпесе дəл қазір сен туралы əңгіме түрме ішінде гулеп тұр, – деді Қаппар. – Қалай ойлайсыңдар? Қара Ибан мені бірден төбелеске шақырар ма екен? – Олай ете қоймас. Саған өзі тиісуден бұрын, итаршыларының бірін жұмсауы да мүмкін. Қалай болғанда да, қорықпауың керек. Əйтпесе итше қорлап, пəле болады. – Мені итше қорлаймын деп көрсінші. Қолында өлермін. – Жə, сабыр сақта, Сүлеймен. Оның əлі не дейтіні де белгісіз ғой. Сол күні кешке Бекмырза айтқандай-ақ, Қара Ибаннан шақыртушы келді. Құлақшындарын баса киген ұзын-ұзын екеу баракта отырған бұлардың жанына жақындап: – Сүлеймен деген кім? – деді шылымдарын бұрқыратып тұрып. – Сені сұрайды, – деді Микай реңі қашып. – Не білгілері келеді екен? Сұрашы. Микай Сүлейменнің сөзін аударып берді. – «Сені Қара Ибан шақырып жатыр» дейді. – Түсіндір бұл екеуіне. Қара Ибаның керек болса, өзі келсін. Мен оны танымаймын да. – Ойбай, Сүлеймен, тура осылай айтайын ба? Мені де қоса өлтіріп қояды ғой, – деп Микайдың жаны қалмады. – Құрысын, айтпаймын бұлай. – Сен айтпасаң, мен-ақ айтайын, – деді анадай жерде отырған Қаппар. Сөйтті де аналарға бұрылып, Сүлейменнің сөзін түсіндіріп берді. Оны естіген анау екеуінің көздері атыздай болды. Содан соң қолдарын біресе Сүлейменге, біресе Қаппарға қарата сілтей, тез-тез сөйледі де, бұрылып жүре берді. – Не деді мыналар?

– Не деуші еді. «Қара Иванға тура осы сөзіңді жеткізіп барамыз. Бүгін түнде басыңды алып кетеді ол» деп кетті. Ойбай, шынымен қазір Қара Иванның өзі келiп қалса не істейміз? О, Құдайым, сақтай көр, – деп Микай алақ-жұлақ етті. – Расында, бара салуың да керек пе еді. Ар жағын көре жатар едік, – деді Қаптар. – Неге барамын? Мен керек екенмін, Ибанның өзі келсін. – Қазір көресің, ол тағы біреулерді жібереді. Ал егер оған да бармайтын болса, ерігіп отырған неме, бар нөкерін ертіп, өзі-ақ келіп қатуы ғажап емес. О, нағыз қантөгіс сонда болады. Былтыр осындағы біреу оның шақыртуына бармай қойып, Құдай бетін аулақ қылсын, кейін Ибанның өзі келіп, жұрттың көзінше мойнын бұрап өлтірген. – Түрі тым жаман ба өзінің? – Қалай айтсам екен. Бойы біздей бар. Бірақ бізден əлдеқайда жалпақ. Ал енді түрі шынында да жаман. Қолына бір түссең, əй, Құдай біледі, сытылу оңай емес-ау. Баяғыда ауылда бір асау бура бар еді. Соған ұқсатамын со пəлені. – Ондай бураның қаншауы кездеспеді маған. Ол сұмырай мені алдына шақыртатындай не кінə тапты екен менен? Қанша алып болса да, шақыртты екен деп, алдына жүгіріп баратын қорқағың мен емес. Сүлеймен етігін шешіп, жата бергенде бағанағы екі орыс тағы келді. Бұл жолы қатарына екі адамды қоса келіпті. Олар да осал емес. Еңгезердей-еңгезердей дəу. Келе салды да əлденелерді айтып, Сүлейменді жұлқылай бастады. – Əй, əй, не керек сендерге? – «Алдымызға түсіп жүр» деп жатыр, – деді арғы шеттегі Ажанның арқасына тығылған Микай. – Не дейді? О, əкеңнің... – деп ұшып тұрды Сүлеймен орнынан. – Мені зорлап апармақшы ма? Мə, нəлеті! Өмірі өзіне ешкімді басындырмайтын Сүлеймен иығынан тартқылағанды бір ұрды. Анау жанындағы кереуеттен ары тоңқалаң асты. Оны көрген екіншісі «О-о-о» деп жақындай бергенде, оны тура тұмсықтың астынан соқты. Онысы мұз үстінде құлағандай, екі аяғы жерден көтеріліп барып, артқа сылқ етті. Екі серігінің лезде жер құшқанын көрген үшіншісі: «Ах, твою мать!» деп Сүлейменге жабыса кетті. Сүлеймен оны ұрмады. Кеудесі мен ауынан ұстап алды да жоғары тік көтеріп, анадай жерге лақтырып жіберді. Ол сорлы бес-

алты қадамдай жерде тұрған кереуеттің үстіне гүрс етіп соғылып, бірден ес-түссіз қалды. Қара Ибанның төртінші итаршысы Сүлейменнің мұнша жылдамдығы мен күштілігіне қайран қалып, көзін жыпылықтата: «Кончай, кончай» деуге мұршасы əрең жетті. Арқасы қозған Сүлеймен ақыра ұмтылғанда, ол ары қарай зып етті. Қанша жылдамдық қылса да бəрібір. Сүлеймен оның шапанының артқы етегінен шап беріп ұстады. Анаған жан керек екені. Сүлеймен етегін тартып қалғанда, шапанын сыпыра шешіп тастап, есікке қашты. Оның қашқанын көрген Сүлеймен: «Шеттеріңнен қылғындырып өлтіре салайын!» – деп орнынан тұра алмай жатқан үшеуге ұмтылды. Өзіне шын қауiптiң енді төнгенін сезген бергі жақтағысы жандəрмен кереуеттің астына тығылды. Сүлеймен оның аяғынан ұстап бері тартып, желкесінен қойып жіберді. Бұл кезде анадай жердегі кереует үстіне құлағаны белін ұстап орнынан əзер көтеріле берген. Сүлеймен кереуеттердің үстімен аттап- aттaп өтіп, оған жетіп барды. Анау екі қолын жоғары көтеріп: «Сдаюсь, сдаюсь», – деп тізерлей отыра кетті. Сүлеймен оның не айтқанын түсінбесе де, жеңілгенін мойындап тұрғанын білді. Сол үшін де қаһарынан қайтып, оны ұрмай, бері бұрылды. – Осы таяқ жегендері де жетер. Қой енді. Сүлеймен, – деді Қаппар осы кезде. Сүлеймен екі қолын көтергенді көргенде-ақ, есін жиып үлгерген. Казарма ішіндегілердің барлығы тым-тырыс күйде бұған қарап қалыпты. Бəрінің жүздерінде үрей. – Неменеге үндерің шықпай қалған бəріңнің? Қара Ибан түгілі, басқасы келсе де, көресіні көрсетем! Айда, мыналарды жабылып далаға сүйреп тастаңдар! Жүре алса, жетер баратын жерлеріне. Жүре алмаса қалсын, аязға қатып! – деп айқайлап берді. – Сөзін қазақтар түсінгенімен, орыстар түсінбеді. Сондықтан болар ешкім селт еткен жоқ. – Микай, қайдасың? Əй, қайда кеткенсің? Түсіндір сөзімді бауырларыңа! Жауап болмағасын, Сүлеймен оны іздеп жан-жаққа қарады. Бекмырза бір кереует астына еңкейіп алып, біреуге: «Шықсайшы, шық-ей», – деп отыр. – Ол пəле кереует астына тығылып алған ба? – Иə, тығылып алып, шықпай жатыр. Бұл сорлы кімнен қорқады екен-ə?

– Тура мыналар секілді күйге түскің келмесе шық бері, Микай! Микай сорлы сүйретіліп, кереует астынан шықты. – Hеге тығылып жатырсың? – Ойбай, Сүлеймен, қорқам. Қара Иванның адамдарын бұлай ешкім ұрған емес. Енді өзі келіп, шетімізден қырады-ау. Олар келсе, «қазақтарға жақтасып жүр екенсің» деп бірінші маған тиіседі. – Тиіссе, маған тиіседі. Сенде несі бар? Жаңағы айтқанымды жеткіз отырғандарға. Сөйт те, өзің бас болып, мына жатқандарды далаға шығарып тастаңдар. Қара Иваннан жүрегі қанша ұшса да, Сүлейменнің айтқанын істемеуге амалы қалмаған Микай, төрт-бес сотталушыны шақырып, сұлап жатқандарды демеп, далаға шығарды. – Ешкімнен меселдері қайтпай, əбден құтырып кеткен итаршылардың сазайын бір бердің, Сүлеймен. Бірақ ақыры не болар екен? – деді Қаппap Микайлар əлгілерді далаға алып кеткен соң. – Не болса, ол болсын. Осындағы он бір қазақ бірігіп, кім келсе де қарсы тұрамыз, – деді Ажан. – Айтпақшы, Бекмырза, сендер білуге тиіссіңдер ғой. Қара Ибан қазір бар нөкерлерін ертіп сау ете қалса, қолдарына пышақ, таяқ сияқты бірдеңелерді ала келмей ме? – Олардан бəрін күтуге болады. Сен, осы, бұл нəрсені дұрыс айттың. Уақыт өткізбей жарамды таяқ-паяқ тауып, қамданып алайық, – деді Бекмырза, – Олар келіп, сойқан салатын болса, ажыратып алатын түрме қарауылдары да болмайды түн ішінде. Өзімізді өзіміз қорғамасақ болмас. – Қара Ибан қанша адамды ертіп келуі мүмкін? – Құдай оған сабыр берсін. Көкіректiгiне салынып, сені «өзім-ақ жайғаймын, болмаса жекпе-жекке шығамын» деп келсе, өз айналасындағыларды ғана ертер. Ал егер қаһарланып: «Бəрің соңымнан еріңдер!» – десе, күллі түрмедегілер соның артынан ілесіп келері хақ. – Мен білетін Қара Ибан болса, бір Сүлейменге бола күллі түрмені көтермес. Дегенмен жаңа Бекмырза айтқандай, қолға түскенмен қаруланып отырайық. Бəрі Қаппардың сөзін дұрыс көріп, Сүлеймен мен Бекмырзадан басқа қазақтар төбелеске жарамды таяқ тауып келу үшін далаға кетті. Осы кезде аһылeп-yhiлeп Микай келді.

– Ой, Сүлеймен, аналар оңбай таяқ жепті. Барактарына қарай əрең жүріп кетті. Жоқ, өздері зорға жүрген екеуі үшіншісін сүйреп əкетті. Қазір Қара Иван келеді осында. Мен сендердің жандарында отырмай-ақ қояйын. Анау тамырларымнын жанына барайын, – деп арғы шетте отырғандарға қарай жылыстады. – Осы сүмелектің осыншама сужүректігін қайтерсің. Жаңа күлген жоқ едім, мана кереуеттің астына тығылып жатқанына енді күлкім кеп отыр. О, Құдай-ай, бұл кімнен қорқады-ай, ə? – Кімнен қорқады дейсің, Бекмырза, Өзін қазақтармен бірге жүреді деген сөз Қара Ибанға жетіп қалмасын деп қорқады да. Бұл қоянжүрек маған перəyəдшік ретінде ғана керек болып жүр. Əйтпесе мұның нағыз қорқақ, сатқын екенін əлдеқашан білгенмін. Сүлеймен осыны айтып болғанда, далаға таяқ іздеп кеткен серіктері келді. Əрқайсысының қолында бір-бір шоқпар. – Əзірге тапқанымыз осы болды, – деді Төрекелді. – Бүгінгі төбелеске осылар да жарар. Ал ертең ағаш қырқып жатқанда, сойыл дайындап алармыз. Содан қазақтар Қара Иванды қалай қарсы алу керектігін ойласып, едəуір отырды. Бірақ күткен жау келмеді. Сағат оннан асқанда жанына төрт-бес қарауылын ертіп, күзетші офицер келді. – Барлық білте-шамдарды өшіріп, жатуға дайындалыңдар! Сендер неге бір жерге жиналып алғансыңдар? А ну, давай, все по местам! – деп əкірең-əкірең етті қазақтарға. Əркім өз кереуетіне жылжыды. Он бір қазақ қатар жататын. Ең шеткі кереует – Ажандыкі. Ал оның жанында Микайдың төсегі. Микай бүгін өз төсегіне келмей, есік жақтағылардың арасына жатты. Қара Иван мен Сүлеймен бір жақты болғанша, қазақтарға қосылмайтын сыңай танытқаны ғой мұнысы. Бəрі өз орындарына жайғасып, білте-шамдар өшірілген кезде: – Қайсымыз болсақ та, қатты ұйықтап қалмай, сақ жатайық. – деді Бекмырза. – Біраздан кейін ұйықтап қалуымыз кəдік. Бірақ мынау Аязбек құс ұйқылы. Ұйықтап жатып тышқанның жорғалағаны мен шыбынның ызыңынан да оянып кететін əдеті бар. Ал, Аязбек, қорып жат бəрімізді, – деді Төрекелді. Алайда Аязбекке сеніп бəрі бірден ұйықтай қоймады. Күбірлесіп, ұзақ уақыт ояу жатты. Ал Қара Иван келмеді. Күте-күте жалыққан

Сүлеймен бір кезде қор етті. Түн тыныш өттi. Ол адамдары алдына таяқ жеп барса да, не ойлағанын кім білсін, Қара Иван түнде Сүлейменге қарсы шара қолданбады. Таңертеңгілік астарын ішіп, жұмысқа кетіп бара жатқанда Бекмырза айтты: – Түнде Қара Ибанның тым-тырыс қалғаны тегін емес. Бір нəрсе ойластырған болуы керек. Не болса да қауіпті бүгін күтейік. Бəлкім ол інінен шығып, артымыздан жұмыс орнымызға келер. – Келсе келсін, тар барак ішінде төбелескенше, кең орман ішінде алысқан жақсы. – Ойпырмай, Сүлеймен, еш қорықтайды екенсің-ау. – Əр нəрседен бір қорқатын болсам, жүрер едім ғой, өз ауылымда тып-тыныш. – Түрме іші қауіп-қатерге толы. Сонда да сақ болғайсың. Біраздан соң сотталушылар өзен жағасына жетті. Осы жерде олар күнде ағаш қырқады. Қырыққан ағаштарын өлшеп-кесіп, буып, өзенге ағызып жібереді. Сүлейменнің естуінше, топ-топ буылып, ағызылған ағаштарды өзеннің аяқ жағында біреулер тоқтатып, жағаға тартып алады екен. Əрі қарай ол ағаштарды неге жарататынын өкіметтің өзі біледі... Жұмыс басына келген соң бəрі бірден жұмысқа кірісті. Қарақұрым адам тұтаса өскен ағаштардың түбіне екеу-екеуден тұра қалып, аралай бастады. Сүлеймен Ажан екеуі бір ағашты құлатып, екіншісін аралап жатқан. Ара ағаш діңінің ортасына жеткен кезде Ажан: – Ойбай, Сүлеймен, абайла, арт жақта... – деп бақырып жіберді де, өзі бір шетке қарай ыршыды. Бір қауіптің келгенін заматта сезінген Сүлеймен де Ажан секірген жаққа аунады. Осы сəт бір дəу шоқпар бұлар қырқып жатқан ағаштың түбіне келіп сарт етті. Сүлеймен тағы бір аунап, ағаш жаққа қараса, құлақшынын баса киген дəу біреу шоқпарын тастай салып, қашып барады екен. – Кім-ей бұл?! Кім бұл?! – деді аузына басқа сөз түспей. – Екеумізді Құдай сақтады. Қара Ибанның адамдары ғой бұлар. Қапыда бір ұрып, сілейтіп тастап кетпекші де. Ойпырмай, мына шоқпар басыңа тигенде, ай, аман қалуың екіталай еді. – Қайда қатты сүмелек? Қап, қолыма түссе ғой!

Жан-жақта күдікті бір жан жоқ сияқты. Жұрттың бəрі жұмыс істеп жатыр. Ағаш-ағаштың арасынан тасалап, қашып бара жатқан ешкім көрінбейді. Оның кім екенін танымаған соң біреуді тап басып ұстау да қиын. Оның үстіне сотталушылардың бəрі бірдей киінген. Қашқынның да бұлардан айырмашылығы жоқ. – Tфу, иттің кім екенін, қайда кеткенін де білмей қалдық-ау, – деп Сүлеймен жерге бір түкірді. – Тфу, Қара Ибан нағыз ез екен. Мені алдына алып келуге жандайшаптарын жұмсайды. Одан қалса, тасадан қару кезенетін сатқындарын тағы жібереді. Еркек болса, өзі келмей ме айқасуға. – Е, Сүлеймен, бұл түрмеде біз əлі түсінбейтін көп нəрсе бар-ау. – Ерегіскенде бүгін кешке өзім барсам ба екен алдына? Қапелімде шоқпар сілтейтін содырыңды жұмсағанша, өзің жекпе-жекке неге шықпайсың деп бассалайын ба? – Бізді біреудің ұрғанын қалай дəлелдейсің? Əрі мұны ешкім көрген де жоқ. Бірлі-жарымы көргенімен Қара Ибаннан қорыққанынан куəлікке жүре қоймас. Қой, алды-артымызды абайлап, əзірше жұмыс істей берейік. Кейiн не істейтінімізді басқа жігіттермен ақылдасып көрерміз. Сүлеймен үнсіз араға жармасты. Шынында, Қара Ибанға өз аяғымен барса, оған мойынсұнғаны немесе кішірейгенінің белгісі емес пе? Оның үстіне Ажан айтпақшы, Қара Ибаның «қапияда өлтіріп кел» деп адам жұмсағанын қалай дəлелдемек? Екеуі жұмысқа қайта кірісті. Бірақ түс кезінде карауыл солдаттар дауылпаздарын соғып, ысқырып, тамаққа барар уақыттың болғанын білдіргенше, бағанағы қаскөй қайта келмеді. Coттaлушылардың бəрі бір сапқа тізіліп, алдында асхана орналасқан орталық баракқа бет алды. Əдеттегідей барлық қазақтар бір топқа жиналып келе жатты. Ажан бағанағы оқиғаны айтқан кезде Бекмырза: – Иə, осындай бір қастандықтың боларын ішім сезгендей еді. Аман қалғандарыңа шүкір. Ұрған адам өз маңдарыңда істеп жүрген біреу болуы керек, – деді. – Əп-сəтте қайда тығылып үлгергенін білмеймін. Жан- жақтағылардың бəрі алаңсыз ағаш кесіп жатқан адамдар сияқты болды. – Иə, жұмсаған адамының мүлт кеткенін естісе, иə, ендігі естіп те қойғаны ақиқат, Қара Ибан қарап жатпас. Бір сойқанды бүгін

бастайды ол. Бəрі орталық барак маңындағы асханаға келді. Алдыңғы лектегі топ асханаға жете бергенде кідіріп қалды. Ол кідірген соң аттағы саптағылар да тоқтады. – Солдаттар бізді кезектен кіргізетін болды ма, немене? – деді Бекмырза. – Мұндайлары жоқ сияқты еді ғой. Осы кезде алдыңғы жақтан: «Ух, блин, Черный Иван сидит на кухне!» – деген сөз гуілдеп кетті. – Не деп күбірлесіп жатыр мыналар? – Қара Ибан асханада отыр дейді. Ойпырай, ол мұнда тегі келмеуші еді. Түрмедегілермен бірге тамақ ішуді ұят санайды дейтін. Ананы қара, əшейінде асхананы қоршап тұратын қарауыл солдаттардың бірі де жоқ. Қара Ибаннан олар да қорқатын болғаны ма? – Не дейді? Қара Ибан отыр дейді ме? Мəссаған, міне, бұл тосын жайт, – деді Қаппар да асхана жаққа мойнын созып-созып қойып. – Иə, расында отыр-ей. Жанындағы екі дəуімен қосыла отыр. Ал қарауыл солдаттардың бірі көрінбейді. Мұнда бір гəп бар. Бізді айдап келген қарауылдар да кейін қайтып жатыр. – Сүлеймен, көріп тұрсың ба? Қара Иван асханада отыр. Жан- жақта қарауыл солдаттар жоқ. Мұның себебін түсіндің бе? Біреу əдейі осылай ұйымдастырып қойған. Қара Ибан күллі түрмедегілердің көзінше сенің сазайыңды бермекші, – деді артқы топтағы Микай жүгіріп келіп. – Мен кеттім артқа... Ал, Сүлеймен, это твой решающий момент. Чуть қорықсаң – біттің... Ойбай, ананың көзіне түскім келмейді. Ол қалай жылдам келсе, солай жылдам кетті. Оның сөзін қазақтардың ешқайсысы ары қарай жалғап, ештеңе демеді. Бəрі үнсіз. Сүлеймен өкшесін соза алға көз тастады. Төр жақта біреулер құжынап жүр. Қара Ибан көзіне түспеді. – Қаппар, сендер оны қай жерден көрдіңдер? Төр жақта кəдімгі сотталушылар топырлап жүр. Отырған ешкім жоқ сияқты. – Сол тобыр – Қара Ибанның қызметшілері. Солардың тасасынан көрмей тұрсың да оны. Алдыңғы лек баяу жылжып, асханаға кіре бастады. Сүлеймендер де ілбіп басып, бос табақтар қойылған үстелге жетті. Əр сотталушы бір-бір табақ алып, үлкен темір ошаққа кезекпен жылжып, жақындай

түсті. Темір ошақтағы қазан басында бүгін тамақты бөтен адам құйып тұр. Сабы ұзын ожауын ары-бері сілкілеп, кезектегілерге айқайлап- айқайлап қояды. Сүлеймен ошаққа жақындағанда, төр жаққа көз тастады. Төрдегі үстел үстінде түрі бөтен үшеу отыр. Құдай салмасын, пойыздағы Аркашаның дəулігі мыналардың жанында түк емес. Үшеуі де қауға сақалды. Əрқайсысының иықтарына екі кісі мінгендей. Жандарында тұрған біреулердің бойлары отырған олармен бірдей-ау. Сүлеймен ірі денелі кісілердің қаншауын көргенімен, дəл мыналардай ерекше жаратылысты адамдарды көрген емес. Ойпырай, осындай да дəу адамдар болады екен-ау. Оған қоса түрлерін айтсайшы. Адам емес, бет-аузын түк басқан қорқынышты жын-шайтанға көбірек ұқсайды. Олар отырған үстел үсті күнде жалаңаш болатын. Бүгін мата төсеп қойыпты. Əлгі үшеу алдарындағыны қарпып жеп отыр. Үлкен- үлкен сүйектерді жұлмалап, асап жатыр. Жанындағы біреулер олардың сүйектері мен шай-суларын ауыстырып, əлекке түсуде. Күнде бұл уақыттағы тамақ кезінде асхана іші айқай-шуға, дабырласа сөйлескен дауыстарға толушы еді. Бүгін бəрі тым-тырыс. Сораптап ішілген сорпаның дыбысынан басқа ештеңе естілмейді. Тамақ құюшы кішкене бойлы адам ғана анда-санда шаңқ-шаңқ етеді. Қара Ибанның мысы басып тастағандай, қазақтардың да бірде бірі дыбыс шығармайды. Қазақтар тобының алдындағы Сүлеймен екінші лектің соңынан тамақ құюшыға жақындап келіп, бос табағын ұсынды. Тамақ құюшы сорпаның тек суын ғана құйды. – Əй, қоюын қоса құй, – деді Сүлеймен қазан түбін нұсқап. – Ей, Микай, Бекмырза, қайда кеттіңдер? Түсіндірсеңдерші мынаған. Қоюын құйсын. Ешкім сөзін аудармады. Сүлеймен ары-бері қарады да: – Əй, нəлибай. Қоюын нəлибай, – деді тағы тамақ құюшыға бұрылып. Анау Сүлейменнің айтқанын осы жолы ұқты ма, бас бармағын екі саусағының арасына тығып, бұған қарата безеп-безеп қойды да, бір қолымен Қара Ивандарды көрсете, айқайлап берді. Сүлеймен табағына құйылған сорпа суын қазанға төгіп жіберді: – Əй, тағы айтам. Налибай!

Ауқат құюшы бас бармағы тығылған саусақтарын тағы көрсетіп, «кет əрі» дегендей, ұзын ожаумен мұның ішінен түртті. Бұған қорланған Сүлеймен сөзге келмей, қолындағы табақпен ананың қақ төбесінен құлаштай бір соқты. Сонша ауыр соққы тиген анау сынып түскен қазықтай, жерге шаншыла құлады. Заматта жер құша құлаған оның басынан аққан қан өне бойын лезде жуып, ақ қарға тамып жатты. Тамақ кезегін күтіп, айнала тұрғандар мына көрініске шошып кетіп, гуілдесе кейін шегінді. Ал үстел үстінде ауқаттанып отырғандар тамақ құйғыштың кейпіне қарауға дəттері шыдамай, бастарын төмен тұқыртқан күйлері тым- тырыс. Тыныштықты Сүлейменнің өзі бұзды. – Қап, Құдай-ай, бұлай ұрғым келген жоқ еді сорлыны, – деп терең бір күрсініп, қолындағы бос табақты анадай жерге лақтырды. – Əттең-ай, өзінен болды-ау. Сəл ғана соққыға қата қалғанын қарашы. Айналадағылар тырп етер емес. Тіпті бір сөз айтуға жарамай, өз орындарында қалшиып қалыпты. Осы кезде төрде отырған Қара Иван бірдеңе деп гүж етті. Алдында отырғандар дүр етіп, орындарынан көтерілді де, екі шетке ысырылды. Сүлеймен солай қарай көз тастады. Бағаналы бері адамдардың тасасынан жөнді көрінбей отырған Қара Иванның бет-əлпетін енді анық көрді. Бұқаның танауындай болып көрінетін кең танауы салбырап, алақандай екі көзі шатынап бұған қадалып отыр екен. Аузына апара берген сүйектің етін не жерін, не тастап жіберерін білмей қатуланған ол, Сүлейменмен көзі түйісіп қалғанда тағы да баж етті. Сол-ақ екен, оң жақтағы отырған бір серігі тұра келіп, үстіндегі қара күпісін шешіп, бері қарай жүрді. Бет-аузын қалың сақал басқан пəленің жүзі зəрдей суық. Бойы Сүлейменнен биік. Тістене, екі қолын ысқылай аюша қорбаңдап, бұған жақындады. Оның алп-алп басқан қадамынай үрейлері ұшқан бергі жақтағылар да кейін ысырылды. Сүлейменді бір сəтте мыжғылап тастай салатындай болған анау, кейін ысырылғандардың ішінен бойы кішкене келген біреудің желкесінен шап беріп ұстай алды. Ол сорлының үні шықпай, босанбақ ниетпен ананың қолына жармасты. Бірақ қарсыласқанын шопақ құрлы көрмеген дəу, оны көтеріп алды да, Сүлейменге қарай лақтырып жіберді. Қаңбақша лақтырылған сорлы Сүлейменге бар денесімен сарт етті. Сүлеймен екі қолын тосып үлгерген. Қағып алуға мұршасы келмеді. Ол сылқ етіп, қазандағы ыстық сорпаға түсіп кетті. Артынша жандаусы шығып, қазаннан секіріп шығып, қарға аунай

бақырып жатты. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегендей, байғұс бекерден-бекер сорпаға түсіп, күйіп қалды. Нақақтан-нақақ жазым болған оны Сүлеймен аяп кетіп, орнынан көтере бергенде, анау бұған таяп келіп, ошақтың басында жатқан ұзын ожауды ала салды да, Сүлейменді қойып жіберді. Бұл бір шетке қарай жалтарып үлгерді. Ауа құшқан ұзын ожау жанына күйігі батып, жерде бақырып жатқан əлгі жазғанның иегіне тиді. Оның заматта үні өшті. Бостан-босқа ажал құшқан оған Сүлейменнің жүрегі езіліп кеткендей болды. Оны өлтірген ананы енді тірі қоймастай қаһарланып, ақырып барып қолындағы ұзын ожауға шап бергенде, дəу кейін шегінді. Алайда қолындағысын ұстап тұруға амалы болмады ма, əлде Сүлейменнің жұлқа тартқан ерен күшіне шыдас бермеді ме, əйтеуір ожаудан оп-оңай айырылды. Сүлеймен ақырып тұрып, оның басынан ожаумен салып қалды. Анау мандайына шоқпар тиген бұқадай екі көзін жұма, басын шайқап-шайқап тұрды. Сосын дəу денесін екі аяғы ұстап тұра алмай, тізесі бүгіліп, шөге берді. Сүлеймен ожаумен бастан тағы бір соқты. Осының бəрі көзді ашып- жұмғанша уақытта болды. Сүлеймен екінші рет ұрғанда, ожаудың жуан сабы сынып түсті. Дəу ақырын шөккен бурадай, дыбыс шығаруға əлі келмей, əбден аяққа тапталып, мұз қатқаққа айналған қарға тұмсығымен етпеттей құлады. Қаумалай тұрғандар осы сəт гу етісті. Өз серігінің серейгенін көрген Қара Иван орнынан ұшып тұрып, үстелді жұдырығымен төбелеп, ақырып берді. Үстел үстіндегі тағамдар жерге шашылып, «тақтай сынып кетті. Жанында тұрған тағы бір дəу оны иығынан ұстай алып, бірдеңелерді айтты. Сірə, жұбатқан болуы керек. Қара Иван оған қарап тұрып, Сүлейменді нұсқай дік-дік етті. Жанындағысы сыртқы киімін сыпырып тастап, ортаға атып шықты. Онысы да əлгіден кем емес. Одан жуандау көрінді. Алақандары күректей. Салалы ұзын саусақтарының əрқайсысы кішкене баланың білегіндей. Оң жақ бетінде кішкене арықтай созылып түскен тыртық орны бар екен. Қалың сақалы сол тыртықты жаба алмай тұр. Қастары өсіп кеткен шаш секілді, екі қабағын жапқан. Мұрны бүркіт тұмсығындай доғал əрі ұзын. Еріндері есек ерніндей. Екі қөзінің қарашығы жоқ секілді. Жанарының іші тұздай көкпеңбек. Кез келген адам онымен алыспақ түгілі бетіне де қарауға қорқатындай. Қазандай

басына ілінген құлақтары кішкентай-ақ. Құдды бір олар бастың екі жағына ілініп тұрған үлкен қал сияқты. Иегі мен басы тұтасып кеткендей, мойны көрінбейді. Домаланған зор кеудесі бидай толы үлкен қанардай дөп-дөңгелек. Қолдары тым ұзын, тізесіне жетеді. Дене-тұрқы тым оғаш, белі мен мықынына ешбір жiгiттiң құшағы жетпестей жуан келген ол, аузынан түкірігі шашырап, ошақ басына жетіп келді. – Выйди сюда! – деді сосын Сүлейменге шетті нұсқап, – я тебя сейчас отправлю на тот свет! Сүлеймен оның сөзін түсінбесе де, не айтып тұрғанын ұғып, сол меңзеген шетке шықты. – Шапаныңды шеш, Сүлеймен, – деді осы кезде артта тұрған Қаппар. – Алысуыңа жеңіл болады. – Қонышында пышағы болуы мүмкін, абайла, – деді екінші болып Бекмырза. Қазақтардың бір-біріне кеңес айтып жатқанын сезді ме, Қара Иван жанындағыларға айқайлап, əлдене айтты. Артынша қасындағылар жəне екі шетте тұрғандар шулап, ысқырып, анаған дем бере жөнелді. Осы айқайдан делебесі қозған дəу шапшаң қимылмен Сүлейменнің жағасына жармасты. Бұл шапанын əлі шешiп үлгермеген еді. Жағасына жармаса кеткен оған тойтарыс бере алмай, кейін шегінді. Осыны пайдаланған ол, мұны итеріп құлатпақ болды ма, күшене алға ұмтылды. Бірақ Сүлеймен екі қолымен оның шынтағына жармасып, алға жүргізбеді. Анау айлалы екен. Осы мезет Сүлейменді шалып жіберіп, бір қырына құлатты. Құлап түскен Сүлейменнің үстіне қона кетіп, тамаққа жармасты. Бұл дереу оның екі білегінен ұстап, оңға аунап кетті. Онымен бірге аунаған дəу де лып етіп тұра келіп, жатқан Сүлейменнің тізесінен бір тепті. Тепкі тиген тізесі бірден жансызданған сияқты болды. Сонда да болса шапшаң күйде бері қарай тағы бір аунады. Анау тағы да тепкіледі. Сүлеймен ары-бері аунап, денесіне тепкі дарытпауға талпынды. Алайда ұзын аяқтың тепкілерінен құтылу мүмкін болмады. Бірі тимесе де, бірі тиіп жатыр. Бұлай жалғаса берсе, өзінің оңбай қалатынын сезген Сүлеймен ананың екі аяғын құшақтай алды. Тыпырлап қалған анау еңкейіп, мұның желкесін тоқпақтады. Жандəрмен қимылдаған Сүлеймен орнынан сəл көтерілді де, құшағындағы аяқтарды өзіне қатты тартты. Қарсылас шалқалай гүрс етті. Сүлеймен атылып барып, оны басып

қаламын дегенде анау екі тізесін жиып тұрып, мұны кеудеден бір тепті. Тепкісі оңай болған жоқ. Сүлеймен бес-алты қадамдай жерге ұшып түсті. – Уа, Сүлеймен! Өзіңе жақындатпай, алыстан, алыстан соққы берсейші! – Аяғына жармасып, жерге жық та, бас-көз демей тепкіле! – деп айқайлады осы кезде қазақтар. Қара Иванның адамдары да қарап тұрмады. Өз серіктеріне дем беріп, айқайлап жатыр. Олардың айқайынан қазақтардың сөздері бірте-бірте Сүлейменге естілмей қалды. Соққыдан ұшып кеткен Сүлеймен бойын тіктеп алғанда, қарсыласы да орнынан тұрды. Ол екі қолын кеуде тұсына ұстай жақындап, құлаштай соқты. Сүлеймен басын тартып қалғанымен, соққы иек астына тиді. Пəленің қолы шоқпардай екен. Сүлеймен төрт-бес қадам тəлтіректеп барды. Бірақ құламады. Дəу тағы бір ұрсам құлатам деді ме, алшаңдай басып қолын көтере бергенде, бұл мұрын тұстан тіке соқты. Қарсыласы мұндайды күтпесе керек, шалқалап барып құлауға шақ тұрды да, қолын сермеп жіберді. Бұл жолғы соққысы Сүлейменнің құлақ шекесінен тиді. Көзі қарауытып кеткен Сүлеймен сылқ түсуге əзер қалды. Осы сəт қаны басына шапшыған бұл оған атылып барды да, алқымнан алды. Дəу қарсыластың түкке шамасы келмей тізерлей берді. Сүлеймен бас-көз демей тепкілеп, дəу немені есінен тандырып тастады. Ең жақын екі серігінің жарамсыз күйде қалғанын көрген Қара Иван осы кезде атып тұрды. Тонын шешіп лақтырып жіберді де, қорбаңдап Сүлейменге таяды. – Тебе конец, чурбан! – деп айқайлап, бірден шабуылға шықты. Сүлеймен таудай боп үйілген қардың жанында тұрған. Қара Иван өзін құлаштай соққанда, еңкейіп қалды. Қара Иванның қолы үйілген қарға қазықтай боп, кірш қадалды. Осы сəт Сүлеймен оның бүйрек тұсынан бір қойды. Қара Иван екі бүктетілді. Сүлеймен оны тартып жерге жықты да, ой, соққылады-ай кеп. Қара Иван түк қарсылық көрсете алмады. Денесі ірі болғанымен қопал екен. Аяқ-қолдарын құры бекерге ербеңдеткеннен басқаға қауқары жетпеді. Аздан соң қимылсыз жатты. Ашудан өз-өзінен шығып кеткен Сүлеймен оның талып қалғанын да елемей желкесінен тартып, анадай жердегі дəу

ошаққа қарай сүйреді. Сол сүйрегеннен сүйреп барып, қара Иванның басын ошақ астындағы отқа апарып бір-ақ тықты. Осы кезде жан-жақтағылар бұрынғыдан бетер гуілдесті. Оған елең еткен Сүлеймен болмады. Қара Иванды өлтірмей тынбайтындай оның басын ғана емес, күллі денесін отқа қақтайын дегендей, бір қолымен ананың беліне жармасып, оны отқа итере түсті. Жаңа ғана талып қалған Қара Иванның басы ошаққа тығылған соң жаны қайта кірді ме, жер жара өкiрiп, аяқтарымен Сүлейменді тепкілей, қазан астынан шығуға талпынды. Жан беру – кімге болса да қиын. Сүлеймен оның басын шоқ үстінде ұзақ ұстап тұрам деп қанша əрекеттенсе де, ол ары-бері тепсініп, ақыры ошақтан басын суырып алды. Сақалы жанып, бет-аузы аршылған шиқандай, қып-қызыл болып күйіп кетіпті. Оның осы адам көргісіздей жүзін көргенде айналадағылар гу етісті. Бірақ бірде-бірі көмекке ұмтылмады. Өкіріп жатқан Қара Иван қолдарымен күйген бетін жаба берді де одан бетер ақырып, қолдарын тартып алды. Шоққа күйген бетті ұстауға келуші ме еді... Сосын өзінің осындай күйге түскеніне намыстан жарылардай болды ма, əлде, соққы əбден жанына батқанда, соңғы күшін көрсететін қайсар баһадүрлердей күй кешті ме, əйтеуір айқайлай көтеріліп, Сүлейменді бір ұрып, құлатып түсірді. Бұл одан мұншалықты жылдамдықты күткен жоқ-ты. Қара Иван қалай жылдам ұрса, сондай шапшаңдықпен мұның үстінен басып, төмпештей бастады. Бұл басын қорғалап, бір қолымен оның иегіне жармасты. Күйген иегі шоқтай ыстық екен. Жаралы иегін Сүлеймен ұстай алғанда, жарақаты жанына бұрынғыдан да бетер батқан Қара Иван «а-а» деп тағы жандаусы шықты. Сөйтіп тұрып, Сүлейменді құлақшeкeдeн салып қалды. Сүлеймен бағанағыдай тағы ессіз қала жаздады. Бірақ басын тез-тез сілкіп жіберді. Қара Иван ошақтан шыққанда кеудесінде оған деген бір аяныш сезім оянғандай болған еді. Енді ол жоғалып, қаһарына қайта мінді. Тістенген күйі құбыжық бейнеге түскен Қара Иванның бетінен аямай соққылады. Күйіктің əсерінен терісіне əзер жабысып тұрған оның бетінің еттері мыжғыланып, салбырап-салбырап қалды. Тіпті бір-екі үзім ет үзіліп- үзіліп түсті. Алайда оған қараған Сүлеймен болмады. Дереу орнынан көтеріліп, бір қолымен Қара Иванның желке шашынан, бір қолымен белінен ұстады да тағы да ошаққа сүйреледі. Анау сорлы қанша тырбаңдаса да, қарсыласуға əлі келмеді. Сүйреленген қабандай мұның

ырқына көне берді. Сүлеймен оны сол сүйрелеген бойда қазан ішіндегі ыстық сорпаға тықты. Басы қазанда, белі ошақ жиегінде қалған Қара Иван сорлының мықынын қозғалақтатқаннан басқаға хайласы қалмады. Өлу оңай ма. Екі қолымен өз желкесін ұстаған Сүлейменнің қолына жармасты. Сонда да түк қыла алмады. Сүлеймен болса, екінші қолымен оның бүйрек, өкпе тұсынан өлгенше ұрды. Қатты ашуланғанда жалаң қолының өзі сойылдай болып тиетін Сүлейменнің соққысына төтеп бере алмаған, əрі сорпа ішінде тұншыққан Қара Иван ұзақ шыдамады. Əлден соң ошақ жиегіне бүктетіліп жатқан күйі жантəсілім етті... Кеудесін ашу буған Сүлеймен ол өліп қалды деп бірден тынышталмады. Қара Иванның басын қазаннан суырып алып, өзін шетке лақтырып тастады да, төр жақта топтанған оның жақтастарына шапты. Бір емес, үш басшысының жеңілгенін көрген жандайшап тобыр қатары сетіней, жарыла қашты. Бір-біріне соғысып, кейбірі сол жерде-ақ құлап түсті. Құлап түскендердің екеуін Сүлеймен шап беріп, бір-біріне соғып, сылқ еткізді. Одан соң тағы біреулеріне ұмтылды. – Ойпырмай, мынаны қалай тоқтатсақ екен? – деді Бекмырза Төрекелдіге жалтақтай қарап. – Мына түрімен тағы біреулерді жазым етпесе игі еді, – деді Қаппар. – Өзгелерден бұрын өзі де бірдеңеге ұшырап қалмаса де. Аязбек ошақ маңындағы су тола шелекті ала салып, Сүлейменге жүгірді. Бұл кезде Сүлеймен Қара Иванның адамдарын ғана емес, қарсы алдынан кездескендердің бəрін соққылап, аласұрып жүрген. Құдды бір оны қой арасында ойнақ салған қасқырдай дерсің. Ол жақындай бергенде шеттегілердің бəрі жапырлай қашып, тұс-тұсқа безіп кетеді. Микай бастаған төрт-бесеу Төрекелдi мен Ажанның артына келіп тығылды. Оны көрген басқа біреулер де, бұлардың пана жағына келіп тұра қалысты. Бір байғұстар асханадағы тамақ ішетін ағаш үстелдердің астына тығылды. Сөйтіп, жаңа ғана Сүлейменнің дəулермен төбелесін қызықтаған мыңдаған адам енді оның өзінен қорқа қашып, шат-шəлекейлері шықты. Аязбек су тола шелекті көтеріп, Сүлейменге жақындағанда, ол біреудің мойнын білегімен қапсырай құшақтап, қылқындырып жатқан. Сөз жоқ, анау сорлы өлуге шақ еді. Аязбек Сүлейменге бір

шелек мұздай суды шашып жіберді. Бетіне мұздай су тиген Сүлеймен: «О-о-о» деп тітіркене басын сілкіп, есін жиды да, қылқындырып тұрғанын жібере салды. – Есіңді жи, Сүлеймен, есіңді жи! Енді саған қарсы тұрар ешкім жоқ. Сүлеймен бетіндегі суды сүрте Аязбекке бір, əр жерде теңкиіп- теңкиіп жатқан жаралыларға бір қарады. Сосын сонaдaй-сонадай жерлерде топтанып, өзіне қарап тұрғандарға көз салды. – Мыналардың бəрін мен қираттым ба? – Бұлардың Қара Ибаннан басқасы өлген жоқ. – Қап, Құдай-ай, ешкімге қол көтермей, қанша тыныш жүрейін десем де болмайды-ау. – Енді қайтесің? Ибанды сен өлтірмесең, ол сені өлтірер еді. – Үстімдегі шапаным қайда? Дене-денемнің бəрі мұздап барады. Əй, неге мен оны өлтіруге тиіс едім... – Қапаланба, Сүлеймен. Қара Ибан бағана осы асханаға сені өлтіру үшін əдейі келген. Мықтылық қылмағаныңда, оның орнында қазір өзің жатар едің. – Құдай ақы, мен оны өлтірем деп ойламадым. Таяқтап тастайын деген шығармын. Қап, осы бір ашулансам, денеме қатты соққы тисе, көзіме түк көрінбей кететіні несі екен-ей... – Жаның таза екен, Сүлеймен, – деді осы кезде бұған жақындаған Қаппар сөзге араласып. – Бір тентектер бар, біреуді жықса, болмаса өзі зəбір көрсетіп өлтіріп қойса, «менен өткен күшті жоқ» деп масаттанатын. Сен болсаң, өзі тиісіп, өзі ажал тапқан адамды аяп, өкініп тұрсың. Қайтесің, «Жауды аяған жаралы, болмаса қазалы» деген. Сен тек қорғандың... Қаппар сөйлеп тұрғанда, шеттегі соттаушылар шу етісіп, қатарласа бастады. Сүлеймен қараса, жаңа бірі де көзге түспеген солдаттар арғы шеттен жүгіріп келеді екен. Олардың артынан жанында үш-төрт қарулы солдаты бар түрме бастығы көрінді. – Мана Микай біліп айтқан екен, – деді Төрекелді. – Осы төбелесті түрме бастығы əдейі ұйымдастырыпты. Əйтпесе түзге отырғанымызға дейін аңдып тұратын солдаттардың неғып жаңа бəрі кетіп қалды? Аяр бастық саған енді ауыр жаза қолданып жүрмесе болғаны.

Жүгіріп келген солдаттар басқаларға қараған да жоқ. Бəрі келіп, Сүлейменді қоршай тұрды. Олардың артынан жеткен түрме бастығы ошақ маңында сілейiп-сілейіп жатқандарға кезек-кезек қарап, басын шайқады. Содан соң қасындағы өзі секілді шенді біреуге бірдеңе деп бұйырды. Онысы солдаттарға қарап, бірнəрсе айтты. Үш-төрт солдат ошақ басында үюлі жатқан жаман палаткаларды алып, Қара Иванның бетін жапты. Қалған жаралыларды зембiлге салып əкетті. Сүлейменнің қолына кісен салып, алға сүйреді. Солдаттар Сүлейменді бастықтың алдына əкелді. Бастық топ ішінен Микайды алдырды. Микай тілмəш қой. – Төбелесті кім бастады? – деді бастық. – Өздері тиісті. – Сен өзің алдымен тамақ құюшыны ұрып, қан-жоса етіпсің ғой. – Ол мені балағаттап, намысыма тиді. – Оны ұрмасаң да болатын еді, – деді бастық көздері шатынай. – Оңбағанға саған «тиicпe» деп едім... Қара Иван бірдеңе деген де. Ал енді осындай ісіңнен кейін атылып кетем деп қорықпайсың ба? Tфу, несіне сөйлесіп тұрмын сенімен. Атыласың! Сөз жоқ атамыз. Айда, заприте его в одиночку. Остальным на работу. А трупа закопайте! Төрт солдат Сүлейменді итергілеп, айдай бастады. – Азамат бастық! Мыналар мені айдамасын. Айдайтын болса, осы жерде атып тастаса да, бір қадам жүрмеймін. Алдымда жүрсін. Айтқан жерлеріне өзім барамын. – Ух ты, упрямый какой. Ладно, идите вперед. Бастық айтқан соң төрт солдат алға түсті. Сүлеймен соңынан ерді. Күренді жолмен солдаттар мұны бірінші келгенде отырған баракқа əкелді. Бірақ көп адам жататын камераға емес, тас еденді, жататын кереуеті де жоқ, суық, əрі тар бөлмеге қамады. Сол камерада үш күн жатты. Үш күн ішінде қарауылдар бір үзім нан түгілі, бір жұтым су да бермеді. Төртінші күнге қарай екі солдат түрме бастығының алдына əкелді. Ерінінен шылымы түспейтін бастық бөлмесін көк түтінге толтырып, əр кездегідей қатулы отыр. Жанында Микай: – Қалай, қабан? – деп сұрады бастық Сүлеймен алдыңғы орындыққа жайғасқан соң. – Сендерде, қазақтарда күшті адамды қабан дей ме, ал бізде ондайды осылай атайды. Əлде азиаттарда оның басқаша атауы бар ма? Мейлі, сайтан алсын, азиаттардың қалай

атайтынын. Одан да маған əнеукүнгі асханадағы төбелестің мəн- жайын айт. – Мынау Микай, бір Микай емес-ау, сондағы жұрттың бəрі куə. Оларға мен өздігімнен тиіспедім. Төбелесті өздері бастады. – Сүлеймен оқиғаның қалай болғанын шама-шарқынша түсіндіріп берді. – Менің бір əдетім жаман. Намысыма, жыныма тиген адамға бір ашулансам, өлген-тірілгеніне қарамай төпелеп тастаймын. Осы жолы да ашумен төбелесіп жатып, олардың қалай соққы жегендерін де білмеймін. – Иə, – деді бастық сұрланған қалпын өзгертпей, – Иə, шынында мықты жігіт екенсің. Оларға қарсы шыққан бірде-бір адам осы күнге дейін аман қалған емес. Бұл спектакльде сен жеңіп шықтың. Есіңде ме, «сол үшеуін жеңсең, еліңе қайтарамын» дегенім. Неге сонша таңырқай қарайсың? Менің ішкі есебім орындалды. Ол есеп жайында сен білмей-ақ қой. Бүгін түсте бір топ солдаттар сені станцияға дейін жеткізіп, Тəшкентке қарай кететін пойызға салып жібереді. Документтеріңді дайындап қойдым. Сені ерте босатуға шешім қабылдаған өзім. Бірақ ешкімге «үш дəуді жеңгенім үшін түрме бастығы ерте босатып жіберді» деп айтушы болма. Осы сөз аузыңнан шықса бірінші – өзің, екінші – мен құримын. Заман, заң жаман дегендей... Саған айтарым, өз еліңе барма. Қазақстанда басқа қалалар көп қой. Соның біріне бар. Ə, айтпақшы, Тəшкентті жақсы білесің бе? Тура сонда тарт. Тағы да ескертемін. Аузыңнан артық сөз шықпасын! Сендей қайсар адам сертке де, сырға да берік болуы керек. Ал, қош бол енді. Күштілігіңнің арқасында Сібірдің дəмін көп татпадың. Тағдырыңа рахмет айт. Бірақ бұдан былай өкіметке қарсы шығушы болма. Дəл осылай болады деп, үш ұйықтаса да түсіне кірмеген Сүлеймен, мына ұсынысқа не айтарын білмей абдырады. Тек: – Шын айтасың ба, бастық? – деген сөз аузынан əрең шықты. – Ой, Сүлеймен! Бастық, əрине, шын айтады. Уай, қандай жолың болды. Міне, бақыт, азаттық деген осылай аяқ астынан келе салады. Ух, қандай қуаныш! – деп Микай түрмеден өзі босанғандай атып тұрып, мұның қолын алды. – Қап, Құдай мені сендей күшті қып жаратпапты. Əйтпесе, басекеңнің көңілінен мен де шығар едім. – Бұл əңгіме түрме ішіне тарап кетпеуі үшін Микай, сен де Сүлейменмен бірге бостандыққа шығасың. Екеуің бірге қайтасыңдар.

Бірақ сен де Верныйға, то есть Алматыға емес, басқа қалаға кет. Содан соң сен де аузыңа ие бол. Ие болмасаң, осында қайтып келесің. Сонда күніңнің не болатынын білерсің. Микай да бастықтың сөзіне сенер-сенбесін білмей, аузы аңқайып біраз тұрды: – Садағаң кетейін, азамат бастық. Құдайдан кейінгі рақымды жан сіз екенсіз, – деп аяғына жармасты. Бастық оның еңкейген басын итеріп жіберді. Сөйтті де дереу түсін жылытты: – Бізде жүрек жоқ деп ойлайсыңдар-ау сендер. Біз де адам баласымыз. Міне, көрдіңдер ме? Заңды аяққа басып, сендерге рақымшылық жасап отырмын. Ей, конвой, жолға дайындаңдар мынау екеуін! Екі солдат келіп, Сүлейменнің қолындағы кісенді шешті. Сүлеймен шығуға ыңғайланды. – Рахмет сізге, бастық. Аман тұрыңыз. – Өздерің де аман болыңдар. Солдаттар екеуін камераға емес, басқа бір бөлмеге əкелді. Бөлме іші жылы. Кереуеттері мен орындықтары бар. Ойы ойран-асыр болған Сүлеймен босанатынына əлі сенбеген күйі бір орындыққа отыра кетті. – Микай, бізді шынымен босатты ма? Микай сорлы көз жасын əлі тыя алмай тұр. – Əрине, əрине, Сүке. Түрме бастығы өтірік айтар деймісің. – Əй, сенбеймін. Солдаттар орман ішінде екеумізді атып тастай салса, қайтпекпіз? Микайдың жүзі сұрланып кетті. – Ə-ə-ə, ол да мүмкін-ау, – деді үні зорға шыға. – Бірақ... Есік ашылып, жаңағы солдаттар тамақ, нан алып кірді. – Жақсылап қарындарыңды тойдырып алыңдар. Біраздан соң жол жүреміз. Басқа сөз айтпастан екеуі тамаққа бас қойды. Оны ішіп болғанда, солдаттар тағы кіріп, бұлардың түрмеге киіп келген киімдерін əкелді. – Киініңдер! Екеуі түрме киімдерін шешіп, өздерінікін киді де коридорға шықты. Екі солдат бірден сыртқа бастады. – Əй, Микай, мыналар іштегі достарымызбен қоштасуға мұрсат бермей ме? – Солай сияқты.

– Мұнымыз жараспады-ау. – Қайтеміз. Өз еркіміз өзімізге əлі тиген жоқ. – Қап, жаңа бастықтан осыны өтінбеппін-ау. – Ол бəрібір келіспейтін еді. Сыртқы түрмеден шыға беріс есік алдында төрт қарулы солдат тұр екен. Іштен шыққан офицердің бірі оларға бір қағаздар мен біраз ақша берді. – Тура пойызға салып жіберіңдер. V Айдан аса уақыт өткенде, Сүлеймен Тəшкенге жетті. Түрме қақпасынан шыққанда бастық қулық ойлап, жолай солдаттарға бізді аттырып тастайтын шығар» деген қаупі бос екен. Төрт қарулы солдат орман ішімен бір жарым күн айдап, қолдарына əлдебір қағаз, аз ғана ақша ұстатып, пойызға салып жіберген. Пойызға мінгенде жылпос Микайдың қуанғанын айт. Сүлейменді құшақтап, қайта-қайта сүйе берген. Шошқа артқан жамау-жасқаулы тесік вагонның суығын елемей, əйтеуір түрмеден құтылғандарына қуанған екеуі он бес күнде Қарағандыға жетті. Микай сонда қалып, Сүлеймен басқа пойызға ауысқан. Содан жүре-жүре, міне, Тəшкенге де жетті. Жолда бұдан құжат сұрап, ешкім мазаламады. Тек Шымкент стансасында бір мілиса бұған ұзақ қарады. Сүлейменге ол да таныс көрінген-ді. Бірақ қай жерде көргенін есіне түсіре алмады. Ал мілиса жақындауға батпады-ау деймін, қарап-қарап тұрып, басын шайқады да ары кетті. «Қазір қасына біреулерді ертіп келіп, мазамды алатын шығар» деп қобалжып еді бұл. Алайда, мілиса сол кеткеннен зым-зия жоғалды. Бір ай бойы «Тəшкенге жетсем, баяғыда Қоқанда өзі өлтірмей жіберген, ақырында қан ішісіп, анда-дос болған Құрақты іздеп табайын. Күн көруіме сол жəрдемдесер. Бəрі жақсы болып, жолыма аз-маз пұл тауып алсам, Қоқанға барып, Дилданың жағдайын білейін» деп ойлап келген. Тəшкенде күн жылы. Жайқалған көктем. Мұнда жеткесін, бірден өрікзар маңындағы «Алай» базарына барып, Андақұл, Сыбанқұл деген делдалдарды іздеп тапты. Олардан Құрақты сұрады. – Құрақтың кiмi боласың? – деді өзін Сыбанқұлмын деп таныстырған түрі сартқа ұқсас ұзын бойлы делдал. – Танысың ба, əлде жекжатың ба? – Қазығұрт жақтан келген жекжаты едім. Атым – Сүлеймен.

– Онда, Сүлеймен, ертең кел. Мен оған хабар берейін. – Тəшкенде қонатын жерім жоқ. Бүгін-ақ ертіп барсайшы. Болмаса айт, қай көшеде тұратынын. – Түріне қарасам, кісі қорқатындай адам екенсің. Сенің кім екеніңді білмей жатып, оған ертіп бара алмаймын. Жататын жерің жоқ болса, бір күнге амалда. Анау шайхананың жанында қонақүй бар. Жамбаспұлын берсең, неше күн десең де жатқызады. – Уай, соған төлейтін жамбаспұлым да болмай тұр. Illайханшықты танысаң, бір күн жатқыза тұр. Қарызымды ертең Құрақтың өзі-ақ төлер. – Ол сорлы қарызыңды төлеуге қайдан шамасы келсін. Жатқан жоқ па, төсекке таңылып. Əй, қойшы, Шымкент жақтан келетін аш- жалаңаш сұраншақтардың тыйылғаны кеше ғана еді. Əлі елдеріңді аштық пен жұт жайлап жатыр ма? Пұлың жоқ болса, жатпайсың ба ауылыңда, құйрығыңды қысып. О несі-ай, бұрыннан танитындай маған жабысқаны. Қонақүйге баруға пұлың болмаса, ат қораға бар. Бір түн шөп төсеніп жатсаң да өлмейсің. Тəшкенді Сүлеймен өз елі санап келген. Ілгеріде біраз уақыт тұрғанымен, бұл қаланы жақсы білмесе де, бұрыннан солай санайтын. Енді сол еліне келіп, қайдағы бір сартқа айнала бастаған өз қазағынан осындай кею сөз естігенде, кеудесінен ашу лықсып шыға келді. Бірақ өз-өзін ұстап, кері бұрылды да, бұрыштағы шайханаға келді. Шайхананың ішінде адам көп. Шеткі нар үстінде бір топ қазақтар отыр. Сүлеймен соларға жақындады. – Аман-сау барсыздар ма, бауырлар? – деп амандасты қолын кеудесіне қойып. – Өзің бақуат бармысың? Кел, қатарға жайғас, – деді төрдегі егде кісі. Сүлеймен дастарханның шетін ала жайғасты. Отырғандар бір сəт əңгімелерін доғарып, бұған үнсіз таңдана қарады. Біреуі кесемен шай ұсынды. – Қайдан, қай ауылдан келген жігітсің, қарағым? Бұрын-соңды өзіңдi бұл базарда кездестірмеген сияқты едік, – деді егде кісі Сүлеймен олар құйылған кесені алып жатқанда. – Қазығұрт жақтанмын. Руым – жаныс. Төле бидің алтыншы ұрпағымын. Өздеріңіз қай жақтан келіп едіңіздер?

– Келестің аяғындағы Бардыүңгір үстіндегі Елбақ-қойбақ еліненбіз. Қоңыраттың Байларынан тараймыз. Ал анау екі шеткі кісі Жылғаның сіргелілері. Əр жұмада осында мал айдап келіп, саудалап кететін дағдымыз бар. Бейтаныс қазақ дастархан үстінде бір-бірінің атын сұрастырып отырушы еді. Ныстың кім болды? Сүлеймен атын айтты. Егде кісі де отырғандардың жағалай аттарын атап, таныстырып шықты. – Мұнда мал айдап келдің бе, əлде алымсақпысың? – Жоқ, Құрақ деген танысымды іздеп келіп едім. «Осындағы Андақұл, Сыбанқұл деген делдалдарға кездессең, мені тауып береді» деп еді өзі. Оларды табуын таптым-ау. Бірақ əне бір Сыбанқұл дегені қисайып, жөнін айтқысы келмейді. – Cұрап жүргенің қайсы Құрақ? Оразкелді Құрақ емес пе? Нақ сол болса, естуiмiзше, оны жөйіт Бекабаның бандылары ұрып, мүгедек етіп тастапты. Соққыдан жұлыны зақымданып, саржамбас боп жатып қалғанға ұқсайды. – Анығы солай ғой, – деді ортадағы мұртты кісі. – Дені сау болса, жүрер еді күнде осы базарда. – Бандылар не үшін ұрыпты? – Кім біледі. Қит етіп, бас көтерген қазақты қоймайды олар. Сүлейменнің есіне Құрақтың Қоқанда айтқан əңгімесі түсті. «Сені өлтірмесем, Бекаба мені бала-шағаммен қосып қырып тастайды. Өзіңді өлтірудің орнына қан ішісіп, дос болдық. Енді Тəшкенге барған соң өзім мен бала-шағамды Бекабадан қорғауға тырысармын. Жүдə болмаса, бір өтірік айтып, ақталармын оның алдында» деген еді. «Жазған, бəрібір Бекабаның қаһарына ұшыраған екен ғой». – Бекаба Құрақтың бала-шағаларына зияндық істемеп пе əйтеуір? – Отырғандар Сүлейменнің сұрағының мəнісіне түсінбей, бұған сұраулы жүзбен қарасты. Бірақ бұл Құрақ екеуінің арасында болған оқиғаны айтпай, əңгіме арнасын басқа жаққа бұрды: – Мен Бекаба дегенді көп естігенмін. Ол қандай адам өзі? Көргендерің бар ма? – Оны кім көріпті дейсің. Ұзынқұлақтан білуімізше, Тəшкендегi бандылардың құдайы екен. Ертең көресің, базар қызған кезде оның жандайшаптары осы жерде өріп кетеді. Момын, жуас қазақтардың пұлдарын тартып алып, əлімжеттік жасайды. Қараман мен Парманқұл сотталып кеткелі бері олар тым құтырынып кетті. – Қараман, Парманқұл дегендер кімдер?

– Ə, Тəшкенде осындай қарақшы қазақтар бар еді. Екеуі құтырынған сарттар пен таулықтардың сазайын əбден-ақ тарттыратын. Жақында мілисалар екеуін де ұстап, абақтыға қамап қойды. Əттең, енді солардың орнын басатын бір батыр шықпай жүр. Егде кісі осыны айтып, бір күрсінді. Осы кезде базар шетінен бір шу шықты. Отырғандар сол жаққа мойын бұрды. Базардың кіре берісінде арба жегілген қос өгізді жетектеген бір қазақты екі қашқарлық жабылып ұрып жатыр. Арба үстіндегі киіз, киім-кешек, арқан секілді бұйымдарды басқа бір қашқарлықтар талап, екінші арбаға тиеп алуда. Базар дарбазасының арғы шетінен шыға келген əлдеқандай жас жігіт таяқ жеп жатқан қазаққа болыспақ еді, анау екеуі жабылып, оны да ұрып тастады. Ол екеуіне арба үстінде тұрған сарттар секіріп түсіп, қосыла кетті. Қайдан келгені белгісіз, қазақтың бір жас қатыны бажылдап келіп, оларды жұла берді. Бірақ аналар оны əйел деп аяған жоқ. Қосыла сабап, сілейтіп тастады. – Міне, Бекабаның адамдары, – деп қалды отырғандардың бірі. Таяқ жеген қазақтар үшін Сүлейменнің қаны қызып отырған. Жігіттен кейін сұлап түскен əйелді көргенде тістеніп, атып тұрды. Нардан секіріп түсті де, соларға қарай жүгірді. Бұл арба маңына жеткенде, екі жігіт əйелді тепкілеп жатқан. Сүлеймен ай-шайға қарамады. Жетіп барған күйі біреуінің желкесінен ұстап алып, басын арба дөңгелегіне бір соқты. Екіншісін құлаштай соғып топырақ құштырды. Жердегі қазақты екілене тепкілеп жатқаны да, қалай жер қапқанын өзі білмей қалды. Тағы бірінің «аһ» деуге үні келмей, бір серігінің үстіне құлады. Бесіншісі де солардың кебін киді. Осылайша əп-сəтте бесеуін жайғаған Сүлеймен алтыншысына ұмтылды. Онысы сақалы беліне түскен, ұзын бойлы, тарамыс кісі екен. Демнің арасында жер құшқан өз адамдарына бір қарап, арбаны айнала қашты. Сүлеймен қуып берді. Анау жылдамдау екен. Қос арбаны айнала, зырылдай қашып жеткізбеді. Арбаларды тағы бір айналып қашты да, оның біреуінен ұзын бесaқаны суырып алды. Бесақаның сабын бір қолтығына қысып, айырын Сүлейменге қарата қарсы шапты. Сол екпінмен келіп, бесақаны Сүлейменге сұғып алар ма еді, егер бұл жылдамдық қылып, қарнына таяп қалған айырға шап бермегенде.

Шап берді де, айырды шетке тартып жіберді. Айырдың сабынан қатып ұстаған анау екпінмен Сүлейменнің кеудесіне сақ етіп соғылды. Бұл оның жауырынынан қапсыра құшақтап, мытып-мытып, жерге бір- ақ ұрды. Өстіп, алтыншы зорлықшыны жер құштырып, таяқ жеген қазақтарға бұрылғанда, дарбаза жақтан біреу атпен шауып келді. Қолындағы ұзын қамшысын ары-бері сілтеп: «О, əнəңнің... қозақ. Улдириб юбораийнми хозир!» – деп айқайлай тап берді. Сүлеймен басын қорғаштап, арбаны паналады. Атты қояр емес. Қамшымен үстін-үстін ұрып жатыр. Бұл «қолыма бір нəрсе iлiгер ме екен» деп, арба ішін сипалады. Бір кезде қолына қапшық па, алаша ма, əйтеуір жұмсақ нəрсе ілікті. Соны аттыға қаратып лақтырып жіберді. Лақтырылған нəрсе тура оның бетіне барып тиді. Тигені былай тұрсын, бет-аузын жаба оралып қалды. Ол бетінен соны алып тастайын деп əрекеттеніп жатқанында, Сүлеймен оны ат үстінен жұлып түсірді. Жұлып түсірген замат бас-көз демей, тепкінің астына алды. – Ойбай, əкежан! Ойбай, тоқтатыңыз! Өлдім, өлдім, – деп айқайлады ол осы кезде таза қазақшалап. – О, əкеңнің... Жаңа ғана басқаша шүлдірлеп жетіп келіп едің. Жан қалай, ə, сүмелек, енді қазақша сөйлеп кеттің. Сүлеймен одан бетер тоқпақтады. Ол талып қалғанда ғана əзер тоқтады. – Ой, айналайын-ай! Кегімізді бір қайтардың-ау. Осылардың бетін қайтаратын бір азаматтың жоғына налушы едім. Бар екенсің ғой, арысым! Таяқ жеген əйел осылай деп, үсті-басының шаңын қағып, Сүлейменге жақындады. Осы сəт жерге құлағанның бірі ыңқылдай басын көтере бергенде: – Жат осылай, қатынның тепкісін көріп, – деп оны бір теуіп етті. – Тепкенің аз. Бəрінің басына бір-бір отырып шық, – деді Сүлеймен. – Жаңа бұлар сендерге неге тиісті? – Əдірем қалғырлар, «алып келген бұйымдарыңның жартысын бізге беріп кетіңдер» дейді. «Бермесеңдер бұйымдарыңмен қоса өгіз, арбаларыңды да тартып аламыз» дейді. Біз «бермейміз» деп едік, көрдіңіз ғой, не қылғандарын. Өткен жолы да бізді таяқтап, барымызды тартып алған. Анау құрғыр мілисалар да бұлардан қорқа ма, əйтеуір ештеңе істей алмайды.

– Мілиса бола ма бұл базарда? – Жүруші еді ғой, күнде екі-үшеуі. Өздерің қайдан келдіңдер? – Бозсудан... – Уа-ха! Мыналарға не болған? Қирап қалыпты ғой. Уай, кім бұларды сонша жайратқан? Əй, сен бе, дəу келімсек, мұны істеген? Бағана сөзіңнің ірілігінен қорқып едім, «осы бір нəрсеге ұрынбаса екен» деп. Ай, ертең Бекаба сенің басыңды алады ғой, – деп біреу екеуінің сөзін бөліп жіберді. Сүлеймен бұрылса, сөйлеген Сыбанқұл екен. – Сенің əлің алтауына келгенімен, басқаларына келмейді. Қазір- ақ жүзі келеді бұлардың. Табаныңды жалтырат енді! Кесірің бізге тиіп жүрер. Қанша дəу болсаң да, əлі піріңе кездеспей жүрген асаусың-ау деймін. Неғып бақырая қалдың маған?! Жоғалт көзіңді! Əйтпесе Бекабаға барып, бар қылығыңды өзім-ақ айтамын. Сосын анау қазандай басың қалсын, бір жерде кесіліп. Оның бағанағы қылығы мен сөзіне үндемеген Сүлеймен осы жолғы мына зіркіліне тіпті шыдай алмады. – Əй, сол Бекабаңа қазір-ақ ертіп баршы. Оны да, сені де тап қазір қатыра салайын! – деп Сыбанқұлдың жанына жетіп барды. – Əй, əй, бақырайтпа маған көзіңді!.. Ойбай, мойным... Əй, өлтіресің бе, қайтесің?!. Сыбанқұл сорлының ары қарай сөйлеуге шамасы келеді. Сүлеймен оны жағасынан ұстаған күйі жоғары көтеріп, жерге балшықша бір-ақ ұрды. Сорлы, жерде жатқан қашқарлықтардың кебін киіп, ол да тіл-ауыздан айырылды. Бұл кезде бұлардың жанына біраз адам жиналып үлгерген. Бірақ бір де бірі жақ ашпай, үрпиісіп тұр. Сүлеймен етпеттей құлаған Сыбанқұлды тағы бір ұрмаққа бекінген. Оның қорғансыз халде екенін көріп, ойынан айныды. – Пəлі, құр дəу ғана емес, атан бурадай қара күштің иесі екенсің- ау. Əп-сəтте бəрін жайпап тастадың. Енді өзіңе қиын болатын болды. Бұлардың басшылары сені құр қоймас, – деді бағанағы егде кісі. – Осынша қазақ жүріп, жөйіт пен таулықтарды басындырып қойғандарыңа таңмын. Немене, еркек қалмаған ба араларыңда? – Анда-санда базарда басымыз бір бірігеді. Біреуіміз – ойдан, біреуіміз – қырдан дегендей... Ұйымдасу қайда бізге? Сол

шашырандылығымызды біліп қой, Бекабаның құтырып жүргені... Егде кісінің қасына бағана өзін Андақұлмын деп таныстырған кісі келді. Жерде шашалып, жөтеліп, қиналып жатқан інісі Сыбанқұлға көз тастады. – Мана айттым саған, «Мұны Құрақтың үйіне ертіп бара сал» деп. Əліңе қарамай қырсықтанып, кім көрінгенмен ерегісуге əзір тұрасың. Ендігі күйің мынау. Бір жерің шойырылып қалған жоқ па, əйтеуір? Жөйіттерге болысып, мұндай қара жынға дауыс көтеріп нең бар? Тұр енді! Қора жаққа бар. Сыбанқұл тұрып, үсті-басының шаңын қақты да жөніне кетті. Одан соң арба маңындағы таяқ жегендер тұра бастады. Бəрі лəм-мим деп сөз айтпай, базар сыртына беттеді. Тіпті арттарына бұрылмады да. – Жүр, Сүлеймен. Құрақтікіне мен-ақ ертіп барайын. – Ол сорлыны мыналар төсектен тұра алмайтын етіп тастаған. Сүлеймен Андақұлдың соңынан ерді. – Оу, батыр! Ертең жаңағылар келіп, сен үшін басымызға əңгір таяқ ойнатса қайтпекпіз? – деді қазақтардың бірі. – Сендерде несі бар? – Оларға дауа жоқ. Сені тауып бер деп əлек салуы мүмкін. – Ертең өзім келем. – Келмей-ақ қой, Сүлеймен. Тəшкенге жаңа келген адамсың. Жақтасар тамыр-танысың да жоқ. Майып қып тастар. Бір өзің қайсыбіріне төтеп берерсің? Бізге не деп тиіссін? Тиіссе, бір-екі малымызды тартып алар. – Жоқ, көке. Бір өзім болсам да, Бекабаны көру үшін əдейі келемін. – Бекабаның өзі өмірі келмейді мұнда. – Онда баскесерлерін көрейін. – Баскесерлерімен төбелессең, мілиса оларды ұстамай, сені ұстайды. Бекаба Тəшкендегі күллі өкіметті байлап қойған. – Бұдан былай мен біраз уақыт Тəшкенде жүрем. Бəрібір кездесеміз ғой олармен. Соны кейінге қалдырмай, ертен-ақ іске асырайын. – Тəшкен – бандылардың шаһары. Сақ болғайсың. – Сақтандырғаныңызға рахмет, көке. Менің біреуге ешқашанда өздігімнен тиіспейтінімді біліңіз. Бірақ біреудің əлсіз біреуге əлімжеттік қылғанын көрсем, Құдай ақы, шыдап тұра алмаймын, –

деді Сүлеймен Андақұл айдап келген биік доңғалақты қоқанарбаға мініп жатып. – Қазір Құраққа барып жолығайын. Ол жазған қандай күйде екен? Мүмкін ертең келмеспін де. Ал келе қалсам, қайта жолығамыз. Əзірше, хош бола тұрыңыз. ...Иə, Сүлеймен қаласын-қаламасын, оның өміріндегі əр қадамы шытырман, əрі қауіпті жайттарға тап болып тұратын. Бəлкім оның ғұмыр жолы əу баста-ақ солай жазылып қойылған да шығар. Бəлкім ол жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде өмір сүргендіктен, үнемі қатерлі істерге тап болып жүрген де болар. Əрине, ол да бейбіт күн кешуді, тыныш та жайлы өмірді аңсағаны кəдік. Алайда отыз төрт жасынан кейінгі өмірі бір мың тоғыз жүз қырқыншы жылдардың басына дейін күллі Өзбекстанды дірілдеткен жөйіттермен алысумен өтті. Бұлармен қатар сан соқпақты сергелдеңді де бастан кешті. Қалай десек те, ғұмыры алыс-жұлыспен өткен Сүлейменнің тағдыры ешкімге ұқсамайтын бөлек-ті. Жалғыз ат жегілген қоқанарба Сүлейменді ауырсынып, базар қақпасынан шиқылдай шықты. Əудем жер жүріп, бір тар көшеге түскен соң Андақұл сөйлей бастады: – Жаңа сен ұрып жыққан жөйіттер Бекабаға барып, болған жайдың бəрін ендігі айтып та жатқан болар. Сұм жөйіт ертең, ертең емес-ау, бүгін-ақ отыз жігітін сені іздетуге аттандыруы кəдік. Біраздан соң олар базарға келіп, ылаң салуы мүмкін. Анада, күз айында Шыршық жақтан келген бір қазақ осылармен саған ұқсап ұстасып қалып, бір-екеуін ұрып жыққанымен, қалғандарына əлі келмеді. Əлі келмеді дептін, бірнешеуі жабылып кетті. Содан оны ұрып-соғып талдырып тастады да, арбаға салып алып кетті. Ертесіне сол жігіттің кесілген басын базардың кіре берісіне іліп қойыпты. Түнде келіп іліп кеткен де. Сəске мезгілінде мiлисалар қаптап келіп, əлгі ілінген басты алып кеткенше, базардағы жұрттың зəре-құты қашып, аһ ұрумен болды. Жұрт ол басты кім кесіп, кім базар алдына іліп кеткенін білсе де, қорыққанынан мiлисаға айтпады. Ай, оны мiлисалардың өзі де білмей қалған жоқ. Бірақ Бекабаның бір де бір адамдарын қамамады. Керек болса, олардан өздері қорқады. Қорықпаса, тыймай ма пəлелердің сойқандарын? Тал түсте-ақ базар ішінде талайды пышақтап жүргендерді абақтысына тоғытпайды ма? О, Құдай, Тəшкен

қайта баяғы гүбірнəтiр кезінде тəртіпті еді. Кеңес орнагалы берітіпті бұзылып кетті. – Жаңағы айтқан Бекабаң қай жерде тұрады? Ол жайлы осыдан бес жыл бұрын Жылғаның қамысты сайында кездескен адам етін жейтін біреуден есітіп едім. Кейін Қоқанда жүргенде де көп есіттім. Бəрі оның атын айтқандарымен, қай жерде тұратынын, қандай адам екенін анық білмейді. Сен көріп пе едің оны? – Көрген емен. Біреулердің айтуынша, ол Бозсудың орталығындағы сарқыраманың астындағы үңгірде тұрады екен. Ал біреулер «Шыланзарда», кейбіреулері «Мыңөрікте» тұрады дейді. Ол жақтың бəрі жөйіттердің қиқы-жиқы үйлері. Қай үйде екенін кім білсін? Ə, айтпақшы, біз бара жатқан Құрақ оны жақсы біледі. Қазір өзің сұрарсың. – Құрақтың төсекке таңылғанына көп болды ма? – Қыстың басынан бері шығар. Арба батпақты көшені бойлап біршама жүрген соң Андақұл оны оңға бұрды. Бір-біріне жағалай салынған майда тамдарды артқа қалдырып, тағы біраз өткенде Андақұл арбаны тоқтатты. – Міне, Құрақтың үйіне де келдік. Түсейік. Өзі Сүлейменнен бұрын түсіп, кішкене қақпаны ашты да: – Құрақ! – деп айқайлады. Бір бала жүгіріп келді. – Көкеңе айт, қонақтар келді де. Əлгі бала «мақұл» деп зып етті. Аула іші тар. Там да пəс екен. Сүлеймен мен Андақұл кішкене есіктен еңкейіп дəлізге енді. Осы жерде аяқтарын шешіп, төргі бөлмеге өтті. Бөлменің сол жағындағы қабырға түбінде күркілдей жөтеліп Құрақ жатыр. Жоқшылық қой, жастық орнына сабан толтырылған қапшық жастаныпты. Едендегі ши үстіне жыртық-жыртық киіз төселіпті. Алба-жұлба киінген екі-үш бала пеш түбінде тығылып отыр. – Ассалаумағалейкум, – деп кіріп келген екеуге Құрақ қадала қарап жатты да: – Андақұлмысың? Уа, сенің де келетін күнің бар екен-ау. Ой, жаныңдағы Сүлеймен бе? Пəлі, қайдан келдің, бауырым-ау! – деп қозғалақтап-қозғалақтап қойды да тұра алмайтыны есіне қайта түскендей, жатқан күйі екі қолын бірден алға созды. – Келдік қой, Құрақжан, келдік. Өзіңді зорға таптым.

Сүлеймен оның қолын алды. Құрақ жата-жата қамкөңіл болып қалған ба, бірден екі көзінен жас сорғалап, жылап жіберді. – Жылағаның не, Құрақ? Қайта біз келгенге қуанып, мəз болмайсың ба? Құрақтың иегі кемсеңдеп, сөйлеуге шамасы келмеді. Оның осындай бейдауа, қауқарсыз кейпіне Сүлейменнің жүрегі шымырлады. Құрақтың осы жатысына құдды бір өзін кінəлі санады. «Қап, баяғыда елге өзіммен бірге алып кетпеппін-ау. Менімен бірге сотталып кетсе де, əйтеуір аяқ-қолы сау жүрер еді. Сүлейменнің аянышын сезді ме, Құрақ көздерін екі алақанымен сүртіп-сүртіп тастап, зорлана жымиды. – Қалай, Сүлеймен? Аман-сау келдің бе? Төрге шық. Түнде ғана сені түсімде көріп едім. Балдар-əй, тулақты төрге төсесеңдерші. Үйде əйелі көрінбейді. Бір бала тұрып, астында жатқан ешкі бөстекті төрге жайды. Оның бір шетіне Сүлеймен, бір шетіне Андақұл отырды. – Бұл күйге қалай түсіп жүрсің, Құрақ? Естуімше, Бекабаның адамдары өзіңе қысастық жасаған ба, немене? – Е-е-е, Сүлеймен, «сорлы сордан көз ашпайды» дегендей, маңдайым сордан көз ашпайтын жазған екенмін де. Бекабаның бандысына қосылып, сарбаз атанғанымды қайтейін? Ол топта да таулықтардан көп шеккі көретінмін. Ең ауыр да қауіпті істерге мені жұмсайтын. Оқ өтіне мені жіберетін. Қит етсем: «Бізге кірдің бе, енді біздің топтан шығу жоқ. Шығам десең – жаныңды бересің. Одан қалса, барлық бала-шағаңды қырып тастаймыз. Сол үшін де алып кел дегенді – алып келесің, атып кел дегенді – атып келесің! Басқа жол жоқ», – дейтін. Содан жүретінмін, оқ пен шоқтың ортасында итаршы болып. Қоқанда сені өлтірмей, қайта қан ішісіп, анда болғанымды Бекаба мен мұнда жеткенімше-ақ біліп қойыпты. Иттің шапшаң хабар жеткізетін жындары бар ма, қайдам. Өзім де Қоқаннан бері аттанғанда, бір қауіптің боларын сезіп едім. Содан тезірек жетіп, бала-шағамды алып, бір жаққа кетіп қалсам ба деп ойлағанмын. Бірақ Бекабаның үш-төрт жандайшабы мені Қамшық асуының етегіндегі Ахангаран маңында тосып алды. Жандайшаптар жолай ештеңе деместен, бірден Бекабаға алып келді. «Иə, айт, Қоқанда не тындырып келдің?» – деді Бекаба. Мен сені ұстай алмағанымды айттым. Ол мырс етіп күлді де: «Ұстай алмадым дейсің бе? Сүлейменді төрт-бес

серігімен Тұрдақты үйіне ертіп келген кім сонда? Тұрдақтың қарауылын өлтірген кім сонда? – деп бақырая қарады, – Жоқ, əлде сенің онда не істеп келгеніңді мен білмейді дейсің бе? Осы үшін қандай жаза күтіп тұрғанын білемісің? Сен бізді жауымызға сатып келдің!» Шынымды айтсам, сонда қатты қорықтым. Қорықсам да «əйтеуір бала-шағамды аман қалдырса екен» деп ойлап тұрып: «Сүлеймен сізге жау емес еді ғой. Өзімді өлтірсеңіз де балаларыма тиіспей-ақ қойыңызшы», – деппін. «Сүлеймен маған жау болмаса да, қоқандық ортақтарыма жау. Менің ортақтарымның жауы – маған да жау. Ал сол жауды жер жастандырудың орнына қан ішісіп, анда болып кеп отырсың. Демек, енді сен маған дұшпансың. Менің сертім бойынша, дұшпандарым топырақ басып жүрмеуі керек. Азапты өліммен өлуі хақ. Қазір сені жігіттерім үйіңе апарады да, қатын-балаларыңның көзінше омыртқаңды сындырып, жұлыныңды созып, зақымдап кетеді. Зақымданған жұлынды ешбір тəуіп жаза алмайды. Жазатынына сенің беретін малың жоқ. Жат, содан соң қиналып алты ай. Алты айдан соң сары су үймелеген жұлының іріп-шіріп, азапты өлімге тап боласың. Айтпақшы, сен төсек тартып жатқанда, қарайласатын қатыныңды да алып кетеміз. Біреулердің айтуынша, ол сұлу екен. Оныңды мен қатын етемін. Сен өлгенше ол осында астым мен аяғымды жуып жүретін болады. Тағы бір айтарым, мілисаға шағым айтам деп ойлама. Ойлағаныңмен де түк шықпайды. Қайта бала-шағаңнан айырылып қаласың»,– деді. Айтқанындай, түн ішінде мені байлап-матап алып келді де, үй- ішімнің көзінше сойылмен арқамды тоқтақтап, мойнымды екі бұтымның арасына қысып, əбден азаптады. Улап-шулаған балаларымды бір-бір ұрып, үндерін өшірді. Мен жаныма батқан аурудан талып қалдым. Есімді жисам, мына ботақандарым отыр басымда жылап-сықтап. Қатынымды əкетіп қалыпты. Хайуандар, шынымен-ақ омыртқамды сындырып, жұлынымды зақымдап кетіпті. Үш ай бойы ойбайлап, ұйқы көрмедім. Есенжар тəуіп келіп, бір маймен сылағалы бері ауруым аздап тынышталды. Мені мүгедек етіп, жанымды бір жаралап, қатынымды əкетіп екі жаралап кетті сұмдар. Міне, Сүлеймен жатырмын содан бері осылай, балаларымның аман қалғанына тəубе деп.

– Одан қорықпай-ақ өкіметтің адамдарына хабар берсең болмас па еді? – Ой, Сүлеймен, айтасың-ау. Бекаба айтпақшы, одан ештеңе өнбейтінін білемін ғой. – Ішіп-жемді қайдан тауып жатырсыңдар? – Анау екі балам көшеге шығып, əркімге малайлыққа жалданып, нан-пұл тауып келіп жүр. Кей күндері аш қаламыз. Қазір сендерге не беретінімді білмей жатырмын. – Бізді қоя берші, өзің мен балаларыңа қиын екен-ау. Осы балаларыңның бірін оқтын-оқтын маған жіберіп тұрсаң қайтер еді. Бұлай жатқаныңды білгеніммен, қатыныңды əкетіп қалғанын білмеуші едім. Сен Сүлеймен екеуің əзірше отыра тұрыңдаршы. Мен базарға барып, жейтін бірдеңе алып келейін, – деп Андақұл тысқа беттеді. Құрақты көргенде жүрегінің шымырлағаны түк емес екен. Əңгімесін есіткенде, Сүлейменнің аза бойы қаза болды. Бір жағы – мұны аяп, іші қан жыласа, екінші жағы – Бекабаға деген өшпeнділігі одан бетер артып, орнында байыз тауып отыра алмай кетті. – Бекабаның мекені қай жерде, Құрақ? – Сабыр сақта, батыр. Ол жаз бен қыста мекенін өзгертіп отырады. – Бұрын-соңды қаншама қатыгездікті көрсем де, біреудің қатынын тартып алған қаныпезерлікті көрген жоқ едім. Қап, осынысы үшін астын кесіп, аузына тығар едім! – Ішім қанша қайнаса да, тұруға дəрмен болмай жатқаным мынау. Өкініштен мың өліп те жатырмын. Амалым қайсы? Саған оған жету оңай емес. Бекаба менен кейін Қоқанға сені өлтіруге тағы біреулерді жіберіпті. Күдік қылатын бір нəрсем – солар Пұсырманқұлға, Дилдаға залалдық қылмады ма екен? – Мен сол жайын ойламаппын-ай. Қазір елдегі Балдықыздан хабар алуға мұршам жоқ. Сені кездестіріп, біраз пұл тапсам, Қоқанға барып, Дилданы осында алып келемін деп едім. Оның да амандығы беймəлім десейші. – Жə, менікі тек күдік қой. – Ылайым күдігің теріске шыққай. – Тағы бір ұмытып жатқаным, Бекабаның сапында Тұрлыбай деген біреу жүр. Өзіңді танитынға ұқсайды. Оны білгенім, мені үйге

əкеп қинағандардың ішінде ол да болды. «Баяғыда тау арасында мені суға тастап кеткен Сүлейменнің досы екенсің ғой-ə? Онда кегім кетіп еді. Сол кекті енді сенен қайтарам», – деп ол басқалардан гөрі көбірек соққы тигізді. Сондайды танитын ба едің? – Тұрлыбай дей ме? Ол кім болды екен? Е, енді есіме түсті. Осыдан көп жыл бұрын Құрамадан Елсапаны іздеп таба алмай, Шыршыққа қайтып келе жатқанымда, мылтық кезенген біреулер ұстап алып, екі-үш күн мұздай жертөле-зынданға қамап қойған еді. Кейін құтылып, Тұрлыбай деген басшысын аязды түнде өзенге тоғытып кеткенмін. Ойпырмай, ол қалай тірі қалды екен? Аяз бен судан құтылғанымен түн кезіп, өріп жүрген қасқырлар қалай түтіп тастамаған? – Ұзын бойлы, суық жүзді, қарасұр, мұртты кісі ме өзі? – Солай сияқты-тын. Құрақ Бекаба мен оның адамдары жайында ұзақ əңгімеледі. Бір уақытта сыртқы қақпаны біреу дүңкілдете соқты. Құрақтың үлкен баласы жүгіріп далаға шықты да, иығына қап арқалаған Андақұлды ертіп кірді. – Міне, сендерге оншақты нан, бес-алты келі күріш пен ет, май əкелдім. Біраз күн азық етіңдер. Ол қапшықты жерге қойғанда Құрақтың үш баласы үш жақтан қапқа бассалды. Əкелерінің «қоя тұрыңдар» дегеніне қарамай, əрқайсысы бір-бір наннан ұстап, қомағайлана асап жатты. – Байғұстар-ай, қарындарың ашып қалған екен-ау. Құр нан түк болмас қарындарыңа. Сендерге мен жақсылап палау істеп берейін. Үлкенің қайсың? Сен бе? Атың кім? Олжабек деймісің? Онда, Олжабек, қазаныңды дайында, сырттан отын тасы. Балалар Андақұлдың айтқанына қуанып кетіп, оның бұйрығын тез-тез орындауға кірісті. Олар ас-су қамымен болып жатқанда Құраққа: – Тəшкенде басқа барар жерім жоқ. Сенің үйіңде болайын. Ең болмаса, нан-суыңды тауып беріп тұруға септігін тиер, – деді Сүлеймен. – Қанша күн жатсаң да еркің. Тек Бекабадан өшімді қайтарып берсең болар еді. Бірақ мұнда жігіттеріңнің жоғы жаман да. Бір өзіңе қиындау ғой. Əңгімеге айналып отырып, сұрауды да жадымнан шығарып алыппын. Ажан, Төрекелділер абақтыдан кашан босайды?

– Бəрімізді жиырма бес жылға кескен. Мені түрме бастығы қайтарарда олармен қоштасуға да мұрша бермеді. Жазғандар мені атып тастады деп ойлап жүрген шығар. – Өзің қалай ерте босандың? Сүлеймен болған оқиғаны бастан-аяқ айтып берді. Андақұл мен Құрақ «ойпырай-ə, ойпырай-ə» десісіп, таңданысып отырды. Əсіресе балалардың құдды бір ертегі естігендей, ауыздары ашылды. – Парманқұл қарақшы жатқан мынау Табақсайдағы түрмеде де сондай «түрме билері» болады екен. Бұрындары сол жерде Өсерқұл деген сарт боп кеткен қаңлы би екен. Парманқұл сонымен жекпе- жекке шығып, майып қылып тастапты. Ендігі би өзі екен, – деді Андақұл. – «Парманқұл, Қараман деген қарақшылар бар» деп бағана базарда да естіген едім. Олар жайында көбірек сұрастырып, білуге мүмкіндік болмады. Білсеңдер, олар жайында айтындаршы. – Қараман – мынау Келестегі шанышқылы. Оның ішіндегі – дархан. Өзі сидиған арық болғанымен қабыландай шапшаң, жаужүрек кісі. Титтей қорқуды білмейді. Көздері – от. Адам тіктеп қарап болмайды. Естуімше, жақында ғана оны бүкіл əулетімен Арал дей ме, Қарал дей ме, сондағы Барсакелмес деген жаққа жер аударыпты. Өзі – бидің баласы. Арғы атасы Тəшкеннің үш қақпасын билеген атақты Қошық деген датқа. Қошық датқалығымен бірге молдалық ілімді де терең игерген кісі екен. Соған қарап жұрт оны молда Қошық деп атапты. Ал Парманқұл – Сырдағы қоңыраттардың құлығаш руынан. Шіркін, нағыз ер дерсің оны. Қыры сынбайтын жайпақ төбелі киіз қалпағын тікірейте киіп, қос ауыз мылтығы мен қылышын асынып, кердиіп базарға кіріп келгенде, бүкіл сарт қоғадай жапырылып қалатын. Біраз болды, оны да өкімет абақтыға жапқалы. Бірақ Мамажан дөкей тұрғанда ол онда ұзақ жата қоймас. – Мамажан деген де қарақшы ма? – Жоқ. Ол қарақшылар арасында да, НКВД адамдары арасында да аса абыройлы, қадір-қасиет қонған адам... – Тоқтай тұршы. Осылардың бəрі жабылып, əлгi не еді, НКБД болып, Бекабаның бандысын жоя алмай жүргені несі? – Бекаба өкімет пен əлгіндей абыройлы кісілерге тиісе бермейді де.. Дегенмен Тəшкендегі Бекаба мен оған ұқсаған ірілі-ұсақты бандылық топты ауыздықтауға өкіметтің əзірше əлі келер емес.

Құрақ пен Андақұл Тəшкендегі тіршілік жөнінде ұзақ айтты. Тіпті ол əңгіме Андақұл пісірген палауды жеп болғанша да жалғасты. Палауға тойған балалар бөстектерді жайып жіберіп, қисая-қисая кетті. Андақұл қайтуға жиналды. – Ертең сəске мезгілінде мені базарда күт. – Барма десем де, базарға бəрібір барасың. Абай болып кел, Сүлеймен. Азанда базарға қалай жетудің жолын Құрақтан сұрап алған Сүлеймен, қиқы-жиқы көшелерді кесіп өтіп, Алай базарға келді. Базарда адам көп. Əсіресе мал базар қызып тұр. Сүлеймен бірінші ұсақ малдар жаққа жүрді. Оны аралап, қара малдардан өтіп, жылқыларға жете бергенінде анадай жерде бұған қолдарын сермей сөйлесіп тұрған төрт-бес кісіге көзі түсті. Олардың ішінен кеше өзіне бесaқа ала ұмтылған адамды бірден таныды. Оның жанындағы ұзын бойлыға сəл қарап тұрып, оны да шырамытты. Баяғы – Тұрлыбай. «Бұл қызталақ сонша аязда қатып қалмай, қалай аман қалды?» – Сүлеймен, Сүлеймен! – деп айқайлады осы кезде біреу арт жақтан. Керме шетіне байланған бір топ жылқылардың жанында кешегі егде кісі тұр екен. – Бері келсейші. Қалай, іздеген тамырыңды таптың ба? – Таптым. Бірақ байғұстың ахуалы жүдə қиын екен. Төсектен тұра алмайды. – Кеше сен ұрып жыққан содырлар азанымен жиналып, осында жүр. Бүгін қатарлары көп-ау деймін. Байқадың ба, əне, анау тұр ғой, бір тобы, – деп егде кісі көзімен Тұрлыбайларды нұсқады. – Байқадым. Дегенмен осынша көп ішінде олар маған не істей қойсын. – Ойбүй, балам-ай! Көп ішінде не істей қояды дейтіндей оларға дауа бар ма? Алды-артыңды абайлап жүр. Қапылыста ту сыртыңнан пышақ ұрып кетіп жүрмесін. Бір өкініш қылатыным – қасыңда өзің сияқты екі-үш серігің де жоқ. Мұндағы қазақтарға сенбе. Бірі болыспайды саған. – Мені ойлап қам жемей-ақ қойыңыз, көке. Одан да айтыңыз, саудаңыз жүріп жатыр ма? – Екі сиыр, бір жылқымды саттым. Əлі біраз мал бар... – Ей, шал! Азаннан бері тапқан пұлдан шіріңке бермеймісің? Сиыр мен жылқы қаншаға өтті? – деп оның сөзін орта бойлы, көздері

ойнақшыған жылмақай реңді бір жөйіт бөліп жіберді. Сөз бөлгені былай тұрсын, сөйлеп жүріп, Сүлейменді иығымен бір-екі рет қағып- қағып өтті. Сосын шалдың қалталарын қолымен сипап-сипап қойды: – Шығарсайшы пұлыңды! Жоқ əлде, бəрінен айрылғың келіп тұр ма? Егде кісі оны бұрыннан таныса керек, оған күмілжи үн қатты: – Базар аяғына дейін күте тұрсайшы. Үлестеріңді содан кейін-ақ берейін. – Оған уақытым жоқ. Мүмкін сен малдарыңды тез-тез сатып, зытып қаларсың. Мына дəу қасында неғып тұр өңкиіп? Кім бұл? – Шаһарға кеше келген қонақ қой. Жылмақай жөйіт Сүлейменге қарап бірдеңе деп міңгірледі де шалға қарап, қайта шүйлікті. Ол оны сөзбен қаузап жатқанда, тағы екі жігіт келді. Олар да Сүлейменді итере-итере кимелей өтіп, аналардың жанына барды. Шалдың əлі анаған пұл бермегенін білген соң: – Бұл қазақ мына дəуге сеніп тұрған шығар. Əйтпесе неге ақша бермейді? – деді біріншісі ұртында кекесін күлкі ойнатып. – Кімге сенсе де, бізден құтыла алмайды, – деді екіншісі. Сосын Сүлейменге бұрылды: – Сен неге тұрсың мұнда қақшиып? Бар, итіңді суғар. Бұл уақытта шал жанқалтасынан ақшасын шығарып, «қазірге осыны ала тұр» деп қасындағы жөйітке бір уыс пұл ұсына берген. Оны көрген Сүлеймен: – Бір сом да бермеңіз, көке! – деп ақырып қалды. – Бір сом беруші болмаңыз! Ей, сен, жаңа не дедің? Маған «итіңді суғар» деп тұрсың ба, нəлеті? Бəлкім, өзің суғарарсың! – деп өзіне қисық сөйлегенді қойып қалды. Дəл құлақ шекеден тиген соққыдан ол сорлы байлаулы тұрған аттардың астына бүк түсті. – Сен, сұмырай, кəрі кісіні жөн-жосықсыз бұл қай тонауың? – деп тістене кіжініп тұрып, ақша алайын деп тұрғанды да бір перді. Жаңа ғана зіркілдеп, батырсынған ол неме де шалдың аяғын құша құлады. Өзінің таяқтан құры қалмайтынын сезген үшіншісі қонышынан ұзын, екі жүзді пышағын суырып алды: – Кел, кел! Кəллəңді кесіп тастайын, – деп пышағын ары-бері сермей, біресе олай, біресе бұлай секіре бастады. Ол секіре құтырынғанда Сүлеймен шекпенін шешіп, оң қолына орады. Бір кезде анау «а-а!» деп айқайлады да пышағын алға созып,

Сүлейменге тұра жүгірді. Сүлеймен оң жаққа ыршып, шекпенін оған қарата лақтырып жіберді. Шекпен жазылып барып, ананың бетіне сарт тиді. Алға қарай ентелей жүгірген ол, бетіне шекпен тигенде, кілт тоқтады да, жан-жағына алақ-жұлақ қарап, кейін шегінді. Шегініп-шегініп барып, ары қарай зуылдай қашты. – Сужүректігі бар екен, адамға пышақ алып ұмтылғаны несі-ей, бұл дəйістің. Төбелес басталған кезде жұрт бұлардың жанына жиналып қалған- ды. Жөйіттердің екеуі сұлап, үшіншісі қаша жөнелгенде, біреулер мырс-мырс күлісіп, «жүдə дауа болды бұларға» деп тараса бастады. Əлдеқандай екі кісі құлап жатқандарды сүйеп, тұрғызуға кірісті. – Бүгін де сазайларын бердің, балам. Алайда басқалары неғып келмегендерге таңым бар, – деді егде кісі. – Ойпырмай, шынымен-ақ сенен қорқайын дегені ме? – Олар осы үшеуін жіберіп, əдейі сынаған ғой. – Құдай-ай, осы базар ішінде қашан тыныштық болар екен? – деді біреулер. – Сіз, көке, бақылдаған мынадай жаман текесымақтарға ешқашан да ақша беруші болмаңыз. Əлімжеттік жасап, əбден басынған екен. – Ойбай, балам-ау! Ақша бермесек, күн көрсетпейді. Күнде жанымызда сен жүрген жоқсың... – Қаласаңыз, күнде осында боламын. Енді қорықпаңыздар. Сүлеймен бағанағы Тұрлыбайлар тұрған тұсқа қарады. Олар жоқ. – Мана менің көзіме бір дұшпандар түскен сияқты еді. Қазір көрінбейді. Қайда кетті екен-ə? Осы кезде кеше шайханада танысқан қазақтар сау етті. – Ой, жігітім, тағы да біразын қиратып тастадың ба? – Сендердің кісілеріңнің ақшасын тартып алмақшы еді. Жай, aрaғa түскенім ғой. – Тұмсықтарына таяқ тимей жүрген қабаған иттер сияқты бұлар. Жақсылап бір таяқ жесе, қайтып бас көтере алмайды. – Əй, қайдам? Солар бұл кісіге қайта жоламай кетеді дегенге мен сенбеймін. Түбі бір зұлымдықты істеп қалулары хақ. – Сендер осылайша олардың тепкілерін көріп, бүғып жүре бересіңдер ме? Қосылыңдар маған. Құтырынған қашқарлық жөйіттерді жуасытып қоялық.

– Осы кісі жөн айтады. Қашанғы зəбір көріп жүре береміз. Біз де еркек шығармыз. Күшімізді үйдегі қатындарға көрсете бергенше, зорлықшыларға да көрсетейікте. Осы біз үймелеп неге тұрмыз? Ортамыздағы қонақты шайханаға шақырып, бір сыйлап жіберейік. Лажы болса, ауылымызға меймандыққа шақырайық. Мұндай күшті де батыр жігітті сыйламасақ, қазақтығымыз қайсы? – деді топ ішіндегі семіздеу келген жігіт. Оны бəрі қостады. Саудасын əлi бiтiрмеген егде кісінің орнына бір жігітті қалдырды да, басқалары Сүлейменді ортаға алып, шайханаға беттеді. Шайханаға кірмес бұрын шаштаразға бұрылып, Сүлейменнің өсіп кеткен шашы мен сақалын алдырды. – Сүлейменнің киімдері де кірлеп, əрі ескіріп қалыпты. Абақтыда жату оңай деймісіңдер. Бəріміз ортадан пұл шығарып, үсті басын жаңалап берейік. – деді манағы сөйлеген жігіт шатараздан шыққан соң. – Алдымен қарын тойдырып алайық. Қазақтар шайхана ішінде ұзақ отырды. Бəрі Сүлейменнің тамақ жесіне таңқалысып «е, батыр жігіт осылай тамақ жейді де» десіп, біраз қауқылдасты. – Сендер менің тамақты отырып жейтінімді əңгіме етісіп отырсыңдар. «Барда батып іш» дегендей, өздерің сыйлаған соң асап жатқаным да. Айтсам, сенбеулерің мүмкін. Айлап су ішіпейтін түйе секілді, кейде мен бірнеше күн нəр татпай жүре берем. Тамақтануға мұрсат болмаса, іздемеймін. Содан шығар, артық ет жинай алмай жүргенім. – Ойбай, Сүке, мына денеңе артық ет жинасаң, Құдай салмасын, қандай боласың? Бірақ таңқалып отырғаным. Осынша дəу бола тұрып, көп тəулік бойы қалай тамақ ішпей жүре бересің? – Қаратай, жақсы бураның артық еті болмайтынын сен білмеуші ме едің. Біздің Сүлеймен нар ғой, нар, – деді оған қатарласа отырған біреуі. Қазақтар осылайша даурығысып отырғанда, қолындағы үзеңгісінің таралғысынан шұбата ұстаған бір қашқарлық шайханаға кірді. Кірді де бос орын іздегендей, адамдар отырғaн əр нарды айнала өтіп, қазақтардың жанына жақындады. Бұлар оның кім екендігіне назар аудармады. Қашқарлық болса, бұлардың қапталындағы нарға тақап келіп, біраз тұрды. Келген-кеткенді күтіп алып, ілтипатпен

шығарып салып жүрген шайханашының бірі оны қонақ деп ойласа керек: «Осы жерге жайғасыңыз, үка. Не ауқат ішесіз?» – деп иілді. «Жоғалт көзіңді!» – деп қашқарлық зірк етті оған. Шайханашы зып етті. Шайханашы кете салысымен, ол қазақтарға қарай тез-тез адымдап, Сүлейменнің арт жағына таяды да, бір сəт іркілместен үзеңгімен оның басына қойып қалды. Адам түгілі, көкжал қасқырды жер қаптыратын үзеңгі соққысы тигенде, Сүлеймен есінен танып барып, алға еңкейе құлады. Оның жанында отырған Қаратай ұшып тұрғанда, оған да үзеңгі тиді. Қаратай соққыға төтеп бере алмай, нардап аунап түсті. Ə дегенде не болғанын аңғара алмаған қазақтар, ол құлап түскенде, шу етісіп өре түрегелді. Қаскей үзеңгіні айналдыра сілтеп, есікке ұмтылды. – Ұста, ұстап қал итті! – деп айқайлады Қаратай. Бірақ бір де бір қазақ анаған жақындауға батылдары жетпей, үрпиісті. Осыны пайдаланған қашқарлық сып етіп, сыртқа шыға жөнелді. Бұл кезде Сүлеймен бір қолымен бет-аузын жуған қанды, бір қолымен үзеңгі тиген маңдай тұсын сүртіп, орнынан тұра берген. Оны көрген Қаратай: – Қозғалма, Сүлеймен! Отыр, отыра тұр, – деп өзі нар шетінен көтеріле, мұның иығынан басты. – Қап! Қайдағы біреуден таяқ жеп... Қап, ит-ай, қапыда ұрып кетті-ау... – Бұл пəле қайдан келе қалды? – Қалай байқамай отыра бергенбіз? – Əй, мына Сүлейменге бірдеңе қылайық та. Қан көп кетіп жатыр ғой, – десіп жан-жақтағылар шулап жатыр. Бір бұлар емес, шайханада отырғандардың бəрі дүрліге орындарынан тұрысып, Сүлейменнің жанына жиналды. Бір шайханашы таза орамал əкеп, Қаратайға ұстатты. – Қане, қолыңды алшы. Үзеңгі тиген жерге мына орамалды басайын. Сүлеймен қан аққан басынан қолын алды. Жұрт тағы шу етісті. Өйткені үзеңгі шекенің үстiн айырып жіберіпті. Мана ғана шашы тап- тақыр етіп алынған құйқаның еті екі жаққа ырсиып кетіпті. Қаратай сол жерге орамалды басып тұрып, тағы өкінішін білдірді: – Əттеген-ай, байқай алмағанымызды қарашы.

Сүлейменде үн жоқ. Басы зырқ-зырқ етіп ауырып, көздері қайта- қайта тұманданды. Бірақ жанына батқан ауруына қарамастан, ішін алай-дүлей ашу кернеп, тістерін шықырлата тістеніп, ары-бері қозғалақтай берді. Дастархан үстіндегі кесені алақанымен жаба ұстап, мытып жібергенде, ол сынып кетті. – Абайла, қолыңды тіліп аларсың, – деді Қаратай оны жұбататын басқа сөз таппай. – Бекабаны... Қайсың білесің, Бекабаның қай жерде отырғанын? Бүкіл жандайшаптарымен қосып, дəл қазір бауыздап тастайын. Шайханадағы жұрт тым-тырыс. Бет-аузын қан жапқан мынадай дию секілді адамнан зəрелері қалмағандай. Біреулер ақырын-ақырын басып, тысқа беттеді. Қаратай бір қолындағы орамалымен Сүлейменнің жарасын басып тұрып, екінші қолымен қалтасынан өз орамалын шығарып, мұның бетіндегі қанды сүртті. – Қаратай, апар деймін мені Бекабаның ұясына. – Сабыр ет, бауырым, сабыр ет. Алдымен мына жарақатыңды жазып алайық. – Құрысын жарақаты. Білсең, кеттік қазір! Қаратай жаңа оның жарақатын орамалымен басқанда қан біраз тиылған еді. Сүлеймен орнынан тұрып кеткенде, қан қайта сау етіп, аға жөнелді. Соған қарамай, Сүлеймен далаға атып шықты. Ашудан, əрі таяқ жегендіктен көзіне түк көрінбей кетті ме, шайхана алдында тұрған кісілерге тап беріп, олардың кім екендіктерінде жұмысы болмай, шетінен ұрып жықты. Біреулерін қаптай лақтырып, шат- шəлекейлерін шығарды. – Тоқтат, Сүлеймен! Есің дұрыс па өзіңнің? – деп Қаратай мен бағанағы егде кісі жүгіріп келмегенде, көрінгеннің бəрін қыра берер ме еді, Құдай білсін. – Уа, көке! – деді Сүлеймен қалш-қалш етіп. – Күллі Сібірдің аюларын жер жастандырып, денеме бір дақ тигізбей келгенде, енді қайдағы бір жаман мені ұрып, қорлап кеткені ме? – Əзірше ашудан түк шықпайды. Қазір менің туыс інімнің үйіне барып, басыңның жарақатын таңып, жазуға əрекет жасайық. Одан соң не боларын көрерміз, – деді егде кісі. Бастан аққан қан тоқтамай, Сүлейменнің мазасын қашырды. Жаңа ашумен тұрып кетіп байқамапты, үзеңгі тиген жер сыздап ауырып тұр. Шалдың сөзінен кейін өз-өзіне келген ол, оның

айтқандарына көнiп, соңынан ерді. Қаратай басқа үлкендеу орамал əкеп, басын таңды. Шалдың туыс інісі Қарақамыс өзенінің жанында екен. Құрақтың үйіндей емес, мұның үйі жинақы, тəуір там. Іші де жайлы. Шал Сүлейменге інісін таныстырды. Аты – Қарынтай екен. Қарынтай қонақкəдені жақсы білетін, жайдары кісі болып шықты. Сүлейменнің басына киіз күйдіріп басып, қан киімдерін тазалатып берді. Бір күннен кейінгі шал мен Қаратай: «Амандық болса, келесі базарда кездесерміз», – деп қайтып кетті. Сүлеймен осы үйде бір жеті жатты. Қарынтай екеуі əбден əңгімелесіп, дос болып кетті. Жеті күндей өткен соң жара орны қабыршақтанып біте бастады. Ал басының айналуы қоймады. – Үй өзіңдікі. Көп ұйықтай бер. Миды ұйқымен тыныштандырсаң, зақымы кетеді, – дейді оны сезген Қарынтай. Алайда Сүлеймен бұрi үйге масыл боп жатуды жөн көрмеді. Келесі базарда далаға шығуға жиналды. – Жата берсейші, Сүлеймен. Базар біткесін, көкем мен Қаратай өздері-ақ келеді. – Саған рахмет, Қарынтай. Əбден жаттым үйіңде. Мына денеме қарап, мені біреулер мешкей, жалқау, бейқам деп ойлайтын шығар. Ең жек көретінім – үйде бос жату. Бекабаға кегім қанша қайнаса да, мына жарақат бір жеті уақытымды алып, босқа жаттым. Енді мені жарылып өлсін демесең, ұлұқсат бер. Жөйіттерден кегімді алмайынша, мен тыныштық таппан. Осы, Қарынтай, сендерден сұрауды ұмытып кете беремін. Жөйіт деген кімдер? – Жөйіт дегендер бір қауым ел. Оларды Бекаба жұмсап отырады. Бекаба бұзық сарттар мен таулықтарды, қазақ-өзбектерді де өз қарамағына қаратып алған. Ал шын жөйіттердің кім екендіктеріне келсек, олардың түбі Бұхарадан тарайтынға ұқсайды. Өздері «ібрей» дей ме, «ебрей» дей ме, сарттанған басқа ұлт. Шетінен дəу келеді. Айына бір рет адам жейтін мейрамы болады екен. Жегенде ер кісіні емес, еті тəтті болады деп жас балалар мен қыздарды, семіз əйелдерді жейді екен. Естуімізше, Бекаба жас қыздарды сойып жегені былай тұрсын, алдымен зорлап алып, қыздың пəктігінен аққан қанды жалап, ішеді дейді. Көрген жоқпыз ғой, айтушыларға сенсек, ол өзі семіздіктен бе, əлде дəуліктен бе, зорға қимылдайды-мыс. Жандайшаптар оған жас қыздарды апарғанда, ол байғұстарды тырдай

шешіндіріп, екі қол, екі аяқтарын кере байлап, анау сұмға дайындап береді екен. Байлаулы адамды өлiмшi бөрінің де талауға шамасы келеді емес пе? Бекаба əрең қозғалса да, байлаулы қызға асылуға шамасы келетін болса керек. Хайуанның қарнын жарып, сүйегін талқандайтын бір ер бар ма екен?! – Олар адамды кəдімгі малша бауыздап, етін пісіріп жей ме екен? – Естіген құлақта жазық жоқ. Тағы да естігенімді айтайын. Бала- шағамыздан бетін аулақ қылсын. Үлкен əйелдерді қалай соятынын есітпеппін. Ал балаларды ұн себілген үлкен сыпыраның үстіне шығарып қойып, өздері айнала тұрады екен. Шеттегі біреуі балаға iстiк темірді сұғып алады-мыс. Бала бақырғанда шетте тұрған бірі анаған ұрсып, балаға жақсы сөз айтып, өзіне шақырады екен. Бала сорлы алданып оған барғанда, ол да жасырып ұстаған бізін сұғып жібереді-міс. Содан үшіншісі əлгінің айтқанын қайталап, баланы өзіне шақырады. Қойшы, не керек, ортадағы баланы осылайша қорлап, əбден қансыратып, өлтіреді дейді. Жаны қысылған бала ары шапқылап, бері шапқылап жүргенде, денесінен аққан қан сыпыра үстіндегі ұнға əбден шыланып, қамыр боп иленіп қалады екен. Сол қан араласқан қамырды пісіріп, тамсана жейтінге ұқсайды, пəтшағарлар. Ал денесін кейін бөлшектеп жесе керек. Мына сөзге Сүлейменнің денесі тітіркенді. – Осыдан көр де тұр, Қарынтай. Сол жөйіттердің өз қандарын өздеріне іштірмесем, Сүлеймен атым құрысын! Қарынтайдан естіген сөздердің жаман əсерінен арыла алмай, Сүлеймен базарға жетті. Базар ығы-жығы. Көп адамдар мен малдар арасынан өзінің таныстарын іздестірді. Өткен жолы қашқарлықтарды ұрып жыққан тұста егде кісі тағы мал сатып тұр. – Ой, балам, бір жеті ішінде жарақатың жазылып қалған ба? Пəлі дерсің. «Батыр адам онша-мұнша тəн жарасын елемейді» деген осы да. Таңған шүберекті шешіп тастағаныңа қарағанда, жара əбден біткен-ау деймін. Жақсы. Өзіңді ұрған адамнан кек қайтаруға жарап қалыпсың. – Жарауын жарадық-ау, көке. Бірақ ұрғанды қайдан табамыз? Еш болмаса түрін де көре алмай қалған жоқпыз ба? Шал жан-жағына қарап, Сүлейменге «құлағыңды тос» дегендей белгі жасады. Сосын сыбырлады:

– Мана Қаратай сені ұрған адам туралы бірдеңе айтып келді. Сірə, ол оны тапқан-ау деймін. Қазір өзі келеді. Содан соң есітерсің əңгімесін. – Рас па? Анық тауып па? Сүлейменнің дауысы қаттырақ шықты. – Жəй балам. Айналада бөтен құлақ бар. Шалдың сақтығын сезген бұл əңгіме төркінін дереу басқа жаққа бұрды. – Тəшкендегі алғаш танысқан кісімнің бірі болсаңыз да, «көке» деуден əрі аспаппын. Атыңызды сұрамаппын дегенім ғой. – Атым – Төребек. О, міне, Қаратай да келе жатыр. Екеуің бұл жерде емес, оңашалау тұсқа барып əңгіме қылыңдар. Қаратай арсалаңдап келіп, Сүлейменмен құшақтасып көрісті. Ол да мұның төсектен ерте тұрып кеткеніне таң қалып, біраз сөз айтты. – Мейлі, тұрғаның бек жақсы. Жүр, шеткерірек барайық. Айтатын бір əңгімем бар. Екеуі шайхана артына шықты. Қаратай айналаға сақтана қарап тұрып, əңгімесін бастады: – Əнеукүні сені Қарынтайдың үйіне тастап шыққаннан кейін Төкең ауылға қайтты да, мен базарға қайта келгем. Ондағы ойым – шайханада қалдырып кеткен ер-тұрманымды ала кету еді. Оларды алып, шайханадан шыға бергенімде Мұзапар кездесті. Мұзапар деген тəшкендiк жөйіт. Жөйіт болғанда, Бекаба бандысының сапында емес. Қайта одан көп қорлық көрген кісі. Шайханадағы болған жайтты ол да көрген екен. Көргені былай тұрсын, сені ұрған адамды, тіпті оны кім жұмсағанын білетінін айтты. Бірақ алғашқыда олардың атын атап, түсін түстеуден қашқақтап, айтқысы келмеді. Мен ешкімге айтпаймын деп уəде беріп, олардың кім екендіктерін ақыры біліп алдым. Ұрғанның аты – Жəлелдин екен. Ал оны жұмсаған Бекабаның сенімді иті – қазақ Тұрлыбай. Мені Мұзапарға: «Тұрлыбайды танимын. Анау Жəлелдин дегеніңді сыртынан көрсетші», – дегенмін. Ол бүгін түске таман осында келіп, оны көрсетуге уəде берген. Сəлден соң Мұзапар келіп қалуы керек. Көрсетсе, Жəлелдинді қайтеміз? Не ойың бар? – Мені ұрған анық сол болса, оны заматта о дүниелік болды дей бер. Дегенмен, əлгі Мұзапарың жаңылысып басқа біреуді көрсетіп жүрмесін. Бекерден-бекерге əлдекімнің обалына қалып жүрмейік. Сол

үшін де алдымен көрсеткен адамының ақ-қарасына жетіп алайық. Тұрлыбайға келсек, ол ит баяғыда маған қысастық жасап, кейін сазайын алған еді. Бірақ қалай тірі қалғанын білмеймін. Енді менен өшін алмақ та. – «Мұзапардың көрсеткен адамының ақ-қарасына жетейік» дейсің. Ондай мүмкіндік бар ма бізде? Ол сені көргеннен тұра қашар. – Амалын табайық. Сен Тəшкенді жақсы білесің. Адам көзінен таса, бір қалтарыс-бұлтарыс жерлер бар шығар. – Ондай жерлер көп. Оған оны апаратын амалды ойлау керек. – Жаңа айттым ғой, амалы табылар. Мұзапар Жəлелдинді маған емес, саған көрсетсін. Сен əбден танып алып, оның артынан аңды. Қай жерде тұратынын біліп ал. Қалғаны онша қиын болмас. – Тұрлыбайды ше? – Жəлелдинді соның жұмсаған-жұмсамағанын білейік те. Айдаушы нақ сол болса, оның да басын кесемін. – Шетінен қыра бермей, əшейін өлiмшi қып таяқтап тастай салсақ ше? Бекерге күнəға батамыз ба деп қорқам. – Менің де тектен-тек ешкімді қыра бергім келмейді. Алайда ту сырттан таяқ жұмсаған опасыздарға аяушылық білдіру – менің қанымда жоқ нəрсе. Егер жекпе-жек шығып мені жеңсе, онда кешірер едім. Одан соң мен бағана Қарынтайдан біраз əңгіме естідім. Бекабаға қосылған бандылардың бəрі бөріге ұқсап, адам етін жейді екен. «Жас балаларды ұрлап əкетіп, шырылдатып сойып жейді» дейді. Бұл не деген сұмдық?! Əлгі Жəлелдинiң мен Тұрлыбайың Бекабаға жас балаларды апарып жүрсе, оларды несіне аяймыз? Бірақ мұның да анық-қанығына жетейік. – Онда қазірше екеуміз екіге бөлінейік. Сен Төкеңнің жанына бар. Сол жерде кездесерміз. VІ Қаратай шайхананың басқа жағына айналды. Сүлеймен базар ішін көктей өтіп, Төребек тұрған тұсқа беттеді. Төребекке жақындағанда қарсы алдынан пəренжі жамылған төрт əйел шықты. Пəренжі жамылған əйелдерді Қоқанда көруші еді. «Тəшкенде де əлі мұндай əйелдер бар екен-ау» деп ойлады да олардың алдын орай Төребекке жетті. Ол бір кісімен сөйлесіп тұр екен. Оған «Көке» деп сөйлей беріп еді, Төребек:

– Абайла, Сүлеймен! Артыңда, артыңда келіп қалды! – деп айқайлап жіберді. Сүлеймен артқа кілт бұрылды. Бұрылғанда көргені – жаңағы көргенi пəренжі жамылғандар əйелдер емес екен. Пəренжілерінің алдыңғы ұзын жамылғысының астына бір-бір сойыл тығып ұстаған еркектер екен. Бұл өздеріне қарай бұрылғанда, олар бастарынан пəренжілерін сыпырып-сыпырын тастап, бұған тұра ұмтылды. Сүлеймен қорғанып үлгергенше басы мен денесіне сойылдардың бірнеше соққысы тиді. Жанына батқан соққыдан бұл жанұшыра айқайлап, сілтенген таяқтарға қарамай ұрып жатқандарға тап берді. Сүлейменнің айқайы арыстанның ақырғанынан бетер естілді ме, жоқ, əлде, оның осынша соққыдан құламай, қайта өздеріне қарай шапқанынан сескенді ме, шабуылдаушылар бір сəт тосырқап қалысты. Осыны пайдаланған Сүлеймен біреуінің жағасынан ала кетті. Ол бұлқына кері шегінді. Тап осы мезетте қайта ес жиып қалған қаскөйдің бірі атылып кеп, Сүлейменнің артынан пышақ сілтеді. Құдай қолдады ма, болмаса ішкі сезімі білдірді ме, Сүлеймен бұрылмаған күйі артқа қолын сілтеп жіберді. Жұдырық пышақ алып таянған ананың иегіне сарт етті. Ол да өлермен біреу екен, жұдырық тиіп, қалбалақтап кетсе де, пышағын сілтеп үлгерді. Қанжар деуге келерлік екі жүзді ұзын пышақ Сүлейменнің санына қадалды. Сүлеймен тағы да жандаусы шыға ақырып, кері бұрылды. Пышақ сұққан жөйіт қаз-қатар байлаулы тұрған жылқылардың арасымен зытып берді. Ол қашқасын, өзгелері де ары қарай зуылдап жоқ болды. Əп-сəтте олардан айырылған Сүлеймен: «О, əкеңнің көрі... о əкеңнің көрі...» – деп аһ ұра бұлқынып, отыра кетті. Артынша ақырып тұра келді. Жан-жақтағы адамдар мұның адам шошырлық түрінен сескеніп, кейін шегіншектеді. Бұл кім жолында тұрса да, езіп тастайтын атан бурадай тепсіне басып, ішіндегі айтып жеткізе алмастай буырқанған ашудың əсерінен кімге не дерін білмей, біраз уақыт бір жерді айналып жүрді де алды. Əлден соң пышақ тиген санының тұсы ашып, аяғы ауыр тартты. Осы кезде қозған ашудан тұманданған көзі ашылып, сəл-пəл өзіне келді. Қараса, маңында ешкім қалмапты. Жұрттың бəрі сонадайдан қарап тұр. – Жаңағы кімдер? – деп айқайлады қарап тұрғандарға.

Оларда үн жоқ. Біреулері теріс бұрылып, əрмен қарай кетіп жатыр. – Төребек көке, Қаратай! Қайдасыңдар? – Мұндамын, Сүлеймен, мұндамын, – деді бір шеттен Төребек. – Уа, көке! Жаңағылардың менде ала алмай жүрген не ақысы бар? Батыр болса неге алдыма келіп, ұрыс салмайды? Қайда кетті сужүректер? Қайда, қайда деймін? Осы мезетте бір шеттен əскери киімді екі мілиса шыға келді. – Не болып жатыр мұнда? Басыңыз неге қан? Кіммен төбелестіңіз? – деді олардың бірі. – Базарларыңда бұзықтар көп екен. Бірақ бəрі өңкей арқадан тас ататын қорқақ бұзықтар... – Қандай бұзықтар? Сен өзің кімсің? Сендей дəу адамды көрмеуші едік қой бұрын. Қайдан келген жансың? Ақсаңдауың қалай? Аяғың ақсақ па? – деп екіншісі бастырмалата сөйледі. – Біреулер артынан келіп, пышақ ұрып кетті, – деді Төребек. – Неге ұрады? Өзі тиіскен де оларға. – Əй, не шатып тұрсың сен?! Мен өздігімнен ешкімге тиiспеймін. – Бақырма маған. Қорқатын адамың мен емес. Жөн айтып, болған жайтты баяндаудың орнына бақырады ғой бұл. Ашу тек сенде ғана бар деймісің. Əйдə, кеттік. Түс алдыма! Мілисаханаға барып, əңгімелесейік. Құдай біледі, осы өктемдігіңнен ғой, таяқ жеп жүргенің. Біздің базарда тентек көп болса, жұрттың бəрін азар-безер етпей ме. Жүр деймін! – деп бірінші сөйлеген мiлиса шарт кетіп, мұны алға итермелей бастады. – Итерме мені. Алдымен істің ақ-қарасына жетіп алсайшы. – Бізге қарап дауыс көтерме дедім ғой саған. Жүр деген соң жүр! Əйтпесе қазір аяқ-қолыңды байлап, сүйрелеп əкетеміз. – Мені емес, нəлеті, пышақ ұрғандардың аяқ-қолдарын байласайшы. – Не деп тұрсың? Həлеті дедің бе? Ай, бізге бұлай сөйлейтін кімсің сен?! Анау бақырайған екі көзіңді ойып алайын ба осы? – деп тұрған мілиса мұның жағасынан ұстап, сілкіледі. Өзі терісіне сыймай, əзер тұрған Сүлеймен ананың бас-көз жоқ басылғанына жынданардай халге түсті. Мілиса деп қараған жоқ. Қақ шекеден бір қонжитты. Жаман қораздай қоқиланған сорлы жалп етті. Оны көрген екіншісі:

– Əй, мынау қайтеді?! – деп тап берді. Тап бергенін қайтейін, көзді ашып-жұмғанша ол да аузы- мұрнынан қан кетіп, топыраққа бөкті. Алдыңғы төбелесті у-шусыз тамашалаған жұрт, екі мілиса сілейіп түскенде гу етті. Ұры- қарақшыны емес, мілисалардың өздерін сұлатып түсірген Сүлейменнен одан бетер сескенгендей, бір-біріне сыбыр-сыбыр етісіп, бұдан ұзай түсті. Олардың ұзай түскенінде себеп бар екен. Екінші шеттен қолдарында қаруы бар алты мілиса осы жаққа жүгіріп келді. – Қап, құрыдың-ау, Сүлеймен. Қала алсаң, қашсаңшы. Адамдардың ара-арасымен қашып ұстатпай кетерсің, – деді Төребек дауыстап. – Қашпаймын. Мені қатын деймісің. Кінəм болса, қашам да. Мылтықтарын кезеніп, жүгіріп келген мiлисалар Сүлейменді қоршады. Қатырма жағасында үш жұлдызы бар біреуі бастық болса керек, сұлап жатқан екі мілисаға еңкейіп, күре тамырларын ұстады. – Тірі екен, – деді сосын Сүлейменге қадала. – Сен бе ұрған? Көрсетейін саған мiлисаға қол көтергенді. Байлаңдар қолын! – Жолдас бастық! – деді Сүлеймен өзін ақтауға тырысып, – Маған бір қарақшылар жабылып, саныма пышақ ұрып, қашып кетті. Мыналар өзімді кінəлап, қол жұмсады. Қол жұмсағасын, қарап тұрмай, мен де салып жібердім. – Қандай жағдай болса да заң адамдарына қол жұмсауға болмайды. Жұмсаған екенсің, енді кінəлісің. Кеңес үкіметі өз адамдарын кім көрінгенге таяқ жегізіп қоймайды. Білесің бе, сен осыны? Біттің, енді атыласың. Байлаңдар қолын! Апарыңдар абақтыға! Қанша арыстан болса да, бір күнде мысыққа айналдырып жіберейік! – деп басқаларға өктемси бұйырды. Екі мілиса келіп, қолын байлады. Сүлеймен қарсыласпады. Себебі түрме бастығы: «Абай болып жүр. Мілисаларға жанаспа. Бір жағдай болып оларға түсіп қалсаң, мұнда жатып шыққаныңды жəне қалай босанып кеткеніңді айтушы болма. Айтсаң, басым пəлеге тағы қалды дей бер», – деп еді. Сол есіне түсіп, бұл жолы үнсіз тұрды. Бастық жерде жатқандарды сүйеп тұрғызды. Оның бірі басын сілкіл- сілкіп алды да «Ах, əнəңнің...» деп Сүлейменге ұмтылды. Ұмтылып келіп, бір-екі қойып қалды. Сүлеймен кейін шегінді. Бірақ анау батпақ қатындай қолдарын сермеп, ұруын қояр емес.

– Бастық, тоқтат мынауыңды! Бастық үндемеді. Ал анау үдей түсіп, ұруын қояр емес. Бір соққысы Сүлейменнің мұрнына қатты тиді. Мұндай соққы Сүлейменге шопақ құрлы болмағанымен тыз етіп, жанына батты. Бұған ашуы қайтадан қоза жөнелген Сүлеймен алға ентелеп барып, ананы басымен бір ұрды. Ол кесілген теректей тағы гүрс етіп құлады. Осы кезде екіншісі жетіп келді. Онысын бір теуіп ұшырды. – Жабылыңдар! Сол-ақ екен, алты мілиса алты жақтан жабылды. Оларға құлаған екеу тұра сап қосылды. Əттең, шетінен ұрып құлатар еді, қолы байлауда болған соң қарсы амал қыла алмады. Сонда да болса теуіп, алғашқыда ешқайсысын жақындата қоймады. Оның үстіне жаралы аяғы да епке келе бермеді. Ақыры сегіз мілиса жабылып жүріп, зорға жықты. Содан тепкінің астына алсын кеп. Егер бастық «тоқтатыңдар» деп айқайламағанда, Құдай біледі, ес-түссіз қалғанша тепкілей берер ме еді, кім білсін. – Өзі жаралы адамды неге сонша тепкіледіңіздер? – деді Төребек олар тоқтаған кезде. – Сенің жұмысың қанша? Бұл оған əлі аз. Көресіні ана жаққа барған соң тағы көреді. Мілисаға қол көтергеннің қандай екенін біліп жүрсін. Сүлеймен сүйретіле орнынан тұрды. – Апаратын жеріңе апар, нəлеті! Кеңес заңы əділ болса, əділіне жетіп көрейін. Бірақ мені артымнан айдамаңдар. Өліп кетсем де жүрмеймін. – Сонда қалай жүрмексің? – деп мысқылдады бастық. – Алдымда жүріңдер. Мен арттарыңнан ілесем. – Тапқан екенсің ақымақты. Əйда, жігіттер! Алдарыңа салып, көк өгіздей айдаңдар. Мілисалар Сүлейменді мылтықтарымен түртіп айдай бастады. Сүлеймен жүрмеді. Содан тағы ұра жөнелді. Бұл тағы қозғалмады. Бір орнында сіресіп тұр. Болмаған соң екі мілиса шекпенінің етегінен ұстап алға тартқылады. Əйткенмен қозғауға əлдері келмеді. Оларға екеуі көмектесіп, Сүлейменнің жамбасына қолдарымен жабысып игерді. – Не деген мызғымайтын адам. Жаңа қалай жықтық өзін? – дедi мiлисалардың бірі.

Оның бұл сөзіне базар ішіндегі адамдардың біразы мырс-мырс күлісті. Əрі қарай тағы да күлкіге қалғысы келмеді ме, бастық сөйледі: – Жə, тоқтаңдар. Ал сен, міз бақпаған өгіз неме, біздің артымыздан шынымен жүресің бе? Онда біз алда жүрейік. Тек, байқа. Қашуға əрекеттенсең, атып тастай саламыз. Бұлардың бəрібір жібермейтінін Сүлеймен сезді: – Мен екі сөйлеген емеспін. Еремін соңдарыңнан. Мілисалар алға түсіп, Сүлеймен ақсаңдай соңдарынан ерді. Қарап тұрған жұрт бұған тағы күлісті. Құдды бір мілисалар Сүлейменді емес, Сүлеймен мілисаларды айдап бара жатқан сияқты. Олар кеткенде, Төребектің жанына Қаратай келді. – Пəлі, ақыры мыналарға айтқанын істетті ме? – Сүлейменге Құдай ерекше бір рух қондырған екен. Басқа небір дəулерді де көреміз ғой, мілисаның алдына түссе, зытып жүретін. Ай, ай, не деген қаһарман адам... Сүлеймен олардың сөздерін естімеді. Мілисаларға еріп, базар шетіндегі ескілеу, ұзын тамға келді. Мілисалар есік алдына кідіріп, бастық ішке кірді. Сүлейменге бұрылып, «жүр» дегендей белгі жасады. Мілисаханасы осы екен. Бастық іште отырған бір мілисаға бұйырды: – Мынаны түпкі бөлмеге апарып қама. Байлауын шешпей-ақ қой. Сүлеймен жолда «тағы да темір торлы есігі бар абақтыға қамалам-ау» деп ойлаған. Мұндағы есіктер темір торлы емес, кəдімгі ағаш есіктер. Əлгі мілиса солардың біріне Сүлейменді кіргізді. Іште екеу отыр. Біреуі – қаракөк бурыл сақалы мені қоңқақ мұрнына қарағанда таулық секілді. Екіншісі – кəдімгі сарт. Бұл кіріп келгенде екеуі де өре түрегелді. Сосын екеуі де қолдарын кеуделеріне қойып амандасты. Сүлеймін абақты өміріне біршама үйренген. – Уағалайкумассалам. Бірақ сендердің қолдарыңды алатын мұршам жоқ. Қолдарым байлаулы. Қамауға кіргізгенде мiлисалар байлауды шешуші еді. Бұл жолы шешпеді. Əлде мұндағылардың əдеті осындай ма? Қане, біреуің қолымды шешіңдерші. Қолын шешсек, мілисалардан бір бəлеге қалармыз деді ме, анау екеуіміз бақпады.

– Немене, қорқып тұрсыңдар ма? Қаһарлы дауыстан дір еткен екеуі бастарын көтерді. Алайда тұрмады. – Қолыңызды шешсек, мілисалардың тоқпағына қалармыз, – деп міңгірледі біреуі. – Иə, иə, аямай ұрып тастайды, – деді қасындағысы оны қостап. Олардың мұншалықты қорқақтығына налыған бұл: – Шешіңдер деймін! – деді ызғарлана тістеніп. Оның мұнысы жаңағы қаһарлы дауыстан бетер əсер етті-ау əсті, екеуі де ұшып тұрды. – Жақсы, əка. Шешейік, шешейік. Қолы босағасын, Сүлеймен белбеуін шешіп, шалбарын төмен сырды. – Сендерді бекерге қинағаным жоқ. Көрмейсіңдер ме, саныма пышақ кіргенін. Нəлеті қаскөй, пышақты тағы терең ұра алмапты. Сонда да кесілген жер ашытып барады. Немен таңсақ екен? Қара саннан төмен қарай жылымсып аққан қанды көргенде бурыл сақалды сөйледі: – Етігіңізді шешіп, шалбарды сыпырып тастаңыз. Байлайтын бірнəрсе табармыз. Қан Сүлейменнің балағын бойлап, табанына дейін жетіпті. Пышақ кірген жері ырсиып тұр. – Іш көйлегімді шешейін. Сонымен таңбасақ, басқадай амал жоқ, – деп Сүлеймен киімін шешті. – Мына тұсқа қисайыңыз да қозғалмай жатыңыз. Қан дереу тиылады. – Нəлетi мiлисалар адам қамайтын тамға шөп емес, көрпе төсеп тастаса ғой, – деп Сүлеймен таулық нұсқаған бұрышқа жантайды. Шөп үстіне шалқалай жайғасқан соң анау екеуінен не үшін қамалғандарын сұрады. Олар базарда ұрлық істегендерін айтты. Айтыстарына қарағанда, істеген ұрлықтары түкке тұрғысыз. Бір кемпірдің сатып тұрған алашасын ұрлапты. – Алаша ұрлап күн көрмей-ақ қойсаңдар нетті. – Уа, əка, сол күні қолымызға одан басқа ілігер ештеңе болмады да. Жауаптары осы болды. Одан кейін де талай əңгімелердің басын қайырып, үшеуі кештi батырды. Кеш батқасын, үстеріндегі жеңіл

шапандарын қымтанып, ұйқыға кірісті. Қалың ұйқыға батқан Сүлеймен түс көрді. Осы бір түс оған қайта-қайта кіретін. Бүгін тағы қайталанды. Ауылында, сонау Бадам жағасындағы Хантөбенің үстінде отыр екен. Ойда найза мен қылыш ұстаған көп сарбаз бір-біріне қырғын майдан салуда. Көп адам қырылып, қан ағып жатыр. Ортада қарагер атқа мінген бір батыр, қарсы жақтағыларды өлтіріп, қандарын судай ағызған сайын: «Осы керек сендерге, опасыздар! Осы керек» – деп айқайлап қояды. Əлгі батыр тура өзі сияқты. Сияқты емес, тура өзі, «Онда мен өз- өзімді сырттай қалай көріп тұрмын» деп жан-жағына бұрылса, анадайдағы Хантөбенің басында тағы өзі отыр. Қасында ақбоз атқа мінген қап-қара киімді, қара сақалды шал тұр. Ол шалға қарап: «Мен екеу болып кеткенмін бе өзі?» – деп қояды. Ол болса: «Отырған өзің, ал анау майдан ортасында жүрген сенің өмірің», – деді. Шал осыны айтып, ат-матымен аспанға көтерілді. Ол көтерілгенде жер-дүниенің барлығын дауыл қаптап, ойда ұрыс салып жатқан сарбаздардың бəрін көтеріп əкетті. Қатты дауыл мұны орнынан қозғай алмады. Тек демалысын қиындатып, демін тарылтып жіберді. Гуілдеп соққан дауыл аздан соң дем шығаруға да мұрша бермей барады... Ышқына оянды. Құдды біреу қылқындырып тастағандай ентіге демалып, жүрегі тарс-тарс соғып жатыр екен. Кішкене терезеден түскен бозамық сəуле таңның енді атып келе жатқанын білдіріп тұр. Сəл жатып, ентігі басылған соң жаңағы түсін есіне алды. Есіне алғанда, осы түстің айна-қатесіз көрініспен нешінші рет кіргенін санамақ болды. Дəл санай алмады. Бірақ он реттен аса кіргені анық. Бұрын қанша кірсе де, бұл жайын ойламайтын. Бүгін ойлады. Осы түс ылғи жаны қысылған немесе бір шырғалаңды оқиғаға тап болғанда кіретін. Əрі осы түс кіргенде кездескен кауіптен тез құтылатын. «Құдай қалап, осы жолы да мына пəлелерден құтылып қалармын. Бірақ міəлисаны ұрған адамды өкімет тектен-тек жібере қоюшы ма еді?» Бұл күні түсіне сенгісі келмеді. Бірақ тəтті үміттен қол үзгісі келмей, əрдеңені бір қиялдады. Содан кейін түсіндегі ақбоз ат, қара киіммен үнемі көрінетін əлгі шал туралы ойлады. Ол түсінде ғана емес, өңінде де осы кейіппен көрінеді. Ылғи көрінбейді. Жаны қысылған қысылтаяң шақта келеді. Баяғыда Билікөлде орыс балуанынан жеңілейін деп тұрған шақта көрініп еді. Ол көрінген соң


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook