Ішке кіргенде Сүлеймен айналаға көз тастап еді, Құдай салмасын, ауласы құла-дүз. Бастырмада байлаулы тұрған малдарда есеп жоқ. Үш- төрт еркек астауға жем-шөп салып жүр. Бірақ ол жақты түгел көзімен шалып үлгермеді. Бастаушы жігіт түнікімен жабылған еңселі тамның алдына келгенде: – Белдеріңде наган, қанжар жоқ па? Кəне, екеуің де шапандарыңның белбеуін ағытыңдаршы, – деді. – Рахман бектің адамдары құрбашыға жаулық ойлап келеді деймісің? – Кім біледі, Рахман бектен көптен бері хабар болмай кеткен еді... Исламқұл əкадан басқасының бəрі бəлшебектердің құлына айналып кеткен қазір. Сол үшін де əманда сақтық керек. Қаруларыңыз жоқ болса, аяқ киімдеріңізді осында қалдырыңыздар да соңымнан еріңіздер. Ол осыны айтты да, арғы есікке бұрылды. Ажан етігін тез-тез шешіп, оған ілесті. Сүлеймен етігінің табанын жаюлы текеметке сүртіп-сүртіп, оның соңынан ерді. Үшеуі төрт есіктен өткен соң бір үлкен бөлмеге кірді. Төрде беті жалпақ, қоңқақ мұрынды, қап-қара бұйра сақалы беліне түскен, алпамсадай біреу малдас құрып, шəй іші отыр. Жанында көзі ғана көрініп, бет-аузын, басын қара орамалмен ораған жап-жас келіншек шəй құйып отыр. – Құрбашы, Рахман бектен кісілер келіп тұр, – деді жол бастаушы жігіт. – А, – деді анау таңданған кейіппен. Денесі қандай зор болса, даусы да жуан екен. – Ойпырмай, ол əлі тірі жүр ме екен? Неғып тұрғызып қойдың оларды? Бері өткізсейші. Сүлеймен осы сəт «қарауыл жігітті бір ұрып, қатырып тастап, оған атылып барамын ғой» деп ойлаған-ды. Бірақ ананың мына сөзінен кейін іштей сабыр сақтады да, жанына жақындап, қолын алды. Ажан болса оның жағдайын сұрап, іші-бауырына кіріп, өтірік өліп барады. «Иншалла, шүкір» деген Исламқұл Сүлейменнен көзін алмай отыр. – Рахман бектің құзырында мынадай бəйтеректей ұзын, аюдай тұрпатты адам бар ма еді? – Бізде түрлі-түрлі адамдар бар, құрбашы. – Иə, өздерің қай қуыста тығылып жүрсіңдер? Рахман бек Ауған асып кетті деп естіп едім. Өлімнен аман екен-ау. Қашан оралды?
– Құрбашы, жанымызда бөтен көздер отыр... – Əй, шығыңдар екеуің де! Керек болсаңдар шақырамын өзім, – деді Исламқұл қарауыл мен келіншекке кезек-кезек қарап. Олар сыбысын білдірмей шығып кетті. – Барлық əңгімені мынау дəу айтады. Бұл сізге жақын отырсыншы. Ал мен аржағыңызға отырайын, – деп Ажан орнынан тұра сап, Исламқұлдың сол жағына ауысты. Оның ойын түсінген Сүлеймен берірек жылжып, сөзге келместен Исламқұлдың бетінен құлаштап бір-ақ соқты. Оның шүйдесі артқы дуалға оңбай соғылып, бір мезет есінен танды. Сүлеймен қонышындағы екі жүзді қанжарын суырып алып, алқымына тақады. Бірауықтан соң есін жиған Исламқұл айқайламақ болып, əрекеттеніп еді, бұл оның сақалынан уыстай ұстап, иегін жоғары көтерді. Басы дуалға сүйеніп, аузы жабылып, айқайлауға мұршасы келмеген Исламқұл қолдарын шапалақтай бергенде, Сүлеймен қанжарын екі алақанының ортасына қырынан ұстай қойды. Екі алақаны қанжар жүзіне барып қадалған Исламқұл «Ө-ө-ө» деп өзгеше дыбыс шығарды. – Ей, хайуан! Өлеріңнің алдында тыңдап ал. Мен – сен қолға түсіре алмаған Сүлейменмін. Өміріңде «алты аласың, бес бересің» жоқ маған өштесетіндей қай кегің қалып еді? Əлде, өзіңе келер зауал жоқ деп ойладың ба?. – Қарауыл, қарауыл, – деп шиқылдады Исламқұл. – Сүлеймен, Сүлеймен... – Бізді өлтірем деп ойлап едің. Ал қазір бізден бұрын бар о дүниеге, – деп Ажан оның қарын тұсына қанжарын екі рет сұғып- сұғып жіберіп, ары қарай итере салды. Исламқұл аузы ашылған күйі қиқына дем алып, бүк түсті. Ажан қанжарындағы қанды дастархан шетіне сүртті: – Енді есік алдындағы жаңағы итаршысын жайғайық. Одан соң бізге қауіп жоқ шығар. Екеулеп есікке жетті. Ажан «арғы бөлмеде ешкім жоқ па?» дегендей, оны жайлап ашты да, сығалап қарады. Мұнда ешкім көрінбегесін, екінші есікке жетті. Үшінші ауызғы бөлме де бос. Тек кіре беріс дəлізде манағы келіншек пен қарауыл тұр. Сүлеймен есік артында қалып, Ажан дəлізге шықты. Оны көрген қарауыл: – Құрбашымен əңгімеңіз тез бітіп қалды ма? Жылдам шығып қалдыңыздар ғой. – Сосын əлденеден сескенгендей: – Жаныңыздағы
серігіңіз қайда? Əлде құрбашы мені шақыртты ма? – деп келіншекке бір, Ажанға бір қарады да сөзіне жауап күтпестен ішке қарай қойып кетті. Ол еңкейіп есіктен өте бергенде, босаға жанына жабысқан Сүлеймен оның қарақұсынан қойып қалды. Кімге болса да жалаң жұдырығының соққысы күрзідей тиетін Сүлейменнің бір-ақ ұрғанынан қарауыл сорлы желкесі үзіле жерге қадала қалады. «Ə» деуге шамасы келмей, еденге гүрс еткен қарауылды көрген келіншек айқайлай берем дегенде, Ажан оның аузын алақанымен басып, ішке сүйреп кіргізді. – Артымыздан шыңғырып жүрер. Мұны да бір ұрып, талдырып тастайық. – Ұрсаң, өзің ұр. Менің енді əйелге қол көтеруім қалып па? – Кешір, қалқам. «Жауды аяған жаралы» дегендей, əйел болсаң да, сен де біздің бір жауымызсың. Аман тастап кетсек, артымыздағы қиқуға себің тиіп жүрер. Ажан қорқыныштан ес-түссіз күйдегі келіншекті төбелеп- төбелеп, сылқ түсірді. Ойлағандарын осылайша іске асырған екеуі Исламқұлдың қақпасынан шықты. Шығып бара жатқандарында бұларға ешкім назар аудармады. Малайлар мен қызметшілер өз шаруаларымен əуре боп жатты. Екеуі көшеде тұрған есек арбаға тез-тез мініп көше басына тартты. Көше шетіндегі қалың тұттың қасында екі құр атты жетектеріне алған Аязбек пен Төрекелді тұр екен. – Мимырт жүрістеріңе қарағанда, ештеңе бітіре алмағансыңдар- ау, – деді Аязбек өз атынан түсіп жатып. – Əсте олай емес. Қайта екеуінің де жайын тез таптық. Ой, сен, неге атыңнан түстің? Мін тез! Біз де мінейік аттарға. Мына тəжік қышлақ дəл қазір үстеріне жай түскендей болады, – деді Ажан. – Ойпырмай-ə, шынымен екеуін де демде бажарып келдіңдер ме? – Ажан мына есектер мен арбаны қайтпекпіз? – деді Аязбек. – Осы жерде қалдырамыз. – Біреу-міреу бұлардың сенікі екенін танып қойып, ертең мілисаға айтып жүрмей ме? – Бұлар менікі емес. Түнде Ажабадағы бір сарттың үйінен ұрлап шыққам. Ау, енді тұра бермейік. Мына қамысты жағалап, ордаға дейін жүрейік те, одан соң екеу-екеу бөлініп, Қоқанға шығыс жақ шеттен
кірейік. Мен Сүлейменді үйге алып кетемін. Аязбек, кешке сенің үйіңде жолығайық. Осы оқиғаның ертесіне бұлар күткендей-ақ бүкіл Қоқан дүр еткен. Мілиса да екі-үш күн ары-бері шапқылап, өлтірушілерді іздеген. Əрине, шын іздегенде табар ма еді, бірақ өздеріне де Исламқұлдың өлімі керек болды ма, əйтеуір іздеуді тез тиды. Бəлкім, Қоқан мiлисаларының басшылары оны тек сорып отыру үшін оған ерік берген-ау. Əйтпесе шын достары болса өйтпес-ті. Үш қатыны мен баскесер жандайшаптары пірлерінің өлімін іздестіруге қауқар да таныта алмады. Ол өлген соң артындағы малдары мен дүние- мүліктерін өкімет өз қарамағына өткізіп алды. Сөйтіп Исламқұлды жұрт бірте-бірте естен шығарды. Бірақ Исламқұл өлгенімен Қоқанда қарақшылық тиыла қойған жоқ. Қарақшылық болғанда – ашық қарақшылық емес. Сырт көзге көрінбегенімен, күн сайын бір бұзақылық жасайтын баукеспелік, баскесерлік істерді машық еткен кілең бұрынғы басмашылар мен ұрылардан тұратын топтардың қарақшылығы. Қоқандағы жаңа өкімет қазірше оларды жусатып салуға дəрменсіз. Исламқұлдан кейін Сүлеймен олардың талайымен алысты. Бірін жеңдім десе, алдынан тағы бірі шығады. Арпалыспен өтіп жатқан өмір... Х ...Иə, осылайша Қоқанда екі жыл өмірі өтіпті. «Елге кетейін, еш болмаса туған топыраққа сəл жақындап жүрейін» деп Сүлейменнің ойлағаны қашан. Алайда бір сəтi түспейді. Енді кетейін дегенде Шалпар секілді бір қанішер, болмаса бұған жаулық ойлаған бір қаскөй аяғына оралғы болып, жолын кесті де тұрды. Өзіне жаулық істегеннен кек алмай қоймай үйренген бұл, жүреді сосын оның артынан қуып. Сужүрек, намыссыз болса, бəріне қолды бір-ақ сілтеп, əлдеқашан кетіп қалар еді... Қоқандық баскесерлер мұны шаһардан масқара қылып қуалап жібереміз дейді. Ал бұл артымнан мазақ атым қалғанша, олардың көзін жойып кетемін деп, айқасқа түседі. Баскесерлер ақыры мұны қуа алмады. Қанша айла жасап, өлтіре де алмады. Есесіне, қаншасы бұдан жеңілді. Əлбетте, олардың бəрін Сүлеймен жалғыз жеңбеді. Қарақшылар арасындағы текетірестіктің қазанында əбден қайнап, жеке дара көзге түскен ол, өз қарамағына бірталай адамдарды топтастырып алды.
Қанды көйлек достары – Аязбек пен Төрекелді оң қолы. Пұсырманқұл – ақылшы. Ажан – пұл ұстаушысы. Бұлардан басқа қанша «барып кел, шауып кел» жігіттері бар. Қоқандағы қарсыластары Сүлейменді өздері жеңе алмаған соң, сонау Тəшкендегі Бекаба деген жөйіттен көмек сұрапты. Оны Сүлеймен кеше Ажаннан естіген. Ажан бұны Пұсырманқұлдан естігенін айтты. – Пұсырманқұлды ертіп келсейші. Істің мəн-жəйін өз аузынан есітейік те. – «Ертең өзім барып айтам» деп отырған. Мен өзіңе қазір жолығып тұрғаннан соң айтып отырғаным да, – деген-ді Ажан. Соны естігелі бері «Құдияррабаттағы» жақында бір өзбектен сатып алған жайда байыз тауып отыра алмаған Сүлеймен, үйге мың кіріп, мың шықты. Сəске əлетінде алдымен Пұсырманқұл мен Ажан, одан кейін Аязбек келді. – Қоқанда жүргеніме екі жыл болып қалыпты. Былтырдан бері мына Аязбек, Төрекелді үшеуміз «туған топырақта кетсек пе» деп жүр едік. Оған бір себептен бір себеп шығып, аяғымыздың тұсалана бергені сендерге аян. Енді биыл сендерді де ерте кетеміз деп жүргенде Кəкім сарт килігіп, ошағын опырғанша тағы жүріп қалдық. Енді əзір күн суытпай жылжиын десек, кеше Ажан бір нəрсені айтып, көңілімді бей-жай қылды... Кəне, Пұсырманқұл, сен білетінге ұқсайсың ғой. Ол не əңгіме? – деді Сүлеймен бəрі жиылған соң. – Айтпақшы, Тəшкен мен Қыбырай, Бөкі жақтарға сонау Түлкібас, Қаратаудан қазақтар ауып келіп жатыр дей ме? Соғыс болмай, жұт келмей тұрып, қазақтар неге ауып жүр? – Е, е, Сүлеймен. Өз тегімнен тартсам, қыпшақтың шаштысына жататын менің бір шоғыр аталарым осыдан алпыс жылдай бұрын Сыр бойынан осында ауып келген екен. Орыстар тықсырған ғой. Менің бабаларымнан бұрын да мұнда қазақтар көп болған. Қазақ бекер жер ауа ма? Тəшкенге барып-келіп жатқан адамдардан естуім бойынша, Қазақстанға қарайтын арғы іш жақта алапат ашаршылық болып жатыр дейді. Тəшкенге барып-келіп жатқандар өтірік айтпайды ғой. Əйтеуір ел жақтағы бауырлардың жағдайлары қиын екен... – Əй, əй, немене, сонда қайбір жылдардағыдай «жылантақыр» жұт болып па? «Бəрін жетілдіреміз, бəрін тойдырамыз» деген сəбет өкіметі халқын асырай алмай отыр ма екен?
– Бар пəле сол өкіметтің өзінде ұқсайды ғой. Естуімше, өкімет шаруалардың барлық малдарын тартып алыпты. – Атасына нəлет, ондай өкіметтің, – деп шарт кетті Сүлеймен қолымен жерді бір ұрып. – Əй, біз мұнда Қоқанның қарақшыларымен майдандасып не қыламыз? Ондай болса, кеттiк елге. Шаруаның малын тартып алып, аштан өлтірген өкіметпен күресейік қолдан келгенше. Ер екенімізді танытайық, жұртқа көмектесіп. Бұл сөзден кейін бəрі тым-тырыс қалды. Əркім өз ойымен алысып, жер шұқысты. – Ертең жиналыңдар, – деді Сүлеймен əлден соң. – Əйелдеріміз əзірше осында қала тұрсын. Жауға аттанған ер қатынын жолға алмас болар. Барам деген басқа жігіттердің бəрін ертіңдер. Шыршыққа дейін аман-сау жетсек, ары қарай таудан асып, елдің дəл үстінен түсеміз. Анау жақта күллі ел ашығып жатқанда, біз мұнда Қоқанның еркек тышқандарына дəулік көрсетпей-ақ қоялық. – Бұл бəріміздің ойымызда бар ғой. Бірақ анау Бекаба деген жөйіт сонау Тəшкенде жатып, біздің басымызды алмаққа бекініпті. Бүгін- ертең, ары кетсе арғы күні соның адамдары осында жетеді. Соларды бір жақты қылып кетейік те. – Қазақтардың ашығып жатқанын естіп, қызуланып кетіппін, Аязбек. Пұсырманқұл, Бекаба деген кім өзі? Бір жерден атын естіген сықылды едім. Тəшкенде біз секілді қарақшылар көп болғаны ма? Айдаладағы оның бізде несі бар? – Қазақ елінде жаңа өкімет нығайып, жұртты бір шыбықпен айдайды екен. Бізді Өзбекстан деп бөлгенімен, сол өкімет бізге əлі онша тізе батыра қойған жоқ. Білушілер Қазақстан мен Өзбекстандағы тəртіпті салыстыра алмайсың дейді. Сондықтан болар, бізде өзіміз сияқты қарақшылар топтары əлі сойқан салып жүр. Тəшкенде де солай. Тəшкеннiң күллі ұры-қарысы мен баскесерлерінің бəрі сол Бекаба дегенге бағынады екен. Оған Қоқандағы біреулер сені жамандап кісі жіберген де. «Сүлейменнің басын ал. Содан соң Қоқан да сенікі» деген-міс. Бірақ бұл – ақиқат. Маған сенімді адамдардың айтуынша, Бекаба өзінің баскесерлерін мұнда жіберіп те қойыпты. Алдымен бізге соларды қарсы алуға тура келеді. Сүлеймен біраз ойланып отырды. – Бекабаның маған жіберген адамдарының кім екенін қалай анықтаймыз? Жəне олар маған қалай шабуылдар екен?
– Былай етейік, Сүлеймен. Осы екі-үш күннің ішінде сен күндіз еш жаққа шықпа. Кім біледі, Бекабаның адамдары өзiңдi көшеде-ақ атып кетуден тайынбас. Не де болса, үйде күт. Баскесерлер ендігі сенің жайыңды да, түр-түлғаңды да біліп алғаны кəміл. Білмесе де, білетін біреу жандарында болады. Біз де осы маңнан ұзамай, жігіттермен торуылдап жүрейік. Өзің əркез мылтығыңды оқтап, дайын ұстап отыр. – Қайдағы бір Бекаба деген жөйіттiң аламандарынан қорқып, ініне тығылған суырдай болып отырамын ба енді? – Сүлеймен, – деді қатқыл дауыспен осы кезде Пұсырманқұл. – Кей кезде көзсіз батырлықтың да жөнсіз жері бар. Келетін жау ашық емес, бұта тасалап, жотадан бұғып келе жатыр. Əрі олардың Қоқанның қай көшесінде тығылып, кай үйінің бұрышында жасырынып тұрып қару жұмсайтынын да білмейміз. Аязбектің сөзі дұрыс. Көшеге шықпай, үйді паналай тұрғаның жөн əзірше. Təшкеннен келгендер бірден іске кіріспей, алдымен сенің аңысыңды аңдиды. Екі-үш күн сенің үйіңнен шықпай жатқаныңды білген соң олар түн ішінде осы үйге түсуге əрекеттенеді. Біз күндіз көше жақты торуылдайық та, түнде осында келіп отырайық. Сөйтіп олардың қандай айла жасайтынын көрелік. – Исламқұл мен Шалпардың алқымдарына қолым жеткенше, бір ай үйде отырып едім, омалып. Енді жөйіттерді күтіп, тағы ішім жарылардай болам-ау. Мейлі, сендер солай шешсеңдер, көнейін оған да. Бір айтарым, мынау Дилданы біреуің үйлеріңе апарыңдар. Маған əр қауіп келген сайын, бұл сорлының жүрегі ұшып өлетін болды. Екіқабат адамға қиын ғой. – Мен үйге апарып тастайын оны, – деді Пұсырманқұл. – Шынында, əйел затын мұндай іске араластырмаған жөн. – Оны кім араластырайын деп отыр. Егер осында атыс-шабыс бола қалатындай болса, ол көрмей-ақ қойсын дегенім де. Осыдан кейін олар тағы біраз нəрсені пысықтап, тарасты. Дилда Пұсырманқұлмен бірге кетті. Аязбек пен Төрекелді ертең келетін болды. Ажан бүгін кештен бастап, басқа жігіттермен бірге үй маңын қарауылдайтын болды. Сүлеймен тобы сөйтіп Тəшкеннен келетін баскесерлерді үш күн күтті. Күндіз де, түнде де үй маңына келіп, кеткен бейсауат кісі болмады. Күндіз ұйықтап, түнімен көз ілмей жау күткеннің қандай
болатынын Сүлеймен сонда ұқты. Үшінші түні күте-күте зарыққан ол шолпан туа «келетін дұшпан осы күнге дейін келетін еді ғой» деді де, жатып ұйқыға кірісті. Бір кезде біреудің жұлқылап тартқылағанынан оянып кетті. Көзін ашса: – Қашан ұйықтап едің өзің? Ойпырмай, басыңды емес, басқа жеріңді кесіп кетсе де, түк білмей ұйықтайсың ғой, түге. Əй, «мен келгенше қисаюшы болма» деп ескерткен жоқ па едім, – деп Ажан басында тұр. – Өй, осы сендердің тəшкендіктерің, сірə, келмейтін де шығар. Біріміз далада, біріміз үйде түн сүзіп, босқа отырмыз ба деймін. – Келмей қоймайды олар. Тəшкендіктер біздің ойымызды сезіп, қазірше əдейі тыныш жатқан болуы да мүмкін. – Қай уақыт болды? – Сəскеге көтеріліп қалды. Ə, міне, Пұсырманқұл да келе жатыр. Əнебір жанындағы сарты кім екен? Ажан сөзін аяқтағанша, Пұсырманқұл да үйге кірді. Қасында өңкейген, семіз, дəу біреуі бар. Амандық саулықтан соң: – Жансыздар арқылы білдім. Бекабаның адамдарының мұнда келгеніне екі күн болыпты. Кеше кешке: «Сендер қайта беріңдер», – деп Төрекелді екеумізді қуып жіберіп едің. Түннің тыныш өткені бек жақсы болған. Енді не қауіп болса да бүгін болады. Ə, ұмытып барады екенмін. Менің басыма бір ой келді. Мына сарттың аты – Атамқұл. Он сом пұлға жалдап əкелдім өзін. Бізге бір қызмет істейді бұл. – Қандай қызмет? – Түнде ауызғы бөлмеге сенің орнына жатқызып қоямыз мұны. Өзіміз ішкі тамда тығылып отырамыз. Тəшкендіктердің қанша болып келетіндігін білмейміз ғой. Сондықтан да олардың бəрін бірдей сыртта, көшеде ұстай алмауымыз да мүмкін. Қысқартып айтсам, олар қанша болған күнде де, бəрі бірдей үйге кіре қоймасы анық. Сені өлтіруге біреуі, болмаса екеуі кіруі мүмкін. Өлтірушілер кіре сала, орныңда жатқан Атамқұлды сен деп ойлап, бауыздауға əрекет жасайды. Ал біз мұны бауыздатпай тұрып, əрекет жасап қалуымыз керек. Сыртта қалғандары болса, Ажан мен жігіттер жайын таба берер. – Пұсырманқұлдың айтқаны жөн. Бас алушыны ішке кіргізіп, сыртта қалғандарын өзіміз ептерміз. Ал сен, Атамқұл, қорықпайсың ба?
– Пұсырманқұл əкам «сені өлтіртпейміз» деп ант-су ішіп келді. Он сом үшін тəуекел етіп отырмын. Бала-шаға көп дегендей... – Ештеңеден қам жеме. Əрі мұнда сенің келгеніңді ешкім білмейді. – Пұсырманқұл, сен сырттағы жігіттерге айт. Барып демалсын. Орнына өз жігіттеріңді əкеп қой. Біліп отырмын, бүгін тəшкендіктер осында шолғын жасайды. Бейсауат адамдардан көз жазбай бақыларсыңдар. Ал біз, Сүлеймен екеуміз кешке дейін жатып тынығайық, – деді Ажан. – Атамқұл, сен де жатып ұйықта. Пұсырманқұл кетті. Бұл үшеуі сол жатқаннан кешке бір-ақ тұрды. Күн бата Аязбек пен Төрекелді келді. Бөтен сарттың кім екенін білген соң Аязбек: – Иə, сен туралы Пұсырманқұл айтқан. Енді Сүлеймен, Ажан, мені тыңдаңдар. Пұсырманқұл бүгін келе алмайды. Бүгін ол үш жігітпен өзін жəне өз үйіндегі адамдарын күзетеді. Себебі бағана осы көше мен үйді ала шапан, ала топы киген төртеу ұзақ аңдыпты. Тіпті Сүлеймен, сенiң дарабазаңның қалай жабылып тұрғанын байқағандай, ары-бері тартқылап та көріпті. Келтелеп айтқанда, үй маңын əбден зерттепті. Пұсырманқұл олардың жүзін көріп қалайыншы деген оймен жақындаса, ішіндегі біреуі таныс боп шығыпты. «Сыр бермегенімен, олар секем алды-ау деймін. Мені көрген соң бəрі дереу тайып тұрды. Қанша дегенмен менің Сүлейменнің адамы екенінімді біледі ғой ол. Егер олар бүгін түнде ойларын іске асырмақ болса, онда Сүлейменге де, біздің үйге де бір мезгілде шабуылдайды. Сол үшін мен өз отанымды қорғайын. Ал сендер Сүлейменмен бірге бола беріңдер», – деді Пұсырманқұл. Сөйтіп, ол өз үйін күзететін болды. Біз Сүлеймен, Төрекелді үшеуміз осында қалайық. Сен, Ажан, көшедегі жігітермен сыртты бақыла, – деді. – Пұсырманқұлдың күдігі орынды. Қоқан қарақшылары көптен бері сенімен бірге оны да қарауылға алып жүр, – деді Төрекелді. – Ай, Құдай ұрып, біз бəріміз осы жерде отырғанда біреулер сендердің де үйлеріңе барып жүрмесін. Екеуіңнін де шақалақ балаларың бар. Соны ойладыңдар ма? – Қатындарымыз бен балаларымызды басқа үйлерге тығып келдік. Аязбек пен Төрекелді əкелген асты бесеуі отырып, ішіп алған соң. Ажан сыртқа беттеді:
– Ал енді мен кеттім. Ішке біреу-міреу кіретіндей болса, Құдай сендерге қуат берсін. – Осы сендер, түнімен көшеде тікелеріңнен тік тұрып, уақыт өткізесіңдер ме? – Біз саған айтпаппыз ғой, – деді Аязбек. Сүлейменнің сөзіне күліп. – Көшенің арғы бетіндегі үш көрші мен жан-жағындағы екі ауылдасыңды бір-бір қой беріп, өзімізге қаратып алғанымызға үш күн болды. Солардың ауласында екеу-үшеуден тығылып тұрып, сенің дарбазаңнан көз алмай отырамыз. Əйтпесе көшеде сенделіп неміз бар. – Əй, сендерден де айла артылмайды-ау. Ажан үйден шыққан кезде Сүлеймен аула шетіндегі ақырдағы қарагеріне шөп салып келді. Содан үшеуі түн жарымына дейін əңгіме құрып отырды. Атамқұл бағана ауыз бөлмеге жатып қалған. Бір кезде Төрекелді далаға шығып келді. – Төбеде шолпан туып қалыпты. Күткен адамдарымыз келмейді- ау, сірə. – Кейбір ұры-қарақшылардың таң ата қораға түсетіні бар. Тəшкендіктердің де сондай əдеттері болып жүрмесе игі... Төрекелді осылай дей бергенде, ауладағы ақырда тұрған қарагер қысқа ғана күркірей кісінеп, тебінгендей болды. Оның неліктен бұлай мазасызданатыны бұларға аян. – Мынау тегін белгі емес, – деп үшеуі атып-атып тұрып, ауызға бөлмеге қарай жылжыды. Содан кіре беріс есік жанындағы тесіктен үшеулеп сыртқа сығалады. Осы сəт үй сыртындағы дуалдан біреудің дүңк етіп асып түскен дыбысы шықты. Артынша аула ішінен əлдекімнің қараңдаған сұлбасы көрінді. Əлгі қараңдаған баяу басып, үйге жақындады. Аязбек сыбырлады: – Сүлеймен, сен есіктің арғы жақтауына жасырын. Төрекелді, мылтықты алып, ішкі есік алдында дайын тұр. Мен Атамқұлдың бас жағына тығылайын. – Келе жатқан бір-ақ адам-ау деймін... – Қазірше біреу сияқты, Сүлеймен. Сонда да үшеуміз үш жақтан дайын тұрайық та, Атамқұл басын ошаққа беріп жатқан. Аязбек келте шоқпарын оңтайлай ұстап, сол ошақтың тасасына тығылды. Сүлеймен есіктің ашылар жақтауына тұрды. Төрекелдi iшкі бөлмеге кетті. Сырттағы адам жайлап келіп, есікті тартқылады. Бағана Сүлеймендер оның
ілгіш жібін əдейі осал етіп байлаған. Бірақ анау есікті бар күшпен тартқыламай, бір-екі рет ырғап-ырғап қойды. Аз-мəз сəттен соң Сүлеймен есік пен оның жақтауы арасына қарыла сұғылған əлдеқандай заттың дыбысын есітті. «Жапсарға пышақ сұғып, жіпті қимақшы ғой». Ойлағанындай, біраздан кейін жіптің қиылғаны білінді. Мұны қараңғыда көрмесе де, жіптің шиқылдап қиылған бəсең даусынан сезіп тұр. Жіпті қиғасын, анау еппен есікті ашты. Бірақ кірмей, бірауық кідірді. Үй ішін Атамқұлдың қорылы кернеп тұр. Əлгі адам осы қорылдың ырғағын аңдып, тағы біраз тұрды. Əлденуақытта ішке жайлап бас сұқты да, босағада қалт тұрды. Сірə, қамыс арасында жемтігін аңдығанда үш басып, үш тоқтайтын жолбарыстай əккі-ау. Тез-тез қимыл көрсетпейді. Жымсыз келіп, бар ісін шыңсыз бiтiрiп кетуге дағдыланған жау ішке кіргенде, есік жақтауындағы ілулі шапанның тасасында тығылған Сүлеймен демін ішке тартып, тына қалған. Орта бойлы келген анау босағада ұзақтау аялдаған сайын, жауын көргенде шыдай алмайтын əдеті қозып, «осыны бір ұрып дуалға жабыстыра салсам ба екен» деп, кеудесін сабырсыздық жайлады. Алайда оның əрі қарай не қылмағын көрейін деген ойы бұл ниетінен бас тартқызды. Əрі мұның жалғыз еместігіне де көз жеткізу керек. Үйге ұрланып келген жау Сүлейменнің ойын тап басқандай, қорылдап жатқан Атамқұлға қарай жүрді. Қараңғыда Сүлеймен оның бет-жүзін анық көрмесе де, əрбір қимылын ажыратып, қалт жібермей тұр. Жау Атамқұлдың кеуде тұсына барғанда кідірді. Сосын еңкейіп, көрпеге үңіліп қарады. Қарап алып, бойын қайта тіктеді. Бұдан соң кəдімгі мал бауыздайтын адамдай тізерлеп отырды. Сүлеймен жаудың бұл отырысының мəнісін бірден ұқты. Жатқан адамды түрегеп тұрып, бауыздау қиын. Тізерлеп отырып пышақтау оңай. Атамқұлдың кеуде тұсына тізерлеген жау ол жамылған көрпенің бас жағын жайлап сыпырды. Енді бір сəт кешіксе, оған пышақ ұрылатынын білген Сүлеймен, «E-е-ей!» деп айқайлап жіберді де, атылып барып, оң жұдырығымен тіке бір соқты. Оқыстан шыққан дауыстан шошынған анау бұған қарай бұрыла бергенде, дəл аузынан тиген ғаламат соққыдан сұлап түсті. Сұлап түскенде, ошақ тасасындағы Аязбек оның үстіне қона кетті. Бірақ ол сорлы бұл кезде ес-түссіз қалған еді.
– Сыртты, сыртты бақыла, Сүлеймен. Тағы біреулері кіріп келмесін, – деді Аязбек қалтасынан жіп шығарып. – Мен мұның қолын байлап тастайын. Төргі бөлмеден атып шыққан Төрекелді мылтығын алға кезеп, сыртқы есіктің аузына келіп тұрды. Сүлеймен терезеден сыртқа көз тастады. – Бұдан басқа ешкім жоқ-ау деймін. Бар болса, екеулеп кірер еді ғой. – Көше жақтан ешбір дыбыс естілмейді. Егер бұл жалғыз болмаса, Ажандар бір əрекет жасамай қалмас еді. – Иə, Төрекелді, мұның кіріп кеткенін байқаған болса, ендігі сыртта қалғандарын Ажандар бір жақты етуі керек-ті. Алыс- жұлыстың бір дыбысы шықпады. Əлде, бұл пəле осылай жалғыз келді ме екен? – Сен екеуің шықпай, отыра тұрыңдар. Мен қақпа, көше жақты бір байқап келейінші, – деп Төрекелді аулаға беттеді. Аязбек екі қолын артына қайырып тастаған ананы Сүлеймен дедектетіп сүйретіп, төргi бөлмеге əкелді. – Шырақты жақшы, Аязбек. Мынаның кім екенін көрейік. – Шырақты қазірше қоя тұрайық. Сырттан бір хабар келсін. – Бұған қоса тағы біреу келсе, қарагер белгі берер еді. Осыған қарағанда, бұл – жалғыз. – Қайдам. Сүлейменді өлтіруге жалғыз келген болса, мұның жүрегі арыстанның жүрегіндей екен... Осы кезде сырттан біреулердің күбірлеп сөйлескені естілді. Бұған елең еткен екеуі дереу ашық есікке ұмтылысты. – Біз, біз, Сүлеймен. Ажан екеуміз ғой, – деді Төрекелді есіктен кіре бере мыналар бір ұрмасын деген оймен. – Ажан-ау, не байқадыңдар? – Құс болып ұшып келмесе, көз алдымыздан ешкім өткен жоқ еді. Мына Төрекелді «біреуді ұстап алдық» дей ме? – Жігіттерің қайда? – Отыр ғой, əр көршінің дарбазасының түбінде. Апырай, бұл қалай өтіп кетті? – Онда сен бар да, екі-үш жігітіңді біздің ауланың ішіне отырғызып қой. Қалғандары сол сыртта аңди тұрсын. Біз шырақ жағып, мынаның кім екенін көрейік.
Аязбек шырақ жақты. Осы кезде байлаулы жатқан жау ыңыранып есін жинады. Төрекелді құмандағы суды оның бет-аузына құйды. – Су, су ішкізші. – Су ішпей, тас iш, – деген Төрекелді құманның шүмегін оның аузына тосты. Шалқасынан сілейіп жатқан ол, шөл далада ұзақ жатып, қаталап қалған адамдай, суды апыл-ғұпыл қомағайлана жұтты. Содан басын сəл көтерді де, өзіне үңілгендерге алақ-жұлақ көз тастады. – Аһ, – деді сосын желкесімен жерді бір ұрып, – Əттең-ай, қапы қалғанымды қарашы. – Қапы қалғаныңа емес, тірі қалғаныңа тəубе де. Əйтпесе менің ұрғанымнан онша-мұнша адам аман қала бермейді... Ой, мынау қазақ қой. Сонда тəшкəндіктер қазақты өлтіруге қазақты жұмсағаны ма? О, ата-бабаңның көрін... Жатқан жеріңде жайрата салайын ба, осы? – Қой, қоя тұр, Сүлеймен. Алдымен мұның кім екенін біліп алайық. Ей, қыран тырнағына өзі іліккен түлкідей болған неме, ныспыңды жəне кім екеніңді айт! Жаңылмасам, Тəшкендегі Бекаба жөйіттен келген баскесер сен ғой. – Қап, əттең-ай, өмірінде бірінші рет мүлт кетіп, шарасыздыққа түстім-ау, – деді анау тағы өкінішпен тістене ышқынып, жауап берудің орнына. Сүлеймен беліндегі қысқа қайқы қылышты шығарды. – Бұрын ылғи əлсіз бен аңғалды шауып үйренгенсің де. Тəшкендіктерге қарағанда қоқандық қарақшылардың низамы мен тəсілі бөлек екенін енді ұққан шығарсың. Əй, мен сенің құсалығыңды тыңдап тұруға шыдамым жетпейді. Айтасың ба, кім екеніңді?! Əлде бауыздала салғың келіп жатыр ма? Шырақ жарығына жалт-жұлт етіп шағылысқан қылыш жүзінен анау көз алмай тағы да: – Сүлеймен деген қайсың? – деп сұрады. – Əне бір ұйқыдағы томардай болып қорылға басып жатқан ба, əлде төбесі көк тіреп тұрған сен бе? – Біріншісі – мен. Анау жатқан – екіншісі. Қоқандықтар қайсымызды өлтір деп еді? – «Сол көзінің астында адам шошырлық тыртығы бар дəуді көрсең, ішегін ақтарып, басын кесіп алып кел», – деп еді. Сірə. Сүлеймен ол емес, сен боларсың. Бұлай күткендеріңді білгенімде, бір
ай бойы келмей, қапыда басатын едім-ау. Бұл қырсық шалған түн болды өзі. Амалымның жүзеге аспай, қолдарыңа түсіп, өліммен жазаланатыным ештеңе емес-ау. Өзімнің артымнан қатын, бала- шағамның қырылатыны жаныма батады. – Өлтірсек, өзіңдi өлтіреміз. Қатын, бала-шағаңда неміз бар. – Түкке түсінбей тұрсың, Сүлеймен. Бекаба мені мұнда жіберер кезде: «Сүлейменді өлтірмей келсең, болмаса айлаң аспай, өзің опат болып кетсең, осында қалған отбасыңды да артыңнан жөнелтем. Сондықтан да Қоқанда оны өлтіру үшін түлкідей тіміскіленесің бе, қасқырдай иіскеленесің бе, əйтеуір ебін тауып, өкімімді орындап қайт!» дегені. Амал не, сауысқаннан сақ, құзғыннан қырағы болып келсем де, аяғым тұсалып қалады деп ойламаппын. – Ceн не оттап жатырсыз өзі? Мені өлтіре алмағаныңда – қатын, бала-шағаңнан айрылатыныңды білсең, онда неге ертерек ойланбадың? Өзiнiң өкімін орындамаған адамның отбасын түгел құртып жіберетін Бекаба деген тіптен жауыз адам ба? – Тұра тұршы, Сүлеймен. Сөзіне қарағанда, бұл қанша қанішер болғанымен, осы іске бір амалы жоқтығынан келген адамға ұқсайды. Əй, қаскөй, енді мені тыңда. Бəлкім біз сені өлтірмеспіз. Бірақ сен ол үшін кім екеніңді жəне мұнда кім жібергенін, Тəшкенде не іспен айналысатыңыды, əлгі, кім еді, Бекаба ма, соның нақты қандай адам екенін айтуға тиіссің. Атыңды да айтуды ұмытпа. Қай жердің қазағысың? – деді Аязбек. – Қоқанды қайдам, біздегі қарақшылар қолға түскен жауын «шыныңды айтсаң, өлтірмейміз» деп бар шынын айтқызып алады да, басын кесіп тастайды. Мейлі, ажалым бүгін жетсе – дауам қайсы. «Адам өлер алдында көңіліндегі хақиқатты мойындап кетсе, жалғанда жасаған күнəсі төгіледі» дейді ғой дамуллалар. Айтайын бəрін. Атым – Құрақ. Өзім Сырдариямен қатар шендесіп жатқан, бұрыннан-ақ ұры-қарының мекені болған, қазір де бандылар жайлаған «Бардаүңгір» жырасының Сарыбел тұсында туғам. Байлардың Көбек деген атасынанмын. Он үш жасымда жетім қалып, біреулерге еріп, Тəшкенге келгем. Шаһарда үйсіз-күйсіз қаңғып жүріп, адам тонайтын топқа қосылдым. Содан бері ұрлық жасап, кісі тонаумен күн өткізіп келемін, – деді де Бекаба жөйіттің бандысына қалай қосылғанын, сол бандыдағы ең епті де, ең айлакер сарбаз екенін жəне жуырда топ басшысы Бекабаның алдында кінəлі болып қалғанын, содан кінəсін
жуу үшін оны осында жұмсағанын тəптіштеп айтып берді. Бұдан басқа Тəшкендегі қарақшылардың тұрмыс-тіршілігі жайында да, Бекабаның кім екендігін де нақтылап баяндап өтті. – Бекабаның алдында не істеп, кінəлі болып едің? Бұдан соң Қоқаннан Тəшкенге Бекабаға «мені өлтір» деп кім барды? Ол жақтан қанша адам болып келдіңдер? – Ахыретке аттанар кезде жалған сөйлеп не істейін, Сүлеймен. Қоқаннан Бекабаға нақты кімнің барғанын білмеймін. Тек қайбір күні Бекаба мені шақырып алды да: «Менің алдымдағы кінəңді жуғың келе ме?» – деді. Басқа амалым болмағандықтан «иə», – дедім. Кінəлі болғанымның себебі былай: Тəшкенде аты шыққан дархан шанышқылы Қараман жəне Қосаралдың құлшығашы Парманқұл деген қос қазақ қарақшы бар. Мизам айында сол екеуі қазақтарды біріктіріп, Бекабаның көзін жоймақ болған. Мен Бекабаның қол астында жүрсем де бауырларымды жақтап, солардың жағына шығып кеттім. Əттең, Бекабаға шабуыл жасар күні Қараман мен Парманқұлды НКВД ұстап, қамап қойды. Олар ұсталған соң арамыздаli қадай сатқынның шыққаны қайдам, Бекаба жоспарымыздың бəрін біліп қойды да, мені үйінің астындағы зынданға қамап қойды. Сол зынданнан шығарып қой, мені осында жұмсағаны. Жаныма бір жөйіт пен Қоқанды жақсы білетін бір сартты қосып берді. «Қоқанға барған соң «Тұмарабаттағы» Тұрдақ дегеннің үйін тауып аласыңдар. Сол жақта Сүлеймен деген қазақтың бір əңгісі аңырап жүргенге ұқсайды. Соны піштіріп емес, өлтіріп кел», – деп жоғарыдағы əңгімені қоса айтты. Міне, осылайша Қоқанға келіп қалдым. – О, əкеңнің... Мені əңгіге теңеп жүр ме? Бүгін мені Тəшкенге ертіп бар. Мен оны ұрғашы есекке айналдырып, қодық тастатқызайын, – деді Сүлеймен түтіге. – Сабыр етші, Сүлеймен. Осы атқа қона сап, жауға шаба кетуге дайын тұратының-ай, сенің. Мынаның əңгімесін аяғына дейін есіткеніміз жоқ қой, əлі. Сөйтіп, Құрақ, Тұрдақтың үйін таптыңдар. Тұрдақ бұл жаққа қалай жұмсады? – деді Төрекелді. – Тұрдақтың үйінде үш күн жаттық. Төртінші күні «Құдияррабаттағы» осы Сүлейменнің үйін аңдуға кірістік. Мұны көрсеткен Оқап, Ынсап деген жергілікті адамдар. Бірақ Сүлейменді көшеден де, үй маңынан да кездестіре алмай, екі күн жүрдік. Үшінші
күні үйге қай жерден асып түсуге болатынын байқадық. Сөйтіп жүргенде Сүлейменнің Оқап танитын бір адамы кездесіп қалды... – Пұсырманқұлдың кешегі кездестіргені сол Оқап екен ғой, – деді Аязбек. – Иə, оның атын Оқап – Пұсырманқұл деді-ау деймін. – Мұнда жалғыз келдің бе? – Мұндай іске шыққанда жаныма кісі ертетін əдетім болмайтын. – Бəрі айқын болды, Аязбек. Бұдан сұрау ала беріп керегі не? Сен, Төрекелді, бар да Ажандарды шақыр. Олар келгесін, мына Құрақты атқа өңгеріп, Тұрдақтікіне барамыз. Таң енді атып келеді. Шырт ұйқыда жатқанда оның басын кесіп алайық. Одан соң Құрақты бауыздаймыз, – деді Сүлеймен. – Алдымен соны өлтірші. Содан кейін өзім-ақ өлейін. – Немене, өлуге пейілсің бе? – Жоқ, қазақ ерлерінің қашқарлықтардан, жөйіттерден басым түскеніне көз жеткізсем, арманым болмас еді. – «Арманым болмас еді» дейсің. Онда неге жөйіттiң тілін алып, өз қазағыңды өлтіруге келдің? – Ақталар сылтауым жоқ. Анау жастары онға жетпеген үш қаракөзімнің амандығын ойлап, не хайла істерімді білмей, абдырағаннан келіп едім бұл жерге. Айыпты – мен. Жазалаушы – сен. Мені сен өлтірсең, үш баламды жөйіт өлтірсе, Құдайға артар өкпем бар ма? Бұ қазақта түп-тұқиянымен өшіп кеткен жалғыз мен емес шығар, – деп күрсінді Құрақ. – Жайыңды түсінем, Құрақ. Жаһанды жайпаған жауыздың да, бір шерменде күйге түсетін кезі бар. Сен де сондай болып жатырсың қазір. Айыбыңды кешейік, қазір барғанда Тұрдақты өз қолыңмен бауыздашы. Осылай етіп, біздің алдымызда адал болуға ант-су ішсең, сенімен анда болысуға жараймыз. – Сүлеймен, басыңды алуға келген жаудың мүттəйім сөзіне сеніп, кеуде түйістірмексің бе? – Қазір Тұрдақтың, одан соң Тəшкендегі қарақшылардың толайым төресі болып жүрген Бекабаның басын алған соң кезек келер бұған. Ал қазір тұрғыз оны. Осы байлаулы күйінде алға салып, айдап жүр. Ə, міне, Ажандар да келді. Таң атпай жетейік, Тұрдақтікіне. Екі қолы артына байлаулы Құрақты алдарына салған бұлар, Құдиярхан сарайынан көктей өтіп, «Тұмарабаттың» үстінен бір-ақ
шықты. Тұрдақтың «Тұмарабаттағы» үйін бұлардың бəрі білетін. Ол Сүлеймендерден бұрыннан-ақ өштесіп жүретін. Өштесуінің себебі – Тұрдақ Қоқандағы ұры-қарақшылардың бəрі өзіме бағынса екен дейді. Оған бұл топ, əсіресе, Сүлеймен көне қоя ма? Өткенде Сүлеймен екеуі базар ортасында ерегісіп қалған-ды. Сол жерде оны Сүлеймен сілейтіп салған. Алайда жалғыз Сүлейменге оның оншақты жандайшаптары жабылып кеткен. Онын он жаққа лақтырып еді-ау, сонда. Ашық майданда осылайша ештеңе істей алмаған ол, енді бұған Бекаба арқылы адам жұмсағанын қарасайшы. Осыны ойлап, іші қызған Сүлеймен: «Бəлем, Тұрдақ, осы үшін тап қазір қаныңды судай ағызбасам, көр де тұр. Маған мiлиса да ештеңе істей алмас. Өйткені кінəлі өзің» деп іштей кіжініп келді жол бойы. Бұлар Тұрдақтың үйіне жеткенде, таң да атуға жақын қалған. «Тұмарабаттың» көшелері тым-тырыс. Жəдінің ұзақ таңында бұл шаһар халқы қарбаласы көп жаздағыдай емес, арқа-бастарын кеңге салып, көсіле ұйықтайды. Дегенмен жылдың қай мезгілінде де тірлігі тынымсыз, əрі қауіпті қарақшылар қашан да сақ. Əсіресе Тұрдақ секілді бар өмiрiн алыс-жұлыспен өткізіп келе жатқан бұрынғы басмашылар тəуліктің қай уағында да сергек болатыны аян. Осыны білген Сүлеймен оның қақпасының маңына келгенде: – Құрақ, түнде Тұрдақтың жанында кімдер бар еді? – деп сұрады. – Оқап пен Ынсап менімен бірге шыққан. Олар үйлеріне кетті. Демек, Тұрдақ үйде жалғыз болуға тиіс. – Қанша бала-шағасы бар өзінің? – Екі қатыны, бес баласы бар. – Бас-көктеп кіріп барсақ, қатын-балаларын шошытып жүрерміз. Оны тысқа қалай шақырсақ екен? – Егер сенсеңдер, мен шақырып келейін... – Саған сенім жоқ. Қу түлкіге алданар қарғаң мен емес. – Таң да атып келеді. Осылай топырлап тұра берсек, көзге түсіп қалармыз. Бір амалын істейік те, – деді Төрекелді. – Сен мынаның желкесіне мылтық тақап, осында тұр. Айқайлап белгі берсе, басып сал. Біз Аязбек, Ажан үшеуміз үйге кіреміз. Расында бұлай тұра бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Сүлеймен ағаш дарбазаның тұтқасын барынша тартты. Дарбазаның ілмегі үзіліп, қақпа есік бірден ашылды. Аулаға лап қойған Сүлеймендердің алдынан арс етіп, бір есектей ит шыға келді.
Ит алдыда келе жатқан Сүлейменнің санынан тістей берем дегенде, Ажан мылтықпен оның бүйір тұсынан бір соқты. Бұралаң етіп құлауға шақ қалған иттің алқымына Сүлеймен шап етіп жармасты. Сол жармасқаннан бір-екі рет қылғындырып жібергенде, иттің дыбыс шығаруға мұршасы келмеді. Одан осылайша құтылған олар, ауланың төр жағында ұзын етіп салынған там алдына тез-тез басып жетті. Осы кезде бұрыштан тағы бір ит шыға келіп, арсалаңдап үре бастады. Ажан үркітпек болып оған мылтығын кезенді. Алайда ит үруін одан бетер үдете түсті. Сірə, иттің үргенінен оянып кетті ме, там ішінен біреулердің күбір-күбір сөйлескені естілді де, ар жақтан əлдекім сыртқы есікті айқара ашып жіберді. Бəрі сол жаққа жалт қарасты. Бірақ қаракөлеңке там ішінде тұрған адамның сұлбасы анық көрінбеді. Соған қарамастан Сүлеймендер есікке ентелей жүгірісті. Осы сəт дəліздегі əлгі адам: «Тұрдақ, жау келді, жау келді. Тез-тез тұр орныңнан!» – деп айқайлады. Артынша гүрс еткен мылтық даусы шықты. Сүлеймен тура құлақ түбінен зу етіп өткен оқтың дыбысын анық естіді. Дегенмен ол тұрып, болмаса еңкейіп қалмай, алға ентеледі. Іштегі оқ атқан адам мылтығын шақылдатып екінші рет оқтай бергенде, Сүлейменмен қапталдаса жүгіріп келе жатқан Ажан əлігінің сұлбасын көздеп тұрып, басып қалды. «Ойбай, өлдім!» – деген дауыс шықты осы сəт. Бұл уақытта Сүлеймен ішке еніп те үлгерген еді. Қараңғылау тамға енгенде, оның көзіне алдымен босағада екі бүктеліп, ішін баса қиналып отырған кісі ілінді. Ай-ай жоқ əлгінің құлақ шекесінен қойып қалып, жамбастай құлатты. – Мен мына есікке, сен, Ажан, анау есікке кір, – деп айқайлады сосын оған оң жақты көрсетіп. Өзі маңдай алдындағы ішкі есікті ашып қалғанда, ақ көйлек, ақ дамбал киген семіз біреу қылышын бұған қарата сілтеп кеп жіберді. Қылыш бетіне тимей, сол жақ кеудесіне тиді. Жүзініп жатысымен тиген қарудың өткірлігі онша емес пе, жоқ, соққысы қатты болмады ма, шапанның кеуде тұсын айырып жібергеннен басқаға қауқары жетпеді. Ұрған соққысының ойдағыдай болмағанын білген ақ дамбалды екі қадам шегініп барып, қылышын тағы көтере беріп еді, арт жақтан келген Аязбек оны бір атты. Ақ дамбалдының қылышы қолынан сусып түсіп, шалқалай құлады. Оның ендігі қауіпсіз екенін көрген Сүлеймен арғы бөлмеге кіріп барды. Төсек үстінде отырған еңгезердей бір еркек: «Ой, кімсіңдер-ей, кімсіңдер?!» – деп дереу
жастығының астын сипалана бастады. Іздегенің қолына іліктіруге үлгертпеген Сүлеймен, оның қос иығынан шап беріп, бері тартып, детектетіп есік алдына бір-ақ шығарды. Бұл уақытта Ажан да жаңағы кіріп кеткен есіктен шықты. – Мына бөлмеде бір қатын мен бала-шағадан басқа ешкім жоқ. Жаңа кімді аттыңдар? – Ажан, Тұрдақты ұстап алдым. Сен кіріп, қатынының үнін өшірші. Неғып сұңқылдап кетті қаншық, – деді Сүлеймен Ажанға жаңағы өзі шыққан бөлмені нұсқап. Содан соң: – Мына тырайтып жатқан кімдер? – деді Тұрдаққа: – Қарауылдар ғой. – Өзіме өштік істеген жаудың он қарауылы болса да айламды асырып кететініме енді көзің жетті ме? Еркек болсаң, сонау Тəшкеннен мені өлтіруге адам жалдағанша, өзімді жекпе-жекке шақырмадың ба? Ай-ай, осы бет-аузын жүн, үсті-басын түк басқан күпірмелер маған жаулық ойлағанды қашан қоясыңдар?! Əлде мен Қоқанда жүрсем, сендерге ауа жетпей, күндерің көлегейлене ме? Болмаса, суларың лайланып, жерлерің шайқала ма?! Айт, тап қазір! Мені не мақсатпен өлтірмек болдың? – Базарларды да, көшені де билеп, біздің жұмыс істеуімізге мұрша бермей қойдың. – Қай жұмысыңа кедергі болып едім? – Хоженд, Ош жақтардан біздің жігіттер ұрлап əкелген малдардың біразын үнемі тартып аласың. Өкіметтің қоймасынан ұрланған заттарға тағы еншілес боласың. Керек болса, өзің ұрламайсың ба? Одан соң сен осында келместен бұрын мұндағы қазақтарды біз Исламқұл, Шалпар бəріміз құлша жұмсайтынбыз. Сол қазақтар сен келгелі бері құтырып кетті. Қанша айла істесек те, өлмейтін не пəлесің өзің? – Мен өздігімнен ешқайсыңа тиіскенім жоқ. Ал базардағы ұрланған малдар мен заттарға еншілес болсам, олар сенің меншігің, əрі əкеңнен қалған дүниелер емес. Ондағы шаруаның маңдай тері мен қолымен жасалған ұрлықы дүние-мүліктердің бəріне күші жеткен ортақ болуға хақылы. Бұл – қарақшылар арасындағы заң. Бірақ сендер, қазір анау дозақтың отына шыжғырылып жатқан Исламқұлыңнан бастап, бəрің сол заңды бұзушысыңдар. Тасадан оқ атып, бейғамдықта жон арқадан пышақ салуға дайынсыңдар. Сол үшін де саған кешірім
жоқ. Ажан, жаңағы итаршы – Құрақты осында алып келші. Мынаны «өз қолымен бауыздаймын деп еді ғой. Көрейік əуселесін. – А, не дейсің? Бағаналы бері «Құрақ сені қалай өлтірмеген?» деп ойлап тұр едім. Оңбаған қазақтың бұл қай сатқындығы? Бекаба жөйіт «кез-келген дұшпанға жындай көрінбей шайтандай білінбей барып, басын кесіп кететін желқұйрық қаһарман» деп мақтап жіберген Құрақ нағыз опасыз болғаны ма? О, Құдай, мұндай боларын білгенде, амалыңды өзім-ақ табар едім ғой, – деп жер тепсінді Тұрдақ. – Сен сияқтыға Құдайды ауызға алу не теңім. Құрақ емес, опасыз – сен! Ал опасызды өлтіру – Құдай алдында күнə болмайды. Ажан мен Төрекелді екі қолы байлаулы Құрақты айдап келді. Оны көрген Тұрдақ: – Сен, сатқын хайуан! Осының үшін жердің астына кіріп кетсең де, Бекаба өзіңді тауып алып, етіңді– ет, бұтыңды– бұт қылады. – деп кіжінді. – Мұның сөзін не қыласың? – деді Сүлеймен Тұрдақ оған бірдеңе дей бергенде. – Сен мана «қолымды босатсаңдар Тұрдақты өзім бауыздаймын» деп едің ғой. Бұл малғұнға жеткенше, мынау екі итаршының ажалына сеп болдық. Өлтірмеуге болмады, өзімізге тажал төнді. Ал, орында айтқаныңды! Мұның тағдырын саған бердім. Етін бауыздаған қойдай паршалайсың ба, жілік-жілікке бөлiп поршалайсың ба, өзің біл. Төрекелді, Құрақтың қолын шешіп, пышақ ұстат. – Қарап тұрыңдар, қазір қынқ деуге шамасы келмейді. Əлде айыздарыңды қандырып, біраз қинап, бауыздайын ба? – деп Құрақ Тұрдаққа жақындады. Тұрдақ өзіне ажалдың шын төнгенін сезіп, Сүлейменнің аяғын құшақтай алды: – Ойбай, Сүке, кешір, кешір. Бала-шағам жетім қап зарлайды ғой. Жаным үшін үйдегі бар пұлымды ал. Қатынымның біреуін де қоса берейін. Тек өлтірмешi. – О, сорлы, нағыз қорқақтың өзі екенсің-ау, ə. Осы қорқақтығыңды ертең-ақ бүкіл елге жайып жібереміз. Бауыздамай-ақ қой, Құрақ. Тек мұны біразға дейін сөйлей алмайтындай етіп, тілін тілгіле, жүре алмайтындай етіп, аяқ-қолдарын сындыр! – Тым аяп тұрғанымыз жоқ па, Сүлеймен? – деді Аязбек. – Осымыз дұрыс. Өліктен ары етіп, тірі қалдырып кетейік. Жатсын сосын, шерменде күйде екі қатынына масыл боп. Қайта
жұмған сайын көзіне біз елестеп, күнде үрейі ұшсын. Неғып тұрсың. Құрақ?! Кiрiс iске! – Аяқ-қолын сындыр дейсің бе? Мақұл. Мен мұндайды нешеме тəсілін білемін, – деді де Құрақ Сүлейменнің аяғын құшақтаған Тұрақтың иығына табанын қойып бар күшімен оң қолын кері қайырып жіберді. Ананың жандаусы шықты. Сосын желкесінен бар күшімен бір тепті де, жаңағы тəсілмен екінші қолын да күтір еткізіп сындырды. Тəніне батқан ауыртпалықтан Тұрдақ сорлының айқайлауға демі жетпеді. Оған қараған Құрақ жоқ. Бір табанымен тура белінен басып тұрды да, етпеттей жатқан ананың алдымен оң аяғын, кейін сол аяғын өзіне қарай тартып тұрып, бұрап-бұрап тастады. Кішкентай болса да өзі айтқандай, сүйек сындыруға тым əдісшіл екен. Заматта Тұрдақтың қол-аяқтары жансызданды. Мұны тындырып болған соң оны шалқалай жатқызып, аузына қанжар сұқты. Лезде Тұрдақтың аузы қанға толды. – Міне, тілін де тілгілеп тастадым. Енді не істейін? – деп Сүлейменге қарады. – Осы азабы да жетер. Жүру түгілі, сөйлеудің өзі қандай бақыт екенін сезiп жатсын енді. Құрақ, бізбен бірге жүресің ғой. Бірақ басқа қайда барасың? Мынау Құрақтың қолын қайта байла, Аязбек! Үйге барған соң өзімен тағы сөйлесеміз. Осының бəрін жарты сағаттай уақыт ішінде бітірген төртеуі сыртқа шыққанда ай-шай боп, таң да атып қалған еді. – Артымызда екі өлік пен жаралы Тұрдақ қалды, Сүлеймен. Сақтық үшін сенің үйіңе емес, біздікіне барайық. – деді Аязбек. – Жоқ, əйел-балаңның көзінше мынау Құрақтан қалай жауап аламыз. Одан да «Борлыдағы» өзіміздің жасырын үйімізге барайық. Сен үйге барып, Атамқұлды қайтар. Соңырақ келерсің. Аязбектен басқалары Қоқан ханы Омардың тұсында салынып, қазір қиқы-жиқысы шығып, бұзыла бастаған «Борлы» орамындағы жасырын үйге беттеді. Қоқан аса үлкен шаһар болмаса да «Борлыдағы» бұзылған үйлердің арасына көлденең адам кіруге қаймығатын. Бұлар осы үйлердің арасында əлі бұзылмай сақталған бір тамның астындағы жертөлесін аса маңызды шаруа шыққан жағдайда өзара бас қосатын орын ретінде дайындап қойған. Сырт көзден таса бұл жертөледе талай мəселелердің басын қайырған. Мұнда адамға аса қажетті нəрселердің бəрі бар-тұғын. Ажан мен Төрекелді келе сала
шай қоюға кірісті. Сүлеймен Құрақтың қолын шешіп, сəкіге отырғызды. – Мен қайбір күні «көптеген қазақтар Қазақстаннан Тəшкенге ауып келіп жатыр» дегенді естідім. «Айдың күні аманында ел жақты ашаршылық жайлаған» дей ме. Осы рас па, Құрақ? Сен Тəшкенде жүрсің ғой. – Қате естімеген екенсің. Қазақтардың Тəшкенге келіп жатқанына біраз уақыт болды. Бір Тəшкен емес, оның айналасындағы елді-мекендерге де толып кетті қазақтар. Олардың айтуынша, өкімет халықтың бар малын сыпырып алып, тышқақ лақсыз қалдырғанға ұқсайды. Бұған қоса, бір түйір де дəн бермейтін болыпты. Зорлықшыл өкіметке хайла істей алмаған халық, бірден ашаршылыққа ұшырапты да, басы ауған жаққа лағып жатыр екен. Тəшкен көшелерінде талай қазақ қайыр сұрап, қаңғып жүр. Бір үзім нан таптағандардың біразы көшелерде теңкиіп-теңкиіп өліп жатқандарын өз көзіммен көрдім. Өзім қолымнан келгенше талайына көмектестім. Бірақ өзім жарымай жүргенде, олардың бəрін шетінен қалай жарылқай берейін. Сонау Қаратау жақтан бел асып келген кемпір мен шалды үйімде екі жетідей асырап отырдым. Сорлылардың қатты əлсіреп қалғаны соншалық, он күннен кейін ғана адамға ұқсап жүруге жарады. Бала-шағасының бəрі жолда қырылыпты. Өздері өлі ит пен тышқан теріп жеп, Тəшкенге əзер жетіпті. Сол шал айтады: «Сарысу мен Шаян өзендерінің бойындағы елдер шөп жеп, тулақ шайнап қырылуда. Қырылғандары көмусіз қалып, ашық далада сүйектері шашылып жатыр» деп. Менің үйімде біраз жатып, əл жинап алған соң «бірге келген туыстарымызды іздеп келейік» деп, мен қанша жібермейін десем де, тыңдамай көшеге шығып кетіп еді. Содан қайтып келмеді. Өзім ары- бері іздеп таппадым. Тəшкеннің жылан жолындай қисық-қисық көшелерінің қай бұрышынан табасың іздегеніңді. Ашыққандар əсіресе бəкзал маңында көп. Талайы бидай-арпа артқан пəгүндарға жармасып, пойыз астына түсіп өліп те қалуда. Анау адам қанын ұнға араластырып, мəнті ғып жейтін Бекабаның қарамағындағы жөйіттер де қанша қазақтың ажалына жетті. «Нан беремін» деп қазақтарды алдап апарады да, басын шорт кесіп алады. Шаһарда ондай сұмдықтың барын білмейтін далалық аңқау қазақтың көпшілігі осылай құрбандыққа шалынуда...
– Ай, осы Бекаба дегеннің жүзін көрмесем де Қоқанда отырып-ақ оған деген өшпенділігім əбден артып бітті. Біз сенімен бірге Тəшкенге барсақ, оған мені апара аласың ба? Қолым бір жетсе ғой оған. – Тəшкенге апаруын апарам-ау. Алайда ол отыратын үңгірге кіру қиын... – Үңгірде отырады деймісің оны? Шаһар ішінде де үңгір бар ма? – Тəшкен ортасындағы Бозсу ағып өтетін тұста ескіден қалған қышхананың орны жатыр. Сол тұста Бозсу құлайтын терең сарқыраманың түбінде Құдайдың өзі жаратып қойған кең үңгір бар. Үңгір кəдімгі там сияқты бірнеше бөлмелерге бөлінеді. Бекаба осы үңгiрдi үй қылып алған... Осы сəт Бекабаның атын алғаш рет қайдан естігені Сүлейменнің есіне сап етті. Қайбір жылы Жылға маңындағы қалың қамыс ішінде адам жегіш үшеуімен кездескенде Зүндін дегені ол жайлы айтқан болатын. Тіпті Зүндін əлгі үңгір туралы да айтқан-ды. – Мен Бекабаның атын бұрын қайдан естігенім енді есіме түсті. – Ол пəтшағар шаһарды бұрыннан билей ме? Анықтап айтшы, түрі қандай өзінің? – Бітімі сенен де үлкен. Оның үстіне өте семіз. Семіздіктен орнынан əрең тұрып, əжетханаға зорға барып келеді. Онда да отырғанда біреулер көмектеспесе, құйрығын сүртуге қолы жетпейді. Басқа еш жаққа шықпайды. Тамақ жегенде, Құдай салмасын, біздің бəріміз бір отырыста жегенімізді ол бір-ақ ауқат қылады. – Оның барып тұрған қопал ғой. Орнынан тұра алмаса, далаға шықпаса, Бекаба қайтып сонша қарақшыларды құзырында ұстап отыр? – Білмеймін, Құдайдың рухы қонған ба, əйтеуір, жатып алып-ақ, бəрін басқарып отыр ғой. Небір жаужүрек баскесерлер оның алдына барғанда, ол құрғырдың мысы басып кете ме, тыпырлап, бас шұлғудан басқаға қауқарлары жетпейді. Түрі де зəрдей, ит жөйіттің. – Түһ, сен менің делебемді қоздырып, өшпенділігімді одан бетер өршітіп жібердің. Кеттік, бүгін Тəшкенге. Боқ қарынын ақтарып, майлы жүрегін суырып алмасам, Сүлеймен атым өшсін. – Оған жету үшін талайдың көзін құрту керек. – Сүлеймен, осыған сеніп, қауіпті жауға аттанғанымыздың түбі опық жегізіп жүрмесін, – деді Төрекелді шай құйып жатып.
– Сендер не ойласаңдар да, менің Құраққа зияндық істегім келіп отырған жоқ. Бұл бар шынын айтқан сияқты. Болмашыға, иə, мұның келісі болмашы болмаса да, осы бауырымды өлімге қимай отырмын. Тəшкендегі ашығып келген қазақтарға да көмектесіпті... Енді сенің былай етуге ар мен намысың жете ме, Құрақ? Мені бұрын жақсы білмегендіктен, əрі мəжбүрліктен «жауым» деп есептесең де, тап қазір өзара түсініскен, шекісіп барып бекiскен дос ретінде бір ыдысқа қан құйысып, анда болуға жарайсың ба? – «Қорыққанынан менімен анда болды» деп санамасаң, ыдысқа қан құйысып, Құдай атынан ант етісіп, сенімен дос-сыпай болуға жараймын. Өзің секілді қазақтың намысшыл нарқасқасымен тамыр болу – ертеден-ақ көксеген мақсатым. Қане, пышағыңды бер. Қан шығарып, айнымасқа серт етісейік. Бірақ соның алдында қателігі үшін өздеріңнің алдында бас иіп, ғафу сұрайын, – деп Құрақ үшеуінің алдында бас иді. – «Иген басты кеспес болар» деген атам қазақ. Кештік білместігіңді, Төрекелді, анау бос пиаланы əперші. Қолдан аққан үш- төрт тамшы қанды тосайық соған, – деп Сүлеймен пышағымен білегінің сырт жағын аз ғана кесті де аққан қанды пиалаға ағызды. Бұдан соң аналар да солай етісіп, жарты пиала болған өз қандарын кезек-кезек бір-бір ұрттап ішісті. – Міне, біз енді ахыреттік доспыз. Осы сертті бұзған адамды əруақ атып, Құдай жазаласын, – деді Сүлеймен. Бұлай қан ішісіп, ант берiсу – бір топта басы қосылған қарақшылар арасында бұрыннан бар салт еді. Бұл салт алдымен араздасып, кейіннен ажырамас татулыққа сөз байласқан батыр- ерлердің арасында да жиі қолданылатын. Сүлейменге мұны баяғыда нағашысы – Көбек үйреткен-ді. Содан бері ол қаншама адамдармен осылайша қан ішісті. Солардың ешқайсысы мұны, ал өзі оларды сатпады. Енді бүгін сондай жаңа дос тапқан соң бəрі шешіліп, көпке дейін сыр ақтарысып отырды. Əсіресе, Құрақ көп сөйледі. Оның сөзінен Сүлеймендер Тəшкендегі бəсекелестердің бар сырын ұққандай болды. Бəрінен бұрын анау ашыққан қазақтардың тағдыры жанына батқан Сүлеймен: – Менің ойым – елдегі ашыққан қазақтарға көмек беру. Бекабаның жөнiн содан соң табармыз. Айтыңдаршы, қайсыларың менімен ілесіп, елге барасыңдар? – деді.
Отырғандардың ешқайсысы бұдан қалмайтындықтарын айтты. Əңгіме Құрақ жайына ауысқанда: – Сен бізбен ілеспей-ақ қой. Ертерек Тəшкенге оралып, əйел, бала-шағаңды құтқарудың амалын тап. Біз ел жақтан оралған соң Тəшкенге барамыз. Өзіңді Тəшкеннің қай жерінен табамыз? Осыны айтып кет. – Тəшкенге барсаңдар, «Өрікзар» маңындағы «Ескі жоба» мен «Шора» базарынан Андақұл, Сыбанқұл деген делдалдарды тауып, мені сұрасаңдар, қай жерде жүргенімді айтады. Сол күні кешке Құрақ аттанып кетті. Ертесіне Сүлеймендер де жолға жиналды. – Біз Аязбек, Төрекелді, Ажан төргеуміз қайта оралғанша, əйелдерімізге бас-көз бола тұр. Дилданың айы-күні жақындап қалды. Босанған кезде қолыңа алып қарайлас. Өтеуін жерде қалдырмаспын, – деді Сүлеймен Пұсырманқұлмен қоштасарда. – Бұлар үшін алаңдама. Біз қауіп қылатын жаулардың бастарын лайға тығып тастадыңдар. Өздерің аман-сау барып қайтыңдар. Қыдыр ата шылауларыңда болсын! Əлден уақытта шаһардан шыққан салтаттылар Қоқанның шығысындағы мидай жазық дала төсіне ілікті. Ең алдында – басқан жеріне отаудай із қалдырып бара жатқан, ұзындығы есік пен төрдей, биіктігі орта бойлы адамның бойына тұрғылас, жасы он алтыға келсе де əлі ұзақ жүріске шыдамды – жылқының төресі қарагерге мінген Сүлеймен. Қос алып енді қандай оқиғаларға тап болар екен?...
ҮШІНШІ БӨЛІМ І Суыт жүрген төртеуі үшінші күні Қамшық асуынан асып, Бiршiмулла қыратына жетті. Бұл жерде де əлі қар жаумапты. Бір түн қырат етегіндегі қалың долана ығында түнеп шыққан соң. Құмсан арқылы Шарбақты айнала өтіп, Өгем аяғындағы Құлпытас ойпатына түсті. Содан Өгем өзенін жағалай жүріп, бесінші күні Терісбұлақ маңына тұяқ іліктірді. Мұнда жеткенде қас қарайды. – Бүгін осында түнейік. Ертең сəске мезгілінде аттанып, алдымыздағы Заңғар қиясынан ассақ. Бадам бастауының тура үстіне тап боламыз. Ары қарай біздің ел таяқ тастам жерде, – деді Сүлеймен. – Осы уақытта бұл өңірді қалың қар басып жатушы еді. Биыл бұл жақта да қыс кешігіп жатыр екен-ау. Əйтсе де, мұнысы тəуір болды. Əйтпесе, ой-шұқыры көп тау ішінде омбы қар кешіп, əбден қиналар едік. – Иə, Төрекелді, бұл да Құдайдың бізге бір қарасқаны шығар. Қане, аттан түсейік. Мына топ аршаның түбі бізге бір түн пана болатын сыңайлы, – деп Сүлеймен жерге түсті. Сол күні топ аршаның түбіне түнеді. Ертесіне күн төбеден ауғанда, Бадам бастауының басына келді. Одан өтіп, Майлыошақ жотасына шыққан кезде алдарынан кең сайды бойлай орналасқан ауыл көрінді. Ауыл көрінгенде Сүлеймен атының басын тежеді. – Ойпырмай, мына ауылға не болған? – Бұл қай ауыл? – Қоңырбөрік деген ауыл. Апыр-ау, бір үйден түтін шықпайды. Мұнысы несі? Жүдə, тым-тырыс. Қыбырлаған жан да көрінбейді. Көшіп кетіп, қаңырап қалған ел сияқты ғой мынау. Жүріңдер, менің түп нағашымның үйіне барайық. Шынында, ауыл арасы меңіреу тыныштық. Құдды бір ауыл адамдары бұлардан қорқып, үй-үйлеріне тығылып алғандай. Көшe- көшеде үрген ит, ойнаған бала болсайшы. Жұрттың бəрін оба келіп, қырып кеткендей. Бұлар шеткі үйге жеткенде, алдарынан əбден ашығып, бұралқы күйге түскен бір ит шықты. Үрмейді. Үрейін деп еді, аузын кере ашқанымен даусы шықпады. Сосын басын жоғары көтеріп ұлығандай дыбыс шығарды. Ит болса да, бір жаманшылықтың
белгісін білдіргісі келді-ау, əсті. Бірақ иттің ұлығанын жаман ырымға балаған Аязбек: – Тəйт əрі, хайуан! Кісіні көріп тұрып ұлиын дей ме. Е, қара басыңа көрінгiр, албасты мақұлық, – деп оған қамшысын сілтей айқайлады. Ит оның айқайынан сескенбеді. Қайта басын төмен сала, телмірген кейпімен бұларға жақындай берді. Сірə, қу тамағына сеп болар бірдеңе дəметкені болар, құйрығын əзер бұлғаңдатып, көзін аттылардан алмайды. – Мынау əбден ашыққан ит қой, – деді Ажан. – Ойпырмай, Қоқанда жүріп естігеніміздің бəрі рас болайын деді-ау. – Ойбай-ау, қараңдаршы. Жан-жағымыздағы үйлердің бəрінің есіктері ашық. Адамдары қайда сонда? – деді Ажан. Төртеуі осылай аңтарылып келе жатқанда, ауылдың пəс жағындағы үйлердің арасынан бір кемпір көрінді. Кемпір бір құшақ шөп пе, отын ба, құшақтап алып, еңiске қарай кетіп барады. – Анау кісіден жөн сұрайық, – деді Төрекелді. Бəрі аттарын желдіртті. Ат тасырынан артына бұрылған кемпір құшағындағы отынын тастай салып, ары қарай қашты. Қашты деген аты ғана. Жүгіре беріп, тоңқалаң асты. Тұра сала, тағы жүгірмек болып еді, əлі жоқтығынан ба, теңселіп кетіп, бір қырынан құлады. Байғұс тыпырлай қозғалып, тұруға əрекеттенгенімен орнынан тұра алмады. Содан жан-дəрмен еңбектей алға жылжыды. – Мына сорлы бізден неге сонша үрікті? – деді Сүлеймен оның бұл қылығын көріп. – Қайдам, тазыны көрген түлкідей болып барады ғой өзі. – Мұнда бір сыр бар, Төрекелді. Күлуді қоя тұр. Жерде төрт тағандап еңбектеген кемпірге жете бергенде ол кері бұрылып, шоқиып отыра қалды да: – Үйде ештеңем жоқ, ештеңем жоқ. Кəлхүздан бидай ұрлаған емеспін. Жазда жинап алған алғының тамырын талқан етіп қойып едім. Соны қайнатайын деп отын əкеле жатырмын, – деп жылай бастады. Ə дегенде төртеуі оған не дерін білмеді. Не дерін білмей емес, оның не айтқанын түсінбеді. – Əнеукүні ғана үйді тексеріп кетіп едіңдер ғой. Тағы келдіңдер ме? Айттым ғой «ештеңем жоқ» деп. Анау шал да ісініп кетті. Өлейін
деп жатыр, – деп ол тағы еңкілдей жөнелді. – Апа, не айтып тұрсыз? «Тексеріп кеттіңіздер» дегеніңіз не? Біз мұнда енді келіп тұрмыз. Ауылдың жұрты қайда кеткен? Мен анау датқа ауылдағы Мəменнің баласымын. Өзіңіз кімнің кемпірісіз? Кемпір осы кезде ғана барып жылауын тиды да, көз жасын сүртіп, бұларға бажайлай қарады. – Мəменнің деймісің? Қайсы баласысың? – Сүлейменмін. – Ойбүй, бауырым-ай, Баяғы орыс побын жер құштырып кеткен сен бе едің? Сені мына жұрт өлді деп жүр ғой. Əй, мен ауылыңдағы Қойшықара атаңның қызымын. Бірақ ол кісіні танымауың мүмкін. Кейін туған баласың. Ал мен əке-шешеңді жақсы білетінмін. Қайдан жүрсің мұнда? Əлде, сен де басқа жақта өкіметтің белсендісі болып жүрсің бе? Жұрттың бəрін аштан қырған бұл не өкiмет өзі? – деп кемпір тағы да кемсеңдеді. – Мен белсенді емеспін. Сонау Қоқан жақтан келем. Ауыл жағдайын жыламай, жөндеп айтыңызшы. Жұрты қайда кеткен бұл ауылдың? – Е-е, менің жөнді əңгіме айтатын қайбір ақылым бар дейсің? Қырылып қалдық қой, қырылып. Жейтін нəрсе жоқ. Анау жүруге əлі келмей қалған жездең «ит ұстап алып келсеңші» дейді. Итте əккі болған. Ұстатса, адамның жеп қоятынын біледі. Бірақ ауылда ит те қалмады. Бағана жоғарыдағы Кəмештің бұралқы итін ұстап алайын деп едім, еш ұстатпайды. Шақырғанға да келмейді... Ойбуй, астымнан сыз өтіп кетті. Өзім өлейін деп жүргенде суықтап қалармын. Ауылда мен секілді кемпірлер мен шалдар ғана қалдық. Қалғандары кетті қаңғырып, басы ауған жаққа. О, құдай, балаларымды алғанша, мына мені неге алмай жүрсің?! – деп кемпір əзер көтеріліп, бүкшеңдей үйіне беттеді. – Апа, тоқтаңыз. Үйдегі шалыңыз сөйлей ала ма? Жағдай сұрайын деп едік. – Жағдай дейді. Қандай жағдай мына заманда? Сендер жағдай сұрағанша, анау көмусіз қалып, ит пен құсқа жем болған адамдарды көмсеңдерші. – Аязбек, қоржында аз-маз нан-пан, ет-пет қалды ма? – Иə, қоржын түбінде əлі біраз азық бар. – Алып жүріңдер, кемпірдің артынан үйіне кірейік.
Төртеуі аттарын есік алдындағы ағашқа байлап, кемпірдің үйіне енді. Кемпір кіре сала, пештің түбіне сұлапты. Төргі жақта қырылдай демалып, бет-аузы домбығып ісіп кеткен бір шал жатыр. Күрк-күрк жөтеліп қояды. Сүлейменді көргенде, ол əбден нұры қашып, сөне бастаған жанарымен сүзіле қарады да, тілімен ернін жалап-жалап қойды. – Ассалаумағалейкум! Шал басын изегендей болды. Сөйлеуге дəрмені қалмапты. Екі жерде қауқарсыз күйде жатқан екі бейбақты көргенде Сүлейменнің жүрегі шымырлап, көңілі босады. – Апа, тұрыңыз. Сіздерге нан, ет берейік. Осыны естігенде шал да, кемпір де елең етісті. Кемпір басын көтерді: – Нан деймісің? Қарағым-ау, шынымен-ақ нан бермекпісің? – Иə, aпa. Қанша күннен бері нəр татпадыңыздар? – Тоя тамақ ішпегенімізге жылдан асты. Маған азғантай нан да жетеді. Көбін мына шалға беріңдерші. Сүлеймен көп күннен бері қоржын түбінде жатып, сағырдам болған қоқан тандыр нанының бір бөлігін шалға, бір бөлігін кемпірге ұстата бергенде: – Тоқта, Сүлеймен! Бұларға бірден көп нан беруге болмайды. Жұқалтып-жұқалтып берейік. Əйтпесе, қарпып жеген нан аш өзегіне түсіп кетсе, екеуі де көтере алмай, өліп кетеді, – деп Аязбек оның қолынан нанды тартып алып қойды. Мұны көрген шал, нанды тіпті бермей қоя ма деді ме, ыңырси «əкел, əкел» дегендей, иегімен жалынышты ишара білдірді. – Асықпаңыз, көке. Жайлап, аптықпай шайнап жеңіз, – деп Аязбек оған кішкене ғана үзік нан берді. Кемпірге де солай ұсынды. Шал байғұста нан шайнайтын күш те қалмапты. Аузына салған нанды ары-бері қаужағанымен, тістері оны майдалай алмай, əбден қиналды. – Апа, су əкеліңіз. Шалға нанды жібітіп берейік, – деді Сүлеймен оның мұнысын байқаған соң. – Шал екеуміздің таңдайымыз нан дəмінің қандай болатынын ұмытқалы қашан. Құдай-ай, жылан жылғы тақырда да бұлай ашықпаған едік. Енді бүгін Тəңірдің рахымымен нан беретін біреулер келіп, қайырым-садақа жасағысы келіп еді... Алла-ай, артынша нандарын қайта тартып алғандары несі. О, жасаған, «көрешегіңді
көрмей, көрге кірмессің» деген. Тəуір адам қалмаған ғой бұл күнде. Нан береді де, оны қайта тартып алады. Бұл қай мазақтары. «Су əкел» дей ме? Суды сендер сұратпай-ақ ішіп жатырмыз ғой. Құдайға шүкір, оны ешкім тартып алған жоқ. Жұтаған ішек пен ұлыған қарынға, сазған жүрекке құры қара су талғажу бола алмайды екен бірақ... Əй, осы, мен не сандалып кеттім? Жаңа ғана қолыма бір үзім, аузыма бір шайнам нан түскендей болып еді... Е, «су əкел» деп, қайта алып қойған екенсіңдер-ау. Алжи бастаппын. Атаңа нəлет қу аштық алжытты. Үйде су əкелетін не табақ, не ожау жоқ. Белсенділер бəрін алып қойған. Баяғыда осы ауылға келін болып түскенде артымнан қыз жиһазбен бірге келген жезді табақ бар-ды. Қайбір жылы соны ескірді деп, итаяқ қылғанбыз. Өкімет малмен қоса, үй-мүліктерді де сыпырып алғанда, сол итаяқ табақты құммен ысып, жуып-тазалап, əрі қазан, əрі тостақ етіп жүрмін. Уһ, сұраған суларыңды əкелейін сонымен, – деп кемпір əрдеңені шатып-бұтып орнынан тұрды. – Мына жазған шынымен алжиын деген екен. Əлде аштықтан осындай күйге түскен бе? – Иə, жорамалың оңды, Ажан. Мен де солай ойлап отырмын. Біраз азық беріп, тезірек есін жиғызайықшы өзінің. Содан соң елдегі жағдайды біз сұрамай-ақ айтар. Үйге қалтаңдап кемпір кірді. Ілмиген арық қолдары су толы табақты əзер көтеріп тұрғандай, дір-дір етеді. Енді болмаса, оның суды төгіп алар халін көрген Сүлеймен ұшып тұрып, оның қолынан табақты алды. – Апа, енді отыра беріңіз. Біз сіздерге қазір нан жібітіп береміз. – Анау шалға беріңдерші. Тума-тумысынан тірі қалған жалғыз – осы. Қазірше өлмей-ақ қойсыншы... Аязбек жарты нанды суға турап салды да, тезірек жібісін деп үзіктерді саусақтарымен аударыстырды. Аз-кем отырыстан кейін шал мен кемпірдің ауыздарына суы сорғалаған нан үзіктерін салып, жегізе бастады. Бірақ шал да, кемпір де екі-үш үзік нанды жұтқан соң ары қарай жеуге шамалары келмей, сұлқ жатып қалды. Шалдың маңдайынан шып-шып тер шығып, демалысы жиілеп бара жатты. Мұны көрген Ажан қатты састы: – Жігіттер-ау, мыналарға не болды? Өлтіріп алған жоқпыз ба өздерін?
– Құдай сақтасын, өле қоймас. Көптен бері ашығып жүрген адам, алғаш ас жегенде осылай əлсіреп қалады. Баяғыдағы «жылантақырда» мұндайлардың талайын көрдік. – Мына шал неге ісініп кеткен? – Мұндайды бұрын көрмегенсің бе, Ажан? Жұт жылдары ашыққан адамдар қатып, семіп емес, ісініп өледі. Өйткені кез-келген нəрсені жей берген соң, кейбір улы азықтар тамыр мен еттерді ісіндіріп жібереді. Сендерді қайдам, мен талай сойқанды басымнан өткерсем де, олар дəл мынадай болып, көңіліме ауыр тиген жоқ еді. Үйге кіргелі сөзге араласпаған Төрекелді осының алдында ғана далаға шығып кеткен. Сүлейменнің əлгі сөзінен соң ол алқынып кіріп келді. – Мен жаңа далаға шыққанда, ауыл басынан екі аттылы көрініп еді. Там айналып келсем, сол екеуі тура осы үйге таяп қалыпты. Бірінің астында – бозғыл жорға ат. Екіншісінде дəу төбел. Сірə, өкіметтің адамдары-ау. – Қай жақтан келе жатыр? Біз келген жақтан ба? – Жоқ. Шығыс жақтан. – Олар белсенділер болуы əбден мүмкін. Əйтпесе мынадай кезде жəй адам бозғыл жорға мен дəу төбел мінуі неғайбыл. Сыртқа шықпай, есік саңылауынан аңди тұрайық. Анық бiздi дiттеп келген болса, олар шақырмай-ақ үйге кіреді. Бəрі тұра салып, тоқал тамның есігінен сыртқа сығалады. Əлгі екеу там алдындағы ағашта байлаулы тұрған аттарға жақындап келді. – Ойпырмай, бəрі жарау айғырлар ғой. Мына бір қарагердің жөні бөлек екен. Тау асып келген қарақшылар емес пе? Бірақ қарақшылар болса, өлігі cасыған бұл үйге түсіп несі бар, – деді бірі. – Сен де былжырап, əрдеңені соғады екенсің. Қандай қарақшы? Ұрылар ғой бұлар. Белдің арғы жағындағы кəлхүздің малын мініп келгендер де. Əйде, қане, үйге кір! Кім болса да желкесінен сүйреп, шығар бері! Итжеккенге айдатып, сорын қайнатайын, – деп кісімсініп сөйледі боз жорға үстіндегісі. – Ойбай, Тəке, жалғыз кіруге қорқам. Екеулеп кірейікші. Мынадай ат мініп келгендер, Құдай біледі, осал адамдар болмас. – Сен сужүректі қашанғы батылдыққа үйретем. Кеңестің білдей белсендісі болсаң да, өмірі көлеңкеңнен қорқуды қоймайсың. Менен, сенен қорықпайтын жан бар ма, қазір? Кір деген соң кір үйге!
– Ішім сезіп тұр, іште баскесерлер отырған сияқты. – О, əкеңнің аузын... қорқақ неме. Менiң түрiм түгілі, артымның желін естігенде кірерге көр таппай кететін мына жұрттың арасынан баскесер шығады дегенің қай сандырағың? Тура осы сөзің үшін ертең абақтыға жаптырып тастайын ба? – Үйге кіре бергенде, біреуі шап берсе, қайтемін? Аш адамдардан бəрін күтуге болады. Өткен жолы өзіңіз болмағанда, екі кісі мені жеп қоя жаздаған жоқ па еді. Мына үйде адамдар көп сыңайлы. Біреуіміз қарауылдап, біреуіміз ауданнан мiлиса шақырып келейік – Өшір үніңді, жетесіз неме! Қорықсаң, жүр менімен! Бұл жердің Құдайы да, мілисасы да – мен. Тез аттан түсіп, ер соңымнан. Бұл кімнің үйі еді? – деп боз жорғадағы жерге түсе салып, қамшымен етігін сабалай, үйге қарай жүрді. – Кімнің үйі дейсіз бе? Ошандікі ғой. Кеше ғана кемпірін көргем. Əлі тірі жүр екен, – деп анау да оның соңынан ерді. Келгендердің анық белсенділер екенін білген Сүлеймендер есік жанына тығылып тұра қалды. Іште кім болса да қырып жіберердей болып кекірейіп келген алдыңғысы оларды байқамай төрге озып кетті. Ішкі бөлмеде жатқан шал мен кемпірді көрді де: – Сабаш-ау, мына екі өлімтіктен басқа ешкім жоқ қой үйде, – деп артына бұрыла беріп, есік босағасында тұрған төртеуді көрді де, қолындағы қамшысын түсіріп алды. – А-а-а, кімсіңдер-ей? – деді сосын дірілдей. Екінші кірген Сабаш жүгіріп барып, оның артына тығылды. – Бізді көре сап неге дірілдеп кеттің? Далада тым батыр болып тұр едің... Алдымен өзің кім екеніңді айт, – деп Сүлеймен оған жақындады. Бойы тоқал тамның төбесіне сыймай, еңкейіп тұрған алып денелі Сүлеймен өзіне жақындап келгенде, анау шынымен-ақ тіл ауыздан айырылардай күйге түсті. Ал қолындағы мылтығын байқағанда тіпті есінен айырылып, артында тұрған Сабашты астына ала, шалқасынан құлады. – Аязбек, екеуі əдейі талып қалды-ау деймін. Бір-екі рет тоқпақтап, естерін жиғызшы. Жо-жоқ, өзім-ақ сөйлетейін бұларды. Сүлеймен екі қолымен екеуінің желкесінен көтеріп, сілкіп-сілкіп жіберді. Темірдей қолдарда қуыршақтай сілкіленген екеуі көздерін бір ашып, бір жұмып тұрды да, əзер тілге келді.
– Мен, мен, осы кəлхүздің бастығымын. Атым – Тəңкі. Мынау – Сабаш. Бұрынғы ауылнай. Қазір есепші... Сіздерді ұрылар екен деп... Жіберіңізші... Ойбай, желкем үзіліп барады. – Ұрылар болсақ қайтпексің? Сендер, бастық пен есепші, екеуіңнің қарындарың тоқ екен-ə. Мұнда жұрт неге аштан қырылып жатыр? – Біз кінəлі емеспіз оған. Жоғарыдан, райкүмнан келгендер, бұлардың малдарын тартып алған... – Олар тартып алып жатқанда сен неге елге болыспадың? – Қайдан, қайдан. Атып тастайды олар... – Атылудан қорқасың-ə, тағы. Ауылда адамдар бірін-бірі жеп жатыр дегені рас па? – Рас, рас, – деді Сабаш Тəңкі үндемей қалғанда. – Ондайды өз көзімізбен көрдік. – Сені адамдардың бірін-бірі жегенін оғаш, жан сыздатар уақиға еместей, тым жайбарақат айтасың ғой, жүдə. Қараңдаршы, мына кемпір мен шал тым аш. Жейтін ештеңелері жоқ. Қазір екеуіңді оларға сойып береміз. Жаңа ғана тілі шыққан Тəңкі мен Сабаш осы сөзден кейін одан бетер дір-дір етіп, Сүлейменнің аяғына құлады. – Ойбай, көке, біздің еш жазығымыз жоқ. – Шыбын жанымызды қия көріңізші. – Əлгінде ғана сен, Тəңкі, далада тұрғанда мына Сабашты «қорқақсың» деп қуырып жеп едің. Нағыз қорқақ өзің екенсің ғой. Бұл түріңмен қалай ел басқарып, белсенді болып жүрсің? – Өкімет қой, белсенді қып сайлап қойған. Содан амал жоқ, еш болмаса қарнымыз тоқ болсын деп, осы жұмыста жүргеніміз. Сүлейменнің тізе тұсында тізерлеген екі белсендінің еңіреп, боздаған дауыстарына елең еткен кемпір басын көтерді. Дəл қастарында жиналып тұрғандарға үңіле қарады: – Ой-бүй, көтек. Мына отырған белсенді Тəңкі ме? Сабаш итаршысы да осында екен ғой. Қайдан келіп қалды бұлар? Аулақ, аулақ! Енді сен алатын, мен беретін бұл үйде ештеңе жоқ. Кемпірдің бұл жерде не болып жатқанын түсінбегенін ұққан Сүлеймен сөйледі: – Апа, осылар ма сіздерге қысым көрсетіп жүрген?
– Ауылды бір жылдан бері қан қақсатып жүрген осы екеуі. Жандарында кəмисəміз деп тағы біреулер жүруші еді. Бəрінен бұрын осы Тəңкінің қорлығы өтті. Залымдығының қайсыбірін айтайын. Жазда егін орағы біткен кезде ауылдағы ілдəлап жүрген кемпір- шалдар мен бала-шағалардың нəжісіне дейін темірмен шұқылап тексергені бар. «Колхүздің бидайын ұрлап жеп жүрсіңдер. Бидай нəжіспен бірге бітеу түседі. Қайсыңның үйіңнің маңынан бидай аралас боқ көрсем, асып өлтіремін» деп зіркілдеді. Біз түгілі бұл өз ет- тума жақындарын да қаңғытып жіберді... Неменеге көзінің сорасы ағып отыр бұл қарабеттің. Балам-ау, сен бұдан мықты белсендiмісің? – Мықтымын, мықтымын. Жаңа айттым ғой, бірақ белсенді емеспін. Тəңкіңіз момын елге тізе батырып, нағыз пірін танымай жүрген біреу екен. Қазір мұны сойып берейін. Етін жейсіз бе, апа? – Тəйт əрі. Адам етін жеп, не көрінiптi маған. Басқаларға ұқсап жесем, жатыр ғой далада өлік шашылып, – деп кемпір шошып кетті. Түрлері қорқынышты мына төртеудің өздерін шынымен сойып тастай ма деп ойлаған екі белсенді бұларға жалынып, тағы да боздай түсті. Əсіресе Сабашта жан жоқ екен. «Көкежан, көкежан» деп əркімнің аяғына бір жығылады. – Зарлай бермей, тиыңдар көз жастарыңды! – деп гүж етті Сүлеймен əлден соң. – Одан да маған осы аштық неден басталып, қалай болғанын айтыңдаршы. Жылауын сап тиған Тəңкі ашаршылықтың қалай басталғаны туралы əңгімелей жөнелді. Көп əңгімеледі. Өкіметтің қара халыққа жасаған қысастығын естігенде, Сүлеймен шыдай алмай кетті. – Тоқта енді. О заманда, бұ заман қыста қойдың жүнін қырыққызатын ба еді, есі түзу адам. Мұны шығарып жүрген өкіметтің қай бассыз бастығы? Адамдардың көрер көзге малы мен дүниесін тартып алып, аштыққа ұшыратқан қандай залым? Сен болсаң «Жоғарыдан келген бұйрықты орындадым» дейсің. Көнбегендерді «аттық, астық» дейсің. «Итжеккенге айдаттық» дейсің. Ал өзіңді ататын, асатын ешкім жоқ деп ойладың ба? Қазір мен сені... Жоқ, онсыз да қауқарсыз жатқан кемпір мен шалдың көзінше сені өлтірмей-ақ қояйын. Жазаңды басқа жерде беремін. Апа, ауылда қыбырлап жүргендердің бəрін осында шақырып келіңіз. Мен оларға ет таратамын. – Ет деймісің? Қайдағы ет, қарағым-ау?
– Иə, ет. Кəдімгі семіз жылқы еті. Енді тезірек барып, айтқанымды орындаңыз. Анау сыртта тұрған жылқылардың бірін сойып, сіздерді азыққа қарық етемін. Екі белсендіні тізерлетіп, иманын ұшырған Сүлейменнің оңай кісі еместігін кемпір енді түсінде ме: – Қазір, қазір. Ауылда адамдар да көп қалған жоқ қой. – деп тысқа беттеді. – Ажан, қазірше мына екеуін байлап таста. Қалғандарымыз сыртта тұрған аттарының бірін сояйық. Ажан демде екеуін бір-біріне қосақтап байлады. Ісін бітіріп, тысқа шықса, Сүлеймендер Тəңкі мен Сабаштың аттарының жанында «қайсысын соямыз?» деп ойласып тұр екен. – Мына бозжорғаны танып тұрмын. Бұл баяғы Ордабек болыстың аты болатын. Həлетiлер, тек сейіл мен той-жиынға мінетін жорғаны күнделікті мініске пайдаланып жүр екен ғой. Жорғаны біреуіміз мініп алайық. Төбелді соялық. Еті қонды екен. Төрекелді одан ерiн алды да, төрт аяғын шырмап байлады. Одан соң оны гүрс еткізіп, бір-ақ өзі жықты. Бес қаруы сай қарақшылар əп- сəтте төбелдің ту-талақайын шығарып, боршалап тастады. Бұл кезде ауыл жұрты да жиналып қалды. Бəрінің өңдері пəс, жүдеу. Жылқының қып-қызыл етіне қарап, жұтынып-жұтынып қояды. Кейбірі «расымен бізге ет берер ме екен?» дегендей, анадай жерде үрпиісіп тұр. – Апа, ауылдың бар адамдары осы-ақ па? – деді Сүлеймен жан- жақтағы он-он бес қаралы топқа қарап. – E, осылардың қалғандарына шүкір де. – Көбектiң үй ішінде біреу-міреу бар ма? – Түгел қырылған. – Қарағым, өзің қай баласың? Жұрттан ерек тұлғаңа қарағанда датқа ауылдағы Мəменнің баласы емеспісің? – деді бір ілмиген шал. – Иə, иə, Сүлейменмін ғой. – Апыр-ау, жұрт сені «қарақшы болып жүріп, өліп кеткен» деп жүруші еді. Аман екенсің ғой. – Аманмын. Сіздерге көмектесуге келдім. Ал енді қарап тұрмай, еттен көтергендеріңізше əрқайсыңыз үйді-үйлеріңізге жеткізіп алыңыздар. Бұл үшін біреу сіздерді жазалайтын болса, сазайын өзім берем. Алыңыздар, қорықпаңыздар. Ет жеп, əл жинаңыздар.
Жиналғандар тегін азыққа тап болғандарына əлі де сеніңкіремей тұрғандай, етке жақындай қоймады. – Неғып қарап тұрсыздар?! Алыңыздар дедім ғой, – деп Сүлеймен дауыс көтере сөйледі. Бұл жолы бəрі етке жабыла кетті. Тіпті біреулері шикі майды қомағайлана асай бастады. – Бұлай жемеңіздер! – деп айқайлады Төрекелді. – Үйге апарып, қайнатып, алдымен сорпасын ішіп, содан соң етті жеңіздер. Əйтпесе, көтере алмай, құлап қаласыздар. Оның сөзіне ешқайсысы мəн бермеді. Ет кімнің қолына қалай ілінсе, солай көтеріп, үйді-үйіне жүгіре жөнелісті. – Көмектесеміз деп осылардың біразының ажалына сеп болмасақ жарар еді, – деді Төрекелді олар тарағасын. – Осы мен, көптен бері аш жүрген адамның бірден тоя тамақ жегенінен қорқам. – Құдай сақтасын. Өз жайларын өздері де ойлайтын шығар, – деді Аязбек. – Əй, қайдам. Бəрінен бұрын бұл үйдің кемпірі қу болып шықты. Мана жұртты шақырып жүріп, бір жерден кішкене қазан олжалап келіпті. – Апа-ау, бұны қайдан алдыңыз? – деді Ажан. – Өскенбайдың шөбінің астында қарайып көрініп жатыр екен. Өздері бастары ауған жаққа кетіп бара жатып, жасырып кеткен-ау, шамасы. – Сен, Ажан, бұған қазан көтеруге көмектес. Ас-суын дайындас. Ал біз анау белсенділерден жауап алайық, – деп Сүлеймен арықтағы суға қолын жуып, ішке кірді. – Тəңкі, – деді ішке кірген соң. Өкімет жұрттан жиып алған малдарды қайда ұстап отыр? – Жалғандықтан үстіңгі жағындағы пермеде үш жүзден аса сиыр, жүз шақты жылқы, үш отар қой бар. Ал Тоғыстағы, Ленгipдегі, Көксəйектегі мал қотандарында олардың есебі жоқ. Негізі, көп малдарды өкімет етке өткізіп жіберген. – Сенің жаңағы Жалғандықта деп айтып отырғаныңның бəрі Ордабек болыстың малынан кем ғой. Жұрттан тəркіленген басқа малдар қайда? – Кəмпіс кезінде өкімет байлардың малдарын кедейлерге таратып берген. Кейін оларды өздері тартып алды да, біразын осында қалдырып, біразын басқа жаққа айдап кеткен.
– Біздің ауылдың белсендісі кім? – Сіздікі қай ауыл? – Датқа ауыл. – А-а-а, сіз... Сүлеймен қарақшы... ой, Мəменнің Сүлеймені емессіз бе?... . – Жұрт мені «қарақшы» деуін əлі қоймаған ба? Мейлі, десе дей берсін. Жаңағы сөзіме жауап бер тезірек. – Қазір датқа ауыл бір колхүз. Жалғандық өз алдына. Қонысбай, Зағамбар, Ниязбек те бөлек-бөлек. Жоғарғы Қосағаш пен Қапалдар да əлденеше бөлік-бөлiк колхүз. Сұлтанрабаттағы сарттар да өздерінше бір ұйым. Бəріміз қазір Бадам деп аталатын ауданға қараймыз. Сіздің ауылдың белсендісі – Қошан. Мен айтқан əлгі колхүздердің белсенділерінің үстінен қарайтын бір уəкіл бар. Ол Ақайдардағы Жайқынбайдың Құлтаны. Оның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Ордабектің де, Ноғайдың да, Нарымбеттің де, əйтеуір бұрынғы ел жақсыларының бəрінің түбіне жеткен – сол, өзі ауылдан қатырып тұрып, түнікелi там салған. Түнікені Ордабектің тамын бұзып алды. – Жə, жетер. Сол Құлтан күнде үйінде бола ма? – Бір жаққа кетіп қалмаса, күнде үйінде. – Həлеті, баяғыда қолыма түспей кетіп еді. Осы жолы бір түсірермін уысыма... Жалғандықтағы мал пермесінде қарауылдар бар ма? – Малшылардан басқа үш-төрт қарауыл бар. Онсыз бола ма? Əйтпесе, аш құрсақтанған жұрт малдардан дым қойсын ба. Бұдан басқа күндіз екеу, түнде екеу мылтығы бар мiлисалар тұрады. – Қазір сол Жалғандыққа бізбен бірге жүресіңдер. – А-а, онда не істейміз? Өзінің əзірше тірі қалатынына қуанғандай, Тəңкінің даусына бір түрлі қуаныштың лебі сезілгендей-ді. – Барған соң көресің. Ет піскенше Сүлеймен одан ел жайында тағы көптеген нəрселерді сұрап білді. Ет дайын болғанда кемпір мен шалға жылы-жылы сорпа ішкізіп, өздері де біраз ауқаттанып, орындарынан тұрды. – Екеуің менің қарагеріме мінгесіңдер, – деді Сүлеймен далаға шыққасын Тəңкі мен Сабашқа қарап. – Бозжорғаға мен мінейін.
Бозжорға қарагердей дəу емес. Сүлеймен мінгенде белі бүгіліп үстіндегі салмақтан құлап қалардай төрттағандап, əзер тұрды. – Қой, Сүлеймен. Бұл саған мініс болмайды екен. Оны маған бер де, өзіңдікіне мін. Менің атыма Тəңкі мен Сабаш мінсін, – деді Ажан. – Жануардың жорғалығын бір көрейін деп едім. Белі мен аяқтары осал екен. Шынында бұл маған жарамайды. Қарақшылар қайтадан ат ауыстырып міністі. – Қарақтарым-ау, аттанып бара жатырмысыңдар? – деді осы кезде үйден шыққан кемпір. – Ажал тырнағынан құтқарғандарың үшін Құдай жастарыңды ұзақ қылсын! Енді бізге ешкім тиіспей ме? – Қорықпаңыз, апа. Бұдан былай ешкім тиіспейді. Екі-үш күннен кейін тағы азық əкеліп береміз. Енді бидай мен ұн əкелеміз. Кемпір кемсеңдеп қала берді. – Айтпақшы, Тəңкі, колхүздеріңде бидай, ұн ұстайтын қоймалар бар ма? – деп сұрады Сүлеймен жолай. – Əлбетте, бар. О түгілі, Жалғандықта мəгəзiн де бар. Мəгəзiн де, қойма да пiркəншік Досболдың үйінде. Суыт жүрген салтаттылар көп кешікпей Жалғандықтың шетіне ілікті. Мұнда Қоңырбөрікке қарағанда үй мол. Үй мол болған соң ел де көп болуға тиіс. Бірақ бұл жерде де түтіні түзу шыққан үй сирек. Ауылдың сиқы қашқан. Қыбырлаған пенде аз. Ауыл шетіндегі бір тамның басына шығып алған жалба-жұлба киімді екі-үш бала бұларды көріп, секіріп-секіріп түсті де, мысықты көрген тышқандай жым- жылас болды. – Ересектер түгілі аттылыны көрсе, балалардың да зəресі ұшатын халге жеткізіпсіңдер-ау, нəлетiлер. Сүлейменнің суық түсіне қарауға дəті шыдамаған Тəңкі басын төмен салды. Баяғының балалары ауыл шетінен аттылыны көрсе, алақайлап алдынан шығатын еді. Тəңкі, тек шыныңды айт, пермедегі мылтықты мiлисалардан басқа ауылда бізге қарсылық көрсететін адам жоқ па? – Е, қазір колхүздің бес-алты жандайшаптарынан басқа сіздерге қарсы шығатын кім бар дейсіз? Көп мілиса əкелу үшін бір шабарман ауданға бару керек. – Сорлы, өзінің жандайшап екенін білмей, біреуді жандайшап дейді-ау. Текке сөйлеп, босқа уақыт өткізіп не қыламыз. Елдің аш, белсенділердің зор екені онсыз да белгілі. Зорын көрсетейік оларға.
Былай етіңдер, Тəңкі. Егер жан керек болса, Сабаш екеуің ауылдағылардың бəрін мешіттің жанына жинаңдар. Жаяу жүріп жинаңдар. Ажан, сен бұларды қарауылдап жүр. Қит ететін болса, екеуін де атып тастай сал. Ал біз перме жаққа барайық. – Сонда не істейміз, Сүлеймен? – деді Төрекелді. – Не істейтінімізді сұрамай-ақ ұқпайсың ба? – Ə-ə, енді түсіндім. – Түсінсең, кеттік. Ажан, белсенділерді аттан түсір де, ол атты жетегіңе ал. Мылтығыңнан жұрт қорқып жүрмесін. Тақымыңа ма, қоржын астына ма, тығып ал. Тағы тапсырамын, мыналардан айырылып қалма. – Ой, Сүке, қашпаймыз ешқайда. «Елді жина»дедіңіз бе, мешітке? Болды, жинаймыз, – деп Тəңкі жағымпаздана сөйлеп, аттан түсті. Ажан оларды алдына салып, ауылға кетті. Сүлеймендер қырға қарай бұрылды. Тəңкінің айтуынша, перме қыр үстіндегі қарауылтөбе маңында. Ол жерде бұрын Дөңбай байдың тас қорасы болатын. Мал ұстауға ыңғайлы қора. Əрі ықтасын тұста. Жан-жағының бəрі жота да, бергі еңіс жағы ғана ашық, тегіс. Қарауылтөбе маңына жақындағанда, Сүлеймен бүй деді: – Алдымыздағы жотаны ассақ, тура перменің үстінен түсеміз. Қарауылдары мен малшыларына қандай хайла қыламыз? Біздің мақсат – олардың бəрін сілейтіп салып, малдарды айдап шығу. – Мілисалары болмаса, бізге малшы сорлылар қарсылық көрсете қоймас. Мылтықты аспанға бір атсақ, етпеттей жата қалатындарына мен кепіл. Тек оған дейін мiлисаның бір амалын табу керек. – Аязбек, сендер жотадан асып келіңдер. Ал өзім қораға ашық жақтан кірейін. Мілисасы болса да, малшысы болса да қарсыласқанын ұрып-соғып, бірдеңе қылармыз. Мылтық атып, біреуін жазатайым мерт қылып жүрмейік. – Жарайды, Сүлеймен. Өзіңде сақ болғайсың. Үшеуі екі жаққа бөліністі. Сүлеймен еңіске жеткенде, алдынан бір отар қой көрінді. Тас қораның бергі шетіндегі тегісте екі адам арбамен оларға шөп шашып жүр. Қораға кіре берістегі ашық алаңқайда ұзын шапан, маңдайында қызыл жолағы бар сүйір қалпақ киген біреу мылтық асынып тұр. Қоқанның мiлисалары да осындай киім киюі еді. Сондықтан да Сүлеймен оның қарауыл мілиса екенін
бірден таныды. Таныды да «алдымен осыны бір жақты етейін» деп ойлады. Денесі алпамсадай, астына мінген аты да зор Сүлейменнің тегін адам емес екенін білгендей, мілиса арқасына ілінген мыттығын апыл- ғұпыл қолына оңтайлады: – Кімсің-ей? Жөніңді айт. Əйтпесе басып саламын. Деуін дегенмен Сүлейменнің сұсты жүзiнен қорқып қалды ма, қолымен қоса мылтығы да дірілдеп кетті. – Ой, əкеңнің... Бесіктен белің шықпай жатып маған мылтық кезенуін қара. Мылтық ұстауға лайық емес екенсің. Мылтығын тартып ала берем дегенде, анау сасқалақтап тұрып шүріппені басып жібермесі бар ма. Гүрс еткен мылтық даусы жер- дүниені кернеп кеткендей болды. Оқыс шыққан дауыстан қарагер үркіп кетіп, Сүлеймен сусып жерге түсіп қала жаздады. Түсіп те қалар ма еді, егер бір қолымен қарагердің жалына жармасып қалмағанда. Сөйте тұрып, бəрібір ананың қолынан мылтықты жұлып алып үлгерді. Не істерін білмеген мiлиса жігіт қораға қарай қашты. Оның қылығына ашуланған Сүлеймен атын тебініп қалып, қуып кеп берді. Анау ұзай алмады. Ə дегенде-ақ оған жеткен Сүлеймен оның желкесінен ұстай алып, көтеріп ер алдына бір-ақ өңгерді. – Ойбай, көке! Өлтірмеңізші, өлтірмеңізші! – Менің кім екенімді білмей жатып, неге кезенесің мылтықты ə?! – Сүлеймен оның желкесінен бүрiп-бүріп жібергенде мілиса баланың жандаусы шықты. – Сенен басқа мілиса бар ма бұл жерде? – Бар, бар. Жаңа ғана ол түзге шығуға кеткен. Осы кезде қораның арғы шетінен шыға келген екінші мілиса оң жақтағы тамға қарай жанұшыра жүгіріп бара жатты. Сүлеймен солай шапты. Жерді дүрсілдете шауып келе жатқан қарагерден бұрын тамға жете алмасын білген ол, кейін бұрыла сап, киіз шапанының ұзын етегіне сүріне, қораның екінші шетіне жүгірді. Қораны айнала бергенде, алдынан Төрекелдi мен Аязбек шықты. Қолдарында мылтығы бар оларды көргенде, мілиса сорлы кейін шегінді де, қораның дуалына сүйеніп, жүрелей отырды. Оның жанына тез жетіп барған Сүлеймен алдында өңгерулі жатқан мілисаны сырғытып түсірді. – Қайда қашып бара жатыр едің сен?! Ол сорлы «бұлар қайдан келген адамдар?» дегендей, үшеуіне жалтақ-жалтақ қарап, ентігін баса алмай біраз отырды:
– Ертең ауданнан көп мілиса келсе, сіздердің сазайларыңызды береді. – А, не дейді? Мынау қорқудың орнына маған айбат көрсетпекші ме? Мылжа-мылжаңды шығарып жіберейін бе қазір? Темірдей қолдар өзін езіп жіберердей болғанда анау мұның кім екенін түсінді. – Ойбай, иығым. Жетер, жетер, көке. Не айтсаңыз да істейін. – Қорада сендерден басқа кімдер бар? – Екі малшы қойларға шөп шашып жүр. Қалғандары демалып жатыр. – Айран-сүт, құрт-май бар ма? – Жейтін болсаңыздар тауып береміз. Сүтті азанда атарбамен ауданға алып кеткен. Ал май мен айран көп. – Үйдегі малшыларыңды оят. Өздерің киіз шапандарыңды шешіп, айран, майды көтеріп жүріңдер. Ал малшыларың қойларды айдайды. – Сонда қайда барамыз? – Бəрін ашыққан елге таратамыз. – Ойбай, көке, олай етсек, ауданнан келген уəкiл бізді қаматып, аттыртып тастайды ғой. – Қазіргі уəкіл – менмін! Шеш деймін үстіңдегіні. Шапаныңнан жұрт қорқып қалып жүрер. – Шапан емес, «шинель» дейді мұны. Күн суық. Жаурап қалсақ қайтеміз. – Өлмейсің. Жұрт жаурағанда жаның ашыған жоқ емес пе? Ай, бол тез! Əйтпесе сүйектеріңді бір-бірлеп сындырамын! Амал жоқ, екі мілиса шинелдерін шешті. Бастарындағы қызыл жолағы бар сүйір қалпақтарын да жерге тастады. Сөйтіп дірдек қаққан екі сорлыны үйге айдап келді. Үй ішінде үш жігіт ұйықтап жатыр екен. Оларды тұрғызып, үш-төрт тері ыдыстағы сары майды көтерткiзiп, сыртқа шығарды. Екі мілисаға екі ағаш бөшкедегі ұйытылған айранды арқалатты. Қой жаққа жете бергенде, алдарынан бағанағы шөп шашып жүрген екі малшы кездесті. – Арбаларыңды тастаңдар! Бір ауыз сөз айтпай, кері бұрылыңдар да, қойларды ауылға, Жалғандыққа қарай айдаңдар! – деді Сүлеймен мылтығын жоғары көтеріп қойып. Адам түрінен мылтықсыз-ақ сескенетін мұның айтқанын аналар екі етпеді. Арбадан түсе қап, қойларға жаяу беттеді.
– Көке, мыналарды арбаға артып алайық та, – деді бөшкені иығына мықшыңдай көтерген бір мілиса. – Үнiңдi шығармай, жүр осылай! Сөйлей берсең, арбаны да артып қоям мойныңа. Қорадағылардың біреулеріне бөшке, біреулеріне тері ыдыстарды көтертіп, ал малшыларға қойларды айдатқан үш қарақшы Жалғандықтағы мешіттің жанына келгенде Ажандар біраз жұртты жиып тұр екен. Мешіт айналасындағы жұрттың жүздері үрейлі. Белсенділердің зорлығынан əбден зəрезап болған олар «бұл жолы тағы қандай қасіретке тап болар екенбіз» дегендей, Сүлеймендер жақындағанда, сол үрейлі һəм аштықтан əбден арыған жүздерін төмен салып, отыра-отыра кетісті. Тек іштеріндегі жас балалар ғана бұларға қарап, тіке тұра берді. – Оу, халайық! – деп айқай салды Сүлеймен жұртқа таяп келіп. – Көтеріңдер бастарыңды! Мына бөшкелерде сары май, анау тері ыдыстарда айран бар. Алыңдар бəрін талап! Ал мына қойларды қайсысың қаншауын айдап кетуге шамаларың келсе, соншасын айдап кетіңдер! Үйлеріңе апарып, сойып жеңдер. Мешіт түбінде əйел-еркегі аралас үрпиісіп отырған елу-алпыс адам осы сөзден кейін бастарын көтеріп, жан-жақтарына қарасып, өзара күбірлесті. Бірақ ешқайсысы орындарынан тұрмады. Табан астында келген олжаға сенбей отырған сыңайлы. Балалар қойларға қарай жүгіре беріп еді, екі-үш əйел оларды ұстап қап, жандарына қайта сүйреп əкелді. – Неге тұрмайсыңдар?! Өз малдарыңды өздерің алуға қорқып тұрсыңдар ма? Қорықпаңдар ешкімнен! Осы жолы Сүлейменнің даусы əсерлі шыққаны соншалық, тізерлей отырған жұрт дүр етіп, бірден орындарынан тұрды да, малшылар мен мілисалардың жанында тұрған ыдыстарға бассалды. Бірі тері ыдыстың аузынан айранды төге-мөге сылқылдатып жұта бастаса, енді біреулері ағаш бөшкедегі майды қарпып асап жатты. Одан кейін қойларға қарай жүгірісті. Аштықтан əбден титықтаған олар қойларды шикілей жеп қоярдай, бір-бірлеп ұстап алып, үйлері жаққа дедектете сүйреді. Сүлеймен бұлардың енді ештеңеден тайынбайтынын сезді: – Ей, бір-бір қой не болады сендерге?! Əлдерің жеткенше топ- тобымен айдасаңдаршы, түге. Айтпақшы, Тəңкі, бағана айтқан Досбол
піркəншігіңнің үйі қайда? «Мəгəзiн, қойма бар» деп едің ғой сонда. Баста бізді соған! Ал, жұртым, біраздарың үйлеріңе қой айдаңдар! Қалған біразың бізге еріңдер! Қоймадағы ұнды керегімізше бөлісіп алайық! Əп-сəтте айналаны азан-қазан қылған адамдардың біразы Сүлеймендерге еріп, мəгəзiн-қоймаға келді. Ергендердің ішінде əсіресе балалар көп. Олар да біледі, мəгəзiнде тəтті қант пен кəмпит бар екенін. Тəңкі мен Сабашты алдына салып, қоймаға жеткенде Сүлеймен Ажанға бұрылды: – Бірдеңені ұмытыппыз-ау. Сен дереу бұрыл да, мешітке шап! Анау екі мілиса мен малшылар бізден қалып кетіпті ғой. Həлетiлер жұртты үркітіп жүрмесін. Бəрін айдап, осында əкел! Осы кезде күйдірген қыштан соғылған мəгəзіннің ішінен біреу шыға келді: – Не қылған шу бұл? Өңкей жалаңаяқтар неғып жиналып қалған мұнда?! Тəңкі, жаныңдағы ат үстіндегілер кімдер? Құрт, артыңдағы тобырдың бəрін көздерін мөпитпей! – Бұның кім? – деді Сүлеймен Тəңкіге. – Піркəншік Досбол – осы. – Аязбек, жаман əңгідей ақырып тұрған неменің мойнын бұрап алшы. Есі кірсін. Досбол аттылардың кімдер екенін аңғарып үлгергенше, Аязбек оған жетіп барды да желкесінен бүріп, басын тақымына басты. Ол екі қолымен Аязбектің санын сабалап, қиқылдап-шиқылдаудан басқаға мұршасы жетпеді. – Енді мəгəзiнге кіріп, іштегі заттардың бəрін талаңдар! Жұрт ішке лап қойды. Аздан соң қолдарына іліккен заттарды əйелдер етектеріне, балалар қойшы-қоныштарына толтырып, ер кісілер бір-бір қап ұн арқалап, тарасып жатты. Қайран, ашыққан жұрт, өздерін бір күнде мұндай ырзыққа тап қылған мынау аттылардың кімдер екенін сұраған да жоқ. Жалғандықтың адамдарын мəгəзiннен түк қоймай талапайға түсіріп болған кезде екi мiлиса мен төрт малшыны желкелеп, Ажан келді. – Мал айдағандардың біреуі көрінбейді ғой, – деді Төрекелді.
– Оның қайда кеткенін білмеймін. Ал мына төртеуі жолға түсіп, күнгейге беттеп барады екен. Сірə, Ленгірге кетпек болды-ау. Мені көріп, төртеуі төрт жаққа қашпаққа əрекеттенді. Мылтық атып, əзер қайырдым. – Аязбек, Досболды босатшы, сорлының шынымен-ақ мойнын үзіп тастарсың. Аязбек тақымына басып тұрған Досболды босатты. Ол желкесін ауырсына басып, отыра кетті. – Əй, тұр орныңнан. Мəгəзіннің құлпы бар ма еді? – Бар ғой, Сүке, бар. Құлып болғанда қандай. Ешкім бұзып, аша алмайды, – деді Тəңкі ол үшін жауап беріп. – Онда Тəңкіден басқаңның бəрің кіріңдер мəгəзiнге. Сен, Тəңкі, бұларды сыртынан құлыпта. – Досбол, құлып қайда? – деп құрақ ұшты Тəңкі өзінің қамауға түспейтініне қуанып кетіп. – Бол, тап тезірек! Əйтпесе Сүкеңдер аямайды өзіңді. – Құлып іште еді ғой, – деп ыңырсыды анау. Məгəзінге лып етіп кірген Тəңкі аздан кейін дəу қара құлыпты алып шықты. – О-о-ой, Сүке. Заттары қат-қатымен жинаулы тұратын мəгəзiннен түк қалмапты. Жұрт бір тiстем нəрсе қалдырмай, сыпырып əкетіпті. – Бəрің кіріңдер мəгəзiнге! – деп бұйырды Сүлеймен. – Бүгін осында түнеп шығасыңдар. Қарсы сөз айтуға шамалары жоқ екі мілиса мен малшы жəне Досбол үн-түнсіз мəгəзiнге кірді. Тəңкі есіктің сыртына құлып салды. – Кілтті кімге берейін. Əлде өзімде бола берсін бе? – Атаңның басы. Əкел бері! – деп Сүлеймен одан кілтті алды. – Аязбектің жанындағы бос атқа мін. Бізді Ақайдардағы Құлтанның үйіне апарасың. Біз онда жеткенше күн де батады. Қараңғылықты пайдаланып, үстінен басамыз. – Ақайдар ауылы қазір «Алғабас» деп аталады. Өкімет солай ұйғарған, – деді Тəңкі атқа мініп жатып. – «Алғабас» бүгін түнде Құлтан үшін «Артқабас» болады. Бесеуі Бадамды кешіп өтіп, Зағамбар тұсындағы қырдан асқанша күн де батгы. Тағы біраз жүріп, Ақайдар етегіндегі сайға жеткен уақытта Тəңкі айтты:
– Сүке, Құлтанның есектей иті бар. Түн баласы бөтенді үй маңына жолатпайды. – Алдап нан берсек ше? – Наныңыз түгілі етке де қарамайды. Хайуанның түрі де жаман. Жаяу болсаң, тура мойныңа, атта болсаң, тура бетіңе секіріп, алып түседі. Оның үстіне Құлтан наганын басына жастанып жатады. – Ол кəпірде наган бар ма? – Болмай ше. Бүкіл Қазығұрт етегіндегі елді бір шыбықпен айдап отырған адам оңай деймісіз. – Үйіне жақындап барайық. Итінің де, өзінің де бір мəнісін табармыз. Күллі халықты ашықтырып қойып, иттері мен өздерінің қарнын тойдырып жүрген ондайлардың аяқтарын аспаннан келтіріп, тобаларынан жаңылтпайынша, мен бəрібір тыныштық таппан. – Аттарды осында қалдырып, үйіне дейін жаяу барғанымыз оңды емес пе? – деді Аязбек. – Есік алдында алғыр иті, жастығының астында наганы бар адамды айлакерлікпен алмасақ, өзімізге қауіп төніп жүрер. – Сонау Қоқан мен Алайда мені таппаған оқ пен ала алмаған жау, енді өз елімде өзімді жайратар деймісің. Бұқпантайлап баратындай, қапелімде бас салатындай, Құлтан деген кім? Атақты қарақшы, қаһарлы құрбашы ма еді, тəйірі. Тура осы атыммен тура есігінің алдына шейін барып, абалаған итінің де, дəусінген өзінің де өкпесін суырып алмасам, несіне Сүлейменмін?! Тайсақтамай, соңымнан жүре беріңдер! Іңір қараңғысында бес салтатты тасырлата ауыл ішіне кіргенде, бейсауат жүрген бір адамның сұлбасы көрінбек түгілі, арсылдап үрген иттің де даусы шықпады. Адамды қойшы, қараңғы болысымен үй- үйлеріне тығылар. Ал иттерге не көрінген? Əлде, бұл ауылдың иттері де, адамдары секілді белсенділерден ығып, үн шығармайтын болған ба? Жоқ, олар да егелері сияқты аштықтан бұралып, дыбыс шығаруға əлдері келмей, таса-тасада бұғып жатыр ма? Əйтеуір түн құшағы бауырына алған ауыл іші тым-тырыс. – Құданың құдыреті, мына ауыл тура бір мола сияқты ғой. Теpeзелерден жалтыраған oт та көрінбейді. Түгел қырылып қалғаннан сау ма өздері? Еш болмаса шəуілдеген иттің де даусы естілмейді. – Бағана көрдік қой, Сүлеймен. Ауылдардың күндізгі сиқы анадай болғанда, түнгі кейпі қай оңсын. Мына Тəңкілер бұл жердің тұрғыны
тұрмақ, иттерін де қаңғытып жіберген-ау шамасы. – Қойыңыз, Аяқе, олай демеңіз. Бұл ауылға менің түк қатысым жоқ, – деп мəймөңкеледі Тəңкі. – Ілгеріде түнгі ауылдың иті үріп, жылқысы кісілеп, бұзауы мөңіреп жатушы еді. «Ел ауып, жұрт тозды» деген осы ма, əлде? Аспан ашық, жұлдыз жарқырап тұрса да, ауыл үстіндегі тамұқтың төріндей шусыз қапас тыныштық көңіліме жайсыз тиіп тұрғанын қараңдаршы. Елде еңсе көтерер арлы азаматтың шынымен бірі қалмағаны ма, – деп күрсінді Сүлеймен. – Тəңкi, Құлтанның үйі осы маңда емес пе еді? – Тура келе жатырмыз. Əне бір алдымызда қараңдап көрінген еңселі үй соныкі. Айнала қараңғы болса да, жан-жақтағы қамыспен жабылған шошала үйлер мен тоқал тамдарға қарағанда, шынында, Құлтанның үй-жайы еңселі көрінеді-ақ екен. Бергі жақтағы екі терезесінен де шамның жарығы көрінеді. Бұлар сол үйге таяғанда алдарынан арсылдап, бір ит шыға келді. Тəңкі өтірік айтпапты. Иттің дəулігі бір- екі жасар тайқарға жетеғабыл. Даусы да жуан. Күрк-күрк етіп үрген күйі жүгіріп келді де, алдағы Сүлейменге атылды. Сүлеймен аяғын үзеңгіден шығарып, итті бір тепті. Бірақ тепкі оған тимеді. Ит тағы секіріп атылғанда қарагер солға кiлт бұрылып айналды да, оны бір тепті. Ат соққысы дүңк етіп қабырғасына тиді. Ит аунап түсті. Артынша қайта тұра келіп, қисаңдаған қалпы жанындағы Тəңкіге жармасты. Тəңкінің астындағы ат үркіп, кейін шегінді. Ал ит ер үстіндегі Тəңкінің аяғына жармасқан күйде айрылмай, атпен бірге сүйретілді. – Ойбай, аяғым, аяғым. Мына пəле аяғымнан тістеп алды. Тəңкі бақырып, иттің басын қамшысымен сабап жатыр. Алайда оның сабауын анау ит елең қылмай, аяғынан айрылар емес. Аттылар оған не дауа қыларын білмей, бір сəт тұрысып қалысты. Тəңкінің жаны көзіне көрініп, ат үстінде тыпырлап, айқайын одан сайын үдетті. – Өй, əкеңнің... – деп Сүлеймен бір ақырды да жөңкіп келіп, Тəңкінің аяғына жармасқан иттің желкесіне жармасты. Сол күйі итті тартып алып, мойнын тақымына қысты. Ит текті арланның тұқымы ма, қыңқ деп дыбыс шығармады. Сүлеймен оны тақымына қысқан
бойы есік алдына дейін сүйретіп барды. Осы кезде үйден бір əйел, артынан денелі бір еркек шықты. – Ой, оңбаған, көргенсіз нəлеті. Менің үйімнің алдына атпен ойқастап келетін қайсың бұл?! Нəзия, үйдегі наганды алып шықшы! Бір атып, атын да, өзін де жайратып тастайын, – деп ақырды еркек. Оның анық Құлтан екенін білген Сүлеймен тақымындағы итті тастай салып, атынан секіріп түсті. Есік алдында тұрған еркек не болып жатқанын аңғарғанша, жанына жетіп барып, Құлтанды жағасынан ала кетті. – Өй, өй, кімсің-ей, сен?! Тоқта деймін. Менің кім екенімді білесің бе? Өй, атаңа нəлет! Тарт-əй, қолыңды! Түрмеде шіриін деп жүрген біреу ме, мынау, – деп Сүлейменнің білектеріне жармасып, өктемсіп айқайлады. – Əлі танымадың ба мені, сұмырай? – Ойбай, Нəзия, мені «сұмырай» дейді-əй, мынау. Жүгір, əкел шапшаң наганды. Бойы көк тіреп тұрған албастының маңдайынан бір атып, сілейте салайын. Қанша дəу болса да, оққа айла табар ма екен. – Ойбай, көтeк, Сүлеймен ғой бұл. Мұны «өлді» дегендерің қайда?! – деп əйел шар етіп, үйге зып берді. – А-а-а, шынымен Сүлейменбісің?! Апырау, бауырым, аман-есен бармысың өзі? – деп Құлтан дереу даусын жұмсарта, момақанси қалды. Бір жағы қатты қорқып қалғаны да білінгендей. – Ойпырмай-ə. Қашаннан бері «бауырым» деп қалдың? Баяғыда мені түрмеге тыққаның есіңде ме? Сондағы қысастығың үшін, қазіргі елге істеп жатқан зорлығың үшін кек алуға келдім сенен. – Қой, қой, Сүке. Ескі нəрсені қозғап, не қыласың? Одан да үйге кіріп, қонақ бол. Ə, жаныңда серіктерің бар екен ғой. Кіріңдер бəрің. Ой, мынау Тəңкі ме? Тəңкі, жігіттердің аттарын байласайшы, – деп демнің арасында басқаша сөйледі. – «Үйіме кіргізіп, жақсылап сыйлап жіберсем, құтыламын» деп тұрсың ба, менен? Сен түлкінің мінезін білем мен. Сен айтпасаң да, бүгін осында қонақ боламыз. Саған көресіні ертең жұрттың көзінше көрсетем. Сүлеймен оның жағасынан жібермеген қалпы үйіне итеріп кіргізді. Үйі екі-үш бөлмелі, кең, əрі жасаулы екен. Төрде екі жерде үлкен орыс шырағы жанып тұр. Еденде қалың қалы кілем. Қос-қос көрпешелер жаюлы жатыр.
– Айналаңдағы жұрттың күйі – анау. Ал өзің болыс үйіндей там салып, төбе бидей өмір сүресің. Осы үй-мүйіңмен қосып, өртеп жіберейін бе? – Қой, Сүке. Үйдің мүлкi жақсы болса, ол өкіметтің арқасы да. Жұрт маған ұқсап, жұмыс істейді деймісің. Осыдан да олар, жалқаулығынан деймін де, күн көре алмай жүргендері... – Не оттап тұрсың?! Жұмыс істеп, адалдығыңмен байығыш болсаң, кешегі Ордабектің кезінде неге осындай тұрмысқа қол жеткізе алмадың? Елді тонап, атып-асып, қорқытумен, біреудің еңбегін пайдаланып жинаған дəулетіңді қалай өкімет пен жұмыстың арқасы деп айтып тұрсың? – деп Сүлеймен желкесінен қойып қалды. Құлтан серейген күйі мұрны жер сүзе құлады. Қатыны: «ойбай, өлтірдің, өлтірдің», – деп сыңси жылап, оны сүйемелдеп, көтеруге талпынды. – Төрекелді беліңдегі арқанды шешіп, Тəңкі екеуінің арқаларын тірестіріп, қосақтап байла. Түнде қашып кетіп жүрмесін. Сен, қатын, сыңси бермей, тұр да, бізге ет ас. Жаңа байың айтты ғой, «қонақ болыңдар» деп. Қалың көрпешенің үстінде жатып, қонақ болайық. Ажан, мына қатын далаға шықса, сен де шық. Үйге кірсе, сен де кір. Бір елі жанына қалушы болма. Бізге жақсылап қызмет қылсын. Қорқып кеткен Нəзия ас қамына кірісті. Төрекелді Тəңкі мен Құлтанды қосақтап байлап тастады. Содан ас дайын болғанша, төртеуі байлаулы екеуді əбден мазақ қылып, келемеж етіп отырысты. – Байланып, амалсыз қалған қандай қиын-ə, Құлтан. Жұртты қинаудың азап болатынын енді түсінген шығарсың. Айтшы, оқу қуып, өсейін деп ойлаған бас көтерер жігіттерді неге «кеңес жауы» деп ұстатып жібере бересің? Қанша азаматтың обалы бар мойныңда? Бəрінен де бұрын Ордабек болыс пен Нарымбет байды, мілиса бастығы болып жүрген Ноғайды, тілмəш Тəжібай мен Сыдықты, Естеместің Мəуленін қайда айдатып жібердің? – Сыдықты НКВД-ның адамдары ұстаған. Тəжібай мен Ноғайды, Мəуленді солар қудалаған. Ал Ордабек пен Нарымбетгі Оралға жер айдатқан да мен емес – өкімет. – Құралбайды он жылға, Есенбекті жеті жылға соттатқан, Абылайды ату жазасына, кестірген. Тұрлыбекті «мілисаға қол көтеріп, мылтығын тартып алмақ болды» деп татар солдатына атқызған, одан қалса, қаншама жігіттерді көпе-көрнеу жазаға тартқызған да, сен емес
шығарсың. Бəрін айт та, бірін айт, өз ауылдастарың мен жамағаттарыңның малдарын тартып алуға қалай дəтің барды? Бала- шаға, кемпір-шал аштан өліп жатқанда, мынадай үйде тұрып, тамақ ішуге қалай арланбайсың? – Елдің малын алған да мен емес. Өкімет солай бұйырған. Мына Тəңкі біледі, жұрттың малдарын сонау Шымкенттен, Keөpгiптен келген солдаттар тартып алған. – Ештеңе мойындағың келмейді екен сенің. Кім екеніңді азанда жұрт көзіңе айтар. Ал біз қазір жатып демаламыз. Қоқаннан шыққалы бері көрпеше үстінде керіліп жатып көрмеппіз. Сен екеуің осылай қосақтаулы түрлеріңмен ұйықтап шығыңдар. Қалған сөзді ертең айтармыз. Нəзия асқан еттен жақсылап тамақтанған қарақшылар қарауылдыққа Ажанды қалдырып, өздері көрпеше үстіне сұлады. – Аязбек, түннің жарымында Ажанды ауыстырарсың, – деді Сүлеймен ұйқыға батар алдында. – Бүгінгі қарауылдықты екеуің атқарыңдар. ІІ Мезгiл жəдінің ортасы. Аспан күнде бұлтты болып, қыс ызғарын сездірген өкпек жел оқтын-оқтын соғып тұрса да, əлі қар жаумаған. Ал бүгін ауада бұлт та, жел де жоқ. Күн шайдай ашық. Таңертең қыстың кеш шыққан күнімен таласа тұрған Сүлеймен, жанындағы серіктерімен Құлтан мен Тəңкіні қосақтаулы күйлерінде далаға сүйреп шығарып, есік алдындағы далия өскен кəрі өрікке байлады. – Біз шайланып алғанша, осы түрлеріңді жұрт көре берсін. Біраздан соң оларды жинап, екеуіңнен жауап аламыз. Ол екеуінің түнді ұйқысыз өткергендері көрініп тұр. Көздері қып- қызыл. Ауыздарын ашып, есінеп-есінеп қояды. Өрікке байланғанша бір сөз де айтпады. Тек Сүлеймен жаңағы сөзді айтқанда: – Ой, Сүке, жұртқа таба қылатын болды-ау мені, – деп күрсінді Құлтан. – Мұндай қорлықтан гөрі өлтіре салғаның да тəуір еді. – Өлуге асықсаң, оны да көрерсің. Бірақ сен өлімді нағыз еркектей қарсы алар ма екенсің? Ажан, шекесінен дəлдеп бір атшы. Ажан мылтығының құлақшасын тартып, ұңғысын Құлтанға қаратып көздеді: – Қай жерінен атайын?
– Шекесінен атсаң, қиналмай бірден өле кетеді. Жаны біраз көзiне көрінсін, балтырынан ат. Мыналарды ойнап тұрмағанына енді көзі жетті ме, əлде мылтықтың суық ұңғысы жанын тітіркендіріп жіберді ме, осы кезде Құлтан: – Əй, əй, қойыңдар. Əзір өлгім келмейді. «Қой» деші, Сүке, мынауыңа, – деп дірілдей үн қатты. – Айттым ғой жаңа. Нағыз қаһармандай болып өлу де келмейді сенің қолыңнан. Қоя тұр, Ажан. Сəлден соң тек қана залымдық біткен мұның кеудесін бала-шағаға таптатып, көкіректігін мұқалтайық. Жүрсін содан, жұртқа өктемдік қылмақ түгілі біреудің бетіне қарай алмай. Осы кезде арғы жақтағы тоқал тамның бұрышынан сүйретiлiп бір кемпір шықты. Бүгжеңдеген күйі бұларға қарап тұрды: – Ойбай, бетім-ау. Мынау байлаулы тұрған белсенді қайным ба? Талайды осылай байлатып, мілисаға айдатушы еді. Енді өзі айдалайын деген бе? Көтек, өрікке шандып тастапты ғой. Бетің күйгір қарабет, зауал ендігі өзіңе жеткен екен-ау. – Бері келіңіз, апа, бері келіңіз. Өздеріңізге нақақтан-нақақ зəбір көрсетіп жүрген бұдан кек алғыңыз келе ме? Онда осы ауылдағы кəрі- жастың бəрін жинап келіңіз. Аяқтарыңызға жығылдырып, кешірім сұратайын. – Е, айналайын. Бұл залым аяғымызға бас ұрғанымен, қырылған балдар мен итжеккенге кеткен боздақтар орала қояды деймісің. Бірақ бұл да істеген ісіне пұшайман жеп, бірауық өкінсін де. «Жина» десең, жинайын жұртты. Айтпақшы, бетім-ау, «жинайын» деймін, өздерің кім боласыңдар? Ауылда қалған аз ғана қалбалақтаған шал-кемпірлер мен ашқұрсақ балаларды алдап жиып алып, төбемізге жай түсіріп жүрмеймісіңдер? – Жоға, апа. Біз қайта сіздерге көмектескелі келдік. Сіз жұртты жинап келіңіз. Содан соң Құлтанның үйіндегі бар дүние-мүлікті өздеріңізге таратып береміз. Кемпір Сүлейменнің сөзіне сенер-сенбесін білмегендей, аңтарылып біраз тұрды. Сөйтті де бұрылып: – А-ю-ю, Күлшəт, Есенкүл... анау жүгермектің аты кім еді... И-ху, Жақаш, Ботабек, бері келіңдер. Мына бір дəу бала Құлтанды байлап қойыпты. Белсендінің үйінен сендерге, ойбай, жоқ, бəрімізге «нан əперемін» дейді. А-ю-ю, шығыңдар үйлеріңнен. Жүре
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 490
- 491
- 492
- 493
- 494
- 495
- 496
- 497
- 498
- 499
- 500
- 501
- 502
- 503
- 504
- 505
- 506
- 507
- 508
- 509
- 510
- 511
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 500
- 501 - 511
Pages: