Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-12-28 10:01:54

Description: Темірхан Медетбек "Күретамыр"

Search

Read the Text Version

Темірхан Медетбек Күретамыр Бұл кітапта көрнекті ақын, жыр жолбарысы, журналист, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбектің публицистикалық мақалалары, əдеби-сын туындылары, сұхбаттары, бағдарлар мен байламдары топтастырылған. «Күретамыр» аталатын осы еңбегінде қаламгер қазақ поэзиясының даму сипатын саралай отырып, өзіміздің қадау-қадау ақындарымыздың өткен өмірі мен қилы тағдырына үңіледі. Қазіргі жастар поэзиясы хақында пікір білдіріп, замана зары мен қоғамдағы келелі мəселелер жайлы тереңнен ой толғайды. Кітап көпшілік қауымға арналған. I. КҮРЕТАМЫР1 “МЕН НЕ ЖАЗДЫМ, СОНШАМА ҚОРЛЫҚ КЕШКЕНДЕЙ” Мықты ақынға алдымен сөз ереді. Ол сөз көбіне-көп жусаң кетпейтін, жайсаң кеппейтін майлы күйедей қап-қара жалалы, бəлелі боп келеді. Жоқ нəрсені бар етіп бадырайтып қояды. Сыпсыңдап адымын аштырмайды. Тіміскілеп артынан қалмайды. Ол сөздер тек күйе боп жабысып қана қоймайды, бірде басын жарып, көзін шығаратындай сойыл мен шоқпарға, енді бірде шынжырын үзіп кетердей абалап ұмтылған қызғаныштың құтырған қызыл итіне айналады. Ол сойыл мен шоқпар ала жүгіретіндердің шаң-шұң

айқайына айқай үстеп, бір сілтеуден қалмай бырт етіп сынып түсетін кепкен шыбық сермейтіндер де, қызғаныштың қызыл итіне өздерінің шаптығып шəуілдейтін қанденін қосатындар да табыла кетеді. Бетін шымшып жып-жып ететін өсектері мен құлақ сарсылтар гу-гу əңгімелері тағы бар... Ол енді отырса опақ, тұрса сопақ болады. Оның енді тырнағының асты, кір болмаса да, күнде кір! Оның енді түймедей ғана бір қылығы түйедей боп көрінеді. Оның енді саңқылдап сөйлегенін де, жарқылдап күлгенін де көре алмайды. Көре алмайды емес-ау, көтере алмайды. Апыр-ау неге бұлай?! Ол байғұс соншалықты не жазып қалды. Оның айтқаны халқының мұңы, жоқтағаны халқының жоғы емес пе еді? Бар айыбы, мынау бей-берекеті қашқан жалпақ жұртты жарасымдылыққа, жақынын да жау көріп жағаласып жататын үдеріскен қауымды үйлесімге, сондай-ақ əділдік пен адалдыққа шақырғаны ма? Неге бұлай? Оның бір-ақ жауабы бар. Өйткені ол–үлкен əріппен жазылатын Талант! Ал талант ешуақытта, еш жерде кешірілмейді. Сондықтан да оны, жас болсын, жасамыс болсын, бəрі бір, əйтеуір көрге тықпай тынбайды. Олардың тіпті оны көрге тыққаннан кейін де жандары жай таба қоюлары екіталай... Əрине, қоғамда бишігін олай да сілтеп, былай да сілтеп үстемдік етіп отырған идеялогияның ондай талант иесімен қарым-қатынасы сəл өзгеше болып келеді. Алдымен оны түрлі айла-тəсілмен алдарқатып маңдайынан бір сипап, арқасынан екі қағып, өзіне икемдемек болады. Сермесе семсеріне, сілтесе сойылына айналдыруға барынша күш салады. Құрған тұзағына түсірмек боп, əртүрлі айла-шарғыға барады. Алдайды. Арбайды. Əлбетте, талант иесі де ет пен сүйектен жаралған пенде! Сондықтан олардың сол бір құрған тұзағы мен қақпанына түсіп қалатын кездері болмай тұрмайды. Бірақ асау жүрек, бостан талант бұған ғұмыр бойы қалай шыдас бермек. Оның, қалай болғанда да, ауық-ауық құрған тұзақты қиып, құрған қақпанды қаусатып кететін кездері аз болмайды. Сондықтан да оған үстем идеялогия үнемі сенімсіздікпен қарайды. Тиісті үлесінен қағады, көкірегінен итереді, аяғынан шалады, босаға жаққа ығыстырып кемсітеді, кекетіп, мұқатып бағады... Енді оның əр өлеңін, əр сөзін, əр сөйлемін қалдырмай, қадалып оқитын болады. Жай көзбен оқымайды, лупамен оқиды. Тіпті лупамен емес-ау

микроскоппен зерттеп үңіледі. Өйткені ол өлеңдер мен сөздердің арғы астарында, түкпір-түкпірі мен қалтарыс-қуыстарында аса кесапатты жұқпалы аурулар тарататын микробтар мен вирустардан мына қоғамды билеп-төстеп отырған үстем идеялогия айықпас дертке, жазылмас кеселге шалдықса қайтпек?! Ақыры, үңіреңдеп қайта-қайта үңіліп жүріп лағнет атқыр сол бір қатерлі вирустар мен микробтарды табады. Табады! Сонан кейін-ақ ақынның күні күн болмайды. Енді абалап ұмтылып балақтан тартатын пенделік қызғаныштың қызыл итіне, үстем идеялогияның арпылдап кеп тура алқымнан алатын тайыншадай- тайыншадай алпауыт төбеттері қосылады. Ал оның соңы немен тынатыны айтпаса да түсінікті... Менің аса ірі, аса зор шет ел ақындарының, сондай-ақ өзіміздің қайталанбайтын қадау-қадау ақындарымыздың өткен өмірлері мен тағдырларына қайта-қайта үңіле жүріп ұққаным осы болды. Əрине, əр ақынның өткен өмір жолы да, тағдыр-талайымы да əр басқа. Бірақ жинақтап келгенде осыған саяды. Осындай тағдырды басынан өткізген, қилы-қилы тіршілік кешкен ақындардың бірі, сөз жоқ, Қасым Аманжолов дер едім. Қарап отырсақ, Қасым Аманжолов та тағдырын тəлкек еткен қатал заманның талай-талай тəшпіші мен құқайын көрудей-ақ көрген екен. Оның соңынан, əлгі жоғарыда айтып өткендей сұрқия сөз де, зымиян сөз де ерген. Қасым ақынның қыл тұзаққа да, темір қақпанға түскен шақтары да, аяқ асты боп табанға тапталған кездері де аз болмаған. Оны кейде арғы жағы түпсіз құлама тығырыққа тіреп, кейде тəртіпке көне қоймаған тентек баладай бұрышқа да тұрғызған. Аяусыз сыналған. Ешбір кінəсіз моральдық кемсітушілік пен рухани қуғын- сүргінге түскен. Əдетте ақын дүниеден озғаннан кейін оның соңында өлмес өлеңдерімен бірге аңыз қалады. Қасым Аманжолов туралы айтылатын аңыздар да аз емес. Соның бірі, жұрттың бəрі, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, қайталап айта беретіні, оның елден ерек шатақ болғаны. Мінезі сəл нəрсеге шарт кететін шамшыл, шəлкес екен. Шамына, арына тиген адаммен, кім екеніне қарамай, “қап бəлем, кейін бір оқсатып ретін келтірермін-ау” деместен, дəл сол жерде шат-шəлекейі шығып ұстаса

кететін көрінеді. Тіпті жығылса да шаптан тіреп жатып алады екен. Ешкімді басынан аттатпаған, ешқандай сөзді басынан асырмаған. Тарс еткізіп атқан, қарш еткізіп шапқан. Иілу, бүгілу дегенді мүлде білмеген, шатырлаған найзағай құсап шарт сынған. Өзі де “бұлт болып арпалысам, жалын шарпып” деген ғой. Мұндай мінезге ие ақынға қыспағы да, қысталаңы да көп, кім-кімді де манекен сияқты қатырып- семдіріп қоятын қатыгез қоғамда өмір сүру қандай қиын болған десеңізші?! Оның өткен өмір жолына көз салсаң, Қасым Аманжолов бұл тірлікке тек қиындық көру үшін, тек жəбір-жапа шегу үшін келген сияқты. Ол “өзге емес, өзім айтам өз жайымдa” деген сөзді текке айтпапты. Шынында да Қасым Аманжолов өлеңдерін оқып отырып, оның бүкіл соқтықпалы жолдары мен өткелекті өмірбаянын түгелге жуық көз алдыңа елестетуге болады. Ол тұтастай өлең – өмірбаян. Өмірбаян болғанда да, өзі өмір сүрген қоғаммен, уақытпен, заманмен, адамдар тағдырларымен тамыр-талшықтарына дейін бірге өріліп кеткен өмірбаян. Оның “Балалық шақтан бір елес” деп аталатын ұзақ өлеңін бар болмыс- бітіміңмен егіліп-езілмей, алқымыңа жұдырықтай тас тұрып қалғандай тығылып, кеудеңе өксік кептелгендей демікпей оқи алмайсыз. Ол бұл өлеңінде ағасы Тайжанның он бір, өзінің алты жасында тұл жетім қалғанын, екеуінің қаншама азапты да мехнатты күндерді бастарынан кешкендерін шерлене баян етеді. “Қасқырдай үйге түскен аштық жетті. Арадан қарындасты алып кетті. Бездіріп құсты ұядан, жасты үйінен, елсізде ебелектей тентіретті” дейді ол. Қос жетімнің барар жер, басар тауы қалмайды. Қол ұшын созып, бауырына басар, пана болар ешкім жоқ. Жолаушы дұға оқып жаяулайтын, Қалжырап келе жатқан ұзақ жолдан, Дозақтай түсі суық бейіттер де Біздерге əке үйіндей мекен болған. Бейуақта не бейіттен, не қорғаннан,

Біздерді көрген жандар естен танған, “Ойпыр-ай, Тайжанбысың, сайтанбысың”,– Деген сөз ел аузында содан қалған. Қандай қиын, қандай ауыр тағдыр! Басқаша қалай айта аласың?! Əйтпесе, құйтақандай екі баланың түн ішінде тентіреп, ескі қыстаулар мен бейіттерді пана етіп жүргендерін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл көрініске енді сіз күні бойы жер ошақтың жанынан жүргізбейтін “қоқиланған мырзаның” қорлығы мен бастарына “шымшуырмен салып қалатын” қатыгез əйелдердің зəбірін қосыңыз. Жаның жылап, жүрегің қақ айрылады! Буыны бекімей, сүйегі қатпай жатып-ақ осыншама зəбір мен қорлықты, осыншама зобалаң мен зорлықты көп көрген ол, жапақ-жапақ еткен жалтақ, іштен тепсе де ыңқ демейтін ынжық, аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен солбырайған сорлы боп қалмайды. Əсілі, арғы тегі тегеурінді, мықты болса керек. Қайта, қысқаштай қысқан сол бір қиындықтардан қыл шылбырдай шиыршық атып ширатылып, көріктен қызарып шығып, балға мен төске тапталған сом темірдей шыңдалып өседі. Ақын ержетті. Есейді. Ұстаған жерінен айрылмай тырмысып, тастай тістеніп жүріп алға, тек алға ұмтылып бақты. Оқу оқыды, тоқу тоқыды. Оң-солын таныды. Жан-жағын барлады. Күндердің күнінде қиыр шет, қиян түкпірдегі Оралдан бір-ақ шықты. Əрине, біз бұл мақаламызда ақынның өмірбаянын тізбелеп шыққалы отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз мүлде басқа: оның өлеңін тану. Өлеңі арқылы, мүмкіндігіміз жеткенше, ақынның рухани кескін- келбетін, рухани сымбат-ажарын, рухани болмыс-бітімін ашу. Бұл тұрғыдан қарасақ, Қасым Аманжолов əдебиетке о баста, біздің ұғымымызға əбден сіңісті боп кеткендей, от шайнап, шоқ түкіріп емес, сұлулыққа ерен ынтызар, махаббатқа аса құштар боп келіпті. Ақынның отызыншы жылдар ішінде жазылған “Сұлудың сымбатын” оқып көріңізші. Оны кенет ғажайып құбылыс көргендей таңданбай, шекер сорғандай таңдай қағып тамсанбай оқымау мүмкін емес.

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай, Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай. Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс, Бейне мақпал, қызыл тіл шекер балдай; Төгілер иығына қара шашы, Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай; Күмбездей жарқыраған мойыны бар, Тамағы күн шалмаған ақ торғындай; Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде, Қос емшек ақ төсінде қос алмадай... Мықыны тар, қиылған қыпша белі– Бұралған бейне нəзік пружинадай; Бөксесі дөп-дөңгелек қызықтырар, Жұп-жұмыр кіршіксіз ақ саны қандай; Күлкілдеп балтыр еті, екі аяғы– Түп-түзу мергендердің мылтығындай. Еш мін жоқ көз тойғысыз сырт тұлғасы Заказбен мрамордан құйылғандай. Па, шіркін! Бұл өлеңді оқыған, əйтпесе тыңдаған еркебұлан жас жігіттің осыншама сұлулықтан басы шыр айналып, жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап, санасы сарсаң болып, есінен айрылардай немесе отқа түскендей күйіп-жанып, ал əбден қартайып мəужіреп қалған шалыңның күнде қалған көнектей кеуіп қалған тамырларына ып-ыстық қан жүгіріп кетпес пе?! Əрине, бұл өлең – бар дүниені ұмыттырып, есалаң күйге түсіретін, ерік бермей кететін есірік құмарлықты қoздыратын, яғни хайуaндық инстинктің құлы ғып жіберетін эротика да, адамдық ар-ұяттан жұрдай, иман дегеннен мүлде ада тыржалаңаш парнография да емес. Бұл өлең – сұлулықтың тылсым да сиқырлы қуат- күшін бар болмысымен ашып көрсететін, құныға еліктіріп, еліттіретін, оның өзіңді де, көзіңді де арбап алатын кескін-келбеті мен ажарына деген ынтызарлықты оятатын өлең.

Осы тұстағы Қасым Аманжолов өлеңдері кілең бір ұйыған сүттей үйлесімділік пен құйылған күмістей жарасымдылықтан тұрады. Əуен мен əуезге, мақам мен сазға толы ол жырларды оқығанда бесіктегі періште нəрестенің гуілін, жапырақ ұшында үзіліп кетердей боп мөлтеңдеген таңғы шық дірілін, самалмен ақырын ғана теңселген құрақ сыбдырын, сол құрақ балағын шымырлап сипап аққан бұлақ сылдырын, аппақ тамағы сайраған бұлбұлдың көмейіндей боп бүлкілдеп тұратын сұлудың сыбырын, əуелеп ұшқан аққу қанатының сусылын жан-тəніңмен сезінгендей боласың. Оның бəрі Қасымның ойы мен бойындағы, тілегі мен жүрегіндегі кіршіксіз таза, сонымен бірге белгісіз құпия кеңістікке асығып, алып-ұшып талпынып тұрған ұлы махаббаттан туындап жатады. Дəл бір жігіт жар сүйсе, мен сүйейін, Жалыны ғой махаббат жан-жүйенің. Махаббатсыз қан салқын, дене жансыз, Махаббатсыз жаны жоқ дүниенің. Түсінбейді-ау кей адам махаббатты, Оған, сірə, махаббат–гүл сияқты, Үзіп алды, ол тақты, бұл да тақты, Гүлі солды, тастады, болды ұятты. Жоқ! Махаббат – гүл емес, жанның күйі, Табиғаттың адамға тартқан сыйы, Кейде бейне күйсандық, білсең ойна Оның да бар До, Ре, Ми...Соль, Ля, Сиі. Махаббатты осыншалықты қорғаштап, оған осыншалықты бəйек боп, оны осыншалықты асқақтатқан, оның тылсым табиғаты мен тұңғиық болмысын танып-білген, сəулесіне шомылып, нұрына шалқыған ақындар бұл дүниеде бар-ақ шығар-ау, бірақ олар өте сирек болса керек. Мен əлгінде үйлесімділік пен жарасымдылықты айтқанда өлеңнің түрлік сыртқы пошымынан шығатын аллитерациялық немесе дыбыс

үндестіктерін емес, оның ішкі мəн мен мазмұнынан, қан тамырларыңды кернеп бара жататын ыстық жұмбақ қуатынан туындайтын құпия құйылысты меңзеген болатынмын. “Мейлі аспанның бұлты кеп бассын мені, жарқ етермін күндей боп көрсем сені, қарт болсам мен сен үшін жасарар ем, тірілер ем егер де болсам өлі” деп махаббатты өзегі өртеніп, емірене аспанға көтеріп əспеттеген ақын, оны аяқ асты етіп, мазақ пен тəлкекке айналдырып, еріккеннің ермегі етіп жіберетіндерге өлердей жаны қас. Қара түнді жамылып Қайда кеттің қайқаңдап. Тыным таппай сарылып, Шаршадың-ау бай таңдап. Түнде жортып сенделмей, Бай іздесең базар бар. Екатерина келгендей Қатар тұрып... қарсы алар. Бір күндікке біреуін Табарсың да тастарсың. Сүйте-сүйте сұлуым Бұл дүниені ластарсың, – деп кебірге өсетін кекіре шөптей кермек, тозған таудың азған етегінен алынатын ашутастай ащы мысқылмен түйреп, одан безініп жиіркенеді. Мына өмірден тіліңнен бал сорғалап, жан жүрегіңді алтын шуаққа бөлеп, болмыс-бітіміңді жарқылдаған, жалтылдаған сəулеге орап жіберетін сұлулықтың сиқырлы сымбатынан көздің жауын алатын үйлесім мен сөздің нəрі мен құнарын құятын жарасымдылық іздеп шарқ ұрған, оған шаң қондырып, тозаң түсіргендермен бүкіл жан- дүние, бар табиғатымен аяусыз күрес ашатын ақынның қызықты да

шыжықты сол бір сəттері бір-ақ күнде айра-жайра боп, ойран-ботқасы шықты. Соғыс басталды. Ақын майданға аттанды. Біздің соғыс жылдары туралы жырлар десек, есімізге алдымен Қасым Аманжоловтың есімі түсетіні белгілі. Ол тектен-тек болмаса керек. Өйткені соғыс стихиясын дəл Қасым Аманжоловтай орасан қуатпен, алапат бұрқаныспен берген бірде бір қазақ ақыны жоқ десек, оғанешкімдеренжиқоймас.Тағыдаолөлеңдер–өзіндік көркемдік қуатымен, екпінді бұла жаратылысымен əлемдік деңгейдегі шырқау биікке көтерілген өлеңдер. Түк те асырып айтып отырғам жоқ. Мен өз басым соғыс тақырыбына жазылған орыс ақындарының өлеңдерін былай қойғанда, соғыстың от-жалынының қақ ортасында, бораған оғының дəл астында жүрген, оның бүкіл тауқыметі мен ауыртпалығын өз бастарынан өткерген еуропалық Қарсылық (Сопротивление) ақындары француз Поль Элюар, чех Витезслав Незвал, венгр Дюла Йиеш, серб Радован Загович, итальяндық Сальваторе Квазимодо, пoляк Юлиан Тувим жəне басқаларының шығармаларымен бір кісідей етене таныспын. Кейбіреулерінің шығармаларын аудардым да. Олар – тұла бойларынан қан сорғалап тұрған, əрі қаһарлы, əрі қайратты өлеңдерді дүниеге келтірген аса ірі тұлғалар! Қасым Аманжоловтың соғыс туралы жырлары, егер жеріне жеткізе аударылса, солардың қақ ортасынан ойып тұрып орын алатынына менің титімдей де күмəнім жоқ. Бəріміз баяғыдан жатқа білетін мына жолдарға назар тіктеңіз: Құдірет күші жер жаһанның Қанатын бер қыран құстың, Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың! Күллі əлемнің ашу, кегі Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені Бомба бол да жарыл жүрек! Құдай-ау, неткен долы, неткен қаһарлы, неткен сұсты, неткен ызалы, неткен сұрапыл күш бұл?! Ақын ішінде алапат магма булыға қайнап,

тасып-төгіліп, отты бұрқақ боп атылып жатқандай. Тұла бойынан от шашыраған мұндай қуатты өлеңмен соғыс туралы жазылған қай ақынның өлеңі иық тірестіріп шендесе алар екен?! Жоғарыда соғыс стихиясын дəл Қасым Аманжоловтай берген қазақ ақыны жоқ дегеніміз де, ол жырлар əлемдік деңгейге көтеріліп кеткен дегеніміз де бостан бос, əйтеуір айтыла салған сөз емес екенін, оған мына төмендегі жолдарды оқысаңыз-ақ көзіңіз бұрынғыдан да жете түседі. Айнала жау ырсыл қағып, Айдаһардай көтерді бас, Кейде лезде қызып жанып Дүниедегі бір ұлы айқас. Зіл-зала боп жер мен аспан, Соқты ұйтқып оқ бораны: Қан кілкіте қара тастан, Түткіледі кең даланы; Түсіргендей көктің миын Зіркілдеді зеңбіректер, Естігендей дозақ күйін Көрден ытқып шықты өліктер! Ақын жүрегінен қып-қызыл жалын боп атқылап, шапшып шыққан бұл жолдарды сен “па, шіркін” деп тамсанып, бас шайқап та, “неткен ғажап” деп тамсанып қол соғып та тыңдай алмайсың. Өйткені от құйыны ұйтқып, оқ борап жатқан тозақ күйін естігендей, зіркілдеген зеңбіректермен бірге сенің де басың зіркілдеп, қара тастың өзінен кілкілдеп қан ағып, алып далаңды жүндей түтіп түте-түте еткен бұл сұмдыққа шыдай алмаған өліктердің өзі жер астынан ытқып шығып жатса қалай өйтпексің?! Өйткені сен де асты – үстіне түсіп ала құйын аласапыран дүниенің ішіне кіріп жұтылып кеттің...

Қалай болғанда да Қасым Аманжолов – ол қаһарлы соғыстың құрыштан құйылғандай берік, тастан қашалғандай айқын, кісі шошырлық сұмдық суреттерін жасаған ақын. Құйрығы алтын снаряд, оқтар, Кезіп жүр көкті дамылсыз ұшып. Кеудеңе келіп қонуға құмар, Тұмсығы сүйрік қадала түсіп... Көрдіңіз бе, Қасым ақын өлім алып келер алтын құйрықты снарядтар мен оқтардың кім-кімді болса да сұқтана қарататын сұлу мүсінін жасаған. Менің ойымша, егер Қасым Аманжоловқа ажал-сұмның сымбаты мен кескін-келбетін суретке айналдыр десе, ол оны тұла бойын жалбыраған жүн менен түк басқан алба-жұлба, көзі шақшиған, тісі ақсиған албасты құбыжық кейпінде емес, мұз сияқты мөп-мөлдір көкпеңбек, немесе қаңтардың қарындай аппақ, бірақ ызғары мен ызбары бетіне теуіп тұрған сұп-суық сұлу етіп салар еді! Қасым Аманжоловтың соғыс тақырыбына жазған жырларын əңгіме еткенде оның “Дариға, сол қызын” аттап өтуге де, айналып өтуге де болмайды. Олай ету күнə балар еді. Бұл өлең – алағай да бұлағай, астан-кестені шығып, ішек қарыны ақтарылып жатқан, қан сасыған дүниенің ішінде жазылған махаббат гимні ғой. Өңімде ме еді, түсімде ме еді, Көріп ем ғой бір армандай қызды... Бір нəзік сəуле күлімдеп еді Сұрапыл соғыс соқты да бұзды. Сапырды дауыл, тебіренді теңіз, Тулады толқын, шайқалды шың-құз. Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз, Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!

Қандай жанкешті махаббат! Өмірі мен тағдыры бір тал қылға ілініп, кез-келген сəтте көктей қиылып кететін кезде де, құтырған қып-қызыл оттың ішінде жүріп те “қайда екен, қайда, дариға, сол қыз” деп үздіге, аңсар құштарлықпен сөйлеу үшін де аса зор қуат пен орасан жігер, үлкен жүрек керек шығар. Бұл жыр– мəңгі өлмейтін ержүрек махаббат жыры! Соғыс, əрине, өлеңді есік-терезеңді қымтап, жайласып, жайғасып отырып жазатын жер емес. Оның отсыз, оқсыз жай күнінің өзі асығыс- үсігіс, абыр-сабыр. Бірақ жазатын адамға өлең деген де жазылмас дерт қой, жер таңдамайды, жағдай іздемейді. Жаныңды жегідей жеп, құрттай талап, дегбіріңді қашырып бітеді. Ең бір қиын, қысталаң шақта да, тіпті бірер шумақ болса да өз-өзінен экспромт боп құйылады, фрагмент боп түсе қалады, этюд боп елп еткізеді, эпизод боп кестесін төгеді... Соның бəрінде ақын мінезі, ақын көзқарасы, ақын психологиясы көрініс табады. Мейлі ол өлең көңіл мен көзді қатар арбайтындай сыланбай-ақ қойсын, мейлі ол өлең құлаққа құйқылжып құйылатындай сазға ие болмай-ақ қойсын. Жұртты сендірердей шындығы болса, жетіп жатыр. Оның Əшім деген өлеңін оқып көрейікші: Ойбай, мынау Малғұн фрау! Неге маған көз қысад, Қағып қасын?! Дейді де Əшім Сығып жасын Есіне алып Өзінің Жəмиласын. Ракурсы дұрыс қойылмаған фотоаппарат түсірген сурет қой бұл. Кедір- бұдыры, олпы-солпы жері бадырайып-ақ көрініп тұр. Бірақ осы бір сегіз-ақ жолда қаншама гəп бар. Қанды қасап ішінде жүрсе де адалдығы мен ар-ожданына титтей де қылау түсірмеген Əшімнің аңғал

мінезі мен Жəмиласына деген кіршіксіз махаббаты, серттей берік сенімі жатыр. Соғыс та бітті. Қасым Аманжолов та өзгелермен бірге, туған жерге, ғұмыр бойы аңсаған Алматысына оралды. Оның əр бұрышын бір мекен етті. Бірақ күні кеше ғана Отанын қорғап, өрт ішінен шыққан қайсар жауынгер ақын өзінің туған еліне, кең дүниеге сыймай қор болды. Қыңсылап қыр соңынан қалмайтын тіміскі тұрмыс деген бəле де ақынды əбден тұралатып бітті. Бойын жаздырмады, адымын аштырмады. Айналасының бəріне сөзімен от лақтырып жүретін тарпаң ақынға тиісті орындар тыжырынып, жек көріп қарады. Оның үстіне өкпесін шұрқ тесік етіп жеп жатқан құрт ауруы тағы бар. Оған енді осының бəрімен қасқая жүріп күресуге тура келді. Қасым Аманжолов осы бір тұста бір майданнан шығып, екінші майданға кіргендей күй кешті... Бəріміз жақсы білетін “Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды, сонда да тастамаспын астанамды; өлеңнің отын жағып жылытармын өзімді, өлеңімді, жас баламды” деген шағынып, жалынудан, жылап-сықтаудан ада, əрі тəкаппар, əрі өжет жолдарды жазбас бұрын да Құзға салған қыранның ұясындай, Ұшпақтағы софының құжырасындай, – Елестейді баспана, Алматының Кең қойнына бір Қасым қойды сыймай. Ақын болдым, жырладым астанам деп, Бос жүгіріп жүрмедім босқа нан жеп. Солдат болдым, сағындым, келдім қайтып, Тағы біраз сенделдім баспана іздеп. Жер сұрадым, ақыры күрке салар, Жер де жоқ боп шыққан соң не шара бар. Жер сұрасам– сілтейді зират жаққа, Өлген жоқпын, қақым жоқ олай барар, –

деген еді. Кеудесі отты жырға, жүрегі елі мен жеріне деген сүйіспеншілік пен махаббатқа толы қайран ақынды зират жаққа сілтеп, əбден жəбірлеп, қорлаған ғой. Не деген мейірімсіз қатыбас, не деген қайырымсыз қатыгез заман десеңізші! Сол тұста ғой, соғыстан оралған жауынгерлердің бəрі дерлік Қасым құсап бас сұғар пана таппай қаңғып жүрмеген шығар-ау?! Əсіресе, “аға ұлт” өкілдерінің ортадан ойып тұрып үй алып жатқаны сөзсіз ғой. Бірақ ол кезде, менің олардан нем кем, неге бұлай деп айтуға тіл қысқа. Айтса, оны итжекеннен бірақ шығаруы мүмкін... Ойы озық, жігері шарболаттай өткір, наркескен ер-азаматқа өзінің қатарынан, қатарынан емес-ау, тіпті көп төмендерден кейін қалу, иіні жыртық жүдеу, өкшесі тесік жадау өмір сүру қандай қиын. Мұндайда ақын: “Жігіттің көрдік жүйрік, шабанын да, Япыр-ай, бір шаба алмай қаламын ба? Үстімнен қойды-ау түспей қара тоным Көк бөрік, көк жағаның заманында”, – деп налиды. Налиды да: Мен не жаздым, соншама соңға түскендей, Мен не жаздым, соншама қорлық кешкендей, Мен не жаздым, жапырақтай қуарып, Күлге айналып қоламтада өшкендей! Мен не жаздым, өмірден қол үзгендей, Мен не жаздым, панасыз боп кезгендей, Мен не жаздым, аласталып тұрмыстан Адамшылық дəрежеден безгендей! Мен не жаздым, бойым жазып жүрместей, Мен не жаздым, қызықты өмір сүрместей, Мен не жаздым, жұрт көргенді бір көріп Жұрт білгенді мен де бірге білместей!

Мен не жаздым, шығармастай үнімді, Əлде маған қырық дей ме екен тілімді, Əлде менің жүрегіме су құйып – Өшірмек пе оттай жанған көңілімді,– деп күйзеле күйінеді. Егіліп сөйлеген ақынмен бірге сен де егіліп, бүгіліп кеткен ақынмен бірге сен де бүгіліп кетесің. Маңдайының соры бес елі болған қайран ақынмен бірге сенің де қабырғаң қасапшының қолына түскендей бырт-бырт сөгіліп, омыртқаң күтір-күтір омырылып бара жатады-ау! Шынында да, байғұс ақын соншалықты не жазып қалды екен?! Əлде ол əлдекімдерді тұспалдап: Қарсы алдыңа келгенде сипақтайды, Сорлы неме іште арам сыр сақтайды. Бір сырыңды білдірсең, ондай арсыз Қиратардай дүниені қипақтайды. Қайдан білсін, бүгінгі мықты адамдар Ондайларға жотасын сипатпайды. Осы жұрт неменеге жыртақтайды Түйедей ғып көрсетіп тырнақтайды. Егерде халық өзін мақтамаса, Бос əуре, қатыны оны құр мақтайды, – дегені үшін бе? Жоқ, əлде бір бастықты меңзеп: Сырт кескінің дəл бұрынғы байдайсың, Айырмаң тек, сен галстук байлайсың. Еліретін, семіретін жөнің бар, Құсасың да, оны қайта шайнайсың,–

деп келеке еткені үшін бе? Жоқ, əлде қуанышқа да, қайғыға да, бар-бар нəрсеге де күдік-күмəнмен қарайтын бір сорлыны ишаралап: Жылама сен, күл, – дейді. Күлсем, жəне сенбейді. Қара тер боп тергейді, Неге күлдің сен дейді. Күле білмес – қуыршақ, Жылай білмес – ақиқат. Күлсек, яки қайғырсақ – Бəрі болар оған жат, – деп сойып салғаны үшін бе? Бəрі үшін! Елден ерек, оқ бойы озық талантты болғаны үшін. Жұрттан бөлек өжет те өршіл болғаны үшін, əділдікті қақ тіліп айтатыны үшін, тіпті əн салып, домбыра мен сырнай тартатыны үшін. Мұндай ақынды кім кешірсін! Мұндай ақынды оттан суырып ап суға, судан суырып ап отқа лақтыру керек. Таптау керек. Жаныштау керек. Басын көтермесін, көкірегін кермесін, көзіне көк шыбын үймелесін. Ондай жүгенсіз кеткен бəлені тоз-тозын шығарып тоздырып, аузына құм құйып аздырып жіберу керек. Қалайда оның сағын да, жағын да сындыру керек. Керек... Керек... Ең керектің ішінде, оның жан дегенде жалғыз жұбанышы өлеңдерін керексіз ету керек. Қасымды солай еткен де! Оның өлеңдерін түкке алғысыз етіп жерден алып жерге салған. Бір емес, екі емес, қайта-қайта сөйткен. Қанатын қайырмақ, маңдайын айырмақ болған. Өлім мен өмірдің арасында төсек тартып жатқан кезде де оған тыным бермеген. Ондай қиянатқа қарсы сөз айтпаса Қасым Қасым бола ма? Соңынан қалмаған сондай бір сұмпайы сыншыға: Жазғанымды жамандап, Сен төккенмен жыныңды, Мен жатқам жоқ алаңдап, Ұрдым сенің сыныңды!

Ауырсам да қажыман, Құйған қайрат-жігермін. Сорың үшін жазылам, Ауызыңды бүрермін. Құсқан жының, ірің көп, Қылшық-қылшық бір шимай. Адам болар түрің жоқ Анаңнан қайта тудырмай, – деп қинала кіжініп, сес көрсетеді. Жан-жағынан арадай жабылып жанын талаған ондай-ондай сөздерден кей-кейде мұңайып егіліп сөйлесе де, езіліп кетпейді. Қасекеңнің өзі айтқандай, “солдаттың етігіндей жаны сірі” боп шықты. Шыдады. Төзді. Əрине, ол тілін тістеп, аузын буып, өзіне-өзі тығылып төзген жоқ. Тартысып жүріп шыдады, жағаласып жүріп төзді. “Біз осы дуракпыз ба, ақынбыз ба?” – деп өзіне- өзі күмəнмен қарап алып, сонан кейін “естіге ақын, бұзықпыз ақылсызға” деп өзін-өзі жұбатып жүріп төзді. Бірақ қанша төзгенмен үздіксіз тамған тамшы да тасты теспей ме, толассыз жаншыған салмақ та темірді майыстырып, майырмай ма?! Олардың қасында ол бар болғаны ет пен сүйектен жаралған пенде баласы ғой. Қиянат көрген жаны күйінеді ғой. Ауру меңдеген тəні күйрейді ғой... Дей тұрғанмен, еш уақытта да не бəсеюді, не төмендеуді білмеген, көрген азап пен мехнаттан басы шыңылдап, əбден қажытқан дерттен көкірегі сырылдап жатып та, ең соңғы өлеңдерінің бірінде: Ежелден ерке бұлан Қасым едім, Бұлқына тасып едім, басып едім. Жүзім – жаз, көңілім – көктем кеңпейілді Жақсының жүрегіне ғашық едім, –

деген өжет те өр Қасым ғой ол... РУХАНИ ƏКЕМ ДЕП БІЛЕМ Мен Əбу ақсақалды рухани əкем деп білем. Неге?.. Бəрін басынан бастайын. 1964 жылдың ми қайнатар шілдесі. Түркістаннан екі жігіт боп, оқуға түсеміз деген ниетпен, Алматыға жолға жиналдық. Вокзалға келсек, пойызға билет жоқ, трассаға шығып жолай кетіп бара жатқан бір машинаға ілігіп, алдымен Шымкентке, одан Алматыға тарттық. Менің жолға шыққаннан, жолға шыққаннан емес-ау, одан да ертерек, ішіме түйіп алған бір құпия мақсатым бар. Ол мақсат – Алматыға барған бойда, қалайда, қазақ өлеңінің ақсақалдарының бірі Əбу Сəрсенбаевқа жолығу. Оған себеп, сол жылдары газет-журналдарда Əбу Сəрсенбаевтың кісілік құшағының кеңдігі туралы, жастарға деген қамқорлығының молдығы жайлы көп жазылатын. Жұмекен Нəжімеденов, Сайын Мұратбеков, Зейнолла Серікқалиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Қанипа Бұғыбаеваларды жəне басқаларды əдебиет табалдырығынан алғаш аттатқан, алғаш қолтықтарынан демеген екенінен əбден хабардар едім. Сондықтан өлеңдерімді ең алдымен сол кісінің тезінен өткізіп, ең алдымен сол кісінің алдынан өткім келді. Оның үстіне жастықтың желігі буып алған мен, өзіме өте сенімді едім. Сонымен бірге оқуға түсу үшін тас түйін дайындалғам. Қазақ əдебиетінің арғы-бергі шығармалары мен солар туралы жазылған сыни мақалаларды мүмкіндігім келгенше, қолым жеткенше оқып танысқам. Сонымен, не керек, Жазушылар одағына келіп, Əбу ақсақалдың мекен- жай тұрағын біліп алдым. Сұрастырып жүріп үйіне де жеттім. Жүрексіне тұрып торғайдың көзіндей қоңырау түймені бастым. Есікті толқынды шашы дудырап, Əбу ақсақалдың өзі ашты. Суреттерден талай көрген таныс бейне. – Кім керек еді, балам? – деді əлгі кісі жұмсақ үнмен. – Сіз керек...

– Мен кіммін? – жүзінде лып еткен қызығушылықтың нышаны пайда болды. – Сіз Əбу Сəрсенбаевсыз... – Е, онда танып тұр екенсің. Кіре ғой. Дəл түскі астың үстіне келген екем. Дастархан басында үш-төрт адам отыр. – Мына бала мені іздеп келіпті, – деді Əбекең айналасына қарап. – Мына Лəзиза апайың, мына кісіні де танитын шығарсың. – Ия, танып тұрмын. Ғабдол Сланов күлімсіреп қана отыратын, ашаң денелі, көзілдірікті көзі мейірімге толы, инабатты кісі екен. Жайлап қана басын изеді. – Ал шаруаңды айт,– деді Əбекең, мен əбден жайғасып болғаннан кейін. – Оқуға түсейін деп келіп ем...Сізге өлеңдерімді көрсетейін деп... Сөзімнің не басы жоқ, не аяғы жоқ, бытыраңқы шыққанын біліп отырмын. Оның үстіне даусым қарлығып, бұрынғыдан да қысыла түстім. – Қайдан келдің? – Түкістаннан. – Түркістаннан? Қасиетті жерден келген екенсің ғой, – деді шай құйып отырған Лəзиза апай. – Шай іш, палаудан ал. Түркістаннан болсаң, палауды жақсы көретін шығарсың. Мұндайда қалай шай ішіп, қалай палау аласың. Тұла бойымды темір құрсап алғандай сірескем де қалғам. – Атың кім? – Темірхан. – Ал, балам, былай болсын. Өзің Түркістаннан екенсің. Атың Темірхан екен. Олай болса мына отырысың не? Егер жөндеп тамақ жеп, шай ішпесең, өлеңіңді тыңдамаймыз. Соны біліп ал. Ғабдол, солай ма?– деп Əбекең маған тіктеңкіреп қарап алды да, Ғабдол Слановқа бұрылып,

қуақы күлімдеп, көзін қысқандай болды. Лəзиза апай да ал, іштің астына алып барады. Мына алғаусыз, көл-көсір қонақжайлылық пен мейірімнен менің де сіресіп қалған қол аяғым босап, тағамға қол созып, шай ұрттай бастадым... Сəлден кейін дастархан жиналды. Əбекең мен Ғабекең мені кабинетке бастады. Кабинеттің екі қабырғасы түгел кітап екен. Осыншалықты кітабы көп үйді тұңғыш көруім. Аузымды ашып тұрып қалыппын. – Ал, Темірхан балам, өлең оқы, – деген Əбекеңнің жұмсақ үнінен бойымды жиып алдым. Орындыққа жайғасып, қолтығымдағы дəптерлерді қолыма алдым. – Өлеңдер оқиын ба, əлде поэмалар оқиын ба? Ғабекең мен Əбекең бір- біріне жалт қарады. – Поэмалар?– деді Ғабдол аға, осы үйге келгелі бері маған тұңғыш рет тіл қатып. – Поэмаларың көп пе?– деді Əбекең де қызыға қарап. – Екеу. – Сен алдымен өлеңдеріңді оқып көрші, поэмаларыңды соңынан көре жатармыз. Қане, балам, бастай ғой. Дəптерлерімді ашып жіберіп оқуға кірістім. Бірінен соң бірін түйдектетіп, төрт-бес өлеңді лезде-ақ оқып тастадым. Жүздеріне қарап отырмын, өлеңдерім ұнаған сияқты. – Темірхан, сен мына өлеңдеріңді маған тастап кет. Ертең таңертеңгі сағат ондарда кел. Оқуға түсу мəселесін де сонда сөйлесерміз. Ертеңіне айтқан уақытында келдім. Əбекең ваннада жуынып-шайынып жатыр екен. Лəзиза апай мені асүйге апарып шай берді. Сəлден кейін Əбекең де келді. Жүзінен ризашылық байқалады. Жайғасып отырғаннан кейін: – Өлеңдерің жақсы екен. Образбен сөйлейді екенсің. Сені енді ауылға қайтармаудың қамын ойлайық,– деді. Əбекең шай ішіп болғаннан кейін, киініп алды да мені ертіп, Жазушылар одағына алып барды. Оның екінші қабатындағы бір

бөлмеде отырған Қадыр Мырзалиев пен Жұмекен Нажімеденовтерге кірдік. Олар да өлеңдеріммен танысты. Олар да ұнатып қалды. Сонан кейін «Лениншіл жас» газетінің əдебиет бөлімін басқарып отырған Əбіш Кекілбаевқа таныстырды. Не керек, көп ұзамай, бір топ өлеңдерім Лениншіл жас газетінің бетінде жарқ ете түсті. Сондағы шексіз қуаныш-ай. Менің əдебиеттегі тұсауым осылай кесілген. Солекіарадаоқуғатүсумəселесідешешіліпқалғандай болған. Əбекең екеуміз академик Қажым Жұмалиевке барғанбыз. Ол кісі де өлеңдерімді тыңдаған. – Өлеңдеріңдегі образдары жақсы болғанмен, техникалық жағында ақаулықтар бар екен, – деген Қажекең. – Ойбай, Қажеке-ау, техникалық жағын өзіңіз үйретесіз ғой, – деп жатыр Əбекең де... Көп ұзамай оқуға да түсіп кеттім. Өмір жолын енді ғана бастаған жас адам үшін бұдан өткен жақсылық бола ма? *** Сөз жоқ, ақиық ақын Əбу Сəрсенбаев – əдебиетіміздің қақ ортасынан ойып тұрып орын алатын тұғырлы тұлға. Өйткені бүкіл ғұмырын қастерлі қағаз бен қасиетті қаламға арнап өткен қаламгердің бітірген шығармашылық шаруасы ұлан-ғайыр. Осы ұлан-ғайыр шаруаныңбірпұшпағына ғанакөзжіберіп, тексонығана сөз етудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етсе керек. Өйткені, Əбу Сəрсенбаев шығармалары халқымыздың бір емес бірнеше ұрпағына рухани қызмет етіп тастады, əлі де болашақ ұрпақтарға да қызмет ете бермек. Яғни, ол шығармалар халықтық мəннен халықтық сипатқа ие болды. Əрине, Əбекең десе біздің аузымызға алдымен оның соғыс тақырыбына жазған шығармалары түсетіні сөзсіз. Əбу Сəрсенбаев – шығармашылықтан тыс, қарапайым өмірде бұрқақ мінезсіз, биязы, тіпті бір қарағанда бетсіздің бетіне де жел боп тимейтіндей сыпайы жан. Бірақ, ол бұйығы биязылық емес, керек кезінде, қынабынан қылышын суырып, белінен сойылын шешіп жатпай-ақ, кім-кімді болсын мақтамен бауыздап тастай алатын

принципті, табанды биязылық. Ал, ондай мінез, əдетте, ішкі сабыр мен қайраты мол жандарда ғана кездеседі. Əбу Сəрсенбаев дəл сондай жан болып өтті. Сондықтан да оның өлеңдеріндегі лепті екпін, динамикалық қозғалыс сол ішкі қажыр мен ішкі қайраттан туып жататын болса керек. Теңіз толқынындай тереңнен лықсып көтеріліп, ақ жалдары бұрқырап жататын жолдар Əбу Сəрсенбаевтың соғыс жылдарында жазылған жырларында тіпті молынан кездеседі. Тула, Балтық, тула, Балтық! Тула, толқын жарды қарпып. Жау келеді, жау келеді, Түн қойнынан өлім артып. Жойып жібер жын ойнағын Толқыныңмен тебе тартып. Шыңырауыңа батыр оны. Тула, Балтық, тула, Балтық. Бұл жолдар, сөз жоқ, қазірдің өзінде жүрек үніндей, жүрек ұранындай естіліп тұрған жоқ па?! Жалыны сөніп, жаны қалғып кеткен жан болмаса, бұл жолдардан кім-кім де күн күркірегендей қуатты рух сезінері сөзсіз! Өлеңнің өлеңдігі рухында ғой. Рух лебі шарпып жіберсе, көзге түсе бермейтін ең бір елеусіз қарапайым сөздердің өзі қоламтадағы қып-қызыл шоқтай көзін жарқ еткізіп ашып алатыны бар- ау. Рух болғанда ғана бір қарағанда қой мінезді қоңыр сөздер ақын аузына түскен бойда арыстан айбат пен жолбарыс қайратқа ие болып кетеді. Біздің ойымызша, ақын азаматтығы, ең алдымен, ақиқатты айтуында, ал ақиқатты айту нағыз патриоттың ғана қолынан келмек. Əйтпесе, тек ұран тастап, үндеу беру түптің түбі жауыр жадағайлыққа, небір көлгірлікке алып келуі кəдік. Ал, ол күрессіз күпсу мен жалынсыз бықсуға алып барары сөзсіз. Міне, осыны дер кезінде ұға білген Əбу Сəрсенбаев соғыс тақырыбын барынша терең, барынша дендеп игерген санаулы ақындарымыздың бірі дей аламыз. Ол соғыстың драмасы мен трагедиясын бүкіл болмыс-бітім, бүкіл жан-дүниесімен сезініп өтті.

Əрине, оның соғыс жылдарында жазған өлеңдерінің шыңы – “Ақша бұлт”. Бүгінде ақша бұлт десек – Əбу Сəрсенбаев, ал Əбу Сəрсенбаев десек – “Ақша бұлт” көз алдымызға келері сөзсіз... “Ақша бұлт” Əбу Сəрсенбаев шығармашылығының символына айналып кеткені қашан. Өзегіңді өртеп, көкірегіңді қарс айырып жіберетін бұл өлеңдегі сағыныш ғұмыры, сірə, мəңгілік болса керек. Жалпы айтқанда, жауынгер ақын Əбу Сəрсенбаевтың соғыс жылдарындағы жырлары – сыншылар мен зерттеушілер үшін үлкен тиянақты тілеп тұрған рухани тың алқаптарымыздың бірі. Сонда ғана біз ақынның “Өлім ойпаты”, “Жатырқама”, “Жас сəби”, “Солдат”, “Солдат шинелі”, “Сен құрметте оны”, “Генерал кеуде”, “Жеңіс жолы”, “Жалғыз емен”, “Түн”, тағы басқа толып жатқан тамаша өлеңдері жаңа бір қырынан жарқырап көрінер еді дей аламыз. Асылы, ақынның ақындығы белгілі бір құбылысты бұлжытпай бейнелеуде ғана емес, сол құбылысты жұртқа ой салатфндай етіп көрсете білуінде ғой. Сонда ғана шығарма ғұмыры баянды болмақ. Сонда ғана ол жұртшылықтың рухани қажетін өтемек. Əбу Сəрсенбаевтың соғыс тақырыбына жазылған шығармалары тек соғыс жылдарында жазылған жырларымен аяқталып қалмайды. Соғыс тақырыбы ол үшін мəңгілік тақырып, яғни ең басты тақырыбы болып өтті. Бейбіт өмірдің сан салалы тіршілігіне белсене араласа жүріп, оның сан салалы тақырыптарын жырларына үздіксіз арқау етсе де, ол бір сəт те өзінің жауынгерлік міндетін естен шығарып көрген емес. Ақын бұл ретте де тамаша-тамаша дастандар мен өлеңдерді дүниеге келтірді. Ол дастандар мен өлеңдер қазір баршамыздың рухани игілігімізге айналған. Олардың ішінде, əсіресе, «Ақырғы гранаталар» мен «Соғыс жұлдызы» поэмаларын ерекше атаған жөн. Бұл поэмалар, сөз жоқ, тек ақын табысы ғана емес, бүкіл əдебиетіміздің де үлкен табыстары. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақын шығармашылығын бір мақалада түгел сөз етіп шығу мүмкін емес. Ақын туралы сөз ешуақытта таусылып, тамамдалмақ емес. Оның жалғасы келер ұрпақтардың еншісінде де жатқаны сөзсіз. ***

Менің Əбекеңмен, тіпті сонау Маңғыстауда жүрсем де, ғұмыр бойы қатынасым үзілген емес. Яғни, мен ол кісінің əкелік мейірімін ғұмыр бойы көріп өттім дей аламын. Ол кісі дүниеден өткенде“Ақша бұлты қазақтың” деген өлең жаздым. Сөзімді сол өлеңмен аяқтайын: Жаны толы дастанға Күйін төккен азаттың – Қалқып жүрген аспанда Ақша бұлты қазақтың. Сарқып құйып жан күшін Тебіренген ойланып, Кеткен еді болмысың Ақша бұлқа айналып. Аппақ еді жырларың, Аппақ еді тілегің, Аппақ еді сырларың, Аппақ еді жүрегің. Ашып жанның қақпасын Жақын еттің жырақты. Желбірейтін ақ шашың Ақша бұлт сияқты. Ақ нұр сыйлап ғасырға Ақ жүрекпен күлетін,– Адамдардың қасында Ақша бұлт боп жүретін. Жалған ойын арманға Дегендей-ақ ұшамын, –

Ашатұғын бар жанға Ақша бұлт боп құшағын. Рухыңмен тос, аға Бар ғой алда ғажап күн... Қош бол енді, қош, аға, – Ақша бұлты қазақтың!

ШАМЫРҚАНҒАН НАМЫСТАН АСҚАҚ РУХ ТУАДЫ Ой орманы Ия, балалар əдебиетінде біршама уақыт өнімді де өрісті жұмыс істеп, үлкен поэзия есігін именбей ашқан кешегі Қадыр Мырзалиевтің, бүгінгі Қадыр Мырза Əлидің алғашқы жыр кітабы дəл осылай аталады: “Ой орманы”. Осы алғашқы жыр кітабының жалқы атауы – бара-бара, жылдар өте келе оның бүкіл шығармашылығын қамтитын жалпы атауға айналатынын жас ақын ол кезде білді ме, білмеді ме, бізге ол жағы беймəлім. Бізге мəлімі, ел арасында аса беделді, өте қадірлі, Қазақстанның ұшы-қиыры жоқ кең даласы аудиториясына айналып кеткен ақынның кез-келген оқырманынан: – Қадыр Мырза Əлидің ең басты ерекшелігі неде? – деп сұрасаңыз, сөз жоқ, олар ешқандай кідіріп-күмілжіместен – Ой, – дер еді. Ой! Ой! Ой! Түбі терең, ауқымы кең, дүмі мықты ұғым. Иə, Қадыр Мырза Əли – ой орманы. Бүгінде бұл атау – оның бүкіл шығармашылық əлемінің төлқұжаты. Əрине, ол ой орманы – өз-өзіне тұншығып, тұнжырап, өз уайымы мен мұңын ғана бойына жинап, тылсым мінезбен мүлгіп тұратын ой орманы емес. Ол ой орманы – бірде самал жүгіріп өтсе, тұла бойына жан кіріп жапырақ-алақандарымен қол соғып тұратын, бірде аспан астын желкендей керіп, жер үстін астан-кестен етіп соғатын сұрапыл дауылдан гуілдеп, уілдеп, шулап-улап алағай да бұлағай боп жататын, бірде ми қайнатар аптаптан еңсесі түсіп, енді бірде төбесінен алау- далау боп күркіреп жөңкілген қара бұлттар лақтырған жасыннан қып- қызыл өрт құшағында қалатын, драмасы да, трагедиясы да көп, қойны толы құпия, түбі көрінбес тылсым. Менің, дəл қазір, тағы да тыңнан түрен салған, бізге бұрын-соңды белгісіз боп келген жаңа өрістерді – ендіктер мен бойлықтарды ашқан, əдебиетке тосын мəн мен мазмұнды алып келген, атыңнан айналайын, Алпысыншы жылдар ойыма оралып тұр. Сол жылдары республикамыздың түкпір-түкпірінен келген, Үркердей ұйысқан бір шоғыр талант қалыпты жолмен жүре-жүре əбден ығыры шығып, мүлде қалғып-мүлгіп кеткен рухани əлемімізді дүр сілкіндіріп жіберіп еді-ау. Солардың тепсе темір үзетін қуатты тегеурінінен ойымызбенбойымыздықырсаудайқысыпжатқанқасаң схемалар қарс-

қарс айырылып, əбден тұяқкешті боп ақжем, ақшаңдақ таптаурынға айналған стреотиптер күн жеген тозған шүберектей дар-дар етіп жыртылып жатты. Əдебиетіміздің маңдайына бір-бір жұлдыз боп қадалған сол тегеурінді таланттардың қақ ортасында, сөз жоқ, Қадыр Мырза Əли тұрды. Оның “Ой орманы” баспасөз беттерінде топ-топ болып жариялана бастағанда біз əлі елде болатынбыз. Несін жасырамыз, ол өлеңдер шыққан бойда-ақ, өлі тыныштықта оқыс дауыс естілгендей жұрттың бəрін өзіне жалт қаратты. Елде жүрген өзім куəмін, жұрттың бəрі де, жасы да, жасамысы да көптен хабар-ошарсыз кеткен ең бір ет жақын туысын, сүйектес ағайынын көргендей жапа- тармағай бас салды... Сол тұста халық бойында поэзияға деген құштарлықтың оянғанын айта кеткен лəзім. Түйіп, түйіндеп сөйлер болсақ, ол жылдар оқырман қауымның жалпы əдебиетке, соның ішінде өлеңге деген ынта-ықыласының бетбұрыс жылдары болды. Ал, сол үрдіске Қадыр Мырза Əлидің үлкен құрметке лайық үлес қосқанын ешкім де, тіпті қашан көрсең де ішін қызғаныштың қызыл иті талап жататын қызғаншақ та жоққа шығара алмас еді... Сол жылдарды аса бір ілтипатпен есіне алған Қадекеңнің мынандай бір əңгімесі құлағымда қалыпты. “Мен, өзің білесің, əдебиеттегі жолымды балалар поэзиясынан бастадым ғой. Мен онда таза, адал жұмыс істедім деп білем. Мұны біреу біледі, біреу білмейді, сол кезде-ақ мен үлкендерге бағыштаған өлеңдер жазып жүргем-ді. Бірақ неге екенін білмеймін, ұзақ уақыт бойы еш жер баспай қойды. Сонда да жазуды бір пəске де тоқтатқам жоқ. Жұмыс істей бердім. Жұмекеннің бір жинағы жарық көріп қойған. Оларды қатты қызығып, құмарта оқығам-ды... Күндердің күнінде менің де өлеңдерімнің күні туып, жолы болды. Баспасөздерде жаппай жариялана бастады... Сонда сен мені не ойлады дейсің ғой. Жарияланып жатқан бұл өлеңдерге Жұмекен қалай қарар екен деп ойладым. Құдайлық шыным!” Қадыр ақынның бұл сөздерінен кейіннен қазақтың ұлы ақыны деңгейіне көтерілген əрі замандасы, əрі досы Жұмекен Нəжімеденовке деген құрметпен бірге, оның бойында үміт пен күдіктің де арпалысып жатқанын көреміз. Ақыры күдік қалды, үміт озды.

Көп ұзамай “Ой орманы” жеке кітап боп шықты. Ол кітап шыққан бойда-ақ қазақ əдебиетіндегі ерек құбылыс болып қабылданды. Өмір өзі қуарған Ой дегенің ну орман. Жолау қауіп оған да Жоқ емесі жоқ онда. Құмыр бұлбұл сайраған, Қасқыры тіс қайраған, Қарсақтары зорыққан, Қояндары қорыққан, Жолбарысы шабынған, Жыландары жабылған, Аюлары із кескен, Арыстан да кездескен... Ой деген де ну орман, Талай бастар қуарған. Ақын “ə” деп үлкен əдебиеттің биік табалдырығын аттағаннан-ақ осындай қатерлі де қауіпті өмірдің ой орманына енген-ді. Алдында қандай қатер мен қауіптің күтіп тұрғанын, ол əлем еш уақытта да бойкүйездікті де, салғырттықты да ешқашан кешірмейтінін əбден біліп, бойына бар қайрат күшін, қажыр-қуатын жинап, бүкіл тағдыры мен ғұмырын кепілдікке қойғандай, соған басын тіккендей боп қадам басты... Бір сөзбен айтқанда, ақын Өлең əлеміне білек сыбанып, бел буып, тас түйін боп кірді. Боласың немесе бордай тозасың... Біздің бұл сөздерімізге оның одан кейінгі бүкіл ғұмыры куə бола алады.

Несін айтасың, оның ол кезде белдегі бес қаруы да сақадай-сай еді. Қайралған. Піскен. Жетілген. Үлкен дайындық мектебінен, мектебінен емес-ау университетінен өткен. Төл əдебиеті мен əлем əдебиетінің қайнар көздерінен мейірі қанғанша сусындап, отқа бір қақталып, суға бір түсіп, төс пен балғаға тапталып суғарылған-ды. Содан да ол бірден- ақ əлде біреулердің үстінен түскен жамау-жамау жадағай, əлдекімдердің қабағының астында қырық иіліп, қырық бүгіліп тұратын жалбақай сөздердің бəрін сыпырып, сілкіп тастап, қынаптан суырылған қылыштай жалт-жұлт еткен немесе адырнаны аңыратып ұшатын қозыжауырын жебедей шымыр да ұшқыр сөздермен жұмыс істеді. Тосын метафоралар мен метонимия, астарлы аллегориялар мен асқақ гиперболалар, өзгеше образдар мен теңеулер дүниеге келді. Ең алдымен ақын өзінің туған жерінің, туған даласының мерейін көтеріп, мəртебесін биіктетті. Уа, дала! Сен болмасаң гүл шығар ма ед? Ат мініп, көкпар тартып құлшынар ма ек! Құдайда храм болса, ойлаймын мен Ол – мына шетсіз-шексіз сен шығар деп. Жаз болса сағым атты ағыс басып, Жатады көл-көсір боп табыс тасып. Ол дағы сенің арқаң, жақындасса, Көкжиек көкжиекпен туыстасып. Уа, далам! Кеңдігіңе тамсандым көп, Айта алман бəрін жазып тауса алдым деп. Сен – алып пластинка дөңгеленген Инең боп тұрады ылғи əн салғым кеп. Еріксіз “па, шіркін” дейсің! Тіпті қаншама жылдардан кейін қайта оқысаң да!

Жаңа сөз, жаңа сурет дегеніңіз осы ғой. Ал, жаңа сөз, жаңа сурет еш уақытта көнермейді. Ақын алып далаға өз заманының, өз уақытының көзімен қарай білген. Құлазып жатқан, меңіреу мылқау далаға бірер жолмен-ақ жан кіргізіп жіберген. Осы өлеңді оқып біткен бойда-ақ, сенің де пластинка секілді дөңгеленген алып дала төсінде ине құсап əн салып кеткің келеді. Мұндай сөз-суретті тек дала стихиясын бар болмыс-бітімімен, бүкіл табиғатымен барынша терең сезіне білген адам ғана сала алса керек. Бұл жерде айта кетер бір нəрсе, егер сенің сөзбен салған суретің бостектілеу, шикілеу, бір қайнауы ішінде болса, онда ол суретті күні ертең-ақ біреуі бір тартып, екіншісі екі тартып жұлма-жұлмасын, түте-түтесін шығарар еді. Ал, мына сияқты пісуі əбден қанған, бояуы сіңген суретті ешкім де əрі тарт та, бері тарт ете алмайды, оның өңін жүз рет аударса да басқаша бере алмайды. Өйткені, ақын бұл суретті жұла да, түте де алмайтындай етіп тасқа қашап сіңіріп жіберген. Сондықтан да ол тек Қадыр Мырза Əли ғана салған даланың кескін-келбеті боп қалады.! Ақын сол бір кезеңдегі өлеңдерінде туған жер, өскен өлкенің келісті көркем бейнесін көз алдыңа келтіретін тұтас бір галереяны дүниеге келтірді. “Төрт түліктің нанындай төрт бұрыш маялар”, “Теңге күн алып ыстық табадағы Тоң майдай жылжып еріп бара жатқан”, “Ақ сағым ағаштарды көтеріп ап Аяғын жерге екі елі тигізбейді’, “Əр тұста жол күзеткен теректердің Шаң басқан жолаушыдай иықтарын”, “Жағалай жатқан бұлт түте-түте Жатқандай киіз басып байтақ аспан”... Тізсең, тізіле береді, тізіле береді. Кейде, қыза-қыза келгенде, кей өлеңдерін, үзіп-жұлмай, тұтастай көшіргің кеп кетеді. Өйткені пейзаждық көрмеге келгендей тұнып тұрған сурет, бірінен-бірі асып түсетін, көз жауын алатын тең-тең теңеулер, тəтті сорғандай таңдайыңды тақылдатып тамсандырар метафоралар мен образдар... Сөйтсек, оқыған жұрттың бəрін таңғалдырып тəнті еткен ол суреттер мен теңеулер, ол метафоралар мен образдардың өзі алда жазылар үлкен істің увертюрасы, алғышарттары ғана болып шықты. Біздің соншалықты құлай жығылып, қол соғып ризашылық білдірген бұл өлеңдеріміз ұлт бойына қуатты да қайратты биік рух құйып жіберген өлмес-өшпес ұлы шығарма– “Дала дидарына” дайындық қана екен. Иə, сол жылдары ақынның Далаға деген ұлы махаббатынан туған “Дала дидары” кітабы қалың қазақтың шетсіз-шексіз сүйіспеншілігіне ие болып еді. Ең бастысы, қазақ рухының атойлап оянуына өлшеусіз олжа

салып еді! Көп-көп қазақ сол кітап арқылы өзінің кім екенін біліп, өзін енді танып еді. Ол кітаптағы небір астарлы ойлар мен адуынды ағысты иірімдер қаншама уақыт бойы бұғып, бүгежектеп келген халықты, орман үстінен дауыл өткендей дүр сілкіндіріп, жан дүниесін астан- кестен еткендей болып еді. Қыл бұғаудың жылқыны Қинайтыны рас-ау, Бұғалықта бұлқынып Бебеу қағып тұр асау,– деп басталатын “Асау” өлеңін қараңызшы. Одан əрі: Жəудіреген нұр көзде Жалтылдайды жас шығып, Қарғып мінді бір кезде Қайратына жас жігіт. Асау арда қызынған Ай, шап келіп, Шап келіп! Екі езуі қызыл қан Тұла бойы ақ көбік. Келді басып ақырын, Шықпаған тек жаны бар. Еркіндіктің қадірін Ұққан шығар жануар.

Құдай-ау, бұл өлең сонау бір замандарда ұшы-қиыры жоқ алып кеңістікті емін-еркін жайлаған, енді бүгін азат асаулығынан да, жал- құйрығы желмен желбіреген тарпаңдығынан да айрылып қалған қайран қазақтың тағдыры ғой. Бұл өлеңнен санасында иненің жасуындай сəулесі бар қазақ алдымен өзін көреді ғой. Көреді де, сол сəтте мұқалып қалған намысы қайтадан қайралып, қайтадан жасындай жарқылдап, құм басып қалған жігері құйындай түтеп шыға келмей ме?! Өлең астарын аударып-төңкеріп оқи алатын жанның бəрі сондай күйге түсері сөзсіз. Қадыр Мырза Əли Көне заман көріністері арқылы мойнына отарлық қамытын киген кешегі кеңес тұсындағы қазақтың рухын осындай астарлы əдіс-тəсілдермен оятуға күш салып еді. Оның, тіпті, “Бесік жырының” өзінде қаншама зіл-батпан мұңмен бірге, айласы таусылған амалсыздық пен шарасы таусылған шарасыздық жатыр десеңізші! Бөлетіндей пəршелеп. Біз құдайға не қылдық? Жетіспейтін нəрсе көп, Соның бірі – əділдік. Əлди, бөпем, əлди-ай! Ханыңда ес жоқ дейді, Халық қайтіп сенеді? Шындық болса өтпейді Қымбат қой ол себебі. Əлди, бөпем, əлди-ай! Бұл жолдарда көне заманның ғана емес, кешегі күннің де, бүгінгі күннің де сай-сүйекті сырқыратар қасіреті жатыр ғой. Өйткені, бұл қазақ қай уақытта əділдіктің билік құрып, шындықтың үстемдік еткенін көріп еді? Қай уақытта? Қашан көрсең де кілең бір жат жұрттықтар, кілең бір көлденең көк аттылар қолындағысын қағып ап, аузындағысын жырып ап, онысымен қоймай, “көке”, “жəке” деп тұрсаң да ағаш атқа теріс мінгізіп, қит етсе болды қылтадан қиып жіберіп, отырса опақ, тұрса сопақ етіп келе жатқан жоқ па?! Тағы да ол жауыздықтың бəрін қазаққа қазақтың қолымен жасайды. Сөйтіп, қиянат соңынан қиянат,

қысастық соңынан қысастық кіреді. Сондықтан да мына өмір “біреулерге – кең дала, біреулерге – түрмедей”. Ұлттық рух дегеніңіз – “мен, мен” деп кеудені дүңкілдетіп соға бергеннен гөрі ең бір жанды жеріңе, ең бір осал тұсыңа тиген кезде қурап, кеуіп қалған кеудеге от тигендей бұрқ ете түсетіні сөзсіз. Төрт түлік төліңді Түгелдей жалмаған. Жұтың да Елімді Оята алмаған. Көңілді қалаңды Күйедей жалмаған. Жауың да Даламды Оята алмаған. Қаперсіз, салғырт халқың үшін қаның қайнайды, жаның күйзеледі. Мойнын ішіне тыққан, сен тимесең, мен тимен бадырақ көз деген неткен марғаулық бұл. Бірде іштей егіліп, енді бірде шарт сынардай боп кіжініп, қынжыласың. Сол бір заманда (қазір де!) eлің мен далаңның қаншама зорлық пен зомбылықты, қаншама қорлық пен зобалаңды басынан өткізе тұра, қалың ұйқыдан оянбайтынына, қайрат көрсетпейтініне бір суып, бір ысисың. Солай бола тұра, осындай жан арпалысынан кейін, бəрібір сенің тұла бойыңнан намысты рух оянып келе жатады. Ал, жан күйзелісі мен жан арпалысына тамыр сап өскен рух – мақтан мен мадақтан өсіп шыққан рухтан гөрі əлдеқайда баянды, əлдеқайда қуатты. Əрине, ақын əлгі өлеңін: Қалғыған қалыпты Қимай ел жатты ғой.

Ұйқысы алыптың Қашан да қатты ғой, – деп аяқтап, өзін де, жұртты да жұбатпақ болады. Енді қайтсін?! Бұдан басқа амалы бар ма?! Сөйте тұра ақын: Төгілген қан мен теріміз, Туыстың біз де еріміз. Білгіңіз келсе қазақты Тегіне тиіп көріңіз,– деген кезінде сіздің күңгірт жаныңыз от жаққандай жарқырап қоя береді. Шатырлап сөгіліп кетердей шамырқанып тұрған намысыңыз бұрынғыдан да қайраттанып, бұрынғыдан да айбаттанып шыға келеді. “Иə, біз осындаймыз” деп салбыраған басың көтеріліп, басылған кеудең керіліп бара жатады... Шын ақын қай заманды жазса да, ең алдымен ол бүгінді жазады. Өткен күн арқылы бүгінді көрсетеді. Ал бүгіннің ақыны бола білген ақын, сөз жоқ, ертеңнің де ақыны. Қадыр Мырза Əлидің кеудесіне ұлттық рух о бастан-ақ ұя салған. Қаны да, жаны да ұлт деп сөйлеп тұратын нағыз ұлтшыл ақын. Оның қай кітабын ашып қалсаңыз да сол ұлттық рух, сол ұлттық болмыс тайға таңба басқандай боп алдыңыздан андыздап шыға келеді. Тағы да ол ұлттық болмысты жадағай, жалаң қарастырмайды. Топырағын танып, тамырын тауып сөйлейді. Бір кереметі, ол оны кез келген жерде кездестіре қояды. Ойы – ұшқыр, көзі – көреген. Ерлік иісі шығады ер-тоқымнан, Тарих иісі шығады шаңырақтан. Əдемі-ақ! Осылай екеніне ешқандай күмəніңіз қалмайды. Бұл сөздерден кейін-ақ сіз қандай бір болмасын көне заттарға өзгеше

көзбен қарай бастайсыз. Олай етпеске тіпті де əддің жоқ. Қарап отырсам, Қадыр Мырза Əли өзі өскен, барынша өнімді жұмыс істеген, қазаққа кесірі мен кесапатын көп тигізген кеңес заманына деген ашынған ашу-ызасын, оның зұлым да сұрқия бейнесін тарихи тақырыптар арқылы қотара қопарып көрсетіпті. Қайтсін, басқа амалы жоқ қой. Дəл солай етуді мақсат еткендіктен де сен сол өлеңдерден қиян алыста қалған өткен заманды, кешегі кеңес кезеңін ғана емес, бүгіннің кескін-келбетін де жазбай танисың. Куə-тарих мұны анық білдіреді, Қалған өмір олардан тұлдыр еді. Адам болсам дегендер емес Бəрін Құдай болсам дегендер бүлдіреді. Бұл көне заман бейнесі ме, кешегі кеңес заманының бейнесі ме, жоқ əлде, бүгінгі заман бейнесі ме? Турасын айтсақ, бəрінің де бейнесі. Жинақталған образ. Біреу кеп түсіндірмей ақ оны өзің танып, біліп, көріп тұрасың. Дəл осы жерде, бір айта кетер мəселе, бүкіл шығармашылық ғұмыры кеңес заманында өтсе де Қадыр Мырза Əли еш уақытта да кеңес заманының, яғни Қазақ Совет əдебиетінің ақыны болған емес. Ол үлкен əріптермен ойып жазылатын Қазақ Ақыны болды. Қайталап айтамыз, ол қазақ ұлтының рухын оятып, оны көтеруге өлшеусіз үлес қосты. Ал, рух табиғатын, оның болмыс-бітімін тұтастай танып-білу мүмкін емес. Ол – керек десеңіз стихиялық құбылыс. ..Осы жерде менің ойыма жақында ғана телевидениеде болып өткен бір пікірталас түсіп отыр.Тақырыбы – қазақ ұлтының рухы оянды ма? Ондай пікірталаста, əдетте əркім өзінің шама-шарқы жеткенше, өзінің ой-өрісі деңгейінде, əңгіме айтады ғой. Біреу олай айтады, біреу былай айтады. Əрине, біреуін қабылдайсың, біреуін қабылдай алмайсың. Бірақ сайып, келгенде, бəрінің ниеті дұрыс. Əйтеуір болсын деген əңгіме айтады. Дей тұрғанмен, мен бір жігіттің сөзіне қатты шамданып

қалдым. Ол жігіт рухты ғылыми жүйеге түсіріп, сол арқылы танып- білуіміз керек деген сияқты қисынсыз сөз айтты. Апыр-ау, рухты қалай ғылыми жүйеге түсірмексіз. Елі мен жерін қорғап атқа қонған Қабанбай мен Бөгенбайлардың, Райымбек пен Наурызбайлардың, Кенесары мен Сырымдардың, Исатай мен Махамбеттердің ерлік рухтарын қалай түсіндіріп бермексің. Тарихын, ерлікке толы баяндарын айтып беруге болар. Ал, рухын қандай анықтамаға сыйғызбақсың. Рух– рух! Ол сенің бойыңа туған жердің топырағының қызуынан, аптабы мен аязынан, туған еліңнің мейірімі мен қайырымынан, тіпті қатал мінезінен, ана сүтінен, бесік жырынан, дəстүрі мен салтынан, тəрбиесі мен тəлімінен, тағы да басқа, бəрін қамту мүмкін емес, толып жатқан компоненттерден құралады. Мына жерде рух бар, мына жерде рух жоқ деп қалай түсіндіріп бере алмақсың. Рухқа ешқандай дипломның да, ғылыми атақтың да қажеті жоқ. Нақтылы түсіндіріп беруі қиын абстрактілі ұғым бола тұра, ол, сөз жоқ, ең алдымен, халық тағдырынан өсіп шығады. Халық тағдырының ащысын да, тұщысын да, қайғысын да, қуанышын да, қасиетін де, қасіретін де, ашу-ызасын да, мейірім-қайырымын да... бойына жинаған рух – əр уақта асқақ, əр уақта биік. Қадыр Мырза Əли – туған халқының бойындағы осындай асыл қасиеттерді болмыс-бітіміне барынша молынан жинаған ақын. Ол қандай бір тақырыпты жазса да, сенің жаныңды күнде жеп, миыңды күнде шағатын, бірақ сен айта алмай жүрген сөзді тап басып, дəл төбеңнен түсіріп айтады. Айтқанда да – айызыңды қандырып, шегедей қағып, қазықтай қадап айтады. Мəселен, ақынның Мұхтар Əуезов қазасына арналған өлеңінен үзінді оқып көрейікші. Құпия қару асынған Ауруға мұндай көп өкпең. Өрілді оның басында Халықтың өзі венок боп. Кеудесін жаншып тас батқан

Көшелер жатты шаңытпай. Тұп-тура тартқан асфальт та Түнерген қара табыттай. Көр болғыр көзге жас алмай, Жас алмай қалар қай кісі?! Үлкен бе елдің қашаннан, Кішкене жұрттың қайғысы. М. Əуезовты ақырғы сапарға шығарып салып тұрған ақын күйзелісімен бірге, бұл өлеңнің айтар ойының ауқымы өте кең, аса терең. Шынында байқап, бажайлап, өткен-кеткен мен айнала дүниеге ой жүгіртіп қарасаңыз, кішкене жұрттың қайғысы қашанда үлкен ғой. Тіпті айнала дүниені былай қойып, зерде танымыңызбен, сана түйсігіңізбен, сана сəулесімен, ой көзіңізбен қатпар-қатпар боп жатқан өз тарихыңыздың ғана қыртыс-қыртысын ақтарып, арғы астарын аударып көріңізші. Халқыңның бұлтты түндей ауыр қайғысы мен қасіреті, сай-сүйегіңді сырқыратар тағдыры тізіліп тұра қалады. Ақын Мұхтар Əуезов қайғысы арқылы – қазақ басынан өткен сұрапыл кезеңдерді мегзеп отыр. Соны бүкіл тамыр-талшығыңмен, бүкіл болмыс-бітіміңмен сезінесің де, сен де түндей қабарып, бордай үгілесің... Қадыр Мырза Əли шеберлігінің дұрыс мағынасындағы əдіс-айласы да, амалы да көп қырлы, сан түрлі. Бірде басқа бір ой айтатындай боп келе жатып, кенет жалт етіп бұрылып кетіп, сен күтпеген мүлде басқа тұстан шыға келсе, енді бірде (тағы да күтпеген жерден) жарқ етіп алдыңнан шыға келеді. Осы бір жерде айтарын қадап тұрып, шегелеп-ақ айтыпты ғой, енді бұл тақырапқа қайта оралмайтын шығар десең, жоқ, дəл сол тақырыпты сен ойламаған тосын тұсынан өзгеше бір соқталы ой табады. Мұхтар Əуезов қазасына арналған өлеңде кішкене, аз халықтардың қайғысын айтса, ал Расул Ғамзатовқа арнаған өлеңінде сол халықтың перзенті қалай болуы керек деген сұраққа тіліп түскендей етіп кесімді жауап береді. Осал болса

Жырыңа Ел көңілі толмайды. Аз халықтың ұлына Ұлы болмай болмайды! Бұл сөздер – ат төбеліндей ғана авар ұлтының өкілі Расул Ғамзатовқа ғана арналған өлең емес, сонымен бірге бізге де, əрбір қазаққа да арналған сөз. Ойланасың. Толғанасың. Өзіңді бұрынғыдан да əрі берік, əрі биік ұстағың келеді. Бейне бір мына тірлікте сен көтерер жауапкершілік жүгі бұдан былай əлдеқайда көбейіп кеткендей. Өз- өзінен тұлғаң зорайып, ойың ұлғайып бара жатады. Қадыр ақын бір өлеңіндегі ұтқыр ойды екінші, үшінші өлеңдерінде одан əрі ұштап, одан əрі дамытып, одан əрі таратып сөйлеуге қандай ұста! Масақ қалдырмайды-ау, масақ қалдырмайды. Мəселен, сен, М. Əуезов қазасы мен Р. Ғамзатовқа арнаған өлеңдерінен кейін əлгі кіші, аз халықтар тақырыбы осымен ақи-тақи бітті деп ойлайсың ғой. Жоқ, бітпепті. Ақын ол тақырыпты одан сайын індете түсіпті. Сенбесеңіз, тағы да өлең оқиық: Туған жердің тылсым сырын ұғып көр: Бұлтын оның бұлт демей түбіт дер. Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер! Туған жердің тылсым сырын ұғып көр: Тұма-бұлақ дариядан үміткер. Қарап тұрып мынау түпсіз теңізге Қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер! Туған жердің тылсым сырын ұғып көр: Теңіз кешіп, шың басына шығыпты ер. Көре тұра мына ұлы даланы

Қалай кіші боламыз, ей, жігіттер! Бұл жолдарды оқығаннан кейін енді сенің жауапкершілігің бұрынғыдан да артып, міндетің бұрынғыдан да ауқымдалып кетті. Өзұлтының қадір-қасиетін, болмыс-табиғатын танып білуде, қайғысы мен қасіретін тереңінен қопарып қазып көрсетуде, оның мерейі мен мəртебесін асқақтатуда Қадыр Мырза Əлимен шендесетін ақын, бар болса да, сирек. Əрине, мен бұл жерде, Абай, Махамбет, Мағжан секілді алыптарды айтып отырған жоқпын. Ешқандай бұлтақтатпай да, жалтақтатпай да шынын айту керек, өзіміз куə болған кездегі кеңес заманында да, бүгінгі таңда да жұрттың аузына ең көп ілінетін ақындар кімдер деген сұрағыңызға үш-төрт ақын аталса, солардың алдымен аталатыны да– Қадыр Мырза Əли. Бүгінде уақытымыз, мүмкіндігіміз жеткенше, шағын отырыстарда да, той-томалақтарда да, ас-садақаларда да, тіпті талас-тартысты жиындарда да, құдайға шүкір, бір кісідей қатысып жүреміз. Соның көбінде дерлік, сөйлеген адамдар Қадыр Мырза Əлидің өлеңдерінен үзінді оқып, мысал келтіріп жатады. Дəлірек айтсақ, ол – көзінің тірісінде-ақ, аңызға, фольклорға айналған ақын. Өлеңдерін былай қойғанда, дастарқан басында, сапарларда, алқалы бас қосуларда, кафе- барларда оның айтқан мірдің оғындай өткір сөздері бүкіл Қазақстанды лезде-ақ кезіп кетеді. Көп жұрт оның ақ дегенін алғыстай, қара дегенін қарғыстай көреді. Тіпті оның сөздерін би өкіміндей қабылдайтындар да бар. Мен бұл сөздерді, мақтаудың жөні осы екен деп, қызыл сөздің жетегінде кетіп айтып отырғам жоқ. Шындығын айтып отырмын. Бұл сөзіме дəлел ретінде өз басымнан өткен мынадай бір оқиғаны айта кетейін. Маңғыстауда жүрген кезім. Қазақстан Жазушылар одағының сондағы кеңесшісімін. Əдебиеттегі атым да əп-əжептəуір шығып қалған кез. Баспасөз беттерінде біздің толқын туралы əңгіме айтылып, тізім тізіле қалса, əйтеуір сол тізімнің ішінен табылам. Алматыдан алыста жүрген адам үшін, ол да əжептəуір демеу... Бір күні “Қазақ əдебиеті” газетінің бетінде Қадыр ағамыздың “Көздің сəулесі мен сөздің əуресі” деп аталатын мен туралы жазылған сын мақаласы жарқ ете түсті. Қол жеткізген жетістігіме аз-кем тоқталыпты. Тіпті талантты, дарынды

ақын депті... Ал, кемшілік жағыма келгенде терімді іремей сыпырып сойып салыпты. Мені мұқият оқығандығы сонша, кітаптарымдағы терминдердің бірін қалдырмай теріп, тізіп шығыпты. Шынын айту керек, абайсызда қылмыс жасап алғандай, өзімді қоярға жер таппай кеттім. Менің хал-күйімді қойшы... ең қызығына енді келеміз. Көпұзамайменіоблыстықгазеттіңпартияұйымының хатшысы, журналистік жұмыстың нағыз еңбекторысы, өзім қатты сыйлайтын (қазір де сыйлаймын), ақжарқын жан Мұқтасын Суханбердиев шақырып жатыр деген хабар келді. Мен сол партия ұйымында есепте тұрам. Ол кезде хатшы шақырып жатыр дегенді елеусіз қалдыруға болмайды. Лезде-ақ жетіп бардым. Байқаймын, ағамның қабағы түнеріңкі. Бір кезде маған көзінің астымен сұстана қарап алды да: “Сен осы, Темірхан, не істеп жүрсің?” – деді. “Не істеуші ем, тиісті жұмысымды істеп жүрмін”. “Мен сенің ол жұмысыңды айтып отырғам жоқ. “Қазақ əдебиетінде” жарияланған Қадырдың сен туралы жазған мақаласын оқыдың ба?” “Оқыдым”. “Оқысаң,– деді Мұқтасын ағам одан сайын сұстана түсіп,– келесі партия жиналысында өзінің жұмысын жөндеп атқара алмай жүрген сенің мəселеңді қараймыз”. Мен не дерімді білмей отырдым да қалдым. Бірдеңе деп күмілжіген болып ем, мені бір тықсырып атына мініп алған Мұқаң: “Жоқ, солай істейміз”, – деп кесіп тастады. Құдай оңдап, дəл сол кезде бөлмеге “Социалистік Қазақстан” газетінің Маңғыстаудағы тілшісі Саламат Хайдаров ағамыздың кіріп келмесі бар ма. Ол кісіге де Мұқаң келесі партия ұйымының жиналысында қандай мəселе қаралатынын тəптіштеп айтып берді. Ал, бар болғыр Сəкең Мұқаңа шатынап бір қарады да шарт кетті: «Əй, Мұқтасын, сенің есің дұрыс пa? Не айтып отырғаныңды білемісің?! Əдебиетте айтыс-тартыс деген, сынау-мінеу деген бола береді. Атам заманнан бар үрдіс. Қадыр айтса, інісі туралы өз пікірін айтты. Ол Темірханды халық жауы деген жоқ қой. Егер ертең бəрімізді бүкіл республикаға күлкі етейін демесең, мұныңды доғар», – деді. Енді Мұқтасын ағам көзі жыпылықтап, аңырайып отырып қалды. Ол кезде “Социалистік Қазақстанның” тілшісінен бəрі де аяғын тартады. Сөйтіп, Қадыр ағамның сынынан əбден салым суға кетіп жүрген мен, жығылған үстіне жұдырық дегендей, сол мақаланың “арқасында” партиялық жаза да ала жаздағам.

Мен бұл арқылы Қадыр Мырза Əли сөзінің халық арасында қаншалықты қадірлі, қаншалықты беделді екенін, оның ықпалы аса зор екенін көрсету үшін айтып отырмын. Əрине, Қадыр ағам айтқан сын–ескертпелердің кей тұстарын мақұлдай қоймаған мен, сол “Қазақ əдебиетінің” өзіне қарсы мақала жаздым. Сол кездерде газеттің сын бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Сайлаубек Жұмабектің кейіннен маған айтқанындай, газет редакторы Шерхан Мұртаза ағам мақаламды оқып шығыпты да «өзі шақар екен» деп сөзге келмей қол қойып жіберіпті. Оған дейін мен бұрын сын мақала жазып көрмеп ем. Мақала жазам деген ойым да жоқ еді. Содан кейін-ақ мақала соңынан мақала жазыла бастады... Ақырында осы үш-төрт жылдың көлемінде “Сегіз қырлы, сексен сырлы əлем бұл” деген сын кітабым да шықты. Бір күні Қадыр ағама: “Сіздің сын мақалаңыздың арқасында мен сын жанрына қатысып, кітап шығардым”, – деп ем, Қадекеңнен сөз қалған ба: “Намысты ақынды мақтағаннан гөрі даттаған дұрыс болады”, – дегені. Осымен өткен оқиға хикаясы тамам болған-ды. Қадыр Мырза Əли өзінің шығармашылық ұзақ жолында жиырмадан астам жыр кітабын дүниеге келтіріпті. Шынын айту керек, олардың əрбірі жарық көрген сайын елеулі оқиғаға айналып отырды. Сондықтан да оның бірде-бір жинағы кітап сөресінде жатып қалған емес. Жұрт біткен, ол кітаптар дүкенге түскен бойда, көптен бері көзге түспей жүрген таңсық бір дүниесін кездестіргендей, сыпырып алып кетеді. Осыдан кейін-ақ оны шын мəніндегі халықтық, ұлттық ақын демеске лажың жоқ. Өйткені, оның өлеңдері, нені арқау етсе де, халық көкейіндегі мұң мен шерді, арман мен үмітті, тілек пен ниетті, бар мен жоқты айтады. Дəл табады, дөп басады. Тіпті, ол бұл позициясынан қазақ топырағынан басқа тақырыптарды қаузаса да, қайтпайды. Қайта қазымырлана, өршелене түседі. Мəселен, оның сонау 1232 жылы Оpта Азияда болған халық көтерілісінің қаһарманы, тəжік перзенті “Махмуд Тарабидің елді ерлікке шақыруы” туралы өлеңінен үзінді оқып көрейік: О, халайық, Құзғындар Қаптап ұшқан ұяны ат! Қай жерде де азғындар,

Қай жерде де қиянат. Жаны жабы адамға Жеткізбейді қиял-ат. Ез көбейген кезінде Көбейеді қиянат. Ердің басы жер болса, Жармаспадық кездікке. Елің өстіп қор болса Соның бəрі ездіктен. Жабыла атқа қонбаса, Ерің ер боп оңбайды. Елде ерлік болмаса Əділдік те болмайды. Əлімсақтан белгілі жайт, рухсыз ел – құлықсыз ел. Ақын ең алдымен соны айтып отыр. Қалай дегенмен де, не нəрсе де, халықтың өз қолында. Халық қаншалықты қажырлы, қайратты болса, қоғам да соншалықты қажырлы болмақ. Бұл – балталасаң бұзылмайтын аксиома. Айтар сөзін қасқайып айта алатын қажырлы, қайратты қоғам қандай бір болмасын жүгенсіздік пен арсыздыққа, алаяқтық пен кісəпірлікке, зорлық пен зомбылыққа, аярлық пен көзбояушылыққа, өтірік пен жалғандыққа жол бермейді. Ондай қоғамнан, кім болса да, кеудесіне нан піскен қандай бір астамыңыз да, аяғын тартып басып, аузын бағып сөйлейді. Өйткені, ол қажыр мен қайрат – шамына тисе, бір сəтте-ақ шарт кетіп, кешірім бермейтін қаһарлы күшке айналып шыға келмек. Ездік, ынжықтық, можантопайлық ендеп алған елде мұның біреуі де болмайды. Қорлықтан көз ашпайды. Жетектегеннің жетегінде, иектегеннің иегінің астында кетеді. Өтірікпен өмір сүреді. Табанға тапталады. Көкпар боп тақымға түседі. Біреу кеп борбайын айырып, біреу кеп мойнынан қайырып жатса да, мынауың не деп ыңқ демейді.

Көрінгенге жем болады. Зорлықтың жуан дойырының, зомбылықтың темір тағалы тепкісінің астында өмір сүреді.Ондай елдің сөзін ешкім де сөз деп білмейді, мұңын мұң, қайғысын қайғы деп қабылдамайды. Қысқа күнде қырық иіліп, қырық бүгіліп имеңдеп тіршілік етіп, итшілеп өмір сүреді. Ынжықтық пен ездікті төзімділікпен тіпті де шатастырып алуға болмайды. Олар – мүлде бір-бірімен басы қосылмайтын басқа-басқа категориялар. Ездік пен ынжықтық əбден етінен өтіп, сүйегіне жеткен елде, əлгі өлеңде айтылғандай əділдік болмайды. Ал, əділдігінен айырылып қалған ел мен қоғамда небір зымиян сұрқиялықтар, небір жексұрын сұмдықтар орын алады. Ақырында ол ел – бар байлығы мен бар құндылығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен байғұс, міскін елге айналады. Өз байлығына өзі ие бола алмаған ел – тапа-тал түсте талан-таражға түсіп тоналып қалған ел, ол ел – түптің- түбінде ел болып жарытпайды. Міне, бұл өлең бізді қилы-қилы қалтарыстары көп осындай-осындай ойларға жетелейді. Сондықтан біз күрессек – əлдекім, əлдебіреулермен емес, алдымен өзіміздің бойымыздағы ездік-ынжықтылықпен, салғырттық-немкеттілікпен күресуіміз керек. Ол үшін халықтың қажыр-қайраты қарсы келгенді опырып та жібере алатындай, жапырып та жібере алатындай қуатты болуы керек. Не нəрсені де тайсалмай, тайсақтамай қасқайып тұрып айта білу керек. Əрине, осынымнан опық жеймін-ау, біреулерге жақпай қалам-ау деген ішкі есеппен өмір сүрсең, онда ол өзіңе-өзің жасаған опасыздық болып шықпақ. Қадыр ақын “Садриддин Айни, немесе жетпіс бес дүре туралы хикая” өлеңінде бұл туралы да айтып кетіпті. Кезінде Айниге дүре соғылған ғой. Көзбен көріп бұл сұмдықтың барлығын Қара бұлтқа кірді ұялып арлы күн. Түте-түте болған Айни арқасы Күпісіндей ит талаған жарлының! Ақындарға ұстап жүрген қолға алау Мүмкін емес заман жайлы толғамау.

Елдің қамын жеген адам Ел үшін Таяқты да жеуге тиіс болған-ау! Қолда бұғау, Кісен кескен аяқты, Қараңғы елді өмір қашан аяпты?! Жеті жүз жыл таяқ жеген Бұхара Көтермеді сол жетпіс бес таяқты. Жендеттердің талған кезде білегі, Ақын жігер асыл ой боп түледі: Қандай шындық айтқаныңды Келешек Қандай таяқ жегеніңнен біледі. Құдай-ау, қай заманда да шындықты айтқан адам үлде мен бүлдеге оранып, алтын астаудан ас ішіп, керіліп жатып, кердең-кердең басыпты. Шындықты айтқан адамның көзі жастан кеппеген, жон арқасынан шыпыртқы кетпеген. Шындықты айту – ауыр. Ең алдымен шындықты айтқан адамға – ауыр. Ол адам бəрінен шеттетіледі, жоғары жаққа көз түрткі болады. Күнделікті сыбағасынан қағылады. Ең болмағанда нəпақасынан айрылып, жұмысынан қуылады... Ал, көлбеңдеп, көлгірсіп, жарамсақтанып өмір сүргендердің, қай уақытта көрсең де, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, қарны тоқ, көйлегі көк. Шайқап төгіп, сапырып ішеді. Ондайлардың кірмейтін емен есігі, шықпайтын жұмсақ төрі жоқ. Əрине, олар да халықтың қамын айтқансып, ұлттың ертеңіне алаң болғансып, шешенсіп, көсемсіп бағады. Бірақ, оның бəрі де əншейін бір ет пен терінің арасындағы алдамшы қызыл жел екенін көзі қарақты, құлағы түрік қалың қауым біліп, көріп отырады. Бірақ, онымен олардың ісі жоқ. Білмейді деп ойлайды. Тағы бір айламды асырдым деп ойлайды. Өйткені, ондай- ондай жандарға халық қамынан гөрі өзінің қарақан басының қамы

əлдеқайда жақын. Айта берсең, көкірегіңе шемен боп қатқан, өзегіңді өртейтін ызалы сөздер де, ызбарлы сөздер де көп қой... Өздеріңіз байқап отырған шығарсыздар, мен Қадыр ақынның М. Əуезов, Р. Ғамзатов, М. Тараби, С. Айни туралы жазған жырларына көбірек жүгініп отырмын. Оның басты себебі – бұл тұлғалардың қай- қайсысы да өздерінің ойлары мен бойларына өз ұлтының рухын барынша молынан жинақтаған тұлғалар. Есімдерінің өзі-ақ рухыңа рух қосып жібереді. Содан болса керек, Қадыр ақын да оларды жазғанда қынаптан суырылған қылыштай боп жарқылдап кетеді. Мұндай кезде ақынның “Құрманғазы” өлеңін қалай оқымассың. Болғаннан соң, Құреке, өзің кекті Боран толы домбыраң безілдепті. Жағадан ап сілкетін күйлеріңді, Тартқан бойда, ұйқылы ел көз ілмепті. Атылғандай алқызыл ыршып қаның, Адуын күй – күйінген, қырсыққаның, Аузын ашып тұрған құл босағада Аңғармапты төрден кеп бір шыққанын. Күйлеріңдей күйлердің бар ма асқағы? Ұмытады ел көңілді зар басқанын. Сені тыңдап отырған жасық жігіт Аңғармапты найзаға жармасқанын. Көңілденіп үстінде құрақ шыттың Күй сапырып, осылай жыр ағыттың. Көбік шашқан сезімге қойып кетіп Келешектен бардың да бір-ақ шықтың.

Қайда жүрсе тілеген ел саулығын, Қайран елге салушы еді тұсауды кім?! Заманына жалынан сипатпаған – Ұлылығың– осынау асаулығың! – Міне, рух күші! Бірде құтыра құбылып, бірде қапыда қалып аһ ұрып, бірде дауылды күнгі теңіздей сапырылып, енді бірде ақтарыла тасып- төгіліп жатқан алапат күй құдіретінен құлақ кесті құлдың өзін төрге ұмтылдырып, жаман-жəутік жасықтың өзін найзаға жармастырып жіберген жоқ па?! Ірі тұлғалардың болмыс-бітімі де, текті табиғи жаратылысы да, қайрат- қуаты да, қимыл-қарекеті де бір ғой. Олардың бəрі дерлік бұл жалған өмірде қоқан-лоққыны да, құқайды да аз көрмеген. Қуғын-сүргінде күн кешіп, айдауда жүрген. Атылған. Асылған. Біздің тарихымыздың беттерінің барлығы дерлік солардың қанымен жазылған. Қасіретті беттер... Қадыр Мырза Əли ондай қасіретті беттерді “Қызыл кітап” арқылы да қарастырады. Сирек кездесетін аңдардың неге азайып бара жатқанын олардың ірілігінен іздестіреді. “Құлжа” өлеңін оқиықшы. Екі қанат сияқты оған екі өкпе, Желдің өзі жарамайды жетекке. Қайта-қайта қарайды ол бірақ та Бір ғажабы– Биікке емес– Етекке! Апыр-ай, неге? Сөйтсек: Қалқан қылып сақтық деген сауытты, Қызығын ол тау басынан тауыпты. Биік үшін жаратылған жануар Тек төменнен күтеді екен қауіпті!

Өлең бітті. Бірақ, жаныңды кеміріп жейтін, миыңның ұңғыл- шұңғылына дейін кіретін ой арқалатып барып бітті. Елім деп еңіреп, халқым деп қамығып өткен арыстардың қай-қайсысы да қорлықты да, зорлықты да өзінен əлдеқайда төмен жүргендерден көрген. Іріліктің алдына қақпан құратындар да, ор қазатындар да, солар– төмендегілер... Сондай-ақ ақынның кəрі қыран өлімі туралы жазған өлеңінің тəлімі мен тағылымы қандай десеңізші?! Қыран қартайды. Ол енді тышқан мен тасбақа құсап өле алмайды. Қыранша өлу керек. Шырқау биікке көтеріліп ап, өзін-өзі көк тасқа соғуы керек! Сабақ алып шежіре көне күннен Бəрін көздің өткізіп елегінен Қыранша өмір сүргенің – Қандай бақыт! Қандай бақыт – Қыранша өле білген. Неткен ірілік! Неткен тектілік! Неткен асқақтық! Неткен ұлылық! Неткен рух! Төмендемей, төменшіктемей ірі өле білу де – бақыт. Бұл өлеңді оқыған адамның бəрі де бір серпіліп, бір сілкініп қалары сөзсіз. Ал, ол серпілу мен сілкіну үлкен, табанды ірі істердің де басы болуы мүмкін ғой. Бірақ, мына өмір деген бірде былай аударылып, бірде былай төңкеріліп тұрады емес пе?! Аумалы-төкпелі заман! Сол заманға сай аумалы- төкпелі тағдыр. Кейде іріліктің маңдайына да ірі өле білу жазыла бермейді. Бұған көз жеткізу үшін ақынның “Aрыстан” өлеңіне зер салайықшы: Болмайды онда қарсылас та, Жақтас та. Болмайды онда бəсекелес, Бақтас та!

Болат қамшы сияқты анау құйрықпен Бір қойғанда Бұрқ етеді көк тас та! Осындай алапат қайрат иесінің одан арғы тағдырына көз салыңыз. Бұл өмірде бірақ жұмбақ арқау бар. Бірте-бірте шөгеді екен нар таулар. Күші қайтса, Арыстанды түтіп жер Күші барда жалбақтаған қорқаулар! Тағдыр-ай десеңізші! Менің тап қазір осы өлеңді шіреніп сөйлеп, шəниіп отырған біреулерге арнайы апарып оқытқым келеді-ау, оқытқым келеді... Өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай, мен бұл мақалада тек Қадыр Мырза Əлидің ұлттық бітім-болмысы туралы, ел мен жер туралы, жалпы азаматтық табиғаты туралы сөз етпек болдым. Бірақ, амал не, мен оны түгел қамтыдым деп айта алмаймын. Түгел қамту тіпті де мүмкін емес. Жеке бір кітап жазсаң да, оны ақи-тақи игере алмайсың. Таусылмайды. Алып қазына! Менің ұққаным, Қадыр Мырза Əли – өлеңдегі ой орманы. ШЫҢЫРАУ (Жазушы, мемлекет жəне қоғам қайраткері Əбіш Кекілбайұлы туралы сөз) Ол əдебиетке Өлең арқылы келді. Ол оқырман қауымға, ең алдымен, өлең арқылы танылды. Оның баспадан шыққан “Алтын шуақ” деп


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook