Момбек Əбдіəкімұлы СҮЛЕМЕН ҚАРАҚШЫ
БІРІНШІ БӨЛІМ І Кезінде үш жүзге төбе би болған Төленің бес əйелінен он екі ұл, сегіз қыз туылыпты. Он екі ұлдың сегізінен ұрпақ қалып, бесеуі ертерек ахиретке аттанған екен. Сол он екінің ең кенжесі – Қожамжарға Төленің қара шаңырағы тиюмен қатар, бақ-дəулеті де ауғанға ұқсайды. Себебі Қожамжардан тараған ұрпақтар шетінен датқа, би-болыс, бай-бақуатты болып, Майлықожа ақын айтқандай: «Желісі – бүлкүл, шабысы – ұзақ, атаққа – бай. даңқы – зор», Жаныстың «қаракөк əулеті» деген атты ертеден-ақ иеленіпті. Қожамжардың бірінші əйелінен – Дербісəлі, Мұратəлі, Сүгірəлі, Дауылбай туылып, соңғысы Дауылбайдан – Олжабай, Құлжабай, Кенжебай атты үш ұл дүниеге келген. Құлжабайдың үшінші ұрпағы Мəменнен – 1898-ші, доңыз жылының ат тұяғы қарға батпайтын шыңылтыр аязды, өкпек дауыл соққан боранды қаңтарының бір күнінде біздің басты кейіпкеріміз – дəу Сүлеймен туылыпты. Бұдан бұрын төрт ұл туып, төртеуінін де шақалақ кезінде Құдай қолына өткізген Жұмакүл кемпірдің бойына Сүлеймен біткен кезде, ол аюды жүрегіне жерік болып, елді əбігерге бір түсіріпті. Əбігерге түсіргені сол ғой, тау аңшылары атып əкелген төрт аюдың жүрегін жесе де, Жұмакүлдің жерігі бір басылмай, одан бетер қинала түсіпті. Мезгіл сəуір айының соңы болса керек. Бір күні Мəмен ауылының үстінен ақ есекке мініп өтіп бара жатқан бір диуана шал, киіз үйдің артына жүрелей отыра қалып, зорлана құсқан Жұмакүлді көріп: «Əй, қызым, «қара жердің төсіне көк майсаның сүті аққан шақта жерік болған əйелден баланың не батыры туылады, не дарыны туылады» деген бар еді. Осы екеуінің біріне жеріксің-ау, сен. Не жегің келіп жүр? Айтшы, қалқам», – дейді. Сонда Жұмакүл: «Ұйқыдан жаңа оянып, көк шырша мен көк аршаның дəмі қанына əлі сіңбеген аюдың шикі жүрегі болса, көңiлiм бiр жайланып қалар еді-ау, ата. Өткенде жеген төрт аюдың жүрегі құмарымды баспай жүр», – дейді. «Ə, онда саған қысқы ұйқыдан ұрғашыларынан кейін оянатын марғау еркек аюдың жүрегі керек екен де. Күйеуіңе айт. Дəл қазір сонау Қырыққыздың үстіндегi қырғыз асуындағы шатқалда еркек аюлар жаңа ғана үңгірден шығып, көкке енді бас қойды. Денелеріне көктің дəмі əлі сіңбеген солардың
бірін атып алсын. Құдай қаласа, содан кейін аюдай айбатты бір ұл туарсың», – деп жөніне кете барыпты... Мұны естіген Мəмен дереу Қырыққызға жол тартып, сол жерде аңшылар жалдап, бір еркек аюды аттырып алады да, жүрегін ауылына алып келеді. Қаны тамған келтектей жүректі кергенде Жұмакүл ай- шайға қарамай, апыл-ғұпыл шайнамай жұта салады. Содан бір күн өтпей-ақ жанын қинаған жерік сап басылыпты. Жұмакүл аю жүрегіне бекерге жерік болмапты. Арада сегіз ай өткенде бес күн бойы толғатып, дене-тұрқы үш-төрт жасар баланың пошымындай бір ұлды туады. Жұрт оған ырым қылып, «Сүлеймен» деп ат қояды. Сүлеймен тоғызға келгенде əкесі – Мəмен, он бірге келгенде шешесі – Жұмакүл қайтыс болады. Жастайынан тұлдыр жетім қалған ол, ағайын теперішін көріп өседі. Дегенмен Құдай берген күш пен жүректілігінің арқасында тағдырға мойымай, өз нанын өзі тауып жеуге ертеден-ақ талпынып өседі. Он бес жасқа келгенде, өзінен бес-алты жас үлкен жігіттерді жығып, ел арасында балуан атанады. Бірде Сүлеймен түп нағашысы Көбек ұры екеуі Қоңырберік қыстағынан келе жатса, Бадам өзенінің шығыс жақ бетіндегі Біркөлiк жазығын жайлап отырған Қосағаш ауылының оншақты жігіттері үйірлі жылқы ішінен бір асау құнанды ұстай алмай, əлектеніп жатқанын көреді. Кілең жүйрік мінген жігіттер əлгі асауға қанша құрық салса да, құнан бой бермей, құрықшыларды ат-матымен сүйреп, жығып тастап жүр екен. – Жиен-ау, он жігіттің бір құнанға əлі келмегендері көрер көзге ұяттығы былай тұрсын, осылардың еркекпіз деп атқа мінгендерінің өзі намыс емес пе. Қане, жебір тайды тырп еткізбей ұстап беріп, аналарға күшiңдi көрсетші, – деді Көбек Сүлейменге. – Қуалап жүргендері жас мал болса да сүйегі ірі, дəу екен. Жə, нағашы, жүріңізші көрейік, оның қаншалықты мықты екенін. Бұлар асау ұстаушылардың жанына келгенде, əлгілер құнанды құрықтау үшін енді қандай амал табарларын білмей, абдырап тұр екен. Олармен амандасып болған соң Көбек айтты: – Оның жабылып, бір тайға əлдерің келмей жатыр ма? Біреуің астындағы жүйрік атыңды мына Сүлейменге беріңдерші. Оны енді бұл қуалап көрсін. Асауға əлдері келмей, ызаланған жігіттердің бірі:
– Оу, Көбек көке! Ат үстінде аюша қорбиып отырған мұның қолынан асау ұстау келе қоймас. Қопал сияқты ғой. Одан да тастай қараңғы түнде жылқы ұстап үйренген өзіңіз қимылдасаңызшы, – деп Көбектің өзіне жабысты. – Жо-жоқ. Алдымен жиенім талпынып көрсін. Бұл ештеңе тындыра алмаса, одан соң өзім көрермін. – Ендеше, жарайды, Көбеке. Сол құнанды ұстауға сабаудай- сабаудай мына біздердің шамамыз келмегенде, осы бір қорбиған боқмұрынның əлі келсе, көріп-ақ алайық. Көбектің айтқаны-ақ болсын, Əй, бала, мə, мін мына атқа. Бірақ абайла... Асауға жетпей жатып, тоңқалаң асып жүрме, – деді жігіттердің бірі Сүлейменге атын беріп жатыр. Сүлеймен əлгі жігіт берген аттың тартпасын мықтап тартты да, ерге қонды. Сол қолына тізгінді, оң қолына қамшыны алып, құрықты тақымына қысты. Сөйтіп, Бадам жағасындағы төрт бұрышты тіктеу келген қарауыл төбенің маңайында шоғырланып тұрған жылқыларға қарай шапты. Бағанадан бері қуғыннан мезі болған жылқылар Сүлеймен жақындай бергенде, үш-төрт топқа бөлініп, жан-жаққа шашырай қашты. Ұстатпай жүрген қара құнан бесті бие бастаған соңғы топпен бірге қарауыл төбенің басына шауып шықты да, одан ылдиға қарай ойысты. Сүлеймен төбені айнала шауып, олардың алдынан шығып, тура ортада келе жатқан қара құнанның мойнына құрықты лақтырды. Бірақ əккі болған құнан мойнын бірден оң жаққа қарай бұрып, құрық салдырмады. Бұған ызаланған Сүлеймен қолындағы құрығын тастай сап, өзенге қарай қашқан жылқылардың соңынан шапты. Бесті бие бастаған топ жылқы өзен жиегіне келгенде суға түспей иіріліп, біраз тұрып қалды. Алайда арт жақтарынан құйғытып шапқан Сүлейменді көргенде өзенге секіріп-секіріп түсіп, арғы бетке бет алды. Сүлеймен шапқан екпінін бəсеңдетпей, олардың соңынан ілесті. Өзенді кешіп бара жатқан жылқылардың тұяқтары су түбіндегі жылтыр тастарға тайғанақтап, шабыстары бəсеңдеді. Ал бұрыннан су кешіп үйренген Сүлейменнің астындағы ат өзенге түсе салысы мен орғып-орғып шауып, қашқан жылқыларға əп-сəтте жетіп үлгерді. Бағаналы бері үстіне кім мінсе де, тек анау қара құнанды қуып жүргенін пайымдаған жүйрік, жылқыларға жете бере-ақ, сол құнанға қарай орғыды. Дəл осы сəтте аттың ақылдылығы мен Сүлейменнің күші дөп келе кетпесі бар ма. Жүйрік ат орғып барып
қара құнанды жанамалай бергенде, Сүлеймен құнанның құйрығынан шап беріп ұстап, өзіне қарай тартып-тартып қалды. Құнан шыңғыра кісінеп, босанбақ ниетпен тепсiне бұлқынды. Бірақ қанша туласа да, құйрығына жабысқан қолдан ажырай алмады. Сүлеймен оның құйрығынан сүйреген күйі арғы бетке бір-ақ aлып шықты. Атының табаны құрғақ жерге тигенде құйрығымен сүйреленіп, арт жағымен келе жатқан құнанды Сүлеймен өзіне қарай қатты тартып, тура үзеңгі астына шөгерді. Содан ер үстінде отырған күйі жанына жармасып, оны тырп еткізбей аз-маз ұстап тұрды. Одан соң ат үстінен сырғып түсті де, бір қолымен құнанның құлағын мыжғылай бүріп, бір қолымен мойнын бұрай ұстап, гүрс еткізіп, жерге жықты. Құнан жерге жатқанына қарамай, төрт аяғын төрт жаққа сермеп, тұрып кетуге қанша бұлқынса да, мойнына жабысқан дүлей күштен босана алмай, мысы құрып, ентіге дем алып жатты. Осы кезде арт жақта қалған жігіттер шауып, Сүлейменнің жанына жетті. – Бəрекелде-е. Біз мұны боқмұрын деп менсінбей жүрсек, бұл құрықсыз жалаң қолымен-ақ асауды тырп еткізбей ұстап алды ғой. Уай, Көбеке, жиеніңіз тура өзіңізге тартқан қарақшы болмаса не қылсын. Басқаны не қыласыз, ұрлыққа тек осы баланы ғана ертсеңізші. Сіздің төрт серігіңізге мұның жалғыз өзі татиды ғой, – деп айқайлап сөйледі бағана Сүлейменге атын берген жігіт жерде жатқан құнанды ноқталап жатып. – Əй, бала, сенің атың кім... Сүлеймен бе еді? Ай, Сүлеймен, жарадың. Жаңа айтқанымдай, өзің мына нағашың – Көбекке ұқсап туыпсың. Қазір ғой, даламызда не қалмақ жоқ, не қоқан жоқ. Күшіңді қайда жұмсап батыр боласың? Одан да осы нағашыңа еріп, қарақшы бол. – Əй, сен, қарғадай баланы қарақшыға теңеп, оттай берме. Мен ұрлық жасасам, сенен ұрлап жатқаным жоқ. О несі-ей, менен бір запы көргендей, «ұры, ұры» деп қақылдай қалғаны. «Ергежейлінің оны жабылып, бір тоқтыға əлі келмепті» дегендей, он нəуетек жұмылып бір құнанды ауыздықтай алмағандарыңа менің ұры екенімнің не қатысы бар? Өй, жапан түздегі қасқырдың жемтігін түлкіше қызғанған, найсап. Əйда, Сүлеймен, мiн атыңа! Кеттік. Бұларға тəуір іс жасасаң да, ауылындағы қатындарының сөзін айтып, көңіліңді қалдырады. Əлгі жігіттің өзіне «қарақшы бол» деген сөзін жақтырмаған Сүлеймен, осы сəт өзін-өзі ұстай алмай, оны жағасынан бүрiп алды
да, қаңбақтай етіп сонадай жерге лақтырып жіберді. Бұдан осыншалықты күшті күтпеген ол: «О, əкеңнің... мені немене, уысыңа оп-оңай бүрiле салатын қара құнан деймісің», – деп тұра салып, Сүлейменге қайта ұмтылды. Екеуі ұстасқан кезде, Сүлеймен оны тағы лақтырып жіберді. Екінші рет қаңбақтай ұшқанына намыстанған анау қонышынан қамшысын алып, беталды ауаны тілгілей сабалап, қарсыласына айқайлай жүгірді. Осы сəтте оны Көбек атының сауырымен бір қағып, тағы да жалп еткізді. Сол-ақ екен, ат үстіндегі оның басқа серіктері Көбекті жабыла қамшының астына алды. Дегенмен оңай дес беретін Көбек пе? Қамшысымен сабаса жүріп, олардың екі-үшеуін аттан құлатты. Сүлеймен болса, қолына ілінгендерін ары лақтырып, бері лақтырып, өзіне ешқандай соққы дарытпады. Тіпті екі жігіттің шылауына жармасып, атматымен жығып тастады. Осылайша, екеуіне қарсы əлденуақыт алысса да, жеңіске жете алмаған аналар аттарының басын ауылдарына қарай бұра салып, қаша жөнелді... Осы оқиғадан кейін Сүлейменің аты ауызға бұрынғыдан да бетер ілікті. Арада оншақты күні өткенде Көбек оның ауылына келді. Жиенінің үйіне бір күн қонып шыққасын, Көбек келген себебін айтты: – Сүлеймен, жасың болса он алтыға келді, ендігі жігіт болдың. Құдай саған қара күш пен денені аямай-ақ берді. Бірақ қатын əперіп, оған қалың мал төлейтін əкең, қарайласатын туысың тағы жоқ. Өз тірлігіңді өзің қылмасаң, жеке болсаң да күн көруің қиын-ақ. Көнсең, маған ілес. Бір-екі жылда алдыңда малың, басыңда баспанаң болады. Қатынды содан кейін-ақ аларсың. – Сізге ілессем, білемін ғой, ұрлыққа ертпексіз де. Содан байысам, қанеки. Ордабек болыс: «Келіп, менің жылқыларыма қарауыл болсын. Жыл сайынғы ақысын жемеспін», – деп қайта-қайта кісі шаптырып жатыр. Бірақ оның да жарылқай қоятынына күмəнім бар. Нарымбет бай болса: «Қай атыңды қаласаң да мінгізейін. Көкпар тартып үйренсейші. Анау сиқымдағы Құлажан, Нұржаннан күшің кем емес қой. Көкпарды бір үйренсең, олардан мықты шабандоз боласың. Көкпар-ақ асырайды сені», – деп ол жүр. Алайда сол көкпар дегенге түк қызықпай-ақ қойдым. Өз нағашым жақтан қапал Жүндібай би: «Маған атқосшы болсаң қайтеді. Ешкімнен ауқат сұрамай, қарның тойынып жүреді» – дегенді айтады. Бойы белімнен келетін, мойны
мен мықыны тұтасып қалған шалға атқосшы болуға арланып-ақ жүрмін. Жазда қасында шегip Естеместің Мəулені бар Ордабектің Тəшкенде əскер оқуында жүрген Ноғай деген баласы келіп: «Əзірше ауылда жүре тұр. Оқуымды бітіріп, бір жерге бастық болсам, сені қарауыма алармын», – деп ол кетті. Тектіден туған сабаз ғой ол, сөзінде тұрар. Алайда ол оқу бітіргенше қай заман. Оның үстіне оған еру үшін орысша білу керек екен. Ал менің ондай сауатым да жоқ. «Əліп» пен «лəмнің» басын зорға қосып оқимын. Тірегім – Төле, түбім – Қожамжар, aтaм – Дауылбай бай болса да, əкем Мəменнен мұралыққа бір тышқақ лақ та қалмағанына ренжимін кейде. Есік алдына қарайған бес-алты малдың басын құрап алсам ғой, өз арбамды өзім-ақ сүйретіп кетер едім. – Қапалығыңды түсінем, жиен. Өзімде болса, байлығымның жартысын бөліп берер едім саған. Жоқ қой, сол дүние құрғыр. «Ұры байымайды» дегенді өзің білесің. Аш бөрідей үш-төрт түн далада жортып жүріп тапқан-таянғанымыз бір-екі жетіге əрең жетеді. Ашығын айтайын, маған ілессең, байымасың анық. Бірақ ешкімге қол жаймай, нəпақа табуыңа болады. Ойланып көр. Алда-жалда «соңымнан ілес» деп зорламаймын. Ерік өзіңде. Ордабекке барсаң, сүйектерің бір, аштан қалдырмас. Жүндібайға барсаң, ол да жат емес. Бимен бірге таза жүріп, таза тұрасың. Мейлі, қайсысына барсаң да, өз қалауың білсін. Мен сені харам іске шақырып отырсам да, өзіңе жанашырлық тілек айтып тұрғанымды ұқсаң болғаны. «Бүкірді мола ғана түзейді» дегендей, күнкөріс үшін басқа кəсіп жоқ маған. Ал, жиен, сау бол. Мен аттанайын. Əгерки маған ілесем десең, ауылға кел. Құдай жол берсе, төрт-бес күннен соң Шыршықтың арғы бетіндегі шалақазақ құрамалардың жылқыларын айдап келуге аттанамыз. Көбек қамшысының сабына сүйене, орнынан тұрды. ІІ Көбек аттанып кеткен соң Сүлеймен ойға батты: «Ордабекке барсам ғой, оған тəуелді боламын. Жүндібайдың атқосшылығына «мақұл» десем, оның өзім байлайтын жылқысымен бірге шетке рұқсатсыз аттап баса алмайтын байлаулы адаммын, Нарымбет байдың айтқаны əу баста-ақ көңілге қонған жоқ-ты. Біреуге тəуелді болып нан тапқанша, Көбек нағашымның айтқанына көнген жөн-ау. Ол астыма бір жақсы ат беріп, жанына ертіп жүрсе, екі-үш түнді ұйқысыз жорық үстінде өткізу деген не, тəйірі. «Олжаңды басқа жігіттермен бірдей
алып отырасың» деген-ді ол. Ендеше, оның айтқанынан бас тартып керегі не? Ұрлықы малды межелі жерге айдасып келсем болды, оларды сата ма, соя ма, онысында шаруам жоқ. Үлесімді алып, жөніме жүре беремін. Əрі жылқыны артымыздан қуғыншы келмейтіндей жерден əкеледі екенбіз. Онда қорқып не бар? Жақындарымнан күнде сөз естіп жүргенше, Көбекке ілесіп ұрлыққа барғаным мың есе артық». Осы ойға бекінген Сүлеймен ертесіне азанда өзін зорға көтеретін көтерем жабысына мініп, Көбек ауылына аттанды. Сəске ауа діттеген жеріне жетті. Оның келгеніне қатты қуанған Көбек нағашысы шылауына жармасып, құшақтап көрісті. Қолтығынан алып, үйіне кіргізді. Сүлеймен төрге жайғасқанда: – Əй, Оспан, анау қорадағы дөнен қошқардың бірін сой. Жиенiмiз келген сайын үйден қақтауыл ет жеп кететіндігі тіпті ұят болып жүр еді. Бүгін қошқардың басын мүжісін бір. Ыбылжымай бол тез! Таң атып келе жатқан жоқ, – деп үлкен баласына бұйыра айқайлады. Оспан əке əмірін орындауға кеткесін: – Қалай, жиен, қабырғаңмен кеңесіп, ойыңды əбден кесіп-пішіп келіп отырмысың. Жоқ, əлі де болса көңіліңде дүдəмал пиғыл бар ма? – деп сұрақты төтесінен қойды. – Сізге ілесуді жөн деп таптым, нағашы. Ордабек жарылқайтын болса, басқа туыстарының басына неге ақбоз үй тігіп қоймайды. Жүндібай туралы да солай айтуға болады. Өз ырзық-несібесін біреуге бөліп беретін кім бар дейсіз? Сол үшін де оларға кінə артып, өкпе айту жөнсіз. Несібемді ешкімге жалтақтамай, сізбен бірге жүріп тапқаным дұрыс шығар. Əркімнің аузына қарап, айтағы мен бұйрығына көнгенше, қолдан келетін іске көңіл аударған абзал-ау. – Бек жөн айтасың, жиенжан. Есті жігіт əманда өз дегенімен жүргені қош. Ордабектің анау Қазығұрт пен Алатаудың етегіне толған малы, алты алашқа жайылған аты болса да, қам сүт емген пенде ғой, оның да қорқары, үркері бар. Шұбырған малының бас-басына бір-бір жігіт қойып, қарауылдаса да, ол Өгемдегі қаңлы Кетіктен, Сырдағы қоңырат Тайлыбайдан, Шаяндағы сіргелі Бұзауханнан, Құркелестегі қыпшақ Айтудан қорқады. Тіпті мынау іргесінде отырған Досалыға да сенбейді. Зады Ордабек басқа болыстарға қарағанда, қолы ашық, көпшіл, жомарт жан. Бірақ қанша жомарт болса да, кім жиған малынан айрылғысы келеді дейсің. Ал қарақшы мен ұрыға жомартың
кім, сараңың кім, бəрібір. Ебін тапса, жымқырып кетуге дайын тұрады. Олардың осындай мінездерін білетін Ордабек жылқыларының басынан түнде қарауыл, күндіз жылқышы кетірмей, əр уақытта сақ отырады. Əрі ол жылқышылыққа өңкей мықты, балуан жігіттерді алатындығын білесің бе? Сені де сондай оймен шақырып отыр да. Əгəрки жылқы басында алда-жалда жалғыз қалып, барымташылармен кез келіп қалсаң, Құдай бетін аулақ қылсын, ұрып, жарымжан етіп тастауы былай тұрсын, өлтіріп кетуден де тайынбайды. Баяғыда шегір Ақпан батыр Ордабектің атасы Шойбек датқаның жылқылары үшін қырғыздар қолынан өлген жоқ па еді... Беті аулақ. Ордабектің ұсынысын қабыл алмағаның жөн болған, жиенжан. – «Ордабектің жылқыларына қарауыл болмағаның дұрыс болған» деп мені сақтандырып жатырсыз, нағашы. Ал сіздер, өздеріңіз ше? Түнде біреудің жылқысын ұрлауға барғанда мал басындағы күзетшіге не істеп кетесіздер? Сіздер де оларды ұрып, майып қылып, болмаса өлтіріп кетесіздер ме? – Күзетшіні өлтіруден Құдай сақтасын. Жымын білдірмей бассалып, қолға түсіре алсақ, байлап-матап кетеміз, Жүдə көнбесе тобықтан қағып, аттан ұшыратын кездеріміз де болады. Бірақ қанша дегенмен алдын-ала ұрысты болдырмау үшін бар мүмкінішілікті қарастырып аламыз. Десек те, сапарға шыққан соң, «Hе алып қайтамын, не қиратып қайтамын» деген ой əр ұрының көкейінде болғаны мақұл. Əйтпесе түн қатып, жорыққа шықпай-ақ артыңды қысып, үйіңде жата бер. – Иə, нан тауып, қарын тойдыру оңай емес. Түк бітірмей қарап жатсаң, аштан өліп, көштен қаласың. Енді менің сізге ілесуден басқа амалым қалмай тұр. Сол үшін де сізден алдын-ала бір нəрселерді сұрасам, айып етпессіз. – Сұрайтыныңды қысылмай сұрай бер, жиен. – Мен мінетін аттың жайы не болар екен? Сонан соң бұл жолы қай жақтарға барып қайтамыз? Жанымызда қанша жігіттер болады? – Мініс аттан қам жеме. Өзіңе лайық біреуі табылар. Ал баратын жеріміз, өткен жолы айтқанымдай, Ғалабасай маңы. – Білуімше, Ғалабасай Тəшкен жақта-ау деймін. Ол жерге дейін атпен қанша күн жүреміз? – Қаржан асуымен асып, Өгемді жағалай барсақ, екі-ақ түн жүреміз? Бірақ бара салып жылқыларды бері қарай айдай
жөнелмейміз ғой. Бір-екі күн сəтті мезгілді аңдып, жатып қалуымыз да кəдік. Ол жаққа жету де, ұрымтал сəті аңдып жату да түк емес. Бəрінен қиыны – түн ішінде үйір жылқыны бері айдап келу. – Құдай жолымызды оңдап, шалақазақтардың малын осында жеткіздік дейік. Одан соң оларды қайда өткізбексіз? – Ол жағында сенің шаруаң жоқ. Анау Керегетастың үстіндегі «Мыңжылқыда» жатқан Жолан Досалының қолына бір табыс етсем болды. Ар жағын Досекеңнің өзі реттейді. – Осы Досалы дегенді ел аузынан жиі естимін. Ол кім өзі? – Сенің ағайының ғой. Сөзге шешендігінің арқасында өздігінен би болған адам. Қазіргі күні оның атақ-абыройы Ордабектен бір кем емес. Қазығұрт, Қасқасу мен Сайрамсу өңірінде Досалының ығынан аттап, сөзінен асып кететін пенде жоқ. Сайрам мен Қарабұлақтағы, Сұлтанрабаттағы сарттарды да уысында ұстап отыр. Таудың арғы бетіндегі қырғыздың бай-манаптарымен де қарым-қатынасы түзу. – Қанша мал айдап келгендеріңізді ол санап алып отыра ма? – Досекеңнің бір жақсы жері ондай қазымырлықтан ада. Оған үш жылқы апарсаң да, он жылқы апарсаң да бəрібір. Көп мал апарсаң, соның екеуін ғана өзіне алып қалады да, қалғандарының орнына басқа мал, болмаса пұлын береді. Ірі малдың басына бас алғың келмесе, соған шақтап қой, ешкі де беруі мүмкін. – Оның малдары көп пе сонша? Одан кейін басқа-бас ауыстыратын жылқыларды қайдан алады? – Баласың-ау əлі, жиен. Қырғыздан, я болмаса сонау Əулие-Ата мен Бетпақ жерінен əкелінгендерді ауыстырады да. Мысалы, Досалының Жуалы мен Қаратау жақта бір топ, Сыр жақта бір топ жақтас қарақшылары бар. Солардың өз жерлерінен алып келген мал- олжаларын бір-біріне алмастырып жіберсе, қай қуғыншы өз малының ізін табар дейсің. Тегінде мұз шайнап, күн қақтап, түн кезген ұры емес, сол ұрыны жұмсайтын адам байи ма деймін. Себебі ұрлықтан құтaйсам, мен құтаяр едім. Білмеймін, қанша талпынсам да қора-қора қой, үйір-үйір жылқы жинай алмай-ақ қойдым. Ұрлыққа араласқалы бері есік алдыма біткен он қой мен екі жылқым көбеймей-ақ қойды. – Несiнe нaлисыз, нағашы. Көп жұртта бұл да жоқ емес пе? – Оның рас. Бірақ сол көп жұрт маған ұқсап түн жортып, қора- қора мал айдап жүрген жоқ қой.
– Өз ісіңізге өзіңiз риза болмай тұрып, мені де ұрлыққа баулымақшысыз. – Əй, жиен-ай, өзің қайта-қайта менің осал тұсымды тап басып, буынсыз жерімнен пышақ ұра бердің-ау. Сен, бала, ашуымды көтерейін деп отырсың-ау, сірə. Маған ілеспесең, жүр, онда, əркімнен бір кесе қымыз, бір тостақ көже сұрап. – Ой, ой, нағашы. Білместік кеткен жерім болса, қойдым онда. Сіз шамданатындай ештеңе айта қойған жоқ сияқты едім. Жə, артық кетсем, өкпе етпегейсіз. Бұдан былай сіз – басшы, мен – қосшы. Далада маған арнап сойып жатқан қойдың еті піскенше əлі қай уақ. Одан да ертең ұрлыққа қалай барамыз, сол жайында айтыңызшы. – Əп, бəрекелді. Мұның білген адамның сөзі, – деді Көбек көңілденіп. – Арқа құрыстырып, шеке тырыстыратын əңгіме айтқанша, осылай болатын сөзге көшкенің тəуір ғой. Бүрсiкүні осында бір жігіт келеді. Сол үшеуміз кешірек үйден аттанып кетеміз де, Аққорғанның қолтығында қалған жігіттермен кездесеміз. Бəріміз бір үйге жиналып, ауыл арасынан аттануға болмайды. Жұрт көзіне түсіп қалуымыз мүмкін. Бұл жердегілердің көзіне түссек, ештеңе емес. Дегенмен артыңа артық сөз ілестіріп керегі не? Сапта болатын жігіттермен сонда таныстырамын. Сөйтіп бəріміз жиналып болған соң Бадамның бастау тұсынан өтіп, Қазығұрттың арт жағын айнала Жылыбұлақты көктей, Оймауыттың «Көктастысайына» жетеміз. Одан əрі Келестің шығар бұлағынан асып, Қаржан асуына бір жетсек, ар жағымызда Шыршық бір күндік жер. Алғашқыда «Əулиетаста» бір күн жасырынсақ, ертесіне түнімен тағы жүріп отырып, таң ата Қайыршақтыға құлаймыз. Қайыршақтыда бізді күтіп алатын жігітер бар. Сол жерде бір-екі күн жатып, арғы беттегi Ғалабасайдағы жылқылардың аужайын байқаймыз. Жолымыз болып, оларды сол күні- ақ қуалап кететін жағдайымыз болса, олжа малдарды Шыршық өзені басталатын шыңдарға қарай айдаймыз. Ол жақтың жылқылары тау- тасқа əбден үйренген. Оның үстіне Шыршық пен Құрама тауларының қосылар сілемі айналасы шатқалды, терең айналма сайлы жол болып келеді. Егер артымыздан қуғыншы түсетіндей болса, сол айналма сайлардың бірінен соң біріне ауысып, адастырып кету де оңай. Осылайша құз-қия, шың түбіндегі жолдармен жүре отырып, Шыршық бастауын айналып өтеміз де, таудың батыс жақ еңісіне қарай ылдилаймыз. «Ақтас» пен «Құмдытас» құздарын бойлай
«Еркөбек жұртына» ат аяғын бір іліктірсек, Өгемнің «Аюқұлаған» жырасына дейін атшаптырым жер. «Еркөбек жұрты» деген аумағы теп-тегіс жазық жайлау. Ертеректе қаңлы миямның Еркөбек деген бір байының жайлауы болса керек. Содан ғой, ол жер «Еркөбек жұрты» деп аталып қалғаны. Мейлі, оны қоя берші. Айтпағым, тар шатқалдардың арасындағы жалғыз аяқ жолда айдауға көнбеуге амалдары қалмай келе жатқан жылқылар осындай жазықтарда бізді біраз əуре-сарсаңға түсіріп, əлекке салуы мүмкін. Неге десең, айдалған жылқылардың ішінде кейде ақылды үйірбасы айғырлар болады. Сондай айғырлар шабуға оңтайлы жазыққа тұяқ iлiктiрсе болды, айдаушылардың дегеніне көнбей, үйірін соңынан ертіп, кері қашуға əрекет етіп бағады. Сен жылқылардың соңынан айдап келе жатсаң, ол үйірдің алдына кесе-көлденең тұрып, үйiрлестерін өз жұртына қарай қуалап əкетуге жанталасады. Ондай айғырдың айдауына көніп, дегеніне жүріп үйренген үйірлі жылқыны діттеген жеріңе жеткізу – қиынның-қиыны. Мұндайда амал жоқ, əлгіндей айғырды атып тастауға тура келеді. Еті жол азығымыз болады. Тағы бір қиыны – айдаудағы үйірдің ішіндегі əлдеқандай биенің құлыны өз жұртында қалып кететіндігі. Бұл биелер сенің қамшың мен құрығыңнан да сескенбей, артқа қарай қашқанда, жаңағыдай үйірбасы айғырларыңның қырсықтығы жолда қалады. Мұндай биелерді де жолда біз азық етеміз. – Күндіз қайда тығыласыздар? – Күндіз жасырынатын сай, жыра көп. Оның қайсібірін айтайын. Екі-үш күннен соң өзің көресің бəрін, жиен. Ал мен қазір даладағы малдарды жайғап келейін. Содан кейін сенен бір сұранатыным, кешкі, ертеңгі дастархан басында, əйел мен бала-шағаның көзінше ұрлық жайында сұраушы болма. Менімен бірге баратыныңды да ешкімге білдірме. Уағдаластық қой. – Мақұл, нағашы. Ешкімге сыр шашпауға уəде етейін. Сүлеймен Көбектің үйінде екі күн қонды. Үшінші күні түс қайта Көбектiң үйіне жарау ат мінген отыздар шамасындағы бір жігіт келді. Мезгіл əлі салқыны біліне қоймаған қоңыр күз болса да əлгі жігіт бұтына тері шалбар, үстіне мақталы күпі, басына тымақ киіп алыпты. Мына түрі оның ұзақ жолға шығуға дайындалып келгенін байқатып тұр. Үйге кірген соң ол Көбекке қарап:
– Қоржыныңды əкелші. Мына қалың киімдерімді қазірше салып қояйын. Өз қоржынымның түбі сөгіліп, қор болып қалдым. Бұларды тау ішіне кірген соң бір-ақ киермін, – деп сыртқы киімдерін шеше бастады. – Айтпақшы, Əріпбай. Мына отырған бала менің жиенім. Аты – Сүлеймен. Өзінде күш десен – күш, жүрек десең – жүрек бар. Кез- келген асауыңды жалынан тұқыртып ұстап, тырп еткізбей қояды. Бүгін кешке қасыма ертпекшімін. Əріпбай Сүлейменге қарап, қай ауылдан, кімнің баласы, жасы қаншада екенін сұрады. Сүлеймен «он жетідемін» дегенде Əріпбайдың ойнақшыған көк көздері одан бетер шығып, таңырқаған кейіппен: – «Он жетідемін» деймісің? Мен сені жиырма беске келін қалған жігіт екен деп отырсам... Əкең Мəмен онша ірі кісі емес еді. Жақ сүйектерің мен қолдарыңның ірілігі мына нағашың – Көбекке тартқанымен, алпамсадай денең мен биік бойың кімге тартқан? Он жетіде болсаң да күрессек, мені сірə, атып ұрарсың-ə? Кел, күш сынасып көрейікші. Отырған жерімізден кім кімді өзіне тартып алар екен, – деді де Сүлейменнің екі білегінен шап беріп, өзіне қарай тартты. – Əй, Əріпбай. Түкіріп қой. Көзің өтіп кетіп, жиенім жолда ауырып қалып жүрмесін, – деді Көбек күліп. – Tфу, тфу, баланың білегі мықты секілді. Бірақ ұялмасайшы, Сүлеймен. Бар күшіңді салып, менімен тартыса бер. Ол «ұялма» деген соң Сүлеймен де шындап кетті. Əріпбайдың екі білегін екі алақанымен ұстап алды да, «ауп» деп өзіне тартып қалғанда, малдас құрып, күшеніп отырған ананың көті көрпешеден көтеріліп барып, беті тура Сүлейменнің аяғын сүзді. – Ойбай, Сүлеймен. Жетер, жетер. Шынында күшің дүлей екен. Мықтымын деген қанша жігіттер мені бұлай оп-оңай төңкере алмаушы еді. Сен нағыз балуан екенсің. – Мені бекерге айтып отыр дейсің бе, Əріпбай. Жиенімнің күштілігіне енді көзің жетті ме? – Бұл біз үшін таптырмайтын жігіт екен. Баяғыдан бері неге қасыңа қоспай жүрсің мұны? – Несін сұрайсың. Сəті мен кезі енді келді де. Ал қазір дайын болсаңдар, жүрейік. Аққорғанға жеткенше кеш те батып қалар.
Сүлейменді сонда жеткенше мінгестіріп ал. Сол жерге барған соң жетектегі аттың бірін мінеді. Айтпақшы, жетекке қанша ат алатын болдыңдар? – Үш ат алып едік. Біреуін Сүлеймен мінсе, екеуі жетеді де. Үшеуі далаға шыққанда Сүлеймен Көбекке сауал қойды: – Ұрлыққа барғанда да, жетекке ат алып жүреміз бе, нағашы? Жетектегі ат бізге кедергі емес пе? – Қазір атқа мініп, ауылдан ұзайық. Бізге жетектің не үшін қажет болатынын содан соң айтамын. ІІІ Көбек баласы Оспан ерттеп қойған қасқа атының қасына келген соң «Атымды өзім ерттемесем, ерге отырғандай болмаймын», деп оның тартпасын босатты да, ерін сыпырып тастап, қайта ерттеді. Шіркін, қасқа ат – ат-ақ. Басы үлкен болғанымен мойны жіңішке. Есесіне, қалың жалының астындағы желке еті дөңгелене бұлтиып тұр. Кеудесі кең, аяқтары ұзын. Есік пен төрдей созылған денесіне басқа аттарға қарағанда, жайпаңдау болып біткенi арқасы мен жамбас үсті жарасымды көрінеді. Əдетте мұндай аттар ұзақ жүріске шыдамды немесе дода ортасынан көкпар алып шығуға бейімді келеді. Бұл қасқа ат Көбекпен бірге қай жерге бармады дейсің. Жануарға тіл бітсе ғой, Көбектiң талай құпиясын ашып берер еді... – Қоржынды маған беріңдер де, екеуің мінгесіп алыңдар. Құдай жолымызды берсе, аттанайық. Сүлеймен қоржынды Көбекке беріп, Əріпбайдың артына мінгесті. Ол мінгескенде Əріпбайдың аты Сүлейменнің салмағын ауырсынғандай артқы екі аяғын қиқалаң еткізіп, бүгіліп барды да, бойын əзер дегенде тіктеп алды. – Ойбай, Көбек-ау, мына жиеніңе сенікі секілді мықты ат керек қой. Байқадың ба, маған мінгескенде атымның белі шойырылып қала жаздады, – деп күлді Əріпбай. – Бүгін Кендір жетектеп келетін шұбар ат осыған жүдə лайық болады екен. – Кендіріңіз кім? – Кендір деген арамызда біреу бар. Жасы сенен екі жас үлкен. Жас болса да бөрі-ау. Қазір Аққорғанға жеткенде өзің көресің. Екі атқа мінген бұлар ауылдан əудем жердегі жота басына шыққасын, Біркөлікке апаратын қос ат қатарласа жүретін екі тарам еңіс жолға түсті. Еңіс жол жота бетін көлбей түседі екен.
– Сүлеймен, – деді осы жерге келгенде Көбек. – Сен бағана: «Ұрлыққа барғанда жетекке ат алып керегі не?» деп сұрадың ғой. Енді сол сұрағыңа жауап берейін. Өзің естігендей, біз сапарға шыққанда жақын маңайға емес, ұзаққа кетеміз. Сондайда жолда өзіміз ішіп- жейтін ас-су, аттарға беретін жем-шөпті де ала жүреміз. Қысқы күндері болмаса, жем-шөпті былайғы уақытта ала бермейміз. Бұған қоса, артық-ауыс киімдерімізді де жанымыздан тастамаймыз. Осылардың бəрін артып алатын бізге бос ат керек емес пе. Бұдан кейін біреуіміздің астымыздағы ат жолай ауырып, болмаса жүріске шыдай алмай қалуы мүмкін. Ондайда жетектегі аттың бірін ауыстырып міне қоямыз. Бұлардан басқа өзіміз қуалап келе жатқан бөтен жылқылардың арасына жолға əбден үйренген жетектегі бір атты қосып айдаймыз. Ол ат анау жылқылардың алдына түсіп алып, жол бастаушының қызметін атқарады. Олардың неге керек екендігін енді түсіндің бе? Айтпақшы, кеше сен: «Ұрлыққа барғанда мен не істеуім керек?» деп сұрадың-ə, тағы? Бөтен сөзге айналып отырып, соған жауап беруді тарс ұмытыппын. Қазір Аққорғанға жеткенше, сенің алдағы міндетіңді түсіндіріп қояйын. Ықыласпен тыңдап ал. Себебі шетімізден аласұрып кететін барымта кезінде: «Сүлеймен бұлай шық, Сүлеймен олай шық», – деп саған айқайлап жүрмейік. Барымталайтын жылқыларымыздың шетіне жаудай тиіп, қуа жөнелгенімізде біреуіміздің атымызды атап, айқайлаушы болма. Түнгі дауыстың алысқа кететінін білесің. «Жаудай тиiп» деп сөз реті келген соң айтып келе жатырмын да. Əйтпесе жылқы шетіне ат дүбірін білдірмей, жай аяңмен жақындаймыз. Одан соң үйірдің бір қапталынан қаз-қатар тұра қалып, құрық пен ұзын қамшыларды жəй сермеп, жылқыларды алға қарай айдай бастаймыз. Үйір орнынан біраз қозғалған кезде, оны жан-жақтан сыға қысып, қаттырақ айдауға көшеміз. Осы кезде сен қай қатталда келе жатырсың, сол қапталдан не артқа, не алға ұзап кетпейтін бол. Жылқыларды дауыс естілмейтіндей жерге айдап келгенімізде оларға қамшыны аямай сілтеп, барынша қуалай жөнелеміз. Өстіп бес-алты шақырым жүрген соң, жылқыларды тоқтатып, иіре ұстаймыз да, арт жақтан тың тыңдаймыз. Егер соңымыздан аттың дүрсілі естілмесе, ары қарай малдарды бүлкіл аяңмен айдап кете барамыз. Ондайда қатты айдауға болмайды.
Өйткені жылқы ішіндегі жас құлындар, буаз биелер зорығып қалуы мүмкін... Əріпбай оның сөзін бөлді. – Артта қалып жүретін екі жігітті айтпадың ғой, Көбек. – деді. – Ə, ол жайында ұмытып барады екенмін. Үш-төртеуміз жылқыларды бүлкіл аяңмен қуғанымызда, екі жігітіміз бізден едəуір артта қалып жүреді. Екеуінің міндеті – егер арттан қуғыншы шыға қалатындай жағдай болса, олардың жолын тежеу. Болмаса қашқансып, басқа жаққа қарай бұрып əкету. Көбек осыны айтып болғанша, бұлар Аққорғанның шетіне де жетті. Кең сайлы шатқал іші қараңғы тарта бастапты. Шатқал етегіндегі бұлақты айналып өткенде, он жақтағы жарқабаққа шаншыла қадалған үлкен үшкір тастың үстіне біреу сопаң етіп шыға келді де, бұларға қарап қол бұлғады. – Бұл қайсысы? Кендір ме? – деді Көбек Əріпбайға. – Жоқ, Тастан ғой. Үшеуі солай бұрылды. Сай табанындағы қиыршық тастарды кеше жүріп, Тастан тұрған жерге жетті. Жаңағы үлкен үшкір тастың аржағында сегіз ат қосақталып байлаулы тұр. Екі аттың үстінде теңдеп артылған жүк бар. Бұлар аттарға жақындағанда тас түбінен ұңғыларын шошайтып бердеңке мылтық асынған үш жігіт шықты. – Ассалаумағалейкум, Көбеке, – деп үшеуі бірдей Көбекке қолдарын созды. – Уағалейкумассалам! Қалай, жігіттер? Бізді көп күтіп қалған жоқсыңдар ма? – Уақтылы келдіңіздер. Мына Əріпбай артына еңгезердей қылып біреуді мінгестіріп алғанына қарағанда, қатарымыз тағы бір сарбазбен толығатын болған-ау, сірə, – деді шеттегі ұзын бойлы біреуі. – Бұл менің Сүлеймен деген жиенім. Нағашысына тартса, бұл да жаман адам бола қоймас. Бүгін бізбен бірге барады. Ал өздерің қалай, ат-көлік, құрал-саймандарың түгел ме? – Əр кездегідей дайынбыз. Үш мылтық артық оқ-дəрісімен, төрт құрық, бес сойыл, пісірілген жарты қойдың еті бар. – Бəрекелде, Тастан. Онда біраз отыра тұрайық. Əбден қараңғылық түссін. Бəрі тас түбіне отырысты. Көбек Сүлейменді аналармен таныстырып шықты. Ішіндегі Кендір деген біреуі болмаса, қалған
екеуі отызды алқымдап қалған жігіттер. Киім киістері де, сөз саптаулары мен түр-тұрқылары да нағыз ұрыларға ұқсайды. Əсіресе, мынау реңі қара болса да көздері тұздай көкпеңбек, рəпетсіздеу келген Кендір дегенін бір көргенде-ақ қарақшы екенін білуге боларлықтай. Бұған қоса, сөзі де, өзі де жылдам, əбжіл қимылды адамға ұқсайды. Сүт пісірімдей əңгімелесіп отырған уақыт ішінде орнынан мың тұрып, мың отырды. – Бүгін айдың жиырма сегізі ме? Екі күннен кейін өліара болады екен. Сол күні ауа бұзылып, жаңбыр жауып кетпесе игі. Мейлі, Құдай сабыр берсін. Енді аттанайық. Таң ата «Əулиетасқа» жетіп, бір-ақ аялдармыз. Сүлеймен, сен анау дəу торыға мін! Тастан, бұған ең ұзын құрықты бер! – деді Көбек. Тастан дəу торыдағы қоржынды басқа атқа ауыстырып, оның шылбырын Сүлейменге ұстатты. Сүлеймен атты ер-тоқымын түзеп, қос тартпасын бекем етіп тарты: «А, Құдай, жолымды оңғара көр», – деп атқа қонды... Бірақ дəл осы сəтте Сүлеймен Құдайды аузына алғанымен Құдай қош көрмейтін, адамшылыққа жат іске аттанып бара жатқанын, Құдайдың ұрыға емес, малынан айрылып, аңырап қалған тоналушыға жақ болатынын ойламады. Сүлеймен айласын асырып құтылған ұрының «Құдайды ауызға алған соң құтылдым», – деп келте ойлайтынын, сол Құдай ұрлық жасағанның бір құбыласын кем егіп, тонаумен тапқанының берекесін келтірмей, отбасының шырқын кіргізбей, өмірінің қызығын ұрлап, суын суытып қоятынын білген жоқ. Онда Сүлеймен өзі күнде аузынан тастамай жүретін Құдайдың өзіне берген теңдесеіз күшін жағымсыз іске жұмсай бастағанын сезбеген. Жастықтың желігімен Көбектің сөзіне еріп, алғаш рет ұрлыққа шыққан сапарын жауға аттанған батырдың ерлігіне балаған. Ал оның жан-жағына салауатты санамен зерделей қарап, өткеніне пұшайман болған кездеріне дейін əлі талай уақыт, талай жылдар бар еді... Айналаны қараңғылық əбден басқан кезде жарау аттарға мінген алты ұры, төрт жетекті қосақтап, Аққорған шатқалынан шығып, Шыршыққа баратын төте жолға түсті. Бұл жол төте болғанымен, бірде ылдилы, бірде өрлі, атты да, адамды да титықтатып тастайтын азапты жол еді. Серіктерінің өздері де, аттары да мұндай жүріске əбден машықтанғандықтан сыр бермей келеді. Ал Сүлейменнің үш-төрт сағаттан соң, тақымы талып, белі сіресе бастады. Мұнысын
жанындағыларға білдірмейін деп, біресе аяқтарын үзеңгіден салбырата шығарып, біресе ер үстінде бүгіліп, біресе шалқайып келе жатты. Айнала тастай қараңғы болғандықтан оған қандай жолмен жүріп келе жатқандықтарын да аңғару қиын. Қасындағы серіктері тура күндіз жүріп келе жатқандай. Осыншалықты қараңғылықта не бір ойға, не бір жарға тап болмайды. Кейде қиялап, кейде ылдилап, бірде шолпылдата су кешіп, енді бірде тасты жерлермен сапарлаған бұлар, осылайша ұзақ жүрді. Осындай ұзақ жүрістен мезі болған Сүлейменді бір кезде ұйқы қысып, қалғи бастады. Бірақ қанша ұйықтамайын десе де, ауық-ауық көзі ілініп кетіп, бірнеше мəрте ат үстінен ауып та қала жаздады. Аса бір керекті кезде болмаса, мұндайда бір-біріне тіл қатпайтын ұрылар Сүлейменнің əлгіндей түрін көргенде: «Əй, бала, абайла, аттан құлап қалып жүрме», – деп жай дауыспен ескертіп қояды. Қанша жүргендері белгісіз, бір уақытта Көбектің: – «Əулиетасқа» жеттік, жігіттер. Енді мұны айналып өтіп, өзіміздің үңгірге жетіп алып бір-ақ аялдайық, – деген сөзін естігенде Сүлеймен өзін тура бір межелі – жылқы айдап кететін жерлеріне жеткендей сезініп, бір сілкініп, ат үстінде отырысын нықтады. Манадан бері ұйқы қысқан көздерін уқалап-уқалап жіберіп, басын бір сілкіп, жан-жағына қараса, таң бозамықтанып атып келеді екен. Жүріп келе жатқан жерлері бір сайдың қуысы. Сай жағасының беті қалың бадамша мен арша. «Бұл қай жер болды екен?» деп ойлағанша болған жоқ, алдындағы топ атты аузы үңірейіп, қарая көрінген aпанға тақалды. Əлгі апанның аузына адам түгілі, атты кісі сиып кетерліктей екен. – Ал, түсейік! – деп бұйырды Көбек. Ұрылар жапа-тармағай аттан түсті. Сүлеймен талып қалған сандарын ары-бері жазып тұрғанда, жігіттер ат үстіндегі қоржындарын түсіріп, апан ішіне қарай тасып та қойды. – Қалай, жиен? Шаршаған жоқсың ба? Міне, кешегі өзіңе айтқан «Əулиетас» деген үңіріміз осы. Бүгін кеш батқанша осында демаламыз. – Мен болсам, «Шыршыққа жетіп қалған шығармыз» деп ойлаппын. – Шыршыққа əлі бір күндік жол бар. Ол үшін мына асудан өту керек. Əй, сендер, неғып тұрсыңдар?! Бірің мосыға шəй қойып, бірің
от жағып, ас қамына кіріссеңдерші. Дағдымызды ұмыттыңдар ма? Кендір, сен аттарды үш-үштен қосақта. Көбек Сүлейменді ертіп, үңгір ішіне кірді. Тастай қараңғы үңгір ішінен сыз бен дымқыл шөптің иісі білінеді. Бір бұрыштан тырс-тырс тамған судың дыбысы шығады. – Бұл үңгір, – деді Көбек ешкі майынан жасалған балауыз пілтені жағып жатып, – кімдерге пана болмаған десеңші. Бұл жерде арғы- бергі замандардағы небір жақсы-жаман адамдардың іздері қалған. Əсіресе біз секілді ұры-қарақшылар мұны көп баспана қылған. Тау ішіндегі осы аршалы сайдың табанында мұндай жайлы үңгір бар екенін екінің бірі түгілі, онша-мұнша тісқаққан баукеспенің өзі де біле бермейді. Сырт жақтағы баукеспелерді айтам. Оның үстіне жөні түзу адам бұл жаққа аяқ баспасы анық. Сүлеймен енді аңғарды, үңгір іші бірнеше қума бөлмелерге бөлінеді екен. Бірақ басқа бөлмелер өздері тұрған алдыңғысынан тар сияқты. – Мұның өзі көп тамға бөлініп тұр-ау деймін. – Иə. Мұнда жеті бөлме бар. Ескі заманда біреулер тастарды қолмен қашап, əдейі осылай істеп қойғандай. Үңгірге басқа жігіттер де кірді. – Аттарды қос-қостап байладық. Мосыға шай қойдық. Енді жуынып, отырайық. Тастан, сен қоржындағы заттарды шығар, – деді Кендір. «Бұлар шəй қоятын мосыны қайдан алып жүр? Жоқ əлде біреуі қоржынына салып алып келді ме екен?» деп ойлады Сүлеймен, – Көбеке, өткен жолы екі құманды да мына тастың қуысына қоя салған сияқты едім, енді қарашы, айналып таппай тұрғаным, – деді Тастан. – Жаңа мосыны қайсысың далаға шығарып едіңдер? Сұрасайшы содан. «Е, бұлар керекті заттарын осында қалдырып кетеді екен ғой», – деп ой қорытты Сүлеймен. – Нағашы, бұл қоналқы үйлеріңіздің қай жеріне жат дейсіз? Шайға да, етке де қарамай, құлағым келіп тұр. – Мына қуыстың қайсысына кіріп жатам десең де рұқсат. Астыңа күпіңді төсеп ал да, ұйықтай бер. Бірақ басыңа не жастанасың? Біз ғой, ер жастанамыз. Ал ердi ат үстінен əзірге шешуге болмайды. Тері
басылсын. Мейлі, мə, менің шекпенімді-ақ жастанып жата бер. «Нағашы – торғай болса, жиен – балапан». Сенен нені аяйын. Көбек иығына асулы шекпенін Сүлейменге берді. Сүлеймен ауызғы жақтағы тас бөлмеге бас сұқты. Содан соң айналаға көз де салмай күпісін төсеп, Көбектiң шекпенін жастана жата кетті. Шалқасынан жатқан күйі қол-аяқтарын ары-бері керіп- созып алды да: «Осыларға еріп нем бар еді? – деп бір ойлап қойды. – Əй, бірақ мен секілді кедейге кім мамық төсегін салып, кім құс жастығын жастар дейсің. Бұл жерде болмасам да жатар едім ғой қазір, ауылдағы жаман тамның түбіндегі қомыт киіз үстінде. Жолға шыққан екенмін, ендеше, жарты жолда басқаша ойлап керегі не. Құдай пешенемнен жазсын». Көзі ұйқыға тығылды. ...Ұйқысының қай мезгілі екені белгісіз, біреу атын атап дауыстағандай болды... Түсі ғой... Түсінде өзі бала екен. Ауылындағы үш-төрт баламен бірігіп, бір малдарды қуып жүр. Жанындағы балалардың қуғаны – өңкей қой мен ешкі, қозы мен лақ. Бұл болса оларға қосылмай, мүйіздері екі қарыс өгізшелерді, жал- құйрығы төгілген құнан-тайларды ұстаймын ден қуып жүр. Бір өгізді құйрығынан ұстай беремін дегенде, əлгі тарпаң пəле айналып келіп, мұны сүзіп тастамақ болып əрекеттенді. Сүлеймен оның қос мүйізінен ұстай қалып, төмен қарай тұқыртып жатыр. Өгізше де, бұл да берілер емес. Бір кезде апасы айқайлады: «Сүлеймен, жібер, жібер қарасанды! Қарашы, мүйізінің түбінен қан ағып кетті. Ендігі миы айналып кеткен шығар. Қазір өзі-ақ құлайды. Болды! Жібер деймін оны!...» Сүлеймен бұрылып қараса, анадай жерде апасы, ал оның жанында ақбоз атқа мінген, бірақ бет-əлпеті, сақал-мұрты, киімдерінің бəрі қап-қара бір шал тұр. Апасының бейнесі көмескі, бозамық көрінеді. Ал ана шалдың бет-пошымы ап-анық. «Əй, балам, жарадың! Болашақта үлкен балуан болады екенсің. Бірақ ылғи мал қуып, болмаса қанға араласып жүресің-ау деймін», – деді де көріністен таса болды. Лезде оның орнына адамдар бірін-бірі қырып-жойып, соғысып жатқан алапат майдан басталды да кетті. Бұл да солардың ортасында жүр. Қолында кішкене ғана қанжар мен қамшыдан басқа ештеңе жоқ. Ал айналасындағы жаулардың ұзын-ұзын найзалары, қылыштары, иықтарына асынған мылтықтары бар. Əлден соң олардың да қарулары жоғалып, бəрінің қолында тек қамшы мен қанжар ғана қалды. Сөйтті
де бəрі əп-сəтте тымтырақай қашып, ізім-қайым жоқ болды. Есесіне, бір жарау ат мінген қаба сақалды, денесі алпамсадай, түр-тұрқы əзірейілдей дəу кісі мұның алдынан шыға келді. Қып-қызыл алақандай көздерінен от шашып тұр. «Мен сені қазір бала кезіңде өлтіріп тастайын! Əйтпесе сен мені кейін өлтіріп жүрерсің», – деп атын екпіндетіп бұған қарай өршелене ұмтылды. Сүлеймен əрі-бері бұрылып, одан қашқақтап жүр. Бірақ анау өңмендеп қояр емес. Ақыры одан қашып құтылып кеткендей еді, алдынан кілең бір жабайы аңдар кездесті. Аң болғанда, өңкей ірі-ірі қабан мен жолбарыс. Бəрі бұған қарама-қарсы тұра қалып, айбат шегеді. Алайда шабуға батпайды. Қайта бұл оларға қолдарын сермеп, күш көрсетуге əрекеттеніп- əрекеттеніп қояды. Əлден мезет: «Балам, тиіспе оларға! Олардың күні сенен кем емес», – деді апасы. «Күшім кем болса да, мен бұлардан жеңілмеймін», – дейді Сүлеймен. Апасының осы сөзінен кейін əлгі аңдардың барлығы өз-өзінен жоғалды да, олардың орындарының бəрін қан басып кетті. Қан, кəдімгі қып-қызыл қан... ІV Түсі осы тұсқа келгенде, Сүлеймен оянып кетті. Əдетте бұл ұйықтағанда екі аяғы мен қолын екі жаққа жайып, шалқасынан жататын. Бұл жолы қол-аяқтарын бауырына тыға, бүгiле жатып қалыпты. Алғашқыда қайда жатқанын аңғармаған ол, шалқасынан аунап түсті де, «ya» деп қолдарын екі жаққа соза беріп еді, оң қолы біреудің бетіне сақ етіп оңбай тиді. Анау: «А-а-а, қуғыншы, қуғыншы» деп айқайлай ыршып тұрды. Осы сəтте қайда жатқаны Сүлейменнің лезде санасына кірді: – Ей, мен ғой. Қайсысың бұл, сонша айқайлаған? Тастан, сенбісің? Қолым байқаусызда тиіп кетті. – Ой, нең бар ұйықтап жатқан адамды сонша ұрып. Енеңді ұрайынның қолының соншалықты қаттылығын қарашы. Тастан не болғанын енді аңғарғандай, орнына қайта жатты. Сүлейменнің одан ары ұйқысы келмей, орнынан жайлап көтерілді. Манағыдай емес, үңгір іші аз да болса жарықтанып қалыпты. Шығар есікті оп-оңай тауып, сыртқа шықты. Тұрған жері терең сайлы шатқал болғандықтан уақыттың қай мезгіл екенін аңғару қиын. Дегенмен күн төбеден ауа бастапты. Сүлеймен жан-жағына қанша алақтап қараса да, бағана қай жақтан келгендерін аңдай алмады. Жан-жақтың бəрі бір-бірінің түр-түсі мен бет-бедерлерін
қайталайтын тұтасқан шың-құздар, тобылғылы жарқабақтар. Тек өзі тұрған үңгір аузының алды ғана кішкене алаңқай, «Адамдар іште жатыр, ал аттарымыз қайда?» деп іштей ойлана алға қарай бірнеше қадам жүрді. Аздан соң əлденеге үркіп, осқырынып, тастарды тасырлата тепсінген аттардың тұяқтарының даусын естіді. Дауыс жаққа бұрылса, алаңқайдан төменірек жерде аттар бір-біріне қапталдаса жатқан үлкен-үлкен қойтастардың арасымен құлақтарын қайшылатқан күйлері бері қарай асыға жүріп келеді екен. Əдетте жылқылардың ит-құстан немесе бір аңнaн үріккенде ғана осылайша құлақтарын қайшылатып, осқырынатынын білетін Сүлеймен «бұларға не болды екен» деп, соларға қарай жүрді. Көбектің айтуынша, мұнда дəл қазіргі мезгілде ит-құс болмауы керек. «Аттар біз тұрғанша, шығар жолы жоқ үңгір айналасынан ешқайда кете алмайды» деген ол тағы. «Демек, аттар əбден отығып, енді су ішуге асығып келе жатыр ғой». Бірақ олардың тас арасымен алға қарай асыға жөңкуi су іздеген малдың жүрісіне ұқсамайды. Жылқылардың алдындағы дəу айғыр Сүлейменді көргенде қалт тұра қалып, «алда бірдеңе бар» дегендей, бір рет қысқа ғана күркірей кісінеп, басын артқа бұрды. Қара айғыр тоқтаған соң басқа жылқылар да соның маңына иірілді. Күнде үйірлес болып жүрмеген жылқылардың бұлайша иiрiле қалуы таңданарлық нəрсе. Бұ жағы Сүлейменге аян. Демек, артта бірдеңе бар. Сүлеймен жылқыларды айнала өтіп, біраз жүрді де, үстін көкшіл қына басқан үлкендеу ойма тастың үстіне шықты. Тастың ар жағы көкпеңбек арша басқан сай. Одан ары айнала тіп-тік құз. Сүлейменнің қызығушылығы оянып, сай табанына түсті. Сай табаны қаншама жылдардан бері түрлі шөптер мен арша- бадамшалардың жапырақтарының шірігі жиналып қалған қалың қопа екен. Сүлеймен сол қопаны балшық кешкендей басып, алға он қадамдай жүрді. Еңкейіп, тұтаса өскен аршалардың арасына қарады. Тырс еткен дыбыс жоқ. Шатқал ішіндегі меңіреу тыныштықты бұзған ештеңе байқалмайды. Қайтайын деп артына бұрылды. Жаңағы өзі үстінен түскен үйдей тасқа жете бергенде, оған қатар тұрған жартас жақтан бірдеңенің ырылдаған дыбысы шықты. Іле сол жартас үстінен өзіне қарай қасқыр секілді бір аң атыла кетті. Сүлейменнің ойлануға мұршасы болмады. Үстіне төнген əлгі пəлені екі қолымен қағып алып, сол күйінде алдындағы үшкір-үшкір тасты жартасқа періп кеп
жіберді. Қараса, бұған атылған қасқыр емес, кəдімгі тау қабыланы. «Ойпырмай, Құдайдың сақтағаны екен-ау» деп ойлады ол. Сөйтіп, əлі де болса, төрт аяғын сəл-пəл қимылдатып жатқан оны доптай-доптай тастармен əбден ұрғылады. Енді өлді-ау дегенде, барып серіктерін шақырып келді. – Ойбай, Сүлеймен-ау, мынау нəн қабыланның өзі ғой. Ойпырмай, бұдан қалай аман қалдың? – деді Көбек. – Адам сенбестей оқиға ғой мынау. Мұны атып алмаса, əлі күнге дейін ешкім жалаң қолымен жеңіп көрген емес. – Сен болмағанда, аттардың бір-екеуін жарып кетер ме еді бұл. – Бұл қабылан бұ жаққа қайдан келе қалды? – Қайдан дерің бар ма? Айналада аңның нешеме түрі қаттап жүрген жоқ па? – Жарадың, Сүлеймен! Əлден күшің қабыланнан күшті болса, бара-бара ешкімді бет қаратпайтын батыр боларсың сен əлі, – десіп бəрі даұрығысып жатты. – Дабырламай қоя тұрыңдаршы, – деді Көбек. – Бұл қабылан осында, менің білуімше, бесінші рет келді. Бесінші рет келгенде ажал тапты. Мұны білетін себебім, осыдан он жылдай бұрын нақ осы жерде бір қабыланды атып алғанбыз. Онда ұрғашысын атқанбыз. Ал мынау еркек. Сонда қабылан екеу болатын. Бірі қашып кеткен еді. Содан осында əр келген сайын бір қабылан бізге тыныштық бермей жүрген. Мақсаты – бізден ұяласының кегін алу да. Кейін, Омарбай марқұм өлген соң, біз Шыршыққа баруды үш-төрт жыл тоқтатқанбыз. Үш-төрт жыл мұнда ешкім келмеді. Біз келмеген соң қабылан бізден күдерін үзген болуы керек. Енді осы келiсiнде менің иісімді сезіп келуі де кəдік. Неге десеңдер, қабылан малға болсын, адамға болсын, бір кектенсе, соның иісін өлгенше ұмытпай жүреді екен. Басқа аңдардан бұлардың айырмашылығы – осы. Ал енді күн кешкіріп, аттанатын уақытта таяп келе жатыр. Дереу мұның терісін аршып алайық. Сүлейменнің бұл ерлігі – біздің жолымыздың болатындығын білдіреді. Жігіттердің біразы қабыланның терісін аршып, біразы аттарды ерттеп, қоржындарға заттарды қайта салып, жиналғандарынша кеш те батты. Көбектің бұйрығымен алтауы қайта атқа қонды. – Мен қанша зер салсам да, қай жақтан келгенімізді аңдай алмай тұрмын. Қай жақтан келдік өзі? – деп сұрады Сүлеймен Көбектен.
– Е-е, түнде түгілі күндіздің өзінде екі-үш мəрте келген адам бұл жерді бірден табуы қиын. Əзірше аса қараңғы бола қойған жоқ. Ендеше, қара. Анау беткей жақтағы қос құздың шошақ төбесін көріп тұрсың ба? Қазір бізге екеу болып көрініп тұрған сол шошақтар «Əулиетас» тұсынан біреу-ақ болып көрінеді. Бұдан басқа анау жалтыр мұз секілді құз беті жаңағы «Əулиетастың» жанынан кедір- бұдырлы, тесік-тесік болып көзге шалынады. Ал «Əулиетас» болса қол созым-ақ жерде тұр. Əрі оған еш жаққа бұрылмайтын сай табанымен барасың. Сонда неге құз бен құз шошағының бет-бедері өзгере қалады? Осыны өзіңше ойланып көрші. Қазір жан-жағыңды байқай жүр. Жауабын тапсаң, елге аман-есен барған соң айтарсың. Мұны айтып жатқан себебім, осы екеуінің құпиясын білмей тұрып, «Əулиетас» маңын мың айналсаң да, бұл үңгірге жете алмайсың. Бірақ аралары тым қысқа. Ал енді əңгімелесетін уақыт жоқ. Құдай жолымызды берсін. Кеттік, жігіттер! Көбек айтқан жолдың сырын білмек болып, Сүлеймен оның артынан із бе із еріп отырды. Үңгірден біраз ұзаған соң тек бір ізбен ғана жүретін жолмен төмен түсті. Аз-маз жүрістен кейін айнала тастай қараңғы болып кетті де, ат оңға бұрылғандай болды. Жол тағы төмен түсті. Енді солға бұрылды. Одан кешікпей тағы оңға. Тағы солға. Бір кезде аттар өрге қарай шыға бастады. Əйел жас баласын емізердей уақытта алдарынан қарауытып, оңаша тұрған там бойы биіктастың қасына келді. – «Əулиетас» дегеніміз осы. Қанша рет оңға, қанша рет қолға бұрылғанымызды андай алдың ба, жиен? – Есімде қалса, екі рет оңға, екі рет солға бұрылдық-ау деймін. Мына жер əлі іңір. Ал жаңағы біз жүрген жол тастай қараңғы болды ғой. – Қателестің, жиен. Біз оңға он мəрте, солға атты мəрте бұрылдық. Оны байқамағаның ұят болған. Келесі келгеніңде тағы да байқап көресің. Осы жолдың құпиясын білмесең, қанша мықты болсаң да, сенен жақсы барымташы шықпайды. – Мұның құпиясын, Құдай бұйыртса, кейін біле жатармын. Ал енді айтыңызшы, күндіз мына таулардың кез-келген жырасында-ақ тығылуға болады ғой. Неге тура осы жолы қиын, бір қуыстағы үңгірге келдік? Бағана еш жаққа кете алмайды деп үңгір маңына жылқыларды
бос қоя салыпсыздар. Жол білетін мына жылқылар ол жерден оп-оңай- ақ шығып кететін түрі бар екен. – Бұл маңайда жаңағы үңгірден басқа жерде су жоқ. Оның үстіне аттар да жөндеп отыға алмайды. Əрі ас-су дайындайтын ыдыстар үңгірдің ішінде тығулы тұрады. Бағана үңгірдегі тамшылап аққан дайын суды көрдің. Сол бізге береке емес пе? Бұған қоса, ол үңгір ары-бері жортқан ұрылар үшін қасиетті мекен іспеттес. Əлімсақтан бері өзін «ұрымын, барымташымын» деп есептеген əрбір атақты баукеспе оның суын ішіп, тасты табанына бір ұйықтамай кетпеген. Əрі осы жерден аттанған екі аяқты көкжалдардың үнемі жолы болып отырған. Жолы болмағанның өзінде, солай сенген. Міне, сол үшін де, бізге ол үңгір жебеyшi əруақпен бірдей. Жолымызға ақ тілеуші, жарылқаушы отанымыздай. Оған апаратын манағы үйдей қара тас бізге əулие тастай болып көрінеді. Кім жəне қай заманның екі аяқты «жыртқышы» оған «Əулиетас» деп ат қойғанын бір Құдайым білсін. Əйтеуір, ол баукеспелер үшін – Əулиетас. Ия, жиен, мынадай аң жортып, құс қана ұшатын жықпыл-жықпыл бұралаңы көп, беттің əжіміндей тарамданған мың сайлы, жүз шұңқырлы тау ішінде қарақшылардың «Əулиетасы» бар екенін ешқандай көреген қария да, ел кезген диуанаң да білмейді. Білетін тек – баукеспелер. Енді білдің бе, мұнда неге келгенімізді? Ал енді жылқылар ол жерден шығып кетпес үшін «Əулиетасқа» шыға беріс жолды бекітіп қоямыз. Жаңа сені соны байқады ма десем, оған да назар салмаған екенсің ғой. Барымташы əруақытта байқағыш, сақ, бір жерді, бір нəрсені көрсе жазбай танитындай қасиетке ие болуы керек. Əйтпесе, түн жортып істеген ісіңнің бəрі бос. Көбектің сөзіне Сүлеймен жауап қатпады. Арттағы жігіттер бір- бірімен əлденелер жайында біраз жерге дейін сөйлесіп келді де, олар да үнсіз қалды. Енді тау ішінде тіршілік иелерінің бар екенін аттардың тұяқтарының дыбысы ғана білдіріп, жортуылшылар ұзақ жүрді. Қай уақыт болғаны белгісіз, бір кезде Көбек сөйледі: – Асудан астық. Енді бие сауымдай мезгіл жүрген соң Қайыршақтыға ілінеміз. Жетіқарақшы ауып қалыпты. Тезірек жүрейік. Таң атып кетсе, бөтен жерде көзге түсу оңай. Бірақ қатты қамшылап, аттарды шаршатып алмаңдар. V
Бағаналы бері тек жоғары қарай өрлеп келген бұлар енді ат қиналмай жүретiндей ылдиға түсті. Тағы да ұзақ жүрді. Ылдиға түскелі бері ат тұяғы бірде бір тасқа тиген жоқ. «Ылғи жота-қырлап келе жатырмыз-ау» деп ойлады Сүлеймен. Артына бір бұрылып қараса, тау сонадайдан қарауытып тұр. Тіпті тым алыста қалған секілді. Оның артына қарағанын сезген Кендір: – Сəл шыда, Сүлеймен. Баратын жерге жақындап қалдық, – деді. – Қайыршақты деген қай жер? Көбек күлді: – Бүгін күнемелеп шығатын жеріміз. Жұрт түнесе, біз күнемелейміз. Расында аздан соң Көбек атының басын ірікті. – Сəске түскенше осы жарқабақ бізге пана. Өлентіге жақындамай-ақ қоялық. Иттер үріп, ауыл кісілерін сезіктендіріп қояр. Ертең қойшы арқылы Елсапаны осында шақыртамыз. Енді жарқабақ түбіне түсейік. Бұлар бір жағы құлама жар төбені біраз айналған соң етекке түсті. Қайыршақты деген жарқабағы осы болса керек. Түбі терең. Бірақ бір жағы жазықтау екен. Бəрі аттан түсіп, жерге жамбастарын тигізді. Көбектiң бұйрығы бойынша, аттарды жігіттер кезектесіп қарауылдайтын болды. – Алдымен біз Тастан екеуміз біраз қарауылдайық. Таң ата басқа екеуіңді оятармыз, – деді Кендір. Сүлеймен бағана тау басына шыққанда қоржынынан күпісін алып киіп алған еді. Бұрын кім шығып көрген, тау басы сонша салқын болады екен-ау. Соны шешті де, жерге төсеп жата кетті. Қанша дегенмен кешегідей емес, бүгін ат үстіндегі ұзақ жүріске шыдады. «Кеше ғой, үңгір ішінде жаттық. Бүгін ашық даладамыз. Егер мұндайда жаңбыр құйып кетсе не болмақ?» Бұл – болашақта жапан далада құйған жаңбыр асты мен соққан боранның етінде жалғыз өзі талай рет қатып кетуіне тура келетін Сүлейменнің; сондай сəттерде кешегі түсіне кірген ақбоз ат мінген қара киімді, қара сақалды кісімен тілдесіп отыратын Сүлейменнің; екі мəрте сондай боранды түндерде аш қасқырлардың қоршауына қалып, олардан тек күштілігінің арқасында ғана анан құтылатын Сүлейменнің; келешекте тұрақсыз өмір, талай жердің дəмін таттырған күрделі ғұмыр, өткізетін Сүлейменнің; жұрт өзін Құдайдай көріп, алдында
құрдай жорғалайтын, күллі Тəшкеннің ұры-қарақшыларының піріне айналатын, олар үшін ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болатын Сүлейменнің; небір соттар мен прокурорлар өзін көргенде тұтығын сөйлей алмай қалатын Сүлейменнің; аз əзірше Қайыршақтының түбінде топырақ төсеніп, тас жастанып жатқан Сүлейменнің ойы еді... ...Біреудің түрткілеп оятқанынан Сүлеймен көзін ашты да, бүркенген күпісін басынан сыпырды. Күн шақырайып, кіші сəскеге көтеріліп қалыпты. Үстінен Əріпбай төніп тұр. – Тұр-ей, батыр. Түк білмей ұйықтайсың ғой, жүдə, қорылдап. Жорыққа шыққан адам бұлай ұйықтамайды. – Біздің қатарымызға бірінші қосылған адамға осылай сөйлей ме екен? Қайта, оянған кезде: «Қалай ұйықтадың?» деп сұрамайсың ба? – деді анадайда отырған Көбек. Сүлеймен басын көтеріп, жан-жағына қарады. Алғаш көзіне түскені қызғылт бeті күнге жалтырап тұрған құмдауыт жарқабақтың түбінде сіресе жиналған ұшы-қиырсыз топ ебелектер болды. Жел үрлеп, сайға тығып тастаған сол ебелектердің бергі шетін Тастан мен Кендір аршып жатыр. Олардан сəл əрірек ашық алаңқайдағы сарғыш тартқан боз үстінде бір-біріне қосақталған аттар жайылып жүр. – Аналар не істеп жатыр, нағашы? – Там салып жатыр. – Там салғаны несі? Қу ебелектен там тұрғызушы ма еді? – Тұрғызғанда қандай! Оны қазір көресің. Сен тұрып, анау еттен біраз жеп ал да, оларға көмектес. Көбектің ойында бірдеңе барын сезген ол, басқа ештеңе айтпай, орнынан тұрды. Жайылып жүрген аттардың жанындағы көлшікке жуынып келіп, Көбектің қасына отырды. – Шынында, Көбеке, мыналар не істеп жатыр? – деп тағы сұрады Сүлеймен етті аузына салып жатып. – Араларында Əмір көрінбейді ғой. – Мен саған қалжыңдап отырғаным жоқ. Расында олар там салып жатыр. Бірақ оны там деуден гөрі ұя деуге болады. – Бұл сөзіңіздің не шын, не қалжың екенін білмей, дал болып отырмын, нағашы. – Онда жігіттердің не істеп жатқандарын айтайын. Ебелек басып жатқан сайдың түбі терең. Қордаланған ебелектердің бір шетін үй
орнындай етіп сайдың түбіне дейін аршып тастасақ, кешке дейін өзіміз тығылып жататын ұя пайда болады. Ет жеп болса, бар, Тастандарға көмектес. Біраздан кейін олар қандай ұя жасап шығаратынын өз көзіңмен көресің. Сүлеймен қалған етті орамалға түйді де түйіншекті қоржынға салып, орнынан тұрды. Үстіндегі күпісін шешіп, жеңілденген соң тұтасқан қалың ебелектің тура ортасын айырмен аршып жатқан жігіттердің жанына келді. Олар ебелектің біраз жерін үңгіп тастапты. – Ə, жəрдемге келдің бе, бала? Мə, мына айырды қолыңа ал. Мынау ебелектерді тура маған ұқсап, жан-жағын теп-тегіс етіп аршы. Екі жағы осылай дуал сияқты болып тұруы керек. – Айырды қайдан алғансыңдар өзі, Кендір? Кеше қолымызда құрық пен сойыл, мылтықтан басқа ештеңе жоқ еді. – Бұл айырлар осы ебелектің астында əлімсақтан бері тығулы жатыр. Бізден бұрынғы ұрылардан қалған айырлар ғой. Сүлеймен Кендір берген айырды қолына алып, ебелек аршуға кірісті. Əлден соң ебелектің ортасы төбе жанынан қазылған үлкен ордай болып, үңірейіп шыға келді. Осы кезде бұлардың жанына Көбек келді: – Болды, жетер. Енді анау сəмді талдардың ағаштарын екі дуалға көлденең тастаңдар да үстiн жабыңдар. Күн болса түске таяп қалды Аттарды жасырайық. Мына жерден жүргінше ме, малшы ма өтетін болса, бізді байқап қалар. Тезірек қимылдаңдар! Əріпбай мен Кендір тура жарқабақ түбіне үйілген ебелектердің астынан жуандығы білектей-білектей ұзын-ұзын ағаштарды суырып алды. Тастан оларды шетінен алып, жаңағы өздері аршыған ұяның үстіне көлденең тастады. – Əй, Сүлеймен, неғып тұрсың? Көмектессейші. Екеулеп ағаштардың бəрін тура тамға салғандай етіп, нығыздалған ебелек дуалына салды. Оны болған соң қолдарын соза жүріп, ағаштардың үстін қайтадан ебелекпен жапты. Сөйтіп əп-сəтте Көбек айтпақшы, шап-шағын ебелек-там дайын болды. Биіктігі кісі бойындай. Аттар ішіне емін-еркін сияды. «Ойпырмай, ойламайтындары жоқ-ау. Дəл мынау жарқабақ түбіндегі қалың ебелектің астында бес-алты ұры тығылып жатыр десе, ешкім де сенбес-ау. «Біздің бес қаруымыз – бес күн жүріп баратын жерімізде дайын жатады» деп еді кеше Көбек бір сөзінде. Рас екен. Мына
ағаштар, мына қос айыр қысы-жазы осы ебелектің астында Тығулы жатады екен де. Тісқаққан-ау, нағашым, тісқаққан. Бəрін алдын-ала ойластырып қоятынын қайтерсің. – Біздің ісімізге таңқалып, ойланып тұрсың ба, бала? – деді Əріпбай бұған қарап, – Бізбен бірге жүре берсең, əлі талай таңқалып, талай ойға қаласың. Əр жерде бұлай аузың ашылып тұра берсең, қолға тез түсесің. Жүр, одан да аттарды жетектеп келейік. Тастан, Кендір, сендер де жүріңдер. Төртеуі барып, аттарды жетектеп келді. Оларды ұя-тамға кіргізген соң, үшеуі қоржындағы ат дорбаларға жем салып, аттардың тұмсықтарына ілді. – Осыдан бұларды кешке бір-ақ жемдейміз, – деді Тастан. – Сен, Сүлеймен, бар да анау жатқан қоржындарды, киімдерді осында алып кел. Енді кешке дейін жатып, ұйықтай беруіңе болады. Сүлеймен Тастанның айтқандарын ұя-тамға əкелгенде жарқабақтың төменгі жағынан екі атты кісі көрінді. – Əмір мен Елсапа келе жатыр, – деді Кендір. Бəрі солай қарасты. Аздан соң екі атты бұлардың жанына кеп түсті. – Ассалаумағалейкүм, жігіттер, – деді Əмірден бұрын аттан түскен Елсапа дегені. – Бəрің ін аузына жатып, қой аңдыған қасқырдай болып отырып алыпсыңдар ғой, түге. Басқа басқа, сені, Көбек, Əмірді жібергенше үйге өзің-ақ бара бермедің бе? – Барар едім-ау, Елсапа. Былтырғыдай Еңсеп старшынның көзіне түсіп қалсам, пəлеге бір түнде қарасын батырып кететін мен емес, сен қаласың ғой. Осы жағын ойладым да. Иə, қалай, үй-ішің, мал-жаның аман ба? «Тез жетсін» деп хабар берген екенсің. Айтқан күніңе дөп келіп отырмыз. – Бек жақсы жеттіңдер, бек жақсы. Ал үй-іш болса, аман. Өздерің қалай? Ел іші тыныш па? Досекең бақуат болар? Өткен жолғы сыбағамды түгелімен беріп жіберіпті. Ертең барғанда ырзалығымды жеткізерсің. Ойбүй, мына Əмір барған соң асығып жүріп, үйде шақшамды ұмытып кетіппін. Қайсысың насыбай атушы едіңдер? Беріңдерші. Ол Көбек берген насыбайды атып алған соң тағы біраз əңгімелерді айтып отырды. Сөйлеп отырып, қайта-қайта Сүлейменге көз тастап қояды. Бірақ Көбектен «Мұның кім?» деп сұрамады.
– Хош, Көбеке. Қысыр сөзді сөйлей бергенше, іске кіріселік. Шыртықтың арғы бетіндегі шегір жайлаудың үстіндегі Қотырбұлақта ағайынды Досыбай, Қосыбай бектің үш үйір жылқысы жүр. Үш үйір жылқы үш бөлек жайылады. Əр үйірде құлын-тайымен есептегенде қырық-елу жылқыдан бар. Жылқылар күндіз Қанбастаудың үстіне жайылады. Арғы асуға қарай жылқышылар жібермейді оларды. Ал кеш түсе əр үйірді бергі табанға түсіріп жусатады. Жылқышылар үш үйірді бір-біріне жақындатпай, əр төбенің астына түнетеді. Бергі Қотырбұлақ маңында түнейтiн сары айғыр үйірін үш жылқышы күзетіп шығады. Менің көптен бері діттеп жүрген үйірім – сол. Ел жата, əлгі үш жылқышыны қапысын тауып, байлап тастауға болады. Одан соң жылқыларды тауға қарай айдап кету оңай. Оларды тау басындағы Теректі шатқалына бір кіргізсек, бітті. Шыршық бастауына дейін қауіп жоқ. Арғы жағында Құмдытас құзы таяқ тастам жер. Тағы бір айтарым, үйірбасы сары айғыр басқа айғырлардай асау емес. Қасқырға алдырмайтын тарпаң болғанымен, айдауға оңай көнетін жануар... – Мұның бəрін жақсы ойластырыпсың, Елеке. Барымтаға қашан кірісеміз? – Қайбір жылғыдай үш күн аңдып керегі не? Тап бүгін түнде айдап кетіңдер. Бұл маңға көптен бері ұры келген жоқ еді. Содан болар, бұл жердің байлары қазір арқа-бастарын кеңге салып, қауіп жайын ұмытқандай, тұсау-шідерлерін босатқан жайлары бар. – Шыршықтың арғы бетіне тағы да «Жайылма» өткелімен өтеміз бе? – Жоқ, «Жайылмамен» өтсек, Қотырбұлақтан қиястау кетіп, ұзақ жүріп қаламыз. Бізге ең тəуірі – Жанбай ауылының тұсынан өту. Ол тұста, кешіп өтуге болатын бір өткел бар. Оны көп адам біле бермейді. Өткелден сендерді өзім өткіземін. Шыршық пен Қотырбұлақтың арасы бие сауымдай мезгіл жүретін жер. Егер іңір қараңғылығында осы жерден аттанып кетсек, ел жатпаған мезгілде межемізге жетіп барамыз. Бұл уақытта жылқыны қарауылдайтындар ешнəрседен күдіктенбей, қаннен-қаперсіз отырады. Ұрланған үйірді Теректі шатқалына дейін айдасып барсам, мен дереу кері қайтамын. – Сен, Елсапа, бізбен бірге Теректіге дейін əуре болмай-ақ қой. Теректі мен ауылыңның арасы тым қашық. Үйіңе таң ата бір-ақ жетсең, кім біледі, жолда біреу-міреудің көзіне түсіп қалуың
ықтимал. Сен қалай ойлайсың, егер біз үйірді Теректіге қарай емес, Түлкіжортқан жотасының етегімен Ғалабасайға қарай айдап, Дауыл би мазарының тұсынан ІШыршық бастауының басынан бірақ шықсақ қалай болар еді? Теректі шатқалынан гөрі бұл жермен мал айдау да оңай. – Ол жағын мен де ойлағам. Бірақ Түлкіжортқанның етегінде басқа рулардың да малдары жатады. Солардың үстіне тап келіп қалсаң қайтесің? Басыңа пəле сонда төнеді. Одан да «аш құлақтан – тыныш құлақ», Теректіге қарай кете берсейші. – Иə, онысы бар екен-ау. Айтпақшы, өзің жақын арада біздің ел жаққа түсіп қайтсаң болар еді. Менің де көз тігіп жүрген бір үйір тұяғым бар. – Ниетіміз қалыс емес пе, Көбеке. Қар түспей сендер жаққа бір түсермiн. Ал қазір сендер жатып демалыңдар. Мен үй жаққа барып, кешірек бір-ақ келермін. Ас-суларың бар ғой? – Ұрыға ауқаттың онша көп керек еместігін өзің білесің. Əйтеуір жұтап қалмайтындай азын-аулақ тiске іліктіретін бір нəрселеріміз бар. Мейлі, кешке дейін аман бол. Біз біраз көз шырымын алып алайық. VІ Елсапа кеткеннен кейін бəрі жатып, ұйқыға кірісті. Сүлеймен манадан бері манаурап отыр еді. Көбектің «жатып демалайық» деген сөзінен соң ерді жастанып, бірден ұйқыға кетті. Содан кешке Тастан оятқанша, тұяқ серіппей ұйықтады. Басын көтерсе, айналаны қараңғы басып келеді екен. Жігіттер аттарға жем беріп, ерттеп дайындап қойыпты. Ұя-тамның шыға берісінде Көбек пен Елсапа əңгімелесіп тұр. – Жиен, – деді Көбек мұның тұрғанын байқаған соң. – Аттанатын уақыт болды, Анау қалған еттен асан-асап жеп ал. Осыдан ертенге дейін ауқат жоқ. Сүлеймен етті жеп болғанша, басқа ұрылар аттарды ұя-тамнан шығарып, есік алдында қаңтарып қойды. Сонан соң ұя-тамды бұзып, ағаштарының бəрін бағана азанда алған орындарына қайта тығып тастады. Бəрін бітіргесін, Елсапаның «Аттанайық» деген даусы естілді. Бəрі бірдей атқа қонып, қалыптасқан салт бойынша, бір-біріне тіл қатпаған күйлері түстікке бет алды. Саптың ең алдында Елсапа кетіп барады. Сүлейменнің көзіне Елсапаның астындағы аты бағана
мініп келгені емес, басқа ат болып көрінді. Зер сала қарап еді, тура өзi мiнген дəу торы сияқты аяқтары ұзын, белі жуан, жіңішке мойынды жылқы екен. Мұның білуінше, мұндай аттар шабысқа жарамсыз болғанымен, ұзақ жүріске мықты келеді. Əсіресе, тау-тасты жолдарда бұлар таптырмайтын көлік. «Шіркін, алдағы күндерде Елсапамен таныстығым артып, осы атын қалауыма алсам ғой. Аты менің астымдағы торыдан да мықты көрінеді. Біршама жүрістен соң аққан судың сарылы естілді. Артынша тура алдарынан денені тітіркендірер мұздай леп есті. Сүлеймен Шыршыққа таяп қалғандарын сезді. Алдағы Елсапа атының басын ірікті. – Бəрің бері жақындаңдар, Көбек бастаған ұрылар оны қоршай тоқтады. – Қазір өткелге түсеміз. Бұл тұста судың ағыны онша қатты болмағанымен, сəл қияс бассаңдар, тереңге күмп етесіңдер. Одан кейін малтып шығуларың екіталай. Сондықтан да менің соңымнан ізбе-із қалыспай, аттың басын ешқайда бұрмай, тек маған еріп жүріп отырыңдар. Тағы да айтамын, ажалдарыңа асықпасаңдар, бір қадам да шетке бұрылмаңдар. Жетектегі аттың бірін Көбек сен өзің, бірін Əріпбай алсын. Олардың шылбыры мен жүгенін қосақтап тақымға басып алыңдар. Аттар бір-бірінен ажырамай жүретін болсын. Ал, дайынсыңдар ма? Елсапа мінген ат су кешіп үйреніп қалған-ау, қамшы салдырмай- ақ өзенге күмп берді. Екінші болып Көбек түсті. Оның артынан Əріпбай ерді. Əріпбайдан кейін Сүлейменге кезек келді. Торы ат суға түсуге жүрексініп тұрғандай, бір сəт кібіртіктеді. Сүлеймен «шy» деп тақымын қағып қалғанда, жайлап суға түсті. Су алдымен аттың тізесінен келді. Сəл жүрмей жатып-ақ, ат суға сауырына дейін батты. Сүлеймен екі аяғын үзеңгіден шығарып, жоғары көтермек болып еді: «Аяғыңы үзеңгіден шығарма» деген арт жақтан Тастанның даусы шықты. Оның айтқанын тыңдап, үзеңгіге қайтадан аяқтарын салды. Құдай салмасын, өзен суы осыншама мұздай болар ма? Лезде етігінің ішіне толған мұздай су саусақтары мен тобықтарын қақсатып жіберді. Бірақ сыр бермеді. Алдыдағы Елсапа «Бір елі соңымнан қалмаңдар. Енді бұлай бұрыламыз», – деп тура ағысқа қарсы жүрді. Арттағылар жəндəрмен оған ілесті. Əудем жерден кейін Елсапа оңға қарай бұрылып, ағысқа көлденең түсті. Жүріп келе жатқан жердегі тереңдік
бір қалыпты екен. Ат сауырынан аспады. Өзеннің дəл ортасына келген кезде Əріпбайдың жетегіндегі ат жанындағы атқа қатарласа берем деп алға қарай ойқастады да, табан тірер жер таба алмай, тереңге түсті де кетті. Жануар, тереңнен бұлар жүріп келе жатқан жерге қайта ілінем деп ниеттенді ме, суды шолпылдата алға қарай ұмтылды. Бірақ бар жанын салып екі-үш рет талпынса да, табанын биікке іліндіре алмады. Басы өзенге бір батып, бір шығып, қорсылдап су бетінде қалықтады да қалды. Əріпбайдың жандаусы шықты: – Ойбай, Елеке, мынаны не істейміз енді?! – Не істейсің? Жібер тізгіні мен жүгенін. Басқа амал жоқ. Жібер тезірек! Əйтпесе өзіңді тартып əкетеді. Жүзе алса, өзi жүзіп шығар жағаға. Жүзе алмаса кетті. Əй, жібер деймін! Онымен бірге өзің де кетейін демесең!, – деп ақырды Елсапа. Əріпбай дереу оның тізгінін босатты. Сол-ақ екен, əлгі жануар су ағысымен бірге төмен қарай аға жөнелді. Ағып бара жатып шырқырай кісінеп, жағаға қарай жүзуге қанша талпынса да, мол судың ағысы талпынысына ырық бермеді. Аздан соң ат көрінбей кетті. Тек біраз уақытқа дейін оның қайта-қайта ащы дауыспен кісінегені естіліп тұрды. Елсапа тағы бұйырды: – Енді абай болып жүріңдер. Аттар жаурап қалатын болды, жылжиық! Жандарын шүберекке түйген топ ұрылар тағы алға қарай жылжыды. Жағаға отыз қадамдай жер қалғанда Елсапа тағы оңға бұрылып, ағысты бойлай жүрді. Сүлейменге мынау иек астында қап- қара болып аққан судың шеті жоқтай болып көрінді. Өмірінде мұндай мол суды кешпек түгілі, сырттай қарап көрмеген оған, осы өзен əлгі атты ағызып кеткені сияқты міне, міне, бұларды да жұтып жіберетіндей сезінді. Сол үшін де су бетіне қарамай, алда қарауытып көрінген жарлы жағалаудан көз алмай келе жатты. Бір кезде су таязданып, үзеңгіден төмен түсе бастады. Аз жүрістен кейін су ат тізесінен келді. Тағы біраз жүрістен соң Елсапаның аты жағаға ырғып шықты. Оның соңынан қалғандары да жағалауға тұяқ iлiктiрдi. – Уа, – деді Көбек жағаға шыққасын, – мынадай көр тұңғиықтың астындағы қияметтің көпірін қалай біліп, қалай тап басып өтіп жүрсің, Елсапа? Əлде əруақтарың жол көрсетіп жүр ме? – Бұл жолды маған көрсеткен Тұраш баукеспе. Оған да біреу көрсеткен шығар. Өтiрiк-расын кім білсін, баяғы өткен бір заманда
ІШыршық қатты тартылыпты дейді. Сонда осы жол көрініп қалғанға ұқсайды. Соның ізін біреулер жадында түйіп қалыпты. Аттан түсіп, үстімізді сығып алайық. – О заман да, бұ заман «өзен тартылып, қайтып толыпты» дегенді естіген емеспін. Көл болса, бір сəрі. Ағып жатқан өзен тартылушы ма еді? Əй, бірақ бəрі Құдайдың қолында. Сонда да қанша ұры, баукеспе болсам да, мына жолыңды мен қайтып таба алмас едім. – Күндіз екі-үш мəрте өтсең, табуға болады, Көбек. Ол үшін жағадағы талдар мен қыр-жотаға қарап бағыт түзеп отыруы керек. Дегенмен мұның бір сыры бар. Жаңағы Əріпбайдың бір аты ғана емес, бұл жерден өтем деп үміттенген талай адам ат-матымен суға кеткен. – Құдай сақтасын. Бұдан былай бұл жолмен өткізбеші бізді. – Ойпырмай, Көбек-ау. Сен де қорқады екенсің-ау, ə? Бұрын- соңды мұндай əңгімені сенің аузынан естімеуші едім. – Жасың елуден асқанда əр нəрседен үркек келеді екенсің. Оның үстіне соңыңнан ерген мына жас балдардың бірі жазатайым болып қалса, ел алдында да, Досекеңнің алдында да мен жауапты болмаймын ба? Қара жердің үстінде болса, келген тажалды көріп алармыз. Ал мына тілсіз жау – су патшасы Сүлеймен назаланса, оған қылар айламыз, əлбетте, жоқ. – Жə, Көбек, қой енді. Бар қауіп артта қалды. Жайылма өткелімен айналсақ, Қотырбұлаққа таң ата бір-ақ жетер едік. Қиын болса да, төте жол тауып бергеніме ырза болмайсың ба? Киімдеріңді сығып болсаңдар, атқа қонайық. Қатты желіспен жүрейік. Аттардың денесі жылынсын. Ұрылар тауды бетке алды. Орталарындағы «тұр» десе тұратын, «жат» десе жататын, өзіндік билігі жоқ Сүлеймен тағы ойға батып келеді. «Кеше ғой, Көбек «Əулиетасты» қалай табу керектігін ашып айтпады. Енді мына Елсапасы арқыраған тажалсудың ортасындағы өткелдің құпиясын айтпайды. Сірə, ұрылар қанша дос болса да, бір- біріне сырларын айтпайды-ау деймін. Əнеукүні үйінде отырғанда Көбек: «Əр ұрының сезгіш ит сияқты бөлекше бір сезімі болады. Бірақ оны басқаларға айтпайды» – деп бір ойдың ұшын шығарып еді. «Ол қандай сезім?» – деп сұрамаппын-ау сонда. Əй, сұрасам да айтпайтын шығар. Қай жерде келе жатырмыз өзі? Көбекең де қызық. Осы жердің бəрін қолы боста маған күндіз бір аралатын көрсетпей ма? Мынау ғой
енді, осылардың жетегіндегі малдай болып, қай жерде екенімді білмей дал болудамын». Бір кезде: «Қотырбұлаққа жақындадық. Осы жерге аялдайық», – деген Елсапаның даусы шықты. Бəрі аттарының басын ірікті. Тоқтаған жерлері қай тұс екенін Елсапа мен Көбек ажыратпаса, Сүлейменге қара түнек басқан бұл маң бөтен əлем. Сол қара түнекке қадала, алды жаққа көз салып еді, сонадайдан жылтырап жанған от көрінді. От сай ішінде, бұлар тұрған жерден пəсте жанып тұр. Ол өздерінің төбе басында екенін сонда ғана барып аңғарды. – Анау жалып тұрған отты көрдіңдер ғой, – деді Елсапа. – Жылқышыларды оты. Ол оттың басында қазір үш, болмаса екі адам жылқыларды қарауылдап отыр. Сендердің бірінші міндеттерің – еппен барып, оларды қолға түсіру. Бірден барып бас салған кезде айқайлап, ақырып-бақыратын болса, үндерін өшіру үшін аямай соққыға жығып тастаңдар. Бірақ өлтіріп алушы болмаңдар. Айтпақшы, олардың иттері бар. Иттердің назарын басқа жаққа аударып əкету үшін біз Көбек екеуміз оларға еңіс жақтан атпен жақындаймыз. Иттер бізге шабалана үрген кезде біз қашқан сияқты боп, кері шабамыз. Иттер екеумізді қуып əлектенгенде, қалғандарың күзетшілерді жайғап, аттарыңа қонып, əзір тұруларың керек. Бесеуіңнің үш күзетшіге əлдерің келетін шығар. Екі сойылды іштеріндегі қалаған екеуің алып алыңдар. – Арамызда бес адамға татитын біреуіміз бар. Ол мына – Сүлеймен. Үш күзетшіні бір өзі жығып берсе, қалғандарымыз олардың аяқ-қолдарын байлаймыз, – деді Əріпбай күліп. – Бұл жігігінде қара күш бар сияқты. Бірақ жүректілігінің қандай екенін кім білсін. Сондықтан да бесеуің бірдей жабылыңдар. Ал, Көбек, сен екеуміз былай қарай жүрейік. Əріпбай, сендер осы төбені көктей жүріп, күзетшілердің сырт жағынан шығыңдар. Ал, іске сəт! Көбек пен Елсапа бірден ылдиға түсіп кетті де, қалған бесеуі батысқа беттеді. Бұлар жүрген сайын жаңағы көрініп тұрған отқа жақындай түсті. Бір кезде от жақтан иттердің арпылдап үргені естілді. Іле-шала шапқан аттың дүрсілі шықты. – Аналар иттерді соңдарынан ертіп əкетті. Енді біз де тез қимылдайық. Əмір, сен аттарды күзетіп осында қал. Қалғандарың менімен бірге жүріңдер. Тастан, Кендір, сойылдарды сендер алыңдар. От басындағыларды біз Сүлеймен екеуміз бір жақтан, сен екеуің бір
жақтан бассалайық. Күзетшілермен алысып-жұлысып жатқанда, бір- біріңнің аттарыңды атаушы болмаңдар, – деді осы жердегі басшылықты өз қолына алған Əріпбай. Содан екеу-екеуден бөлiнген ұрылар жылтыраған отқа екі жақтан жақындады. Екі күзетші ештеңеден қауіптенбей, қаннен-қатерсіз отқа ет қақтап жеп отыр. Оларға дейін оншақты қадам қалғанда, Əріпбай Сүлейменді түртіп қалды да, соларға қарай жүгіре жөнелді. Оның артынан Сүлеймен де қорбаңдап жүгірді. Екеуі сол екпіндерімен барып, екі күзетшіге бассалды. Аналар не болып, не қойғанын аңдап үлгергенше, оларды жерге жығып үлгерді. Осы кезде ар жақтан Тастан мен Кендір алқынып жетті. Əр күзетшіге екі-екіден жабылған соң қойсын ба, əп-сəтте олардың қол-аяқтарын байлады да тастады. Əріпбай оларға ескертті: – Айқайлаушы болмаңдар! Егер де қит еткен дыбыстарың шығатын болса, мына сойылмен бастарыңның мыж-мыжын шығарып тастаймын. Күзетшінің екеуі де жастары жиырма беске жетпеген жас жігіттер екен. – Сіздер кімсіздер? Байлап тастайтындай біздің не жазығымыз бар? – деді оның бірі дір-дір етіп. – Біздің кім екенімізде шаруаң болмасын. Бұл жерде сендерден басқа күзетшi жоқ па? – Бар. Ол кісі жаңа иттер үріп, тауға қарай жүгіріп кеткенде, «Жылқы жақты бір шолып қайтайыншы» деп кеткен. – Ол қашан келеді? – Ендігі келетін уақыты да болды. Осы сəтте бұлардың арт жағынан: «Уай, не қылған адамсыңдар?!» – деген еркектің жуан даусы шықты. Бəрі артқа жалт қарасты. Тура қастарында дəу ат мінген, қолында ұзын сойылы бар еңгезердей бір кісі тұр. – Ə, түн кезген қарақшы екенсіңдер ғой. Көрсетейін мен сендерге адамды байлап тастағанды, – деп ол атын өңмендетіп келді де, бірінші тұрған Тастанға сойылын сілтеп кеп жіберді. Абырой болғанда, Тастан артқа ыршып үлгерді. Содан төртеуін кезек-мезек қуалап, сойылын қанша сілтесе де, ешқайсысына тигізе алмай, біраз əлектенді. Ал ұрылардың бəрі жаяу болғандықтан онымен бетпе-бет алыса кетуге дəрмендері келмей, мыстары құрып, анау ары қуса – ары, бері қуса – бері қашты. Атын ортада олай бір,
бұлай бір ойқастатып, түк бітіре алмай жынданған күзетші бір кезде: «Бөрібасар, Алаяқ, күшке, күшке», – деп айқайлап иттерін шақырды. Осы мезетте: «Қорықпасаңдаршы. Төртеуміз төрт жағынан жабылайық», – деп Əріпбай айқайлады. Осы айқайдан кейін ұрылар сəл-пəл ес жиғандай өз-өздеріне келіп, атты күзетшіні төрт жақтан қоршады. Тастан мен Кендір қолдарындағы сойылдарын оңтайлай ұстап, оған бір-екі қадам жақындай бергенде қай жақтан келіп қалғаны белгісіз, қастарына арсылдап, есектей-есектей екі ит жетіп келді. Иттердің бірі атылып келіп, Кендірдің қолындағы сойылға жармасты. Ал біреуі Тастанға жабыса бергенде, ол оны сойылмен періп кеп жіберді. Бірақ сойылы итке тимей, ауа құшты. Сойылдан сескенген ит кейін шегіншектеді де, бұрыла сап Сүлейменге шапты. Қолында ештеңе жоқ Сүлеймен сасып қалып, қорғанбақ ниетпен оны аяғымен төбе беремін дегенде, ит тура қара санға жабысты. Сүлеймен бір сəт тырп етіп қозғала алмай қалды. Итінің Сүлейменді тістеп, тырп еткізбей тұрғанын байқаған атты күзетші сойылын сүйрете осылай қарай шапты. Сірə, бір ұрып, Сүлейменді жер жастандыра салайын деп ойлады-ау. Бірақ жан беру оңай ма? Бойында күші тасыған əрі жылдам қимылдай алатын жас Сүлеймен санын тістеп тұрған иттің жон арқасынан екі қолымен мыта ұстады да, бар күшпен тартты. Бел омыртқасын тері-мерісімен қоса жұлып алардай болған дүлей күшке шыдай алмаған дəу ит қаңқ етіп, аузын саннан босата берді. Сүлеймен со бойда итті көтеріп алып, өзіне міне, міне, сойылын соғайын деп тұрған атты күзетшіге қарай лақтырып жіберді. Ит қаңбақтай ұшып барып, бар денесімен иесінің бетіне сарт етті. Тура бетіне соғылған есектей итінің екпініне төтеп бере алмаған күзетші ат үстінен тоңқалаң асып жығылды. Онымен бірге ұмар- жұмар болып, жерге құлаған ит орнынан тұра салды да, беталды қаша жөнелді. Сүлеймен күзетшінің үстіне қона кетіп, қылғындыра бастады. Aшу қысқан Сүлеймен оны қылғындырып өлтіріп те қояр ма еді, егер: «Болды, болды, босат тамағын», – деп Əріпбай жүгіріп келмегенде. Қиқылдап-шиқылдап өлуге аз-ақ қалған еңгезердей күзетші Сүлеймен тамағын босатқан кезде «Уһ» деп терең тыныстап, бір демалды. Əріпбай оны етпетінен аунатып, екі қолын атына қарай қайырып байлады. Одан соң аяқтарын қосақтап матады.
– Енді мұны сүйретіп, анау серіктерінің жанына апарып тастайық. – Тоқта, өзі-ақ сүйреймін, – деп Сүлеймен оның желкесінен бір қолымен ұстап, қап сүйреткендей сүйрей кетті. Сүлейменнің денесі өзінен дəу кісіні бір қолымен-ақ сүйреп əкеткеніне Əріпбай іштей таңданса да, лəм демеді. Ол оны байлаулы жатқан анау екі күзетшінің қасына апарып топ еткізіп тастай салғанда, Тастан, Кендір үшеуі солардың жанына барды. Үстерінде төнген төрт ұры өздерін өлтіріп кетер ме екен деп зəрелері ұшқан бағанағы екі жас күзетші қалш-қалш етіп жатыр. Ал мынау еңгезердей пəле сыр берер емес. – Мына біреулерің жын ба, перi ме өзі? Мұндай күшті адамды өмірімде кездестірген емеспін. – Шайтамын, – деді Сүлеймен. – Қазір үшеуіңнін де ауыз- бастарыңды қисайтып, тілден айырып кетемін. – Ей, кім болсаңдар да, таудың арғы жағынан келген баукеспесіңдер-ау, ə? Жылқыларын қолдан бергеніміз үшін ертең Досыбай мен Қосыбай бізді оңдырмасы белгілі. Жала жауып, абақтыға қаматып, итжеккенге айдатып жібереді. Ондай қорлықты көріп, жер басып жүргенше, өлген артық. Үшеуміздің де қатын, бала-шағамыз жоқ. Жылқы соңында күн өткізіп жүрген жалшымыз біз. Жалшыға Құдайдың қай кезде рахымы түсіп еді? Досыбай мен Қосыбайдың боқтауын есітіп, теперешін көріп өлгенше, қазір сендердің қолдарыңнан-ақ өлейік. Бұралқы иттей байлап тастағанша, өлтіріп кетіңдер. Болмаса өздеріңмен ала кетіңдер. – Ұры екенімізді тап басып айттың. Бірақ мал ұрлайтын ұры малмен бірге адамын да қоса ұрлапты дегенді қайдан естіп едің? – деді Əріпбай. – Əйда, кеттік, жігіттер. Бұлар қалсын осылай. – Əй, əй, жігітім, тоқта. Елу жылқысынан айырылатын екі бекті емес, мына бізді сорлатып бара жатырсыңдар сендер. «Өлтіріп кетсек, қолымыз қанға малынады» деп қорқасыңдар ғой, ə. Мейлі, бүгін сендер – күшті, біз – əлсіз. Алайда күштіге де бір күні зауал келетінін ұмытпаңдар. – Əй, мынау тақылдап, неге үнін өшірмейді. Тастан, қалтаңдағы жіңішке жіпті əкелші. Аузын кері байлап кетейік. Əрі біз кеткен соң даланы басына көтеріп айқайламай жатсын.
Содан төртеуі бірдей дөңес астындағы Əмір күзетіп тұрған аттарға қарай жүгірді. Мұнда келсе, Елсапа мен Көбек те осында тұр екен. – Төртеуің жабылып, үш күзетшіні зорға дегенде жайғадыңдар-ау деймін. Əйтеуір біреу-міреуін өлтіріп қойған жоқсыңдар ма? – Жоқ, ə, Елeкe. Өлтіріп неміз бар оларды. Бірақ мынау Сүлеймен болмағанда, анау аюдай біреуі шетімізден жер қаптырып тастайтын ба еді. Əзер дегенде байлап тастадық. Тіпті айқайламасын деп жіппен ауыздарын да керіп қойдық. – Олай болса, мініңдер аттарыңа. Жылқыларды айдайық. Сойылдарыңды тақымдарыңа қыстырып алыңдар да, құрықтарыңды оңтайлаңдар. VІІ Атқа қонған жеті ұры жай аяңмен дөңесті айнала өтіп, ағаш шарбақтың ішіндегі жылқыларға келді. Өздеріне келген бір қауіпті сезді ме, əйтеуір үйір ішіндегі бес-алты айғыр қасқыр көргендей ащы дауыспен оқыранып-оқыранып қойды. Ал кейбір биелер құлақтарын қайшылатып, құлындарын бауырына ала айналып тұрды. Кендір атынан түсті де, шарбақ есігіне көлденеңінен байланған ұзын екі ағашты шешіп, былайырақ лақтырды. – Көбек, Əмір, ішке кіріп, жылқылардың артынан айдаңдар. Басқамыз шарбақтан шыққан жылқыларды тауға қарай бұрайық, – деді Елсапа. Көбек пен Əмір шарбақ ішіне кіріп, иірулі атарды ұзын құрықтармен ұрып, «шу-шулап» айдай бастады. Бағанағы Елсапаның айтқаны рас екен. Үйірбасы дəу айғыр шарбақтан бірінші болып атып шықты. Қалғандары соңынан ерді. Сырттағы ұрылар оларды тауға қарай бағыттап, жан-жақтан қыса, айдай жөнелді. Қараңғылыққа əбден көздері үйренген барымташылар сол күйінде үйірді шашау шығармай қиялап біраз жүрген соң, Көбек Елсапаны тоқтатты: – Теректі шатқалына жақындап қалдық, Елeкe. Енді сен қайта бер. Көмегің үшін рахмет. Өзіңе тиесілі үлесті біздің ел жаққа барғанда аларсың. Таң атпай үйіңе жетіп алуға тырыс. Ал бізден қам жемей-ақ қой. Елсапа кеткесін, топ жылқыны айдаған ұрылар ұзамай Теректі шатқалына аяқ iлiктiрдi. Сүлейменге оның қандай шатқал екені белгісіз. Бар көргені – екі жақ қапталда қараңғылықтан əзер байқалған
екі жоталы құздың сұлбасы болды. Айдалған малдар еш жаққа бұрылып кете алмай, сол екі құздың табанымен алға қарай шұбай түсті. Олар кейде үш-төртеу болып қапталдаса жүреді де, тар қуыстарда бір-біреуден тізбектеліп, айдаушылардың ыңғайына оңай көніп барады. Бағана шатқалға кірер кезде Көбек үш ұрыны жылқылардың алдына салып жіберген. Сүлеймен мұның мəнісін түсінбеген. – Көбеке, Тастандарды жылқының алдына неге салдыңыз? – Мұндай шатқалдың ішінде біреу алда, біреуі артта жүріп, екі-ақ ұры мың жылқыны айдап кетуге болады. Көріп келе жатырсың ғой, қазір бұл жануарлар ешқайда бас бұрып кете алмайды. Ал ұзыннан-ақ шұбырған жылқы шатқалдан шыққан кезде арттағы айдаушы оларды қуып жете алмайды. Сондықтан да алда біреулердің болуы лəзім. Олар қашан соңғы жылқы шатқал ішінен шыққанша алдағыларды қайырып, иіре тұрады. – Тап қазір артымыздан қуғыншы келіп қалады деп қорықпайсыз ба? – Жаужүрек қуғыншы болмаса, дəл қазір артымыздан ешкім келе қоймас. Бұл жерде қуғыншының бізді алуы оңай емес. Қайта біз олардың жолын қиядан тас домалатып, оп-оңай бөгеп тастаймыз. Егер, Құдай бетін аулақ қылсын, соңымызға əккі де күші мол қуғыншы тобы түсетін болса, ол бізді ашық жерлерде басуға əрекеттенеді. Бірақ қанша дегенмен, соңымызда ешкім жоқ деп, босаңсуға болмайды. Қазір шатқалдан шыққасын жылқыларды бүлкілге салып қуамыз. Бүтін түнде қалай болғанда да Өгемнің шетіне жетуіміз керек. Шатқал арасымен ұзақ жүрді. Бір уақытта жазыққа шықты. Үйірді алты ұры жан-жақтан қоршап, жылқыларға құрық басты. Бірталай жер жүргенде таң қылаң берді. – Құдай қаласа, Аюқұлағанға келіп қалыппыз. Жыраның оң жағын айналып, сайға түсейік. Аттарды жай айдаңдар. Денелері қызған олар, айдауға көне бермей, арт жаққа қашуы мүмкін. Шашауын шығармай, осы екпінмен сайға бір-ақ айдап түсірейік. Сары айғыр қайда келгенін өзі аңдамай қалсын, – деп айқайлады Көбек. Елден жырақ, тек аң мен құс қана мекен еткен тау басында өздерiн еркін сезінген ұрылар айқайға басып, аттарды сай табанына қарай қуды. Тер басқан жондарына құрықтардың сабауы тиген соң
жылқылар барымташылардың айдауына көнбеске амалдары қалмады. Таң жарықтана түсіп, малдардың түр-түстері айқын көрінді. Сүлеймен жан-жағына көз салғанда күнбатыс жақтан үстерінен төніп тұрған бір биік құзды көрді. Аюқұлaғaн құзы осы-ау. Бірақ оған ұзақ қарай алмады. – Əй, бала, алақтай бермей, алдындағы малға қарасайшы. Көбектің сөзінен кейін мойнын бұрып қараса, тура алдында бір семіз ат еңiске қарай жүре алмай, төрт тағандап тұр екен. Басқа аттар біраз жер алға кетіп қалыпты. Сүлеймен қолындағы құрығымен оның жон арқасынан салып-салып қалды. Анау жануар зарлы дауыспен бір кісінеді де, төмен қарай төрт аяғымен тайғанақтай сырғи барып, үйірге қосылды. – Желіні толып қалған буаз бие екен-ау. Көкпектігі жеткенше құлын тастап қоймаса болғаны. Айдауды көтере алмай, зорығатын түрі бар,– деді Əмір. – Тастаса, тастай берсін құлынын. Көкпектігі жеткен соң өзін сойып, бүгінге ет қыламыз, – деді Кендір даусын көтере. – Қойыңдар-ей. Обал емес пе? – Сен, немене, Сүлеймен? Ол биені құлынымен бірге көтеріп жүрмекпісің? – Əй, өшіріңдер үндеріңді! Жүре көрерміз,– деп ақырды Көбек. Ұрылар сүт пісірімдей мезгілде үйірді сай табанына айдап түсірді. Сай іші қалың ағаш басқан ну. Мұнда бір үйір емес, оншақты үйір жылқыны жасырып отыруға болатындай. Сүлейменнің қуанышына орай, манағы бие осы жерге жеткенше құлындаған жоқ. Ұзақ жүрістен шаршап, бүйірлері солқ-солқ етіп тұрған жылқылардың шетін ала басын төмен салған күйі ол да тұра қалды. – Кеш батқанша, осында аялдаймыз. Сүлеймен, сенің қандай қажырлы екеніңді көрейік. Жылқыларды бірінші кезекте күзетуге келісесің бе? – Жарайды, Көбеке. Менімен бірге кімдер болады? – Кендір, Əмір үшеуің қалыңдар. Басқамыз ұйықтайық. Түс болғанда бізді оятыңдар. Кендір, сен мына екеуіне бас бол. Жылқылар бір тынығып алған соң, отығуға өздері-ақ бас қояды. Абайла, сары айғыр үйірді бастап, кері қашып жүрмесін. – Ол жағын білеміз ғой. Көбеке. Алаңдамай ұйықтай беріңіздер.
Олар өз аттарын қосақтап, бір шыршаның түбіне жата-жата кетісті. Осы кезде Кендір Сүлейменге қарады: – Сен бала, мылтық атуды білемісің? – Оны бұрын кім атып көрген дейсің. – Ата алмасаң да, мə, арқаңа асын мұны. Оқ-дəрінің иісін сезген аң-құс өзіңе жоламайтын болады. Қазір үшеуміз үйірдің үш жағына шығып отырайық. Тек ұйықтап қалмаңдар. Біраздан соң сары айғырды ұстап, байлап қоямыз. Ол бір орнында болса, басқалары еш жаққа кетпес. Сен, Əмір, анау етек жақты күзет. Сүлеймен, сен мына қия жаққа бар. Ал мен осында қалайын. Сүлеймен Кендір берген шиті мылтықты асынды да, бір қолына құрық, бір қолына сойыл ұстап, қия жаққа бет алды. Бағанағы буаз бие тура сол шетте тұр екен. «A, жануар, өзім жақта тұрғаның қандай жақсы болды» деп қойды іштей. Сөйтіп бір қалың шөптің үстіне отырды. «Осы аттар қазір жан- жаққа қаша жөнелсе ғой, қайсысына ие болар едік. Жануарлар əбден бағылған екені көрініп тұр. Бəрінің үсті жып-жылтыр. Əсіресе мына бір айғырдың жөні тым бөлек екен. Өмірінде мойнына құрық салдырмаған-ау, сірə. Мұның иелері ендігі жан-жаққа аттан салып жатқан болар. Кешегі түнде байлап кеткен үш сорлының халдері қалай болды екен? Сорлылар, жылқыдан айрылып қалғандары үшін көресіні көреді-ау енді», – деп ойлап отырып қалай қалғып кеткенін өзі байқамады. Бір кезде жанұшыра кісінеген жылқының даусынан оянып кетті. Көзін ашып жіберсе, бағанағы бие құлындап, жерде тəлтіректеп тұра алмай жатқан құлынын бір жалап қойып, қалың ағаштың арасына үрке қарап тұр екен. Басқа жылқылар да бие қараған жаққа қадалып, үрпиісе қалыпты. Оларға онша мəн бермеген Сүлеймен құлынға деген əуестігі оянып, орнынан атып тұрып, биенің жанына жетіп барды. Бие төлін қызғанды ма, жоқ əлде, басқа бір нəрседен қорғанбақ болды ма, құлынын шыр айналып өтті де, Сүлейменге қарап аяғын сілтеп қалды. Абырой болғанда, оның тепкісі бұған дарымады. Осы кезде арт жақтан бір аңның қорс-қорс еткені дыбысы шықты. Сүлеймен артына бұрылды. Биік шыршаның түбінде тұмсығында істік мүйізі бар бір дəу қап-қара аң тұр. Қанталаған көздері үлкен баланың алақанындай екен. Жүндері салбыраған, мойын жалы тіп-тік. «Жабайы қабан, – деп ойлады кешегі Көбектің сөзін есіне алып. – Аттың бірін, болмаса
жаңа туған мына биені, не құлынды жарғалы тұр. Қанша күшті болсаң да, құлын мен биені бермеспін саған». Бірақ өзінің құр қол тұрғаны есіне енді түсті. Мылтығы да, сойылы да анау отырған жерінде жатыр. Оларға жеткенше мына қабан құлынды жарып тастары анық. «Жаңағы Кендір мен Əмір неге бұл жаққа келмей отыр. Əлде айқайласам ба екен?» Қабан шырша түбінен атып шықты да, тура өзіне қарай ұмтылды. Бұрылып кетсе, оның екі мүйізі артында тəлтіректеп тұрған құлынға барып қадалмақ. Не істемекті ойлауға уақыты жоқ. Өзіне жетіп қалған қабанның дəл тұмсық алдынан оңға қарай ырғып кетіп, ол жанынан өте бергенде оның тұмсығындағы мүйізінен шап беріп ұстай алды. Алайда бар күшпен алға ұмтылған қабанды тоқтата алмай, онымен бірге екі-үш қадамдай сүйретіліп кетті. Қабан мен құлынның арасы бір-ақ аттам жер қалғанда Сүлеймен бар күшпен оны тартып тоқтатты. Осы сəт бие де жанкештілік жасап, айналып келіп қабанды бір тепті. Сəтін салғанда, оның тепкісі қабанның тура тұмсығына тиді. Ауыр соққыдан жаны шыққан хайуан бар даусымен шыңғырып жіберіп, секіріп-секіріп түсті. Бар ойы екі мүйізінен қатып ұстаған Сүлейменді құлату сияқты. Дегенмен Сүлеймен оған дес бермей, мүйізден ұстаған күйі мойнын бұрып, жығуға əрекеттенді. Қорбаңдаған анау пəле жүдə мықты екен. Құлай салатын түрі жоқ. Қайта басын ары сілкіп, бері сілкіп, жанталасып жатыр. Егер дəл осы кезде Кендір мен Əмір жүгіріп келмегенде, бұл екеуінің қайсысы жеңерін бір Құдайдың өзі білер еді. – Ойбай, Кендір, қабанның қарнына қанжарыңды сұқ дереу! – деп айқайлады Əмір. – Ойбай, таста мылтығыңды! Оқ Сүлейменге тиіп кетер. Мылтығын қабанға қарай көтере берген Кендір сасқалақтап қалды. Содан оны лақтырып жіберді де беліндегі қанжарын суырып алғанымен, Сүлейменмен алысып, тулаған қабанға жақындай алмады. Мұны көрген Əмір заматта оның қолынан қанжарды тартып алып, қабанның қарнына бірнеше мəрте сұғып-сұғып жіберді. Жандаусы шыға шыңғырған хайуан жерге гүрс етті. Құлаған мезет оның тамағын қанжармен орып-орып тастады. – Жер-дүниені дірілдетіп жатқан бұл ненің даусы?– деп Көбек бұлардың қастарына жетіп келді. – Пəлі, қабан ғой мынау. Қайсысың атып алдыңдар мұны? Кендір, сен мерген екенсің-ау, ə.
– Кендіріңіздің мұны атуға шамасы келмек тұрмақ, жанына жолауға қорықты. Сүлеймен ғой, мұнымен алысып жеңген. – Уай, сабазым-ай! Əнеукүні қабыланды жеңіп едің. Бұл жолы қабанды жарып тастадың ба?! Бұл пəлекетті қалай пышақтадың?! – Мен ұстап тұрдым. Əмір қанжармен жайратып тастады. Кендір өзінің батылсыздығына намыстанды ма, Сүлейменге тіктеп қарай алмай, көзін төмен салды. – Əй, осы Сүлеймен болмағанда, бүгін де біраз жылқылардан айырылатын едік-ау, ə. Бірде қабыланды, бірде қабанды жайратқан менің жиенімді қалай мақтамассың. Бірақ жігітті көзінше мақтама» деген. Біздің істе көзсіз ерлік үйреншікті əдет. Кендір, Əмір екеуің мұның терісін сыпырып алыңдар. Қолдас тəyiп «Қабанның терісі мен мүйізін тауып берсейші», – деп маған көптен бері айтып жүр еді. Сүлеймен, сен барып, біраз ұйықтап ал. Енді маған ұйқы жоқ. Сенің орныңа жылқыларды мен күзетейін. Айтпақшы, сары айғырды байладыңдар ма? Үйбай-ау, мына бие құлындап қалған ба? Мұны қайтеміз енді? Жас құлын айдауға да жарамайды... – Қазір, Көбеке. Қабанның терісін сыпырып бiтейін. Одан соң құлынды бауыздап тастаймын. Жатырдан жаңа шыққан малдың етін өмірімде жеп көрген емеспін. Елсапа «ондай еттің дəмі тіл үйіреді» дейтін еді. Біз де көрейік те, оның еті қандай болатынын – деді Кендір Көбектің сөзін бөліп. Сүлеймен шыдамады: – Не айтып тұрсың, Кендір?! Жас құлынды союға қалай дəтің барады? – Немене? Құлындаған сенің биең бе еді? Қатарымызға кеше қосыла салып, бізге билік айтатындай сен кімсің?! – Соймайсың құлынды! Сойғызбаймын! – Əй, мынау, не шатып тұр. Түнде жылқы айдап бара жатқанда оны алдыңа өңгеріп жүресің бе? Көбекең саған «демал» деді ғой. Өңкейіп тұрмай, құры бұл жерден! Əйтпесе өзіңді сабап тастаймын! – деп Кендір аршып жатқан қабанның терісін тастай салып, Сүлейменге ашулы жүзбен сүзіле қарады. – Доғарыңдар ерегісті! Қайдағы бір құлын үшін өзара қырықпышақ болмақсыңдар ма?! Сүлеймен, бар, жат сен! – Құлынды сойдырмаңыз, нағашы. Көбек басын изеді. Бірақ оған Сүлеймен сене қоймады. Анадай жерге барды да, қурап қалған бір топ сасырдың үстіне жатты. Содан
қанша ұйқы қыстаса да, көзін ілмеуге тырысып, Кендірді аңдумен болды. Бар ойы – құлынды сойдырмау. Кендір қабанды жалаңаштап болған соң Əмірге қарап бірдеңе деді де, пышағын жалаңдатып құлын жаққа қарай жүрді. Көбек оны көрсе де, үндемей отыр. Кендірдің құлыныға жақындап келе жатқанын көрген бие оқырата түсіп, оның жолына тұрды. Кендір құрықпен биені сабап-сабап, ары қарай қуып жіберді. Сəл кешіксе, Кендір құлынды бауыздап тастайтынын білген Сүлеймен орнынан атып тұрып, оның жанына жетіп барды: – Жаңа айттым ғой саған, «құлынды сойдырмаймын!» деп. Бағана қабанмен алысқанда қорқақтық танытқан Кендірдің кеудесі намысқа толып тұр еді. Сол намысын сыртқа енді шығарайын деді ме, екі көзі аларып, реңі бұзыла: «Менің жолыма тұратын сен кімсің?»– деп Сүлейменің жағына құлаштап кеп бір қойды. Сұмның қолы қатты екен. Соққысы ауыр тиді. Күтпеген соққыдан қаны басына шапқан Сүлеймен шап беріп оның жағасынан ұстап, оңға қарай лақтырып жіберді. Дүлей күштен төрт-бес қадамдай жерге теңселіп барып құлаған Кендір тұра салды да, бұған қайта жүгірді. Бар екпінімен жүгірген Кендір өзіне жақындай бергенде Сүлеймен кілт бұрылып, оның желкесі мен жамбас тұсынан ұстай алып, тағы да қалпақтай лақтырды. Кеудесін намыс қысқан Кендір үшінші рет шапты. Бұл жолы Сүлеймен оны қапсыра құшақтап, жерге алып ұрды. Жерге оңбай түскен Кендір айқайлап жіберді: «Ойбай, жамбасым сынды!» Төбелес басталғалы бері қайсысы жеңер екен деп қызықтап отырған Көбек пен Əмір Кендірдің жандаусы шыққан кезде орындарынан атып тұрды. – Болды, болды! Доғарыңдар айқасты! Кендір, сенің өзіңнен де бар ғой. Нең бар еді, бұл диюды ұрып, Кендір қанша ызаланса да жеңілгенін мойындап, орнынан көтеріле, басын тізесіне қойып, лəм деместен отырды. – Кей-кейде мұндай ашу-араздық болады арамызда. Бірақ бір- біріңе кек тұтпай, енді жарасыңдар. Апаны бір қасқырлар өзара дүрдараз болып жүрсе, жауға алдыруы оңай. Мейлі, бүгін Сүлейменнің дегені-ақ болсын. Түнде құлынды алдына өңгеріп алып жүре ме, мойнына салып арқалап жүре ме, өзі білсін. Бердік, құлынды оған. Жолда өлтіріп алса, өз көңілі өзінде қалсын. Ал, Кендір, сенің жас ет жегің келіп, тісің қышып бара жатса, əне бір қара шұбар тайды
сойып ал. Ол да бір жасқа толмаған жас малға ұқсайды. Ендігəрі құлынға тиісуші болма! Көбектің кесімі осы болды. Осы сөзден кейін Сүлейменнің көңілі орнына түсті де, манағы орнына барып жатты. Содан қатты ұйықтап кетті. Бір кезде біреудің «тұр-тұрлаған» дауысынан оянып, басын көтерсе, күн екіндіге таяныпты. Оятып тұрған Көбек екен. – Тұр, жиен. Жүретін мезгіл болды. Серіктерінің бəрі жиналып, от басында ет жеп отыр. Сірə, бағанағы қара шұбар тайды біреуі сойып тастаса керек. Арырақта жылқының басы мен ішек-қарындары жатыр. Көбектен естігені бойынша, ұрылар жолда сойған малдың басы мен аяқтарын, ішек- қарындарын тастап кетеді. Олардың жүнін күйдіріп, боғын тазалап жата ма? . – Кел, ей, батыр. Ет же,– деп айқайлады Тастан. – Əбден тойынып ал. Сүлеймен олардың қатарына жайғасты. Отқа қақтап пісірілген жас тайдың еті дəмді-ақ екен, Ет желініп болған соң Көбек Сүлейменге сөйледі: – Мына жылқылар отығып, жан-жаққа шашырап барады. Жолай бұларды жая айдармыз. Біреуің барып, сары айғырдың байлауын шешіңдер де оны жетектеп, алда жүріп отырыңдар. Бұған Тастан, сен ептісің. Əрі Мақпалкөлге қарай жүретін жолды жақсы білесің. Осыдан сол маңға барып бір-ақ тоқтаймыз. Ал, Сүлеймен, сен құлынынды қалай алып жүрмек ойын бар? Айдап жүруге жарамайды ол. Сөзге Əріпбай араласты: – Құлынды алып жүру де сөз болып па, Көбеке. Анау бос атқа дəу қоржынның бір жағына құлынды, бір жағына мына тайдың еті мен заттарымызды теңдеп салып алайық. Жетекті Сүлейменнің өзі алып жүрсін. Бəрі осыған келісті. Сүлеймен сəскеден бері еміп, біраз əл жинақтаған құлынды қуалап жүріп ұстап алды да, төрт аяғын бүктеп, басын жоғары қарата қоржынға салды. Қоржынның екінші жағына ет пен басқа заттарды теңдеп атқа артты. Бие жануар оқыранып, оның жанынан кетер емес. Ұрылар аттарды алдарына салып айдағанда да, бие оларға қосылмай, Сүлейменнің жетегіндегі аттың соңынан ерді де отырды. Осылайша, алдарына бір үйір жылқыны салған Көбек
бастаған топ, түнімен жол жүре отырып, таң ата Өгемнің бір жырасына келіп тығылды. Бұл жерде бір күндерін өткізіп, үшінші күні сапарларын əрі қарай жалғастырды. Төртінші күні азанда Қырыққызды айнала өтіп, Қасқасу басындағы Досалы жайлауының үстінен түсті. Сүлеймен кешелі бері Көбекке: «Нағашы, Досалы би бізге жылқыдан үлес беретін болса, маған мына құлынды биені алып беріңіз», – деп айтып келе жатыр еді. Онысын Көбек те құп көрген. Енді Досалы жайлауына жеткен кезде оны тағы да пысықтап қойды: – Қазір Досалының ауылында менің үлесім туралы ұмытып кетпегейсіз. – Сенің құлынды биеге əбден есің кетіп, айтқан əңгімем жайында ұмытып тұрсың-ау деймін. Досекең осы жерде отыр деймісің. Бұл жер «Досалы жайлауы» деп аталғанымен, ол кісі Сайрамсудың жағасындағы ауылында отырады. Біз қазір жылқыларды оның осындағы малшы жігіттеріне санап өткіземіз де, өзіміз Досалыға кейін барамыз. Досекең сенің қалауыңа «жоқ» дей қоймас. Мына сөзге Сүлеймен қуанып кетті. Керегетастың батыс жағындағы қысы-жазы мал қарап отыратын Досалының жігіттеріне ұрылар жылқыларды санап өткізіп жатқан кезде Сүлеймен бие мен құлынды байлап, əлекке түсті. Құлынның енесі дəу бие. Оған қарап: «Енең дəу ғой. Бірақ атаңның кім екенін білмесем де, сен маған лайық жарамды айғыр боларсың», – деп қайта-қайта құлының жалынын сипап мəз болды. Көбек барымта малдарды Досалы жігіттеріне өткізіп болған соң айтты: – Аттарыңа қоныңдар. Досекеңнің ауылына барып бір-ақ демалайық. Ұрылар біраз жүрістен соң тау етегіне түсті. – Нағашы, айтыңызшы. Сіз ғой, жаңағы үйірді біреулерге санап өткiздiңіз де, өзіңізге бір жылқы да алмай, кете бардыңыз. Мен осыны түсінбей келе жатырмын. – Сенің түсінбейтін нəрсең əлі көп, Сүлеймен. Одан да «Азанда алдымыздан шығып, бізді қарсы алған кімдер еді?»– деп сұрасаң нетті. Бар ойың бір құлынды биеде болып, жан-жағыңда не болып жатқанын ұмытып кеттің. Қазір Досалы: «Керегетастың басында не көрдің, бала?» – деп сұраса не айтпақсың? Бірақ əзірше сені кінəлауға да болмас. «Қыран қанатын жазудан бұрын, аяғымен тебуді үйренеді»
дегендей, сен алдымен ұрылардың құпиясынан гөрі олардың жасырынатын жерін біліп алғаның жөн. Түн жортып, бір жақтан мал айдап келу екінің бірінің қолынан келеді. Əрине, қорықпайтын жүректі болса. Бірақ сол малды қайда сіңіру керектігін кім еді, əлгі... екінің бірі дедім бе, əй, білмейді-ау. Оны мен де білмеймін. Біздің Досекеңнің ақылдылығы мен ептілігі де осында ғой. Қанша мал айдап келсең де ізін білдірмей, суға батқан тастай етіп жібереді-ау, сабаз. Сен азанда малшылар біз айдап əкелген жылқыларды бір шатқалға айдап кіргізгенін байқадың ба? Дегенмен ол жер шатқалға кіретін қақпадай болып көрінгенімен ішкі жағының бəрін құз қоршаған ен жайлау. Оған бір үйір емес, бірнеше үйір жылқы сиып, қысы-жазы жайылып жүре береді. Одан шығар қақпа да, оған кірер қақпа да біреу-ақ. Бір онда емес, Құдай өзі қолмен жасап қойғандай тасқамал жайлаулар арғы таулардың ішінде де көп екен. Алайда оларды белгілі біреулер болмаса, кез-келген адам біле бермейді. – Кешегі біз барған Шыршық жақта да, анау қырғыз бен Əулиеата жақта да сіз секілді баукеспелер көп қой. Солар осы «тас қамал жайлауларды» білмей ме? Бұлай деуімнің мəнісі – өздері жақтан ұрланған малдарды іздеп келіп, тауып алмай ма дегенім ғой. – Атақты баукеспелер қай жердің болса да ой-шұқырын жақсы біледі. Бірақ оларда ұрланатын мал жоқ. Ал малы ұрланған бір байға ара түсіп, із кесіп жатса, оның бұл жерден тірі кетуі екіталай. Алда- жалда іс ушығып бара жатса, ондайды Досекең өзі реттейді. Оған біздің араластығымыз болмайды. – Досалының өзі дəу, əрі шешен кісі ме? – Оның қандай адам екенін қазір көрерсің. Ол кісіні дұшпандары «ұры» деп өсектегенімен, Құдай оған бақ пен дəулетті қатар берген. Сен секілді ол да Төле бидің ұрпағы. Пейілі кең, қолы жомарт кісі. Жоқ-жетімге қарасқыш. Көңілі түскен кісіге астындағы атын бере салатын мəрт. Досекенің жас кезінде сиқым Қасымбек датқа бас болып, осы өлкедегі төрт Дулаттың игі жақсылары жиналып, Жолан балаларына бір би сайламақ болыпты. Соның алдында ғана Шінəлі би өліп, Жоландар біраз уақыт басшысыз қалса керек. Сонда жұрттың бəрі жабылып, Жəнəділдің немересі Бəйірбекті «би болуға лайықты» деп шулапты. Сол кезде төрде отырған Қасымбек датқа: «Жə, шулай бермей қоя тұрыңдаршы. Ата жолымен қарасақ, Бəйірбек би болуға лайықты-ақ. Оған батамызды беріп, қолына бидің ақ таяғын
ұстатайық. Бірақ менің көңілімде бір күдік бар. Бəйірбекті біз би сайлағанымызбен, зəуiмде ол билікке ие бола алмайды-ау. Билікті мен мынау екі-үш атадан бері ошағының түтіні дұрыс шықпай келе жатқан Досалыдан көріп отырмын. Келешекте жұртты Бəйірбек емес, осы өзіне иіріп əкетпесе, қане», – деген екен. Бұрынғы даналардың айтқаны қиыс кетпеген ғой. Сол Қасекең жарықтықтың айтқаны тура келді. Бəйірбек биліктің шылбырын ұстап отырса да, тізгінді Досалы алып қойды. Зорлықпен емес, ақылмен алды. Айтыспен емес, абыроймен алды. Бұл күнде Досалымен санаспайтын адам жоқ. – Осынша атақ-абыройы бар кісі қолына ұры ұстайтыны несі? – Мұны түсінуге ақылың жетпейтін баласың-ау, əлі, жиен. Сен алдымен Досалымен біраз аралас-құралас болшы. Сонан соң мұның мəнісін өзің-ақ түсінерсің. – Жаңағы сіз айтқан Қасымбекті жұрт біресе «датқа» дейді. Біресе «болыс» дейді. Осы болыс пен датқаның айырмашылығы не? – Ертеректе, орыстардан бұрын бізді қоқандықтар билепті. Сол қоқандықтар шалғайдағы өздеріне қарасты жұрт арасынан бір-бір өкіл тағайындаған ғой. Ондай өкілдер хандыққа жиналатын алым-салықты, ел арасындағы дау-дамайды, тағы басқа сол сияқты істерді реттеп отырған. Қоқандықтар мұндай кісілерге датқа деген ат берген. Менің бала кезімде біздің өлкені орыстар басып алды. Əлі есімде, бір ауылға мылтық асынған екі-үш орыс келсе, қазақтар қайда тығыларын білмей, інін таппаған тышқан секілді жорғалап, жандары қалмайтын. Өздерін көріп, онсыз да үрейі ұшқан жұртты одан беттер жанын алайық дегендей, əлгі жезді мұрт, шикіл сары орыстар ауыл үстінен мылтық атып, елді улатып-шулатып, мазаққа айналдыратын. Тіпті, онша-мұнша көңіліне жақпаған адамдарды атып та тастай салатын. Менің əкемді де солар өлтірді. Онда мен он алты жаста едім. Əкем рахметтік Шымқалаға жүн-жұрқа апарып сатып келе жатқанда, Сұлтанрабаттың маңында бір топ орыстың əскеріне тап болады. Орыстар қоржыны томпайып келе жатқан əкемді ұстап, бар затын тартып алады. Ауыл арасында тентектігімен аты шыққан əкем, топ орыстан қаймықпай, төбелесе кетеді. Бірақ көп адам қойсын ба. Жабылып ұрып тастайды. Ұрып тастағаны былай тұрсын, атын тартып алып, өзін жаяу жібермек болады. Мұны сезген əкем жанына жақын тұрған аттылы орыстың басына қамшымен бір ұрып құлатады да,
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 490
- 491
- 492
- 493
- 494
- 495
- 496
- 497
- 498
- 499
- 500
- 501
- 502
- 503
- 504
- 505
- 506
- 507
- 508
- 509
- 510
- 511
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 500
- 501 - 511
Pages: