“Сибирская жизнь”, “Биржевые ведомости”, “Каспий” газеттерін, “Новая иллюстрация”, “Сибирские вопросы” журналдарын жаздырып алды. Кітапханаға күн сайын 29 басылым келіп тұрды. Бұл кітапхананың материалдық жағынан біршама жақсы жабдықталғанына, оқырмандармен белсенді жұмыс жүргізгеніне дəлел болады. 1911 жылы Міржақып Дулатұлы Семейге ауысады, бірақ оның соңынан полицияның аңдуы түсті, бұл жерде ол бір жарым жыл өмірін түрмеде өткізеді. Р.Марсеков пен М.Дулатұлының Петропавлдағы түркі кітапханасымен байланысы көрсеткендей, “Алаш” қозғалысына қатысушылар да көрнекті қазақ ағартушылары секілді, кітапхана ісін ұлтазаттық қозғалысында ағартушылық жұмыстың құрамды бір бөлігі деп қарады. Қазақстандағы алаш зиялы қауымының дүниетанымдық тұғырнамасы мен саяси платформасы, міне, осылайша біртіндеп қалыптасты. Бұл кезде Верный (Алматы. — ауд.) тұрғындары ішінде де полицияны қызықтырғандар болды. Олардың бірі — Бадретдин Сейфуль-Мулюков. Жетісудағы мұсылман қозғалысына қатысқаны үшін ол 1913 жылы Полиция департаментінің бақылауына ілікті. Одан да ертерек, 1909 жылы Омбы округтік сотының қызметкері Хисаметдин Мулюков те бақылауға алынған болатын. Ол Райымжан Марсековті жақсы біліп, араласып қана қойған жоқ, онымен достық қарым-қатынаста да болды. Сол 1909 жылы Райымжан Марсеков əртүрлі сот істерінде қорғаушының (адвокат) қызметін көрсетуді ұсынған хабарландыруларын Омбының газеттері арқылы əлденеше рет беріп тұрды. *** Əдетте, əр тараудың соңында айтылғандарға қорытынды жасап, фактiлерге, сипатталған оқиғалар мен адамдарға жалпы тұрғыдан баға берiп жатады. Бұл жолы бiз олай етпеймiз. Дұрысы анықтамалықтарға, библиографиялық көрсеткiштерге, кiтап каталогтерiне, мұрағаттық қордың тiзiмдемелерiне үңiлiп қарау болса керек. Тек солар арқылы ғана жаңа деректер табуға немесе өз болжамдарымыздың дұрыстығына көз жеткiзуге болады. Жарлы ауылының тұрған жерi туралы ескi
деректер алаңдата бередi. Ойша Қуаныш кентiне ондаған рет барып қайтамын, бiрақ мiнсiз, айқын жауап таптырмайды. Тағы бiр жол бар (оны тексеру керек) — 1897 немесе 1926 жылдардағы санақтарда Қуаныш немесе Жарлы атауы болуы тиiс. Бұл — жеке кiтапша. Онда уездiң картасы да болуы тиiс. Өкiнiшке қарай, карта жыртылған. Мəтiндi оқимын. Зайсан уезi бойынша 9 болыс бар. Оның бiр бөлiгi революцияға дейiнгi Көкпектi, Қызылтас, Құлжан, Тарбағатай деген атауларын сақтаған, ал одан əрi болыстардың мүлде жаңа атаулары: НорЗайсан, Сталин, Комаровская, Максимовская деп көрсетiлген. Революцияға дейiнгi он жетi болыстың орнында ендi тек тоғызы ғана бар. Демек, шектес жатқан көптеген ауылдар ауылдық кеңестер мен болыстарға бiрiккен. Зайсан болысының кенттерi мен ауылдары назар аудартады. Олардың атаулары — Тополев Мыс, Песчаный, Скоблевский, Бурханка пикетi. Бұл НорЗайсан көлiнiң оңтүстiк жағасымен түйiсе келiп, батыста Тополев Мыс өңiрiнен басталатын аумақ екенi түсiнiктi. Болыстар тiзiмiнде Сталин болысы бар. ХХ ғасырдың 20жылдарындағы қайраткерлердiң ой қисыны адам таңғаларлық. Сталин өзiнiң елу жылдығын атап өтпей жатып-ақ, мұны естiген əлдекiм Зайсан қазаншұңқырында тұтас бiр болысты оның атымен атаған. Сөйтiп, жаңа атау алған Сталин болысындағы жер атаулары бiзге таныс: Қара Ертiс ауылдық кеңесi, Радостный ауылдық кеңесi, Кендерлiк ауылдық кеңесi. Демек, Кендерлiк болысы Сталин болысының құрамына енген. Болыстар iрiленген. Ал Радостный ауылдық кеңесi дегенiмiз — бұл Қуаныш деген қазақ атауы. Бəрi дұрыс, Радость-1 жəне Радость-2 дегендер бұлар ескi ауыл қыстауларының жəне Жарлы кооперативiнiң жаңа қонысының атаулары. Ендi бұл атау қазақ тiлiнде сақталған. Сталин болысының бiрiншi ауылдық кеңесiнiң көптеген шаруашылық бiрлестiктерiнiң Қара Ертiстiң төменгi сағасындағы орындарда қыстаулары болды, олар: Алқабек, Қонақай түбек, Бозайғыр, Сеңгiркөл, Қабырғатал, Қызылағаш, Алпар, Сарыөлең, Шолақбұлақ. Сталин болысы, №1-ауылдық кеңесiнiң ауыл-қыстаулары көптеген шаруашылықтарды қамтиды: мысалы, Ақылбек 8 киiз үйден, Смайыл 2 үйден, Қырыбай 14 киiз үйден, Белес 14 үйден, Дəулетбай 7 үйден,
Едiге 9 үйден, Қотадың 12 үйден тұрды. Осы 76 шаруашылықтың бəрiнiң де қыстаулары Жарлыда болды. Осы 76 қыстауда 1926 жылы тұрған адамдардың көпшiлiгi Мiржақып Дулатұлынан оқыған жəне оны жақсы бiлетiн адамдар болды. Жəне Ф.Щербин экспедициясының материалдарында Жарлы қонысының қашықтығы жөнiнде келтiрiлген мəлiметтер де дəлме-дəл келедi. Демек, мен тағы да үлкен қуанышпен, осы күнгi Қуаныш кентiнiң аумағын ойша аралаймын. Қонақай өзенiнiң жағасындағы өткен шаққа кеткен ауылдың орнынан жетпiс алты киiз үй мен басқа да құрылыстарды жадымда жаңғыртып көремiн. Алайда Айырқұм жағынан, шығыстан жылжыған құм жоталар қуанышымды басып қала бергендей болады. Ал Мiржақып Дулатұлының Қоянды жəрмеңкесiне жасаған сапары туралы не айтуға болады? Мен бiрақ қабақтары түйiлген қарсыластарымның ыза араласқан көңiлсiз үндерiн естiгендей боламын. — Тұра тұрыңыз, сiз бiздi əлi Жарлы ауылын тапқаныңызға сендiре алған жоқсыз, сөйте тұрып, Дулатұлының Қоянды жəрмеңкесiне барғанын айтпаңыз! — дейдi олар. Мейлi, қарсыластарының не дегісі келсе де өз ерiктері. Олар сұрақ қояды, ал менiң оларға жауап беруiм ғана керек. Өйткенi бұл əңгiменiң бəрiн мен өзiм ойлап таптым ғой. Егер iзденiс пен болжамдар болмаса, онда пiкiрталас та тумас еді. Бiрақ ендi бəрi аяқталды — Жарлы ауылы табылды.
Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы туралы цензуралық материалдар ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының əрбір жылы маңызды əлеуметтік-экономикалық жəне қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болды. Солардың ішінде 1909—1910 жылдар қазақ қоғамдық ойы мен мəдениеті үшін маңызды кезең болды, ХІХ ғасырдың соңынан бастап олар жаңа шепке шықты. Қазақ зиялы қауымының ресейлік қоғамдық құрылысқа қарсылығы күшейді, қазақ кітап басу ісі ілгері басты. 1904 жылы Петербургте Шоқан Уəлихановтың шығармалар жинағы шықты. 1909 жылы сонда Бораганский баспасынан ұлы қазақ ағартушысы Абай Құнанбаевтың кітабы, сол жылы Ахмет Байтұрсыновтың “Масасы”, 1910 жылы Уфада М. Дулатұлының өлеңдер жинағы “Оян, қазақ!” жарық көрді. Ал Қазанда сол кезде оның “Бақытсыз Жамал” романы шықты. Келесі 1911 жылы Орынборда “Оян, қазақ!” жинағы қайта басылды. Біраз уақыт өткеннен кейін цензура оның идеялық бағытын анықтауға кірісіп кетті. Алғашқы дабылды Қазан қаласындағы цензор В.Смирнов көтерді. Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” өлеңдер жинағының бірінші басылымы туралы шуды да дəл сол бастаған болатын. Қазақ кітабын цензуралауға билік ерекше назар аударды. Кітаптың екінші басылымы туралы құжатта куəлік сақталған, 1911 жылдың 19 қыркүйегінде Баспа істері бойынша Бас басқарма Қазан қаласының Баспа істері бойынша уақытша комитетіне былай деп хат жолдады: “Орынбор губернаторының 3 қыркүйектегі №9341- қаулысында айтылғандай, Орынборда шығатын “Уақыт” (“Вакыт”. — ауд.) газетінің баспаханасынан өзінің мазмұны бойынша панисламизм идеяларын таратуға қызмет ететін, қырғыздар арасында орыс үкіметінің қазіргі саясатына наразылықты өршітуге бағытталған қырғыз тіліндегі “Оян, қазақ!” (“Пробуждайся, киргиз!”) деп аталатын кітапша басылып шыққан, сонымен бірге “Жұмбақ” (“Загадка”) мақаласында Ұлы мəртебелі Императордың қасиетті құзырына жəне барлық орыстарға дөрекілікпен тіл тигізеді. Кітапшаның осындай мазмұнына байланысты, оның авторы Дулатұлы Орынбор
губернаторының хабарламасында көрсетілгендей, 2-п.п. жəне 6- баптың 129-қылмыстық пункті бойынша сот жауапкершілігіне тартылған. Жоғарыда айтылғандарға байланысты жəне Баспа істері жөніндегі Бас басқармада бар мəліметтерді назарға ала отырып, аталған кітапша Баспа істері жөніндегі Қазан Уақытша комитетінің қарауына өз уақытында ұсынылды, бірақ олардың тарапынан қылмыстық іс қозғалады, Бас басқарма аталған комитетке сөз болып отырған шығарманы қайтадан жəне оның шынайы мəн-мағынасы бойынша толық көңіл бөліп қарауды, сондай-ақ бұдан былай заң талабына сəйкес əрекет етіп, анықталған жайларды басқармаға жеткізуді ұсынады. Қол қойдым: Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың бастығы Бельгард. Тіктім: іс басқарушы үшін С. Казанский”. Бұдан əрі хат алмасу былай жүрген: 1911 жыл, 21 желтоқсан. Баспа істері жөніндегі бас басқарма Баспа істері жөніндегі Қазан уақытша комитеті: 9 желтоқсандағы №1953-ұсынысқа орай Баспа істері жөніндегі Бас басқарма Қазан уақытша комитетіне мынаны хабарлайды: “Дулатұлының “Оян, қазақ!” (“Пробуждайся, киргиз!”) кітапшасына салынған арестті алып тастау туралы Саратов сот палатасының қаулысын іс жүзіне асыру мəселесі жөнінде комитет, жоғарыда аталған сот палатасы прокурорының ісі бойынша жазылған пікірді Бас басқармаға жеткізу туралы нұсқау алады”. Сонымен бірге басқарма Қазан уақытша комитетіне осы жылғы 18 қарашадағы ұсыныста талап етілген мəліметтерді хабарлауды тездетуді ұсынады. Қол қойдым: Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың бастығы Бельгард. Тіктім: іс басқарушының міндетін атқарушы граф Головин”. “1912 жыл, 1 наурыз Баспа істері жөніндегі Бас басқарма Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитеті.
Баспа істері жөніндегі Бас басқарма С.-Петербург комитетіне осы жылдың 23 қаңтарындағы №998-ұсыныста талап етілген мəліметтерді хабарлауды тездетуді ұсынады. Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың бастығы Бельгард. Іс басқарушының міндетін атқарушы Головин”. 1912 жылдың 6 наурызында Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитеті Баспа істері жөніндегі Бас басқармаға былай деп хабарлады: “Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитеті қырғыз тілінде “Оян, қазақ!” деген атаумен шыққан Мир Якуб (Міржақып. — ауд.) Дулатұлының кітабы туралы шығыс тілдеріндегі басылымдарды қараушы толық статс кеңесші Смирновтың ұсынылған баяндамасын түпнұсқасынан оқып шығып, талқылап, баяндамашының “Жұмбақ” (“Загадка”) деген өлеңнің мазмұнында Қылмыстық заңның 128- бабында айыпталған қылмыстың белгілері бар, сонымен қоса “Қырғыз жерлері” (“Киргизские земли, VI тарау) жəне “Біздің таршылық жағдайымыз туралы бірнеше өлең-мадақ” (“Несколько стихотворений- од насчет нашего стесненного положения”, Х тарау, І жəне ІІІ) деген өлеңдерінде жергілікті тұрғындардың орыс қоныс аударушыларына жеккөрушілік өшпенділігін қоздыратын— Қылмыстық заңның 129- бабындағы 6-пунктте айыпталған қылмыс белгілері бар деген пікірімен толық келіседі. Жоғарыда баяндалғандарды Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың қарауына ұсына отырып, 23 қаңтардағы №998ұсынысты орындауға байланысты, Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитеті мынаны хабарлайды: Дулатұлының кітабы Уфа қаласында басылғандықтан, Бас басқарманың өткен жылдың 1 маусымындағы №6334-ұсынысына орай, бұл басылымға қазіргі кезде арест салуға жəне оның басылып шығуына кінəлі адамдарға қарсы сот тергеу ісін бастау комитетке қиындық тудыруда”. Əңгіме кітаптың бірінші басылымы туралы болып отырғаны айқын. Цензор В.Смирнов бұл кезде кітаптың екінші басылымы да жарық көргенін білмеген. 1912 жылдың 15 наурызында Баспа істері жөніндегі Бас басқарма Баспа істері жөніндегі Қазан Уақытша комитетіне былай деп хабарлады: “Баспа істері жөніндегі Петербург комитетінде, қырғыз
тілінде “Оян, қазақ!” деген атпен шыққан Мир Якуб Дулатұлының (Уфа, 1910 ж., “Каримов, Хусаиновтар жəне К” серіктестігінің “Шығыс баспасөзі” баспаханасы, 100-б.) кітапшасы туралы шығыс тілдеріндегі басылымдарды қарайтын толық статс кеңесші (действительный статский советник) Смирновтың баяндамасы талқыланып, комитет оның мазмұнынан Қылмыстық заңның 128-бабы (“Жұмбақ” өлеңі) жəне 129-бабының 6-пункті бойынша айыпталатын (“Қырғыз жерлері” жəне “Біздің таршылық жағдайымыз туралы бірнеше өлең-мадақ”) қылмыс белгілерін тапты. Уфа қаласында басылған аталмыш кітапша Баспа істері жөніндегі Қазан Уақытша комитетінің құзырына қарайтынын назарға ала отырып, Бас басқарма Қазан Уақытша комитетіне осы хатпен бірге жіберіліп отырған Дулатұлы кітабының шынайы мазмұнын өз тарапынан қарап тексеруді ұсынады”. Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың хат алмасуларынан М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабының екінші басылымының шыққан уақыты айқындалады. Бұл — қаңтар айы. Кітапты баспахана асықпай Петербургке жіберген, ал онда ол ашылмаған күйі жата берген. 1912 жылдың 12 мамырында Баспа істері жөніндегі Бас басқарма маңызды істер бойынша Орынбор округтік сотының сот тергеушісіне мынадай ілкі хат (предписание) жолдады: “Үстіміздегі жылдың 28 қаңтарындағы қатынасхатқа орай, Баспа істері жөніндегі Бас басқарма Сіздің құзырыңызға мынаны хабарлайды: Мир Якуб Дулатұлының “Оян, қазақ!” деген атаумен 1910 жылы Уфадағы “Каримов, Хусаиновтар жəне К серіктестігінің” шығыс баспаханасында басылып шыққан кітапшасының 1-басылымының заңды даналарының саны Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитетінде 1910 жылдың 13 наурызында ұсынылған. Үстіміздегі жылдың 28 сəуірінде Баспа істері жөніндегі Қазан Уақытша комитеті Дулатұлының аталған кітапшасының 1- басылымына арест салды жəне белгіленген арестті бекіту, автор Мир Якуб Дулатұлын Қылмыстық заңның 128-бабы жəне 129-бабының 6- пункті бойынша сот жауапкершілігіне тарту туралы Қазан сот
палатасы прокурорының құзырына жолдаухат жіберілді. Осымен бірге Бас басқарма Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітапшасының 1жəне 2- басылымдарының даналары Бас басқарманың иелігінде жоқ екенін хабарлайды. Қол қойдым: Баспа істері жөніндегі Бас басқарма бастығының міндетін атқарушы граф Татищев. Тіктім: Іс басқарушының міндетін атқарушы граф Головин”. 1911 жылы М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы Орынбордағы ағайынды Каримовтер баспаханасынан қайта басылып шықты. Таралымы — 1000 дана. Таралымның негізгі бөлігін басталған цензуралық аңдудан жасыруға тура келді. Кітаптың сол кездегі бағасы 20 тиын (20 коп.) болды. М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы Қазан губернаторы мен цензуралық комитет үшін шектен тыс радикалдық мəн алды. Оны қазақ тілінен орыс тіліне аударуға Қазандағы тəжірибелі цензор-статс кеңесші (статский советник) В.Смирнов тартылды. Бұл өте сақ адам еді. Ол жасаған М.Дулатұлы кітабының аудармасынан таңдап алынған беттер сақталған. Ол Баспа істері жөніндегі Санкт-Петербург комитетіне ұсынылған. М.Дулатұлының кітабын Смирновпен дерліктей бір мезгілде түркі тілдерін жақсы білетін түркітанушы, цензор Н.Ф. Катанов цензуралады. 1888 жылы ол Петербург университетінің шығыс факультетін бітірген. Сонымен бірге Катанов 1917 жылға дейін Қазан университеті жанындағы археология, тарих жəне этнография қоғамында жұмыс істеді. Оның шығыстанушы жəне түркі халықтарын зерттеуші В.В.Радлов, В.П. Васильев, Н.М.Ядринцев, Г.Н.Потанин, Н.Н.Пантусов, Г.Ахмеров, Ə.Ə.Диваев, М.Н.Бекимов, т.б. адамдармен кең байланысы болды. “Қайраткер” (“Деятель”) журналында Н.Ф.Катанов қазақ кітаптарына кеңінен жазылған аңдатпа (аннотация) пікірлер сериясын жариялады. Бұл орыс-түркі қатынастарын жетік білетін тəжірибелі профессор еді. Міржақып Дулатұлының кітабын аудару мен цензуралау Қазанда, Ташкентте, Омбыда, генерал-губернаторлар кеңселерінде
жүргізілгенін атап өту маңызды. Мəселен, Омбыда аударманы Дала генерал-губернаторы кеңсесінің аудармашысы Мұхан Əйтпенов жасады. Мұхан Əйтпенов Омбы училищесін бітірген, 1893—1898 жылдары Омбы уездік басқармасында аудармашы болып жұмыс істеді. Алайда уезд бастығы Пальчинскиймен келіспеушілігі себепті жұмыстан босатылған. 1906 жылы Мұхан Əйтпенов уездік емес, Ақмола облыстық басқармасына жұмысқа қайта алынды. Сонымен қатар Дала генерал-губернаторының əр алуан тапсырмаларын орындады. Тек 1914 жылы ғана Əйтпенов зейнет демалысына шықты. Аудару жəне пікір жазу барысында аудармашылар М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабының əртүрлі басылымдарын пайдаланды. Жинақтың мазмұны жөнінде азды-көпті түсінік алу үшін цензор В.Смирнов аудармасының бас жағын қарап көрейік. Цензор əр өлеңнің сюжетін қысқаша əңгімелей келіп, сөзбе-сөз үзінділерін орыс тілінде келтіріп отырады. Бастапқы бетіндегі “Оян, қазақ!” сөзінен төменіректе мынадай төрт жол жазылған: “Открой свои глаза, киргиз, подыми свою голову, Чтобы не проводить в темноте напрасно годы. Земля ушла, вера ослабла, положение расстроилось, Киргиз мой, дольше лежать не годится”. В.Смирнов аудармасында 3-4-беттердегі “Сөз басы” (“Предисловие”) орыс тілінде былай берілген: “Весь наш киргизский народ оказывается не имеющим сведений в вопросах полезных. Причина тому следующая: учившихся у нас мало, капля в море, народ наш не городской, а кочевой, живущий повсюду вразброд. Кроме того, нет газет на нашем языке, по которым бы мы знакомились с современными обстоятельствами: газеты, написанные литературным языком наших собратьев — татар, неграмотному народу не понятны, вследствие чего киргизы не могут пользоваться происходящими в мире диковинами и чудесами и уподобляются
народу, спящему в темном углу дворца мира, между тем как наше время с каждым днем меняется. Если вы сравните современное наше положение с тем, которое было 15 лет тому назад, то заметите, что в короткое время мы очутились в значительной тесноте; если мы и далее будем лежать по-прежнему без движения и беспечно, то что станет с нами в ближайшем будущем?!. Будем изучать по-мусульмански науки и знакомиться со своею религиею, закроем глаза неучей и раскроем им сердца, и вместе с сим для будущей жизни обретем благо! Во-вторых, приобретем нужные для сей жизни права и ради сбережения своей земли, и своего скота, и ради избавления себя от презрительного отношения к нам других, будем учиться по-русски и станем в чем-то искусными! В Российском государстве имеется более 140 000 000 человек, говорящих на 109 языках, из которых выше всех стоит русский язык, на котором производятся дела во всех правительственных учреждениях, а также все законы”. (Аудармашыдан: осы жолдарды қазақ тіліне қайта аударғанда былай оқылды): “Біздің қырғыз халқы өзіне пайдалы істерді білуден мақұрым қалған. Оның себебі мынада: бізде оқитындар аз, теңіздің тамшысындай ғана, біздің халқымыз қалалық емес, саны сайдағы, ізі құмдағы көшпенді. Оған қоса бізде өз тілімізде газеттер жоқ, осы заманғы жағдайлармен таныса алмаймыз; біздің бауырларымыз татарлардың əдеби тілінде жазылған газеттер сауатсыз халыққа түсініксіз, соның салдарынан қырғыздар дүниеде болып жатқан ғаламаттар мен ғажайыптарды өз əжеттеріне жарата алмайды, сөйтіп, дүние сарайының қараңғы бұрышында ұйықтап жатқан халыққа ұқсайды, оның бер жағында біздің уақытымыз күн өткен сайын өзгеруде, жаңаруда. Егер сіз біздің қазіргі жағдайымызды осыдан 15 жыл бұрынғымен салыстырып көретін болсаңыз, онда аз уақыттың ішінде-ақ жағдайымыздың айтарлықтай тарылғанын аңғарған болар едік; егер біздер əлі де бұрынғыша қозғалмай, алаңсыз жата берер болсақ, онда жақын уақыттағы болашақта бізді не күтіп тұруы мүмкін?!. Ғылымды мұсылманша оқып-үйренейік жəне өз дінімізбен танысайық, надандықтан арылып, ілім-білім көзін ашайық, сол арқылы болашақ
өміріздің игілігін жасайық! Екіншіден, өз құқығымызды қорғай білейік жəне өз жерімізді жəне малымызды сақтау үшін жəне өзімізге басқалардың менсінбей кемсіте қарауынан құтылу үшін орысша оқиық, сөйтіп, өз қолымыздан өнер тудырарлық халге жетейік! Ресей мемлекетінде 109 тілде сөйлейтін 140 млн адам бар, орыс тілі солардың бəрінен жоғары тұрады, барлық үкіметтік мекемелердегі істер, сондай-ақ барлық заңдар осы тілде жасалады”. Жандарм басқармасы “Оян, қазақ!” кітабының даналарын Сырдария облысының аумағынан тапқан кезде Түркістан генерал- губернаторының өзі де цензор рөлін атқарды. Кітаптың негізгі — “құбыжықты” тұстарын қысқаша, тезис түрінде аудару қажет болды. Поручик Федоров былайша аударды: “Қазақтардың бұрынғы жəне қазіргі жағдайы” аталатын екінші өлеңге қатысты: “Автор бұл тарауда қырғыздар кең-байтақ жері мен қыруар малы бола тұра, орыстар келгеннен соң оларға алып берілген өздерінің ең жақсы жерлерінен айырылды жəне біртіндеп малы да азайып, кедейленіп барады. Осының бəрі бейне бір қырғыздар бұрын қарақшылықпен, қашқындықпен айналысқаннан болып жатқан секілді. Ақыр аяғында, орыстар келіп, қырғыздарды бағындырды. Ол кездері олар халықпен жақсы қарым- қатынаста болады жəне сендердің жерлеріңе тиіспейміз, солдатқа алмаймыз деп уəде берді, сондай-ақ қызмет етуге тілек білдіргендер үшін пайдалы жағдай жасаймыз деп сендірді. Алайда олар бұл уəделерін орындаған жоқ. Егер енді біреулер мектеп ашатын болса, оны сол заматта-ақ орыстардың көз алдында қаралап, мектепті жабады, балаларды орыс мектебінде оқытуды ұсынады. Алайда біздің балаларымыз онда ештеңе үйренбейтінін жəне 3—4 жыл уақытын босқа өткізіп, не оқуды, не жазуды білмей, шала-пұла ғана түсінік алатынын айту керек”. Түркітанушы Н.Ф.Катанов “Қазақтардың хал-жайы” өлеңін былайша мазмұндайды: “Менің арманшыл басымда бір ой туды, енді мен оны дəптер түрінде, ұрпақ жадында өзімнен кейін қалдырғым келеді. Мен мұны ХХ ғасырдың жас адамдары үшін əдейі жаздым.
Жарық дүниеде аз жасасам да, мен көпті көрдім, мен халықты бөлмей- жармай зерттедім; бəрі менің көз алдымда бірдей көрінді, біреуін артық, екіншісін кем деп айтуға болмас еді. Қырғыздардың қандай тайпалардан таралғанын сен ататек шежіресінен біле аласың; сондықтан бұл жерде оған тоқталмаймын, одан басқа неғұрлым сұранып тұрған нəрселерді айтпақпын. Əлемде алуан түрлі адамдар қаншама, əртүрлі діндер мен сенімдер бар, көпшілігі қалаларға орнықты, ал біздің қырғыздар кең далада көше берді. Бұрынғы уақыттарда барлық үш орда бір-бірімен араласып тұрды, олар өздерін-өздері ғана білді, ешбір патшаға бағынышты болған жоқ; орталарынан хан сайлап, сол халықты басқарды, олар халықтың үстінен қарайтын соттың бейнесін алды. Көшіп жүрсе де, жері мыңдаған шақырымға созылды, барлық тараптардан өзендер мен бұлақтар ақты, жер бетін көк жасыл шөп жайқалтты; қой төлдеп, бие құлындап жатты, бірақ ешкім де жер тарлығынан азап тартпады. Ол кездері біздің қырғыздардың əрқайсысы өз ақылымен өмір сүрді, олардың сырт жағында жаулары да болды. Күштілер əлсіздерге шабуыл жасады, сөйтіп, бұрын-соңды болмаған ауыр күндер туды. Кімде-кім шабуыл жасап, адамдарды өлтірсе, оларды батырлар деп атады, бұл батырлар кедейлердің есебінен өмір сүрді. Егер біз халыққа ақылмен пайда келтіруді ойлаған болсақ, қазіргі уақытта осындай жағдайға түсер ме едік? Ел ішінде араздық ұлғайды, əркім өз басын күйттеп, бірінбірі сырттан аңдыды, осылайша жауларына жем болды. Басараздық пен тайталастан туысқандық арасына жік түсті, басқаның малын қуып, ұрлық жасап, бірін-бірі тонауға көшті, осылайша көңіл де, жер де тарылды. Сөйтіп, қырғыздар “Екі құзғын таласса, бір қарғаға жем болар” деген мақалда айтылатын жағдайды өздеріне тілеп алды. Мұның аяғы қырғыз халқының бөлшектеніп, бөлінуіне əкеліп соқты, хан да аяғын жерге нық басып тұра алмады. Əбілқайыр ханның тұсында
халық орыс патшасына бағынды. Патша: “Сені əділ басқарамын, дініңе де, жеріңе де тиіспеймін; бір оқ шығармастан, қылышыңды жалаңдатпастан, маған өздігіңнен берілгендіктен, мен сені ренжіте алмаймын!” — деді. Бұрын қырғыздарды хандар мен сұлтандар басқарды; солардың бəрінен бас тартып, біз енді қазіргі мүшкіл жағдайымызға жетіп отырмыз. Ертеңгі күнін ойлаған көп адамдар шен мен шекпен қуып, билік дəрежелеріне қол жеткізді; өз халқын сатқан, олар тек қара басының ғана қамын ойлап, қырғызбен ісі болмады. Біздің қырғыздар қалың тұманға кірді: арты — жар да, алды — ор, бұл қалай? Адасқан бауырларының алдында жүріп, жол бастайтын адамдар қайда? Егер қырғыздар осылай кете берсе, не болмақ, аурудың емі қалай табылмақ? Егер халық білімге ұмтылмайтын болса, онда олар бұл тығырықтан шығады деп ойламаймын, өйткені өнер мен ғылым өздігінен келмейді. Тізгін қолдан шығып кеткеннен кейін өз билігің өзіңде емес; Өзгеге тəуелді халық сергіп серпілмейді, басын көтермейді, жарасына тұз сепсе де, ештеңені сезінбейді”. Кітаптағы бұл тұжырымдар қазақ жұртшылығы 1905 жылы көтерген əйгілі Қарқаралы петициясымен қай жағынан болса да үндес, рухтас. Онда (петицияда) былай делінген: “Қолданыстағы Дала ережесі қырғыз өмірінің қазіргі жағдайына сəйкес келмейді. Егжей-тегжейлі айтпай- ақ, Дала ережесінің 120-бабын еске алуға болады, ол бойынша жер қоғамдық пайдалануда болады, ал “қыстау” деп аталатын қысқы қонысты жеке қожайынның немесе бірнеше киіз үйлі отағасының тілегіне орай сыйға тартуға не сатуға болады, сондықтан Дала ережесін қырғыз депутаттарының қатысуымен өзгерту қажет, онсыз бұл ереженің ешбір мəні жоқ. Болыс кеңселерінде ісқағаздары орыс тілінде жүргізіледі. Тұрғындар тарапынан бақылаудың болмауы себепті олар болыс басқарушысы (болыс старшинасы) писарінің қанауына ұшырайды. Дала генерал-
губернаторының айрықша өкімі бойынша, үкімдер мен халық соттары төтенше съездерінің шешімдері орыс тілінде жазылады, бұл жағдай писарьдің сот пен тараптардың рөлі жоқтығын пайдаланып, өз мүддесі үшін ойына келгенін істеуіне жол береді. Дала өлкесінің қолданыстағы ережесі бойынша, уездік жəне облыстық басқармаларда қырғыз тілі аудармашысының штаты қарастырылған. Алайда жергілікті əкімшілік аудармашының қызметіне қырғызша сауаты жоқ орыс шенеуніктерін тағайындайды. Ал қырғыздардың мүддесі үшін: болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қырғыз тілінде жүргізу, аудармашы қызметіне қырғыз тілі мен сауаттылығын білетін адамдарды қою, қырғыздардың өтінішін өзінің ана тілінде беру жөніндегі бұзылған құқығын қалпына келтіру қажет”. Цензорлардың орыстардың құлағына түрпідей тиетін сөздер мен сөз орамдарын іздеген əрекеттері бекершілік еді. Қоныс аудару эпопеясы да, парақорлық пен төрешілдік те ресейлік шындықтың барлық жерінде орын алған құбылыс болатын. Осыған ұқсас жайлар Н.В. Гогольдің “Ақыл азабы” (“Горе от ума”), “Ревизор”, “Өлі жандар” (“Мертвые души”) шығармаларында да жазылған. Бұл шығармаларға қатысты да цензура қарсылық білдіріп, оны саудадан шығарып тастауды талап ететін мемлекетке қарсы шығарма деген айып тақты. Міржақып Дулатұлының кітабы бойынша тексеру, талдау жəне айыптаумен шұғылданған басқарма, департамент, əкімшілік мекемелердің тек жағрафиясының өзі-ақ таңғалдырады. Бұл қалалар Ресей империясының айтарлықтай бөлігін алып жатты, олар: С.- Петербург, Ташкент, Қостанай, Омбы, Семей, Саратов, Торғай, Верный, Пішпек, Қазалы, Петропавл, Томск. Ал Міржақып Дулатұлы ойларының кеңдігі мен батылдығы сонда — ол патша үкіметінің жəне оның саясатының атына мақтау айтпайды, өз туыстары қазақтарды дамыған қоғам биігіне көтерілуге шақырады. Ол надандық пен жалқаулықты айыптайды. Мұнда да ол қазақ əдебиетіндегі жаңа дəстүрді — “Зар заман” ағымының сарынын тиімді пайдаланады. Шындықты бояп көрсетуші кез келген зымиян адамдар ойшыл ақынды қылмыстық сотқа тарту үшін толып жатқан үзінділер тауып жинауы
мүмкін. “Оян, қазақ!” кітабында М.Дулатұлы қазақтың көптеген кемшіліктері мен міндерін ашып айтады. Əрине, жастықтың албырт асқақтығы да жоқ емес, алайда мұның өзі де көбінше қазақ халқына деген жақсы тілектен, оның ауыр жағдайына жаны ауырғандықтан туған. Тек жақсылықты айтумен, жағымды мадақ сөздермен ғана өмірді жақсарту мүмкін емес. Міржақып Дулатұлы айтарын ашық та ашып айтты, ол былай деді: “Қазақ қалың ұйқының құшағында қозғалмай жатыр; осылай жата берсе, ол өрт құшағында қалмас па; басқа халықтар азуын айға білеп жатқанда, біздің қазақ тұяқ серіппей ұйықтап жатыр. Ештемеге қолы жетпей, надан қалпында қалды; білімді халықтармен араласпады. Басқалар, мысалы, алтын мен күміс болғанда, біздің қазақ — жай ғана қара темір секілді. Бəрі қытымыр, сараң болып алды: білімділер өз білімін таратпайды, бай басқаға қараспайды. Егер жүзден біреу шығып, қазаққа пайдалы іс жасаса, тоқсан тоғызының ауызы бірікпейді. Көпшілдік, ауызбірлік, шынайылық ешкімге керек емес секілді, байлар, мырзалар, ел басқарушылар жемісі жоқ ағашқа ұқсайды”. Түркістан генерал-губернаторы Ташкентте М.Дулатұлы кітабының тағы бір аудармасын жасауға өкім берді. Аударма саяси жағына баса мəн беру арқылы жасалынды. Оны губерниялық хатшы, Түркістан генерал-губернаторының аудармашысы, коллеждік асессор Бахтығани Илькин орындады. Аударма мəтінінде былай делінді: “Өткен уақыттарда Қазақ елін хандар биледі — аға сұлтандар жол көрсетті, бірақ қазіргі кезде бұрынғының бəрін тастап, заңға бағындық. Көп адамдар билік қуып кетті, оған қолы жеткендер өздерін құдірет иесі санап, қарапайым халықты естен шығарды. Сөйтіп, халық қалың тұман ішінде қалды: арты — жар да, алды — ор. Адасқан халықты тұйықтан алып шыққысы келетіндер өте аз. Егер халық осы қалпында қала берсе, онда не болмақ? Аурудан айығу үшін ем іздеу керек, бірақ егер халық білім алмайтын болса, жағдайы оңалады деп мен ойламаймын. Сенің тəтті жемісің ащы болып шықты, қолыңнан мүмкіндіктер шығып барады, соған қарамастан сен сілкінбейсің, ал сенің жараңа тұз себуде”. М.Дулатұлының ескертулері М.Тынышбаев көтерген тұжырымдармен үндес. Ол былай деген болатын: “1730 жылға дейін қазақтар саяси
жағынан дербес өмір сүрді жəне үш орданың одағына (тұрақты болмаса да) бірікті, елді сұлтандар басқарды, олар — шығыс моңғолдардан шыққандар, қазақтар өздерін моңғол нəсілінің ең алыс бұтағынанбыз деп санайды жəне бəрінен бұрын Қазан мен Қырым татарларына, əсіресе соңғысына көбірек бейімділік танытады. Жоғарғы билік ақсақалдар жиналысының ырқында болды. Сұлтандар соғыста қол бастады, олар атқарушы билікке ие болды. Жан-жағынан жаулары: қытайлар, жоңғарлар, қалмақтар, башқұрттар жəне орыс-казактары қыспаққа алған қазақтар 1730 жылдан бастап орыс қол астына бағына бастады, ал 1865 жылы Қоқан хандығына көшіп жүрген соңғы еркін далалықтар бағынды. Орысқа бағыныштылықты қабылдаған қазақтар орыс халқының қарамағында бола отырып, Ресей тарапынан аналық махаббатты сезінуге ешқандай құқығы жоқ өгей баланың күйін кешеміз деп өңі тұрмақ, түсінде де ойлаған емес-ті. Үкімет саясаты жəне қазақтардың қазіргі хал-жайы өз əрекеттерінен үлкен үміт күткен қазақтардың қаншалықты алданғанын айқын көрсетті”. Қазақтардың Петербургтегі жоғары мекемелерге жолдаған өтініштері мен петицияларының барлығының басында қазақтар 1731 жылы, Əбілқайыр ханның тұсында Ресей қол астына өз еркімен кіргендігі туралы жағдай ерекше атап өтілетін. Бұл бағыныштылықтың себептері ашып айтылмады. Мұның да өз себебі болды. Əбілқайыр ханның қадамы көптеген жайларға байланысты еді. Ең алдымен, қазақ қоғамы Қазақ-Ресей сауда байланысына кеңінен мүдделі болды. Бұл жағдай ХVІІ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі барлық келісімшарттық қатынастардан көрінеді. Қазақтар шаруашылығының құрылымы, негізінен, мал шаруашылығымен шектелді, алайда қазақ қауымы астыққа зəру болды, өйткені өсірілген тары мен бидайдың мөлшері ішкі қажеттіліктерді өтеудің ең төменгі деңгейін де қанағаттандыра алмады. Сонымен қатар қазақтар өңдеушілік өндірістің өнімдеріне, темірден жасалған бұйымдарға, ұсақ қолөнер заттарына мұқтаж еді. Осының бəрі қазақ сұлтандары мен хандарының өздерінде де жеткілікті болмады. Əбілхайыр үшін Жоңғар факторы — Жоңғар хандығынан төнген қауіп-қатер де мəнді болды.
Алайда ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы бағыныштылық туралы мəселені мүлде басқа жағынан көтерді. Мұндағы басты фактор мынадай болды: халық жерімен бірге, бағыныштылықты өз еркімен қабылдаған екен, демек, онда өзінің автономиясын қайтарып алу да ешқандай қиындықсыз іске асуы тиіс. В.Смирнов, М.Дулатұлының “Қазақ халқының бұрынғы жəне қазіргі хал-жайы” деген шығармасын аудара отырып, былай деп ескертеді: “Мақалада қазақтардың кең даладағы бұрынғы еркін өмірі батыр деп аталған қарақшылардың зорлығымен, өзара қырқысумен жəне өкпе- реніштермен өзгерді, сөйтіп, жағдай Ресейге бодандықты қабылдаумен аяқталды деген ой айтылады. Мақала қазақ зиялылары бірігіп, өзінің халқы туралы жəне “мəдениет” деп аталатынды іс жүзінде өмірге енгізуді ойлануы тиіс: өркениетті халықтар алдыға озып кетті, енді қазақтарға да “ұйқы құшағында жата беруге болмайды, қазақты ояту керек” деген тілекпен аяқталады”. М.Əйтпенов аударған бұл өлеңдегі “Сенімнен, елім, айырылма, малың да құрбан, жаның да; өкінбесіңе сонда бəс тігем, бəс үшін тігем басты мен” деген жолдарға Бас цензуралық комитеттегі əлдекім белгі соққан. Осыдан кейін В.Смирнов “Қазақ халқының бұрынғы өмірі” өлеңінде: “Бұдан əрі ғылым мен өнердің жаңа жетістіктеріне — теміржолға, телеграфқа, автокөлікке, телефонға, əуе қатынасына, электрге, телескопқа, фабрикалық, жер өңдегіш машиналарға, т.б. панегирик (мадақ сөздер) айтылады”, — деп жалғастырады. Бұл үзіндіні М.Əйтпенов: “Қазақтар, онда сіздерді бұрынсоңды көрмеген құбыжықтар күтіп тұр, егер бəріне шыдай беретін болсаңыздар, онда сіздер Монай шаманға ұқсайсыздар. Сондықтан аяқ-қолдарыңыз бос кезде қимылдап қалыңыздар, əйтпесе тыпырлауға да шамаларыңыз келмейтін күн туады” деп өте түсінікті аударған. Бұл мəтінді петербургтік цензор өткір ұшталған қарындашпен қоршап қойған. В.Смирновтың М.Дулатұлы кітабының бұл жеріне мəн берместен панегирик деп атағанына келер болсақ, онда бұл цензордың нені түсінбегенін көрсетеді. М.Əйтпенов неғұрлым кең де дəл аударған:
“Ғылым ғажаптарын жырға қосамын, оқырмандар, өздеріңіз ойланыңыздар. Ғылыммен не нəрсеге қол жеткізуге болатынын суреттеймін, ал сіздер отырып мені тыңдаңыздар. Атпен алты айда жетпейтін жерге теміржолмен тез жетіп барасың. Телеграф арқылы жердің екінші шетінен қас қаққанша хабар аласың. Автокөлік атсыз-ақ өзі жүйткиді, өзіңді аударып кетпеуі үшін қолмен оны басқарасың. Ғылым су мен отты пайдаланады жəне ұзақ қашықтықпен телефон арқылы сөйлесесің. Мұхитты жердегідей меңгерді, бұрынғы қолайсыздықтар келмеске кетті, мұхитта балықша жүзесің, толқынмен бірге қалаған жағыңа барасың. Ауамен ұшып, жерге қайта қонатын құрал ойлап табылды, бұған “Əуе шары” деген ат қойылды. Əлде мұндай ғажапты бұрын адам баласы көріп пе еді?” Қазақтар үшін техника мен өнеркəсіптік өндіріс сиқырлы күшпен бірдей болды. Міржақып бұл туралы да жаны ауыра жазады. Қазақы шаруашылық Орта Азияның көршілес аймақтарымен, Батыс Сібірмен бəсекеге түсе алмайтын еді. Қазақтардың шаруашылық қызметінің жалғыз ғана тұтынушысы Еділ жағалауы (Повольжье) болды. Ол жерде мал шаруашылығы өнімдерін пайдаланатын адамдар тұрды. М.Дулатұлының “Бұрынғы уақыттағы өмір көріністері” деген өлеңін Б. Илькин былай аударған: “Қазақ үшін көштен қызық еш нəрсе жоқ. Жастар жүйрік аттарға мініп, біріне-бірі сəн-салтанатын көрсетеді. Жайлауда көл жағалай ақ боз үйлер тігіледі, қалауынша ішіп-жейді. Əйелдер мен қыздар еркін көңіл көтеріп, той тойлайды. Қазіргі кезде əркім өз ісімен əуре, бəрі де азға қанағат етуге əдеттенген, кеңдікті армандамайды да. Біздің мүсəпірлігімізді көре тұрып, сен өзіңді басқалармен тең адаммын деп санай аласың ба? Ресейде 20 млн мұсылман бар, бірақ олардың ауызбірлігі жоқ. Мысалы, біздің қазақтар қазіргі кезде басқа халықтармен қатар тұра алмайды; біз өзіміздің қалағанымызды ала алмай, қайғы шегеміз; бізді көргендердің бəрі біздің қапаланып жатқанымызды біледі, бірақ мырзалар, бұл да əлі аз, қараңыздаршы, алдағы уақытта бізді бұдан да ауыр жағдайлар күтіп тұрған жоқ па?” “Сайлау туралы” тарауын Н.Ф.Катанов былай аударған:
“Болыстық сайлау белгіленгелі 40 жыл өтті. Егер осы сайлауға көз салып қарасаңыздар, ол шектен шығып кетті. Бай да, мырза бағлан да болыс басқарушы болу үшін ақша шашады. Біреу ұйқысыраған адамша міңгірлеп: “Менің би болғым келеді” дейді, екіншісі: “Менің үйімді жұрт бидің үйі деп атайтын болады” деп көпіреді, үшінші адам болса: “Қалайша мен олардан қаламын?” деп желпінеді... Тағы біреу: “Менің (онымен) əкем бір, мен де сен алғанды аламын!” деседі. Жолын тауып, ол да соған ұмтылады, егер дегеніне жете алмаса, кеудесіне қайғы толады. Сайлаудың басталуы бастыққа (шенеунікке) мың сом əкеледі, əлде оның жанында басқа орыс адамы жоқ па? Стражниктер мен писарьлар да сый-сияпат алады, сонымен қатар аудармашыға да бермеуге болмайды. Кім ақшаны көп шашса, болыс басқарушы сол болады, сайлау осылайша үлкен дүрмекпен өтеді; көп ақша шығындап, сайланған адам жыл бойы оны халықтан жинайды”. “... Біреу екіншіні жазықсыз жазаға ұшыратады, егер ұрлық болмаса, онда барымта жасайды: жанжал, төбелес, ұрыс-керіс үстінде біздің халық құмар ойынға кіреді”. “... О, менің қазағым, халқым, бұл əдетті тастайық! Халықты түзу жолмен бастайық! Болыс басқарушысы, бидің лауазымы дегендер де мемлекеттің ретке келтіре алмайтын нəрселері ме?” Одан соң жинақта “Қазақ жері” өлеңі берілген. В.Смирнов оны былай аударған: “1731 жылы біз Ресейдің қол астына ендік. Біздің ешқандай өнеріміздің жоқ екенін білгендер қазақ баласын аясын ба? 1868 жылы бүкіл жерді қазыналық деп жариялады. Жыл өткенде жер де, су да тарыла бастады, ер адамдар қалаға ағылды. Ежелгі дəуірлерден бері елді ақсақалдар билеген! Бұған мəн бермеуге бола ма? Темірді қызғанда соқпай, өз бауырыңның көз жасына қалай жайбарақат қарай алмақсың? Біздің даңқты ата- бабаларымыздың зираты көшенің ортасында қалған жоқ па?!
Шалқар көлі, сылдырап аққан бұлақтар, кең-байтақ көш жолы, орман- тоғайлар — осының бəрін ойласам, менің жүрегім қайғыдан от болып жанады! Егер енді қалған жеріңнен айырылсаң, малыңды қайда жаймақсың?! Қарапайым халық ақылын тауысты, егер тұйықтан шығар жолды білсең, айтшы қане, ол қайда?! Бізге ащы сулар мен шөл дала ғана қалды, жақсы жердің бəріне егін егіп тастады; енді малыңды тауға айдайсың ба, тасқа жаясың ба? Қоралы қой, үйірлі жылқы тек байларда ғана бар. Жерімізге топ-топ мұжықтар келіп, жайылымдарымызды тартып алып, байып жатыр. Əлде олар да біздің көшпенділер секілді жалқау ма еді? Енді жеріміздің тарылғаны сонша, жыласаң да, жалынсаң да сөзіңді ешкім керек етпейді, егер жан басына 15 десятиннен жер берер болса, онда сен онымен не істейсің, о, қазақ халқы?” Бұл мəтіннің мазмұнын басқа ретте В.Смирнов басқаша түсіндіреді: “Автордың “Қазақ жері” мақаласы қазақтардың ата-бабаларының зираттарының үстіне өздерінің қоныстарын тұрғызып алған мұжықтарға, яғни орыс қоныс аударушыларының иелігіне барған сайын көптеп өтіп жатқан қырғыз жерінің тарылып бара жатқаны туралы автордың күрсінісіне толы”, — дейді ол. М.Дулатұлы кітабы аудармасының бес нұсқасы ішінде түпнұсқаға неғұрлым жақынырағы Н.Ф.Катановтың жəне В.Смирновтың аудармалары болып табылады. Өлеңнің нақты мазмұны жəне идеялық бағыты да сол жылдардың басқа бір қоғам қайраткері М.Тынышбаевтың түсінігімен үндес келетінін айта кетуге болады, М.Тынышбаев былай деп жазған еді: “Үкімет барған сайын жаңа жерлерді алып жатыр, қыр қазақтары жайылымға жəне егін шаруашылығына жарамды жерлерден іс жүзінде айырылуда. Қоныс аударушылар қайтадан кетіп жатыр, жер телімдері иесіз қалуда, соған қарамастан жер кесіп алу жалғасуда. Қазақтар бір-біріне тығылып қысылуда, жер үшін талас-тартыс, дау-жанжал туып, кісі өлімі болуда. Қазақтарды мал шаруашылығынан егін шаруашылығына өтпей жатыр деп кінəлайды, бірақ олардың иелігіне берілген тақыр
дала мен құм үстінде адам түгілі аң да тіршілік ете алмайды. Енді жайылымдық алқаптар өте тарылып кетті, соның салдарынан қазақтар малды күйлендіру үшін жиі-жиі көшіп-қонатын əдетін тастауға мəжбүр болып отыр. Қыстыгүні ығында мал аяғымен жайылатын орман-тоғайларды да алып қойды. Қысқы мал азығы үшін шөп шауып алатын жер қалған жоқ. Даладағы қарлы боран, тайғанақ мұз жəне малдың қырылуы жиілеп кетті. Қазақтардың мал шаруашылығының статистикасы тіптен де сенімсіз. Егін шаруашылығымен шұғылданатын жер енді дерліктей жоқ. Қазақ халқы неліктен тез кедейленіп бара жатқаны жəне бақытсыздығы, өзінен кем емес көршісі башқұрттардың жаппай ашығуы мен қырылу тарихын жақын уақыттарда-ақ қайталауға мəжбүр екендігі осыдан-ақ түсінікті. Қазақтар үшін жер мəселесі, сөзсіз, ең маңызды нəрсе; бұдан əрі жерді алып қоюға жəне олардың мүддесінің аяқасты етілуіне енді көз жұмып қарап отыру мүмкін емес. Керең күңкіл сөздер барған сайын қаттырақ естілуде, кейбір жерлерде ашық толқуға ұласуда. Мінеки, бүкіл қазақ халқын бас-басына, құқықсыз дала пролетариаты жағдайына түсірген үкімет саясатының жалпы жəне қысқаша сипаттамасы осындай!” “Қазақ жерлері” өлеңін М.Əйтпенов былайша аударған: “Мұжық келді, қара бұлттай қаптап бір, келе бермек, көше бермек, қазақта ұлтарақтай жер қалғанша, баса-көктеп келді де, егін егіп, байып алды. Олар біздің халқымыз сияқты жалқау емес. Енді біз жер тарлығын сезіне бастадық, бірақ олардың аяғына бас ұрғаннан пайда жоқ. Егер жан басына 15 десятиннен жер берсе, жағдайың қалай болмақ, қазағым?” Петербургтік цензор бұл өлеңге нашар ұшталған қарындашымен қатты шүйлігіпті, ол үшінші абзацтан басқа барлық жолдарды басынан- аяғына дейін сызып шыққан. Сірə, кейін айыптау қорытындысына дəл осы мəтін енгізілген болса керек. М. Дулатұлы жинағындағы келесі өлең “Мешіт пен медресе туралы” — бұл мұсылмандық тақырыпқа арналған арнайы тарау. Оны Н.Ф. Катанов былай аударған: “Қырғыздар мұсылмандық туы астында өмір сүреді, жазық далада көше жүріп, олар күндіз де, түнде де демалмайды, олар дұға бағыштаудан да жалықпайды.
“Мен мұсылманмын” дегенмен, бəрі өзінен-өзі жасала қалмайды, қазіргі күнде көптеген халықтар сенімді қадағаламайды, қырғыз киімін киіп, қырғызша сөйлеумен ғана өзіңді ислам парыздарымен байланыстыра алмайсың. Егер сен мешіт салсаң, үздік оқымысты адамдардан имамдар таңдап алсаң, егер байлар қайырымдылық жасап отырар болса, онда дұрыс болған болар еді. Бейнет қайда — қырғыз сонда, ал дінге келгенде алға басқан қадамы кері кетеді; егер бұл айтқаным дұрыс емес болса, о қырғыз, онда менің бетіме түкір де, “Мұның өтірік” де. Қырғыздардың көп жерлерінде мешіт жоқ, мұның себебі миссионерлер мен поптарда; екіншіден, халықтың өзінде де шын сенім жоқ, исламға жол қалай ашылмақ? Егер біреу ың-дыңсыз мектеп ашса, онда екінші біреу оны бастықтарға өсектейді. Көптеген адамдардың ниет-пиғылы мен ісі түзу емес. Көзді кеңірек ашатын күн туды енді, байлардың кедейлерге көмектесетін, ғылым үйрену мақсатымен əлемге саяхат жасау үшін надандықтың бұғауынан босанып шығатын кез келді. Бұл қырғызда дұрыс медресе де жоқ, балаларды текке қинайды, оларды тізерлетіп отырғызып қойып жəбірлейді, тек күн батқанда ғана босатады. Егер əлде бір бала жаза өтеу кезінде күліп қойса, онда оны дереу қытайша сызғышпен ұрады; егер ол 3—4 жыл оқып мектеп бітірер болса, соның өзінде де жазуды оқи алмайды. Кейбір молдалар міндеттерін білмейді, басқалардың өзін мырза деп атағанына ғана марқаяды; кім өліп, кім құрбандық шалады, олар тек соны ғана аңдиды, егер көз салып қарасаңыздар, олардың көпшілігі қазір сондай. Олардың “Такдим”, “Тафхим” жəне “Тахрис” шығармаларымен ешбір ісі жоқ, олар əріп пен санды ғана жаттатады; олардың өздерінің мінез- құлқы шариғатқа қайшы келіп тұрғанда, халықты қалай үйретпек?
Ғылымға құрмет көрсетпейді, өйткені олардың өздері надандық шырмауында, балаларды оқытатын жер де таза емес, сабақты олармен бірге қозы-лақ та қоса тыңдайды. Егер біз ғылымға өзіміз қол созбайтын болсақ, ол бізге өзіненөзі келе ме? Білімді халықтардан үлгі алыңыздар, надандық əдетін тастайық!” В. Смирнов өзінің аудармасында қазақтарды сенім мен адалдықтан айырыла бастағаны, дін мен ілімге мал шығындағысы келмейтін сараңдығы үшін, ал молдаларды балаларды дұрыс пиғылмен оқытпағаны үшін кінəлайды дейді. Бұл айтылғандар Қарқаралы петициясындағы мына жолдармен үндес келеді, онда былай делінген: “Дала ережесінің 99-бабы бойынша, медресе (мектеб) ашу жəне мешіттер салу үшін Дала генерал- губернаторының рұқсатын алу талап етіледі. Алайда жаңа мектебтер ашу мен мешіттер салуға рұқсат етілмейтінінің үстіне, əкімшілік тіпті Семей мен Көкшетаудағы мешіттердің жанында жұмыс істеп тұрған мектебтерді де жауып тастады. Осы айтылғандарға байланысты ар-ұждан бостандығы, дін бостандығы қажет, Дала өлкесі қырғыздары үшін айрықша, ведомстволарға тəуелсіз, сайланбалы өткен басқарма ұйымдастыру, мектептер мен мешіттер салудың ашық тəртібін белгілеу жəне қырғыз, татар, араб тілдерінде шығатын діни кітаптарға цензураны жою, метрикалық жазбаларды діни басқарма органдарына беру жəне шетелдік төлқұжаттар берудің заңды тəртібін белгілеу”. М. Əйтпенов “Мешіттер мен медреселерге қатысты” деген өлеңін былай аударды: “Қырғыздарда Мұхаммед үмбеті деген ат қана, тыныштық көрмей, пайда іздеп, күні-түні кең дала төсінде көшіп жүреді жəне мүмкіндігі болғанда Құдайға дұға бағыштамайды. Мəселе тек мұсылман атанып жүруде ғана емес, өйткені қазіргі кезде көптеген адамдар дінді қадағаламайды. Ал қырғызша сөйлеп, қырғызша киінгеннен Құдайға құлшылық тумайды.
Егер тиісті уақытын құр жібермей барып, дұға оқып, мешіт салса, лайықты имам ұстаса, ал байлар шамасы келгенінше вакуф жасаса, жақсы іс дегеніміз сол болар еді. Қырғыз, ауыртпалыққа құстай ұшып жетесің, ал сенімге келгенде кері кетесің, егер менің сөздерімнен аз да болса өтірік тапсаң, онда менің бетіме түкір. Көп жағдайда қырғызда мешіт жоқ, мұның себебі — миссионер-поп; екіншіден, халықтың өзі де керенау, сондықтан біздің жеріміз бен су- көлдеріміз азаюда, олар орыс шаруаларының қоныстарына өтуде. Халықты басқаратын, құрметті ақсақалдар, сіздер мұны ойланасыздар ма?” Енді “Сенімге қатысты қазаққа насихат” өлеңінің М.Əйтпенов жасаған басқа бір аудармасына тағы да назар аударып көрейік, онда былай делінген: “Егер осындай тəртіп орнайтын болса, онда қырғыз сенімге қатысты алғанда діни жиналысқа бағынуы тиіс; сонда сенімге жол ашылып, ол бекемірек болар еді. Əрбір болыста халық өз ортасынан сайлаған, біліміне қатысты мүфтиден алған куəлігі бар сайланған молда жəне оған кандидат пен азаншы болсын. Олар үшін орыс тілін білу міндетті емес, олар неке қию мен ажырастыру, мұрагерлік істерін, жаназа шығару жəне жас балаға ат қоюды шариғат жолымен жүргізер еді. Егер сайланған молданың уақыты болмаса немесе мүмкіндік таппаса, онда ол өз атынан басқа молдаға өкілеттілік берер еді, ал некелестіру, ажырастыру жəне мұрагерлік істерін мүмкіндігінше молданың өзі шешкені жөн. Сайланған молданың шешіміне риза болмаған тараптар уездік ахунға, ең соңында діни жиналысқа шағым жасай алар еді. Егер осылай болатын болса, онда бұдан біз əділетке ашылған есік көреміз. Əрбір болыста бір мешіт болғаны жөн. Мешіт ұстаушы прихожандар, сонымен қатар бала оқытатын медресені де өз қамқорлықтарыңа алыңдар; медресеге жұмсалатын қаржыны земство төлейтін болады. Медреседе екі молда ұстау керек: біреуі ғылымды мұсылманша, екіншісі орысша оқытсын жəне оқытуды педагогика ережесі бойынша жүргізу керек, міне, сонда қырғыз алға басар еді. Аталған тілектердің бəрі қанағаттандырылған жағдайда жəне қырғыз өмірі шариғат қағидаларымен басқарылса ғана қырғыз халқы риза болмақ. Біздің халқымыз бейне бір шариғатты біле тұра аяқасты ететін
секілді, мысалы, бір адам шариғатқа бойсұнуға келісіп, бірі содан өзіне зиян тапқан болса, ол шариғаттан бас тартады. Молдалар уақыт талабына сай білімге ие емес, олардың көбі қарапайым қырғыздан төмен. Аздап бірдеңені біле салып əлдекім молда атанады да, орынсыз да мақсатсыз құр босқа таласады жəне өзінің білімсіздігін түсінбейді де, міне, өзінің шамасын білмейтін шын сорлылар осылар, жетік білім жоқ жартыкеш молда сенімді бұзады; О, Құдайым, бізді, осындайлардан сақтай гөр. Егер жауларың зұлымдықтың күшімен сені бөгеп тоқтатпағанда, онда сен қатардан қалмаған болар едің. Сен барлық уақытта ғылымның соңына түсіп, алға ұмтылған болар едің, тек қорқақтар мен қуыс кеуделер ғана үйінде тығылып қалар еді. Аты аңызға айналған қаһарман батыр секілді қиын сəттерде сенің дауысың халыққа үлкен күш берер еді, Құдай да сізді қолдар еді. Егер өлсең — орның жұмақта, ал тірі болсаң — еңбек еткенге төр ұсынар төреші де сен, қырғызды алға бастап апар, еңбегің үшін ел құрметке бөлесін. Ойы сергек жастар, уақытқа қарап бой түзе, өзіңді ғана ойламай, халық игілігі үшін қызмет қыл, кедейді байға сатпа, олардың көз жасына қалма, өксігін бас. Саған біз: “Егер ер болсаң, атойлап ортаға шық, соның уақыты туды; қайтпас қайсар ретінде жарысқа түс, бейшара қорқақтарға ұқсама; егер озып келсе, сенің бағыңды ешкім тартып ала алмайды, ал күндес жауларың артыңда шаң қауып қалады; халқыңның бақыты үшін басыңды тік ұста”, — демей тұра алмаймыз. Егер “Алаш” ұраны айтылса, кім өз қанына тартпас? Мұны түсінерсіздер деп ойлаймын, оған ақыл-парасатымызбен асықпасақ, онда қазіргіден де зор ауыртпалықтарға душар боламыз. Зұлымдықтан аулақ бол, əділет жолынан айныма, ар-намыстың биік тұғырына көтерілетін жолдан ауытқыма!” Осыдан əрі М.Əйтпенов аудармасын былай жалғастырады: “Қырғыздың сүйексіз ет екенін білген əркім-ақ оны жеп тойынады. Құдайға шүкір, біз аз емеспіз, алты миллион халықпыз. Надандықтың батпағына батсақ, біздің мақтанатын ештемеміз қалмайды, даладағы жабайы аңға ұқсап қала береміз. Басқа халықтар ғылымның соңына түскенде біздің
намысымыз неге оянбасқа! Өркениетті халықтар мен біздің арамыздағы кеңістікті жай көзбен қарап біле алмайсың? Надандыққа мас болдық, жақсыны жау санап, жаманға үйіршектейміз. Бізде ескінің бəрі құрметті орында, жаңа енді туып келеді. Егер ескі əдеттен арылмасақ, одан халыққа пайда жоқ. Өзімізге-өзіміз жау болып тұрғанда өзгеге жем болмау мүмкін бе? Егер жалпы халықтың пайдасы туралы əңгіме бола қалса, қырғыз оны тыңдамайды, оған сенбейді, қанша арпалыссаң да, басы бірікпей бет-бетімен кетеді. Кінəмізді басқаға артуға шеберміз, өз ішімізде түсіністік жоқ. Əлде бұлай емес пе? Ойланайық... Бірлігіміз жоқ, біз артта қалған алауыз елміз, сондықтан ғылым мен өркениетке қызықпай, надандықтан айырылмай келеміз”. Мұндай ой-тұжырымдар М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” жинағына дейін жарық көрген М.Тынышбаевтың мақаласында айтылды. Алайда М. Тынышбаев өз мақаласында бұл мəселеге мейлінше түбегейлі өзгерістер тұрғысынан келеді. Мəселен, ол былай деп жазды: “Мешіттердің, медресе мен намаз оқитын үйлердің жабылуы, діни кітаптардың бақылауға алынуы мен кəмпескеленуі, қырғыз тілінде Евангелияны тарату жəне оны қабылдағысы келмегендерге Сібірге жер аударылу қатерін туғызу, қырғыз діни училищелерінде миссионер мұғалімдер сабақ жүргізетін міндетті орыс тілін оқыту туралы бұйрықтардың шығарылуы, қырғыздарды мылтықтың дүмі мен қылыштың жүзін сүйіп тұрып ант беруге мəжбүрлеу, қырғыз балаларын миссионерлік дуалдарға қамап, оларды православтар деп жариялау, қырғыз тілінде өтініш пен арыз жазуға тыйым салу жəне болыс кеңселеріндегі ісқағаздарын орыс тілінде жүргізу, басқа да дөрекі түрде жəбірлеушіліктің тұтас тізбегі жəне тұлға мен оның ар- ұятын қорлау — осының бəрі, мырзалар, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында болып отыр жəне бұлар адамдар да, Құдай да ұмыт қалдырған алыс аймақтарда күні бүгінге дейін жалғасуда”. М.Тынышбаевтың Ташкенттегі орыс тіліндегі газетте жарияланған бұл тұжырымдарымен М.Дулатұлы таныс болды ма, жоқ па, бұл жағы белгісіз. Белгілісі — М.Тынышбаевтың мұсылманша білім берудің сөзсіз басым болуын жақтағандығы, оның бұған күмəні болған жоқ.
Екінші жағынан, М.Дулатұлы тұжырымдары Қарқаралы петициясының идеясымен өзектес болып келеді. Бұл қазақ зиялы қауымының жалпы идеясын жасаудағы белгілі бір сабақтастықты көрсетеді. Қазақ қауымын христиандандыруға келсек, бұл болған жағдай, ал М.Тынышбаев оның салдарына баса мəн берген. Оның үстіне ол орыстар мен қазақтарды бір-біріне қарсы қоймайды. Қазақтардың ауыр жағдайын ол қоныс аударушы шаруалармен емес, патшашылдық саясатпен байланыстырады. Ташкенттегі аудармашы поручик Федоров əрбір шығарманы тақырыбымен жəне біржақты атап өтеді, өте қысқа баяндайды. В. Смирнов Дулатұлының “Өз өмірін халық пайдасына арнаған біздің оқығандарымызға” мақаласын, керісінше, алдыңғы қатарлы қазақтарға патетикалық үндеу рухында аударып, оларды өз халқының игілігі үшін өз бетімен жұмыс істеуге ынталандыратын мазмұнын ашып көрсетеді. Бұл сөздерден Міржақып Дулатұлының өз халқының ұлттық санасын оятуға шақырған үні естіледі, Қарқаралы петициясының тұжырымдарын дамытудағы халықтың рухани мүмкіндіктерінің көзін ашуға тырысады. М.Дулатұлы кітабының келесі тарауы өлеңдер топтамасынан тұрады. В.Смирнов ол туралы: “Біздің қысылған мүшкіл халіміз туралы бірнеше мадақ-өлең” тақырыбымен берілген топтамада жалпы тақырыпқа тиісті кейбір сөздерінде ғана жеке ой əуендері байқалатын сегіз элегия бар”, — деп жазды. Ал Н.Ф.Катановтың аудармасында бұл тұс басқаша көрінген: “Қырғыз көзін ашпай, қалың ұйқы құшағында жатыр, үйден өрт шықса да сезер емес, басқа халықтардың бəрі алға озып кеткенде біздің халқымыз аяғын басуға ерініп, артқа шегінуде. “Дала, дала” деп жүріп, білімді халықтардан үлгі алмай, надандықтың қамауында қалдық, басқа халықтар алтын мен күміс болса, біздің қарапайым қырғыз халқы қара тасқа ұқсайды. Əркім өзінше сараң, байлар малын санауды ғана біледі, білім ұрығын сеппейді; егер кімде-кім пайдалы бір іс бастай қалса, менің қырғыз халқым оны сан-саққа жүгіртіп өсектейді.
Егер жүз адамның біреуі бірігу туралы айтса, онда 99-ы оның алдында қаратас болып жатып алады, “бостандық”, “адамгершілік” жəне “құқық” деген үш сөзді берік ұстанбайды. Біздің байлар, мырзалар мен ел басшылары қурап қалған жеміссіз ағашқа ұқсайды”. Тақырыпсыз өлеңді Н.Ф.Катанов былай аударады: “Қырғыздардың өз тілінде баспадан басылып шыққан кітаптар жоқ; оның есесіне надандығы мен жалқаулығы мол, ұмтылыс жоқ; əр күн сайын қатері күшейіп келе жатқан кеселді сылып тастар құрал қай дəрігерден табылар? О, менің, қырғыз халқым, өмірімізді жақсартатын құралды біз қайдан таба аламыз? Білетіндер неге əрекетсіз отыр? Біздің қырғыз балалары сүйексіз етке айналғаннан кейін, əркім-ақ оны жеуге əуес. Біздің халқымыз басқалармен жарысқа түсу үшін өнер дəнін өсірсе еді; басқа ұлттар ғылымды меңгеріп, алдыға озып кетті, олар бізден көз жетпес алыста кетіп барады”. Б.Илькин М.Дулатұлы кітабының 36-37-беттерін мына түрде аударған: “Кім өзінің білімін жақынына беретіні туралы. Менің арыстаным жолбарыс жүректі, қыран көзді, өзінің күшін аямай, халық игілігі үшін күреседі. Қырғыз басқа халықтардан артта қалмасын деп, тек сол үшін ғана шабатын жүйрік сəйгүлік секілді, сені жауларың ізіңмен қуып келе жатса да, сен оққа ұшпайсың, сойылға жығылмайсың. Сен аузы алты құлаш айдаһармен айқасудан қорықпадың, халқың үшін өміріңді сарп еттің. Сен үшін қырғыз ұялған жоқ, сені айла-шарғымен болмаса, ешбір жау ашық жеңе алған жоқ. Сен қырғызды өрге сүйреп, оны қол жетпес биікке қойдың. Зерделі де алғыр жас, өзіңді қоршаған қозғалыс пен прогрестің мəніне ой жібер, өз пайдаңды ғана ойлама, халық пайдасы үшін жұмыс істе, кедейлерді жылатпа, оны байларға сатпа. Егер сенің ерік-күшің бар болса, көрсет оны — уақыт жетті. Сен жүйрік ат секілді бəйгеге қосылдың, нашар көтерем арық болып қалма, есіңде болсын, егер
бірінші болып келсең, сенің басың бағалы болады. Егер ортаға “Алаш!” деген ұран тасталса, сен сол жерден табылуға тиіссің”. Омбылық аудармашы М.Əйтпенов М.Дулатұлының мəтіндерін айқын да бейнелі аударған: “Əрбір деміміз кеудеден жалын болып шығады, езілген халықты тұйықтан алып шығар кім бар? Біздің қырғыз — өзінің күш-қуатын есепсіз шығындап, далада көшіп, мал баққан халық, малдың да пайдасын көрмейді. Əлде ол алысты болжай алмай, алданған жоқ па, өзінің құқықтарынан айырылмады ма? Өзінің алдында не күтіп тұрғанын білмеді, жолында құрылған қақпанды көрмеді. Мүмкін, ХХ ғасырда халық ішінен бір-екі ер азамат шығар. Жастар, білім мен ғылымды қолға алыңдар, біздің қайғымызды жеңілдетіңдер. Егер жастар еуропалық білім алса, неге қуанбасқа. Тиісті білім алып, ол ел ішіне тұқым шашады, сонысымен де қараңғыда адасып, құрып бара жатқан ағайындарын дұрыс жолға шығарады. Білімге келгенде қырғыз керең, соқыр, өз басының амандығына ғана марқайып жүре береді. Əлде барша алаш атанғандардың көзінен қанды жас аққан жоқ па?” Бұдан əрі М.Дулатұлының “Ұстазға хаты” бар. Ташкенттік аудармашы Б.Илькин оны былай аударған: “Мен сізге хат жазып отырмын, өйткені менен алыстасыз, сондықтан Сізге жанымды мазалаған мұңымды шағып, бетпе-бет отырып, кеңесіңізді сұрай алмаймын. Сіз діндарлар жетекшілерінің бірісіз. Бір адамның басында байлық та, абзалдық та болатын күн қайда? Біз қараңғы сарайға қамалған секілдіміз, одан бізді кім алып шығады, меніңше, бұл сарайдың есігінің кілті Сіздің қолыңызда... Мен жəне Сізден сұраймын, егер Сіз өз сөзіңізді айтар болсаңыз, жақсы болар еді, қырғыздар да қараңғы қапастан құтылар еді, біздің балаларымыз алғыс айтар еді. Егер біз оларға ешқандай жəрдем бермесек, онда олар бізді кім дейді? Онда енді ұйықтамайық, ұйқы бізді ұялтып жерге қаратады”. Бұдан əрі осы аудармашы М.Дулатұлы кітабының жесірлер мұңы тарауын былай аударған: “Қырғыздарда дау-жанжал көп, бірақ мұның себебі бар, мұның бəрі оларға əлдеқашаннан əдет болып кеткен, олардың əдет-ғұрпы шариғатпен де, заңмен де үйлеспейді жəне осы жанжалдардың бəрі тек жанжал үшін ғана жасалады. Сырттай қарағанда адам сияқты өмір сүргенімізбен, бірақ бізде жанжал мен ұрыс-керіс бітпейді.
Атабабаларымыздан қалған əдет бойынша бірде-бір той жанжалсыз өтпейді. Қараңыздаршы, қазіргі кезде де ең болмаса бір той жанжалсыз өте ме? Осының бəрінің себебі бар, ол мынадай: бесікте жаңа туған ұл бала мен қыз бала жатыр, əкесі мен шешесі оларды атастыруға асығады, ал бұл балалар өскенге дейін өте көп уақыт өтеді, олардан сол кезде мылқау, соқыр, керең, таз жəне есуастар шығады. Мұндай жағдайдан не күтуге болады? Əрине, мұндай жағдайда жастардың бірін-бірі ұнатып сүюі мүмкін емес. Оларды бүкіл өмір бойы қалай бірге ұстап тұруға болады? Кейде 6 жасар баланы бойжеткен қызға атастырады, егер ата-аналарында ақыл болса, онда олар бұл екеуі бір- біріне лайық жұптар бола ма, ересек қыз 5 жасар баламен теңесе ала ма дегенді неге ойланбайды? Егер 50—60 жастағы қарт адамның əйелі қайтыс болса, оған 15 жасар қызды қалыңмалға бола зорлап береді. Үлкендер өз жолымен жүре жатар, ал жастар, сендерге менің айтар өсиетім сол — бұл жағдайда сендер өз жолдарыңды табыңдар, бақытсыздықтан құтылыңдар. Бай қырғыздар көп əйел алады, бұл пайғамбардың жолы деседі, оларды тең ұстамайды, күнəға батам деп ойламайды; бірінші əйелін бəйбіше деп атап, ұрпақ қамы үшін екінші əйел алдым деп ақталады; үшіншісін жұмысқа салу үшін алады, ол күң есебінде қызмет етеді; төртіншісін де алады — ол қайтыс болған туысының жесірі болғандықтан, оның келісімінсіз, дəстүр бойынша мұра есебінде алады. Əлде пайғамбар жолы осы ма? Нашар қыз ешқашан да жақсы əйел бола алмайды, бүкіл өмір бойында сол қалпында қалады; ондай əйелдің күйеуі оны өзіне тең санамай, əрбір басқан адымы үшін жазалап отырады. Оны да Құдай жаратқан, ол да басқалармен тең, бірақ күйеуі оны адам құрлы көрмейді, ал оған өзінің теңі табылар еді. Біздің діні бір ағайындарға қарайықшы: татар, оларды біз көріп отырмыз, ал оларда біздегідей алауыздық жоқ. Татарлар қалыңдық айттыруға асықпайды, балалары үшін қалыңмал бермейді, кəмелет жасқа келгенге дейін олардың балалары оқу оқиды, міне, неліктен олардың қыз-бойжеткендері қырғыздікіне қарағанда білімді болып келеді”.
М.Дулатұлының үш бөлімнен тұратын “Бозбалалар” өлеңі аудармашы Б.Илькиннің тəржімесінде былай болып оқылады: “Егер жақсы бойжеткен жас жігітке тең болса, олар бірін-бірі сұлуландырады; ал егер ол қыз нашар адамға ұзатылса, еріксіз рухы түсіп қадірі кетеді. Мұндай жағдайда оның жас өмірі қор болады, оны байлық бақытты ете алмайды; оның есесіне нашар күйеу өзінің түсінде де көрмеген əйелге үйленгенін мақтан етеді; ол өзін бай адаммын деп санап, əйелін жəбірлеуден арланбайды. Мұндай жағдайдан шығудың жолын таппаған бақытсыз əйел өзінің тағдырына налиды. Сенің ақылың мен байлығың пайдаға ассын. Бұл дүниеге біз қонақпыз, ақылмен өмір сүру бізге артық емес. Өзіңді түсінбейтін нашар қызға сөзіңді шығын етпе, егер ол сені түсінетін болса, одан қашпа — өзіңе тең жарың болса, өмірің де бақытты болмақ; сыртқы сұлулығына еліктеме — ол алдамшы, кейін өкініп жүрмеуің үшін ішкі жан дүниесіне үңіл. Жастық шақта күлкі мен ойын гүл секілді, біз бір-бірімізді көңілді кездесулерге шақырамыз. Біз өзімізді де, қолда барымызды да аямай, өзімізге əсем сұлу əйел іздейміз. Егер біреу сұлу қызға үйленсе, оны күндейміз, бірақ қалай болған күнде де адам қателеспей тұрмайды. Қызғаншақтықтан пайда бар ма? Бірақ біз өз қателіктерімізді түсінбейміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсам: достар, біз білімнің бəрінен де қымбат екенін білмейміз”. Дулатұлы өз кітабын аңыз формасында пайдаланды. Бұл əдеби жанрға А.Байтұрсыновтың ізінше назар аударды. М.Дулатұлының өзі былай деп жазды: “А. Байтұрсынов — халықтың ақыны. Оның ақындық қызметі И.А. Крылов аңыздарын қазақ тіліне аударудан басталды. Өзінің бүкіл өмірін қараңғы қазақ жұртын ағартуға арнаған адам, оның негізгі идеясы мынада: ақын ретінде А.Байтұрсынов поэзияны қазақтарды қанаушы монархиялық Ресейдің саясатына қарсы күрес құралына айналдырады. Крылов аңыздарын аударуды қолға ала отырып, ол, ең алдымен, аңыздардың балалар мен ересек адамдарды тəрбиелеудегі орасан зор маңызына мəн береді. Ол аудару үшін қазақтарға түсінікті жəне оның рухына сай келетін аңыздарды таңдады.
Өз өлеңдерінде А.Байтұрсынов махаббат жырын жырламайды, əйелді, табиғатты тақырып етпейді, онда желпінген асқақ сөздер де, қанатты мақалдар да жоқ. Ол қазақтың қарапайым да түсінікті тілімен бостандық, ұлт туралы жырлайды, езілген, артта қалған қазақ халқы туралы айта отырып, оны білім алуға, еңбекке, ғасырлар бойғы ұйқыдан оянуға шақырады, əрбір қазақтың бойындағы азаматтық сезімін оятады. А. Байтұрсынов өлеңдері өзінің аса сұлулығымен, ішкі мазмұнымен, түсінуге жеңілдігімен де қазақ əдебиетінде бірінші орынды иеленді. А.Байтұрсыновтың бүкіл əдеби қызметінің қызыл жібі патша саясатына аяусыз сын, оған қарсы қатал талдау болып табылады. А.Байтұрсынов — публицист жəне қазақ көркемсөз өнері мектебін жасаушы”. М. Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабының сот қудалауына түсуіне себеп болған да дəл осы “Жұмбақ” аңызы еді. Цензорлар мен Баспа ісі жөніндегі Бас басқарма бұл өлеңнің үкіметке қарсы сипатына назар аударды. “Жұмбаққа” ең алғашқы болып Қазан қаласының цензоры В.Смирнов шүйлікті, ол былай деп жазды: “Жұмбақ” (“Загадка”), ең алдымен, өзінің тақырыбымен жəне автордың астыртын ойымен назар аудартады. Осылайша ол орыс мемлекетіндегі ұсақ халықтардың езілген халін меңзеп көрсетеді. Мұнда орыс үкіметін басқа халықтар үшін арыстан бейнесінде суреттейді. Өлеңде мұндай қатынас қаталдық пен əділетсіздік ретінде көрсетіледі. Жəне автордың пікірінше, сəтсіз аяқталған жапон соғысы орыс үкіметінің басқа халықтарға көрсеткен қысымы үшін Құдайдан алған жазасы ретінде бейнеленеді. Осындай параллелизмге сүйене отырып, арыстанның шақыруымен үш мəрте өткен жыртқыштар жиналысын Мемлекеттік Думаның үш реткі шақырылуы деп түсіну қиын емес. Егер осы параллелизмді күмəнсіз мойындар болсақ, онда “Жұмбақтың” бір өзі ғана онымен үндес басқа өлеңдермен қоса алғанда, кітапты айналымнан шығарып, авторға қарсы Қылмыстық заңдар жинағының 128-бабы бойынша қылмыстық тергеу жүргізу керек екенін көрсетеді”.
Ташкентте басқа цензор поручик Федоров аңыздың саяси мəнін атап көрсетті: “Бұл тарауда, — дейді ол, — арыстан жəне арыстан қорлаған басқа аңдар туралы айтылады. Мұнда бейне бір жаулап алған халықтарға, оның ішінде қырғыздарға əділетсіз қарым-қатынас ұстанған Ресей үкіметі меңзеледі. Бұл аңыздың қорытындысында автор оқырманға сөз арнап, оларға бұларды халыққа “одан пайда алсын деп, өсиет ретінде арнап отырмын дегенді айтады”. “Жұмбақтың” М.Əйтпенов аударған мəтінінде былай делінген: “Аңдар жиналып, арыстанды хан сайлады. Айдаһарлар, жолбарыстар ондағы ақсүйектер болды, адамдар арыстанның күші мен құдіретіне таңғалды. Піл мен қасқыр арыстанмен дос болып, оған көп сый əкелді. Арыстанға көптеген азулы аңдар бағынғаннан кейін, басқа аңдар оған өздері келіп бас иді. Арыстан аңдарға əділетсіз, қатал болды, аңдар қорыққанынан оған бұл туралы айта алмады. Ұсақ аңдар арыстанның айтқанының бəріне көнді, төзді; олардың терілерін төсеніш етіп, етін азық етті, арыстан бағынбағандарын өлтірді. Осындай жағдайда көп уақыт өтті, арыстан ойлағанының бəрін істеді. Əр нəрсенің бір ақыры бар дегендей, бұл батырдың да күні бітті. Басқа бір жерде де осындай аңдар тіршілік етті, олар аз еді, бірақ оның есесіне əділ заң болды, оларды білгір хан басқарды, аңдар ынтымақшыл болды. Бұл хан өзінің күшін көрсетпек болып арыстанға соғыс ашады. Аз көпті жеңеді, арыстанның иелігінен өздеріне жер кесіп алады. Бұл аңдар ірі емес, бірақ жігерлі əрі айлалы еді; арыстанды жеңіп, аралды еркін жайлады. Жеңілген арыстан мұны өзінің қиянаттары үшін жіберілген жаза деп біліп, бұдан былай ондай етпеуге ант берді. Өзінің өткен ісіне өкініп, халықты жинап той жасады. Күштінің əлсізді ренжітуіне тыйым салып, сол туралы жарлық шығарды”. Жинақтағы “Көпке арналған өсиеттің” көлемі салыстырмалы түрде үлкенірек. Ол он бес бет, он жеті тараудан тұрады. Ташкенттік аудармашы Б.Илькиннің аудармасында “Өсиет...” былай оқылады: “Замандастарыма өсиет арнаймын, мен мақтанбаймын, шын
жүрегімнен шыққан сөздерімді жазамын. Жаны таза, көзі қырағы, пайдалы істің қайда екенін білетін, бауырларым, қазір уақыт бар кезде қарманып қалыңыздар. Ілім мен білім алу жолынан ештеңені аямаңыздар, күн сайын білімің молая берсін; уақытты жіберіп алсаң, бармағыңды шайнап қаласың, уақытты пайдалан. Егер мырзалар мені тыңдамайтын болса, онда өкінетін кез келеді. Егер маған сенбесең, өзің ойлап көр, мен босқа айтып тұрған жоқпын. Егер таңертеңгі істі кешке қалдырсаң, ештеңесіз құр қол қаласың. Ақылдылар менің сөзімді түсінеді. Екі ақыл біреуінен жақсы, ал үш ақыл — екеуінен, сіздердің араларыңызда түсіністік, бірлік болсын, егер сіздер алауыз болсаңыздар, ештеңеге қол жеткізе алмайсыздар, осыны ойланыңыздар. Сіздер темір торда шынжырмен байлаулысыздар, сіздер, қазақтар, мұны қалай түсінесіздер?! Байлардың айдауында жүргендер қорқақ келеді. Енді біздің қорқатын неміз бар, біз сатып алынған құлдар емеспіз. Əркім бізге өз дегенін істей алмауы тиіс. Қазақтар, қандай уақыт келгенін ой сарабынан өткізіңдер. Болат — тастан алынады, ал білім — жастық жігерден, егер бала кезден бастап дұрыс тəрбие алса. Білім — таза бұлақ, оны кірлетпейік. Білім алуға ұмтылған жастарға мың да бір алғыс, бұл білім халық ішіне себіледі, олар кедейлерге жанашырлықпен қараған кезде, олардың көзін ашып, дұрыс жолға түсіреді. Кімде-кім өзін аямай, халық үшін еңбек ететін болса, оның артында жарқын із қалады. Егер қазақтың саны көбірек болса жəне олардың білім алған ақылдылары көп болса, онда қазақты басқалар қанай алмаған болар еді. Егер ойлап қарасақ, қазіргі біздің жағдайымыз түкке де тұрмайды. Тəуір адамдар тек өзінің бас пайдасын ғана ойлайды. Егер ауқатты адам кездессе, ол басқалардың кедей, ал өзінің бай екенін айтып, мақтана бастайды. Біздің барлық байларымыз түкке тұрғысыз, олар жақын адамдарға жəрдем беруден қашқақтайды. Билер ұрыскерісті жерге баруға шығады: барлық жақсы қасиеттерін үйінде қалдырады, пара алмай, мəселені шешпейді. Осының бəрін мен өз көзіммен көрдім, мен бұған ант етемін, маған сеніңіздер.
Басыңды тауға ұр, тасқа соқ, бірақ үйіңде басыңды төмен салбыратып қарап отырма. Егер тамшыға тамшы қосылса, ол бұлаққа айналып ағады. Егер сен кедей болсаң, онда білім — сенің бақытың, сен біліммен бақуатты адамға айналасың. Байлық саған байланып қалады деп ойлама, бүгін байсың, ертең кедейсің. Білімі барға — кедейлік жоқ, ол өзіңмен мəңгі бірге болады. Сенің білімсіздігің — қара түн, білім — жарық күн. Егер сен жақсы болсаң — жібек секілді бол, тікенге ұқсама, егер сен көп біліп, бірақ оны халықтың игілігі үшін пайдаланбайтын болсаң, ондай білімнен пайда жоқ. Көрген мен естігеннің арасында көп айырмашылық бар... Жақсы адамдардан үйрен, оларға жақын жүр, жамандардан аулақ бол. Дүниеде өнер көп, өзіңе пайда келтіретін кез келгенін таңда. Қалың кітаптың мағынасын түсінбесең, оны арқалағаннан не пайда. Өзіңнің ұстазыңды бүгін мақтап, ертең жамандама, көшеде бостан-босқа сенделіп жүрме. Сенің əкең мен шешең оқығаныңнан көп жақсылық күтеді... Еңбектенсең өзіңе риза боласың, пайдасын кейінірек көресің. Біз Ресейде тұратын болғандықтан, қазақтардың орыс тілін білуі — қажеттілік. Білім — өзен, егер шөлдесең — одан қанып іш. Газет пен журнал оқып, одан өзіңе керек білімді ала біл, құлағың мен көзіңе жұмыс істет. Айқайлап, бақырма, білетіндерден сұрауға ұялма. Жылаған қазақтың көз жасын құрғататын азаматтар қайда? Біздің қазақтар өнерден алыс жатыр, сіздер, жастар, оған жақындауға тырысыңыздар; құрт жеген ағашқа ұқсамаңдар, егер сол ағаштай құлап түссек, не болар еді? Егер біз жатып алып, өзімізді жеуді өтінетін болсақ, біз секілді жалқауларды кімдер жеп кетпейді? Ел ішінде кім жақсы? Əрине, байлар. Кедейді жақсы дейтін бір адамды табыңдаршы. Рас, егер байлар өз байлығын парасатпен жұмсай білсе, байлық жоғары бағаланады. Халыққа пайдалы ретте көмектесе білгендердің байлығы көбейсе құбақұп. Өзіңе де, өзгеге де пайдасы тимеген байлықтың несі жақсы, мұндай байлықтан аулақ болған жөн. Мен білім керек деп бір емес, əлденеше рет айттым, көптеген адамдар менімен келісетін болар деп ойлаймын. Адамдар көбінше шындыққа сенбей, өтірікке сенетінін аңғару қиын емес. Солай болса да, мен
үндемей тұра алмаймын, бəрібір шындық өтірікті жеңеді. Егер сен бір нəрсе туралы ойлап, оны айтпайтын болсаң, сенің не ойлағаныңды кім білмек? Қазіргі жастардың ішінде лайықтылары аз ба деп ойлаймын. Егер мыңның бірі биікке көтерілгенде, сонда халық алға қарай басар еді. Бұл бізде жоқ, бізді басқа халықтармен кім бірдей санамақ? Ағынды судай ақылы бар, көзі өткір, жан дүниесі жігерлі адамдардың қайсысы мұны көре тұра үнсіз қалмақ? Көп адамда байлық бар, басқалар оны күндейді, егер кедейленсең — көк тиын да бермейді. Халық игілігі осыдан зардап шегіп отырған жоқ па? Білмейтіндер неге түсінетіндерді тыңдамайды? Мырзалар, босқа мақтанбайық, мұсылман үшін нашар іс істемейік, халыққа пайдалы істі бір кісідей бірігіп табайық, өз күшімізді босқа шығындамайық, пайдасы жоқ істен аулақ болайық. Малды керексізге шығындамайық. Кімде-кім халыққа пайдалы іс жасаса, оны бұл үшін сөкпейік. Біреу жақсы кеңес берсе, оны пайдалану керек, ал нашар кеңеске құлақ аспайық. Халыққа қиын нəрсенің бəрін біз ортақ қиындық деп түсінейік. Таныс емес іске əдеттену, оны мойынмен көтеріп жүру қиын. Қолға алған істі таң атысымен ерте баста, егер түске дейін күтсең, ол сені асықтырады. Егер бір істі бастағың келсе, онда басталғанын бітір. Егер біреу сенің қателескеніңді айтса, оған ренжіме жəне оны өзіңе жау санама. Өзгелерді өзіңнен төмен, өзіңді олардан жоғары санама. Мырзалар, екіжүзді болмаңыздар; көзінше мақтап, сыртынан сыбамаңыздар. Сырттай дос, іштей жау болмаңыздар, мұндайлардан аулақ жүрейік. Сенің сөздерің жастық шақтың жарқылындай жəне ескі сүйектен тұрғызылған берік қамалдай болсын, сенің сөздеріңнің дəмділігі барлық адамға бірдей жəне əркімге пайдалы болсын. Өз сөздеріңмен жауыңды кішірейтіп, досыңның мерейін үстем ет, олар сенің кемшілігіңді жасыратын болады. Біліміңді жастар ортасында тарат, сонда ол өзі келіп саған жұғысады. Сенің барлық жақсы қасиеттерің достарыңның жүрегінде көбейіп өссін. Өзіңді сатып кетпеуі үшін
əркімді жақын жанашыр санама, дос пен дұшпанды, жақсыны жаманнан айыра біл. Ақымақ көзіңе мақтап, сыртыңнан жамандайды. Көптеген адамдар қиындықтан шығар жол таба алмай қайғырады. Езгіде жүрген көптеген адамдардың ішінде қолынан іс келетіндердің де болғаны өтірік пе? Енді сенің кереметтігіңнен де пайда жоқ, қарашы, алыс пен жақын қалай көрінеді екен? Орыстар біздің қайсымыздың жақсы (текті), қайсымыздың ақымақ екенімізді біле алмайды. Егер сен менің сөздерімді ақылға салып ойланбасаң, онда өзіңе-өзің жау боласың. Əпендім, айтшы, шындық қайсы, өтірік қайсы? Қарашы, қазіргі кезде халық қандай? Алдыға қарай жүргің келсе, артқа сырғанап кетесің, шығар жолды таппай, сен бос əурешілікпен шаршайсың. Жарық пен түнектің, аспан мен жердің айырмасы неде екенін ойланып көр. Күштілер мен əлсіздер бар, баршылық пен кедейшіліктің айырмасы қандай? Егер қасқырдан қойшы қойса, одан жамандықтан басқа жақсылық күтпе. Жақсы мен жаман араласып кетті, қазір оларды бір- бірінен ажырату қиын. Өткенге өкінуден енді пайда жоқ, өз кезінде білім алмағаныңа өкін. Білімді аз білсең де, оны пайдаланатын уақыт келгенде пайдаға асыр. Барлық жақсыны көруге тырыс, қателеспе, алдағанға көнбе. Аяғың ауырған кезде жүрмей, сау кезде жүгір. Не істейтініңді ойланып алған болсаң, ештеңеден қорықпай, батыл кіріс. Халық шығар жол таппай, жолбасшысыз сенделуде. Менің туған жерім — Торғай облысы, мен арғын ішінде мадиярмын. Мен осы сөздерді жазушымын, Дулаттың ұлы — Міржақып, халыққа пайда тигізу мақсатында жаздым, халық үшін еңбектендім, мен оқырмандардың жүрегіне əсер ету үшін өлеңмен жаздым”. Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабында автордың өмірбаянына қатысты маңызды ақпарат бар. Ол қазақ зиялыларын толғандырған негізгі мəселелерді бөліп көрсетеді, автордың өмір тарихы туралы, ол өзі болған жерлер жөнінде əңгімелейді. Оқырман Міржақып зерттеген əдебиеттерінен хабардар болады. Мысалы, М.Дулатұлының “Ульфат”, “Вакыт”, “Тəржіман” тəрізді татар газеттерін оқығандығы белгілі болады. И.Гаспринскийдің “Тəржіман” газеті ұзақ уақыт бойы Бақшасарайда шығып тұрды. 1909 жылғы
№46санында редактордың қазақ зиялыларына арнаған мақаласы басылды. М.Дулатұлы оған жауап жазып, “Оян, қазақ!” кітабына да енгізді. Бұл жауаптың мəтінін ташкенттік аудармашы Б. Илькин мына түрде аударды: “Оралдан Ақмолаға, одан əрі Ташкенттен Верныйға жəне Семейге дейін орыстардың жəне қазақтардың пайдасы үшін Түркістаннан Сібірге қарай теміржол өтуі керек, бұл əсіресе үкімет пен саудагерлерге өте-мөте қажет; осындай жағдайда 5—10 жылдан кейін паровоздар қазақ даласының о шетінен, бұл шетіне қарай еркін жүйткіп жүретін болады. Жол салынса, қырғыз жерін сатып алушылар да, сатушылар да табылады, хохолдар суша ағылады, мал мен жердің бағасы ондаған есе өседі, сауда өзгереді... Егер “неге?” деп сұрасаң, жауап мынау: қазақтар малдарын бақпай, көшеде қаңғып жүр. Қазақтардың ең жақсы жерлерін алып алған крестьяндар тойынып жүр, ал қазақтар тақыр далада қалды. Жер жетпесе, малдың да саны азаяды, елдің тығырыққа тірелгені деген осы болады. Кең жерлеріңізден айырылған екенсіздер, орыстар, сарттар мен татарлар секілді өздеріңізде қалған жерлерді пайдаланыңыздар. Енді байлық малда емес, жайылымда, егер қазақ бауырлар ойланып көрсе, мұны түсінер еді. Қазақтар — алты миллион, олардың бəрі патша ағзамның қол астында тұрып жатыр, ал егер, мырзалар, сіздер дербес мемлекет болсаңыздар не болар еді: Сіздер халықтардың табанында жаншылып қалмайсыздар ма?” Кітаптағы бұл үзіндіні поручик Федоров былай аударды: “Бұл тарауда Гаспринский деген біреуге жазылған хат келтіріледі, онда орыстар қырғыз жерінде телеграф пен теміржол салды делінеді. Осының салдарынан көптеген орыстар келіп, қырғыз жерін тартып алды. Енді біз Қожа Ахмет Иасауидің орнынан тұрып, Алатау шыңдарына көтерілуін жəне Ембіден Əмударияға дейін қырғыздан басқа ешкім қалмасын деп ұран салуын тілеп, дұға қайырамыз. Осыдан кейін автор орыстар өте нашар халық дейді. Қорытындысында ол қырғыздар 6 млн болса да, өз мемлекеті жоқ екеніне таңғалып, басқа
халықтың билігінде біртіндеп кедейленіп, ақыр аяғында құрып бітеді дейді”. Міржақып Дулатұлының кітабы “Қорытынды” (78—80-бет) тараумен аяқталады. Поручик Федоров оны былай аударған: “Менің сөзім де аяқталып келеді; көпшіліктің талқысына ұсынамын — егер менің қатем болса, көрсетіңіздер, мен түзетуге тырысамын. Мен əнші не жыршы ретінде жазған жоқпын, барлық қазақты ақымақ санамаймын, өзімді де мақтамаймын, мен олардың артықшылығын да, кемшілігін де көзіне айтамын, өйткені олар ұйықтап жатыр. Менің өзім қазақтың ұлымын, сондықтан олардың өмір салтын жақсы білемін. Саған тұзақ құрған жауыңды көріп, ескерткенім саған жасаған жамандығым ба? Барлық халықтардың жыршылары болған, олар да халық қайғысын жыр етті, мұндай жыршылар əлі де туа бермек, өз сенімі бойынша халқы үшін күреспек. Орыстарда Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Крылов, Тургенев тəрізді жазушылар болды, қазіргі кезде қарт Толстой өмір сүруде. Қазақта да солар секілді, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жыршылар бар екені анық. Семейден Ыбырай Құнанбаев, Оралдан Əубəкір молда, Омбыдан Қыпшақбай шықты, Торғай мен Ақмолада Нұржан, чежа руынан Юсуп бар, басқалар туралы мен айтпаймын — олар өздерінің сөздерін сатты, бергенді мақтап, бермегенді даттады; мен білгенімді айттым, айтпағаныма өкпелемеңіздер. Құдайдан жақсылық тілеймін, айтарымды айттым, қаламым тоқтады”. Қазан қаласының цензоры В.Смирнов та өзінің аудармасында жинаққа жалпы бағасын былай береді: “Сөйтіп, “Оян, қазақ!” жинағының тұтастай алғандағы негізгі желісі қырғыздардың кең далада көшіп жүрген бұрынғы еркін өмірі туралы автордың естеліктері, алайда орыс үкіметінің осы жерлерге орыстарды қоныстандырып, оны мемлекет жері деп атаған өкініштерінен тұрады. Автор соңғы жағдайды əділетсіз зорлық, қырғыз халқын тонаушылық деп атайды. Ол мұның себебі, осы халықтың надандығында жəне қараңғылығында деп біледі, оның айтуынша, қырғыздарды оның қоныс аударушылар, хохолдар деп аталған жауларынан, тіпті қырғыздарға əділетсіз қараған орыс үкіметінің өзінен қорғауға жарайтын ақылды да білімді адамдар
табылмағандықтан осылай болып отыр. Болашақ үшін автор қырғыз жастарын дүниежүзілік білім-ғылыммен қарулануға, оның ішінде орыс тілін білуге де шақырады, сонда ғана халық атанып, өзіне, өмір сүруіне төнген қауіп-қатерді көре алатын болады дейді. Сондай-ақ өлеңдерде қозғалған тақырыптың өзі қазіргі кездегі баспасөзде жəне Мемлекеттік Думада да үнемі қозғалып жүр. Автор өз жинағында татар газетінен Гаспринскийдің “Аудармашы” мақаласын тұтасымен келтіреді, онда келтірілген татар публицисінің ойлары авторды өз өлеңдерін жазуға шабыттандырған. Жоғарыда айтылғандардың бəрінен, жинақтың көрсетілген жерлерінен, қырғыздардың тарылған жер жағдайына қатысты автордың оларға білім арқылы көмектескісі келетін ойларынан халықты үкіметке бағынбауға жəне қоныс аударушыларға қандай да бір жаулықпен қарауға шақырған үндеулерді көруге болады, яғни баспасөз арқылы мұндай өшпенділік сөздерді тарату Қылмыстық заңдар жинағының 129-бабының 6-пункті арқылы жазаланады”. Цензорлар мен аудармашылардың байбаламына Түркiстан генерал- губернаторы да қосылды. 1912 жылдың 4 шiлдесiнде ол Баспа iсi жөнiндегi Бас басқармаға мынадай хат жолдады: “Қырғыз халқы арасында, əсiресе Жетiсу облысында таралған, 1911 жылы “Вакыт” газетiнiң баспаханасынан шыққан Дулатұлының шығармасы “Оян, қазақ!” кiтапшасын айналымнан алып тастау туралы өкiм беруiңiздi өтiнемiн; өйткенi оның мазмұнының зиянды болуына байланысты, Баспа iсi жөніндегі Қазан уақытша комитеті оған арест салды жəне бұл арестті бекітуді жəне Дулатұлын Қылмыстық заңдар жинағының 128 жəне 129-баптары бойынша жауапқа тартуды сұрап, Саратов сот палатасының прокурорына ұсыныс енгізді. Қолда бар мəліметтерге қарағанда, бұл кітапша үшін Дулатұлы Семей округтік сотының үкімімен бір жылдық қамауға кесілген. М.Дулатұлы кітабының күшті ықпалдылығы ағымдағы кезеңнің саяси аспектілерін айқын бейнелеуінде — жер тапшылығын, білім берудің нашар дамығандығын, діни мəселелерді қозғауында болды. Жəне ең бастысы қазақ халқының өз мемлекетін өзі билеуінің қажеттілігін көтеруі еді.
Патшалық цензура қоғамдық-саяси əдебиеттің басылуы мен таралуына кедергі жасады, авторларды қудалауды ұйымдастырды. Уақыт сарғайтқан мұрағат құжаттары алдыңғы қатарлы қазақ авторларын қуғындаудың куəсі бола алады. Мысалы, Қазан мұрағатындағы біздің қолымызға түскен — Қазан жандарм басқармасының 1913 жылдың 5 наурызындағы Баспа ісі жөніндегі уақытша комитет төрағасына жолдаған хатында былай делінгенін: “Құрметті мырза, сіздің атыңызға Қазанда басылған қырғыз тіліндегі кітаптардың тізімін жолдаймыз. Бұлар — ағайынды Каримовтер баспаханасында басылған. “Менің сорлы халқым” (“Моя бедная нация”), “Ағын” (“Течение”), “Балалар кітапшасы” (“Детская книжка”), “Қазақтарға уағыз” (“Наставления казахам”), “Мысал” (“Пример”), “Таң жұлдызы” (“Утренняя звезда”), “Қарлығаш” (“Ласточка”), “Кітапхана бұрышы” (“Уголок библиотеки”), “Қазақ балаларына тарту” (“Подарок казахским детям”), “Əдебиет үлгісі” (“Образец литературы”), Хусаинов баспаханасынан шыққан: “Менің жастық өмірім” (“Моя молодость”), “Нəуемездік” (“Неудовольствие”), “Біздің ұзақ өміріміздегі бастан кешкендеріміз” (“Пережитое нами в нашей долгой жизни”) кітаптары үкіметке қарсы бағытталған. Юсуф Куфяевтің “Қазақтардың шын тілегі” (“Настоящее желание казахов”) жəне “Күнкөріс” (“Житье-бытье”) кітаптары тəркіленген болатын...” Бұл хатқа қосымша ретінде цензорлардың ойынша, төңкерісшіл сипаты бар жəне қазақ халқының саяси құқықсыздығы туралы айтатын жекелеген кітаптардан үзінділер келтірілген. “Менің сорлы халқымда” Автор Ғалиулла Ғалымжанов: “Мəдениетті халықтардың көз алдында біз аянышты халде көрінеміз. Ең жақсыларымызды қолымыздан жұлып əкетіп жатыр. Өз халқы үшін өмірін беретін ержүрек адамдар қайда? Байлардан қашанға дейін ығыса бермекпіз? Болыс болғандар біздің арамызға іріткі салып, халықтың топтасуына жол бермей отыр...”; “Ағында” автор Арыстанғали Берқалиев: “Оян, қазақ! Надандық мұхитынан жүзіп өт. Үстімізді қою тұман торлады... жарқын күндер алда”; “Шолпанда” автор Дүйсембаев: “Өз ұлтыңның қайғы-шеріне ортақтас! Біздің қараңғы халқымыз өзінің қанатын жазсын. Бетіңді ғылымға, жарыққа бұр. Оңыңнан күнің, солыңнан айың туар ма екен? Қане, іске бірігіп кірісейік. Тамшыдан теңіз құралады, жел тұрса,
толқындар көтеріледі... алғашқы мектептер ашылады, халық ынтымақ пен бірлікте өмір сүреді...”; “Қазақ балаларына тартуда” автор Əбдікəрім Мəжитов: “Біздің халқымыз қашанға дейін жақ ашпай үнсіз жүре береді, бас көтерер жан жоғына қаның қайнайды. Қазақтан сорлы кім бар. Бұған жаны ауыратын адам бар ма, əлде біз алдағы уақытта да бірімізбен-біріміз жауласып, өзді-өзіміз алысып, осылай жүре бермекпіз бе? Қанеки, бірігейік, ағарту жұмыстарын көтерейік. Ғылым мен прогреске ұмтылудан өзге жол жоқ. Басқалардан, алдыңғы қатарлы халықтардан, үлгі алыңыздар, бізге шынайы бостандық керек! Өз кітаптарымызсыз, баспаханасыз надандық пен қараңғылықтан құтыла алмаймыз. Басқа халықтарда баспахана көп: ақылды адамдар, жаңа мектептер, кітапханалар мен баспаханалар ашуға қаржы жинаңыздар...” Бұл кітаптардағы саяси жəне əлеуметтік əуендерді жандармерия қоғамдық құрылыстың өмір сүруі үшін қауіпті де зиянды деп тапты. Зиянды жəне əлеуметтік қаупі мол кітаптармен күресті күшейту үшін царизм, цензурадан басқа, Баспа істері жөніндегі Қазан комитетінің жанынан ұйымдастырылған арнаулы комиссияны жəне шешімді тезірек орындау үшін полицияны іске қосты. Баспа жөніндегі комитет 1915 жылдың 12 қазанындағы құпия хатында Қазан губерниялық жандарм басқармасына былай деп баян етті: “Жоғары мəртебелім, Сіздің 5 наурыздағы хатыңызға жəне 11 наурыздағы қосымша хатыңызға, сондай-ақ Сіздің 2 сəуірдегі хатыңызға орай, проф. Катановтың аудармасымен, бес қырғыз кітабының орыс тіліндегі үзінділерін жолдап отырмыз, олар: автор Ғалиулла Ғалымжановтың “Менің сорлы халқым” (“Мой бедный народ”); автор Шептали Байшуақовтың “Əдебиет үлгісі” (“Образец литературы”); автор Юсуф Куфяевтің “Біздің ұзақ өміріміздегі бастан кешкендеріміз” (“Пережитое нами в нашей долгой жизни”) кітаптары. Мазмұнына байланысты, комитет əр кітап бойынша жекежеке шешім қабылдады. “Менің сорлы халқым” біржақты жазылған, зиянды, “Қазақтарға уағыз” (“Наставления казахам”), “Əдебиет үлгісі”, “Қарлығаш” (“Ласточка”) кітаптары да сондай сипатта. Юсуф Куфяевтің “Біздің ұзақ өміріміздегі бастан кешкендеріміз” кітабына
келер болсақ, онда ол Қылмыстық заңның 129-бабының 6-пунктіне тура келеді жəне комитет оған арест салады, ал авторын жоғарыда аталған заң бабына сəйкес, сот жауапкершілігіне тартуға шешім қабылданды”. Осы шешімнен кейін Хусаинов баспаханасының қожайынына ірі ақшалай айып салынды. Əрине, қазақ кітаптарында кездесетін “теңестіруші сайлау жүйесін қолдану қажет”, “басымызға қара бұлт үйірілді”, “қане, бірігейік”, “бізге бостандық керек”, “бізді кім қанап отыр”, “бізге кітап керек, бізге цензурасыз баспасөз керек”, “бізге мектептер керек”; “тамшыдан теңіз құралады, толқындар көтеріледі”, “алып қойылған жерімізді қайтарып алайық!” жəне т.б. сөз орамдары үкіметті қорқытқаны сөзсіз. Бұған жауап ретінде қуғын-сүргін басталды. Жəне мұнда да Орталық Ресейдегі секілді, авторларға қарсы бағытталған 129-бап қолданылады. Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы қазақ кітап басу ісіндегі цензуралық жəне сот қуғындауына ұшыраған алғашқы кітап болды.
Жандармдар алас ұра іздеді 1910 жылы Уфада М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы жарық көрді. Оның жарық көруі қазақ қоғамдық ойы мен қазақ кітап баспасы ісіндегі айшықты оқиға болды. Алаш зиялылары өздерінің теориялық тұжырымдарының негізін 1905 жылы Орал қаласында өткен құрылтай жиналысында қалыптастыра бастады. Құрылтай жұмысының қорытындылары бойынша М.Тынышбаевтың баяндамасы жəне Конституциялық демократтар партиясы қазақ бөлімшесінің бағдарламасы жарияланды. М.Дулатұлының кітабы бұрын жарияланған тұжырымдарды қуаттап қана қойған жоқ, сонымен бірге қойылған мəселелерді тереңдетті де. Кітап қазақ жұртшылығын толғандырған мəселелерді ашық та айқын көтерді. Басылым шапшаң таралып, табысты пайдаланылды. Кітап қазақ оқырмандары үшін олардың ана тілінде жазылды. Оның үстіне, М.Дулатұлының шығармасы публицистикадан аңызға дейінгі əр алуан əдеби жанрларды пайдаланып жазылған саяси үндеу де еді. Мың даналық таралымы бірнеше айдың ішінде сатылып кетті. Сатып алушылар Уфа, Петропавл, Орал, Қостанай, Атбасар, Ақмоладан бірден табыла кетті. Оған қоса, кітаптың бірінші басылымы Семей жəне Жетісу облыстарына да жетті. Уфадағы “Ғалия” медресесінде Семей облысынан Ниғматулла Күзембаев, Шаих Қажыбеков, Мейіржан Ермектасов, Ниғматулла Мұртазин, Əубəкір Жайғыбеков, Жақып Аймақов, Лепсі уезінен Абылғазы Шүмеков, Абылғазы Ұлысбеков оқыды. Олардың бəрі 18—22 жас шамасында еді. Олар үйлеріне сатуға болмаса да, оқуға кітап алып қайтты. Осы кезеңнен бастап қазақ кітап баспа ісі қазақ қоғамының маңызды бір құрамды бөлігіне айналды. “Оян, қазақ!” кітабының жарыққа шыққан мерзіміне ерекше көңіл аудару қажет. Мəселе мынада: тек бұқаралық баспасөзде ғана емес, əдебиет пен тарих саласындағы ғылыми еңбектерде де 1909 жыл
көрсетіледі. Оның үстіне, авторлардың ешқайсысы да мұндай деректі ештеңемен негіздемейді. Бірнеше айдан кейін М. Дулатұлы өзінің кітабын қайтадан шығаруға шешім қабылдады. Ал кітап цензорлар мен жандармдардың назарын аудармауы үшін оны Уфада емес, басқа қалада шығаруды жөн көрді. 1911 жылы кітап Орынборда, “Вакыт” газеті мен “Шура” журналының баспаханасында қайтадан басылып шықты. “Шураның” редакторы Ризаэтдин Фахретдинов болды. Ол 1859 жылы Бугульмин уезінде туған, осы уездің Төменгі Шеңгел ауылындағы медреседе білім алды. Мұнда ол он екі жыл оқыды. 1885 жылы үйленді. 1891 жылдан Уфа қаласындағы Діни басқармада жұмыс істеді. Осы кезден бастап ол тарих жəне мұсылман дін ілімі бойынша ғылыми жұмыспен шұғылданды. 1906 жылы Рамеевтер алтын өндірушілерінің шақыруымен отбасымен Орынборға көшіп келіп, “Вакыт” газетін шығаруға кірісті жəне сондай-ақ “Хусания” медресесінде сабақ берді. Ал 1908 жылы ағайынды Рамеевтер “Шура” журналын шығаруға рұқсат алған кезде Р.Фахретдинов оны редакциялауға кірісті. “Шура” журналы мен “Вакыт” газетінің редакциясында жұмыс істеген жылдары Р.Фахретдиновтің қолынан қазақ халқы туралы ондаған материалдар өтті. Міне, осы кезде жандармдардың “Оян, қазақ!” кітабын аңдуы басталды. Мұны Семей округтік соты прокурорының Омбы сот палатасына 1911 жылдың 13 маусымында жолдаған мəлімдеме-хатынан көруге болады, онда: “Сіздің жоғары мəртебелі құзырыңызға мыналарды мəлім етемін: мен, №60-хатта да айтылғанындай, Семей округтік сотының тергеушісіне, Семей қаласындағы Омбы жандарм басқармасы бастығының көмекшісіне олардың 13 маусымда қозғаған қырғыз Мир Якуб (Мыржақып. — ауд.) Дулатұлы туралы формалды тергеуді қабылдап алуын жəне Қылмыстық заңдар жинағының 129-бабының 6- пунктінде қарастырылған қылмыс белгілері бойынша алдын ала тергеу жүргізуге кірісуді ұсындым жəне бұл істің жағдайы туралы мəліметтерді мен Сіздің жоғары мəртебелі құзырыңызға қосымша мəлім етемін”, — делінген.
Дəл сол күні Семей округтік сотының прокуроры, Семей қаласындағы Омбы жандарм басқармасы бастығының көмекшісіне: “Сіздің жоғары мəртебелі құзырыңызға қырғыз Мир Якуб Дулатұлын айыптау бойынша, сот ісін жүргізу тəртібінің 1035-бабына сəйкес Сіздер қозғаған формалды тергеу ісін Семей округтік сотының сот тергеушісіне жолдауыңызды сұраймын”, — деп жазды. Алайда прокурор Кривицкий сол күні М.Дулатұлын қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатын Қылмыстық кодекстің бабын ойлап та үлгерді. Əділет министріне жолдаған қатынасында ол заң бабын өзгертуді ұсынды. 1911 жылдың 14 маусымында Петербургте Полиция департаменті “Тергеу жүргізуді бастау туралы ескерту хат” жазып, онда: “Тергеу жүргізуді бастаудың негізі: тінту мəліметтері арқылы Семей облысының шегінде көп санмен таралған Мир Якуб Дулатұлының қаламынан туған “Оян, қазақ!” (“Пробуждайся, киргиз!”) кітапшасының тоғыз данасының табылуы”, — деп айтылған. Мұнда, Полиция департаментінде 1911 жылдың 28 маусымында тергеу жүргізуді бастау жөнінде ескерту хат жасалынды, онда былай делінген: “...Торғай облысының қырғызы Мир Якуб Дулатұлын Қылмыстық заңдар жинағының 129-бабының 6-пунктінде қарастырылған қылмыс бойынша айыптау. Тергеу жүргізудің басталу уақыты: 1911 жылдың 13 маусымы. Тергеудің басталу жəне жүргізілу орны: Семей қаласы. Тергеудің жүргізілуін бақылаушы — прокурорлық қадағалаушы: Семей қаласындағы Омбы жандарм басқармасы бастығының көмекшісі ротмистр Леваневский жəне Семей округтік соты прокурорының серігі М.Я.Пухляков. Тергеу жүргізуді қозғау туралы ведомость сақталған. “Тергелушінің шені, есімі, əкесінің аты, ататегі жəне жасы: Торғай облысы, Торғай уезінің қырғызы Мир Якуб (Міржақып. — ауд.) Дулатұлы 26 жаста.
Не үшін айыпталды жəне заңның қай бабы бойынша: Қылмыстық істер жинағының 103-бабының 2-бөлімі жəне 129бабының 6-пункті бойынша. Істі бастауға кім жəне қашан рұқсат етті? Семей округтік соты 1911 жылдың 23 желтоқсанында. Шығарылған үкімнің немесе анықтаманың мəн-мағынасы: Қылмыстық заңдар жинағы 103-бабының 2-бөлімі жəне 129бабының 6-пункті бойынша кінəлі деп табылды”. Айтылғандар орындалды — жандармдар кітапты көптеген уездерде іздеп шарқ ұрды. 1912 жылдың 15 қаңтарында Торғай губернаторы Полиция департаментіне былай деп хабарлады: “Өткен жылдың соңында маған Торғай уезінің бастығынан жəне Торғай уезі 1-телімінің шаруалар бастығынан Сарықопа болысы №1-ауылының қырғызы Дулатұлынан оның бауыры Мир Якуб Дулатұлының қырғыз тілінде шыққан үкіметке қарсы мазмұнды “Оян, қазақ!” (Пробуждайся, киргиз!”) деп аталатын кітабы табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Уезд бастығының одан арғы хабарламалары жəне Орынбор губерниялық жандарм басқармасының менің сұрау салуым бойынша берген хабарына қарағанда, Орынбор қаласындағы “Вакыт” газетінің баспаханасында басылған аталмыш кітап Дулатұлынан алынған 17 данадан басқа, уезд қырғыздарының арасында сатылымда немесе айналымда табылған жоқ. Кітап авторы қырғыз Мир Якуб Дулатұлын Семей қаласындағы губерниялық жандарм басқармасы бастығының көмекшісі тұтқынға алған, ол мұнда қырғыздар арасында қазіргі орыс үкіметінің саясатына наразылық тудыруға бағытталған жəне сонымен бір уақытта панисламизм идеясын уағыздайтын өзінің кітабын тарату үшін келген. Мир Якуб Дулатұлы Торғай уезі, Сарықопа облысының қырғызы, Семей түрмесінде қамауда отыр, Омбы губерниялық жандарм басқармасы тарапынан Қылмыстық заңның 1035-бабы негізінде тергеуге алынып, 20 қыркүйектен Семей округтік сотының есебінде тұрады. Айтылғандар туралы Полиция департаментіне мəлімет үшін
хабарлап отырмын жəне жоғарыда аталған “Оян, қазақ!” кітабының бір данасын қоса жіберіп отырмын”. Асқар Дулатовтан он жеті дана кітап алған. Іздеу жұмыстары Семей облысында да жүрді. Қарқаралыдан, Семейден іздеді. Істің барысы туралы Омбы жандарм басқармасы бастығының көмекшісі Семей генерал-губернаторына былай деп хабарлады: “Қарқаралы уездік бастығы 22 мамырдағы, №60 қатынасхатымен маған мынаны хабарлады: көпес Мұқан Бекметев жəне оның піркəзшігі Мұқаш Атажанов Петропавл қаласынан Мир Якуб Дулатұлынан “Оян, қазақ!” кітапшасының 50 данасын əкелді, оны қырғыздар арасында бір данасын 20—25 тиыннан сатып таратуда деді. Сонымен бірге аталған бастық, ол осыған байланысты жабық тергеу жүргізіп жатқанын хабарлап, жоғарыдағы кітаптың бір данасын маған жіберді”. Бұл уездік қалашықта мұғалімдер, фельдшерлер, болыс басқарушылары, билер жəне Қарқаралы петициясына қол қойғандар М.Дулатұлының оқырмандары болды. 1911 жылдың 4 маусымында Петропавл полицмейстері: “Оян, қазақ!” (“Пробудись, киргиз!”) кітабының авторы Мир Якуб Дулатұлы Семейге кетті, біреулердің айтуынша — демалысқа, екіншілердің білуінше — тұрақты тұруға. Тағы да шара қолданылды, кетуінің шынайы себебін жəне қашан оралатынын анықтау үшін агентура жіберілді жəне полицмейстерден сұралды. Оның көшірмесі Томск күзет бөлімінің бастығына алдын ала жіберілді”, — деп хабарлады. М.Дулатұлының кітабы Семейге де жеткізілді. Бұл туралы Омбы жандарм басқармасы бастығының көмекшісі 1911 жылы былай деп хабарлады: “5 маусым күні мен Дулатұлы Петропавлдан Заречная слободкаға келіп, өзімен бірге алып келген біршама көп кітапшаларын сатумен айналысуда деген агентуралық хабар алып, соған байланысты 7 маусымға қараған түнде мен Дулатұлына тінту жүргізгенімде одан “Оян, қазақ!” (“Пробуждайся, киргиз!”) кітапшасының тоғыз данасы жəне қырғыз тіліндегі басқа да кітаптар мен кітапшалар табылды, Дулатұлының өзі тұтқынға алынды. Одан арғы тергеу жұмыстары көрсеткеніндей, Дулатұлы Петропавл уезі 2-телімінде бітімгершілік соттың аудармашысы болып істеген, 1 қыркүйекке дейін демалыс алып,
бұл уақыт ішінде Семей қаласындағы Қоныс аудару басқармасының статистикалық партиясына аудармашы болып уақытша жұмысқа орналасқан жəне жоғарыда аталып өткен кітапшалар сату үшін əкелінген. Жасырын түрде анықталғанындай, “Оян, қазақ!” кітапшасы үлкен сұраныспен сатып алынған жəне Семей қаласында оның көп данасы сатылған. Дулатұлы Қылмыстық заңдар жинағының 129-бабы бойынша жауапқа тартылды, түрмеде отырып жəне іс сот тергеушісіне берілді. Жоғарыда баяндалғандар туралы Сіздің құзырыңызға жеткізіп отырмын. Ротмистр Леваневский”. Жандармдар кітаптың танымалдығы мен автордың шеберлігін бағаламай тұра алмады. М.Дулатұлының тұтқындалуы туралы Орынбордағы “Вакыт” газеті жəне Троицкідегі “Айқап” журналы хабарлады. Міне, мынау “Вакыт” газеті мен “Айқап” журналында жарияланған хабарламаның мəтіні: “Көрнекті жас қазақтардың бірі Міржақып Дулатұлы Петропавлдан Зайсанға жəне Өскемен уезіне бара жатып, жолшыбай Семейде аялдады. 6 маусымда полиция шенділері оны тұтқынға алды, тұтқындау төмендегі жағдайда өтті; Дулатұлы бір қазақ мұғаліммен бірге Облыстық көшенің бұрышында екінші қабатта тұрып жатты; кешкі сағат 7-де Дулатұлы тұрған үйді полиция қоршап алды жəне пəтерге жандарм ротмистрі, полицмейстер, 1-бөлімнің приставы жəне надзиратель кірді. Олар тінтуге кірісіп, түнгі сағат 12-ге дейін сонда болды. Ротмистр қалтасынан “Оян, қазақ!” кітапшасын суырып алып, Дулатұлына: “Сен мына кітапшаны кім жазғанын білесің бе?” — деді. “Бұл кітап — менің шығармам”, — деп жауап берді Дулатұлы. Ол екі рет басылған жəне екі ретінде де цензордың рұқсатымен шыққан. Бұдан басқа Дулатұлынан қазақ, татар жəне орыс тілдерінде шыққан əртүрлі кітаптар, газеттер мен қолжазбалар тартып алынды. Олардың ішінде: Исқақовтың соңғы шығармасы “Жиналыс”, “Əлде бұл өмір ме”, “Қазақстан”, “Вакыт” газеттері, т.б. болды. Түнгі сағат 12-де Дулатұлын түрмеге əкетті. Семейде Дулатұлының ешқандай жақындары жоқ, оны қашан босататыны белгісіз. Өткен жылы да осындай жағдай болған, басқа бір
қырғыз жазушысы Ахмет Байтұрсынов ешқандай себепсіз, тіпті сотсыз түрмеде тоғыз ай отырып шықты. Бұдан не шығады? Қол қойған Азамат Құрықбасов. Дұрыс. Ерекше тапсырмалар шенеунігі Симонов”. 1911 жылдың 19 тамызында Орынбор губернаторына Семей губернаторынан: “Аталған хабарламаны жариялағаны үшін “Вакыт” газеті мен “Айқап” журналының редакторларын міндетті қаулымен қатаң жауапкершілікке тартуыңызды жəне егер мүмкін болса, бұл хабарламаның семейлік авторын анықтап, ол туралы маған хабарлауыңызды сұраймын”, — деген қатынасхат келді. Орынборда Азамат Құрықбасовты іздеп жүргенде, қазан айына қарай Гаял Ильясов туралы əңгіме шықты. 1911 жылдың 11 қазанында Орынбор губернаторының кеңсесі Семей губернаторына “Вакыт” газетінің №802-санында жарияланған хабарлама туралы іс бойынша, “Дулатұлының тұтқындалуына қатысты Семейде ешқандай да Азамат Құрықбасовтың жоқ екендігі, сондықтан бұл ойдан шығарылған есім екендігі анықталды. Аталған хабарламаны Ақбұта болысының қырғызы Гаял Ильясов жазды деген күмəн бар”, — деп хабарлады. Материалдың жедел жариялануы жəне онда М.Дулатұлының тұтқындалуының нақты жағдайларының көрсетілуіне назар аударады. Көп жағдайда бұл Ахмет Байтұрсыновтың ынта білдіруімен түсіндіріледі. Осы кезде ол əйелімен Орынборда болған. Бұл туралы Полиция департаментінің: “Орынбор губерниялық жандарм басқармасының сұрауы бойынша хабарланғанындай, 1910 жылдың 23 ақпанында Семей қаласынан Орынбор қаласына Қарқаралы орыс- қырғыз училищесінің бұрынғы меңгерушісі Ахмет Байтұрсынов шықты, Ішкі істер министрлігінің өкімі бойынша оған Дала өлкесінде, Жетісу жəне Торғай облыстарында 2 жылға дейін тұруға тыйым салынған. Ол Орынбор қаласына 1910 жылдың 10 наурызында келді”, — деген агентуралық жазбасы сақталған. Сондықтан да “Шура” мен “Вакыттың” редакторы Ризаэтдин Фахретдинов материалға “жасыл көше” ашып, оны жедел түрде кезексіз жариялаған.
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 490
- 491
- 492
- 493
- 494
- 495
- 496
- 497
- 498
- 499
- 500
- 501
- 502
- 503
- 504
- 505
- 506
- 507
- 508
- 509
- 510
- 511
- 512
- 513
- 514
- 515
- 516
- 517
- 518
- 519
- 520
- 521
- 522
- 523
- 524
- 525
- 526
- 527
- 528
- 529
- 530
- 531
- 532
- 533
- 534
- 535
- 536
- 537
- 538
- 539
- 540
- 541
- 542
- 543
- 544
- 545
- 546
- 547
- 548
- 549
- 550
- 551
- 552
- 553
- 554
- 555
- 556
- 557
- 558
- 559
- 560
- 561
- 562
- 563
- 564
- 565
- 566
- 567
- 568
- 569
- 570
- 571
- 572
- 573
- 574
- 575
- 576
- 577
- 578
- 579
- 580
- 581
- 582
- 583
- 584
- 585
- 586
- 587
- 588
- 589
- 590
- 591
- 592
- 593
- 594
- 595
- 596
- 597
- 598
- 599
- 600
- 601
- 602
- 603
- 604
- 605
- 606
- 607
- 608
- 609
- 610
- 611
- 612
- 613
- 614
- 615
- 616
- 617
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 500
- 501 - 550
- 551 - 600
- 601 - 617
Pages: