Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Лұқпан Бегальтегі - Ұлы дала перзенттері

Лұқпан Бегальтегі - Ұлы дала перзенттері

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-06-01 04:47:51

Description: Лұқпан Бегальтегі - Ұлы дала перзенттері

Search

Read the Text Version

Дауыл құрып шайқап қарап ар-бері. Тас түйінде бірліктерін жоғалтпай, Қайыспаған ұлы қазақ ерлері. Сөнбесін деп өмір атты шамшырақ, Омырауын оққа тосып қансырап. Бізге жеткен сол бабалар өр Рухын, Ұғасың ба,жауап берші жас ұрпақ! Қорғау үшін байтақ далаң қырыңды, Қаншама ерлер жанын қиып қырылды. Елім- айлап, қанын төгіп жеткізген, Көтердің бе ту қып ТІЛ МЕН ДІНІҢДІ?! Алтын сандық іші толы бəрі асыл, Кең əлемнен таба білген жарасым. Ғасырлардан бізге əкеліп жеткізген Сүйе алдың ба əдет – салтын,мұрасын? Айқастарда біздер үшін көз ілмей, Жүрегінің отыменен өшірмей. Алып келген күмбірлеген əн күйін, Бақ кілті- деп, ұстадың ба түсірмей? Жалауы боп бар мұсылман ұямның, Адамзатқа сұлулықтан құйған үн.

Мұхаммедтей пайғамбарды пір тұтып, Үлгі еттің бе өмірбаянын? Қарсы тұрып қара дауыл,құйынға, Қара қылды қақ жара алған қиында. Төле би мен Əйтекедей билердің, Даналығын жан сарайға құйдың ба? Қаз дауысты Қазыбектің батасын, Айта алдыңба ұрпағыңа тойыңда? Құлаш сермеп іліміне Алланың, Жұмбақ сырын шерткен мынау ғаламның, Əл – Фараби,Баласағұн жырлаған Білесің бе жұлдыздарын далаңның? Қалың Алаш қамын ойлап қайысқан, Болжай білген болашақты алыстан Абылайдай ханың жатқан киелі, Ой салды ма жүрегіңе Түркістан? Үркердейін жарқыраған тамызда, Аты айналған ерлігімен аңызға. Хангелдіұлы Райымбектей бабаңның Ерліктерін өшпес жыр ғып жаздың ба? Қысылшаңда қол бастаған намыспен

Саурық,Тайлақ,Бөгенбайлар нар кескен. Əбілхайыр,Қабанбайлар ерлігін Қайталауға əзірсің бе Жеңіспен?! Кең далаңның жалау қылып шыңдығын Нар халқыңның жастай ұғып шер – мұның. Бар ғұмырын азаттыққа арнаған Ұқтың ба үнін Кенесары,Сырымның? Кең əлемнің бас идіріп шың құзын, Таңдандырған даналықпен жер жүзін. Абай,Шоқан қос жұлдыздан нұр жұтып, Сен ғылымға ұмтылдың ба ұл – қызым? Жауап беріп азаматтық арыңа, Баба рухы тулап ыстық қаныңда. Азаматтың қол бастаған сұңқары Исатайға бас июге бардың ба? Халық үшін жауы болып хандардың, Махамбеттей сүйіп ерлік жолдарын, Енгіздің бе жүрегіңе ем қылып, Найзағайдай жарқылдаған жырларын? Тасқындаған əруағы тарылмай, Патша құрған темір торға бағынбай.

Жолбарыстай қарсы атылған жауыңа, Ер Есеттің желпіндің бе туындай? Қара дауыл жан жағыңнан қаптаған, Кездерінде халқың үнін жақтаған. Кеудеңде ме Мағжан,Сəкен жырлары Еркіндікті тозақ кешіп жоқтаған? Қызыл құйың зар жылатып еліңді, Өртеп кетті – ақ босағаң,төріңді. Содан қалған шаң тозаңнан сілкініп, Тазалап сен жуа алдыңба кіріңді? Қадір тұтып есіл ерлер есімін, Алашым деп ашылды ма есігің? Біздер Шоқай,Əлихандар,Тұрар деп, Бұлқынды ма ұлың қозғап бесігін? Жеткіншегің қолына ұстап Құранын, Жатқа соғып хадистердің зор мəнін. Жалау қылып байлады ма жанына Ер Баукеңнің халқым деген ұранын? Мыржақыптың үніменен оянып, Ахмет боп ана тілін қолға алып, Мен қазақ -деп,мың өліп,мың тірілген,

Жұбан болып ой кештің ме толғанып? Есіңе алып мақсат қойып алдыңа Бас июге сол асылдар Рухыңа. Арыстан Баб пен, Яссауидей əулиең, Шырақ жаққан Меккеңе сен бардың ба? Қараңғылық бұлтын серпіп ізденіп, Жетілдіңбе білім қуып өзгеріп. Жарадыңба ел жұртымды жебеуге, Ел болудың қамын ойлар кезге еніп. Өткеніңді хатқа тізіп жаңылмай, Ізгілікпен ізденуден жалындай, Кешегі өткен арыстардай ерлікпен, Ар иманмен абыройдан айрылмай, Ояттыңба келер ұрпақ санасын, Əділетсіздікке қайсарлықпен бағынбай. Озбырлықпен алыстыңба жан салып, Желіккендер жүрмес үшін қағынбай. Талай дауыл қиындықтарды көп көрген, Сан азапты бастан кешіп өткерген. Аналар мен əкелерді құрметтеп. Ниетіңмен шуақ құрып көктемнен,

Ерлік жалын тарихыңа барабар, Басыңды иіп жырладыңба от деммен?! Мазалаумен жас жаныңды сан сұрақ, Сөнбесін-деп, бейбіт өмір сан шырақ. Таң алдында айта алдыңба ұлы сөз, Жаратқанға алғыс айтып Аллалап! Ең бастысы елдің мұңын жоқтайтын, Бола алдыңба жаны таза азамат?! Əзірмісің ар намысын қорғауға, Отан үшін отқа түсер қолқанат. Жету үшін асқақ биік арманға, Ерік беріп ұлттық сана ойларға. Күн бесігің туған жерден толғанып, Шыға алдыңба ұлыңды ертіп жолдарға.? Қандай мақсат алға қойдың ақылмен, Саналы іспе, нəсібі мол алды кең. Бейімделіп ұға алдыңба нарықты, Тірлік жасап талаптанып заңымен.? Түсін мені келер ұрпақ ақ таңым, Сенде менің жалындаған от əнім. Ұғынбасаң қасиетін жасыңнан,

Кешірмейді менің сүйген Отаным! Ойлан, ойлан,парасатпен ертеңді, Опық жейді ойламаған ел қамын! Төрің көрге айналмасын десең сен, Бірлікпенен қазірден соқ қамалын, Жайқалдырып əділдіктің орманын. Жауыздық пен зомбылыққа жол бермей, Биіктерге қанат жайсын арманың! БЕСІНШІ БӨЛІМ Туған жер жас жанымда жалындап ой, Мен сені аңсап келдім сағындым ғой. Өзіңде тəй-тəй бастым сенде ағайын, Атыңнан Кең Жылойым айналайын. Бəйгеге өзің қосқан арғымақпын, Мөлдірін сенен іштім жыр бұлақтың. Ақ сүтті анам сенде бата берген, Мен саған қарыздармын ата-мекен. Асқақтап Алатаудай бақ талабым, Өзіңде туғаныма шаттанамын. Мəңгілік жырға қосар ардағымсың. Кең Жылой, ана -тілім ар намысым.

Төсіңнен мəңгі өшпейтін жарық көрем, Киелі аңыз толы тарих- кемем. Ерлігін кең пейілді ұлдарыңның, Ұрпаққа ту болсын деп, жазып келем! Бəріне алқа тағып жырларымнан, Мəңгілік ескерткіш қып жолдадым əн. Бұзылмас оның көркем мұнарасы, Сыр шертер ғасырлардың қойнауынан! Кең Жылойым- əулиелер мекені Пір Бекеттей,Байбақтыдай ер туған, Осы өлкеде қаз бастырған бар тумам. Бабам өскен əкем өскен мекен бұл, Айнымаған гəкку сазды аққудан. Əрбір қырын əулиелер қоныстап, Ұрпағына сыйлай білген ырыс бақ. Бұл өлкенің шаңы алтын бауырым, Дем жұта біл Рухтармен тыныстап. МЕН Елім барда еңсесі жығылмаған, Тілім барда кеудемде жалындаған. Туған елдің күмбірлер үні болмай,

Бауырым-ау, қалайша тыным табам. Ұрпаќ үшін көтеріп небір жүккті, Сыйға тартқан мəңгілік жылулықты. Тасқа жазған жырынан бабалардың, Іздеп келем көз ілмей ұлылықты. Бастан кешкен қиямет сан азабын, Көктей көктен жаралған нар қазағым. Шуақтарын кеудеме құйып алып, Рухтармен сырласып жыр жазамын. ЖАНАЛЫ ƏУЛИЕ БАБА ҮНІ О, ұрпағым, үмітті аппақ таңым, Өн бойында ып-ыстық аққан қаным. Сенде менің – Алаш деп ұрандаған Ең əдемі əуезді асқақ əнім! Үніменен тіл қатқан ғасырлардың, Сенде ұрпақ өшпейтін асыл нəрім. Намыс құлы-қанатты ерліктерді, Тарту қылдық сол үшін асылдарым. Іждєт қылып имандық намазына, Бас иместен тағдырдың азабына, Шексіз-шетсіз далаңды қорғай білдік,

Ұрпақ саған қалсын –деп, мол қазына. Арпалыстық ел үшін қан ағылды, Соңғы тыныс біткенше қырағы үнді. Өшірместен аялап алып келдік Тіл мен дінің – қос жарық шырағыңды. Өн бойына сыйдырған Ай мен күнді, Шежірелі ой шертер ойлы үнді. Ғасырларға тамырын терең жайған, Алып келдік өлең жыр байлығыңды., Осында ежелгі жыр сырлы аңыздар, Жоғалтпас қайнар көзің айдыныңды. Аунап ал топырағына Ақ Мешіттің, Серпісін кеудеңдегі уайым мұңды. Ата жол қасиетін ұмытпастан, Қор болмас бабасының даңқын ұққан, Осында туып өскен Бекет бабаң, Өзімнен ақ бата алып жолға шыққан! МЫРЗАҒҰЛ ƏУЛИЕ БАБА ҮНІ Бақыт деген өздерің ұрпақтарым, Ұғынсын-деп, жаныңа сыр ақтардым. Сендер əлсіз болсаңдар бірлігі жоқ,

Былғанғаны киелі топырақтарым. Бол алмассың сіра да дара мықты, Ата жұрттан алмасаң даналықты. Тамырынан үзілген қу ағаштай, Өгейсінер өзіңді далаң тіпті. Алауыздық отына күйіп жанып, Тағдыр жіптің ұшында талай қалдық. Түркі тілдес,түбі бір ел едік біз, Билегені жауымның бөліп алып. Өкінішім өзіңе болсын сабақ, Хан біткенің қырқысып қырғи қабақ, Бөлінген соң орысқа бодан болдық, Алдарында байлаулы құлдай құлап. Қамал жоқ ғой бір болсаң алынбайтын, Нағыз бақыт-ынтымақ жолың айқын. Қазық болып ырысты берекеңе, Жоқшылыққа жығылып жалынбайтын. Қуат құйған халықтың жүрегіне, Бірлік дархан дүние тірегі де. Биік болсын ұлттық рух ар намысың, Онсыз əсте байлықтың керегі не?!

Ұққың келсе тереңнен мұның бəрін, Жазып кеткен қаныменен бабаң дарын Тарихыңнан көз жазба дем біткенше, Келер ұрпақ алаулап жалындарың!. ЖАҢАБАЙ ƏУЛИЕ БАБА ҮНІ Кең Жылой деп, жыр төгіп аңқылдаған, Кел, кел, бермен жақында ақын балам. Тарихыңның беттерін ақтарайын, Бабалардың демімен алтындалған. Əруақтан сескенбе күңіренген, Ол менмін ғой өзіңе күбірлеген. Өн бойыңа қан құйып оттай ыстық, Тылсым күшпен ой салып күнге өрлеген. Əуелден əулиелер мекен еткен, Кең Жылой-күн бесігің жер ғой көркем. Арғы атаң- Сармат бабаң қоныстанып, Көтерген шаңырағы бізге жеткен. Қаншама сырлар жатыр таңғажайып, Жездіден Оғыз ханның даңқын жайып. От жаққан Аралтөбе қырларынан, Тап қазір сөйлейтіндей қолын жайып.

Киелі кең далаңнан тыныс алып, Жем бойын он екі ата қоныстанып. Көтерген Алаш туын ынтымақпен, Шаттанып бірлігінен ырыс тауып. Жау тисе қайыспастан нық тұрғанмыз. Сескенбей ерлікпенен бұқтырғанмыз. Түсіріп төбесінен жайдың оғын, Ерлікпен келер күнге болдық аңыз. Дауға барсақ біріміз бардық жеке, Суырылған шешендей қалың көпте. Жауға шапсақ ту байлап бірге шаптық, Қалмасын-деп, туған ел қалың өртте. Жайлауымыз Жем, Қайнар, Ойыл, Сағыз, Асан Қайғы тыныстап қылған аңыз. Қырларымыз жаңғырған малға толы, Бейбіт күнге мəз мейрам қуанғанбыз... Бірақ əттең қуаныш болмай ұзақ, Жоңғар, Қалмақ,Хиуа құрды тұзақ. Ортасында сан оттың шырылдадық, Ор жыланға арбалған торғайға ұқсап. Қызғанғандай ата-жұрт қоныстарын,

Таптамақ боп елімнің ырыс дəмін. Мысық тілек түлкідей айласымен, Айдап салды жауымды орыстарым. Қиын болды Ақтабан шұбырынды, Сақтау үшін киелі қалың елді. Сауран барып үш рет оралғанбыз, Жоғалтпауға туған ел тұғырымды. Қол бастадық-азаттық туын керген, Би Əжібай, Есболай, Назарменен, Жас батырлар атылған арыстандай, Тастемір мен Шотан да бізге ерген. Сескенбедік қаптаған қалың жаудан, Еске түсіп қайран жұрт қайың сауған. Ең соңы дем біткенше алыстық біз, Айнымастан оқ өтпес алып таудан. Қан төгілді бостандық теңдік үшін, Бастан өтіп сан шайқас ерлікке сын. Азаттықтың ақ туын желбіреттік, Биіктерге самғатып жеңіс құсын. Ерлігімнен жан балам ақыл түйген, Қылышым ғой сондағы өзің сүйген.

Сол болаттай өткір бол əрқашанда, Жырларыңды ақтарып жалын күймен. Жатқанменен біз мына жер астында, Өр рухымыз тіл қатар қыр басында. Əжібай, Арал, Назар бабаңа бар, Сыр шертсін олар ұлым Бақашыда! БАҚАШЫ ƏУЛИЕ БАБА ҮНІ Құлдықты бас көтермей кім қостаған, Ханымыз Əбілхайыр қол бастаған. Ерлермен еркіндікке дабыл ұрып, Бұл жерде Қалмақтармен өтті майдан. Тілегін атын айтса екі етпеген, Алшындар атақты ғой Бекетпенен. Ұл қызы жауынгерлер жауға сұсты, Ондай ел көріппе едің жер бетінен. Дұшпаннан кегін алып төсін жарып, Найзамен бұлтты тіліп төгіп жарық. Жеңіске ынтық болып өршелене, Ерлікпен азаттықтың жолын салдық Бір оқтық деген бар ғой батыр жаны, Бұл соғыс кімді сорға батырмады.

Оқыста қас жауымнан жараланып, Бұйырды осы жердің топырағы. Жас едім елім үшін жанын түйген, Шыға алмай амалсыздан шерлі күйден, Амалсыз сіңе бердім тас түнекке, Салем де бір қарт көрсең Шөмекейден! Өр Рухым қанат берер сан асуда, Келіп тұр ақын ұлым сырласуға. Ар-намыс желбіреген туың болсын, Тіге біл ақиқаттың шың басына! Түсінсең бұл сырымды ақын тумам, Кімдер бар жер бетінде мəңгі тұрған. Байқасаң адамзаттың бітпес дауы, Адасып қол үзуі иманынан! ƏЖІБАЙ ƏУЛИЕ БАБА ҮНІ Кел, кел балам жақында бермен қарай, Күтудемін өзіңді төзім қалмай. От кеудеме ой салып сағынышпен, Ақ босаға-Кең Жылыой алтын арай. Қорған болып бұл жерде əрбір тасқа, Қас жауына қорланып құл болмасқа. Елін сүйген даңқты ерлер жатыр,

Сертін берген мəңгілік айнымасқа. Оны бұзу ауыр дерт текті ерге, Шаң түсірсең адамдық келбетіңе, Тіке қарап бетіне ел жұртыңның, Қалай тірі жүресің жер бетінде. Ешкім өлмес беріктік адалдықтан, Бақытты абыроймен арын баққан. Имандық тұтқасымен сұлу ғалам, Бəрінде зейін қойып тыңда балам, Қыран ұшпас қанатын қомданбаған. Мына жерде Ертуған əжеңменен, Қатар жатыр ержүрек Назар бабаң! Қол бастаған ол талай елді қорғап, Оны көрсе сескенген жауы қалмақ. Пір Бекеттің найзасы Назар бар деп, Жұлады екен шаштарын өзін қарғап. Қас дұшпанды аунатқан жерге тақыр, Бар осында Өгей мен Бегей батыр. Туған елге төрт түлік мал сыйлаған, Қой əулием киелім ол да жатыр. Қастерлемей əруақты ақын балам,

Ешкімнің де бақ нұры ашылмаған. Сен нəр алар киелі тамырың да, Сол бастаудан сусындап басын алған. Құлақ түріп біз айтқан өсиетке, Еске сақтап сен оны қасиетте. Арың таза болмаса баба алдында, Тап боласың адасып қасіретке. Алға баспай ойланып алған ісің Əлсірейді бойыңда қуат күшің, Сен өмірге келгенсің білсең анық, Бабалардың жолдарын жалғау үшін. Адалдықпен ақтасаң парызыңды, Сонда ғана тірлікте бақыттысың! Тағдыр бізді тонаған талай ұрып, Жасымадық біз оған құлай бұғып. Келер ұрпақ бақытты күн кешсін деп, Көз ілместен қорған боп талай тұрдық. Лаулап өрттей өршігіп өрістеген, Ел ішінде дау шықса келіспеген. Сынықшыдай сипалап су сепкендей, Сөндіргенбіз əділет игі істермен.

Жетім көрсек панасыз бауырға алып, Туған ұлдай көрсетіп бауырмалдық. Шуақ төгіп мейірім шапағатпен, Өсіргенбіз бойына жалын жағып. Кең əлемде болсын деп тек жақсылық, Біз арманға ерлікпен құлаш ұрдық. Үміт артып сендерге келер ұрпақ, Ата жолын қуар деп, жалғастырып. Сыйым болсын білдірген ықыласым, Тек жақсылық жасауға ұмтыларсың Көп кешікпей соға кет Басшы атаңа, Елім үшін қиған ол қыршын жасын. АРАЛ БАТЫР ҮНІ Қолыма семсер алып он бес жаста, Мен ендім қанды майдан сан соғысқа. Бостандық-ел тұтқасы Тəңір сыйын, Басқыншы бұғау салып былғамасқа. Еліме оралмасқа күл ғып өзін, Қираттым талай барып жау күмбезін. Отаннан артық ыстық ана барма, Жаныңда өшпесін тек өрлік сезім.

Өсірген сүйген елді туған жерді, Қорғамай жасық болса мұрагері. Сыйламай бабалардың əруағын, Қор болып басын бұғып тірі өлгені! Тəңірім түсірмесін мұндай қайғы, Ез болсаң ел жұртыңа кім қарайды. Ақын ұл жеткізе біл ұрпағыңа, Ұлттық Рух намысы бар қор болмайды! НАЗАР ƏУЛИЕ БАБА ҮНІ Сан ағылтып жүректің жыр моншағын, Бастауыңды іздесең құлыншағым. Ол өзіңнің туған жер бесігіңде, Анаң болып айқарған кең құшағын. Осы жерде қаны мен тері сіңген, Жан бабаңның күш алып өрісінен. Шежіресін киелі қадір тұтып, Оқи білші ой бөліп ел ішінен. Олар ел деп, кеудесін отқа малған, Іздерінен ерлік жыр жатта балам. Болар елдің ұланы əрқашанда, Əруақты қастерлеп аттамаған.

ШОТАН БАТЫР БАБА ҮНІ Жырлай білген шексіз-шетсіз даламды, Кел, кел бермен еркін ойдың ұланы. Көкте ойнаған нажағайдан от алып, Ер Қосай мен Бекет болған ұраны! Құшақ ашық сен дегенде құлыным, Жалғасы сен менің ерлік жырымның. Қандарыңда бізден сіңген тектілік, Жоғалтпасын қасиетті ғұмырын. Дақ түспесін баба рухы Адайға, Жамандықты жолатпаңдар маңайға. Қайсарлықты үлгі еткенбіз сендерге, Ер болсын-деп, жалбарынып Құдайға! Қан майданда кешіп отты жалынды, Елім үшін қиып жастық шағымды. Жеткізсек-деп, азаттықтың ақ таңын, Сендер үшін төккенмін мен қанымды. Ұмытпасаң намыс-бірлік əніңді, Ұрпақтарым бақыт құшар бəріңді. Жайнай берсін келер жарқын күндерің, Əділеттен айырмасын төріңді!

Құламасын дана Қаратауларың, Дарытпасын қайғы деген кəріңді! ТАСТЕМІР ƏУЛИЕ БАБА ҮНІ Кең Жылой əуел бастан ел ырысы, Мұнда бар əн менен күй, күн күлкісі. Ой салар келер ұрпақ зердесіне. Сан заман ғасырлардың жүгірісі. Солармен сеніменен жолым ашық, Жеңе алмас ешкім оны таптап басып. Қаншама ерлер жатыр Бақашыда, Жан салып туған елге болған ғашық. Солардан Алшын деген қалған даңқ, Ия, Бекет десең қазір ұран салып, Айбынды əскер келер көз алдыңа, Бұл жерді мекендеген батыр халық! Əр тасы жырға толы аңыз балам, Сыр шертер тыңдай білсең қобыз далаң. Əр сазын жырға аударып жеткізе біл, Бабасын ұмытпасын асыл ұлан! Кеудеңде ұлттық намыс лаулап жалын, Тағдырдың қадір тұтып берген бағын.

Аянбай қызмет қылып нар халқыңа, Сақтай біл ел намысын ел ажарын! ЕСБОЛАЙ БАТЫР БАБА ҮНІ От құшағы мəңгі көктем жап-жасыл, Туған ел ғой жанға жақын ең асыл. Айрылған соң бірлігінен уыздай, Азап кешті бейнет тартып сан ғасыр. Іргелері бөлінбестен Алты Алаш, Жарқыраған семсердей боп құдды алмас, Жауға бірге бас көтерсе ерлікпен, Зұлымдықтан бас кетпейме жым жылас. Берік болсын Түрік халық бірлігі, Сонда қайрат жігер күші мұқалмас. Жеткізуге ел мұратын жеңісін, Біз алыстық азаттықтың таңы үшін. Отта кештік, мұзда кештік құлыным, Тарылмасқа сенің өмір тынысың! Адамдар ғой шын тірегі ғаламның, Жырлай біл сен имандықтың ар əнін. Талай ерлік туар ұрпақ барында, Тек ақиқат болсын мəңгі ұраның!

ЕСЕНТЕМІР АТА ҮНІ Тамыр тартып тарихыңнан тереңнен, Қуат беріп махаббатқа бөлеген. Ата мекен əркімге де тым ыстық, Алға тартқан өмір атты кемемен. Сен сүрінсей өз анаңдай жаны ашып, Қолтығыңнан сүйеніш боп демеген. Ол жаныңның бейне Мысыр шаһары, Құшағында айта аласың шатты əнді. Оның бөлек боз жусанды даласы, Тым ерекше шуақ төккен ақ таңы. Бозторғайлар шырқағанда төрінде, Жырға айналар сағыныштың мақамы. Отаныңның ырыс толы бөлшегі, Оған жетпес махаббаттың өлшемі. Егіз біткен кіндігіңе байланып, Жетелейді ізгілікке ол сені. Абыройын қадір тұтып қастерлеп, Ұлттық сана танымымен біл соны! Өз анаңдай түн ұйқысын төрт бөліп, Күн бесікте мейір төгіп тербетіп.

Аямастан бар жылуды бойыңа, Құйып берген сен өссін-деп, ержетіп! Айналған бір үлкен ауыл қосынға, Бабалардың зираты да осында. Сен олардың аманатын ту қылып, Кір шалдырмай абыроймен таза ұста. Біздер жатқан Байтақ атты осы жер, Дауысымыз самал желмен естілер. Тəн өлгенмен жан өлмейді құлыным, Туған жерден күдер үзбес намысты ер! Қуат берер бірлігімен халқыңа, Түрікшілдік қасиетіңнен жаңылма. Бар болашақ сонда жатыр жарқыным, Көк Бөрінің болсын Рухы қаныңда! БАСШЫ АТА ҮНІ Біздер мұнда бесеуміз, ақын балам, От дауылда қас жаумен алқымда алған. Алысқанбыз туған ел намысы үшін, Денемізде сау жер жоқ шарпылмаған. Жеткенменен жеңіске жараланып, Ажал сұмға біз қарсы тұра алмадық.

Қан төгіліп боз төбе осы жерде, Соңғы демді ерлікпен тəмамдадық. Шешілмеді киінген сауытымыз, Бұдбұл ұшып бал дəурен ақты жұлдыз. Бəрі, бəрі сен үшін келер ұрпақ, Ұмытпасаң біз мəңгі бақыттымыз. Ұғар болсаң нұрымыз түсер сізге, Сөгілмейтін іргесі бірлік ізде. Ырыздығың ортаймай туа берсін, Пір Бекеттей даналар елімізде. Тұғырың ғой Кең Жылой ғой темір қазық, Ата даңқын күтпеген кетер азып. Өсер бала қақ жарып қараңғыны, Өз тарихын жеткізер жырмен жазып. Елім үшін еңіреп қол бастаған, Қасіретті сəттерде бір саспаған. Елеусіздеу ой салып жатыр шетте, Білесіңбе құлыным Арыс бабаң! АРЫС БАБА ҮНІ Ерлігімнен өшпейтін көздеп белгі, Жырларыңмен тербетіп іздерімді.

Тебіреніп келдіңбе ақын балам, Сағыныштан сарғайып іздеп мені. Біздер көріп сан талай арпалысты, Бой бермедік ұмтылған жауға сұсты. Сендер үшін айқастық қанды төгіп, Не бар мынау жалғанда ардан күшті?! Өжет болдық бір елі шегінбедік, Күн бесігім Кең Жылыой-елім дедік. Қара бұлттай түнерген дұшпаныңды, Қара жерден тұрмастай желімдедік. Дастарханым-кең далам тозбасын-деп, От кеудеде алаулап маздап жүрек. Бұлақ аштық ел ішін ағартуға, Білім жолын, ұрпағым саған тілеп. Исламнан нұрланған шуақ алып, Білімдінің сен ұқсаң күні жарық, Арылмаған бойдағы иттігінен Білімсіз жан бишара надан ғаріп. Бабалардың бұл хаты жазған саған, Терең оймен толғанып,оқы танып. Сатпа арыңды ақшаға өлсең дағы,

Адалдықта адамдық мирас бағы. Көлеңкесі көптіктің алтын болар, Өзімшілдің өзінде қимас тағы. Ел боламын десеңдер ырысы бар, Биіктерді ақылмен алысып ал. Оның үшін түзе сен бесігіңді, Басталатын төрінен ұлы асулар! Өздерің ғой емдейтін жан жарамды, Өткеніңе өз салып тыңда əнімді. Туған елдің көгінде туы болып, Жалғаңдаршы шуақты таңдарымды. Туған жердің үгітіп тасын жарып, Темір жолдар шырмаған басымды алып. Сен келгенде серпіліп бір аунадым, Ақын балам келіп тұр есіңе алып! ҚҰЛЖАБАЙ БИ АТА ҮНІ Сейілмеді қара бұлт көгімізден, Қаптаған жау тартқылап жеңімізден. Түгел қоршап айнала от салғаны, Айыруға киелі жерімізден. Аз болғандай Жоңғардың азаптары,

Қылыш сермеп Жайықтың Казактары. Башқұрт шапса,шығыстан Кокан шауып, Күнді кештік ұрпағым тозақтағы. Патшасына орыстың көзін сүзген, Хатта жаздық бірігіп кіші жүзден. Бірақ оным опасыз түлкі болды, Айдап салып жыланды жем іздеген. Қаптаған жау елімді əлсіретті, Халқым барын қолдағы талшық етті. Күңіреніп күй кештік»Елім-айлап», Жұбата алмай күңіренген қалың көпті. Тілім менен Дініме қатер төніп, Қос қанатқа тиген соң от өрт еніп. Шыдай алмай залым жау ойранына, Сырымменен бас қосып көтерілдік. Атқа қонды батырлар ту астында, Тағылықтың қалмауға уысында. Қайран далам белшеден қанға батып, Тажалдың тырнағынан батты мұңға. Қасіреттен қан жұтып, жан түршігіп, Жолбарыстай жаралы сан тұншығып.

Зар заманға тап болдық адам көрмес, Қарағайды кемірді шортан шығып. Айта берсем таусылмас өкінішім, Кең Жылойдың төсінде жорғалады, Бұрқыратып бойынан өлім исін. Шошынғаннан ұйқыдан безіп тегі, Шырылдады жас сəби бесіктегі. Іздерінен шытынап күмбездерім, Əліпбиім өртенді мешіттегі! Біз тірелдік ұрпағым тығырыққа, Айналуға қалған соң енді жоққа. Жер бетінен қазағым өшпесін-деп, Амалсыздан бас идік бодандыққа. Ақын ұлым талабы өрге шапқан, Өлсең де зая болма мінажаттан. Ішімді өртеп жатыр өкінішім, Дос тауып құтылғанмен бұл апаттан. Ол үшін жазғырма сен өткендерді, Жолыңа үмітпенен шырақ жаққан. Кең Жылой желбіреген туың болсын, Жау жүрек Пір Бекеттей ерлер тапқан!

БАЙБАҚТЫ АТА ҮНІ Ел намысын берместен ешкімге де, Үлгі болып сыр ұғар естілерге. Төремұрат, Нарымбай, Өтен болып, Жауға шаптық, ту байлап өскен елде. Елге тиген кенеттен қара сартты, Біз қуғанбыз мініп-ап жайдақ атты. От та салдық ұясы Хиуаға, Алмас үшін ұрпағым жарақатты. Арасына шоқ салған жалын оттың, Қарамастан сесіне қалың оқтың. Айбарыма намысты қалқан қылып, Жауда қалған Сүгірді алып шықтым. Басшы болып Шеркештен Нұрсұлтаным, Жастайымнан майданда ту ұстадым. Адайдан жаныма ерді алпыс батыр, Төңкерген қас дұшпанның ырыс тағын. Қашанда бірлесіп ой қабылдадық, Ешкімге біз жазықсыз ұрынбадық. Қоқаңдап елімізді басынғанның, Алысып қан майданда басын алдық.

Туған жер бесігіңе салып жара, Салғанда бекініске қызыл қала, Досандай Адай ермен қолды бастап, Жауыңды бояғанбыз қызыл қанға. Көрсетіп Өтен батыр үлкендікті, Көтерді қай майданда үлкен жүкті. Қамалын орыстардың бұзып жарып, Жеңіспен жалау қылдық еркіндікті. Нəр алып өзі берген асқақ деммен, Əрдайым бірге болып халқымменен. Қорғадым əрбір тасын кеуде тосып, Сен үшін келер ұрпақ-асыл берен. Дау қуып ақымақпен ұстаспадым, Күзетіп имандықтың мирас бағын. Əуелден ірі ауылдың ұлы едік біз, Қайда да ірі турап жол бастадым. Ту қылдым ел бірлігін дем біткенше, Ұқпады жан сырымды кейбір кеще. Алыстым қара түнек қараңғымен, Ұрпағым күндей күліп сен өскенше. Не жетсін ата мекен қайран елге,

Бастырған қадамыңды биік өрге. Жатыр-ау, ер Өтендей асыл ерлер, Мен туған көлі мөлдір Айранкөлде. Бар балам, батыр бабаң басына да, Жетектеп Саттарыңды қасыңа алда, Ел қамын ойлай білген адалдықпен, Жəңгірден ой оздырған Жандыр сонда, Жанында Мəстекбаймен Еспентай бар, Салем айт жомарттықпен үлгі болған, Нар тұлға Бегалыдай асылдарға! Құты еді-ау, олар елдің мақтан тұтқан, Халқымды алып шыққан талай жұттан. Барма екен күмбездері ізде,ізде, Жоқтаусыз жоғалмасын алтын тұтқаң. Жүр шығар рухтары аққу болып, Жан балам бəріне де барып жолық. Бабасын қастерлеген ұландарға, Қашанда қолын созған бақыт қонып. Ұрпаққа қуат беріп құшақ жайған, Туған жер өз тарихың бастан аян. Осында бабалардың ерлік жолы,

Көз салып əр ізіне ойлан, ойлан! АҚҚУЛАР ҮНІ Кел ақын кімді іздедің сағынышпен, Бұл дала мұңға батып сағым ішкен. Қаншама сырды жатыр бұғып ішке, Сөйлесе шығарардай жалын іштен. Сұлулық сырын терең ұқсаң жаным, Шуағын тілеп елге аппақ таңның. Жар салып кең əлемге келеміз біз, Бабаңның айтпай кеткен армандарын. Кеудеңде теңіздейін тасып өлең, Сен тағы кімді іздедің асыл берен?!. Қане кел сезіп тұрмыз көрсетейік, Бабаңды ақ қанаттың ұшыменен. БЕГАЛЫ АТА ҮНІ Құламаған екен ғой шаңырағым, Кел,кел бері жақында шамшырағым. Менен туған Сейсекен ұлымын деп, Тебіреніп жеттіңбе жапырағым? Киелі отын сөндірмей нағашыңның, Келер күнг жалғаумен талмас үнін,

Бір Тəңірге табын деп, адамзатқа, Айта алдыңба жар салып сөнбес күнім? Жинап алған бойына бар асылды, Қадір тұтып Жер үйің- анашыңды, Бір Алланың сыйы-деп, жырға қосып, Қорған бола алдыңба жарасымды.? Бабалардың сыр толы тыңдап əнін, Өнерінен сусындап тулап қаның. Баға жетпес шырағын қолыңа алып, Іздедіңбе ғылымның алтын таңын? Рухтармен дем берген бұлақ ашып, Дінің менен тіліңе құшақ ашып. Қос қанатым қырқылса өлгенім -деп, Тұра алдыңба дауылға тайталасып. Адамзатқа иманмен жол ашатын, Қиямет күнге дейін жалғасатын. Тəңірдің өзі берген Құран-Кəрім, Ұстазың бола алдыма сырласатын.? Көркейтіп даналықтың өрістерін, Жеткізген бір Алланың игі істерін. Данышпан Мұхамбеттей пайғамбардың,

Құлшынып оқыдыңба хадистерін? Кеудеңде алаулаған жалын барда, Нұр төккен күндей сұлу тілің барда. Ой салып көпшілікті еріттіңбе, Киелі сезімдер мен ұғымдарға. Қадірлеп уақыт сəтті тыным алмай, Дүние байлық табу жолын қумай. Ізденіп бұлақ көзін аша алдыңба, Туған ел келбетіне көзің тоймай? Құлыным болғаннан соң қанға жақын, Сезімнің алаулатып отын жақтым. Қастерлер əруағымды келгеннен соң, Үн-түнсіз тіл қатпауға барма хақым? Адал бол əділ басып əділдікпен, Тарықпас маңдай термен еңбек еткен. Айтарың шындық болсын иман жүзді, Айнала бар маңайға шуақ төккен. Нəр берген тамырың ғой асыл халық, Қадірле алтыныңды аршып алып. Тарихың басталады туған жерден, Бабалар рухынан түскен жарық!

Оқы, оқы білек тұрып аянбастан, Əр үні мəңгілікке болар дастан. Ерлігін жеткіз келер ұрпағыңа, Тыңдасын құлақ түріп бала жастан. Білмесең бастан кешкен өткеніңді, Ала алмай бос қаларсың өткеліңді. Кешікпей шежіреңді түгендеп ал, Ойлауға қате басып өткен жерді. Болғанмен құшағында өзің қонақ, Бұл өмір ұға білсең күрес- сынақ. Қанат қыл ақылың мен жігеріңді, Сындырмас өр сағыңды тайсаң құлап. Ажалдан құтыла алмас туған адам, Түсінбес оны мансап қуған надан. Əр күннің арай таңын сүйе біліп, Ұмытпай бір Тəңірді ойла балам! Жер болмас туған жердей сұлу биік, Жаныңа қуат берген бақыт үйіп. Ел болмас туған елдей бұл ғаламда, Өсірген өз ұлым -деп, сені сүйіп. Қалмайын ұмыт болып көзден қырын,

Келіп тұр сен басыма үзбей ұлым. Тарықсаң қиналғанда дем берермін, Жалғайтын өмірімді сен ғой күнім! Толғана, тебірене түсіп ойға, Қуанып жатыр бабаң Əспентай да. Киелі сырға толы іздерінен, Желкен құр жырларыңмен Кең Жылойда! Туған жер сапарыңа жарық берген, Ал енді ақ жол болсын асыл берен. Ақ тілек, ақ батамды ақтайды-деп, Өзіңе сенім артып үміттенем! ӨТЕН БАТЫР ҮНІ Еске алып ерлік даңқын мəңгі тозбас, Бабасын қадірлеген ұрпақ азбас. Кел балам ерлігімнен сыр шертейін, Жаныңа қуат беріп болсын жолдас. Кең Жылой-мəңгі солмас көктемдерім, Өзінде тəй-тəй басып еркеледім. Қырандай қанат қағып құшағынан, Еркіндік теңдік жырын ерте білдім. Қастерлеп ата-жұрттың қасиетін,

Ту қылып бабалардың өсиетін. Күресіп азаттықтың ақ жолында, Тағдырдың тартым талай қасіретін. Көнбедім отаршылдық зомбылыққа, Бел байлап он жетіде сан жорықта. Бүйректе ел жылатқан түрікпендерді, Алғанмын ерлігіммен қан құрыққа. Халқыма түнек салған күңірентіп, Ресей патшасында құнып кетіп. Айқасып Жамансайдың шайқасында, Сүйредім генералын дірілдетіп. Қалдырып кейінгіге ер белгісін, Алысып Отан үшін, жерім үшін, Өтірік,өсек, ұрлық шайтан іске, Жол бермей, тату қылдым елдің ішін! Жігіттің кеудесінде оты барын, Жаныма əскер қылып жиып бəрін. Азаттық аңсауменен жауға шаптық, Туымен Есетұлы Көтібардың! Елім-деп, залым жаумен кескілесіп, Сан жолды тəуекелмен кесіп өттік.

Мұз жастап, таңды атырып кірпік ілмей, Есеттей алып ерді көріп өстік. Ол өзі батыр еді жаны асқақ, Киелі Қырық жолмен қолды бастап. Далама ентелеген басқыншыны, Састырып қан жұтқызған серпіп тастап. Атса да залым дұшпан зеңбірікпен, Алдында басын иіп дір етпеген. Халқымның өзі құйған шойын еді, Атса оқ, шапса қылыш бір өтпеген. Сол батыр жиен еді Мұңалдарға, Адаймен ойнайтұғын теңеп нарға. Дүние-ай ұшқан бақыт қайта қонбас, Сол ерлер енді қайтып ораларма? Ойға алсам айтшы қалай налымайын, Кешегі Төремұрат,Нарымбайым. Қоныспай,Сарман менен Таған батыр, Ер еді-ау, ел дегенде жаңылмайтын. Өтті ғой дүниден небір сабаз, Ерлігін ақын балам жырыңмен жаз. Ұмытпа Самай деген сатқын болған,

Ұрпағың жамандықпен болсын араз. Халқымның кірбің салып көңіліне, Кəпірдің айналған соң көлігіне. Ер жүрек Күнжарықпен тізе қосып, Екеулеп найза салдық жүрегіне, Өз елін лаңға салып сор əкелген, Ездердің екі жүзді керегі не? Сыр айтсам мен өзіңе ақтарыла, Батты ол күнəның мол батпағына, Сүйегін туған жерде қабылдамай, Шошындық ит-құс талап жатқанында. Жыландай жылжып үнсіз кіріп ішке, Жау келді оны жоқтап бекініске. Күтпей-ақ батырларды кейін қалған, Атойлап жалғыз шаптып сеніп күшке. Аттарын жинап алып қашқындардың, Ауылға бет алғанда жас ұланым. Сыртымнан жасырынып оқ атқаны, Күшігі қанға құмар қасқырлардың. Өлерме сірə сауыт киген кісі, Қайтейін айтпай толмас өкінішті.

Жаныма ажал болып оқ тиген күн, Сүмбіле жұлдызының он екісі! Алыстым қас жауыммен дем біткенше, Жібермей қызыл қала бекініске. Бар балам,мəңгі өлмейтін жеңістерім, Бар балам өзекті өртер жеңілісте. Бітпейді озар елдің ой арманы, Бітпейді тозар елдің дау жанжалы. Айтарым елдікпенен бірлік ізде, Халқыңның сонда ырыс бақ қорғаны. Қадірлеп əр сəтіңді, əр күніңді, Жолыңа шырақ қылып күн- білімді. Имандық туын ұстап баға жетпес, Тірлікте қадірлеңдер бір-біріңді. Нұр жауар талаптыға көп ізденген, Көз алма бабаң өткен іздерінен. Осында тарихыңның бал бұлағы, Туған жер тамырынан үзілмеген. ТӨРЕМҰРАТ БАТЫР БАБА ҮНІ Таусылмайтын арман көп əр жүректе, Ем жоқ екен, құлыным ажал дертке.

Кең Жылойдың бұйырмай топырағы, Қалған жерім осы жер шөл үстірте. Тірілер бізден күдер үзгенбе еді, Келмеді көптен ешкім іздеп мені. Жақында айтарым көп ақын балам, Кеудемнен ағылтайын сырлы əуезді. Ел үшін түскен талай жалын отқа, Жан едім қалқан болған қалың жұртқа. Кезінде Құрманғазы күйін арнап, Паш еткен ерлігімді шартарапқа. Хиуа , Хорезммен шауып Қалмақ, Ресей қаншеңгелді жезді тырнақ. Шулатып нар халқыма бас салған соң, Күрестім туған елдің арын қорғап. Күн кештім ер үстінде қан майданда. Ер жігіт қас дұшпанға қол жайғанба. Даңқына бабалардың кір түспеске, Қол созып,азаттық күн арай таңға. Алыста ару қалып аққу үнді, Өткіздім мен осылай небір күнді. Өмірім өтті күрес майданменен,

Ерлікке бастауменен ғұмырымды. Сен мұны еске сақта келер ұрпақ, Түсінсең Отан біреу жалғыз ортақ. Тілеуін тіле оның бірлікпенен, Əр тасын қадір тұтып жаудан қорғап. Оқысаң тарихыңды терең танып, Бəрі де сабақ болар жолыңа анық. Əр қырда күңіренген боздақтардың, Дауысын жеткізе біл жырмен жазып. Нəр алған ата салттан исі сіңіп, Болса егер бақ ұяңда ұйымшылдық. Киелі ақ қанатты періштедей, Төріңе бақыт қонар ырыс құйып. Біз мына сол бірліктің жоқтығынан, Тақ талас хандар қоқыс боқтығынан. Қаншама жапа шегіп қорлық көрдік, Көз ашпай кесапатты отты уынан. Иə, балам айтсам саған сыр таусылмас, Толқындай бір-бірімен болған жалғас. Есіме Қыз Данайым түсті қазір, Жатсамда түнек көрде ол ұмтылмас.

Жоқ болар ондай сұлу жер мен көкте, Сүйгенін мақтады-деп, мені сөкпе. Ғашық боп сол аруға пəк сезіммен, Заманмен арпалысып түстім өртке. Сүйгенім болған емес басқа менің, Байлығым сол гүлім мен жас дəуренім. Кездесіп жүрдік талай жұрттан таса, Көзіне түспеу үшін өш көздердің. Қос жүрек адал сүйсе тұра алама, Қарамай қыспаққа алған зар заманға. Жаныма қызу лебін көктем қылып, Жасырын алып қаштым Бесқалаға. Шырылдап ескіліктің құрығында, Бөктеріп қызыл қанға қырды мына. Себепкер болдым балам мен осылай, Жылыойда,»Қызданайдың қырғынына»! Көрген соң итаршы боп,құлдай қорлық, Жат елде жүрмейін-деп, ұлтан болып. Қайдасың Кең Жылой деп,тартым кейін, Білместен қас жауымды тұрған торып. Жете алмай туған жерге мəңгі жазға,

Алысып жүзбен жалғыз тартып аза. Өтен мен Нарымбайым болмады-ау деп, Құла дүз Күйкентауда болдым қаза. Қимасым Қыз Данайым қайран жүрек, Қасірет қайғысынан кешіп түнек. Шарапат таппай мынау дүниеден, Қош бол деп,қалды кейін жас мөлдіреп. Күздегі қызғалдақтай үсіп солмай, Қайтесің тағдыр өзі жазса солай. Бал жұтам- деп, жүргенде у іштім мен, Ғашықтық оты шарпып елге сыймай. Келіп тұр мені ұмытпай жапырағым, Айтылмай іште тұнып жатыр əнім. Алып кел келеріңде Кең Жылыойдың, Бір уыс кие толы топырағын! НАРЫНБАЙ БАТЫР ҮНІ Кел ақыным жазған ерлік дастанын, Аласұрып кеудеңдегі жас жаның. Отан атты тарихыңның киелі, Іздедіңбе туған жерден бастауын. Өшпесін-деп, есімдері жоғалып,

Бабалардың рухынан нəр алып. Өнеге қып қасиетін кейінге, Жүргеніңе тебірендім қуанып. Əуел бастан жырға толы етегі, Бұлбұлдар мен дүлдүлдердің мекені, Кең Жылойың ғасырлардың төрінен, Тыңдай білсең талай сырды шертеді. Осы жерде туған небір даналар, Осы жерде біздің батыр бабалар. Дабыл соғып ерліктерге жар салып, Таңмен бірге күнде ерте оянар. Ажал биін дауылдарда ойнаған, Басқыншылар қызыл қанға тоймаған. Адамзаттың ақылымен санаспай, Зұлымдығын бір сəтке де қоймаған, Қара бұлтпен түнергенде айналам. Сол бабалар дауысынан күш алып, Біздер едік беліне ту байлаған. Түспесін-деп, құлдықтың сор шаңына, Айбаттанып жауға шапқан шағымда Сен жүргенсің ана тілім- өмірмен,

Сан бұлқынып менің ыстық қанымда. Нағыз батыр сын үстінде танылар, Кең Жылыойда туған ұлдың бағы бар. Ұлы жолға шығарыңда əуелі, Бабалардың өсиетін ұғып ал! Құпия жоқ сенен əсте жасырын, Айтылар-ау əлі талай жан сырым. Жалғай біл сен ата баба жолдарын, Парызыңды ақтай біліп асылым. Ал адассаң иманыңды жоғалтып, Ұлтыңның да, еліңнің де жоғы анық. Кеткенімде мəңгілікке құрдымға, Мəңгұртіктің қыл бұрауын қолға алып. Хайуандай қарын тойса сай күні, Көрмес үшін мұндай азап қайғыны. Тіліңді сүй, дініңді сүй жан балам, Бабаларың болған сенің айбынды! Жарқын болсын алда көрер күндерің, Жақсылық ғой арнап маған келгенің, Алла саған нұрын төксін жан балам, Дауысымды жеткіз елге сен менің!

ДҮЙСЕКЕ АТА ҮНІ Мынау мешіт ұрпақ үшін салғанбыз, Құшағында ғалымдардан қалған із. Талай сансыз қарылғаштар ұшты одан, Болмау үшін болашақта қорғансыз. Əлем ұқсаң күнде тұтар жаңарып, Тек ғылыммен аша біліп жаңалық. Білім бердік ұрпақтарға сол үшін, Имандықтың шуағынан нұр тағып, Ақиқаттың бақыт туын қолға алып. Қара суды кері ағызып оқумен, Жасай білдік теміріңнен алтын кен. Ауысқанды біз түшкіріп сау қылдық, Аластатып əз-əзілдің дертінен. Арашалап сұм ажалдан талайды, Біз сыйладық қуанышты арайлы. Кейде күліп, кейде шаншып алатын, Өмір деген бір қалыпты тұрмайды. Ұялаттық жүректерге сенімді, Ұмытпауға жаратушы Құдайды! Қажет десе көкпен ашық сөйдесіп,

Самал желден тіл алысып, күй есіп. Бұлт шақырып мынау шөлді далаға, Ақ жауынды құйдырғанбыз селдетіп. Біздің ғылым терең ғылым қарағым, Бастауынан қуат алған Құранның. Адамзатты имандыққа шақырып, Қызметтенген бақыты үшін адамның! Құбылысын табиғаттың ұқтырып, Өн бойынан ұға біліп ұлылық. Жалбарынып жаратушы Тəңірге, Бар адамға тіледік біз жылулық! Өттік талай дауылдардан, сындардан, Аямады ызғар төгіп сұм жалған. Азаттықтың шуағына зар болып, Алысумен өксік болып өтті арман. Елің барда үміт толы сенім бар, Сендерсің ғой болашағым жалындар. Келешектің жарқын айқын жолы үшін, Өткеніңді түгел ұғып алыңдар! Туды алдыңнан біз аңсаған ақ таңың, Ұмытпа сен Тəңір сыйға тартқанын.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook