Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Халима өмірінің өшпес өрнектері

Халима өмірінің өшпес өрнектері

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-05-17 05:56:03

Description: Халима өмірінің өшпес өрнектері

Search

Read the Text Version

Егер Халима тірі болса, менің бұл арнауыма қарсы болар еді. — Мені кітапқа кіргізбе: өз әйелі туралы кітап жазған жазушы жоқ. Ұят болады. Ұят, дер еді, \"Ұят\" деген сөзді екі-үш рет қайталап. Егер мен: — Жазылып қойған дүниемді қалай жоямын?—деп қиналсам, онда Халима: — Ендеше менің атымды Хадиша, өз атынды Әділхан немесе Әбілхан деп өзгерт. Басқа барлық таныс адамдардың аттарын ауыстыр. Сонда деректі дүние емес, идеядан туған көркем шығарма болып шығады, — дер еді. Енді маған олай деп ақыл айтатын Халима жоқ қасымда. Сондықтан бұл кітаптың арнауын өзім ойлаған қалпында қалдырдым. Бұлай еткенім үшін, аруағыңнан айналайын, қымбатты Халиманың рухынан кешірім сұраймын. Жүргізуші. (Тарих факультетінің деканы, профессор Сайын Борбасов). Біз өмірімізде мұндай қызықты кездесу көрген емеспіз. Мың рахмет, Әз аға Сізге! Солай ма, балалар? Дауыстар. Солай! Солай! Декан. Ризасыңдар ма? Дауыстар. Ризамыз. Өте ризамыз! (Бұл кездесу 2002 жылдың 5-ші желтоқсанында Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих факультетінде өтті. Басқа факультеттің де студеттері қатысты). (\"Жас алаш \" газеті, 2003 жылғы 15 ақпан, №20 және 18 ақпан, №21)

БАЯН СҰЛУҒА АРНАЛҒАН МОНОЛОГ НЕМЕСЕ СӨЙЛЕНБЕГЕН СӨЗ (\"Қозы Көрпеш Баян сұлу\" эпосының 1500 жылдық тойында айтуға арналған лебіз) Бұл той — ұлы той. Өйткені, махаббат тойы. Махаббатқа арналып дүниежүзінде тұңғыш рет өткізіп отырған ғой. Махаббат адам жанының жалауы. Ол: адамгершілік, адалдық, әділдік, ақпейілділік, пәктік, мөлдір тазалық, ұлы іңкәрлік. Махаббат — адам жүрегінің ен асыл қазынасы. Махаббатқа адалдық қасиеті қазақ халқының жүрегінен ерекше орын алған. Соның ұлдары мен қыздарының жүрегінде мәңгілік мекен тепкен. Сол себептен де сенің атынды 1500 жылдан бері туған халқың аузынан түсірмей атап келеді, ардақты Баян! Біз Сен туралы дастанды бала жасымыздан жаттап өстік. Студент кезімізде махаббаттың ұлы жыршысы Ғабит Мүсірепов ағамыздың Сен туралы жазған тамаша туындыны сахнадан сан рет көрдік. Көрдік те көкейіміздің алтын сандығына сақтадық. Содан соң соғыс кезінде де (1941 -1945) Сен біздің жүрегімізде жүрдің. Өйткені, Сен жас жүректі үздіксіз қытықтайтын махаббат деген ұлы сезімнің символы болдың. Анаға, әкеге, балаға, бауырға, жолдасқа, досқа деген барлық махаббаттың бастауы Сен болдың, Баян! Бала күнімізден санамызға сіңген Сенің қазақ қызы екеніңді білетінбіз. Сөйтсек, Сен қазақ ішінде Найман елінің қызы екенсің ғой, ардақты апа. Сағағынан үзіліп түскен қызыл алма өзі өскен ағаштың түбіне құлайды. Сен де сол қызыл алмадай болып өз жерінде Найман елінің Сыбан руы ту тіккен Аягөз алқабында жатырсың. Сондықтан да дүние жүзіндегі ең ұлы той махаббат мейрамы Аягөз өлкесінде өтіп жатыр. Сұлу қыз, көркем әйелдер көп қой қазақта. Көп! Солардың ішінде ең сұлу, ең сымбатты, ең сүйкімді, ең әдемі, ең ақылды қыздар Найманнан шыққан. Жүрегінде оттай лаулаған махаббатымен артқы ұрпаққа тарихи жыр болып қалған асыл арулардың көбі Найман сұлулары. Осы қасиеттеріне қарап үш жүздің жақсы жігіттерінің бәрі Найман қыздарына құмартқан, ғашық болған. Ұлы Абайдың өзі Найман елінің бір тарауы Сыбан жұртынан шыққан әрі ақын, әрі шешен, әрі әдемі, әрі ақылды Қуандық сұлуға ғашық болғаны айдай әлемге аян.

Есімі бүкіл бір тайпа елдің атына айналып кеткен Мұрын анамыз — Найман қызы. Қазақ Халқының маңдайына біткен ұлы данамыз алып Абайдың әжесі Зере анамыз Найман қызы. \"Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы Тоқтамыс Жуантаяқ деген кісінің\" аяулы інісі кемеңгер Кебек батыр құлай сүйіп, құшақтасып өлген ару Еңлік Найман қызы. Тіпті, ұлы Шәкәрім жазған \"Қалқаман — Мамыр\" поэмасындағы Мамыр сұлу да Найманның жиені екен деседі. Ал, қазақ әйелдерінен шыққан ең атақты ақын, ұлы Біржанмен айтысы ұлтымыздың мәңгілік мәдени мұрасы болып операға айналған Сара да Найман қызы. Сол сияқты Тұрсынхан Әбдірахманова, Марфуға Айтқожина, Гүлнәр Салықбаева, Азия Мағыпарқызы, Айнұр Тұрсынбаева, Ақмарал Ілеубаева және Құралай Әлкенбаева сайрап тұрған сандуғаш, шырқап тұрған бұлбұлдар емес пе?! Тек Найман қыздары ғана емес, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Ақұштап Бақтыгереева сияқты қазақтың ақын қыздарын кім кеміте алады? Осылардың бәрі дүниежүзінің қай ақын әйелдерінен кем? Кем емес! Тіпті артық та! Айтыс ақындары Айнұр мен Құралайдың, Әселхан мен Тәушеннің немесе Ақмаралдың жер бетінде ешқандай теңдесі жоқ. Өйткені, айтыс өнері тек қазаққа ғана тән. Бұл тек қана қазақ халқының жеке меншігіндегі асыл өнер! Өзге ешбір халықтың қолы жетпеген ғажайып өнер! Тек ақын ғана емес, найман қыздарының ақылға кенен, ғылымда кемел, сөзге шешен, іске шебер, ойға озық, баласын батыр, күйеуін батыл етіп шығаратын қарапайым дана әйелдері қаншама! Сол себептен де XX ғасырдағы қазақ басшыларының, ғалымдар, ақын-жазушыларының көбі Найман қыздарына үйленген. Найман қыздарына қызығушылар қазір де аз емес! Ұлы жүздің Домалақ анасы, Орта жүздің ұлағатты Ұлпаны, Кіші жүздің Қыз Жібек аруы тәрізді ең атақты, әйгілі қазақ әйелдерінің бәрі сенің сіңлілерің болған, Баян aпa. Солардың бәрі Сенің ақ, адал, асыл махаббатыңнан үлгі алған. Саған мың рақмет, миллион рақмет, ардақты Баян! 1952 жылы мен жас жарым Халиманы ертіп, Алматыдан Аягөзге келдім, аяулы апа. Ол кездегі \"Мыңбұлақ\" совхозында тұратын жарымның жақын туыстарына сәлем бердік. Бірнеше күн Аягөзді шарладық. Мен ол кезде республикалық \"Социалистік Қазақстан\" (қазіргі \"Егемен Қазақстан\") газетінде партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Аягөз аупарткомының бірінші Хатшысы Бейсенбаев деген кісі көлік беріп, қасымызға кісі қосып, Сенің бейітіңе тәу етіп қайтуымызға бізге мүмкіндік жасады.

Біз Сіздің бейітіңізді құшақтап тәу еттік. Сонда әйелім: Сейфіл Мәлік — Жамалдай Бейнетіңе көнсем-ай! Қозы Көрпеш — Баяндай Бір молада өлсем-ай! — деп ақырын сыңсып ән айтты. Әсеттің осы бір шумақ өлеңі біздің Саған оқыған, Қозы жездеміз екеуіңе бағыштаған құранымыздай болды. Сендер Қозы екеуің қазаққа мұсылман діні келмес бұрын өмір сүргендіктен, Әсет әнінің қайырмасын айтып, бет сипауды орынды көрдік. Әннен кейін келіншегім: — Біз де өлгенде Баян апамыз бен Қозы жездеміздей болып, бір молада қатар жатсақ-ау! — деді. — Әрине, — дедім мен әйелімнің арқасынан қағып. Сол жан жарым, әдеби серігім, Өзіңізге әнмен аят оқыған Халима сіңліңнен айырылып қалдым. Былтыр көз жазып, сыңарынан айырылған аққудай аңырап, жалғыз қалдым, Баян aпa. Біз Сіздерден үлгі алған, Сіз екеуіңіздей бір-бірімізді шексіз сүйген ғашық едік. Өмір бойы бір-бірімізге ғашық болып өттік. Осыдан 28 күн бұрын 21 шілдеде (19 тамызда Таңсық стансасынан түсіп, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітінің басына барғанда сөйлермін деп есептегенім ғой) мәңгілік ғашығым Халиманың басына сонау Маңғыстаудан алдырып, ракушка (ұлутас) деп аталатын аппақ ақ тастан Алатаудың Кеңсай деген биігінің төбесінде ақ күмбез орнаттым. Өз күмбезін тәріздендіріп, ұлттық үлгімен алты қанат киіз үй тәрізді етіп көтердім. Біздің күмбездің (дәм таусылған күні мен де, Сіз сияқты, жан жарымның жанына жайғасамын ғой) Сенін 1500 жылдық тойың қарсаңында біткенін жаныма қуаныш, жақсы ырым еттім. Енді Өзіңнің жатқан жеріңнен бір уыс топырақты орамалыма түйіп алып, сіңліңнің қабіріне апарып себемін. Қазір сол сіңлің туралы роман жазуға кірістім. Соны жазып шығуыма медет бер маған, ғашықтардың қасиетті пірі Баян aпa! (Жұртқа арнап): Ардақты ағайын! Егер сіз Алматы қаласының қақ ортасындағы Панфилов паркінің ішіндегі Мәңгілік алаудың қасына бара қалсаңыз, бұрылып, сол жердегі Офицерлер үйінің арқасына қарай көз салыңыз. Сонда ар жақта, Алатау иығында тұрған аппақ сағана көзіңізге шалынады. Ол — Баян сұлудың сіңлісі Халиманың күмбезі.

Егер сіз Алматыдан үлкен тас жолмен Талғарға қарай кетіп бара жатсаңыз немесе I, II Алматы стансасынан шығып, пойызбен Семей, Өскемен жағына жол тартсаңыз, онда оң жағыңызға көз салыңыз. Сонда шағаладай ақ кесене Сіздің назарыңызға ілінеді. Ол — Баян сұлудың сіңлісі Халиманың күмбезі. Егер Алматы аэропортынан аттанып бара жатсаңыз немесе Алматы әуежайына қонғалы келе жатсаңыз, Сізге ұшақ терезесінен төменде тұрған ақ мазар көрінеді. Ол — Баян сұлудың сіңлісі Халиманың күмбезі. Ол да, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудікі сияқты, махаббат күмбезі. Мәңгілік махаббат мұрасы! (Баянға): Қазақта: \"Той дегенде қу бас домалайды\" деген мақал бар. Оны өзің де талай естіген шығарсың бала күніңде, асыл aпa. Бірнеше рет инфаркт болып ауырғандықтан мен соңғы 10-15 жылда Қазақстанда өткен ханның, бидің, батырдың тойларының бірде-біріне бара алғаным жоқ. Тіпті, Тәуелсіздіктің он жылдық тойына да қатыса алмадым. Бірақ Сіздің тойыңызға қатыссам деп ынтықтым. Өйткені, бұл махаббат тойы ғой. Ағарған қу бас қана емес, үлкенді-кішінің кеудесіндегі қызыл жүректер тегіс домалайтын той ғой. Мәртебелі махаббат туралы үнемі жазып келе жатқан жазушылардың бірі болғандықтан бұл тойдан мен қалай қалмақпын? Сондықтан сырқат жүрегімді қолыма алып, мен де жетуге тырыстым бұл тойға. Махаббат тойының үстінде өлсем өліп-ақ қалайын деп ойладым. Қазақтың ескі дәстүрі бойынша мұндай ұлы тойға сойысқа мыңғыртамалайдап, ішуге саба-сабақымыз әкелер еді.Жазушының жылқысы да, қойы да, қымызы да жазған кітабы ғой. Аты мәңгі өшпейтін Баян aпa, мен сіздің тойыңызға шашу ретінде сонау Алатаудан арқалап, 150 дана кітабымды әкелдім. (1500 жылдың әр он жылына бір кітаптан). Бірнеше мектептерге компьютер, автомошина сатып әперген, бірнеше ақындар айтысына демеуші болған, сондықтан да осы заманның Атымтай жомарты атанған осы Аягөз ауданының перзенті, халқымыздың ардақты азаматы Нұртай Сабильянов өз қаражатына шығарып берген \"Қаламгер\" мен \"Өмір өрнектері\" деген өз кітаптарым. Бұл шашу кітаптарды Өзіңнің осы ұлы тойынды үлгілі етіп өткізіп отырған Аягөз әкімі, аяулы бауырың Марат Әкірәмов інімнің қолына табыс етемін, Баян aпa. Марат бауырым оны тойға келгендерге тәбәрік ретінде таратып берер.

Махаббат тойы — мәңгілік той. Тойларыңыз құтты болсын, ардақты Баян aпa, аяулы Қозы жезде. Жатқан жерлеріңіз жайлы, топырақтарыңыз торқа болсын, махаббаттың қос періштесі, қос Тәңірі! Осы тамаша тойды өткізуге құрылған арнаулы комиссия мүшелеріне, Аягөз ауданының халқына, Шығыс Қазақстан облысының басшыларына және дүниежүзінде тұңғыш рет өткізіліп отырған махаббат тойына келген бәрлеріңізге мың рақмет. Аман-сау, бақытты болыңыздар. Махаббат тойы мәңгі жасасын. 16.08.2002 жыл. Алматы. ЕСКЕРТУ: Бұл сөз сөйленбей қалды. \"Қозы Көрпеш Баян сұлу\" дастанының 1500 жылдық тойына баруыма дәрігерлер рұқсат етпеді. Тойға апармақ болып әзірлеген шашу кітаптарымның бір бөлігін бара жатқан жігіттерден беріп жібердім. (Шығыс Қазақстан облыстық \"Дидар\" газеті, 10 желтоқсан, 2002 ж.)

ӘСКЕРИ ЖИНАҚҚА АРНАЛҒАН АНЫҚТАМА Халима Қалиәкпарқызы Өзбақанова 1925 жылы 10 мамырда бұрынғы Семей облысының Абай ауданында, Жүрекадыр деген жердегі Құндызды ауылында туған. Есейгеннен кейін комсомолға өту үшін үш жасын үлкейтіп, 1922 жылы тудым деп жаздырған. Ол Абай ауданында туып, балалық шағының бас жағын Аягөз қаласында өткізді. 1932 жылғы аштықта әке-шешесі бірдей қайтыс болып, бес жасар сіңлісі Ханымхан екеуі балалар үйіне өткізілді. Сол жылы Аягөзден Семей қаласындағы төртінші нөмерлі балалар үйіне жіберіледі. Одан бесінші балалар үйіне ауыстырылады. Қайда барса да сіңлісін қасынан қалдырмай, қолынан жетектеп жүреді. Бірақ сіңлісі қайтыс болады. Бұл балалар үйінде Халима төрт жыл болады, бастауыш мектепті бітіреді. Балалар үйінде одан жоғары класс жоқ. Сондықтан ол Семей қаласында 1936 жылы жаңадан ашылған он бірінші нөмірлі қазақ орта мектебінің интернатына ауыстырылады. Бесінші кластан оныншыға дейін үздік оқып, 1942 жылы ол мектепті бітіреді. Балалар үйінде өскен қыздар өте патриот еді. Олар Отан соғысы басталған күннен бастап, Отан қорғаушылар қатарында болуды арман етеді. Военкоматқа үсті- үстіне өтініштер жазады. Ақыры олардың тілегі қабыл болып, 1942 жылы 10-класты бітіре сала, әскерге алынады. Олар: Орынкеш Мысырова, Халима Өзбақанова, Хантай Елубаева, Ишан (Ишағы) Жағыпарова, Шәкәр Ботаханова, Бикен Садуақасова, Зифа Әркешева және бір қыз (аты-жөні есімде жоқ), барлығы 8 патриот қыз екен. Оларды кезінде военкоматтағылар \"Семей сегіз патриоты\" деп атаса керек. Бірақ, олардың өтініштері орындалып, әскерге алынғандарымен, соғыс жүріп жатқан Батысқа қарай емес, жым-жырт тұрған Шығысқа қарай жөнелтіледі. Бұл қыздардың көңілін күпті етеді. Әскерге алынған әскер эшелоны Чита облысының Борзя деген стансасына келгенде О. Мысырова, X. Өзбақанова, Ш. Ботаханова, Б. Садуақасова төртеуін сол жерге әскери бөлімге қалдырып кетеді. Мұнда олар Забайкалье әскери округына қарасты 12-әуе әскерлері армиясының 581 -байланыс батальонына қалдырылады. Сол жерде радистер дайындайтын қысқа мерзімді курстан өтеді. Жасынан зерек Халима жақсы радистка болып шығады. Бірақ, бала күнінен бауыры ауыратын сырқат Халиманың әскердің ауыр қызметіне денсаулығы жарамайды. 3-4 айдан кейін лазаретте төсек тартып, жатып қалады. Өзі басшы болып үгіттеген қыздардың қатарынан қалмау үшін тырмысып жүріп, Семейде әскери комиссиядан өтіп кеткенімен, оның елеулі ауру екені

анықталады. Армиялық әскери комиссия қолына \"Әскер қызметіне жарамсыз\" деген ақ билет беріп, Халиманы елге қайтарады. Аталас алыс туыстарын сағалап, Халима өзінің сәбилік шағы өткен Аягөз қаласына келеді. Немере апайын тауып, соның үйіне орналасады. Әскерге барып, ауырып, \"ақ билет\" алып келгенін де ешкімге айтпайды. \"Мен қайтсем де майданға барып, Отанға көмектесуім керек\" деген ой көкейінен кетпейді. Орта мектепті үздік бітірген аттестатын көрсетіп, аудандық НКГБ-ға қызметке орналасады. Сол қызметте жүріп, өзін майданға жіберуді өтініп, аудандық военкоматқа қайта-қайта өтініш береді. Өзінің әскерге алынғаны Семей военкоматына мәлім. Сондықтан Семейге көп аялдамай, Аягөзге артқан. Мұнда военкомат оның \"ақ билетпен\" әскерден қайтқанын білмейді. Сондықтан бұл жерден қайтадан әскерге алынуға да болады. Ешқандай қысылмай арыз бере беруге болады. Отан қорғауға бару қылмыс емес қой. Оның патриоттық өтініштері әскерге шақырылған жігіттер алдында. Ол жас жігіттерге жігер береді. Военкоматқа өтініп коймай жүріп, ол 1943 жылы СССР Мемлекеттік Қауіпсіздік Комиссариатының Мәскеу қаласы мен Мәскеу облыстық басқармасының қарамағына әскери қызметке жіберіледі. Онда Мәскеу қаласындағы Бас поштаның әскери цензурасына Совет Армиясындағы түркі тілдес халықтар жауынгерлерінің хаттарын тексеруші (цензор) қызметіне тағайындалады. Мұнда әр ұлттан шақырылған қыздар ғана қызмет істейді. Олар ресми түрде \"Цензор қыздар ротасы\" деп аталады. Мұнда Халима, алғашында, арнаулы қысқа курстан өткеннен кейін, кіші сержант, одан кейін сержант атағын алады. Әскери атақ берілгенімен, цензор қыздарға әскери форма берілмейді. Олардың бәрі жай киімімен жүреді. Сондықтан оның әскери бейнеде /формада/ түскен суреті жоқ. Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін сержант Өзбақанова осы қызметте болады. \"Германияны жеңгені үшін\" медалімен наградталады. Соғыс біткен кезде Халиманың бала күнгі ауруы асқынып, госпитальға түседі. Онда жыл жарымдай емделеді. Госпиталь дәрігерлері оны екінші топтағы мүгедектер қатарына көшіреді. Айына 240 сом зейнетақы тағайындайды. Сөйтіп, 1946 жылдың күзіне қарай Халима әскерден босап, Қазақстанға қайтады. Елге келгеннен кейін, зейнеткерлік билетін тығып тастап (мүгедекпін деуге ұялады) Семей облысының Шар ауданына қарасты Суықбұлақ деген жердегі Новотаубинко аулындағы орталау мектепке орыс тілінің мұғалімі болып тағайындалды. Сәки Бекбаев (қазір Алматыда тұрады), Дания Бөркенова (Семейде), Зейнеп Төребаева (Семейде) сияқты мұғалімдермен бірге қызмет істеді. Халима екеуміз 1939 жылы Семей қаласында таныстық. Мен Абай атындағы педучилищеде болдым, ол 11-інші қазақ орта мектебінде оқитын. Бір-бірімізді

жақсы көрдік. Үнемі хат жазып тұрдық. Ол жыл жарым Мәскеуде госпитальда жатқанда да байланыс үзілген жоқ. 1947 жылы 5 маусымда екеуміз ерлі-зайыпты болып қосылдық. Екеуміз қосылғаннан кейін, 1952 жылы Халима Қыздар педагогикалық институтын бітірді. Төртінші бала туғаннан кейін Халима маған ұсыныс жасады: — Мен енді өз балаларымызды тәрбиелеумен шұғылданайын, сенің журналистік- жазушылық қызметіңе көмектесейін, мұғалімдік қызметті қояйын, — деді. Екеуміз осыған келістік. 1992 жылы менің төрт томдығымның алғашқы екі томы жарыққа шыққан еді. (Нарық тауқыметінің салдарынан соңғы екі томы мүлде шықпай қалды). Халима екеуміз сол екі томдықтың әрқайсысынан 100 кітаптан сатып алдық. Қазақ салты бойынша адам өмірден өткенде қайтыс болған кісіден ескерткіш ретінде орамал таратылады кішкентай қалта орамалы. Біз екеуміз өлгенде орамал орнына кітап таратылсын деп келістік. Келісті де, бірінші томға (\"Махаббат, қызық мол жылдарға\") Халима өз қолымен қолтаңба жазды: өзі туралы азын-аулақ мәлімет беріп, тірілердің ұзақ өмір сүруіне тілектестік білдіріп, қолын қойды. Екінші томға (\"Ақиқат пен аңыз\") мен де сондай қолтаңба түсірдім. Сексеннен аспаспыз деп, екеуміз де қолтаңбамызды өз қолымызбен 80 кітапқа жаздық. Халима қайтыс болғанда өзі қол қойған 80 кітапты жұртқа тегіс өз қолыммен таратып бердім. Ал қырқын өткізгенде \"Өмір өрнектері\" кітабымның қырық данасын Халиманы ұмытпай еске алуға келгендерге алғыс ретінде үлестірдім. Жылын бергенде \"Жұлдыз\" журналында шыққан \"Халима\" хикаясының 100 данасын кітапша етіп тағы да тараттым. 100 дана кітапша деп отырғаным Халиманың әйелдік, аналық, азаматтық қасиеттерін айтып, қырқын өткізген сөз сөйлегенмін. Кейін ол сөзім \"Жұлдыз\" журналында жарияланған. Жұртқа кітапша етіп үлестіргенім де, Президенттің оқып, жоғарыда айтылған жақсы баға бергені де сол хикая. Ол естелік-хикаяны менің аға досым, әрі кейіпкерім ардақты Бауыржан Момышұлының баласы, белгілі жазушы Бақытжан Момышұлы бауырым орыс тіліне аударып берді. Ол \"Простор\" журналының жақындағы нөмірлерінің бірінде басылмақ1. Ол естелік-хикая қазір ағылшын тіліне және аударылып жатыр. Ол өте кішіпейіл болды. Мақтану, масаттану деген табиғатына мүлде жат еді. — Сен де Ұлы Отан соғысының ардагерісің. Мәскеу соғыс біткенге дейін майданның алғы шебі болды. Сен екі жыл алғы' шепте отырып, әскери қызмет атқардың ғой! — десем:

— Мені қойшы — ана Әлия мен Мәншүк сияқты нағыз алғы шепте бола алмадым. Болсам екен деп қаншама тырысып едім! Амал не? Екі жыл Мәскеуде әскери цензор болып, хат тексеріп, бір жарым жыл ауырып, ауруханада жатқаннан басқа ештеңе бітіргенім жоқ. Бала күнімнен бастап сырқаттан шықпадым. Егер \"ақ билет\" беріп, Борзядан қайтарып жібермесе, жапондармен соғысқа мен де қатысатын едім. Оған да қолым жетпеді. Бір жерде өліп қалмай, осы күнге аман жеткеніме таңмын. Мені бұл күнге жеткізген екеуміздің бір-бірімізге деген махаббатымыз болар деп ойлаймын. Мықты майдангер болмасам да осыған разымын! - деп жауап беретін еді ол. Оның сол сөзі шындық болатын. Расында, махаббат бізді үнемі ілгері ұмтылдырды. Ең үлгілі ерлі-зайыптылар арасында болатын шексіз сыйластыққа қолымызды жеткізді. Ойлап қарасаң: Жеті жумақ та, алтын тақ, та — ӘЙЕЛ екен! Еркектің байлығы да, бақыты да — ӘЙЕЛ екен! Жаның сүйген жақсы жарға жететін ЕШТЕҢЕ жоқ екен! ӘДЕБИЕТТЕР: Ә. Нұршайықов. Әуезовпен бірге болған бес күн. (\"Екі естелік\" кітабында), 1985, 83-85 беттер; А.Нуршаихов. Портреты. А.-А., 1986, стр. 427; К. Омаров, Л. Кузминский. Махаббат, қызық мол жылдар. Деректі фильм, 1994; И. Жағыпарова. Жеңіс жауқазындары. \"Қазақстан әйелдері\" журналы, 1995, №5; Қазақстан қаһарман қыздары. Көп сериялы \"Қазақстан Ұлы Отан соғысында\" бейнефильмінің 12-сериясы. Қазақ теледидары,1985; Жауынгер — жазушы Әзілхан Нұршайықов. Бейнефильм. 1995; Ә.Нұршайықов. Өткелдер. Өмірбаяндық роман. \"Жұлдыз\" журналы, 1997, №2, 3, 4 және №4, 5. 1998; Б. Ерманова. \"Асыл — Ажар\" — Махаббат, қызық мол жылдар. Бейнефильм. Казак теледидары, 1997; Біз екеуміз. Бейне-фильм. Қазақ теледидары, 1999; Ә. Нұршайықов. Қаламгер. Эпистолярлық роман, 2000;

Б. Баймухамедова. Дневник типичного представителя. А., 2000, стр. 87-89; Ә. Нұршайықов. Халима. Мәңгілік махаббат жыры. Жұлдыз, 2002, №3. 26.04.2003 жыл. Алматы Ә.Нұршайықов Капитан Б. Қасымоваға Астана қаласы ҚР Қорғаныс министрлігі Қымбатты Бақыт қарындасым! Хатыңызды алдым. Ала сала өтінішіңізді орындауға кірістім. \"Әскери жинаққа арналған анықтама\" деген мақала жазып бітірдім. Бірақ, Сіз Хатыңыз Ұлы Отан соғысына катысқан Қазақстан әйелдері туралы Сіздер шығарғалы жатқан кітаптың жанрын \"энциклопедиялық па, әлде публицистикалық па\" және оған жазылатын мақаланың көлемін көрсетпеген екенсіз. Сондықтан өз білгенімше нобайладым. Хатыңызда көрсетіл гендей, сержант Халима Өзбақанованың әскерде болғанын, одан кейін қандай қызмет істегенін дәлелдейтін мынадай құжаттар жіберіп отырмын: 1) 10-класс оқушысы Халима Өзбаканованың 1942 жылы мектеп бітіре сала өзі сұранып әскерге алынғаны, Чита облысының Борзя стансасы маңында орналасқан әскери бөлімде радистка болғаны, денсаулығы жарамай, ақ билетпен әскерден елге қайтарылғаны жайында құжат сақталмаған. Ол жайында Халимамен әскерге бірге алынған құрбылары О. Мысырованың, И. Жағыпарованың, X. Елубаеваның, Ш. Ботаханованың және З. Әркешованың Сіздер шығаратын осы кітапқа арнап жіберген материалдарында айтылуға тиіс. Ал келгеннен кейін ақ билетін әдейі жыртып тастағанын маған өзі айтқан болатын. Басқа военкомат арқылы әскерге қайта кету, қайтсе де майданға баруды ойлаған. 2) X. Өзбақанованы армия қатарында кызмет істеу үшін Мәскеу қаласына жіберу туралы Қазақ ССР НКГБ-сының 1944 жылғы 4-мамырдағы бұйрығы бойынша берілген жолдаманың көшірмесі. 3) НКГБ Мәскеу қалалық басқармасының қарамағына барған X. Өзбақановаға берілген киім тізімінің көшірмесі. 4) X. Өзбаканованың НКГБ Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысы басқармасының қарамағында істегені туралы анықтаманың көшірмесі.

5) НКГБ Мәскеу қалалық және Мәскеу облыстық басқармасының Мәскеу қаласының Октябрь көшесіндегі 38 үйде (жатақханада) тұратын X. Өзбақановаға төлқұжат алу үшін берген анықтамасы. 6) Сол басқарманың X. Өзбақановаға төлқұжат ауыстыру үшін берген анықтамасы. 7) НКГБ АХФО-сының зейнеткерлікке шығарылған X. Өзбақановаға зейнетақы беру туралы жолдамасы. 8) НКГБ Мәскеу облысы басқармасы АХФО-сының X. Өзбақановаға берген 2196 нөмірлі зейнеткерлік кітапшасы. 9) X. Өзбақанованың әскерден босап, Мәскеуден елге келгеннен кейін Семей облысының Шар ауданына қарасты Ново-Таубинко мектебіне мұғалім болып тағайындалғаны туралы анықтама. 10) X. Өзбақанованың Қыздар педагогикалық институтын бітіргені туралы диплом. 11) Институт бітіргеннен кейін, Алматы қаласындағы №22 мектепке мұғалім болып тағайындалғаны туралы бұйрық. 12) Бэлла Баймұхамедованың \"Дневник типичного представителя\" деген кітабының Халима туралы айтылған жерінен көшірме. 13) Қабіртасқа жазылған сөз бен эпитафия. 14) Х.Қ. Өзбақанова-Нұршайықованың жыртыс ретінде жұртқа таратылар кітаптарға өз қолымен жазып кеткен қолтаңбасының көшірмесі. 15) Ақын Кеңес Сайдалыулының \"Махаббат жыры Халима жеңгеме\" деген өлеңі. 16) Ақын Мыңбай Рәштің \"Мәңгілік махаббат күмбезі\" деген Халимаға арналған өлеңі. 17) Ақын Марфуға Айтқожинаның \"Әз ағаңа (аяулы жеңгеміз Халимаға Әз ағаң орнатқан ақ күмбез туралы ой)\" деген өлеңі. 18-23) Жан жары, әдеби серігі X. Өзбақанова Нұршайықованың қайтыс болуына байланысты Ә. Нұршайықовқа келген көңіл айту жеделхаттары. 24) Ә. Нұршайықовға ХАЛИМА. Мәңгілік махаббат жыры. \"Жұлдыз\" журналы, №3, 2003. 25) Президент Н. Назарбаевтың Ә. Нұршайықовқа жазған хаты (06.01.2003).

Фотосуреттер 26) Кіші сержант X. Өзбақанова. 1944. Мәскеу. 27) Сержант X. Өзбақанова. 1945. Мәскеу. 28) Ерлі-зайыпты Ә.Нұршайықов пен X. Өзбақанова. 29) Алматының \"Кеңсай-2\" зиратындағы Халима күмбезі. Қымбатты Бақыт! Бұл материалдарды алғаныңызды хабарлап, хат жазарсыз деп сенемін. Зор құрметпен ағаңыз Сізді алда келе жатқан Ұлы жеңіс күнімен құттықтаймын. Әзілхан Нұршайықов. 30.04.2003 ж.

СОҢҒЫ ХАТТАР Халима! Өткен жолы түсірген УЗИ-дің қорытындысы қандай болды? Дәрігер не деді? Диктофонды Арнұр мен Серіктің біріне бер. Солар жөндетсін. Ол үшін өзің жүгірме. Олардың қолы тимесе, жата берсін. Мен керек ойларымды қағазға түсіруге тырысармын. Мұхтар Мағауинге телефон соғып, алғыс айт. \"Жұлдыздағы\" /1 11, 1993/ \"Этнографиялық естелік\" ете жақсы шығыпты. Әр жерін әдемі қысқартыпты. Сондықтан көркем шығармаға ұқсап қалыпты. Соған қатты риза болып жатырмын. Сен Мұхтар мен Бақытты және олардың балаларын менің жаңа жылмен құттықтайтынымды айт. Және Мұхтардың 31 желтоқсанда үйге телефон соғып, құттықтағанына шексіз риза болғанымды жеткіз. Тіпті болмаса, телефонмен менің осы хаттағы сөздерімді оған оқып бер. Мұхтар жоқ болса, Бақытқа оқып бер. \"Азаттық\" радиосынан Мұхтардың 100-тарихи әңгімесін тыңдадым. Өзі әдебиетші бола жүріп, тарихты мұндай терең білуі нағыз даналық қасиет. Осы қасиетінен айналайын, аман болсын, бауырым! Ұмытып кетпей, бұл сөздерді де айтарсың не Мұхтарға, не Бақытқа. Бақытқа диктовать ет: қайнағанның мына бір ауыз сөзін жазып алып, Мұхтарға жеткіз де. Машинистка хабарласты ма? Баталова Элеонораға /кітап дүкеніндегі/ менен сәлем және Жаңа жылмен құттықтау айт. Ағаң: Г.Ф. Шумахердің \"Последная любовь Нельсона\" деген кітабын тауып берсін деп өтініш жасап жатыр де. Ақшасын төле. Нұрым Сансызбаевқа телефон соқ: \"Құттықтау хатын оқыдым. Жылы лебіздеріне разымын. Бәрінің амандықтарын тілеймін\" деп айтты де. Бүгінгі тапсырмаларым осы саған. Мені көп ойлай бермеңдер. Нешауа! Жазыламыз, әрине! Сендердің папаларың: Әзілхан Нұршайықов 16.1.1994 ж. Аурухана. Халима! Қалың қалай?

Біз аманбыз. Сабина кеше екі рет Ташкенттен телефон соғып, Сенін халіңді сұрады. Жаннат та Ақтаудан телефон соққан. Қаладағы Әбілфайыз, Орақтар халіңді сұрап жатыр. Кеше естіген болатын. Жанарды қазір Жаннұр барып алып келеді. Кеше кешке өзі телефон соққан барамын деп. Жаннұр түнде менімен бірге болды. Мен кеше, Сені реанимацияға көшіргеннен кейін, реанимация бөлімінін меңгерушісі Мүбарактың үйіне телефон соққанмын. Визиткасын кеше алдым деп едім ғой. Ол: аға, абыржымаңыз, қазір реанимация бөліміне телефон соғып, апайды қадағалап бағындар деп айтамын деген. Айтқан шығар. Мен түнде көп ұйықтай алмадым. 3 сағат қана. Одан кейін ұйқым келмеді. Сені ойладым. Ұйқым келмеген соң өзімді-өзім алдандырайын деп, төсектен тұрып, машинкамен автографтарды көшірдім. Содан кейін сағат 6-да дәрі іштім. Содан соң жатып қалып едім. Жаңа ояндым. Екінші дәрімді іше салып, Саған осы хатты жазып отырмын. Сен аурумен айқасуға мықты едің ғой. Осы жолы да жеңіп шықшы. Бәріміз соған тілектеспіз. Ай-на-лайын! Ай-на-лайын! Ай-на-лайын! Кеше Мүбаракқа тапсырғанмын. Айшаға да айтқанмын. Қазір Мүбарактар келсе, тағы да тапсырып кетемін. Терезеңе қарап, жүзіңді көріп, үйге қайтамын. Қолыңды қысып, бетіңнен сүйдім. Сенің Әзілханың. 14.07.2001 ж. Хал қалай? Кеше жазған хатыңды алғаннан бері біздің жанымыз жадырап қалды. \"Мен тәуір сияқтымын\" деген үш сөзің біздің төбемізді көкке жеткізді. Тәуір болшы, айналайын! Жазыншы, жаным!

Біздің біле алмай жатқанымыз мына жағдайлар: 1) Қан толық тиылды ма? 2) Ac ішіп жатырсың ба? He ішесің? Қанға глюкоза қосып жатқанымен, асқазанға да алжау керек шығар? 3) Гемоглобинің қалай? Бұрын да аздау сияқты еді, қазір мүлде құлдырап кеткен жоқ па? 4) Температура, давление дұрыс па? 5) Тағы да хирургияға көшіреміз деп жатқан жоқ па? Гүлзада: \"Менің рұқсатымсыз ешқайда көшірмейсіңдер. Өздерің ғана емдейсіңдер!\" деп айтқанмын!\"деген. Ол нұсқау орындалатын сияқты ма? Міне, біз осы жайларды ойлап, мазасызданудамыз. Балалардың, бәріміздің халіміз жақсы. Балалардың мені бағып-күтуінде мін жоқ: тамақ тоқ, киім таза, қабақ ашық. Тек уайымымыз Сен ғана. Кеше Есенберлин Қозыкөрпешті көре алмай қалдым деп едім ғой. Мен Саған хат жазып отырғанда үйге кірмей кетіп қалыпты. Әкесінің кітабының алғашқы данасын қуана жүгіріп маған алып келгенде, оны құттықтап, бетінен сүймегеніме өкініп қалдым. Кешке қайырлы болсын айтайын деп, үйіне телефон соғып едім, үйлерінде болмады. Содан соң шешесіне телефон соғып, құттықтау айттым. Разы боп қалды. Кешке таман Қозыкөрпеш шешесіне де кітап апарып берген екен. Кітап кеше кешке қарай шығып, қолдарына тиіпті. Шешесіне ол кітаптың орысшасын Президентке жібергенімді, оған өзімнің Ілекең туралы тілек хатымды қосқанымды айттым. Әлі жауап жоқ дедім. – Жауап болмайды ғой. Айналасында жүргендер жауап бердірер ме? Қазір газет Ілекене қарсы болған адамды қайта-қайта мақтап жатыр ғой. Ол тегін емес шығар, — деді ол кісі. Біздің жақтың қысқа хабары осы, мама. Халимушаң тәттінің тәттісі болып барады. Менің машинкама құмар: өзінше клавиштерді түртіп, жазу жазған болады: Әжесіне хат жазып отыр! дейміз біз. \"Қалың мал\" жайындағы біздің шешім дұрыс па? Әзілхан. Мама Жаңа бөлімге телефон соғып, Сенің халіңді сұрап едік. Түнде тағы да қан кетті, плазма құйдық деп дәрігер жауап берді. Кеше хатыңды алғанда мейрам күндері балалардың қолына ұстататын шар сияқтанып, көңіліміз компиып қалып еді. Мына хабарды естігеннен кейін сол шар \"пырс!\" етіп жарылып кеткендей күйге түстік. Қазір қалайсың, қалқам? Бәріміз құшақтап, бетіңнен сүйдік.

Шаман, келмесе, хат жазып әуре болма. Артынан, әл жинағанда жазарсың. Айтпақшы, Алмуша Астанадан жаңа ғана келді. Жаннұр мен Ғалия алдынан шығып, алып келді. Динаның халі жақсы, бар қайғысы әжесінің сырқаты дейді. Әжем тез тәуір болса екен деп жылап қалса керек. Әзілхан. 25.07.2001. P.S. Айтпақшы, Мама, алдыңғы күні мынадай бір қызық болды. Мен таңертең төсектен тұра салып, дәрімді іштім де, тез ауруханаға баруға қамдандым. Жаннұр ұйықтап жатқан, оятпадым. Дыбысымды білдірмей, тез киініп үйден шықтым. Емханадан аса бергенде ақсаңдап келе жатқанымды аңғардым. Не болды деп, аяғыма қарасам, екі аяғыма екі түрлі бәтіңке киіп шығыппын: сол аяғымда өкшесі биік қара бәтіңке, оң аяғымда тоқыма /плетенка/ қоңыр бәтінке. Тоқыма бәтеңкенің өкшесі жоқ, тайпақ қой. Ақсаңдап келе жатқаным сондықтан екен. Баяғыда Мұқаңның екі аяғына бір аяқтың бәтіңкесін киіп, қызметке барғаны ойыма түсіп, күлдім. Ауруханаға жетіп қалған соң, қайтадан үйге қайтпадым. Сол күйімде Сергей Тимофеевичтен Сенің халіңді біліп, үйге қайттым. Мені ішке кіргізбеді. Осындай қызық болды. Сен күлсін деп айтып жатырмын. Әзілхан. Қымбатты Халима! Халің қалай, жаным! Біз бәріміз, бүкіл жора-жолдас, туыс, достар болып, Сенің тілеуіңді тілеп отырмыз. Ағайын-азаматтар үсті-үстіне телефон соғып, Сенің халіңді сұрайды. Алматыдан ғана емес, алыс облыстардан телефон соғып жатқандар да жеткілікті. Бір ғана кешегі күннің өзінде, 25-шілде күні, 17 адам телефон соқты. Бәрін де қағазға түртіп отырмын /менің \"түрткіш\" екенімді өзің білесің ғой/. Кеше Тараздан /Жамбыл облысы/ Уәтай Ілімқожаев досымыз телефон соғып, Саған сәлем айтты. Павлодардан кішкене күнінде Семей балалар үйінде бірге өскен жетім жолдасың Хантай Елубаева жылап тұрып, жайынды сұрады. \"Мен барайын ба?\" деді. Қазір жағдай ауыр, жер алыс, күн ыстық қой. Өзін де сырқатсың, келіп қайтесің дедім оған. \"Халимадан жаным артық па?\" деді ол. Кеше, Ұлы Отан соғысы кезінде, Халима қайта-қайта военкоматқа арыз жазып, майданға жіберуді өтініп, ақыры онжылдықты бітіре сала әскерге аттанғанда, Халимадан қалмаймын деп, соғысқа аттанғанның бірі Сен болатынсың. Өлімге қол ұстасып, бірге аттану деген сол болады. Одан артық достық болмайды. Сенің сол достығың әлі жалғасып келеді. Келіп әуре болма, Хантайжан! дедім мен. \"Қайтейін, амал не, Катя-Халимамның амандығына тілектеспін\" деп жылап тұрып ол трубканы жапты. Сол сияқты Шымкенттен Нұржан телефон соқты. Атыраудан Серік күніне 2-3 рет телефон соғады. Астанадан шырылдап Дина немереміз телефон соғып, \"Айналайын әжемнің

халі қалай?\" деп сұрайды. Семейден Мұқан мен Хантай күнара телефон соғады. Энергетикадан Зейнеп пен Сейдахмет кеше халіңді сұрады. Зейнеп жылап тұр: \"Тәтетайым-ай менің жан жетпес!\" дейді. Алматыдан Әбілфайыз бен Зәра Ыдырысовтар, Орақ пен Мұзай Смағұловтар қайта-қайта телефон соғып мазалануда. Кеше дәрігерлерден Мұхтар Айтқазин, Гүлзада Мүкеевна Көшімбаева, Мәрияш келінің /Мәнә бауырың екеуі/ телефон соғып, тілектестік айтты. Сәнә Сені сұрағанда көзінің жасын тия алмайды. Туған бауыр деген осы ғой! Ал, тумаған бауырың Тұрсынбек Кәкішев хабарласқан жоқ. Сенің реанимацияда жатқаныңды оған айтқанмын. Ол: \"Біз ертең қыдырып, он күнге Шымкентке кетіп барамыз\" деген. Ол он күн де өтті. Үйіне қайтып келген де шығар. Қайтып келмесе де 13 күн ішінде Шымкенттен бір рет телефон соғып, апасының халін білуіне болатын еді. Ол үшін Алматы мен Шымкент арасында телефон байланыс жоққа ұқсайды. \"Сәкеннің әйелі Гүлбарамнан кейінгі, екінші апам Халима!\" деп бір кезде аузын толтырып айтып еді. Өзгерген шығар. Заман өзгерді ғой. Мейлі, Өзің аман болшы. Аман болсаң басқа бауырларың да жетіп жатыр. Менің курстас досым Қайсар Қасымбеков те күнара телефон соғып тұрады. Майя екеуінің атынан қайта-қайта сәлем айтып, тілектестік білдіреді. Қайсар: \"Ауруханаға барғанында көлеңкең боп қасында жүрейін\" деп те тілек білдірді. Суық бас полковник Қалисар Қабдуллинов та кеше телефон соғып, халіңді сұрады, сәлем айтты. Мәлике қайын-сіңлің бір рет Саған барып, кіре алмай кеткен. Кеше ол да телефон соқты. Оның құдағиы — Дәулеттің шешесі Гүлхан бәйбіше де телефон соғып, тілектестік білдірген. Камал мен Бақыт жиендерің де үйге келіп кеткен. Мінеки, біздің хабар осындай. Телефон соққандардың бәріне Сенің ризалық сәлеміңді айтып жатырмын. Бәрі де біздің сәлемімізді Халимаға ұмытпай айт деп өтінеді. Айтпақшы, көршілерден Сағынғали Сейітов ағамыз телефон соғып, өзіңе шын жүректен тілектестік білдіріп тұрады. Ал кешегі Өзін ойлап тапқан дәрігерлерге құрмет көрсету рәсімі өте жақсы өтті. Сен оларға: \"Мен сияқты сексенге жетіп, бақытты өмір сүріңдер. сексеннен де асыңдар. Сендердің мені бағып-күткендеріңе шексіз ризамын. Сол ризалығымның белгісі ретінде бәріңе бір-бір конверт ұсынамын. Мұны Халима апаның өз қолынан тапсырған тәбәрігі деп қабыл алыңдар, қалқаларым!\" деген сөзің әсерлі де әдемі болды. Олар саған зор ықылас, ілтипат білдірді. Артынан бұл оқиғаны телефон соққан Әбілфайыз, Орақ, Мақыш үшеуіне айтып едім. Олар: бұл бұрын қазақ арасында болмаған адамгершілік ілтипаты екен. Бұл ұлттық дәстүрге кіруге лайық шаруа екен! десіп, Саған шексіз разылық білдірді. Әбілфайыз бауырың: \"Айналайын, апатайым-ай, басың қандай алтын еді!\" деп жылап та жіберді. Мінеки, ол оқиғаның қорытындысы осындай болды. Біздің бұл акцияны дәрігерлер де, медбикелер де, күтушілер де ешқашан ұмытпайтын шығар деп ойлаймын. Жеке дәрігерлерге құрмет көрсеткен адамдар болғанымен, бүкіл коллективке мұндай сый-сияпат жасаған тек біздің Халима ғана болар!

Ал, алдыңғы күні Мақыш досымыз Жанар мен Сабинаны қасына ертіп жүріп, дүкендер аралап, Саған керек жабдықтардың бәрін жеткілікті етіп сатып алған. Ол: \"Халимаға осынша көп те, көрікті де \"жасау\" жинағанымызға қуаныштымын. Халима жазылып шықса, бұл жасау иесінің амандығына тілектес болып та жата береді. Мұның өзі мұсылман дініндегі жақсы ырым\" депті. Ол кісі үш мәрте қажы ғой. Әзірге айтарым осы, Халима. Аман бол, айналайын. Өзіңнің, тек қана Өзіңнің Әзілханың. 26.07.2001. ЕКІНШІ БӨЛІМ

ХАЛИМАҒА ХАТ (Сағыныш саздары) ХАЛИМАҒА Қасиеттеп, құрметтеп Сенің махаббатыңды, Ұрпаққа үлгі болсын деп Алашқа жайдым атыңды. Ұлы италъян ақыны Франческо Петрарка өз кітабын \"Мадонна Лаураның өмірімен өлімі туралы\" деп атап, сонет түрінде жазған. Ал менің \"Халимаға хатым \" ақ өлең үлгісімен өрнектелді. Екеуі де сүйікті әйел туралы жыр. Әрине мен өзімді Петрарка талантымен теңестіре алмаймын. Жүз есе, тіпті мың есе төмен болармын. Бірақ, Халиманың Лаурадан бір елі де темен емес екеніне бәс тіге аламын. 1 Сағыну Жарлық жетсе Тағдырдан Шыбын жанды қиярсың!? Таудай болып жүрсең де, Тар табытқа сиярсың! Дүниені тірлікте, Дүбірлетіп жиярсың. Соның бәрі қалса да, Жарды қалай қиярсың? Мен өлем деп жүр едім О Дүниеге жиналып. Менен бұрын өмірден, Жарым өтті қиналып.

Өлмей қалдым мен әрең, Болғаннан соң жан бөлек. Күнде еңіреп, жылаймын, Көздің жасын себелеп. Өлер едім мен қазір, Егер оған қосылсам. Қолтықтасып, күлісіп, Бұрынғыдай соң құрсам! Ол күн енді бізге жоқ, Өтіп кетті зымырап. Жер астында жатамыз, Сүйегіміз саудырап. Архив іздеп, ай жүріп, Қала, дала кезбейміз. Көрде қатар жатсақ та, Онымызды сезбейміз. Ажал жетпей сен өлме! Деген оның тілегі. Айтқан өлер сәтінде, Айқасып ақ білегі: Балаларға бас-көз бол, Құр асығып нетесің? Ажал келген сәтінде, Мені қуып жетесің. Бірақ, енді біздерге,

Кездесу жоқ, көру жоқ. Тату өмір сүргенге, Жаным риза, көңіл тоқ!.. Осылай деп жан жарым, Өтіп кетті Өмірден. Бірақ, мәңгі кетпейді, Көкіректен, көңілден! 13.09.2001. 2 Өзіңді ойлап күрсінемін, күйемін, Сағат сайын рухына бас иемін. Сағынғанда суретіңді құшақтап, Қағаз-беттен қайта-қайта сүйемін. Қалай Сенен айырылдым деп құсамын. Тағат таппай тауға қарай ұшамын. Құлпытақтай бетін жылап сипалап, Құшақ жайып қабіріңді құшамын. Екі-үш күнде, сәулем, Саған келемін. Келген сайын басыңа гүл егемін. Қасымдағы балаларға байқатпай, Көздің жасын теріс қарап, төгемін. Сен едің ғой менің шәрбат-суатым. Бар мінімді біліміңмен жуатын. Жаз өтті де, қабіріңді қар жапты, Тоңасың-ау, тоңасың-ау, тоңасың-ау, қуатым!

Қарапайым қалпында бек сақтадың. Сырға, жүзік, не білезік тақпадым. Балаларды адал етіп өсіріп AHA деген ардақты атты ақтадың. Мені қандай мәпелеуші ең, бағушы ең! Пәле, жала — бәрінен де қағушы ең! Ауырғанда палатада көз ілмей, Су ішкізіп, дертке дәрі жағушы ең! Қол ұстасып, қасымда ылғи жүруші ең. Әзіл, қалжың, мысқыл айтып күлуші ең. Телефонда алыс, жақын достардың, Хал-хабарын үзбей сұрап, білуші ең! Егіз қозы сияқты едік момақан. Бізден зиян көрмеп еді ешбір жан. Сыңарымнан, серігімнен айырып, Мені жалғыз зарлаттың-ау, жасаған! *** Білімді едің Сен менен Білдірмеуші едің оныңды. Ақылың артық, өнегең, Өнерің еді толымды. Брест, Мәскеу, Псковтың Архивында отырдық. Қатар жазып екеуміз Он бес дәптер толтырдық.

Мен ауырып жатқанда, Палатаны күзеттің. Қолжазба оқып, ой қосып, Сан гранка2 түзеттің3. Достарымды қадірлеп, Жақынымды жинадың. Байытып менің жанымды, Басыма бақыт сыйладың. Жан шығар соңғы сәтінде Құшақтап мені қимадың. Өмір бойы қуантып, Өліміңмен қинадың. «Өлді» деуге өзіңді Аузым, сірә, бармайды. Есіме алсам — егілем: Көзімнен жас парлайды. Өтеріңді өмірден Сездірместен өтіпсің. Қасымнан сырғып, ақырын, Ішіме кіріп кетіпсің. Ойым, миым, көңілім, Қанымда қалған екенсің! Ақырын-ақырын алыстап, Жанымда қалған екенсің! Алыс, жақын — бәріне,

Сыйлы болып өттің Сен. Өсуіне ұлтыңның Үлес қосып кеттің Сен! Үнсіз жүріп Сен маған, Шексіз байлық жинапсың. Немере, бала, шөбере Деген қазына силапсың! Әлпештеп Сен өсірген, Солар менің тірегім! Кеудесінде солардың Соғып тұр Сенің жүрегің! «Бірге өлейік» дейтұғын, Уәдеміз бар еді. Қол ұстасып кетуге Менің көңілім нар еді. Өзің жойып ол сертті: «Өлмей тірі қал!» дедің. «Балаларға бас-көз боп, Назарыңды сал!» дедің. Өсиетіңді орындап, Өлмей тірі отырмын. Сенсіз өмір — қараңғы, Көзім бүтін, соқырмын! Сені, сәулем, сағынып, «Уһілеймін!» Жылаймын.

Тағдырыма бағынып, Жылаймын да, шыдаймын. Бірі ерте, бірі кеш Өтпек бәрі жұбайдың. Мәңгі тірі тұрмақ жоқ, Заңы солай Құдайдың! 23.12.2001. 3 Көшеде, дүкен, базарда Көрген сайын бізді ұдай: «Қыз Жібек апам, аман ба?» Деуші еді бауырың Тұманбай. Әлдебіреу кеткендей, Бар денемді пышақтап. Егілемін күн сайын. Суретіңді құшақтап. *** Екеу едік егіз қозы сияқты, Екеу едік аққудай қос қияқты. Жалғыз қалдым егізінен айырылып, Маңыраған сыңар қозы сияқты. Қол ұстасып жүруші едік жұп жазбай. Көңіліміз мөлдір еді мұнтаздай. Сыйлаушы едік үлкен, кіші бәрін де, Ешбір жанға кінә қойып, мін қазбай!

Еңіреймін өзіңді ойлап егіліп, Көздің жасы моншақ-моншақ төгіліп. Ауық-ауық тарылады тынысым Қос қабырғам кеткендей боп сөгіліп! 29.12.2001. 4 Менің Халимасыз қалғаныма бүгін екі жүз жиырма екі күн Телефондарын: дос, туыс, Аэропорт, вокзал — бәрінің, Білуші ең жатқа бағасын Әптектегі дәрінің. Таксидің, аурухананың Нөмерін сенен сұраушы ек. Содан кейін асығыс Телефонды бұраушы ек. Сондықтан сені бәріміз «Компьютер біздің» деуші едік. Ақыл, еңбек, ойымызды Өзіңмен өлшеуші едік. Өзіңмен жүрген көшені Кейде шығып, шарлаймын. Ізіңді іздеп асфальттан, Күрсініп, жылап, зарлаймын. Жасымды жұртқа көрсетпей,

Бетімді теріс бұрамын. Күн сайын ойлап Өзіңді Таңды таңға ұрамын. Жылай-жылай өмірден Мен де бір күн кетермін Өлсең дағы Өзіңе, Ғашық болып өтермін. Алпыс үш жыл саған ғашық ем, Қатар жүрген тіріде. Өлсең де Саған ғашықпын, Санаймын Сені тіріге. Санаймын Сені, санаймын Өмірдің ен іріге. Балаймын, сәулем, Өзіңді Табынар Тәңір, піріме! Өлгенге ғашық болу жоқ, Тірілерге құштар көп. Мен қалармын тарихта Өлгенге өткен ғашық боп! 05.03.2002. 5 Екі жүз отыз үш күн Ғашықтар өткен өмірден: Қозы Көрпеш Баяндай. Қыз Жібек пен Төлеген —

Сүйіскен жандар аянбай. Еңлік — Кебек және бар Мамыр менен Қалқаман. Қосылуды жар болып, Жан-тәнімен аңсаған. Бірақ, соның бәрі де Қыршынынан қиылған. Ғашық дәурен сүруге Аз айлар ғана бұйырған. Біз екеуміз олардан, Бақытты едік мың есе. Екеумізді Мәңгілік Махаббат жайлы жыр десе, – Болар еді-ау, шіркін-ай Жақсылап оны кім жазар? Мен — жұртта қалған бір қаңбақ, Тарқағанда қан базар! 06.03.2002. 6 Екі жүз қырық күн Адасып Сенен қалғалы, 240 күн болды. Дидарыңды бір көру, Мәңгілік маған мұң болды. Айналайын, Халима-ау,

Ақ тәніңді сағындым. Айырып асыл жарымнан Тағдыр-ау, саған, неғылдым? Күлімдеген нұр шашып, Қос көзіңді сағындым. «Сен өлмей тірі жүр» деген Бұйрығыңа бағындым. Ақсия күліп тұратын, Тістеріңді сағындым, Ұмытылмас мәңгілік, Істеріңді сағындым. Еркелеткен баладай, Қылығыңды сағындым. Бойындағы ар, ұят, Ақылыңа табындым. Жұртқа жылу шашатын, Мейіріңді сағындым. Жақын, жат деп бөлмейтін, Пейіліңді сағындым. Жай сөйлейтін асықпай, Сабырыңды сағындым. Мінез, қайрат, күшіңе, Бір Құдайдай бағындым. Талай рет өлімнен Құтқарып ең жанымды.

Ләззат, рахат, пейішке Айналдырдың маңымды. Кеңес, пікір, сөзіңмен, Толтырушы ең ойымды. Басқалардан осылай, Биік еттің бойымды. Айналайын, Халима-ау! Жан, тәніңді сағындым. Жылай-жылай күн сайын, Аруағыңа табындым. 23.03.2002. 7 Қырық рет келген шығармын Екі жүз күнде басыңа. Сая таппай көңілім, Бүгін де келдім қасыңа. Жан ұшырып жетіп ем, Көрем деп Сені асыға. Қабіріңді құшақтап, Тақтайға4 тұрдым асыла. Дыбыс жоқ, үнсіз жатырсың, Ұйықтап кеткен секілді. Естіле ме үнің деп, Топыраққа тостым бетімді. Топырақ көрпе емес қой,

Қимыл жоқ, үн болмады. Асығып жеткен көңілім, Тағы да менің сорлады. Алматыдан әкелген Гүлімді қойдым басыңа. Сол кезде қабір қозғалып, Дегендей болдың: «Жасыма!» Мен Өзіңді өлі емес, Тірідей көріп, тіл қаттым: «Бала-шағаң аман» деп, Хабарын айттым жан-жақтың. Кереку мен Семейден Қос Хантайдың5 сәлемін. Жеткіздім және Сәкидің6: «Иманды болсын!» дегенін. Екеумізді қадірлеп, Сыртымыздан сүйетін, Баяндадым Өзіңе Дос, ағайын ниетін. Сайын деген азамат — Мекен-жайы Маңғыстау. Жерінді өлшеп әкетті, Әдейі келіп алыстан. Отау салмақ Өзіңе Ақтаудың ақ тасынан.

Ақ бұлт қоршап тұратын Алатаудың басынан. Тасты жонып жатыр ол Еңбек етіп аянбай. Биік күмбез орнатпақ «Қозы Көрпеш — Баяндай!» Сені ойлап, қамығып, Мен де өмірден өтемін. Күнім біткен сағатта, Өз қасыңа жетемін. «Бақытты бол, тірілер!» — Біздің берер батамыз. Қатарласып екеуміз Мәңгі ұйықтап жатамыз. Үнсіз жатып, үн қатып: «Бізді іздесең, жарандар! Бастарыңды көтеріп, Алатауға қараңдар. Тау басына үйірілген Ақша бұлтты көрсеңдер, Біз ризамыз иіліп, Соған сәлем берсеңдер. Біз ризамыз өздерің, Тату-тәтті жүрсеңдер. Бірі-біріңмен бақаспай,

Бақытты өмір сүрсеңдер! Өмірдің мәні — махаббат Екенін анық білсеңдер. Жұп жазбай қатар қуанып, Қайғырып, бірге күлсеңдер... Самал соқса тау жақтан: Ол біздің осы сөзіміз. Үнімізді ұғыңдар, Көрмесе де көзіңіз!» Қабырыңды құшақтап, Осылай деп ойладым. 240 күн өтсе де, Сағынуды қоймадым. Айналайын, Халима-ау, Сен едің тірлік-тірегім. Өзің жамап-жасқаған Соған тұр әзір жүрегім. Қош боп тұр жаным, қуатым, Қасыңа тағы келемін. Бір емес, әлі сан рет Өлгенше келе беремін. Өлгеннен соң біржола Жаныңа келіп жатамын. Ойлаудан қалып өзіңді, Тұңғиыққа батамын.

Қабырыңнан айналдым! — Деп тағы да үн қаттым. Қасыңа мәңгі келгенше Жата тұр жалғыз, қымбаттым! 23.03.2002. 8 Менің сейфімнің ішінде Өтіңнен алған тас жатыр. Сипаймын мұңды пішінде, Сағынып Сені мен пақыр. 9 Екі жүз қырық сегіз күн Айырылып асыл жарымнан Сексенімде қалдым тұл. Табынып тірлік заңына, Тағдырыма болдым құл. 31.03.2002. 10 Сағыныш Сен кеткелі қасымнан, Екі жүз елу күн болды. Бақыт тайып, басымнан, Күн дегенім түн болды. Жарық күнде жабырқап, Жалғыз жүру — мұң болды.

Жан-жағыма жалтақтап, Жетімдігім шын болды. Қатарласып жүргенде, Өміріміз бай еді. Қосыла кеп күлгенде Көңіл қандай жай еді. Сен қасымда болғанда, Төрт түлігім сай еді. Шабытым күнде шарықтап, Талабым тұлпар-тай еді. Жан жарыңды тіріде Ең бақытты етіпсің. Бала деген мәңгілік Байлық тастап кетіпсің. Сол балалар жиылып, Мені бағып-қағады. Жақсы пейіл, мейірден Кеудеме гүл тағады. Сенен айырылып қалғанда Дүниенің білдім жалғанын. Басыңа мазар орнату — Ендігі менің арманым! Бүгінгі Құдай доллар ғой, Соны жинап жатырмын. Президентке де хат жаздым:

Ойласаң өзім — батырмын! Министрдің де ақырын, Құлағын ептеп «бұрадым». Баяғы қалған қос томды Шығарып бер деп сұрадым. Президент берсе биылғы Стипендияны аламын. Осының бәрін жинақтап, Мазарыңа саламын. Тыным таппай күн сайын, Жорғалайды қаламым. Жатсам-тұрсам Өзіңді Ылғи еске аламын. Кабинетте суретің, Күлімсіреп қарайды. Көзім түссе — қуанам, Таң атқандай арайлы! Кітаптар тұр шкафта Өз қолыңмен жинаған. Менің туған күніме Тарту етіп сыйлаған! Әр папканың сыртында Сенің маржан жазуың, Тиянақтап көрсеткен: Атын, затын, ай-күнін.

Каталогың бір ғажап, Өз қолыңмен жасаған. Мың автограф, мың фото — Неткен еңбек, Жасаған!!! Соның бәрін тізуге Қалай жеткен шыдамың! Соның бәрін тәптіштеп, Қашан жазып шығамын?! 250 күн болды, Мен өзіңнен қалғалы. Сені ойлаумен әр күннің Ауырлайды салмағы. Өзің еккен жеміспен Жайнап тұр ғой жан-жағым. Шексіз байлық сыйлаған Айналайын, ардағым! 02.04.2002. 11 Екі жүз елу күн Бүгін Сенің тағы да Гардеробыңды қарадым. Өзің ілген қолыңмен, Киімдерді санадым. Әр киім киген кезіңді Елестеттім көзіме.

Бәрін сипап шетінен Қанағат алдым өзіме. Өткен күннің елесі, Қуат берді бойыма. Тарихының кейбір сапардың Түсірді менің ойыма: Мынау киген қамзолың Туған жерге барғанда. Абай елі ұзатып7, Аттандырып салғанда. Алтыбақан, ақ сүйек, Түнде жастар ойнады. Бізді тағы тербетіп, Еркімізге қоймады. Ел қайтадан таңертең Ақ боз үйге жиылды. Той жалғасып жаңадан, Қайта қымыз құйылды. Ең соңында ортаға Шәкең8 шықты елпілдеп. Бата берді біздерге, Ақсақалы желкілдеп. Біз шығарда ақ үйден, «Жар-жар» кетті төгіліп. Жан-жүйені босатты,

Қыз-бозбала егіліп. Біз аттандық Абайдан, Жүрегіміз елжіреп. Сол сапарың еліңе, Болды-ау Сенің соңғы рет. Жете алам ба енді мен, Сенің туған жеріңе. Шыға алам ба қайтадан, Жүрек адыр беліне. Көре алам ба ондағы Туыстардың ажарын? Жарар еді бір көрсем Қарахан9 ата мазарын! 04.04.2002. 12 Сол сапарда жолшыбай, Семейге де соқтық біз. Оқу оқып, жүгіріп, Жастық шақта қалған із. Он бірінші мектептің Ауласына бас сұқтық.. Интернатты көруге Ынталанып, асықтық. Алты жыл тұрып осында Әке үйіндей боп кеткен.

Қанатың қатып, есейіп Ұяң ғой Сенің ер жеткен. ...Сол аулада кездесіп, Алғаш рет таныстық. Бас изестік ізетпен, Ақырын қол алыстық. Буынымды босатты Аузыңнан шыққан әрбір сөз. Жаудырай маған қараған Тұтқынға алды екі көз. Жымидың да ақырын, Интернатқа жөнелдің. Жүзің, сөзің қуантып, Мен рахатқа кенелдім. Азат боп кіріп аулаға, Тұтқын боп қайттым сол жолы. Айналды ішім қуысқа МАХАББАТ деген от толы! Тоғыз жыл жүрдім талпынып, Іштегі отты лаулатып. Төрт жылы кетті соғыста, Жауды мен, жау — мені атып. Жағаласып фашистпен, Күрестім күнде күдікпен. Мен — ар жақ, сен бер жақта,

Қол созып тұрдық үмітпен. Алып тұрдым үздіксіз, Хатыңды жазған Мәскеуден. Қуантып кетуші ем, Хат келгенде Өзіңнен. Суретің омырау қалтада, Қалқан боп жүрді жүрекке. Соғыс бітіп, қосылып, Жеттік-ау, әрең тілекке! Ертісті сонда сан рет Есімізге алып ек. Көрсек - ау деп жағасын, Сағынышпен налып ек!... Сол Ертіске екеуміз, Сәлем бердік иіліп. Көп қарадың көпірге Қоштасқандай қиылып. Шыңғыстауға бет қойып, Мен шашымды тарадым. Қайта-қайта бұрылып, Сен Семейге қарадың. Туған ел берген қамзолың, Жарасып еді бойыңа. Шкафтан оны көргенде, Осылар түсті ойыма.

08.04.2002. 13 Мың тоғыз жүз отыз сегіздің Үшінші қыркүйегінде, Көрің дің Сен ең алғаш Көзімнің көкжиегінде. Көзімді есік етіп Ішіме кіріп кеттің. Кірдің де, жүрегімді Мәңгілік мекен еттің. Екі мың бірінші жылдың Жиырма жетінші шілдесінде, Мен Сенен көз жазып қалдым, Алатау іргесінде. Тоғыз жылдай ғашық етіп, Елу жыл жар боп өттің. Өзіндей періштемен Мен мәңгі мұратқа жеттім. Суретің самсап тұр үйде Тек Өзің көрінбейсің. Санама басып берген Тәңірдің мөрін дейсің! Жатсам, тұрсам, күндіз, түн. Ойымнан бір кетпейсің. Өзіңнің тірі күніндей,

Көзіме елестейсің. Сағындым тәтті үніңді, Жібектей жұмсақ сөзіңді. Елжіреп маған қарайтын Мейірбан қос көзіңді. Сағындым білек қолыңды, Мойныңды барлық Өзіңді. Жер басып жүрген Сен жоқта Не деген жаным төзімді?! 10.04.2002. 14 Сырласу Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш Баяндар, Еңлік Кебек және бар, Нендей қызық көрді олар? Махаббаттың оларға Уы ғана бұйырды. Жастай солып, ерте өшіп, Қыршынынан қиылды. Кештік махаббат теңізін, Елу төрт жыл екеуміз. Жан, жүрегіміз жарасқан, Неткен бақытты едік біз? Осыны ойлап, Халима,

Шүкіршілік етемін. Тоқталайын азырақ, Жылай беріп не етемін? Бес бала әкеп өмірге, Жаныңды, жаным, қинадың. Бейнетін кешіп тұрмыстың. Білдірмей бақыт сыйладың. Сол күні таңертең Көңіліміз тоқ еді. Аурухана деген ой Кәперімізде жоқ еді. Еркелеп қана ақырын: — Құшақтап мені жат, дедің. — Дәметіп жатсаң үздігіп Ләззатыңды тат! — дедің. Өмірі сенде жоқ еді. Тән тәбетпен жақындау. Әдетім менің еді ғой — Орынсыз жерде тақымдау. Қыңқылыма қисынсыз, Қабақ шытпай көнуші ең, Түн ұйқыңды төрт рет, Бір мен үшін бөлуші ең. Сездің бе әлде тірліктің, Таусылар тәтті рақатын?

Есімде қалсын дедің бе, Ақырғы берген ләззатын. Сенен келер рахаттан Өзгені көзге ілмедім. Ең соңғы сиың екенін, Сорлы басым білмедім. Әзіл де айтып жібердік, Қуаныш, көңіл жадырап. Алты сағаттан кейін Артында қалдым аңырап. Жедел жәрдем келді де, Ауруханаға әкетті. Жабылып барлық дәрігерлер, Өнерін салып, көп күтті. Төсек тартпай, тік жүріп, Сен ұзақ жыл ауырдың. Ақыры, жаным, мерт болдың, Кеселінен бауырдың. Он үшін күн бойы тапжылмай, Сен реанимацияда жаттың. Күн сайын барып Өзіңе, Мен үмітімді маздаттым. Аңдыған ажал қоймады, Мен Сенімен қоштастым. Тұтқынға түскен солдаттай,

Қоршады мені қайғы, мұң. Екі жүз елу тоғыз күн Сенсіз жалғыз жатырмын. Бай едім шексіз Сен барда, Енді сорлы, пақырмын. 11.04.2002. 15 Екі жүз алпыс күн Екі жүз алпыс күн бүгін, Мен қайғылы болғалы. Халима, Сені ойлаумен, Ішіме шер толғалы. Түнде оянып сан рет, Орныңды талай сипадым. Жастығыңды құшақтап: «Жаным - ау!» — деп жыладым. Соңғы сыйлық — ләззатың, Ойымнан мәңгі кетпейді. Қайтемін, өткен өмірді Қуған мен көңіл жетпейді. Өзіңнен басқа ойым жоқ, Қапасқа көңілім қамалды. Таңертең келіп медбике Саусағымнан қан алды. Сен сипаған етім мен

Бетімнен ешкім сүйген жоқ. Медбикеден басқа ешбір Әйелдің қолы тиген жоқ Тәнің менен жаныңды Ойлауменен кетермін. Өз дүниеңді ешкімге Ұстатпастан өтермін! 12.04.2002. 16 Қазағымның бір қызы Беатриче10 мен Лаураны11 Данте12, Петрарка13 жырлаған. Көрмей махаббат қызығын, Тек сыртын олар сырлаған. Екеуінің де ләззатын, Ол ақындар татпаған. Құшақтасып не бір түн, Не бір сағат жатпаған. Жан ерітер ләззаттың Шыңырауына батпаған. Сұлулыққа тек қана Ғашық болып мақтаған. Сұлулықтан не пайда, Тәннен ләззат алмасаң? Оң қолыңды ақырын

Анарына салмасаң? Құмарланып, құнығып, Естен тана құшпасаң? Тәтті жермен табысып, Көкке самғап ұшпасаң? Жаның мен жанын бірігіп, Бір кісідей болмасаң. Бірнеше жыл осылай, Бір-біріңді қолдасаң! Шын махаббат дегенін Тәңірім-ау осы ғой! Сұлулық пен махаббат Ұштасса — көңіл хошы ғой! Дантенің қолы жетпеген Махаббатқа ие болдым мен! Алпыс үш жыл нұрға бөленген, Құдай-ау, неткен бақытты ем?! Беатриче, Лаураның Көрік, мінез, ақылын Бойыңа жиып, бақытқа Жеткізген мені, Асықпай жүріп, ақырын: Сенсің! Сенсің! Халима — Жанымның жарық жұлдызы! Итальянка емес атақты,

Қазағымның бір қызы! 12.04.2002. 17 Халимадан айырылып, Сексенімде тұл болдым. Келіндерге құрметті, Ұлдарыма пұл болдым. Қадірледі қыздарым, Күйеу балам әлпештеп. Қамқорлығын олардың Жеткізе алмаймын тәптіштеп. Немерелер «Аталап!» Артымнан қалмай ереді. Жазғанымды компьютер, Факске басып береді. Жақсылығын бәрі де, Басыма менің үйеді. Шөберем де ұмтылып, Бетімнен шөп-шөп сүйеді Осының бәрі, Халима, Сенің берген тәрбиең. Сені ойласам егіліп, Елжірейді жан-жүйем. Сен сүймесең мені егер Жан-тәніңмен беріліп,


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook