Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Халима өмірінің өшпес өрнектері

Халима өмірінің өшпес өрнектері

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-05-17 05:56:03

Description: Халима өмірінің өшпес өрнектері

Search

Read the Text Version

Әрине, зиялы қауым үшін! Мүмкін, Әз-ағаң талай-талай күн мен түнді сарп етіп (кітап жазудың қандай қиын екен екеніндігін біздер білеміз), көзінің майын тауысып жазып шыққан кітабын алдына қойып отырып, осы кітабымды бір адам болса да түсінетін адам оқыса екен деп, армандаған да болар. Оның үстіне жазушы еңбектерін саралап оқитын оқырмандардың дені — Оңтүстікте. Оңтүстік — әлі қаймағы қарпылмаған, ағарғаны сарқылмаған, қазақылығы уыздай ұйып отырған мекен ғой. Сол өлкенің бір өкілі деп мені іздеуі заңды да шығар. Мүмкін... Тағы бір мүмкіні — қазақтың маңдайына біткен дүлдүл ақыны Мұқағалидың қаламдасы Фаризадан бір ауыз жылы сөз дәметіп, соны ести алмай өмірден озып кеткеніндей, тіршілігімізде иненің жасуындай болса да бір-бірімізден жылы лебіз күтетін шығармыз. Алдымен әдебиетші әдебиетшіні іздеу керек. Шығармаларымызға оң баға беріп, бір ауыз жылы сөзімізді аямасақ, мүмкін азырақ ауырып, өміріміз ұзара түсер ме еді? Осындай самарқаулығымыздың арқасында нарық үстемдік құрған алғашқы жылдарда қаншама қаламдастарымыздан айырылып қалдық! «Жаңбыр жауса торғай баласын қорғайды, бұршақ жауса басын қорғайдының» керімен бір-бірімізге жаңалық бере алмай, тіптен, мейірім шуағы өзімізден артылмай қалған да кез болған шығар. Дей тұрсақ та, қолына қалам ұстаған — рух қайраткерлері ешкімге салық салмай, қайсар мінезімен, өжет болмысымен, өмірдің өзіндей өткірлігімен, суы қайтқан теңіздің шалдықпас шағалаларындай қанатын өршелене қатып, қомданған қыранға да, жорғалаған жыланға да сыр бермей келгеніміз рас қой! Осы ойлар желкеме мініп алып, мен отырған 536 нөмірлі автобус Алматының ұзын да ұзақ көшесімен әр аялдамаға тұмсық тіреп, бір кідіріп, бір жүріп отырған мимырт жүрісінде де мені тастап кете алмады. Әз-ағаның жаңа кітабын қолыма ұстап, парақтап оқымасам да жаман шығарма емес екендігіне көзім жеткендей. Әлі күнге оқырманның қолынан түсіп көрмеген «Махаббат, қызық мол жылдар» мен халқымыздың жаужүрек ұлы айбарлы — Бауыржан Момышұлы жайында жазылған «Ақиқат пен аңызы» — Әзілхан ағаның дарынды қаламгер екендігіне берілген гарант. Қош, сонымен қолыма тиген «Мәңгілік махаббат жырын» бас алмай оқып шықтым. Әз-аға бұрынғы шабысынан жаңылмапты. Тіптен оза шапқан десе де болғандай. Бір ерекшелігі, кітаптың алғы сөзінен кейін: ...Маған «Махаббат,қызық мол жылдарды» сыйға тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқыған едім, екіншісін қолыма алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Тәлім- тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі жастар көбірек оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз — ел қазынасы. Өміріңіз — үлгі. Аман-сау болыңыз, Әз-аға!

Аса сыйлайтын. Н. Назарбаев 06.01.2003 деп қолы қойылыпты. Автор ендігі жерде сол «Халиманы» ұлғайған түрде үлкен кітап етіп жазып, оқырмандарға ұсынып отыр екен. Кітапта елу төрт жыл бір шаңырақтың астында ың-шыңсыз өмір сүрген ерлі-зайыптылардың, яғни Әзілхан аға мен Халима апайдың бірге бастан кешкен уақыты, қосағынан айрылған қос аққудай, жұбынан көз жазып қалған тұстары «аһ» дегенде Әз-ағаның аузынан қара сөз түрінде де, өлең жыр түрінде де, төгіліп отырған Халима жайлы кітап — «Жоғалған пышақтың сабы алтын» дегендей емес, оқи түскен сайын автормен қосылып егіліп, жылататын әр сөзіне имандай ұйытатын автордың шеберлігі мен өмірдің шындығы қосыла өрілген әдеби әдіпті, ғибраты мол кітап екен. Халима апайдың жібектей мінезіне, әрбір адамға жақсылық тілеп, ізгілік пен кішілік, инабаттылық пен тазалық, мейірім мен бауырмалдық дарытуда қарлығаштай ұшып-ұшып, дәм тұзы біткен күні мәңгілік өмір жұмағындағы мәуліт ағашының бұтағына қонақтағанын елестетіп, мәтініне имандай ұйып, жақын адамыңызды жоғалтқандай күй кешіп, көзіңнен аққан тамшыны байқамағандайсың. Артық айтсам тілім жазықты, қазіргі заманғы кеше үйленіп, бүгін үйлі-баранды болып, ертең айрылысып жататындарға қарап Қозы Көрпеш — Баян Сұлу, Ендік — Кебек, Қыз Жібек пен Төлегендердің сол кезде кетіп қалғандарына шүкір, әйтпесе мына қоғамда таза масқара болатын еді деген тіміскі ойларды жоққа шығарып, бұл заманда да Еңлік — Кебектердің бар екендігіне көзімізді жеткізеді. Махаббат майданының шебер суретшісі Әзілхан аға махаббатты үш түрге бөледі: 1. Бала махаббат; 2. Шала махаббат; 3. Мәңгілік махаббат. Бала махаббат баршада кездесетін шығар, ең қауіптісі — «шала махаббат». Шала махаббаттың буына уақытша шалқығанымен ол еш уақытта мәңгілік махаббатқа алып бара алмайды. Оның тағдыры жарты жолда үзілмек. Бұл жөнінде Халима апай бір құрбысымен сыр бөліскенде: ... «Сенің ғашық болмағаның — жас күніңде, жаны ұқсас адамға жолыққан жоқсың. Жасында кездеспегеннен кейін жаны ұқсас емес кісіге қосылдың. Жаны ұқсамағанымен, жаратылысы, табиғаты ұқсас. Сен табиғат заңын орындадың...» — дейді. Қандай орынды, терең философиялық анықтама! Әзілхан аға мен Халима апа тоғыз жыл достасады. Арасында соғыс килікпегенде мүмкін ертерек бас қосар ма еді кім білсін, ал сол Ұлы Отан соғысына ағамыз бастан

аяқ қатысып, елге аман оралады. Ал Халима апамыз да майданға өз еркімен сұранғанымен, денсаулығы сыр беріп, Мәскеудегі орталық почтада цензура бөлімінде (бұл да әскери қызмет) жұмыс жасайды. Кітапта Халима апайдың құрттай кезінен тағдырдан көрген теперіштері — жетім қалуы, балалар үйіне сіңлісі екеуінің орналастырылуы, ол жерден сіңлісі екеуін екі айырып, басқа балалар үйіне бөлуі, бауырына деген сағынышы, небәрі бастауыш класс оқушысы болса да, оны іздеп баруы, ондағы тәрбиешілердің «сіңлің кеше қайтыс болды» деген хабарын естуі, оның кіп-кішкентай томпиып жатқан моласына барып егіл-тегіл жылауы — көзге жас алмай оқуға мүмкін емес оқиғалар. Халима апайдың интернатта оқып жүргендегі оқу озаты болуы, маңындағы жетім қыздарға қамқор бола білуі, қолына түскен бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып беруі, жұртқа жақсы болсын деген ақжарма ниеті — мейірімділіктің, адалдықтың, тазалықтың бастау бұлағы. Оның өмірі — қазіргі қазақ қыздарына үлгі, сабақ болатын мәңгі тақырып деп ойлаймын. Әзілхан аға оқырмандармен көп кездескен, көп сырласқан жазушы. Нағыз іздемпаз жазушыға тән қасиет бұл. Халықпен жүзбе-жүз кездесу, кейде олардың төтесінен қояр сұрақтары, ой бөлісулері, жүрек сырлары жазушы үшін таптырмас тақырып болып шығуы да ықтимал. Сондай сәтте жазушы шындықты айтсам деп, сырын да ақтарып салар. Сондай бір кездесуде оқырман: — Әзілхан аға, жарыңызды отырыстарда, әлде бір бас қосуларда қызғанған күндеріңіз болды ма? — деген сауалына: — Болды. Халима екеуміздің алғаш қосылған кезіміз еді. Онда Халима «Суық бұлақ» мектебінде мұғалім болатын. Мектепте 1-ші мамыр мерекесіне арналған кеш болды. Мұғалімдер, ауыл активтері, әйел-еркек көп жиналды. Кейбір ер мұғалімдер, ауыл жастары Халиманы қайта-қайта биге шақырды. Халима бас тартпай бәрімен де билеп кетеді... Қызғаныштан ішім күйіп кетті де, сыртқа шыға жөнелдім. Түн. Далада жауын құйып тұр. Электр бағанасына сүйеніп, жауынның астында жылап тұрдым. Көп ұзамай далаға жүгіре шыққан Халима мені іздеп, қараңғыда әрі жүгірді, бері жүгірді. Арасында «Әзіл! Әзіл! Қайдасың?» деп дауыстайды. — Иә, — дедім, бір кезде дауысым әрең шығып. — Айналайын-ау, қайда жүрсің? Неғып тұрсын жауынның астында, — деп құшақтай алды. Ашуымның қайда кеткенін білмей қалдым.

— Ішім күйіп кетті, — дедім. — Неге? — Басқа біреулер құшақтағанда. — Жүрші, ішке кірейік. Мен енді ешқашанда ешкіммен билемеймін! Биі құрысын! Содан кейін ол өзгемен ешқашан биге шыққан емес, — дейді жазушы. Бұл жерде жазушы Халима апайдың ешкіммен билемейтіндігіне масаттанып отырған жоқ, керісінше өзінің де жіберіп алған әнтек ісін өкіне еске алады. Кеңес дәуіріндегі аста-төк үлкен отырыста, көңілді бір кеште ұлттық ойынның шеңберінде бір келіншекке: «Әйелдің бәрі сұлу. Сіз де сұлусыз. Оның үстіне, сізде жайдары күлкі бар, жұмсақ мінез бар екен. Осындай сүйкімді Хор қызыңдай сұлу әйелді күйеуіңіз күнде сүйеді. Ол бақытты. Ал сіз маған бетіңізден бір сүйгізсеңіз өмірі ұмытылмастай сыйлық жасаған болар едіңіз, — деп бетінен сүйіп алады. Алаңсыз ақын көңілінде арам ой жоқ десек те, осы отырыстан кейін Халима апайдың біраз уақыт мұңайып үнсіз қалуы жазушы үшін үлкен азапқа айналады. Ол өзін қателік жібердім деп ойлайды. Жіберген ағаттығына кешірім сұрайды. Кейінірек автор атынан жарылып, отырыс, кештерде ұлттық ойын ойнамақ тұрмақ, басқа болсын, «сүйіс» болатын ойыннан ат-тонымды ала қашатын болдым, — деп мойындайды. Ерлі-зайыптының қалыптасуы, бір-бірін қас-қабағынан жазбай тануы, үнемі көңіл жібін үзіп алмауға деген сақтығы, екі жанды қос аққудай ұзақ та мағыналы өмірге жетелеген отбасылық татулыққа әкеліп тірейді. Бұл өмірдегі үлкен жеңіс. Кітапты тебіренбей, толқымай отырып оқу мүмкін емес. Әр жолы, әр сөзі ғибратқа толы ізгілікке бастайды. Кезінде бүкіл қазақ оқырманының ой-санасын билеп, жастардың еліктеуін туғызып, (әрине, жақсы жақтарымен) кейіннен жүздеген мың ғиражбен қайта басылған «Махаббат, қызық мол жылдардағы» басты кейіпкер — Меңтай — осы Оңтүстіктің өкілі екенін біреу білсе, біреу білмес. Меңтайдың шын аты-жөні — Нұрғамила Нұрбосынова. Кентау қаласының тұрғыны. Ұзақ жылғы ғұмырын балаларды оқытуға арнайды. Оқу ісінің озаты. Нұрғамила апай 75 жылдық мерей тойында жазушыны қонаққа шақырады. Бұл жайында автор: ... Сол Нұрғамила тойына шақырды. Бардым. Машианадан түстім. Сабырға толы кейіпкерім жаныма келіп, қолымды алды да қойды. «Келуіңізбен!» дегені.

Шайға отырдық. «Меңтайдың» бауыры, ұлы, келіні бәрі ду күліп жіберді. — Біздің мамамыз өзінің курстасы, әрі авторымен кездескенде құшақтасып көрісе ме десек, қол алысудан әріге бармады ғой! — Мен өмір бойы екі шеңбердің ішінде болдым. Бірі — педагогтық болса, екіншісі — «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Меңтайдың бейнесі. Әлі де сол шеңберден шыға алмадым, құшақтап бетінен сүйе алмадым, деді шынайы күлімсіреп Нұрғамила. Қайран біздің аналар, арды ойлаған! Бразилия фильмдерін-дегі ауыздары әлденеше құрғап қалғанына қарамастан сүйісіп, ынтық болып жататын ынтық кемпір-шалдардан бөлек болмыс, бөлек менталитет. Бұл біздің ұлттық қалып. Жалпы, автордың «Мәңгілік махаббат жыры» — оқырмандарына, әсіресе кәзіргі жастарға, болашақ ұрпаққа үлкен өнеге қалдыратын қазақ бітім-болмысының жарғысы. Демократияны бет перде етіп, еліміздегі тәуелсіздікті жеке бастарының «тәуелсіздігіне» айналдырып, жеке-жеке ін қазып алып, айналасына, тіптен бір төсекте бас қосқан киын шиыр кезеңінде төс қосқан некелі жарларына азу тісін ақситатын, етек құмар еркек сымақтардың ініне су құйып жіберетін кітап бұл. Адамзатқа тән сезім-сарасын жария етуде күлбілтелемей, сезім атты ұлы ұғымның әйел мен еркекке тең бөлінетінін, жалған намысымен, өр басымен — махаббаттың киелі ұғым екендігін мойындаған, әрі мойындатар Әз-аға сияқты әз азаматтар көбейе түссе екен деп армандайсың. Махаббатты қастерлеу арқылы ел алдында биіктемесе, төмендей алмайтындығын тағы да бір дәлелдеген заманымыздың заңғар жазушысы жасай берсін! Иә, шығарманың шырайы шындығында! Келіңіздер, сол шындыққа толы шығарманы бірлесе оқиық! Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, ақын, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қырғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайдың директоры. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті, 30 қыркүйек, 2006 жыл. ***

ЖАЗУШЫ ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ «МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ» АТТЫ ШЫҒАРМАСЫНЫҢ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК МӘНІ Шуағына шомылған шапағаттың, Қызықпаған біріне атақ-даңқтың. Адалдықпен әрқашан өмір кешкен, Кейіпкері Өзіңіз Махаббаттың! Марфуға Айтқожина. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов XX ғасырдың екінші жартысы мен XXI ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне тың жанр қосып келе жатқан қаламгер. Жазушының қаламынан туған қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы жайлы «Ақиқат пен аңыз» роман диалогында Отан үшін от кешкен батырдың бейнесін жасау арқылы қазақ халқының патриоттық сезімін, ерлігін, халықтық рухын, қайсарлығын паш етіп, деректі оқиғадан көркем әдеби шығарма жасай отырып, қазақ әдебиетіне жаңа жанр қосқан жазушының «Тоғыз толғау» повесть монологы, «Қаламгер және оның достары» эпистолярлық романы жазушы тарапынан төл әдебиетімізге қосылған жаңалық. Әзілхан Нұршайықовтың қай шығармасын алып қарасақ та ұлттық тәлім тәрбиелік мәні зор. Жазушының қаламынан туған махаббат тақырыбына жазылған шығармалар бір төбе, ол шығармалар саны жағынан емес, тәрбиелік, рухани мәні тұрғысынан алғанда қазақ әдебиетіне қайталанбас үлес қосатындығымен де құнды. Жетпісінші жылдары «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқып, Меңтаймен Ерболға еліктеп өскен ұрпақ таяуда қаламгердің «Мәңгілік махаббат жыры» атты жана туындысымен қауышты. Жазушының өзі бұл туындының әр тарауы поэма тәріздес, оқырманды бей-жай қалдырмайтын жыр, өлең оқығандай әсерге бөлейді. Шығарманың басты кейіпкері қаламгердің жары, қазақ халқының ұлттық тәлім тәрбиесін бойына сіңіріп өскен тамаша қызы Халима апамыз. Автор шығармасының құндылығы да, тәлім-тәрбиелік мәнінде деп есептейміз. Жиырма бөлімнен тұратын «Халима» атты туынды жайлы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «... Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі жастар көбірек оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз — ел қазынасы. Өміріңіз — үлгі!» — деп баға берген екен. Автор шығармасында жарты ғасырдан артық ғұмырын бірге өткізген, өмірінің соңына дейін жұп жазбай қатар жүрген жары Халиманы әйелім ғана емес, әрі шешем, әрі енем сияқты болды дейді. Халима шын мәнінде от басы, ошақ қасында отырып, тек аналық міндетін, жұбайлық парызын өтеген әйел емес, жоғары білімді, көзі ашық, қазақтың сауатты қызы. Ел басына күн туған шақта ерлермен бірге етігімен су кешкен ер мінезді қыз.

Соғыс басталғанда әскери комиссариатқа барып өз еркімен майданға сұранғанды намысты қолдан бермейтін қазақ қызының өжеттігін, батылдығын, өз Отанына деген сүйіспеншілігін паш етіп тұр емес пе?! 10 класс оқушысы Халима Өзбақанова 1942 жылы мектеп бітіре сала өзі сұранып әскерге алынғанда, Чита облысының Борзя стансасы маңындағы әскери бөлімде радистка болған. Ал майданнан оралған соң Қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, ұстаздық қызмет атқарған. Автор бұл жайлы өз кітабында: «Балалар үйінде өскен қыздар өте патриот еді. Олар Отан соғысы басталған күннен бастап, Отан қорғаушылар қағарында болуды арман етті. Военкоматқа үсті- үстіне өтініштер жазды. Ақыры әскерге алынды. Олар: Орынкеш Мысырова, Халима Өзбақанова, Хантай Елубаева, Ишан Жағыпарова... еді. Оларды кезінде военкоматтағылар «Семейдің сегіз патриоты\" деп атаса керек», — дейді. Қазіргі жастарға үлгі боларлықтай осы оқиға ғана емес, қазақ қыздарының үлгі боларлық қасиеттері шығарманың негізгі арқауы, автор сондай-ақ Мәншүк пен Әлиядан да басқа қыздардың елеусіз қалған ерліктерін елге жеткізеді. Халима қазақтың дана қызы. Шығарманы оқи отырып кейіпкердің адамгершілігі зор, адамдармен қарым-қатынаста бауырмал, кішіпейіл, пенделіктен аулақ баршаға мейірман қамқор ана болғандығына тәнті болдық. Бұл жайлар әсіресе Халима апамыздың қамқорлығын көріп, араласқан адамдардың естеліктерінде кеңінен айтылады. Ақын Есләм Зікібаев, жазушы Темірхан Момбекұлы, талым Тұрсынбек Кәкішев сияқты белгілі адамдардың автордың жары Халима жайлы айтқандары кітапта кейіпкердің образын аша түскен. Халима сүйе білген, сүйікті бола білген қазақ қызы. Шығарманың екінші бөлімі «Халимаға хат» деп аталыпты. Бұл хаттар түрі жағынан Петрарканын Лаураға жолдаған сонеттеріне ұқсайды. Петрарканын қолы Лаураға жетпей өмірден арманда өтсе, Халима апамыз бен Әзаға жарты ғасырдан артық бірге тату-тәтті өмір сүрген, ұрпақ өсірген. Жазушының шығармашылықтың шыңына шығуына мүмкіндік жасап, анадай аялап, әкедей қамқор болған. Ауыз әдебиетіндегі махаббаттың символы болып қалған Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібек, одан бергі Естай мен Хорлан тек аңызда ғана бар кейіпкер деп ұғатын қазіргі жастарға халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов пен жары Халиманың өнегелі өмірі үлкен тәлім тәрбие. Менің ойымша бұл шығарманы тек көркем туынды қалпында қалдыру жеткіліксіз, жоғары оқу орындары бағдарламасындағы тәрбие, педагогика пәндеріне қосымша оқулық ретінде пайдаланылса, қазір жиі айтылып жүрген имандылыққа баулу, ұлттық тәрбие сияқты рухани құндылықтарымызды толықтыра түсеріне күмәніміз жоқ. Бұл еңбекте жазылған жайлар ел аузында айтылған жай аңыз емес, ақиқат. Оның кейіпкерлері халыққа белгілі қазақтың аяулы перзенттері. Биік парасат, үлкен жүректілік, адамды адам етіп тұратын адами қасиеттерді бойына сіңіре білудің өзі де ерлік десек өз Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелеуде қатып қалған қағидалардан гөрі қайраткер ұл-қыздарымыздың өмірі арқылы берген тәрбиеміз, оқытқан сабағымыз нәтижелі болары сөзсіз.

Әзілхан Нұршайықов қазақтың проза жанрына жаңалық, әкелген жазушы десек, бұл еңбегінің тағы бір ерекшелігі өзінің жары жайлы осындай шығарма жазған жазушы болған емес. Ұлы Абайдың қара сөздері біз үшін артында мәңгіге қалдырған, ешкім өзгерте алмайтын моральдық кодекс десек, Нұршайықовтың бұл шығармасы да өз өмірлері арқылы өзгеге үлгі боларлықтай ұлағатқа толы туынды, қазақ әдебиетінде сирек кездесетін шығарма. «Мәңгілік махаббат жыры» басынан аяғына дейін Абайдың қара сөздерінен ұрпаққа ұлағат болып қалған адамгершілік қасиеттерді өмірдің өзінен алып шынайы, ешқандай боямасыз, табиғи бейнеленеді. Еңбек сонысымен де тартымды, сонысымен де өміршең, сонысымен де құнды. Майдангер жазушы сонау Отан үшін от кешіп жүріп, елдегі қыздарға: Қайран қыздар сағындық, амал қанша, Жас қартайдық, көп өмір сүрген жанша. Жараланған жүректі жақсартатын, Дәрі жасап қойыңдар біз барғанша, — деп сәлем жолдаған екен. Дегенмен, жараланған жүректі емдейтін соғыстың алғашқы жылдары аттанып, Жеңіске үлесін қосқан қыздардың қатарынан болды. Әзағаңның осы еңбегінде айтылғандай, алты рет жүректен инфаркт алғанда күні- түні жанында болып, балаша мәпелеп, аятынан тұрғызғаны оқып отырған адамды бей-жай қалдыра алмайды. Қаламгердің өзі Халима апаларын әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды дейді. Шығарманың екінші бөлімі «Халимаға хат» деп.аталыпты. Бұл бөлімді оқып шыққан жан сыңарынан айрылған аққудың зарын естігендей күй кешері сөзсіз. Қасиеттеп, құрметтеп, Сенің махаббатыңды. Ұрпаққа үлгі болсын деп, Алашқа жайдым атыңды, — деп автордың өзі жазғандай бұл бөлімде жарынан айрылған жазушының жүрегіндегі сағыныш жыр болып төгіледі, алайда солқылдақ, жай жоқтау емес, Италияның атақты ақыны Франческо Петрарканың «Мадонна Лaypa өмірі мен өлімі туралы» атты кітабындағыдай сүйген жардың қасиетін жырмен, мұңмен өрнектеу... Қаламгердің өзі де «Мен өзімді Петрарка талантымен теңестіре алмаймын, бірақ,

Халиманың Лаурадан бір елі де төмен емес екеніне бәс тіге аламын», — дейді. «Мәңгілік махаббат жырын» оқып шығып біз де автордың бұл пікірімен үнсіз келістік. ДОСКЕЕВА Ш. А., Қайнар университет! Семей филиалының аға оқытушысы. *** ХАЛЫҚТЫҢ СҮЙІКТІ ЖАЗУШЫСЫ ӘЗІЛХАН АҒА! «Мәңгілік махаббат жыры» атты еңбегіңізбен танысу үшін үйіңізге арнайы іздеп барып, өз қолыңыздан кітапқа қолтаңбаңызды жаздыртып, арнайы мөріңізді бастырып алғанмын. Сонда әсіресе сіздің маған жазып берген естелік тілектеріңіз төбемді көкке жеткізгендей әсер берді! Әуелі сол үшін де Сізге көп-көп рахмет! «Роман» жанрын қалам тартатын жазушы өз қиялымен өрбіте беруіне болады. Ал Сіз бұл тұрғыда, Әз аға, шындықтан ауытқымайтын нағыз жауынгер жазушысыз! Бұл мақтау емес, ақиқат! Сондықтан болар, халық сіздің қаламыңыздан тараған еңбектерді ерекше сүйсініп, ондағы әр бір кейіпкерді сан жыл өтсе де саналарында сақтап келеді... Әз аға, Сіздің еңбектеріңіз адами қасиеттен ада болып бара жатқан мына заманның жастарына жол сілтейтін «компас» іспетті. «Мәңгілік махаббат жыры» кітабын оқып шыққанымда осындай түйінге келдім. Абай ағамыз «Махаббатпен жаратқан адамзатты» демекші, махаббаттан жаратылған жанымыз үнемі махаббатпен өмір сүріп, махаббатпен көз жұмуы тиіс деп білемін... Нендей нәрсеге ниет етсең де шынайы ықылас пен махаббат болмаса, көздеген ойды қайталанбас құбылысқа, иә құндылыққа айналдыру екі талай... Қарапайым оқуға да, киім күтіміне, ас даярлауға да жаныңның жылуы қажет емес пе... Бірақ, сол орыны толмас, қайталанбас махаббатты дер кезінде бағалай, қадірлей білу — парасаттылық, дархандық әрі даналық деп білемін!... Сіздегі бұл қасиеттер, жан жарыңызбен бірге өткізген ғұмырыңыздың әрбір сәттерін санаңызда сақтап келгендігіңізден аңғарылады... Халима апамыз нағыз бақытты адам! Мен өз афоризмдерімде: «Сүйе білмейтін адамға қадіріңді кетіргенше, бағалай білетін адамның бағы бол!» деп жазғанмын. Сіз ол кісінің «бақытты» болсаңыз, жеңгеміз Сіздің «бағыңыз» болған екен! Жан-дүниесімен беріле сүйіп көрмегендер — нағыз қауіпті, қорқынышты жандар. Өйткені, сезімнен жұрдай ең азы сүйсінуді білмейтіндердің жақсылыққа,

мейірімге жаны жат келетіні шындық. Сезімнен жұрдай адам, жан-дүниеңді сезіне білмейді. Сүю — әркімге беріле бермейтін тың қабілет, қасиет, өнер, бақ!.. Бүгінгі заманғы ерлі-зайыптылардың зәрулігі — жарға адал болу, қолынан келгенінше бір-біріне ықылас білдіріп, қуаныш сыйлау десем артық айтпаған болар едім. Адамның жүрегіне сезім нұрын себуге асығып, көңіліне қарап, қабатын бағып, қатар қиналып, бірге қуанып, қасында жүрмесең алаңдап, жаныңның жалғыз серті мен серігі ретінде бағаламай тұрып, санаңды сағынышпен сабылтып, ғашықтықтың дертін кешпей, жаныңнан жалын еспей, «сүйдім-ау» — деу далбаса... Қазіргі адамдардың арасында сыйға — сый, сыраға — балды ғана күтетіндер басым... Олар махаббатты жеткізуді, туындатуды, қалыптастыруды, дамытуды емес, көбіне талап етуді қалайтын секемсіз, сезімсіз жандар... Сезімсіз тіршілік иесі — «тұл». Оның ішіндегі пірі «махаббатсыз» адамның адам болып сақталуы екі талай екеніне ешкім дау келтірмесі анық. Абай ағамыз да: Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар — деп бекер айтпаған. Қазір ер адамдардан азаматтық абырой кеткен заман... Қыздардың көңіліне қарау, сыйлау сынды қасиет олар үшін келемежге айналған... Қыз жүрегі қашанда нәзік қой. Олар әдемі үміт пен армандардың жетегінде жүреді. Сондықтан болар, нәзік жандар қатарында кейде ақиқатты алдамшы дүниеден ажырата алмай жүргендер көп. Сіздің қаламыңыздан туған құндылықтар өмірдің дәл осы ойсыраған тұсына қажетті дүние. Кітап атын «Мәңгілік махаббат жыры» деп атауыңыздың өзі ерекше мәнге толы. «Махаббат» мәңгі және мәңгілік тақырып. Ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға ұласып отыратын сезімнің — киесі, өмір сүру құпиясын шешуші кілт. Ол туралы Алланың ақиқат кітабында да айтылған. Оны Абайдан артық туралап талдау мүмкін емес... «Адамшылықтың алды — махаббат, ғаделет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспей тұтын да жері жоқ. Ол — Жаратқан тәңірісінің ісі. Айғыр биеге ие болмақ та махаббат сезім бар. Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі — ғалым, сол ғақил...» («Қырық бесінші қара соз». Абай). Бойына махаббат ұяламаған адамда адами қасиет болмайды. Жер бетіне келудің өзі махаббаттың барлық түрін сезіне отырып, соның сырымен, соның ғажайыбымен, соның сұлулығымен, соның мүмкіндігімен Алланың құдіретін, шеберлігін тану... Құдіретті күшті мойындап, махаббаттан түсінген мән-мағына арқылы Жаратқанға мақтау — мадақ айту...

Әз аға, жазушы ретінде де әрі Халима апамыздың тәңір қосқан теңі ретінде де өз ісіңізбен Сіз жастар жастықтың ғана еншісі деп білетін махаббаттың қай жаста да баяны бар екенін дәлелдеген тұлғасыз. Осы ұлық сезімнің символы ретінде Халима апамызға арнап ақ күмбез орнатудың өзі әсерлі қадам. Бұған дейін Сіздің жасыңыздағы еш адам ондай ерлікке барған емес. Өз ғашығына күмбез орнату құрметі өткен ғасырларда ғана болған құбылыс. Әрі ол жастар мен орта буындардың қолтаңбасы болатын. Пайғамбар жастан әлде қашан асып кеткеніңізге қарамастан, жаңа ғасырда осы үрдісті қайта жаңғырту ерекше ерлік, үлкен үлгі! Тағдырларыңыздан алынған тәлімді осындай ғұмырлы тақырыпқа тамаша тегеурін еткеніңіздің өзі адамзат фәлсафасына қажетті қазына. Сізге сол үшін де ерекше ықыласпен басымды ием! Алла разы болсын! Ұлағат еткен Ұлық сезім ұрпақтарыңызға жалғассын! Жазира Байжұмақызы ҚАЛЕНОВА, ААҚ«Хабар» Агенттігі. «CaspioNet» телеарнасы қазақ редакциясының редакторы, журналистер одағының мүшесі. 13.01.2010 жыл, Алматы. *** ҮШІНШІ ЕСІКТІҢ ҚҰПИЯСЫ

КЕЙІНГІГЕ ҮЛГІ Р. Хорезми бір сөзінде: «Жаны сұлу адам сұлулыққа құмар келеді» — деген екен. Сол сырт келбетінің сұлулығымен бірге жан сұлулығы қатар келген, ақылына көркі сай Халима апайымызбен 54 жыл бірге ғұмыр сүру бақыты Әзілхан Нұршайықов ағамызға бұйырған екен. Ал, сол аяулы да, ардақты Халима апайдың нұрлы бейнесін жан-жақты ашып, оқырманға жеткізе білу тек Әзілхан ағамыздың ғана қолынан келеріне ешкім шүбә келтірмес деп ойлаймын. Сонымен, қаламгер ағамыз әңгімесінің басын.: «Халима екеуміз 54 жыл бірге өмір сүрдік. Өмірінің соңғы күні, соңғы сағатына дейін екеуміз жұп жазбай, қол ұстасып қатар жүрдік. Ол менің әйелім ғана емес, әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды», — деп бастап, әрі қарай Халима апайдың адамгершілік қасиеттеріне тоқтала отырып, әңгіме иіріміне өзіңді қоса тартып әкетеді. Бас салып құныға оқыған сайын, шіркін, кітаптың беті таусылмаса екен, ешқашан да соңына жетпесем екен деген іштей тілекте отырасың. Әсіресе, Халима апайдың өсиеті ретінде айтылтан мына сөздерін толық келтіргенді жөн көрдім. Бірінші айтарым: Мен олай-бұлай боп кетсем, сен жылама. Жыласаң: әрі балаларыңды жасытасың, әрі жұрттың сөзіне қаласың. Қазақта: «Қатын өлді — қамшының сабы сынды» деген сөз бар. Сен жыласаң, жұрт сені мазақтап кетеді: «Қатыны өлгенге жылаған жаман, жасық неме екен ғой!» дейді. Өзім өлсем де, сенің соңыңнан сөз ермесе екен деймін. Екінші айтарым: Қазір жұрттың бәрі өтірік болса да, діншіл болып алды. Сен ғылымға сенесің. Жердегі Құдай — дәрігерлер деп білесің. Оның жөн. Бірақ сен мені мұсылманша жөнелт. Мені жөнелту жұмысын Мақыш досымыз Байсейітоваға тапсыр. Жаназамды өзім жақсы көріп, қадірлейтін Асылхан қажыға шығарт. Егер молда шақырмасаң жұрт: әйеліне құран оқытпай, арам өлтірді деп қаңқу қылады. Мен сенің жұрттың осындай жаман, лас сөзіне қалмауыңды тілеймін. Үшінші айтарым: Сақалыңды өсірме, шашынды қобыратпа, жағаңды қисайтпа. Ұнжырғанды түсірмей, тік жүр. Жұрт сені: әйелі өлгеннен кейін жүнжіп кетіпті демесін! Төртінші айтарым: Мен ертеден өзім өлсем, саған серік болар қандай әйел бар деп ылғи ойлап жүруші едім. Таба алмадым. Өйткені саған жас әйелдің керегі жоқ. Жас әйелдің жат еркекпен қылмыңдағаның көтере алмайсың — жүйкеңді жұқартасың. Қартаң әйелдер аяқтарын әрең алып жүр. Олардың өздеріне күтім керек. Сен ешкімді күте алмайсың, күтуші бола алмайсың. Енді 80-ге келгенде саған үйленудің қажеті болмас. Бірақ балалар не тамақ жасап берсе, соны іш. «Анау жоқ,

мынау жоқ» деп балалардың мазасын алма — жек көріп кетеді, өз балаларыңа ұрыссаң да, келіндерге ұрыспа. Келін — ұрпағыңның анасы ғой! Бесінші айтарым: Ұлдар арақ ішпесін! Алтыншы айтарым: Ұлдар, қыздар, келіндер, немерелер сені күтсін. Сені күткені анамыз, әжеміз, енеміз еді деп мені ардақтағаны, менің жайлы жатуыма көмектескендері деп білсін. Саған осыларды айтайын деп шақыртып едім. Ал енді не айтамын? Жер аман болсын! Ел аман болсын! Ұлт аман болсын! Ұрпақ аман болсын! Біз сияқты аға-аналар әркім өз уақытында өмірден өтіп жатады ғой. Оның уақасы жоқ. Барлық ағайын туыс, достарға, қымбат көршілерге сәлем айт. Бәрінің ұзақ өмір сүрулерін тілеймін. Қош бол! Қош. Енді тез балалардың қасына бар. Сені күтіп, үрейленіп тұрған шығар. Бәрінін бетінен сүй. Мен үшін сүй!». Халима апайдың ешқандай артық-кемі жоқ, өсиетке бергісіз орынды айтылған, осы бір сөздерден кім де болса құп алары сөзсіз деп ойлаймын. Өйткені, бұл ақылға қонымды сөздерден ұлттық үлгі өнеге белгілерінің, халқымыздың әдет-ғұрпына сай ізеттікті, біліктілікті анық байқауға болады. Махаббат туралы ешқандай аксиома да, теорема да жоқ болғандықтан, оның анықтамасын әркім өзінше жеткізіп жатады. Әзілхан ағамыз болса, махаббатты: 1) Бала махаббат; 2) Шала махаббат; 3) Мәңгілік махаббат деп үшке жіктейді. Соның ішінде «мәңгілік махаббат» ілуде біреуде ғана болып, сыңарынан айырылғаны қайтадан тұрмыс құрмай, өмір бойы жан жарын жоқтаумен өтеді екен. Расында да, әр адам өзінше бір қайталанбас тұлға ғой. Алайда, әр адамның жаратылысы да әртүрлі болады емес пе? Оның үстіне сүйекпен бірге бітетін мінез-құлықты қайда қоямыз? Дегенмен, қаншама асыл қасиеттің бір, адамның бойынан табылатын кезі болады екен. Сондай сирек жаратылыс иелерінің бірі Халима апай. Оған дерек ретінде қаламгер ағамыздың мына сипаттамасынан үзінді келтірейін: Халима менің созсам қолымды, ойласам ойымды ұзартушы еді. Ақылыма ақыл, абыройыма абырой қосатын еді. Жатсам — жастығым, жантайсам — төсегім болушы еді. Жабырқасам — жадыратушым, жаңылсам — түзетушім еді. Зейін зеректігімен, энциклопедиялық білімімен маған көз жазбай көмектесіп отырушы еді. Менің жан жарым, әдеби серігім, ардақты аяулым, асыл досым Халима осындай кісі еді!» — деп жеткізеді жары өз еңбегінде.

Соншама қиындықты да, ауыртпалықты да көре жүріп, бәріне төзіп қайыспай көтере білген Халима апайдың жарқын бейнесі барған сайын асқақтай түсіп, шындағы шынардай болып елестейді. Айналып келгенде, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың: Уақытты тоқтатар шама барма? Бәрі өтеді, дәуірлер, замандар да. Менің жаным ашиды мына өмірді Өтпейтіндей көретін адамдарға. Өтеді ғой, өтеді барлығы да. Күн арқалап, кетеді таңды мына. Менің жаным ашиды барлығына, Таң нұрына, адамның тағдырына», — деп айтқанындай, бәріміздің да уақытқа тәуелді екенбіз, бұл фәниге қонақ екеніміз рас. Бұл өтпелі өмірге кімдер келіп кетпеген десеңші. Ал сонда кейінгіге белгі болып қалар не нәрсе? Меніңше, сол игі істеріңе мәңгілік ескерткіш болып қалар белгілердің бірі кітап болар. Сондықтан да үлгі-өнегесімен тек жақындарының ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының мақтан тұтар қыздарының біріне айналған Халима апайдың асыл бейнесін есте қалдыруға баға жетпес ескерткіш ретінде осындай кітап жазып қалдырған халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың да ерен еңбегін атап өткен жөн деп ойлаймын. Шоқтығы биік туындылардың бірі ретінде, рухани құнды мұралар қатарынан орын алар бұл кітаптың авторына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «... Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі жастар көбірек оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз — ел қазынасы. Өміріңіз—үлгі! Аман-сау болыңыз, Әз-аға. Аса сыйлайтын Н. Назарбаев. 06.01.2003 жыл» — деген әділ бағасымен аяқтамақпын. «Ұлттық тәлім-тәрбиелік мәні зор бұл туындының келешек ұрпақ үшін де баға жетпес, құнды мұра болып қалатынын айта келіп, ұлтымыздың ардақты ұлдарының

бірі Әзілхан ағамызға шығармашылық табыстар тілеймін», —депті Талғат Төлегенов деген оқырманы Әз ағамыздың таңғажайып, тәлімді еңбегін оқып шығып бір газетке. Халима апамыз 54 жыл Әзілхан ағадай ардақты азаматқа сүйікті жар болып, перзент сүйіп, жасы 76-ға келіп халық ортасында өмірден озды. Ол кісінің жүрген- тұрғаны, айтқан сөзі көзін көргендерге үлгі-өнеге, ал көрермендер асыл жарының осы арнау кітабын оқып тәлім алады. Қазақ топырағында Халима деген адал жар, ардақты ана өткенін білер. Есі бар оқырман болса, біздің қазақта осындай арды ойлаған аналар барын, ұлт мақтанышына айналған Нұршайықовтар отбасындай отбасы болғанын айта жүрер. Кейінгіге үлгі етер, бәлкім. Сәуле ДОСЖАНОВА. Алматы қаласы. Жедел хат 050022, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, № 90 үй, пәтер 28 Нұршайықов Әзілханға АСА ҚҰРМЕТТТ ӘЗІЛХАН АҒА! Хал жағдайыңыз қалай? Сіз емханада деген соң, жеделхат жолдап отырмын. Алла қолдап, дәрігерлер көмектесіп, сауығып шығыңыз. Өзіңізге Мұқан Иманжанов айтқандай: «Туу, бекер әуре болған екенсіз» демеңіз. Өзіңіздің қолтаңбаңыз бар кітаптарды алғанда төбеміз көкке жеткендей қуандық. Сізге мың мәрте рақмет. «Мәңгілік махаббат жыры» кітап сөресінде, қасиетті құран Кәрімнен кейінгі орында тұрады. Біз үшін бұл кітап баға жетпес сыйлық, әрі ең қымбат ескерткіш болды. Ыстық ықыласпен, оқырманыңыз: Оразбек АЙМАНҰЛЫ. Астана қаласы. 1. 07.2007жыл. ***

ҚҰРМЕТТІ ӘЗІЛХАН АҒА! Сіз бен біз туыспыз деп, туыстық сәлем жолдап, тілегіңізді білдіріп қолтаңба жазып берген «Мәңгілік махаббат жыры» кітабыңызға шексіз ризашылдығымды, алғысымды білдіремін. Кітапты оқып шығып, қазақ қыздарының бірегейі Халимадай Анаға бас иіп, тағзым еттім. Ары таза, жаны мөлдір, махаббатқа адал, туысқа қамқор, серігіне ақылшы, кеңесші, емші бола білген Халиманың асыл бейнесінен ұлтымыздың ұл-қыздары үлгі-өнеге аларлықтай сомдаған Сізге деніңізге саулық, өміріңізге тыныштық тілеймін! Ұл-қыздарыңыздың, немере-шөберенің ортасында ақылшы болып аман- сау жүріңіз. Зор құрметпен Гүлжан СӘДУАҚАСҚЫЗЫ. филолог-ұстаз,зейнеткер. Астана қаласы, 2007жыл. *** ҚҰРМЕТТІ ӘЗАҒА! Сіздің маған берген «Мәңгілік махаббат жыры» деген кітабыңызды екі күнде оқып шықтым. Оқып отырып, біраз ойға шолу жасап ұққаным да, тұжырымдағаным да мынадай болды: Иә, Алла тағала, тіршіліктегі барлық ләззат та, адамгершілік те осы шығарманың ішіне сыйғандығы. Және де бұл «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітабыңыздың жалғасы әрі тұжырымдамасы екен. Шынайы жүректен шыққан өмір тәжірибеңіздегі әр сөз, әр ойыңызды қандай етіп қағазға түсіргенсіз? Фәни өмірде сирек кездесетін ерлі-зайыпты адамдардың ара қатынасында болатын махаббаттың таңғаларлықтай бірегейі екен. Мұның ұрпаққа деген тәрбиелік мәні зор. Әрі қазіргі осы ХХІ-ші ғасырдағы жастарға керектігі зор. Мен де Нұрекеңмен (өз жолдасым Нұрғалиды айтамын) 48 жыл қол ұстасып, балалар тәрбиелеп, өмірімізді жақсы өткіздік дейміз ғой. Бірақ, мына «Мәңгілік махаббат жыры» кітабындағыдай болды деп айтуға болмайды.

Сіздің аса бақытты адам екеніңізде шүбә жоқ. Сіздердей екі жұп сирек кездеседі ғой. Лайымда Сіздердей жұбайлар көп болғай деп тілеймін. Ендігі келешек өміріңіз ойша Халекеңмен бірге жүргендей өтіп, одан қалған бала- шағаңыздың рахатын көргейсіз. Алланың Сізге деген мейірім шуағы төгілгей деп тілей отырып, күшті денсаулық, отбасыңызға амандық, береке тілеймін. Алланың халқыма Әзағадай данышпан ұл бергеніне қуанамын. Аман болыңыз, замандас келініңіз: Ділда МАҒАЙҚЫЗЫ. Айтпақшы: осы шығармаға арнап талай білікті азамат, азаматшалар тұжырымдамалар жазған екен. Бәріде дұрыс. Өзім ішімнен разы болып, талдап оқып шықтым. Бәрінікі де шын ықыласпен жазған көңіл жұбату бола тұра, бұл жастарға ұлағат қой, қазағымның қазаға көңіл айтып, «Арты қайырлы болсын!» деген бір ауыз сөзінде қаншама күш-құдірет бар десеңші! Әз аға! Сіздің Нұршайық әкеңіз асыл адам, тұма таланты бар, әкелік гені күшті, кең қолтықты, жүрегі жұмсақ болған ғой. Сондықтан да текті тұқымнан Алла бізге, қазаққа Сізді сыйлаған ғой. Үйде де, түзде де, майдан алаңында да Өзіңіздің өмірге деген құштарлығыңыз, мұншама ізгілікті іс тындырып, әрі балаларға қамқор әке бола білуіңіз Құдірет емес пе? Әкеден артық арман жоқ, Әкеден артық қорған жоқ Әкеден артық пана жоқ, Әкеден артық дана жоқ,! — деген қазағымның даналық сөздерін естіп те, оқып та риза боласың!». Ділда Мағайқызы Тасмағамбет келіні (Иманғали Тасмағамбетовтың анасы). Ескерту: Хаттың аяғына жазылған күні көрсетілмепті. Тегі автор ұмытып кеткен болар. Мен бүгін — 31.07.2006 жылы сағат 12-де алдым. Қалалық Әкімшіліктің Мәдениет департаментінің қызметкері Жасұлан Тәжібаев әкеліп берді. Соған Қарағанда хат кеше жазылып, оны «Алатау» санаторийінде жатқан Ділда Мағайқызы кешке халін білуге барған баласы Иманғалидан беріп жіберген сияқты. Иманғали таңертең маған жеткіздіріп беріңдер деп көмекшілерінің біріне тапсырған болса керек. (Әз. Нұршайықов). Атырау қаласы, МКР, Ватутин көшесі, № 3А

Ділда Мағайқызына АСА ҚҰРМЕТТІ ДІЛДА БӘЙБІШЕ! Сізге сәлем жолдаймын. Өткен айда Алматы ауруханасында кездесіп, дидарласқанымыз есімде. Одан «Алатау» санаторийіне кеттіңіз. Сонда жатып, менің Өзіңізге сыйлаған «Мәңгілік махаббат жыры» кітабымды екі күнде оқып бітіргеніңіз туралы шағын хат жазып жібердіңіз. Оны маған Иманғалидың көмекшілері әкеп тапсырды. Хатыңызды оқып, қуанып қалдым. Шын жүректен шыққан Өз бағаңызды беріпсіз: мұның ұрпаққа берер тәрбиесі мол, қазіргі XXI ғасырдағы жастарға өте керек депсіз. Одан әрі менің әкем Нұршайық туралы өте жылы лебіз білдіріпсіз. Өзім туралы мақтау сөздерді естіп жүрмін ғой. Бірақ, бүйтіп әкемді бағалаған ешкім болған жоқ еді. Көзіме жас келді. Біз әке мен шешенің артқа қалдырған аманатымыз ғой. Мың рақмет Сіздің оларды бағалай білген аналық даналығыңызға! Сіздер «Алатауға» кеткеннен кейін мен қаладағы «Версаль» деген ресторанға барып, Халиманың қайтыс болғанына бес жыл толуына байланысты жұрт жинап, еске түсіру кешін өткіздім. Алдымен, бірнеше рет қажыға барып келген Үкіжан деген молда бәйбіше құран оқыды. Одан кейін өзім сөйлеп, бес жыл ішінде Халима туралы не істелгенін айттым. Халимаға арнап, Тұрсынғазы Рахимов деген композитор шығарған жаңа ән орындалды. Махаббат туралы тамаша әндер шырқалды. Жиналған жұрт өте разы болып тарады. Менің мақсатым өзім өлгенше әйелімнің атын өшірмеу ғой. Осы кештің ойдағыдай өткеніне қуанып, ауруханаға қайтып, өз палатама жайғастым. Қазір үйде емделіп жатырмын. Әбден айығып кетуім үшін әлі де бір айдай уақыт керек сияқты. Хатыңызды оқығаннан кейін Сізге телефон соғып, алғысымды айттым ғой. Сіз 6 тамызда елге қайтатыныңызды айтып, алғысыңызды Атырауға жазып жібергейсіз дедіңіз. Сол уәдемді орындап, Өзіңізге осы хатты жолдап отырмын. Құрманғали бауырыма, келінге және басқа балаларға менен тілектестік сәлем айтыңыз. Айтпақшы, Сіз маған жазған хатыңыздың аяғына «Ділда Мағайқызы» деп қол қойыпсыз. Мен Сізге «Ділда Оспанқызына» деп автограф жазып бердім. Маған Гүлнәр Аронова деген дәрігер солай деп айтқан еді. Әлде мен қателестім бе? Егер қателескен болсам, Өзіңіздегі кітаптың автографынан «Оспанқызы» дегенді өшіріп, «Мағайқызы» деп түзетіп қоярсыз. Ал, аман-сау болыңыз.

Айтпақшы анада, аурухана балконында Ғалия түсірген суретті әлі шығартқаным жоқ. Кейін жіберермін. Ғалия сәлем. Тәуірленіп қайтты ма? Құрметпен ағаңыз Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ. Алматы қаласы, 050022 Құрманғазы көшесі, 90, пәтер 28 P. S: Жоғарыда Сіздің маған жазған хатыңыздың көшірмесін, керек болар деп Өзіңізге жіберіп отырмын. Хатыңыздың түп нұсқасы менде сақтаулы. *** МАХАББАТ ПОЭМАСЫ Махаббат адам өмірінде әркімнің басынан өтетін, ұмытылмас әсерлі көңіл күйі. Тарихтан белгілі Ләйлі Мәжнүн, Фархад — Шырын, Қозы Көрпеш — Баян Сұлу, Қыз Жібек — Төлеген, Қалқаман — Мамыр т.т осының айғағы. Адамзат тіршілігінде махаббатсыз өсіп-өну мүмкін емес. Осылай болғанда, қадірлі оқырман, менің сіздер мен пікір бөліскелі отырғаным белгілі қоғам қайраткері, майдангер, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың соңғы туындысы, жүрек-жарды, үлкен көлемді «Мәңгілік махаббат жыры» — поэмасы. Әз — аға бұрында, тіпті студент уақытының өзінде де махаббат тақырыбын терең жырлаған жазушы. Ол кісінің «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романы көпшіліктің қолдан-қолға тигізбей оқитын шығармасы болатын. Ал, кейінгі, бұл аяулы жары Халима туралы. Сондықтан бұл шығарма тәлім-тағылымы мол және қазіргі жастарға үлгі болар өсиетті туынды. Махаббатты Әз-ағаң үш түрге жатқызады: 1) Бала махаббат; 2) Шала махаббат; 3) Мәңгілік махаббат. Олай болса бұл шығарма нағыз «Мәңгілік махаббат жыры». Туынды негізінен екі бөлімнен және қосымша бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімдегі — жиырма сөз деген үлкен тарау жеке-жеке сарапталып, біріншіден — жиырмасыншы сөзге дейін Халима жеңгей\" мен Әз-ағаңның қол ұстасып өткен өмір өткелдері туралы жан-жақты айтылған. Әз-аға осы тараудың 58- ші бетінде «Мен Халимаға 9 жыл ғашық болдым. Одан кейін екеуміз қосылып, 54

жыл тату-тәтті, ләззатты өмір сүрдік. Жұбымыз жазылған жоқ» дейді. Міне, қандай үлгілі өмір? Осындай ерекше естеліктің тууы да осы мәңгілік Махаббаттың құдіреті шығар? Осы бөлімде «Мінәжат», «Сұхбат», «Сұраққа жауап», «Аппақ қардай ақ махаббат болсын», «Баян Сұлуға арналған монолог немесе сөйленбеген сөз», «Әскери жинаққа арналған анықтама», «Соңғы хаттар» деген көп мағыналы жеке-дара, естен кетпестей естеліктер келтірілген. Махаббат поэмасының екінші үлкен бөлімі 126-шы беттен 302-ші бетке дейін «Халимаға хат» (Сағыныш саздары) деп аталған. Бұл хаттар 80 шақты мұңды жолдаулардан тұрады. Осы жүрек жарды, сағыныш саздарында Әз-ағаң Халимаға арнап: Қасиеттеп құрметтеп, Сенің махаббатыңды Ұрпаққа үлгі болсын деп Алашқа жайдым атыңды — деп бастап 176 бет арнауларды өлеңмен жазған. Олардың ішінде «Сағыну», «Сағыныш», «Сырласу», «Сені кімге теңермін?», «Ылғи жинап қайтамын», «Сен неткен ғажап едің», «Екі жүз жетпіс күн», «Торығу», «Балаларға ат қойдық», «Сенің ұлтарағың», «Сенің орамалың», «Самолетте», «Той туралы жыр», «Тәбәрік туралы жыр», «Мұң шағы», «Тоғыз жүз күн», «Әр күні, әр қағазға түсірілген жаңа шумақтар», «Мың күн», «Тоқтау», «Үш жыл», «Кезекті хат» деген арнау өлеңдерді нағыз махаббат поэмасы деп қалай атамасқа? Кітаптың үшінші бөлімі — Халиманы еске алуға арналған. Осыған орай «Көңіл айтулар», «Әйел туралы ойлар», «Хаттар, лебіздер, автографтар, естеліктер» келтірілген. Ағам айтқанда, белгілі жазушылар Қалмұхан Исабайдың «Қайран, Халима», Ғаббас Қабышұлының «Аяулымыз еді», Мұхтар Шахановтың, Жаппар Өмірбековтың, Есләм Зікібаевтың, Кәмен Оразалиннің, Медеу Сәрсекенің, Рысхан Мұсаұлының, т.б зиялы және белгілі азаматтардың жедел хаттары. Кеңес Өмірзақұлының, Өтебай Бейсенғалиұлының. Сандуғаш Малтаждарова, Тұрсынбек Кәкішевтың, Шерияздан Елеукеновтің, Асыл Қайсенова, Мыңбай Рәш, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сәбит Досанов, Мұхтар Айтқазин, Асылхан Өмірзақұлы, Асқар Рахматуллин, Қабдеш Жұмаділов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Сәки Бекбаева, Ишағы Жағыпарова, Шадыбай Абдуллаев, Тоқан Өзіханова т.б ондаған дос-жаран, қымбатты азаматтардың хаттары мен лебіздері.

Естеліктер тарауында Мұза Абдуллинаның «Жүректі тулатады жылы сөзі», Ғабдулсәнә Садықовтың «Халима апай туралы естелік», Мәрияш Жақыпованың «Мәңгі есімізде сақтаймыз», Фермахан Шоеваның «Кейбір сәттер», Бақыш Мерекенованың «Ізгілік шуағы», Мұқанәлі Омарбаевтың «Жан досымның жан жары», Махмұт Қасымбековтың «Аса парасатты жан», Кеңес Сейдалыұлының «Халимаға екі арнау», Сәки Бекбаеваның «Халима айтқан бір сыр», Гүлмәрия Айтмағамбетова — Көпішеваның «Менің кішкентай ұстазым» т.б. естеліктер келтірілген. VI-шы тарау «Халима» деп аталынып, орысшасы: «Халима. Песнь о вечной любви» деген мағынамен біріншіден жиырмасыншы сөзге толықтай орысша берілген. Бұл аударманың орысша оқырмандар үшін маңызы өте зор. Орысша жазылған бөлімде «Письмо журналиста — писателя Кайсара Алима из Астаны», «Песнь о любви», «Из воспоминаний директора Семипалатинского педагогического училища (колледжа) Асылхан Бекбаева, «Письма Нагаши», Бэлла Баймухамедованың «Издневника», Бақытжан Момышұлының «Отрывок из романа», Махмут Касымбековтың «Такие произведения особенно нужны для нашей молодежи», Жанар Нұршайықованың «О маме», Светлана Кусманованың «О моей свекрови», Құралай Аққошқарованың «Письмо автору» деген жазбалары мен айтылған ой, пікірлері шын-ыңыласпен жүректен шыққан ниеттер. VII-ші тарау Халима ауруханада жатқанда емдеген дәрігерлер мен медбикелердің аты-жөндері, Халима қайтыс болғанда қазанама, көңіл айту жариялаған газеттер, Халима күмбезін орнатуға үлес қосқан адамдар мен ұжымдар тізімі келтірілген. Сондай-ақ, кітаптың соңында авторлар мен келтірілген деректер туралы түсініктер де берілген. Қорыта айтқанда, бұл еңбек Әз-ағаның бұрынғы жарық көрген көп туындыларымен қатар ізденімпаз белгілі қаламгер, еңбекқор, майдангер қазақ жазушысының ұмытылмас аяулы жары Халимаға арнаған шын жүректен сағыныш сезімде жазылған үлкен туындысы. Әз-аға, қаламыңыз мұқалмай, деніңіз саулықта болып, халық үшін көп жылдар өмір сүре беріңіз. Сіләмхан ЖАППАРХАНҰЛЫ, Қазақстанның құрметті барлаушы геологы, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық информатика Академиясының академигі,

геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің профессоры. 27.05.2006 жыл, Алматы. ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ «МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ» КІТАБЫН ОҚЫП БОЛҒАННАН КЕЙІНГІ ОЙ Құрметті Әзілхан аға! Мен ең алдымен, «Мәңгілік махаббат жырының» менің қолыма өз қолыңыздан тікелей табыс етілгеніне ризамын. Кітапты алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Бұған дейін осы кітап туралы досым Сапаштан (Сапарғали Молдабеков) естіген едім, бірақ кітап дүкендерінің сөрелеріне түсе қоймағандықтан таппаған болатынмын. Алла Тағала сәтін салып, сіздің өз қолыңыздан алу бақытына кенелдім. Кітапты үйге алып келген бойда оқуға кірістім. Шынымен де Сапаш досым айтпақшы, «бір бет орамал емес, екі бет орамал аздық» етеді екен. Сүйсініп, уайымдап, күрсініп, күңіреніп, түйсініп, жүрегің езіліп, жан-дүниең еміреніп оқитын кітап екен. «Жанынан жылу, жүрегінен жыр» сыйлаған жарыңыздың жарқын бейнесін жарқ еткізіп, көркем әдебиет әлемінің мәңгілік кейіпкерлерінің қатарына көтердіңіз. Құрметті Әзілхан аға, мен сіздің бұл кітабыңыздан інжу маржан тергендей болдым. Халима апаның әрбір өнегелі ісі санама сақталып, жадыма жатталды. «Мен қазақтың қызымын» деп мақтанатын халқымыздың әрбір бойжеткені бойына Халима апаның (мен де Найман қызы болғандықтан, ол кісіні апайым десем артық болмас) ізгілік істерінен нұр құйып алатын болса, от басына да, ұрпағына да, тіпті жалпақ жұртқа да сәулесін төгері сөзсіз. Адам жүрегінің асыл қазынасы махаббаттың мәртебесін көтергендігіңіз үшін, ұлы іңкәрлікпен асыл жарыңызды шын сүйгендігіңіз үшін, аяулы жанның әрбір әрекетінен жақсылық көргеніңіз үшін, әр сөзінен шабытыңызға гауһар тергеніңіз үшін, жүрегін, жанын сізге ұсынған адамға адал, пәк, мөлдір, таза махаббатыңызды бергеніңіз үшін, әрбір ұстаған затын ардақтағаныңыз үшін, «Алашқа атын жайып» кітап жазып, өнегесін салмақтағаныңыз үшін мен сізге барша қыздар қауымының атынан ризашылығымды білдіремін. Маған сыйға тартқан кітабыңызға: «Жұрт айтады: «Біреуден екеу жақсы деп, екеуден үшеу жақсы» деп. Мен ойлаймын: «Бәрін айт та бірін айт, әрбір бойжеткеннің өз Ерболы болған жақсы» деп. Сен де өз Ерболыңды тап, соған қосыл айналайын, сөйт те мені тойыңа шақыр. Жарай ма? Осы «Мәңгілік махаббат жыры»

кітабымды саған сыйладым. Сенің өз мәңгілік махаббатыңды табуыңды тілеймін\" деген қолтаңба жазып беріп едіңіз. Алла амандығын берсе, ол қуанышты күн алыс емес шығар. Тойымның төрінде мәңгілік махаббаттың жаршысы отырса, менен асқан бақытты жан болмас сол сәтте. Құрметті Әзілхан аға, мәңгілік махаббат мекен еткен жүрегіңізден айналайын! Жаныңыздың жалауы ешқашан құламасын! Жырға толы, нұрға толы жүрегіңізден талай туындылар дүниеге келетініне кәміл сенем. Тек аман болыңыз! Зор құрметпен: «немере балдызыңыз», қызыңыз Назгүл САРЫБАЕВА. «Хабар» арнасының редакторы. ҚызПИ. 22.10.2005 жыл. *** ЖЫЛАП ОТЫРЫП ОҚЫДЫМ Әз ағамыздың «Мәңгілік махаббат жырын» оқып әбден жыладым. Ағыл-тегіл болып жыладым, шер тарқаттым. Жүректің түкпір-түкпірінде жатқан небір сезімдерді оятты. Бірақ, өзімді бақытты сезіндім. Дүниеде осындай махаббаттың барына қуандым. «Ромео мен Джульеттаны» оқығанда осылай толқыған жоқ едім. Себебі біз үшін ол аңыз болатын. Ал, Әз аға мен Халима апамыздың арамыздан шыққан бүгінгі күннің азаматтары. Бүгінгі күннің Қозы көрпеші мен Баяны. Бұл кісілердің шынайы махаббаты ұрпаққа үлгі. Осы кітапты оқу орындары алып жатыр дегенге қуанамын. Өте қажет дүние. Әрбір жас адам осы туындыны оқып шықса өмірге үлкен жолдама алар еді. От басын құрған әрбір азамат өзінің тандап алған серігін адам ретінде, ерекше тұлға ретінде қабылдаса өмірдің небір қиындықтарынан жеңіл өтер еді. Бұл кітап Әз ағамыздың Халима апамызға деген шынайы махаббатының жыры, әрине. Бірақ сонымен қатар ұлағатты ағамыздың ұрпақ тәрбиелеудегі еліміздің болашағымызға қосқан үлесі деп түсінсек қателеспейтін болармыз. Адамның жасы ұлғайған сайын «бұл дүниеге не үшін келдім» деген сауал мазалайды екен. Менің білгенім адам баласы дүниеге тек қана сүю үшін келеді. Сол сүю деген биік сезім арқылы адам керемет іс атқарады, артында із қалдырады. Әсем ән, құдіретті күй, зәулім үйлер, ғұлама істердің бәрі махаббаттың құдірет күшінен туындайтын дүниелер. Сезімі жоқ адам да бірдеңе жасар-ау, бірақ оның бәрі үлкен сүйіспеншіліктен шыққандай болмайтыны хақ. Адамды биікке көтеретін, ерен еңбекке баулитын құдірет күштің аты — махаббат. Осындай керемет сезімді алпыс үш жыл бойы өмірінің соңына дейін кіршіксіз қалпында алып келген Халима апамыз сөз жоқ бақытты адам. Ағамыз кездескенде «апаңмен аз да емес, көп те емес, өмір

кештім» деген еді. Бар болғаны бас-аяғы алпыс үш жыл. Осы уақыт асыл жандар үшін аз ғана серуендей өте шығыпты. Міне, өмірді жетік түсінген адамдардың кіршіксіз сезімдері осындай. Адал да, ақ сезімдері мәңгі бірге болғай! Алма Шамшарқызы ТҮСІПБЕКОВА, бұрынғы комсомол қызметкері. Алматы қаласы. 03.07.2006 жыл. *** АСА ҚҰРМЕТТІ ӘЗІЛХАН АҒА! Сізге хатты кешіктіріп жазғаныма кешірім сұраймын! Уәде бойынша, «Мәңгілік махаббат жыры» (немесе екінші хаты «Халима») кітабыңыздан алған әсерімді жазып отырмын. Шындығын айтқанда, оны жазып, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сияқтымын. Дегенмен де барымды салып көрейін. «Халимаға хат» бөлімін поэзиямен бермегенде кітап бірнеше том болар еді. Бұныңыз таптырмас шешім.Оқырман қауым жазушыларды білгенімен, олардың жеке өмірін біле бермейді. Аяулы Халима анамыз — сіз үшін Жаратушыдан кейінгі адам. Текті тұқымнан шыққан. Анасының ақ сүтімен бойына бар жақсылық ұялаған. Өсіп, жетілген соң кітаппен достасқан. Сіздердің махаббаттарыңызға да себепші болған сол — кітап. Оған дәлел, «Гоголь» кітапханасындағы тосын кездесулер. Соғыстан аман оралуыңызға себепші болған — Анамыздың өзіңізге деген махаббаты. Ауырып жатқанда, «Халима! Халима! Халима!» деп атымды үш рет атап, «Біз аманбыз, Сені ұмытқан жоқпыз!» десең жетеді, немесе «Абайдың бірер өлеңін оқысаң да болады» деген сөзі әр адамды тебірентпей қоймайды. Анамыздың айтып кеткендерін бұлжытпай орындап жүрген қарт солдатқа Құдай қуат берсін! Бірде өзіңізді сыртыңыздан қоғамдық көліктің ішінде отырып көріп қалдым. Бағдаршамнан топты бастаған командирдей жинақы, тың өтіп бара жатқыныңызды көріп көңілім жадырап қалды. Тіпәй, тіпәй! Кітаптың ерекшелігінің ғылыми түрде қалай аталатындығын білмеймін, айнадай шындық айтылған. Анамыздың азасына жиналған қауымның сөзінен-ақ көрініп тұр. Елдің айтқандарын топтастырып, қиюын келтіріп ағаштан салған орыстың әдемі үйіндей кітапты ғұмырымда алғаш кездестіруім. Өкіріп жыладым, екі езуім құлағыма жеткенше күлген жерім де болды.

... Анамыз туралы кеш білгеніме өкіндім. Жақсы адам кеудесін соқпай көлеңкеде жүретіні атам заманнан белгілі нәрсе ғой. Көзі тірісінде араласқан адамдарға қызғанышпен қараймын. Болашақта Кеңсай — 2 зиратындағы ақ күмбез, махаббат символы болады делінген. Ол — хақ. Досым Болатбекпен кітап жөнінде пікір талас кезінде қазақта Халима анамыздай қанша қыз бар екен деп армандадық,қыздардың, құлағына алтын сырға, ары кеткенде бес-алты болар деп тоқтадық,Олар қайда жүр екен, жастары қаншада екен деген ынтазарлық та болды. Өзіңіз қолтаңба жазып берген кітабыңыз, кемпірінен айрылған қайын ағам Дәулетбай Мәжитұлы үшін дәрі болды. Ол кісі өзіңізге дән риза. Бұл шығармаңыздың тек жастарға ғана емес, кез-келген жастағылар үшін тәлім- тәрбиелік мәні зор. Келініңіз Әлима бас ал май оқып шықты. Ұзақ болған әңгіме дүкеннен соң, сен енді Халима болуың керек дедім. Бір әріп жалғасаң, болып тұр емеспін бе, — деп әзілдеді. Жоқ, айналайын, оқығаныңды қорытып, болуға тырыс деп өтіндім. Мүмкін мен артық кеткен де шығармын. ... Кітапты жақында кітап сөрелерінен көруге асығудамын. Көбірек сатып алып, жақын достарыма теңдесі жоқ сыйлық, жасағым келіп жүр. Өз қолыңызбен екі кітап толтырып, мөріңізді басып, қолтаңба жазып берген кітабыңыз — мен үшін сыйлықтың алды! Әзілхан аға, ғұмырлы боп, махаббаттың туын ұзағынан желбірете беріңіз! Сәлеммен, Сапарғали Бегалыұлы МОЛДАБЕКОВ. 30.09.2005 жыл, Алматы. ҚҰРМЕТТІ «АРМАН» ДЕМАЛУШЫЛАРЫ! Бүгін біз есімі аңызға айналған, шығармалары әрбір қазақ шаңырағының қымбат, баға жетпес алтын қазынасы іспеттес болған ұлт жанды нағыз патриот ақын — жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамызбен кездесіп отырмыз. Сіздерді білмеймін, өзім бұл кісінің студенттік шағымда оқыған «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасын оқыған кезден бастап әдеби кейіпкер — Ерболмен прототип өмірдегі Әзілхан ағамен кездесуді армандап келдім десем артық айтқаным емес. Сол арман бүгін жүзеге асқаны үшін, дәл осы сағатта өзімнің 42 жыл мектепте әдебиет пәнінен сабақ берген кездегі шәкірттерімнің Сізге деген ықылас-ниеттерін жеткізгім келеді. Өзімнің сынып жетекші болған кезімде, үнемі жоғары сынып шәкірттерін Сіздің «Махаббат, қызық мол жылдар» романының кейіпкерлерінің

бойындағы елге, жерге, өз ұлтына деген асыл қасиеттер арқылы тәрбиелеуге тырмыстым. Ал, «Ақиқат пен аңыз» романыңызды әрбір жылдың «Жеңіс күнінің» қарсаңында оқушылар конференциясын өткізіп, аңызға айналған Бауыржан ағаммен жүздескендей әсер алғыздым деп ойлаймын. Кейін ержетіп есейген шақтарында сол шәкірттерім мен кездескенде, мақтаныш пен автор — Сізге, әдеби кейіпкер Бауыржан Момышұлына деген сүйіспеншіліктерін аса бір тебіреніспен еске түсіретін. Өзімнің жеке басым Сіздің газет-журнал беттеріндегі мақалаларыңызды, сұхбаттарыңызды үзбей үнемі оқып, қазақ халқының мақтанышына айналған Сіздей абзал азамат, қадірлі жазушының асыл қасиеттеріне тағзым етемін. Сіздің Павлодар өңірінде қызмет істеп, артыңызда ұмытылмастай із қалдырып, әлі күнге дейін Сіздің журналистика саласындағы еңбегіңіз аңызға айналып, Ертіс өңірінің азаматтарын тәрбиелеуге қосқан үлесіңізге сүйсінеміз және мақтанамыз. Әсіресе соңғы кездегі, Халима жеңгейден көз жазып, адасқан аққудай ажырасып қалған кездегі сағыныш саздарыңыз кімді болса да бейжай қалдырмайтыны хақ. Ең алғашқы «Халима» атты шығармаңызды журналдан оқып, көз жасыма ие бола алмағанмын. Өйткені өзім де асыл жарым Мағауия атты азаматымнан 35 жасымда айрылып, жетім-жесірлік азабын бастан кешіп, 31 жыл орнын, шаңырағын сақтап үш жетімін үш отау етіп, бұл күнде зейнеткер — ұстаз, аяулы ана, қадірлі әже деген статусым бар, бақытты адаммын. Сіздің әйел затына деген асыл ойыңызды «Халима» және «Мәңгілік махаббат жыры» шығармаңыз арқылы оқып көз жеткіздім. Сіздей аяулы азаматпен 54 жыл қол ұстасып өмір дариясында бірге жүзген жеңгемізде арман жоқ шығар деп ойлаймын. Өзіңіз суреттегендей шынайы махаббат иесі, әйел затының бойына және асыл қасиетке ие болған бір туар жеңгемізбен қос аққудай өмір дариясында жүзген күндеріңіз Сізге сүйеу болсын. Енді Сізге не тілейін: Өміріңіз сый-құрметпен өтіп келеді, әрі қарай да осылай халықтын аяулысы болыңыз, шалдықпаңыз, шаршамаңыз. Халима жеңгеміз күткендей өзіңізді өзіңіз күтетін мықты денсаулығыңыз болсын деп тілеймін! Қорлан Мұқатайқызы СЕРҒАЗИНА. «МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ» ҰЛТТЫҚ ӨНЕГЕ Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың шығармалары — жастарды тәрбиелеудің құнды құралы болып табылады. Жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» атты шығармалары ұлттық тәрбиенің этнопедагогикалық үрдісі ретінде жастарды мөлдір махаббатқа, адамгершілікке,

ерлікке тағы басқа ұлттық қасиеттерге баулып, оқушылардан жоғары баға алған болатын. Оқырманның ақыл-ойына, қызығушылығы мен мүмкіндіктеріне сәйкес ерекше жазылған «Мәңгілік махаббат жыры» атты жазушының прозалық поэмасы — этнопедагогикалық құндылығы жоғары шығарма. Өйткені, бұл шығарма қазақ халқының салт-дәстүрлерін бойына сіңіріп, жүрегіне қабылдаған қазақ қызы, адал жар, аяулы ана, халық таныған қадірлі тұлғаны оқырмандарының сезімін серпілтіп, жан дүниесіне жеткізіп, көзіне көрсетіп баяндайды. Ен әуелі сүю, сүйісу, махаббаттық талғам, өмірге жауапкершілікпен қарап, шаңырақ көтерудің мәні мен маңызы шығармада жан-жақты әрі шынайы көрсетіледі. «Махаббат тілі — тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» деп, Абай дана айтқандай, Әзекең құдіретті махаббаттың ұшқыны, оты, жалыны, мәңгі жануы тұрғысында өмір көріністерін байыпты баяндап, «бала махаббат», «шала махаббат», «мәңгі махаббат» жөнінде философиялық ойларды оқырман санасына оңай жеткізеді. Жазушының жансаясы Халима өзінің лапылдаған махаббаттық сезімін жалындаған жүрегінде толқыта жүріп, болашақ бас иесінің мархаббаттық болмысын, махаббаттық отын анаша қастерлеп, ол құндылықтардың жарық шамын жаға біледі. «Махаббат — өмір қуаты» дейді жазушы. Халиманың махаббаты — мәңгі махаббат. Сол мәңгі махаббаттың құдіреті 54 жыл бойы халық жазушысын таудай биік мақсаттарға жеткізіп, отыз жыл бойы күн сайын мазалаған ажал апатынан аман алып қалады, жазушының редакторы, корректоры, сыншысы, қамқоршысы болады. «Махаббатымыз мені өлмеуге мәжбүр етті» дейді автор. Халима — халық педагогикасын (этнопедагогиканы) бойына сіңіріп, жүрегінен өткізіп өскен қыз, жар, ана, ару ана. Оның инабаттылығы, имандылығы, ізеттілігі, адамгершілігі, аналық қасиеттері — жоғары. «Ұят» деген сөз — Халиманың ұраны дейді жазушы. Сөйтеді де жастарды әдептілікке, әдемілікке үйретеді. Жазушы ұят — ұяңдық емес, оның негізі ар, намыс, абырой деп көрсетеді. Аяулы ана, сүйікті жар, елжіреген ене — Халима аналық міндеттері мен борышын аса жауапкершілікпен атқарған адам. Ол кейбір әйелдер сияқты мұң шаққыш, немесе жылауық, немесе күлкішіл емес, сабырлы, салауатты, саналы жар. Ол өз бойындағы тамаша таланттарын махаббат жолына жұмсаған ерекше тұлға. Халима—қадірлі қарым-қатынастары мен сыйласымдығы арқылы ел анасы дәрежесіне көтерілуге бейім кейіпкер. «Халиманың ересен моральдық, әйелдік, аналық, даналық ерлігін мен ешқашан ұмытпаймын» дейді жазушы. «Халима жеңгеміз Сіздің сүйікті жарыңыз болу арқылы ұлтымыздың ұлағатты аналарының деңгейіне көтерілген аяулы жан еді» — дейді Мұхтар Шаханов. Дұрыс айтады!

Жазушы Халиманың үлгі-өнегесін оқырманға былайша баяндайды: «Су сұрасам — сүт, қарта сұрасам — қазы, жая сұрасам — жал беретін еді Халима. Жанынан жылу, жүрегінен жыр беруші еді маған. Ойымды жалғап, өрісімді кеңейтуші еді менің. Сөйлесек әзіл, күлсек күлкіміз таусылмайтын еді... Барлық әйел бағалы! Әйелдер — ең ғажайып дүние!.. Әр еркекке өз әйелінен асқан ару жоқ, асыл жоқ... Әр әйел өз отбасының алтын Күні!» Халиманың мінез-құлқы да — басқа аналарға үлгі: «Халима үндемей үйрететін, үнсіз ұқтыратын еді. Балаларын айтпай аялап, менің ішімдегіні білдірмей білетін еді. Үйге келген, кеткен кісінің не ойлағанын сездірмей сезетін еді. Олардың досын да, қасын да құрметпен шығарып салатын». Жазушының осы бір сөздерінен этнопедагогикалық тәлім, этнопедагогикалық өнеге байқалады. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін дәріптеп, жазушы: — Еркектер! Әйелдерді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық өз әйелің ғана. — Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялаңдар, ардақтаңдар... ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ. — Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер, аялаңдар, абыройын төкпеңдер... Мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар, дейді. Бұл сөздер қазақ этнопедагогикасының өзекті түйіндері болып табынады. Жазушы жастарға: «Аппақ қардай ақ махаббат болсын. Қыздар пәктіктеріңді сақтандар, пәктігі жоқ адамдарда мәңгілік махаббат болмайды» — деп өсиет айтады. Бұл — құрғақ өсиет емес, өмір тәжірибелерін сипаттай отырып айтылған ұлы сөз, өрнекті өнеге. «Махаббат — жан жарастығы. Ақыл, ой, сезім, сенім бірлігі. Осы төртеуінің тұтастығы! Сезімді ақылға билету керек. Әсіресе, қыздар сезімін шынжырлап ұстау керек. Ұятты біліңдер... Мен ұят деген ұлы күш деп санаймын... Мен барлық жастарды ұятты болуға шақырамын. Адам рухының ұлы күші Махаббат жасасын! Махаббаттың мәңгілік иесі жастар жасасын!» — деп жазушы жастарға ұлттық ұлағатты тәрбие береді. «Мәңгілік махаббат жыры» жазушының өз жары туралы естелігі ғана емес, тәлімді тәсілдер арқылы жазылған ұлттық педагогикалық (этнопедагогикалық) құнды дүние. Бұл шығармасы арқылы жазушы оқырмандарды (қазіргі және болашақ оқырмандарды) адамгершілікке, достық, махаббаттық сезімге, отан сүйгіштікке, еңбек сүйгіштікке, имандылыққа, ізеттікке, сыйласымдыққа, татулыққа, парасаттылыққа, салауаттылыққа, саналыққа тәрбиелейді.

Көркем шығармашылық болмысы басқаша, поэзиялық саладағы лирикалық сарыны өзгеше (жоқтау) шығарманы байыппен бағалап, этнопедагогикада пайдалануға әбден болады. Әдібай ТАБЫЛДЫ, ақын, жазушы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. 2007ж. *** Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аса қадірлі Әзілхан Нұршайықовқа Ақиқат пен Аңыз есімді екі ұлдың анасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің доценті Лима Әділбекқызы ЖАКЕЕВАДАН ХАТ Дүниеге келген әрбір ұрпаққа аға-анасы, сондай-ақ бүкіл ауыл-аймақ адамдары жиналып, үлкен ой елегінен өткізіп ат қойып жатады. Олар болашақ балаларының халқына адал, мейірімді, дәулетті, іскер, айбатты, батыр, бауырмал болғанын қалап, Әділ, Мейірман, Дәулет, Айбар, Айбын, Бауыржан т.б есімдер беріп жатады. Балаларымызға Ақиқат пен Аңыз есімі неге қойылды? Мен жас кезімнен кітап оқуға құмар болып өстім. Ауылдағы екі кітапханадан үзбей кітап алып оқитынмын. Кітапханаға құмарлығымды байқаған кітапханашы апай ара-тұра кітап конференциясына ат салысуға, пікір таластарға қатыстыратын. Сүйіп оқитын кітаптарымның ішінде Сіздің «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Автопортреттер» кітаптарыңыз да бар еді. Бұл кітаптардың ерекшелігі тәрбиелік мәнінің жоғарылығында еді. ҚазМУ-дың студенті болып жүргенде Батыр ағамыз Бауыржан Момышұлымен кездесу ұйымдастырылды. Ұмытпасам, 9-шы мамыр қарсаңы болатын. Сол кездесуге қазіргі өмірлік серігім Ербол екеуміз бардық. Кездесуге аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы ағамызбен бірге, Совет Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен Рейхстагке ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев батыр ағаларымыз келді. Батыр ағамыз бойын тік ұстайтын, өр тұлғалы, айбынды адам екен. Бірден кездесу кешінің тізгінін өзі алып, кешті өзі жүргізіп отырды. Тік мінезі мен өзіне тән қаталдығы ара- тұра байқалып отырды. Бұл кездесу туралы ойларымызды біраз уақытқа дейін қызу талдап айтып жүрдік.

Әр қырлы, кез-келген адаммен сөйлесе бермейтін ерекше тұлға жайында «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын жазу үлкен ерлік екенін бүкіл оқырман қауымы мойындайтыны сөзсіз. Тұңғышымыз дүние келгенде, перзентханада жатқанда, Алланың әмірімен Ақиқат есімі бірден көңіліме оралды. Бұл ойымды жолдасым Ерболға білдіргенімде, ол дұрыс қабылдап, қарсылық білдірген жоқ. Ақиқат есімі ойыма оралғандығы біріншіден, әрине сіздің роман-диалогыңызды оқығаннан кейін,екіншіден—шындықты сүйетіндігімнен болар. Менің әкемнің аты Әділбек, өз есіміне сай өтірік айтуды білмейтін, мінезі ауыр ауыл адамдарынан сыйлы жан еді. Оның үстіне білім берген ұстаздарымыз да адалдыққа, шынайылыққа тәрбиеледі. Осылардың барлығы да өміріміздің нысаны адалдық пен шындықты бағалау болып, ақиқатты ту етіп ұстау мақсатымызға айналып, ол тұңғыш ұлымыздың есімін Ақиқат деп қоюға әкелді. Ақиқаттан кейін біраз жыл жолдасым Ербол екеуміз де ғылыммен айналыстық, өмірде кездесетін кедергілер мен қиындықтарды жеңуге тура келді. Осы кезеңдерде екінші бала туралы ойламаппыз. Сонда құрбы-құрдас, дос-жарандар: Аңыз дүниеге қашан келеді? — деп әзілдейтін. Араға он төрт жыл салып, ертегідей Аңыз келді өмірге. Енді аналық тілегім — Ақиқат пен Аңыз халқының адал перзенті болып, өмірден өздеріне лайықты орнын тауып, бақытты болса екен деймін! Аса қадірлі Әзілхан аға! Сізді халық жүрегіне жол тапқан тамаша шығармаларыңыз арқылы құрметтейтін болсам, енді ұлым Аңыздың «Тілашар» тойынан кейін Сізге деген құрмет мың мәрте арта түсті. Сіз шын мәнінде, елмен бірден қоян-қолтық араластыңыз да кеттіңіз. Сіздің қарапайымдылығыңыз сол жерде болған барлық халықты тәнті етті. Сіздің әрбір сөзіңіз, берген бағаңыз «Тілашар» тойын рухани биік деңгейге көтерді. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін! Сізге деген зор құрметпен және ізгі ниетпен Жакеева Лима ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ. 15.05.2007жыл. *** XX ҒАСЫР ҚЫЗДАРЫ ТУРАЛЫ СӨЗ Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Алматы қаласындағы жоғары, орта оқу орындарының ұжымдарымен жиі кездеседі.

Биылғы 19 ақпанда Абылай хан атындағы халықаралық қатынас және әлем тілдері университетінде (ректоры Әлима Құнанбаева ханым) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Айбала Қозиәметованың ұйымдастыруымен өте қызықты кездесу өткен еді. Ал сондай бір тағылымды кездесу 6 наурыз күні қаладағы № 53 орта мектепте өткен болатын. Жазушының тағы бір ғибратты кездесуі 30 наурыз күні № 1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогтік колледжінде (директор қызметін атқарушы Серікгүл Ардабекова ханым) болды. Бұл кездесуді қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы Еркін Еңсепова ханым ұйымдастырды. Бұл кездесу жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар» романына арналған еді. Колледж шәкірттері роман бойынша әр алуан сахналық көріністер әзірлеген екен. Ең алдымен Сымбат, Мақпал, Айнұр, Перизат, Жадыра, Қырмызы, Құндыз деген 7 қыз XX ғасыр қыздарының бейнесінде сахнаға шығып, романдағы «Апамның айтқандары» деген тараудағы тамаша нақыл сөздерді нәшіне келтіріп, саңқылдай айтқанда залдағы жұрт зор ризалықпен жиі-жиі қол шапалақтап отырды. Олардан кейін шәкірттер Динара (Меңтай), Айнұр (Зайкүл), Нұрсұлтан (Ербол) сахнада роман кейіпкерлерінің бейнесін сомдап, кітаптың мазмұнын жұртқа жеткізді. Жүргізушілер Жұлдыз Желдірбаева мен Ерлік Боранбаев көркем сөзді шебер айтатын үздік өнерлерін көрсетті. Бұдан кейін сахнаға жазушы шақырылды. Ол мұндай тамаша кешті ұйымдастырғандары үшін колледж ұстаздары мен шәкірттеріне алғыс айтты. Содан кейін былай деді: Мен 14 жасымнан бастап өлең жаздым. Өлеңмен 13 жыл айналыстым. Жазғандарым газет, журналдарда басылып жүрді. Бірақ, жақсы ақын бола алмадым. Жаман ақын болғым келмеді. Сондықтан өлеңді қойып кеттім. Одан кейін очеркпен шұғылдандым. 21 жыл очеркист атанып жүрдім. Роман жазуға батылым бармады. Әдебиетпен айналысқан 34 жылдан кейін алғашқы романым «Махаббат, қызық мол жылдар» жарыққа шықты. Күні бүгінге дейін 50 шақты кітабым қазақ, орыс, украин, чех тілдерінде басылды. Толстой, Достоевский, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сияқты классик жазушылар қанша кітап шығарса да, жазғандары тегіс халық мұрасы болып қала береді. Мәселен, Лев Толстойдың 90 томы бар. Ол томдар ұлттық, адамзаттық мұра. Ал біз сияқты классик емес, қатардағы қарапайым жазушылар жазған кітаптарымыздың біреуі немесе екеуі қайта-қайта басылып, халық мұрасына айналса өзімізді бақыттымыз деп білер едік...

Мен жоғарыда аталған 50 шақты кітаптан «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Өмір өрнектері» және «Мәңгілік махаббат жыры» аталатын төрт кітабымның бірі қазақ әдебиетіне атымды сақтап қалса-ау деп армандаймын. Үміттенемін. Бірақ, үміт орындала бермейді ғой. 50 — 60 жылдан кейін атың әдебиеттен өшіп, мүлде ұмытылып кетуің де мүмкін. Сол үміттенетін кітабымның екеуі туралы айтайын. Біріншісі — «Махаббат, қызық мол жылдар» романым, екіншісі — «Мәңгілік махаббат жыры» прозалық поэмам. «Махаббат, қызық мол жылдар» романының алғаш басылып шыққанына 40 жылға тақап қалды. Биыл «Санат» баспасы оны оныншы рет қайта басып шығарды. Бұл романды мен кешегі Ұлы Отан соғысынан келіп, университетке түскенде өзіммен бірге оқыған қыздар туралы жазған едім. XX ғасырдың қыздары жайында. Ол романда мен XX ғасыр қыздарының бойындағы ғажап қасиеттерді айттым. Ол қандай қасиеттер еді? XX ғасырдың қыздары арақ ішпейтін, темекі тартпайтын. Қарқылдап күлмейтін, барқылдап сөйлемейтін. Жай сөйлеп, жылы жымиғанымен жанды ерітетін. Олар өте инабатты болатын. Үлкендерге көшеде жол, автобустарда орын беретін. Ана тілін туған аналарындай ардақтайтын. Сабақтан тыс жерде — үйде, көшеде, қонақта тек қана қазақша сөйлесетін. Қазақ әдебиетін бас алмастан оқитын. Қазақша әсем әндер шырқап, күмбірлетіп күй тартатын. Қазақтың асыл ғұрыптарын ардақтай білетін. Көшеде анарын ашып, кіндігін көрсетіп жүрмейтін. Аялдамаларда жұрт көзінше жігіттерге бұтын тақап, сыңқылдатып сүйіспейтін. XX ғасырдың қыздары өте уәдешіл болды. Берген сертін ешқашанда бұзбайтын. Олар ұлттық ар, намыс, абыройды сақтап, пәк қалпында сүйген, уәделескен жігіттеріне тұрмысқа шығатын. Олар жаны сүйіп қосылған жігітімен мәңгі бірге өмір сүретін. Бүгін қосылып, ертең немесе екі айдан кейін «мінезіміз үйлеспеді» деп ажырасып жатпайтын. Әрқайсысы 3 — 4-тен бала тауып, ұлтты көбейтуге үлес қосатын. 30 — 40 жыл мұғалім, дәрігер, кітапханашы болып қызмет етіп, мемлекетке еңбек сіңіретін. Сөйтіп, әр алуан атақ, ордендар алып, абыройлы өмір сүретін. Қайран менің замандас, курстас қыздарым-ай, шіркін! Мінеки, XX ғасырдың қыздары осындай еді. «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабымда мен XX ғасыр қыздарының осы асыл қасиеттері кейінгі қыздарға үлгі болса екен деп армандадым.

Ал «Мәңгілік махаббат жыры» кітабымды өзара 9 жыл ғашық болып жүріп қосылып, 54 жыл бірге бақытты өмір сүрген жан жарым Халимаға арнадым. «Махаббат, қызық мол жылдарда» қазақ қыздарының бойындағы асыл қасиеттерді көрсетуге тырыссам, «Мәңгілік махаббат жырында» сол қыздардың бірі Халиманың әйел, ана, әже болғандағы ұлттық өнеге болуға тұратын қасиеттерін көрсетуге талпындым. Қазақта: «Қас жаман қатынын мақтайды» деген сөз бар. Соны біле тұра, «Өзім жаман болсам болайын, бірақ жарымның жақсылығын жасырмайын» деп ойладым. Бұл кітабым да, «Махаббат, қызық мол жылдар» сияқты, оқырмандарға ұнап жатыр. Жарыққа шыққанына 4 жыл ғана болғанына қарамастан, бұл кітап бойынша 2 ән (композиторлар Тұрсынғазы Рахимов пен Ақтоты Райымқұлова) шығарылды, 1 кино-сценарий жазылды (Айгүл Кемелбаева). Қазір Халима туралы деректі фильм түсіріліп жатыр (Сергей Азимов). Ал «Ақиқат пен аңыз» қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына арналған болса, 3 томдық «Өмір өрнектері» кітабым менің мөлтек әңгімелерім мен өзім шығарған афоризмдеріме арналған. Бұдан кейін жазушы оқырмандардың көптеген сұрақтарына тағылымды толық жауаптар берді. Ең соңында ұстаздар Гүлбибі Сатыбалдиева, Дәмелі Қайырқызы жазушыға жақсы әңгімелері үшін шын жүректен алғыс айтты. — Біздің колледж қыздарының XX ғасырдың қыздары сияқты арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, ұлтжанды ұрпақ болып өсетініне сізді сендіреміз! Осылай ма, қыздар? — Осылай! — Дұрыс, — деп залдағы қыздар бірауыздан жауап берді. Ең соңында жазушы өзінің «Қазақстан картасындағы Жер аман болсын!» деп басталатын бағасын берді колледж қауымына. *** МНОГО УВАЖЕМЫЙ АЗИЛЬХАН АГА! Сердечно спасибо Вам от моих мамы и папы, для которых Вы и Халима-апай являетесь образцом настоящей любви, примером истинной верности, безграничной преданности и беззаветного служения друг другу. Для моих родителей Ваши книги стали путеводными нитями в их трудной послевоенной жизни. Удивительно, как похожи судьбы и жизни людей Вашего

поколения и поколения моих родителей! В этой похожести усматривается божья воля, в этой похожести — сила этих людей, в этой похожести — правда жизни, в этой похожести — искренность чувств и красота мыслей. Моя мама — дочь врага народа, всю свою жизнь и всей своей жизнью доказывала, что она дочь честного, верного и преданного делу партии и народа человека. Отец, сирота и подранок, всю свою жизнь и всей своей жизнью доказывал, что честность и чистота помыслов — главные составляющие характера современного человека. Этому они научили меня с братом. Этому они учат своих внуков. Они выросли без детства, будучи детьми войны вошли во взрослую жизнь, не оглядываясь назад, но смотря только вперед, узнавая о светлой лювби и о правде счастья из фильмов своей молодости, из книг своих современников, из Ваших книг, уважаемый Мастер. Доверие, с которым Вы, именитый Писатель, умный, добрый, искренний Человек, относитесь к мнению обыкновенных рядовых читателей, лишний раз подтверждает, насколько талант должен и может быть близок к простым людям, насколько он дорог им, насколько он нужен им. С каким-то незнакомым мне, новым чувством читала я Ваши нежные, пронизанные теплотой и бесконечной скорбью строки о Подруге Вашей жизни, о Вашей спутнице, единственной хранилище Вашего сердца и дара, Халиме-апай. Сколько пережито вами, сколько сделано вместе, сколько достигнуто! И сколько недосказано! Вместе с Вашей Лаурой ехала с Вами в Москву, Вместе с Вами сражалась, жизни сжав тетиву, Вместе с Вами твердила: «Халима, Халима, Халима...», А затем имя мамы — Нагима, Нагима, Нагима. .. Нет на свете дороже женщин любимых имен, Именем каждый дарован, именем каждый силен. В имени словно заложен жизни твоей смысл-путь, Главное с именем этим с того пути не свернуть. Мне так сложно, порою, разобраться в себе, Хочется вместе с Лаурой в чьей-то остаться судьбе. Хочется в жизненной буре опорой быть для того,

Кому ради счастья со мною не будет жаль ничего. О вашей любви бесконечной следует песни слагать, Чтобы учили нас думать, верить, любить и ждать, Чтобы учили терпенью, надежде и доброте, Чтобы учили жить в счастье, покое и красоте. Спасибо Вам, Азильхан ага, за Ваши книги и за Ваш бескорыстный труд. P. S: Что касается перевода, то очень трудно судить и переводить, не владея в полной мере языком. На мой непросвещенный взгляд. Ваш труд достоин более поэтичного и стилистически более окрашенного перевода. Но это точка зрения дилетанта. С уважением Гульнара УТЕБАЛИЕВА. «МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫНЫҢ» АВТОРЫНА АЛҒЫС ХАТ Халқымыздың қалаулы перзенті, аса қымбатты Әзілхан аға! «Махаббат, қызық мол жылдар» атты тамаша романмен кеше ғана күллі жастардың жүрегінен орын алсаңыз, бүгінде Сіз баға жетпес барша шығармаңыз бен кішіпейіл қамқорлығыңызбен, махаббатқа деген шексіз адалдығыңызбен, сүйікті жарыңыз Халима апайымызбен бірге жазған құдіретті махаббаттың мәңгілік жыры арқылы күллі оқырмандарыңыздың жүрегін жалғап, барша жастардың махаббат аңсаған жүрегіне айналдыңыз. Сізбен алғашқы таныстығымыз «Махаббат, қызық мол жылдар» атты тамаша еңбегіңізді тебірене оқумен басталды. Ол кезде мен Қытайда орта мектепте оқып жүрген едім. Сол кезде біздің төте жазумен басылған көлемі шағын болса да, мазмұны терең осы кітап оқырмандар арасында шексіз әсерімен көптеп таралып жатты. Шығарманы таласа талқыладық та, асыра бағаладық. Көзі қарақты жастар түгелге жуық бір-бірінен ат түйедей қалап алып, таласа оқыды да. Осынан көп өтпей аға жұртқа келіп, университетке оқуға түстім. Баяғы қызығушылығыммен Сіздің кітаптарыңызды іздеп оқи бастадым. Оқи келе өмірдің терең қатпарына Сізбен бірге үңіле бастадым. «Ақиқат пен аңыз» диалог-романы арқылы батыр бабамыз Бауыржанның халқы мойындаған қайсарлығы мен ерлігін танысақ, «Махаббат жыры» шағын повесіңіз арқылы тағы да сиқырлы махаббаттың шынайы сезімінен ләззат алдық. «Өмір өрнектері» атты әдеби күнделігіңіз арқылы өмірде көріп-түйген шындығыңыздың қағаз бетіндегі көркем түйіннен көп нәрсені түсіндік. Ақыры, Сізбен жүздесіп, танысу деген қорытындыға келдім. Бұл тек менің

ғана емес, Сіздің, барлық сүйікті оқырмандарыңыздың көкейіндегі арманы еді. Ақыры құдай қолдап, Сіздің телефон нөміріңізді алдық, сол сәттегі менің бойымдағы қуанышты, шаттықты тілмен жеткізе алмаспын сірә-да! Куратормен ақылдаса келе, студенттердің «Мәлік Ғабдуллин атындағы әдеби журналистикалық бірлестігі» арқылы Сізді кездесуге шақыруға келістік. Табысты шешім іске аса бастады. Досым Серік екеуміз ақыры тәуекелге бел буып, Құрманғазы көшесі, № 90-шы үйдегі Сіздің адресіңізді таптық. Көңілімізде күдік те жоқ емес, әрине. Атағы әлемге таныс ағамызбен қалай бірден танысамыз?! Мүмкін біздердей жай ғана студенттерді қабылдай қояр ма екен деген алалдау да жоқ емес. Ақыры есігіңізді қақтық. Жүрегіміз аталақтап, арнасына симай тұр. Есік ашылды да, ар жағынан шыққан тәтеге жағдайымызды айтып, Сізді сұрадық. Ол кісі Сізге хабарлады. Рұқсат берілгесін толқи басып, сәлемімізді беріп Сізбен ақыры жүздестік. Алғаш байқағанымыз — үлкен кемеңгерлігіңізге тән ақ жарқындығыңыз, ойлы пішініңіз бен кішіпейілдігіңіз. Бағана біз ойлаған ойлар зым- зия ғайып болып, енді жүрегімізді ерекше бір қуаныш сезімі ұялады. Таныса отырып, ұсынысымызды қойдық. Бас тарта ма деген алаңдаушылығымыз да жоқ емес, бірақ Сіз кішіпейілдікпен мән-жайды айттыңыз. Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған шараларға қатысуға байланысты 9-шы мамырдан бұрын уақытыңыздың болмайтындығын, ал кейін шақырсақ келетініңізді айттыңыз. Қуанышымызда шек жоқ, ризашылықпен алғыс айта бердік. Бірақ, Алланың разылығы мен Сізбен танысудың бақытына кенелдік. Шағын даярлықпен Өзіңізді кездесуге шақырдық. Белгіленген уақыттан сәл кешігіп барғанымызда, Сіздің бізді күтіп қалғаныңызды айттыңыз. Міне осы арада Сіздің уақыт пен уәдеге деген адалдығыңызға тебірендік. Біздегі «қазақи» жайбасарлықтың ізін Сізден көре алмадық. Кездесу кезінде Сіз бастан-аяқ тік тұрып сөйледіңіз, жасыңыз бен денсаулығыңызға байланысты, Сіздің отырып сөйлеуіңізді қалағанымызда, Сіздің осында отырған студенттердің жасын қоссаңыздар, менің жасымнан әлдеқайда асып кетпей ме, «үлкенді сыйлау, қазақтың әдетімен сіздерге, көпшілікке құрмет етем» дедіңіз де, сөзіңізді жалғап кеттіңіз?! Балалық шағыңыз, Отан соғысы кезіндегі күндер, Әуезов ағамыз жайлы біз естімеген тың деректерді айттыңыз. Тіпті құнды заттарыңызды да ала келген екенсіз. Олар: Мәншүк қабырынан алынған топырақ, Ментайдың 75 жылдығындағы естелік жүзік, құрметті «Парасат» ордені бәрі-бәрі Сізге деген құрметтің, Сіздің халыққа деген адалдығыңыздың айқын айнасы екенін сездік. Қыз-жігіттерімізге айтқан тәлім-тәрбиеңіз тіптен әсерлендірді. Атағы алты Алашқа таныс, Президентімізден бастап кітап оқып, өмірді түсіне алатын көзі қарақты жас оқырмандарымызға дейін құрметтеуге дайын ардақты, Әзілхан аға, осылайша Сіздің ықыласыңызға бөленгеніміз әлі есімде.

Ауылыма қайтарда Сіздің «Мәңгілік махаббат жыры» атты кітабыңыздың бір нұсқасына қолыңызды қойдырып, ауылға ала кеткен едім. Сізбен кездесіп, Өз қолыңыздан кітабыңызды алғанымды айтқанымда, ол жақтағы қандастарымыз тебірене түсті. «Сен не деген бақыттысың, Әзілхан ағамен кездескен» деп мені мақтап қояды. Сіздің шығармаңызға құмар оқырмандардың алғашқы легі осылайша жана кітабыңызды бас алмай оқуға кірісті, ішінде мен де бармын. Кітаптың аты мен ішіндегі суреттерге қарап-ақ үлкен маңызға ие екенін былайғы жұрт айтқызбай-ақ мойындап жатты. Міне бастап оқып болғанымша, менің жүрегім тебіреністен арыла алмады. Бірде қуандым, бірде жыладым. Қуанғаным — шығармаларыңызға адал махаббатты арқау етіп жеткізе жырлап жүрсеңіз, ал өмірде де өз басыңызда да нағыз махаббат болғандығы. Халима апамызбен танысқаныңыздан бастап, ғашықтық өмірдегі қыз ықтарыңызды, үйленгеннен кейінгі барша бақытты сәттеріңіз, қысқа ғана өмірдің жырын мәңгілік етіп жазғандарыңыз болса, ал мұңайғаным — адал жарыңыздан айрылғаннан кейін, «аһ» ұрып, егіле отырып жоқтанғаныңыз, сыңарынан айрылған аққудай болған көңіл күйіңізді жырға сыйдыра отырып, өз жүрегіңіздің мұңын өзге оқырмандардың жүрегіне сіңдіре кеткендігіңіз. Бізде бұрынғылар да мойындамай кеткен, тіпті мойындағысы да келмейтін, махаббат атты киелі құбылыстың мәңгілік екенін әрі «шын ғашықтар қосылмайды» деген сыңар жақтылы философияға тойтарыс бере отырып, Өз ғұмырыңызда өткізген адал махаббатыңызды саналы оқырмандарыңызға жайып салдыңыз: Мен айтқанмын Өзіңді, «Төбедегі Күнім!» деп. Жұрт жүрмей ме мазақтап, Күйеуінің «күні» деп. Жаның сүйген жарыңның, Күні болса несі бар? Одан артық бақыт жоқ, Әйел үшін есі бар! Осы екі шумақ өлең ғана Халима апамыз екеуіңіздің адал махаббатыңыздың шексіз сүйіспеншілік пен құрметтеуден құралғандығын көрсетіп тұр емес пе? Осы кітабыңыздың алды болып оқыған Қытайдағы бірнеше достарым Сізге деген алғысын, тебіренісін жеткізуді маған қадағалай тапсырған еді. Ал славян әрпімен басылған кітаптарды оқи алмайтын оқырмандарыңыздың толғанысы

тіптен бөлек. Кітаптың іші-сыртына қарай салып-ақ мақтап, өздерінше түсініп, разы болып жатыр, шіркін, кітап төте жазумен шыққанда ғой деп армандап қояды. Қадірлі Әзілхан аға, осы кітапты оқығаннан кейін, менің жеке тебіренісім тіптен бөлек. Бұрын шынайы махаббаттың мәңгілігін өмір әмалиатымен дәлелдеген марқұм Халима апамыз екеуіңіздің өмірлеріңіз арқылы бұрынғыдан да шынайы сезінгендеймін. Бұрыннан мен армандайтын махаббаттың мына алмағайып заманда бар екенін, әлі де өмір сүре беретініне сендім. Қадірлі Әзілхан аға, менің «махаббат» туралы түсінігімді барынша тереңдетіп, адал жол ұсынғандығыңыз үшін Сізге борыштымын. Шексіз разымын. Мен, менің барлық замандастарым, сондай-ақ махаббатта жолы болмай жүрген құрбыларым Сіздің осы шығармаңыз арқылы өздеріне дұрыс жол табатынына сенімдімін. Өткен заманда ғашықтарымыз жете алмай өткен, Сіздердің бастан кешіріп, мәңгілік етіп жырлаған махаббат, бүгінгі жастар армандайтын адал, пәк махаббат ешқашанда да жоғалмасын деп тілер едім!!! Сізге деген шынайылығымен, адалдығымен, ғұмыр бойы Сіз үшін және Сіздің ұрпағыңыз үшін қызмет етіп, мәңгілік махаббаттың биік тұғырынан орын алып, артындағы ел-жұртына өшпес өнегесін қалдырып кеткен, махаббаттың пәктік символын сыйлап кеткен ардақты апамыз Халиманың топырағы торқа болып, жаны жаннатта болсын! Қазақтың қара көз, қарапайым қыздарына Халима апамыздың биік рухы мен мейірі, парасаты дарысын! Аса қымбатты Әзілхан аға! Сіз — күллі қазақ ұрпақтары мәңгі құрметтеп өтуге татитын тұлғасыз. Сондықтан да махаббатқа адалдық пен қайсар тұлғаңызға қайғы- мұң жоламасын!!! Сіздің денсаулығыңыз мығым болып, ашық жарқын, ақылгөй ағамыз, атамыз ретінде көре беруге Алла жазсын!!! Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ, Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық университетінің ІІ-ші курс студенті. 13.02.2006 жыл.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook