Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Халима өмірінің өшпес өрнектері

Халима өмірінің өшпес өрнектері

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-05-17 05:56:03

Description: Халима өмірінің өшпес өрнектері

Search

Read the Text Version

әкімі Серік Тіленов деген жігіт сізді атап отыр. Ол кісінің жан жарынан айырылып қалғаны қиын болған екен деп, қабырғасы қайысқанын білдірді. Жүрген жерімнің бәрінде Сізге деген осындай сезімді көрдім. Менің Сізбен жақын екенімді жұрт білетін сияқты. Сіз бен Халиманы атай отырып, олар маған да көңіл айтқандай болды. Өйткені Халима апай сөз жоқ әйелдердің ішіндегі данасы, кемеңгері еді. Әйелдердің талайын көріп жүрміз ғой. Ал апамыз болса, олардан он рет өзгеше кісі еді. Қазақ ондай адамдарды көш ілгері деп атайды. Екеуміз бірігіп алып, Сізге жабылушы едік қой. Сіз — Ақбұзаудың, мен — Ақмоланың, Халима апам Абайдың, Абай ауданының түлегі екенімізді айтысып, әзілдесіп отыратын кездерміз болатын. Енді өмір осылай болғаннан кейін де бұл қалжыңымыз тиылмас, әзілдесіп отырармыз. Сол кезде Халима апамыз да қасымызда болар. Анау Халимадан қалған жүзігің құтты болсын, қайырлы болсын. Сыртқы көрінісімен алдап жүретін адамдар көп қой. Олар ертерек ойластырып алдын ала айтып қояды. Ал Сіз сияқты адамдар махаббатқа беріктігін енді ғана дәлелдеп жатыр. Халима апай туралы жаңағы айтқан сөздеріңізді естігенде жан тебіреніп отырды. Апамның анау өзіңізге, балаларына айтқан өсиетінің жаңалық екенін ұғып отырмыз. Сондықтан, осы отырған халықтың атынан, өзіміздің атымыздан айтарымыз, мықты болыңыз! Халима апамның өзі де айтып кетіпті ғой \"Жылама!\" деп. Жұрт көзінше жыламаңыз. Әлгі айтқаныңыздай оңаша қалып, күңіренуіңізге болады. Ол адамдық психологияға сияды. Апамыз бардағыдай жарқылдап, әзілдеп отырыңыз. Ол балаларыңызға да, басқаларымызға да, тіпті Өзіңізге де жеңіл болады. Сондықтан берік болыңыз. Сабырлы, салиқалы, әрі әзілқой қалпыңызда қалыңыз. Ең соңында айтарым: жатқан жеріңіз жайлы болсын, Халима aпa! Керейден тумаса да, өзегі бір өз апам! *** Асқар РАХМАТУЛЛИН, бұрынғы 100-атқыштар бригадасының ардагері, полковник Ардақты жолдастар! Менің артдивизион командирі болғанымды жаңа Әзілхан ініміз айтып кетті. Мен тек қана бір пунктті айтайын деп тұрмын. Мен дивизион командирі болсам, бізде үш батарея болатұғын. Оның біреуі артта, қалған екеуі алда болды. Біздің 100-ші бригада көп елді пункттерді, жекелеген қалаларды жаудан азат етті. Молодой Туд, Невель, Великие Луки, Старая Выжевкат.б. елді мекенді жаудан босату ұрыстарында талай жігіттеріміз сол жерлерде қалып қойды. Жаумен ең қатты күрескен жеріміз Молодой Туд болды. Егерде 8-гвардиялық дивизия Волоколамск қаласының іргесінде жаудың 50 танкін жойған болса, біздің 100-бриғадаға қарсы 30 танк шықты. Біздің жігіттер жау танктерімен жақсы күресе білді, олардың 13 танкісін өртеп жіберді. Рымбек Байсейітов 3 танкті күйретті. Әзілхан Нұршайықов және басқа артиллеристеріміз бірнеше танктен құртты.

Бірақ, соғыс болғаннан кейін шығынсыз болмайды. Осы шайқастарда жоғалтқан жолдастарымызды ешқашан ұмытуымыз мүмкін емес. Әзілхан Нұршайықов пен Халима бәріміз жыл сайын Невель, Брестке барып, сол жерлерде қайтыс болған жолдастарымыздың топырағын сипап, қабірлеріне гүл қойып қайтып отырдық. Сол сапарларда Әзілхан мен Халима екеуі біздің бұрынғы 100-бригаданың негізінде құрылған 1-атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Андрей Иософович Карпелюкпен ерекше дос болып кетті. Генерал Әзілхан мен Халиманы бізден бөліп алып, Киевтегі үйіне қонаққа шақырды. Әзілхан мен Халима екеуі Брест қаһарман қорғанының музейінде бір ай болып, өздеріне керекті материалдарын алып, Брест обкомының көмегімен біз соғысқан Белоруссия жерін аралап қайтқаннан кейін Киевке соғып, генералдың үйінде қонақта болды. Әскери атағы Әзілханнан әлдеқайда үлкен батальон, полк, артдивизион командирлерінің бірде- бірі генерал үйінің босағасын аттаған жоқ. Генерал бұл екі кіші командирді ерекше жақсы көрді. Әзілхан аға сержант болса, Халима сержант екеуі де кіші командир. Әзілхан зеңбірек командирі болса, Халима алғашында байланысшылар бөлімінің кейін әскери цензура қыздарының командирі болды. Мен ойлаймын, егер Халима алты шепте ұзақ болса, Мәншүк немесе Әлия сияқты Батыр қыздарымыздың бірі болатын еді. Халиманың патриоттығы, білімі, жігерлілігі сол дәрежеге жеткізуге тиіс болатын. Мұны біздің генералымыз Карпелюк те бағалай білді. Оған Карпелюктің: \"Егер сіз біздің дивизияда болған болсаңыз, мен сізді Кеңестер Одағының Батыры ататын беруге ұсынар едім\" деген сөзі дәлел. Бұл сөзді ол Брест іргесіндегі Старовыжевск қаласының басшылары жасаған қабылдау банкетінде айтты. Киевте қонақ болып қайтқаннан кейін де генерал мен екі сержант арасындағы байланыс үзілген жоқ. Жыл сайын күзде, Алматының алмасы піскен кезде Халима тоқпақтай қызыл алмалардан Киевтегі генералдың үйіне сәлемдеме жіберіп отырды. Халиманың жарты пұттық посылка жәшігін көтеріп, поштаға келгенін бір жолы өз көзіммен көрдім. Екі сержантқа генерал да қарыздар болып қалған жоқ. Үнемі хат жазып, сәлемдеме жіберіп отырды. Бір жолы Халимаға генералдан \"Киев\" деген тамаша үлкен альбом келді. Бір жолы генерал Әзілханға Украинаның ең қымбат коньягін жіберді. Ол коньякті Әзілхан ішіп қойған шығар. Ал \"Киев\" альбомы Әзілхан кітаптарының ең жоғарғы жағында құрметпен сақтаулы тұр. Солай ғой, Әзілхан? — Дәл солай, Асеке! Так точно! Ал, енді Невельге (Невель — Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың сүйегі жерленген Псков облысындағы қала) барғанымызды айтайын. Халима Невельге барар алдында өзінше дайындалыпты. Алдымен, Алматыдағы \"Москва\" дүкеніне барып, әрқайсысын 50 данадан Мәншүк пен Әлияның значоктарын сатып алыпты. Мәншүктің станокты пулемет қасында түрегеп тұрғаны, Әлияның снайперлік винтовканың оптикалық приборынан сығалап, жауды нысанаға алып тұрғаны бейнеленген значоктар шыққан сол кезде. Халима соларды арнайы сатып

алып, Невельге барғанда Невель халқына, Новосокольникиге (Новосокольники сол облыстағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова жерленген жер) барғанда сол жердің тұрғындарына үлестірді. Халима үлестірген сол сыйлыққа жергілікті адамдар орден алғандай қуанды. Ал сол значоктарды сатып алып, алып бару Халимадан басқа біздің ешқайсымыздың ойымызға келмепті. Енді бір қызық әңгіме айтайын. Невель қаласының орталығындағы үлкен алаңда полковник Әбілқайыр Баймолдин мен Мәншүк Мәметова қатар жерленген. Ағалы-қарындас болып, бірге жатыр. Невельге келгеннен кейін бәріміз әскери зиратқа барып, өлген жауынгерлерге тауап еттік. Сонда Халима Мәншүктің құлпытасын құшақтап, көзінен жас моншақтатқанда бәрімізді қоса жылатты. Екі қабырғаға да гүл қойдық. Содан кейін Халима сумкасынан қызыл бұлдан тігілген кішкентай қалталар шығарды да, оның біріне Мәншүк қабырының қасынан, екіншісіне 100-бригаданың командирі болып жүргенде оққа ұшқан полковник Баймолдин Әбілқайырдың басынан топырақ алып, толтырып алды. Әлияның басына барғанымызда Халима сумкасынан тағы бір қызыл қалта шығарып, Әлия сүйегі жатқан жерден де топырақ алды. — Айналайын, құрдасым-ай! — деп Халима Әлия ескерткішінің басында да қатты тебіренді. Артынан сұрасақ Әлия да, Халима да 1925 жылы туған екен ғой. Бір сөздің ретінде: — Халима, мына кішкентай қызыл дорбаларды қайдан алдың? — деп сұрадық біз. Сөйтсек оларды Халима Алматыда өз қолымен тігіп әкелген екен. — Неге қызыл матадан тіктің? Неге ақ немесе қара емес?—дедік. — Адам қаны қызыл ғой. Сондықтан қызыл қалталар тігіп әкелдім, — деді Халима. Біз Невельден қайтып келгеннен кейін Әзілхан теледидардан сөз сөйледі. Біздің Невель сапарымыз жайында көрермендерге баян етті. Сонда ол Әбілқайыр, Мәншүк, Әлия қабырларынан алынған қасиетті топырақ салынған қызыл қалталарды көрермендерге көрсетті. Ол әңгіменің халықтың көңілін босатқан бір тұсы осы болды. Бірақ, Әзілхан қасиетті топырақ салынған қызыл қалталарды кім тіккенін айтқан жоқ. Әйелі туралы айтып жатуды қолайсыз көрген болар. Енді бүгін мен айтып тұрмын.

Великие Луки, Невель, Брестке барғанымызда Халима тек қазақтардың ғана емес, солармен қатар жатқан жауынгерлердің бәрінің басынан бір-бір талдан қалампыр күлін қойды. Мен мұны Халима қарындасымның адал адамгершілігінің, биік парасатының бір белгісі деп есептеймін. Сол жаққа жүрерімізде Халима менен рұқсат сұрады. Өйткені мен 100-атқыштар биригадасы мен 1-атқыштар дивизиясы ардагерлері кеңесінің төрағасы болатынмын. — Асқар, ата, сіздерге ілесіп, менің де баруыма бола ма? — деді. — Неге болмасын, жүр, айналайын, — дедім мен. Сол сапарда Халиманың генералмен қатар тұрып, дивизия ардагерлерінің ортасында түскен суреттерін ала келген едім. Сол суреттерді бүгін, Халима қарындасымның қырқы күні, Әзілхан інімнің қолына тапсырамын. Ең соңында айтарым: Халиманың адамгершілік асыл рухы өшпесін! — деймін. Әумин! *** Жаппар ӨМІРБЕКОВ, ақын Қадірлі ағайындар! Достар! Туыстар! Бүгін қазақ халқының аяулы аналарының бірі, өзіміздің қадірлі Халиманың қырқына келіп отырмыз. Мен ауруханада жатқандықтан бәрімізге қымбат Халиманың қойылған жеріне бара алмадым. Қолымнан топырақ сала алмадым. Оның есесіне бір палатада жатқан Есләм Зікібаев екеуміз Халиманың қайтыс болғанын ести сала қатты қайғырып, Әзілханға хат жаздық, көңіл айттық. Бұл достың қимас жарынан айырылғанына қоса қайғырғанымыз еді. Әзілхан, сен жаңа ұзақ сөз сөйлеп, Халиманың барлық қасиеттерін айттың. Мен сенің бір сөзіңді қақас жібермей, тебірене тыңдадым. Неге десең, біз білетін Халиманы сенің бізден артық білетініңді білеміз. Бірақ, дәл осы жерде Халиманың қасиеттерін көңілдегідей жеткізіп, сипаттап берген уақытта мүлдем жаңарып сала берді, аруағыңнан айналайын, Халима! Сол тұрғыдан ризашылығын өзгелер айта жатар. Біз, Зәуреш екеуміз өз ойымызды білдіріп отырмыз. Әзілхан мен Халима екеуі ылғи бірге жүретін. Жұп жазбайтын. Самолет, поезбен алыс сапарларға да бірге баратын. Көшеде де, азық-түлік дүкенінде де, ауруханада да

қатар жүрген Халима мен Әзілхан екеуіне кездесіп қалатынбыз. Көшеде қолтықтасып бара жатқан екеуінің сыртынан қарап Зәуреш екеуміз оларға қызыға: \"Біздің Қозы Көрпеш пен Баянмыз ғой!\" — дейтінбіз. Сүйсініп, солай дейтінбіз. Әзілхан, қазақта: \"Артының жақсылығын берсін!\" деген сөз бар. Ол бекер айтылмаған. \"Артының жақсылығын берсін\" деген үрім-бұтағы өркендей берсін, тіршілігі жалғаса берсін, мұрагерлері бола берсін, үрім-бұтағы сонау не заманға жетсін деген сөз ғой. Сол тілекті халықтан артық мен айта алмаймын. Артының жақсылығын берсін. Сен болатын болсаң, Әзілхан, Халиманың әрі өзі, әрі көзісің. Сені көрген уақытта оны да көргендей боламыз. Сен қара болғанмен, ішің дара ғой. Өзіңді бір көріп, сөйлесіп қалғанда қуанып қалатын жайымыз бар. Сондықтан тіршілігіңді сақта. Сен бізге керексің! Бізге ғана емес, бүкіл халқыңа керексің. Иншалла, дейміз. Өзің алысқа кеткеніңмен, Әзілханың аман болсын, Халима! Біздің ортамызда жүре берсін! Сен оны қасыңа шақыруға асықпа! *** Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, Қазақстанның Халық жазушысы Қадірлі Әзеке! Халима апамыз туралы сөз айттыңыз. Маған бұл апай туралы жоқтау жырыңыз сияқты болып естілді. Ақын болсаңыз жоқтау жырын өлеңмен де айтуыңызға болар еді. Бірақ, Сіз қара сөзбен жырладыңыз. Соны көпшілікке айттыңыз. Шеріңізді тарқаттыңыз. Мұңыңызды шақтыңыз. Сіздің бізге шер тарқатқаныңыз керек. Сіздің бізге кеңіп қалғаныңыз керек. Басқаларымыз да айта жатармыз. Сол ішіңізді бір кеңітіп, халқыңызға мұң шаққаныңызды біз тыңдап отырдық. Ал енді мен Халекең туралы не айтам? Ол кісінің қолынан талай рет дәм татып едім. Алдымен соны айтамын. Мен Әзекеңді бұрыннан білемін ғой. Нақты білгенім алпыс сегізінші жылы бұрын Әзекең отырған үйге мен кірдім. Содан бері білемін. Оған міне 33 жыл болды. Әсіресе, қатты араласқанымыз жетпісінші жылдардың ортасы. Атақты \"Ақиқат пен аңыздың\" жазылып, баспаға берілген кезі. Оның редакторлығына баспа мені тағайындады. Мен сондағы көп редакторлардың бірі болатынмын. \"Ақиқат пен аңызға\" шабуыл жасаушылар көп болды. Әзекең екеуміз бір жақпыз, бүкіл баспа бір жақ. Айтысып-тартысамыз. Мен Әзекеңнің адвокатына айналдым. Сондай кездерде бірде жеңіп, бірде жеңіліп, аһылап-үһілеп, Желтоқсан көшесіндегі Әзекеңнің бұрынғы үйіне келеміз. Халима апайымыз бізді қарсы алады, жағдайымызды біледі. Сол кезде Халекең бізге сүйеу болды. Әзекеңнің ол кезде де

жүрегі ауыратын. Сонда Халекең Әзекеңнін қатты қайғырмау жатын, ішіндегі зорлықтан көрген қорлығының неғұрлым тез тарқап кетуін ойлаушы еді. Әзеккеңнің үлкен сүйеніші Халима апай екеніне менің сол кезде көзім жеткен. Сол күндердің суретін көз алдыма келтірейін. Біз өрт сөндіргендей болып, Әзекеңнің үйіне келетінбіз. Қып-қызыл өрттің ішінен шыққандай, әрі әлсіреген, әрі қатулы күйде болатынбыз. Сондай күйде келгенімізде жеңгеміз жымия күліп, қарсы алатын. Ешқашан дауыс көтермейтін. Біздің сөзіміздің ұзын-ұрғасын тыңдай отырып, сабырлы күйде бас изейтін. \"Жолы болмасын, жолы болмағырлардың\" деп ешкімді қарғап-сілемейтін. Шайымызды жасап, асымызды алдымызға қоятын. Сөйтіп бізді сабамызға түсіретін. Бізді арқамыздан қатып, сабырға шақыратын. Аятының ұшымен жүріп, қызмет ететін. Бөлмеге кірген, шыққан сайын Әзекеңді сөзімен аймалап, көзімен әлдидейтін. Жүрегі ауырып қалмаса екен деп бәйек болатын. Осы жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалысымен Әзекен иығынан сипап қойып, кухняға барарда, қайта келгенде, жүгіріп жүріп Тайбурылды баққан Құртқадай болып қызмет ететін. Иесі жалынан сипаған тұлпардай болып, біз жуасып қалатынбыз. Әйтпесе, ашулы келген күйеуін одан сайын шаптап, қиқу көтеріп: \"өйту керек, бүйту керек ол иттерді!\" деп, күйеуінің көңіліндегі сөніп келе жатқан шаланы қайта қоздырып, қайта үрлеп, үй ішінде өрт тұтатып отырса, онда не күйге душар болар едің! Не жағдайға ұшырар едің! Ондай әйелдер аз ба? Ал, Халекең сом алтыннан құйылғандай сабырлы кісі еді. Әзекеңнің аяулы бапкері еді. Егер біз Әзекеңді бүгін әдебиетте үлкен биіктерге шықты, үлкен нәтижеге жетті дейтін болсақ, сол еңбектің ішінде біздің Халима апайдың үлкен үлесі бар. Күйеулеріне, асық жарларына шын берілген әйелдер біздің қазақта аз емес қой, құдайға шүкір. Бірақ, ол екінің бірі де болмауы мүмкін. Жаңағы айтқандай, Халима апай Өзінің бүкіл өмірін күйеуіне, Әзекеңе арнаған адам. Өз басын мүлде ұмытқан адам деуге болады. Осы кісінің бүкіл тірлігіне, бүкіл өміріне өз басын арнаған және басқа тіршілігім бар деп ойламаған адам. Мен соны көріп едім. Ал енді не айтамын? Әзеке, жаңа айтыпсыз ғой, \"Хорлан\" деген ән шығармағанмен, \"Халима\" деген кітап жазатыныңызға көзім жетіп тұр. Жаңағы бізге оқығаныңыз сол кітаптың бір тарауы болуы да мүмкін: кіріспесі ме, басқасы ма, әйтеуір, соның бір бөлігі. Халыққа үлгі болатын, қазақ қыздарына үлгі болатын Халима апайдың қасиеттері көп. Соны жұрт оқитын болсын. Соны асықпай түсіріңіз. Халима апайдың қарызы сонда өтеледі деп ойлаймын.

Ал не айтамыз? Халима апайдың аманаты көп екен. Өзіңізден серт алыпты, уәде алыпты. Балалардың арасында жүре беру, ұзақ жүру туралы, соны орындаңыз. Балаларға әлі де әке керек, ата керек. Сіз сияқты сүйеніш, асқар тау керек. Балалардың ортасында жүре беріңіз, Әзеке. Халима апайдың алдынан жарылқасын. Балалары бақытты болсын. *** Нұрым САНСЫЗБАЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері Ал, ағайын, жолдастар! Мен Сібірдің қазатымын. Фамилиям Сансызбаев, атым Нұрым. Қаржы министрлігінің, Госпланның ардагерімін. Ал енді мен Сібірдің қазағы болғандықтан \"Пәленеке\", \"Түгенеке\" дегенді азырақ қолданамын. Міне, Әзілхан, бұл кісімен менің таныс болғаным Рымбек Байсейітов арқылы. Рымбек Байсейітов деген қаржы министрі болған. 1951 жылы ол Семейден, мен Қызылордадан осы Алматыға көшіп келіп, көрші тұрдық. Бірге қызметтес болдық. Сол арқылы мына Әзілхан ағаларыңмен де таныстық. Үшеуіміз де түйедей құрдаспыз. Үшеуіміз де партия қатарына 1943 жылы өткен екенбіз. Рымбек досымыздың дүниеден кеткеніне биыл 10 жыл болды. Ал, мына Әзілхан құрдасты құрметтеп, 1991 жылы Халима екеуіне хат жазғаным бар. Содан бір штрихты айта кетейін. 1976 жылы мен Госпланда істеп жүріп, Қызылорда облысына іссапарға бардым. Ар жағында Байқоңырға сота кеткім келді. Өйткені онда космодром бар. Ол жерді көру қызық қой. Мен кітапты жақсы көретін адаммын. Байқоңырда \"Әскери кітаптар\" деген дүкен бар екен. Соған бардым. Барсам, Чистяков деген генералдың \"Служим отчизне\" деген кітабы тұр екен. Соның төрт данасын сатып алдым. Оның біреуін Рымбек досыма бердім. Өйткені ол да майдангер. Әзілхан майдангер, бұл кісіге де бердім. Сонсоң бір данасын Әзілхан арқылы Бауыржанға бердім. Бұл да айта кетуге тұратын естелік жағдай ғой. Ал енді біз соғыс ардагерлері біраз адамдар отырмыз. Соғыстың атын Сталинсіз айтқан — ол соғыс тарихы емес. Сталинсіз соғыс тарихы жоқ, 1941-1945 жылдардағы Сталинді атамай жазғандардың бәрін жалған деп есептеймін. Ал енді Халимаға келсек, бұл кісіні біздің досымыз деуге болады. Ол кісі жайында Әзекеңнің өзі оқып берді. Бұл кітап шығатын болсын. Халыққа таратылатын болсын. Қазақстанда Әзекенді білмейтін адам аз. Басқа республикалардың да көзі ашық адамдары жақсы біледі.

Сосын бұл кісінің еңбекқорлығын айталық. Мына Қалмұхан ініміз Халимаға арнап, \"Қазақ әдебиетіне\" жазды. Содан кейін басқа да көп көңіл айтушылар болды. Содан кейін Әзекең солардың бәріне \"Қазақ әдебиетінде\" рақметін айтты. Сосын бұл кісінің еңбекқорлығы кеше Әлжаппар Әбішев ағамыз қайтыс болғанда да бұл кісі өз көңілін білдірді. Оның барлығы да бұл кісінің әркімге жанашыр екендігін көрсетеді. Жастар бағалай білмейді, ал бұл кісінің жазғандарының бәрі халық сүйіп оқитын еңбектер: \"Портреты\" кітабы, ерлікпен махаббат жөнінде жазғандары тағы басқа кітаптар. Сол еңбектер кезінде қайта басылуға тиісті. Соны оқып, кейінгі ұрпақ бағалай білетін болады. Ал, Әзеке, мына Мақыш досыңыз айтып тұр, сіздің анау-мынау сырқаттарыңыздың бәрін Халима алып кетті деп есептейміз. Енді алдағы Жеңіс күндері, Тәуелсіздіктің он жылдығы сияқты күндерде Халима бәрімізге \"Смирно!\" деп команда береді. Сонда біз дік етіп тұра қалуымыз керек. Халекең біздің есімізде мәңгі сақталады. Балаларыңыз, немерелеріңіз, шөберелеріңіз бәрі аман болсын! *** Тұрсынхан ӘБДІРАХМАНОВА, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Менің Әз ағаңның атын алғаш естігеніме 60 жылдай уақыт болды. Соғыс кезінде Баубек Бұлқышевтың шығармалары \"Комсомольская правда\" газетінде дүркін- дүркін басылып тұрды. Сол сияқты болып, Семей облыстық \"Екпінді\" газетінде Әзілхан Нұршайықов деген сержанттың майданнан жіберген өлеңдері, очерктері, әңгімелері жиі басылатын. Бұл кісінің \"Қыздарға сәлем\" деген өлеңінің мына бір шумағы әлі күнге дейін есімде: Қайран қыздар, сағындық, амал қанша, Жас қартайдық көп өмір сүрген жанша. Жараланған жүректі жақсартатын, Дәрі жасап қойыңдар, біз барғанша, деген. Әз ағаңның әскерден жазғандарын бүкіл Семей облысы, үлкені бар, кішісі бар, түгел оқитын. Оқығандар оқи алмағандарға айтып жататын. Естіген ел Әз ағаңның аман келуіне тілектестік білдіретін. Мен ол кезде Семей облысының Абай ауданында комсомол комитетінің секретары едім. Жастарды ұйымдастырып, колхозшыларға ойын-сауық көрсетеміз.

Сонда әр сауықтың бір нөмірі \"Майданнан келген хат\" деп аталатын. Сол нөмірде Әз ағаңның \"Екпінді\" газетінде басылған өлеңдері тақпақ ретінде айтылатын. Ол кезде майдандағы жігіттерге елдегі қыз-келіншектердің хаттарын жазғызатынбыз. Танымайтын қыз, білмейтін келіншектер бейтаныс жауынгерге хат жолдап, жауды жеңіп келулеріне тілектестік білдіретін. Облыстық газетте хаты жарияланып, аяғында әдірістері көрсетілген (ол кезде полевая почта деп аталатын) жауынгерлерді қыз-келіншектерге бөліп, бекітіп беретінбіз. — Сен бұл жігітке үзбей хат жазып тұр, — дейтінбіз. Қыздар бір-бірінен \"Сенің полевойыңнан хат бар ма? Не деп жазыпты?\" — деп сұрасып жататын. Жігіттерге хат жазуға ділмәр, сөзге шешен қыздарды бөлетінбіз. Сондай қыздардың бірі райсоветтің хатшысы Әсима Сарыбаева болатын. Тобықтының қызы ғой, ділмәр болатын. Ақын сержант Нұршайықовты сол қызға меншіктеп бердік. Әсима Әз атаңа үзбей хат жазып тұрды. Әсимаға келген хаттан Әз ағаңның жазуын көрдік. Сол Әз атаңның өзін менің соғыс біткеннен екі жыл кейін көруіме тура келді. Онда да, \"жалт етті де, жоқ болды\" дегендей, екі-үш сағат ішінде ғана. Ол 1947 жылдың бас кезі болатын. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сайлауына әзірлік жүріп жатқан. Мен ол кезде Семей облысының Шар ауданында райкомның әйелдер бөлімінде қызмет істейтінмін. Біздің аудан сайлайтын депутатымыз Беленов деген кісі екен. Аты-жөнін ұмытып қалдым. Алматыдан келмек. Ішкі істер министрінің (сол кезде нарком делінетін) орынбасары болса керек. Райком депутаттыққа кандидатпен кездесу өткізілетін жерлерге жауапты ұйымдастырушылар бөлді. Мені Суықбұлақ стансасының іргесіндегі Новотаубинко деген ауылға бөлді. Келдім, болашақ депутатқа көрсетілетін мәдени шараларды ұйымдастырдым. Сайлаушылармен кездесуден кейін кандидатқа концерт қойып, сауық көрсетуіміз керек. Ол ауылдағы жеті жылдық мектептің директоры Сәки Бекбаева деген қыз екен. Сонымен сөйлесіп, концерт бағдарламасын жасап, қасымда көмекші болып жүретін бір мұғалім беруді сұрадым. Директор класта сабақ өткізіп жатқан Халима Өзбақанова деген мұғалімді шақыртты. — Мәскеуден келген мұғалім қызымыз бар. Соны сізге қосып берейін, — деді директор. \"Мәскеуден келген\" дегенге мен елең етіп қалдым. \"Мәскеудің қызы мұнда неге жүреді? Орыс па, қазақ па?\" деп ойладым. Сол сәтте директор кабинетінің есігі

ашылып, орта бойлы, аққұба қыз кіріп келе жатты. Аятын одыраңдамай, жай басады, жүрісінің өзінен ілтипаттылық танылады. Аятын жай басқанда керенау аяқ емес, аққудың қанатымен су сызғанындай, сырғып қозғалатын әсем жүріс. Жаныма жақындап, сәлемдескенде бетіне қайта қарадым. Беті жай аққұба ғана емес, аппақ таңдай екен. Екі көзі ботаның көзіндей жаудырап тұр. Жымия күлгені жан ерітерлік. Жігіт тұрғай, қыз ғашық болғандай періште екен. Ішімнен осылай ойладым. Танысқаннан кейін шаруаға кірістік. Домбырашылар, әншілер, күйшілер жинадық гармонь да табылды. Өзім де әншімін ғой. Концерт ішінде мен де ән айтатын болдым. Сақадай сай, дайын тұрдық. Бірнеше шанамен ақ қарды борандай бұрқыратып, қонақтар келді. Кандидатымыз дембелше келген сары орыс екен. Сайлаушылармен кездесуде орысша сөйледі. Қасында қағылездеу келген қара жігіт аудармашысы бар екен. Фамилиясын ести алмай қалдым. Кандидаттың сөзін көркемдей аударып, өлең оқығандай, түйдек-түйдегімен төгеді. Жұрт қайта-қайта қол соғады. Депутаттың өз сөзінен гөрі аудармашыға қол соғу көп болды. Концерт берілді, ән айтылды, кездесу аяқталды. Қонағасыдан кейін қонақтар аттанарда менің көмекшім \"Мәскеуден келген мұғалім\" мен депутаттың аудармашысы жұқалтаң қара жігіт екеуі біріне бірі елжірей қарап, әрең ажырасты. Депутаттарды аттандырып салып, дастарқан басына қайта оралдық. Кезекпен ән айтыстық. Бір әредікте мен \"Мәскеуден келген мұғалімнен\": — Жаңағы жігіт танысың ба? — деп сұрадым. — Иә, — деді де қойды қыз. Қандай танысы екенін білгім келді. Мына аққудың көгілдіріндей қызды шүйкедей қара жігітке ішімнен қимадым. Сұрадым. — Доспыз, — деді ол ақырын ғана төмен қарап, жымиып. — Жай дос қана емес, ғашық сияқтысыздар ғой, – дедім мен күліп. — Солай десеңіз де болады, апай, — деді ол да күлімсіреп. — Семейде қызмет істей ме? — Жоқ, Алматыда, университетте оқиды.

— Мұнда қалай келіп жүр? — Қазір қысқы каникул ғой. Семейге келіп, \"Екпінді\" газетінде уақытша қызмет істеп жүр. Газет депутаттың қасына қосыпты: әрі аудармашы боласың, әрі мақала жазып жіберіп отырасың, — депті. — Сіз мұнда келетінін білдіңіз бе? — Білдім. Семейден жеделхат жіберген. — Аты-жөні кім? Қыз ойланып қалды. — Оны қайтесіз? — деді содан соң. — Жай білейін дегенім ғой, қалқам. — Аты Әзілхан, фамилиясы Нұршайықов. Менің ойыма майданнан Семей газетіне өлең жіберіп тұратын сержант сарт ете түсті. — Сол ма? — Иә, — деп қыз басын изеді. Міне, мен Әз ағаңды ең алғаш осылай көріп, Халимамен бірінші рет осылай танысқан едім. Мінеки, содан бері мен Халиманы 54 жыл бойы білемін. Халима суырылып сөйлемейтін. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын. Бірақ, оның аузы жүйрік болмағанымен, жаны жібек, жүрегі шешен болатын. Халима Әз ағаңа әрқашан қанат бітіріп отыратын еді. Әз атаңның үнжырғасын түсірмейтін, қабатына кірбің жуытпайтын. Әз атан жұмыс істеп отырғанда оған не сырттың, не үй-ішінің шуын естіртіпейтін. Екеуі екі бөлмеге жайғасып, машинканы қатар басып, жұмыс істеп отырғанда аспанда қатарласа ұшқан қос аққудың қанаттарының суылы құлаққа келетін. Мінеки, менің Халима туралы естелігім осы. Көбірек сөйлеп кеттім-ау деймін. Кешірім сұраймын. Сенің қымбат қасиеттерің ұлтымыздың ұрпағына дарысын, Халима! *** Сәки БЕКБАЕВА,

ардагер ұстаз, Халиманың досы Мен интернатта Халимамен бірге оқыдым. Бірге өсіп, бой жеттік. Бой жеткеннен кейін үйлі-баранды болып, қатар өмір сүрдік. Өз өмірімде мен Халимадай ұстамды қыз, өнегелі әйел көргенім жоқ. Қазақта \"бір туар\" деген сөз бар ғой. Тек еркектерге ғана қолданылады. Ал үлгілі қыздың, адал жардың, асыл ананың бір туары Халима еді. Мен Халимадай мінсіз әйелмен кездескенім жоқ. Бар шығар. Бірақ, мен білмеймін. Халима адал, әділ, ақпейіл, ақкөңіл, арлы, абыройлы болды. Ол осындай ерекше туған жан еді. Халима қыз күнінен кесте тіге білетін. Он саусағы майысқан шебер, іскер, ісмер болды. Демалыс күндері басқа қыздар қала қыдырып, кино қуалап кеткенде жатақханада Халима жалғыз қалатын. Жалғыз қалатын да, қыздардың өтінішін орындап, әркімге шілтер тоқып отыратын. Халиманың мінсіз мінезімен, өнерпаздығымен, сабаққа деген алғырлығымен онымен қатар өскен ешқайсымыз таласа алмайтынбыз. Халима соғыс біткеннен кейін ұзақ уақыт, бір жарым жыл ауырып, Мәскеуде ауруханада жатты. Алғашында әскери госпитальда болды. Артынан оны бір ғылыми институттың ауруханасына ауыстырды. Сол кезде маған хат жазып тұрды. Соғыстан бұрын интернатта бірге оқығанбыз. Сол кезде үлкен қыздар кішілерді сіңлі, кішілер үлкендерді апа етіп алатын дәстүр болтын. Сонда Халима менің сіңлім, мен апасы болғанмын. Бір анадан туғандай боп өмір сүргенбіз. Онжылдықты бітіре сала ол өзі тіленіп, соғысқа кетті. Мен кәрі әке-шешемді қарайлап, солардың қасында қалдым. Соғыс кезінде ауылға келіп, мұғалім болдым. Халима әскерге кеткеннен кейін. Соғыстан кейін Шар ауданындағы Новотаубинко деген орталау мектепке мұғалім етіп тағайындады. Ол ауыл Шар мен Семей арасындағы Суықбұлақ деген стансаның қасында болатын. Сонда директор боп тұрған кезімде Халимадан хат алып тұрдым. Бір хатында ол: \"Қазір Әзілхан оқуда. Әскерден босағаннан кейін қайда барарымды білмеймін. Қызмет істеп, Әзілханның университет бітіруіне көмектессем деймін. Оның әкесі де, атасы да соғыста оққа ұшты ғой. Көмектесетін ешкімі жоқ\" деп жазыпты. Әзілхан Халиманың сүйген жігіті болатын. Оны Халима менен басқа ешкімге айтпайтын. Халима жазылып, Мәскеуден қайтты. Жолда Алматыға соғып, бізге келді. Суықбұлақ стансасынан қарсы алдық. Шар аудандық оқу бөлімінің бастығы Зейнеп Төребаева деген кісімен Халиманы қызметке алуға келісіп қойғанмын. Келе сала оған Новотаубинко орталау мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып тағайындалсын деген бұйрық берілді. Халима беріле қызмет істеп жатты. Балалар оны өте жақсы көрді. Өзі менің сіңлім ретінде біздің үйде тұрып жатқан. Сол 1946 жылдың күзінде Әзілхан

Алматыдан Халимаға ұрын келіп қайтты. Біздің үйде 2-3 күн қонақ болды. \"Халиманың болашақ күйеуі\" деп айтуға ұялып, біз оны үй ішіне, ауыл адамдарына \"Халиманың нағашысы\" деп таныстырдық. Халима қалай ауырып-сырқағанын, қалай қысылып-қиналғанын ешқашан айтпайтын. Сөйтсем Мәскеуде қатты ауырыпты. Оны үшінші топтағы мүгедектікке шығарыпты. Айтқан жоқ. Бір күні оның қағаздарының арасынан ұзынша сары кітапшаны көзім шалып қалды. Сыртында \"Пенсионная книжка\" деген жазуы бар. — Әй, мынауың не? — дедім. — Сондай бірдеңе ғой, — деді ол жайбарақат. — Сен пенсионерсің бе? — Жай, әншейін. Ауруханада жатқанда комиссия мені мүгедектікке көшірген. Осы бойынша пенсия алып тұрасың, деген. — Алып жүрдің бе? — Мәскеуде алғанмын. Мұнда келген соң тастадым: мұғалімдік жалақым бар ғой. Пенсияны не қыламын, — деді ол қолын сермеп. Халиманың әскерден пенсионер боп қайтқанын ешкім сезген жоқ. Өзі де тіс жарып айтқан емес. Мен книжкасын көріп қалып қана білдім. Мінеки, Халиманың ұстамдылығының бір мысалы осы. Келесі жылы Әзілхан Халиманы өз аулына алып кетті. Шар мен көрші Жарма ауданына қарайтын Ақбұзау деген колхоз екен. Әрі досы, әрі шешесі болып, мен Халиманы Ақбұзауға апарып салдым. Әзілханның әкесі мен ағасы соғыста өлген. Халима бірнеше жыл иесіз тұрған йен үйдің келіні болып, босағасын аттады. Өмір бойы Семейде өскен, Мәскеуде бірнеше жыл қызмет істеген қала қызы адам айдаса бармайтын алыстағы бір қараңғы ауылға барып орналасты. Халиманы ұзатып, Ақбұзауға апарып салғаннан кейін өз үйім қаңырап, өз ауылым ел көшкендей болып қалды. Жаңа жылда Халима мектебімізге ұйымдастырған шыршаны ауыл жұрты аузынан тастамай айтып жүрді. Сөйткен Халимамен Алматыда қайта табысып, қол ұстасып, ұзақ жыл өмір сүрдік. Бізді ажал айырды.

Халима өте ұқыпты еді. Оның әр нәрсесі өз орнында тұратын. Ұқыптылық, тиянақтылық, уәдешілдік жағынан оған жан жетпейтін. Мектепте бірге сабақ бердік қой. Сонда өзге мұғалімдердің ішінде тек Халима ғана күн сайын өз сабағына конспект жасап келетін. Ол орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді дедім ғой. Кейін Алматыға барғанда ЖенПИ-дің филология факультетінің орыс бөлімшесіне оқуға түсті. Ол кезде біздің қазақ әдебиетінен Абайдан басқа білетініміз шамалы. Ал Халима қазақ әдебиетінің де, орыс әдебиетінің де көп ақын, жазушыларын білетін. Көбінің өлеңдерін жатқа айтатын. Оның есте сақтау қабілеті деген өте күшті еді. Бір рет оқыған өлеңі оның ойында қолма-қол жатталып қалатын. Орыс әдебиетінен оның ерекше жақсы көрген жазушысы Грибоедов болатын. Соның әлі \"Беда\" ма, \"Горе\" ма, бір шығармасы бар емес пе?.. Иә, дұрыс айтасыз: \"Горе от ума\". Дәл, дәл. Соның жеке шумақтарын жатқа айтып отыратын. Сырға өте берік еді. Tic жарып, ешкімге сыр шашпайтын. Мектепте оқып жүргенде Әзекеңмен дос болып жүреді екен. Соны апасы болып жүрген маған да айтқан емес. Тек соғыс біткеннен кейін, ауруханадан шығып, елге қайтарда ғана айтты. Интернатта оқып жүрген кезімізде Әзілханды Халима Грибоедовқа теңестіреді екен. Ол кезде жақсы көрген жігіттерге, қыздарға кітаптардағы жақсы кейіпкердің немесе кітап авторының атын қою әдеті болатын. Маған қыздар Лермонтовтың Бэлла деген кейіпкерінің атын қойған. Ал Ха-лиманы бәріміз \"Катя\", \"Катюша\" деп атайтынбыз. Айналайын Халима дана еді ғой! Дана болатын. Қайтыс боларында менің сүйегіме Сәки түссін деп өзі айтып кетіпті. Ақ жуып, арулап қойдық қой айналайынды. Егер менен біреу: \"Адал дос қандай болады?\" деп сұраса, мен: \"Халимадай болуы керек!\" дер едім. Егер менен біреу: \"Адал жар қандай болады?\" деп сұраса, мен оған: \"Халимадай болуы керек!\" дер едім. Сен өмірдегі ең өнегелі әйел болдың. Өнегең өшпесін, бауырым, досым, қымбатты Халима! *** Ишағы ЖАҒЫПАРОВА, Ұлы Абайдың шөбересі, Халимамен жетімдер үйінде бірге өскен, интернатта бірге оқыған, әскерге бірге барған досы

Қазақта жақсы әйелдер көп қой. Бірақ, көптің ішінде бір ерекше көзге түсетін әйелдер болады. Солардың бірегейлерінің бірі Халима еді. Менің Халимамен дос болып, бірге өскеніме 65 жыл болды. Біз, Халима екеуміз сонау 1936 жылы Семейдегі мектеп-интернатқа, Жаңасемейдегі балалар үйінен (екеуміз екі балалар үйінде болдық) бірге келіп, бесінші класқа бірге оқуға түстік. Балалар үйінде бастауыш мектеп қана болатын. Төрт класты сонда бітіргенбіз. Халима туралы айтатын жақсы сөздер көп. Халекенді айтсам менің жылағым келеді, кешіріңіздер, жылап та тұрмын. Бір туған апа-сіңлідей болдық. Соңғы күнге дейін телефонмен сөйлеспесек тұра алмайтын едік. \"Сатан не болды? Неге үндемей қалдың?\" дейтінбіз. Бесінші класқа бірге түстік дедім ғой. Ол ерекше жаралған жан еді. Ол вундеркинд еді. Ол кезде вундеркинд деген сөзді білмейміз ғой. Артынан ойласам, Халима біздің ортамыздағы вундеркинд болған екен. Біз оны өзіміз сияқты балалардың бірі деп ойладық қой. Халима интернатта ауырып жүріп оқыды. Жыл сайын көктемде ауруханаға түсіп қалатын, оқу жылы аяқталар кезде. Ол тек үздік оқитын болғандықтан, кластан класқа емтихансыз көшіріліп отыратын. Ол уақытта медаль деген болмайтын. Болса, бірінші алтын медаль Халимаға тиетін еді. Біз оқыған № 11 орта мектепте, былайша айтқанда, біздің Семей қаласында тамаша-тамаша, сұлу-сұлу қыздар болды. Оқу жағынан, тәртіп жатынан, көзге түсу жағынан. Сол уақытта Әзілхан біздің мектепке жиі келіп жүрді. Онда өзі Абай атамыздың атындағы педучилищеде оқитын. Педучилище де, №11 мектеп те Совет көшесінде болатын. Арасы жарты шақырымдай жер ғана. Әзілхан біздің интернатымызға қыз андып келетін. Сол кезде Әзілханның біздің екі қызымызға көзі түсті. Оның біреуі Орынкеш Мысырова деген подругам, біреуі Халима болатын. Осы үшеуіміз дос едік. Бізді орысша \"Три подруги\" , қазақша \"үш подруга\" деп айтатын. Мінеки, сол үш подруганың екеуі қайтыс болып кетті. Енді мен жалғыз қалдым. Біздің Халима шашы бұйра, қой көзді, қыр мұрынды, беті аппақ сұлу болатын. Бірақ, ол өз сұлулығына ешқашан мән бермейтін. Басқа қыздар сияқты қайта-қайта үңіліп, айнаға қарамайтын. Үн-түнсіз жүре беретін. Кейде Халимаға киноға барайық десем: — Киноны неғыласың, сабағыңды оқы, дейтін. Өзі қазақ, орыс кітаптарын үнемі оқып отыратын. Қандай кітаптар екені әзір есімде жоқ. Өйткені өзім кітап оқуға құмар емес болатынмын. Бір есімде қалғаны Халима кітапханаға барып, кітап оқығанды жақсы көретін еді. Өйткені, кітапхана

тыныш қой. У-шу жоқ. Ал интернатта қыздардың бірі өлең айтып, бірі күліп, шулап жататын. Бірақ Халима солардың біріне ренжімей, кітабын оқи беретін. Біздің Семейде Гоголь деген үлкен кітапхана болды. Халима ылғи сонда баратын. Қыздардың ешқайсысы ол кітапханаға бармайтын, ерінетін. Ал Халимаға анда-санда ілесіп, Орынкеш қана баратын. Халима өте ісмер болды. Ақылды еді. Өзі суретші болатын. Саусағы майысып отырып, неше түрлі суреттер салатын қарындашпен. Біреудің көзін сығырайтып, біреудің көзін бадырайтып, қағазға түсіре қоятын. Қабырға газетіне шығатын суреттердің бәрін Халима салатын. Ол өзі ақын да болатын. Орысша, қазақша өлеңдер шығаратын. Өзі үндемей жүрсе де, ішкі юморы күшті болатын. Әркімге арнап әртүрлі әзіл өлеңдер шығаратын да, артынан жыртып тастай салатын. Әзекеңе көмектесу үшін өз бойындағы сол өнердің бәрін Халима тастап кетті. Ал тастамаған өнері ісмерлігі еді. Осы арада айтайын дегенім Халекеңнің сол ісмерлігі туралы. Біздің Әзекене костюмдер дәл келмейді ғой. Бәрі қолқылдаған үлкен. Соларды Халима үйге әкеліп, костюмін өзі тарылтып, шалбарын өзі қысқартып беретін. Ақшалары аз, кедей кездерінде Халима Әзекеңнің жазғы костюмдерін өз қолымен тігіп беріп жүрді. Өз көзіммен көрдім. Костюм ғана емес, басына киетін жазғы, күзгі картоздарды да тігетін. Ал қысқа қарай аяғына түйе жүнінен қысқы шұлықтардың да бірнешеуін тоқып берді. Қолына тура дүкендікіндей етіп, түйе жүнінен қолғап та тоқып беретін. Тоқу өнері жатынан Халима фабрика десе де болатындай еді. Өз үстіне жемпір, ұзын етек көйлек тоқып, киіп жүрді. Әзілханға да, балаларына да бірнеше жемпір тоқып, кигізді. Шәлі тоқу шеберлігін айтсаңшы. Халиманың қолынан шыққан шәлілер Орынбургский платоктардан кем түспейтін. Қыздарының туған күндерінен арнап, жеті жасқа толғанына, рамката салып, іліп қоятын-сюжетті кестелер тоқығаны көз алдыма. Олардың аятына: \"Туған күніңмен, Жанаржан!\" немесе \"Жеті жасар Жанатым!\" деген тоқыма жазулар жазатын. Халима бұл тоқыма өнерімен Әзекең жазушы атағына жетпей тұрғанда шұғылданды. Әзекең жазушы болғаннан кейін өзінің мұғалімдік қызметін тастап, соның секретары болды. Әзекеңнің жазушылық жұмысының бәріне де Халима өзінің қолқабысын тигізіп отырды. Тіпті, Әзекең алыстағы мұрағатқа барғанда да Халекең қасында болды. Әзекенді аялап, оның сырқат жүрегіне жүк түсірмей барлығын өзі көшірді. Халима орысша, қазақшаға да бірдей еді. Біз бүгін тамақ ішу үшін емес, Халиманы еске түсіру үшін келдік. Оның әрбір жақсылығын, әрбір ісін көз алдымызға елестетеміз.

Сондықтан, Халимамен бірге өсіп, бірге оқып, әскерге бірге барғандықтан мен өз білгенімді, өз көргенімді айтып жатырмын. Әскерге баруымыз былай болды. Халима аз сөйлемегенімен, құрбы қыздардың алдында бедел! күшті болды. Халима қанша талантты, дарынды болса да, ешқашан мен сондаймын деп айтпайтын. Бірақ, біз өзіміз Ха-лимадай болуға тырысатынбыз. Оның айтқанын бұлжытпай орындайтынбыз. Соның бәрі Халиманың беделінің күштілігі еді. Сол беделінің күштілігімен Халима оныншы класты бітірерде: \"Майданға барайық. Жаумен соғысайық. Бізді балалар үйіне өткізіп, интернатта тәрбиелеп, әкеміздей болған Кеңес Үкіметіне қызмет етейік, Отанымызды жаудан қорғайық!\" деп бізді үгіттеді. Өзі алдымен военкомға арыз апарып берді. Бізге де арыз жаздырып, военкоматқа ертіп апарды. Сол арыздарымыз бойынша бізді әскерге қабылдады. Он бірінші мектептің он қызы қол ұстасып, әскерге аттандық. Халима, Орынкеш Мысырова, Шәкәр Ботаханова, Хантай Елубаева, Зифа Әркешова, тағы басқалар бар. Бірақ, бізді Батысқа қарай емес, Шығысқа қарай жөнелтті. Борзя деген стансада Халима мен Орынкеш екеуін сендер радистка боласыңдар деп, эшелоннан түсіріп, алып қалды. Басқамыз Читаға жетіп, авиация бөлімінде қызмет істеуге кірістік. Артынан Халима военный цензор болып, Мәскеуде қызмет істеді. Сержант деген әскери атағы болды. Соғыс біткеннен кейін бәріміз елге қайттық. Халима соғыс біте сала бала күнгі сырқаты асқынып, ауруханада жатып қалды. Бір жарым жыл емделіп, әскерден кеш қайтты. Сол кезде мен Алматыда едім. Уәсила (Уәсила Мағауияқызы (1890-1954) Абайдың өз қолында өскен немересі, Ишағы Мағауияның Уәсиладан кейін Жағыпар деген ұлынан туған сіңлісі) апамның үйінде болатынмын. Мәскеуден қайтқан Халиманы Алматыда өзім қарсы алдым. Ол кезде Әзілхан Алматыда жоқ болатын. Жазғы демалысқа шығып, Семейге кеткен. Халима екеуміз Уәсила апамның үйінде үш күн бойы бір төсекте жаттық. Өткен күндерімізді еске түсірдік. Халима Семей облысының Шар ауданындағы Сәкиге барып, мұғалім боламын деді. Барды. Халиманы Әзілханға өз үйінен Сәки ұзатты. Ал енді мен Халиманың жақсылығын айтып, жеткізе алмаймын. Сәкидей суырылған шешен емеспін. Сөзге шорқақпын. Сондықтан да бірді айтып, бірге кетіп жатқан болармын. Оған кешірім сұраймын. Халиманы мен өзімнің туған туысымнан артық көрдім. Осы Алматыда туған сіңлім Ғазел бар. Егер мен бір жаққа жолаушы кетсем, не курортқа барсам үйімнің

кілтін Ғазелге емес, Халимаға тастап кететінмін. Туыстан артық болды деген сол емес пе? Осында көп адамдар отырмыз. Менің оң жатымда отырған Нұрсипат академияның атақты членкоры болған Төлеубай Амановтың әйелі. Төлеубай марқұм біздің мектептің түлегі еді. Ол бізден бірер класс жоғары оқып, соғыстан келгеннен кейін членкор атағына жетті. Академияның математика институтының директоры болды. Біздің №11 мектепте ұлдардан озық болған Төлеубай болатын. Қыздардың үздігі Халима болатын. Егер Халима өз өмірін Әзекеңе арнамаса, академик болатын еді деп ойлаймын. Семейден шыққан Рымбек Ілияшев деген атақты ағамыз болған. Сол жатымда сол кісінің қарындасы қызы Меңсафа отыр. Меңсафа да Халимамен бірге оқыған. Оның ар жатында әйелдер туралы жазып жүрген белгілі ғалымдардың бірі Рахима Сыздықова отыр. Бұлар қасымызда бұрын қайтыс боп кеткен аға-іні жазушы, ақын ағаларымыздың үйлеріндегі тамаша-тамаша жеңгелеріміз бен сіңлілеріміз отыр. Апаларымыз отыр. Олар: Қалижан Бекхожин ағаның үйіндегі жеңгеміз Зайда, Сырбай Мәуленовтың үйіндегі құрдасымыз Күлжамал, Зейін Шашкиннің қарындасы Мәкиза отыр. Қабдікәрім Ыдырысов бауырымыздың үйіндегі Бәтіш келініміз және бар. Осылардың бәрі Халима екеуміздің әрі апаларымыз, әрі жеңгелеріміз, кейбіреулері келіндеріміз. Халиманың қайтыс болғанына осылардың бәрінің қабырғасы қайысты. Солардың бір тобының атынан мен сөйлеп тұрмын. Халиманың бізге қалдырған үлгі боларлық қасиеті көп. Қонақ күту, дос сыйлау, алысты жақын тұту деген сияқты. Халиманың қолынан атақты Мұхтар атамыздың өзі дәм татқан Павлодарға барғанда. Халиманың ақылдылығын, аналығын, даналығын, еңбекшілдігін мен ешқашан айтып жеткізе алмаймын. Ол үшін маған он жыл ойлану керек. Оның көп қасиеттерін Әзекеңнің өзі айтып кетті. Айтылмағаны әлі де көп деп ойлаймын. Халиманың қасиеттерін Әзекең де айтып, тауыса алмайтын шығар деймін. Өзгені айтпағанда Халиманың өсірген балалары қандай! Шетінен инабатты, ілтипатты. Тіпті көшеде жаяу кетіп бара жатсаң, тоқтай қалып, машинасына отырғызып, барар жеріңе жеткізіп салатынын айтсаңшы. Халиманың адам сыйлағыштығының тағы бір белгісі сонау алыс елдегі құда- құдағилары өз немерелеріне Халиманың атын қойыпты. Жақсы көрмесе кім өз баласына өзге біреудің атын қояды? Қоймайды! Өз есімімен аталатын кіші Халима кішкене Халима әже Халиманың артына қалдырып кеткен үлгілі ескерткіштерінің бірі деп ойлаймын. Халима менің жүрегімде. Жүрегімнің әрбір лүпілі \"Халима!\" деп соғады. Ол осы отырғандардың бәрінің жүрегінде.

Ол ұмытылатын әйел емес! Менің айтайын дегенім осы. Кешегі зұлым жаудан сен сержант боп қорғаған Отаның аман болсын, Халима! *** Есләм ЗІКІБАЕВ, ақын Әз аға! Өткенде ауруханада жатқанда екі ауыз ғана сөз жаздым. Ондайда адам айтатұғын сөз таппай қалады. Мен реанимацияда жатқан кезде, Сіз үлкен басыңызбен терезеден келіп, менің көңілімді сұрадыңыз. Менің бір айтатыным бар: Көңілімде мен өлсем жылайтындар да, жыламайтыңдар бар. Көңілімде сұрайтындар бар, сұрамайтыңдар бар. Таңданба: ол өмірдің өз заңдылығы, Маған да ұнайтындар бар, ұнамайтындар бар, — деп балаларыма өсиет етіп айтатыным бар. Сол айтқандай кейбір ағайындар тура қарама-қарсы кеп қалсаң, \"Сен қалайсың?\" деп сұрамайды. Ал енді сіз өзіңіз ауруханада жатып, төртінші этаждан мен ауырып қалды деп төменге түсіп, менің көңілімді сұрап жүргеніңізде сол кезде апайымыз да ауырып жөн көрсететін ағаларымыздың жақсы қасиеттері көп деп айтамыз. Соның ішінде біз сияқты жүрегі қайта-қайта ауыратын інілердің көңілін сұраудың жөні бір бөлек. Бірақ, еңсеңді түсірме, болбырап кетпе деген сияқты үлгі айтатын ағалар аз. Мен де балаларыма Әз ағаң да жеті-сегіз рет инфаркт алған. Сол кісінің жасына дейін мен сол кісіні қуып жететін шытармын деп әзілдеп айтып қоямын. Сіз елге керексіз. Сіз бала-шағаңызға керексіз. Арттағы үрім-бұтақтарыңызға керексіз. Ертеңгі тарихқа керексіз. Сондықтан сіз мықты болуға қақылысыз. Мықты болыңыз.

Ал енді Халима апам туралы айтатын болсам, пікірім мынадай. Ғашықтар туралы біз бала күнімізден естіп келеміз. Сауатымыз ашылғаннан кейін кітап оқып, хиссаларға көз жүгіртіп, талай ғашықтар болғанын естіп, білдік. Бірақ, өмірде ондай ғашықтарды көрген жоқ едім. Енді көзім жетті. Ол Халима мен Әз ағаң екен. Ләйлі мен Мәжнүнді алыстан іздеудің керегі жоқ, қасымызда екен! Ләйлі мен Мәжнүн бір-біріне жас кезінде ғашық болды. Ал әдебиет тарихында бір-біріне өмір бойы ғашық болып өткен ешкім жоқ. Ал Халима апам соңғы үзілер сәтіне дейін Сізге ғашық болып өтіпті. Ал Сіз ол кісі өлсе де апама ғашық екенсіз. Мұны Сіздің жаңа осы отырғандарға арнап апам туралы оқыған поэмаңыздан ұқтым. Сіз жаңа бізге мәңгілік ғашықтық жыр оқыдыңыз. Сіз оны қара сөзбен жазғансыз. Бірақ, мен оны поэма деп қабылдадым. Гогольдің \"Өлі жандар\" деген қара сөзбен жазылған поэмасы бар емес пе? Мен соған ұқсаттым. Ендігі сөзімді Халима апамның рухына арнаймын. Мен апамның қолынан қанша шай ішіп, шарап жұтқанымды айтпаймын. Тоқ етерін ғана айтамын. Баян сұлу мен Қыз Жібектей ғашықтардың ендігі Пірі, қайталап айтамын, Баян сұлу мен Қаз Жібектей ғашықтардың ендігі Пірі өзіңіз болыңыз, Халима aпa! Нұрыңыз бейіште шалқып, өлмес рухыңыз о дүниедегі Баян мен Қыз Жібектің қасынан орын алсын! *** Асылхан ӨМІРЗАҚҰЛЫ, қажы, молда Қадірменді Әз ағаң мен Халима апамыздың туыстары! Бүгін, білген адамға, шын мәнінде бір кітапты оқып шыққандай оқиға болып отыр. Біз, енді, молда болғаннан кейін талай өліктің қаралы сәттерін қолымызбен атқарып жүрміз ғой. Бірақ, өз басым, Халима апама арналған мұндай жоқтау жырын ешқашан естіген емеспін. \"Жоқтау жыры\" деп Әз ағаңның апай туралы сөйлеген сөзін де, ол кісіден кейін сөйлегендердің шын жүректерінен шыққан лебізін де айтамын. Сол себептен сіздерден \"үзір\" дейді ғой, үзір сұраймыз. Мына дастарқанның негізгі мақсаты құран оқып, бағыштаумен аяқталуы керек. Сол себептен қазір құран оқылған соң сіздердің тұрып кетпеулеріңізді сұраймын. Құран оқылғаннан кейін апамызды еске алу рәсімін ары қарай жалғастыра беруді сұраймын. Намазшам уақыт жақындап қалғандықтан құран оқиық. Артынан сіздер ары қарай жалғастыра беріңіздер. Амандықта, жақсылықта кездесуге нәсіп етсін. (Құран оқылды.) ***

Дәмелі Дүйсенбайқызы МҮСӘПІРБЕКОВА, Халиманың немере сіңілсі Мен Халиманың немере сіңлісімін. Мен Темірханнан туғанмын. Темірхан, Өзбақан, Өзіхан Қарақаннан туады. Өзбақанның Қалиәкпарынан Халима. Халимашты кішкене күнінде балалар үйіне алып кеткен. Әкелерім іздеп, Семейден табады. Семейдің көк базарында кездеседі. Балалар үйінің шашын қиған қыздары базар аралап, шемішке сатып алып жүреді. Содан әкем көп қыздың ішінен Халимашты шырамытады. — Қарағым, атың кім? — дейді. — Халима, — дейді ол. — Әкеңнің аты кім? — Қалиәкпар. — Шешеңнің аты кім? — Зәукен. — Қағазда кіммін деп жазыласын? — Өзбақанова деп. Одан әкем еңіреп, Халимашты құшағына алады. — Жүр, Аягөзге алып кетемін, — дейді. Халимаш басын шайқайды. — Мен балалар үйінің баласымын. Менің интернаттан басқа туысым жоқ, — дейді. — Интернатың қайда? — Пәлен жерде. Әкем Халиманың интернатына барады. — Қызымызды таптым, алып кетемін, — дейді әкем. Оған интернат басшылары бас шайқайды. — Халиманың шын туысқаны екеніңізді дәлелдейтін жергілікті жерден құжат әкеліңіз. Әйтпесе баламызды біз сізге жетектетіп, жібере алмаймыз, — дейді.

Әкем Аягөзге келіп, құжат жинап, Дүйсен деген інісін ертіп, Семейге қайта барады. Семейге бара жатқан менің әкемнің аяғы сынып, Шар деген стансада қалып қояды. Содан Дүйсен ағамыз Семейге өзі барып, Халимашты алып қайтады. Жолда Шарға соғып, менің әкем Дүйсенбайды екеулеп Аягөзге жеткізеді. Содан Дүйсен аға жұмыс істейтін Мыңбұлақ деген жерге барып, онда біраз тұрады да, Аягөзге келеді. Ол жазғы демалыс кезі екен. Демалыс біткен соң Халимаш: — Интернатымды сағындым, сондағы дос, жолдас қыздарымды сағындым! Мен оларсыз өмір сүре алмаймын !— деп, Семейге қайтып кетіпті. Содан Халимаш Әзекеңе қосылыпты. Оны естігеннен кейін әкем: — Айналайын жолы болсын! Бақыты ашынсын. Барған жеріне балдай батып, судай сіңсін, – деп сырттай бағасын беріпті. Бұл кісімен жолдас болғанына 54 жыл болыпты. Осы елу төрт жыл бойы бірін- бірі сыйлап, бірінің-бірі көңілін қалдырмай тату-тәтті өмір сүріп еді. Менің ішімнен сыр шығармайтын, бір тоға, сондай ақылды адам болды. Халимаш апам Әзекеннің басынан құс ұшырған жоқ. Табанына шөгір кіргізген жоқ. Басынан — күн, табанынан сыз өткізген жоқ. Әз ағаңа лақтырылған таяққа өз шекесін тосты, қанатын кең аурудан, сырқаудан, тілден, көзден сөзден аман сақтады. Одан кейін Әзекеңнің талай жақсылықтары жайынып жатыр елге. Біздің Аягөз еліне де. Аягөз — жеті ағадан қара көк үзілмеген жер. Атақты Баян сұлу апамыздың да сүйегі Аягөзде жатыр. Аягөзден шыққан 17 ақынның ағаты алысқа кеткен. Сол ауданымызда бір үлкен ұлы дүбір той болғалы жатыр. Арғы ағамыз Ақтанберді ақынның тойы. Сол тойға Әзекенді шақырсақ, денсаулығы жарамайды. Аягөзде Мүсәпірбеков деген менің балаларым бар. Солар да көңіл айтып жатыр, Әзеке, Сізге. Қайтыс болғанда жете алмадық. Содан кейін балалар мені қырқына жіберді. Ақтанберді ағамыз өзі ақын, өзі батыр болған кісі ғой. Менің балаларым сол кісінің тұқымдары. Ақтанбердіге арнап үй тіккізгелі жатыр. Егер Әзекең келе алмаса деп, балалар шапан беріп жіберді. — Тойға келгенде де киетін шапаны ғой. Соны апамыздың қырқында жездемізге тапсырып келіңіз, — деді. Міне, сол шапанды иығыңызға жабуға рұқсат етіңіз. Ендігі айтарым: — Сен Баян сұлу апаңның сіңлісі едің, барлық қазақ қыздары саған тартқан саналы болсын, Халима aпa! ***

Темірхан МОМБЕКҰЛЫ, жазушы, Қазақ радиосының әдебиет пен өнер редакциясының меңгерушісі Армысыңдар, тыңдарман қауым?! Бүгін Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың \"Жазушының жары\" деген хикаясын тыңдайсыздар. Бұл хикая \"Халима. Мәңгілік махаббат жыры\" деген атпен \"Жұлдыз\" журналында жарияланған. Бүгін жазушы өзінің жан жары болған Халима туралы толғанысын тыңдармандарға өз аузынан айтып береді. Бұл хикаяның әрі авторы, әрі кейіпкері Әзілхан Нұршайықовты көзқарақты жұрт кеңінен біледі. Әз ағамыз бар өмірін, күресі мен арпалысын, күйініші мен сүйінішін халық мүддесіне арнап, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қаһармандық пен махаббатты, достық пен ынтымақты талмай жырлап келе жатқан тұлға. Қажымайтын, талмайтын, ұзаққа сілтейтін халықтың қадірлі Әзілханы. Өмірді жан- жақты көре білетін, көргенін көркемдеп қағазға түсіре білетін қаламгер. Әзілхан ағаның сүйікті шығармаларының бірі өздеріңіз тыңдағалы отырған \"Халима\" хикаясы. Бұл хикаяда ағамыздың жан жары Халимаға деген мәңгі суымас ыстық махаббаты баяндалады. Қазақ әйелі қандай болуы, оның бойында қандай ұлттық өнегелі қасиеттер сақталуы керектігі айтылады. Шығарма адамдардың қоғам алдындағы, махаббат алдындағы міндеттері қандай екенін жақсы түсіндіреді. Бұл хикаяны тыңдап, кітаптан оқыған адамдардың: \"Шіркін-ай! Менің де жарым Халимадай болса екен!\" деп армандарына сөз жоқ. 2.06.2002. *** 2002 жылы 21 шілдеде Халиманың жылын өткізгенде сөйлегендердің сөздерінен Халиманың жан жары Әзілхан Нұршайықовтың зират басында айтқан сөзі Қымбатты Халима! Бүгін он бес машинаға тиеліп, бір қауым адам Сенің басыңа келдік. Келгендердің ішінде сенің достарың, бауырларың, туыстарың, жақындарың бар. Өзіңмен бірге жетім балалар үйінде, интернатта болған құрбы қыздарың бар. Жақсы көршілерің

бар. Өзіңе ет жақын бөле-бауырың Ғабдісәнә міне отыр. Қасында Мәрияш келінің бар. Сол сияқты балаларың, немерелерің тегіс саған сәлем бере келді. Мінеки, сенің басыңа бүгін ақ отау орнатылды. Екеуміз ең алғаш қосылғанда отауымыз болмаған еді. Бірімізді біріміз жетектеп жүріп, жеті жыл бойы жекеменшік пәтерінде тұрып келдік. Жеті жылдан кейін мені Павлодар облыстық газетіне редактор етіп жібергенде ғана \"өз үйіміз, өлең төсегіміз\" жеке пәтеріміз болып еді. Саған, міне балаларыңның күш-қуатымен бір жылдың ішінде мынадай ақ отау орнатылды. Бұл күмбезді көтеруге балаларың сонау Ақтаудан (Маңғыстаудан) алпыс тонна ақ тас алып келді. Қазақтың қаралы шаңыраққа көмектесу жөніндегі тамаша салты бойынша ағайын, дос, туыстар, бейтаныс азаматтар әркім өз әлінше үлес қосты. Біз оны \"Халима қоры\" деп атадық. Сол қорға қосылған қаражатпен осы күмбезді көтердік. Мен оларға сенің атыңнан да, өз атымнан да алғыс айттым. Мына дос-туыстарың сенің басыңа орнатылған ақ отауға құтты болсын айтуға жиналды. \"Отауыңның іргесі берік, жатқан жері жайлы болсын!\" деп айтуға келді. Сен өзің бар кезінде адамгершілігі үшін, діни имандылығы үшін, дүниеқор еместігі үшін жақсы көрген бауырың Асылхан қажы да ортамызда. Асекең бұрын қағардағы молда болса, қазір қажы атағына ие болған. \"Мен қайтыс болғанда жаназамды Асылхан бауырым шығарсын\" деп едің. Асылхан бауырың сенің жаназаңа қатынасты. Қырқында саған арнап дұға оқыды. Міне, бүгін, жылың өткізілер алдында тағы да дұға оқуға келіп тұр. Ендігі сөзді өзіңе дұға оқуға сүйікті бауырын Асылханға беремін. (Құран оқылады). *** Мұхтар АЙТҚАЗИН, медицина ғылымының кандидаты, дәрігер Бүгін апамыздың күмбезін көріп, қуанып қайттым. Ел қызығарлықтай, қасынан өтіп бара жатқан жұрт қайырылып қарарлықтай дүние болған екен. Өзі жақсы болса, ол кісіге өлгеннен кейінгі көрсетілетін құрмет те күшті болмақ қой. Соның бір мысалын осы күмбезден көріп тұрмын. Маңдайшасына \"Халима күмбезі\" деп жазылса, отаудың сыртқы үш қабырғасының дөдегелеріне Халима есімі үш рет жазылған. Осының өзінің көрушілерге айтар біраз сыры бардай, көрсетер үлгісі бардай.

Апамыздың қырқына сөйлеген сөзімде ол кісінің арғы ағасы Қарахан батырдың Шыңғыс тауының бір бөктерінде ақ бейіті тұрғанын айтқан едім. Енді, міне, Алатаудың иығында Қарахан ағамыздың шөбересі Халиманың ақ күмбезіне жиналып отырмыз. Сендей жақсы қызды дүниеге әкелген халқың аман болсын, Халима aпa! Ендігі сөз құран оқып, қатым шығару үшін Асылхан қажыға беріледі. *** Асылхан ӨМІРЗАҚҰЛЫ, қажы, молда Халима апамыздың жаны жәннатта болады деп айтуымызға толық мүмкіндік бар. Мен пайғамбар немесе көріпкел әулие емеспін. Жәннатта болады дейтін себебім: Расул Алла ғалайссәлем дүниеден өткен адамдардың жәннатқа баратындарының үш белгісі болады деген екен. Бірінші белгісі жан берерде айқайлап, ойбайламау, бақырып-шақырмау болса керек. Тек жаман адамдар ғана айғайлап, ойбайлап өлетін болса керек. Өзін де, өзгені де қинамай жан тәсілімін жасау дейді. Екінші белгісі — өлген адамға жаназа оқылғанда оған жиналған адам ұш саптан аз болмауы керек екен. Ал Халима апамыздың жаназасына жиналған жұрттың көптігі сондай: үлкен аулаға сыймай, арт жақтағылар көшені кернеп тұрды. Үш қана емес, он үш саптан асып, отыз сапқа жететіндей болды. Оны өздеріңіз көрдіңіздер. Ал үшінші белгісі – өлімді мойындау екен. Халима апамыздың бала- шағасымен қоштасып, пәленше сүйегіме түссін, түгенше жаназамды шығарсын деп айтып кетуі үшінші шарттың орындалуы, апамыздың үш шартты да орындауы деп ойлаймын. Ал енді Әзілхан ағамыздың Халима апамыз туралы жазған \"Мәңгілік махаббат жыры\" татулықтың, достықтың, сыйластықтың, махаббаттың нұрыңдай шалқыды. Жұрт бұл тамаша жырды теледидардан тыңдады, радиодан естіді. Бүкіл қазақ халқына үлгі, өнеге болып таралды. Үлгі болды. Бұл дүние жалған. Сондықтан жалған дүниеде адамдар бір-бірімен жағаласпай, тату дос болып өтуі керек. Осының да өнегелі үлгісін Халима апамыздың өмірінен көреміз. Бәріміз де Халима апамыздың ғажап өмірінен үлгі алайық. Сіздің махаббатыңыз, достығыңыз, тату-тәтті өмір кешуіңіз кішіпейілдігіңіз, сыпайылығыңыз, кеңпейілдігіңіз ұлтымыздың ұрпағына дарысын, Халима aпa! (Құран оқылады). *** Мыңбай РӘШ,

ақын Біз университетте оқығанда Мұхтар Әуезов сынды ұлы ұстаздардан дәріс алдық. Бір ғұлама ұстамыз Темірғали Нұртазин болды. Сіз сонау Павлодарда жүргенде, очерктеріңізді оқып, бір күні сабақта бізге былай деген еді: \"Түбінде осы жігіт ең мықты жазушы болып шығады!\". Сол кісінің айтқаны келді. Сіз атақты жазушы болдыңыз. Сіз халыққа керексіз: Халық Сізден тағы да жақсы, жаңа шығармалар күтеді. Халықтың осы үмітін орындау үшін Сіздің берік болуыңыз керек, Әз аға. Халима апамыздың мәңгілік махаббаты Сізге қуат берсін. Асекең қажының жаңағы айтқанындай: апамыздың жаны жәннатта болсын. *** Керейхан АМАНЖОЛОВ, профессор, әскери ғылымының академигі Кей адам өмірден өтсе, артында бітпейтін дау қалады. Енді бір адам өткенде артында береке қалдырады. Біреу балаларына үлгі-өнеге қалдырады. Тағы сол сияқты. Халекең — біздің қадірлі құдағиымыз. Біз құда болғалы отыз жыл болып қалды. Халима құдағидың қолынан талай рет дәм таттық. Береке, бірлігіміз болды бүгінгі дейін. Қазір де төрге шығып, құдағидың бар кезіндегідей отырмыз. Ac қабыл болсын дейміз бүгінгі. Алла риза болсын дейміз. Құдағидың нұры екі дүниеде шалқысын дейміз. Артында қалған ел-жұртына, туған-туысқанына Алла береке, бірлік берсін дейміз. Бала-шағасы, үрім-бұтағы аман болсын дейміз. Құдамыздың дені сау болсын дейміз. Сол жақсылықты бәріңізге де тілейміз. Енді бүгін қаралы күннің ақырғы күні. Қазақтың дәстүрі бойынша бүгін құдамызға шапан жабуға рұқсат етіңіздер. Әрқашан ауырмай-сырқамай, ұлтыңызға қайрат беретін тұлға болып жүре беріңіз, қымбатты құдамыз, Әз аға! *** Ғабдолсәнә САДЫҚОВ, техника ғылымының кандидаты Мен Халима апайдың бауыры боламын. Менің әкем мен Халиманың шешесі бірге туған. Халима апай өмірдегі парызын молынан ақтап, өмірдің неше алуан қиыншылықтарын көріп өткен адам. Бірақ, артында жақсы балалары қалды. Әз ағаң

қалды. Әз ағаң барда Халима апай жоқ деп айта алмаймыз. Сондықтан, Әз аға, Сізге құдай қуат берсін! Балалар бақытты болып, ұзақ өмір сүрсін! *** Мәрияш ЖАҚЫПОВА, медицина ғылымының кандидаты, дәрігер Мен Халима тәтемнің келінімін. Аға мен тәтем баласын ертіп, Павлодардан көшіп келгенде біздің үйге түсті. Он төрт шаршы метр кішкене үйге он адам бірнеше ай бірге тұрғанбыз. Бұрын араласып көрмеген кісілермен қалай бірлесіп тұрар екенбіз деп, мен қысылып жүрдім. Сол уақытта тәтемнің адамгершілігі, сабырлы, салиқалы кісі екенін көрдім. Тәтем өзінің төрт баласын ғана тәрбиелеп қойған жоқ. Оның үстіне біздің екі баламызды да қоса тәрбиеледі. Ғабдол екеуіміз де тәтемнен өнеге үйрендік. Бір рет қабақ шытқанын бір рет те ренішті сөз сөйлегенін көргеніміз жоқ. Ғалым деген кішкене баламызды тәтемнің қолына тастап, мен де қызметке шығып кеттім. Сонда тәтем екі үйдің жанына тамақ жасап, түсте, кешке күтіп отырады. Сонда \"шаршадым\" деген сөз бір рет аузынан шыққан жоқ. Қайта, кейде, жұмыстан ренжіп қайтқанымызда, тәтемнің қасына келгеннен кейін жұмыстағы барлық реніш, қиындығымызды ұмытып кететінбіз. Тәтемде айналасындағы адамдардың жанын жадыратып жіберетін керемет бір қасиет бар еді. Біз тәтемнің сол қасиетін өз жүрегімізге сіңіруге тырыстық. Ал, енді мына жолдасым айтады: өзінің әкесімен тәтемнің шешесінің әкесі Ақмолда деген кісі өте ғұлама ғалым, керемет шипагер болған кісі екен. Шөптен дәрі жасап, емдеп, жазып жіберетін, жоғалып кеткен малды да, адамды да қай жерде жүргенін тауып айтатын ағасына ұқсайтын еді. Бірақ, тәтем бойындағы ондай қасиеттерін жұртқа жариялап айта бермейтін. Үн-түнсіз жүре беретін. Аға көп ауырып жүрді. Тәтем жаны қалмай күтті. Біз тәтем өліп қалады деп ойлағанымыз жоқ, ағадан айырылып қаламыз ба деп қорқушы едік. Тәтем ағаны барлық сырқатынан сауықтырды да, ағаны артына тастап, өзі кетіп қалды.\" Ағаларың өлгенше мен өлейін\" деп маған бірнеше рет айтқаны бар еді. Тәтемнің сол тілегі қабыл болды. Ал, аға, сізге айтарым: – қазақтың ешбір азаматы әйелін сіздей ардақтаған жоқ. Тәтемнің ақ ниетіне Сіздің адалдығыңыз үйлесіп, тәтемнің атын бір жыл ішінде жалпақ жұртқа жайдыңыз. Бұрынғы өткен атақты ғашықтардан асырмасаңыз, кем түсірген жоқсыз. Тәтемнің адамгершілік асыл қасиеттері барлық қазақ әйелдеріне, сіздің тәтеме деген махаббатыңыз барлық қазақ еркектеріне үлгі болғандай.

Балаларыңыз Жанардан бастап, Өзіңіз сан рет шөпілдетіп сүйген, ақырғы сәтіңізді титімдей ернін бетіңізге тигізген тәтті шөбереңіз кішкене Халимаға дейін Өзіңіздей өнегелі, жігерлі, дарынды болсын, ардақты тәте, аяулы тәте! *** Шадыбай АБДУЛЛАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор, академик Құрметті ағайындар! Менің Әзекеңді білгеніме 52 жыл болды. \"Социалистік Қазақстан\" газетінде бұл кісі қызмет жасады. Қазақстанның ең ардақты, қадірлі қаламгерлерімен тізе қосып, еңбек етті. Содан өсті. Әлемге әйгілі болды. Әзекеңнің аса зор атаққа ие болуының себебі Халекеңнің өмір бойы жәрдемі болды. Мен артық айтамын ба деп қорқып та тұрмын. Бірақ, артық болмас. Халекең Әзекеңнің ең бірінші оқушысы, редакторы, ақылшысы болды. Халекең ең алдымен, Әзекеңмен қол ұстасып жүріп, ЖенПИ-ді бітіріп алды. Салт басты, сабау қамшылы қыздар сияқты емес, төрт баламен жүріп бітірді. Институттың әр курсын бітірген сайын Әзекеңе бір перзент сыйлап отырды. Жана айттым ғой \"салт басты қыздар\" деп, сол қыздарының көбінен озық оқып, ойдағыдай диплом алды. Жеке меншікті суық үйде пәтерде тұрғанда бұл кісілердің бірінші баласы Жанарға суық тиіп, өкпесі қабынды. Ол кезде ең күшті дәрі, әрі колға түспейтін дефицит дәрі пенициллин еді. Соны таба алмай Әзекеңдер қатты қиналды. Менің бір таныстарым арқылы (жездем дәріхананың меңгерушісі болатын) әрең тауып, баланы зорға дегенде аман алып қалдық. Сол оқиғаны Халекең өмір бойы ұмытқан жоқ. Мені көрген сайын: \"Жанарымның жанын алып қалған Шадыбайым!\" деп құшақтап бетімнен сүюші еді. Халекеңнің осындай, жақсылықты ұмытпайтын ерекше бір қасиеті болушы еді. Бүгін көрген жақсылығын ертең ұмытып кететін әйелдер аз ба? Ондай еркектер қаншама! Төрт баламен жүріп, институтты жақсы бітіруі Халекеңнің бірінші ерлігі дер едім. Институт бітірген жоғары білімді әйелдер аз ба? Көп қой. Бірақ, солардың күйеулеріне Халима апамыздай көмектескен қайсысы бар? \"Жоқ!\" десем, өтірік айтқандық болмас деп ойлаймын. Дипломды әйелдердің көпшілігі мансапқор болды. Күйеулерімен жарыса мекемеге барып қызмет істеп, қызмет дәрежесін көтеру үшін жанталасты.

Ал Халима апамыз қайтті? Біраз жыл қызмет істегеннен кейін мұғалімдікті тастап, бар өмірін Әзекеңе көмекші болуға арнады. Қазақ ақын-жазушыларының әйелдерінің ішінде күйеуіне Халима апамдай көмектескен ешкім жоқ шытар деп ойлаймын. Біреуге көмектесе білуге де білім, парасат керек. Жеті жасынан жетім қалып, үнемі жоқшылықта өссе де, дүниеқор болмаған. Киім, тамақ, кітаптан өзге ештеңеге көңіл аудармаған. Бар білімін, санасын, қажыр-қайратын балаларын тәрбиелеп, Әзекеңді әлпештеуге жұмсаған және жемісті етіп жұмсаған. Мінеки, Халекеңнің екінші ерлігі деп осыны айтамын! Екеу ғана ма? Жоқ, Халекеңнің будан басқа оттай лаулаған патриоттық ерлігі және бар. Ол Халекеңнің онжылдықты бітіре салып, өзі тіленіп әскерге аттануы. Бұл азаматтық әрі патриоттық ерлік. Жасы он сегізге толар-толмаста Отан қорғау үшін қан майданға құлшынуы осы күні жастардың бойынан табыла қояр ма екен? Әй, – табылмас та. Әрбір әйел осындай үш ерлік жасай берсе, қазақтардың мұртын балта шаппас еді деп ойлаймын! Мінеки, жұдырықтай қазақ, әйелінің осы үш ерлігіне қалай бас имессің?! Қалай тәнті болмассың?! *** Меңсафа ІЛИЯШЕВА, қарт ұстаз Мен де Семейдің қызымын. Халималар №11 қазақ орта мектебінде оқығанда, мен №16 қазақ орта мектебінде оқыдым. 1941 жылы соғыс басталды. Екі мектептегі ұл балалардың бәрі әскерге кетті. Қыздар ғана қалдық. Екі мектепте де бала саны азайды. Оның үстіне әскерден жіберілген жаралыларға Семейден госпиталь ашу керек болды. №11 мектепті госпитальға айналдырды да, қыздарын біздің мектепке әкеліп қосты. Екі мектеп бір мектепке айналды. Мінеки, Халима екеуміз сол 1941 жылдан жолдас болдық. Бірге оқыдық, бірге жүрдік. Ол интернатта жатты, мен ағамның үйінде болдым. Соғыстан кейін Алматыда және табыстық. Менің Халиманы білгеніме 60 жыл болды. 1942 жылы интернаттағы қыз балалардың бәрі өздері тіленіп, әскерге кетті. Халима сондай адамгершілігі мол, жүзі жылы, жүрісі салмақты қыз болды. Қыз болып шошаңдауды, жеңілтектік жасауды білген жоқ. Сол бала күнінен мейірбан, мейірімді еді. Халимамен бір сөйлескенің кісіге қуаныш беретін еді. Алпыс сегізінші жылы біз Семейден Алматыға көшіп келдік. Сонда Халима бізді үйіне шақырып, ерулік берді. Бізбен қоса осындағы Семей қыздары мен ұлдарының

бәрін шақырды. Орынкеш Мысырова жолдасы Жақанмен бірге, Қабдісіләм Есіркегенов бұрын политехникалық институттың ректоры болған, әйелі Меңке екеуі. Осы Ишан Жағыпарова (Ишағыны біз бұрын Ишан деп атайтынбыз), осы Сәки Бекбаева жолдасы Мәуліт марқұм екеуі. Тағы біреулер бар, иә, Ақылбай Насырханов келіншегі Зәрәмен. Сонсоң мен, жолдасым Хамит Аужанов екеуміз. Айтпақшы, Аманов Төлеубай бар, Нұрсипатпен бірге. Айтпақшы, біздің досымыз Мәкен Кәріпжанова күйеуі Әшім екеуі бірге болған. Барлығы жиырма шақты адам. Ерулікке шақырған Халиманың үйінде бас қосып, бәріміз Семейде өткен балалық шатымызды еске түсіріп, мәз-мәйрам болғанбыз. Халиманың ерулігінде болғанымызда Әзекеңнің айтқан әзіл әңгімелері әлі күнге дейін есімде. Әсіресе, \"Қызыл көрпенің\" қызығын тыңдағанбыз. Сол \"Қызыл көрпені\" ақыры \"Махаббат, қызық мол жылдар\" деген романға айналдырды ғой Әзекең. Роман жақсы болып шықты. Жақсы болуына Халиманың көмегі аз болған жоқ. Ол романды бәріміз күйеулерімізбен таласып отырып оқыдық қой. Енді Халиманың өзім аңғарған кейбір қасиеттерін айтайын. Халима ешқашан дүниеқор болған жоқ. Қыз күнінен сондай еді. Дүниесін біреу ұрлап жатса, оған да күйіп-піспейтін. Бір жолғы мейрам қарсаңында мектептің үздік оқушысы ретінде Халимаға көйлектік 5 метр қымбат мата тиді. Ол кезде жақсы матаның атын да білмейміз ғой. Халимаға тиген сол сыйлық матаны өзімен бірге бөлмеде жатқан қыз ұрлап алды. Оның ұрлағанын Халима да, бәрімізде білдік. Білсе де Халима ол қызбен шаңқылдап ұрыс шығарған жоқ. Бар айтқаны: — Өзімнен сұрасаң да мен ол бұлды саған беретін едім ғой, Әсима, — деді. Әсима деген бір судырақ, су жұқпас, сумақай қызымыз болатын. Ұрлаған қыз ол матаны бірнеше күннен кейін қайтып берді, бір жақын үйіне апарып тастаған екен. — Мен ойнап алып едім, — деді ұялмастан. Бірақ, ол матаны Халима қайта алмады. — Сен қызыққан екенсің, өзің ала ғой, — деп Халима қайтып келген матаны ұры қыздың қолына ұстатты. — Өзің қайтесің? — деп біз шу ете түстік.

— Алда тағы да мейрамдар бар ғой. Сонда тағы да бұл тисе көйлек етіп тігіп алармын, — деді. Халима үнемі үздік оқитындықтан отан мейрам сайын, тоқсан сайын сыйлық берілетін. Ол сыйлықтарын Халима дос қыздарымен үнемі бөлісіп отыратын. Ақша тисе \"Киноға барыңдар\" деп қыздарға беретін. Өзі ешқайда бармайтын. Жаңағы ұры қыз не болды дейсіздер ғой? Ештеңе болған жоқ. Ыржалаңдап ортамызда жүре берді. Егер Халимадан басқа біреу болса, ол қызбен шаштан жұлысып, шаңқылдасып ұрысар еді. Одан кейін оны комсомол жиналысына салғызар еді. Немесе директорға шатым жасап, ұры қызды оқудан шығартуға тырысар еді. Халима өйтпеді. Оның осындай мінездері дос-жолдастарының арасында беделін арттыра түсті. Мен де әдебиет мұғалімі болдым ғой. Әдеби образ дегеннен хабарым бар. Образ оймен жасалады. Жазушы бас кейіпкердің жағымды бейнесін жасау үшін оның басына барлық жатымды қылықтарды үйіп-төгеді. Ал Халиманың тұла бойы тұнып тұрған образ еді. Оған ештеңе қоспай-ақ жүріс- тұрысын, мінез-құлқын сол қалпында айтып берсе, образдан әлдеқайда артық болып шығар еді. Біз, оның достары, Халиманы өлгенді өтірік мақтайтын әдетпен мақтап жатқанымыз жоқ. Қанша мақтасақ та бойындағы бар асыл қасиеттерді айтып жеткізе алмай жатырмыз. Сенің асыл бейнең біздің жүрегімде жүреді, Халима! Тағы бір мысал айта кетейін. Халималар әскерге алынғанда бүкіл мектеп болып, оларды эшелонға шығарып салдық. Майданға кетіп бара жатқан кейбір қыздар маған кінә қойды. — Сен ағаң обком секретарь! болғаннан кейін бізден бөлініп, үйде қалып барасың ғой. Бізді шығарып салуға не бетіңмен келдің? — десті. Менің ағайым Рымбек Ілияшев ол кезде облыстық партия комитетінің екінші секретары болатын. Пойыз қозғаларда олар маған қолдарын да бермеді. Халима өйткен жоқ. Қасыма келіп, өзі қолын ұсынды. Содан кейін бетімнен сүйді. Мен оны құшағыма алып, еңіреп жылап жібердім. \"Жылама\" деп Халима көзімнің жасын сүртті. Қызыл вагонды эшелон ырғала қозғалып, достарымды алысқа алып кетті. Менің ішім удай ашып, олардан қалып қойғаныма өкіндім.

Менің денсаулығым жақсы еді. Ал Халима сырқатын сездірмей, қыздарға бас болып, майданға кетті. Оның жүрегіндегі патриоттық сезім менікінен әлдеқайда күшті екен! Әскерге негізінен балалар үйінің қыздары ғана кетті. Әке-шешелері бар қыздар қалып қойды. Солардың бірі болып, Халиманың затын ұрлаған Әсима да үйде қалды. Біздің бірсыпырамыз, Сәки екеуміз сияқты, ақсақалдарымызды алдыға салып, алдақашан \"жұтып\" алдық. Ал сен Әзекеңді артқа тастап, барар жерге бұрын кеттің, баяғы майданға кеткеніндей. Бұл да сенің ақылдылығың ғой, Халима! Сен артыңа төрт бала, бес немере, бір шөбере қалдырдың. Қазақтың әр әйелі артына осындай ұрпақ, үлгі, өнеге қалдырса, ұлтымыз өсіп, үнжыртамыз жоғары болар еді. Ұрпағың, өнегелерің өркен жайып, өрістей берсін, қымбатты дос, қадірлі Халима! Ал енді Әзекең туралы бір ауыз сөз айта кетейін. Бәріміз де күйеуімізді құрметтедік қой. Олар да бізді жақсы көрген шығар. Бірақ, біз бұрын өлсек тірі қалған күйеулеріміз бізді, Халиманы жоқтаған Сіздей жоқтай алмас еді. \"Қатын өлді — қамшының сабы сынды\" деп жүре берер еді. Жанталасып, жаңа \"қамшы\" іздер еді. Ал енді сіздің Халиманы жоқтауыңыз ұлтқа өнеге болғандай болды. Мен өзім қазақ теледидарының \"Ақжүніс\" бағдарламасының бірде-бір хабарын бос жібермеймін. Көріп, тыңдап отырамын. Сонда Сіздің Халима туралы сөзіңізді тыңдағанда төбем көкке жеткендей болды. Мың рахмет Сізге. Бәріміз де бұлаңдап өстік. Жігіт таңдадық. Жігітіміз сұлу, сымбатты, бойшаң болса екен дедік. Халима, сен сұлу едің, көрікті едің. Қандай керемет жігіт болса да, сен көңіл құрығын салсаң, ешқайсысы тырп етпес еді. Сол көп сымбатты жігіттердің ішінен сенің көзге қораш, бойы да биік емес, шынашақтай Әзекенді таңдай білгеніңе таң қаламын. Бұл да Сенің саралығың еді, Халима! Енді сен сүйген, Сен ғана емес, бүкіл қазақ халқына сүйікті болған жан жарын — Әзілханың — Әзекең аман болсын, Халимам! *** Сәки БЕКБАЕВА, қарт ұстаз Мен қатты толқып тұрмын. Халима туралы жай сөз айту жеткіліксіз. Халима туралы тек дастан түрінде ғана жырлау керек. Ол дастанды Әзілхан, құдайға шүкір, жеткізіп жатыр.

Халиманы мен интернатта сіңлім етіп, бауырыма басып жүрдім. Халима әскерге кетті. Мен кәрі әке-шешемнің қасында қалдым. Соғыс біткеннен кейін хат жазысып тұрдық. Мен мектептің директоры едім. Қасыма шақырдым. Ол келді. Бір мектепте бес қыз бірге қызмет істедік. Халима мен Әзілхан арасындағы махаббат керемет күшті болды. Екеуінің жазысқан хаттарын оқып, біз есіміз шыға тәнті болдық. Ол хаттар қазір Әзілханда бар шығар деп ойлаймын. Біз махаббат дегеннің не екенін осы екеуінің хаттарынан түсіндік. Сонда біз жиырмадан асқан қызбыз. Махаббат дегенді естігеніміз болмаса, оның қандай екенін мүлде білмейтінбіз. Қыз бен жігіт қосылып, семья құрса, сол махаббат шығар деп ойлайтынбыз. Жоқ, олай емес екен. Махаббат жан-тәніңмен біріңе бірің берілу екен. Сүйгеніңді ойламай, оның атын атамай тура алмау екен. Суықбұлақ стансасымен іргелес қазақ ауылы ғой біздің тұрғанымыз. Ауыз үй, төр үй деген екі бөлме ғана болады. Ауыз үйде қозы, лақ тұрады. Төрге бөлмеде адамдар тұрады. Кәрі әкемнің бір бұрышта биік төсегі бар. Шешем қайтыс болған. Бәйкен деген ағам мен Күләнда деген жеңгем төрде, жер төсекте жағады. Ал екі мұғалім Халима екеуміз үйдің екінші жақ қабырғасындағы темір керуетте жағамыз. Сонда Халиманың түнде түсінде Әзілханды көріп, сан рет атын атап жатқанын естідім. Түсінде болса да екеуі сөйлессінші, бірге болсыншы деп, мен Халиманы оятпадым. Таңертең тұрғанда: — Халима, сен түнде түс көрдің бе? — деп сұраймын одан. — Иә, — дейді ол. — Кімді көрдің? — Әзілханнан басқа мен кімді көруші едім, — дейді ол. Халиманың Әзілханға деген махаббатын мен сонда көрдім. Алматыдағы университетте оқып жүрген Әзілханнан хат кешігіп қалса, \"не боп қалды?\" деп жаны қалмайтын. Әзілханның соғыста жазған хаттарын жылап отырып оқитын. Әзілханның соғыс кезінде жазған хаттарының бірін де жоғалтпай, жинап жүріпті. Кәрі адамдар Құранды қандай құрметтейді, қасиетті кітап деп ең жоғарыға қояды. Ал Халима Әзілханның жазған хаттарын Құраннан кем көрмейтін. Халиманы біздің ауыл тегіс жақсы көріп, төбесіне көтеріп әкетті. Өзі сүйкімді, өзі шебер, қолынан келмейтіні жоқ. Көршілердің бәріне көмектесе салады. Тіпті бір көршіміздің шүйкесін ұршықпен иіріп, жіп етіп бергені есімде. Үлкендерге сыйлы болуы өз алдына. Ал ауылдағы балаларға тегіс орыс тілін үйретіп, бәрін мәдениетке баулыды. Халиманы ауыл \"Мәскеуден келген мұғалім\" деп атайтын. Десе дегендей, Халима ауылға Мәскеу мәдениетін дарытуға тырысты. Оған қолы жетті де белгілі дәрежеде.

Қырық алтыншы жылдың жетінші қарашасы қарсаңында Халима екеуміз Алматыдағы Әзілханды қонаққа шақырдық. Ұсынысты мен жасадым. Халима ішінен қатты қуанды, бірақ, білдірген жоқ. — Сонда Әзілханды жұртқа біздің кіміміз деп айтамыз? – деді ол ойланып. — Сенің нағашың, жиенін көруге келіпті дейміз, – дедім мен. Сонымен қойшы, Алматыдан Халиманың \"нағашысы\" келді. Жұртқа солай хабарланды. Мектепте Қазан төңкерісінің мейрамына арналған салтанатты жиналыс болмақ. Біздің ауыл адамдарының жартысы қазақ, жартысы орыс болатын. Баяндаманы орыс тілінде жасауға ұйғарғанбыз. Өйткені қазақтардың бәрі орысша біледі. Баяндамашыға орыс тілінің оқытушысы, ауылша айтқанда \"Мәскеуден келген мұғалім\" Халима тағайындалған. Мен мектептің директоры болғаннан кейін жұртты қарсы алуға ертерек мектепке кеткенмін. Менің артымнан баяндамаға белгіленген уақыт таянғанда Халима мен Әзілхан келмек болатын. Жиналыс басталатын уақыт жақындап қалды. Бірақ, баяндамашы жоқ. Онсыз жиналыс бастауға болмайды. Екі өкпемді қолыма алып, үйге қарай жүгірдім. Келсем \"нағашы\" мен \"жиен\" екеуі біріне-бірі телміре қарап, үңіліп, үздігіп өліп отыр. Құшақтасып, сүйісу деген жоқ. Ол кезде сүйісу деген салтта жоқ еді ғой. Бірінің-бірі шаштарын қайта-қайта сипалай береді. Күбір-күбір сөйлеседі. Не айтып отырғандары белгісіз. Үйдің ішін біреу көшіріп әкетсе білетін емес. Менің есік ашқанымды да естіген жоқ. Мен ентігіп келіп: — Ойбай-ау, неғып отырсыңдар? Тез жүріңдер, жиналыс басталатын уақыт өтіп бара жатыр, – дедім сағатымды көрсетіп. Сонда ғана олар сасқалақтап, отырған орындарынан атып тұрды. Қос ғашықты жетелеп, жиналысқа да жеттім-ау әйтеуір. Әшейінде жай сөйлейтін Халимаш сайрап бір берсін баяндама жасап, қағазға қарамайды. Оқиғаның ай, күн, жылдарын жатқа соғады. Жұрт қатты риза болды. Халиманың лаулаған сөзін тыңдай отырып: \"Махаббаттың күші осындай болады екен-ау!\" деп ойладым ішімнен. Халиманың қоғамдық қызмет дегенде жаны қалмайтын еді. Интернатта жүргенде пионер отрядының вожатыйы болды. Мектеп комсомол ұйымының бюро мүшелігіне үнемі сайланатын. Қабырға газетінің суреттерін салатын. Комсомол ұйымы қандай тапсырма берсе де, орындаудан бас тартпайтын. Басқамыз қоғам жұмысынан қашқақтай беретінбіз.

Сол кезде САУЖОЙ деген болды. Сауатсыздықты жою деген сөз. Сол уақыттың үлкен ұраны болатын. Біздің мектепке де Семейдің бір көшесі бөлініп берілді. Степной көшесі ме екен, есімде жоқ. Сол көшеге жоғарғы кластардан үздік оқитын ересек оқушылар бөлініп, хат білмейтін қараңғы тұрғындардың сауатын ашуға жіберілетін. Сол көшедегі 5 үй Халиманың қарамағына берілді. Ол сол кезде сегізінші класта оқитын. Халима тынбастан сол үйлерге барып, тілдері қатып кеткен, қолдары қарындаш ұстауға әрең келетін кемпір-шалдарға әліппе үйретіп жүрді. Бір күні \"шәкірттеріне\" қарай кетіп бара жатқанда көшеде қабаған ит кездесіп, Халиманы қауып алыпты. Халиманың бір санының ішкі жатының терісін интернатқа келді. Барлық қыздар шыж-быж болдық. Жетелеп дәрігерге апардық. Дәрігер жарасын танып, жазылғанша үйден шықпауды қадағалап айтты. Үйден шықпау қайда?! Халима ақсаңдап жүріп, сабақтан да қалмады. Кемпір- шалдарды оқытуға да барып жүрді. Біз оған: — Тым болмаса \"саужойыңа\" барма! — дедік. Ол басын шайқады. — Мен сабақ үйрететін қариялар өте жақсы кісілер. Олар да мені жақсы көріп кетті. Енді оларға көрінбей кетуім ұят қой. Өзіме жүктелген тапсырманы орындамау комсомол комитетінен де ұят! деді. Халима ҰЯТ мәселесін ең жоғары қоюшы еді. Ақсаңдап жүріп, өзіне берілген үйлердің кемпір-шалдарына қара танытып шытарды. Біз оны көпке дейін әзілдеп, \"ақсақ мұғалім\" деп атап жүрдік. Халиманың ҰЯТ дегенді жоғары сатыға қоятыны сондай, жоғарыда айтылған жиналысқа сәл кешігіп келгеніне көпке дейін елден ұялып жүрді. Сол жиналыста да, одан кейін де ауыл адамдарынан кешірім сұрап жүрді. Халиманың осы кешірім сұрауының өзін ауыл адамдары үлгі ретінде қабылдады. — Неткен өнегелі қыз! — деп олар Халиманың сыртынан тамсанып жүрді. Жұрт тамсанса, тамсанғандай еді ғой, Халима айналайын. Осы ҰЯТ деген сөз Халиманың алтын туы еді. Осы туды Халима өмір бойы аспандата ұстап өтті. Қазір айтқанын орындамайтын, орындамағанына ұялмайтын адамдар көп қой. Халима сабақтан бір минут кешікпейтін. Айтқан уәдесін бұлжытпай орындайтын. Тек сол күні ғана, жоғарыдағы жиналысты айтамын, сәл ғана кешігіп қалды. Онда да тоғыз жыл бір-біріне ғашық болған Әзілханмен сатына көріскен сәті ғой. Қайтсін!

Махаббат маздағанда қоғамдық қызмет естен шығып кететінін мен сол күні сездім. Әлгі әңгімеме қайта оралайын. Сол Семей иті қапқан теңгедей тыртық Халиманың санында өмір бойы қалып қойды. Халима алғаш Мәскеуден қайтып келгенде оның сол тыртығын тағы да көзіммен көрдім. Оны Әзілхан да көрген шығар деп ойлаймын. Осыным рас па, Әзеке? Дауыс: — Халима маған жалаңаш денесін көрсетпейтін еді. Ұялатын. Бірақ, бір жолы, осы әңгімесін маған айтқаннан кейін ғана санындағы тыртықты көрсетті. Мен сипайын деп едім жаным ашып, ол алақанымен жаба қойды. Осы айтқаныңның бәрі рас, дос Сәки. — Рас болса, ар жағын тыңда. Сол \"сауатты\" кемпірлердің Халимаға бауыр басып кеткендігі сондай, кейбіреулері интернатқа іздеп келіп, үйлерінде өткен той тағамдарынан Халимаға сыбаға, сарқыт әкеп беріп жүрді. Біз оны \"ақсақ мұғалімнің жалақысы ғой!\" деп жапырлай жеп алатынбыз. Ол кезде \"гонорар\" деген сөзді білмейтінбіз. Білсек: \"Халиманың гонорары!\" дейміз ғой. Тіпті сол кемпірлердің бірі Халиманы бала етіп алмақшы болды. Аягөзде аталас туыстарында қалмаған Халима бөтен кемпірге бала бола ма? Барған жоқ. \"Жақсыдан — шарапат\" деген рас. Әзілханның Халимаға осы келіп-кетуінің арқасында мен де жақсы жарға ие болдым. Әзілханның жан жолдасына күйеуге шықтым. Төрт бала көрдім. Егер Халима менің қолымда болмаса, Әзілхан оған келмесе, мен Мәуліттей жар табар ма едім, таппас па едім, оны бір Құдайдың өзі біледі. Әзілхан мен Халиманың ешбір жанда жоқ жалынды махаббатының куәсі болдым. Шын махаббат ешқашан өшпейді екен. Өшпейтіндігінің белгісі Әзілханның күні бүгінге дейін Халиманы жоқтап келе жатқаны. Талай жазушы болды. Талайы жарларынан айырылды. Бірақ, дәл сен сияқты күңіреніп, ішкі шерін шығарған ешкім жоқ. Мен саған бүкіл қазақ әйелдерінің атынан алғыс айтамын, Әзеке. Халиманың маған бір айтқан әңгімесі өмір бойы есімен кетпейді. Сол айтқаны есіме түссе, жылағым келеді. 1932 жылғы аштықта Халима әке-шешесінен айырылып, жетім қалған ғой. Бір үйлі жаннан 5 жасар Ханымхан деген сіңлісі екеуі ғана қалған. Басқа төрт адам түгел опат болған: әкесі мен шешесі, бауыры мен бір сіңлісі. Өзі жеті жаста. Оларды басқа жетімдерге қосып, Аягөз стансасынан Семейге қарай жөнелтеді. Аштық қуалаған бір үйлі жан Абай ауданындағы Құндызды деген жерден ауып келіп, Аягөзге тақаған екен. Бірақ, Аягөзге жете жығылған ғой бәрі.

Семейге келгеннен кейін оларды Жаңасемейде поезден түсіреді. Жетім балалар үйіне орналастырады. Бірінің қолындағысын бірі тартып жеп жүрген ылғи аш балалар ғой. Кішкентай Ханымханның қолына тиген бір жапырақ нанды жұлып әкете береді. Тура ұмтылса, ол құлар кішкентай баланың азығын ауыздарына тығып кеп жіберіп, бір-ақ қылқиды. — Міне, жоқ, — деп алақандарын жаяды. Олардың өңешінен өтіп кеткен нанды Халима зорлықшы баланың аузына қолын тығып, тартып ала алсын ба? Ала алмайды. Жылап отырған сіңлісін жұбатып, оған өз нанының жартысын, кейін бүтіндей беріп, өзі аш жүреді. Сөйтіп, бір құрсақтан шыққан кішкентай сіңлісін қорғайды ғой Халима. Ол кезде балалар мектепке сегіз-тоғыз жастан барады. Күзде балалар үйіндегі жетім балалар мектепке оқуға тартылады. Халиманың бірінші класқа алуға жасы толмайды. Жасы толмаса да Халима мектепке баруын қоймайды. Орын болса біреудің қасына отырады. Болмаса түрегеп тұрады. Тумысынан зерек Халима мұғалімнің кластағы балаларға айтқандарын қолма-қол қатып алады. Қара тақтаға жазған әріптерді де тез меңгере бастайды. Мұғалімнің әріптеріне ұқсатып, бормен айтқан әріптерін тақтаға жазып та береді. Сөйтіп, он шақты күн жүреді. Оның зеректігін таныған мұғалім жасы кіші болса да Халиманы бірінші класқа алады. Дәптер, қарындаш береді. Қолына оқулық кітаптарын салған сөмке ұстатады. Заңды оқушы болады. Осыған өзі қатты қуанып, құлшына оқып жүреді. Ал бес жасар сіңлісі жатақханада қалады. Өзі сияқты төрт-бес жастағы балалардың ортасында ойнап жүреді. Халима бір күні сабақтан келсе, сіңлісі жоқ. Шарқ ұрып іздейді. Сөйтсе оны мектепке бармайтын жасы кіші балаларды тәрбиелейтін басқа балалар үйіне алып кеткен екен өзі сияқты кішкентай балалармен бірге. — Сіңлім қайда? — деп Халима зар қағады. — Осылай да, осылай, — деп тәрбиешілер оған түсіндіре бастайды. — Өзі құралпас балалармен бірге болады. Сен оған барып тұрасың, — дейді. Халима оған көнбейді. — Сіңлімді тауып беріңдер, — деп жылап отырып алады. — Маған сіңлімді көрсетіңдер, — дейді. Тәрбиешілер Халиманы ол балалар үйіне ертіп барып, сіңлісін көрсетуге уәде етеді. Олар әне апарамыз, міне апарамыз деп, қолдары тимей, 4-5 күн жүріп қалады.

Содан кейін Халима сабақта отырып ағыл-тегіл жылайды. Көзінің жасын тия алмайды. Мұғалім уатып, неге жылағанын сұрайды. Халима оған өксіп отырып, сіңлісінен айырылып қалғанын айтады. \"Оны көргім келеді\" дейді. Мұғалім жаны ашып, баланы басынан сипайды. Алақанымен көзінің жасын құрғатады. — Жылама, айналайын. Бүрсігүні демалыс болғанда ол балалар үйіне сені өзім ертіп апарып, сіңліңді көрсетемін. Ол қазір томпаңдай жүгіріп, ойнап жүрген шығар, — дейді. Халима мұғалімнің бұл сөзіне қуанып қалады. Мұғалім айтқанындай демалыс-жексенбі күні Халиманы қолынан жетектеп, сол Жаңасемейдегі мектеп жасына жетпеген кішкентай балаларға арналған балалар үйіне ертіп барады. Балалар үйінің директорына кіреді Халимамен бірге. — Осылай да осылай, — деп мұғалім директорға Халиманың жайын айтады. Детдом директоры үстелінің үстінде жатқан дәптерді ашып: \"Фамилиясы кім?\" деп сұрайды. — Өзбақанова Ханымхан, — дейді мұғалім Халимаға қарап. Ол басын изейді. Директор дәптердегі шұбатылған тізімді қуалай қарап отырады да, бір бетті саусағыммен нұқып, ұстап басын шайқайды. — Жоқ. Ол бала осыдан екі күн бұрын қайтыс болған, дейді. \"Өлді\" деген сөзді естіп, жұдырықтай Халима еңіреп қоя береді. — Ол өлген жоқ, маған сіңлімді көрсетіңдер, — деп ботадай боздайды. Амалсыздан директор Ханымханның тәрбиешісі болған әйелді шақырып алып: — Мына кісілерге кеше қойылған қыздың зиратта жатқан жерін көрсетіп келіңдер, — деп өлген балалар тізіміндегі Халиманың сіңлісінің аты-жөнін саусағымен түртеді. Тәрбиеші оларды балалар үйіне іргелес зиратқа алып барады. \"Ханымхан Өзбақанова. 5 жаста\" деген жазуы бар қабір басына қойылған тақтайшаға жазылған жазуды көрсетеді. Оны мұғалім Халимаға дауыстап оқып беріп:

— Сенің сіңліңнің аты-жөні осылай емес пе? – дейді. Халима басын изейді. — Онда сенің сіңліңнің өліп қалғаны рас. Өлген адамды осылай жерге көміп, үстіне топырақ үйеді, — дейді мұғалім оқушысын бауырына тартып. Халима бұрын өлген адамды көмгенді көрмеген ғой. Сондықтан ол топырақты құшақтап, шыңғыра жылап қоя береді. Өксігін баса алмайды. — Ханымханым-ау! Ханымханым-ау! — деп еңірегенде етегі жасқа толады. Мұғалім мен тәрбиеші екеуі баланы кезек-кезек құшақтап, уатып, бәйек болады. Оны зират басынан тезірек әкетуге тырысады. — Жоқ, мен ешқайда бармаймын. Ханымханның қасында қаламын! – деп одан сайын жылайды Халима. Екі үлкен кісі баланы екі қолынан жетектеп, әрең дегенде зират басынан алып қайтады. Жолда мұғалім тәрбиешіден Ханымханның қалай қайтыс болғанын сұрайды. Ханымхан жаңа балалар үйіне әкелген күннен бастап, жылаудан көзін ашпайды. — Әпкем қайда? Халима қайда? Маған оны тауып беріңдер! — деумен болады. Сөйтіп, тамақ ішпестен бірнеше күн бойына төсек астында жатып алады. Тәрбиеші көтеріп оны төсектің үстіне жатқызса, ол: — Мен Халимасыз төсекке жатпаймын! — деп сырғанап түсіп кетеді. Жылаудан сілесі қатып, берген тамақты ішпей, аштықтан бұралып, қайтыс болады. Содан Халима қыс түскенше көрші балалар үйінің қасында, зиратқа барып, сіңлісінің аты жазылған тақтайшаны сипап, жылап-жылап, өз детдомына қайтып жүреді. Қасына ешкімді ертпей, жалғыз барады. Қар жауып, қыс түскен кезде бара алмайды. Алғашқы қыста балалар үйінің балалары аяқкиімсіз шығады. Аяқкиім жетіспейді. Оның үстіне әлді балалар әлсіздердің киімін тартып алады, не ұрлап әкетеді. Халима өзіне тиген аяқкиімнен айрылып қалғандықтан, ақ қар, көк мұзда жалаңаяқ жүгіріп, мектепке барып жүреді. Бір күн сабақтан қалмайды. Басқа кейбір балалар аяқкиім жоқтығын сылтауратып, мектепке бармай қояды. Халима оларға күн сайын оқыған сабатын айтып, үйретіп отырады.

Сол ақ қар, көк мұзда жалаңаяқ сабаққа барып жүргендіктен Халима кішкентайынан, өкпе ауруына шалдығады. Бірақ, ауырса, да, сабақтан қалмаймын деп класта отырып алады. Бір жолы сегізінші класта оқып жүргенімізде Халима қатты ауырды. Температурасы 39-40 градусқа жетті. Сонда да ол сабаққа барды. Ғифат Баймұратова деген қос бұрымы өкшесіне түскен жақсы мұғаліміміз бар еді. Сол кісінің екі беті алаулап отырған Халимаға көзі түсті. — Өзбақанова, сен ауырып отырған жоқсың ба? — деп, сұрайды бірден мұғалім. — Жоқ, мұғалім, менің температурам ылғи жоғары боп жүреді, — деді Халима. Мұғалім орнынан тұрып, қасына келді де, Халиманың мандайына алақанын тигізді. — Қарағым-ау, күйіп тұр ғой маңдайың. Бар, тез санчастка бар, деді мұғалім орнына отырып жатып. — Жоқ, мұғалім, бармаймын, — деді Халима. — Бекбаева, Мысырова, екеуің орындарыңнан тұрып, Өзбақанованы дәрігерлік пунктке апарыңдар, — деді мұғалім. Интернаттың дәрігерлік пункті болатын. Біз орнымыздан атып тұрып, Халиманы екі қолынан тарттық. Ол тырмысып, орнынан тұрмай қойды. Содан кейін мұғалім апамыз өзі Халиманың қасына қайта келіп, орнынан тұрғызды да, бізге қосып қоя берді. Қар кетіп, жаз шыққаннан кейін Халима сіңлісі жатқан зиратқа тағы да барады. Барса, Ханымхандікі сияқты төмпешіктер көбейіп кеткен. Кейбірінің басында қалақша бар, кейбірінде жоқ. Ханымханның басына қойылған тақтайшаны Халима таба алмайды. Таба алмаса да тақтайшасы түсіп қалған қабірлерді титтей алақанымен бір бір рет сипап өтеді. Солардың біреуі Ханымхандікі шығар деп ойлайды. Мінеки, Халиманың осы әңгімесі өмір бойы есімнен қалмайды. Жаңасемей балалар үйінін іргесіндегі зиратқа қойылған Халиманың кішкентай сіңлісі Ханымханның жатқан орны сол зират қазір жер болып кетті. Байғұс баланың басына қойылған тақтайшаны да алғашқы қыста-ақ, жел ұшырып әкетсе керек. Аштық құрбаны болған ол кішкентайлардың қазір аты-жөндерін де ешкім білмейді. Бір кезде бауырының жатқан жерін іздеп, зираттағы әр қабірдің басына бір барып, екі етегі жасқа толып еңіреген Халиманың басына ақ күмбез орнатылыпты.

Ақ күмбезін ешқашан құламасын, Халима! Ақ махаббаттың асыл белгісіндей болып, Өзіңнің ақ жүрегіңнің пәк жүрегіңнің мәңгі сөнбейтін алауындай болып, ақ басты Алатау шыңында мызғымай тұрсын, айналайын! *** Зейнеп ҚАНАПИЯНОВА, Ұлы Отан соғысында опат болған жауынгер Баймолда Қанапияновтың қарындасы, Халиманың өкіл қызы Менен бұрын сөйлеген апайлар сияқты мен Халима тәтеммен бірге оқып, қағар өскенім жоқ. Апайлардың естеліктерін тебірене тыңдадым. Ал мен тәтемді сексен төртінші жылдан бастап білемін. Жиырма жылға жуықтап қалды. Менің туған ағам Баймолда Қанапиянов Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетті. Жанында бірге болған бір жолдасын. Әкем соғыстан жазған командир ағаңның қаралы хабары туралы хатын анда- санда маған оқытатын еді. Ол хатта Баймолда ағаның анық қайтыс болғанын, оны өз қолымен көмгенін Әзілхан Нұршайықов деген аға анықтап айтқан. Бірақ, ол хатты маған қанша оқытса да сенбеді. Қайта қайта әкеме оқып бергеннен кейін ол хатты жазған Әзілхан ағаның аты-жөні менің есімде сақталып қалды. Әкем оз сенімін өзгертпеді. Сөйтіп, өмірден өтті. Қайтыс боларында: \"соғыстан келген Баймолда аты жазылған сол хатты ақыретіме орап, менімен қоса көміңдер\" деп өсиет етті. Біз айтқанын орындадық. Басқаларымыз да, менің Баймолдадан кейін туған Шайық деген ағам бар, сол кісі бәріміз Баймолда ағадан бір жолға күдер үздік. \"Шіркін-ай, ағаның не өлгені, не хабарсыз кеткені, не тұтқынға түскені туралы военкоматтан бір жапырақ қағаз болмады-ау\" деп өкіндік те қойдық. Жылдар өтіп жатты. Әкем тірісінде баяғыда біз сонау соғыстан хат жазған, аты- жөні менің ойымда жүрген кісінің мақалалары,кітаптары бірінен соң бірі шығып жатты. Бірақ, анық сол кісі екенін білмейміз. Аттас басқа біреу шытар деп те ойлаймыз. Сол аты таныс кісінің \"Махаббат, қызық мол жылдар\" деген кітабын жабыла оқыдық. Сүйсіндік, жыладық. Мектебімізде оқушылар конференциясын өткіздік. Бұл автордың беделі барған сайын арта берді. Одан кейін \"Ақиқат пен аңыз\" деген кітабы және шықты. Ол кітапты соғыс туралы болғандықтан мен әкеме бастан аяқ оқып бердім. Әкеме кітап авторының фамилиясы Баймолда аға туралы соғыстан хат жазған кісінің аты-жөніне ұқсайтынын айттым.

Әкем: — Ендеше, сен сол кісіге барып кел. Баймолданы біле ме екен, сұра. Білсе, қонақ етіп үйге шақыр, мен ол балама бағамды берейін, — деді. Мен ол кезде Алматыда оқып жүрегімнің. Атақты жазушының үйіне баруға батпадым. Менімен сөйлеспейтін шығар. Үйіне кіргізбейтін шытар деп ойладым. Бір жолы сол ағаның \"Тоғыз толғау\" деген кітабы қолыма түсті. Баяғы әкеме хат жазған кісінің кітабы болғандықтан, өзім солай деп ойлайтынмын, бұл кітапты да оқып шықтым. Оқып шығып, ал кеп жыла. Қалай жыламайын: Баймолда ағам жоғалып та кетпепті, жау қолына тұтқын да болып түспепті. Жау танкімен шайқасқан бір соғыста Әзілхан ағаның қасында тұрғанда снайпердің оғына ұшыпты. Қырық жыл жоғалып кеткен ағамның аты кітап ішінен шықса, қалай қуанбайын, қуанғаннан қалай жыламайын?! Содан кейін белді бекем буып, Асқар деген жеті жасар ұлымды қасыма ертіп, Алматыға тарттым. Талдықорғаннан автобуспен келіп, алдымен Жазушылар одағына кірдік. Ол жердей Әзілхан ағаның әдірісін, телефонын сұрап алдық. Мир көшесімен жоғары өрлеп келе жатырмыз. Ол кезде ағалар Мир көшесінде тұратын. Қазір Бейбітшілік көшесі деп ағалады ғой. Ішім алай-дүлей. \"Әзілхан аға үйде бар ма екен? Жоқ болса, жеңгей бізді үйіне кіргізе ме? Есігінен де қаратпай қуып жібермей ме?\" деп ойлаймын. Жүрегім лүп-лүп соғады. Бірақ, жазушы ағаның үйіне бірден баруға бата алмадым. Алдымен көшедегі автоматтан телефон соқтым. Трубкадан \"Иә\" деген әйел дауысы естілді. Сәлем бердім. — Өзің де сәлеметсің бе, қалқам? — деді жаңағы дауыс. Барқылдап-шарқылдаған сүйкімсіз, тәкаппар дауыс емес. Жібектей жұмсақ, мамықтай майда үн. Әсіресе, танымайтын кісіге \"қалқам\" деп сөйлегені жүрегімді жібітіп, үмітімді күшейткендей болды. — Бұл Әзілхан ағаның үйі ме, апай? дедім содан соң. — Иә, айналайын. — Ол кісі үйде ме? — Үйде жоқ. Бірақ, қазір келеді. Шаруаң бар ма еді? — Бар еді, апай. — Бар болса үйге кел. Біздің әдіріс мынадай: Мир көшесі, 159 үй, 21-пәтер. Ортадағы подъездің екінші қабаты.

Апай үйге кел деп тұрса да мен қуанғанымнан: — Баруға бола ма? — деппін. Апай күлді. — Неге болмасын? Кел, қалқам, — деді. Есікті апайдың өзі ашты. Орта бойлы, аққұба өнді, жүзі жарқын, жымиысынан жылу шашып тұрған кісі екен. Бетіңе бақырайып, бажырая қарамайды. Қоңырқай қой көзінің сәулесін шаша ұлым екеуміздің бетімізді биязы шолып өтті де, бізді төрге шығуға шақырды. — Өзіңді жалғыз келген екен десем, қасында кішкентайын бар екен ғой, — деп Асқарды басынан сипады. Біз төрге шығып, жайғаса бергенде есік қоңырауы қайта шылдырады. Әзілхан ағаның өзі екен. Әзілхан ағаны құшақтап, мен жылап жібердім. Баймолда ағамның өзін көргендей болып, егіліп кеттім. Содан кейін ағай мен жеңгейге жайымды айттым. Жайымды айтқаннан кейін жеңгей, Халима тәтем, орнынан тұрып, Асқар екеумізді кезек құшақтап, бетімізден сүйді. Бетімізден сүйіп жатып, өзі де жылап жіберді. Бұл түс кезі болатын. Бәріміз отырып, шай іштік. Әзілхан аға Баймолдамен соғыста бірге болған барлық жайын айтты. Әзілхан аға зеңбірек командирі, Баймолда ағам зеңбірек көздеушісі екен. Екеуінің зеңбірек расчеты шабуылға шытып келе жатқан немістердің бір танкісін жайратып, зеңбірек қасында өртенген танкке қарап, қуанып тұрады. Сол сәтте неміс снайперінің оғы сарт етіп, Баймолда ағаның маңдайына тиеді. Баймолда ағаны қойып болғаннан кейін, бір әредікте, Әзілхан аға Баймолданың әкесіне болған жағдайды айтып, қайғылы хабар жібереді. — Сол хатыңызды әкем өле-өлгенше сақтап, өлгенде өзімен бірге алып кетті, — дедім мен. Әзілхан аға басын шайқады. — Шіркін, әке мен шеше өз өзегінен шыққан баласын өлдіге қалай қисын? — деді. Шай ішіп болып, әңгімеге қанғаннан кейін Асқар екеуміз қайтуға ыңғайландық. Тәтем жібермеді. — Жоқ, кетпейсіңдер. Баймолда ағаларының сыбағасын асамын. Соны жеп, қонып, ертең бірақ кетесіңдер, егер асықсаңдар. Бұл туған ағаңмен дос болған тумаған ағаларыңның үйі. Осы үйде аунап - қунап жағасыңдар, — деді.

Ертеңінде Халима тәтем Асқар екеумізді дүкенге ертіп апарды. Алдымен \"Детский мирге\" бардық. Одан тәтем Асқарға шақ кішкене костюм сатып әперді. Басқа бір дүкеннен маған көйлек, ағайым Шайыққа — Баймолда ағаның туған інісі, оның да фамилиясы Қанапиянов — костюм сатып алды. Түстен кейін Алматының көк базарын араладық. Кешке аткөпір жеміс-жидек, тағы басқа тәттілер сатып алды. Кешке тәтемнің үйіне тағы қондық. — Кеше ағаларыңның, қонағы болдыңдар, бүгін менің қонағым боласыңдар, — деді тәтем. Ертеңінде тәтем автовокзалға өзі бірге келіп, ұлым екеумізді Талдықорған баратын автобусқа отырғызып қайтты. Рейс автобусының қасына келгенде мен көзімнен жас шығып, жылап тұрдым. Осындай қымбат адамның қасынан біз, амалсыздан, аттанып кеттік. Сол жолы өлді деген, өлген ағамның орнына Әзілхан ағадай аға тауып, ағамен қоса Халима тәтемдей асыл жеңге тауып қайттым. — Қалқам, Зейнеп, енді бізді туған аға -жеңгендей көр, — деп апай қоштасарда Асқар екеуміздің бетімізден кезек сүйді. Шынында да Халима тәтем туған жеңгемізден артық болмаса, кем болған жоқ. 20 жыл мен аға мен тәтенің қызы болдым. Алматыға көшіп келгеннен кейін жылына екі рет аға мен тәтенің үйіне қонаққа келетінбіз: 9 мамыр Жеңіс күні және 15 желтоқсан — ағаның туған күні! Осы екі күнде біз, Сейдахмет екеуміз, күйеуімді айтамын, Тұрсынбек аға мен Күбіра жеңгеймен ылғи осы үйде жолығатынбыз. Халима тәтем Тұрсынбек ағаны \"бауырым\" деп ағасы, Сейдахметті ылғи \"Секе,Секе\" деп кетті. Өкіл күйеу баласын өз күйеу баласындай бауырына тартты. Бұл — тәтемнің адамгершілігі туралы бірінші әңгіме. Ол кісінің ұстамдылығы жөнінде ерекше есімде қалған тағы бір әңгіме бар. Енді соны айтайын. Бір жолы біз 9-мамырда Тұрсынбек аға бәріміз тағы да аға мен тәтемнің үйінде бас қостық. Сонда Тұрсынбек аға Әз ағаның көңіліне ауыр тиетін сөз айтты. Әдейі айтты ма, әлде әзілі ме, білмеймін. Былай деді: — Сіздер 9-майда немістерді жеңіп келдік деп күпиіп жүрсіздер ғой. Бірақ, жеңбей-ақ, жеңілгеніміз дұрыс болатын еді. Онда біз енді байып, жырғап отыратын едік. Осылай деді. — Шын айтасың ба? — деді Әзілхан аға. — Шын! — деді Тұрсынбек аға ежірейіп.

Әзілхан ағаның өмірі ашуланғанын көрген жоқ едім. Сол жолы қатты ашуланды. — Бұл соғыста менің әкем өлді, ағам оққа ұшты. Мына отырған Зейнептің ағасы Баймолда сияқты талай боздақтар опат болды, — деді аға мені саусағымен нұсқап. — Бұл Жеңіс солардың қанымен келді. Ендеше Жеңіс күнін қалай аузың барып жамандайсың? Өз үйінде соғыстан мұрны қанаған бір адам болмағандықтан солай дейтін шығарсың. Сондықтан Жеңіс тойын тойлағың келмейтін болар. Онда есік әне, деп аға қатуланып есік жақты нұсқады. Тұрсынбек аға: — Кетсек кетеміз, — деп копавдап, орнынан тұруға ұмсынғандай болды. Сол кезде әшейінде көп үндемейтін Халима тәтем сөзге араласты. — Отыр, Тұрсынбек. Ешқайда бармайсың. Егер менің бауырым екенің рас болса, онда орныңнан қозғалмайсың! — деп бір тоқтады. Сабырмен бастаған сөзін содан кейін ары қарай жалғады. — Бұл Жеңіс жалғыз біздің ғана емес, миллиондардың қанымен келген жеңіс қой. Мұны ешкім де жамандай алмайды, егер бір ақыл-есі аздау адам болмаса. Оны менің бауырым білмейді дейсің бе? Егер Жеңіс болмаса менің бауырым доктор, профессор деген түсіне де кірместен басы таз болып, құрттап-биттеп жүретін еді Ақмоланың бір сайында. Бауырым оны да біледі. Қазақта әзіл, қалжың деген тамаша дәстүр бар. Сол дәстүр бойынша, әрі апам мен жездемнің нервісін тексерейін деп бір ауыз айтқан әзілі болар бұл. Отан шамданудың реті жоқ. Бұл бір. Қазір қит етсе Кеңес үкіметін жамандау әдетке айналып бара жатқан жоқ па? Мен Кеңес үкіметін ешқашан да жамандай алмаймын. Кешегі үлкен аштықта мені, мен сияқты талай балаларды аман алып қалған Кеңес үкіметі болатын. Сондықтан да мен Отанымды қорғаймын деп он жеті жасымда соғысқа бардым. Өз үлесімді қостым. Егер Кеңес одағы жеңілсе, менің алтын бауырым фашистердің малайы болып, көзіне көк шыбын үймелеп жүрер еді. Соны Тұрсынбек түсінбейді дейсің бе? Түсінеді, әрине. \"Сынықтан өзгенің бәрі жұтады\" дегендей, Кеңес өкіметін жамандау сырқатының микробы менің бауырыма да жұққан болар. Бірақ, шындық деген дәрінің күшімен ол микроб өледі ертең. Сонда бауырым кеңестік жүйенің де жаман болмағанын зерделейтін болады. Бұл — екі. Тәтем тағы да тоқтады. Біз тәтемнің сөзін сілтідей тынып, тыңдадық. Тәтем сәл тоқтап, тағы да сөзін әрі қарай жалғады. — Бір ауыз сөз қате айтылған екен деп қарысып қалудың жөн і жоқ. Екеуің университетте бірге оқыған ежелгі дос сындар. 40 жылға созылған ол қасиетті достықты оп-оңай үзе салуға болмайды. Оған біз, Күбіра келін екеуміз руқсат етпейміз. Солай ма, Күбіра? — деп тәтем Тұрсынбек ағайдың үйіндегі жеңгейге қарады.

— Әрине, солай! — деді Күбіра жеңгей Тұрсынбек ағаға ала көзімен бір қарап қойып. — Солай болса, мен осы тосты біз майданда жүргенде арқа еті арша, борбай еті борша болып, егіс даласында өгіз жетектеп, қырманда астық басып, күзде өгіз арбамен элеваторға астық тасып, осы Жеңіске жетуімізге көмектескен ел адамдары үшін, солардың ішінде өз бауырым Тұрсынбектің денсаулығы үшін көтеремін. Тауысып ішулеріңізді сұраймын рюмканың түбінде өшпенділік тамшысын қалдырмай, — деді тәтем. Мен әшейінде көп үндемейтін тәтемнің киын жерде қапияда ой тауып, өзінің жұмсақ дауысымен сонша ақылды сөздер айтқанына таң қалдым. Тәтемнің бұл бұйрығын орындамау мүмкін емес еді. Бәріміз рюмкаларымызды сыңғыр - сыңғыр соғыстырып, ішіндегі шараптың бір тамшысын қалдырмай жұтып салдық. Содан кейін тәтем қайтадан сөз бастады. — Енді ағасы мен інісінің бірі - бірімен қол алысып, татуласуын сұраймын. Әзілханның қолын мен создырамын, Тұрсынбек бауырымның қолын сен создыр, Күбіра, — деді. Тәтем де, Күбіра жеңгей де орындарынан тұрып, егескен екі ағамның алақандарын түйістірді. Содан кейін дастархан басында татулық орнап, бәріміздің көзіміз күлімдеп, көңіліміз жадырап қалды. Осыдан сонда Тұрсынбек аға, тағы басқаларымыз аға мен тәтемнің үйінде талай рет бас қостық. Әзілхан аға мен Тұрсынбек ағаның достығына титтей сызат түскен жоқ. Қайта олардың жүректері бұрынғыдан да жымдаса түскендей болды. Соның бәрі Халима тәтемнің ақылдылығының арқасы еді. Жалғыз Тұрсынбек аға ғана емес, басқа да талай үлкен ағалармен Әзілхан ағамды жарастырып отырды Халима тәтем. Мен осыдан үш-төрт жыл бұрын ағаның \"Жұлдыз\" журналында жарияланған \"Өткелдер\" деген романын оқыдым. Сонда бірсыпыра атақты ағалардың Әзілхан ағаға жасағандары айтылған. Ағаны партиядан шығартпақ болып, Жазушылар одағынан қаңғыртып қуып жіберген. Халима тәтем сонда соларға тіл тигізбей, тым- тырыс жүруге шақырған. Аға тәтемнің тілін алған. Артынан үлкен ағалар өз қателерін түсініп, Әзілхан ағаның кітаптары сыйлыққа ұсынылғанда қолдаушы болған. Егер аға тәтемнің айтқанын тыңдамай, оларға тіл тигізсе, ол қуатты ағалар Әз ағаңа Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты бергізер ме еді? Жоқ, бергізбес еді.

Сол сыйлықты алғанда ағатай сойып, той жасап, сол өзіне қиянат қылған үлкендерді үйіне шақырған. Әрқайсысына сый сияпат көрсеткен. Егер тәтем жаман әйел болса: \"Адыра қалсын ол ағаларың. Оларды мен үйіме кіргізбеймін. Солардың кесірінен сен екі жыл жұмыссыз жүріп, бала-шағамыз аштан өле жаздаған жоқ па. Сені партиядан шығартпақ болып, шығара алмай, Жазушылар одағынан қаңғытып қуып жіберген де солар емес пе еді!\" — деп кіжініп шыта келер еді ғой. Тәтем өйтпеді. Ақылдылық деген сол емес пе?! Сол романда тәтемнің осындай асыл қасиеттерін айтқаныңыз үшін Сізге мың рахмет, аға. Одан кейін тәтемнің қырқында сөйлеген сөзіңізді журналға бастырып, тәтемнің ұлтқа үлгі болатын қасиеттерін жұртқа жария еттіңіз. Осы үшін сізге тағы да мың рахмет, аға. Тәтем жақынды жанына ұстап, алысты аясына алумен де көпке қадірлі болды ғой. \"Елдестірмек — елшіден, жауластырмақ — жаушыдан\" демей ме қазақ. Қазіргі \"елші\" де, \"жаушы\" да әйел ғой. Жаман әйелдің жауластырып отыратыны өтірік пе? Шын ғой! Мінеки, менің тәтем туралы айтатын естеліктерім осы. Халима тәтемнің барлық дарыны барша қазақ әйелдеріне дарысын деп тілеймін. Айтпақшы, бір сөзді ұмытып бара жатыр екенмін. Тәтем 1997 жылы ауруханаға жатарда жасатқан алтын сақиналарының бірін маған сыйлаған. — Сен де менің қызымсың, көзімдей көріп жүр, деген. Қайран тәтем!.. *** Тоқан ӨЗІХАНОВА, Халиманың немере апасы Қазіргі Абай ауданында Жүрекадыр деген жер бар. Тегі, биіктен қарағанда жүрекке ұқсайтын болуы керек. Сондықтан солай аталған шығар. Соның етек жағын жиектей Құндызды деген өзен ағады. Тегі құндызы көп болған болуы керек. Бала күнімізде Жүрекадыр жақ жағада тұрып, өзенде жүзіп жүретін, бастары күшікке ұқсайтын бір мақұлықтарды көретінбіз. Үлкендердің құндыз деп жүргендері сол

екен. Біз солардан аяғымызды тістеп алады деп қорқатынбыз. Анда-санда соған шомылуға барғанда, күн ыстықта, жағада тұрғандарымыз: — Әне, құндыз келе жатыр, — деп су ішіндегілерді қорқытатынбыз. Олар бақырып, судан шыға қашатын. Тек Халима ғана қорықпайтын. — Құндыз жылан емес, ол кісіні шақпайды, — деп шомыла беретін. Сонда Халима кішкентай болса да бәрімізден естияр еді. Жыланның шағатынын, құндыздың шақпайтынын қайдан білді десеңші титімдей болып. Сол Жүрекадыр да Қарахан ағамыздың үш баласы Темірхан, Өзбақан, Өзіханның қыстауы болатын. Бала-шағаларымен бірте олардың бәрі бір ауыл болып, сол жерде отыратын. Сондықтан оларды Жүрекадыр ауылы деп атайтын. Шіркін, жері қандай жақсы еді. Айналасы көкорай шалғын. Жеміс-жидек дегендер тұнып тұратын. Тоғай деп аталатын аласа ағаштардың басына мойыл, қарақат өсетін. Жазда ауылдың бар балалары жиналып барып, жеміс теретінбіз. Тергеннен бұрын аузымызға салуымыз көп болатын. Сондықтан үйден әкелген ыдыстарымызды толтыра алмай, орта етіп, тіпті, кейбіреулерміз бос алып қайтатынбыз. Өз тойғанымызға мәз болатынбыз. Сонда ортамыздағы кішкентай Халима ғана кішкентай ағаш шелегін жеміске толтырып, үйге алып қайтатын және біз сияқты ырғалып-жырғалып жүрмей, қолы жып-жып етіп, шапшаң теретін. Біз сияқты ананы-мынаны сөз етіп, тұрып та қалмайтын. Қолына ілінген жемістің бәрін аузына емес, шелегіне салатын. Өзі содан бір-екеуін алып жесе - жейді, жемесе тұтас үйге алып қайтатын. Халиманың шешесінің аты Зауқия болатын. Кейін Зәукен атанып кеткен. Өте сұлу, екі көзі қарақаттай мөлдіреген, екі беті аппақ кісі еді. Зәукен жеңешем өте ісмер кісі болды. Өзінің іс машинасы болды, қолымен айналдыратын. Сол машинасымен ауылдың бар жұмысын атқаратын: көйлек- дамбал, бешпет, тон тігіп беретін. Неше түрлі өрнектер салып, сырмақта сыритын. Тіпті, кейбіреулердің өзеннен ұстап алған құндыздарының терісінен малақай да тігіп беретін. Ал кесте тігіп, биялай тоқығанда қолы - қолына жұқпайтын. Соның бәрін елге текке істеп беретін. Бір тиын ақы алмайтын. Сол жарықтық жеңгеміз Халиманы үш жасынан іске үйретті. Халима шешесінің қасында отырып, ол тіккен киімдерді қиюластырып, титімдей саусақтары майысып отырып, ине шаншатын. Халима құрастырған қиықтардан Зәукен жеңешем отан кішкентай көрпешелер тігіп беретін. Халима оны қыздарға үлестіретін. Сол кішкентай құрақ көрпешенің біреуі маған да тиген. Содан бара-бара Халима қуыршақ тігуді үйренді. Шешесінің қасында отырып тіккен қуыршақтарын үй сыртында ойнап жүрген бізге әкеліп көрсететін. Біз

қызықтап, бір-бірден сұрап алатынбыз. Халима сұрағандардың бәріне бере беретін. Өзіне жетпей қалса: — Мен жаңадан тігіп аламын ғой, — дейтін. Халимадан екі-үш жас үлкен біздің қолымыздан ине шаншу келмейтін. Біз Халима тіккен қуыршақтарға ат қоятынбыз: Бикен, Аман, Тоқан, Халима, Дәмелі деп, өз ауылымыздағы қыздардың аттарымен атайтынбыз. Бір-бірімізді сол қуыршағымыздың атымен шақыратынбыз. — Әй, Бикен, бері кел. — Эй, Аман, сен қайдасың? дейтінбіз. Сонда біз қуыршағымызды жоғары көтере ұстап, шақырған қыздың қасына жетіп баратынбыз. Бір күні үй іргесінде 4-5 қыз қуыршақ ойнап жүр едік. Қарахан ағамның бейітінің бер жағындағы Шілікті сайындағы бастаудан Зәукен жеңешем иінағашпен су алып келе жатыр екен. Біздің қасымызға келгеннен кейін иінағашын иығынан түсіріп, екі үлкен ағаш шелекті жерге қойды. Ол кезде темір шелек сирек кездесетін. Біз: \"Әй, пәленше, әй, түгенше!\" деп өзімізді қуыршақ атымызбен шақырып жүргенбіз. Соны естіп турды да, жеңешем: — Қалқаларым, қуыршаққа кісінің атын қоймаңдар, деді. — Неге, тәте? — дедік біз. — Өлгенде сендерді ат қойған қуыршақтарыңа жан салыңдар деп қинайды. — Кім, тәте? — Періштелер. — Оны кім айтты? — Өзімнің әкем айтқан, қалқаларым. Осыны айтты да, шелектерін қайта көтеріп үйіне қарай кетті. Зәукен тәтемнің әкесі Ақмолла деген атақты кісі болатын. Сақал-шашының бәрі аппақ. Өзі де аппақ кісі еді. Үстіне тек қана ақ киім қиетін: ақ шалбар, ақ бешпет, ақ шапан. Молда сияқты. Бірақ, басына сәлде салмайтын. Астына ақбоз ат мініп жүретін.

Үнемі бір үлкен кітапты қолтығына қыстырып жүреді. Онысы құран ба, не екенін білмеймін. Бірақ, ол кісі молда емес еді. Өлген-жіткенге жаназа шығармайтын. Бірақ, ауыл ол кісіні молдадан да жоғары бағалайтын. Ауыл адамдары ол кісіні: — Айтқаны дәл келеді. — Күн ыстықта Аягөздегі бұлтты шақырып, Жүрекадырдың үстіне жауын жаудырып береді. — Жүрекадыр жауыннан көз ашпай қалса, төбедегі бұлтты Семейге қарай аунатып жібереді, — десіп таңданысатын. Сөйтіп ол кісіні бүкіл ауыл қатты сыйлайтын. Біздің ауылға, Қалиәкпар ағама ұзатқан қызы Зәукен тәтеме анда-санда келіп жүретін. Зәукен тәтем қуыршақтарға ат қоюға болмайды деп әкем айтты деген соң біз жым болдық. Көз алдымызға ақбоз ат үстінде келе жатқан Ақмолла аға елестеді. Біз содан кейін қуыршақтарға ат қоймайтын болдық. Біз, кішкентай қыздар бәріміз, көбіне сыртқа шығып, үй маңында ойнап жүретінбіз. Ал Халима шықпай, көбінесе шешесінің қасында қалатын. Мінеки, Халиманың шешесі мен нағашы ағасы осындай кісілер еді. Осы арада Ақмолла ағамыздың қызы Зәукеңді қалай емдегенін де айта кетейін. Бір жылы Зәукен тәтем екі аяғы сал болып, қозғала алмай, жүре алмай қалды. Өздеріне бір фабриканың қызметін атқарып отырған ондай кісінің мұндай ауруға ұшырағанына ауыл қатты қамықты. Сол кезде, қызының ауырып қалғанын естіп, ауылға Ақмолла ағамыз келді. Он бес күн қызының қасында болып, емдеп, жазып кетті. Зәукен жеңешем ұршықша иіріліп, өзінің ісмерлік қызметін жалғастыра берді. Аштық жылы Жүреқадыр жұртының адамдары шұбырып Аягөзге қарай аудық. Жалаңаяқ, жалаңбас, қажып келіп, қаланың шетіне іліндік. Аягөздің сырт жағына ауыл күрке тігіп жайғасты. Алдымен Халиманың әке-шешесі және екі бауыры қайтыс болды. Бір үйлі жаннан Халима мен Ханымхан деген кішкентай сіңлісі ғана қалды. Екеуін де үкімет қолма- қол приютка алды. Приютта балаларға тамақты жақсы берді. Сонда Халима өзіне тиген күндік наның жартысын жырып менің шешем Доғарта әкеп беретін еді. Апам оны бізге оймақтай-оймақтай етіп, бөліп беретін. Кішкене сіңлісін қасынан қалдырмай, қолынан жетелеп жүретін. Халима оны бір минут көзінен таса қалдырмайтын.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook