Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Халима өмірінің өшпес өрнектері

Халима өмірінің өшпес өрнектері

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-05-17 05:56:03

Description: Халима өмірінің өшпес өрнектері

Search

Read the Text Version

Балалар да сырғақтап, Сыйлар еді ерініп. Мені жұртқа сыйлы еткен — Сенің еңбек, ақылың. Сен болмасаң бәрінен Қалар едім мақұрым Сен едің ғой өмірлік Жан көрігім, асылым! Аруағыңнан садаға Кетейін мен, асылым! 12.04.2002. 18 Есіме түсті тағы да Есіме түсті тағы да Мәскеуге барған шағымыз. Казпоспред үйіне Түсіп, жайғасқанымыз. Сен қызмет істеген Бас поштаға кіргеніміз. Сен болған жерлердің бәрін Аралап жүргеніміз. Екеуміз бас поштада Кездескен жерімізді көрдік14 «Осы жерде отырып едік» деп, Бір үстелге сәлем де бердік.

Сен сонда мен кеткенде Егіліп жылағаныңды айттың. Күн сайын сол үстелді сипап, Күрсінгеніңмен мені де мұңайттың. Мәскеуді аралап болып, Біз Подольскіге15 бардық. Табандап бір ай жатып, Әскери құжат ақтардық. Екеуміз қатар отырып, Құжаттарға көз салдық. Жүзінші бриғада16 мұрағатын Түгелдей көшіріп алдық — Апырай, мына соғыстан Қалай тірі қалғансың деп. Сен мені құшақтап едің, Елжірей егіліп кеп. Мен тегіс мән-жайын айттым, Бригада кешкен ұрыстың. Сен оның дерегін тегіс Көшіріп алуға тырыстың. — Қалдырмай бірінің атын, Бәрін де жазып алайық. Кімнің, қалай өлгенін Елге барып жариялайық! —

Дедің де, тынбастан бір ай, Көшіріп жаза бердің. Мәншүктің17 наград қағазын, Ыбырайым Сүлейменов18 ердің Великие Луки, Псков Новосокольники елін Азат еткен ерлерді, Атақты Невель жерін: Әбдірахман Бимурзин мен Ерназаров Мырзаби ерді, Соларды алға бастаған Баймолдин, Бәйішевтерді19. Тегіс тізіп, түгендеп шықтың, Бірнеше дәптерді жазып. Маған бес роман жазсам да, Болып еді жететін азық. Өстіп біз шаттана күліп, Мәскеуге қайтадан келдік. Метродан шықтық та, иіліп Грибоедовке20 сәлем бердік. Сенің сол көмегіңді Қалай ұмытармын мен? Ойласам — ойым, Жазсам — қолым, Көкке ұшсам — қанатым ең!

Үйде қалсаң — алтын қазық, Қатар жүрсең — санатым ең. Өзіңнен күш, қуат алып, Оттай лаулап жанатын ем! Өзіңмен бірге жүріп, Өмірден аларымды алдым. Енді лаулаған от емес, Жай ғана қоламта боп қалдым. 19 Сені кімге теңермін? Теңесем екен сені қай Жазушының әйелімен? Көпшілігі сұлулардың, Ширегіңе келмейді тең! Гетенің21 Христинасы ма? Сауаты кем, білімі жоқ. Сондықтан да, ол бейшара, Өлген екен маскүнем боп. Сен институт бітіріп, Біліміңді жалғадың. Арақ, шарап, темекі, Бірін аузыңа алмадың. Гейненің22 Матильдасы ма? Ол да шала сауатты. Күйеуінің бірде-бір

Кітабын оқымапты Ал, Сен, мен жазған кітаптың Бәрін тегіс оқыдың. Кеңес беріп, түзетіп, Ақыл айтып отырдың. Редактор, корректор, Сыншы - дағы Сен болдың. Айтқаныңды қабылдап, Түзетуші мен болдым. Вольтердің23 Эмилиясы ма, «Тәңір тектес» аталған? «Сүйіктім!» деп Вольтерді, Бес күйеуге маталған. Он бес жыл жүріп онымен, Көзіне сонсоң шөп салған24. Ақыры содан қаза боп25, Сұлудан қалған сұм жалған Сол әйелмен жүрем деп, Әйелсіз өткен, баласыз. Вольтердей ұлы адамның Тағдырына таң қаласыз. Біз елу төрт жыл өткіздік, Көңілді ешбір кір шалмай. Сол ұлылардың бәрінен, Арамыз біздің тым шалғай.

Сәкен, Бейімбет, Ғабиден26, Ғалилардың әйелі, Көмектескен жоқ жарына Сәбиттің де, әуелі! Тайыр, Хамит, Халижан, Сырбайдың да сұлуы. Тимеген күйеулеріне Шығарма шынық жылуы. Қазан-ошақ басынан. Бәрі - дағы шықпаған. Жазушының жан жырын Жанында жатып, ұқпаған. Сен ғанасың жарыңа Біліміңмен болысқан. Сенің қамқор күшіңмен Менің жаным толысқан. Жарты жаным Сен едің, Қалдым, міне омалып. Бақытымнан айырылып, Бар дүниемнен тоналып. Халима, Сені, сүйіктім, Салыстырам кім менен? Салыстырам тек қана Аспандағы күнменен! Жер бетінде қол жетпес,

Асқар биік шыңменен, Осы тапқан теңеуім, Бар ықыласымменен Ойымызды ұғушы ек Жалғыз ғана ымменен. Сендей жардан айырылып, Күн кешем енді мұңменен. 13.04.2002. 20 Ылғи жылап қайтамын Өсек-аяң, өтірік, Біріне де ермедің. Алдау, арбау, айлаға, Ешқандай мән бермедің. Адамдардың осалдық, Кемшілігін көрмедің. Өсек айтқан құрбыға, Қойшы! — деп қол сермедің. Қызғанышың болса да, Білдірмедің ішіңнен. Сыр шашпадың ешкімге, Сөз шығарып тісіңнен. Балаларға ешқашан, Ұрыспадың ашынып. Ашу, айғай шығарып,

Іс етпедің асығып. Тіл тигізіп біріне Алақанмен ұрмадың. Ақыл айтып түзеуден, Басқаға мойын бұрмадың. Киімдерін таза етіп, Дәмдеп бердің тамағын. Оларменен қосылып, Әзірледің сабағын. Алгебра, физика — Жүйрік едің бәрінен. Кетуші едің зымырап, Химиядан — әріге. Ұстаздықпен оларды Тәрбиелеп ұшырдың. Төртеуін де өз күшімен Институтқа түсірдің. Келіндер, күйеу баланы Шындадың шыншыл дос етіп. Тату-тәтті, талассыз, Көңілдерін хош етіп . Енші беріп бәріне, Отау етіп шығардың. Ананың зор еңбегін

Кім есептер, ұғар кім? Немереңнің бәрін де Біліммен суардың. Қазақ ана тіліне Шебер етіп шығардың. Еңбегіңнің таусылмас Қайсыбірін айтамын. Өзіңді іздеп Кеңсайдан Ылғи жылап қайтамын. Екі жүз алпыс бес күн Мен Сенен адасқалы, Екі жүз алпыс бес күн. Сағынып, сая таппай, Тағы да кеп тұрмын бүгін. Бас иіп қабырыңа, Күрсінемін, жүректе мұң. Мәңгілік махаббаттың, Ескерткіші сияқтымын. Ескерткішпін Алатаудың Бір биік шыңына құрған. «Мәңгілік махаббат бар!» — деп, Төменге жар салып тұрған. 17.04.2002. 22 Сен неткен ғажап едің?!

Өтей алмадым, қайтейін, Менің Саған көп еді бересім! Сен маған өлі күнінде де Шығармашылық қуат бересің. Ойласам түсің, ісінді, Өз-өзімнен егілемін. Содан соң ақ қағазға Жыр болып, төгілемін. Сен неткен ғажап едің, Тірі де ылғи демеген Өлігімді де өрге сүйреп, Жанымды мәңгі жебеген. Сендей жарды жырласам, Ұят пе екен, ар ма екен?! Әйелдің Сендей рухы Дүниеде бар ма екен? 18.04.2002. 23 Екі жүз жетпіс күн Халима, Сенен қалғалы Екі жүз жетпіс күн бүгін. Арқалап келем амалсыз Жалғыздықтың бар жүгін. Жүрегімде тербедім Екі жүз жетпіс күн сені.

Өзіңнен басқа ойым жоқ, Ұмыттым дүние өзгені. Дихан баба27 екі айтты: «Алмайсың ба әйел?» деп. Қадір тұтқан ағаны Сол үшін іштей көрдім жек. Бесігіңді — жүректі, Тербей берем өлгенше. Суретіңе қараймын, Көз жанарым сөнгенше. Айта берем атынды, Таусылғанша тынысым. Өнегеңді ардақтау — Менің барлық жұмысым. Түсіремін есіме, Барлық айтқан сөзіңді. Адал жар, асыл ана деп, Ардақтаймын Өзіңді. Тіземін тегіс тәптіштеп, Еңбегіңді, ісінді. Адамдығыңды айтуға Аямаймын күшімді. Жалғыздықтың мұңымен, Жағаласып көрермін. Ең ақырғы кәлимам28 —

«Халима!» деп өлермін. 22.04.2002. 24 Торығу Мейірімді, мейірбан, Ана болдың дер едім. Жақынға да, жатқа да, Пана болдың дер едім Ақылыңмен, айыңмен Дана болдың дер едім. Үлгі шашып, ұрпаққа Сана болдың дер едім. Өз қатарлы құрбыңнан Дара болдың дер едім. Бағалауға адамды Сара болдың дер едім. Ауруыма әрқашан Ара болдың дер едім. Тастап кетіп артыңа — Жүрегіме жазылмас Жара болдың дер едім. Инфаркттен алты рет Алып шығып едің Сен. Ең ақырғы сырқатым Өзің болдың — ең үлкен.

Өзің бардай жайраңдап Қуанбаймын, күлмеймін. Бұл аурудан аман-сау, Шығамын ба білмеймін! Өзің болсаң жетелеп, Шығарар ең бұдан да. Енді, міне, кез болдым, Айықпайтын тұманға! 25 Балаларға aт қойдық Балалар аты мағыналы Болсын деп біз ойладық, Жанна, Артур, Лaypa деп Шетелдік есім қоймадық. Атадық Жанар тұңғышты, Көз жанарымыз болсын деп. Жаннат деп қойдың одан соң Жанға рақат толсын деп. Арнұр деп ұлды атадық Арымыздың нұры деп. Інісін Жаннұр деп қойдық, Жанымыздың жыры деп Біз қойған аттар ұнады, Дос-жаранның бәріне. «Жөн екен!» деп құптады,

Бас изеп жас, кәрі де. Мұзафар — Шапау29 досымыз, Рұқсат алды үйге кеп. Ұлдарына ат қойды, Олар да Арнұр, Жаннұр деп. Керекуде Бәзила — Ғалымжанның30 әйелі, Балпанақтай екі ұлды Дүниеге әкелді. Егіздерге Арнұр мен Атын қойды Жаннұрдың Жанар, Жаннат аталды Қыздары тегіс ой-қырдың! Екі мыңыншы жыл Кеше ғана сен барда, Немере көрді қызынан Жанардың досы Людмила31 Арнұрдың атын сұрады, Қояйық деп сәбиге. Екеуміз де қуанып, Рұқсат еттік, әрине. Сәби жасау32 сыйладың Арнұр жанға кішкентай. Түбіттен тоқып тақия Бергенде болды көндің жай.

Түн ұйқыңды төрт бөліп, Төрт перзентті жеткіздің Әділ, адал, көпшіл ғып, Елге қызмет еткіздің. Төрт бала — біздің төрт құбыла, Саямыз болды шырақты. Қанат боп көкке ұшырып, Жақын етті жырақты. Өзің берген тәліммен, Мені күтіп, бағады. Жадыратып жанымды, Жүрек шамын жағады. Әрбірінің көзінен Көремін Сенің көзіңді. Олардың әзіл үнінен Естимін айтқан сөзіңді. Айналайын, Халима, Ақылдан сарай салдырған. Төрт жағыма төрт бала — Қорған етіп қалдырған! 24.04.2002. 26 Сен шашынды тараған Тарағыңды жоғалтпай Сақтап келе жатырмын.

Әрбір қылық, ісінді Мақтап келе жатырмын. Әділдікті сен сүйген Жақтап келе жатырмын. Үмітіңді жүктеген Ақтап келе жатырмын. Адалдықты Өзіңе Сақтап келе жатырмын. Ұйқы, күлкі дегенді Шақтап келе жатырмын. Жамандықты жолдағы Таптап келе жатырмын. Арамдықтың белінен Аттап келе жатырмын. Адалдықты күмістей, Қақтап келе жатырмын. Сұрқиялық, сұмдықты Жаттап келе жатырмын. «Балаларға бас-көз бол!» Дегеніңді үздіксіз Орындаумен келемін. Өзіңді ойлап үнемі, Түн ұйқымды бөлемін. Әр күн сайын түсімде Үш-төрт рет көремін.

Басыңа күмбез көтеріп, Кеңейттім жердің көлемін33. Ажал сәті жеткенде Мен де бір күн өлемін. Алматыдан шалқалап, Алатауға келемін. Ақ күмбезде айқасып, Құшағыңа енемін. Содан кейін мәңгілік Ажыраспасқа сенемін! 4.08.2002. 27 Бүкіл қазақ халқына Мәлім еттім атыңды. Ардақтадым аянбай, Сенің асыл затыңды 30.09.2002. 28 Бүгін дәл алты жүз бес күн, Көз жазып сенен қалғалы, Қайғыртып Тағдыр күні-түні, Жаныма жара салғалы. Мінеки тағы түн жетті, Төсекке келіп жантайдым. Түнмен бірге мұң жетті,

Жүректі қозғап бар қайғым. Ұйқы жоқ, мұңнан шер туып, Өзіңді тағы ойладым. Теңіз - ой сүңгіп түбіне, Нақ алпыс жылға бойладым. Мәскеуде едің онда сен, Мен майданда жүргенмін. Хат алған сайын өзіңнен, Қуанғанмын, күлгенмін. Бір жолы келіп суретің, Төбемді көкке жеткізді. Жадыратып жанымды, Көзімді жарқ-жұрқ еткізді. Суретке қарап өзіңді, Жігіттер тегіс мақтады. Солдаттың жаны жаралы, Сол сурет аман сақтады. Шабуылдарға шығарда, Қарадым ылғи үңіліп, Оқ жаңбыр жауып жатқанда, Жүректе жүрдің жүгіріп. Сол аңсардың күшімен, Жеңіске де жеттім мен, Елу төрт жыл одан соң, Бақытты еттің мені сен.

Суретің әлі сақтаулы Сақтай алмадым өзіңді. Соғыстан жазған хаттай ғып, Жолдаймын енді сөзімді. Бұл сөздер саған жетпейді, Оны ішімнен білемін. Түн ауып кетті, таң тақау, Көзімді енді ілемін. 24.03.2003. 29 Сен тіріде жұмақта едім, Сен кеткен соң тамұққа түстім, Халима! Данте34 мен Мильтон35 суреттеген: «Жоғалған жұмақ» қасіретін құштым, Халима! Жанымыз бен тәніміз тұтасып, Сен барда ылғи рақат кештім, Халима! Өзіңсіз өмір қара түн екен, Сол жұмбақтың шешуін шештім, Халима! *** Сен қалдырған қазына маған: Төрт бала, бес немереміз бар. Алыс-жақын жүрсе де мені Жандарын салып күтеді олар. Сол күтімдерден артық екен, Сенің бір күле қарағаның.

Күні-түні өзіңді ойлап, Күрсініп қатты, қамығамын. Келбетіңді, үніңді сенің, Өзегім өрт боп, сағынамын. Суреттеріңді көрген сайын: «Асылым - ау!» деп жабығамын. Тірлігімнің ендігі мәні, Екі-үш қана медеуім бар. Қалған ғұмыр, өмірдің дәні: Жазу, оқу және балалар. Күні бойы жазумен болып, Кешке таман кітаптар қараймын. Сен жиып берген томдарды тегіс, Сарқылмайтын қазына санаймын. Ұлағат бол сын жастарға деп, Теледидарға да шығамын. Радиодан да сөздер сөйлеп Беруге де жетеді шыдамым. Институт, мектептерге де Кездесулерге барамын. Сөйлеген сөздерімде Өзіңді еске аламын. Жастарға үлгі болсын деп, Парасатыңды айтамын. Атынды жұртқа айтқанға

Марқайып үйге қайтамын. Сені жиі айтады деп, Мені жұрт сөгіп те жатыр. Өлгенімше ұмытпан сені, Дей берсін жұрт: мейлі, мақұл! Жұмысқа ықылас — бұрынғыдай: Бір сағат бос уақытым жоқ. Басыңа ақ күмбез көтердім, Осыған менің көңілім тоқ. Күмбезің елге аян болды, Газеттерде суреті шықты. Ардақтасын әйелін солай, Күндеушілер болса мықты! 24.03.2003. 30 Балалар аман, Халима, ел аман. Ел байлығы: өзен, көл, жер аман, Алматы аман, Астана да тып-тыныш, Бірінші хабар айтатын бұл саған. Бейбітшілік — халықтар қазынасы, Емес пе еді ежелден — сөз расы? Сол қазына талауға түсті қазір, Ирак болып бүгінгі даудың басы. Америка бүгінгі Буш36 бастаған, Қару кезеп әлемге ойқастаған

«Лаңкес» деген қисынды құрастырып, Серке болды өзінше қой бастаған. Сол «серке» Ирак жерін сүзіп жатыр: Қалаларын қиратып, бұзып жатыр. Күніне сан самолет бомба тастап, Жан алудың науқаны қызып жатыр. Оқ жыландар халықты шағып жатыр. Адам қаны судай боп ағып жатыр. Бүкіл әлем шошына ішін тартып, Әр қимылын АҚШ-тың бағып жатыр. Мұсылмандар ойбайлап, шулап жатыр. Халық кегі теңіздей тулап жатыр. Әзірейілі Әлемнің Буш жалмауыз, Өзін-өзі санменен бұлап жатыр. Жағымпаздар жауызды мақтап жатыр. Жандайшаптар жабылып жақтап жатыр. Бүгін төрт күн сұм соғыс басталғалы, Ирак халқы қан жұтып, қақсап жатыр. Кінәсі не Ирактың қорлай тұғын? Жалмауыз Буш бас салып зорлай тұғын? Крыловтың мысалы есіңде ме Қозы байғұс қасқырдан сорлай тұғын? Сол мысал ел аузында мақталатын, Халықтың жүрегінде сақталатын: «Кінәм не?» деп қасқырға зар илеген

Ол мысал мынадай боп аяқталатын: «Орманға қасқыр кетті қозыны алып, Белгілі етер ісі алып барып. Осындай жазықсызды жазғыратын, Әр жерде күштілерде бар ғой қалып. Қасқырдың зорлық болды еткен ісі, Ойлаймын оны жақтар шықпас кісі. Нашарды талай адам талап жеп жүр, Бәрінен артық дейміз оның несі?»37 Сол қозы бүгінгі күн Ирак болды. Буш-қасқыр жала жауып онды-солды: Ирактың бар мұнайын басып алып, Қылғыта қызыл қандай сормақ болды. Менің де бұл зорлыққа ішім күйді, Мен емес, адамзатқа ауыр тиді. Жатқанда газет қарап төсегімде, Өзіңе айтпақ болдым осы күйді. Газетке осыны айтып пікір бердім, Келтіріп айтқан сөзін кемеңгердің. Газет сызып тастапты жарты жағын, Айтқан ойын ұнатпай майдангердің. Күштілерді әлсіздер мақтау керек. Теріс ісін «Дұрыс!» деп жақтау керек. Іші ұнатпай тұрса да амалсыздан Бейтарап боп қу жанды сақтау керек.

Сондықтан кінә қойман жігіттерге, Толы ғой олардың да іші шерге. Бомбадан ұшқан жауыз жарықшақтар Шашырап кете ме деп біздің жерге. Өзінше, бір кездерде болған мықты, Кешегі Гитлердей38 жауыз шықты! Үшінші бола ма деп жиһан соғыс Қорқамын: жаным жүдеу, көңіл күпті. Қатыстық екіншіге Сен екеуміз — Соғыстың қасіретін біз білеміз. «Сақта ұрпақтарды сұм соғыстан!» Тағдырдан бар адамзат өтінеміз! 24.03.2003. 31 Мен сенімен тірі кісідей Сөйлесемін, мұң айтып. Оған да жұрт күлетін болар, Өсекті де ұлғайтып. Сен артықсың маған, Халима, Тірідей өлі достардан. Қызғаншақ, күншіл жандар мен Адалдық, арға қастардан! 25.03.2003. 32 «Бақытты екен!» дейді Сені,

Білмейтұғын жұрттың бәрі. Өміріңе қызығады, Оқып білген жас пен кәрі, Халима! Мен ойлаймын, Сені сәулем: Бақытты етпедім деп. Бақытты ететұғын Жағдайға жетпедім деп, Халима Қолымнан келгенінше, Көңіліңді қалдырмадым. Бірақ та курорттарға, Жыл сайын бардырмадым, Халима Бардырмайын деген жоқ, Қызметім темен болды. Хұқым да жетпейтұғын, Жүруге онда солды, Халима! Тілшіге Обком39 жағы, Мархабат етпейтұғын. Қолымыз путевкаға, Ешқашан жетпейтұғын, Халима! Айтұлы бастық болсам, Күтуші ұстайтын едің. Қызметкерлерімді ылғи, Жұмысқа жұмсайтын едің, Халима Бірақ та ондайға Сен, Ешқашан бармас едің,

Біреу алтын ұсынса, Қол созып, алмас едің, Халима! Бастықтың әйелі киген, Тондарға көз салмас едің. Бәрін де Өзің істеуден, Өмірі танбас едің, Халима! Аз уақыт машина мініп, Мен дағы бастық болдым40. Аянбай еңбек етіп, Сол еді жеткені қолдың, Халима! Мен Саған машинамен, Базарға барсаңшы дедім. Сен ылғи басынды шайқап, Жаяулап кететін едің, Халима! Немесе автобусқа, Тырмысып, мінетінсің. «Маған осы жайлы!» деп, Жымиып күлетінсің, Халима! Күндіз түн жаныңды салып, Тек менің қамымды жедің. «Машинаңның керегі жоқ, Саған сөз ермесін!» дедің, Халима «Мен оны мінеді деп, Жұрт өсек етпесін!» дедің. Әрқашан ілгері ойлап,

Беделімді сақтадың менің, Халима! Көп қызмет еттің маған, Күң, яки құлдай болып. Мен жүрдім тайраң қағып, Ерке өскен ұлдай болып, Халима! Сен маған сәуле төктің, Көктегі нұрдай болып. Сенсіз мен атақтардан, Жүрер ем жұрдай болып, Халима! Мен сені доктор тұрғай, Кандидат ете алмадым. Қос ғалым атанатын, Атаққа жете алмадым, Халима! Жұрт Сені маған тиген, Бақытты екен дейді. Бақытты болмады ау деп, Ішімді жегі жейді, Халима! Бақытты етпедім деп, Өзіңді қиналамын. Амал не, өтті дәурен, Лажым жоқ, не қыламын, Халима 30.03.2003. 33 Өміріңнің ең соңғы, Күндеріңнің бірі еді.

Майы азайған шамдай боп, Сен біртіндеп жүдедің. Жиі-жиі жантайдың. Күндіз, шаршап, төсекке. Келгендерге шай бердің, Қалмайын деп өсекке. Әлің құрып кей күні, Тұра алмадың төсектен. Кәрі-жастар кеп жүрді, Автограф дәметкен41 Сол күндердің бірінде, Келіп едім қасыңа. Көзім түсті мөлтілдеп, Көзден аққан жасыңа. Неге жылап жатырсың, Иығыма асыл, деп. Сүйдім сенің бетіңнен: Қой, жылама, басыл! — деп. Сен ақырын сөйледің, Сипап менің қолымды. Қосылып ем өзіңе, Тағдыр ондап жолымды. Өлгенім ше өзіңе, Көмектесем деуші едім. Сенің ғана қамыңды,

Күндіз-түні жеуші едім. Енді, міне жатырмын, Ешбір көмек көрсетпей. Қолжазбаңды көшіріп, Корректура жөндеспей. Шаруаңды сен жалғыз, Үлгіре алмай жатырсың. Көкірегімді сол үшін, Кернеп жатыр қайғы-мұң. Осылай деп көзіңнен, Моншақтаттың жасыңды. Қой, жылама, жаным! деп, Сипай бердім шашынды. Мына асыл қолыңмен, Сансыз әріп көшірдің. Ұрыс-керіс дегенді, Үй ішінен өшірдің. Қонақтарды келімді, Құдайдай ғып сыйладың. Кедей-кепшік бәрінен, Дастарқанды жимадың. Осы пиғыл, ісіңмен, Қадірлі еттің басымды. Инфаркттерден шығарып, Ұзарттың ғой жасымды!

Болдым Сенің арқанда, Абыройлы, атақты. Жолатпадың жүрекке, Ешбір күдік, шатақты. Бұдан артық не көмек Керек маған, жаным ау?! Өтінемін Өзіңе, Болма оған жабырқау. Осылай деп Өзіңді Құшақтадым, жұбаттым. Сонда Сенің жымиып, Күлгеніңді ұнаттым. — Неге жылап, және де, Жатқанымды айтайын: Келушілер құр ауыз, Кетіп жатыр, қайтейін! Шамам болса оларға, Шай қайнатып берер ем. Жадырасып жанында, Күлгендерін көрер ем! Осыларды айттың да, Сен қайтадан мұңайдың: — Қуатым жоқ, амал не, Салған ісі Құдайдың! Жұмысыңды істей бер, —

Дедің дағы күрсіндің. Тағы сипап қолымды, Сәл ілгері ұмсындың. Қағып мені арқамнан, Кабинетке жібердің. Көкірегімде сақтаулы, Түрің, түсің, сондағы үн. Содан бері, Халима, Күйбең қағып жатырмын. Жұмыс емес, көбіне, Сені ойлауға батырмын. Сен қасымда барыңда, Өнімді еді жұмысым. Үлгере алмай ісімді, Тарылады тынысым. Жазғандарым ол жатыр, Машинкаға басылмай. Хаттар қалды үйіліп, Конверттері ашылмай. Ашылса да оларға, Дереу жауап жазылмай. Жазған жақсы кітап жоқ. Боп жүрсем де қызылмай. Өзің салған үлгімен, Танды ерте атырам.

Келгендерге кетерде, Кәмпит қана татырам. Шай беруге шамам жоқ, Газ жаға білмеймін. Кейде ұмытып есіктің, Күршегін де ілмеймін. Міне, қалқам, Халима, Саған бүгін айтарым. Мамыр туа қасыңа Тағы барып қайтамын. Тоғызында,42 онында43, Және Саған барамын. Жеңіс, туған күніңді Толқып, қарсы аламын. Балалармен қосылып, Шілдехана тойлаймыз. Бәріміз де ол күні Тек Өзіңді ойлаймыз. Сегізінші наурызда44 Саған барып қайтқанмын. Құран етіп өзіңе, Абай сөзін айтамын. Біздің енді Сен үшін Қолдан келер осы ғой. Өзіңді ешбір ұмытпау —

Көңіліміздің хошы ғой! 02.04.2003. 34 Ең кейінгі жылдарда, Тым жиі ауырдың Сен. «Ауруханаға жат» деп, Өзіңнен өтіндім мен. Бірақ, Сен, көнбедің: —Жоқ! — деп басынды шайқадың. —Неге? — деп сұрасам, Айтуға тайқадың. —Емделіп келші, — деп, Тағы да сұрадым. —Сені кім күтеді? — деп Кемсендеп жыладың. —Кім жасап береді Үш рет тамағыңды? Кім бағып отырады Қасын мен қабағыңды? Ауруханаға бармаймын,— Дедің, — сол себептен. Маған бір ой келді, Бір күні кенеттен. — Ауруханаға екеуміз Қатар жатайық, — дедім.

Күтім, күйі жақсы, Әм тамағы тегін. Сен онда базар жаққа Дедектеп жүгірмейсің. Дүкеннен азық тасып, Күн сайын бүгілмейсің. Жайғасып екі бөлімге, Жақсылап емделеміз. Жүздесіп сағат сайын, Жазылып, жөнделеміз. Сен бұрын ауруханадан Үш рет телефон соғатынсың: Таңертең, түсте, кешке Халімізді сұрайтынсың. «Ашығып қалдың ба?» деп, Мазасызданатынсың. «Балалар аман ба?» деп, Күйіп, жанатынсың. Екеуміз қатар жатсақ, Сен алаңдамайсың. Көңілің тынышталып, Емді дұрыс қабылдайсың. Осыным жөн емес пе? Әкелші қолыңды! — дедім. Келісші, айналайын,

Кетпесін еңбегім тегін! Менің бұл жалынғаныма, Сен сәл күлімсіредің. — Тамақтың тегінің қойшы, Барсақ барайық, — дедің. Осылай бірнеше рет, Емделуге жатып жүрдік. Аурухананың шипалы Дәмдерін татып жүрдік. Соңғы кезде Сен мүлде, Ол жаққа бармай қойдың. — Сол аурухананың Жазбайтын еміне тойдым! — Дедің де үйде бүк түсіп, Төсекке жатып қалдың. Үш рет орныңнан тұрып, Қазанға тамақ салдың. Көрсетпек көмегімді, Сен мүлде қабылдамадың. Маған ас ішкізіп болмай, Бір минут дамылдамадың. Мен жалғыз қалмасын деп, Қозғалмай қасымда отырдың. Үстелден бірге тұрып, Төсекке бетіңді бұрдың.

Мен Сені аялап, аяп, Қолтықтап, орныңа әкелдім. Ауырсаң да оқып жатқан Кітабыңды әпердім. Осылай күдікті күйде, Ілбіп жүріп жаттың. «Ақыры не болады?» деп, Мен сорлы қайғыға баттым. Ақыры Өзіңнен, жаным, Амалсыз айырылып қалдым. Тынымсыз өмірден кетіп, Сен тыныш деміңді алдың. Артында қу томардай боп Сопайып, жалғыз қалдым. Өзің сіз еш Қадірі Жоқ екен дүние, малдың. Кінә жоқ балаларға, Бәрі де күтеді мені. Мен болсам, алабұртып Тек қана іздеймін Сені! 03.04.2003. 35 Есінде ме бір жылы, Мен Семейге барғаным? Төлеу ақын тойынан45

Құрметпен оралғаным? Аягөзге қонғанда, Сен жайында айтқанмын. Тыңдаушылардың бәрін, Тегіс мұңайтқанмын. Содан кейін бір әйел, Іздеп келген Сені. Өзің туралы айтқан, Естіпті әңгімені. Аштық жылы оның да, Бал ал ар үйіне кетіп апасы, Әркімнің қолында өсіп Көп екен шеккен жапасы. — Сол апам Сіз бе деп, Үміттеніп едім, — деді. Сен емес болған соң, Қамығып, қайғы жеді. Сен оған көйлек кигізіп, Иығына камзол жаптың. Пойыздың билетін әперіп, Байғұстың көңілін жұбаттың. Екі күн үйде болып, Еліне қайтып кетті. Шексіз ризалық пен Алғысын айтып кетті.

Баяғы бұл оқиға Қалайша есіме түсті? Теледидар себеп болды, Қисапсыз қуаты күшті. Сыр шерттім Сен туралы, «Ақжүніс»46 арнасынан. «Хабардан» туысын тауып, Талайдың бағы ашылған. Бір кісі телефон соқты. — Ағатай, кешіріңіз, деп. Сұрағын: Халима апай Қай жерде өсіп еді? — деп. Алматы балалар үйіне Апайым берген екен. Туыстар көз жазып қапты, Балалар үйінен, ауысып мекен. Әкесі әкеммен аттас, Аты да сол жұрт білетіндей. Әпкемді ойлап шықтым, Түнімен, көзімді ілмей. Егер ол апам болса, Барып бас иер едім. Ақ күмбезін құшақтап, Құлпытасын сүйер едім! Осылай деп ол кісі,

Булығып, тоқтап қалды. Бейтаныс адамның мұңы, Жаныма жара салды. Мен сорлы, қиналып тұрып, Семейден екеніңді айттым. Осылай деп ол байғұсты Амалсыздан мұңайттым. — Ағасы, ғапу ет, деп, Ол трубканы жапты. Өткендер ойға түсіп, Мен тағы қайғырдым қатты. Сол сәтте баяғы әйел Еріксіз есіме түсті. Адамдарды мұндас еткен, Бұл Тағдыр неткен күшті?! Артынан телефон соқты, Бейбіт Құсанбек інім47. — Сізді біреу сұрап еді, Берместен телефонға тыным. Апасын іздеп жүр екен, Аштықта айырылып қалған. Халима апайдың есімін «Хабардан» құлағы шалған. Ол кісі апасын тапса, Теледидар болып себеп:

Көрермендерге қайтадан Хабар берейік деп ек. Мән-жайды ұғындырып, Бейбітке рахмет айттым. Есіме түсірді бұл да, Сен кешкен жетімдік жайтты. \"ХАЛИМА\" деген кітапты, Баспаға әзірлеудемін. Сен туралы айта берем, Аянбай, біткенше демім! 03.04.2003. 36 Бүгін шкаф ашқанда, Көзім түсті «Консуэлоға»48 Мен үшін ұлы кітапқа, Ешқандай жетпейді баға! Екі томды құшақтап, Көкірегіме бастым. Аңғармай қалдым, байқаусыз, Көзіме келгенін жастың. Іздегендей бір нәрсе, Беттерін ашып қарадым. Ештеңе таппай ішінен, Қайтып қалды талабым. Сонда да көңілім босап,

Сипадым мұқабасын. Өйткені ол кітапты, Сен, Талай рет ұстағансың. ... Қырық жетінші жыл еді, Екеуміз қосылғанбыз. Отаудың мүлкі болсын деп, Дүние жиғанбыз. Сонда басты мүлкіміз, Тек қана кітап болатын. Бір жақсы кітап алсақ, Көңіліміз толатын. Құмарта алушы едік, Көбіне, классиктерді! Жинауға ұмтылатынбыз, Барлық кемеңгерлерді. Бальзак, Гете, Шекспирді, Төрімізге жинадық. Пушкиннің бір кітабын, Басқаға беруге қимадық. Бір-бірлеп бас алмастан, Соларды оқитын едік. Абайдың асыл сөздерін де, Көкейге тоқитын едік. Мен жолаушы кеткен кезде, Сен менен озып кететінсің.

Оқыған кітап мазмұнын Маған мағлұм ететінсің. Өстіп жүріп жинаған, Жүз кітап тойын тойладық. Кітабымызды тағы да, Көбейтсек деп ойладық. Тырмысып, тірнектеп жинап, Мың кітап тойын өткіздік. Айлар, жылдар өткенде, Бес мыңға да жеткіздік. Жақсы шкафтар таба алмай, Кей кезде налып едік. Он мың кітап тойына да, Жақындап қалып едік. Амал не, Тағдыр солай, Мен Сенен айырылып қалдым. Мені артында қалдырып, Келмеске дүние салдың. Сен маған тынымсыз жиып, Мол байлық қалдырып кеттің: Мыңдаған кітапқа ие, Төрт балаға әке еттің. Солардың бәрінен де, Бір өзің қымбат едің! «Аһ!» ұрып артында қалып,

Қамығып қайғы жедім. Есіме түсесің, Сен, Кітаптарды көрген сайын. Өзіңді ойлағанда, Басады сары уайым. Сүңгіп бір тереңіне, Түбі жоқ, теңіздей ойдың. Қайтадан «Консуэлоны», Мұңайып, орнына қойдым. 05.04.2003 37 Сол кітаптар қуатымен, Мен-дағы жазушы болдым. Сенің шексіз қамқорлығыңмен, Былтыр сексенге толдым. Мен сексенге келген тойда, Екеуміз «қатар» отырдық. Ресторанның кең залын, Дос-жаранға толтырдық. Төрдегі жеке үстелге Екеуміз ғана жайғастық: Сен — портрет, мен — оригинал, Мыңбай болды той бастық49 Портретің алдындағы, Рөмкеге шарап құйылды.

Сенің атың аталғанда, Жұрт жым-жырт боп тиылды. Сені ойлап, ішім елжіреп. Маған бір толғаныс түсті. Артынан жұрт рөмкедегі Шарабыңды бөліп ішті. Әйелдер: «Апатай!» деп, Портретіңді сипады. Соның бәрі мен үшін Дәрідей болды шипалы! 06.04.2003. 38 Сексенге келдім селкілдеп, Сирек шашым желпілдеп. Өзіңді ойлап жылаймын, Көзімнің жасы көлкілдеп. Алпыс-жетпіс жақсы екен. Жүруші едім елпілдеп. Қамшылаймын өзімді: «Қайғыланба, серпіл!» деп. Жан, жүрегім елжіреп, Балаларға қараймын. Олар келмей кешіксе, Жағалайды мені мұң. Осыларды өзгеше,

Бір бақытқа балаймын. Сенен қалған сарқыт деп, Сом алтынға санаймын. Осылардың күшімен, Саған күмбез көтердім. Ол күмбездің суретін, Көрді оқырман — талай мың!50 Талай адам хат жазды, Махаббатың аян деп, Екеумізді айтады: — Қозы Көрпеш! — Баян деп. Кеңсайдағы51 ақ күмбез, Солардың бейітіңдей, — деп. Министрдің де аузынан,52 Естіп қалдым жақсы леп! 10.04.2003 39 Қосағымен бір жүрген, Адамдардың бағы бар. Саған айтар, сәулешім, Жаңалығым тағы бар. «ХАЛИМАНЫ» мен жазған53 Президент те оқыды. Сенің қасиеттеріңді Көкейіне тоқыды

Толқытар деп кім білген, Президенттей маңғазды! Разылықпен ол кісі, Маған арнап хат жазды. Мақтады: «Тағылымы мол, Керемет шығарма!» деп. «Қазір жастар оқырлық, Лайық хикая!» — деп Бұл хатты алып қуандым. Төбем көкке жеткендей! Өзіңнің көз жанарың, Алдымнан жалт еткендей! Біраз күн масайып болып. Мол шарап ішкендей болып. Қуандым: бір зілдей жүк, Иықтан түскендей болып. Қуандым — Президенттің54 Өзі хат жазғанына. Ақ қағаз бен қаламды, Қолына алғанына. Сенің адамдық ісіңе, Ойланып, толғанғанына. Жігер, қайрат, күшіңді Назарға алғанына. Қуанам: атынды Сенің,

Бар елге жеткізгеніме. Тіпті, Президентке де, Мәлім еткізгеніме! Өзіңді сағынып жүріп, Кейбір қуанышқа да қалам. Кездесулерге шақырған, Мектептерге де барам. Радиодан сөз сөйлеп, Теледидарға да шығамын. Мұны: жастар алдындағы, Борышым деп ұғамын. Газеттерге мақала, Естеліктер жазамын. Өлген, өшкендер жайлы, Ойдың түбін қазамын. Осының бәрін бүгін, Өзіңе баян етемін. Өсте жүріп мен дағы, Соңғы күнге жетемін. Оған дейін, тынбастан, Елге қызмет етемін. Содан кейін шалқалап, Өз қасыңа жетемін. 12.04.2003 40

Жас күніңде Сен, Уыздай едің. Қартайғанда да, Маған қыздай едің, Халима! Жек көрген жанға, Суық мұздай едің. Қол созғандарға, Биік құздай едің, Халима Жақсыларды Сыйлайтын едің. Жаманға жұртты Қимайтын едің Халима Өсек-аяңды Білмейтін едің. Алтынды көзге, Ілмейтін едің, Халима! Жетім, жесірге Береген едің. Болмайтын алды Көреген едің, Халима! Ойларың ұшқыр, Сезімді едің. Тұрмысқа қиын, Төзімді едің, Халима! Ұрыс-керісті

Білмейтін едің. Орынсыз ешбір Күлмейтін едің, Халима! Мысқылмен мені, Түйрейтін едің. Ақылмен алға, Сүйрейтін едің, Халима Жарамсақты Сүймейтін едің. Байлыққа бас Имейтін едің, Халима! Ешкімге жайсыз Тимейтін едің. Парасатыңмен Билейтін едің, Халима! Осындай асыл Халиман едің. Айырылып Сенен Қан қайғы жедім, Халима! 12.04.2003. 41 Ұмытылар бәрі де: Көрген қызық, бейнетің. Ұмытылмас сүйген жар, Одан алған зейнетің.

Талай рет сен үшін, Жанын берген суырып. Саған жұмсап бар күшін, Өзін отқа қуырып. Сен ауырсаң бәйек боп, Бірге ауырған сенімен. Өсек-аяң, бос сөзді, Жуытпайтын шеніне. Сүйетұғын күйеуін, Баласындай еміне. Жылататын жан жарын, Жүрегінің деміне. Жаным сүйген Халима, Осындай жар Сен едің. Мені көкке көтеріп, Қолтығымнан демедің. Сен қасымда жүргенде, Мен кімдерден кем едім? Артқа тастап жарыңды, Неге алысқа жөнедің? Амалсыздан Тағдырға, Бас иемін, көнемін. Сенсіз Өмір сұрықсыз — Күнде жанып, сөнемін. Өсиетіңді орындап,


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook