Сол кемеңгер айтқандай: Халима екеуіміздің ақылымыз бен жанымыз — мәңгілік махаббатымыз ешқашан өшпес деп үміттенемін. Басымыздан біз кешкен мәңгілік махаббатың ұлт ұрпағының жүрегінде өмір сүретініне сенемін. Соңғы айтар сөзім: — Еркектер! Әйелдеріңді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық — өз әйелің ғана! Одан айырылғанда кеудеңнен жаның шығып, салдырап қу сүйегің қалғандай күй кешесің! — Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялап ардақтаңдар. Өмір деген өткінші дүниеде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ. — Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер: аялаңдар, ардақтаңдар, абыройын төкпеңдер. Өзің үшін жаралған \"алтын балапанды\" тауып, мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар. 2-4 қыркүйек 2001 жыл Алматы, Абай даңғылы, 26 \"Транзит \" кафесі. Жиырмасыншы сөз (Халиманың жылын бергенде айтылған) Бүгін менің жан жарым Халимадан адасып, сыңарынан айырылған аққудай аңырап қалғаныма 360 күн болды. Халиманы Жер-ананың құшағына берерде қабір басында сөйлеген сөзімде: — Мен бүгін кеудемдегі жарты жанымнан айырылдым — жарымжан (жарты жан) болып қалдым, — деген едім. Сол жарты жан қалпымда 360 күн өмір сүрдім. Жыл өтсе де жарты жаным бүтінделген жоқ. Бүтінделмейді, жарымжан қалпымда жазылмастан Өмірден өтемін. Бүгін 360 күн. 360 күн бойына Халиманы жоқтаумен келемін: күн сайын күрсінемін, күңіренемін. Оны ойлап уһілегенде көкірегім қарс айырылады. Ол қайтыс болғанда 20 шақты газетте қазанама (некролог) жарияланды. Ол қайтыс болғаннан бері бір журнал, 3-4 газетте жоқтау сөзім шықты. Қазақ радиосынан Халиманың қасиеттерін айтып 4 рет сөз сөйледім. Бір рет теледидарға шығып, жарты сағат ол туралы әңгіме айттым. Әрине, оның бар жақсылығын айтып жеткізе алғам жоқ. Бірақ аз сөзімнің өзін көңіліме медеу еттім. Бұл 360 күнде күнделік дәптеріме Халиманы жоқтап 500 жол өлең жаздым. Екеуміз бір-бірімізді ең алғаш көрген күннен бастап, ең соңғы сағатымызға дейінгі оқиғалар тізбегінің тізімдерін
қағазға түртіп, бастыларын дараладым. Сөйтіп, ол туралы жазуларды екшеп, үлкен романға әзірлік жасадым. Роман жазсам деймін. Жазып үлгірермін деп үміттенемін. Мен Халимаға 9 жыл ғашық болдым. Одан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл тату- тәтті, ләззатты өмір сүрдік. Жұбымыз жазылған жоқ. Дүниежүзіндегі көп ғашықтардың (Петрарка мен Лаураның, Данте мен Беатриченің, Қозы Көрпеш пен Баянның, Қыз Жібек пен Төлегеннің т.б.) қолы жетпеген мәңгілік махаббаттың алтын тәжін біз басымызға кидік! Мен университетте отыз қыздың ортасында оқыдым. Оған дейінгі бозбала күнімде де, соғыс кезіндегі солдаттық шағымда да, студенттік уақытымда да бірде- бір қыздың кеудесіндегі қос анарына қолым тиген емес. Мен журналист, жазушы болып жүріп, талай елді араладым. Талай көрікті әйелдерді көрдім. Бірақ, олардың ешқайсысына қол созған емеспін. Халиманың ғана алмасын уыстадым. Тек Халиманың ғана етегін аштым. (Ұлы сөзде ұят жоқ!). Біз Халима екеуміз бір-бірімізге пәк күйімізде қосылдық. Пәктігімізді мәңгі сақтадық. Пәк қалпымызда бір-бірімізден көз жазып қалдық. Мінеки, біздің махаббатымыздың мәңгілік болған себебі сол! Сол мәңгілік махаббатың жібек жібінің үзілгеніне бүгін бір жыл болды, ағайын. Халима адамдық дәуренін басынан өткеріп, ұзатылған қыздай болып, мәңгілік мекеніне қарай аттанды. Ол былтырғы жылдың 28 шілдесі еді... Халима мінген пәуеске-катафалканың соңынан 3 автобус, 27 жеңіл машина тізіле сап түзеді. Осы ұзын көштің алдында бір, сол жағында бір қызыл белбеуі МАИ машиналары қошемет көрсете ілесіп жүрді. Қызыл белбеулі машиналар алдан қарсы келе жатқан көліктердің бәрін төбеге ұрғандай тоқтатып, жол шетіне шегелеп тастады. Осыған көз тоқтатқан жігіттердің бірі: — Апырай, мына Халима жеңгеміз министрдің әйелінен кем болмады-ау өзі! — депті. Сонда оның қасында отырған екінші бір ініміз: — Тіпті, кейбір министрдің өзінен кем емес десе де болады! – дейді. Бұл диалогты мен артынан естідім. Мінеки, сондай салтанатпен барып, қазақтың асқар Алатауының Кеңсай төбесіне жайғасқан Халиманың басына бүгін сонау Маңғыстаудан арнайы әкелінген ұлутас деп аталатын сүттей аппақ ақ тастан өрілген алты қанат ақ отау көтерілді. Осыдан 1500 жыл бұрын салынған махаббаттың мәңгілік күмбезі Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітіне ұқсайды. Өзіндей емес, әрине, пішіндес. Мен сол ұқсастығына қуанамын. Өйткені ол бейітті алғаш
көргенімізде Халима: \"Кейін екеуміз де осылай қатар жатсақ-ау!\" деген еді. \"Адаспай, алжаспай, ажыраспай!\" дегені болар. Оның ол арманы орындалды. (Бір күні мен де жанына жайғасамын ғой). — Біздің қолтықтасып келе жатқанымызды Қабанбай батыр көшесінен көргенде Тұманбай бауырымыз (Молдағалиев): — Біздің заманның Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы! — деп масаттанушы еді. Біздің өзара әзілдесіп, жарқылдап күліп келе жатқанымызды Абай даңғылы бойынан көргенде Мұзафар пен Шапау достарымыз (Әлімбаевтар): — Біздің Қыз Жібегіміз бен Төлегеніміз! — деп қуанушы еді. Тұрсынбек пен Күбіра марқұм достарымыз (Кәкішевтер) бізді қанаттаса ұшып келе жатқан қос аққуға теңейтін еді! Біздің Алматыда, Семейде, Павлодарда, Мәскеуде, Невельде, Подольскіде (әскери мұрағат), Киевте, Бресте (қаһарман қала) жұп жазбай қол ұстасып жүргенімізді көргендер көп. Солардың бірсыпырасы Халиманың жылына жайылған осы үлкен дастарқанның басында отыр. Жақында, \"Қазақ әдебиеті\" газетінде жарияланған мақаламда мен \"Жақсы жарға жан пида!\" деп жаздым. Халима мен үшін жанын пида етті. Тірлігінің әр секундін, әр сәтін маған арнап өмірден өтті. Мені: \"Аз уақыт болса да артымда қал, балаларымызға басшылық ет!\" деп бұл дүниенің босағасына байлап кетті. Біз тірлікте жұп жазбай өмір сүрдік. Өлгенде де қатар жатамыз. Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың аспанмен таласқан зәулім мазары Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданының жерінде тұр. Ал сол облыстың Абай ауданында туып, қамсыз сәбилік шағын Аягөзде өткізген, жетімдік қасіретті күндерін Семейде өткерген, Ұлы Отаны соғысы кезінде Қиыр Шығыста, Мәскеуде әскери қызмет атқарған, қалған өмірін, аналық ұлы міндетін Алматыда аяқтаған Абай қызы, Аягөз аруы, Семей сұлуы, Мәскеу жауынгері, Алматы тұрғыны Халиманың, — менің Халимамның, баға жетпес бақытым болған Халима Қалиәкпарқызы Өзбақанова — Нұршайықованың, кешегі Баян сұлу мен Еңлік арудың сіңлісі Халиманың күмбезі күмістей жарқырап, ақбас Алатаудың иығында тұр! Биыл күзде \"Қозы Көрпеш — Баян сұлу\" жырының 1500 жылдығы кең-байтақ Қазақстан жерінде кеңінен аталып өтеді. Осы ұлттық рухани ұлы мереке қарсаңында Аягөз жерінде жерленген Баян сұлудың сіңлісі Халиманың басына ақ күмбез көтерілуін әрі ұлттық ырым, әрі адами мақтаныш етемін! Мақтанды деп айыпқа бұйырмаңыздар, ағайын. Сөкпеңіздер. Ханның қызы емес, патшаның бәйбішесі емес, қарапайым қазақ қызы, менің момақан Халимамның басына мұндай ескерткіш орнатылғанына қалай қуанбайын. Қаражат қамдап,
жарғақ құлақтары жастыққа тимей, осы күмбездің көтерілуіне аянбай қызмет еткен балаларыма мәңгі разымын! Халима жеңгесінің қайтыс болғанын газеттен естіп, сонау алыста Ақтауда жатқан ардагер азамат, белгілі сәулетші, атақты ақын, аяулы философ інім Сайын Назарбекұлы ықылас білдірді. Алыс Ақтау қаласынан арнайы келіп, жеңгесіне дұға бағыштап, жатқан жерін көріп, осы бой көтерген күмбездің жобасын жасады. Сол жоба бойынша Маңғыстаудан әкелінген шөгіп жатқан ақ түйе тәрізді ақ тастарды өз қолымен нанша тіліп, Есберді Олжабаев інім күмбезді көтерді. Осы көрікті күмбездің ішкі қабырғаларына, кешегі мәңгілік Күлтегін ескерткішіндей етіп, тамаша зергер-суретші Мұратбек Есболов бауырым Халима- ананың мейірбан, сүйкімді жүзін тас бетіне бедерледі. Осы үш азаматқа шын жүрегімнен шексіз алғыс айтып, иықтарына Абылай ханның, Абайдың, Әуезовтің шапандарын жауып (соңғысынікі макинтош), бастарына хан қалпақ, қара тақия, шетен шляпа кигіземін. Биылғы төпелеген қалың жауын, шудалары шұбатылған қара бұлттың астында қажымай қызмет етіп күмбезді көтерген қайратты құрылысшы інішектерім Асхат Айтмұхамбетовке, Ермек Бекбосыновқа, Айдын Баймұхамбетовке, Жанат Төлеубаевқа және Самат Жақыповқа өте ризамын. Олардың әрқайсысына өзімнің \"Өмір өрнектері\" кітабымның бір-бір данасын ескерткіш ретінде зор құрметпен сыйлаймын. Халима күмбезін көтеруге өз шамаларынша қаражат қосқан азаматтарға: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Нұртай Сабильяновқа, Мұхтар Құл-Мұхаммедке, жиенім Нұржан Нұрмұхамбетұлы Әжімбетовке, Олжас Омарұлы Сүлейменовке, Мұхтар Шахановқа, құдам Керейхан Аманжоловқа, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмат Зарлықұлы Мурзинге және басқаларға (барлығы 85 адам) шын жүректен алғыс айтамын. \"Сіздерді Тәңір жарылқасын!\" деймін. Менің Халима туралы қысқаша естелігімді халыққа жариялаған \"Жұлдыз\" журналының, \"Сарыарқа самалы\", \"Семей таңы\", \"Қас-қағым сәт\" газеттерінің, Қазақ радиосының, \"Қазақстан\" арнасының \"Ақжүніс\" бағдарламасының ұжымдарына шексіз алғыс жолдаймын. Қазір ол естелік орыс, ағылшын тілдеріне аударылып жатыр. Халимадан айырылып, аңырап қалғаннан кейін, менің жетімдігімді мүсіркеп, қазақ дәстүрі бойынша үйлеріне шақырып, бір шәугім шай берген, кейбірі иығыма шапан жапқан он үйдің адамдарына көптен-көп рақмет. Енді айтылмаған не қалды? Күмбездің төбесінде неге ай, немесе жұлдыз, тіпті болмаса крест жоқ? Неге найзаның үшкір ұшы бейнеленген? — деген сұрақ бар шығар.
Ол сұраққа саңлақ сәулетші Сайынның өзі былай деп жауап берген: — Ай — мұсылмандық, қызыл жұлдыз — коммунистік, крест — христиандық белгі. Діни ишара. Ал махаббат өз алдына дін. Ешқашан өшпейтін, жоғалмайтын, жойылмайтын дін. Өзге діндердің бәрінен де күшті дін. Ол адамның асыл жүрегін тесіп өтетін найза тәріздес ең өткір сезім. Мен ақ жеңгем Халиманың басына тек қана осы белгіні лайық көрдім. Ол осылай деген еді. Мен інімнің бұл даналық жауабына шын жүректен ризамын. Мен жан болып жаратылып, АДАМ болып дүниеге келгеніме бақыттымын! Мен Халимадай ғажап жар сүйіп, мәңгілік махаббатты басымнан кешіргеніме бақыттымын! Мен махаббаты мәңгі қадірлеп, қастерлеп келе жатқан қазаққа деген ұлы халықтың перзенті болғаныма бақыттымын! Бұл менің жан жарым Халиманың жылына арналып жайылған дастарқан үстінде, оның басына мәңгілік ақ отау көтерілген тойын өткізген күнгі соңғы сөзім. Бірақ, бұл менің Халима туралы соңғы сөзім емес. Халима туралы үлкен сөзімді романымды \"Мәңгілік махаббат жыры\" деп атармын, бәлкім. Екеумізді Тағдыр қосып, біз дүниежүзіндегі ең бақытты ғашықтардың қатарына кірдік. Мың мәрте шүкіршілік бұған! Ойлап қарасам, бүкіл тіршіліктің, бар ғұмырдың мән-мағынасы, сән-салтанаты, қызық-шыжығы адал жар ғана екен. \"Жақсы жарға — жан пида!\" дейтін себебім сол! Сау болыңыздар. Асыл махаббат аясында өмір сүріңіздер. Халиманың жетісінде, қырқында оны еске түсіруге келгендерге \"Махаббат, қызық мол жылдар\" мен \"Өмір өрнектері\" кітаптарының 80 данасын қабыл алыңыздар. Сіздерге ескерткіш болсын. Осы мәжілісте мен 5-ші және 6-шы инфарктке ұшырағанда Халима екеумізді жеке палатаға жатқызып емдеп, мені ажалдан алып қалған екі дәрігер отыр. Бірі республикалық кардиология институтының қазіргі директоры, профессор Әлихан Қазақбайұлы да, екіншісі сол институттың жетекші ғылыми қызметкері, бұрын Павлодар обкомында менімен бірге қызмет істеген досым Мұхи Көшімбаев марқұмның қызы (менің де қызым) Күлзида Мұхиқызы Көшімбаева. Сол сияқты мені алғашқы инфаркттерден аман сақтап қалған Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Орталық ауруханасының бұрынғы Бас дәрігері Мұхтар Айтқазин және осында.
Өмірімді сақтап қалған осы үш адамға ерекше құрмет көрсете иіліп, тағзым етемін. Өйткені мен қазір Сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеп, тік тұрғаным үшін осы кісілерге және басқа дәрігерлерге қарыздармын. Халима барлық дәрігерлерді, әсіресе, осы үшеуіңізді және аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі болған Марат Әбдірахманұлы Баязитовты ерекше бағалап, құрметтеуші еді. Дәрігерлерді аялап, ардақтауға өте зор мән беретін. Халима дәрігерлерге мейрам сайын сый-сыяпат жасап отыруды ешқашан ұмытпайтын. Біздің аурухананың, әсіресе, №48-қабинеттің дәрігерлері мен медбикелері Халиманың осы қамқорлығын әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді. Халима: Көктегі Құдай өз алдына, ал Жер бетіндегі Тәңір дәрігерлер деп есептейтін еді... Халиманың жылына және оның басына ақ отау көтерілу тойына қатысқан бәрлеріңізге рақмет. Халиманы еске ала жүріңіздер. Ол бәрілеріңізді жақсы көрді. Шеттеріңізден құрметтеп, сыйлай білді. Екеуміз ауырып жатсақ та әзілдесе беретін едік. 1997 жылы ол ауруханаға жатып, операцияға түсерде мен: — \"Жаман айтпай — жақсы жоқ\". Сен олай-бұлай болып кетсең, менен құран дәметесің бе? Мен құран оқи білмеймін ғой, — дедім. — \"Халима! Халима! Халима!\" деп менің атымды үш рет атап, \"біз аманбыз, Сені ұмытқан жоқпыз!\" десең жетеді. Немесе Абайдың бірер ауыз өлеңін оқы. Мәселен. \"Айттым сәлем Қаламқастан\": Айттым сәлем, Қаламқас, Саған құрбан мал мен бас. Халима! Сағынғаннан Сені ойлап, Келер көзге ыстық жас, Халима! — десең болды. Одан соң: Сенен артық жан тумас Туса туар, артылмас, Халима! Бір өзіңнен басқаға Ынтықтығым айтылмас, Халима!
— деп жалғастырсаң және еркің. Мен соны құран деп қабылдаймын, деді ол күліп. Ол жолы ауруханадан аман қайтты. Бірақ, Халиманың осы сөзін ешқашан ұмытпаймын, ағайын. Сіздердің де естеріңізде болсын. Егер Халима күмбезінің қасынан өтсеңіз, немесе Алматыдан Талғарға қарай кетіп бара жатқаныңызда оң жағыңыздан Алатау иығында ақ күмістей жарқырап тұрған күмбез көрінсе, Халиманың атын атап, бет сипаңыз. Құран білмесеңіз, Абайдың бір ауыз өлеңін оқыңыз. Рухы риза болады Сізге. Халиманың қасында жатқан мен де қоса қуанамын онда. 21-шілде, 2002 жыл, Алматы, \"Айтұмар\" банкет залы.
МІНӘЖАТ 5-мамыр күні кешке Тұрсынбек Кәкішев телефон соқты. — Ертең Мырзабекті еске алу кеші болады. Соған келіңіз, — деді. — Мен сырқатпын ғой, Тұрсынбек. Бара алар ма екенмін, — дедім оған. — Жоқ, болмайды, ауру болсаңыз да келесіз, — деді ол әр сөзін шегелей айтып. Әрине, баруым керек. Бірақ, барғанда не айтамын? Мырзабек бейнесін \"Махаббат, қызық мол жылдар\" романында жасадым. Романдағы Жомартбек сол. Одан қалғанын былтыр мен алдыңғы жылы \"Жұлдыз\" журналында жарияланған \"Өткелдерде\" айттым. Оларды қайталаудың қажеті не? Жұрт естімеген жаңа естелік айту керек. Ондай не қалды? Мені қинаған бір ой осы болды. Осыдан он жыл бұрын Мырзабектің 60 жылдығын атап өткенбіз. Ол алпысқа толуына бес айдай ғана қалғанда өмірден өтіп кетті ғой. Амандық болса, алпыс жылдығымды өткіземін деп әзірленіп жүр еді. \"Менің тойыма не әкелесіңдер?\" дейтін еді ол әзілдеп. \"Сенің тойыңа өзіңде жоқ нәрсе апарамыз\" дейтінмін мен. \"Менде бәрі де бар ғой. Сонда не әкелесің?\" дейтін ол ойлана түсіп. \"Оны той күні қолыңа ұстатқанда көресің\". Шапан-шапқыт өз алдына ғой. Мен Мырзабекке мүлде елеусіз бір нәрсе тағы да әзірлеген едім. Өзге ғалым жазушылардың қалталарында визиткалары толып жүргенде, мұндай дүние Мырзабекте ешқашан да болмайды. Өйткені ол ондай ұсақ- түйекке мән бермейтін. Сондықтан мен оның аты-жөні, атақ-лауазымы, үйі мен кеңсесінің әдіріс-телефондары жазылған 300 дана визитка жасатып, тықтырып қойғанмын. Мерейтойы күні қолына тапсырармын деп ойлағанмын. Әрине, ол қуанатын еді. Өйткені ол мерейтойына жетпей, қайтыс болып кетті. Досымыздың алпыс жылдығы оның өзінсіз өтті. Оның көптеген жора- жолдастары жылы-жылы естеліктер айтты. Қазақтың ұлы ақыны Әбділда Тәжібаев оған арнаған өлеңін оқып, халықты қатты тебірентті. Мырзабек дүниеден өтерде екеуміз ауруханада бірге жаттық. Ол төменгі қабаттағы бөлмеде, мен жоғарыда болдым. Сонда маған баспадан жаңа ғана шыққан \"Ғасырлар сыры\" деген ең соңғы кітабын әкеп сыйлады. Бірінші бетіне әдейі арнап мынадай үш шумақ өлең жазыпты. Қадірлі Әзілхан! Табиғаттың сыры бар ашылмаған,
Деректер көп әлі де басылмаған. Кейде олай жорылған, кейде бұлай, Адамзаттың тарихы ғасырлардан. Білсем-дағы әлжуаз өз жайымды. Көп іздендім, тауысып көз майымды, \"Қудық қаздым инемен\" ерінбедім. Жақындығын білсем де \"күз\" айымның. Жазғаным жоқ тарихта қалайын деп, Қаламақы молырақ алайын деп. Аямадым жүректі, жараладым. Кәдесіне жастардың жарайын деп. Өзіңнің Мырзабегің. 30.07.88. Аурухана. Біз оның жаңа кітабын үйден ыстық мәнті алдырып \"жудық\". \"Халиманың мәнтісін сағындым\" деп, ол осы дәмді қалады. Ac үстінде көп қызықты әңгімелер айтты. Ең соңында Мырзабек: — Ауруханадан шыққаннан кейін бұл кітапты дүкеннен көп етіп сатып алып, достарымның бәріне таратып беремін, — деді. Бірақ, ол тарата алмады. Ертеңінде қайтыс болып кетті. Оның алпыс жылдығында \"Ғасырлар сыры\" кітабының алпыс данасын сатып алып, жиналғандарға мен тараттым. Оның қағазға түсірген ең соңғы қолтаңбасы маған арнаған өлеңін 60 дана етіп, фотоға көшіртіп, оларды жиналған жұртқа үлестірдім. Оған арнап алған шапанымызды артында қалған жалғыз ұлы Ерденнің иығына жаптым. Жан жары Зураға көйлек кигізіп, мойнына шәлі орадық. Ең соңында Мырзабекті қуантамын деп арнайы жасатқан визиткалардың 60 данасын залда отырған адамдарға бөліп бердім. Тұрсынбекпен сөйлескеннен кейін баяғы визиткалардың қалдығын іздедім. Бар екен. Солардың 70-ін санап алдым. Олардың бәріне \"Дүйсенов\" деген сөздің алды- артынан \"70\" \"жыл\" деген екі сөзді жазып, аяғына: \"Әуезов мұражайы, 6. V. 1999. Әз. Нұршайықов\" деп қол қойдым. Бұл жұмысты түнгі сағат он бірде бітірдім.
Таңертеңгі сағат алтыда дәрі ішуге ояндым. Осыдан бастап әр екі сағат сайын күні бойы (түнгі он екіге дейін) бір-екі таблеткадан қылғытумен боламын. Сол себепті, көбіне, таңертеңгі алтыдан кейін ұйықтамаймын: кітап оқимын, радио тыңдаймын, әр түрлі ойлар ойлап, афоризмдер шығарамын. Бүгін таңертеңгі оразамды дәрімен ашқаннан кейін, Мырзабекті еске алу кешінде ол туралы оригинальный не айтамын деп ойлаумен болдым. Еске aлy кеші күндізгі сағат он екіде Әуезов мұражайында басталады. Айтатын ойымды соған дейін реттеп алуым керек. Толықтап жазып алуға уақыт тығыз, үлгере алмаймын. Ауызша айтуға тура келеді. Алдын-ала жазып алмаған сөз шашылып, шашау шыға береді. Бірақ, амал жоқ. Осы жайларды ойлап жатқанымда \"Махаббат, қызық мол жылдар\" романы прототиптерінің дөңгелек шеңберге салынған суреті есіме түсті. Ол суреттер роман бойынша деректі фильм түсіру кезінде компьютермен жасалынған болатын. Басты бейне прототиптерінің ең жоғарғы жағында Мырзабектің суреті тұрған. Оны еске түсіру жиналысына келгендерге бұл да елеулі ескерткіш болуға тиіс. Сондықтан сағат тоғыздан кейін көшедегі ксерокстердің біріне апарып, оны 70 дана етіп бастырып алуым керек. Кенет келген бұл ойға қуанып, төсектен тұра сала сол суретті іздедім. Бір данасы сақталған екен. Алты адамның кішкентай суреттері салынған гүлдесте (букет) сияқты суреттерді 70 дана етіп бастырып әкеліп, олардың әрқайсысының сыртына: \"Сізге М.Т. Дүйсеновтің 70 жылдығына арналған еске алу кешінен ескерткіш. Әз.Нұршайықов. 6. V. 1999 ж. Алматы, Әуезов мұражайы\" деген сөздер жазып, қолымды қойдым. Осы шаруаны тындырып бола берген кезде Мырзабектің мені 1947 жылы Семейге шығарып салғаны сап етіп ойыма орала кетті. Мен Ұлы Отан соғысынан келгеннен кейін университетке оқуға түстім. Студенттер арасынан тапқан жалғыз досым Мырзабек болды. Екеуіміз жатақханада алты ай бойы бір кереуетте жаттық. Сол кезде 1946 жылдың аяғында менің сүйген қызым Халима әскерден қайтты. Семей облысының Шар ауданына барып, мұғалім болып орналасты. Мен Халимаға жетуге ынтықтым. Университеттен жарты жылға академиялық демалыс алып, елге кетуге қамдандым. Мырзабек менің оқуды тастап кетуіме қарсы болды. — Халиманы қайтесің, осындағы отыз қыздың біреуін алмайсың ба? – деді. Онда біздің курста отыз қыз бар болатын. — Маған Халимадан басқа қыздың керегі жоқ, — дедім оған. Ол мені I Алматы вокзалына шығарып салды. Мен №54 Ташкент-Новосибирь поезына билет алдым. Вагонның алдына келгеннен кейін Мырзабектің менің кері қайтпасыма көзі жетсе керек, күрсініп, басын шайқады. Содан соң:
— Мені қайда қалдырдың, досым-ау? Кімге қалдырдың? – деді қиылып. Мен күлдім. Күлгенім \"Қыз Жібек\" қиссасындағы Төлегеннің қыз іздеп, Ақ Жайыққа аттануы ойыма орала кетті. Сонда шешесі Төлегенге: \"Қарағым, алысқа аттанба, таңдап жүріп бір қыз осы жерден ал!\" деп тілек ететін. Бірақ, Төлегеннің алған бетінен қайтпасын білген соң: \"Бізді кімге тапсырдың?\"дейтін ұлына. \"Бір Құдайға тапсырдым\" деп Төлеген боз жорға атын орғытып Жайыққа қарай жөнеле беретін. Біздің курста менен басқа соғыстан келген тағы да үш ұл бар болатын. Олар менен кейін келіп қосылған Амантай Байтанаев, Қайсар Қасымбеков және Бүркіт Ысқақов деген майдангерлер еді. Мырзабектің өзімен құрдас Байтан Кәдірқұлов деген бозбала жігіт және бар. Отыз қыздың ортасында қаздай қалқып жүрген сол жігіттерге тапсырдым деп айтпақ болып, өлеңдетіп былай дедім: Жаяу әскер взводын, Маң-маң басып бастаған, Жаудан қорқып, саспаған, Оң қолын оқ жұлып әкетсе де, Кейін қарай қашпаған Амантай ерге тапсырдым. Коккинаки секілді, Көк жүзінде ойнаған, Самолетін шүйілтіп, Фашистерді төбеден Бомбалауын қоймаған, Сұлуды көрсе сұқтанып, Тамсануға тоймаған, Қайсардай сері ұшқышқа, Бір өзіңді тапсырдым. Биязы ылғи жүретін, Жымиып қана күлетін,
Сабағын жақсы білетін, \"Сөз патшасын\" сағалап, Өлеңнен \"үйрек\"ілетін, Төмен ұстап дауысын Сөз сөйлейтін үркітпей, Қан кешіп келген қаһарман. Жауынгер ағаң Бүркіттей. Қырандарға тапсырдым. Рамазан мен Байтандай Ұландарға тапсырдым. — Тағы кімге? — деді Мырзабек күлім қағып, дереу маған жауап беруге асыққандай болып. — Тағы ма, тыңда, — дедім мен өлеңімді ары қарай жалғап. Көздері оттай жайнаған, Бұлбұл құстай сайраған, Жүрегінде бәрінің Мөлдір махаббат мөлтілдеп, Достық, мейір, сыйластық, Тай қазандай қайнаған. Сүйкімділік шырайы, Тілді тас қып байлаған; Мәнтай, Майра, Күлкендей, Үш Әсия, Перизат, Сәния мен Сақила, Камалия, Шарипа,
Қанафия, Нұржамал, Халжан менен Құлзайдай Жұмабике, Төлеудей, Ақанай мен Нәзила, Бағдат, Бикен секілді. Аққу мойын, қолаң шаш, Қыр мұрынды, қиғаш қас, Отыз қызға тапсырдым! Осылай деп Мырзабектің қолын алдым. Паровоз бұрқырата бу шашып, Семейге қарай жүргелі тұр... Мырзабек қолымды босатпай, Қыз Жібекке қарай аттанып бара жатқан Төлегеннің шешесінің әуенімен, ол да өлеңдете боздатып қоя берді: Уа, көл иесі, Қамбар-ау, Шөл иесі, Қамбар-ау! Әзілхан деген досыма Әрқашанда көз сал-ау. Адасса жолға салып жүр, Көз жазбай, қойдай бағып жүр. Барлық пәле-жаладан, Бір өзің қорғап, қағып жүр. Жаны жібек бұл жігіт, Төлегендей талпынып, Ғашық жүрек алқынып, Төрт жыл тосқан жан жары Халимаға жетсем деп, Уа, көл иесі, Қамбар-ау!
Бұған қарсы дұшпанды Қаңылтырдай қабыстыр. Халима мен екеуін Желімдей етіп жабыстыр. Айқастырып білегін, Қабыл етіп тілегін, Мәңгілікке табыстыр! Алло Әкпар! Ол осылай деді. Бұл адал достың ғана аузынан шығар ақ батадай мінәжат сөз еді. Оның оң батасы қабыл болды. Мырзабек батасын бітірген кезде \"бақ\" етіп, паровоз қозғалды. Мен ырғып вагонға міндім. Содан соң қара паровозды көңілмен қамшылап, екі аяқпен еденді тепкілеп: Бектен мінер сұр қасқа, Шаба алмаса, үр басқа! Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық жолы бір басқа! – деп әндетіп, Алматыдан Семейге қарай тартып бердім. Бұл бұрын айтылмаған деталь. Бүгінгі Мырзабекті еске алу кешінде осыны айтуым керек деп шештім. Дереу букет-суреттердің сыртына сөз жазуды тоқтатып, осы шумақтарды ойыма түсіріп, бөлек қағазға түрте бастадым. Сурет сөздерін жиналыс үстінде жазармын деп ойладым. Алдымен Тұрсынбектің өзі \"Дос туралы сөз\" деген тақырыпта баяндама жасайды. Содан кейін мен сөйлеймін. Сөйтіп, Семей жақта Халимаға үйленіп, Ақбұзау ауылындағы Отан соғысында опат болған әкем үйінің өшіп қалған (шешем соғыс кезінде өлген) түтінін түтеттім. Содан кейін жан жарымды ақ білегінен ұстап Алматыға алып келдім. Халима ЖенПИ- ге түсті. Мен отыз қыз бен алты ұлдың ортасына оралдым. Олармен бірге университет бітірдім. Біздің курстан университет бітірген Мырзабек екеуміз Ғылым академиясының аспирантурасына жолдама алдық. Соған түстік. Ол ғалым болып
шықты. Мен бола алмай қалдым. \"Социалистік Қазақстан\" газеті (\"Егемен Қазақстан\") мені қызметке қабылдап аспирантурадан қол үздірді. Мен Мырзабекті ешқашан ұмытпаймын, үлкен портреті кабинетімде қарсы алдымда тұр. Маған арнаған соңғы өлеңінің фотокөшірмесі жазу үстелімнің үстінде жатыр. Өзі сыйлаған он бес кітабы сөрелерде тізулі. Мырзабек деген аты жүрегімде жазулы, жанды бейнесі кітаптарымда сақтаулы. Мен үйден ұзап шыға алмаймын. Бірақ, Халиманың демеуімен барып, Мырзабекті еске алу кешіне қатысамын. Оны жақсы көрген адамдармен жүздесемін. Бір кезде ол өзінің салалы саусақтарымен сан рет қысқан алақандарды ұстаймын. Бұл мен үшін үлкен ғанибет. Кеште мен Мырзабек туралы осы естелікті айтамын. Айтамын да: — Бізбен бірге оқыған Амантай асқар таудай болып әне отыр. Атақты жазушы. \"Сұлуды көрсе сұқтанғыш\" сол Қайсар әне отыр. Өмір бойы ЖенПИ-де сабақ беріп, сан сұлуды тәрбиелеген саңлақ-педагог. (Кеше хабарлағанмын. Бүгін олар да келуге тиіс). Мен, міне, естелік айтып тұрмын. Ал, Мырзабек \"Көл иесі Қамбарға\" жалынып: Әзілхан мен Халима екеуін, Желімдей етіп жабыстыр. Айқастырып білегін, Қабыл етіп тілегін, Мәңгілікке табыстыр! Алло Әкпар!— деп мінәжат еткен Халима да осы залда отыр. Оның бізге бұл батаны бергеніне биыл 52 жыл болыпты. Адал достық ақ батасы қабыл болды! деймін. Мен осы сөздермен естелігімді аяқтаймын. Өзі қысқа. Жұрт жалықпайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын Алматы вокзалының басында Мырзабек екеуміздің арамызда болған диалогтың еске түскен жолдарын қағазға көшіріп алып, сағатқа қарадым. Тура бір жарым болған екен. Еске түсіру кеші екіде басталады. Асығып орнымнан тұрып, дереу киіне бастадым. 13 мамыр 1999 ж. Қызылорда облысының әкімі Б.Сапарбаевқа Құрметті Бердібек інім!
Бұрын, Рымбек Байсейітов марқұм министр кезінде Сіздің мекемеге кіріп-шығып жүретін едім. Рәкең менің Ұлы Отан соғысында қатар жүріп, қан кешкен досым болатын. Бәлкім, сол кезде Сіз бен біз кездескен де болармыз. Кездессек те, кездеспесек те Сізге сәлем жолдаймын. Сәлем соңынан айтайын дегенім мынадай сөз. Ұлы Отан соғысынан келе сала студент болдым. Қазақ мемлекеттік университетінде оқыдым. Студент кездегі менің Байсейітовтен кейінгі екінші досым Сіздің жерлесіңіз Мырзабек Төлегенұлы Дүйсенов деген азамат болды. Мен оны өзімнің \"Махаббат, қызық мол жылдар\" романымда Жомартбек (\"жомарт\", \"мырза\" деген сөздің синонимі ғой) деген атпен бейнеледім. Кейінгі жылдарда (1997-1998) \"Жұлдыз\" журналында жарияланған \"Өткелдер\" деген роман-естелігімде сол досымның адамгершілік, азаматтық қасиеттері туралы тағы да айттым. Міне, сол қазақ еліне аты мәлім, әйгілі азамат, атақты ғалым, белгілі жазушының (он шақты повесі және төрт кітаптан тұратын ғылыми-этнографиялық үлкен романы жарияланған) туғанына 70 жыл толды. Жақында, Алматыдағы М.О. Әуезов мұражайында, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағында қаланың зиялы қауымы оны әспеттеп атап өтті. Ол жайында газеттерде мақалалар басылып (\"Қазақ әдебиетінде\" С. Дәуітұлының \"Егемен Қазақстанда\" профессор Тұрсынбек Кәкішевтің, т.б.), радио және теледидардан арнайы хабарлар берілді. Осы оқиғаға орай ағалық ретінде Сізден мынаны өтінемін: Ардақты азамат, атақты ғалым, көрнекті жазушы Мырзабек Дүйсеновке оның туған елінің орталығы Қызылорда қаласының бір көшесіне және облыс мектептерінің біріне есімін беруге қамқоршы болсаңыз екен. Ұлы Отан соғысының қаһарман батырларының бірі, майдангер досым марқұм Байсейітовтің тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатып, есімін есте қалдыруды тілек етіп, 1995 жылы Президентке хат жолдаған едім. Ол кісі өтінішімді қолдады; марқұмның үйінің қабырғасына ескерткіш-тақта орнаттырып, Семей қаласының бір көшесіне және ондағы Қаржы-қаражат колледжіне Р.С. Байсейітов есімін бергізді. Енді қазақ халқының ардагер ұлдарының бірі Мырзабек Дүйсеновке байланысты осы өтінішімді Сіз де ілтипатқа алар деп үміттенемін. Бұл хатқа Мырзабек ағаларыңыздың қайтыс болардан бір күн бұрын маған арнап жазған ең соңғы өлеңінен фотокөшірмесі мен аталмыш роман кейіпкерлерінің прототиптері бейнеленген құжатты қоса жіберіп отырмын. Ең жоғарыда бірінші боп тұрған Мырзабектің суреті. Бұл бір сөз, Сізге айтайын деп отырған екінші сөзім және бар. Ол сөзім мынадай: Сіздің әкімшіліктегі азаматтардың қолында тағы бір асыл азамат, жазушы-
журналист, сол елдің перзенті Байжігіт Әбдіразақовқа лайықты ескерткіш белгілер орнатуды тілек етіп, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Журналистер одағы, \"Егемен Қазақстан\" газетінің редакциясы, Қызылорда облысының ардагер журналистері жазған бір топ хат жатыр. Соларды алдырып қарап, тиісті қамқорлық көрсетуіңізді және сұраймын. Бұл мәселе жөнінде Сіздің қабылдауыңызға кіре алмай жүрген сол қалада марқұмның жесірі Жарсыбике Әбдіразақова деген апаңызды әкімшілікке шақырып, сөйлессеңіз мейірбандық мархабат болар еді. Зор құрмет, ағалық сәлеммен Әзілхан Нұршайықов. (\"Қазақ әдебиеті\" газеті, №25 (2603), 18-25 маусым, 1999 жыл).
СҰХБАТ Ұрпақта немере тәтті, Тұрмыста татулық тәтті. Біздің отаудың бүгінгі қонағы белгілі қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов. Оның есімі иісі қазаққа таныс \"Махаббат, қызық мол жылдар\" романымен белгілі. \"Алыстағы ауданда\", \"Жомарт өлке\", \"Алтын соқпақ\", \"Махаббат жыры\", \"Ақиқат пен аңыз\", \"Өмір өрнектері\", \"Тоғыз толғау\", \"Қаламгер\", т.б. кітаптардың авторы. Тілші: — Әзілхан аға, жарыңызды отырыстарда, әлде бір басқосуларда қызғанған күндеріңіз болды ма? Оның ше? Ә.Н: — Болды. Халима екеуміздің ең алғаш қосылған кезіміз еді. Онда Халима \"Суық бұлақ\" мектебінде мұғалім болатын. Мектепте Бірінші май мерекесіне арналған кеш болды. Мұғалімдер, ауыл активтері, әйел-еркек көп жиналды. Кейбір ер мұғалімдер, ауыл жастары Халиманы қайта-қайта биге шақырады. Халима бас тартпай бәрімен де билеп кетеді. Өзіңнің өлдім-талдым деп қолың әрең жетіп, жаңа ғана үйленген жарыңды бөтен біреудің құшағында көру қиын екен. Қызғаныштан ішім күйіп кетті де, сыртқа шыға жөнелдім. Түн болатын. Далада жауын құйып тұр екен. Есік алдындағы электр бағанасына сүйеніп, жауынның астында тұрдым да қойдым. Бір уақытта іштен жүгіріп Халима шықты. Қараңғыда әрі жүгірді, бері жүгірді. Анда-санда \"Әзіл! Әзіл!\" деп дауыстап қояды. \"Иә!\" дедім бір кезде даусым әрең шығып. Ол жүгіріп жаныма жетіп келді. — Айналайын-ау, қайда жүрсің? Неғып тұрсың жауынның астында? — деп құшақтай алды. Құшақтаған кезде жаңағы ашуымның қайда кеткенін білмей қалдым. — Ішім күйіп кетті, — деппін аузыма не сөз түскенін аңғармай. — Неге? — Сені басқа біреулер құшақтағанда! — Жаным-ау, ол бидің тәртібі ғой. Биге кім шақырса, соны мен ортаға шығып билеу керек. Шықпай қою көргенсіздік болады, — деді ол мені аймалап. — Білмеймін! — деп мен басымды шайқадым. — Жүрші ішке кірелік. Мен енді ешқашан да ешкіммен билемеймін! Биі құрсын! — деді менің қолтығымнан алып. Содан кейін ол өзгемен ешқашан биге шыққан емес.
Оның да бір рет мені қызғанғаны бар. Ол кезде Павлодарда тұратынбыз. Облыстық газеттің редакторы кезім. Очерктерім республикалық газеттерге үсті- үстіне жарияланып, очерк кітаптарым бірінен соң бірі шығып жатқан уақыт. Өзім шешен, өзім көсеммін. Ел сыйлайды, халық құрметтейді. Ойын-тойларынан қалдырмайды. Қонаққа жиі шақырады. Сол күндердің бірінде басшы азаматтардың бірі қонаққа шақырды. Әйелдерімен бірсыпыра адам жиналған екен. Әзіл айтып, әңгіме соғып отырдық. Ән де айтылды, би де биленді. Билемеген Халима екеуміз ғана. Мен биді шын білмеймін, ол білсе де \"білмейді\". Бір кезде біреу: — Ал, \"Сүйіс\" ойынын ойнайық, — деді. Ол бұрын естімеген ойыным еді. Сөйтсем, қазақша орамал тастау ойынына ұқсайды екен. Бастаушы ойын шарты бойынша маған: — Сіз кімді жақсы көресіз? —деді. Мен жан-жағыма қарасам, қарсы алдымда Гүлшара деген келіншек отыр екен. Гүлдей майысқан, әжептәуір өнді әйел болатын. Облыстың басшы қызметтерінің біріне Алматыдан жаңадан келген жігіттің әйелі еді. Соған көзім түсіп кетті де: — Гүлшараны, — деп қалдым. — Дәлелдеңіз. Мен Гүлшараның қасына барып сайрай кеп жөнелдім. — Әйелдің бәрі сұлу. Сіз де сұлусыз. Сұлулықтың үстіне сізде жайдары көңіл, жұмсақ мінез бар екен. Осындай сұлу да сүйкімді хор қызыңдай әйелді сіздің күйеуіңіз күнде сүйеді. Ол бақытты кісі. Ал сіз маған бетіңізден бір рет сүйгізсеңіз, өмірі ұмытпастай сыйлық жасаған болар едіңіз, деп еңкейіп, келіншекке басымды идім. Келіншек \"рахмет\", \"сүймей-ақ қойыңыз\" немесе \"қолымнан сүйіңіз\" дейтін шығар деп ойладым. Сөйтсем \"сүйіңіз\" дегені сызылып. Мен келіншекті құшақтап, бетінен сүйдім. Ойын шарты орындалды. Жұрт қол шапалақтады. Той тарқап, біз үйге келдік. Әйелімде үн жоқ. Бірнеше күн осылай болды. Мен не жаздым деп ойлаймын. Себебін таба алмаймын. Әбден көңілім күйзелді. Сөйтсем, ол анада қонаққа барғанда бейтаныс келіншектің бетінен сүйгеніме өкпелеп қалыпты. — Жүз грамм арақ ішіп едің, бас салып бөтен әйелдің бетінен сүйдің. Екі жүз грамм ішсең, етегіне жармасатын түрің бар. Менің көзімше бөтен әйелдің бетінен сүйгеніңе ішім күйді. Мені қойшы, сонша жеңілтектік көрсеткенің жұрттан ұят болды. Мен жалпы қызғаншақ әйел емеспін, оны өзің білесің. Қызғанбайтыным мен саған шексіз сенемін. Бірақ, мына қылығыңа қиналмай қала алмадым, — деді.
Осыдан кейін мен ойын-тойда \"Сүйіс\" ойынын көрсем аттонымды ала қашатын болдым. Бұрын әзілдеп әйелдерге әр нәрсені айта беретін едім. Оны да мүлде қойдым. Сегіз жыл Павлодарда болғанда жасаған бір \"қылмысым\" жұрт көзінше бір әйелдің бетінен сүю болыпты. \"Сүйіс\" орнынан сырт қалғаным сияқты, өмір бойы қарта ойнаған кісі емеспін. Арақты да аз іштім. Ойын-тойда екі рөмкеден артық тамағымнан өтпейді. Табиғаттың маған берген осындай бір шектеуіші болды. Жұрт зорласа да жүрмейтін еді. Осының бәрі ортамызда ешқандай ұрыс-керіс, дау-жанжал шықпауына себеп болды. Тілші: — Баспасөз беттерінде аракідік көрініп қалып жүрген \"екі әйел алу туралы\" пікірге көзқарасыңыз қалай? Ә.Н: — Көп әйел алу дегенге мүлде қарсымын. Бір еркекке бір әйел жетеді. Егер көп әйел алуға жол берілсе, Қазақстан қазақ елі емес, бұқа-текелер, айғырлар мен қошқарлар еліне айналады. Көп әйел алу әйелді қорлау, махаббатты аяққа таптау, адамгершіліктен ажырау. Өзім осылай деп ойлаймын. Тілші: Ер адамның асханаға араласуы туралы не айтасыз? Ә.Н: — Қолдан келсе, әр нәрсені істей білген жон. \"Өнерді үйрен, үйрен де жирен\" деген ғой атамыз қазақ. Ал, аспаздық — үлкен өнер. Қолдан келсе, жұмысыңның жағдайы көтерсе, асханаға араласып, ас істеуге әбден болады. Бұл үй жұмысы басынан асып жататын әйелдер қауымына үлкен көмек. Өз басым, асханаға ешқашан араласқан емеспін. Ақша ұстамаймын, азық-түлік дүкендеріне бас сұқпаймын. Базардан алты шақырым аулақ жүремін. Менің бар баратыным кітап дүкені. Кітапқа қанша ақша жұмсасам да әйелім қабақ шытқан емес. Кітапқа керек десем, ол қолындағы соңғы теңгесін береді. Осы кеше ғана 2165 теңгеге \"Лермонтов энциклопедиясын\" сатып алдым. Біздің бар ақшамыз асқа, дәріге, кітапқа және пәтерақыға жұмсалады. Тілші: — Ең алғаш әке болған күнгі көңіл-күйіңізді, сезіміңізді әңгімелеп берсеңіз. Ә.Н: — Айтайын. Ол кезде мен Семей облыстық \"Екпінді\" газетінде уақытша қызмет істеп жүргенмін. Шар, Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандары бойынша меншікті тілші болатынмын. Үйіміз Шар ауданының орталығы Шар стансасында еді. Халима екіқабат болатын. Айы-күні жақындап қалған болса керек. Бірақ, біз оны білмейміз. Жас кезіміз ғой. Сол кезде редакция шұғыл тапсырма беріп, мен алыстағы Ақсуат ауданына жүріп кеттім. Қаперімде түк жоқ. Әйелім күле сөйлеп, мені вокзалға шығарып салды. Пойызбен Жаңғызтөбе стансасына жетіп, одан әрі кездескен көлікке септесіп, Ақсуатқа жетпекшімін.
— Сен сәбиіміздің кім болуын қалайсың? — деп әйелім перронда тұрып сұрады. — Ұл болғанын ба, қыз болғанын ба? — Бәрібір, — дедім мен. — Өзің ше? — Өзім ұл болса екен деймін. — Неге? — Сенің әкең де, ағаң да соғыста опат болды. Бір атадан жалғызсың. Сәбиіміз ұл болып, ұрпақтарың жалғасса деймін ғой. — Айналайын, ақылдым. Бұйырғаны болар, — деп мен жарымды құшақтап бетінен сүйдім. Редакция тапсырмасын орындап, жол азабын тартып, әрең дегенде қайтадан Шарға жеттім. Келсем, келіншегім босанып қалыпты. Босанғанда өлім аузынан қайтыпты. Оның бәрін артынан білдім. Ол 1948 жылдың көктемі еді. Аудан басшылары колхоздан бақша салатын жер алған. Бізге де үш сотық жер тиген. Соған картоп отырғызуға жолдастарымыздың әйелдерімен бірге Халима да барады. Жыртылған жерге картоп отырғызып жүргенде толғақ басталады. Әйелдер оны он бес шақырым жердегі Шар стансасына қалай жеткіземіз деп сасады. Сирек жүретін машиналардың жолын тосады. Бір машина тоқтамай кетеді. Екінші машина көрінгенде он бес әйел қол ұстасып, машинаның жолында: \"Осылай да осылай, мына екіқабат әйелді стансаға жеткізбесең, қазір машинаңның күл-талқанын шығарамыз\" деп, күрек, тесе, ломдарын кезеп тұрып алған екен. Шофер амалсыздан екі жолдасымен екіқабат әйелді машинаға отырғызып, үйге жеткізеді. Үйге кіре бергенде шар етіп сәби жерге түседі. Әйелдер дер кезінде жеткіздік-ау деп қуанып кетеді. Бірақ, баланың жолдасы түспейді. Түн ортасы болады. Халиманы аудандық ауруханаға жеткізу керек дейді бірі. Оған көлік керек. Түн ішінде кім көлігін бере қояды. Ақыры біреудің өгіз арбасын жалдап, таң ата әйелдер Халиманы ауруханаға жеткізеді. Дәрігерлер аман- есен баланың жолдасын түсіреді. Міне, осы хабарды естігенде менің жаным түршікті. Әйелім босанғалы отырғанда жолаушы кеткеніме қиналдым. Білмегендік, әрине. Әйелімнің қашан босанатынын мен де білгенім жоқ, ол да болжай алмаған. Әйелім ауруханада екі күн жатып, бөпесін алып үйге келген екен. Төсекте бөпесін қасына алып жантайып, жатыр. Менің кіріп келгенімді көріп күліп сала берді. Мен оның жүзінен бұрын көрмеген ерекше бір жылылықты аңғардым. Тостағандай көздері шүңірейіп жүдеп қалса да, екі езуінен нұр шашырап жатқандай әсер етті.
Шүңірек көзің түбінен әлдебір өзгеше бақыттың ұшқындары жарқылдайды. Ол аналық бақыттың асқақ ұшқыны екен ғой. Бұрын қызымыз болса атын Жанна деп қоямыз деуші едік. Бұл француздың қаһарман қызы \"Жанна Д. Арк\" аты, кітапты көп оқыған Халиманың жадында жүреді екен. — Қыз болса, мен осылай деп қоямын. Ал, ұл болса оның атын сен қой, — дейтін маған. — Жарайды, мен ойланайын, — деуші едім. Осы жолы Ақсуат сапарынан қайтқанша ойлап, лайықты атты әлі таппағанмын. Мен есіктен кіріп келгенде ол орнынан ептеп тұрып: — Міне, Жаннан! — деп кішкене сәбиді қолыма ұстатты. Беті бір-ақ уыс болып, кішкентай сәби пыс-пыс етеді. Көзін тарс жұмып алған. Оны қолыммен ептеп ұстап, титімдей маңдайынан иіскеп қалғанымда бір тәтті иіс бұрқ етіп мұрныма келді. \"Сәби иісі осы екен ғой!\" деп ойлауым-ақ мұң екен, өнебойым шымырлап, көңілім иіп қоя берді. Баламыздың туғанына жеті күн толғаннан кейін оған Жанна деген атын жаздырып, туу туралы куәлік алайық деп аудандық ЗАГС-ке бардық. — Бізге метрика керек! — деп мақтанышпен сәбиімізді әлпештей жоғары көтеріп қоямын. Есіктің кішкентай тесігінің ар жағында отырған әйел бірдеңе деп бізге қарай қолын созады. Көкірегімді кернеген қуаныш құлағымды тарс бітеп тастағандай, әйел сөзін ести алмаймын. Баланың аты кім деп сұраған екен деп: — Жанна, аты Жанна! — деп айқайлаймын арғы жаққа. Халима күліп мені иығымнан тартады. — Атын сұрап тұрған жоқ, неке куәліктеріңді көрсет деп тұр, – дейді. Біз бірімізге-біріміз қараймыз. Ол не нәрсе деп бірімізден біріміз көзімізбен сұраймыз. — Ол не нәрсе? — деймін әйелге. — Неке куәлігі дегеннің не екенін білмейсіздер ме? — Жоқ. Бізге ешкім берген жоқ. — Ендеше біз сіздерге алдымен неке куәлігін толтырайық, метриканы содан кейін береміз, — деді әйел.
— Сөйтіңізші, тілеуіңізді берейін. Аты Жанна, — деймін әйел сәбиіміздің атын ұмытып қалмасын деп. Сөйтіп біз өзіміздің неке куәлігіміз бен Жаннаның метрикасын қатар алғанбыз. Біз бір-бірімізге қалай қосылуды армандап жүріп, қосылған адамдарда неке куәлігі болатынын білмеппіз ғой. Қосылдық — бітті, енді біздің құшағымызды кім айырады деп шаттанып жүре беріппіз, Жаннамыз жарық дүниеге келгенде ғана куәлік қажет екенін біліппіз. \"Көзімді ашып көргенім, аузымды ашып сүйгенім\" дейтін ұрпағымыз, анасының өзегін жарып шығып, әкесінің кеудесін қуанышқа толтырған асыл сәбиміз қырық-ақ күн өмір сүрді. Туғанына отыз жеті күн толғанда қызымыз қатты ауырып, шырқырап шықты. Үш күн бойы жақ жаппастан шырқырады да, үзіліп, үнсіз қалды. Оны апарып Шар стансасының оңтүстік-шығысындағы зират ішіндегі төрт құлақты ақ бейіттің қасына кішкене қабір қазып жайғастырдық. Халима үн шығармай егіліп жылады. Менің қолқа-жүрегім кішкентай қабірдің ішіндегі Жаннамен қоса көмілгендей болып, кеудем қаңырап бос қалды. Содан бір ай кейін Халима екеуміз Алматыға аттандық. Мен университетке жазғы емтихан тапсырып, оқуымды жалғастырмақпын. Халима ЖенПИ-ге оқуға түспек. Пойыз Шар стансаның вокзалынан шыққаннан кейін Халима екеуміз вагонның күншығыс жақ терезесіне жабыстық. Алдымен зираттың шеті, одан кейін төрт құлағы серейген, ақ бейіт көрінді. Оның қасындағы кішкентай қабір көзге әрең-әрең ілінгендей болды. Халиманың көзінен жас моншақ-моншақ болып төгіліп тұрды. Мен \"Хош, жаным Жанна!\" деп терезенің қалың шынысына басымды соқтым. Пойыз доңғалақтары рельс қосындыларына сарт-сұрт соғылып, бесікте жатқан баланы тербеткен тәрізденіп, бізді әлдилей шайқап, Алматыға қарай тартты. \"Бесік\" теңеуінің ассоциациясынан Жаннаның жан тапсырардағы шырылы менің құлағыма келді. Мінеки, менің алғаш әке болғанда көңіл-күйім, сезімім осындай, шырағым. Іргесінде тұла бойы тұңғышымыздың томпайған титімдей қабірі қалған төрт құлақты ақ бейіт күні бүгінге дейін көз алдыма елестейді. Тілші: — Өмірде сіз үшін не тәтті? Ә.Н: — Аста — су тәтті, Адамда — әйел тәтті, Ұрпақта — немере тәтті,
Тұрмыста — татулық тәтті. Сұхбатты жүргізген Нұржамал Әлішева. (\"Жетісу\" газеті, сенбі, 26 тамыз, 2000 жыл).
СҰРАҚҚА ЖАУАП Жазушы Қайсар Әлім хат арқылы маған 12 сұрақ қойып, жауабын хат арқылы жіберуді сұраған. Бұл: \"Халима апайға байланысты \"әттеген-айыңыз \" болды ма ?\" деген сұраққа жіберілген жауап. — Болды. Бір рет. Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін мен әскерден келіп, С.М.Киров атындағы университетте оқып жүрдім. Халима соғыс біте сала госпитальға түсіп, Мәскеуде жыл жарымдай уақыт ауырып жатты. Сол кезде, жарты жылдан кейін, маған жазған хаттарының бірінде былай депті: \"Дәрігерлер мені жарты жыл бойы емдеді. Бірақ, жазылатын емеспін. Егер өлмей тірі қалсам, ауруханадан мүгедек болып шығатын түрім бар. Ал жарымжан әйелден сен не рахат табасың? Қазақта жақсы қыздар көп қой. Солардың біріне үйлен, қызық көр. Мен рұқсат еттім. Мен жарымжан қалпымда өмірден жалғыз өтемін. Бірақ, өле- өлгенше сенің тілектесің боламын. Бұл хатты мен жылап отырып жаздым. Жыласам да жіберемін. Аман бол, айналайын. Аман бол. Сегіз жыл ғашық болған Халимаң\". 9. V. 1946 ж. Бұл хатты алғаннан кейін, өзіммен бір төсекте бірге жататын алғашында маған жатақханадан жеке орын тимеді ғой досым Мырзабек (\"Махаббат, қызық мол жылдар\" романындағы Жомартбек): — Ой, мынау ақылды қыз екен. Расында, ауру әйелден сен не рахат табасың? Халиманың айтқанын орындап, басқа қыз іздейік. Жүр кеттік, — деді. Мен Мырзабектің сол сөзіне елігіп, Халиманы бір сәт есімнен шығарып алдым. \"Қызыл көрпе\" деп бір қызға өлең жаздым. \"Ботагөзге\" деп екінші өлең шығардым. Бұл екі қыздың екеуі де маған иілмеді. Содан кейін Халимаға қайтадан хат жолдап: — Бұл жақтағы қыздар маған қарайтын емес. Тек қана өзіңнің ауруханадан аман шығуыңды күтемін. Содан кейін өзіңмен бірге бір ай, бір күн өмір сүрсем де өзімді бақыттымын деп білемін, дедім.
Менің бақытыма қарай Халима ауруханадан жазылып шықты. Екеуіміз 1947 жылы қосылдық. Қосылғаннан кейін: — Халима, Мәскеуде сен ауырып жатқанда мен екі қызға өлең арнадым. Сен соны кешір, — дедім. — Оның не кешіретіні бар? – деді Халима. — Ешқандай кешірім сұраудың қажеті жоқ. Мен саған езім рұқсат беріп, хат жаздым. Хатым кетіп қалғаннан кейін \"Олай деп неге жаздым?\" деп өкіндім. Менің бақытыма қарай ол екі қыз сені менсінбеді. Сен менің өзіме қалдың. Егер сен сол екі қыздың біріне үйленіп қойсан да, мен тілеулес досың болып, күйеусіз өмірден өтер едім. Ол қыздардың саған қарамай кетуіне рахмет, — деп күлді Халима. Міне, осы осалдығым өмір бойы көкейімнен кетпейді. Бала күннен ғашық болған Халима ауырып, төсек тартып ауруханада жатқанда, менің мына жақта Төлеген тәрізденіп, қыздарға көз салғаным не деген иттік, оңбағандық, опасыздық деп ойлаймын. Осыны ойлағанда күні бүгінгі дейін екі бетім дуылдап, өзімнен-өзім қысыламын. Егер Халимаға қосылмасам, мен мұндай бақытты күйге жете алар ма едім, сірә? Әй, жете алмас едім! Мінеки, менің \"Әттеген-айым!\" осы. Сіздің Ә.Нұршайықов. 23.01.2005.
АППАҚ ҚАРДАЙ АҚ МАХАББАТ БОЛСЫН Қымбатты студенттер, балаларым менің! Мен жолда не ойлап келгенімді айтайын ба? Айтсам қылшылдаған жігіт жазушылар, қылпылдаған қыз-келіншек ақындар бар. Соларды шақырмай, сексенге келіп, селкілдеп отырған шалды неге шақырды екен балалар? Мен не айта аламын оларға? Міне, осылай ойлап, қысылып келдім алдарыңа. Ал, кәні, көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба? Көргенімді айтсам: Кеше қыс түсті. Алматыға қар жауды. Мен ұлпа қарды кешіп келдім осында. Қар табиғаттың адамға берген ұлы сыйлықтарының бірі. Қарға қуаныңдар, балалар! Оны уыстаңдар, иіскендер, бір-біріне шашу етіп шашып, қуана күліп, қызықтаңдар. Бұл — кейін қартайғанда, қолың жетпей қалатын қызық, жастыққа ғана арналған табиғат ләззаты. Аппақ қардай ақ махаббат болсын! Аппақ қардай адалдық болсын! Аппақ қардай таза пейіл, пиғыл, мейір болсын! Менің көшеде көргенім осы, енді іске кірісейік. *** Енді өзіме жазба түрде берілген сұрақтарға жауап бере бастаймын. Сұрақтарды топ-топқа бөліп, жүйелегенім жоқ. Қолыма ілінген сұраққа № 1, №2 деген белгі қойып, жауап жаз-дым. Осылай еткенім дұрыс па? — Дұрыс, аға. — Онда — жон. Бірақ, сұрақтарыңның аяғына аты-жөндеріңді жазбапсыңдар. Жауап берілген қай сұрақ кімдікі екенін өздерің ажыратып аласыңдар ғой? — Ажыратамыз, аға. — Кейбір сұрақтар қайталанғаннан кейін оларға берілген жауаптар да қайталанған болуы керек. Оған ренжімейсіңдер ме?
— Жо-о-оқ! 1. Сіз қандай тақырыпқа шығарма жаздыңыз? — Мен Ерлік пен Еңбек, Достық пен Махаббат тақырыбына жаздым. Ол шығармалар өздеріңізге белгілі. 2. Махаббат тақырыбына жазылған шығармаларыңыздың кейіпкерлерімен кездесуіңіз туралы айтыңызшы ? — \"Махаббат, қызық мол жылдар\" романында Тана деген қыз бар. Ербол екеуі үш күн бірге жатып, бір-біріне тимей ажырасады. Бұл болған оқиға. Тана — Тұрсын деген қыз. Ербол мен едім. Тұрсын қазір Семейде тұрады. Әлі күнге дейін хат жазысамыз. Тұрсын ЖенПИ-ді бітіргеннен кейін Павлодар облысына барыпты. Бесқарағай деген ауданның \"Өндіріс\" деген ауылында мұғалім екен. 1953 жылы мен Павлодар облыстық газет редакторы болып бардым. Бесқарағай ауданына іссапарға барғанымда Тұрсынды іздеп таптым. Күйеуі мектеп директоры екен. Үйлеріне қондым. Одан кейін Тұрсынды көргенім жоқ. Бірақ, анда-санда хат келіп тұрады. Екінші кейіпкермен кездесуім осы жақында ғана болды. Сол романдағы Меңтай (шын аты Нұрғамила Нұрбосынова) мені 75 жылдық тойына шақырды. Бардым. Мен машинадан түстім. Ол сабырмен келіп, қолымды алды да қойды. — Келуіңізбен! — деді бар айтқаны. Шайға отырдық. Меңтайдың ұлы, келіні, бауыры ду күліп қоя берді. — Біз мамам өзінің әрі авторы, әрі курстасымен құшақтасып көріседі екен десек, сіздер қол алыстыңыздар да қойдыңыздар ғой, деді. Меңтай жауап берді. — Мен екі шеңбердің ішінде өстім. Бірі — педагогтік шеңбер, екіншісі \"Махаббат, қызық мол жылдар\" Меңтай бейнесі. Өмір бойы мен екі шеңбердің ішінде келе жатқандықтан ағаларыңды құшақтап, бетінен сүйе алмадым, — деді. 3. Қазір сіздің жүзігіңіз екеу ғой. Қайсысын қай қолыңызға салып жүрсіз?
— Рас. Бірі — жан-жарым Халиманың жүзігі, екіншісі кейіпкерім Меңтайдікі. Алғашында Халиманың жүзігін оң жақ қолыма салып жүрдім. Кейін Меңтай: \"Махаббат, қызық сол жылдар\" романын жазған қолыңыз нәумез болсын\" деп шешесінен қалған жүзігін сыйлады. Оны сол қолыма салды. Артынан ойлап қарасам, Меңтай өз жүзігін \"роман жазған қолыңыз нәумез болмасын\" деп сыйлады. Романды оң қолыммен жаздым. Ендеше ол жүзік оң қолымда болуға тиіс. Ал сол қол жүрекке жақын. Сондықтан әйелімнің жүзігін сол жақ қолымның саусағына көшірдім. Мен сексенге дейін қолыма жүзік салмаған кісімін. Бізде неке жүзігі деген де болған жоқ. Сондықтан жүзік салу тәртібін білмеймін. Осылай еткенім дұрыс қой деп ойлаймын. 4. Сіз пәктік туралы көп айтасыз. Себебі не ? — Пәктігі жоқ адамдарда мәңгілік махаббат болмайды. Екі жақта та пәк қосылса мәңгілік махаббат осыдан өрістейді. Өзім осылай ойлаймын. 5. Сіз махаббатты: Бала махаббат, шала махаббат, мәңгілік махаббат деп үшке бөлесіз. Сонда осы үшеуінен басқа махаббат болмай ма ? — Махаббат мың түрлі. Мен оларды негізгі үш топқа ғана бөліп айтып отырмын. 6. Мерейтойыңыз қашан, қайда өтеді? — Мен 786 күн зеңбірегімді жауға кезеп соғысып жүріп, аман қалдым. Сондықтан менің жер басып жүрген әр жылым — той, әр айым — мереке, әр күнім — қуаныш! Сондықтан дүбірлетіп той жасамаймын. Жиналыс болмайды. Үйіме балаларымды, өзімді алты рет инфаркттен алып шыққан дәрігерлерімді, кейбір өзіме жақын адамдарды шақырып, шай беремін. Болды! 7. \"Махаббат, қызық мол жылдар\" кітабыңызды қайдан алуға болады ? — Гоголь мен Абылай хан көшесінің бұрышындағы \"Атамұра\" кітап дүкенінен алуға болады. Мен: \"арзан бағамен сатыңыздар\" деп өтініп едім, олар әр кітапты 330 теңгеден сатып жатқан көрінеді. 8. Арманыңыз қандай ? — Спидтен, нашақорлықтан, арақтан, темекіден аман болып, қазақ халқының мәңгі өмір сүруін армандаймын! 9. Қай кейіпкеріңіз ұзақ өмір сүреді деп ойлайсыз? — Меңтай мен Бауыржан! 10. Ұнатпайтын нәрселеріңіз не?
— Ұлдардың қыздарды алдап кетуге құмарлығын ұнатпаймын. — Қыздардың жігітке сөз айтса, жығыла кететіндерін ұнатпаймын. — Мектеп мұғалімдерінің, институт оқытушыларының шәкірт, студент қыздарға көз салғыштығын ұнатпаймын. — Біліп тұрған студентке баға қоймай, соны жығуға тырысатын профессорларды ұнатпаймын. Мынадай бір анекдот бар. Бір қырқылжың профессор ауылдан келген студент қызға қызығады. Сынақ кітапшасына қол қоймайды. Ал қызға стипендияға іліну керек. Профессор қызға \"көн\" дейді. Қыз амалсыздан көнеді. Соңынан профессор қызға: — Пәктігін қайда, қарағым-ау? – дейді. — Ой, ағай, ауылда да мұғалімдер бар ғой, — деп жауап беріпті қыз. Бұл — анекдот, әрине. Бірақ, анекдот та шындықтан шығады. — Енді нені ұнатпаймын? Иә, тағы да бар. Әлдеқайда бір институтқа, не бір университетке олардың шақыруымен, студенттермен кездесуге бара қалсаң, дәлізде кездескен қыздардың үлкен кісі келе жатыр-ау деп, жол бермей талтайып тұрып алатындарын ұнатпаймын. Сол сәтте: қарсы келе жатқан машинаға да, тракторға да жол бермейтін сиыр малы есіме түседі. Жастардың телефон соққанда: \"Мен, Мәулен ғой!\" деп, әкесінен бұрын өздерінің атын атайтындарын ұнатпаймын. Алдымен әкесін айту керек. Сен аспаннан түскен жоқсың, әкеден тудың. Сен туғанда әкең \"Балам өзім өлгенде атымды ататып жүреді\" деп қуанды. Ендеше сол үмітін ақтау керек. Мені бірсыпыра жұрт біледі. Сонда да телефон соққанда, телефон трубкасын көтергенде: — Мен Нұршайықовпын ғой, деймін, атымды артынан айтамын. Көп адамдар мені дауысымнан таниды. Ал дауысы белгісіз, өзі де мәлімсіз жігіттердің: \"Мен Жараспын ғой!\" деп шіреніп тұратындарын жаратпаймын. Содан соң кейбіреулер телефон соққанда бірден: \"Мені таныдың ба?\" дейді.
Көзім көріп тұрмаған, күнде сөйлесіп жүрмеген адамның дауысын қалай танимын? Оның үстіне бір-біріне ұқсас дауыстар аз ба? Өзім телефон соққан жеріме алдымен: \"Сәлеметсіз бе?\" деп алып, өзімнің аты-жөнімді айтамын. Содан соң шаруаға көшемін. Осы күнгі жастардың соңынан қабаған ит қуып келе жатқандай сасқалақтап, жыпылдата, жылдам сөйлейтіндерін ұнатпаймын. Ондай жыпылдақтардың не айтып тұрғанын әрең ұғасың, ұқпай да қаласың. Ал мұны олар өнер ойлайтын сияқты. Меніңше, өнер емес, өресіздік! Әннің сөзін ұғу қиын. Бірақ, Роза Бағланова әннің әр сөзін анық етіп айтады ғой. Қазақ сабырлы, салиқалы халық. Ол әр сөзін айқын етіп, саралап сөйлеген. Былдырлатып жылдам сөйлеу ұлттық өнеге емес. Ақылды адам аптықпай сөйлейтінін ұмытпау керек. Мінеки, осы сияқты ұсақ-түйектерді ұнатпаймын. 11. Нені жақсы көресіз? — Жалықпай жұмыс істей бергенді жақсы көремін. 12. Шығармашылық жағынан енді не істемексіз? — Мәңгілік махаббат туралы роман жазсам деймін. \"Өмір өрнектерінің\" жарыққа шықпаған 2 және 3-кітаптарын компьютерге бастырып, дискетаға көшіртіп қойдым. Демеуші табылса, жариялауға әзірмін. Өзгелер туралы өзім жазған екі том естеліктерім машинкаға басулы тұр. Өзім туралы жұрт жазып берген бір томдық естеліктерді реттеймін. Қазір 124-күнделік дәптерімді толтырып жүрмін. Журналист кезімде жазған 200- ден аса қойын дәптерлерім және бар. Бұлардың тағдыры не боларын білмеймін! Не істеймін деп ойлайтындарым осы. Бірақ, оның бәрі уақытқа, қайратқа, қаражатқа байланысты. 13. Әйеліңіздің өмірі есіңізден қалмайтын қандай сәті жадыңызда ? — Әйелім өзінің туған күнін өмірі атаған емес. Оны аузына да алмайтын. Бірақ жыл сайын менің туған күнімді қалт жібермей өткізіп отыратын.
Мен өмір бойы әйеліме бір тал гүл сыйламаппын. Мұным иттік, әрине. Бір жолы балалар шешесінің туған күнін атап өтпек болды. Сол күні мен ғана гүл әкелмеппін. Дағдыланбағандықтан ғой, әрине. — Саған гүл сыйлауды ұмытып кетіппін. Ғафу ет, Халима дедім әйеліме. Ол жымиды да: — Сен маған өзіңді сыйладың. Менің гүлім де, күнім де, байлығым да, бақытым да — сенсің! — деді. Мен әйелімді құшақтап, бетінен сүйдім. — Қой, ерте ғой әлі, — деді ол әзілдеп. Өйткені біз ешқашан жұрт көзінше күндіз сүйіспейтінбіз. Екінші бір есімде қалған сөз мынау: Жамбыл мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында, Никольск базарына қарай бұрылатын жолда биік тас баспалдақ бар. Бір қыста жер тайғақ күні Халима екеуміз қолтықтасып, сол баспалдақтан төмен қарай түсіп келе жаттық. Менің аяғым тайып кетті де, құлай бастадым. Басымдағы малақайым ұшып кетті. Сол сәтте Халима мені қорғап, құшақтаған бойы астыма қарай құлады. Екеуміз сырғанап, етектен бір-ақ шықтық. — Аманбысың? — дедім жоғарыда жатқан мен алдымен тұрып. — Мені қойшы, өзің амансың ба? — деді ол басын сипап. Сөйтсем, оның да бөркі анадай жерге ұшып кеткен екен. Соғыста командирге оқ тигізбеу үшін қасындағы жауынгер өз кеудесін оққа төсеп, командирін сақтап қалатын еді. Сол есіме түсіп, көзіме жас келді. — 1945 жылдың мамыр айынан бастап, Халима бір жарым жылдай Мәскеу госпиталінде жатты. Алты айдан кейін университетте оқып жүрген маған одан хат келді. — Мен мына аурудан жазылатын емеспін. Жазылмауым да мүмкін. Ондай ауру әйелден не рахат көресің? Бір жақсы қызға үйлен. Мына суретімді сақтарсың, деп сыртына мынадай төрт жол өлең жазыпты: Храни мое изображение, Если подругу видишь в нем.
Если появится сомнение, Сожги безжалостным огнем! Бұл шумақты мен өзімше былай деп аударған едім: Мынау менің суретім, Досым десең қабыл ал. Шүбә туса көңілде, Күдіктенсең – отқа сал! Ол ауруханадан шыққаннан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл өмір сүрдік. Сол суреті мынау. Бұл суретті мен өмір бойы сақтап келемін. \"Кеңсай-2\"-дегі ақ күмбездің ішіне орнатылар алты тас кітаптың бірі \"Халима\" деп аталады. Сол тас кітаптың бірінші бетіне осы суретті салғыздым. — Мінеки, әйелімнің осы үш ауыз сөзін өмір бойы ұмытпаймын. 14. Қанша қызға ғашық болдыңыз? — Екі қызға. Екеуіне де өлердей ғашық болдым. Біріншісі О. деген қыз, екіншісі — Халима еді. Мен 14 жасымда ғашық болдым. 6-класта едім. Жақындағы жетім балалар үйінен біздің ауылдағы орталау мектепке оқуға қыздар келді. Солардың ішінен бір аққұба қызға көзім түсті. Ғашық болдым. Хат жаздым. Қыз қабыл алды. Екеуміз институт бітіргеннен кейін қосыламыз деп уәделестік. Екеуміз бір-бірімізге қосылғанша пәктігімізден айырылмаймыз, таза күйінде қосыламыз деп серттестік. 7-класты бітіріп, мен Алматыға тау-кен институтының рабфагына оқуға кеттім. Инженер болғым келді. Қызым Семейдегі №11 орта мектептің интернатына ауыстырылды. Жарты жылға дейін хат жазысып тұрдық. Мен: \"О.., тамаша жарым болады!\" деп іштей мақтанып жүрдім. Жарты жылдан кейін қыздың хаты тоқтап қалды. Қайғырдым. Алматыдағы оқуымды тастап, Семейге келіп, педучилищеге түстім. Бұл 1939 жыл еді. 5-қыркүйек күні қызымды іздеп, №11 мектепке бардым. Қызым шақырғаныма келмей, жолықпай қойды. Содан кейін қайғыланып, оған жүзінші рет хат жаздым. Ол былай басталатын еді:
Жүз хат жаздым бір қызға. Әдет жоқ қазақ, қырғызда. Махаббатым мәңгілік. Үлгі болсын ұл-қызға. Ұзақ өлең. Ең соңында: \"Қош, бақытты бол. Мен саған өмір бойы тілектеспін\" дедім. Содан соң ол қыздың досы Халимаға құмарттым. О-ға - 3, Халимаға — 9 жыл ғашық болдым. Халимаға ғашық болуым былай басталды. Алматыдан Семейге келіп, оқуға орналасқаннан кейін ғашық қызымды іздеп, №11 орта мектептің интернатына бірнеше рет бардым. Бір күні интернат есігінің алдында шашын қиған, үкі көз, аққұба қызға кездесіп қалдым. Тоқтатып, О-ны сұрадым. — Білемін, бірге оқитын құрбым. Жатақханада бір бөлмеде тұрамыз, – деді. — Сол қызды шақырып бере аласын ба? — Жарайды, күте тұрыңыз, — деді аққұба қыз. Әлден уақытта ол қайта шықты. Аяғын әрең басып қасыма келді. — Келе ме? – дедім мен дегбірсізденіп. — Жоқ, келмейді. — Неге? — Білмеймін. \"Менен күдер үзсін, енді ешқашан мені іздеп келмесін\" — деді. Бұл сөздерді ол үзіп-үзіп, қинала тұрып айтты. Мен жылап жібердім. Баламын ғой. Менің көз жасымды көріп, әлгі қыз қосыла жылады. — Сен неге жылайсың? — дедім мен жеңіммен көзімді сүрткілеп. — Саған жаным ашып кетті, — деді ол алақанымен бетін сүртіп. — Атың кім? — Халима. Қыздар Катя деп атайды, — деді ол.
Катя қызға рақмет айтып, педучилищеге қайттым. О-дан айырылып қалғаныма өлердей өкіндім. Жылай бергім келді. \"Не жазығым бар еді?\" деп көп ойландым. Осындай ұзақ айлардан кейін менімен қосыла жылаған көз шарасы кең бейтаныс аққұба қыз көз алдыма елестейтін еді. Әсіресе, көзінен моншақтаған жасты сүртіп жатқан кезі көкейімнен кетпейтін болды. Кейін ол қызбен Н.В. Гоголь атындағы қалалық, кітапханасында кездесіп жүрдім. Кездескен сайын: — О. қалай? — деп сұраймын. — Жақсы, оқуы бәрі ойдағыдай, — дейді ол. Одан О-ға өлеңмен жазылған 2-3 хат беріп жібердім, жауап болмады. Сөйтіп О-дан күдер үздім. Енді Халимаға ғашық болдым. Бірақ, оған ғашық екенімді білдіргенім жоқ. Өте тату, дос болып жүрдік. Бергі жағым дос, арғы жағым ғашық. Ол менің түпкі ойымды сезе ме, сезбей ме, білмеймін. Tic жарып айтпайды. Бірақ, маған деген достық қамқорлығында қапы жоқ болатын. Ылғи жанашырлық жасап жүретін. Өзара достық хаттар да жазысатынбыз. Осылай үш жылды оқумен өткіздік. Одан кейін төрт жыл соғыс болды. Екеуміз де әскерде жүрдік. Үзбей хат жазысып тұрдық. Енді ғашықтық жайлы ашық айтылды. Ол да сезеді екен. Амандық болса, соғыс біткеннен кейін қосыламыз деп уәделестік. Халима екеуміздің қосылуымызға себепкер болған О-ға үнемі алғысымызды айтатын едік. О. мен Халима екеуі жақсы дос болатын: интернатта бірге өсті, онжылдықты бірге бітірді. Соғысқа да бірге барып, бір батальонда радистка болды. Сонда О. Халимаға ылғи мені мақтайды екен. \"Сен ойың да, бойың да таза қызсың. Соған қосыл!\" деп үнемі айтып жүріпті. — Жоқ, сен қосыл. Екеуіңнің бала күндерден уәделерің бар. Уәдеңді бұзба, — деп Халима оны үгіттейтін болса керек. Ал, О. оған өзінің маған неге қосыла алмайтын себебін айтпайды. Халима екеуміздің бір-бірімізді тапқанымызға О. себеп болды. Егер ол болмаса біз бір-бірімізді білмес едік. О. екеуміздің арамыздағы бала махаббат Халима екеуміздің арамыздағы мәңгілік махаббатқа жол ашты. Мен жан жарым қайтыс болғаннан кейін оған арнап \"Халима. Мәңгілік махаббат жыры\" деген деректі шығарма жаздым. Ол шығарма \"Жұлдыз\" журналы мен \"Простор\" журналдарында қазақ, орыс тілдерінде жарияланды. Оны оқырмандар деректі дүние емес, көркем шығарма санатында өте жылы қабылдады. Маған ол туындыға разылық білдірген бірнеше хаттар келді. Әсіресе, орыс әйелдері ерекше сүйіспеншілік білдірді. Қазір ол еңбек ағылшын тіліне аударылып жатыр.
15. Неге кейіпкеріңіз Меңтай тойына шақырғанда оған 3 шарт қойдыңыз? — Дүниеқор емеспін. Зейнетақыда отырған қарт ұстазды аядым. 16. Әйеліңізден дүниеден өткеніне қанша уақыт болды ? — Бүгін тура 496 күн. Содан бері жетіммін, мүсәпірмін, мұңдымын. Бұл уақыт ішінде әйелімнің жатқан жеріне 100-рет бардым. Ол маған: \"Қасыма келгенде 3 рет атымды ата. Немесе, Абайдың 2-3 ауыз өлеңін айт, мен соны құран деп қабылдаймын\" деген еді. Мен барған сайын Абайдың \"Айттым сәлем, қаламқасының\" алғашқы екі шумағын айтамын. Содан соң: \"Халима Қалиақпарқызы Өзбақанова Нұршайықова\" деген жазуы бар құлпытасты қайта-қайта құшақтап, ішімнен егіле еңіреп, үйге қайтамын. 17. Сіз Мәншүк туралы көп жаздыңыз ғой. Әлі күнге дейін аузыңыздан тастамайсыз. Егер Мәншүк тірі болса, оған үйленер ме едіңіз? — Жоқ, үйленбес едім. Оған екі себеп бар. Біріншісі, менің үйленемін деп уәделескен қызым бар. Уәдемді бұзбас едім. Екіншіден, егер қызым жоқ болған күннің өзінде, Мәншүктің: \"Соғыс біткен күні маған бірінші ұсыныс жасаған кісіге жар боламын. Оған дейін жаныма ешкімді жолайтпаймын\" деген сөзі бар болатын. Мен артиллериядамын. Мәншүк жаяу әскер пулеметінің батальонында. Мен сөз айтамын деп артполктен батальонға жеткенше басқа біреулер менен бұрын оған сөз айтып қойған болар еді. Міне, осы себептерден мен сүйікті Мәншүкке үйлене алмаған болар едім. Мен Мәншүкке рухани ғана ғашықпын. Оның Отаншылдығы мен ерен ерлігіне ғашықпын және мәңгі ғашықпын. Оған барлық ұрпақ мәңгі ғашық болуы керек! Қазақ қызы Мәншүк Мәметова — Орден қызы Жанна Д’Арк! 18. Соғыста қуанған, қайғырған күндеріңіз? — Украинада әкем Нұршайық оққа ұшқанын, ағайым Ниғаптың Ленинград қоршауында қаза тапқанын және елде шешемнің қайтыс болғанын естігенде, қатты қайғырдым. Қуанған күндерім: Жамбылға хат жазған күнім. Жамбылдан жауап алған күндерім. Ең ұлы қуаныш 1945 жылы 9-мамыр Жеңіс күні болатын. Одан кейінгі ұлы қуаныш 1947 жылы 5-маусымда Халимаға үйленген күнім болды.
19. Соғыста хат жазысып тұрдыңыздар ма ? Жаздық. \"Қайран қыздар, сағындық,\" деген өлеңіме көп хат келді. Қыздардан келген хаттарды жігіттерге үлестірдім. Маған келген хат арқылы үйленген жігіттер ұлдарына Әзілхан деп ат қойды (Мұқан Омарбаев, Қабікен Мендібаев, Талғат Қосаев т.б.). Бір қыз суретімді сұрады. Оған мынадай өлеңмен жауап бердім: МЕНІҢ ПОРТРЕТІМ Тұрпатым қатты қысқан жұдырықтай, Қаңылтақ денем, мойын қылдырықтай. Жүректе жалын атқан жігерім бар, Жүрісім жылдам ұшқан бұлдырықтай. *** Кескінім торсық шеке, қыртыс маңдай, Қос қабақ бір-бірімен қырқысқандай. Тұңғиық мөлдірейді екі көзім, Жүзімді жылытуға тыртысқандай. *** Көк тастан қашалғандай өң келбетім. Салпы ерін, үйрек мұрын, шүңгіл бетім. Қаралығым қазанның күйесіндей, Мінеки, менің осы портретім. Осылай деп қызға хат жазып қоя бердім. Қыз: \"Сенбеймін. Сіз екі иығыңызға екі кісі мінгендей сұлу жігітсіз! Біз солай деп ойлаймыз\", — деді. Қалай ойласаңдар, олай ойлаңдар, өзім осындаймын деп мен жүре бердім. 20. Алғашқы қызыңыз неге Сізді менсінбей кетті?
— Көп жылдан кейін: \"Маған берген сертіңізді неге орындамадыңыз?\" деп сұрадым мен одан. — Орындамайын дегенім жоқ. Балалықпен сақинамды сындырып алдым — пәктігімнен айырылып қалдым. Сондықтан сенен ұялып, жоламай кеттім, – деді ол. Ол екеуміз 22 жылдан кейін кездестік. Күйеуі әскерден босап, олар Алматыға көшіп келіпті. 3 қызы бар екен. Ол кезде мен \"Социалистік Қазақстан\" газеті редакторының орынбасары болатынмын. Ол қыз менің әйелімнің досы болған соң ерулікке шақырдық. Кейін араласып тұрдық. Бір жолы ол маған жоғарыдағыдай сырлы шынын айтты. — Мен сенің пәк қызға қосылуыңды тіледім. Халимаға қосылса екен дедім. Қосылдыңдар. Мен соған шексіз қуаныштымын. Бірақ, мен сені ешқашан ұмытқаным жоқ. Егер ұл тапсам, атын Әзілхан деп қоярмын деп ойлаушы едім. Тағдыр маған ұл бермеді, 4 қыз таптым. Алғашқы қызымыз өліп қалды, — деді. 21. Пәктік мәселесіне қалай қарайсыз? Кейбіреулер пәктігінен айырылған қыздарды кінәламайды. Маған пәктіктің керегі жоқ дейді ғой. Сіздің ойыңыз ? — Пәктік керек. Пәк қосылған жұп берік, бір-біріне өмір бойы адал болады. Ал пәктігі жоқ қыз бен жігіт қосылғанымен: бөтен еркек пен әйелдің дәмін татып алған олар бөтенге бой ұра береді. Қазақта \"дәніккен ит мамағын жалайды\" деген дөкірлеу және мәдениетсіздеу мақал бар. Неге ол мамағын жалайды? Қаншыққа қосылып дәніккен төбет тағы бір қаншыққа қосылуға құмартып, мамағын жалайды. Жүргіш еркектер сол \"мамағын жалайтын\" итке ұқсайды. Басқа әйелге аңсары ауып тұрады. Содан отбасы бұзылып, адалдық адыра қалады. махаббат мәнсіздікке айналады. Өз басым қыз бен жігіт пәк күйінде қосылса ғана екеуінің арасында мәңгілік махаббат болады деп ойлаймын. Сондықтан да мен \"Махаббат, қызық мол жылдарда\" қанша жақсы қыз болса да, пәктігінен айырылып қалғандықтан, Меңтайды \"өлтіріп\" тастауыма тура келді. Бұл мәселені басқаша ойлап, өзгеше пайымдайтындар болар. Мен олармен таласпаймын. Өмірден түйген өз ойымды ғана айтып тұрмын. Ғафу өтінемін. 22. Кентау сапарыңызда ерекше есте қаларлық оқиғалар болды ма? — Болды. Бірі мынадай. Меңтай тойының орта тұсында үш келіншек бір шамаданды көтеріп, қасыма келді. Келді де бірі: Ақ, етіне қызыл көрпе басылып,
Көкірегі жатыр екен ашылып. Дірілдейді кеудесінде қос алма, Қара шашы толқындай боп шашылып, — десе, екіншісі, Оны көрсе жүрек күйіп жанатын, Кездессе жүз, естен мүлде танатын: Болсам етті, әттең дүние-ай сол көрпе, Құшып, сүйіп, құмарымнан қанатын, — десе, үшіншісі, Беріп тәңір тілегімді ниетін, Тым болмаса киіміңді киетін, Не сол көрпе астарының бір сабақ Жібі болсам денесіне тиетін, деп өлеңдетіп қоя берді. \"Махаббат, қызық мол жылдардағы\" менің өлеңім. Осы өлеңді айтты да үшеуі алақандарындағы целлулоид шамаданды ашып, ішінен жұмсақ жүннен жасалған бір қызыл көрпені алып, менің иығыма жапты. — Сол өлеңіңіз үшін Сізге Меңтай-Тұрғамила апамыз 40 жыл қызмет істеген №11 қазақ орта мектебінің ұжымының сыйлығы, деді. — Ол қызыл көрпеге оранып, әдемі қыз жатқан еді ғой. Сол қыз осы көрпенің ішінде ме? — дедім мен оларға әзілдеп. — Бізді мына сол қыз деп есептеңіз, — деп үш келіншек мені құшақтап, екі бетімнен кезек-кезек сүйді. Өздері аппақ, көздері ботаның көзіндей қап-қара, тістері маржандай сұлу келіншектер шөпілдетіп бетіңнен сүйіп жатқанда адамның буыны босап кетеді екен. Ал ол келіншектер сыйлаған көрпені қыздың шашы сияқты сипай бергің келеді, сипай бергің келеді.
23. Біз \"Ақжүністен\" сіздің апай туралы айтқандарыңызды естідік. Ол кісіні қатты сағынасыз ба?Қалай есіңізге түсіресіз? — Жоғарыда айттым ғой: сағынамын, әрине. Кейбіреулер әйелін өле сала ұмытып кетеді. Кейбіреулер жаңа әйелге үйленгеннен кейін бұрынғы әйелін еске де алмайды. Кейбіреулер өлген әйелін ойына алудың орнына ашына іздеп әлекке түседі. Мен өйте алмаймын. Өйте алмайтыным менің жүрегімді мәңгілік махаббат мекен еткен болар деп ойлаймын. Менің ойымша: Мәңгілік махаббат тән табысуы ғана емес, жан табысуы. Еркек пен әйелдің немесе қыз бен жігіттің бір кісіге айналып кетуі. Бірінің ойындағысын екіншісінің айтпай ұғынуы. Сыңарынан айырылған аққудың көктен құлап өлетіні сияқты, көп ұзамай жан серігінің артынан жөнелуі. Тірі қалғаны өлген сыңарын өмір бойы есінен шығармауы. Өлген жарын күн сайын түсінде көріп, тірі күндегідей қол ұстасып, қатар жүруі. Мәңгілік махаббаттың мен білетін белгілері осылар. Біз жас кезімізде бірге өлеміз деп уәделескен едік. Артынан ол: — Жоқ, мен өлсем, сен тірі қал, балаларға бас-көз бол, — деп тапсырды. — Мен өлсем, сен де сөйтесің бе? — дедім оған. — Иә! — деді ол. Екеуміз қайтадан серттестік. Сол себептен мен әйелімнің артында қалып 493 күн тірі жүрмін. Оның үстіне маған көңіл айтқан, хат жазған, телефон соққан адамдар: — Сіз халыққа керексіз, жер басып, аман жүріңіз! — деген тілек айтады. Халыққа қанша керек екенімді білмеймін. Ал балаларыма керектігім рас екен. \"Балаларға бас-көз бол\" деп Халима дұрыс айтыпты.
24. Махаббат жұрттың бәрінде бола ма ? — Махаббат деген ақындық сияқты ерекше дарын. Жұрттың бәрі бірдей ақын, талантты күйші немесе биші бола бермейді. Сол сияқты махаббатсыз, тек қана соқыр сезім-инстинктпен өмір сүре беретін адамдар да болады. Сексті махаббат деп түсінетіндер көп. Махаббат — секс емес. Махаббат жан жарастығы. Ақыл, ой, сезім, сенім бірлігі. Осы төртеуінің тұтастығы! Қысқасы: Махаббат жұрттың бәрінде бола бермейді. 25. Секс туралы толық түсінік беретін кітапты қайдан алуға болады ? — \"Энциклопедия секса\" деген қалың кітап бар. Секстің сонда барлық түрі айтылған. Бағасы 1300 теңге. Барлық кітап дүкендерінде бар. Мен оны Қабанбай батыр көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы кітап дүкенінен көрдім. Секс дегеніміз — ерлі-зайыпты адамдардың міндетті түрде атқаратын қызметі. Бұл табиғи міндетті атқармауға ешкімнің де құқығы жоқ. 26. Өз бойыңызда қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыз? — Мен ән айта алмаймын, домбыра тарта алмаймын және би де білмеймін. Сөйте тұра өзімнің қалай жазушы болып жүргенімді және білмеймін. Осындай үш үлкен кемшілігім бар. 27. Сезім мен сана туралы айтыңызшы: қайсысы қайсысына бағынады ? — Сезім — асау ат, сана аттың басына кигізілетін жүген. Ноқтасыз асау ат алып қашып, сені бір жерге жығып, мерт етіп кетуі мүмкін. Ал жүген асауды ауыздықтап, оның беталды лағып, шаба беруіне ырық бермей, дұрыс жолмен жүруіне көмектеседі. Сондықтан бір бәлеге ұрынбайын, оқыс халге ұшырамайын десең сезімді санаға билету керек. Сананы сезімге бағындырудың нәтижесі: туа сала тұншықтырылып, жөргекке орап, жолда қалдырылып жатқан сәбилер. Сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатқан, шетелдерге сатылып, жөнелтіп жатқан балалар. Өз сәбиін туа сала тұншықтыру — ең үлкен қылмыс. Ұлы Отан соғысы кезінде фашистер бізді, біз оларды өлтіріп жаттық.
Өйткені біз бір-бірімізге жау едік. Мен өзім тура көздеуде зеңбірегімнен атып, жаудың бір үлкен танксін жайраттым. Ол танк өртене бастағанда, ішіндегі экипажы сыртқа қарай секірді. Оларды алғы шепте жатқан жауынгерлер жайпады. Ал жабық позициядан атқан менің зеңбіректерімнің снаряттары талай ДОТ-тың үнін өшіріп, жаудың талай пулеметін көкке ұшырды. Біз оларды өлтірмесек, олар бізді өлтіретін еді. Ал жаңа туған жас сәбидің не жазығы бар? Шаранасы кеппеген, соншалық бейкүнә, қорғансыз, көзін де ашып, дүниеге қарап үлгермеген, тілі де, аяғы да шықпаған сәбиді, өз қанынан жаралып, өз ішінен шыққан сәбиді өз қолымен өлтірген кісіні қыз болсын, кім болса ол болсын, барып тұрған жауыз, жендет деп бағалау керек! Ол ешкімге адал жар болып та жарытпайды. Мұның бәрі сезім мен сана туралы сөзден шығып кетіп жатыр ғой. Әсіресе, қыздар сезімін шынжырлап ұстауы керек. Шынжырлап! Сонда құмарпаз жігіттер ештеңе істей алмайды. Ештеңе! Сонда жетім бала тумайды, сорлы сәбилер көбеймейді. Сонда адамдық арға ешқандай қылау түспейді. Сезімді санаға бағындырудың бір керегі осы! 28. Ең қымбат көретін, қимайтын нәрсеңіз не? — Егер өлсем, артымда қалдыруға қимайтын екі нәрсем бар еді. Бірі жан жарым Халима да, екіншісі — екеуміз жинаған кітаптар болатын. Халима мені өкіндірмейін дегендей, ол дүниеге менен бұрын аттанып кетті. Енді қимас кітаптарым ғана қалды. Солардың ішінде Халима Алматының Никольск базарынан біреудің қолынан сатып әкелген, 1947 жылы шыққан (біз сол жылы үйленгенбіз) Джордж Сандтың екі томдық \"Консуэло\" кітабы бар. Бұл екі томды 160 сомға сатып алғанбыз. Менің кітаптарымның төлбасы ол екі кітап кітапханамдағы кітаптардың ең алдында тұр. Кейде сол екі кітапты қолыма алып сипаймын. Асыл жарымның алақанының жылуын іздегендей боламын. Сол сәтте мөлтілдеп, екі көзіме жас келеді. 29. Сіз 80-ге келдіңіз, қартайдыңыз ғой. Кәрілік қандай болады екен?
— Кәрілік адамды — аяқтан, белден, беттен, көзден, құлақтан алады екен. Аяқ әлсіреп, бел майысып, бет быжырайып, көз көмескіленіп, құлақ тосаң тартады екен. Кәріліктің бұл белгісін бастан кешіру де бақыт екен! \"Сонда, кәрінің қартаймайтын ештеңесі жоқ па?\" деп ойлайсыңдар ғой. Жоқ емес, бар екен. Ол — қартаймайтын мықты көңіл екен. Кәрі болсаң да сүйгің, сүйсінгің, сүйкенгің келеді. Тым болмаса, бір сипасам екен дейсің! Одан өзге, айтқың, жазғың, жарияланғың, радиодан сөйлеп, теледидардан көрінгің келетіні тағы бар. Бірақ, көңілдің бұл тілектеріне өмір ерік бере бермейді. Әрине, бұл әзіл ғой. Ал, қартайғаныма қарамастан, маған газеттер мақала жаздырып, мектептер мен кітапханалар, институттар мен университеттер кездесуге шақырып, радио ай сайын сөйлетіп, теледидар күнара көрсетіп жатады. Жастарға білгеніңді айтып, өнеге үйреткің келеді. Соған қарағанда мен әлі қартая қоймаған болуым керек деп ойлаймын (әзіл). Ал ана сүю, сүйсіну жағына қол жетпейтін көрінеді. Жас әйелдер шалға қарамайды, ал кемпірлер аяқтарын жоғары көтере алмайды. Сөйтіп жүріп әжім-әжім беттерінен сүйейін десең бұлданады кеп! (бұл да әзіл). — Сонымен бірге қайта-қайта телефон соғатын кемпірлер де бар. (Бұл шын). — Айтпақшы, бір әйел өзінің аты-жөнін, қайдан келгенін, жасының 27-де екенін айтып, \"Сізбен жеке сөйлескім келеді, бүгін қабылдайсыз ба?\" — деді. — Бүгін қолым босамай жатыр, ертең хабарласыңыз, — дедім жайымды айтып. Әйел \"жарайды\" деді. Бірақ, ертеңінде де, одан кейін де хабарласпай кетті. Одан бері үш ай өтті. Тегі сол кісі осыдан ештеңе шықпас деп менен күдер үзген болуы керек. Одан басқа тағы бір әйел телефон соқты. Оны да айта кетейін. Былтыр Қ. облысынан. — Өзім өте сұлумын. Бұрын үлкен қызметте болдым. Қазір жалғызбын. Өмірім өте қызық. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов, Сіз үшеуіңіздің біріңіз жазсаңыздар тамаша роман шығар еді. Келесіз бе? — деді. Мен сырқат екенімді, жаңа роман жазуға көп күш, қуат, қайрат керек екенін айттым. — Оған менің күйім келмес, — дедім.
— Ойланыңыз, тағы да телефон соғамын, — деді бейтаныс әйел. Бірнеше күннен кейін ол әйел тағы да телефон соқты. — Ойландыңыз ба? – деді. Мен өткен жолғы жауабымды қайталадым. Одан кейін ол кісі хабарласқан жоқ. Басқа автор тапқан болуы керек. Менің кітабымды оқыған кейбір әйелдер мені әйелқұмар екен деп ойлайды. Ал менің бөтен әйелдің етегін ашып көрмегенімді, бір бөлмеде оңаша жатқан әйелдің жанына жақын бара алмайтынымды қайдан білсін? Қазақта \"Шөккен түйеге міне алмайтын жаман\" деген сөз тіркесі бар. Сол тіркес маған да арналып айтылған шығар деп ойлаймын. Менің \"жаман\" болатын себебім не? Ол менің ҰЯТ деген сөзді өте жоғары бағалайтыным болуы керек. Мен ҰЯТ дегенді – ұлы күш деп санаймын. Адамшылдықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұрықары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. ҰЯТ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАСИЕТ! Ұяттыға иман ұялайды, ұятсызды қылмыс қуалайды. Мен: — Өтірік айтуға ұяламын. — Айтқан уәдемді орындамауға ұяламын. — Орынсыз жерде артық сөз сөйлеуге ұяламын. — Өз кітабымды және өзімді мақтауға ұяламын. —Трамвай, троллейбуста қарттар түрегеп тұрғанда, жастардың орын бермей, шіреніп отырғандарын көргенде ұяламын. — Кейбір қазақ жастарының асыл ана тілін ардақтамайтынына ұяламын. — Біреудің әйеліне құмарлана қарауға ұяламын. Сол себептен де қызу науқан кездерінде, іссапарға барған аудандарымда (мен ұзақ жылдар журналист болдым ғой) күйеулері шаруа қамымен шапқылап кетіп, үйінде оңаша қалғанымда бір де бір досымның, жолдасымның, таныс- бейтанысымның әйелінің төсегін жағалаған емеспін. Сондықтан да, кейбіреулер тәрізді қара бет болмай, жора-жолдастарымның бетіне тура қараумен болдым.
Әрине, жас жігіт пен жас әйелдің бір үйде оңаша қалып, қыбыр етпей жатуы қиын да. Әйелдер шыдайды да, бірақ еркекке қиын шаруа. Халық әндерінің бірінде мынадай екі жол бар: \"Ұзақ таңға ер жігіт қайтып шыдар, Сары майдай толықсып қыз жатқанда\" — деген. Қиын жағдай. бірақ, ұятты ұран етіп өскен жігіт мұндай қиындықтан да құтылады екен. Мен: — Біреудің сырын сыртқа шашуға ұяламын. Досыма да, қасыма ауыр сөз айтуға ұяламын. Үлкенге де, кішіге де (әсіресе үлкендерге) \"Сен\" деп сөйлесуге ұяламын. Әлдекімге жағынып, жағымпаздық жасауға ұяламын. Жұмыссыз бес минут отыруға ұяламын. Кімге болса да қолымнан келген жақсылықты жасамауға ұяламын. Кісі нәрсесіне қызығуға, біреуден бірнәрсені тегін алуға ұяламын. Сөйлеп тұрған кісінің сөзін бөлуге ұяламын оны ақырына дейін мұқият тыңдауға тырысамын. Мүмкіндік болса, өз ойымды ол кісі сөйлеп болғаннан кейін айтамын. Мүмкіндік болмаса, үн-түнсіз қала беремін. Өңештемеймін. Өкпелемеймін. Біреуден бірдеңе сұрап, қол созуға ұяламын ешкімнен ештеңе дәметпеймін. Қоғамдық орындарда (емхана мен ауруханада, азық-түлік дүкендерінде, поштада, әртүрлі кассалар алдында) шіретте тұрмай, \"Мен ардагермін!\" деп жұртты кимелеп, алға қарай ұмтылуға ұяламын. Мен барлық жастарды ұятты болуға шақырамын. — Ұяты бар адамдарды ардақтай білуге шақырамын. — Сексқұмарлыққа емес, эротикалық ұстамдылыққа шақырамын. Маған қойылған сұрақтар бітті. Ен соңында сіздерге айтарым:
— Адам рухының ұлы күші МАХАББАТ жасасын! — Шала махаббат емес, мәңгілік махаббат болсын! — Махаббаттың мәңгілік иесі жастар жасасын! — деймін. — Ұлдар! Қыздарды құрметтеңдер, аялаңдар, ардақтаңдар. Олар: ұлт ұрпағының анасы, алғы ұрпақтарының әжесі. Адамзат өмірінің алтын күні әйел! Жер бетіндегі жалғыз күн әйел! Көктегі күн болмаса, жер көктемейді. Жердегі күн — әйел болмаса, адамзат өркендемейді. — Қыздар! — Ұлдарды құрметтеңдер, қошеметтеңдер. Олардың әрбір сөзіне жымия жауап беріңдер. Оғаш қылығы болса, ашуланбай, ақылмен айтып түсіндіріңдер. Өйткені ерден айырылған ұлттың өмірі — қараң! Тіршілігі — тұман! Сол Отанды жаудан қорғайтын жандарында жүрген жігіттер. Олар бүгін — студент, ертең — солдат. Олармен дос, сыйлас, сырлас болып өсіңдер. Ертең Отан қорғап жүргенде олар сендерді сағынатын болсын. Сендер үшін, туған жер мен ел үшін Отан қорғау жолында жандарын да аямайтын ерен Ер, қаһарлы Қаһарман, жалынды жауынгер болсын! Мен өзіме келген сұрақтардың барлығына жауап беріп біттім. Енді өздеріңнің өзге сұрақтарың болса, жауап беруге әзірмін. Залдан бірінші сұрақ. Қазір Ботагөз қайда ? Кейіпкеріңіз ғой ? — Білмеймін. Баяғыда бір Қарағандыда екен деп естіп едім. Қарағандыға мен бір- ақ рет бардым. Сәлем берейін деп, сұрастырып едім. Ботагөзді ешкім білмеді. Екінші сұрақ. \"Ақиқат пен аңыз\" кейіпкерлерінен кіммен байланысыңыз бар ? — Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжанмен тығыз байланыстамын.. Ол әкесі туралы романың екінші кітабын жазып бітірді. Қазір үшінші кітабын жазып жатыр. Үшінші кітаптың бір тарауы әкесінің досы маған арналғанын айтты. Үшінші сұрақ. Халима апай туралы кітабыңызды қашан шығарасыз ? — Бұйырса, алдағы жылы шығып қалар. Төртінші сұрақ. Демеушіңіз кім ? — Нұртай. Нұртай Сабильянов ғажап адам! Ғажап азамат!
Бесінші сұрақ. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің \"Ақиқат пен аңызды \" да қайта шығарып беремін \" дегені де рас па ? — Рас. \"Алдымен 10 мың дана болып шыққан \"Махаббат, қызық мол жылдар\" тегіс таратылып бітуі керек. \"Ақиқат пен аңызды\" содан кейін колға алармын\", — деген Мұхтар. Алтыншы сұрақ. Осындай демеушілер жазушылардың барлығында бар ма ? — Бір сыпырасында болу керек. Бірақ, қазір демеушілер ақындарды емес, әкімдерді демегіш болып кетті ғой. Сегізінші сұрақ. Шарап пен темекіге қалайсыз? — Кешегі Ұлы Отан соғысында жүргенде арақ та ішкенім жоқ, темекі де тартқаным жоқ. Менің сыбағамды солдаттарым бөлісіп алатын. Соғыстан келгеннен кейін төрт жыл студент болдым. Онда да ол екеуін аузыма алған емеспін. Қызмет істеп жүрген кезде аздап арақ іштім. Күні бүгінгі дейін темекі тартпаймын. Арақ қалғалы да әлдеқашан! Менің анық білетінім: арақ ішпеген — азбайды, темекі тартпаған тозбайды. Әсіресе, жастар бұл екі пәледен аулақ болулары керек! Тоғызыншы сұрақ. Ғашық болған қыздарыңыздың суреттерін сақтай алдыңыз ба? Бар ма? — Бар. Оныншы сұрақ. Әйеліңіз қалай ол суреттерді сақтауға жол берді? Қалай жыртып тастамады немесе отқа салып өртеп жібермеді? — Менің бірінші ғашығым әйелімнің қыз күні қимас досы болатын. Екіншісі өзі ғой. Одан басқа \"Махаббат, қызық мол жылдар\" романындағы кейіпкер қыздардың (Майраның, Меңтайдың, Тананың) суреттері бар еді. Үйленгеннен кейін әйелімнен ол суреттерді сақтауға рұқсат сұрадым. — Оның несін сұрайсың, сақта деді әйелім күліп. — Пушкиннің ғашық болған, хат жазған, көзі түскен әйелдерінің бәрінін суреттерін сақтаған ғой Наталья. (Н.Н.Гончарова — А.С. Пушкиннің әйелі). Наталья ақылды әйел болған. Ондай болмасақ та, Абай атамыз айтқандай, ұқсап бақпаймыз ба апамызға! Айтпақшы, Абай сүйген қыздарының суреттерін сақтамағанымен (ол кезде сурет те болған жоқ қой), олардың бәрінін бейнесін өлеңдерінде қалдырып кетті емес пе? (Әйелім Пушкин пен Абайдың көп өлеңдерін жатқа білетін еді). — Мен Пушкин де, Абай да емеспін ғой, — дедім мен әйеліме ризалықпен күлімсірей қарап.
— Болмасаң да ұқсап бақпайсың ба? Ал мен Наталья Николаевнаға ұқсауға тырысайын. Осылай деп ол кісі менің бұрынғы ғашықтарымның суреттерінің бәрін қастерлеп, жинап қойды. Қазір сол қалпында сақтаулы тұр. Соңғы сұрақ. Халима апайымыздың өзге әйелдерге үлгі боларлық басқа да кішіпейілдігі туралы айтсаңыз екен. — Халима апайларыңның үлгі болмайтын ісі жоқ еді. Бәрін айтсам \"Джен Эйр\" немесе \"Консуэло\" сияқты үлкен роман болар еді. Тек кішпейілділігінің үш түрін ғана айтайын. I Мен жаңа кітап жазған кезде әр нәрсенің жайын сұрап, Халимамен ақылдасып отыратынмын. Жазып болғаннан кейін, сол кітапқа қойсам ба деген тақырыптарды тізіп, Халимаға көрсететінмін. Халима осы лайық деген атты кітабыма қоятынмын. Одан кейін әр жаңа кітапты кімге арнау керектігін кеңесетінбіз. \"Махаббат, қызық мол жылдар\" деген алғашқы романымды жаздым. Оны бітірген соң: — Осы кітапты саған арнайын, — дедім Халимаға. Ол басын шайқады. Содан соң: — Бұл алғашқы романыңды маған емес, өзіңді сонау Павлодарда жүргенде қолыңнан жетектеп әкеп, әдебиет сарайына кіргізген ұстазың Мұқан ағаңа арна. Егер Мұқан ағаң болмаса, сен жазушы емес, көп журналистердің бірі болып қалатын едің ғой, деді. Сондықтан ол кітабыма мынадай арнау сөз жаздым: Бұл кітабымды жас ғұмырдың жыршысы және жас қаламгердің жанашыр қамқоршысы, жалықпас ұстазы болған жазушы, марқам Мұқан Иманжановқа арнаймын. АВТОР. (1970) Осы арнаумен бұл кітап отыз жылдан аса уақыт бойына үздіксіз қайта басылып, оқырмандар қолына тарап келе жатыр. II \"Ақиқат пен аңыз\" деген екінші романымды бітіргенде:
— Сен де Ұлы Отан соғысына қатыстың ғой. Осы роман-диалогты саған арнайын, — дедім Халимаға. Ол тағы да басын шайқады. — Сені өмірге әкелген әкең — менің қайын атам мен ол кісінің інісі — өз ағаң сол соғыста опат болды. Сондықтан бұл романыңды сен маған емес, менің сол екі қайын атама арна, — деді содан соң. Мен әйелімнің айтқанын жөн көрдім. Сондықтан ол романымның ең жоғарғы жағына мынадай арнау қойып шығардым: Бұл еңбегімді бұрынғы \"Ақбұзау\" колхозының арыс азаматтары, оның алғашқы ұйымдастырушылары, қос коммунист, ағайынды Амангелдиндер — Нұршайық пен Ниғап, сендерге арнаймын. Ардақты әкем, сен 1943 жылдың күзінде Украинада опат болдың. Сол жылдың көктемінде Ленинград қоршауында сен қаза таптың, аяулы ағатайым. Ол кезде басқа майданда жүрген мен қатарыңда бола алмадым, қолымнан топырақ сала алмадым сендерге. Күні бүгінге дейін бейіттеріңнің қайда екенін білмеймін. Бірақ, неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қаза тапқандарыңды, туысқандар моласында жатқандарыңды білемін. Осы кітап екеуіңнің басыңа орнатқан ескерткішім болсын, Ұлы Отан соғысының қарапайым қос жауынгері! Сендерге салған топырағым, бастарыңа көтерген күмбезім болсын, әкеммен, бауырыммен құшақтасып жатқан барлық белгісіз солдаттар. АВТОР. (1976) XX ғасырда бірнеше дүркін қайта басылып шыққан бұл кітап XXI ғасырдың басында және бір рет басылып шықты. III Ол екі романнан кейін \"Өмір өрнектері\" деген тағы бір үлкен кітап жазып бітірдім. — Кейбір басқа жазушылар өз кітаптарын әйелдеріне арнап жатады. Енді мен осы кітабымды саған арнаймын, — дедім Халимаға кітабымның ақырғы нүктесін қойғаннан кейін. Халима біраз ойланып алды. Содан кейін. — Жоқ, өйтпе. Сен бірнеше рет инфаркт болдың. Өлім халінде жаттың. Сонда сені ажалмен алысып, аман сақтап қалған дәрігерлер болатын. Бұл кітабыңды сол дәрігерлерге арна, — деді ол сабырлы түрде. Шыққаннан кейін бір-бір данасын,
қолыңды қойып, сол кісілерге сыйла. Біз сәл ауырсақ дәрігерлерге жүгіреміз. Тәуір болсақ, оларды ұмытып кетеміз. Өз аттары жазылған кітапты сыйлау оларға үлкен ескерткіш болады. Кейін өз еңбектерінің жемісі ретінде балаларына да көрсетіп жүреді. Солай ет. Орынды сөзге қалай көнбессің! Солай еттім! \"Өмір өрнектеріне\" жазған ол арнауым мынадай болып шықты: Бұл кітабымды мені ажалдан арашалап, аман алып қалған қымбатты дәрігерлерім Антонина Ивановна Максимоваға, Екатерина Шаймажанқызы Батырғожинаға, Жамал Төлебайқызы Қамшыбаеваға, Нина Алексеевна Бойковаға, Гүлзада Мүкеевна Көшімбаеваға, Әлихан Қазақбайұлы Жүсіповке, Марат Әбдірахманұлы Баязитовке және Мұхтар Айтқазинге шын жүректен арнаймын. Осы арнау арқылы басқа да барлық ақ желеңді абзал жандарға шексіз алғысымды жолдаймын. АВТОР. (1987 ж., 2000 ж.) Басқа әйелдерге жазушы күйеулері осылай ұсыныс жасаса, ешқайсысы бас тартпас еді. Қайта: — Арнасаң арна. Мен кітап арнауға тұрмаймын ба?— деп шап ете түсер еді. Ал Халима басын шайқайтын. Бұл да оның кішіпейілділігінің белгісі еді. *** Менің ақылшы дос, асыл жарым Халима өмірден өтіп кетті. Енді жаңа кітабымның атын қалай қоюды, оны кімге арнауымды ақылдасатын ешкім жоқ. Сондықтан қазір жазып жатқан жаңа кітабыма өзімше \"Мәңгілік махаббат жыры\" деген ат қойдым. Бұл кітабым тұтасымен Халима туралы. Оған өз бетімше мынадай арнау жасадым: ХАЛИМАҒА Қасиеттеп, құрметтеп, Сенің махаббатыңды. Ұрпаққа үлгі болсын деп, Алашқа жайдым атыңды. Сенің Әзілханың.
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 490
- 491
- 492
- 493
- 494
- 495
- 496
- 497
- 498
- 499
- 500
- 501
- 502
- 503
- 504
- 505
- 506
- 507
- 508
- 509
- 510
- 511
- 512
- 513
- 514
- 515
- 516
- 517
- 518
- 519
- 520
- 521
- 522
- 523
- 524
- 525
- 526
- 527
- 528
- 529
- 530
- 531
- 532
- 533
- 534
- 535
- 536
- 537
- 538
- 539
- 540
- 541
- 542
- 543
- 544
- 545
- 546
- 547
- 548
- 549
- 550
- 551
- 552
- 553
- 554
- 555
- 556
- 557
- 558
- 559
- 560
- 561
- 562
- 563
- 564
- 565
- 566
- 567
- 568
- 569
- 570
- 571
- 572
- 573
- 574
- 575
- 576
- 577
- 578
- 579
- 580
- 581
- 582
- 583
- 584
- 585
- 586
- 587
- 588
- 589
- 590
- 591
- 592
- 593
- 594
- 595
- 596
- 597
- 598
- 599
- 600
- 601
- 602
- 603
- 604
- 605
- 606
- 607
- 608
- 609
- 610
- 611
- 612
- 613
- 614
- 615
- 616
- 617
- 618
- 619
- 620
- 621
- 622
- 623
- 624
- 625
- 626
- 627
- 628
- 629
- 630
- 631
- 632
- 633
- 634
- 635
- 636
- 637
- 638
- 639
- 640
- 641
- 642
- 643
- 644
- 645
- 646
- 647
- 648
- 649
- 650
- 651
- 652
- 653
- 654
- 655
- 656
- 657
- 658
- 659
- 660
- 661
- 662
- 663
- 664
- 665
- 666
- 667
- 668
- 669
- 670
- 671
- 672
- 673
- 674
- 675
- 676
- 677
- 678
- 679
- 680
- 681
- 682
- 683
- 684
- 685
- 686
- 687
- 688
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 500
- 501 - 550
- 551 - 600
- 601 - 650
- 651 - 688
Pages: