Галиев В. З. Ұлтты оятқан кітап (Міржақып Дулатұлы жəне оның “Оян, қазақ!” кітабының ізімен) Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев Кітап қазақ зиялыларының аса көрнектi өкiлдерiнiң бiрi, “Алаш” партиясының мүшесi Мiржақып Дулатұлына арналған. 2010 жылы алаш ардақтысының туғанына 125 жыл, ал “Оян, қазақ!” кітабының жарық көргеніне 100 жыл толды. Қазақ халқының ұйқыдағы санасын оятып, ұлттық рухын көтеруде бұл кітаптың орны ерекше болғаны белгілі. Оқырман назарына ұсынылып отырған еңбекте қазақ халқының қоғамдық жəне мəдени өрісінің кең аясында ағартушы- патриот өмірінің алғашқы кезеңі туралы əңгімеленіп, оның дүниетанымының қалыптасу үрдісі ашылады. Ұлттың күрескер ұланымен өз кезінде қоян-қолтық араласып, жақын жүрген пікірлес, ниеттес адамдарға да жинақта ерекше орын берілген. Мұрағат материалдары, сирек басылымдар жəне ХХ ғасырдың басындағы мерзімдік жарияланым қайнар көз ретінде алынып, жаңаша зерттеулер жасалады. “Оян, қазақ!” кітабы жан-жақты талданып, тың деректер келтірілген. Міржақып туған өлкеде Жаз аяқталды, аспирантурадағы оқудың екінші жылы да тамам. Диссертацияның шимай қолжазбасын тез жинақтап, машинкаға беру керек болды. Осы екіарада мені деканатқа шақыра қалды, одан парткомға жіберді. Маған университет комсомол комитетінің мүшесі
ретінде Торғайға баратын студенттік отрядты басқаруды ұсынды. Мен бірден келістім. Студенттік отрядта тапқан ақшама диссертацияны бастырып алуға болады. Теру машинкасы өзімде болғанмен, баяу теретінмін. Ауылшаруашылық отрядында үш факультеттің əр курсынан жүз елудей студент болды. Ұшақта университет оқытушысымен бірге болдым. — Торғайға бара жатырсыз ба? — дейді ол. — Тамаша. Онда қоқиқаздарды көретін шығарсыздар. Көз алдыма бірден құтан, қоқиқаз бен ірі кесірткелер, экзотикалық құстар мен аңдар келе қалды. Құтандарды мен экспедициямен Маңғыстауға барар жолда Бұхараның мұнараларынан көрген болатынмын. Ал қоқиқазды əлі көрмегенмін. Мені қызықтырғаны сол — қоқиқаз “Мың бір түн” ертегісімен теңестірілетін-ді. Енді мен сол құсты көре аламын. Мені Торғайға тартқан себептің бірі осы еді. Ақшамда Қостанайға келіп жеттік. Қалаға кіріп, облыстық Ауылшаруашылық басқармасының ғимаратын іздеп таптық. Бірақ мезгіл кеш еді. Ғимаратта вахтёрден өзге ешкім болмады. Ол бізге қонақүйге баруға кеңес берді. Бірақ қонақүйді текке іздеппіз. Онда бос орын болмады да, ғимаратқа қайтып оралдық. Бұл жолы бізге басқа вахтёр қай жерге түнеп шығуға болатынын айтты. Күн батып кетпей тұрғанда айтылған мекенжайды тауып алуға асықтық. Біз іздеген үй Тобыл өзенінің төбесінен төніп тұрған биік жотаның үстінде екен. Бұл кезде көз байланып, қараңғы түскен. Үйде жарық жоқ болып шықты. Тас діңгектерге бекітілген ескі ағаш қақпаның алдына келіп тоқтадық. Алғашында еппен ғана, ақырындап дыбыс бердік. Бірақ ешкім жауап қатпады, қақпаны қаттырақ ұрдық, сонда барып жарық жанды. Ашылған есіктің сықыры естілді, біреу шыққан секілденді. Қақпаға келіп: — Бұл кім? — деп дауыстады. Біз үшеуміз бір кісідей шу етіп: — Қонып шығуға мархабат етіңіз! — деп жауап бердік.
Қартаң қожайын бізді қақпадан ішке қарай өткізіп, есігін жапты да, үлкен ауламен үйге қарай бастап жүрді. Қораның сырт жағында атағаш, оның жанында шөп қора тұр. Екі-үш басқыш көтерілген соң, кең ауызүйге келіп кірдік. Ақсақал бізге қарай бұрылып: — Қазір төсек саламыз, — деді. Одан соң: — Мына кісілер жолдан келді, оларға шай бер, — деді. Ақсақалдың ожаумен құйған суымен қол жуып алдық. Шай ішкеніміз есімде қалмапты, тек сол бір қақпа, ысырмалы есіктер, еденге тасталған төсеніштер, əлдебір ескі тондар мен жастық орнындағы іші жартылай бос қаптар ғана еске түседі. Мұның бəрі төңкеріске дейінгі Қазақстанның уездік қалаларындағы керуен сарайларға тəн көрініске қатты ұқсайтын. Мен оларды көз алдыма осылай елестеттім. Біздің тоқтаған жеріміз де дəл сондай еді. Мен үшін Торғай сапары осылай басталды. Ертеңгілік мен біздің серіктестіктен жалғыз өзім ғана шағын ұшақпен Торғайға жол тарттым. Далада шілденің шіліңгір ыстығы, ал салонның іші одан да қапырық. Шынында, бұл ұшақтың салонынан гөрі əйелдер, балалар, қарттарға жəне қойларға лықа толтырылған жəшікке көбірек ұқсайтын. Адамдар ұшақ салонына ұзына бойы қойылған жалпақ орындыққа жайғасқан. Аспанға көтерілгеннен біраздан кейін қолдарымызға бірнеше пакеттен ұстатты. Бір кезде қойлар лоқсып құса бастады. Бір қойдың аузына пакет тосып едік, одан əрі пакеттің де қажеті болмай қалды — бүкіл еденге қойдың құсығы жайылды да кетті. Енді кезек адамдарға келді. Тек кешегі ғана емес, бүкіл бір апта бойы ішкен-жегеніміз ақтарылып түскендей болды. Қойлар адамдарға қарайды, ал адамдар ұшақ терезесінен жерге үңіледі. Ақыр аяғында ұшақ та жерге қонды-ау, əйтеуір. Сөйтіп, мен Торғайға келдім. Бұл қазақтар тұратын аудан. Сондықтан да болар, арада бірнеше күн өткенде мен жер бауырлап тырбиған аласа балшық үйдің жанынан орыс шалын көргенімде қатты таңғалдым, ол өз үйінің жанында бір нəрсені көтеріп бара жатты. Мен оған жақын барып, оты сөнген көмескі көзіне, сапсиып өсіп кеткен қауға сақалына көз тастадым. Кеңседе маған бұл адамның жергілікті тұрғын Шишков екенін айтты, оның əкесі мен атасы төңкеріске дейін де Торғайда тұрған екен.
Торғайда жаздың басынан бері Киев университетінің əр факультетінен жиналған жігіттер мен қыздардан құралған студенттік құрылыс отрядының штабы орналасқан. Соларға бола бұл жерге, Торғайға, Киев жазғы училищесінің курсанттарын тиеген кішкене ұшақ келіп жетті. Мен біздің студенттерді он күн күттім. Олар келген кезде біздің штабқа ГАЗ-51 жүк машинасын бөлді. Ленинград түбінде əскери қызметін атқарып келген тарихшы-студентті жүргізушілікке таңдадық. Машинаның тілін ол жақсы біледі екен, оны күтіп ұстады, мұның үстіне машинаның күрделі жөндеуден өткен беті екен. Аудан ішінде менің ұшақпен немесе өзіміздің автокөлікпен жүріп-тұруыма болады. Біз Тосын құмына машинамен бардық, ондағы шатқалдардың бірінде географтар тұратын. Жол алдымен даланы көктей өтіп, одан соң жыңғыл бұталары гүлдеген сексеуіл жынысын қақ жарып өтеді екен. Жыңғыл барлық жерде: батпақты алаңқайларда, бұлақ бойында, сарқырамаларда немесе жерасты суы жер бетіне жақын жатқан жазық далаларда өседі. Жыңғыл бұталары адам бойымен бірдей, кейде тізеден төмен. Жыңғылдың діңі майда. Гүлдері көзді арбайды. Ерте көктемнен күздің соңына дейін ауылдың шет-шетінде де, суы тартыла бастаған өзендердің жағасында да жыңғыл бұталарының гүлдері жайқалып тұрғаны. Олар құрғап қалған өзектің түбінде де, құм төбелердің төскейінде де сап құрып, тізіліп тұрады. Жəне көктемгі лайсаңда да, күзгі батпақта да, жаздың шыжғырған ыстығында да сиқырлы гүлдерінің сымбатымен көз тартады. Түс əлетінде қашарға келіп жеттік. Мұнда студенттер отряды қойлардың қысқы қораларын жылылап жатқан болатын. Түскі ас тіл үйіреді, əйтсе де ыстық күнде əсіресе ұзын үстелді жағалай отырып ұзақ ішкен шайға жетер не бар?! Оның үстіне біз отырған үстелдің үстінен төніп тұрған жыңғыл бұталарының гүлдерінен тамған қызыл қоңыр сансыз бояу бетімізде ойнап тұрса, көңіл қалай шалқымасын! Торғайда мен ескі қамалды көрдім, оның iші балшықтан құйылған, қалың қабырғасы біртіндеп мүжіліп, құлай бастаған. Көшелердің бірінде балшық тамдар, өндіріс басқармасының ағаштан қиылған ғимараты, кірпіш үйлер қатар түзеген, ал олардан сəл əрірек ескі қамал болды. Оның қабырғасының ұзына бойына қойылған ағаш тіреулер
ғимараттың сəнін кетіріп тұр. Бұрын бұл көше Яковлевский деп аталған. Қамалдың қабырғасына мемориалдық тақта ілінген, оған бұл жерде 1916 жылы Амангелді Иманов бастаған көтерілісшілердің штабы орналасқан деген сөз жазылған. Сол сəтте-ақ менің есіме Амангелді Имановтың Алматыдағы ескерткіші түсе кетті. Айырқұм сапары, нақтысында, оған ұшып барғанымыз ойға оралады. Кішкене ұшақта адам отыратын бір ғана орын болды, ол ұшқыштың артында еді. Бұл ұшаққа арналған əуежай да тура өзі сияқты болды, ол тіпті əуежай да емес, жай ғана ұшып-қонуға арналған шағын алаңқай болатын. Маған бұл ұшақ моторын ешқашан қыздырмағандай, ұшар алдында қанатына күш бітірмегендей, тек қана бейне бір ұжымшардың тракторына ұқсап, орнынан жайлап қозғалып, əлдеқайда ұша жөнелгендей болып көрінді. Кешкісін қайта оралады. Əр күні осылай. Пошта таси ма, ақ халатты абзал жандарға жəрдем көрсете ме ол жағы маған белгісіз. Білетінім — оның күн сайын ұшып келіп, қайтадан ұшып кететіні ғана. Студенттерді əкелгеннен кейін екі-үш күн өткенде, мен осы ұшақпен ұша бастадым. Жұмыс қызу қарқын алған. Түс əлетінде көк төрінде қалықтап барамыз. Қараймын — Торғай алыстан сағым астында жүзіп бара жатқандай, үйлер кішкене макеттерге ұқсайды. Алғашында дала төсінде созылып жатқан жолдар көзге айқын шалынғанымен, сəлден кейін ирелеңдеген жіңішке арқандай ғана болып қалды. Көкжиек мұнартып тұр. Жер бедерін ажырату қиындай түсті. Көлдің беті алақандай болып қалды, алыста қарауытқан таулар үйілген мақтадан аумайды. Дала үстімен төмендеп ұшып келеміз, бəрібір жердегінің бəрі кішкентай, қуыршақ секілденіп көрінеді. Ұшқыш маған радио тыңдасын деп құлаққап берді. Киіп едім, онда Ленинград туралы əн шырқалып жатыр екен. Шет-шексіз сар даланың үстінде менің көз алдыма Нева жағалауы, ондағы ғимараттар, қала үйлерінің төбелері жəне І Петр ескерткіші, Ленинград мұрағаты мен кітапхана — кең фойе, сəнді баспалдақтар, мұрағаттық қағаздар елестеді. Бұл істер мен мұрағаттық қорларда ХІХ ғасырда болғанның бəрі: кімді жəне не үшін соттағаны, қайда нендей
құрылыс салынғаны, қандай газеттер мен кітаптар шыққаны — бəрі- бəрі сақталғандай болып көрінді. Маған көп нəрсені тауып, өзімнің диссертацияма қажеттіні жазып алудың сəті түсті. Кешке қарай шаршаңқы күйде мұрағаттан шығып, Неваға, Васильев аралының бағытын көрсеткен бағдаршаға көз тастадым. Мыс салт аттының, Исаакиевский соборының жанынан өттім, Александров бағындағы Пржевальский бюстіне таяу орналасқан ботаның мүсініне кез болдым. Бейне бір Сырдарияның жағасында, Маңғыстауда немесе Торғайдың өзінде жүргендей-ақ көңіл күйім көтеріліп кетті. Ұшақ төмендеп, біз енді тура ауылдың үстімен ұшып келеміз. Маған сол сəтте ұшақ үйлердің мұржасына соғылатындай болып көрінді. Бірақ ұшақ ауылдың үстінен асып өтіп, қонғаны əлде жерге құлағаны белгісіз, солқ ете түсті де, үні өшті. Сəлден кейін мен өз-өзіме келдім. Сөйтсек, бұл — ұшақтың күндегі əдеті екен. Мен бұл жерде студенттерді басқа жерге алып кеткенін білдім. Жыланшық өзенінің жырым-жырым жағалауына келіп тұрмын. Сөйтіп, мен бұл өзенді жаздың ең ыстық кезінде көрдім. Осы екіарада қайдан шыққаны белгісіз бірнеше түйе пайда болды да, ұшақты жан-жағынан иіскелей бастады. Студенттер отрядтары бірнеше кеңшарға бөлініп кеткен. Збан (бұл Жыланшық өзенінің сағасында) ауылына автокөлікпен баруды жөн көрдім. Шамамен түс əлетінде жолға шықтық та, Шептікөл қыстауына жетіп түнедік. Кеш жатып, кеш ояндық. Одан соң тағы жүріп кеттік. Жарты сағаттай жүрген соң, жүргізуші бұзау ма, ит пе бірдеңені қолымен нұсқап көрсетті. — Мынау ит пе?! Мен біздің машинаға жайбарақат барлай қарап тұрған дəу төбетті көрдім. Басы үлкен, түсі қызғылт қоңыр. Мен мұның ит екеніне күмəндана бастадым. Осы сəтте жүргізуші машинасын шұғыл бұрып, қасқырға қарай тура тартты. Қасқыр алғашында түк сезбегендей түр көрсетті де, іле-шала қауіп төнгенін түйсініп, таңғаларлық сабырлылықпен басын аспай-саспай бұрып алып, жылыстай жөнелді.
Машина да қалысар емес, оның дөңгелектері бейне бір бетегенің жуан түбірлерінен секіріп өтпей, оның үстінен ұшып бара жатқандай болды. Қасқыр бізден отыз-қырық қадамдай ғана жерде. Енді бірер минутта машина оны тұмсығымен соғып өтері сөзсіз. Ал дала көкжалы баяу да үлкен адыммен секіріп, аспай-саспай кетіп барады. Бір кезде ол басын артына бұрып, асықпай бізге қарап алды. Тіпті ол менің көзіме тура қарағандай болды. Ол осы даланың əміршісі еді жəне өзін соған лайықты ұстай білді. Сірə, біздің жылдамдығымызды шамалаған болуы керек, сəлден соң артына қарамастан қайта жөнеп берді. Біз қасқырды тықсыра бердік. Арамыз тіптен жақын. Бірақ алдымыз еңкіш екен. Қасқыр бізге тағы бір рет бұрылып қарады. Оның үлкен көзіне, жалт- жұлт еткен жон арқалығына көзім түсті. Енді біраз уақыт бойы қасқыр бізбен бірқалыпты қашықтықта кетіп бара жатты. Мен қасқырдан көзімді алмай отырғанмын, осы кезде жүргізуші күтпеген жерден жылдамдықты төмендетіп, машинаның тежеуішін басты. Машина тоқтады. Сөйтсек, біздің сол жағымызда үлкен тақыр бар екен. Қасқыр сайдың қарсы бетіне қарғып өтті де, үш-төрт рет секіріп барып, тақырға табан тигізді. Біз кабинадан шығып қарап тұрмыз. Қасқыр алысқа ұзап кетіпті, ол бұл кезде тақырдың арғы шетіндегі жотаның тұмсығына ілігіп үлгеріпті. Оның соңына түскен əрекетіміз нəтижесіз аяқталды. Қасқыр бізді əдейі сайға əкеліп тіреген екен. Дала төсіндегі осы бір оқиға есте сақталып қалыпты. Арада көп күн өтті, ал қоқиқазды мен əлі көрген жоқпын. Ол үшін Қызбел кеңшарына бару керек екен. Жұмыстан қол босап, қалт еткен бір күні сол жаққа қарай тартып кеттік. Мінеки, біз күн батар шақта Қызбел ауылының жанындағы төбеде тұрмыз. Алдымызда — көл, ал оның арғы бетінде — қалың қамыс жынысы. Сол жыныстың алдыңғы жағында бастарын қоқырайтып жоғары көтеріп алған қоқиқаздар жүр. Олардың қызыл қоңыр қауырсындары күн сəулесіне малынған көкжиектің түсімен үйлесіп-ақ тұр. Төменде, сайда, қызыл қоңыр гүлдері жайнап бір түп жыңғыл тұр. Бұл қызыл қоңыр түстің бояулары жан-жақтан келіп тоғысқан бір сəт болды. Нағыз қиялдағы құстар, ал қызыл түске боялған көкжиек жəне жылт-жылт еткен жерошақтың шоғындай жыңғылдың гүлдері — міне, Қызбел менің есімде осылай сақталып қалды.
*** Бұл — Міржақып Дулатұлы туған жер. Ал Қызбелдің өзінде Міржақыпты көрген адамдар əлі бар болатын. Менің табаным оның туған жерінің топырағына осылай тиіп еді. Бұл жерді оның өзі ойынан бір сəт те шығарған емес, ал 1929 жылдың жаңа жылдық мереке күні Қызылордадағы түрменің тар камерасында оған сия, қалам жəне қағаз беріп, өзі жəне өзінің өмірі туралы жазуды талап етті. 1929 жылдың 1 қаңтарындағы берілген түсініктеме хаттамасында былай деп жазылған: “Мен 1885 жылы Торғай уезі мен облысының Сарықопа болысына қарасты №1-ауылда тудым. Ата-анам мал шаруашылығымен айналысқан. Шаруа жағдайы орташадан төмен болды. Мен анамнан емшектегі бала кезімде айырылыппын, ал əкем 12 жасымда қайтыс болды”. Міржақып Дулатұлының туған жері мен уақыты мұрағат материалдарымен де дəлелденеді. Міржақыптың балалық шағы қарапайым отбасында өтті. Отбасының күнкөрісі өзгелер сияқты мал еді. Əдеттегідей қазақ даласының бір түкпірінде өмір сүретін бұл адамдар жартылай натуралдық шаруашылық жүргізді. Өнеркəсіп өндірісінің заттарына (самаурындар, темір бұйымдар, фабрикалық аяқкиім, арзан қолөнер бұйымдары) деген мұқтаждық оларды айырбас əрекеттеріне қосылып, саудаға кіруге мəжбүр етті. Торғай уезі — солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып, екі бүйірі ішке кіре, көршілес уездердің жеріне біресе о тұсынан, біресе бұ тұсынан сыналап кіріп жатқан аумақ. Бұл жерлер қазақтардың көшіп-қонуына қолайлы қоныстар болатын. Əкімшілік жағынан уезд: Тосын, Шұбалаң, Қарақоға, Жыланды, Қараторғай, Сарыторғай, Қызылжыңғылды, Сарықопа, Майқара, Бірінші Наурызым жəне Екінші Наурызым деп аталатын он бір болысқа бөлінді. Торғай уезінің табиғи сипаты жазық жерлерден тұрады, тек кейде ғана болмашы ойлы-қырлы болып келеді.
Көктемгі су жайылуынан кейін Торғай, Жыланшық жəне Бұланты өзендерінің аңғарлары шабындыққа айналады. Тегінде, соған қарамастан уезд аумағы шөпке тапшы, өйткені бүкіл жаз бойы жаңбыр аз түсетіндіктен, көктемгі шалғын көп ұзамай күйіп кетеді, сондықтан қазақтар даланың бұл шөл аймағын əлі қурай қоймаған кезінде жеп тауысып, тез көшіп кетуге тырысатын. Əрбір əулет пен ауылдың қатаң бекіген өз шекарасы болды. Əулеттің өз ішінде тек қыстау иеліктері мен жайылымдық жерлер ғана жеке қожайындарға тиесілі болды. Шабындықтар бірнеше қожайынның ортақ пайдалануында болып, телімдер бөлінісі жыл сайын қайтадан жүргізіліп отырды. Көптеген əулеттік қауымдастықтардың өз қыстауларының маңында көктемгі-күзгі, тіпті жазғы жайылымдары болды, соның арқасында жұрт жаңартулар саны айтарлықтай қысқаратын. Бірақ мұнымен қоса уезде көптеген əулеттер пайдаланатын жазғы жайылымдар да болды. Топырақ құнарсыздығының жəне ылғалдың аздығынан Торғай уезінде егін шаруашылығы барынша шектеулі болды. Қазақтар алғаш рет Торғай өзенінің аңғарында бидай өсіре бастады. Торғай маңындағы қазақтардың арасынан шыққан бидай өсірушілердің алғашқыларының бірі ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген Қыпшақ Сейітқұл еді. 1847 жылдан бастап егін шаруашылығы Торғай, Жалдама, Ұлқояқ өзендерінің бойында тарала бастады. Торғай өлкесінің белсенді қоғам қайраткерлерінің бірі А.Қаралдин Сарықопа өңіріндегі көлдердің жағалауында, оның ішінде Сүлікті көлінде Жарылғап Шермішев, Түркебаев, одан кейін оның ұлы Айтқұл Баймұратов егіншілікпен шұғылданды деп жазды. Міржақыптың ата-бабалары да Торғай уезінде өмір сүрді. Сарықопа болысының ауылдарындағы көршілерін де еске түсіруге болады. 1914 жылы В.А.Гордлевскийге жазған хатында М.Дулатұлы былай дейдi: “Мен 1885 жылдың 25 қарашасында дүниеге келдім. Мен 8 жасқа толғанда əкем мені ауыл молдасы татарға, мүлде надан адамға оқуға берді. Одан қанша уақыт оқығаным есімде жоқ, білетінім — əптиек бойынша арабша дұғаларды жаттағаннан басқа еш нəрсе үйренбегенім”. Демек, ол Құранның қысқаша нұсқасын оқыған.
Қоңыраулы өзенінің, Қызбел көлінің жағалауы, шалғыннулы, ауыл балаларының қызыққа бата ойын ойнайтын жері болды. Басқа балалармен бірге Міржақып та қой қайыру үшін атқа мініп, алыс- жақын маңдағы жыраларды аралап кететін. Міржақып өзінің аталарының біріне ұқсаған деседі. Көршілердің біреулері оны нағашы атасына, екіншілері өз атасына тартқан дейді. Жылдар өте келе бұл əңгімелер ұмытылды. Бірақ біржола емес, Міржақыптың немерелерінің немесе шөберелерінің ішінен біреуі оған тартуы үшін уақытша ұмыт болған секілденеді. Бала Міржақып өзінің бауырларымен жəне қарындастарымен бірге өгей шешесінің қолында өсті, əкесі екінші рет үйленген болатын. Үлкен отбасы қойлары мен жылқыларын сатып, содан түскен табысқа күнелтетін. Көктемде қойларды Торғайдағы жəрмеңкеге айдайды. Бұл оңай жұмыс емес-тін. Бəрі де Торғай өзенін жағалап жүруге тырысты. Дала тапталған, қойларға тіскебасар шөп қалмайды. Төрт-бес күннің ішінде қойлар арықтап, сатып алушы делдалдар мен саудагерлер бағасын барынша түсіруге тырысады. Өзінің өмірбаянында Дулатұлы былай деп жазады: “1895 жылы мені ауыл мектебіне берді. Мұғалім (М.Тоқтабаев) бізді орысша сауаттандырумен бірге, өзінің міндетіне жатпаса да жəне бұл үшін ешкімнен сый-сияпат алмаса да, қырғызша (қазақша. — ауд.)1 да сауатымызды ашты. Өкінішке қарай, осы бір абзал жанды мұғалім көп ұзамай басқа жаққа ауыстырылды да, оның орнына өзге мұғалім — шоқынған башқұрт келді”. М.Тоқтабаев туралы кейбір мұрағаттық мəліметтер сақталған. М.Тоқтабаевтың кейін де өз ұстанымын өзгертпегені белгілі. Сарықопадағы ауыл мектебінен кейін ол Торғайға ауыстырылды, одан соң 1910 жылы Тосын болыстық мектебінің Ақшығанақ қонысында жұмыс істеді, мектеп меңгерушісі Құрақбаев болды. 1915 жылы М.Тоқтабаев Қоңыраулы ауылдық мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырды. Оның бауыры Ғабділкəрім Досжанұлы Тоқтабаев алғашында ауыл мектептерінің бірінде жұмыс істеді. 1908 жылы Торғайда медресе ашылғанда, ол сонда орыс сыныбын оқытып, сонымен қатар ересектерге арналған кешкі қазақ мектебінде сабақ
берді. Сөйтіп, Тоқтабаевтар тегі Торғай алқабында мəлім болды, М.Дулатұлы оларды білді. Ауылға көпестің келуі барлық басқа балалар секілді Міржақыпқа да қызық болып көрінді. Өзімен бірге əртүрлі заттар, бұйымдар, ағаш төсектер алып жүретін татар көпес ауылға жылына бірнеше рет келіп, əр жолы үш-төрт күннен аялдайтын. Ауыл адамдары оған келіп, əңгіме-дүкен құрысып, тауар қарайтын. Əрқайсысы өзіне керегін алады. Үлкендермен бірге қашанда балалар жүреді, олар Мұхаммед Каримов көпестің зат буған теңдерінің ішінде кəмпиттің де болатынын біледі. Батылдау балалар көпестен: — Аға, мына кəмпиттер қанша тұрады? — деп сұрайды. ...Асқар Дулатұлының басқа пікірде болуы мүмкін емес еді. Ол, Міржақыпты өзінің шаруашылығына қолғабыс тигізе алатынына қарамастан, одан əрі оқуға беруге шешім қабылдады. Асқардың қамқорлығына зəру басқа да бауыр-қарындастары: Қонысбай (Қошай), Зылиха, Қанипа, Ақыжан жəне олардың балалары бар болатын. Өмір өз ағысымен өтіп жатты. Міржақып бозбала атанды. Енді ол көмекке мұқтаж емес, қайта бірнеше жүздеген қойы бар үлкен шаруашылықты жүргізуге Асқарға жақсы жəрдемші бола алатын еді. Алайда 1897 жылдың көктемі аса жайсыз болды. Сəуірдің басында күн күрт жылынып, Торғай өзенінің суы арнасынан шығып кетті. Одан əрі ауа райы қайта бұзылды. Ерте жауған салқын жаңбырдан кейін күн бірден суытып, қар жауды. Далада көктеп шыққан шөп атаулы мұз құрсауында қалды. Қойларды бір қыстаудан екіншісіне қуудан ештеңе шықпады — аш қойлар күн сайын он-ондап қырыла бастады. Өзге өңірлердің де жағдайы мəз емес еді. Ауыр қыстан мал аяғын көкке іліндіріп, жұрт буыныптүйініп жазғы жайлауға көше бастады. Қой қырқу, мал төлдетумен қысқа жаз көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Міржақыптың ойы он саққа жүгірді: əрі қарай не істеу керек? Көрші ауылдың жігіті Торғай қаласына оқуға кетті. Біреулер мұны қостады, енді біреулер сөкті.
Шаруа енді түзеледі-ау деген үміт оянған шақта бұл отбасы үлкен қайғыға тап болды — Дулат Сансызбай дүниеден өтті. Оның жасы небəрі 49-да еді. Дулат етікшілік кəсібімен айналысатын, жұмыста байқаусызда бармағына біз сұғып алыпты. Қанға өткен жарадан ол оңалмады. Бүкіл отбасы мен туыстарына бұл үлкен соққы болды. Əсіресе он екі жасар Міржақып үшін əкесін жерлеуге қатысты əбігершілік, көңіл айтқан адамдардың толассыз тізбегі, марқұмның қырқын беру рəсімі Міржақыптың есінде өшпестей болып қалып қойды. Анасынан ерте айырылған ол, енді əкесіз жетім атанды. Отбасының билігіне Асқар ие болып қалды. Бұл кезде ол мектептегі оқуын бітірген еді, енді əкенің орнын басып, шаруашылық қызметін қолға алды. Асқардың білім деңгейі жөнінде “Қырғызша сауатты” деген ресми құжат сақталған. Яғни, ол бірнеше жыл оқып, білім алған жəне оқи ғана емес, жаза да біледі деген сөз. Əкесі өлгеннен кейін іні- қарындастары Қонысбай, Зылиха, Қанипа, Міржақып, Ақыжандар оның қолына қарап қалды. Ең үлкен інісі Қонысбай көмекшілікке жарап, көңіліне демеу болды. Асқар Міржақыпты Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне оқуға беруге бел буды. Бірақ оған қол жеткізу оңай емес еді: ол жерге оқуға баласын бергісі келетіндер көп болды. Онда балалар білім алып қана қоймай, қазына есебінен қаржыландырылды, училище жанында интернат болды. М.Дулатұлын училищеге орналастыруға Сарықопа болысының болыс басқарушысы Белгібаев (1906 жылы, ал 1907 жылы болыс басқарушы Алпысбай Жылқайдаров болды), старшиналар Бөжен Көбеталиев, Алпысбай Жылқайдаров, Тоққожа Қожақов, Смайыл Ниязбеков, қырғызша сауатты болған болыс писарі Иван Денисов көмектесті. Бөжен Көбеталиев болыстықтағы өз ауылының қамын жеген, рулас- аталастарының қуанышы мен қайғысын бөлісе білген азаматтардың бірі болды. Жəне мұндай болыс басқарушыларды өзге де көршілес болыстардан кездестіруге болатын. Мəселен, 1888 жылы уезд бастығы былай деп жазды: “Өздерінің парасат-пайымдылығы мен халық алдындағы беделі жөнінен ең көрнектілердің ішінде Дəуренбек Бірімжанов — Тосын болысының басқарушысы, Қарабала Мүсіров —
Майқара болысының басқарушысы, Жұмабай Баймұратов — Қараторғай болысының басқарушысы, болыс басқарушы Шағамбаевтар болды. Билер ішінде Қараторғай болысынан Байторай Түркебаев жəне Тосын болысының биі Уаныш Байтүленовтер өздерінің тəжірибелі əрі ынталы қызметтерімен ерекшеленді. Дінбасылардан Тосын болысының молдасы Мұртаза Мағиев пен оның інісі, жеке молда Ханафия Мағиевтердің беделі жоғары болды”. Торғайдың өзінде жағдай күрделірек еді. Асқардың уездік басқармадағы тəржімеші Жақсыбаевқа баруына тура келді. Асқар онымен өткен жылы шенеуніктердің біреуімен бірге Сарықопада тұрғындар санағының бақылау кезеңін жүргізген кезде танысқан болатын. Сол жерден оны уезд бастығының көмекшісі Қорғанбек Бірімжановқа жіберген. 1878 жылы Ыбырай Алтынсариннің тірі кезінде Қорғанбек уезд бастығының кіші көмекшісі қызметіне тағайындалған болатын. Ол бұл орында 1891 жылға дейін істеп, одан кейін кеңсе қызметшісі лауазымына ауыстырылды. Асқар Дулатовты Қорғанбек Бірімжанов ықыласпен қабылдап, көмектесуге уəде берді де, содан соң писарь Байқадам Қаралдинді шақырып алып, үшеуі отырып ақылдасты. Б.Қаралдин 1892 жылдың 5 қаңтарынан бастап Торғай уездік басқармасында писарь болып істеді де, 1903 жылы мемлекеттік қызметкер ретінде тағайындалып, үшінші санатты кеңсе қызметшілерінің Торғай уездік басқармасының штатына қабылданды. Байқадам Қаралдин əкімшілік қызметтің шеңберінде шектеліп қалған жоқ. Сонымен қатар ол мерзімдік баспасөз органдарымен де істес болады. Мысалы, 1902 жылдың 6 қаңтарында “Торғай газетінде” оның “Торғай уезіндегі егіншілік” дейтін мақаласы басылып шықты. Бұл кезеңдегі Б.Қаралдиннің араласатын адамдарының тізімі көңіл аударуға тұрарлық. Оның газеттегі қызметі зиялылар ортасынан шыққан, сол кездің саяси жағдайын өте жақсы аңғаратын Ғ. Балғымбаевпен достығының арқасында мүмкін болды. Асқардың Қорғанбек Бірімжановпен, Байқадам Қаралдинмен əңгімесі сол жылы уезд бастығының орнын басқан Тілеумұхаммед Сейдалинге бару керек деген шешіммен аяқталды. Сейдалин 1837 жылы туған, Орынбордағы Неплюев кадет корпусын тамамдаған. Торғайдағы орыс-қазақ əйелдер
училищесін ұйымдастыруға белсене қатысқан. 1888 жылдан 1893 жылға дейін ол Торғай уезі бастығының аға көмекшісі, 1897 жылдан Торғай уездік санақ комиссиясының төрағасы, 1900 жылдан зейнет демалысында болады. 1897 жылы Міржақып Дулатұлын Торғай екі жылдық орыс-қазақ училищесіне қабылдайды. Торғай əлі қала болмаған, бірақ ауыл да емес еді. Ол 1845 жылы қамал есебінде ірге көтерді, бірақ көп ұзамай үйлер көптеп салына бастады. 1896 жылға қарай уездік қала Торғайда шіркеу, жергілікті команданың казармасы, əскери бастықтың пəтері мен басқарма кеңесі, жергілікті лазарет аға дəрігерінің пəтері, комендант адъютантының, священниктің, елубасының (елулік командирінің) пəтерлеріне арналған үй, төменгі шендегілердің отбасына арналған пəтерлер, əскери гауптвахта, лазарет, шеберхана, гарнизон моншасы, асүй мен асхана, цейхгауз, роталық цейхгауз, азық-түлік дүкендері, дəрі-дəрмек қоймасы болды. Торғай қаласының қоғамдық орындары 1905 жылы біршама басқаша көрініс берді: мұнда шикі кірпіштен қаланған үш мектеп үйі, бір шіркеу, бір мешіт, екі желдиірмен; апта сайын бейсенбі күні жұмыс істейтін базарлар, жыл сайын 25 мамырдан 8 маусымға дейін істейтін жəрмеңкелер, 769 тұрғыны бар 151 аула болды. Аса көрнекті қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің ұсынысымен Торғай орыс-қазақ училищесі 1864 жылы ашылған болатын. Алғашқы жылдары училищенің тұрақжайы тар да сызды болды. Интернатта да, мектептің өзінде де оқушылар үшін жасалған жағдай нашар еді. 1874 жылы бұл оқу орны екі жылдық болып қайта құрылды. Сол кезде уезд бойынша болыстық мектептер ашуға қаржы жинау басталды. Көп уақыт өтпей Торғай орыс-қазақ училищесі уездегі қоғамдық өмір орталықтарының біріне айналды. 1886 жылдан бастап Торғай екі сыныптық училищесіне министрлік тарапынан жыл сайын 2941 сом (рубль) бөлiніп, қоғамдық қорлардан 4752 сомнан қосылып отырды. Училищеде 36 оқушы оқыды, оның 30-ы қазақ балалары. Осы жылдары училище жаңарды: оған арналып жаңа ғимарат салынды. 1887 жылдан бастап училище жанындағы интернат 30 оқушыдан 50 оқушыға жетіп, кеңейді. Содан кейін барып,
училищені үш сыныптық қалалық етіп қайта құру туралы ұсыныс енгізілді. Алайда мұның орындалуына бірқатар себептер бөгет болды. Өкімет орындары: “Өкінішке қарай, Дала өлкесіндегі орысқырғыз мектептеріне, олардың жанындағы интернаттарымен бірге, орын алып отырған ең бір жанға батар кемшілік — қымбатшылық, — деп шағымданды. 25 оқушылық осындай бір мектепті ұстау жылына 2000 сомнан астам ақшаға түседі немесе əр шəкіртке 80 сом кетеді деген сөз. Əйелдер мектебін ұстау бұдан да қымбатқа түседі. Осынша қымбат мектептерде қырғыз тұрғындардың 5%-ына жетер-жетпесі ғана оқыды, ал мектептер санын көбейтуге тұрғындар қаржысының жетімсіздігі бөгет болады. Оның үстіне, жаңа ереже бойынша барша земстволық қажеттіліктерге, оның ішінде мектептерді ұстауға да əр үйден барлығы 1 сом 50 тиыннан ғана бөлінді, ал бұрын қырғыз тұрғындар бір ғана мектеп ісінің өзіне үй басы 1 сом 20 тиыннан берген болатын”. Училище екі сынып бөлмесінен, асхана, екі ұйықтайтын бөлме, шеберхана, жуынатын орын, асүй, жеке кітапхана бөлмесі, екі мұғалімдер пəтерінен құралды. Торғай облысының мектептер инспекторы А.В. Васильев атап көрсеткендей: “Торғай екі сыныптық училищесінің тұрақжайы 1891— 1892 жылдары айтарлықтай жақсарды: аурухана бөлмесі мен монша салынды, аула сыртынан қоршалды. Училище оқытушыларының жеке құрамында өзгеріс дерліктей болған жоқ: меңгерушісі — Григорьев, 1- сынып мұғалімі — Бабин, оның көмекшісі Тобылбаев, ал 1894 жылдан А. Балғымбаев болды”. Торғай орыс-қазақ училищесінде алдын ала дайындығының жағдайына қарай, барлық оқушылар біріншіден бесіншіге дейінгі бөлімдерге ажыратылды. Оқыту жарты жыл бойынша семестрлік жүйеге ұқсас болды. Үйден келіп оқитындардың жатып оқитындармен бірге оқуының пайдасы да, зияны да болды. Пайдалы жағы: орыс жəне қазақ отбасыларының балалары ойында жəне өзара қарым-қатынасында бірін-бірі байытады жəне қазақтар — орысша, орыстар қазақша сөйлеп дағдыланады; зиянды жағы: мектепке тек сабақ басталарда ғана келіп, көп уақытын өз үйлерінде өткізетін жəне көше ойындарына
қатыспайтын — үйден келетін оқушылар училищедегі тіршілік ырғағына кері əсер етеді. Міржақып Дулатұлына оқу жылдарында Қараторғай болысында туып- өскен Байқадам Қаралдин үлкен көмек көрсетіп, сүйеу болды. М.Дулатұлының мұғалімдерге берген мінездемесі сақталған: “Пустовалов — ынталы мұғалім. Тұнғаншин əлі сырын алдырған жоқ. Мектепті жақсы, бірақ қатал мұғалім Медетовтің іске берілгендігі мен парасаттылығы ұстап тұр”. 1905 жылы Төлеген Медетов Торғай екі сыныптық училищесінің меңгерушісі болғаны белгілі. Көп жыл бойы училищенің шаруашылық бөлімін “Торғай газетінің” штаттан тыс тілшісі Н.Г.Иванов басқарды. Училищенің құрметті бақылаушысы көпес И.И.Ермолаев болды. Торғай орыс-қазақ училищесі мұғалімдерінің ішінде 1901 жылы Есенғазы Бабин болды, Мұхаммед дін ілімін Мұхамедияр Балғымбаев жүргізді. Оның інісі Ахмет Балғымбаев Торғайдағы Яковлевтің ұсақ кəсіпкерлік училищесінің мұғалімі болды. Торғай орыс-қазақ училищесінде жəне Торғай облысының мектеп инспекторлары үшін Алтынсарин есімі білім беру ісінде қызмет етудің нақышындай болды. Орыс-қазақ училищесінде Ыбырай Алтынсариннің есімі алдында бас иетін. Ол осы училищенің негізін қалады, осында өзінің қызметін бастап, бірнеше жыл Торғайда жұмыс істеді. Уездік қала тұрғындарының арасында Ыбырай Алтынсаринді жерлеу рəсімін есінде сақтаған адамдар болды, оның қырқына Қостанай өңірінен жүз адамға жуық мұғалімдер, молдалар, болыс басқарушылары келген. Оқудың алғашқы күндерінде мұғалім Төлеген Медетов Міржақыпқа қатал адам болып көрінді. Ал тағы бір мұғалім Пустовалов суық жүзді, сұсты адам ретінде танылды. Ол дəлізден өтіп бара жатқан кезінде оқушылармен бірінші болып амандасатын. Сабақтың басталғанына екі апта өткенде, “училищеде ертең дəрігер келіп, бəрін қарап тексереді” деген хабарландыру берілді.
Бірнеше күн өткеннен кейін Медетов сыныпқа бейтаныс орыс ер адам — дəрігерді ертіп кірді. Міржақыпты қарап тексеру үстінде дəрігер оған орысша сұрақ қойды. Міржақып үндемеді. Медетов аударып берді. Міржақып қайнамаған су ішетінін, ауырмайтынын айтып, бөгелмей жауап берді. Дəрігер оны арқасынан қақты. Сөз саптауы мен əлпетіне қарап, Міржақып дəрігердің өзіне риза болғанын түсінді. Көп ұзамай Міржақып орыс дəрігердің əлдеқашаннан бері Торғайда тұрып, жұмыс істейтінін білді. Фамилиясы Добровольский, аты-жөні Петр Васильевич. Добровольский жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кірісті. П.В.Добровольскийдің Торғайда жақын араласқан адамдарының бірі — Ыбырай Алтынсариннің серіктестерінің қатарында болған уездік судья Əлмұхаммед Сейдалин болды. Тек Ресей заңдарын ғана емес, сонымен бірге жергілікті тұрғындардың əдет-ғұрпын да жақсы білетін Ə.Сейдалин осындай маңызды лауазымға ие болған жалғыз қазақ еді. Кезінде ол қазақ балаларына арналған Орынбор мектебін бітіріп, орынборлық қазақтардың Шекара комиссиясында қызмет еткен, Дала өлкесінде əлденеше мəрте болған. Оның бауыры Тілеумұхаммед Сейдалин қазақ мəдениетінің этнограф- зерттеушісі болды. Ə.Сейдалин Орынбор өлкесінде жұмыс істеген шығыстанушы В.В.Григорьевпен, зерттеушілер А.А.Бобровниковпен, А.Зеленинмен, А.Яковлевпен таныс болды. Алғашқы кездерде Ə.Сейдалин Добровольскийге əртүрлі көмектер көрсетті. Өзінің мүмкіндігіне қарай, Добровольский уездегі медицина жұмысының жолға қойылуын жақсартты. Мəселен, 1895 жылы медицина саласына 4230 сом жұмсалып, 18 шешекке қарсы емдеу пунктi жұмыс iстедi. 1895 жылғы Торғайдағы ауру адамдар саны, ауру түрлерi, емдеудің тиімділігі туралы дəрігердің рапорты сақталған. Далалық елді мекендердегі шешекке қарсы егудің, оның ерекшеліктері, қиындықтары мен табыстары туралы материалдарын П.В.Добровольский өзінің “Торғай уезінде шешектің алдын алу очеркінде” жариялады.
П.В.Добровольский уезд болыстарының көпшілігін жиі аралап тұрды. Міржақып дəрігермен көшеде немесе ауруханада кездескен сəттерінде онымен ілтипат білдіре амандасатын. Біреулер оны террорист деп, енді біреулер дəрігер, полиция мен өкіметтен жасырынып жүр десетін. Білім саласының басшылары Торғай орыс-қазақ училищесі туралы былай деп жазды: “Екі мұғалім: біреуін қазақтардан, ал екіншісін сөзсіз орыстардан ұстаудың қажеттілігі айқын, өйткені алғашқысыз, яғни қырғыз мұғалімінсіз жаңадан оқуға түскен қырғыз балаларына орыс тілін табыспен үйрету мүмкін емес, ал екіншісі немесе орыс мұғалімі болмаса училищені түгелдей өзі біліп, билеген қырғыз мұғалім училищеге толығымен азиаттық бет-бейне бере ме деген қауіп бар. Оның үстіне, тек Торғай ғана емес, басқа жердегі қырғыз мұғалімдер Троицкінің немесе Торғай училищесін бітіргендер ішінен қажет болған кезде таңдап алынғандықтан, олардың білімі, мысалы, тарих, география пəндері өтетін, жаратылыстану ғылымынан мағлұматтар берілетін 2-сыныпта сабақ беруге жеткілікті емес. Қырғыз даласында халыққа білім берудің негізін қалауға кедергі болатын ең басты қиындықтың бірі — қабілетті мұғалімдердің жеткіліксіз болып келе жатқандығы, ондай мұғалімдер ішкі губернияларда бар болғанның өзінде, оларды қырғыз даласына келтірудің өзі қиын. Ал қырғыздар ішінде білім берудің негізі қалана бастаған қазіргі уақытта осы саланың жақсы қызметкерлері ауадай қажет-ақ. Олақ адамдар салған негізден жақсы нəтижелер күту мүмкін емес”. Училищеде ұлдар үстемдігі орын алды — ересек жəне күшті оқушылар бəріне билік жүргізуге тырысты. Тіпті асүйдегі кезекшілік кезінде де өздеріне көмекші тауып алып отырды. Бала жасынан өзінің іс- əрекетіне жауапкершілікпен қарап үйренген Міржақып оқудың алғашқы жылында да, кейін де билік жүргізуге ұмтылмады. Ешкімге “бұйрық” берген жоқ, бірақ біреулердің өзіне жөн айтуына да жол бермеді. Өзін жақсы қорғай алатын: егер футбол ойыны кезінде қақпаға тұрса, допты тіпті дерліктей өткізбеді. Шабуылшылар қатарында допты қарсыласының қақпасына жиі соғатын.
Каникул кезінде училищеге Асқар келіп, інісін үйге алып кетіп тұрды. Торғайдан Қызбелге дейінгі жол Міржақыпқа қатты ұнайтын. Жол көктемде арнасынан асып жататын Торғай өзенін жағалай өтетін еді. Өзен жағалауында сыңсып өскен қамыс, жусан, тал-терек бір қоныстан екіншісіне жетіп отырды. Үстіне шөп салынған тарантас арба жайлы да ыңғайлы. Ұзақ қыстан кейінгі жазғы күн маңайды маужыратып тұр. Міржақып жарты жыл сайын каникулда үйіне қайтатын. Бұл жолы Асқар бір топ адаммен бірге Қостанайға Əлмұхаммед Сейдалиннің қырқына барды. Қыр өлкесінде мұндай қайғылы оқиға Ыбырай Алтынсаринді жерлегеннен кейін болмаған. Ə.Сейдалин қызметіндегі ең маңызды кезең — 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басы еді, бұл шақта ол Ресейдің алдыңғы қатарлы адамдарының қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысты. 1866 — 1869 жылдары Ə.Сейдалин Орал сырты ордасы батыс бөлігінің сұлтан- басқарушысы лауазымын атқарды, 1869 жылдан Николаевск, одан соң Торғай уездерінің судьясы болып істеді. Ə.Сейдалин 1869 жылдан 1893 жылға дейін уездік сот болып істеген кезінде Торғайда тұрды. Ол қазақтарға орысша білім беруді жақтаушылардың қатарында болды. 1888 жылы Ырғызда қыздарға арналған орыс-қазақ училищесі ашылды. Мұнда ерекше рөл ойнаған қазақтың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсарин еді. Ал бұл жұмыстың көп əуре-сарсаңына Ə.Сейдалин де қатысқан болатын. “Торғай газетінің” жазуынша: “Ол училище ісінің дұрыс жолға қойылуына жəне материалдық жағдайына қамқорлық көрсетуде қырғыздарға үлгі бола білді”. Көп ұзамай орыс-қазақ училищелер Торғайда (1890 ж.), Қостанайда, Ақтөбеде, Қарабұлақта, Ақмола, Семей жəне Жетісу облыстарында (1895 ж.) ашылды. Қоғам қайраткері ретінде танылған, заңгер Ə.Сейдалин 1876 жылы Шығыстанушылардың бүкілдүниежүзілік конгресіне шақырылды. Бұл адамның араласып-құраласқан таныс адамдары да таңғалдырады, олардың ішінде қазақтың ұлы ағартушысы Ш.Уəлиханов, шығыстанушылар В.Григорьев, В.Вельяминов-Зернов, Н.Бобровников,
Ю.Костромитинов, Ресей астанасының беделді шенеуніктері, қазақ даласының атақты адамдары бар. Училищеде Міржақыпқа байсалды, ұстамды, пайымды мұғалім Төлеген Медетов ұнады. Оның үйі училищеден алыс еместін. Асқар Міржақыпты ертіп барып оның үйінен шай ішіп, əңгіме-дүкен құрысты. Мұхаммед Латыф Каримов туралы, Асқар өз туыстарымен бірге тұрған Саға (Қопа) ауылы жайында сөйлесті. Торғай училищесіндегі сабақтарында Төлеген Медетов əр кездері өмірден алынған мысалдардан, өз өлкесінің танымал адамдары, Ташкент, Бұхара, Түркістан, Петербург қалалары туралы əңгімелер айтты. Шыңғысхан, Кенесары Қасымұлы, Бұқар жырау туралы əңгімеледі. Əмір Темір Ұлытау шоқыларының бірінде жазу жазып қалдырған белгілі тас туралы əңгімесі шəкірттерге ерекше қызықты еді. Бұл тастың қайда екендігін ешкім білмесе де, ол туралы əңгімелерге жұрт қанық болды. Ол мұғалімі Абай Құнанбаев туралы айтып, өлеңдерін оқыған кезде оқушылар сілтідей тынып тыңдайтын. Абай ол кезде тірі еді. Ол Семей маңында тұрды. Сабақтарының бірінде Төлеген Медетов Торғайдан Ташкентке, Омбыға, Жетісуға, Арабияға апаратын жолдар туралы айтты. Осы кезде балалардың біреуі: — Ал егер Атбасар жолымен жүре берсек, жүре берсек... онда Абай ауылына баруға бола ма? — деп сұрады. Төлеген сəл кідіріп, содан соң бұл ұзақ жол екенін, ол жерге жетуге көп ақша керек екенін түсіндірді. Торғайда Міржақып балалармен бірге өзеннен ұсақ балықтар аулады, жағаны бойлап қыдырды, табиғатты тамашалады, жыңғылдың көлеңкесіне отырып демалды. Міржақыпты кітапхана бөлмесі өзіне тартып тұратын. Торғай училищесінде кітапхана жеке бөлмеде орналасты. Торғай облысындағы училище кітапханалары туралы 1881 жылы Ыбырай Алтынсарин былай деп жазды: “Училищелер жанындағы кітапханалардың жабдықталуы айтарлықтай емес. Қазіргі кезде училищелер оқу-округтік басқарма мен инспектор жіберткен оқулықтар мен оқу құралдарын пайдаланады. Бұл оқу кітаптарының ішінде орыс тілін бастауыш
сыныпта оқыту үшін инспектор Алтынсарин басып шығарған “Жетекші” (“Руководство”) жəне “Қырғыз хрестоматиясы” — оқу жəне аударма жасау үшін; сыныпта түсіндіріп оқыту үшін Водовозовтың, Паульсонның, Ушинскийдің жəне Толстойдың кітаптары; Говоровтың “Грамматикасы”, Островскийдің “Қысқаша орыс тарихы”, Пуцыковичтің “География” жəне Левтің “Арифметика” оқулықтары бар. Мұғалімдерге басшылық үшін барон Корфтің “Халықтық оқу əдебиеттеріне шолу”, Ушинскийдің 3-кітабы “Бастауыш мектеп”, Рождественский, Иловайскийдің “Тарих” жəне Семеновтың “География”, Горизонтовтың “Жаратылыс тарихы” (“Естественная история”) жəне “Бастауыш халық училищелері туралы басты заң ережелерінің жинағы”; оқу құралдарынан: географиялық карталар, глобус, Глазуновтың “Əлем — суреттерде” (“Мир в картинках”), текшелерге (кубиктерге) арналған арифметикалық жəшік, швед есепшоттары, жиналмалы сажындар, жазу үлгілері пайдаланылады”. Əрбір училищені мұғалімдер кітапханасымен жабдықтау инспектор Алтынсариннің алдына қойған мақсаттарының бірі болды. Міржақыпқа кітапхана бөлмесі ұнады. Мұнда қызықты кітаптар болды, сөрелерде газет тігінділері жатты. Бірінде — “Торғай газеті”, екіншісінде — “Торғай облыстық ведомствосы”. Міржақып бұдан интернатта оқуға кітаптар алды. Мүмкіндікті пайдаланып, ол кітапхана бөлмесінде “Торғай газетінің” сарғайған беттеріне көз тікті. Тақырыбы — газет атауының қаріптері, қос атты герб, ауыл, түйе жəне екі құс бейнеленген виньетка назарын аударды. Бір жағынан құс қадада отыр, екінші жағында басқа қададағы құс ұшып барады. Кейде газетте Торғай туралы жазылған. Торғай училищесінің кітапханасы туралы кейбір деректер табылды. 1897 жылы училищеде мұғалімдер мен оқушыларға екі бөлінген кітапхана болыпты. Кітапханада 400-ге жуық кітап болған. Бұл мəліметтерде тек кітаптар ғана көрсетілген, ал журналдар мен газеттер есепке алынбаған. Елу оқушыға арналған интернат кеңейтілген, онда алпыс бала тұрған. Бозбалалардың үлкен ұжымында алғашында ол өзін ыңғайсыздау сезінгенімен, жүре келе үйреніп кетті. Сарықопа болысынан келген
жерлес балалар көмектесті. Училище тəртібі, жүйелі түрде, кесте бойынша өтетін сабақтар Міржақыпты тəртіптілікке үйретті. Ол пəндерді түсініп оқыды. Міржақып бос уақытын өзен бойында немесе кітапханада өткізуді ұнататын. Кітапхана бөлмесінің бір қатарында мұғалімдерге арналған, қарама-қарсы бетінде оқушылар кітаптары қойылған. Мұғалімдер кітабын алуға рұқсат етілмейді. Соңғы жылдары Міржақыпқа кітапхана бөлмесінің кілтін сеніп беретін болды, онда ол ұзақ отырып, кітаптар қарап, ұнатқанын оқитын. Оны орыстың көркем əдебиеті қызықтырды. Ол бұларды тереңірек түсінгісі келді. Он бір-он екі жылдан кейін ол шəкірттік жылдары туралы: “Мектепте мен орыс əдебиетімен үстірт жəне жүйесіз таныстым”, — деп жазды. Өзінің мектептегі жылдары туралы М.Дулатұлы: “Ауыл мектебінде екі жыл оқығаннан кейін, 1897 жылы Торғай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1901 жылы бітірдім. Училищені аяқтағаннан кейін, мен ауыл (село) мұғалімі деген қызметтік шен алдым. Менің мектептегі білімім осымен аяқталды”, — деп жазды. М.Дулатұлына училищені тамамдағаны жөніндегі куəлік 1901 жылдың 3 мамырында, алпыс бірінші нөмірмен берілген. Міржақыптың одан арғы тағдырын үлкен ағасы Асқар шешті, оның шаруашылық ісі жақсарған болатын. Шаруашылықта жұмыс көп болғандықтан, артық жұмыс қолына сұранып тұратын. Бірақ Асқар басқаша шешті. Інісін одан əрі қарай оқытқысы келді. Міржақыптың өзі де осыны қалады: оқып мұғалім мамандығын алғысы келді. Қазақтар ортасында мұғалімнің беделі жоғары еді. Оның кəсіптік біліктілігі ғана емес, оқымысты адам ретіндегі ақыл-ой еңбегі де бағаланды.
Ахмет Байтұрсыновпен бірге ХІХ ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Троицкіден Торғай арқылы Түркістанға пошта жолын салудың жобасы жасалған болатын. Бұл Усть-уйск, Звериноголовск станицаларының Троицк жəне Торғай қалаларымен байланысын жақсартты. Торғайдан Қостанайға қарай тартылған пошта жолы Торғай уезінің шығыс жағынан шығып, Ұлытау күре жолы Терісаққан жəне Жарқайың болыстарын басып өтетін. Орманбет, Жаркөл, Чурусай2, Көкшетау, Қушеке, Тасты, Ұлытау, Шабдары, Түгіскен, Арғанаты стансыларында екі жұп қос аттан болды. Пикеттер шым қыртыстан орнатылды. 1887 жылы Торғай уезінде бір пошта бөлігі, бір земстволық пошта жолы жəне бір земстволық күре жол: 100 шақырымдық (100 верст) Ырғыз—Торғай жəне 278 шақырымдық Торғай — Қостанай жолы болды, бұларда 76 ат ұсталды. Басқа күре жолдар: Орынбор — Қарабұтақ (379 верст), Қарабұтақ — Ырғыз (187 верст), Ырғыз — Торғай (197 верст), Петропавл — Көкшетау — Атбасар — Ұлытау қорғаны пошта жолы болды. Ор — Ырғыз (Орал қорғаны), Ырғыз — Қазалы, Торғай — Қостанай (432 верст) пошта жолдары əртарапқа кетіп жатты. Торғайдан шығатын жол Алакөл, Қызылкөл көлдері арқылы оңтүстікке, Ұлы Жыланшық арқылы Шалқар — Теңіз көліне апарады. Ұлытау жəне Кіші Ұлытау суайрығына жақын, Шұбар — Теңіз көлінің шетін ала, Қайдауыл жəне Тосын болыстарының қоныстары арқылы Сарысу өзенінің төменгі саласына апаратын жарыспалы басқа да жолдар болды. Болыстық қонысынан 1726 жылы жоңғарлармен арада əйгілі шайқас өткен Бұланты (Қарасиыр) өзені ағып жатты. Торғайдан Қостанайға апаратын екі жол болды, олар Сарықопа көлінің солтүстігіне таман барғанда екі айырылып кететін. Бір жол — Торғай уезінің шекарасындағы Шұнты, Мамыркөл көлдерінің жанынан өтіп, Қабырға өзеніне жетіп, одан əрі Қостанай уезіне өтетін. Екіншісі — Торғайдан шығып, Сарықопа көлінің батысын жағалап, Қарақамыс мекені арқылы Қостанайға тартады.
Міржақып пен Асқар бірнеше күн жүрді. Бұл Міржақыптың ең алғашқы ұзақ сапары еді. Қызбелден шығып, Торғай өзенін кесіп өтті де, жол сұлбасы ғана бар даламен біраз жүргеннен кейін, ұзындығы 432 шақырымдық Торғайдан Қостанайға апаратын земстволық күре жолға шықты. Алғашқы күндері жер жағдайы таныс жəне жол жақсы болып көрінді. Ұсақ өзендердің арналары, құстары, шулаған көлдер, сексеуілді далалар артта қалды. Алда, көкжиекте қоңырқай жолақ көрінді. Жақындап келгенде барып білді: ағаш екен — қайың мен теректер. Аманқарағай мен Наурызым тоғайларының ғажайып көрінісі өшпестей болып жадында қалды. Міржақып бұл жерлердің тамаша көркі туралы бұрын да естіген, енді сол сұлу табиғат барша бояуымен көз алдында тұр. Торғай облысы 1868 жылғы реформаға орай құрылды. Облыс орталығы Орынбор қаласында болды. Уезд орталықтары: Қостанай уезінде — Қостанай қаласы, Торғай уезінде — Торғай қаласы болды. Қостанай елді мекен ретінде 1879 жылы ірге көтерді де, тез үлкейді. Төңкеріске дейінгі уақытта журналистер оны “Орыс Чикагосы” деп атады. Ол өте шапшаң қанат жайып, онда халық саны да өсті. Қостанайда М.Дулатұлы қаланың бүкіл орталық бөлігін айшықтап тұрған атақты Николаевский соборын көрді. Соборға жақын жерде базар өтетін сауда алаңы болды. Қаланың орталық бөлігінде халық үйі, ғимараттары, сауда қатарлары, қоймалар, лəпкелер, дүкендер, ресми мекемелер мен бай қалалықтардың бау-бақшалы үйлері орналасқан. Қаланың орталық бөлігі күйдірілген кірпіштен қаланған бір жəне екі қабатты ғимараттардан құралған. Көшелермен фаэтондар, экипаждар мен салт аттылар өтіп жататын. Мұнда белгілі көпестер мен кəсіпкерлер: Яушевтер, Гладкихтер, Шахрихиндер, Г.Бекмұхамедов, К.Яхонтов, А.Лоренц, А.Сенокосов жəне басқалар тұрды. Қала астық саудасының орталығына айналды, мұнда Кияткиндердің, Архиповтардың, Анисимовтың, Литвиновтың, т.б. бу диірмендері жұмыс істеді. Тобыл өзенінің бойында “желдиірмендерінің сметалық емес қалың қатары” тұрды. Əртүрлі мекемелерде Челябі — Троицк — Қостанай теміржолының құрылысы туралы мəселе талқыланды. 1904 жылдың соңына қарай тұрғындар саны 20 мыңнан асты.
Он жеті жасында Міржақып осындай өсіп келе жатқан қалада болды. Мұнда қалалық училище жанында Педагогикалық сынып жұмыс істеді. Бұл туралы оның замандасы былай деп жазды: “Ал мұғалімдер мектебі мен семинариясына келсек, олар Қазақстан аумағында қазақтарды айтпағанның өзінде, орыс тұрғындары үшін де жеткіліксіз болды. Орынбор қазақ мұғалімдер мектебі кең-байтақ дала өлкесіне арналған бірденбір педагогикалық оқу орны болуымен бірге, басқаларды былай қойғанда бір ғана Торғай облысының қажеттілігін қанағаттандыруға да мүмкіндігі болмады. Мектептегі оқушылар санының қазақ мұғалімдеріне деген нақты қажеттілігі мүлдем сəйкес келмедi. Бұл — мектепті кеңейту туралы мəселені шешудің кезек күттірмейтіндігін көрсетті”. Сондықтан торғайлық əкімшілік Қостанайда Педагогикалық сынып ашты. Бұл ауылдық бастауыш мектептер үшін мұғалімдер даярлау мақсатында жасалды. Педагогикалық сыныпта оқылатын оқу пəндері туралы бастапқы нұсқаудың ережелері қабылданды. Оқу пəндері мынадай болды: 1. Орыс тілі. а) Орыс жазушылары шығармаларының үлгісін (Филоновтың “Хрестоматиясы”, І—ІV бөлім), сондай-ақ тарих, география жəне жаратылыстану бойынша оқу үшін кітаптардан мақалаларды түсіндіре отырып оқу; ə) грамматика — Гроттың “Орысша сауатты жазуына” қатысты этимологиялық қайталау жəне Кирпичниковтың немесе Говоровтың оқулығы бойынша синтаксис; б) тарихи, хабарламалық, сипаттамалық мазмұнды, оқылған мақалалардың баяндалуындағы жазбаша жаттығулар; в) бастауыш білім алуды — оқу мен жазуды оқыту əдістерімен теориялық жəне практикалық таныстыру (Миропольскийдің “Жетекші” (“Руководство”) кітабы жəне Тарнавскийдің “Қырғыз училищелерінде жазу мен оқуға үйрету тəсілдері туралы” кітапшасы). 2. Арифметика. Арифметиканы Киселевтің оқулығы бойынша қайталау; арифметиканы Мартынов тəсілі бойынша оқытумен теориялық жəне практикалық танысу. Əрине, іс жүзінде оқытылатын пəндердің көлемі мен мазмұнына аздаған өзгерістер енгізілді. Бұл жұмыс жоспарына ғана емес,
оқытушының жеке өзіне де байланысты болды. Педагогикалық сынып туралы ереженің мəліметтерін нақтылай келе зерттеуші Д.Сүлейменов: “Педагогикалық сыныпта орыс тарихы, география, педагогика, орыс тілі мен сауатты жазуды оқыту əдістемесі, арифметиканы оқыту əдістемесі үйретілді. Барлығы үшін міндетті пəн ретінде қазақ тілі оқытылды”, — деп жазды. Бұл толықтырулармен келісуге болады. Орыс тілін А.Е.Алекторов əдістемесі бойынша оқыту мұғалімнің қазақ тілін білуінің негізінде жүргізілді. Сонымен бірге Педагогикалық сыныптың орыс тыңдаушылары да кейіннен қазақ ауылдарында жұмыс істеуге тиіс болды. Сондықтан қазақ тілін оқып- үйрену қажеттілік еді. Қазан, Омбы, Ташкент, Астрахан университеті, гимназия, мұғалімдер семинарияларында татар тілі, дəлірек айтқанда түрік тілі оқытылды. Қазақ тілін оқып-үйрену алғаш рет енгізілді. Қазақ тілінің оқытушысы Ахмет Байтұрсынов болды. Міржақып оны сабақтың алғашқы күні-ақ көрді. Денелі келген, кең иықты, баяу қозғалатын, ашық, үлкен жанарлы ол Төлеген Медетов секілді қатал адам болып көрінді. Ал келесі аптадағы бір үзіліс кезінде Байтұрсынов Міржақыптың жанына келіп, екеуі əңгімелесті. Сөйтсе Ахмет те Торғай орыс-қазақ училищесінде оқыған екен. Бірнеше минут ішінде-ақ екеуі де Торғай орыс-қазақ училищесінің мектеп ауласы, солдаттары бар бекінісі туралы қызу сөйлесіп кетті. Педагогикалық сыныптың ашылуына орай, А. Е. Алекторов 1897 жылдың наурызында “Қостанай екі сыныпты орыс-қазақ училищесінің жанындағы педагогикалық курстар туралы ережені” жасап бекіткен. Педагогикалық сыныптағы оқу курсы бір жыл болатын, кейіннен онда екі жылға дейін оқитын болды. Педагогикалық практиканы Қостанай қаласының бастауыш училищелерінде өткізіп, бастауыш сауат ашуды оқыту əдістемесімен танысты. Бұл құжаттың толық мəтіні, міне, мынадай: Қостанай екі сыныпты орыс-қазақ училищесінің жанындағы Педагогикалық сынып туралы ереже
1. Педагогикалық сынып Торғай облысының ауыл мектептеріне мұғалімдер даярлау мақсатында ашылады жəне облыстың екi сыныпты училищелерінің курсын бітіргендердің ішінде өздерінің үздік қабілеттері мен жақсы мінез-құлықтары бола тұра, қандай да бір себептермен өз білімдерін Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебінде немесе Красно-уфа ауылшаруашылық мектебінде жалғастыруға мүмкіндігі жоқ оқушыларға арналған. 2. Педагогикалық сыныпқа мыналар қабылданады: а) облыстың екі сыныпты училищелерінің бірінде курс бітіргендердің ішінен 10 қырғыз баласы — толықтай қазына қаражатымен (Қостанай екі сыныпты училищесінің басқа да пансионерлерімен бірдей, олардан тек тұрғынжайы болуымен ғана ерекшеленеді); ə) жоғарыдағы екі сыныпты училищелерді бітірген 10 орыс баласы — келіп оқушылар есебінде. 3. Педагогикалық сыныпта болған уақытында толық қамтамасыз етілген қырғыз балалары қазыналық бағым-күтімнің бір жылы үшін ауыл мектебінің мұғалімі қызметінде екі жыл жұмыс істеуге немесе көрсетілген қызмет шығынын қайтаруға міндетті. 4. Егер Педагогикалық сыныпта өздеріне бөлінген орынға тиісті мерзімге дейін қырғыз балалары толмай қалатын болса, онда қалған бос орындар орыс балаларымен толықтырылуы мүмкін, егер олар осы ереженің 3-бабында көрсетілген міндеттемені қабылдайтын болса. 5. Педагогикалық сыныптағы оқу курсы бір жылдық. Емтихан комиссиясы (училище мұғалімдері мен мектеп инспекторларынан құралған) білімін толығымен жеткілікті деп тапқан тыңдаушылар облыстық инспектордың мөрі басылған ауыл мектебі мұғалімінің шені жөнінде куəлік алады; емтихан комиссиясының талаптарын қанағаттандырмағандар ерекше ескеруге тұратын жағдайда тағы да жарты не бір жылға оқуға қалдырылады. 6. Педагогикалық сыныптағы оқу сабақтары таңертең жəне кешке өтеді. Таңертең (сағат 9-дан 14-ке дейін), оқу жылының бірінші жартысында Педагогикалық сынып оқушылары жетекшінің нұсқауымен топтарға бөлініп, Қостанай қаласындағы бастауыш
училищелердің біріндегі сабақтарға қатысады жəне онда бастауыш сауат ашуды оқытудың əдісімен практикалық тұрғыдан танысып, өздерінің бақылауын егжей-тегжейлі жазып отырады, ал екінші жарты жылдықтан бастап Педагогикалық сынып оқушылары кезектесіп, басқа жолдастары мен мұғалімдердің қатысуында орысша оқумен шұғылданады, ал орыс сөзімен мүлде таныс емес қырғыз балалар Педагогикалық сыныптың мекенжайында ашылған уақытша мектепте орыс сөздерімен танысады, кешке (сағат 5-тен 20-ға дейін) олар 6- пунктте белгіленген оқу пəндерін оқып-үйренеді, сондай-ақ мектеп инспекторы тағайындаған бір немесе екі оқытушының басшылығымен жүргізілген бақылау жазбаларын талдап, түсіндірумен шұғылданады. 7. Педагогикалық сыныптың оқытушылары өздерінің еңбегі үшін Қостанай екі сыныпты орыс-қырғыз училищесінің сметалық сомасынан Педагогикалық сыныпты қаржыландыру бабы бойынша, əрбір сағаттың сабағы үшін 40 тиыннан кем емес мөлшерде сыйақы алады жəне осы сыныпқа жекелей арналған журналда жасалынған жұмыстардың мазмұны жөнінде негіздемелі жазба жүргізеді. Қостанайда Педагогикалық сыныптың ашылуы ауыл мектептеріне арналған алғашқы мұғалім кадрларын дайындауға өзіндік серпіліс берді. Бұл педагогикалық курсты алғаш бітіргендердің қатарында Мұхаметжан Сералин, Спандияр Көбеев жəне басқалар болды, бұлар кейіннен қазақ ағартушыдемократтарының, қазақ ұлтының болашақ ақыл-ой иелерінің жаңадан туып қалыптасқан жұлдыздар шоғырынан көрнекті орын алды. Бұл жөнінде де Алекторовтың сіңірген еңбегін мойындамауға болмайды. Ұйымдастырылу жəне оқу құрылымындағы жекеленген кемшіліктеріне қарамастан, Педагогикалық сыныптар ұлттық педагогикалық кадрлар үшін берік іргетастың негізін қалады. Алекторов мектепте істеген жұмыс тəжірибесі бар практикəдіскер ретінде қазақ балаларын оқыту тек ана тілінде (қазақ тілінде) басталуы тиіс жəне балаларға оқу материалының мазмұнын толық түсінуге мүмкіндік беру керек деген дидактикалық ұстанымда болды. Екінші тілге (орыс тіліне) оқыту Алекторовтың терең сенімі бойынша, əдістемелік жағынан дұрыс құрылған тəсілдер арқылы біртіндеп
жүзеге асырылуы қажет. Баланы ана тілін пайдалану мүмкіндігінен айыру, — деп, тұжырымдайды Алекторов Алтынсариннен кейін іле- шала, — оның ақыл-ой қабілетін төмендетеді жəне оқу материалын қабылдау үрдісін тежейді. Ақтөбе жəне Қостанай уездеріндегі қазақ кəсіпкерлері мал шаруашылығын дамытуға, мал тұқымын асылдандыруға, сату үшін олардың санын көбейтуге ықыласты болды. Мал табындарын Ор, Орынбор қалаларына айдады. Күзде мал айдайтын жол малға — жылқы мен қойға толып кететін. Орыс кəсіпкерлерімен бірге Торғай ауылшаруашылық қоғамы құрылды. Қоғам кеңесінің 1904 жылы қаңтар айында өткен бір отырысында оның құрамына отызға жуық адам — қазақ кəсіпкерлері қабылданды. Олардың арасында, Дербісалы Беркімбаев, Сейітбатал Нұрмұхамедов, Ахметкерей Қосуақов, Əбіл Түлкібаев, Мəмбетжан Ибрагимов, Сабыр Кейкин, Мырзағұл Қуайдаров, Баймұхамед Алдияров, Мұстафа Яппасбаев, Қартай Никеев, Құрманбек Бірімжанов, Шахмұрат Алматов, Фирғали Юсупов, Сүйін Атабаев, Паңгерей Нұрмұхамедов жəне басқалар болды. Бұл адамдардың көпшілігін Міржақып қаланың көшелерінен көрген- ді, қайсыбіреулері туралы естіген, кейбірімен жақсы қарым-қатынаста болды. Қостанайда қазақ тұрғындары арасында бастауыш білім беру мəселелерін талқылап қана қойған жоқ, оны іс жүзінде орындау үшін нақты қадамдар жасалынды. 90-жылдардың ортасынан бастап Қостанай жəне Ақтөбе облыстарында “Бастауыш білім беру жөніндегі қамқорлық қоғамы” жұмыс істеді. Ол тұрмыс жағдайы төмен оқушыларға көмек көрсетті, əдебиағартушылық шаралар өткізді, кітап саудасымен айналысты. Оның құрылтайшылары мен қатысушыларының ішінде əртүрлі мамандық пен əлеуметтік ортаның адамдары болды. Қоғам жұмысына қазақ зиялылары да қатысты. “Қостанай жəне Ақтөбе облыстарында бастауыш білім беру жөніндегі қамқорлық қоғамының” мүшелері болғандар: Дəржім Айжарықов — ауыл мектебінің (Ақтөбе уезі) мұғалімі, Арынғали Арыстанғалиев,
Серғазы Бекмұхамедов — ауыл мектебінің мұғалімі (Николаев уезі), Дəуренбек Бірімжанов, Құрманбек Бірімжанов, Ізтілеу Жақсыбаев — Торғай уезінің аудармашы-тілмашы, Оразбай Қалданов — мұғалім, Хамза Қаржасов — Николаев уездік басқармасының хат жүргізушісі, Меңдіханов — мұғалім, Новоковский — тау-кен инженері, Т.Сейдалин — Торғай уездік бастығының көмекшісі, Хабибулла Тəжібаев — мұғалім, Елжан Оразұлы Оразов — мұғалім жəне басқалар, сонымен бірге Ыбырай Алтынсариннің жесірі Айғаным Алтынсарина. Қоғам жанында жақсы кітапхана болды. Ұзақ уақыт бойы оның меңгерушісі тəжірибелі кітапханашы жəне қалалық училищенің оқытушысы Максим Николаевич Греховодов болды. Міржақып кітапханаға жиі келіп, М.Н.Греховодовпен əр күні сабақ кезінде жəне кітапханада кездесіп тұрды. Кітапхана кітаптарын пайдаланғаны үшін жылдық төлемақы 3 сом, жарты жылға 1 сом 80 тиын, ал айына 40 тиын тұрды. Бастауыш мектеп мұғалімдері кітапхана қызметін пайдаланғаны үшін жарты бағасын төледі. Кітапхана күн сайын, мерекеден басқа күндері екі сағаттан жұмыс істеді. Қалада тегін халықтық оқу залы жұмыс істеді, меңгерушілігіне мұғалімдер ешқандай ақы-пұлсыз, қоғамдық негізде тағайындалды. Қостанайдағы “Бастауыш білім беру жөніндегі қамқорлық қоғамының” қоғамдық ақылы кітапханасы, мерзімдік басылымдар, негізінен, беллетристикалық мазмұнды кітаптар жəне балалар кітаптары деп аталатын үш бөлімнен тұрды. 1903 жылдың 1 қаңтарында кітапхананың барлық үш бөлімінде, негізінен, оқушылар 1000 адамға дейін жетті. Есепті жылда (1902 ж.) кітапхананың ақылы жаздырып алушылар (оқырмандар) саны 59 адам болды. Оларға жыл ішінде 3230 том кітап пен журнал берілген. Кітап, журнал жəне газеттерді оқу үшін, негізінен, үйге алды. Оқу залдарында отырып оқу салыстырмалы түрде онша көп болған жоқ. Кітапхана мерзімдік басылымдардан толық ақысына мыналарды жаздырып алды: “Еуропа хабаршысы” (“Вестник Европы”), “Тарихнамалық хабаршы” (“Исторический вестник”), “Шетел
əдебиетінің жаңа журналы” (“Новый журнал иностранной литературы”), “Көпшілікке арналған журнал” (“Журнал для всех”), “Жаңа əлем” (“Новый мир”), “Живописьтік Ресей” (“Живописная Россия”), “Мозаика”, “Свет”, “Русская мысль”, “Осколки”, “Басылым” (“Издания”) жəне басқалар. “Төмендетілген баға” арқылы жазылғандары: “Новое время”, “Русские ведомости”, “Московские ведомости”, “Уральская жизнь”, “Детское чтение”, “Задушевное слово”, “Бүкіл əлем тарихының хабаршысы” (“Вестник всемирной истории”), “Шут”. Тегін жазылғандары: “Санкт-Петербургские ведомости”, “Русское слово”, “Санкт-Петербург”, “Петербургский листок”, “Торғай газеті” (“Тургайская газета”), “Оренбургские еженедельные ведомости”, “Самообразование”, “Шетел əдебиетінің хабаршысы” (“Вестник иностранной литературы”), “Ара шаруашылығы”, (“Пчеловодство”), “Душеполезное чтение”, “Новости”, “Амурская газета”, “Живая старина”. “Қоғам кеңесінің, өз басылымдарын тегін немесе арзан бағамен беріп жіберіп, сол арқылы кітапханаға деген жанашырлық қарым-қатынасын білдірген құрметті редакцияларға деген ризашылық сезімі мол, — деп жазады Алекторов. — Олардың көмегінсіз кітапхана қоғам қаржысының шектеулілігіне байланысты, өздері алатын барлық журналдарды пайдалана алмаған болар еді”. Міржақып кітапханаға бар ықыласымен барып жүрді. Бірінші күні-ақ стеллажда жатқан “Торғай газетінің” бір бума тігіндісін көрді. Міржақып оларды парақтай отырып, тақырыптарына көз жүгіртті. Мұнда қазақ газеті — “Дала уəлаятының” бірнеше тігіндісі болды. Міржақып кітапханада отырып та оқыды, кітаптарды өзімен бірге интернатқа да алып кетіп жүрді. Писемскийдің, Печерскийдің, Лев Толстойдың шығармалары жергілікті оқырмандар үшін ерекше танымал болды. Журналдардан əсіресе “Вестник Европы”, “Русская мысль”, “Русское богатство”, “Ежемесячные сочинения”, “Шут”, “Осколки” жақсы оқылды. Алекторовтың басшылығымен “Бастауыш білім беру жөніндегі қамқорлық қоғамының” мүшелері бұқаралық жексенбі жəне мерекелік діни-имандылық оқулары деп аталатындарды тұрақты өткізіп отырды.
Олар оқу орындарында жəне қала тұрғындары арасында сағат 17-ден 19-ға дейін өткізілді. Оқуларды Кеңес мүшелері, көбінше мұғалімдер мен заң үйретушілер жүргізді. Əрбір жексенбі немесе мереке күндері қоғамның үштөрт мүшесі өздері таңдап алған тақырыптар немесе Қоғам кеңесі мақұлдаған əдебиеттер бойынша оқыды. Педагогикалық сыныптың екі жылдық курсқа айналып, қайта құрылуына байланысты оқу ведомствосының анықтамасында көрсетілгендей, Қостанайда Педагогикалық сынып 1900 жылы ашылды. Бұл туралы 1908 жылы мектеп инспекторы Ғ.Балғымбаев айтты. Алайда “Новости” газетінде 1898 жылы қызық ақпарат жарияланды. Онда Қостанай Педагогикалық сыныбының түлегі Мұхаметжан Сералин Арал теңізінің жағалауындағы қайтадан ашылған ауылдық мектепте мұғалімдік жұмысқа кірісті деп хабарланған. Əрине, бұл Ақтөбе уезінің Қын-Арал болысы болатын. Арал теңізіне сұғынып кіріп тұрған да дəл осы жер. Бұл жағдайда біз үшін маңыздысы — “Айқап” журналының болашақ редакторының өмірінен берілген мəліметтер. Одан соң Қостанайдағы Педагогикалық сыныптың 90-жылдардың екінші жартысында ашылғаны. Шынында да, жергілікті “Торғай” газетінде 1897 жылы Қостанайда Педагогикалық сынып ашылғаны жөнінде ақпарат шықты. Ол, шынында да, осылай болған. 1906 жылға қарай инспектор Н.Беляев Педагогикалық сыныпта “тəрбиеленуші-қырғыздарға орыс сөзін енгізген жөн болар еді” деп бағалады. Оқу ведомствосында оқытуды екі жылдыққа көшіру туралы жоспар құрылды, бірақ мəселенің шешілуі созылып кетті. Сондай-ақ кітапхананы кеңейту, арнаулы тұрақжай салу туралы мəселе қойылды. Л.Н.Толстой шығармаларының толық жинағы, Достоевскийдің, Некрасовтың, Майковтың, Мельниковтың шығармалары жаздырылып алынды. Мұнымен мұғалім Майоров шұғылданды. Екі жылдық оқытуға көшуіне орай, Орынбордан Педагогикалық сыныпқа арналған бағдарламалар алынды. Педагогикалық сыныптың ұйымдастырылуы жəне оның қызметінің басталуы Максим Николаевич Греховодовтың есімімен байланысты.
М.Н.Греховодовтың өмірбаян мəліметтерінде, оның 1897 жылы Қостанай Педагогикалық сыныбының меңгерушісі болып тағайындалғаны көрсетілген. Бұл Қостанай екі сыныптық орыс-қазақ училищесінің жанынан Педагогикалық сыныптың ашылу жылы болып табылады. Бұл жылы Педагогикалық сыныпқа жиырма адамның орнына он бір тыңдаушы — алты қазақ пен бес орыс жастары қабылданды. Тіпті, қазынадан қамтамасыз етілгеннің өзінде орыстар үшін де, қазақтар үшін де бос орындар қалып қойды. Екі сыныптық училищеде И.Г.Григорьев, И.Е.Никифоров, П.И.Меренков, И.Е.Алелеков, В.А. Воронин, В.Г.Гиляров; Педагогикалық сыныпта М.Н.Греховодов, В.И.Гурилев мұғалім болып істеді. М.Н.Греховодов Александрия орыс-қазақ əйелдер прогимназиясында да сабақ берді. Педагогикалық сыныпқа жыл сайын он бес адамнан қабылдады. Мəселен, 1904 жылы мұнда тоғыз орыс, бес қазақ оқыды. Əрбір шəкіртті жеке дайындады. Ұлттық құрамы бойынша аралас оқыту жүйесі өзін толық ақтады. Əйтсе де таңғалдыратын басқа бір жағдай болды — қазақша ауыл мектептерінің мұғалімдерін орыс жастарынан дайындады. Ұйымдастырушылар ауыл мектептерінде оқушылар құрамы əр ұлттан болады деп күтті. Бірақ қазақ ауылдарында орыс балалары қайдан болсын? Мұнда басқа да бір есеп — қазақ тілін білмейтін орыс мұғалімдері қазақ балаларын оқыту арқылы оларды орыстандырады деген мақсат болды. Алайда бұған қоса тағы бір маңызды жайтты айту керек. Педагогтердің бұл тобына Максим Николаевич Греховодовпен жəне Василий Иванович Гурилевпен бірнеше жыл бірге жұмыс істеген Ахмет Байтұрсынов кірді. Заң мұғалімі болып болашақ Кеңес өкіметі халкомының əкесі протоиерей Павел Васильевич Подбельский істеді. Күндердің күнінде Қостанайға Омар Досжанов келді. Оны көп адам білетін. Оның өткен өмірі өте ауыр болды. 1857 жылы, кейіннен Домбар болысына қараған мекенде дүниеге келді, Троицк орыс-қазақ училищесінде оқыды. 1872 жылы Орынборда заң курсын бітіріп, одан соң Ташкентте банк қызметкері болды, жиырма бес жылын Сібірде айдауда өткізді. 90-жылдардың соңынан оған туған жерінде, Домбар
болысында тұруға рұқсат берілді. Омар Досжанов туралы Міржақып Дулатұлы да білді. Ахмет Байтұрсынов Ақтөбенің, Қостанайдың, Торғай болысының оқыған қазақтары арасында ең танымал адамға айналды. Ол осы жерде туып-өскен, Орынбордағы Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген. А.Байтұрсынов (1872—1938) Торғай уезі, Тосын болысының Сарытүбек мекенінде (№5-ауыл) туған. Өзі жазған анкетада 1872 жылы 5 қазанда тудым деп жазған. Туған ауылында оның туыстары: анасы Қалғы, ағасы Хакімжан (1869 ж.т.), інісі Махмұд (1878 ж.т.) жəне басқа жақындары төңкеріске дейін тұрған. Байтұрсыновтың қарындасы Зибаш Байсал Бажыловқа тұрмысқа шыққан. 1895 жылы Ахмет Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін бітіріп, 1896—1907 жылдары уездік жəне болыстық мектептерде мұғалім болып істеді. А.Байтұрсынов өмірінің осы кезеңі туралы оның болашақ серіктесі М.Дулатұлы былай деп жазды: “Табиғатынан ақылды бала Ахмет мектепте оқып, білім алуға өте құштар болды, оның бұл арманы орындалды да: ол 1886 жылы Торғайдағы орыс-қазақ екі сыныптық училищеге оқуға түсті. Көп ұзамай А.Байтұрсыновтың əкесі бауырларымен бірге Сібірге айдалады, ал оның жесір əйелі мен жетім балаларына қамқор болуға тиіс болған жалғыз ағасы Ерғазы көп ұзамай қайтыс болады. А.Байтұрсынов Торғай училищесінің курсын үлкен қиындықтармен жəне шыдамдылықпен бітіріп шығып, 1891 жылы білім алуды жалғастыру үшін Орынборға баруды ойланады. Тура Ломоносов секілді А.Байтұрсынов кездейсоқ жолаушыларға ілесіп Орынборға жетіп, Қазақ мұғалімдер мектебіне түседі. Орынборда төрт жыл болуы жəне жыл сайын Торғай уезіне каникулға келіп, Орынборға кері қайтып отыру ол үшін үлкен материалдық мұқтаждықтар тудырған өте қиын жағдайда өтті. Əйтсе де А.Байтұрсынов табандылығының арқасында ауыртпалықты көтеріп, нан мен суға ғана қарап қалғанына қарамастан, 1895 жылы мұғалімдер мектебінің курсын аяқтап шығады. Осымен А.Байтұрсыновтың мектептік білім алуы аяқталды. 1895 жылдың жазынан 1897 жылдың күзіне дейін А.Байтұрсынов Əулиекөл ауылдық мектебінде сабақ береді”.
Аса көрнекті қазақ ғалымы жəне қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметінің он жылы бізге белгісіз қалпында қалып отыр. Бірақ бұл мəселе бойынша А.Байтұрсыновтың өмірі мен қызметінің бастапқы кезеңдерін түсінуге көмектесетін құжаттар табылды. Торғай орыс- қазақ училищесінде, Орынбордағы Қазақ мұғалімдер мектебінде оқыған жылдары Байтұрсынов тек орыстың ауызша сөзін ғана меңгеріп қоймай, сонымен қатар орыс тілінде хат жазу дағдыларын да тамаша біліп шықты. Ол Орынборда шығатын “Торғай газетіне” жазып тұрды. 1896 жылдың 21 ақпанында “Торғай газетіне” А.Байтұрсыновтың “Ақтөбе уезінің Бестамақ болысы” деген хабарламасы басылды. Онда болыстық басқарманың жанынан медициналық пункттің ашылғаны туралы айтылады. Мұндай оқиғаның болу фактісіне автор қолдау білдіреді, сонымен қатар тəуіптердің қызметіне сын айтып, оларға деген сенімнің төмендегенін айтады. Автордың Бестамақ болысында тұрғанын аңғару қиын емес. Бəрі дұрыс: Ақтөбе уезінің Ақтөбе болысына қарасты екінші ауылда 1894 жылдың 13 ақпанында ауыл мектебі ашылып, онда 1895 жылдың жазынан Байтұрсынов мұғалім болып істеген, бірақ мектептің өзі сол жазда Бестамақ болысына көшірілген. Ал 1895—1896 оқу жылының соңында А.Байтұрсынов Қарабұтақ екі сыныпты орыс-қазақ училищесіне ауыстырылды. 1896 жылдың 29 мамырында “Торғай суретті газетінде” оның “Қарабұтақ” деп аталатын жаңа хабарламасы басылды. Демек, 1896—1897 оқу жылында А.Байтұрсынов Қарабұтақта жұмыс істеді. Алғашында Қарабұтақ орыс-қазақ училищесінде мұғалім, одан соң Ақтөбе, Қостанай уездерінде мектеп инспекторы болып істеген Ғабдул-Ғали Балғымбаев та “Торғай газетінің” редакциясымен байланыста болды. “Торғай газеті” Ғ.Балғымбаевтың Қарабұтақ орыс- қазақ əйелдер училищесінің ашылуында сөйлеген сөзін жариялады. И.И.Крафт Орынбордан кеткеннен кейін, біраз уақыт “Торғай газетіне” Ғ.Балғымбаев редакторлық етті. Осы кезде ол өзінің “Ағаш бесіктен — жер бесікке дейін” (“Қазақ тұрмысының очерктері”) деген мақаласын жариялады. А.Байтұрсыновтың алғашқы ғылыми жəне публицистикалық жұмыстары дəл осы “Торғай газетінің” беттерінде жарық көрді. Олардың ішінде орыс тілінде жарияланған “Киргизские приметы и
пословицы” (“Қазақ ырым-жоралары жəне мақалмəтелдері”), “Бестамакская волость Актюбинского уезда” (“Ақтөбе уезінің Бестамақ болысы”) бар. А.Байтұрсынов біраз уақыт бойы Əулиекөл ауылдық мектебінде, ал 1897 жылдан 1904 жылға дейін Қостанай Педагогикалық сыныбында жұмыс істеді. Орынбордағы оқу мен Қостанайдағы жұмысы оны кəсіби дағдыны меңгеруге ғана үйретіп қойған жоқ, ең бастысы интеллектуалдық өсуіне жол ашты. Ахмет Байтұрсынов “Торғай газетінің” редакциясына жиі келіп тұрды. Орынборда шығатын танымал жергілікті басылым “Торғай газетінің” беттерінде бірқатар қазақ авторлары шығып тұрды. Мəселен, торғайлық мұғалім Салих Бабин 1894 жылдың 16 желтоқсанында “Торғай уезі, Шұбалаң болысының №1-ауылы” деген корреспонденциясын жариялады. 90-жылдардың ең соңында А.Байтұрсыновтың Əулиекөл ауылдық мектебінде істегендігі туралы А.Е.Алекторовтың тағы бір маңызды ескертпесі бар. Мұның 1897—1899 жылдар арасы болуы əбден мүмкін. А.Байтұрсыновтың Қостанай Педагогикалық сыныбына ауыстырылуының дəл мерзімін анықтау мүмкін болмады. Бірақ Міржақып Дулатұлына дейін ол Қостанайда жұмыс істеген. Қазақ қауымының кəсіпкерлер, мұғалімдер, байлар арасындағы өзінің шаруашылығын уақыт талаптарына бейімдеуге ұмтылған елеулі бөлігі жастарды тəрбиелеу мен оларға білім беру мəселесіне көңіл бөлді. Ұлттық буржуазия мүдделері рухында білім беру мен ағарту туралы Ресей мұсылмандарының идеологі И.Гаспринский былай деп жазды: “Достарым менің, біз үшін ең абзал іс — ғылым мен ағарту, ең қасиетті мақсат — білім мен ағартуға ұмтылыс болмақ керек. Бізді адам ететін де осылар. Білім — өркениет кілті, ал өркениет — адам өмірінің мақсаты мен мəні... Біздің уақыт — білім уақыты”. Ресейдің түркі халықтарынан шыққан жастары да дəл осыған ұмтылды. Қатарына С.Көбеев, М.Сералин, Ғ.Балғымбаев, М.Сəрсенбаев, Г.Əділжанов, А.Байтұрсынов жəне басқалар кіретін қазақ мұғалімдер шоғырының қалыптасуымен Торғай облысының мектептер инспекторы А.Е.Алекторов тығыз байланыста болды.
Білім беру жүйесінде ұзақ уақыт жұмыс істеуі Алекторовқа осы кездері туып келе жатқан қазақ ұлттық интеллигенциясымен жақын араласуына, олардың азаматтық-кəсіби тұрғыдан шыңдалуына, практикалық көмек көрсетуіне мүмкіндік берді. Қостанайда екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде Міржақып Дулатұлы Ахмет Байтұрсыновты көрді. Олар құрдас емес еді. Жас кезде үш-төрт жас айырмашылығы адамдармен қарым-қатынаста əжептəуір білінеді. Ахмет Міржақыптан он екі жас үлкен болатын, дəл осы Торғай училищесін Міржақыпқа дейін он жыл бұрын бітірген жəне сол интернатта тұрған. 1895 жылы ол Орынбордағы Қазақ мұғалімдер мектебін бітіріп, оқытушылық қызметке кірісті. Оқытушылық жұмысты Ақтөбе уезінде бастады. Мұғалім ретінде оны Қостанайда ғана емес, Торғайда да танитын. Ал Қостанай Педагогикалық сыныбында ол қазақ тілін оқытты, үлгі сабақтар жүргізді. Олардың өмірінде ортақ жайлар көп болды. Олар екеуі де бір оқу орнын бітірді, ортақ таныстары да көп-тін. Міржақып Қостанайда Мұхаметжан Сералинмен де танысты, ол да Міржақыптан көп үлкен екен. М.Сералин Торғай уезіне жақын жерде орналасқан Бестөбе болысының Өрнек ауылынан. Троицкідегі медресені бітіргеннен кейін ол 1887 жылы Қостанай уезіне қайтып келіп, Бестөбеде мұғалім болып жұмыс істеді (болыс басқарушысы Арыстан Міржақыпов болатын). 1884 жылдан М.Сералин Қостанай екі сыныптық училищесінде, 1892 жылдан Қын-Арал болысында жұмыс істеп, 1900 жылы Троицкіге ауысты, бірақ Қостанайға жиі келіп тұрды. Міржақыптың адамдарды есте сақтау қабілеті өте жақсы еді. Біреуді бір рет көрсе, екінші кездескенінде оны қай жерде, қашан көргенін бірден есіне түсіретін. Бұл жолы да солай болды. Бір айдан кейін сабақтан соң, Міржақып көшеде торғайлық дəрігерді жолықтырды. Амандасып, əңгімелесті. П.В.Добровольский училище жайында, мұғалімдер туралы сұрады. Əңгімелесудің алғашқы сəтінде-ақ ол: — Сен қазір орысша тамаша сөйлейтін болыпсың, — деп таңғалды. П.В.Добровольский 1870 жылы Верныйда туып, сонда гимназия бітірді, университетті аяқтаған соң Орынбор губерниясында жұмыс
істеді. Қазан губерниялық жандарм басқармасы 1893 жылы былай деп мəлімдеді: “Осы жылы аталған басқармада, 1889 жылдан 1892 жылға дейін Қазанда болған төңкерістік үйірмелер туралы жүргізілген тергеуде, Добровольскийдің Қазан университетінің студенті болып жүрген кезінде саяси экономия бойынша оқу мақсатындағы үйірмеде болғаны анықталды”. П.В.Добровольскийдің Н.Е.Федосеевтің маркстік үйірмесіне қатысушылардың бірі болғаны, Қазанда, Орынбор жəне Самара губернияларында полицияның жасырын бақылауында болғаны белгілі: 1894 жылы П.В.Добровольский уезд орталығы Торғайға келіп, медициналық жəне ағартушылық қызметпен шұғылданды. Сол жылдың 24 қаңтарында Торғайдың уезд бастығы: “Маған сеніп тапсырылған уездің дəрігері болып тағайындалған дəрігер — Петр Васильевич Добровольский Торғай қаласына 30 желтоқсанда келді... Менің нұсқауыммен дəрігер Добровольский астыртын бақылауға алынды” деп мəлімдеді. Мұрағат деректері бойынша П.В.Добровольский Торғайда 1848 жылға дейін тұрған, Қазанға, Мəскеуге, Петербургке бірнеше рет барған. Кейін 1899 жылдан бастап Қостанай уезі 1-телімінің дəрігері болып тұрақты істеді. Ахмет Байтұрсынов Міржақыпқа дəрігер П.В.Добровольский жөнінде, оның полицияның жасырын бақылауында болғандығы туралы, Қазанда оқығандығы жəне онда патшаға қарсы сөйлегені, ресейлік тəртіпке қарсы наразылық білдіруші адамдардың көп екендігі жөнінде əңгімеледі. Міржақып үшін бұл жаңалық болды: демек, патша тəртібіне тек қазақтар ғана емес, орыстардың да қарсы болғаны ғой. Солардың бірі торғайлық дəрігер еді. — Ал олардың талабы не? — деп сұрады Міржақып. Байсалды Ахмет біраз кідіріп барып, ойланып жауап берді: — Олардың өз шындығы бар. Олар сол үшін күресуде. Ахмет Байтұрсыновтың сабақ кезіндегі əңгімелері Міржақыптың есінде мықтап қалды — ол қазақтың өлең-жырлары, əдебиет жанрлары, атақты жыраулар туралы мүлде соны сөздерді естіді. Тек Шоқан Уəлиханов туралы айтқандарына онша түсіне алмады. Ол Петербургте
тұрған, бір кездері Қытайда болып қайтқан, ол өзі Троицкіге жақын, қазақтар мал айдайтын маңдағы бір жерде туған. 1902 жылдың маусымында Міржақып Дулатұлы болыстық (ауылдық) мектептің мұғалімі шенінің №46-куəлігін алды. Осы бір қағазға оның көңілі өсіп, марқайғандай. Жəне осыдан көп жыл өткеннен кейін Ахмет Байтұрсынов туралы: “Ахмет Байтұрсынов 1873 жылы 28(15) қаңтарда Торғай уезі, Тосын болысының Сартүбек мекенінде туды, арғын тайпасынан шыққан Орта жүздің қазағы. Бала кезінде ауыл молдасынан мұсылманша сауат ашты. Осымен оның білім алуы аяқталып, өмір бойы шаласауатты малшының бірі болып қалар ма еді, қайтер еді, егер оның өмірін күтпеген жағдай өзгертіп жібермегенде. Ол кездері орыс мектебіне оқуға түсу бақыты екі қазақтың біріне бұйыра бермейтін-ді. Оның үстіне, қиындығы мол орыс тілін жəне күрделі бағдарламаны меңгеру керек. Бұған тоғыз жылға жуық уақыты кетті”, — деп жазғанындай, өзі туралы да жазуға толық қақысы бар еді. Міржақыптың енді Сарықопаға жетіп, Асқармен кезігуі жəне өзінің тағайындалған жұмыс орнына жетіп алуы керек болатын. Үйге келген соң, ол Торғайда бүкіл округ бойынша алғашқы медресенің ашылатынын естіді. 1902 жылдың 10 маусымында ұйымдастырушылардың ұсынысымен, Шұбалаң болысында (болыстық басқармасы Торғай қаласында болатын) медресе ашу мəселесі бойынша құрылтай өткізіліп, онда медресе ашу туралы шешім қабылданған болатын. Сенімді өкіл болып А.Нұрмұхамедов сайланған. Оның атынан Торғай губернаторына өтініш жазылған еді. Алайда бұл іс орнынан жылжымады — қаржы, ғимарат жəне губернатордың рұқсаты керек болды. Ғимарат мəселесі басқаларына қарағанда жылдамырақ шешілді. Сегізінші ауылдың молдасы Байту Асанов Торғайдағы өзінің орнын, құрылыстары бар аула мен медресе үшін екі үйді берді. Бəрібір медресе ашу жөніндегі ұйымдастыру шаралары үш жылға созылды. 1904 жылдың 18 маусымында Жалғызқұдық мекенінде жаңа құрылтай өтіп, медресеге жəне оның жанынан ашылатын орыс сыныбына арналған шығын сметасын ұлғайту туралы шешім қабылданды. Мəселені болыс басқарушысы С.Токин де қолдады. Тек 1905 жылдың тамызында медресе қайтадан өз жұмысын бастады жəне Байтобын
мекенінде өткен Шұбалаң болысының 22 өкілінің құрылтайында Байту Асанов меңгеруші, ал Наурызым болысының сегізінші ауылынан Латып Байтуов пен Бейіс Мыңбаев мұғалімдер болып сайланды. Бейіс Мыңбаев Троицкіде медресе курсын бітірген. Педагогикалық сыныптан кейін Міржақып жолдама алған жеріне барып екі жыл бойы жұмыс істеуі керек болды. Бұл Торғай уезінің Қайдауыл ауылдық мектебі болатын. Сондықтан өте қолайлы жағдай еді — өз үйінің жанында, Асқарға да жақын. Алпыс-жетпіс шақырымдық қашықтықтың алыстығы жоқ. Сол күндері емтихан тапсырғаннан кейін Міржақып екі түрлі сезімнің ырқында болды: Педагогикалық сыныпты бітіргеніне деген мақтаныш жəне сонымен бірге одан əрі оқи алмағанына өкініш сезімі еді бұл. Өзінің білімін одан əрі көтеру үшін қажетті материалдық мүмкіндік те, гимназиялық білім де болмады. Қазақ халқы өзінің зиялы қауымын үлкен күш-жігермен жəне материалдық шығындармен қалыптастырды. Əртүрлі жоғары жəне орта арнаулы оқу орындарында бірде-бір облыстың дəл Торғайдағыдай стипендиаттары болған жоқ. Стипендиялық қор сақталып қана қойған жоқ, өсті де. 1901 жылы қазақ жастарының жекелеген өкілдері: Қазан университетінде (3 адам), Қазан малдəрігерлік институтында (3 адам); Троицкінің классикалық гимназиясында (6 адам), Орынбор гимназиясында (6 адам), Орынбор реалды училищесінде (6 адам), Красно-уфалық өнеркəсіп училищесінде (4 адам), Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебінде (19 адам), Қазан мұғалімдер семинариясында (2 адам) — барлығы 49 жас оқыды. Олар, бəлкім, өз халқының мəдениет тарихының жаңа беттерін жазбаған, ғылым майданында өшпес ерліктер ашпаған да шығар, бірақ олар қазақ халқының білімінің, интеллектуалдық деңгейінің өсуіне ықпал етті. Ресей империясының аумағында, Бұхарада, Самарқанда, Қазанда, Орынборда, Уфада, Оралда, Семейде ислам білім беру орталықтарының саны əжептəуір болды, алайда қазақ зиялыларының негізгі бөлігі ресейлік ақсүйектік оқу орындарының қабырғасында қалыптасты. Бұл халықтың өзінің қалауы еді.
Ал Міржақып Дулатұлы өзінің дербес өмірін бастауға тиіс болды. Ауыл мектебі мұғалімінің еңбекақысы 240 сом болатын. Бірақ кітап, оқу, білім алу оның əлі орындалмаған жастық арманы болып қала берді. Əрине, ең бастысы — білім де емес, адамның интеллектуалдық деңгейінде. Міржақып он жеті жасқа енді толған жəне оның үстіне тұрғындар ортасында ол жай молда ғана емес, мұғалім болатын. Алайда 1902 жылдың күзінде Міржақыпты басқа жол күтіп тұрды — ол Ұлытау баурайына баруға тиіс болды. Сарықопамен жəне Торғаймен тағы да қоштасуға тура келді. Тағы да белгісіздік, тағы да іштей толқу, жаңа жер, жаңа адамдар. Бірақ енді оны күткен оқушылар бар. Сол жақта, Қайдауыл болысында, ол енді сынып бөлмесіне кіріп, оқушыларға: — Сəлеметсіңдер ме?! — дейтін болады. Ауыл мектебінің мұғалімі 1902 жылы Міржақып Дулатұлы Қостанайдағы бір жылдық Педагогикалық сыныпты бітірді. Одан кейінгі оқиғалар туралы ол: “1902 жылдан 1904 жылға дейін (аздаған үзіліспен) Торғай уезіндегі ауыл мектебінде мұғалім болдым”, — деп жазды. М.Дулатұлы өзі туралы, өзінің педагогикалық қызметінің басталуы жөнінде осылай деп жазды. Бір жарым жолдық жартымсыз ақпарат қана. Алайда бұл оның есею, жаңа таныстар мен достар табу кезеңі еді жəне бұл əрқайсысының өзіне тəн мінез-құлқы, балалық арман-қиялы, қызығушылығы мен талпыныс-талаптары бар оқушы-шəкірттер болатын. Əйтсе де мəселе мынада: бұл бір жарым жол жазу оның өзі туралы жазған естелігінен де, өмірбаяндық жазбаларынан да емес, мемлекеттік тергеу басқармасы бөлімшесінде (ОГПУ) жүргізілген тергеу кезінде берілген сұрақтар мен жауаптардың хаттамасынан алынды. Соңында 1929 жылдың 1 қаңтары деген дата тұр. Жəне М.Дулатұлының қойған қолы бар. Адамдар жаңа жылдың келуін атап өтіп жатты, ал ол тергеу сұрақтарына жауап берген. Мереке күні оны қолына қаламсап, сия жəне қағаз беріп, камерада жалғыз қалдырды. Міржақып өзінің алдағы тағдыры жазылған мəтінге байланысты болатынын түсінді. 1919 жылы “Алаш” партиясының барлық
мүшелеріне кешірім (амнистия) берілген кезде Міржақып та соның ішінде болды. 1921 жылы “Алаш” партиясының мүшелеріне екінші рет кешірім жарияланды. 1929 жылы заман өзгеріп, газеттерде контрреволюциялық ұйымдар туралы жаза бастады. Ресейде де, Қазақстанда да осылай болды. Қолданысқа “байшыл-буржуазиялық элементтер” деген тіркес енді. Міржақыптың жазғандары тергеу хаттамасы деп аталғанымен, іс жүзінде тергеудің жазбаша куəлігі болып шықты. Ол артық сөз жазған жоқ, мұғалім болып қай жерде, қай мектепте істегенін, кімдермен араласып, достық қарым-қатынаста болғанын көрсетпеді. Ал бұл маңызды нəрсе еді — ұсақ-түйектердің бəрі Міржақып Дулатұлы көзқарастарының қалай қалыптасқанын түсінуге ілік беретін. М.Дулатұлы жұмыс істеген мектеп Торғай уезінде болды. Оны іздеу керек. Ең қиыны таяқтастам жердегіні іздеу екен. Қоғамдық өмірдің бұл кезеңі туралы Полиция департаментінде былай деп жазды: “Ресейдегі мұсылмандардың ішкі өміріне панисламистер үлкен қарқынмен ауызша насихат жүргізеді жəне бұл ретте өздерінің басты назарын “медресе” семинарияларға аударған. Бұл мəселеде панисламистер көп жағдайда “медресе” қамқоршылары болып келетін бай-татарлар арқылы əрекет етеді. Осындай адамдардың сеніміне енген панисламистер, əдетте, жаңа тəртіптер енгізіп, медресеге өз қалауларынша ықпал ете бастайды. Мəселен, бағдарлама осы партияның рухында құрастырылады, бұрынғы араб оқулықтары түрік- татар оқулықтарымен ауыстырылуда жəне бұрынғы “халфелердің” орнына оқытушы болып аталған партияға тиісті адамдардан мұғалімдер (учитель) тағайындалуда. Мұсылман мектептерінің басқа бір түрі — “мектебелер” (бастауыш училищелер) деп аталады. Бұрын олар діни сауат ашатын мектеп болып, оқытушылары молдалар еді. Панисламизм идеясының таралуымен бірге бұл мұсылман мектептеріндегі жағдай күрт өзгерді. Панисламистер өздерінің ұлттық мектептерін ашуды мақсат етеді, сондықтан заң бойынша мұсылмандардың орыс тілі оқытылмайтын жаңа “мектебелер” ашуға құқығы жоқ болғандықтан, жаңа “мектебелер” ашу олардың міндеттеріне кірмей отыр. Осыған
байланысты панисламистер өздерінің бүкіл назарын бір кездері приход мектептерге орын берген ескі мектептерге аударып, оған өз мұғалімдерін тағайындап, өз қалауларынша билік жүргізе бастады. Бұл “мектебелер” деревняда (ауылда. — ауд.) белгілі бір беделге ие болып, мұсылмандар арасында қашан да болса панисламизм идеясын насихаттауы мүмкін жəне бүгінде бұл “мектебелер” саны барған сайын арта түсуде. Расында, Түркия тарапынан пантүркизмді таратуға күш салынып отыр. Қазақстанда бұл ағымның жақтастары өте аз болған еді. Исламдандыру идеясына келер болсақ, ол қазақ тұрғындары арасынан ішінара қолдау табуда. Мəселе басқада — Қазақстанда, зиялы қауым арасында ресейлік биліктің ықпалынан тысқары кету бағыты əрқашан да болып келді, бұл жағдай ресейлік билік ортасын мазасыздандырады. Ауыл мектептерін жасау идеясы осы алшақтықты жою болды. Торғай облысының болыстық мектептері төрт жылдық оқуға есептелген болатын. Бұл мектептер мемлекет есебінен қамтамасыз етілді, атап айтқанда, шығынмен жұмыс істеді. Зерттеуші Т. Тəжібаев “олар билеуші таптың үмітін ақтамағандықтан” да кеңінен таралмады деген қорытындыға келді. Мұндай тұжырыммен келісуге болмайды. 1917 жылға қарай Торғай облысының əрбір уезінде осындай 16—25 мектептің болғанын айтсақ та жеткілікті. Əрине, үкімет мұндай мектептер арқылы өзінің орыстандыру саясатын жүргізуге ұмтылды. Қазақ тұрғындарының болыстары мектептерді ресейлік земстводағыдай өз есебінен ұстай алмағаны да анық. Бірақ ауыл мектептері арқылы орыстандыру белгілі бір дəрежеде іске асты да. Соған қарамастан ауыл мектептері, ең алдымен, жалпы білім беру міндеттерін шешті. Тіпті Торғай облысының мектеп инспекторы А.Е.Алекторов: “Қырғыз даласының мектептері жалпы білім беру міндеттерінен басқа, тағы да саяси рөл де атқарады: ол қырғыздар арасына мемлекеттік тілді сыналап енгізе отырып, қырғыз халқын жергілікті орыс халқымен байланыстырады; ол орыс халқының əдет-ғұрпымен жəне көзқарастарымен таныстырады, баяу болса да, бірақ жүйелі түрде қырғыздарды орыстар отбасына кіріктіреді, олардың мұсылмандық бірбеткейлігіне қарсы мұсылмандық фанатизмін əлсіретеді”, — деп жазды. Тағы да сол Т.Тəжібаев жазғандай: “Орыс-қазақ мектептері қазақ жастарының
прогрессивті орыс мəдениетімен жалғастық табуында, алдыңғы қатарлы қазақ интеллигенциясының жекелеген өкілдерін дайындауда прогрессивті рөл атқарғанын” объективті бағалауға болады”. Полиция департаментінде қазақ қауымының білім беру саласы мен қоғамдық өмірінде көрініс тапқан екі бағыттың — қадымшылдық пен жəдитшілдіктің өзара қарама-қарсылығын айқын білдірген пікір болды. Яғни: “Мұсылман тұрғындар арасында панисламизм идеяларын таратудың қуатты құралдарының бірі ретіндегі мектептің рөлін мойындай отырып, — делінді онда, — панисламистер мұсылман мерзімдік басылымдары арқылы мұсылман Діни жиналысының жəне мұсылман қауымының приход мектептерден мүлде тəуелсіз мектептердің жаңа түрін — орыс тілі оқытылмайтын ұлттық мектептерді ашу қажеттілігі туралы ойларын таратуда”. Мұндай мектебелердің саны Қазақстан бойынша айтарлықтай көлемде болды. Олар Торғай уезінде де, Қайдауыл болысында да болды. Торғай уезінің негізгі тұрғындары Орта жүз — арғын мен қыпшақтан құрылған. Кіші жүзден жаппас, шекті, алшын мен тамалар тұрды, ең көбі жаппас руы еді. Арғындардың көпшілігінің қыстаулары уездің батыс жəне орталық бөлігінде орналасты. Арғындардың қыстаулары Қосқопа көлінің шығысындағы Қарынсалды өзенінің оң жағалауына дейін, уездің солтүстігінде Ақсуат көлін айнала жəне Төртбұтақ, Сарыторғай, Үлкентамды өзендері арқылы Жыланды өзенінің сол жағалауына дейін созылды. Қыпшақтар уездің солтүстігінде Жыланды өзенінің сол жағалауында жəне оңтүстікте Ақмола облысымен шектесетін аумақтарда: Қарынсалды, Тасты, Үлкен Қайыңды, Торғай өзендерінің жоғарғы ағысында жəне Сарыторғай өзені бойында қоныстанды. Уездің оңтүстік бөлігіндегі Бұланты өзені бойында жəне Төменгі Сарысу өзенінің оң жағалауын қыпшақтар жайлады. Уездің орталық бөлігінде олар Торғай өзенінің орта ағысы мен сол жағалауын мекендеді. Арғын жəне қыпшақ тайпаларының қыстаулары өте қолайлы орындарда — өзендердің қалың шалғынды-шабындықты аңғарларында жəне жағасы жайылым мен қамыс нуларына толы көптеген көлдерді
қоршай орналасты. Əйтсе де арғындардың үлкен бөлігі Тосын құмды бұйраттарында қоныс тепті. Кіші жүздің жаппас руы Арал жағалауы Қарақұмында, уездің шет жағында орналасты. Уездің солтүстігінде жалпы пайдаланылатын жазғы қоныстар Қарағайлы, Қызбел таулары мен олардың баурайындағы жазық далада, оңтүстікке қарай 80—100 шақырымдай созылып жатты. Бұл жазғы қоныстар, негізінен, арғындарға тиісті болды. Пайдаланылымдағы жазғы қоныстардың айтарлықтай бөлігі солтүстік-батыста Жалдама өзені мен оңтүстік-шығысында Қарақұдық өзенінің аралығында болды; солтүстікте олар Ашутасты-Торғай өзеніне сұғына кіріп, оңтүстігінде Қараторғай өзеніне дейін жетті. Мұнда арғындар да, қыпшақтар да өз малдарын жайды. Сондай-ақ Шұбартеңіз көлінің маңайында орналасқан кең алқап та жазғы жайылым есебінде болды. Шұбартеңіз көлі маңайы Білеуті, Бұланты, Байқоңыр, Қарғалы өзендерінің аңғарларымен қоса, қыпшақтарға тиесілі еді. Торғай уезінің оңтүстік-шығысында Қайдауыл жəне Қызылжыңғыл болыстары орналасты. Қызылжыңғыл болысы Сарысу өзеніне тірелді. Қайдауыл болысының үшінші əкімшілік ауылы — Амангелді Имановтың туған жері, 1873 жылы ол осында туды. Əкесінен ерте айырылды. Амангелді ауыл молдасынан сауатын ашты, одан кейін үлкен ағасы Бектем-бергенмен бірге батырақ болып жалданып жұмыс істеді. Бір мезгіл ақша табу үшін Байқоңырда тұрды, бірақ туған ауылына қайта оралды. Осы жерде Міржақып Дулатұлы мен Амангелді Имановтың өмір жолдары түйісті. Осы Қайдауыл болысының Терісбұтақ деген жерінде Əліби Жангелдин туып-өсті. Болыстықтағы екі қазақ қонысы — Терісбұтақ пен Қайдауылдың түпкілікті тұрғындары айтарлықтай көп болатын. Қостанайдағы оқуынан кейін Міржақып Дулатұлы Торғай уезі, Қайдауыл болысындағы Қайдауыл болыстық мектебіне мұғалім болып тағайындалды. Ауыл мектебі болыс басқармасы орналасқан үшінші ауылда екен. Бұл мектепті тек Міржақыптың ғана емес, менің де іздеп табуыма тура келді. Бұл үшін, ең алдымен, Қайдауыл болысы, содан кейін барып
үшінші ауылдың қайда орналасқанын білу керек еді. Қайдауыл болысының құрамына қай жерлердің кіруі керек екенін анықтау алғашында онша түсінікті бола қойған жоқ. Жай ғана бөле салумен жаңа болыстың жерін айқындау мүмкін емес-тін. Тек жайылымдарды ғана емес, су көздерін де есепке алу керек болды. Мəселе мынада: 1902 жылы Торғай уезінің оңтүстігінде Қызылжыңғыл болысынан Қайдауыл болысы бөлініп шыққан болатын. Жаңа болыстықтың иелігіне қандай жерлер өтті? Торғай уезінің 1896 жылғы картасында Қайдауыл болысы көрсетілмеген, ал 1914 жылғы картада тығыз топографиялық жүктемемен белгіленген. Болыстықтың солтүстік жағында Жыланшық өзенінің барлық үш жоғарғы сағасын — Жыланшық-Тұзды, Қойлыбай-Жыланшық, ДумалыЖыланшықты, Алакөл көлін жəне Иғыз көлін, оңтүстікте — Мор, Бұланты өзендерін қамтыды. Алайда Шұбартеңіз көлі Тосын болысына кірді. Болыстың батыс жағының шекарасы елсіз даламен өтеді, оңтүстікте ол Қалмаққырған өзенінің төменгі салаларымен жəне солтүстікте Жыланшық өзені жасайтын доғамен бөлінеді. Осы жерлерде ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында “Ақтабан шұбырындыдан” кейін, қазақ жасағының жоңғар басқыншылармен болған Бұланты шайқасы өтті. Бұл — қазақ тарихындағы белгілі оқиғалардың бірі саналады. Ерте уақытта болған бұл оқиғалар туралы Міржақып өзінің мақалаларының бірінде жазғаны мəлім, ол мұны болыстық тұрғындарының аузынан естіген болуы əбден мүмкін. Үшінші ауыл жəне Қайдауыл болыстық мектебі Терісбұтақ, Думалы жəне Қойлыбай өзендерінің сырт жағында орналасқан. Олардың бəрі — үлкен Жыланшықтың (Ұлы Жыланшық) жоғарғы сағасы. Басқа карталарда Жыланшықтың негізгі тармақтары болып табылатын екі өзен — Құлбайбақсы жəне Тұзды деп белгіленген. Бұл жерлер Арғанаты тау бөктерінде, Тымды жəне Ұлытау пикеттері қатар жатыр. Ал 1909 жылғы экспедиция материалының тағы бір ерекшелігі — үшінші əкімшілік ауылдың иелігінде жеті ауыл ағасы (ақсақал) бар. Бұл — 37 қыстау. Əрбір ақсақалдықтың пайдалануында, Терісбұтақ өзені бойында жері болды. Бір қызығы, үш ақсақалдықтың қыстауының аты Аққияқ деп аталды. Бұл қыстаулар өте тығыз орналасқан орын еді. Ал
Бидайық топонимі төрт шаруашылық ауылында қолданылады: ҚоғаҚосбидайық, Сарыбидайық, Бесбидайық, Ойқоға-Қосбидайық. Мұнда да көптеген қыстаулар болды. Сөйтіп, үшінші əкімшілік ауылдың болыстық басқармасы Терісбұтақ өзені бойында немесе Аққияқ мекенінде не Бидайықта орналасты деп тұжырымдауға болады. Осы жерде ауыл мектебі де болған. Айта кету керек, болыстықтың əртүрлі ауылдарында бірнеше жекеменшік мектептер болған. Міржақып Дулатұлы Оқу-ағарту министрлігі жүйесінің мектебінде жұмыс істеді, ал жекеменшік мектептер мұғалім-молдаларға бағынышты болды. Үкімет мұндай мектептерді өзінің бақылауына алуға тырысты. Мəселен, Торғай облысы бойынша 1892 жылдың өзінде ерекше өкім шығарылған болатын. Алайда бəрібір жергілікті билік жағдайды жете бағамдай алмады. Сол кезде мемлекет есебінен жылжымалы ауыл мектептерін ашу туралы шешім қабылданды. Мұндай көшпелі ауыл мектептерінің үлгісі əкімшілік үшін облыста ежелден бар жəне қазақтар тұрмысына толығымен бейімделіп үлгерген əрі өзінің қарапайымдығымен даланың барлық бұрыш-бұрышына сауаттылықты тарату жөніндегі мақсатына тамаша нəтижемен жетті. Басшылықтың пікірі бойынша, облыста жаңа типті мектептер ашу өте қажет-ақ, өйткені бұл мектептер өзінің арзандығымен қырғыздардың көшпелі тұрмыс жағдайына толығымен сəйкес келеді. Ауыл мектептеріндегі жағдайды жақсарту мақсатында округтік оқу басқармасына ауыл мектептерінің мұғалімдерін қысқы жəне жазғы бір айлық каникул кезінде өздерінің болыстық немесе екі сыныптық мектептеріне шақыру туралы ұсыныс берілді. Бірінші ауыл мектебі 1892 жылдың 15 маусымында Ырғыз уезі, Қын-Арал болысының №4- ауылында ашылып, Қарағайлысай (қысқы қонысында) мектебі деп аталды. Одан соң сол жылдың соңында осы уезде тағы да бес ауылдық мектеп: Алакөл, Аралағаш, Тобыл, Қарадүңкіл жəне Сужорға мектептерін ашуға рұқсат берілді. 1894 жылдың басында облыста 25 ауыл мектебі болды.
Қазақтардың көшпелі тұрмыс жағдайына сəйкес келетін ауыл мектептерін ашу тұрғындар тарапынан түсіністікпен қабылданды, бірақ соның өзінде мұндай мектептердегі оқушылар саны салыстырмалы түрде аз болды. Мұның себебі: қыстаулардың кең аймақта шашылып жатқандығында, қысқы мезгілде көптеген оқушылар ауыл мектептеріне қатынай алмады. Осы себепті, негізінен, мектеп үшін пайдалануға болатын бос үйі бар қыстаулардағы балалар ғана оқи алды. Сондықтан ауыл мектептерінің қол жетерлік болуының жалғыз жолы — балалар жатып оқи алатын орны жəне ата-аналар əкелген азықтүлікті сақтайтын қоймасы бар арнаулы мектеп үйін салу еді. Құрметті бақылаушылардың айтуынша, көптеген ауыл мектептері білікті мұғалімдерге зəру. Осыған байланысты алғашқы кездері мектептердің мұғалімдігіне педагогикалық білімі жоқ адамдарды тағайындауға тура келді, өйткені Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебі барлық дала облыстары үшін жылына 7 адамнан артық дайындаған жоқ. 1893 жылы мұғалімдер санын толықтыру мақсатында қазақ мұғалімдер семинариясы жанынан стипендия (бастапқыда екеу, одан кейін тағы біреу) тағайындалды, ал 1896—1897 оқу жылынан бастап Орынбор Қазақ мұғалімдер мектебіндегі Торғай облысының стипендиаттар санын екі есе көбейту жоспарланды. Торғай əкімшілігі 10 жаңа ауыл мектебін ашуға қаржы тапты. Облыстағы ауыл мектептерінің жалпы саны 1896 жылдың 1 қаңтарында 35-ке, ал оқушылар саны 542-ге жетті. Облыста 1896 жылдың 1 қаңтарында жұмыс істеген ауыл мектептерінің тізімі сақталыпты, олардың тұрған жері, əрқайсысының ашылған уақыты мен мұғалімдері көрсетілген. Атап айтқанда: Қостанай уезінде: Қарағайлысай мектебі — ҚынАрал болысының №4-ауылында (1895 ж.), мұғалімі — Исакаев, Красно-уфа орыс-башқұрт мектебінен; Қарадүңкіл мектебі — Шұбалаң болысының №5-ауылында (1892 ж.), мұғалімі — Бекмұхамедов, Қазақ мұғалімдер мектебінің курсын аяқтаушылар қатарынан; Аралағаш мектебі — Қарабалық болысының №1-ауылында (1893 ж.), мұғалімі — Миркеев, Қостанай екі сыныптық училищесiнен;
Тобыл мектебi — Домбар болысының (1893 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Үсенов; Алакөл мектебі — Обаған болысындағы С.Тілемісовтің үйінде (1892 ж.); мұғалімі — Қостанай екі сыныптық училищесін бітірген Сауытбаев; Қын-Арал болысы №1- ауылындағы Бірінші Сужорға мектебі (1892 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебінде курс аяқтаған Көшкімбаев; Борисовская мектебі — Борисовская ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Зефиров; Домбар болысы №1-ауылдағы Жауғашты мектебі (1894 ж.), мұғалімі — Қостанай екі сыныптық училищесінен келген Жолдыбаев жəне Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Рахметов; Ханымжол мектебі, Аманқарағай болысының №3-ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Қостанай училищесінен келген Тілеулин; Атанақ мектебі — Аманқарағай болысының № 1-ауылында (1895 ж.), мұғалімі — Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген Панков; Байтұма мектебі — сол болыстың №7- ауылынан (1895 ж.), мұғалімі — шені бар Подставочкин; Көктал мектебі — Аманқарағай болысының №1-ауылында (1895 ж.), мұғалімі — Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген Матвеев; Эскеевская мектебі— Қарабалық болысының №4-ауылындағы Эскей Токовтың үйінде (1894 ж.), мұғалімі — Қостанай екі сыныптық училищесін бітіруші Эскеев; Александровская мектебі — Александровский кентінде (1894 ж.), мұғалімі — село (ауыл) мұғалімі шеніндегі Попов; Жуковская мектебі —Жуковская кентінде (1894 ж.), мұғалімі — Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген Торопов. Ақтөбе уезінде: Меңдібай мектебі — Аралтөбе болысының №1- ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебін бітірген Берқалиев; Қосыбай мектебі — Ақтөбе болысының №2-ауылында, одан кейін Қараторғай болысына көшірілген (1894 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебінің курсын бітірген Меңдіханов; Əлімбет мектебі — Теректі болысының №2-ауылында (1894 ж.), мұғалімі — село (ауыл) мұғалімі шеніндегі Арыстанғалиев; Алшынбай мектебі — Үйсінқара болысының №3-ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Ақтөбе екі сыныптық училищесінен келген Қалданов; Қарамола мектебі — Бөрте (Буртинская) болысының №5-ауылында (1894 ж.), мұғалімі — Қазақ мұғалімдер мектебінің курсын бітірген Айшуақов; Михайловская мектебі — Михайловский кентінде (1894 ж.), Благовещенскідегі
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433
- 434
- 435
- 436
- 437
- 438
- 439
- 440
- 441
- 442
- 443
- 444
- 445
- 446
- 447
- 448
- 449
- 450
- 451
- 452
- 453
- 454
- 455
- 456
- 457
- 458
- 459
- 460
- 461
- 462
- 463
- 464
- 465
- 466
- 467
- 468
- 469
- 470
- 471
- 472
- 473
- 474
- 475
- 476
- 477
- 478
- 479
- 480
- 481
- 482
- 483
- 484
- 485
- 486
- 487
- 488
- 489
- 490
- 491
- 492
- 493
- 494
- 495
- 496
- 497
- 498
- 499
- 500
- 501
- 502
- 503
- 504
- 505
- 506
- 507
- 508
- 509
- 510
- 511
- 512
- 513
- 514
- 515
- 516
- 517
- 518
- 519
- 520
- 521
- 522
- 523
- 524
- 525
- 526
- 527
- 528
- 529
- 530
- 531
- 532
- 533
- 534
- 535
- 536
- 537
- 538
- 539
- 540
- 541
- 542
- 543
- 544
- 545
- 546
- 547
- 548
- 549
- 550
- 551
- 552
- 553
- 554
- 555
- 556
- 557
- 558
- 559
- 560
- 561
- 562
- 563
- 564
- 565
- 566
- 567
- 568
- 569
- 570
- 571
- 572
- 573
- 574
- 575
- 576
- 577
- 578
- 579
- 580
- 581
- 582
- 583
- 584
- 585
- 586
- 587
- 588
- 589
- 590
- 591
- 592
- 593
- 594
- 595
- 596
- 597
- 598
- 599
- 600
- 601
- 602
- 603
- 604
- 605
- 606
- 607
- 608
- 609
- 610
- 611
- 612
- 613
- 614
- 615
- 616
- 617
- 1 - 50
- 51 - 100
- 101 - 150
- 151 - 200
- 201 - 250
- 251 - 300
- 301 - 350
- 351 - 400
- 401 - 450
- 451 - 500
- 501 - 550
- 551 - 600
- 601 - 617
Pages: